- 06 шіл. 2018 00:00
- 312
Митральдық стеноз
Митральдық стеноз — өте жиі кездесетін жүрек ауруларынын бірі. Ол кей жағдайда жеңіл болғанымен, кей жағдайда ауыр өтетіні соншалықты, тіпті ота жасауға тура келеді. Бұл ауруға шалдыққанда митральдық қақпакша анатомиялық өзгеріске ұшырайды. Сол жақтағы жүрекше мен жүректің сол жақтағы қан қуысы аралығында орналасқан кақпақша екі жармадан тұрады. Осы жармалар жүрекшеден қаннын қан қуысына ағуын оны ашып-жабу арқылы реттейді.
Митральдық стеноз — көбінесе 50 пайыздан астам жағдайда құздама (ревматизм) ауруларынан кейін жүрек қақпақшасының жүре пайда болатын ақауы. Ол бүкіл жүрек ауруларының 10 пайызға жуығын кұрайды және басқа митральдық кақпақша ауытқуларына қарағанда жиі кездеседі.
Белгілері
Аурудың көрінісі көп жағдайда митральдық стеноздың көлемі мен даму сатысына байланысты. Бұл сырқатқа шалдыққан науқастың еңбек қабілеті шектеледі: біріншіден, бұлшық еттер тез шаршайды, екіншіден, науқас тынысы тарылып, ентігеді. Мұндай жағдай әр науқаста әртүрлі сипатта болады. Бұлшық еттердің тез шаршайтындығы қан айналысының үлкен шеңберінің қызметтік мүмкіндіктерінің шектелуімен түсіндіріледі. Алайда, бұл белгі сырқаттың клиникалық көрінісінің элементі болып табылмайды, өйткені тынысы тарылып бара жатқан науқас қимылсыз қалады. Қолқаның тарылуына митральдық стенозға шалдыққан науқастың бронхитке жиі шалдығуы себепші болады. Қанды қақырық тастау — өте жиі кездесетін симптом. Мұндай жағдайда қақырық көбейіп, оның кұрамына қан араласады. Бұл белгі ауру басталған сәтте байқалады және ол өкпенің көктамырларында қан қысымының көтерілгенін білдіреді.
Сирек жағдайда стенокардияға тән ауырсыну пайда болады. Ұстама тәрізді ауырсынулар артериялық қысымның кенет көтеріліп кетуінен туындайды.
Зерттеу
Тыңдау (аускультация) арқылы ең алдымен жүректің жоғарғы жағынан шыққан дыбысты тыңдауға болады. Митральдық стенозды эхокардиографияның көмегімен нақтамалау сенімдірек. Көкірек қуысына электрокардиография және рентгенография жасаудың да жақсы көмегі тиеді. Сол арқылы жүрек пошымындағы өзгерістерді (гипертрофия және шекаралардың кеңеюін) бағалауға болады.
Ағымы
Митральдық стеноз біртіндеп дамиды. Ол үшін құздамалық үдерістен соң 2 жыл өтуі тиіс. Содан кейін ғана жүрек ақауы байқалады. Ақау кезінде анатомиялық ауытқулар кейде өте жеңіл болып, өмір бойы байқалмай өтуі де мүмкін. Осындай жағдайда науқас ешқандай шағым білдірмейді, ұзақ жасап, мүлде басқа бір аурудан қайтады.
Дәрі-дәрмектік ем
Жеңіл әрі асқынбаған түрін дәрі-дәрмектермен емдеуге болады. Науқас тыныш, қалыпты өмір салтын сақтауы тиіс. Ауыр жүк көтеруден, ауа райының күрт құбылуынан, қатты ыстықтан, күшті суықтан сақ болып, өзін денсаулыққа зиянды әдеттерден аулақ ұстауы тиіс. Миокардтың алғашқы зақымдану белгісі байқалған жағдайда науқасқа бір жағынан денсаулығына қатты күтім жасау, дұрыс тамақтану, екінші жағынан жүрек қызметінің бұзылыстарын барынша жоюға бағытталған ем-дом шараларын жасату қажет.
Хирургиялық ем
Қолма-қол ем коммиссуротомияны (митральдық қақпақшаның алдыңғы және артқы жармаларын кеңейту) ұсынылады. Коммиссуротомияны қақпақша ақауларының едәуір жеңіл жағдайларында жасау қажет. Бұл ота коммиссурлар тұтасып кеткенде жасалады. Митральдық стенозға отаны оның алғашқы кезеңінде жасауға болмайды, себебі бұл ауытқу уақыт өте келе өте жақсы бүтінделіп кетуі мүмкін. Екінші жағынан отаны аса кешіктіріп жасауға да болмайды. Жалпы, ауруды емдеу түрлерін білікті маман ғана шешеді.
З.Урдабаева