Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Он бірінші күз

І

Іс оңына басайын десе, қиюы қашқан тірліктің қисынына келуі де оп-оңай екен ғой. Әйтпесе мына құба жонда сүлік қараны теңселте жорғалатып, тербеліп келе жатқан Бөкен кеше кім еді? Кім дерің бар ма, оқудан жолы болмай, бір аптадан бері үйде үйелеп қалған Есілбек шалдың ұлы да. Үйелемей қайтсін, көшеге шықса, көптің көзі тек өзіне қадалатын сияқты. Қадалып қана қоймай, табалап күлетін де сияқты. Өйткені сол көптің мектепті ілініп «үшке» бітірген көп баласы студент боп шыға келгенде, медальмен бітірген бұның... иә, медальмен бітірген бұның ауылға күлбеттеніп қайтқаны ұят-ақ тіпті. Сонысын көзге шұқығандай, үйге келген кемпір-сампырға дейін: «Үйбәй, Бәтима-ау, осы жаман шұнағың медәлмен бітірген жоқ па еді?..» — дейтіндерін қайтерсің? Е, сонда «медәлмен» бітіргеннің бәрін институт еңіреп қарсы ала ма екен? Әлде оқуға «медәлмен» барған жалғыз осы Бәтиманың «жаман шұнағы» деймісің? Осыны түсінер жұрт қайда, мектептен кілең «бесті» бұл сатып алғандай-ақ, бірі мысқылдай ма, бірі мүсіркей ме, әйтеуір, қажай түскілері келетін секілді. Сөйтіп көресіні теңгедей темірден көріп, жігері жүндей түтіліп жүргенде, тілеуің бергір, Тоқан ағайдың шақыртып алғаны. Шақыртып алып, зоотехниктің маңдайына біткен жалғыз жорғасын бұның тақымына басқаны. Енді ел не десе, о десін, «Жамбыл» совхозының Жамбыл атындағы орта мектебін мың да тоғыз жүз сексен бірінші жылы медальмен бітірген Бөкен Есілбековтің бір-ақ күнде қойшы боп шыға келген түрі осы. Шүкір, бақпаған қойы емес, әлі де бағады. Баққанда, Тоқай ағай тапсырғандай, тура өз атасы сияқты бағады. Сосын келер жылы совхоз берген қарағайдай жолдаманы қалтасына салады да, «шу, қарақұйрық» деп, қалаға тартып отырады. Оқуға сонда түсе алмаса, кемпір-сампырдың өсегінен өліп-ақ кетсін!.. Иә, дәл солай!

— Әйт, шу, жануар!

Сары ала қамшының сабы шошаң ете қалғанда, сүлік қара тайпалып ала жөнелді. Мойнын еңкейте созып жіберіп, аяқтарын жерге доп-доп тастайды. Жүрісін үдеткен сайын жұмсақ қара жалы сусылдап желп-желп етеді. Төңірек құлаққа ұрған танадай, ат тұяғының дүбірінен басқа селт еткен дыбыс жоқ. Алдан қоңыр салқын жел еседі. Оң жақтағы сиырбүйрек жоталар төбеге келген күннің жып-жылы шуағына бөгіп, дел-сал манаурап жатыр. Бөкеннің алдынан сылаңдай қашқан таспа жол осы жоталарды артқа сап, енді сонау Көксеңгірдің кең қойнауына қарай құлдилай безіп барады. Мана екі сағаттан астам қарағайлы тік қапталды өрлеп, асудың үстіне шыға келгенде, алыстан құз-шоқылары қас батырдай қасқая қалған Көксеңгірің сол, әне. Етегінде анау жал-жал жасыл шыршалар үйездеген беткейлі-сайлы мол аңғар Бөкенге кішкентайынан таныс. Атасы алдыңғы жылы пенсияға шыққанша, Бөкен бұл жайлаудың қай аңғарында қой бағып, қай төскейінде қозы жамыратпады? Тіпті қай сайға қай уақытта қос тіккендері де есінде. Бір өрісті тулақтай тоздырып көрген атасы ма, көшіп келген жеріне он күн тұрақтамай жатып: «Ойбай, мына жұрттың миы шығып кетті. Қой, бұл өрістің де оты қашты», — деп, жаз бойы жұрттан жұрт ауыстырып, жыл құсындай жылға қонып жүруші еді. Соның арқасында Бөкен де бұл төңіректі түгел жаттап алған. Маусымына қарай әр өрістің әрқалай қабақ танытатынын да жақсы біледі. Қазір алыстан-ақ Көксеңгірдің бүгінгі түрін көзбен көргендей сезіп келеді. Төменгі балақтағы қайың талды Бұлғындысай әлдеқашан сарғайған. Өйткені тамыздың аяғы. Тамыздың аяғында сай-саланың ұзын шөбі сарғайып, жапырыла жығылып қалады. Ендеше, ол жер қазір қойшыға қоныс емес, олар тек жоғарғы алқымдағы тақыртазды Кеңөрісті ғана жайлауы мүмкін. Бөкеннің бет алысы да — сол Кеңөріс. Тоқан ағайдың айтуынша, Жәмештің отары сонда көрінеді. Несі бар, жаман жер емес. Жәмеш екеуі бабын тапса, жарықтық Кеңөріс деген өрістің нағыз оты ғой. Өзі ат шаптырым кең. Он қора қой түгел шиырласа да, күздің қара суығына дейін қияқ шөбі бір қисаймас шіркіннің. Бар міні — аздап салқындау. Таңертең-кешке тау жақтан ызғырық желдің азынай гулеп тұратыны бар. Әсіресе осы күзге қарай. көмекшісіз Жәмештің де күйі кетіп жүрген шығар. Төбеден түскендей бұл салып ұрып жетіп келгенде кайтер екен? Сөз жоқ, әйелі ұл тапқандай қуанар. Күн ұзақ тау басында жалғыз қаңсу оңай ма? Тоқан ағай да қызық, бұл аттанар сәтте қолын қысып тұрып: «Жәмеш ағаңмен тату бол. Тату болам деп, ауыз жаласып та кетпе», — дегені бар. Тату болмайтын не жетті со құрлы? Есін білгелі бір үлкен адамның бетінен алып, тілін безеген бұл Есілбеков емес. Он жыл оқығанда мектепте де бір мұғалімнен «Әй, Есілбеков!» деген ескерту алған бұл Есілбеков емес. Сол абыройын аяққа басқандай енді дырдай жігітпен ұстаспақ па?.. Жәмештің де көрінгеннің жағасына жармасып, жаманатты болғанын Бөкен көрген жоқ: Өзі оқыған, білімді жігіт деседі. Баяғыда қаладан әлдебір техникум бітіріп, көрші совхозда бірер жыл механик болып істепті де, сосын осы «Жамбыл» совхозына келіп, бір отар қой алыпты. Әжептәуір қызметін неге ақ таяққа айырбастағанын кім білсін, әйтеуір, содан бері жақсы да, жаман да аты шықпаған қарапайым шопан көрінеді. Бұның бәрін Бөкен елден естіген. Бұның бәрін ел сөз етпеуі де мүмкін еді, өткен жылы ол қып-қызыл «Запорожец» машинасын алып, соңынан қып-қызыл өсек ерткен. Өсектің басы алдымен «Жәмеш бұл машинаны қайдан алды?» дегеннен шықты да, ол сұрақ ауыздан-ауызға көшіп, жауап іздей жөнелді. Бірақ жауабы табылмады. Өйткені өсекшілер мен есепшілер қалай есептесе де, Жәмеш айлық ақшасымен бес жылда бес мыңдық «Запорожец» ала алмайды екен. Мүмкін, жыл аяғындағы он үшінші айлықта ақшаны үйіп алған шығар? Жоқ, ондай байлыққа да Жәмештің қолы жетпеген екен. Мүмкін, баяғыда көрші совхоздан малды болып келген шығар? Жоқ, жалғыз көтерем көк сиырын жетелеп жеткен екен. Ойбай-ау, ендеше, ол бес мыңдық қып-қызыл «Запорожецті» қалай алды? Бұл сұрақтың шешуін таба алмай мысы құрыған жұрт бір мезет Жәмештің жеке басына біз сұға бастаған. «Анау мысқылмен қарайтын тышқан көзінен қулық көрініп тұрады», — дейді біреуі. «Көзін де, сөзін де қойып, өзіне көмекші тұрақтамайды деседі», — дейді тағы бірі... Міне, Жәмеш жайындағы өткен жылғы өсек осы.

Бұны Бөкен естиін деген жоқ, кластастарына дейін әңгімелеп отырғанда, құлағын бітей алмаған. Сонда оларға ыза да болған. Біреудің машинасында шіркіндердің несі бар? Алса, алған шығар ақшасына. Міндетті түрде соны зерттеп, тексеріп, өсек етпесе, өңештерінен ас өтпей ме? Әлде қызыл «Запорожец» іштерін қызыл шоқ боп күйдіріп бара ма? Әйтпесе оқыған, білімді жігіт сол машинаны арамдықпен алған жоқ шығар. Ел не десе, о десін, дәл сол Жәмешке көмекші боп бара жатқанына Бөкен өкінбейді. Айранын ұрттап, қойын құрттағаннан басқа дым білмейтін әлдебіреуге тап болғанша, көкірегі ояу жігіттің жаныңда жүргенге не жетсін?!

— Шу, жануар, тайпала!

Сүлік қара мойнын тұқырайтып жіберіп, жорғадан күрт шабысқа ауысты. Тастақты еңісте сүрініп кете ме деп Бөкен тізгін тежеп еді, ауыздығын қарш-қарш шайнап, шабысын одан сайын үдете жөнелді. Сол бетімен бұта-қарағанды сай ішіне жұлдыздай ағып түсті де, жатаған жотаның үстіне қайқаң қағып шыға келді. Сонан кейін танауын пыр-пыр еткізіп, қайта жұмсақ жорғасына басты. Бөкен оның желкілдеген жалынын сипап, жіпсіген мойнын жайлап қағып-қағып қойды. Еркелеткенді сезгендей, о да құлағын жымита береді. Тақтайдай сауыры мен кең омырауынан тер жаңа шыға бастаған. Міне, ат деп осыны айт! Мұндай пыраққа мінгеннің арманы не? Ауылдан шыққалы үрдіс жорғамен келеді. Жайлауға шығар манағы қара орманды биік қапталда ғана бірер сағат аяңға салған. Онда да кібіртіктеп демікпей, құба жонға еркін көтеріліп еді. Жануарды бұдан былай көп қинамаған жөн. Бүйтіп тайраңдата берсе, ертең-ақ қабырғасы ырсиып, ыңыршағы айналары анық... Иә, бүгіннен кейін бұның шып еткен терін шығармау керек. Күніне бір уақ өзенге апарып, денесін жуып, түгін жылтылдатып, өрістің ен оятына қойса, жайлаудан қайтқанша оқтаудай жарап шыға келмей ме? Сонда оған шалқая мініп, шай қақтата жорғалатқанын көрген жандар: «Е-е, бұл баланың оқудан жолы болмаса да, жорғадан жолы болыпты-е» демесіне кім кепіл? Осындай атты астына салып берген Тоқан ағайға қалай риза болмассың? Сүлік қара тақымына түспесе, Бөкеннің қойға баруы да екіталай еді, сайтанды алдына сылаңдатып қойғанда, директордың ығына қалай жығыла бергенін өзі де аңғармай қалған...

ІІ

Бөкен таңертең төрдегі темір төсекте бұйыға бүрісіп жатыр еді, үйге қара шапанының етегіне шалына кірген атасы:

— Әй, балам, тұр! Сені деректір шақырып жатыр, барып қайт, — деді босағада таяғына сүйеніп тұрып. Бөкеннің жүрегі су ете қалды. «Деректір» дегенге мектептің директоры Қасым ағай екен деп ойлаған. Оның алдына не деп барады? Оқуға түсе алмағанына сүйінші сұрамақ па? Отыз баланың ішінде ең үміт күткені де осы Бөкен болды ма, ол бұған тым жылы қарайтын. Бұл сабақ айтқан кезде, дөңгелек көздері күлімдеп: «Ой, азамат!» — дейтін кездері де көп еді. Сол «азаматы» мақтаған қыздың тойдағы «қылығын» жасап, беті қызарып жатқан түрі мынау.

— Бармаймын! — деп бұл күңк еткен. — Қасым ағайға көрінгенше...

— Әй, мынаның Қасымы несі, ей?.. Қасымың не, ей? — деді атасы таяғын еденге тоқ еткізіп. — Сені шақырған — Тоқан. Сапқоздың деректірі — Тоқан.

— Мейлі, қайсысы болсын, бармаймын. Білем, мені неге «сағынып» отырғанын, қойға жібермек қой... Айттым ғой сендерге қалаға кетем деп. Айтқаным — айтқан.

— О, қалада басың қалғыр, қаңғыбас неме. Ертең деректірге не деймін, а? Не деймін? Балам тілімді алмады, сөзім өтпеді деймін бе? Енді қартайғанда біреудің алдында бетім қызаратын болды-ау! Бар, бар, кет қалаңа! — деп, атасы есікті таяғымен нұқып ашып, бүкшеңдеп шыға жөнелді.

Бөкен атасын қатты аяп кетті де, жылдам киініп, ауыл шетіндегі совхоз кеңсесін бетке алды. Жолда ойы сан-саққа бөлінді. Көз алдына қала елестеді. Көше бойына сән түзеген зәулім үйлер... Сыңсыған саялы парктер... Әсем театр... Үлкен кітапхана... Ал мұнда ауылда?.. Ауылда емес-ау, жайлауда... Жым-жырт иен жер... Азынай соққан жел... Бытырап жайылған қойлар... Ат үстінде бүрісіп, күн қашан батар деп тұрған қойшы... «Жоқ, қалайда қалаға сызу керек. Қой бағып, көрінгенге көзтүрткі болғанша, қараны батырған жөн», — деп түйді Бөкен. Осы оймен кеңсеге жетті. Жеткенмен ұзын коридордың нақ төріндегі қара былғары есікке тірелгенде, бөгелді де қалды. Құдды бір қылмыс жасап қойғандай, қанша батылданғанмен аяғы алға аттар емес. Үлкен адамдарға жолығарда қарадай берекесі қашатын қашанғы әдеті. Өстіп біраз қипақтап тұрды да, ақыры қалаға кетем ғой деп, есікті ашып қалып еді, іште лық толы адам екен. Екі жаққа қаз-қатар тізіле отырған олар бұған жалт қарасты. Сәл болмаса, бұл есікті сарт еткізіп қайта жаба қояр еді.

— Кел, кел, Бөкен отыр, — деді Тоқан ағай жұп-жұмсақ биязы үнмен. Бұл кібіртіктей басып ең шеткі орындыққа жете бергенде:

— Жо-жоқ, мұнда кел, — деп Тоқан ағай тура өз жанынан орын нұсқады. Бөкенде не ерік бар, бұйдасынан жетелеген ботадай ол орынға да жетті. Жетті де, жерге қараған күйі желкесін қасыды. Неге қасығанын өзі де білмейді, әйтеуір, қышымағаны анық. Кабинетте сыбыр-күбір басталды. Бұл бәрін естіп отыр. «Есілбек шалдың баласы ғой...», «Оқуға түсе алмаған көрінеді...», «Бұл өзі медальмен бітірмеп пе еді?..» Бөкеннің беті дуылдап барады. Әттең, кірерге тесік жоқ. Тек осы сәтте Тоқан ағай:

— Ал, жолдастар, осымен мәселені шештік-ау деймін. Бәрі түсінікті болса, жұмыстарыңызға бара беріңіздер, — дегенде ғана, Бөкен «уһ» деп, маңдай терін сүрткен. Бірақ қырсыққанда кабинеттегілер бірден шығып кетпеді, бір-бірімен сөйлесіп, директорға қайдағы бір қағаздарына қол қойдырып, не керек, Бөкеннің әбден итін шығарып барып жөндеріне кеткен.

— Иә, дәу жігіт, сөйле, — деді сосын Тоқан ағай үлкен көкшіл көздерін бұған қадап. Сөйлейтіндей «дәу жігітте» не жөні түзу сөз болсын?

— Түсе алмадым, — деді күңк етіп.

— Неменеге түсе алмадың? — дейді ол түкке түсінбегендей жымиып.

— Оқуға, — деп бұл даусын қаттырақ шығарды. Онысы — білмейтіндей неге сұрайсыз дегені. Тоқан ағайдың көкшіл көздері күлімсіреп тағы да жымиған.

— Тәйірі, сол да сөз бе екен? Биыл түсе алмасаң, келесі жылы түсесің. Тіпті осы жылы түсе алмағаныңа қуан сен. Иә, қуан. Баяғыда мен мединститутқа бірден қабылданғаныма үш жылдан кейін қатты өкінгем.

— Қалай... мединститутқа?... Сіз СХИ-ды бітірмедіңіз бе?

— Иә, СХИ-ды бітіргем. Мединститутты үшінші қурсынан тастап, агрофакқа барғам.

— Қызық екен!

— Қызығынан бұрын оның өкініші көп болған, — деп ол самай тұсы ағара бастаған қара бұйра шашын салалы саусақтарымен тарақтай түсіп үнсіз отырып қалды. Тек не заматтан соң:

— Өзің қай оқуға барып едің? — деді салмақты пішінмен.

— КазПИ-дің тарих факультетіне.

— Мұғалім болғың келген ғой. Дұры-ы-ыс... Ал сол оқуды бітіріп шықсаң, мұғалім бола алар ма едің?

Бұл сұрақ Бөкенді таңғалдырды. Алматыда емтиханнан жүні жығылып шығып, тротуардың шетіңдегі бір орындықта көңілсіз отырғанында, әлдебір ақ бас шалдың тура осы сұрақты қойғаны бар. Соны Тоқан ағайға айтуға енді оқталған сәтінде... кабинетке тыпың-тыпың басып зоотехник жорға Жұмабек кіре берді.

— Төке, аттарды қораға кіргізді. Жирен қасқаңызды ерттетіп қояйын ба? — деді ол босағадан ұзамай.

— Кімге ерттетейін деп едің? — деп Тоқан ағай оған тік қарады.

— Жылқышыға да, Төке.

— Жылқышы директордың атын ерттеп беруге міндетті ме? Осындайдың не қажеті бар?.. Бара бер, біз де шығамыз қазір.

Жорға Жұмабек есікті жапқан соң, Тоқан ағайдың кіржие қалған қабағы қайта жазылды.

— Иә, жаңа не айтып отыр едік?.. Е, оқу жөнінде екен ғой. Жә, ол жайында кейін әңгімелесерміз. Бұдан былай не істемек ойың бар?

— Қалаға кетем... Жұмыс істеймін.

— Дұры-ы-ыс, осыны айтатыныңды біліп едім, — деп ол қара бұйра шашын тағы да тарақтай бастады. «Қазір «ауылда қал, қой бақ» дейтін шығар, бәрібір көнбеспін» деп Бөкен отыр. Тоқан ағай бір кезде орнынан тұрды да, кабинет ішінде ерсілі-қарсылы жүріп кетті.

— Інішек, сені шақырған себебім мынау, — деді сосын. — «Сөзді ұққанға айт» деген сөз бар. Сөз ұғатын жігіт деп ойлаймын. Сондықтан өзің сияқты барлық жасқа айтарымды алдымен саған айтуды жөн көрдім. Ондағы ойым — жолыңа кесе-көлденең тұру емес. Қалаңа барам десең, бар. Сені мұнда зорлап қалдыруға ешкімнің қақысы жоқ. Бірақ мен бір нәрсені білсем деймін. Сендер, бүгінгі жастар, неге тым жеңілдікке әуессіңдер. Бесіктен белдерің шықпай жатып рахатқа күмп бергілерің келетіні қалай? Ондай рахатқа батып та жүрсіңдер. Мәселен, мына сен әкеңнің арқасында табаныңа тас батып, тама ғыңа қара тікен қадалды ма? Болмаса арқаңа ауыр жүк түсіп, бұғанаң бекімей белің бүгілді ме? Жоқ, бұның барлығын заманында сенің әкең, сенің әкең сияқты анау қаусаған қара шалдар көтеріп алған. Соны түсінудің орнына болғанның үстіне болса екен, бергеннің үстіне берсе екен дейсіңдер. Жарқыным-ау, судың да сұрауы бар ғой... Біздің ең қиналатынымыз, оқуға түсіп, бірден маман болғыларың келеді. Артық айтсам айып етпе, ондай маманның пұты беш тиын, айналайын!..

Тоқан ағайдың үні біртіндеп қатайып барады. Ол қатайған сайын Бөкеннің басы төмен салбырай түседі. Манағы қысылғаны түк емес екен, қара тері қазір шыға бастаған. Жуық арада Тоқан ағайдың да тоқтар түрі жоқ, не де болса сөзімді жеткізіп, жер қылып шығарайын дейтін сияқты.

— Өзіңдей жастар, — деді ол бір сәт тура бұның алдына келіп, — өзіңдей жастар бір кезде қар жастанып, мұз төсеніп қала салды, керегінде кеудесін оққа тосты, ақ боранмен алысып тың игерді. Ондай қиындық бүгінде жоқ па? Бар. Ол — ауыл шаруашылығында. Олай дейтінім, ауылдағы көп жұмыс әлі қолмен атқарылады. Мүмкіндік болған күннің өзінде оның толық техника қолына көшуі екіталай. Неге десең, қойды қойшысыз бағамыз дегенге мен өз басым сенбеймін. Жарқыным-ау, қарапайым техниканы былай қойғанда автоматика, кибернетика дегендерің мың жерден керемет болса да, адамнан ақылды емес қой. Ол өзің сияқты қай жердің өрісі отты, қай жердің суы нәрлі екенін біліп, қойды қабағына қарап баға ма? Міне, ауыл шаруашылығының қиындығы да осында. Және, ең өкініштісі, әр малдың затын, әр шөптің атын білетін сендердің қалаға қашатындарың. Білем, ауыл баласы қаланың кез келген жұмысын істей алар, ал қаланың көгенкөзі ауылға келіп, әй, жарыта қоймас. Саған айтарым осы... Мә, сосын... Әкеңе айта бар, бүгіннен қалмай жайлаудағы Жәмештің отарына жүріп кетсін. Мана балам бармаса өзім барам деп еді.

Сөзім бітті дегендей, Тоқан ағай сұрғылт қалпағын киді де, есікке беттеді. Соңынан сүйретіле тұрып, Бөкен де ілесті. Сыртқа шыққан соң да бұрылып жүре бермей, оның артынан ерді. Неге ергенін өзі де түсінер емес. Жаңағы сөзден соң, бүгінге дейін көкірегінде тулап тұратын «өзімдікі дұрыс, өзім білем» деген ала құйын желігі мүлде басылып қалған. Ойлап қараса, осы уақытқа дейін әлгіндей қатты сөзді бұған батырып кім айтыпты? Мектеп бітірер күнгі кеште төр басында тұрып, толқи сөйлеген Қасым ағай: «Ал, айналайындар, «айналайын» деген сөз осымен бітті», — деп еді. Ертеңгі күні бұларды ешкім еркелетіп, маңдайынан сипамасын ол кісі сонда-ақ сезген екен ғой. Расында, енді атасы мен апасынан басқа Бөкенді кім «айналайын» дер? Атасы дейді-ау, қасарысып қалаға зытып отырған ұлының орнына қой бағып, қалтырап жүрген кезінде, ол да бұны «айналайын» деп еске ала ма?.. Бұны ойла ғанда Бөкеннің іші удай ашьш, көкірегі құлазып сала берді. Көз алдында таңғы ақ шуаққа көміліп, көгілдір тартқан дүниенің барлығы біртүрлі сұрықсыз көрінді. Сол көңілсіз күйі Тоқан ағайдың соңынан ілби басып ат қораның жанына келді. Ішінде түгі жылт-жылт еткен он шақты жарау ат пысқырынып, жылқышыға ұстатпай одыраң қағып жүр екен. Көптен мінілмесе керек, асаусып, шетінен тулап тұр. Қораның ортасында Тоқан ағайдың жирен төбелін ұстай алмай жорға Жұмабек тыпың-тыпың етеді. Аттар оның сылдырлаған жүгенінен емес, ебедейсіз жүрісінен үркетін сияқты. Құдды мультфильмнен келген адамдай қалт-қалт етіп, қораның о шеті мен бұ шетіне құлдыраң қағады. Мұндай адамға ат ұстатқанды қойып, маңайына жуытар ма?.. Қарадай ызасы келген Бөкен жанындағы аша қазықта ілулі тұрған қайыс арқанды жұлып алып, дуалдан секіріп түсті. Түсті де, арқанның бір ұшынан тұзақ жасап, қалғанын уысына шумақтай жинастырып алды да, қораны ықтай қашқан аттарға қарсы ұмтылды. Алдарынан оқыс шыққан адамды көргенде, аттар дүркірей жалт бұрылған. Ыңғайлы сәтті қалт жібермеген Бөкен шалмасын иіріп-иіріп, жирен төбелдің кегжиген басына лақтырып та үлгерді. Шалма дөп түсті. Мойнына жыландай оратылған бәледен құтылмақ боп, жирен төбел кісіней, тік қарғыды. Бөкен арқанды беліне орай қойып, табандап тұра қалғанда, асаусыған неменің мойны жерге тұқырая берді.

— Өй, азамат! — деп, жорға Жұмабек тыпыңдап жетіп келді.

— Жігіт! — деп қояды дуалдың сыртыңдағы Тоқан ағай да. Бөкен директордың атын жетелетіп жіберген соң, зоотехниктің атының да желігін басуды жөн көріп, сенің мінетінің осы-ау деп, сүліктей қара жорғаға шалмасын иіре лақтырды. Тұзақ оның да мойнын құрсаудай қысқан. Осы мезетте жорға Жұмабек:

— Әй, әй, босат! Онымен өткен аптада ғана жайлауға барып қайтқан. Ана торыны ұста, торыны, — деп шыжбалаң қақты. Бөкен не істерін білмей аңырап қалып еді:

— Босатпа! Тарт арқаныңды қатты! — деді Тоқан ағай дауыстап.

Бұдан соң Бөкен арқанның бір ұшын беліне тағы да орап жіберіп, қарғып-тулап аласұрған сүлік қараның да мойнын жерге ие қойды. Қалай асаусыса да мініс көрген ат қой, біртіндеп жуаси берді. Бөкен «құр-құрлап» жанына барып, дірілдеген денесін сипалап, иісім сіңді-ау деген кезде арқанды басына ноқталады да, арқасына қарғып мінді.

— Әй, байқа, мөңкіп, жығып кетіп жүрмесін, — деп жорға Жұмабектің жаны шығып барады.

— Жықпайды. Ары-бері жүріп көрші, — дейді Тоқан ағай.

Бұл тебініп қалып еді, сүлік қара ата жөнелді. Әттең, кең дала болса көсілгелі-ақ тұр. Аяғын қалай билей басады десеңші! Арқасы болса тақтайдай. Мойын деген — иілген доға. Не керек, нағыз желмаяның өзі. Мұңдай аты болған адамның не арманы бар екен?.. Бөкен қораның ішін бір-екі айналып өткен соң Тоқан ағай:

— Қалай, Бөкен, қойға мінуге жарай ма? — деді жымиып.

— Жарайды, — деп бұл да жымиды.

— Жараса, мінбейсің бе?

— Мінем, — деді бұл бірден. — Мінем! Жорға Жұмабек:

— Ойбай-ау, Төке... — дей бергені сол:

— Жә, саған жорға не керек, өзің де жорға емессің бе? — деп, Тоқан ағай кеңк-кеңк күліп алды да. — Жасың қырықтан асқанда жорғаны қайтесің, Жұмаш? Мінсін де мына жастар... Ал сен, Бөкен, қазір жинал да, тарт жайлауға. Кеңөрісте үй тігіп отырған Жәмеш ағаңа көмекші бол. Оқу жайын кейін ойлас тырармыз.

Бөкеннің көзі шырадай жанды. Директормен аз-мұз жеке әңгімелескен соң, сүлік қараны біреу тартып алатындай тайпалта жөнелген.

ІІІ

Бөкен оң қапталындағы сілем-сілем тау сауырын артқа сап, Кеңөрістің желкесіндегі биік жотаға шыға келгенде, алдынан салқын самал лекіп қоя берді. Ат басын тежеп, иек астына көз салды. Жарықтық, көсіліп жатқан баяғы Кеңөріс, етек-жеңі далиған баяғы мол аңғар. Қиғаштай шапсаң, сонау қара жалды ұзын жотаға жеткенше атың ақ көбікке малшынар еді. Ылдилай тартсаң, Бұлғындысайдың бойындағы боз талдарға тірелгенше тақымың тозар. Жоғарғы жағы айқай салсаң даусыңды ала қашар сойдақ-сойдақ мұзарт шың. Төсі түгел сылаңдай аққан сансыз бұлақ. Осындай құтты қонысты қалай қиып кетерсің, қалай сағынбассың?! Әне, шыңдардың шолақ құйрық көлеңкесінде бір отар қой жайылып жүр. Жәмештің отары. Бергі жақ шетінде көк аттың үстінде отырған Жәмештің өзі. «Байғұс, күнді батыра алмай сарғайып тұрған шығар».

Бөкен етекке шауып түсіп отарға бұрылғанда, Жәмеш те бұған қарсы жүрді: «Расында жалығып тұр екен-ау». Көмекшісі қандай ат мініп келгенін көрсін дегендей, оған жақындай бергенде сүлік қараны тіптен құтырта түсті. Бірақ көк атқа елу қадамдай қалғанда тізгінді кілт тежеді. Жәмеш деп келе жатқаны басқа адам сияқты... Иә, басқа адам. Дөңгелек қоңыр тымағын шекесіне түсіре киген бір мыжырайған шал. Үстінде көнетоз сұр шапан. Бөкен оның Оспан ақсақал екенін жанына келгенде ғана таныды.

— Ассалаумалейкүм, ата! — деп, бұл ат үстінде созылып барып, оның қолын алды.

— Уағалейкүмассалам... Е-е, Есілбектің баласы екенсің ғой. Иә, әкең күйлі-қуатты ма? — деді ол, насыбай шақшасын ердің қасына тық еткізіп.

— Аман-сау. Демалып жатыр.

— Е, демалсын байғұс. Жалғанның қызығын енді көрмесе, бұрын не рахатқа батыпты? Ол екеуміздің ғұмырымыз «шәйшәймен-ақ» өтті ғой.

— Өзіңіз неге демалмайсыз, ата?

— Демалмайын деп жүрмін бе, балам? Анау Тоқан деген бала, деректірді айтам да, тегі, «Қой бағатын адам жоқ. Балшықтан қойшы жасай алмай отырмыз» деп қайта-қайта қыт-қыттап қоймаған соң, көктемде амалсыз көніп едім. Содан бері мына Мырзабекті итшілеп жүрген де баяғы. Ауылға кетейін десем, бәтшағарлар орныма адам таппай отырған көрінеді.

— Итшілегені несі, ата?

— Оны сұрап қайтесің? — деп ол ерніндегі насыбайды былш еткізіп түкіріп тастады. — Өзің қайда тарттың, балам?

— Тоқан ағай мені де көмекші етіп жіберді Жәмешке. Оның қосы қайда еді?

— Е-е, Жәмешке жіберді де. Жөн, жө-өн... Ол анау Бұлғындысайда. Жылда әкең қара күзде қос тігетін дөңгелек сазды білесің бе? Жәмешің тура сонда.

— Қызық екен?.. Әлден сай-саланы сағалағаны қалай? Малға обал да...

— Тәйір-ай, солар мал жайын ойлап жүр дейсің бе? — деп Оспан ақсақал қолын селсоқ сілтей салды.

Бөкен шалмен қысқа қоштасты да, ылдилап жүріп кетті. Манағыдай өрекпіп сүлік қараға қамшы да үйірмеді. Өз еркі өзіне тиген соң, оның да желігі басылып, жұмсақ аяңына басты. Неге екені белгісіз. Бөкеннің көңілі суып, көкірегі бос қалған сияқты. Есінен жаңағы шалдың сөздері кетер емес. «Біреудің есігіндегі адам да бір, ит те бір емес пе» дейді. Сонда қалай, Мырзабек бұрынғының байларындай өз көмекшісін ит есебінде ұстағаны ма? Және Мырзабек — осы Оспан ақсақалдың туған інісінің баласы. Сол жақын туысын шал әлдебір адамдай «біреу» дейді. Мұнда бір гәп бар-ау...

Бөкен Бұлғындысайға күн бата жетті. Жәмеш қосын тура бұның атасының жұртына — доғалдау дөңнің етегіне тігіпті. Қойдың алды қотанға жаңа құлай бастаған. Ат дүбірін естіген екі қара ит сонадайдан арсылдап, тұра ұмтылды. Артынша қоңыр киіз үйден екі жігіт ытып шықты да, мықындарын таянып, талтайып тұра қалды. Бөкен тайпалта жорғалатып келіп, ат басын үш ашалы мама ағашқа байлаған соң, жігіттерге беттеді. Жәмештің жанындағы ұзын қара Мырзабек екен.

— Сәлеметсіздер ме? — деп Бөкен оларға қол берді.

— Сәлеміңді алдық, — деді Жәмеш, қысыңқы шегір көздерін бұған тура қадап.

— Жорға Жұмабек пе десек, сен екенсің ғой. Оқуға кеткенің қайда, ей, сенің? Бітіріп қайтқаннан саумысың? — деп Мырзабек сап-сары тістерін ырситып, жырқ-жырқ күлді.

— Жүрісің суыт қой, — деді Жәмеш, әлі де бұдан көз алмай.

— Тоқан ағай сізге көмекшіге жіберді, — деп бұл желкесін қасыды. Мырзабек Жәмештің иығынан қағып қалды.

— Тілеуінді берді, Жәке. Шалқаңнан түс те, енді жат.

— Ауылда шал-шақпыттар қырылып қалған ба? — деді Жәмеш Мырзабектің сөзін елемей.

— Жоға, бәрі аман. Атам сізге сәлем айтты.

— Атаңның сәлеміне зар едік. Алдық дұғай сәлемін. Оң көзімен қарай жүрсін деген шығар.

— Жоға, әншейін жай «сәлем де» деді.

— Ім-м, әншейін жай «сәлем де» деген екен ғой. — Жәмеш мырс етіп миығынан күлді де, қосқа бұрылып кетті. Бөкен не істерін білмей, керзі етігінің тұмсығымен жерді түртпектей беріп еді, Мырзабек иығына қол салып:

— Иә, інішек, сенің келгеніңе Жәкең қатты қуанып қалды, — деп кеңк-кеңк күліп қойды. — Менде бір көмекші бар. Оспан шалды білесің ғой, сол. Ол келгенде, мен де қатты қуанғам... Жәкең екеуміз деген немене, әбден қажыған адамбыз. Көктемде қой төлдеген кезде миымыз ашып кеткен. Енді-енді есіміз кіріп келеді... Сенің келгенің дұрыс болған.

Бұл уақытта Жәмеш қостың іргесінде жатқан ағаш ерге жайланып отырып, басына шүберек оралған жарты құлаш сүмбемен мылтығының ұңғысын тазалай бастады. Мылтығы аңшылар ғана ұстайтын нағыз бесатар сияқты. Затворы бір қарыс. Шүріппесі мен қарауылы да жай мылтықтан өзгеше. Мүмкін, бұл бесатар да емес шығар...

— Аға, мынауыңыз қандай мылтық? — деді Бөкен ақырын.

— Ататын мылтық, — деп Жәмеш мырс етті.

— Жоқ, маркасын айтам да.

— Маркасы ескі.

Бір ыңғайсыз нәрсені сұрағандай Бөкен қарадай қысылды. Сонан кейін жөні түзу бір сөз естігісі келіп:

— Түзу тие ме? — деді күңк етіп.

— Жоқ, айналып-айналып барып тиеді, — деп Жәмеш шырт түкіріп тастады. Бөкен күрсінді. Мырзабектің екі иығы селкілдеп, тағы да кеңкілдеп күлсін.

— Баламысың деген осы. Әлі күнге оқтың ұңғыдан айналып ұшатынын білмейді. Айналып ұшатын оқ айналып-айналып барып тиеді, бала, ұғып ал.

Бөкен үндеген жоқ, көзі жыпылықтап жер шұқылай берді. Сосын бір сәт басын көтеріп маңайына қарады. Киіз үйдің белдік арқанында алты-жеті суырдың терісі жаюлы тұр. Бүгін ғана атып әкелген болу керек, пұшпақтары әлі кеуіп үлгермепті. Одан әрі көз жүгірте бергенде, жүрегі зу ете түсті. Қостың бір бұрышында мүйізі арбиған бір таутекенің басы қан-қан боп жатыр. Жерге тірелген ұзын сақалының ұшы қайрылып қалыпты.

— Не, таутекеге қарап отырсың ба, бала? Сақалы Оспандікінен аумайды, ә? — Мырзабек Бөкенге қулана көз қысты.

— Бұл сақалды сайтан Оспаннан да кәрі шығар. Қара шандырдан басқа еті жоқ, — деді Жәмеш мылтығының ұңғысын сығалап тұрып.

— Етін қайтесің, терісін кәдеге жаратсаң да жетер.

— Сасық текенің терісіне отыз сомнан артық кім берер дейсің...

— Жәке, өткен жолы ауылда қаланың бір қаңғыбасын кезіктірдім, — деді Мырзабек енді салмақты сөйлеп. — Сол қаңғыбастың қолынан еліктің екі мүйізді шекесін көріп: «Бұны не қыласың?» десем: «Үйге сәнге қоям. Біреуден қырық сомға сатып алдым» дейді. Ендеше, еліктің жарты басы қырық сом болса, сенің мынауың — кем дегенде жүз сом. Адамын тауып, өткізіп жібер.

— Оны кезінде көреміз, — деп Жәмеш орнынан тұра берді. Осы мезетте қостың артынан ат тұяғының тықыры естілді.

Бөкен орнынан тұрып қарап еді, бір баласын алдына отырғызып, екіншісін артына мінгестіріп, өрістен оралған Жәмештің әйелі Мағира екен.

— Бар, көмектес, — деді Жәмеш Бөкенге иек қағып. Бөкен оларды жерге түсіріп, мініп келген бурыл аттарын мама ағашқа байлап болғанда ғана Мағира:

— Аман-саусың ба, айналайын? Қашан келдің? — деп жөншілік сұрады. Өзі тәлтіректеп, аяғынан әзер тұр. Күні бойы аттан түспеді ме, етегіне жармасқан екі-үш жасар қызы мен алтылар шамасындағы ұлының да буындары дірілдеп, бұған жау таңдай қарайды.

— Жаңа келдім, апай. Сіздерге көмекші етіп жіберді.

— Жақсы болған екен. Көмекшісіз біздің көрген күніміз, міне, осы.

— Әй, қатын, тез тамақ дайындап жібер. Мырзабек қайтқалы отыр, — деді қостың аузында мықынын таянып тұрған Жәмеш.

— Ойбай, қой тамағыңды, Жәке. Қараңғы түспей үйге жетіп құлайын, — деп Мырзабек атына беттеді.

— Ертең әлгі жаққа барамыз. Ертерек кел, — деді оның соңынан Жәмеш. Сосын бұған бұрылып, — аттардың ерін алып отқа жібер, — деді қысқа ғана.

...Бөкен сырттың шаруасын тындырып келгенше, ас та әзір болыпты. Білтелі шам шағын киіз үй ішіне болмашы ғана жарық шашып тұр. Оң жақ бұрышта бір құшақ кітап пен әртүрлі газет-журналдар шашылып жатыр. Бұған да шүкір, оқитын, әйтеуір, бірдеме бар екен.

— Шай іш, айналайын, — деді Мағира бұған кесе ұсынып. Бұл кесені қолына ала беріп, оған ұрлана қарап қойды. Сопайған беті шыт-шыт боп жарылып кетіпті. Ерні де жарылған. Онысын жиі-жиі жалап қояды. Адамға біртүрлі жасқана қарайтын ұялы қоңыр көздерінің аумағынан ұсақ әжімдер байқалады... Мағираны Бөкен бұрыннан білетін. Бұл төртінші класта жүргенде, ол тоғызыншыда оқитын. Өзі интернатта тұрушы еді. Естуінше, Мағира он жасында анасынан жетім қалыпты да, Қасым ағай интернатқа алдырыпты. Ал әкесінің кім болғаны, не жұмыс істегені Бөкенге белгісіз. Бар білетіні — мектепте ол үнемі үнсіз жалғыз жүретін. Сабағын да жақсы оқыса керек. Бөкен оның суретін бірде «Үздіктер тақтасынан» көргені бар. Сөйткен Мағира оныншы кластың басында тұрмысқа шығып кеткенде, бүкіл ауыл шулаған-ды. Біреулер: «Жәмеш зорлықпен алып қашыпты», — десті. Өз еркімен шығуы да мүмкін, өйткені Қасым ағай әрі шауып, бері шауып, ештеме бітіре алмаған сияқты. Сонда апасы: «Е, жетімнің күні осы да...» — дегені бұның әлі есіңде...

— Сонымен сен маған көмекші болып келдің, ә? — деді Жәмеш бұның ойын бөліп.

— Иә, көмекші боп келдім. Тоқан ағай жіберді.

— Тоқан-Соқанды білмеймін. Маған көмекші боп келгенің рас қой.

— Рас, көмекші боп келдім.

— Атың кім еді осы сенің?

— Бөкен.

— Бөкен... Бөкен... Сен мынадай әнді білесің бе, Бөкен? «Желбір жекен, жайлауда желіп жүрген мен бір Бөкен...» деген.

— Білем.

— Білсең, мына жайлауда қойды сен де желіп жүріп бағуың керек, Бөкен.

— Қойсаңшы, Жәмеш, нең бар балада? — деді Мағира ақырын.

— Тыныш отыр әрі. Саған кім сөз берді? — деп Жәмеш оны тыйып тастады.

Бөкен ернін тістеді. Көкірегіне бір түйір тұз тұрып қалғандай, аузына кермек дәм келді. Расында, бұнда несі бар оның? Әкесін өлтіргендей-ақ көргеннен сызданып, бұралқы сөздерімен қажады кеп, қажады кеп. Несімен жақпай қалғанын бұл да түсінер емес. Бар жазығы — жалғызсырап жүргенінде жыртығына жамау болайын деп, «ағалап» аңқылдап жеткені ме? Мүмкін, ол көмекшісіз де күнімді көрем дейтін шығар. Ондай ойы болса, бітеу жарадай сызданбай, «керегің жоқ, кете бер» демей ме? Олай десе, «күрекке тезек қашанда табылады», Бөкен мана кеште-ақ өз жөнін табар еді... Жоқ, ондай босбелбеу жан Бөкен емес, Жәмештің шамасы келсе енді бұны таяқтап қуып көрсін! Оған көмекші керек болмаса, мына Мағираға керек. Иә, бет-аузы жарылып, борша-боршасы шыққан осының қолын босатқан жөн...

...Қос іші қап-қараңғы. Есік жақ бұрышта тон жамылып, бұйығып жатқан Бөкеннің ұйқысы келер емес. Іргеден салқын жел еседі. Желмен бірге үй жанында бырт-бырт күйсеп жатқан қойлардың көңірсіген шуаш иісі де келеді... Баяғы таныс иіс. Төменгі сай ішінде күркірей аққан өзеннің сарыны естіледі... Баяғы таныс сарын. Бөкен кішкентай кезінде осы өзеннің сарынына құлақ тосып, ұзақ уақыт ұйқысыз жататын. Сол кезде бұның басына оралмайтын ой да, арман да жоқ-ты. Ол ой-армандары тым тәтті де еді. Бәрінен бұрын тезірек ержетсем екен дейтін. Ержетсе, ешкім бетінен қағып, ешкім жолына кесе көлденең тұрмайтындай көрінетін...

— Жәмеш.. Ояумысың?.. Бөкен елең ете қалды. «Бұлар да ұйықтамаған ба?»

— Жәмеш... — Мағира ақырын сыбыр-сыбыр етеді.

— О не? Не сұрайын деп едің тағы?

— Жайша, әшейін... Осы бала мектепті медальмен бітірді деп еді ғой.

— Бітірсе қайтейін?..

— Оқуға неғып түсе алмады дегенім ғой.

— Сұрасаңшы өзінен. Құлаған шығар домалап. — Мағираның күрсінгені білінді. Бөкен де терең дем алды.

«Құлаған шығар домалап...» Ұят-ай! Жұрттың көбі осылай ойлай ма екен? Шындығында, бұл емтиханнан құлаған жоқ еді ғой. Тек тарихтан бірер сұрақты білмей қалып, «үш» алғаны рас. Тарихтан алған ол «үштің» де өз тарихы бар. Оны ойлағанда Бөкеннің ұйқысы тіптен ашылып кетті. Көз алдына баяғы кең аудиториядағы оқиға елестей берді.

IV

Бөкен оқуға КазПИ-дің тарих факультетіне барған. Бірінші емтихан СССР тарихынан болды да, кілең медалист бірге тапсырды. Ең қиыны өзіңдей «мықтылармен» сынға түсу екен, Бөкен үстелде жатқан сұрақ билеттерінің бірін қолы дірілдеп әзер суырды. Бірақ ондағы сұрақтарды көргенде, өн бойы ып-ыстық болып кетті. Бәрі де таныс. Бәрін де жақсы біледі... «СССР территориясындағы алғашқы қауымдық құрылыс, «Декабристер көтерілісі», «Москва түбіндегі шайқас». Бір қызығы, бұл сұрақтар Бөкенге мектеп бітіреріндегі емтиханда да келген. Ендеше, не бөгеліс бар?

— Ағай, мен дайынмын, — деп көзілдірікті ақ бас мұғалімнің алдына жетіп барды.

— Бала, желпілдеме. Желпілдеймін деп еңбегің желге ұшпасын, әзірлен, — деді ол қаламын тық-тық еткізіп.

Бөкен орнына қайта отырды. Отырғанмен сұрақтарды пысықтауға зауқы соқпады. Бәрін біліп тұрса бас қатырып қайтеді, қазір кезегі келгенде сарнап қоя бермей ме? Бірақ кезегіне дейін әлі алты адам бар. Бөкен оларды күтуге шыдамы жетер емес, тезірек барып мұғалімнің айызын қандырғысы келеді... Сонан кейін бес минут өтпей жатып:

— Ағай, мен дайынмын, — деп тағы ұшып тұрды.

— Әй, сен неге секеңдейсің, ей?! Емтиханды ойыншық көріп отырсың ба? Қайтеді құрттаған жаман шібіштей?.. — демесі бар ма әлгі ақ бастың.

Төбесіне шоқпар тигендей, бұл сілейді де қалды. Мектепте он жыл бір мұғалімнен «ей» дегенді естімегенде, мына ақ бастан алған «сыйын» қара! «Шібіш» дейді!.. «Құрттаған жаман шібіш» дейді. Беті от боп күйген Бөкен маңайына ұрлана көз салды. Селтиіп-селтиіп отырған өзіңдей балалар енді бұған бір-бір шібіш сияқты боп көрінді. Өстіп мәңгіріп қанша отырғаны белгісіз, әлгі ақ бас:

— Әй, бала, дайынбысың? — дегенде ғана есін жиып алды. «Әй, шібіш» демегеніне де шүкір деп, Бөкен оның алдына келді. Келгенмен қарадай қалтырап отыр, мына ақ бас тағы да бірдеме айтып тастайтын сияқты. Бірақ ол бұның сынақ қағазына қарағанда, неге екені белгісіз, күреңіткен өңі күрт өзгеріп сала берді.

— Жөн, жөн, Есімбеков, жө-өн, — деді жып-жылы жымиып. Артынша тағы, — жөн, жө-н, сайра, Есімбеков, — деп ол шалқая ыңыранып қойды.

Бөкен өзінің Есімбеков емес, Есілбеков екенін түсіндіріп жатуды артық көрді де, «сайрай» жөнелді. Сайрағанда мектепте Қасым ағай айтатындай «мейлінше тоқетерін, әр оқиғаның тек тарихи маңызына ғана тоқталуға» тырысты. Не айтса да, әйтеуір, ақ бас мұғалім басын шұлғып: «Өй, азамат!» — деп қояды. Бөкен өстіп үш сұраққа да мүдірмей жауап беріп шыққанда:

— Молодец, Есімбеков, білетін бала осылай сайрайды, — деп ақ бас мұғалім Бөкеннің сынақ қағазын іздей бастады. Қас қылғандай көп қағаздың арасынан бұнікі табылсашы. Мүмкін, фамилиямнан шатасып отыр ма деген оймен:

— Ағай, мен Есімбеков емес, Есілбековпін, — деді Бөкен.

— Қалай? — деп ақ бас мұғалім көзілдірігін жұлып алды. — Ім-м, Есімбеков, то есть, Есілбеков, — деп ол көзілдірігін қайта киіп алды. — Жалпы сен жақсы айттың, бала. Бірақ... бірақ осы сендердің сұрақтың берекесін қашырып, бас-көзге қарамай төпелей беретіндерің қалай? Кейде тіпті ұқпай да қаламыз. Декабристерді қайта атап көрші.

— Пестель, Муравьев, Бестужев... — деп бұл саусақтап санай беріп еді:

— Тоқта, бала! Пестель, Муравьевтердің аты-жөні бар ма, жоқ па? — деді ол.

— Бар ағай... Павель Пестель...

— Тоқта, бала. Ол жай Павел емес, «Пәленович» сияқты бірдемесі болу керек қой. Мәселен, Петрович, Сидорович дегендей. Дәл осы «Пәленовичі» Бөкеннің есінде жоқ еді.

— Білмеймін, — деп ашығын айтты.

— Міне, білмейсің, бала. Білмеген соң ұстатқың келмей безектейсің кеп. Жаңа 28 панфиловшының да өстіп берекесін алдың. Білсең, барлығының аты-жөнін толық аташы, кәне.

Бөкен бұған да жауап бере алмады.

— Так, та-ак! Саған не қойсам екен? — деп ақ бас мұғалім ойланып отырды да, сынақ қағазға бірдемені сүйкете салды. Қараса, «үш» екен.

Бөкен сыртқа мең-зең боп шықты да, тротуар шетіндегі бір орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Сонан кейін қойын қалтасынан медалін алып, аударып-төңкеріп ұзақ қарады. Кереметтей ештеңесі жоқ, әншейін бір жылтыраған мыс сияқты. Бөкен оны бас бармағымен ыршытып жіберіп, қайта қағып алмақшы болғанда, сылдыр етіп жерге домалап түсті. Осы сәтте ту сыртынан:

— Балам, андағың не зат? — деген дауысқа жалт бұрылса, орындықтың екінші басында ақ көйлегіне шолтиған қара галстук таққан бір шал отыр.

— Медаль, — деді бұл жерге қол соза беріп.

— Медаль болса, онымен ойнауға бола ма? Қандай медаль өзі? — деп ол Бөкенге қарай артымен сырғи түсті.

Бұның күрт ашуы келді. Жаңағы ақ бастан естігені аздай, енді мына ақ бас не айтпақшы десеңші!

— Кәдімгі медаль... Мектептің алтын медалі, — деді бұл күңк етіп.

— Ә-ә, алтын медаль де. «Беске» бітірген бала болдың ғой. Жігіт, жігіт! — Шал бұған сығырая қарады. Шүңірек көздерінде бір жұмбақ күлкі ойнап тұрған сияқты.

— Иә, «беске» бітірдім. «Үшке» медаль бере ме? — деді бұл.

— Дұрыс-ақ... Сен сонда қай сабақты «беске» білесің? — деп шал тағы мысқылмен жымиды.

Қызық сұрақ! Егер бәрін «беске» бітірсе, бәрін де «беске» білгені емес пе?

— Барлық сабақты, — деді бұл медалін салмақтап қойып. Шал қырындай бұрылып, Бөкеннің иығына қол салды.

Әлгіндей емес жүзі салмақтана қалған, шүңірек көздеріңдегі жаңағы жұмбақ күлкі де жоқ.

— Қателесесің, балам, барлық сабақты «беске» білуің мүмкін емес, — деді ол. — Егер пәлен пәнді «беске» оқыдым десең, сенер едім... Айтпақшы сен қай оқуға келдің?

— КазПИ-дің тарих факулътетіне.

— Демек, мұғалім болғың келген ғой?

— Бітірсем, болатын шығармын.

— Бар бол, балам, саған енді не дейін?! — деп шал орнынан тұрып жүре берді. Сосын біраз жерге ұзап барып, артына қайта қарады да, саусағын шошайтты. — Медальмен ойнама, балам... Сөзімді кейін түсінерсің, — деп кете барды.

...Шалдың бұл сөздері Бөкенді үлкен ойға қалдырған. Бірақ қалай ойласа да ештеңе түсінсе бұйырмасын. Ақыры кейін түсінер болсам, қазір миды ашытып қайтем деген де қойған. Алайда сол жұмбақ шалдың жұмбақ сұрағын бүгін Тоқан ағай да қойғанда, бұл тағы таң болды. Сонда қалай, биыл егер КазПИ-ге түсіп кетсе, оны Бөкен бітіре алмас па еді? Бітірсе, мұғалім бола алмас па еді? Кім білсін, әзірге бәрі де жұмбақ.

V

— Тұр, балам, сабақтан қаласың, тұра ғой...

Сабақтан қалмақ тұрмақ, тамақтан қалса да Бөкеннің тұрғысы жоқ, тұла бойы төмен тартып, бұл рахат дүниенің қойнына шым-шымдап шөгіп бара жатқан секілді. Құмға қыздырынғандай, арқа-басы шымыр-шымыр етеді. Шіркін, өстіп жата берсе, жата берсе... Бірақ мына атасы көрпесін түрткілеп қояр емес. «Сәл жата тұрайыншы, ата, сәл ғана». Бұл сөзді Бөкен қаттырақ айтқысы келгенімен, үні шықпайды. Үні шықса, бүкіл рахаттан айырылып қалатындай болады. «Сәл жата тұрайыншы, ата, сәл ғана».

— Тұр, әй! Албасты басып жатыр ма сені, тұр тез! — Бүркенген тоны басынан сыпырылып түскенде, Бөкен селк етіп ояна кетті. Қайда жатқанын білмей, ұйқылы көзін ұйпалап жіберіп, жан-жағына қарап еді, аяқ жағына іш киімшең еңбектеп келіп, тонның етегін тартқылап жатқан Жәмешті көрді.

— Бала, сен курортқа келдің бе?

— Жоқ, қой бағуға келдім.

— Қой бағуға келсең, тұр дегенде неге тұрмайсың?

— Тұр дегеніңізді естімей қалыппын.

— Естімейтін болсаң, тонды басыңа бүркемей жат. Бар, аттарды тауып алып кел.

— Аттар қайда?

— Менің көрпемнің астында.

Жәмештің көрпесінің бір бүйірінен Мағираның бөксесі бүлк ете қалды. Әлденеге ыңғайсызданып қалған Бөкен жылдам киініп, сыртқа шығып кетті.

Тау басына қызыл шапақ жаңа ұялай бастаған. Бөкен жүгенін сылдырлатып, өзен бойындағы боз талдарды жиектеп жүріп келеді. Аяқ асты бырш-бырш езілген саз. Әр жерде бір селдіреген ақшыл қурай болмаса, төңіректе тікірейген шөп те аз, тегі, қой жаз бойы осы сайдың ішін шиырласа керек, бәрі тапталып, қара тулақ боп қалған. Мұндай жерде жайылған қойға ақсақтың жаудай тиетінін Бөкен баяғыдан біледі. Япырау, көптен мал бағып жүрген үп-үлкен жігіт осыны қалай түсінбеген? Әлде Оспан ақсақал айтқандай, малдың жайын ойлап жүрген ол жоқ па?.. Малды қойып, өзі адамға да бүйрегі бүлк етпей ме, қалай?.. Кеше кешкісін өңдері боп-боз болып, өрістен сүріне-жығылып жеткен әйелі мен балаларының түрі анау. Оларға бір ауыз жылы сөз айтқанды қойып, шіреніп тұрып: «Әй, шай қой!» — дейді тағы да. Сонда өзі күні бойы не бітірді? Расында, «атылатын мылтығын» арқалап, не бітіріп жүр бұл?.. Бұны да білер күн қашпас енді...

Бөкен бір сайдың ішіндегі қалың томарда малтығып тұрған сүлік қара мен бурыл атты ұстап қайтқанда, аппақ сәуле жерге түсіп те үлгерген, қосқа жақындай бергенде, алдынан қойлар еріп шыға келді. Үйреншікті сайына қарай қаптай жайылып келеді. Ең алдында — сақалды ақ серке. «Тапқан екенсіңдер жайылымды!» Бұл ысқырып қалып еді, үріккен қойлар дүркіреп кері бұрылды. Бұрылсын! Бүгіннен кейін мына сасық сазға бұлардың аяқтарын аттап бастырса, Бөкен Бөкен болмай кетсін!

Қойлар қотан жаққа қайтадан шұбырып барады. Қойлардың соңынан сүлік қараға жайдақ мінген Бөкен ернін жымқыра тістеп жүріп келеді. Көзі қара сазды бырш-бырш езген қаптаған қара тұяқтарда. Қара тұяқтардың сояудай басы қайқайып, бақайларымен қоса добалдай-добалдай боп ісіп-кеуіп кеткен. Сол шіріген тұяқтарын қаттырақ басуға қорғанып, бейшара қойлар шетінен қиралаң қағады, бастары қақшаңдап, екі аттап, бір тоқтайды. Неткен аяусыздық десеңші! Бір отар малды осыншама күйге түсіру не деген қатыгездік?! Шетінен ақсақ, шетінен арық. Бірінің арқасы, бірінің құйрығы құрттаған. Осындай ит өлексе ететіндей, жарықтық, бұлардың не жазығы бар еді? Жоқ, бұны қолға алмай болмас!..

Бөкен қойлардың алдын Кеңөріс жаққа бұрып жіберіп қосқа келсе, есік алдына шіреніп кешегі Мырзабек тұр. Бүгін бұның да иығында мылтық. Бұның да белінде қоңыр былғары оқ-шантай.

— Ие, інішек, ұйқың қанды ма? — деп ол сап-сары тістерін көр сетіп, өзінше жымиған болды. Бөкен тұқырайып жанынан өте беріп еді:

— Оқасы жоқ. Әлі-ақ адам боп кетесің, — деп бұның арқасынан бір қағып та қалды.

Бөкен жалт бұрылып, «сіз сияқты адам болмай-ақ қояйын» деген сөзді енді айтайын дегенде, қостан Жәмеш шыға келді де, дүрсе қоя берсін:

— Қайда жүрсің, ей, қаңғырып? Аттар қайда? Қойларды неге өрісінен бұрдың?

— Ол өріс емес, сасық саз ғой, аға... Малға обал да, аға...

— Обалың не, ей, сенің? Обалшылын бұның!..

— Обал емей немене, аға, қақ жартысы ақсақ.

— Мен ақсатқан екем ғой оларды?!

— Сіз деп тұрғам жоқ, бірақ... Бірақ малды ала жаздай осындай сазға салуға бола ма екен, аға?.. Сазда қойдың аяғына құрт түсіретін вирустар болады. Сонан соң...

— Ойбай-ай, мынаның «вирусы» миыма кіріп кетті ме, ашытып жіберді ғой. Неткен білгіш, ей, мынауың, ә?

— Вирустың миға кіретіні де, рас, аға. Қойлардың «вертяшка» деген ауруға ұшырап, бір орнында айнала беретіні де вирустардың миға...

— Қой, қой, басты қатырма. Білгіш болсаң, осының бірін веттехникке айт... Анау зоотехник жорға Жұмабекке айт.

— Айтамыз, совхоз директорына да айтамыз. Не десеңіз де, аға, қойды бұлай бағуға болмайды.

— Біліп едім бұның осындай білгіш екенін. Мектепті медальмен бітірген бала ғой. Біздікі сияқты басы шақшадай емес, қазандай ғой, — деп, Жәмеш бұған шегір кездерін мысқылмен қадады.

Мына сөз Бөкеннің жүрегін біздей түйреді.

— Медальда шаруаңыз болмасын. Басымда да...

— Қойсаңдаршы, жігіттер, не болды сендерге? — деді бұлардың жанына келген Мағира. — Әйелдердей салғыласқандарың ұят-ты, тегі.

Бөкен үнсіз бұрылды да, киіз үйдің іргесіне сылқ етіп отыра кетті. Бұ неменің мінезі бар екен ғой дегендей, Мырзабек бұған таңдана қарап қалыпты. Мағираның етегіне жармасып тұрған кішкентай қыз бен алтылардағы ұлдың да көзі Бөкенде. Аяғандары, әлде қорыққандары белгісіз, жанарларына жас толып, жаутаң-жаутаң етеді. Мықынын таянған Жәмештің бір уыс беті күреңітіп кеткен. Сызданып бірдеме айтқысы келетін сияқты. Әрине, не айтса да, сөзін Бөкенге оқтайтыны анық.

— Жүріңдер, үйге кіріп шай ішіңдер, — деп Мағира қосқа беттеді.

Жәмеш пен Мырзабек те енді киіз үйге арқаларын тіреп қатар отырысты.

— Жәке, әлгі жаққа аттануға кешіккеміз жоқ па? — дейді Мырзабек.

— Ол жаққа енді бармаймыз, — дейді Жәмеш.

— Неге?

— Негесі сол — қой жаюым керек.

— Көмекшің бар емес пе?

— Ұрдым мұңдай көмекшіні!

Бұл сөзін Жәмеш Бөкен естісін дегендей, әдейі қаттырақ айтты. Бөкеннің өзегін өрт жалап өткендей болды. Сонан соң іштей: «Көздеріне бүйтіп бейшара боп көрінгенше өріске кетейін», — деді де, орнынан тұрып, сүлік қараны шапшаң ерттеп мінді де, жүріп кетті.

— Әу, інішек, ауылға мүлде кеттің бе? — деді соңынан Мырзабек.

— Жоқ, қой жаюға кеттім.

— Шай ішіп кетсең етті, айналайын, — деп Мағира қостан жүгіріп шықты.

— Кейінірек ішермін...

Бөкен соңынан қарқ-қарқ күлген Жәмеш пен Мырзабектің даусын естіді.

VI

Бөкен отардың соңындағы қиралаңдаған ақсақ-тоқсақтарды түртпектеп айдап, әр жерде бір демалдырып, Кеңөрістің етегіндегі жалпақ жазыққа түс әлетінде әзер жеткізген. Қазір күн төбеден ауып барады. Қойлар қияқ, қарабас шөптердің басын кірт-кірт тістеп, кең алқапта шашырай жайылып жатыр. Ауыздары қалың отқа тигенге жыландары тез қайтып қалған сияқты, манағыдай емес, жүрістері саябыр. Жоғарғы бастағы сойдақ шыңдардың бауырында тағы бір отар көрінеді. Жанындағы көк атты адам кешегі Оспан ақсақал болу керек, үстіне кигені ақ шекпен секілді.

Қарыны ішіне жабысып, ішегі шұр-шұр етеді. Жәмештің шегір көздері өңменінен өткендей боп, кеше кешкі аста да бір шыны шай мен бір түйір нанды өңешінен әзер өткізіп еді. Міне, таңертең тағы нәр сызбай аттанды. Қарын қамын қойшы, бәрінен көңіл күйді айтсаңшы. Қарынды қара сумен де толтыруға болады, ал көңілді немен толтырарсың? Жым-жырт иен дала. Бырт-бырт оттаған қойлардан басқа тілдесерге тірі пенде жоқ. Көңілің әлденені аңсайды. Бірақ нені аңсайды? Аңсағанмен пайда не? Мына құлазыған құба далада көңілді көтеріп, жанды жадыратар не ермек, не қызық бар?.. Жоқ, мұнда да қызық көп еді. Бөкен бұл жерде қой жайып, талай күнді батырған. Сонда дәл осындай бірде-бір рет көңілі құлазып көрген емес. Жасыл құраққа жамбасын төсеп, ұзақ-ұзақ кітап оқитын. Одан жалықса, аршаның түбірін кесіп алып, ойыншықтың небір үлгісін жасайтын. Ақша бұлттарға қарап жатып армандаудың өзі қандай тамаша еді?! Тіпті кешкілік үйге асығу да үлкен қуаныш-ты. Өйткені алдынан апасы мен атасы айналайын деп қарсы алып, аузына жылы-жұмсақ тосар еді. Ал қазір үйге асығып көр...

Бөкен ызалана мырс етті де, шалқасынан ауысып жатты. Аспанда ақша бұлттар қалқып барады. Баяғы ақша бұлттар. Баяғы өзінің тәтті қиялдарын алыстарға алып ұшатын ақша бұлттар. Қазір де бәз баяғыдай шығысқа қарай баяу қалқып барады. Бөкен расында осы бір үлбіреген ақ бұлттарды бала кезінде қатты сүюші еді. Будақ-будақ болып, Көксеңгірдің шындарынан көтеріліп келе жатқанда көз алмай ұзақ қарап отыратын. Олар бірде жалы желкілдеген түлпарға ұқсайтын, енді бірде қорбайған аю бола қалатын. Сосын көктемде Лепсінің үстінен көшкен кесек-кесек сеңдей боп, әлдеқайда жөңкіле жөнелетін. Әлі есінде, Бөкен бір күні атасына: «Ата, ақ бұлттар қарая ма?» — дегені бар. Сонда ол: «Неге қараймасын, балам, кішкентайыңда сен де аппақ болатынсың, — деп күлген де, — түріңді қойшы, тек жаның ақ болсын», — деген-ді. Ол кезде Бөкен «жанның» не, «ақтың» не екенін түптеп түсінер жаста ма, тек кейін ғана «ақ» — кіршіксіз тазалық пен пәктіктің, жақсылықтың белгісі екені, онымен бірге «қара» деген пәленің қатар жүретіні санасына шым-шымдап сіңе бастады. Сонан кейін бұл жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың бір-бірінен қалмай, бір-бірінің етек-жеңінен тартып, қашан да қоса-қабат жүретінін де білді. Ең өкініштісі осы білгені екен. Білген сайын адамдардан, әсіресе үлкен адамдардан көңілің қалады екен. Бұның бәрін Бөкен іштей сезгенмен, дәл бүгінгідей жаны ауырып, жүрегі сыздаған жоқ-ты. Өйткені мектеп бітіргенше кім бұған жаманшылық жасап, кім жанын жаралады? Сол күндері адамдарға деген сезімі мен сенімі қандай таза еді?! Қызық-ау, сонда бұл институт мұғалімдері де өзің сияқты жұмыр басты пенде дегенге сенгісі келмеуші еді. Олар бұған шетінен ақ бас, шетінен көзілдірік киген, «а» десе ауыздарынан асыл сөз төгілген кереметтей бір жандар боп елестейтін. Сол кереметтерді көруге қандай асықты. Ал көрді. Не естіді? «Құрттаған жаман шібіш» атанды да қайтты. Және бір нәрсеге түсінбей де қайтты. Сол ақ бас мұғалім бұған неге «үш» қойды осы? Бес декабристің «Пәленовичін» білмегеніне кінәлі-ақ болсын, ал 28 панфиловшының түгелдей аты-жөнін соның өзі біле ме екен?..

Жақын маңнан ат тұяғының дүбірі естілді. Бөкен басын көтеріп еді, көк атына бір жамбастай мініп, өзіне тақап қалған Оспан ақсақал екен. Бұл біртүрлі қуанып қалды, құдды өз атасын көргендей, орнынан ұшып тұрып қалбалақтай қарсы жүрді.

— Ассалаумалейкүм, ата!

— Ағалейкумассалам... Ә, сен екенсің ғой. Біліп едім, — деді ол тізгін тежеп. Бөкен:

— Аттан түсіңіз, ата, — деп, шал қашып кететіндей-ақ бәйек болып жатыр.

— Түсем ғой, балам, түсем.

Шал атының аяғын тізгінімен екі шалып байлады да, бұның алдына кеп малдас құра отырды. Оның ұп-ұзын жирен сақалына көзі түскенде, Бөкеннің жүрегі шым ете қалды. Шындығында, қос іргесінде қан-қан боп жатқан кешегі таутекенің сақалынан аумайды екен.

— Балам, темекің бар ма? — деп ол кесектеу шұбар мұрнын сипап қойды.

— Тартпаушы едім, ата.

— Е, соған әуес боп қайтесің, мен де тартпаймын, тек иіскейін деп едім. Таңертең насыбайым таусылып қалып, күн ұзақ мұрнымның қаңсығаны.

— Япыр-ай, қиын болған екен, — деді Бөкен, қалтасында темекісі болмағанына өкініп.

