Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Мұрат мұрасының жаршысы

Мұрат мұрасының жаршысы атанған Серік Харесов Жаңаөзен қаласындағы 7 орта мектеп ән пәнінің мұғалімі, халық ағарту ісінің үздігі.

Ол — Мұрат Өскінбаев ақсақалмен қоян-қолтық араласып, — сырлас, дәмдес, шын мәнінде жолдас болған, бүгінде 100-ге толып, мерейтойы аталып отырған өнер тарланы, атақты күйші-композитордың көзі тірісінде күйлерін нотаға түсіре бастаған, сөйтіп сол кезде-ақ оның насихаттаушысы, зерттеушісіне айналған адам. Серік Харесов Атырау, Маңғыстау өңіріне белгілі домбырашы, "Жеңіс даңқы", "Фонтан", "Күйтолғау""Сағыныш", "Арнау", "Шаттық", "Аңсау сезімі" сынды күйлер мен күй-поэмалар шығарған күйші-композитор.

— Сәке, алдымен Мұрат Өскінбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайында толығырақ әңгімелеп берсеңіз?

— Ол Адайдың Жаңай руынан, Жаңайдың Әлісі. Әлменбеттен Қалманбет туған, Қалманбеттен Өскінбай, Үлкенбай атты екі ұл, Көркей, Шырай, Ақыжан атты үш қыз өрбіген. Қалманбеттің осы бес перзенті бірін-бірі жібермейтін, бірімен-бірі тайталасқан аты шулы домбырашылар болған деседі. Осы бес өнерпаздың өнер тарихында белгілісі Өскінбай Қалманбетұлы (1860-1925). Оның өмірі туралы Қазақ Совет энциклопедиясыньщ 9-томында қысқаша мәлімет жазылған. Қазақ халық композиторларының төл туындыларын салыстырмалы зерттеулерден өткізіп, өзіндік бағасын берген өнертану ғылымының докторы, академик, композитор Ахмет Қуанұлы Жұбанов Өскінбайдың табиғи таланттылығы, шынайы күйшілігі туралы өз еңбектерінде:"Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл дәстүрлерінің ешқайсысына тікелей соқпайтын творчестволық бағытында да, орындаушылық дәстүрінде де, өз алдына бір төбе болып тұрған адайлық күйлердің негізін бір басына жинақтаған Өскінбайдың халықтық аспап музыкасында алатын орны ерекше", — деп жазады. Академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов айтқандайын, қазақ халық композиторларының ортасында өз алдына бір төбе болып тұрған Өскінбайдың күйлерінен біздің дәуірімізге жеткені жиырма шақтысы ғана. Олар:"Шалыс өре", "Жаңылтпаш", "Ыңғай төкпе", "Соқыр қыз", "Жеті бұлбұл" немесе"Бұлбұл ақжелең", "Жирен жорға", "Кербез Айша", "Түрікпен", "Құлбай бақшымен тартыс", "Баланазойы", "Қынжал", "Өмір өтті", т.т.

Осы бір аты аңызға айналған дүлдүл күйші Өскінбайдан Жұмағұл, Хамит, Мұрат, Ишан атты төрт ұл, екі-үш қыз дүниеге келген.

Өскінбайдың жеті перзентінің ішінде Хамит өз заманында Маңғыстау өңіріндегі атақты әншілердің бірі болған. Ұлы Отан соғысына аттанған сапарынан хабарсыз кеткен азаматтардың бірі. Ал Өскінбайдың Мұраты өнер тарихы төрінен орын алған атақты да талантты күйші, қазақ композиторларының бірі. Өскінбайдан өрбіген Мұраттың күйшілік өнерінің бастау қадамы өскен ұясындағы әдемі дәстүрде жатыр десек, ақиқат шындық көрінісі. Мұрат Өскінбайұлы 1904 жылы қаңтар айының бірінші жұлдызы күні дүниеге келген. Кіндік кесіп, туып-өскен жері Маңғыстаудың Қарақия ауданына қарасты Жетібай елді мекенінің"Жетібай құдығы" аталынған жер. Алты-жеті жасында анасы қайтыс болған бала Мұрат аға, інісі, апаларымен бірге әкесі Өскінбайдың қолында тәрбиеленеді. Тұрмыс жағдайына байланысты жөнді сауат ашуға мүмкіндігі болмай, жастайынан еңбекке араласады. 1932 жылға дейін Кендірлі, Фетисов тұз өндіру кәсіпшіліктерінде, Түрікмен КСР-і"Қарабұғазсульфат" тресі Сартас кәсіпшілігінде қарапайым жұмысшы міндетін атқарды.

1934 жылы Түрікмен КСР-і Мәдениет комиссариатының ұйғарым-нұсқауымен Қарабұғаз халық театрына жұмысқа ауысады. Бес-алты жасынан өнерге еліктеп өскен Мұрат Өскінбайдың күйшілік өнерін жете меңгеріп, өзінің бар өмір тіршілігін біржола өнерге бағыттауы осы 1934 жылдан басталған.

1934 жылдан 1954 жылға дейін Түрікмен КСР-інде артистік қызмет атқарған Мұрат Өскінбайұлы академик композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың арнайы шақыруымен Алматыдағы Жамбыл филормониясына жұмысқа ауысады, кейіннен 1960-шы жылдары ұйымдастырылған"Қазақконцертте" қызмет істейді. 1965 жылы құрметті демалысқа — зейнеткерлікке шығып, 1967 жылы туған өлкесі Маңғыстауға оралады.

— Бұл өмірінің соңғы жылдары болар?

— Иә, Жаңаөзен қаласын мекен еткен Мұрат Өскінбайұлы 1982 жылы ұзаққа созылған науқастан өмірден өтті. Дүние салып, топырағы бұйырған жері әкесі Өскінбай жерленген"Қырғын қауымы" Қарақия жотасының"Доңаза" деп аталатын жері. Халық өнерінің қайнар көздерінің бірі болған талантты күйші, халық композиторы Мұрат Өскінбайұлы өзі өмір сүрген ортасында өнер мұрасын қалдырды. Біздің заман тақырыптарына арналған тың стилдегі"Жан ата", "Қоштасу", немесе"Аттаныс", "Сайлау", "Жеңіс", "1 Май", "Отаным мәңгі жүректе", "Қазақстан", "Жетібай", "Жаңарған Маңғыстау", "Халықтар достығы", "Бірінші косманавт"немесе"Өрен", "Олимпиада -80" секілді бірнеше күйлері күйші-композитордың өнер тарихына қосқан өзіндік үлесі болып табылады. Мұраттың композиторлық, орындаушылық шығармашылығындағы отызға тарта күйлері арнайы оқу орындарына арналған оқулық ретінде Қазақстан Композиторлар одағының ұйғарым бекітуімен баспа бетінде жарық көрді.

— Мұратекең күйші, композитор ғана емес, жыршы, термеші, ақын ретінде де көпке танылған. Оның белгілі ақын Есенғали Бөкенбаевқа арнаған толғауын, Есағаңның оған жырмен берген жауабын білеміз.

— Оның рас, оның өзі шығарған жыр, терме өлеңдері 1986 жылы"Аманат" деген атпенен кітапша ретінде баспа бетінен жарық көрді. Жиырмадан астам күйлері күйтабақшаларға жазылып, халық арасына кеңінен таралды. Орындаушылық шығармашылығындағы отызға жуық күйлері республика радио-теледидар алтын қорында, жиырмадан астам күйлері Құрманғазы атындағы өнер институтының фольклорлық бөлімінде, жүзден астам күйлері республика ғылым академиясының музыка секторы бөлімінде сақтаулы. Құрманғазы атындағы өнер институтының Буданов, Жаңбыршиев секілді түлектері мезгілінде Мұрат шығармашылығынан дипломдық жұмыс қорғаса, академик Ахмет Қуанүлы Жұбановтан бастап, музыка өнері қайраткерлері мен зерттеушілері Қ.Тастанов, Б.Ғизатов, У.Бекенов, Т.Мерғалиев, жазушылар Ә.Кекілбаев, Қ. Сыдиықов, тағы басқа бірнеше журналист қаламгерлер өз еңбектері мен мақалаларында талантты күйші, композитор Мұрат Өскінбайұлының шығармашылығы мен орындаушылығы төңірегінде жылы лебізді ой, пікірлерін жазды. Мұраттан маңғыстаулық терме, толғау өлеңдері мен күйлерін үйренбеген жас өнерпаздар кемде-кем. Олардың қатарында марқұм Әлқуат Қожабергеновтен бастап, М.Панаев, С.Шәкратов секілді республикамызға танымал домбырашылар бар. Халық өзі таңдаған, өз талғамынан шыққан өнерпаздарды кейінгі ұрпаққа шашпай-төкпей жеткізіп отырады, дәріптейді. Мәселен, Мұрат Өскінбайұлы өмірден өткеннен кейін 1984 жылы Жаңаөзен қаласының халқы оның 80 жасқа , 1989 жылы 85 жасқа толу құрметіне арналған өнер мерекелерін ұйымдастырды. Соған орай, Жаңаөзен қаласына тақау Теңге елді мекенінде М.Өскінбаев атындағы көше дүниеге келді. Қаладағы балалар музыка мектебіне М. Өскінбаев есімі берілді. Қаланың екінші шағын ауданындағы ол тұрған мекен-жайға ескерткіш тақта орнатылды. Бұның барлығы өнер адамына деген халықтық сый, құрметтің шын көрінісі деп түсінген жөн.

Бұл өмір бойы бұзылмаған және бұзылмайтын дәстүр болса керек.

— Сәке, сіздің Мұрекеңмен алғашқы таныстығыңыз қалай басталды?

— Мен Атырау (бұрынғы Гурьев) пединституты музыка факультетінің іргетасын қаласқанмын, сол оқу орнында сабақ бердім. Тағдыр айдап, дәм тартып 1980 жылы Жаңаөзенге келіп, Төлесін Әлиев атындағы мектепке қызметке тұрдым, өзім жатақханада жататынмын. Бір күні үзілісте мектептің сол кездегі мұғалімдері Саналбай Тасболатов, Шәріп Төлендиев үшеуміз әңгімелесіп тұрғанбыз. Әңгіме күйге, күйшілікке ойысқан кезде олар Мұрат Өскінбайұлының осы Жаңаөзенде тұратынын айтты. Бұған мен елең еттім. Өйткені бұрын Форт-Шевченкода қызмет істеп Атырауға оралған математик ағамыз Закария Қабдолұлы Жұмағазиевтен Мұрекең, оның күйшілігі жайында естіген болатынмын. Сондықтан әңгімені төтесінен тарттым:

— Ол кісіні қайдан табуға болады, мекен-жайын білетіндер бар ма?

— Осы мектепте, бесінші сыныпта оның немересі оқиды ғой, содан білуге болады, — деді Саналбай.

— Жақсы ендеше, сол сыныпта бүгін менің сабағым бар еді, — дедім мен.

Сонымен 5-сыныпқа бардым."Сыныпта Әзірбай Өскінбаев деген бала бар ма?" — деймін."Менмін", — деп кішкентай, арық қара бала орнынан көтерілді. Мұрекең жайлы сұрастырып, мекен-жайын жазып алдым. Ол кезде олар ұмытпасам, қаланың екінші шағын ауданында, екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Бір күні іздеп бардым. Есік алдында Мұрекеңнің зайыбы Нұрбалқан шешеміз самауыр қойып жатыр да, үйде бірі — ірі толық та, екіншісі — арықша, қағілез келген екі кісі отыр екен. Арықшасы бұл үйдің қонағы болып шықты. Аты Сейілхан, руы — жаппас, көп жыл газет редакторы болған өнерлі жан болып шықты. Бірер күй тартты. Кезек келген соң мен"Жалдықараны" тарттым."Мынау Қалидың тартысы ғой", — деді Мұрекең. Бұл — Қали Жантілеуовты айтқаны. Әңгіме шешіліп сала берді. Сол танысуымыз жолдастыққа, жолдастығымыз сыйластыққа ұласты.

— Сізді жұртшылық Мұрат Өскінбайұлының өнерін, оның күйлерін насихаттаушы, зерттеуші ретінде біледі. Мұны Мұрекеңнің өзі құп көріп, риза болды ма?

— Бір рет үйіне барып отырғанымда ағамызға күйлерін жазып алып, нотаға түсірсем деген ойымды айттым."Талай адам келді, шығарамыз деп, жазып алады да, "шу қарақұйрық" дегендей хабарсыз кетеді", — деп жатыр Нұрбалқан шешей. Содан оның үш-төрт күйін жаздым. Олар"Өрлеу", "Отаным мәңгі жүректе", Мұраттың орындауындағы Өскінбайдың"Бұлбұл ақжелеңі" бар. Екіншіден, бұл істі қолға алуыма сол кезде мәдениет саласының басшылығында жүрген Т.П.Догадованың күйші-композитор күйлерін нотаға түсіру жөніндегі ұсынысы қамшы болды. Әрине, менен басқа да кейбір домбырашылар оның шығармаларын түсірмек болған, бірақ бұл оңай шаруа емес және олардың түсірген кейбір ноталарын тыңдап көрген Мұрекең жарыққа шығаруларына қарсы болған. Менің жазғандарымды тыңдағаннан кейін өзі"Серік, сенікі дұрыс, жалғастыра беруіңе болады", — деп, ыңғай танытты. Мұраттың"Отаным мәңгі жүректе", "Олимпиада — 80" атты күйлерін тұңғыш рет оркестрге шығарып, өзіне тыңдаттым.

— Сонымен, Сәке, Мұрат Өскінбайұлы күйлерінің нотасың және күйтабағын шығардыңыз, бұл ұстаз-аға, дара талант алдындағы інілік парызды орындауыңыз, қазақтың күй өнеріне, оның ұрпаққа жетуіне, болашақта сақталып, жасай беруіне қосылған зор үлес деп бағаланса керек-ті.

— Мұрат Өскінбайұлы өзі өлсе де өнері өлмейтін, халқымызбен бірге жасай беретін сан қырлы, саңлақ тұлға. Сондықтан да оның күйлерін насихаттау, тарату, ұрпаққа мұра ғып қалдыру ісі жалғаса беретініне сенемін. Көп еңбектену, іздену нәтижесінде 1996 жылы Қазақстан Композиторлар одағы жанындағы"Дайк-пресс" баспасынан"Мұрат Өскінбаев күйлерінің жинағы" аталатын кітапты жарыққа шығардым. Жинаққа рецензияны Қазақстан Композиторлар одағының сол кездегі бірінші хатшысы Базарбай Жұманиязов жазды. Алты мың данамен жарық көрген жинаққа күйші-композитор Мұрат Өскінбайұлының мен нотаға түсірген он екі күйі, А.Тоқтағанов түсірген бір күйі енді. Сонымен қатар Маңғыстау халық композиторлары шығармаларының Мұрекеңнің орындау шеберлігіндегі он жеті күй, барлығы 30 күйдің нотасы жарыққа шықты.

Сондай-ақ менің орындауымда 1986 жылы күйтабақ шықты. Мұнда халық композиторлары Қоңыр Жүсіптің"Қоңыр", Абылдың"Нарату", Өскінбайдың"Бұлбұл ақжелеңі", Есірдің"Күнтайы" және Мұраттың"Құдағайы" бар.

Асқар таулар алыстаған сайын биіктейді ғой. Мұрекең де арамыздан кетіп, уақыт алшақтатқан сайын асқақтай түсуде. Оның 80, 85, 90 жылдық мерейтойлары мұнайшылар қаласы — Жаңаөзенде аталса, енді міне, ғасыр тойы облыс орталығы, ақ шаңқан қала — Ақтауда аталуда. Жуырда облыстық филармонияға Мұрат Өскінбайұлының аты берілді. Өнер адамының бақыты осы шығар деп ойлаймын. Ол өзінің күмбір қаққан күйлері сынды ұрпақтар жадында жаңғырып, сақтала бермек. Оның көзін көріп, өнерін зерттеп, жалғастырып жүрген біз үшін мұнан артық қуаныш бар ма?!

Қазан, 2004ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама