Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Соңғы кездесу

Бұл бір сүйкімсіз аула.

Мақшардай күңіреніп, азынап тұратын ызғарға түршігіп кіріп, шыққанда қутыннан құтылғандай уһ деп көкірегіңді зорға босатасың. Шықпай қалғандар қаншама. Қазақтың талай марқасқалары осы ауладан бақиға жол шеккен... Кеше ғана қасында жайраңдап жүрген дос-жаранды тастай мәйітхананың тас тақтасына салып қойып, жаманға сөзін қимаған, жақсыдан құшағын жимаған арыстай азаматтардың сүйегін арулап тұрып үпсіз арыздасқанбыз.

Бұл бір сүйкімсіз ғимарат.

Жындыхананың символындай тоңғақ түсті сары бояумен бояп тастаған үйді торға қамаған тағыдай шыр айналып, ерсілі-қарсылы сенделген жұрт емеурінмен ғана амандасып, әйтпесе көрмеген болысып өте шығады. Бәрінің көзінде мұң, бәрінің көңілінде бір уайым, елегізу: Алатаудың мұзартына қарап күрсінеді, етектегі мұнарта қарап ернін қымқырады. Бұлар бір-бірін жұбатумен шаршаған жандар, бірін-бірі мүсіркеп, енді бірін-бірі алдағандай бет көрсетуден қашқақтайды.

Тоңғақ түсті сары ғимараттың ен-таңбасы — Министрлер Кеңесінің ауруханасы — кеше ғана ығай мен сығайлар қалдым деп, карта ойнап, картаға қақалып ыңыранып жататын еді, бүгінде мәрмәрдан сарай тігіп отау шыққан соң сертке дауа іздеп келіп ыңырсып жататындарға тастап кеткен. Мақшарда фәниден кеткісі келмегендер де бар, бақиға өткісі келмегендер де бар.

— Осылай болды, бауырым, — деді, үні алыстан, көмей түкпірінен естілді. — Сен анау есікке дейін еріп баршы, — деді.

Қос қатын Кемел ағаны реанимацияға алып бара жатыр екен. Сықырлауық қоларба жүргісі келмей сарнап қоя берді. Сары тоңғақ үйдің шабақ жұтқан жайынның желбезегіндей жалп-жұлп еткен қаусырма есігіне жолағысы жоқ. Күнқағар астына кіре бергенде:

— Поверните меня лицом к людям, — деді.

Көк аспанның күмбезін тесіп жіберетіндей тұңғиыққа тік қадалды. Тұңғиық тарта бастаған қос жанарына көк аспанның кіршіксіз әлемін сиғыза алмай қиналған сияқты еді. «Осылай болды, бауырым» дегенді бұл жолы іштей айтқанын шыңырауға батып бара жатқан қарашығынан аңғарып едім. Қос қатын қоларбаны «жайынның желбезегінен» итеріп кіргізгенде жүрегім шым-шым етіп шаншып алып еді...

... Әл-Фараби атындағы шығармашылық үйі жазушы дейтұғын жұрағатқа төржайлау сияқты қызығы да, шыжығы да мол, ағаның әзілін де, шаланың әумесерлігін де көтерген құт мекен еді. Әлдекім қатынымен керісе қалса да қашып барып, қайын жұртына келгендей, шылғауын жұлығынан сүйретіп жүргені есінде жоқ, жағасын жайлауға жіберіл жатып алатын. Әншейінде үйде отырып, айдаладағы әріптесін жамандап, іштей ұрсысқан бейбақ мұнда ұшырасқанда жыл көріспегендей жылап табысатынын қайтерсің. Таяқ тастамдағы колхозда айранын аптап, қойын құрттап масайрап жататын Қанапия-Аппақ шығармашылық үйін Меккедей сағынатыны бар-ды. Осы үйде іні ағаның қадірін сезіп, аға інінің барын білді.

Біз Кемел ағаны Қартқожақ деуші едік. Қартқа лайық міндетсіз жомарттығы, батырға лайық аңғалдығы, жаспен де, жасамыспен де тіл табыса білетін жайдарлығы өз алдына, жігітке де лайық бір қылығын аңғарып қалған едік.

Бірінші қабаттағы қос бильярдтың мекені қашанда лықа: ойын құмарлар шар қуып, одан мақұрымдары айтаққа жиналады, әйтпесе әдейі әзіл жарыстыруға келеді. Босағаны аттағандар бопсалап болса да бір ауыз өлең шығармаса — айып. Бүгінгінің ауыз әдебиеті осында туып, баршаның езуінде ел қыдырып жөнеледі. Анда-санда бойына барып жапсырған лақса кемпірдей әлем-жәлем боп шампанның қаракер бөтелкесі кіріп кетеді, кейде сыланып-сипанған штукатурлы кемпірлеу келіншектей коньяктің сыпайы сылқымы да сығалап қоятыны бар. Бас төреші — Ғабең. Қақ төрде міз бақпай отырып алып, ойыншының мінін, ойынның олпы-солпысын сигарет түтіннің ар жағында отырып-ақ қалт жібермей қағып алады.

Турнир. Ғабең атындағы турнир, Сәукең атындағы турнир, Сафуан атындағы турнир, Кемел атындағы турнир... Спонсорлары өздері. Бәйге нарқы 500 сом. Орын саны үшеу. Артында фуршеті бар. Әзіл-оспағы және бар.

Ала көлеңкеде Алқаракөк келе қалыпты (Серікқалиев). Ғабең тақтадағы шарлардың арпалысын аспаннан андып отырған қалпы:

— Зейнолламысың? — деді мойын бұрмастан. — Демалуға келдің бе?

— Жоқ, қызық көрейін деп...

— Қап, обал болған екен, — деп Ғабең бір тыныстап алды. — Сен қызығатын бұл жерде сексеннен асқан жалғыз жеңгеңнен басқа қыз жоқ, — деді.

Кемел аға күлемін деп Әкімге бес ұпай айып төлеп қойды. Барлардың шәлкездігінен де мал жиған Әкім мәз боп қалды. Алқаракөк жан-жағына алақтап:

— Сүләймәнің жоқ қой, — деді.

— Асқар жоғарыда Вагнер екеуі «Құдайлардың ажалын» аза тұтып жатқан болар, — деді Ғабең.

Асқардың бұл үйге Вагнерді ертіп келгені де рас. Жоғарыда Моцарт пен Вагнер, төменде шардың шаңқылы, фоэде шахматтың шайқасы. Бір күні Симашко мен Скалковский қызылшеке боп қала жаздады. Шахматтан едәуір сауаты бар Скалковский: «Мен сенің пашақ-пашағыңды шығарамын!» депті. Симашко: «екі еврейдің қайсысы ұтса бәрібір емес пе!» депті. Скалковский: «оттапсың, мен польский евреймін!» депті. Симашко: «вот гад, польский ирей советский еврейден артық па екен?!» депті. — Мен сомолеттен Берлинді бомбалап жүргенде, сен интендант бөліміне тығылып жатқансың!» — деп партнерін шахмат мақтасымен қонжитып-ақ жіберсе керек.

Кемел аға ертенді-кеш бильярдтан шықпайтын. Бір дүркін инфарктен соң бір аяқ, бір қолы созалаң тартқан, қыбыр да қамшы деп сол екі еріншекке дамыл бермей, күніне жиырма бес шақырымды столды айналып үріп тауысатын еді. Партнері Әкім екеуміз. Басқа жұрттың ойынын жақтырмайды. Басқа жұрт ләззат үшін емес, ұтамын деп ойнайды. Кемел ағаға ұтқаны да, ұтылғаны да бір.

— Жігіттер, бұған да тықника керек, тықника! — деп отыратын Ғабең.

Сол «тықника» Кемел ағаның сәні еді. Сақаны тығып қойып, өзгеге де, өзіне де барьер жасап алып, шардың шекесі ойылып кететіндей баппен ғана түртіп, ұяның аузында қап кеткен тасты ешуақытта ұрмайтын, еңбексіз дүниені еншілеуден қашатын. Ылғи да түскі асқа бір сағат қалғанда Әкім екеумізді бильярдқа шақырып, он минут қалғанда:

— Біздің үйге барып шығалықшы, — дейтұғын.

Тәкен аға бөлмесін «там» дейтұғын, Кемел аға «үй» дейтұғын. Тәкен ағаның «тамында» бір киіп тастаған көйлек, былтыр шешіп тастаған шұлық, ортасын ойып, танауды бір бұрап тастап өзі отыратын. Кемел ағаның «үйінде» қорамсаға тізген патрондай иісмайдың құтылары, ортасында қашанда тығынын қалпақша киіп коньяктің шишасы қаздиып отыратын. Белі қылдырықтай рюмкаға жиырма бес грамнан артық сыймайды, жиырса бес грамнан артық Кемел аға да құймайды. Мұны ас алдындағы ауыз шайқау дейтұғынбыз. Ғабеңнің Жойысқа айтатын «пиәңкештігі» емес, өзінше бір ритуал.

Осындай бір ритуалдың кезінде Кемел аға жымиып Әкім екеумізге кезек қарады. Жымиып тұрып ақыры Әкімді таңдады.

— Маған ептеген тиын-тебен керек боп тұр, ертеңге дейін, — деді. — Отыз жыл бойы көрмей кеткен досым бар еді, адресін «Ленинская смена» көшесінен тауып алдым, — деді. Маған бір бума гүл керек, маған бір шиша коньяк керек, оның жетегінде бір шампан болуға керек.

Сонымен Кемел аға кетті. Шашты ошағанның майымен сылады, жағаны иісмаймен шылады, мойынды галстукпен қынады.

... Бильярд бөлмесінің бір қабырғасы тұтасымен әйнек. Келген-кеткенді санап аламыз. Артынып келе ме, тартынып келе ме, алшаң басып келе ме, адасып басып келе ме — бәрі алақанда. «Әне келеді мәшине, мәне келеді мәшине, тиегені Қазына» — деп Бекен тұрады. «Қалтаңа тиын түссе тыныштығың кетеді» — деп Қазына оның бір апталық жемін бірақ әкеліп тастап кетеді. Бір аптаға шыдайтын Бекен бе, ертеңгісін-ақ қайқайып тартып бара жатады.

Томпайып Кемел аға келе жатыр екен. Кемел аға екені рас болса бильярдқа бір соқпай кетпейді. Келгенше бір шумақ әзіл дайын болсын деп Әкім әмір берген. Тәйірі, әзілге әлі келмейтін пенде бар ма:

Қартқожақ жау-жарағың сайлап алдың, Сайлап ап жау-жарағың қайда бардың? Осыдан қырық жыл бұрын дос еді деп, Бардың да бір лақсаны аймаладың!..

Кемекең ашулана ма деп авторлықты Сафуан ағамызға итеріп едік, «қылығы бүтін қыз болмаса, мен әзілдеспеймін ғой» деп ол кісі көнбеді. Шерағаңа жауып едік, «менің Әкімнен басқаға аузым жүрмейді»деп ат-тонын ала қашты. Кемел аға Әкім екеумізге кезек қарап, ақыры мені таңдады да жымиып қана езу тартты, тық-тық күлді. Көңілді екен:

— Біздің үйге кіріп шығалықшы, — деді.

Сонымен Кемел аға Қартқожақ атанып кетсін. Ақжүніс кім деп інілері сұраған жоқ. Қалжыңға жауап, әзілге уәж айтпайтын Кемекең бір нәрсенің жұмбағын сұрап жатпайтын, жасырар сыры жоқ, жалбақтап біреуге ішін шашпайтын жігіт ағасы кісі жатырқап көрген емес. Кез-келген ортаға білдірмей кіріп, жайбарақат сіңісіп кете беретін. «Мен пәленшемін» деп көкірек қағатындардан табиғаты бөлек, біреудің орнына таласпайтын, өз орнын біреуге бермейтін, кішіпейілділік пен намысты тең ұстаған ибалы жан еді. Біраз жыл Жазушылар Одағында әдеби қызметші болып қызмет істеді. Бұрын сирек көрсек те туа құрдас болғандай қалжыңымыз жарасып кете барды. Детектив жанры мен әскери-патриоттық секцияны басқарушы еді.

— Жігіттер, мен ішкі істер министрлігіне кеттім, — дейтұғын.

Барған сайын бір значок тағып қайтады, тіпті болмаса бір жапырақ грамота алып келеді. Жігіттер оны кеу-кеулеп жүріп жудырады. Тәртіпке үйреніп қалған ағамыз жұмыс аяғына дейін күттіріп қоятыны бар. Бізге ең қиыны осы еді. Әсіресе Рамзай бірде тоқтап қалатын, бірде безектеп озып кететін тоқпақтай сағатын сілкілеп әуреге түсетін. Дәнігіп алған қулар біраз уақыт Кемекеңнің қалтасын көрмей қалса:

— Кемел аға, сіз осы бүгін ішкі істер министрлігіне бармайтын ба едіңіз? - — дейді.

Атамыз жымиып езу тартады да тық-тық күліп:

— Барсам барып қайтайыншы, — деп қозғала бастайды.

Әрине, ол күні біз жырғап қаламыз.

Бірде грамота алып келді. Көргеннен көзақы алатын Әкім жыртиып қарап отыр еді, былай шыға беріп менің құлағыма:

— Әй, Қалаға, Кемекеңнің әлгі грамотасы былтырғы жылғы екен, — деп сыбырлай қойғаны.

Өткен ғасірдікі болса да ағамызға дән разы едік. Ындыны кепкен інілерінің көңілін аулап, әңгіме-дүкенге ермек тауып бергеннің өзі қаншалық! Әсіресе жаз айларында күнге қарап алып: «Ойпыр-ау әлі сиыр сәске екен ғой, ұялмай үйге қайтып барамыз?» дейтұғын Кемекеңнің біз үшін еру боп үйіне барып, сандықтағы ескі грамотасы мен тиын-тебен алып қайтқанын білмей де қалатын. Жазушылардың жалғыз «жауы» үйдегі жары. Солардан жасқанып, артық-ауысын шкафтағы кітап арасына тықпыштай жүретін әдеті. Осы Амантай Сатаев архивін бес сағат ақтарып зорға тапқан жиырма бес сомын күректей алақанының дөңбектей саусақтарының жықпылына жасырып, артынан ұмытып кетіп шірітіп алғаны бар.

Детектив емес пе, Кемел ағаның аяқ астынан ойлап таба қоятын «командировкасы» да болып тұратын. Қазақстанның Ресейге қосылғанына 250 жыл толып қалыпты деп бір топ қаламгерді Кеген ауданына ертіп барды. Іштей көңіліне ұнамаса да жігіттер желпініп қалсын дегені де. Ауданның шаруашылығын түгел аралап, қыстың көзі қырауда қарға аунаған түлкідей құлпырып қайтқанымыз бар еді. Сол жолы менің «суыр бөрікті сыпыра жырау» атанып, Сырағаңның аузына да іліккеніме де Кемекең себепкер болған...

... Ала жаздайғы аптаптан ағаштар да шаршап қалған. Жапырақтар өреден шашалып түскен сары ірімшіктей аяқ астында тапталып жатыр. Шығармашылық үй жүдеп, мал тұяғынан тозған сары жұрттай құлазып отыр. Күнқағар кепештің астында ел көшсе де етегін көтермейтін Әкім, оның шашпауына бола құла торпақтың ішек-қарнын шұқылап мен жүрмін, әлден уақытта сөмкесін ұстап Кемел ағамыз шықты. Балқаш ауданына бара жатыр екен. Серігі, ұмытпасам, Бек Тоғысбаев. Ағамыз күмілжіді.

— Жігіттер, жүр деуге қаймығып тұрмын, — деді. — Біздің елдің қонақжайлығы қоянның қалжасындай еді, танымасты сыйламас әдеті және бар, сендерді алып барып, артынан ұялып қалам ба...

Жолашарын жасап шығарып салып едік, көңілсіз оралды. Сыр білдірген жоқ. Бұл оның соңғы сапары еді. Елімен қоштасып қайтқаны шығар...

... Қос қатын қоларбаны шабақ жұтқан жайынның желбезегіндей жалп-жалп еткен қаусырма есіктен иетін кіргізгенде жүрегім шым-шым ете қалып еді. Құлағымда: «поверните меня лицом к людям!» деген даусы қалды. Көз алдымда көк аспанның кіршіксіз әлемін қос жанарына сиғыза алмай қиналған қарашығы қалды.

Сол күні Кемел аға дүние салды...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама