Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жүрегіне жол тапқан балалардың

Мүбәрак Жаманбалиновтың  өлеңдерін кезінде «Балдырған» журналынан, өзінің кітаптарынан оқып өстік. Ол кісінің өлеңдерінің балалар антологиясына кіргенін де жақсы білеміз.

Сөйте тұра,  Павлодар ауданына қарасты Красноармейка орта мектебінде өзім құрған С.Торайғыров атындағы әдебиет  бірлестігінің  кезекті отырысына дайындық барысында біршама толқығанымды несін жасырайын.

Сол күні балаларға ақын ағаның «Балғын күндей балақан» атты жыр жинағына енген өлеңдерін таныстырмақ едім. Соңғы жылдарда кітап, оның ішінде, өлең кітабын оқушылардың саны күрт азайып кеткені шындық.

Үлкендердің арасындағы осы теріс құбылыс балаларды да айналып өтпегені айқын байқалады. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, ақынның өмірбаянымен қысқаша таныстырған соң, кітаптағы беташар «Жоқ, жоқ, апа...» өлеңін оқи жөнелдім.

Жаңа ғана қозғалақтап, мазасызданып отырған балалар өлең аяқталар тұста мәз болып күліп, мұғалім қайта оқыңызшы, қайта оқыңызшы десті. Оларға ақынның:

                 Болса да күннің шуағы,

                 Жылынған жоқ су әлі.

                 Үйден шығып етіксіз,

                 Жүрме ауырып өтіп сыз.

                -Жоқ, жоқ апа суға мен

                Түстім жылы пимамен, -деген өлең жолдарындағы апаның күнделікті ескертуі етене таныс жай болса, оған жауап беруші баланың «суға мен түстім жылы пимамен» деуі аңғалдығы, шыншылдығы, бір сөзбен өлеңнің нақтылы балалар өмірінен алынып жазылуы ұнағаны анық.

Осы орайда кейбір ақындарымыздың жинақтарына балаларға арнаған өлеңдерін жеке тарау етіп енгізетіні ойға оралады.

Әдетте, көпшілік жағдайда балаларға үлкенді сыйла, кішіні құрметте, мектебіңді сүй деген жалаң үгіттен, жалпылама, ақыл айтудан әрі аса алмайды. Мұндай өлеңдердің бала жүрегін баурап алуы екіталай.

Ал , Мүкеңнің ақындық мүмкіндігі жоғары. Ол оқушыға жалаң үгіт, жалпылама ақыл айтып кеңес беруден әсте аулақ. Не айтсада, бала ұығымына сай, оның қызығушылығын оятып, сол арқылы санасына сіңіре айтады.

Мәселен «Апрель» өлеңінде «Еркін ескен ызғырық, түн қойнына «тығылды» деген жолдардан қыс бойы бет қаратпай еркін есіп келген ызғырықтың көктем туа күндіз беті қайтып, түн қойнына «тығылғанын» әсерлі суреттейді. Әдетте тілдік нормада  «тығылу» сөзі адамға қатысты айтылады.

Ақынның ызғырыққа жаңа сипат бергенін аңғарамыз.

Ал мына «Тартар» (Африкадан жаяу келетін құс) өлеңі:

Көктемнің көк аспаны,

Бұлтты серпіп тастады.

Жаздың хабаршысындай,

Құстар келе бастады, - деп көктем айын, құстардың келе бастағанын сөз етуден басталып:

Туған жерге бет ала,

Тартты жаяу Тартар да.

Өтеді ұшып тек қана,

Кездессе өзен, жар, тауға.

Туған жерге жетуге асығып жаяу тартқан Тартардың жанкешті «мінезін» алдымызға жайып сала отырып, оның «өзен, жар тауға» кездесе қалса, қанатына кезек беріп, қалықтап ұша жөнелетін «өнерден» де құр алақан емес екенін қисынды сөз етеді.

Жалықсын ба жанды аяп,

Алда - туып өскен жер.

Ілеспейді ескен жел,

Ормандарда қар жатып,

Су ақса да сайда әлі,

Бар құмарын тарқатып,

Тартар келе сайрайды.

Осы соңғы екі шумақта ақын Тартардың туған жерге деген өзіне ғана тән сағынышы мен махаббатын әсерлі суреттеген. Алда туған жер мен қауышу қуанышы. Тартарға жалығуды, шаршауды ұмыттырып жіберген. Оның жанын аямай, аяқтарының талмауы, ескен желге ілестірмеуі, бар құмарын тарқатып келе сайрауы-міне осының айғағы.

Мүкеңнің балаларға арнаған көптеген өлеңдеріне қысқалық - нұсқалық тән. «Таң қалды», «Үйреттісі» міне осындай өлеңдер. Оқып көрелік.

-Мен де оқушы болғам - ды, -

Деді бірде қарт ана.

Немересі таң қалды.

-Қалай сидың партаға?

Баланың жан дүниесі осы өлеңде айнадағыдай көрініп – ақ тұрған жоқ па?

Тіл алғыш бол деп інісін,

Жүреді Сойтал үйретіп.

Іні жүр оны күнұзын

Қол шанамен сүйретіп.

 Сөзі мен ісі кереғар адамдар аз ба?

Ал ондайлар бір күнде, бір сәтте аяқ астынан пайда бола кетпейді екен. Оны ақын кейіпкері Сойталдың іс-әрекеті айқындап тұр. Ал осы сияқты екі сөзді бала ержеткенде «екі жүзді» адам болып өспесіне кім кепіл.

Аз сөзге көп мағына сыйдырып, ойын ұтқыр жеткізетін ақын осы бір ауыз өлеңімен жас оқырманын да, оларды қоршаған үлкендерді де екі сөзділіктен сақтандыратындай.

Ақын даукес, лас мақтаншақ балаларды да назарынан тыс қалдырмай, өткір сынға алады. Даукес Көшектің бейнесін ақын:

Талай-талай күлкілі,

Мінезі бар Көшектің

Дауласады жылқыны.

Папасы деп есектің

- деп бір-ақ ауыз өлеңмен береді. «Ласбай»:

Ласбай бүгін ботқа жеді,

Дәу қасықпен соқпақ еді...

Бәрімізден бұрын жеді,

Әуелі, бірақ

Ауызы емес, мұрын жеді...

Турасын айтсам – шашы жеді.

Маңдайы мен қасы жеді, - деп әрі лас, әрі ашқарақ баланы көз алдыңа әкеледі.

Мұрат көріп қап,

-Ей, Ласбай,

Үйіңді көже қалды ма? -деді,-деп түйінделеді.

Ал «Қап» деген өлеңінде мақтаншақ Ожар атты баланың бейнесін келісті жасайды. «Менің сумкам мықты» деп , достарына сумкасын сілтеп, «күш» көрсеткен Ожар көп ұзамай «көк сияға шылқыған кітаптары мен дәптерін көргенде «қап» деп санын соғады. Ақынның осы өлеңдерін оқыған кез-келген оқушы Көшек, Ласбай, Ожарлардан жиренері сөзсіз...

Алғашқы балапан жырлары бұдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген ақынның біз сөз етіп отырған «Балғын гүлдей балақан» атты жыр жинағы «Жазушы» баспасынан 1974 жылы шыққан. Онда ақынның кезінде «Айнабұлақ», «Сәлем», «Ертіс лебі», «Кішкене достарға», «Менің інім», «Батыр ұстаз» атты кітаптарына енген өлеңдері, жұмбақтары, жаңылтпаштары, ертегілері, мысалдары, дастандары басылған.

Осы арада ашып айтар бір нәрсе, өткен уақыт Мүкеңнің балаларға арнаған арналы жырларына көлеңкесін түсіре алмаған, кітаптағы көптеген жырлар кешелі-бүгінді жазылғандай әсер қалдырады. Мұның өзі ақын Мүбәрак Жаманбалиновтың қазақ балалар әдебиеті шыңдарының бірі, бірі болғанда, бірегейі екендігін танытса керек.                         

Сүлеймен Баязитов


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама