Жеңеше
— Мына бір жілікті айналайын Әдешжан мүжісінші. Ауылдағыдай қайдан болсын түге, тісін-тісіне қойып отыр ғой. Мына қалтаны да салдым, ауылдың дәмі ғой. Айтпақшы, әлгі жаман немесі бар екен-ау, тағы. Ой былдырлаған неме-ай, өзің де сағындым-ау әбден. Өстіп жүріп оны да тосырқатып жібереді ғой енді. — Апам тынымсыз сөйлеп жүр.
Қалбалақтап, қолы әр нәрсеге бір барады. Бір чемоданды жайлау үшін әп-сәтте үйдің ішін аударыстырып тастады.
— О немеге де сақтағаным бар еді, ұмытпасам осында ма екен?
Апам енді сырлы кебеженің қақпағын көтерді.
Әрең дегенде жиналып болып жолға шықтым. Апам оны-мұны айтып, бір тынар емес. Екі жылдан бері, ана ғой, қатты сағынса керек, ақырында көзіне жас алып, қамығып қалды.
Жалғыз ағайым Әдеш осыдан екі жыл бұрын институтты бітіре сала үйленіп, сол күйінде қалада тұрып қалған. Үйленген соң жеңгей екеуі аз уақыт үйде болып кеткен. Одан кейін қайтып соққан жоқ. Анда-санда хат аламыз. Жуырдағы бір хатында: «Жорай демалысында келіп кетсін», — депті, соған шыққан бетім еді бұл. Оның үстіне апам-ақ шыдатар емес. «Сенен басқа біреу болса, жүз барып, жүз келетін жер ғой. Сенің-ақ кегежең кейін тартады. Айналайын, қызметінен-ақ шыға алмай жүр ғой сорлап» — деп, күн ара қайталап қоймайтын. Шынымды айтсам, ағайымды өзім де сағынып кеттім. Жеңгемді де қайтып көруге асықпын.
Қалаға түнде келіп түстім. Мезгілсіз келгендіктен қорқыныш билеп еді, дегенмен көрсетілген адрес бойынша, таксист жігіт дәл әкеп түсірді. Үлкен қызыл есікті қаққыштап жатырмын. Әлден уақытта барып:
— Бұл кім? — деген өктем дауыс естілді. Тани кеттім, жеңгемнің зор дауысы.
— Мен, Жораймын ғой, — дедім ақырын.
— Ә, ә... Жорке, сенбісің? — Самарқаулау сөйлеп жеңгем ілгекті ағытты.
Үйге кірген соң, ұйқылы-ояу есіней тұрып, жеңгем:
— Ал шешін енді, — деді.
Сәл кідіріп тыжырынып тұрып:
— Киімдеріңді анда іл де, мына диванға қисая сал. Анау ақ одеялды жамыларсың, — сөйтті де, менің чемоданымды алып, ішке еніп кетті.
Біраздан соң барып:
— Жораш, — деген әлдекімнің жұмсақ дауысы естілді. Әдеш ағай екен. Ол өзіне тартып қатты қысып арқамнан қаққанда ағамды қаншалықты сағынғанымды енді сездім...
Ертеңгісін оянсам, біраз уақыт болған екен. Тұрып киіне бастадым. Ағайым екеуміз енді шүйіркелесіп, амандық сұраса бастағанымыз сол еді, ішкі бөлмеден жеңгем шыға келді. Ұйпа-тұйпа болып, жаңа оянғандығы белгілі. Қолында шырылдап жылаған бала. Шамасы мезгілсіз оянса керек.
— Айызың қанар әлі-ақ, жұбатшы мынаны, — баланы ағамның алдына әкеп тастай салды. Әдеш баламен болып кетті.
Жеңгем үй жинауға кірісті. Іс арасында ағама әлденелерді айтып болмайды. Менің түнде ұйқысырап аунап шығатын әдетім болушы еді, сол әдетіме басып бүгін диваннан бір аунап түскенімде-ақ одеялдың бір шеті былғанып қалыпты. Соны көріп жеңгем біраз сөйлеп алды.
Осы кезде Болатты көтеріп үнсіз жүрген ағам жеңгемнің көп сөзін доғарайын деді ме, әлде ойына түскені сол болды ма:
— Апам не сәлемдеме жеберіпті, Рақыш? — деді жұмсақ дауыспен.
— Төңкеріліп қазына келді дейсің бе? Бар... Әне, көр...
Келген күннен бастап жеңгеме ішім суый бастады. Ауылда болған аз күнде сырын кім алыпты? Қарсы шауып, шабаланып тұрған біреу екен. Әсіресе ағайымның әпшісін қуырып, жеп жібере жаздайды. Әдеш ағамның бұрыннан-ақ бұйығы, момындығы өзіме аян. Енді жеңгемнің алдында тіпті қауқарсыздығын көріп, аяп кеттім.
Бір-екі күннен соң-ақ қайтуға жинала бастадым. Өзіме қажетті нәрселерімді алдым. Кетерімде «Келінге айтарсың, ауылдық жерде кәлеш-мәсісі түспегір кейде кездесе бермейді» деп ескерткен еді, апам. Ол байғұс келінінің кім екенін қайдан білсін, қалған ақшамнан жырмыштап жүріп оған да жеткіздім.
Жүрер алдында ағама апамның сәлемін айттым: «Жүрердей-ақ жүрді ғой шетте. Енді реті болса, ауылға келсін. Сондай мұғалімдікті ауылда да істеп жүр ғой, осы. Жетер енді, қатын-баласын жатсындырмай. Әдешке осыны айт», — деп тәптіштен құлағыма құйып берген. Әдеш тыңдап болып, күмілжіп, қарсы алдында отырған Рақышқа қарады. «Не дейсің» деген қалпы.
— Басымды кесіп алсаң да, баспаймын ауылыңа, — беті бүлк етер емес, қаймықпай қасқая қарап тұрып айтты.
Мен киініп жинала бастадым. Әзірлеп қойған чемоданымды ала бергенімде: «Мынаны сала сал. Мамочка шай ішер», — деп жеңгем азанғы шайдан қалған конфет, печеньелерді газетке орап, жұдырықтай етіп ұсынып тұр екен. Мен мырс еттім де:
— Алмаймын, рахмет. Ауылда молшылық қой, — деп шығып кеттім. Жартылай ашық қалған есіктің саңылауынан жеңгемнің:
— Қарай гөр өзінің кесірін! — деген даусы естілді.