Жатырқауды білмеген...
Әнуар ағамыз бір қызметте омалып отырмай дүниеден желіп-жортып өткен адам. Ол қызмет іздемесе де қызмет оны іздеген. Өзіне жайсыз болса да еліне керекті өзекті жерде отырды. Өмірде осындай болады өзі. Біреулер жатпай-тұрмай орынның жайлысы мен майлысын, билік айтар тақ іздесе, біреулерді қолы-аяққа тұрғызбай тақтың өзі қуалап табатыны бар. Әнекең өкіметке соншалықты бір сенімді болмаса да оның фигура екенін ескеріп орынсыз қалдырған жоқ.
Жалған патриоттар елім деп езуі жыртылғанша айғайлап, еме-жемге келгенде інге тығылған суырдай жарық дүниеге танауының ұшымен ғана сығалайтын әдеті. Қолыма қызмет тисе қопарып тастар едім деп, қолы жетпеген қызметті жорта менсінбеген болады. Сонсоң да өтірік күмпиіп жүріп, өсек жинаумен өмірі өтеді. Әнекең саясатқа сия да білген, саясатты алдай да білген, желдің өтіне қарай ескегін әзірлеп отыратын еді. Оның араласпаған ісі жоқ. Керекті де, керексіз де науқандардан тыс қалмай, соның бәрінен де ұлтына қажет бірнәрсені шарпып қалуға тырысты, солардың бәрінен де әлеуметтік мән іздеді. Бір қызығы, оны жек көргендер ол қандай креслоға отырса да соны Әнекеңе қимай талқан болысты. «Литературная газетаға» тілші болып еді: «өй, содан басқа адам табылмай қалды ма?!» десті. «Қазақ әдебиетіне» редактор болып еді: «ой, ол қазақша бір кітап оқымайды, біздің қай мұңымызды күйттейді?!» десті. Жазушылар Одағына бірінші хатшы болып еді: «ой, ол жазушы емес, журналист еді ғой!» десті. Дескендер болды. Сол бойда КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағалығына жеткенде әлдекімдер күйіктен жарылып өлердей болған, әйтеуір құдай сақтап КСРО құлап тынды. Әнекең Мәскеуден КСРО-ны құлатып қайтқан... 1973 жылы Алматыда Азия және Африка жазушыларының үшінші конференциясы өтті. Бұл Қазақстан Жазушылар Одағының тарихындағы аса маңызды мәдени, саяси оқиға болды. Бір ғана Азия, Африка емес, дүние жүзінен атақты қаламгерлер жиналды. Қазақ деген ел барын, сол елдің әлем әдебиетіне үлес қосар әдебиеті барып білісті. Бір өкініштісі, делегацияның шетелдік мүшелері Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматовтан басқа көпшілікті танымайтын болып шықты. Әуезовтен басқаны оқымаған да сияқты. Тірі классик саналатын кейбір ағаларымызды оларға желеп жүріп таныстырған Әнекең еді.
Конференция тек біреуді біреу мақтау емес, айтыс-тартыс, дискуссияға ұласты: халықаралық жағдайдан бастап, әдебиеттегі әртүрлі ағым, саяси идеологиялық шарпыс та біраз кеңірдек қыздырды. Көп жайттан біз бейхабар жүріп әлемдік әдеби ағыстың бет-алысынан шеттеп қалған екенбіз. Кеңестік цензура, коммунистік идеология тұйыққа тығып тастаған жазушыларымыз партия, кеңес өкіметін мақтаудан аса алмай, әлеуметтік проблемаларға, ұлт қамына баруға жасқанып, өзімен-өзі қайнап, күресін басын ғана шарлап, әншейін шаңға шаң қосқандай жайымыз бар екен. Соның әсерінен шығар, еме-жемге келгенде жоғарыдағы үш жазушымыздан басқа бел шешіп айтысқа түсер ешкім табылмаған. Ал шалдуар жастарды қақпайлап, додаға қоспады. Оған кінәлі Жазушылар Одағы емес, Орталық Комитет, онан қалды көлеңкесімен болса да өкшелеп қалмайтын КГБ еді.
Конференцияға қатысушылар Олжаспен өткен Тәшкент конференциясындағы программалық сөзінен таныс еді. Бұл мақала ретінде «Литературная газетінде» қысқартылып басылған. Әншейінде де «коммунистік жарғыдан» тысқары кетіп, «артық сөйлеп», бірі шындықтың бетін қасып сөйлеп, бірі қазып айтатын осы ей қайраткерді келген зиялы қауымға көлденең тартқандай болдық. Бізбен тіл қатысқысы келгендер де Әнекең мен Олжасты сағалады, сан сұрақтарына солардан ғана жауап күтті. Сыртта жүріп, әдейі сыпайылық таныттым деген кейбір ағаларымыз өздерінің пұшайман екендігін сезе тұрып, сонысын өтірік мойындағысы келмеді де өзінен басқаның беделіне қызғанышпен қарады, конференция бітісімен-ақ кекету-мұқату қайта басталды, баяғы сол сыбыр-жыбыр: «өзіміздің ат қорамызды тазалай алмай тұрып, басқаның балшығында неміз бар еді?» дегендей ұлы жиынның мән-мазмұнын жоққа шығарғысы келді. Сондағы ықылық атқызып тұрған қыжылы: «мен қайда қалдым?» деп шамырқанысты. Бір Әлімжановты мұқату үшін Жазушылар Одағының, қала берді өкіметтің бүкіл азабы мен еңбегін жоққа шығарғысы келгендер де табылды. Егер осы науқанды өздері басқара қалғанда қалай сөйлер еді?..
Әнекең дүниенің төрт құбыласын түгел шарлады. Шарлап жүріп ел шаруасын түгендеп жүрді. Оған халықаралық Неру атындағы сыйлық бергенде тағы да: «Үндістанға Әлімжановтың қай еңбегі сіңіп еді?» деп күңк ете қалдық. Расында Үндістанға сіңірген еңбегі жоқ та шығар, бірақ Дели мен Калкуттаның құдайы қонағындай бірнеше дүркін барып қайтып, өзінің қазағы жөнінде, оның тарихы мен мәдениеті жөнінде лекция оқитынын пенде шіркін қайдан білсін. Ел мен елді жақындастырудың өзі кез-келген дәруіштің қолынан келе бермейтін өнер шығар.
Бірде Әкім Тарази екеуміз оны Мәскеуде жалғастырдық. Әдебиет институтының жатақханасына бізді әдейі іздеп келіпті. Калькуттаға бара жатыр екен. Қолыңда қалақтай ғана қобдиша, ішінде бір пар ішкиім мен сыңар көйлек. Бар жүгі осы. Мен екі жыл оқуда жатқанмын. Әкім жоқты сылтауратып мені іздеп келіп жатқан. Ұмытпасам, драматургтердің семинары-ау деймін. Бір-бірімізді аңсағанда өститініміз бар: Әкім «кройка мен шитьенің» курсын да құр жіберген емес. Кейін Жүмекеңді іздеп мен де қылқиып жететін едім.
— Айлап-жылдап осында қалай жатасыңдар? — деді Әнекең. — Өзім Мәскеуде бір түнесем, ертеңінде елге қарап ұлимын.
— Жиырма бес жыл Тәкен ағамыз да шыдап жүр ғой, — дедік.
— Е, ол кісі осындағы халтурщиктерді боқтау үшін жүреді де, — деп Әнекең қарқ боп күлді. — Іздеп барып едім, сіңбіруге мұршасы жоқ, Сергей Антоновты жетпіс жеті атасына дейін жіберіп шахмат ойнап отыр екен.
Қалтасында 250 сом ақша кетіп барады екен. Былай шыққан соң бұл қағаз түкке жарамайды, осының төбесіне су құйып қалыңдар, — деді. Бар шаруасы осы. Құйдық. «Арагвидің» қалтасына. Түн ішінде жаяу қайттық. Мәскеуде бізден басқа ешкім жоқтай. Қазақтан басқа дүниеде ешкім жоқтай. Самарқанды да біз салыппыз, Тәшкеңді де біз салыппыз, Тәжмахалды да біз салыппыз. Қазақ болмағанда бұл дүние цивилизациясыз қалғандай екен-ау!.. Әнекең осының бәрін қолмен қойғандай дәлелдеді. Мүмкін, Калькуттаға да осыны дәлелдеу үшін бара жатқан шығар...
Ертеңгісін шығарып салдық. Қалақтай қол жәшігіне төрт бөтелке орыстың арағын салып бердік. Барған соң дос-жарандары дәметеді ғой деп. Расында Әнекеңнен бәріміз де бір нәрсе дәметіп жүретінбіз. Көңілшектігі өз алдына. Құрдасымыздай қалжыңдап, өзімізді еркін ұстаушы едік. Түскі үзілістің кезінде қаздай тізіліп екінші қабаттағы фоэге отыра қаламыз. Кабинеттен бірінші хатшы шығады. Тұра жүгіреміз. Біріміз амандасқан болып қолын ұстаймыз, біріміз қалтасын тінтіп, тиын-тебенін сауып қаламыз. Мұндайда Амантай айтатын: «бізге экстра, сосын екі сыра болса жетеді» деп... Әнекең жасамыстармен де, жастармен де жарасып кете беретін. Салтанатта да жүре білетін, саудайлыққа да ере білетін. Бұл оның қарапайымдылығы ғана емес, жайдарлығы еді. Тектілікті де, тентектікті де мөлшермен ұстаған. Керек жеріне принципшіл, керек жерінде әкесін өлтірсе де алдына келген айыптыны кешіре салатын. Жиырма төрт адам қол қойып Орталық Комитетке Әнекеңнің үстінен шағым түсірді. Ондағы «идеологтар» да ағамызды аяйын деп отырған жоқ еді. Димекең арашалап алып қалды. Әнекең арызқойлармен құдайдың құтты күні қол алысып, бетпе-бет жүрсе де әй кәпір деп саусағын шошайтса нағылсын. Кешірімділігі ғана емес, арызқойларға тоқтау, арызға тосқауыл болмайтынын жақсы білетін. Жазушылар Одағына жаңа басшы келген сайын оның үстінен шағым жазу ежелден дәстүрге айналған дерт болатын. Сол тұп-тура жиырма төрт «профессионал» Әди Шәріповтің үстінен де шағым түсірген. Одақтың штатын 250 адамға жеткізіп, есігінен төріне дейін кілем төсетіп, босағасына қос-қостан машина байлап бергені үшін, ақсақал, көксақалдардың көкірегіне орден мен медаль тағып бергені үшін айтқан рахметтері.
Әнекең көпшіл еді. Көптің ортасында жүрсе көңілді еді. Сыр жасырмайтын. Біреуді жеке шақырып сыбырлауды, біреудің жұрттан жасырған сыбырын жеке тыңдауды жақтырмайтын. Өз басым одақта 24 жыл үзіліссіз қызмет істегенде Әнекеңнің, Жұбахаңның, Олжастың, Қалдарбектің алдын көрдім. Солардың ішінде ешуақытта дауыс көтермейтін, бірде бір қызметкерге ауыр сөз айтып, сыртынан болса да ғайбат жасамайтын Әнекең болатын. Жұмасына бір дүркін секретариат мәжілісі өтеді, қандай бір жауапты шаралар болмасын, соның өзінде де әзіл-қалжыңнан жігіттердің езуі жиылмайтын. Алдағы жұмаға әрқайсымыз міндет бөлесеміз. Бірде Сәукең мен Амантайға әлдебір мекемеге барып, әлдебір шаруаны тындырып қайту тапсырылған. Амантай: «ой, тәйірі, оны біз қатырамыз ғой!» деді. Қатырамыз деп жүргенде қаперлерінен шығып кеткен болар, келесі секретариатта екеуі де жоқ болып шықты. Біреулер, екеуі де барда отырған десті. Әнекең қолды-аяқты қыздардың бірін жұмсап еді, қайтып кеп:
— Сәукең мас болып үйіне кетіп қапты, Амантай әлі жүр, — деді.
Жігіттер қырылып қапты. Күлкіден ес жиған соң Әнекең әлгі мекемеге телефон шалды да бар шаруаны бір минутта бітіре салды. Алды кең еді, әнеу тапсырма не болды деп Сәукеңнен де, Амантайдан да қайтып сұраған емес.
Көзі тайған соң бүгінде Мұқағалиға қамқоршы көбейді. Көзін көрмегендер естелік айтып, атын естімегендер эссе жазатынды да шығарды. Солардың көпшілігі — заманы зауал болды, құрдастары қиянат жасап, шені барлар шетқақпай қылды дегенді ертегі -жырдай боздатады. Тыңдап отырсаң, оқып отырсаң — Мұқағали әулие болған сыңайлы. Мұқағали да пенде, ол да ет пен сүйектен жаралған. Оның бойындағы бар кемшілікті уақыт пен оның замандастарына жабатындай не зор қысты? Кезінде: «ойбай, Мұқағали келе жатыр!» дегенде шам жарығынан шошынған тарақандардай тым-тырақай қаша жөнелетін жігіттердің бүгінде «Мұқағалиым!» деп жылағысы кеп отыратынына таңым бар. Өзінің ұрыншақтығынан тартқаны болмаса, иісі қазақ Мұқағалиды ренжіткен де, өкпелеткен де емес. Көзінің тірісінде үлгермегені болмаса, оның жарық көрмеген шығармасы кемде-кем. Күн сайын шығып жататын газет-журналдарды айтпағанда, екі жылда бір, тіпті жыл сайын да кітаптары оқушы қолына жетіп жатты. Замандастарының ішінде қаламақыны ақындармен таласып тапқандардың бірі де Мұқағали болатын.
«Жазушы» баспасы бір кезде Одақтың бірінші қабатында еді. Мұқағали кассадан қаламақы алып шыққан. Артынан қуа жеткен зайыбы келе- сала оның қалтасына жармасты. Ашуланған ақын: «саған керегі мен емес, мынау ғой!» деп қалтасындағысын шашып жібергенде тас еденнің үсті күзгі жапырақ бүркеген көл бетіндей жыпырлап шыға келді. Жеңгеміз еңбектеп жүріп жинап әкетіп еді. Ертеңінде Мұқағали моншаға түсер бір теңгелік билеттің құнын, бір істік шашлықпен бір саптаяқ сыраның пұлын жолдастарынан сұрап алған... Естелік жазушылар ылғи да Мұқағалидың қасында жүрмеген шығар-ау. Азаматтың қайғы-қасіретіне тек қана ортасы мен заманы кінәлі емес шығар...
Мұны айтып отырғаным... бір кезде Әнуар Әлімжанов Мұқағалиды Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарып жіберіп қорлады деушілер де бар. Өтірік. Әнекеңнің кезінде Мұқағали Одақтан шығарылған емес. Бірақ осындай бір өсектің болғаны рас. Оған себеп...
Мұқағали Одаққа қызып келсе, Әнекеңнің есігін теуіп кіріп, жөн-жосықсыз балағаттап кететін әдеті еді. Кісі отыр ма, жоқ па, оған қарамайды. Тамам жұрттың көзінше. Осындай бір «сойқандықтан» соң секретариатта сөз болды. Мұқағалиды мүшеліктен шығаралық деген пікірдің болғаны да рас. Тоқтатқан Әнекеңнің өзі еді. Бір жылға дейін күтелік, оған дейін бейбастықтығы да басылар деген. Ол кезде мүшеліктен шығару Мәскеудің қолында. Оған керекті документтерді жіберу менің қолымда. Өйткені, мен қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы едім. Мұқағалиға қарсы бір әріп түртілген жоқ. Мәскеуге ешқандай қағаз жөнелтілген жоқ. Әнекеңнің кезінде Мұқағалидың мүшелік билетін тартып алған да ешкім жоқ. Бұдан кейін оны сөз қылған да ешкім жоқ. Әнекеңе дейін басқа жұрттың оны қалай септегенін қайдан білейін.
Алдымыздағы ағалардан жастарға жақын болған да, жанашыр болған да Әнекең еді. Әркімді жетектеп жүру міндеті емес, жетектеген тазының түлкі алмайтыны да белгілі. Сырттай қамқорлығы, насихаты, жат пен досқа жеткізер жақсы информациясының өзі қаншалық. Сайыннан бастап Төленге дейін, ортасында Оралханы бар — біздің аты-жөнімізді Орталық басылымдардағы мақалаларынан қалдырған жоқ. Ол біреуді топтан бөліп қарамайтын, топтап қарайтын, әдебиетіміздің болашағы деп, болашақ әдебиетіміздің келбетін біздің топтама портретімізден танитын, бәрімізді ерекше місе тұратын.
Ол алпыс жасын тойламай қойған Қарлығаштың еліне де өкпелеген жоқ. Замандастарынан жылы сөз естімесе де өкпелеген жоқ. Оның өкпелеуге де уақыты болған жоқ. Ол өмірге өкпелемей кеткен жан...