Ғұмар Қараштың «Қазақстандағы» қолтаңбасы
Көрнекті діндар ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылым үйренуге үндеген ағартушы, мұсылмандық жолын жақсы білген, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген ғұлама-ахун Ғұмар Қараштың есімі кейінгі ұрпаққа жақсы таныс емес. Оның “Алаш зиялыларының имамы” атанғанын, публицист-баспагер екенін біреу білсе, біреу білмес.
Ғұмар Қараш — әртүрлі мерзімді баспасөзде көп жазған қаламгер.
Ғұмар Қараштың баспагерлік қыры да көп замандастарынан бұрын, Қазан төңкерісіне дейін-ақ кеңінен ашылған болатын. Алдымен өзі ұстаз тұтқан қазақтың белгілі ақыны Шәңгерей Бөкеевтің қолдауымен ел аузынан жинаған әдеби мұраларды құрастырып, Орынбордан «Шайыр», «Көксілдер» атты екі жинақ шығарса, кейін өз дүниелерін бастыруға көшеді. Ақынның кітаптары қай жылдары жарық көргеніне қарап-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Атап айтсақ, «Бала тұлпар» (Уфа, 1911), «Қарлығаш» (Қазан, 1911), «Тумыш» (Уфа, 1911), «Аға тұлпар» (Орынбор, 1914), «Тұрымтай» (Уфа, 1918 ) аталатын бес өлең, «Ойға келген пікірлерім» (Орынбор, 1910), «Өрнек» (Уфа, 1911), «Бәдел қажы» (Қазан, 1913) дейтін үш зерттеу кітабы жарыққа шыққан. Ол кезеңде қазақта мұндай зерттеу кітаптарын шығарған ешкім жоқ. Жинақ үзінділері мақала болып мерзімді баспасөзде жарық көріп отырған.
Ғұмар Қарашұлын публицист ретінде тани бермейміз. Бірақ, Ғұмар атамыздың публицистикалық жолы да даңғыл.
Мақалалары ХХ ғасырдың бас кезіндегі «Қазақ дұрыстығы», «Қазақстан», «Айқап», «Дұрыстық жолы», «Шора», «Абай» сияқты газет-журналдарда жарияланып тұрды. Ол өз шығармаларын Ғұмар Қараш баласы, Ғұмар Қарашұлы, Ахунд Ғұмар Қарашұлы, Ғұмар әл-Қараши, Бөкей елінің бір баласы, Ғұмар Қараш, Ғ. Қ., Ғ. Мұштақ, Ғабдолла Мұштақ, Оразақай Қазақаев, Ғұмар Қарашев деген есімдермен жариялаған.
«Қазақстан» газетіндегі Ғұмардың еңбегін атап өтеуге болмайды.
Аталмыш баспасөз 1911 жылдан 1913 жылдың шілде айына дейін Орда қаласында, 1913 жылдың аяғына дейін Орал қаласында жарық көріп тұрған. Бағыты жағынан Троицктегі «Қазақ» газеті мен Петербургтегі «Серке» газетіне ұқсас болды. «Қазақстан» газеті - демократиялық бағытты ұстанған баспасөз.
“Қазақстан” газетін шығаруға атсалысып, “Газет деген не зат?”, “Газет не үшін керек?” атты ағартушылық мақалаларынан бастап, газеттің негізгі жүгін көтеріп тұрды. Меніңше, Ғұмар Қарашев осылайша елдегі "оқырман мәдениетін" қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан.
Алаш қайраткерлерінің мақсаты-халыққа қызмет қылу болды. Тіл мәселесіне үлкен мән берген. Ақынның өлеңдері пәлсапалық ой-пікірге толы және үндеуге толы екенін байқай аламыз. Әсіресе, рухтандыруға мән берген.
Мысалы, «Ойға келген пікірлерім» деген фәлсафалық еңбегін алайық. Ол ізденгісі келмейтін бір мұғалімге: «Рух туралы төрт кітап оқығаннан гөрі, Мухаммед Ғабдудың Бахра сүресі туралы тәфсірін оқығаның дұрысырақ шығар», - деп айтқанын жазған. Бұнымен, ол басты ислам кітаптарын оқыма деп тұрған жоқ, айтпағы канондарды таптаурын етпей, тазарту және тарату мәселесі екені анық.
Оның сол уақыттары жарық көрген кітаптарынан да, қарапайым мақалаларынан да діни пайымының тереңдігін, шариғат іліміне жетіктігін, өзгеше ой иесі екенін байқап, бағамдауға болады. Мысалы, “Ойға келген пікірлерім” атты пәлсапалық ой-толғамдарында: “Бір тәңірден басқа бар нәрсе өліп, өзгеріп тұрмақ та. Сол себептен адамзаттың және оның түйсік-сезімі де ылғи да бір халден екінші халге өзгеріп тұрады”, - деп жазған.
Ғұмар Қараш өлеңдері де, ғылыми мақалалары да ұлтты сүюге, оған қызмет етуге бағытталды. “Отан және ұлт реформасы” мақаласында : “Отанға, ұлтқа қызмет ету жоғары мансапты яки бай адамдарға ғана міндетті емес. Ниеті, ықыласы дұрыс болса, жәй, орташа адамдар да Отанға қызмет ете алады. Әр кісінің өзіне тиісті борышы бар. Әркім шамасы жеткенше қолынан келген істі атқарса болады. Жәй адамдар өз міндеттерін адал атқарса, ол күрделі, ұлы істердің бітуіне үлкен септігін тигізген болар еді”, - деп, барлық адамның ұлтына қызмет етуін міндеттейді. Сонымен қатар, ұлтына өз заманында ұлтына ең керекті нәрсенің не екенін айқындап беріп, қазір де шешімін таппаған білім-ғылым, ана тіліміздегі кітап тапшылығы мәселесін көтеріп: “Қазіргі уақытта кітаптардың аздығынан білім ала алмай, істеріміз дамымай, ұлттық тәлім-тәрбиеміз тығырыққа тірелуде. Демек, қазіргі заманның байлары мен мырзалары мешіт, медресе имамдары ғылым менен ағартуды дамыту үшін өздерінің қаражаттарын аямай жұмсайтын болсын. Әсіресе, мұғалімдер бұл іске қатты кірісіп, ғылым кітаптарын ана тілімізге аудару және кітаптар сатып алып бастыру, баспаларды көбейту, газет-журнал шығару істеріне атсалысуы керек. Ал қазір, бұдан артық маңызды іс жоқ”, - деген еді. Сонымен, “Келешек дегеніміз үміт, сенім екеніне дау жоқ. Әр адам, әр ұлт, әр халық өз келешегіне қожа болуы үшін ең алдымен өздеріне сенуі керек”, - деп болашаққа үміт артады, сенім білдіреді әрі өзгелерді де сенуге шақырды.
«Қазақстан» газетінің беделі мен маңызын осындай өзіндік қолтаңбасы бар, Ғұмар Қараш секілді, авторлары арқылы көре аламыз.
Қазақ халқын азаттық пен теңдікке, рухани жаңғыруға бастаған қайраткерлердің саясат майданында қолдаушы, әдебиет айдынында жырлаушы болған Ғұмар Қараш отаршылдықтың қанды қанауына тап болған халықты тығырықтан алып шығуда өлшеусіз еңбек атқарған азаматтардың кемел бейнесін, сөз өнерінің айтулы өкілдерінің өнерпаздық болмысын айқындауда парасаттылық танытты.
Калимуратова Аяна Асылханқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің студенті