Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Махамбет Өтемісов шығармашылығы және тәуелсіздік идеясы

ХІХ ғасырдың бірінші жартысы, 1800-1850-ші жылдар арасын қамтыған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты зерттеу еңбегінің төртінші томында академик Сейіт Қасқабасов «махамбет Өтемісұлы» (1803-1846) атты монографиясында «Махамбет — жаңа заманның ақыны» деп жазды. Ғалым оны дәлелдеп: «Махамбет — жаңа заманның ақыны. Ол өз заманы талап еткен әдебиетті жасаушы, яғни Махамбет жаңа әдебиеттің басында тұр. Махамбеттің заманы қандай еді? Еске алайық. Бұрынғы қазақтың өз мемлекеті жоқ болатын. Халық жат жұртқа бодан болған. Ел басшылары халыққа қорған болудан қалған. Керісінше, отарлаушылармен ауыз жаласқан. Ресей тәртібі ене бастаған. Жәңгірдің жерге, салыққа, билікке қатысты енгізген «жаңалықтары» ежелгі тіршілік үрдісіне қайшы келген-ді. Ақсүйектер мен бұқараның алшақтауы күшейген еді. Отарланған елдің бұғаудан құтылу жолындағы күресі тынымсыз жүріп жатты т.б.», — дей келіп, «Махамбет өз дәуірінің тынысын, талабын дұрыс түсініп, көре білді. Сол себепті де ол әдебиетті жаңа бағытқа бұрды. Ең бастысы көркем әдебиетті хан сарайынан шығарып, бұқара ортасына әкелді. Әдебиеттің міндеті — әміршіге қызмет ету емес, қоғамға қызмет ету деп білді. Қоғамға қызмет ету — әр адамға, оның сезіміне әсер ету, оның бойында рух көтеру, сөйтіп көпшілікке ықпал ету деп түсінді. Осы себепті Махамбет әрбір сөздің қуатын, құдіретін барынша пайдаланған. Сөйтіп ол, көркем поэзияның өзіне тән табиғи функциясын қайта жандандырды, оны дамыта түсті. Екінші сөзбен айтқанда, Махамбет сөздің магиялық күшін, эмоциялық қуатын, эстетикалық әсерін күшейтіп, зор биікке көтерді», — деп қорытынды жасады, баға берді. Шынында да, бұрын Махамбет Өтемісұлының шығармашылығы Кеңес өкіметінің ұстанымына сай зерттелді. Енді ұлы ақын Махамбет жырларының құдірет күшін тану үшін, еліміз тәуелсіздік алған тұсында жаңаша зерттеп, ақынның көзқарасын, азаматтық позициясын, саяси әлеуметтік дүниетанымын жаңа бағытта айқындауымыз қажет. Бұл ұлт тәуелсіздігіміздің жаңа көрінісі, соны бағыты.

Абай мен Махамбет салыстыруға келмейтін қазақтың екі ұлы тұлғасы. Абай данышпандық ой тереңдігімен, Махамбет тәуелсіздік күрескерлік рухани рухымен ерекшеленеді. Бірақ, бір-бірін жақындастыратын жағдаяттар жоқ емес. Біріншіден Абай да, Махамбет те қазақ халқы үшін жаны ашып күрескен тұлғалар. Күрескенде ісімен де, басты қаруы жырлары арқылы да күрескен. Екіншіден, заманы бір, қоғамы бір тұлғалар.

Біздің алдымыздағы деректерге сүйенсек, қазақ халқының ұлы ақыны, философ, ағартушы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында 1845 жылы 10 тамызда дүниеге келсе, дауылпаз ақын, қазақ тәуелсіздігінің күрес-майданын бастаған ақын Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында туған.

Абайды он жасқа толғанда әкесі Құнанбай оны Семей қаласына әкеліп оқуға берген, әуелі аз уақыт татар молдасынан сауат ашқызып, кейін Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқытқызған. Бұрын жазылған деректерден белгілі болса, Махамбеттің қайда оқығаны туралы мәліметтер жоқтың қасы. Бірақ мұсылманша да, орысша да оқығандығы мұрағат деректерден анық көрінеді. 1824 жылы ішкі орданың ханы Жәңгір жиырма жасар Махамбетті өзінің баласы Зұлқарнайынмен бірге Орынборға жібергендігі кітаптарда жазылған.

Абай ақын тебіренгенде:
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргенмен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сабыр түбі — сары алтын,
Сабыр қылсаң, жайыңды
Білер ме екен бекзатым?
Көңіл аулап, сөз айтар
Арадағы тілхатым,
Ағын судай екпіндеп,
Лайы жоқ суатым,
Ауру да емес, сау да емес,
Құрыды әл-қуатым.

деп, айнала толған жұртына, қазағының әрбір адамына: Не күн туды басыңа, Күні-түні жай таппай?», «Сап, сап көңілім, сап көңілім!», «Сабыр түбі — сары алтын» тіршілікке басу айта сөйлейді. «Білер ме екен, Бекзатым... Арадағы тілқатым», «Ағын судай екпіндеп, лайы жоқ суатым» деп ақындық қуатын келеңсіз жайларға қарсы қояды. Сана қылма бекерге, дүние қояр өтерге, ажал даяр жетерге екендігін ескертеді. «Бейнет көрмей дәулет жок» екендігін, онымен бойыңа иман, дәулет, бітпейтіндігін, адалды сатсаң арамға, Құдай қабыл етпейтіндігін сарқа сөйлеп, саналы ой-пікірді алға тартып, «Сап, сап көңілім, сап көңілім!» деп түйеді.

Махамбет ақын тебіренгенде:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп,
Түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!

деп, ел-жұртына, қазағына дауылпаз жырын арнайды. Қазақ үшін, еңку-еңку жер шалмай, тебінгі тері шірімей, терлігі майдай ерімей іс бітпейтіндігін, атыңды байлап келгенде, қатын бала жат болмай, ат үстінде күн көрмей, ашаршылық шөл көрмей, киелі халқың үшін осылай күреспей, күрескенде тәуелсіздік үшін күреспей, темір қазық жастанбай, қу толағай бастанбай, бостандығың үшін күреспей, бодандыққа қарсы тойтарыс бермей, шынында да «Ерлердің ісі бітер ме?!» деп тиянақтайды.

Екі ақынның темірқазық ойы — халықтың қамы, ашынып сөйлейді, халқының кей адамдарына көңілі толмайды, ұлттық өсуді ойлайды, ойлай-ойлай қайғыға батады. Содан соң да келіп, «Ауру да емес, сау да емес, құрыды әл-қуатым» деп қазағы үшін қамығады, «Түн қатып жүріп түс қатпай, Ерлердің ісі бітер ме?!» деп ширығады.

Абайдың да, Махамбеттің де жүрегі халқым деп, ұлтым деп, қазағым деп дүрсіл қаққан...

«Кемел ақын, кемеңгер ойшыл» деген алғы сөзінде академик Зәки Ахметов:

«Абай қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлға, маңдай алды ақын екені, таңдаулы туындылары дүние жүзі поэзиясының озық үлгілерімен деңгейлес тұрғаны — білген адамға айқын шындық. Сан ғасырлық бай поэзиясы, ел қамын жоқтаған жүздеген өрен жүйрік жырау, жыршы, ақындары бар қазақ әдебиетіндегі Абай орнының ерекше болуы тегін емес.

Ұлы ақынды заман туғызады дейміз. Бұл ап-айқын, үйреншікті қағида көрінгенімен, зер салып қарастыруды қажет ететін өте күрделі мәселе. Басты мәселе — Абай халықтың түбегейлі мүддесін, арман-тілектерін қаншалықты терең ұғып-түсініп, қандай ойшылдық деңгейде, қандай көркемдік қуаттылықпен айтып жеткізе алғандығымызда. Ақын үлкен творчестволық тұлға болып қалыптасып, жетіліп, кемеліне келуі үшін тиісті қоғамдық жағдай, аса зор дарын мен даналық, үздіксіз еңбек, ізденіс — міне осылардың түйісіп келуі шарт», — деп жаза келіп, «Осы жағынан келсек, Абайдың өз шығармашылық тұлғасы жан-жақты екені бірден ойға оралады. Ондай әрі ойшыл, әрі сыршыл лирик, әрі суреткер әр қырлы дарын иесі болған кесек тұлғалы ақын сирек кездесетіні даусыз..

Абай шығармаларының мағынасын терең бойлап ұғып-түсіне алсақ, өткен заманды, елдің жайын, халықтың тағдырын, ой-арманын тани аламыз. Және сол арқылы қазіргі заманды, кешегі мен бүгінгіні, келешегімізді де бағдарлаймыз», — деп түйіндейді. Бұған Абайдың:

Әр кімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек, —

деген жырының мағынасы бүгінгі күн айтылған сөздей соны. Шынында да мәні зор тұжырым, кең мағына, терең ой. Саналы адамға, санасы биік қоғамға айтылған тұжырым.

Ал, «Ақберен ақын» деген алғы сөзінде филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев: «Ұлттық тарихтың ұлағатты есімдері қатарына ұлы Дала тағдырының жайы қолға өтуінің кезекті қанқамау дәуірімен тұстас қосылған ақын, жырау, қол бастаған батыр Махамбет Өмемісұлының есімі — қос ғасырдың қоламталы сынынан сүрінбей өтіп, бүгініміздің де бірегей тұлғалы ақберендерінің қатарында тұр. Арғы-бергі тарихты парақтап қарар болсақ, сирек те болса кездесер ғажайып тағдырлар болады. Бір басына ақындықтың үздік дарыны мен батырлықтың батпандай бағы қонған адамдар сол сирек құбылыстар қатарында. Осынау екі ұғымның ұштасуынан туған тұлғалар тұғыры — беріктігімен де, әсемдігімен де өз ортасынан оқ бойы алда жүріп отырады десек, оған куә - Махамбеттің есімі» , — деп бастап, ой-пікірін онан әрі өрбітіп: «Жалпы адамзаттың әдеби мұрасына жататын туындылар адамзаттың ұлы мұратымен аттас — Тәуелсіз бейнеге ие шығармалар.

Олардың негізгі жемісі — адами іс-әрекеттер де, негізгі мазмұны — болмыстың мәңгілік заңдылықтары» , — деп түйіндейді ғалым.

Ұлы Абайдың:

Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,
Желігіп жерге тықпас кісің бар ма?!
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің
Татуды араз, жақынды жат қыларға?
Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілге сүйек, ерінде жиек бар ма,
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін, —

деген «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» өлеңімен, ұлы Махамбеттің «Жалған дүниесі» іштей үндесіп, бір-бірін толықтырғандай әсер береді:

Қоғалы көлдер, құм, сулар
Кімдерге қоныс болмаған?
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сайғақ болмаған?
Басына жібек байлаған,
Арулар кімнен қалмаған?
Таңдап мінген тұлпарлар
Иесін қайда жауға салмаған?
Құландар ішпес бұршақ қақ,
Кімдерге шербет болмаған?
Садағына сары шіркей ұялап,
Жау іздеген ерлердің,
Қайда басы қалмаған?!

дейді. Жазылуы басқа, мақамы бөлек, көркемдік оралымдары өзгеше осы екі өлеңнің іштей үндестігі бар. Мұны талдаған ғалым З.Ахметов: «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?!» деген өлеңінде Абай өмірдің өтуі жайлы толғанады. өмір қысқа, «алдамшы», байлауы жоқ, дүние жалған, бәрі де уақытша нәрсе дегендей ұғымдардан ойшыл ақынның жасайтын түйіні адамгершілікті жоғары ұстау қажеттігі — татулық, жақынды сыйлау, кішіпейіл болу, қулық, арамдыққа бой ұрмау» / Абай 1-том, 20-бет/, — деп талдайды. Бұл ой-пікір Махамбет өлеңіне тән. Бірақ екі ақынның көркемдік шеберлігінің деңгейі қандай биік. Абай «Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма, шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін» дейді. Тілдің құдіреттілігі кейде шындықтың жүзіне де шымылдық болып, ақиқатты перделеп, көрсетпей тастайтындығы. Ал, Махамбет қоғалы көлдер, кімдерге қоныс болмағанын айта отырып, дүние жалғанын, Абай айтқандай сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма, жолдарымен Махамбет мыңның дүние кімдерден қалмаған жолдарымен үндесіп, екі ұлы дүние әрбір адамды ойға батырары анық.

Абай әділеттілікті аңсайды, әділеттіліктің ар жағында халқының бостандығы, ұлттық тәуелсіздігі көрніс беріп жатыр. Содан да ақын:

Қайрат пен ақын жол табар,
Қашқанға да қуғанға.
Әділет шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа.
Алдың — жалын, артың — мұз,
Барар едің қай жаққа? —

деп таусыла шерін ақтарады. Бұл «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі. Әділеттілік іздеген адам мақсатқа жететіндігін мегзейді. Әділеттілік жолы — ел болу, ұлт болу, жеке мемлекет болу мақсаты. Бір күнгі ішкен асыңа мәз болу — жақсылыққа бастамайды. Түпкі мақсат — әділеттікке жетіп, тәуелсіздіктің туын көтеру, сол ту арқылы — халқыңнын, ұлтыңның еңсесін көтеру. Негізгі мақсат осы.

Махамбет ақын болса:
Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қайрылмай кеткен жігіттің,
Өзін кәпір алғанын
Талам деп айтсаң болар ма? —

деп жұрты үшін қамыға жырлап жол іздейді. Қарындастың қамы үшін күресуге, майдандасуға шақырады.

Орай да борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?
Қаптай соққан боранда,
Қаптама киген тоңар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге,
Ту байласаң тұрар ма?
Ту түбіне тұлпар жығылса,
Қаппаған нәмарт оңар ма? —

деп, Махамбет толағайлы толымды ойды ел алдына тартады, ойлаған жанды толғандырады. «Орай да борай қар жауса» өлеңі Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңіндегі негізгі ойдың ұштығындай, қазақ халқы үшін бірге толғап, бірге күрсініп, бірге жырлайды. Екі ұлы ақынның жан-жүректерінің тереңде жатқан туыстығы көзге елес беріп, екеуіне де табынуға тура келеді. Қазақ үшін қос бәйтерегіміздің орны бөлек, Жұмекен ақын айтқандай Абай мен Махамбеттің бұтақтары — биік те, тамырлары — тереңде...

Абай мен Махамбет — әділет пен тәуелсіздік жыршысы. Әділеттің ар жағында — тәуелсіздік тұр, тәуелсіздіктің бер жағында — әділет тұр. Әділет пен тәуелсіздік — мәңгілік ажырамас күш, түп-тамыры бір...

Әділеттілікті өз жырларының басты темірқазығы еткен Абай ақын «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінде еліне деген жанашырлығын кеудесі қақ айырылып отырып ашына айтады:

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған —
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың, —

деп, қазақтың тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпын сынап-мінеп, ағайын жоқ нәрседен етер бұртың, оның да алған жоқ па Құдай құлқын дейді. Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын, бас-басына би болған өңкей қиқым деп кемшілікті тура айтып, бетіне басады. Бұдан әрі ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, аузымен орақ орған өңкей қыртың, жақсы менен жаманды айырмаған, екі ұртының бірі қан, бірі май боп жүрген халқына: ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың, Қалың елім, қазағым, қайран жұртым деп ғасыр биігінен ұлағатты үкім айтады, Абай хакім.

Осындай сезім жүрегін алға тартқан Махамбет ақын:

Туырлықсыз тұл үйге,
Ту байласаң, тұрар ма?
Бағаналы терек жарылса,
Бақыраш жамап болар ма?
Құдайға қарсы бұтақ біткенше,
Еменге иір бұтақ бітсейші —
Қыранға тұғыр қыларға!
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы —
Артымыздан біздердің
Ақырып теңдік сұрарға! —

дейді. Абай толғанады: «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, сапырылды байлығың баққан жылқың десе, Махамбет туырлықсыз тұл үйге ту байласаң, тұрар ма деп зарын шығарады. Айналып келгенде, халқымды қалай халық етем, елімді қалай ел етем, ұлтымды қалай биікке көтерем деген зар заманның үні. Оны тыңдайтын ұрпақ барма, оны ұғынып тыңдайтын бүгіннің баласы бар ма? Бір айналып келгенде ұрпақ тағдыры, ұлт тағдыры. Кешегінің қайғысы, бүгіннің зары, ертеңіміздің мұңы. Болашақ үшін күрес, келешек үшін майдан.

Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абайтану» мәселелеріне арқа сүйеп, оны негізге ала отырып, Махамбеттану мәселелеріне де басты темірқазық етуіміз қажет. Абай Құнанбайұлының өмірі мен ақындық еңбегіне тоқталу үшін, Абайды тудырған дәуірі, тарихи ортасы, осы кездегі қоғамдық қарым-қатынас туралы біраз кіріспе сөз айтуымыз қажет дейді М.Әуезов. Бұл орынды да. Өйткені ақынның тұлғасын ашуда, оның шығармашылығын даралауда бұл алғы шарттар болуға тиіс. Абайды тануы «Абайдың өмірбаяны», «Абайдың жас шағындағы шығармалары», «Абайдың лирикасы» тағы басқа тақырыптарға бөле отырып, талдайды. Бұл бағыт ақын Махамбет Өтемісов өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі басты бағыт болмақ.

Композитор Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» атты екі актілі төрт перделі операсының (либреттосын жазғандар Берқайыр Аманшин, Сағи Жиенбаев) «Қиыл қырғыны» прологында:

Исатай ділмар еді топтан озған
Нар еді бәйтерекке басын созған,
Ер тумас ел бағына Исатайдай
Мінезі тура еді туған айдай...

1835 жылдан басталған Исатай мен Жәңгір арасындағы текетірестің аяғы үлкен халық көтерілісіне әкелді. Нарын құмынан басталған ереуіл Жәңгірді жақтаған би, старшиндардың және Орал казак-орыс отрядтарының күшімен Жәңгірді жақтаған би, старшындардың және Орал казак-орыс отрядтарының күшімен Жайықтың Бұхар бетіне шегінеді. Тайсойған асып, Жемді сағалап, Қиылға бет алған Исатайдың қолы 1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ бойында өзінен қаруы да, саны жағынан да басым Орал казак-орыс әскерінен жеңіліске ұшырайды. Осы қырғында Исатай ұлы Оспанды Махамбетке аманат етіп, «Жан жолдасым, Махамбет, жұмыртқа үшін құс та өлер-ұяда жатқан шайқалмай, баламды бердім қолыңа, құтқара гөр» деп өтінеді. Исатайдың өлімі мен жеңіліс ақынды да, халықты да қатты күйіндіреді», — дейді. Ал енді бірінші актысында: Орда қаласы. Хан сарайы. Петербордан генерал шенін алып оралған Жәңгірді құттықтауға келген қонақтарға той. Европа салтымен жиһаздалған сарайда бай мен билер, старшындар, патша офицерлері, шенеуніктер, Орынбор, Астрахань, Өфө қалаларынан келген меймандар... Жәңгір, Фатима, Зылихалар келген қонақтарды қарсы алып, ілтипат көрсетуде. Шарапқа тойып алған полковниктер Геке, тойдың асабасы Балқы би және Махамбет ақын. Би билетіп, тостар көтеріліп, той қыза түсуде.

Фатима Жәңгірдің үлкен ұлы Зұлқарнаймен вальс билеп, рояльдің сүйемелдеуімен романс орындайды. әңгіме үстінде «Дүниенің қызығы неде?» деген Жәңгірдің сауалына әркім әрқилы жауап береді. Сөз арасында Балқы Исатайдың тойға келмегенін басып айтып, жік салады. Ашуға булыққан хан «Халыққа қаншама жақсылық жасасаң да, кері тартпа керанау арда қазақсыңдар» деп өшін Зылихадан алардай зілді сөздер айтады. Намысшыл, жалынды Махамбет қана ханға тік сөйлеп, сөз қайтарады да, тойды тастап кетіп қалады.

Есін жиған Геке Жәңгірді Махамбетпен бекер егестің деп сөгеді», делінеді. Бұл бір шағын баяндаулары Махамбет өмірінен аз болса да хабар береді.

Ереуіл туы жығылып, жігері құм болған Махамбеттің соңына орыс отаршылары мен халық мүддесін сатқан би-сұлтандар шам алып түседі. Жәңгір хан аңға шығады. Махамбет хан нөкерлерінің қолына түсіп қалады. Жәңгір мен Махамбет өздерінің көзқарастарын ашық айтып, ұзақ сөзтартыстан кейін Жәңгір батырды жөніне жібереді.

Ханның Балқы, Геке сияқты жандайшаптары жіберген жауыздардың қолынан елім деп еңіреген есіл ер қаза табады.

Ат жігіттің майданы,
Қылыш-жанның дәрмені,
Өлім-хақтың пәрмені
Атақты ермен бірге өлсе
Жігіттің болмас арманы...

Бұл өзі «Махамбет» операсының төртінші, ақырғы көрінісі. Яғни финалы. Осындағы «Орыс отаршылары мен халық мүддесін сатқан би-сұлтандар» деген сөздің жаны бар. Өйткені, Махамбет хан болғаны үшін қасарысып жүрген жоқ, би-сұлтан болғаны үшін бойын аулақ салып жүрген жоқ. Сол орыс отаршыларының қол-шоқпары болғаны үшін, соларға құлдық ұрып, халқын, жұртын ойламағаны үшін күресіп, түпкі ойы — ұлт тәуелсіздігінің қамы үшін басын оққа тіккен адам. Ұлттың ұлы Махамбеті болатындығы да сондықтан.

Махамбет Өтемісовке де, Абай Құнанбаевқа да қатысты бір деректі келтірсек артық болмайды. Сәбит Мұқанов «Таңдамалы шығармаларының» он бесінші томында тарихи-этнографиялық шолу жасай отырып, мынадай ойды алға тартады: «Арғы тегі біздің жыл санауымызға дейінге сактарға, гүндерге ұштасатын қазақтардың мәдениеті, мыңдаған жылдар бойына сараң, шабан өркендеп келгені мәлім. Оған бұдан екі жарым мың жыл бұрын біздің елге саяхат жасап келген грек тарихшысы Геродоттың @ , қытай, Рим саяхатшыларының, соңғы мың жылдың алды-артында біздің далаға жолаушылап келген румның /Византия/, арабтың, иранның, тағы басқалардың қалдырған жазуларына қарағанда, бұрынғы сак, массағат, гун, сармат аталатын көшпенділердің тұрмысынан қазақтардың тұрмыс айырмашылығы аз болғандығы мәлім.

XV ғасырдың аяғында, XV1 ғасырдың басында өмір сүрген және дүние жүзіне әйгілі «Тарихи Рашиди» кітабының авторы Мұхаммед Хайдар Дулати өз тұсындағы көшпенділердің өмірін сипаттағанда: «Біз далалық тұрғындармыз. Бізде таңданарлық ерекше қымбат нәрселер жоқ. Біздің бар байлығымыз — жылқы. Оның еті — азығымыз, терісі — киіміміз. Біз үшін татымды сусын — жылқы сүтінен жасалатын қымыз. Біздің жерімізде бау-бақша да, қысқы, жылы үйлер де жоқ. Біздің көрер қызығымыз мал бағу ғана», — дейді.

1. Геродот — біздің жыл санауымыздан төрт жарым ғасыр бұрын өмір сүрген, өз заманында «тарихшылардың атасы» аталған грек ғалымы. Оның тоғыз кітаптан құралған тарихы, біздің дәуірден бұрынғы мың жылдың ішінде Орта теңіз төңірегіндегі және парсы мен Эллан /Греция/ арасында болып, көп жылға созылған соғысты баяндайды.

2. Мұхаммед-Хайдар Дулати /1499-1551 қазақтың Дулат руынан шыққан ғалым. Ол білімді Бұхара медресесінен алып, кейіннен Самарқанның Көкорда аталатын хандарының ханы Рашидтің бас уәзірі қызметін атқарған. Сонымен қатар «Тарихи-Рашиди» деп аталатын көлемді ғылыми еңбек жазған. Ол еңбек екіге бөлінеді: бірінде — Рашид хандығының тарихы туралы баяндалады да, екіншісі — Мұхаммед-Хайдардың ата-бабасын және өз өмірін сипаттайтын мемуары.

Бұл арқылы қазақ деген халықтың тұрмысы — көшпелілік, бағатыны — мал, мәдениет дәрежесі халқының жүзден тоқсан сегіз пайызы сауатсыз, ұлттық баспасөзі, мектебі т.т. жоқ, артта қалған ел болғанын айтпақ Сәбит Мұқанов, кеңес өкіметінің алып берген теңдігін айту үшін келтірген. Қалай десек те, мұнда шындық жоқ деуге болмайды. Бірақ, асыра сілтеушілік заманда тек осылай айтылу үрдіс еді. Қазіргі Тәуелсіздік алған ұрпақ мұны оқыса жағасын ұстап сенбес еді.

Солай десек те, Сәбит Мұқанов «Жазба әдебиеті белестері» атты зерттеу мақаласында: «Алтын орда» деген Еділ бойында ХШ ғасырдан бастап құрылған әкімшілік өлкесіндегі халықтардың ішінде, татардан соңғы ең молы қазақ рулары болғанға ұқсайды. Оған келтірілетін ең сенімді дәлелдің бірі, осы орданың алғашқы ханы — Шыңғысұлы Жошыхан өлігінің қазақтың Ұлытау аталатын мекенде жерленуі.

«Алтын Орда» хандарынан исламды бірінші болып қабылдаған — Жошының /1273/ жылы өлген/ баласы Береке /Береке — 1286 жылы өлген/ хан. Одан кейін бұл дінді Еділ бойына, Орта Азияға, Кавказдың кейбір халқына, қазақ даласына кеңінен таратқан Өзбекхан /1263 жылы өлген/.

«Алтын орданың» соңғы ханы Тоқтамыс шамамен 1300-1406 жылдары арасында жасаған. Шоқан Уәлихановтың зерттеуінде Тоқтамыс бұйрық-жарлықтарын көне түркі тілінде араб әрпімен жазған.

Ал, «Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904)» зерттеуінде: «Құнанбай діншіл адам болған. Ол сол кезге дейін көшпелі қазақ ауылдарының арасына біртіндеп тарап келген мұсылман дінінің ықпалын күшейтуге тырысқан, намаз оқитын, ораза тұтқызу, дәулетті адамдарға зекет төлету сияқты дін шарттарын өзіне бағыныштыларға күшпен таратпақ болған. Осы мақсатпен Орта Азияның діндар қожаларын, татар молдаларын қарамағындағы ауылдарға таратып, олардың балаларын міндетті түрде мұсылманша оқыттырады. Сондай қожа-молдаларды өз ауылында да ұстап, өз балаларын, олардың ішінде Абайды Ғабитхан есімді татар молдасына сабаққа берген.

Молдадан үш-төрт жыл оқыған Абайдың сабаққа зеректігі байқалған соң, әкесі Семей қаласындағы мұсылман имамы Ахмет Ризаның медресесіне апарып оқуға орналастырады. Ол — «мүтәкәллимин» аталатын дін сабақтарына тарих, поззия, матиматика, философия, дүниелік білім салаларын қоса оқытуды қажет деп тапқан ағымның өкілі болады», — деп жазады. Бұл Кеңес кезінде кертарпалық болып саналса, ал бүгінгі Тәуелсіз ел үшін құнды дерек. Сол сияқты Махамбет Өтемісов туралы құнды деректер бар.

Ғалым Қажым Жұмалиев «Махамбет» /1804-1946 жж/ атты монография жазды. Бұл Махамбеттану ғылымының бастау көзі еді. 1948 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясынан жарық көрген бұл кітабының кіріспесінде, ғалым:

«Махамбет Өтеміс ұлы қазақ халқының Х1Х ғасыр бас кезіндегі ірі ақындарымыздың бірі, Махамбеттің өлеңдері шаруалар күресімен байланысты. Бұл күрес кәдімгі қазақтың қалың еңбекшілерінің ішкі, тысқы қанаушыларына қарсы көтерілген Исатай Тайман ұлының бастаған көтерілісі болатын.

Исатайдың әрі жан досы, әрі ақылгөй дем берушісі, жалынды ақын Махамбет осы ұлы көтеріліске бастан аяқ қатысқан адам. Ол жай ғана қатысып қойған жоқ, тарихта мәні зор сол күрделі қозғалыстың ұйымдастырушысы және көсемінің бірі болды. Сондықтан да мұны кейде Исатай мен Махамбеттің көтерілісі деп атап кеткен, — деп жазады.

Абайтану мәселелерін ғылыми айналымға алғаш тартып, ғылыми талдау жасаған Мұхтар Әуезов «Махамбет» /1803-1845жж/ туралы монографиялық зерттеу еңбегінде: Өтемісұлы Махамбет Исатай қозғалысының, ең ірі адамының бірі, Исатайдың нағыз қанды көйлек жолдасы еді.

Туысы Беріш руынан. Атасы - Өтеміс. Оның атасы — Құлмәлі. Мәлі деген, қазаққа бір соғыста қолға түскен тұтқын екен.

Беріш ішінде Тумас дегендер еншілес, туысқан ғып әкеткен. Мәлі тұқымы өздерін парсы патшасы Нәдіршенің нәсіліміз дейді екен.

Құлмәлі кейін өсіп бір бөлек ел болған. Орныққан мекені: Гурьев уйезі, Тайсойған деген жер.

Қазақ іші Құлмәлі тұқымынан би де, батыр да, шешен де шыққан деп, бұлардың түбін затты десетін болса керек.

Өтеміс Айшуақ, Бөкей деген Кіші жүз хандарының тұсында қабырғалы би атанған,- деп талдайды. Асылында, Мұхтар Әуезов Махамбет Өтемісов шығармашылығын терең де, жан-жақты зерттеуге ден қойғандығы көрінеді. Өйткені, Махамбеттану мәселелері жөнінде, қалай зерттеу керек, нені алға мақсат етіп қою керек, жалпы Махамбеттің әдебиеттегі орны қандай, қандай тұлғалы ақын, осы төңірегінде жоба-жоспар жасап оған ерекше зейін қойған. Бірақ уақыт деген патша ойға алғаныңның бәрін үлгірте ме? Сондықтан, Мұхаң ұлы Абайдың өзін зерттеуді толық аяқталмай кетті. Уақыт, заман, дәуір, қоғам, саясат оған мұрсат бермеді. Дегенмен де, Махамбеттану мәселелеріне үлкен жол салып кеткен ғұлама ғалым.

Махамбетті талай-талай ұлы тұлғалар зерттеуге шынайы берілсе де, оның саяси тағдырын қалай зерттеп, қай бағытта саралауға көп ойланды. Өйткені, Махамбет жырлары уақыт ағымына сыймайтын, дәуірдің маңдайына қонған ұлағатты да, күрескер туындылар еді. Сол күрескер ақын екенін іштей сезіп, ол туралы монография жазған алып тұлғалардың бірі — Сәбит Мұқанов. Сәбең «Махамбет Өтемісұлы» /1803-1845/ атты зерттеу еңбегінде: 1801 жылдан бастап Күнбатыс Қазақстанда, Еділ мен Жайық өзенінің арасында құрылған «Бөкей ордасы» туралы, оны басқарған хандар: Бөкей, Сығай, Жәңгір үшеуінің патша үкіметіне қалай сатуы туралы, патша үкіметінің оларға қандай қадір-құрмет көрсетуі туралы жоғарыда айтылды.

Патша үкіметінің өз қолында — губернатор Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, военное училищеден монархистық рух алып шыққан Жәңгір ханды, патша үкіметі орыс князьдарының дәрежесінде ұстанғанын, Жәңгір «қазақы» хандардай емес, Россия патшасының салтанатымен тұруға тырысқанын, сондықтан оның халықты қанауы өте өктем болғандығын да жоғарыда біраз баяндадық, — деп бастап, Х1Х ғасырда халықтың бостандығы үшін күресін сипаттайтын поэзияда Махамбет жырларының орны ерекше. Ең алдымен, Х1Х ғасырда халық көтерілісіне найза мен қаламын бірдей белсене жұмсаған ақын жоқ деуге болады, көтерілісті жырлаушы өзге ақындардан, мұндай әрі істің, әрі сөздің қажымас қайратын әзірге кездестірмейміз, өзге ақындар ең жақсы дегенде көтерілістің жыршысы ғана».

Бұдан әрі, екінші дейді, Сәбит Мұқанов: Исатай — Махамбет көтерілісі, әрине, саяси программасыз, халықтың стихиялық күресінің бірі, сондықтан Махамбет жырларында да айқын саяси программа жоқ. Сонда да Махамбет жырларының ерекше қасиеті, стихиялық күрес ұштаса, шиеленісе кеп, саяси саналы күреске соғатынын дәлелдейді, — деп жазды. Саяси сапалы күреске соғатынын дәлелдейді деуінде үлкен мән бар. Бұл шынында да саяси саналы күрес еді. Саналы саяси күрес болатыны, Махамбет қазақ хан-сұлтандарына қарсы емес, орыс империясының құлдығында болып, орыс бодандығына айналған хан-сұлтандарға қарсылық.

Үшінші дейді, Сәбит Мұқанов: Үшінші — әрине, Махамбет жырларында, Махамбеттен бұрын жасаған ақындардың Махамбеттен бұрын жасаған батырлар туралы, олардың қайраттары туралы айтылған жырлардан кездесетіндері бар, мәселен, Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан қайраты Едіге батырдың Тоқтамыс ханға айтқан қайратымен бір сарындас, жолына жолы, сөзіне сөзі дәл келеді. Бұдан Махамбеттің ақындығы төмендемейді, Махамбет бұрынғылардан алды деген қорытынды жасауға болмайды. Жалғыз Махамбет емес, ауыз әдебиет ақындарында өзінен бұрынғы ақындар жырынан өз жырларына, ретіне қарай, кесектеп пайдалану аз кездеспейді. Бұл әдет Бұқарда да, Дулатта да, Шортанбайда да, басқаларда да бар,- деп жазады. Бұл жерде, Сәбит Мұқановтың кейбір пікірлеріне қосылмай, қарсы келіп, кемшін ойларын ортаға салуға болады. Біріншіден, бұл «әдет» емес, екіншіден жіті көзбен қарап, ғылыми тұрғыда таразыласақ Махамбет жырлары Бұхардың да, Дулаттың да, Шортанбайдың да өлеңдерінен, тіпті, басқаша — Бұхар да өз алдына, Дулат та өз алдына, Шортанбай да өз алдына, ал Махамбет тіпте басқаша бағыттағы ақын. Бір-біріне ұқсамайтын ұлы тұлғалар.

Халел Досмұхамедұлы «Махамбет батыр» деген жазбасында: Исатайдың жолдастарын, оның ішіндегі Махамбет секілді бастықтарын ұста деген өкіметтің қатты бұйрығы шыққан. Махамбет ел ішінде жүре алмайтын болған. Махамбет ақыры ұсталатынына көзі жеткен соң Байұлының адамдары басы Үбі, Байнақ дегендер болып Махамбетті зорлап Баймағамбет сұлтанға алып барады. Баймағамбеттен өкіметке ұстап бермейтін қылып, ел ішінде жүре беруге рұқсат алып береді. Билердің сөзін қабылдаған соң, Баймағамбет батырды үйіне шақырып танысады. Батыр үйге қару-жарағын тастамай кіреді. Баймағамбет батырдан «Бір-екі ауыз өлең айтыңыз» деп өтініш қылады. «Менің сөзім сізге жақпас» деп батыр айта қоймайды. Баймағамбет қайта-қайта өтініш қылады. Сонда Махамбет Исатайды жоқтап, Байекені боқтап, белгілі өлеңін айтады, — деп жазды. Баймағамбет сұлтанның жас жандайшаптары ашуға басып, Махамбетке тап бергенде, Сұлтан төрелігін жасап, оларды тоқтатып: «Бұлай айтпаса Махамбет батыр бола ма, батырдың сөзін көтермесем мен хан болам ба», — деген екен. Бұдан әрі Халел Досмұхамедұлы: Махамбет Оралдағы туыстарының арасында жүреді. Өкіметке, хандарға қарсы елді азғыруын қоймаса керек. Бір күні үйіне бір бөлек адам мен досы Ықылас деген кісі келеді.Қонақ болып отырып Ықылас Махамбеттің өз қылышымен басын кесіп алады. Ықыластың руы тама, жаба бөлімінен, тұқымдары осы күні Орал уезінде Бөрілі болысында. Ықыласты азғырып өлтіруге жұмсаған Баймағамбет деп айтады-мыс. Батырдың басын апарып бергенде Байеке Ықыласқа айтыпты-мыс: «Өлтір деп жіберген жоқ едім, тірілей ұстап әкел деп едім, басын алып кет», — деп әмірлік жасаған екен. Қалай десек те, Махамбет арқылы Баймағамбет сұлтан арқылы Махамбет те үлкен оқиғаға айналып, ұлы тарихқа енген ақын.

Жазушы Сәкен Жүнісов «Қаройдағы соңғы күн» атты киноповесінде Махамбеттің үнін беріп, «Мен түсімде, бұрын айтпаған, бірақ көңілінде жүретін бір өлеңді келтіреді:

«Әуелі Каспий телегей,
Ағыл да тегіл теңіздей,
Еділ мен Жайық бойындай,
Суалмай ағар сел болдық.
Етек-жеңі кең болдық.
Бөкейлік тұтас ел болдық.
Жүре келе бөлініп,
Бұрынғыдан кем болдық.
Бірте-бірте соңынан
Білтеленіп сөгіліп,
Бір-бірімен соғысқан
Сатыр да сұтыр сең болдық.
Дариға-ай, шіркін, ақыры
Батыстан соққан бетке ұрып,
Терістен соққан көтке ұрып,
Жат жерлік желге жем болдық.
Мүжіліп, кеміп, желініп,
Ақырет кебін сүйреткен
Аядай көрде жалаңбұт
Хан мен Қара тең болдық.
Сонымен, кәне, не болдық?!
Сонымен, қазақ, не болдық?»
Бұдан соң бәрі қосылып:
«Ақырет көрде жалаңбұт
Хан мен Қара тең болдық» —

деп жазады. Киноповестің финалында: «Кішкентай» сияқты күйдің финалында, қаңқалардың фонында Махамбеттің өлең жолдары титрда жазыла бастайды:

Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік,
Теңдікті, малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік.
Со секілді асқан қайраттан
Ойлашы, қане, не таптық?!
Ойлашы, ұрпақ, ойлашы,
Ой түбіне бойлашы, —

деп аяқтайды. Жәңгір хан болсын, Баймағамбет сұлтан болсын, Исатай батыр болсын, Махамбет ақын болсын бәрінің ортақ қайғысы: Елді ел ету, халықты халық ету, жұртты жұрт ету. Қазақ халқын сақтау, ұлтты сақтау. Қазақты болашақ ұрпаққа аманат етіп тапсыру. Азат ету. Тәуелсіздік үшін күрес. Бірақ, әрқайсысының күрес жолы әртүрлі, әрқилы. Кейде бір-бірін түсінеді, кейде бір-біріне қарама-қайшылықта келеді. Қалай дегенмен де әрқайсысының тарихтағы орнын, әрқайсысының тарихта жіберген кемшілігін аражігін ажырата отырып, әділ бағасын беруіміз керек. Сол үшін де терең де, жан-жақты зерттеу — біздің парызымыз, болашақ ұрпақтың борышы. Парасатты пайымдау, байсалдылықпен тарих таразысында өлшеу — бүгін мен ертеңнің ісі, болашақ пен келешектің еншісінде. Бұл бір түбі терең жатқан шындық пен ақиқаттар.

Ақын Мұхтар Шаханұлы да «Махамбеттің соңғы сөзі» деген өлеңінде:

Мен түсімде зорлық көрдім,
Қорлық көрдім ғаламат
Бір таныс қол соғып өтті әлдекімді паналап,
Зұлымдықтың жасырынып келетіні жаман-ақ,
Иығымнан ұшқан басым көкірегімнен домалап,
Бара жатты атамекен Ақжайықты жағалап,
Жүрегімнен аққан қанға боялыпты бар алап.
Жә, бұл түсім тегін емес мына сойқан заманда
Тіршілікпен қоштасар сәт жетті-ау деймін маған да.
Қоштасар сәт жетті-ау деймін, туған елім,еңселім?!
Бостандыққа шақырып ем, —

деп жырлай келе, терең ақындық пайыммен түйіндейді:

Туған елім,
Құдіретімсің аңсаған,
Алдан жарқын күн шыққанша
Кескініңді көрмейінші шаршаған,
Пасық ойлар тұншыққанша,
Дулығаны қақ жарып гүл шыққанша
Жер астынан қарап жатам мен саған.

Махамбет Өтемісов қалай айтсақ та, қандай қарыммен құлашымызды жайып айтсақ та, тау шыңындай, аспан кіндігіндей, жердің тұңғиық тереңіндей қол жеткізбес тұлға. Махамбеттің басты тұлға болуы — бостандық үшін күрес, ұлттың тәуелсіздік үшін күрестің басында тұрған, семсер-қылыштай, өткір алмастай батыр да, ақын да, азамат та болған ұлттық ұлы тұлға.

«Ақырғы айқас немесе Махамбеттің өлімі» атты мақаласында, ақын Мақсұт Неталиев: «Исатай — Махамбет! Бұл сөз ел жадында баяғыда-ақ жатталып, афоризмге айналып кеткелі қашан! Бірінен-бірі ажырамас қос тұлға! Исатайсыз — Махамбет, Махамбетсіз — Исатай жоқ!

«Исатай — басшы, мен — қосшы» деп ақынның өзі айтқандай, елі үшін еңіреп туған екі тарлан бөрінің есімдері қазақ тарихының ерлік тарихында да бір-бірінен ажырамай, тұтас жазылады және тұтас оқылады: Исатай — Махамбет! — деп жазып, ойын былай түйіндейді: Исатай — Махамбет! Бұл егіз есім мәңгілік ел жадында сақталып қалды. 1991 жылы Исатай Тайманұлының туғанына 200 жыл толуын тойлаған Тәуелсіз ел енді жыр сұңқары — қайсар ақын Махамбет Өтемісұлының 200 жыл толатын мерейтойын ЮНЕСКО-ның қолдауымен атап өткелі отыр. Ол да Абай сынды бүкіл қазақ халқының абыройы!»

Шынында да Махамбет Өтемісұлы Абай-сынды бүкіл қазақ халқының абыройы болуымен бірге, Ахмет Байтұрсынов айтқандай Абай әдебиетіміздің бас ақыны болса, Махамбет — ұлттық Тәуелсіздігіміздің бас ақыны. Мен бұл ойды М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінде дәл осы ойды ғылыми кеңес мүшелерінің алдына тартқанмын. Академиктер Серік Қирабаев, Сейіт Қасқабасов бастаған ғалымдар Шериаздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Сара Күзембаева, Айгүл Ісмақова, Бақытжан Әзімбаева, Серікқазы Қорабаев, Ислам Жеменей-сынды ғалымдар қостады. Қазіргі ұлттық тәуелсіздігіміздің бас ақыны — Махамбет Өтемісұлы десек қателеспейміз. Бұл Махамбет үшін берілген артық та, кем де баға емес. Махамбет Өтемісұлы бұл атаққа лайық тұлға.

Зерттеуші ғалым Мүсілім Базарбаев өзінің «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» атты монографиясында: Поэзия — әдебиеттің көне саласы, бірақ жасаған сайын жасара түсетін жанды саласы. Ең тұңғыш өлеңді, немесе оны шығарған алғаш ақынды ешкім де іздеп таба алмас! Поэзия тарихы ескі тарих. Көне Египет пен Эллада, Рим, Аравия, поэзия жұлдызы таймаған Фарсы мен Түрік жері... Қытай мен Жапония шайырлары өз алдына...

Өлең — ұрпақтан ұрпаққа көшіп, талай заманды, талай жанды таң қалдырып келе жатқан аса биік, парасат көзі, — деп жазады. Сол парасат көзі — Абай мен Махамбет. Бұдан соң ғалым өз ойын өрбітіп: Әр заман поэзиясының өзіне лайық күйі бар, өзіне лайық үні бар. Адам баласының бүкіл тарих бойына ілгері өсіп дамуы қаншалықты тынымсыз, толассыз жүріп жатқан процесс болса, көркем бейне жүйесімен ойлау, дүниені образбен танып баяндау, суреттеу өнері де тоқтаусыз дамып, жаңаланып, жақсарып келе жатқан құбылыс. Қоғамдық сананың бір түрі ретінде көркем әдебиет қай ғасырда болса да, сол заманғы адамдардың бір-біріне деген қатынасын, ой-арманын, дүние танымын байқатпақ. Соның ішінде поэзияның ғана құдіреті келетін, тек өлең ғана айта алатын тебіреніс бар. Ол — заман күйі, тіршілік еткен жанның мұңы мен зары, ішкі ой-сезімі, арманы, күйініші мен қуанышы, — деп жазады. Поэзия тым көне, тым ескі екені рас. Поэзияны Абай мен Махамбет бастамағаны ежелден белгілі ақиқат. Бірақ Абай да, Махамбет те жаңа дәуірдің поэзиясын бастап берді. Ол — ұлт бостандығы, ұлт тәуелсіздігі. Қазақ халқы үшін күрес. Ұлттық дәстүрмен бастап, жаңашылдыққа жол ашқан тұлғалар Леонардо да Винчидің: «көркемсурет — тілсіз поэзия, ал поэзия — көрінбейтін көркемсурет екенін жанымен де, жүрегімен де ұғынған ақындар. Шынында да, ғалым айтқандай әрбір қозғалыстағы өсу, өну үстіндегі тірі организм сияқты әдебиет пен көркемөнер жайын зерттегенде оның өткені мен қазіргісін, болашағын яғни бүкіл даму эволюциясын толық алып қарап, зерттеу, оған әділ баға беру — уақыт үстемдігі.

Еліміздің тәуелсіздік алуынан бергі дәуірде жазған еңбектерін іріктеп, «Тәуелсіздік өрісі» атты екі томдығын жариялаған академик Серік Қирабаев «Абайтану ғылымының бел-белестері» атты зерттеу еңбегінде: «Абайтану — Қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген өнімді саласының бірі. Ақын шығармаларының алғаш баспасөз бетінде жарық көріп, оқырман жүрегіне жол табуынан бастасақ, оның бүгін жүз жылдан астам тарихы бар. Абай өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми мәні бар алғашқы ой-пікірдің жарық көруі де осы ғасырдың бас кезінен басталады. Бірақ Абайдың алғашқы зерттеушілердің аты-жөні мен еңбектері соңғы кезге дейін жабық саналып, Абайтанудың алғашқы кезеңі ақтаңдақ күйінде қалып келді. Тек еліміздің тәуелсіздік алуы жағдайында ғана бұл мәселені ашық әңгімелеуге мүмкіндік туды, — деп жазды. Абайтану ғылымы-сынды Махамбеттану ілімі де Тәуелсіздік кезеңде жаңа мазмұнға лайық зерттелуі керек.

Филология ғылымдарының докторы, академик Сейіт Қасқабасов «Алтын жылға» атты кітабындағы «Бәйтерек» деген зерттеу еңбегінде: «Әлем халықтарының мифологиясында космостың моделі екі түрлі болып келеді. Бірі — вертикальді де, екіншісі — горизонтальді құрылым. Осының екеуі де қазақ мифологиясында бар. Горизонтальді модельдің көрінісін дүниенің төрт бұрышын кезген Қорқыт туралы әпсанадан табамыз. Өлімнен құтылу үшін батысқа да, шығысқа да, оңтүстікке де, солтүстікке де барған Қорқыт барлық жерде өзіне қазылып жатқан көрді көріп, ең соңында Сырдарияның қақ ортасына келіп, тыным табады. Сырдария өзені бұл жерде — космостың кіндігі болып көрсетіледі де, жартылай горизонтальді, жартылай вертикальді модельдің бейнесі ретінде суреттеледі. Ежелгі мифологиялық ұғым бойынша үлкен өзендер — космос болып қабылданады, олардың басы — жоғарғы әлем, ортасы — ортаңғы әлем, аяғы — төменгі әлем. Міне, Қорқыттың Сырдарияның қақ ортасына келу себебі осы», — деп түйеді. Мұндай үш әлем туралы мифологиялық түсініктің сақталғаны жөнінде Шоқан Уәлиханов жазғанын айта келіп, бүкіл космостың тағдыры осы ағашпен байланыстырылады дейді. Ол ағаш — Бәйтерек. Біздің қазақ елінің тәуелсіздігі де — Бәйтерек символына айналған. Қазақтың ұлт болуы үшін, елдермен терезесі тең ел болуы үшін күрескен қос ақынымыз — Абай мен Махамбет. Мұнаралары бірінен бірі биік болу үшін дүниеге келмеген, бірін-бірі толықтыру үшін халқына бойындағы бар асыл қазынасын беріп өткен қос бәйтерек! Біз сол қос бәйтеректердің жапырақтарымыз, терең тартқан тамырларымыз.

Академик Зейнолла Қабдолов өзінің «Арна» атты ғылыми зерттеу, әдеби сын және еркін эсселерінің жинағында: Әуезовше айтқанда, такаппар таланттардың бірі Ғабит Мүсірепов өзі былай деді: «Абай! Романын неше рет қайталап оқысам — сонша, әрдәйім жаңа бір көркемдік, бұрын оқығанда байқалмай кеткен тереңдік табам», — дейді. Абай мен Махамбет өлеңдерін қайталап оқыған сайын, тылсым дүниедей ойыңды жаңғыртып, жаңа бір жаңалықты табасың. Керемет те, ғажайып теңеулердің мәнін ашасың. Құпия дүниенің ішіне еніп, саналуан ойға жол тартасың. Қос ақынның ғажаптығы да осында.

Осындай құпия сырды сезінген ғалым: Абай секілді, Махамбеттің де асқан ақындық шеберлігі шындықты — затты, құбылысты — алдымен өзі образ арқылы түйсініп, көріп, танып, содан соң өзгелерге образы арқылы түйсіндіріп, көрсетіп, танытуында жатыр.

«Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай...»

Не деген ақындық күш, қуат: Александр Блок айтқандай, қас пен көздің арасында «хаос гармонияға көшіп», күллі қимыл мен құбылыс оп-оңай бір ырғаққа түсіп, тіршілік тыпырши қалған жоқ па? — деп түйеді. Бұл дейді ғалым: «Тұманды теңіз шетіндегі шамшырақтай жарқырап тұрған бағыт-бағдары ; идеялық негізде жатқан үзілмес арқауы; найзағайдай шатырлап тұрған айбынды да айдынды рухы!.. Осы өлеңді оқығанда біздің көз алдымызға, қолында айға шағылысқан ақ найза, тақымында «елбең-елбең жүгірген» жүйрік ат, бұлың-бұлың бозала түнде боз адырдан «еңку-еңку» еңіске қарай ереуілдеп құлай берген ер Махамбет келеді», — дей келіп, акдемик Зейнолла Қабдолов сыншы ретінде де, ғалым ретінде де, әдебиетші ретінде, ғылыми тұжырым жасайды. Бұл тұжырым қортындыны Абай мен Махамбет шығармаларының басына үлкен әріппен жазып қоятын, жазып қойғанда таспен қашап, тау биігіне іліп қоярдай сөз айта білген. Ұлы жүректі Қабдолов: «Махамбеттің әр сөзі — құйылған құрыш, қорытылған қорғасын. Оны өңдеп-жөндеймін деп жасытпау керек, — дей келіп, — Махамбет пен Абайға редакция жүрмейді!, — деп түйеді. Бұл қайталанбас ұлағатты сөз, ұлы сөз!

Ғұлама ғалым Қажым Жұмалиевтың 1948 жылы жарық көрген «Махамбет /1804-1846 ж.ж./» атты зерттеу еңбегінде: «Махамбет поэзиясы өзінің жанр жағынан да зерттеушілердің айрықша көңілін аударуға тиіс. Оның кейбір өлеңдерін лиро-эпикалық түрге жатқызуға болады. Ол өлеңдерінде ақын өмір құбылыстарын Исатай бастаған шаруалар көтерілісімен байланысты тарихи шындық, өз қалпында суреттелсе, сонымен қатар оған өзінің көзқарасын, қатысын, ол жағдайды өзінің қалай сезінуінде көрсетеді.

Лирикалық сезінуге бөлене отырып оқиғаны баяндау лиро-эпикалық жырларға тән нәрсе екендігі кімгеде болса мәлім», — деп тұжырымдайды. Ғалым өз ойын дамытып, Махамбет жырларының бір саласын лиро-эпикалық түрге де жатқызады.

Махамбеттің тәуелсіздік үшін атсалысқан жырларын зерттей отырып, Махамбеттен бұрынғы ақындар қалай жырлады деген сауал көлденең туып, ол ақындарды да зерттеп, біршама қарап шығуға тура келді. Өткенді айтпай бүгінге баға беру мүмкін емес. Өткенді өлшемей бүгінгіні таразылау — екі ұшты ұғым тудыратыны анық. Сондықтан өткенге барлау жасап, зерттеу еңбегімізге енгіздік. Бұл да Махамбет ақынның Тәуелсіздік жолындағы ерекше біртуар ақын екендігін дәлелдей түссе керек.

Тәуелсіздік деген сөз — құдіретті де, киелі сөз. Адам — табиғаттың тәуелсіз жаратылысы, Тәңірдің құлы. Тәуелсіздік деген сөздің тууына себепкер адам мен адам арасындағы күрестен басталған. Бірінен бірі басым түсу, бір елдің бір елге тізесін батыру сияқты әділетсіздіктен Тәуелсіздік деген ұғым дүниге келген. Адам өзін өзі қорғау үшін, әрбір ұлт, әрбір ел, әрбір мемлекет бостандықта ғұмыр кешу үшін тәуелсіздік атты қасиетті ұғымға мойынұсынған. Сол тәуелсіздік үшін адамзат баласы саналы түрде күресумен келеді. Бірде жеңеді, бірде жеңіледі, теке тірескен мәңгілік күрес.

Сол күрестің басын, арыға бармай-ақ ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастауды жөн көрдік. Бұл кезеңнен бастауға толық негіз бар. Поэзияны ту етіп күресудің басы қазақ даласында ақын Махамбет Өтемісұлының құдіретті рухынан басталады десек, қателеспеген болар едік. Оның алдындағы шамамен біздің заманнан бұрын 2-мың жылдықтың соңы — біздің заманнан бұрынғы 1-мың жылдықтың бас кезіндегі Заратуштра десек, ол осыдан шамамен 30 ғасырдай бұрын Еділдің шығысындағы ұлы Тұран жерінде, мал баққан спитама жұртында киіз туырлықты көшпелі Поуру шаспанның отбасында дүниеге келген, адамзат тарихындағы тұңғыш пайғамбар ақын. Ол отыз жасында әлемді, жаратқан жалғыз ие — Ахура-Мазда Құдайдың аян беруімен асқан ақыл-білім иесіне айналып, Құдай аузынан естіген ұлы шындықты жұртқа жеткізбек болады деп жазады деректерде. Заратуштраның діни уағыздары, өлеңмен айтылған дұғалары өзінен кейін бірнеше ғасырдан соң ғана ескі парсы тілінде Иранда қағазға түседі, ақырында «Авеста» атты кітап болып жарық көрген75. «Күнге мадақ» жырында «Жаратқан жалғыз Иемізден мәңгі жасаушы, Жарық сыйлаушы, күнге табынамыз» деп түйеді.

Осы Заратуштрадан бастап, Қорқыт Ата (VІІ— VІІІ ғасырлар), Әбу Наср әл-Фараби (870— 950), Махмұт Қашқари (ХІ ғасыр), Жүсіп Баласағұниға (ХІ ғасыр) ұласып, Халық жырларынан жыраулар дәстүріне жалғасып, Кетбұға (ХІІ— ХІІІ ғасыр), Асан қайғы (ХV ғасыр), Қазтуған (ХV ғасыр), Доспамбет (ХVІ ғасыр), Шалкиіз (1465— 1560), Жиембет (ХVІІ ғасыр), Ақтамберді (1675— 1768), Бұхар жырау (1684— 1782), Шал ақынға (1748— 1819) келіп, Махамбет Өтемісұлына (1804— 1846) тоғысамыз. Қайсы ақынды алсақта халқының қамын, елінің елдігін, дәстүр-салтын алға қойып, қарапайым тірліктен биік етіп жырлауға ден қойған. Туып-өскен жер тағдыры, туған жер мен туған ел тағдыры толғандырады. Солай десекте, Тәуелсіздік ұғымды алға тартып, ғасырлар алдында міндет еткен ақын — Махамбет Өтемісұлы. Оған Нысамбай, Дулат Бабатайұлы, Қобылан Бөрібайұлы, Шернияз Жарылғасұлы жалғасып, жыраулар дәстүрін Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин-сынды тұлғалар жырларымен замана алаңына шығып, өз күресін бастайды.

Араға әнші ақындар Біржан сал (1834— 1897), Ахан сері (1843— 1913), Балуан Шолақ (1864— 1919), Естай (1874— 1946), Жаяу Мұса (1838— 1929), Әсет (1867— 1923), Мәди (1880— 1921), үкілі Ыбырай (1860— 1932) бастап, Кенен, Нартай, Шашубай ақындарға келіп бас қосады.

Осынау замандар тұрғысында, осынау дәуірлер кезеңінде Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының орны ерекше. Қазақ халқының ұлы ақыны бір дәуірдің басында тұрған алып тұлға. Бұлай салалап, саралап айтуымыздың себебі — біз, қазақ халқы, Тәуелсіздік жолында қандай сатылардан өткенімізді ақындар ғұмыры мен ақындар шығармашылығының үні, даусы өзі айғақтап тұрғандығынан біршама хабар беру.

Абайды өкшелеп, Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858— 1934) келсе, Тәуелсіздік үнін Алты алашқа әйгілеп көрсеткен тұлғалар, Алаш азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы (1983— 1938), Міржақып Дулатов (1885— 1931), Мағжан Жұмабаев (1893— 1938), Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893— 1920), Сәбит Дөнентаев (1894— 1933) болса, ендігі Тәуелсіздіктің көздері, бастау бұлақтары Сәкен Сейфуллин (1894— 1938), Ілияс Жансүгіров (1994— 1938) деп айтуға толықтай негіз бар.

Екі мың жылдық дала жырында Тәуелсіздік тақырыбын даралап айтсақ, ең алдымен Махамбет Өтемісұлының асқақ даусы алдымыздан шығары сөзсіз. Өйткені, Махамбет ақын өлеңдерімен бірге өзі де Тәуелсіздік жолында күрескен ақын. Жеке дара тұлға. Махамбетпен қатар, Байтоқ ақын, Шернияз Жарылғасұлы, Дулат ақындардың да Тәуелсіздік жолындағы жырлары өз алдына бір төбе дерлік.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазіргінің талай елін қайран қалдыратын осынау байтақ кеңісті кернеген поэзиялық әлем, тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Ол шаруашылықтың жалынын лаулата білген. Содан да болар, Қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады», — деп жазды. Талай елді қайран қалдыратын Заратуштраның «Күнге мадақ» жырында: «Ахура-Мазда шаттыққа бөленсін... Мәңгі жасаушы, жарық сыйлаушы, тұлпарлары қанатты, Күннің шапағы — табыну мен мадаққа, бақ пен даңққа лайық. Жаратқан жалғыз иеміздей...» — деп жазып, «Мәңгі жасайтын Күнге», «Мен күнге құрмет көрсетем», — деді. Өйткені Күннің шапағы мен шұғыласына шомылған «Жер де киелі», «Су да киелі», «Әулие рухының барлық Жаратқандары киелі». Сол киелі жаратылыстардың бәрі де тәуелсіз ғұмыр кешуі керек. Жаратқан иеміздің өзі берген жаратылысымен, өзіне лайық табиғатымен, Тәңір сыйлаған аз ба, көп пе, ғұмырымен ешкімге бас имей, еңселі күйде өмір сүруі тиіс. Өйткені бұл, Тәңір сыйы. Тәңір сыйының бәрі де поэзиялық әлем. Поэзиялық әлем айналып келгенде өмір пәлсапасы (философиясы).

Ұлы сарынды жалғастырған, есімі аңызға айналған сақ ғұламасы Анахарсис:

Менің бар жамылғым —
Сақтың шапаны,
Етігім — аяғымның терісі,
Төсегім — кең дала,
Таңғы асым мен түстігім —
Сүт, ірімшік және қуырдақ,
Сусыным — су, —

деп жазады. Бәрі де табиғи. Асыра сілтеу жоқ. Өмірдей шындық. Тіршіліктей қарапайым жазылған. Сондықтан да шамамен біздің заманнан бұрынғы 620-655 жылдары жазылса да, сан ғасырлар ғұмыр сүріп, заманауи тіршілік кешіп, біздің дәуірге аман-есен жеткен. Біздің дәуірден де әрі асып, болашаққа жетері, келешекпен кездесері сөзсіз. Анархасистің біздің заманнан бұрынғы дәуірдің өзінде: «Ал, мен еркін азаматпын», — деуінің астарында азаттық, тәуелсіздік үні жүрекке жетеді. «Садақ пен қорамсақты асынып, сақтардың ішінде ғана өмір сүрсең, онда мен сияқты сен де еркіндікте жүрер едің», — дейді. Пәлсапаның астарында еркіндікке, Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін өзіңді-өзің қорғай білуің қажет, өзіңе лайық қорғана аларлық қару құрал-сайман болуы керек деген пікір жатыр.

Қарлұқ Кегменер Үлгеұлы (760 — ө.ж.б.) «Жұлдыздарды әшкерелеу» деген өлеңінде:

Шығыстан келген қорқаулар тонауда туған жұртымды,
Құтқарар шара таба алмай, жүрегім менің бұлқынды,
Сүліктей сорып қандарын, өшірді талай түтінді,
Ұмытқалы қашан, бауырым, тамаша менен күлкіні.
Үстінде лыпа, қамбада түйір дәні жоқ,
Сонда да қиын боп тұр-ау толтыру апан-құлқынды.
Ерте ме, кеш пе, сенемін, бізге де бір таң атар,
Көрер ме ем сонда тіріліп, «менменсіген шіркінді!»

— деп жазады. (Қытай тілінен аударған Дүкен Мәсімханұлы). Шығыстан келген қорқаулар тонауда туған «жұртымды», — дейді. Бұл тәуелсіздігінен айырыла бастаған ел жұрттың мұң-қайғысынан туған зар. «Құтқарар шара таба алмай, жүрегім менің бұлқынды» дейді ақын. Тәуелсіздігінен айрылған елінің «сүліктей сорып қандарын өшірді, талай түтінді» деп зар қағады, жаны түршігеді. «Ұмытқалы қашан, бауырым, тамаша мен күлкіні». Бодандық мойынға қамыт болып киілгесін, күлкі мен қуаныш қалай жүрегіңе ұялар?!... Бірақ үмітін үзбей, келер күнге сенеді: «Ерте ме, кеш пе, сенемін, бізге де бір таң атар», — дейді. Ол таң, әрине, Тәуелсіздік таңы! Тәуелсіздік бізге ғасырлар бойы арман болған. Тәуелсіздік — адамзат үшін туа біткен мақсат пен мұрат. Асыл мұрат. Сол тәуелсіздік біздің халқымыздың жүрегіне ұя салған. Сол Тәуелсіздік пен ғұмыр кешкен Қазақ халқын бүгінде бар әлем есімін біледі, таниды, мойындайды.

Енді орхон ескерткіштерін (VII— VIII ғасырлар) айтатын болсақ, Орхон өзені бойында тасқа қашап жазылған, Білге Қаған, Тоныкөк, Онгир, Суджа, Құлы-Шора, Мойын-Шара дастандарының ғылымдағы жиынтық атауы делінген. Олар VII— VIII ғасырлардағы Түркі ру-тайпаларының іргелі елі — Түрк қағанатының тұсында жазылған деген дерек бар. Сол деректерге сүйене отырып, Тәуелсіздік тақырыбына сай, мазмұн мен мән іздесек, бұл жырларда да көрініс тапқан:

Тәңірідей, Тәңіріден жаралған
Түрк білге, қаған
Бұл шақта отырдым.
Сөзімді түгел естіңдер:
Бүкіл жеткіншегім, ұланым,
Біріккен әулетім, халқым —

деп алып «Отүкен — қойнауында отырсаң мәңгі елдігіңді сақтайсың сен», — деп, демін басып:

Биікте Көк Тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуіңнің арасында
Адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істемі қаған отырған.
Отырып, түркі халқының ел-жұртын
Қалыптастырған, иелік еткен.
Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен.

дейді. Сол дұшпаннан қорғанудың өзі, Тәуелсіздікке жол. Сондықтан да: «Інім Күлтегінмен ақылдастық. Әкеміз, ағамыз құрған халықтың, аты, даңқы өшпесін деп. Елдікті, Тәуелсіздікті бетке алып: Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым, інім Күлтегінмен бірге», — дейді. «Өліп-тіріліп, жерді ұлғайттым» — деп күрсінеді. Сөйтіп: «Өлімші халықты тірілттім, Жалаңаш халықты тонды, Кедей халқын бай қылдым, Аз халықты көп қылдым», — дейді. Міне, бұл VII— VIII ғасыр — аруағы патшаның халқымен кездескен мұң-зары. Сол үшін «Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым» дейді.

1. Отүкен — қасиетті жер аты.

Бұл — бостандық пен Тәуелсіздік жолының оңай еместігін паш етсе керек. Түйінінде:

Бүкіл түрк халқына,
Қарулы жау келтірмедім...
Менің әрекетімнің нәтижесінде
Еліміз қайта ел болды,
Халқымыз қайта халық болды,
Өзім қартайдым,
Ұлық болдым... —

деп ел-халқы алдында ақтарылады.

Халқымыздың жыраулық, бақсылық, күй өнерінің атасы — Қорқыт ата — барша түркі тілдес халықтардың дәдемі, бабасы. Қорқыт ата жырлары Сыр бойы оғыз-қыпшақтарының айтуымен VII— IХ ғасырларды-ақ ауызша тарағаны белгілі. Дәдем Қорқытты — әзербайжан халқы, әсіресе, өте қатты қастерлейді. Біздің қазақ ұлты да ұлықтайды. Қорқыт баба да: «Қанжар тимей жау қайтпас», — деп, елді қорғау қамын ойлайды. «Ат тұяқты келеді, Ақыл тілді келеді», — деп барлық істі ақылға жеңдіруді қостайды.

Зерттеулердің басым көпшілігіне сүйенсек, Қорқыт ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде Х ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырым жасайды. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт ата — ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымның негізін жасаған ғұлама ойшыл ретінде бағаланады. Біріншіден, күйші, қобыз сарынын туындатушы алғашқы тұлға. Үшіншіден, әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи мұра ретінде мойындалған. «Қайда барса Қорқыттың көрі» демекші, Қорқыт баба ажал, өлім тәуелсіздігін ойлап, соның шетіне жете алмаған. Қобыз күйімен өз ғұмырын мәңгілікке ұзартқан тарихи ұлы тұлғаның шығармашылығы да өмірді мәңгілік ету идеясымен құнды. «Су дүрілдеп тасығанымен теңіз бола алмайды» деген тұжырымменен өмірдің көз жетпес көкжиегін ақыры мойындаған. «Жататын дәйім жаңғырып, Бұл ғұмыр емес мәңгілік» деп Әбу Наср Әл-Фараби де (870— 950) мойындап, Сырдарияда, Шам шаһарында (Дамаск) қайтыс болған. Поэзияның табиғатын талдайтын трактат жазып, өлең шығаруымен, тарихта ақындық есімін қалдырған.

Қарахан әулетінен шыққан түркі данасы Махмұт Қашқари (ХІ ғасыр) «Түркі тілінің сөздігі» атты үш томдықты, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп, бәйіттер жазып, тағылымды ой қалдырған дана.

Өзгерді заман күймелі,
Парасатты ой сиреді,
Естіні есікке сүйреді,
Білімсіз зұлым басшы боп, —

деп терең мағыналы ой айтқан ғұлама. «Құтты білік» дастанын жазған Жүсіп Баласағұни (ХІ ғасыр) ақыл, білім, тіл жайында тағылымды ой қалдырған ғұлама. «Ақыл қайда болса ұлықтық сонда болады», «Құдай кімге ақыл, ой, білім берсе, Мың сан ізгілік қол созады», «Білімді биік, ақылды ұлық деп есепте» деп ХІ ғасырда ұрпаққа аманат еткен даңғайыр тұлға.

«Диуани Хикмет» кітабында қасиетті Түркістан топырағында туып, күллі Күншығыс елдері мұсылмандарының рухани көсеміне айналған Қожа Ахмет Яссауи:

Ей, мұсылман, тағат қылсаң, танбағын,
Ғазиз жаның — аманаты Алланың,

— дейді, бұдан әрі:

Ем табылмас ғашық дертке ексең де,
Іші-сырты жымысқыға бек сенбе,
Арың таза болса жеңіс тек сенде
Алла білер ғашық дерттің дауасын, —

дейді ғұлама ақын. Жүрегінің жырын барлап қарасаң, бәрінде өміріңе нәр беретін, жүрегіңе ем беретін сезім қуаты бар. Сол арқылы адам өзін еркін сезініп, еркіндікке ден қояды. Өмір сүруді мақсаты мен мұраты етеді. Поэзия құдіреті де осында.

Бұл Махамбет ақынға дейінгі поэзия сарындары, өзіндік мақамдары. Оларды оқымаса да, талантты ақын жүрегі өткен ақындармен бірге ұштасып, ой-толқындары одан әрі дамып, жаңа бір дүниені, ешкімге ұқсамайтын мақамын өзгеше жырларды Махамбет пен Абай дүниеге әкелген. Екі ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев және Махамбет Өтемісов өз жырларының қуат-күшімен ел-халқына ықпал жасап, әсер етіп, рухани баюына дем берді. Рухани байыған ел не бір тарих алға тартқан тығырықтан, не бір тауқыметтен жол тауып шыға алатыны анық. Бұл хақында Елбасымыз да жыл сайынғы өзінің Қазақстан халқына жолдауында нақты деректермен бұлжымас ой-толғамдармен ел алдына тартып келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында /Астана, 2006 жылғы 1 наурыз/ «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» және «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты тақырапта сөз сөйлеп: «Қазақстан бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр.

Мен өзіміздің әлемдік рейтинг кестесінің жоғары бөлігіне іліккен елдер тобының ішінен орын алуымызға мүмкіндік беретін басты негіздер мыналар деп білемін.

Біріншіден, өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және бір ғана шикізат секторының шеңберімен шектеліп қалмайтын ашық нарық экономикасы бола алады. Бұл — жеке меншік институты мен келісім-шарттық қатынастарды құрметтеу мен қорғауға, қоғамның барлық мүшелерінің бастамашылығы мен іскерлігіне негізделген экономика.

Екіншіден, біз аға ұрпақты, ана мен баланы, жастарды қамқорлық пен ілтипатқа бөлейтін әлеуметтік бағдарланған қоғам, ел халқының барлық топтары тұрмысының жоғары сапасы мен алдыңғы қатарлы әлеуметтік стандарттарын қамтамасыз ететін қоғам құрудамыз.

Үшіншіден, біз еркін, ашық әрі демократиялық қоғам орнатудамыз», — деп үш келелі мәселені мемлекетіміз алдына темір қазық етті одан әрі: Төртіншіден, біз дәйекті түрде саяси тежемелік пен тепе-теңдіктің үйлестірілген жүйесіне негізделген құқықтық мемлекет құрып, оны нығайта береміз.

Бесіншіден, біз барлық діндердің тең құқылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессия аралық келісімді қамтамасыз етеміз. Біз Исламның, басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық үрдістерін құрметтеп әрі дамыта отырып, осы заманғы зайырлы мемлекет орнатамыз.

Алтыншыдан, біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениет аралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз.

Жетіншіден, біз өз елімізді халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы және жауапты мүшесі ретінде қарастырамыз, ал мұның өзі біздің аса маңызды басымдықтарымыздың бірі. Қазақстан мұнда геосаяси тұрақтылықты және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде маңызды міндеттер атқарып отыр, — деген болатын. Сол бағытта біздің республикамыздың ғылымы да дамып келеді. Тәуелсіздік тақырыбы — М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының да ең басты тақырыбы.

Махамбет пен Абайдың қайғы-мұңы — халқы, жұрты, ұлты. «Хайуанша жүріп күнелтпек» болған кей пенделерді көріп қанқұса болады ақын. Шынында да «ақыл,сезім болмаса, тіршіліктің несі сән». Соны ойлап, тебірене толғанған ақын:

Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер,
Қартыңның ойы шау тартқан,
Әдеті жеңіп, күңгірттер.
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып,
Бере берсең, бер десе,
Үміт етер таласып, —

деп, «аспаса ақыл қайраттан, тереңге бармас үстірттерге» қамығып, «жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек» деп ұйықтаған ойды оятуға ұмтылады.

Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса,
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?! —

дейді ақын таусыла сөйлеп, «қартыңның ойы шау тартқанын» алға тартып, осындай салмағы орасан ауыр сөзге барады. Түсінген жанға бұл өлеңде таудай салмақ жатыр. «Атымды адам қойған соң қайтып надан болайын?» Бұл да біздің иыққа артқан осал жүк емес. Ал, «халқым надан болған соң, қайда барып оңайын?!» бұған не айта аласын? Бірде балық айтқан екен: «айтар едім, аузымда су толып тұр» деп. Біз бәріміз де, сол балық күйін кешіп, ақын мұңын үнсіз сезіп, үнсіздікке бой алдырып, іштей жауап іздей бастадық. Оның жауабы — бүгінгі Тәуелсіздігіміз.

Абайдың ұлы жүрегіне — тәуелсіздігіміз ғана жауап бере алады. Тәуелсіздігіміздің бүгінгі ұлтымыздың көшбасшысы болған Нұрсұлтан Назарбаев бұл ақын өлеңіне осылай толғана жауап берді. Ғасырлық сауалға, бұл ғасырлық жауап дер едім.

Осы орайда Махамбет ақынның Тәуелсіздік жолындағы «Күн қайда» жыры ойға оралады. Абайдың «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп барып, «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын?! Деген күрескерлік бағыттағы басқаша айтып толғанады. «Ат салмай өтер күнді», «Күдеріден бау тағып, сауыт киер күнді», «күмбір-күмбір кісінеп, күреңді мінер күнді» аңсаған ақын Ақ Жайықтай ақтарылып, өзен ағысындай төгіп тастайды:

Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз орда,
Еңкеймей кірер күн қайда?
Қара бұланның терісін
Етік қылар күн қайда?
Күдеріден бау тағып,
Сауыт киер күн қайда?
Күмбір-күмбір кісінетіп
Күреңді мінер күн қайда?
Толғамалы ақ мылтық
Толғап ұстар күн қайда?
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шаншар күн қайда?

Толғамалы ақ мылтық толғап ұстар күнге ұмтылған ақын елін, жұртын, ұлтын ұлттық тәуелсіздікке үндейді. «Садақ толған сай кез оқ, масағынан өткізіп, басын қолға жеткізіп, созып тартар күнге» асығады.

Махамбет поэзиясын қайта зерттеп, қайта заман, қоғамға сай, жаңа тұрпатты баға беру үшін, Махамбеттанушы, көрнетті қазақ ғалымы Қажым Жұмалиевтың еңбегін атап өтпей тұра алмаймыз. Филология ғылымдарының кандидаты Руда Зәйкенова:

Қ.Жұмалиев «Айқас» /1944/, «Махамбет Өтемісұлы» /1948/, «Қазақ әдебиетінің тарихы» /1961, ІІ том, 1-кітап», «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» /1958/, «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті” /1967/ және т.б. еңбектерінде, баспасөз бетіндегі жекелеген зерттеу мақалаларында Махамбет шығармашылығын ғылыми тұрғыдан талдап, оның қазақ әдебиеті тарихынан алатын орнын айқындап, саф күйінде келер ұрпаққа ұсынды.

Бұл зерттеулер Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің шығу себебін, әләуметтік маңызын, тарихи өміршеңдігін айқындауда, Махамбет поэзиясының төңкерісшіл рухын танытуда алғашқы жазылған маңызды материалдар еді. Сондай-ақ аталмыш еңбектердің негізгі өзегі — 1836-1838 жылғы шаруалар көтерілісінің әрі көсемі, әрі халық мұңын жырлаған шешені ретінде Махамбеттің тарихи рөлін нақты ашып көрсетіуімен ерекшеленеді. Сонымен бірге Махамбет өлеңдеріндегі Исатай образы, романтизм элементтері, ақынның өмірі, тағдыры, шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, Махамбет мұрасын насихаттаушы белгілі жыраулар Мұрат Мөңкеұлы мен Ығылман Шөрекұлының қабілет қарымы мен жыраулық шеберлігіне, т.б. туралы да парасатты пайымдаулар жасайды.

Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Ел құтқарар ер едім,
Жанбастай ақыры бір тынбан, —

деген ақын дегеніне жете алмай, қапыда қаза тапса да, оның халық сүйіспеншілігіне бөленген ер тұлғасын, күрескер бейнесін, өлеңдерінің

өміршеңдігін дәлелдеуге профессор Қ.Жұмалиев өз діттеген мақсатына жетті дей аламыз» — деп тұжырым жасаған. Бұл өте орынды да. Бұған қоса айтарымыз Махамбет қаза тапса да, өзінің ақын ретінде де, күрескер ретінде де өзінің тарихи миссиясын орындап кеткен тұлға. Ол Исатаймен бірге жеңілген жоқ, қайта Жеңіс жолына деген тарихи соқпақ жасады. Сол соқпақты жолмен халқымыз теңдессіз оқиға — Тәуелсіздікке қол жеткізді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ-ның Мыңжылдық Саммитінде /Нью-Йорк, 2000 жылғы 6 қыркүйек/ сөйлеген сөзінде: «Жаңа мың жылдық бізге жәй ғана ғаламдық өзгерістер әкеліп қана қоймай, сонымен қатар адамзат өміріндегі бетбұрыс кезеңнің басталғанын білдіретіні айдан анық», — деп бастап, сөзін жалғастыра келе: «1943 жылдың аяғында алғаш рет болашақтың әлемдік тәртіп мәселесі талқылаған Тегеран конференциясында ұлы американдық — Құрама Штаттардың президенті Франклин Делано Рузвельт кездесуге қатысушыларға былай деген еді: «Біздің әрқайсымызда өзіміздің дербес философиямыз, дербес дәстүрлеріміз бен өмір салтымыз бар. Бірақ біз осында, Тегеранда біздің ұлттарымыздың бір-бірінен өзгеше мұраттары бізді жалпыға ортақ игілікке бастай отырып, бүкіл әлемнің берекетіне қарай бірлесе қозғалу барысында біртұтас үйлесімді біріктіре алатынын дәлелдедік» — деп тұжырымдаған болатын.

Елбасымыз айтқандай, «Ғаламдық әріптестік үстемдік етуші принципке жүгінетін, әділеттілік, демократия, ең бастысы әрбір елдің өз тәуелсіздігіне үстемдік ететін жаңа дәуір туды. Ол — Тәуелсіздік дәуір. Сол Тәуелсіздік дәуірінің үстемдік етуіне алғаш жол салған — Махамбет пен Исатайдың жанкешті күресі. Сол күрес-майданды баянды еткен Тұңғыш Президентіміз —

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Бүгінде:

Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
Ел құтқарар ер едім,
Жандаспай ақыры бір тынбан, —

дейтін де Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы болмақ.

Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! —

деп Махамбет жырлағандай, Тәуелсіздігімізді тік тұрғызып, бостандығымызды баянды етпей, «Ерлердің ісі бітер ме?!» дегіміз келеді.

Махамбет Өтемісұлы — Тәуелсіздіктің ұлы жыршысы. Тәуелсіздіктің басы болған ақын. Бұл күнде ақын дегеніне жетті. Қазақ елі — Тәуелсіздіктің туын көкке көтерді. әлем қазақ халқын таныды. Мемлекет екенін мойындады. Мойындатқан ақын Махамбет Өтемісұлы болса, өз ісімен дәлелдеп, қажыр-қайратымен, ақыл-ой парасатымен Тұңғыш Президентіміз болып, Қазақ атын әлемге машһүр еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

«Махамбет Өтемісов-сынды ақынды зерттеудегі басты бағыт пен міндет» деп, болашақ ұрпаққа бағыт бағдар берген Мұхтар Әуезов Махамбет ақын туралы сөзді, асылында ұлы Мұхтар Әуезов сөзімен бастаған жөн: «Өтемісұлы Махамбет — Исатай қозғалысының ең ірі адамының бірі, Исатай нағыз қанды көйлек жолдасы екен.

Туысы Беріш руынан. Атасы — Өтеміс. Оның атасы — Құлмәлі. Мәлі деген қазаққа бір соғыста қолға түскен тұтқын екен.

Беріш ішінде Тумас дегендер еншілес, туысқан ғып әкеткен. Мәлі тұқымы өздерін парсы патшасы Нәдіршенің нәсіліміз дейді екен.

Құлмәлі кейін өсіп, бір бөлек ел болған. Орныққан мекені: Гурьев үйезі, Тайсойған деген жер.

Қазақ іші Құлмәлі тұқымынан би де, батыр да, шешен де шыққан деп, бұлардың түбін затты десетін болса керек.

Өтеміс Айшуақ, Бөкей деген Кіші жүз хандарының тұсында қабырғалы би атанған. / «Махамбет әлемі», 186-бет, 11-том/»,- деп бастап, Махамбеттің ақындығы туралы: «Сол, «көпті артыңнан ерт, керегіңе жарат» деген бағыт Махамбеттің де әрі іс, әрі сөз жүзінде бірден-бір нық ұстаған програмы. Сонда басшының өзі кім? Оған «Толарсақтан саз кешіп» деген өлеңінде:

Тағыдай таңдап су ішкен,
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген.
Тағы сынды мырза едік;
Тағы да келдік тар жерге
Таңдансаң тағы болар ма
Тәңірінің салған бұл іске? —

дейді. Ұстанған ісі, ойдағы ниеті бойынша бұл Бұқар ұранын қостап келген «мырза» еді.

Көнбек, бойұсынбақ емес еді. өзінің көздегені бар еді. Онысы өзінің жеке қалпын, бағынбастық қалпын, сынды мырза қалпын» қаймағын бұзбай сақтаймын деген мақсаты еді.

Бірақ ол Бұқар заманы бір сәрі, өтіп кетті. Бұл сол таптың адамы болса да өзгерген тарихи жағдайдың ортасында іс қылатын болды. Қолындағы ту жығылып, сүйенген тірегі сынып, құлдилап, құлап барады. Енді бұған соңғы рет тұяқ серпу, барымен бір-ақ бұлқынып көру ғана қалды. Сонымен Махамбеттің бар сөзі — осындай соңғы бұлқыну, соңғы тулаудың жыры болады. Бұл бұлқынғанда үлкен іспен, ірі екпінмен құлшынып-бұлқынған ісі бір-ақ іс болса да, барды салатын, құлаш керетін астаң-кестеңнің, алай-түлейдің ісі /«Махамбет әлемі», 190-бет, 11-том/», деп түйіндейді. Бұдан әрі Мұқаң : «Салт-сана жүзінде жоғарғы үстем таптың көптен дайындаған қарсылығын бұл қолма-қол іске асырушы ақын болған. Бұныкі сөз ғана емес, ұлы дүбір іс, аласапыран тартыс. Жырының бәрі тұтасқан қимыл. Қан майдан үстінде көпті екілендіре сөйлеген: шабуыл, атой, ұран жыры. Ылғи сезімге соғып, қанға шабатын қыздырма жыр.

Сонымен Махамбет жырлары бір-ақ түйінге арналған, ғасырлар бойында көпшілікке ұдай үлкен дерт боп тұрған үлкен жараның аузын жұлғандай болатын. Бүкіл Х1Х ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған өзгеше ақын болған емес. Алды да, арты да бір өзі сияқты / «Махамбет әлемі», 191-бет, 11-том/». Бұл өзі керемет баға. Тәуелсіздіктің жаршысы, тәуелсіздік жолындағы ұлы ақын деп берілген баға.

Бұдан әрі ойын жалғастырған ұлы Мұхаң ақын шеберлігін:

Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку, еңку жер шалмай, —

Дегендегі ылғи келетін «е» дыбысы — ауызша өлеңнің бар нәрі боп кетеді. Бұл дауысты дыбыстан құрылған үндестік болғанда «ассонанс» деп аталады.

Егер:

Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей, —

деген сияқты «т» дыбысындай дауыссыз дыбыстардан құралған үндестік болса, оны «аллитерация» дейді. Махамбеттің қыздырамын, желпіндіремін деген ауызша үгіті осындай түрде бөленген. Бірақ бұндағы жыр ішіндегі көп көрнекті суреттер Бұқардікінен басқа боп мағыналанған; ішінара бірімен-бірі байланысқан болады. Бұқарда көп түсінбесін деген аттама, аламыш, байламсыз суреттер әдейі келтірілетін. Сондай борасыны бұрқақтың ішінде әр жерге, ұққанға арнап көмбе көміп кететін. Сөз түйімін көптен алып қашу.

Ал мынада: сол көппен бір сапарда, тар кезеңде иық сүйесіп, «бір жеңнен қол, бір жерден сөз шығарам» деп тұр. Сондықтан енді Бұқар үлгісіндегі жалтартпа, тұспал керек емес, уақытша болса да көптің тілі боп сөйлеп бағу қажет. Сол көптің «өзі боп тұрып, тұтас тамсандыратын қып сөйлеу керек. Бұның бәрі ақынның ұғымы болуын тілейді. Махамбет сол керекті дәрежеде ұғымды, көпке түсінікті боп, жақын боп көрінеді. Бұндағы:

Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай, —

деген.

Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай, —

деген сияқты суреттердің бәрі іштей бір тақырып, бір мақсат, мағынаға бағынады.

Неше алуан сыртқы бөлек көрністің барлығы да осы тартыс жолында жанын аямай еңбек еткен ердің кейпін суреттеп толықтырады. Бұрынғы өлең-жырға әр жерден шаң беріп, басы қосылмай, бытырап жүретін суреттер мынада: қатты жымдасып, екшеленіп, бір бас, бір тас боп алады. Ақынның көпке тастап отырған ұранындағы тілек-талап та осы. Бытырап, ыдырап жүрген ел басы қосылса, ойдағы басшы бастаса іс дәуірлеп, еңбек жанып, көрікті көрініс шығар еді дейді.

Осымен «Ереуіл атқа ер салмай» деген жырлардың ішкі-сыртқы құрылысы: табиғи-тұтас біткен, бірыңғай бүтіндікті білдіреді /Махамбет әлемі», 192-193 беттер, 11 том/», — дейді. Бұл сөзді, бұл ой-пікірді Махамбет ақын туралы тылсым пікірдің басы деп санауымыз тарихи ақиқатқа жатар еді. М.Әуезов ол кезде ойын ашып айта алған жоқ. Соның ішінде індетіп отырып жайып салды, ел-халқына.

Бұдан әрі ұлы Мұқаң: «Сонда «Ереуіл атқа ер салмайдағы» күй: «Талма қажыма, салған сайын өршелендіріп, өрлей бер» деген күй болады.

Ал «Толарсақтан саз кешіп» деген жыр тағы да алғашқы тақырыпты қозғайды. Сөз саптау, көрініс-суретті екшеу бұнда да сол тақырыбымен алғашқы өлеңдегідей үйлес келеді. Бірақ бұның тұсында уақиғаның беті өзгерген. Ақынның халі өзгерген. Ол енді соғыс үстінде емес. Сыртқы халі — жеңілушінің халі. Сондықтан қарсылық ереуілін, ұранын басқа күйге айналдырып:

Ат басына соқтырып,
Ата-енені сөктіріп,
Нәлет десе болмас па,
Біздің осы жүрген жүріске, —

деген қатты қарғыс,ашу серпінімен бітіреді /«Махамбет әлемі», 194-бет, 11-том/», — дей келіп, «Соның ішінде:

Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтсаң нанғысыз... —

деп бір қойса:

Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз, —

деп тағы айтады. Дандайсыған талай мақтаулы жалғыздан да, көптен, төменнен де шығып озған — көп ердің қимылын қостайтыны бар. Көппен бірге жүріп, біте қайнасып, көп сынасу арқылы берген бағасы. Бұл жырында да батыр-ақын төзіп отырған жоқ, дегеніне жетпегеніне өкініп қана отыр

/«Махамбет әлемі», 195-бет, 11-том/», — деп түйіндейді. Бұл Махамбет ақын туралы болашақтағы зерттеулердің әлқиссасы, әрі эпилогы да. Міне, тәуелсіздік туының ақынын болашақта осы бағытта зерттеуіміз керек. Осы деңгейде, Махамбет Өтемісов-сынды ұлы ақынның тарих алдындағы, Қазақ халқы алдындағы, Тәуелсіздік алған Еліміздің алдындағы әдебиеттегі орнын белгілеп беру — ұлы мақсатымыз, әдебиет тану ғылымы алдындағы парасатты парызымыз.

Абай мен Махамбет салыстыруға келмейтін қазақтың екі ұлы тұлғасы. Абай данышпандық ой тереңдігімен, Махамбет тәуелсіздік күрескерлік рухани рухымен ерекшеленеді. Бірақ, бірін жақындастыратын жағдаяттар жоқ емес. Біріншіден Абай да, Махамбет те қазақ халқы үшін жаны ашып күрескен тұлғалар. Күрескенде ісімен де, басты қаруы жырлары арқылы да күрескен. Екіншіден, заманы бір, қоғамы бір тұлғалар.

Біздің алдымыздағы деректерге сүйенсек, қазақ халқының ұлы ақыны, философ, ағартушы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында 1845 жылы 10 тамызда дүниеге келсе, дауылпаз ақын, қазақ тәуелсіздігінің күрес-майданын бастаған ақын Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында туған.

Абайды он жасқа толғанда әкесі Құнанбай оны Семей қаласына әкеліп оқуға берген, әуелі аз уақыт татар молдасынан сауат ашқызып, кейін Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқытқызған. Бұрын жазылған деректерден белгілі болса, Махамбеттің қайда оқығаны туралы мәліметтер жоқтың қасы. Бірақ мұсылманша да, орысша да оқығандығы мұрағат деректерден анық көрінеді. 1824 жылы ішкі орданың ханы Жәңгір жиырма жасар Махамбетті өзінің баласы Зұлқарнайынмен бірге Орынборға жібергендігі кітаптарда жазылған.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама