- 25 сәу. 2020 00:00
- 204
Көкіректегі көз
Оңаша бөлмеде ертеңгі сабаққа дайындалып отырған қара бала кенет селк етті. Тырс-тырс еткен бұл не? Зәресінің ұшқанын қарашы! Ә-ә, жайымен терезеге ұрылған жаңбыр тамшылары ғой. Қараша айының қара суығында жаңбыр жауады да, артынша орай-борай қар түсетіні бар. «Пай-пай, қар жауған қандай тамаша! Қалың киініп, аққала соғып, шана, шаңғы тебеміз!..»
— Ұмыта жаздаппын. «Ана тілінен» Абай атамыздың бір өлеңін жаттау керек екен-ау!
Ержігіт кітап сөрелерінен мұқабасы қалыңдау ақшыл кітапты қолына алды. «Жыр жауһары». Абай. «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп...» Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. Алматы. «Раритет». 2008 жыл.
Қара баланың есіл-дерті кітапқа ауған. Оқып отыр, оқып отыр. Біраз өлеңдердің мағынасына терең бойлай алмады. Жүз жетінші беттегі «Білімдіден шыққан сөз» деп басталатын өлеңді қайыра-қайыра қайталады.
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын білуге,
Көкірегінде болсын көз...
«Бірінші-екінші шумақтары түсінікті. Нұрын, сырын деген сөздің төркінін де шамалаймын. Ал төртінші шумақтағы «көкірегінде болсын көз» деген сөйлем миына қонбады. Көз! Кәдімгі екі көз. Онымен көреміз. Ал көкіректегі көз қайдан келген?!.»
Ержігіт жүгіріп далаға шықты да, аулада атарба дәртесін жоғары көтеріп, байлап жатқан атасына жетті.
— Ата, ат-оу! Бес минөтке уақытыңыз бола ма?
— Жайшылық па, құлыным?
— Сұрайын деп едім.
— Нені?
— Абай атамыздың өлеңдерінен.
— Үйге бара бер, мен қазір келем.
Міне, атасы мен немересі әңгімелесіп отыр. Ержігіттің бар назары атасында. Апырым-ау, атасы не деген білгіш? Көп оқығанның пайдасы-ау?! Шоқша сақалы өзіне жарасымды, иманжүзді кәрия бірінші сыныпта оқитын немересінің қойған сауалын тәптіштеп түсіндіріп берді.
— Тегінде сөздің бояуы, үні, сыры, нұры болады. Оны білмекке талпынған, көзі ашық, көкірегі ояу адам баласы жақсы саралайды.
— Біз білетін көз екеу емес пе?
— Дұрыс айтасың, балам! Ол адамның мынау жарық дүниені көрер көзі, яғни қос жанары. Сол сияқты көкіректе де көз болады. Көкіректегі көз оқуға, білімге ұмтылған адам баласына тән сипат. Мәселен, сенің хәкім Абай бабамыздың өлең шумақтарын ұғынуға талаптанғаныңның өзі көкірегіңнің ояулығын, сергектігін сездіреді. Білім бұлағы – кітапта! Жақсы кітап адам жанын тазартады, санасына сәуле түсіреді. Сол үшін кітапті көп оқыған ләзім. Оқып қана қоймай, ондағы жауһар ойларды ойға тоқу керек. Түсіндің бе? Ыбырай Алтынсарин бабамыз да:
Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық, — деп өсиет етті емес пе?!
— Рахмет, ата! Түсіндім. Бұдан былай Абай атамыздың да, өзге ақын-жазушылардың да кітаптарын түсініп, санама сіңіріп, ыждаһатпен оқитын боламын.