Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Он жеті жас

1

Біреу ту сыртынан кеп алақанымен көзін басты. Көше жақ терезе алдында кітапқа шұқшия отырған Ханзада жанарын жапқан алақанды сыртынан сипалап:

— Дәуде болсаң Нұркүлсің ғой, — деді.

— Қайдан білдің, әй? — деп анау саңқылдап күлді. — Үйіңді біреу үптеп кетсе де аңғарар емессің ғой, жаныңа келгенімді де сезбедің.

— Кітаптың қызығына түсіп кетіппін.

— Не оқып отырсың? Шпион кітап па?

— Жоқ, «Алғашқы махаббат». Тургеневтікі.

— Күшті ме екен?

— Күшті.

— Маған да бересің бе, оқиын.

— Берейін. Отыр!

— Апай жоқ па үйде, немене? — деді Нұркүл құр орындыққа жайғасып.

Мана жиналысқа кетіп еді, әлі келмей жатыр.

— Жемпір киіп алыпсың ғой, не, бір жаққа шықтың ба?

— Кеш салқын секілді... Киноға билет әкелдім.

— Қандай фильм? «Қыз Жібек» емес пе?

— Дәл өзі.

— Қап, жеңешемнің кешіккені - ай.

— Күте тұрайық. Сабақ дайындадың ба?

— Жоқ, мына бір кітаптың қызығына батып кеш түскенін де білмей қаппын.

— Қоғам тануды да оқымадың ба, Оңғар ағайдың қаһарына іліксең, сонда болар қызық.

— Жақында сұралғанмын, сұрай қоймас, — деп Ханзада жымиып күлді де құрбысы берген сарғыш жапырақты қолындағы кітап арасына салып қойды. — Күзден бізге ескерткіш болсын.

— Билетті Рысбек пен Тәжен алды.

— Солар ма бізді шақырған?

— Иә. Мені саған жіберді.

— Тәжен неғып жүр? Солармен бір рядта отырамыз ба? Онда бармаймын мен.

— Жоқ...

— Не жоғы бар, ертең балалар мазақ қылсын дегенің бе?

— Жоқ, олар билетті басқа рядқа алды, бөлек отырады.

Поселка шығысындағы электр движогінің үні естілді: әуелі «шақ - шақ» жөтеліп алды да сонан соң бір ырғақты беймаза қатқыл гүріліне ауысты. Кеше бойындағы бағаналарға ілінген электр шамы жанды. Ханзада орнынан тұрып шам жақты, төбедегі төңкерілген тостағандай шағын люстрадан сүттей ақ сәуле құйылды. Осы кез көшеден музыка естілді. Жазғы клуб Ханзаданың үйіне жақын. Радиода ойнап жатыр, Олар елеңдеді...

Кешікпей келем деп ең,

Мен тұрмын елеңдеумен, — деген әншінің мақпал дауысы естіледі.

— Осы күшті әнші, — деді Нұркүл.

— Нүсіпжанов қой. Дауысы әдемі. Сен өзін көрген жоқсың ба?

— Телевизордан көргенмін.

— Шіркін, өзін көрер ме еді?

— Алматыға оқуға барсақ көретін шығармыз.

— Әуелі оныншыны бітіріп алсай.

— Бітіретін шығармыз, не көрініпті.

Олар шай ішіп, біраз әңгімелесті. Бір кезде Нұркүл сол қолындағы түймедей кішкене сағатына үңіліп:

— Ой, сегізге жиырма - ақ минут қалыпты. Кешігеміз енді, адам қырғын, орнымызға біреу отырып алса, сонда болар қызық.

— Мен қайттім енді?!

— Киноға кеттім деп қағаз жазып кет. Ұрыспайтын шығар.

— Әзірге ұрысқан жоқ, қайдам?!

— Әлі үйрене алмай жатсыңдар ма?

— Мұғалімім болған соң ба, жеңге деп еркелей алмаймын — Ханзада қипақтаса да қызық кинодан қалғысы келмеді... — Мен де жемпір кисем бе екен?

— Ки, тоңасың.

Xанзада жеңгесіне жазған қағазын есік тұтқасына ілді.

Олар көшеге шықты.

2

Жылда интернатта жатып оқитын Ханзаданы Сыр бойынан үш жүз шақырым Қызылдың қиясында мал басында отырған әке шешесі биыл қоярда қоймай күзге салым совхоз орталығына көрші ауылдан көшіп келген немере ағасының үйіне шығарған-ды. «Баламыз бой жетті, енді көпшілік жерде жату келіспейді. Бас - көз керек» деді олар. Жеңгесі Ханзада оқитын оныншыға әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалім еді. Үйлері де оңаша, тұңғыш ұлы қаладағы шешесінің қолында, зәңгірлеген төрт бөлмелі үйде екі - үш жан тұратын. Әке мен шеше үйдің оңаша, тыныштығынан гөрі қызының ертелі - кеш мұғалім келіндерінің көз алдында болатынына қуанған. «Келін шырағым, қыз балаға қырық үйден тиым деген, қатал қара. Мына көзі отыр ғой, қатты болды деп біз ренжімейміз. Бой жеткен қыз жанып тұрған от, қалай қарай үрлесең, солай қарай шалқиды. О жағын өзің білесің...» — деп, қызын әңгімеге қатыстыра отырып қайта - қайта тапсырған. Балалықтың базарында қатар құрбы - құрдасымен құлын - тайдай тебісіп бейкүнә, алаңсыз өмір кешкен Ханзада ата - ана сөзінен бір түрлі тіксініп қалған. Содан бері өзінің әр аяқ басқанына сырттан қарауыл бардай сезініп, сақ, жинақы жүруге тырысатын.

Кинодан оралған Ханзада табалдырықты қаймыға аттады. Есікті жайлап жауып қоналқы бөлмеге өтті. Әдемі жарқырай жанған люстра астындағы столға асылып, әлдене жазып отырған.

— Келдің бе? Киноларың ұзақ болды ғой, — деді басын көтеріп.

— Екі сериялы екен.

— Қызық па, қалай?

— «Қыз Жібек»... Қайғылы екен.

— Бәсе, түсің оңбай тұр.

— Талайлар көзін сулады.

— Плитаның үстінде тамағың тұр, жылытып іш. Сосын менің қасыма жат, бүгін ағаң Қызылқұмнан орала қоймас — деп қағаздарын жинастырды да, төсек салғалы төргі бөлмеге кетті.

— Бір сұраған балаңыздан бір ай, бір жарым ай сұрамайды екенсіз. Бүгін сұраған оқушыдан ертең де сұрап тосыннан дайындығын байқасаңыз, онда олар күн сайын сақ жүрер еді, — деген зілсіз ғана.

Игі көңілмен айтылған осы тілектің өзін Оңғар Медетов көңіліне алып қалған. Шымбайына батқанын жасырмай, өзіне сөз кезегі келгенде айқыш - ұйқыш әжімді маңдайы қыртыстана түсіп:

— Жас әріптестеріміздің ақылын жерге тастамаспыз, — деді. — Ал үлгерім мәселесіне келсек, ол бәріміз илейтін терінің пұшпағы, жалғыз мен емес, Сондықтан да Әдемі Айнабекова жолдасқа айтарым бар. Биыл интернаттан сіздің үйге шыққан Ханзада Қалдықараеваның үлгерімі былтырғысынан неге төмен? Бұл сұраққа менімен бірге сіз де жауап іздеуге тиіссіз, әрине, маған, мектепке, оқушыға жаныңыз ашыса. Солай емес пе, жолдастар? — Ол төрдегі семіз денесін ауырлағандай директордан бастап отырғандарды жағалай бір шолып шықты. — Әлде бой жетіп көңілінің алаңы боп жүр ме? Бұл да сұрақ.

Есесін қолма-қол қайтарар деп күтпеген Әдемі аң - таң отырып қалды.... Көңілінің алаңы несі? Қайдағы алаң? Жо - жоқ, ондайын байқаған емес. Ол былай тұрсын, от басында да оның қолын байлайтын ештеңе жоқ. Үйдің ол - пұл шаруасы Әдемінің өзінен ауыспайды. Мұндай қыңыр әңгіменің керегі не екен?.. Осылай десе де Оңғардың ескертпесі есінен кеш бойы кетпей қойған. Қазір төсек салып жүргенде де ойына оралды «Қасыма алып жатып, жаймен сыр тартып көрейінші. Жақын тартып неге сырласпаймын осы? Бөтенім емес. Ұстаздық парызым және бар».

Ханзада газ плитасының үстінде тұрған кастрюльдегі күріш көжені жылытпастан апыл -ғұпыл ішті де қайтып келді.

— Шамды сөндірейін бе?

— Сөндір.

Шамды өшіріп, шешінді де Ханзада жеңгесінің төсегіне тақау ағаш керуетке, ағасының орнына кеп жайғасты.

Шам сөнгенмен бөлмеде бозаң селдір сәуле қалды, өйткені көше беттегі терезеден үй тұсындағы электр шамның жарығы түсіп тұрған.

— Бері тақала жат. — Әдемі қолын созып оның шашынан сипады. — Киноға кіммен бардың?

— Нұркүлмен.

— Қалай екен кино? Жақсы түсіріп пе?

— Жақсы түсірген. Бірақ өте аянышты, — деп Ханзада өксігендей бір дем шығарды.

Әдемі оның дүниеден қыршын өткен екі ғашықтың тағдырына шын жаны ашып жатқанын сезді де әлгіндегі ойынан қайтып қалды. «Қазір мазаламай - ақ қояйын. Ертең де күн бар ғой».

— Қой, ұйықтайық.

Олар тым-тырыс жатты.

Ханзада фильм оқиғасын көз алдынан қайта өткізіп, кеудесін қапа мен өкініш секілді бір сезім қыжылдатып, әлсін - әлсін күрсіне берді. Кинодан кейін құрбылар арасында болған таласты есіне алды.

Осы заманда да Бекежан бар ма екен? — деген Нұркүл қасындағыларға сұрақ қойғандай.

— Жоқ, — деді Рысбек.

Тәжен мен Ханзада үндемеген.

— Сен не дейсің? — деді Рысбек Тәженге бұрылып.

— Жоқ шығар, — деді ол екі ұштылау.

— Сен өзің біреумен бақталас болсаң өлтірер ме едің?

— Өлтірмегенмен мұрнын бет қылуға болады ғой.

— Қыз сүймесе де сөйтер ме ең? — деп шап ете қалды Нұркүл.

— Оны әлі ойланған жоқпын. — Тәжен қалтасынан темекі алып тұтатты.

— Меніңше, Бекежан бар сияқты, — деді Нұркүл.

— Немен дәлелдейсің, көзіңмен көрдің бе? — деді Рысбек.

— Көргенім жоқ, бірақ қызға таласып пышақ салыпты дегенді талай естігенім бар.

Бәрібір ол Бекежан емес, біздің заманымыз басқа.

Ханзада ештеңеге көзі жетіп тұрмаған соң әңгімеге араласпады. Сол таласты жеңгесіне айтпақ болып оқталды да ақырын қоя қойды. Абайсыз сырын ашып ала жаздағанын білді.

Әдемі аздан соң ұйқы құшағына енді. Жабырқау көңілі басылған Ханзада да көз ілді. Бірақ ол көпке дейін түсінде өксіп жатты.

3

Оқушылар әдебиет сабағына құлықты еді. Денесінің аздаған толықтығы болмаса өңіне қарап оныншының оқушысы шығар деп қалатындай бала пішіндес дөңгелек жүзді қара торы Әдеміге бала біткен үйір, әрі өздерін оның сабағында еркін ұстайтын. Ол екінші сабаққа келді. Класқа еніп сәлемдескен соң әдеттегісінше күлімсіреп: «Түгелсіңдер ме?» — деді.

— Түгелміз! Түгелміз! — десті оқушылар.

— Бүгін тағы шығарма жазамыз ба? — деді мұғалиманың құшақтап кеп столға қойған бір бума дәптеріне көзі түскен бір оқушы.

— Жоқ, жаңа сабақ алдында сендердің өткен жолы жазған шығармаларыңды талқылаймыз, — деді Әдемі. — Біріңді мақтап, біріңді даттамай - ақ қояйын. Бәріңе ортақ бір кемшілікті байқаған сияқтымын. — Өткен жолы «Ата мекен» деген тақырыпта шығарма жаздырған болатын. — Кең қамтиым, ауқымды айтамын деп бәрің де жалпылама сарынға ұрынғансыңдар. Одан гөрі нақты сөйлеп, ата мекенге деген өздеріңнің сезімдеріңді жазғандарың әлдеқайда әсерлі болар еді. Нұркүл ғана Сырдарияға ерекше тоқтап, оны қасиетті анаға теңепті. Екі жағадағы ел Сыр ананы еміп жатқан бала секілді депті.

— Нұркүл деген дайын журналист қой.

— Журналисің не, жазушы десей, — дескен бір - екі бала мақтаудан қысылып сарғыш өңі қызара партасын шұқылаған Нұркүлді іліп - қағытты.

— Қалай десеңдер де сияды, өйткені жазғаны тартымды, образды ойлауға тырысқан, — деп мұғалима жымия сөзін әрі қарай жалғады. — Сосын сендер ата мекен дегенге оның өткені, тарихы жайлы неге бір ауыз сөз жазбағансыңдар? Осы өлкеде ертеде қандай ірі қала болған?

— Отырар қаласы.

— Дұрыс айттың, Арын. Осы қала жайлы, одан дүние жүзіне аты мәлім, шығыста екінші Аристотель атанған Әбу Нәсір әл - Фараби туралы неге жазбайсыңдар. Бұл бізге мақтаныш емес пе? Өз топырағымызда өскен шынар, өз аспанымызда жарқыраған жұлдыз емес пе? Қала орнын көрдіңдер ме өздерің?

Балалардың ешқайсысы да көрмеген екен. Мұғалима сенер - сенбесін білмей:

— Экскурсияға да барған жоқсыңдар ма? — деп таңдана сұрады.

— Жоқ, апай, — деді алғы партадан, әлгіндегі Арын деген бала. — Сол Отырарға экскурсияға апарсаңызшы бізді.

— Бұл тілекті Оңғар Медетов ағайларыңа айтыңдар. Сол кісінің жұмысы. Отырардың орнын көргендерің жақсы. Ертең сыртқа шыққанда біреу болмаса біреу сұрай қалса, не дейсіңдер? — деді де ол жаңа сабақ бастады.

Жаңа сабақ бітіп, қоңырау соғылуға бес минут қалған кезде Арынның жанындағы ұзын бойлы бала Рысбек қол көтеріп орнынан тұрды.

— Апай, осы біздің заманда Бекежандар бар ма? — деді сұрақ қойып. — Кеше бір жолдасыммен таласып қалдым. Ол бар дейді, мен жоқ деймін.

— «Қыз Жібектегі» Бекежанды айтасың ба? Ол туралы басқа жолдастарың не айтады екен?

— Апай, Бекежаннан бұрын менде бір сұрау бар, — деді класта «сұрақ белгісі» атанып кеткен, сабақ сайын бір сұрақ сұрамаса бойына ас тарамайтын Несіпбай деген бала, — осы жігіт болсын, қыз болсын неге тек сұлуды жақсы көреді?

— Ол жалпы сұлулық атаулыны сүюден шығар, Адамның жаны сұлулыққа құмар. Бұл жөнінде Чеховтың айтқанын оқымап па едің?

— Оқығанмын. Қыз Жібек сұлу болмаса Төлеген де өлмес еді, Бекежан да жайына жүрер еді. Бәрі сол сұлулықтың кесірі.

— «Қыз Жібек» романтикалық сарындағы шығарма, — деді Арын. — Менім ойымша, ғашығы үшін Жібектің өлуі, мәселен біздің заманға сиыспайды, Отан үшін соғыста өлсе бір сәрі.

— Мәншүк пен Әлия секілді дейсің ғой.

— Жібектің өлімі тек Төлегеннің дүние салуына қатысты емес, — деді Нұркүл.

— Енді неге қатысты?

— Ол сол заманның өз трагедиясы.

— Нұркүл тауып айттың, — деді мұғалима қоштап. — Жібектің өзін - өзі мерт қылуы әйелдер басындағы со заманғы теңсіздікке айтылған лағынет сияқты көрінбей ме? Демек, Бекежан сол кездегі зорлық - зомбылық бейнесі боп шығады. Ал қазір Бекежанға саятын қылық болса, ол жеке бастың міні, жеке адамның топастығынан туындайтын құбылыс...

Қоңырау соғылды.

— Қой, демалайық, кейін тағы да сөйлесерміз, — деді Әдемі.

Балалар дүркіреп тысқа беттеді.

3

Олар мектептен шығып, дария жақтағы үйлерге апаратын көшеге кеп түсті.

— Оңғар ағайды ұнатпаймын осы, — деді Нұркүл.

— Неге?

— Бір қытымыр өзі.

— Экскурсияға Әдемі апайдың өзі - ақ апармай ма? — деді Нұркүл Ханзадаға мақұлдата сөйлеп.

Олар ағаш шарбақты, төбесіне шифр жапқан еңселі ақ үйдің қақпасы алдына кеп тоқтады.

— Үйде мамаң бар ма?

— Мамам да, папам да жұмыста. Інім мектепте. Кішкентайлар бала бақшада. — Нұркүл есік ашты. — Сен отыра тұр, мен газға шай қоя салайын, — деді.

Ханзада да портфелін жазу столына қойған. Столда жатқан қоңыр тысты қалың екі альбомның үстіңгісін ашып үңілді. Фотолар. Нұркүлдің сәби шағындағы суреттері. Мектептегі кезі... Папасы мен мамасы... Мына бір суретте Ханзаданың өзі де жүр. Шөп маялап жүргенде Рысбек түсірген. Мына біреулер бейтаныс бейнелер. Ал мынау... Нұркүлдің студент жиені ғой. Суретке қалай әдемі түскен?! Шашының қоюын - ай! Теңіздің толқынына ұқсайтындай. Қасы қап - қара. Қыр мұрынды. Бет әлпеті әлгі өзінің ән дәптерінің арасында жүрген әнші Ермек Серкебаевтың суретіне келетін секілді.

...Дүкеннен оқулықтар сатып алған Ханзада мен Нұркүл дария жағасындағы жалғыз аяқ жолмен үйлеріне қайтып келе жатқан. Сәске кезі. Дария жағасы жарлауыт. Жар асты тынышсыз, бүлк - бүлк қайнайды. Анадайдан қолқ - қолқ еткен дыбыс естіледі. Үлкен тас диірменнің оқпанындай үңірейген иірім. Жардан қарасаң иманың ұшады. Бұл тұс — «қанды иірім» атанған құрдым. Олар иірімнен сескенгендей жар тұсынан қашыңқырап өтіп бара жатқан. Осы кез жар астында шолпылдаған дыбысты құлақтары шалған. Көздері атыздай боп, бір - біріне үрейлене қарасты. Сөйтсе де қорқынышын құмарлыққа жеңдірген олар жарқабаққа шығып, төменге үңілді. Әлдекім иірімнің көмейінде қанкөбелек атып шыр айналып жүр. Өңеші үңірейген иірім ананы жұтып жібермек болып аждаһадай иретіледі. Құты қашқан қыздар не істерін білмей сілейіп - сілейіп қатты да қалды. Енді бір сәтте әлгі адам ау - ф! деп атыла құлаш ұрып аждаһаның аранынан оп -оңай сытылып кетті. Содан ыққа біраз жүзіп барды да ауыл су алатын түйе тайлы тұстан жағаға шықты. Ұзын бойлы, талдырмаш біреу. Секеңдеп, екі қолын екі жаққа жаза ұшатын құстай сілкініп, ақ сүлгімен сүртініп жатты.

— Ой, жынды - ай! Біздің жиен ғой, — деді оны таныған Нұркүл. — Тарғын.

— Түу, зәрем ұшқаны сонша, жүрегім тоқтап қала ма деп едім, — деді Ханзада.

— Анық сол, Тарғын.

— Байқамай ма, кетіп қалса қайтеді?

— Ой, ол кетпейді. Спортсмен, суға жүзудің мастері.

Мына иірім адам түгел нарды жұтады дейді ғой.

Оны жұтпайды.

Ханзада Тарғынның фотосына ертелі қадалып отырғанын енді сезіп, бір түрлі ыңғайсызданып қалды. Альбомның бетін жаба салып, келесі бетіне шұқшиды.

— Ұнатасың - ау деймін. Ұнатсаң бір келгеніңде таныстырайын.

— Қойшы.

— Қойшың не? Егер таныссаңдар бар ғой, ол да сені ұнатар еді.

— Қойшы, мен кімге ұнаушы ем?!

— Өлә, сөзін қара. Кластағы балалардың жартысы ғашық қой саған.

— Соқ.

— Білмейтін шығарсың, ә? Тәжен жүр жүгіріп, сен бір нәрсе десең «Қанды иірімге» түсіп өлуге бар. Арын анау қасыңа жуй алмай, көзімен ішіп - жеп ынтыққан.

— Тағы бар ма? — деп күлді Ханзада. — Қай сиқыма ғашық болады менің?

— Сенің бе? Сенің көзіңе ғашық, — деді Нұркүл құрбысының қарсысына шығып. — Бері қараш. Көзіңде бір бәле бар сенің.

— Бәлең не?

— Бір керемет нұр бар. Адамды бір түрлі ішке тартып тұрасың.

— Көзімді бақырайтып қойып соқтың - ау.

— Жоғә, өзің ғой тіпті. Шыныңды айтшы, сен біздің кластан ешкімді ұнатпайсың ба?

— Жоқ, ешкімді ұнатпаймын. — Ханзада орнынан күлімдей түрегеліп оны құшақтады. — Сені ғана ұнатам. Айналайын, ақ көңілім - ай!

Нұркүл де құрбысын бауырына тартып белінен қысып, бетінен сүйді. Ханзада екінші альбомды ашып:

— Мынау да фото ма? — деп сұрады.

— Бұл ма, бұл Мұхтар Әуезов жайлы фото - альбом.

Мұхтар Әуезовке арнап фотоальбом жасауды жеңгесінің бірде Рысбекке тапсырып жатқанын көрген Ханзада:

— Рысбек сені жұмысқа жегіп алыпты ғой өзі, — деп әзілдеді.

— Мұнда не тұр екен? — деді ол ернін бұртитып. — Сурет қадауға біз епті емеспіз бе?

— Ойнап айтам, көңіліңе алып қалдың ба?

— Жоғә.

— Кел, онда екеулеп бітіріп тастайық.

— Жоқ, әуелі шай ішіп алайық.

Шай ішіп болған соң олар фотоальбом жасауға кірісті. Рысбек әр беттің етек жағына әр фотоға түсіндірме жазып, түрлі журналдардан қиып алған суреттерін жыл ретімен қаттап қойған екен. Шетінен алып, қадап отыр.

— Футболшы болған суретін қайдан тапты екен? — деп таңданды Ханзада.

— Ол өте ұқыпты, таппайтыны жоқ.

Қысыңқылау нұрлы қара көзі күлімдеп, Ханзада қуақылана жымиды.

— Нұркүл, бір нәрсе сұрасам айтасың ба?

— Айтайын.

— Жоқ, әуелі шынымды айтам деш.

— Ал шынымды айтам. Қашан саған өтірік айттым.

— Рысбек екеуің сүйістіңдер ме?

Нұргүлдің ақ сары жүзі бояу жаққандай қызарып шыға келді.

— Жоқ, әлі сүйіскен жоқпыз.

— Ал сүйем деген сөзін айтты ма?

— Жоқ.

Сонда да бір - біріңді жақсы көресіңдер ме?

— Жақсы көреміз. Рысбек оңашада менің саусақтарымнан ұстап жүреді.

— Оңашада не айтасыңдар?

— Не айтайық. Көбіне үнсіз жүреміз.

— Түк те айтпайсыңдар ма?

— Жоқ, айтамыз ғой. Рысбек өзінің арманын айтады кейде. Ұшқыш болам дейді. Білмейтін самолеті жоқ. Қайсысы қалай ұшады, жылдамдығы қандай — бәрін жатқа біледі. Реактивный самолетке ұшқыш болмақ арманы.

— Сен де арманыңды айтатын шығарсың?

— Әрине. Ол айтқансын мен де айтам. Журналист болам дейім.

— Жазушы болам демейсің бе?

— Маған қайдағы жазушылық. Айтпақшы, Рысбекке де айтпай жүрген бір құпиям бар, — деді Нұркүл әлдекім тыңдап тұрған жоқ па дегендей есік жаққа жалтақтай қарап. — Мен бір әңгіме жазып жүрмін, бітірген соң саған оқып берем.

— Жақсы көрген қандай болады, соны айтшы маған.

— Жақсы көрген бе? — деп Нұркүл қиғаш қасын керіп жымиды. — Ойыңнан шықпайды... Түсіңе кіреді. Рысбек кілең самолетпен ұшып жүреді...

— Сосын?

— Сосын ба?.. Жанымда жүргенде жүрегім бір түрлі шымырлап кетеді... тынысым бітіп қалғандай бола ма, общем сондай...

Әңгімеге еліткен Ханзаданың қара көзі ұшқындап жайнаң қақты.

— Соңғы кезде мен де қызық боп жүрмін.

Нұркүл құрбысы бір жасырын сыр ашқалы отыр ма деп ынтыға құлақ түрді.

— Қараптан қарап жүріп әлгі сен айтқандай жүрегім шымырлай ма? Мына жерімнен — Ханзада томпайған анарының сол жақ астын түртіп қойды, — бір нәрсе үзіліп түсетіндей болады да тұрады. Қуанатын сияқтымын ба, сол сияқты бір нәрсе әйтеуір.

— Біреуді ұнатқан шығарсың.

— Ондай емес. Өзім де түсінбеймін, бір қызық сезім.

— Онда біреуге ғашық болайын деп жүргенсің, — деді Нұркүл тәжірибелі бойжеткен құсап. — Рысбекпен сол біріншіден бірге оқып келемін ғой. Бұрын былайынша тәуір көргенім болмаса, басқа сезімім жоқ еді. Осы биыл ғой жақсы көргенім...

Фотоальбомды бітірген соң олар бірлесіп алгебра есептерін шығарды. Радиода ойнатып «твиске» біраз жаттықты.

Кеш түсе Ханзада үйіне қайтты. Төте жолмен жүрмеді. Көшеден шығып, дарияны өрге қарай жағалайтын жалғыз аяқ соқпаққа түсті. Соқпақ жаздағыдай емес, жиегіндегі қураған шөп аяққа басылып тықырланып, шапанның қырылған өңіріндей әрі кеткен. Жайымен жүріп келіп, жарқабаққа бұрылды. Сескеніп анадайдан қашып жүретін ол бұл жолы жарға шығып төменге шошымай үңілді. Күн батарда ұзарған жар көлеңкесі астындағы иірім қарауытып үрей сала үңірейеді. Жынды адамдай күлді де соқпақтан жолға бұрылып, үйіне қаpaй шығатын көшеге түсті.

5

Ертеңгі өтетін сабағының жоспарын жасап біткен Әдемі орнынан көтерілді. Ортаңғы бөлмеден дәлізге шығып, оң қол жақтағы есікті ашты. Ханзада керуетінде одеалға оранып кітап оқып жатқан.

Әдемі оның жанына кереует жиегінен кеп отырды. Кітаптан басқа дүниені ұмытқан ол жеңгесі басынан сипағанда барып үркіп жалт қарады.

— Не оқып жатсың?

— «Жас дәуренді».

— Повесть пе?

— Иә.

— Тартымды ма екен?

— Өте тартымды. Біржола тауыспай жатпаймын деп отырмын. Нағыз қызық жеріне жаңа келдім, — Ханзада төсегінен тұрып, жеңгесімен аяғын салбыратып қатар отырды.

— Бұл кітапты қашан бастап ең?

— Бүгін түстен кейін.

— Сонда күніне бір кітап тауысасың ба?

— Мынандай шағын болса тауысуға болады.

— Ал сабақты қай кезде дайындайсың?

Ханзада үндемей қалды.

Әдеби кітапқа тым салынып кеткенің қалай болар екен?—деді Әдемі — Биыл сендер үшін өте ауыр, әдеби кітапты қоя тұрып, сабаққа көбірек назар салсай. Әнеугүні Оңғар ағайыңның сабағынан екі алыпсың.

Ханзада ішінен тынып үнсіз тыңдады. Есіл-дерті әдеби кітап боп, сабаққа немқұрайлы қарап жүргенін өзі де сезеді. Бірақ көңіл күйі өзіне ырық бермесе не істемек? Кеудесіне шақырылмаған қонақ секілді бір мазасыз сезім ұялап алған. Кілең жүрегі алып - ұшып өрекпиді де тұрады. Не болғанын қайдам? Әнеугүні Нұркүлдің үйінен қайтқандағы көңіл күйі?! Ондай сезімді еш басынан кешкен емес-ті. Көкірегін бір қуаныш кернегендей болды ма?.. Әлдебіреуді сағынғандай болды ма? Жападан - жалғыз отырып ән салды. Әлденені аңсағандай, іздегендей байыз таппай елеңдеді. Бір сәтте өз - өзінен күбірлеп отырғанын аңғарды.

Қала десе аспандағы жұлдыздан ең жарығын, ең нұрлысын қалар ем. Қол бұлғаса биіктен сол жұлдызым қанат байлап құс боп ұшып барар ем.

Апыр - ау, мынау жыр жолдары ғой. Бұл кімнің өлеңі еді? Қайдан оқыдым? Кімнен естідім? Әрі - бері ойланып есіне түсіре алмады... Әлде өзім шығардым ба? Иә, иә, өзім шығарып отырмын... Алдындағы алгебра есебіне арналған дәптеріне өлең жолдары қонып қалыпты... Тұңғыш рет... Шынымен мен өлең жазғаным ба? Соңғы кезде мазамды май ішкендей қылған жыр аруағы емес пе екен?..

Сол өлең мына «Жас дәуреннің» ішінде жатыр. Алып оқып берсем бе екен осы? Қой, күлетін шығар...

Үндемеген Ханзаданы өз кінәсін түсініп отырға жорыған Әдемі:

— Сендер көп ақыл айтқанды сүймейсіңдер, білем, — деді. — Сонда да өзіңе бола айтам, қалқам. Бірінші тоқсан бітуге таяп қалды: Ойлан.

— Meн сізді ұятқа қалдырмаспын, — деді Ханзада жеңгесіне анасындай мейіріне риза болып.

— Мен саған сенемін. — Әдемі еркелете арқасынан қақты да түрегелді. — Жай жатып, жақсы ұйықта.

Ханзада жеңгесі кеткен соң қайтадан «Жас дәуренге» бас қойды.

6

Сабақ жүріп жатқан. Әдемі өткенді пысықтап болған соң жаңа тақырыпқа көшкен-ді. Біреу есік қақты. Сөйлеп жүріп есік ашып, сырттағымен тілдескен мұғалима кейін бұрылды да:

— Нұркүл, сені шақырады, — деп сабағын үзбестен жалғай берді.

Нұркүл дәлізге шықты. Екі иінінен дем алып, ентіккен Рысбек. Ыржия күледі. Жалаңбас. Жылқының қылындай қалың қара шашы қанша кейін қайырса да жатпай тікірейіп тұр.

— Әлі кеткен жоқсыңдар ма? — деді Нұркүл.

— Қазір кетеміз.

Оныншы кластан бес баланы аудандық әскери комиссариаты есепке тұруға шақырған-ды.

— Неге келдің?

— Менің қолым нашар ғой.

— Біреуге жаздырарсың. Қой, мен кеттім, асығып тұрмын. Шаштан айрылатын шығармыз, — деп ол шашын артына қарай бір сипады да аяғының ұшынан басып тысқа беттеді.

«Шашын алып тастаса, басы тоңатын шығар - ау», — деп ойлап, есіктен шыққанша ізінен қарап тұрды. Класқа кіргенде бүткіл бала «кімге жолықтың - ей? » дегендей елеңдесе қарасты. Ол қолындағы қағазын партасына сүйеп қойды да орнына отырды. Қасындағы Ханзада да сырттағының кім екенін білгенше асығып отырған, мұғалиманың көзін ала беріп;

— Ол кім? — деді сыбырлап.

— Рысбек қой.

— Жай ма?

— Мына бір...

— Қыздар, кейін сөйлесесіңдер, — деп сыбырды тиып тастады мұғалима.

Нұркүл терезеге көз қиығын салды. Көшенің арғы бетінен долылардың шашы құсап дудыраған Рысбектің басы қылтыңдады. «Басы тоңады - ау ...Дала жел», — деп ойлады тағы да... Класта қолы әдемі кім бар? Ханзада да майда жазады. Тәженнің қолы анық, бадырайтып ірі жазады. Үзілісте ол Тәженге жолығып, өтініп еді, анау:

— Қой, өзің жаз. Рысбектің сенері сен ғой, — деп кекетіп, басын ала қашты.

Нұркүлдің үкі көзінде жас дөңгеленді. Қолым неге нашар болды екен? Бүйткенше бұл қол кесіліп қалсашы...» — деп ызаланды.

— Әй, неге сонша қамықтың? — деді Ханзада.

— Тәжен жазбайым дейді. Ханзада қайтем, а, енді? — деді қапалы үнмен Нұркүл, — Тәженге сен айтсай...

— Менің айтқанымды істей ме ол?

— Мен білсем істейді.

«Білім» атты қабырға газеті. Октябрь мерекесіне кейінгі номері. Ханзада дауыстап айтып отырды да Тәжен бірінші бағанаға бір оқушының мерекеге арнап өлеңін көшірді.

— ...Ұлы Октябрь мерекесі даңқты күн... жаздың ба?

— Иә.

— ...Аспан ашық, арайлы жарық бүгін,

Сап түзеп қолдарына қызыл ту aп,

Көшеге шықты қуанып халық бүгін.

— Пай - пай, жазымпаз екен! — деп күлді Тәжен.

— Өлең - ақ екен! — деді Ханзада да жымиып.

Нұркүл «қалай жазылды, әдемі жазылды ма?» дегендей қипақтап қағаз бетіне төне түседі.

— Енді не жазамыз?

— Мынаны... «Бестік баға» деген мақала, — деп Нұркүл қызыл сиямен жазылған бір қағазды көрсетті.

Нұркүл сыртқа шығып кеткен бір сәтте Тәжен алдындағы қағаздан басын көтермеген қалпы:

— Ханзада, мен темекіні тастадым, — деді.

— Неге?

— Сол, тастадым... Жаман нәрсе екен.

Содан бері ол темекіге жоламай кеткен-ді. «Сен үшін қойдым», — деген сөз бозбала көмейінде айтылмай қалып қойды. Оны Ханзада сезді. Сезсе де сыр бермей:

— Жаман екенін жаңа білдің бе? — деді.

Сырттан қайтып оралған Нұркүл жазылған мақаланы оқып тұрып көзі атыздай болды...

— Мына жері қалай? «Жаман екенін...» деген келмей тұр ғой.

Толқып отырып абайсызда Ханзаданың сөзін қосып қойғанын көріп Тәжен әбіржіді. Келте мұрнының ұшы тершіп:

— Өшіргішіңді бер, байқамайтындай ғып өшіреміз, — деді.

— Қап?! — Нұркүл өкіне алақтады.

Ханзада ішек-сілесі қатып күле берген. Ештеңеге түсінбеген Нұркүл «бұның несі күлкі?» дегендей Тәженге сұрақты жүзбен қарап еді, ол бұқшиып, басын көтермеді.

Түс ауа қабырға газетін жазып біткен олар үйді - үйіне тарады.

7

— Ханзада, сен мектеп жаққа бара бер, мен совхоз гаражынан автобус алып барам, — деді, басына жүннен тоқыған ақшыл орамал тартып, жылы кофта, тері плащ, қызыл резинка етік киіп тап - тұйнақтай боп алған Әдемі есіктен шыға беріп. — Сен де плащыңды ки, жаңбыр жаууы мүмкін.

Киініп жатқан Ханзада терезеден тысқа қарады. Шығыс жақта тұтасқан қоңыр бұлт күн көзін бүркеп алған. Күні әлі шықпаған секілді, уақыт кешкі алакеугім шаққа ұқсайды.

Ханзада экскурсияға жеңгесінің бастап баратынына қуанған. Қазірде көшеде асыға басып кетіп бара жатқан жеңгесіне ішінен сүйініп қойды. Сонан соң плащын киіп, басына қалың көк орамал тартып, оны - мұны жазатын қойын дәптері мен автоқаламын жанқалтасына салды да есікті құлыптап тысқа шықты.

Поселканың батысындағы мектепке алып баратын қиыршық тас төселген кең көшеге түсіп, жүріп кетті. Азық - түлік дүкені тұсынан өте бергенде, артынан шиыршақты шықырлатып, түбі жер сүзген тырсиған тор қалта көтерген Арын қуып жетті.

— Саламат па?

— Саламатсың ба? Мынауың не? — деді оның қолындағы торды нұсқап.

— Сендердің қамың. Жолазық.

— Ә... Ауыр ма, қолдасайын.

— Жоқ, өзім - ақ... Балалар жиналды ма екен?

— Жиналған шығар.

— Бұл экскурсия жақсы болды - ау.

— Әсіресе археолог болам деп жүрген саған.

— Мен археолог болуға біржола бекіндім.

— Оның да оқуы бар ма?

— Әрине бар.

— Төбені қазып жатқан археологтар кетіп қалған дей ме?

— Әрине кетеді, жер қатқан соң қаза ала ма?

— Қазып жатқан үстіне барғанда тамаша болатын еді - ау.

— Сұрама, — деді Арын. — Көктемде мен өзім барам... Апай жіберсе осы жолы «Темір» мектебіне соға қайтсам деймін.

— Онда не бар? — деді Ханзада таңырқап.

— «Лениншіл жастан» оқыған жоқсың ба? Темір мектебінде керемет музей бар. Отырар төбеден тапқан көне нәрселер көп дейді сонда.

— Бізден неге сондай музей ашпайды екен.

— Неге ашпайды, ашады.

Олар мектепке жетті. Мектеп алдында шоғырланған балалар. Кейі плащ, кейі күзгі пальто киген.

— Біздің завхоз келді, ура! — деп Тәжен Арынға тиісе мысқылдады.

Басқалар да қарап қалған жоқ.

— Әскерде бұларды старшина дейді.

— Завхоз емес, завсклад десей.

— Әй, тиісе бермеңдер, шөміштен қысып жүрер, — деп қалжыңдасты.

Арын қалжыңды естімеген адамдай қолындағы торды көше шетіндегі сидиған тал бұтағына іліп:

— Түгел жиналдық па? — деді.

— Санайық, — деп Тәжен Ханзададан бастап аттарын атап санай бастады. — Ханзада бір... Садуақас екі... Мәмира үш...

— Әй, одан да кім жоқ соны санасаңшы.

— О да дұрыс екен. Кім жоқ?

— Тақыр бас жоқ.

— Рысбек десей, немене.

— Жазушы қыз жоқ.

— Әй, қойсаңдаршы, Нұркүл де келмеген бе?

Балалар осылай кім бар, кім жоқ деп дабырласып тұрғанда машина гүрілі естілді. Артынша мектептің сол қапталындағы көшеден шағын көк белдеулі автобус бұрылып, мектеп алдына кеп тоқтады.

— Рысбек келді ме?

— Келді.

Бір адамды несіне күтеміз. «Семеро одного не ждут», — деген бар ғой.

— Апай, күтейік, — деп шыр ете қалды Ханзада. Осы кезде автобустың маңдайы қарап тұрған алдағы көшеден аяқтарын асыға басқан Нұркүл мен тағы бір ұзын бойлы жігіт көрінді.

— Келе жатыр.

— Әй, ана қасындағысы кім?

— Жігіті шығар.

Әдемі ретсіз қалжыңды жақтырмай қабағын шытты.

Үстіне қызғылт пальто, басына ақ түбіт бөрікше киген Нұркүл мен сұр плащты, жалаңбас, тебіндеген балапан мұртты, сымбатты жас жігіт автобус жанына келді. Ішке әуелі кірген Нұркүл автобустағылармен амандасты да Әдеміге:

— Апай, мына менің жиен ағамды аудан орталығына дейін ала кетсек қайтеді?—деп өтіне тіл қатты.

— Мінсін, орын бар.

Сыпайы сәлемдесіп ішке енген жас жігіт Ханзаданың алдындағы бос орынға отырды. Автобус қозғалды.

— Тарғын, — деді Нұркүл жас жігіттің арқасынан түртіп. Ол мойнын бұрып артына қарады.

— Менің подругам — Ханзада, — деп көзінің қиығымен ымдады Нұркүл.

— Сәламатсыз ба? — деді қоңыр көзі күлімдеп жігіт.

Ханзада бас изеді. Жүрегі өрекпи соқты. Бүткіл бала өзіне қарап отырғандай қысылып, екі беті дуылдай жанды. Құрбысының шапшаңдығына ішінен ренжіді.

— Түнде келген, — деп сыбырлады Нұркүл.

Автобус ауыл сыртындағы айдау жолға бұрылды.

8

Жазықтағы кең жолға түскен соң автобус қолтығынан тер шыққан жүйріктей бауырын жазды. Төңірек шыр көбелек айналып қалып барады. Дала тұнжыраңқы. Сол жақ қолда Қызылқұмның бел-белестері қылаңытады. Оң жақта дауыс жетер тұста өзек жағасындағы тоғай қарауытып жалданады.

Дала жауын алдында демін ішіне тартып тына қалғандай. Ханзада тұла бойы ысып, тамағы құрғап шөлдеді. Су сұрауға ұялды. «Таң атпай сүр жеп шықтың ба? — деп мазақ қылар деді. Алғы орында қаздиып тік отырған Тарғынның желкесіне көзі түсті. «Бері қарамаса екен». Нұркүл әлдене деп сыбырламақ болып сол құлағына ернін тақай беріп еді, «Қоя тұр», — дегендей оның қарын мытып қойды. Нұркүл құрбысының бір түрлі абыржыған кейпіне таңдана қарады да тына қалды.

Арт жақтағылар дабырласа бастады. Ішінде Арын Тәжен, Рысбектер бар.

— Шамасы қанша жүрер екенбіз?

— Үш сағаттай.

— Түске ілігеді екенбіз ғой.

— Мүмкін... алтын көрсе періште жолдан таяды деген.

— Алтын емес маған кітап тапсам жетер еді! — деді Арын.

— Бәрібір оқи алмайсың оны. Сен түгіл ғалымдардың өзі Алматының жанынан тапқан алтын ожаудағы жазуды оқи алмай біраз әлек болған.

— Музейге өткізіп ақшасын алады да.

— Несіпбайдың көкейін ақша тескен, — деп күлді Нұркүл.

— Шіркін - ай, ақшаны жек көретін шығарсың, — деді анау. — Қазір ақшасыз күн жоқ. Ертең институтқа да ақшасыз түсе алмайсың.

— Мынау нағыз саудагердің сөзі ғой, — деді Рысбек Нұркүлге жақтасқандай.

Сіркіреп жаңбыр жауды. Қапталдағы, маңдайдағы терезелерді тырс - тырс тамшы ұрды. Ханзада тамшы аққан әйнектен тысқа үңілді. Манадан құйған жаңбырға міз бақпаған Тарғын да әйнекке мойын бұрды. Көзі ілінер - ілінбес тамшы жылт - жылт етеді. Жол жиегіндегі қиыршақ тас лезде шыланып, майға қуырған бидайдай жылтырап шыға келген.

Шәкірттерінің әңгімесіне күлкісі кеп отырған Әдемі де далаға көз салып: «Жаңбыр құйып кетіп, жолды бүлдірмесе жарар еді», — деп қауіптенді. Маңдай алды батыс жақ ашық еді. Соған қарап көңілін жұбатты.

— Кәне, балалар, жол қысқарсын, ән айтайық,— деді.

— Қай әнді айтамыз?

— «Ақ бантикті».

— Айта - айта жауыр қылдық қой.

— «Ата мекенді» айтайық.

— Айтсақ айтайық. Әли әнші бастасын.

Әні басталды. Әр жерден әркім әр түрлі бастап, бір арнаға түсе алмай, әннің берекесін қашырды. Ұлдан гөрі қызға ұқсайтын бір талдырмаш бала арт жақтан тұрып алға шықты да:

— Мен дирижерлік етемін, кәне, қайта бастаңдар! — деп оң қолын жоғары көтерді... — Бір қалыпты қоңыр сазбен... раз, два, три...

Бұл жолы дауыстар үйлесіңкіреді. Әркім өз әлінше қосылып жатыр. Ханзада да, Нұркүл де қосылды. Тақау отырған Әдемі: «Сіз де қосылыңыз», — деген соң Тарғын да үн шығарды.

Әндетіп, думандатып отырып олар аудан орталығына қалай тез жеткендерін сезбей де қалды. Отырар төбеге баратын жол кіреберістен солға бұрылып, аудандық поселкенің батыс шетін жағалап кететін. Бұрылысқа келгенде Тарғын орнынан көтерілді:

— Бізбен бірге Отырарға барып қайтпайсыз ба? — деді Әдемі сыпайыгершілік жасап.

— Рақмет, мен көрген едім, — деді ол оң қолын төсіне қойып ризалығын білдіріп. — Жолдарыңыз болсын! Жақсы, Нұркүл... жақсы... — деп артына бұрыла көзі күлімдеп Ханзадаға бас изеді.

Ханзада одан қысылып жанарын тайдырып әкетті.

Автобус жылжыды да Тарғын қол бұлғап жол айырығында қалып қойды.

9

Жаңбыр басылды. Шоғыр жабағы бұлттан ашық сытылып шыққан күн көзі күлімдеді. Миы шығып былжыраған кебір жолмен қинала ыңыранып келе жатқан автобус бір шағын ауыл үстінен өтті де Отырартөбенің етегіне кеп тоқтады. Қашан көргенше әйнектен тысқа анталасқан балалар есікке лап қойды.

— Балалар, — деп кідіртті оларды Әдемі. — Көргендеріңді жадыларыңда мықтап ұстаңдар. Ұмытамын дегендерің блокноттарыңа жазып алсаңдар да болады. Ауылға барған соң осы сапар туралы шығарма жазасыңдар. Рысбек, фотоаппаратыңызды әкеп пе ең?

— Әкелгенмін.

— Ендеше қазірден бастап түсір. Барған соң фотоальбом жасаймыз. Сосын балалар, — деді ескертіп мұғалима, — тапқан олжаларыңның ұнағанын алыңдар.

— Музейге қоямыз! — деп қуанды Арын.

— Қайдағы музей?!

— Үйіндегі музейі шығар, — деп кекетті біреу.

— Апай, әуелі тамақтанып алсақ қайтеді? — деді манағы жолға шықса ашығатын қу.

— Жоқ, әуелі көреміз.

— Көреміз!

Көреміз! — деп шулады балалар. Бірін - бірі итере, таласа жерге секірді.

Үлкен жалпақ төбе. Бұтасыз, жалаңаш. Бар құпияны бауырына басып тымырайып жатқандай. Қазақ далада мың сан ұшырасатын бұйығы қоңыр төбелерден аумайды. Осы арада бұрын қала болды дегенге адам сенбейтіндей.

— Қаласы қайсы? — деді бір қыз. — Төбе ғой.

— Көшелерін аралаймын деп келген екенсің ғой, — Тәжен оны әзілмен шымшып алды.

— Қала топырақ астында қалған.

— Шыңғысханның қолы қаланы жермен жексен еткен.

— Одан кейін де бұл жерде қала болған. Солай емес пе, апай? — деп әркім өз білгенін айтып жамырасты.

Олар шүпірлесіп автобус жанында тұрып фотоға түсті. Ортада — Әдемі. Тәжен Ханзада мен Нұркүлдің арасына сынадай қыстырылып тұрып алып «Әй, мені крупный планмен ал» деп қарқ - қарқ күледі. Екі көзі төбе жақта боп жүрген Арын шеттеп қалыпты, оларға іші күйе қарап қояды. Фотоға түсіп болған соң олар көк қуған төлдей жамыраса төбеге өрмелей жүгірді.

— Мына қара, құмыраның сынығы!

— Ура, мен де таптым!

— Әй, мында қойдың құмалағындай быжынап жатыр. — Балалар жер төсек құмыра, көзе сынығын қолдарына ұстап мәз - майрам. Төбеге қатар өрлеген Ханзада мен Нұркүл де жуа тергендей еңкеңдеп шашылып жатқан құмыра сынықтарына көзі тоқтамай, әрқайсысын бір ұстап тастайды.

— Мен құмыраның шүмегін таптым! — деп айқайлады топтан алға шығып кеткен Тәжен.

Әлденені шұқылап кейіндеп қалған Арын қыздарды қуып жетті. Қара көзі ұшқындап жанып тұр.

— Ханзада, мынаны саған сыйлаймын, — деді ол бір көкшіл өрнекті ыдыс сынығын ұсынып.

— Рақмет!

— Апай, мында келіңіз, археологтар қазған жер, — деп айқайлады Арын.

Әдемі бұл орды бұрын көрмеген-ді. Зер сала шолды. Бергі қабатындағы пеш сұлбасын, күл ізін көріп «кейінгі қала үйлерінің орны болар» деп шамалады.

— Әрі қарай әлі де қаза ма, апай? — деп сұрады бір бала.

— Қазады, — деді Әдемі, — бұл берідегі қала үйлерінің орны. Әнеугүні айтып ем ғой, дұшпанның неше рет шапқанын...

— Апай, қала орнын бұрын неге қазбаған? — деп сұрады Арын.

— Жаңа заманның қым-қуыт қарекетінен қол тимеген шығар, сосын соғыс болды, ол да бас бұрғызбады дегендей. Өткенімізді енді танып жатырмыз. Құм қойнында қалған ата -баба тарихын енді тауып жатырмыз. — Әдемі өз шәкірттерінің ата мекеннің бағзы заманғы сырын білуге құмар екеніне қуана толқыды. — Қираған қалалардың бәрі осындай. Бұлар талай құпияны қойнына бүгіп жатыр, — деді де бойын тіктеп, әлдеқайда көкжиекке көз тікті. — Осы төбе былайынша қарағанда аласа секілді. Ал жан - жақтарыңа қараңдаршы.

Балалар төңірекке көз жіберген. Көз жетер жердің бәрі алақандағыдай көрінеді. Терістікте қарауыта мұнартқан ауыл. Көз ұшында темір жолмен төмен қарай жүйткіген поезд.Шығыста тағы бір шошақ төбе, онан әрі көгілдір сағымға оранған аудандық поселка үйлері. Батыста да құдыс жонды бір төбе...

— Ана төбе Көкмардан, — деді Әдемі батыстағы төбені нұсқап, — өткен жолы айтып ем ғой.

— Кітапхана сонда ма?

— Сонда деп жүр ғой ғалымдар.

...Күн ұясына таянғанда олар Отырартөбе етегінде отырып тамақтанып алды да кейін қарай жолға шықты.

10

Арын ауылға басқа оқушылардан екі күн кеш оралды. Көңілді. Ауданнан бері қарай жүк машинасына ілесіп жеткен ол Әдемі үйінің жанынан түсіп қалды. Мұғалимасына жолданған хатты жолшыбай тапсыра кетпекші.

Түс ауған мезгіл еді. Әдемі мен Ханзада түскі тамақты ішіп болып, үй тірлігіне кіріскен-ді. Арын аулаға кеп кіргенде шатырдай ғып ашқан ақ жаймаларды есік алдындағы керме жіпке жайып жатқан мұғалимасына ұшырасты.

— Қашан келдің, Арын? — деп сұрады Әдемі амандықтан соң.

— Келе жатқан бетім.

— Менің хатымды тапсырдың ба?

— Бердім, апай... Ол кісі де сізге хат беріп... — деп қойнына қолын сала беріп еді, мұғалимасы су – су қолын сілікті де:

— Үйге жүр, - деп алға түсті.

— Өзің де олжасыз көрінбейсің ғой, — деді хатты оқып шыққан Әдемі.

— Иә, Асантай ағай біраз басы артық дүниелерін берді. Музей ашсаңдар керек болады деп. Көресіз бе?

— Кейін көрерміз.

— Ағай оны девон кезеңінікі дейді. Бір заманда бұл жерде субтропикада өсетін ағаштар өскен дейді. Рас па екен?

— Білетін шығар, ботаник қой. — Әдемі орнынан тұрды. — Шай қояйын, шай ішіп кет.

— Жоқ, рақмет, апай!

— Онда Ханзададан сабақтарыңды біле кет, — деген мұғалима дауыстап Ханзаданы шақырып алды. — Не тапсырма болғанын Арынға айта ғой.

— Қазір, — деп қолының суын алжапқышына сүртіп, өз бөлмесіне беттеген қызға Арын үнсіз ерді.

Әдемі Арынның ақ құба жүзі қызарып, әлденеге қысылып бара жатқанын аңғарды. «Былайынша батыл - ақ бала, ал Ханзада алдында күмілжіп тәңірге жазады да қалады. Шамасы ұнатады - ау. Ханзада оны сезе ме екен?» — деп ойлады.

...Әрдайым көк шұға жапқан үлкен столына екі қолын айқастыра асылып, бұқшиыңқырап отыратын директор Арынды салқын қабақпен қарсы алды.

— Тағы да келдің бе? — деді ала көзінің астымен қарап:

— Тағы келдім.

— Тағы комсомолдар атынан ба?

— Иә, комсомолдар атынан.

— Ал, не дейсің?

Арын аспай - саспай ойын айтты. Директор әдепкі қалпынан аумай сәл үнсіз отырды да:

— Класс жетекшілеріңмен сөйлестің бе? — деді.

— Жоқ.

— Завучпен ше?

— Сөйлестім, о кісі қарсы емес.

Директор Арынға ала көзін төңкере қадап! «Пысық неме өзі», — деді ішінен.

— Комсомолдардың бұл ұсынысына қалай қарайсыңдар? — деді ана екеуіне ала көзін кезек төңкеріп.

— Бұларды тағы да желіктірген Әдемі ғой. «Айда сәнің келді де басқа сәнің қалды ма» деген екен баяғыда бір аталарымыз. Сол айтқандай Айдарымыздан жел есіп тұрған жоқ. Мен мұны міндетіме ала алмаймын, — деп басын ала қашты Оңғар Медетов. Сонан соң Арынға түнере бұрылды. — Сен музей - музей дегенше әуелі оныншыдағы нашар оқитындарды талқыламайсың ба?

— Талқылаймыз, — деді Арын.

— Әзірге класқа қояр едік.

— Класқа қоюға болмайды, — деді Арынды жақтырмай оқшырайған класс жетекші.

— Менде бір ой бар, — деді Еркін Бөрібаев, — менің кабинетімді босатсақ әзірге жарайды - ау деймін.

— Сен қайда барасың? — деді директор.

— Бұрынғы орныма. — Ол бұрын мұғалімдер бөлмесінде отыратын. — Сонда отырып -ақ біраз жыл істедік қой.

— Мұны ойланайық... мұны ойланайық, — деп еңсесін көтере тіктеліңкіреп отырды директор.

Оңғар Медетов: «Кеңпейілденуін шіркіннің. Өз басын өзі бағаламайтын сорлы», — деп шытынып қойды. Арын ұнатқан көңілмен күлімсіреді.

— Мақұл, ойланып көрейік. Бара беріңдер, — деді Мекенбай Құрақбаев.

Олар орындарынан тұрды.

Директор келіскен соң Арын құрбыларының Отырартөбеден алып қайтқан нәрселерінің экспонатқа жарайтындарын жинап алды. Ханзада Арынның өзі берген өрнекті көзе сынығын әкеп беріп еді, ол:

— Бұл менің сыйлығым ғой. Отырар сапарынан ескерткіш болсын, — деп алмады.

11

Үзіліс кезінде мектеп ауласында қар атысып ойнап, жүздері алабұрта қызарып, көздері шоқша жайнаған балалар класқа оралды... Жаураған Нұркүл бұрыштағы үлкен қаңылтыр пеш жанына барып суықтан қызарған қолын жылытып тұр еді. Қасына Тәжен келді. Оның қолынан ұстады.

Балалар дуылдап күліп жатыр. Нұркүл олардың күлгеніне түсінген жоқ. Орнына кеп отырғанда Ханзада құлағына сыбырлап Тәженнің әзілінің мәнісін ұқтырды.

Нұркүл күлгендерге ызаланып ашу шақырды. Тіпті Рысбек те күлді - ау. Ол неге күледі? Көзінің қиығымен Рысбекті іздеді. Ол алға таман отыратын. Әне алдынан көз алмай тік отыр. Шашы әлі өспеген. Шашын алдырғалы мойны қылқиып ұзарып кеткендей көрінетін. Сонысын Нұркүл алғаш рет байқап: «Япыр - ау, мойны қыздардың мойны секілді жіңішке екен ғой», — деп ойлады. Сабақ біткенше Рысбек жаққа «солай екен - ау» деп қарағыштай берді. Қоңырау соғылысымен төс қалтасындағы айнаның арасына тығып жүрген Рысбектің суретін алып, қолымен қалқалап үңіле қарады. Жоқ, мұнда ондай емес сияқты.

— Не қарап отырсың? — деді Ханзада да сығалап.

— Рысбектің суреті ғой.

— Бір бөлмеде отырып - ақ сағынып қалғансың ба?

— Жоға, ана Рысбекке қараш, мойны ұзын ба? — деді кітабын жинастырып жатқан оны көзімен ымдап.

— Немене, ұнамай қалды ма? — деді Ханзада.

Кенет Ханзаданың көңіліне Тарғынның суретін бір көрсем деген құмарлық кірді. Сол үшін құрбысының үйіне баруға аңсары ауды.

— Айтпақшы, сен анадағы әңгімеңді бітірдің бе? — деді әдейі сылтауратып.

— Ұмытып кетіппін - ау, бітірдім. Қашан оқимыз?

— Бүгін оқиық.

Құрбысының ішіне бүккен қулығын аңғармаған Нұркүл өзінше мәз боп қалған. Үйіне келген соң да арсалаңдап портфелін тастай салды да стол тартпасын қобырата ақтарып, сан - сапалақ қағаз ішінен бір дәптерді суырып алды.

— Атын «Алданған махаббат» деп қойған едім. Оқиын ба?

— Оқы. — Ханзаданың екі көзі стол үстіндегі альбомда. Қашан ашып көргенше шыдамы таусылып, ынтығып барады.

Ұнатып отыр ма, әлде ұнатпай отыр ма дегендей Нұркүл құрбысына әлсін - әлсін көз салып қойып самбырлап оқып шықты. Әскердегі бір жігітке берген сөзін жұтып, ауылдағы басқа біреуге күйеуге шыққан қыз туралы.

— Қалай?

— Жақсы, — деді әңгіменің ұзын-ырғасын ғана ұққан Ханзада.

— Шыныңды айтшы, ұнады ма?

— Ұнады.

— «Лениншіл жасқа» жіберсем қайтеді?

— Жібер.

— Байқадың ба? — деді Нұркүл. — Әскерге кететін жігітті мен көркем етіп алмадым. Портретін айтам.

— Неге?

— Сырты қораш болғанмен, жаны жақсы. Әдейі сөйттім.

— Қой, сені әңгімемен тойдырып қойыппын ғой, — деп Нұргүл орнынан тұрды. — Картошка қуырайын. Қарын аш болса басқа да сөз қонбас.

Оңаша қалатын болғанына қуанды Ханзада. Құрбысы есіктен шығысымен дереу ұшып тұрып альбомды ақтарды. Тапты. Анада автобустан түсерде қоштасқан сәтіндегідей күлімсірей қарайды. Жүрегі лүпілдеп қатты соқты... Бір ауық өзін - өзі ұмытқандай қадала қарады да альбомды жауып, асханада шыжылдатып май ерітіп жатқан құрбысының иығына кеп еркелей асылды. Табадағы май секілді уылжып еріп бара жатқандай сезінді. Әнеугүнгі Отырарға сапардан бері Тарғынның күндіз ойынан, түнде түсінен шықпай қойғанын оған сыр ғып шерткісі кеп кетті.

— Жиеніңнен хат алып тұрасың ба, осы? — деген сұрақтың аузынан қалай шыққанын өзі де аңғармады.

— Тарғыннан ба? Жоқ ол хатқа салақ, — деді де Нұркүл шыжылдаған май үстіне о жақ, бұ жағынан күн көрінетіндей жұқа ғып тураған картобын салып, бетіне тайпақ тарелка жауып бұқтырып қойды. Бар ықыласы тамақ пісіруге ауғандықтан ба, жиеннің хатын неге сұрадың демеді. Құрбысы ар жағын қазбаламаған соң Ханзада әлгі ойынан қайтты.

— Қой, мен кетейін, — деді мазасы болмай.

— Қайда?

— Үйге.

— Тамақ ішіп кетпейсің бе?

— Бір түрлі мазам болмай тұр... Кеттім.

— Жын ұрған шығар мына қызды. Нұркүл оның қылығына таң - тамаша. — Бір жерің ауырып тұр ма?

— Иә. Ауырып тұрмын.

— Онда шамалы жат, суық тиген шығар, тетрациклин берейін бе?

— Жоқ, рақмет, мен үйге барып жатайын. Ренжіме, Нұркүл, иә, ма... — Осы сәтте Ханзаданың қалай да оңаша қалғысы кеп еді.

Көшеге шықты. Күн ашық екен. Күн көзімен ұшқындаған ақша қар үлкен электр шамның көз қаратпас шақпа сәулесіндей жылтылдап ұшқын шашады. Оның көз түбі суырып, ұзын кірпігі жыпылықтап төңірекке жасқана қарады. Жолын қызыл мұнар сағым басқандай. Саусағымен жанарын сүртіп еді, кірпігі шыланып қалыпты. Әлдебір сезіммен өзегі өртеніп, аяғын сенделе басады.

Үйіне келген соң да оңалмады. Үйде жеңгесі жоқ екен, оңашаға қуанды ол. Әлі құрып әбден шаршағандай төсегіне кеп сұлай кетті. Әлгі өзегін өртеген от сезім жанарынан мөлдір моншақ боп тамшылап жатты... Маған не болған? Маған не болған? Шыбын ызыңы білінер тыныштықта өз жүрегінің тарс - тарс соққаны естілді. Тұрғысы келмеді. Құс жастықты құшақтап егіліп жата берді. Тамақ та ішпеді. Сабақ бетіне де қараған жоқ.

Кешқұрым жеңгесі келген. Маңдайына алақанын басып көріп:

— Маңдайың ысып тұр ғой. Қазір елдің бәрі тымау, жат, тұрма, — деп бәйек болып дәрі әкеп ішкізді де көрпеге орап жатқызып тастады.

Ханзада өзінің сап - сау екенін, ішкі жан сарайын сағыныш тәрізді бір сезімнің ерітіп діңкелеп жатқанын ашып айта алмады. Ащы дәріні амалсыз ішті. Іштегі дерт қызуын тап қазір заһар болса да баса алмастай.еді. Түні бойы күйіп - жанып есеңгіреп шықты.

12

Қыздардан бөлініп оңашаланған кезде Ханзаданың соңынан Тәжен қуып жетті.

Ол бүгін өзінің көптен тынышын кетірген ынтық көңілін қызға білдіріп тынбақ еді. Бұған бел байлауына мынадай бір орайы келген-ді. Бүгін класс кеші өтті. Кеште комсорг Арын достық туралы баяндама жасаған. Кластағы балалар арасындағы достық, жолдастық жайлы сөз қозғаған тұста ол Ханзадаға: «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген. Біз сенің досыңбыз, көңіліңе келмесін», — деп жуып - шайып тұрып, — «бұрын жақсы оқып келіп, биыл нағыз мектепті тауысатын жылы аяқ астынан төмендеп кеткенің өзіңе қайдам, бізге, достарыңа батып жүр», — деді... Тәжен Ханзадаға жақындау отырған, Арын әлгіндей дегенде қыздың қара торы өңі күреңітіп, ұяла төмен қарағанын байқады. «Сынағанын жақтырмай отыр. Арынды жақсы көрмейді». Тәжен оны Арыннан қызғанып жүретін... «Енді Арын өзін - өзі ақымақ қылды. Қызды сынап несі бар? Өзін жамандаған адамды кім жақсы көруші еді?» Осы ойдан соң ол қалайда көңілдегісін айтуға бекінген-ді.

Қараңғыда қыз сескеніп қалды.

— Қорықпа, менмін ғой, — деді Тәжен қатарласып.

— Түн ішінде қайда барасың? — деді қыз әлгінде тітіркенген бойын жиып.

— Ешқайда... әншейін жай...

Біреу көрсе ұят қой, кейін қал.

Кейін қалмады да. Не деп сөз бастарын білмей абыржыды. Тамағы шөлден құрғап қалғандай ерні жуыспады.

— Ханзада, мен шылымды сен үшін тастадым, — деді үні дірілдеп — мен... мен... сен не айтсаң соның бәрін... өліп кетсем де орындаймын... мен білейін, деп ем?

Жүрегі толқып, көңілін жеткізе алмай мүдірді.

— Нені білейін деп ең? — деді қыз.

— Сенің... жүрегіңде маған деген орын бар ма... деп... — Даусы үздігіп алыстан естілгендей болды.

Қыз оны құрбы ретінде ғана сыйлайтын. Сондықтан да оның тілегін еш тебіренбей салқын тыңдады. Дегенмен іштей аяп, көңілін қалдырғысы келмей:

— Қазір жүректі ойлайтын кез бе, Тәжен? — деді. — Әлгінде есіттің ғой... Мұндайды ойлағанша әуелі дұрыстап мектепті бітіріп алайық та.

— Мен... мектепті бітіргенше.. . тіпті институтты бітіргенше күтер ем.

— Күтпе, Тәжен, мені қайтесің?

— Күтем мен... күтем.

Олар Ханзада үйінің тұсына келген. Осы сәтті пайдаланып ол:

— Қой кеттік. Жеңешем көріп қалса, масқара, — деді де лып етіп аулаға кірді.

Тәжен басы салбырап кейін қайтты.

13

Февральдің он бесінде Нұркүл он жетіге шығатын. Мәре - сәре боп жүр. Құрбы қыздары да елпеңдеп ортаға алып, әрнені бір сұрайды.

— Вечерге қандай көйлек киесің?

— Ақ көйлек киемін. Прическа жасаймын.

— Мұғалімдер рұқсат ете ме оған?

— Пластинкаларың көп пе?

— Табылады ғой.

— Твист бар ма?

— Бар.

— Билейміз бе?

— Әрине, билейміз.

Нұркүл Ханзадамен оңаша ақылдасады:

— Прическа жасағаным дұрыс па?

— Жасап қара, жарасса.

— Сен өзің қайсысын ұнатасың?

— Мен әзірге бұрымды ұнатам, қайдам, кейін көзқарасым өзгеріп кетпесе, — дейді Ханзада күліп.

— Менімше бой жеткен соң бұрым мен бантиктің керегі жоқ - ау деймін.

— Прическа бір түрлі адамды үлкейтіп жіберетін сияқты.

— Тәуекел жасап көрейін. Ұнамаса бұрым ғып қайта өремін.

— Нұркүлдің туған күніне Тарғын келер ме екен? Ханзада соны білгісі кеп жанамалап сұрақ қойды.

— Туған күніңе сырттан да адам шақырдың ба?

— Шақырдым, — дейді Нұркүл. — Тарғынға да жібердім. Анада туған күніңе қалайда келем деп кеткен.

Ханзаданың қара көзі күлімдейді.

Нұркүлдің өзі «ең қуанышты күн» деп атаған кеші де келіп жеткен. Үйлері бес бөлмелі, бөлмелері даладай - даладай кең болатын. Соның екі бөлмесін босатып, біреуіне стол қойып, дастарқан жасады да, екіншісін төсеніштерін шығарып, биге, ойын - сауыққа деп даңғырлатып қойған. Сағат жетіде кешке шақырылғандар келе бастады. Нұркүл екі езуі екі құлағында, мамасының «суың тиеді, пальтоңды жамыл» дегенін тыңдамай, есік алдында көйлекшең тұр. Үлкендер: «Жасың ұзақ болсын», — деп тілек айтса, құрбылары: «Туған күніңмен! Көп жаса, көмір аса!» — деп қалжыңдайды. Әр түрлі сыйлықтар әкеліп жатыр. Көпшілігі кітап пен открытка. Құр қол келген тек Рысбек. Ол ел алдында жарқыратып беруге ұялып, алдын - ала оңашада көбелек түйреуіш сыйлаған. Қызыл ала көбелек қыз омырауына «қонып» жалтырап тұр. Құрбысын құшақтап бетінен сүйіп құттықтаған Ханзада Нұркүлге қызыға қарады. Жылтыр ақ көйлегі де, төбесіне орай түйген қара шашы да өзіне жарасымды. Жыланша ширатылып төбеге шыққан білектей бұрыммен аяғына киген биік өкше қара туфли оны бұрынғыдан да бойшаң көрсетеді. Нұркүл киінуім қалай дегендей құрбысына көз қысып еді, ол жұрттан елеусіз ғана бас бармағын шошайтып «бес» деп қойды.

Тегіс жарқырап әдемі киінген. Бозбалалар ақ көйлек, қара костюм, біразы алабажақ галстук байлаған. Қыздар жағы қызылды-жасылды сән түзеген. Ханзада дастарқан басына отырысымен Тарғынды іздеді. Көрінбейді. Келмеген ғой. Келмейтін болған ғой... Басқа ешкім көзіне көрінер емес.

Ел дәм алып жатыр. Ханзаданың екі көзі есікте. Тамаққа да зауқы болмады. Тәтті лимонад ішіп отырды.

— Неге көңілсізсің? — деді.

— Мен бе? Жоқ, көңілсіз емеспін, — деп жымиған болды.

— Қабағың айтып тұр ғой.

— Бүгін күн бұлтты ғой.

— Жоқ, сен бүгін бір түрлісің.

— Солай ма?

— Әнеугүнгі әңгімеміз аяқсыз қалды - ау.

Қыз қабағын шытты. Тәжен оны байқамады.

— Неге үндемейсің?

— Не дейім?

— Ашық жауап бермедің ғой.

— Не дегеніңді ұмытып қалыппын, — деп күлді қыз.

Тәжен қып - қызыл боп тығылып қалды. Би аяқталғанша түнеріп түк үндеген жоқ.

Ойын бастаушы сайлансын... Ойын бастаушы! — деп айқайлады бозбалалардың бірі музыка аяқталған соң.

Арын болсын, Арын! Жиналыс басқаруға аздап тәжірибесі бар.

— Тәжен болсын!

— Давай, дауысқа салайық.

— Бұл жиналыс емес.

— Мен болмаймын, — деді түсі қашып тұрған Тәжен. Арын болсын.

— Арын, баста енді.

Арынды екі бала итермелеп ортаға шығарды.

— Мен бастасам, — деді ол. — Әуелі ана үлкендер алдына барып... бәріміз хормен Нұркүлге арнап «Туған күн кешінде» әнін айтамыз.

Топырласып есік көзіне жиналған олар бәрі қосылып ән шырқады. Сүйсініскен үлкендер алғыс орнына қол шапалақтады. Нұркүл көңілі өсіп: «Рақмет! Рақмет!» — деп бас шұлғиды. Ертелі мерекенің осындай бір әдемі сәтін бағып жүрген Рысбек аппаратын лып еткізіп суретке басып алды.

Музыка құтырынды. Бишілер секеңдеп, желді күнгі қоғадай, біресе алға иіліп, біресе артқа шалқая ырғалып, теңселіп шыға келді. Ханзада биге шықпады, есік алдында тұнжырап тұр. Екі көзі биде, бірақ ойы басқа жақта. «Енді келмейді ғой. Кешікті».

Әлдекім оның иығынан тартты. Әлгінде інісі шақырып дәліз жаққа шығып кеткен Нұркүл.

— Бері шық, — деді көзін қысып. Ханзаданы өз бөлмесіне ертіп барды да күле мойнынан құшақтады. — Тарғын маған нейлон орамал әкелді, міне!

— Келді ме? Қайда? — Ханзада даусының қалай қатты шығып кеткенін аңғарған жоқ.

— Көрмедің бе, дастархан басында отыр.

Ханзада лезде өзгеріп жарқылдап шыға келді.

...Қонақтар тарап жатты. Әуелі үлкендер тарады.

Үлкендер кеткен соң біраз еркіндеп ойын сауық құрған жастар да біртіндеп үйлеріне қайта бастаған. Ханзада да қайтпақ болған.

— Мен шығарып салайын, — деді ертелі онымен биге түскен Тарғын ізет жасап.

— Шығарып сал, — деді Нұркүл.

Тарғын мен Ханзада киініп шығып кетті.

Тәжен сұп - сұр боп қанын ішіне тартып алған. Қолын костюмінің қалтасына бір сұғып, бір шығарып суық тигендей тітіркеніп ортаңғы бөлмеге барды. Стол үстінде тұрған күл салғыштан темекі тұқылын алды да әлдекімнің ерні тиген ұшын қырқып тастап тұтатып шекті. Ащы түтінді құныға сорды.

 

— Темекіні қойғаның қайда? — деді осы кез қасына келген Нұркүл.

— Жұмысың болмасын... жеңгетай! — деп Тәжен енді болмаса салып жіберердей оған өштене қарады.

— Не дедің?

— Не естісең, сол.

Нұркүл ашуға булығып: «Мынау не деп тұр? Бір нәрсе десей», — деген пішінде қасындағы Рысбекке жалтақтап еді. Ол түк естімеген кейіпте сүлесоқ тұра берді. Тәженге ештеңе дей алмады.

— Мен кеттім. Сен қаласың ба? — деді Тәжен Рысбекке алара қарап.

— Мен... мен қалам.

— Жоқ, қалма, сен де қайт. — Жанары ысып бара жатқан Нұркүл бетін басып, өз бөлмесіне жүгіре жөнелді.

Тәжен мен Рысбек тез киініп, тез жөнеп қалды.

14

Ауыл ұйқыда, селт еткен тірлік белгісі білінбейді. Көше аппақ қар. Қардың жарығы ма, айнала ақ үлдір қылаң. Олар қатар жүріп келеді. Қол ұстасқан да, қолтықтасқан да жоқ. Ханзада бейне бір туған ағасына еріп келе жатқан тәрізді. Бір ауық үнсіз жүрді. Тарғын бірнәрсе демесе Ханзада аузын ашпайды.

— Нұркүл екеуің құрдассыңдар ма? — деді Тарғын.

— Менің бес-алты ай үлкендігім бар, — деді ол өзінің туған күнінің аталмағанын өкіне есіне алып. Жазда ол Қызылқұмдағы үйінде болған еді.

— Сабақты қалай оқисың?

— Орташа.

— Қой, алдама, Нұркүл жақсы оқиды деп мақтаған. Қай институтқа түсейін деп жүрсің?

— Оны әлі ойланған жоқпын.

— Неге?

— Білмеймін...

— Өзіңнің неге бейімің бар со жағына баруың керек. Әлде Нұркүл сияқты журналист болам деп жүрсің бе?

— Жоқ.

— Мен де осы институтке түскенше сан рет толқығанмын. Ұшқыш та болам дедім, моряк та болам дедім... ақыры не керек құрылыс жағынан бір - ақ шықтық.

Оның химия - технологиялық институттың құрылыс факультетінде оқитынын Ханзада бұрыннан білетін-ді. Олар тағы да бір ауық үндеспей жүрді.

— Ханзада, сен де бірнәрсе десей. Жалғыз мен сөйлей берем бе? — деді Тарғын бір кезде.

Ханзада тым-тырыс. Өзі сөйлемесе де, ол сөйлей берсе екен деп тілейді. Оның қоңыр үнінен әдемі ән сазындай бір әсер алып келе жатыр.

— Анадағы Отырарға сапарларың жақсы болды ма?

— Жақсы.

Тағы да үнсіздік. Айнала құлаққа ұрған танадай. Электр движогі тоқтаған. Жіліктің майындай таза ауа, қаймағы бұзылмаған сүт секілді ақсұр түн. Тарғын толқи сөйледі.

— Неткен керемет тыныштық. Керемет емес пе, ә? Ал қалаға барсаң шудан құлағың тұнады... Мен өзім осы далада, ауылда өскен соң ба, тыныштықты сүйемін, кең даланы, Сырды сүйемін.

Оның сөзін Ханзада ойға сап келе жатты. Тыныштықты неге мегзейді екен? Тұспалдап, орағытып айтқан сөзі ме? Қалай болса да тоқтамай сөйлей берсе екен... Үй жақын қалды ғой.

Тарғын түн тыныштығынан жанына рақат тапқандай көңілді келеді.

— Бітірген соң тура елге келем, қазір ауылда да құрылыс көп. Ханзада, сен ауылды жақсы көресің бе. әлде арманың қала ма?

— Жоқ, ауылды жақсы көрем.

— Онда ауылға байланысты мамандық таңда.

Бұ не дегені? Менің ауылдан кетпеуімді ишара еткені ме? Кім болсам екен? Кім болсам екен? Құрылысшы... жоқ. Дәрігер... Осы дұрыс. Көкемдердің ауылында әліге дейін дәрігер жоқ...» Ол өз ойына өзі үнсіз қуанды.

— Шымкентке барып тұрасың ба? — деп сұрады Тарғын.

— Үш жылдан бері барған емеспін, — деді Ханзада жетіншіні бітірген жылы жазда интернат балаларымен экскурсияға барғанын есіне алып.

— Көктемгі каникулде Нұркүл екеуің келіңдер.

— «Барамыз», — деді ол іштей қуанып.

—Нұркүлмен ертеден подругасыңдар ма?

— Бесіншіден.

— Онда бұрын қалай көрмегем?... Ал Нұркүл болмаса ғой тіпті мен сені танымас та едім, ә?

«Танысқанына қуанышты екен - ау», — деп ойлады ол.

— Өмір қызық қой өзі... адамдар бір көшенің бойында тұрып та бірін-бірі танымай жүре береді... Нұркүлдің үйіне сан мәрте кеп жүріп ұшыраспағанымыз...

Ханзада тоқтады.

— Келдік пе?

— Келдік.

— Онда жақсы. — Тарғын қолын ұсынды.

Ханзада батылсыздау қол созды.

— Қолың жанып тұр ғой. Ал, жайлы жатып, жақсы тұр.

— Жақсы.

Тарғын қайтып кетті. Ханзада есік аузында кідіріп, ол ақ сұр түн құшағына еніп, қара үзгенше ізінен қарап тұрды.

Бұл түні Ханзада таң аппақ атқанша көз ілмей шықты.

19

Әдемі мектепке қарай жедел адымдап келе жатып Ханзада қаладан оралған күнгі кешті есіне түсірді.

...Жүзі сынық. Әлденеге қапалы тәрізді. Әдемі көрген бойда аңғарса да жолдан шаршаған шығар деген бөтен ойға бармаған. Ол қаладан базарлыққа «Красная Москва» жұпары мен жаңа шыққан роман әкелген-ді.

— Жұпарың жақсы екен. Ал кітабың одан да apтық баға жетпес сыйлық болды, — деп Әдемі маңдайынан сүйді. Қалада қайда болғанын, не көріп, не қойғанын сұрастырды. Ол сараң жауап беріп, «иә», мен «жоқтан» аспады.

Түннің бір уағына дейін телевизор көрген олар жатуға ыңғайланды. Осы сәт Ханзада:

— Жеңеше, ағам келмей ме бүгін? — деді.

— Иә. Ауданға кеткен.

— Онда мен сіздің қасыңызға жатсам қайтеді?

— Жата ғой.

Ханзада жеңгесіне қойындаса жатып, мойнынан құшақтады. Терең күрсініп қойды.

— Қас - қабағыңнан бір жайсыздық сезем, Задаш, — деді Әдемі. — Жай күрсіндің бе?

Бұдан әрі ол шыдай алмаған. Жеңгесінің мойнынан тас қып құшақтап алып, солқылдап жылаған.

— Ой, не болды?!

Бірдеңеге ұшырап қалды ма деп зәресі кетті жеңгесінің.

Алғашқы махаббаттың, риясыз пәк сезімнің мөлдір тамшысын алақанымен сүртіп:

— Қой, Задаш, қой Задаш, — дей берді. Не деп жұбатарын білмей қиналды. Мұндай жағдайға педагогикада еш нұсқау жазылмаған. Ақыры ақыл айтудан әрі аса алмады.

Әдемі кабинетке келіп кіргенде директор мен класс жетекші әлденеге келісе алмағандай дабырласа сөйлесіп жатқан - ды. Ол кірісімен әңгімелерін доғара қойды. Директор қабағын түйіп түнере түсті де, Оңғар: «Ә, келдің бе?» — дегендей жымысқы көзқараспен жымия қарады. Түсі қашып келген Әдемі директордың қарсы алдына келіп отыра кетті.

— Бір оқиғаны анықтап алсақ деп іздеп едік. Каникулде Қалдықараева қалаға барды ма? — деді директор ала көзін сүзе қарап.

— Барды.

— Өзіңіз жіберіп пе едіңіз?

— Иә, өзім жібергенмін.

— Неге жібердіңіз?

— Қаланы көрсін деп.

— Қалада қайда болғанын айтты ма?

— Айтты.

— Тарғын деген жігітті білесіз бе?

— Білем.

— Тарғын мен Ханзаданың арасын да білетін шығарсыз?

— Иә, оны да білем?!

«Мен не есітіп отырмын», — дегендей директор класс жетекшіге қарады. Ол да: «Қайдам», — дегендей иығын қиқаңдатты.

— Театрға бірге барғанын да айтқан шығар?!

— Айтты. Театрға бірге барғанда не тұр?

— Жігітпен бірге қонғанын ше? — деп төтесіне көшті директор.

— Жала!—Жаны күйген Әдемінің дауысы қатты шықты. «Осыған сендер де сеніп отырсыңдар ма? деген ашулы жүзбен қарады да ашына сөйледі. Ханзаданың еш жанға айтпауын өтінген құпиясын амалсыз ақтарып салды.

Аналар ойланып қалған. Әдемі: Соншалық дауылдатып керегі не өзі?.. Ойпыр - ау сіздер өздеріңіз жас болмадыңыздар ма? — деді күйіне. — Он жеті жастың не екенін ұмытқасыздар ма шынымен? Бой жетудің оңай емес екенін білмейсіздер ғой сіздер бірақ...

— Жабулы қазан жабуымен қалсын демексің бе? Бүкіл мектеп көзінше төбелескендерге де шара көрмейміз бе? — деді Оңғар Медетов.

— Төбелесті шаршы топқа салуға болмайды. Онда Ханзаданың сезімін жария етіп аламыз. Мен мұны оның жеңгесі ретінде емес, педагог ретінде айтып отырмын, — деді Әдемі сабасына түсе сөйлеп. — Ханзаданы сіздер білмейсіздер, ол намысқой. Намысшыл адам мұндайда абайсыз өзін - өзі опат қылуы мүмкін.

«Опат» деген сөз директордың жүрегін суылдатты. «Абайсыз ұшындырып алсаң, басымыз бәлеге сонда қалар», — деп бір ауық үнсіз отырды да:

— Байқау керек екен бұ жағын, — деп класс жетекшіге иек көтерді. — Сен қалай қарайсың?

— Өзіңіз білесіз де, — деді жалтақтап.

— Олай болса, — деді директор Әдеміге алара қарай, — менің атыма түсінік жазып бере ғой, ертең ши шықса өзің жауап бересің.

— Мақұл.

Қос құрбы мектептен шығып, Нұркүлдікіне беттеген. Өзі жайлы құлағын шулатып жатқан әңгімеден бейхабар Ханзада көңілді еді.

— Дария жақпен кетейік, — деді.

— Мейлі... Әлгілер неге төбелесті екен, ә?

— Кім білсін... Олар не болса соған шатаса береді ғой.

— Әй, қайдам?! Солар бірі - бірінен сені қызғанып төбелесті - ау деймін.

— Соқ, — деп жымиды Ханзада, — айдалада жүріп қызғана бере ме?

— Жақсы көрсе қызғанбай...

Ханзаданың жүрегі сыздап ауырды.

— Қызғанғаннан не пайда?!

Олар бүршік жарып көгерген сыр талы мен енді гүлдегелі тұрған жиде арасымен жүріп өтті. Ханзада жиденің бір бұтағын жұлып алып иіскеп көрді.

— Әлі иісі онша емес.

— Гүл шығара аңқиды.

Дарияның ашық шымдауыт жағасына шықты. Көкпеңбек. Түсті кілем төсеп тастағандай.

— Қарашы, Ханзада, қарашы, — дейді Нұркүл сирақтан келетін көкті кеше түсіп, — бассаң ізің түседі, ал артыңа қарасаң жоқ, жаны бар секілді шөптің.

— Шынымен тамаша? — дейді Ханзада майыспай заматында тіктеліп жатқан ажырың пен бидайыққа қызыға.

Иірім тұсында ол өзенге бұрылды.

Көктемде өзен кемерлей ағады. Күреңітіп майда толқын атады. Тентек иірім бұрқ - сарқ қайнайды. Езуінен көбік шашып ашуланып жатқандай.

— Осы иірімде не сыр бар? Неге үйіріледі?

Менің арманым — жазудың сырын білсем екен.

Ол үшін сен алдымен адамдардың ішкі сырын біліп алуың керек шығар.

— Адамның іші ана иірімнен де терең ғой деймін.

— Тауып айттың, жақсы теңеу. Осыдан - ақ сенің жазушы болатының көрініп тұр. Анадағы әңгімең не болды осы?

— Мен оны жіберген жоқпын. Ойдан құрастырғансың ба, нанымсыз секілді.

— Басқа ештеңе жазған жоқсың ба?

— Жоқ. Емтихан біткен соң мен сен туралы әңгіме жазамын.

— Не деп?

— Өзім білем ғой, — деп Нұркүл құрбысын құшырлана құшақтады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама