Қызыл жебе. II кітап
«ТҰРАР»
Роман
БІРІНШІ БӨЛІМ
«Қайтар едім, жолым жоқ,
Сулар буған жолымды.
Жұлдыздардан көпір салар ем
Бұғаулады жазмыш қолымды».
(Салауат жырынан)
«Оян, Тұрар!
Есіңде ме, Алматының көк қақпалы абақтысында, мен сені құлқын сәріден осылай оятушы едім ғой. Таңғы сәтте ұйқыңнан сілкілеп тұрғызар едім. Соным обал болған екен: аймалап-ақ, басыңнан ақырын ғана сипалап оятуға болатын екен. Бірақ айналаңның бәрі зәрлі тікенектей түрпиіп тұрғанда, отырсаң құйымшағың қылышқа тіреліп, түрегелсең төбеңнен алдаспан төніп тұрғанда, аяныш сезім адасқақ келеді екен. Енді армандаймын: осыдан тағдыр бізді бір көрісуге жазса, ай маңдайыңды мен періштенің қанатымен сипар едім.
Бірақ күндер, айлар, жылдар өткен сайын сол арман асқындай түскенмен, мен сенен алыстап барамын, алыстап барамын...
Сенің қазір қайда екеніңді мен білмеймін, менің қайда екенімді сен білмейсің. Мен саған осы хатты қиялмен жазып отырмын. Қазір сен жүрген жерге қар жауса, соны менің аппақ сәлемім деп білгейсің. Өйткені қардың анасы мен жүрген жақта. Егер сен жүрген жерге терістіктен жел соқса, менің үнім деп білгейсің. Өйткені желдің анасы мен жүрген жақта.
Сен мені, Тұрар, өз қиялыңда Сахалин дейтін түкпірден іздеп жүрген шығарсың. О басында үкім солай болғаны рас. Бірақ, Жетісудың топас соты Ресей патшасының Сахалиннен айырылып қалғанын білмей сандалса керек. Кәдімгі орыс-жапон соғысынан кейін, бітім шарты бойынша Сахалин жапон жағында қалыпты. Үркіт деген қалада қатаржыніктерді бөлгенде менің диаламды оқып, орыстың Бантыш деген ұлығы Жетісудың сотын сыбап алды. «Ақымақ!» — деді. «Сахалиннен айырылып қалғанымды білмейтін неткен надан? Сахалиншілін сорлының», — деп кекетті.
Содан соң ұлық мені арқамнан қағып, жұбатқан болды: «Нешауа, Сахалинге айдамады деп өкпелеме, — деді, — Сахалиннен кем түспейтін жерге барасың. Бодойбо дегенді естуің бар ма?» — деді. «Жоқ», — дедім. «Нешауа, бара көресің. Лена деген өзеннің бойында», — деді. «Оу, мырза, мені Бодойбода боздатып неғыласың? Ақыр Сахалин жолы жабық екен. Кері қайтара салмайсың ба, тәңірі жарылқағыр, жалғыз ұлымды, жалғыз қызымды сағындым», — дедім.
Ұлық қарқылдап күліп. «Сен әлден сағынып қалғансың, ә? — деді. — О басында он жылға кесілгенсің. Семейдің маңайында қашуға әрекет жасағаның үшін, айдауылды өлтірмек болғаның үшін он жыл үстіне тағы он жыл жамап алдың. «Сағыну» деген сөзді де, сезімді де ұмыт, сорлы. Жиырма жыл бойы сағынсаң — сарғайып, Бодойбоның сары алтынындай қатып қаласың. Бодойбода нағашың күтіп тұрған жоқ сені. Алтын күтіп тұр. Алтын қазасың, түсіндің бе? — деді. — Кім біледі, Бодойбоның алтыны айдалған адамдардың сағынышынан жаралған шығар», — деп ұлық бір сәт қиялдап, тебіреніп кеткен сияқты көрінді сонда. Бірақ сәлден соң қатуланып: «Қашушы болма! Қашсаң, қайтып ұстап алып, Бодойбоның алтыны таусылғанша қайтармаймыз, — деді. — Бодойбоның алтыны таусылса, Алданның алтынына саламыз. Байқа!» — деді.
«Қашпа! Қашпа» — деп қайта-қайта пысықтап жатқанының мәні бар, Тұрар. Менің диаламдағы қарғыс таңбасын көріп айтып тұр.
... 1906 жылы шілдеде өзіңмен қоштасып айырылған соң біздің итап Алматыдан шығып, терістік-шығысқа бет алды. Жолда қаңлы, шапырашты, ысты, дулат, жалайырлар ауылын басып өттік. Обалы не, аяқ-қолы кісендеулі тұтқындарды көріп, жағаларын ұстап, ұлардай шулады. Бізді есіркесе, оларды құдай есіркесін. Әлдекімдер мені танып: «Рысқұл! Рысқұл! Саймасайды сұлатқан Рысқұл ғой! Алда батыр-ай, алда пақыр-ай! Итжеккенге әкетіп барады. Аман бол, бауырым!» — десіп жатты.
Шелектен өтіп бара жатқанда жатаған үйдің тұсынан ақ жаулықты бір әйел сен қатарлы баласының қолына түйіншек ұстатып, мені көрсетіп, баланы арқасынан итермеледі. Бала жүгіргеннен жүгіріп отырып, айдауылдардың арасынан өтіп кетіп, арбаға бойы жетпей, қолындағысын маған ұсына берді. Менің қолым байлаулы, оны түсінбеген баламен ұмтыла қоймағанға таң қалып, шешесіне қарады. Шешесі: «Лақтыр!» — деп ишара етті. Бала түйіншекті лақтырып жіберді.
— Кімнің баласысың, айналайын? — дедім тым болмаса тіл қатайын деген ниетпен.
— Байырдың, — деді қаршыға көз қағылез жас.
— Өркенің өсін! Азамат бол! Атың кім? — дедім.
— Ахметжан. Ахметжан Шымболатов, — деді бала жаутаңдап.
Мен сені көргендей болдым. Сен әлі арба соңынан ілесіп келе жатқандай көріндің, Тұрар. Бұл есім жайшылықша жадымда қалмас еді, ал мына халде біреудің бір жылы сөзі — мың жылдық жарық сәуледей. Дүние халі сан қилы, кім біледі, ер жеткенде сен онымен кездесерсің де. Есіңде болсын деп айттым.
Ертесіне Іленің суынан өттік. Сонда дүниеде Іледен үлкен су жоқ шығар деп едім. Сөйтсем, оным бекер екен. Іленің көкесіндей суларды кейін көрдік қой.
Іленің арғы бетіне шыққан соң Алатау бұлдырай бастады. «О, қасиетіңнен айналайын, Алатау, көзімнен сен де тасаландың-ау», — деп көңілім сонда бір бұзылды. Қасымдағы Мамытбек қырғыз «Сағынғанда бір келерсің, сарғайғанда бір келерсің, Алатаудың баурына», — деп мені өлеңмен жұбатты. Қайран ел, сөйтіп, артта қала берді.
Жолда Ақсу-Қапал қалды. Лeпci деген судан да өттік. Одан әрі жап-жазық мидай дала басталды. Лепсіде ауысқан айдауыл бізді Аягөзге дейін жеткізіп салуы керек еді. Сасырдың жапырағы күйген шүберектей қурaп кеткен сары дала. Адам тұрмақ, aт шыдамай, сусыз шөлден аузын ашып, алқынып, аяғын әзер басып ілбіп келеді. Aт арыған соң солдаттар бізді арбадан түсіріп, жаяу айдады. Лүп еткен желі жоқ, сілтідей тынып қалған кеуек дала пысқырған aт пен кісен сылдырынан мазасы кетіп, біздің қыбыр-жыбыр жүрісімізге ызасы келгендей тынысты тарылта түседі.
Анда-санда алқымы кеуіп, бүйірі бүлкілдеген кесіртке аяқ астынан тура қашады. Есірік солдат әлгі мақұлықты тапырақтап қуа жөнеліп, мылтықтың істігімен жаншымақ болады. Кесірткеге де жан керек, бұлт ете қалып құтылып кетеді. Мылтықтың істігі тандыры кепкен тақыр жерге шақ етіп тиеді.
Аяқты кісен, көкіректі шөл қысқанда адам бей-жай, айналаға көз салмай меңіреу болып қалады екен. Әйтпесе, Құдайдың қу даласында тіршілік белгісі тіптен көп. Қарап келе жатсаң, алдыңғы арбаға жегілген аттар құйрығын әрең көтеріп тезек тастаса, сүрлеу жолдың жағасынан көң қоңыздары лезде құлдыраңдап шыға келеді. Кейбіреуі не дөңгелек астында, не солдат табанында мыжылып та қалады. Қу тамақ-ай, десеңші. Көз ұшында сағым бұлдырап өркеш-өркеш түйе керуен тоқтап тұрғандай көрінеді. Көңіл селт етіп, әлденеден үміттеніп қаласың.
— Дуадақ! — деп бір солдат бақырып қоя береді. Әлгі керуен тay теңселгендей қорбаң-қорбаң қозғалып, аударылып-төңкеріліп кеткендей болады. Солдаттар патырлатып ата бастайды.
Паң дуадақ сонда да жанталаспай, ордаң-ордаң желіп барып, баяу көтеріліп, дірілдек ауаның арасына сіңіп кетеді. Есірік солдаттар атты арбадан шығарып алып қумақ болады. Бастық зекіп тастаған соң, бастарын шайқап, таңдайларын тақылдата, дуадақ кеткен жаққа көпке дейін алаңдай береді.
Мылтық дауысынан шошып оянғандай, жол жағасындағы қаратаспа қараған арасынан тac шегіртке шырылдайды. Бұл үн менің есіме Алматының көк қақпалы түрмесін түсіреді. Оның ауласындағы қара сораның арасынан осы шегіртке шырылдар еді. Енді ол да Сібір жолына бізбен бірге аттанған сияқты, жылауық үн соңымыздан қалмай ілеседі де отырады.
Алыстан мұнартып, сәулетті бір сарай сағым арасынан армандай асқақ көрінді. Тозақ жолынан соң, пейішке барып қойып кететіндей әлгі асқақ мұнарға алқынып асығамыз. Тұтам кісен адым аштырмайды. Ақыры өліп-талып жеттік-ау. Күнбатыс жағы үңірейген аласа ғана көне мазар екен. Жанында жылап ағып, жылымшы татыған бір қасық суы бар. Алдақашан бұл дүниеден көшкен атамның көз жасы әлі тыйылмай, соның сорасы ағып жатқандай.
Аттар доғарылып, жылы да болса су ішіп, таңдай жібітіп, жан шақырдық. Бізді арбалардың қасында қалдырып, қасымызға бір қарауыл қойып, солдаттар мазардың көлеңкесіне барып отырды. Мылтықтарын түйістіріп, бір жерге үйді. Алдарына қағаз жайып, тамақ жеп, шишаларын шығарып арақ ішті. Мына құдайдың ыстығында ішкен арақ басқа шапшып шыға келген шығар, барылдасып карта ойнай бастады.
Ойын қыза, біздің қасымыздағы қарауыл үйірінен адасып, үркектеген жылқыдай тыпырши бастады. Мұның өзі өзгелерден шынжаулау, пәкене бойы мылтықтан сәл-ақ асатын секпіл бет, жирен қастың астынан көзі тақыр ұдықтай шүңірейген, жалынсыз, жасық неме еді. Карташылардың қасына жақындап барайын десе, бастығынан қорқады. Бармайын десе, құмарлық қысады. Осыдан барып, бізге ыза болады.
Карта соққандар төртеу, мұнымен бесеу. Біз он адамбыз. Алматыдан шыққанда алтау едік, Лепсіден төртеу қосылды.
Қарта ойнап отырған айдауылдардың бастығы бір уақытта біздің жанымызда тұрған сүмелек пәкенеге:
— Ей, Петя! Ыстық тамақ керек. Тез дайында, — деп ақырды.
— Отын жоқ, поручик мырза, — деп шіңкілдеді пәкене.
— Неге отын жоқ ? Маған десең сирағыңды жақ! А на каторжниктерді жақ! Отын тaп! Айтпақшы, сол оңбағандарға отын жинат. Мына бұталарды жинасын! — деді бастық.
Пәкенеде де билік бар. Ол бізге бұйырады:
— Айда! Бәрің тұр да қурай сындырыңдар! Бол, жылдам!
Кісендерімізді сықырлатып, булыға тұрып, қарағанның бұтасын сындыруға кірістік. Менің жанымдағы еңгезердей сары орыс сыбыр ете қалды:
— Қимылдайтын уақыт соқты, — деді. Сезе қойдым.
— Қайтіп? — дедім.
— Анау үюлі тұрған мылтықтарды қолға түсіру керек.
Солай қарай жылжи бер.
Сары орыстың аты Федор еді, жылжып жүріп, тағы бір-екі тұтқынға сыбырлап өтті. Қарағанды ынты-шынтымызбен жинаған болып жүрміз. Үш-төртеуміз тұс-тұстан мылтық шөмелесіне таянып келеміз. Зәре жоқ. Байқаймыз, карташылар сезер емес. Олар у-да шу. Сол шуға шыдай алмай біздің қарауыл жандарына жүгіріп барды. Бір сәтке біз бақылаусыз қалдық. Федорға қарап едім, басын шұлғып қалды.
Адым жаздырмас қара темірді қақырата үзіп жіберер күш-қуат бітіп кеткендей алға ұмтылдық. Бірақ қара темір үзілген жоқ. Әйтеуір бір ғаламат қайрат бізге қанат бітіргендей, қос аяқтап қарғып, үш-төртеуміз мылтық үймесіне жете жығылдық-ау, атасына нәлет...
Сақыр-сықыр дыбысқа жалт бұрылған пәкене қарауыл:
— Құрыдық! — деп жан дауысы шыға шыңғырып жіберді.
Карташылар жай түскендей состиысып қалды. Мылтық қолға түскен соң біздің әруағымыз асып, қару кезеніп, шүріппеге қол салсақ, тек шық-шық етеді.
Айдауылдардың бастығы жалпақ даланы жаңғырықтыра қарқ-қарқ күледі. Бізге саусағын шошайтып, шалқалап тұрып қарқылдайды.
Дүниеде бұдан өткен қорлық жоқ, Тұрар. Құдай басыңа мұндай қорлықты еш заманда бермесін, құлыным. Менің шашым сол сәтте түгел ағарып кетті білем. Қазір көрсең танымассың. Шаш, шіркін, сонда аяз қарып, қырау тұрғандай болды. Айдауға кетсем де, әйтеуір бір оралармын. Тұрар сынды құлынымды бір көрермін деген үміт жанға сеп еді. Енді сал үміт біздің Бесағаштағы білте шамдай жалп етіп сөнді де қалды, құлыным. Есіңде ме, Бесағаштағы жеркепенің есігін біреу ашса, шырағдан жалп етіп сөніп қалушы еді ғой. Үйге кіріп келген кім екенін біле алмай, соқыр адамдай:
— Бұ қайсың-ай? — дейтінбіз.
— Мен ғой, — деуші еді кейде Ахат атаң.
— Мен ғой, — деуші еді кейде Молдабек көкең.
— Е, бізбіз, — деуші еді кейде Шыныбек атаң.
Кейде Қорған, кейде Үсіп, кейде сенің құрдастарың Арман мен Оразбақ келер еді. Олар келгенде, шамның сөніп қалғанына ренжімей, қайтадан шырпы тұтатар едік. Оттық қайтадан жанғаны қандай жақсы.
Ал бұл жалы сол от соңғы рет сөнгендей еді.
Айдауылдар бастығы пәкене Петяға:
— Aт! — деп ақырды.
От алмайтын мылтық шоқпар орнына, немесе найза орнына ғана жүреді. Бізді бастаған сары дәу орыс Федор патронсыз мылтықты кезене алға ұмтылған. Біз де далбасалап, жанталасып, тұсаулы аттай қосаяқтап секіріп, алға ұмтылдық. Мылтықтардың бәрі патронсыз болып шықты. Арамдар оқ-дәрісін алып тастаған екен.
Пәкене Петяның мылтығы гүрс етті. Федор шалқалап барып, арқасынан біреу итеріп жібергендей, алға қарап тізесі бүгілмей, кескен теректей етбетінен гүрс етіп құлады.
— Енді тоқтат! — деді айдауылдар бастығы.
Біздің қашпақ болған әрекетіміз осылайша қайғылы аяқталды. Он тұтқынның бірі құрбан болды. Қалған тоғызымызды қосақтап, қолымызға да кісен салды.
Қашуға әрекет жасағаным үшін, қаруға жармасқаным үшін, маған тағы он жыл жамады, атасына нәлет!
Жиырма жылдан кейін мен тірі болсам, алпыс алтыға келеді екем. Сен ғой отыздан асып қаласың. Ахат атаң енді жиырма жыл жүре қоймас. Екеуміз әлі де көрісетін күн туар алдан. Жиырма жылдың қанша күн болатынын есептеп көрейін деп едім, есебіне жетпедім, атасына нәлет!
Үркіттің түрмесінде жатып, бір рет түсімде Қызыл Жебені көрдім, Тұрар. Биік жардың басында жер тарпып, құйрық-жалы жалындап желбіреп, кісінеп тұр екен, жануар. Жетейін десем, қиядан аяғым тайып төмен сырғанап кете берем, кете берем. Әттең, Қызыл Жебенің арқасына аяғым бір іліксе, шексіз тайғаның, асу бермес таулардың, өткел бермес сулардың үстінен пайғамбар пырағына мінгендей, ұшып өтер едім-ау, деп жанталасамын. Бір кезде Қызыл Жебенің орнында, жар басында сен тұрасың, Тұрар. «Көке, көке!» — деп айқайлайсың. «Тұрар!» — деп шыңғырған өз дауысымнан өзім оянып кеттім...
Менің бұл хатын саған жетпесін білем, Тұрар. Сондықтан сенен: Ахат қайда? Ізбайшамен Түйметай қайда? Молдабек қайда? Өзің қайда жүрсің? Хал-жайларың қалай? — деп сұрамаймын. Бізге каторжниктер түрмесінен туған елге хат жазуға рұқсат жоқ. Менің бұл қиял-хатын, ақ қар мен азнауық боранға ғана айтқан арызым саған аян болып жетер. Мұнда қазір туу десе жерге түкірік түспейтін қиямет қыс. Тірі пенде дозақтың бәріне де көнеді. Мен, әрине, бұрынғы Рысқұл емеспін. Сақал-шаш ағарды, бірақ сағым сынбайды, атасына нәлет. Мұндайда жүдесең-ақ жүнжіп кетесің де, ажалыңнан бұрын өлесің. Мен сенімен о дүниеде емес, оспадарсыз осы дүниеде көріскім келеді. О дүние қашпайды. Оған әйтеуір бір барамыз да. Бірақ ана дүниеде адамдар бірін бірі танымай қалуы да мүмкін ғой. Ал, бірақ менің рухым сені мәңгі-бақи шырылдап іздеріне сенімім кәміл.
Мен сені көзімнің тірісінде іздеп тапқым келеді. Амандық болса, бұл каторгадан әлі талай қашармын. Талай рет ұстап та алады, оны да білемін. Түбі әйтеуір бір кетемін, атасына нәлет. Менің жанымда бір башқұрт, басбөрі1 бар. Сол өз елінің ертедегі бір батыры Салауат дегеннің хикаясын айтады. Салауат патшаға қарсы шыққаны үшін ұсталып, оны теңіздің ортасындағы бір аралға апарып бұғаулап тастаған екен. Сол Салауаттың өлеңі деп мына бір сөзді Ділмұхаммед деген досым ұдайы айтып жүреді:
Қайтар едім, жалын жоқ,
Сулар буған жолымды.
Жұлдыздардан көпір салар ем,
Бұғаулады жазмыш қалымды.
Жұлдыздардан көпір салып өтуге мен де дайын. Саған деген сағынышты қос қанат етіп, Қызыл Жебенің рухын ерттеп мініп, күндердің күнінде мен ғарыпқа көтеріліп, жұлдыздан жұлдызға қарғып түсіп, елге де жетермін, Тұрар.
Саған деген сағынышын кеудесіне сиғыза алмай, аспанға жұлдыз етіп шашыратып жіберуші әкең Рысқұл».
I
Ол кісеннің сылдырынан селк ете қалды. Орнынан тұрып жан-жағына қарады. Алды — шымырлаған қаракөк иірім, арты — жарқабақ. Иірімде балық шоршиды. Жарқабақта құрқылтай ұшып жүр. Жарқабақ құрқылтайдың ұясынан шұрқ тесік. Өзен бойлап өскен нар қамыстың үкілі басы тербеледі.
Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ мамырлаған дүние. Түрменің іші емес мыңғырған Мықан бойы. Бала иірімге салып отырған қармағын тастай салып, жан-жағына қарап осыған көзі жеткен. Бірақ әлгі кісен сылдыры...
Үкілі қамыс, көк құрақ, жасыл жыныс — жақсылықтың ордасындай, армандардың үміттердің аралындай тербеліп, сыңсып, сызылып тұр. Арасынан жылт-жылт етіп зымырап шымшық көрінеді. Балық аулап отырған баладан сүйінші сұрайын десе, бата алмағандай қыбыжықтап жүрген майда мақлұқ. Дәл қарсы қабақтың етегінде бір шоқ сары сәмбі мұңайып тұр. Шашын жайып жіберіп, суға телміре қарап, өзен түбінен әлдекімді зарыға күткен сұлу келіншек сияқты. Өгей шешесі Ізбайша кейде осылай отырар еді... Сәмбінің солқылдақ нәзік бұтағының дәл ұшына құрқылтай ұя байлапты. Суға тиер-тимес ілініп тұр. Титтей құстың да жауы көп. Содан қорқып, кеуек аспан астынан іздеп тапқан жері осы. Күндіз қарақұстың, түнде үкінің көзінен таса, жіңішке жіптей бұтамен жылан да жорғалап жете алмас. Құрқылтайдың балапанын сөйтіп, салқын судың сарыны әлдилеп, солқылдақ сары сәмбі тербетіп өсіреді.
Үкілі қамыстың көк қияқтары біріне бірі сүйкеніп, бірін бірі сипалап, сыңсып тұрады. Жайқалған жасыл құрақ кезінде аймаласып қалуға асыққандай, құшақтасып, қауышқан қамыс әуенінде айтылып болмас арман, сарқылып бітпес сағыныш бардай. Осы сыңсыма әуен де мына баланың сағынышын маздатып жіберген сияқты.
Кісенін сылдырлатып көкесі келіп қалғандай көрінді оған. Үкілі қамыстың арасынан қазір шыға келетін сияқты.
Көкесінен көз жазғалы жылға жақын. Бір күн есінен шыққан емес. Оянса — ойында, ұйықтаса — түсінде. Көкесін күтумен өткен күндер — баланың кішкентай жүрегіне сағыныш тамыр байлаған күндер еді. Бұл тамыр өмір-бақи қиылмас, оны ешкім Тұрардың жүрегінен жұлып тастай алмас. Көкесін сағыну Тұрар үшін мүддені, мақсатты, жақсылықты сағыну қасиетіне айналды. Дүниеде не сирек болса, адам соған зар. Жан-жағың толған жамандық, жақсылық некен-саяқ. Адам сол азды іздейді. Бір қап құмның арасынан бір киыршық алтын іздегенмен пара-пар, әбігер әрекет.
Кісен тағы сылдыр ете қалды. Тұрар енді аңғарды: қамыстың ар жағында, ажырықта жайылып жүрген мама бие екен. Қырғызбайдың дәу торы биесі кісендеулі болатын.
Түн ішінде айдалада адасқан адамға жақындап келген бір сәуле қайтадан алыстап, алдап кеткендей болды. Көкесі келмепті. Кісені сылдырлаған кәдімгі торы бие екен.
Сонда сағыныш кеудесін бұрынғыдан бетер керней түсті. Дауыл соққанда сықсима шырағдан сөніп қалады да, қауға тиген өрт өрши түседі. Көкесін мұншама жақсы көрмесе Тұрардың көңілі суып, бірте-бірте әкесіздікке ет үйренетін кезі де болды. Ал мұның әкеге деген алау сезімі күн өткен сайын асқынып бара жатқандай.
Баланың Алматы абақтысынан қашқанына жылға жақын уақыт болды. Бірақ миына сіңіп қалған дағдыдан әлі арыла алмайды. Темір сылдыр етсе, кісен сылдырлағандай көрінеді. Тәуірірек киінген адам кездессе — Саймасайдың жақындары сияқтанып елестейді. Пагон таққан, қылыш асынған ұшырасса — Приходько мырзаның жұмсаған жендеті екен деп қалады.
Ара екеш араға дейін масаңдап, мамырлаған көктем. Құрқылтай жерге түспей, шексіз кеуек аспанды шарлаған көктем. Ал бала қанша кеңістікте тұрса да, қос өкпесі әлі қысыңқы. Аяқ асты аңдыған жау анталап тұрғандай, үрей-дағды дамылдамас.
Кеше Мықан ауылына Меркеден екі салт атты келді. Бірі қазақ, бірі орыс. Түрлеріне қарағанда әкімдер сияқты. Мұны жұрттан бұрын байқаған Тұрар үйдің сыртын айналып, өзен бойындағы үкілі қамыстың арасына барып, «әліптің артын бағып», ну арасынан сығалап қарап тұрған.
Сөйтсе, әлгілер әкіреңдеген әкім емес, мұғалімдер екен. Меркеде орыс-түзем мектебі ашылады екен. Жанында интернат дегені бар дейді. Осы алдағы күзден бастап оқу басталады екен. Соған мына екеуі ауыл-ауылдан оқуға баратын балалардың тізімін алып жүргенге ұқсайды.
Мұғалімдер жағалап Қырғызбайдың үйіне келді. Аттан түседі.
— Ассалаума-әлейкум!
— Әліксалам! Қай баласыңдар? Жол болсын? — дейді Қырғызбай. Жапалақ көз жарықтық бұл да атқамінерлерден запыста. Әлдене болып қалды деп қопалақтап тұрды.
— Әлей болсын. Оқуға түсетін балалардың тізімін алып жүрміз, — дейді Әліпбек деген қазағы. — Оқу жасында балаларыңыз бар ма?
Шал ойланып қалады. Өз кіндігінен оқуға түсер бала жоқ. Ал Тұрардың оқуға дер шағы. Бірақ оны жұрт көзінен тасалап жүргенде, жария етіп не жыны бар?
— Қандай оқу, қарағым?
— Оу, отағасы, естімеп пе едіңіз, таяуда Әулие-Ата оязының өзі келіп, жеті болыс Меркеге арнап орысша-мұсылманша мектеп аштырып кетті ғой. Мектеп үшін Айбар байдың түнкелі үйін сатып алды.
— Ал ол оқу не береді?
— Не береді? Балаңыз сот, прокурор болады.
Шал сескеніп қалды. Сот, прокурордан үркек. Оған шатасар жайы жоқ.
— Бізде оқуға беретін бала жоқ, қарағым, — Қырғызбай қипақтай береді.
Бұл әңгімені естіген Салиха бәйбіше меймандарға құйып отырған қымыздың ожауын шараға салп еткізіп тастап жіберіп, ернін сылп еткізіп, бетін шымшыды.
— О не дегенің, байғұс-ау, алжиын дегенсің бе? Тұрарды қайтесің? Ол бала емес пе екен?
Шал кемпіріне алақандай көздерін алартып, ернін қымқыра тістеді.
— Қой, әрі! — деді Салиха оған айылын жимай. — Аруақ, құдай алдында күнәға қалма. Өзі тірі жетім байғұсты тумай жатып қу құдай қыспаққа алғаны аздай, о несі-ай... Оқысын. Өз қолы өз аузына жетіп, адам болып кетсе әжеп емес. Бағын байлама баланың!
Салиха ақ шарадағы қымызды ожаумен шамадан тыс атырыла сапырып-сапырып жіберді. Қымыздың көбігі бұрқырады.
— Басқан ізіңнен садаға кетейін, мырзаға! Қайда ғана жүр екенсің, жалғыз жәдігеріңді жаутаңдатып бізге тастап кетіп... — Салиха «аһ!» ұрып күрсініп алды.
— Болды енді қай-қайдағыны көйітпей, — деп Қырғызбай орнында отыра алмай қопаңдай берді. — Мейлі, оқыса — оқысын, бәле шақырып зарламашы.
— Бала қайда? — деді бұл түсініксіздеу шайпасудан секем алған Әліпбек.
— Мен шақырып келейін, — деп Салиха орнынан оқпан құстай ордаңдай көтеріліп, далаға шықты.
— Тұрар! А, Тұрар! Қайдасың, жуәрмек? Шапшаң кел үйге!
Сөзі ірі болса да, зілі жоқ, кескін-кейпі келеңсіздеу келсе де, кеудесінде мейірлі шуағы көп кемпірдің «жуәрмегін» кек көрмей, Тұрар қамыстың арасынан шығып, үйге беттеді.
— Міне, бала оқытсаңдар, — деді Салиха Тұрарды қолынан қашып кетпесін дегендей, мықтап ұстап тұрып. — Орысшаңа да, мұсылманшаңа да ағып тұр. Байғұсқа тіл-көз тиіп кетпесе, болайын-ақ деп тұр.
— Аты кім? — деді Әліпбек қағаз-қаламын алып.
— Тұрар.
— Әкесінің аты кім?
Кемпір жақсы көретін қайнысының атын атай алмай, амалсыз тілі байланып тұрып, шалына:
— Айтсаңшы-ей! — деді.
— Қырғызбай, әкесінің аты Қырғызбай, — деп шамадан тыс асыға айтты.
Салиха бетін шымшып:
— Байғұс-ау, о не дегенің... — дей беріп еді, Қырғызбай қопалақтап бой бермеді.
— Қырғызбай деп жаз, қарағым.
Бала сазарып қалды. Бұл ел оның әкесінің атын атаудан да қорқады.
Туған әкесіне опасыздық жасағандай бір беймаза сезім жауқазын жүрегін жаралап, шөңгедей қадалды да қалды. Жалаң аяқ табаныңа кірген тікен емес, суырып алып тастайтын. Күлге аунап, ойнастан туған баладай, әкенің атын айта алмай күмілжіген не қорлық!
Орыс мұғалім Тұрардың өзіне арнап:
— Жасың нешеде? — деп орысша сұрады.
— Он бірде, — деді бала да орысша мүдірместен.
— О, шынында зерек шығарсың, Тұрар Киргизбаев, — деп орыс мұғалім сүйсінгендей болды. — Алдағы күзден бастап Меркедегі интернатта жатып оқитын боласың. Ал көріскенше, cay тұр!
Сөйтіп, Тұрар «Киргизбаев» болып тізімге ілігіп кете барды. Көмейде айтылмаған сөз — мылтықта атылмаған оқтай жүректі сыздатты.
Күзге дейін әлі арада жаз бар. Қазір мамырлаған мамырдың айы. Бала Қырғызбайдың қозы-лағын, қасқа бұзауын бағады. Кісендеулі торы биенің қарауылы да сол. Дамыл-дамыл Салиха шелегін білегіне қыстырып, бие саууға келеді. Сонда Тұрар апасына жәрдемдесіп, мінезді биенің құлағының түбін қасылап, ноқтасынан ұстап тұрады. Салиха шелегін көтеріп, үйіне қайтады, бұл өзен бойында жападан-жалғыз қалып қояды.
Сол кезде оның көзіне көзі түскен адам ә дегенде қаймығып қалуы да мүмкін. Жасы оннан жаңа асса да, жанарына қарап, жасамыс кісі екен деп ойлауы сөзсіз. Көзқарасында балаға тән алып қашпа, ала құйын мінез атымен жоқ. Тұңғиық қой көздер тұнып тұрған ой иірімі сияқты.
Уайым-қайғы үлкендердің үлесі. Уайым-қайғы нәрестенің балғын жүрегін шалмасын. Шалды болды, ол нәресте нәрінен айырылып, ересектің есесін арқалап, ерте бастан азап шегеді. Жалғандағы жалғыз жанашыры — туған әкесінен тірідей айырылу азабы Тұрар баланы тым ерте есейтіп жібергенге ұқсайды.
Ағайын деген аты бар, әйтпесе кісі есігінде күнелтеді. Жақын болғанмен, жатырқаулы үйдің босағасында жүрсе де, қас-қабағы бүгежек, ынжық мінез танытпас. Қайта тәкаппар. Сөзге сараң. Кейде от шашып, кейде мұң бүркенген зерделі көз бұл баланың балалық шағы болмағанының куәсіндей.
Қасқа бұзауды құйрығынан ұстап бақпасаң, ешкі бас енесі өрістен ерте қайтып емізіп қоятынын бала жақсы біледі. Біле тұра бұл жолы қалай айырылып қалғанына өзі де қайран.
Мықан бойы шүйгін шөп. Атқұлақ пен гүлқайырдың арасына адам кірсе көрінбес. Сиырқұйрық сары гүлден шәлі жамылып үлбіреп тұр. Шеңгел екеш шеңгелге дейін күлгін-қызыл шешек атқан. Табиғат, шіркін, тамылжып, тікенегіне дейін ажарланып алыпты.
Бидайық балақтап, бас тартып, пісіп тұр. Енді шалғы тимесе бойжеткен қыздың отырып қалғанындай-ақ. Жабайы жоңышқа мен шырмауыққа шытыр араласып, киіздей тұтылып қалған. Шәйқурайдың басына қонып алған сары торғай аспанға қарап сарнап отыр. Тәңіріге жер бетінен ақпар беріп, шаттығын айтып тауыса алмай аптығып жатқан сияқты. Жер бетіндегі жақсылықты асырып, жамандықты жасырып, Тәңіріні алдап отырған тәрізді.
Күн батарда өзен үстін қарлығаш қаптап, бірін-бірі қуалап ойнап жүр. Жаңа туған торы биенің сұрша құлыны құйрығын шаншып еліре шапқылап жүріп, сүрініп кетіп түрегелгенде, енесі оқыранып, тентегіне тостағандай көздерін төңкере бір қарап қояды.
Жаманшылық атаулының бәрі жыраққа кеткендей: қарын ашпас, көңіл кетілмес, ақ жарылқап күн туғандай. Енді бала мына жағадан жуа теріп жесе де күнкөрісі бар. Бірақ қарын аштығына ол әбден көнбіс, құрсақтың шалалығы уайым емес.
Сықылықтап, ішетін тарта күлген қарлығаш, аз күн дәуренге әуейі мас шегірткелердің шырылы, кешке жақын жорыққа ереуілдете шыққан зауза қоңыздың ызыңы, қозы-лақ қайырған балалардың айқай-ұйқайы, барақ төбеттердің әупілі, құлыншақтың күміс қоңыраудай кісінесі — бәрі-бәрі жарылқаушы жаратылыстың жақсы әуені. Мұндай дүниеде адамдардың көкірегі қайғыдан, көзі мұңнан таза болса жарасар еді. Бірақ жұрт жақсылықтың қадірін ұмытып кетпесін дегендей жамандық өкшелеп қалмайды. Періште жүрген жерді шайтан ториды.
Қабағы ашық қайырымды күн Мерке базарындағы Төрткүл орданың тасасына ғана қонақтай салғандай көрінді. Әйтпесе күн батқанда Мерке Алатаудың басы неге сонша алаулайды? Баланы таң қалдырған о да емес, сүңгі шоқы басына шүйіле түскен бір будақ бұлт болды. Әуелі ол бір-ақ шөкім еді. Содан түтілген мақтадай қопсып шудаланып шыға келді де, Аспара шыңының ұшына желбіреп ілінді де қалды.
Будақ-будақ үлпілдек ақ мақтаны көзге көрінбес әлдекім созғылап суретке айналдырғандай. Әуелі будақтан салбырап-салбырап төрт аяқ пайда болды. Содан кейін созылып аттың басы шықты. Үстінде отырған адам кегжиіңкіреп тәкаппар қалыпта қалды. Аттың жалқұйрығы желбіреп, аяқтарын көсіп тастап, додадан үзіле шыққан тұлпар тұлғасына ұқсады.
Таулар басын қызыл шапақ шалды. Әлгі салт атты әуелі қызғылтым еді, бір сәтке алаулап ала жөнелді. Бала алаулаған салт аттыдан көз алмай тынысы тарылып бара жатты. Бір кез:
— О, Қызыл Жебе! — деп сыбырлады. Одан соң:
— Көке! — деп айқайлап жіберген дауысынан өзі шошып кетіп селк ете түсті.
Аспара ұшындағы салт атты аң аулап, киік қуалап жүріп, абайламай шыңға шығып кеткен әкесінен аумайды екен. Әлде ол Сахалинде айдаудан қашып, енді патшаның құрығы жетпейтін жер осы деп әдейі шыңға шығып кетті ме екен?
Әйтеуір найза ұшындай Аспара басында жал-құйрығы от болып жалбыраған, бөкен сирақ ат мінген қызыл салт аттының сонау шыңнан ап-анық көрінгені рас.
Әкесінің шыңға шыға алатыны ақиқат. 1903 жылы Петербургтен келген атақты ғалым, географ Дмитриевті апайтөс Талғардың биігіне адастырмай, қиыннан, қия-қиядан жол тауып алып шыққан көкесі болатын.
Баланың көзіне бір сәт Талғар елес берді. Дәл қазір мына Аспарадан әкесі айқайласа, осы замат Талғардың шыңына шығып алып сексендегі қарт нағашысы Мамырбай құбылаға қарап, Меркеге кеткен кішкентай жетімек жиенін зарыға күтіп тұрған сияқты көрінді.
Бұл екі арада Аспара басындағы салт атты алаулағанын қойып, суға салған балқыма темірдей көгістене берді. Енді бір ауықта әлгі сымбатты сұлу салт атты қомыт шапандай іріп-іріп ыдырап, мүлде жоқ болып, қарауытқан аспанға судай сіңіп кетті.
Бала әлгі елеске сенерін де, сенбесін де білмей:
— Көке! — деп шыр ете қалды.
Бірақ әкесі қайтып тау басынан көрінбеді.
Әлде арғы беттен киік көріп, соны қуып кетті.
Әлде патшаның ұзын құрығы заңғарда да жетіп, ұстап әкетті.
Әлде салт атты тау басынан баласын көріп, әйтеуір тірі жүргеніне көзі жетіп, соған шүкіршілік етіп, өзінің қашқын қамымен болып кетті.
Бала Аспарадан көз алмай, көпке дейін сілейіп тұрып қалған. Тамағына өксік тығылып, көзіне ыстық жас үйіріліп, іші-бауыры елжіреді.
Сахалинге айдалып кеткен әкесін ол аңсап күткелі қашан?! Күте-күте сартап болған көңіл түңілмей, үміт өлмей, тасбауыр тартпай, жанының жарасын өзі жалап жазып, әйтеуір алдан жарық сәуле күткен.
Ол кезде ел арасында әкесі туралы неше сақ аңыз айтылатын. Соларды тыңдап отырып баланың зығырданы қайнайтын.
Білсе де, білмесе де әкесін ұры, адам өлтірген қарақшы деп көйітеді тоғышар немелер.
— Қайдағы ұры, қайдағы қарақшы! — деп айқай салғысы келеді. — Ау, бұ қазақта ұры аз ба, адам өлтірген аз ба? Соның қайсысының үстінен қырық болыс қолын қойып, мөрін басып, ұлыққа арыз берді екен?
Бірақ бала оны дауыстап айта алмас. Оның өйтіп айтуға амалы жоқ. Аты бала демесең, бұ да қашқын...
Әкесі 1905 жылы алпауыт болысты өлтірді. Онымен ғана қоймады, болыс біткенді бақыртып бауыздамаққа бел байлап қаһардың қату бас тұлпарына мінді. Содан қорыққан ұлықтар оны Сахалин айдады.
Ал өлтірілген болыстың жақындары «қанға-қан» деп қалшылдағанда сақалдарына түкірігі шашырады. Қолға ілінері айыпкердің жар дегенде жалғыз ұлы еді. Апалақтаған адуын ақсақал-көксақалдар сол титтей нәрестенің қанын төкпек. Нәрестенің қанын төгу періштенің қанын шашумен бірдей екенін, оның жазығы бүткіл қандықол әулетінің үрім-бұтағына қарғыс таңбасын қушық маңдайларына қызған темірмен ғұмыр бойы кетпестей ғып басып қоятынын сезбейді сорлылар.
Сезімсіз нойыс кекшілдер айыпкердің күркесінің күлін суырып, он жасар баланы шырылдатып ұстап алып, көкпар ғып тартып кете бергенде, өгей шешесі Ізбайша байғұс байбалам салып, өз бетін өзі жыртып, қалың елге зармен хабар беріп, әйтеуір аман алып қалды. Ізбайша кейбір дос-дұшпанның азғыруына алданып, әкесімен бірге Сахалинге барудан бас тартып, басқа мекенге кетсе де, бала оны өзін көпе-көрнеу ажалдан аман алып қалғаны үшін ғана жақсы көреді.
Адам жамырап, көз байланды. Мықан бойындағы нау теректер кешкі дүниені азан-қазан жаңғырықтырды. Гүл біткен көзін жұмып, ұйықтап қалған сықылды. Ұйқысырап тұрып, бірін-бірі түрткілей жайғасып, сыбырласады тек.
Мама биенің оқырануы жиілеген. Қараңғыда құлынының ұзағанын ұнатпас. Ау, айтпақшы қасқа бұзау қайда?
Баланың жүрегі зырқ ете қалды. Қасқа бұзау ешкі бас енесін еміп қойды ғой! Осылай ойлауы-ақ мұң екен:
— Әй, жүгермек! Қайда жүрсің, қаңғырып. Тандайың аққа жарымағыр қу жетім, бір үйлі жанды тағы ақтан қақтың ғой, — Салиха апасы барқыраған жуан дауыспен зарлап қоя берді.
Бала тістенді. Әлгіде өз әкесін көрген Аспара шыңына қарады. Қарауытып кетіпті. Салт аттыдан еш белгі жоқ. Бірақ шыңның үстінен, қара мақпал аспаннан ерекше жарқырап бір жұлдыз көрінді.
— Көке! — деп айқайлап жіберді бала. — Көке! Мен енді мектепке барамын. Сен өкпелеме! Сен өкпелеме! Мен енді Қырғызбаев болып жазылдым. Бірақ мен — Тұрар Рысқұловпын.
— Сорлы-ау, біреу-міреу естіп қояды, жап аузыңды! — деді мұны іздеп жүрген Қырғызбайдың бәйбішесі дауысы тарғылданып.
— Мейлі, естісе — ести берсін!
Кешкі ауа оның шырқыраған дауысын алысқа-алысқа алып бара жатты. Тіпті алыстың алысында айдауда жүрген әкесі Рысқұлдың құлағына да шалынған шығар бұл дауыс.
— Көзіңнен сорың аққыр сорлы, байғыз құсап сұңқылдап бәле шақырмай қарыстыр жағыңды! — деп тарғыл үнді тарпан әйел қатуланып жетіп келді. Мелшиіп, Аспараға міз бақпай қарап тұрған баланың көзіне үрейлене үңілді.
— Көзіңнен тотияйын тамшылап тұр ма, құдай-ау!
Баланың көзінен жалғыз тамшы жасыл жас шығып, кірпігіне ілініп қатып қалған сияқты еді.
Салиха сонда не шыңнан жасыл жас екенін, не әлденеге шағылысып түсі бөтен тартқанын түсіне алмай, «тоба, тоба!» — дей берді.
Баланың көкірегінен шыққан кек пен сағыныштың запыраны екенін Салиха да түсінгендей, мелшиіп тұрған Тұрардың маңдайын көтеріп, құшақтай алып, бауырына қысты.
— Жетімегім менің! Жетілерсің әлі-ақ. Көкесін шақырады. Сағынады ғой, қайтейін енді! Мен қақ басты кеше гөр, Тұрар. Бұзау ембек тұрмақ, қасқыр жеп қойса да, саған енді ұрыспаймын. Қу мінезім ғой әшейін... Бірақ көкеңнің атын айтып айқайлай берме, қарағым. Заман жаман...
Тұрар Салиханың бауырына басын тығып, көзін сүртті. Тағы да тау жаққа қарады. Аспара түксиіп тұр екен.
II
— Әділбаев!
— Мен, — деп елгезек сары бала орнынан ұшып тұрды. Алтын жиекті көзілдірік киген егде орыс мұғалім әлгі балаға бурыл басын қисайта біраз қарап тұрды. Не ойлады? Белгісіз. «Сен қандай адам болар екенсің? Оқып мандытасың ба? Жоқ әлде сауатсыздықтың сан ғасырлық салты тартып, қараңғы қалпында қаласың ба?» — деп тұрғандай сыңайы. Мұғалім өзіне сынай қарап қалғанын байқаған жұқалтаң сары құлағының ұшына дейін лапылдап, тұла бойын өрт шарпып бара жатқандай, маңдайы жіпсіп жүре берді. Мұрнын бір тартып, саусағымен партаны шұқылайды.
— Отыр, — деді мұғалім орысшалап. Бала түсіне қоймап еді, орыс мұғалімнің жанындағы қара мұртты қазақ қайталап:
— Отыр, — деді.
— Айбаров!
— Мен! — Бадырақ көз, торсықтай қара бала орнынан еріне қозғалып, сүйретіле тұрды.
Орыс мұғалім оған да көп тесілді. Бірақ тайқы маңдай аса сасқан жоқ. Көлшік жағасында отырған бақадай тосырайып, кірпік қақпай қалды.
— Жамансартов!..
— Жылысбаев!
— Исабеков!..
— Қожабергенов!..
— Нұршанов!..
— Сармолдаев!..
— Тоқбаев!...
...Мектептің терезесі тау жаққа қараған. Терезе алдындағы сүңгі теректер мүлгіп қалған. Мұғалімнің шақыруын олар да күтіп тұрғандай, алтын сары жапырақтары болар-болмас діріл қағады. Әуеде күмістей жалтылдап мизам ұшып жүр. Кейбіреуі шұбатылып барып теректің бұтағына ілініп қалады. Соноу алыстағы Талғардың бауырында да сары-ала күзде осындай ақ жібек ұшатын. Тұрар әкесінен:
— Көке! Анау ұшып бара жатқан не? — деп сұрар еді.
— Ол аруақтардың рухы, — дер еді әкесі.
— А-а, — дейтін бала «аруаққа» да, «рухқа» да аса түсінбей.
Қазір терезеден мизамды керіп әкесін еске алды, «Шынымен өлгені ме? Өзі айтқандай, мынау соның рухы ма? Дәл менің тұсымдағы бұтаққа ілініп қалды. Менің мектепте қалай отырғанымды көргісі келді ме екен? Жо-жоқ, ол емес. Ол тірі. Ол өле қоймас. Жо-жоқ!».
— Қырғызбаев!
Ешкім орнынан тұра қоймады.
— Қырғызбаев! — деп дауысын қатайта қайталады орыс мұғалім. Ешкім тұрмады. Балалар бірі үрпиіп, бірі таңданып жан-жағына қарасты.
— Қырғызбаев бар ма? — Бұл жолы орыс мұғалім тіпті айқайлап жіберді. Тұрар терезе алдындағы теректен көзі еріксіз тайып кетті, айқайлаған үн құлағына енді жеткендей, мұғалімнің кімді шақырып тұрғанын түсінбей, жан-жағына қарай берген. Сонда қара мұртты қазақ мұғалім Тұрарға қолын шошайтып:
— Әй, бала, Қырғызбаев сен емеспісің? — деді.
Сонда барып санасын көмескі бір сезік селт еткізді.
— Ә, иә, мен...
Мектеп меңгерушісі Иван Владимирович Андреев пен мұсылман пәнінің мұғалімі Әліпбек жазда балалардың тізімін ала барғанда Қырғызбайдың үйінде осындай бір түсініксіз жағдай болып еді. Сол қайталап тұр. Иван Владимирович көзілдірікке сенбегендей алтын жиек көзәйнекті қоңқақтау мұрынының үстіне нығарлай түсіп, Тұрарға таяп келіп, ұзақ қадалды.
— Да-с, — деді баланың сәбиге тән емес, ерекше байсалдылығын аңдап алып.
— Жасың нешеде?
— Он бірде, — деді Тұрар таза орысша.
Басқа балалар бұған енді бұрынғыдан бетер таңдана, ауыздары аңқайып қарап қалған.
— «Бірінші сынып үшін он бір жас ересектеу, — деді ішінен Иван Владимирович. — Бірақ он беске келгендер де отыр ғой осында. Ал мына балада бір құпия бар. Не екен? Бұл орысшаны қайда жүріп үйренген?».
Мұғалім үнсіз. Бала үнсіз. Сынып сілтідей тынып қалған. Осындайда тағдыр шешіледі. Түйіннің ұшы қазір мына орыс мұғалімнің қолында. «Осы сен шыныңды айтшы, шырағым. Рас Қырғызбаевпысың?» — десе бітіп жатыр. Ар жағын жасыра алмайсың. Меркенің приставына бір сыбырлап қойса болды. Қош бол, мектеп. Содан соң қой бағып, бұзау бағып, анадан қанша асыл тусаң да, білімсіз болсаң, топастау тор шолақтың санатында салпақтап ғұмыр кешесің. Білім жоқ жерде қиял — қысыр, арман — ада. Түрмеде ашылған аз ғана сауат бір мысқал болса да сары алтындай салмақты. Бірақ ендігі жерде мектептен шығып қалса, сол бір мысқалдың өзі қат-қат тозаңның астында қалмақшы.
— Балалар, — деді орыс мұғалім шәкірттерін түгелдеп болған соң, — сендер бұл Мерке — Мерке болғалы осында тұңғыш рет түземдерге арнап ашылған мектептің алғашқы қарлығашысыңдар. Қадамдарың құтты болсын!
Әліпбек оның сөзін қазақшалап шықты.
— Әулие-Ата оязының бұйрығы бойынша ашылған осы мектепке қазір небары жиырма бес бала келіп отырсыңдар. Бұрын мұндайды көрмеген қазақ, қырғыз, өзбек — көпшілігі балаларын оқуға беруден қорқады. Онысы бекер, әрине. Бұл олар ойлағандай «кәпірдің» шоқындыру оқуы емес. Сендер бұл мектептен Әліппені үйренесіңдер, хат танисыңдар. Одан соң тарих, ана тілі, орыс тілі, география, арифметика сияқты ғылымдарды меңгересіңдер. Сөйтіп, өз еліңе қызмет ететін, халыққа сәуле шашатын азамат болып шығасыңдар. Іске сәт!
Содан соң, Иван Владимирович балаларға өзін, мұсылманша оқу ұстазы Әліпбекті, арифметика пәнінің мұғалімі Александра Сергеевнаны таныстырды. Ол кісі Иван Владимировичтің жұбайы еді. Бірақ мектеп меңгерушісі ол жағын түсіндіріп жатпады.
— Өзің жаздың ба?
— Иә, — деді Тұрар орынан тұра беріп.
— Мұны қалай түсінуге болады? — «Аспара» — таудың аты. Ал «Қызыл Жебе», «Көке» дегендерің не?
— «Қызыл Жебе» деген ерен жүйрік жылқы еді, Иван Владимирович. Ауылдың балаларымен жалаңаяқ жаяу жарыста мен де жүйрік болдым. Содан мені балалар Қызыл Жебе деп атап кетті. Ал «Көке» дегенім сол Қызыл Жебеге мініп көкпар шапқан кісі.
— Жазуың өте сұлу, Қырғызбаев. Мұны кімнен үйреніп жүрсің?
— Наташа деген орыс қызы үйреткен.
— Иә, бауырым, саған бірінші сыныпта отыру, әрине, іш пыстыратын жұмыс. Амал не, бізде әзір екінші сынып жоқ. Бірақ сен дандайсып кетпе.
— «Қайталау — білімнің анасы», — деген бар. Әрі десе мектепте сабақ жүйелі түрде жүреді. Кәне, тақтаға шықшы.
Тұрар тақтаға шыққанда бүкіл сынып тына қалды. «Не болар екен?» — деген сұрақ бәрінің көзінде жазулы тұрған сияқты. Тақта алдында тұрған баланың тұрқына, тұла бойына қарағанда басы үлкендеу сияқты. Шекелігі шығыңқы. Көзінің алақ-жұлағы жоқ, бек сабырлы. Оның бет-әлпетінде сәбиге тән мүше тек ерні ғана еді. Қалыңдау келген үлбіреген еріннен нәрестелік табы кетпеген.
— Бор ал, — деді мұғалім. — Жаз. Жоғарыдағы әріптерді қайталап жаз.
Бала оң қолын көтеріп, «А» деген әріпті әдемілеп, мұғалімдікінен айнытпай сызып жатқанда, арт жақтан жырқ-жырқ күлген дауыс шықты.
Мұғалім көзілдірігін қолымен демеп тұрып, әлгі күлегешке:
— Тұр орныңнан! — деді.
Тайқы маңдай, бадырақ көз қара бала сүйретіліп әрең-мәрең тұрды.
— Сен, ұмытпасам, Айбаровсың ғой?
Бала «иә» дегендей басын жалқау изеді.
— Неменеге күлдің?
— Жәй әншейін, ананың шынтағын қараңызшы, — деп Тұрарға қолын шошайтты.
Көне пешпеттен байғұс баланың шынтағы көрініп тұр екен.
— Оның несі күлкі, — деді Иван Владимирович. — Орыстың Ломоносов деген асқан ғалымы өткен. Кедейден шыққан. Немістің бір менмен профессоры бірде Ломоносовқа дәл сен құсап қолын шошайтып күліпті. Ломоносов:
— Неге күлесіз? — дегенде әлгі неміс:
— Шынтағыңыз жеңіңізден жылтыңдап қарайды, — депті.
— Жоқ, шынтақ жеңнен жылтыңдап қарамайды, оған надандық үңіліп қарайды, — деген екен Ломоносов. Кәне, Айбаров, тақтаға енді сен шыға ғой. Атың кім, сенің?
— Атамырза.
— Ал кәне, Атамырза. Қырғызбаевтың қалай жазғанын көрдің ғой. Тамаша. Оған мен «бес» деген баға қойдым. Мә, қолыңа шүберек ал. Қырғызбаевтың жазғанын өшір.
Атамырза шүберекпен айбақтатып ары-бері сүртіп еді, тақта тазара қоймады. Атамырза сидиғандау бойшаң еді, үстіндегі қара костюмі су жаңа, фасондап тігілген. Қолын ебедейсіз ербеңдетемін деп жеңіне бор жағып алды. Тазара қоймағанына ызаланып тақтаға түкіріп-түкіріп жіберіп, қайта сүрте бастағанда, балалар ду күліп жіберді. Тақтаның беті бұрынғыдан бетер айғыз-айғыз болып қалды. Бетін ешкім қағып көрмеген саудагердің асау мінез баласы аяғын тепсініп:
— Неменеге ыржақтап күлесіңдер! — деп айқайлап жіберді.
— Е, бауырым, күлген қандай екен? Ұнамайды, ә? — деп Иван Владимирович шүберекті алып тақтаны өзі сүрте бастады. Атамырза «А» деген әріпті арбитып, арық түйенің өркешіндей етіп әрең сызды.
— Отыр, — деді мұғалім селқос қана.
Тұрарды мақтап, мұны мақтамағаны Атамырзаға ұнамады.
Дүние-дүние болғалы бері адамның алға аттаған адымы ұдайы кедергі көріп келеді. Адам баласының бүкіл өмірі — кедергіден аттап өту. Адымың ұзарып, алдағы асуды ала берсең, адымы қысқа, асу аса алмас басқа біреу қызғана бастайды. Шалғайыңнан алып, аяғыңнан шалғысы келіп тұрады.
Жаңа мұғалім Тұрарға «бес» қойып, Атамырзаға «екі» қойғанда, Атамырза өзінің өресіздігін кінәлаған жоқ, Тұрарды кінәлады. Ішіне қызғаныш оты кіріп кетті де, күншілдік қара көздігін қайрай бастады.
* * *
Бір күні Иван Владимирович сыныпқа ұп-ұзын орама қағаз алып кірді. Бояу түрлі-түсті қалың қағаз дәке сияқты матаға жапсырылған екен. Иван Владимирович әлгінің орауын жазып, қара тақтаға асып іліп қойды.
— Бұл географиялық карта, — деп түсіндірді ол аң-таң болып отырған аңқауларға.
— Мынау — Азия, мынау — Еуропа, міне — Африка, мына бөлігі — Америка, Австралия, Антарктида... Біз Ресей империясының азиялық бөлігінде тұрамыз: Міне, мына бір тұста. Рас, Мерке қартаға түспеген, шамамен мына бір тұста. Мынау — Мәскеу, мынау Ресей империясының астанасы — Санкт-Петербург. Мынау жатқан жолақ — Орал тауы. Оның ар жағынан Сібір басталады.
«Сібір» дегенді естігенде Тұрар елең ете қалды. Әдеттегі сабыры кетіп, орнынан қозғалақтай берді.
— Мынау Байкал көлі. Мына аймақ — Қиыр Шығыс. Мына жатқан бөлшек — Сахалин аралы.
— Иван Владимирович! — деп Тұрар орнынан қолын көтере түрегелді.
— Иә, Қырғызбаев. Не айтпақсың?
— Иван Владимирович, айтыңызшы. Сахалинге дейін неше шақырым?
Мұғалім тосылып қалды. Сәлден соң:
— Шамамен, бес-алты мың шығар. Айтпақшы, өлшеп көруге болады. Әлгі линейка қайда?
Өз үстелінің тұсында ілулі тұрған отыз сантиметрлік линейканы алып тұрып, картаның астындағы жазуға қарады.
— Кәне, өлшеп көрейік. Мерке мұнда делік. Так. Алпыс бес сантиметріміз болады жеті мың бес жүз шақырым. Оһо, көрдің бе біздің империямыз қандай байтақ.
— Иван Владимирович, — деді Тұрар тағы да қолын көтеріп. — Жаяу адам Сахалинге қанша күнде жетер еді?
Мұғалім Тұрарға тағы да үнсіз қарап, біраз ойланып тұрды. Содан соң:
— Несі бар, есептеп көрейік, — деді. — Шамамен, кісі күніне елу шақырым ала алар. Елу де елу — жүз. Бұл екі күн. Так, так... Шамамен, жүз елу — жүз алпыс күн керек, бауырым. Ал арада ит мұрны өтпес тайға жатқанын, өткел бермес өзендер, теңіз барын есептесек, бұдан да көбірек күндер керек шығар. Немене, Қырғызбаев, саяхат жасайын деп пе едің?
— Жоқ, әшейін, — деді бала біртүрлі мұңайып. Әлдеқандай үміті ақталмағандай, әлдекім алдап кеткендей, нәресте жүзін мұң шалып өткендей болды.
— Менің әкем жақында соқыр приставқа айтып, бір ұрыны ұстатқызды. Әкемнің қойларын Қоқанға айдап бара жатқанда ұрлаған екен. Әкем айтады, ұрыны Сахалинге айдатқызамын дейді, — деп сөзге Атамырза араласты. — Мынау да, — деп Тұрарды иегімен нұсқап көрсетті, — мынау да Сахалинге барғысы келсе, сол ұрыға қосып жіберсе болады.
— Айбаров! — Иван Владимирович үстелді алақанымен сарт еткізді. Көзілдірігі ыршып түсіп бара жатқанда, қолымен әрең қағып алды. Ашудан аузына сөз түспей булығып, буынып қалғандай болды.
Атамырза мойнын ішіне тартып, мықшиып партаның астына кіріп кетердей бұғып бара жатты.
Жаңа ғана жанарын мұңды мұнар бүркеп қалған Тұрардың көзі көріктің алқымынан суырып алған қызыл темірдей лапылдап, жанып тұр екен.
Қарашаның суық күзі, сылбыр жауын, тұнжыр аспан. Терезе алдындағы теректің алтынсары жапырағы төгіліп жатқан. Тек ең төбесі ғана әлі жасыл. Жауын соңы желге ұласып, тал-дарақтын жапырағы қарақұс бүрген сары балапанның жүніндей бұрқырап ұшты. Таудың бөтеге бөктерлері жауыннан ісінгендей теңкиіңкіреп кетіпті. Шоқылар қанша тәкаппар болса да мұнар буалдырда көрінбей қалған.
Осы бір көңілсіз көрініске қарап ойланып қалған Иван Владимирович әлден уақыттан соң:
— Иә, Қызыл Жебе, Сахалин тым-тым алыс. Әрі десең міне, біздің жылы жаққа да қыс түсейін деді. Ал Сахалинде қазір қақаған аяз. Ондағылар ит жеккен шана мініп жүреді. — Ол қайтадан картаның алдына барды. — Ал мына Чукотка мен Якутиядағылар шанаға бұғы да жегеді. Мына күре тамырдай күдірейіп-күдірейіп жатқан Лена, Енисей, Обь өзендері. Бәрі де Солтүстік Мұзды мұхитқа барып құяды...
Егде мұғалімнің терезеге қарап мелшиіп қалғанына шәкірттер таң. Ал мұғалім болса, Сібірді қазір көңілімен шарлап кетіп еді.
О басында Петербург ұлықтары оны Сібірге айдамақшы еді, сірә Сібір жолы түмен тұтқындардан босамай жатты ма, әлде қазақ даласының дәм-тұзы тартты ма — әйтеуір Андреев әйелі екеуі осы Мерке деген шағын селодан бірақ шықты. «Егер Сібірге кеткенімде — қазір қай жерінде жүрер едім?» — деп ойлады мұғалім.
Иван Владимирович Алатаудың қарадомалақ балаларын Қиыр Солтүстік пен Қиыр Шығыстың шексіз ақ көрпе жамылған, бұғы мойнындағы жез қоңыраулар мен каторжник аяғындағы кісендер біріне-бірі сыңғыр-сыңғыр, шылдыр-шылдыр үн қатысқан; тұңғиық тыныштығын алтын қазушылардың қайласы қаңқ-қаңқ еткізген; жүз жылдық қарағайлары ақ дауылдан сықырлап, күйзеле тербетілген өңі суық өзгеше бір өлкеге саяхатқа алып ұшады. Бұл әңгімені ұйып тыңдап отырған Тұрар кенет селк ете қалады. Кісен сылдыры естілгендей болады. Сөйтсе қоңырау соғылған екен. Мұғалім қара тақтаға ілулі тұрған картаны жинай бастады.
* * *
Интернаттың тіршілігі: барға — қанағат, жоққа — салауат. Қарын тойдырмас, өзек үзілмес, шала құрсақ тамағы бар. Иван Владимирович Әліпбекке айтып, Тұрарға киіздей қалың, қолбыраңқыраған қара сукно костюм кигізген. Әліпбек әрі мұғалім, әрі интернат меңгерушісі.
Әулие-Ата оязының Мерке участогінде жеті болыс ел бар. Ояздың жарлығымен жеті болыс елге түтін сайын бес тиыннан салық салынған. Жаңа ашылған мектеп-интернатты асырау үшін, өгіздің терісіндей қара сукно костюмді өкімет кигізіп отырған жоқ Тұрарға. Қалың елдің қаржысы.
Демалыс күндері ауылы жақын балалар үйді-үйіне тарайды. Тұрар әуелі Қырғызбай атасының үйіне барып жүрді. Бірақ бала да болса байқайды: атасы айлы түні өз көлеңкесінен өзі қорыққан қояндай қашқақтай береді. Соны сезген Тұрар кейін ол үйге сирек қатынайтын болды. Қайрат — қыран, қайғы — жылан. Жанашырым жоқ екен деп жасымай, енді өзін-өзі қайрайтынды шығарды.
Үзіліс кезі еді, Тұрар дәлізде қаннен-қаперсіз келе жатқан. Екі иығынан екі бала қапталдаса берді. Оң жағына қарап еді: жұқалтаң шінжау сары, қалқан құлақ Серік екен. Тұрар қарай бергенде әлгі иығымен итеріп жіберді. Теңселіп кеткен Тұрарды енді сол жағынан біреу қағып қатты итеріп жіберді. Тұрар оның Атамырза екенін аңғарып үлгірді. Енгезердей Атамырзаның тегеуіріні қатты екен: Тұрар қаңғалақтап құлап бара жатыр еді, Серік иығын тоса қалып, қайта итерді.
Қақпақыл осылайша созыла берген. Не істеу керек? Ойлануға мына екеуі мұрша берер емес. Адам баласын кейде бір жыртқыштық құмар билеп кете ме екен, әйтеуір екеуі осы тәлкектен бір рахат тапқандай әуейленіп алыпты. Енді осыдан Тұрар тұяқ серіппей қала берсе, бүкіл шәкірттер алдында дәрменсіз, панасыз мүсәпірге айналатынын ойланып жатпай, әлдебір белгісіз түкпірдегі түйсікпен сезген. Мына тоқ балалардың әділетсіз ойыны әкесінің өмірін еске салғандай. Оны да өмір атты ойын осылай қақпақыл еткен, титығына тиген, ес жидырмаған. Бірақ әкесі қарсыласып бағып еді...
Ауыл итінің құйрығы қайқы. Жалғыз-жарым бөтен итті орталарына алып талағанда бөтен ит тісін сақылдата ақситып айбат шегіп, қамалаған төбеттердің анауысына бір мынауысына бір тап беріп, жанталасып бағар еді. Құйрығын бұтының арасына қысып алып, қаңсылап қаша жөнелетіндері де болады. Бірақ ол бәрібір құтылмайды. Ұяластар оны кергілеп тастайды.
Шінжау Серік Тұрарды тағы бір итергенде Тұрар қатты ұшып кеткен болып, Атамырзаға бар екпінімен құлап еді, мұнша салмақты күтпеген Атамырза шалқалап барып, басы қабырғаға сақ ете қалды. Осы сәтті пайдаланып, Тұрар оның алқымын езіп-езіп жіберіп, бетін ала бір періп өткенде, тоқ баланын қоңқақ мұрнынан қою қара қан сау ете қалды.
Дәл осы кезде дәлізге арифметика мұғалімі Александра Сергеевна шыға келіп еді. Қан жоса болған Атамырзаны көріп шошып кетті.
— Ойбай ұрды! Өлтірді! — деп Серік шіңкілдек байбалам салды. — Александра Сергеевна, көрдіңіз бе Қырғызбаевтың не істегенін! Мен куә, өзі тиісті. Түк жазығы жоқ Айбаровты сілейтіп салды.
— Көрдім, көрдім, Серік. Мынау сұмдық екен, — Александра Сергеевна тікбақайлау, қатал кісі еді. Иван Владимирович екеуі ерлі-зайыпты бола тұра, екеуі — екі мінездің адамы. Әйел мұғалім істің байыбына барып жатпай, Серікке қосыла байбаламдап, Иван Владимирович пен Әліпбекті ертіп келіп, «оқиғаның» үстінен түсірді.
— Так, — деді Иван Владимирович көзілдірігін мұрнының үстіне нығарлай түсіп. — Түсінбеймін, Тұрардан күшті бола тұра, үлкен бола тұра Атамырза қалай таяқ жейді? Тұрардың оған өз бетімен барып соқтығатын не жөні бар?
— Ваня, сен балалардың көзінше көпе-көрнеу бұзақылықты қуаттап тұрсың, бұдан ары не болатынын білесің бе? — деп Александра Сергеевна өңі құп-қу болып, қалшылдай бастады. — Дереу мектептен аластау керек! Дереу. Індет жайламай тұрған кезде, дереу! Верный түрмесінде, Приходько мырзаның жалшылығында жүргенде бір күні Тұрар мырза баласы Аркашадан таяқ жеп, аузы қанап келіп еді, әкесі Рысқұл оны аяудың орнына дүрсе қоя берді:
— Жылама! Аузымды біреу ұрып қанатты дегенің не?! Әншейін, шие жеп едім де! Білдің бе?!
Мына Атамырза ақымақ: «Жәй, әншейін шие жеп едім», — деуге жарамады қазір.
Жалақор адамның жамандығы — бықсыған көмір секілді: күйдірмесе де, күйе жұқтырады. Қараптан қарап тұрған Тұрар демде «бұзық» атанды. Әкенің тұрмандай тағдыры балаға мирас болғаны қандай сор. Ойға салса, Рысқұл өткен қиямет көпірлер Тұрардың да алдынан шығып келе жатыр. Әділетсіздікке шыдай алмай ол да осылай қан шығарып алған. Бұл шайқастан Тұрар бір нәрсені сабақ тұтты: төбелестің екен — қан шығармай төбелес. Атамырзаның қоңқақ мұрнына қол тигізіп керегі жоқ еді, әрине. Атамырзаны бәлеге бастап тұрған қара жүректің қақ басынан ұру лазым еді. Асылы, мүлде қол жұмсамай, ақылмен жеңген де абзал. Ашу үстіндегі әрекет әрқашан әбес. Ол әрекет — дауыл кезінде кемеге мінгенмен барабар болса керек. Кемеге мінемін десең, дауылдың басылғанын күте тұр.
Мұның бәрі болашаққа сабақ. Ал қазір Александра Сергеевнаның қаһары жаман. Жұбайының сырын білетін Иван Владимирович:
— Сашенька, Қырғызбаев кінәлі болса, оны мектептен шығарып жіберу — оңайдың оңайы. Әуелі ақ-қарасын анықтайық. Ал, балақайлар, тараңдар. Сыныпқа кіріңдер. Қонырау соғылды ғой. Бұл не тұрыс! Атамырза, бар, жуынып кел. Дардай жігіт те жылай ма екен? О несі! Ал, Қызыл Жебе, сенімен әңгіме басқаша. Сабақтан кейін қал.
— Ну, Ваня, мен өз көзіммен көрдім ғой, — деп сазарып қалды Александра Сергеевна.
— Сашенька, сен педагогсың, соны ұмытпа.
* * *
Тұрардың түбі тегін емес екенін Иван Владимирович әу бастан-ақ, алғашқы сабақта-ақ сезген. Енді, мына оңаша әңгімеден соң күн ашылып, күдік сейіліп, балаға ықыласы бұрынғыдан бетер ауды. Баланың жүріс-тұрысының, өзгелерге ұқсамайтын мінез-құлқынын, ерен зейінділігінің сыры неде екенін жұмбақтап, көлегейлеп тұратын көзге көрінбес буалдыр перде көтерілгендей болды.
Тұрар жан баласына ағынан ақтарылып, сыр сандығын ашпас еді, бірақ мына ұстаздың өз досы екенін ант-су ішіп, «олла-білле» деспей-ақ, әсіре қызыл, жылтырақ сөзсіз-ақ, сұңғыла сезіммен, түкпірдегі түйсікпен зейіндеген. Иван Владимирович патшаның қатардағы қарғылы чиновниктерінің бірі болса, Тұрардың тұқымын алдақашан тұздай қылар еді. Баланың өмірбаянында бір бәленің бар екенін ол Қырғызбайдың үйіне болашақ шәкірттер тізімін ала барғанда-ақ аңғарып, артын бағып қалған.
Сөйтсе, Тұрардың қып-қысқа, он бір жасарлық өмірінде ұзыннан-ұзақ қиямет хикая бар екен.
— Мен сізден қылаудай сыр жасырмай, бәрін айттым, Иван Владимирович. Ендігісін өз еркіңіз білсін. Менің тағдырым өз қолыңызда, — деп бала ұстазының бетіне қарады. Мұғалім баланың соншама мөлдір, соншама қайсар көздерінен бәрін ұқты: егер бүкпесі болса, сәл-пәл жымысқысы болса анандай, айнадай ашық көзден көрінбей қалуы мүмкін емес. Түбіндегі түймедей тасқа дейін көрініп жататын киелі қол көрінісі осындай болар.
— Мен саған жамандық ойламаймын, Қызыл Жебе, — деді мұғалім баланы бауырына тартыңқырап. — Алаңдамай, уайымдамай, оқуыңды пысықта. Бірақ төбелеске үйір болма. Мен түсініп отырмын. Сен кінәлі емессің. Тиіскен анау екеуі. Сен қорғандың. Өз есеңді ешкімге жіберме. Айбаровтың табанына түспейін деген тәкаппарлығың маған ұнайды. Бірақ ақыл басшы болсын. Мектептің ішінде қып-қызыл қан төгіліп жатқаны жиіркенішті. Әлгінде Александра Сергеевнаның шошып кеткені де содан. Екі адам төбелесіп жатса қандай себебі болса да, сол екеудің ақылдысы көбірек кінәлі. Ал сен ақылды едің ғой. Атамырза қанша бұзық болғанмен, сен одан әлдеқайда ақылды емессің бе? Құдайға шүкір, сендерді оқытып жүргеніме бір жылдан асты, білемін ғой кімнің қандай қабілеті бар екенін. Атамырза — осы біздің Меркедегі ең бай саудагердің баласы. Ал Серіктің әкесі соның делдалы. Олар бұзық болып, оқудан шықса, сенетін, сүйенетін әкелері бар. Ал сенікі не жөн? Сен тек өз күшіңе, өз біліміңе ғана сүйенесің. Адырлық саған жараспайды. Мінезіңде қызбалық бар. Соған сақ бол. Әділетсіздікке төзбеуің әкеден қалған мұра шығар, оныңды құптаймын. Бірақ тым тік болмай, ұсақ-түйектен биік бол. Сенің артың шыңырау екен. Артыңа қарасаң, басың айналар. Алға қара. Әлгі өзің айтқан Александр Бронников сені дұрыс таныған: сенен үлкен азамат өсіп шығуы мүмкін. Алдыңа бір мүдделі мақсатты қарауыл етіп қой да, соған ұмтыл. Иә, көп отырып қалдық. Біреу келе жатқанға ұқсайды... Кәне, айт шыныңды, — деп Иван Владимирович дауысын жорта көтеріп, ұрыса жөнелді. — Енді қайтып істейсің бе мұндай ақымақтықты, оңбаған бала? Енді қайталасаң — өз обалың өзіңе! Айтпады деме, қаңғыртып жіберем!
Кабинетке Александра Сергеевна кіріп келді.
— Ваня, үйге қайтпайсың ба? Несіне тәжікелесіп отырсың бұл бұзықпен. Жүр, — деді Тұрарға жек көре бір қарап алып.
— Сашенька, міне, кеттік. Тұрар уәдесін берді. Әлгі сұмдық енді қайталанбайды. Бір жолға кешірейік.
Әйел басын шайқады. Қазықтай тіп-тік жүретін қатал кісі былқ-сылқ еткізіп басын шайқағанына Тұрар таң қалды. Оның басы тек денесі бұрылған жаққа ғана бұрылатын сияқты еді бұрын. Алтын түстес сары шашын сылаң тарап, желкесіне қаздитып түйіп, мүйіз тарақпен қапсыра жабыстырып тастапты. Сұр шевиоттан костюм, ұзын юбка, шілтер жағалы ақ кофта киіп, үстіне қылау жуытпайтын, киімінің қыры сынбайтын таза кісі.
— Мен қан көрсем, есімнен танып қалатынымды білесің ғой, Ваня. Бұл сұмдық. Есіме түссе, әлі жүрегім айниды.
— Эх, Сашенька, бәріміз де бала болдық емес пе? Ал қан шығару мәселесіне келсек, екеуміз 1905 жылы анамыз Ресейдің ішкі түкпірінде сол қаннан өзен аққанын өз көзімізбен көрмедік пе?
— Ол мұнда айтылатын әңгіме емес қой, Ваня.
Иван Владимирович әйелінің Тұрардан сезіктенгенін байқап:
— Тұрар өзіміздің бала. Қаңқу сөзге құмарлығы жоқ, жеңіл ауыз бұл емес. Тегіннен тегін Қызыл Жебе аталмаған. Ал Қызыл Жебе, бара бер. Әліпбекке айтармын. Саған бүгін тамақ бергізбеу керек деген бұйрығын өзгерттіремін. Сау бол!
* * *
Жазғы демалыста Тұрар Қырғызбайдың қолына барған. Бір күні делдал атасы мұны шақырып алды да:
— Тұраржан, сені бір жерге жұмсағалы тұрмын. Атпен кешке дейін барып келетін жер, — деді. Атасы жұмсап тұрса, оның үстіне атпен барасың десе, Тұрар қалай тіл алмасын:
— Барайын, ата, — деді.
— Онда әбден тыңдап ал: осы Мықан бойымен төмен қарай жүре берсең, сүрлеу жол бар. Маңырақ деген ауылдың үстінен түсесің. Өзі ат төбеліндей аз ауыл. Ауылдың ең шетінде, жардың жағасында Тайлақ дегеннің үйі бар. Ол маған бажа. Оның әйелі мына Салиха апаңның немере сіңлісі. Былтыр бір сиыр, бес ешкі сауын алған. Соны берсін деп жатыр де.
Ауыз үйде жүрген Салиха бұл әңгімені естіп қалып, ойбайын сала шықты есіктің алдына:
— Әй, атасы, құдайдан үмітің бар ма? Шиеттей бала-шағасын қайтесің? Малыңды қыстай бағып шықты ғой. Енді аққа аузы тие бергенде, қайтып аламың қалай? Тым болмаса, бір жаз сүтін ішсін де. Күзде аламыз, қой әрі! — деп Қырғызбайды ықтыра бастады. Жайшылықта адуын кемпірдің ығына жүре салатын саудагер шал бұл жолы қасарысып қалды:
— Ой, балпылдаған байғұс, сен не білесің? Қазір базарда малдың нарқы көтеріліп тұр. Әсіресе сауын сиыр шығандап кетті. Қазір сатып жіберіп, орнына бірер торпақ алып қойсаң, тұяқ орнына тұяқ тұра береді. Ал үстіндегі пайдасын кертіп жеп отырмаймын ба? Соған да миың жетпей ме сен байғұстың?
— О, сорлы, — деді Салиха дүрдіктеу ернін шығарып тұрып. — Кіміңді асырай алмай әбігерсің. Екеуміздің енді шығатын төрімізден, кіретін көріміз жақын. Екеумізге, мына қаршадай Тұрар үшеумізге есіктің алдындағы мал да жетпей ме? Тиыннан тиын балалатып қазақ байыған емес. Онан да Тайлақ пен Тайтақайдың шиеттей балаларын ойла, обалынан қорық.
— Түстік өмірің болса, кештік мал жина. Мен қайбір төрт құбыласы түгел дәулетті едім. Тапқанымыз жұтқанымыздан артылмайды. Жас болса мынау, бас ауырып, балтыр сыздамай ма екен. Ертең мен шоңқиып отырып қалғанда, сені кім асырайды?..
Не керек, ақыры шал жеңіп, Тұрар жолға шыққан. Тоқ торы аттың жай бүлкілімен-ақ түске жақын Маңырақ ауылына барып жеткен. Атасы:
— Көп бөгелме, күн батқанша орал. Малды Тайлақ айдасып келсін. Түнге қалсаң — қорқасың, жол жаман, — деп қатты ескертіп еді. Соны есіне тұтқан Тұрар жүдеу ауылдың шетіндегі Тайлақтамын бірден тауып алып, торы аттың басын жар басында жарбиған жаман құжыраның есігіне тіреген.
Ат дүбірін естіп үйден ұзын бойлы, қабағы салыңқы, тақыр бас сұсты адам сүйретіле шықты. Артынша жамаулы жыртық көйлегінің етегін ышқырына қыстырған, омырауы алқам-салқам, басын дағардай қалың жүн орамалмен шаңдып алған, қызыл бет ақсары ажарлы әйел ілесе-мілесе екпіндеп шықты. Босағадан тағы да екі-үш баланың басы қылтиып-қылтиып көрінді. Тысқа шығуға әлденеден бата алмайды. Тұрар байқап қалды: балақайлар жалаң бұт екен. Тек қызылала көнетоз сәндіп көйлегі бар, өзі тұстас қыз бала табалдырықтан бері шығыңқырап, бір қырындап, жалаң бұт інілерін босағадан әрі итеріп тастап, оларды көлегейлей береді. Қыз баланың рең басы шешесіне тартқан қызылшырайлы, сүйкімді ғана екен. Тұлымшағын өріп, ұшын шуда жіппен түйіп, селтитіп қойыпты. Адам көркі — шүберек, үстіндегі көнетоз сәндіп көйлектің өзін медет тұтып, жалаңаяқ та болса, тұла бойындағы бір жапырақ қызыл ала матаның арқасында, бейтаныс алдына бүгежектемей еркін шыққан.
Үй иелерін көргеннен-ақ Тұрар өзінің жолы ауыр болатынын аңғарды. Жоқшылық зары тұла бойларынан азынап тұрған мына адамдарға келген шаруасын айтудың өзіне бата алмай күмілжіп, самайынан тер тамшылады.
Аласа тамның боғатындағы қамысқа дейін қарайып, шіріп кеткен көне. Үйдің сыртқы сылағы түсіп, жел мен жауын мүжіген қам қыштары жұт жылы өлген малдың қаңқа қабырғасындай арса-арса. Ұзын бойлы Тайлақ екі бүктеліп, еңкейіп шығатын жалғыз есіктің өзі кедейліктің заржақ куәсіндей шиқылдап ашылып, бажылдап жабылып, топсасына әрең ілініп тұр.
Осы бір сіңірі шығып, ыңыршағы айналған жоқ-жұтаң жұртты жат көзден жасырғысы келгендей, тамның төбесіне дейін көк шығып, есік алдындағы қоқысты шытыр жауып, түп-түп шилер үйдің алды-артын қымтап, қара құрымға жасыл барқыт жамау салғандай кереғар бір дүние. Жар жағалауда бір топ бала істік ағашпен қартаң-құлақ қазып, жуа теріп жеп жүр. Мына Тайлақтың балаларының да езулеріне ніл жаққандай жап-жасыл. Сірә, бұлар да жуа теріп жеп келген болар.
Құдай да, патша да, ұлық та, болыс та талақ тастаған осы бейбақ ауылды кем тұтпай, қоңсы тұтқан қарлығаштар ғана сияқты. Киелі құс Тайлақтың тапал есігінен зып беріп кіріп, лып етіп шығып, кембағал шаңырақтың астынан ұя салып, мына құлағалы тұрған тамды тіреп қалғысы келгендей, бір тамшыдан балшық тасып тынбайды.
— Бала, қайдан жүрсің? — деп бұрқ етті үй иесі қабағы қарс жабылған күйі.
Тайлақ өзіне жақындаған сайын Тұрар сескене бастады. Әлгі мұны аттың үстінен жұлып алатын тәрізді сыңайы. Торы атқа екі көзі ежірейіп тесіле қарайды. «Атымды тартып алмақшы ма?» — деп те қауіптенді бала. Осы ойдан ол келген шаруасын тұтығыңқырап әрең айтты.
— Атты танып тұрмын — Қырғызбайдың торысы. Ал өзің қай баласың? Қырғызбайдың баласымын деймісің? Е-е. Жөн-жөн. Солай-ақ болсын. А бірақ өз әкеңді ұмытпа, ақымақ! Мен білемін сенің әкең кім екенін. Қорықпай-ақ қой, ешкімге айтпаймын. Ұмытпа әкеңді, аруақ ұрады!
Тұрар мына түсі суық адамға сонда имандай шынын, бар сырын айтқысы келді. «Әкеңді білемін» деген адам кездессе, соның садағасы кеткісі келіп тұратын бір осалдық пайда болған балаға. «Ойбай, ағатай, әкемді мен неге ұмытайын! Түнде — түсімнен, күндіз — көз алдымнан кетпейтін әкемді мен қалай ұмытайын!» — деп шыр-шыр етпекші еді. Тайлақ мұрша бермей, шаруаға шырғалаңсыз тіке көшті:
— Қырғызбай атаңа айт: оның малын қыстай бағып шықтым. Өткен қыстың қиын болғанын өзі де білетін шығар. Шөп жетпей, мына Мықанның бойынан омбылап қар кешіп жүріп, қамыс орып әрең асырадым. Тамның боғатындағы сабанға дейін суырып берген күндерім болды. Ал сөйтіп қиямет қыстан әрең-мәрең алып шыққан малы енді әжетке жарар кезінде Қырғызбай өзі қайтып ала қоймақшы, ә? Тапқам екен ақымақты! Көрдің бе ана қызылшақа балаларды? Қара сиырдың құйрығын аңдып отыр. Бүгін-ертең бұзаулайды. Соның сүті болмаса, бұлар аштан қырылады. Түсіндің бе, бала? Әкең есті тентек еді, сен де ақылсыз емес шығарсың. Сені азамат деп үлкен жұмысқа жұмсаған екен, құр алақан қайтқаның ырымға жаман шығар, ана ешкілерін айдап қайта ғой. Сонымен Қырғызбай бажа жердің жарығын көктей қойсын! — Осыны айтып Тайлақ мырс етті. Түксиген адамның тұңғыш рет жүзі жылығандай болды. Соның өзінде әлгі күлкі тым ызғарлы сезілді.
— Ойбай, байғұс-ау, сол кебенектердің сүтімен жүрек жалғап отырған жоқпыз ба? Айдап кетің не, ей сенің? Ана тас қапқыр тақыр жалмауыздарыңа мен немді пісіріп беремін сонда? Тас қайнатып берем бе қара қазанға? — деп жамаулы көйлегінің етегі ышқырына қыстырылған, омырауы едірейген қызылбет қатын кенет қаһарлана қалды. Айқайлап сөйлейді екен. Сөйтсе құлағының мүкісі бар көрінеді, өйткені күйеуі де оның құлағына тақал дауыстап:
— Үндеме, сорлы! Қарабай жездең қабырғасын жапсын! Биттің қабығынан биялай тігетін сараң неме, саудагерді қайтесің? Мына баланың меселін қайтармайық. Құр қол қайтса — мұны қайбір маңдайынан сипайды дейсің сол сараң шал, — деп енді Тұрарға бұрылды: — Сиыр берілмейді, ешкілерді айдап кет. Күн ашық-жарықта аттанбасаң — қаршадай бала екенсің, біреу-міреу жолда саған көз алартып жүрер. Ел арасы бұзылды ғой бұл күнде. Обалды ойламайды. Әй, Күләй!
Бағанадан бері босағаға сүйеніп, торы аттың үстіндегі бейтаныс баладан көз алмай тұрған қызыл ала көйлекті қыз селк ете қалды. Бүкіл маңда бұл сияқты бала жоқ. Қою бұйра шаш қойған, екі көзі көріктің отындай ұшқындап тұрған бала, байғұс қызға ертектегі суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін батырлар сияқты көрініп, қиялымен оны өзінше аттан түсіріп алып тұрған.
— Күләй! — деді әкесі оқыстан. — Ана өрістен ешкілерді айдап кел!
Әкесінің айтқанын — Алланың айтқанындай көретін қыз әуелі есіктің көзінен ит қуған мысықтай атып шықса да, бала да болса есі бар емес пе, бөтен аттының алдында берекесіз болғысы келмей, қылықты сұлу аттай, бір қырындап, ойнақши басып бара жатты. Сонда Тұрарға ол сұлу көрінді. Шеттік тікен жырған жалаң аяғы, шуда жіп таққан тұлымшағы сол сұлулықтың бір-бір бөлшегіндей көрінеді. Әлі бой жетпеген нәресте қыз өзінің жарлылығын сол табиғи, жарасымды, ойнақы қимылымен жасырғысы келген сияқты. Жарлы болсаң да — арлы бол. Қызбала байғұстың намысшыл екені көрініп-ақ тұр. «Сірә, Наташамен жасты шығар, — деді Тұрар әлі де ат үстінде тұрып. — Оған үй иесі «аттан түс» деп айтпады. — Наташа гимназияға күнде түрлі-түрлі көйлек киіп барады. Сабақтан келген киімді тағы өзгертеді. Оның табаны туфлисіз жер басып көрген емес».
Осыны ойлап Тұрар өз қиялында Наташаны осында алып келіп, мына қожалақ қотыр үйге енгізіп, ана қызыл шеттік тікеннің арасымен жалаңаяқ жүргізіп көрді. Наташа қызыл тікен арасында жүре алмай шырылдап жылап Тұрарға қолын созады. Бұл жүгіріп барып, оны көтеріп алады. Наташа Тұрарды мойнынан тастай құшақтап алып, бетінен шөп еткізіп сүйіп: — Өлгенше ұмытпаймын, Тұрар, бұл жақсылығыңды, дейді. Кенет бұл әдемі суретті басқа бір көрініс көлегейлеп кетеді. Фаэтонға жегілген қос асау жиренді Аркаша ақилана айқайлап құтырта түседі. Фаэтонның дөңгелектері көшеге төселген малта тастарға тиер-тимес, заулап ала жөнеледі. Наташа періштенің дауысындай нәзік үнімен шыр-шыр етеді. Тұрар Аркашаны шынтағымен итеріп тастап, тізгінді бар күшімен шірене тартып, асау жирендердің басымен арпалысып, аптығын әрең басады. «Рақмет саған, Тұрар», — деп сыбырлайды шарадай көздері жасқа толған Наташа қолға түскен шымшықтай дір-дір етіп.
«Қайран Наташа, мені ойлай ма екен?».
Тұрар алыстағы Наташаны осылай көріп, мына кедей үйге келген шаруасын да ұмытып тұрған кезде, ешкілерді иіріп айдап Күләй де жетті.
Енді өзеннің бір бұлымында жатқан лақтарын алдырып болғанша, Талбүбі әлгі ешкілерді көгендеп қойып, қайыс тегенеге тырс-тырс сауа бастады. Ешкілерді қақтап сауып алған кезде, Күләй айдап келе жатқан бөрте лақтар енелерін көріп, алыстан маңырап құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Сүті қақталған желінді әлгі шұнақтар ақжем қылып кергілей бастады.
Тайлақ ешкілерді көгеннен ағытып, енді Тұрардың алдына салып, ауылдың сыртына дейін шығарысайын деп тұрғанда, үйден алқам-салқам аптығып, Талбүбі қайтадан атып шықты. Асығамын деп абайламай, аласа есіктің маңдайшасына басын тарс дегізіп соғып алды.
— Алда қараң қалғыр-ай! — деп ақсары жүзі өрттей қызарып маңдайын сипалап, тыжырынып тұрып қалды.
— Әй, Тайтақай, не көрінді, сорлы, сонша асығып? — деп Тайлақ артына бұрылды.
— Тоқта! Тоқта! — деп Тайтақай көйлегінің жыртық етегін ышқырына қыстыра айқайлап келеді.
— Не боп қалды, қу керең?
— Әй, байғұс-ау, бұл бұйырмаған кебенектердің жүнін қырқып алып қалайық та. Қыстай бағып, тым құрыса, жүні де бұйырмай ма? Ана ақ ешкінің түбітінен мына қызыңа орамал тоқып берейін деп едім. Тоқта!
— Ой, жарымағыр-ай, мына баланы жолынан қалдырасың ғой. Күн ауып барады, бұл жеткенше қашан? — деп Тайлақ құлқы болмап еді, Тайтақай оны естімеді, не естігісі келмеді, қызы екеуі ешкілердің алдынан шығып, қайтадан көгендеп тастады да, әлуетті әйел тұшаларды аяқтарын қосақтап ұстап, жерге атып-атып ұрып, жіппен байлап тастап, қырықтықты қайрап-қайрап, кебенектерді жалаңаштай бастады. Балпылдап көп сөйлейтіні Салиха апасына тартқан екен, қолы да, аузы да тынбай жүр.
— Дұшпаннан түк тартсаң да пайда, қараң қалғыр Қырғызбай, жезде болмай жерге кіргір! Құдай пейіліңді қуратқыр, пейілі қурап, менің балаларым ішіп отырған бір қасық сүтті ауыздарынан жырып алғанда, несіне көгерер екен? Ертең өле кетсе, осы малды өзімен бірге ала кете ме екен? Әй, бала, айта бар осы сезімді. Өзің бір орыс сияқты екенсің, қазақша білесін бе өзің? Безіреюін қарашы, орыстың баласын асырап алған ба менің қу жездем?
— Әй, Тайтақай, қысқарт тіліңді? Бұл тіл тигізетін кісінің баласы емес. Тантыма бекер! — деп Тайлақ айбат көрсетті.
Күн болса кешкіріп барады. Оның үстіне баланың қарны аша бастады.
«Үйге кір, шәй іш, дәм ауыз ти», — деген жан болмады. Битін сығып, қанын жалап отырған мына бейбақтардан ондай ықылас күту де нобайсыз.
Сонда да болса Тұрар сабыр сақтады. Оның еркіне салса мына ешкілерді тастап кетер еді. Қырғызбай атасы күнін көре алмай отырған жоқ, ал мына қу сирақтарға ешкі де болса нәфаха. Бірақ онсыз да сиырсыз қайтқалы тұр. Тым құрыса, ешкілерді айдап барып алдандырмақ Қырғызбай атасын.
Ауылнайдың салық жинайтын шабарманы құсап, аттың үстінде шіреніп тұра бергенім дұрыс болмас деп Тұрар торыдан түсті. Аяғы ұйып қалған екен, аздап бой жазып, қу ешкілердің жүнін қырқуға қолғабыс етпек болды. Тұрарға бірте-бірте бойы үйренген Тайлақтың жалаңбұт балалары ұятты қойып, індерінен шыға бастады.
— Aпa, менің бөрте лағымды да әкете ме? — деді мұрын боғы жылтыңдаған біреуі шешесінің арқасына асыла беріп.
— Ары! — деп жүн қырқып өзеуреп жатқан шешесі баланы шынтағымен лақтырып жіберді. — О, құдай сорлы қылған сор маңдай. Сенің бөрте лағың бар ма еді?!
— Иә, менікі. Бермеймін бөрте лағымды, — деп мұрынбоқ бала бөртені ұстап алып, мойнынан құшақтап қатты да қалды.
Ешкілердің қылшығын қырқып болып, «ал, енді болды» дегенде әлгі балақай лақтан айырылады деген қайда?! Бақырып жылап, бөртеге жабысып алды. Шешесі барып, шапалақпен тартып жіберіп, қолынан жұлқып еді, бала босатпады. Тұрар шыдай алмай:
— Мейлі, апай, қала берсінші, атам лағын түгендеп жатпас. Тимеңізші! — деп жалынды.
Бірақ қырсық қылғанда ешкілерді енді айдап шыға бергенде, әлгі бөрте лақтың енесі зарлап ала жөнелді де, торы аттың бастырмалатқанына көнбей, үйге қарай қайта қашты. Біреуі қашқан соң басқаларының да пейілі бұзылды.
— Мейлі, апай, сол бөртенің енесін де алып қалыңызшы тегі. Өзім бір есебін айтармын атама, — деді әбден ығыр болған Тұрар.
— Ойбай, мың болғыр, айналайын, көсегең көгерсін, — деп Тайтақай бір ешкіні көгенге байлады да, қалғанын едәуір жерге дейін өзі айдасып, Тұрарды жолға шығарып салды.
Сол жолы Тұрар азынаған азап мекенін, тұлдырсыз кедей елді тағы бір көріп оралды. Баяғы Талғардың Бесағашындағы Тау-Шілмембеттің кедейлігінен де өткен, ажал мен аштықтың азуында қалт-құлт еткен мұншама тақыр жоқшылықтың куәсі болып, жас жаны шошынып қайтты.
ІІІ
Жексенбі күндері интернаттың іші ел көшкендей көңілсіз-ақ. Ұзақ қарғаның балапандарындай қара домалақ балалар шуылдамас. Мектепте қоңырау сылдырламас. Қораның іші жым-жылас.
Ауылдары жақын балалар кеше кешке үйлеріне тарап кеткен. Өзі үйі, өлең төсегі барлар бақытты. Бір жұма бойы кермей сағынып қалған апаларына еркелейді, іні-қарындастарымен таласып-тармасып айранға талқан шылап жейді. Кешке қарай шешесі сақтап қойған сүр еттің сорпа-суына тойып, терлейді.
— Қазынаның тамағына қараған бала бір шек болып қалады деген рас екен, құдая, мына бала түк ішпеді, — деп шешелері балапанын шегірткеге шақырған тауықтай қақылықтай бастайды.
Мұндай заман Тұрарға арман. Қазына саудагерден сатып алған интернаттың әупиген қорасында жападан-жалғыз кітапты ары оқып, бері оқып, енді іш пыса бастағанда Мерке шіркеуінің қоңыраулары күңірене жөнеледі.
Көшеде адам қарасыны көбейеді. Жексенбі күні үстіне бір киерін іліп, орыстар шіркеуге беттейді. Күннің жылысына қарамай бастарына қазандай бөрік, үстеріне күпі киіп, қазақ, қырғыз біткені Меркенің қыр базарына бара жатады.
Базарға бүгін Тұрардың Қырғызбай атасы келеді. Делдалдыға жүріп, «шіріңке» тапқан күні атасы көңілі түсіп, Тұрарға бес-он тиын берер еді.
Меркенің қыр базары қызған кез. Күз айларында бұл базар әсіресе аспандап кетер еді. Құйрығы тегенедей кілең қызыл қойға қызыққандар сонау Әндіжаннан, Наманғаннан, Қоқаннан келіп жатады. Ала шапан, қара шапан, бейқасам шапан, ала тақия, қазандай қара сеңсең бөрік, дөңгелек құндыз берік, құлақтары салпаңдаған түлкі бөрік. Ақ сақал, бурыл сақал, қара сақал, қаба сақал, күйек сақал, шоқша сақал... «Сауда-сақал сипағанша», — деп сипалатын сақалдар.
Оралдан, Орынбордан, Сарытаудан келген орыстар; Үфеден, Қазаннан келген башқұрт, татарлар; Тоқпақтан, Пішпектен жеткен қырғыздар; Жәркенттен, Шелектен, Шонжыдан келген дүнгендер мен ұйғырлар. Сан түр бар, сан тіл бар. Бірақ бәріне ортақ — сауда тілі.
Тұрар Қырғызбай атасын іздеп мал базар жағына барған. Қалың нөпір арасынан атасын табу онша қиын емес. Атасы әдетінен айнымаса мұндай қоңыр күзде үстіне шибарқыт бешпет, сыртынан түйе жүн шекпен, басына Рысқұл құсап боз қалпақ, аяғына кебіс-мәсі киіп, белін қос құлаш күлпара белбеумен буып, етбеттеңкіреп, өңкеңдеп жүреді. Соқыр батырға мінезі тартпаса да, түр-тұлғасы келгендей: бойшаң, қақпақ жауырын, жардай шал. Сол ірілігінің арқасында қалың елдің арасынан көзге оңай түссе керек еді.
Айналасы тай шаптырым мал базардың шетіндегі ұзыннан-ұзақ мама ағашқа базаршылардың аттары байланады.
Әуелі Тұрар солардың арасынан Қырғызбай атасының тобылғы торы, жырық құлақ атын іздейді. Ол тобылғы торыға талай мініп, Мықаннан суарып қайтушы еді. Қойдан жуас, шабысқа жоқ, бірақ жүрісі жайлы жануар. Мал иесіне тартады деген рас шығар, мимырт жүрісі Қырғызбайдың алқын-жұлқынсыз, шықпа жаным шықпа тіршілігіне ұқсайды.
Тобылғы торымен қатар бітімі бөлекше, тұрқы есік пен төрдей, бойы жардай ақ жал айғыр байлаулы тұр екен. Алтын сары атлас түгі күздің жуас күніне шағылысып жылт-жылт етеді. Пошымы Қызыл Жебеге ұқсайды, бірақ бояуы бөтен: ойнама отты Қызыл емес, жалқын сары.
Ешкім байқап тұрған жоқ па екен дегендей Тұрар жан-жағына қарады. Адамдар алас-құлас, абыр-сабыр саудамен әлек. Ботбай мен Қораластың, Аққойлы мен Қарақойлының қызыл қойы көздерінің құртын алып, бәрі қоралы малды айналшықтап, басқа дүниені ұмытып кеткендей екен. Саудаға түскен малды қызықтаушылар көп: ақшасы бары да, жоғы да қой байғұстың арқасын басып, шарадай құйрығын көтеріп көріп, тірідей жеп қойғысы келіп, ауыздарының сілекейлерін жұтынып жүр.
Сары айғырдың үстіне бір шығуға Тұрардың аңсары ауды. Бейсеубет іске құлықсыз-ақ бала еді, бұл жолы желік жеңді. Сарыға ақырын жақындап барып, күміспен күптеген ап-ауыр үзеңгісін абайлап ұстап көрді. Сары айғыр сәл пысқырынып, көзі оқшиып, балаға бір бұрылып қарады. Үзеңгіге аяғы жетпес, биік екен. Сонда бала дереу Қырғызбайдың сыр мінез тобылғы торысына қарғып мінді, торы былқ еткен жоқ. Сонан соң барып, торыдан сарыға ауысып отырды. Әуелі жүрегі дүрсілдеп, сезіктене берді. Сары айғыр сайтандай атылып, үркіп жүрер ме екен деп еді, жануар сабырлы екен, баладан жамандық сезбегендей, тыныш тұра берді.
Қақтаған күміспен қапталған қазақы ер тоқымның үстінде көрпеше жоқ, құйрыққа қатқыл тиеді екен. Шүпірлете қағып тастаған түйме бас жез шегелер Талғар таудан түнде жамыраған аспан жұлдыздары сияқты. Күміс ердің қасын Тұрар бүлдіріп алмайын дегендей алақанымен абайлап қана сипап көрді.
Heгe екені белгісіз, осы күміс ер оның көзіне жылы ұшырады. Бірақ бала өзінің батыр бабасының тәні тиіп, тері сіңген ереуіл тақта отырғанын сол сәт сезген жоқ. Тек бір түйгені: мұндай ат пен мұндай ер-тоқымның үстінде адам жайбарақат отыра алмас. Бұл керемет жорықтың, алапат ерліктің орны сияқты. Бұл ердің үсті ұлы істер туралы жар салатын, сан мың, қолды аузына қарататын дуалы сөздердің қасиетті мінбері іспетті. Бала үзеңгіге аяғын тіреп түрегеп тұрып, мына хан базарға:
— Ей, бейшара ұсақ тірліктің адамдары! — деп айқай салғысы келіп еді, аттың үстінен аяғы үзеңгі тіреп тұруға жетпеді.
Енді бір шамада бұл сары айғыр мен күміс ер-тоқым тегін адамдікі емес екені есіне түсіп, бойын қорқыныш биледі. «Ұрысың» деп ұстап ала ма деп жан-жағына тағы жалтақ-жалтақ қарады. Жоқ, базар ұлы теңіздің оппалы-оқпан иіріміне түсіп кеткен қара құрымдай, қыбыр-жыбыр құжынап, бәрін бір алып магнит тартып алғандай, содан ажырай алмай қалғандай екен. Аттың иесі де сол магнитке жабысып қалған шығар. Тұрарға ешкім назар салмады.
Секемді секундтар өте шықты да, сәлден соң баланың бойын бір селкеу сезім биледі. Сары айғырдың үсті оған дүние-әлемнің шоқысындай сезілді. Айнала төңірек бәрі көрінеді, бәріне көз жетеді. Биік дуалдың ар жағында қоңыраулары күңгірлеп шіркеу тұр. Алматыдағы кафедраль собордай салтанатты болмаса да, қоңыраулары сондай сазды, жан-жағына сағыныш сәулесін шашыратып жатқандай. Баланың есіне Приходько мырза түсті. Биік жардың жағасынан ұшып кете жаздағандай бойы дір ете қалды. Иван Владимирович айтып еді: артыңа бұрылып қарама, артың құлама құз, оған қарасаң басың айналады деп. Ұмыта береді байғұс бала, абайламай өткенді есіне ала берді.
Хан базар, ығы-жығы жандар. Әне, ана жерде қобыз тартқан соқыр дуана отыр. Қобыз үні қайғылы, қабырғаңды сөгіп, соның арасынан жүрегіңді суырып әкетердей зарлы әуен. Оған шіркеу жақтан күмбір-күмбір қоңырау үні қосылғанда, мына адамдардың қыбыр-жыбыр күйбің тіршілігі құмырсқаның күн көрісіндей тым ұсақ көрінеді. Ала тақия киген өзіндей бір бала қабақ көтеріп, тостағандап су сатып жүр. Өрісінен айырылған тегене құйрық қызыл қой судың исін сезіп, іші солықтап, мекіреніп қояды.
Базар шайыр сасиды. Семіз қойлардың пысынаған исі ауаны әлем деп тұр. Базар — шопан-атаның абақтысы. Бірақ қойдан жуас мал жоқ, тым құрыса ешкі құсап бақырмайды да, пысынап, іші солықтап, көзі бозарып тұра береді.
Базар шіркін адамға қызық, атқа түк қызығы жоқ. Келеді — қақшитып байлайды да, содан сауданың сарсаңында жүріп, бұларды мүлде ұмытады. Тек базар қазан болып, ауылға қайтарда ғана аттары естеріне түседі.
Сары айғырдың да иесі сол сауда сарсаңына түсіп кеткен болар, атының үстінде бөтен бала отырғанын әзір байқаған жоқ. Осындай жылқыны да ұмытуға бола ма екен?
Байлаулы аттар ауыздықтарын шайнап, пысқырынады, тезек тастайды. Сол кезде мұрынға даладағы көктің кермек исі келеді. Верный түрмесіндегі атқораның таныс исі аңқиды. Көңіл жүйрік, бала бір мезгіл сары айғырды азынатып, Сахалинге сапар шегеді. Иван Владимирович айтып еді, жаяу адам Сахалинге жүз алпыс, жүз жетпіс күн жүріп жетеді деп. Ал, сары айғыр болса ше? Бірақ жолда өткел бермес асау өзендер, теңіз бар деді-ау. Мүмкін, сары айғыр Тайбурыл сияқты бір таудан бір тауға дейін қарғи алатын шығар. Қызыл Жебенің ұшқанын Тұрар өз көзімен көрген. Аяғы жерге тимеген сияқты еді сонда Қызыл Жебенің.
Шәйхана жақтан самаурын кернейлерінің түтіні будақтайды. Кәуап пен самсаның исі бұрқырайды. Сүмелек аш иттер шәйхана төңірегін жағалап, әркімнен именіп, жалт беріп жүр.
Мүмкін, сары айғырдың иесі шәйханада отырған болар. Шәйханадан берірек дөңдеу жерде белін буған ақ бешбеттің сыртынан желегей ақ шапан жамылған, дөңгелек құндыз бөрік киген дәу қарын бір адам жападан-жалғыз екі қолын шапанының астынан өткізе артына ұстап қозғалмай тұр. Мына базар сұрапыл соғыс, ал анау ақ шапан қолбасшы сияқты.
Оқтын-оқтын ақ шапанға әркім-әркім барып алдында бүгжиіңкіреп тұрып-тұрып, қалың топқа қайтып кетеді. Соғыстың қалай жүріп жатқанын хабарлап тұрған адъютанттар секілді.
— «Наполеон, — деді Тұрар Иван Владимировичтің тарихтан айтқан сабағы есіне түсіп. — Сонда Кутузов кім? Ол — оңтүстік бетінде, мен — солтүстік бетіндемін. Кітаптағы суретте Кутузовтың астында ақбоз ат бар еді. Менікі — сары айғыр. Мен — Кутузов! Бородино — урра!».
Бір кезде Наполеонның алдына еңкеңдей басып барған ұзын бойлы өзінің атасы Қырғызбай екенін таныды.
— Оһо, Қырғызбай атамды қара. Наполеон оған бірдеңе деп ренжіп тұрған сияқты. Қырғызбай атам — генерал Ожеро.
Оның да бойы осындай ұзын болған. Алғашқы кезде Ожеро Наполеонды мойындаңқырамай кекірейіп қараған ғой. Сонда Наполеон оған:
— «Генерал! Егер менің айтқанымды орындамайтын болсаңыз, екеуміздің арамыздағы айырмашылықты жойып жіберемін. Айырмашылығымыз неде екенін білесіз бе? — деген. Ожеро түсініңкіремеген.
— Айырмашылық екеуміздің бойымызда, — деген Наполеон. — Менің бұйрығымды орындамасаңыз, басыңызды аламын. Сонда айырмашылық жойылады, бойымыз теңеседі. «Айтқан-ақ қой, сорлы. Анау ақ шапан да Қырғызбай атама «басыңды аламын» деп тұрған тәрізді».
Атасы еңкеңдей басып қайтадан қалың топқа кіріп кетті. Келген шаруасы Қырғызбай атасына жолығу болғанмен, Тұрар енді асықпады. Базар тарқамайынша, атасы ешқайда кетпес. Тұрарға сары айғырдың үстінен мына майданды бақылап отыру әлдеқайда қызық.
Бір кезде Наполеонның қасына ересектеу бала келді. Басқалар құсап елпеңдемей, еркелеп тұрған сияқты. Наполеонды белінен құшақтап, бетіне қарайды. Сірә, бірдеңе тілеп тұрған болар. «Оу, мынау Атамырза ғой. Е, Наполеон оның әкесі болды ғой. Иван Владимирович айтып еді-ау, сірә. Серік ылғи Атамырзаға жарамсақтанып жүруші еді, әкесі де сондай екен ғой. Әне, Наполеон қойнынан алған шүберегін шешіп, Атамырзаға ақша беріп жатыр...».
Ең жақсы атқа мініп отырғанымды Атамырза көрсін дегендей кенет Тұрар:
— Ей, Атамырза! — деп айқайлап жіберді. Ана жолы төбелесіп қалғаны есінен шығып кеткен сияқты. Атамырза естіп келсе, оны Қырғызбай атасының торы атына мінгізіп, екеуі қатар отырмақшы.
Өз ойы — оған мына базар Бородино демекші. Анау ақ шапанды сенің әкең Наполеон демекші. Мен Кутузов болайын, сен Багратион бол демекші. Ниеті дұрыс-ақ, өздерінше бір бала болып, бөлесіз, жанжалсыз ойын құрмақшы. Қалың нөпірдің басынан асыра тағы да:
— Ей, Атамырза! — деп айқайлады.
Атамырза елең етіп жан-жағына қарады. Әлден соң барып, биік сары айғырдың жарқыраған күміс ерінің үстінен өзіне қол бұлғап тұрған Тұрарды көрді. Әкесін жеңінен тартқылап, Тұрарға қолын шошайтып бірдеңе-бірдеңе деді. Әкесі ренжіп қолын бір сілтеді. Мазамды алма деген болуы керек. Наполеонның ойы қазір балада емес, мына далада. Генералдары бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Тұрар Атамырзадан көз жазып қалды. Енді бір сәтте оның шәйханадан еңгезердей бір кісіні ертіп шыққанын көзі шалды.
Атамырзаға сары айғыр таныс болатын. Оның иесін де білетін. Иесі шәйханада қымыз ішіп, қызу әңгіме үстінде отыратынын да білетін.
— Ақа, сіздің айғырыңызды бір бала мініп, қашқалы тұр. Ұстап алып ұрыңыз, — деді.
Атамырзаның опасыздығын сезген Тұрар аттан домалап түсе бергенде, әлгі еңгезердей кісі де таяп қалып еді. Тұрар тұра қашса, қалың топтың ішіне кіріп үлгірер еді. Бірақ тұрды да қалды. Әлгі адамның кескін-келбеті, жүрісі өз әкесі Рысқұл сияқты екен. Әуелі жүрегі бүлк-бүлк ете қалды. Аттың иесі мүлде жақындағанда оның нарттай қызыл бетін, алақандай шегір көзін көріп, әкесі емес екенін ұқты. Атамырза топтың арасына кіріп кетіп, баспалап қарап тұр еді. Аттың иесі Тұрарға бағжия қарап, құлқынан шап беріп ұстай алды.
— Кімнің баласысың? Айт шыныңды, атты ұрламақшы ма едің?
— Жоқ, — деді Тұрар құлағы ауырып бара жатса да саспай. — Мен ұры емеспін.
— Онда танымайтын біреудің малында нең бар?
— Жәй, қызығып кеттім. Қызыл Жебе сияқты екен.
— Не дейді? Қызыл Жебең не?
— Сондай жүйрік ат болған. Оның қанаты бар еді. Сол есіме түсіп кетті. Құлағымды қоя беріңізші енді...
— Жөніңді айтшы, сен кімнің баласысың өзің?
— Қырғызбайдың.
— Қай Қырғызбай? Әлгі делдал Шілмембет пе? Өтірік айтсаң өлесің. Кәне, жүрші Қырғызбайға. Әй, оның баласы бар ма еді, ә?
Тұрарды қолынан мықтап ұстап алып, жұртты кимелеп, атасы тұрған жерге алып келді.
— Ау, Қырғызбай, мойныңды бұр. Сатар көбейсін. Мынау сенің балаң ба?
— Е-е, Ақкөз батыр, аман ба, ширағым. Е-е, мына Тұрар ма? Е-е, менің, менің...
Қырғызбай қалбалақтап қалды. Саудаласып тұрған өзбек пе, тәжік пе — әріптестерін тастай беріп, шетке ығыса берді. Ақкөзді былай алып шығып:
— Бұл бірдеңе істеп... не болып қалды? — деп абдырай жаутаңдады.
— Ештеңе де, тәйірі, дегбірің кетпей-ақ қойсын. Әшейін, Қырғызбайдың баласымын деген соң, е Қырекеңде мұндай қасқыр бала бар ма еді деп қалғаным ғой. Әй, ақымақ, бара бер, — деп Ақкөз Тұрардың қолын босатты.
— Ақкөз батыр, мен саған шынымды айтайын, — деп атасы Ақкөзге сыбырлап жан-жағына қарады. Ұрлық қылған адамдай өзінен өзі қуыстанады. Тұрардың ызасы келді. Үп-үлкен кісі де осындай үркектейді екен-ау. — Бұл баяғы өзің білетін Рысқұлдың баласы. Аузыңнан шығып кетіп жүрмесін, айналайын. Қырғызбайып болып осындағы орыс мектебінде оқиды. Мені іздеп келген ғой базарға. Бес-он тиын беріп қоятыным бар. А-а, а, Тұрар, мә, күнім, — деп Қырғызбай қалтасынан ақша сылдырлатты.
— Алда, айналайын-ай, — деп Ақкөз өңі жылып сала берді. — Айдауға кеткен Рысқұл жазғанның жалғызы осы де. О, шіркін, жалған-ай!..
Енді Ақкөз Тұрарды бауырына басып, күректей қолымен баланың басынан сипады. Құдды өзінің әкесі сияқты. Бала мына мейірден шала мас, бір көрген бөтеннің бауырына тығыла түсті.
— Рысқұл қандай еді! О, шіркін, жалған. Ол екеуміз біраз күн дәм-тұздас болғанбыз баяғыда. Мына Айбар сидырмай, Алматы ауып кетті ғой сонда. Оған да міне, отыз жылдай болып қалды. Бабам Әлімбек батырдан қалған көз еді, мені көзіндей көріп жүр деп маған тұла бойы тұлдыры — жалғыз күміс ерін сыйға тартып еді. Жаңа мына жаман соның үстінде жарбиып отыр. Сірә, таныған-ау деймін әкесінің күміс ер-тоқымын. Таныдың бе-ей, шыныңды айтшы?
— Қайдан танысын, — деді Қырғызбай да қуанып, енді екпін ала сөйлеп. — Ол кезде бұл ақымақ жоқ еді ғой. Бұл Алматыда туған бала. Қайда-а-а, беріде ғой. Құдай қойса, қазір он екіге шықты. Ал әкесінен хабар жоқ. Өгей шешесі Ізбайша Молдабектің қолында, Түлкібас жақта. Ахат дейтін ағасы бар еді ғой Рысқұлдың, сол туған жерге барып өлеміз деп көшіріп әкеткен. Ақкөзжан, кем-кетікке ықыласың түсіп жүретін ер жігіт едің, — деп Қырғызбай тағы да жалынышты үнге көшті. — Аузыңнан шығып кетіп жүрмесін. Рысқұлдың баласы екенін пристав біліп қойса, мұны да, мені де оңдырмайды. Оқу оқып, жетілсе, кім біледі, адам болып, өз күнін өзі көріп кетер...
— Қалтырама, Қырғызбай! — деді кенет қатқыл үнмен Ақкөз. — Мені аузына ие бола алмайтын алжыған деп тұрмысың. Ал, шырағым, атың кім? — деп енді баланың басын көтеріп өзіне қаратты. — Тұрар деймісің. Мен сенің әкеңнің қандыкөйлек жолдасы боламын. Баяғыда осы Меркеде Рысқұл екеуміз тізе қосып талай жүргенбіз. Анау тұрған ақ шапанды жуан шалды көрдің бе?
— Наполеон, — деді Тұрар.
— Напаланы несі. Айбар ол. Сенің әкең екеуміз соның қызметінде болғанбыз. Соның малын айдап, талай жерді аралағанбыз.
— Оның баласы менімен бірге оқиды, — деді Тұрар.
— Е, бәсе, — деді Ақкөз басын шайқап. — Бай баласы — байға ұқсайды, байланбаған тайға ұқсайды. Ол да әкесіндей біреудің қолымен от көсегіш. Жаңа мені айдап салды ғой саған. О, арам-ай!
— Ойбай, Айбардың баласымен шатаспай жүр, балам, — Қырғызбай қайтадан қалтаңдай бастады. — Ал, Ақкөз батыр, қу тіршілік, әлгі сарттар мені күтіп тұр ғой. Үйге кел, мейман бол. Сонда бір әңгімелесерміз, ал әзір...
— Бара бер, Қыреке, бара бер. Жолыңнан қалма. Әйтпесе, әр қойдан алатын он тиын шіріңкеден құр қаласың. Саудаң жөнді жүрмесе, анау Айбар сені де Рысқұл мен мына мен құсатып қырына алар. Бар!
Шал кеткен соң, Ақкөз Тұрарға тағы бір абайлап қарап алып:
— Әкеңе тартыпсың, — деді. — Бірақ құдай саған оның қиын жолын бермей-ақ қойсын. Бәрін де естігем. Рысқұл туралы аңыз көп. Рас болса, солдаттарды өлтіріп, катырғыдан қашып кетіпті дейді, кім біледі? Әйтеуір тірі жүрсе, бір келер. Оқуың қалай, қарағым. Қарның ашып жүрген жоқ па? Қайбір жетісіп жүрмін дейсің.
Ақкөз Тұрарды шәйханаға алып барып, палау әперді, қымыз берді. Әркім, әркім: — Бұл кім, Ақа, бұл кім? — деп еді, Ақкөз:
— Өзімнің балам, немене бала көрмеп пе едіңдер, о несі-ей, — деп қойды.
— Әкеңнің жақсылығын көп көріп едім, бұл көйлек соның бір мысқалына да татымайды. Ал! Мені есіңе ала жүрерсің. Мен осы Меркеден елу шақырым Қорағаты деген жерде тұрамын. Ақкөз Қосанұлы десең жұрттың бәрі біледі. Базар сайын өзім де келiп тұрамын. Ipi шаруам жоқ, мал сатпаймын, Қырғызбай атаң құсап делдалдық етпеймін. Елді көресің, әжік-күжік әңгіме. Байлардың бейілін аңдайсың. Сорыңды ұрайын кедейдің неше парасын байқайсың. Байын — кедей, кедейін — бай етейін десең, қолыңнан келмейді. Ол құдайдың ісі. Әне, ана бір сорлы жаман өгізін жегіп, жоңышқа әкеліп сатып отыр. Жетіскенінен емес қой. Әне, жусан шауып, соны сатып, шәй пұлын тауып жүр ана біреу.
— Уа, Ақкөз батыр, — деп қалды бір тұстан соқыр дуана. Қобызын сарната-сарната жалықса керек, енді кір шүберекпен орап, қоржынына салып алыпты. Темір таяғын алдына кезей ұстап жерді шұқылап келеді. — Уа, Ақкөз, дауысыңнан таныдым. Қайыр-садақаң бар ма, қарағым. Жаман ағаңа беріп қой, тілеуіңді тілеп жүрейін.
— Міне, жоқшылықтың тағы бір аш жолбарысы. Мен бала кезімде мына қобызы бар еді, өзі де тозбайды, қобызы да тозбайды.
— Қалт айтасың, Ақкөз. Мен тоздым. Бала-шағаға масыл болмайын деп келемін, әйтпесе үйден шықпай-ақ жатар едім. Ал қобызым тозбайды. Менің сүйегім қурап қалғанда да, бұл тозбас. Сыпатайдың асында тартылған бұл қобыз. Әттең, мен өлгенде, мұны өзімдей тартар ұл табылса, сонда мен жаннатта жатқандай болар едім, қайтейін. Ондай ұл жоқ. Сыпатайдың айтқанын білесің бе, Ақкөз?
— Не деп?
— Сыпатай айтқан: менің асымда бәйгеден кедейдің аты келсін деп. Қайда сондай батыр енді? Сыпатайдың асын бергенде сонау Сырдан Майлы ақын келгені есімде.
Ботбай елі, туғаным,
Құтты болсын думаның!
Ел шетіне жау келсе,
Тырқырата қуғаның, —
дегені есімде. — Заманымда сол Майлының оң жағында отырып ем, аруақ тозса — жын болар, ендігі түрі мынау Жапарқұл ақын ағаң нық.
— Сыпатайдың асында мен де меймандарға табақ тартқанмын, — деді Ақкөз дуананың алақанына ақша салып тұрып. — Жақында Сыпатайдың асындай үлкен бір той болады. Айбар саудагер Бектен болыстың баласына қызын ұзатады. Сыпатайдың асында бас бәйгеге жүз тайлақ тігіліп еді, бұлар не тігер екен — көреміз, құда қаласа.
— Жақсы болды айтқаның, Ақкөз. Бектен болыстың тойына шақырусыз барамын. Бірақ шақырылмаған қонақ — сыпырылмаған жерде отыратынын да білемін... Аллаухи-ах! О, мұсылмандар, қайыр-садақа бер. Бәле-жаладан, кесір-кесепаттан ада боласыңдар. Аллаухи-ах! Ақкөз, аман бол, қарағым. Аллаухи-ах! Аллаухи-ах! Аллаухи... х!
Дуана дауысы қалың топтың арасына судай сіңіп кетті.
Оның орнына енді бақалшы дауысы бажылдаңқырап, басым шықты:
— Айна бар, тарақ бар,
Алмасаң да қарап қал!
Бір шеттен бағлан қозыдай сары ала қауын сатқан саудагер орысша үйреніп алған бірауыз тақпағын құранның сүресіндей қайталап қақсай беред:
— Падхади народ,
Свой огород:
Палавина сахар,
Палавина мед...
Торлама сары қауындардың біразы пісігі өтіп, қаққа жарылып кетіпті. Ырсиған жарықтан бал ағып жатыр. Күзгі ара, қара шыбын әлгі балға үймелейді. Саудагер оларды белбеуін шешіп үркіткен болады. Шырынның құрбаны болып кетсе де риза шыбындар қайта келіп қонады.
Енді бір сәт елден ерекше қалың топтың ішінде жападан-жалғыз ат мініп жүрген біреу ащы дауыспен айқайлап келеді:
— Ей, жарандар, жарандар!
— Ей, жарандар, жарандар!
Бұл сөзіме құлақ сал!
Ел аман, жұрт тынышта
Шоқпар, Шудың бойынан
Сүйіншіге сыйлық бар!
Бір үйір жылқы жоғалды.
— Міне, бұл біздің қазақтың кәсібі, — деді Ақкөз Тұрардың иығынан сипалап тұрып. — Ноғай айна-тарақ сатады: сарт қауын сатады; қазақ жоғалған жылқысын іздеп хан базарда жар салады. Өмір осы. Малын ұры алады, жерін патша тартып алады. Осының бәрін ішіңе тоқи бер, бала! Міне, мына жайма базарға қара. Тіршілігінің түріне болайын. Анау өлесі шалдың алдында не жоқ: сынық тарақ, ескі кебіс, тот басқан шеге, түйреуіш, шамның білтесі, ағаш түйме... Осы кәсібі. Онсыз оған өмірдің қызығы жоқ. Бір жолы мен сияқты бір қазақ осы жайма базарды жағалап жүріп бір ақ дәрі көріп, сатушыдан:
— Мынау не? — деп сұрапты.
— Бүрге өлтіретін дәрі, — депті әлгі.
— Е, жақсы болды ғой, маған сатшы, — депті қазақ. Енді келесі бір аптада әлгі қазақ жайма базардан ақ дәрінің иесін тауып алып:
— Әй, сарт! Алдағаның не? Дәрің бүрге өлтірмейді екен. Ақшамды қайыр! — дейді.
Сатушы саспастан:
— Сен оны қалай бердің бүргеге? — дейді.
— Қалай беруші еді? Текеметке сеуіп тастадым.
— Е, бекер болған. Бүргелерді жеке-жеке ұстап әкеліп дәріні иіскету керек еді де, — депті сатушы саспастан... Аңқаумыз бала, аңқаумыз. Қашан ғана қаһарланар бұл халық. Әттең, қайран сенің Рысқұл әкең сияқты отқа қызған тастай ұлдар көп туса ғой бұл елден.
Ақкөз аттар байлаулы тұрған жаққа беттеді.
— Сенің әкең баяғыда Түлкібастан Меркеге келген соң екеуміз бір жылдай жұп жазбай бірге болдық. Айтса, әңгіме көп. Енді кездесіп тұрармыз. Әлі айтып берермін. Міне, мынау сол әкеңнен қалған белгі, — деп Ақкөз күміс ерді күректей қолымен сарт еткізді. Ақжал сары айғырдың шылбырын мама ағаштан шешіп, басын бұрып, күпшекті күміс үзеңгіге аяғын көтере берді.
Ақкөз атқа қонғанда, бұрынғыдан да айбынды көрініп, аруақтанып кетердей екен. Тұрар еріксіз өз әкесімен салыстырды. Әкесі де ат үстінде ер-азаматтың сұлтаны болатын. Бірақ ол тым лыпылдап, тым тістеніп тұратын. Мынау жайбарақат, тіпті маңғаз, ай маңдайлы шапыраш шара көз, нарттай нұрлы, нау тұлға екен.
Ол ат үстінен еңкейіп тұрып, Тұрарға қолын созды.
— Рақмет, аға, — деді Тұрар қоштасуға қимай.
— Оқы, шырағым, жалғызбын деп жасыма. Әкеңнің ошағы өшіп, қазаны төңкеріліп қалды екен деп қапаланба. Мен адам танысам, сен тегін емессің, тексіз емессің. Әкеңнің өшіп қалған ошағын сен жүрегіндегі оттан тұтатарсың әлі. Сенің әкең есіме түскен сайын менің кеудем жауыр аттың арқасындай сыздайды. Тірі болса, бір келер. Жә, қош...
— Рақмет, аға...
Ақкөздің жаңағы сөзі жүрегін жалындатып жібергендей, өзінде бір жойқын жігер пайда болғандай бек қанаттанып, қатайып қалды.
«Әкеңнің өшіп қалған ошағын жүрегіңдегі оттан тұтатарсың», — деді-ау. Бәлкім, ошағы өшкен, қазаны төңкерілген тек біздің үй ғана емес шығар. Өшпесе де өлегізігендер көп қой. Солардың да отын тұтатуға керек шығар, аға».
Бірақ бұл ойын ол әзір дауыстап айта алмады. Алыста қалған Талғар таудың бауырындағы жерошақ көзіне елестеді. Оның күлін алдақашан жел суырып әкеткен. Одан бері жаңбыр жауып, қар жауып, жерошақ опырылған. Бесағаштағы Тау-Шілмембеттің жеркепелерінің орнында бүкшиген-бүкшиген кішкентай төбешіктер қалған. Олардың үстін ызалы, ызғарлы жалау сияқты шоңайна тікен басқан. Шоңайна тікен кешке таудан жел соққанда ызыңдап әлдене айтқысы келер. Бірақ оның тілін кім түсінеді? Шоңайна тікеннің ызыңы... Оның тілін білген бар ма...
Бағанағы дуана аттылы Ақкөздің алдынан тағы кездесіп:
— Уа, Ақкөз, атыңның дүбірінен таныдым. Аттандың білем ауылға. Ал жолың — шыдыр, жолдасың — Қыдыр болсын, жолбарысым! — деді.
Дәл бір ұлы жорыққа шығарып салып тұрғандай, жаюлы қолын жиып алып, қасаң қайыстай бір жапырақ бетін сипады.
Тұрар интернатқа қайтпақшы еді, базар қақпасынын алдынан тағы бір соқырды көріп тоқтады.
— Ертеңгі күніңді ойладың ба, адамдар! Ертең сені не күтіп тұрғанын білгілерің келе ме, адамдар! Білгілерің келсе — бері жақындаңдар, — дейді әлгі әз орысшалап. — Теңіз шошқасы әулие мақұлық. Бәрін де біледі. Ол қазір сендерге өз тағдырларыңды айтып береді. — Әз орыс шақшиған күннен қорықпай ақ басқан қызыл жиек көзімен аспанға қарап, атжалмандай мақұлықты арқасынан сипап тұр. Қақсап тұр. Жағы сембейді. Ал теңіз шошқасы үндемейді.
Тұрар байқайды: көріпкел, тышқанға бал аштырып жатқандардың ішінде мұсылман нәсілі жоқ. Олар жоламайды. Соқыр орысқа мас урядник тәлтіректей басып, таяп келіп:
— Илюша! Илья пайғамбар! Ана мақұлығыңа айт, маған бал ашсын. Үйдегі балпылдаған қатын маған тағы ұрсар ма екен, жоқ «жаным, жарым» деп күле қарсы алар ма екен, кәне, — деді.
Урядниктің фуражкесі бір шекесіне қисайған, беліндегі нағаны да бөксе жағына ысырылып кеткен. Саудагер қатындарды бопсалап, самогонға әбден тойса керек.
Теңіз шошқасы, иесінің белгі беруі мұң екен, қораптағы бүктеулі қағаздарды тұмсығы жыбырлап иіскеп-иіскеп, ортадағы кек қағазды моншақтай ұсақ тістерімен суырып алып шықты.
Урядник ақ кірпік тұздай көзін ашып-жұмып, ашып-жұмып, көк қағазға ұзақ қарады. Әлде урядник сауатсыз, әлде қағаздағы жазу сауатсыз, әйтеуір тәртіп сақшысы қатты қиналды. Қасыңда қызық көріп тұрған Тұрарды байқап, ежірейіп, шүбәланып біраз тұрды да:
— Ей, киргизенок, хат танисың ба? Оқышы мына қытайша жазуды. Менің көзім бұлдырап... — деп «қытайша жазуды» балаға ұсына берді.
Тұрар қағазды қолына аларын алса да, маңдайы тершіп қоя берді. Жазу қисық-қыңыр, шала-сауатты біреу шимайлағаны көрініп тұр.
— Оқы! — деді урядник жерді тепсініп. Соқыр балгердің теңіз шошқасы қобдишаның ішіне бұға түсті.
— «Жуық арада қызметіңіз жоғарылайды. Мәртебелі төрелермен терезеңіз тең болады».
— Ары қарай, — деп урядник Тұрардың тоқтап қалғанына ренжіп.
— Болды. Басқа жазу жоқ.
— Илюша! Пайғамбар! Малғұн! Дәл осы сәуегейлікті сен маған он жыл бұрын айтқансың. Осыдан он жыл бұрын ана ала мақұлығың дәл осындай жазуы бар қағаз тартқан. Қызметім жоғарылаған түгі жоқ. Бәрі өтірік, оңбаған! Мәртебелі төрелер... Көрсетемін мен саған, Илюша! Алдаушы болма! Көк тиын да жоқ саған.
Урядник ашуланып, қыршаңқы болған аттай қисалаңдап кете барды.
Тұрар Илюша соқырды аяды. Байғұс шыннан қорықты. Теңіз шошқасы одан бетер үрейленіп, жиі-жиі демалғаннан бүйірі бүлкілдеп кетті.
— Илюша ағай, маған ашыңызшы. Міне, ақшам бар, — деп Тұрар соқырдың алақаныңа қара бақыр салды. Қорқып қалған қасқа теңіз шошқасы иесінің итермелеуімен бір қағазды әрең суырып алып шықты.
«Сен туғанда аспаннан құйрықты қызыл жұлдыз аққан. Бүкіл өмірің алаулаған от, шайқас шығар...»
Урядниктің қағазы қарапайым түп-түсінікті еді. Мына өз қағазының мағынасы буалдыр... «Қызыл жұлдыз... Қызыл Жебе шығар. Шайқас? Қандай шайқас?».
Алда қандай шайқас күтіп тұрғанын ұға алмай, аңырыңқырап келе жатқанда, базардың шетінен шаң-шұң шуылдасып, жемге үймелеген торғайдай шүпірлеген бір топ балаға назары ауды. Жақындаңқырап барып еді, балалар кезек-кезек алақандай айнаға үңіліп, ұзағырақ тұрып қалғандарын иығынан тартқылап тұр екен. Жасамыс бір орыс көрермендерді шақырып:
— Лондон, Париж, Санкт-Петербург, Рим. Әлемнің ұлы астаналарын бір сәтте аралап шығуға болады. Кәне, келіңдер! Көріңдер! Небәрі бір тиынға әлемді аралап шығуға болады, — деп шалқып тұр.
Айнаға үңіліп тұрған баланың шүйделі желкесі таныс сияқты көрінді. Бетіне үңіліп қарап еді, Қабылбек екен. Қуанып кетті.
— Қабылбек, бұл не? — деді Тұрар үш аяққа орнатылған қара қорапты нұсқап.
— Қызық. Көресің бе? Кел, — деді Қабылбек бірден аңқылдап, ашық пейілмен. Басқа балаларды Тұрар танымаушы еді, олар:
— Ол кейін келді, біз кезек күтіп тұрмыз, — деп кимелей бастап еді, қапсағай тұлғалы, бойшаң Қабылбек:
— Шулама, оған мен кезек алып қойғанмын, — деп өктем сөйлеп, басқалардың бетін қайырып тастады. Балалар енді таласуға бата алмай, күңкіл-күңкіл қыңқылдасып, амалсыз тоқтады.
Қиял жетпес ғажайып қалалар бірінен соң бірі жалт-жұлт етіп өте шықты да, арты қап-қараңғы түнек болып, бұлдырап барып бітті.
Айнадан бетін бұрған Тұрардың жүзінен Қабылбек таң қалған белгі көрмей:
— Немене, ұнамады ма? — деді.
Тұрар оған жауап бермей, жасамыс орысқа бұрылып:
— Сіз Сахалинді көрсете алмайсыз ба? — деді.
Әлемді уысында ұстап, лепіріп тұрған адам әуелі сұраққа түсініңкіремей, сәттен соң:
— Сахалин! — деп саңқ ете түсті де, лезде сақылықтап тұрып күлді келіп. Егер тауық күле білсе, дәл осылай күлер еді. Жұмыртқалайтын жер іздеп аласұрған тауықтап осылай қақылықтайды. Тұрардың тұп-тұнық көздерінен жарқ-жұрқ етіп оянған отты байқап, баланың бір жанды жарасын тырнап алғандай болғанын сезіп, жасамыс орыс күлкісін тия қойды.
— Жоқ, балақай, Сахалинді көрсете алмаймын. Сахалин әлі мұндай түрлі-түсті суретке түсіріле қоймаған шығар. Әрі десе ол Париж емес, Рим емес. Сахалинде, бауырым, Охот теңізінен соққан таудай-таудай толқындар, тіпті біздің приставтың көк шатырлы биік үйін басып қалатын қалың қар, басқа не қызық бар?
«Ана бір жолы Иван Владимировичтен Сахалинді бұл шұқшия сұрап еді, тағы да... Мүмкін, жәй қиял шығар. Мен де Африканы көрсем деп қиялдаймын ғой».
Қабылбек осылай түйді де, Тұрардан Сахалиннің сырын сұрап жатпады. Бірақ оның біртүрлі көңілсіз бола қалғанын байқап, өзінше оны алдандырмақ ниетпен:
— Жүр, Тұрар, біздің ауылға барасың ба? Біздің ауыл Ойталда. Онша алыс емес. Мен жәкеме ілесіп, қой айдасып келіп едім. Ертең сабаққа үлгіреміз, — деді.
Тұрар біраз ойланып тұрды да:
— Жоқ, сабаққа дайындаламын. Онан да сен интернатқа жүр. Ауылыңа барып, одан таңертең салпақтап жүресің бе сол. Сабаққа бірге дайындалайық — деп Тұрар өз ұсынысын айтты.
Қабылбек интернатқа бүгін барғысы келмеп-ақ еді, бірақ Тұрарға «жоқ» дей алмады. Тұрардан еңселі, қарулы бола тұра оның айтқанынан шыға алмайтынын Қабылбек бұл жолы тағы байқады.
— Жарайды, жәкеме айтып қайтайын, — деп мал базар жаққа жүгіре жөнелді де, кешікпей кері оралды.
— Сенің жәкең де Наполеонның генералы ма? — деді Тұрар шаңы бұрқылдаған көшеге шыққан кезде.
Қабылбек түсінбей қалды. Тұрар «Наполеон» жайын түсіндіргеннен кейін:
— Жоқ, ә, қайдағы генерал, — деді Тұрардың зілді мысқылына кек тұтпай аңқылдап. — Он шақты қойымыз бар еді, киім-кешек аламыз деп, соның екеуін айдап келгенбіз. Жәкем делдал емес, құдай сақтасын. Делдал Серіктің әкесі ғой.
— Көрдім. Серік сияқты құлағы қалқиған сары шал екен, — деді Тұрар борпылдақ топырақты кешкен Қабылбектен шеттеңкіреп арықтың жағасындағы шымдауытқа шығып келе жатып.
Арбиған ақ теректердің сарғайған түйетабан жапырақтары үзіліп ұшып, биікті қимағандай, қыбыжықтап қалықтап барып-барып, амалсыздан аяқ астына ың-жыңсыз құлап түсіп жатыр. Шіркеу қоңырауларының әлі сембеген сарнауық үні сары жапырақтардың жаназасындай естіледі. Шіркеуден қайтқан кемпірлер оңтүстікке осы кезде оралған қарғалардай кілең қара киініп, топ-топ болып барады. Қолдарында таяқтары, ақ шүберекке ораған түйіншектері бар.
Иса пайғамбар тірілген жексембінің күні бесінге ауып бара жатты.
* * *
Мектеп-интернат — бұрын Айбар байдың ғимараты болатын. Өзі көк түңкелі жаңа жай салдырып, соған көшті де, мына ескі үйін үкіметке пайдасына сатты. Үкімет қазына қалтасынан тиын шығарған жоқ. Жеті болыс Меркенің әр түтінінен бес тиыннан жиналған қаржы тағы да сол Айбардың шанашына түсті. Айналасын ересек адам қолын созса жетпейтін биік домбаз дуалмен қоршап тастаған. Интернат жағына кіріп-шығатын жалғыз ауыр қақпаны күркілдек орыс шалы күзетеді.
Ол қоритын байлық шамалы. Айбар байдан қалған үйдің алдында әр жерінен ағаш тіреу қойған бастырмасы бар. Сол тіреу бөренелерді қағып әкетпесе, басқа ұрлайтын зат жоқ. Айтпақшы, ең шеткі бөлмеде азық-түлік, азын-аулақ мүлік сақталады. Оның кілтін Әліпбектің өзі ұстайды. Азық-түлік болғанда, интернаттың балаларына көже пісіретін бірер қап қызыл бидайдың ұны, бірер қойдың еті, бір қап қант, шикідей ақтаған ботқалықтары... Бір бума ақ жайма, моншадан кейін балалар ауыстырып киетін бір десте таза жейде-дамбал, тағысын тағылар.
Демалыс күндері интернатта жалғыз қалатын Тұрарға бола мұнда қазан асылмас. Аспаз әйел де демалады. Әліпбектің айтуымен аспаз әйел Тұрарға бір күндік тамақ тастап кетеді. Жарты бөлке нан, үш-төрт түйір қант, бір кесек ащы ірімшік...
Қабылбек екеуі құрғақ тамақты бөліп жеп, қалайы тостағанмен суық суды сіміріп-сіміріп, білтелі шамның жарығымен кітап оқуға кіріскен. Әлгіде ғана тақыл-тұқыл тамақты қомсынып, Ойталдағы апасы асқан еттен құр қалғанына іштей өкініп отырған Қабылбек енді Тұрар Лермонтовты дауыстап оқыған кезде Ойталды да, дәмді етті де лезде ұмытты.
Өлеңді оқып болып, Тұрар кітаптың бетін тарс жапты да, білте шамның әлсіз сәулесімен көмескі көрінген терезеге көзін қадап, мелшиді де қалды. Оң көзінің алдына жалғыз тамшы жас сынаптай үйіріліп келіп, сол қалпы бір түйір гауһарға айналып қалған сияқты еді.
Қабылбек Тұрардың жаңа ғана жарқылдап отырып, кенет жауар бұлттай түнергеніне таң қалса да, үндеген жоқ. Сыныпта екеуі екі жылдан бері бір партада отырып, әбден бір-біріне иісі сіңісіп кеткен. Оқтын-оқтын Тұрардың кенет бұлт бүркеніп қалатынын Қабылбек бұрыннан білетін.
Терезенің ар жағы қап-қараңғы. Мына тыныштықта күздің жаңбыры тырс-тырс тамшылап тұрғаны естіледі. Терезе сырты қап-қараңғы болғанмен Тұрар сол түнектен өз әкесін көреді. «Қапастың қақпасын ашыңдар! Жарық күннің сәулесін көсетіндер! Қаракөз ару мен қара жал арғымақ қайда? Қаракөз ару алыста. Қаражал айғыр — көкорай шалғын жайлауда. Ер-тоқымсыз, жүгенсіз бұлғаңдауын қарашы. Әттең, дүние, дәрмен жоқ. Тас абақты тарс жабық, елегізген шырағдан ғана тілсіз жолдас. Темір есіктің ар жағында етігінің тақасы тақылдап қарауыл ғана жүр. Жападан-жалғыз Рысқұл. Елің қайда? Арқасын азап тескен Тау-Шілмембет қайда? Бор болған боздақтар. Қаракөз Ізбайша қайда? Қарлығаштың аузын ашқан балапандарындай Тұрар мен Түйметай қайда?».
Көкесі дәл қазір дәп осылай деп айтқандай Тұрардың құлағына алыстан талып Рысқұлдың үні келді. Сол үн естілмей қалмасын дегендей бала тыныштық тілеп, дем алмай отырған тәрізді. Алыстағы әкесімен үнсіз сөйлесуге Тұрар осылай әдеттеніп алып еді.
Тілсіз тығырыққа тіреліп отырған екі баланы даладан естілген салдыр-сұлдыр дыбыс селт еткізді. Екеуі де терезеге жабыса қарап қалып еді, қараңғы ауладан ештеңе көрінбеді. Тұрар әлденеге сезіктенгендей босағада жатқан темір шыбықты ала сала далаға атып шықты. Қабылбек қарап отырсын ба, ол да жүгірді. Қойманың алдынан әлдекімдер қараң-құраң еткендей болды.
— Бұл қайсың-ей! — деді Тұрар.
Әлгілер ауланың арғы шетіне апыр-топыр қаша жөнелді. Бойшаң біреуі дуалдың ернеуіне қол артып үлгірді. Аласасы дуалдың биігіне қолы жетпей қайта құлап түсті. Биіктен аунап, ары домалап бара жатқанын Тұрар темір шыбықпен май құйрықтан бір осып үлгірді. Аласа бойлысын Қабылбек ұстап алды.
— Өй, мынау... Серікпісің? — деді Қабылбек дауысы оқыс шығып кетіп. Қолға түскен «тұтқын» бетін жеңімен бүркемелей беріп еді, Тұрар оның қолын қағып жіберді.
— Серік!
— Әй, қайдан адасып жүрсің?
Серікте үн жоқ. Ана екеуі оны сүйреп, қойманың алдына алып барды, баланың басындай қара құлып орнында екен. Тұрардың аяғы жерде жатқан ауыр затқа тірелгендей болды. Еңкейіп қарап еді — сом темір екен.
— Қоя беріңдер мені, әкем ұрсады, — деді Серік жалынып.
— Жәй, қыдырып жүр едік, сендерге келе жатыр едік...
— Е, бізге келе жатсаң, біздің есік анау, қоймада нелерің бар? Қасыңдағы кім?
— Жәй, біздің көршінің баласы.
Жаңбыр үдеп бара жатқан соң арық қойдай тыртысқан Серікті сүйреп, бөлмеге кірді. Тұрардың таң қалғаны күркілдек қарауыл шал мына у-шуға селт етпейді. Қабылбекке:
— Байқа, қашып кетпесін, — деп өзі қарауыл шалға шығып кетті. Күркілдек қарауыл тұлыпқа оранып, ұйқыны соғып жатыр. Самогонға тойып құлаған болар, ары-бері тартқылап көріп еді, шыбын шаққан құрлы болмады.
Тұрар қайтып келіп, Серікті алқымынан алды.
— Айт шыныңды жаның барда. Шыныңды айтсаң, біз сені Әліпбек ағайға ұстап бермей-ақ қояйық. Айтпайды екенсің, өз обалың — өзіңе. Қойманы тонамақ болғандарыңды жасыра алмайсыңдар. Міне, құлып бұзар сом темір. Айт, қасыңдағы кім?
— Атамырза...
— Ал сонда екеуіңе не жетпеді? Ашсыңдар ма?
— Жоқ ә?..
— Ендеше интернаттың қоймасында нелерің бар? Ұрлық қылғың келсе, Атамырзаның өзінің әкесінің дүкені дүние-мүлікке сіресіп тұрған жоқ па? Соған неге түспейсіңдер?
— Атамырза...
— Неменеге, Атамырза?
— Мені ұстап бермейсіңдер ме? Шынымды айтайын.
— Олда-білда, шынымды айтамын де! — деп Қабылбек те шүйілді.
— Олда-білда, шынымды айтамын, — деп Серіктің қалқан құлағы күнбатыстың суық соққан жапырағындай бүрісіп бара жатты.
— Күндіз Атамырза сені базардан көріпті, — деді Серік шіңкілдек дауысымен неғұрлым жағымпаздана сөйлеп. — Саған Ақкөз деген кісінің көйлек алып бергенін де көріпті. Мен үйде отыр едім, ысқырып шақырып алды. — Шаруа бар деді. — Ол не? — деп едім, — Тұрарды қатырамыз, — деді. — Қайтіп? — деп едім, интернаттың қоймасынан ақжайма ұрлаймыз. Ертең Әліпбек келіп, қойманы көріп, кім ұрлады дегенде, интернатта жалғыз қалған Тұрардан көрмей ме. Сен ұрламасаң, жаңа көйлекті қайдан алдың демей ме оған. Енді түсіндің бе? — деді. Түсіндім дедім. Атамырзаны өздерің білесіңдер ғой, айтқанын істемесең, қыр соңыңа түсіп алады. Әкесіне айтып, менің әкемді сорлатады. Білесіңдер ғой...
Серіктің мүсәпір түрін көріп, оның айтқанының бәрі рас екеніне көздері жетіп, Тұрар мен Қабылбек оны аяп кетті. Атамырзаның айтағында жүргені болмаса, бұл байғұс қалбалақтап қалған ақкөңіл, қағілез бала.
— Жарайды, Серік, сен бізді көрген жоқсың, біз сені көрген жоқпыз. Тек Атамырзадан іргеңді аулақ сал. Әйтпесе, ол сені бәрібір бір күні омақастырады. Ойлан, — деді Тұрар. — Ал енді үйіңе қайт. Бізбен бірге болсаң, өлмейсің. Әкеңді де құдай алмайды. Айбар болмаса, аштан қырылатын ба едіңдер? Біз сені жамандыққа қимаймыз. Осыны түсін.
Серік алғысын қайтып айтарын білмей, аузы ыржиып, басын изей берді. Аш бидайдай бетіндегі күлкі ізі қолдан жапсырып қойған тыртық сияқты. Серік шын қорқыныш пен шын риза сезімді басынан бірінші рет бүгін өткерді.
Тұрардың есіне күндіз соқыр балшының көк қағазындағы жазу түсті. «Шайқас» деген бар еді. Мүмкін, шайқас осы шығар. Атамырза маған бәле ойлап, қиянат жасамақ болды. Әйтеуір, абырой болғанда, өзі масқараланды. Ал оның арам ойы іске асқанда ше? Мен ұрлаған жоқпын деп қалай дәлелдер едім? Дәл басып, қолымнан ұстап алмаса да Иван Владимирович пен Әліпбек ағайдың көңілінде күдік қалар еді. Сұмдық-ай».
Тұрар шайқастың мәнін енді-енді түсіне бастағандай еді. Шайқас — тек жұдырықтасып төбелесу емес, ұрмай жаралайтын зымиян соққы да болады екен. Осының бәрі күрес екен. Ал, «бүкіл өмірдің бәрі шайқас болатыны қалай?».
* * *
Жазға салым терезе алдындағы ақ теректердің ашаң жасыл жапырақтары күннен күнге жайылып, сырғалары салбырай бастады. Күзде жан тәсілім еткен сары жапырақтар қыс бойы жерде жатып, топыраққа сіңіп, жер астындағы тамыр арқылы ағаш басына қайтадан өрмелеп шығып, анасынан қайта туып, өліп-өшу деген ұғымды тәрк етіп, мәңгілік өмірдің жырын сыбырлай бастаған шақ.
Дүниеде ешнәрсе ізсіз-түзсіз кетпек емес деседі философтар. Таудың бөктерлері жасыл тақия кигендей жаңарып шыға келді. Желкілдеп шыққан жасыл шөп ықылым замандарда өліп-өшкендердің шашы деседі. Сол шөпті мал жейді. Адам малдың сүтін ішеді, етін жейді. Айналып келгенде, көп заман бұрын қураған сүйек топыраққа айналса, одан шөп өсіп, оны мал жеп, оны адам жеп, қазіргі тірі жүргені сол бір кездегі өлгендердің арқасы сияқты да.
Ақтеректің ашаң жасыл жапырағына қарап, ойланып отырған Тұрар сыныпқа бөтен адамның кіріп келгенін кейін аңғарды. Сыныптағы шәкірттер орындарынан үдере тұра келгенін соңынан байқап, өзі де ұшып тұрды.
Сұлу мұртты, бойы тіп-тік әскери кісі Иван Владимировичпен күңкілдесіп біраз сөйлескен соң, мұғалім балаларға:
— Көне, жаңа диктант жазған дәптерлеріңді парталарыңа жайып қойыңдар, — деді.
Келген мейман екі қолын артына ұстап, бір-бір басып, парталарды жағалап жүріп, шәкірттердің дәптерлеріне үңілді. Атамырзаның тұсына келгенде, оның дәптерінің, тысына қарап:
— А, сен Айбар мырзаның баласысың ба? — деді.
— Иә, иә, — деді Атамырза тым асығыс. Мына жолдастарының көзінше мәртебелі мейман өзіне бөлекше назар аударғанына риза.
Мейман Атамырзаның дәптерін қолына ұстап, басқалардікінен гөрі, көбірек шұқшиды. Өзінен бір елі қалмай ілесіп келе жатқан Иван Владимировичке бұрылып қарап, басын шайқады. Мұғалім оны құптағандай көзін жұмып, басын изеді.
Бұл келген Мерке участогінің тергеушісі Семашко мырза еді. Мерке сынды түкпірдегі участокте сауатты адам саусақпен санарлық. Ал прокурордың жұмысы жылдан жылға көбейіп келеді. Қылмыстылар көбейген сайын іс те көбейеді. Ол істі жүргізуге көмекші керек. Сауатты көмекші керек. Меркеде ондай адам теберікке табылмайды. Әрине, Айбар сияқты атақты адамның баласы бұл жұмысқа лайықты-ақ болар еді. Бірақ Айбар мырзаның ұрпағы әрі сауатсыз, әрі айбақ-сайбақ, сойдақтатып жазады екен. Тергеуші оның жазуындағы быжынаған қателерді қызыл қаламмен шимайлайын деп тұрды да ол райынан тез қайтты. Қанша дегенмен Меркедегі сыйлы кісілердің бірінің тұқымы ғой, тиіспейін деді.
Осы тәуір-ау деген бір-екі дәптерді иелеріне қайтармай, қолына ұстаған күйі, парталарды жағалай берді. Шәкірттер қыл көпірдің үстінде тұрғандай демдері тынып қалған. Мұндай мәртебелі адам сыныпқа тәпе-тәннен кіріп келер деп ешкім ойламаған. Әйтпесе «Әкемнің өлерін білсем талқанға айырбастап жіберер едім» деп бір бейбақ айтқандай, мына балақайлар бұл диктантқа барын салар еді. Тергеуші тұтқиылдан келіп, тұяқ серпуге мұрша бермей, діңкелетіп тұрғаны... Тергеуші тексерерін білсе, көк жалқау Атамырзаға дейін сабаққа деген діні өзгерер еді... амал нешік, тосыннан келген зауал болды бұл.
Семашко мырза жолай тағы бір дәптерді қолтығына қыстырды. Сыныптағы қос терезенің артқысының тұсына тақала бере әуелі Қабылбектің дәптеріне үңілді. Оны да алды. Оның қатарында жатқан қағазға қарап, едәуір тұрып қалды да, енді оның иесіне көз тастады. Басқалардың өздерінен гөрі дәптерлеріне көп көңіл бөлген тергеуші бұл жолы шәкірт балаға зейін тоқтатып, шамадағыдан ұзағырақ тұрып қалды. Тұрардың көңіліне күдік кіріп: «Мені іздеп жүр. Ұстамақшы», — деді. Бірақ сыр бермейін деп тым сіресіп қалғанын соңынан аңғарып, еркінірек болуға тырысты.
— Фамилия? — деді Семашко жәй ғана.
— Қырғызбаев, — деді Тұрар орнынан асығыс көтеріле беріп.
— Отыр, отыр. — Тергеуші Иван Владимировичқа бұрылды. — Басқа сабақтардан үлгерімі қалай?
— Өте жақсы. Иә, өте жақсы, — деп директор елеңдеңкіреп кетті.
Семашко Тұрардың тұлғасын: қоп-қою қара шашынан бастап, көнетоз ботинкалы аяғына дейін жеке-жеке талдап тұрғандай көрінді.
— Денсаулығы?
— Әбден шыныққан, — деп лезде жауап қатты директор. Бірақ қандай жағдайда шыныққанын салалап жатпады.
— Мектепке үйден қатынай ма? Интернаттан қатынай ма?
— Интернатта тұрады.
— Әлеуметтік тегі?
— Орта шаруалы киргиз. Аспара болысына қарасты төртінші ауылдан. — Тергеуші төртінші ауылдың қай тұста екенін есіне түсіргісі келгендей, терезеден әрі қарап сәл кідірді. Тұрардың көңіліне аш шиебөрідей сумаңдап неше алуан ойлар келді. Шыққан тегіме дейін, денсаулығыма дейін тәптіштеуіне қарағанда, түбі тегін емес. «Шынымды айтып жалынсам ба екен? Жоқ! Тіліңді тісте!» — деп өзіне өзі бұйырып, аспай-саспай ол да терезеге қарады. Жауқазын жасыл жапырақты ақ терек көңілге сабыр ұялатқандай болды.
— Бұл баланы кабинетіңізге алып жүріңіз. Оңаша сөйлесеміз, — деді де тергеуші ешкімге қарамай, есікке беттеді. Шығып бара жатып, артына бұрылып, ауыздарын ашып аңқиып қалған балаларға:
— Сау болыңыздар, — деді.
Үлкендердің соңынан ілескен Тұрарды балалар состиысып, үнсіз шығарып салды. Тұрардың ойында «Енді қайтып бұлармен бірге боламын ба, жоқ па?» — деген сұңғыла сұрақ тұрды. Бірнеше жыл болған, бір бұлақтан білім алған, бір қазаннан ас бөліскен, интернат деген шаңырақтың астында қилы-қилы күндерді бірге кешкен бауырларына бір бұрылып қарағысы келді. Ол тіпті қазір
Атамырзаның өзін де қимай бара жатты. Тергеуші құсап ол да: «Сау болыңдар», — дей жаздап, алдағы беймәлім болашақтың босағасынан аттай берді.
IV
— Сен енді маған әрі тілмаш, әрі писарь боласың, — деді Семашко мырза Тұрарға. Баланың жүрегі бүлк ете қалды. Жаманшылық күтіп еді, жақсылық шіркін жалт етіп елес берді. Бетіне қан бұрқ қайнап шыға келгенде, баланың қоңырқай жүзі алаулап, от шарпып бара жатқандай көрінді. Жеңілтек мінезді адам болса «алақай, алақай!» — деп дауысы оқыс шығып кетер еді, Тұрар мейлінше сабыр сақтап:
— Құп болады, мырза, — деді.
Заң деген кәрі қудың құшағына Тұрар ойда жоқта осылай енді де кетті.
* * *
— Тұрар, жүр кеттік, — деді Семашко есіктен кіре бере. Тұрар алдындағы қағаздарын жинастыра, орнынан тұра беріп:
— Сұрауға рұқсат етіңіз. Андрей Павлович, қайда барамыз? — деді.
— Тойға барамыз, Тұрар, тойға. Киргиздардың қызығын көреміз. Айбар мырзаның қызын Бектен мырзаның баласы алып жатыр. Аспарада үлкен той. Киргиздардың тойы қызық болады ғой. Экзотика. Ат жарыс, тағы не деуші еді әлгі... — тергеуші мандайын ұстап ойланып қалды. — Әлгі ешкінің еркегіне таласатын ойын.
— Көкпар, — деді Тұрар күліп.
— Иә, көкпар. Өте қызық ойын.
Кеңсенің алдында сүліктей қара қос ат жегілген трашпеңке тосып тұр екен. Ат айдаушы Семашко мен Тұрарға картузын басынан алып сәлемдесті. Жолға шыққанда Семашко мырза Тұрарды қасынан қалдырмайды. Соған қарап ат айдаушы Тұрарды бала да болса сыйлауға әдеттенген.
Қос қара жегілген жеңіл трашпеңке былқ-былқ етіп, Меркенің көшесінен өткенде, жолдағы адамдар тұра қалып, үйдегі адамдар жүгіріп есіктің алдына шығып қарап қалар еді. Былқылдақ трашпеңкеде Семашко сынды мырзамен қатар отыру кімге де болса дәреже. Тұрардың орнында қазір, айталық, Атамырза болса, мұндай жағдайда шылымын күннің көзінен тұтатар еді. Ал Тұрар болса, осы отырысына ыңғайсызданады. Жаяу-жалпы халыққа опасыздық істегендей хал кешеді. Кейбіреулердің солай ойлайтыны да рас еді. Шәкірттерді былай қойғанда, Александра Сергеевнаның, өзі кейде күйме мініп кетіп бара жатқан Тұрарды көріп қалып:
— Қарай гөр, шікірейе қалуын, құйтақандай чиновник, — деп жақтырмай теріс айналатын. Сонда күйеуі:
— Эх, Сашенька, сен-ақ сол баланы түсінбей қойдың. Селтенбайың ол емес, одан, мен білсем, бірдеңе шығады. Ал заң мекемесінде қызмет істеп, сот жұмысын білуі оған әбден керек-ақ. Егер сен білсең ғой, оның Пушкинді, Лермонтовты, Гогольді, Чеховты, Горькийді қалай сүйіп оқитынын. Басқа балалар құсап жаттап алып, судыратып тақпақтап қана қоймайды, шығарманың қат-қат астарын да аңғарып, мән-мақсатын сұңғыла діттейді. Оның пианинода ойнағанын көрген жоқсың ғой сен. Бір күні сен үйде жоқта менен бір кітап алуға үйге келген екен. Біздің пианиноны көріп:
— Рұқсат па екен, Иван Владимирович — деді.
— Байқап көр, — дедім. «Маньчжурия қыраттарын» ойнағанда аузымды аштым да қалдым.
— Мұны қайда үйреніп жүрсің? — деп едім.
— Наташа деген қыздан, — деп күрсінді. Ол сенің сабақтарыңнан да үздік үлгеріп жүр ғой. Үлгермесе бір сәрі. Түсінбеймін, неге ұнатпайтыныңды. Рас, мінезі тіктеу, қызбалығы да бар. Бірақ ретсіз, себепсіз қызбаланбайды.
— Жә, жарайды. Тірі болсақ, көрерміз. Мектепті алтын медальмен бітіргендердің өзі кейде қызметте дарынсыз болып қалады. Ал орташа деген өмір сынында озып кетеді, — деп Александра Сергеевна илікпей қалды. — Сенің Киргизбаевың да әзір «вундеркинд» болғанмен, кейін жәй көптің бірі болып қалып жүрмесін.
* * *
Қос қара жеккен трашпеңке заулатып отырып, Меркенің шығыс жағындағы Аспара болысының кіндігі — Бектен болыс ауылына тартты. Май топырағы бұрқылдаған қара жолдың түстік жағы төбеден-төбеге өрмелеп, Аспара тауына ұласады. Терістікте жасыл майдан онан ары сарғыш белдер, одан да ары бұлдыр сағым. Қос қапталда есіріп өскен сиыр жоңышқа, құрақ қамыс. Көк мойын сарыала шымшықтар шырылдайды. Махаббат маусымына мас болған бөденелер бытпылдықтап тыным таппайды.
Көк майсаны теңіздей кешіп, әр-әр жерден асауларын ойқастатып салт аттылар болыс ауылына жолсызбен жортып барады. Бектен ауылы дәл қазір алып айдаһар сияқты: жан-жақтан аттылы, жаяуларды өзіне қарай лебімен тартып жатыр. Аспандағы ақ желең бұлттар да тойлы ауылға асыққандай, көк тәңірі теңізінің кеудесінде жүзген ақ желкенді кемелер салтанатпен лек-лек ауып келеді.
Қанның иісін жердің түкпірінен сезгіш қара қарталар да топ-тобымен ұшып барады. Иә, бұл тойда мал аз сойылмайды.
Адыр-адыр қырлардан, бұдыр-бұдыр белдерден түсіп, жоғарыдан ақ күндіктері шарадай-шарадай болып, мама бие мінген бәйбішелер де теңселіп келеді. Сірә, қырғыз құдағилар шығар.
Мұрнын тесіп, өгіз мінгендер де өңкеңдеп кетіп барады. Олар сірә, көкпар тартпас, бәйгеге ат қоспас. Ақ орда сынды үйлерге еңкеймей кіріп, төрге де шықпас. Кедейдің бір тойғаны — шала байығаны, мына ағыл-тегіл молшылықтын сорпа-суына бір тойсам деген үміт жетелеп келеді оларды.
Семашко мырза желпілдек, жеңіл мінез кісі емес. Той дегенде алып-ұшып, атқа жайдақ міне шабатын әдет мұнда жоқ. Бірақ бұл да пенде. Кеңсенің қағазбасты жұлын құрттай жұмысынан бір мезгіл бұл да қол үзіп тыныстағысы келеді. Әрі десе Бектен болыс тойына арнайы шақырды. Сыйлы болыстың меселін қайтармас болар. Жазға шығып, жаны жадырап, көңілі көтерілген тергеуші Тұрарды бүйірінен түртіп қалып:
— Енді сен де жігіт болдың. Үйлендіреміз-ау осы, — деп әзілге басты. — Қалай, көз салып жүрген қызың бар ма? Бектен сияқты той жасаймыз, ә? — деді.
Қалжың да болса, бұл жайында Тұрарға қойылған тұңғыш сұрақ еді. Он төртке жасы жаңа ілінген баланың қиялына қыз сиқыр әл-әзір қона да қоймас. Бірақ Тұрар қазір сыйлы иесінің тосын сауалынан сасып қалып, құлағына дейін күрең қошқылданып шыға келді. Ол жәй жымиып, басын шайқады.
Сол-сол екен, көкірегінде бір ызың тұрып алды. Әуелі мән берген жоқ. Әлгі ызың күн суықта үйге кіріп кетіп, енді қайтып шығуға жол таба алмай аласұрған арадай мазаны алды. Әлден уақыттан кейін барып Тұрар оның әуен екенін аңғарды.
Баппен желген сүлік қаралар тербелткен трашпеңкенін ырғағы ма, жоқ әлде көкпеңбек аспанда жарыса жүзген ақша бұлттар ма, немесе айнала масатыдай түрленген жасыл, қызыл желек пе — ненің әсері екені белгісіз. Тұрар әлгі әуенді ыңылдап салып отырғанын өзі де сезбей қалды.
— Оһо, сен бунтарь поляктың мелодиясын білесің бе? — деп Семашко таңдай қаққанда ғана, кеудеде шырылдап тұрған сиқырлы шымшық кенет ұша жөнелгендей, Тұрар әлгі ызыңнан айырылып абдырап қалды.
«Полонезді» баяғыда Наташа пианинода ойнаушы еді. Бірақ оның «Полонез» екенін, оны «бунтарь поляк» жазғанын Тұрар білген емес. Әйтеуір жүрегіне ұялап қалған. Музыка ызыңы жалтыраған қара пианиноны, оның ақықтай аппақ пернелерінде ойнаған қыздың жіп-жіңішке сүйрік саусақтарын, перуза аспан түстес көкшіл көздерін Тұрардың санасында қоса тірілтіп жібергендей. Қыздың жіңішке саусақтары баланың жүрегінің қылын шертіп, әуен содан шығып жатқандай.
— Бұл әуенді мұғалім ойнар еді, содан санамда жатталып қалыпты, — деді Тұрар Семашко мырзаға. — Бунтарь поляк деген кім? Оны білмеймін.
— Білмегенің өте жақсы. Ондай адамдардың шығармасын ғана сүйіп, өзін білмей-ақ қоюға болады. Дегенмен, сен болашақ заң қызметкері, ұлы империяның киргиздан шыққан талантты тіректерінің бірі боларсың деп ойлаймын. Сондықтан бәрін білгенің жөн. Бунтарь поляк — Огинский деген кісі. Патшаға қарсы Костюшко бастаған поляк көтерілісіне қатысқан. Әрекеті бүлік болғанмен, музыкасы ғажап, «Полонезді» мен де жақсы көремін.
«Сонда қалай? — деді Тұрар ішінен түйіліп. — Адамның жазған шығармасы жақсы, өзі жаман. Патшаға қарсы болғандығына бола жаман. Менің әкем де патшаға қарсы шықты. Демек, ол да жаман болғаны ма? Жоқ, тергеуші мырза, мұныңыз қате сияқты. Сіз «Полонезді» тыңдап, әуенді сүйіп отырасыз. Ал оның иесі сонда қалай есіңізге түспейді? Оны қалай жек көруге болады? Мен осы уақытқа дейін бұл музыканың иесі Наташа деп ойлаушы едім. Огинский. Поляк, бунтарь».
* * *
Мықанның бойы мамырлай қонған қаздардай, қатар-қатар тігілген кілең ақ үйлер. Ерсілі-қарсылы шаншыла шауып, табақ тартқан жігіттер. Маңғаздана будақ-будақ көтерілген көк түтін. Берекелі қазанның түтіні де жоқ. Ауыл жағалай қаңтарулы аттар. Ауыл сыртында тұсауымен секіріп жүрген аттар. Кимешектері шұбатылған бәйбішелер, шолпысы сылдырлаған келіншектер, үкілері желкілдеген бикештер.
Арқасын асқар тауға тіреген шалқақ ауыл. Уықтары шаңырақтарды емес, аспанның өзін тіреп тұрғандай, киіз үйлердің төбелері тәкаппарлана кекірейіп тұр. Жан-жағы жасыл масаты, зүмірет теңіз ортасына ақ арал орнай қалғандай екен.
Келген меймандарды күтіп алып, үйді-үйге бөліп, жөн сілтеп тұрған жігіттер қос қара жеккен трашпеңкенің егесі құрметті қонақ екенін көріп, Семашко мырзаны жапсарлас тігілген, сырты ақ шәйімен тысталған ақшаңқан үйге қарай алып жүрді.
Өгіз мініп, жаяу-жалпы келген кем-кетіктерді бұл маңға жолатпай, қызметші жігіттер:
— Аулақ, аулақ! — деп ауыл шетіндегі қараша үйлерге қарай айдап жатыр.
Семашко түскен үйдің ішінде құдай емес, құдайдан былай да емес, кілең ығай мен сығайлар отыр екен. Тергеушінің танығаны Мерке участогінің приставы Сокольский мырза, бас құда Айбар мырза. Шалдуар болысы Шабдан мырза, Қорағаты болысы Қарабек мырза...
Бектен болыстың өзі орнынан тұрып, тергеушіні приставтың жанына қолтықтап апарып отырғызды. Қасына ерген қара баланы елемеген болып, назар салмай, ту сыртын беріп босаға жақта қал дегендей нышан білдіріп еді... Ол ишарасын түсіне қойған Тұрар табалдырықта тұрып қалған. Бірақ Семашко мырза әдейі дауыстап: — Тұрар, кел мұнда, — деп өз қасына шақырды. Болыс кенет түсін жылытып: — Кел, кел, — деп жалпаңдай қалды. Тай тегенеде уыз қымыз сапырулы. Семашко келгенде үзілген тамаша қайта жалғасты. Қырғыздан келген Солты ыршы ұшатын бүркіттей жүресінен қомдана түсіп, екіленіп «Манасқа» қайта басқан кезі екен. Ыршыны басынан тыңдап отырған пристав, Семашкоға:
— Буруттардың эпосы. Манас батыр жырын айтып отыр. Көкетай деген біреудің асы жайында қазіргі айтып отырғаны, — деп түсіндірді.
— Тұрар, сен маған аударып отыр, — деді тергеуші енді приставты мазаламай-ақ қояйын деген ниетпен.
Ыршы Солты екі көзін шарт жұмып, добалдай екі қолымен бүйірін таянып, бұл биік үйде биік дәрежелі адамдар отырғанын ұмытқандай, жан баласын елемей, баяғы ерлер заманының елесіне бар ынты-шынтысымен, беріле, қырылдақтау үні қышқыра, ышқына шығып, Көкетай асының хикаясын төпей берді.
— ... Кәуірдің ханы Жаңбыршы
Бүгінше тарту жедім деп
Бір қомпиып қалды дейді.
Ертегі күні болғанда
Жезден бұйда тақтырып
Қалыдан кілем жаптырып,
Тұмсығы бар астаудай
Мұсылман, кәуір алдына
Екі өркеші кісідей
Қараша қаймал, ту інген
Әкеліп бір сайды дейді
Дәмесі бар әйелге
Жалаңаш келіп аясын деп,
Шақырып ұран салды дейді
Көп ішінен бір қатын
Жалаңаштанып шықты дейді,
Ораңқы деген аты бар,
Орақа құла биесі бар
Енеден тума болдым деп,
Жалаңаштанып келді дейді.
Бөгелместен түйені,
Тісімен шешіп алды дейді.
— Вот, отчаянная баба! — деді Тұрардың тәржімасынан кейін тергеуші өзін тежей күліп. Ал пристав шыдай алмай дауысы барқыраңқырап:
— Чертова баба! — деп қалды.
Ыршы Солты оларды ілтифатқа алмай, дауысын жорта ащы шығарып, екпіндеп кетті.
— Қаймалы қара інгенді
Жетелеген қалпымен
Мұсылман мен кәуірдің
Ортасынан қақ жарып
Алшаң басып жүрді дейді.
Сонда мұсылман мен кәуірін
Келеке қылып қатынды
Қарқ-қарқ күлді дейді,
Сонда тұрып Ер Манас,
Еңсегей бойлы Ер Манас
Турасынан кірді дейді.
Қатынға келіп айтты дейді: —
Алда Ораңқы, оңбай қал!
Сен, Ораңқы, қатын болмай қал!
Сенің өңірің толы пұлың бар, долы-ай!
Өрісің толған малың бар, долы-ай!
Сен малдан өліп кеттің бе, долы-ай?!
Пұлдан өліп кеттің бе, долы-ай?!
Сенің бәтеңнің ішіне қарасам
Үш Меркенің жылғасындай,
Бөбешігіңе қарасам, долы-ай!
Асып қойған тұлғадай, долы-ай!
Сонда қатын Манасқа жауап береді, — деп Солты ыршы көзін ашып алып, алдында тұрған сырлы тостағанға қол созып, қымыздан бір жұтып қойды. Тұрар тергеушіге «бәтеңнің» деген сөзді аудара алмай іркіліп, сәлден соң «детеродный член» деп жеткізді. Семашко оның бұл тапқырлығына риза болды.
— Сонда қатын Манасқа жауап береді, — деп ыршы қымызға малынған түрпі мұртын алақанымен сүртті.
— Алда, Манас, не дейсің!
Білда, Манас не дейсің?
Сонда бәтесін шапалақтап,
Қатын-екең айтады:
— Ағыс пенен Қожасым,
Сені тапқан бұ бәтем,
Қосай менен Төстігім,
Сені де тапқан бұ бәтем.
Көкше менен Едіге
Сені де тапқан бұ бәтем,
Менің бұ бәтем болмаса
Қайдан шықтың, ерлерім?
Өңір толған пұлым бар,
Өріс толған малым бар,
Тәуба шүкір құдайға
Өлмегендей мүлкім бар.
Мен қарауыма келгенмін
Мен қайратыма қонғанмын.
Еркекте намыс болғанда
Ұрғашыда намыс жоқ па екен, Манас?!
— Ой, пәле-ай! — деп сыйлы меймандардың біреуі дауыстап жіберді.
— Рас-ақ қой, сорлынікі!
— Тауып кеткен екен, жәді.
— О, заманның адамдары сөзге жығылған ғой.
— Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады.
— Мырзалар, менде бір ұсыныс бар, — деді пристав тыныштық тілеп. — Құрметті ыршы шаршаған шығар. Талмай тыңдағанымызға үш-төрт сағат болды. Әлі үш-төрт күнге созылатын түрі бар. Ыршы да тыныстасын, біз де бой жазайық. Қызық көрейік. Мысалы, сол Манас заманының қызығын қазір неге қайталамасқа? А? Қалай, ыршы Солты?
— Абден болод, мырза, ықтияр сізде, — деп ыршы қайтадан қымызға қол созды. Содан соң Айбар мырза мен Бектен болысқа кезек-кезек қарап алды: — Оуо, мырзалар! «Алысты жақын қылатын — қыз». Қыз беріп, қыз алып, ұлан той өткеріп жатасыңдар. Құтманду болсун тойыңыз. Биздики сиздиң майрам көнулду болсун деген тилек, туғандар.
Пристав қоразданып жан-жағына қарады. Қарны жуан қадірменділер ұлықтың не ұсынарын аңдамаса да, бастарын шұлғи бастады.
— Бізге қызық керек, түсінесіздер ме, қызық. Қымыз бен етке бөгіп болдық, — деді пристав.
— Осы ұлықтарға баяғы Сыпатайдың асындағы сияқты таздардың сүзісін көрсетсек қайтеді? — деп қалды аңқау біреу. Оны көршісі бүйірінен нұқып жіберіп, құлағына сыбырлады:
— Бектен мырзаны шығарайын деп пе ең сүзіске?
Анау жым болды. Бектен болыстың тақиясы басынан бір елі түспейтіні есіне сап ете қалды.
— Жоқ, мырзалар, сендер түсінбей отырсыңдар. Осы отырған игі қауым бір түйе таба алады ғой. Бәйгеге түйе тігілсе, соны жалаңаш әйел барып, тісімен шешіп алса, қалай, а? — деп пристав тұқшиыңқырап қалған би-болыстарға нықыра сөйледі.
— Болады ғой, мырза. Бірақ басқа бәйгелер бар. Ат жарыс, жамбы ату, аударыспақ, күрес, көкпар... — деп Бектен сыпайылап еді. Айбар құдасы орнынан қопаң-қопаң қозғалып:
— Сокольский мырза дұрыс айтады. Түйені мен тігем. Кәне, хабаршы жар салсын. Талапкер қатын табыла ма екен? — деп омыраулап шыға келді.
— Айеке, той менің ауылымда өтіп жатыр. Бір ойсылқараны мен де таба аламын, — деп Бектен де намысқа тырысты.
Осылайша кеу-кеу, гу-гу, ырду-дырду әңгімемен биік үйдің қонақтары ауырлап қалған орындарынан ырғала-ырғала түрегеліп, балпаң-балпаң далаға шыға бастады.
* * *
Мықанның төменгі жағында, жар басында жарбиып отырған Маңырақ ауылын ешкім арнап тойға шақырған жоқ. Мықанның осы бір тұсы биік қабақ болып кетеді. Жазда, күзде мамырлап жай аққанымен, жылда көктемде, су тасығанда, жараған бурадай қаршылдаған өзен жарлапты сүзгілеп, мүжи береді, мүжи береді. Шеткі тоқал тамдардың бір-екеуін ана жылы жармен бірге жапырып та кеткен.
Асау су алтынкүрек ескенде бір-екі күн арсылдайды да, лезде сабасына түсіп, жаралы жарқабақ жалаңаштанып, ырсиып-ырсиып қалады. Кеберсіген қияға біраз күннен соң қайтадан сән кіріп, жан кіріп, түк көрмегендей болады. Жардың беті жыбырлаған шұрқ тесікке айналады: құрқылтай дейтін құс қияға ұя салады.
Қанаты бар құс біткеннің ішінде жер басып жүруге жаралмағаны осы құрқылтай жарықтық. Аяқ оған жарға жабысуға ғана керек, тегіс жермен жүре алмайды. Тіршілігінің көбі көзге ілінбес зау биікте. Топ-топ болып шиқылдап жүрген құрқылтайды көп адам сезбейді де. Оған тамақ та аспаннан бұйырған. Шыбын-шіркейді әуеден қармап, соны қанағат тұтады.
Маңырақ ауылының да тырбың тіршілігі осы құрқылтайдың күнкөрісі сияқты еді. Екінші Николай патшаның премьер-министрі Столыпиннің аграрлық реформасынан кейін ішкі Ресейден келген переселендерге пристав Маңырақтың бұлақ бойындағы бұрынғы қонысын тартып әперді де, азын-аулақ мал ұстап, жоңышқа, жүгері егіп күн көрген ауыл Мықан бойындағы су шықпайтын қырқа жар басына ысырылды.
Бұл өзі іргелі Ботбай руының ішіндегі аз ата еді. Бұрынғылар айтады, Бәйдібек батыр қайтқанда оның жесірі Домалақ Ана жарықтық қайнысы Байтуға:
— Әмеңгерім сенсің, мені ал, — дейді. Байту момындау екен, көнбей қойыпты. Сонда Домалақ Ана айтты дейді:
— Е, жазған, мені алғанда ұрпағың күннің шығысы мен батысын жайлайтын еді, қайтейін. Ендеше, күзге жетсең жүзге жетпессің, — деп.
Әулие ана солай айтты ма, жоқ па, өз құлағымен кім естіп тұрған дейсің. Бірақ Байтудың, ұрпағы аз болып қалғаны рас. Содан қалған аз ата осы Маңырақ. Бәйдібек батырдан тараған Ботбайдың ішінде отырады. Сол аздығынан шығар, переселендерге жер беру туралы үкім шыққанда, алдымен қонысынан айырылған да осы Маңырақ болды. Оның бұрынғы шұрайлы қонысы енді Кузьминка деп аталады. Переселендерге Маңырақ жұрты алғашында екі-үш танаптан тең бөлінгенмен біраз жылдан кейін олардың да арасынан жалмауыт шортандар шығып, көлігі, құралы жоқ майда шабақтарын жұтып жіберді. Аз шортанға көп шабақ батырақ малай болып қала берді.
Бірақ жерінен айрылған сорлы Маңырақ үшін «сары орыстың — бәрі орыс» еді.
Сол Маңырақтың бірі — Тайлақ дегеннің жаман тамы ауылдың ең шетінде, жардың дәл ернеуінде қалып тұрған. Биылғы көктемнен шықпа жаным шықпа деп әрең құтылды да, ендігі су тасқында сау қалмайтынына көзі жетіп, күн жылыда жарқабақтан әрірек жылжып, басына пана тұрғызып алудың әрекетінде еді. Күн жылт еткеннен Тайлақ шиеттей бала-шағасымен жабылып, шелекпен су тасып, балшық илеп, қыш құйды. Балшық илеуге жалғыз сиырын салайын деп еді, абысындары Тайтақай атап кеткен қатыны Талбүбінің талқаны шықты:
— О, сорлы, мына жамырап отырған жалмауыздарыңның таңдайы аққа енді тиейін дегенде жалғыз сиырға бұзау тастатпақ екенсің, ә! Балшыққа ала сиырды салғанша, мына мені сал, — Құлағы ауыр адамға тән әдетпен айқайлай сөйлеп, жуа-жуа, жамай-жамай ала-құла болып кеткен көйлегінің етегін ышқырына қыстырып алып, жалаңаяқтанып, топан араластырған лайға күмп беріп түсті де кетті.
Пісуі жетпесе лай жарықтық ылжырап, қыш құюға келмейді. Суға енесі түскен үйректің балапандары құсап, шеше соңынан лайға Тайлақтың балалары да қойып-қойып кетті.
Талбүбі — жалғанда күшті әйел еді. Ірі мал омбылап қалатын қалың батпақты қара санына дейін батып тұрып илегенде борша-борша болды.
Жоғары ауылда той болатыны бұларға да мәлім еді. Қазақ той дегенде қу бас домалар деп шақырылмаса да бара береді. Той иелері қалай ма, қаламай ма — онда шаруасы шамалы. Оларды ешкім көкірегінен итермес. Бірақ игі жақсылардың кебісі жатқан жерге де жақындай алмас.
Талбүбі болыстың тойына барамын деп бой бермеді. Байы айтты: бармайсың деді. Той сенің неңді алған, одан да төменнен барып қамыс орып келейік деді. Ақыры жанжалмен, бірін-бірі тілдесумен тынды. Тайлақ ала сиырды жетектеп қамысқа кетті. Талбүбі мұрынбоқ бір баласын жетектеп, жоғары ауылға жөнелді. Бойжетіңкіреп қалған қызы «мен де барамын» деп қыңқылдап еді, «тәйт» деп тастады. Менің қайыршылығымды көрмей-ақ қой, мен желіккеннен бара жатыр деймісің сорлы. Тойдан қалған-құтқан қамыр, сорпа-су болса, ала келемін, отыр үйде, — деп қалдырып кетті. Былай шыға бере тағы айқайлады: — Барғызбасың, барғызбас, Күләй! — деді.
Есті қыз сонда бойындағы тұлдыры — қызылала көйлекті қолымен сипалап еді, жамауы көп екен...
* * *
Жабағы жүні түсіп, түлеген сары інген жетектеген салт атты той жағалап жар салып, көгалды өзен жағасына барып тоқтады. Сары інгеннің бұйдасын сәмбі талға шиелеп байлап болып, тағы айқайлады:
— Анадан жаңа туғандай жалаңаш келіп тісімен шешіп алған әйелдікі мына інген!
Бұрын-сонды мұндай бәйгені естімеген жұрт ауылдың қақ мандай алдындағы өзен бойына қарай ағыла бастады. Тіпті қаз-қатар қазылған жерошақ басындағылар да қазандарын тастай салып, ел құлағы естімеген қызыққа қарай ұмтылды. Жалбыз арасына сүйретіп апарып сүйек кеміріп жатқан иттер анталаған адамдардан сескеніп, жемтіктерін тастай қашты. Жалбыз жапырылып, көкмайса тапталып, езілген дермене шөптің исі аңқиды. Біреулер сойылған малдың қарнынан ақтарылған қан-жынға тайып жығылып жатыр.
Халық қара-құрым болып жиылуын жиылғанмен, талапкер табылмай, бәйге ұйымдастырушылар тығырыққа тіреліп қалғандай кез. Екі өркеші майдан дір-дір еткен жардай сары інген кімнің де болса құлқынын қытықтайды. Бірақ әбиірін ашып, аймандай масқараға ашық шығуға ешкім бата алмайды. Өзі бастаған жұмыстың жігі қашып тұрғанына ренжіп, пристав тұнжырады. Бектенге салса, осы машақаттың керегі жоқ-ақ. Бірақ бас құдасы Айбар мырзаны да желік қысқан екен, елеріп алыпты.
— Әй, айт мына жұртқа! Жарамды бір ұрғашы шықпағаны ма бұл елден! — деп жаршыны қыстады.
Жаршы тағы да қақсап, тілі мен жағын безеп бақты.
— Әй, сен шық, сен шық, — деп жас келіншектер, әзілдесіп бірін-бірі итермелейді.
— Қараң қалсын, төбемнен төмен қарай алтын құйса да бармаймын! Өзің шық, өлігіңді көрейін!
— Дүйім халық тұрмақ, менің тыр жалаңаш тәнімді өз күйеуім де көрген емес, о несі!
— Сұмдық-ай! Мұны ойлап тапқан қайсысы?
— Байлық не істетпейді, бар не дегізбейді, жоқ не жегізбейді, есірді ғой... Ендігі ермегіне осы қалыпты, — десіп күбір-күбір, сыбыр-сыбыр гуледі.
Тергеуші мен Тұрар приставқа таяу тұрған.
— Адамды қорлап не керек? — деп қалды Тұрар пристав естімесін деп жай ғана.
— Оның рас. — деді Семашко теріс айналып. — Эпостың жайы бір басқа. Әр заманның өзінің салты бар.
Үлкен қызықтан дәмеленіп келген жұрт, енді әлдекім алдағандай көңілі қалып, алды тарай бастап еді, біреу ащы дауыспен айқай салып:
— Уа, Бектен, еркек шықса, мына мен шықсам, бересің бе түйеңді? — деп саңқ-санқ етті.
Таяғымен алдын көлбеп, басы қалтандаңқырап ортаға қарай бір шал шықты. Тұрар оның баяғы базардағы Жапарқұл дуана екенін тани кетті.
— Жоқ болмайды! — деп жекірді пристав. — Қайт кейін. Тек қана әйел шықсын!
Соқыр дуананы қызметші жігіттер итермелеп, көптің арасына қайтадан сүңгітіп жіберді.
Бір уақытта қалың топтың бір шеті қасқыр тиген қойдай дүрлігіп, шайқалып кетті.
— Ойбай, масқара, әне, әне! Шығатын болды!
— Жол бер! Жол бер! — десіп қалды.
Қалынды қақ жарып, алпамсадай алқам-салқам ақсары, нұрлы жүзді, жүдеу киімді ұрғашы алаңқайға арсалаңдап шыға келді. Тайтақай! Жұрт ду ете қалды. Әлгіде тарап бара жатқандар қайтадан кері жүгірді. Арттағылар ештеңе көре алмай, алға қарай кимелеп, баж-бұж басталды.
Айнала аласапыран жұртты қанша елемеген болып, тәуекелге тастүйін бекінсе де, байғұс ұрғашы жамау-жамау сары ала, көйлегін басынан асыра шеше бергенде, ақсары өңі өрт тигендей лап етіп, қып-қызыл болып кетті. Көйлекті сыпырғанда алты баланы асыраған алып ананың қос емшегі арық тайлақтың жығылған өркешіндей салаң-салаң етті.
— Міне, қызық! — деп пристав алақанын шапаттады. Айбар мырза кеңк-кеңк күлгенде жуан қарны селкілдеді.
«Апыр-ай, Тайтақай ғой! Байғұсқа «қой!» деп айтар ешкім табылмағаны ма? Елдің есі шығып кеткені қалай?» — деп Тұрар қысылды. Әлдекім дәл өзін жалаңаштап жатқандай жаны алқымға келіп, шыдай алмай барады. — Мүмкін, бұл бейшараның есі ауысты ма екен?! Мұның несі қызық, несі күлкі! Көпе-көрнеу қорлау ғой бұл адам баласын! Ана жылы ауылына барғанымда есі дұрыс еді ғой!!
Бұл ойын дауыстап тұрып айтайын деп бір оқталды да, пристав пен Айбардың мәз болғанын, Бектеннің ешкінің құйрығындай шыжбыңдап тұрғанын, тергеуші мырзаның сазарып қалғанын аңғарып, біраз тосылды.
— Ойбай, мына масқарапаз кімнің қатыны?
— Әй, әлгі Маңырақ Тайлақтың Тайтақайы ғой, құдай ұрғыр.
— Көтек, дамбалын шеше бастады! Ойбу, сорлы-ай...
Осы бір у-шу, ию-қию дабыраны қоғадай жапырып, бір айқай саңқ ете қалды.
— Тоқтат! — деді әлгі адам Тайтақайға ұмтыла беріп. — Өле қалғыр, Тайтақай! Бұл не сұмдығың сорлы, елге күлкі, өсекке таң болып?!
Тайтақай баж етіп оның бетінен алды:
— Немене, намысың келе ме? Намысшыл болсаң, менің аш-жалаңаш отырған алты баламды асырап бер! А? Жалғыз атыңнан басқа түгің жоқ. — Маған неңді бересің, а? Жардай түйе жерде жатқан жоқ. Әбирімді бір ашып, бір түйе тапсам, түгім де кетпейді. Күлген ақымақ күле берсін!
Тайтақай басынан кір-кір орамалын алған жоқ. Оған әбиірін ашқаннан гөрі, басын ашқан өлім сияқты.
Тайтақайға тоқтау айтып, топты жарып жалғыз шыққан азамат Ақкөз екенін Тұрар ә дегенде-ақ аңғарып, суға батып тұншығып бара жатқан жерінен қолы бір бұтаға ілінгендей қуанып кетті. «Айналайын ағатай-ай, шын батыр екенсің ғой, асқардай азамат екенсің ғой», — дей берді.
— Мына бүлікші кім тағы? — деп пристав кенет қаһарланып, қасындағы урядникке:
— Тез қайтар! — деп бұйырды.
Қылышы салаңдаған қисық аяқ урядник Обров Ақкөзге жетіп барып, жағасынан ала түсіп, жұдырығын мұрнына тақап, көзі ақшаң-ақшаң етті.
— Қайт, оңбаған!
Шалғайын тістеген қанден ғұрлы көрмей, Ақкөз урядникті иығынан бүре ұстап шиіріп кеп жіберіп еді, приставтың алдына келіп тыраң ете құлады. Ақкөз приставқа енді өзі бетпе-бет келді:
— Ей, ұлық! Тоқтат мына сұмдықты. Адам баласы саған маймыл емес күлкі қылатын! Бектен мырза, құс қондырып, келін түсірген тойыңды масқарапазға айналдырайын деп пе едің? Айбар құдаңнан мен ақыл күтпеймін. Сенін есің бар емес пе еді?
Бұл жақта жанжал жалындап жатқанда, Тайтақай түйенің шиелеп байланған бұйдасын тісімен шеше алмай жанталасып бақты.
Жерге бір аунап түскен урядник ұйпа-тұйпасы шығып, шашы қобырап, шіңкілдеп, наганын қынабынан суырып алды.
— Тұтқында бұзықты! — деп бұйырды пристав.
Бір жақта жанжал, бір жақта жалаңаш әйелдің жанталасы. Жұрт бір өрттің тұтанғалы тұрғанын сезіп, үрпиіңкіресіп қалды.
— Осының өзін жалаңаштап, арқасына дүре салыңдар, мына халықтың көзінше! — деді пристав көмекке келген екі урядникке.
Үш урядниктің оқтаулы қаруларының ортасында қалған Ақкөз ызадан жарылып кете жаздады. Мұны оттың ортасында қалдырып, Тайтақай тілін алмай райдан қайтпай, тісімен бұйда жіпті шеше алмай құр сорлап ол тұр. Тісімен шешіп алмаса, түйе жоқ. Мұншама арсыздыққа адамның барғанына түйе екеш түйе шыдай алмай, бух! — деп пысқырып жібергенде Тайтақайдың үсті-басына түйенің аузынан көбікті жын шашырап кетті.
Үш урядникті Ақкөз үш жаққа итеріп тастап, бой бермей-ақ тұр еді, мас пристав өз наганын суырып алып, аспанға қарай тарс еткізді.
Жұрт шу ете қалды. Байлаулы інген «бух!» — деп тапырақтап қаша жөнелді. Сәмбі тал иілсе де сынбап еді, түйенің жібі үзіліп кетті.
Мылтық дауысы шыққан соң Ақкөз урядниктерді ары-бері лақтырғанын қойып, екі қолды солардың еркіне беріп, ендігі қаруы тіл мен жаққа басты.
— Ей, ұлық, ол бейшара қатынның ауылының жерін тартып алғаның аз ба? Қаңғыртып, қу тақыр жардың басына көшіріп тастағаның аз ба? Ендігі істеген қорлығың мынау. Ол байғұстың мұқтаждығын пайдаланып, өлімнен ұят қызыққа батқың келеді. Бүйте берсең бір күні өзің жалаңаштанасың. Оны ойладың ба? Дүние кезек деген. Көп асқанға — бір тосқын. Біліп қой сен де, Бектен! Сен де Айбар!
— Дүре салыңдар итке! — деп ақырды пристав.
Урядниктер Ақкөздің қолын артына қайырып байлап, желкесінен тұқырта басып шөкелетіп отырғызды да, көйлегін басына қарай сыпырып жіберіп, қамшымен осып-осып жібергенде ақ тәнге қызыл-қызыл жолақтар айқыш-айқұш түсе бастады.
Халық күңіреніп кетті.
— Ойбай. бұл Ақкөз ғой. Арысымызды дүреге жыққызып қойып қарап тұрамыз ба?
— «Тек жүрсең — тоқ жүресің» деген. Ұлыққа ұрынып несі бар?
— Оның тәніне тиген таяқ, біздің Ботбай, Қоралас тәніне түскен таңба!
Осы кезде әлгі Тайтақай сорлы аптығып алқын-жұлқын жүгіріп келіп, Ақкөздің қан-жоса болған арқасын алпамсадай денесімен бүркеп жата кетті.
Урядниктер не істерге білмей аңтарылып қалып еді, пристав:
— Ол қаншықты да соғыңдар! Қарашы, дамбалын шешпей, шартты бұзып, бізді алдамақ болғанын. Соғыңдар!
— Андрей Павлович, ара түсіңізші, құдай үшін, — деді Тұрар көзінен жасы ыршып кетіп, шыдай алмай.
— Сокольский мырза, тым алыс кеттіңіз. Тоқтатыңыз! — деді тергеуші сазарып тұрып.
— Араласпаңыз, тергеуші мырза. Бұл соттың ісі емес. Бұзықтарды тәубасына келтіру менің ісім, — деп пристав айылын жимады.
— Мырза, қателесесіз, қызмет бабыңыздың правосын асырып тұрсыз. Бұл қылмыс. Ал қылмыс атаулының бәрі соттың ісі, — деді тергеушінің жанындағы жас бала дауысы ызадан дірілдеп.
— Мынау қайдан шыққан күшік? — деп пристав түксие қалды. — Кәне, кәне фамилияң кім? Мен сені көрген сияқтымын. Иә, иә, мына тергеуші мырзаның кеңсесінде істейсің.
— Фамилиясы Қырғызбаев!
Дауыс шыққан жаққа Тұрар жалт қарап еді, Айбар әкесінің тасасына тығылыңқырап тұрған Атамырза екен.
— Мына күшікті мен сіздің кеңсеңізден енді көрмейтін болайын. Өйтпейді екенсіз, уезд начальнигіне мәлімдеуге мәжбүр боламын, Семашко мырза.
Сокольский енді бұларды назарына ілмей, дүре соққан жаққа бұрылды. Урядниктер Тайтақайды бір шетке сүйретіп тастап, Ақкөзді қайтадан қамшымен осқылап жатыр екен. Арқасы қып-қызыл етке айнала бастапты.
Адамдар аяусыз таптаған жасыл көктің жапырағы қанға боялды. Дәл көз алдында өз әкесін сойылға жығып жатқандай, Тұрардың жаны шыдамай, бір-ақ қарғып, урядниктің қолындағы қамшыға сілеусіндей қатып жармасып қалды. Бұл баяғы базарда теңіз шошқасына бал аштыратын пұшық урядник Обров еді. Құр едіреңдегені болмаса, ішкіш неменің қауқары шамалы екен. Балаға шамасы келіңкіремей, сасқанынан приставқа «мынау қалай?» дегендей қолын жайды. Қамшы тыйылып қалғанда Ақкөз қан жуған басын көтеріп еді, Тұрарға көзі түсті. Таныған сияқты, ақырын ғана езу тартты.
— Апыр-ай, бұл елде де еркек кіндік бар екен-ау? Айналып кетейін-ай, бұғанасы бекімеген бала едің, саған кесірім тиіп кетпесін. Шатаспай-ақ қой. Екі дүниеде де ризамын! Құдай тілеуіңді берсін, қарашығым!
Ә дегенде абыржып қалған урядниктер Тұрарды желкеден бүріп ұстап, шеттетіп әкетті.
— Тимеңіз оған! Ол біздің жолдасымыз! — деп топ ішінен Қабылбек пен Тұралы суырылып шықты.
— Қоя бер, әкеңді... өлеміз бе тегі! — деп қалыңның ішінен әлдекім ышқынды.
Халықтың толқи бастағанын сезіп, Бектен болыс шыж-быж болды. Тергеуші Семашко приставқа:
— Енді ойыннан өрт шығарайын демесеңіз, тоқтатыңыз. Жабыңыз сахнаны. Тәуір-ақ спектакль көрсеттіңіз, — деді.
Шалдуардың болысы Шабдан бұл жерге мейман болса да, ес білгендік танытып, приставқа:
— Осыны қойғанымыз жөн, мырза, — деді сыпайы ғана сөйлеп.
— Жарайды, қоя бер бұзықты, — деді пристав урядниктерге. Сонан соң Семашкоға бұрылып:
— Сіздің ана күшігіңіз менің есімде болады, Семашко мырза. Қойныңызға тығып жылытып жүргеніңіз жыланның баласы болып жүрмесін. Тілі уға толғанда өзіңізді шағар. Сіздің кеңсеңізде жұмыс істеуге лайықты бала, міне! Қайдағы бір Киргизбаевты көмекші етіп қойғанша, текті мырза Айбардың баласын неге алмайсыз қарамағыңызға, — деді Атамырзаны меңзеп тұрып.
— Ау, халайық той болған соң, шеке қызбай тұрмайды. Жә бәрі ойын. Енді балуандар күресі бар, аламан бәйге бар. Аты алдымен келгенге он тайлақ сыйлық дайын. Кәне, той-тамашаға қараңыздар! — деп үкілі бөрік киіп, атқа мінген жаршы әлгі сұмдықты жуып-шаймақ болды.
Бірақ тойдан береке кетті. Қырсық шалып, қымыран ірігендей тұнжыр той қайтып қызыққа молыға қоймады.
* * *
Ақжал сарыға Ақкөз екі ұмтылып міне алмады. Иесінің бейтаныс мінезін ұнатпағандай есті жануар мойнын кәдімгідей қайырып, Ақкөзге бір қарап алып, ішін тартты. Иесі үзеңгіге аяғы жетпей лезде мүсәпір халге түсті. Оның қиналғанын байқап тұрған көзтаныс адамдар қымсынып бір-бір басып жақындай түсіп, қолтығынан алып жәрдемдеспек еді, Ақкөз:
— Ары тұр! — деп ақырып жіберді.
Әлгілер состиып кейін шегінді.
— Мен өлген адам. Қолыңның ұшын мен тіріде берсең еді, түге!
— Кеш, Ақкөз батыр. Шабан қимылдайтын қу әдетіміз ғой. Құдайшылығын айтсақ, сескендік бір жағы. Қу жан тәтті. Мылтығын тарсылдатады. Мен Досмайыл ғой, таныдың ба, батыр?
— А, қатпа қара Досмайыл сенбісің? Әй, жарқыным-ай, шымалдай халықтан бір адам мәу демеді-ау. Сол өтіп кетті. Әйтпесе сойыл түк емес. Жауқазындай бала ғана шырылдады-ау, айналайын-ай!
— Жауқазындай болса да жүрегінің түгі бар екен, — деп Досмайыл сүйініш білдірген болды.
— Жүрегінің сояудай түгі бар оның әкесі еді ғой, арыстаным-ай!
— Кімді айттың, батыр!
— А, арманда кеткен бір асыл. Тырнағына дейін асыл.
Ақкөз кирелеңдеп жүріп, ақжал сарыны ойпаңдау жерге тұрғызды да, тізгінді уыстай ұстап, үзеңгіге аяғын әрең артып, ерге ауырлап әрең қонды. Қолтығынан демемек болған Досмайылға:
— Тек! — деп тастады. — Маған жанасқанынды көрсе, соқыр пристав оңдырмас. Әркім өз басын қорғалаған қу заман! Ал бірақ, қашанғы ыға берер дейсің. Ыға берсе — жарға барып жығылар. Жарға жығылмас үшін жанталас болар.
Ақжал сарының шылбыры сүйретіліп барады екен, Ақкөз еңкейіп жиып алайын деп еді, бойы иілмеді. Досмайыл тобы оның қарсылығына қарамай, аттарына қонып, соңынан ерді. Ал Ақкөздің қанталаған көзінің алдынан әлгі арашашы бала кетпей қойды. * * *
Тайтақай урядниктің қамшысын шыбын шаққан ғұрлы көрген жоқ. Жон арқасында білеудей қызық сызық қалса да, ауырсына қоймады. Ол мұндай таяқтың талайын жеген. Оның жанын шиқылдата шайнаған әсте де урядниктің қамшысы емес.Тайтақайды қанжылатқан әм қалжыратқан мына тобырдың сұқ көздері еді. Біресе мазақтап, біресе мүсіркеп караған көздер оның жүрегін паршалап, қанжардай қадалып жатты. Тайтақай көп көздердің арасынан әрең сытылып шығып баласына ұстатып қойған көнетоз көйлегіне шапши ұмтылып, жұлып алғанда, нәресте қорқып шыр ете қалды.
Көйлекті жалмажан апыл-ғұпыл киіп жатып, қан жосалы жонарқасына кептеліп қалған кебіннің жеңіне қолын сұға алмай, ашу мен ыза қысқан дүлей күшпен шірей жұлқынғанда, шірік мата шыдас бермей, дар етіп айырылып, бір жеңі қолтығынан қақырап түсті.
Сол жерде Тайтақай киім атаулыны қарғады. — Осы сұм шүберекті, қу кебінді кім шығарды, қандай шұнақ шығарды, ойбай?! Осы кебін болмаса, адам деген албастының бәрі бірдей емес пе, ойбай?! Үш күн қу тіршілікте әбиірін шүберекпен жауып алып, далбасалайды, қараң қалғырлар. Бәріңнің кебінің — қара топырақ қараң қалғырлар. Көздерің шыққыр, неменеге қадала қалдыңдар?!
Тайтақай тап бергенде, қызық көрушілер үріккен қойдай жалт беріп, жапырылды — Байғұс, ақылы ауысқан ба? — деп күбірлесіп бара жатты.
Тайтақай ақылы аман, есі бүтін, кіші баласын қолынан қысып ұстап, Маңыраққа бет алды. Жол-жөнекей әлгі ойран осқылаған тойдың оқиғасы көз алдынан қат-қабат көшіп жатты. Шыжандай шытырман арасынан жарқ етіп қайсар бала елес берді.
— «Апыр-ау, былтыр біздің үйге келіп, Қырғызбай жездемнің ешкілерін айдап кеткен бала емес пе?» — деп дал болды. — «Сен де сондай болар ма екенсің?» — деп жанындағы кенжесінің басынан сипады. Жалаң аяғын шеттік тікен сойғылап, сирағы қанаған ботасын жерден көтеріп алып, қамшы тілген арқасына лақтыра салып, шеңгел ілген етегін ышқырына қыстырып қойып, құртқа қасқырдай қасарысып, бел асып бара жатты.
* * *
Қайтар жол көңілсіз. Тойдан емес, жаназадан қайтқандай Семашко мырза да, Тұрар да үнсіз. Жаздың ұзақ күні баяу батып бара жатқан. Күн ұясына қонған соң да аспанның қызылы көпке дейін қаза болмай, әуенің терістік беткейінің жалқын сары реңі таймай қойды. Терістік өңірде жатқан Маңырақ ауылының бүгінгі масқарапаз қатыны Тайтақай үміт етіп, өндіршегі үзілген сары інген қазір аспанда ұшып жүрген тәрізді. Сары інгеннің шудасындай ұлпа бұлттар мүлгіп қалған.
— Иә, Тұрар дос, іс қиынға айналды, — деп тіл қатты бір шамада Семашко. — Өте қиынға айналды. Енді саған Меркеде қалуға болмас. Приставты өзің білесің той. Ол біреудің соңына түссе сорлатпай қоймайды. Не істеу керек?
— Андрей Павлович, енді Меркеде мен өзім де қалмаймын. Оқу бітті, документ қолға тисе — кетемін. Сіздің қарамағыңызда көп нәрсеге көзім ашыла бастап еді, заң ісін едәуір біліп қалып едім, амал нешік... — деп күрсінді Тұрар.
— Бауырым, сен өте қиын адамсың. — Семашко қызыл іңірде баланың бетіне төне түсті — Түсінесің бе, өте қиын адамсың. Мысалы, мына мен патшаның чиновнигімін. Мемлекет сақшысымын. Ал әлгі жерде сен бүлікшіге бүйрегің бұрды. Мемлекет тұрғысынан келгенде, приставтікі жөн. Ол әлгі бунтарьды да, сені де жазалауға тиіс. Ал мен приставты жақтауға тиіспін. Бірақ сені оққа байлап жіберуге қолым көтерілмейді.
— Рақмет сізге, Андрей Павлович. Бірақ айтыңызшы, құдай үшін жаңағы мазақ әділет пе? Ол байғұс әйелді мен білемін. Өткен жылы атам бір шаруаға жұмсап, ол әйелдің ауылына барған едім. Түнек түбінде жатқан сорлылар. Әлгі түйені алғысы келгенде дүние қорлығы ұстады дейсіз бе? Жоқ Андрей Павлович, күнкөріс үшін. Әйтпесе ол онша арсыздыққа баратын ақымақ әйел емес. Ал әлгі сіз айтқан бунтарь болса, ол намысты қорғады. Сорлы кедей байлардың мазағы болмасын деді. Дұрыс қой. Әділдік қой. Ал мен әділдікті қорғағым келеді. Мазақ пен азап. Бетінде бір түйір ұяты бар адам ондай мазаққа қалай көнеді?
— Көнеді, бауырым, көнеді. Киргиз — оқымаған қараңғы халық. Оқығаны сен сияқты — мыңнан біреу. Ал қараңғы халық қашан да көнбіс. Бұл халық сауаты ашылып, цивилизацияға жету үшін әлі жүз жыл, жоқ, әлденеше жүз жыл керек. Сен әлі жассың. Әлі есесің. Кесір-кесепаттан аман болсаң — кеңсе чиновниктерінің бірі боласың. Сонда бұл райыңнан оп-оңай қайтасың. Біздің ояздың орынбасары Әзімхан мырза әлгі жерде сен сияқты шатаққа араласпайды. Ол ақымақ емес. Ояздың тілмашы Жаңкин, о да шатаспайды. Ол ақымақ емес.
— Сонда — ақымақ мен болдым ғой, Андрей Павлович? — Тұрардың ызалы көзі алагеуімде жалт-жұлт ете қалды.
— Жоқ, мен олай дегім келмейді, бауырым. Мен тек сен әлі баласың деймін. Өсесің — өмір өзі қақпайлап, өз дегеніне көндіреді әлі. Сондықтан құр босқа тыраштана берме демекпін. Түсіндің бе?
Жеңіл күйменің дөңгелегі қиыршық жолдың үстін қытырлатып келеді, қос қараның тағалары тасқа тиіп, қараңғыда от жарқ ете қалды.
— Ал енді мәселенің түйініне келсек, Меркеден тайып тұр. Сендей қабілетті көмекшіден айырылу маған оңай емес, әрине. Мен сені жақсы көремін. Саған киргиз екен деп қарамай, жақсы көріп кеттім. Мен саған ризамын. Менің халімді сен де түсін, бауырым, әлгі бір сойқаннан соң, сен менің кеңсемде жүруің қиын. Ол көп жағдайда маған да байланысты емес, түсінесің ғой.
— Түсінемін, Андрей Павлович. Менің сізге өкпем жоқ.
— Бірақ мен сені беталды қаңғыртып та жібергім келмейді. Пішпектегі ауылшаруашылық техникумының бастығы — менің танысым. Қаласаң, соған хат жазып берейін...
Мынандай жақсылыққа жалпаңдай жөнелмей, бала ойланып қалды. Күйме үстін үнсіздік жайлады. Жолдың сол жақ қапталынан, тау жақтан жылқылардың пысқырғаны; жылқышылардың саңқ-саңқ еткен дауыстары; аңғар алқымында отырған қойшы ауылдың иттерінің әупілі естіледі. Тау омырауына тығылған лағыл алқадай болып, жағалай оттар жылтылдайды. Ел орынға отырған шақ, қазан көтеріліп, жер ошаққа от жағылып, адамдар сол қара қазанға көз тігіп, қыбыр-жыбыр тіршіліктен тиылған сәт. Аспара басынан марғау көтерілген дөңгелек ай — құдай-тағаланың жалғыз көзі сияқты. Аздап шелденіп тұр. Мына жер бетіндегі итше ырылдасқан қу тіршілікті қатпар-қатпар, жықпыл-жықпылына дейін көруге сол шел кесір келтіретін де тәрізді. Әйтпесе, дәл қазір Тайтақайдың қазанында тек қана тас қайнап жатқанын құдекең көрер еді ғой. Қаптың түбі қағылып, жана астық пice қоймай, ауызға түсе қоймай, өзек талған осы бір тұста Тайтақай кедей қазанға су толтырып, ішіне малта тас салып, қайнатып отырған сияқты.
— Aпa, қарным ашты, — деп қыңқылдаған балаларына:
— Шыда, әлі піспей жатыр, — дейді Тайтақай.
Әйтеуір бірдеңе пісіп жатқанына көңілі алданған балақайлар күте-күте, әлден уақыттан кейін ұйықтап кететін сияқты.
— Солай, Тұрар, тойға барамыз деп ойға қалдық. Ойланып отырсың ғой. Ойлан, ойлан! Қаласаң, хат жазып беремін. Оқуға қабылданасың. Туғаным емессің, нағыз чиновниктің көзімен қарағанда, сен тіпті дүниеге адасып, әлдеқалай келіп қалған түземсің. Бірақ айттым ғой, сенің жөнің бөлек... Кім біледі, — Семашко мырза қиялданып қара күңгірт далаға қарап сөйлеп келеді. — Мүмкін сен өсе келе менің жауым болып шығуың да мүмкін, патшаға адал қызмет етерсің, ана Әзімхан, Жаңкин ағаларың сияқты. Оны тірі болсақ, уақыт көрсетер. Кәне, қалай?
Бұл сұрақ — соңғы сұрақ екенін тез ұққан Тұрар енді созбақтамай:
— Жарайды, Андрей Павлович, сізге алғысымды қалай айтып жеткізерімді білмей отырмын. Пішпек болса — Пішпек болсын, — деді.
— Жоқ, мен сені зорламаймын. Басқа жерге оқығың келсе — өзің біл. Бірақ...
— Иә, бірақ менің басқа барар жерім, басар тауым жоқ, Андрей Павлович. Рас, заң оқуына түссем бе деп едім, ондай оқу не Әулие-Атада, не Пішпекте, не Верныйда жоқ дедіңіз. Қазаққа ауылшаруашылық маманы да керек қой.
— Сенің қазақ деп отырғаның киргиз ғой, ауыл шаруашылық мамандығы киргиздарға емес, ең алдымен ұлы Ресей империясына, патша самодержавиесіне керек. Қарай гөр мұны: «қазақ, қазақ» дей қалуын!
Кенет Тұрар өзінің тағдыры — аумаған қазақтың тағдыры екенін осы сәтте түсінгендей болды. Апыр-ау, мұны Рысқұлов деп атауға болмайтыны сияқты, қазақты — қазақ бола тұра, қазақ емес — киргиз. Бұл не? Кездейсоқ ұқсастық па, жоқ заңдылық па?
«Жоқ!» — деп тістенді сонда Тұрар. Сонау бір жылы мұғалімдер оқуға түсетін балалардың тізімін алып, ауыл аралап келгенде атасы мұны «Қырғызбаев» деп жаздырып, содан бала бұзау бағып жүріп, кешке жақын Аспара шыңына қарап тұрып: «Мен Рысқұловпын!» — деп шыңғырып жібергені сияқты, дәл қазір де айқайлап жібергісі келді. Мына Семашко мырзаға: — Қазақ киргиз емес — қазақ! Мен Қырғызбаев емеспін, Рысқұловпын! — деп айтып салғысы келді — айта алмады. Амалсыз тілін тістеді. Аталы сөзді де айта білу лазым. Кімге, қалай, қай жерде айту керек екенін аңдау лазым.
Сол жолы бұғанасы қатпаған бозбала бір нәрсеге қатты түйіліп, тастай бекіді: ертең куәлік алғанда Қырғызбаев емес, Рысқұлов болып жазылады. Содан соң...
* * *
— Науқастанып тұрған жоқсың ба? Жүзін сынық қой, — деп состиып қалды директор Тұрарды көргенде. — Отыршы, өзің.
Тұрар директор үстелінің алдындағы орындыққа жайғаса беріп жақсы көретін ұстазынан жасырмай бар жағдайды жайып салды.
— Кешегі оқиғадан кейін маған тезірек Меркеден кетуге тура келіп тұр, Иван Владимирович. Мүмкін болса, салтанатты кешке қалдырмай-ақ маған куәлік берсеңіз...
Семашко мырза Пішпек техникумының бастығына хат жазып бермекші болды. Ендігі шаруа тек сізде...
— Да, Қызыл Жебе, мен сені түсінемін, — деп директор креслодан көтеріле беріп, тар кабинеттің ішінде әрі-бері жүре бастады. Бір қолын артына ұстап, бір қолымен бурыл самай шашын сипалап, ойға шомған сияқты. — Кешегі әрекетің үшін саған ұрсуға да болады, ұрыспауға да болады. Әрине, шын рев... жоқ, шын азамат жалғыз-жарым ештеңе өндіре алмайтын болған соң, сыр бермеуге тиіс. Жалғыз ағаш — орман емес. Оны әлі түсінесің. Жарайды, жасыма! Документіңді аласың. Пішпекте менің де достарым бар, далада қалмассың. Айтпақшы, документтерді толтыруға сен көмектессең қайтеді? Сенің жазуың жақсы той. Біздің мектебіміз тұнғыш рет балаларға куәлік бермекші. Ол куәлікті айбақтамай, әдемілеп, мәнерлеп толтырған жөн болар еді. Ал үздік оқушы ретінде бірінші нөмірлі куәлікті өзіңе толтыр. Жарай ма? Екеуміз куәліктерді бүгін толтырып бітсек, ертең балаларға салтанатты түрде тапсырамыз. Ол жиынға Меркенің әкімдері де келеді. Келістік қой? Онда ерте күнді кеш қылмай, іске кірісейік. Мына папкада балалардың тізімі бар. Қай пәннен қандай баға алғаны да жазулы. Мәселен былай. Алфавит бойынша, бірінші Айбаров Атамырза... — Oh, оңбаған. Бірінші бола қалуын қарашы. Ілініп әрең бітірді, кілең үштік. Мейлі, оған қалаған нөміріңді қой. Бірінші нөмірді өзіңе қалдыр. Кәне, жазып көрші...
Директор темір сейфтен су жаңа жалтырақ қағаздар алып шықты. Қалың жылтыр парақтың ең төрінде екі басты самұрық құстың суреті салынған герб белгісі тұр. Одан төменірек ірі әріптермен: «Куәлік» деп жазылыпты. Директор Тұрарға куәлікті қалай толтыру керек екенін түсіндіріп болды да, бір шаруамен кеңседен шығып кетті.
— Саған ешкім кесір болмас үшін, сыртыңнан құлыптап қоямын. Қарсы емессің бе? Ал мұқият бол, қате жіберме. Әрбір куәліктің бланкі есепте тұр. Біреуі бүлінсе, ең алдымен мен құримын. Саған сенемін, Тұрар... — деп кетті.
Тұрар Атамырзаның куәлігін толтырып болып, өз жазуына өзі ары-бері қарап, екінші бланкті ала бергенде астынан жазуы бар бір парақ қағаз шықты. Бұл Иван Владимировичтің қолы екенін Тұрар бірден таныды да, куәлік толтыруға байланысты емес пе екен деп оқи бастады.
«Санкт-Петербург. Мемлекеттік Думаның мүшесі, социал-демократ И. П. Павловскийге.
Құрметті Иван Петрович! Сізге Ресейдің бір қиырынан, Түркістан өлкесінен хат жазып отырған социал-демократ Иван Коваль. Біздің ұйым әлі әлсіз. Бірақ сіздер көмек етсеңіздер, істі жолға қоюға болады. Ол үшін Сізден мынаны өтінеміз. Бізге революциялық әдебиеттер керек. Мысалы, мына мағыналы кітапшалар, прокламациялар:
1) «С.Д. мен С.Р. деген не және көтеріліс»;
2) «Мемлекеттік Дума деген не, ол халыққа не береді?»;
3) «I және II Думалар неге жойылды. III Думаны сайлау туралы Заң неге шығарылды?»; 4) «Солдатқа адам бермеңдер, салық төлемеңдер»; 5) «Жер талап етіңдер»; 6) «Патша кімдерді дарға асып, кімдерді өлтіріп жатыр?» т. б. Сондай-ақ рев. өлеңдер, Марсельеза тексті, жауынгерлік және қаралы марштар.
Сіздің хатты біздің пошта ашып қояды екен деп қорықпаңыз. Онда өзіміздің адамдар бар. Тек сіздердегі пошта ашып жүрмесе болғаны. Хатты вагон жәшігіне салыңыз, немесе заказбен жіберіңіз. Осы хатымды алғаныңыз туралы Л. Н. Толстойдың суреті бар открытка салып белгі беріңіз. Ал кітапшалар жібергеніңіз туралы М. Горькийдін суреті бар открыткамен белгі берерсіз. Ал егер күдік туған жағдайда Нева проспекті суреті бар открыткамен білдіресіз. Менің адресім: Түркістан өлкесі, Сырдария губерниясы, Әулие-Ата уезі, Мерке селосы.
И. Коваль»
Тұрар ұрлық қылған адамдай, ыңғайсыз жағдайда қалды. Директор тапсырып кеткен жұмысты да ұмытып, әрі ұялып, әрі мынандай керемет жаңалық ашқанына аң-таң болып, мүлде басқа бір әлемнің үстіне топ ете түскендей аңтарылып қалды. Мына хаттағы мәндес: «Социал-демократ», «Мемлекеттік Дума», «Революция» деген сөздер Тұрардың құлағына ызыңдап, алыстан, Алматы түрмесінің камерасынан естілгендей болады. Иә, Александр Бронников айтар еді бұл сөздерді. Ол кезде бұл сөздердің мағынасы баланың санасына жете бермейтін. Бірақ шыңырауға ілуде сығалаған күн сәулесіндей сыр бар еді сиқырлы сөздерде. Бала соны сезетін.
«Біздің поштада өзіміздің адамдар бар дейді ә... Сонда кім болғаны? Айтпақшы, Қабылбек поштада істейді ғой. Әрі оқиды, әрі поштада жұмыс істейді. Сол болып жүрмесін?! Апыр-ай, сонда Иван Владимирович мұндай құпия жұмыстарды маған сенбей, Қабылбекке сеніп тапсырғаны ма? Бірақ менің істейтін жерім — мұндай астыртын жұмыстың орны емес қой».
Тұрар келесі куәлікті Қабылбек Сармолдаевтың атына нөмірі екінші деп толтырды. Бар ықыласын салып, оның аты-жөнін маржандай тізіп жазды. Қабылбек те үздік шәкірт еді, бағалары кілең бестік, бір-ақ төрті бар екен. Оның өзі мұсылманша оқудан.
Келесі куәлікті Тұрар өзіне толтырды. Бұл сәт оның өміріндегі ең бір шешуші кезең еді. Қылмыс екенін біле тұра тас жұтып, тәуекелге бел байламақ. Алдына таза куәлікті қойып, өзімен өзі арпалысып көп отырды. Фамилиясын өзгертіп жазғаны — заңға сыйымсыз. Иван Владимировичке кесірі тиіп кетуі мүмкін. Әлгінде қатты ескертіп кетті ғой; бір бланк бүлінсе — мен құримын деп. Сонда қалай Қырғызбаев болып кете бара ма? Туған әкеден жетесіз ұл безеді. Арада неше жыл өтсе де, өкім атаулы оның әкесінің атынан өлген бураның басынан үріккен атандай естері кетіп, көздері ежірейе қалалы. Соған бола әкесінің атынан айырыла ма? Кеше кеште Бектен тойынан қайтқандағы ант қайда? Әлде Иван Владимировичке айтып, рұқсат сұрау керек пе? Ол көнбей қойса ше? Өйткені оны да қадағалап отырған инспектор бар. «Рысқұлов деген қайдан шыққан оқушы? Ондай шәкірт жоқ еді ғой, Андреев мырза?» — деп қадалса, ұстазы не күйде қалмақшы. Бірақ бала дәл қазір тәуекел демесе, өмір-бақи бөтен фамилиямен кететініне көзі жетті де: не өлгенім, не тірілгенім, деп куәлікке қара тушпен «Р» деген әріпті басып кеп қалды. Жазарын жазып алып, маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті. Қолындағы қаламұшты қағаз бетінен тартып алып, өзі таңбалаған «Р» әрпіне үрейлене қарап, меңіреу адамдай сілейді де отырды. Кірпік қақпай қалған баланың көз алдында әлгі «Р» бірте-бірте ұлғайып, жан біткендей қимылдап бара жатты. Аспара шыңының басында Қызыл Жебе мінген Рысқұл тағы бір рет жалт етіп көрінді де «Р» әрпі қайтадан бұрынғы қалпына келді.
Енді шегінерге жер қалмады. Өткелден шегінетін көпірді Тұрар өзі өртеп жіберді. Енді куәлік бәрібір бүлінді. Тушпен түскен «Р»-ды өшіре алмайсың. Сонда бала «Рысқұлов Тұрар» деген сөздерді бадырайтып тұрып ірілеу жазып болды да, өз денесіне құдірет басқа бас орнатып, кеудесіне басқа жүрек салып бергендей, сірә түк те болмағандай салмақтана қалды. Әлгі бір уайым, әбігер хал атымен жоқ. Енді бұл ешкімнен қорықпайтын сияқты. Қайта еңсесін ылғи басып тұратын, ылғи жаншып жүретін зіл қаратас арқасынан домалап түскендей «уһ!» — деп жалын ата бір дем алды да, рахат әлемінің құшағына кіргендей, сейдін көңілі көтеріліп, ыңылдап ән салып, куәлік қағаздарын толтыра берді. Әлгі әннің әуені «Полонез» екенін аңғарған да жоқ.
Директор қайта оралғанда Тұрар барлық балалардың куәлігін жазып та бітіріп еді.
— Жарайсың, Қызыл Жебе! — деп мақтады директор Тұрардың жазуына сүйсініп.
— Мақтауыңыз жетті, Иван Владимирович, енді айыптайсыз, жазалайсыз мені, — деді Тұрар аспай-саспай.
— Неге? — деп директор шошып кетті. — Әлде бланкті бүлдіріп алдың ба?
— Жоқ, Иван Владимирович. Мен саналы түрде екі қылмыс істедім. Біріншісі, сіздің құпия хатыңызды оқып қойдым. Бұл бір. Екіншіден, міне мына өз куәлігімді былай толтырдым. Менің шын аты-жөнім. Каторгаға кеткен әкемнің алдында мәңгі қарабет болмас үшін осы әрекетке бардым. Ендігі ерік өзіңізде, Иван Владимирович. Дәл қазір приставқа ұстап бересіз бе, әлде куәлік бермей қоясыз ба — бәрі өз қолыңызда.
* * *
Директор кенет жүрегі сыздаған адамша әлсіреп барып креслоға отыра кетті. Ақырған да жоқ, бақырған да жоқ. Сотта өлім жазасына кесілген жандай есеңгіреп біраз отырды да сыбырлап қана:
— Хатты оқығаныңнан қорықпаймын. Мейлі оқығаның дұрыс та болған шығар. Мені сатпайтыныңа көзім жетеді. Ал ертең елдің алдында саған мына куәлікті қалай тапсырамын? Қайдағы Рысқұлов! — десе не деймін? Осы қинап тұр, Қызыл Жебе. Ох, бүлдірдің, бауырым, бүлдірдің. Тіпті осы күні бүркеншек атпен жүретіндер аз емес қой. Азар болса, солардың бірі болар едің де.
— Оныңыз рас, Иван Владимирович, сіз де бүркеншек атпен жүр екенсіз. Бірақ менің әкемнің аты мүлде өшіп кеткені қиянат болар еді. Әкем жазықсыз жазаның небір дөкейлерін көрген. Ал мына жаза тым ауыр, тым обал болар еді... Ертедегі жайды уайымдамаңыз, Иван Владимирович. Ертеңгі салтанатты жиынға мен қатыспаймын. «Қырғызбаев атасы қатты ауырып ауылына кетті» — деңіз. Ал куәлікке қолыңызды қойып, мөріңізді басып, қолыма қазір ұстатыңыз. Қайтып мені Меркеден ешкім көрмейтін болады. Сізге титтей де зияным тимес.
— Мұның да ақыл екен, — деп директор самай шашын сипалай берді. — Дегенмен, түрме үйреткен-ау саған мұның бәрін. Бесіктен белі шықпай жатып, түрмеге түскен адамнан бәрін күтуге болады.
— Диірменде туған тышқанның баласы дүрсіліңнен қорықпайды, Иван Владимирович.
— Сен тышқанның баласы емес, жаралы арыстанның баласысың. Сен Қызыл Жебесің, бауырым! — Осыны айтып директор орнынан түрегеліп, Тұрардың басын кеудесіне қысып, өз туған баласын алыс сапарға шығарып салып тұрғандай, тебіреніп көп теңселді.
— Қазақтан сеңдей шәкірт тәрбиелегеніме қуанамын, Тұрар, — деп сыбырлады.
Тұрар ұстазының құшағынан сыпайы ғана босанып алып, оның көздеріне көзін қадап:
— Бауырым, Иван Владимирович, шын айтасыз ба? Шыннан қазақ дедіңіз бе? Қазақ та мен сияқты өзінін шын атынан айырылып жүрген жоқ па? Кеше Семашко мырза маған «қазақ, қазақ» деп қақылдайсың деп ренжіді... Сонда қалай? Айтыңызшы, ағатай!
— Қазақ та өз атына ие болар, Тұрар. Ол заман да туар. Бірақ Семашко мырза дұрыс айтады. «Қазақ, қазақ» деп тек ұлтыңның туын көтерер болсаң, қыңыр кетесің. Мүлде — тек бір ұлттың құлы болуда емес, адамның, адамзаттың ұлы бол! Қазақтың кедейі көрген қорлықты орыстың кедейі көрмей жүр ме екен? Мына іргеміздегі қырғыздар ше? Өзбектер, татарлар, украиндер ше? Міне, осылардың бәрінің кедей табының басы біріккенде ғана мақсатқа жетеміз. Жеке-жарым бөлініп алып, ешбір ұлт береке таппайды. Ленин солай үйретеді, ұқтың ба, Тұрар?!
— Ленин! — деді Тұрар да сыбырлап, екі көзі жайнаңдап сала берді. — Мен бұл есімді түрмеде Александр Бронниковтен естігенмін. Білемін, Иван Владимирович, білемін, ағатай!
— Білсең, есінде болсын, сен қазақтың ғана емес, бүкіл езілгендер әлемінің ұлысың. Қазақтың кедейін жақтаймын деп, орыстың батырағының обалына қалушы болма. Батам осы!
— Бір сұрақ: Айтыңызшы, Иван Владимирович, «С. Д. және С. Р.» деген не? Хатыңыздан...
— Түсіндім. Тұрар. Бұл жөнінде екеуміздің әңгімеміз әлі жалғаса берер деп сенемін. Оны бір сөзбен айтып түсіндіру қиын. С. Д. — социал-демократ, С. Р. — социал-революционер. Ал бұлардың ата-тегін ажыратып айтатын адам Пішпекте бар. Сен оқитын техникумда. Оған хат жазып беріп, сені ерекше тапсырамын. Меркеге әлгінде өзің айтып қалғандай, қайта оралмайды емессің, жиі келіп тұратын боласың. Тек сейілдеу үшін емес, өте жауапты істер үшін де. Түсінесің ғой... Ендеше, жортқанда жолың болсын, жолдасың — таудай талап пен табиғи талантың болсын! Иә, сәт!
ЕКІНШІ БӨЛІМ
«Во глубине сибирских руд
Храните гордое терпенье:
Не пропадет ваш скорбный труд
И дум высокое стремленье»
(А. С. Пушкин)
«Оян, Тұрар!»
Есіңде ме, Алматының көк қақпалы түрмесінде жатқанда ұдайы құлқын сәріде саған осылай тіл қатар едім. Содан бері қанша жыл өткен? Алты, бәлкім, жеті жыл шығар. Әу баста мен каторгадағы уақытымды сағатпен санаушы едім, Тұрар. Содан соң күн санайтын болдым. А й санадым. Уақыт шегі жоқ екен, әсте-әсте буған да бой үйреніп кетті білем, кейін-кейін, күнді де, айды да, тіпті жылды да жиып тастадым, атасына нәлет.
Ана бір жылғы қиял хатымда айтқанымыздай, Үркіттің қаласында мені Бодойбо деген жерге айдауға үкім шыққан. Үркіт пен Бодойбоның арасы екі мың шақырым жер. Әуелі Үркіттен бізді жаяу айдады. Қыстың бір қысылған кезі еді. Айнала дүние аппақ сіре қар, жалғыз аяқ жолмен ұзыннан-ұзақ шұбаған каторжниктер. Үркіттен біз шыққанда алты жүз адам едік. Алты жүз адамның аяғындағы кісен сыңғыры әлемнің қай түкпіріне болса да жеткен шығар деп шамалаймын. Бәлкім, сенің құлағыңа да шалынған шығар. Сол кісенді жалаң қолмен ұстай алсаң, алақаныңды алып түседі. Алты жүз адамнан Бодойбоға тірі жеткені үш жүздей болды-ау деп шамалаймын. Көбі үсіп өлді, атасына нәлет. Баяғы бір күндер жұмақ екен ғой. Елде жүрген шағымды айтамын. Біреу өлсе, «бауыремайлап», жылап-сықтап, ел жиылып, күңіреніп, кәдімгідей көр қазып, ақ жауып, арулап қояр еді. Адам баласының сондағы қадірлісі-ай. Үркіт — Бодойбо жолында бір бейбақ кісеніне шалынып құлай кетсе, қайтып тұруды оған жазбаған. Айдауыл оны күресінге сүйретіп тастайды. Ешкім қарайлауға мұрсат жоқ. Тұтқындар тек көзбен ғана қоштасады. Енді менің кезегім қашан келер екен деп бара жатады.
Көбі аштан өлді, атасына нәлет.
Қиырсыз ақ кебін — ақ мұнардың арасында ұзақ жүргенде адам сансырап, дүние-тіршілікке самарқау болып қалады екен.
Алыста ағайыным қалды-ау, ананың жайы қалай, мынаның халі қалай болды екен деп ойлап, ми қатырмайсың мұндайда. Тек өзегің ғана әлі өлмегеніңді ескертіп, үзіліп-үзіліп, аштықтың азынаған белгісін береді. Кейде бәленбай жүз кісеннің сыңғыры сол аш өзектің аянышты азасындай болып естіледі. А бірақ сонда да сана сөнбей, қиял өлмей, қай-қайдағы көз алдыңа елестейді. Бірде Ақсу-Жабағылының жайқалған жайлауы, желі басындағы шыбындаған мама биелердің қымызының иісі, қазанда қайнаған бағлан еттің жұпары сонау алыстан жетіп, мұрныңды жарып кете жаздайды. Кейде Талғар таудың бауырындағы жеркепенің іргесінде тұратын арша күбідегі ашымал көжені аңсайсың. Сондағы дүние неткен дүрия едің, қатықсыз қара көже неткен қасиетті еді. Байтақ қазақ даласының топырағында туғандардан аштықтың дәмін менен артық татқан адам бар ма екен? Ай, жоқ-ау, сірә. Күніне көретін тоқсан тоғыз бәленің бір түрі және мылтықсыз, қылышсыз, а бірақ ең қатыбас түрі осы аштық, атасына нәлет.
Бодойбо деген иттің жолы бір жерде кеңейіп, алдымыздан шана жүріп, тапталып қалған екен. Сол жолдың үстінде көз ұшында қарайған жалғыз нүктеге бәленбай жүз аштардың көзі бір мезгілде түскен сияқты еді. Тура кеп ұмтылдық. Аяқ-қолдағы бұғаулардың сақыр-сұқыр сылдыры жүз есе күшейіп, үркінді қаһар хабарындай аспан асты, жер үстін күңірентіп жіберді. Қар жамылып мүлгіп тұрған қарағай үңгілерінде ұйықтап жатқан ақ тиін атып тұрып, апанда алты ай мызғитын қоңыр аюлар қорқа қорбаңдап шошыған заман. Алдағы қарайған қара ноқатқа кім бұрын жетеді, соның жұлдызы жанар шақ. Бізден бұрын өткен шанадан түсіп қалған бір кесек нан шығар деген үміт дәл қазір құдайдың өзінен де күшті.
«Анау жатқан ат басындай алтын» десе, әй, қайдам, ешкім бүйтіп жан ұшырмас еді. Бұлайша бірін-бірі етегінен тартып құлатпас еді. Салт атты айдауылдар бұл дүрлігуден сескеніп, аттарын қарға омбылатып, қапталды қарауылдап, мылтықтарын иықтан сыпырған. Адамдардың аузынан ақ жалын атқылайды. Арандардан шыққан ақ бұдан қара тобыр үстіне ақ тұман тұрып қалды.
Өлермендер ақыры әлгі қарғыс атқыр қара ноқатқа жетіп жығылды-ау. Алғашқылардың бірі болып мен де қол соза ұмтылып едім-ау. Жаңағы жүгірген түк емес екен. Нағыз азап басталды. Бірінің үстіне бірі құлаған адамдардан тay тұрғандай болды. Қаһар соққыр қара ноқат қайда қалғанын кім білсін, әйтеуір адамдар далбасалап, бірін-бірі жұлмалап, қолдарымен сипалайды. Балағаттасып, кеңірдек жыртысуға әл-дәрмен жоқ, тек қырылдаған үндер. Кімнің кімге не айтқаны белгісіз.
Баяғының баяғысында, бала күнімізде көгалға шығып алып «түйебас» ойнаушы едік. Қазір бөтен біреу бізді көрсе, «түйебас» ойнап жатыр екен деп ойлар еді. Ақыры атты айдауылдар бізді быт-шыт қылып қамшымен сабап, оған да болмаған соң аспанға мылтық атып тарсылдатып, жағамыздан алып, жан-жаққа лақтырып, әрең таратты-ау.
Тағдырдың мазағы сан түрлі, Тұрар. А бірақ дәл мұндай мазақты тағдыр бұл шаққа дейін ойлап тапқан жоқ шығар. Нан деп таласқан қара ноқат шанаға жеккен аттың қатып қалған тезегі екен, атасына нәлет...
Әлгінде бірін бірі кеңірдектен алған бейбақтар енді бір-бірінің бетіне қарай алмай, Бодойбо деген иттің жолымен ілби басып кете бардық.
Бұзау үні әлгіндей емес, енді үздігіп шығады, қыңсылап та қысылып шығады. Адамдардың көрген азабына шыдай алмай, темір екеш темір де тебіреніп жылар ма екен, Тұрар. Мен мұны өз құлағыммен есіттім, атасына нәлет.
Шығыс Сібірдің аспаны батар күннің алдында ашаң қызыл рең алып, мына сұмдық мазақтан тәңірінің өзі ұялып, беті дуылдап тұрған сияқты.
Тұңғыш рет сонда менің көзімнің алды бұлдырап, қызыл-жасыл сәуле шалықтады. Бұлыңғыр арасынан анда-санда қаба жал Қалдықызыл атқа мінген Саймасай маған қамшысын бүктеп ұстап, сақылдап күлгендей болады. Табалағаны шығар. «Көрдің бе, бәлем, көресіні» дегені шығар. А бірақ менің көңілім оған тозған жоқ, атасына нәлет. «Саймасайдың астында Қызыл Жебенің болмағаны қандай жақсы», — деп өзімді-өзім жұбаттым.
Аспанның қызылы ыдырап, төңірек бұлдырай бастағанда біз бір селенге келіп кірдік. Бәрімізді бір сарайға әкеп қамады. Сансырaп құлап, бір-біріміздің бауырымызға тығылып жаттық. Әлгі бір қараң қалғыр қара ноқатқа бола бірінің кеңірдегін бірі жұлған бейбақтар енді иесіз қаншықтың күшіктеріндей біріне-бірі тығылып, құшақ ажырамас туыстардай бұйығып қалыпты.
Әлгі бір қараң қалғыр қара ноқаттың төңірегінде томпайып-томпайып екі-үш адамның өлігі тағы да қалды. Мүмкін, әл-дәрменнің ақырғы тамшысы таусылған шығар. Мүмкін, аласапыран арпалыста біреулердің қолы қатерлі тиген шығар. Әлде айдауылдардың қамшысын көтере алмай қалды. А бірақ алданған үміттің күйігіне шыдай алмай кетулері де мүмкін. Үзілген үміт — ажал. Менің бір тәуба қылатыным, менің жанымның шықпай жүргені — әлі де сол сұм үміт, атасына нәлет.
Есіңде ме, Тұрар. Мені Алматының абақтысынан айдаған бозала таңда сен арбаның артынан жүгіріп, белбеуімнен ұстадың. Сонда қолыңа шуда жіптің тарқатылған бір ұшы ілінді. Тарқатылып-тарқатылып таусыларда айдауыл штыктың қырымен әлгі жіпті қиып жіберді. Сен құлап қалдың. Сонда мен көңіліме секем алдым. Шіріген жаман жіптің үзілгені бекер болды-ау, бұл шіркін елегізген үміт жібі сияқты еді-ау, дедім. А бірақ, дәтке қуат беріп, сол үзілген жіпті, үзілген үмітті мен көңілдің нәзік қылымен жалғадым.
Жол хикметін айтып тауыса алмаспын, Тұрар. Көктем шығып, қар еріп, мұз бұзылғанша біз Үстіқұт деген жерде жаттық. А мұз бұзылғанда бізді кемеге салып, Лена дариясымен алып жүрді. Дарияның несін айтайын, біздің Алатаудан аққан бүкіл өзен-су біткенді жинаса, бұған тең келер ме екен, әй қайдам. Кемеден түскен соң тағы да жаяу айдады. Жері таулы келеді екен. Алатаудай аспанмен таласпаса да қырат-қырат, кілең орман жамылған дүлей дүние. Халқының кейбірі тура өзіміздің қазақ-қырғызға ұқсайды. Әуелі қазақтар ма, яки қырғыз ба, бұлар жақұт деп. Сөйтіп жақұт деген елді де көрдік. Сөйлесіп көрейін десем, айдауыл рұқсат етпейді. Яки оларды бізге жолатпайды. Олар бізге іш бұратын тәрізді, сірә.
Салт атты бір жақұт жол жағасында қыратта тұрып, мен тұсынан өте бергенде дауыстап, өз тілінде бірдеңе-бірдеңе деді. Түсінбедім. Сонан соң өзі саусағымен нұқып көрсетіп: «Саха, Саха» — деді. Сонан соң саусағымен мені нұсқап, өз тілінде тағы бірдеңе сұрады. Түсіне қойдым: «Қазақ, қазақ», — дедім. Ол ақсия күліп, туысқанын көргендей мәз болып: «А-а, қассаха, қассаха!» деді.
Тағы да өзін нұқып: «Саха» мені нұсқап: «қассаха — туған, туған!» — деді. Сонан соң мені аяғандай басын шайқап, таңдайын қағып, бір күрсінді. Қойнынан бір тері қалта суырып алып: «тамаха-тама-ха», — деп маған қарай лақтырып жіберіп еді, айдауыл қағып алды. «Ей, сасық якут, айда, ары жүр! Әйтпесе сен де осыларға қосыласың», — деп жекіді. Жақут-саха қамшыны бір басып, атын орғытып, қырдың астына бұлаң етіп түсті де кетті. Қайтып көрінбеді. Оның маған сыйлағаны темекі екен. Содан бастап мен шылым шеккім келді. Бұрын жек көретін неме еді. Енді құмартып қалдым. Бірақ бұғының терісіне моншақ тізіп тіккен қалтаға қызыққан айдауыл сый белгіні өзінің қойнына сүңгітіп жіберді.
Танымайтын, білмейтін, айдаладағы жердің бір қиырындағы адам. Таң қалам. Неге бұлай? Неге жаны ашиды? Мен өзгелер тұрмақ, өз қандас, қарындастарымнан көбіне-көп теперіш көрдім. Талайлармен дoc тa болдым. Бірақ достарды мен жат жұрттан көбірек таптым. Әлгі жақут-саханың ықыласы көң болып қатып қалған көңілімді бір жібітіп, іші-бауырымды елжіретіп жіберді. Жер бетінде әлі жақсылық жойылмаған екен-ау деп, осы ықыластан тың қуат алғандай болып қалдым. Жердің жүзінде осы ықылас жоғалған күні дүние қараң қалатын шығар, атасына нәлет.
Ілгері басқан аяғың кейін кеткенде, діттеген арманың түңгі адасқақ алдамшы оттай жеткізбей қойғанда, жан-жағыңнан жау қамағандай жалғыз қалғанда, осы мен несіне тірі жүрмін, енді маған бұл жалған дүниеде не бар? — деп бір түңілетін сәттер болды. Айдаудағы пенде үшін ең ауыр кесел осы. Бұған шыдай алмай, соқпа дертке ұшырап, қайтып оңала алмай, шексіз Тайгада жер томпайтып қалғандар қанша, атасына нәлет. Менімен бірге өзіміздің Әулие-Атаның Мұрат деген бір шымыры болды. Ол да әлдеқалай жаламен ұсталса керек. Өте тақуа, тым таза кісі еді. А бірақ сорына қарай тым уайымшыл екен. «Артымда үйелмелі-сүйелмелі үш балам қалды. Үшеуі темір қанат шақа балапан сияқты, ылажсыз нәресте. Әйелім момын. Тым болмаса пысық та емес. Енді олар тipi қалар деймісің. Әсіресе бір жасқа толар-толмас кенжесі шінжеу еді, не болды екен? Әй, үзілген шығар, әй сорлаған шығар», — деп күні-түні уһілей береді, күні-түні аһылай береді. Қарауылдың әкеліп берген батпақ көжесін ішпей итеріп тастайды. Әуелі мен оны демеп, «сорлы ажалыңнан бұрын өлемісің. Бала сенде ғана бар да, басқада жоқ, па! Құдай басқа салды, көнесің. Құдайдан өлім тілесең, өлім сенің өтінішіңсіз-ақ өзі келеді. Бірақ қай жерде, қай сағатта келеді, — оны ешкім болжап білген емес. Әйтеуір жарық дүниеде жүр екенсің, шүкіршілік eт те, жақсылықты алдан күт!» — деп қайрат берген болып жүрдім.
Менен ажырап, басқа топқа кеткен соң, көп ұзамай сол кісі дүние салды. Ойлаймын, егер екеуміз ажырамасақ, әлі тірі жүруі де мүмкін еді-ау деп. Мен де оған жақұт-саха. А бірақ жаңағы жақұт-саха барда, мына мен өлмеймін, атасына нәлет. Құдай соны аман қылсын.
Көрген-білгенімді тізбелей беріп қайтейін. Әйтеуір, қу сүйегіміз саудырап Бодойбоға да жеттік-ау. «Бодойбо, Бодойбо, алтынның кені» дегенге, бұл бір Үркіттің қаласынан да ірі, алтын жалатып, жарқыратып тастаған нау шаһар шығар десем, қиқы-жиқы қисық үйлердің құрандысы екен, тәйірі.
Бодойбоның түрмесі басқа үйлерінен гөрі мықты салынған ба дедім. Бұ жарықтық патшаның ықыласы абақты дегенде ерекше құлаған. Қай түрмесіне барма, тастан өріп, қамалдан да қатты ықтияттап салып тастаған. Жан-жағы тay, бір жағы дарияға төніп тұрған ел екен. Бұрын бұл қаланың айналасы ит тұмсығы батпайтын жыныс орман екен. Енді жан-жағы үш-төрт шақырым жерге дейін тып-типыл. «Не болған?» — десек, білетін орыстар айтады: каторжниктер қашып, арасына тығылып қалмасын деп орманды жағалай отап, өртеп жіберген деп.
Бодойбоның түрмесінде біз нағашымыздың ауылына келгендей болып қалдық. Тұңғыш рет моншаға түсіп, іш киім ауыстырып, шешініп жатып ұйықтадық. Ауқатты да біршама берді, тоя жейтін болдық. Сөйтсек, бұл жаңа тозақ алдындағы аз күн бой жасау екен. Алыс жолдан арығандарды аз ғана әлдендіріп алған соң, түрмеден айдап шығып, түксиген жартастың етегіне алып барды. Мұны «Жартас» кеніші деп атайды екен. Бүкіл Бодойбодағы ең терең, ең ауыр кеніш осы болса керек. Жер астындағы қараңғы көрге тірідей кіргізді. Көлбеу сатымен бір-бірлеп, қаздай тізіліп түсеміз. Әр жерде жылтырап шырағдан тұрады. Төбеден су тамшылайды. Желкеңнен әзірейлінің оғындай тиген тамшыдан қорғаланып, мойныңды қыжырайтып ішіңе тығып аласың. Шиқылдақ жаман ағаш саты тайғанақ. Абайламай тайып кетсең, көрің терең.
Апан үңгірдің түбіне жеткен соң қолымызға күрек пен қайла берді. Ал кеп тасты соққыла. Қазылған тас пен топырақты «тәшкеге» салып, сыртқа шығарады. Алматының түрмесінде сен атқора тазалайтын қол арба кәдімгі. Алтын дегеніміз осы екен. Алтын деген жарықтық am басындай болып жатады екен десек, кәдімгі құдайдың қу құм топырағы. Соны жоғары шығарып, сулы науамен «важгерт» төгеді екен. «Важгерт» дегені кәдімгі киіз. Үлкен киіз. Алтын қиыршығы тac құмнан ажырап, сол киізге ұйығып қалады екен. Жұмыстың бар түрі осы, Тұрар. А бірақ бұл нағыз тозақ. Тізеңнен шылқылдаған су кешіп жүріп, қараңғы жердің астын көртышқанша қаза бересің, қаза бересің. Қарауыл деген ит жаналғыштан жаман. Сәл дамылдасаң — аямайды. Жердің астына таң қараңғысында түсіп, іңір қараңғысында бір-ақ шығамыз. Сондықтан біз күннің жүзін көрмейміз.
Шахтадан шыққанда бізді бараққа кіргізіп, анамыздан жаңа туғандай, тыр жалаңаш шешіндіріп қойып тінтеді. Қомыт киімнің жыртық-тесігін түгел тіміскілеп шығады. Алтын ұрлайды деп күдіктенеді. А бірақ таза алтынның шашырап жатқанын көрген емеспіз. Бәрі құм, топырақ, оның алтыны қайсы, құмы қайсы — айыру қиын. А бірақ пенде болған соң, таза алтын табылса, алғың да келеді. Каторжниктің миын бұл ой күндіз-түні шаққылайды да тұрады. А бірақ қаша қалғанның өзінде қаржы керек. Әрине, алтының болса, елге жету оңайырақ. Әсіресе көктем шыға, жаның бір бостандыққа бұлқынып шыққысы келеді-ақ. Қар кетіп, көк шыққанда, түстіктен құстар қайтқанда, сол құстар келген жаққа каторжниктің көзі мұңая қарағанын көрсең, атасына налет! Бодойбода не көп, кеніш көп. Каторжниктер соның бірінде ғана істейді. Басқаларында жай жұмысшылар істейді. Көбісі Ресейден өз еркімен жұмыс іздеп келгендер. Бодойбодан байып қайтпақшы болған бейбақтар.
Яғни каторгаға өз еркімен келгендер. Аяқ-қолында кісені жоқ демесең, олар да каторжниктер. Тапқаны қу тамағына жетпейді. Көзі ашық орыстар айтады: бір кило жарма Ресейде екі сом, ол мұнда төрт сом, бір пұт тұз Ресейде қырық тиын, мұнда екі сом, бір кило қант Ресейде бес сом, мұнда он сом, — деп.
Саймасайлар мұнда да бар. Жұмысшы сорлы бала-шағасын асырау үшін мұндағы Саймасайлардан азық-түлікті қарызға алады.
Қарызданып тәуелді болған сорлы өмір-бақи құлдықта қалады. Құтыла алмас құлдық қамыты мұнда да көп.
Бас-басына үй қайда? Ішіне торғай қамасаң тұрмайтын жыртық барақтарға бала-шағасы да, бойдағы да араласып, сығылысып жататын көрінеді. Оларға қарағанда түрме бейіш дейді біздің орыстар. Жыртық барақтарын жамаудың амалын қара. Жұмысшылар барақтарының сыртына қар үйіп, шелекпен су төге береді, төге береді. Ол сірескен мұз болып қатады. Сөйтіп жатақтың жыртығы бітеледі.
«Мұз сылақты» қаланың адамдары ақыры азапқа шыдай алмай, бастыққа барып, жұмыс жағдайын жақсартып, жалақыны көбейт деп талап қоймақ болып, бәленбай мыңы жиналып, ұлығына бара жатқанда солдаттар қарусыз бейшараларды мылтықпен атып, жусатып салды. Бұл сұмдықты біз көре алған жоқпыз, а бірақ түрме қанша бітеу болса да, сырттағы хабар абақтының тac қамалынан өтіп кетеді. Сол сойқаннан кейін бізге де қарауыл бұрынғыдан бетер күшейтілді. «Лена қырғыны» деген сойқан дәл біздің қасымызда болды. Көзі ашық орыстар айтады: «Патшаның күні таусылды. Енді көп ұзамас. Жағдай өзгереді. Бізге де бостандық болады», — дейді. Ондай атты күн болса, сенімен қауышар күн туар, Тұрар. Әйтеуір, бір зор дауылдың жақындап келе жатқанын, оқымасам да, мен сезетін сияқтымын. Сол дауыл адам өміріндегі жоқшылық, алдау-арбау, бәле-жала, зорлық-зомбылық сияқты. Баяғы Алматының түрмесіндегі тамыр Ескендірдің айтқан Ленин деген кісісін мұнда ауызға жиі-жиі алады. Естіген сайын құлағым елеңдеп, менің бір жақын адамымды атап жатқандай, ішім жылып қалады. Сол Ескендір шынында көреген екен. Алғаш содан естігенде нана қоймап едім. Енді мұндағы халықтың бар сенгені — Ленин.
«Жартас» кенішінің түбінде майып болмасам, жақсылыққа мен де жететін шығармын деген үміт жанды жылытады. Оқыған орыстар Пушкин деген ақынның өлеңін айтады. Қазір мен орысшаны біліп қалдым ғой. Сол Пушкин, патшаға қарсы шығып, каторгаға бұдан жүз жыл шамасы бұрын айдалған декабристерге мына өлеңмен сәлем жолдаған екен.
«Во глубине сибирских руд
Храните гордое терпенье
Не пропадет ваш скорбный труд
И дум высокое стремленье» —
деп.
Сол Пушкин тағы да: «Кісендер талқандалып, абақтылар қирап, бостандық таңы атады. Сонда қолдарыңа алдаспан алып, жауды жайратасыңдар», — депті.
Қолына мен де қару алып, азаттық үшін алысып өлсем, арманым жоқ. Пайғамбар ақынның айтқаны келгей.
Аяқ-қолдағы ауыр кісенге бауыр басып кеткенім соншалықты, егер оның кілті ашыла қалған күнде тастамай, ескерткішке ала кетемін. А мүмкін бұл кісеннен қанжар соғуға тұра келер. Патшаның иттерінің басын шауып, сол қанжарды жау қанына суарсам, менде қандай өкініш бар.
Тағы бір арман-тілек. Кісенімнің қанжардан артылған бір түйірінен мен сақина соғар едім. Сенің туған анаң Қалипа дүниеден ерте көшті, Тұрар, қолына сақина сала алмадым. Одан кейінгі алғаным Ізбайша сенің туған анаңнан кем болған жоқ. Шиеттей екі нәрестені, сенімен Түйметайды аналық мейіріммен исініп, бауырына салды. Құла дауыл қу тіршіліктің күйбеңімен жүріп, оның да саусағына сақина кигізе алмадым.
Жылдар жүзіне ер адам жар құшағынсыз күн кешудің ахиреттей қасірет екенін мен саған тәптіштеп жатпаймын, ұлым. Несін жасырайын, Сібірдің ұзақ түндерінде мен Ізбайшаны да көп ойладым. Сен де ер-азамат болып өсіп қалған шығарсың. Құдай саған алдағы күнде алған жарды адалынан берсін. Ізбайша менің адал жарым еді. Енді менен күдер үзіп, басқа бір төбетке тәуелді болса, амал жоқ. Ал менің неғайбыл нәлет жолыма қарап, әлі де күтіп жүрген болса, мен кісеннен соққан темір сақинаны оның періштелі саусағына саф алтынға балап салар едім. Ақылы болса, мұнысы несі деп, таң қалмас. Рас, темір кісен аяғыма тұсау болып, адымымды аштырмады. А бірақ жылдар бойы серік болған сұр темірге ет үйренді, ол да менің бір мүшемдей бойға сіңісіп кеткен тәрізді, атасына нәлет.
Егерім, менің алғаным Ізбайша әлі бар болса, сағыныш жалынына тапталған, қасірет буына суарылған, менің шыдамыммен шыңдалған темір сақинаны оған тарту етпекшімін. Бодойбодан бір сақиналық алтын да табар едім, а бірақ алтын сақина Рысқұлдың жары Ізбайшаға жараспаса керек. Менен арылмай келе жатқан бір арман сыры осындай, Тұрар.
Тұрар, бауырым менің. Бұл хатымды мен жұлдыздарға тапсырдым. Біріне-бірі қол жалғап, саған жеткізер, аян берер. Әкеңнің тірі жүргенін сездірер. Менен күдер үзбегейсің. Менің оңайлықпен жан бермейтінімді сен білесің ғой. Аспандағы жұлдыздар сағыныштың киесі көрінеді. Бодойбоның сары алтынындай сағынышымды сен жұлдыздарға қарап танырсың.
Сені менің сағынышым желеп-жебеп жүргей, Тұрар... Жарық дүниенің жүзінде көрісуге жазсын тағдыр екеумізді.
Әкең — Рысқұл.
I
Ташкенттен аттанғалы бері де екі күн болды. Бекет-бекетте ат ауыстырып, аз тыныстап, аялсыз салып ұрып жүріп отырғанның өзінде араға екі күн салып Әулие-Атаға әрең жетті.
Атшабардың астындағы Керуен сарай бекетінде ауыстырар ат жоқ болып шықты. Ташкенттен келе жатқан ротмистр бекетшіні жағасынан алып:
— Тез тап аттарды! Мен генерал-губернатор Куропаткиннің төтенше тапсырмасымен Меркеге асығып бара жатқан ресми адаммын! — деді.
Бекетші о да құдайдың пендесі ғой, ә дегенде ротмистрдің қолын жағасынан жұлқып тастап-ақ еді, екі иығына екі кісі мінгендей бадырақ көз дембелше қазақ генерал-губернатордың есімін естіген соң желі шыққан торсықтай солып сала берді:
— Әлгінде ғана тың аттарды ояздың өкілі жегіп жүріп кетті. О да Меркеге бара жатыр...
— Ояздың мекемесі қай жерде?
— Кауфман көшесінде, мырза. Үлкен сары үй. Жүріңіз, мен ертіп апарайын, — деп елпеңдей қалды.
* * *
Қан сорпа болған аттарын Шақпақтан шыққан арбакеш атқорадағы ақырға апарып байлады. Күймедегі жолаушылар жерге түсіп, аяқ-қолын жазды. Ташкенттен мінген ғалым-этнограф саквояжын ашып, тамақ жеуге кірісті. Тұрар өзінің өзегі талғанын сонда барып шын сезгендей болды. Аш өзек үзіліп кетердей сазып тұр. Соны байқаған этнограф дәмге шақырып еді, Тұрарды намыс жібермеді. Онсыз да жол-жөнекей тамағын осы ғалымнан асырап келді. Қашанғы масыл бола береді.
— Рақмет. Тамаққа тәбетім жоқ, — деді.
Жоғарыдағы Атшабарға шығып қайтпақшы болып бір тұрды. Іс Түлкібастан, не Меркеде базарлап келген ағайын кездесіп қала ма деген дәме.
Түлкібастықтардан бәлендей біреуді жыға тани қоймас, бірақ жөн-жосық сұрастырса, өзінің аты-жөнін айтса бұл тарапта мұның әкесін білетін қазақ-қырғыз табылар да ма еді. Ал меркеліктердің бала-шағасына дейін біледі. Әкесі Атшабарда кезінде талай болған. Әттең, із қалмайды. Әйтпесе түйе табан қисық етіктің ізі Рысқұлдың өмірінің жолындай бұралаңдап жатар еді.
Із қалмайды, сөз қалады. Уақыт — қалбыр елек сияқты. Оның көзінен ұсақ-түйек, майда-шүйденің бәрі түсіп кетеді де, ірілері ғана қалады. Ел аузында сөз сол ірілер туралы ғана сақталады.
Түлкібаста — Тұрардың әкесі туған. Бабасы Жылқайдар жатқан шығар әне бір қырдың астында.
Періштенің түсіндей, пейіштің төріндей қайран Түлкібас! Саған, сірә, мына дидарыңа қарағанда жаманшылық жуымас. Мынау заңғар алқаракөк аспан, анау асқар Тәңірідей таулар, айдаһардай шапшып аққан асау ақжал өзендер, қанық жасыл жапырақты әулие жаңтақ ағаштар, түпсіз аспан шырқауында қалықтап жүрген тәкаппар қырандар; төскейдегі шүйгінде семіздіктен мамырлап қалған шыжандай мал...
Иә, бұл жәннатта тек Адам-Ата мен Хауа-Ана тектес адамдар ғана тұрса керек еді. Бірақ пейіштің өзінде де өтірік-өсек, қызғаныш пен қастандық, жауыздық пен қараулық бағзы заманда, адамзаттың бозала таңында бой көрсетсе, бүгінгі пенделерге не жорық. Әйтпесе, Адам-Ата мен Хауа-Анадан туған Қабыл өзі інісі Абылды қызғаныш қырсығынан таспен ұрып өлтірер ме еді? Жауыздықтың төркіні пейіштің төрінен шыққан.
Адам-Ата мен Хауа-Ана өмір сүрген жұмақ та дәл осы Түлкібастай-ақ болған шығар. Мұнда да Абылдар бар, мұнда да Қабылдар бар. Бұл жерді жайлаған елдің арғы бабасы Шілмембет деген кісі екен. Содан тараған ұрпақтан батыр да туған, қатын да туған, дана да шыққан, шала да шыққан. Періште жүрген жерді шайтан аңдиды. Періштесіз жерде шайтан жұмыссыз қалады.
Әйтпесе, жиырма үй Сәлік бұдан отыз жыл бұрын Түлкібасты тастап, ұлардай шулап, үдере көшер ме еді?
Рысқұлдың ағасы Бердіқұлдың қаны төгілер ме еді? Аспандағы Алатаудан құлап аққан мөлдір бұлақтар Дәу-Бабаның бауырына келгенде қызғылтым тартатын сияқты. Бердіқұлдың қаны емес пе екен? Әлдеқашан, бұдан отыз жыл бұрын төгілген қан әлі күнге дейін жуылып бітпесе, мөлдір бұлақ қызармасқа не шара!
Дауылбай болыс ұрғызып өлтірткен Бердіқұлдың мүрдесіне жылда көктемде қаулап көк шығады. Қорғансыз зиратқа кіріп кетіп мал жайылады. Бердіқұл моласының үстіндегі шүйгін шөпті тілімен талмап, сиырлар қомағайлана жалмайды. Зәңгі-бабаның құныққанына қарағанда сол жетім төбешіктің шүйгіні шырын болар. Шөп шырын сүтке айналар Бердіқұлдың сүйегінен нәр алған сүтті адамдар ішеді, Дауылбай да ішетін шығар.
Содан бері отыз жыл өтіпті. Тау да орнында, тас та орнында. Жиырма үй Сәлік-Сары жырақтап кеткені болмаса, ел де орнында. Қанды су ішіп, қайғысыз қара құлдай жүріп жатқан жайы бар көрінеді.
Теңбіл-теңбіл қаракөк орман, ойдым-ойдым жасыл аралдар арасынан тоқал тамдар да, ақ шаңқан шалқақ ақ үйлер де кездесіп қалады. Ала-құла дүние. Анау бай, мынау кедей деп пешенесіне жазып қойғандай. Әкесі Алматының түрмесінде отырып айтқан әңгіме бойынша шамалайды: мына қара қабылан таудың ар жағы — Иірсу, Келте, Масат, шығысын ала Ақсу-Жабағылы. Ұлар ұшып, арқар жүгірген, қыран қалықтап, аю мекендеген, жүз жылдық ағаштары ит мұрыны өтпес көр болып кеткен қара орман, аршалы тау. Киік оты, құлан оты, көкемарал сияқты асыл шөптер өсетін қасиетті топырақ.
«Күмісбастау қай тұста екен? — деп қойды Тұрар жол бойы. — Дауылбай әлі бар ма екен? Сол Дауылбай болмаса жиырма түтін Сәлік-Сары жел аударған қаңбақтай жер жаннаты Түлкібастан ауып, Алатау бөктерін жебелеп, алысқа кетер ме еді?».
Әділетсіз жеңіс — рухани жеңіліс. Рысқұлды елден айырғанмен Дауылбай мұратына жете алды ма? Мәселе қайда?
Түлкібастың үстінен өтіп бара жатып, Тұрар өз әкесінің жан дүниесін енді терең түсіне түскендей болды. Мынандай жұмақтан жырақтап кету үшін себеп оңай болмасқа керек. Жұмақ бар да, тамұқ бар. Жұмақта тек періштелер ғана тұрмайды.
Бір күні түрменің терезесінен қияқтай болып жаңа туған ай көрінді. Тұрар:
— Көке, көке! Ананы қарашы! — деді саусағын шошайтып.
Рысқұл баланың қолын қатып жіберді.
— Жаңа туған айта саусақ шошайтпайды! — Қолыңа сүйел шығады, — деп еді сонда әкесінің үні жұмсарып.
Әкесі де бала болған. Анау Дәу-Бабаның қырқасынан қылтиып жаңа туған ай көрінген шығар. Бала Рысқұл:
— Әне, әне! Жаңа туған айға қараңдар? — деп саусағын шошайтқан болар. Сонда әкесі Жылқайдар:
— Шошайтпа саусағыңды! — деген-ау, сірә. Содан соң:
— Ай көрдім — аман көрдім. Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке! — деп бата қылып, бетін сипаған шығар.
Тұрар әкесінің бала көзін байқағандай.
Не көп, ағаш көп екен: нау теректер, қаракөк қайсар емендер, жаңғақ пен жабайы алма... Анау еменді бұл топырақтан ешкім де ажырата алмас. Тіпті алай-түлей Шақпақтың дауылы да мызғыта қоймас. Әкесі сонда ағаштан осал болды ма? Тамыры қопарылып, ебелектей ел кезіп кеткені қалай?
Бірақ Рысқұлдың жүрек қылының бір ұшы Түлкібаста жатқанын Тұрар біледі. Біледі. Ол нәзік те болса, болаттай берік қылды ешкім де үзе алмас. Қандай алысқа кетсе де, тіпті Сібірге айдалғанда да ол қылды қияр құдірет табылған жоқ.
Әкесінің туған жерге деген махаббат жалыны Тұрарды да жылытып, Түлкібасты еріксіз жақсы көріп кеткендей. Әттең Мерке болмаса, Меркеде күтіп тұрған істер болмаса, Тұрар сонда күймеден түсіп қалар еді. Дәу-Баба, Күмісбастау, Шәңкібастау, Иірсуға барар еді.
Күйме Корниловка селосына аялдап, жәмшік ат ауыстырып жатқанда, Тұрарды бір алып магнит тартқандай, өзімен өзі көп алысты. Корниловканың ежелгі аты — Жаскешу еді. Қоқан қырғынындағы төгілген жастың кешуі ме, қалмақ қырғынындағы төгілген жастың кешуі ме — белгісіз. Генерал Черняев жүріп өткен соң Корниловканың үстіңгі жағында баяғы айта беретін Шәңкібастау, Қарақойын қонысы аса алыс та емес еді. Сол Қарақойын Тұрарды өзіне Одиссейді тартқан сиқырлы сұлулар аралындай арбай берді. Сиқырлы сұлулар аралында қалып қоймас үшін Одиссей өзін кеменің діңгегіне байлаттырып тастағаны сияқты. Тұрарды да байлап-матап тұрған жай — Мерке сапары. Әйтпесе, қазір Қарақойынға бұрылса — Ахат атасын көрер еді...
Ахат Алматыдан Тұрарды алып қашқалы да он жыл өтіп кетіпті. Сол сапар атасы Тұрарды Меркедегі Қырғызбайға табыстап, өзі осы Түлкібас асып кеткен. Тұрарды Түлкібасқа ала кетуге Дауылбай әулетінен сескенген.
Меркенің базарында баламен қоштасып тұрып:
— Ал, шырағым, Мерке де сенің бір елің. Қырғызбай сенің туғаның. Айтқанын істе, тілін ал. Алла сенімен аман көрісуге жазсын. Заман оңалса, қауқарым жетсе, іздеп келіп, ата-бабаң туған жер Түлкібасты бір көрсетермін. Сонда сен ата-бабаның қасиетті топырағын жерсініп, ана сүтінің дәмін алғандай боларсың. Ал, егер менің көзім жұмыла кетсе, ер жеткенде әйтеуір бір іздеп келіп, бейітімнің басына тізе бүгіп: «Ей, бейшара Ахат атам, мен сенің ұрпағыңмын. Жасудай жақсылығың тиіп еді, сол жақсылығың алдыңнан шықсын!» — деп бата қылғай. Бұл дүниеден ұрпақсыз өтер мен бейбаққа дүниеде сауабың тиер. Хош-қайыр!
Қолыңды жай, Тұрар! Ажалдан бұрын ешкім өлмейді. Алдымдағы тіршілік болжаусыз. Алланың аманат қойған жаны бар. Мүмкін, көремін, мүмкін енді қайтып көрмеспін. Егер мен әлдеқалай ахиретке бет алсам, «аталап» артымнан бір келуге арланба, Тұрар. Дүние-жалғанда Ахат деген атам өткен деп есіңе ала жүр. Қоштасарда соңғы сөзім: — Артыңнан қумасын, алдыңнан бумасын! Әумин!
Ахаттың Мерке базардағы соңғы сөзі осы еді. Ол кезде Тұрар он жаста еді. «Артыңнан қумасын» дегенде «Алматыдан Приходько қуып келмесін» деп түсінген. Енді ойласа, атасының батасы ол мағынадан әлдеқайда кең екен. Артыңнан қуып отыратын — жаманшылық, алдыңнан ылғи да күтетінің — жақсылық. Бірінен қашқан боласың, бірін өмірбақи күтіп, алдағы күнге мойныңды соза бересін, соза бересің. Бірақ бір құдірет: «Аузың асқа, ауың атқа жарымасын», — деп қарғап қойғандай, Тау-Шілмембет әулетінің басын тауға да, тасқа да соқты. Рысқұлдың етегінен ұстап, ширек ғасыр сандалыстан соң туған Қарақойынға қайтып оралған Ахат енді тірі ме, жоқ па? — Белгісіз.
Адам өлсе, артында не қалады? Мына заңғар тау, анау зеңгір аспан, жасыл жапырақ, аналық топырақ, шырылдаған торғай, қалықтаған құс қалады.
Егде жігіт кезінде елден кетіп, еңкейген қарт шағында қайта келгенде Қарақойыннан не тапты екен? Күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтын туған жері не тартты екен Ахаттың сыбағасына? Сәлік атадан өз қатары сиреген шығар. Кәрілерін таба алмай, жастарын танымай, жат жерге келгендей бір сарсаң кешкен болар да. Баяғы дәу Омар сияқты Ахат атасы Дауылбайдың аяғына жығылмас.
Тұрар осыны ойлап, Қарақойын жаққа қарап жүрегі сыздады. Күймеден қалып Қарақойын кетуге бір толқып тұрып, қайтадан қатайып қалды. Мына Түлкібас оған қанша ыстық көрінгенмен, оның көңілі қалған жалғаншылық та бар еді.
Бұл хабарды ол Пішпекте оқып жүргенде каникулге Меркеге келіп, Қырғызбай атасының үйінен, онда да сампылдақ Салиха апасынан есіткен.
— Әлгі жүзіқара байға тиіп алыпты. Есіттің бе, Тұрар-ау, ойбу, не бетімді айтайын, мырзағаның күйігін қайда барып тартайын!
Өгей шешең Ізбайшаны айтамын: Молдабек қайнысына қосылып алыпты, жалмауыз. Мырзағамдай асылдың басын жұтқан жалмауыз. Кебенек киіп кеткен ердің жолын күтпей, не өлді деген хабары жоқ, некелі ердің намысын қорлап, байсырап бара жатқан ит қаншық, Молдабектің момындығын малданып, тиіп алды, қайтейін. Қайтейін-ау, қайтейін, қайсыбірін айтайын, Тұрар-ау! Мырзағама тартпаған мырың Молдабек! Туған атасының жарының қойнын қалай ашты екен! Өлді деген суық хабары болса бір сәрі. Ондай жаманаты жоқ, сұм дүниені шыр айланып бір күні қайтып келсе — не бетін айтады Ізбайша мен Молдабек — жүзі ғана қаралар?!
Салиха шешесі екі көзін тарс жұмып алып, қос бүйірін таянып, екі жағына кезек-кезек теңселіп, «Жүзіқаралар!» — деген сайын бөстектің үстін дәу жұдырығымен қойып-қойып қалады. Бөстекті емес, Ізбайша мен кіші қайнысы Молдабекті жұдырықтап жатқандай бейне бір. Қырғызбай атасы болса, айтқызбас еді, соның үйде жоқтығын пайдаланып, ай, армансыз бір ақтарылды-ау Салиха апасы.
Сол Молдабек пен Ізбайша қазір Түлкібаста. Олардың бетін Тұрар қалай көреді? Осы жерде ол Ахат атасына да іштей ренжіген сияқты. Молдабек пен Ізбайшаның неке қиярына Ахат та қатысты-ау деп қауіптенеді.
Өгей де болса, Ізбайшаны Тұрар жақсы көруші еді. Келіншектің де балаға қақаң-соқаңы жоқ болатын. Ізбайшаны Сібірге ала кетемін деп әкесі Рысқұл түрмеде жатып қанша әрекет жасағанын Тұрар жақсы біледі. Сібірге ілесіп бара алмаймын деп Ізбайшаның атынан жазылған қолхатты да біледі. Ол тілхатқа әкесі сенбеп еді. Сонда әкесі алданған болды ма? Сонда Тау-Шілмембет Рысқұлды шыннан өлілер санатына қосқаны ма?
Бұған Тұрар көңілі сенбейді. Ақиқат көзің көрмеген соң, үкімет әкең өлді деп ресми хабар бермеген соң, қайран көңіл үміткер.
Тау-Шілмембет Талғардың баурайына тығылып тұрған Бесағашта отырғанда Ахат атасы қисса оқитын. «Алпамыс батырды» Тұрар сол бір сәби шағынан біледі. Енді сол Алпамыс жиі-жиі есіне түсе береді. Өзінің әкесі Рысқұлды Алпамысқа балайды. Молдабек — Ұлтанқұл екен дейді. Ізбайша — Гүлбаршын, Ахат атасын — түйе бағып жылап жүрген — Құлбай шалға ұқсатады. Күндерден күн өткенде Рысқұл-Алпамыс тірі қайтады. Ахат Құлбайды құлдықтан құтқарады. Молдабек-Ұлтанқұлды тепкілеп, ит терісін басына қаптайды. Ал Ізбайша-Гүлбаршын... Осы араға келгенде Тұрар Гүлбаршын сынды асылды Ізбайшаға айырбастағысы келмейді. Гүлбаршынның жөні бөлек қой.
Ал әкесі Рысқұл нағыз Алпамыс. Қисса мен шындық арасында көп қисын бар. Халық қиялы телегей теңіз болғанда да, сол қиялдың арқауы — өмір. Мұның да әкесі аңызға айнала бастады. Ел арасында Рысқұл туралы әр алуан жорамал жүр. Рысқұл каторгадан солдаттарды өлтіріп қашып, астына ала ат мініп, басына аққудың терісін киіп (жұрт оған аққудың терісін неге кигізетіні Тұрарға мүлде түсініксіз) ел аралап жүретін көрінеді. Тіпті онымен бірге оқыған Төребек деген жігіт бір күні Тұрардан кәдімгідей:
— Сен әкеңмен жолығыпсың ғой. Меркеге сені іздеп келіп, сенімен оңаша сөйлесіп, кетіп қалыпты ғой. Астында ала аты, басында аққудың терісі бары рас па? — деп те сұрады.
— Бекер сөз, — деп шынын айтқан Тұрарға:
— Патшаға қарсы қол жинап жүр дейді. Сонысын біліп, қорқып айтпайсың ғой, ә? — дейді.
Кімнің аузына қақпақ қояды, Төребек те біреуден естіген. Бірақ әкесін көрмегені Тұрардың өзіне аян. Қисса, аңыз деген осындайдан туатын шығар. Аты аңызға айналған адамға ажал дарымас. Тәні өлген күнде де, рухы жалау болып желбіреп жүрер.
Әкесінің патшаға қарсы қол жинауы — халықтың қиялы болса, Тұрардың қол жимақ болып Меркеге асығып бара жатқаны кәдімгі шындық.
Жоқ, Тұрар бұл сапар Түлкібасқа аялдай алмақ емес. Қош, қайран ата-баба қонысы! Қош, Ахат ата! Қош, жалғыз бауыр Түйметай! Көріскенше күн жақсы...
Артта Шақпақ асуы қалды. Жуалы жері қалды. Қаратаудың Күйік асуына шыққанда арғы беттен мұнартып Әулие-Ата көрінді. Әулие-Атаға жақындағанда Асау дейтін өзеннің жағасындағы бір селоға тоқтап, жолаушылар сәл тыныстады. Этнограф-ғалым ротмистрден селоның атын сұрады.
— Головачевка, — деді ротмистр өзінің білімін көрсетіп қалғысы келіп. — Әйгілі генерал Черняевтің Головачев деген офицері болған. Село соның атында.
— Ал бұрын не деп атаған? — деп тәптіштеді ғалым.
— Бұрын бір әулие әйелдің атымен аталған көрінеді. Қалай еді, шайтан алғыр?
— Айша-Бибі, — деді жергілікті қызыл қаңлылардың бірі. — Әне, анау тұрған сол Айша-Бибі күмбезі.
— Айша-бибі деген атының өзі әдемі емес пе? — деп ғалым шұқшия түсті. — Енді есіме түсті: ол Қарахандар дәуірінен бері келе жатқан ескерткіш. Халықтың ғасырлар бойы қойған атын сызып тастап, әлдебір белгісіз офицердің есімін қоюы қалай?
— Ғалым мырза, бұл сіздің шаруаңыз емес. Патша офицерін олай қорламаңыз! — Ротмистр тікшие қалды.
— Мәртебелі мырза, ұлы Ресейде не көп — патшаның офицерлері көп. Ал анау ескерткіш — қайталанбас тарихи мұра. Айырмашылық жер мен көктей. — Ғалым-этнотраф қалшылдаңқырап кетті.
* * * *
Уақыт тар. Әрбір күн, әрбір сағат алтыннан қымбат. Жаяу жүгіріп жететін жер емес. Әулие-Атаға әлі пойыз жолы — «шойын жолы» жетпеген. Тұрар ойлайды. «Әттең, ұшы-қиырсыз байтақ даланы темір жол кесіп өтсе. Адымы қысқа ағайындардың тұсауы кесіліп, құлашы кеңісе: бүкіл, тұтас халықтың аяғы кісендеулі сияқты. Кісендеулі аттай, көсіліп шаба алмай тапырақтаған, шоқырақтаған заман. Ташкенттен Самарға дейін сапар шегіп қайтқан Тұрар пойыз жолдың не екенін біледі. Арыстан өте бере кілт үзіліп қалған сол жолды иығына салып тартып, ұзартқысы келеді. Еділдің жағасында кеме тартқан бурлактарша мойнына қамыт кисе де ұзартпақшы болады. Не керек, ол тек қиял ғана.
Ал қазір, отарба тұрмақ, атарба да жоқ. Күйме тоқтап тұр. Бар үміті әлгібір едіреңдеген ротмистрде ғана. Сол зор бермесе, Меркеге бүгін көлік түрі жоқ. Әулие-Ата аласапыран. Бұрынғыдай бұйығы емес. Адамдардың жүріс-тұрысы апыл-тұпыл. Шотыр-шотыр топтаса береді, күңкілдесіп, сезіктене сөйлеседі.
Атшабарға барса біраз жағдайдан хабардар болар еді, бірақ бұл жоқта ротмистр ат тауып келіп, күйме жүріп кете ме деп қауіптенді.
Ротмистрмен екеуінің арасы аса жақсы да емес. Есер немемен ерегіссе, күймеге мінгізбей тастап кетуі де әбден ықтимал.
Ташкенттен шығарда, енді жүрейін деп тұрған сәтте осы офицер өрт сөндірердей ентігіп жеткен. Күйменің орындықтары бос емес. Жолаушылар біріне-бірі иық тіресіп, ине шаншар жер қалмаған. Ротмистр қалт тұрып қалды. Отырған жұртты алақ-жұлақ бірер қарап шолып шықты. Тұрарға ежірейе көз тігіп тұрды да:
— Встать! — деп бұйырды.
— Мәртебелі мырза, менің билетім бар. Заңды орным.
— Встать! Ақ патшаның офицерін көргенде түземдердің орнынан тұрып, бас иіп сәлем беруі керек екені туралы жарлықты оқымаған қандай оңбағансың? Айып төлетіп, дүре соқтырып, айдатып жіберейін бе өзіңді!
Ерегістен ештеңе өнбейді. Ондай оспадарсыз тәртіптің бар екені шын. Генерал-губернатор түземдерге арнап сондай қорлықты жарлық жариялаған.
— Ондай жарлықтың бар екені рас, офицер мырза. Жергілікті халықтың өкілі ақ патша офицерлері мен чиновниктерді көргенде құлдық үру белгісі ретінде орнынан тұрып, иіліп сәлем беруге тиіс. Бұл туралы Куропаткин мырзаның көмекшісі Ерофеев мырза қол қойған тәртіпті оқығаным бар. Бірақ ол жарлықта күйме ішінде де тұрып бас ию керек деген пункт жоқ еді. Бірақ, жарайды, отырыңыз офицер мырза, — деп Тұрар орнынан көтерілді.
Ротмистр отыруын отырғанмен, сөзден тосылғанын сезіп, есесін жібермеуге тырысып:
— Сен үшін арнайы пункт керек болған ғой, — деп бұрқ етті. — Айтпақшы, мына қазір жиырма бесінші маусым жарлығынан кейін түземдер де әскерге алынып жатыр. Сен содан қашып жүргеннен саумысың? Бұл не саяхат? — Ротмистр: «бәлем, жанды жеріңнен ұстадым ба?» — деді бір езулеп зәрлі мысқылмен.
— Офицер мырза, сіз басқа жарлықты да білуге тиіссіз ғой, ұмытып қалдыңыз ба, генерал-губернатор қара жұмысқа мобилизация жасаудан болыстарды, ауылнайларды, имандар мен молдалары және үкімет оқу орындарында оқып жүрген шәкірттерді құтқарған жарлық шығарған жоқ па? Мен осындағы мұғалімдер институтының шәкіртімін. Ал қазір каникулға Әулие-Ата уезінде тұратын туысқандарыма бара жатырмын.
— Кешіріңіз, — деді ротмистр басын сәл изесе де, зілдене, кекесін үнмен.
Дегенмен, кәдімгідей ығып қалды. Өз кеңсесінен шығып жатқан жарлықтың бәрін жатқа айтып жұтынып тұрған пысық та тәкаппар қараторы жігіт мұны жұдырықсыз-ақ тұмсығын қанатып тастағандай еді. Ротмистр біртүрлі ыңғайсыздық сезініп, іштей ренжіп, ашутас жалаған баладай тыжырынып отырды.
Асылы, арам жеңіс — рухани жеңіліс қой. Ондай жеңіс жанды жегіш, ләззаты жоқ, құр қоқайма. Ротмистр Тұрарды қорсынып, отырған орнын тартып алғанмен, қазір көңілі шытыр жеген өгіздей бей-жай.
Тұрар күйме есігінің жақтауынан ұстап түрегеп тұр. Үстіндегі еуропаша костюм өңі түспеген, таза, қыры сынбаған, ұйпаланбаған, сүйкімді. Бойы орташа болғанмен, денесі қоладан құйғандай шымыр, жас адамның әл-қуаты шиыршық атып, жігері мұқалмай, жүзі жапырылмай, жанып тұрғаны байқалады.
Осы қалпында ол қорланып емес, ротмистрдің бейшаралығын аяп, мүсіркеп тұрғаны сияқты. Ротмистр мұны «түзем» деп кемсітті. Нәсілдік аурумен ауырған адамның сандырағын айтты. Бұл ауруға орыстардың азшылығы ғана шалынып, көпшілігі сау екеніне іштей қуанып, офицердің оспадарсыздығын ұмытуға тырысқан. Есіне соноу мың да тоғыз жүз бесінші жылғы Алматы түрмесінде отырған Александр Бронниковты алды.
Александр Бронников кім? Мынау отырған ротмистр кім? Екеуі екі дүние. Жер мен көктей, қыс пен жаздай, күн мен түндей. Екеуін де орыс дегенмен, көкірек басқа, көзқарас басқа. Біреуі зұлымдықтың күзетінде, біреуі адамгершіліктің қызметінде. «Ленин айтқан екі Ресейдің кішірейтілген көрінісі», — деді ішінен Тұрар. Пролетарлық Ресей бар да, халықтардың түрмесі болған Ресей бар. Түрменің өкілі қарсы алдында отыр. Ал Александр Бронников болса... Қайда екен қазір? Тірі ме, өлі ме? Өзінің туған әкесі Рысқұлдың тағдырыңдай тұман тұтқан белгісіз, неғайбыл. Рысқұл да, Александр да 1905 жылдың қаһармандары. Ал революция қаһармандары оп-оңай құрып кетпесе керек-ті. Көңілге сол ғана медет. Әйтпесе, олардың тіршілігінен Тұрар беймәлім.
Тұрардың жападан-жалғыз түрегеп тұрғаны жалғыз ротмистрді ғана емес, күймедегі бар жолаушылардың бәрінің жұлын-жүйкесіне тиді. Бәрі де кірпі үстінде отырғандай қолайсыздық сезімде. Ақыры шыдай алмай, көзілдірікті ғалым-этнограф:
— Жігітім, отырыңыз, — деп ығысқан болды. — Мырзалар, сәл жылжысаңыздар әлі де бір кісілік орын табылар. Кәне, кәне, мырзалар.
Ротмистр қопаңдап көршісін ығыстыра, жылжи бергенін өзі де сезбей қалды.
Тұрарға күймеден орын қатыстырған ғалым соноу Орынбордан келе жатқан этнограф болып шықты. Жетісу қазақ-қырғыздарының фольклорын зерттеуге келе жатқан беті екен. Керуен сарайда көліксіз отырып қалған кезде ол Тұрармен өзі танысты.
Тұрардың Меркеге баратынын біліп, ол жердің жағдайын, халқын сұрастырды. Күйменің баспалдағында отырып саквояжын ашып, тамақтана бастады. Дәмге Тұрарды да шақырды. Ұқыпты кісі. Пісіріп алған бірер тауығы, жұмыртқалары, тіпті қияры да, қағазға ораған тұзға дейін бар.
Тұрар сыпайылық сақтап, бас тартып көріп еді, этнограф:
— Жігітім, мен байқаймын, сіз мәдениетті адамсыз. Бірақ тамақтың ұяты жоқ. Келіңіз, — деп болмады.
Екеуі шүйіркелесіп, ораза ашып отырғанда қастарына бір жетім күшік келіп, шоқиып отыра кетті. Тамақтанғандардың біресе қолына, біресе аузына қарап, жаланып-жаланып қояды. Шыдамай тұрып кетіп, құйрығын бұлғаңдатады. Басын қисайтып қарағанда көзіндегі жалыныштан жаның шыр-шыр еткендей болады.
Этнограф тауықтың мүжілген аяғын лақтырар-лақтырмас көз ілеспейтін жылдамдықпен қақшып алып, азуға басып күтір-күтір шайнайды да, бір-ақ қылғытып салып, тағы да мөлие қалады.
Аш ала күшік сөйтіп, адамдардың қолынан тамған там-тұм несібесін қақшып алып тұрған кезде, ротмистр жетіп келді. Бакенбардты самайынан кіршең тер ағып, түтігіп кетіпті. Тамақтанып отырған жолаушыларға деген ашу-ызасын ит байғұстан алып, қылдырықтай сүйекті қытырлатып жатқан күшікті теуіп кеп жіберіп еді, тұмақ лақтырғандай аулаққа барып бір-ақ түсті, шар-шар етіп, көпке дейін әлдекімге мұңын шағып қыңсылап қалды.
— Тілсіз мақлұқтың жазығы не? — деп фольклорист наразылық білдірді.
— Филантропия! — деді ротмистр күйменің көлеңкесінде тұрып мундирінің жез түймелерін ағытып, орамалмен терін сүртіп. — Сендер үшін мен әуре. Қазір аттарды әкеледі. Құдай қарғаған бұл азиаттардың қаласында көлік табу да қиямет. Маған ренжігенше, рақмет айтсаңдар жарасар. Филантроп...
* * *
Тың аттар жегілген қара күйме Керуен-сарайдан шығып, Әулие-Атаның қисық көшелерінің шаңын көтеріп, тағы да күншығысқа бет алды. Бір кезде алдан асау Талас өзені көрінді де, қала артта қалды.
Қаладан шыға бере ротмистр ат айдаушыға айқай салды:
— Айда жылдам! Жеккендерің ат емес, есек сияқты, немене жүрісің өнбейді? Айда жылдам!
Мына дауыстан Тұрар кенет селк ете қалды. Бір кезде әлдеқайдан естіген таныс сөздер... таныс үн... таныс мақам... Құдай-ау, қайда, қашан естіген?
Ротмистрдің ақырған дауысына ат айдаушы артына бұрылып, офицерге түксие бір қарап алды. Мұрты салбырап, езуінен төмен түскен, шоң мұрын, қыртыс маңдай, ірі тұлғалы егде қазақ екен, ләм деместен қайтадан бойын түзеп, ұзын қамшыны асықпай жоғары көтеріп, мылтық атқандай шарт еткізді. Күйме заулап ала жөнелді.
— Айда жылдам! — деді ротмистр одан бетер еліріп.
«Құдай-ау, шыннан сол ма? — Тұрар ротмистрге көз қиығын салды. — Мен шыннан танымай қалғаным ба? Егер бұл шыннан Аркаша болса, ол да мені танымады ғой. Демек, екеуміз де өзгерген болармыз. Арада он жыл өтті той...».
Арада он жыл өтсе де, аузындағы сол бір жаттанды сөз өзгермеген. Аттарды қамшылап, қуалап келе жатқандай, жаны ышқынып, есіре еліріп кететін қу әдеті қалмапты.
«Сол! — деді Тұрар ішінен. — Дәл өзі. Кешелі бері бірге келе жатып, қалай аңғармадым? Құдай сақтағанда, ол да мені танымады».
Бала кезінде домаланған сеп-семіз, іркілдектеу неме еді, ысылып, еңгезердей нау жігіт болыпты. Жирен жез мұртты, самайынан төмен түскен бакенбарды бар, еңселі офицерді бір кездегі шіңкілдек, болпық Аркаша деп кім ойлаған.
... 1905 — 1906 жылдары мына Тұрар Алматы түрмесінің бастығы Приходько мырзаның гимназист баласын фаэтонмен мектепке алып баратын. Фаэтонға түрменің қос жирен қасқасы жегілуші еді. Жирен қасқалар мына бекеттің аттарындай емес, атылып тұрған жарау жүйріктер болар еді. Ат айдаушы Тұрарға әлгі гимназист шіңкілдеп бұйрық айтып:
— Айда жылдам! Немене есек жегіп келе жатқандай, жүрісің өнбейді. Айда жылдам жаныңның барында! — деп әкіреңдеуші еді.
Мінезі, жүріс-тұрысы, сөз саптауы сол сәби қалпында қалған да, дене тұлғасы ұлғайып, киім формасы өзгеріп, бет-әлпеті ертерек егделеніпті. Көзінің алды күлкілдек, маңдайының әжімі көп. Соған қарағанда, көбірек жұтып қоятын болар. Дегенмен, офицерлік форма өзіне бек жарасып тұр.
Енді Тұрар бір қырындап, оған бетін бермей, бұғыңқырап отырды. Кім біледі, танып қалуы ықтимал. Әлгіде Тұрар оны сөз саптауынан таныды ғой. Ол да мұны елеусіз бір белгісі арқылы біліп қалмасына кім кепіл...
«Е, бұл бала кезінің өзінде әкім болуға бейім еді, арманына жеткен екен. Әскери жолға түскен екен. Сонда бұның қызметі Алматыда емес, Ташкентте болды-ау. Тіпті генерал-губернатордың тікелей қол астында қызмет қылатын болғаны ғой. Әлгі бір сөзінде соны аңғартып қалды-ау. Сонда мұның әкесі Приходько мырза қайда? Әлі сол түрменің бастығы ма екен? Әлде қызметі жоғарылап, ол да Ташкентке ауысты ма? Наташа ше?»
Наташа есіне түскенде, Тұрар еріксіз ротмистрге қарады. Қанша дегенмен, бет бейнесінде Наташаға ұқсас бір елес байқалады. Бір елес... О баста табиғат екеуін бір қалыптан шығарған да, біреуі тым тұрпайылана берген, екіншісі мейлінше сымбат алып, тым сұлулана берген. Кім біледі, өсе келе Наташа да өзгерген шығар. Ал Тұрардың көз алдында суреті қалған Наташа — қыз біткеннің көріктісі.
Қара жол тау бауырлап, бұралаңдап оңтүстікке қиястады. Оң жақта — Ақ-Бұлымның ар жағында Тек-Тұрмас әулиенің күмбезі қараң-құраң қалып барады. Одан әрі аспанды тіреп тұрған ақ бас шындар. Осыдан елу-алпыс жыл бұрын ана Тек-Тұрмастың тауынан генерал Черняев Әулие-Атаны дүрбімен шолып, шабуылға шығар сәтте өз қиялында осынау ақбас шындармен бой таластырып тұрған.
Кім жүрмеген қара жол. Ел есінде еміс-еміс қалған елес заманынан бері Шығыс пен Батысты жалғастырып жатқан Жібек жолы осы. Тең-тең жібек артқан керуен ғана жүрген бе бұл арқылы? Арғысын әрі қойғанда, ел есіндегі беріде зеңбірегін сүйретіп Қоқан әскері өткен жол, зеңбірегін сүйретіп Черняев әскері өткен жол... Осы жол арқылы дерт есімен жер сыдырып Рысқұл бастаған жиырма түтін Тау-Шілмембет те жүрген.
...Әкесі түрмеде айтып еді: Әулие-Атадан шыққанымызда Меркеге жетпей Қатшагүл жеңгем жол үстінде қайтыс болды деп. Қатшагүл — баяғы Дауылбайдың соққысынан мерт болған Бердіқұлдың әйелі еді ғой. Бейшара арысынан айырылған күйікке бір шыдамай, туған топырағынан айырылған қайғыға тағы шыдамай, осы жол бойында құсалықпен жан тәсілім етсе керек. Шейіт жанның сүйегі осы маңайдың бір бесіктей ғана жерінде: яки Ақыр тастың, яки Ақыр төбенің болмаса Мақпалдың, немесе Малдыбайдың, а бәлкім, Құлан төбенің төңірегінде әлі жатқан шығар...
Жол жағалай ойдым-ойдым егіндік Алатаудың баурайына шашылған алтын алқадай сарғайып көрінеді. Бұл Ақыртөбенің атақты ақ бидайы. Рас болса, патшаның өзі осы Ақыртөбе бидайын Петерборға алдырып, содан пісірілген нанды жейтін көрінеді. Қиялы жүйрік қазақтың шыны екені, өтірігі екені беймәлім. Бірақ Ақыртөбе бидайына құмарлар көп екені рас.
— Айда тезірек! — Офицердің ащы дауысынан күйме ішінде қалғып-мүлгіп келе жатқандар селк-селк етіп шошып кетіп, көздерін бағжаң-бағжаң ашып, салбыраған бастарын көтеріп-көтеріп алады.
— Мырза, аттар болдырып қалды, — деді мұрты салбыраған ат айдаушы артына түнере бұрылып. — Ақыртөбе жақын, сол жерден ат ауыстырасыздар...
— «Апыр-ай, бір биеден ала да туады, құла да туады. Бір анадан жақсы да, жаман да туады. Наташаның мінезі жібектей жұмсақ, өте мейірімді еді. Асылы шешесіне тартса керек. Шешесі Софья Константиновна — арты тегі поляк, өте иманды кісі еді. Күйеуінің түрме бастық болғанына құсаланатын сияқты еді. Приходько мырзамен ешуақытта шіркеуге бірте бармайтын. Тұрар кейін ойласа, оның діні католик екен ғой. «А мүмкін Наташа Огинскийдің «Полонезін» сол шешесі арқылы білген шығар».
Тұрар кенет керемет жаңалық, ашқандай қуанып кетті. Көңіліне «Полонез» әуені мамыр айында гүлге қонған көбелектей көлбеңдеп келе берді. «Бәсе, бәсе, — деді ол ішінен. — Софья Константиновна біз сияқты кем балаларға өте қайырымды еді-ау. Сол Костюшко көтерілісінде Ресейге жер аударылған поляктар тұқымынан емес пе екен? Наташа соған тартқан. Ал мына ротмистр мырза аумаған әкесі...».
Ұрымтал жолдың үстінде, оқтаулы мылтықтың аузында келе жатса да, кенет кеудесін күй кернеп, санасында әдемі әуеннің сайрағаны сонша, Тұрар танауы делдиіңкіреп: топ-толық күрең-қызыл еріндерін оқтын-оқтын ашып қалып, көмейінде тұтқында жатқан бір әуен бұлқынып сыртқа шыққысы келгендей, көкірегі күмбірледі. «Полонезді» ысқырып сала да жаздады. Абайламай аузынан ән әуезі шыға қалса Аркадий Приходько мырзаның секем алуы да мүмкін ғой.
Асығып келеді Аркаша. Тұрар да асығыс. Асылы, екеуінің діттегені бір майдан. Дәлірек айтқанда, екеуі бір майданның екі жағында. Мұның салып-ұрып, сарсаң соғып келе жатқанына қарағанда, Меркедегі сойқанның толғағы жеткен тәрізді.
Тағдыр екен, арада он жыл өткен соң ерке-тәйтік Аркашамен ашық майдан шайқасында кездесемін деп Тұрардың үш ұйықтаса түсіне кірген бе? Рас, жек көретін. Сабап алғысы келіп кіжінетін. Мазағына шыдамай қорланатын. Ал ұлы ұрыс даласында кездесуді ойламаған.
Тағдыр екен, тағдыр Аркашаны Тұрарға жау етіп қойды да, оның туған қарындасы Наташаны ойлағанда ет бауыры елжірейтін болды.
Зұлымдық атаулыға қарсы, халықты көтеремін деп қаһар мініп келе жатқан беті мынау. Сол халықты жаныштаймын деп асыққан Аркаша анау. Сұрапыл ойлар соғысының жарқылында жалт етіп нәзік сәуле жүрегін сыздатады. Ол — Наташа.
II
Аспараның ұшар басында ғана қалған бір шөкім қарды жаңа шығып келе жатқан күннің нұры шалып, ақ қар қызыл арайлы асыл тасқа айналып, атыраптағы мазасыз ауылдарға мейірбан сәуле таратқандай. Жаңа шығып келе жатқан күннің күзетшісіндей болып, Мықан жағасында Тұрар жападан-жалғыз тұр. Тау баурайындағы ел ерте оянып, күндегі күйбің тіршілік басталған. Өріске айдаған сиыр қазық басында қалып бара жатқан бұзауын қимағандай мөңіреп, артына қарайлай береді. Бақташының дауысы таңғы ауаны жара шаңқылдайды. Ойпаңда жылқы оқыранып, ауыл шетінен ит маңқылдайды. Үй-үйден түтін шұбатылып, көкпеңбек бейкүнә аспанның жүзін тасалай алмай үн-түнсіз ғайып болып жатыр.
Түстікте түксиген тау, терістік — шексіз мұнар. Осыдан терістікке тура тартсаң — елу-алпыс шақырымнан соң құмға барып кіресің. Жасыл жаннат таусылып, құлазыған құм басталады. Сол құм түстікке қарай тап-тап беретін сияқты. Бірақ таудан, таудың салқын самалынан, сансыз мөлдір бұлақтан сескенгендей бұғып қана жатады. Әлдеқалай тау қалғып кетіп, су тоқтап, тал-дарақ жығылса, құм лап беріп, бас салмақшы.
Үстірт қарағанға ауыл ажары бұрынғыдай. Ештеңе де өзгермеген. Сол бір мұржасы аласа жатаған тоқал үйлер. Кейбіреулерінің төбесінде өткен қыстан қалған ескі шөптің қалдығы әлі қалқиып тұр.
Бұлар жайлауға да шықпайды, қыстауға да көшпес. Қысы-жазы осы Мықан бойын еміп жатқан кедей ел. Жайлауға көшсе Бектен болыс пен Айбар байлар көшер. Аспара асып, Сусамырды барып жайлап, дүние рахатына мелдектеп жүрген солар.
Бірақ биыл жаз Бектен болыстың өзі де Сусамырдың сары қымызын сапырып іше алмай, ойда жүр. Жоқ, сырт қарағанға ел өзгермеген сияқты болғанымен, Мерке атырабында ашық күннің өзінде күн күркіреп, найзағай шартылдап, дауыл соғып тұрғанын байқамауға болмас екен.
Әне, анау Мықанның арғы бетінде жоғарыдан төмен қарай жөңкіліп бара жатқан аттылар кімдер? Тойға яки асқа, көкпарға, тамашаға тартып бара жатқанға ұқсамайды. Сабылыңқы, сабырсыз суыт жүріс.
Шілде күнінің өзінде әлдебір ызғар сезілгендей. Мықан суы сол баяғы сылдырына басып, сылқым ағып, жағасында жалбыз бен атқұлақ, қоға мен түйежапырақ жайқалып тұр. Ауа да сол баяғы кәусар, сол баяғы зәм-зәм суындай мөп-мөлдір.
Мықан суына түсер тұс жарлауыт, жалғыз аяқ жол ғана ирелеңдеп жатады. Тұрар бұрыннан сол жарлауыт тұсында жалғыз тұрғанды ұнататын. Үкілі шоқ қамыс тұсында иірім бар. Бала кезінде атқұлақтың жапырағын жұлып алып, сол иірімге тастап жіберіп, әлгі жасыл қайықтың шыр көбелек айналып, шарқ ұрғанына қызыға қарап қалатын.
Жасыл қайыққа мініп алып қиялында шексіз мұхитқа шығып кетер еді. Теңіз кешіп жүріп Сахалин аралына жететін. Аяқ-қолы кісендеулі әкесін тұтқыннан босатып, жасыл қайыққа мінгізіп, елге, Мықан бойына кері қайтатын.
Ол иірімге жақындағанда тостақ көз, көкқасқа бақалар тарбаң-тарбаң секіріп, шолп-шолп етіп, суға қойып-қойып кететін. Қазір де жаңа шыққан күннің көзіне қыздырынып отырған көкқасқалар беймезгіл үркіп, суға сүңгіп-сүңгіп кетті. Қарлығаштар әуенге басып, өзен үстінде қайқаңдап ұшып жүр. Иірімдегі суға күн сәулесі шашырап түскенде, су бетіне інжу-маржан шашылғандай, майда толқын құлпырып ойнап, жайнаң қақты.
Жарлауыт астындағы иірімге Тұрар бес жылдан кейін бірінші рет келіп тұрған беті.
Зымырап ете шыққан бес жыл. Өткен күнде белгі жоқ. Соңғы рет осы жарлауыт басында тұрып, атқұлақтың бір жапыратын қайық қылып, суға ағызып, Мықан бойымен, Меркемен қош айтысқан соң Тұрар Пішпекке аттанды. Пішпектен соң Самар, Самардан соң — Ташкент.
Меркеден аттанғанда Тұрар он төрт жасар панасыз бала еді. Тамыры байланбаған жас шыбықтай болатын. Тағдырдың дауылы, қаңтары мен ақпаны оны жұлқылап, жер бетінен жойып жібермекке әрекет жасап, талай озбырланды. Бәріне де шыдаған, бәрін де бастан өткерген. Өмірге деген ынтызар күн нәп-нәзік, талдырмаш қара баланы дауылға қарсы ұшырып, қанатын қатайтты.
Бақыты кем балалығымен қоштасқан Мықан бойындағы жарлауытқа қазір келіп тұрғанда, ерігіп, сейіл құрып жүрген жоқ. Әсте де олай емес-ті. Жарлауыт басынан жан-жаққа көз салады. Әлгібір бес-алты атты төмендегі Ойталды бетке алып, сай-саймен ғана жылжып, төбелері қылт-қылт көрініп, лезде көзден таса болды. Өзі жүдеу ауылдың адамдары ашаршылықтан, яки обадан қырылып қалғандай қыбыр етпейді. Тым құрыса, қолына құмған ұстап, үй сыртына дәрет ала шығатын шал-кемпір де көрінбейді. Тірі жан бар болса да, сырт дүниеге соқыр терезеден баспалап қарап, үйлерінде бұғып-бұғып, үрей болып отырған тәрізді.
Аспан ашық, әлем жарқырап тұрса да, дүние күн тұтылғандай күңгірт. Көктен нұр себелеп тұрғанмен, көкіректе көңілдің шырағданы пәс тартса, дүние осылайша сұрықсызданады екен. Бұған Тұрардың көзі жетіп тұр. Ел неге бүйтіп бұғып, баспалап қарап отырғанын да біледі. Әр бұтаның түбінен, әр сайдың тасасынан, жан-жақтан жау қамалап тұрғандай үрей тыныштық. Осы меңіреу тыныштықтан кейін әлдекім шашын жайып аңырап, жер астынан жоқтау айтып шыға келетіндей, тарс етіп оқ атылатындай тосын сәт.
* * *
Қырғызбай атасы қартаяйын депті. Өзі баяғыдан қоян мінез қорқақ адам, енді тым қалтырап қалыпты. Соңғы уақыттың бура бұрқылы бұйығып жатқан мұны да шайқаған тәрізді.
Тұрардың келгеніне бәлендей қуана қоймады. Неге екенін ашып айтуға тағы батпады. Тұрардың мұның үйіне келіп түскенін білсе, өкімет аямайды. Соны шал сезеді.
Іңір қараңғысында Тұрар үйге: «Ассалаумаәлейкүм!» — деп кіріп келгенде Қырғызбай атасы намаз оқып отыр екен. Келген Тұрар екенін білсе де, былқ етпеді. Шариғат намаз бұзуды қаламайды. «Шіркін-ай, көкем болса, намазды атып ұрып, орнынан қарғып көтерілер еді-ау», — деп Тұрар ішінен тынып қалды.
Ал Салиха шешесі Тұрарды көріп, бас салып құшақтап, аңырап тұрып бір жылап алды. Шалының: «Ойбай, қарыстыр жағыңды!» — деп ысылдағанына қарамастан:
— «Қайран ғана асылымның сынығы-ау, арманда кеткен есіл ердің жұрнағы-ау, теңдесі жоқ тұлпарымның тұяғы-ау!» — деп көпке дейін теңселіп тұрып алды.
Әлден уақыттан кейін шарт жұмулы көзін ашып, әлсіз шырағданның алагеуім жарығына Тұрарды шығарып тұрып, тұла бойына, бет-жүзіне үңіліп тұрып әбден қарады.
— Шынымен Тұрармысың, қарағым-ау! — Наудай жігіт болыпсың ғой. Тіпә-тіпә, тіл-аузым тасқа! Аумаған Мырзағаның өзі. Ұқсамасаң-тумағыр. Киімі ғана басқа, шаш қойғаны болмаса, дәл өзі. Ойбу, шаш қойып, кәпір болайын деп пе ең? Қой әрі, алдырып таста! — деп енді дауысын қатайта бастады.
— Апа-ау, шаштан басқа көкемнен тағы қандай айырмашылығым бар? Тапшы, кәне — деп Тұрар да кемпірді иығынан құшақтап, аймалап қойды. Бұл ықыласқа тым тәнті болған Салиха, діндей жігітке тағы үңіліп:
— Дәл өзісің ғой, Тұрар-ау! — деді еркекше жарықшақ дауысымен. — Ойбу, аңқау басым-ай, әкеңнің сақал-мұрты бар еді-ау.
— Одан басқа?
— Одан басқасы — бәрі айнымаған әкең.
— Таппадың, апа, — деді Тұрар кемпірді жауырынынан қағып қойып. — Көкем көзәйнек кимеуші еді ғой.
— Алда құдай-ай, көзәйнегің бар екен ғой. Әлден көзәйнек таққаны несі? Сол да сән бе? — деп кемпір екі езуі салбырап ренжіп қалды.
— Сән емес, апа, — деп күлді Тұрар. — Мұны кимесем, көзім бұлдырап, кітап оқи алмай қалатын болдым.
— Осы кітап оқи берген де жақсы емес-ау. Шырағданның жарығымен ет беттеп жатып, ұйқы көрмей оқушы ең ғой ана жылдары. Көздің майын жеп қойған ғой. О баста оқыса — оқысыншы, бізден де бір азамат шықсыншы деуші едім. Білесің бе, ана жылы оқуға бала аламыз деп мұғалімдер келгенде, мына шал сені жаздырғысы келмей, мен көнбей қойып ем ғой. Сауатың ашылды, қара таныдың. Енді болды емес пе? Қырғызға да барып оқыдың, орысқа да барып оқыдың, жер түбіндегі Самар дей ме, соған да бардың. Ташкенге де бардың. Тегі мұның шегі бар ма? Сондағы ұлық болғаның қайсы? — деп Салиха кемпір енді пендешілік жағына қарай қисайды. — Тәшкеннен бір шәйі көйлек ала келсең не ғылатын еді мына жаман шешеңе. Мен өле кетсем, баласының Тәшкеннен әкеп берген көйлегін аламыз деп кемпірлер сүйегіме түсуге таласар еді.
— Әй, антұрған, оттай бермей қойсаңшы енді! — деп шалы шақ ете қалды. — Баланың мазасын ала бермей, шәй-пәй дайындасаңшы.
— Ойбу, сорлы басым-ай, шәй қоюды ұмытып кетіппін ғой, — деп Салиха салдырап сасып қалды. Лезде бұрқылдап, ашу шақырды. — Әй, қақбас, алыстан келгенде біраз айналып-толғанғанға нең кетті. Шәй-пұйы несі? Сой ана тоқтының біреуін! Тұрар алыстан келгенде соймағанда, менің жаназама сояйын деп пе ең?!
— Тоқты сойып, түнімен жайбарақат отыратын заман емес қой, жазған-ау, — деп шалы жуасып қалды.
— Рас айтасыз, ата, жайбарақат отыратын уақыт емес, — деді Тұрар салмақпен. — Қой сойып, ет асудың керегі жоқ, шәй, тіпті шалап болса да жетеді. Ал, ата, ауылдың, хабарын айта отырыңыз. Не болып жатыр өзі?
— Не болушы ед? — деп Қырғызбай бұл сұрақтан секем ала қипақтады. Баяғы екі шоқып, бір қарайтын қу әдеті. — Мен, әйтеуір, араласа бермеймін. Әйтеуір, абыр-сабыр, еліңде маза жоқ. Базарға бұрынғыдай мал да түспейтін болды. Жалғыз атын желдіктеп, жапа-тармағай бақан ұстаған едірең байлар, әйтеуір. Кімді шауып, қиратып тастайтынын құдай білсін, әйтеуір шетінен желігіп алған. Шетінен бозаға тойып алған адырлар сияқты. Қорқамын, тәрізі жаман. Кесірі тиіп жүрмесе жарар, әйтеуір.
— Көппен көрген ұлы той, несіне қорқасыз? Астыңызда атыңыз бар, бір шетінен барып сіз де тиіспейсіз бе? — деп мысқылдады Тұрар. Шалдың мұнша үркектеп отырғанына риза, сірә.
— Ой, шырағым-ай, шыбын жаным шықпа деп жүрген атаңа енді батырлық пайда болар деп пе едің?
— Е, баяғы Соқыр батырдың бір жұқанасы жоқ па бойыңызда? Алыңыз найза қолыңызға! — деп Тұрар шалды әжуалай түсті.
— Соқыр батырдың заманы мен бұл заман тең бе екен? Ол — мәрттер заманы. Ал біздікі: «шықпа, жаным, шықпа».
Атасы бүкпесіз айтып тұр. Бұған қояр кінәсі жоқ: Кіммен кім соғысады? Не үшін? Не мақсат? — Онда атасының шаруасы болмас. Шалдың шаруасы базар еді, шәй-пұлын содан ажыратып жүруші еді, енді базардан соң кетсе керек Қырғызбайлар үшін елді кім билейді, тізгін кімнің қолына тиеді — бәрібір. Тек өз басы, ошақ қасы аман болса болды.
— Жә, ата, менікі жай сөз. Ал ендігі келген шаруам — маған атыңызды бере тұрыңыз. Бірақ менің келгенімді жан баласына айтпайсыздар.
— Шырағым, Тұрар, сенен мен атты аяп отырған жоқпын, — деді атасы бірден мүжіле түсіп, ауру адамдай үні әлсіз естіліп. — Тек жүрсең, тоқ жүрерсің деген. Осы шатаққа шатыспай-ақ қой, шырағым. Әкең байғұс басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды. Одан не шықты. Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі. Мына заман — тас. Оған соқтықпа деймін, тілімді алсаң. Әкеден қалған жалғыз жетім, сен бір кесірге ұрынып жүрсең, Рысқұлдың түтіні мүлде тұтанусыз қалады. Осыны ойлан.
— Атаң дұрыс айтады, — деп Салиха бір тұстан ордаңдай қосылды. Бұрын ұдайы Тұрарды жақтап отыратын кемпір бұл жолы шал жағына шықты. — Мырзаға байғұс өзінің ұрыншақтығынан, бірбеткейлігінен тапты ғой. Қайда ғана қалды екен, қарағе-ем! — деп Салиха сөзінің аяғын аңырата бастады.
Кемпірі Рысқұлға жоқтау айта бастаған сайын Қырғызбай «тәйт!» — деп тастаушы еді, бұл ретте үндемей төмен қарады. «Рысқұл жер бетінде жоқ» деген нанымға енді бұл мойын ұсынған сияқты.
— Апа, қай-қайдағы жамандықты шақырмаңыз.
— Итжеккенге кеткеніне он жылдан асты, не хабары жоқ, не ошары жоқ, тірі адам осы уақытқа дейін бір тіл қатпай ма мырзаға-о-о-у! Heгe кеттің хабарсе-ез-о-оу, аһ! — деп кемпір екі көзін шарт жұмып, екі бүйірін таянып қалған.
Бұдан арғыға Тұрар төзе алмай:
— Ата, мен жүремін, мұнда қалсам, сендерге кесірім тиер. Кәне, атыңды ерттеп бер! — деп бұрынғы өтінішін бұл жолы қатал қайталады.
Шал сәл бүгежектесе де, мына қаһарлы үнге, өңменнен өткен отты көзге шыдай алмай, есікке қарай қалбалақтай жөнелгенін өзі де байқамай қалды.
— Шәй ішсеңші, Тұрар-ау, — деген Салиханың сөзін Тұрар естіген жоқ. Бұл кезде ол тастай қараңғы далаға шығып үлгеріп еді.
* * *
Меркенің «Төрткүл» деп аталып кеткен қыр базарына бұл жексенбіде де халық көп жиналыпты. Бірак шығыс базарына тән бұрынғы сән жоқ. Адамдар әлдеқалай асығыс, әлденеден сезіктенгіш бір-біріне күдікпен қарайды, жан-жағынан үрей қамағандай, жалтақ. Шайхана алдында жуан қарын самаурындар сексеуіл шоғына шыдай алмай, селкілдеп, иіндерінен дем алып тұрса да, бұрынғыдай жайғасып, малдас құрып отырғандар көрінбейді. Шайқорлардың орнына, биік нарға бір кезде соқыр пристав Сокольский мырза, оның соңынан кеше Ташкенттен келген ротмистр және еуропаша киінген жас қазақ жігіт көтерілді. Атқа мінген урядниктер базардың о шеті мен бұл шетіне шапқылап, жар салып жүр:
— Азаматтар! Маңызды хабар! Қазір өте маңызды хабар есітесіздер. Шайхананың алдына жиналыңыздар!
Тұрар ағаш нарға көтерілгендерді бірден таныды. Пристав бұрыннан таныс. Ротмистр Ташкенттен сапарлас болған. Ал жас қазақ — баяғы Атамырза.
Атамырза зіңгіттей жігіт болыпты. Қияқтай мұрт қойыпты. Көзіне пенсне салыпты. Оның алтын бауы қымбат қара костюмнің омырауына тағылған.
Халық құжынап, жаяуы бар, аттысы бар, шайхананың алдына үймеледі. Ұлықтар тұрған нар мен көпшіліктің арасына бірқатар мылтық асынған солдаттар тізілді.
Соқыр пристав тапалдау бойын ұзартқысы келгендей, хром етікті аяғының ұшына көтеріліп, екі қолын арқасына ұстаған қалпы, қарлыққан дауыспен:
— Мырзалар! Халайық, — деп жұртты өз аузына қаратып алды. У-шудың лезде сап болғанына рухтанып қалғандай енді үні ашылып, сампылдай жөнелді.
— Он тоғыз бен қырық үштің арасындағы бұратаналарды соғыстың қара жұмысына алу туралы патша жарлығы шыққалы, міне, бір айдың жүзі болды. Болыстар мен старшындар майдан жұмысына баратын жігіттердің тізімін жасауға кіріскелі де бір шама уақыт өтті. Патшаға, империяға шын берілген азаматтар бұл жарлықты дұрыс түсінді. Әйтсе де әлі түсінбеушілер көп, ел ішіне бүлік салып, қара халықты адастырушылар шықты. Әлдеқандай оңбағандар патша жарлығына қарсылық көрсетуге тырысып, күш жинап, бунт шығаруға да әрекеттенуде. Оны біз білеміз. Бірақ олар отпен ойнайды. Ажалды қарта бүркітпен ойнайды. Ойтал маңында Ақкөз деген бұзықтың бастауымен бандалар топтасып жатқанын да білеміз. Олар біздің бір зеңбіректің оғына да төтеп бере алмайды. Бірақ біз қан төккіміз келмейді. Халыққа патша жарлығының мән-мағынасын әлі де болса түсіндіріп, мәселені бейбіт жолмен шешкіміз келеді. Бұл ретте киргиздің оқыған, көзі ашық азаматтары не айтады, соны тыңдаңыздар. Сонда ақиқатқа көздеріңіз жетеді. Орынборда шығатын «Қазақ» атты газеттің соңғы санын кеше бізге Ташкенттен ротмистр Приходько мырза жеткізді. (Ротмистр алға бір адым шығып, көпшілікке тағзым етті). Сол газеттегі тағлым сөзді сіздерге қазір Атамырза Айбаров оқып береді.
Осы уақытқа дейін приставтың сөзін қазақшалап тұрған Атамырза қолындағы араб әрпімен басылған газеттің бірінші бетін жазып, алтын жиек пенснесін кеңсірігіне нығарлап қойып, дауыстап оқи бастады.
— «Қазақ» газеті. Шілде айының сегізі күні. Орынборда шыққан саны. Тыңдаңыздар, мұнда былай жазылған:
— Патшаның жарлығы — хақ. Оған қарсы шығып болмайды. «Бұйрық қатты болса, жанға тәтті» деген. Сондықтан жарлықты орындар болар.
Бәлкім, қара жұмысқа жаттықпаған, отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпаған момын қазақ жастары майдан деген сөзді естіп, үрей болып, майдан жұмысына барудан бастартып, бүгінгі күннің қамын ойлап, қашып-пысып, жасырынып жүрер. Олай етуге болмайды. Ол дұрыс емес. Майдан жұмысына барудан жасырынып қалу қате.
Майданға барудан бас тартсаң, халқың қаһарға ұшырайды. Бұл шақ — соғыс шағы. Тәртіп қатаң: қашқындарды іздеуге әскер шығады, ел-жұртың әбігер болады, азып-тозып, қырғын-сүргінге ұрынады. От басың, бала-шағаң, кемпір-шалың күйзеледі. Қашқанмен — құтылмайсың, патшаның құрығы ұзын. Қашқын болсаң, шаңырағың шайқалып, шаруаң күйзеліске ұшырайды. Өкімет тарапынан халыққа деген сенімсіздік туады.
Ел ақсақалдары мен атқамінер азаматтар осыны есте ұстап, жарлықтың мән-жайын жұртшылыққа ұғындыра білсе, құба-құп.
Қол қойғандар: Ғали, Рахмет, Жақып».
— Әй, қарағым, оларың кім? Бүкіл қазаққа сөз тастайтындай кім еді оларың? — деді ат үстінен әлдекім айқайлап.
— Олар — Алаштың арыстары. Олар дұрыс айтады. Сөздеріне құлақ қою керек, — деп Атамырза белең алып барады.
«Бұл мектепте аузын буған өгіздей болып тұрушы еді, сабақ білмей. Қашаннан бері халық алдында сөз бастауға жарап қалып еді?» — деп Тұрар таң қалды, әрі қобалжи бастады.
Сынға түсер сағат соқты. Дөп қазір сөйлемесе сөз атасы өлгелі тұр. Сөйлейін деп неше рет оқталды, бірақ бір нәлет күш бойын буып жібермейді. Қырғызбай атасының доғал торы атының үстінде тұрып, үзенгіге аяғын тіреп, әлденеше рет көтерілді, аузынан сөз шықпай тұншыға берді. Жан-жағына қарап еді, иін тірескен адамдар ауыздары аңқайып, Атамырзаның сөзін кәдімгідей тыңдап тұр. Шыдай алмай, қол көтеріп, енді аузын аша берейін дегенде, оң жағындағы бір мосқал біреу:
— Әй, бала, шошаңдамай, тиыш тұршы, сөз естиік, — деп бүйіріне қамшының сабымен түртіп қалды.
Енді сәл кешіксе, бәрі де келмеске кетеді. Мына тұрған жұрттың бәрі болмаса да, көбі пристав пен Атамырзаның айтқанына иланатын түрі бар.
Тұрар ызадан жылап жібере жаздады. «Халық алдында жақ аша алмайтыным бар, сонау Ташкенттен арып-ашып, асығып несіне жеттім? Мынадай жиынды құдайдың өзі дайындап беріп тұрғанда, ләм деп тіл қата алмасам — баяғыдан бері несіне оқып, несіне күндіз-түні күрес жолын ойладым? Дәл осы базарда баяғыда, бұдан алты-жеті жыл бұрын соқыр балгердің теңіз шошқасы қораптан тістеп алып шыққан көк қағазда: «Сенің бүкіл өмірің шайқас», — деп еді ғой. Сол шайқас осы емес пе? Сонда менің шайқаскер, күрескер болған түрім осы ма? Қалайша жасық туып едім, о атасына нәлет!».
Тұңғыш рет Тұрар әкесі Рысқұлдың ашынғанда айтатын сөзін қайталады: «атасына нәлет».
Астындағы торыны тебініп, алға ұмтылыңқырап, додадан көкпар алып шығуға ышқынған шабандоздай көзінің алды қанталап, қаһарлана айқайлап жібергенін өзі де байқамай қалды. Дауысы ащы шықты. Халық елең етті.
— Ей, Атамырза!
Атамырза оқ тигендей селк етті, алтын пенснесі жалп етіп, омырауына құлап, баулығына салбырап қалды. Ол қалың топтың ішінен ат үстінде алға ұмтыла дәл өзіне қарай қолын сермеп тұрған Тұрарды таныды.
— Ей, Атамырза! Сен қашаннан бері сайрайтын болғансың? Сайрауың — қораздың аузындағы шегірткенің шырылдағанындай. Шырылдарсың, сорлы! Айтып тұрғаның шын болса — әскерге алдымен өзің неге бармайсың?.. Жалған айтасың! Қолыңдағы газет те жалған айтады! Ол халыққа басыбайлы, құлақ кесті құл бол дейді. — Тұрар демі жетпей алқынып бара жатқанын байқады. Жүрегі дүрсілдеп қатты соғып, өкпесі өрепкіп, аузынан атып шығардай алқымына тірелді. Сөз бөлініп, ой шатасса — нағыз сорлаған жерің сол. Қазір аналарға кезек бермеу керек. Халықтың назарын мықтап ұстап қалу керек. Айырылсаң — құрыдың. Көп сөйлеп, мыжудың да қажеті жоқ. Негізгі ойды аз сөзбен лезде жеткізбесең — жеңілдің.
Әлгінде бүйірінен қамшымен нұқыған мосқал қазақ енді өзіне қадалып қалыпты. «Ал, бол, айт!» — деп тұрғандай көзқарасы.
Одан әрі жүздеген, мыңдаған көздер өзіне қадалғанын қас қағым сәтте аңғарды. «Сөйле!» — деді өзіне өзі.
— Патша, патша дейсің, Атамырза. «Патша, патша!» — деп лепіргенде балағыңнан кірген жел танауыңнан шығады. Патша уәдеден тайған жоқ па? Қазақтардан әскерге адам алмаймын деген антын бұзған жоқ па? Антын жұтқан кімді аяйды? Соғыс жүріп жатқанына үш жылдың жүзі болды. Кімге керек ол соғыс? Қан төгіп жатқан халық. Тауқымет артып жатқан халық. Ал патша болса, тағын ойлайды. Халық қырылған жерде патша тағының амандығы кімге керек?! Мен де кеше ғана Ташкенттен келдім. Ондағы жұрт патшаға адам бермейміз деп аттанысқа шықты. Соноу Торғайда, анау Жетісуда, мынау Қырғызда халық көтеріліп жатыр. Дүйім халық көтерілсе, патша да, губернатор да, ояз да, мынау тұрған пристав та түк істей алмайды. Алтау алауыз болмай, төртеу төбедегіні алайық. Қарулан, халайық! Ойталдағы Ақкөзге барып қосыл. Бытырамай бір кісінің баласындай бол! Бес саусақ жұмылса — жұдырық, жұмылмаса — құрыдық. Патша қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алмақшы. Ол не деген сөз? Ол окоп қазады, қолындағы бар қаруы күрек болады деген сөз. Сонда қалай? Германдықтар мылтық пен зеңбіректен оқ жаудырса, окоп қазып жатқан қазақ оларға қарсы күрек лақтыра ма? Білгіш болсаң, осыған жауап берші, Атамырза?!
Атамырзаның аузына құм құйылған жері осы болды. Ол қазір мектепте мұғалімнің сұрағына жауап бере алмай мелшиіп мұрнын шұқылай беретін әдетіне қайта басты. Дәрежелі мырза екенін ұмытып та қалса керек. Алысқа ұзап кете қоймаған екен азаматың. Ақылдан кемтар неме әлі жетіле қоймапты.
— Мынау қайдан шыққан бәле? — деді есін енді жия бастаған пристав.
— Бұл Тұрар деген бұзық. Есіңізде ме, ана жылы біздің тойда Ақкөзге ара түсетін тілмаш. Семашко мырзаның көмекшісі, — деп түсіндірді Атамырза.
— Мен бұл сұмды білемін. Ташкенттен бірге келдім. Иә, бұл Тұрар Рысқұлов. Қап, білсемші сол екенін! — деп ротмистр санын бір-ақ соқты.
— Әй, оңбаған, тоқтат! — деп ақырып қалды пристав. — Тоқтат! Солдаттар! Тыңда бұйрықты! Ұстаңдар ана сұмырайды!
Иін тірескен адамдарды нар-мінберден бөліп тұрған солдаттар алға кимелеп, Тұрар тұрған жерге жетпек болып ұмтылып еді, теңіздің толқыны теуіп тастағандай, қайта кейін жапырылып кетті.
— Бала! Енді тай! Біз қалқалай тұрамыз, — деді қатар тұрған мосқал қазақ. Ендігі аялдаудың, сөз сөйлеудің реті жоқ, базар үсті у да шу, шатыр-шұтыр, сапырылыс басталды. Тұрар торы атты топтан әрең шығарып, базардың солтүстік қақпасына қарай ығыстай берді. Артына бір бұрылып қарап еді, қалың нөпір оның соңынан дүрмек-дүрмегімен андыздап келеді екен. «Солдаттар емес», — деді өзіне өзі.
Қақпадан шыққан бетте Ойтал бағытын бетке алып, торы атқа қамшы басты. Нағыз шайқас жолына тұңғыш түскенін бар жан-тәнімен сезіп, ұшатын қанат біткендей, кең далаға «аттан!» — деп айқай салды. Осы сөзді әр тұстан қайталап, солтүстікке қарай андыздап бара жатқан аттыларды көріп, Тұрардың көзінен жас парлады.
* * *
Василий Терентьевич Кузьмин ұйқыдан ерте тұруға дағдыланған кісі. Селоның ең ірі байы, әрі атаманы болғандықтан өз дәрежесіне сай аспай-саспай сәске түсте бір-ақ тұрса да болар еді. Жоқ, Кузьмин ондай емес. Кузьмин өзінің бала-шағасына, жалшы-батырақтарына үнемі:
— Кто рано встает, тому бог дает, — деген өсиетті айтудан жалыққан емес. Бүгін де торғай шыр еткеннен төсегінен тұрып, ұйысқан қаба сақалын, бурыл шашын айнаның алдына барып тарап, бұрыштағы иконға шоқынар-шоқынбас, иығына кителін іле сала, тысқа шықты.
Батырақтары қорада жүр екен. Кулак бұған қуанып қалды. Мына қилы заманда жалшыларына сенбейін десе, бұлар бір мың болғырлар. Ерте тұрып, мал қамына кіріскен түрі бар.
Тайлаққа пара-пар, еңсегей бойлы, өмірі қабағы ашылмайтын түкіс орыстың аты Пахом еді. Екеуі де сатылы арбаға жегілетін қара өгіз бен сары өгізді еске салады. Рас, сары өгіздің бір мүйізі сынық. Құдай соған парлап ұқсатқандай Пахомның да бір қолы шолақ. Пахом осы Кузьминкадан 1914 жылы күзде әскерге алынып «патша мен отанды қорғау» үшін майданға аттанды. Чернигов жерінде оң қолын шынтағынан оқ жұлып кетті де, мүгедек болып кері қайтқан. Қайтып келсе, қарт анасы мен қатын өлген, жалғыз ұлды армияға алған. Село шетіндегі жәпірейген жаман лашықтың төбесіне қарасора өсіп, жаманаттың қара жалауындай қаулап тұр екен.
Алабота мен қарасора қаумалаған лашықтың табалдырығында жалғыз қолымен махорка орап, ащы түтінді атау астай бұрқырата жұтып отырған кезде қасына осы Кузьмин келді. Жалғыз қалған шағында жаныңа жанашыр біреу келіп, бірер ауыз жылы сөз айтса, соның құрбаны болып кеткің келетін сезім билейді бойыңды. Кузьмин адам жанының нәзік тамырларын таба білетін кәрі қасқырдың өзі еді. Пахомды қолтығынан сүйеп, өз үйіне ертіп апарып, бүкіл соғыстың бойында татпаған тамағын беріп, самогон арақпен сыйлады.
Пахом Кузьминнің шошқасын бағып, бай Кузьминнің босағасында қала берді. О баста ішкі Ресейден келгенде бұлардың тағдыры бір қалыптан шыққандай ұқсас еді, келе-келе Кузьминнің тасы өрге домалай бастады. Тағдыр атты ауыр тасты Пахом да өрге қарай итеріп көріп еді, біраз жылжып барып қайтадан ылдиға құлай берді, құлай берді...
Малды өріске шығарарда Кузьмин жалшыларға әдеттегіден тыс тапсырма айтты. Бұрын ылғи оларға:
— Малды алысқа ұзата жайыңдар. Селоның төңірегінен ұзамай, кіл тақырға жаясыңдар, өмірі бүйірлері томпаймайды. Алысқа, шұрайлы жерді қуалай жайыңдар! — деп бұйырар еді. Бұл жолы:
— Ей, жігіттер, алысқа ұзамаңдар. Ел маңынан қара үзбеңдер. Заман жаман. Киргиздар құтырды. Құл-құтанына дейін атқа мініп, қолдарына сойыл ұстап алыпты. Абайлаңдар. Шауып кетіп жүрмесін. Сақтықта қорлық жоқ, мына берданды ала жүріңдер, — деп мылтықты Пахомға ұсына берген. Бірақ енді ол мылтық ата алмайтыны есіне түсіп, Тайлаққа ұсынды. Берерін берсе де: «Осы киргиз өз қанына тартып кетіп жүрмей ме?» — деп те шүбәланды.
— Пахом, байқа! — деп шолақ жалшыға көбірек сенім артып, Тайлаққа абай бол дегендей сыңай танытты.
Кузьминнің желіні жер сызған сиырлары, қой-ешкісі аралас — маңырап-мөңіреп өріске бет алды. Шошқаларын қорсылдатып артын ала Пахом шықты. Түстіктен тау мұнартқан, терістіктен кеңістік керілген бейбіт таң. Топалаң туар деп қауіптенер нышан жоқ. Бақташы мен шошқашы Мықанды жағалай, ел сыртына шыққан соң, малдың алдын орап, көгалды қойнауға иіріп тастамақ еді, Пахом:
— Айдай түс, — деді.
— Қожайын ұрсады, алысқа ұзамаңдар деген, — деп Тайлақ ырық бермеп еді, Пахом көнбеді.
— Айда, сорлы.
— Ары бармайық, Ақкөздің қолына түсеміз.
— Қолыңда мылтығың бар, неменеге қорқасың? — деді шолақ Пахом ызғарлы мысқылмен.
— Өмірі мылтық атып көрген емеспін, маған бұ да бір, таяқ та бір, әйтеуір сес демесең, — деп Тайлақ иығындағы берданды қолына алып, о жер, бұ жерін шұқылап көрді.
— Ата білмесең, шұқылай берме, түсірме иығыңнан, — Пахом зілдене сөйледі. Қараптан-қарап келе жатып, күндегіден мінезі өзгерді.
* * *
Пахом 1915 жылдың суық күзінде Галиция жерінде жараланды. Қаһармандығы көп, қаруы жоқ Ресей армиясының көпшілігі осы он бесінші жылы қатты қырғынға ұшырады. Август айында бес жүз сексен бес мың адам, қыркүйекте — төрт жүз он сегіз мың адам, ал Пахом жараланған қазанда — үш жүз алпыс алты мың адам қатардан шықты. Бүкіл Ресей бойынша бұл соғыста он бес миллион еркек кіндік армияға алынса, соның жартысынан көбі үйлеріне қайтпай қалды. Халықтың қаймағындай кілең қыршын боздақтар босқа құрбан болды. Мына Пахом соны көріп қайтқан. Мерке тарапында соғыстың қыр-сырын қатпаршағына дейін бір білетін адам осы Пахом. Енді сол соғысқа қазақтарды да айдамақшы екен. Пахом соның үстінен түсті.
Патшаның айтқанына көніп, айдауында жүре беретін момын қазақ бұл жолы өзгеше мінез танытып, атырылып атқа қоныпты. Басы бірігіп, кәдімгідей елдігін танытып, қаһарланып алыпты. Ойтал дейтін жерге Ақкөз дейтін көсемі ат қылынан ту тігіп, жасақ жинай бастапты. Ал бірақ оның ішінде Тайлақ жоқ. Тайлақ мұның қасында.
Ал осы Тайлақтың Жылы-Бұлақтағы жерін Кузьмин қалай тартып алғанын Пахом соноу Столыпин дәуірінде өз көзі көрген.
Маңырақ ауылы ұлардай шулап, Жылы-Бұлақтан көшкенде, осы Тайлақ жерге етбетінен жата қалып, қос қолымен топырақ уыстап, сол топырақ оның көз жасына шыланған. Сөйткен Тайлақ енді Кузьминнің малының тілеуін тілеп, құлақкесті құлға айналып, тұяқ серпер түрі жоқ.
Енді біраздан кейін шошқалар өзен бойындағы бір қолтыққа жайылған шалшыққа кіріп, қорс-қорс етіп, батпаққа жата қалып, жан рахатқа батқандай шыңғырып, бірін-бірі талпақ тұмсығымен түрткілеп, мамырлап қалды да, басқа түлік өзен бойлап, әлі де жылжып бара жатты.
Бір қызығы, Пахом шошқа табынына қайырылмай, сиыр мен қойдың бір шетін түре айдап, алысқа ұзай берді.
— Әй, тамыр, жетер енді, малды жалғыз қолыңмен қамшылап, мазалай берме, — деп Тайлақ қайрат көрсетпек еді. Пахом көнер емес. Ұзын қамшыны шартылдатып, малды ықтырып әкетіп барады.
— Тайлақ, сен солдатқа барғың келе ме? — деді кенет Пахом бос жеңімен бетін сүртіп келе жатып.
— Мені қайтеді? Бармаймын-ей! — Әлгі сұрақ Тайлаққа мазақ сияқты болып естілді. — Сен-ақ жетістір. Жетістіріп келдің ғой жауды жайратып.
— Ал сені солдатқа алады. Бектен болыс Кузьминге сені қайтар деп жатыр. Тізімде бар көрінесің.
— Кузьминнің малын кім бағады? Жоқ, сен алдайсың, тамыр, мені қожайын бермейді, — деп Тайлақ айылын жимады.
— Қазір соғыс кезі. Кузьминге екі бірдей батырақ ұстауға рұқсат етпейді. Екеуміздің біреуіміз қаламыз. Біреуімізді солдатқа алады. Қалай ойлайсың, кімді алады?
Сұмдықтың сыры Тайлақтың санасына енді жеткендей, аңғал адам аңырайып тұра қалды да, керемет жаңалық ашқандай, айдалада айқайлап жіберді.
— Ой, әкеңнің... Әрине, мені алады! Сен шолақты не қылсын!
— Ал сонда ана алты балаңды кім асырайды? Кузьмин бе, Бектен бе? Әліңе қарамай өзің де асыл тұқымды айғырдай неме екенсің.
— Әй, тамыр, өйтіп оттама, бала құдайдікі, менікі емес.
— Е, сонда қатының оларды күлге аунап тапты ма? Қызылбет қатының мекиен болып кеткен шығар...
Кенет Тайлақ Тайтақайды ойлап, оны ұдайы ұрып-соққаны есіне түсіп, өзегін өрт шалғандай, тұла бойы дуылдап ала жөнелді. Кішкентайынан қосылған, шала құрсақ, жыртық көңіл көп күндерді бірге өткізген, адуын да аңқылдақ, арқырама дүлей мінезді болғанмен, артында зілі жоқ сол әйелдің өзіне қымбат екенін түсінді. Бәрін тастап, Маңырақтағы жаман үйіне тез жетіп, жалаңбұт балаларының маңдайынан сипағысы келді.
— Солай, тамыр, сені солдатқа алады. Одан қайтып оралуың екіталай. Мың-мың адам, ілуде біреуі қайтады. Оның өзі мен сияқты мүгедек болып қайтады, — деп шегелей берді Пахом.
— Егер қайтпай қалсам, менің хабарымды қатын-балам қалай біледі? — деп Тайлақ демде майданға кетуге мойын ұсынып қалды.
— Е, адресіңді жазып, қалтаңа салып қой. Өкімет өзі хабарлайды.
— Мен хат білмеймін ғой, тамыр, сен жазып берсеңші. Қағазды жоғалтып аламын. Бір қатты нәрсеге жаз, мойныма жіппен тағып аламын.
— Е, дәл қазір аттанып бара жатқан жоқсың ғой. Жаз десең — жазып берейін. Ал енді тыңда. Кузьминге біз енді қайтып бармаймыз, білдің бе? Ақкөзге қосыламыз. Сонда солдатқа алынбайсың. Ақкөзде адам көп. Ал көп болған жерді жау ала алмайды.
— Жоқ, ойбай, мені бір бәлеге ұрындырайын деп тұрсың ғой, арам!
— Сөйлеме! — деп Пахом оң қолын сілтеп қалайын деп еді, қолы жоқ, тек иығындағы тұқылы ғана шолтаң етті.
Тайлақ мына орыс тамырының әрекетіне түсіне алмай, өмір деген сайқымазақ жұмбақтың шешуін таппай, «бұл, сірә, неге бастағалы тұр», — деп дал болды. — Сен қорықпа, Тайлақ, — деп сарнады шолақ Пахом. — Соғыстың сорға толы сорпасына мына мен тойып қайттым. Біз жеңілдік, ол айдан анық. Не үшін соғысып жатырмыз Вильгельммен? Ешкім де білмейді. Мақсат айқын болмаған соң, солдаттың еңсесі түседі. Әрі десе қару жоқ. Мылтығы бар солдаттың өлгенін күтесің. Патшаға солдат та наразы, халық та наразы. «Жойылсын патша», — деп шулаған халықты мен өз көзіммен көрдім.
— Өй, сен де сандырақтап бердің-ау, — деп Тайлақ күмән соғады. — Патша да жойылар ма еді?
— Жойылады, Тайлақ, жойылады. Жана өкімет орнайды. Сонда Кузьминнен жеріңді қайтып аласың. Ұқтың ба енді?
— Жер деймісің? Ондай атты күн қайда? — деп Тайлақтың үңірек көзін мұң шалады. — Жылы-Бұлақ қайтар заман болса, оққа басымды байлауға мен дайын.
Пахом сау қолымен Тайлақты иығынан құшақтап, тоқтатып тұрып, көзіне көзін қадап:
— Жер өзіңе тиеді, Тайлақ. Сондықтан да Ақкөзге жетейік, — деді сыбырлағандай болып.
Тайлақтың көз алдына Жылы-Бұлақ келді. Ол өзі терең сайдың аяғы, бұлақ суының басы еді. Ауыл елді асырайтын бір бұлақ су сыңсып ағып жатқаны есіне түскенде Тайлақтың жүрегі сыздады. Қарақоға мен күлгін жалбыз арасына көкқасқа бақалары қойдай шулаған, арасына адам кірсе кеңірдегінен келетін бидайықта бөденелер бытпылдықтаған қайран да қайран Жылы-Бұлақ! Қыстың күні жердің жүзін қар басып, аяз қысқанда да қатпастан буы бұрқырап, кемердегі мұз сүңгілерін сыңғырлата жалай ағып жататын қасиетті қара су! Сол суды ішіп өскен тарының бозасына мас күн қайда?
Тайлақтың үңірек көзінен Жылы-Бұлақтың суындай жып-жылы жас парлап ағып келе жатты.
* * *
Қырғызбай атасының торы аты былай шыға бере болдырып қалды. Делдал иесі сияқты өмірі мимырт жүрістен аспаған, қосаяқ қағып, қатты жүріп көрмеген мал шашасынан тер саулап, тобылғы түсі лайсаң карат ерте айналды. Семіз неме майы аузына тығылып, тәтті етіне тиген ащы қамшыны да елемей, мәңгүрт, марғау жүрістен аспай қалды. Мына заман аласапырандау, ендігі жерде жай басу жарамайды-ау, жалқау тіршілік кенет дүр сілкініп, дүн-дүние ұйқысынан оянды-ау, — деген торы аттың қаперіне кіріп-шықпайды. Мына ұлы дүрмекке Қырғызбай атасы араласпай, бұғып отырса, оның торы аты да зауықсыз. Айнала андыздап шауып бара жатқан аттардың дүбіріне елеңдемейді, еті қызбайды, жарыс желігі оны қыспайды.
«Ұстап алса, мүрдем кеттім-ау. Әттең, қарудың жоғы-ай!» — деген ой лезде шалықтап өтті де, әлгі екеудің біреуі өзіне таныс екеніне көзі жеткенде, жүрегі орнына түскендей болды. Ол базардағы жиында өзімен қатар тұрған қарақасқа атты мосқал қазақ екен.
— Е, бала, атың болдырып қалыпты ғой, — деді ол Тұрармен қатарласа беріп. — Бағытың қай жақ?
— Маған Ақкөз ақсақал керек, — деді Тұрар мына кісіден бір көмек болар-ау деген үмітпен.
— Е, онда беталысың дұрыс. Осылай тарта бер, — деп әлгі мосқал атын тебіне беріп еді, Тұрар оны дауыстап тежеді.
— Ағатай, мен ол кісіге тезірек жетуім керек, мені ала кетіңіздер. Мына мәстектің түрін көріп тұрсыздар ғой.
Мосқал қара тізгінін тарта түсіп:
— Апырай, а, қайтсек екен. Біз де асығыс. Мінгесесің бе, сонда? — деді. — Әй, Шынпатша, балаға атыңды бер де, сен мына торыға ауысып мін. Асықпай, артымыздан келерсің. Ойталға барған соң бұл шабан торыны қуырдақ жасаймыз, тастамайық.
Шынпатша дегені шынашақтай қатпа кісі екен, екі-үш тал сирек сақалын талмап тұрды да:
— А мейлі, айтқаның болсын, Досмайыл. Бала — тегін бала емес көрінеді. Оның Ақкөзбен тезірек ұшырасқаны да жөн шығар, — деп теңбіл көк айғырдан ыршып түсті. — Жаңа, сен шырағым, Атамырзаның аузын қисайтып, жағын айырып тастадың. Соныңа риза едім, мынау соның қайырымы.
Тұрар теңбіл көкке мінгенде, тауға шыққандай шын биіктеп, көңілі асқақтап сала берді.
Үстіне бөтен біреу мінгенін сезген теңбіл көк ұзын мойнын садақша иіп, басын тұқырта тізгінді жұлқып-жұлқып, бір орында шыр айналғанда, Тұрардың көзіне Аспараның Алатауы бұлдыр-бұлдыр іліне беріп еді. Ол да теңбіл көк екен.
Ендігі бір сәтте теңбіл көк айғыр Досмайылдың қара қасқасымен жарыса көсілген кезде, терістік беткейден ойдым-ойдым қара көк аралдар — шоқ-шоқ бұйра талдар, одан әрі сап-сары белдер сағым араласа мұнартып, сары мұхиттай толқып жатты.
Сары теңізде жүзген қаракөк кемелер... Көп кешікпей қара дауыл тұрып, сары теңіз тулап, астан-кестен болар.
Тұрар бір қолымен тізгінді тарта ұстап, бір қолымен көзілдірігін демеп келеді. Тұлпар мінгенде, көзілдірік жараспайды екен, амал не, көзінің нұры қаршығаның көзіндей өткір-ақ еді, Алматы түрмесінің қараңғы камерасында кітапқа үңілген көп түндер сол жанарды жауқазын кезінде-ақ сорып тастаған екен: енді ерте жастан көзәйнек киюге мәжбүр болды. Тұрар көзілдірікті бүктеп, төс қалтасына салып қоймақшы еді, бет алды бұлдырап, дүн-дүние түгел буалдыр тұтып қалған соң, көзәйнекті қайта киіп алды. Мұны байқап келе жатқан Досмайыл:
— Көп оқысаң керек, ә? Көзіңді оқу жеп қойған ғой, сірә, — деді.
Тұрар оған:
— «Әлі оқуым аз», — демекші еді, айтпады. Оның, бар діттегені — Ойталдың бұйра аралы еді.
* * *
Мерке жағынан лек-легімен құлаған аттыларды будақ-будақ шаңның арасынан аңғарған шолғыншы биік терек басынан айқай салды:
— Ойбай, кеп қалды! Қарақұрым, шегірткедей қаптап келеді! — Шолғыншы-қарауылдың дауысы тарғыл-тарғыл, әлем-тапырық шыққанына шын шошыған сарбаздар Ақкөз сардардың жарлығын күтпей-ақ алаңқайда тұсаулы жүрген аттарына қарай ұмтылды.
Ерте ме, кеш пе, Меркеден, не Әулие-Атадан, не Пішпектен әскер шығып, мына көтерілісшілермен қақтығысатыны айдан да анық болатын. Бірақ дәл қазір шабуыл тұтқиылдан басталар деп ешкім күтпеген.
Адамдар абыр-сабыр, айқай-шу, ызы-қызы болып жатқанда, Ақкөз асықпастан ақжал сарыға мініп алды да, қазанатты тебініп қалып, таяу төбенің басына ойнақтап шыға келді. Мұндағы ылдидан Меркенің өрлеуіт тұсы онсыз да ап-анық көрінеді. Ақкөз қолын көлегейлеп, өрге қарап еді, шынында да аунақшыған бозала шаң әр тұстан шұбалаңдап келеді екен. Кәнігі кәрі көз әлгілердің әскер емес екенін бірден аңлады. Әскер болса тәртіп сақтап, шашырамай, берік қамалдай тұтасып келер еді. Ал мына бытыраған аттылар кім сонда? Шотыр-шотыр, екеу-үшеу, бесеу-алтау. Кейбірі шоқытып келе жатса, кейбірі тойға, көкпарға келе жатқандай жайбарақат.
Меркеден бері қарай ылдилай түскен жап-жазық дала мына шілденің ыстығына шыдай алмай, қураған күйрек қызыл изенін өрт шалып, содан түйдек-түйдек түтін аспанға атылып жатқандай.
Ақкөз жау шаппағанына көзі жетсе де, «сақтықта қорлық жоқ» деп, сарбаздарды сақтандырмақ болып, артына бұрыла беріп еді, атқа қонып, қарақұрымдай қаптап тұрған қалың қолды көріп, кенет қуаныш кернеген кеудесінен оқтай атылып:
— Айналайындар-ай! — деген сөздің қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды.
Ойтал орманының жап-жасыл алаңқайы еді. Қазір сол алаңда аттылы сарбаздардан ине шаншар жер қалмастан, жауынгерлер иін тіресіп тұр екен.
Сардардың қуанышы қойнына сыймай, енді бір сөз бастайын деп тұрғанда, оның көзі Ойтал орманының терістігінен шыға жырылып бара жатқан бес-алты аттыға түсті де, түсі өзгеріп, көңілі су сепкендей басыла берді.
— Халқымнан айналайын. Адалдығыңнан айналайын, — деді ол ақжал сарының үстінен үзеңгіге аяғын тіреп түрегеп тұрып.
— Сендерге құдай анау опасыздардың жолын бермей-ақ қойсын. Ана өрден түсіп келе жатқандар, мен білсем, жау емес. Жаумен айқаспай жатып ана жүзіқаралар қашып барады. Жә, бес-алты шіріген жұмыртқа мына тұрған бес-алты мың қолдың садағасы босын!
Алты мың бас бұйрықсыз-ақ бұрылып, Ақкөз қамшысының тобылғы сабы нұсқаған жаққа жапырыла қарады. Қашқындарды олар тоғай арасынан көре алған жоқ. Шыдай алмағандары Ақкөз тұрған төбеге шауып шығып, сардардың айтқанына өз көздері жетті. Алты атты адам сары белді бетке алып, аңшылардан қашқан бөрідей тұқшия түсіп, желе-жортып зытып барады екен.
— Мен Ойталға — әділдік туының астына ешкімді де күштеп, зорлап жиған жоқпын! — деп Ақкөздің дауысы саңқылдап қайта шықты. — Басына күн туған халық өзі келді. Әне, қараңдар, тағы да келе жатыр. Біздің қолға қосылмаққа келе жатыр! — Сардардың тобылғы қамшысы енді әрі жақты нұсқады. Ойдым-ойдым ойнақшыған шаңдақ жақындап қалған екен, — Бұл жиын — ерікті жиын. Жан баласына қиянат, зорлық жоқ. Шайқастан қорқатындар араларыңда әлі де бар болса, алда риза, мен риза, әне жолың ашық, бара берсін. Ойталға еріккендер келмейді, бұл жиын — ас пен тойдың жиыны емес, тәуекелдің, көппен көргеннің ұлы тойы. Одан тайсалғандар осы бастан тайып тұрсын!
— Дұрыс! Дұрыс!
— Тура сөз!
— Арамызда арамзалар болмасын!
— Қорқақтар қатындардың қасында отырсын!
Жасыл бұйра жағалаудың ортасындағы қара дария тасығандай: аспанға найзалар мен ақ бақандар шаншылып, толқынның ақ шуда жалындай желкілдейді. Көбісінің қаруы бақан мен уық, ақ сойыл. Сол жабайы қару жабыла көтерілгенде мына аңызақ шілденің ақ шелденген аспанын тіреп тұрғысы келгендей шаншылады.
Ойталдың жүз жылдық зау теректері қыркүйек түспей жатып, осы тамыздың ішінде-ақ сары балақтана бастаған. Сонау сәуірдегі сараң жаңбырдан соң бұл өңірге биыл тамшы тамбай тұр. Жайылымы жұтаң, жайшылықта жайқалып тұратын күр еңсе мен раң, бидайық пен беде тым ерте қурап, ұшып кеткен. Тек тырбық жусан тана сұп-сұр болып, сазарып алып, әлі де болса аптаппен арпалысып, күн көзіне зәрлене қарап, ызасы бетіне шығып тұрған сияқты.
Қасақана биыл Мерке мен Мықанның, Аспара мен Шалдуардың суы да қысыр жыландай қымсынып, қылдырықтап ағады. Су бұрынғыдай арнасынан асып тасымаған соң, ойдағы шалғын тозған, үкілі нар қамыс биыл өрт шалғандай селкеу-селдір.
Мұндай аңызақ құрғақшылықта дала шаңдақ. Бұрқ етерге желеу таппай жатқан кебір топырақ Меркеден құлаған аттылардың жолын әйгілеп аспанға бүкіл даланың үстінен бозбала ту көтергендей, сатым аралас тозаң тұтып алды.
Тозаңдатып, шаңдатып өрлеуіттен алғашқы аттылар да жетті. Астына жабы тұқымдас бөрте жүнді мықыр ат мінген айыр қалпақты адырлау бір кісі анадайдан айқай салып:
— Ассалаумалайкүм, Ақкөз батыр! Біз тіге Аспараның арғы бетіндегі Батыс қырғыз боламыз. Сен әділет туын көтерді дегенді естіп, аңнан қазақ-қырғыз қашаннан бір туған, не көрсе де — бір көреді, бұл заманда да бір болайық деп еле келдік. Мына менің ағаларым мен аталарым кешегі Сыпатай батырдың сарбаздары болған. Оны сен жақсы білесің батыр. Бүгін жолда біз Сыпатай батырдың басына түсіп, дұға оқып, әділет үшін аттандық, ақ жол беп деп бата тіледік. Аңнан мына аттың басын саған тіредік. Қабыл ал, батыр! Менің ныспым — Атасақал, қасымда жиырма жігіт бар.
Ақкөз ақжал аттан түсіп, Атасақалға қарай төбеден төмен жаяу беттей берді. Атасақал да мықыр аттан аунап түсіп, төбеге қарай ентелей басты.
Ақкөз әуелі Тұрарды танымай тосырқап отырды. Орысша киінген, көзіне алтын жиек көзілдірік тұтқан, дудардай шаш қойған шомбал денелі жас жігіт бір жерде көрген адамындай елес берсе де, қайда көргенін есіне түсіре алмады. Ұлықтардың қасында осындай тілмаш, писарь қазақтар жүретін. «Біздің арамызға кіріп кеткен жансыз біреу болып жүрмесін», — деп те күдіктеніп қалды.
Тек Досмайыл алдына келіп, тізерлеп отыра беріп:
— Уа, батыр, мына бала сені іздеп келеді. Сені танимын дейді. Өзі деймін тегін емес. Меркенің базарында пристав пен Атамырзаның аузына құм құйып кетті, — деді.
— Кім боласың жарқыным? — деп Ақкөз енді Тұрарға бүкіл тұлғасымен бұрыла қарап, төбеден төмен төне түсті.
«Танымады, — деді Тұрар ішінен. — Танымады. Біз сонау Бектен тойынан бері көріспегелі алты жыл өтіпті. Екеуміз де өзгерген екенбіз. Мұның басында бурылы көбейіпті. Реңі әлі таймаған бірақ. Жарықтық әлі нарттай жүзінен нұр шашырап, екі көзі әлі жайнап тұр. Осы келбетте адамды өзіне еріксіз артып алатын магнит бар сияқты. Дәл қазір мына қалың қолдың мұның жанына топтанғаны да тегін емес қой. Құдіретті қарт, енді сол құдірет жолын дұрыс таба білсе болғаны...».
Тұрар төбеде отырған Ақкөзге тағы бір адым жақындай түсті:
— Ақа, танымай қалдыңыз ба? Мен Тұрармын ғой. Рысқұлдың...
— Болды, болды, бауырым, құлыным, болды, ар жағын айтпай-ақ қой! — деп Ақкөз орнынан қопарыла көтеріліп, қорбаңдап келіп жас жігітті бауырына басты.
— Ылғи бір сын сағатта сен кез келіп, қанатымен су бүріккен қарлығаштай, дем бересің, құлыным. Сонау Бектен тойындағы сойқанда шырылдап келіп ара түскеніңді әлі ұмытқан жоқпын, қуатым. Әй, сондағы жүрек жұтқан ерлігің-ай. Содан кейін сенен көз жазып қалдым. Сені оқуға кетті деді біреулер. Қанша жыл болды? Алты жыл дейсің бе? Иә, алты жыл өтіп кетіпті-ау. Сен осы қаншаға келдің, Тұраржан?
— Жиырмаға келдім, Ақа.
— Жиырмаға дейсің бе? Мен алпысқа шықтым. Сенің әкең менен бірер жас кіші еді. Қазір қаншада болғаны?
— Тірі болса, елу алтыда ғой, Ақа. Айдауға кеткеніне он жылдан асып барады, әлі дерек жоқ қой. Кесімі он жыл еді...
— Е, Тұраржан, кебін киген келмейді, кебенек киген келеді. Тірі жүрсе, арыстан еді, азамат, бір айналып соғар, не бопты. Әй, арыстан еді-ау, есіл ер...
Бұл әңгімені тыңдап отырғандар жағдаятқа енді-енді түсінгендей.
Араларында Рысқұлды білетіндері өзгелеріне айқайлап айтып жатыр.
— Оу, баяғы Шымыр Рысқұл той. Е, бәсе, мына Ақкөздің ажырамас досы болатын.
— Мынау соның баласы болды ғой. Орнында бар оңалар деген осы. Дардай кісі болыпты.
— Болайын деп тұрған бала ғой. Әйтпесе, елде мұндай жас аз ба?
Осы тектес әңгімені растағандай, Ақкөз батыр мына жас жігітпен дәрежесі теңдей сөйлесіп отыр. Көпшілікке бұл жігіттің бітімі де ұнағандай: тебіндеп қалған қара мұрты, дөңестеу келген ер мұрынды, шекелігі шығыңқы, көмірдей қара шашы қайратты, жаспын деп жасқаншақтамай, бетіңе тура қарап сөйлейтін, көзі тайқымайтын тік мінездеу, бірақ әдептен озбайтын, инабат иесі екені көрініп тұр.
— Ақа, мен осы бетте сонау Ташкенттен келе жатырмын, — деді Тұрар енді есен-саулықтан кейін негізгі әңгімеге көшпек оймен.
— Сені біреулер Ресейде оқып жүр деп еді-ау, Тұраржан.
— Оныңыз рас, Ақа. Ресейге Самар деген қалаға оқу іздеп барғаным рас. Бірақ бастығы мені қабылдатпай қойды. Бұратана, көшпенді киргизға оқу не керек деп жолатпайды. Содан Ташкентте оқып жүр едім ғой. Осы өткен шілденің аяғын ала Ескі Ташкентте көтеріліс шығып кетті. Шайхантау, Шынияз, Тойтөбе деген аудандарда да дүмпу бұрқ-бұрқ ете қалды. Мен не де болса елге жетейін, ел-жұртыммен бірге болайын деп Меркеге тарттым. Енді, міне сізбен біргемін.
— Әп бәрекелді, жарығым. Мына дауылдатқан заманда үркектер үйінде тығылып отырады. Ел деп еңіреген ер көппен бірге жорыққа шығады. Ер екенсің, Тұрар. Маған ақылшы бол. Оқыған азаматсың. Мына біз оң мен солды ажырата бермейміз. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген. Сен жас та болсаң көпті көрдің. Тәңірі қолдаса, әруақтарға сыйынып, шайқасқа шықпақшымыз. Мұнымыз қалай?
— Ақа, сұрағыңыз орынды, — деді Тұрар сәл ойланып. — Осы сұрақ мына жұрттың бәрінің көкейінде тұрған сұрақ. Рұқсат етсеңіз, мен жалғыз сізге емес, мына көпшілікке қазіргі жағдайды айтып, уақытты шолып өтсем. Бұған қалай қарайсыз?
— Оның әбден дұрыс, балам. Онда мен қолды топтайын, — деп отырған орнынан ауыр көтеріліп, еңгезердей тұлғасы төбе басында тас мүсіндей қалшиып біраз тұрды.
— Уа, сарбаздарым! — деп қоңыр үн саңқ ете қалды. — Берірек жиналып, сөз тыңда. Біздің осы қауымымыздың бір тұтқасы, біздің досымыз, жас та болса бас болған, Рысқұлдың Тұрары сөз айтады. Құлақ сал, кәне!
Үзеңгілер қатысып, ауыздықтар сылдырлап, төбешікті жағалай аттар пысқырынып, адамдар сампылдап, біразға дейін абыр-дабыр басылмай қойды.
Көптің алдында сөз сөйлеудің тұсауын Меркенің Төрткүл базарында, қаһарлы да қауіпті шақта кескен Тұрар қазір қысылған жоқ. Әлі ду-ду еткен халыққа қарап қолын көтеріп, саябыр тілеп, үнсіз тұрып қалды. Әлі бір сөзі жоқ, тек қол көтеріп тұрған Тұрарды көріп, жұрт бірте-бірте өзінен-өзі тына қалды.
— О, ағайын, араларыңызда ұста бар ма, ақын бар ма?
Әуелі не дерін білмей, сілтідей тынып қалған қалың қол кенет бұзылған араның ұясындай гуілдеп ала жөнелді.
— Ақыны несі? Ақын не жейді бұл жерден? Соғыста ешкім домбырамен соғыспайды. Не деп тұрсың, жарқыным? — деп тілін безенген шақылдақ біреу шиқылдап күле беріп еді, біраз ел оны қостап ха-халап кеп жөнелді. Тұрар тағы да қолын көтерді. Шу тыйыла бергенде:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдан ерімей,
Алты малта ас болмай...
Тұрар сақпандай сартылдаған осы бір құдіретті сөздерді жорта тыя қойып, жан-жағына көз салып еді, сарбаздардың көпшілігі үзеңгіге аяқтарын тіреп, ұшатын құстай қомданып, көздері от шаша бастаған екен.
— Оу, жарқыным, не боп қалды, айтсаңшы, ойбай, ар жағын! — деп арт жақтан біреу сойылымен аспанды шанышқылап, ышқына айқайлап жіберді.
— Ойбай, мынау өлең емес, өрт қой!
— Шулама,түге! Ар жағын айт, миятым, — деді Ақкөз де алға ұмсынып.
Тұрар сонда бұрынғыдан бетер серпіліп, мына қауымды біржолата қаулатпақ ниетпен саңқылдап ала жөнелді:
Алты мата ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай,
Aт үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шел көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей
Ұлы түске ұрынбай
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме? —
Аспара таудан теңіз төңкерілгендей, мына мың қолды бір толқын, құдіретті толқын шарпып өтті де, әлгі өрт өлеңнің әсерінен арыла алмай арбалып қалған халыққа Ақкөз сөз тастады.
— Апыр-ай, кеудесінде жаны бар адамды атқа қондырмай қоймайтын жігерлі жыр ғой мынау!
— Егеулі найза, ереуіл ат! А құдай, қолда!
— Бұдан кейін «аттандамай» қалай шыдап тұрасың, құдай!
Сонда Тұрар Махамбеттің өлеңін жатқа білгеніне мың тәубе айтып, сол өлеңмен таныстырған ташкенттік достарына, ұстаздарына мың алғыс бағыштады. Көпірген көп сөзден гөрі, бір ауыз отты өлеңмен мына топтың қанын қыздырып, жігерін қайрап, бірден тіл табысқан тапқырлығына өзі де дән риза. Енді Тұрар бойын еркін билеп, ойын түзеп, біржолата құлшынып кетті.
— Міне, ағайын! Ақын деген осы! — деді Тұрар. — Ақынның сөзі найзадан да, оқтан да өткір. Жаңағы мен айтқан жыр Махамбет деген батыр ақындікі. Ол әрі жауынгер, әрі ақын болған. Осыдан жетпіс-сексен жыл бұрын патша мен бай-сұлтандарға қарсы көтерілісті бастаған кісі. Қалай, халайық, араларыңда ақын бар ма деп сұрағаным енді түсінікті болды ма?
— Түсінікті болды, Тұрар шырағым. Мына мен Сауытбек деген ақын ағаң боламын. Ана жаныңда тұрған Ақкөздің Мырзабай деген баласы да ақын. Заман бейбітшілік, ел тоқшылықта екеуміздің ептеп айтысқа түсетініміз де бар. Енді «көппен көрген ұлы той» деп қолға қару ұстап тұрысымыз мынау.
Саңқылдаған, бидай өңді, мосқал кісі атын тебініп алға шықты.
— Рақмет, Сәуке! Жаңа біреу осы жиында «домбырамен соғыспайды» деп қалды. Сол дұрыс па, Сәуке? Дұрыс болмаса, сіз қолыңыздағы найзаға қоса домбыраны да тастамаңыз. Мына халыққа кешегі Сыпатайдың ерлігін жырлаңыз. Өзіңіздің Ақбөпеден қалай айырылғаныңызды айтыңыз. Не себепті айырылдыңыз? «Мал бергені барады алып кетіп, кедейшілік қолымды кесіп отыр», — демеп пе едіңіз? Мына халықтың көтерілісін толғаңыз. Көтеріліс тек Меркеде ғана емес, сонау өзбек, түрікмен елінде де, мына қырғызда да, анау Алматыда да, сонау Сарыарқа, Торғай даласында да қаулап келе жатыр. Дауыл тұрды, халайық! Бұл күллі қоқысты, ызғарды алып кететін алтынкүрек дауылы. Біз мына жақта Жетісу көтерілісімен, мына қырғыздағы Қарақол, Тоқпақ, Сусамыр көтерілісшілерімен, тіпті сонау Торғай сарбаздарымен ұштасып, солармен ұрандасып бір мезгілде қимылдауымыз керек. Әр жерде шашырап жүрсек, патша бізді оп-оңай соғып алады. Бес саусақ жеке-жеке тұрғанда әлсіз, ал бесеуі бірдей жұмылғанда — жұдырық. Жалғыз Мерке көтерілгенмен біз қанша ер болсақ та жеңіске жету қиын. Мерке ғана емес, ана Қордай, мына Шу, ар жағы Әулие-Ата, Сырдария, Ырғыз...
— Әй, шырағым! — деп үлектей өңкиген біреу қабағынан күн шілдеде қар жауып, жаяулап алға шықты. — Айтып тұрғаныңның бәрі алтын сөз. Тым сылдыратып жібердің сол алтыныңды. Мына маған анау Сырдарияңның, сонау Ырғыз бен Торғайыңның қанша қажеті бар? Маған Күзменке керек, білдің бе? Күзменке! Яғни Жылы-Бұлақ керек! Білдің бе! Ол менің ата-бабамның қонысы. Менің кіндігімнің қаны тамған жер. Әне, сол жерді, сол Жылы-Бұлақты пристав бастап, Бектен болыс қостап Кузьмин деген орыс байына, соның сыбайластарына сатты. Ал бізді Бектеннің таз басындай қылпықсыз тастақ қырқаға айдап тастады. Не жаздық? Бізді құдай жаратпап па? Неге жерімізден, анамыздың емшегінен айырады. Жылы-Бұлақтың суы анамыздың сүтіндей емес пе еді? Әне, шырақ, шапсақ біз сол Күзменкені шабамыз да жерімізді қайтарып аламыз, білдің бе?
— Ағатай, атыңыз кім? — деді Тұрар. — Осы сіз Тайлақ емессіз бе?
— Иә, мен Тайлақпын. Мына тұрғандардың бәрі біледі. Осы келісте мен ана Пахом деген орыс досыммен бірге Кузьмин байдың малын айдап келдім.
— Мен сізді таныдым, ағатай, ана жылы үйіңізде болғанмын. Қырғызбай атамның малын алып қайтқанмын.
— Ой, сондағы бала сенсің бе?! Қайтарып бер Кузминкені ендеше!
— Кузьминнің малын айдап кеткеніңіз бекер болған, Тайлақ ата. Енді Кузьмин қарап отырады деп ойлайсыз ба? Енді ол сіздің ауылдағы малды сыпырып алады.
— Мал тапса — алады. Үрерге иті, сығарға биті жоқ ауылдан несін алады?
Бұлардың сөзін естігендер қарқылдап күліп жіберді. Тайлақ жан-жағына алара қарап:
— Несіне күлесіңдер! — деп гүр етті. — Ей, Ақкөз! — деді ол енді төбе басында тұрған сардарға қарап. — Мен саған мына әскерлеріңе азық болар деп Күзміннің малын айдап келдім.
Ана Пахом орыс екен деп жатырқама. О да мен сияқты жалшы. Ал мен арызымды айттым: Жылы-Бұлақты бізге қайтарып бер. Мынандай қолмен Күзмінкені ғана емес, жердің жүзін жаулап алуға болады ғой. Күзмінге алдымен өзім шабамын.
— Ақа, рұқсат етсеңіз, жауабын мен берейін, — деп қалды Тұрар қол көтеріп.
— Айта ғой, Тұрар, айт, қуатым.
— Айтсам, былай ағайын. Әуелгі мақсат: патшаға адам бермеу. Барлығыңды осы жерге жетелеп келген — сол мақсат. Түркістан мен Қазақстан даласында көтерілген мың-мың қолдың діттегені осы. Ал бұл қарсылыққа патша қол қусырып отыра береді деп ойлайсыз ба? Жоқ, ағайын, патша әсте қарап қалмас. Генерал-губернатор Түркістан өлкесін соғыс жағдайында деп жариялады. Бұл не деген сөз? Бұл — бүгін болмаса, ертең жер-жерге әскер шығады деген сөз. Кеше Ташкенттен сол генерал-губернатордың көмекшісі Приходько деген келді. Бүгінгі базарда болғандар көрді оны. Ол енді Меркеге әскер шақыртады. Оны жазалаушы отряд дейді. Міне, сол әскерге төтеп беру үшін бізге қол жию керек, қолды мол жию керек және қарулану керек. Зеңбірекке қарсы бақан алып шабу — көпе-көрнеу басты оққа байлап, тектен-текке қырылу деген сөз. Бізге мылтық керек. Шама жетсе, зеңбірек керек. Әне, әлгінде мен араларыңызда ұста бар ма деп сұрағанымның сыры сол. Сөйтіп, біз патшаға адам бермейміз, әрі патшаны ішінен әлсіретеміз. Майданға жіберетін әскер-күшін көтерілісшілерге бөлуге мәжбүр болады. Ал біз болсақ, Кузьминка сияқты бейбіт орыс селенін емес, Мерке сияқты әкімшілік ордасын басып алуымыз керек. Біздің жауымыз әсте орыс кедейі емес, біздің жауымыз — пристав және оның урядниктері, жергілікті патша әкімшілігі, өзіміздің байлар мен болыстар, патша әскері. Біз бүгін Кузьминканы орыстардан тартып алсақ, ертең патша әскерлері қазақ-қырғыз отырған жердің бәрін тартып алып, еліңнің күлін суырып, шаңын аспанға ұшырады. Біз бүгін Кузьминканы жауласақ, ертең бүкіл орыс шаруасының, орыс кедейлерінің сенімінен айырылып, оларды да өзімізге қарсы қойып аламыз. Ал егер біз орыстың ұлықтарына және қазақтың байларына қарсы күш жұмсасақ, онда ана Пахом сияқты кедейлер біздің жағымызда болады. Осыны түсін, ағайын!
Аттылы қамалдың алдында жаяу тұрған жалғыз Тайлақтың жұдырығы түйіліп, шықшыты бұлтылдап кетті. Түнеріп тұрып, тағы да гүр-гүр етті:
— Сонда қалай, «таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» болды ғой? Жылы-Бұлақтан айырылған аз ел Маңырақ аңырап қала бер дейсің ғой?
III
Қанқұйлы соғыстар тарихта бұрыннан бар. Жендет атаулы да бұл дүниеге жаңалық емес. Жаугершілік шапқынында тұтас қалалар, тайпалар, ауыл-қыстақтар, жермен-жексен болып, тып-типыл кеткенін кәрі тарих ежелден біледі.
Ал Маңырақ сойқаны дегенді... Мың-мың жылдық тарихта жердің бет-жүзі топалаң төбелестен талай-талай көкала қойдай дәл-дәлесі шыққан. Бір жарасы жазылып болмай жатып, екінші жарақат пайда болып, шекесі ісіп шыға келеді. Сондықтан шығар, әйтеуір Маңырақ сойқаны тарихтың назарынан таса қалған да, еш жерде жазылмаған.
Бірақ Маңырақта шыжғырылған жас бала етінің иісі мұрнынан кетпеген куәлер мұндағыға дейін тірі жүрді, ал енді бірен-саран сексеннен асып селкілдеген көне қариялар — сол бір сойқанның бүгін-ертең ғайып болар тірі куәлері ғана.
Бұл өзі басында күштілер мен қорқаулардың қаһарына ұшыраған сорлы ауыл еді. Бәле бәлені шақыра келді де, ақыр тауыс-тамам болып аяқталды.
Бұл жолғы бәлені Василий Кузьмин бастады. Малы өрістен уақытында қайтпаған кулак дереу атқа мініп, ары-бері іздеу салып еді, жаман хабар жатқан ба, жоғалғаны қолды болып шықты. Жоқ іздеген кулакқа хабаршылар: «Малың бір тұяқ шашауы жоқ, түп-түгел көтерілісшілердің қолында. Және оны ешкім зорлап алған жоқ, малшыларың шашпай-төкпей өз еркімен, өз қолдарымен апарып тапсырды. Тек мұсылмандар доңыз етін жемейтін болғандықтан, шошқаларың Мықан қамысында қалып, жабайыға айналатын түрі бар», — десті.
Кузьмин ызаға шыдай алмай өз шашын өзі жерден бір уыс көде жұлғандай жұлып алып, шешесінен мықтап тұрып бір боқтады. Кімнің шешесі екені құдайға ғана аян.
Бірақ шаш жұлып, шеше боқтаумен іс тынбайтынын әбден білетін әккі, бір сәт те аялдамай Меркеге шапты. Пристав Сокольский мырзаның үстіне рұқсатсыз кіріп келіп, сәлем сөзді тағы да шешеден бастады.
— ... Отырысың оңды, пристав! Ал халқыңның күні қалай? Ақырзаман! Бүлікшілер бізді тапа-тал түсте тонап жатыр! Біздің патша сеніп қойған әкімдердің есінеп отырысы мынау? Бүлікшілер мың-мың қол жинап, бәріміздің тамырымызға балта шаппақшы, ал біздің сенген қожаларымыздың ұйқыдан көзі ашылмайды! Мать твою...
Сокольский мырза өз дәрежесін бағалай білетін, беделіне қылау түскенін қаламайтын, бағыныштылардан жан баласын бетіне қаратпайтын айтулы алпауыт болатын. Бірақ мына тосын тоқпақтан есеңгіреп қалғандай, орнынан атып тұрып, екі қолын ербеңдетіп көзі ежірейіп:
— Құдай үшін, христос үшін, не болып қалды. Василий Терентьевич, айтып өлтірсеңші! — деп қалбалақтап қалды.
Кімге кекірейіп, кімге еңкеюді пристав білмейді емес. Василий Кузьмин — Мерке участогіндегі ең беделді атамандардың бірі. Керек десең, Мерке атырабындағы ірі селолардың бірі соның атымен аталады. Ал өзі пристав бола тұра мұның атында Сокольское дейтін село жоқ. Кузьминдермен санаспауға болмайды.
Кузьминканың атаманы жай-жапсарды айтып болды да:
— Саған айтарым, пристав мырза, өз күшіңмен бізді бұл тағы түземдерден қорғай алмайды екенсің, ендеше маған қару-жарақ алдырып бер. Бүкіл селоның еркек кіндігін қаруландырып, ол қарақшылардың сазайын өзім-ақтарттырамын. Қару бер! — деп үзілді-кесілді талап қойды.
— Бұндай патриоттық жалыныңа ризамын, — деп мырс етті пристав. — Бірақ, Василий Терентьевич, село халқын қаруландырып керегі жоқ. Онан соң орыстар мен киргиздардың қырғыны туып кетеді. Істің мұндай ушыққаны бізге тиімсіз. Халықты қырып аламыз.
— Сонда қалай, олар оң шекемізден ұрса, сол шекемізді тосып отыра береміз бе?
— Жоқ, қымбатты атаман, сәл шыдасақ бүгін-ертең жазалаушы отряд келіп жетеді. Генерал-губернатор Куропаткиннен әскер сұрап, ротмистр Приходько екеуміз қол қойып телеграмма соққанбыз. Ротмистр қазір Пішпекте. Сондағы гарнизоннан екі жүз солдат, пулемет, зеңбірек алып шығады. Рас, Пішпекте де жағдай мәз емес көрінеді.
Қаракиргиздар да көтеріліп жатыр. Тоқпақта үлкен ұрыс жүріп жатыр. Әскер оған да керек. Тек Ташкенттен Әулие-Ата арқылы келе жатқан күшке сеніп отырмыз, көгершінім. Ал әлгі сенің киргиз-батырағың қай ауылдан еді, соны айтшы? — деп пристав атаман Кузьминнің аптығын әрең басты.
Жалшы Тайлақ Маңырақ ауылынан екенін білген соң, пристав Бектен болысқа шабарман жіберіп, — тез жетсін! — деп бұйырды. Маңырақ — Аспара болысына қарайтын болғандықтан енді Бектеннің өзі керек еді.
Приставқа бұрын онша ыға қоймайтын Бектен бұл күнде бүгежектеу. Заман бұрынғыдай емес. Түркістан өлкесі соғыс жағдайында деп жарияланды. Пристав әкіреңдесе — қақысы бар. Аспара болысынан бес жүз адам майдан даласына жөнелтілуі тиіс еді, ол әлі орындалған жоқ. Солдатқа деп тізілген жігіттерінің көбі Ақкөздің қарамағына қашып кетті. Бұл бір. Екінші бір күмілжитін жері — солдатқа алдырмайын деп, әркім-әркімнен, әрине ауқатты адамдардан пара алғаны да бар. Приставтың үлесін Бектен әлі бере қоймап еді. Бір жағы содан сескенді.
Осындай қобалжыған ойлармен келіп жеткен Бектен болысты пристав мүлде басқа жағынан бопсалады.
— Тайлақ деген кім? Ата-тегі не?
— Ата-тегі, руы — маңырақ. Бұрынғы қонысы — қазіргі Кузьминка. Маңырақтың жерін переселендерге алып бер деген өзіңіз болатынсыз, мырза. Содан Маңырақ басқа жерге қоныс аударылған. Ал Тайлақ дейтіні Маңырақтағы үй-жайын тастап, ата-бабасының қонысындағы мына Кузьмин мырзаға жалшы болып кеткен. Менің білетінім осы, пристав мырза. — Бектен болыс қайдағы бір қаңғыбас Тайлаққа бола шақыртып, сұраққа алғанына шамданған сияқты.
— Сенің сол Тайлағың менің бүкіл малымды қарақшылардың қолына апарып берді. Сен управительсің, қайтарып бер малымды! — деп Кузьмин желке шашын күдірейтіп, көзін ежірейтті.
— Е, тамыр, сол қарақшылар менің жылқымды да айдап әкетті. Қолдарыңнан келсе, көмекті маған көрсетіңдер, — деп Бектен жыларман бола қалды.
Тізімге іліккен жалшы, жылқышы жігіттер болыстың бірер үйір жылқысын айдап ала кеткені рас еді.
— Көрдің бе, Василий Терентьевич, — деп пристав мұртын ширатты. — Бұл бүлікте зардап шеккен тек сен ғана емес. Сондықтан тізе қосып күш біріктіру керек. Ротмистр Приходько келісімен есеп айырылысады. Сәл сабыр етіңдер, мырзалар. Ал, Бектен мырза, сен осында бола тұр. Бізге керексің. Әуелгі әңгіме Маңырақтан басталады. Бастап алып баратын сен боласың, — деді.
Маңырақта не әңгіме басталмақ? Жар басында жәрбиген жаман ауыл нендей әңгіменің түйіні болып жарытпақ? Бұл жағы Бектен болысқа әлі беймәлім еді.
* * *
— Міне, Маңырақ, — деді Бектен болыс атының тізгінін тарта тоқтап.
Реті келсе, болыс енді әрі қарай барғысы жоқ. Осы жерден кері қайтпақ.
Жазалаушы отряд жарды жағалай тақыр тастаққа қоныстанған қотыр ауылдың іргесіне таяп келді. Маңырақ ауылына бұл қоныстың жайсыз екені сонша, мына тұрысы жауыр есекке қиғаш мініп отырған адамды елестетеді. «Бір ауыл елді асырай алмаймын-ау», — деп тастақ жер ыңғайсызданатын сияқты. «Тақыр жердің тасын теріп мазасын алдық-ау», — деп ел қысылатын тәрізді. Әйтеуір бір үйлесімсіздік сонадайдан көзге ұрады.
Жылы-Бұлақтың бойынан айырылып, Маңырақтың шаңырақ көтерген жері осы. Қайран Жылы-Бұлақтың жәннаты жерін переселендерге беру жөнінде қағазға қол қойып, мөр басқан мына Бектен болыс. Қанша пара алғанын өзі біледі, мына Кузьмин кулак, бәлкім пристав Сокольский біледі. Пара жөнінде документ тігілмейді, архивте сақталмайды.
Жылы-Бұлақты Кузьмин бастаған кулактарға сатқанда адасып қалған ар-ұят Бектеннің шұбар бетін енді қытықтап тұрған шығар, өйткені Маңыраққа жақындағысы жоқ. Әлде әлсіз елден сескене ме екен. Өйткені Маңырақ халқы таңның атысы — орнынан Бектенді қарғап түрегеледі, күннің батысы — Бектенді қарғап, жатар орынға қонақтайды.
— Рұқсат болса, мен енді қайтайын, — деді Бектен тоқпақ жал торы айғырдың тізгінін ептеп бір езулей тартып. — Жұмыс бастан асып жатыр, мырза. Тізімнің шатағы әлі біткен жоқ. Іздеген Маңырақтарыңыз міне. Енді менің керегім жоқ шығар.
Кузьмин гүж ете қалды:
— Постой, тамыр, постой. Осы Маңырақтың бір сүмелегі менің малымды сыпырып айдап кетті. Сен әуелі соны өндіріп бер. Содан соң баратын жағыңа бара бер. Қарай гөр, қайтып кетпекші!
— Кузьмин мырза дұрыс айтады, — деп қостады ротмистр Приходько. — Осы ауылдың тізімге іліккен еркектері кімдер? Олар қайда? Менің дерегім бойынша, олар көтерілісшілерге қосылған. Сіз управитель мырза, әуелі соларды түгелдеп шығыңыз. Мал жағын онан соң көре жатармыз.
— Бектен, сен немене, бәрімізден ақылдымын деп ойлайсың ба? — деп пристав ежірейді. — Қазір бұл кәззап ауылдың күлі көкке ұшады. Оған мына біз кінәлі де, сен адал болып шыға келмекшісің той. Жоқ, Бектенка, не көрсек те, бірге көреміз. Әйтпесе, біз бұл Маңыраққа сенсіз де жол таба аламыз. Айда, әуелі Тайлақтың үйін көрсет! Содан соң ротмистр мырза айтқандай, тізім бойынша, жігіттерді түгендейміз.
Бектен болыстың үстіндегі жадаң қат боз камзолдың жауырыны қарауытып суланып бара жатты. Мейіздей қатқан денесін қазанға салып қайнатқандай, қара тер тұла бойын жауып жүре берді. Байқаусызда басындағы әшекейлі ақ қалпағын астындағы тақиясымен қоса сыпырып ала жаздап, лезде басынан өз қолын өзі үрейлене тартып алды. Басынан тақиясын алғанын әлі күнге жан баласы көрмеп еді.
Жылда-жылда жазғытұрым су тасқыны мүжи-мүжи кемерленіп кеткен жар қабақтың басында құлаған үйлердің морыған дуалдары тұр. Мына Маңырақ ауылына төніп келген тажалдай дәрменсіз елді қорғағысы келгендей әлгі дуалдар бүгін ерекше сұсты көрінеді. Басындағы байғыздың да дауысы ащы, қаза бойын аза тұрады. Ескі дуалдың көлеңкесінде жусап жатқан ешкілер ғана қайғысыз. Бұл ауыл — ешкілі ауыл. Ешкіден басқа малдың Маңыраққа мәйегі құтаймаған. Бірлі-жарым арыған тулақ жылқы тұяғын ауылдың жігіттері қақпайлап мініп, Ойталға түсіп кетті. Тіпті өгіз мініп кеткендері де бар.
Піл мініп, түйе мініп соғысқандарды тарих біледі, ал өгіз мініп сарбаз болғандарды кәрі құлақ тарих жарықтық ести қойды ма екен...
Ер-азаматы, қараң-құраң малы кеткен ауыл — көшкен елдің жұрты сияқты жұтаң. Кәрі-құртаң, бала-шаға, қатын-қалаш қазір ауылды қамалап келген қарулы әскерді көріп, індеріне кіріп кетіп, терезелерінен баспалап қарайды! Балалар әскерді қызық көріп, жеркепелерінің сора басып кеткен төбесіне шығып, қарап тұр еді, шешелері: «Жүгірмекші — жүгірмек, жуадай солып, қыршыныңнан қиылғыр! Өлетін бала молаға қарай жүгіреді. Өлейін деп пе едің! Түс, ойбай!» — деп балаларын желкелеп-желкелеп, кепелеріне қуып тыққан.
Бүкіл ауылда жалғыз қара көзге түсті. Бұл Тайлақтың немере ағасы Жапарқұл дуана болатын. Бетінің әжімі еменнің қабығындай айғыз-айғыз, сақал-шашы қара құманды ұнға тығып алғандай аппақ. Ақ пен қара осы адамның бір басында бір-бірімен жарысқа түскендей: терісі тым қап-қара да, сақал-шашы тым ақ.
Жапарқұл кілең мылтық асынып, қылыштары салаңдап, жарау ат мінген әскерді көзі көрмесе де, тамашалағандай, қолымен көзін көлегейлеп, басын шайқап, таңдайын қақты. Бұтындағы жүнін сыртына қаратып киген қаудырақ тері шалбарды алақанымен бұрқ еткізіп бір ұрып қойды. Жапарқұл бұл шалбарды қыста жүнін ішіне қаратып, жазда сыртына қаратып киеді. Қыстығы да, жаздығы да осы.
— Ой-хой, мынау баяғы Сыпатайдың асындағы көкпар ғой! — деп айдалаға айқайлап сөйлей, таңдайын тағы да тақылдатты.
Аттылар таяна бергенде, қаһарлы дүбірден Жапарқұл жамандықты енді сезгендей күл төбеден төмен қарай қорбаңдап қаша жөнелді. Аяғындағы қолқылдақ кебісіне шалынып, етбетінен жығылды да, тұруға шамасы келмей, иегі селкілдеп, ақ шел көзі аспанға қарап қолын ербеңдетті.
Қалың қол тоқтады да, Бектен алға дара шығып, шалға:
— Тайлақтың үйі қайсы? — деді.
Шал тілі күрмеліп қалған шығар, селкілдеген иегін үнсіз бұрып, ауыл шетіндегі жартыкеш жеркепені нұсқады. Жеркепенің жарты төбесі жабылып, жартысы жабылмай қалған екен.
— Ауылдың адамдары қайда? Аманбай, Аманқұл, Жаманқұл, Кенжелер қайда? Қоқанбай қайда?
Болыстың сұраған кісілерінің бірде-біреуі жоқ еді, соған өзі кінәлі болғандай Жапарқұл күні бұрын екі қолымен басын қорғалап, кемсеңдей бастады:
— Білмеймін, аттарына жайдақ мініп кетіп қалған. Бір жерде көкпар бар ма, қайдам...
— Өтірік айтады, кәрі төбет! Тұр орныңнан! — деп енді пристав таяп келді де, жерде жатқан жарымжан шалды атпен омыраулатып тұрып, еңкейіп барып, дырау қамшымен жоннан ала тартып кеп жіберді.
Алғашқы қамшы солдаттарға қу қамысқа тиген шырпы отындай әсер етті. Тек әмір күтіп жалаңдап тұр.
— Тінтіңдер! — деді ротмистр солдаттардың пейілін танығандай.
Сол-сол-ақ екен, талма түстің тымығында оқыстан құйын үйірілгендей Маңырақтың боз-бораны шыға берді. Қақылықтап қашқан тауықтар байбалам салды. Қаңсылап қашқан сабалақ иттер ауылдан әрірек барып, қаңсыған қара тұмсықтарын аспанға қаратып ұли бастады. Жуындыға тоймаған соң иттің де жүні түлемей, бөкселеріне қомыт жамап қойғандай қобырап жүр. Көгенде жатқан лақтар біреу бауыздап жатқандай бұршаққа буынып, кебенек келгендей бақырып ол жатыр.
— Көкпар! Көкпар! — деп қырылдады бет-аузы қан-қан болып, аттардың тұяғының астында қалған Жапарқұл. — Дода! Дода! Сыпатай! Сыпатай! — Шал байғұс әлі таңқалып, таңдайын қағып жатыр.
Тайлақтың жартыкеш жертөлесінен солдаттар Тайтақайды, бой жетіп қалған қызы Күләйді сүйреп алып шықты. Өңі кеткен боз көйлегінің омырауы жыртылған Тайтақайдың бір мамасы суалған сиырдың желініндей салаңдап кетіпті. Жерге түсіп қалған жыртық жаулығын алайын деп еңкейе беріп еді, солдат мылтықтың дүмімен итеріп жіберді. Тайтақай бір қолымен шашын басып, екінші қолымен әлгі солдаттың өзін итеріп кеп жіберіп еді, солдат серең етіп құлап қалды. Оған басқалар қыран күлкі болды.
— Не деген күшті қатын! — деп бастарын шайқады.
Тайтақайды пристав тани кетті.
— Е, мынау баяғы Айбар мырза мен Бектен мырза құда болатын тойда бізді алдаған қатын ғой. Ах, сайтан! Ах, дию! Әлі тірі екен той. О жолы тыр жалаңаш шешінбеп едің, енді шешінесің, кәрі дию! О кезде жасырақ еді, қартайып қалған екен. Бірақ қарулысың қайтесің әлі! Сенің байың Тайлақ — үлкен қылмыскер. Қожасының малын ұрлап, көтерілісшілерге қосылып кетті. Сол үшін оның үй іші қырылуға тиіс, — деді пристав Тайтақайға ежірейе қарап.
— Менде бай жоқ. Тайлақ деген адамды біз білмейміз. Не істеп жүргенін және білмейміз, ол үшін біз неге жазаланамыз? — деп әйел бет бақтырмады. — Әй, болыс, құдайшылығыңды айт мыналарыңа!
— Не қыласың, сорлы, қасарыспай, қарсыласпай, жаныңды арашалап қалсаңшы, айтқанына көне бер, — деді болыс аяған болып.
— Қой де, мыналарыңа! Сен ғой, қарабет, осыларды онсыз да шықпа жаным шықпа деп отырған Маңыраққа бастап әкелген. Құдай бар болса, ана басың жерде шіріп, аруақты аттап атала болған миыңның орнына жылан ұя салсын да! Тіфу, қарабет! — Тайтақай ат үстіндегі болыстың бетіне түкіріп кеп жібергенде, Бектен оған қамшы көтере алмай, бетін жеңімен сүртті. Мына айылын жимаған адуын қатынның соншалықты алысқа түкіргеніне тан қалған ротмистр атының тізгінін тартып шегініңкіреп кетті де, өзіне өзі:
— Ат! — деп команда берді.
Оқ Тайтақайдың жыртық омырауына тиген екен, салбыраған мамасының үстімен жылғалай жылжып аққан қан емшектің үрпіне жетіп, жерге тырс-тырс тама берді. Тайтақай дем ала алмай, аузын аптыға ашқан күйі әлдене айтуға аузына сөз түспей қалғандай аңтарылып бір сәт тұрып еді, Күләй қыз:
— Апа! — деп шыңғырып жібергенде, есіл Талбүбі — Тайтақай есіктің көзіне жәй ғана сылқ етіп бүктетіліп отыра кетті. Өмір бойы зілмауыр ит тіршіліктен енді бір демалайыншы деп, өзіне өзі тұңғыш рет ерік беріп, тізесін еркін бүгіп, тұла бойы қорғасындай балқып, исініп кеткен емшегінен қып-қызыл сүт саулап, қырқасына өмірі су шықпайтын Маңырақтың үстіне қызыл дария пайда болып, Тайтақай сол теңізде жүзіп бара жатты.
Әйел өлімі Кузьминді өзгеше күйікке салды. Ол жауға кеткен малды өндіріп алмақ еді, мына Маңырақта тышқақ лақтардан басқа ештеңе көзге түспейді.
— Малы қайда бұлардың? Оу, пристав мырза, ротмистр мырза, бір жабайы қатынның өлімімен менің малымның қарымы қайтпайды той. Мына қызды мен залогқа ұстаймын. Маған байлап беріңдер. Ақымақ әкесі көтерілісшілерді көндіріп, малды қайтарсын. Өйтпейді екен, бұл иттің қызы ит өлімімен өледі, ол үшін мені жауапқа тарта алмайсыңдар, — деді Кузьмин.
— Малыңыз қарақшылардың қазанына түсіп кетті-ау деп қорқамын. Біздің дерек бойынша, онда алты мыңға тарта қол бар. Олар сіздің малыңызды жемегенде, жел оппайды той, — деді ротмистр маузердің үңгісін үрлеп тұрып. — Одан да тезірек Ойталды шабуылдайық, мүмкін малыңыздың біразы әлі желінбеген шығар. Мына қарғыс атқан ауылда топырлап тұра бергеннен ештеңе өнбейді. Ал ана жабайы қызға көзіңіз түсіп тұр екен, залогқа ала қойыңыз. Қарашы, шыңғыруын, бұларда да туысқандық сезім бар, таң қаламын.
Мырзалардың ишарасымен екі солдат Күләй қызды байлап атқа өңгермекші еді, ойламаған жерден бейшара жетім өлі анасын құшақтап, сол жас әруақтан ғаламат күш алғандай, еңгезердей еркектерді бұлқына-бұлқына лақтырып-лақтырып жіберді.
Баяғыда мына Бектен баласын Айбардың қызына үйлендіріп, ұлан-асыр той болғанда, осы Күләй мына өліп жатқан шешесі Талбүбіге ілесіп тойға барамын деп жылап еді.
— Барғызбасың барғызбас, байғұс балам, — деп шешесі со жолы оны ілестірмей қойған. Онда бұл тұлымшағы селтиген нәресте еді, үстіндегі көйлегі ескі еді; қазірде сол көйлегі түскірдің оңып тұрғаны шамалы: қызыл ала шыт көйлек мына солдаттармен алыс-жұлыста бір жеңі қолтығынан қақырап кетті де, сызылып атқан таңдай жаңа көтеріліп, томпайып тұрған алмасы жарқ ете қалды. Солдаттардың есірігі қозып, қайта жармасып, қармай бергенде, қыз қаша жөнелді.
— Қайда қашып құтылады, мисыз жабайы, — деп ротмистр езуін қисайтты. Әлгі екі солдат далақтап қуа жөнелді. Аттылар да аңтарылмай, солай қарай беттеді. Ротмистр қынабынан қылышын суырып алып, пысықтығы ұстап, Тайлақ кепесінің жанында үюлі тұрған шөмелені қылышпен сұққылай бастады. Әлдебіреулер жасырынып жатқан жоқ па деген дегісі.
Не болғанын ә дегенде өзі де түсінбей қалды. Албастыдай әлдене атылып келіп, қара санын қапқанда, ротмистрдің астындағы ат үріккеннен жалт беріп еді, Приходько бұрқ етіп жерге аунап түсті.
Шөмеледе жанадан күшіктет төрткөз қара қаншық жатыр екен. Ауылда осынша ойран болып тұрғанда, төрткөз қара қаншық өз күшіктерін бәледен жасырып, үн шығармай жан сауғалап-ақ жатқан. Ал енді пішенді жалаңдаған қылыш тінткілеген кезде, оның да өз балаларын, өзін қорғап, әрекет қылғандағы түрі жанағы... ротмистрдің қара санынан бір-ақ алып түсті.
Солдаттар қара қаншықты атып өлтірді. Отрядтың фельдшері жалма-жан ротмистрдің шалбарын жыртып жіберіп, санына ине тығып, дәрі бүрікті.
— Бұл ит құтырған болуы мүмкін, сақтық керек, — деп шіңкілдеді фельдшер өз әрекетін ақтамақ болып.
— Өртеңдер қарғыс атқан ауылды, ауру таратады әйтпесе. Тез өрте! — деп бұйырды жантайып жатқан ротмистр.
Шық етіп тасқа тас тиіп, арасынан иненің жасуындай от шықса, лап ете қалайын деп тұрған қау лезде қара түтіні бұрқ-бұрқ етіп, жалқын сары от ойран дүниенің жалауындай желбіреп шыға-шыға келді. Үйлердің төбесін жапқан қу қамыс, үйме тезек жаппай жанып, Маңырақ тамұқпен таласып, тірі жау мен тілсіз жау тізе қоса тасыраңдап кедей ауылды лезде орап алды.
Бұл кезде солдаттардан жанұшыра қашқан Тайлақтың қызы өздерінің бұрынғы бұзылған тамының орнына келіп жетіп артына бұрылып қарап еді, ауылдың үстінде сары жамау қара жалау желбіреп тұр екен. Өрт қызуы мұнда да жеткендей, тозақы аптап алып барады. Әлгі екі солдат таяп қалды. Сонда қыз байғұс басқа амалы құрыды да, жар қабақтан төменге өзін-өзі тастап кеп жіберді. Жарқабақтың асты биылғы су тапшылықтың өзінде түйе бойламайтын терең иірім еді, қыз көпке дейін зым-зия көрінбей кетті де, бір кезде су бетіне шашы жайыла шығып жанталасып арғы жағаға қарай малти берді. Қабаққа келіп жеткен солдаттар ойланып жатпай, жаттығу кезінде қарақшы көздегендей, асықпай-саспай гүрс-гүрс ата бастады. Қыздың ербеңдеген қол-аяғы тына қалып, қайтадан көрінбей кетті. Тек су бетінде жайылған қара шашты толқын шіркін, балдырдай шұбатып, ағыстың ығымен ырғалтып, бұлаңдатып әкетіп бара жатты.
— Иттер, неге аттыңдар? Оның тірі болғаны керек еді ғой! — деп ротмистр ақырды. Қайтадан атқа қонып алыпты. Мына түріне қарағанда, зор майданнан жеңімпаз болып шыққан кемеңгер қолбасшыдай, жарқабаққа атының басын тіреп, үзеңгіге аяғын шіреп тұр.
Бектен болыс қолға түскен тұтқындай қылтанақсыз басы кеудесіне салбырап, еңсесі есек таптағандай мүлде түсіп кетіпті. Кім біледі, Маңырақ опатының о бастағы себепкері өзі болғанын іштей мойындап, обалдан, зауалдан қорқа ма екен...
Енді жиырма бес жылдан кейін Гитлердің солдаттары Хатынь деген селоның адамдарын түгел отқа жағып, үйлерін өртеп жібереді. Гитлердің өзі де бензин құйған кілемге оралып өртелген соң, көп жылдардан кейін Хатынь селосының жойылып кеткен үйлерінің орнына бас-басына бір-бір мұржа тұрғызылып, оған жез қоңыраулар ілінеді. Мұржалардан бәрібір енді түтін шықпайды, бірақ лүп еткен жел тұрса жез қоңыраулар өлген аруақтардың үніндей сыңсып қоя береді. Жел де сойқанның бір түрі: оның лебі сезілген сәтте өлі әруақтардың сүйегі сырқырайтын шығар.
1916 жылы да, одан кейін де Маңыраққа ешкім ескерткіш тұрғызған емес. Жез қоңыраулар орнына мұнда шеңгел қоңыраулар ызыңдайды. Бір қызығы, бұрын қылтық өспейтін тастақ қырқаға он алтыншы жылғы опаттан кейін адыраспан қаптап, шоңайна қаулап, шеңгел шығатын болды.
1916 жылғы 15-тамызда Маңырақ үстіне көтерілген жалқын жамау қара жалау тым алыстан көрініп тұрды. Мұны Ойталға шоғырланған көтерілісшілер де көріп, енді найза, қылыш қайрап жата бермей, жаумен бетпе-бет келу керек екенін ұғынып, аттарына қонған. Ойдан-қырдан жиналған сарбаздарды соғыс өнерінің әліппесімен таныстыруға да мұрша келмеді. «Жалаңаш барып жауға ти, бір Алла өзі біледі ажалымыз қайдан-ды» деген қайран ерлер зеңбірекке қарсы шоқпармен қаруланып, тура ажалдың апанына қарай аттанған.
* * *
Маңырақ сойқанынан кейін жазалаушы отряд көтерілісшілердің ордасы Ойталды ойрандамақ болып, Мықанды бойлап төмен жылжи бастаған.
Адам мінезінде айуан тірілген кезде кәдімгідей қанға мас болады. Маңырақтың қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шағасының қанына шомылған жазалаушылар, құтырған иттің сілекейін ішкендей, мейірім, сезім дегеннен ада болып, тағы да қантөгіс іздеп аласұрды. Солдаттардың көзін қанды шел қаптап, Мықан суы содан оларға қанжылым қызыл болып көрінді.
Адам қатыгез жабайылық дәуірден шығып адам болу үшін миллион жыл керек еді. Адам байғұс әбүйірін жауып, жер бетіне ұят қытығы пайда болғаннан бері араға миллион жыл салды ғой. Тас дәуірі, Қола дәуірі, Темір дәуірі қалды артта. Ал бірақ қантөгіс тоқтамады.
* * *
Маңырақты қиратып, жарты дүниені жаулап алғандай, жеңіс буына мас болып келе жатқан жазалаушы отрядқа Ақкөз күтпеген жерден шабуыл жасады. Мықанның сол жағындағы елеусіз ғана бүк түсіп, бүкшиіп жатқан белдің тасасынан бес мың қол «Сыпатайлап», «Бахтиярлап» бұрқ ете қалған кезде, Приходьконың бес жүз әскері лезде мастығы тарап, үрей болып, алды тырақайлап қаша бастады.
Аспан мен жердің арасын «Сыпатай», «Бахтияр», «Бәйдібек» деген ұран қара дауылдай кернеп, айбар шаша, оқ орнына атылғанда ротмистр Аркадий Приходько бұл сөзге түсінбей, Бектен болысқа бұрылып:
— Бұл не айқай! Бұл не — «Сыпатай?» — деп сұрап еді.
Бектен дегбірі кетіп, қашайын десе ротмистр мен приставтан қорқып, қашпайын десе мына қара дауылдан жаны қалтырап, ротмистрге жауап айта алмай, қалш-қалш етіп қалған. Ротмистр оған ақырып жіберді.
— Қорықпа, надан! Қазір көресің олардың тым-тырақай қашқанын. Айт. «Сыпатай» не?
— С-сы-сыпатай батыр болған. Оның аты — ұран, — деп Бектен әрең тілге келді.
Ротмистр ойланып қалды: «Бұл түземдердің де ұраны бар. Бізде не бар? Біздікі қандай ұран? Шайтан алсын бәрін де, біздің ұран — зеңбірек пен пулемет!» — деп нықталды да, зеңбірекшілерге бұрылып:
— Зеңбірек! Дайындал! — деп бұйрық берді.
Дегенмен екі ара едәуір жер еді. Ақкөз тек қоян-қолтық айқасқа ғана мықты. Ал алыстан шалысуға қолы қысқа болатын. Ақкөздің қолы қаптап, тапап өтердей болып жете бергенде, ротмистр бес пулеметті, бір зеңбіректі орнатып та үлгірген.
Зеңбіректің алғашқы снаряды Ақкөз қолының алдын орап бұрқ етіп, отау орнындай жерді төңкеріп тастағанда-ақ бес мың қолдың жүрегі зырқ ете қалған. Алғашқы снарядтан кісі өлімі болған жоқ, бірақ... Бұл өлкеде баяғы генерал Черняевтің жедел жүріп өткен жорығынан кейін зеңбірек оғы жарылып көрген емес еді. Алты қанат отау орнындай жерді бұрқ еткізіп аспанға лақтырып жіберген кереметті көргеннен соң найзалы көтерілісшілердің жүрегі шайлығыңқырап қалды. Әйтсе де әуелгі ет қызумен ат басын тартпай арындап келе жатқан шабуылшылардың қалың ортасына тағы бір доп түсіп, айналасы қой қотанындай аумақтың тас-талқанын шығарды. Бес-алты адам күл-пара болып, көзді ашып-жұмғанша қирады да қалды. Снарядтың дүлей толқыны тікесінен ұрған бір жауынгердің денесі бөлшек-бөлшек болып, қолы — қол, саны — сан қалпында әуеде арбаңдап, би билегендей сәл сәт ұшып жүрді де, бір-бірлеп, үзік-үзік жерге құлады.
Бұл сұмдықты көрген арттағы сарбаздар аттарынан аунай құлап түсіп, «бауырым-ой, бауырым-ой!»-лап шейіт болғандардың басын құшақтап опыр-топыр теңселіп отырып қалып еді, ағызып бара жатып, артына бұрылып, мына бейшаралықты көзі шалып қалған Тұрар, аттың басын шұғыл бұрып, жан дауысымен айқай салды.
— Тара! Топтанба! Тоқтама! Тара тез, зеңбірек тағы атады!
Соңғы сөз әсер етті ме, сарбаздар ет пен топырақ аралас ажалды алаңнан шығып, аттарына қайта қонып, бытырай алға ұмтылғанда, дәл жаңа ғана жұрт шоғырланған жерге тағы бір снаряд гүрс етті. Әлгі «бауырымдағандар» бұл тажалдан аман құтылды да, бұрынғы өліктердің тамтығы тағы да талқандалып, парша-паршасы шығып, ыстық топыраққа иленіп жатты.
Бұл кезде шабуылшы сарбаздардың алдыңғы легі солдаттарға төніп қалған еді де, енді сөзді пулеметтер алып, қақылдай жөнелген.
Пулеметтің жаңбырдай себелеген оғы әсіресе аттарға қиын екен. Алдыңғы екі аяғы бүгіліп кетіп, тұмсығымен жер тірей омақаса құлаған аттардың үстінен адамдар алға қарай атыла ұшып түседі де, кейбіреуі лезде орындарынан есі кете атып тұрса, кейбіреуі қайтып көтеріле алмай, жер құшақтап қала береді.
Бес жүз солдаттың дені атқыштар, олардың оғы көбінесе атқа емес, адамдарға тиеді де, оқ тиген сорлы екі қолы екі жаққа кетіп, шалқалап: «бұл қалай?» — дегендей, әлдекімнен: «бұнысы несі?» — деп сұрағысы келгендей бір сәт аспанға қарайды да, жерге сұлап түседі. Астындағы ат көздері ақиланып, ойнақтап шыға келеді. Кейбірі үзеңгіден аяғы шықпай қалып, үрейленген, үріккен аттың сүйреткісінде кете барады.
Шақшиған күннің көзін топалаң тозаңнан бозала бұлт шалды. Ындыны кепкен, көктемде қылтиып шыққан раңы мен күреңсесі әлдеқашан күл болып қурап ұшып кеткен қу топыраққа жып-жылы қан лезде сіңіп, қызған табадай жердің ыстығына шыжғырылып, тез кеберсіп қатып қалады. Күлтесіз күйрек-жусан шашыраған қаннан қара шұбарланып, қаралы қалпақ кигендей, қасиеті қашып тұр.
Бір зеңбірек, бес пулемет, бес жүз винтовка бар жерде, қарусыз қара дауыл қаптаса да қақалады екен: көтерілісшілердің әсіресе алдынғы шебі шетінеп-ақ қалды. Ақкөздің бөлектеп ұстаған мылтықты жүз қолы едәуір күш көрсетіп, солдаттар жағы да біраз шығынға ұшырады. Көбісі құс мылтық еді, қырғауыл ататын бытыра оқ солдаттардың кейбіріне тұзбен атқандай әсер етеді.
Қайткенде де, көптің аты — көп. Жазмыш оқтан қаққан қаһарлы аттылар, солдаттардың шебіне жетіп, найза мен сойылдың кезегі келіп еді. Шепке «Сыпатайлап» ақыра кіргендердің бірі Шынпатша-тын. Оқ бойы жерден оның көзіне кеп солдаттың, ішінен ерекше түскен біреу — Меркенің приставы Сокольский болатын. Басқалардан гөрі соны ерекше жау санады ма, әлде бұрыннан көзтаныс болған соң ба, әйтеуір, Шынпатша қолындағы найзаны сонадайдан сол приставка тіктеген. Оң қолын артына шірей тастап, найзаны енді сілтер кезде, сол қолын қайыс тізгін жұлқып жіберді де, астындағы күрең төбел сүрініп кеп кетті.
Сокольский өзіне төніп қалған қауіптен жалтарып үлгермей, қолындағы тапаншамен Шынпатшаны көздемей тарс еткізгенде, оқ аттың қақ маңдайына тиіп, бұрқ етіп құлап еді. Бірақ аттың үстінен алға атыла құлаған Шынпатша найзасы приставтың кеудесіне кірш етіп бойлап кіріп-ақ кеткен.
Егер астындағы ат омақаспағанда Шынпатшаның найзасы приставтың кеудесіне мұншама бойламауы да мүмкін еді. Ат үстінен атыла ұшып, еріксіз екпінмен, зілдей салмақпен қоса кірген найза приставтың кеудесіндегі крест орденін де мыжырайта тесіп өтіп кетіпті. Приставтың басынан аса ұшып түскен Шынпатша енді есін жиып үлгергенше, салт атты солдат оны жалаңаш қылышпен бастан ала бір шауып өтті. Қынында сәуле көрмей тұншығып жатқан қылыш күн көзіне шағылысып жарқ ете қалды да, жарық дүниеге көзі үйренбегендіктен мүлт кеткендей, Шынпатшаның басына тіке тимей, тайғанап барып, мойнының күре тамырын қиып кетті.
Шынпатшаның мойнынан ышқына шапшыған қан, осының бәрін көріп тұрып қол ұшын бермеген құдайдың көзін тырнап алғысы келгендей, аспанға бір-ақ атылды. Шынпатша оған: «Қой, қой, құдайда нең бар? Ақпа, атылма!» — дегендей жанталасып, күре тамырын алақанымен қатты қысып қатты да қалды.
Қылдырықтай тамырдан қыбырлап қана аққан қызыл бояу мұнша күшті болар деп кім ойлаған. Арнаға толып кетіп әуіт тоғанның топырақ-шымын шып-шып тесіп шығатын тау суындай мына жылы қан Шынпатшаның саусақтарының арасынан шыр-шыр етіп шапшып шығып кете берді. Күре тамырды жанталаса басып жатқан алақанның айналасында лезде қан ұйып, жас бауырдай былбырап Шынпатшаның тұла бойынан дүниедегі сирек асыл-лағыл тас шығып жатқандай, қып-қызыл бояу күн сәулесімен ойнап жымың-жымың етеді.
Шынпатша өз мойнын өзі қылқындырып, жанталасып жатып, көзі приставқа түсіп кетті. Пристав екі қолы екі жаққа қанатша жайылып, шалқасынан түсіпті де, шүйдесімен жер тіреп тұрмақшы болғандай, басы кегжиіп, жалғыз көзі аспанның алыс түкпіріне қадалыпты да қалыпты. Кеудесін тескен найзаның ақ сабы міз бақпай қақшиып тұр. Шүйдесімен, екі қолымен жер тіреп тұрайын десе, әлгі найза кеудесін тесіп өтіп, қара жерге қарыс бойы кіріп кетіп, босатпай тұрған сияқты.
Осы найзаны Сәмет ұста шалғы орақты бұзып жасап еді. Шынпатша ұстата:
— Әттесі-ай, шөп шабатын қаруым еді, бүлдірдің-ау, — деп өкініш білдірген. Сонда Сәмет ұста мырс етіп:
— Бұл, Шенеке, таза полат, жауыңды жайратпай қоймайд. Найзалыққа мына жартысы жетед. Қалғанынан садақтың оғын жасаймын, әсіл полат екен, — деген.
Айтқаны келді Сәмет ұстаның: бейбіт күнде шалғынға түсетін шаруа орақ анау-мынау емес, Меркенің патшасын жайратты. Өткірлігі сонша, омырауындағы кресін де тесіп кетіпті. Найзаның сабы осы Ойталдың сәмбісінен еді. Бұл сәмбіден киіз үйге кереге-уық июші еді бұл ел. Әр істі құдай қылады, талай киіз үйлер енді көпке дейін тігілмес: уықтар қазір сарбаздардың қолында кетті. Садақтардың адырналығына қайыс жетпей, қайыс орнына уық бау тарқатылып тағылды. Содан да көп сарбаздардың қолындағы садақтың адырнасы қызылала — әдейі сәндеп қойған сияқты.
Қазір приставтың кеудесін тескен найзаның сабына инелік қонып алыпты. Өзінен көзі үлкен жәндік әлдене деп ызыңдайды. Приставтың иманын үйіріп отырған мылқау молда тәрізді.
Әдетте құрғақшылықта көбірек сарнайтын тас шегірткелер жан-жақтан шырылдап, инеліктің ызың дұғасын қостап, жағы сембей зарлап тұр.
Тірісінде бетіне жан қаратпаған Мерке патшасы еді, енді бет-аузына құмырсқа жорғалай бастапты. Қылдырық бел қызыл құмырсқа приставтың күйектей қалың сақалының арасына бірі кіріп, бірі шығып, сумаңдап мына түкті бастан өздеріне пайдалы не бар екенін біле алмай, сандалып жүрген тәрізді.
Жүзбасының саусақтарынан әл кете бастады. Ол өзі қолының жылы қанды жылбысқы мойнынан қалай жылжып шығып кеткенін сезген жоқ. Көзін бір ашып алғанда, өз көйлегін дар-дар еткізіп айырып жіберіп, мойнын таңып жатқан орысты байқады. «Кеше Кузьминкадағы бай орыстың сиырын айдап келген жалшы орыс емес пе?» — деді. Оны дарға асып тастау керек деп Ақкөзге өзінің талап қойғаны есіне түсті. «Сары орыстың — бәрі орыс», ана қисық бұтаққа өзім асып қоямын деп жұлқынғаны есіне түсті. Сонда әлгі көзәйнек киген жігіттің араша түскені ойына оралды. «Орыстың бәрі жау емес, жауың — пристав, урядник, одан әрі ояз, ірі ұлықтар, болыстар, байлар!» — деп еді сол Тұрар. Ақыры оның айтқаны болды: Шынпатша приставты жастық етіп ала жығылды. Ал мына орыс жалшы мұның жанын сақтап қалмақ.
Бірақ Шынпатша ә дегендегідей өлмеуге тырысып жанталасуды қойды. Оны өлемін-ау деген ой енді мазаламады. Тек ішінен мына мойнын таңып жатқан мұжыққа риза болғанын сезіп қана жатты. Рақмет деп айтуға тілі күрмелді. Сөйлей алмады. Енді бір сезгені: мойны қайтадан босап кеткендей көрінді. Жанында ішін басып бүк түсіп жатқан жалшы Пахомды көрді. Оның жарасын таңып, жақсылыққа жақсылықпен жауап беруге Шынпатшада дәрмен жоқ еді. Соңғы өкініші сол болды.
* * *
Жазалаушы отряд шегіншектей соғысып, Меркеге қарай жылыстай берді. Отряд бастығы Аркадий Приходько Мерке поштасына жетіп, Ташкенттен Әулие-Ата арқылы келе жатқан отрядтың жедел көмекке жетуін талап етіп, телефон арқылы орталықпен хабарласуға асықты.
Сол ниетті сезген Тұрар Ақкөзге:
— Ақа, жігіттерді дереу Меркеге жеткізіп, поштаны алу керек. Мыналардың алдаусыратып шегінгеніне еліге бермей, тез Меркені алайық, — деді ат үстінен айқайлап.
Ақкөз жауап орнына, оң жақтағы селенді нұсқап:
— Мынау Көзміңке ме? — деп сұрады.
— Иә, Кузьминка, ар жағында — Мерке.
— Көзміңке болса, соны шабамын! Маңырақтың кебінін кисін. Тұлдыр қалдырмай өртеп жіберемін. Тарт солай қарай!
— Ақа, болмайды! — деп Тұрар ақжал аттың шылбырына жармаса берді. — Ақа, оныңыз жарамайды. Кузьминкада мұжықтар мен қатын, бала-шаға. Олардың жазығы жоқ. Меркеге тез жетейік, тілімді алыңыз, Ақа! — Тұрар Ақкөздің алдын кес-кестеп жан дәрменде дауысы өктемірек шығып кетті.
— Не деп тұрсың, жарқыным? Көзміңкенің жазығы жоқ та, Маңырақтың жазығы бар ма еді? Онда қатын, бала-шаға жоқ па еді? — Ақкөздің жанары шарасынан шыға қаңғалап кеткен екен. Алдында кім тұрғанын ол көрмеуі де мүмкін. Мынандай қан толған көз бірдеңені көруі екі талай.
— Ақа, мына отрядтың алдын орып, Меркеге жетейік. Әйтпесе, олар бұрын жетіп бекініс жасап алады. Одан кейін қалаға кіруіміз қиын болады. Бізге қазір ең алдымен поштаны алу қажет. Әйтпесе қазір мыналар жаңа әскер шақыртады.
— Қайдан?
— Ташкенттен, Әулие-Атадан...
— Е, ол әскер келіп жеткенше, мен Көзміңкенің көзін жоймаймын ба?
— Айтпады демеңіз, ақсақал. Кузьминкаға тиіссеңіз, бүкіл халықтың түбіне жетесіз. Обалы мойныңыз көтере алмас зілмауыр жүк болады. Бүйтіп тәжікелесіп жататын уақыт емес қазір. Жарлық беріңіз мына адамдарыңызға. Мерке! Тек қана Мерке!
Ақкөз Ақжалдың басын тартып, жүрісін саябырлатты да, бешпетінің жанқалтасынан мүйіз шақшаны алып, насыбайды алақанына аямай төгіп, астыңғы ерніне қағып салды. Сыздықтата бір түкіріп тастап, шашақты қайыс тығынын бекітіп, мүйіз құтыны ердің қасына тықылдатып үндеместен тұрып алды.
Тұрар шыдай алмай Ақкөздің қасындағы Досмайылға айқай салды:
— Досеке, мына жігіттерді тез жинап Меркеге бұрыңыз! Болыңыз! Тез!
Досмайыл Ақкөзге қарайлап, қипақтай берді.
Бұлар осылайша ары тарт, бері тартпен тұрғанда қарулы отрядтың бір бөлігін көтерілісшілерді жасқай тұру үшін тосқауылға қалдырып, қалған бөлігімен Аркадий Приходько аттарын ақ көбікке малындырып, Меркеге қарай зымырап бара жатты.
Көтерілісшілер уақытты өткізіп алды.
Тұрар Кузьминканы сақтап қалды, бірақ оның есесіне уақыттан ұтылды да, Меркеге дер кезінде кіре алмай, тек түбіне барып қоршап тұруға мәжбүр болды. Жазалаушы отряд бекініс жасап, пулеметтерін қойып үлгіріп еді.
— Поштаны ала алмадық. Ағайын, еңді бір ақыл бар: мына қара жолдың бойындағы телеграф бағандарын құлатыңдар. Әулие-Ата жағынан да, Пішпек жатынан да. Сым үзілсе, Меркедегі отряд жан-жақпен хабарласа алмай қалады. Кәне, жылдам! — деп Тұрар жігіттерге Ақкөздің ықтиярынсыз-ақ бұйрық беріп жіберді.
— Ә, мұның дұрыс. Мұның ақыл. Осы бір ызыңдап тұратын сым темірден жақсылық жоқ. Қиратыңдар, жігіттер. Әулие-Ата жағына сен бар, Әлтай. Пішпек жағына, Шәкі, сен бар. Сарбаздарыңды қасыңа ал! Қиратып тастаңдар, жын-перінің тілін! Сым темірді сөйлетіп қойған құдай! Ақырзаман осы шығар, сірә! — деп Ақкөз шақшаға тағы да қол салды.
— Ә, Тұрар балам, — деді ол насыбайлы ерінін томпайтып, тілін насыбай атқан адамның әдетінше сәл сақауландыра сөйлеп. — «Көз — қорқақ, қол батыр» деген осы. Әлгінде ғой, осы соғысты бастамайық, күте тұрайық, әлдеқайдағы Қордаймен, Алматымен, әлдебір Әли батырмен, Бекболат батырмен қол ұштасайық; тіпті айшылық жерде жатқан Аманкелді батырмен жалғасайық деп балалық жасадың. Ойталда үйіріліп жата берсек, мына жеңісті бізге кім беретін еді? Бұл сапар құдай оңдап, әруақ қолдап, жарақты жауды жапыра жеңдік. Осының өзі менің халқымның жүрегіне сенім. Енді бұрынғыдай жүрексінгенді қояды. Білдің бе, Тұрар? Сенің оқығаның бар, ал менің көргенім көп.
Тұрар басын шайқап күрсінді. Мына аңқау батырдың қазір шылымын күннің өзінен тұтатқандай масаң қалпын, шадыман көңілін бұзу ыңғайсыз да сияқты. Бірақ ащы шындықты айтпай тағы болмайды.
— Жеңісіңіз құтты болсын, Ақа! Халық қаһарланса, алынбайтын қамал жоқ екені рас. Басынан бақайына дейін қаруланған жауға бесақа, сырық, сойылмен қарсы шығу көзсіз ерлік. Бірақ, бұл жолы қолыңыздың көптігімен жаудың аптығын бастыңыз. Қарасаңыз, сіз жағынан шығын да көп. Оларда бар зеңбірек пен пулемет бізде жоқ. Оларда бар әскери винтовка бізде жоқ, орынсыз шабуылдап, қыршын жандарды нөсердей оққа қарсы ат ойлатып, баудай түсіріп қыра беруге біз, сірә, көп шыдамаспыз. Жау осымен тынды екен деп ойламаңыз, Ақа. Бұларда күш көп. Ол күш кеп кешікпей келіп те жетеді. Әне сондағы сойқанға дайын болайық. Жаңағы шайқаста өлген солдаттардың қаруларын жинатып алыңыз. Сірә, елу шақты винтовка болып қалар. Біз үшін ол да медеу. Өзімізден шейіт болғандардың сүйегін жинап, жүзін жасыру керек.
— Сенікі ақыл, балам. Талай боздақтан айырылдық, — деп Ақкөз сәл еңсесі түсіп, кең көкірегі қарс айырылып кеткендей «аһ» деп жалын ата күрсініп салды. — А бірақ әділет соғысы құрбансыз болмас. Ол өлгендер — шейіт. Олар бақытты. А бірақ Көзміңкені алдырмағаның жанымды әлі қинап тұр. Әлі де болса, аттанып көрсек қайтед?
— Жоқ, Ақа! Жоқ! Әділет соғысы ондай болмайды. Онда мәңгі-бақи қарғыс таңбасын анау май маңдайыңызға басып аласыз. Болмайды!
* * *
Меркенің шығыс жағынан шыққан қара жол түстікке қарай ойыстап, Пішпекке бұралаңдап жөнелді. Осы ұлы қара жол қалалар мен қалаларды, ел мен елді жалғастырып, адамзат баласын шашыратпай, шашау шығармай, дәнекерлеп тұрған қара белдік сияқты еді. Бірақ бұл қара жолдың бойымен кімдер өтпейді, нелер жетпейді?
Қазіргі мына қиқы-жиқы қам қыш үйлерден тұратын шағын ғана селеннің орнында баяғы заманда Мерке деген шаһар болған. Төрткүл базарының орны сол бір кездегі іріліктің жұрнағы. Еуропадан, Кіші Азиядан, Үндістаннан Ресейден Алтайға, Қытайға, Моңғолстанға қарай сапар шеккен жиһанкездер, саудагерлер, қолбасшылар, оқымыстылар, тіпті дуаналар да ертеде осы жолмен өткен. Ал шығыстан шыққан жолаушылар осы қара сызық арқылы Меркеге бір дамылдап, одан Құлан, Талас, Саудакент, Құмкент, Шымкент, Түркістан асып, алыс елдерге сапар шеккен.
Патшаның жазалаушы отрядтары да осы жолмен Меркеге жетіп, зеңбіректерінің аузын үңірейте келді.
Соңғы бір он-он бес жылдың көлемінде қара жол бойына қарағай бағандары қадалып, қала мен қаланың арасын сым темір жалғастырып болды. Желді күні ботасы өлген інгендей болар-болмас боздап тұратын осы сым темірді жергілікті халық көпке дейін жатырқап жүрген. Тек өрістен қайтқан сиырлар жатсынбай, қарағай бағанға мойындарын қасып алады. Қыркүйек шағында қара қарғалар сол сым темірге тізіле қонып алып боздауық үннен бір сыр тыңдап, ұзақ сонар алдында түпсіз терең ойға кеткендей, қалшиып көп отырды.
Күннің батысынан шығысына созылған сол сым темірде бұл жолы балапан ұшырған қарлығаштар отырған. Оңтүстікке, жылы жаққа шығатын қатерлі сапар алдында балапандарына ертек айтып, алдандырып отырған тәрізді. «Сендер осы жерде өстіңдер, шық суларын іштіңдер. Енді ер жеттіңдер. Қанаттарың қатайды, енді сол қанат талғанша ұшатын алыс жол бар алдымызда. Көп кешікпей мұнда суық түседі. Біз өмірі қар жаумайтын, аяз болмайтын, жылы жаққа кетеміз. Ал келер көктемде осы Алатау бауырына қайта ораламыз. Алатаудың көктемі тамаша. Саз балшығынан ұя салсаң тастай қатып қалады. Келер жылы сендер де ұя салып, өз алдарыңа үй боласыңдар».
Ересек қарлығаштар өз балапандарына осылайша бейбіт әңгіме айтып отырғанда кенет қиқулаған атты адамдар келіп, бағандарға қыл арқан тастап, топ-тобымен жабылып қу қарағайларды құлата бастады.
Бұл тосын әрекеттен үріккен қарлығаштар аспанға дүр көтеріліп, әуеде қиқы-жиқы ұшып, адамдардың бұл ісіне биіктен көз салып, таңырқағандай, таңдайларын тақылдата шу-шу етеді.
Айқайлап, атойлаған аттылар өлі бағандармен емес, жанды жаумен айқасып жатқандай, осы бір іске құлшына кірісіп кетті де, бір-екі бағанды құлатып, сымды үзсе жеткілікті екені естерінен шығып кеткендей, қарағай біткенді жағалай жыға берді. Топ-топқа бөлінген сарбаздар үшін мұның өзі бір бәйге тіккен жарыс ойыныңдай бәсекеге айналып, қай топ көп жығар екен деген мақсат болып кетті.
Әсіресе жүзбасы Шәкі қатты елірді, жарықтық. Ер жетіп, енді «бір шүберек бас, ақ жаулық» алып берейін деп жүрген баласын болыс тізімге іліндірген соң, өзі де, баласы Дүрмен де Ақкөз қолына қосылып, Ақкөздің жарлығымен Шәкі жүзбасы болған. Бұрын біртоға, тұйықтау жүретін осы шағын шаруа, айқасқа алғаш кіріп, қанның исі мұрнына келгенде, ақ перісі қысқандай, қырғын соғыста дес бермей, есі кете шайқасты. Енді сол қарқыннан әлі қайтпағандай, шаршау, шалдығу дегенді білмей, ат үстінен әлі бір түскен жоқ.
Сөйтіп, айқай-сүреңмен жүргенде, Шәкінің аты шиыршықталып жатқан сымға шырмалып, сүрініп кетті. Шәкі әлдекімді әкесінен бір боқтады да, ер үстінен еңкейіп, үзілген сымның ұшын тауып алып, суы қатты темірді білегіне күштеп жатып орап алып, жіңішке сымды көкпар құсатып тақымына басты да:
— Осы бізге бәле тілеген байғыз сияқты боздауық сенсің ғой, ә? Әкеңнің... мен саған жазаңды берейін! — деп, атына қамшыны басып кеп қалды. Жыланша шиыршықталып жатқан сым, ат ұзаған сайын сусылдап созыла берді де, бір кезде тырсылдап барып, Шәкінің білегінен шығып-ақ кеткені ғой.
Шәкі атының тізгінін тартып, шегіншектеп артына қарап бұрыла бергенде, әуеде суылдап жарқ ете қалған сымды көзі шалып еді, лезде әлгі сымның өз мойнына оқ жыланша сарт етіп орала кеткенін сезді...
Сарт еткен дыбыстан шошынған ат оқыс қарғып кеткенде үстіндегі адам жерге ұшып түсті. Сарбаздар шауып келіп, жүзбасының тамағынан сым темірдің шырмауын босатып алған кезде,
Шәкінің мойны былқ-сылқ етіп қалған екен.
* * *
Шәкінің ебедейсіз өлімі шабуылшылардың асқынған масаңдығын лезде пәс қылғандай болды. Жарқырап жанған шырағданның білтесін біреу баса қойғандай, көтеріңкі көңілдер қоңырайып, ажал иісі тағы да бір бұрқ етіп, әркім өз жазмышын оқи алмай, ойға шомды. Кейбіреулер:
«Ой, бауырымдап» азандата бастап еді, Шәкінің түкіс баласы Дүрмен:
— Жә, болды! Өшір үніңді, жаугершілік кезінде кісі өліміне өтірік жылап, түкірікпен көз шылап не керек! Соғыста біреу құласа, оның қасына опыр-топыр жиналмаңдар деп ескерткен жоқ па Тұрар сендерге! — деп елді жасқап тастады. Мұндай дәндігі үшін Дүрменді мынандай қаза үстінде айыптауға ешкімнің батылы бармады да, күңкіл-күбірге көшті.
— Осы сым темірге тиіспей-ақ қою керек еді.
— Тілсіз сым сөйлегені тегін дейсің бе? Мұның киесі бар. Бекер ұрындық. Әттесі-ай!
— Мұны құлатпай-ақ өртеу керек еді.
— Болары — болды. Бояуы — сіңді. Ажал сені мен маған ақылдасып келмейді. Кәне, марқұмның иманын салауат қылып, жүзін жасыралық.
Дүрмен бұл әңгімеге араласпай, әкесінің атының тізгінін ердің қасына кегжите байлады. Көп болып, жабылып, Шәкіні найза керегеге ұзынынан салып, Мерке түбінде тұрған негізгі қолға қарай қаралы топ қозғала берді. Тер сасыған аттар аяң жүріске түскен соң, ашығып, шөл қысқаны естеріне түскендей, қайта-қайта пысқырынып, мойындары салбырап, жылқы баласының өзінше бір терең ойына шомғандай, ілбіп бара жатты.
Аспараның Алатауы күрсініп салғандай, аңғардан аңқылдап жел соқты. Жол жағасында гүлі түсіп қурай бастаған атқұлақ пен сиырқұйрық, шоңайна, шырыш сол желмен ырғатылып, ызыңдап жоқтау айтып тұрған сияқты. Жылға бойындағы биік қамыстың бопақ үкілі бастары иіліп, қияқтарынан сыбызғы үні естілгендей болады. Батпақты көлшіктің жағасынан бақалар шуылдап, жабайы қарала қаз қаңқылдайды.
Терістіктегі ылди жазықтың үсті шаңытып даладан көтерілген тозаңды батар күннің сәулесі шалып, Мерке атырабын қызғылтым шымылдық тұтып алғандай болды.
Қабақтары қарс жабылып, қастарының ортасынан тіке сызық түскен жауынгерлер біреуі ақ қалпағын, біреуі жарғақ бөркін маңдайларына түсіре киіп түнеріп алған.
Жайраған жаудай жапырылып жатқан қарағай бағандар әлі өлмегендей сымдары гуілдейді. Мына сарбаздар баған қирату ісіне кешігіп кіріскенін қазір сезбей келеді. Жазалаушы отрядтың командирі Аркадий Приходько әу баста-ақ Әулие-Ата уезінің бастығы Кастальский мырзамен сөйлесіп үлгірген. Телеграф сымдары сол сөйлесуден кейін барып үзілген.
Көп кешікпей топалаң қырғын боларын жүз басысыз қалған жігіттер дәл осы шақ ойламап еді.
* * *
Тамыздың түнгі аспаны — түндігі шұрқ тесік киіз үйдің шаңырағындай екен. Тұрар көпке дейін көз іле алмай, аспандағы жыбырлаған жұлдыздарға қарап жатты. Оң жақ қанаттан үрпиісіп Үркер дірілдейді. Бір орыннан қозғалмай Темірқазық қалтырайды. Темірқазықтан алыстай алмай, айналшықтап Жетіқарақшы жылжып бара жатқан сияқты. Аспандағы тілсіз тілеулестер. Тоқым төсеніп, ер жастанып, бел шешпей жатқан жауынгерлерге жұлдыздардың жаны ашитын тәрізді-ау, бірақ тым алыста болған соң жәрдемі жоқ.
— Неге ұйықтамай жатырсың, Тұрар? — деді Ақкөз шалқасынан жатқан қалпы қозғалмай. — Төсек жайсыз ба? Әлде жыланнан қорқасың ба? Аттың тері шыққан жерге жылан жоламайды, қорықпай ұйықтай бер.
— Қорқып жатқан жоқпын, Ақа. Диірменде туған тышқанның баласы дүрсіліңнен қорқушы ма еді. Баяғыда түрмеде көкеммен бірге тас еденге де жатып едім ғой. Қандаласы көп болушы еді. Оны қойшы, атжалманын айтсаңшы... Жыланнан Ахат атам жаман қорқушы еді. Біз жыланды тірідей ұстап алып атамды қорқытатынбыз. Жарықтық. «Жәкетайлап» жалынатын. Қарттығына қарамай, балаша қарғып қашатын. Біз сонысын қызық көретінбіз.
— Иә, Тұрар, ұйықта, балам. Көз шырымын ал. Алда бізді не күтіп тұр, бір Аллаға аян. Әлденіп алғанымыз дұрыс-дүр. Иә, құдай қуат бер, біз сияқты бейбаққа... — Қарт қор ете түсіп, ұйықтап кетті. Тұрар ояу. Түнгі аспанда — ертедегі адамдар ертедегі әріппен жазып кеткен кітап сияқты. Оны оқу қиын. Оқыған адам — Тәңірінің өзімен бетпе-бет сөйлесе алар еді. Жәудіреген сансыз жұлдыз. Тұрар оның ішінде Жетіқарақшыны, Құс жолын, Үркерді, Темірқазықты, Ақбозатты таныды. Әр адамның жұлдызы болады дейді. Өз жұлдызы қайсысы екенін Тұрар біле алмады. Ол қашан ағып түседі. Кейде жұлдыздар әлемді жарқырату үшін, қараңғылықты ысырып өзін өзі өртеп жіберетін көрінеді. Мына жатқан Ақкөз, мына Тұрардың өзі де сол жұлдыздармен тағдырлас тәрізді. Жақсылық үшін жалаңаш барып жауға тиіп, өздерін осы таңда оққа байламақшы... Қилы-қилы ойлармен Тұрардың кірпіктері айқаса бастап еді... Өң мен түстің арасында Тұрар аулақтағы Мықан бойының иірім тұсынан көлбақаның үрейлі үнін, мәжнүн талға ұя салған зорғалдақтың жылауық нәзік дауысын естіп жатты.
* * *
Ақжал сарының тоқымын астына төсеп, күміс ерді басына жастанып, даладай, кең боз шекпенін жамылып ұйықтап жатқан Ақкөзді таңға таяу қарауыл асығыс оятты. Меркенің батыс жағына кеткен барлаушылар келіп тұр екен.
— Жайсыз хабар, Ақа, — деді барлаушылардың бастығы. — Әулие-Атадан шыққан әскер таяп келеді. Құланнан бері қарай құлады. Сәскеге жетпей келіп үлгіретін түрі бар. Жүрістері суыт.
— Қанша қол? — Ақкөз күміс ердің үстіне жүресінен отырып, ұйып қалған аяқтарын қоныштың сыртынан сипалады.
— Екі жүз қаралы. Бірақ зеңбіректері кешегіден де көп. Бесеу яки алтау. Дәл санауға қараңғыда көз жетпеді, Ақа.
— Көпей оғлы! — Ақкөз ашу қыса бастағанда ұдайы аузынан осы бір түсініксіздеу сөздер шығушы еді. Бұл сөздің мағынасын қазір үдере түрегелгендердің ішінде Тұрар ғана түсінді. Ақкөз қанша адуын, айбарлы болғанмен, адамға ақырып-зекіруді білмейтін, сабыр сабасынан аса көтерілмейтін кісі еді. Әбден ашу шақырғанда, өкпе қысылғанда айтар ең ауыр сөз осы: «Иттің баласы!» Оның өзін түсініксіздеу тілде айтады. Қорқыт-Ата хикаясын Ташкентте жүріп оқыған Тұрар ғана бұл жұмбақ «көпей оғлы» не екенін біледі.
— Ақа, бұл өзі «көпей оғлы» болғанда да нағыз төбеті болып тұр. Сондықтан етек-жеңімізді жинақтап, шашау шықпай, ың-шыңсыз шегінейік. Ойтал маңына барып, бекініс жасаған жөн. Дәл қазір олармен бетпе-бет кездесу бізге қолайсыз. Жан-жағымыз ашық, айдалада тұрмыз, — деді Тұрар.
Ақкөз тақиясын алып, басын сипалап, сәл тұқшиып қалды да, тұғырында мүлгіп отырып, кенет дүр сілкінген бүркіттей басын көтеріп алып, кеудесін жаза, екі иығын керіп жіберіп:
— Жоқ, балам, қашқан жауға — қатын да батыр. Қор болып қашар халім жоқ. Әлгіде өзің емес пе айтқан: «Диірменде туған тышқанның баласы дүрсіліңнен қорықпайды», — деп. Енді қашар жайым жоқ. Осы таңда Алла не бұйырып тұр, соны көріп алдым. Жазмыштан озмыш болмақ емес. Мына ақ таңның алдындағы антым сол. Осыдан құдай ісімді оңлап, жарақты жауды тағы бір жайратар болсам, әне сонда сенің айтқаның болад, Тұрар. А сонда менің дабысым алысқа кетед, қалың қауым жан-жағымнан қаумалап өзі-ақ келед. Менің қолым телегей теңіз болып тулар сонда. А кім шақ келер екен оған сонда. Соғыста шейіт болғандардың әрбір тамшы қанынан нұр шашырап, өзгеше бір өмір келер. Біз аңсаған азаттық таң басымызға айналар. Әйтпесе қара бұлт қаптап, жау сүйегімізді таптап, ахирет заман ары қарай жалғаса берер. Е, Тұрар батыр, мұның несі сөз! Тәуекел деп тас жұтып тұрмын. Өңешімнен өтсе — өтті, өтпесе — қақалғаным.
Осы сәт Ақкөз ерекше аруақтанып, қанатын қатты қомдап, ұшпаса іш құса болып өлетін тау қырандай бір ірі мақсатқа қатаң шүйілді. Шарадай екі көзі жалт-жұлт етіп, найзағайдай шатынап, алған бетінен қайтпайтын қайсар тұлпарға мініп алғаны мәлім болды.
— Дәл қазір сол әскерді жол үстінде бір бүйірінен қапылыста шабуылдап, жайрату керек-дүр. Ақыл — жастан, асыл — тастан, ақылды екенің рас, жарқыным, бірақ осы жолы сен де бір менің тілімді ал. Жүзбасылар! Жиналыңдар! — деп Ақкөз күміс ердің үстінен бурадай ырғалып, түре келе берді.
Бұл жолы Тұрар оған қарсыласып жатпады. Өйткені ұзақ жолдан арып келе жатқан әскерге мына әлденеше мың жасақпен тұтқиылдан лап қойса, таңның елең шағында, бәлкім, ұрыстың сәті де түсер деп ойлады. Ақкөзге өзінің сенімді серігі Досмайыл да, Сармолда да, майдангер балалары Рахманқұл мен Әбдіқұл да қарсы болған жоқ.
— Жігіттер! Ез болмаңдар, ер болыңдар! — деді Ақкөз таң нұрынан екі беті нарттай жанып, шарадай көздерінен жарқыл жайнап. — Біз пендеге бір өлім, а бірақ бізге керегі ақ өлім. Тажал бізге зеңбірегін сүйретіп тағы келе жатыр. Қатын құсап қашқанымызбен бізді бәрібір құтқармайды. Кәне, әлгі боз бие қайда? Мына ақ таңның атысында боз биені әруақтардың атына атап шалып жіберіңдер! Сыпатай батырдың, ата-бабамыздың әруағы қолдасын бізді!
Таңғы салқында киіздей тұтасып жатқан ажырық шөптің үстіне боз биенің қаны шашырап, лағыл моншақ таққандай шөп басы жайнаң қағып шыға келді.
Жануардың жанына Ақкөз бірінші болып барып, ішінен күбірлеп дұға оқыды да, боз биенің алқымынан жылап аққан жылы қанға қолын малып алды. Ат үстінде қанша адам, соның бәрі Ақкөздің істегенін істеп, саусақтарын қызылға бояп шықты.
Қолдарын ақ таңның алқасында, жақын жаудың қасында осылайша боз биенің қанына малып, іштей анттасқан соң қалың қол Меркенің іргесіндегі ажырықты алаңқайды артта қалдырып, жасақты жауға суыт жүріп кетті.
Алатаудың ақ шыңдары әлі шығып үлгірмеген күннің сәулесімен сүйісіп, таң алдында махаббат құшағында жатқан хас сұлулардай тебіреніп тұрды. Оларды тіпті сан мың аттың тұяқ дүбірі де селт еткізе алмайды. Күн мен шың өбіскенде жердің жүзі жымиып, қабағы ашылып, реңінен кірбің кетіп, жадырай береді.
Сарғайып қураған түйе жапырақтар ат тұяғының астында тот басқан қаңылтырдай қаңғырлайды. Бұл өңірде көзін жұмбай өлетін өміршең гүлдер бар. Жал-жағалай шашыратқының көкшіл гүлдері перуза асыл тастай жәудірейді. Қашан қар астында қалғанға дейін шашыратқы гүлі солмақ емес. Қазан ұрмай, қар жаумай гүлқайырдың алақандай ақ гүлдері бүрік құлақтанып, қарауытып қалыпты.
Алпыстан асқан шағында «Сыпатайлап», апай төсін айқара ашып, таң бозында жауға шапқан Ақкөз табиғатында да мына көкшіл перуза гүлге ұқсас бірдеңе бар. Ол қазір қаракөк барқытпен көмкерген ақ қалпағын баса киіп, ақжал сарыны сабылтып бара жатқан шағында Алатаудың ақ шоқыларынан жаралған алпамса перзент сияқты. Адам, асылы, табиғаттың ұрығы. Тірі жан табиғатына тартып туады, өйткені ол адамның анасы. Тасты аспанға қанша лақтырсаң да қайтадан жерге түсетіні сияқты, бұл Ақкөзді де, оның соңынан ертең қалың қолды да осы туған жерден айыра алмайсың. Осы топырақта өліп кетуге риза, ал айырылуға бейіл емес. Олардың тас қабырғалы қара бесігі осы Мерке атырабы. Олардың бойына күн сүйіп жүкті болған қара жердің: оның жусаны мен шәй-қурайының, торы тобылғысы мен рауашының, ащы миясы мен дермене-жалбызының исі сіңген. Биылғыдай шөбі шая құрғақшылықтың өзінде шөлге шыдамды шилеуіт жандарын шүберекке түйіп жауға жалаң төс аттанып бара жатқан мына жасақтың аттарының бауырынан сипап қалып жатыр. Сол шилеуіттен осы елдің әйелдері ши тартып, киіз үйлерінің қабырғасын жабады. Қаралы үй ахиреттік арысын сол шиге орап шығарады.
Туған жердің аспаны қара бұлт қаптап тұрса да қарата үйдің түндігіндей жылы көрінер. Осы аспанның астында, осы жердің үстінде қорлық пен зорлыққа шыдай-шыдай төзімі кемерден асып төгілген ақкөңіл, аңғал адамдар мына боз ала таңда, боз далада тарғыл тастай түйіліп атқа қонған бір заман. Тақта жауыз патша отырғанда азаттық жолы қан сасиды екен. Соған саналы түрде бас тіккендер жорығы еді мынау.
* * *
Меркеден күнбатысқа қарай жиырма шақырым шыққанда алдан әскер қарасы мұнартты. Ақкөздің жер қайысқан қалың қолына қарағанда жазалаушы отряд бір шөкім ғана аз қол сияқты көрінді.
— Құдай бұйыртса, мұны біз таптап өтеміз! — деп Ақкөз үзенгінің таралғысын қысқарта түсті.
— Кішкене жыланның уы көп болады. Ақа, абайлау керек, — деді Тұрар адуын қарттың аптығын басып. — Қолды екіге жарып, қос бүйірден орай шапқан жөн. Сонда күші екіге бөлінсе, бәлкім бізге жеңілдеу тиер.
Ақкөз қолдың жартысын Досмайылды бас қылып, қара жолдың тау жақ бетіне өткізді де, қос қанаттан бір мезгілде ат ойлауға келісті. Қырық боз жылқының құйрық қылынан жасалған боз қылаң ту желбіреп жоғары көтерілді. Оның жанынан атқан таңның арайлы шапағындай қызыл ту желбіреді. Тұрардың айтуымен Ақкөз бұл жорықта қызыл ту көтеруге келіссе де, кешегі Сыпатай батырдың салтымен ат қылынан жасалған ақ жалауды да тастамады.
— Ақ жалау патшанікі! — деп Тұрар көнбеп еді.
— Патшанікі ақ болғанмен, қос бас самұрығы бар мата байрақ, біздікі тұлпар тектес жылқыдан, тірі тәннен шыққан қыл байрақ. Мұның әруағы басым, — деп Ақкөз көнбеді. — Бұл байрақта менің Ақжал сарымның да қылы бар. Ал көне, Ақжал жануар, осы сапар тұяғың мұқалмағай, сүрініп кетпей, сүңгідей сілте, тұлпарым! — Ақкөз аттың жалын сипап ішінен күбірледі де, — ендігі замат қарала күміс белдігін шешіп алып, мойнына салып тұрып айқай салды:
— Әруақ-құдай жар болсын, ерлерім! Ата-баба әруағы қолдасын, алға!
Қалың қолдың шабысынан жер сілкініп, тау қозғалғандай еді. «Сыпатайлап!», «А құдайлап!» ақырған айқайдан аспан асты күңіреніп кеткен.
Осы телегей теңіздің толқынындай шуды баса көктеп бір кезде зеңбіректер гүрсілдеді. Сатырлай атылған мылтықтардың азынауық үні таңғы ауаның сарынымен жаңғырығып, алты қырдан аса естіліп жатты. Өкірген адам дауысы, шыңғырған жылқы дауысы, көк түтін мен бозала шаң қапырығына, күйген еттің күлімсі иісі араласып, мына сұрапылдан көз тұнып, адам есінен адасып, бас айналды.
Соғыстың ең сын сәтінде, жазалаушы отряд қыспақта қалып, енді-енді іргесі сөгілейін деп тұрғанда көтерілісшілердің ту сыртынан, Мерке жақтан Аркадий Приходько бастаған Пішпектен жеткен тың күш тұтқиылдан соқты да, оңынан келіп тұрған істің быт-шыты шығып, берекесі қаша берді. Қанша өлермен болса да, бұршақша жауған оққа төтеп бере алмаған қарусыз қол қырылғаны қырылып, қырылмағаны терістікке, Ойталға қарай сырылып шегіне бастады.
Қалың қолдың қақырап, быт-шыт болып жыртылғанын көріп: «Қайт! Қайт!» — деп қаһарлана айқайлап Ақжал аттың үстінде алас ұрған Ақкөздің бір кез лезде дауысы шықпай қалды. Оң иығы топшасынан жұлынып түскендей, ат үстінен оны бір дүлей күш жұлқып өтті де, батыр есінен ауып, шалқалап бара жатқанда, сарбаздар келіп, Ақжалдың тізгінін тартып, қолбасшыны шегінгендер соңынан алып кетіп бара жатты.
— Күміс ер! — деп айқайлады Ақкөз көзін тарс жұмып алып жанындағыларға. — Рысқұлдың күміс ері... Мен алай-бұлай болып кетсем, Тұрарға табыстаңдар. Әкесінің аманаты. Тұрар қайда? Тұрар!..
Ақкөздің айқайын естісе де, жанындағы сарбаздары артқа бұрыла алмай, жаралы сардарды қаумалап, алыстағы мұнар құмды бет алып, суси берген.
Осы қым-қуыт сүргін сапырылыста Аркадий Приходько өзінің адамдарына екі кісіні: Ақкөз бен Тұрарды қолға түсіруді қатаң бұйырып тапсырған. «Бұл дүлей бүліктің қос басы бар. Сол екі басын қағып тастасақ, қалғаны қауіпті емес», — деді ротмистр әскерлеріне.
Ақкөз қолға түспей кетті. Өзгелерден киім киісі, бітімі өзгеше Тұрар көзге оңай түсті.
* * *
Маңырақ маңындағы соғыста-ақ көз үйреншікті болып қалған Тұрарды солдаттар жан-жағынан қамалап, әуелі астындағы атын көздеп атып құлатып, құлаған аттың астында аяғы қайырылып қалған Тұрарды бес-алтауы бас салып ұстап, қол-аяғын байлап-матап Аркадий Приходькоға алып келді.
— Таныдың ба? — деді жас офицер сыңар езулеп күліп тұрып. — Арада талай жыл өтті ғой. Танымауың да мүмкін. Верныйды, түрмені, гимназияны есіңе алшы.
— Танығанда қандай, Аркаша, мен сені Ташкенттен бірге шыққанда, жол үстінде танығанмын. Білесің бе, қалай? «Айда!» деген айқайыңнан таныдым.
— А-а...
— Жас кезінде-ақ есірік едің, иығыңдағы пагон саған ақыл қоса қоймаса керек. Ал сен мені күйме үстінде танымадың, Аркаша.
Жанында бөтен адамдар, приставтың орынбасары, солдаттар тұрғанда тұтқынның өзімен мұнша рабайсыз сөйлескеніне шамданып, өз мундирінің намысын қорғап, Аркадий Приходько енді сұстана қалды.
— Күйме үстінде танымасам, арада аз күн көрер жарық сәулең бар екен. Енді соңғы сағатың соқты. Сені ана жабайы қандастарың сияқты сұраусыз атып тастай салсам, менің арым таза. Өйткені соғыс жағдайы. Білесің бе сенің қарақшы бауырларыңның қаншасы қолға түскенін? Жүз елу қаралы. Тұтқынға алмай далада атып кете беру керек еді. Бірақ киргиздар енді құтырмас үшін оларды жұрт көретін жерге апарып атамыз. Ал, сені әскери трибунал соттайды. Трибунал басыңнан сипамас. Ату жазасы емес, асу жазасына бұйырады. Мерке базарында, қалың халық алдында асыласың. Оған дейін сенен бізге бір дерек керек. Сенің кәрі серігің, әлгі аты кім еді?
— Ақкөз Қосанов, — деп өлген приставтың орынбасары Теляшкин жалбақтай жауап қатты.
— Иә, сол бізден құтылып кетті. Ол қайда барып паналауы мүмкін? Соны айт! Жақын жолдастары кім? Қай ауыл, қай болыстан? Соны айт! Азап көргің келмесе, айтасың. Айтпасаң, біздің қалай айтқызатынымызды сезетін шығарсың. Ақкөздің мекені қайда? Қай жерді барып паналайды?
— Оны мен қайдан білейін. Оның мекені — кең дала. Осы жердің тау-тасы, әрбір түп қамысы мен қоғасы, әрбір бұтасы — бәрі пана. Жоғары мәртебелі генерал-губернатор Куропаткин мырза Петербургтегі соғыс министріне «Дәл қазір Түркістанға атты әскерлер көп керек... Жаяу әскерді өзім-ақ жасақтап алар едім. Бірақ шексіз далада киргиздармен атты әскерсіз айқасу өте қиын...» деп телеграмма бергенін сен білмеуші ме едің? Қазаққа кең даланың бәрі пана екенін генерал-губернатор біліп отырғанда, оның сеніп жіберген адамы — сен неге білмейсің? Енді бұл далада Ақкөзді іздеу — бір мая шөптің ішінен ине іздеуден де қиын. Сондықтан мені мұндай сұрақ қойып қинама.
Тұрар мына топтың ортасында өзінің беделін қайта-қайта түсіре бергеніне тұлданған офицер ақырып жіберді:
— Сен шпионсың. Генерал-губернатордың депешаларын сен қайдан білесің? Демек, Ташкентте, өлкелік өкіметте сенін сыбайласың отыр. Сенің әрбір тарамысыңды жеке-жеке суырып отырып, сол сырыңды да ашу керек. Жетті әзірге. Әкетіңдер! Мықтап қарауыл қойындар! — деп бұйырды ротмистр өз адамдарына.
— Аркаша, бір сұрағым бар? — Тәкаппарлықпен аттай беріп қолдары қоса шандулы денесімен тұтас бұрылды Тұрар.
Ротмистр тыжырынып қолын бір-ақ сермеді. Айдауылдар Тұрарды итермелей бастады.
— Наташа қайда?
Мұндай сұрақ күтпеген ротмистр көзі ежірейіп, мынау мені мазақ қыла бастады-ау деп жобалап, жынданып кете жаздады. Өзінің жауы мұның туған қарындасының бейнесін кеудесінде жылдар бойы сақтап жүргенін қайдан білсін, басқаша жорыды.
— Сандалма! Топас сұраққа мен жауап бермеймін. Әкетіңдер! — деп жерді бір теуіп қалды.
IV
Меркенің әкімдері ротмистр Приходько мен Тұрардың бұрыннан таныс болып шыққанына түсінісе алмай, дал болыңқырады. Соны байқаған офицер Мерке басшыларының алдында өзінің әлгі құлдыраған беделін қайтадан қалпына келтірмек болып, күпіне сөйлеп кетті.
— Бұл оңай жау емес. Мұның әкесі де оңай жау емес еді. Верныйдан білемін. Әкесі каторгаға кеткен. Біліп қойындар, бұл каторжниктің баласы.
— Так это Киргизбаев! — деп Теляшкин өзінің білімпаздығын көрсетіп қалғысы келді. — Осында бір либерал тергеуші Семашко деген болған. Соның писарі болып жүрген. Бір құрметті болыстың тойында бүлікші Ақкөзге жақтасқан. Да-да! Енді есіме түсе бастады. Міне, күшік! Азуы шыға бастаған.
— Пристав мырза! Қайдағы Киргизбаев? Ол — Рысқұлов. Өзіңіздің иегіңіздің астында өскен большевик. Жалпы, бұл бүліктің Әулие-Ата уезі бойынша әсіресе Меркеде белең алып кеткеніне не себеп? Осыны ойланып көрдіңіз бе, құрметті пристав? Жо-жоқ, орынбасар... Бұған сіз қандай жауап айтар едіңіз? Большевиктер, социал-демократтар ұя салып алып жүрген жоқ па сіздің участокке? Соларға тиімді де, жайлырақ мекен ғой деймін Мерке? Бұған не дер едіңіз? Ертең жоғарғы жақ сізге осындай сауалдар қойып жүрсе, немен түсіндіресіз? Ашықауыздықтың нышандары жоқ па?
Мына жас офицердің өзін тықсыртып бара жатқанына шамданған приставтың орынбасары сол көзі ырбыңдап, мұрты жыбырлап, мойны кительдің жағасына сыймай долырып бара жатты.
— Мәртебелі ротмистр мырза! Мен егде тартқан адаммын. Таяуда бандиттердің қолынан қаза болған Сокольский мырзамен бірге Меркеде он жылдан астам уақыт қызмет істедім. Бірақ бұл уақыт ішінде мен жоғарғы шен тарапынан ешқандай сөгіс естіген емеспін. Сіздің мына күдігіңіз мені қатты жәбірлеп тұр, кешіріңіз, әрине...
— Ендеше шайтан алсын, қатаңырақ болыңыз, ы-ы...
— Теляшкин!
— Теляшкин мырза! Ана қолға түскен киргиздарды дереу жазалаңыз. Бірі қалмасын. Қандай түрде жазалайсыз — өз еркіңіз. Тек өлім!
— Құп болады, ротмистр мырза! Мен таптым. Бұл бандиттер телеграф бағандарын қиратқан. Жолда көрдіңіз ғой. Біздің есебімізше, Меркенің шығысы мен батысында жүзден аса баған құлатылған. Әр бағанға — бір киргиздан құрбандық шаламыз. Жол бойында жатқаны жақсы. Әлгіде өзіңіз айттыңыз ғой, көпшілік көретін жерде жазалансын деп. Ең дұрысы осы. Бұған қалай қарайсыз.
— Ол да дұрыс. Те... Теляшкин. Орындаңыз. Ал бағандар қалпына келтірілсін. Телеграф жұмыс істейтін болсын. Ал ана главарьді қалың базарда дарға асамыз. Ешқандай әскери трибунал жоқ. Трибунал — мына мен! Алдымен одан біршама деректер аламыз. Одан соң...
* * *
Қырғын шалған қыркүйек таңы ызғарлы еді. Тау баурайының түні шілдеде де, тамызда да салқын болады. Ала-көбең, құланиек шағында кешегі майдан даласын мұнар басып, қуарған жүзін мұң кіреукелеп, жаралы алып ыңырсып жатқандай көрінеді. Алатаудың асқарынан не пайда, бауырындағы қанды оқиғаның қаңқиған тілсіз куәсі болып, тырс етпейді. Қазан ұрмай, қар жаумай, жапырағы ерте сарғайған тал-дарақ өрт шалғандай сидаң. Бұл өңірдегі биылғы қуаңшылық — жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартқандай, еңсені езіп барады. Қуаң-құрғақшылықта тас шегіртке көп шырылдайды. Құдайдың тірі жәндігі — ол да ашығатын шығар. Қарғалардың қанаты сирек, кешелер жаңбырша жауған оқ бейнебір олардың да қауырсындарын жұлып-жұлып әкеткендей, селдір-селкеу. Бірақ енді қарғалар тойынатын шығар...
Қырғын шалған қыркүйектің таңында Теляшкин тұтқындарды Мерке сыртына алып шықты. Сонан соң оларды екіге бөліп, бір тобын Меркенің батысына, бір тобын шығысына айдатты. Атты әскерлер, урядниктер тұтқындарды сарт-сұрт сабалап, екі жарылып жүріп те кетті.
Бір сұмдықтың болатынын сезген көтерілісшілер екі ұдай бөлінуге ықтиярлы болмай, қайтадан бір-біріне қосылмақ болып анталап көріп еді, тарс-тұрс мылтық атылды да, табан астында екі жақтан да бірнеше адам оққа ұшып құлап түсті.
* * *
Ротмистр Приходько Меркенің шығыс жағына шығуға ұйғарды. Оған бәрібір еді. Екі жақта да «тамаша» бірдей болды. Әйтеуір шығысқа басы ауды.
Ол аз солдаттардың ортасында қалың топтан кейінірек келе жатты. Міне, бірінші құлаған баған. Алдағы қалың топ бұл бірінші бағанның жанына томпайтып қана бір адамды тастап кетіпті. Құлатылған қу қарағай өзінің құны бір азамат екенін сезер емес. Қуанышы да жоқ, реніші де жоқ.
Ротмистрдің астындағы ат құлағы кенет тікшиіп, көзі оқшаң ете қалды да, қорс етіп, жалт берді. Ротмистр өзіне оқ тигендей ұшып түсті. Жанындағы солдаттар үркек атты қарыс ұзатпай ұстап алып, көк мәуіті мундирін топырақ тұтқан офицерді қолтықтап, үсті-басын қағып, қолпаштап, қайтадан ерге қондырды.
Елді үркіту үшін жасалған өлімнен әуелі ротмистрдің астындағы ат шошып еді. Офицердің үсті-басын қанша қаққыласа да, мундирдің бір жауырыны қара дақтанып қалды.
Ат үркіткен өлік беті аспанға қарап, көзі міз бақпай ашық жатыр екен. Аспаннан әлдене іздегендей кірпік қақпай қалған. Екі қолы екі жаққа жайылып кетіпті. Шамасы келсе, сол екі қолды аспанға, көк тәңірге қарай созғысы келетін сияқты. Айта алмай қалған әлдеқандай арызы бар, аузы да әнтек ашық қалыпты. Ол сірә, айқайлап та жатқан шығар, бірақ тірілер оның дауысын естімейтін болар. Аяқтары шұлғаушаң жатыр. Соған қарағанда етігі жарамды болар. Атқандар оның етігін шешіп әкетіпті. Кенет өліктің мұрты жыбырлағандай көрінді ротмистрге. «Мынаны шала өлтіріп кеткен той», — деп қалған офицер жанындағы солдатқа:
— Бар, байқашы, өлген бе, тірі ме? — деді.
Солдат аттан түсіп, жанына бір-бір басып абайлап барды. Жатқан адам ұшып тұрып өзімен алыса кететіндей сескенеді. Ары-бері жұлмалап, аударып көріп:
— Мәртебелі мырза! Қатесі жоқ, мүлт кетірмеген. Дәл жүректен тиген екен, — деді.
Өлік енді бір қырындап, бір қолы астына қайырылып, бір қолымен жерді құшақтап жатты. Тірілер оның аспанға айтатын арызын да аяқтатпай, жүзін төмен қаратып тастады. Енді таңғы самал оның мұртын сипалай алмас. Осыдан бұл бейшара көмілусіз көп күн жатады. Үлпілдек мұрты жидіп түскенше жатады. Елді үркіту, үрейлендіру үшін жатады.
Келесі бағанға жете бергенде, аузы күйген үрлеп ішеді, ротмистр аттың тізгінін қысқарта ұстап, ер үстінде сақ отырды. Баған түбінде етпетінен жатқан адамды көргенде ротмистрдің аты тағы да оқшаң ете қалды. Бірақ солдаттар үркуге шамасын келтірмей жан-жақтан тізгін тұтысты.
Бұл етпетінен түскенің де мына жарық дүниеде бітіре алмай кеткен бір тығыз шаруасы бардай, бір діттеген жеріне қалай да жетуге талпынғандай, екі қолымен топырақ тырмалап, жер бауырлап жылжуға жанталасып жатқан сияқты. Әйтеуір, тырнағы ілінсе, жауын жамбасына ала жығылғысы келгендей ұлы арманның айтылмаған азынауық сарыны бар.
Үшінші бағананың жанындағы көрініс бұрынғы екеуінен өзгешелеу екен. Алдыңғы атылған екеуді көріп, үшінші құрбандық тірілей қарсылық көрсеткен сиқы бар. Өйткені мұның басы денесінен бөлек жатыр екен. Талша мойнынан қылышпен шауып түсіріпті. Киімінің бой-бой болып жыртылып жатқанына қарағанда көп алысқан. Қылыш солдаттарда бола бермейді, оны салақтатып асынып жүретін Теляшкиннің өзі де. Бұл сірә, соның қолтаңбасы. Денесінен бөлінген бас әрірек домалап барып, бетімен өз денесіне қарап түсіпті. Өз денесіне өзі ызаланғандай, жағаласқанда жауға әлі жетпегенін сөгіп тұрғандай, бассыз жатқан тұлғаға қарап, тістеніп қатып қалыпты. Дене мен бастың арасын қайта жалғастырғысы келгендей екі ортаға қарауытып қан атыпты. Алты ай жазға ындыны құрып жатқан топырақ ашқарақтық жасап, жылы қанды лезде жұтып жіберіп, көберсіп те үлгеріпті.
Ротмистр тістенген басқа көп қарап тұруға дәті шыдамай, атты тебініп кеп қалды. Ендігі жолда ол баған бас сайын тоқтағанды қойып, шоқытып ала жөнелді. Бағандар жаққа қарамауға тырысты. Келесі бөрененің тұсынан өтіп бара жатқанын ол астындағы аттың құлағы тікірейе қалғанын сезіп, асау ақалтекеге «но-но!» деп сабыр айтып келеді. Офицердің тілін ала бермейтін үркек айуан кезекті бағанның тұсына жете бергенде оқыс жалт берді де, қанша сақ отырса да Приходько ұшып түсе жаздады. Жанындағы бір солдат оған ат ауыстырып мінейік деп ұсыныс айтты. Айбындырақ көріну үшін ақалтеке лайық еді, бірақ ұдайы қашан тастап кетеді деп қорқып отырғаннан гөрі, қарабайыр болса да, солдаттың атына ауысып мінуді жөн көрді.
Теляшкин тобы ошарылып қалған екен.
— Не тұрыс? — деді мәстек аттан аяғы салаңдаған ротмистр.
Теляшкин ротмистрдің есек мінгендей сықпытын ерсі көрсе де, сыр білдірмей:
— Мәртебелі мырза, құлаған бағандар таусылды. Бұл топтағы жетпіс бес тұтқынның бесеуіне баған жетпей қалды. Не істеу керек? — деді.
— Теляшкин! Соны да менен сұрау керек пе? — деп ротмистр Приходько реніш кейіп танытты. — Не көп — баған көп. Осыдан Пішпекке дейін, Пішпектен Верныйға дейін тізілген баған. Киргиздарды түгел қырсаң да баған табылады. Бесеуі қалса, бесеуін де салбыратып іл де қой! Соны да сөз деп...
Әңгіме осымен тәмәм дегендей ротмистр назары басқа жаққа, сонадайдан көрінген күмбез жаққа ауды.
— Анау не? — деп сұрады ол жанындағылардан.
— Ол Сыпатай дегеннің мавзолейі, мәртебелі мырза. Мерке, Ботбай киргиздардың сондай көсемі болған екен.
— Қалай? Қалай? Спат... Спатаймен... Спартак...
— Сыпатай, мәртебелі мырза, — Теляшкин ротмистр мас емес пе деп бұрынғыдан бетер күдіктене түсті.
— А-а, Спатай, Спатай... Оны мен қайдан есіттім? Ах, шайтан алсын! Кеше де, алдыңғы күні де мына жабайы киргиздар бізге ұдайы «Спатай! Спатай!» — деп ұрандап, тиіскен жоқ па? Әне, мәселе қайда жатыр! Киргиздарды қырамыз, ал ұраны қада береді. Ертең тағы шығады ғой: «Спатай! Спатай!» — деп шиебөріше шуылдап. Айда, солдаттар! Ер соңымнан! — деп ротмистр мәстек атты бүйірінен торс-торс тебініп қалды.
Ұлы жолдың бойында тұрған күмбез жанына келгенде едәуір биік екен. Төрт құлақ күмбез аса сәулетті де емес, бірақ күйген қыштан соққан мазар ашық аспан астында тұрғанына жарты ғасыр өтсе де әлі жап-жаңа сияқты. Жан-жағына отырғызылған тырбық қара ағаштардың бұталарында әлеміш: ақ шүберек, көк шүберек, қызыл, жасыл, сары шүберек — жер дүние халықтарының желбіреген туларындай тербеліп тұр. Жол жаққа қараған жалғыз есіктің ар жағы қап-қараңғы.
Ротмистр Приходько Мысырдағы Сфинкстің алдына келіп тұрған Осман сұлтаны яки Наполеон сияқты. Өзін солай сезінеді. Наполеонға еліктеп, соның әрекетін қайталамақ болды.
— Солдаттар! — деді ол мәстек аттың үстінде шірене түсіп, оң қолын көтеріп, — Күмбезге қарай үш дүркін залп беріп атыңдар!
— Зеңбірекпен атпаса мылтықпен атқан не болады, мәртебелі мырза? — деп қалды жанындағы біреу.
— Шайтан алсын! Сонау Меркеден зеңбірек тартып, әуре болар кез емес, үш дүркін залп беріп көріңдер!
Отыз мылтық істіктері күнге шағылысып, күмбезге қарай шаншыла-шаншыла қалды.
— Ат!
Отыз өңеш бірдей өкіргенде Аспара тауы теңселгендей, қара жер болар-болмас дір-дір етті. Күмбез қыштарының жаңқасы жан-жаққа шашырап барып, бармақтай, бармақтай шұбар іздер қалыпты. Жол жаққа үңірейіп тұрған қараңғы есіктен кенет бір дәу мақұлық қалбаң етіп шыға келгенде, солдаттардың аттары жапырыла, осқырына, пысқырына, шыңғыра жалт беріп талайлары жол үстінде құлап түсті. Тіпті ең жуас деген мәстектің өзі Приходьконы тастап кетті. Ротмистр бағана биік ақалтекеден құлағаннан гөрі бұл жолғысы қаттырақ болды. Есектен құлағаннан гөрі аттан құлаған артық. Есек мініп көрмеген офицер мұны білмесе керек. Оң жақ шекесін киыршық, тастақ жол оңдырмай осып жіберіпті, бетін қан жауып жүре берді.
Жеңімпаздар енді-енді үсті-басын қағып, бет-ауыздарын сипалап жатқанда, біреуі:
— Өзі де жын-перідей екен, — деп күлді.
Үрейленген жұрт оның күлгеніне таң қалып:
— Нені айтасың? — десті.
— Әлгі үкіні айтам.
— Шыннан үкі ме? Мен аруақ па, албасты ма деп қалып ем.
— Мен Сыпатайдың өзі шығар деп ойладым, құдай ақы...
— Осы ойынды қойсақ қайтеді, ротмистр мырза? Қанша дегенмен, өлген адам... Біз өлгендермен соғыспаймыз ғой.
— Ақымақ! Қорқып қалдың ба? — деп ротмистр ақ орамалмен шекесін сүртіп тұрып, жерге бір түкірді. — Бұл Спа... Спатай дегенің өліп жатқанның өзінде тірі киргиздардың талайына татиды. Бұл — ұран ғой! Жауды жеңу үшін, оның жалауын жығып, ұранын жою керек! Жә, мен зеңбірекпен қираттырам. Ал енді кері қайтайық.
* * *
Наполеоннан кейін басы адам, денесі арыстан пішінді Сфинкстің мұрны түсіп, сәңкиіп қалған. Ротмистр Аркадий Приходькодан кейін Сыпатай күмбезінің төбесі қара шешек шалғандай, шұрқ-шұрқ тесік, шұбар ала болып қалды.
Дүние қызық қой. Сол Наполеон топан судың ортасында, Әулие Елена аралында айдауда жүріп өлді. Асқазан рагінен азаппен өлер алдында мүмкін оның көзінің алдында мұрны түсіп, сәңкиген үрейлі Сфинкс жаналғыштай болып тұрған шығар, кім біледі. Наполеонның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал сәңкі пұшық Сфинкс әлі тұр Мысыр шаһарында...
Ротмистр Аркадий Приходько қайтар жолда мұны ойлады ма, ойламады ма — белгісіз. Бірақ жол бойы жақ ашып, тіл қатқан жоқ, әкесі Приходько өлгендей мәстек аттың үстінде түнерді де отырды.
Ол жұрт топырлап тұрған жерде тана басын көтеріп алды. Теляшкин тобы соңғы тұтқынды жайғастырып болып, бұларды күтіп тұр екен. Соңғы тұтқын екі қолы артына байлаулы, екі аяғы да қосақталып таңылған, қарағай бағанның темір құлағына өзінің қам қайыс белдігіне мойнынан ілініп салаңдап қалыпты. Қарағай бағанға асылған адам аса ірі көрінді. Адам өлгеннен кейін бойы ұзарып кетеді деседі, мүмкін рас та шығар, әйтеуір мына тұтқынның аяғы жерге тиер-тимес салбырайды.
Ротмистр салбыраған денеге таяп барып, әлгінің бетіне ұзақ қарады. Тұтқын басы ротмистрге жоғарыдан төніп тұр. Екі ұртын басқан шалғы мұрттың ұшына тұрып қалғандай бір-бір тамшы жылтырайды. Жантәсілім алдында көзінен жас шыққан шығар. Зор денесінде жыртық-жыртық бөз көйлектің сілемі ғана бар. Басы құлаған төсінен тұмар сияқты бірдеңе көрінеді. Ротмистр аласа аттың үстінде үзеңгіге аяғын тіреп тұрып, ерден құйрығын көтеріп, әлгі тұмарға үңілді. Алақандай ағаш тұмар ала жіппен әлгі адамның мойнына тағылған екен. Орысша жазуды көріп, ротмистр бұрынғыдан бетер құмарлық қысып, әлгіні оқи бастады. Ағаш тақтаның бетіне сия қаламмен қисық-қисық жазылған сөз:
«Туркестанский край, Аулие-Атинский уезд, Меркенский участок, аул Манрак, Тайлак» деп тұр.
— Маңырақ қайсы? Өртеніп кеткен ауыл емес пе? — деп сұрады ротмистр Теляшкиннен.
— Дәл солай, мәртебелі мырза.
— Ауылда жүріп адасып кетем деп ойлады ма, мұны неге тағып алған?
— Надан киргиз ғой, мәртебелі мырза. Бұл киргиз да солдатқа қара жұмысқа алынатын болған. Егер солдатқа кетсем, керек шығар дегендегісі ғой, сірә. Бұлардың көбісі сөйтеді. Осындағы орыстарға жаздырып алады.
Ротмистр ойланып қалды.
— Демек, бұл солдатқа баруға бір мезгіл пейілді де болған. Бірақ бүлікшілдердің дүрмегіне қосылып кеткен. Кешірім етуге де болатын екен. Бекер дарға асып жібергенсіңдер, Теляшкин!
— Дәл солай, мәртебелі мырза! Бұл өзі осындағы құрметті Кузьмин байдың жалшысы еді. Мұны азғырған сол Кузьминнің екінші жалшысы Пахом Петров деген орыс, майданнан мүгедек болып қайтқан. Соның арбауына түсіп қалды.
— Соны біле тұра, неге өлтірдің иттің баласы?!
— Өзіңіздің әміріңіз бойынша мәртебелі мырза. Бұлардың ақ-қарасын тексеріп жататын сот болған жоқ қой.
— Қысқарт!
— Ал Пахом ит болатын болса, киргиз бүлікшілеріне қосылып кетіп, кеше бізбен соғысты ғой.
— Ол қайда қазір?
— Оққа ұшып өлді, мәртебелі мырза. Мен өзім көрдім. Алғашқы шайқаста. Маңырақ маңында.
— Атама сол қарғыс атқан ауылдың атын!
Ротмистр әлдеқайда, батыс жаққа көз қадап, басын әнтек шайқап, мырс етті.
— Герман соғысында ерлікпен өлудің орнына, елге оралып, бүлікшілерге қосылып, өз қандастарының қолынан оққа ұшу... неткен масқара!
Әйтеуір мырзаға жағымды бірдеңе істесем деген ниетпен Теляшкин ептеп қана:
— Мәртебелі мырза, онда бұл киргизді адам сияқты жерлесек қайтеді? — деп сипақтады, бағанды нұсқап.
— Қажеті жоқ, болары — болды. Тұра берсін.
Осыны айтып ротмистр мәстек аттың тоқ бүйірін торс-торс тебініп қалды.
Жапқан көзден бастап көрген-білгенін айтқан кезде — о дүниеліктердің бәрі-бәрі Тәңірінің өзі бастап, күллі періштелер, әзірейіл, жәбірейілдер селт етпестен ұйып тыңдап, үнсіз тебіреніп, күйзеліп, күңіреніп кетті. Тіпті Тәңірінің де қызыл жиек кәрі көздерінен сора-сора жас парлап, ұзын ақ сақалын жуып ағып жатты.
— Апырай-ай, біздің мұндағы тамұғымыз — жарық дүниедегі сұмдықтарға қарағанда жұмақ екен ғой! — деп тіл қатты бас Әзірейіл.
— Е, бейшара пендем, көрген азап-тозағың басындағы шашыңнан да көп екен. Сен күнәдан пәк, нағыз періштесің, — деді Тәңірі кеуілжірігі жібіп кеткен дәу мұрнын бір тартып қойып. — Қаласаң, осындағы періштелердің бастығы етіп қояйын. Қаласаң, сені тірілтіп, жарық дүниеге қайта жіберейін. Таңдағаныңды ал.
— Жо-жоқ, қайтпаймын! — деп Тайлақ шар-шар етті.
— Сонда қалай? — деп Тәңірі сарсаң, екі қолын екі жаққа жайып жіберді, — «Уа, Тәңірі, тірі қыла гөр, өлтіре көрме!» — деп жарық дүниеден келіп жатқан арыздардан менің құлағым керең болып қалды. Ал сен ғой, қайта тірілгің келмейді.
— Ей, Тәңірі! Жақсылық қылсаң — мен жарық дүниеде жүргенде қайда қалдың! Мен саған сонда жалынбады дейсің бе?! — деп Тайлақ ашына айқайлап жіберді.
Тәңірі қызыл жиек, ақ шел көзін тайқытып, төмен қарады. Аппақ періштелер ұялғаннан қып-қызыл болып кетті. Әзірейіл, Жәбірейілдер өз бастарын өздері тоқпақтап, беттеріне тырнақ салды...
* * *
Мерке приставының тарбиған, жалғыз қабат үлкен қызыл үйі көшенің тау жақ бетінде еді де, түрме соның қарама-қарсысында болатын. Аралары жақын-ақ. Сол түрмеден пристав кеңсесіне қарай келе жатқан үшеуге ары-бері өткен халық қалт тұрып қарай қалысты. Үшеудің алдынғысының қолдары артына байлаулы. Еңсесін биік, басын тік ұстап сұсты келе жатқанына қарағанда ана соңғы екеудің қожайыны екен деп те қаласың. Бірақ сәлден соң оның қолы байлаулы, артындағылардың мылтықтары кезенулі екенін көріп, біріншінің тұтқын екенін, соңғылардың айдауыл екенін аңғарасың. Айдауылдардың бірі — урядник пұшық Обровты Меркенің итіне дейін таниды.
Поштаның торлы терезесінен көшеге қарап тұрған Қабылбек Тұрарды бірден таныды.
— «Атуға алып бара жатпасын!» — деп қорқып қалды.
«Не істеу керек? Тез Ковальге айту керек. Бір тапса, амалын сол табады. Жігіттерге хабарлау қажет. Тұрдалы осында, Мақсұт пен Төребек те осында. Олардың бәрін аралап шығуға жарты күн кетеді. Жұмысты қайтеді? Пошта бастық рұқсат берер ме екен? — Тұрар үшін қорқа тұрса да, оның соншалықты тәкаппар, сабырлы түрін көріп, Қабылбек бір жағынан сүйсініп те қалды. Өзімен бірге оқыған балаларға Тұрар: «Диірменде туған тышқанның баласы дүрсіліңнен қорықпайды» дегенді жиі айтушы еді. «Рас, — деді Қабылбек ішінен қызыққандай болып. — Бұл қаршадайынан түрмеде екен. Біз мұның көргенінің оннан бірін көрдік пе екен... Бірақ батырдың өзі бір оқтық...».
Көше бойы кәдімгідей қараң-құраң көбейіп, күбір-сыбыр әңгіме шыға бастады:
— Мынау Тұрар ғой!
— Кешегі соғысты бастаған осы дейді ғой.
— Жоқ, Ақкөз!
— Осы да бар. Әйтпесе, айдауға ала ма?
— Рас болса, мұның әкесі кәдімгі Рысқұл да қатысты дейді кешегі соғысқа.
— Бекер. Ол қайда, Сібірге айдалып кеткен.
— Ойбай, қашып шығыпты дейді.
— Ақкөздің қолына қосылып, соғысқа қатысыпты.
— Әй, неде болса, әкелі-балалы — екеуі де нағыз ерлер екен. Әкімдердің құйрығын бір бүлк еткізді ғой.
— Ері бар болсын, ел қырғынға ұшырады. Ана үлкен жолдың бойы түгел өлік дейді. Бүлік қой бұл! Өстіп тұрғанда бәлеге қалмайық, қой тарайық...
— Ай, өзі де қасқыр екен, қасқайып бара жатқанын қарашы!
Үркек қауым осылай деп сыбыр-сыбыр сөйлесіп, қипақтап қала берді де, Тұрарды айдауылдар пристав кеңсесіне алып кіріп кетті.
Генерал-губернатор жандармериясының ротмистрі Аркадий Приходько ендігі Тұрардың жүні жығылған шығар деп күткен. Қанша қайсар болсаң да, өлім алдында қобалжымас адам жоқ. Өмірге келген екенсің, анаңның құрсағынан шыр етіп түскен шақтан бастап, барар жолыңның ақыры бір өлім. Оны тірі жанның бәрі біледі және мойындайды. Бірақ сол қаһарлы сәтпен бетпе-бет кездесер шақ, әсіресе, жас азамат үшін аянышты шығар. Ал бірақ табиғат заңын жақсы білетін ақылды адамдар өлімнен қорықпайды деседі. Өйткені олар бұл зауалдың ақиқат екеніне көздері жетеді. Сократқа біреу: «Сізді отыз озбыр өлім жазасына бұйырды», — депті. Сонда Сократ саспастан: «Ал оларды өлімге табиғаттың өзі бұйырып қойған», — деп жауап беріпті. Ажалдың азу тісінде тұрғанның өзінде өлім туралы ойламаудан абзалы жоқ.
Өлген пристав Сокольскийдің креслосында Тұрардың келуін күтіп, шалқайыңқырап, өзін-өзі дүрдитіп отырған ротмистр тұтқын кіріп келгенде еріксіз қопаңдап, орнынан көтеріле берді...
Тұрар ротмистрге қарама-қарсы бір жайдақ табуреткеге отырды. Екеуінің арасын көк мәуіті үлкен шомбал үстел бөліп тұрды. Айдауылдар әрірек шегініп, босаға жақта қатып қалды.
— Ал, енді еркін сөйлесейікші. Біз көріспегелі он жыл болыпты ғой, — деп сөз бастады қайтадан шалқақтаған ротмистр папирос тұтатып, аузын қисайта түтін шығарып болып. — Он жыл ішінде мен гимназия бітірдім, Ташкенттегі кадет корпусын бітірдім. Сонда қызметте қалдым. Ал сен... Егер сол жолы қашып кетпей, біздің үйде жүре бергенінде, мүмкін сен де офицер болып шығар ма едің...
— Жоқ, Аркаша, сенің сүйікті әкең мені діни оқуға дайындаған. Мен мұсылмандарды христиан дініне уағыздайтын миссионер болуым керек еді. Орысша айтқанда оны: «шило — на мыло» дейді.
Аркадий Приходько басын шайқап, қолын ербеңдетіп, түтінді қуалады.
— О да жаман болмас еді. Білесің бе, қазір Ресейде патшадан кейінгі ең мықты адам кім?
— Білемін, — деді Тұрар жұлып алғандай. — Гришка Распутин. Сібірден шыққан поп сымақ. Бірақ сол патшаның өзінен де мықты ма деп қорқамын. Өйткені государь өзі соның айтқанына көніп, айдауында жүретін көрінеді.
— Но-но! Тарта сөйле! Государь сенің ойыншығың емес! — деп Аркадий Приходько лезде өзгере қалды. — Жарайды, ескі достарша біраз әңгімелестік. Енді негізгі мәселеге көшейік. Бірақ ескертемін. Мен бұрынғы «Аркаша» сен бұрынғы «Турарка» емеспіз. Ұлы империяның адал сақшысы мен оның жауы, қарама-қарсы отырғандар. Сондықтан тек ресми сөйлесеміз. Мен сұраймын, ал сен түзу жауап беруге тырыс. Ал сонымен жолдасың Ақ... Ақкөз қайда жасырынып жүруі мүмкін?
— Оны бұрын айтқанмын, қосып-аларым жоқ.
— Так. Қасарысасың. Бірақ біз тіліңді шығара аламыз. Бала емессің, түсінесің ғой.
— Айтарымды — айттым.
Сұрақ қатая, жауап қасарыса түскен сайын босағадағы айдауылдар да ширыға бастаған сияқты.
«Қап!» — десе, «арс!» ете түскелі тұр.
Ротмистр креслодан тұрып, терезе жаққа барып, омырауына қолдарын айқастыра ұстап, біраз тұрды.
Сыртта телеграф сымына қарлығаштар қаз-қатар тізіліп, күн шуақтап отыр екен.
— Сен білесің бе, қолға түскендерді біз қалай жазалағанымызды? — деді ротмистр өкшесімен қалт бұрылып, хром етігінің сірісін сықырлатып.
— Сеземін, — деп Тұрар сазарып қалды.
— Ә, сезесің. Сенін сыбағаң басқаша. Олар қиналмай, оңай опат болды. Бекер сазарма. Ақкөз қайда? Соны айт. Бір. Ташкентте кімдермен байланысың бар? Екі. Осы екі сұраққа қанағаттанарлық жауап берсең — мүмкін, жазаң жеңілденер. Білесің бе, мен сені бала күннен-ақ жек көретінмін. Несін жасырайын. Бірақ табандылығыңа іштей табынатынмын. Табанды болудың да орны бар. Ал табан тірер жерің қалмаған кезде, жазадан құтылудың жолын табу да ақылдылық. Фанатик болу — надандық. Ал сенің көзің ашық қой. Мүмкін, менің сенімен былай бейбіт сөйлесуімнің өзі де сол себепті шығар. Басқа біреу болса...
Офицер өз кеңірдегін ұстап тұрып, үйдің төбесін көрсетті.
— Ұқтың ба? Шыдамның да шегі бар. Сенің сарбаздарыңның біразы баған басында салбырап та қалды. Сарбаздарың тұрмақ, ұраныңа дейін жазаланды.
Тұрар түсінбей, жалт қарады.
— Сарбаздарың шулап айқайлайтын ұран ше? «Спатай! Спатай!» Солдаттар оның күмбезін атқылады.
Тұрар мырс етіп күліп жіберді.
— Өлгендерге де оқ аттық де. Жарайсың, ротмистр. Ал сен білесің бе оның кім екенін? Сенің бұл масқараңды естісе, ұлы мәртебелі государьдың өзі ашулануы мүмкін. Неменеге ақшия қалдың? Жә, ол өткен тасырдың орта шенінде Ресейге осы өлкенің өз еркімен қосылуын жақтап, патшаға хат жазған адам. Ол Черняев отрядымен қол ұстасып, Қоқанға қарсы соғысқан адам. Жеке өзі емес, қалың қол бастап шайқасқан. Кадет корпусын бітірдім, генерал-губернатордың оң қолымын дейсің, ал тарихты білмейсің. Сыпатай күмбезін атқызғанын шатақ болған екен, саған жаным ашиды. Мұныңды білсе...
— Жә-жә, қорқытпа, — деп келімдәрі жегендей ротмистр тыжырынып қалды. — Ол Черняев заманы. Ол кездегі Спатай рөлі дұрыс та шығар. Ал қазір бүлікшілердің ұранына айналған Спатай — патшаның жауы. Мені білім жағынан ақсатпақ болғанша, алдымен логиканы түсініп ал. Сен өзің институт әлі аяқтаған да жоқ көрінесің ғой. Айтпақшы, Ташкентте сені қалай кездестірмегем?
— Кездеспегеніміз жақсы болған. Верныйда көрсеткен қорлығың әлі естен шыққан жоқ.
— Сен кекшілсің, ә? Кекшілдік — ақылдылығының белгісі емес. Бірақ сенен не ақыл күтуге болады. Өлетін бала молаға қарай жүгіреді дегендей, қасарысып отырғаның мынау. Сенерің, сүйенерің жоқ. Дәл осы жерде осы тәлкегің! — Кенет ротмистрдің көзі шыны сияқтанып шақшиып кетті де, Тұрардың астындағы табуретканы теуіп кеп жіберді. Тұрар шалқалай құлап түсті. Айдауылдар айтақ күткен төбеттердей дүрдиісе қалды.
Тұрар артына қайырылып байланған қолдарының шынтағына сүйеніп, ұмтылып-ұмтылып барып, орнынан қайта тұра берген кезде кеңсенің есігі кең ашылды да, сол есікке әрең сыйып Атамырза кіріп келді.
— А-а, Айбаров мырза, мархабат. Таныдыңыз ба, қателеспесем, сіздің «ескі досыңыз» ғой мына тұрған? — деп Аркадий Приходько мысқылдаған болып, Атамырзаға сынай көз тастады. Тұрармен туасы бітіспес жау екенін дәлелдейтін кез осы екенін Атамырза жылдам сезді де:
— Иә, «ескі дос» екеніміз рас, ротмистр мырза, — деп Тұрардың, қасына таяп келіп, кенет шықшыты бұлтылдап, дүрдік еріндері бульдог иттің езуіндей салбырап, ұртынан көбік көрініп, бітіктеу көздері тұнжырап кетті де, құлаштап тұрып, тұтқынның бетін ала періп кеп жіберді. Тұрар тәлтіректеп барып, жуан үстелге тіреліп барып тоқтады. Атамырза тағы ұмтыла бергенде, ротмистр:
— Айбаров! Тым қызбаланбаңыз. Жұдырық жұмсау сіз бен біздің ісіміз емес. Аналар да жетеді, — деп босағада тұрған еңгезердей екі солдатты иегімен нұсқады.
— Жәй, ескі есебім бар, — деді Атамырза алғашқы райынан қайтса да, қалшылдаңқырап тұрып. — Есінде ме, Тұрар, мектептің коридорында мұрнымды қанатқаның?
Тұрар жәй езу тартып күлді де қойды. Жымиған езуінен жылжып қан ата бастаған. Сүртіп тастауға қолы қайырулы. «Жылама, аузым қанады деме, шие жедім де!» — деген қаһарлы үн құлағына тағы келді.
— Ұпай бұлай теңеспейді ғой, Атамырза. Кегіңді сегіз жыл бойы сақтаған екенсің. Бірақ қайтара алмадың. Менің аузым қанаған жоқ. Атамырза, аяймын сені. Ұялмайсың ба, бала кездегі жеген жұдырықты енді ротмистр мырзаға шағынып айтуға!
Атамырза сөзден тосылып, енді тағы да қолын ала ұмтылайын десе, Приходьконың ескертуінен сескеніп, офицерден көмек күткендей жалына қарап еді, ротмистр оның көмейіне тығылып тұрған тілекті ұқты да, солдаттарға иек қағып, белгі берді.
Тамұқ басталды.
— «Көке, шиеге тоятын болдым», — деді Тұрар мекені беймәлім әкесімен ойша сөйлесіп.
* * *
Қабылбек өзінің ұстазының қартайғанын байқады. Сақал-шашы бақбақтың басындай үлпілдеп, бұрынғыдан бетер аппақ құдай болып кетіпті. Қабылбекті көргеннен сүріне-қабына қарсы жүріп, шәкіртін бауырына басып құшақтады да, оған әйнектің ар жағынан жасаураған көзін қадап:
— Сойқанның ішінде сен де болдың ба, Қабылбек? — деді.
— Жоқ, Иван Владимирович, көтеріліс басталардың алдында мені пошта бастық Долгопятов Пішпек пен Верныйға жұмсап жіберген. Верныйдан қайтып Пішпекке келгенде, «жол қауіпті, бүлік шығып жатыр», — деп бізді жүргізбей қойды. Содан тек кеше ғана оралдым. Меркеге жақындағанда көрген сұмдығымды, Иван Владимирович, ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Баған бас сайын асылған, атылған адам; жол бойы қан сасиды. Түнімен шошып, ұйықтай алмай шықтым. Бұл не сұмдық Иван Владимирович?!
— Тарихта талай геноцид болған, бауырым. Бұл соның жаңа түрі. Жиырмасыншы ғасырда жетілген түрі. Бірақ адам қаны — су емес. Ол тегін кетпес. Патшаның тағы сықырлай бастады. Соғыстағы жағдай анау. Миллиондаған адам қырылып жатыр. Бір жақсылықтың толғағы жеткен сияқты. Ал мына Меркедегі көтеріліс сол жақсылықты жақындата түседі. Сен көрген марқұмдар сол жақсылық үшін құрбан болғандар. Жасыма, бауырым. Сәтін берсе — төңкеріс жақын.
— Иван Владимирович, менің сізге асығып келген себебім басқа: жаңа мен конвоймен пристав кеңсесіне кіргізілген Тұрарды көрдім. Оны да жазалайтын қауіп бар. Сірә, сұраққа алып жатыр. Қалай құтқарамыз? Не амал бар, ағатай? Шынымен айырылып қаламыз ба Тұрардан?!
Қабылбектің көзіне жас үйірілгенін көріп, ұстаз оны арқасынан қағып, жұбатқан болды.
— Келген бетте неге айтпайсың? Апырай, асығайық та! Егер бүгін түнге дейін аман болатын болса, сірә құтқарудың сәті түсер. Түрме қарауылдарының ішінде менің таныстарым бар. Рас, олар бүгін түнде қарауылда тұра ма, тұрмай ма, білмеймін. Үміт етейік. Ал сен тез жігіттерді жина. Сезіктеніп қалмасын, абайлаңдар. Шоғырланбаңдар. Тұрдалы Тоқбаев, Мақсұт Жылысбаев, Садуақас Жамансартов, Төребек Исабеков... Осылар сенімді. Тез жалғас. Питерден маған ештеңе түскен жоқ па?
— Ештеңе көре алмадым, Иван Владимирович.
— Иә, қазір поштаның кетуі де қиындады ғой. Жарайды, тез жөнел. Мен де кетемін қазір.
Қарт ұстаз Қабылбек үйден шығып кеткенше, терезе жаққа барып, көше жақты бақылап тұрды.
«Бұл да қармаққа ілініп қалмағай!» — деп тіледі ішінен. Қабылбек те Тұрар сияқты мұның қолында оқып жүріп-ақ кеңceгe орналасқан. Мерке пошта бастығының көмекшісі. Талай жылдан бері Иван Владимирович «Коваль» деген фамилиямен Петербургтен жасырын кітаптар алады. Егер поштада Қабылбек Сармолдаев істемесе, орталықпен байланысу мүмкін емес еді. Меркедегі социал-демократтардың шағын үйірмесінде осы Қабылбек те бар. Өзге шәкірттерден Тұрдалы, Мақсұт, Садуақас... Төребек. Бұлардың ішінде Тұрдалы мен Төребек қырғыз балалары, Мақсұт пен Садуақас осы меркеліктер. Төребекті алдыңғы күні көрген. Оның айтуынша, көтеріліске Тұрардың әкесі Рысқұл да қатысқан дейді. Көтерілісшілердің ішінде оны көргендер бар дейді.
Иван Владимирович мұнтаздай киініп, қолына таяғын ұстап, Меркенің орталығына қарай аяндады. Селоның адамдары үйлерінен шықпай, бұғып отырған сияқты. Жым-жырт. Тек орталыққа жақындағанда қалың топ көрінді.
— Тараңдар! Тараңдар! — деп айқайлаған дауысты естіп, қарт мұғалім асыға түсті. Жұртты кимелеп, әрең дегенде алға ұмтыла бергенде, пристав кеңсесінен шығып келе жатқан тұтқынды көрді. Сол екенін білсе де, танымай қалды. Тұтқынның бет-аузын қан жауып кетіпті. Жан-жағы қаптаған мылтықты айдауыл болса да, тұтқынның аяқ-қолына кісен салыныпты.
— «Иә, — деді қарт ұстаз ішінен. — Герцен айтқан герой осы. «Аяқ-қолы кісендеулі болса да, басын биік көтеріп жүру үшін адамда асқан тәкаппар сезім болса керек. Мынаны әбден қинаған ғой. Қанша қалжыраса да, аяғын нық басуға тырысады. Басын жоғары ұстауын қарашы! Менің шәкіртім, бауырым Тұрар!».
Кісеннің үні қаттырақ шығып, қанға бөккен халықтың құлағына жетсін дегендей аяғын жерге нық-нық шекіп басады. Әлгінде сұрақ үстінде оған ротмистр айтты: — «Каторжник әкең қашып кетіпті. Жандармерия бүкіл ресейлік розыск жариялады. Әкең сындырған кісенді енді сен татасың!» — деді. Қуанғанын білдірместен сонда Тұрар қолындағы кісенді сүйді. Ол әкесін сүйгені еді. Өйткені он жыл бойы әкесін бұғаулаған кісен қанша суық болса да, оның он екі мүшесінің бір бөлігіндей болып кетті той. Оны ротмистр түсінбестен:
— Ә, бәлем, көптен сағынған досыңды сүйіп тұрсың ба? — деді.
— Дұрыс айтасың, Аркаша, — деді Тұрар тілі сөйлеуге әрең келіп, күрмеліп.
Ол қаптаған топты қақ жарып келе жатып, қалт тоқтай жаздап, қайтадан жүріп кетті. Қарт ұстазын көріп қалып еді, бірақ оған айдауылдардың назарын аударғысы келмеді. Ұстазы болар-болмас бас игенін байқады.
Иван Владимирович айдауылдардың ішінен үйірме мүшесі чех Иржи Волчекті көріп қалды.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ, тайса, елге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан.
(Рысқұл әні)
«Оян, Тұрар!»
Менің аласапыран өмірімнің тұтқасы, мені адам етіп caқтап жүрген арманымның алыстағы шырағданы — ұлым Тұрар! Мен Алматы түрмесінің қақпасынан аттап, сенен айырылып қалғалы бері он жылдан асып барады екен. Осы он жылда қанша ай, қанша күн, қанша сағат бар — менің өмірімнің барлығы сені ойлаумен, сені аңсаумен өтіп кетті. Жоқ, бауырым Тұрар! Бұл он жыл ғана емес шығар. Күні — айға, айы — жылға бергісіз тұтac бір дәуір. Діндарлар күнде құдайға бес мезгіл құлшылық етіп, намаз оқиды. Ал менің тәңірім, табынатын, сыйынатын құдіретім — сен болдың.
Он жыл бойы мені жегідей жеп, күндіз-түні мазалаған бір уайым: сені бір көру еді. Сол мақсатпен талай рет каторгадан қашуға әрекет жасадым. Жандарм мені ұстап алған сайын өлімші етіп ұрып-соғып, талай рет зынданға тастады. Бірақ итжанды екенмін, атасына нәлет! Талайлар мұндай тозақы азапқа шыдай алмай жантәсілім етті. Менің жанымның сірілігі — сенің құдіретің шығар, Тұрар. Егер сендей ұлым болмаса, ол жер басып тipi жүрмесе, мен, сірә, мұнша соққыға шыдай алмай сүйегім Тайганың суық, топырағын тыңайтып, бір қарағайдың түбінде әлдеқашан жатар едім. Бетпақтың даласында ай қараңғыда адасқан адамның алыстан жылт еткен отқа қарай ұмтылғаны сияқты, менің жаным ылғи да саған қарай талпынумен талай жыл артта қалды. Сені маған берген тағдырға мың да бір рақмет! Тағдыр деген төбеттің маған көрсетпегені жоқ. Бірақ сені менің ұлым етіп жаратқаны үшін сол төбетке бәрін кештім, атасына нәлет!
Он жыл бойғы арман мен тілектен адамға Алла тағала қанат бітірер еді. Маған да сол қанат біткен-ақ шығар. Талай рет ұшуға талпындым, бірақ жерден көтеріле алмадым. Шымшықтың өз қанаты өз салмағын ғана көтеруге әлі жетеді. Егерде сол шымшықтың аяғына тас байқап қойсаң, ұша алмас еді. Менің салмағымды ауырлатып жіберген баяғы қу кісен ғой. Әйтпесе... ұшар едім-ау, Тұрар бауырым!
Ақырымен кісенді болат егеумен қырқып, бесінші рет каторгадан қаштым. Біз үшеу едік. Бір-біріміздің кісенімізді егеп, сындырып, қарғыс таңбасы алтынымен апталған, асты алтын, үсті үскірік Бодойбодан қашып шықтық. Қайран Бодойбо... Мен сансыз азап пен арманға бөккен тозақ мекенім. Қанша қаһар соққан қатыбас болсаң да мен саған риза. Алтын аралас топырағың мені тартып кетпегеніне ризамын. Он жыл бойы сенің құрсағыңнан мен қазып шығарған алтыннан сарай соқса да болар еді. Бірақ қазір қалтамда бір түйір де алтын жоқ. Сенің алтыныңа бола төгілген қанның бәрін жинаса теңіз болар еді. Бірақ мен ойлаймын, адам қаны жерге тектен-тек сіңіп кете бермес. А дам қаны екені рас болса, топырақтан тулап көтерілер де, қызыл жалау болып алаулап кетер.
«Во глубине сибирских руд
Храните гордое терпенье», —
деп пайғамбар Пушкин текке айтпаған шығар. Сол ұзақ сабырдың шегі жақындаған шығар. Менің кісенімді сындырған орыс Александр соны айтады. Ол да Алматы түрмесіндегі Александр сияқты Лениннің үмбеті. Есіңде ме, Тұрар, мен оны Ескендір деуші едім ғой. Қайда екен азамат? Тірі ме екен? Тірі болса, қызыл жалау көтеретіндердің бірі сол болар. Қос Александрдан мен жақсылықты көп көрдім. Олардың жақсылығын қалай өтесем екен деп те ойлаймын. Қамқа кигізбеспін, күреңді мінгізбеспін, бірақ бір арман: осы жарық жалғанда мен сенен немере сүйсем, Тұрар, тағдыр осы тілегімді берсе, мен оның атын Ескендір қоярмын деуші едім. Екі досыма — қос Александрға менің ескерткішім сол болар деуші едім. Қайдан білейін...
Талабым о басында-ақ тайды жейтін бөрідей-ақ едім, балам. Мені өлтірмей сақтаған сол талаптың шарпуы шығар. Құланның жайылуы бір, жусауы бөлек, қыранның ұшуы бір, алуы бөлек. Ал тағдыр біздің жайылуымызды да, ұшуымызды да бөлектеп жіберді. Бірақ баяғы бөрілікке басып, елге қарай етегім жасқа толып, аяғымды тac, маңдайымды қарсы бұтақ тіліп, Тайганың тap соқпағымен оңтүстікті бетке алып, сенің елесіңді шырағдан қылып жағып, кеудемді алға сүйрелеп жөней бердім. Серіктерім — Александр мен Мамытбек қырғыз болды.
Есіңде ме, Тұрар, мені Алматыдан каторгаға айдап шыққанда арбада бір қырғыз отыр еді ғой. Мамытбек сол. Бұрынғыдай тағы да қанды қақпанға түсер едік, бұл жолы Александр ақыл тапты. Байкал теңізін бұрынғыдай жаяу айналмай, біз сол дарияны қалтылдақ қайықпен жүзіп өтуге тәуекел қылдық. Қуғыншы бізді Тайганың жолдарынан торитыны ақиқат. Ал біз олар назар сала бермейтін теңізді жарып өтуге бел байладық. Кеме болмаса, қу қайықпен бұл дарияны кешіп өту ақылға келмейтін сұмдық!
Айхай, дүние-ай! Қарасұр қорғасындай сол Байкалдың шексіз теңізінде біз бір шөпшек сияқты, байтақ дүниедегі үш шіркей сияқты едік қой. Айхай, сонда Александрдың «Баргузин» дейтін әуенді аңыратқаны-ай. Мамытбектің «Алатауды» айтып сай-сүйегімді сырқыратқаны-ай, әуен құдіретін мен тәуекел қайығының үстінде, Байкалдың түпсіз тұңғиық зүмірет суын кешкенде сездім, Тұрар. Мен саған аман жетсем, сол орыс пен қырғыздың әруақты әуендерін айтып берер ме едім. Бодойбода қалған башқұрт бауырым Ділмұхамедтің «Салауатын» да айтып берер едім.
Қайтар едім жолым жоқ,
Сулар буған жолымды
Жұлдыздардан көпір салар ем,
Бұғаулады жазмыш қолымды, —
деген екен Балтық дариясының аралында қалған ер Салауат. Менің де жолымды сулар буған еді, менің де қолымды тағдыр бұғаулаған еді. Соның бәріне қарсы ақсиып, аузымды сақылдатып, бұғауды үзіп, теңізге үш құлаш қу қайықты салып, «а, Тұрарлап!» төтесінен тарттым, атасына нәлет!
Теңізде толқын тулап, қайығымызды аударып жібере жаздағанын, ашығып шикі шабақ жегенімізді, теңіздің бергі бетіне шыққан соң жан баласына көрінуге қорқып, бұқпалап, бұта тасалап жүргенімізді — бәрін-бәрін тізе беріп, қайтейін, шырағым. Бұрынғылардың қиссасындай шексіз бір хикая.
Бодойбодан қашып шығуымыз да тоғыз жүз он бесінші жылдың жазы еді, біз содан қазақ жерінің шетіне, Құлынды жазығына жеткенде қыс түсті. Барнаул деген жерде Александр қоштасып, Петерборға қарай жол тартты. Қоштасарда құшақтасып тұрып айтқаны:
— Патша сендерді каторгаға айдап, мұқатқанмен, бір жамандықтың бір жақсылығы бар, енді сендер шыңдалу мектебінен өткен революционер болдыңдар. Елдеріңе барып халықты көтеріңдер. Патшаның тағы қаусап тұр. Халық қаһарланса құламақшы. Мен де сол күреске араласу үшін асығып барамын, — деп ақырғы ақылын айтты.
«Революционер» болу бізге қайда, бірақ он жыл каторга көп нәрсеге көзімізді ашқаны рас. Жалғыз-жарым Саймасайлардың көзін жоюмен іс бітпейді екен. Ұлы шайқаста Рысқұлдар да жалғыз-жарым болғаны жарамайды екен. Мен каторгада жүргенде мың тоғыз жүз бесінші жылғы шайқастың өзім сияқты көп құрбандарымен кездестім. Солардан көп нәрсе үйрендім.
Мамытбек қырғыз екеуміз Құлындыны кесіп өтіп, Маралды деген жерді жебеледік. Ертіс дариясының арғы бетіне шыққанда көзіме Алатау елес бергендей болды. Жылқы бағып жүрген бір туғаннан: «Шырағым, Алатау алыс па?» — деп сұрап едім, состиып, біздің үсті-басымызға таңдана қарап:
— Қайдағы Алатау? Қайдан жүрген адамсыңдар? — деп тергеудің астына алды. Жаның шүберекке түюлі мүсәпір кезде, кім көрінгенге жалынышты болады екенсің, әлгі жылқышыға: «біз пақырды ая, қашқын екенімізді ешкімге айтып қойма» деп жалбарынғандай тұрпатымыз. Егер де бұл тасыраңдаған бір есер болса, қазір барып ұлығына айтса — бітті ғой! Қаншама еңбек зая, үміттің жылтыраған жарығы сөніп каторгаға қайта кете барамыз ғой.
Жылқышы біздің халді айтпай-ақ түсінді білем, түсін жылытты:
— Алатау алыс әлі, — деді ол. — Жолаушы көрінесіздер. Менің қосыма түсіп, қонақ болыңыздар.
Рахым жылқышы бізді сонда жылқы сорпасына бір тойдырды-ау. Елден кеткелі жылқы соғымының дәмін татып көрмеген байғұс бастар — Мамытбек екеуміз ағыл-тегіл терлеп: «Е, жарықтық жылқы еті, сенің де дәміңді татар күн бар екен-ау, қайран қазақ-қырғыздың қадірлі асы-ай», — деп жылап отырдық. Он жыл каторгада бізді бүйтіп дастарқанға шақырып, дәм таттырып, адам санатына қосқан жанды тұңғыш рет көрген соң, риза көңіл ағынан жарылып, Рахымға бар сырымызды бастан-аяқ айтып бердік.
— Е, есіл ерлер, елдеріңе де жетерсіңдер, — деді Рахым бізді шын аяп кетіп. — Ел дегенде — ел қазір толқулы. Патша жарлығын естіген шығарсыңдар. Соғыстың қара жұмысына қазақ, қырғыздан да солдат алмақ болып жатыр. Менің жанымдағы серігім де тізімге ілінген екен, ол қазір Торғай асып, Аманкелді деген батырдың қолына қосылған көрінеді. Пірман бай малын бағатын кісі қалмаған соң, мені әскерден әзер алып қалып отыр. Ел арасы дүрлікті. Патшаға қарсы әр-әр жерде көтеріліп жатқандар көп. Соған қарсы мылтық асынған әскер көбейді. Жолда сақ жүрмесеңіздер, қолға түсесіздер. Күдіктіні дереу ұстайды.
Рахым осыны айтып, бізге Пірман байдың қалың жылқысынан екі ат ұстап, астымызға мінгізді. Дорбамызға пісілей де, шикілей де ет салып берді. Байдың малы сұраусыз емес, өзім де жылқышы болып көргенмін.
— Мына екі атты іздесе қайтесің, бауырым ? — дедім.
— Екі қылқұйрыққа, біріншіден, байдың ешнәрсесі кетпес. Ит-құс тиді дермін. Ал заман репеті мынандай болып тұрғанда, байдың малы ертең кімнің қолында кетері де белгісіз. Әнеукүні көтерілісшілер бір үйірін айдап әкетті. Солдатқа ат керек деп ояз аяқ артарын тағы алды. Сендерге берген малдың сауабы бар. Әйтпесе, сонау қияндағы Алатауға жаяу жүріп, алты ай жазға жете алмайсыңдар.
Ертістің арысы Рахым деген жігіттен біз осындай жақсылық көрдік, Тұрар. Өзімнің қалың дулатымның көбінен көре алмаған жақсылық бұл. Тегінде, Тұрар, адамдар руға, ұлтына қарап бөлінбесе деймін. Қайда да кедейін — кедейі, байын — байы алыстан таниды. Адамзат осылай туысады екен, атасына нәлет! Өзімнің руластарым — Дауылбай мен Саймасайдан, Таубай мен Мақаштан, тіпті дәу Омардан көрмеген жақсылықты мен Талғардағы Қара Иваннан, Меркедегі Ақкөзден, Бодойбодағы саха-жақұттан, түрмелердегі Ескендірлерден, мына Ертіс бойындағы Рахымнан, жанымдағы жолдасым Мамытбек қырғыздан көп көрдім.
Осы сөзім саған жетер күн болса, Тұрар бауырым саған айтар әкелік өсиетім, рушыл болма! Руына тартқан — ұрлықпен тең. Табыңа тapт.
Балқаштың арғы бетінде, Саяқ шөлінде мен Мамытбек бауырымнан айырылдым. Ішінен қан өтіп, жүре сыймай, қайтып бас көтере алмай есіл ер, еліме жете алмадым-ау деп еңіреп жатып жан тапсырды. Жан жолдасымды тақыр жердің топырағына тапсырып, Балқашты айналып, Шуға да іліндім-ау, әйтеуір.
* * *
Даланың түсіндей керқұла aт мінген қашқын сонда Шуды бойлап, түстікке қарай көп жүрді. Шілдеден кейін өзен едәуір тартылып қалса да, ботана суы әлі де әлуетті. Керқұла атты жолаушы өзеннің жайдақтау жерін таңдап, ботана суды жалдап өтіп, батыс жағаға шықты. Сонадайдан көрінген ауылға тура тартуға бата алмай, жан-жақты шолып мол тұрды. Арт жағында сексеуілді құм қалды. Өзен бойының ажырығына жеткен аш ат жерге тұмсығын тығып, өзеуреп жатыр. Жолаушы атты аяп, ауыздығын алып, өзі өзеннің лайсаң суына жуынып-шайынып, біршама дамылдады. Бір сәт шалқасынан түсіп, көзін жұмып жатып еді, кер құланың ауыздығы шылдыр-шылдыр қағып, оның есіне әлденені түсіргісі келгендей тыным таппады.
Ауыздық шылдырынан басқа тағы бір үн жолаушының құлағына еміс-еміс талып жеткендей. Бір кезде ол орнынан атып тұрды. Ауыл жаққа қарады. Иә, ауыл шетіндегі үйден түтін шығады. «Темір дүкен» деді өзіне-өзі. Кер құланы тез ауыздықтап, үстіне қарғып мінді де, әлгі түтін шыққан үйге қарай шоқыта жөнелді.
Темір ұста қызыл шырайлы, қияқ мұртты, нардай жігіт екен. Самайынан күйе аралас тер тамшылайды. Үстіндегі киім басы өзгешелеу бейтаныс адамды көріп, ұста дәу балғасын төске сүйеп қойды да, сыртқа шықты. Бейтаныстың түрі қазаққа келеді, бірақ басындағы әлдеқандай аңның терісінен тігілген шошақайлау, құлақсыз бөркі, үстіндегі қатқыл сұр кенептен сырылған бешпент шалбары, аяғындағы «рәботши» бәтеңкесі — бұл өңірде тек майданнан қайтқан солдаттар киетін киімге ұқсайды.
Жолаушы сәлем берді.
— Жол болсын, — деді ұста.
— Әлей болсын: Мерке жаққа бара жатқан жолаушы едім. Балхаш бойындағы Сарыүйсіндерден келемін. Сонда бір құдаларым бар еді.
— Е, осындай аласапыран заманда да кісі құда қыдырып, жайбарақат жүрер ме еді?
— Заманға не болып қалды, ауыл тыныш сияқты ғой?
— Әй, жолаушым, сенің бір шалаң бар-ау. Мұнда келген нәубет Балқаш жағына қалай жетпей қалды екен? Кәне, шыныңды айт? Не ел боласың ?
— Дулат-Шымырмын, ойбай.
— Е, Шымыр болсаң — туысқан шықтың ғой. Мен де Шымыр. Оның ішінде Күнте боламыз.
— Мен Шілмембет-Шымырмын.
— Ой, бәрекелді, онда аттан түс, — деп ұста ақжарқын пейіл танытты.
Арлы-берлі әңгімеден кейін жолаушы ұстаға өз тілегін білдірді. Одан бұрын керқұлаға бөктерулі тұрған қапшықты түсірді. Ішінен зілдей қара кісенді суырып шығарды.
— Міне, осыдан шықса — қылыш, шықпаса — қанжар соғып бер, қалқам, — деді.
Ұста жігіт оның сырын айтпай түсінгендей, артық сауал қойып, жүйкені жүдеткен жоқ.
— Қылыш соғуды да үйрендік, туысқан, — деді қара кісенді сексеуілдің қып-қызыл шоғына лақтырып жіберіп. — Осындағы жігіттер солдатқа бармаймыз деп найза, қылыш соқтырып, Меркедегі Ақкөзге ағылып кетіп жатыр.
— Қай Ақкөз? — деді жолаушы айқайлап жібере жаздап.
— Меркедегі Ботай Ақкөз. Сол мыңдаған қол жинап, патшаға қарсы соғыс ашқалы жатыр. Мұны бүкіл қазақ білгенде, сен неге білмейсің, туысқан?
— Қайран Ақкөз! — деді жолаушы жауап орнына. — Е, құдай мені оның оң қолы болуға жазғай.
* * *
Әне, сондағы жолаушы мен едім, Тұрар. Ақкөз қолы қара жолдың бойында Әулие-Атадан шыққан әскерге шабуылға кіріскенде, шайқас шегіне мен де жетіп едім. Мың қолдың ішінен бозала таңда Ақкөзді іздедім. Кешікпей қол сетінеп, көтерілісшілер зеңбіректің оғынан тайқығанда, қара саннан оқ тиіп, мен тағы да жалғыз қалдым. Ақкөзді көре алмадым. Жазалаушы отряд құтырған иттей, қолына түскеннің бәрін қырып жатқанын көріп, aт үстінде әрең ілініп, шықпаған жанды сүйрелеп, төменгі Таласқа қарай кете бардым...
Ақкөздің соғысында сенің жүргеніңді кейін барып бір қашқыннан есіттім. Көре алмасам да, тірі екеніңді білдім, ат жалын тартып мініп, азамат болып, жаумен алысқаныңды білдім. Білдім де шүкіршілік еттім. Қайтып атқа мініп, сені іздеп шығуға жара қатты. Төменгі Таласта сенің түп нағашыларың бар ғой. Ойық-Ысты деген елде, соларды паналамақ болып жылыстадым. Енді тағы да өкіметтің қолына түсіп, Сібірге қайта кеткенше не де болса аулақтағы ағайынды паналап бір көрмекші едім. Бірақ қара саннан қан көп кетті. Батыр бір оқтық деген осы екен, өмір-бақи небір арпалыстан аман шыққан жан енді, міне, бір тал қылға ілініп тұрғандай хал. Тырнақтай ғана жарадан тірнектеп шыққан қанмен бірге менен де әл-қуат кете берді... Бұта түбін паналап, жапырақ жамылып ұйықтап, киіктің тарамысынан тұзақ құрып, бұлдырық ұстаған күндерім — соған да зар болып барамын. Өмір бойы тәуекел дариясынан бет жуған қайран дүние... Мен қалжырадым, енді менде дәрмен қалмады. Әкенің аласапыран әмірі дамыл тілейді. Дүние мен үшін бұраңдаған бір қисық жол болды. Қанша талпынсам да басыма бақ қонбады, дәулет құралмады. Сонда да жарық сәуледен күдер үзбедім. Әлі де сол үміт дүниесі. Кім біледі... Аман бол, бауырым, Тұрар! Әкең Рысқұл...»
I
Мерке приставы кеңсесінің маңдайшасында екі басты самұрық құстың орнына уақытша үкіметтің жарнамасы қағылды да, оның Меркедегі бастығы болып Атамырза Айбаров тағайындалды.
Атамырза — екі көзі шарасынан шыға бақа көзденіп тұратын, басы атанның басындай қауқиған, ірі денелі еңгезердей еркек болып, жиырма беске жетер-жетпес қампиып қарны шығып, алпауыт саудагер әкесі Айбардың жуандығын қайталап келе жатты.
Атамырза ә дегенде бітірген шаруасы — Меркеге барлық болыстарды, старшындарды, билерді, атамандарды шақырып алды. «Патша құлады» дегеннен кейін «біздің күніміз не болады?» — деп күпті болып жүрген әкімдер әулеті бұл жиынға «а, құдайлап», үміт пен күдіктің ортасында қамалып келген.
Солардың бірі — баяғы Бектен еді. Меркелік өкіметтің бастығы Атамырза шақыртып жатыр деген хабар жеткен соң Бектен әуелі ақсарыбас құдайы атап, бір қой сойдырып, ауылдың аш-жалаңашын тұңғыш рет сорпа-суға бір тойдырды. Ескі-құсқы киімдерін үлестіріп берді. Сонда қайыр-садақа алғандар оған:
— Жолың шыдыр болсын, жолдасың Қызыр болсын, Бектен мырза! Басыңнан — бақ, астыңнан — тақ кетпесін! — деп шуылдасып жатты.
— Бағың зор екен, Бектен мырза, Николай патша тағынан құлағанмен, таққа жарты патша болып Атамырза құдаң отырды. Атамырзаның өскені — сенің өскенің. Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінер деген. Меркенің патшасы Атамырза мырзаға мына біз сияқты бұқарадан сәлем айта бар: бізге назарын салып, рақымын төксін.
Иә, мұны Бектен қалай ұмытады? Атамырза бел құдасы, кешегі Қоқан мен Самарқан, Тәшкен мен Әулие-Ата, Пішпек пен Жәркент аумағына атағы шыққан атақты бай саудагер Айбармен құда болғаны қандай ақын, қандай көрегендік болған. «Өз ақылым — ақыл-ақ, кісі ақылы — шоқырақ» — рас, Бектеннің құда баласы, Атамырзаның ағасы Атамұрат ақылға шолақтау, жәй әумесердің бірі болып, ат жалын тартып мініп, елге бас бола алмады. Оның есесіне Атамырза құдасын құдай қолдап тұр. Атамырза Бектенді өлтірмейді. Патша құлады дегенде түні бойы албасты басып, қылқынып ұйықтамай шығып еді, ырысы бес елі екен, бел құдасы Меркені билеп, бұлтаңдап шыға келді. «Күйеу — жүз жылдық, құда — мың жылдық».
Ақсарыбас айтып, құдайы беріп, аш-жалаңашты аузына қараттым ба, — деп өзінің бұл ақылына да дән риза болып, енді атқа қона бергенде, үй сыртында, көлеңкеде сорпа ішіп отырған Жапарқұл дуана ақ шелді көзін аспандата қарап, жүні ағарып кеткен жалаңаш омырауына сорпаны ағыза-мағыза басына төңкере салды да:
— Әй, Бектен! Әлгі құдаңа айт: Маңырақтың құнын өндіріп берсін! Айт соны, әйтпесе ол Некалай патшадан әулие емес, Маңырақ қырғыны құрбандарының аруағы оны да құтқармайды. Айт, білдің бе! Бүкіл бір ауылдан тірі қалып, өлмей жүрген жалғыз мына — мен қақбас. Құдай мені саған осы сөзді айтсын, Маңырақтың аманатын айтсын деп тірі қалдырған. Маңырақ қаны сенің мойнында, біліп қой, Бектен! — деп аузынан көбік көрініп, тұлабойы қалшылдап барып, көзі аларып, бүрісіп, тырысып құлап түсті. Құлап жатып та әлдене айтқысы келгендей, бойы бір жиырылып, бір созылып, қолын Бектенге қарай ербеңдете беріп еді, Бектен шыдай алмай:
— Бұ сорлы қайдан жүр еді, — деп атын тебініп кеп қалды. Әлгі жұрт айтқан марапат-мақтау, игі тілектерден, алғыстардан кейін тәтті қуаныштың рақатына бір түйір тотияйын түсіп кеткендей, көңілі көлдей тартылып, тақыр шекесі құрысты да қалды. Қасына ерген нөкерлеріне тіл қатпастан, Меркеге жеткенше тыжырынып, тырысқағы тарқамады.
Ал жер-жерден келіп жеткен басқа болыстармен бас қосқанда Бектеннің әлгі қырыс-тырысы тез тарқап кетті. Өйткені басқа болыстар бүгежектеп қалған екен. Тіпті мұның Атамырзамен құдандалы екенін білетіндер Бектенге жалпаңдап амандасып, бұрынғыдан гөрі сәлемі түзеліп, жақындасуға тырысып, жарамсақтанып қалыпты. Соған қарап Бектен өз шоқтығы биіктегенін сезді де, әлгі ауылдан аттанардағы келеңсіз көріністі ұмытып үлгірді.
Бірақ сол жаман түстей оқыс жайт біраздан соң қайтадан көрініс берді...
Атамырза жиылғандарға қазіргі кезеңге сипаттама берген болып, саясаттан біраз білгенін айтудан бастады да, шұғыл мәселелерге көшті. Меркеде қазір бір-ақ үкімет бар. Ол Уақытша үкіметтің Мерке комитеті. Бұл үкімет осы отырған ел ағаларының арқасында солардың риясыз көмегімен жемісті жұмыс жүргізуге әзір.
— Бірақ, — деді Атамырза дауысын көтеріп, — ел арасында бүлікшілер де бар. «Қазақ-қырғыз жастарының революциялық одағы» деген шығып тұр. Бұл заңсыз тобыр. Революция болды — бітті. Патша орнынан түсті. Революция нәтижесінде Уақытша үкімет орнады. Енді не керек? Неғылған «революциялық одақ?» Міне, сіз бен біздің ең кіндік міндетіміз осы Одақ деп аталатын тобырға қарсы күрес. Бұл тобырды ұйымдастырып, басқарып жүрген былтырғы қанды көтерілістің жетекшілерінің бірі — Тұрар. Кейбір оқыған жастар соның ықпалында адасып жүр. Айталық, Қабылбек Сармолдаұлы, Мақсұт Жылысбайұлы, Қылыш Қожабергенұлы, Нұршанның екі баласы; қырғыздардан Тұрдалы Тоқбаев, Төребек Исабеков дегендер. Осылар ел арасына іріткі салып Уақытша үкіметке қарсы уағыз таратып, елдің игі жақсыларының малын тартып алып, кедейлерге үлестіру жөнінде әрекет жасап жүр. Бәріміз күш біріктіріп әуелі осы зиянды топты түп-тамырымен жойып жіберуіміз керек. Болыстарға, старшындарға комитет атынан айтылатын бірінші тапсырма: өз болыстарыңыздың аумағынан осы Одақтың адамдарын көрсеңдер, дереу тұтқынға алыңыздар. Бұл бір.
— Екінші бір шаруа, — деді Атамырза тершіген май желкесін, аузы-мұрнын жаялықтай ақ орамалмен ысқылап сүртіп алып. — Өздеріңізге мәлім, былтыр жазда біздің елде бүлік болды. Ақкөз бен Тұрар бастап, тыныш елдің берекесін алып, көп ылаң жасады. Адал қызмет атқарып жүрген адамдарымыз шығын болды. Бейбіт селендердің, дәулетті азаматтардың мал-мүлкі талан-таражға түсті. Міне, енді сол орны толмас шығынды біршама болса да өтейтін мезгіл жетті. Міне, менің алдымда кезінде малы-жаны шығын болған азаматтардан арыз жатыр. Мысалы, Кузьмин мырза елу сиыр, бес жүз қой, Тарханов мырза он сиыр, жүз қой, Қорағатыдан Садыр мырза бес жүз жылқы, мың қой... не керек, Мерке учаскесі бойынша екі мың жылқы, бес жүз сиыр, бес мың қой бүлікшілердің қолында кеткен. Біз, мына жаңа үкімет, сол бейбастақтықтың салдарын жойып, осы малды иелеріне өндіріп беруіміз керек. Әрбір болыс, әрбір ауыл бойынша өндірілетін малдың тізімі бар бізде. Әр болыс, әp старшынға тапсырылады бұл қағаз. Міне, осы малды бүлікке қатысқан, яки соларға жақындығы бар адамдардан өндіріп, иелеріне қайтарып беруіміз керек. Ел бүлінбесін, наразылық өршімесін десек, міне, ең жауапты міндет деп осыны ұғыңыздар.
Міне, Бектеннің мойны салбыраған жер осы болды. Бағанағы Маңырақтың тентіреген дуана шалы Жапарқұлдың аманаты мүлде басқа. Ол айтады: Маңырақ деген ауыл жер бетінен мүлде жойылып кетті. Онда мал ғана емес, адам қырылды, еңкейген кәрі, еңбектеген бала опат болды. Соның құнын жоқта, Бектен! — деді-ау. Ал мына құдасының айтып тұрғаны мынау.
— Менен бір сауал, — деп орнынан көтеріліп кеткенін Бектен өзі де байқамай қалды. Қайткенмен де Маңырақ қырғынына өзін еріксіз кінәлі санайтын болыс сол мың батпан кінәні сәл де болса жеңілдетпек ниеттен ада да емес. Өлгендерді кім біледі, тірі куәлердің өзі әр-әр жерде мұның көзіне шұқып қалып жүр ғой. Іске асар-аспас, үкімет алдында Бектен сөйдепті, Маңырақты жақтап сөз сөйлепті деген дақпырт тарап кетсе, соның өзі мұны әлеумет алдында ақтап шыққандай болар еді. Халық шіркін аңқылдақ, адал:
— Е, қайтсін, Бектенде не жазық бар? Ел үшін жанын отқа шыжғырып жүрген азамат ер ғой, — деп шыға келерін бұл Аспара болысы білмейді емес.
— Иә, Беке, не айтайын деп едіңіз! — деп Атамырза кәдімгідей ілтипат танытты. Мұнысына Бектеннің іші жылып қалды да басқа болыстар: «Япыр-ай, мынау жақындығын жасап, бастықпен бірінші болып сөз бастады-ау», — деп іштеріне шоқ түскендей халде қалды.
— Атамырза шырағым, әуелі осы отырған мырзалардың атынан, бүкіл халқыңның атынан өзіңе құтты болсын айтпақпын. Мерке атырабы өзі-өз болғалы, көйлегі боз болғалы өз қолы өз аузына енді жетті білем. Қоқан заманында билік біздің милләтқа тиген жоқ, кешегі патша заманында билік біздің милләтқа тиген жоқ. Иншалла, аруақты атаның баласы едің, аруақ-құдай қолдап, міне, бүгін күллі Меркені басқарып, тәмәм жұртты аузына қаратып отырсың, алла-құдай алдыңнан жарылқап, мәртебең биіктей берсін! Ел бағына туған ер, өркенің өссін! Көне, мырзалар, әумин! — деп Бектен отырған қауымға қарап қол жайып еді, лезде алтын сақиналы қолдар, түкті қолдар, оқа-зерлі қолдар, мыртық қолдар, сояу қолдар, өмірі күстенбеген сылаң қолдар, қан төккен қанды қолдар, әлуетті қолдар сабаудай көтеріліп, күллісі болып: «Әумин!» — деп бірі бұрын, бірі кейін жапырылып төмен түсті.
Сәлден кейін барып кейбір естілері: «Ей, бұл Бектен бүкіл бәріміздің атымыздан сөйлейтін сондай кім еді, ит таз!» деп іштей кіжініп, қанға тойған қандаладай долыра берді.
— Енді сауалымды айтайын, — деді Бектен игі жақсының бәрін ықыласына бағындырғанына риза болып. — Атамырза шырағым, сонда әлгі өндірілетін малдың Аспараға тиістісі қанша екен? Мүмкін болса...
Әлгібір марапатын іштей сүйсіне тыңдаса да, Атамырза Бектеннің бұл сұрағына тәнті емес. Әлгінде айтты ғой, қағаз таратылады әр болысқа деп. Үкімет басшысын сыйлайды екенсің бір айтылған жайды екіншілей қайталатпа. Әрі десе мына отырған болыстардың ішінде езін жақтайтындары бар, ішінен жек көретіндері, көре алмайтындары бар, дұшпан көзі қылып, Бектенді «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп өз жөніне қойғысы келді.
— Беке, былтырғы бүліктің көбі Аспарадан шыққан. Қорағаты, Аспара, Көшеней... Соның ішінде Аспараның ылаңы көп. Ендеше сізге түсетін салмақ та ауыр болад та.
Көң қураса қалпына келеді, Бектен лезде пәс болып қалды да, басқа болыстар: «Әб-бәлем, өзіңе сол керек, шоқ-шоқ!» — десті. Бірақ Бектен әлгі бір шыққан биігінен оңай құлатысы келмей, әрі десе «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге кетерін» естен шығармай, Маңырақ алдындағы айып-кінәсін жуып қалмақ оймен:
— Атамырза шырағым, мал өндіргенің дұрыс-ақ. Ал бірақ сол былтырғы қырғында жазықсыз опат болып кеткендер де бар той. Мәселен, Маңырақ...
Одан әріге Атамырза ауыз аштырмай тастады.
— Болды! — деп үстелді дәу май жұдырығымен қойып қалды. — Қойқаптағыны қозғап қайтесіз. Қатқан боқты шұқылай берсең сасығы шығады, Маңырақ мәселесі көтерілген жерде сіз шет қала алмайсыз, Беке!
Туған құдасын мұнша тұқыртып тастауда Атамырзада да есеп бар. «Тура биде туған жоқ» деген асыл қағиданы ол дәл осы жерде өз пайдасына асырып қалмақ. Осы мақсатына Атамырза біршама жетті де. Өзге болыстардың қыбы қанып: «Әй, бәрекелде, мынау бір әділ, адалынан туған азамат екен. Өз жақынын да аямады ғой!» — десіп сыбыр-сыбыр, күбір-күбір аяғы гуілге айналып кетті.
— Бәрекелді, Атамырза!
— Милләтімізден дара шыққан данышпан! — десіп, қаралған екі мәселе бойынша қаулы қабылдасып, болыстар жиыны осымен тәмәм болып, ел-елге тарқасты.
* * *
Гүрс ете қалған мылтық дауысы шатқалдың ішін жаңғырықтырып, тау теңселгендей болды. Тұрар аттың басын тарта беріп, қатарында келе жатқан Қабылбекке:
— Тоқта! — деді.
Қабылбек онсыз да тізгін тартқан.
— Аңшы болар, — деді Қабылбек қаһарлы үн шыққан жаққа құлақ түріп.
— Ел көшіп жатқан сайда аң жүре ме? — Тұрар шүбәланып сәл тұрды да:
— Не де болса, барып көрейік, — деп аттың басын өрге қарай бұра берді.
— Жолдан бұрыс қой, Тұрар. Ерте күнді кеш қылмай Бектеннің ауылына жетейік те, — Қабылбек осылайша уәж айтып еді, Тұрар көне қоймады.
— Бектен бізді сағынып қалса да, күте тұрады. Жүр!
Қос салт атты шоқыға түсіп көлденең белдің қырқасына шыға келгенде, алдарынан Аспара өзенінің аңғары арса-арса болып, лебімен тартып жіберердей суық көрінді. Аңғардың түбінде күміс жалатқан жыландай жалтылдап, ирелендеп шапшып жатқан өзен. Сол өзенді бойлай көтерілген жалғыз аяқ жолдың үстінен қараң-құраң мына биіктен құрт-құмырсқадай жыбырлап қана байқалады.
Қырқадан қиялап төмен түсу атқа қиын. Құйысқанды ердің өзі аттың мойнына лықсып кете берді.
«Қазақ жастары революциялық одағының» мүшелері бүгін Меркенің болыс-болысына екеу-екеуден бөлініп аттанған. Мақсат — Атамырзаның «декретіне» қарсы үгіт. Халықтан мал өндіріп алу туралы шешімін әшкерелеп, елді уақытша үкіметке қарсы күреске шақыру. Тұрар мен Қабылбек бұл мәселенің ең түйінді жері — Аспара болысына бет алып еді. Жолдан бұрылып, тау қиялап түсіп келе жатқан беттері мынау.
Осы шатқалмен өзен бойын өрлеп, ойдағы ел Сусамыр асып жатқан шақ. Жар жағалаған жалғыз аяқ жол — қияметтің қыл көпіріндей. Сусыма қорым тасты жолдан тұяғы тайған мал құзға құлап, төменде шапшып жатқан асау өзенге барып бір-ақ дамылдайды. Ол судан ешкімнің сүйегі табылып көрген емес.
Сол қиыншылыққа қарамай биыл ойдағы елдің байлары ғана емес, жөндем шаруалары да азын-аулақ тұяқтарын Сусамыр асыруға асыққан. Атамырза жұрттың малын жинап алады екен деген хабар тарасымен, не де болса, тау асып, тас басып кетейік деп сасқан ел.
Тау қырқасын қиялаған қос салт атты сол соқпақтың үстінен түсті.
* * *
Тобылғы гүлдеген тоты дәурен. Қырық жыл қуаң болса да таудың нілі таймайды. Ойдағы тозаң тұтқан кермек жусаннан кейін тау беткейіндегі дүрия шалғынға мал құныға бас қойып, қомағай қара мал сасырдың жапырағын тілімен орап алып сыдыра сыпырады. Жылқы баласы сыпайылық сақтап, киік оты мен теңге жапырақ сияқты шөп асылдарын ғана таңдап шалады. Ешкі жарықтық адамдардың «шәй-шәйіне» көнбей тобылғының қабығын, долана мен аюбадам қабығын кеміреді.
Беткей қусырылып, мал да, адамдар да қаздай тізіліп, бір табан жолға түскенде, гүлрайхан дүниенің түсі өзгеріп, мүк пен қызыл қына басқан тарғыл тастар әлемі басталды.
Тастұмсық бұлым айналып, ең бір қылға тұстан өтер жерде алдыдан иттің үйшігі сияқты жыбырлаған жәшіктер көрінді. Жайлау жолының жымын жақсы білетін жол бастаушы Дүрмен жылқышы белі бекем келте торы аттың басын тартып, таң қалып тұрып қалды.
Алды бөгелген көш іркіліп, не кейін шегіне алмай, не қиянға шыға алмай, не құзға түсе алмай, тар қылғада қысылып, мал болса, бір үрей билеп, сиыр мөңіреп, солықтаған қой маңырап, кебенек келгір шыдамсыз ешкі қиянға өрмелеймін деп сусыма тастан домалап түсіп, құзға құлап бара жатып жан дауысы шыға бақырды.
— О, не боп қалды, неғып тұрмыз?! — деп арттағылар айқайлады.
— Мына біреу... — деп жолбасы Дүрмен жылқышы күмілжіп, ол «мына біреудің» не екенін өзі де түсіне алмай, аттан түсті. Алдында қаз-қатар тізулі тұрған жәшіктердің шеткісін аяғымен теуіп көрді. Ары-бері шұқылап болып:
— Ой, әкеңнің! — деп рахаттана бір сыбап алды да, әлгі жәшікті теуіп кеп жіберіп еді, салдыр-гүлдір төмен қарай, тастан тасқа секіріп, жол-жөнекей быт-шыты шығып, жәшіктің жаңқалары жан-жаққа шашырады.
— Еріккен енеңді ұрайындардың істеп жүргенін қарашы! Құдайдың кең даласы жетпегендей тар жолға әкеліп омарта қойған қандай жын! — Дүрмен жылқышы енді бал ара омарталарын шетінен теуіп, құзға құлата берді, құлата берді.
— Әй, дүлей, абайла, орыс байынікі болып жүрмесін, бәлесіне қалып жүрмейік, — деп арттан біреу тоқтау айтты.
Айтса — айтқандай, жақпар тастың тасасынан сау етіп үш-төрт атты шыға келді. Сонда ең алдында келе жатқан Кузьмин байды біреу танып, біреу танымады.
— Ей, ақымақ! — деп Кузьмин Дүрменге айқай салды. — Heгe тиісесің омартаға?!
— Е, жолды неге жабасың? Басқа жер таппадың ба? — деп Дүрмен ежірейе түскенде ашудан жалақ ерні шытынап, қан шығып кетті.
— Ойбай, Көзмін ғой анау! Онымен шатаспайық. Былтыр Маңырақты өртетіп жіберген Көзмін ғой. Ол аямайды. Қайтайық! — деп арттағылар шу-шу етеді.
«Өзі Көзмін болса, өзі Маңырақты өртеп жіберсе, одан аянатын не бар?! Неге қорқады мына сорлылар?! — деп Дүрмен арттағыларға ашуланды. — Менің әкем Шәкінің қаны да осы Көзмін сияқтылардың мойнында».
Дүрмен қайта қуанған сыңайлы. Мына тас қия, тар жолда құдай айдап өзі кездескен Көзмінді құзға құлата салмақ болып, атына мініп алға ұмтылды.
— Қайт ойбай! Ұрынба сойқандыға! — деп арттан ағайын айқайлады.
Дүрмен дүлей ағайынның айтқанына көнбей, омарта жәшіктердің ара-арасымен жылжи берді. Сайыскер жігіт Көзміннің жағасына қолым бір іліксе екен деп ентелей түседі. Осы пиғылын бет-әлпетінен таныған Кузьмин ауыр әскери винтовканы тақымынан суырып, ердің үстіне көлденең салып қойды да соқпақта соң тұрған Атамырзаға бұрылып:
— Комиссар, мынаны мен атамын. Біліп қой, ол өзі шабуыл жасады. Менікі қорғану амалы. Оның өліміне мен жауапты емеспін, — деді.
Мерке уақытша үкіметінің комиссары Атамырза Айбаров пен атаман Кузьмин тау шатқалдан ойда жоқта шыға келгендерінің сыры бар-ды. Ел малын тауға алып қашып жатқанынан олар да хабардар болған соң жандарына солдат алып, қылта асуда тосып жатқан. Малды үй-үйден жинап әуре болғанша, жиналған жерінен бір-ақ қайтарып алмақ ойлары.
— Ат! — деді Атамырза сыбырлап қана.
— Жоқ, сен айқайлап айт! Естісін ана киргиздар. Маған комиссар бұйырғанын!
— Ат! — деді Атамырза сол бұрынғы үнмен.
Бұл кезде Дүрмен Кузьминге таяп бетпе-бет төніп қалған. Қол созуға ыңғайланып, қасқыр ілер бүркіттей шүйіле түскенде, Кузьмин аттың қос құлағының арасынан мылтықты бұрқ еткізді. Тау-тас шайқалып кеткенмен, одан шетінеп шығып, кетіліп түскен бір-ақ адам болды. Дүрменнен басқа ешкім құзға құлаған жоқ.
Мылтықтың өкірген дауысы шыңдарды шайқалтып, тастарды тітірентіп, таулардың қабырғасы сөгіле жаздады. Бірақ таудан бөлініп түскен Дүрмен ғана болды. Шешек атқан тасжарғандар мен қияға біткен боз қылша тасасынан қызыл суырлар бұқпалап қарап, балалы елік тастан тасқа секіріп, қатерлі құздан аулақтап, әйтеуір аспанға қарай өрмелеп барады. Қанаты келте кекілік жер бауырлап қана ұшып, жабайы шие бұтасының тасасымен жорғалай қашып, о да биікті бетке алады. Тау мақлұғы адамдардан қашқанда ешқашан төмен қарай беттемейді, тек биікті жебелейді. Қауіпті шақта олардың қорғаны — биіктік. Биікте тырбық арша өседі. Бұталары жер бауырлап, туырлықтай тұтасып жататын сол қасиетті арша, тау мақлұғына кейбір зау қарағайлардан гөрі көбірек пана.
Жабайы жан-жануар жасыл аршадан араша іздер ау, ал адамдар паналайтын жер таппай, ысыр аттың қыл көпірінде қалғандай бір хал кешкен заман. Көпе-көрнеу, көз алдарында Дүрменнің атылғанын көріп, босқын Ботбай, Қоралас, Қарақойлы, Аққойлы елі ұлардай шулады да қалды. Кері шегініп қашайын десе тар жолда тұтасқан малды кейін қайыру бір қиямет. Әсіресе қой баласы жарықтық икемге келмейді. Бүйірлеп қияға шығуға да шара жоқ, қиғаштап құзға түсуге де айла қалмаған. Қақпанға түскен қасқырдай ұлыған жұрт бір алып арысынан жазықсыз айырылып, жаудың жағасынан ұстап өлейін десе оған қолы жетпей, қаңсылап қашайын десе — жолы жабық, соры қайнап, сорпасы ащы болып тұрған кезде, төбеден екі салт атты төніп тұра қалды.
Төмендегілер алақандағыдай ап-анық көрінді. Бетпе-бет келіп тұрған екі топ. Бір жағында азынаған қош, бір жағында төрт-бес қаралы атты адамдар. Орталарын әлдеқандай жәшіктер бөлген. Және тізгіні бос, ер-тоқымы қисайып, бауырына түскен бір ат сүлесоқ тұр.
— Мылтық атқан қайсың? — деп айқайлаған Тұрардың дауысы шатқал жаңғырығымен бір кереметтің үніндей құдіретті естілді.
— Ойбай өлтірді! Арысымызды жайратты!
— Дүрменді атып тастады мына Көзмін! — деп қылтадағы қош шулап қоя берді.
— Жайлауға көшіп бара жатқан бейбіт елміз. Алдымыздан шыға келіп, жолбасшымызды мына атаңа нәлет атты да тастады.
— Кімге барып айтамыз зарымызды?! Атамырза ұлықтың тұрысы анау. Атпа! — деп арашалауға да жарамады.
Тұрар былғары куртканың қалтасынан ауыр кольтті суырып алып жоғары көтерді. Жанындағы Қабылбек те револьверін шығара берді.
— Өзі Атамырза болса, ол «атпа» деп айтар ма еді! «Ат!» — дейді ғой ол!
— Рас айтасың, Рысқұлов. «Ат!» деген осы, — деп Кузьмин қолымен көзін көлегейлеп, төменнен жоғары қарады. Күннің көзінен емес, төбеден төніп тұрған тажалдан жасқанып қалған түрі бар. Адам қаны — су емес, әлгіде ғана одыраң кеуде озбырлықпен бір ер азаматтың жас қанын мойнына жүктеп алған Кузьмин қанша қанішер болса да, зіл-батпан күнәға батқанын сезіп, тұла бойын әлдеқалай үрей билеп алған-ды. Осының зауалы бары кәрі санасына жеткендей болған. «Атқаным бекер болды» деп опынып қалған. Сол күдігі көп ұзамай аспаннан түскен зауал бұйрықтай мына екі большевиктің жар басынан төніп тұрғаны Кузьминнің еңсесін мүлде басып тастады. Мылтық кезеніп атып салса да амалы бар еді, бірақ алғашқы Дүрмен өлімінің суреті оның көзін шорлап, санасын шелдеп тастағандай еді. Құздан слағай Дүрмен шапанының екі шалғайы екі жаққа бүркіттің қанатындай жайылып кетіп еді. Сол қара шапанның қара шалғайы кәрі атаманның көзінің алдында көлбеңдеп тұрды да қалды. Енді ол мылтық кезеніп нысана көздеуге дәрменсіз болатын. Шақшақай көзін шұқып, жан-жағын шайтан от қамаған сияқты бір елес шалықтап өтті. Кузьмин көзі бұлдырап, басы айналып, тұла бойы безгектей қалшылдап, қолы дір-дір етіп, ат үстінде әрең отырған.
— Атқызған Атамырза! — деп жан дауысы шыға айқайлап жіберді. — Ат деген сен, комиссар, жалтарма!
Кузьминнің түк басқан езулерінен көбік бұрқырап, түкірігі Атамырзаның бетіне шашырап кетті.
— Ей, кәрі қақбас! Есіңнен адасқан шығарсың?! Не деп оттап тұрсың? Мына тар жолға омарта орнатып, сыныққа сылтау іздеп, малдың бәрін айдап аламыз деп азғырған өзің емес пе едің? Омартаға тиісті деп әлгіні атып тастаған өзің емес пе? Жөнел сен де соның артынан, алжыған ақымақ!
Атамырза жалпақ белдіктен салаңдап тұрған қабұрға қол сала бергенде, Кузьмин қарттығына қарамай көз ілеспес жылдамдықпен Атамырза френчінің жағасынан шап етіп ала түсті. Кузьмин жағасына жармаспағанда Атамырза оны атар ма еді, атпас па еді, қарға қарғаның көзін шұқымайды ғой, тек қорқытпақ болған шығар, ал енді сіңірі қатты әлуетті атаман қолы алқымынан алған кезде Атамырза Кузьминнің дәл қарнына пистолетті тақап тұрып, шүріппесін басып кеп қалды...
Атуын атқанмен, Кузьмин шалқая түсіп, аттан ауып бара жатқанмен, Атамырза оның сексеуілдей қатты шеңгелінен құтыла алмады да, өзі де Кузьминмен бірге құлап бара жатқанын үрейлене сезді.
Құлап бара жатып Атамырза әлдекімнен көмек тілегендей бос қолын ербеңдете, қарманатын зат іздеп жанталасып бақты. Ат үстінде тұрған солдаттар оған жетіп үлгіре алмады да, Атамырза жан дәрменде құз кемердегі бір түп шөпті үмітінің ақырғы ілігіндей қармай түсіп еді, таурайхан жарықтық Атамырзаның тым ауыр денесін ұстап қалуға жарамай тамырымен үзіліп, құм аралас топырақ комиссар мен атаманның шарасынан шыққан көздеріне сау-сау етіп, құйылып жүре берді.
Жол тосар қарақшылардың бұ дүниеде тоймай кеткен үңірек көздерін таурайхан тамырының топырағы толтырып жіберген кезде, Атамырзаның жан дауысы шығып, обыр құздың, тар қолтық терең шатқалын жаңғырық кернеп, үрейлі үн тамұқтың өзінен естілгендей болды.
Әзірейілдей жаңғырықтың қаңсылап біткен ақырғы ызыңын соноу төменде алқынып аққан ақ толқындар сарыны жұтып жіберді де, шатқал ішін лезде тыныштық жайлады.
Әлгі бір сойқан көрініс, ақылға сыйымсыз арпалыс болмағандай, бейбітшілік жаршысы бозторғай шырылдап, жақпар тастар қуысынан шықылықтап, таудың өз тіршілігі өз бетінше созыла берген. Тау, шіркін, адамдардың алқын-жұлқын ақымақ әрекеттерін елең қылмағандай, өзінің мәңгілік екенін, қас-қағым өткінші ит-ырғылжың ырду-дырдуға көзінің қиығын да салмайтынын білдіргісі келгендей, пан-тәкаппар күйінде маңқиып қалыпты. Түптің-түбінде оның паңдығында да тұрақ жоқ. Асқар таулар да шөгеді. Шындықтың бір аты — уақыт. Уақыт бәрін жеңеді.
Тұрар төмендегі ақ айдаһар тәрізді шапшып аққан Аспара суынан Атамырза белгісін іздегендей үңіле қарап біраз тұрды:
— Атамырза, Атамырза. Мұның ақыры осылай болар деп кім ойлаған? Бірге жүрдік, бірге өстік. Жұтқан ауамыз, ұшқан ұямыз бір еді, өрісіміз басқа-басқа болды. Тағдыр — тосын ақыры аянышты-ақ. Бізді алда не күтіп тұр десеңші? Талқан қашан таусылмақ?
— Ау, сен Тұрарға ұқсамай тұрсың ғой, — деп Қабылбек ежірейе қалды. — Немене, аяп тұрсың ба Атамырзаны? Кәдімгідей жоқтау айттың ғой тегі. Тап жауың сол емес пе еді?! Жауды аяған — жаралы.
Тұрар мырс етіп күліп жіберді. Айнала тауға қарап тұрып:
— Мен аяп тұрған жоқпын, Қабылбек. Жәй, әншейін өмір деген қызық қой. Өзімнің ақырымды ойлап тұрмын. Әйтеуір бір кетпек бар. Ол ақиқат. Бірақ қандай сәт, қандай жағдайда? Болжап болмайды. Айталық, енді бір жиырма жылдан кейін? Қазір ғой он жетінші жылдың көктемі... Жиырма жылдан кейін не болад?
— Ей, қайдағы-жайдағыны күңірентпей қойшы әрі. Ондай философияны жиып қой. Онан да ана аңтарылып тұрған жұртқа қара! — деп Қабылбек қолын бір сілтеді. — Не болад? Не болад? Өзің айтқан жақсылық жаңа заман болад. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын, еңсеміз көтеріліп, іргелі ел болып, халық қатарына қосылатын күн туад.
— Оның рас, Қабылбек, сенікі дұрыс. Ал бірақ жаңа Кузьмин бізді атып жіберуі де мүмкін еді ғой. Яки Атамырза, яки солдаттар. Оны ойладың ба? Немесе, осыдан он минут бұрын Атамырза өлемін деп ойлап па еді? Жә, жарайды, өмір мен өлім туралы философия соғатын жер, шынында да бұл емес.
Тұрар төменде аттарының басын бұрып алып, тас тұмсықты айнала жорта берген екі солдатқа қарап:
— Грач! — деп айқай салды.
Алдыңғы солдат атының басын шалт тартып жоғары қарады.
— Грач! Сен мені танымай қалдың ба? Мен — Рысқұлов. Жол тосып, жұртты тонауға сен де қатысып жүрсің бе?
— Жоқ, жолдас Рысқұлов. Бұйрық солай болды. Комиссар солай бұйырды, — деп Грач Атамырзаны іздегендей шыңырау құзға үңілді.
— Мұныңды Хмелевский жолдас білсе, не айтар екен? Егер адал екенің рас болса, қазір біздің қасымызға кел! Мені Әулие-Ата, Мерке гарнизондары түгел танитынын білесің ғой. Қорықпа. Ақылдасатын шаруа бар.
Тұрар қия жол қамауында әлі есін жия алмай тұрған көшке қарап, дауыстап тұрып:
— Оу, бауырлар! — деді. Бұрын да жалтыр жар басында төмен түсе алмай тұрған қос салт аттыға көз тіккен халық енді жоғарыға ентелей қарап қалды. — Босқын болған түрің бар. От басы, ошақ қасы — Отаныңнан үдере көшпей, кері қайт. Малыңның құйрығынан ұстап, тым-тырақай қаша жөнелгенді қой енді!
— Жарқыным, сен Тұрарсың ғой. Танып тұрмын. Қасындағы Сармолданың Қабылбегі. Қияметтің қыл көпірін о дүниеде емес, бұ дүниеде көрді ғой бұ халқың. Сол қатерде сен екеуің аспаннан ақ періште болып түстіңдер. Әйтпесе, әлгі жауыздар бізді түгел қыратын түрі бар еді. Мен Досмайыл ғой, таныдың ба, Тұрар?
— Таныдым, Досеке! Таныдым, ағатай! Былтырғы көтерілістің көсемдерінің бірі болған ардагерді танымай не болыпты маған.
— Е, жарқыным, басшысынан айырылып, қайтқан қаздай қаңқылдап жүрген біздерді танымай қалу да ғажап емес. Аруақ тозса, жын болар. Мен қайбір көсем болып жарытыппын. Жас та болсаң бас болған өзін едің он алтыншы жылдың аламан ғасыр алапатында. Нағыз көсем Ақкөз еді, иманы салауат болсын. Тұлпар мініп, ту ұстаған сол еді, есіл ерім. Мерке түбінде тоз-тоз болған соң, сен жау қолына түсіп қалдың, біз Шуға қарай шегіндік. Ақкөз тағы да қол жинап, Тройцкіге шабуылдағанда, бозада шаңның ішінде он солдаттың ортасында жалғыз қалып, алтауын жастығына ала жығылды, арыстаным. Сөйтіп, боздағымды бор қылды. Сенен көз жазып қалдық. Сені дарға асып өлтіріпті деді, жоқ Төрткүлдің түбінде атып тастапты деді. Жоқ, Рысқұлдың Тұрары Самардан қол жиып, Петербор асып, патшаны құлатыпты деді. Сенерімізді де, сенбесімізді де білмедік. Әйтеуір, шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайды. Халық айтса — қалт айтпайды. Енді сені көзімізбен көріп тұрмыз. Құдайдың мұнысына шүкір!
Күлуі сараң Тұрар бұл жолы қалай қарқылдап қатты күлгенін өзі де байқамай қалды. Қабылбек басын шайқап, таңдайын қағып қойды.
— Досеке-ау, патшаны құлатқан мен емес. Халық құлатты. Орыс халқы құлатты. Мен ол кезде Ташкентте едім.
— Мың да бір рақмет орысқа. Бірақ патша құлады, ал біздің арқамызды аяз әлі қарып тұрғаны қалай? Таудың суық суын қашанғы жалаңаяқ жалдап кеше береміз? Осы тұрыста біз Сусамырдан қырғыз асып, қырғызға сыймасақ, Қытай асып, көз көрмес, құлақ естімес, құлдықтың құрығы жетпес жерге құриық біржолата деп, тәуекелге бел байлап, тас жұтып тұр едік, мұнымыз қалай, Тұрар? Жаңа сен қайт дедің. Қайтқанда, күніміз не болмақ?
— Сауалыңыз орыңды, Досеке! Сіздермен түйенің үстінде тұрғандай сөйлескенімді ерсі көрмеңіз. Мына қиядан түсе алмай қалдық. Айта берсе, әңгіме көп. Кейін қайтыңыздар. Біз мына бұлымды айналсақ — тоқайласамыз.
— Әй, шырағым, қайту-қайтпау біз үшін тәуекелдің тіршілігі болып тұр, — деп Досмайылдың жанынан басқа біреуі тіл қатты. — Айтарыңды қазір айт. Сені тау басында тұрып сөйлесті деп ешкім сөкпейді. Біз сенімді болайық. Неменеге сенеміз — соны айт. Тәпе-тәнде қапылы қаза көбейіп кетті. Ана Атамырза мен Көзміннің қазасын бізден көріп, таусылмас дауға қалмайық. Соны ашып бер!
— Иә, соны айт!
— Қан жуды жол бұл!
— Бұлтартпай айт!
Әлгіде бұғыңқырап, «енді не болад?» деп есеңгіреп тұрған ел лезде қаудың өртіндей лаулап, тұс-тұстан айқай аңдыздады.
— Уай, шуламаңдар, түге! — деп Қабылбек тоқтау айтты.
Әр-әр тұстан айқай-ұйқай үдегенге мал екеш малға дейін еліріп, іштері солықтаған сиырлар мөңіреп, жылқы кісінеп, арқаларына құрым киіз, кереге-уық, шаңырақ артқан түйелер боздап, шатқал іші азан-қазан ұлы шуға молықты.
— Ендеше, тыңда! — деді Тұрар дауысын көтеріп — жақсылық жақын, ағайын. Ішкі Ресейден соққан халық дауылы күннен күнге үдеп келеді. Патша құлады, бірақ үкімет әлі де үстем таптың қолында қалып тұр. Оған халықтың көзі жетті. Ендігі міндет — сол үстем таптың уақытша үкіметін құлатып, кедей тапқа тендік алып беретін кеңес үкіметін орнату. Кеңес үкіметі сенің арқаңды аязға тестірмейді, байлардың, әкімдердің қанауынан құтқарады. Бұрынғыдай бүгежектемей, еңсең көтеріледі. Кеңсе үкіметі сен орыс, сен қазақ деп бөлмей, алаламай, ұлттар тендігін тең ұстайды. Патша тартып алған жерінді өзіңе қайтып береді. Халықты сол халықтың өз өкілдері басқарады. Ол күн таяу. Ал әзір қиыншылық болуы мүмкін. Өйткені, айттым ғой, үкімет әлі де байлар мен помещиктердің қолында. Одан билікті тартып алу үшін күрес керек, ұйымшылдық, ауызбірлік керек. Тоз-тоз болып, жел аударған қаңбақтай қаңғырып кетсең, әрине, жау жеңеді. Қытайға ауамын дейсің. Қытай саған құшағын жайып, бауырым-ай деп емешегі езіліп тұр ма екен? Қорлықтың көкесін сонда көресің. Туған жеріңе жете алмай, көзіңе көк шыбын сонда үймелейді. Тұқымың тұздай құриды. Қырқына шыдап, біріне шыдамайсың ба?! Қайтыңдар ауылдарыңа. Шөбіңді шап, егініңді жина. Биыл қуаңшылық. Қыс қамын ойла. Ал Атамырза шығарған жарлыққа көнбеңдер. Малыңды тартып алуға уақытша үкімет әлі де әрекет жасайды. Бірақ бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсаң — ешкім сені жеңе алмайды.
— Қазіргі солдат — бұрынғы солдат емес, олар бізге жақ. Міне, жаңа ғана Атамырзаның жанында жүрген солдаттар мына өзімізге келіп қосылды, — деп Қабылбек сөзге араласты.
Әлгі екі солдат, шынында да, тұмсық айналып барып, желке тұстан Тұрар мен Қабылбекке келіп қосылып тұрған.
— Атамырза мен Кузьминнің өліміне сендер кінәлі емессіңдер. Оған мына біз куә, міне мына солдаттар куә. Ал Шәкінің Дүрменін атқаны үшін олар жазасын алып та қойды. Сондықтан енді мына ыстық күнде солықтамай, көштің басын кері бұр, ағайын, — деп Тұрар жар жағадан аттың басын елге қарай қайырды. — Ал біз, мына Қабылбек, ана өздерің білетін Жылысбайдың Мақсұты, Нұршанның балалары, Тұрдалы Тоқбайұлы сияқты азаматтар, Әулие-Ата гарнизоны мен Мерке гарнизонының солдаттары, орыс жұмысшыларымен, қазақ, қырғыз кедей шаруаларымен қосылып, күреске аттанамыз. Жер-жерде кеңес орнатамыз. Бұл істі әуелі Бектен ауылынан, Аспара болысынан бастаймыз. Жолымыз болсын, туғандар!
* * *
Ширатпа қалың мұрты құлағына қарай қайырылған, бойы тіп-тік, кең жауырынды әскери адам сықырлауық үстел басынан түрегеліп, оң қолындағы қарындашпен шыны графинді сыңғырлатып біраз тұрды. Бұл Степан Хмелевский еді.
— Тынышталыңыздар, жолдастар! Жиналыс күн тәртібінде екі мәселе:
1) Қазіргі кезеңде аштықпен күрес.
2) Мүшелікке қабылдау.
Күн тәртібі бойынша ескертулеріңіз, қосып-аларыңыз бар ма?
Шағын залдан «жоқ, жоқ» деген дауыстар естілді.
— Жоқ болса, дауысқа саламын: күн тәртібі осы қалпында бекітілсін дегендеріңіз қол көтеріңіздер. Қарсы? Қалыс? Ондайлар жоқ. Күн тәртібі бірауыздан бекітіледі. Ендеше күн тәртібіндегі екінші мәселені бірінші етіп қарау жөнінде ұсыныс бар. Бұған қалай қарайсыздар? Келісесіздер ме? Дауысқа салу керек пе? Жоқ па? Жарайды, келістік.
— Жолдастар! Большевиктер фрақциясының атына Әулие-Ата Совдепі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов жолдастан арыз түсті. Ол өзін большевиктер партиясының қатарына алуды өтінеді. Анкеталық деректерімен қысқаша таныстырып өтейін.
— Тұрар Рысқұлов. 1894 жылы 24-желтоқсанда Жетісу губерниясы Шығыс-Талғар болысында туған. Ұлты — қазақ. Ата-анасы кедей шаруа. Білімі — Ташкент педагогикалық институтын толық бітірмеген. 1916 жылы патша түрмесінде отырған...
Хмелевский кенет ресми сөйлеуін тия қойып, жайсаң мұртын бір ширатып алып, мырс етіп күлді:
— Көрдіңіздер ме, жолдастар, анкета қандай қып-қысқа. Ал біз білетін Тұрар жолдастың өмірбаяны, менімше, өте бай болса керек. Кәне, қандай сұрақтарыңыз бар? Тұрар жолдас, орныңыздан тұрыңыз. Берірек, алға шығыңыз.
Бөлменің орта тұсынан жап-жас жігіт тік көтеріліп, ешқайда қарамастан, президиум үстелінің алдына барып, бетін залға бұрып, қалт тұрып қалды. Бір сәтке бөлме ішінде сілтідей тыныштық орнады. Қаншама көз тек Тұрарға қадалып қалған. Орта бойлы, кең кеуделі, қап-қара қою шашы кері қайырылса да қасарыса тікірейіңкіреп тұрған, жазық маңдай, шекелігі шығыңқы, мұрны қоңқақтау ер бітімді жігіттің бір нәзік жері — еріндері сияқты еді. Еріндері ерекше үлбіректеу, шие қызыл екен. Сол сүйкімді еріндер иірімдене бітеді екен де, болар-болмас шұңқыр белгі білінеді екен. Сол ерні ғана жұмсақ, әлжуаз, әйтпесе, иегі мен шықшыты, бет бітімі қату: сары жиек дөңгелек көзілдіріктің ар жағынан аялы көздер аспай-саспай, тайғанамай, тура қарайды.
Үлкен сынның үстінде тұрған осыншама сабырлы жас адамның киім киісі де мұндағылардан көп ерекше. Отырғандардың көбісі әскери киімді, біразы ескі гимнастеркалармен, көнетоз пиджактерімен отырғанда, мына жігіттің киімі ине-жіптен жаңа шыққандай: шевиот қара костюм, аппақ бәтес көйлек, қара барқыт галстук, аяғындағы туфлиге дейін жалтырап тұр. Бірақ осыншама сыпайы кербез киінгені өзіне қазір мін болып жабысар деп кім ойлаған. Залдан біреу қол көтерді.
— Менде сұрақ бар!
Жұрттың бәрі енді жаппай Тұрардан бұрылып, әлгі дауыс шыққан жаққа қарады. Шашын жылмитып артына қайырған қисық жағалы, омырауы кестелі көйлек киіп, белін шашақты белбеумен буған, мейіздей қатқан сары екен.
— Қойыңыз сұрағыңыз болса, — деді жиналыс ағасы.
— Жолдас Рысқұлов, сіз неге біздің қаланың бастығы Мотяшев мырза сияқты киінесіз? Ал Мотяшев болса городская голова, нағыз монархист. Патша құлағалы, міне, құдайға шүкір, алты ай болды, ал Мотяшев мырза әлі сізше киінеді. Дәлірек айтқанда, сіз Мотяшевше киінесіз. Пролетарлық ынтымақ қайда?
Бөлме іші кенет ұясы бұзылған арадай гуілдеп кетті. Жиналыс ағасы трафинді сыңғырлатып та, айқайлап та көрді. Шу әрең басылды.
— Мұндай сұраққа жауап бермеуіңе болады, Рысқұлов! — деп айқайлады әлдекім.
— Жоқ, жолдастар, рұқсат болса, мен жауап берейін, — деді күтпеген жерден жас жігіт.
— Мен жауап берейін. Өйткені солшыл эсер Палий мырза біздің жиналысымызға заңсыз қатысып отырғанымен қоймай, большевиктерге әлдеқандай кінә таққысы да келетін көрінеді...
Отырғандар тағы толқып ала жөнелді.
— Бұл не деген жүгенсіздік!
— Төраға жолдас, солшыл эсер неге большевиктер жиналысына қатысады?
Тұрар саңқ етіп, дауысын көтере шығарып, абыр-дабырды тоқтатты.
— Жолдастар, қойылатын сұрақ қойылды. Мен жауабын берейін. Онан соң солшыл эсерді жиналыста қалдыру-қалдырмау — өз еріктеріңіз. Сонымен, киім туралы. Мен бала кезімде Верный түрмесінің бастығы Приходько мырзаның малайы болдым. Приходько мырзаның гимназистка қызы маған бір мезгіл әліппе үйретуші еді...
Шашыратқы гүліндей көкшіл көзді, аппақ әсем қыз буалдыр арасынан, бұлттардың тасасынан шыға келгендей кенет Тұрардың алдына әлжуаз ғана күлімсіреп тұра қалды.
— ...Бір күні ол маған сабақ үйретіп отырып, кенет сөзін үзіп, үндеместен, менің тіземе қарап сазарып отырды да қалды. Мен не болғанын аңғармай, алды-артыма қараймын. Аң-таңмын. Сөйтсем, шалбарымның жыртығынан тізем жылтырап көрініп тұр екен. Кіруге тесік таппадым. Қара жер қақ айырылса, күмп беріп түсіп кетер едім... Бұл бір жай. Кейін әкем каторгаға айдалып кеткеннен соң, Мерке мектебіне түсіп оқыдым. Бір күні тақта алдында тұрғанымда Атамырза Айбаров деген бір байдың баласы менің шынтағымның жыртығын көрсетіп, бүкіл сыныпты басына көтере күліп еді. Ол кезде интернат маған әлі киім бермеген кез. Жиырма бес баланың алдында тағы бір қызардым. Сонда мен өзіме ант бердім: шамам жетсе, аш жүрсем де, бүтін киім, таза киім киіп өтемін дедім. Сіз, Палий мырза, менің мына костюмім су жаңа деп ойлайсыз ба? Мен мұны 1916 жылы көктемде Ташкентте оқып жүріп, бос уақытымда өзбек байына бағбан болып жалданып, соның ақшасына сатып алып едім. Осы костюммен Мерке түрмесінде де отырдым. Киім де күтім тілейді, күте білсең қыры сынбайды. Ал қыры сынбаған киім ішінде адам өзін еркін сезінеді. Қанағаттандыңыз ба менің жауабыма?
Тұрар Палийге енді найзағайдай шаншыла қарады.
— Босатсын залды!
— Тайып тұрсын енді! — деген дауыстар Палийді дойыр қамшыдай осып-осып жіберді.
Хмелевский орнынан тұрып, сыпайы ғана:
— Солшыл эсер Палий мырза, залды босатыңыз, — деді.
Сиыр жалаған бұзау жүніндей шашы бұрынғыдан бетер жылмиып, иығы түсіп жүнжіген Палий жиналыстан кетуге мәжбүр болды. Кетіп бара жатып та тиісуін тыймады.
— Жарайды Рысқұлов, мені бұл жерден қудырғанмен, Совдептің мәжілісінен қудыра алмассыз, — деп алдағы айқастарды да айқындай кетті.
Палий совдептің мүшесі екені рас. Совдепке солшыл эсерлер фракциясынан сайланған.
Жиналыс ағасы тізгінді қолға алып:
— Тағы да сұрақтарыңыз бар ма? — деді залға қарап. — Уақыт оздырмайық, жолдастар.
Алдыңғы қатардан кепкесін қолына екі бүктеген мосқал жұмысшы көтеріліп, дәу жұдырығын аузына апарып бір жөткірініп алды.
— Рысқұлов жолдас, үйленгенсіз бе? Отбасыңыз бар ма? — деп тұтыға тұрып сұрақ қойды.
Бұл сұраққа «жоқ» деп бір-ақ сөзбен жауап беруге болар еді. Тұрар солай деді де. Бірақ сол сөзбен бірге құлағына ызыңдап баяғы бір Огинский «Полонезі» тағы келді. Алматының қысқы кеші, Ташкент көшесіндегі көк түрме, түрмеге жапсарлас Приходько үйі. Наташаның бөлмесі: қара рояль, сүйрік қана ақ саусақтар. Қыз музыка толқынына батып кетіп, қара судың бетінде сары жібек шашы жайылып жатқандай болады. Музыка тыңдап отырған Тұрар сол шаштан ақырын ғана, абайлап қана сипатысы келетін. Бірақ қолы тисе, сол алау шаш лап ете қалатындай көрінетін. Соңғы аккорд соғылғанда қыз орындыққа шалқалай кетуші еді. Екі қолы орындықтың екі жақтауында жаны кетіп салаңдап қалатын. Басын шалқайтып жібергенде сары жібек шашы әуеден алтын сауылдап төгілгендей, сусып барып, Тұрардың бетіне тиіп кететін. Беті ду ете түсетін. Қыз жалма-жан басын жұлып алып, Тұрарға қарап, оның беті күреңітіп бал-бұл жанып, танауы делдиіп кеткенін керіп:
— Ұнады ма саған, Турик? — деп еді үні күміс қоңыраушадай ғана нәзік сыңғырлап.
— Ұнағанда қандай! — деп бала ентіге, ынтыға жауап қататын.
— Кел, ендеше, енді сенің әуеніңді салайық, бері, қатар отыр, — дер еді Наташа. Содан соң сөзі жоқ бірақ көкірегінде саңлауы бар адамға айтары көп мұңды музыка тар бөлменің ішін кернеп, тордағы құс сияқты, егер тордан босанса, алысқа-алысқа, зәңгір көкке ұшардай бұлқынып-бұлқынып, асып-төгіліп, шалқып-тасып, дүн-дүниені топан су қаптардай болатын. Бұл — «Елім-ай» әуені еді.
Осы тұрысында Тұрар атақты музыкантқа ұқсайтын.
— Жолдастар, біз партия қатарына мүше қабылдап отырмыз. Саяси-мәнді сұрақтар қойылғаны жөн, — деп қалды Хмелевский. — Тағы да сұрақ болар, сірә? — Зал үндей қоймады. Сонда Хмелевский мұртын тағы бір ширатып:
— Тұрар жолдас, Мерке түрмесінен былтыр сіз қандай жағдайда құтылдыңыз? — деді.
Былтыр, яғни 1916 жылдың қыркүйек айында Тұрар Меркенің түрмесінде, ажал тырнағына ілініп жатқан. Тырнақ демекші, Мерке түрмесінің жендеттері бұған өлім алдындағы азаптың жаңа бір түрін ойлап тапқан екен. Обров деген надзиратель ротмистр Аркадий Приходьконың бұйрығы бойынша, мұның қолына кісен салды да, жұдырықтарын жұмдырып, қайыспен тас қылып таңып тастады.
«Қолды кісендегені жөн-ақ, ал жұдырықты таңып тастағанда — не мақсат?» — деп Тұрар мұның сырына түсіне алмай әлек болды. — «Кісенді ашып жүрмесін дегені ме екен?»
Есіл жігіт бұл сұмдықтың сырын көп ұзамай сезіп-ақ қалды. Білуден бұрын сезді. Молақ қолмен, басқаны қойғанда, қасық қармай алмай қор болды. Қу тамақ табылып тұрса, әйтеуір итшілеп бірдеңе етуге болады екен. Басқа түскенде адам не амал таппайды. Бірақ жұмулы жұдырық әуелі жаны кетіп ұйығанмен, кейіннен зарлап бір сыздайтынды шығарды.
Арада апта өткенде ме екен, алақандарына қанжар қадалғандай, жігіт шіркін, бұл азапқа шыдай алмай, қайта-қайта есі ауа берді...
Ол есін жиғанда түрмеден тысқары, тау шатқалында бір диірменшінің үйінде жатыр еді. Кейін білді түрмеден оны құтқарып алған баяғы ұстазы Иван Васильевич Андреев, сыныптас құрбылары Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбек, Төребек Исабеков, Тұрдалы Тоқбаев, ағайынды Жүсіпәлі, Әшімбек Нұршановтар екен. Бұл топ — болашақ «Қазақ жастарының революциялық одағының» негізгі ұйтқысы еді.
Жігіттер Тұрардың жұдырықтарын әрең жазып алды. Апта бойы өскен тырнақ алақанның көгерген етіне қан шығармай кіріп кеткен екен. Әгәрім, осы тырнақ осылайша өсе берсе, алақанды әрі қарай тесіп өтіп, қолдың ту сыртына шықпақшы екен.
Әрине, мына жиналыста Тұрар бұл сұмдықтың бәрін сипаттап жатпады. Тек құтқарушы азаматтардың атын атап шықты.
— Сіз атаған азаматтар сіз өзіңіз құрған «Қазақ жастары революциялық одағының» мүшелері ғой: Осы одақтың мақсаты мен міндеттері не болды және ол қалай іске асты? Осыны қысқаша ғана баяндап берсеңіз қайтеді? — деді тағы да Хмелевский.
«Степан Кнутович бұл жайынан хабардар еді ғой. Сірә, жиналысқа түсініктірек болсын деп әдейі қойды-ау бұл сұрақты», — деп қойды ішінен.
— Жарайды, Степан Кнутович, — деді Тұрар сол ойланып. — Біз одақты құру ісіне Меркеде ақпан революциясынан кейін іле-шала кірістік. Әуелі Одақтың уставын бекіттік, программасын белгіледік. Ақпан революциясы, өздеріңізге мәлім, монархияны құлатқанмен, көп нәрсе өзгере қойған жоқ: қанаушы сол қанаушы, қаналушы қалпында қала берді. Аждаһаның басы шабылғанмен құйыршықтары әлі бар еді, әрине, әлі де бар. Одақ ең алдымен уақытша үкіметтің жергілікті комитеттеріне қарсы, байлар мен кулактарға қарсы аяусыз күрес жүргізуді алғы мақсат етіп қойды. Төніп келе жатқан ашаршылыққа қарсы әрекет жасалды. Халықтың көзін ашу үшін үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. Халықтың сауатын ашу көзделді. Көпшілік арасында уақытша үкіметке байлар мен кулактарға қарсы жиналыстар, митингілер ұйымдастырылды. Бұл істе біз алдыңғы көзқарастағы әскери ғарнизондармен, солдаттармен тығыз байланыста болдық. Әулие-Ата, Мерке гарнизондарымен, оның маркстік ұйымымен тығыз байланыс жасадық. Одан арғысын, Степан Кнутович, өзіңіз де жақсы білесіз: біздің барлық жұмысымыз көз алдыңызда өтті. Қалайда біздің Одақ большевиктік бағыт ұстаған ұйым болды. Басқа не айтамын: жік-жігін тарата берсе, әңгіме кәп, — деп Тұрар жиналыс атасына, одан кейін залға қарады.
Степан Кнутович орнынан көтеріле беріп мұртына қолын тағы бір апарды. Сірә, бұл жаттанды қимылды ол өзі де сезбей қалатын болуы керек.
— Тағы да сұрақ бар ма?
— Сұрақ тоқтатылсын! — деген дауыстар шықты залдан.
— Онда, сұрақ тоқтатылсын дегендеріңіз қол көтеріңіздер. Қарсы? Жоқ. Ендеше, сөйлеушілер бар ма?
— Несін сөйлейміз? Бәрі де түсінікті. Тек ұсыныс бар: қабылдансын, — деді кепкесін қолына мыжып ұстаған мосқал жұмысшы. Әлгінде Тұрарға: «үйлендің бе?» — деп сұрақ қойған да сол болатын.
Хмелевский залдан тағы ұсыныс болар ма екен дегендей тағы сәл тоқтап тұрды да, өзі сөйлеп кетті.
— Мәселені дауысқа қоймас бұрын мен бір ауыз сөз айтайын, жолдастар. Біз бүгін өте маңызды мәселе қарап отырмыз. Большевиктер партиясы қатарына адам алғалы отырмыз. Өздеріңізге мәлім, қазіргі кезең — тарихи аса күрделі кезең. Бір жағынан — Уақытша үкімет, бір жағынан Кеңес. Кім жеңеді? Кімнің ісі — ақ? Халық кімді қалайды? Біз — марксшілдерміз, біз Ленинді жақтаймыз. Бірақ біздің осал жеріміз: орталық Ресейден шалғайдамыз. Орталықта не болып жатқанын дер кезінде біле бермейміз. Революционерміз деп жүргендердің арасында осы себепті ауытқушылар, біресе большевиктерді жақтап, біресе солшыл эсерлерді, тіпті меньшевиктерді жақтап, сандалғандар жоқ емес. Осындай кезеңде РК(б)П қатарына мүше алудың қиындығы, жауапкершілігі өзінен-өзі түсінікті. Ал біз мүшеге алу жөнінде кандидатурасын қарап отырған азамат Тұрар Рысқұлов өзінің нағыз большевик екенін іспен дәлелдеген адам. Көзін жыртитып ашып, дүниеге келгеннен қанаудың, жоқшылықтың дәмін мол татқан. Зорлық-зомбылықты аз өмірінің ішінде көп көрді. Әкесі Рысқұл патша әкімшілігіне қарсы оқ атып, 1905 жылдың құрбаны болып, каторгаға айдалып, хабарсыз кетті. Панасыз бала өзінің табиғи талантының, еті тірілігінің арқасында соншалықты ауыр тұрмыстың езгісінен жоқ болып кетпей, тырмысып, оқу оқып, саналы азамат, белсенді күрескер, кәсіби революционер дәрежесіне дейін көтерілді. Егер мен осы жиналыста бір сырымды ашсам, Рысқұлов жолдас мені кешірер деп ойлаймын. Осы жиналыс қарсаңында мен Рысқұлов жолдас жөнінде ешқандай күмән қалдырмау мақсатымен оның өткен өмір жолынан біраз мағлұматтар жинадым. Сол мағлұматтардың бірін ғана сіздерге жария етуге рұқсат етіңіздер...
Хмелевский Тұрар жаққа «кешір» дегендей күлімсіреп бір қарап қойды да, гимнастеркасының төс қалтасына қол сала бастады. Зал «не болар екен?» — дегендей тынып қалған. «Бұл мен туралы не мағлұмат тауып алып еді?» — деп Тұрар аң-таң.
— Тұрар жолдастың анкетасында жазылғандай, ол 1914 жылы Пішпектің І-дәрежелі ауылшаруашылық мектебін бау-бақша мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Білімін одан әрі жалғастыру мақсатымен ол мектеп директорына былай деп арыз жазыпты:
«...Мен қазақтың панасыз қалған, қарапайым баласымын. Орыстардың мәдениетінің, ілімінің игі әсерінің арқасында шама-шарқынша шағын білім алдым. Осы білімнің нәтижесінде «бұрын кім едім, қазір кіммін және қиын-қыстау шырғалаңы көп болашағым қандай болмақ» деп алды-артымды шамалайтындай халге жеттім. Күн көру үшін күресу, шындығында қиын, өйткені мен жастайымнан жетім қалып, талай-талай бақытсыз күндер кештім, менің нәрестелік санама өшпестей із қалдырған жетімдіктің неше алуан тауқыметін тарттым. Әйтеуір сол ауыртпалықтан езіліп кетпей, бой түзерліктей тіректі мен білімнен таптым...».
Бұдан әрі Тұрар жолдас мектеп директорынан Самара ауылшаруашылық институтына жолдама беруді өтінеді. Өтініші қабыл болып, Самарада емтиханды жақсы тапсырады. Бірақ ондағы шовинист-директор Тұрардың арызына: «киргизға жер өңдеуді оқудың қажеті жоқ» деп тұжырым соғып, оқуға қабылдамай қойған.
Міне, жолдастар, революция жолындағы біздің жауынгер серігіміздің өмірінен бір ғана елес осындай. Мен өз басым Рысқұлов жолдастың идеалынан айнымайтынына, езілген таптың мүддесі үшін күресе беретініне берік сенемін және сіздердің барлықтарыңызды да сендіргім келеді... Сонымен дауысқа қоямын: кімде кім Тұрар Рысқұлов РК(б)П қатарына алынсын дегендеріңіз, қол көтеріңіздер!..
* * *
Тұрар бүгін де бадашы қамшысының шартылынан оянып кетті. Көше жақтан ұзын қамшының шартылы мылтық атқандай қаһарлы-ақ.
Бурыл көшесінің сиырлары қала шетіне қарай бел алған екен.
Үйдің іші әлі қарабарқын. Тұрар көзін ашқан бойы бірінші ойына оралғаны — кешегі жиналыс еді. Жиналыс барысын бастан-аяқ көңілмен шолып өтіп, ондағы өз сөзіне де, өзгелердің сөзіне де, қанағаттанған сезімде қалды. Тек бір түйткіл, ашық күнді бұлт шалғандай бір сәт Палийдің әрекеті еді. «Әй, осы солшыл эсерлерден жақсылық шамалы-ау. Біздің Қабылбек соларға бекер ілеседі. Бекер...» — деп Тұрар төсектен тұрып барып, көше жақтағы терезенің пердесін ысырып жіберіп еді, жып-жылы шағын бөлменің іші жымиып қоя бергендей болды.
Көшеде көрші Мәметтің жалаңаяқ балалары жаңа бадашы айдап әкеткен сиырлар әдепсіздікпен тастап кеткен жапаны жып-жылы бусанып жатқан қалпында қапшықтарына салып алып жүр екен.
«Біздің қазақ сияқты емес, әрекеті мықты халық, — деп қойды Тұрар әлгі балаларға аянышпен қарап тұрып. — Осылар осыдан қыстық отынын жиып алады. «Есек артын жусаң да — мал тап» деп қайран ақын Абай текке айтпаған шығар. Еңбектің арамы жоқ. Бұлардың тезек тергені әрі өздеріне пайда, әрі бүкіл махаллаға пайда — көше таза болады.
Тұрар сүлгі, сабын, тіс шайғыш алып, аулаға шығып еді, үй иесі аулада жүр екен.
— Ассалаумәлейкум, Сәбден аға! — деп сәлемдесті. Сәбден бұған бұрылып қарап:
— Уағалайкумассалам, — деп үнін қыраттап тұрып амандасты. — Неге ерте тұрғансың, Тұрар балам? Сен түнде тым кеш оралдың емес пе?
— Жиналыс ұзаққа созылды, Сәке.
— Е-е, жиналыс, жиналыс. Большевик — жиналыс, меньшевик — жиналыс. «Шуро-и-исламия» — әм жиналыс.
— Эсерлерді ұмытып кеттіңіз, Сәке, — деп күлді Тұрар.
— Әй, өзі де эсер десе есер шығар, ылғи қисайып жүретін көрінеді ғой, — деп Сәбден ши сыпырғының тарқатылып кеткен кендір жібін шиелеп байлай берді.
— Сіз мұның бәрін қайдан білесіз, Сәке?
— Е-е, Тұрар балам, біз қарт кісілер, әңгімеге құмар келеміз. Енді осыдан шәй ішіп алып, Атшабардың базарына қарай аяңдайды бұл жаман ағаң. Шәйханада отырып алып, ал кеп талас: біреу большевикті мақтайды, біреу меньшевикті жақтайды. Ал жұма намазы күні мешітке барсаң Ғұмар имам бүкіл мұсылман, баласын «Шуро-и-Исламияға» кіріңдер деп үгіттейді. Біздің әлгі Әбден сол «Шуро-и-Исламияның» дәулерінің бірі болып алыпты.
Кенет идің исі мүңк етті. Сәбден түнде илеп қойған терілер екен. Тұрардан ыңғайсызданып:
— Былайырақ тұрайық балам, — деді Сәбден. — Мына исі құрғыр... бұрын ептеп тері-терсек жинап саудамен айналысушы едім. Енді оны ешкім алмайды. Қалада ашаршылық, Тұраржан. Дән ұшпайды. Бір қадақ бидай бір қойдың құны. Бүйте берсе, қырылып қалармыз, сірә. Атшабарда наубайшылар ақ нанды өткізе алмай, сыңсып тұрушы еді, енді қара нанның қабығы да табылмайды. Алла, өзің жар бола гөр. Патшаны құлатып, құдайға күнәкар болдық па, сірә. Жана үкімет не жақсылық көрсетеді? Керенский деген ақша қап-қап болып қауқиып қалды. Боржыған асқабақ сияқты, түкке жарамайды.
Сәбден Тұрардың құлағына аузын тосып:
— Шырағым Тұрар, абай бол, сенің ана жолы Атшабарда сөйлеген сөзіңнен кейін саудагерлер саған қатты кіжініп жүр. Сені мақтап жүргендері де бар, даттап жүргендері де бар.
— Сәке, қара қылды қақ жарып отырсаң да, кетеді біреу мақтап, біреу боқтап, деген. Мен айтсам, әділін айттым. Аштан қырылып жатқандарға жәрдем берсе, байлар мен кулактар, саудагерлер одан кедейленіп қалмайды. Менің кәсібім — аш-жалаңашқа көмектесу.
Ауланың оңтүстікке қараған көше жағынан бір үй, батыс жағынан көрші Әбден үйімен жапсарлас тағы бір үй салынған. Шығыс жағында қамба, малқорда соғылған. Көше жақта биік қақпалы бір дуал, терістік жағында шағын ұры есік шығатын тағы да биік дуал. Ұры есіктен шықсаңыз сыңсып тұрған бауға кіресіз. Бауды айнала арық қазылған. Таластан бөлінген су сол арықты иықтап, лықсып ағып жатады. Тұрар сол суға жуынайын деп кіші есікке беттей беріп еді, ергежейліден сәл-ақ үлкен шақар Сәбден шар-шар ете қалды.
— Оу, мұның не, шырағым Тұрар! Жуынатын болсаң — мен-ақ су құйып жіберем ғой. Арықтың суы лай, оны қайтесің. Әлгі Сәлима әлі тұрмаған ба? Сәлима!
Бойжеткен қызды неге шақырғанын түсіне алмай, Тұрар абыржыңқырап тұрды да:
— Жо-жоқ, Сәке, о не дегеніңіз! Өзім-ақ... Баққа шығып кішкене бой жазып алайын, — деп бой бермей сыртқа шығып кетті. Артынан қуыршақтай құлдыраңдап жүгірген Сәбден:
— Арықтың суына жуынба, Тұраржан. Сәл сейіліп қайт. Таза су дайын болады, — деп безілдеп қалды.
Бақты айналдыра арық бойына отырғызылған нау теректер таңғы самалмен тербетіліп, жасыл ала жапырақтармен аспанның көгілдір күмбезін тазалап тұрғандай екен. Дегенмен, теректердің балақ жапырақтары сарғайып, түсе бастапты. Тұрардың табанының астына тырс етіп қаракүрең бірдеңе домалап түсті. Дәл төбесінен төніп тұрған алпамса еменнің дәнегі екен. Еменнің де ұрығы пісіпті. Бақтағы тарбиған алма ағаштар пісіп жеткен күздік алмадан бұтақтары иіліп, ыңыранып тұр.
— «Мынау бір береке. Ал қалада — аштық, — деді Тұрар бақтың ішін аралап жүріп. — Ел аштыққа ұшырайды. Биылғы куаңшылық мына Сәбден бағын қиялап өткен сияқты. Бұның асығы түгел. Ал уезд бойынша сұрапыл куаңшылық. Егін шығымсыз, шөп аптаптан ұшып кетті. Жұт болары сөзсіз. Уақытша үкімет әрекетсіз отыр. Кеңестердің қолында толық билік жоқ әзір...».
«Түу, — деді Тұрар өзіне өзі өкпелегендей, — ұйқыдан тұрған бойда осы ой қыстайтыны несі мені?».
Солай деп, өзін-өзі зорлап, ештеңе де ойламауға тырысып, аяқ-қолын жазып, жаттығу жасауға кірісті. Бөрі бүлкілге салып, арықты жағалай жүгіре жөнеліп, бақтың арғы шетіне жеткенде, арғы беттің реңі еріксіз көңілін бөлді: қала шетінен әрі Кіші Бурыл бөктері өрт шалғандай қара қотырланып, бетіне зәрі шығып, қабартып жатыр екен. Көз көрім көк жиектен бері араны ашылған алпауыт көмейдей суық сезілді. Тұрар тез бұрылып, кері жүгірді. «Тез Совдепке жету керек!» деді өзіне өзі бұйырып. Совдепке тез жетсе — төніп келе жатқан аждаһаны тоқтататын бір амал табатындай көрінді.
Кенет сыңқылдап күлген дауыстан кілт тоқтап жан-жағына сасқалақтай қарады. Ертең ерте тұрып бой жазып жүгіру бұл мекеннің әдетінде жоқ, сондықтан бұл махалланың тұрғындары жас жігіттің мына жүгірісін ерсі көреді.
Әлгі алпамса еменнің түбінен бұлаң етіп Сәлима шыға келді. Қолында шәугім, иығында аппақ ұзын түкті орамал. Тұлға бітімі, нұр шашып, аппақ тістері тізіліп, ақсия күліп тұр:
— Ағай, кімнен қашып жүгіріп келесіз? — деп Сәлима тағы сылқ-сылқ күлді. Бір қолында шәугім, сол қолының қарына сүлгі ілген: біресе еңкейіп, біресе шалқалай күледі. Сол кезде кемпірқосақ түсті атлас көйлегінің астынан аршын төс дірілдегендей болады. Атлас көйлек жаңа шығып келе жатқан күннің шұғыласына шағылысып мың құлпырады. Жұп-жұмыр ителгі мойын мәрмәрдай әппақ екен.
— Сәлеметсіз бе, ағай. Келіңіз, су құйып жіберейін, — деп қыз бұған көзі жалт етіп бір қарады да шәугімді ыңғайлай берді.
— Жоқ, жоқ, былай болмайды. Сәлима қарындас. Мына арықтағы салқын суға жуынамын. Көп-көп рақмет. — Тұрар көзілдірігін түзеңкіреп қызға тағы қарап еді, Сәлима тоқпақтай бұрымын кеудесінен арқасына қарай лақтыра тастап, басын әнтек қисайтқанда құлағындағы шеңбірек алтын сырға бұлтаң ете қалды.
— Сіз үлкен төресіз, ағай. Арықтан еңкеңдеп жуынып жатқаныңыз жараспайды. Қарындасыңыздың қолын қақпаңыз. — Қыз осыны айтып еркін кетіп, шәугімдегі суды Тұрардың алдына ағызып та жіберді. Шегінерге жері, айтарға уәжі қалмаған жігіт, амал жоқ көйлегінің жеңін түріп, жағасын жымқырып, суға алақанын тоса берді де, көзілдірігін алып, емен түбіндегі түйе жапырақтың үстіне тастады.
— Мен төре емеспін, Сәлима, — деді суға қолын тоса беріп.
— Сіз төре болмай, кім төре болады. Мәңіз, міне, сабын.
Көзілдіріксіз нашар көретін жігіт сабынды ала беремін деп қыздың білегін ұстап алды. Жүзімнің үзімі сияқты қырық бүйрек бұдыр көк әтір сабын бір сүйкегеннен-ақ көпіріп ала жөнелді.
— «Бұл қай жақтан келген сабын? — деп сұрай жаздап, Тұрар өзін өзі лезде тежеп қалды, — Түк көрмегендей болғаным жарамас».
Бірақ сұңғыла қыз жігіттің көкейіндегі сұрақты сиқырмен сезіп қойғандай сыңғырлап тұрып өзі тіл қатты:
— Тәшкенде нағашыларым тұрады. Солардың беріп жіберген сәлемдемесі ғой. Сіздей төреге, төре емеспін дейсіз, төрелердің сұлтанына әдейі сақтап жүрген сабын еді, ағатай.
Тұрар мұнша марапатты ұнатпай, сабындаған көзін тарс жұмған күйі Тәшкеннен келген қымбат бұйымды қыздың қолына ұстата салды.
— Рақмет, — деді үні қатқылдау шығып. — Есіңде болсын, қалқам, мен төре де емеспін, сұлтан да емеспін, осы есіңде болсын. Бұдан былай мені олай атама.
— Бүкіл Әулие-Атаны аузына қаратқан азаматты сұлтан демей, кім дейміз, ағатай? Әнеу күні Атшабарда дүйім халықтың алдында сөйлегеніңізді бүкіл ел жыр етіп айтып жүр.
Қыз суды сыпайы ғана сыздықтатып тұр еді, енді еркелігі ұстап кеткен баладай, салқын суды жігіттің желкесінен жон арқасына қарай төгіп-төгіп жіберді. Ойламаған оқыс қимылдан тұлабойы дүр етіп тітіркеніп, шегіне беріп, жігіт тез бойын жиып алды да сыр білдірмей:
— Рақмет, Сәлима, сергіп қалдым той. Суың салқын екен, — деп сүлгіге қол созды. Осы бір оспадарсыздау ойыннан дәнекерлік дәме күткен қыз ойлағаны болмаған соң, назды қылықпен орамалды бұлтаң еткізіп тастады да, бұрылып, бұрала басып, ұры есікке беттеді.
Жігіт тап-таза түкті орамалмен үсті-басын құрғата сүртініп тұрып екіұдай ойда қалды. «Бір сәт әзіл-оспақ, ойнап-күлу де керек шығар. Тым сірескенім не? Тым тік мінез робеспьерлік әрдайым керек пе өзі? Жас қыздың көңілін қаяулатқаным қалай болды?» — деп сәл ыңғайсыз сәт өткерді.
Сүртініп болып, емен түбінде жатқан көзілдірігін алып киді. Бұлыңғыр дүние қайтадан жайнап қоя берді. Кім біледі, әлгінде ол осы көзілдірікті алып тастамағанда, Сәлима қызға басқаша қарар ма еді... Күздік алма сағағынан үзілейін деп, таңғы шық қызғылтым реңінен әлі таймай, күн сәулесімен ақықтай құлпырып ойнайды. «Бағбан болып жүре бергенім дұрыс па еді: арпалыссыз, тып-тыныш бейбіт өмір еді сол». Кенет сонау Мерке базары, теңіз тышқанына бал аштыратын соқыр шал көз алдына тұра қалды. «Бүкіл өмірің шайқас» деп еді сондағы көк қағаз. Содан бері бұл Тұрар жазмыштың тулаған толқындарын талай кешті. Сол көк қағаз пешенесіне жазылған жазу шығар. Иә, бұл Пішпекте жүргенде жұрттан жасырып, Робеспьер туралы есі кетіп бекер оқымаған, сірә, Францияның ұлы революциясының қанды көйлек қаһарманына бұл сонау Пішпек кезеңінен бастап еліктейтін. Робеспьердің жолын берсе де, ақырын бермесін. Робеспьер тағдыры Тұрар кие тұтатын тақ тұлпар Қызыл Жебе тағдырына ұқсас сияқты көрінетін.
Қаланың теріскей шетіндегі Бурыл көшесіндегі осы пәтерді Тұрарға Сыдық Абыланов тауып беріп еді. «Қазақ жастарының революциялық одағының» белсенді мүшесі мұғалім Сыдық Абыланов о баста Тұрар Меркеден келген бетте оны өз үйіне шақырып жүрді. Шамада бір апта өткен соң Тұрар оған пәтер тауып бер деп өтінді. Сыдық көнбеген:
— Менің үйімді, өз үйіндей көр. Қысылмай, қымтырылмай тұра бер, — деп ары-бері айтып көріп еді, өмірі ешкімге масыл болуды білмеген Тұрар қасарысып, айтқанынан қайтпады. Ақыры Сыдық бір таныстары арқылы қаланың ұсақ саудагері Сәбденді көндіріп, Тұрар соның бір бөлмесін жалдап тұрып жатыр еді.
Қалада қымбатшылық. Азық-түлік ақшаға табылмайды. Меркеде Андреевтің көмегімен мұғалім болып жүріп тапқан азын-аулақ ақша таусылуға айналған. Пәтер мен екі мезгіл шәй-пұлға деп Тұрар Сәбденге екі айдың ақысын алдын ала төлеп қойған. Әуелі Сәбден кәдімгідей саудаласып, пәтер ақысын екі ай бұрын алдын ала талап етсе де, кейінірек Тұрарға шәйді ықыласпен беретін болды.
— Қайда жұмыс істейсің, қарағым? — деп сұраған алғашқы кездескен бетте.
— Совдепте.
— Жалақың қанша?
— Жалақы алмаймын.
— «Жалақысыз жұмыс бола ма?» — деген үнсіз сұрақты Тұрар сонда Сәбденнің жіңішке әжім торлаған шүңет көзінен танып қалып еді. Ақыры Сәбден: «Пәтер ақысын алдын ала төлесе, оның қызметінде, жалақысында не шаруам бар?» — деген ақылға келіп, Тұрарға баспана берген.
* * *
Таңертеңгі шәй келді. Әркімнің өз тіршілігі бар. Сәбден де мына Тұрарға бола сыпайылық сақтап отырғаны болмаса, қабын арқалап базарға қарай қос аяқтап жүгірмекші: Сәбденнің бәйбішесі Дилярам апай да ұн базарға жөнеледі. Түнімен тандыр нан пісіріп шықты, соны сатып келеді. Ал бұл үйдің қыздары Сәлима мен Әлима іс тігеді.
«Тіршілік, тұрмысы көп қазақтан өзгеше, — дейді Тұрар кішкентай түйекөз шынаяқпен сүтсіз қызыл шәйді аузы күйе ұрттап отырып. — Бұларды қай тапқа жатқызуға болады. Кісінің еңбегін қанамайды, былай қарасаң. Өз беттерінше қыбырлап, күн көріп жатқан жандар. Ал былай бір қарасаң, осы еңбегі адал да емес сияқты. Жалпы қазақта бай бар, кедей бар. Қанаушы мен қаналушы. Ал мына Сәбден қайсысына жатады?»
— Ағатай, шәй алыңыз, — деп Сәлима үні сылқым естілгенде ғана Тұрар ойы бөлініп, өзіне шынаяқ ұсынып, шәй ұстаған қолын екінші қолымен демеп, тізерлеп тұрған қызды аңғарып, оның сонша сұлу мүсінін, әрбір қимылының нәзік, назға толы екенін енді анық аңғарғандай, бір сәт Сәлимаға сұқтана қарап қалды.
Жігіттің бұл ықыласын байқап үлгірген сұңғыла қыз жіңішке, сүрмелі қасын лып еткізіп бір қағып сүп-сүйір саусағымен сары самаурынның бүйірін сипалай берді. Самаурынның бүйіріне Николай патшаның суреті ойылып салынған екен, сүйрік саусақтың қыналы тырнағы сол сурет сызығын жағалап айналдыра берді. Осыдан жарты сағат бұрын бақта тұрғандағыдай емес, қыз көзі мұңды еді.
Қызының нәзік қылды қиялында әкесінің шаруасы шамалы сияқты-тын. Николай патшаның самауырындағы суретін қызы саусағымен сызғылап отырғаны оған басқаша ой салды да, Сәбден өз сарынымен кетті:
— Опасыз дүние деген осы. Бұл дүние бір опалы болса, осы патшаға опалы болар еді, а бұл да тағынан тайып кетті. Сонда мына біздікі не далбаса! Бұл Некелайды қайда құрттыңдар, Тұрар? Не болды өзі? Тірі ме?
— Тірі, — деп күлді Тұрар мына ұсақ саудагердің бұл әңгімесін қызық көріп. — Сібірде, Тобыл деген жерде тұтқында отыр.
— Алда жарықтық-ай, ә? Сонда қалай? Кәдімгідей түрмеде отыр ма?
— О жағын білмеймін, Сәке.
— Апыр-ай, ә? Сенің де білмейтін нәрсең болады екен-ау, — деп Сәбден бір жағына қисая кетті. — Жұрт: Тұрар біледі, Тұрар біледі, — деп гуілдейді әйтеуір.
— Менің білетінім: патшаны халық соттайды. Ол жазасын алады.
— А мүмкін, құтылып кетер, кім біледі, оның да жанашырлары бар шығар? — Сәбден қысқа шынтағын тауықтың қанатындай етіп тез жиып ала қойып, түзеліп отырды.
— Оныңыз рас, Сәке, патшаны аңсап, аусал болып жүргендер жоқ емес. — Патшаны шынында да әлдекімдер тұтқыннан дәл қазір құтқарып алып қоятындай Тұрар тынышсыздана бастады.
— Менің сандырағымды құптадың-ау, Тұрар шырақ, — деп Сәбден мәз болып қалды. Шәушиген бір уыс беті күлгенде бұрынғыдан бетер қатпарланып, баяғы Мерке базарындағы соқыр дуананың ескі қобызындай қыртыстанып кетті. Өзін Тұрар қостағанына кәдімгідей қоқиланып, үнсіз отырған бәйбішесін, қыздарын кісімсіп бір шолып алды. Шыныаяқты тырбық саусақтарымен түбінен бүре шымшып ұстаған күйі, екінші қолымен тізесін шірене тіреп, кәдімгідей ой толғап, шынашақтай болып, Тұрарға шікірейе қарады. — Тұрар қарағым, осы сен Керенский жағындасың ба, Ленин жағындасың ба?
— Ленин жағындамын, Сәке, — деп күлді Тұрар майда саудагердің кенет саясатқа аңсары ауғанын қызықтап.
— Ә-ә-ә, — деп Сәбден көзін сықситып, әуелі тілімен жалап алып, астыңғы ернін қымқырды.
— Осы Керенский күшті емес пе? Соның жағына неге шыға салмайсың? Біздің Әбден Керенскийді мақтайды әйтеуір.
— Онда, «Шуро-и-Исламия» да Керенский жағында ғой.
— Білмеймін, шырағым, әйтеуір бізге тыныштық болса — болды.
Шынтақтап жатып Сәбден бір қолымен шыныны аузына апара беріп, кенет ойына бір керемет оралғандай оқыс тоқтап, Тұрарға шәушиген бетін кілт бұрып:
— Осы Тұраржан, сен көп қаланы көрдің, ә! — деді. — Біздің Әулие-Атадан зорлары да бар ма?
— Бар ғой, Сәке, — деп күлді Тұрар. Әкесінің бала құсап, қай-қайдағыны әңгіме етіп, сыйлы адамның басын қатырғанына Сәлима қыз қысылып, ақ жүзі алаулап шыға келді.
— Әй, біздің Кауфман көшесіндей көшелер жоқ шығар. Кауфман көшесіндей қайда-а-а, — деп Сәбден көзін жұмып, астыңғы ернін тістеп, басын шайқап-шайқап қойды.
Сәбденнің таңдай қағып таңданатын Кауфман көшесі — Әулие-Атадағы тас төселген жалғыз көше еді. Мұнда әкімшілік мекемелер, тәуір-тәуір дүкендер болатын. Бұл көшемен әдетте қырдан келген түйелі, атты қазақтарды жүргізбейді, есек арба мүлде жоламайды. Былқылдақ фаэтондар, сұлу ат жеккен күймелер ғана жүреді.
— Айтпақшы, осы Кауфман деген кім өзі? — деп Сәбден шолақ шынтағын жастықтан көтере берді.
— Кауфман деген Түркістан өлкесінің тұңғыш генерал-губернаторы болған, Сәке.
— Е, бәсе. Апыр-ай. Ояздың үйі — үй-ақ қой сондағы, — деп Сәбден тағы да көзін жұмып, басын шайқады. Кенет көзін батжаң еткізіп ашып алды. — Құдай бұйыртып, большевик жеңсе, сол ояздың кеңсесінде отырасың ғой, Тұрар-ә? Сонда мына біздің құжыраны менсінбей кетіп қаласың ғой. Бірақ жаман ағаңды ұмытпа, әйтеуір. Ұмытпайсың, ә, Тұрар?
— Ұмытпаймын, Сәке, ұмытпаймын, — деп күлді тағы да Тұрар.
Сәбден шынтақтап жатып, Тұрарға бір, Сәлимаға бір қарап-қарап қойды. Бір сөз көмейінде жыбырлап-ақ тұр. Бірақ айта алмады. Тек кесені түбінен мыртық саусақтарымен бүрістіріп ұстаған күйі, көзін шарт жұмып бөтен бір дүниені шарлап кетті. Пендешілігі ұстап, қиялында үлкен қызы Сәлиманы Тұрарға қосып отыр. «Ертең» бұйыртса, бұл Әулие-Атаны билейін деп тұрған жігіт, — дейді өзіне-өзі құпия айтып. — Ал сонда оның қайынатасы Сәбден қалай сыйлы болмайды? Айбар сияқты алпауыттардың өзі мұның алдында жорғалап жүрер еді. Мешіттің бас имамы Ғұмардың өзі жұма намаз сайын «Сәбден эфенди» деп құрақ ұшып тұрар еді. Сонда Сәбден мына балшық үйді сатып жіберіп, Кауфман көшесіндегі қызыл кірпіш үйлердің біріне кірер еді. «Бірақ онда мал ұстатпайды ау» деп тағы қиналады. Ал Сәбден сияқты қазақ қаланың өзінде мал ұстамай отыра алмайды. «Бірақ Тұрар айтса, басқалар қың дей алмайды ғой», — деп бұл түйінді де шешіп тастайды. Сәлден соң қастарының арасы қосылып, түксие қалады. «Ал Керенский күшейіп кетсе ше? Тіпті патшаның өзі қайтып келсе ше? Ол әлі тірі екен ғой. Большевикке қызыңды бердің деп сорпамды сонда қайнатар...».
— Осы сенің жасың нешеде, Тұрар? — деп Сәбден көзін ашты.
— Жиырма екіде, Сәке.
— Ой, әлі бала екенсің ғой, — деп Сәбден олқысынып қалды. — «Бала неме өкімет басында отыра ала ма?» — деп те қойды.
Тұрар оған қарсы дау айтып жатпады. Тек ана жылы Самар сапарында башқұрттың баласы Ақмармен арада болған әңгіме ойына оралды. Самардың ауылшаруашылық оқуына сонда Ақмарды да алмай қойып еді. Оқуға қабылданбаған екеуі сонда бір-біріне мұңын шағып, біраз күн жолдас болып, Самар қаласының тұз-дәмін бірге татысқан. Ақмар Тұрардан ересектеу еді.
— Эх, жиырмаға жақындадым. Бітірген биттей нәрсем жоқ. Ал менің жасымда бабам Салауат қол бастаған, — деп тістенді. — Білесің бе, Тұрар, біздің башқұрттарда ол турасында жыр да бар:
— Салауат неше жасында.
Жасыл камшат бөркі басында.
Генерал болған Салауат
Жиырма екі жасында...
— Да, ал мен... Вообщем, айдағыз, Тұрар, кеттік біздің Уфаға. Впрочем, көп қазақтар біздің Уфада оқыған. Олар қазір оңай кісілер емес. Белгілі адамдар.
— Жоқ, мен елге қайтамын, Ақмар. Ташкентте жаңадан институт ашылыпты. Бағымды тағы бір сынап көремін, — деп еді сонда Тұрар. — Ал Салауат жыры жақсы екен. Оны мен жаттап аламын. Уфада оқыған қазақтарды да білемін. Олардың көбі шынында да халыққа зор қызмет атқарып жүр. Мысалы, Бейімбет...
Тұрардың қолындағы босаған шыныға қолын созған Селима оның ойын бөліп жіберді де... лезде жалғастырып алды. Осы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқаевпен кездескені есіне түсті. — Он алтыншы жылы Әулие-Ата көтерілісінің көсемі болғаныңды жақсы білемін, — деп Мұстафа Тұрарды көтермелей сөйледі. — Сендей көзі ашық азаматтар біздің милләтқа қасқалдақтың қанындай қажет. Әлиханның «Алашына» қалай қарайсың?
— Ол ұлттық томаға киіп алып, өзге дүниеден оқшауланып, бөліну деген сөз. Ал бөлінгенді бөрі жейді, — деді Тұрар кідірместен.
— Дұрыс айтасың, бала. Өте дұрыс айтасың, — Мұстафа мұны иығынан қаққанда Тұрардың іші жылып қалған. Бірақ ізінше Мұстафа өзінің бетпердесін ашып алды. — Біздің қазақ — ұлы түріктің бір бұтағы ғана. Ал дауыл шайқалтпас бәйтерек болу үшін бүкіл түркі тектес халықтар бір мемлекет болуы керек. Ұлы Тұран мемлекетінің тарихын білетін боларсың?
— Білемін, — деп еді Тұрар әңгіменің қайда апарып тірерін тез аңдап. — Ол тарих қайталанбас, Мұсеке, қазіргі кезең ұлттық үлгілерге қарап бірігуді емес, таптық таңбаларға қарап бірігуді талап етеді.
— Ойлан бала, ойлан! Түркі тектестің түбі бір! — деп еді Мұстафа Шоқаев басын шайқап. Сонда қызыл мәуіті шошақ тақиясының қара шашағы селтең-селтең шайқалғаны Тұрардың есінде қалыпты.
— Ал кәне, тірінің тірлігі бар. Асқа бата қылайық, — деп Сәбден молақай мыртық саусақтарын жайып жіберіп, ішінен тез-тез күбірледі де, шәушиген бір уыс бетін сипай салып, орнынан ылдым-жылдым ыршып тұрды.
Осы белгіні зарыға күтіп отырғандай Дилярам апай да ауыр денесіне қарамай орнынан жеп-жеңіл көтерілді. Асықпаған тек Сәлима: оң қолының шынашағын жеке дара шошайтып, шынаяқтарды самауырында қалған ақ сумен асықпай шайып, шетінен бір-бірлеп орамалмен мұқият сүртіп, дестеледі де дастарқанды жиды.
— Сіз де асығыссыз ғой, әрине, — деп Тұрарға қиыла бір қарады.
— Жұмыс бар, Сәлима.
Қыз ішінен бір күрсінді.
Сәлиманың да өз шаруасы бар. Абыр-сабыр басылған соң «зингер» машинасын зарылдатып, шибарқыттан, тас барқыттан камзол, көкірекше тігеді. Заман аумалы-төкпелі болса да, елдің салт-санасы, әдет-ғұрпы бәз-баяғы қалпында. Байлар қыз ұзатады, келін түсіреді. Сәлиманың қолынан шыққан киім өтімді.
* * *
Үлкен қақпадан көшеге шығар жерде қос құлағы қылыштай тікірейген көк төбет жатады. Осы ит әйтеуір Тұрарға үйренбей-ақ қойды. Тұрар қақпадан кірерде-шығарда көк төбетті біреу алдымен үйшігіне кіргізіп жіберіп, есігін жауып қояды. Бұл жолы да Сәбден итті үйшігіне кіргізіп жіберіп, Тұрардың көшеге шығып кетуін күтіп, үйшіктің есігін басып тұрды. Содан соң қыздарына айқайлап:
— Қойларға су беріңдер, ұмытып кетпендер! — деп ескертті. Мал қорадан еш уақытта қой баласы үзілмейді. Сәбден оларды қолдан жемдеп, бордақылап, қауын сойғандай шетінен бір-бірлеп жеп отырады.
Шандақ көшеге шыққанда Сәбден қапшығын арқалап алып, Тұрардан қалмай құлдыраңдап келе жатты. Тұрармен қатар жүруінде де есеп бар: қисық-кисық көшенің домбаздап соққан дуалдарының ар жағынан махалла тұрғындары мойындарын қылқыңдатып созып-созып қарайды.
— Оһо, Сәбден ақаны қараңдар, Кеңестердің бастығымен бірге келе жатыр!
— Тұра тұр бәлем, Кеңеспен бірте мойны астына қайырылып түсер. Сонда Сәбден қайтер екен...
— Кеңес деген не өзі?
— Ойбай большевиктер ғой. Мал-мүлкіңді тартып алып, екі қолыңды төбеңе қойып, қоңыз тергізіп қаңғыртып жібереді әлі. Әне, ана Сәбденнің қасындағы большевик өткен жұма базарда дүйім халықтың алдында сөз сөйлеп, байларды, саудагерлерді көнпіскелеп, дүниелерін кедейлерге таратып беру керек депті. Уақытша үкіметтің бастығын балағаттап, әбден жер-жебіріне жетіпті. Өзі жанып тұрған шешен дейді.
— Е, онда алдымен Сәбденнің малын, мүлкін неге алмайды? Содан бастасын, одан кейін көре жатармыз.
— Ой, қызық екенсің, Сәбден бойжеткен қызын сол большевикке бермекші дейді. Ал қайтесің? Үйіне неге кіргізіп алды дейсің? Бұл Сәбден мен Әбденнен амал артылған ба?
— Өлә, онда қалай: большевик күшік күйеу болғаны ма?
— Е, оларға бәрібір емес пе, әйтеуір шүберек бас табылса, қайын атасының қолында да тұра береді.
Өзбек, қазақ, орыс, татары аралас қисық-қыңыр көшенің тоғышарларына осылайша жаңа бір өсектің өзегі табылды. Көбінесе ұсақ сауда-саттықпен күнелтетін бұл қауымға әсіресе «Шуро-и-Исламияның» ықпалы күшті. «Шуро-и-Исламия» большевиктерді қарапайым халыққа құқай етіп көрсетуге ұста.
Сәбден әрнені айтып, құлдыраңдап, Тұрардың о жағына бір, бұ жағына бір шыға берді. Тұрар шыдай алмай:
— Сәке, жүріп келе жатқан көшең қисық болса да, жүрісің түзу болсын. Әне, бүкіл махалла бізге қарап тұр. Түзу жүріңіз, — деп тастады.
Қаланың қотырын жасырып тұрған жасыл жапырақтар сары ала тартып шаршаған көбелектей қалбаңдап барып, жерге бір-бірлеп құлап түсіп жатыр. Тұрардың әлгіде ғана жалтырата тазалап шыққан қара туфлиін демде тозаң тұтып қалды. Әулие-Ата жарықтықтың шаңы биыл ерекше. Оны тазартуға ұлы нөсер керек-ақ...
Мың жыл бұрын қаланың жан-жағын биік-биік дуалдар қоршаған. Төрт жағында төрт қақпасы болған. Қазір бүкіл шаһарды қоршап тұрған қорған жоқ. Енді әркім өз үйін жеке-жеке қоршайтын болған. Әр үй — бір бекініс. Домбаздап соққан дуалдар — бірі биік, бірі аласа, бірімен бірі жалғасып кете береді, кете береді. Топырақ та тозғандай, дуалдардың әжімі айғыз-айғыз. Кейбір жерлері құлап түсіп, үңірейіп қалған. Кетік дуал — жыртық киім сияқты. Әбиіріңді ашады. Ар жақтан әулие аталық кедейдің жатаған жүдеу үйі жалаңаштанып тұрады. Әлі жапырағы түсіп үлгірмеген жүзімдік сүйеу таяқтарды шырмай орап, жансыз ағашты аймалай түседі.
Екі доңғалақты арбаға бау-бау жусанды үйіп артып, тырмысқан көк есегін тізгінінен шірене тартып, арбаны да, есекті де өзі сүйрегендей болып, жыртық кебісін қоңылтақ киген қазақ кетіп барады. Бурылдың қыраттарына биыл сараң шыққан тырбық боз жусанды кетпенмен қыршып шауып баулап-баулап, базарға апарады. Жақындап қалған қыстың қаһарынан қорыққан байғұс саудасы жүрсе, аяғына етік сатып алмақшы шығар.
Жол шетінде мезгілінен бұрын өлген ақ көбелекті құмырсқалар қаумаласып илеуіне қарай жанталаса сүйрейді. Олардікі де қыстың қамы.
— Ауылдарыңда биыл астық қалай? — дейді қара кемпір қара пәренженің ар жағынан қолын шығарып, жыртық кебісті қазаққа ақша ұсынбақшы болып.
— Жылан жалағандай, — дейді қазақ қара қақпалы түрменің ішінде тұрған адаммен сөйлескендей айқайлап.
— Большевиктер кедейлерге астық береді дейді ғой, — дейді қара кемпірдің дауысы зындан түбінен шыққандай сыбырлап.
— Әй, қайдам, қашпаған қара сиырдың уызы болып жүрмесе, неғылсын, — деп қазақ шүбә соғады.
Қара пәренженің ар жағынан бір уыс қағаз ақша ұстаған қол көрінеді.
— Оу, бәйбіше, бұл қобырған қу қағазыңды не қыламын, отқа жағамын ба? Маған дән керек. Нан керек. Түсіндің бе? Ал Керенскийдің ақшасынан өзің пәренже тігіп ал! — деп қазақ көзі іріндеген, әлі жүні қорбиған маубас есегін ары қарай сүйрей жөнеледі. — Отын орнына Керенскийдің ақшасын өзің жақ.
— Әй-у, тұра тұрыңыз, мәңіз, күміс теңге, — деп қара пәренженің ар жағынан қол қимылдап, күміс ақшалы қалта алып шығады.
Бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан Тұрар осы бір келеңсіз жайдың куәсі болып, тағы да ойға қалады: «Халықты сендіру керек. Сөзден іске жедел көшу керек. Байларды конфискалап, мына сіңірі шыққан кедейге қол ұшын бермесе, биыл қыстан аман қалуы екіталай».
* * *
«Биыл қысың не, осы күзден артылар ма екенбіз», — дегендей көшеде ілбіп басып, биік қақпаларды таяғымен тақылдатып, қайыр-садақа сұрап тұрғандар кездесе бастады. Бұлар қала дуаналарына ұқсамайды. Әне, анау кір кимешек киіп, бес-алты жасар бала жетектеген әйел, сөз жоқ, елден келген. Баланың өңі бит сорғандай боп-боз шекесінен көк тамыры көрініп тұр. Кішкентай нәрестенің көздеріне күллі әлем аш-жалаңаштарының қайғы-қасіреті келіп қонақтап қалғандай екен. Бет-аузы күлкілдеп іскен шешесі әлсіз қолмен қақпаны тықылдатады. Зарығып көп тұрады. Оның тағдыры осы қақпаның ашылуына байланысты сияқты. Кісі баласына алақан жаюға арланатын, ұяты күшті жан шығар. Есік тықылдатуынан байқалады. Есік қағуға қолы әрең көтеріледі. Тарсылдатпай, өлімсіретіп жай қағады. Оны түкпірдегі үй иелері естімеуі де мүмкін. Бірақ қақпаның ар жатынан өршеленіп ит үреді. Ит қазір қайыршыға қастық қылдым десе де, достығы күшті. Өйткені ініне тығылған қала тоғышарының мазасын алып, қақпаны ашпасына қоймайды.
Әйел кәрі де емес, бірақ жасына жетпей боржып, бет-әлпеті бұзылып болыпты. Сірә, тірегі жоқ, күйеуі ажал қармағына бұрын ілінген тәрізі бар. Енді өзі де тірілер санатынан шығып қалғандай. Тек баланы сақтасам-ау деген аналық сезім барлық ар-ұяттан аттатып, алақан жайдырып қойыпты.
Ар жақтан бұрқылдап үй иесі шықты. Қайыршыларды көріп, қатты ашуланып, қайырымнан иненің жасуындай сезім білінбей, қақпаны тарс жауып қойды.
— Ары жүр, — деді әлгі үй иесі ашуланып, итімен қоса арсылдап. — Бар, ана большевиктер асырайды сендей сандалғандарды! Атшабарда асхана ашыпты дейді аштар үшін. Кешікпей өзіміз де сонда баратын шығармыз. Ішегімізді суырып жейік деп отырмыз. Саған беретін садақа қайда?!
Тұрар әлгі әйелге таяп келіп:
— Атшабарға барыңыз. Мирза-ауф дегеннің үйін сұраңыз. Аштарға сонда тамақ беріледі. Енді құлап қалмай тұрғанда тезірек жетуге тырысыңыз, — деді.
Әйелдің долырған ерні бірдеңе деп қыбырлағандай болды. Бала шешесінің жеңінен тартқылады.
— Апыр-ай, нәубет төне бастапты ғой, — деп Сәбден шошынды.
Тұрар артына бұрылып қарап еді, баланың көзіне көзі түсіп кетіп, тұлабойы дір ете қалды. Нәрестенің жанары баланың емес, жасамыс адамның көзқарасындай сұмдық екен. Басы қауқиып, дәу көрінеді. Қылдырықтай мойын сол басты көтере алмай былқ-сылқ етеді. Аяқ-қолы шидей де, қарны шермиіп қалыпты, аран аурудың шын нышаны көрініп тұр.
— Сәке, сәл кідіріңіз, — деді Тұрар алдыға түсіп, асыға басып бара жатқан Сәбденге. Сәбден әлденеден күдіктеніп, қашқақтағандай ыңғай білдіріп:
— Асығып тұрмын, Тұраржан. — Жұма намаз...
— Асықпаңыз. Мыналарды екеуміз Мырза-ауфтың үйіне жеткіземіз. Тастап кетуге қалай дәтіміз шыдайды? Көрдіңіз бе, шешесі мүлде жүре алмайды. Бала да құлағалы тұр.
— Ойбай, шырағым-ау, сонау Атшабарға бұларды жеткізгенше күн де батады той. Бұлардың қайсыбірін жарылқайсың, Тұрар?! Құдай жарылқамаған сорлыға, адамның жаны ашығаннан не пайда? Мені қинама. — Сәбден қипақтап, ары бұрыла берген. — Сәке! — деген сөз сақпандай сарт ете қалды. Сәбден селк етіп тоқтады. — Алыңыз қолтығынан анау әйелді! Мен баланы көтеремін. Мен сізге үйден шыққанда маған ілес деген жоқпын. Маған ілескен адамдардың жұмысы осындай болады, біліп қойыңыз. Ал айтқанымды тыңдамасаңыз — мыналарды сіздің үйге алып барамын. Бағасыз, бақпасаңыз, зорлап көндіреміз.
— Қайдам, қарағым, жаманшылығым жоқ еді саған, — деп Сәбден қомыт әйелді әшейін қорыққанынан ғана қолтығынан демеген болды. Бала шүйке жүндей жеп-жеңіл екен. Шермиген қарын болмаса, қырым ет жоқ, қу сүйек. Таза киінген бейтаныс адам өзін көтеріп келе жатқанына сенерін де, сенбесін де білмей, үңірек көздер Тұрарға кірпік қақпастан тесіле қарайды.
— Әй, қарағым Тұрар-ай, сендей төре адамның жұмысы бұл емес еді-ау, — деп Сәбден әлгіде Тұрармен қатар келе жатқанын дәреже көрсе, енді намыстанып, өткеннен де, кеткеннен де, ұялып қара терге түсіп келеді.
— Қателесесіз Сәке. Мүмкін, бұл бала кейін халыққа сіз бен бізден гөрі қажеттірек азамат болып өсер. Өлтіріп алсақ, обалы екеумізді екі дүниеде де жібермейді.
Арт жақтан ат жеккен арбаның дыбысын есітіп, Тұрар тұра қалды да, қол көтерді. Делбе ұстап отырған қызыл бет, қаба сақал тоқ кісі Тұрардың айтқанына көнбей, аттарға қамшы баса бергенде, Тұрар божыны тартып қалып, жан қалтасынан револьверді суырып алды. Көзі шарасынан шыға, тілі күрмеліп қалған қаба сақал арбадан секіріп түсіп, көлікке әйел мен баланы өзі көтеріп отырғызды.
Арбаға Тұрар да мініп, қаба сақалға:
— Атшабарға тарт! Тез! — деп бұйырды.
— Кешіре гөр, сен кімсің? — деді арбакеш әлден уақыттан кейін тілге келіп.
— Әулие-Ата совдепінің мүшесі Тұрар Рысқұлов.
Үңірек көз бала Тұрардың бетіне тағы да ұзақ қарады. Не жылай білмейтін, не күле білмейтін, сіреспе рең — жүз жасаған, дүниеден түңіліп болған қақбастың ірепетіндей мүлде енжар, мүлде самарқау. Бірақ тереңде жатқан көздері ғана шыңырау түбіндегі суға түскен сәуледей жылтырап, Рысқұловтың өңменінен өтіп барады. «Мен мұның жасында түрмеде едім-ау» деген ой Тұрардың басына сап ете қалды.
* * *
«Большевиктер аш-жалаңаштар үшін Атшабарда баспана ашыпты» деген хабар жер-жерге, ел-елге лезде тарап кеткен. Осы хабарды естіген кембағалдар Әулие-Ата уезінің түкпір-түкпірінен Атшабарға ағыла бастаған. Атшабар деген есім нәубет жалмауыздың басын шабатын, ертектегі батырдай естіледі. Әулие-Атаның қақ ортасында, биік жардың басында тұрған осы ежелгі базар қазір ауқатсыз әлсіздердің киелі Меккесіндей болып тұр.
Большевиктер фракциясы бұл пунктті ашуын ашқанмен уақытша үкімет қолдамай, аштарды асырау үшін қор жиналмай, пункт бастығы Мирза-ауфтың шыр-пыры шыққан кез еді. Мирза-ауф осы Атшабардың қой базарында шағын шайхана ұстайтын. Дәу қара қазанда бұрын жұпар исі бас айналдырып, көз тұндырып, базаршыларды еркінен айырып, сиқырымен тартып палау пісіріліп жататын. Кішігірім кісі бойлы, жуан сары самаурындар сексеуіл шоғынан ысылдап, иінінен дем алып Тұрар еді.
Енді дәу қара қазанда қатықсыз қара суға арпа мен сұлы ұнынан атала қайнайды. Ертеден кешке дейін үзбей қайнайды. Әуелі Мирза-ауф аштарға аталаны шөміш толтыра құюшы еді, жеткізе алмайтын болған соң, шөмішті қысып ұстап, жартылай құятын болды. Сонда да жеткізе алмайды. Кенеуі кепкен, араны ашылған адамдар арпаның аталасына тегі тоймайды. Оның үстіне сағат сайын ісіп-кепкен адамдар сүйретіліп келіп жатыр, келіп жатыр...
Міне, қызыл бет, қаба сақал әлдебіреу тағы да екеуін әкеліп, арбадан түсірді. Мирза-ауф қызыл бет, қаба сақалға дүрсе қоя берді.
— Әй, өзің сеп-семіз болып, жақындарыңды ашықтырып, мұнда әкелгенің не? Апырай алмадың ба? Не деген ұяттан безген, құдайдан қорықпаған, адамнан ұялмаған, бетіңнің көні бес елі!
— Ө-ө-ей! — деп қаба сақалда да жан бар, өкіре ұмтылған. — Рысқұловты білмейтін неткен найсапсың?! Соның парманы!
«Рысқұлов» дегенде Мирза-ауф райынан лезде қайтып, сабасына түсті. Сол арада Тұрар да келіп жеткен.
— Иә, ортақ Мирза-ауф, қалай, қиын болып жатыр ма?
— Жүдә қиын, ортақ Рысқұлов, жүдә хиямет! Мені бұл тозақтан құтқарыңыз, ортақ Рысқұлов! Азық-түлік басқармасы бес қап арпа ұн, бір түйенің етін берген еді. Таусылды. Енді мені пісіріп жемесе, тегі түк жоқ...
— Жұмаққа бару үшін әуелі тозақтан өт, Мирза-ауф. Бұл рахым ісіне өзіңнен басқа лайық ешкім жоқ. Ал кәне мына әйелді баласымен қабылдап ал да, өзегін жалға. Әсіресе балаға ыхтият бол. Сақта баланы! Кім білген, бір заманда осы бала жақсылығыңды еселеп қайтарар.
— Құдайдан қайтсын де, ортақ Рысқұлов. Адамнан жақсылық қайтар деп кеп дәмеленбеймін. Бұл бала өсіп, өрлеп, менің басыма көк тас қояр деймісің... — деп Мирза-ауф баланың сүлдерін арбадан көтеріп алып, дуалдың түбіндегі арпа ұнынан босаған қаптардың үстіне отырғызып қойды. Ішкі үйге өзі кіріп, қол бақырмен атала алып келіп, баланың аузына тосты. Сонда салғырт, самарқау сүйек кенет тіріліп, шидей қолымен көлбақырды қарыса ұстап, тұмсығын сұғып кеп жіберді. Мирза-ауф баланың басын бақырдан әрең ажыратты.
— Бірден көп ішуге болмайды, бейшара! Көтере алмай өліп қаласың.
— Көтере алмайтындай майы кілкіп тұр ма еді? — деп ызалы мысқылмен Тұрар бір түйреп қалды. Бұл кезде Мирза-ауф қолбақырды әйелдің аузына тосқан. Әйелдің көнектей күлкілдек ерні икемге келмей, аталаның бірер қасығын омырауына төгіп алды. Анаған, анаған бер деп ишара етті байғұс ана баласын меңзеп.
Осы кезде екпіні үй жыққандай ойқастап бір топ адам cay ете қалды. Ортасындағы ақ шекпенді, құндыз бөрікті Айбарды Тұрар бірден таныды, басқаларын түстей алмады. Бірақ түрлері өрт сөндіргендей түтікпе екен.
— А-а, Тұраржан, Меркені бүлдіргенің аз еді, енді қасиетті Әулие-Атаға ауыз салдың ба? Бұл киелі шаһар, әулиелер жайлаған мекен. Сендей ібіліс арамдамаса керек еді бұл қасиет ордасын! — Айбардың сол көзінің алды ырбаңдап тарта беретін болыпты.
— Ақсақал, Меркені бүлдіріп болып, қасиетті Әулие-Атаға ана алты қарыс азуыңызды салып тұрған өзіңіз емессіз бе? Аузыңызда сәлеміңіз жоқ, бірден қабатын әдетіңіз әлі қалмаған екен. — Тұрар айылын жимай, сескенбей сөйледі.
— Сәлем сенің не теңің, бәтшағар. Кісімси қалуың әкеңнің соңынан кетейін деп жүрген жүгермексің ғой. Өлетін бала — молаға қарай жүгіреді. Маған тиісіп нең бар еді? Енді оңбайтын болдың ғой. Әлі де болса, тәубеңе кел де, ана Кәрімбай, Төребек деген төбеттеріңе менің мал-мүлкімді талаттыруыңды тоқтат! Естимісің-ей, мұртың өрге шаншылып тұр ғой өзіңнің!
Тұрар тікірейген бармақ мұртын саусағымен сипап қойып, мырс етті.
— Ақсақал, үп-үлкен кісісіз, әдептен адасасыз. Мәмілеге келетін келелі адам бұлай сөйлеспейді. Ал қоқан-лоқыдан қорқатын кісі біз емес.
— Ал мәмілеге келгенде былай, көбегім. Осы Әулие-Атада менің үш жерде маһазинім бар. Меркеде де бар, өзің білесің. Мұндағы маһазиндеріме әлгі айтқан Кәрімбай Қошмамбетов, Төребек Исабеков дейтін бірі қазақ, бірі қырғыз, Гурбенко дейтін орысы және бар, міне осылар тиісті. Меркедегі мүлкіме Мақсұт Жылысбаев, Қабылбек Сармолдаев дейтіндер қол салды. Олар да сенің адамдарың. Барлығын айдап салып отырған сен. Неге екенін түсінем: менің ұлым, Атамырзамен ата жау болып алдың да, енді сол жаулығыңды маған да салдың. Атамырзаның да түбіне сен жеттің. Дүниеден Атамырза жойылып, сен жайбарақат жайраңдап жүре алмассың. Ана дудар басыңды қан тартып тұр. Енді менің соңыма түстің, бәтшағар. Осының әділет пе? Қасқыр тартып қан шығарса, жаман иттер жұлмалап жей бастайды. Сен аузыңды бір салып едің, енді Әулие-Атаның күллі жоқ-жұтаң қарабақырлары сені көріп, туталақай қылмақшы. Уақытша үкімет мені қорғайды, білесің. Енді болмаса, тура Керенскийдің өзінен бір-ақ шығамын. Ал, оған дейін бәленің бәрін бастаған сенің желкеңді желкектей қиып, ана дудыраған басыңды ағаштағы алмадай жұлып аламын, найсап!
Айбар шал шоқпар шүйдесі ісініп, қалшылдай бастады. Қасындағы ерткендері де арс-арс етіп қалып, көздері қанталап, шатақ іздеп шатынап тұр.
— Ақсақал, ел ішін аштық жайлап тұр. Былтырғы ылаңда көтеріліске қатысты деген желеумен жұрттың малын сыпырып алғандардың ішінде орыстың ұлықтарымен бірге сіздің ұлыңыз Атамырза да, сіз өзіңіз де болдыңыз. Атамырза ажалға өзі килікті. Оның қанына қолым былғанған жоқ. Қазақ пен қырғыздың егін салып отырған тоқымдай құнарлы жері болса, переселендерге тартып әперіп, бай-кулактардан пара алғандардың ішінде сіз де барсыз. Ол даусыз. Ал, енді халық ашықты. Сол халықтан алған малдың ең болмаса бір мысқалын қайтарсаңыз, сізге қылаудай да зиян келмейді. Бұл жалғыз менің тапқан емес, кеңестің қабылдаған қаулысы. Біз тек сол совдептің ұйғарымын орындаушы ғана. Біздің есебімізше, Әулие-Атадағы дүкендеріңіздің қамбасында басқа мүлікті былай қойғанда, тек бидайдың өзі үш мың пұт. Ұн да сондай. Міне, осы астықтың ең кемі үштен бірі міне, мына қазанға түсуі керек! — Тұрар жиегі арпа аталасынан жағалданып қалған дәу қара қазанды нұқып тұрып көрсетті. — Солай, Айбар ақсақал! Маған бір уысы да керегі жоқ, міне, мына жатқан аштарға керек. Өмір бойы осылардың қанын сорып, тойған қандаладай болып тұруыңыз мынау. Енді кезекті дүние. Қолынан қайыр бермейтін сіздей қортиғандардан астықты зорлап аламыз.
— Әй, әкеңдей кісімен қалай-қалай сөйлесесің, найсап!
Айбардың шот желкесі шодырайып, тұла бойы шытыр жеген өгіздей бірте-бірте ісініп бара жатты. Көзінің алды ырбыңдап тартыла берді. Түкірігі сақалына шашырап, сөзі баж-бұжға ұласа бастады:
— Өспейтін бала, өнбейтін дауды қуады, қайдағы-жайдағыны даулап даурықпа! Атымтай жомарт бола қалғың келеді, ә! Менің жадымнан жұртқа шүлен таратып, жақсы атанбақсың ғой? Осындағы қусирақтар «Тұрар, Тұрар!» дегенге тым далия берме. Мен тегін жаратылған жан емеспін. Айбар деген атымды арғысы — Қоқан, Самарқан, берісі — күллі Әулие-Ата атырабы біледі, ардақтайды. Халықтың қадірлісімен ойнамас болар. Ойнақтаған бота от басар.
— Астыңа батса алтын ер, атып ұр да — отқа жақ деген сол халық. Сіз халықтың арқасына батып тұрсыз. Қадірлісі, ардақтысы сіздей болған елдің соры қалың. Сөз бітті. Шаруа көп. Сау тұрыңыз.
Айбар тобын енді көзіне де ілмей, Тұрар Мирза-ауфқа бұрылды:
— Әзірше барымен амалдай тұрыңыз. Астық жеткізіледі. Табамыз астықты. Мен кешікпей ораламын.
Осыны айтып бері бұрыла бергенде Айбардың қасындағы ұрма топ Тұрарға тап берді.
— Ұста бәлемді! — деп қырылдады Айбар іркілдеп. — Осыдан-ақ көрдім ғой көресіні. Өлсе — құны менің мойнымда, қорықпаңдар, ұрыңдар бүлдіргіні!
Мұндай тұтқиыл шабуыл күтпеген Тұрар қалтасына қолын салып үлгірмей, қапы қалды. Алпамсадай түксигендер оның қос қолын арқасына қайырып, басқалары басына қамшы төндіре бастады. Мирза-ауф ара түспек болып:
— Оу, оу, мырзалар бұларың жарамас. Бейқадір болмаңдар, — деп бір-екеуін жеңдерінен тартып көріп еді, ожар қолдар оның өзін ұшырып түсірді. Сол шақта ойда-жоқта әлгібір кірпігі ғана қимылдап отырған әлсіз бала шырылдап жылап жіберді. Ісіп-кеуіп отырған шешесі, мұншама қайрат қайдан пайда болғаны белгісіз, кенет атылып барып, Айбардың алқымынан ала түсті. Өзіне адам емес, көрден тұрған әруақ жармасқандай болған Айбар «аллалап» барып көзі аларып шалқалай берді. Тұрардың қолын қайырғандардың бірі Айбарды албасты пішінді әйелден құтқармақ болып ұмтыла бергенде, Тұрар қалтасындағы револьверді алып та үлгірді...
Аспанға атылған мылтық дауысына жан-жақтан лезде жұрт жиналып қалды. Базардағы жан біткен бірден бірге хабарланып Мирза-ауфтың ауласына қарай ағылды. Халықтың дүрліккенінен сескеніп, полиция да азандатып, аттарын ойқастатып тез жетті.
— Тараңдар! Тараңдар! — деп атты жасақ алдында кім кездессе, соны дойыр қамшымен осып өтіп, жұртты сетінете бастады.
— Тұрарды ұстамақшы! — деп шырылдады түтілген топ.
— Ойбай, бермейміз! Қолында өлеміз! — деп өршелене қайта ұмтылды қалың жұрт.
Дауылдағы өртті қоздырып алмайық деп шошынған полиция Тұрарға тіктеп тиісе алмады. Соны көрген Тұрар дереу сатылы арбаға қарғып шығып, қалыңға қарап, жай отындай жарқылдады:
— Ей, жарандар! Біреудің үйі өртеніп жатса, біреу барып дереу сол өрттің отына қойдың басын үйітіп жатыр дейді. Міне, мына Айбар байлар сондай. Халық шілдедегі көлдей кеуіп, аштықтың тырнағына ілінгенде, Айбар байдың қамбалары астықтан шермиіп тұр. Әрбір қадағын әкесінің құнындай әуелете сатып, халықтың қасіретінен пайда тауып, байыған үстіне байып барады. Осы да әділет пе, ағайын?! Ол сенің табан ақы, маңдай терің. Большевиктер сол ақынды қайырып, аштарды ажалдан аман алып қалу үшін күреседі. Бұл Айбарға ұнамайды. Міне, шатақтың басы осы. Кешікпей, күнің туады, жұлдызың жанады, халқым. Уақытша үкімет құламай, күнің осы. Кешікпей кеңес жеңіп, бағың ашылады. Большевиктерді қолдаңдар, халқым. Жанашырың, басыңа бұлт төнгенде қол ұшын берер қамқорың сол. Мына Айбар сияқтылардың мал-мүлкін алып, кембағалдарға бөліп беріп, әділет ісіне көмектесіңдер. Аштықпен күрес үшін жорыққа шығыңдар! Жалғыз Әулие-Ата шаһары емес, бұл әділет майданын Күйікте де, Күркіреуде де, Мақпал мен Сәмбетте де, Талас пен Тастөбеде де, Үш Марал мен Үш Қорғанда да, Аспара мен Асада да — барлық болыстарда жүргізіңдер! Жер-жердегі кеңес ұйымына демеу болыңдар. Сонда азаттық таңы тез атпақ. Таңыңды тезірек атқыз, халайық!
Дауылдағы сексеуіл шоғындай жалындаған жас адамның мына сөзі өлі өзекке нәр жүгірткендей, жоқ-жұтаң жұрт теңіз толқынындай буырқанып, буыршындай ширыға түсті. Тұрар көзінің қиығымен Айбарды іздеп еді, қырғидан қорыққан бөденедей бүк түсіп, бойындағы ісік жел шығып кетіп, бір уыс, мыржиған жаман шал бола қалыпты. Сәлем берсең, жеңінің ұшын ұстататын, көзін марғау ашып-жұматын паңдықтан тамтық та көрінбейді. Көл тартылып шөл болғандай бір дәуір екен.
Баяғыда Меркенің Төрткүл базарында осы Айбарды Ақкөздің ақжал сары атының үстінде тұрып тұңғыш көргені есіне түсті. Бала қиялмен сонда Тұрар өзін Кутузовқа балап, Айбарды Наполеонға теңеп, қиял дариясын кешіп соғысып еді. Арада жылдар өтіп барып енді сол бала көңілдің бейкүнә қиялы шындық сияқты болғанын да ойлады. Онда Айбар айдарынан жел ескен, тырбық тапал төбесімен аспандағы жұлдыздарды тіреп тұрғандай тарпаң еді. Енді қартайған шағында да шаруасы шалқып, Меркенің кемеріне сыймай, Әулие-Атаның оязы емес, ояздан былай да емес, бүкіл қаланың сауда тағдырын өз қолына тұтып, уақытша үкіметтің бастығы Астаховқа айтқанын істетіп, айдыны шалқып тұрған шақ еді. Енді сол айдын шөлеңге айналған сияқты екен. Мұны көріп, Тұрар жақсы нышанға жорыды.
— Уа, халайық! Жаңа мына Айбар бай: «Жойылсын большевик!» — деп жағын жырта айқайлады. Неге ол большевикті ата жауынан да жек көреді? Неге большевик жойылсын! — дейді? Большевик деген кім өзі? Айбар айтқандай, шыннан қарақшы ма? Шыннан қаныпезер ме? Жоқ, бауырлар! Большевик сенің қорғаушың. Большевик сенің қамқоршың. Айбар жек көрсе, мал ашуы — жан ашуы деп жек көреді. Айбардың қамбаларында алты мың пұт бидай мен ұн жатыр. Ал, осының бәрі сол Айбардың маңдай терімен табылған астық па? Айбардың соқа соңында жүргенін көргендерің бар ма? Орақ орып, белі талып жүргенін көргендерің бар ма? Қырман бастырып, топан жұтып, қаталап жүргенін көргендерің бар ма? Айтыңдаршы, мен сұрап тұрмын ғой, көргендерің бар ма?!
— Жоқ!
— Жоқ! — деген жойқын дауыстан Атшабар алаңы солқ-солқ ете қалды. Шіркеудің пиязбас күмбездеріне, алтын кемерлеріне қонақтап отырған кептерлер зеңбірек үнінен үріккендей дүр- р-р көтеріліп, аспанда апыр-топыр ұшып жүрді.
— Ал ендеше сол Айбардың арам астығы — кедейлердің адал еңбегі. Большевиктер сол астықты шын иелеріне, мына аштан ісіп-кеуіп жатқандарға қайтарып береді. Жылан жылының қаһарына ұшырап, қос қолдарын төбесіне қойып, қоңыз теріп, алғы мен кеурек теріп жеп ашыққандарға бөліп береді.
Тұрар өз дауысының жаңғырығына өзі құлақ салғандай сәл ғана тыныстады да, халық сілтідей тынып қалғанын көріп, сол тыныштықты әлдекім бұзып жібермесін деп, лезде сөзін сабақтап алып кетті:
— Айбардың астығы қамбада шіріп жатқанда, сонау Мерке даласында малы мыңғырып жатқанын біреу біліп, біреу білмейтін шығар. Мәлімет берейін: Айбардың бір басында бес мың қой, мың жылқы бар. Ірі қараны ол кісі көп ұстамайды. Және қойды бес мыңнан асырмайды. Өсімін үстінен кертіп-кертіп, Ташкенттің, Наманғанның, Қоқанның базарларына айдаттырып, алтынға айналдырып отырады. Жылқы да солай. Ал, халайық, сонда Айбардың ерні кезеріп, жалаң болып, табанын тас тіліп, төбесінен күн өтіп, қой соңында жүргенін көргендерің бар ма? А? Көргендерің бар ма?!
— Жоқ!
— Жоқ!
Шіркеу үстінде қалықтап жүрген топ кептер жалт бұрылып, енді Атшабар алаңында тыныштық болмас дегендей, бір бүйірлеп, Қарахан әулие күмбезіне қарай ойыстады.
Қызыл шоқты дауыл үрлеп, алаулатып әкеткендей, енді оны өшіріп, баса алатын дәрмен Астахов үкіметінің, Айбар пәрменінің қолынан келе қоймас. «Қайран Ақкөз, — деді Тұрар есіл сардарды еске алып. — Осы күнді көре алмай, арманда кеттің-ау!»
Бірақ Ақкөздің ісі ада кеткен жоқ. Халық қайта көтерілді. Құрғақ күзде аштық пен сасық көбелек жайлап кеткен. Әулие-Ата атырабына солтүстіктен соққан дауылдың лебі келіп жеткендей екен. Енді кешікпей сол дауылдың өзі де тұратын шығар...
* * *
Әйел бір кезде көзін ашып еді, бағанағы у-шудан белгі жоқ. Тұрар да жоқ, Айбар да жоқ, төбелес тілеп түксиген төбеттер де жоқ. Ат ойқастатқан полиция да көрінбейді, дауылдай дүркіреген қалың халық та сап болған.
Әлгіде бұл Айбардың алқымынан алып, Тұрарға ара түскенде, кенет мылтық атылды. Одан арғысын білмейді, есі ауып құлап қалған екен. Әлдекімдер ауланың ішіне кіргізіп, дуалға сүйеп кетіпті. Көзін ашып, алдымен іздегені — баласы еді, ол жанында отыр екен. Шешесінің көзі ашылғанын көріп, ақырын ыржиып езу тартты. «Құдайға құлдық, енді өлмейді», — деді әйел баласының күлгенін көріп, іші жылып:
— Тұрар көкеңді таныдың ба, құлыным? — деп сыбырлады әйел.
Бала шешесінің сөзін емеуріннен түсініп:
— Бізді алып келген көзілдірікті кісі ме, апа? — деді.
— Иә, құлыным. Ол сенің Тұрар көкең той. Арыстаннан туған асыл ғой. — Әйелдің көзінен жып-жылы жас жылжып, боржыған көгіс бетін жылғалай ағып жатты.
— Мені танымады. Танымағаны жақсы болды. Менің мұндай халге түскенімді білмей-ақ қойғаны дұрыс. Құлыным, — деді баласының басынан сипамақ болып, қол созып. — Құлыным, есіңде болсын. Ол сенің Тұрар көкең. Ол да сендей жоқ-жетім болған. Бауырыма салып, емшегімді ембесе де, ана орнына біраз жыл анасы болып едім. Әлім жеткенше, жаным ашып еді. Осымен екі қатер шағында ара түстім. Мен бейбақтың күнәм көп шығар, бірақ сол екі рет төнген тажалдың бетін тырнап ара түскенім, менің күнәмді жеңілдетер. Айдауға кеткен әкесін күтпей, әзәзілдің тіліне еріп, қайныма қосылдым. Одан сен тудың, құлыным. Ересектердің жолы бұралаң болғанмен, сенің не жазығың бар, құлыным? Сен періштесің ғой. Біліп ал, Тұрар көкең ол сенің! Мен тұра алмай қалсам, білдің бе, құлыным, мен өліп қалсам, кісілерден: «Тұрар көкем қайда?» — деп сұра. Ол сені өлтірмеуге тиіс. Апамның аты Ізбайша де, білдің бе? Өзімнің атым Арман де, білдің бе?!
— Білдім, апа...
— Не білесің, байғұс балам. «Кімнің баласысың, әкең кім?» — деп сұраса: — Рысқұл атамның баласымын де. Молдабектің баласымын деме білдің бе? Молдабекті айтпа. Қай Рысқұл десе, айт: Жылқайдардың Рысқұлы де. Шымыр-Шілмембеттің Рысқұлы де, білдің бе? Ұмытпайсың ба?
— Иә, жаңа көп адамдар айтты той: «Рысқұлов, Рысқұлов» деп. Ұмытпаймын мен. Бізге ауқат берген кісі де: ортақ Рысқұлов, ортақ Рысқұлов дей береді. Оның аты Тұрар болса, неге «ортақ» дейді, апа?
— Ортақ дегені сыйлағаны той, жақсы көріп, айтқаны. Әйтпесе, көкеңнің аты Тұрар. Ұмытпа, ұлым.
— Ұмытпаймын, апа — деп бала анасының бауырына тығылды.
Биылғы аспаннан тамбай қойған жаңбырдың тығыны мына ісіп-кепкен әйелдің көзінен ашылғандай жылғалап жылы жас аға берді, аға берді...
* * *
Тек-Тұрмастың етегінде, Таластың жағасында әлі нілі таймаған жасыл алаңқайда бір үйір жылқы ықтап қалған. Жалын жел желбіреткен торы айғыр үйірдің бас-аяғын жинап, құлын-тайына дейін шашау шығармай, аумақты айнала шауып, кісінеп-кісінеп жібергенде Қамбар атаның өзі жер тарпып жүргендей болады. Қамбар атаның тұяғынан қалған ошақтай ойықтың дерменесі тапталып, киелі шөптің исі әлемді алып кетеді.
Қара сұр бұлт жыртылып, жыртығынан жарқ етіп күн көрінгендей сонау батыста Асаудың арты бетінен Айша-Бибінің күмбезі жарқырайды. Бұлттың жыртығы қайта жамалып, күн көрінбей қалады. Күннің өзі әлгі жыртықтан құлап түсіп, Айшабибі күмбезіне айнала салған сияқты.
Ұлы Таластың інісі Асау өзені ғашықтардың киесі Айша-Бибі Асаудың арғы бетінде, Айша-Бибінің сүйген жігіті Таластың бергі бетінде: екеуін айырып тұрған — екі өзен, екеуі бір-біріне жете алмастан, ынтызар көңілдер көнши алмастан бір-біріне күмбез болып қол бұлғасқан дауылды дүние. Өзендер толқыны солардың арманындай, ешбір өксігі басылмай, таусылып болмай, жүз-жүз жылдар жылап жатқаны таңқаларлық.
Әулие-Ата келбетін тұтас көргің келсе, Тек-Тұрмасқа шық. Генерал Черняев Әулие-Атаны араларда, шаһарды шолу үшін Тек-Тұрмасқа бекер шықпаған. Жергілікті халық оны Шырнай-паша деп кетіп еді. Шырнай-паша дарынсыз генерал емес екен, қақпаның аузын қан қылмай-ақ, шаһардың үстін шаң қылмай-ақ, Әулие-Атаны оп-оңай алған.
Қаланы қанға бөктіру керек пе, керек емес пе? — деп осы Тек-Тұрмаста тұрып бір мезгіл ойға қалған да шығар.
Егер сол жылы Шырнай-паша Таластың жағасынан тек итмұрын мен шоңайна тікенді, тау шеңгел мен шырғанақты ғана көрсе мүмкін, зеңбірекке көбірек қол салуы да... Ал бірақ бүкіл Әулие-Ата зифа теректен желек жамылып тұрады. Тіпті Қарахан күмбезінің езі сол зау теректерден көрінбей қалады. Қарахан күмбезінің айналасы толған мүрде, ұлы зират. А бірақ оларда күмбез жоқ. Оларды арша бұтағына орап көмген. Күмбез астында жатса да Қарахан патша сүйегі қурап күл болып кетуі мүмкін. Ал соның жанында күмбезсіз жатқан Мәмбет батырдың сүйегі шірімейді. Өйткені оның табыт-бесігі жасыл арша.
Қара құстан қорғалап, балапандарын қанатынын астына жасырып алып, шар-шар еткен ақ тауықты көрген адам Әулие-Атаның зифа теректерін көз алдына елестете алады.
— Жігіттер қараңдаршы, біз тарихтың ұлы сахнасында тұрмыз, — деді Тұрар қасындағыларға жан-жақты орай нұсқап. — Ана Алатау мен Қаратау, мына Тек-Тұрмас осы сахна төріндегі декорация сияқты емес пе? Қараңдашы. Бірақ біз ақтар емеспіз, саяси қайраткерлерміз. Революция таяу. Біздің «Қазақ жастары революциялық одағының» кезекті мәжілісін осы оқшау таудың бауырында өткізуді жөн көрдік. Қалада өткізу қауіпті. Санаулы күні сарқылған сайын уақытша үкімет тым қабаған болып барады. Сақтық үшін әдейі осы Тек-Тұрмасты таңдадық.
Күмбездің тұғырындай сұп-сұр сандық тастарға жайғасқан жастар одақ басшысының сөзіне құлақ салған.
— Революциялық жастар одағы өмір сүргелі көп уақыт өтпесе де, едәуір жұмыс жүргізді. Оның бәрін тізіп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Табысымызды ешкім тартып алмайды, алдағы міндет қымбат. Соны ғана тұжырымдайық. Содан соң тез жер-жерге тарап, іске кірісейік.
Тұрар өзінің серіктеріне көз тастайды. Күні кеше көпшілігі әлі оң мен солын танымайтын қызылқанат балапандар сияқты еді, енді мұзбалақ тау қырандарындай ысылған азаматтар отыр. Анау Қабылбек пен Мақсұт, Тұрдалы мен Төребек Меркеден келген. Қарымбай мен Сыдық Абыланов осы Әулие-Атадан.
— Халық алдында әуелі Уақытша үкіметтің зұлымдығын әшкерелеу парыз. Оның іс-әрекеті, саяси патша үкіметінің жалғасы. Керенский қолынан келсе Николай екіншіні әлі де болса құтқарып қалмақ. Тек халық қаһарынан қорыққаннан ғана тұтқында ұстап отыр. Қазіргі кезеңде түрлі партиялар өзін революционер етіп көрсеткісі келеді. Халық қамын жеген күрескерлер болып көрінгісі келеді. Меньшевиктер солай, эсерлер мен кадеттер де солай; анархистерге дейін халыққа жанашыр бола қалғысы келеді. Мұндай жағдайда біздің «Қазақ жастары революциялық одағы» тек большевиктік коммунистер партиясының бағытын қолдайды.
Табиғат айбыны албырт жастардың кеуделеріне асқақ сезім күшін құйғандай жігіттердің жанары алдаспанның жүзіндей жарқ-жұрқ етеді. Анау қияқ мұртты Қабылбек, жас та болса байсал тартқан сабырлы Қарынбай, қыз мінезді сыпайы Сыдық, шықшыты бұлтылдап тұратын қызба Мақсұт, ылғи да манасшыдай екі иығын қомданып отыратын Тұрдалы — бәрі де Тұрардың сөзін бөлмей селт етпей қалған.
— Әулие-Ата большевиктер фракциясының жетекшілері Хмелевский мен Чернышев жолдастар, сендерге сәлем айтты: Уақытша үкіметтің туын құлатып, тұғырын талқандайтын мезгіл жақын. Сол мезгілді жақындата түсу үшін, «Қазақ жастары революциялық одағы» мүшелерінің белсенділігін, күрескерлігін арттыра түсу керек. Бірі-бірімізден хабар үзбейік. Петербург пен Ташкент Уақытша үкіметті құлатқан замат Әулие-Атада Кеңес өкіметі үшін ашық айқас басталмақ. Кәзіргі міндет — соның үшін халықты, көпшілікті Кеңестің әділдігіне сендіре беру керек. Қабылбек, Мақсұт, тез Меркеге аттаныңдар. Жігіттерге сәлем айтыңдар. Сендер онда, біз мұнда, жеңіс туының астында кездесетін болайық!
Тұрар майдандас достарымен құшақтасып қоштасып, сандық тастардан секіріп, төменде тұрған жалғыз атты жеңіл трашпецкеге беттеді.
Таластың суы қызыл жартасқа сарт-сарт соққылап, ақ көбігі аспанға шапшып тулап жатты. Жар басындағы Тек-Тұрмас күмбезі теңселіп тұрғандай көрінді.
* * *
Тұрар сол түні түсінде қилы-қилы, шым-шытырық жайларды көп көріп, ақыры шыдай алмай бастырылып оянды да, әлгі көргендерін есіне түсіріп, қараңғы бөлмеде көзін ашып біраз жатты. Тек есінде ап-анық қалғаны полковник Астаховтың креслосы. Төрт аяғы жұп-жуан, арқалығы биік, қара былғарымен қапталған шомбал кресло Уақытша үкімет үйінің төбесіне шығып кетіпті. Әрі десе төрт аяғы аспанға қарап қаңқайып қалыпты.
— Бұл не сонда? — деді Тұрар өзіне өзі. — Көптен күткен сағат шыннан соқты ма?
Тарихи ұлы істер өзі ұйықтап жатқанда болып өтіп кеткендей, ол сол ұлы сәттен құр қалғандай, кенет орнынан атып тұрды. Жастығының астында жатқан шынжырлы сағаттың қақпағын сырт еткізіп ашып, үңіліп еді, сағаттың шынысы ғана күнгірт жылтырап, циферблат көрінбеді. Сипалап жүріп, пиджагінің қалтасынан көзілдірігін алып қарап еді, онда да ештеңе көре алмады.
Тұрар қараңғыда киініп болып, дегенмен сағат қанша екенін білейін деп, ауыз үйге шығып, пештің үстінен ши шақпақ іздеді. Пештің үстін сипалап жүріп, Николайдың суреті салынған сары самаурынның үстіндегі шәйнек қойғыш қондырғыны түсіріп алды. Самаурын үстінен домалаған темір жердегі бос шелекке түсіп, ауыз үйдің іші қаңғыр-құңғыр, азан-қазан болды да кетті. Енді ыдыс-аяқ ешкім тимесе де өзінен-өзі сеңдей соғылысып жатқандай көрінді. Қоржын тамның қарама-қарсы бөлмесінде Сәбденнің қос бойжеткені Сәлима мен Әлима жатушы еді. Солар бөтенше ойлап қалар ма екен деп Тұрар қысылды. Ол сыртқы есіктің ілгішін іздеп, далаға шыға бергенде, қыздар бөлмесінің есігі ашылып:
— Бұл кім? Ағай, сіз бе? — деген Сәлима дауысы сыбырлай да сыңғырлай шықты. Сәлима ұзын іш көйлегі ағараңдап, жақындай берді.
— Иә, мен, Сәлима, ши шақпақ іздеп едім... Сағат қанша болды екен, білейін деп едім.
— Ағатай-ау, әлі түн ортасы ғой, киініп алғансыз ба? — Сәлима пештің үстінен ши шақпақты оп-оңай тауып, бір шиін жағып кеп жібергенде, кішкентай ауыз үйден түнек түріле қашып, сәл-сәтке жап-жарық болып кетті. Ши лезде лып етіп өшіп қалды. Әп-әзір қараңғыны жарқ еткізген, шырпы емес, мына бойжеткеннің танадай көздері сияқты еді. Тәтті ұйқыдан кенет оянған қыздың екі беті албырап, алау леп теуіп тұрғандай, жұп-жұмыр аппақ тамағынан әтірдің әдемі исі шығады. Ұзын ақ жібек көйлектің кеудесі ойнақшып, асау аттай тулап бара жатқан тәрізді.
Аш белінен төмен төгілген қолаң шашты Тұрар амалсыз ақырын ғана алақанымен сипағысы да келіп кетті.
Сол замат шырпы тағы да жарқ етті де, ұрлығы ашылып қалғандай жігіт әлгіде созыла берген қолын жалма-жан кейін тартып ала қойды. Қыздың ғана көздері сиқыр сәуле шашып, қыр мұрынның танаулары делдиіңкіреп, күлімсіреген қызыл еріндердің тасасынан маржан тістер ағараңдап, құлағындағы шеңберлі алтын сырғалар бұлғаңдап тұр екен.
— Жеті түнде қайда барасыз, ағатай, жүріңіз, шырағданыңызды тұтатып берейін, — деп қыз Тұрардың бөлмесіне қарай беттеді.
Сәлима жетілік жез шамның білтесін тұтатты да, шынысының томпақ бүйірін, жұмсақ алақанымен сипалап тұрып, ұясына қондырды. Ұядай бөлменің ішіне қоңыржай әлжуаз сәуле шашырады. Кейде осылай қараңғы түкпірге жетілік шамның жұп-жуас сәулесі шашырағанда, адам жанының тып-тыныш, уайымсыз, қамсыз жатқан түкпіріне де әлденендей нұр себелегендей болады. Ақ жаймалы темір төсек, оңаша бөлме, қараңғы түн, алдында тұрған сұлу қыз... Мына қысқа ғұмырда жиырма екі жыл жасап, оның бәрін дерлік тіршіліктің арпалысымен өткеріп, неше алуан күрес мұхитын кешіп жүріп, бұл дүниеде бейуайым жайбарақат сәт, ұядай үй, жылы төсек, сұлу қыз боларын ол мүлде ойламаған сияқты. Рас, ол әйел жанын түсінбейтін, не түсінгісі келмейтін, әйел баласынан безінер тақуалықтан аулақ. Сұлу қыз, сүйкімді қылық көргенде оның да жүрегін ерекше сыздататын бір-ақ жан бар еді, оның өзі де шындықтан гөрі тек елес, әлдеқашан бір көрген тәтті түс сияқты бір нәрсе еді. Оған қазір де бір ғана сәтке, мына алагеуім, майда мұнарлы бөлмеде дәл алдында тұрған Сәлима сол Наташа сияқты болып көрінді. Алтыншы жылдың аласапыранынан кейін онымен қайтып кездескен емес. Наташа бұл дүниеде адам бейнесінде қалмай, әдемі музыкаға айналып кеткен тәрізді. Ол Тұрардың кеудесінде ылғи да «Полонез» болып ызыңдап, белгі берер еді.
— Ағатай, шешінбейсіз бе? — деді Сәлима көнетоз сұр пальтоның түймесін сипалап тұрып, Тұрардың бетіне жәудірей қарап, сыбырлап қана.
Сол сәт терезе сыртынан гүрс еткен дауыс оқыс естілгені сонша, екеуі де селк ете қалды. Тұрар жүгіріп барып, терезеге үңіліп еді: қап-қара аспаннан тармақ-тармақ тамырымен қопарылған алтын бәйтерек көрінгендей болды. Алтын ағаш бұтақтары, тамырлары салаңдап, қобырап сәл сәт тұрды да, лезде жанып кеткендей жоқ болды. «Күзде найзағай жарқылдағаны несі?» — деп Тұрардың көңілі беймаза. Бір жағынан — қара түнді қақыратқан найзағай, бір жағынан — оңаша үй, сұлу қыз. Адамға тағдыр кейде екі алақанын жұмып тұрып, сый ұсынады. Қайсысын таңдарсың: бос алақанды ма? Олжалысын ба? Зау теректер қинала ыңыранып, діндері сықырлап, ары-бері теңселіп тұр.
Тұрар ескі пальтоның төс қалтасына қол сұғып жіберіп, әлсіз сәулеге шағылысып, жалт еткен сұп-сұр бесатарды сипалап, жеңімен сүртіп, қайтадан төс қалтасына салды.
Бесатарды көріп, Сәлима түсі боп-боз болып кетті де:
— Ағатай, оны қайтесіз? — деді дауысы дірілдеп.
— Кешір, Сәлима. Мен кеттім. Уақыт тығыз, — деп Тұрар табалдырықтан асығыс аттап, тастай қараңғы, көрдей суық далаға шапши шықты. Оның жүріс-тұрысында, қимылында мына дауылдай күшті бір құдірет бар шығар, әйтеуір бұған үйрене қоймаған тік құлақ көк төбет те бұл жолы жай ғана «ррр» етті де, Тұрарға тұра атылмастан үйшігінде бүктетіліп жатып қалды. Бірақ иттен де сақ Сәбден дарбаза жақ есіктің ашылғанын естіп қалып, жейде-дамбалшаң далаға жанұшыра далбақтап шығып, іргелес үйдің терезесінен жылтыраған шырағдан жарығын көріп: — «Мына большевик бала түн ішінде неге ояу?» — деп есікті ашып кіре беріп еді, қарсы алдынан Сәлима шықты. Сәбденнің ойына лезде ібіліс кіріп, қызым Тұрармен шатасқан екен деп ойлады. Бұған ішінен қуанып та қалды. Бірақ қанша айтқанмен әке ғой:
— Түн ішінде бөтен бөлмеде неғып жүрсің? — деп дүрсе қоя берді.
Сәлима ұрлығы ашылып қалғандай қысылғанмен, кінәсіз екені өзіне аян, әкесіне жағдайды түсіндірді. Әкесі әуелі Тұрардың түсініксіз әрекетіне мән бермегендей енжар кейіпте тұр еді, кенет:
— Бесатары бар дедің бе? — деп қайта сұрады.
— Өз көзіммен көрдім, көке.
Әкесі «ымм» деді де, өз үйінен шекпенін киіп қайта шықты да, жапсарлас отырған інісі Әбденнің үйіне беттеді. Екеуі бір ананың құрсағынан шыққан ұясы бір болса да, тіршілікте өз алдарына шаңырақ көтеріп, қоңсы қоңлы да, дарбазаларын бөлек-бөлек шығарды. Бірінің үйіне бірі көше айналып кіруші еді. Сәбден көшеге шығып Әбденнің қақпасын тарсылдатып жатпай, терезесін тықылдатты. Ар жақтан асып-сасып аңыра қараған інісіне:
— Есікті аш, тығыз шаруа бар, — деді.
«Мынау, сірә, Шақпақтың дауылы», — деді Тұрар көшеге шыққанда желдің күшін әбден сезіп. Кене тоздау сыпайы сұр пальтодан ызғырық лезде өтіп кетті. Тұрар пальтоның жағасын көтеріп алып, әскери казарма тұрған Базар көшесіне қарай тартты. Екі арада бұлым-бұлым көшелер көп. Әсіресе Қарабақыр, Наманған махаллаларының тұсы қауіпті. Қап-қараңғы түн тұрмақ, қызыл іңірдің ішінде өткен-кеткен саяқтарды тонап алатын ұры-қарылары көп, көшеде шам жоқ.«Өкімет осы мәселеге көңіл бөлсе екен», — деген арыздарға қала бастығы Мотяшевтің айтқан жауабы ел арасына мәтел болып тарап кеткен. «Көргенді адамдар күн батқан соң көшеге шықпай, үйінде отырсын», — деген еді қала бастығы.
Сұр пальтоның етек-жеңін жел кеулейді. Етектен енген жел Тұрарды екі қолтығынан көтеріп, әлдеқайда алып ұша жөнелгісі келгендей екіленіп кетеді. Шақпақтың түйе шайқалтар ұлы дауылы әдетте Әулие-Атаға жеткенше екпіні басылыңқырап қалар еді. Екі арада көлденең түсіп Қаратау жатады да, қаһарлы сұрапылдан Әулие-Атаны қарт әже қақпайлап тұратын. Тек Күйік асуынан лақылдап тасқындай өткен екпек ылдилай бере жуасып қалатын.
Бұл жолғы дауыл дауасыз соқты. «Әулие-Атада бұлай болғанда, сұрапылдың ұясы — Шақпақтың аузында жатқан Жуалының халі қандай болды екен?» — деді Тұрар түртінектеп келе жатып. Осы алапат Талас Алатауының Тобышақты тұсында, әйгілі Ақсу-Жабағылы құрсағында толғатып, Шақпақтың қылта қақпасы арқылы соғады да, бүкіл Жуалыны басып өтіп, дәл бүйірінде жатқан Түлкібасқа тимейді. Жуалыда азынап алты тәулік ақ боран соққанда Түлкібаста жарқырап күн шығып тұрады.
Осы жайды есіне түсіріп келе жатқан Тұрар бір замат оң иығы үзіліп түскендей болды да, етпетінен құлап, лезде орнынан атып тұрды. Қарсы алдында деңкиіп сұлап жатқан дәу теректі тек нобайлап қана таныды.
Ә дегенде Тұрар оң иығынан тиген соққыны Қапал махалласы қарақшысының қорғасын қолғабы екен деп қалып еді. Сәлден соң есін жиып, көшеге көлденең түсіп жатқан атан бел дәу теректі көріп: «Әзір мені ажал алмайды екен», — деді. Сипалап жүріп көзілдірігін тауып, құлаған теректен әрең аттап өтіп, казармаға жеткенше жүгірді.
Дауыл толастаған жоқ. Түбі шіріген теректер шыдай алмай гүрс-гүрс құлап, қураған бұтақтар сатыр-сұтыр сынып жатыр. Сұрапыл дауыл жер бетінен ірікті де, шірікті де аластап, дүниені бір жолата қоқыстан тазартып алайын дегендей үдей соқты. Әулие-Атаның жатаған домбаз үйлері желді күні изен түбінде бұғып қалған бөдене құсап, тым пәс тартып, аласара түскен сияқты.
Базар көшесіне жеткен жерде Тұрар аяғына оралған әлденеден тағы да сүрініп кете жаздап, бойын түзеп, аяғын шырмаудан ажыратып алып қарап еді: үзіліп жатқан телеграф сымы екен. Соғуы қатты серіппелі, сым темір тобығын қиып кете жаздады. Сонда Тұрардың есіне былтыр Мерке бойында осы сым темірге буынып өлген Шәкі батыр түсті. «Қайран көзсіз ер! Ажалда да ақыл жоқ. Азаттық тілеп, атқа қонып, жаудың жағасын жыртқан сондай ер дұшпанның оғынан өлмей, жол бойында боздап тұрған сым темірге оралып өлгені өкінішті».
Осылай деп, құлап жатқан телеграф бағанын орағытып өтіп, аяқ астындағы құрғақ жапырақтарды қаудыратып, сол қаудырақ дыбыстан өзі елегізіп, жан-жағына жалтақтай қарап келе жатып, казарма қақпасына қалай жеткенін де сезбей қалды.
— Тоқта! — деген қатаң үн естілгенмен, қара көрінбеді. Тұрар селк етіп, қалт тоқтай қалды.
Қалтадағы қолы бесатардың суық дүмін қыса түсті.
— Кімсің?
— Өзіміз. Маған Хмелевский жолдас керек.
Қарауыл Тұрарды өз үйшігіне алып кіріп, фонардің жарығымен бас-аяғын шолып өтті де:
— Документ, — деді. — Осындай дауылда, түн ішінде кісі жүре ме екен? — деп қарауыл реніш білдірді.
— Осындай дауылда кісі деген қара басып, басын көрпеге тығып ұйықтап жата ма екен? — деді Тұрар қойнынан мандатын суырып ала беріп.
— Не боп қалды, жолдас Рысқұлов? — деп қартаң солдат Тұрардың бетіне бір, мандатқа бір үңілді.
— Танымай тұрсың ба?
— Таныдым, жолдас Рысқұлов. Бірақ бейуақыт жүргеніңіз түсініксіз.
— Бейуақыт емес, дәл уақыт. Дауылдан соң найзағай жарқылдайтынын, нөсерден соң жарқырап күн ашылатынын білмеуші ме ең?
— Ол рас. Бірақ қазір күз ғой, жолдас Рысқұлов. Күзде найзағай жарқылдай ма екен?
— Жарқылдайды! Мылтығың оқтаулы ма? Патроның мол болсын! Ұқтың ба?
* * *
Тұрар қуанып қалды: Степан Кнутович ояу екен. Мұны жақсы нышанға жорыды. Осындай жорықты жағдайда жайбарақат ұйықтап жатқан жаман ырым ғой. Балауыз шырағданның тұнжыр сәулесі бір парақ ақ қазға түсіп тұр. Қағаз бетінде түсініксіз шифрлар, Тұрардың таңырқаған түрін байқап, Хмелевский қою мұртын ширатып қойып:
— Қару-жарақтың қамы ғой. Аздау болып тұр, бауырым. Өте аз, — деді.
— Демек, сен біледі екенсің ғой?
— Нені, бауырым?
— «Нені-нені» деп мені баласына берме, жолдас төраға. Мен совдептің мүшесі екенім рас болса, шыныңды айт: не болып жатыр мына әлемде? Не хабар? Петербургте, Ташкентте?
Тұрардың қараторы реңі күреңіте бастағанын байқаған Хмелевский де енді салмақтана қалды. Езуіңдегі шала күлкі бірден лып етіп қою қара мұрттың астына тығылып қалғандай, өңі қатулана берді.
— Ешқандай хабар жоқ, бауырым. Тым-тырыс. Жаңа Ташкентпен хабарласпақ болып көрдім — тырс етпейді. Телеграфтың тілі байланып қалған сияқты.
— Телеграфтың тілі байланып қалған жоқ, үзіліп қалған, жолдас төраға.
— О не дегенің?
— Даладағы дауылды көрмейсің бе, сезбейсің бе? Телеграф бағаналары құлап жатыр.
Хмелевский Тұрардың бетіне ежірейе қарап қалды:
— Онда — шатақ, бауырым. Енді мүлде хабарсыз қаламыз.
— Түк те шатағы жоқ. Тек ат жеккіз. Станцияға жету керек. Темір жол телеграфы істеп тұруы мүмкін.
— А, бәлкім, таң атқанша күте тұрсақ қайтеді? Қалалық телеграф қалпына келгенше...
— Жоқ, жолдас төраға, дәл қазір жүрейік! — Тұрар үні қатаңырақ шықты да, басшы адамның алдында тым ірі кету артық екенін аңғарып қалып, жайлап қана:
— Степан Кнутович, жүрегі бар болғыр бірдеңені сезеді: осы түн тегін емес. Жүрейік, а, Степан Кнутович, — деп сөзін сыбырмен аяқтады.
Хмелевский тоқпақтай жуан жұдырығын мұртына еріксіз апара берді де:
— Дұрыс, бауырым. Мен де елегізіп, ұйықтай алған жоқпын. Жүргенге жөргем ілеседі, айда, кеттік! — деп Тұрардың жауырынынан жалпақ алақанымен сарт еткізіп салып қалды.
— Әйткенмен, сен бауырым, балуанға ұқсайсың, — деді Хмелевский өзінің әлуетті қолы тұтасқан тасқа тигендей болғанын сезіп. — Жотаң мықты екен.
— О, Степан Кнутович, менікі тек балуандықтың жұрнағы ғана ғой. Нағыз балуан менің әкем еді ғой, — деп Тұрар көзілдіріктің аржағынан қара барқын мұнарда жанары жасаурағандай болып көрінді.
— Да-да, — деп Хмелевский де мұңайғандай кейіп танытты. — Қайран әке. Менің әкем де күшті еді. Жалғыз атымыз әбден арығанда, кейде соқаны өзі сүйрейтін. Жер тістелеп жүріп, жоқшылықпен арпалысып жүріп, о да өтті дүниеден... Жә! Жетер! Өткен-кеткенді кейін еске ала жатармыз. Кеттік станцияға. Грач! Аттарды дайында! — деп гарнизон қарауылына айқай салды.
* * *
Арыстан тартылған темір жол мың да тоғыз жүз он жетінші жылдың жазында Шақпақ асуынан өтіп, Жуалының жонарқасы — Боранды деген жерге келіп тоқтап қалған. Әуелгі ниет бойынша бұл «шойын жол» әлдеқашан Әулие-Атаға жету керек еді. Болашақ станцияның үйлері салынып, жұмысшылар құралып, Әулие-Ата жарықтық «отарбаны» қарсы алуға қамданғалы қашан?! Бірақ дүниежүзілік соғыстың ботқасына малшынып қалған патшалық Ресейдің қазынасы қағылып, қаржы жетпей темір жол өкпек желдің өтінде, Талас Алатауын бауырлап, қасиетті Қаратауды сауырлап, Жуалы жерінде қақалды да қалды. Кейіннен сол бекет — Бурное аталып кетті.
Бірақ Әулие-Атаға темір жол жетпегенмен, телеграф бағандары қағылып, сымы тартылып, Ташкентпен байланыс орнап үлгірген. Телеграф әкімшілігі Әулие-Атадағы уақытша үкіметтің қолында болатын.
Станцияға жету ақырет болды. Дауыл бұрынғыдан да үдей түскендей еді. Көлденең құлап жатқан теректер мен бағандардан өте алмай, ат айдаушы Грач арбаны келесі көшеге бұруға мәжбүр. Арба үстіндегілер бір-бірімен айқайлап сөйлеспесе, бірін бірі естімейді.
— Степан Кнутович, үстімізге ағаш құласа қайтеміз? — деп артына бұрылып айқайлады Грач.
— Қорықпа, Грач, дауылдан тек қаңқылдақ қаздар, маймақ пингвиндер ғана қорқады. Сен Грачсың ғой, — деп күлді Тұрар. — Максим Горький деген жазушыны білесің бе?
— Білмеймін, жолдас Рысқұлов.
— Білмесең, Горький деген революция жазушысы бар. «Дауылпаз» деген жырын тауып оқығын. Рас, ондағы герой — Дауылпаз құс, сенің фамилияң сияқты — ұзақ қарға емес. Бірақ ұзақ қарға жақсы құс. Ол — көктем құсы ғой, солай емес пе, Степан Кнутович?
— Дәл солай. Грач — птица весенняя. Оның да Дауылпазға айланып кетуі әбден ықтимал.
Өзін Дауылпазға теңегенге көңілі өсіп қалған Грач аттарды сауырлап, жүрісті өндіре түсті. Ақыры станцияның жел шайқаған фонарының дірілдек сәулесі де көрінді.
Жатаған үйлері дауылдан жер бауырлай түскен ұзын, бұралаң көше кенет кілт үзіліп, малта тас төсеген жол шорт кесілді де, Грачтың арбасы ойқы-шойқы жолсыз жермен сықырлап барып, оқшау тұрған ақ үйдің алдына тоқтады.
Телеграфист мұрны қолағаштай, сол мұрын жайғасқан беті асқабақтай ірі кісі екен. Совдептің басшыларына қомсына қарап, айылын жияр емес.
— Уақытша үкіметтің бастығы рұқсат етпейінше, телеграф іске қосылмайды. Әуре болмаңыздар. Тіпті телеграф үйіне енуге қақыларыңыз жоқ. Шығып тұруларыңызды сұраймын, мырзалар.
— Біз «мырзалар» емеспіз, «жолдастар» деп атауыңызды өтінеміз, — деді Хмелевский сабыр сақтап. — Сіз қай партияның адамысыз?
— Ешқандай партияны мойындамаймын! — деп гүжілдеді дәу. — Мен үкіметті мойындаймын. Партия дегеніңіз көп. Үкімет біреу. Кімді мойындау керек? Ойлаңызшы өзіңіз, мырза...а жолдас... ғафу етіңіз...
— Жолдас Хмелевский.
— Иә, жолдас Хмелевский.
— Сіз солдаттар, жұмысшылар, шаруалар Кеңесі дегенді естіген шығарсыз... кешіріңіз, аты-жөніңіз?
— Павло Сахно. Павло Кондратьевич.
— Жолдас Сахно, солай деуге рұқсат етіңіз, өйткені сіз, қанша дегенмен жұмысшы таптың өкілісіз...
— Жоқ, мен қызметшімін, кешіріп қойыңыз.
— Мейлі, қызметші бола қойыңыз. Мен совдептің председателімін. Мына Рысқұлов жолдас менің орынбасарым. Уақытша үкімет бізбен санасады. Сондықтан жанжалсыз тез Ташкентті қосыңыз.
— Өйтіп қорқытпаңыз. Кеңесіңіз өзіңізге. Кеңес деген үкіметті мен білмеймін. Менің білетінім — Әулие-Ата уезінің уақытша үкіметі, оның бастығы — Астахов. Әне, мен соның бұйрығын мойындаймын. Егер қорқытсаңыз, қару жұмсауға мәжбүр боламын, — деп Сахно шоқпардай кольтті үстелдің тартпасынан суырып алып, алдына қойды.
— Онда біз де күш жұмсауға мәжбүр боламыз. Далада қарулы үш солдат тұр. Қала берсе, бүкіл гарнизон біздің қолда. Не тиімді? Ойланып көріңіз. Ал сіз адал қызмет еткіңіз келетін Уақытша үкімет шынында да уақытша ғана. Соның атына мән берген жоқсыз ба, осы кезге дейін. Уақытша ғана, бәлкім, ол уақыты таусылған да болуы. Біз тез ғана Ташкенттен соны білуге тиіспіз. Түсіндіңіз бе, жолдас Сахно?
Сахно бұқа құсап мойнын ішіне алып кольтті тоқпақтай қолымен қыса түсті. Телеграф аппаратына бір, совдептіктерге бір алара көз тастап қойды.
— Грач! — деп Хмелевский артына бұрылмай, қалтасынан қолын шығармай айқай салды. Сахно түксиген қалың қастың астынан бәрін байқап отыр: Хмелевскийдің қолы қалтасында, Рысқұлов деп таныстырған дембелше жас жігіттің де оң қолы қалтасында. Ол қолдар, сөз жоқ, қару ұстап тұрған қолдар.
Есікті серпе ашып, штыкты винтовкасын ұмсына ұстап Грач пен екі солдат енді.
— Бұларыңыз зорлық, мырзалар... жолдастар, — деп Сахно дауысы бұрынғыдай барқырамай, күңкілдеп қалды.
— Революцияға қарсылық болған жерде, амалсыз зорлық та болады. Зорлық тудырып отырған өзіңіз ғой, — деп тұңғыш рет тіл қатты Рысқұлов. Көзілдірік киген қараторы қазақтың орысшаны мұншама мүдіріссіз сөйлегеніне Сахно таңданып, таңдайын тақ еткізіп, басын шайқап қойды да:
— Жарайды, жанжалдаспайық. Ташкенттен кімді шақыру керек? — деп телеграф аппаратына қарай қол соза берді.
— Ташкент совдепі! — деп Хмелевский енді Сахноға төніп келіп, келтектей кольтті Сахнодан алысқа ысырып қойды.
Морзе дыбыстары шиқ-шиқ етіп, аппарат тұмау тигендей біраз қақалып-шашалып барып, кенет сақылдап ала жөнелді. Аппараттан ақ лента атқылап шыға бастады.
Хмелевский лентаны ұшынан ұстай алып, жазуға үңілді. Тұрар да көзілдірігін нықтап қойып, жіп-жіңішке ақ лентаның жазуына телміре қарады.
...Ахат атасы айтар еді: «адамның пешенесінде жазуы болад. Әркімнің тағдыры анадан туасы, сонда жазылып қойылған. Оның атын — жазмыш дейді. Ал сондықтан: жазмыштан — озмыш жоқ, — деп. Бірақ ол не жазу екенін оқып білген ешкім жоқ. Пешенедегі жазуды күні бұрын оқып білу ешкімге де бұйырмаған».
Мына жіңішке ақ лента Ахат атасының айтқанын жартылай жоққа шығарып тұрғандай. Мұның пешенедегі жазудай екені рас, ал бірақ оны оқып-білуге болмайды деген тұжырымы бекер екен, оқуға болады екен.
— Мен — Першин, — деді лентадағы жазу. — Ташкент совдепінің мүшесімін. Сіз кімсіз? Не керек?
— Біз — Әулие-Ата совдепінің басшылары Хмелевский және Рысқұлов. Мемлекеттік телеграф жұмыс істемей тұр. Сондықтан темір жол телеграфымен жалғасуға мәжбүр болдық, — деді Хмелевский телеграфиске. Сахно оның айтқандарын телеграф тіліне аударып жатты. — Дүниеде не болып жатқанынан хабарсыз қалдық. Ташкентте не болып жатыр?
Сәл кідірістен кейін ақ лента тағы да аппараттың аузынан ирелеңдеп шыға бастады. Хмелевский жайшылықта сыр бермейтін Тұрардың алқына дем алғанын байқап қалды. Көзілдірігі түсіп қалатындай бір қолымен көзіне тақай ұстап алыпты. Телеграфист Сахно да лентада өз тағдыры жазылып жатқандай оны гүрілдек дауысымен ежіктеп оқи бастады:
— Ташкентте өкімет Кеңестер қолына көшті. Уақытша үкімет құлады. Жеті адамнан Бүкіл түркістандық атқару комитеті құрылды. Жұмысшы және солдат депутаттары Өлкелік Кеңесінен — үш адам, эсерлерден — бір адам, социал-демократтардан — бір адам. Петроградта да Уақытша үкімет құлады. Өкімет Кеңестердің қолында. Мәскеуде қарулы көтеріліс. Одан арғы жағдайды біз де білмейміз. Толық нұсқау алу үшін совдеп атқару комитетінің бір мүшесін Ташкентке жіберіңіздер...
Ақ лентаға одан әрі түсініксіз көп нүкте түсіп кетті де аппарат солқ етіп, ақырғы демі таусылғандай тым-тырыс бола қалды. Ә дегенде ешкім де тіл қатпады. Бәрі де әлгі хабардың әсерінен арыла алмай қалшиысып қалған. Қуанған да, қорыққан да бірдей. Бір адамның ғана емес, бүкіл ғаламның пешенесіндегі жазуды оқып қойған соң, естері шығып кеткендей бір заман.
Кенет Хмелевский үн-түн жоқ, жанындағы Тұрарды қапсағай денесімен бас салып, құшақтай алды да, сол құшағын жазбай теңселіп тұрып қалды. Солдаттар шыдай алмай «Ура!» деп айқайлап, олар да аймаласып жатты. Үстел үстінде жайында қалған кольтті Сахно кідіріссіз алып, қолымен салмақтап қойып, зымиян ойдың толғағында тұр. «Мына большевиктерді жайратып салсам ба екен?» — деген жаман ой сумаңдап көңілін бұза бергенде Хмелевский Тұрарды құшағынан босатып, Сахноға қарап:
— Ал, бауырым, құттықтаймын! Революция жеңді! Рақмет саған! — деп телеграфистке қолын соза берді.
Сахно большевиктерді атудың орнына, оларға еріксіз қол ұсынды. Бірақ әлі де түнеріп тұрып:
— Революция жеңсе, басқа жақта жеңіп жатыр. Ал Әулие-Ата кімнің қолында сонда? Әлі белгісіз емес пе? — деді.
Мына тосын сауал әлгі ағыл-тегіл қуанышты сезімді лезде өшіріп алғандай. Хмелевский мен Тұрар бір-біріне қарап: «мынаның сандырағы рас» дегендей бір-бірін іштей ұғынысты.
— Қам жемеңіз, жолдас Сахно. Петроград пен Ташкентте құлаған уақытша үкімет мұнда да жойылды деп есептеңіз. Ал cay болыңыз! Жолдастар, тез қалаға жетейік!
Осыны айтып Хмелевский есікке қарай бет алды.
— Тез арада Совдеп мүшелерін шақыру керек! — деді Хмелевский арбаға отырып жатып. — Грач! Барыңды сал! Тез айда!
* * *
Түнде, түн ішінде Тұрардың дауылға қарамай үйден шығып кеткенінен секем алған Сәбден інісі Әбденге барып, осы жайды хабарлаған соң Әбден де апыл-ғұпыл киініп, бәйбішесінің: «Қайда барасың, ойбай?» — дегеніне қарамай, көшеге атып шыққан.
Қаланың орталығы Кауфман көшесінде тұратын Ғұмар имамның биік көк қақпасын мезгілсіз қағып, көк төбетін әупілдетіп, тыныш елді Әбден азан-қазан қылды.
Имам мына дауылды түнде бұйығып ұйықтап, бойы зіл тартып, төсектен тұрғысы келмеп еді, сөлбірейген тұйық қызметші мұрты салбырай түнеріп:
— Құрметті имам, бір мұсылман тығыз шаруамен келіп тұр, кешігуге болмайтын көрінеді, — деді.
— Аты-жөні кім, антұрған?
— «Шуро-и-Исламияның» адал азаматы Әбден дегенмін дейді.
«Шуро-и-Исламияның» аты аталған жерде қойныңдағы қатынын да, бауырындағы баласын да құрбан етуге даяр пәруана имам:
— Шақыр қонақ үйге! — деп орнынан атып тұрды. Тұлабойын жер тартып тұратын зілмауыр дерттен құлан-таза айыққандай, жарықтық жіті қимылдап, иығына ақ шекпенін желең жамыла салып, аяғына кебіс іле салып, Әбденді имам дамбалшаң отырып қабылдады.
— Аузында «Ассалаумағалайкүмің» жоқ, абдырап жүрсің ғой, жайсыз хабар ма? — деп имам Әбденді бір жаншып алды.
— Айып менен, құрметті имам, асығыста шатасып, сәлем беруді де ұмытып кетіппін. Кешіре гөр, әулием! Оның үстіне төсектен тұрған бетім — дәретім жоқ, сіздің қасиетті қолыңызды алуға күнәқар болмайын дедім.
Имам өзі де дәретсіз екені есіне түсіп, сасыңқырап қалды.
— Оқасы жоқ, себебі болса, құдай кешіреді...
— Себебі бар, қасиетті имам, себебі бар. Әлгі менің туғаным Сәбденнің үйінде бір большевик пәтерде тұрушы еді...
— Қай большевик? Орыс па, қазақ па, ноғай ма?
— Қазақ, қасиетті имам. Тұрар Рысқұлов деген.
— А-а, Тұрар Рысқұлов. Әлбетте, білемін. Ол нағыз мүттайым, мұсылман қауымынан шыққан кәпір ғой. Игі қауымның ауқатын тартып алып, кедейлерге, құл-құтанға бергізу керек деп, бүлік салып жүрген сол емес пе? Оны қалай пәтерге тұрғызып жүргенсіңдер?
— Қасиетті әулием! Мен емес, Сәбден, — деп Әбден бүк түсіп, бүкірейді де қалды. — Сол большевик жаңа ғана үйден қаруланып шығып кетіпті. Бір сұмдық болмасын, большевиктер бір пәле ойлап жүрмесін деген күдік мені сізге айдап келді, қасиеттім.
Ғұмар-имам түсі сұрланып, тақыр басын сипалап, сәл ойланып қалды.
— Келгенің дұрыс болған. Әбден әфенді, дұрыс болған... Тез Астахов мырзаға хабарласу керек. Әттең, «Шуро-и-Исламияның» таскері жоқ, өз өкіметі жоқ. Сондықтан орыс та болса, Уақытша үкіметпен қол ұстаспаса болмайды. Екі тажалдың біреуін таңдау лазым. Большевиктен гөрі меньшевик тиімділеу біздің мұсылман қауымына, ұқтың ба, Әбден әфенді? Сондықтан екеуміз тез Астахов мырзаға жетсек керек. Ол да осы Кауфманның бойында. «Шуро-и- Исламия» өз қуатына кіріп алғанша, Уақытша үкіметпен ыңғайласып текені — жезде, ешкіні — апа, дей тұруға мәжбүрміз.
— Қасиетті имам, мен оқуым там-тұм, надан адаммын. Әйтеуір құдайға құлшылық ниетімен сіз ұстап тұрған қасиетті мешітке жұма намаздан қалмай барып тұрамын. Бірақ түсінбейтін нәрселерім көп, — деп Әбден мыртық қанден құсап, дауылды көшеде имамның ана жағынан бір, мына жағынан бір шығып, желдің ығына жығылып, жортаңдап келе жатты. — Айып көрмесеңіз, бір сауалым бар. Жаңа Уақытша үкіметпен уақытша тіл табыса тұрамыз дедіңіз. Сонда кейін өзіміздің қолымыз өз аузымызға жетер күн туа ма, қасиетті имам?
— Иә, Әбден әфенді, Аллаға сыйынып, Мұхаммед туын көтеріп, мұсылман өкіметін орнатамыз. Кәпірлерден киелі топырағымызды тазартамыз. Сендердің, қазақтардың зиялылары адасып жүр. «Алашорда» дегенді құрыпты. Құдайға шүкір, әйтеуір біздің Әулие-Атаға ол тамырын жая қойған жоқ. «Алашорда» дегені тек қазақ миллатының мүддесін көздемек. Өте келте ойлайды олар. Бүкіл ислам тұрғысынан ойласу керек. «Шуро-и-Исламия» мүддесі сол. Мұсылман қауым біріккенде ғана кәпірлерді жеңе аламыз. Білдің бе, Әбден әфенді, қазақ қандастарға осыны айта бер, айта бер.
* * *
Қара дауылдың, соңы ақ боранға айналып, ақ мұнар арасынан Әулие-Ата атырабына жаңа таң атып келе жатты.
Совдеп мүшелері гарнизонға бас-аяғы бірер сағаттың ішінде жиналып та қалды. Чернышев, Федоров-Заводский, Карев, Цыганок сияқты тарлан большевиктер Степан Хмелевский мен Тұрар Рысқұловты сүйініш хабармен құттықтап, құшақтасып, сүйісіп, кейбіреулері көзіне жас алып, балаға ұқсап айқайлап жүр.
— Жолдастар! — деп дауыстады Тұрар мына жан тебіренткен жақсы қауышушыларды ажыратқысы келмегендей сәл тоқтап тұрып. Жұрттың назары бұған ауғанда, сөзін сабақтады. — Қуаныш құтты болсын! Бірақ Әулие-Ата Уақытша үкіметі әлі құлаған жоқ. Қуаныш үстінде осыны естен шығармайық. Қазір жұбымызды жазбай Уақытша үкіметтің кеңсесіне барып, мүмкіндігінше қан төгіспей, билікті заңды түрде қолға алайық. Уақытша үкіметті таратып, яки құлатып, Кеңес өкіметі орнағанын халыққа салтанатпен жариялауымыз керек. Ол үшін уақытты өзімізге сенімді серік етпесек болмас. Гарнизон солдаттары Уақытша үкімет үйін қоршап алғаны жөн деп білемін. Ал Совдеп мүшелері кеңсеге еніп, Астаховты және оның орынбасарларын, үкімет мүшелерін шақыртып алуымыз керек. Сөйтіп, оларға ерікті түрде биліктен бас тартқызу керек. Оған көнбеген жағдайда ғана қарулы күш жұмсалады. Қалай қарайсыздар бұл ұсынысқа, жолдастар?
— Дұрыс! Дұрыс! — деген айқаймен әлгі қуанышқа мас қауым Тұрарды жерден көтеріп алып, бірнеше әлуетті қол оны аспанға атқылап, қақпақылдап қайта тосып алып, қайта атқылап, жерге әрең дегенде түсірді.
Совдеп мүшелері ойлағандай, Уақытша үкіметтің басшылары үйлерінде жақсы түс көріп ұйықтап жатпаған екен. Большевиктердің әрекетіне қарсы қимыл ұйымдастыру үстінде екен. Уезд комиссары Астаховтың кабинеті толған адам. Үкімет мүшелері тап-тұйнақтай болып, әдеттегі орындарында отыр. Кабинетке кіріп келген бетте Тұрарды таңқалдырған жайт Уақытша үкімет мүшелерінің ұқыптылығы емес, бұлардың арасында имам Ғұмар Халмұрзаев пен шіркеу кеңесінің төрағасы Никодим Калмыковтың отырғанына таң қалды. «Е-е, меньшевик Астахов мырза енді дін қайраткерлерімен ауыз жаласып, мұсылман мен христиан діндерін бауырластырмақ болған екен ғой. Дер кезінде келгеніміз қандай жақсы болған! Әйтпесе, имам мешіттен, поп шіркеуден сарнап берсе, әлі де діншіл халықтың қайсыбір бөлігі бүлік шығарып, әуре көбейер еді...».
— Мырзалар! — деді Степан Хмелевский есіктен кіріп келген бойда. Кейбіреулер орындарынан қопаң-қопаң тұра бастап еді, комиссар Астаховтың қара креслода міз бақпай, былқ етпестен отырғанын көріп, қайтадан орындарына құйрықтарын басты — Мырзалар! — Хмелевскийдің дауысы өзі биік, өзі кең кабинеттің ішінде күмбірлеп шыққанда ол өз дауысын өзі танымай қалғандай жан-жағына, одан соң кабинеттің күмбезді төбесіне қарады.
Дауылды таңның сәулесі әлі кабинет ішіне дари қоймаған, комиссар ордасы сонда да жап-жарық: күмбезді төбеден төмен қарай салбыраған кішігірім шаңырақтай шамдалдың балауыздары самаладай жанып тұр. Комиссар Астахов отырған креслоның тұсындағы қабырғаның кісі бойындай бөлігі қарауытып, қара дақтанып қалыпты. Ол дақтың орнында бұдан сегіз ай бұрын II Николай патшаның портреті болушы еді. Осыдан сегіз ай бұрын, яғни 1917 жылдың 2-наурызы күні күндізгі сағат 2-де II Николай өз қолымен былай деп жазды:
«Мемлекеттік думаның төрағасына Аяулы Ресей-Ананың шын бақыты мен амандығы үшін мен істемеген құрбандық жоқ. Сол себепті тақтан бас тартуға дайынмын. Таққа ұлым отырады, ол кәмелетке жеткенше ез қарамағымда болады, тақ иесінің аталығына менің бауырым, ұлы князь Михаил Александровичті белгілеймін.
Николай».
Тағы бір қолхат:
«Аса сүйікті Ресейдің тыныштығы мен амандығы, бақыты үшін мен өз ұлымның пайдасына тақтан бас тартуға дайынмын. Барлығың да оған сайқалданбай адал қызмет етулеріңді өтінемін.
Николай».
Бұл жолы «бұйырамын» демейді «өтінемін» дейді. Осы хатқа қол қойған соң екі сағаттан кейін тақты ол ұлына емес, бауыры Михаилға қалдыруды өтінеді... Сөйтіп, содан бері ұлан-байтақ Ресейдің сан мыңдаған кеңселерінен II Николайдың портреттері алына бастап еді. Бұл операциядан Әулие-Ата да қалыспаған.
Жыл сайын кеңсенің ішін әктегенде портреттің асты ақталмай қалушы еді. II Николай патшалық еткен жиырма үш жыл ішінде осы портреттің тұсындағы қара креслода қаншама ояз бастықтары отырды — бірақ портреттің астын ақтату біреуінің ойына келмеген. Меньшевик Астахов ояз бастығы емес, ояз комиссары болып Әулие-Атадағы Уақытша үкіметті басқаруға келгенде, әрине, алдымен патшаның суретін алдырып тастады. Кеңсе ішін жаңадан әктетуге неге екені белгісіз, әйтеуір тәртіп бермеді. Содан ұзын қара дақ патшаның әзірейіл көлеңкесіндей болып әлі тұр.
Тұрардың сонда тағы бір аңғарғаны — арқалығы биік қара кресло еді. Тұтас еменнен шабылған ауыр креслоның арқалығында қос бас самұрық бейнеленген. Комиссар Астахов оны байқамаған болып, жотасын сол самұрыққа сүйеп, қазір де былқ етер емес.
Өз дауысын өзі тосырқап, күмілжіңкіреп қалған Хмелевскийге Тұрар жалт қарап, қайрат бергендей болды.
— Мырзалар! Уақытша үкімет құлады. Ендігі жерде өкімет жұмысшылар, солдаттар және шаруалар депутаттары Кеңесінің қолында. Қарсылық көрсетпеулеріңізді сұраймын. Қарсылық көрсету пайдасыз. Сыртта революцияға берілген қарулы солдаттар тұр. Қан төгісудің керегі жоқ! — деп Хмелевский саңқылдап ала жөнелді.
Отырғандардың бірсыпырасы орындарынан ұшып-ұшып түрегелді. Комиссар Астахов міз баққан жоқ.
— Уақытша үкіметтің құлағанын немен дәлелдейсіз?
Комиссар Астахов дауысы қырылдаңқырап, осы сөздерді мейлінше сызданып айтты.
— Біз Ташкентпен байланыстық. Ташкент Кеңес қолында, Петербург те Кеңес қолында, мырзалар. Жағдай солай. Ине қайда болса жіп те сонда болады демекші, енді сіздер де тайып тұрасыздар. Әулие-Ата Кеңес өкіметінің қолында. Осымен сөз тәмәм!
— Бұған халық қалай қарайды екен, оны ойладыңыз ба? — деді Астахов қимылдамай, тек ерні ғана қыбырлап. Үкіметтің басқа мүшелерінде үн жоқ. Тек тықыршып, орындарынан қозғалақтай береді. Имам жарықтық әсіресе шыдамсыз екен, құрдай жорғалап барып, терезеге қарады. Қаптаған солдаттарды көріп: «Астафыралла!» — деп орнына қайта келіп отырды. «Бұл араға қандай ібіліс айдап келді мені?» — деп пүшәйман жеп отыр. Басқалар оның не көріп келгенін үнсіз ұғысты да, бұрынғыдан бетер бұғыңқырап қалды.
— Халық дұрыс қарайды, Астахов мырза, — деп қайырды Хмелевский.
— Халық сіздерге, Уақытша үкіметке өте ызалы, — деп қостады Тұрар. — Халық ғасырлар бойы патша тепкісінен құтылуды армандаған. Патшаның қазір өзі жоқ, бірақ көзі отыр. Ол сізсіз, Астахов!
— Қалайша? Мен демократпын! Абайлап сөйлеңіз, менің монархиямен үш қайнасам сорпам қосылмайды, большевик Рысқұлов!
Комиссар Астахов Керенскийдің әулие аталық көлемдегі көлеңкесі тәрізді еді. Сұр френч киіп, оң қолының бас бармағын омырауына сұғып отыратынына дейін, тіпті шашын тікірейтіп қысқа қырықтыратынына дейін Петербургтегі бастығына еліктейтін.
— Мен абайлап сөйлеймін және әр сөзіме жауап бере аламын. Сіз патшаның құйыршығысыз. Ана отырған креслоңыздағы патшаның гербі — сіздің табынатын ағаш құдайыңыз...
Әу бастан бері сыр бермей сызданып отырған комиссар орнынан оқ жылан шаққандай атып тұрды. Артына бұрылып креслоға қарады. Самұрық құстың қос басы едірейісіп, оған жансыз көзбен тесіле суық қарап қалыпты.
— Мұндай ұсақ-түйекке саяси мән беріп, соны сөз етудің өзі ұят, большевик Рысқұлов. Мен мұны бірінші рет байқап тұрмын, — деп Астахов бері бұрылып мырс еткен болды.
— Енді ол креслоға қайтып отыруға батылыңыз бармас деп ойлаймын, бұрынғы комиссар Астахов. — Тұрар кенет имам Ғұмар Халмұрзаев пен поп Никодим Калмыковқа қарап:
— Құрметті имам! Құрметті шіркеу басы! Орындарыңыздан тұрып, ана креслоны есіктің алдына алып шығуларыңызды ұсынамын, — деді.
Ойда жоқ бұл ұсынысқа Уақытша үкімет адамдары тұрмақ, Совдеп мүшелерінің өзі түсіне алмай аңтарылып қалды.
— Қайталап жатудың қажеті жоқ шығар, мырзалар! Тұрардың бұл сөзі залдың күмбірімен көтеріліп, найзағайдың шарғылындай ес жидырмай сақ-сақ ете қалды. Тұрар ұсынысының мәніне енді түсінген Хмелевский де:
— Кәне, қимылдаңдар! — деп гүр ете түсті.
Имам мен поп көтерген қара креслоның соңынан жұрт табыт соңына ілескендей, ілбіп басып, сыртқа беттеді. Тек Астахов қана тіл-ауыздан айырылып, пері соққандай мелшиіп ұзын үстелдің жанында қаздиды да қалды.
Поп Никодим әдейі істесе де, әлде әдетіне басып істесе де, әйтеуір басынан бас киімін алды. Имам Ғұмардың басынан дөңгелек құндыз бөркі қозғалған жоқ. 1867 жылдан бері жарты ғасыр тапжылмай тұрған кресло-тақ тұңғыш рет орнынан жылжытылып залдан шығарылды.
Меркенің мектебінде мұсылманша пәннің мұғалімі Әліпбек балаларға құдай жолын үйретіп тұрып, Абайдың: «Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек» деген өлең жолын қайталай беруші еді. Балаларға да жаттататын. Жаттауын жаттағанмен сәбилер оның мәніне терең бара бермейтін.
Абай философиясы Тұрарға жылдар аралатып енді жеткендей болды. «Құдай» деп тұрғаны табиғат, жаратылыс, болмыс қой Абайдың. Бір өзгермесе, бір көз талмаса мына қара кресло қозғалмас еді — бұ да өткінші екен, баспалдақты кең есіктің алдына шығарылды.
Қала тұрғындары қайдан хабарланып қалғаны белгісіз, большевиктер мен Уақытша үкіметтің айқасы болып жатыр деген сыбыс бірден бірге тарап, кеңсенің алдына қарақұрым халық жиналып қалыпты. Есіктің алдына әуелі дін басылары үлкен креслоны алып шыққанын көріп бәрі аң-таң. Қайсыбірі қызық көреді, қайсыбірі жаңалық күтеді — әйтеуір бәрі де бір ұлы хабарға құлақтарын түрген.
Тұрар енді бір секунд кешігу ажалмен тең екенін бүкіл жан дүниесімен сезді. Мына қалың қауымды көріп ә дегенде сасып та қалды. Мұнша адам жиналар деп ойламаған. Көше кернеп тұр.
Дәл қазір не имам, не поп, яки уақытша үкімет мүшелері сөз бастап жіберсе, совдеп тізгіннен айырылып қалуы мүмкін.
Ақ боран басылып, аспанның жүзі ашылып, түстікте Алатаудың шыңдары жаңа шыққан күннің нұрымен әрбір шоқы аспанға шаншыла шыққан оты жалаудай алаулап тұр екен. Терек бұталарын тұтып қалған қар түйдек-түйдегімен жерге түсіп жатыр. Ағаш екеш ағашқа дейін кеудесін толтыра дем алып, еркін бір керілген сияқты да, содан ақ қар түйдек-түйдегімен ұшып түсіп жатқан сияқты.
Тұрар осы көріністің бәрін қас-қағым арасында ғана аңғарып, ойланып, сүйсініп жатуға уақыты болмай:
— Степан Кнутович, кәне баста! — деді. — Мұнша халықты әдейі шақырсаң жия алмайсың. Дайын тұрған митинг. Тез баста, әйтпесе сөзден айрылып қаламыз.
— Халықтың дені мұсылмандар екен. Сенің сөйлегенің орынды, Тұрар, — деді Хмелевский шын өтініп. — Бұл жерде тактика да керек. Кәне, сызылысып тұрып алмайық. Жолың болсын, бауырым. — Хмелевский осыны сыбырлап айтып, Тұрарды ақырын арқасынан итермелеп алға шығарды. — Сенен соң орысшасын мен айтамын. Ұстазы болған большевиктің мына ықыласы дем берген Тұрар қолма-қол өзін-өзі қамшылап, он қолын жоғары көтерді.
— Уа, халайық! Уа бауырлар! Мына көтерілген күн — сен үшін ең бақытты күн. Енді аспаныңды бұлт шалмас, қайғы-қасіретің болмас. Дәл қазір залым патша құйыршығы — Уақытша үкімет құлады! Өкімет Кеңестер қолында! Мына қара тақты көріп тұрсың, халайық. Бұл халықты қанаған ұлықтардың тағы. Осы тақтың үстінде отырған ұлықтардың жарлығымен талай заман көзіңнен қанды жас ағып, талай заман жоқшылықтың кебінін тірідей киіп, қан қақсадың. Осы тақтың үстінде отырғандар саған сансыз салық салып, қаныңды сорды. Ашаршылықтан көзің ашылмай, құлақкесті құл болдың. Осыдан сегіз ай бұрын патша құлады. Ә, Құдай, енді жақсылық болғай! — дедің. Бірақ бай — бай күйінде, төре — төре күйінде, кедей — кедей күйінде қалды. Неге? Неге десең, Уақытша үкімет — үстем таптың үкіметі, байлар мен билердің, кулактардың, помещиктердің дәулетін қорыған төбетке айналды. Әне, ана қара таққа қара, халайық! Ол қазір төңкеріледі. Оның төңкерілгені — сенің жотаңнан зіл қара тастың домалап түскені!
Тұрар сәл тыныстап, жан-жағына қарап:
— Кәрімбай Қошмамбетов! Семен Карев! Төребек Исабеков! Мына үш солдат, сендер де! Бері келіңіздер! Мына креслоны үйдің төбесіне көтеріп шығып, төңкеріп қойыңыздар! — деді.
Аталған адамдар мен алдыңғы қатарда тұрған үш солдат тез саты қойып, креслоны көк шатырлы еңселі ақ үйдің төбесіне алып шығып, Тұрар айтқандай төрт аяғын аспанға қаратып, төңкеріп қойғанда, баспалдақ үстіндегі күн қатар сияқты қаңылтыр шатырдың кемеріне креслоның ұзын арқалығы асыла берді. Қос бас самұрық құс әлдебір алып мергеннің қанжығасына байланған жыртқыштай салаңдап, төбесімен төмен қарап салбырады да қалды.
«Ура!» — деді солдаттардың арасынан әлдекім. Сол-сол екен: «Ура!», «Жасасын Кеңес!», «Ура!» — деген үнмен араласып, аспанға қарай тарс, гүрс-гүрс атылған мылтық дауыстары естілді. Бұл жеңіс салюті еді. Терек басында отырған қарғалар үдере үркіп, тым-тырақай ұша жөнелді. Имам әлдене айтып айқайламақ болып еді, көптің дауысының астында көмілді де қалды. Әлдеқайдан өзбектің кернейі жар салды. Кенет Кауфман көше бойы жұрт бір-бірімен құшақтасып, біреулер билеп, біреулер көзіне жас алып, қуанғаннан кез келген адаммен құшақтасып көрісе береді.
Әлдебір қаудыраған жаман тон киген адам Тұрарға қарай ұмтыла түсіп, бірақ қалың топтан бері өте алмай, қолын ербеңдетіп:
— Тұрар! Уа, Тұрар! Мен сенің әкеңді білемін. Мен сонау төменгі Таластан келдім, әкең Рысқұл... — деп барып үні естілмей кетті. Қалың топ иін тіресіп, сеңдей қозғалғанда әлгі қаудырақ тон толқынмен бірге кете барды. Тұрардың құлағына «әкең Рысқұл...» — деген ызың талып жеткендей болды.
(Екінші кітаптың соңы)