Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ферми сұрақтары

Қайсымызға болса да күндердің бір күнінде шетсіз-шексіз нәрсені қалай өлшеу немесе бір-біріне ешқандай қатысы жоқ заттар арасындағы байланысты қалай табу туралы ойлар келген шығар. Бүгінгі тақырып осының төңірегінде болмақ. Мақаланы оқып шыққан соң, Канададағы сиырлардың санын еш қиналмай санап, мектеп оқушыларын таситын автобусқа гольф доптарының қаншасы сиып кететінін анықтай алатын боласыз.  

Бастамас бұрын, жоғарыда айтылып өткенге ұқсас сұрақтар атақты физик Энрико Фермидің құрметіне Ферми сұрақтары деп аталатынын түртіп қояйық.

Теория

Бар гәп сол заматта Энрико Фермидің көпшілікке өлшеп-шақтау мүмкін еместей болып көрінетін нәрселерді өлшеп бере алатын айрықша қасиеті болғанында. Ол әрдайым осы өнерін өзінің студенттеріне үйретуге тырысып жүретін.   

1945 жылғы шілденің 16-ы күні Тринити полигонында жасалған атом бомбасының сынағы кезінде Энрико Ферми өзінің қойын дәптерінің бір парағын ғана пайдаланып, жарылыстың қуатын өлшей алған жағдай көпшілікке мәлім: ол оны (парақты) ұсақтап жыртты да, жарылыстан кейін қатты жел тұрған кезде жыртылған қағаз қиқымдарын шашып, сосын қиқымдардың қайда түскенін белгілеп, жарылыстың күші жөніндегі ойын қорытты. Ферми жарылыс толқынының қуаты 10 килотоннадан асып кеткен деп тұжырды. Бұл адам нанғысыз болып көрінді, өйткені басқа ешкім жарылыстың нақты мәні жайлы шамалай алған жоқ болатын. Кейін белгілі болғанындай, жарылыстың қуаты 18,6 килотонна болғанын орайы келіп тұрғанда айта кетейік. Жарылыстың күшін өлшеу үшін оған өзінің қойын дәптері ғана қажет болғанын ескерсек, бұл өте жақсы жасалған есеп.

Енді аздаған практика

Мәселенің қолданбалы қырына — Канададағы сиырлар санын қалай анықтауға болатын жағына оралайық. Энриконың пікірінше әрқилы айғақтардың жеткілікті мөлшерін жинақтаған кез келген адам 60 секунд ішінде абсолюттік тұрғыда кез келген нәрсені бағамдай алады.  

Яғни, Канададағы сиырлар санын анықтау үшін бізге кейбір айғақтарды жинасақ жетіп жатыр. Біріншіден, біз Қанада халқының санын біліп алуымыз керек. Ал екіншіден, халықтың сүтке деген мұқтаждығын және бір сиырдың қанша сүт бере алатынын біліп алуымыз керек. Осыдан кейін сұраққа жауап беру соншалықты қиындық тудырмайды.  

Өздеріңіз байқағандай, есепті шығарғанда біз «төте жолмен тартып кеттік». Сүттің белгілі бір бөлігі шетелге шығарылатынын, ал кейбір сиырлар біреудің дастарханындағы ет болып кететінін де ескеруіміз керек болған шығар. Бұл қалыпты жағдай. Бұндай есептерді шығарғанда, есепті оңайлатуға көмегі тиіп жатса, әрқашан жолды қысқартып, төтесінен тартып кетіңіз.

Бұл қай жерде пайдаға жарайды? 

Бұл уақытты оздыру үшін немесе мыйды шынықтыру үшін қажет болатын жағдайлардан басқа кезде қай жерде пайдаға асады екен, деп сұрауыңыз мүмкін. Әңгіме көптеген компанияларда немесе тіпті университеттерде (бұл жерде әңгіме көбіне шетел университеттері жайында) осындай сұрақтар қойғанды жақсы көретіндігінде. Мысалы:   

— Құрама Штаттарда қанша жанармай құю станциясы бар? (Бұл сұрақ General Motors компаниясында қойылған).  

Көбінесе компанияның қам-қарекеті мен бұндай сұрақтардың арасында көзге ұрып тұрған байланыс жоқ болса да:   

— Калифорнияда қанша қоқыс шығарушы жұмыс істейді (Apple) 

— Нью-Йоркте қанша такси барын бағамдаңыз (KPMG)  

— Стадион алаңын толтыру үшін қанша гольф добы қажет? (JP Morgan Chase)  

— Gatorade сусыны шөлмектерін өндірудегі барлық шығындарды бағамдаңыз (Johnson and Johnson)  

— Жылына қанша шаңсорғыш өндіріледі? (Google) деген сұрақтарға жауап беріп көріңіз.

Осылайша сіз жақсы пайымдай алатыныңызды көрсетуіңіз қажет. Қате жауап алып қалудан сескенбеңіз. Дұрыс жауапты сұрақ қойып отырған компанияның өзі де білмеуі ғажап емес. Оларға бар болғаны өмірде алдыңыздан шығатын сұрақтар мен қолыңыздағы ақпараттың арасындағы байланыстарды қалай таба алатыныңыз білу ғана маңызды.

Қызығы

Жоғарыда айтылып өткендей, бұндай сұрақтар қойылатын мекемелердің өздері де ол сұрақтардың жауаптарын біле бермейді. Бір жағынан алғанда бұл жақсы, өйткені егер сіз жақсы ойлап-пайымдап тұрып, бірлі-екілі қателік жіберіп жатсаңыз, бұны ешкім байқай қоймайды. Екінші жағынан алғанда болашақта бұндай мәселелердің түйінін ағытқанда қажетке жарауы мүмкін болса да, сіздің берген жауабыңыздың дұрыс-бұрыстығын да, пайымдау тізбегін де тексеретін мүмкіндігіңіз болмайды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама