Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Қайта оянған жанартау

(Арқалы ақын Қалбай Әбдіраман туралы екінші сыр)

Ол асқаралы Алпысқа шаршап-шалдыққан кейіпте емес, мұзарт шыңда түлеген мұзбұлақтай, кемеліне келіп, шабытты қабат-қабат көктасы арғымақтай алшаңдап жетті.

Алпысыншы жылдардың бел ортасында поэзия аспанында жарық жұлдыздай жарқ еткен ол, көмескі тартқандай көрінбей қалады. Тек тоқсаныншы жылдардың соңына қарай ұйқыдан оянғандай, сілкініп, ширығып қайта тұрады. Іштей тынып жатса керек. "Болат кездік қын түбінде жата ма", содан жыр нөпірі бір толастар емес.

Мұнан алты-жеті жылдай бұрын, ол Қарақалпақ елінен Маңғыстауға омырауын ашып, арқырап келгенде алдынан шығып, "Дүркіреп жеткен жыр-нөсер" атты мақаламмен облыстық газетте лебізімізді білдірген едік. Енді міне, Қалбай ақын туралы ілтипатпен сөз саптаудың сәті түсіп отыр.

1947 жылдың мамыр айында Қарақалпақстанның Беруни ауданында дүниеге келген Қалбай жырсүйер қауымға ерте танылды. Мектеп оқушысы кезінде-ақ "Қазақ әдебиеті" газеті мен Қарақалпақстанда шығатын "Әмудария" журналында оның жауқазын жырлары жариялана бастады. 1966 жылы "Балдырған" журналында жарық көрген "Қыс" атты өлеңі 1995 жылға дейін қазақ мектептерінің бірінші сыныбына арналған "Ана тілі" оқулығынан түспеді. 1977 жылы "Балдырған" журналының бірінші санында "Балдырғанның кітапханасы" сериясымен Абай бастаған Алты ақынның "Қыс" атты өлеңдері кітапша болып шықты. Кітапшада Қалбайдың да өлеңі бар.

Халқымыздың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаев 1978 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған бір мақаласында: "Қ. Әбдірамановтың айырықша ауызға алар бір қырын өзінше айтып, оқыс түйіндер жасауы, жұмылған жұдырықтай шымыр, тегеурінді сөзге бой ұруы ұнайды", — деп жазыпты. Әдебиетіміздің ақсақалдарының бірі — Мұзағаң пікірінің дөп басып айтылғандығын Қалбайдың жырларын оқығаннан-ақ байқауға болады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін оның "Маңғыстау" деп аталатын, үш-ақ шумақтық өлеңін келтіре кетейік.

Маңғыстау, айналайын, — Атамекен,
Қисайсам қай қырында жатам екен?!
Сен менің зар күнімсің, Тағдырымсың,
Мен сенсіз сөз сөйлесем қате кетем
Сен десем алыптардай еңселімін,
Бір уыс топырағың — жолсерігім!
Туған жер!
Туыңды іздеп неге келдім,
Жырыммен ақтамасам ел сенімін?!
Теңізім аспанменен керегелес,
Өмірім өміріңнен бөлек емес.
Айналайың қазақтың маң даласы,
Сенен өзге Жерұйық керек емес!

Мұны жүрекжарды перзенттік махаббат, азаматтық әуен, биік отаншылдық рух демеске бола ма? Және бұл жалаң айқай емес. Қалбайдың қай өлеңін алып қарасаңыз да өзіндік үні, айтары, мәнері бар. Туған жер, атамекен өте ауқымды, кең ұғым. Әр ақын өзінше жырлайды. Ал, Қалбайда бүкпе, мына сөзіме, ойыма кім қалай қарайды екен деп тосылу немесе жылтырақ сөзге әуестік, бұрын көп ешкім айтпаған тіркес іздеп әурелену атымен жоқ. Ақындық жырларынан лүпіл қаққан үлкен жүрегі көрініп тұр. Құрсаулы қоғамда өмір сүріп айтарын ашық айта алмаған Мұқағали:

...Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай!!!

деп армандап кетпеп пе еді. Сондықтан болар, өзіне тән өрлікпен әдебиеттің есігін қаққан Қалбайдың жырларын кезінде Мұқағали да таңырқап оқыған көрінеді. Ол 1966 жылы "Жұлдыз" журналының 8-санында бесінші бетте жарияланған бас мақаласында Қалбай Әбдіраманның жырлары туралы пікір айтқан.

1977 жылы Қалекеңнің қарақалпақ тілінде "Жүректегі жазулар", 1981 жылы "Келешекке сапар" атты жеке жыр жинақтары жарық көрді. 1980 жылы Қазан қаласында татар тілінде шыққан "Арал толқындары" атты қарақалпақ поэзиясының антологиясында орын алды. Көптеген ұжымдық жинақтарда жырлары шықты. Пушкин, Есенин, Исаковский, Твардовский сияқты алыптардың, бірқатар әзірбайжан, башқұрт, татар, қазақ ақындарының жырларын қарақалпақ тіліне аударуға ат салысты.

Қалбай Әбдіраманның 2005 жылы Алматыдағы "Үш қиян" баспасынан жарық көрген "Қазақнама". "Қазағыма хат" деген кітабына жазған алғы сөзінде қаламдас інісі Бегеабат Ұзақов: "1982 жылдан бастап оның шығармаларын тұншықтыру әрекеті басталды. Текстеріне қол тигізілді, сондықтан Әбдіраманов 18 жыл баспасөзге шығарма беруді мүлдем тоқтатты. Ол өз өлеңдерінің бұрмаланып шығуына қарсы еді. Біз ұзақ жылдар бойы жалынды ақыннан айырылып қалдық", — деп жазды. Мұны Қалекең өз оқырманына арнаған өлеңінде өзі де айтады:

Мен қалайша сендерді толқытамын,
Мен сөйлесем өлердей қорқытамын!
Жұмыс жоқ, не қолымда қаламым жоқ,
Он сегіз жыл мұзхана, моргтамын!
Сеніңдер мені тастан берік десе,
Мен мұнда отырғам жоқ келіп кеше!
Мен сендерді қалайша толқытамын
Ешкім келіп мұзымды ерітпесе?!...
Бұл дене сосын қалай қозғалады,
Қозғалған соң бір шындық сөз болады.
Мен тірілсем тарылып мына майдан
Үлесіне құзғынның аз қалады!...

Дегенмен, Қалбай ақын қарап жатпапты. Халқымыздың әдебиеті үшін тер төгіп, 38 жылда жазған 70 томдық қолжазбасы соның айғағы.
Бүгінде Қалекеңнің өзі тұрғынына айналған сүйікті қаласы Ақтауға арнаған өлеңінде мынадай шумақтар бар:

...Ақ шағала, ірге теп Ақ қаладан,
Қазағымнан айналдым бақ қараған!!
Адайларым қолды бер, Адайларым,
Жұлдыздармен тілдескен шақта маған!
Желпінейін, Ақ қала желпін десең,
Тауға шығам, теңізде толқын кешем!
Қолыңдағы сендердің домбыраңмын,
Арагідік болмайды шертілмесем!

Біз бұл шағын мақаламызда Қалбай Әбдіраманның шығармаларына жан-жақты тоқталуды мақсат тұтпадық және оны газет көлемі көтермесі анық. Айтарымыз арамызда жүрген талантты ақынның әлі де бермегі көп.

Уы да бар сөзімнің, суы да бар,
Ақиқаттың төбемнен туы бағар.
Төте тарттым, тіке сөз ұнамаса,
Өзге Қалбай қазағым туып алар,

— дейді ол "Атамекен" атты өлеңінде. Шындығында да "Ақиқатқа ең жақын адамдар — ақындар"(М. Ганди) деп текке айтылмаған. Ендеше оның жырларындағы тауып айтылған, тіке айтылған, тіліп түсер семсер сөз қашан да қажет.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама