Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Мәдениет дамуы

Қай кезеңді алсақ та, қоғамның дамуы оның экономикалық және саяси институттар жұмысының белсенділігімен байланыс­ты емес екені белгілі. Бүгінде жаһанданумен бетпе-бет келген қоғамның руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістер айрықша назар аударуды қажет етеді. Қазақстан қоғамын дамыту жағдайында рухани құндылықтар сабақтастығы, жаңа қоғам мүшелерінің, яғни жас ұрпақтың қарама-қайшылықтар кезеңінде өмір сүруінің әлеуметтік маңызын, сонымен бірге қоғамдағы діни көзқарастар қайшылығы, материалдық құндылықтардың алға шығуы, адамгершілік қағидаларының аяқ асты болуы сияқты көкейкесті мәселелердің алдын алу мен салдарын зерттеудің маңызы жоғары.

Философия, саясаттану және дінтану институтында Қазақстан қоғамының тұрақты даму стратегиясын іске асыру мен ел тәуел­сіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстанның тұрақты дамуы стратегиясы аясындағы қоғамның мәдениеті мен құндылықтарын зерттеу» ғылыми бағдарламасын іске асырумен байланысты өткен «Қазіргі әлемнің мәдениеті мен құндылықтары» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстел­де қоғамдық сананың жаң­ғы­руы, мәдени және рухани құн­дылықтарды сақтап қалу мәселесі талқыланды. 

Институт директоры Серік Сейдуманов жиынды кіріспе сөзімен ашып, бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін рухани, мәдени құндылықтардың өзектілігіне тоқталды. Осы орайда ұлттың жаң­ғыруына тірек бола алатын қазақстандық қоғамның мә­дениеті мен құндылықтарының инновациялық әлеуетін айқындау қажеттігі көрініс береді. Сонымен бірге еліміздің қазіргі жағдайында тұрақты дамуын қамтамасыз ету, қоғам мәдениеті, тарихымыз бен саяси мәдениет құндылықтары және нормаларын институттан­дыру, діни құндылықтар тұжы­рымдары, ерекшелігі, ұлтаралық және дінаралық диалог мәсе­лелеріне көңіл бөлу бүгінгі заман талабынан туындап отыр. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың көптеген ең­бектерінде және Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қ.Тоқаевтың жолдауларында Қазақстанды жүйелі жаңғыртуды реформалаудың тарихи маңыз­дылығы айтылуда. Бұл үдерісте Қазақстанның барлық этнос өкілдерінің мәдениеті, тарихы, ментальды әлемі мен рухани, діни әртүрлілігінің рөліне ерекше на­зар аударамыз. Осыған орай еліміз өзінің мәдени өркениетінің ерекшелігіне және заманауи әлемдегі озық елдердің мәдени дамуының үлгілеріне де арқа сүйеуі қажет. Қазіргі жағдайда Қазақстанда тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің ұлттық мәдениеті, тарихы, ментальды әлемі мен діни әртүрлілігінің маңызы зор. Сондықтан да бас­ты құндылықтар мен стра­те­гиялық идеялар ғылыми зерт­теу­лердің нысаны болуымен қатар трансгуманизмнің қа­­зіргі жағдайында және әр­түр­лі мәдениеттердің ықпал­дас­тығында жалғасын табуы қажет», деді С.Сейдуманов. Ол сонымен бірге бүгінгі Қазақ­станның құндылықтар әле­міне Батыстың ғана емес, Таяу және Орталық Шығыстың әсері бар екенін, сондай-ақ ислам фундаментализмі, Орталық Азия елдеріндегі этносаяси дамуына ықпалын жүргізгісі келіп отырған ауған мәселесіне де алаңдаушылығын білдіре келіп, «Мәдениет және заманауи қоғамның құндылықтары біздерде тарихи өткенімізге оралуға, бү­гінгі күн мен келешек жайында ойлануға мәжбүрлейді. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясы құндылықтарға қауіп төндіретін мәдениетаралық, этносаралық қатынастардың үйлесіміне, азаматтық қоғамның және саяси биліктің арасындағы қарама-қайшылықтарды реттеуге ықпал етуі тиіс. Ынтымақтастық пен мәдениеттер диалогы ғана адамдар арасында өркениетті, толерантты ұстанымның дамуына ықпал етеді. Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі негізінен әртүрлі мүдделердің үйлесіміне негізделіп келді», деді өз сөзінде. 

Жиынды «Тіл мемлекеттің және мәдениеттің негізгі құн­дылығы» тақырыбында Фило­софия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қыз­меткері, ҒА корреспондент-мүшесі Ақан Бижанов жал­ғастырды. «Мемлекеттің қазіргі даму жағдайында тілдің рөлі қоғам мәдениетінің негізгі құндылығы ретінде ұлттық дамудың барлық саласында артып келеді», деген А.Бижанов тіл тақырыбы қазақ қарпін латынға ауыстыру кезінде ерекше мәнге ие болғандығына тоқталды. 

«Заманауи мәдени пара­дигмалардағы ислам құнды­лықтары» тақырыбын қозғаған институттың бас ғылыми қыз­меткері, ҒА корреспондент-мүшесі Наталья Сейтахметова бүгінгі әлемдік мәдени тур­буленттілік жағдайында құн­дылықтарды қайта бағалау мәселесін қозғап, ХІХ ғасырдың әйгілі философы Фридрих Ниц­ше айтып кеткендей, «бар­лық құндылық атаулыға қайта баға беру» қажеттігі туын­дап отырғанын жеткізді. ІІ Дү­ние­жүзілік соғыстан кейінгі ке­зеңде де құндылықтарды баға­лау мәселесінің орын алған­ды­ғына тоқталған профессор Н.Сейтахметова «Жалпы, аксиологиялық философия тұрғысынан алғанда ол үнемі өзгерістерді бастан кешіруде. Сол сияқты біздің бүгінгі жағ­дайымызда да алдымызда таңдау, өз көзқарасымызды дәлелдеу қажеттігі тұр», деді. 

Қазақстан сияқты полиэтносты және поликонфессиялы қоғам жағдайында диалог пен өзара түсіністік туралы мәселенің өзекті әрі стратегиялық маңызы жоғары екендігін «Тұ­рақты даму жағдайында қазақ­стандық қоғамның базалық құндылықтары» еңбегіне арқау еткен осы институттың бас ғылыми қызметкері, академик Әбдімәлік Нысанбаев және «Философия, саясаттану және дінтану институты» ШЖҚ РМК Философия орталығының жетекшісі, профессор Серік Нұрмұратов халықтың рухани өмірін қалыптастару мен қазақ этносының рухани өмірін зерттеудің жекелеген жал­­пыәдістемелік мәлелелері, сон­дай-ақ қазақстандық қоғам­ның негізгі құндылықтарын фи­ло­софиялық тұрғыдан зерттеу мәселесімен бөлісті. 

Сарапшылар мәдениетаралық диалог пен рухани құндылық­тарды қалыптастыру мәсе­ле­­сіндегі ғы­лыми рефлексия өт­кеннің құн­дылық-семан­ти­калық шығу тегіне бастап қана қоймай, сонымен бірге қазіргі және болашақ туралы ойлануға мәжбүрлейтінін алға тартады. Елдің рухани жаңғыруының жолдары мен тетіктерін із­дестіру жағдайында, әсіресе, Қазақстан сияқты полиэтнос­ты және поликонфессиялы қоғам жағдайында диалог пен өзара түсіністік туралы мәселе өзекті әрі стратегиялық маңызды. Ха­лық рухани құндылықтарға және өткеннің рухани мұрасына, сондай-ақ әлем және адамзаттың қазіргі дүниетанымдық көзқа­расына бойламай өзін өзі шынайы тани алмасы анық.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Философия және саясаттану факультеті

Дінтану және Мәдениеттану кафедрасы

"Мәдениеттану" мамандығы

4 курс студенті

Автор:Досжан Алтынай

Өндірістік тәжірбие жетекшісі:Есболова Молдир Ауелтааевна


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама