Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Өзінің алтын қазығын тапқан жампозым

"Қазақстан киносында ең бастысы — өз халқыңды өзіне мінез-құлқымен және өзіндік ой түйіндеу ерекшеліктерімен көрсете білу деп түсінемін. Кешегі, бүгінгі, ертеңгі күніміз туралы картиналар керек. Кешегіміз — бұл біздің тарихымыз, бүгінгіміз — бұл жаңа дүниенің адамы, ол Байқоңырдан ғарышқа шырқайды, ол қазына аралы атанған Маңғыстауды игеруде, ол жаңа келбетті Қазақстанды жасауда. Ертеңіміз болса — жер шарының бүкіл халқы менің үйіме қонаққа келетін арайлы шақты аңсау ғой", — депті Нұрмұхан Жантөрин өзінің соңғы сұхбатының бірінде. Оның мұнан жиырма жыл бұрын көрегендікпен айтылған осынау пайымы ақиқатқа айналды. Көк байрағы желбіреген Қазақстан бүгінде төрткүл дүниеге мәшһүр егеменді мемлекет, қазыналы Маңғыстау өндірісі өрлеген, маңдайалды облысқа айналды.

Өзінің тума талантымен талайларды тәнті еткен, өнер қайраткері, Қазақстанның еңбегі сіңген және халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин 1928 жылғы сәуірдің 22-сінде дүниеге келіпті. 1950 жылы Алматы кино мектебін, екі жылдан кейін Ташкент театр өнері институтын бітірген ол Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында актер һәм режиссер қызметін атқарады. Алғашқы рөлін Марк Донскойдың "Аласталған Алитет" фильмінде 1949 жылы ойнайды. Ол кинофильмдерде 74 рөлді сомдап, М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 28 кейіпкердің бейнесін жасады, "Орман балладасы", "Медальдің үшінші жағы", "Қаратаулар қазынасы" сияқты көркем фильмдердің режиссері болды. Оның ойнаған Батый ("Даниил-князь Галицкий"), қойшы ("Амуланға"), Тағай ("Жора"), Танабай ("Қош, Гүлсары"), Шоқан ("Оның уақыты келеді"), Бейбарыс ("Сұлтан Бейбарыс"), тағы басқа рөлдері бұрынғы одақ киносының алтын қорына қосылған-ды. "Ананың ұнамсыз балалары болмайтындығы сияқты менің де ұнамсыз рөлім жоқ Олардың әрқайсысы өзінше тартымды. Кез келгеніне еңбегімді сіңірдім. Әрине, өзінің ауыршылығымен, терең психологиялық иірімдерімен Шоқанмен немесе Бейбарыспен тең түсетіні сирек болар, дегенмен, олардың әрбірі мен үшін ыстық", — дейді Нұрекең өз рөлдері жайында.

Нұрмұхан сынды болат кездіктің қын түбінде жатпайтындығы айдан анық-ты. Сөйтіп, оның ұзақ жылғы жансебіл еңбегінің, экрандық өмірінің жұлдызды сағаты да соқты. Оны "Сұлтан Бейбарыс" фильмі әкелді. "Созвездие-90" атты Бүкілодақтық фестивальде көрсетуге ұсынылған 68 фильмнің 20-сы конкурстық бағдарламаға жіберіледі, ішінде аталған фильм бар еді. Талантты деген 250 актердің арасынан Нонна Викторовна Мордюкова мен Нұрмұхан Жантөрин "Актер мамандығына қосқан көрнекті үлесі үшін" атты арнаулы жүлдеге және дипломға ие болды.

Ол кинематографияда етек алып бара жатқан жағымсыз өзгерістерге, арнайы көріністер қуушылыққа әрдайым қынжылыс білдіреді. Оларды өнер туындысы деуге келмейтін, жеңіл жолмен ақша табудың әрекеті деп ұғады. "Өкінішке орай, соңғы бес жылдың ішінде біздің кино зорлық-зомбылық пен эротиканы көрсетуге зор көңіл бөліп, ойланбастан батыстың фильмдеріне, олардың да нашар туындыларына еліктеуді шығарды. Әдеттегіше картина әділеттіліктің орнығуымен аяқталса да, оның өн бойында жағымсыз типтердің төбелесі, ұрлығы, зорлауы орын алады... Мұнда кино тіліндегі ерекшелікке, ойыңдағы нәзік сезімталдыққа орын жоқ, мұны жағымды үрдіс деуге әсте келмейді", — дейді.

Нұрмұхан аға соңғы сұхбатында: "Мен қазір екі фильмге бірдей түсіп жатырмын. Екеуі де менің қайғы-қасіретті көп-көрген халқым жайында. Бірі 30-жылдары Қазақстанды жайлаған аштықтың трагедиясы, бұл режиссер Дамир Манабаевтың "Сүржекей — ажал періштесі", екіншісі әйгілі орыс жазушысы Михаил Пришвиннің ғасыр басындағы Қазақстанға сапары жөніндегі очеркі негізінде жазылған "Қара араб" фильмі...", — деген екен. "Көзің тіріде бар асылыңды беріп кеткің-ақ келеді..." Бұл — Нұрмұхан ағамыздың арманы еді, өйткені, алпыстан жаңа асқан шағында, 1990 жылы мамырдың 2-сінде оның жүрегі соғуын тоқтатты. Ол әлі де көп нәрсе тындыруға, жұмыс жасауға құштар-ды. Өкініштісі, сұм ажал оның ойға алған істерін аяқтауына мүмкіндік бермеді...

Халық жазушысы, жерлесіміз Әбіш Кекілбаев "Ол түнгі аспандағы Темірқазық жұлдыздай танымал еді" деген естелігінде оқушы кезінде көрген "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" фильміндегі Қодар бейнесі ұмытылмастай есте қалғанын, бұл фильм Қодарды көрермен жадында қалардай тамаша сомдаған Нұрмұхан Жантөриннің фильмі болғанын жазады. Міне, осыдан бастап Жантөрин даңқы Темірқазық жұлдыздай жарқыраған екен!

Ал, қазіргі кинокөрермендер оны актердің соңғы ойнаған ролдерінің бірегейі "Сұлтан Бейбарыстағы" Бейбарыс деп біледі, көкірегінде Нұрмұхан Жантөрин солай жатталып қалды, өнер әлемінде тек дара дарындар ғана осылайша көп жүрегіне жол тапса керек-ті...

"Сахна әулиесі" атанған саңлақ актердің отбасылық жағдайына келетін болсақ, Нұрекеңнің зайыбы, театр зерттеушісі Маргарита Иовлева-Жантөрина өз естелігінде ерінің руы Адай, ал оның анасы Ғазизаның Есентемір қызы екенін айтады. Ағамыздың соңында, асылдың сынығындай боп қалған қос қызы Бақыт пен Жанна бар, бірі филолог болса, екіншісі-театр зерттеушісі.

Жуырда ғана өзінің бес жылдығын атап өткен облыстық музыкалық драма театры Нұрмұхан Жантөрин атында. "Театр ашылғаннан кейін оған кімнің атын беру керек деген сауалдың туындайтыны заңды ғой. Осыған орай сан алуан ұсыныстар, талас пікірлер болмай қалған жоқ, жоғары жақтан біздің киелі өлкемізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын біреулердің есімдерін беру керек деп, тықпалап жатқандар болды. Алайда, біздің қалауымыздағы Нұрекең қай жағынан да келіп тұрды, өйткені Маңғыстау оның тарихи отаны, өзі қазақ театр, кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлы актер, қайталанбас тұлға, ұлт мақтанышы. Соның өзінде біз біреулер алдымызды орап кетер деген оймен барынша асықтық және онымыз дұрыс та болды", — деп әңгімелейді театр директоры Нұрнияз Мұханов.

Облыстық музыкалық драма театрына Н. Жантөрин есімі беріліп, "Театр өнеріндегі тұлғаның рөлі" атты ғылыми-практикалық конференцияда облыс әкімі Қ. Көшербаев сөз сөйледі. "Талант болып туылу — тәңірдің ісі. Оған кино алаңы мен театр сахнасы — тағдыр болғанда, Жантөрин болу — жазмыштан!... "

Ол — Туматуги, Қодар, Кебек, Сырым, Мольер, Яго, Макбет болып санамызда сақталды, әсіресе кино өнерінде Шоқан Уәлихан, Сұлтан Бейбарыс болып көкірегімізге жатталды.

Кім білген, бәлкім қыпшақ даласының бір түп жусанын иіскеуді аңсап тұрған Бейбарыс-Жантөрин қанды қиян — Жайығы мен мұңды қиян Маңғыстауын аңсап көзіне жас алған болар. Өн бойына туған халқының киесі жұққан перзенттің сол бір тамшы жасы бүгін оның бабакүлдігі — Маңғыстау топырағына сіңді деп білемін... Ең алғаш Қазақ Ұлттық театрын құру туралы қаулыға 1926 жылдың 13 қаңтарында Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы, жерлесіміз Жалау Мыңбайұлының қол қойғандығы белгілі болды. Маңғыстаулықтар үшін бұл да қуанышты жаңалық болуы тиіс. Қасиетті өлкемізден шыққан өз заманының көшбасшысы бола білген дарабоз перзенттердің қатарына тағы да бір ат жазылды. Нұрмұхан Жантөриннің есімі елге оралды...", — деген-ді ол сөзінде.

Осы орайда Меңдекеш ақынның Төлеген Айбергеновке арнауындағы мына жыр жолдары есіме түседі.

... Жүзіңді алғаш көргенде-ақ біткен бір сенім
О бастан оқшау ту тіге келген жыршы едің,
Өлгеннен кейін, көп жоқтап жүрміз өзіңді —
өлмеске аяқ басқаның шығар бұл сенің!

Иә, өзі болмаса да есімі, рухы күллі дүниені шарлап келіп, алтын қазығын бабакүлдігінен тапқан Нұрмұхан Сейдахметұлы Жантөрин есімі де халық жадында сақталып, ұрпақтарымен бірге жасай бермек.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама