- 25 сәу. 2020 00:00
- 202
Ақ кептер
Ақмарал анасымен бірге орталық базарға бара жатқан. Жолда, үйдің бұрышында сүйкімді ақ кептер отырғанын көріп қалды. Біреуден жәбір көрген сияқты. Көздері жәудіреп ары-бері өткен адамдардан мейірім күтетіндей. Кішкентай қыз қорғансыз құсқа жақын барды. Жайшылықта ұша жөнелетін кептер қозғалмайды. Жуас. Монтаны. Ақмаралдан үркектеп, аттап секіруге талпынғанымен ұзаған жоқ.
— Қызым абайла! Ауру болып жүрмесін, — деп анасы ескерту жасады.
— Қараңызшы анашым! Қанаты сынық, содан ұшпайды! — Ақмарал мұңайды.
— Нәзік жүрегіңнен айналдым! Уақыт шығындап қайтесің, біз асығыспыз.
— Жоқ, анашым, көмектескім келіп тұр. Қандай сүйкімді! Түрі де әппақ! Біз қол ұшын бермесек, өліп қалады... Әйтпесе иттер жеп қояды...
— Жарайды, меселің қайтпасын, — деді анасы қызының өтінішін жерге тастамай.
Ақмарал мен анасы екеуі кептердің тыпырлап, қарсыласқанына қарамастан қолдарындағы сөмкеге басын қылтита салып алды да, автобусқа отырып қала ортасына тартты. Сұрай-сұрай жан-жануарларды емдейтін дәрігерлік клиникаға келді.
Кезекші дәрігер кептерді тексеруге ішке алып кетті.
— Жазылса екен, — деді уайымшыл Ақмарал мұңайып.
— Жазылады, ұшады әлі, — деді анасы кішкентай қызын бауырына қысып, жасаураған көзінен сүйіп.
— Шын айтасыз ба?! Сынған қанатын қалай емдейді?
— Ота жасайтын шығар. Сәл сабыр ет қызым.
— Мақұл.
Арада он-он бес мүйнет өткенде жүзі жайдары дәрігер көрінді:
— Дәл уақытында әкелдіңіздер, ота жасайтын болдық.
— Алақай! Ақ кептер ұшады! — Ақмаралдың көңілі аспандады.
— Дұрыс айтасың қызым! — деді дәрігер тәте де қуанып. — Ұшады әуелеп. Осылай тұрасыздар ма? Бір айналып келіңіздер.
— Ешқайда барғым келмейді, — деді Ақмарал. — Күте тұрайықшы анашым.
— Ұмытып барады екенмін, кептердің иесі сіздер ме?
— Көшеден таптық. Қанатының сынғандығын байқаған қызым, қоярда-қоймай осында әкелгізді. — Ақмаралдың анасы шынын айтты.
— Тоспасаңыздар да болады, өзіміз қамқорлыққа аламыз.
— Үйге алып кетейік, қалдырмайықшы кептерді, — деді Ақмарал қиылып.
— Жүрегің жұмсақ екен қызым! Құс та болса жақсылық жасауға құштарлығың құптарлық іс! Олай болса, күте тұрыңыздар, — деді ақ халатты тәте күлімсіреп.
***
Ақмаралға ермек табылды. Түсте мектептен келе сала балкондағы ақ кептерге барады. Дәкемен қатты таңылған қанаты қатайып келе жатыр. Бірер күннен кейін орауын шешу керек шығар.
Әйнектелген балкон іші жып-жылы. Қағаз қораптан жасалған томашадай орында ыдысқа құйылған су, құстың жемі, бәрі бар. Шынашақтай қыз кептермен кәдімгідей сөйлеседі. Көтеріп тізесіне отырғызады. Басынан сыйпайды.
Бір күні құс қанаттарын қомдап, тар балконның ішінде ұшуға әрекет жасады.
— Ата, ата! Кептер ұшуға дайындалып жүр, — деді Ақмарал кітап оқып отырған атасына жүгіріп келіп.
— Бәрекелді! Әрине ұшады! Өйткені Алла тағала құс атаулыға көкте самғау үшін қос қанат бітірген. Ақ кептер бейбітшілік құсы ғой! Оның жазылуына, қатарға қосылуына сенің еткен еңбегің зор! Күні ертең сен де бой жетесің, жоғары оқу орнын бітіріп, қалаған мамандығыңды аласың! Еліміздің елеулі адамы боласың! Тәңірі алдыңнан жарылқасын! Бақытты бол! — деді атасы риза пейілмен.
Ертеңінде балкон терезесін ашқан Ақмаралды көрген кептер, терезе жақтауында алға қарай ұмсынып-ұмсынып сәл тұрды да, қанатын жазып пыр-р етіп ұша жөнелді.
— Қош, кептерім! — деді құйтақандай қыз қол бұлғап.
Әуелеген ақ кептер бір кезде зәулім-зәулім үйлерден асып көрінбей кетті.