Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Мыңбұлақ

Есік алды изен бе, жусан ба екен,
Гүлдерімен белімді бусам ба екен-ай.
Өтіп кеткен басымнан жиырма бесті,
Қос ат алып соңынан қусам ба екен-ай...
Желбір жекен,
Желін жүрген далада,
Біз бір бөкен-ай...

Есі дұрыс адам әлдеқашан басынан өтіп кеткен жиырма бесті соңынан қос атпен қуа ма екен?

Құдай бұйырса, Жаппарқұл биыл жетпіс беске толады. Сонда «басынан өтіп кеткен жиырма бестен» бері елу жыл, яғни жарты ғасыр өткені ғой. Ал, Жаппарқұл болса, «қусам ба екен» дейді. Елу жылдан кейін. Қуса бұрын қайда қалған? Жалпы, қос ат тұрмақ, зымыран ракетаға мініп қусаң да өтіп кеткен жиырма бес жеткізе ме екен?

Онан да адам бір жерін қысып, өткенге салауат айтып, алдағы күндердің тілеуін тілеу керек қой.

Жаппарқұл мұны әбден біледі-ақ. Ақылға салса ең дұрысы осы. Бірақ ақылға ықтияр бермей кететін бір дүлей күш бар адам бойында. Оның шын ойы не екенін адамдардың өздері де біле бермейді. Біреулер сезім дейді. Біреулер тылсым күш дейді. Сірә, мұның шын атын бір Құдай болмаса, ғұлама ғалымдар да біле бермейді-ау, сірә.

Ақылың бір жақта, аты жоқ күш бір жақта. Жаппарқұл «қойшы соны» деп тұрады да, Ескі қыстау жаққа қалай кетіп бара жатқанын өзі де білмей қалады.

Саусақтары айқасқан екі қолы бөксесінде, бойы тіп-тік боп, оқтау жұтқандай серейіп бара жатады. Ескі қыстау — бұл елдің бұрынғы мекені. Бұл өлкені жұрт Мыңбұлақ дейді. Бұрын әр сайдың бойында бес-алты үйден ата-ата еді, бертінде көше деген шықты да, ел ежелгі жұртын тастап, қаздай тізіліп, тың жерден көшесі бар қоныс салды.

Ескі қыстаудың саудыраған қаңқадай дуалдары ғана қалды да, бірте-бірте олар да мүжіле-мүжіле құлап бітті.

Ескі қыстаудың қаңқаларын қашан құлап біткенше жабайы құстар мекендейді. Әсіресе, байғыз бен жапалақ ұяға жарып-ақ қалды.

Жалғыз-жарым адам түнде Ескі қыстау жолымен жүргенде тұла бойы үрейге толып, зәресі ұшып, жаны мұрнының ұшына келгендей болады. Байғыз сұңқылдап жылағанда, баяғыда бұл жалған дүниеден өтіп кеткен әруақтар тіріліп келіп, тіршіліктегі ұрпақтарын жоқтап, зарлап отырғандай әсер қалдырады. Ұрпақтары жаңа қонысқа жайғасқанын түсінбей, тып-типыл жоқ болғанынан шошынғандай, таң атқанша сұңқылдайды-ау байғыз жарықтық. Әне, осынау Ескі қыстауда түнде байғыз сұңқылдаса, күндіз Жаппарқұл үнсіз жылайтын заман туды. Қос аты — қос аяғы. Өткеннің елесін қуалаған пәруанаңыз осы кісі.

Жетпіс бес деген айтуға қандай жеңіл болса, зуылдап жетіп келетіні де тез екен. Әрине, бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Шүкір де, Жаппарқұл, шүкір де.

Ал, енді сол жетпіс бесіңіздің есте айрықша қалатын бекеттері бар ма? Әлде Түріксібтің басындағы бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсас бекеттердей есте сақталмайтын әйтеуір, бір елестер ме?

Көбі сондай екені айдан анық. Ешкімнің өмірі күнде қызық, күнде той емес қой.

Ал, ара-тұра арасында Айдың қылтиып жаңа туғанындай ерекше есте қалар кезеңдер болады. Сондай кезеңнің бірін Жаппарқұл айрықша армандайды, есінде ерекше сақтайды. Ол кезең есінен шыққан күні Жапекең де жапалақтай жалп етіп құлайды да, өмірден өте шығады. Жалп етіп құлап қалмас үшін де Жаппарқұл Ескі қыстауға күнде таңертең жаяу кетіп бара жатады.

* * *

Өздерін ақылдымыз, есі-басымыз дұрыс деп жүргендердің түйгені бойынша, Жаппарқұл есалаң. Әйтпесе есі дұрыс адам айдалада елсіз қалған ескі жұртқа күнде таңертең қызметке бара жатқандай қатесіз кетіп бара жата ма?

Өздерін ақылдымыз деп жүргендерді Жаратушы Құдірет бір нәрседен мақрұм қалдырған. Олардың кеудесінде махаббат оты баяғыда сөніп қалған.

Ал, Жаппарқұлдың кеудесінде сол оттың қозы әлі бар, жылуы кетпеген. Кейде тіпті жел үрлеген шоқтай жайнап, жастықшақтың гүлі қайтадан ашылғандай болады. Әне, бұл адамның бақыты, шалықтаған шағы. «Махаббатсыз дүние тұл» демей ме ұлы ақын.

Бірақ дәурен өтіп кетті. Тек безгек қысқандай кәрі жүректің өртене беретіні болмаса, баяғы дәрмен қайда...

Ал, сонда бұл Жаппарқұл қос ат мініп, кімді қумақшы? Кімді сағынады. Нені аңсайды?

Сол түні Ай сәулесі жалбыз басқан қайнар бұлақта жылт-жылт етіп ойнап тұрып еді. Бұл екеуінің ләззатты қуанышына ортақ болған көлбақалар қойдай шулаған.

Бақалар оркестріне қосылған қылқобыздай болып шекшек шырылдады. Осы бір әдемі әуезді бұзып Ескі қорған жақтан байғыз сұңқылдайды. Жылауық. Талмай жылайды. Шаршамайды. Білетіндер айтады: Байғыз ғашық жарын шақырып отыр — дейді.

Кім біледі, болса болар.

Дүние қуаныш пен реніштен құралған. Байғұс байғыздың тілін біз қайдан білейік. Бекер жек көреміз.

Таң алдында Шолпан жұлдыз басқа жұлдыздардан ерекше жарқырайды. Әне, сол уақта сәмбі талдар арасынан бұлбұл сайрай бастайды.

Таңғы салқында бір-біріне жабысып, бір-бірін жан жалынымен, жүрек жылуымен қаузап тұрған екі жастың махаббатына арналған гимн, бұл әуен. Бұлбұлға көкек қосылып, шырқағанда алаулап таң атып келе жатады. Таң алдындағы махаббат құрметіне, шығып келе жатқан Күн құрметіне бүкіл арша тоғай, сәмбі талдар, қарлы шыңдар, сарқырама сулар қошемет көрсетіп, күллі әлем құлпырама бояуға бөленді.

Қайтайын десең жар қиын, — дейтін сәт дәл осы шақ.

— Қойшы, енді таң атып қалды, жұрт көріп қояды, қайтайықшы, — дейді құшағындағы Айсұлу.

— Көрсе көрсін, батып бара жатқан Ай көрсін, шығып келе жатқан Күн көрсін. Көрсін бүкіл Әлем! Айсұлу менің жарым екеніне куә болсын барлығы, — деп айқай салды Жаппарқұл.

— Бұйыртса, десеңші.

— Енді бұйырмағанда не қалды?

— Сен кетіп бара жатырсың...

— Кетсем, қайтып келемін.

— Бұйыртса десеңші...

Жаңа шығып келе жатқан арқалы күнге Айсұлудың алтын сырғасы шағылысып жылт-жұлт ете қалып, терең сайдың қабағынан ары асып барып, көрінбей кетті.

* * *

Қайтып келуді Құдай бұйыртуын бұйыртты-ақ. Жаппарқұл екі жылдан кейін әскерден қайтып оралды. Келе сала осыдан екі жыл бұрын соңғы рет Айсұлумен қоштасқан терең сайға барды. Сайды қалың қамыс басып кетіпті. Қайнар бұлақ көрінбейді. Сайдың терең қабағына дейін соқамен жыртып тастаған екен, қыста боран, жазда дауыл топырағын суырып, бұлақ көздерінің бәрін қалың шөп басып қалыпты. Жаппарқұл үйден күрек, кетпен әкеліп, қайнардың көзін қаза берді, қаза берді. Суалған көзден қызылкүрең лайсаң шығады да., қайтадан тартылып қала береді. Қайтадан лайсаң батпақ басып қала береді. Лайсаң батпақпен арпалыс таусылмайтын күреске айналды.

Сөйтіп, Жаппарқұлдың өтіп кеткен жиырма бесті соңынан қуатын қос аты Күрек пен Кетпен болды.

Қайнар бұлақ баяғыдай бұрқылдап, майда құмды қайнатып жатса, әйтеуір бір бақытқа кенелетіндей көрінді де тұрды.

Бұлақ көзі бітелгені — Өмірдің таусылғаны сияқты жаман ырым. Жаппарқұл түнде түс көрді. Ояна келе көрген түсін есіне алып, қуанып қалды. Аядай ғана қайнар бұлақ шалқып жатқан көлге айналып кетіпті.

Мұны Жаппарқұл жақсыға жорыды. Бірақ күн шықпай Ескі қыстауға асыға жетіп еді. Ешқандай көлді көрмеді. «Құдайдың мені өңімде алдағаны аздай, түсімде де тәлкек қылды-ау» деп қорланды Жаппарқұл. Көл орнына көлкіген құрақ-қажыс қара қоға таудан соққан таңғы самал лебімен толқын-толқын тербетіліп тұр екен.

— Бұл қай қорлығың, Құдай?! — деп Жаппарқұл Тәңіртаудың ақбасты апайтас шыңдарына қарап, қолын жайды.

Жергілікті өкімет Тәңіртау аңғарынан ақ көбік шаша, атыла ағып жататын асау өзенді бұғалықтап көк бетон құбырға құрықпен айдап құйып, «табиғаттан бермесін тартып алған».

Сол кезде осындай бір сорақы сорлы ұран шыққан. Асау өзен бұғалықталды. Колхоздың қызылшасын суғарды. Өкімет қантқа қарық боп қалды.

Әне, сол кезден бастап Мыңбұлақ көздерін жұмды. «Тыңды бағындырушылар» Мыңбұлақтың мыңдаған тамырын қиып тастады. Қан тамырлары қиылған қайран да қайран Мыңбұлақ көз жұмбағанда қайтеді?!

Жаппарқұлдың «бұл қай қорлығың» деген зары Құдайдың құлағына шалынды ма, кім біледі, әйтеуір сол көрген түстен кейін үш күн, үш түн қатарынан нөсерлетіп, жаңбыр жауып, Тәңіртау аңғарындағы Плотина-бөгеттің ірі қанаты жапырыла құлады. Құбырға симай жатқан су, ылдиға қарай тасқындай жөнелді.

Асау өзенді бұғалықтамаққа аудан бар күшін салды. Су дес бермеді. Бұрынғы орынға тартып, жер асты жүйелерін тауып, Мыңбұлақ мың жерден атқылап ала жөнелді.

Батпағын Жаппарқұл күндіз-түні аршып тазарта алмаған Қайнар бұлақ бір сәтте жанартау атқылағандай аспанға шапшыды да, артынша зәмзәм мөлдіреп сала береді. Қайнап жатқан құм арасынан бір сәтте жалт-жұлт етіп алтын жүзік көрінді. Қайтадан көміліп кетіп, жарқ етіп қайта шығады.

Осылайша бір жарқ етіп, бір батып кетіп, ары-бері ұмтылған Жаппарқұлдың қолына ілінбей-ақ қойды.

— Иә, Алла, бұл қай мазағың? — деп назаланды әбден әуре болған пенде күйініп кетіп.

Ну қамыс сылдыр-сылдыр етіп, арасынан атты әйел көрінді. Кексе тартқан ұзын етек. Аң-таң қалып, тіпті әрі-беріден кейін үркектеп тұрған Жаппарқұлға тіл қатты:

— Аллаға назаланба, Жаппар аға, — дегенде Жаппарқұл бұрынғыдан бетер састы. Адам ба, Пері ме? Айдалада қайдан жүр?

— Танымадың-ау Жаппар аға, — дегенде әлдеқайда алыстан-алыстан таныс дауыс естілгендей болды — Әрине, арада алпыс жыл өтіпті, аз емес қой. Ұмытар уақытың болды.

Жаппарқұл ақбоз ат үстіндегі әйелге қолымен көзін қалқалап тұрып, ұзақ қарады да:

— Жаным-ау, шынымен сенбісің? — деді.

— Иә, Құдай, қуат бере гөр, таныды мені, шын таныды, — деп әйел аттан сырғып түсті.

Бір-біріне құшақ жая ұмтылды. Құшақтасып көрісіп, бір-бірінен ажырай алмай, арада өткен алпыс жылдың есесін қайтарғысы келгендей, кәрі жүректері дүрсілдеп, сол дүрсілмен өткен жылдардың өксігін тауысардай, екеуі де безгек жанша қалтырап қалды.

— Баяғы бұлақ бітеліп қалып еді, көзін ашып жатырмын, — деді Жаппарқұл аузына басқа жөнді сөз түспей. — Айтпақшы, бір алтын сақина қайнаған құммен бірге шығады да, қайтадан жоқ боп кетеді. Соны ұстай алмай...

— Уа, құдіреті күшті Құдайым, ол баяғы сен сол түні менің саусағыма салған сақина ғой!

— Ол қайдан есіңе түсіп тұр?

— О, Жапекем, ол ұзақ әңгіме... Әуелі оны қайтадан сүзіп, ұстап алайық...

Кішкентай ғана жанартаудан атқылап жатқан ұлпа құм арасынан алтын сақина жалт ете қалады да, қайтадан тереңге сүңгіп кетеді.

Сан рет сүңгіп, сан рет жарқ етіп шықты. Бір кезде Жаппарқұл оны құммен қоса уыстап алып шықты-ау, әйтеуір.

Екеуі кезек-кезек қарап таң қалысты. Алпыс жылға жақын уақыттан бері құм вулканмен бірге атқылап жатқан алтын сақинаға құм қиыршық қынадай жабысып қатып қалыпты. Әйтсе де, дін аман. Қаншама жыл құм ысқылап жарқырай түскен сияқты, ашыла түскен сияқты.

— Жаппар аға, бұл құдайдың бізге берген нышаны. Екеуміз енді бірге болады екенбіз.

Бізді о басында ажыратқан дүлей тағдыр.... — деп Айсұлу сақинаны саусағына салып, қолын ары-бері аударып көрді. — Сені әскерге әкеткен күннің ертесіне мен осы бұлақ басына келіп, өткен түннің өлшеусіз ләззатын емірене еске алып, жападан-жалғыз қалғанымда, сайдың қабағына бір машина келіп, кабинадан үш еркек қарғып түсіп, ай-шайға қаратпай, аузыма шүберек тығып, үшеулеп, мені әлгі машинаға тығып, үшеулеп, мені әлгі машинаға көтеріп салып, жүрді де кетті.

Ел арасында гу-гу өсек тарады. Айсұлу жүріп жүрген жігіті әскерге кеткен күннің ертесінде бұрыннан айттырып қойған жеріне қашып кетіпті деп шығарды.

Бұл хабар, әрине, саған да жетті. Болары — болды, бояуы сіңді. Ол олай емес, былай еді, деп кімді сендіре аласың, кімнің аузына қақпақ қоя аласың. Болған іске болаттай берік бол, деген. Әділдігін бір Құдай өзі біледі. Мен не дейін....

Жаппарқұл өртенген өзекте шала қалған түтінді күшпен шығарғандай терең күрсінді.

— Өткен-өтті, кеткен-кетті, Айсұлу. Баяғыда өтіп кеткен сол бір арайлы таңды соңынан қос ат алып қусам ба, деуші едім. Өмір бойы жете алмадым, енді, міне, өзің келдің. Келген қадамыңа гүл бітсін, Айсұлу. Мен сені алпыс жыл бойы күттім. Құдайдың мұнысына мың да бір шүкір... Айсұлу жаным, сен шалыңнан айырылдың, мен кемпірімнен айырылдым. Жаман ба, жақсы ма, ұрпақ сүйдік. Олар өсті, олар біздің жалғасымыз. Екеумізге енді не қалды? Құдайдың бұйыртқаны болар. Өмірдің көбі кетіп, азы қалды. Біздің бір-бірімізге қояр кінәміз жоқ. Мә, сал мына сақинаны саусағыңа. Бұл Алланың әмірі.

Жаппарқұл Айсұлуды қапсыра құшақтап, алпыс жылдың есесін бірақ алғандай, алқымынан ұзақ иіскеледі.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама