Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Менің махаббатым

(пьеса)

3 актылы, 8 картиналы пьеса

ҚАТЫНАСУШЫЛАР:

Ақан Кемелев – Ғылыми-зерттеу институтының асыл тұқымды малдарды будандастыру лабораториясының ғылыми қызметкері, жас жігіт.

Қамаш Болатова-институттың ғылыми кіші қызметкері, Ақанның сүйген қызы.

Бике Болатова-Қамаштың апасы. Жасы 38-39-дар шамасында.

Уасила-Болатовалардың үй қызметшісі.

Нина Васильевна Федотова-институттың ғылыми кіші қызметкері.

Естай Еділов-профессор, институттың уақытша директоры.

Тұрбек Төкебаев-ғылыми аға қызметкер, биология ғылымының кандидаты.

Николай Иванович Давыденко-ғылыми аға қызметкер, алатау қойын өсіріп шығарушылардың бірі, ғылым кандидаты.

Ораш Кәдіржанов-институт партия ұйымының секретарьі.

Мариям Қожақова-директордың хатшысы.

Сахан Рахметов-Ленин атындағы колхоздың асыл тұқымды қой фермасы меңгерушісі. Жасы 50-лер шамасында.

Нұрсейіт-осы колхоздың тәжірибелі қойшысы, жасы 60-тарда.

Бигүл-Нұрсейіттің әйелі, жасы 40-тар шамасында.

Мұрат-жас қойшы.

Тоты-ферма есепшісі, Мұраттың сүйген қызы.

Шүкір-«Күрес» колхозының қой фермасы меңгерушісі.

Колхозшылар, оқымыстылар.

БІРІНШІ АКТ

БІРІНШІ КАРТИНА

Түн. Болатовалардың үйі. Сахнада кең бөлме. Оның екі жағында да есік бар. Бірі төргі бөлмеге, екіншісі ас үйге апарады. Үй іші мүліктерге онша бай емес. Әрі жиһаздары көзге тез түскіш, қызылды-жасылды боп келген. Қабырғада түрлі суреттер ілінген. Шымылдық ашылғанда бөлме бос. Телефон дамылсыз шылдырайды. Ас үйден Уасила шығады.

Уасила. Бүгін телефонға дамыл болмай кетті ғой... (Трубкада.) Болатованың пәтері. Сізге кім керек?.. Кім? Ә, қашан келдің?.. Қамаш... (Қамаш пен Нина кіреді.) .Міне, өзі келді. (Қамашқа қуана.) Ақан!..

Қамаш (трубкада). Иә, иә мен ғой. Өз хәлің қалай? Тіпті табан аудармастан колхозға барып жатып алдың ғой... Сағынбағанда ше. (Назды әзілмен). Тез кел, бұйырамын!.. (Трубканы іледі.)

Нина. Өзің гүл-гүл жайнап қоя бердің ғой.

Қамаш. Он ай бойы көріспеу оңай дейсің бе...

Уасила. Ақан келетін болса, мен шай қояйын. (Ас үйге кетеді.)

Қамаш. Ақан десе, Уасила байғұстың жаны қалмайды.

Нина. Осы сендердің тойларың қашан болады. Соны айтшы.

Қамаш. Той жақын ғой, Нина. Әуелі мына диссертациямды қорғап алайын да...

Мариям кіреді.

Мариям. Сендерге соңғы жаңалықты айтайын ба, қыздар?

Қамаш. Өзіміз де білеміз.

Мариям. Білмейсіңдер!

Қамаш. Білеміз, білеміз, білеміз!

Мариям. Білмейсіңдер, білмейсіңдер, білмейсіңдер!

Нина. Мариям жаңалықты уақытында жеткізуге мықты-ақ ен, бұл жолы, шынында да кеш қалдың...

Мариям. Мүмкін емес... Ал айтыңдаршы.

Қамаш. Ақан келді...

Мариям. Мұны мен тіпті естігем де жоқ...

Қамаш. Енді не болды екен?..

Мариям. Айттым ғой білмейсіңдер деп...

Қамаш. Ал, жақсы, білмейміз.

Мариям. Міне, соны мойындаңдар. Асқаров жолдас бізден кететін болды...

Қамаш. Иә?..

Мариям. Сол, докторантураға барады. Оның орнына уақытша директор болып профессор Еділов тағайындалды... Киноға бара жатыр-ем, саған осыны хабарлап, құттықтай кетейін деп әдейі бұрылдым.

Қамаш. Қызық екенсің, неменеге құттықтайсың?!

Мариям. Ғылыми жетекшің институтқа директор болып жатса, байғұс-ау, саған жаман ба?!. Мұның аты ертең-ақ кандидат боласың деген сөз... (Телефон шылдырлайды. Қамаш тыңдайды.) Ал, мен кеттім. (Кетеді.)

Қамаш (трубкада). Жоқ, мен Бике емеспін. Мен бе, мен сіңлісімін... Жақсы. (Төргі үйдің есігін ашып.) Сізді бір кісі телефонға шақырады.

Қолында кітап, төргі үйден Бике шығады.

Бике (телефонда). Мен тыңдап тұрмын. Ә, сізсіз бе? (Назданып.) Иә, хәліңіз қалай? Хабарласпай кеттіңіз ғой. Білем, білем, қит етсе, жұмысбастылыққа салынатын сіздердің әдеттеріңіз... Өз хәлім бе? Өз хәлім тіпті де жақсы емес. Көңілсізбін, басым ауырады... (Күліп.) Бас қосылмай-ақ қойсын... Күйеуден көрген опам шамалы. Ертең бе?.. Мүмкін, бос болармын... Ә, киноға ма? Қандай картина екен? Ой, жоқ бармаймын. Ондай саяси фильмдерді жаным сүймейді. (Пауза.) О, опереттаның жөні басқа... (Біраз тыңдап.) Қазір айта алмаймын. Ертең хабарласыңыз...

Нина. Қашан келсем де, Бике Болатованың қолынан кітап түскенін көрмеймін. (Күліп.) Тағы да роман шығар. (Кітапты қарайды.) Ә, бәсе, Жорж Санд.

Бике. Жорж Санд дегенді қайдан тауып алдың? «Консуэло».

Нина (мырс күліп). «Консуэло» сол Жорж Сандтың романы ғой.

Бике. Ә, солай ма, авторына қараппын ба. Өзі дегенмен әйел жанын жақсы білетін еркек екен.

Нина. Бике Болатовна, Жорж Санд-еркек емес, әйел.

Бике. Ә, мейлі, кім болса, ол болсын. Оның маған қажеті жоқ. Маған керегі роман.

Нина (күлімсіреп). Романнан басқаны оқымайсыз?

Бике. Романның да бәрін оқи бермеймін. Тек сезім қозғайтын, жүрегіңнің нәзік қылын шертетін, ғашықтық жайындағы романдар болса ғана мені еліктіре алады... Ал пьеса оқу дегенге ежелден қаным қас. Әлгі өлең дегенді оқысам ұйықтап қаламын.

Нина (күліп). Мұныңызды ақындар мен драматургтер есітпесін.

Бике. Естіп те жүр. Оны айтасың, анада бір ақынды ашуландырып та алдым.

Нина. Қалайша?

Бике. Подругамның тойында бір ақын өзін қайта-қайта таныстырып, пәлен деген өлеңдер жинағым бар, оқыған шығарсыз деп маған қырындайды кеп, қырындайды кеп! Мен оған турасын қойып қалдым. «Сіздей ақынды естіп те, оқып та көрген емеспін» дедім. «Өзіңіз қазақ әдебиетін оқымайды екенсіз» деп әлгі ақыным шамданбасын ба. «Шамданбаңыз, сіз түгіл әлгі Абай мен Пушкиннің де өлеңдерін оқыған жан емеспін» деп шынымды айтып, әрең құтылдым... Қамаш, сенің әлгі қой бағарың келген бе?

Нина. Қой бағарыңыз кім?

Бике. Әлгі Ақанды айтам. Мен сол достарыңнан оқымысты шықпай ма деп қорқамын.

Нина. Неге олай деп ойлайсыз?

Бике. Оқымысты деген үлкен қалаларға, білім ордасына қарай ұмтылушы еді, бұл кежегесі кейін кетіп, ылғи ауылға қарай жүгіреді. Мен білген осы бір жыл ішінде он айды колхозға жіберді. Онда қандай ғылым жатқанын білмеймін.

Нина. Ғылым мекен талғамайтын көрінеді ғой, Бике Болатовна.

Бике. Қой соңында жүрген де ғылым болып па.

Нина. Қой өсіру оңай дейсіз бе.

Бике. Ол үшін институт бітірудің, кітап оқып, көз майын тауысудың түкке керегі жоқ. Қойшы бол да, қой бақ-Егер ғылым дегендерің Ақан сияқты қой соңында жүру болса, ха, ха, онда мына мен де академик болып кете алады екем.

Нина (күлімсіреп). Әлі де кеш емес.

Бике. Құрысын, көрмегенім қой болсын!

Нина. Бұл ақылыңызды Қамашқа баста неге айтпадыңыз. Егер айтқаныңызда қой маманы боламын деп бүйтіп диссертация жазып әуре болмайтын еді ғой.

Бике. Мен курортта жүргенде Зоовет институтқа түсіп қойып, діңкемді құртты ғой бұл қыз. Әйтпегенде өзі де бұлай болмайтын еді.

Нина (жымиып). Енді қалай болатын еді?

Бике. Артиска немесе киноактриса болып жүретін еді.

Нина. Таланты бар ма еді?

Бике. Бар болған соң айтам да.

Нина. Қап, бір артискадан айрылған екенбіз ғой... (есік қағылады.)

Бике. Кіріңіз. (Ақан келеді.)

Ақан. Кеш жарық. (Ас үйден Уасила да шығады. Ақан бәрімен амандасады, Қамашқа) Телеграмма бермеді деп жазғырма, сендерді мазалағым келмеді.

Бике. Жарайды, ақталмай-ақ қой. (қағытып.) Немене қойларың семіз бе екен?

Ақан. Семіз болғанда қандай!

Бике. Біреуін ала келуді де білмейсің.

Нина (күліп). Қойды жек көрсеңіз де, етін жек көрмейсіз бе деймін.

Ақан. Жоқ, Бике апай, союға көз қимайтын қойлар.

Бике. Ол соншама не қылған қойлар?

Ақан. Кілең асыл тұқымды ай мүйіздер... (Қамашқа бұрылып.) Қамаш, диссертация не болып жатыр? Хаттарынан жаңалыққа қана алмай қойдым ғой.

/Бике роман оқуға кіріседі./

Қамаш. Қанбасаң, енді қанасың. Соңғы айлар әкелген жаңалық сондай көп! Хатты былай қойып, ауызбен айтып тауыса алсам сол...

Ақан (күліп). Байқаймын, диссертацияны бітіріп алған адамсың ғой...

Қамаш (еркелі). Енді қалай деп едің...

Ақан (қуанып). Тамаша іс болған!.. Рецензенттердің пікірі қалай?

Қамаш. Жаман емес.

Нина. Жаман емес деу аз. Мақтау үстіне мақтау... Төкебаев дегендер биология ғылымына қосылған үлкен жаңалық деп жазған.

Ақан. Басқалар болмаса, Төкебаевты қойшы... (Қамашқа) бір данасын бүгін маған ұмыттырмашы, үйге ала кетіп, оқып шығайын.

Қамаш (жымиып). Бірақ саған ұнамай ма деп қорқамын.

Ақан. Неге?

Қамаш. Алатау қойы жайында сен көргендегіден біраз пікірім өзгеріп кетті... Көп нәрсені ұға алмаппыз ғой...

Бике (кітапты қойып). Ой, сендермен отыру, қандай көңілсіз. Қойдан басқа әңгіме құрып қалған ба...

Ақа н. Бике апай-ау, басқа да әңгіме көп қой, соған қол тиіп жатыр ма.

Бике. Тілеуіңді берсін, сол басқа әңгімеңнің бірін қозғашы.

Ақан. Айтпақшы, колхозда мен сіздің бұрынғы жолдасыңызды көрдім, екі күн бірге болдым.

Бике. Ол да қой көруге барып па?

Ақан. Қой көруге бармапты, су көруге барыпты.

Бике. Суды қайтеді екен? Алматы мен Москваның суы оған жетпеп пе?

Ақан. Өзіне емес, халыққа... Ен даланы суландырудың қамында жүрген көрінеді... Өте ақылды, асқан білімді адам екен.

Бике. Иә, білімдісі білімді болар. Бірақ мейлінше көңілсіз адам, уақытының бәрін лабораторияда өткізеді. Сен болсаң, үйде ертеден кешке шейін роман оқып сарғайып отырасың. Онымен жұмысы да жоқ. Кешқұрым бір жаққа шығайын десең, жалғыз жүруді біртүрлі ыңғайсыз көресің. Ақыры шыдай алмадым.

Нина. Неменеге шыдай алмадыңыз?

Бике. Скукаға шыдай алмадым. Оқымыстылығың да, атағың да, ақшаң да өзіңе деп, айырылысып тындым... Оймен зерігу деген адамға удай зиян ғой...

Ақан (қуланып). Соның бәрін қайдан біле бересіз, Бике апай.

Бике (көңілді). Мен медичкамын ғой.

Ақан. Солай ма еді?

Нина. Дәрігерліктен дүкеншіге қалай ауысып жүрсіз.

Бике. Бітірмедім ғой мединститутты.

Нина. Неге бітірмедіңіз?

Бике. Көрінген дәрінің атын жаттап, бақа жарып, ит сойып жүрейін бе. Бір күні жүрегім айныды да, содан кейін тастап кеттім.

Нина. Бике Болатовна, содан кейін оқымай қойдыңыз ба?

Бике. КазПИ-де үш айдай оқығаным бар.

Ақан. Онда да бақа, шаян бар ма екен?

Бике. Бақа-шаян жоқ екен. Тек мына сен сияқты жігіттер бар екен.

Ақан. Мен шын сұрап отырмын.

Бике. Мен шын айтып отырмын. Бір жігіт келген күннен соңымнан қалмады. Ақыры соның кесірінен кеттім...

Ақан. Е, нағыз қызық роман өзіңізде екен ғой.

Бике. Бірақ, ол роман оңайлықпен оқыла қоймас.

Ақан (күліп). Ондай романның оқушысы бола алмағанына өкінем...

Бике. Өкінбей-ақ қой, басың жас қой, тірі болсаң, талай роман оқырсың. Төргі бөлмеге кетеді.)

Нина (басын шайқап). Қызық жан.

Қамаш. Кім?

Нина. Бике Болатовнаны айтам.

Қамаш. Неменесі қызық?

Нина. Сөздері, пікірлері қызық.

Қамаш. Сен Бикені жақсы білмейсің, Нина. Апам деп мақтағаным емес, өте сезімтал, ақылды әйел.

Нина (күлімсіреп төмен қарап). Сезімталдығы сезіледі, ал, ақылдылығын өзі біледі.

Ақан. Қыздар, бос әңгімені қайтесіңдер, сендер маған институт жаңалығын айтпадыңдар ғой. Коллективті әбден сағынып келдім.

Нина (қуақыланып). Коллективтің ішінде, әсіресе, кімді көп сағындың екен?

Ақан. Ол айтпаса да түсінікті ғой (Қамашқа қарайды).

Қамаш (назданып). Нанбаймын. Түкте сағынған жоқсың.

Ақан. Мен сені сағынбай тұра алам ба. (Қамашқа жақындайды, Нина екінші бөлмеге кетеді.)

Ақан. Келші қасыма...

Қамаш (күлімдеп). Манадан қасыңдамын ғой.

Ақан (құшағына қысып). Неткен шырын минут еді!.. Әбден сағындым ғой, Қамашжан!

Қамаш (еркелі назбен). Сонша ұзақ жүріп алғаның не, Ақан?.. Қарай-қарай көз талды ғой...

Ақан. Сол талған көзіңмен қарашы маған тағы бір. Алмашы көзіңді, қарай берші!..

Қамаш. Тағы да, тағы да айта түсші...

Ақан (рахаттана көзін жұмып). Сөз біткеннен айырылып қалдым. (Сүюге оқталады. Ас үйден Уасила шығады).

Уасила. Шай дайын.

Ақан. Әй, Уасила апай-ай. Шайыңыз тез қайнайды екен. (Уасила кетеді. Ақан мен Қамаш қайтадан сүйісуге оқталады. Нина шығады.)

Нина (жайдары). Шай дайын деп жатыр ғой.

Ақан. Пай-пай, Нина-ай, сен де бүгін шайшыл болып кеткен екенсің (Қамаш ас үйге кетеді.) Алатау қойы жайында сендер әлгіде не дедіңдер, Нина?

Нина. Алатау қойына көзқарас өзгеріп жатыр.

Ақан. Иә, не болып қалыпты?

Нина. Бұл қой шаруашылыққа қолайсыз, жүн берісі жыл сайын азайып барады, өлімі де көп деген пікір соңғы кезде кең тарап отыр.

Ақан (түсі суып). Ол кімнің тапқан жаңалығы?

Нина (Қамаштың диссертациясын ұсынып). Қамаштардың жаңалығы...

ЕКІНШІ КАРТИНА

Авансцена. Директор кабинетінің алдыңғы, қабылдау бөлмесі. Мариям өз столында отыр. Ақан мен Қамаш келеді.

Ақан (қиылып). Өмірде саған деген бір ғана тілегім болсын, тыңдашы менің айтқанымды!

Қамаш. Ақан, қызық екенсің! Өзіңе ұнамады деп маған жазған еңбегіңнен без дегенің бола ма. Мен де тірі жан емеспін бе!

Ақан. Мен саған без дедім бе? Түсінсейші, Қамаш-ау! Сенің диссертация қорғап, ғылыми дәрежеге жеткеніңе дүниеде біреу қуанар болса, ол мына мен екеніме күмәнданармысың...

Қамаш. Иә, қуандың...

Ақан. Қате басып жатсаң, қайтіп қошеметшің боламын?!

Қамаш. Қой, Ақан, тым ірі кеттің!.. Кімнің қате басып жүргенін кезінде көрерміз... Мариям, диссертация жайындағы құлақтандыруды редакцияға жібердің бе?

Мариям. Міне әзірлеп қойдым.

Қамаш. Тезірек жіберші.

Ақан. Қамаш, бала болма...

Қамаш. Иә, тағы не демексің?

Ақан. Өздігіңнен ойланар кезің жеткен сияқты!..

Қамаш. Түсінбедім мұныңа. Мен, немене, өздігінен ойлана білмейтін құр ербиген көлеңке болғаным ба?

Ақан. Бекер шамданасың. Көлеңке емессің, әрине. Ал бірақ алатау қойын зерттеуде әлдекімдердің шылауында кеткеніңді бекер дей алмайсың!

Қамаш. Кімдердің шылауында кетіппін? Оны да айта алатын шығарсың... Жоқ, Ақан, жетті! Сен мені адам құрлы көрмейтініңді жасырмадың. Оныңа да рақмет... Мариям...

Мариям (елбелектеп). Қазір, қазір!

Ақан. Жақсы ойды жаманға әдейі жорыма, Қамаш, ол сен екеумізге келіспейді...

Қамаш. Мариям...

Ақан. Асықпа, Қамаш. Мені тыңдағың келмесе, Николай Ивановичпен ақылдасайық. Сол оқысын. Диссертация жақсы болса, қорғау деген ешқайда қашпайды.

Қамаш. Дұрыс, енді бізге көлеңке бол дейсің ғой,. Жоқ, рақмет! Осы алған сыйым да жетер! Мариям!..

Мариям. Қазір, қазір...

(Қамаш пен Мариям есікке беттейді.)

Ақан. Бірнеше минут аялдаңдаршы! Қамаш, егер мені шын досым деп ұқсаң, егер алатау қойының соңында пәлен жылдан бері жүргенде бірдеңелер көргеніме, білгеніме шүбә келтірмесең, егер ғылымға жалпы зәредей де болса қатысы бар-ау деп білсең-бір жолға тыңда мені! Масқара боламыз!.. Жалынам, Қамашжан!..

Қамаш. Сен қанша көлеңке десең де, мен өзімше бірдеңелерді білемін ғой деп ойлаймын.

/Мариям екеуі шығып кетеді./

Ақан. Қамаш! Тоқташы!.. Ойпырай, бұған не лаж?!

Ғылыми-зерттеу институты. Директордың кабинеті.

Ақан мен Еділов.

Еділов. ...Иә сонымен?..

Ақан. Болатова мені ұғар емес. Сіз ұқтырыңыз. (Егіліп.) Көмектесіңіз, профессор... жас адамды адастырмайық.

Еділов (басын шайқап). Сен Кемелов, мынаны түсін. Диссертацияны ұнатқан екенбіз, демек біз де бірдеңе ойлаған болармын.

Ақан. Оған дауым жоқ. Бірақ сол ойлағандарыңызға қосылмауға еркім бар ғой. Менің сөзіме де құлақ қойыңыз.

Еділов. Құлақ қойғанда не істе дейсің.

Ақан. Диссертация туралы кең пікірлесуге жағдай туғызыңыз... Құлақтандыру жазуға асықпаңыз!

Еділов. Диссертация ертең ғылыми жұртшылық алдында қорғалады. Жағдай деген сол. Ешкім сені сөзден тыймайды. Ойлағаныңның бәрін сонда айт.

Ақан. Ол тым кеш.

Еділов. Себеп.

Ақан. Диссертация авторының ғылыми жұртшылық алдында құлайтынына күмәнім жоқ. Ондай қолайсыз оқиға болмауын қалаймын...

Еділов (күліп). Сен өзің кішіпейіл жігіт сияқтанушы едің. Бір сөзіңнен бір сөзің асып барады бүгін... (Звонок береді, Мариям кіреді.) Болатова маған келсінші. Ә, Мариям, Кәдіржанов, Төкебаев жолдастарды да шақырсаң. (Мариям кетеді. Күлімсіреп.) Айыптыны да тыңдайық. (Кәдіржанов, Қамаш кіреді.)

Еділов (Кәдіржановқа күлімсіреп). Сіз естіп пе едіңіз, Кемелев жолдас Болатованың диссертациясына үлкен саяси кінә тағып, қорғауға қарсылық білдіріп жатыр.

Кәдіржанов. Иә, естіген едім.

Еділов (әзілдеп). Біздің үстімізден партия ұйымына арыз айтып та үлгерген екенсің ғой. Әй, жастар, жастар!..

Ақан. Коммунисте өз ұйымынан құпия ешнәрсе болмаса керек...

Еділов. Қалжыңдаймын...

Кәдіржанов. Кемеловтың пікіріне Болатова жолдас қалай қарайды екен?

Қамаш. Мен Кемеловты ұға алмадым.

Кәдіржанов. Неге?

Қамаш. Кемелов алатау қойынын қасиетін өзінше түсінеді. Мен өзімше түсінемін. Кемеловтың ойынша бұл қой таулы аудандарымыздың шаруашылығына қолайлы, ыстық -суыққа ең төзімді қой. Ал, біздің ойымызша бұл қой тіпті де олай емес...

Еділов. Қамаш, сөзіңді бөлейін: менің саған, сұрағым бар, Кемелов. Бірінші сұрақ: алатау қойының жүн берісі жылдан жылға қалай болып келеді? Егер азайып отырса, бұл неліктен деп ойлайсың? Екінші сұрақ: ыстық-суыққа көнгіш тұқым дегенді жиі айтасыңдар, олай болса, бұл қойда өлім-жітім неге көп? (Төкебаев келеді).

Төкебаев. Мен кешіккен жоқпын ба?

Еділов (күліп). Аздап кешіктіңіз.

Төкебаев (сағатына қарап). Екіден төрт минут қана кетіпті.

Еділов (ол да сағатына қарап). Төрт минут емес, алты минут болар.

Төкебаев. Ғапу, Есеке, сағатыңыз алға кеткен.

Еділов. Менің сағатым дұрыс, өз сағатыңыз артта қалған.

Төкебаев. Менің сағатым артта қалмаушы еді.

Кәдіржанов. Амалыңыз бар ма, тоза бастаған ғой. (Отырғандар күледі.)

Еділов. Сөзімізді қалжың аралап кетті. Иә, айта бер, Кемелов.

Ақан. Алатау қойының өлімі көбейіп, жүні азайып барады дегенді сіздерге кім айтып жүр?

Төкебаев. Ә, ғапу... Сен қызық екенсің, Кемелов. Мұның бәрі факт ғой.

Ақан. Мұның бәрі факт емес, лақап.

Қамаш. Лақап емес, факт. Алатау қойы қозыларының көпшілігі жыл сайын шығын болып отырғанын қалай жасыра аласың?!

Ақан. Иә, сіздер айтқандай: кейбір колхозда қозы өлімінің болғаны да рас. Тіпті жүннің азайып кеткені де рас...

Төкебаев. Ғапу, демек, факт ғой.

Ақан. Факт. Бірақ бұл тек сіз үшін керек факт. Ал, ең негізгі факт диссертацияда мүлдем ұмытылған. Егер диссертант алатау қойын терең зерттегісі келсе, сіздер айтқан жеке фактылардың себебін ашуы керек еді. Сол ашылмаған. Тағы да қайталаймын: жеке колхозда қозының өлгені де, жүннің азайып кеткені де рас. Бірақ мұның бәрі сіздер айтқандай алатау қойының азғындап бара жатқандығынан емес, күтімнің жоқтығынан екенін ұғыңыздар. Диссертацияның басты қатесі, міне, осында. Күту, бағу, азықтандыру жайында түк айтпай мал тұқымын асылдандыруды сөз етуге бола ма... Қамаш, қалайша түсінбейсің осыған?

Кәдіржанов. Демек, жеке колхоздарда алатау қойын өсіруде сәтсіздікке ұшырап отырсақ, ол ең алдымен бағудың нашарлығынан деп түсінуіміз керек қой?

Ақан. Дұрыс айтасыз. Тап солай.

Төкебаев. Ә, қарағым Кемелов, ондай арзан маневрдың керегі не. Алатау қойы дегенді бәріміз де білеміз ғой, не қыласың босқа даурығып. Одан да мынаны түсініп ал. Алатау қойы өсіп береке таппайды. Соны мойында да, осыған дейінгі әбігерге крест қой. Әрине, сіз үшін қиын, оған мен түсінемін. Амал нешік.

Ақан. Төкебаев жолдас, кресіңізді ала жүгірмей тұра тұрыңыз. Бұл қойды ойлап шығарған мен емес, бүкіл коллектив еді ғой, крест қоямыз десе, айтар осы жұрт.

Кәдіржанов. Төкебаев жолдас, бұл қой сізге неге ұнамай қалды.

Төкебаев. Ғапу, Кәдіржанов жолдас... Ауа райы қолайсыз біздің Қазақстанда ілуде біреуі болмаса, биязы жүнді қой есе бермейтінін мен сіздерге баяғыдан қақсап келемін ғой. Бірақ сіздер мені тыңдамай-ақ қойдыңыздар.-Ақырында келіп Давыденколарың алатау қойы дегенді шығарды... Сіздер айтқан биязы жүнді, ауа райына төзімді алатау қойы деген қой жоқ... Ол болған емес, болмашы да емес.

Ақан. Төкебаев жолдас, Америка баяғыда ашылған.

Төкебаев. Жоқ, қайтадан ашуға тура келеді...

Ақан. Ендеше, қолыңыздан келсе, ашып көріңіз.

Мариям кіреді.

Мариям. Бір ауыл адамы келіп отыр.

Еділов. Кідіре тұрсын. (Мариям шығады. Сахан ішке кіреді).

Сахан. Менің де кіруіме болатын шығар.

Кәдіржанов (танып). Кіріңіз, кіріңіз.

Сахан (бәріне қол беріп). Ту алыстағы «Ленин» колхозының асыл тұқымды қой фермасының бастығы Сахан Нұрахметов деген боламын.

Кәдіржанов. Білеміз. Ұмытып қалғаныңыз ба, мен сіздерде өткен күзде болып қайттым ғой.

Сахан. Біз сіздерді неге ұмытайық. Өзіңіз ұмытып қалды ма деп... Жә, уақыттарыңызды алмай, мен келген шаруамды айтайын. Мен осы жылғы 25 июльде өзіміздің колхоздан шығып, астапыралла, өтірік айтып барады екенмін, 26 июльде екен. Я сол 26 июльде өзіміздің колхоздан шығып, райкомға келіп, одан осында, Алматыға келіп, одан ауылшаруашылық министрлігінде болып, одан обкомда болып, одан облыстық атқару комитетінде болып, одан үлкен үйдің дәл өзінде болып, одан, міне, сіздерге соғып отырмын... Уақыттарыңызды алмай, қысқарта сөйлейін, мұнда келгендегі шаруамның бірі-сіздерге бір өтініш хат жіберген едік. Біз онда колхозымызда қойды қолдан ұрықтандыру пунктін ашуды сұрағанбыз... Осында аттанарда райкомымыз сіздерге соқ, мән-жайды біл, біздің тілегімізге қалай қарайды екен, әйтеуір не керек, уақыттарыңызды алмай қысқарта сөйлейін, сіздермен жолығып, жүзбе жүз дидарласып, ауыз ба ауыз сөйлесіп, мән-жайға қанып қайт және бұл ісімізді басқаратын бір оқымысты алып қайт деп тапсырған еді...

Кәдіржанов. Жақсы, оқымысты да жібердік, пункт те аштыңыздар. Алатау қойы мен қазақы қойды будандастырдыңыздар. Сонда бұл жаңа тұқым аудандарыңызда өсе ме. Осы жағын ойластырдыңыздар ма?

Сахан. Жарқыным-ау, не ойластыратыны бар. Өсіп отыр ғой біздің колхозда.

Кәдіржанов. Сіздің колхозда өсіп отырса, енді бір колхозда өшіп отыр.

Сахан. Ойбай-ау, баға білсе, мал өспеуші ме еді.

Кәдіржанов (Еділовке). Көрдіңіз бе, колхозшыларды.

Еділов. Мұның бәрі біздің әлгі алатау қойшы кейбір оқымыстысымақтарымыздан жұққан дерт қой.

Кәдіржанов. Өне бойы микроскоппен қарамай, өмірге бір мезгіл жай көзбен де үңілсек қайтер екен.

Сахан. Астапыралла, ұмытып барады екем ғой, біздің атақты қарт қойшымыз, әлгі бишікеш жас әйелі бар, Нұрсейіт ақсақал сізге сәлем айт деп еді, білетін боларсыз.

Кәдіржанов. Білемін, білемін, екеуі де жақсы адам, тәжірибесі мол, таптырмайтын қойшылар.

Сахан. Есіңізде ме, Мұрат деген қалжақбас жас қойшымен өзіңіз ұзақ сөйлесіп едіңіз ғой.

Кәдіржанов. Есімде болмағанда. Әнді қандай жақсы салады ол...

Сахан. Міне, міне, сол досыңыз да сізге сәлем айтты.

Кәдіржанов. Рахмет, достарым... (Пауза.)

Сахан. Колхозшыларға не айтып барайын.

Кәдіржанов. Өзіміз кейін хабарлайық.

Сахан. Бізге хабар жібермеңіздер, адам жіберіңіздер.

Кәдіржанов. Диссертация туралы дауды колхозшылардың талабы ширықтыра түскенін байқайсыздар ма. Егер Болатованың диссертациясы дұрыс болса, республикамыздың бірқатар аудандарына тарап кеткен алатау қойын қайтадан лабораторияға иіруіміз қажет. Ал, егер алатау қойын ойлап шығарған біздің Николай Иванович Давыденко бастаған бір топ ғалымдікі дұрыс болса, онда Кемелов айтқандай: диссертацияны қайта қарап шығу керек. Колхозшылардың тілегін орындау, орындамау дегеніміз осыдан кейін өзінен өзі шешіледі... Міне, осы жағдайды еске ала отырып, мен диссертацияны қорғамас бұрын жұмысшы советте талқылауды ұсынамын.

Еділов. Кәдіржанов жолдас, осымыз қажет болар ма екен.

Кәдіржанов. Талас мәселені кең түрде кекесіп шешуден зиян көрмеспіз деп ойлаймын.

Еділов. Ә, жақсы онда, осыған келісейік...

Кәдіржанов. (Саханға). Ақсақал, маған жүріңіз. Кең отырып әңгімелесейік.

Сахан (есік алдына барып). Астапыралла, ұмытып кеткен екенмін ғой. Тоты деген есепші қыз да сізге сәлем айтқан еді-ау... (Кәдіржанов күледі. Екеуі шығып кетеді.)

Қамаш (Ақанға). Тілегіңе жеттің. (Кетеді.)

Төкебаев. Жарайсың, жігітім, жарайсың. Бітіп тұрған еңбекті тоқтаттырып, жұрттың бәрін әбігерге салып бердің. Бірақ түбі өзіңе жақсы болмайтынын да біліп қой... Айтпады деп жүрме, ең алдымен сүйген қызыңның алдында масқара боласың.

Ақан шығып кетеді.

Бұл Кемелов дегендер қып-қызыл пәле деп сізге мен баяғыда айтпадым ба. Көрдіңіз бе, бүгінгі лаңын. (Ойланып.) Бұлар бет-жүзің бар демейді. Егер бір осалдығыңды білсе, тура таскенедей қадалады. Мұндайдан, тегінде, сақтанбаса болмайды. Беделі арта беретін болса, бір күні сен орынды босат деуден де тайынбайды.

Еділов. Көрегенсің-ау, Тұрбегім!

Төкебаев. Біз деген көруін көреміз ғой, Есеке. Тек жолдан лақтырып тастауға күш жете бермейді.

Еділов. Саспа, Тұрбегім, оған да күш табармыз. Тек жұмысшы советке жақсылап дайындал...

Төкебаев. Есеке... Өзіңіз бен Болатоваға мықты болыңыз. Ал, біз деген қызыл тілге келсе, бұлдыратып бағамыз ғой.

ҮШІНШІ КАРТИНА

Бірінші актының бірінші картинасындағы көрініс. Бикенің үйі. Кешкі уақыт. Шымылдық ашылғанда Уасила үй ішін жинастырып жүреді.

Уасила. Мұндай салақ әйелді көрсем, көзім шықсын! Қанша жинап қойсаң да, еңбегің бір жанбайды. Үйге бір кіріп шықса болды, жын ойнағындай қобыратады да кетеді. Анда бір аунайды, мұнда бір аунайды... Шашқанымен тұрмай, өзінше білгенсіп, қас-қабағын керіп, сыланып болатынына не дерсің. Ой, адырам қал-ау. Күнде көйлегін қырық құбылтқанша, баттасқан кірінен арылсайшы!.. Сәнденген оның несін алған... (Есік қағылады.) Кім дейсің, тағы бір кәрі кавалер шығар. Кіріңіз. (Маңғаздана басып Төкебаев кіреді. Уасила теріс қарап.) Мынау бір бұрын көрмеген шляпам.

Төкебаев. Кеп тұрғаным Қамаш Болатованың үйі ме? (Уасила бас изейді.) Танысып қоялық... Биология ғылымының кандидаты, осындағы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми аға қызметкері, доцент Тұрбек Төкебаев... (Қол береді.) Мен жайында бұрын естіген боларсыз.

Уасила. Ести алмаған едім.

Төкебаев. Өкінішті, өте өкінішті... Қайда отырсам екен?

Уасила. Қалауыңыз білсін.

/Төкебаев отырады./

Төкебаев. Қамаш қарындас қайда кеткенін айта алмайсыз ба?

Уасила. Айта алатын шығармыз. Тығыз шаруаңыз бар ма еді?

Төкебаев. Тығыз шаруам болмаса, кештетіп келем бе.

Уасила. Келгісі келгендер ерте-кешке қарамайтын боп тұр ғой... Күтсеңіз келіп қалар.

Еңсесі түсіп Қамаш келеді, Уасила ас үйге кетеді!

Төкебаев. Ғапу, Қамаш қарындас, келіп қалыппыз. Қалыңыз нешік?

Қамаш. Жұмысшы совет шығарған үкімнен кейін не хал сұрайсыз...

Төкебаев. Иә, әділетсіздік болды, ете әділетсіздік болды. Бітіп тұрған диссертацияны қорғатпау деген не сұмдық. (Ойланғансып.) Менің білуімше Кемелов сізбен өте жақсы қарым-қатынаста сияқтанушы еді, мұнысына түсінбедім... Сол бастамаса, осының бірі де болмайтын еді ғой...

/Қамаш үндемейді./

Оқа емес. Бәрібір қорғайсыз, қорғатамыз...

Қамаш. Кандидат болу, мүмкін, мұрат та емес шығар...

Төкебаев. Неге олай дейсіз. Кандидат болу әбден қажет. (Пауза.) Мұндайда жеңіп шығу керек.

Қамаш. Көпке топырақ шашам ба.

Төкебаев. Көп деген не, тәйірі. Бүгін Давыденко, Кемеловтарды жақтаса, ертең сіз бен бізді жақтап шыға келеді.

Қамаш. Айтылған сындардың несі дұрыс, несі теріс, ойлайыншы, сіз тек өзімдікі ғана жөндей бермеңізші.

Төкебаев. Әй, қалқам Қамаш-ай. Бір затты бірнеше саққа жүгірте беруге болады ғой. Шындап табан тіресеңіз, өз көзқарасыңызды әрқашанда қорғап шыға аласыз ғой... Сізге қазір ең керегі дереу іске кірісу...

Қамаш. Кіріскенде не істеймін.

Төкебаев. Диссертацияңызды жөндеңіз. Жоқ, олай етпеңіз. Осы күйінде-ақ іске асыруға болады.

Қамаш. Қайтып?

Төкебаев. Москваға, Москваға барып... Тыңдаңыз. Онда менің жақсы таныстарым бар... Егер бұған ниет қойсаңыз, мен сізге өз қолымнан келген барлық көмекті аямас едім. (Бике сөйлей кіреді.)

Бике. Уасила, маған ешкім телефон соққан жоқ па? (Төкебаевты көріп.) Кешіріңіз!

Қамаш. Танысып қойыңыздар. (Бикені нұсқап.) Менің апайым. (Төкебаевты нұсқап.) Біздің институттың қызметкері. (Ана екеуі қол алысады.)

Бике (ойқастай басып, айна алдына барады, өзіңе сылана қарап өтеді. Қамашқа). Айтып ем-ау, білгіш басым... (Қамаш бірдеме демек болады). Қой, қой бәрін де есіттім, бәрін де білемін!

Қамаш. Қайтесіз бұл іске араласып.

Бике. Неге араласпаймын. Араласқанды айтасың, енді келсе, жігітің болмақ түгіл, құдай болсын, үйден тура қуып шығамын. (Төкебаевқа.) Сізден ғапу өтінемін. Ойымдағыны ірікпей айтып салатын әдетім еді.

Төкебаев (көкірегін қолымен басып). Оқасы жоқ, оқасы жоқ. Сізді қазіргі минутта қандай сезімдер билеп тұрғаны маған сондай ұғымды, сондай таныс...

Бике. Ой, тамаша ұға білдіңіз!.. Уасила, шай неге әзір емес. (Төкебаевқа.) Сіз неге төрге отырмайсыз?

Төкебаев. Осы орынды әдейі қалап отырдым. (Қабырғадағы кеуде жағы ашық әйел суретін көрсетіп.) Мына бір тамаша суретті осы арадан отырып манадан қараудамын.

Бике. Ұнай ма сізге? (Қамашқа.) Әлгі Уасила қайда жүр? Қамаш, ас үйге өзің баршы. (Қамаш кетеді.)

Төкебаев. Әсемдіктің ұнамайтын адамы бар ма. Ол жан дүниеңді толқытып, билікті өзіңізден алып кетеді емес пе.

Бике. Ой, сіз искусствоны жақсы түсінеді екенсіз. Неғып суретші яки артист болмағансыз.

Төкебаев (күліп). Соны өзім де білмеймін.

Бике. Сізді бір минутқа қалдыруға рұқсат етіңіз. (Тәргі бөлмеге кіріп кетеді.)

Төкебаев. Еһе, қатып кетті. Мынау нағыз менің стилімдегі әйел екен... (Телефон соғып.) Есеке, Тұрбекпін ғой... Болатованың үйінен... Сізді қайдам, мен қорқайын дедім. Неге дейсіз бе?.. Есеке-ау, сайып келгенде құлаған Болатова емес, біз ғой. Бір жаман бала ғылым майданында үстемдік алып, іргемізді шайқап кетті емес пе... Ол енді бір аттаса, күніміздің не болатынын білмеймін. (Тыңдап.) Иә, иә оныңыз рас... Диссертация осы күйінде қорғалмай, біздің позиция жақсармайды. Шіркін дедіңіз, ол Москвада қорғап берсе, мұнда дүние өзгеріп қоя берер еді... (Қамаш кіреді.) Жақсы, кейін сөйлесерміз. (Трубканы іледі.)

Қамаш. Тұрбек аға, шешініп отырсаңызшы.

Төкебаев. Жоқ, Қамаш қарындас, қазір кетемін. (Бике халатпен шығады.) Қабырғаңызбен кеңесіңіз, (Бикені аңғарып). Апайыңызбен де ақылдасыңыз... Диссертацияма байланысты Москваға баратын өзімнің де жұмысым бар. Қаласаңыз тіпті бірге кетеміз.

Бике. Сіз неге кеттіңіз.

Төкебаев. Мен тек бір шаруамен ғана кіріп едім.

Бике. Жоқ, ас ішіп кетесіз. (Қамашқа қарайды.)

Қамаш. Шай дайын.

Текебаев. Рақмет, тағы бірде келермін. (Кетіп бара жатып). Қамаш қарындас, ойланыңыз. (Кетеді.)

Бике. Ой, қандай мәдениетті адам. Неткен сыпаны, неткен сезімтал жігіт. (Қамаш құлақ қоймай, терезеге қарап ойланып тұрады.) Қамаш, жаңағы кісі саған не деп кетті.

Қамаш. Москваға жүр, диссертацияңды сонда қорға дейді.

Бике. Ой, тамаша пікір. Бір сағат та аялдама, дереу Москваға кет...

Қамаш. Диссертация нашар деп табылса, Москвасы не, осы жері не, оның бәрібір емес пе.

Бике. Сол да сөз бе екен. Осы қазақтардың бәрі бірдей оңдырып қорғап жатыр деймісің, кейі тамыр-таныстықпен өтеді.

Қамаш. Москваның жөні басқа...

Бике. Таныстық Москвада да жүреді. (Ақан кіріп келеді. Бір-біріне тіл қатыспай, бәрі де біраз үнсіз тынады.)

Ақан. Қамаш ұғар деп келдім мені...

Бике. Қамаш сені ұғып болды ғой.

Ақан. Бике апай, басалқалығыңыз ба бұл?

Бике. Басалқалыққа көрінбейсің ғой, қайтесің құбыла беріп.

Ақан. Сіз ондай сөзге бармаңыз. Достықты қадірлеңіз.

Бике. Кім дос. Сен бе. Сендей достың құны бір тиын...

Қамаш. Жарайды, жарайды, шайыңызды ішіңізші.

Бике. Шай ішусіз қалса да, мен айтатынымды айтып тынам...

Қамаш. Айқайламаңызшы, онсыз да басым ауырып отыр. (Бике ас үйге кетеді. Бөлменің ортасында Ақан мен Қамаш біріне-бірі тура қарамай, едәуір үнсіз тұрып қалады.)

Ақан. Қамаш, командировкаға жүргелі жатырмын... Ленин атындағы колхозда пункт ашу маған тапсырылды... Ғылыми-тәжірибе жұмысын жүргіземін... Ұзақ уақыт боламын... Қоштасқалы келдім...

Қамаш. Жолың болсын...

Ақан. Саған ауыр екенін де, қиын екенін де білемін... Сен қандай егіліп тұрсаң, мен де сондай егіліп тұрмын... Бірақ бұдан басқа лаж табылмады. Қатеңді ұғар болмадың.

Қамаш. Рақмет, жақсы ұқтырдың. (ЬІзалы). Тағы қандай өшің бар, алып қал!

Ақан (басын шайқап). Осы сөзді кімге айтып тұрсың, соны ойладың ба, Қамаш?

Қамаш. Саған айтып тұрмын.

Ақан. Ашуды қойып, сәл ғана ойланшы...

Қамаш (шыдамай). Енді алатын өшің жоқ па? Алып болдың ба? Олай болса, үйімді босатыңыз! Көрінбеңіз көзіме?..

Ақан (Қамашқа тесіле қарап). Қамаш, не болған саған? Өзің ойлашы, қатемді неге көресің деп досқа нәлет айтуға бола ма? Еңбегін елімнің мүддесіне, өз мүддеңе қайшы келіп жатса, неге айтпаймын мен?! Ең аяулы досым, ең жақыным теріс бағыт алып бара жатсаң, неге үндемей қаламын мен?! Олай етпесем, кім болғаным менің?! Осыны неге түсінбейсің? Жақсы, мен үндемедім, басқалар да үндемеді. Сен кандидат болдың. Содан соң?.. Не үшін, кім үшін кандидат болдың? Ғылымға қанжар салумен алынған ғылыми атақ қоғамға қажет болды дей алармысың. Жоқ, оған аузың бара алмас... Азаматтық ар, халық алдындағы борыш ұмытылып, жалған атаққа құмарту қайдан шыққан дерт! Мен сенің орныңда болсам, ең алдымен осы дерттен сауығудың жолын іздер едім... Кеттім, сау болып тұр! (Кетеді.)

Қамаш. Ақан... Күткен қиын минут еді!..

Шымылдық

ЕКІНШІ АКТ

ТӨРТІНШІ КАРТИНА

Күз. Ленин атындағы колхоздың қойды қолдан ұрықтандыру пункті. Алыста қабат-қабат шоқылар біріне-бірі жалғаса келіп, бара-бара басын қар шалған биік тауға айналады. Етекте таудан құлай аққан өзен көрінеді.

Сахнада шағын үйшік. Ақан сонда телефонмен сөйлесіп отыр.

Ақан. ...Жұмысымыздың беталысы жақсы, Николай Иванович. Колхозшылар ағылып келіп жатыр. Қолдан келгенше, тілектерін орындап та жатырмыз... (Біраз тыңдап.) Әрине, әрине... Жайылымға сенуге болмайды, ол жағы есімізде... Көпшілік колхоздардың қысқа дайындығы жақсы... Станция. Станция... Қазір бітеміз... Жолдастарға сәлем жолдаңыз (Даусын өзгертіп.) Николай Иванович Болатова жайында... Диссертация мәселесін айтам... Естімей тұрмын, қайда дейсіз... Станция, бір минут, бір ғана секунд... (Үнсіз отырып қалады. Сахан кіреді.)

Сахан. Ақан шырағым, (Ақан сергіп, трубканы іледі.) Әлгі «Күрес» колхозы бар ғой... Міне, соның қой фермасының бастығы сақалы сапсиып тағы келді. Оған не дейміз?

Ақан. Олары болмайтын шаруа... «Күрес» колхозы мұндай жаңадан басталып отырған аса жауапты іске әзір емес.

Сахан. Айту кенде емес, бірақ түсінбейді... Бұл қараңғылықты қойсайшы.

Ақан. Аудан рұқсат етпеген іске біз өз бетімізбен бара алмайтынымызды ұқтырыңыз.

Сахан (басын шайқап). Ой астапыралла-ай, қып-қызыл шатақ болды-ау өзі. (Кетеді. Бір топ колхозшы кіреді.)

1-колхозшы. Қайтып барамыз. Сізбен қоштаса кетейік деп келдік.

Ақан. Жолдарыңыз болсын... (Орнынан тұрып.) Менің сіздерге бір ғана тілегім бар: сіздер зоотехниктерге мықты көмекші бола біліңіздер. Олардың айтқанын бұлжытпай орындаңыздар...

Колхозшылар. Құп, болады, бізге сеніңіз.

Ақан. Екінші бір естеріңізге салатыным-аудан ұйғарған қарарды бұзбауларыңызды сұраймыз. (1-колхозшыға.) Мәселен, сіздің колхозда. (Басқа да колхозшыларға.) Сіздің де колхозда алатау қойымен басқа қойларды будандастыруға болмайды. Биыл мал азығын көбейтудің қамын жеңіздер... Будандастыруға келесі жылы кірісеміз...

Колхозшылар. Ә, айтып барамыз.

Ақан. Ал, бұл жаңа тұқымды бағу жайында колхоздың тәжірибелі қарты, алатау қойын көптен бағып келе жатқан Нұрсейіт ақсақалмен әңгімелесіңіздер. Ол кісі сіздерге көп нәрсе айта алады...

Колхозшылар. Ол да дұрыс екен... (Кетеді. Ақан алақанын маңдайына қойып, біраз ойланып отырады, даурығыса Сахан мен «Күрес» колхозы қой фермасының меңгерушісі Шүкір кіреді.)

Сахан. Ой, астапыралла-ай, сен түсінемісің?

Шүкіp. Түсінетін түгі жоқ... (Ақанға.) Жолдас оқымысты, барлық колхоздарға шарапатыңды тигізіп, бізге келгенде сараң бола қалғаның қалай?.. Біздің де жаңа қой тұқымын өсіргіміз келеді.

Ақан. Ақсақал, сіз мынаны түсініңіз. Жаңа қойды өрбіту үшін ең алдымен тиісті жағдай болу шарт. Сіздің колхозда ондай мүмкіндік әзірше аз. Аудан, міне, осыны есепке алып...

Шүкір. Ауданды қайтесің. Өзіңнен марқабат іздеп келіп отырмыз.

Ақан. Жоқ, мен ауданның қарарын бұза алмаймын. Оның үстіне сіздердің қысқа дайындықтарыңыз да онша емес екенін жақсы білемін.

Шүкір. Сен біздің қысқы жайылымды көрмеген екенсің, шырақ. Колхоз колхоз болғалы малымыз сонда жайылып келеді.

Ақан. Жалғыз жайылымға сену аз. Колхоздың малға деген мол азығы болуы керек. Күтімі нашар, арқасын аяз сорған қойдан асыл қозы аламын деу құр тәуекел болмақ...

Сахан. Міне, айттым ғой. Қысқарта сөйлегенде мәселе осылай.

Шүкіp. А, тегі, сен де бір жағынан кимелемеші! (Ақанға.) Сонымен болмай ма?

Ақан. Болмайды, ақсақал.

Сахан. Ой астапыралла-ау, болмайды деген соң көп сөз неге керек. (Ашулы түрде Шүкір шығып кетеді).

Ақан. Орынсыз ренжиді.

Сахан. Аздап неге салса да ешнәрсе етпес пе еді... қайтер еді... (Желкесін қасиды, кетеді. Мұрат пен Тоты кіреді.)

Мұрат. Ағай, кіруге бола ма?

Ақан. Келіңдер.

Мұрат. Қатарынан екі сабаққа қатыспаған тәртіпсізді тапсыруыңыз бойынша алып келдім. (Ақан орындықты нұсқайды, аналар отырады).

Ақан. Комсомолка, бұл қалай?

Тоты. Ферманың үшінші тоқсанының есебін шығарамын деп... Содан... ағай, тіпті қолым тимеді.

Мұрат. Өтірік айтпа, сен қыз. Ол баяғыда жасалған...

Тоты (сыбырлап). Жайыңа отыр.

Ақан. Әлде оқығың келмей ме. Олай болса, жасырма, шыныңды айт.

Тоты. Ағай, мен оқып жүрмін.

Мұрат. Әй, қыз, тұрып жауап бер. (Тоты оған көзін алартады.) Мен малшы емеспін, зоотехниканы оқымасам да күн көрем дейді бұл қыз.

Тоты. Қашан айттым.

Мұрат. Кеше айтқаның қайда?

Тоты (құлағына). Жаның шықсын.

Ақан. Ферма есепшісіне де зоотехниканы білу қажет. Сен сияқты білімді жасты бұған үгіттеп жатудың өзі ерсі...

Тоты. Бұдан былай сабаққа үзбей қатысайын, ағай. (Теріс қарап.) Уһ, ұрса ма деп қорқып ем...

Мұрат. Комсомолка, екінші рет мұндай оқиға болмасын.

Тоты (теріс қарап). Қап мынаны-ай, ә. (Оның құлағына.) Сен соншама кім едің?

Мұрат. Мен дөдеңмін.

Тоты. Кетуге бола ма, ағай?

Ақан (басын изейді, Тоты кетеді). Тамаша қыз!

Мұрат (көзі жайнап). Тамаша қыз дейсіз бе?

Ақан. Немене, сен оңы сүйесің бе, қалай?

Мұрат. Жоқ, сүймеймін.

Ақан (күліп). Мені алдау оңай бола қояр ма екен...

Мұрат. Ақан аға, сіз мұны қайдан біле қойдыңыз?.. (Жан-жағына алақтап, даусын бәсеңдете сөйлейді.) Шынымды айтсам, өлердей ғашықпын. (Ақан күледі.) Аға, сіз біреуге айтып қойып жүрмеңіз.

Ақан. Қорықпа, мен сыр сақтай білемін.

Мұрат. Менің оған шығарған әнім де бар.

Ақан. Сен, тек әнші ғана ма десем, композитор да ма едің.

Мұрат. Аһа. (ЬІңылдайды.) Міне, осылай басталады... Аға, сіздің де сүйген қызыңыз бар ма?

Ақан. Иә, бар, Мұрат... Сен жаңағы әніңді сөзімен тағы бір айтып көрші. (Мұрат ыңылдай бастайды.)

Ақан. Сөзімен айтшы.

Мұрат. Сөзі жоқ.

Ақан. Ол қалай? Сөзсіз әнде сән бола ма?

Мұрат. Не істеймін, өлең қолдан келмейді.

Ақан. Өзің шығара білмесең, бір ақынға сөзін жаздырып алмайсың ба.

Мұрат. Ақын дегендеріңіз фермаға жуымайды (Нұрсейіт кіреді).

Нұрсейіт. Жуымай жүрген ол кім?

Ақан. Ақын-жазушылар.

Нұрсейіт. Ә, жазушылар ма? Олар мұнда келіп не қылсын, қой мен қасқыр туралы үйлерінде отырып та жазады.

Ақан. Қойшыны ше?

Нұрсейіт. Қойшыны жазып жүрген ақын-жазушы көрмедік қой.

Мұрат. Қой да баққымыз, кітап та оқығымыз келетінін соларыңыз білмей ме деймін. (Даладан Бигүлдің даусы естіледі.)

Нұрсейіт. Біздің бәйбішенің қоңыр даусы ғой. Дәу де болса, мезгілінде шайыңды неге ішпейсің деп, қиқуды салғалы келеді...

Мұрат (күліп). Ең алдымен мен таяйын (кетеді).

Ақан. Жеңгейдің дүмпуі қатты ма деймін...

Нұрсейіт. Оның рас. Даусы естілсе-ақ, ішіме күзен кіреді. (Күліп.) Қартайғанда жас қатын ала көрме. Онсыз-ақ басыннан бұлт тарамайды... Жә, мен кетейін. Сендер қарсы болмасаңдар, қойды ертең таудағы өріске әкетсек пе деп едім.

Ақан. Мен қарсы емеспін.

Нұрсейіт. Онда біз ертең түу, түу биікке кеттік. (Шам жарығы есік алдындағы алаңға түседі.)

Бигүл. Біздің әлгі шал шайын ішпей қайда жүр? (Іштен ыңылдап Мұрат шығады.) Қойды тастап, сен не ғып зекіп жүрсің мұнда?

Мұрат. Несін айтасыз, Бигүл жеңгей, бір саз көңіліңді таң атқалы тербеп жүр, тербеп жүр.

Бигүл. Ол не қылған саз?

Мұрат. Ән. Бигүл. Ән.

/Мұрат ыңылдайды./

Е, әнің осы болса, басын ауыртпай-ақ қоя ғой...

Мұрат (күліп). Өз әніңіздей болмай жатыр ма?

Бигүл. Жә, сөз жарыстырма! (Есіктен Нұрсейіт көрінеді.) Сен, шал, не ғып байланып қалдың.

Нұрсейіт. Сабыр, сабыр, бәйбіше. Ақанға ақылдасқалы келіп едім, отырып қалдым... Ертең тауға кешетін болдық... (Ыңылдап тұрған Мұратқа.) Мұратжан, мынауың не ыңыл. Ән бе, әлде жылап тұрсың ба.

Бигүл. Ән шығарыпты.

Нұрсейіт. Ә, солай ма... Естіртіңкіреп ыңылдашы.

/Мұрат ыңылдайды./

Е, енді түсіндім. Өзіміздің «Жиырма бес» қой мұның. Мұрат. Нұреке-ау, «Жиырма бес» былай ғой («Жиырма бесті» ыңылдайды.) Ал мынау өз әнім.

Нұрсейіт. Иә, рас, аздап өңін айналдырғаның аңғарылады...

Мұрат. Нұреке, сіз ән жайын түсінбейсіз. Әнде халықтық саз болуы қажет. Алматыдағы үлкен композиторлар да солай етеді.

Нұрсейіт (мысқыл күлкімен). Жалғыз сен бе десем, халық әніне қолын сұғатындар Алматының өзінен де табылады десейші...

Колхозшылар келеді.

I-колхозшы. Шопан ата, біз сенімен әңгімелесейік деп келдік.

Нұрсейіт. Уа, не жайында.

I-колхозшы. Ай мүйізін жайында сұрайтынымыз бар еді.

Нұрсейіт (әйеліне мақтаныш пішінмен). Көрдің бе. (Колхозшыларға.) Сұраңдар.

II-колхозшы. Біздің колхозда бұл қойлар атымен жоқ. Өсіру ниетімен ұрығын алып кетіп барамыз. Мына деймін-ау, бағып-қағуы киын болмай ма.

Нұрсейіт. Қиының не, бұл алатау қойы деген бағуға ең қолайлы жануар. Ол тау-тас, жауын-шашыныңды елемейді.

Шыңға арғы атасы архарша секіріп қысы-жазы ең биік қияда жайылады... Ал мұның ұйымшылдығын, сақтығын, сезгіштігін, иісшілдігін қой, оны ма, тіпті айтып та жеткізе алмайсың...

Колхозшылар. Апырай-ә!

Нұрсейіт. Қасқырды қырымнан сезеді...

I-колхозшы. Ой, тоба-ай...

Нұрсейіт. Анада бір қызық болды... (колхозшылар Нұрсейітті қаумалай түседі).

Мұрат. (Бигүлге.) Ал Нұрекең аң туралы әңгімеге көшті. Енді біраз бөседі.

Нұрсейіт. ...Аяңдап жайылып бара жатқан қойларым бір кезде бастарын жерден жұлып алып, иіріліп кеп қалды. Апыр-ау, бұл не болды деп жан-жағыма жалтақтап қараймын кеп, қараймын кеп. Бірақ, ештеңе көрінбейді. Сөйтіп, тұрғанда мына Мұрат: «қасқыр» деп, баж ете түскені ғой. Сол шақ бір нән көкжал алдымнан көлденеңдеп өте бермей ме. Мойнымнан мылтығымды жұлып алғанша, қасекең қарсыдағы қырқаға шығып та үлгірді. Енді кешіксем сан соғып қалатынымды біліп, шарт тұра қалып тартып кеп жібердім. Ажал дегенді қойсайшы, жүгіріп бара жатқан көкжал он қадамдай жерге ұшып түсіп жалп етті. (Мұрат мырс етіп күліп жібереді.)

Мұрат (ақырын ғана). Нұреке, аздап...

Нұрсейіт. Сөзді бөлме! Содан кейін қасына барсам, патшалардың үлкені-ай, тура өркеші жоқ түйедей екен...

Бигүл. Тайыншадай десең де жетер...

Нұрсейіт. Жоқ, бәйбіше, тайыншаң не, түйеден кіші болса, сәл-ақ кіші шығар.

Мұрат (күліп). Нұреке, әлі де әрірек сілтеп жатырсыз...

Нұрсейіт. Жоқ, тіпті де түйеден кіші емес.

Бигүл. Қой, судыратпа... Неге керек сондай өтірік...

Нұрсейіт. Бәйбіше-ау, өтірік айтайын деймісің, қасқыр десе қызып кетем... (колхозшылар күледі).

Бигүл. Сөйлеп болсаң, шайыңды іш... (Нұрсейіт Бигүлге «мыналарды да шайға шақырмайсың ба?»-деген ишарат білдіреді.) Сенсіз де білемін... (колхозшыларға). Жүріп дәм ауыз тиіңіздер.

Нұрсейіт. Иә, иә, әңгіменің қалғанын шай-пай іше отырып шертейік.

/Барлығы да Нұрсейіттің үйіне беттейді/

Бигүл (Мұратқа). Сен қайда барасың?

Мұрат. Е, шай ішпейміз бе.

Бигүл. Жә, сен қойды қара...

/Мұраттан басқалары кетеді, сахнаға Тоты шығады/

Тоты. Ә, түстің бе қолыма оңашада!

Мұрат. Түстім, түстім... Сен қыз бетімнен сүйіп бәле қылар ма екенсің.

Тоты. Кел, сүйейін, тіпті бетіңнен емес, аузыңнан сүйейін. (Мұрат жақындайды.) Жаның бар ма, бері келсейші! (Мұрат келеді. Оның құлағынан шап беріп ұстап алып жұлқылайды). Мә, саған сүйген...

Мұрат. Өй, қыз, жазығым не?

Тоты. Ағайдың алдында ұялтамысың?

Мұрат. Ойбай, ұялтпаймын!

Тоты. Айқайлама!

Мұрат (одан сайын айқайлап). Ойбай, құлағым.

Тоты. Тек, өшір үніңді! (шошып, қоя береді.)

Мұрат. (сылқылдап күліп). Әй, мықтысың-ау, құлағым!

Тоты. Неменесі мықты?

Мұрат. Менің құлағым сенің қолыңды ауыртып, күшпен жұлып шыққан жоқ па.

Тоты. Әй, ақылсыз, ұқпайсың ештеңені... қолым емес, ауырған жаным ғой. (Дүбір естіледі. Тоты тура жөнеледі. Мұрат соңына ере түседі.)

Сахнаға Сахан, Шүкір, бір колхозшы шығады.

Сахан (Шүкірге). Жарқыным-ау, сен маған не қыл дейсің?

Шүкір. Қой фермасына бастық сен бе, ол ма?..

Сахан. Әңгіме бастықта емес. Бұл бар ғой, жарқыным, ғылым мәселесі. Енді бұдан былай ғылымға неғып отырмасақ болмайды деп жатқанды сенің де бір ұғатын уақытың жетті ғой.

Колхозшы. Әй, Сахан, ғылым деп аузыңнан бір тастамайсың, қазақ сенің ғылымыңсыз-ақ атам заманнан мал бағып келді ғой...

Сахан. Е, оның басын ауыртып қайтесің. Ол заман өзімен кетсін. Малды қазекең қалай баққанын сен өзгеге айтсаң да, маған айтпай-ақ қой.

Колхозшы. Айтпайтын несі бар. Мал сонда да өскен.

Сахан. Иә, өскен. Бірақ малдың да малы бар. Мал баққан шаруасың ғой, өзің айтшы. Бүгінгі жібек жүнді жануарлармен қазақтың қылшық жүнді қойын теңеу әділдік пе... Екеуінің де атын қазақ қой дейді. Ал, енді бұлардың беретін өнімін алып қара. Қазақы қойдан мықтағанда бір жарым, екі кило қылшық жүн алушы едік. Солай ғой? Және ол жүн кигіз басқаннан басқа не кәдеге жарады. Егер биязы жүнді жануарларды сөз ете бастасақ, сен қылшық жүнді қойыңмен далада қаласың. Бұл жарықтықтан 10-15 килолап асыл жүн алатын болсам, ғылымға табынбағанда қайтемін.

Колхозшы. Ондай жүн алып жатқан колхозды көрмедім.

Сахан. Көрмесең көресің. Осының бәрі соның әрекеті...

Колхозшы. Қайдам. Жүн бола ма, жоқ па. Ол бір құдайдың ісі.

Сахан. Сен бері қара. (Мұрат қайтып оралады.) Әй Мұрат, Украинада ма еді, әлгі жүнді көп беретін қой. Айтшы мынаған.

Мұрат. Академик Иванов өсірген асқанын рамбульесінің бір қошқары 22 килограммнан аса жүн берген. Соны айтасыз ба?

Шүкір. Әй, балам-ай, өтірікті де ысқитады екенсің! Бір қойдың бойына ондай жүн қайтіп сыяды.

Мұрат. Рас, ақсақал.

Сахан. Шүкір деймін, оған шек келтірме сен. Ақанның аузынан мына мен өз құлағыммен естідім.

Мұрат. Мен кітаптан оқыдым...

Шүкір (жағасын ұстап). Япыр-ай, бұл ғажаптың ең ғажабы екен. Бір қойдан сондай жүн алғанда...

Мұрат. Жүн болғанда, қандай десеңізші. ЬІлғи асыл бұйым, қымбат маталар тоқылатын жібек жүн ғой.

Сахан. Сен және мынаны қара. 22 кило жүннен... Әй Мұрат, неше костюмдық мата тоқылады деп едің.

Мұрат. Алты костюм...

Сахан. Ең, асыл матадан алты костюм. Әр костюм... көріп отырсың ба, пәленбай мың сом ақша деген сөз. (Колхозшыға мысқылдап.) Міне, осындай қойды салыстыр қазақ атаң баққан қылшық жүнмен.

Мұрат. Жабағы күпі киіп, жабағы жүнді қой баққан заман бұл емес, ақсақал. (Кетеді. Колхозшы да кете бастайды.)

Шүкіp. Жарқыным-ау, осы айтып тұрған жақсылығыңды бізге қимайсың ба?

Сахан. Орынсыз қолқа жүрмейді...

Шүкір. Не десең, ол де, мен бос қол кетпеймін.

Сахан (жүре сөйлейді). Қинама мені.

Шүкіp. Қинаймын, ағайыншылық болсын.

Сахан. Ой, астапыралла-ай, мұны қайтсем екен...

БЕСІНШІ КАРТИНА

Көктемнің қара суығы. Түн. Шағын бөлме. Үй ішінде басы артық мүлік жоқ, өте жұпыны. Бір бұрышта кітап этажеркасы. Терезе алдында стол. Стол үстінде екі-үш кітап жатыр. Шымылдық ашылғанда Ақан ойлана түсіп хат жазып отырады. Далада ызылдаған желдің даусы құлаққа еміс-еміс естіліп тұрады.

Ақан (жазуын тоқтатып). Сағынамыз сүйген жанды, жазамыз кеп хатты. Әттең дүние, не керек, соның бәрі еленбей қалып жатады. Өкпе-наздың ұмытылып бітетін кезі болса да, сүйгенің тебіренбейді, бір кездегі саған деген ыстық сезімі де суынып, сөніп барады. Ал, сен болсаң, барған сайын сағынышың арта түсіп, бір ауыз жылы сөзді ынтыға күтесің. Бірақ үмітін еш жалғанбай, жақындай түсіп жоқ болады... (ойланып.) Әлде, біздің арамызда ту бастан махаббат оты жанбаған ба? Жүрек лүпілдеп, тіл күрмеліп, жаутаңдаған көзбен сырласып ұғысатын шырын минуттар албырт сезімнің сол сәттегі әшейін бір өткінші ғана күйі ме еді?!. (Орнынан тұрып.) Ол көп нәрсені түсінбейді...

/Есік қағылады. Мұрат келеді, ол сәнді киінген./

Мұрат. Жүріп барам, Ақан аға, хатыңыз дайын ба?

Ақан. Хат дайын... Өзің қазір тіпті бұрынғыдан да жақсы жігіт болып кеткенсін (Оның қолайсыз байланған галстугіне көзі түседі.) Галстукті олай байламайды. (Қайта байлайды. Мұрат қалтасынан айна алып қарайды.)

Мұрат. Шынында да, жаман жігіт емеспін-ау деймін.

Ақан. Жақсы жігіт қалтасына айна салып жүрмейді. Мынаны чемоданыңа тығып қой. (Хатты конвертке салып адресін жаза бастайды.) Неге тұрсың, тізе бүксейші, пальтоңды шешіп отыр. (Мұрат қипаңдайды.) Неге шешінбейсің?

Мұрат. Күтіп тұр еді.

Ақан. Кім?

Мұрат. Тоты.

Ақан. Қайда күтіп тұр?

Мұрат. Далада.

Ақан (күліп). Өзің колхоздың маңдай алды шопанысың. Ал ісің мынау. Мұның, жігітім, мәдениетсіздік. Дереу ертіп кел. (Мұрат Тотыны ертіп келеді. Ақан есік алдынан қарсы алады.) Ау, Тоты, мұның қалай?

Тоты. Ұялдым, ағай.

Ақан. Кісі ағасынан ұяла ма екен. Отыр. (Мұратқа хатты беріп.) Кеңестерің басталып кеткен соң қолың тимей жүрер, барысымен тапсыр. Мынау институттың адресі, мынау үйінің адресі. Қайтарда тағы да соқ...

Мұрат. Ақан аға, біз Тоты емеспіз ғой, ұялып кірмей қоятын, барған екенбіз, бәрін де тындырып қайтамыз.

Ақан. Сен Тотыға шүйіле берме, Мұрат.

Тоты (Мұраттың құлағына). Шыққан соң сазаңды тартасың.

Мұрат (орнынан тұрып). Ауызша айтатын қандай сәлеміңіз бар?

Ақан. Жаз түсісімен қайтатынымды айтарсың.

Мұрат. Өзіме не тапсырасыз?

Ақан. Тек тыңдаушы ғана болып қайтпай, кеңесте сөйлейтін бол. Менің саған берер тапсырмам осы.

Мұрат. Ойбай, Ақан аға, мұныңыз қиын болды. Қалың жұрттың алдында сөйлеп көрген пенде емес едім...

Тоты. Ә, солай ма екен...

Ақан. Ол шарт емес... Кім іштен туа сөйлей келді дейсің. Кісі бірте-бірте төселеді емес пе.

Мұрат. Апыр-ау, сонда мен не айтам?

Ақан. Алатау қойы мен қазақы қойдан жаңа тұқым алудағы өз тәжірибеңді ортаға сал.

Мұрат. Ай қайдан білейін, босқа көкіп бүлдіріп ап жүрмесем.

Тоты. Неге қорқасың, бәрін тындырып қайтатын жігіт емеспісің...

Ақан. Дұрыс, Тоты, жаңағысын осылай бір алдына келтірші бәлемнің.

Мұрат. Күлме, сен қыз. Қызып кетсек, мына біз деген сөйлеп те жіберетін шығармыз...

Ақан. Оған біз Тоты екеуміз күмәнданбаймыз. Солай емес пе, Тоты. (Тоты басын изейді.)

Мұрат. Тағы не тапсырасыз?

Ақан. Жазушылар Одағында менің ақын достарым көп. Солардың біріне әніңе сөз жаздырып ал...

Тоты. Ол не сөз, Мұрат?

Мұрат. Ақан аға, көрдіңіз бе, әдейі түсінбегенсіп отыр.

Тоты. Ақылсыз-ау, әнім бар деп ағайға да айтып па едің.

Мұрат. Айтпағанда...

Тоты (бетін басып). Өй, ұятсыз.

Ақан. Тоты, түк сөгеттігі жоқ... Жан сезімін музыканың тілімен жеткізген жігіттен айналу керек. Мұрат, жолға шығар алдында шырқашы махаббат туралы әніңді, тағы бір естиік.

Мұрат. Нұрекең «Жиырма беске» ұқсап кетті деген соң бұрынғысынан мүлде өзгертіп жібердім.

Ақан. Тіпті жақсы, кәне шырқа. (Мұрат көңілді түрде даусын пәрменінше күшті шығарып шырқайды, әннің қайырмасында Ақан қосылады).

Ақан. Тоты, сен неге қосылмайсың. Кел, қосыл. (Тоты да қосылады, алғашқыда именіңкірейді де, артынан ол да беріле шырқап кетеді.) Бұрынғысынан да тамаша болып кетіпті. Шыныңды айтшы. Тоты, ұнай ма саған?

Тоты. Білмеймін, ағай.

Ақан. Неге білмейсің?

Тоты. Мен әнге түсіне бермеймін.

Ақан. Шырқауды білесің, бірақ түсінбейсің. Мұныңа кім нанады... Тамаша ән ғой, солай емес пе. (Ыңылдайды.) Қандай тамаша ә... не деген ыстық, не деген мол сезім. Тамаша деші, Тоты...

Тоты (ақырын). Тамаша!

Ақан. Міне, міне, ән өзінің шын бағасын жана алды. Ал Мұрат, бұл әніңе сен не деп ат қойдың?

Мұрат. Ақан аға-ау, ондайыңды мен білем бе... Ешқандай аты жоқ.

Ақан. Неге жоқ, жоқ, аты бар. (Тағы да беріле ыңылдайды.) Әннің өзі айтып тұрған жоқ па. «Менің махаббатым» ғой мұның аты.

Мұрат. Болсын, Ақан аға. (Мұрат, Тоты ән айтқан күйде шығып бара жатады. Ақан да бірге еріп, аздан соң қайтып келеді, әрлі-берлі жүреді, өзінен-өзі күлімсірейді.)

Ақан. .Ән де тамаша, қыз бен жігіт те тамаша... Әттең, қасымда жоқсың Қамаш. (Есікті нұсқап.) Мына кеткен қарапайым колхоз жасынан кей нәрсені үйрен дер едім. (Беті ашық жатқан кітапқа үңіледі. Далада ызылдаған желдің даусы күшейіп, құлаққа айқын естіле бастайды. Ақан әлде неге алаңдағандай терезеге қарайды. Сол шақ өңі қашқан Сахан аптығып кіріп келеді.)

Сахан. Ақан шырағым, несін айтасың...

Ақан (орнынан ұшып тұрып). Не болды, отағасы?

Сахан. Шаруа бүлінді. Масқара болдық...

Ақан. Қалайша?

Сахан. Асыл тұқымды қозылар өліп жатыр дейді.

Ақан. Не дейсіз. (Үнсіз тұрып қалады. Біраздан кейін даусын баяулатып.) Қай колхозда. (Сахан орындыққа үндеместен отыра кетеді.) Неге үндемейсіз? Мен сізден қай колхозда деп сұрап тұрмын ғой.

Сахан. Ақанжан, сұрама оны менен.

Ақан. Сізге не болған. Апыр-ау, айтыңызшы, қай колхозда?

Сахан (даусы дірілдеп). «Күрес» колхозында деседі.

Ақан. Немене, немене дедіңіз? Алатау қойынын буданы онда қайдан барып жүр?

Сахан (міңгірлеп). Білмеймін...

Ақан. Сіз білмейсіз, мен білмеймін. Енді кім біледі. Жоқ, бұл түсініксіз оқиға. Сіз бірдеңе еткеннен саумысыз...

/Сахан басын шайқайды./

Шымылдық

ҮШІНШІ АКТ

АЛТЫНШЫ КАРТИНА

Болатовалардың үйі. Стол үстіндегі тағамдар желінген. Отырғандар: Нина, Мариям және үй адамдары. Қамаш алатау қойы жаппай өсірілетін аудандағы колхозда ұзақ уақыт командировкада болып келген. Нина мен Мариям қарсы алушылар.

Бике. Билейікші, қыздар. (Ешкім қозғалмайды, Қамашқа.) Екеуміз билемегелі қашан. Келші, ағайынды қоңыр қаз бір жортақтап келейік.

Қамаш. Шаршап отырмын. Жолшыбай машина қатты соғып тастапты.

Бике. Не оңдалмай, не қорғалмай сенің осы бір диссертацияң-ақ пәле болды. (Төкебаев кіреді.) Төкебаев (Қамашқа.) Қарсы ала алмағаныма ғапу өтінем... Командировкаңыз қалай болды? Ұзақ жүріп қалдыңыз ғой.

Бике. Столға жақындаңыз.

Төкебаев. Рақмет!

Қамаш. Әдейілеп жіберген соң, армансыз аралайын дегенім ғой.

Төкебаев. Көргеннен бірдеңе шығатын болса, қамсызбын десеңізші.

Қамаш. Оныңыз рас. Алатау қойын тәуір-ақ зерттедім деуіме болады.

Нина. Сен нағыз қазіргі қой қоздап жатқан уақытта болуың керек еді... Дегенмен асығыс қайтқансың...

Қамаш. Оны өзім де ойлап ем, бірақ профессордан қайт деген телеграмма келген соң, аялдай алмадым.

Нина. Профессор бұл арада дұрыс істемеген. Сенің басты қатеңнің бірі де алатау қойының қозыларын жете зерттемеуіңде емес пе... Соны ескеру қажет еді.

Төкебаев. Құрметті Нина Васильевна, басшылардың жұмысына бұл арада баға беріп жатпай-ақ қояйық. Рас шақырылған екен, ендеше, Болатова жолдастың бір қажеті болған ғой.

Бике. Түрекесі, дәм алыңыз. Алдыңызда көзі жаудырап кагор тұр... Әлде...

Төкебаев (күліп). Кагорға қызығамын деп кәрі досымды ренжітуге болмас. Сол ақаңның өзі дұрыс... (Ақ арақ құйылады.) Кәне қыздар, алып қоялық.

Мариям. Бізге қарамаңыз, іше беріңіз.

Төкебаев. Нина қарындас!

Нина. Біз манадан бері іше-іше шаршадық.

Төкебаев. Әй, білмеймін...

Нина. Жоқ, рас.

Төкебаев. Маған серік болыңыздар... Кәне, Қамашты сау-сәламат келуімен құттықтап, алып жіберелік... (Рюмкасын көтеріп.) Сіз үшін, Қамаш...

Қамаш. Рақмет.

/Төкебаев рюмкасын отырғандармен түгел соғыстырады, барлығы да ішеді/.

Төкебаев (рюмкаларға шарап құйып). Ғапу, Бике ханым. Қыздарға бір жолға мен қызмет етейінші.

Бике. Дұрыс, дұрыс.

Төкебаев. Қанекей, қыздар.

Нина. Жоқ, жоқ, бізді енді қинамаңыз.

Төкебаев. Болмайды, Нина Васильевна, серіктесіңіздер.

Мариям. Сіз өзіңіз кеш келгеніңізді білесіз бе. Әуелі штрафтан құтылыңыз.

Төкебаев. Қалқам Мариям, оған қам жеме. Тірі болайық. План артығымен орындалады.

Мариям. Ендеше планыңызды орындауға кірісіңіз.

Төкебаев. Сендер демеңдер, көмектесіңдер.

Мариям. Бізден оны күтпеңіз.

Нина. Иә, иә, кешіріңіз...

Бике. Бұл қыздар серіктесіп не жарытады дейсіз. Өзіңіз ала беріңіз, Тұреке.

Төкебаев. Онда, Бике ханым, екеуіміз кеттік. (Бике екеуі Нина мен Мариям шеттеп, диванға барып отырады. Альбом қарайды.) Қамаш, шыныңызды айтыңызшы, командировка ғой түк берген жоқ...

Қамаш. Неге олай деп ойлайсыз. Көп нәрсе көрдім...

Төкебаев. Көріңіз, көрмеңіз баяғы бір алатау қойы ғой. Онан да мен сізге мұнда болып жатқан қызықты айтайын... Біріншіден, хабарым қуанышты, екіншіден, әзірше құпия. (Даусын өзгертіп.) Сіз диссертацияңызды қорғайтын болдыңыз...

Қамаш. Тек қосымша жаңа материалдар алып қайтқаным болмаса, әлі диссертациямды жөндеп біткенім жоқ қой.

Төкебаев. Ешбір өзгеріссіз бұрынғы қалпында қорғайсыз...

Қамаш. Мен сіздің не айтқалы отырғаныңызға түсінбеймін.

Төкебаев. Баласыз, Қамаш, әлі баласыз. Мен Москваға барғанда қарап қайтты дейсіз бе... Диссертацияңыздың мен бір данасын сондағы оқымысты достарыма ала бардым. Олар оқып жатыр. Біткен соң өзара пікірлесіп содан кейін сізді Москваға шақыртып алып, тура сонда бәрін атпақ...

Бике. Ой тамаша!

Қамаш. Мұндағы пікірмен санаспай олар өздерінше қалай шешпек?!

Төкебаев. Москва оқымыстылары сіздің Давыденко дегендеріңізді білмейді: Білген де емес. Олардың бірі және бедел тұтатыны: ол-біздің профессор. Сонсоң алдыңызда тұрған пақырыңыз... Сіз міне, осыны түсініңіз...

Қамаш (Тұрбекке). Ал мен... сіз кешіріңіз. Таныстықпен диссертация қорғай қояйын деген ниетім жоқ...

Төкебаев. Қамаш қарындас, ол не дегеніңіз. Кандидат болуға бір кісі сіздей-ақ еңбек етсін...

Қамаш. Еңбек аз сіңді ме, көп сіңді ме, дүние мұнымен ғана өлшенбесе керек. Сол сіз айтып отырған еңбек қалай сіңді. Тап менің түйіні де сонда ғой деймін. Өмір бойы тырбанып, түк бітірмейтіндер де болады емес пе?

Төкебаев. Ә, ол рас. Өмір бойы тырбанып, түк бітірмейтіндер толып жатыр.

Қамаш. Ендеше сол түк бітірмей келгеннің бірі міне алдыңызда отыр.

Төкебаев (шошығансып). Қамаш, сізге не болған. Кіші боламын деп өзіңізді осынша тұқырту лайық па.

Қамаш. Қалай десеңіз, олай деңіз, мен алатау қойы жөнінде адаспадым деуге ауызым бармайды... Көп жайды қазір ғана дұрыс ұға бастаған сияқтымын.

Төкебаев. Еһе, сізге енді түсіндім. Пікіріңізден жаңа Давыденко көрініп тұр. Мен сізге жаным ашығандықтан қаттырақ айтайын, сіз соның ықпалына түсіп барады екенсіз.

Қамаш (түсін суытып). Сіз мені кімге санап отырсыз. Ойланыңқырап сөйлеңіз.

Төкебаев. Ғапу.

Бике (тықыршып, Қамашқа). Түсің қашып тұр ғой. Шаршаған боларсың барып демал. (Төргі бөлмеге кіргізеді).

Төкебаев. Тұғырда, ақырында, Бикеш, екеуіміз ғана қалдық па.

Бике. Сіз бен біз алысқа сілтейтін жүйрікпіз ғой, Тұраш.

Төкебаев. Шіркін, әйелдердің пайғамбарысыз ғой.

Бике. Сіз мені ылғи да асыра мақтайсыз.

Төкебаев. Жоқ, менің мақтауым ылғи да кем соғып жатады.

Бике. Иә, біз бір кезде расында да, жақсы едік, қазір қартайдық қой.

Төкебаев. О, олай дей көрмеңіз, сізді кәрілікке мәңгі қимаймын.

Бике. Әшейін айтам, өзімнің де қартая қояйын деген ойым жоқ. (Екеуі бір-біріне қарап күлімсірейді.)

Төкебаев. Ертең үйде боласыздар ма?

Бике. Оны кім білсін. Дос-жар деген кеп, біреу театрға шақырып қалса, жоқ боп шығамыз.

Төкебаев. Егер мен шақырсам не дейсіз.

Бике. Ойланып көрер едік.

Төкебаев. Ендеше ойланыңыз.

Бике. Ойландық.

Төкебаев. Естісек соны.

Бике. Бара алмаймыз.

Төкебаев. Неткен бақытсыз едім! Тым болмаса, себебін білсем...

Бике. Баруға жағдай жоқ...

Төкебаев. Ол не жағдай?

Бике. Әйелдің ұсақ-түйегі таусылмайды. Сізге білудің қажеті жоқ...

Төкебаев. Жаза басып, біле салсақ қайтеді.

Бике. Ой, қызық жансыз. Әйел деген болмашыға мән береді. Ең аяғы театрға киетін көйлегі болмай қалса да, оған үлкен арман боп шыға келеді.

Төкебаев. Ә, міне, енді ұқтым.

Бике. Ұққаныңыздан маған не пайда.

Төкебаев. Егер театрға киетін көйлекті Москвадан ала келіп отырсам, не айтасыз.

Бике. Сізге нанайын ба.

Төкебаев. Қандай адам сізге жалған айта алады.

/Портфелінен алып береді./

Бике. Ой неткен жақсы адамсыз... (Өзіне.) Осындай мырза жігіттерді жаным жақсы көреді... (Төкебаевқа.) Сіз неге үндемей қалдыңыз. Ойыңызға бірдеңе түсіп кетті ме?

Төкебаев. Пайғамбарсыз демедім бе, Бикеш, дұрыс аңғардыңыз.

Бике. Білгім келеді.

Төкебаев. Ox, несін сұрайсыз, жалғыздық жалықтырып болды.

Бике. Жалғыздыққа сізді кім зорлады. Жалғыз болмаңыз.

Төкебаев. Мен тілеп алды дейсіз бе. Құрметті Бикеш-ау. Жұбайым қайтыс болды. Жас болса, біразға келіп қалды... Екеу болудың орайы келіп жүр ме.

Бике. Сіз сияқты жігіттерге жар қиын ба, тәйірі.

Төкебаев. Қөңіл шіркін қиырға шабатыны жаман екен. Талғап, таңдап қор болам.

Бике. Таңдап, талғап әлі бола алмай жүрсіз бе?

Төкебаев. Таңдауын, таңдаппыз...

Бике. Ол кім екен?

Төкебаев. Оны айтпаймын. Батылым жетпейді... Не дерсіз, бір тәтті у жұтып алып, әбігердемін, асыл Бикеш! (Пауза.) Сіз, әрине, біліп те қойдыңыз.

Бике. Жоқ, біле алмай отырмын.

Төкебаев. Қамаш қой менің арманым.

Бике. Солай ма... Әй, Уасила, шай әкел! (Уасила шығады.) Қыздар, ay қыздар, шай ішіңдер! (Төргі бөлмеден қыздар шығады.)

Төкебаев. Ыстық шайға не жетсін.

Уасила (теріс қарап). Мұның сімірмейтіні болсайшы!

Төкебаев. Қыздар, қалай дейсіңдер? Шай алдында көтеруге болатын шығар. (Рюмка ұсына бастайды.)

Мариям. Жақсы, олай болса, маған бір сөз айтуға рұқсат етіңіз.

Төкебаев. Бір сөз емес, он сөз айтыңыз, Мариям қарындас. Тыңдауға әзірміз.

Мариям. Бүгін біздің арамызда аса сүйікті, аса қадірлі бір досымыз бола алмады. Соның денсаулығы үшін көтеруді сұраймын...

Нина. Дұрыс тауып кеттің, Мариям. Ең жақсы досымыз Ақанның денсаулығы үшін...

Бике. Жоқ, мен мұндай тостыны көтермеймін!

Төкебаев. Мен де көтермеймін.

Мариям. Ақан ұшып, кел, Қамаш!

Бике. Ішпейді Қамаш.

Мариям. Неге ішпейді?

Бике. Ақан деген кім ол сонша!

Mapиям. Ақан халқымызға қызмет етіп жүрген ең ардақты азамат.

Нина. Ақан біздің досымыз... Оның ішінде Қамаштың досы...

Бике. Досымыз. Керек еді сол бір қойшы... (Мұрат кіріп келеді.)

Мұрат (қутыңдап). Қойшы керек болса, келдік. (Бәрі аң-таң Мұратқа қарайды.)

Бике. Сен кімсің?

Мұрат. Мен қойшымын.

Бике. Не қылған қойшысың?

Мұрат. Қонаққа келген қойшымын.

Бике. Тіл мен жағыңа сүйенбей, жөніңді айт...

Мұрат (Тұрбекке). Ағай, сіз мені танисыз ғой, апайларға жөнімді айтып жіберіңізші.

Төкебаев. Мен сені білмеймін.

Мұрат. Неге білмейсіз! Өткен жылы біздің колхозға қонып кеткеніңіз қайда? Маған қыздармен таныстыр деп... екеуіміз...

Тұрбек. Жап аузыңды... (Аналарға.) Бұл Ленин атындағы колхоздың қойшысы...

Мұрат. Хат, сәлем, әкелдім сіздерге. (Каманина хат ұсынады.) Ақан ағай сұрағандарыңызға сәлем айтты.

Нина. Өзінің хәлі қалай?

Мұрат. Хәлі төрт жарым.

Нина (күлімсіреп). Неге бес емес!

Мұрат. Оны сіздерден, оның ішінде Қамаш ападан естігелі келдім.

Бике. Әй, өзің бір қу бала екенсің... Столға жақында. Арақ ішуші ме едің?

Мұрат. Ондай кәсібім жоқ еді. Дегенмен... Жолы болар жігіттің деп... Мен өзім үлкен бір той үстінен шыққанмын-ау деймін.

Бике. Оның рас.

Мұрат. Қандай той?

Бике. Мен күйеуге шығып ем. (Мұрат оның бетіне қуана қарайды.) Неге сонша таңдана қарайсың, нанбай отырсың ба?

Мұрат (басын шайқап). Әй білмеймін, сіздің өте қоюыңыз оңай болар ма екен.

/Отырғандар күліп жібереді./

Бике. Мұнда өтуім қиын болса, колхозда өтермін, тым құрыса, бір қойшы табылар.

Мұрат. Апай қойшы дегеннің де қолға түсуі қиындап барады ғой... Ең дұрысы, жылы орыныңызды...

Бике. Жарайды, қойшым. Сенімен әзіліміз үйлеспей барады. (Мұраттық үстіндегі костюмге қадала қарап.) Костюмің жақсы екен... (Қолымен матасын ұстап көреді.)

Мұрат. Өзім жаманмын ба?

Бике. Өзің де жаман емессің... Ал, костюміне баға жетпейді. Қайда тіктіріп едің?

Мұрат. Өзіміздің колхозда Тоты деген сұлу бар. Сол тіккен... Неге таңданасыз?..

Бике. Қалада да сирек болатын зат. Бұл сенің қолыңа қайдан түсіп жүр?

Мұрат. Өйткені мен қойшымын ғой...

Бике. Қалжыңды қойдық қой, бала.

Мұрат. Қалжыңдасам не дейсіз. Бұл өзіміз өсірген кәдімгі алатау қойының жүні. Москвадағы тоқыма фабрикасы сыйлық ретінде бізге бес костюмдық мата жіберіпті. Соның біреуі осы.

Бике. Шын тамаша екен... (Күліп.) қызығы қойшы болу ма деймін.

Мұрат. Егер қолдан келсе...

Бике. Сен ғұрлы қой бағар едім ғой... Бірақ жақсы костюм кием деп не қылайын басымды ауыртып.

Мұрат. Басыңыздан айрылып қалмасаңыз, ауырғаны ештеңе етпес еді-ау...

Бике (ештеңе дей алмай Қамашқа). Әй, кейін оқисың да, шайыңды іш.

Қамаш. Ішіп болдым.

Мұрат. Мен енді қашан келуім керек екен?

Бике. Қаласаң, күнде кел.

Мұрат. Жауап хат үшін қашан келсем екен?

Бике. Жауап үшін әуреленбесең де болады. Почта арқылы да хат барады. Тынышын алма, ауырып отыр.

Мұрат. Бір ауыз сөз сұрауға болатын шығар.

/Телефон шылдырайды./

Бике (тыңдап). Қайдан? Иә, келген... Қазір... Қамаш...

Қамаш. Тыңдап тұрған мен. Ә, сәләматсыз ба, Естай аға. Иә, Тұрбек аға да, Нина да осында отыр... Қалай дейсіз. (Түсі бұзыла бастайды. Бәрі Қамашқа қарасады.) Сізбен сөйлескен кім? «Күрес» колхозы... Қазір біз де дереу жетеміз...

/Трубканы іледі де, орындыққа отыра кетеді/.

Нина. Не болды, Қамаш?

Қамаш. Асыл тұқымды қозылар қырылып жатыр дейді.

Төкебаев. Кімдікі жөн екен, Қамаш қарындас, енді ұқтыңыз ба... (Қамаш үндеместен киіне бастайды.)

Мұрат. Мен шыққанда аман еді. Апырай, бұл қалай болғаны. Апасы, маған қашан кел дейсіз. (Нина, Мариям, Төкебаев шығып кетеді).

Қамаш. ...Кейін, кейін...

Бике. Қамаш, сендерді неге шақырады? (Мұратқа.) Сен кете бер.

Мұрат. Қашан келейін?

Қамаш. Ертең, ертең...

/Мұрат кетеді./

Қамаш. Болған жағдайды тексеріп қайтуға комиссия жібермек...

/Есікке беттейді./

Бике. Сонда саған да бар дей ме (Қамаш басын изейді.) Барма!

Қамаш. Неге?

Бике. Сол. Барма. Маңайынан жүрме оның.

Қамаш. Барам ба, жоқ па, мұны ойлауды өз үлесіме қалдырыңыз.

/Шығып бара жатады./

Бике. Жоқ, бармайсың...

ЖЕТІНШІ КАРТИНА

Ғылыми-зерттеу институты.

Бастауыш партия ұйымының бюросы өтіп жатады. Бұл мәжіліс «Күрес» колхозында асыл тұқымды қозылардың өлу себебін зерттеп келген комиссияның материалы бойынша Ақан Кемеловтің ісін қарауға арналған.

Кәдіржанов. Сөз алатау қойы қозыларының өлу себептерін зерттеп қайтқан сарапшы комиссияның председателі Төкебаев жолдасқа беріледі.

Төкебаев. Тексерілген мәселе сондай айқын болғандықтан, ұзақ айтатын да ештеңе жоқ. (Даусын өзгертіп.) Тексерудің нәтижесінде институт қызметкері Ақан Кемеловтың колхозда бірнеше ай бойы жүргізген ғылыми тәжірибесі жеміссіз боп шыққаны анықталды. Жеке колхоздарда қозылардың қырылуы-алатау қойының будандары бұл ауданның табиғат жағдайына көндіге алмайтынына, өлім-жітімнің басты себебі де осында екеніне, сонымен, беделді комиссияның көзін жеткізді.

Тексеруден екінші көрінген мәселе... бұған баса назар аударуларыңызды сұраймын: Коммунист Кемелов бізге түсініксіз себеппен қылмысты іске барған. Ол я ауданға, я институт басшыларына айтпай, «Күрес» деген колхозда жасырын түрде будандастыру жұмысын жүргізген. Ең бір таңқаларлық жері сол: осы буданнан бірде-бір қозы тірі қалмаған... Бұл әдейі істелген қастандық дегеннен басқаға комиссияның аузы бара алмады... (Нина әлдене айтпақ болып оқталады. Кәдіржанов «Сабыр» дегендей түр көрсетеді.)

Кәдіржанов. Коммунист Кемелов, өзіңіздің бұл ісіңіз жайында бюроға не айтасыз.

Ақан. Мен сезімді «Күрес» колхозынан бастайын. Өйткені бұл жайы комиссияға түсінікті бола тұрса да, Төкебаев жолдас осы колхозды әдейі тілге тиек етіп, неше саққа жүгірткісі келгенін байқатады. Сөз болып отырған ауданда алатау қойы өспеудің де дәлелі «Күрес» колхозы, Кемеловтың «қастандық» жасап жүргендігіне дәлел де «Күрес» колхозы. Сізше солай ғой, Төкебаев жолдас?.. Сіз асыл тұқымды қой бұл ауданның қолы емес дегенді айттыңыз. Бірақ, дәлел келтірмедіңіз. Осыны дәлелдеңіз... Және мына сұраққа жауап беріңіз: «Күрестен» басқа колхоздарда төл шығыны болды ма... Неге үндемейсіз? Болған жоқ қой?.. Қош, олай болса, шаруашылығы әлсіз «Күрес» сияқты колхоздағы сәтсіздікпен бүкіл аудан бойынша қорытынды жасауға қандай қақыңыз бар?

Еділов. Жарайды, бұл әлі ғылыми талас мәселе-ақ болсын. Ал, «Күресте» қозылар неге өлді? Кәне, бұған не айтасың, Кемелов?

Ақан. «Күрес» асыл тұқымды мал өсіруге ауданның ең бір дайындығы жеткіліксіз, шаруашылық жағынан әлсіз колхозы...

Еділов. Өлім-жітімнің де болуы сол әлсіздігінен дейсің ғой. Құп, мұның да дұрыс дейік! Ендеше, өзің айтқандай шаруашылығы әлсіз колхозда будандастыру жұмысын біле тұра неге жүргізесің? Және мұны неге ешкімге айтпай істейсің?.. Осының сырын түсіндірші...

Ақан. «Күрес» колхозында тәжірибе жүргізген мен емес.

Еділов. Енді кім?

Ақан. Маған білдірмей, алатау қошқарының ұрығын әлдекім беріп жіберіпті.

Еділов. Сен қайда тұрғаныңды білемісің, Кемелов? Сөз емес сөзді айтпа бюро мүшелеріне... Ә, мүмкін, бұдан да оп-оңай құтыла салғың келген болар? Жоқ, шырақ, бұл қиынырақ. Онан да шындығына көш.

Ақан. Шындығы мен айтқан.

Еділов. Ондай ұсақ қулықты таста, ұят болады, Кемелов!

Давыденко. Иә, Ақан... А, Кемелов, сен ешнәрсені болған шындықты айт!

Ақан. Мен шынымды айтып тұрмын.

Давыденко. Сен, ойла... мынандай жағдайлар болады ғой: колхоз шаруашылығымен жете таныса алмауың да мүмкін, немесе, колхозшылар өтінген соң, тіпті тәуекел етіп жіберуің де мүмкін ғой... Иә, ондай-ондай кемшіліктер, қателіктер болады. Адал мойында... Сен мені түсіндің бе?.. Бұрын түсінуші едің ғой, достым.

Ақан. Иланыңыз, Николай Иванович, менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ.

Еділов (басын шайқап). Жап-жас адамсың. Ал өтірікке бетің бүлк етпейді...

Ақан. Мен өтірікті білмеймін, білген де адам емеспін. Ондай кінәңізді қабылдай алмаймын...

Еділов (оның сөзін бөліп). Бет тырнауға да батыл-ақсың. Тек қылмысты мойындауға келгенде табаныңның бүрі жоғы өкінішті.

Ақан. Мен қылмысты емеспін, кінәлімін. Сіздер осыған құлақ қойыңыздар. Өзім басқарған жұмыста ашық ауыздық көрсеттім, білмей қалдым. Міне, менің кінәм. Бұл айыбымды жеңілдетуді ешкімнен тілемеймін де. Бұл үшін қандай жаза бұйырсаңыздар да ризамын. Ал, бірақ, комиссия председателінің таққан айыбы әділетсіз, негізсіз, әрі солақай екендігін айтпай қала алмаймын...

Төкебаев. Тым құрыса, жиылыста өзіңді қалай ұстауды да үйрене алмаған екенсің, шырағым Кемелов. Қылмысыңды адал мойындаудың орнына маған жармасқаның сыпайылап айтқанда, арсыздық болды...

Кәдіржанов. Жақсы, комиссияның ұсынысы қандай?

Төкебаев. Комиссия, біріншіден, Кемелов жүргізген тәжірибе үмітті ақтамады деп есептейді...

Давыденко. Құрметті Төкебаевич, сіз ол мәселені бұл араға тықпаламаңыз. Алатау қойының тұқымы сіздер сөз етіп отырған ауданда өсе ме, жоқ па-ол әлі келешектің мәселесі. Солай болғандықтан оны ақырына жеткізбей орта жолдан тоқтат деген ұсынысқа орын жоқ...

Төкебаев. Сіз қызық екенсіз, Николай Иванович...

Кәдіржанов. Давыденко жолдастың пікіріне қосылу қажет. Комиссия алатау қойының келешегі жөнінде төрелік айтуды өз міндетіне алмаса да болады. (Төкебаевқа.) Сіздер нақты мәселе яғни «Күрес» колхозындағы оқиға жайындағы ұйғарындыларыңызды айтсаңыздар... Бюро мүшелері, бұған қарсылық жоқ па?

Дауыстаp. Дұрыс, дұрыс.

Төкебаев. Комиссия Кемеловтың «Күрес» колхозындағы ісін жан-жақты тексеріп, мынандай қорытындыға келді: Кемелов бұл колхоздағы тәжірибесін белгісіз себеппен әдейі жүргізген. Сондықтан мұндай адам партия қатарында қала алмайтыны өзінен-өзі түсінікті боп шығады...

Нина. Төкебаев жолдас, комиссия атынан сөйлеуді сіз қашан қоясыз!

Төкебаев. Құрметті Нина Васильевна, комиссия председателі өзінің заңды правосын пайдалануына ерікті шығар. Рас, кейбір қосылмайтын пікіріңіз бар екен, мені жазғырмай-ақ, айта беруіңізге болады ғой.

Нина. Мен бір мәселеде емес, бар мәселеде сізбен келіспейтінімді ескеріңіз.

Төкебаев. Қалауыңыз білсін, Федотова жолдас.

Нина. Бюроға өте бір қолайсыз жағдайды айтуға тиіспін. Төкебаев жолдастың манадан бері айтқандары комиссияның пікірі емес, өз жеке басының пікірі. Комиссия бұл істі тексеру үстінде екіге жарылып, бір пікірге келе алған жоқ. Төкебаев жолдас бұл жағдайды бюроға айтпай кетті. Кемелов қастандық жасады деген пікір бастан-аяқ ойдан шығарылған...

Төкебаев (столды жұдырығымен қойып жіберіп). Тастаңыз ондай адвокаттықты!.. (Бюро мүшелеріне.) Федотова маған тіл тигізді, өтірікші етпек болды... Мұнысына назар аударуларыңызды сұраймын... (Нинаға.) Ал айтыңыз, қанекей! «Күрес» колхозында жасырын тәжірибе жүргізілгені өтірік пе?! Қозылардың қырылғаны өтірік пе?! Кемеловтың мойнына алмағаны өтірік пе?! Өтірік дей алмассыз! Ендеше фактыға қарсы шауып, өзіңді байқамай күлкілі халде қалдырып алдыңыз. Осыны ұғыңыз...

Нина. Сіз ақыл үйретуге асықпаңыз. Ол сізге кейін де керек болады. Иә дұрыс айтасыз, тәжірибе жүргізілгені де рас, қозылардың өлгені де рас. Мұның бәрі факт. Сіз болсаңыз, осы фактының өңін айналдырып, оған басқаша мағына бересіз, Кемелов қатыспаған жұмысқа оны әдейі қосақтап, саяси қылмыс таңып, барды-жоқты жиюдан ұялмайсыз. Сөйтіп тұрып басқаны тағы кінәлайсыз.

Еділов. Федотова жолдас, сіз комиссия мүшесі бола тұрып, принципсіздік көрсетіп барасыз. Рас, Кемелов сіздің досыңыз. Бірақ, достықтың жөні осы деп оны қылмыстан арашалауға ешбір правоңыз жоқ... Мұныңыз коммунистің ісі болмайды. Егер Кемелов шынымен-ақ кінәсіз болса, оны фактымен ғана қорғап алыңыз.

Нина. Сіздер менің сөзімді бөлмеңіздер. Факт керек болса, жетеді... Төкебаев жолдас, Ленин атындағы колхоздың ферма бастығы Сахан Нұрахметов сізге не айтты? Алдымен осыған жауап беріңізші!..

Төкебаев. Түк те айтқан жоқ.

Нина. Айтты, жасырмаңыз!

Төкебаев. Айтқан жоқ...

Нина. Қамаш, Нұрахметовтың сөзін Төкебаев жолдастың есіне сал. (Жұрт аң-таң. Еділов қасында отырған Қамашқа сыбырлайды.)

Еділов. Кезек дүние деген, тартсын Кемелов соның сазасын!..

Пауза, жұрттың көзі Қамашта. Мариям кіреді. Еділовқа пакет ұсынады. Оны Төкебаев қабылдап, Еділовқа береді. Мариям шығып келеді.

Төкебаев. (Қамашқа сыбырлап). Москвадан, ғылым академиясынан... Диссертацияның тағдыры шешілді. (Еділов хатқа үңіледі. Сұрланып кетеді.) Не жазады? (Еділов үндемейді.)

Қамаш (әлі де бөгеле түсіп, сөздерін бөліп). «Күрес» колхозындағы оқиғаны Кемеловтың білмегені анық...

Еділов (шошына). Немен дәлелдейсің?

Қамаш. Бұл іске кінәлы адамның өзі айтты... Нұрахметов айтты.

Төкебаев. Кімге айтты?

Қамаш. Ең алдымен сізге, сізден шыққан соң бізге айтты...

Төкебаев. Қамаш, ойланыңқырап сөйлеңіз.

Қамаш. Неменесін ойлан дейсіз? Мен естігенімді ғана айтып отырмын.

Давыденко (қызып). Жетер, доцент Төкебаев, жас адамды қақпайлай бермеңіз... Құрметті бюро мүшелері! Қылмыс та, қылмысты да енді ашылды... Доцент Төкебаев, сіз шындыққа тура қараңыз да, өзіңіздің өткен жолыңызға бір рет батыл үңіліңіз. Биология ғылымында сіз қарсы болмаған жаңалықты мен білмеймін! Бізде қандай тың іс басталса, сіз соның бәрінен үркумен келдіңіз. Жас кадр диссертация жазса, сіз оны адастырдыңыз. Жас ғалым жаңалық табуға ұмтылса, сіз оның жолын бөгедіңіз. Есіңізде болсын, соның бәріне біз төзіп келдік, шыдай білдік. Сіздің ғалым болмысыңыз, міне, осы еді ғой... Енді, мінекей, ар-ұяттан, совет ғалымы деген ардақты аттан жұрдай боп, бет пердеңіз біржола сыпырылып отыр... (Басын шайқап.) Талантты жас оқымыстыны, өзіңізге тетелес, әріптес ініңізді оқ ұшына байлауға да сіз шімірікпей бара алғансыз. Мұныңыз Кемеловқа ғана емес, республикамыздағы советтік ғылымға атылған оқ дер едім. Және коммунист жолдастардың дәл осылай деп бағалауын өтінер едім...

Еділов. Николай Иванович, доцент Төкебаевпен елігіп, сіз бюроға қойылып отырған негізгі мәселеден жұрт назарын аударып барасыз... Мұныңыз келіспес...

Давыденко. Жоқ, құрметті профессор, мұнымыз әбден келісіп кетті...

Кәдіржанов. Профессор Еділов, сіз не айтпақ едіңіз?

Еділов. Турасын айту керек, Николай Иванович, өз шәкіртін қорғап, доцент Төкебаевты Кемеловқа жала жаптың деп орынсыз тілдеді. Шынында, Кемелов қылмыссыз дегенге дәлел толық па? Бір колхозшы айтты деп бізге түсініксіз барлық күмәнді істі тыя салуға бола ма. Тіпті мұның алдын ала әдейі ойластырылмағанын қайдан білесіздер?.. Соны ойладыңыздар ма?

Кәдіржанов (сөзін бөліп). Ұсынысыңыз қандай? Соны айтыңыз.

Еділов (бөгеліп). Ұсыныс, ұсыныс... қалай дегенде де, мал басы шығын болғаны, социалистік шаруашылығымызға зиян келгені анық қой, солай емес пе? Мұны көре-тұра елемей, Кемеловты оңай құтқарып жіберу деген ақылға сыймайды. Бұлай етсек, біздің де көріне қылмысқа барғанымыз. Сондықтан, бұл істі тиісті орындардың қарауына беру қажет. Солар әбден тексерсін. Оған дейін Кемеловтың мәселесі ашық қалсын және ол қызметтен шеттеле тұратын болсын...

Кәдіржанов. Басқа қандай ұсыныс бар?

Давыденко. Профессор Еділовтың бұл ұсынысы... (Еділовқа) сіз маған ғапу етіңіз... Ашық мәселенің бетін әдейі бүркеу деп білемін. Сарапшы комиссияның председателі Төкебаев жұмыстағы кемшіліктерді зерттеп, ашып қайтудың орнына, Кемеловқа қасақана пәле жабуды көздегені дау тудыруға тиіс емес. Мал шаруашылығы жөніндегі өзінің бұрыннан келе жатқан теріс пікірін Текебаев жіңішкелеп өткізіп жібермек болады. Бұл да даусыз... Демек, Кемелов емес, жалақор Төкебаев жазалануы керек.

Дауыстаp. Міне, бұл дұрыс.

— Нендей оймен Текебаев біздің жас әріптесімізге күйе жағады?

— Осыны Төкебаевтан талап ету жайы да, орынды да...

Еділов. Давыденко жолдас, бюро мүшелерін адастырмаңыз. Сіздікі қате ұсыныс.

Кәдіржанов. Түсінікті, профессор Еділов. Николай Иванович Төкебаев жайында жеткілікті айтты, Менің оған қосарым да, аларым да жоқ. Мен сөзімді, профессор Еділов, сізден бастағым келеді. Сіз манадан бері армансыз сөйледіңіз. Кімді қаралап, кімді ақтадыңыз? Біз соның бәрін сізден жалықпай тыңдадық. Жазғырғаныңыз Кемелов болды. Бар пәлені соның басына үйдіңіз... Қызықты да, рахатты да уақытша ұмытып, колхозшыларға ұзақ күндері мен түндерін қиды. Кемеловтың жазығы сол ма! Көбіміздің батылымыз бара алмаған жаңа іс бастап, жеріне жеткізді. Кемеловтың жазығы сол ма?! Мына сіздер ұсынған теріс теорияны іспен талқандап, республикамызда жаңа қой өсіруге тың жол ашты. Кемеловтың жазығы сол ма?! Егер сіз әділ басшы, адал оқымысты болсаңыз, осыны неге көрмейсіз?Жас ғалымның алғашқы адымына неге қуанбайсыз? Тек жаманшылықты көруге ғана әзір тұратыныңыз қалай?.. Ғылымда кәрсіз, тұрмыста арсыз Төкебаевтарға әр істе, әрқашан да ішіңіздің бұра беретінін қалай деп түсінеміз? Әлде саяси соқырсыз ба? Әлде біздің өскенімізді көре алмайсыз ба?.. Айтатын көзіңіз келді... Жауап беріңіз! Партия алдында жауап беріңіз!.. (Текебаев пен Еділов ұсқындары кетіп, екеуі екі түрлі позада сілейіп қалады. Отырғандар соларға төне түскендей, бәрі де көзбен жейді.)

СЕГІЗІНШІ КАРТИНА

Жаз айы. Тау бөктері. Алатаудың әсем табиғаты. Жауапты қызметкерлердің демалыс үйі. Сахнада шағын дачаның аула жақ қабырғасы. Аулада беседка. Сахнаның түп жағында есіктерінің алды сан алуан гүлге бөленген әдемі үйлер. Радиодан музыка даусы естіліп тұрады. Іштен Қамаш пен Давыденко шығады.

Қамаш. Николай Иванович, сіз мені қуанттыңыз...

Давыденко. Жоқ, қымбатты Қамаш, сен мені қуанттың...

Қамаш. Шынымды айтайын, сіз болмағанда бұл енбекке қайта оралуым да екі талай еді... Сіз ғой мені тұйықтан алып шыққан...

Давыденко. Мен емес, коллектив, қымбаттым. Дәлірек айтсақ, саған бірінші көмектескен.

Кемелов. Рас па?

Қамаш (күлімсіреп). Кемеловты көп айтасыз, Николай Иванович...

Давыденко. Мүмкін... Немене мұным сөгет пе?

Қамаш. Жоқ, әшейін айтамын...

Давыденко. Ақан сияқты тамаша адамды ұмытуға бола ма?

Қамаш. «Тамаша адам» өзі ұмытса қайтеміз?

Давыденко. Олай болуы мүмкін емес... (Кетіп бара жатып.) Ақан жанын түсіне білу керек, қызым...

Қамаш. Партбюродан шығып алып, не үйге соқпастан, не жадырап сөйлеспестен, кетіп отырды колхозға. Ұмытпағаны сол ма?.. Қыз басыммен оған менің иіліп тағзым етуім керек пе?!.

Бике келеді.

Бике. Ой құрып қалсын, төрт сағатқа әрең сұрап шықтым. Мен кетсем, дүкен қараң қалатындай, әлгі бір қырқылжың шал бастығымыз жібермейді... Радионы осынша айқайлатып қойғандарың не? Өй, Уасила, өшірші үнін!..

Қамаш. Қайдағы Уасиланы айтып тұрсыз?

Бике. Әй, бар болсын, ол үйде екен ғой... (Қамаш радионы бәсеңдетуге кетеді.) Осы бір артистің-ақ, жағына дамыл жоқ. (Қамаш қайтып келеді. Екеуі беседкаға отырады )

Қамаш. Жалғыз келдіңіз бе?

Бике. Тұрбек тұрғанда неге жалғыз келем?.. Соны шофер етіп, Бике апан сыр ете түсті...

Қамаш. Такси тұрғанда, біреуден машина сұрау неменеге қажет болды!..

Бике. Қойшы әрі, Тұрбек бізге бөтен бе?.. Әй, Уасила, суық су бар ма?.. Ой, құрып қалсын, тағы шатасып кеттім!..

Қамаш. Қымыз ішпейсіз бе?

Бике. Ой, ащы ғой... ә мейлі, әкелсең, әкелші. (Қама қымыз береді. Бике басына бір-ақ, көтереді.) Қайтып ішесіңдер? Удай ғой.

Қамаш. Сіз жаңа қалай іштіңіз, біз де солай ішеміз. (Күледі.)

Бике (артына бұрылып). Әлгі Тұрбек қайда жоқ боп кетті?.. Жолшыбай институтынан керген түрткісін жыр ете бастап еді, байғұсты аяп кеттім... (Күрсініп.) Е, жақсы адамды көре алмайтын бұл қазақтың әдеті ғой...

Қамаш. Жақсы адам екенін қайдан білдіңіз?..

Бике. Бұл не қылған күмәнді сұрақ? Сөзге іліккен екен деп кісі достан безуге бола ма?

Қамаш (ызбармен). Кім дос? Төкебаев па?

Аулаға Нина мен Мариям шығады. Қамаш қуанып алдарынан жүгіреді.

Қамаш. Сендерді де көретін күн бар екен ғой...

Мариям. Сен де адамды сағынады екенсің-ау.

Қамаш. Ол не деген сөзің?..

Мариям. Жәй, жөні кеп қалған соң айта салғаным ғой. (Жан-жағына қарап, Төкебаевша сөйлеп. «Құрметті доцент Төкебаев не ғып келмеген?

Бике. Сағынсаң осында.

Мариям. Қамаш болмаса, мен сағынып не қыламын.

Қамаш. Мариям, бұл не мазақ?

Мариям. Мазақ емес, шыным. Қамашқа үйленетін болдым деп жолдас-жорасына жар салып жүр құрметті доцентіміз.

Қамаш. Солай ма? Оқасы жоқ...

Нина. (Қамаштың бетіне сұқтана қарап). Оқасы жоқ дейсің бе, Қамаш?

Қамаш (булыққан ашуды білдірмеуге тырысып). Басқа не деуге болады...

Мариям (сықақтап). Нанасың ба, Қамаш, мен құрметті доцентті түнде түсімде көріп жүрмін. Кергенде қалай көрдің дейсің ғой, ол саған үйленіпті...

Қамаш. Рақмет!

Мариям. Қызықты қара. Содан құрметті доцент сенен айырылысып, мына Бике апай сияқты бір кәрі әйелге үйленіпті. (Бике тыжырынады. Нина жымиып күледі.)

Бике (теріс қарап). Ой жағыңа жылан жұмыртқаласын! (Мариямға). Айтпа ондай жаманшылықты!

Мариям. Түс қой, Бике апай!

Нина. Дегенмен ойланатын түс екен.

Төкебаев көрінеді.

Мариям. Жүр дачаларды аралайық, Николай Ивановичке кіріп шығайық.

Қамаш. Неге асықтыңдар? Мен де...

Нина. Жоқ, сен алаңдама. Біз қазір қайтып келеміз.

(Нина мен Мариям кетеді.)

Төкебаев. Қамашқа бізден бір сәлем!.. Ау семіреді десе, жүдеп кетіпсіз ғой... Демалыс үйінің онша көңілді болмағаны ма?

Қамаш (әдейі). Оныңыз рас, көңілсіз... (Бике ана екеуін әдейі оңаша қалдырып үйге кіреді.)

Төкебаев. Қалай көңілді етуге болар екен?

Қамаш. Оған сіз мазасызданбасаңыз да болар... (Жүзіндегі жылылықты өзгертіп.) Айтпақшы, сіздің москвалық достарыңыздан хабар әлі келген жоқ па?

Төкебаев. Бұл ғылым адамы деген қызық қой. Әлі оқып бітпеген.

Қамаш. Бітпегенін қайдан білдіңіз? Хат келді ме?

Төкебаев. Хат таяуда келуге тиіс... Бірақ сіз төзімсіздік көрсетіп, диссертацияңызды жөндеуге қызу кірісіп те кеткенге ұқсайсыз... Оқасы жоқ, біздің жүніміз жығылған соң сізге бедел болудан қалғанбыз ғой...

Қамаш (суың жымиып). Неге өз беделіңізге өзіңіз күмәнданасыз? Сонша осал болғаны ма? Әлде осал екенін енді сезе бастағаныңыз ба?.. Мұныңызға түсінбедім...

Ақан келеді.

Ақан. Кешіріңіздер, менің іздегенім төртінші дача еді, байқаусызда сіздерді мазалаппын.

Төкебаев. Оқа емес, оңға бұрылсаңыз, тауып аласыз.

Қамаш (даусы дірілдей). Ақан!..

Нина мен Мариям жүгіріп келеді.

Нина. Ақан!

Мариям. Ақан!.. Қашан келдің?..

Нина. Біржолата келдің бе?

Ақан. Бүгін келдім. Біржолата келдім. (Қамашқа: оқыс бұрылып.) Дертіңіз жазылар деп үміткер едім, асқынып кеткенін көрдім.

Қамаш. Олай болса, дұрыс көре алмапсың...

Нина. Ақан, саған не болған?..

Ақан. (Нинаға бұрылып). Біз осы арамшөптен қашан тазарамыз, Нина? Біздің арамызда ондайлар неге жүреді?.. (Ақанның назары түсіп тұрғанын көріп Төкебаев жылысып, дачаға кіріп кетеді. Ақан соған жолын нұсқап.) Мынадай сұмдардың маңынан жүруге бола ма?.. Өзің айтшы, Қамаш?!.

Давыденко қарсыдағы дачадан шығады.

Давыденко. Бұл не айқай?.. (Жалт қарайды.) А. Ақан?!. Менің жас досым, менің Ақаным!.. (Құшақтап сүйеді.) Неге ренжідің?.. Біз сені қазір-ақ қуанта аламыз!.. Қамаш, неге үндемейсің? Қымбаттым, біздің Қамаш сені дайын диссертациямен қарсы алып отыр...

Ақан. Олай болса, екі бірдей қуанышыңызбен құттықтаймын, Қамаш сізді.

Қамаш. Қуанышым әзірше біреу... Екіншісін әкеп тұрсаң, өзің білесің.

Ақан. Мен әкелуге кешігіппін, Төкебаев алдымды орап кетіпті.

Қамаш. Тым ұсақтап кетіпсіз.

Ақан. Ғапу етіңіз!..

Қамаш. Өсек жиып қайтқаныңыз сол ұсақтаудың белгісі.

Ақан. Оқыңыз, мына хатты! (Хат ұсынады. Қамаш қолына алып хатқа көз жүгіртеді. Түсі бұзыла бастайды.) Дауыстап оқыңыз, жұрттың бәрі естісін!.. Өсек жиыппын ба, жоқ па, білсін!.. (Қамаш қолы дірілдеп хатты Мариямға бере салады.)

Ақан. Оқы, Мариям!

Мариям (оқиды). «Ақан! сен өзің жастық шақтағы сезімді сірә білмейсің? Егер білсең, Қамашқа міндетси беруің қалай? Жас кезіңде танысасың, сүйесің, бірақ оның бәрі мәңгілік емес қой. Соны білу керек емес пе. Қамаш қазір жаңадан жар сүйді. Сол сүйген адамына яғни Тұрбекке тұрмысқа да шығып қойды. Ал сен болсаң, баяғы жырдың соңында жүрсің...»

Нина. Оқыма, таста! Иесіне қайыр! (Есік алдына Бике шығады.)

Мариям. Мә, Бике апай. (Хатты береді.)

Бике. (Хатты қолына алып.) Бұл не жиын?..

Қамаш. Мына хатты сіз жаздыңыз ба?

Бике. Мен жаздым.

Қамаш. Не бетіңізбен осылай деп жаздыңыз?

Бике. Қой әрі, қылымсымай Тұрбектей жігітке қолдарың жете берсе, жаман болмас...

Мариям. Жарыған екенбіз күйеуге!

Бике. Саған қалған сөз жоқ.

Мариям. Сөздің көкесін менен естіңіз. Қамаш, біздің саған оңаша айтқалы келген сырымыз бар еді. Апаң аузымды қышытты. Енді мен айта берем...

Бике. Сен өзің неменені көкіп тұрсың?

Mapиям. Қандай тұрпайы сөйлейсіз! Сіздің тілмен айтқанда: көкіп тұрған мен емес... Қайда әлгі Төкебаев?.. (Төкебаев шығады.) Мына кісі!

Төкебаев. Мариям қарындас, тіліңізді тарта сөйлеңіз... Мен шайпаулықты көтере алмаймын...

Мариям. Жарайды, менікі шайпаулық екен, олай болса, партбюроға түскен арызды тексерген мына Нина айтсын!

Давыденко. Бұларың не жұмбақ?

Нина. Бұл біздің емес, мына Төкебаев жолдастың жұмбағы...

Төкебаев (теріс қарап). Мыналар құртты-ау мені!.. (Нинаға.) Нина Васильевна, сіз Мариям емессіз ғой, сыпайыгершілікті білуіңіз керек.

Нина. Төкебаев жолдас сан әйелді алдайды. Олар әр қалада қалып жатады. Бір әйелі алты ай бойы алиментін ала алмай, Қызылордадан екі баласын ертіп, жылап-сықтап үйіне де келеді. Оған да бұл кісі тебіренбейді... Қайта өзіңізге сыпайыгершілікті ескертеді...

Төкебаев. Бекер! Келіп жатқан жеңгем.

Нина. Кешіріңіз! Мен сол әйелдің өз арызы бойынша тексерілген шындық фактыны ғана айттым...

Төкебаев. Бекер!..

Мариям. Ендеше жүріңіз үйіңізге. Сол әйелдің өзінен сұрайық. (Төкебаев төмен қарайды..)

Қамаш. Неткен ластық!.. Мариям. Сендер әлі мұнан да зорын естіген жоқсыңдар. Бұлар, әлгі түсіп қалған профессор екеуі, Қамашты қалай алдап келген десеңші... Диссертацияңды жөндеме, осы күйінде Москвада қорғайсың, ондағы оқымыстылар сені шақыртып алдыртқалы жатыр деп соққан ғой бұлар... Ал шындығы қалай де? Москвадағы оқымыстылар диссертациямен танысып шыққаннан кейін қателігін көрсетіп, қорғауға болмайды деп бұларға жазбай ма! Сол хатты осы уақытқа дейін тығып келген ғой...

Төкебаев. Соқпаңыз өтірікті!

Мариям. Керек болса, хаттың өзін көрсетемін мен сізге!

Давыденко. Сұмдық қой бұл!..

Ақан. Бұған таңданатын ештеңе жоқ, осал болсаң, бойға дерт әрқашан да тез жұғады...

Қамаш. Бақытсыз басым!..

Ақан. Бұл қазір тозған сөз. Бақыт деген бізде әр адамның өзіне байланысты болып қалды. Алдымен соған түсініңіз. (Даусын зорайтып.) Кім де кім біздің өмір заңымыздан тайса, кім де кім бізше ойлап, бізше тіршілік етуден қалса ол біздің қоғамда ең бақытсыз, ең сорлы адам!..

Нина.Дұрыс!

Мариям.Қамаш (жыламсырап). Ең жақын дегенім-жатым екен ғой!.. Ұға алсамшы соны...

Бике. Тый көзіңнің жасын!

Қамаш. Сіз маған әлі де үйретіп болған жоқсыз ба? Жоқ, ендігі ақылыңыз өзіңізге.

Бике. Адам дегенде бір намыс болу керек қой... Осылардың ызасына, ти мен айтқан адамға! Қор болмайсың! Бір емес, жиырма қатын алсын, сен жиырма бірінші бол. Онда не тұр! Қай еркек етегіне намаз оқып жүр дейсің, бұлардың бәрінікі сол!

Қамаш. Жан досымнан, жақсы коллективімнен айырғаныңыз жетпей, енді лас өмірдің батпағына біржолата батырып тынбақ боласыз... Жоқ, алмадым! Бердім өзіңізге сол өмірді!.. Ал менің таза жанымды, кіршіксіз махаббатымды ластамаңыз!..

(Ақан Қамашқа жақындайды. Осы кезде радиода «Менің махаббатым» әні орындалады.)

«Өмірдің бар ләззатын жүрмін көріп,

Өкінем тумадым деп ақын болып.

Отаным, саған деген махаббатым

Кеудемде күмбірлейді жыр боп толып.

Бұл жалғыз менің ғана емес сырым.

Мұны айтқан миллион қызын, миллион ұлын,

Отаным — Коммунизм Отанысың

Сонда ғой сұлулығын, ұлылығың.

Жүрегім, махаббатым, жігер-күшім

Аяулы Отан — ана, бір сен үшін.

Қойшыға, ақынға да, ғалымға да

Неткен сен қымбаттысың, сүйіктісің!»

Қамаш (мұңды). Осы ән бүгін күні бойы құлағымнан бір кетпей қойды...

Ақан. Білмеуші ме ең бұл әнді?

Қамаш. Аты қалай?

Ақан. «Менің махаббатым».

Қамаш. «Менің махаббатым».

Ақан. Я, менің махаббатым, қарапайым совет азаматының махаббаты. Менің туған Отаныма, советтік халқыма, шын сүйген жарыма арналған махаббат.

Қамаш. Менің де махаббатым!.. («Менің махаббатым» әнінің сарыны күшейе түседі. Шымылдық жайымен жабыла береді.)

Шымылдық.

1952 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама