Мәңгілі Ел
Тұғыры биік, Тәуелсіз елім - Қазақстан Қазақ тарихы – XIV-XV ғасырлардағы Керей мен Жәнібектің қазақ халқының саяси бытыраңқылығын жойып, мемлекет құруынан бастау алады. Ата – бабаларымыздың төккен маңдай терінің, еткен еңбегінің арқасында бүгінге жетіп отырмыз. Бұрынғы зиялы қауым өкілдері қалың бұқараның санасын оятты, қиындыққа қарсы күрес тәжірибесін молайтты, саяси аренада қазақ елін танытты . 1986 жылы жалынды жастарымыз да тәуелсіздік жолында құрбан болып кеңестік билікке қарсы шықты. Әміршіл – әкімшіл жүйеге қарсы шыққан жастардың демократиялық қозғалысы жеңіліске ұшырағанымен, қазақ жастары нағыз жігерді, бостандықты, нағыз тәуелсіздік жолындағы күресті көрсете білді. Таусылмас күш–жігердің, сарқылмас ерліктің арқасында 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәңір сыйлаған тіуелсіздігімізге қол жеткіздік. Тәуелсіздігімізге жету үшін көзсіз ерлік жасап, өз күшімізді сарп еттік. Жас мемлекет алдында үлкен жауапкершілік тұрды. Бірақ қазақ елі аз уақыт ішінде гүлденіп, тамырын тереңге жая білді. Өсіп-өркендеу үшін тың жобалар мен ауқымды идеялар жүзеге асырылды. Қазақ елі көзді ашып жұмғанша өз еңсесін тіктеп үлгерді. Жүз отыз ұлт пен ұлыстың басын бір шаңырақ астына біріктіріп, бірлік пен ауызбіршілікте өмір сүруде. «Шешен - сөз бастайды, көсем – қол бастайды» демекші, қазақ елінің көсемі бола білген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кемелді келешегімізді ауқымды идеялармен өрнектеп, бағыт-бағдарымызды анықтап берді. Елбасымыз әр кезеңде келешекке үлкен мақсат қойып, көптеген міндеттер жүктеді. Бұл ауыр жүкті көтеру жастарға да міндеттелді. Болашаққа қадам басар алдында жастардың рөлі зор еді. «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050», «Нұрлы жол, «Болашақ» бағдарламалары ел дамуына елеулі үлес қосып, бойыңа – қуат, ойыңа – қанат бітіргендей болады. Қазірде елеулі жұмыстың нәтижесінде бүкіл әлем Қазақстанды мойындап отыр. Жаһандану заманында алпауыт елдермен іргелес, тереземіз тең, бәсекелес болып отырған жайымыз бар. Осының бәрі – «Нұр аға» деп құрметтейтін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің кемеңгер саясаты мен кемелді идеяларының арқасы. Елбасын бүкіл қазақ елі, тіпті бүкіл әлем зиялылары мойындаған. Оған дәлел – 2009 жылы Түркияның «Түркі ошақтары» қоғамдық ұйымы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Түркі әлеміне қызметі үшін» марапатымен марапаттап, Анкарада «Генчлер» саябағында ескерткіш орнатқандығы. Мәңгілік ел жолында талай тер төгіліп, асыл арманға жету мақсатында талай ұлы істер атқарылды. Бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ біліктің күшімен Мәңгі ел болудың сара жолын салып кетті. Сонау ғасырлардан бастау алған ұлы ұғым ғасырлардан – ғасырларға өтіп жаңарады. Көне түркі мұраларын, түркі тарихын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, професор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми – көпшілік тарихи журналында «Мәңгі ел түркі жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның (Елтеріс, Қапаған, Білге) кеңесшісі болған Тоныкөк негізін қалаған идея», - деп жазған. «Күлтегін» жазуын қазақ тілінің нормасына келтірген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі түркінің қасиетті жер – суы былай депті : Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халқы болсын дейін»,- деп жазған екен. Асанқайғының жерұйықты іздеуі, Қорқыттың мәңгі өмір сүру талпыныстары - «Мәңгі ел» идеясымен тығыз байланысты. Абылай ханның да жоңғарлармен жан аямай соғыс жүргізуі Мәңгі ел болудың бастамасы болып отыр. Елбасы да сол идеяны ұстанып, бар ықылас -лебізін жастарға бөледі. Жас ұрпаққа қолдау танытып, жағдай жасап отыр. Жастар – еліміздің экономикалық , мәдени және қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатыстылығы жағынан алғанда болашағы зор, қоғамның маңызды бөлшегі. Себебі құдіретті, тұғыры биік еліміздің ертеңгі бейнесі – біздің , жастардың қолында. Еліміздің бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізгенін көре отырып, Елбасы жолын биік абыроймен жалғастыруымыз керек. Тілімізді, дінімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – бізге парыз. Биік-биік белестерге жетіп, «Мәңгілік Ел» тұғырынан көрінуіміз керек . Еліміздің жастары мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырып, жаңа идеялар арқылы Қазақсанның дамуыны даңғыл жол салуымыз қажет. «Мәңгілік Ел» болып қала беруіміз үшін – жастар тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, ел дамуын қарқынды түрде жүзеге асыруы, бірлік, ынтымақ, достық деген асыл қасиеттерді бойына сіңіре білуі маңызды.
Оралбеков Бейбарыс