Асау мен тұсау
Шіркін, дана адамдардың жөні бір бөлек қой! Олар, қай кезде болмасын, 93 заманының рухани қарқынынан озып отырады да, келешектің өз өкілі секілді өмір сүреді. Сондықтан ба екен, дәуірлестері кемеңгерлерді көбіне-көп ұға бермейді Олардың қадір-құрметке бөленген ұзақ өмірлері өлгеннен соң барып басталады да, жылдар жылжып, күндер кейіндеген сайын жасара береді жарқырай түседі Қазақ халқының міне, осындай ардагер адамының бipi — қос ішектің құдіреті болған Құрманғазы Сағырбайұлы. Уақыт өте келе ұлы композитордың өмірі мен өнеріне ден қойып, қызыға түсушілер молайып келеді. Солай бола бepyi заңды да. Алайда мәдениеті, жазу-сызуы ерте өріс алып, етек жайған елдердей емес, қазақ халқының өткен-кеткеніне шұқшия үңілу қиын-ақ. Баспасөзі, жазба шежіресі болмаған, архивдерек жоқтың қасы біздер үшін араға бір ғасыр ғана мерзім салып жатқан адамдардың ғұмырнама құпиясын ашып білудің өзі бір қиямет. Аттап бассақ болды, жүгінетініміз Ленинград пен Орынбордың архивтері. Сотталып, айдаудың «бақытын» кергендерді болмаса, олардың білері де иек асты: о жер, бұ жер ғана. Мұндай жағдайда, амалсыздан, аңыз-ертегі мен ауызекі әңгімелерге Көбiрек құлақ түруге тура келеді. Ал, олардың қаншасы дұрыс, қаншасы бұрыс екенін бір Алланың өзі біледі. Сондықтан арғы аталарымызға замандас болып, бүгін таңда тарихтың тамыр — тамыр тізіміне тіркеліп үлгерген баба даналардың ғұмыры туралы қаны тамған шынайы шығарма жазу ғаламат енбек пен ұшқыр қиялды, бұлжытпас болжам мен тапқыр топшылауларды керек етеді-ақ! Оның үстіне, аңыз-ертегіге айналып кеткен ұлы адамдардың ауыз әдебиеті дәрежесінде қалыптасып қалған кейіп — бейнелері бар. Авторлар үшін олар да бір ауыр асу. Шоқан, Абай, Ыбырайларды ауызға алмағанның өзінде, Сырым, Махамбет, Құрманғазы сияқты ардагерлер хақында әр қазақтың өзінше ой-пікірі, болжау, топшылауы бар. Айта берсе, кедергі — бөгет, асу — бел дегендер қат— қабат-ау, қат-қабат! Соларға қарамай, қазақ халқының біздің заманға шейін өмір сүріп арманда кеткен абзал адамдары жайында көркем шығармалар жазу бүгінгі таңда кең өріс алып отыр. Марқұм Мұхтар Әуезовтің Абай туралы әлемге әйгілі асыл мұра, атақты эпопеясы, жұлдызымыз Шоқан туралы Сабит Мұқановтың романы тарихи тақырыптарға сапар шеккен — жиһангер жазушылардың қолдарынан түсірмейтін жарық — шырағы. Бұл туындылар, дұрысын айтсақ, әдеби жеңістеріміздің төбемізге көтерер жалауы дерлік. Бірақ олар, жіктей келгенде, проза мен драманың жемістері ғана. Ал, тарихи адамдардың өмірлері туралы жазылып, жоғарыда аты айтылған көркем туындылардай халықтық абыройға ие болып отырған поэзиялық күрделі еңбектеріміз бар ма? Болса, қайсы? Дәл осы сауалға кідірмей, күрмелмей жауап бере алмайтын сияқтымыз. Мұндай бағытта жазылып, аты әйгілі болған поэзиялық туынды әлем әдебиетінің өзінде саусақпен санағандай. Бұл, біздің топшылауымызша, ақындарға ғана байланысты емес, негізінен, поэзия жанрының өзіне тікелей қатысты секілді. Күрделі қию-қию шытырман уақиғаларды заманымен тұтас қамтып суреттеуде, шынын айту керек, поэзия, проза мен драмаға қарағанда, бірқыдыру икемсіздеу, дәрменсіздеу дер едік. Өлеңнің ұсақ-түйек заң — қағидаларының өздері-ақ ақындардың көсіле шабуына толық мүмкіндік бере қоймайды. Көлемі көл-көсір поэзиялық шығарманың жарқын, жақсы жағынан гөрі босаң-болжырлыға, шынайылығынан гөрі жасандылығы басымдау жатады. Поэзия үшін бір ғана дұрыс, дәлме-дәл диалогтың өзі қаншалық қара терге тұрады! (О, мұны дастан құмар ақындарымыз бізден гөрі жақсырақ біледі) «Осыны ойласам миым ашиды» дегендей, шайырлар жағы мұндай әрі қиын, әрі жауапты тақырыптардан абырой-атақ дәметпейді де жүк қоймайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Хамит Ерғалиевтің кемеңгер күйшіміз, композиторымыз Құрманғазы жөнінде көлемді поэма жазуы жүректілік дер едік. Күйшінің асқан өнерпаздығы, тарихи деректердің тапшы, жұтаңдығы, поэзияның ұзақ жолға шыққандағы оралымсыздығы — үш бірдей ғаламат қиындық автордың атақты адам туралы еңбегінің абыройлы аяқталуына шек келтіретін-ақ себеп — белгілер. Бірақ...
Есімі елге әйгілі дана да бір, асқар асу тау да 6ip. Етекке қарай құлдырай қулаған әйдік тастардың салдыр-гүлдірі мен тентек өзеннің долы күpкipi жартас, шыңдарға соғып, кейін жаңғырықса, адамзат қауымындағы болып жатқан алуан-алуан құбылыстар да даналардың ақыл, өнерлерше бip-бip соғып, жаңғырықпай өте алмайды. Құрманғазының қыратты жердің жылан-жолындай ирелең, бұралаң өмірбаяны мен өзі тіршілік еткен қараңғы қоғамның көркем шежіресі өнерпаздың тереңде асқақ, нәзік те жойқын күйлерінде жазылған. Сол күйлерді тыңдаймыз да тебіренеміз, естиміз де елтиміз. Көркем сөзді орысшадан қазақшаға, қазақшадан қытайшаға аудара беруге болады. Бірақ музыка дегеніміз өнердің өзге саласындай емес. Ол бір түрден екінші бір түрге аударылмайды. өйткені музыканың өзі бір-ақ тілді өнер. Оны қай ұлт, қай халық болса да ұға береді. Хамит Ерғалиев кемеңгер композитор, көкжал күйшінің өмірбаянына шырайлы шығарма жасау үшін Құрманғазының біраз күйлерін музыка тілінен поэзия тіліне аударуға әрекет еткен. Мысалы, домбыраның қос ішегіне бебеу қағып безілдеген «Ақсақ киік» поэзия тілінде былайша сөйлейді:
Ізінде қаны қалды, өзі қашып,
Барады бала киік қырдан асып.
Неліктен аңшы жігіт бірге кетпей,
Бармағын иегіне тұрды басып.
Алдынан кеп түнеген келді биік,
Бұл жолы аунамайды құмын сүйіп.
Жарасын қолтығына қатты қысып,
Шошиды аяғынан ақсақ киік.
Шошиды ақырғы рет ақсақ киік,
Жас қияқ жарасына кетсе тиіп.
Бейшара, жер бетінен құтылғанша
Жүрегі бітті білем жанып-күйіп.
Мұнда күйдің бай мазмұны баян етіп, уақиға көрінісі суреттелген. Жан ұшырған жас киіктің аянышты мүшкіл халі мен оны осы күйге душар еткен мерген аңшы, жаны сұлу адамның мүсіркеу сезімі оқушының көз алдына келіп, көлденең тұра қалады. Дәл осы поэзия «Ақсақ киік» күйінде де бар. Бірақ ондағы музыка Хамиттің қаламынан шыққан өлең шумақтарында жоқ. Күйдің мазмұн-мағынасы мен көріністік белгілерін бере алғанмен, күйдің дыбыстық табиғатын, ыңыранған ырғағын, шиыршық атқан динамикасын, әрине, жеткізе алмаған. Сондықтан біз мысалға алып отырған шұрайлы шумақтардың өзі оқушыға Құрманғазының күйіндей болып емес, Ерғалиевтің өлеңіндей болып қана әсер етеді. «Қызыл қайың», «Төремұрат» күйлерінің поэзияша сөйлеулері де, міне,осындай.
Музыка поэзия емес те, поэзия музыка емес. Бұл дәлел, түсінікті керек етпейтін ақиқат. Бірақ поэзиясы мол музыка көрікті де, музыкасы басым поэзия әдемі. Апалы-сіңлілі екі өнердің тарихы осыны ұқтырады. «Айжан қыз» күйін поэзия тіліне аудару үстінде Ерғалиев бұл жайттарды тереңдеп түспеген. Жаңағы айтып өткен бірер күйлердегідей емес, мұнда ақын күйдің мазмұн-мағынасы мен түр-пішін, екпін- динамикасын мейлінше толығырақ сақтауға қаттырақ зер салады... Сондықтан өлең «Айжан қыз» күй «Айжан қызға» егіздес, жақын туыс болып шыққан. Ол күйдің дүниеге әкелу үстінде өнерпаз композитор поэзияға қаншалық тақау келсе, ақын да осы шумақтарды тудыру үстінде музыкаға соншалық тақау барып қалады.
Тақ күні тудым,
Балапаны қудың өзім болдым. Ай-дын
Көлге төсім шай-дым.
Ұштым, кеттім.
Үстін көктің
Аралап ас-тым,
Әніме бас-тым.
Жетпей қалды жерден
Атқан оғы мерген,
Төре де
көре де
ар-ман-да,
Ата да,
бата да
бар маң-да.
Та-та-та,
та-та-та,
та...
Музыканы түсінбейтін, домбыра не басқа бір аспапта ойнай алмайтын адам мұндай өлең жолдарын өңі түгіл, түсінде де көре алмас еді. Ал, Хамиттің музыканттық құдіреті бұған барынша жетіп отыр. Және-дағы, бұл өзі жалаң дыбыстық еліктеу, ешбір уақиғаға байланыссыз жазыла салған жауапсыз жолдар емес. Терең ұғыну, мол сезінумен жасалған шумақтар. Біз мысалға келтіріп отырған «Айжан қыздың» поэтикалық түріндегі жас арудың образы осы тараудың бас жағында бейнеленетін бай Адайдың ерке қызына үйлесе кетеді. Ерке де есті, сұлу да сұңғыла бикештің бүкіл мінезін: қимыл-әрекеті мен көрік-келбетін ақын зергер шеберлікпен мүсіндей келіп, осы жолдарды, шумақтарды жасайды. Салыстырып байқалық:
Ұшқалақ тотайлығын жиі қыла,
Асылды бәйбішенің иығына.
Момақан Құрманғазы кеш ілікті
Ойнақы қара кездің қиығына.
Бір сәтте қалды-тағы тыжырына,
Сөйледі бәйбішеге қыз ұрына:
— Бұл ағаш әзідегі дәруіш пе
Әлдекім құшатұғын құзырына.
Кім бұзған домбыраның мәні, шіркін?
Құлағын бұрағансып... Бәлі, шіркін!
Әулекі жаралмаса адам деге
Өзінің байқамай ма әлі, сұрқын? —
Маңдайын ұстағансып сәл бүгіліп,
Бұлайша ару бикеш салды қылық.
Ұшынан аяғының жүгіргіштеп,
Ізінше домбыраны алды жұлып.
Осыдан кейін ару «тақ күні ту-дым» деп басталатын «Айжан қызды» тарта жөнеледі. Бұл жолдарды сүйсіне оқып, құныға сіңірген оқушы ақын трактовқа жасап отырған «Айжан қыз» күйінің поэзиялық түріне амалсыз иланады. Дегенмен оқушы ретінде осылай риза бола отырып, әдебиетші ретінде сын-пікір айтпауға болмайтын жайттар тағы бар. Олардың бәрін бірдей жинап-теріп, мақаланың финалына алып қалмай, біразын сөз арасында, осы жерде ақтарғанымыз жөн секілді Олар, суыртпақтап айтқанда, мыналар: бірінші — күй жолында ырғақ бірлігімен қоса, мазмұн тұтастығы да қатал сақталады. Поэманың авторы болса, бұл принципті аяғына шейін ұқыпты ұстамайды.
Балапаны қу-дың
Өзім болдым. Ай-дын
Көлге төсім шай-дым.
Осындағы «айдын» мазмұн жағынан үшінші жолдың құрамында да («көлге» деген сөзге анықтауыш), орны, ырғағы, үйлесімі жағынан екінші жолдың құрамында. Сөйтіп, ырғақты бұзбаса, мазмұнды, мазмұнды бұзбаса, ырғақты бұзуға мәжбүр болып тұр. Екінші — күйдің ішкі астарын, мазмұн-мағынасын ашуда ешбір әрекет, қызмет атқармайтын басы артық, бос белбеу сөздер де бар. «Тақ күні тудым» дегендегі «тақ» та бір, семьяның жұмыс істемейтін дені сау жас мүшесі де бір, масыл. Ол ақынға өзінің барлы-жоқты мағынасымен емес, бір буынды сөз болуымен ғана және «тудым» деген көрші сөзбен дыбыстық үндестігі үшін ғана керек екен. Бұл, әрине, ақын тарапынан жіберілген селкеу, салақтық.
Төре де
көре де
ар-ман-да, —
деген жолдар тағы бар. Алғашқы сөзге түсіндік делік, ал, eкіншісін («көре» де дегенді не деп ұғамыз? Корректордың қатесі болып жүрмесе, ақылға сыймайды.
Та-та-та,
та-та-та,
та —
алдыңғы өлең тармақтарының ешқайсысын да түр — форма жағынан қайталап тұрған жоқ. Ендеше, оларды бұл күйінде емес, сөз өнеріне толық айналдырып, мағыналандырып алу керек еді. Сосын барып дыбыстық қайталау жасаса, оңып кетер еді-ау! Ақын олай етуді ауырсынып, артық жұмыс істемеген де, күйдің поэзиялық түрі мазмұн жағынан ақталмай, түр жағынан толықпай қала барған. Жә!.. Бұлар қырағы да қатал редактордың қағып-ақ тастайтын немесе авторды иығынан басып отырып, жөндетіп алатын ақаулы шумақтар ғана ғой!
Құрманғазының келер ұрпаққа деп мирас етіп қалдырған күй мұрасы ұшан-теңіз. Қағазға, нотаға түсірмей-ақ халықтың жадында сары майдай сақталып келген алуан түрлі күйдің аттарын ғана көшіріп шығудың өзіне бір парақ қағаз керек. Ту тарихын алсақ, олардың әрқайсысы бір дастан болмас па еді. Оның үстіне, композитор дегеніміз шытырман сиқырлы сезім дүниесінің адамы. Бірде жалпы халықтық мұң-зарды күңрене күйге түcipce, бірде соқа бастың да қайғы-шерін шамырқана шертіп береді. Бірақ ұлы күйші елін жырласа, өзін, өзін жырласа, елін бөліп қалдырмайды. «Қайран шешем деп» зар абзал анасын көргендегісі езіле егілген перзенттің ғана зары ма? «Kөбік шашқандағы» беті қатты зобалаң — апат халықтың ғана басына төнген аждаһа — бұлт па?! «Құрманғазының» авторы бұл жайларды да естен екі елі шығармайды.
Арты жетті ағызып шапқан аттай,
Көбік бейне көк тасқа шаққан оттай.
Шашырайды жан-жаққа:
Ай астында
Жердегілер құлайды шатқалақтай.
Жапырылды жағалай майда құрақ,
Аруананың ботасы ойда аңырап.
Қатын-бала бақырған, ит ұлыған,
Ақ толқынның ішіне қой жамырап.
Тағдыр елді тап қылды тағы азапқа,
Айғай-сүрең у зады жаға жаққа.
Адасқанды шақырып алдағылар,
Қыр басында күпіні жағады отқа.
Уа, сұмдық-ай!.. Ер жүрек шошынады.
Тарқатып та болмаған шашын әлі,
Ақ көбіктің үстінде қарауытып,
Өлген сұлу бұрымы шашылады.
Осыған да Ай арсыз нұр құяды:
Суда сәби саусағы тырбияды.
Құрман бейне құлпытас... Білер ме едің
Қайда кетіп сорлының тұр қиялы?..
Құрманғазы «Көбік шашқан» күйін шығарарда дәл мұндай ғаламат құбылысты көрді ме, көрмеді ме — ол арасы алмағайып. Егер көрген болса, ақын айтып отырған адамның зәре-құтын алатын осы көріністен артық болмаған шығар. Бұл шумақтар екі кітапты «Құрманғазы» поэмасының ішіндегі шұрайлы да шырайлы шумақтар, шын шабыттың саф перзенттері дер едік. Мен өзім «Көбік шашқан» күйіне құлақ түріп отырып, ашулы теңіздің сұрапыл шуылын, жанталаса қарбаласқан қисапсыз халықтың өлермен зарын естимін, поэманың «Көбік шашқан» тарауын оқып отырып Айвазовскийдің «Тоғызыншы валын» бәсекеге шақыратын тоқсан түрлі теңіз пейзажын көз алдыма елестетем. Тірі жанның төбе шашын тік тұрғызатын қорқынышты уақиға домбыраның сүйексіз ішегінде ғажайып үн, поэзияның тиексіз тілінде ғажайып сурет болып шыққан. Әйгілі композитордың атақты күйіндегі көрініс, дыбыс көлденең апаттың көшірмесі ғана емес, ол қазақ халқының сол тұстағы босып — көшкен, қашып-пысқан, барар жер, басар тау таппаған қасіретті хәлінің музыка тіліндегі жинақы образы. Ақ басты айдаһар толқындармен тайталасып тұрып айтатын асқақ күйшінің мына монологынан біз осыны аңғарамыз:
— Бәрі, — дейді ол, — бармақтай бақ үшін-ау!
Бақыттан тұл, сұм заман тағысын-ау!
Тойдырып-ақ бітті ғой қу құдайдың
Жақсылығын жалынып тағы сұрау.
Ал, бақытты әр жердей шұқынып тап,
Бітір, зекет, салықтан сытылып қап.
Саған, қазақ опасыз толқындардың
Олжалысы күледі сықылықтап.
Эпилогты қоспағанда, поэма осы тараумен барып аяқталады. Жалпақ елдің жай-күйін мынандай болып жатқанда «Не болар деп сұрама, кейін, күнім», — дейді Құрманғазы. кемеңгер композитордың аузынан ah деп жалын ата шыққан ыстық сөзден оның қарға тамыр халқымен мәңгі-бақи бірлігін, ажырамас тұтастығын сезіп қаламыз. Поэманың өзекті идеясы да осы болса керек.
Хамит Ерғалиев «Әке сырын» армансыз айтып болған соң, «Үлкен жолдың үстімен» құйындатып отырып, «Біздің ауылдың қызына» келіп жетті, одан шығып «Сенің өзеніңе» барды. Бұл төрт поэма серпінді ақынның бүкіл шығармашылығында өз алдына жеке бір кезең. Сыншы жұртшылығымыз әдемі деп жүрген «Әке сыры» терең толғану, тынымсыз ойлануға жомарт. «Үлкен жолдың үстінде» адамның ой-сезімімен бірге, әрекет-қимыл молырақ. Оқушыны жалықтырмайтын сергек, көңілді тартымды дастан. Ал, «Біздің ауылдың қызында» уақиға өз әлінше қою, бірақ соның бәрі деректі фильм сияқты өмірді бір ғана қырынан, жалғыз ғана қабырғасынан алып көрсетеді. Соның өзінде, алдыңғы екі поэмаға қарағанда мұнда дәлдік, нақтылық әлдеқайда басым. Бұл төрт туындының ішінде жөні бөлек — «Сенің өзенің». Ол ақынның шығармашылық табыс-олжаларының түгелдей бас қосып, тоқайласқан туындысы. Оны поэма деуге де, өлеңмен жазылған роман, дайын киносценарий деуге де толық дәлелдер бар. Уақиғаның бірден шарықтап дамуы, шиеленісе шешілуі драмалардағыдай тартымды, прозадағыдай татымды. Оған қарағанда «Құрманғазы» дастанының жібі босаңдау тәрізді. Оған алда тоқтамақпыз. Аз сөйлеп, көп айтуды да, көп сөйлеп, аз айтуды да осы поэмадан табасыз.
...Өмірдің алдамшы еді жалтырағы,
Білмеймін, қайда екенін жан тұрағы.
Болса да бүгін сендік, ертең бөтен
Жартасы туған жердің, жапырағы.
...Алдында азабы айқын, бағы тұман.
...Мен бе екем бақыт жолын тоспалайтын,
Сұр заман қара құлпы тастан айқын.
Сор-азап, бейнет менің дұғалығым —
Бойымнан өле-өлгенше тастамайтын, —
деген шумақтар мен жыр жолдарының әрқайсысы бір дастанға татырлық салмақтары бар емес пе?! Жүйрік көңіл оқушы бұл үзінділерден сонау өткен сұр заманның сұрық-сыйқын, қазақ елінің хал-күйін айна-қатесіз көз алдына әкелер еді. Аз сөйлеп, көп айту деген, міне, осындай болса керек. Мұндай бақыт сөзге сараң, ойға жомарт шайырлардың ғана басына бітеді. Бірақ Хамит Ерғалиев алакөл. Ол өзінің жақұттай бір жақсы жолын басқа бір жұпыны жыр жолымен көміп береді де, онысын жана бір жарқын шумағымен жалма-жан қайта аршып алады. «Құрманғазының» оқушысы бірде қанат бітіп шалқыса, бірде иіні түсіп ренжиді. Ыссы мен суықты бірдей көреді. Біздің ойымызша, поэманың бас жағы, «Арнау», «Пролог орнына», «Қозыбақ сазы», «Ақсақ киік» деп аталатын тарау-бөлімдер басы артық, қосалқы дүниелер. Алдыңғы екеуінің орнына әдемі бір арнау не бір ойлы пролог жарап жатыр. Толыққанды поэма «Ерегіс» тарауынан барып басталады. Алдыңғы жиырма бетін оқымасаң да уақиғаның еш бұзылмайды. «Қозыбақ сазы», «Ақсақ киік»тараулары тақырып жағынан ғана туыс-бауыр демесек, поэманың композициялық жүйесі жағынан келгенде әріден барып қосылатын алыс ағайындар. Олар поэманың басқа бөлімдерімен де өзара етене болып, ішек-қарындары араласып жатқан өлеңдер емес. Кемеңгер композитор туралы жеке-дара балладалар ғана. Бүтін киімге жапсырған жамаудай болып, анадайдан жар салып тұрған бұл тарауларды, уақиға жағынан дастанның өзімен кірікпеген соң, ақын хронологиялық тәртіпті сақтай отыра, кілтін тауып, оларды шығарманың өн бойына сыналап жіберуі керек еді. Ондай мүмкіншілік жоқ емес, жетіп жатыр... Бұл тараулардың негізгі ауылдан аулағырақ барып қоныс тебyi, асылы, поэманың жазылу процесін біраз уақытқа үзілуінен, автордың жоспарының азды-көпті өзгертіп, басқа бағыт алуынан болуы керек.
«Ерегістен» басталып ақын көсіліп береді. Оқушы құдіретті хикаяның жетегіне еріп, ілесіп отырады да, поэманың ақырынан барып бір-ақ шығады. Төрт мың жолға таяу өлең поэзиялық шығарма үшін аз да емес, өнерпаз күйшінің өмірін толық қамтып, молырақ қарпу үшін көп те емес. Поэманың созалаңдығын сезіндіретін себеп-салдар жағына біраз тоқталған тәріздіміз. Ал, енді оның сол созалаң ұзақтығын сездірмей, оқушыны баурап алып, алдап әкететін айрықша қасиеттері қандай?! Ол — Хамит Ерғалиевтің суреткерлігі. Бұл жағынан алғанда, «Құрманғазы» безендіріліп шығарылатын кітап.
...Елемей зекіргенін бір шалдың да,
Елемей десе біреу: — Қамшы алдын ба?
— Таянып екі жағын осы бала,
Күйшінің жатқан еді қарсы алдында.
...Жиһазға қызыл-жасыл, көк-қаралы,
Көңілді өткір көзі көп қараны.
Жалынды жас қонағын ишаратпен
Әйел де көз астынан жеп барады.
...Үстіне, басына да қара салған,
Бір уыс, ару тұрқы аласарған,
Жып-жылы жас бауырын бүлкілдетіп,
Ақырын ақ мамасын бала сорған.
Оқушы бұл жолдардан өлең ғана оқып қоймайды. Сурет көрмесінде жұрт картиналар қарағандай, кино көргендей болады. Хамит поэзиясында дерек аз ұғымдарға құрылған жалтырақ, жалтаң шумақтар көп ұшырамайды. Оның поэзиясы нақтылы, жанды суреттерге толы. Оқушысының ойында әдемі уақиға, көңілінде көркем көріністер қалатыны сондықтан болса керек. Ақынның бұл елеулі ерекшелігі, қымбат қасиеті сонау «Үлкен жолдың үстінен» басталған болатын, қазірде ол жетісу, толысу процесінде. Хамит тәртіпқой режиссер сияқты, шығарма кейіпкерлерінің қимыл-әрекетінен көз алмай бағып отырады. «Мына қалпын жасанды, олай емес, былай тұру керек!» — деп нұсқау беретіндей, кейіпкерлері талантты актерлерше келістіріп ойнайды. Автор олардың болымсыз ұсақ-түйек қозғалыстарының өзіне баса көңіл аударады.
Бүйірін таянады ентігіп кеп,
Ол солай өмір кешкен еліріп тек.
Мазағын мақтан қыла сөйлегенде,
Қамшысын көтереді екі бүктеп.
Желігіп желкесінде, маңдайында
Әлі де ойнар еді көк қалпағы.
Ешқандай да ерсі қимыл, артық әрекет жоқ. Бәрі орынды, бәрі дәлелді, шынайы. Ақынның айтқанына сенбеске, шүбә келтіруге шамаң жоқ. Хамит қаламынан өнген образдардың көбіне-көп сәтті шығатыны да оның осы сом сурет жасауға ұсталығында жатыр. Қаныпезер Төремұрат пен оның бас алар қарақшы сардарларының бүкіл бет пердесін Ерғалиев екі-ақ өлең жолымен бейнелеп береді. «Ауруға қорғасынның уын беріп, жасайды тәуіптері оқтан дәрі». Шағын сөзді шалқар мағыналы жолдардың бірі. Мұнда, тағдырдың дауылы айдап барып, Құрманғазы тап болған адам қасапшыларының барша сұмдығы сыйып тұр.
Адамның санасы қоқыстар жәшігі емес. Ол кір-қоқыс, шөп-саламдарды лақтырып тастап, сары алтындай саф шығармаларды ғана жадында ұстайды. Құрманғазының күйлері міне, осындай ауыр емтихан — уақыт сынынан өтіп, халық көңіліне мәңгі ұялаған ғұмырлы күйлер. Олай болса, композитордың ұлылығында дау жоқ. Кемеңгер өнерпаз-кемеңгер адам. Ондай кісі заманы қандай лас, қандай күйелі болса да, өзінің адамгершілік арына титімдей де кір шалдырмай өтеді. Құрманғазы тірісінде көрместі көрген, көлденең көзге талайсыз, бақсыз бір сорлы, бірақ табиғат берген таңғажайып талант пен ерен өнерпаздықтан асқан бақ бар ма?! Хамит Ерғалиев поэмасының құндылығы да, мықтылығы да, міне, осы жайларды қозғауға шейін көтеріліп, ұлы композитордың шырғалаң өмірінен үлкен-үлкен философиялық түйіндер жасауында.
Бақыттан, қуғыннан да сыбағалы,
Бір өзің тәңірінің екі ұлысын.
Өмірде әншейін нәрсе жоқ. Өнер де, ғылым да сатулы. Бірақ оларды алтынға емес — еңбекке, уақытқа, денсаулыққа ғана сатып алуға болады. Поэманың қырық қыртыс, қат-қабат қалтарыстарын ой көзімен тінте қарайтын болсақ, біз осы жайларды амалсыз аңғарамыз. Құрманғазының ұлылығы да — осындай үлкен қиындықпен келген аса қымбат қадір-қасиет. Бұл тұрғыдан алғанда, Хамит Ерғалиевтің кемеңгер композиторымыз туралы поэмасы өнер қуған оқушыға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие берерлік туынды.
Адамзат қоғамында үздіксіз жүріп жататын іркес-тіркес сан алуан салалы құбылыстардың қай-қайсысы да өз беттерінше бөлек, жеке-дара күш емес, олардың бәрі де бірімен-бірі ілік-шатыс, аралас-құралас, қысқасы, табиғи тұтастықта. Сондықтан реалист жазушы, қандайда тақырыпта қалам тартпасын, оны өзге қоғамдық құбылыстардан біржола ажыратып алып, сол жалқы күйінде жалаң суреттеп кете бермейді, жазып отырған уақиғасына, тіршілік — болмысқа, кейіпкерлер тағдырына байланысты қоғамдық, таптық, экономикалық, тарихи жағдайларға амалсыз оралумен болады. Объективті идея дегеннің өзі, міне, осындайдан туады. Онысыз өмір айнасы боларлық шынайы шығармалар жасалар ма еді! Хамит Ерғалиев те кемеңгер композитордың көркем өмірбаянын жазу үстінде үнемі еніп-еніп өзгеріп жатқан табиғи байланыстағы бірнешелеген күрделі құбылыстарды аттап кетпейді.
Соның бірі — о кездегі көркем өнердің хәлі. Поэмадағы Құрманғазының өмірі — оның соқа басының ғана тағдыры емес, өнердің де тағдыры. Кемеңгер композитордың трагедиясы — қазақ музыкасының трагедиясы болып шыққан. Күй туралы көл-көсір көп сөз болмаса, Құрманғазының образы толық түрде ашылмас та еді. Бұл ақынның, дау жоқ, табысы.
Екінші мәселе — әйел теңдігі. Қоғамның жаман-жақсылығы да, бір жағынан, сол қоғамдағы әйелдердің хәл-күйі, олардың өмірден алатын орнына байланысты бағаланады. Оқушы жұртшылығымыз Айжан қыздың тағдырына тереңірек үңіле отырып, кескекті композиторымыздың тіршілік еткен заманындағы қазақ әйелдерінің саяси, рухани, праволық өмірлерін көз алдарына анығырақ елестетеді. Қаншама бай, қаншама шонжар болғанмен, Айжан қыздың әкесі де өз дәуірінің cipi болған әдет-ғұрпына, жазылмаған заң-қағидаларына қасқайып қарсы тұра алмайды. Жалғыз қызын, өнерпаз перзентін сүймеген кісісінe, сүйегі саудыраған шалдардың біріне өз қолынан ұзатып жібереді. Айжан қыздың тағдыры бас еркінен айырылумен тана барып аяқталмайды. Ол өзінің жарты өмірі саналатын күй өнерімен де амалсыз қоштасып ажырасады. Айжан қыз тәрізді қалың жұрттың қою ортасынан шыққан талантты домбырашы, дарынды өнер иeсі болған қазақ әйелдері аз ба еді. Жоқ. Олар ондап, тіптен жүздеп саналатын-ды. Бірақ олардың өмірлері де осы Айжан қыздың өмірі сияқты жастай ушығып, бас еркіндіктерімен бірге сөніп-өшіп тынатын. Қазақтың қара заңы әйелдерге домбыра ұстап, топ ортасынан суырылып шығып өнер көрсетуіне үзілді-кесілді тыйым салды емес пе?! Дәл осы хал данышпан ақынымыз Абайдың нақ сүйері Әйгерімнің басында да болған еді ғой! Мұндай шындықты суреттеу үстінде ақын Айжан қыз образы арқылы екі бірдей қоғамдық мәселеге тура барады. Олар: біріншіден — әйел теңдігі, екіншіден — өнер тағдыры. Келесі мәселе жөнінде Құрманғазы мен Айжан қыздың өмір соқпақтары әлденеше жерде қиылысып жатады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Динаның өмірі-ерекше жағдай, көне дәуірдің тар қалыбына еркін сыймайтын кездейсоқ тағдыр. Айжан қыз бен Дина — дарындары деңгейлес, өмірлері әр қилы әйелдер: Айжан қыздың өмірі -жүздеген қазақ әйелінің өмірі де, Динаның өмірі — бір-ақ әйелдің, тек өзінің өмірі. Олай болса, Айжан қыз — тарихи болған адамның ғана образы емес, сұр заманның сиықсыз келбетінің суретін көрсететін жинақы образ да, Дина — жалқы образ. Ол екеуі бірінің образын бірі ашатын кейіпкерлер. Тағдыры күліп қарамаса, Дина Айжан қыздай болып қалар еді де, қолайлы бір жағдай туа қалса, Айжан қыз Динаның дәрежесіне шейін көтеріп берер еді. Заңдылық пен кездейсоқтық екі адамды екі түрлі өмір жолына салып отыр.
Поэмадағы үшінші объективті идея — халықтар достығы. Іргелес отырған ірілі-ұсақты көп ұлттардың езуші үстем табы мен олардың мүддесін қорғайтын дана қауымы болмаса, қаналған қарапайым халық әрқашан да өзара тату өмірге ұмтылады. Ұлттар достығының тамыры тым тереңде де, тарихы өте әріде жатыр. Мұндай-мұндай тарихи фактыларға көз жұмып қарауға болмайды. «Құрманғазы» дастанында үш бірдей ұлттың: орыс пен қазақтың, қазақ пен түркменнің бауырмалдық достығы әжептеуір әңгіме болған. Патша қуғынынан қашып-пысқан қазақ композиторын орыс суретшісі қанатының астына алып, паналатып жатса, өзінің соқа басы тыныштық таппай жүрген қазақ күйшісі туысқан түркмен елің тасбауыр Төремұраттың қаскөйлік шабуылынан аман алып қалады.
Осы айтылып отырған күрделі мәселелердің қай-қайсысы да өз алдарына жеке мақсат ретінде қойылмай, негізгі кейіпкердің, кемеңгер Құрманғазының тағдырына байланысты жарасымды сөз болады. Сондықтан оларды поэманың табиғи денесінен ажыратып алудың өзі қиын.
Кейбір ақындарымыз сонау әлімсақтан бері айтылып, содан бері қайталай қолданылып, қан-сөлі қалмаған оралымдар мен образдарды титтей де өзгертпестен, ойланбай пайдалана салады. Ал, оқушы деген жұртшылық ақыннан әр уақытта сонылық, тапқырлық талап етеді. «Алады- қалады», «қашады-шашады», «болады-толады» сияқты көнетоз көкжасық ұйқастармен оларды үнемі қанағаттандыра беруге болмайды. Ал, Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» поэмасынан, қолына шырақ алып іздесең де, ескі оралым, сұрықсыз сурет дегенді емге таппайсың. Жаман да болса, жаңа болсын! Ақынның девизі міне, осындай. Ол ауызға өңшең өзі келіп оп-оңай Түсіп жатқан арзан ұйқастарға бармайды да. Қалай етсе де, тың және түбірлі ұйқас табуға талпынады. Табады да. Хамиттің бұл поэмасында алманың жаңа сортындай дәмді де мәнді әдемі ұйқастар толып жүр. Бірақ сүрлеусіз жолмен жүрген сүрінеді. Оның бұл саладағы бау-бақшасы арам шөптен де ада емес. Оған көзді жұмып қарауға болмайды. Соңғы екі жолы ойдың ең ауыр салмағын көтеріп майысып тұрғанда, алдыңғы екі жолы олардың қасында істерге ісі болмай, қылжақтасып босқа тұратын шумақтар да жоқ емес. Тыныс белгісін, орфографияның бүкіл ережесін жатқа білетін адам болмаса, Хамиттің:
Байқатып ат сабылар болар шағын,
Толқын жүр айдалада: олар — сағым, —
сияқты жолдарын емірене оқып, салған жерден ұғып кете алмайды. Ежелеуге тура келеді. Бұл — ақынның өзге әдебиет өкілдерінен, әсіресе, орыс ақындарынан көргені, «үйренгені». Ақиқатын айту керек, мұндай жолдар баяғы Пушкин мен қазіргі Твардовскийде де бар. Бірақ үйренгісі келген кісіге олардың жарқын жақтары да жетеді ғой... «Пәле-жала» деудің орнына «жала-пәле», «намаз шам» деудің орнына «шам намаз» деу өнерпаздық болмаса керек. Ал, Хамит дастанында мұндай да тіркестер кездеседі. Бұлар әсем әйелдің әдемі қолына шыққан түйме — сүйел, желкесіне шыққан сыздауық — шиқан секілді. Сұлу шығарманың көрік-келбетіне аз да болса ақау салады. Әйтпесе, Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазысы» қазақ поэзиясына қосылған қабырғалы туынды. Ұлы бабаларымыз жайында жазылған көркем шығармалардың айрықша бір сәттісі. Болдым, біттім демей, кері айналып қайта қарап қойса, бұдан да гөрі әдемі, бұдан да гөрі таза туынды болмақ. Атақты ақынның он шақты жыл сарылып, сарсылып отырып жазып шыққан шомбал шығармасының бөгде кісі бірден байқай қоймайтын қат-қабат сырлары мен қилы-қилы табыс-олжалары болуы әбден мүмкін. Ұшқыр ұшақтың дыбысы өзі өтіп кеткен соң барып естіледі. «Құрманғазыға» ендігі қатал қазы уақыт болмақ. Әділ сынын сол айтар.
ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛИ, 1982 жыл