Өзегі бір өрнегі бөлек
Абайдың ақындық әлемі” және Құралайдың салқыны” немесе академик Зәки Ахметов пен ақын Нұрлан Оразалиннің шығармашылығы хақында
Академик Зәки Ахметов “Абайдың ақындық әлемі” деген зерттеу еңбегінде:
“Абайдың ақындық әлемі дегеніміз мағыналық ауқымы өте кең ұғым. Абай поэзиясы — өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселелерін қозғаған, толғаған поэзия. Оның өлеңдерінде, қарасөздерінде қазақ өмірінің көркемдеп бейнеленген телегей теңіз шындығы бар. Абай шығармаларының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз. Абайдың ақындық әлемі деп соны айтамыз” дейді.
“Абай шығармаларына қатысты жеке деректер туралы айтсақ, ақынның көзі тірісінде 1903 жылы Санкт-Петербургте Ә.Бөкейханов берген мағлұматтар бойынша басылған “Ресей. Біздің Отанымыздың географиялық баяны” атты көптомдық жинақтың 18-кітабында А.Сидельников жазған мақалада: “Абай — қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі” деген баға берілгенін көреміз. Абай шығармалары жеке кітап болып басылғанға дейін де қолжазба түрінде және ауызша тарап келген болатын. А.Байтұрсынов та ақын өлеңдерімен 1903 жылы Абай өлеңдері жазылған дәптер арқылы танысқанын айтады.
1914 жылы Санкт-Петербургте шыққан “По киргизской степи” деген кітабында Дм.Львович (Иванов Дмитрий Львович — кейбір кітаптарында авторын солай көрсеткен) “Татьяна хаты” ел ішінде әнге салып айтылып жүргені туралы нақтылы дерек келтірген”.
Шынында да ақын поэзиясына осындай қуат-күш, көркемдік сәулет беріп тұрған оның шығармасында қазақ халқының бүкіл өмірінің, әсіресе сол дәуірдегі қоғамдық өмірінің шындығы терең бейнеленуі және оларды әдебиеттегі ұлттық-көркемдік ойлау өзгешелігінің өмір құбылыстарын сөзбен мүсіндеу, шеберлігінің жарқырап көрінуі де, зерттеуші-ғалымның парасатты ой-толғауынан, шығарма салмағын таразылай білуінен туындаған тұлғалық пікір. Қоғамдық өмірдің шындығын бейнелеуде Нұрлан Оразалиннің ақындық тұғыры ерекше. “Нәубет үні” өлеңінде:
“Көзге елестеп замана көші кеткен,
Күрсінеді көкірек – тесік өкпе...
Халық үні азалы жүректі алар
қасірет пен қайғыны бесік еткен.
Естімейін деп едім...
Көнер емес.
Мың сан аруақ, аспаннан төнер елес.
Жыртатындай санамды ащы дауыс,
Ай астында мың сан үн шегер егес.
Жұлқып бойды бір ашу ала бөтен,
Елестейді жұт жылғы дала, мекен...
Бітеу жара...
Шер-шемен...
Ұлы қайғы...
Қайтып сені өзіммен ала кетем?!.
Құдай мүлдем атпаса өрлігімді,
Қалай?
Қайтып жасырам шер-мұңымды?
Қай түрмеге қамаймын тірі куә:
Аспанымды,
Өзен, Көл, Жер, Құмымды?!” –
деп тебіренген ақын ар-намыстың қақпасын тартқан боздақтармен бірге боздайтындай:
“Жүрегім мұң кешеді,
Жырменен күн кешеді,
Дүние қызыл-жасыл,
Кеудемнен түн көшеді;
Басқа бір
Замандармен тілдеседі...
Тілдеседі!..
Жүрегім күй кешеді,
Сыйғызбай үйге сені,
Шулатып аспан астын,
Жаңғыртар би көшені...
Басқа бір
Ғаламдармен үйлеседі,
үйлеседі...” –
дейді ақын өзіндік өрнегімен лирика әлеміне ерік беріп.
“Лириканы түсіну-пайымдауындағы үлкен және жиі кездесетін қателік, — дейді ғалым З.Ахметов, — ақын өз ойынан айтқанының бәрін тек өзі туралы өз басы жайында айтып отыр деп қарау ол болғандығы ғана емес, болатынды да өзіне ғана тән емес, өзгеге де тән көңіл-күйін сезіне айта алатынын ескермеушілік”. Одан әрі ғалым Абай өлеңдерін айтқанда лирикалық поэзияның өзгешелігін естен шығармауының керек екенін лирикада ой мен сезім бірлесіп, терең қабысатындығының және де лирикалық поэзияға жан беретін көркемдік ойдың қуаттылығы сезімнің оттылығын, нәзіктігі екенін айрықша сипаттап, ғылыми негізде дәлелдейді.
Ақын тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұратында екенін айтсақ, Нұрлан Оразалин лирикасында бұл Мұрат биік белеске көтерілген.
“Сүйдік.
Күйдік.
Кештік қайғы. Өртендік.
Намыстандық.
Қалыс қалдық. Жеркендік...
Ғалам ұлы таразылап елімді,
Төрімізге қонды келіп өр теңдік!
Теңдік үшін өртендік!
Көгімізге көкпеңбек қып ту ілдік,
Көк Түркіден қайта түлеп туылдық.
Ой да,
Қыр да,
Ой-сана да жасарды,
Бостандықтың жаңбырына жуындық.
Көкпеңбек қып ту ілдік!” –
деп, тарих бетін бұрғанын, бостандықтың бас бермейтін тізгіні бізге оңай тимегенін айта отырып, Елдігіміз ертеңімізге жалғануын ақындық жүрегімен тілейді. “Қызу қандылық” өлеңінде ақындық табиғатты әдемі ашумен бірге, адамзаттың ізгі мұратқа жетелейтін ақын әріптестері туралы толғанады.
Жаратылыс әділ мына, жарығым,
Ақын үшін ұят-қайғы, ары-мұң.
Жер үстінің азабына өртенер,
Табиғаты, мінезі ұқсас бәрінің, –
деп, “Сәл нәрсеге жарылардай шақ қалып, сәл нәрседен қала-тұғын шаттанып” ақындардың адал халық екенін алға тартады. Өйткені ақынның “анасы — Аспан, әкесі — Жер адамға”, өлшеп-пішіп өлең жазу ғана қалары сөзсіз. “Тілін тапсаң, дос болатын мәңгілік, көтеретін көкке сені хан қылып”, дос беделі, ол үшін, біле білсең жазылмаған заңдылық” болса, оған “Жаса! Жаса! Ақын ” атты парасат, Жердегі ұлы қызуқандылық!” — деп жазбасқа не шара?! Сол ақын жүрек:
Бір күні көкке шығам — қалықтаймын,
Бір күні жерге түсем — алып қайғым;
Дүние дүрбелеңін дулы-думан,
Жүректің қайғысымен анықтаймын, –
деп жазды Нұрлан Оразалин. Асылында Нұрлан ақын оның жүрегі — қоғам өмірінің тіршілігімен бірге соғады. Академик Зәки Ахметов: “Абайдың адам мен қоғам жайындағы концепциясы қазақ топырағындағы жаңа концепция, Абай адамды белгілі қоғамдық өмірдің жемісі нәтижесі ретінде қарады, оның қимыл-әрекетін, психологиясын, моральдық келбетін өмірге, әлеуметтік тұрмысқа байланысты көріп, бағалап-бейнеледі”, – деп жазды.
Бұл тұрғыда ақын Нұрлан Оразалиннің қарымы кең. Тәуелсіздігіміздің ұлттық рухын жанымен, жүрегімен түсініп жазады, толғанады. Кейінгі жас ақындардың шығармашылығына барлау жасағанымызда, екі-үш талантты өлеңдерді самғатып ұшырғанмен, ары қарай айтары жоқ. Өз басының күйбеңінен шыға алмайды. Тұрмысын айтып шағынады. Жылайды, кейде еңірейді. Бірақ сол жылап-сықтауы қоғамдық, не ұлттық рух тұрғысында емес, тек жеке басына қатысты күйбең тіршілік. Тіршіліктің азап-қасіреті бар ақынның өмірінде болған, келешекте бола да береді. Одан құтылу жолы, өлең дәрежесі – күйбең тіршіліктен биік тұру, еңсеңді биік ұстап, биік сөйлеу. Сонда ғана халқың сенің сөзіңе, толғанып жырыңа бас иеді. Нұрлан ақынның тұлғасын бейнелейтін де – қоғамдық өмірге сырттай бақылаушы емес, ішіне еніп, ақындық жүрекпен жырлай білетінінде.
Зерттеуші-ғалым Зәки Ахметов:
“Тағы бір ерекше көңіл бөлерлік нәрсе – аталған өлеңдер түгелдей дерлік ел жайын, халық тағдырын, әр түрлі қоғамдық топтардың іс-әрекетін айтуға және көбінесе сын көзімен қарап, кемшілік жақтарын әшкерелеп баяндауға құрылған. Сондықтан да бұл өлеңдерді ақынның ел қамын ойлап, қайғырып, уайым жеп айтқандай әсер берерлік мұңды сарынмен бастауы ұтымды екені талассыз. Мұхтар Әуезовтың жаңағы келтірілген сөздерінің тұсында: “Ел ұйымына қонымды бір “құлақкүй” сияқты сәл сарынмен бастайды” дейтіні де тегін айтылмаған” деп талдайды.
Шынында да ақынды қайғыға салған өз басының мұңы емес, айналадағы өмірдің ащы шындығы, кем-кетігі, қайшылықтары екендігі еш талассыз екендігіне көз жеткіземіз. Зерттеуші-ғалым жазғандай, ақынның өзі өмір сүрген ортаның, тағдырдың талқысына түсіп, шырқы бұзылған халықтың, ел-жұрттың бейнесін асқан көркемдік шеберлікпен суреттейтінін “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, өлеңінен айқын көреміз десе, бұған негіз де жоқ емес.
Осы тұста бір айта кетер жәйт, ұлы Абай елін, жұртын, халқын сынағанда ұлы махаббатымен, жаны ашып, жақсы көріп сынайды. Зер салып қарасаңыз: “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” деген бір-ақ жолдың өзінде қаншама көңіл-күй, қаншама сана-сезім жұлдыздай самсап шыға келеді. “Қайран жұртым” мен сені сынамасқа амалым қалмады дегендегі аяулы ақындық сезім алға шығады. Туған елін, туған жұртын, туған халқын Абай ұлы махаббатымен сүйіп тұрып жырлайды. Кейінгі кезде кейбір аты-жөні елге танымал болған ақындар арасында да, жаңа толқын – жас толқын арасында да елін-жұртын жек көріп тұрып, сынайтындар шықты. Ол – ақындық адалдық емес. Ар жағында арамзалық пейілдері көрініп тұрады. Оны сол ақындардың өздері де байқамай қалады. Өлең – өзінің образы екендігін, кейде сол өлең сол ақынның артын ашып, абыройын айрандай төгіп тұрғанын байқамайтын замандастар да аз емес.
Бұл тұрғыдан алғанда ақын Нұрлан Оразалин поэзиясының парасат биігі жоғары. Не айтып, нені жырлауды ой таразысынан өткізіп, “тоғыз ай толғанып” жазатындығы айқын көрінеді. Ақындық тұлғасы – өлеңі, өлеңі – Ақындық тұлғасы болып қалыптасқан.
“Абайдың ақындық әлемінде” Зәки Ахметов: “Абай заманы, ол ақындық өнерге, ағартушылық жолындағы күреске барын салып кіріскен кез — қазақ халқының тарихындағы ең бір күрделі, талас-тартысы, қайшылығы мол дәуір болатын. Бұрынғы хан билейтін заман артта қалып, ел арасынан сайланған аға сұлтандар шыққан болса, ондай тәртіп те жарты ғасырға жетпей өзгертіліп, қазақ даласы ұсақ-ұсақ болыстарға бөлшектеніп, ел билеу тізгіні уезд бастықтарының – патша чиновниктерінің қолына көшкен еді. Бұл болыстардың билікке таласуын, ұлықтардың жолсыздығын, бассыздығын, парақорлыққа бейімділігін арттырады” деп жазды.
Қазіргі кезеңде туған еліміз Тәуелсіздік туын көтерген тұс. Қазақ халқының тарихындағы күрделі кезең. Түнде төсекте жатқанда, түске дейінгі ғұмырың қалай боларын, кеш қалай батарын болжап білмейтін заман. Жаңа дәуір. Ескі кезеңмен есеп айрысқан шақ. Содан да болар, ақын Нұрлан былай толғанады:
“Бір күнім көмілдіріп күйге бөлек,
Бір күнім желкелейді түйнемелеп.
Аяғың бірде — есікте, бірде — төрде,
Кіреді кейде шаттық үйге кенет...
Бір күнім алып келіп дау басына,
Бір күнім көтереді тау басына.
Жатады тағдыр өзі екшеп бәрін,
Келтіріп келмейтінді тәубасына!..” –
дейді.
Әдемі де, салиқалы айтылған ой. Ой бар жерде — өмір бар. өлең — ұзақ ғұмырлы өлең. З.Ахметов:
“Айналасынан, өмір сүрген ортасынан, бүтін ел-жұрттан бөлініп шығып, қалыптасқан дәстүрлермен, маңайындағы адамдардың ұғым-түсінігімен, өмірге көзқарасымен мүлде санаспау, тіпті қарсы шығу Абайға жасырақ кезінде де, есейген шағында да оңай тимегені сөзсіз. Осы тұрғыдан қарағанда оның:
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ, –
деуінде үлкен мағына жатыр” деп жазды.
“Ерте ояндым, ойландым” сөзінде терең мағына астарын ұстатпай жатыр. “Ерте ояндым” дегенде күнделікті тіршіліктен ояну бар да, екінші жағынан басқа адамдарға қарағанда, өз ортасымен салыстырғанда сананың ерте оянуы тағы бар. Абайдың оянуы осы тұрғыда. Бірақ, жете алмадық” дейді Оған себеп “Етек басты көп көрдім елдің бірақ” деп, ер-азаматтардың да етекбастылық мінездерін көріп қажиды ақын. Сол етекбастылар етек-жеңін жинау үшін жырмен жадына салады.
“Мазасызбын... Неліктен? Түсінбеймін.
Тағы адасып отырмын ішінде ойдың.
Өзге түгіл, өзіме ұнамайды
өліп-өшіп атқарған ісім кей күн.
Мықты болсаң, себебін тапшы, күнім,
Сезімімнің есепсіз тап шығынын.
Көріпкелің болса егер, жаныма үңіл,
Болсын маған жасаған жақсылығың” –
деп, ақын “Тағы адасып отырмын ішінде айдың”, немесе “...жаныма үңіл, болсын маған жасаған жақсылығың” деген жолдарынан ақын жүрегінің адалдығын, тазалығын сезінеміз. “Ашық сөз” өлеңінде:
“Тепкілесе бойды ыстық барынша қан,
Не демейді ашынып, тарынса адам?!
Жер үстінде бар-ау деп бір адалдық,
Айттым, досым, ірікпей бәрін саған.
Айттым адал сырымды ойдағы алаң,
Ұялатқан жүрекке, бойға ғалам;
Арсыздар мен аярды еске алдым мен
Өз басынан өзгені ойламаған” –
деп ақтарыла сөйлеп, ақырзаманмен сырласып, мұңын шағып, қуанышын жасырмай:
“Ойша кезіп айдынын, көлін көктің,
Жүрек сөзін жаңа бір тебіндеттім...
Сені қайдам?
Әйтеуір өзім бүгін
Айтып-айтып бойымды жеңілдеттім!” –
дейді. Шынайы сөз.
Ақын Нұрлан Оразалин “Табысу” атты өлеңінде: “Еліне қайта оралды, Азаттығын, азабын айта оралды...”, – дейді. Мағжан туралы өлеңді талдамас бұрын, академик Зәки Ахметовтың мына бір пікірін алға тартқанды жөн көрдік:
“Ұлы ақынды заман туғызады дейміз. Бұл ап-айқын, үйреншікті қағида көрінгенімен, зер салып карастыруды қажет ететін өте күрделі мәселе. Бір дәуірде, тіпті бір ортада өмір сүрген ақындардың да суреткерлік деңгейі, ақыл-парасатының көтерілген биігі әркелкі болатынын дәлелдеп жату артық. Заман, қоғамдық жағдай – ақын, жазушы творчествосының өмірлік тірегі, негізі, түп тамыры. Ал ақынның өз заманымен, қоғам өмірімен қатынас-байланысы, жалпы дүние-болмыстан алатын әсерлері сан алуан, оны бірнеше нақтылы жай-жағдайлармен шектеуге, бір жақты, тар көлемде түсінуге болмайды. Басты мәселе Абай халықтың түбегейлі мүддесін, арман-тілектерін қаншалықты терең ұғып-түсініп, қандай ойшылдық деңгейде, қандай көркемдік қуаттылықпен айтып жеткізе алғандығында”.
Шынында да ұлы ақынды заман туғызған. Абайдан кейінгі ұрпақ, заман туғызған ұлы ақын – Мағжан Жұмабаев. Мағжан хақында Нұрлан Оразалин:
“Қыр жасарды. Құлпырды көктем-елік.
Жер дегдіді. Күн күлді, шөп көгеріп.
Ұлы ақынын еске алып жатыр елі
қара аязды қаңтарда кеткен өліп...
Қатал заман күзеген қол, қанатын
қалың елдің жөні бар толғанатын;
әр жүректің төрінде тұр мұңайып,
сатқындықтың құрбаны болған ақын” –
деп, Мағжанымен табысқан елдің, қамкөңіл қорқау заманның ащы-шындығын енді ашып, өкініші өзекті өртеп өткен нәубет заманның құрбаны туралы ақын егіле жырлайды. Ұлы Абай жырлағандай: “Ішінде кімнің аты бар, қар жауса да сөнер ме?!” деген сөзі Мағжан ақын тұлғасына келеді. Ақынның киелі жолына қар жаудырып, отын өшірем дегендер адыра қалып, іштегі оттың сөнбейтінін дәлелдеді. Уақыт көрсетті.
“Сыршыл көңіл мұңаймас” атты бөлімде академик ғалым Зәки Ахметов:
“Сыршылдық сипаты айрықша көрінетін көңіл күйі лирикасы — Абайдың қазақ поэзиясына қосқан аса құнды жаңалықтарының бірі. Өзі сыршылдық лирика болған соң онда қуаныш та, қайғы-мұң да, күйініш те бәрі болатыны заңды құбылыс қой. Көңіл күйі лирикасында ақынның өз жан дүниесін сезінуі әсіресе айқын және әлдеқайда толық көрінеді. Осыған орай лириканың бұл түрі ауызша әдебиет дәстүріне жақын ақындардың өлең-жырларынан гөрі жазба поэзияда кеңінен орын алады. Абайдың бұл салаға жататын өлеңдерінде мұңды сарын басым болса, ол оның сыршылдығы қоғамдық құбылыстарды бағалаудағы сыншылдығымен астасып жатқандықтан” – деп жазды.
1890 жылы жазған Абайдың “Келдік талай жерге енді” өлеңімен үндестік Нұрлан Оразалиннің “Келеміз жалғай алмастан...” атты лирикалық жыры бүгінмен сырласып, өткенге көз жіберу, болашақты барлау сезімдеріне толы.
“Жаза алмай жанның жарасын,
Кездерде қай бір арбасқан,
өмір мен жырдың арасын,
Жаз бен ақпан алмасқан
Келеміз жалғай алмастан...
Қабыспай сөзің кейде іспен,
қонардай жанға мол қайғы,
сезімді жұтып, ойды ішкен
қабаржып күндер толғайды.
Ақ деген тұсың қара боп,
Сұрақтан сана тұнады;
Көңілді өртеп жанады от...
Белгісіз қашан тынары?!.” –
деп толғайды.
“Таба алмай ойдың жалғасын, тұрасың қарап аспанға” дейді ақын, өз ойымен өзі күресіп.
“Аймалап түнде ақ қарды
Желкілдер сезім желегі,
Құшақтап көше, бақтарды,
Жылағың кейде келеді...
Көңілде — кірсіз бұла арман,
Көзіңде — аспан түнгі Айлы,
Қол созып сезім мұнардан,
Шәлісін шабыт бұлғайды.
Жаза алмай жанның жарасын
Сәттерде қай бір арбасқан...
Өмір мен жырдың арасын —
Ыстық пен суық алмасқан
Келеміз жалғай алмастан” –
деп түйіндейді.
Бұл жерде Абайдың:
“Жүрегім нені сезесің
Сенен басқа жан жоқ па?
Дүниені көңілім кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!”
Өлеңі ойға оралады. Ақын Абайдың жан сезімін лирикалық нәзіктікпен айрықша бейнелі етіп жеткізген жыры. Жалпы, лирика деген сегіз қырлы, қай жағынан қарасаң сондай ой туындайды. Әр қыры — әр бөлек. Әр адам өзінше толғап қабылдайды. Лирика жанры сонысымен қымбат.
“Құралайдың салқыны” кітабындағы “Түнгі дауыс” атты өлеңінде Нұрлан Оразалин Абайдың:
“Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек...” –
деген шумағын эпиграф етіп алыпты. Алғашқы шумақтарында:
“Кеудемде күй толғатқан бір ағын бар,
Сағынар салқар дала, жыра, құмдар.
Сөзім бар айтылатын,
Ойым-қалың,
Ғасырым!
Саған қояр сұрағым бар.
Сұрағым...
Сауалым көп қара құрым.
Кетірем қалай, қайтып сана кірін?
Арманды тұншықтырды ақша, мансап,
Күрсінсе, көкіректен тамады ірің.
Шығардай жан жарасы соқталанып,
Адалдық алысуда ноқталанып;
Қанағат өлді білем көңілдерде,
Ұмтылды көбелектей отқа халық.
Сөз өлді...
Үрей қонды...
Көнді дене...
Жағаға біз көрмеген келді кеме.
Тіршілік табадайын қуырып тұр,
Теңейін оттан өзге енді неге?!” –
деп ақын жанын отқа салады.
Жаңа заман, жаңа дәуірді өзінің бас пайдасы үшін мансұқ етіп, өз жұртын ұмытқан пенде-жүректерге ой сала жырлайды. “Пендең кім қолын берер жылағанға, дерт болып жабысқандай мұң адамға” деп, адасып қалғандарға “шүкірліктен” “сақтай көр, сақта елім күпірліктен” деп ақын жүрегі қайғы кешеді.
“Жалғасардай ызғарлы желге құйын,
Осы ма еді?
Жоқшылық – келмек үйім?!
Қызыл жалын кеудені қайнатуда,
Қарғыс атқыр күн туды елге қиын.
Артық айтсам, сөкпестен айыр шынын,
Желбуаз жағымпаздың қайыршы үнін.
Көз көргенді жеткізу тілге парыз
Кебін киді байтақ ел қайыршының”, –
дейді ақын.
“Қорқам қатты... Өзімнен-өзім кейде” деп түңіледі. Заманының жебірлігінен, құлқынның құлына айналып бара жатқан замандас ұрпақтардан түңіліп қорқа бастайды. Заман... заман демекші, Зәки Ахметов “Абайдың ақындық әлемі” кітабындағы “Әлеуметтік әуендер”, “Айналадағы ел-жұртты, өзі өскен, өмір кешкен ортаны мінездеу мен заман, дәуір бейнесін көрсету Абай өлеңдерінде ұштасып, жалғасып жатады:
Туыстарың, достарың – бәрі екі ұшты,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.
Сүйсе – жалған, сүймесе аянбаған
Бұл не деген заманға ісім түсті?!” –
деп, Абайдың да заманға шағынған тұсын айқын көрсетеді.
Қазіргі Тәуелсіздік дәуірді көздің қарашығындай сақтау орнына, қарапайым халқын қан-қақсатқан әкімсымақтар қанша ма?! Өзінің күнәсін жабу үшін – қажы болған қажысымақтар қанша ма? Міне, ақын Нұрлан Оразалиннің “Түнгі дауысы” – осындайларға қарсы дауыс. Осы жерде ұлы Абайдың мына өлеңі жаныңа да маза бермейді.
“Кейбіреуі дүрсіп жүр
Жер тәңрісіп кер мағыз.
Кейбіреуі – законшік
Оңдырмассып, берсе арыз.
Кейбірі пірге қол берген,
Іші залым, сырты абыз.
Кейбірі қажыға барып жүр
Болмаса да қаж парыз”.
Бұл өлеңді талдаған Зәки Ахметов:
“Осылай өзімшіл даңғой, мақтаншақтарды, арызқой жалақорларды, екіжүзді залым адамдарды, мұсылманшылық жолын тек бас пайдасы үшін ұстанатындарды ащы мысқылмен түйрейді. Сөйтіп келіп ағайынның араздығы қоздыратын, талас-тартыс болғанда басу айтудың орнына өршелендіріп, қыздыра түсетін кезбе шал да аз емес деп, соған бетпе-бет келгендей сөзін тура қаратып айтып, қатты шүйіледі:
Партия жиып, мал сойса,
Бата оқисың, жейсің бас.
Басалқа сөз сенде жоқ,
Айтқан сөзің “малың шаш”.
Итше індет тілемей.
Жат үйіңде, өлсең де аш!”
Ақын сөзін осы шалды айтумен тамамдап, басқа түйіндеу жасамайды. Бірақ біз өлеңнің басына еріксіз қайта оралып, ой түйінін сондағы:
“Қайғы мен ыза қысқан соң
Зар шығады тілімнен”, —
деген сөзден табамыз.
Шынында да “Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығарды тілімнен...” демекші Нұрлан Оразалиннің өлеңінен де, өлеңді жазған тілінен де “зар” жамырап өріске шыққандай:
“Жебейтұғын жаратылыс, жанды ізгі,
Тәңір ием – көкте құдай – жалғыз-ды.
Жаңылдық па?
“Құдай-сымақ” көбейді,
көріп соны бойдағы асау қан қызды.
Қуғандайын сахараның сағымын,
ақылдының болды ақыры бағы – мұң;
атақ – Құдай,
алтын – Құдай,
шен – Құдай...
Естіместей ешкім тіпті хақ үнін.
Кім табады шер-шеменнің жөнді емін?”
“Батты жанға улы тілі шөңгенің,
арсыз – Құдай,
делдал – Құдай,
бай – Құдай...
Оңайы жоқ жер қозғаған пенденің”, –
деп, бәрі “Құдай” бірақ шер-шеменнің емін кім табады деп сауал қояды да Абайға тағы арқа сүйейді, түңіле арқа сүйейді.
“Абайды ұғар қалды қазақ кемде-кем,
заман туды сөйлесер тек теңгемен.
“Сөз патшасы” кімге керек?
Апыр-ай!..”
Көмейді өртеп оқиын ба желге өлең?” –
деп алып, ақын өлеңге де, өмірге де заңды түйін жасайды.
“Жан төрінде алысады от-құйын,
армандының жалын орап кетті үйін.
Өртенді үміт...
Боқ дүние болды арман,
асыл сөздің құны бүгін көк тиын.
Содан болар?
Ойым – жарым, орта – әнім,
қабатындай жүрегімді торта-мұң.
Көкте Құдай жалғыз еді... Жалғыз-ды!
Көлбеңдеген көп Құдайдан қорқамын...”.
“Асыл сөздің құны бүгін көк тиын” деп сөзден баға, жағадан су кеткендегі серпеді. Заманға зарын, мұңын шағады.
“Заман қашып барады, заман қашып,
әлде кімге бұрылып, амандасып;
әлде кімнің көзіне жас үйіріп,
жетегінде барады адам қашып.
Көңілімде: бір сезім – тасығаным,
қуанғаным, күлгенім, жасығаным,
Асанқайғы болайын деп пе едім мен?
Заманменен барады қашып әнім”, –
деп, толғана жырлап:
Кимелеме, кейіме, асықпа, аға,
көше кезіп келеді жасып дала;
заман шіркін, барады диуана боп,
зікір салып барады қашып Дала.
Көз алдымда – қураған іңкәр қайың,
көкірегім – жаралы сұңқардайын;
Заман қашып барады арпалысып,
шабандозы құлаған тұлпардайын.
Қонғандайын кеудеме бар ізгі мұң.
(Қалай, қайтып өлшеймін парыз құнын?!)
Заман қашып барады ойымды арбап,
мен заманның тұтқыны тәріздімін...” –
деп аяқтайды.
“Мен заманның тұтқыны тәріздімін” дейді ақын. Бұған түйін, елді бірлікке, татулыққа шақырған Абайдың “Сегіз аяқ” өлеңіндегі:
Біріңді, қазақ, біріңді дос,
Көрмесең, істің бәрі бос –
деген сөзі Темірқазық бола алады. “Дәстүр жалғасы” бөлімінде академик Зәки Ахметов:
“Абай шығармашылығының қоғамдық, танымдық, көркемдік-эстетикалық мәнін толық түсіну үшін оның әдебиетте орнықтырған бейнелеу әдіс-тәсілдері, дәстүрлері, үлгі-өнегесі қалай жалғастық тапқанын арнайы қарастырып, тексеру қажет. Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса, ықпалы да соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да мол болатыны анық” – деп, жазады.
Абай дәстүрінің жалғастығы қазақ поэзиясының – ірі өкілдері Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарды айтсақ, бүгінгі тәуелсіздік кезеңдегі қазақ лирикасының көркемдік ізденістерін өзінше, өзгеше бағытта, дамытып жүрген ақындардың бірі – Нұрлан Оразалин. Әрі ойшыл, әрі сыршыл, лирик, әрі суреткер әрқилы дарын иесі болу – бір адамның басынан табыла бермеуі мүмкін. Бірақ, ақын Нұрлан Оразалин өзінің сыршыл-лирик ақын екендігіне – 1997 жылы жарық көрген “Құралайдың салқыны” кітабы дәлел екендігін, академик Зәки Ахметовтың 1995 жылы жарық көрген “Абайдың ақындық әлемі” атты зерттеу кітабымен сабақтастыра отырып, дәлелдеуге ұмтылдық. Абай дәстүрі Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ лирикасында жалғасын тауып жатқаны, Абай лирикасының мәңгілігінің кепілі.