— Несін айтасың, балам, менің негізгі тамағым сол ғой. Насыбайсыз бір затымды ұмытқандай болып тұрам.

Тамақ дегенде Бөкеннің ішегі шұр ете түсті де, жұтынып-жұтынып қойды. «Осы шал да бүгін не нәр татты дейсің?..»

— Ата, бүгін түскі асқа бардыңыз ба? — деді сосын жорта.

— Менің түскі асым мынау, балам. — Шал шекпенінің шалғайын айқара ашып, беліңдегі қуықтай қара торсығын шертіп қойды. — Осыған жылы айран толтырып алам, кешке дейін жетеді.

Торсықты көргенде, Бөкеннің аузына су толып кетті. «Шіркін, қазір бір кесе жылы айран болса. Бір-ақ кесе».

— Түбіңде аздап бар, — деп, шал шайқап көрсетті. — Ішесің бе?

— Жо-жо, ата, қарным ашқан жоқ, — деді Бөкен ернін жалай түсіп. Артынша «ішем» демегеніне өкініп те қалды. Бұл ұялшақтық дегенді қойсаңшы.

— Е, жақсы, ендеше, — деп, шал торсығының бұлтиған бүйірін тағы да шерткіледі. — Бұл маған не тамақ дейсің, балам? Түсте бір уақ ыстық шай ішкенге не жетсін терлеп-тепше-е-еп дегендей...

— Енді неге ішпейсіз?

— Әй, балам-ай, ішпейін деп жүрмін бе? Әлгі Мырзабек деген ит таңертең ерте кетеді, кеш келеді. Келін баланың болса, аяғы ауыр. Сонда мына малдан менің қолымды кім босатпақ? Мырзабекке бір-екі рет қыңқылдап көріп едім: «Нешауа, ата, өлмейсің» деп жырқ-жырқ күледі. Әй, иттің баласы-ай, кәрі адамда жан жоқ деп ойлай ма екен? Білмеймін, қарағым, бұдан әрі шыдайтын түрім жоқ, кетем бе деп жүрмін. Соңғы кезде жүрегім де түйреп, батып ауырып жүр.

Бөкен оның «жүрек» деп отырғаны асқазан екенін түсінді. Мынадай тамақпен асқазаны ауырмай қайтсін? «Бұл Мырзабек қандай аяусыз адам еді, ә?! Мынасы барып тұрған оңбағандық қой. Әкесінің туған ағасын аямаған жан басқа кімге қайыр жасамақ?»

— Қойының күйі қалай екен? — деді шал.

— Жаман. Қақ жартысы ақсақ. Осы жерге дейін жетелегендей әзер жеткіздім.

— Ақсақ болатын жөні бар. Жаз бойы бір жұрт ауыстырмады ғой, нәлет.

— Ал, неге ауыстырмады?

— Ауыстырмайтыны — Бұлғындысайдың жан-жағы тұйық, тар қуыс. Таңертең жоғары айдап жіберсе, қойлары кешке саулап өздері келеді. Не тал-талдың түбінен келін бала бір-бірлеп теріп қайтады. Ал мына Кеңөрісте қойды бағусыз жіберіп көрсін, сайда санын, құмда ізін табар ма екен?.. Алғаш көшіп келгенде ол осы Кеңөрістің етегіне үй тіккен. Онда көмекшісі бар еді. Әлгі ұста Омарбайдың ұзын қара ұлын білуші ме едің? Марат па, Мұрат па еді аты? Сол бала біраз күн жүрді де, өзі кетті ме, қуып жіберді ме, ізім-ғайым жоғалды. Соның ертеңінде-ақ Жәмештің де киіз үйі жығылған.

Бөкен шалдың сөзінен, көшеден бергі кикілжіңнен Жәмештің жастарды маңайына жуытқысы келмейтінін сезді. Оның себебін шалдан сұрауға бір оқталды да, сосын суыртпақтап сыр тартуды орынсыз көріп:

— Ата, ана топырлап жатқан ақсақты не істеймін? — деді әңгімені басқа арнаға бұрып:

— Соған жалғыз шамаң келер ме екен? — деп шал шекпенінің етегімен тізесін қымтай берді. — Ең дұрыс амалы — қойыңды күнде осы жаққа жай. Жолында үш бұлақ бар. Келерде қойларың солардан өткенде тұяқтары тазарып, жұмсарады. Бұл — бір жағынан ем де. Сонан кейін бұ жаққа жеткенде ең жүре алмай жатқандарының тұяғын тазалап, құртын алып, тотияйын сеуіп отыр. Өстіп күніне төрт-бесеуін емдесең де малға сауап. Мен өзім сөйтемін. Ол үшін маған ақша төлеп жатқан жоқ. Тек мал баласын обалсынам да, балам.

— Менің де ойым сол, ата.

— Е, балам, қазір малды обалсынатындар аз ғой. Бір иттер малды мал деп қана біледі емес пе? Қарағым-ау, есі жоқ болғанмен олардың да жаны бар ғой. Жаны күйзелгенде айтарға тілі жоқ қой. Менің бір байқағаным, балам, малды аямаған жан адамды да аямайды екен. Сен әлгі өткен жылы әйелін соққыға жығып, ауруханаға түсірген Қайыпбердіні білесің бе? Сол нәлет бала кезінде, астапыралла, шөп тасуға мінген атын біз сұғып айдаушы еді. Ақыры не істеді, әне?! — Бөкен Қайыпбердіні жақсы білетін. Ауылдың ең шетінде тұратын орта жастағы қара сұр адам еді. — Ал осы біздің ауылдың басындағы Көкенсай деген терең сайды білесің бе? — деп Осекең тағы бір әңгіменің ұшын шығарды. — Сол сайда баяғыда, біздің бала күнімізде Көкен деген кәрі шал тұрушы еді. Несін айтасың, марқұм адамның адамы еді ғой. Ондай адамды кейінгі ғұмырымда көрген де емеспін. Сол шалдың қара шапанының оң жақ жеңінің ұзындығы сондай, жер сүйрететін. Танданба, балам, тура сондай еді. Неге десең, марқұм қойларын шыбық, қамшымен айдауға аяп, әлгі ұзын жеңімен жасқап, желпілдетіп қана үркітеді екен ғой. Ақыры Көкеңнің ажалы да сол жеңнен болды. Қалай дейсің ғой? Бірде ержетіп қалған ұлы үйірден бір жирен қасқа дөненді жаңа үйретіп мініп келген екен. Көкең сонымен мал қайтарып келмекші боп үстіне мініп, жаңағы ұзын жеңін көтеріп қалғанда, үріккен ат тулап кеп секіріп, шалды жерге гүрс еткізеді. Сол жерде бұғанасы сынып, есінен де айырылып қалады. Бірер күннен кейін тілге келгенде, аузына алғаш іліккен сөз — «Жирен қасқа не болды?» екен. Ұлы: «Мен жарып тастадым» дегенде, шал кемсеңдеп: «Малды аямасаң, мені несіне аяп тұрсың? Кет!» деп теріс бұрылған екен дейді марқұм. Міне, балам, баяғыда осындай да адамдар болған еді... Қой, ойбай, қайтайық, күн де еңкейіп қалыпты-ау.

Екеуі де орындарынан тұрып, аттарына беттеді.

VII

Бөкен қойларын қотанға құлатқанда, төңірекке қара түн де қонақтай бастаған. Қарны ашып, әбден қалжырағандікі ме, сүлік қараны отқа жіберіп қайтқанда көзі қарауытып, аяқтары тәлтіректеп, киіз үйдің есігін әзер тапты. Төр алдында екі бала екі жерде домалап ұйықтап жатыр. Мағира жерге дастарқан жайып, от басында шоқайып жалғыз отыр. Жәмеш жоқ.

— Қарның ашты-ау, айналайын. Бағана түсте сені жақын жер де болса шайға шақырайын деп, балаларды жетектеп жотаға шықсам... түу, жердің түбінде жүр екенсің, — деп Мағира бұның алдына бауырсақтарды ысыра түсті.

Бір шыны шайын тауыспай жатып, Бөкеннің маңдайынан тер бұрқ етті. Бауырсақтар сіңірдей қатып қалыпты, бірақ тәп-тәтті.

— Жәмеш аға қайда? — деді Бөкен ішіне ел қона бастаған кезде.

— Білмеймін. Таңертең кеткеннен әлі жоқ қой. Келіп қалар. — Мағира жеңіл күрсінді. Күрсінгенмен оны ойлап, уайымдап отырғаны білінбейді, бәрі үйреншікті жағдай сияқты.

— Апай, сіздерден Мұрат неге кетіп қалды? — деді Бөкен бір мезет.

— Е, әлгі бізге көмекші болған Мұратты айтасың ғой?.. Ол кеткеннен біздің қойымыз бағусыз, отымыз жағусыз қалған жоқ. Қайта одан оңай құтылғанымызға шүкір, — деді Мағира ақ самауырдан өзіне де шай құя отырып. — Ол бізде не бары алты-ақ күн болды. Алты күнде жүйкемізді жұқартып-ақ кетті сол бала. Ой, құдай, жиырмадағы соқталдай жігітті «бала» деп мен де сандалам-ау, бала болса, үлкенге еткен болмашы ізет, сыйластығы болмай ма? Жо-оқ, ол шіреніп алып, Жәмеш «ә» десе, «мә» деп, тіл мен жағын безейді де тұрады. Алғаш келген күн-ақ біз одан түңіліп едік, құрғыр... Жайлауға көшіп келгенімізге екі-ақ күн болған. Кешкілік қойды қотанға иіріп, енді шай ішуге отырғанымызда... кенет сырттан қатты шапқан ат дүбірі естілді де, артынша жаңа жусай бастаған қойлардың дүркірей үріккені білінді. Жүгіріп сыртқа шықсақ, қара ат мінген біреу үйді таптап өтердей боп, іргеге төніп қалыпты. Мұндай жүрістен, қойды қойып, адам үркердей еді. Қара терге көмілген қара ат ырс-ырс етіп, тура үйдің алдына келіп тоқтай қалды. Үстіндегі адамға көз тоқтатсақ, басына қазандай қара қалпақ, үстіне етіне ет боп жабысқан көкшіл костюм киген Омарбай ұстаның баласы Мұрат екен.

— Привет! — деді ол бізге, ат үстінен оң қолын жоғары көтеріп.

— Басқадай орысшаң бар ма? — деді Жәмеш оған.

— Жетеді, — деп, ол ат басын мама ағашқа бұра берді. «Мынауыңның дені дұрыс па?» дегендей, Жәмеш маған қарап, иығын қиқаң еткізді.

Ал Мұрат бізбен ісі жоқ адамдай атын байлап, ерін сыпырып, сол жерде оны шідерлеп, ақыр соңында ат басын Бұлғындысайға туралап тұрып, жүгенмен құйрықтан бір салды да, сонан кейін ғана бізге бұрылды. Осы жұмыстың бәрін ол асықпай істеді. Біз де оны асықпай күтіп, қарап тұрдық. Жанымызға келген соң, ол:

— Бүгіннен бастап көмекшілерің менмін, — деді бүйірін таянып.

— Көсегеміз көгеретін болды, — деді Жәмеш.

— Әлбетте! — деп қойды Мұрат. Шай үстінде Жәмеш оған:

— Сен неге биік орындығыңды ала келмедің? — деді.

— Не үшін? — деп Мұрат таңданыс білдірген.

— Не үшін болушы еді? Жерге жүрелеп отыра берсең, бұтыңдағы тыртысқан көк шалбарыңның тігісі сөгіліп кетуі мүмкін, — деп Жәмеш кекесін мырс етті.

— Қам жемеңіз, бұл жай шалбар емес, джинси. Бағасы — екі жүз сом. Әр зат өз бағасын ақтайды деп ойлаймын, — деді ол екі жүз сомдық джинсиінің тізесін сипап қойып...

Ертеңінде таңертең Мұрат:

— Бүгін қойды қайсымыз жаюшы едік? — деп Жәмешке сығырая қараған.

— Әрине, сіз жаюшы едіңіз, — деді Жәмеш оны әдейі «сіз» деп.

— Хорошо! — деді де, ол қара қалпағы қауғадай боп, қойды өргізіп кете барды. Сонан соң мына қызықты қара! Күн төбеден жаңа ауа бастағанда ол үйге құйындата шауып келіп, атынан қарғып түсті.

— Не болды? Қойға қасқыр тиді ме? — деді Жәмеш абыржып.

— Жоқ, қойға қасқыр тиген жоқ. Бірақ менің ішіме бір қасқыр кіріп кеткен сияқты. Ұлып тұр... Жалпы, мезгілінде ас ішпеу — адам асқазанына аса зиян, Жәке. «Здоровье» журналы солай жазады, — дейді ол ыржиып.

Жәмеш ашудан қап-қара боп түтігіп кетті. Алғашында аузына сөз түспей, булығып қалды да, сосын:

— Әйда, кет! Қазірден бастап кет! Сендей іші ұлып тұратын иттің маған керегі жоқ. Қарашы, ей, малды иен қалдырып шауып келгенін, ә! Бұ не деген адам, ей, ә?! Әйда, кет!.. Бірақ қазір малды ит-құс бірдеме қырып кетсе, көзіңе көк шыбын сонда үймелейді. Осыны ұқ та, әйда, кет! — деді жер теуіп.

Қапелімде ол Жәмештен мұндай мінез күтпесе керек, сәл кібіртіктеп тұрды да, өріске қайта шаба жөнелді... Қысқасы, содан кейін аздап айылын жинай бастады. Дегенмен, қанға сіңген қасиет қала ма, Жәмеш екеуі ұсақ-түйекке бола қайта-қайта ілінісе берді. Соңғы күні егестің басы ат ерттеуден шыққан. Жәмеш таңертең оған:

— Атымды ерттей салшы, — деген еді. Ол:

— Ерттемеймін. Керек болса өзің ерттеп ал, — дейді. Жәмеш:

— Неге ерттемейсің? — дейді. Ол:

— Мен сенің малайың емеспін, — дейді. Жәмеш:

— Малайым болмасаң, әйда, кет! — дейді. Ол:

— Кетсем, кетем. Саған байланып қалғам жоқ, — деді де, дереу жиналып, кетіп тынды... Қызық-ау, сонда ол ат ерттегенге малай болып қала ма екен? Жәмештің атын әкеліп, үнемі ерттеп беріп жүретін бұрынғы көмекшілер де малай боп кеткен жоқ еді.

— Бұрын сіздерге кімдер көмекші болды? — деді Мағираның әңгімесін үнсіз тыңдап отырған Бөкен.

— Ылғи бір шалдар еді. Жәмештің айтқанын екі етпей істей беруші еді, байғұстар. Олармен Жәмеш те шатасып көрген жоқ.

Жәмеш неге өзін алакөзденіп қарсы алғанын Бөкен енді ғана түсінді. Бұрын шалдардың мойнына мініп әбден үйренген ғой. Ондай еркелігіне бойында намысы бар қандай жас көнсін?

— Мұраттың басқа қылығының бәрі қате дегенмен, Жәмеш ағаның атын ерттемегені дұрыс болған, апай.

— Неге, айналайын?

— Өйткені біздің заманымызда бюрократтық баяғыда жойылған.

— Егер ат ерттеу бюрократтық болса, одан да зорғы бюрократтық бар көрінеді ғой, — деді Мағира.

Одан да зорғы қандай бюрократтық болуы мүмкін? Бөкеннің түсінігінше, бюрократтық — біреуге біреудің үстемдігін жүргізуі, төрелік етуі. Бұның арғы түбі — әділетсіздік, теңсіздік. Ал қазір ол бар ма? Жоқ. Ендеше, бұл кісі не деп отыр?

— Апай, сөзіңізді түсінбей қалдым. Мағира кеселерін жуып, біраз үнсіз отырды да:

— Менің ойымдағы дүние сен айтқандай бюрократтық па, басқа ма, білмеймін, — деді шыт-шыт еріндерін жалап қойып. — Алғаш малға шыққан жылдары Жәмеш ағаңның осындай шырт етпе, қыңыр мінезі жоқ еді. Қойға да тым жақсы қарайтын, бір қозысының аяғы сылтып, құйрығы құрттағанын көрсе, жаны шығып кете жаздайтын. Бірақ не керек, біздің жолымыз бірінші жылы-ақ болмады. Көктемде совхоздан санап алған малымыз қыстан әзер шыққан кілең көтерем тұсақ болды. Байғұстарды ұстай алсаң жүні қолыңда қалушы еді. Сол арық-тұрақты жаз бойы баладай бағып-қағып, аузына оты мен суын төсеп, әжептәуір қоңдандырып алдық. Енді күзде етекке түсейік десек, жорға Жұмабек келіп: «Сендер көшпейсіңдер. Шұбарбұтада қыстайсыңдар», — дегені. Шұбарбұтасы — осы жайлауға шыға келгенде оң жағындағы таудың терең қолтығы. Өзі ауылдан жиырма бес шақырым. Қыста жол қатынасы мүлде болмайды, етекке тек салт атпен ғана түсіп қайтасың. Қойшы, сонымен қара күзде қойымызды айдап Шұбарбұтаға да жеттік. Жапырайған жаман үй, қаусаған ескі қора екен. Әйтеуір, ілдебайлап тұра бастадық. Ол кезде аяққа оралар бала жоқ, мен көмекшімін. Бастапқыда келіп-келіп жатқан кісілер бар, көп зерікпедік те. Ал сосын қар түскенде көрдік көресіні. Жүргіншілер сап тыйылды. Төңірек тас керең болды. Сыртқа шықсаң аппақ, сұп-суық, жым-жырт дала құлазиды да тұрады. Іргедегі қарағай басының суылы мен қойдың арқасына қонған сауысқанның шықылығынан басқа ештеме естімейсің. Құдайым-ау, әншейінде құлақ етіңді жейтін жаман трактордың даусын да сағындық қой сонда. Әлі есімде, бір күні түскі шайды алдымызға ала бергенде, әлдеқайдан «гүр» ете түскен дауыс естілді. Екеуіміз де сыртқа атып шықтық. Қарасақ, төбемізден вертолет ұшып барады. «Вертолет!» дейді Жәмеш күліп. «Вертолет!» деймін мен де күліп. Екеуіміз де қуанып тұрмыз. Немізге жетісіп қуанып тұрғанымызды өзіміз де білмейміз. Сосын вертолет көзден таса болғанда бір-бірімізге мұңая қарап қалыппыз. Ой, айналайын, бұл да ештеңе емес, бізді бар азап алда күтіп тұрыпты. Қаңтардың басында кесек-кесек қар ал кеп жаусын. Бір күн жауды. Екі күн жауды. Сөйтіп қатарымен алты күн тоқтаусыз бораған қар бүкіл алқапты басты да салды. Қалыңдығы кісінің белінен асады. Адамның ақылы қысылғанда ғана кіреді емес пе, біз соған дейін отаулардың күзде жақын маңға иірілмей қалғанын білмеппіз. Біз емес-ау, совхоз басшылары білмепті. Әр отау әр жерде. Және қорадан екі-үш шақырым алыста. Не істеу керек? Шөпті шанамен әкелуге қалың қарды ат бұзып бара алмайды. Ал қораға кірсек, қойлар етегімізді жұлып жейді. Амал жоқ, шөпті жаяу тасуға тура келді. Бір жақсысы, отаулар қораның желке тұсындағы биік беткейде еді. Ең жақын дегеніне Жәмеш екеуміз ат шананы өліп-талып сүйреп жеткіземіз де, сол шананың табанына аңшылардың пұшпақты жалпақ шаңғысын байлап, үстіне шөп тиеп алып, еңіске сырғып кетеміз. Өстіп күніне екі-үш рет барып қайтамыз. Кешкісін сөйлеуге дәрменіміз болмай, құлай кетеміз де, ертеңінде тағы да шананы сүйрей женелеміз. Өстіп қойларымызды қыстан дін-аман алып шықтық, әйтеуір. Ең қорлығы сол — бар бейнетін арқалап, қыстан қоңды шығарған осы қойымыздың қызығын басқа біреу көрді.

— Қалай? — деді Бөкен жұлып алғандай.

— Қалай болушы еді, алып қойды, — деді Мағира. — Көктем шыға тағы жорға Жұмабек келіп: «Бонитировка жасап жатырмыз» деді де, ең еті тәуір үш жүз басымызды іріктеп алып, айдады да кетті. Кейін білдік, оны өзінің бажасы Мырзабектің отарына қосыпты. Ал біздің отарымыздың орнын әркімнен жинаған ақсақ, тышқақпен толтырды. Көп өтпей-ақ сол әкелген қойлардың сегізі арам қатып, веттехник біздің мойынға салды.

— Бұл әділетсіздік қой, апай, қалай ғана шыдадыңыздар бұған?!

— Бәрі ашықауыздық та баяғы. Ол кезде басшылардың қитұрқысын білдік пе, не айтса, бас шұлғи беретінбіз... Иә, сосын әлгі ақсақ, тышқақтарды топырлатып, тағы да жайлауға шығып кеттік. Шүкір, күзге дейін олар тәп-тәуір ет алып қалды. Қойымыздың қоңына қарап, біз де қуанып жүрдік. Артынша тау басын қар шалып, ел-жұртқа жақындайтын да мезгіл таяды. Шіркін, қадірің асып, хан көтеріп тұрмаса да ел ішінде жүргенге не жетсін, біз енді етекке қарап, тіпті елеңдей бастадық. Бірақ бір күні басшылар төбеден түскендей сау ете қалды да: «Сендер биыл да Шұбарбұтаны қыстайсыңдар» демесі бар ма. Жәмеш ал кеп ашулансын! Ал кеп бұрқырасын! Көкірегіндегісін төгіп-төгіп келіп, ақыры: «Санап алыңдар мына топалаңдарыңды, бақпаймын!» деп бір-ақ тынды. Балшықтан қойшы жасай алмай отырғанда қайдан санап алсын, тымырайып-тымырайып жүріп кетті. Көп ұзамай біз де отарды ойға бұрдық... Ол жылы бізге бөлген қыстау ауылдан онша алыс болмай шықты. Ақбұлақтың жағасындағы анау ұзын ағаш қораны білесің ғой, бізге бұйырғаны сол еді. Әйтеуір, елге жақындағанымызға мәз боп қалдық. Бірақ бұл жолы да алданғанымызды кеш сездік. Қораның іргесінде иіріліп ағатын бір кішкентай бұлақ бар екен. Сол бұлақ қыста қатқанда суы көтеріліп, қораға кіріп, тағы ит әлегімізді шығарған. Жәмеш ақ тер, қара тер боп, көк мұзды күнде ояды да жатады. Су күнде қораға қайта кіреді. Өстіп қыс бойы резина етікпен су кешіп шыққан Жәмеш көктем шыға аяғынан тұралады да қалды. Ревматизмді емдейтін біздің мына «Қапал-Арасан» деген курорт бар ғой. Соған совхозда бір путевка бар дегенді естіп, сұрап барсақ: «Директордың әйелі забить етіп қойған» деп, месткомдағылар бермей-ақ қойғаны. Амалсыз Жәмешті ауруханаға жатқыздық. Сол күні директордың бұғалтыр әйелі курортқа жүріп кетті.

— Қай директордың әйелі?

— Бізде неше директор бар еді. Тоқанның да.

Бөкеннің қабағы түйіле түсті. «Бұл неткен заңсыздық?! Қоғамдық мал үшін от пен суға түсіп жүрген адамға деген жанашырлық қайда бұл? Өзгенікі — өзге, Тоқан ағайдікі қай қылық?»

— Сонан кейін, апай?

— Сонан кейін не болушы еді? Жәмеш ауруханадан шыққан соң малға салғырт қарайтынды шығарды. Бұрын көмекшілерге сеніңкіремей, қойды көбінде өзі жайып, ауру-сырқауын да өзі емдеп жүруші еді, оны да қойды. «Өлмесе, өме қапсын. Тек саны түгел болса, болды» дейді де, жата береді. Қазір де сол мінезі. Не бұған «Сенің бұның қалай?» дейтін басшылар жоқ. И-й, құдай, келмейтін, көрмейтін олардан не сұрайсың? Міне, осы жайлауға көшіп келгенімізге екі айға тақады, әлі бір ат ізін салған емес. Өткен жолы жорға Жұмабек мына Мырзабектікіне келіп, кешке Жәмешті шақыртып алған. Ертеңінде білдім — үшеуі таң атқанша карта соғыпты. Малдың жайын ойлаған адам сөйте ме?.. Сен Жәмешке ренжіме, айналайын, кейін түсінісіп кетерсіңдер.

— Ренжімеймін ғой. Бірақ басшыларға қырысып, қойды осыншама жүдетуге бола ма?

— Енді оны екеуміз жөнге сала алмаймыз. Бір тықыр таянғанда өзі де ойланар.

— Жоқ, апай, бұлай етуге болмайды. Оған тықыр таянғанша, қойға да бір топалаң таянады. Қазірден ойланғаны жөн, қазірден.

Мағира ештеме деген жоқ, орнынан үнсіз тұрды да, төсек салуға кірісті.

...Бөкен бүгін де тон жамылып, есік жақтағы бұрышқа жатқан. Бүгін де етекте күркірей аққан өзен сарынына құлақ тосып, әр ойдың басын бір мүжіп, ұзақ уақыт кірпік ілмеген.

Тек не заматта, бір бұрышы сәл ашық қалған сықырлауық есіктен ай сәулесі сығалай бастағанда көзі жұмылып кетіпті... Кенет... Шабалана үрген ит даусынан оянды. Оянды да, қойға қасқыр тиді ме деп, жалма-жан киімін іздей бастап еді:

— Жәмеш қой келген. Жата бер, — деді Мағира ақырын. Арсылдап сайға түсіп кеткен иттердің үні кілт өшті. Артынша сол жақтан ат тұяғының дүрсілі мен иттердің еркелей қыңсылағаны естілді.

Қостың тура іргесіне келіп тоқтаған аттың үстінен біреу ауырсына дем алып, жерге түсті. Түскенде етігі қорп-қорп ете қалды. Тегі аяғы шылқыған су болса керек.

— Жәке, келістік қой... Атыңды үш күннен кешіктірмей әкеліп тастаймын. Түсінесің ғой... қалай жаяу жетемін?..

Бөкен сөзге құлақ түре қойды... Мырзабек! «Бұл неғып өз атынан айырылып қалды екен?»

— Үйге кі-кіріп... жы-жылынып ал... — Жәмештің үні дірілдеп, тісі сақылдап тұр.

— Қой, Жәке, жатар орынға жетіп жығылайын, су киім тұла бойымды қалтыратып барады... Сау бол!.. Мырзабек қотанның шетінде жатқан қойларды үркіте тұрғызып, дүрсілдетіп шаба жөнелді.

Етігін қорпылдатып қосқа кірген Жәмеш ыңқылдап, ыңырсып, киімдерін шеше бастады. Тонның ішіне басын тыға түскен Бөкен оның әр қимылын көзбен көргендей сезіп жатыр... Әне, ол етігін шұлғауымен қоса пештің түбіне атып ұрды... Енді пенжагы мен шалбарын шешуге кірісті.

— Тамақ ішесің бе? — Мағира басын көтерген сияқты.

— К-керегі жоқ... Үстіме қалыңдау көрпе жапшы... (Тыныштық... «Көрпе астына кірген болар»).

— Түу, мұздай боп қатып қалыпсың ғой. Не болды сендерге? Суға қалай түсіп жүрсіңдер?

— Кү-үн ыстық болған соң, тү-түстік те...

— Өле алмай жатып қырыстануын жазғанның... Айтсаңшы, не жетті сендерге? Мырзабектің аты қайда?

— О-оны қа-айтейін деп едің? Аты өлсе, ат болайын деп пе едің оған?.. Мағираның теріс бұрылып жатқаны білінді.

VIII

Мырзабек екеуі суға сүңгілесіп, дірілдеп-қалшылдап қайтқан күннің ертеңінде Жәмеш төсек тартып жатып қалған. Алғашында ескі ауруы — ревматизмі қозды ма, аяқтарын бауырына тартып, дөңбекши берді де, кейін ыстығы көтеріліп, қара сүмек боп терлеп, аласұрып шығатын болды. Кейде кірпігі іліне беріп: «Мен атпаймын, сен ат! Сен ат!» — деп шошына айқайлап, оянып кетеді. Тағы бірде: «Тоқал сиырды өлтірген сенсің! Сенсің!» — деп, әлдебір түсініксіз бірдемелерді айтып, сандырақтай бастайды. Жәмештің ауруы күннен-күнге асқындай түскенін сезген Мағира да енді не істерін білмей қатты абыржыған. Мына иен жайлауда өліп бара жатсаң таңдайыңа бір таблетка тастар дәрігердің табылмасы о бастан белгілі. Атқа мінгізіп, ауылға қоя берейін десе, Жәмештің оған да жетер шамасы шамалы. Ақыры төрт күннен кейін амалы әбден құрыған Мағира: «Ауылға барып, дәрігер алып келші», — деп Бөкенді Мырзабекке шаптырған. Бөкен сүлік қарамен салып ұрып Мырзабектікіне келсе, ол киіз үйдің жанында түгі жылтыраған бір торы төбел аттың жалын тараштап тұр екен. Ол бұнымен амандасып жатып: «Інішек, біздің ат қалай, ә? Нағыз тұлпар емес пе?» — деп торы төбелдің доғадай иілген мойнын алақанымен қағып қойды. Оған мән берген Бөкен жоқ, ат үстінде тұрып не үшін келгенін айтып өтті. «Түу, түсіңнен шошып оянғандай, соған бола түсің қашып кеткен бе? Мен білетін Жәмеш болса, ертең-ақ құр аттай шабады ол. Біздің Жәмеш деген нағыз итжанды адам ғой, нағыз итжанды», — деп Мырзабек жырқ-жырқ күліп алды. Күліп алды да, күрт салмақты күйге ауысып: «Інішек, мен ауылдан бүгін ғана келдім. Мына атты әкелдім. Енді бір күн өтпей жатып, о жаққа тағы шауып бару елден ұят. Екіншіден, Осекеңді бір мезет демалдыруым керек», — деген. Бөкен үнсіз бұрылып жүре бергенде, ол тағы: «Ертеңдер мұнда жорға Жұмабек келмекші. Жәкеңнің беті бері қарамаса, ауылдағы врачтарды сол арқылы шақыртып аларсыңдар. Айтпақшы, мына атты ала кет», — деп, өткен жолы түнде «үш күннен кейін өзім әкеліп тастаймын» деген Жәмештің бурыл атын бұған жетектетіп жіберген.

Айтқандай-ақ, ертеңінде кешкілік Бөкен қотанға қойларды иіріп жатқанда, иттерді абалатып, әлдеқайдан жорға Жұмабек те жетті. Атын мама ағашқа байлап жатып ол Бөкеннің астындағы сүлік қараны көзімен бір сүзіп өтті. Сосын «так-таак» дегендей, қамшысының шолтиған сабымен етігінің қонышынан ұрып-ұрып қойды да, тыпыңдай басып қосқа беттеген. Артынша сырттың шаруасын жайлап болып, Бөкен де қосқа кірген. Жәмеш жиюлы жүкке арқасын тіреп, кеудесін сәл көтеріп отыр екен де, жорға Жұмабек оның жанына шынтақтай қисайыпты.

— Сенің ауырып қалғаныңды Мырзабектен естіп, шұғыл осында шаптым, — деп, жорға Жұмабек жастықты қолтығына тарта түсті.

— Рақмет! Сені көргеннен-ақ біртүрлі серги бастаған сияқтымын, — деді Жәмеш, әлде шыны, әлде мысқылдағаны белгісіз. Жорға Жұмабек көйлегінің жоғарғы түймесін ағытып, ыңыранып қойды да:

— Мырзабектің өлген атын не істейміз? — деді.

— Не істесең де өзіңнің қолыңда ғой. Өткен жолы картадан ұтылған... Жә, соны сөз етіп қайтеміз… — деп Жәмеш «үй сыртында кісі бар» дегендей, темір пештің отын көсеп жатқан Бөкен жаққа иек қақты.

— Иә, соны сөз етпей-ақ қояйық... Өзім кеткенше ол аттың орнын бірдеме етіп табармын.

— Сіз қайда кетпекшісіз? — деді қуырдақтық ет турап отырған Мағира.

— «Қызыл ту» совхозына... директор боп... Осы аптаның аяғында сендерге жаңа зоотехник келмек. Оған дейін мал басын түгендей беріңдер. Санақ болады.

— Меніңше, мал басын мен емес, сен түгендей беретін шығарсың? Менің отарымнан алған қойларды қайтпексің? — Жәмеш жорға Жұмабекке түйіле қарады.

— Оның орнын бірдеме етіп жабармыз.

— Жаба алмасаң, өз артыңнан жел гулейтінін сеземісің?

— Жә, Жәмеш, ол жағын кейін сөйлесерміз.

Әңгіме сонымен тынған. Жорға Жұмабек қонған сол күні түнде де Жәмеш қайдағы бір «тоқал сиырды» аузына алып: «Мен атпаймын, сен ат! Сен ат!» — деп сандырақтап шықты. Ертеңіңде ол тіпті бас көтеруден де қалып еді. Осының бәрін өз көзімен көрген жорға Жұмабек кетерінде: «Бүгіннен қалдырмай ауылдан дәрігер жіберем», — деп аттанып кеткен-ді. Аттанбас бұрын Бөкенді жеке шығарып алып, сүлік қараны өзіне қайтарып беруін сұрағаны бар. Бөкен бұл атты Тоқан ағайдың рұқсатынсыз ешкімге бермейтінін айтып еді, ол: «Тоқан ағаң да жуықта өз жөнін табады, бала. Байқа тегінде»... — деп тымырайып жүре берген.

Жорға Жұмабек сол кеткеннен мол кетті. «Бүгіннен қалдырмай жіберем» деген дәрігері де келмеді. Бес күн бойы оны күте-күте Бөкен мен Мағира да әбден жалығып, кешеден бері күдерлерін мүлде үзген. Әншейінде, аңға барарда таң атпай қостың алдында талтайып тұратын Мырзабек те Жәмеш ауырғалы бұл жаққа ат ізін салған жоқ. Өстіп бұлар алыстан да, жақыннан да көңілдері суып, жандары күйзеліп жүргенде, әйтеуір, кешеден бері Жәмеш те ептеп бас көтере бастады. Бірақ алысқа ұзап шыға алмайды, жаңа аяқтанған ботадай, есік алдында біраз тәлтіректеп жүреді де, қайтып келіп, тағы да жатады. Соңғы күндері өзі бір қызық мінез де көрсетіп жүр. Кейде кешкісін сыртқа шығып, Бұлғындысайға көз қадап, ұзақ ойланып отырып алады. Енді бірде ақсақ қойлардың тұяғын жонып, құртын тазалап жатқан Бөкеннің жанына келіп, үнсіз қарайды да тұрады. Тіс жарып, ештеме демейді де. Тек бүгін таңертең Бөкен қойды өріске өргізгелі жатқанда, үй іргесінде отырған ол бұны шақырып алған да:

— Сен осы аңның киесі болады дегенді естуің бар ма? — деп бір күтпеген сұрақ қойған.

— Естуім бар. Атам аңның ғана емес, малдың да киесі болады деп отыратын, — деп бұл сөзін тереңнен толғай бастап еді:

— Жетті, жетті!.. Пәлсапа соққанды қой да, мына басты мен көрмейтін бір жерге апарып, көміп таста, — деді ол, көптен бері қостың іргесінде мүйізі арбиып, көзіне көк шыбын үймелеп жатқан таутекенің басын нұсқап. Бөкен ол басты сайға сүйрете жөнелгенде, оған қарағысы келмегендей, Жәмеш теріс бұрыла берген.

...Көк аспанға көзін тігіп, ойға батып жатқан Бөкен Мағираның тура алдына келгенін де аңғармай қалыпты. Соңғы күндері ол түс әлетінде қойды өзі жайып, Бөкенді ыстық ас ішіп қайтуға қосқа жіберіп жүретін, қазір де сол үшін асыға жетсе керек.

— Бүгін сені аштан қатырдым-ау, айналайын... Бір адамды күтіп отырып, түс ауып кеткенін де байқамаппын, — деді Мағира бурыл атынан түсіп жатып. Сонан соң ерінің қанжығасынан қарны қампиған қара сумканы шешіп алды да, Бөкеннің жанына жүрелей отырып, басына тартқан қызыл ала шытын жерге дастарқан етіп жая бастады.

Бөкен енді ғана байқады, расында, түс әлдеқашан ауып кетіпті. Тау жақтан салқын жел еседі. Күннің сағы сынса-ақ, қой баласының құрты қоздайтыны белгілі, қазір олардың да өрісі ұзарып, кең алқапқа тарыдай шашыла түскен.

— Түнде ғана ұйытып қойып едім, ішіп көрші, тәп-тәтті, — деп, Мағира ақ бидонды шайқап-шайқап, Бөкенге бір кесе айран құйып берді.

Бөкен қою айранды сүйсіне ұрттап қойып, қызыл ала шыттың үстіндегі қос уыс бауырсаққа да қол жүгірте бастады. Шіркін, далада ішкен тамаққа не жетсін, айранның да, бауырсақтың да дәмі тілді үйіреді. Алаңдамай тойып алсын дегендей, Мағира да бұны сөзге айналдырмай, тізесін құшақтаған күйі, күпәйкесінің ішіне мойнын тыға түсіп, ақырын ыңылдап ән айтып отыр. Адамға қашанда мейіріммен қарайтын жуас қой көздері Көксеңгірдің сонау сойдақ шыңдарына қадалып қалған. Сол жуас көздерінен әлдеқандай мұң да байқалатын сияқты. Бір қызығы, «Әупілдектен» басқа ән білмей ме, Мағира мұңайған сәттерінде тек осы әнді айтатын қашанғы әдеті. Және бұл әннің бастапқы екі жолынан басқа сөзін толық айтпайды да. Міне, тағы да:

Қамысы Әупілдектің мүше-мүше, Сарғайдым осынау көлдің суын іше, — деп, жіңішке даусын сызылта созып отыр. Сосын бір мезет әнін кілт үзіп, қобырап бетіне түсе берген шашын құлақ түбіне қыстырып қойды да:

— Құрып кеткір, қар да жаумай қойды ғой... — деп күрсіне тіл қатты.

Мағираның қарды неге көксегенін Бөкен түсінді. Қар жауса, бұлар бір-ақ күнде қопарыла көшіп, етекке түсер еді. Етекке түссе, ел-жұртқа жақындап, көңілдері де көтеріліп қалар еді. Ала жаздай осы Мағира Мырзабектің киіз үйінен басқа кімнің үйіне бас сұғып, кіммен шүйіркелесті дейсің? Жәмеш ауырғаннан бері ол жақтан да ат ізін салған ешкім жоқ.

Жәкеңнің әлі есінде, баяғыда бұл жайлауға автоклуб, автодүкендер келіп, малшылардың көңілін жиі көтеріп қайтушы еді. Мағираның айтуынша, кейінгі кезде олар да төбе көрсетуді қойыпты. Өйткені бұдан екі жыл бұрын жайлауға шығар күре жолдың елу қадамдай жерін таудан құлаған тас көшкіні бүлдіріп кетіпті де, машиналардың жүруі қиын соққан көрінеді. Өткен жолы осы жаққа келе жатқанда тас, ағаш үйіліп қалған сол жолдан Бөкеннің өзі де әзер өткен. Елу қадам жерді екі жылдан бері оңдай алмаған бұл совхозға не дерсің?..

— Апай, жаңа «бір адамды күтіп отырып» дедіңіз ғой. Ол кім? — деді Бөкен тамақтанған соң.

— Оның кім екенін өзіміз де білмейміз. Таңертең сен қойды өргізіп кетісімен, жирен атты біреу қостың жоғарғы жағындағы жотаны бөктерлеп сайға түскен де, Бұлғындысайды өрлеп кете берген. Неге екенін білмеймін, сол бейсауат адамды көргеннен-ақ Жәмеш керегеде жаюлы тұрған суырдың терілерін қостың бұрым-бұрышына тыққыштап, қаптағы қақпандарын сайға сүйреп, қатты мазаланғаны. Күн түске тақағанда, саған ас әкелуге әзірлене бастап едім: «Тұштаңдамай күте тұр, әлгі адам келіп қалар» деп мені де қостан қадам бастырмай қойды. Ауырғаннан бері өзін жын қаққандай боп жүр емес пе?

— Жәмеш ағаны мен де түсінбей-ақ қойдым. Сандырақтап жатып қайдағы бір тоқал сиырды аузына алады. Сол тоқал сиыры не өзі?

Мағира бір тал шөптің басын тістелеп, біраз ойланып отырды да:

— Бұл ағаң да бала күнінен бағы ашылмаған байғұс қой, — деп әңгімесін тым әріден сабақтады. — Оның кейбір кездегі қыңыр-қисықтығы да содан шығар. Жалпы жетімдік пен қиындықты көп көріп өскендердің біразы кекшіл, өкпешіл бола ма деп ойлаймын. Жәмеш ағаңның осындай да мінездері бар. Оның үстіне кез келген адамды жақтыра беруі де қиын. Әсіресе жылтыр сөйлеп, жылтырап киінетіндерді «Жал мен жая жеп өскен ғой» деп, мінеп-мысқылдап отырады. Әйтеуір, көкірегінде соларға деген бір кек бар сияқты... Жәмеш өз әкесінен жеті жасында айырылыпты. Әкесі, марқұм атамызды айтам да, көзі тірісінде біздің совхозға көршілес «Қызыл ту» совхозында трактор айдаған екен. Өзі өте еңбекқор, момын әрі көңілшектеу адам болса керек. Бірде ол кешкі шайын алдына ала бергенде, ферма меңгерушісі болып істейтін көршісі келіп, таудағы бір шөмеле шөбін үйге жеткізіп беруін өтінеді. Атамыз көршісінің көңілін қалдырғысы келмей, түнделетіп тауға аттанады. Сол түнде қия бетте тракторы аударылып, мерт болған атамыздың сүйегін ертеңінде оң жаққа жатқызған көрінеді. Сөйтіп Жәмеш өзінен сәл-ақ үлкен үш апайы мен жалғыз шешеге жаутаңдай қарап қала беріпті. Ол уақытта шешелері совхоз кеңсесінде үй сыпырушы болып істейді екен. Ел еңсесін енді-енді көтере бастаған елуінші жылдары халықтың жағдайы қазіргідей болмаған ғой. Соңдай уақытта еркексіз қалған қараша үйге қамсау, жадау тірліктің жыртық-тесігіне жамау болып, шиеттей төрт баланың бар ауыртпалығын көтеру жалғыз жесір әйелге оңай тиді деймісің, «шықпа, жаным, шықпамен» күн кешкен де, тәйірі... Е, әңгіме әлгі тоқал сиырдан шыққан екен ғой. Сол күндері Жәмештердің аса сүтті бір сары тоқал сиырлары болған екен. «Жарықтықтың емшегі жерге тиюші еді. Анамыздан кейін бізге екінші ана болған сол сиыр» деп Жәмеш оны қазір де жиі еске алып отырады. Төрт баланы төрт емшегіне қаратқан ол сиырдың ақыры мынандай оқиғамен аяқталыпты. Жәмеш бесінші класта оқып жүргенде, қыс ортасында шөптері таусылып қалады да, тоқал сиыр көрші үйдің шөбіне түсіп, тыныштық бермейді. Көршінің қытымыр, қызғаншақ әйелі: «Сиырыңды тый» деп бұлардың үйіне бір келеді. «Әдейі айдап салып жүрсіңдер» деп екі келеді. Байласа, жібін үзіп, қамаса, қорасын бұзып, тоқал сиыр да сұғанақтығын қоймайды. Ақыры бір күні көршінің әйелі қарны қампиған сиырды жабық қорасынан жайлап шығарып келе жатқанын Жәмеш көріп қалады да, шешесіне келіп: «Сәтіш тәтем бүгін сиырымызды соққан жоқ, жабық қорасынан сылап-сипап шығарып салды» дейді мәз болып. Сонда шешесі «Япыр-ым, бір қастандық жасамаса игі еді» деп әлденеден секем алады. Расында, ертеңінде таңертең бұлар өз қораларында қарны жардай боп, арам өліп жатқан тоқал сиырдың үстінен түсіпті. Ол неден өлді десең, көршінің әйелі оған тойғанынша таза арпа жегізген екен де, ол арпа сиырдың ішінде бөртіп, ішек-қарнын жарып жіберіпті. «Әкеміз өлгенде біз қалай жыласақ, тоқал сиыр өлгенде де солай жылап едік» дейді Жәмеш.

— Жәмеш аға сандырақтап жатқанда, тоқал сиырды айтпас бұрын: «Мен атпаймын, сен ат, сен ат!» дегені есіңізде ме? Мен ойлаймын, өткен жолы аңға барған күні Мырзабек екеуі бір нәрсені бүлдіріп қайтқан сияқты. Сол күні Мырзабек атынан да айрылып келді емес пе?

— И-и, осы Мырзабек бізге бір бәле болып жабысты ғой. Сол сілімтікке ергелі Жәмештің де есі кетіп бітті әбден. Бұрын аң-құс дегенді білмеуші еді, Мырзабектің қайдан алғаны, кімнен алғаны белгісіз, өткен жылы Жәмешке бір мылтық әкеп берді де, екеуі таң атса, тауға қарап ұлуды шығарды. Аң-құстың соңында қанша қаңғып кетсе де, Мырзабек ештемесін жоғалтып жүрген жоқ, қойшы болса да оның қолдаушысы бар. Жорға Жұмабектей бажасы тұрғанда, оған көмекші қашанда табылады. Өлген-жіткен, жоғалған малының орны ойсырап қалмасы да белгілі. Ал Жәмештің кімге сеніп жүргенін бір өзі білсін. Қазірдің өзіңде отарымыздың есебінен он бір қой жетіспейді. Осы он бірін де бір кезде жорға Жұмабектің өзі алған. «Машина алғалы жатырмын» деп, былтырғы жылы бес қойды бір айдап әкетті, «анаған соғымға, мынаған соғымға» деп, биыл қыста бір-бірлеп өңгеріп алтауын тағы әкетті. Солардың орнын жаппастан енді өзі көрші совхозға сытылып кеткелі отыр. Сонда ол Жәмештен оп-оңай құтылам деп ойлай ма екен?.. И-и, құрығыр, мен де бірді айтып, бірге кеттім-ау! Мырзабектен басталған әңгімені жорға Жұмабекке тіреп, сенің жаңағы сұрағыңнан сырт айнала бергенімді айтам да... Иә, Жәмеш пен Мырзабек аңға барған сол күні олардың бір бәлеге ұрынып қайтқанын өзім де сезгенмін. Бірақ адамға бірден сыр айтып, ақтарыла салатын біздің Жәмеш пе, бірнеше күн тіс жармай тымырайып жатып алған оның тек кеше ғана шым-шымдап сөз қозғағаны бар... Таңертеңгі шайдан соң ол күндегідей сыртқа шығып, қосқа арқасын тіреген күйі тау жаққа көзі боталай қарап отырған. Сосын бір мезет қостан шелек көтеріп шыққан маған: «Кел, отыршы» деді жанынан орын нұсқап... Даусы біртүрлі жалынышты шыққандай болды. Талайдан бері одан мұндай жылы сөз естімеген мен не айтар екен деп, оң жағына келіп, тізе бүктім. Ол сол тауға қараған қалпы: «Қорқып жүрмін, Мағира, мені аңның киесі ұрған сияқты, — деді үні дірілдеп. — Соңғы күндері түсімде түні бойы баяғы тоқал сиырды көріп жүремін. Ол бірде мені еңкілдеп қуып келеді екен деймін. Енді бірде Мырзабек екеуіміз оны атқалы тұрамыз. Тағы бір сәтте ол мені сүзгілеп, биік құздан құлатып бара жатады. Сол уақытта шошып ояна келемін. Оянсам болды, ұйықтай алмаймын. Жүрегімді шымырлатып, бойымды бір үрей билейді. Көзімді жұмсам, тағы да тоқал сиырды көремін... Соны бекер аттық-ау біз, бекер-ақ аттық. Мырзабек болмаса, мен оған мылтық кезеп нем бар?..» Жәмештің бұл сөзінен ештеңе түсінсем бұйырмасын. Аңның киесі ұрғаны несі? Тоқал сиырдың аңға қатысы қайсы? Бұған жиырма жыл бұрын көрші әйел арпаға тойдырып өлтірген сол сиырды бекер аттық дегені не?.. Құдды жынданған адамның сөзі. Шындығын айтсам, мен оны жынданған шығар деп те ойладым. Осы ойдың басыма келуі мұң екен, тұла бойым мұздай боп суып, жүрегім қалтырап жүре берді. «Жәмеш-ау, не болды саған? Не деп сандырақтап отырсың өзі? Бәрін басынан бастап айтшы маған? Түсіндірші» деймін оған сескене қарап. Ол үндемейді, жын қаққандай, тас боп қатып қалған. Бұдан әрі өзімді-өзім ұстай алмай, көзімнен жас парлап ақты-ау дейсің. Кішкентай қызым мен ұлым да етегіме жабысып, олар да «мамалап» жыласын кеп. Сол сәтте бізді аяды ма, кім білсін, Жәмеш: «Жә, боздамаңдар, түге! Мені, немене, өледі дейсіңдер ме? Өлмеймін. Есім де дұрыс» деп жанымызға жақын келіп жайғасты. Сонан соң маған бұрылып: «Қорықпай-ақ қой, Мырзабек екеуіміз адам өлтіргеміз жоқ. Бірақ жолымыздың болмағаны рас. Неге болмағанын білгің келсе, оны да айтайын» деді де, екі баласын екі тізесіне отырғызып алып, талайдан бері бізден бүккен сырын сыздықтатып сыртқа шығара бастады. Оның сөзіне қарағанда, істің жайы былай болған екен... Сол күні Мырзабек екеуі Бұлғындысайды өрлегеннен өрлеп, түс әлетінде сона-ау көгілдір таудың арғы бетіне жетеді де, екі күн бұрын құрған қақпандарына түскен суырларды жинастыруға кіріседі. Қақпандарынан алған он шақты суырды бір жерге үйіп, бірер сағат олардың терісін сыпырып, енді бір мезгіл демалуға отырғандарында, Мырзабек кенет: «Ой, анау не, қарашы!» дейді теріскей беттің етегіндегі терең сай жаққа сұқ саусағын шошайтып, Жәмеш қараса, бірер шақырым жердегі қара орманның балағын орай ағатын, кішкентай бұлақ басында дөнежін сиырдай бір жануар тұр екен. Сиыр дейін десе, егерьлерден басқа адам аттап баспайтын иен аңғарда ол қайдан жүрсін? «Ендеше, бұл не болғаны? Жүр, жақынырақ барып, көрейік» дейді Мырзабек. Бұған Жәмеш те қарсы болмайды, екеуі дереу аттарына мініп, сайдың ішімен етекке түсе бастайды. Етекке түскен соң, аттарын қалың ағаштың арасына қалдырып, өздері еңбектеп тағы алға жылжиды да, әлгі жануарға елу қадамдай жақындап барып көз салады... Міне, қызық!.. Марал!.. Иә, әлгі мүйізі арбайып қасқайып тұратын кәдімгі кербез бұғының ұрғашысы — тоқал марал екен. Бір тастың тасасында жасырынып жатқан Жәмеш пен Мырзабек оған қызыға ұзақ қарайды. Суға шөлі әбден қанған марал да ештеңеден сезіктенбей, бұлақ басында керіліп ұзақ тұрады. «Құдай-ау, аң деген аты болмаса, дәл баяғы біздің тоқал сиыр сияқты. Бұл да сұрғылт, бұл да тоқал. Тек басы кішілеу де, мойны ұзынырақ. Мен оған қараған сайын есіме балалық шағым түсе берді. Тоқал сиырдың төрт емшегін созғылап отыратын марқұм анам көз алдыма оралды. Осы мезетте Мырзабек «атайық» деп сыбыр етті...» дейді Жәмеш. Иә, Мырзабек қайта-қайта «атайық» деп қоймапты. Бірақ Жәмеш тастай мелшиіп, қыбырсыз жата берсе керек. Енді бір уақытта гүрс ете түскен мылтық үнінен шошына атып тұрғанда, жаңа ғана жайбарақат керіліп тұрған марал артқы бір аяғын сүйрете қашып бара жатқанын көреді. Сол әредікте Мырзабектің мылтығы тағы да гүрс ете қалады. Алайда бұл жолғы оғы тимесе керек, марал қиралаң қағып, әп-сәтте орманға кіріп, жоқ болады. «Өй, сен неге атпадың?!» дейді Мырзабек ыза болып. Жәмеш үндемейді. Сонан соң екеуі кері жүгіріп келіп, аттарына мінеді де, жаралы аңның ізіне түсіп кете барады. Орманның іші ұйыса біткен жұп-жұмсақ жасыл мүк екен. Сол мүкке тамған қан тамшыларын қуалап Жәмештер көп жүреді. Киімдерін бұтаққа ілгізіп, беттерін бұта-қарағанға жырғызып, не заматта, әйтеуір, орманның шетіне шыққанда, жаңағы маралдың төменде арқырап-күркіреп жатқан үлкен ағынды өзенге тақап қалғанын байқайды. Аттарына қамшыны салып-салып жіберген бұлар тағы да еңіске қарай желе-жорта жөнеледі. Жолай Мырзабек: «Қазір сен де ат! — дейді Жәмешке. — Сен атсаң, мүлт жібермейсің. Ат!..» Көкірегі астан-кестен боп келе жатса да «мен атпаймын» деп Жәмеш айта алмайды. Өзінің де сорына көрінген ғой, әйтпесе атқысы келмеген аңның соңынан сүмеңдей беріп несі бар?.. Қойшы, сонымен бұлар өзенге оқ бойы тақап қалғанда, еңіске қарай жанын қоярға жер таппай андыздай қашқан марал кенет ақ көбігін аспанға атып жатқан ағынды суға қойып кетеді. Қапелімде бұлай болар деп ойламаған Мырзабек кілт тоқтай қалады да, ат үстінен екі оқты бірінен соң бірін зымыратады. Бірақ бұл екі оғы да босқа кетсе керек, марал тастан-тасқа секірген дүлей толқындардың арасында басы кегжиіп, жанұшыра алға ұмтыла түседі. «Жәмеш-ау, атсаңшы! Арғы бетке өтіп кететін болды ғой, атсаңшы!» дейді Мырзабек күйіне айқайлап. Сонда ойына не түскенін кім білсін, әлде еркектің намысы қамшылады ма екен, Жәмеш тақым астынан мылтығын суырып алып, маралды көздеп тұрып, шүріппені тартып қалады. Мылтық гүрс еткенде... су ортасынан жаңа ауа берген марал омақаса құлайды. Омақаса құлаған маралды долы ағыс домалата жөнеледі. Сол-ақ екен, Мырзабек алды-артына қарамай өзенге шауып жетеді де, ол да атын суға бір-ақ секіртеді. Дүние дегенде дүниеқоңыз адамның көзіне қан құйылатын әдеті емес пе? Көзіне қан құйылмаса, жығылған аңның соңынан жын ұрғандай ажалды суға атын секірте ме адам?.. Тепеңдеп артта келе жатқан Жәмеш бәрін де көріп отырыпты. Өзеннің ортасына дейін омыраулап барған Мырзабектің аты бір шомбал тасқа тіреліп қалған маралға енді жете бергеңде тұмсығынан шаншыла жығылады. Қайта тұрып үлгергенше, ақ көбік толқындар оны ағысқа қарай ала қашады. Атымен қоса суға бір батып, бір шығып, Мырзабек те сүйретіліп кете барады. Сосын аты едәуір төмендегі бұрқ-бұрқ етіп қайнап жатқан қалың қойтастарға тіреледі де, жандәрмен секіріп тұрады. Секіріп тұрады да, екі-үш аттап тағы шаншыла құлайды. Сол құлағаннан ол тұра да алмайды, ағып та кетпейді. Бұл уақытта өз атын жоғарыда қалдырған Жәмеш те өзенді жағалай жүгіріп Мырзабектің тұсына жеткен екен. «Ойбай-ау, неғып тұрсың?! Мылтығымды су ағызып кетті менің! Іздесеңші төменнен!» дейді бір тасқа жабысып, қалшылдап тұрған Мырзабек. Оның әлдеқашан құрдымға кеткен жарты құлаш темірін Жәмеш қайнап жатқан ағыстың қай жерінен іздесін, алдымен өздерін құтқарып алмақ болып, ол да ойланбастан суға қойып кетеді. Шілденің шіліңгір ыстығында сүйекті сырқырататын тау суының ызғарын өзің білесің, сол мұздай суды кеудесіне дейін кешіп, Жәмеш те аласұрып алға ұмтылады. Бірақ он шақты қадамнан кейін долы ағыс оны да жұла қашады да, біраз жерге сүйретіп апарып, қайта жағаға шығарып тастайды. Жағаға шығысымен ол өзенді өрлей жүгіріп, Мырзабектердің тұсынан да біршама озып барып, қайтадан суға түседі. Бұл жолы, әйтеуір, суға неше батып, неше шығып, тастан-тасқа жармасып, Мырзабекке әзер жетеді. Жеткен бойда Мырзабек екеуі екі жақтан тартып, жығылған атты тұрғызуға кіріседі. Бірақ қалай тартса да, қалай көтерсе де, ат тұра алмайды. Қойтастардың арасында су аса терең де емес екен. Бұған енді не жетті деп, бұлар бір мезет атты бүйіріне аудара тартып, аяқтарын қараса, алдыңғы оң аяғының ұзын жіліншігі шорт сынған екен. Жәмеш пен Мырзабек тасқа сылқ етіп отыра кетеді. Жарықтық, аттың жаны аяғында ғой, тізесіне дейін шорт кесіп тастасаң да шолтаңдап шаба беретін ол ит сияқты итжанды емес, қай күні аяғынан айырылса, сол күні жанынан да айырылмай ма? Жәмештер не істерлерін білмей амалдары әбден құриды. Мына аласұрған өзеннен өлексе боп қалған атты сүйреп өткізгенді қойып, өздерін аман алып шығу да оңай емес. Су ішінде етін мүшелеп сойып алу да қиын. Бұлар әрі ойлап, бері ойлап, жануар тірідей ит пен құсқа жем болмасын деп оны бауыздайды да, біреулердің көзіне түспес үшін денесін бөлшектеп-бөлшектеп суға ағызып жібереді... Міне, бар оқиға осы.

— Мырзабек ол атты төлейтін шығар? — деді Бөкен Мағираға сұраулы пішінмен.

— Жоғә... Мырзабектің қылшығы да қисаймайды. Жорға Жұмабек Жәмештен алған он бір қойынан бұрын алдымен сол аттың орнын жабады әлі, көр де тұр. Өткен жолы Жәмеш үшеуі карта ойнағанда ол Мырзабектен бес жүс сомға ұтылыпты ғой. Соны ақшалай береді дейсің бе?.. Түу, әңгімемен отырып, күн еңкейіп қалғанын да байқамаппыз-ау. Қой, мен қайтайын, — деп Мағира айраннан босаған кесе мен қызыл ала шытын сумкасына сала бастады.

ІХ

Мағира қосқа қайтқан соң, Бөкен кешкі салқынмен бытырай жайылған қойларының шашау шыққан етек-жеңін қайырып, өрісті бір айналып өткен кезде, Бұлғындысай жаққа созыла біткен ұзын жотаны қапталдап келе жатқан тағы бір салт аттыны көрді. Жүрісі суыт сияқты. Мінгені — есік пен төрдей жирен ат. Бұл қапталды кесіп өтетін суыртпақтай да сүрлеу жоқ. Жолсыз жерден жол тауып, төтелей жортқан бұл кім болды екен? Осы төңіректе жирен ат мінетін адамды да Бөкен білмейді. Айтпақшы, Мағира мана қостың жанынан жирен атты бір бөгде адамның өтіп кеткенін айтып еді ғой. Жәмештің де мазасызданып күткені осы кісі болмасын?..

Ат үстінде денесін тіп-тік ұстап, нығыздана отырған Бөкен бөгде адам жақындағанда байқады, ол табақтай қызыл шырайлы бетін тұтас жирен түк басқан егделеу адам екен.

— Сәлем, жігіт! — деді ол бұған, ат үстінде өзі қол ұсынып.

— Сәлеметсіз бе? — деді Бөкен жай ғана.

— Кімнің баласысың? — деп ол енді күлімсірей тіл қатты.

— Есілбектің.

— Ә-ә... Әкеңді жақсы білемін. Баяғыда талай рет дәм-тұздас болғанбыз. Өте честный адам.

Бөкен «Қашан, қай жерде дәм-тұздас болып едіңіз?» деп сұрауға ұялды. Бірақ «Әкең честный адам» дегенге жүрегі жылып та қалды.

— Сені де білем, жігіт. Атың Бөкен ғой, ә? — деді жирен сақал тағы да жылы сөйлеп.

— Иә, Бөкен. — «Мені қайдан білесіз?» деуге де Бөкен бата алмады.

— Жарайсың, Бөкен!.. Мектеп бітіріп пе едің?

— Бітіргем... биыл.

— Онжылдықты ғой?

— Иә, онжылдықты.

— Молоде-ец!.. Институтқа бармадың ба?

— Барғам... түсе алмадым.

— Оқасы жоқ. Келесі жылы түсіп кетесің. Тек қашанда адал болсаң бопты да, — деп, жирен сақал қойын қалтасынан «Беломорын» алып, бір талын жүн басқан жұқа ерніне қыстырды да, шырт еткізіп сіріңке тұтатты. — Мына жерде көңілсіз шығар саған, Бөкен, ә? — деді ол сосын аузынан қою түтінді бұрқ еткізіп. — Көңіл аулайтын бірдеме бар ма өзі мұнда? Былай... аң атып, құс аулап деген сияқты.

— Ондайға мен қызықпаймын. Қызыққанмен... — Бөкен сөзін аяқтамай жеңіл күрсініп қойды. Аң-құсқа қызыққанмен оны атар бұның мылтығы қайда? Жәмеш өлсе де бұған бесатарын берер ме?

— Ондайға қызықпағаның жаман екен. Егер мылтығың, қақпаның болып, мына жоталардан суыр атып, шіл атып жүрсең, уақытыңның қалай өткенін де аңғармай қалар едің. Әйтпесе бүйтіп қой соңыңда салпақтай беруден тез жалығасың ғой.

Қойшылардың жағдайын мен білем. Олар жалғыздықтан жандарын қоярға жер таппайды. Сол уақытта мылтық деген үлкен ермек қой, шіркін... Айтпақшы, сенің аға шопаның Жәмеш емес пе?

— Иә, Жәмеш.

— Немене, оның да мылтығы жоқ па?

— Неге болмасын, бар.

— Сонда қандай мылтық?

— Оның мылтығы керемет! — деді Бөкен Жәмештің мылтығы есіне түскенде қызбаланып. Таңертең қос аузында отырып, қарсы беттегі қарғаны қалпақтай ұшырады.

— Міне, керемет! Тегі бесатар болғаны ғой.

— Мүмкін, бесатар шығар.

— Онымен аңға бара ма?

— Барғанда қандай, — деді Бөкен қыза түсіп. — Мен келген кезде қостың жанында бір таутекенің басы жатты. Сол текені Жәмеш жарты шақырым жерден бір-ақ оқпен құлатыпты.

— Ой, керемет! Нағыз мерген болды ғой. Сонда ол аңды тек таудан ғана аулай ма?

— Жоқ, анау Бұлғындысай сияқты терең аңғарлардан да аулайды.

— Дұры-ыс. Әрине, аңшының бір төңіректі шиырлай бергені жөн емес. Кейде құлашты жан-жаққа жайып та жібергені орынды... Е, ұмытып барады екенмін-ау, жаңа мен Бұлғындысайды ылдилап келе жатып, мына бір оқшантайды тауып алдым. Жәмештікі емес пе? — деп жирен сақал қара қоржынынан қоңыр былғары оқшантайды суырып алды. Бөкен жазбай таныды. Сонікі. Соның оқшантайы. Қалай жоғалтып жүр екен?.. Ә, өткен жолы Мырзабек екеуі бір атқа мінгесіп келерде түсіріп алған-ау, шамасы.

— Иә, Жәмештікі, — деді Бөкен қуанып. — Әкеліңіз, мен апарып берейін.

— Өзім-ақ табыс етейін, Бөкен. Ол жігітпен бір таныссам деп жүр едім. Соның реті келген шығар, — деп жирен сақал күлімсірей сөйледі. — Күн салқындап барады. Өзің де жаурамай, қойыңды ертерек қотанға құлатсаңшы... Мен де кешкілік қоста болам. Сонда кеңірек әңгімелесеміз ғой.

Жирен атты жирен сақалдың соңынан ұзақ қарап тұрған Бөкен: «Қандай қарапайым адам?» — деді іштей оған риза болып.

Өзі сөйлесе кеткеннен-ақ адамның іші-бауырына кіріп кетеді екен. Күлімсірей беретін көгілдір көздері де көкірегіңдегіні дәл көріп, көңіліңді тез көтереді. Үлкен адам болса да, бұны баласынып мардымсынған жоқ. Бәрінен қызығы, бұның атын қайдан біліп алған десеңші! Ал өзінің аты-жөні кім? Кім болып істейді? Мына иен жайлауда неғып жүр? Бөкен оған бұл сұрақтарды қоюды ұмытып та кетіпті. Ұмытпаған күннің өзінде де, үлкен адамнан сыр тартқандай тақ-тақ етуді орынсыз көрер еді. Және сұрамағаны дұрыс та болған, кешкісін, әйтеуір, бәрін де білетін болды ғой.

Х

Қойларды қотанға күндегідей ерте әкелген Бөкен қосқа таянғанда, есік алдында байлаулы тұрған жирен атты көріп, іші жылып сала берді. Жирен сақал айтқанында тұрған екен, бүгін осында қонатын болғаны ғой.

Сырттың шаруасын мұнтаздай етіп жайлап, қосқа кештетіп кірген Бөкенге төр басында шынтақтай жатқан Жәмеш оқты көзімен ата қарады. Төрдің бір жағында жирен сақал қазақша малдас құрып отыр. Білте шамның жарығына жылтырай қалған көгілдір көздері манағыдай күлімсіремейтін сияқты, босаға тұсына жүрелей жайғасқан бұған ол назар да аударған жоқ. Мағира пештің алдына жүрелей отырып, бықси жанған отты пыс-пыс үрлеп әлек. Қостың іші сап-салқын. Осы салқын қосты Жәмештің түнеріңкі түрі тіптен суыта түскендей. Бұларға не болған өзі? Жирен сақалдың манағы жылы сөзі, жылы жүзі қайда? Мағира неге үндемейді? Күнде осы уақытта бауырсақ үйілген дастарқан шетінде буы бұрқырап тұратын ақ самауыр неге қазір бір бұрышта мелшиіп тұр? «Сұмырай келсе су құриды» дегендей, қараша үйдің құтын қашырған әлде мына жирен сақал ма? Кім өзі бұл? Кім?

— Әй, Бөкен, егер шын адал болсаң айтшы, мына Жәмештің мылтығы бар ма, жоқ па? — деді әлден уақытта жирен сақал Бөкенге тура қарап. — Бар болса, ол қандай мылтық?

Бөкен не дерін білмеді. Жирен сақалдан мұндай сұрақ күтпегені рас. Маңдайынан сұп-суық тер бұрқ ете түсті. «Қап, танымайтын адамға сыр айтып нем бар еді?.. Қап!..»

— Әй, бала, бері қара! — деді Жәмеш өктем үнмен. — Айт, кәні, менде мылтық бар ма, жоқ па?

Бөкен тұқырайып ештеңе дей алмады. Не дейді, «бар» десе — Жәмешті сатқаны, «жоқ» десе — өтірік айтқаны. «Ит екен ғой, — деді Бөкен ішінен жирен сақалды. — Ит екен».

— Неге үңдемейсің, Бөкен, мана өрісте «Жәмештің мылтығы нағыз винтовка» деп едің ғой? — деді жирен сақал.

Бөкеннің беті от боп күйіп барады. Өне бойы да ду-ду етеді. Ащы тер құйылған көзі бір сәт қарауытып кеткендей. Әттең, кірерге тесік, шығарға жаны жоқ. Өлім ғой, өлгенмен бірдей ғой. Өмірінде бұл өтірік айтып көрді ме? Өмірінде бұл біреуді сатты ма? Енді, міне, сол екеуін де істеп отыр. «Қап, қап!..»

— Егер сен жігіт болсаң, бұлтарма. Мына оқшантайды да Жәмештікі деп едің ғой. Рас па? — Бұдан әрі Бөкен бір сөзді естіп, бір сөзді естімеді. Бір ауыз тіл қатуға дәрмені де жоқ. Олар болса, үсті-үстіне бұған сұрақты төгіп отыр. Сұрақ емес-ау, оқ төгіп отырғандай.

— Неге үндемейсің? Жәмештікі дедің емес пе?

— ?..

— Айт, кәні, менікі ме?

— ?..

— Жігіт емес екенсің ғой.

— Өй, тілің байланып қалды ма? Айтсаңшы, менде мылтық бар ма?.. Оқшантай менікі ме?

— Қой, бұны қинама. Үндемейді екен — айтқанын мойындағаны. Кәне, бірдеңе деші, Бөкен.

— ?..

— Әне, көрдің бе, үндемейді. Демек, айтқанын мойындағаны бұл... Жә, Жәмеш, бұлталақтағанды қой да, мылтығыңды көрсет.

— Әй, Шәміл, сен мені, не, бала деп отырмысың? Оп-оңай уысқа түсіретін адамды тапқан екенсің. Мылтығым бар болса да мен оны саған көрсетеді екенмін-ау!.. Ал бір оқшантаймен сен маған не істемекшісің?

— Істейтінім көп. Көп нәрсені біліп келіп отырғанымды өзің де сезген шығарсың. Біріншіден, ана таудың арғы етегіндегі өзеннің ортасында жатқан маралды атқан сенсің. Оған дәлел — сол маралдың денесінен алған мендегі екі оқ. Екеуі де винтовканікі. Ал сенің оқшантайың винтовканың патронына лайықталып жасалған. Екіншіден, сенің винтовка ұстайтыныңды Бөкен де, Оспан шал да біледі.

Жер шұқылап отырған Бөкен селк ете түсті. «Оспан шал да біледі дейді. Бұл алдымен Оспан шалды қақпанға түсірген екен ғой. Бәсе, қайдағы бір жирен сақал менің әкем мен өзімді қайдан біледі десем».

— Ал, винтовкам бар, маралды да атқан менмін. Қолыңнан келгенін істеп көр.

— Істеймін. Алдымен марал атқаның үшін штраф төлетемін. Сосын заңсыз боевой мылтық ұстайды деп милицияға хабарлаймын. Қалған шаруаңды солар-ақ реттейді.

— Қорқытпай сөйле, Шәміл. Қорқа-қорқа болғанбыз. Неге ежіктеп сөйлеп, не дәметіп отырғаныңды мен де сеземін.

— Сезсең ішің білсін.

— Ішім білгенмен, сенің апандай ішіңе тастар бір түйір жемім жоқ.

— Солай де. Байқа, өкініп қалып жүрмеңдер.

— Сонда кімді айтасың тағы?

— Білмей тұрғаның... Сенімен марал атуға барған мен бе, Мырзабек пе?

— Оның менімен бірге болғанын құдай құлағыңа сыбырлай қойды ма?

— Екі аттың ізі құдайдың сыбырынан кем бе?

— Шын із кесер болсаң, марал атқан жердегі ізді емес, қайтар жолдағы ізді қарауың керек еді. Көрсең айтшы, қайтар жолда неше аттың ізі бар екен?

— Қайтар жолда менің жұмысым жоқ. Маған керегі оқиға болған жердегі із.

— Ей, Шәміл, айдатсаң, мені айдат. Біреуді арандатқанды қой. Мырзабектің қолы ақ.

— Ақ па, қара ма, оны заң орны тексереді.

— Ендеше, сол заң орнына қазір кет. Бар, бар, — деп Жәмеш, сенімен сөзім бітті дегендей, орнынан тұра берді. Жирен сақал да сүйретіле тұрып, сыртқа беттеді.

ХІ

Түнде Жәмештің бетіне қараудан ұялған Бөкен жирен сақал сыртқа шығып кетісімен, тамақ та ішпей, бүркеніп жатып қалған. Таңертең де қостағылар тұрғанша жылдам киініп, бір кесе жылы айранды жылдам жұта салған да, қойды өріске өргізе жөнелген.

Қазір түс ауа бастаған шақ. Аспан ап-ашық болса да күн салқындау. Терістіктен ескен салқын желмен сарғая бастаған шөп басы изең-изең етеді. Сол шөп басын қойлар кірт-кірт жұлып, өрісті тынымсыз шиырлай береді. Бірақ жүрістері бұрынғыдай емес, бәсеңдеу, күзге қарсы тоғайып, іштері майлана бастаған сиықтары бар. Күнде осы уақытта қара сумкасын қампитып Мағира да келіп қалушы еді. Тегі, ол да бұған ренжіген ғой. Ренжімесе қызыл ала шыты желпілдеп ендігі бір қарасы көрінбес пе еді. Әлде Жәмеш: «Оған ас апарғанша у апар» деді ме екен? Не десе де мейлі, бұның кінәлі екені рас. Кінәлі ғана емес, айыпты да. Айыпты емей немене, егер Жәмеш заңсыз мылтық ұстағаны үшін шынымен сотталып кетсе... «Құрысын, ондай бәленің беті аулақ!» Дегенмен, Жәмеш ер жігіт екен. Ауызбастырыққа бірдеңе дәметкен жирен сақал ақырын майпаздап: «Ішің білсін», — дегенде: «Ішім білгенмен, сенің апандай ішіңе тастар бір түйір жемім жоқ», — деді ғой. Қатырды атаңа нәлетті! Бұл сөзі — айдалып кетсем де, сенің көмейіңе қой тығындап, арымды аяқасты етпеймін, намысымды бермеймін дегені-ау. Бәрінен де Мырзабекті сатпағанын айтсаңшы! Шындығында, Мағираның әңгімесіне қарағанда, маралды алғаш көрген де, оны «атайық» деп Жәмешті желіктірген де, бірінші боп атқан да сол Мырзабек емес пе? Сол жыланқұрттай ирелеңдеген немені Жәкең несіне қорғап қалды десеңші! Егер анау сырықтай бойында адамдықтың титтей жұрнағы болса, кешегі күні Жәкең он күн бойы төсек тартып жатқанда көңілін сұрап, бір рет ат ізін салар еді-ау. Біле-білсе сонда Жәмеш кім үшін ауырып еді? Соған көмектесем деп, соны судан шығарамын деп тұралап қалмады ма? Енді неге оның жыртысын жыртып, өз басын орға итереді?.. Кім білсін, өзі түйген бір сыры бар шығар. Әйтпесе Жәкең тым ақымақ жігіт емес қой. Ақымақ болса, аузы аңқиып, кешегі жирен сақалға тірі жеміт болмас па еді...

Жирен сақал есіне түскенде, Бөкеннің қабағы түйіліп кетті. Түйілмей қайтсін, түнде ол бұны ұяттан тірідей өлтіре жаздады. Өйтіп беті өртенгенше өліп кеткені де жақсы еді. Бөкен он жеті жыл ғұмырында мұндай залым, аяр адамды көрген емес. Ондай адам болады десе, бұрын сенбес те еді. Өзі бір жылан сияқты адам екен. Жып-жылы сөйлеп, жымия күліп келіп, бұның іші-бауырына оп-оңай кіріп кетті де, шығарында жанды жерден шақты да алды. Бұдан өткен аярлық бар ма? Әттең, заң адамдары біреудің тұмсығын бұзған, заңсыз мылтық ұстаған, машина аударған қылмыскерлерден бұрын жирен сақал сияқты залым, пайдакүнем, парақорлардың сазайын тартқызса, шіркін! Қоғамға да, адамдарға да бұлардан келер зиян қаншама?! Бұлар өзіне бір тиын пайда түсіру үшін қанша жанның жанын жәбірлейді, қаншаның арын қорлайды?! Ең өкініштісі, осындай адамдардың іс-әрекеті бадырайып көзге көрінбейді тек, әйтеуір, бойға белгісіз тараған удай әрбір адал жанның жүрегін шым-шымдап сыздатады да тұрады. Әттең, сол удың бетін қайтаратын керемет бір күш болса. Ол күштің бір мысқалы Бөкеннің де қолында болса... не істер еді? Істі неден бастар еді?.. Көк аспанға көзін тігіп жатқан Бөкен ойланып қалды. Ойланып жатып, бір мезет: «Япыр-ау, маған неге осы заң факультетіне бармасқа?..» деді іштей. Бұл ойы өзіне ұнап та кетті. Расында, бұған неге заң факультетіне бармасқа? Оны ертеңгі күні бітіріп келсе, ең алдымен адамның тәнінен бұрын, жанына жара салатын жирен сақал сияқтылармен күреспей ме? Әйтпесе тарихшы боп, мұғалім боп не тындырады? Тындырар да еді-ау, сол мамандықты көңілі аса қалай бермейтініне Бөкен енді-енді сене бастаған секілді. Биыл оқуға мұғалім болуды емес, әншейін, бір институтқа түсуді ғана мақсат етіп барыпты. Мұғалім болуды шын көксесе, осында келгелі сол мамандық жөнінде бір рет ойланар еді ғой. Жоқ, ол қаперіне де кірмепті. Сосын баяғы тротуарда кездесетін ақ бас шалдың «жұмбағын» да бұл жуықта ғана шешкен. Шындығында, Бөкен өзі ойлағандай барлық пәнді «беске» білмейді екен. Әсіресе тарихты. Басқаны қойып, өз халқының тарихының бетінде ғана қалқып жүріпті. Қалқып жүргенін соңғы айда «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» қатысты бірнеше роман оқығанда бір-ақ білді. Білді де, білімсіздігіне қысылды. Сондай біліммен тарихшы болғысы келгенін қайтерсің?.. «Қой, келесі жылы қалайда заң факультетіне бару керек. Қалайда...»

Бөкен бір сәт малдас құрып отырып, өріске көз салды. Қойлар көп шашырай қоймапты. Сүлік қара отқа әбден тойса керек, таяқ тастам жерде мойнын салбыратып сұлық тұр. Күн недәуір төмен құлдилап қалған. Бұл сағатына қарап еді, уақыт үштен асқан екен. Кенет сағатының апталық шкаласына да көзі түсіп кетті... «Пн»... Демек, бүгін дүйсенбі. Ал айдың қай күні? Бөкен қанша ойласа да таба алмай-ақ қойды. Сонан кейін таяудағы бір есте қаларлықтай күнді еске түсіруге тырысты. Жәмеш аңнан ауырып қайтатын қай күн еді?.. Ойында жоқ... Өзі Мырзабектікіне барған күн ше?.. Ол да белгісіз... О, тапты, тапты! Өткенде жорға Жұмабек келгенде, оның бір сөзінен сол күннің 24 тамыз екенін бұл аңғарып қалған. Одан бері де, міне, толық бір апта өтті. Яки бүгін... бүгін 1 қыркүйек екен ғой. Бөкеннің көкірегі құлазып сала берді. Бір асылын жоғалтқандай, өзегін әлдеқандай өкініш оты өртегендей болды. Бүгін — оқушылардың мектепке барған күні. Сағынып барған күні. Қандай бақытты жандар?! Олар мына Бөкен сияқты бастары мәңгіріп, күн санынан жаңылмаған шығар. Жаңылғанды қойып, оқу мерзімі жақындаған сайын әр күнді саусақпен санап, уақыт өткізе алмай сарғайған да шығар. Бөкеннің өзі жылда сөйтетін. Бұл үшін 1 қыркүйектен қуанышты, 1 қыркүйектен көңілді күн болған емес. Ол күні Бөкен мектепке барлық баладан бұрын келетін. Келетін де, алдымен мектеп бағына кіріп, өздері отырғызған алма, шие ағаштарын қызықтап, әрқайсысының жапырағынан иіскеп, сосын ғана класқа беттейтін. Кластың есігін ашып қалғанда, жаңа сырланған еден, партаның ашқылтым иісі бұрқ ете түсуші еді. Ашқылтым, болса да оның иісі бұған соншама жылы әсер ететін... Сәлден соң бар таза киімдерін үстеріне жапсырып, бар таза көңілдерін кеуделеріне сыйғызып, кластастары да келе бастар еді. Олармен жаз қызығын бөлісудің өзі қандай тамаша еді?!. Артынша күмбір-күмбір етіп, алғашқы қоңырау қағылатын да, шолақ таяғын сықырлатып, сылти басып, Қасым ағай класқа кіре беретін. Жайғасып отырған соң ол кісі қашанғы әдетінше: «Жұмыр жерде не жаңалық?» — дейтін балаларға барлай қарап. «Тыныштық», — дейтін балалар да әдетінше бір ауыздан жамырап. Қасым ағайдың көңілі соңда ғана тыныш тапқандай: «Тыныштық болғаны жақсы. Бәрі де тыныштықтың арқасы ғой», — дейтін де, сабақ бастап кететін...

Қызық адам еді-ау Қасым ағай. Тарих пәнінен сабақ бергенінен бе, әлде соғысқа қатысқандығынан ба, ол кісі күнделікті саяси жаңалықтарды білмейтін оқушыны кешірмеуші еді. Сабақ үстінде кейде: «Латын Америкасында не болып жатыр?», «Таяу Шығыстың жағдайы қалай?» деген сияқты сұрақты кез келген оқушыға қойып қалатын да, білмесе, қатты ренжитін. Бірде мынадай да оқиға болған. Бөкендер тоғызыншы класта оқып жүргенде, ақпанның бір боранды күні Қасым ағай класқа түнере кірген де: «Жұмыр жерде не жаңалық?» — деген орындығына отырмай жатып. «Тыныштық», — деген балалар күндегідей жамырап. Қасым ағай сол сәтте таяғымен еденді қойып қалып, қалшылдап, «Қайдағы тыныштық, япыр-ау, қайдағы тыныштық?!» — деп ашуға булығып сөйлей алмай қалды. Балалар таңданып, бір-біріне қарасты. Ешкім ештеме түсінсе бұйырмасын. Өткен күнгі газетте жұмыр жерде айтарлықтай жаңалық жоқ сияқты еді. Латын Америкасы да, Таяу Шығыс та бір сәт дамыл тапқандай еді. Сонда бұлар білмейтін жердің енді қай пұшпағы жыртылып кетті екен? «Тыныштық дейсіндер, ә? — деді бір уақытта Қасым ағай сөзін ары жалғап. — Кеше анау қаныпезер Қайыпберді әйелін соққыға жығып, ауруханаға түсірді. Бес баласы шырылдап үйде қалды. Осы да тыныштық па? Бұдан өткен зұлымдық бар ма? Сендер «тыныштық» дейсіңдер аңқиып. Әлде біздің «Жамбыл» совхозы жұмыр жерден бөлек пе? Әлде сендер үшін бір ел мен бір ел қақтығысып, соғысып жатпаса ғана тыныштық болғаны ма? Жоқ, айналайындар, тыныштықтың басы ең алдымен отбасынан, өз ортаңнан басталады. Отбасына, өз ортасына опасыз адам Отанына да опа таптырмайды...» Қасым ағайдың осы сөзінің түп төркінін Бөкен енді ғана түсіне бастаған сияқты. Ойлап қараса, бірін-бірі алдайтын, бір-біріне ала көзбен қарайтын, бірін-бірі сөзбен мүжіп, ары мен жанын қорлайтын кесепат ортада қандай тыныштық болсын? Оңдай ортаға түскен адам қайбір еркін жүріп, еркін тыныс алсын? Несін айтасың, Қасым ағайдың әрбір сөзі бұларды тек адамгершілікке, адамдыққа, адалдыққа тәрбиелеуші еді, «Жауым бар деген адамның өзі біреуге жау», «Біреуді жаман деген адамның өзі жаман» деген сөздері де Бөкеннің бүгінге дейін жадында. Ол кісінің өзі де Бөкенді тым жақсы көруші еді. Адалдығы, шыншылдығы, еңбекқорлығы үшін мектептің бар қоғамдық жұмысын бұған сеніп тапсыра беретін. Әлі есінде, бұл сегізінші класқа келгенде, тура осы 1 қыркүйек күні, ол бұны кабинетіне шақырып алған да, ағашқа керілген ұзын қызыл лозунганы көрсетіп: «Бөкен, бар өнеріңді салып, мына матаның бетіне «АДАМ — АДАМҒА ДОС, ЖОЛДАС ЖӘНЕ БАУЫР» деген сөзді жазшы», — деген. Бөкен матаға үлкен әріптермен бадырайтып тұрып осы сөздерді жазған да, сол күні мектептің кіре беріс есігінің маңдайшасына іліп қойған. Сөздің құдіреті ме, әлде өз қолымен жазғандікі ме, кейін Бөкен мектепке кірген сайын бұл сөзді бір рет оқымай өткен емес. Миында жатталып қалғаны сондай, кейде ауызша күбірлеп те айтып жүретін. Тағы бір қызығы, біраздан соң бұған көз алдындағы адамдардың барлығы бір-бірімен дос, жолдас, бауыр сияқты боп көрінетін болды. Осы ойына бұл іштей сенетін де. Сенген күйінде, сезімнің тап-таза мөлдір күйінде мектепті де бітіріп шықты. Бірақ бітірісімен алдынан анау көзілдірікті ақ бас мұғалім шықты... Жәмеш, Мырзабек, жирен сақалдарға жолықты...

Сүлік қара кенет оқыранып жібергенде, Бөкеннің ойы бөлініп, орнынан ұшып тұрды... Мағира!.. Қызыл ала шыты желпілдеп, бурыл атымен тура қасына жеткенше бұл оны байқамапты да.

— Айналайын, әбден шаршадың-ау, — деді ол бұның жанына келгенде ат үстінде тұрып. — Қарның да ашқан шығар, үйге барып, ыстық тамақ іш. Сөйт, үйге бар, қойды қотанға өзім әкелермін.

Бөкен бармаймын дегендей басын шайқап, етігімен жерді сызғылап тұра берді. Кешегі ұяттың ыстық табы бетін әлі күйдіріп тұрғандай. Мағираның көзіне тура қарауға да дәті жетер емес.

— Енді неғып тұрсың, барсаңшы... Қосқа қайта бер дедім ғой мен саған.

Бөкен үндеген жоқ. Орнынан да қозғалмады. «Қосқа қайта бер» дейді. Қалай қайтпақ? Онда жатқан Жәмешке қай бетімен көрінбек?

Мағира атынан түсті де, бұның жанына келіп отырды.

— Қой, Бөкен, бала сияқты бұртиғаның не сенің? Қирап қалған не бар? Қайдағы бір қаңғыған қауға сақалдың сайқалдығына бола адам өстіп нали ма екен? Оның сені алдап торға түсіргенін Жәмеш те түсініп отыр... Иә, ағаңның саған ешқандай өкпесі жоқ. Өкпесі болса, «Бөкеннің қарны ашты ғой, тезірек жиналсаңшы» деп манадан мені асықтырар ма еді? Өріске өзі келуге аяғының ісігі қайтпай жүр емес пе байғұстың...

Көзіне қалай жас толып кеткенін Бөкеннің өзі де сезбей қалды. «Жәмеш аға мені түсінген екен ғой. Өзіне деген мысқалдай арам ниетім жоқ екенін біледі екен ғой», — дейді іштей күбірлеп. Кешке көргенде «сатқын, опасыз» деп ит терісін басына қаптай ма десе, бұны сырттай аяп та отыр екен ол. Бұдан артық не керек?..

Бөкен жедел басып барып сүлік қараға қарғып мінді де, қосқа қарай тайпалта жөнелді.

ХІІ

Жайлауға жорға Жұмабек бастаған үш адамның келгеніне үш күн болған. Кешеден бері олар екі отар қойды неше қайтара санап, өлген-жіткен, жоқ-жітігінің есебін шығарып болып, міне, бүгін кешке ғана Жәмештің киіз үйінде дамыл тапқан жайлары бар.

Бөкен бір-екі шыны шай ішкен соң, үлкендермен қатар отыра беруге ыңғайсызданып, күндегі орнына — есік жақтағы бұрышқа киімшең қисая кеткен. Бірақ көзі мен құлағы қонақтарда. Олар үстіне білте шам қойылған аласа дөңгелек үстелді жағалай малдас құрып, дастарқандағы бір табақ ет пен мөлтілдеген қырлы стақандарға кезек қол жүгіртіп, гу-гу сөз, қызған әңгімемен қызара бөртіп отыр — бірін-бірі қолпаштап, бірінің астына бірі көпшік қойып, желпіне түседі. Көптен бері мұнда бас сұқпай кеткен Мырзабек те бүгін осында, қонақтарға арақ құйып, алдарына ас жақындатып, құдды осы үйдің иесіндей бар билікті өз қолына алыпты. Қозы қарны бұлтиып, төр басында отырған жорға Жұмабек тершіген маңдайын аппақ орамалымен қайта-қайта сүртіп қояды. Өзі тым көңілді. Ала көлеңке үйде аумағы етті жыртиған көздері жылт-жылт етіп, болмашы сөзге жырқ-жырқ күліп, елден ерек мәз. Бұған керісінше, жанындағы Жәмештің қабағы қатыңқы — жайшылықта күреңітіп, тотығып тұратын өңі қазір тіптен түнере, түтіге түскен. Кеш бойы бір ауыз тіл қатып, тіс жарған да емес, тек сөйлегендердің әр сөзін іштей салмақтап, саралап алайын деген сыңайы бар. Онымен тізе тиістіре жайғасқан қырықтар шамасындағы қатқан қара кісі жып-жып сөйлеп, жұртты аузына қаратады. Бұл кісінің веттехник екенін Бөкен баяғыдан білетін. Бірақ осы жайлауға келгелі оны көргені кеше ғана. Қателеспесе, аты Мәжит болу керек, мыналар жасының үлкендігін сыйлағаны ма, «Мәке, Мәке» деп, шын атын атар емес. Осылардың арасынан Бөкенге бір ұнап қалған жан — жорға Жұмабектің орнына зоотехник болып келген анау ортадағы бұйрабас жас жігіт. Кешеден бері ол үлкенді де, кішіні де жатырқамай, әсіресе Бөкенге көбірек жақындап, бұның көңілін бір көтеріп тастаған. Аты Сағынған екен. Көрші совхозда туып өсіпті. Таяуда институт бітірген соң, осы «Жамбыл» совхозына келген көрінеді...

— Жарықтық, жайлаудың ауасы тамаша-ақ! Жайлауға келсем тамаққа тойып бермеймін, — дейді веттехник Мәкең табақтағы етке тарамыс қолдарын шеңгелдей салып.

Жәмеш мырс етті де қойды.

— Рас, айтасыз, Мәке. Жайлауда тамақ сіңімді болады. Мына майлы жерінен қарбыта-қарбыта асаңыз, — деп, Мырзабек оның алдына майлы еттерді ысыра түсті. Сосын табақ шетінде мойны қылқиып тұрған бір шиша ақ арақты қырлы стақандарға жағалата құя бастады.

— Маған құймаңыз, — деді Сағынған өз стақанының бетін ала қанымен жауып. — Жетеді. Болдым.

— Ой, Сәке, бұның не? Әкел, аздап құяйын да, — деді Мырзабек оның ыдысына қол созып.

— Жоқ, Мырзеке, болдым дедім, болдым. Өздеріңіз іше беріңіздер.

— Сен не, бізден артықсың ба? Құйсын да кішкене, — деп, Мәкең де оны қыстаған боп жатыр.

— Өсем десең, ішпе, Сағынған, ішпе, — дейді жорға Жұмабек жырқ-жырқ күліп.

— Сонда сіз ішпегендігіңізден өсіп отырсыз ба? — деп Сағынған оған тік қарады.

— Зорламаңдар баланы. Құй маған оның сыбағасын, — деді Жәмеш Мырзабекке. Мырзабек оның стақанын шүпілдете толтырып берді.

— Қай қастығың бар, Мырзабек? Өлтірейін деп пе едің? — деді осы сәтте сорпа құйып отырған Мағира.

— Ештеңе жоқ, Мағаш, біздің Жәкең осыдан өле қалмас.

— Өлсем де жастығымды ала өлермін. — Жәмеш Мырзабек пен жорға Жұмабекке көзінің астымен бір қарады да, стақанды аузына бір-ақ төңкерді.

— Мә, закусить ет, — деп Мырзабек бір шеңгел етті Жәмештің аузына тоса беріп еді:

— Өзімнің де қолым бар, — деп Жәмеш оның қолын қағып жіберді.

— Біздің Жәкеңнің ашуы қатте-е-е, қатте-е, — деді Мырзабек өтірік күлген боп.

Мағира біркелкі аппақ кеселермен дастарқанға ыстық сорпа жағалатты. Жорға Жұмабек бір жақ езуінен ши жүгіртіп, тісіне қыстырылған етті тазалап отыр. Мырзабек стол астынан және бір шишаны суырып алып, тағы құюға кіріскен.

— Жарықтық, жайлаудың ауасы тамаша-а! — дейді Мәкең сорпасын сораптай түсіп. — Тамаша-а!..

— Ала жаздай осындай ауаны сіміріп жүрген мына Мырзабек пен Жәмештің не арманы бар?! — Жорға Жұмабек селкілдеп күліп алды да, тісін тазалаған шиді іргеге қарай шертіп жіберді.

Жәмеш оған алая қарады. Бірақ ештеңе деген жоқ.

— Жігіттер!.. А, Жұмеке, Жәке... Мынаны ішіп тастамаймыз ба?.. Сәке, саған да айтам, давайте, алып қояйық. Отырамыз ба бетіне қарап мөлиіп?.. — Мырзабек стақанын жоғары көтерді.

— Мырзеке-ау, әншейін үнсіз сыңғыта береміз бе? Бірдеме айтып... біреуге тілек айтып дегендей... Мәселен, арамызда бір совхозға директор боп өсіп бара жатқан адам бар дегендей... — деп Мәкеңнің көзі күлімсіреп жорға Жұмабек жаққа иек қақты.

— Рас-ау, жігіттер, Жұмекең үшін біз неге алмаймыз? Жұмекеңе бірер жылы тілек айтсақ, аузымыз қисайып кете ме?.. Ендеше... — деп Мырзабек қызына тік тұрды. — Ендеше Жұмекең үшін бәріміз ішуіміз керек. Сәке... Сағынған, сен де...

— Жоқ, мен ішпеймін.

— Жұмекең үшін де ме?

— Кім үшін болсын, мейлі. Жәмеш өз стақанымен дастарқанды тақ еткізді.

— Қинамаңдар баланы! Құйыңдар маған сыбағасын.

— Жәмеш-ау, өлесің ғой... Жетеді ғой саған. — Мағира оған дастарқан үстінен созыла ұмтылып еді, Жәмеш:

— Кет былай! — деп итеріп тастады. — Кәне, Мырзабек, құй маған!

Мырзабек оған тағы да лық толтыра құйып берді. Жәмеш жорға Жұмабекке айтылар тілекті күтпей-ақ, қолындағы арақты тағы да дем алмай төңкеріп тастады. Оның әр қимылын бағып жатқан Бөкен де енді шошына бастаған. «Япыр-ау, Жәкеңе не болған? Неге көп ішіп отыр? Мырзабек неге бұған әдейі толтыра-толтыра құяды? Расында, қай қастығы бұл?..»

— Жәмеш, сен Сағынғанды қайта-қайта «бала» дейсің. Ол саған бала емес, бүгіннен бастап бастық қой, зоотехник қой, — деді Мәкең әлде әзілдегені, әлде кекегені белгісіз.

Жәмеш оған жалт бұрылды:

— Ә, солай ма?! Сендер, веттехник, зоотехниктер, өздеріңді бастық есептейді екенсіңдер ғой, ә? Ұрдым сендей бастықтарды! Ала жаздай жайлауға бір келмей, малды бір көрмей, енді ел етекке көшерде келіп ап, «бастық» дейді бұл маған аузы майысып. «Жайлаудың ауасы тәмәшә-ә» деді тамсанып. Осы ауаны апта сайын жұтып-жұтып кетсең, біреу сенен қызғанатын ба еді, а?..

Мәкеңнің мойны салбырап барады. Қарсы бір ауыз сөз айтуға дәрмені жоқ. Соны сезгендей Жәмеш те талайдан бері көкірегіне толып қалған ащы запыранды түйдек-түйдегімен төге түседі:

— Егер құдайшылығың болса, айтшы өзің, Мәжит, сен веттехник болып, мал дәрігері болып, бес жылда менің отарымнан бір қой емдедің бе? Жоқ. Бізге әкеліп берген дәрі-дәрмегің болды ма? Жоқ. Қой жайына қатысты ветеринарлық кеңес бердің бе? Жоқ. Тек білгенің — өлген малға акт жасау, көбірек өлсе, малшыға төлету. Басқа не тындырдың сен «бастық» болып, а?

— Әй-әй! Үлкен адамның бетінен алғанды қой! — деп жорға Жұмабек быртық саусақтарымен столды тық-тық еткізді.

— Ой, саған не жоқ, ей?! — деді Жәмеш оған жиренішті көз бен. — Өз артың таза болмаған соң, қысып отырмайсың ба жайыңа.

— Не, менің артымды сен былғап қойып па ең?

— Бұрыннан былғанған дүниеге қолымды арамдап нем бар?

— Қысқарт!

— Қысқартпасам не істейсің? Мағира орнынан ұшып тұрып, Жәмештің иығынан тартты:

— Қойшы, Жәмеш, болды ғой. Ерегеспеңдерші, құрғыр.

— Ары тұр, араласпай. — Жәмеш Мағираның қолын иығынан сілкіп тастады да, жорға Жұмабекке оқты көзін қадады. — Иә, айт, қысқартпасам не істейсің? Шауып аласың ба?

— Қысқартпасаң, екі аяғыңды бір етікке тығам. Әйтеуір, кетеді ғой деп батырсынуын бұның! Байқа, кетсем де құйрығыңа қоңырау байлай кетемін, білеміз сенің кім екеніңді... Баяғыда осы совхозға тұлдыр жалаңаш келіп едің, енді жал біте бастаған-ау.

— Мені жарылқаған сен екенсің ғой.

— Мен болмасам, совхоз. Алты жылда совхозды аз жемеген шығарсың? Қозыңды тоқтыға, тоқтыңды құнан қойға айырбастап, ұрлап-жырлап машина алғаның өтірік пе?

— Ой, ішегім! — Жәмеш ішін басып, селкілдеп ал кеп күлсін. — Бұған енді не дейін?! Ой, ішегім!..

— Жәмештің ол «ұрлығын» сіз қай уақыттан бері білесіз? — деді Сағынған жорға Жұмабекке.

— Бұл қойшы болғалы не істеп, не қойғанының бәрі мұнда, — деп, жорға Жұмабек қолын көтеріп, майлы алақанын көрсетті.

— Ендеше неге оны бүгінге дейін жасырып келдіңіз? Неге жоғарғы орындарға білдірмедіңіз?

— Қайтеміз сорлатып... бала-шағасына обал да... Жәмеш күлкісін кілт тыя қойды:

— «Бала-шағасына обал да» дейсің бе? Сен одан да: «Өзім таза болмадым. Артымнан ши шыға ма деп қорықтым» демейсің бе?.. Конечно, каждый мерит по своей мере испорченности, сенің ойыңша, мен машинаны «ұрлап-жырлап» алған екем ғой. Егер біле білсең, бұтына тері шалбар киіп, қойды өгізбен жаятын баяғы қойшы жоқ қазір. Бүгінде кез келген малшы менікі сияқты бес мыңдық «Запорожецті» айлық ақшасымен де алуға шамасы бар. Ал сенің түбіңді қазбай-ақ қояйын...

— Қазғанмен не табасың?

— Сен көп былшылды қой да, менен алған он бір қойды орнына сал.

— Қайдағы он бір қой?

— Білмей қалғаның... Былтырғы жылы «Жигули» алғалы жатырмын деп айдап әкеткен бес қой, биыл қыста басшыларға деп бір-бірлеп алған алты қой есіңнен шығып кетті ме?

— Мен сенен ешқандай қой алғам жоқ.

— Не дейді, ей, мынау, не дейді?! Әй, Мағира, мынауың не оттап отыр?!

— Жұмеке-ау, алып едіңіз ғой, ұмытып қалдыңыз ба? — дейді Мағира жалынышты үнмен.

— Жоқ, мен сендерден тышқақ лақ көргем жоқ, — дейді жорға Жұмабек міз бақпай. Жәмеш дір-дір етіп, қалшылдап Мырзабекке бұрылды:

— Әй, құдайшылығыңды сен айтшы. Былтырғы жылы Қарақыстақта отырғанда, сенің көзіңше мынау алты қойды айдап әкетті емес пе?

Мырзабек күмілжіп жорға Жұмабекке қарады.

— Айт қашан бұдан қой алғанымды!.. Қарашы жала жабуын!

— Мырзабек-ау, шындығыңды айтшы, алып еді ғой, — дейді Мағира жыламсырап.

— Айтыңыз шындықты! — дейді Сағынған да қосарланып.

— Айт, айт! — дейді Жәмеш те қалтырап. Мырзабек тымырайып сәл отырды да:

— Мен ештеме көргем жоқ, — деді шімірікпестен.

— Аһ, солай ма?! — Қас қағым сәтте Жәмештің жұдырығы Мырзабектің бетіне шылқ ете қалды. Ол шалқалай құлап түскенде, жорға Жұмабек есікке қарай еңбектей қашты. Жәмеш ыршып барып, оның үстіне қона түскен:

— Мә, сен де ал сыбағаңды, мә!

Кенет біреудің аяғы столды аударып кетті де, шам жалп етіп өшіп қалды... Қап-қараңғы... Киіз үй іші апалас-төпелес... Ырс-ырс еткен үндер... Кімді кімнің соғып жатқаны белгісіз...

— Мә, ал сыбағаңды, мә!..

— Әй, әкеңді... мә, сен де ал!..

— Құдай-ау, қойсаңдаршы! Не болды сендерге, түге?! — Мағира не істерін білмей ары-бері безек қағады...

Бір бұрышта екі бала шыр-шыр етеді... Босаға тұсында дірілдеп Бөкен тұр.

— Ойбай-ай! Өлтірді, өлтірді!..

— Міне, саған өлген, міне!..

Жұдырықтар шылқ-шылқ тиеді... Әлдекімнің аяғының тыпырлағаны білінеді... Әлдекім ауырсына ыңырсиды...

— Мырзаш-ау, қайдасың?! Өлтірді ғой мынау!..

— Мырзаш дейді, атаңа нәлет! Мә, саған Мырзаш!..

Енді бір уақытта үйме-жүйме төбелестің арасынан біреу сытылып шықты да, есіктен тұра қашты... Соңынан екіншісі... үшіншісі...

— Иттің баласы, ертең сені итжеккенге айдатпасам, Жұмабек атым өшсін!

— Айдату керек, құрту керек көзін!

— Қазір ауылға шабу керек! — дейді сырттағы дауыстар дабырлап.

— Жібер деймін саған, жібер! — дейді үй ішінде Жәмеш бұлқынып.

— Қойыңыз, Жәке, ашуыңызды басыңыз, — дейді Сағынған оның белінен қапсыра құшақтаған күйі босатпай.

Аттарына мініп үлгерген үшеу тымық түнді дүрсілдетіп әлдеқайда шаба жөнелді. Екі ит оларды талай жерге дейін абалап шығарып салды да, қайтып келіп үй іргесінде ұзақ-ұзақ ұлыды... «Өз бастарыңа көрінсін», — деді Бөкен күбірлеп.

ХІІІ

Таңертеңнен бері ақ жаңбыр сылбырай жауып тұр. Ұп-ұсақ майда тамшылар денеге желімдей жабысып, салқын сызы сүйектен өтеді. Бір жауса бірнеше күн толастамай, екі иықтан басып, еңсені де езе түсетін күздің көңілсіз жаңбыры осы... Тұнжыраған аспан... Тұнжыраған көңіл... Сұр шекпенінің ішіне мойнын тығып, сүлік қараның үстінде бүрісіп тұрған Бөкен мезгілдің қай мөлшер екенін де білмейді. Шамалауынша, түс әлдеқашан ауып кеткен сияқты. Әлгінде өрістің төменгі жиегімен екі адам желе жортып етекке түсіп кетіп еді, солардан шыға алмай қалды ма, әлде жаңбырдан қорғалап отыр ма, күнде түс әлетінде тепең қағып жетіп келетін Мағираның да бүгін қарасы жоқ. Мүмкін, жай демалып жатқан болар. Түнде Сағынған екеуі Жәмешті тыныштандыра алмай қатты шаршап еді. «Қор етіп кетті, жер етіп кетті мені олар!» — деп аласұрып сыртқа ұмтылған оны әбден сілесі қатып құлағанша екеуі екі иығынан ұстады да отырды. Сонда Бөкен Сағынғанға тіптен риза болған. Егер оның орнында басқа адам болса қайтер еді? «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегендей, жорға Жұмабектердің сөзін сөйлеп, соңдарынан еріп кете берер ме еді, кім білсін... Кешегі жанжалдан кейін оның Жәмештің үйінде қалып қоюының өзі әділеттің қай жақта екенін түсінгендігі-ау, сірә...

Бөкен сүлік қараны сипай қамшылап өрістің етегіне түскенде, қос жақтан шоқытып келе жатқан бір көк аттыны көзі шалды... Сағынған. Шамасы, ауылға асығып барады-ау... Бірақ таңертең ол «ертеңдер қайтам» деген сияқты еді... Әлде үйде бірдеме болып қалды ма? Осы ойдың басына оралуы мұң екен, Бөкеннің денесі қарадай қалтырап кетті. Сосын күтіп тұра беруге шыдамы жетпей, бұл да Сағынғанның алдынан қарсы шапты.

...Екеуі суы құрғап қалған кішкентай жылғаның бойында кездесті.

— Тыныштық па, аға? — деді Бөкен салған жерден.

— Қайдан тыныштық болсын... — деп Сағынған қабақ шытты. — Екі милиционер келіп, Жәмешті алып кетті. Әлгі Жұмабек түн ішінде ауылға жетіпті ғой.

— Қашан әкетті? — деді Бөкеннің даусы дірілдеп.

— Жаңа ғана... Жәмеш кетерінде саған «Малға ие болсын» деді. Мен соны айтқалы келдім... Қазір өзім де ауылға аттанып барамын.

— Олар қай жолмен кетті?

— Анау төте жолмен.

Бөкен ат басын шұғыл Жәмештер кеткен жаққа бұрды да, шаба жөнелді.

— Ау, қайда барасың?! Қайт кейін!

Бөкен бұл сөзді естімегендей, сүлік қараға қамшыны үсті-үстіне сала түсті. Қамшы тиген сайын ол да шабысын үдетті дерсің! Аяқ астында жер дөңгелеп қалып барады... Алдан суық жаңбыр бетті ұрады... Жаңбырды да, жердің ой-шұқыр, ұра-жырасын да елейтін Бөкен емес, тістеніп алып, атын қайта-қайта тебіне береді. Асудан асып кеткенше милиционерлерді қалайда қуып жету керек. Айту керек барлық шындықты. Білсін шын кінәлі кімдер екенін. Жазаласын соларды да, жалғыз Жәмешті сорлатпай.

— Шу, жануар, шу!

Шалшықты жерді шалпылдата шауып, тастақты жерден тасырлата өтіп, сүлік қараның қолтығы сөгіле сілтеп келеді. «Сілте, жануар, сілте! Әділет жолында өліп кетсең де сілтеп қал!..» Әділет дейді-ау, әділет деген қайда сол? Кімде ол? Алған қойын «алмадым» деп танып кеткен жорға Жұмабекте ме? Әлде оның алғанын көріп тұрып «көрмедім» деген Мырзабекте ме? Япыр-ау, адамдар жеме-жемге келгенде кешегі дәмдестікті де, көңілдестікті де — бәрін ұмытып, бірін-бірі оп-оңай сатып кетеді екен ғой. Бұдан өткен опасыздық, бұдан өткен озбырлық бар ма?.. Бәрінен бұрын адамға адамның жанашырлығы, аяушылығы неге жоқ? Өткенде Жәмеш он күн бойы төсек тартып, сандырақтап жатқанда кім көңілін сұрап келді? Кім ауылдан дәрігер шақырды? «Ертеңнен қалдырмай врач жіберем», — деп кеткен жорға Жұмабек сол бетімен ізім-ғайым жоғалды емес пе? Енді өзі бірер жұдырықты көтере алмай, бір-ақ күнде ит өлген жерге милиция шақырған түрі мынау. Егер Жәмеш өліп жатса, қазасын хабарлауға ол осындай шапшаң қимылдар ма еді?.. Әй, кім білсін, кім білсін...

Жаңбыр толассыз сылбырап жауып тұр. Тұнжыраған аспан... Тұнжыраған көңіл... Қойны-қонышынан суы сорғалаған Бөкен тебіне түсіп, әлі де шауып келеді. Шауып келе жатып өткен күндерін ойлайды...

Не керек, екі жастың біріне келмей өмір жолы бұны соқпағы мол сүрлеуге қарай сүйрей жөнеліпті. Мектепті медальмен бітірсе де, бірінші жылы-ақ оқудан жолы болмады. Институтқа барғанда 5 декабрист пен 28 панфиловшының аты-жөнін толық білмегені үшін мойны астына қайырылды да қайтты. Сонан соң совхоз басшыларына қырсығып, қарадай қыстығып жүрген Жәмешке тап болды. Қойды бір күн аш, бір күн тоқ бағып, ақсақ-тоқсағын түгел емдеп, осы үйдің отымен кіріп, күлімен шықса да, Бөкен Жәмештен бір ауыз жылы сөз естіген жоқ. Сөйте тұра оны іштей аяйды да. Өмірде бір жолы болмай жүрген адам сол сияқты көрінеді бұған. Өзі де тым бірбеткей, қырыс қой. Сол мінезінен тапқан пайдасы кәне? Енді оның сөзін кім сөйлеп, кім ақтап алады?.. Жоқ, дегенмен, болған жағдайды милиционерлерге түгел баяндау керек. Заңның, әділеттің адамдары ғой, түсінетін шығар...

Бөкен салып ұрып бір жотаның үстіне шыға келгенде, төменде сай табанында сар желіп бара жатқан үш салт аттыны көзі шалды. Солар...

— А-а-а-ай, тоқтаңдар! Күте тұрыңдаршы сәл!

Үш салт атты кілт тоқтай қалды. Бөкен еңіске құйындата шапты. Алысқа ұзамай қуып жетіп алғаны жақсы-ақ болды. Шындыққа көздері жетсе, қазір олар Жәмешті босатып та жіберер...

— Әй, не жетті? Не көрінді шапқылап? — деді Бөкен жандарына келгенде, қызыл шырайлы жас милиционер.

— Ағайлар, бұл кісі кінәлі емес... Кінәлі ғой, бірақ... — Бөкен абдырап, ентігіп сөзінің соңын жұтып қойды.

— Бала, өзің кімсің? — деп егделеу келген қараторы милиционер жұп-жұмсақ тіл қатты.

— Аға, мен... мен мына кісінің көмекшісімін, — деді Бөкен екі иығы салбырап, жағы суала түскен Жәмешті нұсқап.

— Көмекшімін деп... сен бұның қылмыс жасағанына да көмектескен шығарсың? — деп әлгі қызыл шырайлы жас милиционер бұған тесіле қарады.

— Жоқ, көмектескем жоқ... Мен қарап тұрдым.

— Қарап тұрсаң, айтшы, бала, төбелесті бастаған кім? — Егделеу милиционердің бұл сұрағы Бөкенді қатты қинады. Не десе екен? Алдымен қол көтерген, әрине, Жәмеш. Оны қалай жасыра алады? Өтірік айтуға қалай аузы барады?

— Төбелесті бастаған Жәмеш аға. Бірақ...

— Әй, сен бірақ-сырағыңды қой, — деді жас милиционер зілді үнмен. — Қылмысты адамды, жазықсыз екі кісіні соққыға жыққан адамды сен неге кінәлі емес деп шыжбалақтайсың, ә?

— Кінәлі ғой, бірақ...

— Айт, айт. Көргеніңді жасырма, — деді егделеу милиционер жүзін жылытып.

— Не айтқызатыны бар... Жауынның астында тұрамыз ба осының мылжыңын тыңдап...

— Айтсын, сөзін бөлме.

— Бұл кісінің төбелес шығарғаны рас, — деді Бөкен нық дауыспен. — Неге десеңіз, зоотехник Жұмабек өткен жылы бұлардан «кейін орнын толтырам» деп он бір қой алыпты. Енді соны ол «алмадым» деп танып кетіп отыр. Алғанын көрген Мырзабек деген қойшы да бет бақтырар емес. Жанжалдың бәрі осыдан шықты, аға.

— Мынаны танимысың? — деп жас милиционер тақым астынан бір мылтықты суырып алды... Жәмештің мылтығы. Қап! Өткен жолғы жирен сақал жеткізген екен ғой. «Құдай бір жауса, терек екі жауды» деген осы да. Қап!

— Танисың ба деймін саған?!

— Танимын.

— Танысаң, жөніңе зыт! Судан таза, сүттен ақ адамды тапқанын бұның! — Жарайды, бала, сен қайта бер, — деді егделеу милиционер. — Істің ақ-қарасын тергеу орны тексере жатар.

Милиционерлер ат басын жолға салды. Жәмеш кетіп бара жатып артқа мойын бұрды да:

— Қайт, Бөкен, саған сендім, — деді жұп-жұмсақ үнмен.

...Жаңбыр әлі де сылбырай жауып тұр. Сүлік қара да сылбырай жүріп келеді. Тау басына тұман шөккен. Жер лайсаң. Жол бұралаң. Бұл жолда Бөкен адаспасын біледі. Жаңбыр соңында жадырап шығар күн бар, көзіңді ашып, көңіліңді жұбатар жарық бар. Жарық бар жерде ер жігіт жолдан жаңылар ма?..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама