Он қара домалақ
Бірінші тарау
1
Шылым шегетіндерге арналған бірінші дәрежелі вагонның бір бұрышына жайғасқан сот Уоргрейв — ол жақында ғана жұмыстан біржола босап шыққан — сигарын түтіндетіп, "Таймстағы" саясат бөлімін шолып отырған. Ұзамай газетті былай ысырып қойып, терезеден сыртқа көз жіберді. Пойыз Сомерсеттен өтіп бара жатыр еді. Сот ойша шамалап көрді — әлі екі сағаттай жүруі керек екен.
Негр аралы жайында газеттерде жазылғанның бәрін сот қайта-қайта ой елегінен өткізумен келеді. Әуелі оны яхта десе ішкен асын жерге қоятын американ миллионері сатып алыпты, Девон жағалауына жақын жерде орналасқан осынау шағын аралда қазіргі заман үлгісіндегі керемет көркем үй тұрғызыпты. Алайда, өкінішке қарай, миллионердің үшінші әйеліне, таяуда ғана тапқан тотықұсына теңіздегі шайқалыс жақпайды екен, осы жағдай миллионерді үймен де, аралмен де қош айтысуға мәжбүр етіпті.
Сөйтіп, арал сатылатын болды, оның әсемдігін айтып тауыса алмайтын сипаттамасы бар құлақтандырулар газеттерде жиі-жиі жарық көре бастады. Одан соң аралға мистер Оним дейтін біреудің ие болғаны жөніндегі хабар жарияланды. Сол сол-ақ екен, зайырлы қауым өміріндегі жаңалықтарды жиып теретіндердің қиялы шартарапты шарлап кетті. Шын мәнінде Негр аралын голливудтық киножұлдыз мисс Габриелла Терл сатып алыпты!.. Сол жерде - репортерлер мен жарнама ырың-жырыңынан жырақта - бірнеше ай тыныш тұрғысы келетін көрінеді!.. "Бизи Би" бұл арал король отбасының жазғы резиденциясына айналатыны жайында сыпайы түрде тұспалдап жеткізді. Мистер Мерриуэдерге аралдың жас лорд Л. меншігіне көшкені - ақыры оның да Купидон құрбандығына айналып, аралда бал айын өткізуге ниет еткені турасында сыбыс жетті. "Джонас" аралды әлденендей бір айрықша құпия сынақтар өткізу мақсатында Әскери-теңіз күштерінің басқармасы сатып алғанына зәредей күмән келтірмеді.
Негр аралы шынымен-ақ газет беттерінен түспей-ақ қойды.
Сот Уоргрейв қалтасынан хат шығарды. Мұндай түсініксіз қолтаңба өте сирек кездесетін, дегенмен әр жер — әр жерінен ап-айқын жазылған сөздер де ұшырасып қалатын:
"Сүйікті Лоренс... Өзіңіз жайында ештеңе естімегелі қанша жыл... қайтсеңіз де Негр аралына келетін болыңыз... Көрсе көз тоймайтын жер... айтатын әңгіме сондай көп... сол бір күндер... табиғатпен тілдесіп... күн шуағына қыздырынып... 12.40-та Паддингтон вокзалынан... Сізді Оукбриджден қарсы алам..."
Астында әдемі етіп қойылған қол тұр:
"Қашан болсын қасыңыздан табылар
Констанция Калмингтон".
Леди Констанция Калмингтонды соңғы рет қашан көргенін есіне түсіруге тырыспақ болған сот Уоргрейв өткен күндер жайында ой кешіп кетті. Одан бері де жеті жыл, — әлде тіпті сегіз жыл ма екен, — өтіпті. Сол кезде Констанция күн шуағына қыздырынып, табиғатпен және contadini тілдесу үшін Италияға кеткен. Содан соң бүл оның одан да ыстық күн шуағына қыздырынып, табиғатпен және бәдәуилермен тілдеспекке Сирияға жол шеккенінен құлағдар болған.
"Арал сатып алу, айнала маңайына құпиялық ахуал орнату — Констанция Калмингтон мінезіне мейлінше тән нәрсе", деп ойлады сот. Сосын басын шұлғып қойды: өзіне керемет көңілі толып отырған — енді ше, логикасы қашан да қисынды - ақ қой... Одан соң соттың басы кеудесіне сылқ етті — көзі ілініп кеткен-ді...
Вера Клейторн — ол үшінші дәрежелі вагонмен келе жатқан — орындықтың арқалығына шалқайып, көзін жұмды; вагонда одан басқа тағы бес жолаушы бар еді. Бүгін пойыздың іші неткен ыстық десеңші! Аз уақытқа болса да теңіз жағасында тынығу қандай ғанибет! Иә, бұл жұмысқа орналасарда шынымен-ақ жолы болды! Жаз айларында жұмысқа жалданғанда қашан да тек балаларды бағып-қағу әуресіне тап боласың — хатшы боп орналасуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Тіпті агенттік арқылы да.
Сөйтіп жүргенде күтпеген жерден мынадай хат алды:
"Маған Сізді "Ұсынықты әйелдер" агенттігі ұсынды. Байқауымша, олар сізді жақсы білетін секілді. Қандай жалақы алғыңыз келетінін айтыңыз, мен бәріне күні бұрын келісем. Міндетіңізді атқаруға 8 тамыз күні кірісерсіз деп үміттенем. Пойыз Паддингтон вокзалынан 12.40-та жүреді. Сізді Оукбридж стансасынан қарсы аламыз. Жол шығыны үшін хатпен бірге бес фунт қоса салып отырмын.
Шынайы құрметпен
Анна Нэнси Оним ".
Жоғары жағында адресі бар: "Негр аралы, Стиклхевн. Девон".
Негр аралы! Соңғы кездері газеттер осы аралдан басқа ештеңе жайында жазған емес. Репортерлер әрқилы түсінуге болатындай екіұшты әңгіме қаулатып, не қилы өсек-аяң мен сыбыстарды туындатып жатты. Шамасы, бұлар шындықтан шалғай лақап сөз шығар. Бірақ неғылған күнде де, бұл үйді миллионер тұрғызыпты және жұрттың айтуынша сән-салтанаты ес тандырарлықтай көрінеді.
Таяуда ғана аяқталған семестрден әжептәуір қалжырап қалған Вера Клейторн былайша ой кешіп отыр: "Ортақол мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалимасы болу — не бір үлкен дәреже дейсің... Әлдебір тәуір мектептен жұмыс тауып алудың орайы түссе ғой шіркін..." Осы арада жүрегі сыздап кетті де, сол бойда өзін тыйып тастады: "Жоға, жолым болды деп есептеуге тиіспін. Тергеуге түстің екен, тіпті ақыр аяғында ақталып шыққан күннің өзінде де, бетіңе жағылған күйені кетіре алмайсың".
Сол жерде ол тергеушінің өз дәйектемесінде мұның өжеттілігі мен жүректілігін атап өткенін еске алды. Иә, тергеу жақсы аяқталды, бұдан артықты тілеуге де болмайтын. Миссис Хамильтон да мейірім танытты.. тек ана Хьюго болмаса. (Жо-жоқ, ол Хьюго жайында ойланбақ емес!)
Қапырық ыстыққа қарамастан денесі қалтырап кетті, теңізге бара жатқанына өкініш білдірді. Таныс көрініс көз алдына қайта оралды. Сирил жартасқа қарай жүзіп барады, басы қылт - қылт етіп теңіз бетіне бір шығып, бір батып барады... Бір шығады да бір батады - бір батады да бір шығады... Ал бұл болса құлашын үйреншікті әдетінше кең сермеп, толқынды жеп-жеңіл жарып жүзіп келеді және оның жартасқа жете алмайтынын біліп келеді, жан-тәнімен сезіп келеді...
Теңіз — жып-жылы көгілдір толқын — ыстық құмдағы ұзақ сағаттар — және Хьюго - ол мұны сүйетінін айтады... Жоға, Хьюго жайында ойлауға болмайды...
Ол көзін ашып, қарсы алдында отырған еркекке жақтырмай қарап қойды. Ұзын бойлы, күнге қап-қара боп тотыққан, көгілдір көздері бір-біріне тым жақын орналасқан, ернін жымырып алған. Бәс тігуге бармын, бүл кісі дүниені көп шарлаған және көрмегенді көрген деп ойлады ол...
Қарсы бетте отырған қыз жайында белгілі бір пікірге келу үшін Филипп Ломбардқа бір-ақ рет көз тастау жетіп жатты: әп-әдемі, бірақ бойында мұғалимаға тән қылықтар бар сияқты... Сабырлы және махаббатта да, өмірде де есесін жібере қоймайтын болар. Айналдырып көруге тұратын - ақ қыз...
Ол қабағын шытты. Жо-жоқ, қазір ондайға алаңдаудың қисыны жоқ. Шаруаның аты шаруа. Қазір тек жұмыс жайында ғана ойлану керек.
Апырай, қандай жұмыс күтіп түр екен өзін? Моррис екіұшты сөйлеп, жөнін айтпады:
— Ойланып көріңіз, капитан Ломбард: хош көрмесеңіз - қоя қойыңыз.
— Сонда маған жүз гиней ұсынып тұрсыз ба? - деді Филипп, құдды жүз гиней өзі үшін әншейін нәрсе секілді немқұрайды кейіпте.
Жүз гиней дейді, ал мұнда бүгін түстік ішетін де ақша жоқ. Әйткенмен, Морристі алдай алмаған шығар, ақша мәселесінде оны алдап соғу қиын - ондай адамдардың қатарына жатпайды: ақшаға қатысты нәрсенің бәрін бес саусағындай біледі.
— Басқа ештеңе айта алмайсыз ба маған? - деп сөзін жалғады ол сол бұрынғыша немкетті түрде.
Мистер Айзек Моррис кішкене жалтыр басын қайта - қайта шайқады:
— Жоқ, мистер Ломбард, осы арада нүкте қоюға тиіспін. Қауіпті қақтығыстарда таптырмайтын адам екеніңіз клиентіме жақсы мәлім. Маған сізге жүз гиней беру тапсырылды. Осының өтеміне сіз ана Девондағы Стиклхевнге баруыңыз керек. Оған ең жақын станса - Оукбридж. Сізді сол арадан қарсы алып, машинамен Стиклхевнге апарады, ол жерден моторлы қайық арқылы Негр аралына жеткізеді. Ал онда барған соң, әлбетте, клиентімнің қарамағына өтесіз.
— Қанша уақытқа? - деп сұрады Ломбард бар болғаны.
— Әрі кетсе — бір аптаға.
Мұртын бір ширатып қойған капитан Ломбард:
— Заңсыз істерге қолымды былғамайтынымды түсінетін шығарсыз? - деді.
Осыны айтқанда сұхбаттасына күдіктене қарап қалған. Қалың ернін күлкі қыбыр еткізгенімен, мистер Моррис барынша байыпты түрде жауап қатты:
— Егер әлденендей бір заңсыз әрекет жасау ұсынылатын болса, онда, әлбетте, одан бас тартуға толық қақыңыз бар.
Соны айтып езу тартты — арсызын қарашы! Ломбардтың заңдылықты сақтауға бұрын мұншалықты құштар бола қоймағанын білетін адамша езу тартып отыр.
Ломбард та еріксіз мырс етті. Ол рас, бір-екі рет құрықтала жаздап шақ қалғаны бар! Бірақ, әрдайым аман құтылып отырған. Ол неден болсын дерлік тайынбайтын. Иә, не нәрседен болсын дерлік. Байқауынша, Негр аралында қол қусырып қарап отыруға тура келмейтін сияқты...
4
Мисс Брент — ол шылым шекпейтіндерге арналған вагонда келе жатқан — оқтау жұтқандай тіп-тік отырған: өзіне жеңілдік жасау деген ғадетінде жоқ нәрсе болатын. Жасы алпыс бесте еді, бүгінгі күндері етек алып кеткен салдыр-салақтық пен қырсыздықты суқаны сүймейтін. Әкесі, әскерде қартайғанша қызмет еткен полковник, кеудені тік ұстауға ерекше мән беретін. Бүгінгі заман жастары шамадан тыс бетімен кеткен жүріс -тұрыстарынан - ақ көрініп түр ғой бәрі; жалпы алғанда, олардың...
Өз ұстанымының әділдігі мен алған беттен айнымайтын табандылығын сезіну мисс Эмили Брентке үшінші дәрежедегі аузы-мұрнынан шыққан вагонның иіс-қоңысы мен жайсыздығына шыдап бағуға шарапатын тигізіп келе жатыр еді.
Қазір жұрттың бәрі жан аяр боп кетті. Тістерін тек ауруды сездірмейтін дәрмекпен жұлдырады, ұйқысы қашса не түрлі ұйықтататын дәрі ішеді, отырса тек жұмсақ креслоға отырады немесе арқасына көпшік тастайды, ал бойжеткендердің не киіп жүргенін түсініп болмайсың, корсет тақпайды, жаз шықса болды, жағажайда жартылай жалаңаш шалжиып жатады...
Мисс Брент ернін қымқырды. Өз басының үлгі-өнегесі арқылы белгілі бір топтың адамдарына қалай жүріп-тұру керегін үйреткісі келеді-ақ... Өткен жаз ойына оралды. Жо-жоқ, биыл бәрі басқаша болмақ. Негр аралы... Сол арада ол өзі сан рет қайталап оқыған хатқа тағы бір мәрте ойша көз жүгіртіп өтті:
"Құрметті мисс Брент, сіз мені әлі ұмытпаған шығарсыз? Бұдан бірнеше жыл бұрын тамыз айында Беллхевн пансионында бірге болғанбыз, меніңше, сонда жақсы тіл табысып кеткендей едік.
Енді мен қазір Девон жағалауына жақын маңайдағы шағын аралдан өз пансионатымды ашып отырмын. Меніңше, бұл арал тағамы дәмді, жаңа модаға еліктейтін әурешілігі жоқ пансионға, — яғни сіз бен біздің әдет — дағдымызды оғаш санамайтын жандарға, ескінің көзі саналатын адамдарға арналған пансионға, — өте лайықты орын секілді. Мұнда жартылай жалаңаш жастар мен жеті түнде ойнайтын граммофондар болмайды. Егер жазда Негр аралына келіп демалуға мүмкіндік тапсаңыз, — әлбетте, мүлдем тегін, қонақ құрбым ретінде, — мен бұған қатты қуанар едім. Тамыз айы Сізге қолайлы бола ма? Айталық, сегізінен бастап десек?
Өзіңізге деген шынайы құрмет сезімімен,
А.Н..."
"Апырай, аты-жөні қалай еді ол әйелдің? Қойған қолы таңғаларлықтай түсініксіз. Қазір жұрттың бәрі қалай болса солай қол қоя салады", деп бұрқан-талқан болды Эмили Брент.
Беллхевнде кездескендерді ойша сараптап шықты. Онда екі жаз қатарынан болған. Сол жерде егделеу жастағы біp сүйкімді әйел тұратын — миссис... миссис — әулет есімі қандай еді оның? Әкесі каноник — тұғын. Сосын онда мисс Олтон әлде Оден болды. Жо-жоқ, оның әулет есімі Оньон! Дұрыс, дұрыс — Оньон!
Негр аралы! Газеттер Негр аралы жайында өте көп жазды, бұрын оған әлде киножұлдыз ба, әлде Америка миллионері ме, әйтеуір біреу иелік еткен десіп жатты. Әрине, көп ретте бұл аралдар су тегінге сатылады — арал сатып алуға құштар адам көп емес. Әу баста аралдағы өмір өте тартымды көрінеді, бірақ онда қоныс тепкен бойда сан қилы жайсыздық самсап шыға келеді де, одан құтылғанша асық боласың. "Қалай болған күнде де, — деп ойлады Эмили Брент, тегін демалатыным анық әйтеуір". Қаражаттан қысылып жүрген қазіргідей шақта, — өйткені, дивидендтер бірде төленсе, бірде төленбей жүр емес пе, — аздап болса да ақша үнемдеу мүмкіндігін жіберіп алмаған жөн ғой. Бір өкініштісі тек әлгі миссис, әлде, бәлкім, мисс пе екен, Оньон жайында есінде бәлендей ештеңе сақталмапты.
5
Генерал Макартур терезеден сыртқа көз жіберді. Пойыз Эксетерге қарай келе жатқан — сол жерде генерал басқа пойызға ауысып отырмақ еді. Тасбақа тырбаңнан артыққа жібере қоймайтын бүл шойын жол кімнің де болсын шыдамын тауысары анық. Ал тікелей тартсаң Негр аралы - қол ұсыным ғана жерде түр.
Әлгі Оним дегеннің кім екенін ол ақыры біле алмады, сірә, Пройд Леггард пен Джонни Дайердің танысы шығар.
"Армиялық достардың бір-екеуі келеді... өткен күндер жайлы сыр шертсек деп едік".
Несі бар, өткен күндер жайында бұл айыз қандыра әңгіме соғуға даяр. Соңғы жылдары бұрынғы жолдастары өзіне қырын қарай бастағандай сезім пайда болған. Бәрі де сол баяғы жүрек айнитын өсек-аяңның қырсығы ғой! Ойпырай, одан бері отыз жылдай уақыт өтпеді ме! Армитидж шығар бәрін бықсытып жүрген, деп шешті ол Кісәпір күшік. Ол қайдан біледі мұның бүге-шігесін? Жә, жетер, бүл жайында ойланудың қажет жоқ. Оның үстіне, сірә, бұған солай көрінген шығар, — біресе бір жолдасы, біресе екіншісі өзіне ала көзбен қарайтындай көрініп жүрген болар.
Әлгі Негр аралы деген қандай екен өзі, ә? Ол жайында не көп — өсек аяң көп. Оны Әскери-теңіз күштерінің басқармасы, әскери министрлік немесе әскери-әуе күштері сатып алыпты-мыс дейтін сыбыстың жаны бар сияқты...
Аралдағы үйді америкалық жас миллионер Элмер Робсон салыпты. Жұрттың айтуынша, бұған қыруар қаражат жұмсапты. Олай болса, сән-салтанаты шынымен-ақ қайран қаларлық шығар...
Экстер! Пойызбен әлі бір сағат жүру керек! Төзім таусылып бітті. Тезірек жетсе екен тек...
6
Дәрігер Армстронг "Моррисін" Солсбери жазықтығымен айдап келе жатты. Ол мүлдем титықтап біткен-ді... Табыстың да күнгей жағымен қатар көлеңкелі жағы бар. Үстіне су жаңа қымбат костюм киіп Харли-стриттегі сәнді кабинетінде, қазіргі заманғы ең жаңа аппаратуралар ортасында күтумен отыратын, алда өзін — бақ па, сор ма — не тосып тұрғанынан бейхабар күйде күн артынан күн өткізетін заман келмеске кетті....
Ол табысқа жетті. Жолы болды! Дегенмен, жалғыз тек жолы болғыштық аздық етеді, оған қоса жақсы маман болу шарт. Ол өз ісін білетін - бірақ, табысқа жету үшін бұл да аз еді. Бұған қосымша, жолың болуы керек. Ал, оның жолы болды! Дүдәмал диагноз, дән риза бір-екі науқас әйел - дәулетті, зиялы қауымда дәріпті - сол-ақ екен, есімі жұрт аузына ілігіп, бірден бірге тарай бастады: "Армстронгқа қаралуыңыз керек, жас болғанмен сондай білгір: ана Пэмді көрдіңіз бе, кімге барып емделмеді дейсіз оны - жылдар бойы деп тұрмын ғой сізге, жылдар бойы, ал Армстронг оған көз қиығын салды да, жағдайын бірден түсіне қойды".
Содан жұрт ағылды дейсің кеп.
Осылайша дәрігер Армстронг әйгілі емшіге айналды. Енді оның әр күнгі жұмысы минутына дейін алдын-ала белгіленіп қоятын болды. Демалар уақыт табылмады. Лондонды тастап шығып, бірнеше күнге Девон жағалауындағы аралға бара жатқанына тамыздың бүгінгі таңында мәз-мейрам боп қуанғанының да себебі осы еді. Әрине, бүл -сөздің тура мағынасындағы демалыс емес-ті. Хат екіұшты ұғым тудыратын сөздермен жазылған болатын, есесіне хатпен бірге жіберілген чекте ондай екі ұштылық жоқ-ты. Қаламақы көлемі естіген адамды естен тандыр ар л ықтай еді. Бұл Онимдерде ақша деген пішен болса керек. Зайыбының денсаулығына күйеуі қатты алаңдап жүрген тәрізді, осы себепті әйелінің жағдайы қалай екенін оны мазаламай-ақ білгісі келеді. Себебі, әйелі дәрігерге қаралудан үзілді - кесілді бас тартып отырған көрінеді. Ал, оның жүйкесі жұқа екенін ескергенде...
Өй, осы жүйке деген пәлені - ай! Дәрігердің қабағы керіліп етті. Өй, осы әйелдер мен олардың жүйкелерін - ай! Жасыратыны жоқ, бұлардың қылтың-сылтыңы мұның пайдасына жарап түр. Бұған келіп қаралған әйелдердің тең жартысының ешқандай ауруы жоқ еді, құр әншейін іші пысқаннан ермек қылатын, бірақ бүл жөнінде бірдеңе деп көр тек! Түптеп келгенде, әлденендей бір дімкәстік ізін тауып алудың не қиындығы бар: сізде (кез келген ұзақтау ғылыми термин) нормаға сәл жетіңкіремей тұр екен, қорқатын дәнеңе жоқ, бірақ сізге аздап емделу керек. Мұның түк қиындығы жоқ...
Медицинада ауруды көбінесе сенім емдеп жазатыны белгілі ғой. Ал, дәрігер Армстронг өзінің ісін білетін, басқаға ебі болмаса да үміттендіру мен тыныштандыруға шебер еді.
Бақытына қарай, сол оқиғадан кейін (ол қашан болып еді - он жыл ма, жоға, он бес жыл бұрын екен-ау) бүл жөнге келе білді. Кереметтің құдірет - күшімен ғана құтылды. Иә, ол кезде бүл азғындыққа салынудың аз-ақ алдында болатын. Бірақ аза бойын қаза қылған сол бір төтенше оқиға оны тәубеге келуге мәжбүр етті. Тап сол күннің ертеңіне ішкенді біржола қойды. Ойпырай, ойпырай, сол кезде оның аман - сау құтылып кеткені адам айтса нанғысыз ғажайып қой...
Автомобильдің аңыраған гудогы құлағын жарып жібере жаздады - дәл жанынан кем дегенде жүз отыз шақырымдық жылдамдықпен нән "Супер-спортс-Далмейн" жүйткіп өте шықты. Дәрігер Армстронг дуалға соғыла жаздап шақ қалды. Өлген-тірілгеніне қарамай құйындатып жүретін жындысүрей жастардың бірі болса керек. Әбден жынына тиіп бітті бұлар. Ал, өзі сонда кереметтің күшімен қүтылып еді-ау - бүл жолы да солай болды. Неге жер жастанбайды екен бүл жындысүрей!
7
Мир деревнясын машина моторын азынатып, құйындата кесіп өтіп бара жатқан Тони Марстон былайша ой кешіп отыр: анадай есек арбалар қайдан шығады осы? Тасбақаша митың-митың етіп жүріп болмайды, ал бәрінен жаманы: міндетті түрде жолдың қақ ортасымен сүйретіледі - жол беру деген жоқ! Ағылшын жолдарында машинаны қалай айдайтыныңды көрсете алмайсың. Ал, ана Францияда әңгіме басқа...
Осы араға тоқтап тамақ жібітіп алса ма екен әлде әрмен қарай тарта берсе ме? Уақыт жеткілікті. Бар-жоғы жүз елу шақырымдай ғана қалды. Абзалы, имбир лимонадымен джин ішкені жөн шығар. Күннің ыстығы жан шыдатар емес!
Ал ана арал сымақта тәп-тәуір демалуға болатын шығар, тек ауа райы бұзылып кетіп жүрмесе. Япырай, ана Онимдер кім болды екен? Ақшасын қалай шашуды білмей жүрген даңғойлар шығар, сірә. Мұндайлармен Жирен жылдам тіл табысады. Енді қайтсін ол бейшара: өзінде көк тиын жоқ қой...
Оларда ішімдік жағы жеткілікті шығар. Әйтсе де, ондай даңғойлардың не істеп, не қоятынын алдын-ала біліп болмайды. Аралды Габриелла Терл сатып алыпты деген сыбыстың жалған боп шыққаны қандай өкінішті. Кино жұлдыздарының арасында ойнап-күліп жүрген жаман болмас еді. Ештеңе етпес, қыз-қырқын ұшыраспай қалмас...
Ол қонақүйден сыртқа шықты, керілді, есінеп алды, бұлтсыз ашық аспанға көз жіберді, сөйтті де "Далмейнге" отырды.
Жігіттің келісті келбетіне, сұңғақ бойына, күнге тотыққан бетіндегі ашық түсті көгілдір көзіне қыз келіншектер сүқтана қарап қалды.
Ол акселераторды басты, мотор азынап қоя берді, одан соң автомобиль енсіздеу көшеге сүңгіп кетті. Қариялар мен шабарман балалар жан дәрмен жол берісті. Көшеде жүрген жүгермектер машинаға сүйсіне көз тігіп қалды.
Антони Марстон салтанатты шеруін әрмен жалғап бара жатты.
Мистер Блор жай жүретін пойызбен Плимуттан келе жатқан. Купеде одан басқа тағы бір жолаушы - маскүнемдіктен көз жанары бұлыңғыр тартып кеткен қарт теңізші бар еді. Айтпақшы, қазір ол қалғып-мүлгіп отырған. Мистер Блор әлденені блокнотына ықтияттап жазып жатты. "Міне, менің жамағатым, - деді ол естілер-естілмес міңгірлеп, - Эмили Брент, Вера Клейторн, дәрігер Армстронг, Антони Марстон, шау тартқан сот Уоргрейв, Филипп Ломбард, Әулие Михаил және Георгий ордені мен "Әскери ерлігі үшін" орденінің иегері генерал Макартур, екі малай - мистер және миссис Роджерс".
Ол блокнотын сарт еткізіп жапты да, қалтасына салып тастады. Бұрышта ұйқы соғып жатқан теңізшіге көз қиығын салды.
"Кеңірдектен келгенше тойыпты" деген анықтама берді оған мистер Блор қолма-қол.
Содан соң бәрін қайтадан мұқият түрде байыппен ой елегінен өткізе бастады.
"Оншалықты қиын жұмыс емес сияқты, — деп ойлады ол. — Бұл істе сәтсіздік бола қоймас. Түр келбетім де осыған әбден лайық тәрізді".
Тұрып, айнадан өзіне сынай көз жүгіртті. Айнада түр - кескінінде есте қаларлықтай ерекшелік жоқ адамның бейнесі түр еді. Қоңырқай көздері бір-біріне тым жақындау орналасқан, қысқалау мұрты бар. Келбетінен әскери адам екені аңғарылатындай. "Майормын десем де болады, - деді мистер Блор айнадағы бейнесіне. — Ә, құдай атқан, ұмытып кетіппін, онда әлгі генерал да болады екен ғой. Ол мені ә дегеннен әшкерелейді. Оңтүстік Африка - міне, маған керегі! Бүл жамағаттың ешқайсысы онда болған емес, ал мен туристік агенттіктің жарнамалық проспектін қазір ғана оқып шықтым, сондықтан бұл тақырыпта әңгіме-дүкен құра алам. Бір жақсысы, колония тұрғындары қандай іспен болсын шұғылдана береді. Сондықтан өнімді Оңтүстік Африкадан келген кәсіпкер ретінде таныстыра алам".
Негр аралы... Бала кезде бір жолы онда болғаны да бар...
Жағалаудан екі шақырымдай жерде орын тепкен, шағала саңғырығы жапқан сасық жартас. Аралды бұлай атағандарының себебі - көз жетер жердегі көрінісі еріні түрік адамның қырынан қарағандағы сұлбасын еске салатын.
Осындай аралдан үй тұрғызу — ақылға сыйымсыз әурешілік қой! Ауа райы бұзылған кезде онда өмір сүру тіптен мүмкін емес. Алайда миллионерлер ойына не келмейді дейсің!
Бұрыштағы шал оянып:
— Теңізде ештеңені алдын-ала білуге болмайды – еш – те – ңе - ні де! - деді.
— Өте дұрыс айттыңыз, ештеңені алдын-ала білуге болмайды, - деп жалп ете қалды мистер Блор.
Шал бірер мәрте ықылық атты да, қамығыңқы үнмен:
— Дауыл тұрғалы жатыр, - деді.
— Жоға, туысқан, ауа райы тамаша, - деді Блор.
— Ал, мен сізге ұзамай дүлей дауыл болады деп тұрмын, - деп ренжіп қалды шал, - мен оны күні бұрын сезем.
— Бәлкім, сіздікі дұрыс та шығар, - деп келісе кетті мистер Блор кең пейілдік жасап.
Пойыз тоқтап, шал шайқалақтап орнынан көтерілді.
— Осы жерден түсуім керек, - деді ол Соны айтып есіктің тұтқасын тартты, бірақ күші жетпеді.
Мистер Блор оған көмекке келді. Шал есік алдына тоқтап, қолын маңғаздана жоғары көтерді, бұлдырақ көзі жыпылық қақты.
— Сақта өзіңді, сыйын, - деді ол. - Сақта өзіңді, сыйын. Ақырзаман таяп қалды.
Соны айтты да, перронға құлап түсті. Перронда ұзынынан түсіп жатқан күйі мистер Блорға қарап салтанатты түрде:
— Мен сізге айтып тұрмын, жігітім. Ақырзаман таяп қалды, - деді.
"Ақырзаман менен гөрі оның басына бұрынырақ туары анық", деп ойлады орнына қайтып келе жатқан мистер Блор. Кейін белгілі болғанындай, қателескен екен.
Екінші тарау
1
Оукбридж стансасы ғимаратының алдына жиналған бір топ жолаушы әрі-сәрі халде тұрған. Олардың арт жағында шамадан көтерген жүк тасушылар бар-ды. Жүкшілердің бірі:
— Джим! - деп айқайлады.
Таксиден шопыр шықты.
— Негр аралына барғалы тұрсыздар ма? - деп сұрады ол.
Оның сұрағына төрт адам бірдей үн қатты. Таңырқап қалған жолаушылар бір-біріне білдіртпей көз жүгіртіп өтті.
— Мұнда бізде екі такси бар, сэр, - деді шопыр сот Уоргрейвке, топтағы жасы үлкен адам болған соң. — Бұлардың біреуі Эксетерден келетін пойызды күтуге тиіс — онымен тағы бір джентльмен келмекші. Бұған бес минуттай кетеді. Араларыңызда соны тоса тұруға келісетіндер табылса, сапарымыз да жайлырақ болар еді.
Хатшылық міндеттерін еске алған Вера Клейторн әмір етуге үйреніп қалған адамға тән, қарсылық білдіргенді қаламайтын қатқыл үнмен:
— Мен қалам, - деді. Соны айтып, топтың қалған мүшелеріне қарады. Шамасы, шәкірт қыздарын командаларға дәл осылай бөлетін болса керек.
Мисс Брент паңдана сөйлеп:
— Рақмет сізге, - деді де, таксиге отырып алды. Таксиші ізет білдіріп, жабылып кетпесін деп есікті демеп тұрды. Оған ілесе сот Уоргрейв те таксиге жайғасты. Капитан Ломбард:
— Мен де күте тұрам, - деді. — Сізбен бірге мисс...
— Клейторн, - деді Вера.
— Ал менің атым Ломбард, Филипп Ломбард. Жүкшілер багажды тиеді. Көпті көрген заңгердің алды — артын байқағыштығына басып тиісті тақырыпты таңдап алған сот Уоргрейв таксиге отырғаннан кейін:
— Күн райы жақсы боп түр, - деді.
— Тамаша, — деп жауап қатты мисс Брент.
"Барынша құрмет тұтуға лайық карт джентльмен, — деп ойлады ол — Теңіз жағалауындағы пансиондардан мұндай кісілер кездесе бермейді. Әлгі миссис әлде мисс Оньон тәуір адамдармен таныс-біліс екен-ау..."
— Бұл төңіректі жақсы білесіз бе? - деген сұрақ қойды сот Уоргрейв.
— Корнуолл мен Торкиде болғам, бірақ Девонның мына бөлігіне алғаш келіп тұрмын.
— Мен де бұл маңаймен мүлде таныс емеспін, - деді сот. Такси орнынан қозғалды.
— Бәлкім, машинаның ішінде отырып күтерсіз? - деді екінші таксиші.
— Жоқ, рақмет, - деп үзілді-кесілді бас тартты Вера.
Капитан Ломбард езу тартты:
— Мен өзім күн сәулесіне шомылған қабырғаларды ұнатам, бәлкім вокзалға кірерсіз?
— Жо-жоқ. Вагонның қапырығынан кейін таза ауада болу сондай ғанибет.
— Иә, мынадай ыстықта пойызбен сапар шегу адамды шаршатып жібереді, - деп қоштап қойды анау.
— Осы қалпында әлі біраз тұрар ма екен, ауа райын айтам, - деді Вера әңгіме жібін сыпайы түрде жалғап. - Біздің ағылшын жеріндегі жаз сондай тұрақсыз ғой.
— Бұл маңайды жақсы білесіз бе? - дейтін өзіндік ерекшелігі аздау сауал қойды капитан Ломбард.
— Жоқ, бұрын мұнда ешқашан болған емеспін, - деді қыз. Сосын мән-жайды бүкпелемей бірден ашығын айтуға бекініп, тез-тез сөйлеп: — Әлі күнге дейін бибіммен танысқан жоқпын, - деп қосып қойды.
— Бибіммен дейсіз бе?
— Мен миссис Онимнің хатшысымын.
— Солай деңіз! — Ломбардтың көңіл ауаны кәдімгідей — ақ өзгерді: тартынбай, еркінірек сөйлей бастады. — Бұл ерсілеу нәрсе екен өзі.
Вера күліп жіберді:
— Ерсі ештеңесі жоқ. Миссис Онимнің хатшысы аяқ астынан ауырып қалыпты, оның орнына біреуді жіберуді сұрап агенттікке жеделхат жолдапты — сөйтіп олар мені ұсынды.
— Әңгіме қайда. Ал бибіңізбен танысқанда ол өзіңізге ұнамай қалса не істемексіз?
Вера тағы күлді:
— Мен тек каникул біткенше ғана жалданам ғой. Қыздар мектебінде тұрақты жұмысым бар. Оған қоса, Негр аралын көруге сондай аңсарым ауып жүр. Ол жайында газеттерде өтe көп жазды емес пе. Айтыңызшы, ол жер шынымен-ақ сондай әдемі ме?
— Білмеймін. Онда ешқашан болған жоқпын, - деді Ломбард.
— Қалайша? Онимдер оны сондай ұнататын секілді. Олар қандай адамдар? Айтып беріңізші маған.
"Қиын сұрақ, - деп ойлады Ломбард, - олармен таныс ма едім мен әлде таныс емес пе едім өзі?"
— Қолыңызда ара жорғалап барады, - деді ол дереу. - Жо-жоқ, қозғалмаңыз. - Соны айтып араны үркіткен болғансыды. - Міне! Ұшып та кетті.
— Рақмет, мистер Ломбард. Биылғы жазда ара деген сондай коп.
— Күннің ыстығынан ғой. Айтқандайын, біз кімді күтіп тұрмыз, білмейсіз бе?
— Хабарым жоқ.
Жақындап келе жатқан пойыздың гудогы естілді.
— Міне, пойызымыз да келді, - деді Ломбард.
2
Перроннан шыға беріс жерден сұңғақ бойлы қарт адам жүз көрсетті, ақ бурыл тартқан, тікірейген қысқа шашына, мұқият қырқылған ақбурыл мұртына қарап оны қызметтен қалған әскери адам деп ойлауға болатын. Нән былғары шамаданды шатқаяқтап шақ көтеріп келе жатқан жүкші оған Вера мен Ломбардты нұсқады.
Вера шапшаң алға шығып, өзін таныстырды.
— Мен миссис Онимнің хатшысымын. Бізді машина тосып түр, — деді ол. Сосын: — Мына кісі — мистер Ломбард, - деп қосып қойды.
Қарттың күңгірт тартқан, әйтсе де, жасы ұлғайғанына қарамай байқағыштық қасиетін жоғалтпаған, көгілдір көзі
Ломбардты шолып өтті; егер біреу-міреу оның қандай қорытындыға келгенін білгісі келсе, одан:
"Келісті жігіт. Бірақ күмәнді бірдеңемен айналыса ма, қалай..." дегенді оқыған болар еді.
Үшеуі таксиге кеп отырды. Олар Оукбридждің самарқау көшелерімен, сосын тағы да екі шақырымдай Плимут тас жолымен жүріп өтіп, деревнялық жолдардың - бұрылысы көп, енсіз, шоп басып кеткен жолдардың — қиыр - шиырына еніп кетті.
— Бұл маңайды тіптен білмеймін. Шығыс Девонда, Дорсетпен шектесетін жерде үйім бар, - деді генерал Макартур.
— Бұл ара өте әдемі екен, - деді Вера. - Жоталар, қызыл қоңыр топырақ, төңірек гүл жайнап тұр, шөп те сондай қалың.
— Менің түсінігімше, бүл арадағының бәрі тым тығыз орналасқан. Өз басым кең шалқар жазықтықты ұнатам. Онда саған ешкім бұқпантайлап келіп бас сала алмайды... - деп оған Филипп Ломбард қарсылық білдірді.
— Шамасы, коп саяхат жасағансыз - ау? - деп сұрады Ломбардтан генерал.
Ломбард иығын қомдап қойды да:
— Иә, дүниені шарлап шығуға тура келді ғой, - деді.
Сосын: "Қазір ол менен соғысқа қатыстың ба, деп сұрайды.
Әскери қызметтен кеткен мұның жасындағы сабаздарды одан басқа ештеңе қызықтырмайды", - деп ойлады. Алайда генерал Макартур соғыс жайында жұмған аузын ашқан жоқ.
3
Биік жотаның төбесіне көтерілген олар бұралаңдаған қара жолмен Стиклхевнге -жағалаудағы бірнеше үйден тұратын шағын деревняға түсті. Үйлерден қол созым жерде балық аулайтын бір-екі қайық көрініп тұр еді. Батар күннің шапағы оңтүстік беттен, теңізден кеуде көтерген жартасқа шағылды.
Сол арада олар түңғыш рет Негр аралын көрді.
— Жағадан әжептәуір қашықта түр екен ғой, - деп таңырқанды Вера. Аралды көз алдына басқаша кейіпте елестеткен — жағаға жақын кішкентай ғана арал, онда әп–әдемі аппақ үй орналасқан деп ойлаған. Бірақ мынадан ешқандай үй көрінбейді, теңізден тіп-тік боп жартас бой созып түр, сұлбасынан негрдің алапат үлкен басына болар-болмас ұқсастық байқалады. Бүл көріністе жан түршіктірер бірдеңе бар-ды. Вераның тұла бойы дір ете қалды.
"Жеті жұлдыз" мейманханасының жанында оларды бір топ адам күтіп түр екен. Еңкіш тартқан егде жастағы сот, оқтау жұтқандай мисс Эмили Брент және ірі денелі, түр-әлпеті тұрпайылау еркек — ол алға шықты да, өзін таныстырып өтті.
— Сіздерді күткеніміз, сосын бәріміз бірге кеткеніміз дұрыс шығар деп шештік, - деді ол — Менің атым Дейвис. Натальда туғанмын, Трансваальмен шатастырмауды сұраймын. Ха-ха-ха, - деп ол қарқ-қарқ күлді.
Сот Уоргрейв оны оқты көзбен атты. Сот залын артық адамдардан аластау жөнінде әмір беруге асығып тұрғаны аңғарылғандай еді. Мисс Эмили Бренттің колония тұрғындарына қандай баға беруге болатынын білмей дағдарып қалғаны сезілді.
— Жолға шығар алдында аздап тамақ жібітіп алуға қалай қарайсыздар? - деген ұсыныс айтты Дейвис.
Оның ұсынысын ешкім қолдай қоймады, сөйткен соң мистер Дейвис теріс айналды да, саусағын жоғары көтеріп:
— Ондай жағдайда босқа тұра бермейік. Бізді үйдің иелері тосып отыр, - деді.
Бұл сөзді естіген қонақтардың әлпетінен азды-кем абыржығандары аңғарылды. Үйдің иелері еске салынғаны оларды сансыратып жібергендей болды.
Дейвис қолымен белгі берді. Қабырғаға сүйеніп тұрған біреу орнынан қозғалып, бұлардың қасына келді. Аяғын теңселе басуы теңізші екенін аңғартатын.
Беті күнге тотыққан, қара-қоңыр көзі кісіге тіктеп қараудан тайсақтай береді.
— Дайынсыздар ма, леди және джентльмендер? - деп сұрады ол — Қайық күтіп түр сіздерді. Тағы екі мырза бар, өз машиналарымен келмек, бірақ мистер Оним оларды күтпеуге әмір етті: қашан келетіндері белгісіз.
Жиналған жұрт теңізшіге ілесіп, тастан қаланған келтелеу молмен жүріп кетті. Молдың жанында моторлы қайық арқандаулы түр еді.
— Құйтақандай екен! - деді Эмили Брент.
— Керемет қайық, мэм, өте жақсы қайық, - деп қарсылық білдірді теңізші. — Қалаған жеріңізге, тіпті Плимутқа болсын, көзді ашып-жұмғанша алып барады.
— Біз көппіз, сыймайтын шығармыз, - деп сот Уоргрейв оның сөзін күрт бөліп жіберді.
— Бұған қазіргіден екі есе көп адам сияды, сэр.
— Демек, бәрі ойдағыдай, - деп сөзге араласты Филипп Ломбард. — Ауа райы тамаша, теңіз тыныш.
Мисс Брент кішкене қорғалақтағанымен, өзін қайыққа отырғызуға рұқсат етті. Оның соңын ала қалғандары да жайғасты. Бәрі де бір-бірін тосырқап, жатсынумен болды.
Үйдің иелері неліктен мынадай ала-құла қауымды шақырғанын түсінбей дал боп отырғандай түрлері бар-ды.
Жүзбекке енді-енді оқталған кезде теңізші — ол арқанның ұшын қолына ұстап та тұрған -қалт тұра қалды. Биік жотаға асылған жолмен құлдилап деревняға автомобиль кіріп келе жатыр еді. Керемет қуатты әрі көз жауын алардай көркем машина бүл арада ғажайып бірдеңе пайда болғандай әсер етті. Рөлде жас жігіт отыр, шашын жел желбіретіп түр. Батып бара жатқан күннің шапағына оранған оны құдды солтүстік аңыз-жырларындағы жас құдайға балауға да болатын. Жас жігіт гудокты басты, жағалаудағы жартастар гудоктың аңыраған зор дауысына жаңғырықпен жауап қатты.
Сол кезде Антони Марстон бұларға қатардағы қарапайым пенде емес, көктен түскен кереметтей көрінген. Осы бір алабөтен көрініс бәрінің есінде сақталып қалды.
4
Мотор жанында отырған Фред Нарракотт: жиналған жамағат таңғалуға тұрарлық екен, деп ойлады. Мистер Онимнің қонақтарын көз алдына мүлдем басқаша елестеткен. Бұлардан әлдеқайда келісті, көрсе көз тойғысыз болар, деп болжалдаған. Үлде мен бүлдеге оранған келіншектер, яхтсмен костюмін киген еркектер, - бір сөзбен айтқанда, өңкей ығай мен сығай шығар, деген.
Қонақ деп ана мистер Элмер Робсонның қонақтарын айтсаңшы. Фред Нарракотт миығынан күлді. Қалай көңіл көтерді дейсің олар - шайтан да қызғаныштан бармағын шайнаған болар, ал қалай ішті дейсің олар!..
Мистер Оним, сірә, басқадай мінездің адамы шығар. "Мистер Онимді де, оның зайыбын да бірде-бір мәрте көрмегенім қызық, — деп ойлады Фред. — Ол мұнда бір рет те болса келген жоқ, мүлдем төбе көрсетпеді. Бәрін мистер Моррис билеп-төстеп, бәріне өзі төлем жасайды. Не істеу керегін нақпа-нақ айтады, ақшаны бірден төлейді, бірақ бәрібір бұл аса оңған іс емес. Газеттерде мистер Онимнің әлденендей құпиясы бар деп жазды. Солай болса, солай да шығар. Әлде аралды шынымен-ақ мисс Габриелла Терл сатып алды ма екен?"
Бірақ жолаушыларды көзімен шолып өткен ол бұл жорамалдан бірден бас тартты. Кино жұлдызына бұлар қайдан компания болмақ? Ол серіктеріне сынай қарады. Кекірейіп қалған кәрі қыз, ол мұндайлардың талайын көрген. Және көк долы, онысы айтпай-ақ көрініп тұр. Қария — сырт пішініне қарап оны әскер үшін жаратылған - ау дейсің. Әп - әсем жас қыз, бірақ алып бара жатқан дәнеңесі жоқ - голливудтік сылаңдаған сұлулар сүйкімінің жұқанасын да таппайсың.
Ал ана жайдары мінезді қарапайым джентльмен - әсте джентльмен емес, жұмысынан жалыққан әншейін ғана саудагер, деп ойлады Фред Нарракотт. Есесіне әне бір ашаң, көзі өткір джентльменнің бойында шынымен бір ерекшелік бар сияқты. Сірә, соның ғана киноға әлденендей қатысы болуы мүмкін.
Кино жұлдызына компания құрауға барлық жолаушының ішінде тек ана өз машинасымен келген жігіт қана лайық. Және қандай машинамен келді дейсің! Мұндай машинаны Стиклхевнде жан баласы көрген емес. Шамасы, бағасы удай шығар, әлденеше жүз фунт тұратын болар. Ақшасы пішен екені көрініп түр. Міне, жолаушылардың бәрі сондай болса, онда әңгіме де басқа...
Иә, ойлап қарасаң, мұнда бір кілтипан бар сияқты...
Суды ақ көбіктендіре заулаған қайық жартасты орағытты. Сол арада олар үйді де көрді. Аралдың оңтүстік жағы солтүстік бетіндей емес, теңізге қарай бірте-бірте тайпылдана беретін. Үй оңтүстік беткейден орын теуіпті - аласалау, төрт бұрышты, қазіргі заманғы үлгіде салынған, сресен үлкен дөңгелектенген терезелері бар. Әп-әдемі үй екен - әйтеуір бүл үй жұрттың бәрінің көңілінен шықты.
Фред Нарракотт моторды өшірді, қайық зырғып барып жартастар арасындағы шолақтау табиғи шығанаққа кірді.
— Жауын-шашында мына жағалауға жақындау қиын шығар, - деді Филипп Ломбард.
— Оңтүстік-шығыс желі соққанда, - деп сергек үн қатты Фред Нарракотт, — жағалау түгіл аралдың өзіне жақындау мүмкін емес. Бір апта бойы, кейде одан да көп уақыт құрлықтан оқшауланып қалады.
"Азық-түлік жеткізу жағы оңайға түспейтін шығар. Арал атаулының жаман жері - мұнда шаруашылық жүргізу қиын", - деп ойлады Вера Клейторн.
Қайықтың борты жартасқа тірелді — Фред Нарракотт жағаға секіріп түсті, сосын Ломбард екеуі қалғандарының түсуіне көмектесті. Қайықты шығыршыққа байлаған Нарракотт тастан ойылған тепкішектермен жолаушыларды жоғары қарай бастады.
— Жаман көрініс емес! - деді генерал Макартур. Бірақ көңілі құлазып, мазасы болмай түр еді. "Қалай дегенмен, бүл өзі онша оңған жер емес секілді", - деп ойлады ол
Сөйтіп, тас тепкішектермен жүріп өткен топ ақыры алаңқайға шықты, осы арада жұрттың жүзі де жадырап сала берді. Шалқасынан ашылған есіктің алдында маңғаз тұрпатты малай түр еді - оның сәнді киімі мен салиқалы кейпі көңілдерін сабасына түсіргендей болды. Үйдің өзі де көркімен көз тартып түрған, алаңқайдан аян болған пейзаж да керемет әдемі тұғын.
Түр-келбеті келіскен, ұзын бойлы, ашаң, ақ шашты малай қонақтардың алдынан шықты.
— Былай қарай өтуге рақым етіңіздер, - деді ол
Далиған кең холда қонақтарды ұзыншұбақ боп қатар түзген бөтелкелер тосып түр еді. Антони Марстон жымың - жымың етті.
"Мынадай қарағымдарды қайдан ғана қазып әкелді екен? - деген ой кешті ол - Мені бұлармен не жақындастыруы мүмкін? Өзімді осында шақырғанда ана Жирен не ойлаған? Бір жақсысы, әйтеуір мұнда ішімдікке сараңдық жасалмайды екен. Мұз да жеткілікті. Не деп жатыр ана малай?"
— Өкінішке қарай, мистер Онимге шаруалары қол байлау боп түр — ол ертең ғана келеді. Маған қонақтардың барлық тілегін бұлжытпай орындау тапсырылды - қонақтар өз бөлмелеріне өтуге қалай қарайды? Түскі ас сегізде беріледі...
6
Вера миссис Роджерстің соңынан еріп баспалдақпен жоғары көтерілді. Күтуші әйел дәліздің соңындағы есікті айқара ашты, Вера екі үлкен терезесі бар, керемет сәнді жатын бөлмеге өтті. Бір терезеден теңіз көрініс беретін, екіншісі шығыс жақ бетке қарайтын. Мәз-мейрам боп қуанғаны сонша, Вераның дауысы шығып кетті - бөлме оған айрықша ұнаған еді.
— Керек нәрсенің бәрі бар шығар мұнда, солай ма, мисс? - деді миссис Роджерс.
Вера жан-жағына қаранды. Шамаданы да бөлмеге кіргізілді. Есіктердің бірі көгілдір кафельмен қапталған ванна бөлмесіне бастайды екен.
— Иә-иә, бар екен.
— Бірдеңе қажет бола қалса қоңырау шалыңыз, мисс.
Миссис Роджерс бірсарынды әуенмен ыңылдай сөйлейтін. Вера оған әуестік білдіре қарады. Өңі оңған шүберектей, қан жоқ, сөл жоқ - аумаған тірі аруақ! Шашын бір уыс қып түйген, үстінде қара көйлек. Қысқасы, кескінінен кемістік табу қиын. Бірақ көгілдірлеу көзі жан - жағына тынымсыз жалтақтай береді.
"Бұл тіпті өз көлеңкесінен өзі қорқатын болуы керек", деп ойлады Вера. Солай болса, солай да шығар. Миссис Роджерстің түрінен бойында бір керемет үлкен үрей бары байқалатын. Вераның денесі қалтырап кетті. Бүл әйелдің сонда неден қорқуы мүмкін? Алайда дауыстап, сыпайы түрде былай деді:
— Мен миссис Онимнің жаңа хатшысымын. Айтпақшы, мұны өзіңіз де білетін шығарсыз.
— Жоқ, мисс, мен ештеңе де білмеймін, - деді миссис Роджерс. — Мен тек қонақтардың аты-жөні мен кімді қай бөлмеге орналастыру қажеттігі көрсетілген тізімді ғана алдым.
— Миссис Оним мен туралы сізге ештеңе айтқан жоқ па? - деп сұрады Вера.
— Миссис Онимді көрген емеспін, - деп кірпігін жыпылықтатты миссис Роджерс. — Біз екі күн бұрын ғана келдік.
"Мына Онимдер секілді адамдарды өмірі кездестірсем неғылдейсің", деп ойлады Вера. Бірақ дауыстап:
— Мұнда басқа да қызметшілер бар ма? - деді.
— Тек Роджерс екеуіміз ғана, мисс.
Вера қабағын шытты: сегіз адам, үйдің иесі мен бибісін қосқанда — он, бірақ бар болғаны екі-ақ малай.
— Мен асты жақсы пісірем, — деді миссис Роджерс.— Роджерс үйдегі басқа шаруаларды атқарады. Сөйткенмен, олар қонақты осынша көп шақырады ғой деп ойламағам.
— Үлгересіз бе? - деп сұрады Вера.
— Алаңдамай-ақ қойыңыз, мисс, үлгерем. Егер қонақтар жиі келетін болса, онда миссис Оним маған тағы біреуді көмекке беретін шығар деп ойлаймын.
— Береді ғой, - деді Вера.
Миссис Роджерс көлеңке құсап дыбысын білдірмей кетіп қалды.
Вера терезе алдына келіп, жақтау етегіндегі тақтайға отырды. Бойын әлденендей бір мазасыздық билеп алғанды. Мына жердегінің бәрі оған оғаш сияқты көрінді - Онимдердің өз үйінде болмауы да, өңі қуқыл тартып кеткен, аруаққа ұқсас миссис Роджерс те. Ал қонақтар жайын айтпаса да болады: мұндай ала-құла қауымның бір жерден бас қосуы өте сирек кездесетін шығар. "Онимдермен алдын-ала танысып алмағаным қандай өкінішті... Неғылған адам екен олар..." деп ойлады Вера.
Тұрып, неғыларын білмей, бөлмені кезіп жүріп кетті. Қазіргі заманғы ең соңғы үлгіде жарақталған керемет жатын бөлме. Жарқыраған паркет еденге ақсары кілем төселген, ақшылтым түсті қабырғалар, құйттай лампалар көмкерген ұзын айна. Камин сөресінде ешқандай әшекей жоқ, тек бүгінгі күннің үрдісіндегі мүсін түр — ақ мәрмәрдің үлкен кесегінен ойылған дығал аю, оған сағат қондырылған. Сағаттың үстіндегі жалтыраған темір жақтауда өлең жолдары жазылған пергамент парағы бар. Вера жақындап келді — бұл өзі кішкентай кезден білетін, балаларға арналған ескі санамақ болатын:
Он негр баласы тамақ ішуге барды,
Біреуі шашалып өлді, тоғызы ғана қалды.
Тоғыз негр баласы сосын жатып демалды,
Біреуі оянбады, сегізі ғана қалды.
Сегіз негр баласы Девонға қарай салды,
Біреуі оралмады, жетеуі ғана қалды.
Жеті негр баласы отынға кесті талды,
Біреуі өзін-өзі шапты, алтауы ғана қалды.
Алты негр баласы омартадан бал алды,
Ара шақты біреуін, бесеуі ғана қалды.
Бес негр баласы шығарды сотта жанжалды,
Біреуіне жаза берілді, төртеуі - ақ қалды.
Төрт негр баласы теңізге шомылуға барды,
Біреуі жемге алданды, үшеуі ғана қалды.
Үш негр баласы айуанханаға аттанды,
Біреуін аю талады, екеуі ғана қалды.
Екі негр баласы күн көзінде демалды,
Біреуі күйіп кетті - ана жазған жалғыз қалды.
Соңғы негр баласы шаршады, тыныс алған жоқ,
Барды да өлді асылып, енді ешкім қалған жоқ.
Вера езу тартты: түсінікті нәрсе ғой — Негр аралы емес пе! Ол теңізге қарайтын терезеге келіп, жақтау асты тақтайына отырды. Қарсы алдында шетсіз де шексіз теңіз көлбеп жатыр. Жер бедері көрінбейді — қайда қарасаң да бетінде болар-болмас толқын ойнаған, батар күннің шапағына шомылған көкпеңбек су.
Теңіз... Бүгін жұп-жуас, ал кейде сұмдық қатыгез... Ол түбіне тартып әкетеді. Суға батып кетіпті... Суға кеткенді тауыпты... Теңізге батып кетіпті... Батып кетіпті, батып кетіпті, батып кетіпті... Жоқ, ол еске түсірмейді... Бұл турасында ойланбайды! Мұның бәрі өткен іс.
7
Дәрігер Армстронг Негр аралына күн бата келіп жетті. Жолшыбай жергілікті тұрғынмен — қайықшымен мылжыңдасты. Негр аралының қожайындары жайында бірдеңе білгісі келген, алайда Нарракотт, таңғаларлығы, дәнеңе білмейтін боп шықты, әлде, бәлкім, айтқысы келмеген болар. Сондықтан дәрігер Армстронгқа ауа райы мен балық аулау жайын тілге тиек етумен шектелуге тура келді.
Ол рөлде ұзақ уақыт отырған және қатты шаршаған. Көзі ауырып түр еді. Батысқа қарай бет алғаныңда күні бойы күн көзіңді қариды да тұрады. Шаршағанда да әбден сілесі қатты! Теңіз және тыныштық - міне, оған керегі осы. Әрине, ұзағырақ демалғаны тәуір болар еді, бірақ, өкінішке қарай, өйтетін мүмкіндігі жоқ. Рас, қаражат жағынан қысылмайтын, бірақ айналысып жүрген ісінен де ұзақ мерзімге қол үзе алмайтын. Ондай жағдайда клиенттеріңнен айрылып қалуың ғажап емес. Атағы дүрілдеп тұрған қазіргі шақта іркіліс жасау жайын ауызға алуға да болмайды. "Бәрібір, - деп ойлады ол, -құрығанда бір күнге Лондонды да, Харли-стритті де, басқа нәрселерді де - бәрін естен шығарайын, өзімді онда ешқашан қайтып оралмайтын адамдай сезінейін".
"Арал" деген сөздің өзінде әлденендей тартымды, сиқырлы сыр бар. Аралда тұрған кезіңде былайғы дүниемен байланысыңды үзесің; арал - өз алдына бөлек дүние. Қайтып оралмай, қалып қоюың да ықтимал дүние. "Күйкі тірлікке толы күнделікті өмірді артта қалдыра тұрайын", деп ойлады ол Езуіне күлкі үйірілді: болашақта не істейтіні жайында керемет қызық жоспар жасауға кірісіп те кеткен. Тастан ойылған тепкішектермен жоғары көтеріліп келе жатқан кезінде де езуінен күлкі арыла қоймаған.
Алаңқайдағы креслода бір қария отыр еді — әлпеті дәрігер Армстронгқа таныс секілді көрінді. Тарбақаның бетіндей осынау кеспірді, иығына қарай ендеп кеткен, тасбақаның мойнындай осынау қылдырықтай мойынды, ең бастысы - өңменіңнен өтердей боп тесірейген осынау көгілдір көзді оның қайдан көруі мүмкін еді? Ау, әрине, бүл кәртамыс сот Уоргрейв қой. Бір жолы оның сот мәжілісінде куәлік еткені бар. Түріне қарап оны әманда ұйқылы-ояу жүретін біреу деп қалуға болатын, бірақ ешкім оны алдап кете алмайтын. Қазылар алқасы алдында беделі зор еді: жұрттың айтуынша, қандай құрамдағы алқаны болсын отырғызып кетуге шамасы жететін. Ақталудың аз-ақ алдында тұрған айыптыға амалын тауып қатаң үкім шығарған кездері де аз емес-ті. "Мантия киген жендет" атанып кетуі тегін деймісің. Оны осы жерден жолықтырам деп ойласашы.
8
Сот Уоргрейв: "Армстронг па бұл? Оның қалай куәлік еткені есімде. Өте сақ, аяғын аңдап басады. Дәрігер атаулының бәрі — мәжнүн. Ал анау Харли-стриттегілер бәрінен де өткен миғұла", деп ойлады. Сосын, әдейі табалағандай, тап сол көшеде тұратын бір жылмақаймен арада болған әңгімесін еске алды.
Бірақ, дауыстап:
— Ішімдіктер холда, - деп күңк етті.
— Үйдің иелерімен амандасып шығуым керек, - деді дәрігер Армстронг.
Сот Уоргрейв көзін жұмды, осының салдарынан қабыршақты кесірткеге ұқсастығын одан әрмен күшейте түсті:
— Бұл мүмкін емес, - деді ол
— Неліктен? — деді дәрігер Армстронг аң-таң болып.
— Мұнда үйдің қожайыны да, бибісі де жоқ, - деді сот. — Бұл бір жұмбақ үй болып түр өзі. Түк ештеңе түсіне алмай отырмын.
Дәрігер Армстронг оған бажырая қарап қалды. Сәлден кейін, бұған қария қалғып кеткендей боп көрінген кезде, Уоргрейв оқыстан:
— Констанция Калмингтонды білесіз бе? - деп сұрады.
— Өкінішке қарай, білмейді екем.
— Оқасы жоқ, - деді сот. — Ол өзі барып тұрған алаңғасар әйел екен, қолтаңбасын да адам танып болмайды. Мені басқа бір жерге келіп қалған жоқпын ба деген ой мазалай бастады.
Дәрігер Армстронг басын шайқады да, үйге қарай өтіп кетті. Ал сот Уоргрейв тағы бірсыпыра уақыт Констанция Калмингтон жайында ой кешіп отырды: сенім білдіруге болмайтын әйел, бірақ, жалпы, әйелдерге сенім білдіруге бола ма өзі?.. Сол арада ойы өзімен бірге келген екі әйелге — ернін жымқырып алған кәрі бикеш пен жас қызға қарай ойысты. Қыз оған ұнаған жоқ — салқынқанды жыртақай. Жоға, мұнда екеу емес, үш әйел бар екен ғой, егер миссис Роджерсті қосып есептер болса. Бұл да бір қызық апай, әманда көзіне қос көрініп жүретін секілді. Ал, жалпы алғанда, Роджерстер — шынымен құрмет тұтуға лайық жұп, шаруаларына мытым.
Сол арада алаңқайға мистер Роджерс шықты.
Үйдің иелері мұнда леди Констанция Калмингтонды шақырды ма екен, білмейсіз бе?
Роджерс оған таңырқана қарады:
— Бұдан ешқандай хабарым жоқ, сэр.
Сот жауап орнына қабағын шытпақ болған, бірақ мырс етті де қойды. "Негр аралы деп тегіннен-тегін аталды деймісің бұл, бәрі де қараңғылық құшағында", деп ойлады ол.
9
Антони Марстон ваннада жатыр еді. Ыстық судан жаны рақат тауып, машинамен ұзақ сапардан кейін тыңайып жатқан. Ол ойға беріліп онша ит-әуре бола қоймайтын. Ләззат пен әрекет үшін өмір сүретін.
"Жарар — бір амалын табармын", - деп шешті ол, сөйтті де барлық ойды басынан біржола сыпырып тастады.
Ыстық ваннада осылай жата тұрады, тың күш жинайды, қырынады, коктейль ішіп алады, түскі ас ішеді... Сосын не болады?
10
Мистер Блор галстугын байлап жатты. Осыған ебі келмей-ақ қойды. Айнаға қарады: дұрыс боп шықты ма екен? Дұрыс сияқты.
Мұндағылар оған онша елпілдеп тұрған жоқ... Бір-біріне күдіктене қарайды, бірдеңені сезіп те қойғандай... Алайда, бәрі өзіне байланысты. Ол өз ісін біледі және оны орындап та шыға алады. Блор каминнің үстіңгі жағында жақтауда тұрған санамаққа көз салды. Жаман өлең емес.
"Бала кезімде осында болып қайтқаным есімде, - деп ойлады ол — Бұл аралда мынадай іспен айналысам деген нәрсе қаперіме кірмепті. Бір жақсысы, әйтеуір күні ертең қандай кепке тап болатыныңды алдын-ала білмейсің..."
11
Генерал Макартур ауыр ойға беріліп кетті. Антұрған, неліктен бәрі соншалықты жұмбақ! Өзі күткендегіден мүлдем бөлек... Құйттай бір мүмкіндік болса, жоқтан өзгені сылтау ғып жөнеп кетер еді... Мұнда бір минут та отырмас еді... Бірақ қайық кетіп қалды. Сондықтан, қаласаң да, қаламасаң да, осында болуыңа тура келеді. Ал, ана Ломбард деген — күдікті адам. Алаяқ біреу. Олла-біллә, алаяқ.
12
Гонгтың алғашқы даңғырынан кейін-ақ Филипп бөлмеден шығып, баспалдаққа қарай бет алды. Ягуар сияқты жеп-жеңіл әрі дыбыссыз қозғалып келе жатқан. Жалпы алғанда, оның түр-пішінінде де ягуарды еске салатын бірдеңе бар секілді еді. Әп-әсем жыртқыш — ол, міне, осыны ойға түсіретін. Бар-жоғы бір апта ғана, деп езу тартты Филипп. Несі бар, бұл уақытты ойдағыдай өткізетіні кәміл
13
Түскі асқа барар алдында қара жібек киімдерін киген Эмили Брент жатын бөлмесінде Тауратты оқып отыр еді.
Еріні жыбыр-жыбыр етеді:
"Халықтар өздері қазған апанға құлады; жасырын құрған торларына аяқтары шырматылып қалды.
Жаратқанды жұрт ол жүргізген сот арқылы таныды; күнәкар өз қолымен істеген істері бойынша құрықталды. Күнәкарлар тозаққа тоғытылады..."
Ол ернін жымырды. Тауратты сарт еткізіп жапты.
Орнынан тұрып, өңіріне сұрғылт хрусталь түйреуіш тақты да, түскі ас ішуге төмен түсті.
Үшінші тарау
1
Түскі ас ішу аяқталып келе жатыр еді. Тамақ сондай дәмді, шараптар аса ұнамды болатын. Роджерс мүлтіксіз қызмет етті.
Қонақтардың көңіл күйі көтеріліп, гу-гу әңгіме басталды. Жақсы портвейн буынын босатыңқырап қойған сот Уоргрейв өзіне тән кекесінді мәнерде әлдебір қызықты хикаяны әңгімелеп жатты; дәрігер Армстронг пен Тони Марстон тыңдап отырды. Мисс Брент генерал Макартурмен шүйіркелесе бастады — олардың ортақ таныстары бар боп шықты. Вера Клейторн мистер Дейвиске Оңтүстік Африка жайында салиқалы сауалдар беріп жатты. Мистер Дейвис жауаптан тосыла қойған жоқ. Ломбард олардың әңгімесіне құлақ сап отырған. Бір-екі рет Дейвиске аңтарыла қарап қалды, көзі сығырайып кетті. Әредік -әредік үстел жаққа назар аударып, дастарқандастарын жіті көзбен шолып отырды.
— Мына мүсіншілерді қараңыздар! - деп дауыстап жіберді кенет Антони Марстон.
Дөңгелек үстелдің ортасында тұрған әйнек үйкөкке кішкене фарфор мүсіншілер шеңбер түрінде орналасыпты.
— Түсінікті ғой, — деп қосып қойды Тони, — арал Негр аралы аталатындықтан негр балаларынсыз бола ма.
Мүсіншелерді жақыннан көру үшін Вера ілгері ұмсынды:
— Қызық, қанша екен өздері? Он ба?
— Иә, он.
— Сондай сүйкімді-ақ! - деді Вера елжіреп. — Оу, бұлар санамақтағы он негр баласы ғой. Санамақ бөлмемде камин үстіндегі жақтауда ілулі тұр.
— Менің де бөлмемде бар, - деді Ломбард.
— Менің де.
— Менің де, — десіп жұрт шуласып кетті.
— Өте орынды ойлап табылған нәрсе екен, солай емес пе? - деді Вера.
— Баланың ермегі ғой, - деп күңк ете қалған сот Уоргрейв өзіне портвейн құйып алды.
Эмили Брент пен Вера Клейторн бір-біріне көз тастады да, орындарынан көтерілді.
Айқара ашылған әйнек есіктен жартасқа келіп соғылып жатқан тегеурінді толқынның шуылы асханаға жақсы естіліп тұрған.
— Теңіздің шуылын ұнатам, - деді Эмили Брент.
— Ал мен оны жек көрем, - деп салды Вера.
Мисс Брент оған таңырқай көз тікті. Вера қызарып кетті де, өзін-өзі тежеп:
— Меніңше, дауылды күні мұнда адам өзін өте жайсыз сезінетін секілді, - деп қосып қойды.
Эмили Брент келісті.
— Қыста үйді құлыптап тастайтын шығар, - деді ол — Өйткені, басқасын айтпағанда, күтушілерді қыстап шығуға қандай ақшаға болсын көндіру қиын соғар.
— Аралда тұруға келісетін күтушілерді табу, жалпы, қиын ғой, - деп міңгірледі Вера.
— Миссис Оньонның күтушіге жолы болған екен. Миссис Роджерс тамақты керемет дәмді әзірлейді, - деді Эмили Брент.
"Егде тартқан кісілердің адамның аты-жөнін шатастыра беретіні қызық", деп ойлады Вера.
Айтқаныңызға әбден қосылам, миссис Онимнің шынымен-ақ жолы болған.
Мисс Брент сөмкесінен кестесін енді ғана шығарып, инеге жіп өткізіп жатқан — инесін қолына ұстаған күйі аңтарылып қалды.
Оним дейсіз бе? Сіз Оним дедіңіз бе? - деп қайталап сұрады.
— Иә.
— Ешқандай Оним дегенді білмеймін, - деп шорт кесті Эмили Брент.
Вера оған қадала қарады:
— Қалайша...
Ол сөзін аяқтап үлгерген жоқ. Есік ашылды да, еркектер ішке кірді. Олардың соңынан Роджерс еріп келе жатты — қолында кофе қойылған подносы бар еді.
Сот мисс Бренттің қасына келіп отырды. Армстронг Нераның жанына жайғасты. Тони Марстон ашық тұрған терезеге қарай бет алды. Блор мыстан құйылған мүсіншеге абдырай көз тігіп қалған - осынау ақылға сыйымсыз қиқы - жиқы бұдырлар мен иректер әйелдің дене бітімін бейнелейді дегенге қайтсе де сене алмай әуреге түскен түрі бар-ды. Камин сөресіне сүйенген генерал Макартур қысқалау бурыл мұртын жаймен ширатып тұрған. Бұдан артық қандай түскі ас болушы еді. Көңіл күйі әжептәуір жақсарып қалған. Ломбард қабырға жанындағы кішкене үстелде жатқан коп журналдың арасынан "Панчты" алып, парақтай бастады. Роджерс қонақтарға кофе таратып жүрді.
Ыстық та қою кофе аса ұнамды болатын. Ас та ток әрі дәмді түскі астан кейін қонақтар өмірге де, өздеріне де дән риза еді. Сағат тілі тоғыздан жиырма минут кеткенін көрсетіп тұрған. Үнсіздік орнап қалды - жан рақатына бөлейтін бөлекше үнсіздік. Осы сәт ойламаған жерден үнсіздікті бір ДАУЫС бұзып жіберді. Зәре иманыңды алып, жүрегіңді тас төбеңе шығаратын бұл сұмдық үрейлі дауыс бөлмеге баса-көктеп кіріп келді:
— Ханымдар мен мырзалар! Тыныштық сақтаңыздар!
Жұрттың бәрі селк ете қалды. Жан-жағына жалтақтап, бір-біріне, қабырғаларға қарағыштады. Кім екен бұл сөйлеп тұрған? Ал айқын да анық қатқыл дауыс сөзін жалғастыра берді:
— Сіздерге мынадай айып тағылады:
Эдуард Джордж Армстронг, сіз 1925 жылғы 14 наурыз күні дүние салған Луиза Мэри Клиистің өліміне жауаптысыз.
Эмили Каролина Брент, сіз 1931 жылғы 5 қарашада қайтыс болған Беатриса Тейлордың өліміне кінәлісіз.
Уильям Генри Блор, сіз 1928 жылғы 10 қазанда дүниеден өткен Джеймс Стивен Ландордың өліміне себепкер болдыңыз.
Вера Элизабет Клейторн, сіз 1935 жылғы 11 тамызда Сирил Огилви Хамилтонды өлтірдіңіз.
Филипп Ломбард, сіз 1932 жылғы ақпан айында шығыс — африкалық тайпаның жиырма адамына ажал таптырдыңыз.
Джон Гордон Макартур, сіз 1917 жылғы 4 ақпанда әйеліңіздің нақсүйері Артур Ричмондты қасақана өлімге айдадыңыз.
Антони Джеймс Марстон, сіз өткен жылғы 14 қарашада Джон мен Люси Комбсты өлтірдіңіз.
Томас Роджерс пен Этель Роджерс, сіздер 1929 жылғы 6 мамырда Дженнифер Брейдиді бақиға көшуге мәжбүр еттіңіз.
Лоренс Джон Уоргрейв, сіз 1930 жылғы 10 маусымда шейіт болған Эдвард Ситонның өліміне кінәлісіз.
Айыпкерлер, өздеріңізді ақтап алу үшін не айта аласыздар?
Дауыс тынды.
Сәл ғана уақытқа жым-жырт тыныштық орнады, сосын Салдыр-гүлдір еткен құлақ тұндыратын дыбыс шықты. Роджерс подносты қолынан түсіріп алған еді. Сол бойда-ақ дәлізден ащы айқай мен дүңк етіп жерге құлаған дененің тұншығыңқы дыбысы естілді.
Бірінші боп Ломбард атып тұрды. Есікке тұра ұмтылып, оны шалқасынан ашып тастады. Еденде миссис Роджерс сұлап жатыр еді.
— Марстон! - деп айқайлады Ломбард.
Антони оған дереу көмекке келді. Екеуі әйелді көтеріп қонақ бөлмеге кіргізді. Дәрігер Армстронг жүгіре басып олардың жанына жетті. Миссис Роджерсті диванға жатқызуға қолұшын беріп, дәрігерлік жәрдем жасауға кірісті.
— Қорқатын дәнеңе жоқ, - деді ол, — талып кеткен, бар болғаны сол-ақ. Ұзамай есін жияды.
— Коньяк әкеліңіз, - деп әмір етті Ломбард Роджерске.
— Роджерстің өңі аппақ қудай боп кеткен-ді, қолы қалтырап тұрған.
— Мақұл, сэр, - деп естілер-естілмес тіл қатқан ол бөлмеден шыға жөнелді.
— Жаңағыны айтқан кім болды екен? Ол қайда жасырынды екен? - деп Вера сұрақты жаудырып жіберді. — Әлгі дауыс... сондай ұқсас... сондай ұқсас...
— Бұл не пәле өзі? — деп міңгірледі генерал Макартур. — Бізді күлкі-мазақ етіп қалжыңдап жүрген кім?
Қолы дірілдеп, жауырыны құнысып кеткен болатын. Баршаның көз алдында он жасқа қартайып сала берген-ді.
Блор орамалмен бетін сүртіп жатты. Тек сот Уоргрейв пен мисс Брент қана міз бақпай отыра берді. Оқтау жұтқандай тіп-тік Эмили Брент басын кекжитіп алған-ды. Екі бетінің қызарған жерлері ғана күреңіте көзге ұрып тұрған. Сот өзінің дағдылы позасында — басын иығына қарай тартып алған қалпында қалған, ал қолымен құлағын қасып отырған. Алайда байқағыш та аңғарғыш өткір көзі бөлме ішін секем ала сүзіп тұр еді.
Тағы да Ломбард бірінші боп ес жиды. Армстронг миссис Роджерсті қарап жатқан кезде Ломбард еті тірілігін байқатып:
— Маған дауыс мына бөлмеден шыққандай көрінді, - деді.
— Сонда кім ол? - деді Вера жұлып алғандай. — Кім? Біздің ешқайсымыз сөйлемегеніміз белгілі ғой.
Сотқа ұқсап Ломбард та бөлмені көзбен асықпай шолып өтті. Ашық тұрған терезеге көз тоқтатқандай болған, бірақ сол бойда - ақ үзілді-кесілді бас шайқады. Кенет көзінен от ұшқындады. Сосын камин жанындағы, іргелес бөлмеге бастайтын есікке қарай ұмтылды. Есікті айқара ашып жіберіп, ішіне кіріп барды.
— Ойлағанымдай болды да шықты, - деген дауысы естілді іштен.
Қалғандары топырласып жанына жетті. Тек мисс Брент қана дүрмекке ілеспей орнында қала берді.
Жапсарлас бөлменің қонақ бөлмемен ортақ қабырғасына кішкене үстел тақап қойылыпты. Үстелде ескі үлгідегі граммофон тұр — кернейін қабырғаға тіреп тастапты. Ломбард граммофонды былай ысырған кезде жұрттың бәрі қабырғада болар-болмас бірнеше тесік барын көрді - сірә, жіңішке бұрғымен тесілсе керек.
Ол граммофонды қосып, инені пластинкаға қойды, жиналған жұрт сол арада:
— Сіздерге мынадай айып тағылады, - деген сөзді қайтадан естіді.
— Өшіріңіз! Өшіріңіз, жылдам! - деп баж-баж етті Вера. — Масқара ғой мынау!
Ломбард оның өтінішін қолма-қол орындады. Дәрігер Армстронг жеңілдене күрсініп алды.
— Меніңше, бұл әумесер біреудің әдепсіз әзілі секілді, - деді ол
— Сіз мұны әзіл деп ойлайсыз ба? - деп сұрады одан сот Уоргрейв бәсең дауыспен, бірақ дауысында зіл жатыр еді.
— Ал, сіздіңше, қалай? — Дәрігер оған тесірейе қарап қалды.
— Дәл қазір бұл мәселе жайында ештеңе ашып айта алмаймын, - деді үстіңгі ернін сипалап ойланып кеткен сот.
— Бері қараңыздар, бір нәрсені естен шығарып отырсыздар, - деп Антони Марстон олардың сөзін бөліп жіберді. — Граммофонды қосқан және пластинканы қойған қай антұрған?
— Дұрыс айтасыз. Мұны анықтау қажет, - деп міңгірледі Уоргрейв.
Ол қайтадан қонақ бөлмеге қарай өтті. Қалғандары соңынан ілесті.
Сол арада қолында бір бокал коньягы бар Роджерс есіктен бой корсетті. Мисс Брент ыңырсып жатқан миссис Роджерске қарай еңкейіп тұрған. Роджерс екі әйелдің арасына сыналана енді:
— Рұқсат етсеңіз, мэм, әйеліммен сөйлесейін. Этель, тыңдашы мені. Этель, ештеңеден қорықпашы. Қорқатындай дәнеңе жоқ. Естимісің? Көтер басыңды.
Миссис Роджерс ауыр тыныстап, ентігіп жатыр еді. Қонақтардың жүзіне сезіктеніп, үргелектене қарағыштай береді.
— Этель деймін. Басыңды көтерші! - деп Роджерс әйеліне жалынып жатыр.
— Қазір тәуір боп кетесіз, - деп тыныштандырды дәрігер Армстронг миссис Роджерсті. — Бұл әншейін әзіл ғана.
— Мен талып қалдым ба, сэр? - деп сұрады әйел
— Иә.
— Бәрі сол дауыстың - әлгі жексұрын дауыстың қырсығы, ол үкім шығарып жатқандай көрініп кетті. — Беті қайтадан қуқыл тартып, кірпігі жыпылықтады.
- Әлгі коньягы түскір қайда? - деп сұрады дәрігер Армстронг кіділеніп.
Роджерс бокалды кішкене үстелге әкеп қойды. Стақан дәрігерге берілді, ол оны ентіге демалып жатқан миссис Роджерстің аузына тосты:
— Ішіп жіберіңіз, миссис Роджерс.
Әйел ішті, бірақ шашалып, жөтелге булығып қалды. Әйтсе де, коньяк көмектесті — беті алабұртып сала берді.
— Бұрынғыдан жақсымын қазір, - деді ол — Күтпеген жерден болды ғой өзі - дегбірімнен айрылып қалдым.
— Енді ше, — деп Роджерс оны бөліп жіберді. — Мен де патнасты қолымнан түсіріп алдым. Бәрі де басынан аяғына дейін ойдан шығарылған жауыздық жала. Білер ме еді...
Бірақ осы арада оқыстан естілген жөткірінген дауыс оның сөзін үзіп кетті. Бұл сыпайы ғана, қысқа жөткірініс болатын, алайда ол малайдың қызды-қызды сөзін пышақ кесті тоқтатты. Малай Уоргрейвке қадала қарап қалды - анау тағы жөткірінді.
— Граммофонды қосып, пластинканы қойған кім? Сіз бе, Роджерс? - деп сұрады сот.
— Оның қандай пластинка екенін білдім бе екен, - деп Роджерс ақтала бастады. — Құдай атымен ант етейін, ештеңе білгем жоқ, сэр. Білсем, қояр ма едім?
— Оныңызға сенем, солай бола тұрғанымен, мұның жайын түсіндіріп бергеніңіз жөн, Роджерс, — деп тақымдады сот.
Малай орамалмен бетін сүртті.
— Мен тапсырманы орындадым, сэр, бар-жоғы сол-ақ, - деп ақталды ол
— Кімнің тапсырмасын?
— Мистер Онимнің.
— Мүмкіндігінше бәрін түгел айтып беріңіз маған. Мистер Оним сізге қандай тапсырмалар берді сонда? - деді сот Уоргрейв.
— Маған граммофонға пластинка қоюға әмір етілді, - деді Роджерс. — Мен пластинканы жәшіктен алуға тиіс болдым, ал өзім қонақтарға кофе беріп жатқан кезде әйелім граммофонды қосуға тиіс болды.
— Мүлдем ақылға қонымсыз нәрсе, - деп міңгірледі сот.
— Сізді алдап тұрған жоқпын, сэр, — деп ақталды Роджерс. — Құдай атымен ант етейін, ақ адал шыным. Мұның нендей пластинка екенін білсемші, хабарым болмады ғой одан. Сыртында жапсырмасы бар еді, ал онда атауы жазылған — бәрі кәдімгідей, сондықтан мұны әлденендей музыка шығар деп ойлағам.
Уоргрейв Ломбардқа жүзін бұрды:
— Пластинканың атауы бар ма?
Ломбард басын изеді.
— Дәп солай, сэр, - деп ол аппақ тістерін ақсита езу тартты. — Пластинка "Аққу әні" деп аталады.
3
Генерал Макартур шат-шәлекейі шығып ашуланды.
— Адам айтқысыз арсыздық! - деп айқайлады ол. — Әй-шәй жоқ жан түршігерлік айып тағу деген не сұмдық. Бір амалын жасауымыз керек. Әлгі анау Оним деген, ол кім болса да мейлі...
— Соны айтам, - деп оны Эмили Брент бөліп жіберді. Сосын шамырығып: — Кім ол өзі сонша? — деді.
Әңгімеге сот араласты. Әмірлі үнмен — сотта өткізген сан жылдар текке кетпеген екен — былай деді:
— Ең алдымен, біз мистер Оним дейтіннің кім екенін анықтауымыз қажет. Ал, сізден, Роджерс, әйеліңізді бөлмесіне апарып жатқызуыңызды, сосын осында қайтып оралуыңызды сұраймын.
— Құп болады, сэр.
— Сізге көмектесейін, Роджерс, - деді дәрігер Армстронг.
Миссис Роджерс — күйеуі мен дәрігер екеуі оны қолтығынан демеп келе жатқан -шатқаяқтай басып бөлмеден шықты. Олардың соңынан есік жабылған кезде Тони Марстон:
— Сізді білмеймін, сэр, ал өзім бірдеңе ішкім кеп тұр, - деді.
— Әбден болады, - деді Ломбард.
— Іздеп келейін, қай жерде не тұрғанын көрейін, - деді Тони, сосын бөлмеден шықты да, сол бойда қайтып оралды. — Ішімдік подноста, есіктің тап жанында бізді күтіп тұр екен.
Подносты үстел үстіне ұқыптап әкеп орналастырып, бокалдарды толтырды. Генерал Макартур мен сот су қосылмаған таза виски ішті. Бәрінің де сергіп алғысы келді. Тек жалғыз Эмили Брент қана өзіне бір стақан су әкеп беруді өтінді.
Ұзамай дәрігер Армстронг қонақ бөлмеге қайтып оралды.
— Қорқатын ештеңе жоқ, - деді ол - Оған ұйықтататын дәрі бердім. Не ішіп жатырсыздар? Менің де сіздерден үлгі алғаным жөн болар.
Еркектер бокалдарын қайта толтырды. Кішкенеден кейін Роджерс келді. Сот Уоргрейв тергеу ісін өз қолына алды. Сол бойда ақ қонақ бөлме тұтқиылдан жасақталған сот залына айналып шыға келді.
— Енді, Роджерс, мәселенің мән-жайына қанығуымыз қажет, - деді сот. — Мистер Оним дейтін кім өзі?
— Осы аралдың иесі, - деп Роджерс сотқа тесіле қарады.
— Бұдан хабарым бар. Бұл адам жайында өзіңіз не білесіз?
Роджерс басын шайқады:
— Сізге ештеңе де айта алмаймын, сэр, оны ешқашан көрген емеспін.
Қонақтар қозғалақтап қалды.
— Ешқашан көрген жоқсыз ба? - деп сұрады генерал Макартур. — Бұл не болғаны сонда?
— Зайыбымыз екеуміздің мұнда келгенімізге бар-жоғы бір-ақ апта. Бізді агенттік арқылы жалдаған болатын. Плимуттағы "Регина" агенттігі бізге хат жолдаған.
Блор бас изеді.
— Құрмет тұтуға боларлық байырғы фирма, - деп мәлім етті ол
— Сол хат өзіңізде бар ма? - деп сұрады сот Уоргрейв.
— Бізге жұмыс ұсынған хатты айтасыз ба? Жоқ, сэр. Оны сақтаған жоқ едім.
— Жарайды, айта беріңіз. Сіздерді жұмысқа хат арқылы жалдады ма, сонда?
— Иә, сэр. Қай күні келуге тиіс екеніміз ғана хабар етілді. Солай істедік те. Үй тап тұйнақтай екен. Азық-түлік қоры, бәрі бар. Бізге тек шаң-тозаңды сүрту ғана қалды.
— Одан соң не болды?
— Ештеңе болған жоқ, сэр. Бізге - тағы да хат арқылы - қонақтарға бөлмелерді әзір етіп қою әмір етілді, сосын кеше мистер Онимнен тағы бір хат алдым. Онда миссис Оним екеуінің кідіргелі жатқаны, сол себепті келген кісілерді барынша қонақжайлықпен қарсы алуымыз керектігі хабарланыпты. Оған қоса, онда түскі асқа қатысты тапсырмалар бар, ал түскі астан кейін, қонақтарға кофе ұсынған кезімде, маған пластинка қою жөнінде бұйрық берілген.
— Ең болмаса осы хатты да сақтаған жоқсыз ба? - деп сұрады сот кейістік білдіре.
— Сақтадым, сэр, бұл хат қалтамда.
Ол қалтасынан хатты алып, сотқа ұсынды.
— һім, — деді сот, — "Ритцтен" жіберілген, машинкамен басылған.
— Қарап шығуға рұқсат етіңізші? - деп Блор соттың жанына жетіп барды.
Соттың қолынан хатты жұлып алып, тезбе-тез көз жүгіртіп шықты.
— "Коронейшн" жазу машинкасы, - деп мыңқ етті ол — Су жаңа, зәредей ақауы жоқ. Қағаз да әдеттегідей, мұндайды жұрттың бәрі қолданады. Мұнда саусақ таңбасы сақталды деймісің.
Уоргрейв Блорға күдіктене қарап қалды. Антони Марстон хатқа Блордың желкесінен үңіліп тұрған.
— Үйіміз иесінің аты-жөні де оғаш-ақ. Алек Норман Оним. Тілің бұратылып қалады.
Сот қозғалақтап кетті.
— Сізге дән ризамын, мистер Марстон, - деді ол — Өте қызықты әрі ойлануға тұрарлық бір нәрсеге назарымды аудардыңыз. —Жиналғандарды көзбен шолып өткен сот ашу қысқан тасбақадай мойнын созып жіберіп: — Өзімізге мәлім деректерді ортаға салатын кез жетті -ау деймін. Әрқайсымыз үйдің иесі жайында білетініміздің бәрін түгел айтып беруге тиіспіз, — деді. Сосын, сәл үнсіз отырып, сөзін ормен жалғады: — Бәріміз де мұнда соның шақыруымен келдік. Әркім өзінің осында қалай тап болғанын түсіндіріп берсе, бұл баршамызға пайдалы болар еді, деп ойлаймын.
Үнсіздік орнады, бірақ оны бір дегеннен Эмили Брент бұзды.
— Мұның бәрі өте шүбәлі нәрсе, - деді ол — Қойған қолы анық оқылмайтын бір хат алдым. Бұдан екі-үш жыл бұрын жазда курортта танысқан бір әйел жіберген екен деп ойлағам. Меніңше, оның аты-жөні миссис Оден әлде Оньон ғой деймін. Миссис Оньонды білем, сондай-ақ мисс Оденді де білем. Бірақ менде Оним деген әулет есімді таныс та, дос та жоқ екеніне кәміл сенімдімін.
— Ол хат өзіңізде бар ма, мисс Брент? - деп сұрады сот.
— Иә, бар, қазір алып келейін.
Мисс Брент шығып кетті де, бір минуттан соң хатты алып қайтып оралды.
— Кейбір нәрсенің беті ашылып та келеді, - деді хатты оқып шыққан сот. — Мисс Клейторн?
Вера хатшы қызметіне қалай орналасқанын түсіндіріп берді.
— Марстон? - деді сот.
— Танысымнан, Жирен Берклиден жеделхат алдым, - деді Антони. — Таңырқап қалдым — оны Норвегияда жүрген шығар дегем. Ол менің тезірек осында келуімді өтінді.
Уоргрейв басын изеді.
— Дәрігер Армстронг? - деді ол.
— Мені мұнда кәсіби мамандығыма байланысты шақырды.
— Түсінікті. Бұл отбасын бұрын білетін бе едіңіз?
— Жоқ. Алған хатымда бір әріптесімнің ұсыныс білдіргені айтылыпты.
— Күмән келтірмеуіңіз үшін ғой, әрине, - деді сот. — Әріптесіңіз сол кезде өзіңіз хабарласа алмайтын шет — қиянда жүрді ғой, солай ма?
— Солай.
Ломбард — осы уақыттың өне бойында Блордан көз аудармай тұрған — аяқ астынан былай деді:
— Тыңдаңызшы, осы қазір ғана басыма мынадай...
Сот қолын көтерді:
— Сәл тоқтай тұрыңыз...
— Бірақ, маған..
— Белгілі бір рет тәртіпті сақтауымыз керек, мистер Ломбард. Қазір біз өзімізді осы аралға алып келген себептерді саралап жатырмыз. Генерал Макартур?
Генерал мұртын ширатып қойып, міңгір-міңгір етті:
— Хат алдым... әлгі Оним дейтіннен... Осы жерден жолықтыратын байырғы армиялық достарымның есімін атапты. "Рәсім сақтаймын деп жасқаншақтамай-ақ өзіңізге тікелей хабарласып отырғанымды айыпқа бұйырмассыз деп сенгім келеді", деп жазыпты. Хатты сақтағам жоқ.
— Мистер Ломбард? — деді Уоргрейв.
Ломбард жасырып-жаппай бәрін бірден жайып салсам ба екен деп дегбірсіздене ой кешіп кетті.
— Мен де сондай көпке душар болдым, - деді ол ақыры. — Ортақ таныстарымыздың есімі аталған шақыру қағазын алдым, сөйтіп қармаққа түсіп қалдым. Хатты жыртып тастағам.
Сот Уоргрейв мистер Блорға жүзін бұрды. Сот саусағымен үстіңгі ернін сипалап отырған, даусынан күдік тудырарлықтай кішіпейілділік сезіліп тұрған.
— Жаңа ғана біз мейлінше жайсыз минуттарды бастан кештік. Беймәлім жексұрын дауыс әрқайсымыздың атымызды атап, бас-басымызға белгілі бір айып тақты. Мұнымен кейін айналысамыз. Ал қазір бір жағдайды анықтап алғым келіп отыр: аталған есімдердің арасында Уильям Генри Блор дейтіннің аты-жөні бар. Білуімше, арамызда Блор есімді ешкім жоқ. Дейвистің есімі аталмады. Бұған не дейсіз, мистер Дейвис?
— Енді жасырынбақ ойнауда мән жоқ, - деді түнеріп сала берген Блор. — Дұрыс айтасыз, менің әулет есімім әсте де Дейвис емес.
— Демек, Уильям Генри Блор деген сіз боп шықтыңыз ба?
— Тап солай.
— Бұған азын-аулақ қосарым бар, — деп Ломбард сөзге киліге кетті. — Мұнда бөтен әулет есімімен жүргеніңіз өз алдына, оған қоса сіз барып тұрған суайтсыз. Оңтүстік Африкада, ондағы Натальда тұрдым деп соғасыз. Мен Оңтүстік Африканы білем, Натальды да білем, сол себепті онда өмірі болып көрмегеніңізге ант ішуге бармын.
Сегіз жұп көз Блорға қас қақпай қарап қалды. Күдіктене, жақтырмай қарады. Жұдырығын түйіп алған Антони Марстон оған тап беруге оқталды.
— Бұл сенің істеп жүрген ісің бе, сұрқия? Жауап бер, қане!
Блор басын қайқайтып, тістеніп тұра қалды.
— Адрестен адасып тұрсыздар, мырзалар, - деді ол — Қалтамда жеке куәлігім бар — міне, ол Мен — Скотланд-Ярдтың қылмыстық істерді тергеу жөніндегі бөлімінің бұрынғы қызметкерімін. Қазір Плимутта тыңшылық агенттігін басқарам. Мұнда мені бір шаруаға байланысты шақырған болатын.
— Кім сізді шақырған? - деп сұрады Уоргрейв.
— Оним. Қажетіңе жұмса деп, хаттың ішіне чекті - айтарлықтай қомақты сома - қоса салыпты, немен шұғылдануым қажеттігін көрсетіпті. Маған өзімді көп қонақтың бірі секілді ұстап, компанияға сіңісіп кету тапсырылған еді. Сіздерді аңдып жүруге тиіс болатынмын — аты-жөндеріңізді маған алдын-ала хабарлаған.
— Не үшін сонда, себебін түсіндірді ме?
— Миссис Онимнің алтын-күміс әшекейлері мен бағалы зергерлік бұйымдары үшін, - деді ұнжырғасы түсіп кеткен Блор. — Миссис Оним! Мен сияқты көпті көрген кәрі тарланның осындай өтірікке алданып қалғанына адам сене ме. Миссис Оним дейтін бұл дүниеде жоқ біреу ғой.
Сот тағы да үстіңгі ернін сипап қойды, бұл жолы ойлана отырып сипады.
— Бұл тұжырымыңыз маған ақылға қонымды көрінеді, - деді ол — Алек Норман Оним! Мисс Брентке жолданған хаттың соңында әулет есімінің орнына шимай-шатпақ бірдеңе түртіле салған, бірақ есімдері айқын — Анна Нэнси, — демек, екеуінен де біртектес бастапқы әріп кездеседі: Алек Норман Оним - Анна Нэнси Оним, яғни әрдайым — А.Н.Оним. Ой-қиялды азды-кем ширықтырар болсақ, мынадай сөз шығады — аноним!
— Құдай-ау, бүл деген нағыз есалаңдық қой! - деп дауыстап жіберді Вера.
Сот қоштап, басын шұлғыды.
— Дұрыс айтасыз, — деді ол. — Бізді аралға шақырған адамның есуас біреу екендігіне еш күмәнім жоқ. Сірә, ол аса қауіпті маньяк шығар.
Төртінші тарау
1
Тым-тырыс тыныштық орнады — үрейі ұшқан қонақтар отырған орындарында мелшиіп қалды. Үнсіздікті соттың ыңылдаған даусы бұзды.
— Ал енді тергеудің келесі кезеңіне кірісеміз. Алайда, оған кіріспес бұрын, өзім беретін түсінікті іске тіркеп қойғым келеді. — Ол қалтасынан хатты алып, үстелге тастай салды. — Хат менің байырғы танысым — леди I инстанция Калмингтонның атынан жазылыпты-мыс. Оны көрмегеніме көп болған. Бірнеше жыл бұрын Шығысқа сапарлап кеткен. Хат соның мәнерінде жазылған - ол хат қаза қалса тап осылай шатты-бұтты ғып шалағай жазар еді. Мені осында келуге шақырыпты, үйдің иелері жайында нақты ешнәрсе айтпайды. Көріп тұрсыздар ма, бұл да сол ыңғайдағы амал-айла, ал мұның өзі бізді, әлбетте, бір маңызды тұжырым жасауға жетелейді. Өзімізді осында алдап әкелген адам кім болсын мейлі, — еркек пе әлде әйел ме, бәрібір, — бізді жақсы біледі немесе, неғылған күнде де, әрқайсымыз жөнінде мағлұмат жинауға қам жасаған. Менің леди Констанциямен достық қатынасым жайынан хабары бар және оның хат жазу стилімен жақсы таныс. Сондай-ақ ол дәрігер Армстронгтың әріптестерін және олардың қазір қайда жүргенін де біледі. Оған мистер Марстонның досының лақап аты да мәлім. Ол мисс Бренттің бұдан екі жыл бұрын қайда демалғанынан және онда кімдермен кездескенінен хабардар. Генерал Макартурдың армиялық достары жайында да білгені бар. - Сәл үнсіз қалған сот былай деп қосып қойды: - Көрдіңіздер ме, үй иесі біз жайында біраз нәрсе білетін боп түр. Сөйтіп, осы мәліметтер негізінде әрқайсымызға белгілі бір айып тағып отыр.
Оның сөзі ашу-ызаға от қойды.
— Жалған!.. - деп айқайлады генерал Макартур. — Арсыздықпен жабылған жала!
— Бұл заңға қайшы! - деп үн қосты Вера. Даусы үзіліп - үзіліп шықты. — Барып тұрған оңбағандық!
— Нақұрыстың қандай мақсат көздегенін түсінсем бұйырмасын, - деп күңк етті Антони Марстон.
Сот Уоргрейв жұртты тыныштық сақтауға шақырып, қолын көтерді.
— Мен өзім мынаны мәлім еткім келеді. Беймәлім досымыз мені Эдуард Ситон дейтін біреуді өлтірдің деп айыптайды. Ситонның жайын әлі ұмыта қойғам жоқ. Оның соты 1930 жылғы маусым айында болды. Оған бір кәрі кемпірді өлтіргені жөнінде айып тағылған. Әлгінің тәсілқой қорғаушысы бар еді, сол қазылар алқасының пейілін өзіне аударып алды. Солай бола тұрғанымен, куәлардың жауабы оның кінәсін толық дәлелдеп берді. Айыптау қорытындысына мен осыны негіз етіп алдым, сөйтіп қазылар алқасы оны кінәлі деген байламға келді. Оған өлім жазасын беруге үкім шығарғанда мен солардың шешіміне арқа сүйедім. Қазылар алқасына қысым жасалды дегенді желеу еткен қорғаушы апелляция берді. Апелляция қабылданбады, үкім орындалды. Бүл істе арымның таза екенін мәлім етем. Кісі өлтірушіні өлім жазасына кесу арқылы өз міндетімді орындап шықтым, бар-жоғы сол ғана.
"Иә, әлгі Ситон дегеннің ісін айтып отыр ғой, - деп еске алды Армстронг. - Үкім сонда жұрттың бәрін қайран қалдырған". Соның алдында ол рестораннан адвокат Маттьюзды кезіктірген. "Ақтау жөніндегі үкім қалтамызда - бұған зәредей шүбә келтіруге болмайды", деп сендірген еді ол Армстронгты. Одан соң Армстронгқа: соттың Ситонға деген қыжылы бар екен, қазылар алқасын көндіре біліпті, сөйтіп олар Ситонды айыпты деп тауыпты дейтін алып - қашпа сөздер жетті. Бәрі де заңға сәйкес іске асырылған-ды: өйткені, кәрі тарлан Уоргрейв заңды бес саусағындай білетін. Әйтсе де, соттың әлгі жігітпен бас араздығы бардай өсер қалған. Дәрігердің ойына осы жай оралған еді.
— Ал сіз Ситонмен кездесіп пе едіңіз? Істі сотта қараудан бұрын? - деген сұрақ аузынан еріксіз шығып кетті. Сәл-пәл ойланса, бұл сұрақты ешқашан қоймаған болар еді.
Қабыршақты кесірткенікіндей қатпар-қатпар қабақтың астындағы көз оның бетіне қадалды.
— Істі сотта қараудан бұрын Ситонды ешқашан кездестірген емеспін, - деді сот міз бақпай.
"Оллаһи, өтірік айтады", деп ойлады Армстронг.
2
— Сіздерге әлгі Сирил Хамилтон дейтін бала жайында айтып бергім келеді, - деді Вера дауысы дірілдеп. — Мен оның тәрбиешісі едім. Оған алысқа жүзіп баруға тыйым салынған. Бір жолы мен байқамай қалдым да, ол жүзіп кетті. Соңынан ұмтылдым... Бірақ үлгере алмадым... Сондай өкінішті жағдай болды... Бірақ мұнда менің айыбым жоқ. Тергеуші мені бүтіндей ақтап шықты. Сирилдің анасы да маған өте мейірімді болды. Егер тіпті сол кісінің өзі маған ешқандай кінә артпаса, мені осылай айыптау кімге... кімге қажет болды екен? Бұл деген өрескел әділетсіздік қой... — Ол еңіреп жылап жіберді.
Генерал Макартур оны иығынан қағып қойды.
— Сабыр етіңіз, қалқам, сабыр етіңіз, - деді ол — Сізге сенеміз. Анау әншейін есуас біреу, әлгі немені айтам.
Жындыханада жататын адам. Жындының басына қандай ой келмейді дейсің. — Генерал кеудесін тіктеп, қомданыңқырап отырды. — Ең дұрысы — мұндай айыптауға ешқандай көңіл аудармаған. Солай бола тұрғанымен, Ричмонд есімді жас жігітке қатысты әңгімеде бір ауыз шындық жоқ екенін айтуды міндетім деп білем. Ричмонд менің полкымның офицері еді. Оны барлауға жібергем. Ол қаза тапты. Соғыста бұл сирек кездесетін оқиға емес. Әлгінің әйеліме кір жағуға тырыспақ болғаны жаныма әсіресе қатты батады. Қай жағынан болсын, сүттен ақ, судан таза әйел еді. Қысқасы, аумаған Цезарьдың әйелі...
Генерал тізе бүкті. Дірілдеген қолымен мұртын ширатуға кірісті. Бүл сөздің оған оңайлыққа түспегені байқалды.
Келесі боп Ломбард сөйледі. Көзі ойнақылана күлімдеп тұр еді.
— Сөйтіп, әлгі бұратаналар... - деп бастады ол
— Иә, сол бұратаналарға не болды? - деді Марстон.
Ломбард мырс етті.
— Бір өтірігі жоқ шындық! Мен оларды тағдырдың тәлкегіне тап қылдым. Бұл жан сақтау мәселесі. Ну жыныстың арасында жүріп адасып кеткенбіз. Сөйткен соң жолдастарыммен бірге тайып тұрдым, қалған-құтқан азық-түлікті өзіммен бірге ала кеттім.
— Сонда адамдарыңызды тастап қашып кеттіңіз бе? - деп бұрқан-талқан болды генерал Макартур. — Оларды аштан өлуге душар еттіңіз бе?
— Әрине, ақ нәсілдің өкілі үшін бүл лайықсыздау нәрсе, бірақ жан сақтау — ең басты парызымыз. Одан соң, бұратаналар өлемін-ау деп қайғы жемейді — біздер, европалықтар секілді емес.
Вера Ломбардқа жүзін бұрды:
— Сөйтіп, оларды аштан қатып өлсін деп қалдырып кеттіңіз бе?
— Тап солай, - деп жауап қатты Ломбард. Күлмеңдеген көзі қыздың үрейге толы көзіне жалтақтамай тура қарап тұрған.
— Джон мен Люси Комбс дегендердің кім екенін есіме түсіре алмай әлекпін, - деді Антони Марстон ыңырана сөйлеп. - Бұлар, шамасы, өзім Кембридж маңайында машинамен қағып кеткен балалар шығар. Бүл өте қайғылы жағдай.
— Кім үшін қайғылы - олар үшін бе әлде сіз үшін бе? - деп сұрады сот Уоргрейв мысқылдап.
— Шынымды айтсам, әу баста өзім үшін ғой деп ойлағам, алайда, сіздікі дұрыс — олар үшін қайғылы жағдай. Әйтсе де, бұл жазатайым болған оқиға. Олар жолға жүгіріп шыққан еді. Мені бір жылға машина айдау құқымнан айырды. Жан ауыртатын ахуал
Дәрігер Армстронг қызынып шыға келді:
— Ондай жылдамдықпен жүруге болмайды — бұл үшін жазалау керек! Өзіңіз секілді жас жігіттер қоғам үшін өте қауіпті.
Антони иығын қиқаң еткізді:
— Ау, біз ерекше жылдамдықтар ғасырында өмір сүріп отырған жоқпыз ба! Онан соң мәселе жылдамдықта емес, біздің түкке алғысыз жолдарымызда. Айызыңды қандырып ағыза алмайсың. — Ол көзімен бокалын іздеп тапты да, ішімдіктер тұрған шағын үстелге келіп өзіне тағы да содалы виски құйып алды. — Қайткен күнде де, мұнда менің айыбым жоқ. Бұл жазатайым болған оқиға, — деді ол теріс қарап тұрған күйі.
3
Қатты толқып кеткен малай Роджерс кеберсіген ернін қайта-қайта жалағыштап түр еді.
— Мырзалар, рұқсат етсеңіздер, мен де бір ауыз сөз айтсам, - деді ол ізет білдіре сөйлеп.
— Айта беріңіз, - деді Ломбард.
Роджерс жөткірініп алды, тілімен ернін тағы бір мәрте жалап қойды.
— Осы арада мен жайында және миссис Роджерс жайында айтылды. Сондай-ақ, мисс Брейди жөнінде де. Мұнда бір түйір шындық жоқ. Әйеліміз екеуіміз ақырғы демі таусылғанша мисс Брейдидің қасында болдық. Өмір бойы ауру-сырқаудан көз ашпаған, шынжау әйел еді. Талмасы ұстаған сол күні түнде, сэр, дүлей боран болды. Телефон жұмыс істемейтін, сондықтан дәрігер шақыра алмадық. Оны шақыруға өзім жаяу кеттім. Бірақ дәрігер тым кеш келген боп шықты. Бибімізді құтқарып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық, сэр. Мисс Брейдиді қатты қадірлейтінбіз, оны жұрт білетін. Біз жайында бір адам жаман сөз айта алмайтын. Өтірік десеңіз, Құдай бар.
Ломбард малайға, оның қайта-қайта тартып кетіп тұрған кеберсіген ерніне, үргелектенген көзіне ойлана қарап қалды. Подносты қалай қолынан түсіріп алғанын есіне алды. "Сену қиын-ау сөзіңе", деп ойлады, бірақ дауыстап ештеңе айтқан жоқ.
— Кемпір қайтыс болғаннан кейін, сіздерге, әрине, азын-аулақ мұра қалған шығар? - деп сұрады Блор, бұрынғы полицейге тән дарақы ожарлықпен.
— Мисс Брейди мұраны бізге ақ — адал қызметіміз үшін қалдырды. Мұнда тұрған не бар, соны айтыңызшы маған? - деп қызынып кетті Роджерс.
— Ал, сіз не дейсіз, мистер Блор? - деп сұрады Ломбард.
— Мен бе?
— Тізімде сіздің де аты-жөніңіз бар ғой.
Блор қып-қызыл боп кетті:
— Ландордың ісі жайында айтып тұрсыз ба? Бұл Лондон коммерциялық банкін тонау жөніндегі іс болатын.
— Иә, есімде, есімде, - деп сот Уоргрейв креслосында қозғалақтап қалды. — Рас, бұл істі мен қараған жоқпын. Ландорды сіздің берген жауабыңыз негізінде соттаған еді, Блор. Ол кезде сіз полицияда қызмет істейтінсіз, осы іспен а й н ал ысқан сыз.
— Дұрыс айтасыз, - деп келісті Блор.
— Ландорға өле-өлгенше каторгада болуға үкім шығарылды, бір жылдан кейін ол Дартмурда дүние салды. Денсаулығы нашар еді.
— Ландор қылмыскер болатын, - деді Блор. — Түнгі күзетшіні сеспей қатырған сол еді — бұл дәлелденген нәрсе.
— Қателеспесем, істі жүргізудегі ілкімділігіңіз үшін алғыс алдыңыз-ау деймін, - деді Уоргрейв сыздана.
— Оған қоса қызметім де жоғарылады, - деді Блор қызарақтап. Сосын дауысы салған жерден солғын тартып: — Мен тек өз парызымды ғана орындадым, - деп қосып қойды.
— Па шіркін, мұнда қандай адамдар бас қосқан десеңші! - деп қарқ-қарқ күлді Ломбард. — Шеттерінен қойдан жуас, өз парызына адал азаматтар өңшең. Менен басқалары, әрине. Ал, сіз, дәрігер, сіз не айтасыз бізге? Дәрігерлік сала бойынша бірдеңе бүлдіргенсіз-ау? Тыйым салынған операция шығар, шамасы? Солай ма?
Эмили Брент Ломбардты оқты көзбен атып, әрменірек жылжып отырды.
Дәрігер Армстронг былқ еткен жоқ - биязылықпен бас шайқап қана қойды.
— Шыным сол, не айтарымды білмей абыржып отырмын, - деді ол. — Құрбандығымның аты-жөніне байланысты ешнәрсе есіме түспей түр. Ол әйелдің атын қалай деп еді: Клиис пе? Әлде Клоуз ба? Мұндай әулет есімі бар науқас есімде жоқ, жалпы, науқастарымның біреу-міреуі менің кінәмнан қайтыс болды дегенді естіген емеспін.
Рас, бүл баяғыда болған іс. Бәлкім, ауруханадағы әлдебір операцияның жайы сөз болып тұрған шығар? Сырқат адамдардың кебі бізге тым кеш келеді. Ал науқас қайтыс болса, туыстары хирургты кінәлайды.
Ол күрсініп, басын шайқады.
«Мас едім, - деп ойлады ол, — өлесі мас болатынмын... Мас күйімде операция жасадым. Жүйкем жұқарып кеткен, қолым дір-дір етеді. Әрине, оны мен өлтірдім. Сорлының -жасамыс әйел еді - жолы болмады: бұл — түкке тұрғысыз операция — тұғын. Әрине, сау кезіңде. Кәсіби құпия дегеннің бары қандай ғанибет. Медбике білді, бірақ жұмған аузын ашқан жоқ. Сонда қатты ширыққам. Сол бойда тәубеге келгем. Бірақ, арада осынша жыл өткенде мұны тіміскілеп жүріп тапқан кім екен?"
4
Бөлмеде қайтадан үнсіздік орнады. Бәрі де — бірі ашықтан-ашық, бірі білдіртпей — мисс Брентке қараумен болды. Анау өзіне қадала қараған көздерді байқағанша арада бірер минуттай уақыт өтті. Қабағы қайқаң етіп жоғары көтеріліп, тарлау маңдайы қыртыстанып сала берді.
— Жауабымды тосып отырсыздар ма? - деді ол — Алайда менің айтар ештеңем жоқ.
— Шынымен айтар ештеңеңіз жоқ па? - деп қайталап сұрады сот.
— Иә, ештеңем жоқ. — Кәрі қыз ернін жымырды.
Сот бетін сипап қойды.
— Қорғану жағын кейінге қалдырмақсыз ба? - деп сұрады ол инабат білдіре.
— Маған ештеңеден қорғанудың қажеті жоқ, - деп шорт кесті мисс Брент. — Өмір бойы ар-ұятымның әмірі бойынша жүріп келем. Өзімді өзім кінәлайтындай ешқандай айып - кінәм жоқ.
Оның сөзі отырғандарға онша ұнамады. Алайда Эмили Брент қоғамдық пікірден қорқатындар қатарына жатпайтын. Сенім ұстанымын ешкім өзгерте алмайтын.
Сот жөткірініп алды.
— Олай болса, тергеуді осымен тәмамдауға тура келеді. Ал, енді, Роджерс, айтыңызшы, аралда өзіңіз бен әйеліңізден басқа тағы кім бар?
— Мұнда басқа ешкім жоқ, сэр.
— Бұған анық сенімдімісіз?
— Әбден.
— Үйдің беймәлім иесіне бізді мұнда жинаудың не үшін қажет болғаны маған онша түсініксіз, — деді Уоргрейв. — Кім болса ол болсын, бұл кісіні, меніңше, сөздің баршаға түсінікті мағынасындағы дені дұрыс адамға балауға болмайды. Оған қоса, ол маған өте қауіпті біреу секілді көрінеді. Меніңше, ең дұрысы — бізге бұл жерден, мүмкін болғанынша, тезірек кетіп қалу. Тап бүгін кештен қалмай аттануды ұсынам.
— Кешіріңіз, сэр, - деп Роджерс оның сөзін бөліп жіберді, — аралда қайық жоқ.
— Бірде-бір қайық жоқ па?
— Иә, сэр.
— Ендеше, жағалаумен қалай қатынас жасап жүрсіздер?
— Күнде таңертең, сэр, Фред Нарракотт келеді. Ол нан, сүт, пошта әкеледі және жабдықтаушыларымызға тапсырыс апарады.
— Ондай жағдайда, — деді сот, — ертең Нарракотт қайықпен келген бойда кетуіміз керек.
Бәрі осыған келісті, тек жалғыз Марстон ғана қарсы болды.
— Мен қашып кете алмаймын, - деді ол. — Қанша дегенмен, спортшы емеспін бе. Бұл құпияның сырын ашпай кете алмаймын. Шытырман оқиғалы романнан бір де кем түспейтін таңғаларлық хикая ғой бұл.
— Менің жасымдағы адамдарды мұндай құпиялар енді онша қызықтырмайды, - деді сот қабағын кіржитіп.
Антони миығынан мырс етті:
— Сіздер, заңгерлер, қылмысқа кәсіби тұрғыдан қарайсыздар. Ал, мен қылмысты ұнатам және сол үшін ішем! — Ол бокалды өңешіне қотара салды.
Шамасы, виски кеңірдегіне құйылып кетсе керек. Антони шашалып қалды. Аузымен ауа қармай бастады, сосын креслодан сырғып түсті, саусағы жазылып жүре берді, бокал кілемге домалап кетті.
Бесінші тарау
1
Тосын жағдайдан бәрінің тілі байланып сілейіп қалды. Қаққан қазықтай болған қалыптарында кілемде сұлап жатқан денеге мелшие қарап тұрды. Бірінші боп Армстронг ес жиды. Марстонға тұра ұмтылды. Бір минуттан кейін жүзін бұрғанда көзінен қатты таңырқағаны байқалды.
— О, жасаған, ол жан тапсырыпты! - деп күбірледі Армстронг, мына сұмдықтан қатты шошынуы себепті даусы қырылдап шықты.
Оның сөзін қонақтар қапелімде бірден ұғына қоймады. Өліп қалған ба? Тап осылайша, қас қағым сәтте, өліп кеткен бе? Солтүстік аңыз-жырларындағы жас құдай секілді осынау тепсе темір үзетін жас жігіт пе жан тапсырған?
Дәрігер Армстронг өліктің бетіне зейін сала үңіліп, өлім алдындағы арпалыс кезінде қисайып қалған көкпеңбек еріндерін иіскелеп жатты.
— Ол өліп қалды ма? - деп сұрады генерал Макартур. — Шашалып қалды да, — өліп кетті дегіңіз келе ме сонда сіздің?
— Шашалып қалды дейсіз бе? - деп қайталап сұрады дәрігер. — Жә, қаласаңыздар мұны солай-ақ атай беріңіздер. Әйтеуір оның дем жетпей тұншығып өлгені анық. — Армстронг бокалды қайтадан иіскеп көрді, түбінде қалған тұнбаға саусағын батырды, оны тілінің ұшымен жаймен жалап өтті — сол бойда-ақ түрі өзгеріп сала берді.
— Адамның вискиге шашалып өлуі мүмкін-ау деп өмірі ойлаған жоқ едім, - деп генерал Макартур сөзін жалғады.
— Бәрі де бір Құдайдың ықтиярында, - деп Эмили Брент тәлімгерси тіл қатты.
Жүрелеп отырған дәрігер Армстронг бойын тіктеді.
— Жоқ, адам бір жұтым вискиге шашалып өле алмайды, - деді ол ашуға булығып. — Марстонның ажалын табиғи өлім деп айтуға болмайды.
— Ендеше, вискиге... бірдеңе қосылған ғой, - деп естілер-естілмес күбір етті Вера.
Армстронг басын изеді:
— Не екенін дәл айта алмаймын, бірақ вискиге әлдебір цианид араластырылған секілді. Көгертетін қышқылдың өзіне тән иісін сезе алмадым. Абзалы, бұл цианды калий шығар. Ол кірпік қағымда ұрып жығады.
— У бокалда болған ба? - деп сұрады сот.
— Иә.
Дәрігер ішімдіктер тұрған үстелге келді. Виски бөтелкесін ашып, иіскеп көрген соң бір жұтым ішті. Содалы суды да байқап көрді. Сосын басын шайқады:
— Анда ештеңе жоқ.
— Демек, сіздіңше, ол өз бокалына өзі у сепкен бе? - деп сұрады Ломбард.
Армстронг басын изеді, бірақ әлпетінен бұған күмәні бары көрініп тұр еді.
Солай сияқты, - деді ол
— Мұны өзін-өзі өлтірушілік деп ойлайсыз ба? - деп сұрады Блор. — Бұған сену қиын.
Вера ойға батқан кейіпте күбір етті:
— Ол өзін-өзі өлтіреді-ау деп ешқашан ойламағам. Өмірдің қызығын көруге сондай құштар еді. Автомобильмен жотадан түсіп келе жатқан кезінде әлгі... әлгі... соған сондай ұқсап кеткен. Тіпті қалай жеткізерімді де білмей тұрмын!
Жұрт оның не айтпақ болғанын түсінген еді. Әрі жас, әрі сымбатты Антони Марстонды олар көктен түскен кереметтей көрген! Енді міне екі бүктетілген мәйіті еденде жатыр.
— Кімде қандай басқа жорамал бар? - деп сұрады дәрігер Армстронг.
Бәрі түгел бас шайқады. Жоқ, оларда басқа жорамал қайдан болсын. Бөтелкеге ешкім ештеңе сепкен жоқ. Марстонның өзіне виски құйып алғанын бәрі көріп отырды - ендеше, бокалында у болса, онда оған Марстонның өзінен басқа ешкім ештеңе сала алмайтын. Ал бірақ Марстонға өзін-өзі өлтірудің не қажеті бар еді?
— Мұнда бір кілтипан жатыр, дәрігер, - деді Блор ойлы жүзбен. — Марстон өзін-өзі өлтіретін адамға мүлдем ұқсамайтын.
— Оған ешқандай дау жоқ, - деп жауап қатты Армстронг.
2
Осымен талқылау тәмамдалды. Басқа не айтуға болатын еді? Армстронг пен Ломбард Марстонның мәйітін жатын бөлмесіне апарып, сейсеппен жауып қойды.
Олар холға қайтып оралған кезде қонақтар үпір - шүпір боп, үрейге беріліп үнсіз сазарып отыр екен, күн жылы болғанымен көбінің бойын діріл басқан.
Ұйықтайтын уақыт болды. Кеш боп кетті, - деді ақыры Эмили Брент.
Бұл сөзінің жаны бар-ды: түн ортасынан ауып та кеткен, өйтсе де қонақтар жатын бөлмелеріне қайтатын рай білдірмейді. Оңаша қалудан қорқатындары көрініп тұр.
— Мисс Брент дұрыс айтады, демалатын уақыт болды, - деп сот оны қоштады.
— Асхананы әлі жинастырған жоқ едім, - деді Роджерс.
— Ертең таңертең істерсіз, - деген билік айтты Ломбард.
— Әйеліңіз қалай, тәуір ме? - деп сұрады малайдан Армстронг.
— Жоғары шығып қарап келейін.
Аздан соң Роджерс қайтып оралды.
— Тұяқ серіппей ұйықтап жатыр.
— Ұйықтағаны жақсы. Мазаламаңыз, - деді дәрігер.
— Әлбетте, сэр. Мен асхананы жинастырайын, есіктерді құлыптайын, сосын ұйықтайын. — Роджерс асханаға кетті.
Қонақтар ықылассыз кейіпте жай қозғалып баспалдаққа қарай бет алды.
Олар еден тақтайы сықырлаған, қараңғы қуыс-қуысы көп ескі үйде, панельмен қапталған қабырғалары құпия есіктерді жасырып тұратын үйде тұрып жатса, онда олардың қорқынышы түсінікті болар еді. Бірақ, мынадай қазіргі заманғы үйдегі неғылған қорқыныш? Мұнда қараңғы қуыстар да, құпия есіктер де жоқ, бөлмелерін электр жарығы жайнатып қойған және бәрі су жаңа жиһаз - бұйымдармен жарқырап түр! Жоға, мұнда жасырынып қала алмайсың! Мұнда ешқандай құпия жоқ! Болуы да мүмкін емес! Алайда, олардың зәре-құтын кетіріп тұрған нәрсенің өзі де тап осы болатын...
Екінші қабаттың баспалдақ алаңшасында қонақтар бір - біріне қайырлы түн айтып, бөлмелеріне тарады. Ішке кірген соң бәрі, неге өйтіп жатқанына өздері де мән берместен, есіктерін бірден кілттеп алды.
3
Сот Уоргрейв жарқырап жайнап тұрған жатын бөлмеде төсекке жатпақ боп шешіне бастады. Эдуард Ситон жайында ойланып кеткен. Ол кәдімгі тірі адамдай қарсы алдында тұр еді. Ақ сары шаш, пәк таза назары қазылар алқасын баурап алған көгілдір көз.
Мемлекеттік айыптаушы Ллуэллин аңысын аңду дегенді білмейтін. Сөйлеген сөзінде пәтуа болмады. Артық кетіп қала берді, дәлелдеуді қажет етпейтін жайларды дәлелдеп бақты. Адвокат Маттьюз, керісінше, жұтынып тұрды. Фактілерді өте бір шеберлікпен айыпкер пайдасына айналдыра білді. Кезекпе-кезек жауап беру кезінде куәларды қорқытып үркітіп, сөзінен жаңылдырудың да жолын тапты. Клиентін сөйлеуге барынша тыңғылықты дайындады.
Ситонның өзі де кезекпе-кезек жауап беру кезінде жерге қарап қалмады. Абыржып -абдыраған жоқ, ақталған жоқ, қазылар алқасының ықылас пейілін өзіне аударып алды. Маттьюз ақтау жөніндегі үкім қалтамда деп ойлады.
Сот Уоргрейв сағатын құнттап бұрады да, төсек жанындағы үстелшенің үстіне қойды. Сондағы сот мәжілісі күні кеше ғана өткендей есінде анық сақталған еді, куәлардан қалай жауап алғаны, қажет деректерін қағазға жазып отырғаны, айыпкерді кінәлайтын дәлелдерді қалай там-тұмдап жинағаны - бәрі есінде болатын. Иә мұндай істер жиі кездесе бермейді! Маттьюз керемет әсерлі сөйледі. Ллуэллин адвокат сөзі қалдырған жақсы әсерді сейілте алмады. Ал қазылар алқасы кеңеске кетердің алдында сот қорытынды сөзін айтты... Сот алмалы - салмалы тісін абайлап алып, стақандағы суға салып қойды. Бүріскен еріндері ішке қарай омырайып кетті, бұл оның әлпетіне қатыгез жыртқыштың кейпін берді. Сот қатпарлы қабағын төмен түсіріп, өзінен-өзі езу тартты. Иә, ол Ситонның жазадан қашып құтылуына жол берген жоқ.
Кәртамыс сот сүйегі сықыр-сықыр етіп төсегіне жатты да, жарықты өшірді.
4
Төменде, асханада, Роджерс негр балаларының фарфордан жасалған мүсініне көз жіберді.
— Ғажап — ғажап! Бұлардың саны он болғанына бәс тігуге бармын, - деп күбірледі ол.
5
Генерал Макартур бір бүйірінен екінші бүйіріне аунаумен болды. Артур Ричмондтың әлпеті көз алдынан кетпей қойды. Артур оған ұнайтын, тіпті бауыр басып қалған. Бүл жігіттің Леслидің де көңілінен шыққанына қуанатын. Леслиге жағу қиын еді. Келбетіне сымбаты сай қаншама жас жігітке үй көрсетпеді дейсің, ал Лесли болса оларды қабылдағысы келмейді, "адамды зеріктіріп жібереді" дейді. Не істерсің енді! Ал, Артур Ричмонд оған зеріктірердей көрінген жоқ. Алғашқы күннен-ақ ықылас танытты. Олар әдебиет, музыка, кескіндеме турасында таусылмайтын әңгімеге кірісетін. Лесли онымен әзілдесіп, ішек-сілесі қата күлумен болатын, Артурды әжуа қылғанды ұнататын. Леслидің жас жігітке аналық қамқорлық жасап жүргеніне генерал дән риза еді.
Аналық қамқорлық дейді-ау — нағыз нақұрыс екен ғой бүл өзі, Ричмондтың жиырма сегізде, ал Леслидің одан бар — жоғы бір–ақ жас үлкен екенін неге ескермеген. Ал өзі Леслиді сондай ұнатушы еді. Ол кәдімгі тірі адам сияқты қарсы алдында тұр. Иегі үшкірлеу келген дөңгелек жүз, от ұшқындаған қоңырқай көз, сарғыш қою бұйра шаш Леслиді керемет ұнататын, оған қалтқысыз сенетін.
Анда, Францияда, ұрыс арасындағы дамылда Леслиді еске алатын, төс қалтасынан фотосуретін шығарып, оғам ұзақ уақыт бойы тесіле қарап отыратын. Бірақ, бір жолы... бәрі аян болды. Бүл әлгі арзанқол романдарда болатын ахуалдан аумай қалды: Лесли екеуіне де хат жазыпты, бірақ конвертін шатастырып жіберіпті. Ричмондқа арнаған хатын күйеуінің адресі жазылған конвертке салыпты. Тіпті қазірдің өзінде, арада осынша жыл өткеннен кейін де бүл туралы еске алу оған оңай емес... Ал, сонда қандай азап шекті десеңші.
Екеуі көптен көңілдес екен. Әлгі хаттан бұл ап-айқын аңғарылып тұрған. Уикэндтер!.. Ричмондтың соңғы демалысы... Лесли, Лесли және Артур... Антұрған-ай! Зымияндықпен жымия күлетінін, "Мақұл, сэр. Құп болады, сэр!" деп ізет білдіре лыпылдайтынын қайтерсің! Алдамшы алаяқ! "Жақыныңның қатынына қырындама!" деген соз қайда!
Одан кек қайтару, оны оңдырмай жазалау арманы пайда болды. Бірақ дым ештеңе білдірген жоқ, Ричмондпен арақатынасы да еш нәрсе болмағандай сол бұрынғыша қала берді. Ойлағанындай боп шықты ма? Сөйткен сияқты. Қайткен күнде де, әйтеуір Ричмонд көңіліне күдік алған жоқ. Бұрқ ете қалатын ашу-ызаға майданда ешкім көңіл аудармайтын - бәрінің де жүйкесі әбден жұқарып біткен-ді. Рас, Армитидж кейде оған біртүрлі көзбен қарап қалатын. Жап жас бала, боқмұрын, бірақ байқампаз, аңғарымпаз. Иә, сол Армитидж ойын аңғарып қойған болды. Бұл Ричмондты былқ етпестен өлімге айдады. Ол барлаудан құдіреттің күшімен ғана аман орала алатын. Бірақ құдірет оған көмектеспеді. Иә, ол Ричмондты өлімге айдады және бұған әсте өкінбейді. Ол кезде бұдан оңай нәрсе жоқ-ты. Қателік көп кететін, ешқандай мұқтаждық болмаса да офицерлерге ажал табатын тапсырма берілетін. Барлық жерді қарбаластық пен үрей жайлап алған-ды. Бәлкім, кейінірек біреулер: "Макартур қарт дебдіреп қалды, көптеген өрескел ағаттық жіберді, ең тәуір адамдарын құрбан етті", дейтін шығар. Бар-жоғы сол-ақ. Ал, ана боқмұрын Армитиджді алдаусырату қолдан келмеді. Онда командиріне арсыздықпен бедірейе қарайтын жаман әдет пайда болды. "Бәлкім, Ричмондты әдейі өлімге айдағанымды білген шығар". (Ал кейін... Соғыс аяқталған соң Армитидж мұны жұртқа жайды ма екен, неғылды екен?)
Лесли ештеңе сезген жоқ. Нақсүйерін жоқтап (мұның өзі жорамалдағандай) көзінің жасын көл қылды, бірақ күйеуі Англияға қайтып оралған шақта өкініш - күйініші бәсең тарта бастаған-ды. Ричмондпен көңілдестігі жайында бұл оған тіпті емеурін де білдірген емес. Олар бұрынғыша тұра бастады, бірақ Лесли бұдан бойын аулақ сала берді... Ал соғыс аяқталған соң үш-төрт жылдан кейін өкпесі қабынуы салдарынан дүниеден баз кешті. Мұның бәрі баяғыда болған іс еді. Одан бері қанша жыл өтті екен - он бес жыл ма, он алты жыл ма?
Ол әскерден біржола босап, Девонға келіп қоныс тепті. Шағындау үй сатып алды, тап осындай үйі болғанын әрдайым арман ететін. Табиғаты әсем жер, кішіпейіл көршілер... Балық аулау, аң аулау... Жексенбі күндері — шіркеу...
(Бірақ, бір жексенбіде ол онда барған жоқ - Дәуіттің Урияны "нағыз қанды қырғын болатын жерге" жіберуге әмір ететіні оқылатын күні. Баруға көңілі соқпады. Жігері құм болып, ұнжырғасы түсіп кетті.)
Көршілері өзіне өте ілтипатты болды. Алғашында. Сосын жұрт өзі жайында сыпсыңдайтындай көрінді, бүл оның берекесін кетірді. Жұрт оған ала көзбен қарай бастады. Мұның абыройын төгетін сыбысты бұлар да естігендей ме, қалай... (Армитидж бе екен? Армитидж әлі жайып жүрген болса ше?)
Содан жұрт жиналатын жерге жуымайтын болды, оңаша тірлік кеше бастады. Сыртыңнан сыпсыңдап өсек айтылатыны өте жағымсыз нәрсе.
Бірақ мұның бәрі баяғыда болған жай.
Лесли алыс қиянда қалды. Артур Ричмонд та. Оның үстіне, бүл хикаяның қазір қандай қызығы бар? Тіпті өзін жалғыздықта қалдырған күнде де. Ол енді байырғы әскери достарынан да қашқақтай бастады. (Егер Армитидж айтып қойса, бұл әңгіменің оларға да жеткені кәміл)
Ал, бүгін кеште әлгі дауыс әлдеқашан ұмытылған хикаяны жұртқа жария қылды. Ол өзін қалай ұстады екен? Өңі бұзылып кетпеді ме екен? Лайықты дәрежеде ашу-ыза білдіре алды ма? Абыржып, абдырап қалғанын байқатқан жоқ па? Кім білсін оны. Әрине, қонақтардың ешқайсысы бұл айыптауға аса илана қойған жоқ. Өйткені басқа айыптаулар арасында мүлдем сиықсыздары да бар ғой. Мысалға, әне бір сүп-сүйкімді қызға баланы суға батырып өлтірдің деген кінә тағылды. Сандырақ емей немене!
Әрине, бұлардың кім көрінсе соны айыптаудан жаны рақат табатын есі ауысқан біреуге кез болғаны күмәнсіз!
Армиялық ескі танысы Том Бренттің жиені Эмили Брентке де, мәселен, кісі өлтіргені жөнінде кінә тағылды. Ал оның нағыз тақуа әйел екенін көрмеу үшін көрсоқыр болу керек қой: мұндай жандардың священниксіз адым аттамайтыны мәлім. Мұның бәрі, деп ойлады генерал, өте бір сөкет нәрсе, ал ашығын айтқанда, барып тұрған есуастық! Аралға келіп жеткендері сол.. Тоқта, олар қашан келіп еді? Бүгін күндіз екен ғой, антұрған - ай. Иә, олар мұнда бүгін күндіз ғана келген. Уақыттың өтіп болмауын қарасаңшы! "Апырай, бүл жерден қашан кетер екенбіз?" деп ойлады генерал Әрине, ертең таңертең, моторлы қайық келіп жеткен бойда. Бірақ, қызық, қазір оның аралды тастап шығуға тіптен зауқы жоқ... Қайтадан үйшігіне барып қамалу, қайтадан сол баяғы мазасыздық, сол баяғы үрей... Ашық тұрған терезеден тулаған толқынның шуылы естілді: теңіз гүрілі күшейіп, жел қатая бастаған еді. Генерал ой кешіп кетті: жаныңды жай таптырар теңіз шуы... тып-тыныш орын... Аралда тұрған тамаша - әрмен қарай барудың қажеті жоқ... Құдды дүниенің қиыр шетіне жеткендейсің...
Күтпеген жерден ол өзінің бүл арадан мүлдем кеткісі келмейтінін түсінді.
6
Вера Клейторн көзін ашып, төбеге қарап жатыр еді. Қараңғылықтан қорқатын, сондықтан жарықты өшірмеген.
"Хьюго, Хьюго, - деп ойлады ол - Неліктен бүгін кеште ол маған осы араға жуық маңда жүргендей көрінді екен? Қайда екен қазір? Білмеймін. Ешқашан білмейтін де шығармын. Ол менің өмірімнен ғайып болды, мәңгіге жоғалды..."
Не үшін ғана Хьюго жайындағы ойдан қашуға тиіс? Ол жайында ойлауы керек, оны еске алуы керек...
Корнуолл... Қап-қара жартастар, ұсақ сары құм... Мейірбан жүзді томпиған миссис Хамилтон... Кішкентай Сирил өзін қолынан тартқыштап, қыңқылдай береді:
— Жартасқа жүзіп барғым келеді. Мисс Клейторн, менің жартасқа барғым келеді. Жартасқа жүзіп баруға бола ма маған?
Әманда, басын көтерсе - ақ болды, Хьюгоның өзіне қадала қарап тұрғанын көреді... Кешкісін, Сирил ұйқтап жатқан кезде...
— Мисс Клейторн, серуенге шыққыңыз келмей ме?
— Несі бар, шықсам шығайын...
Сол күні олар, әдеттегідей, жағажайда жүріп қыдырыстады. Жып-жылы айлы кеш еді, Хьюго оны белінен құшақтады.
— Сізді сүйемін, Вера. Сүйемін сізді. Өзіңізді сүйетінімді білесіз бе?
Иә, ол білетін. (Қалай болған күнде де, әйтеуір, өзіне солай көрінетін.)
— Сізге үйленейік деген ұсыныс айтуға батылым бармайды... Қалтамда көк тиын жоқ. Тапқаным күнделікті тіршілігіме ғана жетеді, бары сол Ал бір кезде менде байып кету мүмкіндігі болған еді ғой. Аттай үш ай бойы. Сирил сол Морис қайтқаннан кейін үш айдан соң дүниеге келді емес пе...
Егер дүниеге қыз келгенде дүние-мүлік Хьюгоға мұраға қалатын. Сонда қатты күйінгенін айтып еді ол.
— Әрине, алдын-ала ешқандай жоспар жасамағам. Әйтсе де, басыма тиген бұл соққыдан есімді әзер жидым. Шамасы, сормаңдай боп туған біреу шығармын. Бірақ, Сирил — сондай сүйкімді балақан, оны жанымдай жақсы көрем!
Ол ақ — адал шынын айтып тұрған. Хьюго Сирилді, расында да, жанындай жақсы көретін, онымен күні бойы ойнауға, қандай да болсын еркелігін көтеруге дайын еді. Кекшілдіктен ада болатын.
Сирил әлжуаз боп өсті. Шынжау, аурушаң еді. Ұзақ өмір сүретін баладай емес-ті...
Одан соң ше?
— Мисс Клейторн, маған жартасқа жүзіп баруға бола ма? Неге маған жартасқа баруға болмайды? — деп Сирил тынымсыз қыңқылдай береді.
— Ол тым алыс, Сирил.
— Мисс Клейторн, өтінем сізден, жіберіңізші мені...
Вера төсегінен атып тұрды, туалет үстелшесінен аспириннің үш таблеткасын алды да, бәрін бірден ішіп жіберді.
"Егер өзімді-өзім өлтіру қажет бола қалса, - деп ойлады ол, — цианды калийді емес, вероналдың немесе басқа бір ұйықтататын дәрінің күшті дозасын қабылдар едім".
Антони Марстонның қисайып, қанталап кеткен беті есіне оралып, селк ете қалды.
Камин жанынан өтіп бара жатқанында санамаққа еріксіз көзі түсіп кетті.
Он негр баласы тамақ ішуге барды,
Біреуі шашалып өлді, тоғызы ғана қалды.
"Сұмдық-ай, — деп ойлады ол — Бүгін тап осылай болды емес пе!"
Антони Марстонның неліктен өлгісі келді екен? Жоқ, мұның өлгісі келмейді. Өлім жайындағы ойдың өзі оған жеркенішті... Өлімнің бұған қажеті жоқ...
Алтыншы тарау
1
Дәрігер Армстронг түс көріп жатты... Операция бөлмесі жан шыдатпас ыстық... Отынды соншама көп жаққандары несі? Тер аннан да, мұннан да кетіп жатыр. Қолы да тершіп кеткен, скальпельді ұстау қиын... Скальпель қалай өткір қайралған десеңші... Мұндаймен адам өлтіру оп-оңай. Ол қазір ғана біреуді өлтірді.
Құрбандықтың мәйіті бұған таныс емес тәрізді. Анау жуан, кеспірсіздеу әйел болатын, ал мынау қу сүйек, жадау - жүдеу біреу. Бет әлпеті көрінбейді. Ол кімді өлтіруге тиіс еді? Есінде жоқ. Ал оның білуі керек қой! Егер медбикеден сұраса ше? Медбике мұны көз жазбай аңдып түр. Жоқ, одан сұрауға болмайды. Онсыз да бұдан секем алып қалды.
Апырау, мұның қарсы алдында, операция үстелінде жатқан бүл әйелдің кім болғаны сонда? Беті неге жауып қойылған? Шіркін-ай, қарап көрер ме еді!.. Ақыры практикант жігіт орамалды көтеріп, оның бетін ашты.
Әрине, бүл Эмили Брент қой. Ол Эмили Брентті өлтіруге тиіс. Брент табалап жатыр, көзінен көрініп түр. Ернін жыбырлатты. Не деді? "Бәрі де бір Құдайдың ықтиярында ".
Ал қазір Эмили күліп мәз.
— Жо-жоқ, мисс... - дейді ол Эмилидің бетін орамалмен қайта жапқалы жатқан медбикеге, -тұра тұрыңыз. Наркоз берген кезде бетін көріп тұруым керек. Эфир қайда? Ала келуге тиіс едім ғой. Қайда жібердіңіз оны, мисс? "Шато Неф-дю-Пап"? Бұл да жарайды. Орамалды алып тастаңыз, медбике!
Біліп едім-ау! Бұл Антони Марстон ғой! Беті қанталап, қисайып кеткен. Бірақ ол өлмеген, тісін ақситады. Құдайақы, қарқылдап күліп жатыр, қатты күлетіні сонша, операция үстелі селк-селк етеді. Абайла, туысқан, абайла. Ұстаңыз үстелді, ұстаңыз, медбике!..
Осы арада дәрігер Армстронг оянып кетті. Таң атқан болатын - бөлме күн сәулесіне шомылып тұрған. Біреу еңкейіп, иығынан сілкілеп жатыр екен. Роджерс боп шықты. Беті үрейден сұп-сұр боп кеткен Роджерс:
— Дәрігер, дәрігер! - дей береді.
Армстронгтың ұйқысы шайдай ашылып, төсегіне тұрып отырды.
— Не боп қалды? - деп сұрады ол кейістік білдіріп.
— Әйелімнің халы нашар, дәрігер. Оятам, оятам келіп — тіптен оянбайды. Түр әлпеті де жақсы емес.
Армстронг тез қимылдады: төсегінен атып тұрып, халатын иығына іле салды да, Роджерстің соңынан ерді.
Әйел қолын жастанған күйі бір қырындап жатыр екен. Еңкейіп, мүздап кеткен қолын ұстап көрді, қабағын көтерді.
— Апырай, ол шынымен де... - деп міңгір-міңгір етті Роджерс, сосын кеберсіген ернін жалап алды.
Армстронг басын изеді:
— Өкінішке қарай, уақыт бопты...
Әлденендей ойға беріліп кеткен дәрігер малайды көзбен шолып өтті, төсектің бас жағындағы үстелшеге, қолжуғышқа қарады, сосын қимылсыз жатқан әйелге қайта назар салды.
— Жүрегі тоқтап қалған ба, дәрігер? - деп сұрады Роджерс тұтығып.
Бір минуттай үнсіз тұрған дәрігер Армстронг:
— Әйеліңіз ештеңемен ауырған жоқ па еді, Роджерс? - деп сұрады.
— Ревматизмнен сілелеп жүрген, дәрігер.
— Соңғы кезде кімге барып емделіп еді?
— Емделіп дейсіз бе? — Роджерс оған бажырая қалды. — Дәрігерде қашан болғанымыз тіптен есімде жоқ.
— Әйеліңіздің жүрегі ауыратын ба еді, білмейсіз бе?
— Білмеймін, дәрігер. Жүрегім ауырады демейтін.
— Ұйқысы дұрыс па еді, жалпы? - деп сұрады Армстронг.
Малай көзін тайдырып, саусақтарын бұрағыштап, сындырып, қайырып, қыбыжықтап қалды.
— Жоға, ұйқысын айтарлықтай дұрыс деуге болмайтын, - деп міңгірледі.
— Ұйықтататын дәрі ішетін бе еді?
— Ұйықтататын дейсіз бе? - деп сұрады Роджерс таңырқанып. — Білмедім. Жоқ, сірә, ішпеген шығар — ішетін болса, оны білер едім ғой.
Армстронг туалет үстелшесіне жақындады. Онда бірнеше құйттай бөтелке тұрған: шашқа жағатын лосьон, лаванда суы, іш жүргізетін дәрі, глицерин, тіс жуатын паста, эликсир...
Роджерс оған барынша көмектесіп бақты - үстел суырмаларын тартты, шкафтарды ашты. Бірақ олар есірткінің — сұйық күйінде болсын, ұнтақ күйінде болсын — ешқандай ізін таба алмады.
— Ол кеше кешкісін өзіңіз берген нәрседен басқа ештеңе ішкен жоқ, дәрігер, - деді Роджерс.
2
Гонг даңғыры таңертеңгі асқа шақырғанда қонақтар әлдеқашан тұрып, әрі-сәрі күйде алда не боларын күтіп жүрген. Генерал Макартур мен сот алаңқайда бой жазып, әлемдік саясат жайында пікір алысты. Вера Клейторн мен Филипп Ломбард үйдің сыртындағы жартасқа шықты. Ол жерден олар Уильям Генри Блорды жолықтырды — жағалауға жабыға көз тігіп тұр екен.
— Бұл араға келгеніме біраз болды, моторлы қайық әлі көрінер емес, - деді ол
— Девон — жалқаулардың мекен-тұрағы. Мұндағылар ерте тұрғанды жаратпайды, - деді Вера сылқ-сылқ күліп.
Бұларға арқасын бере теріс айналған Филипп Ломбард шалқып жатқан теңізге көз тікті.
— Қалай, ауа райы ұнай ма сіздерге? - деп сұрады ол
Блор аспанға көз салды.
— Жаман емес секілді.
Ломбард жаймен ысқырып жіберді:
— Осы сөзімді ұмытпаңыздар, кешке қарай жел тұрады.
— Дауыл бола ма? - деп сұрады Блор.
Төменнен гонгтың даңғыры естілді.
— Таңертеңгі асқа шақырып жатыр, - деді Ломбард. — Тіпті жақсы болды, қарным аша бастап еді.
Тік беткеймен төмен түсіп келе жатқан кездерінде Блор Ломбардқа өз ойын айтты:
— Білесіз бе, Ломбард, Марстонның не себепті өзін-өзі өлтіруге ұйғарғанына тіптен ақылым жетпейді. Түні бойы соны ойлап басым қатты.
Вера алда бара жатқан. Ломбард бұлардың соңында келе жатқан.
— Басқа жорамалыңыз бар ма? - деп Ломбард сұраққа сұрақпен жауап қайтарды.
— Маған дәлелдеме қажет. Құрығанда, оны өзіне-өзі қол салуға итермелеген не нәрсе екенін білуім керек. Жалпы алғанда, бүл жігіт ақшадан мұқтаждық көрмеген сияқты.
Қонақ бөлмеде бұларды Эмили Брент қарсы алды.
— Қайық бері қарай шығып па? - деп сұрады ол алып - ұшып.
— Әлі шыға қойған жоқ, - деп жауап қатты Вера.
Олар асханаға кірді. Буфетте бекон қосып қуырылған жұмыртқа салынған нән табақ буы бұрқырап тәбет шақырып тұр еді, шай мен кофе шәйнектері де осы арада болатын. Жабылып кетпесін деп есікті демеп тұрған Роджерс бұларды өткізіп жіберген соң ішке кіріп, есікті жауып қойды.
— Бүгін оның түрі сырқат адамның түрінен аумайды, - деді Эмили Брент.
Дәрігер Армстронг - ол терезеге арқасын беріп тұрған — жөткірініп қойды.
— Бүгін ұсақ-түйек кемшіліктерге кеңшілікпен қарауымыз керек, — деді ол — Таңертеңгі асты Роджерстің жалғыз әзірлеуіне тура келді. Миссис Роджерстің... э-э... оған қолғабыс жасарлық жағдайы болмады.
— Оған не болды? - деп сұрады Эмили Брент кіділеніп.
— Асымызды ішейік, — деді оның сауалын құлағына ілмеген Армстронг. — Жұмыртқа суып кетер. Ac ішіп болған соң өздеріңізбен бірге отырып талқылайтын жайлар бар.
Жұрт оның айтқанына құлақ қойды. Тәрелкелерін толтырып, біреу өзіне шай, біреу кофе құйып алған соң тамақ ішуге кірісті. Өзара келісім бойынша, аралдағы ахуал жайын ешкім ауызға алмады. Әр алуан нәрсе төңірегінде: жаңалықтар, әлемде болып жатқан оқиғалар, спорт турасында сөз етісті, Лохнесс құбыжығының қайтадан көрініс бергені талқыланды.
Тәрелкелер тақырланған соң дәрігер Армстронг креслоға шалқайды да, маңызды бірдеңені мәлім ететін кісіше тамағын кенеді:
— Қайғылы хабарды сіздерге ас ішіп болған соң айтқанды жөн көрдім: миссис Роджерс ұйқыда жатқан күйі дүние салды.
Таңырқанған, шошынған айқайлар естілді.
— Құдайым-ай! - деді Вера. — Аралдағы екінші өлім!
— Ым-ым, бұл тегін нәрсе емес, - деді сот, қашанғыдай әр сөзін шегелей сөйлеп. — Сонда өлімге себеп болған не?
Армстронг иығын қиқаң еткізді:
— Оны айту қиын.
— Бұл үшін мәйітті жару керек пе?
— Әрине, оның өлімі туралы куәлікті мәйітті жармай бере алмас едім. Бұл әйелді мен емдегем жоқ, денсаулығы қандай күйде екенінен мүлдем хабарсызбын.
— Түрінен әлденендей үрейге бой алдырғаны байқалатын, — деді Вера. — Сосын, өткен кеште қатты қайғырып — қапаланды. Жүрегі тоқтап қалған ғой, солай ма?
— Тоқтауын тоқтады, — деп шорт кесті Армстронг, — бірақ оған себеп болған не, міне бізге соған көз жеткізу керек.
— Ар-ұят, - деді Эмили Брент.
Бойын үрей билеген жұрт мелшиіп отырып қалды.
— Сондағы айтпағыңыз не, мисс Брент? - деп сұрады одан Армстронг.
— Естіген жоқсыздар ма, - деді анау, — миссис Роджерске күйеуі екеуінің өз бибілерін — егде жастағы әйелді өлтіргені туралы айып тағылды ғой.
— Сонда, сіздің ойыңызша...
— Менің ойымша, бұл — шындық, — деді Эмили Брент. — Кеше кеште оның қалай дегбірден айрылғанын көрдіңіздер. Зәре-құты қалмай қорқып, есінен танып қалды. Қаскүнемдік қылмысы аян болғанына шыдай алмады. Ол, шын мәнінде, қорыққаннан өліп кетті.
Армстронг сенбестікпен бас шайқады.
— Шындыққа жанасымды-ақ теория, - деді ол, — бірақ марқұмның денсаулығы қандай күйде екенін білмегендіктен бұған сене алмаймын. Егер жүрегі дімкәс болса...
Эмили Брент оны бөліп кетті:
— Одан гөрі мұны Жасағанның жазасы деп білген жөн, - деді ол міз бақпай.
Бұл сөз жұрттың ұнжырғасын түсіріп жіберді.
— Тым қатты кеттіңіз, мисс Брент, - деп жазғырды оны Блор.
Кәрі қыз басын кекжең еткізді, көзі шырадай жанып түр еді.
— Жасағанның күнәкарды жазалай алатынына сіз сенбейсіз, ал мен сенем.
Сот иегін сипалады.
— Қымбатты мисс Брент, — деді ол, даусынан келеке етіп отырғаны аңғарылатын, — өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, Жаратқан жауыздарды жазалауды бізге, қарапайым пенделерге, жүктеген, ал бүл жұмысты іске асыруға кедергі келтіретін нәрсе шаш етектен.
Эмили Брент иығын қиқаң еткізді де қойды.
— Кеше кешкісін төсекке апарып жатқызған кезде ол бірдеңе ішіп, бірдеңе жеді ме екен? - деп сұрады Блор.
— Ештеңе де, - деді Армстронг.
— Қалай сонда? Бір шыны аяқ шай да, бір стақан су да ішпеген бе? Оның құрығанда бір шыны аяқ шай ішкеніне бәс тіге алам. Бүл секілді адамдардың шай ішпесе көңілі көншімейді.
— Роджерс ол ештеңе ішкен де, жеген де жоқ деп тұр.
— Ол соға береді ғой, - деп салды Блор және мұны нығыздап айтқаны сонша, дәрігер оған қарап қойды.
— Демек, содан секем алып тұрсыз ба? - деп сұрады Ломбард.
— Және оның себебі де баршылық, — деп қызарақтады Блор. — Әлгі айыптауларды кеше кешкісін бәріңіз естідіңіздер. Бәлкім, бұл құр әншейін сандырақ - әлдебір делқұлының ойлап тапқан бірдеңесі боп шығуы да ықтимал Ал егер бұл шындық болса қайтеміз? Айталық, Роджерс иен зайыбы кемпірді тырапай асырды делік. Содан соң? Бұлар зәредей қауіп-қатер сезінген жоқ, істерін ың-шыңсыз тындырғанына қуанып мәз боп жүрді — сөйтіп жүргенде, ал саған керек болса...
Вера оны бөліп жіберді.
— Меніңше, миссис Роджерс ешқашан қаннен-қаперсіз болмаған сияқты, - деді ол ақырын ғана.
Блор Вераға шамдана қарады. Бұл қарасы: "Сендер, әйелдер, адамның аузын аштырмайсыңдар" дегенді білдіріп тұрған.
— Мейлі, солай-ақ болсын, — деп сөзін сабақтады ол — Қайткен күнде де, Роджерстер өздеріне төніп тұрған қатер жоғын жақсы білетін. Сөйтіп жүргенде, кеше кешкісін әлгі беймәлім делқұлы олардың құпиясын ашып қойды. Содан соң не болды? Миссис Роджерс сансырап қалды. Ол есін жиып, өзіне-өзі келгенше күйеуінің қалай қасынан шықпай қыбыжықтағаны естеріңізде ме? Әйелінің денсаулығына бола өйтіп тыпырлап жүрген жоқ еді ол Әсте олай емес! Тығырыққа тіреліп, амалы таусылғанын сезген. Әйелі бәрін айтып қоя ма деп зәресі ұшқан. Міне, әңгіме қайда! Олар ұйымдасып кісі өлтірді. Егер өткен өмірлерін қопарыстыра бастаса жағдайы нешік болмақ? Бәс тігуге бармын, әйел бәрін жайып салар еді. Ақыр аяғына дейін барлығын түгел теріске шығарып, жалған сөйлеуге төзімі жетпес еді. Ол күйеуінің басына төнген қатерге айналады, міне мәселе неде. Ал, өзін қойшы, өзінің жайы белгілі. Ақырзаман орнағанша өтірікті суқита береді, бірақ әйелге сенім жоқ!
Әйелі бәрін жайып салса, мұның да саудасының біткені. Осы себепті, әйелі аузын мәңгі жабуы үшін оның шайына ұйықтататын дәрінің үлкен дозасын себеді...
— Төсек жанындағы үстелшеде шыны аяқ болған жоқ, - деп кесіп айтты Армстронг. — Жалпы, онда дым ештеңе болған жоқ — мен тексердім.
— Қайдан болады, - деп мырс етті Блор. — Әйелі әлгі сусынды ішкен бойда анау шыны аяқты шай табағымен қоса апарып жақсылап жуып қойды ғой.
Үнсіздік орнады. Оны генерал Макартур бұзды.
— Бәлкім, солай болған да шығар, бірақ адам өз әйеліне өзі у береді дегенге сене алмаймын.
— Бас кеткелі тұрғанда, - деп қырқ-қырқ күлді Блор, — басқа сезім жайына қалады.
Тағы да бәрі үнсіз қалды. Сол арада есік ашылып, ішке Роджерс кірді.
— Бірдеңе керек емес пе екен? - деп сұрады ол, отырғандарды көзбен шолып. — Қуырылған нанды аздау әзірлегенімді айыпқа бұйырмаңыздар: нанымыз таусылып қалды. Оны қайық әкелуге тиіс еді, әлі келмей жатыр.
— Қайық әдетте қай уақытта келетін? - деп сот Уоргрейв креслосында қозғалақтады.
— Сағат жеті мен сегіздің арасында, сэр. Кейде сегізден кете. Нарракоттың қайда жоғалғанын түсінбеймін. Өзі сырқаттанып қалса, інісін жіберуге тиіс еді.
— Қазір қанша болды? - деп сұрады Филипп Ломбард.
— Онға он минут қалды, сэр.
Ломбард қабағын шытып, басын шайқады. Роджерс тағы бірер минутқа кідірді.
— Сізге көңіл айтам, Роджерс, - деді оқыстан генерал Макартур малайға. — Қайғылы хабарды дәрігер бізге осы қазір ғана жеткізді.
Роджерс басын иді.
— Рақмет сізге, сэр, - деді ол сосын босаған ыдысты алып бөлмеден шығып кетті.
Қонақ бөлмеде қайтадан үнсіздік орнады.
3
Үйдің алдындағы алаңқайда Филипп Ломбард:
— Қайық жөніндегі мәселеге келсек... - деп кібіжіктеді.
Блор оған қарап қойды да, қоштап бас изеді.
— Не айтқалы тұрғаныңызды білем, мистер Ломбард, - деді ол — бұл турасында мен де ойланғам. Қайық екі сағат бұрын келуге тиіс еді. Келген жоқ. Неліктен?
— Жауабын таптыңыз ба? - деп сұрады Ломбард.
— Білетінім біреу ғана - бұл жай кездейсоқтық емес. Бәрі де бір-бірімен керемет қиюласып тұр.
— Сіздіңше, қайық келмей ме сонда? - деп сұрады Ломбард.
Оның арқа тұсынан:
— Әрине, келмейді, - деген күңкілдеген ренішті дауыс естілді.
Блор етженді кесек денесін бұрып, сөйлеп тұрған адамға ойлы жүзбен қарап қалды.
— Сіз де сондай ойдасыз ба, генерал?
—Әрине, ол енді келмейді, - деді генерал ашуланып. — Моторлы қайық аралдан алып кетер деп дәмеленеміз. Бірақ бұл жерден енді ешқайда кетпейміз — осылай ойластырылған. Ешкім де бұл аралдан ешқайда кете алмайды... Ақырғы дем осы жерде болады, түсінесіздер ме, ақырғы дем... — Ол іркіліп қалды да, өзгеріп шыққан бәсең дауыспен былай деп қосып қойды: — Бұл арада сондай тыныштық — нағыз жаныңды жай таптырар тыныштық. Міне, ақыр соңы, бәрінің де ақыр соңы... Тыныштық...
Ол жалт бұрылды да, кете барды. Алаңқайды айналып өтіп, тік беткеймен теңізге қарай құлдилап, аралдың шетіне, тастар жартастан суға гүрс-гүрс құлап жатқан жаққа қарай кетті. Айкезбе секілді шамалы шатқаяқтай басып бара жатыр еді.
— Тағы біреу ақылынан алжасты, - деді Блор. — Ерте ме, кеш пе бәріміз де ақыл-естен адасатын шығармыз.
— Сізді ақыл-естен адаса қояр деу қиын, - деді Ломбард.
Бұрынғы инспектор күліп жіберді:
— Иә, мені ақылдан алжастыру оңайға соқпайды. - деді ол Сосын онша инабаттылық білдірместен: — Өзіңізге де ондай қатер төніп тұрған жоқ қой, мистер Ломбард, - деп қосып қойды.
— Рас айтасыз, бойымнан жынданудың ешқандай белгісін байқап жүрген жоқпын, - деп жауап қатты Ломбард.
4
Дәрігер Армстронг алаңқайға шықты да, ойланып тұрып қалды. Сол жағында Блор мен Ломбард сөйлесіп тұрған. Оң жағында Уоргрейв басын төмен салып, әрлі - берлі теңселіп жүрген. Азды-кем екі ойлы боп тұрғаннан кейін Армстронг соттың қасына баруды ұйғарды. Бірақ сол арада асыға басқан аяқ дыбысы естілді.
Іле-шала арқа тұсынан Роджерстің:
— Сізбен шұғыл түрде сөйлесуім керек еді, сэр, - деген дауысы естілді.
Армстронг оған қарай бұрылды да, мелшиіп қатып қалды: малайдың көзі ұясынан шыға жаздап шақ тұр екен. Беті көгеріп кетіпті. Қолы қалш-қалш етеді. Бірнеше минут қана бұрын ұстамдылық үлгісіндей боп көрінген. Арадағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін аңғарған Армстронг қатты абыржып кетті.
— Рақым етіңізші, сэр, сізбен көзбе-көз сөйлессем деп см. Оңашада.
Дәрігер үйге қарай жүрді, ақыл-естен айырылған малай соңынан сүмеңдеп еріп отырды.
— Не болды сізге, Роджерс? - деп сұрады Армстронг. — Жөнге келсеңізші.
—Былай қарай, сэр, былай қарай өтіңіз.
Ол асхананың есігін ашты да, дәрігерді өткізіп жіберген соң өзі ішке кіріп, есікті жауып алды.
— Ал не болды? - деді Армстронг.
Роджерстің жұтқыншағы жоғары-төмен тынымсыз қозғалақтап түр еді. Құдды бірдеңені жұтқан, бірақ біржола жұта алмай әуре боп жатқан секілді.
— Мұнда адам түсінбейтін бір сұмдық боп жатыр, - деді ол ақыры.
— Не нәрсе жайында айтып тұрсыз? - деп сұрады Армстронг.
— Бәлкім, сіз мені жынданып кетті деп ойлайтын шығарсыз, сэр. Мұның бәрі түкке тұрғысыз нәрсе дейтін шығарсыз. Бірақ мұның себебін түсіндіріп беру қиын. Тіптен мүмкін емес. Бұл не болғаны сонда?
— Ау, айтсаңызшы жөндеп. Жұмбақтап сөйлегенді қойсаңызшы.
Роджерс тағы да жұтынып алды.
— Әңгіме мүсіншелер жайында, сэр. Үстелдің ортасында тұрған, фарфордан жасалған әлгі негр балаларын айтам. Олар он еді. Құдай бар, олардың саны он болатын.
— Иә, он болатын, - деді Армстронг. — Кеше түскі астың үстінде санап шыққанбыз.
Роджерс оның қасына таяп келді.
— Міне, кілтипан осында, сэр. Кеше түнде үстелдегі ыдыс-аяқты жинап жатқанымда олардың тоғызы ғана қалған, сэр. Мен аң-таң болдым. Сөйттім де қойдым. Бүгін таңертең, сэр, дастарқан жасаған кезімде оларға қараған да жоқпын — шаруам бастан асатын... Ал қазір үстелдегі ыдыс-аяқты жинастырайын деп келсем... Сенбесеңіз өзіңіз қараңызшы. Олардың сегізі ғана қалыпты, сэр! Бар-жоғы сегіз ғана. Неліктен бұлай?
Жетінші тарау
1
Таңертеңгі астан кейін Эмили Брент Вераға жартастың басына шығайық, қайық келе жатқан жоқ па екен, қарайық деген ұсыныс айтты.
Жел күшейе бастаған. Бәлекей толқындар теңіз бетін ақ көбіктендіре ойнақ сап жүрген. Балықшы қайықтары теңізге шыққан жоқ, сондықтан ба, моторлы қайық та шықпады. Стиклхевн деревнясының төбесінен төнген биік жота ғана көзге шалынады. Ал деревняның өзі көрінбейді — шығанақты теңізге қарай сұғына түскен жирен жартас көлегейлеп тұр.
— Кеше бізді осында алып келген теңізші маған өте жақсы эсер қалдырған. Неге осынша кешігіп жатқаны түсініксіз, — деді мисс Брент.
Вера жауап қайтарған жоқ. Бойын билеп алған мазасыздықпен арпалысып кеткен. "Ұстамды бол, — деп қайталады ол іштей. — Абыржып, абдырама. Мұндай емес едің ғой: жүйкең қашан да берік болатын".
— Қайық тезірек келсе екен, - деді ол сәлден кейін. — Мына арадан сондай кеткім келеді.
— Кеткісі келетін жалғыз сіз ғана емес, - деп дүңк етті Эмили Брент.
— Мұның бәрі адам сенбейтін нәрсе, - деді Вера. — Және мән де, мағына да жоқ.
— Өзіме өзім сондай өкпелімін, - деді мисс Брент өрекпіп. — Қалайша оп-оңай қармаққа түсіп қалдым екен? Ойланып көрсең, соншалықты сөлекет хат. Бірақ ол кезде менде зәредей күмән болмаған.
— Әрине, қайдан болсын, - деп Вера келісе кетті.
— Біреуден бірдеңе естісек соған кәдімгідей сеніп қалатын әдетіміз ғой, - деп сөзін жалғады Эмили Брент.
Вера терең күрсініп алды.
— Таңертеңгі астың кезінде айтқаныңызға... шынымен сенесіз бе? - деп сұрады ол
— Анықтап айтсаңызшы, қалқам. Не жөнінде сұрап тұрсыз?
— Шынымен-ақ, Роджерс пен әйелі ана кемпірді мүрдем кетірді деп ойлайсыз ба? - деп сыбырлай сөйледі Вера.
— Өз басым бұған кәміл сенімдімін, - деді мисс Брент, — ал сіз ше?
— Не айтарымды білмеймін.
— Жоға, бұған ешқандай шүбә келтіруге болмайды, - деді мисс Брент. — Есіңізде ме, әйелі аяқ асты талып қалды ғой, ал күйеуі кофе тұрған подносты қолынан түсіріп алды. Оның үстіне, ашу шақырғаны да біртүрлі жасандылау шықты. Бұлардың әлгі мисс Брейдиді өлтіргеніне еш күмәнім жоқ.
— Миссис Роджерс маған көлеңкесінен де қорқатындай көрінген, - деді Вера. — Мұндай үргелек жанды өмірі кездестірмегем. Шамасы, ар-ұяты алдында азап шегіп жүрген болды ғой.
Мисс Брент міңгірлей сөйледі:
— Бала кезімде бөлмемде:
"КҮНӘҢІЗ ҮШІН ЖАЗАҒА ҰШЫРАЙСЫЗ" дейтін нақыл сөз жазылған тақтайша ілулі тұратын. Мынау тап соның кебі.
— Бірақ, мисс Брент, қалайша сонда... - деп алып — ұшты Вера.
— Не - қалайша, қалқам?
— Қалғандары қалай сонда? Қалған айыптауларды айтам.
— Сізді түсіне алмадым.
— Қалған айыптаулар — олар... олар әділетсіз ғой, солай емес пе? Бірақ, егер Роджерстерге тағылған айып әділ болса, онда... — Вера мүдіріп қалды, ойы шатасып кетті.
Дал боп тұрған мисс Бренттің маңдайындағы қыртыс жазылып жүре берді.
— Түсінем... - деді ол — Бірақ мистер Ломбард, мысалға, жиырма адамды өлімге душар еткенін өзі мойындады емес пе.
— Өй, олар бұратаналар ғой, - деді Вера.
— Қара болсын, ақ болсын — ағайынбыз бәріміз, - деді мисс Брент тәлімгерси сөйлеп.
"Біздің терісі қара бауырлар, Христос арқылы туыстасқан бауырлар, - деп ойлады Вера. — Құдай-ай, қазір қарқылдап күліп жіберетін шығармын. Жыным қозып барады. Өз еркіме өзім ие болар емеспін.
Ал Эмили Брент ойлы кейіпте сөзін жалғай түсті:
— Әрине, кейбір айыптау адамның күлкісін келтіреді және қиыннан қиыстырылған. Мысалға, сотқа - ол тек қоғам алдындағы парызын орындады ғой - және бұрынғы полицейге қатысты айыптауды алайық. Сондай-ақ, өзіме қатысты айыптау да сондай, -деді ол аз іркілістен соң. — Рас, кеше бұл жайында айта алмадым. Еркектер алдында бұл тақырыпта сөйлеу ерсі нәрсе.
— Қай тақырыпта? - деп сұрады Вера.
Мисс Брент сұраққа көңіл аудармастан сөзін жалғай берді:
— Беатриса Тейлор маған күтуші боп орналасты. Кім екенін кейін ғана білдім. Оңбай алданып қалдым. Тазалық сақтауды ұнататын, еңбек сүйгіш, елпілдек қыз басында маған қатты ұнаған. Өкпе-ренішім болған жоқ. Бірақ мұның бәрін әншейін көз алдау үшін жасап жүр екен. Шын мәнінде, ол ар-ұяттан жұрдай, жеңіл жүрісті қыз боп шықты. Жұрт айтатындай, ол.. буаз боп қалғанда мұны бірден түсіне де алмадым. — Эмили Брент үшкірлеу кішкене мұрнын тыржитты. — Бұл мені қатты шошынтты. Ата-анасы, — олар жөні түзу адамдар еді, — оны қатаң тәрбиеде өсірген болатын. Олар да қыздарының бұл ісін қоштай қоймады.
— Сонда ол қыз қайтті? — Вера мисс Бренттен көзін аудара алмай қалды.
— Әлбетте, оны шаңырағымда одан әрі қалдырғым келмеді. Азғындыққа көз жұма қарады деп мені ешкім кінәлай алмайды.
— Сонда ол қыз қайтті? - деп қайталады Вера тіптен бәсең дауыспен.
— Оның мойнында үлкен күнә бар еді, - деді мисс Брент. — Ол аздай, жұрт өзінен теріс айналған кезде, одан да зор күнә жасады — өзіне-өзі қол салды.
— Өзін-өзі өлтірді ме? - деп күбір етті үрейі ұшқан Вера.
— Иә, суға кетіп өлді.
Вера селк ете қалды. Мисс Бренттің бедірейген бетіне қарап тұрып:
— Оның өзін-өзі өлтіргенін естігенде қандай сезімді бастан кештіңіз? Қуып жібергеніңізге өкіндіңіз бе? Өзіңізді айыпты көрдіңіз бе?
— Өзімді ме? - деп Эмили Брент долданып шыға келді. — Өзімді өзім жазғыратындай зәредей айып-кінәм жоқ.
— Ол қызды бұған сіздің қаталдығыңыз мәжбүр еткен болса ше? - деп сұрады Вера.
— Қара басының арсыздығы, қара басының күнәкарлығы — оны өзін-өзі өлтіруге итермелеген нәрсе міне осы. Өзін жібі түзу қыз сияқты ұстаса, мұндай ештеңе болмас еді.
Ол Вераға жүзін бұрды. Көзінде өкініштің ізі де жоқты: Вераға өз ісінің дұрыстығына деген нық сеніммен тесірейе қарап қалған болатын. Ізгі қасиеттерінің сауытымен құрсанған Эмили Брент Негр аралының қақ төбесіне шығып тұрған. Шынжау кәрі қыз енді Вераға әсте күлкілі боп көрінбеді, керісінше, аса қатерлі біреу секілді әсер қалдырды.
2
Дәрігер Армстронг асханадан алаңқайға шықты. Оң жағында сот Уоргрейв креслоға жайғасып, теңізге жайбарақат көз тігіп отыр еді. Сол жағында Блор мен Ломбард үн-түнсіз шылым шегіп отырған. Өткен жолғыдай дәрігер тағы екі ойлы боп қалды. Сот Уоргрейвке ойлана көз жіберді. Біреу-міреумен ақылдасқысы келген. Соттың бұлтартпас логикасын жоғары бағалайтын, әйтсе де күдікке бой алдыра берді. Әрине, мистер Уоргрейв - ақылман адам, бірақ шау тартып қалған кісі. Мынадай шатақ іске белсенді әрекет ететін адам керек. Сөйтіп, ол ақыры өз таңдауын жасады.
— Ломбард, сізді бір минутқа бола ма?
Филипп орнынан атып тұрды.
— Әрине.
Олар жағалауға түсті.
Екеуі едәуір жырақтаған соң Армстронг:
— Маған сіздің ақыл-кеңесіңіз керек боп түр, - деді.
Ломбард қабағын қайшылады:
— Медицинадан түк хабарым жоқ қой.
— Мені дұрыс түсінбедіңіз, қазіргі ахуалымыз турасында ақылдассам деп ем.
— Бұл басқа әңгіме.
— Шыныңызды айтыңызшы, осының бәрі жайында қандай ойға келдіңіз?
Ломбард бір минуттай ойланып тұрды.
— Бұл істе бас қатырар нәрсе жетершілік, - деді ол
— Миссис Роджерстің өлімін қалай түсіндіресіз? Блордың айтқанымен келісесіз бе?
Филипп темекі түтінін әуеге сақина етіп шығарды.
— Бұл оқиғаны өз алдына бөлек алып қарастырар мүмкіндік болса, онда келісер де едім, - деді ол.
— Әңгіме сонда, — деп Армстронг жеңілдене күрсінді. Филипп Ломбардтың анау айтқандай ақылсыз еместігіне көзі ақи-тақи жеткен-ді.
Филипп сөзін сабақтады:
— Яғни, мистер және миссис Роджерс жазықсыз адамды жер жастандырып, жазаға ілікпей құтылып кетті дейтін тұжырымға тоқтар болсақ. Олардың тап осылай істеуі де әбден мүмкін ғой. Қалай ойлайсыз, сонда олар қайткен? Кемпірге у берген бе?
— Олар кемпірді одан гөрі оңайлау әдіспен аттандырған тәрізді, - деді Армстронг. — Бүгін таңертең Роджерстен мисс Брейдидің немен ауырғанын сұрағам. Жауабы біраз нәрсенің басын ашқандай болды. Медициналық амал - әрекеттің бәрін тізбей-ақ қояйын, бір ғана айтарым - жүрек ауруларының кей түріне амилнитрит қолданылады. Жүрек талмасы басталған кезде ампуланы сындырып, науқасқа иіскетеді. Дәріні науқасқа дер кезінде бермесе, мұның соңы өлімге соқтыруы ықтимал
— Бұдан оңай әдіс табыла қоймас, - деді Ломбард ойлана үн қатып, — мұны қолданудың еш қиындығы жоқтығы да қызықтырған шығар.
Дәрігер басын изеді:
— Оларға у тауып алмақ боп әлектенудің де, оны ыдысқа себудің де — түк ештеңенің қажеті жоқ еді, бір сөзбен айтқанда, түк ештеңе істемей қол қусырып қарап отыру ғана керек болатын. Оның үстіне, Роджерс жеті түнде дәрігер шақыруға кетті — олардың ешкім ештеңе білмейді деп ойлауына толық негіз бар еді.
— Тіпті білген күннің өзінде де дәлелдей алмайтын, - деп қосып қойды Филипп Ломбард. Соны айтып қабағын қарс жапты. - Иә, бұл көп нәрседен сыр ұқтырады.
— Кешіріңіз, неден сонда? - деп таңырқанды Армстронг.
— Бұл өзімізді Негр аралына алдаусыратып алып келудің себебін түсіндіреді, дегенді айтқым келіп еді. Кейбір қылмыс үшін жауапқа тарту мүмкін емес. Мысалға, Роджерстерді алыңыз. Екінші мысал — Уоргрейв қарт — ол заңдылықты қатаң сақтай отырып кісі өлтірді.
— Оның адам өлтіргеніне кәдімгідей сеніп қалдыңыз ба? - деп сұрады Армстронг.
Ломбард езу тартты:
— Е, сенбегенде! Әрине, сендім. Адамды пышақтап өлтіру қандай болса, Уоргрейв те Ситонды тап солай өлтірді. Бірақ мұны басына парик, үстіне мантия киіп, сот креслосында отырып істеуге ақылы жетті. Сондықтан оны әдеттегі жолмен жауапқа тартудың еш мүмкіндігі жоқ.
Осы сәт Армстронгтың ойында мынадай сөздер жалт ете қалды: госпитальдағы кісі өлтіру. Операция үстелінде кісі өлтіру. Қауіпсіз әрі сенімді — банкідегі ақшадай...
Ал Ломбард сөзін жалғай түсті:
— Мистер Оним мен Негр аралының қажет болған себебі де, міне, осында.
Армстронг терең күрсініп алды:
— Мәселенің тоқ етеріне енді келдік. Бізді мұнда не үшін жинап отыр?
— Өзіңіз не үшін деп ойлайсыз? - деп сұрады Ломбард.
— Миссис Роджерстің өліміне бір минутқа қайтып оралайықшы, - деді Армстронг. — Бұл турасында қандай жорамал жасауға болады? Бірінші жорамал - оны өзін әшкере етеді деп қорыққан Роджерстің өлтіруі; екіншісі — басымен қайғы болған әйелдің өз еркімен өмірден кетуі.
— Басқаша сөзбен айтқанда, өзін-өзі өлтірді деу керек қой, солай ма? - деп нақтылай түсті Ломбард.
— Бұған не айтасыз?
— Марстон мерт болмағанда сізбен келісер едім, - деп жауап қатты Ломбард. — Он екі сағаттың ішінде екі адамның өзін-өзі өлтіруі — бұл тіптен ақылға сыйымсыз! Әгәрәки, сіз: Антони Марстон, ақыл-ойдан да, аяушылық сезімінен де жұрдай осынау ожар жігіт, екі баланы басып кеткеніне бола өзіне-өзі қол салды дейтін болсаңыз, онда бетіңізге қарап қарқылдап тұрып күлген болар едім! Одан соң, ол уды қайдан табуы мүмкін? Меніңше, цианды калийді жилетінің қалтасына салып жүретіндер онша жиі кездеспейтін секілді. Бірақ енді бүл жайында менен гөрі өзіңіз көбірек білесіз ғой.
— Ақыл-есі бүтін бірде-бір адам цианды калийді өзімен бірге алып жүрмейді, егер тек айналысатын кәсібіне байланысты жабайы араларды жиі жолықтыратын біреу болмаса, - деді Армстронг.
—Қысқасы, әуесқой бағбан немесе фермер болмаса дейсіз той? Ал бүл Марстон айналыса қояр кәсіп пе? Иә, цианды калийдің қайдан пайда болғанын түсіндіру оңай шаруа емес. Әлде Антони Марстон өзін-өзі өлтіру жөнінде мұнда келерден көп бұрын ұйғарым жасап, осыған орай уды өзімен бірге ала келді ме екен, әлде...
— Не нәрсе — әлде? - деп дігірледі Армстронг.
— Бұл сөздің менің аузымнан шыққанына құштарсыз ба? - деп мырс етті Ломбард. — Антони Марстонның кісі қолынан ажал тапқанын өзіңіз де бек жақсы біліп тұрсыз ғой.
3
— Ал миссис Роджерс ше? - деді дәрігер Армстронг жұлып алғандай боп.
— Егер миссис Роджерс болмаса, Марстонның өзін-өзі өлтіргеніне, шүбә келтірсем де, сенер едім, - деді Ломбард ойлы жүзбен. — Сондай-ақ, Антони Марстон болмаса, миссис Роджерстің өзін-өзі өлтіргеніне шүбә келтірмей-ақ та сенер едім. Егер Антони Марстонның жұмбақ өлімі болмаса, Роджерстің оз әйелінің көзін құртуға ұйғарым жасағанына да сенуге болар еді. Бізге бірінен соң бірі шұғыл орын алған екі өлімнің себебін түсіндіретін теория керек.
— Бұл ретте сізге азды-кем көмек көрсете алам, - деді Армстронг, сосын оған фарфордан жасалған екі негр баласының ғайып болғаны жайындағы Роджерс айтып берген әңгімені жеткізді.
— Иә, негр балалары... - деді Ломбард. — Кеше кешкісін олардың саны он болған. Ал қазір сегізі ғана қалды дейсіз бе?
Армстронг өлең жолдарын тақпақтай жөнелді:
Он негр баласы тамақ ішуге барды,
Біреуі шашалып өлді, тоғызы ғана қалды.
Тоғыз негр баласы сосын жатып демалды,
Біреуі оянбады, сегізі ғана қалды.
Еркектер бір-біріне қарасты. Филипп Ломбард мырс етті де сигаретін лақтырып тастады.
— Бәрі де соншалықты дәлме-дәл шығып тұр, сол себепті бұл әсте әншейін кездейсоқтық емес. Антони Марстон түскі астан кейін әлде шашалып, әлде дем жетпей тұншығып өледі, Роджерс шешей төсекке жатады да, оянбайды.
— Бұдан шығатын қорытынды қандай? - деді Армстронг.
— Бұдан шығатын қорытынды, - деп іліп әкетті Ломбард, — біз жаңа жұмбаққа тап келдік. Оның шешуі неде? Әлгі мистер Икс, мистер Оним, мистер А. Н. Оним қайда? Әлгі ойына не келсе соны істеп жүрген делқұлы — анонимді айтам?
—Дәп солай, — деді мойнынан жүк түскендей күрсініп алған Армстронг, — демек, сіз мені қолдайтын болдыңыз. Бірақ бұл нені білдіреді, сол жөнінде ойландыңыз ба? Роджерс аралда өзімізден басқа ешкім жоқ деп ант-су ішіп отыр.
— Роджерс қателеседі. Бәлкім, тіпті өтірік айтатын шығар.
Армстронг басын шайқады.
— Олай болмас. Онда зәре жоқ. Үрейі қалмай қорқып, есін жоғалтудың аз-ақ алдында жүр.
— Моторлы қайық та бүгін келмей қойды, - деді Ломбард. — Бір-біріне орайласып-ақ түр. Мистер Онимнің бәріне алдын-ала қам жасап қойғаны байқалады. Мистер Оним өз жоспарын іске асырып болғанша, Негр аралы құрлықтан оқшауланып қалмақ.
Армстронгтың жүзі қуқыл тартып кетті.
— Түсінесіз бе, бұл адам барып тұрған маньяк қой, - деді ол
— Сөйте тұрғанымен, мистер Онимнің ескермеген нәрсесі де бар, - деді Филипп сес білдіре сөйлеп.
— Нені ескермепті?
— Аралды тінтіп шығудың түк қиындығы жоқ — бұл жер өсімдік атаулыдан жұрдай. Көзді ашып-жұмғанша сүзіп шығамыз да, қадірменді А. Н. Онимді ұстап аламыз.
— Ол қауіпті адам болуы мүмкін, - деп сақтандырды Армстронг.
Филипп Ломбард қарқылдап күліп жіберді.
— Қауіпті дейсіз бе? Біз қамыс сыбдырынан қорқатын қоянға ұқсаймыз ба? Оны қолға түсірген шақта ең қауіпті адам мына мен болатын шығармын. - Ол бір минуттай үнсіз қалды да, сөзін жалғады. — Бізге, сірә, Блорды көмекке шақыру қажет болар. Мынадай шырғалаңда оның пайдасы тиері анық. Әйелдерге ештеңе айтпай-ақ қойғанымыз жөн. Қалғандарына келсек, генерал, меніңше, алжып жүрген адам, ал Уоргрейвтің күші -логикасында ғана. Үшеуміз бүл жұмысты оп-оңай тындыра аламыз.
Сегізінші тарау
1
Олар Блорды көп үгіттеп жатпады. Бұлардың дәлелдемелерімен ә дегеннен-ақ келісе кетті.
— Әлгі фарфор мүсіншелер, сэр, бұл іске бүтіндей өзгеріс енгізді. Мұнда маньяк әрекет етіп жүр, — бұған ешқандай дау болмасқа керек. Мистер Оним бұл операцияны біреудің қолымен істегелі жүр деп ойламайсыздар ма?
— Түсініктірек етіп айтыңызшы.
— Меніңше, істің мән-жайы былай сияқты: кешегі айыптаулардан кейін Марстон зәре-иманы ұшып, у ішті. Роджерс те зәре — иманы қалмай әйелін ана дүниеге аттандырып жіберді — бәрі де қадірменді А. Н. О. жоспарына сайма-сай іске асырылып жатыр.
Армстронг басын шайқады:
— Цианды калий жайын естен шығармаңыз.
— Айтпақшы, сол бар екен ғой, оны ұмытып кетіппін, - деді Блор. — Әрине, ешкім ондай уды өзімен бірге алып жүрмейді. Бірақ сонда ол Марстонның бокалына қалай тап болған?
— Бұл турасында ойланғам, - деді Ломбард. — Марстон сол күні кеште вискиді бірнеше рет ішті. Соңғы рет ішкен бокалы мен соның алдында ішкен бокалының арасында әжептәуір уақыт өтті. Осы уақыттың өне бойында бокалы терезе жанындағы үстелшеде тұрды. Терезе ашық еді. Біреу — міреудің уды терезе арқылы салып кетуіне әбден болатын.
— Оны ешқайсымызға байқатпай қалай салмақшы? - деп сұрады Блор иланбай.
— Ол кезде біз басқа шаруамен айналысып жаттық қой, - деп шорт кесті Ломбард.
— Дұрыс айтасыз, - деді Армстронг, — айып тағылмаған адам қалмады. Әбігерге түсіп, бөлмеде олай-бұлай жүгіріп жүрдік, айтыстық, шат - шәлекейіміз шығып ашуландық. Иә, әлгіндей жайдың болуы әбден мүмкін...
Блор иығын қомдап қойды:
— Бәлкім, солай да шығар. Ап, енді, джентльмендер, іске кірісейік. Өзімен бірге, кездейсоқ түрде, револьвер ала шыққан ешкім жоқ па? Одан артықтың бізге керегі де болмас еді.
— Мен ала шықтым, - деп Ломбард қалтасын қағып қойды.
Блор оған көзін бақырайта қарады.
— Керегі боп қала ма деп револьверді әманда өзіңізбен бірге алып жүресіз бе, сэр? - деп сұрады ол әдейі немқұрайды түрмен.
— Дағды ғой. Не қилы өткелектен өтуіме тура келген.
— Түсінікті, - деді Блор даусын созып. Сосын былай деп қосып қойды: — Меніңше, қазіргі өткелек бұрынғылардың бәрінен ауыр болмақ! Егер бұл жерде шынымен-ақ маньяк бой тасалап жүрсе, онда оның, пышақ пен қанжар өз алдына, қару-жарақтың не түрін әзірлеп қойғаны анық.
— һім, - деді Армстронг оны қоштай қоймай. — Бұл арада мүлт кеттіңіз, Блор. Мұндай маньяктардың көпшілігі қойдан жуас келеді. Олармен араласып-құраласу да өте ұнамды.
— Мен бірдеңе білетін болсам, біздің маньяк олардың қатарына жатпайтын адам, - деді Блор.
2
Сөйтіп, үшеуі аралды аралауға аттанды. Оны сүзіп шығу көп әурешілікке түсірген жоқ. Солтүстік-батыста теп-тегіс жартас теңізге тіп-тік боп шаншылып түр. Аралда ағаш жоқ-ты, тіпті шөптің өзі де өспейді деуге болатын. Үш жігіт асқан ықтияттылықпен жүйелі түрде жұмыс істеді: жартастың қақ төбесінен теңізге қарай беткейлеп, жол - жөнекей жартастағы жарық атаулыны түгел зер сала қарап шықты. Жарықтар үңгірге қарай бастамас па екен деп дәмеленген. Алайда ешқандай үңгір табылмады.
Теңіз жағалауын сүзіп жүрген олар Макартурға ұшырасып қалды. Генерал көкжиекке қадала қарап отыр екен. Таңдап алған орны тып-тыныш болатын, оның тыныштығын тек жартасқа келіп соғылып жатқан толқынның гүрілі ғана бұзып тұрған. Қарт оларға көңіл аудармады. Көкжиектен көзін айырмаған күйі сол бұрынғыша қаздиып отырған қалпында қала берді. Оның назар аудармағанына бұлар ыңғайсызданып қалды.
"Бұл отырысы тегін емес, шалды шалық ұрғаннан сау ма екен?" деп ойлады Блор. Жөткірініп алды да, тілдеспек оймен:
— Тәуір орын тауып алған екенсіз, сэр, жанға жайлы, тып-тыныш, - деді.
Генерал қабағын шытып, оған мойын бұрып қарап қойды.
— Уақыт сондай аз, - деді ол — Уақыт сондай аз қалды, сондықтан өзімді мазаламауды сұраймын.
— Сізді мазаламаймыз, сэр, - деді Блор биязылықпен. — Жай тек аралды аралап жүрміз. Мұнда біреулер жасырынып жүрген жоқ па екен, соны тексермекпіз.
Генерал түнеріп кетті.
— Сіздер түсінбейсіздер, ештеңе де түсінбейсіздер, - деді ол — Өтінем сіздерден, кетіңіздер бұл жерден.
Блор жөнін тапты. Серіктерін қуып жеткен ол:
— Қарт ақылынан адасыпты. Қайдағы бірдеңені айтады... - деді.
— Не айтты? - деді Ломбард әуестік білдіріп.
Блор иығын қиқаң еткізді:
— Уақытым жоқ, дейді. Мазаламаңдар, дейді.
Армстронг маңдайын тыржитты.
— Қызық екен, - деп күбір етті.
3
Аралау негізінен аяқталған болатын. Үш жігіт жартастың төбесінде алыс жағалауға көз тігіп тұрған. Жел күшейе бастаған еді.
— Балықшылар қайығы бүгін шыққан жоқ, - деді Ломбард. — Дауыл басталғалы тұр. Бұл арадан деревняның көрінбейтіні өкінішті-ақ, көрінер болса сигнал беруге болар еді.
— Кешкісін лаулатып от жағу керек шығар, - деген ұсыныс айтты Блор.
— Бұдан ештеңе өне қоймас, - деп қарсылық білдірді Ломбард, — себебі олар мұны да алдын-ала ескерсе керек.
— Қалайша, сэр?
— Оны мен қайдан білейін. Бұл әншейін әзіл-оспақ деген болар. Оларды адам тұрмайтын аралға әдейі апарып тастадық, сондықтан берген белгілеріне көңіл аудармаңдар, деп алдаусыратып қойған шығар. Бәлкім, бәс тігілгені жайында деревняға сыбыс таратқан болар. Қысқасы, осындай бір сандырақты ойдан шығарулары мүмкін.
— Сіздіңше, жұрт бұған сене қоя ма? - деп шүбәланды Блор.
— Қайткен күнде де, бүл осында болып жатқан оқиғаларға қарағанда әлдеқайда нанымды, - деді Ломбард. — Өзіңіз қалай ойлайсыз, егер Стиклхевн тұрғындарына біреу келіп әлгі беймәлім мистер Оним қонақтарын түгел өлтіріп біткенше арал құрлықтан оқшауланады дегенді айтса, олар бұған сенер ме еді?
— Бұған өзімнің де сене алмайтын кездерім бар. Әйтсе де... - деп күмілжіді Армстронг.
— Әйтсе де... - деп ақсиды Ломбард, — өзіңіз мойындап тұрғандай, бұл тап солай болмақшы!
— Төменде біреу тығылып жатқан жоқ па екен? - деп сұрады Блор жағалауды көзбен шолып.
— Қайдам, - деп басын шайқады Армстронг, — жартас шамадан тыс тік. Мұның қай жеріне жасырынасың?
— Жартаста қуыс болуы ықтимал. Қайығымыз болғанда, аралды айналып шығар едік, - деді Блор.
— Қайығымыз болғанда, - деді Ломбард, — қазір құрлықтың жарты жолына жетіп те қалар едік.
— Расында да.
Сол арада Ломбардтың басына бір ой келді.
— Көзімізді жеткізейік, - деген ұсыныс айтты ол. — Қуыс табылуы мүмкін бір ғана орын бар, — әне ана тұста, оң жақта, суға тақау жерде. Арқан тапсаңыздар, мен сол жерге түсіп тексеріп шығар едім.
— Ақыл-ақ, - деп келісе кетті Блор, — мен барып жіп тауып келейін. — Соны айтып ол үйге қарай жүріп кетті.
Ломбард басын шалқайтып көкке қарады. Аспанды қара бұлт торлай бастаған еді. Жел қатая түскен. Ол Армстронгқа көз қиығын салды.
— Үндемей қалдыңыз ғой, дәрігер. Не жөнінде ойлап тұрсыз?
— Генерал Макартурдың жайы мазалайды, - деді Армстронг бірден жауап қата қоймай, — оны шынымен-ақ шалық ұрған ба сонда, әлде олай емес пе?
4
Таңертеңнен бері Вера не істерді білмей абдырап, әбігерленіп жүр еді. Эмили Бренттің маңына жуығысы келмеді - кәрі қыздан жүдә жеркеніп кеткен. Креслосын үйдің арғы бетіне апарып қойған мисс Брент тыныш жерде отырып тоқымасын тоқуға кіріскен. Ол турасында ойланса болды, суға кетіп өлген қыздың қуқыл тартқан өңі, шашына шырматылып қалған балдырлар Вераның көз алдына кеп тұра қалатын... Ендігі жерде қорқынышқа бой алдырмайтын, аяушылықты қажетсінбейтін әп-әсем қыздың, бәлкім, азды-кем ожарлау болуы да мүмкін, әлпетін көретін. Ал, Эмили Брент болса, өзінің пәктігіне деген нық сеніммен тоқымасын ынты-шынтысын салып қаннен-қаперсіз тоқып жатыр.
Алаңқайдағы талдан тоқылған креслоға сот Уоргрейв жайғасқан еді. Басы омсырайған иығына қарай отырыңқырап кетіпті. Вера оған қараған бойда сотталушылар сәкісінен орын тепкен, ақшыл-сары шашты, көгілдір көзді, әлпетіндегі үрей нышаны біртіндеп таңырқануға ойысып бара жатқан жас жігітті көз алдына елестетті. Эдвард Ситонды. Сосын соттың мыржиған қолымен қара қапшықты оның басына кигізе салып, үкімді жариялап тұрғанын көргендей болды.
Сәлден соң Вера теңіз жағасына түсіп, жағалауды бойлап жүріп кетті. Аралдың қарт генерал отырған шетіне қарай бет алған еді. Аяқ дыбысын естіген Макартур қозғалақтап, басын бұрды — көзінде үреймен қоса қабат сұрақ та тұрған. Вера шошып кетті. Генерал оған бірер минуттай қас қақпай қарап отырды. "Қызық. Бәрін білетін адамша қарайды..." деп ойлады ол.
— Ә, бұл сіз бе, - деді ақыры генерал — Келдіңіз бе...
Вера оның жанына тізе бүкті.
— Сізге осы жерде отырып теңізге қараған ұнай ма?
— Ұнайды. Осы арада отырып күткен жақсы.
— Күткен дейсіз бе? - деп қайталады Вера. — Нені күтіп отырсыз сонда?
— Ақырғы демді, - деді генерал бәсең дауыспен. — Бірақ мұны өзіңіз де жақсы білесіз ғой. Солай емес пе? Бәріміз де ақырғы демді күтіп жүрміз.
— Бұлай дегенде не айтқыңыз келеді? - деп сұрады Вера дауысы дірілдеп.
— Ешқайсымыз да аралдан кете алмаймыз. Осылай ойластырылған. Және мұны өзіңіз де білесіз. Тек бір нәрсені ғана — мұның қандай үлкен жеңілдік әкелетінін түсінбейсіз.
— Жеңілдік дейсіз бе? - деп таңырқады Вера.
— Иә, тап солай, - деді генерал, — сіз әлі жассыз... мұны түсінбейсіз. Бірақ мұның қандай жеңілдік екенін кейін, бәрі артта қалған кезде, айып жүгін әрмен қарай арқалаудың қажеті жойылған шақта ғана ұғынасыз. Күндердің күнінде мұны сіз де сезінетін боласыз...
— Түсіне алмадым сізді, - деді саусағын сығымдап сықырлата бастаған Вера құмығыңқы үнмен. Мондыбас қарт бұған ойда жоқ жерден қорқыныш туғыза бастаған.
— Білесіз бе, мен Леслиді сүйетін едім, - деді генерал ойлы жүзбен. — Сондай сүйетінмін...
— Лесли деген кім — әйеліңіз бе? - деп сұрады Вера.
— Иә... Оны сүйетін едім және мақтан тұтатынмын. Ол сондай сұлу, сондай жайдары болатын! — Қарт бірер минут үнсіз отырды да, сөзін жалғады: — Иә, мен Леслиді сүйетін едім. Анандай іске барғаным да содан.
— Сонда не айтқыңыз келеді... - деп бастаған Вера мүдіріп қалды.
Генерал басын изеді:
— Ұзамай бәріміз де өлетін болсақ, жасырып-жабатын не бар? Мен Ричмондты өлімге айдадым. Мұны кісі өлтірушілік десе де болар. Таңғалуға тұрарлық нәрсе — қашан да заң жолымен жүруші едім. Бірақ сол кезде бұған басқаша көзбен қарадым. Ар-ұят азабын тартқам жоқ. "Өзіне сол керек!" деп ойладым. Бірақ, кейін...
— Не — кейін? - деп сұрады Вера өшіге.
Генерал сүлесоқ кейіпте бас шайқады.
— Білмеймін, - деді ол — Ештеңе де білмеймін, тек кейін бәрі өзгеріп кетті. Лесли сезді ме, жоқ па — ол жағынан хабарсызбын. Сезбеді-ау деймін. Түсінемісіз, содан соң ол менен сырттай берді. Жат біреуге айналып кетті. Сосын ол дүние салды да, мен жалғыз қалдым...
— Жалғыз... жалғыз... - деп қайталады Вера, сөзі жаңғырығып естілді.
— Ақырғы демді аларда сіз де қуанатын боласыз, -деп сөзін аяқтады Макартур.
Пера орнынан ұшып тұрды.
— Не айтып тұрғаныңызды түсінбеймін, - деп бұлқан-талқан болды.
— Ал мен түсінем, балам, мен түсінем...
— Жоқ, түсінбейсіз. Сіз ештеңе де түсінбейсіз.
Генерал көкжиекке қадала қарап қалды. Мұның бар-жоғын да естен шығарғандай еді.
— Лесли... - деп шақырды ол мейірімге толы бәсең үнмен.
5
Ентіге дем алған Блор бір орам арқан алып қайтып оралғанда, Армстронг сол баяғы орнында, теңіз түкпіріне тесіле қарап тұр еді.
— Мистер Ломбард қайда? - деп сұрады Блор.
— Өзінің бір жорамалын тексеріп келуге кетті, - деді Армстронг. — Қазір келеді. Білесіз бе, Блор, мазам кетіп түр.
— Бәрімізде де маза жоқ.
Дәрігер шыдамсыздана қолын сілкіледі:
— Білем, білем. Әңгіме ол жөнінде емес. Макартур қарт турасында.
— Сонда не дегіңіз келеді, сэр?
— Біз есі ауысқан адамды іздеп жүрміз, - деді Армстронг жабырқау жүзбен. — Ал генерал жайында не айта аласыз?
— Немене, оны маньяк деп ойлайсыз ба? - деді Блор бажырайып.
— Жоға, олай дей алмас ем. Әрине, ол ондай емес, — деп жауап қатты Армстронг екі ойлы кейіпте. — Алайда, мен психиатр емеспін. Оған қоса, онымен тілдескен жоқпын, қандай адам екенін болжауға мүмкіндігім болмады.
— Әрине, оның алжи бастағаны даусыз, - деді Блор сенбестік білдіріп. — Бірақ ешқашан ойламағам...
— Дұрыс айтасыз, - деп Армстронг оны бөліп жіберді, — кісі өлтірушінің аралда жасырынып жүргені кәміл Ә, міне Ломбард та келді.
Олар арқанды оның беліне аса мұқият түрде байлады.
— Көмек қажет бола қоймас, - деді Ломбард. — Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ, сақадай сай тұрыңыздар. Қатты жұлқып қалсам, тартыңыздар.
Олар бірер минуттай Ломбардтың соңынан қарап тұрды.
— Мысықша жорғалап барады, - деді Блор жақтырмай сөйлеп.
— Кезінде тау-тасты талай шарлаған ғой, шамасы, - деді Армстронг.
— Мүмкін.
Азды-кем уақытқа үнсіздік орнады, сосын бұрынғы инспектор сөйледі:
— Қызық адам. Қандай ойда жүргенімді білесіз бе?
— Қандай?
— Сенім білдіре алмаймын оған.
— Не себепті?
Блор бірден жауап қатқан жоқ.
— Қиын сұрақ. Әйтеуір, қарсы келгенді оңдырмайтынын білем.
— Неше алуан шытырманды жағдайды бастан кешсе керек, - деді Армстронг.
— Шытырманды дегеннен гөрі шырғалаңды деген жөн шығар, - деп қарсылық білдірді Блор, сосын бір минуттай ойланып тұрып, сөзін жалғады: — Мысалға, сіз, дәрігер, керегі болар деп өзіңізбен бірге револьвер ала шықтыңыз ба?
Армстронгтың көзі бадырайып кетті:
— Мен бе? Құдай сақтасын, әрине, алғам жоқ. Не үшін?
— Ал мистер Ломбард не үшін оны өзімен бірге әкелген?
— Дағдысына айналған соң алған шығар, - деп екіұшты долбар жасады Армстронг.
Блор жақтырмай мырс етті де қойды. Сол арада Ломбард арқанды жұлқып қалды. Екеуі оны бірнеше минут бойы бар күшін салып тартты.
Тарту жеңілдене бастаған кезде Блор былай деді:
— Дағдының да дағдысы бар! Әрине, мистер Ломбард жабайы елдерге аттанғанда өзімен бірге револьверді де, примусты да, түнемел қапты да, дуст ұнтағын да алып шығар. Бірақ ана құралды осында әкелуге қаншалықты қалыптасқан дағды болсын мәжбүр ете қоймас еді. Тек шытырман оқиғалы романдарда ғана адамдар револьверін әрдайым өзімен бірге алып жүреді.
Армстронг екі ойлы кейіпте бас шайқады. Олар жартастың жиегінен еңкейіп Ломбардтың қимыл-әрекетін қадағалап тұрды. Анау өте мұқият іздестіріп жүрді, бірақ бүл іздестірудің ешқандай нәтиже бермейтіні айтқызбай - ақ аңғарылып түр еді. Ұзамай Ломбард жартастың жиегінен бермен қарай аунады да, маңдайының терін сүртіп тұрып:
— Енді бәрі түсінікті болды. Үйдің ішінен іздеу керек — басқа іздейтін жер жоқ, - деді.
6
Үйді тінтіп шығу түк қиындық келтірмеді. Алдымен олар жалғастыра салынған жайларды қарап шықты, сосын ғимараттың өзіне ауысты. Ac үйдегі шкафтан миссис Роджерстің сантиметрін тауып, аралық қабырға атаулыны түгел өлшеді. Құпия орын табылмады. Ондай орынды қазіргі заманғы қабырғалары оқтай түзу үйлердің қай жеріне орнатасың. Әуелі бұлар бірінші қабатты тінтті. Жоғарыға көтеріліп бара жатқан кездерінде терезеден Роджерсті көріп қалды — коктейль қойылған подносты алаңқайға қарай апара жатыр екен.
— Жақсы малай — таңғаларлық жан. Қандай ахуалға тап болмасын сабыр сақтайды, сыр бермейді, - деді Ломбард.
— Роджерс — аса ықтиятты қызметші, бұл салада одан кемшілік таба алмайсың, - деп қоштады оны Армстронг.
— Әйелі де керемет аспаз еді ғой, - деген пікір қосты Блор. — Кешегі түскі асынан-ақ байқалған...
Олар бірінші жатын бөлмеге кірді. Сосын екіншісіне... Арада бес минут өткен соң үшеуі баспалдақ алаңына шығып бір-біріне қарап үнсіз тұрып қалды. Жатын бөлмелерден ешкім табылмады — бұларда тығылатындай орын мүлдем жоқ еді.
— Мына кішкене баспалдақ қайда бастайды? - деп сұрады Блор.
— Күтушілер бөлмесіне, - деп жауап қатты Армстронг.
— Шатыр астында қандай да бір бөлмелер болуға тиіс емес пе, - деген жорамал жасады Блор. — Айталық, су құйылған бактар, цистерналар, тағы басқа сол сияқтыларға арналған. Бұл біздің ең соңғы және ең ақырғы үмітіміз.
Кенет жоғарыдан жайменен ұрлана басқан аяқ дыбысы естілді.
Оны бәрі де естіді. Армстронг Блорды қарынан ұстай алды. Ломбард сақтандыру ишаратын жасап саусағын жоғары көтерді:
— Тс-с! Тыңдайық!
Сол арада әлгі дыбыс тағы естілді: жоғарыда әлдебіреу аяғын барынша ақырын басуға тырысып жүр еді.
— Ол жатын бөлмеде, - деп сыбырлады Армстронг, — миссис Роджерстің мәйіті жатқан жерде.
— Қалай аңғармағанбыз! - деп оған сыбырлай жауап қатты Блор. — Тығылып қалуға таптырмайтын жер тап сол ғой. Ал енді дымымыз іште болсын.
Олар баспалдақпен жоғары көтерілді, есік алдындағы кішкене алаңқайға тоқтап, тың тыңдады. Бөлмеде біреудің жүргенінде күмән қалмады. Еден тақтайларының сықыр-сықыр еткен болмашы дыбысы естіліп тұрған.
— Алға! - деп сыбырлады Блор.
Есікті айқара ашты да, бөлмеге баса-көктеп кіріп барды. Ломбард пен Армстронг соңынан ұмтылды, сөйтті де үшеуі бірдей қаққан қазықтай сілейіп тұрып қалды. Қарсы алдарында қолына бір құшақ киім-кешек ұстаған Роджерс түр еді.
7
Алдымен ес жиған Блор болды:
— Кешіріңіз, Роджерс. Біреудің жүргенін естіген соң, ойлап қалып едік... Қысқасы, өзіңіз де түсінесіз ғой... — Ол бөгеліп қалды.
— Кешірім өтінем, джентльмендер, - деді Роджерс. — Заттарымды алып кетейін деп келгем. Төменгі қабаттағы бос тұрған қонақ бөлмелердің біріне жайғассам ешкім қарсы болмас деймін. Ең кішкентайына. — Ол Армстронгқа қарап сөйлеп тұрған.
— О не дегеніңіз, жайғаса беріңіз, - деп жауап қатты анау, сейсеппен жауып қойылған мәйіттен көзін аударып.
— Рақмет, сэр, - деді Роджерс, сосын киім-кешегін кеудесіне қысып ұстаған күйі баспалдақпен төмен түсіп кетті.
Армстронг төсекке келіп, сейсептің шетін көтеріп марқұмның алаңсыздық орныққан әлпетіне көз салды. Әлпеті үрейден арылыпты. Оның орнын селқостық басыпты.
— Дәрі қорабымды өзіммен ала шықпағанымды қарашы. Немен уланғанын білу керек еді, - деді ол. — Ал енді іздестіруді осымен тәмамдайық. Ештеңе таппайтынымызды ішім сезіп тұр.
Блор шатырға кіретін есіктің ысырмасымен арпалысып жатқан.
— Әлгі малай аяғын жүдә дыбысын шығармай басады екен, - деді ол — Бір минут па әлде екі минут па бұрын оны алаңқайдан көргенбіз. Қалай жоғары көтерілгенін ешқайсымыз естіген жоқпыз ғой.
— Сондықтан да осында бөтен біреу жүр деп қалдық емес пе, - деп құлаққағыс етті Ломбард.
Блор шатырдың үңірейген қара қуысына кіріп көрінбей кетті. Ломбард қалтасынан қол шамын шығарып, соңынан ілесті. Бес минуттан кейін үшеуі алаңқайда бір-біріне тұнжырай қарап тұрды. Олар бастан-аяқ кір-қожалақ болған-ды, өрмекшінің өрмегі үстерінен буда-буда боп шұбатылып тұрған. Аралда өздерінен басқа, тап осы қалған сегіз адамнан басқа, жан жоқ еді.
Тоғызыншы тарау
1
— Сөйтіп, біз қателік жібердік, барлық әрекетіміз қате болды, - деді Ломбард. — Жоқтан өзгеге сенгіштігіміз бен ой-қиялға ерік бергіштігіміздің нәтижесінде қайдағы бір бәлені ойлап таптық — бұл, әрине, кездейсоқ болған екі өлімнің салдары.
— Дей тұрғанмен, мәселе шешімін тапқан жоқ, - деді Армстронг әзіл-қалжыңнан аулақ екенін аңғарта сөйлеп. — Дәрігер деген атым бар емес пе, өзін-өзі өлтірушіліктің жайынан жақсы хабардармын. Антони Марстон өзіне-өзі қол салатын адамға ұқсамайтын.
— Бұл жазатайым болған жағдай емес пе екен өзі? - деп сұрады Ломбард дүдәмалданып.
— Ондай жазатайым жағдай болады дегенге сену қиын-ау, - деп мырс етті бірдеңені қоштай қоюға құлқы соқпай тұрған Блор.
Бәрі үнсіз қалды, сосын Блор сөйледі:
— Ал ана әйел ше.... - деді де мүдіріп қалды.
— Миссис Роджерсті айтасыз ба?
— Иә, мұнда жазатайымдық болуы мүмкін бе?
— Жазатайымдық деймісіз? - деп қайталап сұрады Филипп Ломбард. — Ол қалай сонда?
Блордың әлпетінен абдырап қалғаны байқалды. Күрең-қызыл өңі одан әрмен қарауытып кетті.
— Әңгіме былай, дәрігер, сіз оған әлдебір есірткі берген едіңіз ғой? - деп салды.
Армстронг оған бағжия қалды:
— Есірткі дейсіз бе? Қайдағы есірткіні айтып тұрсыз?
— Өзіңіз айтпадыңыз ба, кеше кеште оған әлдебір ұйықтататын дәрі бердім, деп.
— Ә, сол ма! Ол ешқандай зияны жоқ, тыныштандыратын жай дәрі ғой.
— Қандай дәрі сонда?
— Мен оған трионалдың болмашы ғана дозасын бердім. Мүлдем зияны жоқ дәрмек.
Блордың беті күреңітіп кетті.
— Бері қараңыз, әңгіменің ашығына көшейік: оған, шынымен, болмашы доза бердіңіз бе?
— Не айтып тұрғаныңызды түсінсем бұйырмасын, - деді Армстронг ашуға булығып.
— Қателесуіңіз де мүмкін еді ғой, - деді Блор. — Мұндай жағдай жиі ұшырасып тұрады.
— Барып тұрған сандырақ, - деп Армстронг оның сөзін бөліп жіберді, — осындай долбар жасаудың өзі күлкілі. Әлде сіз, — деп сұрады ол қатты ызаланғанын білдіретін қатқыл үнмен, — мұны мен әдейі істеді деп ойлайсыз ба?
— Қоя тұрыңыздар, - деп Ломбард сөзге килікті, — сабыр сақтаңыздар. Бір-бірімізді айыптаудан ештеңе өнбейді.
— Мен тек дәрігердің қателесуі мүмкін ғой деген жорамал жасадым, - деп ақталды қабағын қарс жапқан Блор.
Армстронг зордың күшімен езу тартты.
— Дәрігерлердің ондай қателікке жол беруі мүмкін емес, достым, - деді ол, бірақ күлкісі онша нанымды көрінбеді.
— Егер ондайға жол берсеңіз, пластинкаға сенер болсақ, бұл алғашқы қателігіңіз боп шықпас еді, - деп Блор оны шағып алды.
Армстронгтың өңі құп-қу боп кетті.
— Бір-бірімізге тіл тигізгеннен табар пайдамыз қандай? - деп Ломбард Блорға дүрсе қоя берді. — Бәріміз бір кемеде отырмыз. Осының өзі-ақ ауыз бірлік сақтауымызды қажет етеді. Айтпақшы, өзіңізге жалған куәлік етті деген айып тағылды емес пе, сол турасында не айта аласыз?
Блор жұдырығын тас қып түйіп, алға қарай адым аттады.
— Маған тиісуші болмаңыз, - деді. Сосын дауысы аяқ астынан бәсең тартып қалды. — Бұл өте бір өрескел жала. Сіз, шамасы, аузымды жаптырмақ ойдасыз ғой деймін, мистер Ломбард, алайда менің де білгім келетін нәрселер бар, соның бірі өзіңізге қатысты.
Ломбард қабағын көтерді:
— Маған ба?
— Иә, сізге. Қонаққа бара жатып не себепті өзіңізбен бірге револьвер ала шықтыңыз, соны айтыңызшы маған?
— Білесіз бе, Блор, - деді Ломбард күтпеген жерден, — бір қарағанда, сізді ақымақ деп ойлап қалуға болады, бірақ, шын мәнінде, ондай емессіз.
— Мүмкін, солай да шығар. Бірақ револьвердің жайын қалай түсіндіресіз?
Ломбард езу тартты:
— Револьверді ала шыққан себебім, бір шатаққа тап боларымды сезгем.
— Кеше кешкісін мұны бізден жасырып қалғансыз, - деді Блор шүбәланып.
Ломбард басын шұлғыды.
— Ендеше, бізді алдаған болдыңыз ғой? - деді Блор тақымдап.
— Белгілі бір дәрежеде солай, - деп келісті Ломбард.
— Қане, енді соның себебін айтып беріңізші.
— Сіздер мені мұнда басқалар сияқты қонақ ретінде шақырылған екен деп ойладыңыздар, оны теріске шығарып жатпадым. Мен қонақ ретінде келгем жоқ. Шын мәнінде, маған Моррис дейтін әулет есімі бар біреу ұсыныс білдірді. Ол маған жүз гиней беретін болды, сол ақшаға осында келіп тыңшылық жасауға міндеттендім. Анау мені шатақ шыққан жерде пайдам тиетін адам ретінде сырттай жақсы білетінін айтты.
— Ал, содан соң? - деп дегбірсізденді Блор.
— Одан соң ештеңе болған жоқ, - деп мырс етті Ломбард.
— Бірақ ол сізге, әрине, қосымша тағы бірдеңе айтқан шығар, - деді Армстронг.
— Айтқан жоқ. Ол кісіден басқа еш нәрсе білу мүмкін болмады. "Барғыңыз келсе -барыңыз, барғыңыз келмесе — қойыңыз", деді. Қалтамда көк тиын жоқ еді. Сол себепті келісім бердім.
Оның әңгімесі Блордың көңілін көншітпеді.
— Неліктен кеше кешкісін бізге бүл жөнінде айтып бермедіңіз? - деп сұрады ол.
— Әңгіме былай, достым, — Ломбард иығын қомдап қойды, — өзім сол үшін осында арнайы шақырылған істің кеше кешкісін жүзеге асатынын мен қайдан білетін едім. Сондықтан бұғына қойдым да, сіздерге нанымдылау көрінетін бір нәрсені айта салдым.
— Ал қазір пікіріңізді өзгерттіңіз бе? — деді Армстронг аңғарғыштық танытып.
— Иә, қазір бәріміз бір кемедеміз деп ойлаймын, - деді Ломбард. — Ал жүз гиней — мистер Онимнің басқалар сияқты мені де торға алдап түсірген сүтсірнесінің бір кесімі ғана. Себебі бәріміз де, - деп сөзін жалғады ол — торда отырмыз, бұған зәредей шүбәм жоқ.
Төменнен гонгтың салтанатты даңғыры естілді — оларды ленчке шақырып жатқан болатын.
2
Роджерс асхана есігінің алдында тұрған. Ер адамдар баспалдақпен төмен түскен кезде ол бірер адым ілгері қарай жүрді.
— Ленч көңілдеріңізден шығар деп сенем, - деді ол Дауысынан әлденеге бола үргелектеніп тұрғаны сезілетін. — Үстелге шошқаның сүр еті мен тоңазытылған тіл қойдым, картоп пісірдім. Сондай-ақ, сүтсірне, печенье мен консервіленген жемістер бар.
— Тәп-тәуір ас, - деді Ломбард. — Демек, азық-түлік қоры түгесілмеген екен ғой?
— Тамақ жеткілікті, сэр, бірақ бәрі де қалбырдағы тағамдар. Шолан аузы-мұрнынан шығып тұр. Еске салып қойғанымды айып етпеңіз, сэр, аралда мұның маңызы өте зор: өйткені аралдың құрлықтан ұзақ мерзімге оқшауланып қалатыны бар.
Ломбард басын изеді. Еркектер асханаға қарай бет алды. Соңдарынан өкшелей басып келе жатқан Роджерс:
— Фред Нарракоттың бүгін неге келмегені мені қатты алаңдатып түр. Жолымыз болмады, - деп күбірледі.
— Дәп солай, жолымыз болмады, - деді Ломбард. — Өте дұрыс айттыңыз.
Бөлмеге мисс Брент келіп кірді. Шумағын жерге түсіріп алса керек, қазір оны мұқияттап орап жатыр еді. Орнына келіп отырған соң:
— Ауа райы бұзылып барады. Жел күшейіп кетті, теңізде толқын пайда болды, - деді.
Адымын асықпай алып, жаймен басып сот кірді. Жүндес қабағының астынан әзер көрініп тұрған көзі отырғандарды жедел шолып өтті.
— Сіздер бүгін біраз тер төктіңіздер, - деді ол, дауысында кекесін сарыны бары байқалып тұр еді.
Асханаға ентіге басып Вера Клейторн кірді.
— Мені күтіп отырсыздар ма? - деп сұрады ол — Кешігіп қалған жоқпын ба?
— Кешіккен жоқсыз, - деп жауап қатты Эмили Брент, — генерал әлі келген жоқ.
Ақыры бәрі үстел басына жайғасты.
— Не бұйырасыз, бастай берейік пе әлде тағы кішкене күтеміз бе? - деп сұрады Роджерс мисс Бренттен.
— Генерал Макартур теңіздің жағасында отыр, - деді Вера. — Гонгты естімеген шығар, оның үстіне бүгін біртүрлі сүлесоқ.
— Мен барып оған ленчтің дайын болғанын хабарлайын, - деген ұсыныс айтты Роджерс.
— Оны мен шақырып келем, - деді Армстронг, — ал сіздер тамақ іше беріңіздер.
Бөлмеден шығып бара жатқан ол Роджерстің Эмили Брентке:
— Не бұйырасыз, тілді ме әлде шошқа етін бе — қайсысын салайын? - деген сөзін құлағы шалды.
Үстел басында қалған бесеу қанша тырысқанмен әңгіме көрігін қыздыра алмады. Қатайып алған жел терезені өршелене соққылай бастады. Вера дір ете қалды.
—Дауыл басталғалы тұр, - деді ол.
— Кеше пойызда менімен бірге Плимуттан бір қарт келді, - деп сөз қосты Блор. — Сол қария дауыл тұрғалы жатыр деп қақсаумен болған. Қарт теңізшілердің ауа райын қалай алдын-ала болжайтыны таңғаларлық.
Лас тәрелкелерді жинастыруға кіріскен Роджерс қонақтарды айналып өтті. Кенет тәрелкелерін қолына ұстаған қалпы жарты жолда қалт тұра қалды.
—Бізге қарай біреу жүгіріп келе жатыр, - деді даусы өзгеріп шыққан ол үрейленіп.
Дүрсілдеген аяқ дыбысы естілді. Ешкім ештеңе деп жақ ашпаса да, олар сол бойда-ақ бәрін түсінген еді... Бейне біреу белгі бергендей, орындарынан атып тұрып есікке тесіле қарап қалысты.
Бөлмеге демін екі иығынан алған Армстронг баса көктеп кіріп келді.
— Генерал Макартур...- деді ол
— Өліп қалған! - деп салды Вера еркінен тыс түрде.
— Иә, ол өліп қалыпты, - деді Армстронг.
Үнсіздік орнады — ұзақ үнсіздік.
Жеті адам, бір ауыз сөз айтарлық дәрмені болмай, бір-біріне үн-түнсіз көз тігіп тұрды.
4
Дауыл құтырына бастаған шақта олар генералдың мәйітін есіктен ішке енгізіп жатыр еді. Қонақтар холда үпір-шүпір боп үймелесіп қалды. Тұтқиылдан желдің ысқырғаны мен ұлығаны естіліп, үйдің шатырына нөсер шелектеп құйып берді.
Блор мен Армстронг мәйітті көтеріп баспалдаққа қарай бет алған кезде Вера Клейторн күтпеген жерден жалт бұрылып, қаңырап қалған асханаға қарай жүгіре жөнелді. Онда бәрі сол бұрынғы қалпында болатын — ешкім ауыз тимеген десерт сол күйі буфетте тұрған. Вера үстелге келді. Бірер минут үнсіз тұрды. Сол екі арада жымын білдірмей басып бөлмеге Роджерс келіп кірді.
Вераны көрген ол селк ете қалды. Қызға сұраулы жүзбен аңтарылып:
— Мен... мен... тек қарап шығайын деп келгем, мисс, - деді.
— Қателескен жоқсыз, Роджерс. Қараңыз: жетеуі ғана қалыпты, - деді Вера. Дауысы аяқ асты қарлығып шықты.
5
Макартурдың мәйіті төсегіне әкелінді. Мәйітті қарап болған соң, Армстронг генералдың жатын бөлмесінен шығып төмен түсті. Барлығы оны тосып қонақ бөлмеде топырласып отырған. Мисс Брент тоқымасын тоқуға кіріскен. Терезе алдына тақап барған Вера Клейторн аралға шелектеп төгіліп жатқан нөсер жаңбырдың шуылын тыңдап тұрған. Кресло шетіне тізе бүккен Блор екі қолын тізесіне қойып түнеріп қалған еді. Ломбард бөлмеде әрлі-берлі мазасыздана адымдап жүрген. Сот Уоргрейв бөлменің арғы шетіндегі шоң креслоға шөгіп қалған. Көзі жартылай жұмықты. Дәрігер бөлмеге кіргенде, сот оған жүзін бұрып:
— Ал не айтасыз, дәрігер? - деп сұрады.
Армстронгтың өңі қуқыл тартып кеткен еді.
— Жүрегі жарылып өлді деудің еш қисыны жоқ, - деді ол — Макартурды желкеден келтекпен немесе соған ұқсас бірдеңемен ұрған.
Бәрі сыбырласып кетті, соттың дауысы естілді:
— Сол сайманды таптыңыз ба?
— Жоқ.
— Әйткенмен, генерал ауыр затпен желкеден ұрудың салдарынан қайтыс болғанына кәміл сенімдімісіз?
— Сенімдімін.
— Жөн-ақ, енді білеміз не істеу керегін, - деді сот былқ етпестен.
Кімнің тізгінді өз қолына алатыны енді бәріне жақсы мәлім болды.
Сот Уоргрейв таңертеңнен бері креслода ештеңеге зауқы соқпай, енжар халде отырған да қойған. Бірақ қазір жетекшілікті қолына оп-оңай түсіріп алды — билеп-төстеуге деген ұзаққа созылған дағды септігін тигізсе керек. Өзін құдды сотта төрағалық етіп отырған адам сияқты ұстады. Тамағын қырнап алған ол сөзін жалғады:
— Бүгін таңертең, джентльмендер, алаңқайда отырып іс-әрекеттеріңізді бақылау мүмкіндігіне ие болдым. Ой-мақсаттарыңыз маған белгілі еді. Беймәлім қанішеріміз — мистер А. Н. Онимді іздеп табуды көздеп аралды тінтіп шықтыңыздар.
— Тап солай, сэр, - деді Филипп Ломбард.
— Бірдей қорытындыға келгенімізде дау жоқ, — деп сот сөзін әрмен жалғастырды. — Біз Марстон мен миссис Роджерс өзін-өзі өлтірген жоқ деген тұжырым жасадық. Олар кездейсоқ ажал таппады деп шештік. Сондай-ақ, сіздер мистер Онимнің бізді бұл аралға не үшін алдап әкелгенін де аңғарған шығарсыздар?
— Ол есуас! Жынды! - деп қыр-қыр етті Блор.
— Бәлкім, солай да шығар, - деді сот. — Бірақ, бұдан жағдайымыз өзгермейді. Қазіргі ең басты міндетіміз — өмірімізді сақтап қалу.
— Ay, аралда өзімізден басқа жан баласы жоқ қой! - деді Армстронг дауысы дір-дір етіп. — Шын сөзім, басқа жан жоқ!
Сот иегін қасып қойды.
— Белгілі бір дәрежеде бұл сөзіңіз шындыққа сай келеді, - деді ол бәсең дауыспен. — Мен де бүгін таңертең тап осындай байламға келдім. Ізденістеріңізден ештеңе өнбейтінін алдын-ала айтуыма да болар еді. Сөйте тұра, мистер Оним (өзін осылай атайтындықтан, біз де оны солай атай берейік) — аралда, деген пікірді ұстанып отырмын. Мұнда зәредей күдік-күмән болмауға тиіс. Егер ол заң жолымен жауапқа тартуға жатпайтын қылмыстарға барған адамдарды жазалауды мақсат етті десек, онда оның өз жоспарын жүзеге асыратын жалғыз-ақ амалы бар. Және оның бүл амалы маған бек жақсы мәлім. Мистер Онимге шақырылғандар арасына сыналанып кіру қажет еді. Ол — өз арамыздағы біреу...
6
— Жо-жоқ, бұл мүмкін емес, - деді ышқына айқайлай жаздап шақ қалған Вера.
Сот оған күдіктене көз тастап қойды да, былай деді:
— Сүйкімді бойжеткен, фактіні жасырып жаппауымыз керек: өйткені бәріміздің де басымызға қатер төніп тұр. Арамыздағы біреу — А. Н. Оним. Ол кім — оны білмейміз. Аралға келген он адамның үшеуіне қазір күдік келтіре алмаймыз, олар — Антони Марстон, миссис Роджерс және генерал Макартур. Енді жеті адам қалды. Осы жетеудің бірі, былайынша айтқанда, "жалған" негр баласы. — Ол жиналғандарды көзбен шолып өтті. — Осыған келісесіздер ме?
— Бұған сену қиын, бірақ, шамасы, сөзіңіздің жаны бар-ау деймін, — деді Армстронг.
— Бұған титтей күмән келтіре алмаймын, - деп мақұлдады Блор. — Ал егер менің пікірімді білгілеріңіз келсе...
Сот Уоргрейв ишарат жасап, оны тоқтатып тастады:
—Бұл мәселеге өз кезегінде қайтып ораламыз. Ал қазір білгім кеп отырғаны: осы сөзіммен бәріңіз түгел келісесіздер ме, жоқ па, соны айтыңыздаршы.
— Дәлелдеріңіз маған ақылға қонымды көрінеді, - деді Эмили Брент, тоқыма тоқудан тыйылмаған қалпы. — Мен де біреуімізді шайтан иектеп алған деп ойлаймын.
— Бұған сене алмаймын... - деп күбірледі Вера, — сене алмаймын...
— Ломбард, сіз не айтасыз?
— Сізді бүтіндей қолдаймын, сэр.
Сот қанағаттанғандық білдіріп бас изеді.
— Ал, енді, - деді ол — қолымызда қандай деректер барын бажайлайық. Бізде белгілі бір адамнан күдіктенетіндей негіз бар ма, әуелі соны анықтап алайық. Мистер Блор, меніңше, сіз бірдеңе айтпақшы болдыңыз-ау деймін?
Блор сасқалақтап қалды.
— Ломбардта револьвер бар, - деді ол — Оған қоса, кеше кешкісін ол бізге өтірік айтты. Онысын өзі мойындап отыр.
Филипп Ломбард жиреніш білдіре езу тартты.
— Жарайды, ендеше екінші мәрте түсініктеме берейін. — Сөйтіп ол әңгімесін қысқа да нұсқа түрде қайталап шықты.
— Өтірікті суқитып тұрмағаныңызды немен дәлелдейсіз? - деп дігірледі Блор. — Айтқан сөзіңіздің шындық екенін қалай растайсыз?
Сот жөткірінді.
— Өкінішке қарай, бәріміз де тап осындай ахуалға душар боп отырмыз, - деді ол — Қайсымыз болмайық, айтылған сөзге сенуімізге тура келеді. Байқауымша, ешқайсыңыз, - деп сөзін сабақтай түсті ол, — орын алып жатқан оқиғалардың алабөтен ерекшелігі барын әлі терең сезіне қоймаған сияқтысыздар. Меніңше, бір ғана жол бар секілді. Ол — қолымыздағы деректерге сүйеніп, күдіктен құлан — таза арылтып алуға болатын, құрығанда бір адам арамыздан табыла ма, соны анықтау.
— Мен танымал маманмын, - деді Армстронг. — Мені сөйтеді-ау дейтін ойдың өзі...
Сот тағы да ишарат жасап, дәрігерді сөзін аяқтауға үлгертпей тоқтатып тастады.
— Өзім де жұртшылыққа әжептәуір танымал адаммын, - деді ол бәсең де басалқалы үнмен. — Алайда, бүл бірдеңеге кепілдік бола алмайды, қымбаттым. Дәрігерлер де талай ақылынан алжасқан. Соттар да талай ақылынан алжасқан. Тіпті полицейлер де, - деп қосып қойды ол Блорға қарап.
— Әйелдер тарапына күдік-күмәніңіз жоқ шығар деп ойлаймын, - деді Ломбард.
Сот қабағын көтеріп, қорғаушылар қатты сескенетін сол бір кекесінге толы зәрлі үнмен:
— Демек, сізді дұрыс түсінсем, әйелдер арасында маньяктар болмайды деп ойлайды екенсіз ғой? -- деді.
— Әсте олай емес, - деп жақтырмай жауап қатты Ломбард. — Сөйте тұрғанымен, сене алмаймын-ау, сене алмаймын... — Ол мүдіріп қалды.
Сот сол бұрынғы жер-жебіріңе жететін жексұрын дауысымен:
— Меніңше, дәрігер Армстронг, Макартур бейбақты майып қылу әйелдің де қолынан келетін секілді, - деді.
— Қолында резеңке келтек немесе таяқ секілді лайықты қаруы болса, мұның әйел үшін түк қиындығы жоқ, - деп жауап қатты дәрігер.
— Демек, ол мұны оп-оңай тындыра алады ғой?
— Әлбетте.
Сот тасбақаның мойнындай мойнын оңға-солға қозғап қойды.
— Басқа екі өлім уланудың салдарынан болды, - деді ол — Меніңше, у берушінің шынжау адам боп шығуы да мүмкін ғой, солай емес пе?
— Есіңіз дұрыс па өзіңіздің! - деп ытырынды Вера.
Сот салмақты қалпын сақтаған күйі оған жайменен назар аударды. Бұл адам тағдырын өз еркінше кесіп-пішуге дағдыланып қалған жанның самарқау назары болатын.
"Ол маған таң боп көрінетін бірдеңеге қарағандай қарап отыр", деп ойлады Вера. Сол сәт өзінің оған онша ұнамайтынын аяқ асты түсіне қалды.
— Сүйкімді бойжеткенім, шамалы ұстамдырақ болғаныңызды қалар едім. Мен тіпті де сізді кінәлап тұрғам жоқ. Одан соң, мисс Брент, — ол кәрі қызға қарап басын иді, — ешқайсымызды сүттен ақ, судан таза санамау жөнінде қойып отырған қатаң талабым ешкімнің көңіліне тимеген шығар деп сенгім келеді.
Мисс Брент тоқымасынан қол үзген жоқ.
— Мені адам өлтіруі, біреуін емес үшеуін бірдей жазым қылуы мүмкін деп ойлаудың өзі, -деді ол басын көтермеген күйі, аспай-саспай, — өзімді білетіндердің бәріне сандырақ нәрседей көрінері анық. Бірақ бір - бірімізді білмейміз, сондықтан мұндай жағдайда айыбы жоқтығы қашан дәлелденгенше, ешкімнің де күдіктен тыс тұрмауға тиіс екенін түсінем. Мен біреуімізді шайтан иектеп алған деп ойлаймын.
— Онда осыған тоқтаймыз, - деп қорытты сот. — Ешкім де күдіктен қағажу қалмайды, кіршіксіз абырой-беделі де, қоғамдағы орны да есепке алынбайды.
— Ал Роджерсті неғыламыз? - деп сұрады Ломбард. — Меніңше, оны тізімнен ойланбастан сызып тастауға болатын секілді.
— Ол ненің құрметіне? - деп ынтыға қалды сот.
— Біріншіден, мұндай бәлені ойлап табуға оның ақылы жетпеген болар еді, ал, екіншіден, құрбандықтың бірі соның зайыбы ғой.
— Сот қызметінде жүрген кезімде, жігітім, - деп сот жүндес қабағын жоғары көтерді, — әйелін өлтіру жөніндегі бірнеше істі қарауыма тура келген. Білесіз бе, соның бәрінде де күйеулерін айыпты деп таптық.
— Бопты, босқа айтыспай-ақ қояйын. Әйелін өлтіру — әдеттегі нәрсе демесек те, әредік -әредік кездесіп тұратын қылмыс. Бірақ бұл басқа жағдаят. Айталық, Роджерс әйелін әлсіздік білдіріп, өзін ұстап бере ме деп қорыққанынан, немесе әйелінің әбден сүйкімі қашқанынан, немесе, ақыр соңында, әлдебір жастау бикешпен ашынажай болғанынан өлтірсе, мұны түсінер едім. Бірақ оны бірлесіп жасаған қылмыстары үшін әйелін тырапай асыратын мистер Оним ретінде, осынау әділет орнатқыш есалаң ретінде көз алдыма елестете алмаймын.
— Сіз еш нәрсемен дәлелденбеген деректерді тілге тиек етіп тұрсыз, - деді сот Уоргрейв. — Өйткені Роджерс пен әйелінің оз бикелерін шынымен-ақ өлімге қиғаны бізге белгісіз ғой. Бізбен бірдей ахуалды бастан кешуі үшін ғана Роджерсті кісі өлтірдің деп айыптаулары ықтимал ғой. Сондай-ақ, күйеуі есінен алжасқанын түсінген миссис Роджерстің кеше кешкісін зәресі қалмай қорқып, тығырыққа тірелуі де ықтимал.
— Жақсы, сіздің айтқаныңыз болсын, - деді Ломбард. — А.Н.Оним — біздің арамыздағы біреу. Бәріміз түгел күдіктіміз.
Сот Уоргрейв сөзін сабақтады:
— Менің ойым мынадай: кіршіксіз абырой-беделі де, қоғамдағы орны да, басқа жағдайлары да ешкімді күдіктен құтқара алмайды. Ең әуелі қазір бізге кімді фактілер негізінде күдіктен босатуға болатынын анықтау қажет. Түсініріктірек етіп айтқанда, арамызда Марстонның ыдысына у себуге, миссис Роджерске ұйықтататын дәрі беруге, генерал Макартурды майып қылуға ешқандай да мүмкіндігі болмаған бір адам (бәлкім, бірнешеу болуы да) бар ма?
Блордың дөрекілеу бет-әлпетінде күлкі ойнады.
— Міне, енді ғана жөнге келдіңіз, сэр, - деді ол.— Мәселенің тоқ етеріне тірелдік. Ақ -қарасын асықпай саралайық. Марстон жайына келетін болсақ, бүл орайда ештеңе анықтай алмайсың. Ол өзіне соңғы рет виски құйып алар алдында терезе арқылы біреу стақанына у салып кетті- мыс, деген пікір болды. Айтарым, сырттан гөрі іштен у салу әлдеқайда оңай. Сол кезде бөлмеде Роджерстің болған-болмағаны есімде жоқ, бірақ мұны осы отырған бәріміз де істей алатын едік. — Ол сәл-пәл кідірді де, сөзін жалғады: — Енді миссис Роджерске келейік. Бүл орайда, ең әуелі, оның күйеуі мен дәрігерге күдік туады. Мұны іске асыру екеуіне де еш қиындық келтірмейтін.
Армстронг орнынан атып тұрды. Ашуға булығып, қалш-қалш етті.
— Мен қарсылық білдірем... Мынау адам айтқысыз жала! Ант етейін, оған бергенім жай әншейін ұйықтататын...
— Дәрігер Армстронг! — Соттың зәрлі дауысы әмірлі ызыңдады. — Күйіп-пісетіндей ретіңіз бар. Әйткенмен, барлық фактіні түгел зерделеуіміз керек. Миссис Роджерске ұйықтататын дәріні беру, өзгелермен салыстырғанда, сізге немесе Роджерске әлдеқайда оңай болатын. Енді басқаларды байқастайық. У салатындай мүмкіндік кімде көбірек болды — менде ме, инспектор Блорда ма, мисс Брентте ме, мисс Клейторнда ма немесе мистер Ломбардта ма? Қайсымызды күдіктен біржола босатуға болар еді? — Үнсіз қалды да, қосып қойды: — Меніңше, ешкімді де.
—Өй, мен ол әйелдің жанына жақындап та барған жоқпын, - деп өрекпіді Вера.
— Егер қара басып қаперім алдап жүрмесе, - деп сот қайтадан сөз алды, — істің жайы былай болды ғой. Бір жерінен жаңылсам, түзетіп жіберулеріңізді сұраймын: Антони Марстон мен мистер Ломбард миссис Роджерсті көтеріп, диванға апарып жатқызды, сол кезде оның қасына дәрігер Армстронг келді. Ол Роджерсті коньяк әкелуге жұмсады. Дауыстың қайдан шыққаны жайында дау-дамай басталды. Мисс Бренттен басқа жұрттың бәрі көрші бөлмеге кіріп кетті, ол миссис Роджерспен оңаша қалды, ал миссис Роджерс, айта кетейін, ес-түссіз күйде жатқан еді.
Мисс Бренттің жағында қызыл дақтар пайда болды. Инелері қолында қалт тұрып қалды.
— Бұл не деген сөз! - деді ол.
Аяушылық дегенді білмейтін ақырын дауыс әуенін жалғастыра берді:
— Бөлмеге қайтып оралғанымызда сіз, мисс Брент, миссис Роджерстің үстіне еңкейіп тұрған болатынсыз.
— Жай ғана жанашырлық білдіру де — қылмыс па? - деп сұрады Эмили Брент.
— Мен фактіні ғана анықтамақпын, тек фактіні ғана, - деп сөзін саптады сот. — Сосын бөлмеге Роджерс кірді — ол коньяк әкеле жатыр еді, ал бұған уды оның, әлбетте, бөлмеге кірмес бұрын-ақ сеуіп қоюына болатын. Миссис Роджерске коньяк берілді, бұдан соң көп ұзамай күйеуі мен дәрігер екеуі оны жатын бөлмеге жеткізді, сол жерде Армстронг оған тыныштандыратын дәрі берді.
— Бәрі осылай болды. Тап осылай, — деп қоштады оны Блор. Сосын: — Ендеше, күдіктен босатылатындар мыналар: сот, мистер Ломбард, мен және мисс Клейторн! - деп масаттана күмпілдеп кетті.
Блорды оқты көзбен атқан сот:
— Апырай-ә? Кездейсоқтық атаулыны түгел ескеруіміз керек емес пе, - деп міңгірледі.
— Сізді түсіне алмадым. - Блор сотқа аңтарыла қарап қалды.
— Миссис Роджерс жоғарыда өз төсегінде жатады, - деді Уоргрейв. — Тыныштандыратын дәрі әсерін тигізе бастайды. Есі кіресілі-шығасылы халде. Дәл осы сәтте есік қағылып, бөлмеге біреу кіріп келсе, айталық, оған әлдебір таблетканы беріп: "Дәрігер сізге осыны ішсін деді" десе, не болар еді? Бұл дәріні ол ішпес еді, дейсіз бе?
Үнсіздік орнады. Блор қабағын шытып, аяғын сүйрете басып әрлі-берлі теңселіп жүрді. Филипп Ломбард сөйледі:
— Мұның бәрі ойдан шығарылған өтірік. Екі-үш сағат бойы ешқайсымыз асханадан шыққан жоқпыз. Марстон өліп қалды, аласапыран әбігершілік басталды.
— Оған кейінірек, жұрт жатып қалған соң да баруға болатын, - деді сот.
— Бірақ ол кезде Роджерстің жатын бөлмеде болғаны анық, - деп қарсылық білдірді Ломбард.
— Жоқ, — деп Армстронг сөзге араласты. — Роджерс төменде, асхана мен ас үйді жинастырып жүрген. Осы екі аралықта миссис Роджерстің жатын бөлмесіне кім қаласа сол еш адамның көзіне ілікпей көтеріле алатын.
— Бірақ ол кезде дәрігер, - деп мисс Брент сөз қосты, — миссис Роджерс әлдеқашан ұйықтап қалуға тиіс емес пе — ол ұйықтататын дәрі ішіп еді ғой.
— Шамасы, солай болған да шығар. Бірақ кесіп айта алмаймын. Науқасқа бір дәріні бірнеше мәрте ішкізіп көрмейінше оның оған қалай эсер ететінін білу қиын.
Кейбіреуге тыныштандыратын дәрі тым шабан әсер етеді. Бәрі науқастың өзіндік ерекшелігіне байланысты.
Ломбард сөйледі:
— Бұдан басқа айтар неңіз қалды енді, дәрігер? Бұл оң жамбасыңызға келген шаруа ғой, солай емес пе?
Армстронг күреңітіп кетті. Бірақ бірдеңе айтып үлгермеді — соттың зауықсыз да зәрлі дауысы қайта естілді:
— Бір-бірімізді айыптаудан ештеңе өнбейді. Фактілер — міне, бізге керегі осы. Осыған ұқсас жағдаяттың орын алуы мүмкін екенін анықтадық. Мүмкіндік пайызының мұнда онша көп еместігін мойындаймын, алайда бұл жерде де көп нәрсе әлгі "беймәлімнің" кім боп шығатынына байланысты.
— Сонда бұл бізге не береді? - деп сұрады Блор.
7
Сот Уоргрейв қолымен үстіңгі ернін сипап өтті. Түрінің салқын салғырттығы соншалық, адам баласына тән сезім атаулы бүл кісіден аулақ жүреді-ау деген ойға жетелейтін.
— Екінші кісі өлімін зерттеу нәтижесінде, - деді ол — осы отырған ешқайсымыздың күдіктен тыс қала алмайтынымызды анықтадық. Ал енді, — деп сөзін сабақтады сот, — генерал Макартурдың өліміне келейік. Бұл бүгін таңертең болған жағдай. Бұған өзінің ешқандай қатысы жоқтығына кәміл сенімділердің істің мән-жайын барынша қысқа да нұсқа түрде баяндап беруін сұраймын. Өзімде алиби жоқ екенін бірден айтып қояйын. Мен таңертеңнен түске дейін үйдің алдындағы алаңқайда отырдым, өзіміз тап болған осынау адам сенбес ахуал жайында ой кешумен болдым. Ол жерден тек гонг даңғыры естілген кезде ғана кеттім. Алайда, мені ешкім көрмеген кездердің де болуы ықтимал - сол аралықта менің теңіз жағасына түсуім, генералды өлтіріп, орныма қайтып келуім әбден мүмкін ғой. Алаңқайды тастап кетпегенімді осы айтып отырған сөзімнен басқа ештеңемен растай алмаймын. Ал мынадай жағдайда бүл жеткіліксіз боп табылады. Бұлтартпайтын дәлел қажет.
Блор сөйледі:
— Мен түске дейін мистер Ломбардпен және мистер Армстронгпен бірге болдым. Өтірік болса айтсын өздері.
— Сіз арқан әкелмекке үйге барғансыз, - деп қарсылық білдірді Армстронг.
— Барсам ше? - деді Блор. — Сол бойда қайтып оралдым. Оны білесіздер.
— Біразға дейін келіп болмадыңыз, - деді Армстронг.
— Ay, сонда не айтқыңыз кеп тұр сіздің? — Блор күреңітіп сала берді.
— Біразға дейін келіп болмағаныңызды ғана айтып тұрмын, - деп қайталады Армстронг.
— Оны әуелі тауып алу керек еді ғой. Бөтен біреудің үйінен арқан шумағын іздеп тауып көріңізші өзіңіз.
— Мистер Блор кеткенде, сіздер бірге болдыңыздар ма? - деп сұрады сот Ломбард пен Армстронгтан.
— Әлбетте, - деп мақұлдады Армстронг. — Айтпақшы, Ломбард бірнеше минутқа бір жерге барып келді. Ал, мен сол орнымда қала бердім.
Ломбард езу тартты:
— Гелиограф көмегімен осы арадан құрлыққа сигнал беруге бола ма екен, соны тексергім келді. Соған қолайлы орын іздедім, бірер минут қана болмадым.
— Рас. — Армстронг басын изеді. — Бұл кісі өлтіруге тым аздық ететін уақыт.
— Ешқайсыңыз сағатқа қараған жоқсыздар ма? - деп сұрады сот.
— Ж-жоқ.
Мен үйден сағат тақпай шыққам, - деді Ломбард.
— "Бірер минут" — уақытты дәл көрсететін сөз емес, - деп мысқылдады сот, сосын тоқымасынан қол үзбей, оқтау жұтқандай боп отырған кәрі қызға басын бұрды: — Ал сіз ше, мисс Брент?
— Біз мисс Клейторн екеуміз тау басына шықтық. Одан соң мен алаңқайда шуақтап отырдым.
— Сізді ол жерден көре алмаған секілдімін, - деді сот.
— Мені көре де алмайтынсыз. Үйдің арғы, шығыс жақ бетінде отырдым: ол арада жел жоқ.
— Ленчке дейін сонда болдыңыз ба?
— Иә.
— Ал сіз ше, мисс Клейторн?
— Таңертең мисс Брентпен бірге болдым, - деген нақпа - нақ жауап естілді. - Сосын азды-кем уақыт аралды аралап жүрдім. Одан соң теңіз жағасына түсіп, генерал Макартурмен сөйлестім.
— Сағат нешеде сөйлестіңіз? - деп сот оны бөліп жіберді.
Бұл жолы Вера күмілжіңкірей жауап қатты.
— Б-білмеймін, - деді ол — Ленчтен бір сағат бұрын болар, бәлкім одан да көбірек пе екен.
Блор сұрақ қойды:
— Генералға қашан жолықтыңыз, біздің онымен тілдесуімізден бұрын ба әлде кейін бе?
— Білмеймін, - деді Вера. — Ол кісі біртүрлі боп отырды. — Вера өзінен-өзі селк ете түсті.
— Біртүрлі дегеніңізді қалай түсінуге болады? - деп ынтыға қалды сот.
— Ол айтты, бәріміз де өлеміз, деді. Сосын айтты, ақырғы демді күтіп отырмын, деді. Ол мені шошытып жіберді... — Вераның дауысы бәсең тартып кетті.
Сот басын изеді.
— Сосын не істедіңіз? - деп сұрады ол.
— Үйге қайтып оралдым. Одан соң, ленч алдында, тағы да сыртқа шықтым, тауға көтерілдім. Күні бойы мазам болмай, дегбірсізденіп жүрдім.
Сот Уоргрейв иегін сипап қойды.
— Енді Роджерс қана қалды, - деді ол — Бірақ оның жауабы өзімізде бар мәліметке бірдеңе қоса қояр деп ойламаймын.
Талқыға түскен Роджерс көңіл аударуға тұрарлық ештеңе айтпады. Таңертең біраз уақыт ұсақ-түйек шаруамен айналысты, сосын ленч әзірледі. Ленчтің алдында коктейль берді, сосын шатырдағы заттарын басқа бөлмеге апару үшін жоғары көтерілді. Ол терезеден сыртқа көз салған жоқ, генерал Макартурдың қазасына қандай да бір қатысы бар дейтіндей ешнәрсе байқаған жоқ. Ленч алдында, дастарқан жасап жатқан кезде үстелде сегіз негр баласы тұрғанын өз көзімен көріпті.
Роджерс сөзден тыйылып, бөлмеде үнсіздік орнады. Сот Уоргрейв жөткірінді. Ломбард Вераның құлағына: "Ол енді қорытынды сөз сөйлейді", деп сыбырлады.
— Осынау үш өлімнің жай-жапсарын қолдан келгенінше мұқият саралауға тырыстық, — деп бастады сот. — Кей жағдайларға байланысты жекелеген адамның кісі өлтіруге қатысы болмағанымен (сірәғысын айтам), бәрібір ешкімді біржола ақталып шықты, күдіктен құлантаза деп санауға болмайды. Қайталап айтайын, осы бөлмеге жиналған жеті адамның біреуі — қауіпті қылмыскер, дұрысы, оған қоса маньяк екеніне кәміл сенімдімін. Ол кім, мұны біз білмейміз. Көмек шақыру мақсатында құрлықпен байланыс орнату үшін қандай шара қабылдаймыз, ал егер көмек кешігер болса (ауа райы мынадай боп тұрғанда сөйтері де анық), қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін не істейміз, соны шешуіміз қажет — қазір бізге қалып тұрғаны осы ғана.
Әрқайсыңыздан қалыптасқан жағдайдан қандай жолмен құтылуға болатыны жайында ойлануды және өз пікірін маған хабарлауды сұраймын. Ескертіп қояйын: бәріміз де барынша сергек болайық. Осы кезге дейін кісі өлтіруші өз міндетін оп-оңай атқарып келді — құрбандықтары қаннен-қаперсіз жүрді. Ендігі біздің міндетіміз — бір-бірімізге ғана емес, бәрімізге күдікпен қарау. Сақтық — ең жақсы қару. Алаңсыз жүрмеңіздер, абай болыңыздар. Сіздерге айтайын дегенім осы еді.
— Сот кеңесуге кетті, - деп естілер-естілмес күбір етті Ломбард.
Оныншы тарау
1
— Соған да сеніп қалдыңыз ба? - деп сұрады Вера.
Вера мен Филипп Ломбард қонақ бөлмеде, терезе жақтауы алдындағы тақтайда отырған. Сыртта жаңбыр құйып тұрған, құтырынып алған жел терезе әйнектеріне ышқына соқтығып жатқан. Басын сәл-пәл еңкейткен Филипп:
— Уоргрейв қарттың кісі өлтіруші арамызда жүрген біреу деген сөзіне сенетін-сенбейтінімді сұрап отырсыз ба? - деді.
— Иә.
— Не деуге болады. Логикалық қисынға жүгінсек, оның айтқаны, әрине әбден орынды, әйткенмен...
— Әйткенмен, - деп іліп әкетті Вера, — бұл адам сенгісіз нәрсе.
Ломбард мұрнын тыжырайтты.
— Мұнда болып жатқанның бәрі адам сенгісіз. Алайда Макартурдың өлімінен соң жазатайым болған жағдаят жөнінде де, өзін-өзі өлтіру жөнінде де әңгіме етуге жол жабылды. Айдан анық нәрсе біреу ғана: бұл — кісі өлтірушілік. Дәлірек айтқанда, үш бірдей кісі өлтірушілік.
Вера селк ете қалды:
— Сұмдық жаман түс көріп, бастығырылып жатқандайсың. Бұлай болуы мүлдем мүмкін еместей көрінеді де тұрады маған.
Филипп түсіністік білдіре бас изеді:
— Ол рас, көз алдыңа не түрлі нәрсе елестейді: тап қазір есік қағылып, төсегіңе біреу шай әкеп беретіндей болады.
— Шіркін-ай, солай аяқталар ма еді мұның бәрі! - деді Вера. Филипп Ломбард түнеріп сала берді.
— Жоға, жақсылық болар деп дәмеленудің қисыны жоқ! Біз сұмдық қорқынышты түсті өңімізде көріп, бастығырылып жүрміз!
Вера дауысын бәсеңдетті:
— Егер... егер ол арамызда болса, онда ол кім, қалай ойлайсыз?
Ломбард мырс етті.
— Бұл сөзіңізден екеумізді ондай деп санамайтыныңызды аңғардым, — деді ол - Келісем сізбен. Өзімнің кісі өлтіруші емес екенімді өзім жақсы білем, сондай-ақ, сіздің де, Вера, бойыңыздан ешқандай шәлкем - шалыстықты көріп тұрғам жоқ. Өзіңізден асқан биязы да байыпты қызды ешқашан кездестірген емен. Есуас еместігіңізге кімнің алдында болсын кепілдік ете алам.
— Рақмет. — Вера болымсыздау езу тартты.
Филипп сөйледі:
— Ay, мисс Вера Клейторн, қошеметке қошеметпен жауап қайтармай қала барасыз ба сонда?
Вера азды-кем іркілді.
— Адамның өмірін, - деді ол ақыры, — пішту ғұрлы көрмейтініңізді мойындадыңыз ғой, әйтсе де ана пластинкадағы сөздің сіздің айтуыңызбен жазылғанына тіптен сене алмаймын.
— Дұрыс айтасыз, - деді Ломбард. — Кісі өлтірушілікпен айналысар болсам, онда өзіме пайдасы тиер жағын ғана қарастырар едім. Қылмыскерлерді жаппай жазалау менің шаруам емес. Әрмен кетейік. Сөйтіп, бір-бірімізді күдіктен босатамыз да, сорға басы бірге байланған басқа бес ағайынымызға назар саламыз. Олардың қайсысы А. Н. Оним? Түйсігіме сүйеніп, — және бұған желеу етерлік ештеңем болмаса да, — Уоргрейвті таңдаймын!
— Солай ма? - деп таңырқанды Вера. Сосын бірер минуттай ойланып отырды да: — Неліктен? - деп сұрады.
— Қалай деуге болады. Біріншіден, ол шау тартқан адам, ал, екіншіден, ұзақ жылдар бойы сотта адам тағдырын өз білгенінше кесіп-пішумен айналысты. Демек, ғұмыр бойы дерлік өзін құдды Құдай секілді құдіретті сезінумен болды. Бұл оның басын айналдыруы мүмкін еді. Адамдардың өмірі мен өлімі өз қолымда деп сеніп қалуы ықтимал еді, ал мұндайдан ауыш боп кету және одан әрмен шығандау — айталық, өзін әрі Төбе би, әрі жендет санау қиын емес.
— Бәлкім, солай болса солай да шығар, - деп келісті Вера, кішкене кідірістеп.
— Ал өзіңіз кімді таңдар едіңіз? - деп сұрады Ломбард.
— Дәрігер Армстронгты, - деп салды Вера бірден.
Ломбард жаймен ысқырып жіберді:
— Дәрігерді ме? Ал мен оны ең соңғы орынға қояр едім.
Вера басын шайқады:
— Оныңыз бекер. Екі адам уланудың нәтижесінде өлім тапты. Осының өзі бұған дәрігердің қатысы барын байқатып түр. Одан соң ұйықтататын дәріні миссис Роджерске сол бергенін ұмытпау керек.
— Дұрыс, - деп келісті Ломбард.
— Егер ақылдан дәрігер алжасар болса, оны әшкерелеу оңайға соқпайды. Одан соң дәрігерлер өте көп жұмыс істейді, қатты шаршап-шалдығудың салдары жындануға әкеп соқтыруы мүмкін, -деп өршеленді Вера.
— Сөйте тұрғанымен, оның Макартурды өлтіргеніне сене алмаймын, - деді Ломбард. — Мен кідірмей қайтып оралғам: егер барғанша және келгенше жан ұшырып жүгірмесе, үлгере алмайтын. Бірақ дәрігер спортшы емес, сондай жүгіріс жасап, ентікпей қалуы екіталай.
— Бірақ оның генералды кейінірек өлтіруі мүмкін ғой, - деп қарсылық білдірді Вера.
— Қашан сонда?
— Генералды ленчке шақырғалы барғанда.
Ломбард тағы да ысқырып жіберді:
— Армстронг генералды сол кезде өлтірді деп ойлайсыз ба? Бұл үшін адамның жүйкесі темірдей берік болуы қажет қой.
— Ойлап көріңізші, оған келер қауіп қандай? - деп Вера оны бөліп жіберді. — Арамыздағы жалғыз емші сол ғана. Генералды бір сағат бұрын өлтірген деп айта салғаннан несі кетеді? Оның сөзін ешқайсымыз теріске шығара алмаймыз ғой.
Филипп оған ойлана көз тігіп қалды.
— Тәуір ой, - деді ол —Өте қызық...
2
— Ол кім, мистер Блор? Соны білгім келеді менің. Оның кім болуы мүмкін? — Роджерстің беті тартып кетіп тұрды. Қолымен былғарының титімдей пұшпағын жұлмалап тұр еді — күміс ыдыс-аяқтарды тазалап жатқан.
— Әңгіме де сонда, туысқан, - деді бұрынғы инспектор.
— Мистер Уоргрейв ол арамыздағы біреу дегенді айтты. Ендеше, ол кім, сэр? Соны білгім келеді менің. Ол қай қаныпезер?
— Бәріміз де соны білгіміз келеді, - деді Блор.
— Бірақ сіз бірдеңені сезіп жүрсіз ғой, мистер Блор? Қателескен жоқпын ба?
— Бәлкім, сезсем сезіп те жүрген шығармын, - деді Блор. — Бірақ сезу — бір басқа да, білу — екінші басқа. Ал егер олай болмай шықса ше? Айтарым: ол кісінің жүйкесі темірдей берік болуға тиіс.
Роджерс маңдайының терін сүртті.
— Бұл сұмдық нәрсе болды, - деді даусы қырылдап.
— Ал өзіңізде қандай жорамал бар, Роджерс? — деп сұрады Блор.
Малай басын шайқады.
— Мен ештеңе де түсінбеймін, сэр, — деді ол бәсең тартып кеткен дауыспен. — Дым да түсінбеймін. Үрейімді ұшырып жүрген нәрсе де осы.
3
— Бізге бұл жерден кету керек! Міндетті түрде! - деп айқайлап жатты дәрігер Армстронг. — Қайткен күнде де!
Сот Уоргрейв шылым шегуге арналған бөлме терезесінен ойлы жүзбен көз тастады, пенснесінің бауын бұлғақтатты, сосын былай деді:
— Мен, әрине, ауа райын болжаушы ролін атқара алмаймын, солай бола тұрғанымен мынадай жорамал айтқым келеді: таяу арадағы тәулікте, — егер жел тыншымаса, бір тәулікпен де іс бітпес, — тіпті құрлықтағылар жағдайымыздан хабардар болған күнде де, қайық келе қоймайды.
Армстронг басын сылқ түсірді.
— Оған дейін бізді төсекте жатқан жерімізде-ақ мүрдем кетіреді ғой! - деп ыңырсыды ол.
— Олай бола қоймас, - деді сот. — Қолдан келер сақтық шарасының бәрін қабылдамақпын.
Күтпеген жерден Армстронгқа: қарттардың өмір сүруге деген іңкәрлігі жастарға қарағанда анағүрлым басым, деген ой келді. Өзінің әжептәуір мол дәрігерлік тәжірибесінде бұған талай мәрте таңырқанған. Мәселен, өзі соттан кем дегенде жиырма жастай кіші, әйтсе де өмірге деген ынтызарлығы одан әлдеқайда аз.
Ал сот Уоргрейв болса: "Төсекте жатқан жерімізде мүрдем кетіреді!" дейді. Дәрігерлер бір-бірінен аумай қалған — ойлары бір қалыптан шыққандай. Мынау да ақымақ", деп ойлады.
— Қазірдің өзінде үш адам мерт болғанын естен шығрмаңыз.
— Ол рас. Алайда, сіз де өз тарапыңыздан естен шығармаңыз: олар өміріне қауіп төніп тұрғанын білген жоқ. Ал біз білеміз.
Армстронг ашына үн қатты:
— Не істеуіміз керек сонда? Ерте ме, кеш пе...
— Меніңше, - деді сот Уоргрейв, — бірдеңе тындыру біздің де қолымыздан келеді.
— Ау, біз тіпті кісі өлтірушінің кім екенін де білмейміз ғой, — деді Армстронг өршеленіп.
Сот иегін сипап қойды. Сосын:
— Олай деп айтпас едім, - деп күбір етті.
— Сонда оның кім екенін білдім дегіңіз келе ме? — Армстронг оған бажырая қарап қалды.
— Менде сотта талап етілетіндей бұлтартпас дәлел жоқ, - деп Уоргрейв жалтара жауап қатты. — Дей тұрғанмен, фактілерді қайтадан сараптай келгенімде маған бәріне кінәлі бір адам секілді көрінеді де тұрады.
Армстронг қайтадан сотқа бағжия қалды.
— Түк түсінсем бұйырмасын, - деді ол.
4
Мисс Брент — ол жоғарыдағы жатын бөлмесінде болатын — Тауратты қолына алып, терезе жанына келіп отырды. Тауратты ашты, бірақ азды-кем екі ойлы боп отырды да, кітапты былай алып қойып, туалет үстелшесіне келді. Жәшіктен қара тысты қойын дәптерін шығарып, төмендегі сөздерді жаза бастады:
"Жан шошырлық жағдай болды. Генерал Макартур қаза тапты. (Оның немере інісі Элси Макферсонға үйленген еді.) Генералдың кісі қолынан мерт болғанына ешқандай күмән жоқ. Ленчтен кейін сот керемет жақсы сөз сөйледі. Ол кісі өлтіруші - арамыздағы біреу екеніне сенімді. Демек, біреуімізді шайтан иектеп алған. Өзім әу бастан сондай ойға келгем. Бірақ, ол кім? Қазір жұрттың бәрінің аузында осы сұрақ. Тек жалғыз мен ғана білемін, оның..."
Ол бірнеше секунд бойы қыбыр етпей отырды, жанары көмескі тартып, көз алды буалдырланып кетті. Қолындағы қарындашы ойнақтай жөнелді. Дырау әріптермен шимай-шатпақ етіп мына сөздерді жазды: ...кісі өлтірушінің есімі Беатриса Тейлор...
Көзі жұмылып кетті. Бірақ сол бойда селк ете қап, шошып оянды. Қойын дәптеріне қарады да, ашулана шаңқ етіп, соңғы жазылған сөздердің қисық-қыңыр әріптеріне көз тастады.
— Япырай, мынаны мен жаздым ба? - деп күбірледі. — Сірә, жынданайын деген шығармын.
5
Дауыл күшейе түсті. Жел сарнауын ұлғайтып, үйдің қабырғаларын екілене соққылап жатты. Барлығы қонақ бөлмеге жиналды. Үйме-жүйме боп, үрпиісіп үнсіз отырды. Бір-бірін көздің астымен астыртын бақылаумен болды. Поднос көтерген Роджерс ішке кіріп келгенде, қонақтар сөздің тура мағынасында орындарынан атып-атып тұрды.
— Перделерді жауып қоюға рұқсат па? - деп сұрады Роджерс. — Сөйткенде мұнда жайлырақ болады.
Рұқсат алған ол перделерді жауып, шам жақты. Бөлменің іші шынымен жайлырақ бола түсті. Қонақтардың көңілі жадырай бастады: енді ше, ертең дауыл тынады... қайық келеді...
Вера Клейторн тіл қатты:
— Шайды сіз құясыз ба, мисс Брент?
— Жо-жоқ, өзіңіз құйыңыз, бойжеткен. Шәйнек сондай ауыр. Оның үстіне, қатты күйініп отырмын-ақ сүр жіптің екі шумағын жоғалтып алдым. Өкінішті-ақ.
Вера үстелге келді. Шай қасықтардың көңілді сылдыры, фарфордың сыңғыры естіле бастады. Қайғы-мұң бұлты серпілді.
Шай! Күндегісін-күнде ішетін, әдетке айналған, шарапатты шай! Филипп Ломбард әзіл айтты. Блор күліп жіберді. Дәрігер Армстронг жұмыс барысында жолыққан бір қызықты оқиғаны әңгімелеп берді. Сот Уоргрейв — ол шайға әуес емес-ті — хош иісті сусынды рақаттана ұрттап отырды.
Осынау жаймашуақ ахуалдың шырайын Роджерстің келуі бұзып жіберді. Малайдың әлпетінен әлденеге абыржып тұрғаны аңғарылды.
— Кешіріңіздер, - деді ол ешкімге назар салмастан, — ванна бөлмесіндегі жапқыштың қайда кеткенін білмейсіздер ме?
Ломбард басын кекжең еткізді:
— Жапқыш деймісіз? Не айтқалы тұрсыз, Роджерс?
— Ол жоғалып кетті, сэр, зым-зия жоқ болды. Ванна бөлмелерін тазалап жүргем, бір дәретханада... яғни ванна бөлмесінде, жапқыш болмай шықты.
— Бүгін таңертең орнында болып па еді? - деп сұрады сот.
— Иә, сэр.
— Түрі қандай еді? - деп әуестік білдірді Блор.
— Резеңкеленген жібек еді, сэр, алқызыл түсті еді. Алқызыл кафельдің түсіне сай болатын.
— Сөйтіп, ол ғайып болды ма? - деп сұрады Ломбард.
— Ғайып болды.
— Жә, жетер. Онда тұрған не бар? - деп бұрқ ете қалды Блор. — Мұнда мән де, мағына да жоқ. Жапқышпен кісі өлтіру мүмкін емес, сондықтан оны ойлап бас қатырмайық.
— Иә, сэр. Рақмет сізге, сэр, - деді Роджерс, сосын бөлмеден шығып, есігін жауып кетті.
Бөлмені үрей жайлай бастады. Қонақтар қайтадан бір-бірін білдіртпей бақылауға кірісті.
6
Түскі ас ішетін уақыт болды — дастарқан жасалды, тамақ ішілді, ыдыс-аяқ жинап алынды. Негізінен консерві қалбырларынан әзірленген қарапайым тағам еді. Түскі астан кейін қонақ бөлмеде тымырайған тыныштық орнады.
Сағат тоғызда Эмили Брент орнынан тұрды.
— Ұйықтаймын, - деді ол
— Мен де, - деді Вера.
Әйелдер жоғары көтерілді. Ломбард пен Блор оларды шығарып салды. Әйелдер есіктерін жауып алғанша екеуі баспалдақ алаңында тұрды. Ысырмалар сартылдап, кілттер шылдырлады.
— Оларды кілттеніп алыңдар деп үгіттеудің қажеті жоқ, - деп мырс етті Блор.
— Несі бар, қайткен күнде де әйтеуір бүгін түнде олардың ештеңеден қауіптенбеуіне болады, - деді Ломбард.
Ол төмен түсті. Блор да оған ілесті.
7
Бір сағаттан кейін төрт еркек ұйықтауға кетті. Баспалдақпен бәрі бірге көтерілді. Таңертеңгі асқа дастарқан әзірлеп жатқан Роджерс олардың жай басып жоғары көтеріліп бара жатқанын көрді. Баспалдақ алаңына тоқтағандарын байқады. Ол жерден соттың даусы естілді:
— Мырзалар, түнде есікті кілттеп алу қажеттігін менің айтуымсыз-ақ білетін шығарсыздар деп ойлаймын.
— Кілттеніп алу аз, оған қоса есіктің тұтқасына орындықтың аяғын сұғып қою керек, - деп үстеді Блор. — Кілтті сырттан ашудың түк қиындығы жоқ.
— Қадірменді Блор, шамадан тыс коп білесіз — сорыңыз сонда, - деп естілер-естілмес күңк етті Ломбард.
— Қайырлы түн, мырзалар, - деді сот жабырқау жүзбен. — Ертең таңертең осы құрамда жүздесуге жазсын.
Роджерс асханадан шығып, аяғын білдіртпей басып баспалдақпен жоғары көтерілді. Төрт еркектің есіктерін бір мезгілде ашқанын көрді, кілттердің шылдырын, ысырмалардың сартылын естіді.
— Дұрыс болды, - деп күбірледі ол басын изеп, сосын асханаға қайтып оралды.
Онда таңертеңгі ас дайын етіп қойылған еді. Ол айналы үйкөкте тұрған жеті негр баласына көз тастады. Әлпетінде өзіне-өзі разылық білдірген күлкі ойнады.
Қалай болған күнде де, әйтеуір олар бүгін қулығын асыра алмайды, мен шара қолданам.
Асхананы кесіп өтті, буфет бөлмесіне кіретін есікті кілттеді, холға бастайтын есік арқылы шығып, оны да кілттеп, кілттерді қалтасына салып тастады. Одан соң шамды өшірді де, жаңа жатын бөлмесіне қарай тапырақтап тұра жүгірді.
Онда тек биік шкафтың ішіне ғана жасырынуға болатын, сондықтан Роджерс, ең алдымен, шкафты тексерді. Сосын есікті кілттеп, ысырмасын салды да, шешіне бастады.
— Қара домалақтарға байланысты қулықтың бүгін іске аспайтыны кәміл, - деп күбірледі ол, — мен шара қолдандым...
Он бірінші тарау
1
Құлқын сәріде бір ояну Филипп Ломбардтың дағдысына айналған еді. Бүгін де сол әдетінше оянып кетті. Шынтағына көтеріліп тың тыңдады. Жел сәл-пәл басылайын депті. Жаңбырдың шуы естілмейді... Сағат сегізде жел қайтадан күшейді, бірақ мұны Ломбард сезген жоқ. Қайтадан ұйықтап кеткен-ді.
Тоғыз жарымда ол кереуетіне тұрып отырды, сағатына көз салды, оны құлағына тосты, жыртқыш тәрізденіп, аумаған қасқырға ұқсап, тісін ақситты.
— Қимылдайтын шақ келді, - деп күбірледі.
Тоғыздан отыз бес кеткенде ол Блордың есігін қағып тұрды.
Анау есікті сақтық жасап абайлап ашты. Шашы үрпі-түрпі, ұйқыдан көзін әрең ашып тұр.
— Ұйқы соғып жатқаныңызға он үш сағат болды, - деді Ломбард аңқылдап. — Демек, арыңыз таза екен.
— Не болды? - деп Блор оны бөліп жіберді.
— Сізді оятты ма? - деп сұрады Ломбард. — Шай әкелді ме? Уақыт қанша болғанын білесіз бе?
Блор мойнын бұрып, кереуеттің бас жағында тұрған қоңыраулы жол сағатына көз жіберді.
— Тоғыздан отыз бес кетіпті, - деді ол — Осынша уақыт ұйықтармын деп ойласам неғылдейсің. Роджерс қайда?
— "Жаңғырық айтар деп... қайда?" — тап соның кебі, - деп жауап қатты Ломбард.
— Сонда мұнымен не айтқыңыз кеп түр? - деп ашуланды Блор.
— Роджерстің ғайып болғанын ғана айтпақпын, - деп жауап қатты Ломбард. — Жатын бөлмесінде жоқ. Шәйнекті отқа қоймапты, тіпті плитаның астына да от жақпапты.
Блор міңгірлей сөйлеп қарғанып - сіленді:
— Ол, нәлет, қайда жоғалып кетуі мүмкін? Аралды кезіп қаңғып жүр ме екен? Тұра тұрыңыз, киініп алайын. Сосын жұрттың бәрінен сұрап шығыңыз: бәлкім, олар бірдеңе білетін шығар.
Ломбард басын изеді. Жабық тұрған есіктерді қағып, дәлізді бойлап жүріп кетті.
Армстронг тұрыпты — киімін киіп боп қалыпты. Сот Уоргрейвті де, Блор секілді, оятуға тура келді. Вера Клейторн киініп алған екен. Эмили Бренттің бөлмесі бос түр.
Іздеуші топ үйді шарлап шықты. Роджерстің бөлмесі сол бұрынғыша қаңыраған күйі тұр. Төсегі жиналмаған, ұстарасы мен губкасы әлі кеуіп үлгермеген.
Басы ашық нәрсе біреу: ол осында қонып шыққан, - деді Ломбард.
— Қалай ойлайсыз, ол бізді күтіп бір жерде тығылып жатқан жоқ па екен, — деді Вера бұрынғы батылдығынан біржола ада болған, дірілдеген бәсең дауыспен.
— Қазір менің ойыма келмейтін нәрсе кемде-кем, көгершінім, - деді Ломбард. — Сізге берер ақылым: қашан оны тауып алғанша жұбымызды жазбауымыз керек.
— Аралдың бір жерінде жүрген шығар ол, - деді Армстронг.
Оларға қырынып үлгермеген, бірақ мұнтаздай боп киінген Блор келіп қосылды.
— Мисс Брент қайда жоғалған? - деп сұрады Блор. — Міне, сіздерге тағы бір жұмбақ.
Алайда төмен түскен олар мисс Брентті холдан кезіктірді. Үстінде жаңбырда киетін желбегейі бар екен.
— Теңіз буырқанып жатыр. Қайық теңізге шыға қоймас.
— Апырай, аралда жалғыз қыдырыстауға тәуекел етіп жүрмісіз, мисс Брент? - деп сұрады Блор. — Мұның қаншалықты қатерлі екенін, шынымен, түсінбейсіз бе?
— Шын сөзім, мистер Блор, мен барынша сақ болдым, - деп жауап қатты кәрі қыз.
Блор мырс етті.
— Роджерсті көрдіңіз бе? - деп сұрады ол
— Роджерсті ме? — Мисс Брент қабағын көтерді. — Жоқ, бүгін оны көргем жоқ. Жайшылық па?
Тап-таза қырынған, таза киімдерін киген, алмалы тісін салып та алған сот Уоргрейв баспалдақпен төмен түсіп келе жатты. Асхананың айқара ашылған есігінен ішке көз жіберген ол:
— Қарай көріңдер, дастарқан жасауды ұмытпапты, - деді.
— Ол мұны кеше кешкісін жасап қойған болар, - деді Ломбард.
Олар асханаға кіріп, ұқыпты түрде орналастырылған приборлар мен тәрелкелерге, буфетте қаз-қатар тұрған шыны аяқтарға, кофе шәйнегінің киіз үйкөгіне көз салды. Вера бірінші боп байқады. Соттың қолын бар күшімен сығымдап жібергені сонша, — спортшы деген аты бар емес пе, — қарт қабағын шытты.
— Негр балаларына қараңыздар! - деп айқайлап жіберді Вера.
Айналы шеңберде алты қара домалақ қана қалыпты.
2
Ұзамай Роджерстің де жайы мәлім болды. Ол жапсарлас салынған жайдан табылды — бұл кір жуатын қосалқы үй еді. Кішкене балтаны әлі қолына қыса ұстап жатыр екен — отқа жағатын ағаш шауып жатса керек. Отын жаратын үлкен балта есік жанында сүйеулі тұр — шүйдесінде қызыл-қоңыр дақтар бар. Роджерстің желкесінен үлкен жарақат үңірейеді...
3
— Бәрі түсінікті, - деді Армстронг. — Қанішер арт жағынан білдірмей келген, балтаны жоғары көтерген де, Роджерс еңкейе берген сәтте соққы дарытқан.
Блор балтаның сабымен әуреленіп, ас үйден әкелінген кішкене елекпен оған үн себелеп жатты.
— Айтыңызшы, дәрігер, мұндай соққыны өте қарулы адам ғана жасай ма? - деп сұрады сот.
—Жоға, мұндай соққыны тіпті әйел де дарыта алады, егер сұрағыңызды дұрыс түсінген болсам. — Соны айтып дәрігер жан-жағына қаранды.
Вера Клейторн мен Эмили Брент ас үйге кеткен-ді.
— Ал қызға мұндай соққы жасау тіптен де оңай — ол спортшы ғой. Мисс Брент жұқалтаң ғана, бірақ мұндай әйелдер көп ретте әлеуетті боп келеді. Оған қоса, шалық ұрған жандардың, әдетте, аса қауқарлы болатынын ұмытпаңыз.
Сот ойлы кейіппен бас изеді. Блор күрсініп алып, бойын тіктеді.
— Саусақ таңбасы жоқ, - деді ол — балтаның сабын жақсылап сүртіпті.
Арт жақтан қарқылдаған күлкі естілді — олар жалт қарады: ауланың ортасында Вера Клейторн тұр еді.
— Бәлкім, бұл аралда ара да бар шығар? Бар ма әлде жоқ па? — деп ол әр сөзді айтқан сайын екілене қарқылдай күліп, шаңқылдаған дауыспен долдана айқайлай бастады. — Бал қайда деймін бүл жердегі? Ха-ха-ха!
Еркектер Вераға аң-таң боп қарап қалды. Апырау, осы бір байсалды да басалқалы қыздың көз алдарында есі ауысқалы тұрғаны ма?
— Маған өйтіп бақырая қарамаңыздар! - деп өршелене түсті Вера. — Не, мені жынданып кетті деп ойлайсыздар ма? Сіздерден жөн сұрап тұрмын: аралары қайда бұл аралдың, омартасы қайда? Ә, түсінбедіңіздер ме? Әне бір сиықсыз санамақты көрген жоқ па едіңіздер? Әр жатын бөлмеде ілулі тұр ғой, жұрттың бәрі білуі үшін! Нағыз нақұрыс болмасақ, бірден осы араға келмес пе едік. "Жеті негр баласы отынға кесті талды", демей ме? Мен бүл санамақты жатқа білем. Келесі шумағында: "Алты негр баласы омартадан бал алды", делінеді, сондықтан да бұл аралда омарта бар ма деп сұрап тұрмын ғой. Ой, ішегім - ай! Ішегім - ай!.. — Ол тағы да ес жоқ, түс жоқ қарқылдап күле бастады.
Армстронг оның қасына келіп, құлашын керді де, шапалақпен жағынан тартып жіберді. Вераның тынысы тарылып кетті, ықылық атып, түкірігін жұтынды. Үн қатпай тұрып қалды.
— Рақмет... Өзіме - өзім келдім... - деді ол сәлден кейін, өзіне тән сол баяғы сабырлы да байыпты үнмен. Сосын бұрылып, ас үйге қарай бет алды. — Мисс Брент екеуміз сіздерге таңғы ас әзірлейміз. Рақым етіп, отын әкеліңіздерші — плитаға от жағу керек.
Дәрігер шапалағының ізі Вераның жағынан алқызыл боп алаулай көрініп түр еді.
Ол ас үйге кеткеннен кейін Блор:
— Тым шапшаң есін жиғыздыңыз ғой оның, дәрігер, - деді.
— Енді не істеуім керек еді? Басқасы аздай, енді ұстамалы аурумен арпалысу ғана қалып еді бізге, - деп ақталды Армстронг.
— Ол есірігі бар әйелге ұқсамайды, - деп қарсылық білдірді Ломбард.
— Рас айтасыз, - деді Армстронг. — Мейлінше байсалды, ақылды қыз. Жүйке ширығуының салдары ғой. Әркімнің-ақ басында болатын жағдай.
Олар Роджерс шапқан отынды жинап, ас үйге алып барды. Вера мен Эмили Брент ас әзірлеу қамына кірісіп кетіпті. Мисс Брент пештің күлін алып, Вера беконның қабығын сыдырып жатыр екен.
— Рақмет, - деп Эмили Брент оларға алғыс айтты. — Таңғы асты мүмкін болғанынша тезірек әзірлеуге тырысармыз — отыз-қырық минуттан кейін дайын боп қалар. Оған дейін шәйнек қайнай қоймайды.
4
— Маған қандай ой келгенін білесіз бе? - деп сыбырлады Ломбардқа бұрынғы инспектор Блор.
— Өзіңіз айтып бергелі тұрғанда оны болжап қайтем.
Бұрынғы инспектор тоқтаулы адам еді. Қағыту дегенді қақпайтын, сондықтан қыңқ етпестен сөзін жалғастыра берді:
— Америкада мынадай бір жағдай болған. Қос қарияны - күйеуі мен әйелін - балтамен шауып өлтіріпті. Тапа-тал түсте. Үйде олардың қызы мен күтушісінен басқа ешкім болмаған. Күтушісінің мұндай іске бара алмайтыны кәміл дәлелденген. Қызы — біраз жасқа кеп қалған кәрі қыз екен. Оның осындай сұмдық қылмыс жасауы мүмкін деген нәрсе ақылға қонбайтын. Ақылға қонбағандығы сонша, кінәсі жоқ деп табылған. Сөйте тұрғанымен, бүл содан басқа ешкімнің қолынан келмейтін іс еді. — Сәл үнсіздіктен кейін ол былай деп қосып қойды: — Балта көзіме түскенде осы оқиға есіме оралды. Кейін ас үйге кіргенде көрдім, түк ештеңе болмағандай абы кіріп, күбі шығып жүр. Ал қыздың ұстамаға ұшырауы - жиі кездесіп тұратын жағдай, бұған таңғалудың қажеті жоқ, сіздің ше қалай?
— Солай шығар, - деді Ломбард.
— Бірақ ана кемпірді айтсайшы! - деп Блор сөзін жалғады. — Тазалық сақтағышын қарашы — алжапқыш тағуды да ұмытпаған, ал ол алжапқыш миссис Роджерстікі шығар, кім біледі. Сосын тағы: "Таңғы ас отыз-қырық минуттан кейін дайын болады", дейді. Кемпір, оллаһи, ақылдан алжасқан. Ондай жағдай кәрі қыздардың басында болып тұрады — олар маньякқа айналып, кім көрінсе соны өлтіре береді деп тұрған жоқпын, әншейін миы айналып, ауыш боп кетеді. Мына біздің мисс Брент те діннің негізінде ақылынан адасқан — өзін Құдіретті күштің қаруы сынды сезінеді. Білесіз бе, ол бөлмесінде Тәуратты оқиды да отырады.
— Бұл ауыштыққа ешқандай дәлел бола алмайды, Блор.
— Оның үстіне, жаңбырда киетін желбегейін ала шыққан, - деп Блор тұспалын нықтай берді. — Теңізге бардым, дегенді айтты.
Ломбард басын шайқады.
— Роджерсті отын шауып жатқан кезде өлтірген, - деді ол — яғни төсектен тұрған бойында. Осы себепті Эмили Брентке тағы бір-екі сағат жаңбыр астында жүрудің қажеті болмайтын. Менің пікірімді білгіңіз келсе, айтайын: Роджерсті өлтірген адам міндетті түрде төсегіне қайтып оралып, шырт ұйқыда жатқандай түр жасап бағар еді.
— Мені дұрыс түсінген жоқсыз, мистер Ломбард, - деді Блор. — Егер мисс Бренттің ешқандай айып-кінәсі болмаса, онда аралда жалғыз қыдырыстауға жүрегі дауаламас еді. Бұлай істейтіндер түк ештеңеден қорықпайтындар ғана. Демек, ол түк ештеңеден қорықпайды, ендеше кісі өлтіруші де - тап сол.
— Көңілге қонымды пікір екен, - деді Ломбард. — Бұл менің ойыма келмепті. — Сосын миығынан мырс етіп: — Өзіме күдіктенуді қойғаныңызға қуаныштымын, - деді.
Блор тартыныңқырап қалды:
— Дұрыс, әуелі сізден бастағам — ана револьвер бар емес пе, одан соң өте бір түсініксіз нәрсені айтып бердіңіз, анығында, айтып бермедіңіз. Бірақ қазір көзім жетті, сіз одан гөрі шетіндеу бірдеңені ойлап таба алар едіңіз. Өзіңіз де менен күдіктенбейтін шығарсыз.
Филипп ойлана жауап қатты:
— Бәлкім, қателесетін де болармын, бірақ маған мынадай жоспар жасау өзіңіз сияқты ой-қиялы соншалықты шабан адамның қолынан келмейтіндей көрінеді де тұрады. Айтарым: ондай жағдайда сіз керемет актер боп шығар едіңіз және мен сізге таңданып басымды иер едім. - Ол дауысын бәсеңдетті: — Арада бір тәулік өтер-өтпесте бізді тырапай асырулары мүмкін, сондықтан сырыңызды менен жасырмауыңызға болады: ана жолы жалған түсінік бердіңіз ғой, солай ма?
Блор ыңғайсызданып салмағын бір аяғынан екінші аяғына ауыстырды.
— Енді жасырдың не, жасырмадың не — бәрібір, - деді ол ақыры. — Айтайын. Ландор кінәлі емес, бұл басы ашық нәрсе. Перселлдің бұзақылары маған пара берді, сөйтіп біз оны түрмеге тықтық. Есіңізде болсын, мен бұл сөзімнен бас тарта алам...
— Куәлардың көзінше, дегіңіз келе ме? - деп езу тартты Ломбард. — Жо-жоқ, бүл әңгіме екеуіміздің арамызда қалмақ. Несі бар, тәп-тәуір табыс тапқан шығарсыз.
— Уәде еткендерінің жартысын да алғам жоқ. Перселлдік бұзақылар тас сараң екен. Бірақ қызметім өсті. Оны жасыра алмаймын.
— Ал Ландорға үкім шығарылып, ол каторгада өлді ме?
— Оның өлетінін мен қайдан білейін? - деп дүңк етті Блор.
— Әрине, оны қайдан білейін деп едіңіз, тек әншейін жолыңыз болмағаны болмаса.
— Менің бе? Әлде — оның ба?
— Сіздің де, Блор. Себебі, оның өліміне байланысты сіздің де өміріңіз мерзімінен бұрын үзілгелі тұр.
— Мына менің бе? - деп Блор оған қас қақпай қарап қалды. — Роджерс пен басқалар сияқты өзімді мерт қылуға жол беріп қарап тұрады деп ойлайсыз ба мені? Сандырақ! Өзін қорғай алатын бір адам болса, ол мен шығармын! Бәс тіккіңіз келе ме?
Ломбард сөйледі:
— Бәстескенді ұнатпаймын. Оның үстіне, сізді өлтіріп тастаса, ұтысты маған кім төлейді?
— Бері қараңыз, мистер Ломбард, маған не айтқыңыз келіп тұр сонда?
Ломбард тісін ақситты:
— Айтайын дегенім, құрметті Блор, сіздің тірі қалу мүмкіндігіңіз онша көп емес.
— Не себепті?
—Себебі ой-қиялдан ада болуыңыз салдарынан сізді харап қылудың түк қиындығы жоқ. А.Н.Онимдей ой-қиялға бай қылмыскер сізді қас пен көздің арасында алдап соғады.
— Ал өзіңізді ше? - деп шаптықты Блор.
Ломбардтың қабағы қарс жабылды.
— Менің ой-қиялым А.Н.Оним ой-қиялынан әсте кем емес, — деді ол — Мен не қилы шырғалаңға тап болдым және бәрінен құтылып шықтым! Басқа ештеңе айтпаймын, бірақ бүл шырғалаңнан да құтылармын деп сенем.
5
Вера плита жанында - ол жұмыртқа қуырып жатқан - былай ойлап тұрды: "Ақымақ біреулерше есіріктенгенім не болғаным? Олай істемеуім керек еді. Үрейге бой алдырмау қажет, ешқашан да бой алдырмауға тиіспін". Өйткені ол қашан да өзінің салқынқандылығын мақтан тұтушы еді ғой.
Мисс Клейторн жарады — сасқан жоқ, Сириллдің соңынан жүзе жөнелді.
Мұны еске алудың не қажеті бар енді? Өткен іс өтті... келмеске кетті... Сирилл суға батқан кезде Вера жартастың жарты жолына жеткен. Ағыс өзін қайтадан теңіздің ортасына қарай әкетіп бара жатқандай көрінді. Өзін ағыстың еркіне берді - ақырын-ақырын ғана жүзіп, қайық келіп жеткенше суда тербетілумен болды... Оны жұрт жүрек жұтқан батылдығы, салқынқандылығы үшін мақтады. Хъюгодан басқаларының бәрі мақтады. Ал Хъюго оған көз қиығын салды да қойды... Құдай-ай, Хъюго жайында ойлау, тіпті қазірдің өзінде де, жанға қалай батады десеңші... Қайда екен ол қазір? Не істеп жүр екен? Сүйгені бар ма екен, үйленді ме екен?
— Вера, бекон күйіп барады, - деді мисс Брент кейістік білдіріп.
— Солай екен-ау, кешіріңіз, мисс Брент. Байқамай қалыппын...
Эмили Брент буы бұрқыраған беконнан соңғы жұмыртқаны алды. Қызған табаға бекон тілімдерін салып жатқан Вера:
— Ұстамдылығыңыз таңғаларлық, мисс Брент, - деді.
— Мені бала кезімнен асып-саспауға, шамалы нәрсеге бола шала бүлінбеуге баулыған еді, - деп жауап қатты кәрі қыз.
"Бұл сәби кезінде зәбірді көп көрген ғой. Сондықтан оны түсінуге болады", деп ойлады Вера. Ал дауыстап былай деді:
— Шынымен-ақ, қорықпайсыз ба?.. Әлде өлгіңіз келіп жүр ме?
"Өлгіңіз келіп жүр ме?" Эмили Бренттің қасаңданып қалған миына біреу біз сұғып алғандай болды. Өлгіңіз келіп жүр ме, дейді. Жоға, өлгісі келіп жүрген ол жоқ! Басқалар өледі, ол рас, бірақ бұл емес, Эмили Брент емес. Бұл қыз не білетін еді? Әрине, Эмили Брент ештеңеден қорықпайды: Бренттер қорқыныш дегенді білмейді. Ол әскерилер отбасында туып-өскен, әулетіндегі жаранның қай-қайсысы да өлімнің жүзіне жасқанбай қарай алатын. Олар әділ жолдан айнымай абыройлы ғұмыр кешті, өзі, Эмили Брент те, осы жолмен келеді. Өткен өмірінде ұяттан беті өртенетіндей ештеңе жоқ... Олай болса, ол әрине, өлмейді... "Ол сендерге қам жасайды "'. "Түнде төнетін қауіп-қатерден, күндіз ұшатын жебеден қорықпайсың..." . Қазір күндіз болатын, қауіп-қатер жойылған. Ешқайсымыз да аралдан кете алмаймыз. Кім айтып еді мұны? Әрине, генерал Макартур ғой (оның туысы Элси Макферсонға үйленген еді). Өзін тосып тұрған жағдаяттан ол еш қорқып - үріккен жоқ. Керісінше, бұған кәдімгідей қуанып жүргендей көрінді. Ал бұл күнә! Кей адамдар өлімге ешқандай мән бермейді де, өз еріктерімен өмірмен қош айтысады. Беатриса Тейлор... Өткен түнде Беатриса түсіне кірді - терезенің ар жағында, бетін әйнекке басып түр екен, үйге кіргізуді сұрап ыңырсып, жалынып-жалбарынды. Бірақ Эмили Бренттің оны кіргізгісі келмеді. Өйткені кіргізсе бір сұмдықтың болары анық еді.
Эмили селк ете түсті де, есін жиып алды. Мына қыз кісіге қалай-қалай қарайды өзі!
— Бәрі дайын ғой, солай емес пе? - деп сұрады ол елп етіп. — Таңғы асты берейік.
6
Бұл тамақтану оғаштау жағдайда өтті. Бәрі де бір-біріне шамадан тыс ілтипат білдірумен болды,
— Сізге тағы кофе ұсынуға бола ма, мисс Брент?
— Сүр еттің бір тіліміне қалайсыз, мисс Клейторн?
Беконның бір тілігіне қарсылық білдірмейсіз бе?
Алтауы да түк ештеңе болмағандай, бейқам кейіп танытты. Бірақ бәрінің де көңілі алай-түлей еді. Ойлары он саққа бөлініп, дал боп отырған...
Енді не болмақ? Не болмақшы? Келесі кім? Кім?
Апырай, сәті түсер ме екен? Бірақ байқап көруге болады. Тек үлгерсем екен. Құдай-ай, тек үлгерсем екен...
Діннің негізіндегі ауыштық... Түріне қарасаң, ондайға тіпті де қимайсың... Әлде мен қателесіп жүрмін бе?
Бұл деген сұмдық қой... Жынданып кететін шығармын. Жібім аяқ асты жоғалып кетті, ванна бөлмесіндегі алқызыл жапқыш та аяқ асты жоғалды - бұлардың кімге қажет болғанына ақылым жетпейді. Ештеңеге түсінбеймін...
Сорлы-ай, айтылған сөздің бәріне сенді. Оның шаруасы оңай тындырылды... Сонда да бәрібір сақ болу керек.
Фарфордан жасалған алты негр баласы... тек алтау ғана — кешке дейін оның қаншасы қалар екен?
— Мына соңғы жұмыртқаны кімге берсем екен?
— Джем керек пе?
— Рақмет, одан да тағы кішкене сүр ет алайын.
Алтауы түк ештеңеге алаңы жоқ жандай тамақтанып жатты.
Он екінші тарау
1
Таңғы ас ішілді. Сот Уоргрейв тамағын қырнап алды да, шіңкілдеген даусымен ызбарлана сөйлеп:
— Меніңше, бізге,— айталық, жарты сағаттан кейін, — қонақ бөлмеде бас қосып, қалыптасқан жағдайды талқылау қажет болар, — деді.
Ешкім қарсылық білдірген жоқ. Вера тәрелкелерді жинап алды.
— Үстел үстін тазалаймын, сосын ыдыс-аяқты жуам, - деді ол
— Біз ыдыс-аяқты буфет бөлмесіне алып барайық, - деген ұсыныс айтты Филипп.
— Рақмет.
Эмили Брент орнынан тұрмақ болды да, аһ ұрып қайтадан отыра кетті.
— Сізге не болды, мисс Брент? - деп сұрады сот Уоргрейв.
— Өкінішті-ақ, — деп ақталды Эмили Брент, — мисс Клейторнға көмектескім келіп еді, бірақ шамам болмай қалды. Басым айналып тұр.
— Басыңыз айналып түр ма? — Дәрігер Армстронг оның қасына келді. — Бұл әбден табиғи нәрсе. Аса қатты күйзелудің салдары. Абзалы, сізге бір дәрі бергенім...
— Жоқ! - деді Брент жұлып алғандай.
Жұрт аңырып қалды. Дәрігер Армстронг қып-қызыл боп кетті.
Кәрі қыздың әлпетінен зәресі кете шошынғаны аңғарылып тұрған.
— Еркіңіз білсін, - дей салды Армстронг.
— Ешқандай дәрі ішкім келмейді, - деді Эмили Брент. — Осылай отыра тұрсам басымның айналғаны өзінен өзі басылады.
Ыдыс-аяқ жиыстырылғаннан кейін Блор Вераға:
— Үй шаруасымен айналысуға етім үйреніп кеткен, сондықтан, қаласаңыз, сізге көмектесейін, мисс Клейторн, - деді.
— Рахмет, - деді Вера.
Олар Эмили Брентті асханада қалдырып кетті.
Буфет бөлмесінен шығып жатқан күңгірлеген дауыстар оған біразға дейін естіліп тұрды. Басының айналғаны біртіндеп қояйын деді. Бойын ұйқы басып, маужыратып әкетіп бара жатты. Құлағында ызыл пайда болды... әлде, бәлкім, бөлмеде шынымен-ақ әлдене ызылдап жүр ме екен? Кім екен бүл ызылдап жүрген - бал арасы ма әлде түкті ара ма, деп ойлады ол. Сол арада терезе әйнегімен жорғалап бара жатқан бал арасына көзі түсіп кетті. Бүгін таңертең Вера Клейторн бал арасы жөнінде бірдеңе айтқандай еді.
Ара және бал... Ол балды айрықша ұнатады. Кәрезді алып, дәкеден жасалған қалтаға салу керек. Міне, енді бал да тама бастады: тып-тып-тып...
Кім мынау бөлмеде жүрген...Үстінен су тамып тур... Бұл Беатриса Тейлор ғой өзеннен шыққан. Басын бұрып қараса көрер де еді...
Бірақ неліктен оған басын бүру сондай қиын?..
Ал егер айқайласа ше?... Айқайлауға да әл-дәрмені жетпейді. Бөлмеде жан баласы жоқ... Ол жападан-жалғыз отыр. Сол арада арқа тұсынан аяқ дыбысын естіді... суға кеткен қыздың тәлтіректей басқан аяғының құмыға шыққан дыбысы... Ылғалдың алабөтен иісі танауын қытықтады... Ал ара болса, терезеде тыным таппай ызылдайды. Сол сәт бірдеңенің өзіне біздей боп қадалғанын сезді. Ара ғой мойнынан шағып алған...
2
Бұл кезде қалғандары қонақ бөлмеде Эмили Брентті күтіп отырған.
— Мен барып алып келсем қайтеді? - деген ұсыныс айтты Вера.
— Сәл кідіре тұрыңыз, - деп Блор оны тоқтатып қойды.
Вера орнына отырды. Бәрі сұраулы жүзбен Блорға қарап қалды.
— Әңгіме былай, - деп бастады ол — меніңше, іздеуді тоқтату керек — кісі өлтіруші қазір асханада отыр! Бәс тігуге бармын, барлық кісі өліміне кәрі қыз кінәлі.
— Ал сонда бұл іске оны не итермелеуі мүмкін? - деп сұрады Армстронг.
— Дін негізіндегі ақылдан алжасу. Не айтасыз бұған, дәрігер?
— Кім біледі, солай да шығар. Бұл сөзіңізді теріске шығара алмаймын. Алайда ескертіп қояйын, бізде бұлтартпас дәлел жоқ.
— Таңғы асты әзірлеп жатқанымызда ол біртүрлі боп жүрді, - деді Вера. — Көзіне қараудың өзі... — Ол селк ете қалды.
— Бұл жеткілікті дәлел емес, - деп оны Ломбард бөліп кетті. — Қазір қай-қайсымыздың да оңып жүргеніміз шамалы.
— Сосын бізге айып тағылған кезде бұған қандай да бір түсінік беруден бас тартқан жалғыз сол ғана болды. Неліктен деп сұрайсыздар ма менен? Себебі ақталарлық ештеңесі жоқ еді.
— Олай деу жөн бола қоймас, - деді Вера. — Кейін бұл хикаяны маған өзі айтып берді.
— Сонда ол сізге нендей әңгіме айтты, мисс Клейторн? - деп сұрады сот Уоргрейв.
Вера Беатриса Тейлорға қатысты оқиғаны баяндап берді.
— Нанымды-ақ хикая екен, - деп құлаққағыс етті сот. — Өз басым бұған ешқандай күмән келтіре алмаймын. Айтыңызшы, мисс Клейторн, сіздің ойыңызша қалай, мисс Брент өзін айыпты сезіне ме, болған жайға өкініш білдіре ме?
— Меніңше, ондайы жоқ секілді, - деді Вера. — Қыздың өліміне немқұрайдылық білдіретін сияқты.
— Бұл тақуа әйелдерді қойсаңшы! Кім нағыз тас жүрек десең — осындай кәрі қыздар. Мұның себебі — кәдімгі қызғаныш қана, - деді Блор.
Сот оны бөліп жіберді:
— Қазір сағат он бірге он минут қалды. Абзалы, мисс Бренттен өзімізбен бірге болуды сұрағанымыз жөн шығар.
— Сонда қалай, түк ештеңе істемей, қол қусырып қарап отырмақсыз ба? - деп сұрады Блор.
Сот сөйледі:
— Бізден қандай істі талап ететініңізді түсінбедім. Әзірге күдіктерімізді растайтын дәнеңе жоқ қолымызда. Дей тұрғанмен, дәрігер Армстронгтың мисс Брентке айрықша көңіл бөлуін сұрар едім. Ал енді қазір асханаға барайық.
Эмили Брент бұларға арқасын берген күйі сол бұрынғыша креслода отырған. Рас, өздерінің келгеніне ешқандай көңіл аудармағаны болмаса, аналар басқадай бір күдік тудырарлық ештеңе байқай алмаған.
Олар тек креслоны айналып өткенде ғана көрді — беті күп болып ісіп, ерні көгеріп, көзі шарасынан шығып кетіпті.
— Мәссаған, ол өліп қалыпты ғой! - деп дауыстап жіберді Блор.
— Арамыздағы тағы біреу ақталып шықты, өкінішке қарай, тым кеш ақталды, - деген сот Уоргрейвтің сабырлы даусы естілді.
Армстронг марқұмға қарай еңкейді. Ернін иіскеп көріп басын шайқады, сосын қабағын көтеріп қарады.
— Дәрігер, ол неден жан тапсырған? - деп сұрады Ломбард шыдамсызданып. — Біз кеткенде өміріне ешқандай қатер төніп тұрған жоқ еді ғой.
Армстронг Эмили Бренттің мойнындағы титімдей нүктеге зейін сала қарап қалған-ды.
— Бұл шприцтің ізі, - деді ол
Ызылдаған дыбыс естілді.
— Ананы қараңыздар, терезеде бал арасы... жоға бұл түкті ара! - деп айқайлап жіберді Вера. — Бүгін таңертең не дегенім естеріңізде ме!
— Бұл ара шаққанның ізі емес, - деді Армстронг түнеріп. — Мисс Брентке укол салынған.
— Оған қандай уды салыпты? - деп сұрады сот.
— Цианды калий болса керек, бірақ бұл өз долбарым ғана. Шамасы, Марстонды мерт қылған у шығар. Мисс Брент дем жетпей тұншығып, тіл тартпай кеткен тәрізді.
— Ал ара қайдан пайда болған? - деп қарсылық білдірді Вера. — Әлде бұл жай ғана сәйкестік пе?
— Мүлдем олай емес! - деді Ломбард та түнеріп. -— Бұл жерде ешқандай сәйкестік жоқ! Біздің қанішерге қызық керек. Ол өте қалжыңбас жігіт. Өзінің қарғыс атқыр санамағынан бір елі ауытқымайды! — Былайынша уақытта барынша салмақты Ломбард бажылдай жаздап шақ қалып түр еді. Не қилы шытырман оқиға мен шырғалаңға толы өмірі шынықтырған жүйкесі сыр бере бастаса керек. — Бұл есуастық, есуастық! Бәріміз де есуастанып кеттік! - деп бақырды ол
— Дей тұрғанмен, — деді сот байсалды кейіппен, — ақыл-парасаттан айрыла қоймаспыз деп сенем. Біреу-міреу өзімен бірге шприц әкеліп пе еді?
Армстронг қомданды, бірақ дауысы үргелектене шықты:
— Мен әкелгем, сэр.
Төрт жұп көз оған тесірейе қалды. Бұл көздерден ашықтан-ашық көрініп тұрған дүлей өшпенділік дәрігердің еңсесін түсіріп жіберді.
—Мен шприцті әманда өзіммен бірге ала жүрем, - деді ол. — Дәрігер атаулының бәрі сөйтеді...
— Дұрыс-ақ, - деп келісті онымен сот. — Ал сол шприціңіздің қазір қайда екенін айтпас па екенсіз?
— Жоғарыда, шамаданымда.
— Соған көз жеткізуімізге бола ма? - деп сұрады сот.
Сот бастаған шеру баспалдақпен үн-түнсіз жоғары көтерілді. Шамаданның ішіндегі заттың бәрі еденге ақтарылды. Онда шприц жоқ боп шықты.
4
— Шприцті ұрлап кетіпті! - деп айқайлап жіберді Армстронг.
Бөлмеде үнсіздік орнады.
Армстронг терезеге арқасын сүйеп тұрған. Төрт жұп көз дәрігерге тағы да жаулықпен, күдікпен бағжия қалды. Дәрігер назарын Уоргрейвтен Вераға аударып, кеукелектеп, күмілжи сөйлеп:
— Ант етейін алдарыңызда, шприцті ұрлап кетіпті! - деп ақталды.
Блор мен Ломбард бір-біріне көз тастап қойды. Сот сөз алды.
— Осы бөлмеде бес адам тұрмыз, - деп мәлім етті сот. — Арамыздағы біреу - кісі өлтіруші. Жағдай бұрынғыдан бетер қауіпті бола бастады. Айыпсыз торт адамды аман сақтап қалудың амалын жасауымыз қажет. Дәрігерден өзінде қандай дәрі-дәрмек барын айтып беруін сұраймын.
— Жолға арналған дәрі қорабымды ала шыққам, - деп жауап қатты Армстронг. -Қараңыздар, онда тек ұйықтататын дәрілер: трионал, сульфонал, бром, сосын сода мен аспирин бар. Осылар ғана. Цианидтер жоқ.
— Мен де ұйықтататын дәрі ала шығып едім, - деп сөз қосты сот. — Сульфонал ғой деймін. Егер көп мөлшерде ішсең сеспей қатыруы мүмкін. Сізде, мистер Ломбард, револьвер бар деп естіген сияқтымын.
— Болса ше? - деді Ломбард қызарақтап.
— Мәселе мынада. Дәрігердің дәрі қорабын, менің ұйықтататын дәрімді, сіздің револьверді, сондай-ақ, тағы біреуден табылып жатса, басқа да барлық дәрі-дәрмек пен қару-жарақты жинап, сенімді жерге тығып тастауға ұсыныс білдіргелі тұрмын. Осыны орындаған соң әрқайсымыз өзіне және өз заттарына тінту жүргізуге келісім беруге тиіспіз.
— Револьверді бер дейсіз, өлсем берер ме екем оны! - деді Ломбард қызынып.
— Мистер Ломбард, - деп сот оның сөзін бөліп жіберді, — сіздің артықшылығыңыз -жастығыңыз, сондай-ақ күш - қайратыңыз да баршылық, алайда бұрынғы инспектор да онша осал емес-ау деймін. Жекпе-жекте кім жеңетінін айта алмаймын, бірақ анық білетін нәрсем: дәрігер Армстронг, мисс Клейторн және мен Блордың жағына шығамыз да, оған қолдан келгенше көмектесеміз. Қарсылық көрсетер болсаңыз, сізді қалайда жеңеміз.
Ломбард басын шалқалақтатты. Жыртқыш аңша тісін ақситты.
— Мақұл бәріңіз бір жақ екенсіздер, солай-ақ болсын.
Сот Уоргрейв басын изеді:
— Ақылыңыз бар екен, жігітім. Револьверді қайда сақтап жүрсіз?
— Кереуетім жанындағы үстелше суырмасында.
— Түсінікті.
— Барып алып келейін.
— Біздің де бірге барғанымыз абзал болар.
Ломбардтың езуіне тағы да ерепейсіз күлкі үйірілді.
— Басқаны білмеймін, сізді алдап соғу қиын.
Олар Ломбардтың жатын бөлмесіне келді. Ломбард бірден үстелшеге барып, суырманы тартты. Сөйтті де, қарғанып-сіленіп кейін шегіншектеді — суырма бос жатыр еді.
5
— Ал ризамысыздар? — Тырдай жалаңаш Ломбард еркектерге бөлмені тінтуге көмектесіп жүрді.
Вера дәлізде күтіп тұрған. Тінту одан әрі жалғасты. Дәрігер Армстронгқа, сот пен Блорға -бірінен соң біріне тінту жүргізілді.
Блордың бөлмесінен шыққан соң еркектер Вераға қарай бет алды.
— Мисс Клейторн, - деді оған сот, — ешкімді бөле-жармау керегін түсінесіз ғой деймін. Револьверді қайткен күнде де табуымыз қажет. Суға түскенде киетін лыпаңызды ала келген шығарсыз?
Вера басын изеді.
— Олай болса, жатын бөлмеге барып, сол киіміңізді киіп осында қайтып келуіңізді өтінем.
Вера есігін жауып алды. Бірнеше минуттан кейін денесімен дене боп қабысқан жібек лыпасын киіп қайтып оралды.
— Рақмет сізге, мисс Клейторн, - деді сот. — Бөлмеңізді тінтіп шыққанша осы жерде күте тұрыңыз.
Вера дәлізде еркектердің шығуын шыдамдылықпен тосып отырды. Сосын күнделікті киімдерін қайта киіп, олардың қасына келді.
— Қазір бір нәрсеге анық сенімдіміз, - деді сот. — Ешқайсымызда қару-жарақ та, у да жоқ. Дәрі-дәрмекті қазір сенімді орынға апарып қоямыз. Шоланда асханалық күміс ыдыс-аяққа арналған сейф болуға тиіс.
— Мұның бәрі жақсы, - деп Блор оны бөліп жіберді. — Бірақ кілт кімде сақталмақшы? Өзіңізде ғой, солай ма?
Сот оған жауап қайтарып жатпады. Шоланға қарай бет алды, қалғандары өкшелей басып соңынан ерді. Шоланда, шынымен-ақ, күміс ыдыс-аяқ сақталатын жәшік бар екен. Соттың нұсқауымен барлық дәрі-дәрмек жәшікке салынды, жәшік құлыпталды. Сонан соң сот жәшікті буфетке апаруға, буфетті де сыртынан құлыптауға әмір етті. Жәшіктің кілтін сот Филипп Ломбардқа, ал буфеттікін — Блорға берді.
— Сіздер арамыздағы ең қарулы адамсыздар, - деді ол — Сондықтан кілтті бір-біріңізден тартып алу сіздерге оңайға соқпайды, сондай-ақ басқа ешкім де ешқайсыңыздан кілтті тартып ала алмайды. Ал буфетті де, жәшікті де бұзып ашу әрі қиын, әрі ақылға сыймайтын шаруа, өйткені қаскүнем бүкіл үйді басына көтереді. — Ол аз-кем үнсіз қалды да, сөзін жалғады: — Енді бізге аса маңызды мәселені шешу керек. Мистер Ломбардтың револьвері қайда?
— Менің ойымша, - деп сөз қосты Блор, — бұл сұраққа қарудың иесі ғана жауап бере алады.
Филипп Ломбардтың танауы делдиіп кетті.
— Сіз ақымақсыз, Блор. Револьверімді ұрлап кетті деп қанша рет қайталап айтуға болады!
— Револьверді соңғы рет қашан көрдіңіз? - деп сұрады сот.
— Кеше кешкісін, жатарда, түнгі үстелшенің суырмасына сұға салғам.
Сот басын изеді.
— Демек, кімде болса оны таңертең ұрлаған: әлде Роджерсті іздеп олай-бұлай шапқылап жүрген кезімізде ме, әлде мәйітін тауып алған шақта ма, әйтеуір сол шамадағы алас-күлесті пайдаланған.
— Револьверді үйдің ішіне тыққан шығар, - деді Вера. — Іздеу керек.
Сот Уоргрейв дағдылы әдетімен иегін сипап қойды.
— Іздегенмен ештеңе табыла қоймас деген ойдамын, - деді ол — Қылмыскердің револьверді қолайлы орынға жасырып үлгеруі әбден ықтимал Шынымды айтсам, оны табудан күдерім үзілді.
— Мен, әрине, револьвердің қайда екенін білмеймін, есесіне шприцтің қайда екенін білем, - деп Блор батыл түрде мәлім етті. — Еріңіздер соңымнан.
Ол орталық есікті ашты да, серіктерін үйдің сыртына қарай бастай жөнелді. Олар шприцті асхана терезесі алдынан тапты. Жанында қираған фарфор мүсінше — бесінші негр баласы жатыр еді.
— Бұдан басқа қай жерде жатушы еді бұл - деді Блор масайрап. — Мисс Брентті өлтірген соң қылмыскер терезені ашып, шприцті лақтырып жіберген, соңынан негр баласын да аттандырған.
Шприцтен саусақ таңбасы табылмады. Шамасы, оны мұқият сүрткен. Вера үзілді-кесілді түрде:
— Енді револьвермен айналысу керек, - деп мәлім етті.
— Жарайды, - деді сот. — Бірақ бір ғана шарт — бәріміз бірге жүруіміз қажет. Естеріңізде болсын: жалғыз жүрген жан маньяктың жұмысын жеңілдетеді.
Олар үйді төмендегі төледен жоғарыдағы шатырға дейін сынық сүйемін қалдырмай қайтадан тінтіп шықты, бірақ ештеңе таппады. Револьвер із-түзсіз жоғалды!
Он үшінші тарау
1
"Арамыздағы біреу... Арамыздағы біреу... Арамыздағы біреу..." деген ой қай-қайсысының да басынан шырқ үйіріліп шықпай қойды. Олар бесеу еді - бәрі де түгел үрейге бой алдырған болатын. Бәрі де бір-бірін аңдумен, басқан ізін бағумен жүрген, бәрі де қараптан-қарап ұрынуға әзір - ақ еді және мұнысын ешкімнен жасырмайтын.
Сыпайыгершілік деген ұғым ұмытылды, олар өзара шүйіркелесуден де қалды. Шынжырмен қосақталған каторгашылар секілді, бір-біріне жан сақтау түйсігімен тіркескен бес дұшпанға айналды.
Бәрі де біртіндеп адам сиқынан айрылып бара жатқан. Бағзыдағы жабайы, жыртқыштық қасиеттерге қайта ие бола бастаған. Соттың бойынан кемеңгер кәрі тасбақаға ұқсастық аян берді, ол бүкшиіп алған-ды, мойыны иығына қарай отырып кеткен, бәрін көріп, байқап тұратын көздері сақтықпен жылт-жылт ететін. Бұрынғы инспектор одан бетер ожарланып, тұрпайылана түсті. Аюға ұқсап, қойтаңдап жүретін болды. Көздері қанталап кеткен-ді. Әлпетінен дәйім ызалы өшпенділік ызғар шашып тұратын.
Барар жер басар тауы қалмай тығырыққа тіреліп, қуғыншыларына қарсы шабуға дайын жабайы аң - міне, ол осыны еске салатын. Филипп Ломбардтың, керісінше, барлық сезім -түйсігі одан әрмен ширығып кетті. Сәл ғана сыбдырдың өзінен сақтана қалатын болды. Аяқ алысы жеңіл де жылдам, қимыл-қозғалысы елгезек әрі ептейлірек бола түсті. Аппақ өткір тістерін ақситып, жиі-жиі езу тартатынды шығарды.
Вера тыншып қалды. Қарсы алдындағы бір нүктеден көз аудармай креслода отырды да қойды. Ол әйнекке басымен соғылып құлаған торғайды еске салатын. Бүл да соған ұқсап, қыбыр етіп қозғалудан қорқып, үн-түнсіз бұғына қалды: шамасы, осылай мелшиіп отырса, өзгелер өзін ұмытып кетеді деп үміттенсе керек.
Армстронгтың жағдайы тіптен жаман еді. Беті тартып кететін болды, қолы дірілдейтінді шығарды. Бір сигареттен соң екіншісін тұтатып, тартып болмай жатып өшіре берді. Ешқандай әрекетке бармай қарап отыруға мәжбүрлік басқалардан гөрі соған қатты бататындай еді. Әредік - әредік қызына сөйлеп кететін.
— Бұлай отыруға болмайды, бір қарекет жасауымыз қажет. Мүмкін, жә не деп тұрмын, мүмкін емес, міндетті түрде әлдебір әрекет жасауымызға болады. Айталық, лаулатып от жақсақ.
— Күн осындай боп тұрғанда ма? - деп нығыртты оны Блор.
Жаңбыр шелектеп құйып тұрған. Дүлейлене соққан жел үйді дірілдетіп жіберетін. Терезе әйнегін тынымсыз ұрғылаған нөсердің бір сарынды дыбысы естен тандыра жаздайтын. Олар жалпыға ортақ әрекет жоспарын жасады, айта кетерлігі, бүл жоспар үнсіз жасалды, жан баласы тіс жарып тіл қатқан жоқ. Бәрі қонақ бөлмеде болады.
Бөлмеден бір-ақ адам ғана шығады. Қалғандары оның қайтып оралуын күтеді.
Ломбард сөйледі:
— Бұл уақыт еншісіндегі нәрсе. Дауыл басылсын. Содан соң бір әрекет жасауға болады — сигнал берерміз, алау жағармыз, сал құрастырармыз, әйтеуір қарап қалмаспыз!
Армстронг тосыннан-тосын қарқылдап күліп жіберді:
— Уақыт еншісі дейсіз бе? Бізде уақыт жоқ қой. Оған дейін бәріміз түгел мерт боламыз ғой...
Сот Уоргрейв соз алды, оның бәсең дауысынан батылдық сезіліп тұрды:
— Сақ болсақ, бізді ешкім мерт қыла алмайды. Сақ болуымыз қажет.
Күндіз олар, әдеттегідей, тамақтанды, бірақ ас ішуді барынша жеңілдетті. Бесеуі бірге ас үйге барды.
Шоланнан консервілердің үлкен қоры табылды. Сиыр тілі қалбыры мен компоттың екі қалбыры ашылды. Олар тамақты сол ас үй үстелі жанында түрегеп тұрып ішті, ешкім отырған жоқ. Болған соң бәрі шұбырып қонақ, бөлмеге қайтып оралды да, қайтадан бір-бірін аңди бастады...
Оларды қасіретті, қайғылы қияли ойлар билеп алған-ды...
Мұны істеп жүрген Армстронг қой... Маған көзінің астымен қарап қояды... Дені сау адамның көзі ондай болмайды... Ал бұл тіптен дәрігер болмай шықса ше... Дұрыс, тап солай! Ол емханадан қашып шыққан, дәрігермін деп жұртты алдап жүрген жынды... Жоқ, жаңылуым мүмкін емес... Мыналарға айтсам ба екен?.. Әлде, дұрысы, айқайды салу ма?.. Жоқ, қажеті жоқ, ол одан бетер бугына түседі. Ал түріне қарасаң кәдімгі жөні түзу адам сияқты... Сағат неше? Үштен он бес кетіпті!.. Апырай, мен де өстіп жүріп ауанға айналып кетер ме екем... Иә, мұны істеп жүрген Армстронг... әне, маған қарап отыр...
Жоқ, олар мені қармай алмайды - қауқары жетпейді. Кім тиіссе де сазайын бере алам... Қатерлі қақтығысқа алғаш килігіп тұрғам жоқ. Бірақ, антұрған, револьвер қайда құрып кетті екен?.. Оны алған кім? Ол ешкімде жоқ, тексеріп шықтық қой. Бәріміз де тінтілдік... Ол ешкімнің қолында жоқ... Бірақ, оның қайда екенін білетін біреу бар...
Бұлар жынданып кете жаздап шақ жүр... Бұлар жынданып та кетті... өліп қалам ба деп қорқады. Бәріміз де өліп қалам ба деп қорқамыз... Мен де қорқам өліп қалам ба деп... бірақ бұл біздің өліп қалуымызға бөгет бола алмайды. "Көр қазулы тұр". Мұны қайдан оқып едім?.. Ана бойжеткен... Сол қыздың басқан ізін бағу керек. Иә, соны аңдитын болам...
Төртке он бес минут қалыпты... бар болғаны төртке жиырма минут қалыпты. Сағат тоқтап қалған шығар, сірә... Мен ештеңе түсінбеймін... ештеңе де. Мұндай нәрсе болмауға тиіс еді... Бірақ болып жатыр ғой! Неге біз оянбаймыз? Ояныңыздар — Ақырзаман туды!.. Ойлана да алмаймын, ойым шашырай береді... Басым. Басым онша болмай тұр... басым сынып барады... жарылып кетердің аз-ақ алдында... Бұл не пәле өзі... Сағат қанша болды? Құдай-ай! Бар болғаны төртке ширек қалыпты.
Асып-сасып абдырамау керек... Тек асып-сасып абдырамау керек... Ең бастысы, асып-сасып абдырамау...
Сонда бұдан оңай нәрсе болмайды — өйткені ұсақ-түйегіне дейін бәрі алдын-ала ойластырылды ғой. Бірақ ешкім күдіктенбеуге тиіс. Сөйткенде олар сенеді. Сенбейтін амалдары қалмайды. Бұлардың қайсысын таңдаған жөн? Міне, мәселе қайда — қайсысын? Абзалы... иә, иә, соны таңдаған дұрыс болар.
Сағат бесті соқты, бәрі дүрлігісіп қалды.
— Кімнің шай ішкісі келеді? - деп сұрады Вера.
Үнсіздік орнады. Оны Блор бұзды.
— Мен қарсы емеспін, - деді ол.
Вера орнынан тұрды:
— Барып шай әзірлейін. Ал сіздер осы арада отыра беріңіздер.
— Қалқам, - деп Уоргрейв оны кішіпейілдік білдіре кідіртті, — біз де бірге барайық, сол жерде отырып оны қалай әзірлейтініңізге қарайық десем, бәрімізге ортақ пікірді білдіретін шығармын.
Вера оған жалт қарап, зорлана күлді.
— Әрине, осылай дейтініңізді білгем, - деді ол.
Ac үйге бесеуі бірге кетті. Вера шай әзірледі. Оны тек Блор екеуі ғана ішті. Қалғандары виски ішкенді жөн көрді... Жаңа бөтелкенің тығыны ағытылды, ашылмаған, шегеленіп тасталған жәшіктен сельтер сифоны шығарылды.
— Құдай сақтансаң сақтайды, - деп күбірледі езуіне жымысқы күлкі үйірілген сот.
Сосын бәрі қонақ бөлмеге қайтып оралды. Жаз айының кезі болғанымен, бөлме іші қараңғы еді. Ломбард ажыратқышты бұрады, бірақ жарық қосылмады.
— Таңғалатын не бар, - деді ол — мотор жұмыс істемейді. Роджерс жоқ, онымен ешкім айналысқан емес. Бірақ моторды от алдыруға біздің де шамамыз жетер еді, - деді сосын күмілжіңкіреп.
— Шоланнан бір бума шырақ көргем, - деді сот, — меніңше, сол қолайлы болар.
Ломбард бөлмеден шығып кетті. Қалғандары бірін-бірі бағып отырды. Ұзамай бір бума шырақ пен бірталай шай табақ алып Филипп қайтып оралды. Бес шырақты жағып бөлменің әр жеріне бөліп қойды. Сағат алтыға ширек қалғанын көрсетіп тұр еді.
2
Алтыдан жиырма кеткенде Вера жанын қоярға жер таппай қалды. Жатын бөлмесіне көтеріліп, салқын сумен самайын шылауды ұйғарды - басы сондай қатты ауырып тұрған. Орнынан тұрып есікке келді. Сол арада ойына ой түсіп, қайтып оралып, жәшіктен бір шырақ алды. Тұтатып, шай табаққа балауыз тамызып шырақты жапсырған соң, бөлмеден шығып есігін жауып кетті. Торт ер адам қонақ бөлмеде қалды. Вера жоғары көтеріліп, дәлізбен жүріп өтті. Есікті ашты да, табалдырықта мелшиіп тұрып қалды. Танауы делдиіп кетті. Теңіз... Сент-Треденниктегі теңіз иісі аңқиды.
Тап сол иіс. Қателесуі мүмкін емес. Аралдағының бәрінен теңіз иісі шығатынына таңырқауға болмас, бірақ бүл теңізден есетін жел әкелетін әдеттегі иіс емес. Сол күні, теңіз шалқуынан кейін күн сәулесі балдыр жапқан жартасты қыздыра бастаған кезде, жағажайдан тап осындай иіс аңқып тұрған...
Маған аралға жүзіп баруға бола ма, мисс Клейторн? Неге маған аралға баруға болмайды?
Жүгенсіз кеткен жексұрын балақай! Қыңқылдаудан басқаны білмейді! Қарашы мұны, бұл жоқ болса ғой, Хьюго шылқыған дәулет иесі боп шығар еді... өзіне үйленер еді...
Хъюго!.. Ол осы маңайда, тым жақын жерде. Жоқ, ол бәлкім, оны бөлмеде күтіп отырған шығар...
Ол ілгері қарай адым аттады. Терезеден жел гулеп, шырақтың жалыны лыпылдай бастады. Жалп етті де сөніп қалды... Қараңғылық орнады. Вераның тұла бойы қалтырап кетті. "Қой, босқа ақымақ болма, — деді ол өзіне-өзі, - неден қорқасың сонша? Төртеуі де қазір анда, төменде. Бөлмеде ешкім жоқ, болуы да мүмкін емес. Көзіңе қос көрінген ғой".
Алайда мына иіс, Сент-Треденниктегі құмдауытты жағажайдың иісі, көзіне қос көрінгендіктің салдары емес-ті.
Әрине, бөлмеде біреу бар... Әлгінде ғана әлденендей сыбдырды естіген — оған ешқандай күмән жоқ... Ол тың тыңдай бастады. Тап сол мезетте сап-салқын жабысқақ қол кеңірдегіне жанаса кетті — теңіз иісі аңқыған дымқыл қол...
3
Вера бақырып жіберді. Аза бойы қаза боп, бар дауысымен айқайды салды - көмекке шақырды. Қонақ бөлменің іші қалай бықпырт тигендей болғанын, алас - қапаста аударылған орындықтың қалай құлағанын, есіктің қалай айқара ашылып, еркектер тепкішектің бірнешеуін бірден аттап өзіне қарай қалай жан ұшыра жүгіргенін ол естіген жоқ. Қорқыныш бәрін құмықтырып жіберген. Сол екі арада есіктің ойығынан жылт-жылт еткен от көрініп, қолына шырақ ұстаған еркектер бөлмеге баса көктеп кіріп келді. Вера да есін жиып алды.
— Не пәле?
— Не болды?
— Апырай, не болды сізге?
Вера селк ете қалды, алға қарай бір адым аттады да, сылқ етіп еденге құлап түсті. Біреу бетіне үңілген сияқты, біреу өзін түрегелтіп отырғызып, басын тізесіне қарай еңкейткен сияқты - ол есі кіресілі-шығасылы күйде болатын.
Бірақ сол жерде біреу: "Мәссаған, мынаған қараңдар!" деп айқайлап жіберді, Вера да өзіне-өзі келді. Көзін ашып, басын көтерді. Еркектер үпір-шүпір боп төбеге қарап қалыпты — ол жерден теңіз балдырының шырақ жарығында болымсыз жылтыраған ұзын шумағы салбырап тұр еді. Қараңғыда кеңірдегіне жанасқан нәрсе де осы болатын. Өзін мүрдем кетіру үшін о дүниеден келген жанның жабысқақ та дымқыл қолы екен деп қалған нәрсесі еді бұл!
Вера есіріктене, екілене күлді:
— Балдыр... бар болғаны балдыр... Мұндағы иістің қайдан шыққаны енді түсінікті. — Соны айтып тағы да талықсып кетті — жүрегі лоблып қоя берді. Біреу оны тағы да түрегелтіп отырғызды, басын тізесіне қарай еңкейтті.
Арада өте ұзақ уақыт өткендей көрінді. Біреу ерніне стакан тосты - иісіне қарағанда оған коньяк құйылған секілді. Ұрттайын деп ұмсынды, бірақ әлдене оны тоқтатып тастады, мазасыз сигнал миында сирена сияқты сарнап қоя берді. Бойын тіктеп, стақанды итеріп тастады.
— Мұны қайдан алдыңыздар? - деп сұрады ол тіксініп.
Блор оған бағжия қарап қалды, сосын ғана жауап қатты:
— Ac үйден әкелдім.
— Ішпеймін, - деп кесіп айтты Вера.
Бәрі әнтек аңырып қалды, сосын Ломбардтың қарқылдап күлген дауысы естілді.
Жарайсыз, Вера! - деді ол қоштап. — Бір-ақ минут бұрын қоян жүрек екеніңізді байқатқаныңызбен ақыл - естен айрылмаған екенсіз. Төмен түсіп, басталмаған бөтелке алып келейін. — Соны айтып ол лып етіп есіктен шығып кетті.
— Жақсы боп қалдым, - деді Вера, дауысы онша сенімді шықпады. — Абзалы, су ішкенім жөн болар.
Армстронг оған орнынан тұруға көмектесті. Вера шатқаяқтай басып, Армстронгқа жармасып, қолжуғышқа келді. Салқын суды ағызып, стақанды толтырды.
— Коньяктан бекер бас тарттыңыз, - деді Блор өкпелеп.
— Кім біледі оны, - деді Армстронг.
— Мен оған ештеңе сепкем жоқ, - деп бұрқан-талқан болды Блор. — Осыған емеурін білдіріп тұрсыз ғой, солай ма?
— Сіз оған бірдеңе септі деп тұрған мен жоқ. Бірақ солай істеуіңіз әбден мүмкін еді, сіз болмасаңыз басқа біреу бөтелкеге алдын-ала у салып қоюы ықтимал ғой.
Бөлмеге жедел басып Ломбард кірді. Қолында коньяктың басталмаған бөтелкесі мен штопор бар. Ашылмаған бөтелкені Вераның бетіне тақай ұмсынып:
— Ұстаңыз, көгершінім. Қорықпай іше беріңіз, - деді. Фольгасын сыпырып, тығынын жұлып алды. — Үйде спирттік ішімдік қорының молдығы тіптен жақсы болды. А.Н.Оним үлкен аңғарымпаздық жасапты.
Вераның бойын деміл-деміл діріл билеп тұрған. Армстронг стақанды тосып, Филипп оған коньяк құйды.
— Ішіп жіберіңіз, мисс Клейторн, - деді дәрігер, — керемет қатты күйзелісті бастан кештіңіз ғой жаңа.
Вера коньяктан бір жұтты, сол бойда-ақ беті қайтадан бал-бұл жанып шыға келді.
Ломбард күліп жіберді:
— Міне, іске аспай қалған алғашқы кісі өлтірушілік.
— Мені өлтіргілері келді деп ойлайсыз ба? -деп сыбырлады Вера.
— Әрине, сізді қорыққаннан жүрегі жарылып кетер деген ғой, - деп жауап қатты Ломбард. — Мұндай жағдайдың болуы мүмкін ғой, дұрыс па, дәрігер?
Армстронг жауап беруден жалтарды.
— һім, сізге кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын. Жүрегі сау, қайратты жас жігіттің қорыққаннан өліп кетуі екіталай нәрсе. Солай бола тұрғанымен... — Ол Блор әкелген коньякты алып, оған саусағын малып, абайлап жалап көрді. Әлпетінен бірдеңе аңғара қою қиын еді. — Дәмі әдеттегідей секілді, - деді ол дүдәмалдана үн қатып.
Шат-шәлекейі шыққан Блор оған қарай өңмеңдеді:
— Осыдан мені у беруші деп айтып көріңіз, мойныңызды бұрап жұлып алайын!
Байырғы сұңғылалығын коньяк қайтадан қалпына келтірген Вера еркектердің көңілін аударуға асықты.
— Сот қайда? - деп сұрады ол.
Еркектер бір-біріне көз тастасты.
— Не болды екен оған... Маған ол бізбен бірге көтеріліп келе жатқандай көрінген...
— Маған да, - деді Блор. — Ал сіз не айтасыз, дәрігер? Сіз менен кейін келе жатқансыз.
— Ол соңымнан ерген сияқты еді... Әрине, оның бізге ілесе алмайтыны белгілі ғой. Жастың ұлғайғаны сыр бермей қоймайды.
Олар тағы да бір-біріне көз тастасты.
— Түк түсінсем бұйырмасын, - деді Ломбард.
— Жүріңіздер, іздейік, - деген ұсыныс айтты Блор, сосын есікке қарай бет алды.
Еркектер артынан ерді, ең соңында Вера келе жатты.
Баспалдақпен төмен түсе бастаған кездерінде Армстронг:
Сірә, ол қонақ бөлмеде қалған шығар, - деп мәлім етті.
Олар холды кесіп өтті. Армстронг деміл - деміл: Уоргрейв! Уоргрейв! Қайдасыз? - деп шақырумен болды.
Ешқандай жауап жоқ! Жаңбырдың болымсыз шуылы ғана бұзып тұрған өлі тыныштық. Қонақ бөлмеге жеткен Армстронг табалдырықта сілейіп тұрып қалды. Қалғандары арт жақтан топырлап, оның желкесінен сығаласты. Біреу айқайлап жіберді.
Сот Уоргрейв бөлменің арғы шетінде, арқалығы биік креслода отыр еді. Креслоның екі жағында шырақ жанып тұрған. Бірақ оларды алабөтен таңырқатқаны және қорқытқаны оның сот мантиясы мен парик киіп отырғаны болды...
Дәрігер Армстронг ишарат жасап серіктерін кідіртті де, өзі мас адамша тәлтіректей басып, креслода қалшиып отырған сотқа қарай жүрді. Еңкейіп, сазарып қалған бетке тесіле қарады. Сосын шалт қимылдап соттың басындағы парикті жұлып тастады. Парик жерге құлап түсті, сопақша маңдай жалаңаштанып қалды - маңдайдың қақ ортасында дөңгелек тесік үңірейіп түр, одан қызыл-күрең қою қан сорғалап жатыр... Дәрігер Армстронг оның жансыз салбырап қалған қолын көтеріп, тамырын ұстап көрді. Сосын серіктеріне бұрылып, салқын-салғырт, бәсең, өзгеріп шыққан үнмен:
— Сотты атып кетіпті...- деді.
— Міне, жоғалған револьвер, - деді Блор.
Дәрігер сол баяғы сөніңкі дауыспен сөзін жалғады:
— Оны бастан атқан. Тіл тартпай кеткен.
Вера еңкейіп, парикке көз салды.
— Мынау мисс Брент жоғалтып алған ақ сұр жіп.
— Ваннадан ғайып болған, клеенкалы алқызыл жапқыш та осында боп шықты, - деді Блор.
— Бұлардың қандай әжетке жарағанын қараңыз... - деп күбірледі Вера.
Күтпеген жерден Ломбардтың күлкісі естілді — бұл тарқылдаған жасанды күлкі болатын:
— Бес негр баласы шығарды сотта жанжалды,
Біреуіне жаза берілді, төртеуі-ақ қалды.
Қанішер сот Уоргрейв сеспей қатты! Енді ол өлім жазасына кесетін үкім шығармайды! Қара телпекті енді кимейді! Ол сотта соңғы рет төрағалық етіп отыр. Енді ол жазықсыз жандарды дар ағашына аттандыра алмайды! Егер Ситон осы арада болса, қарқылдап тұрып күлер еді. Күлкіден ішегі түйіліп қалар еді оның!
Бәрінің есі шығып кетті — Ломбард осындай дәрежеде өз еркіне өзі ие бола алмайды деп ешкім күтпеген.
— Бүгін таңертең ғана маған жендет осы кісі дегеніңіз қайда? - деп Вера оны бөліп жіберді.
Ломбард дереу ес жиып, өзіне-өзі келді.
— Оныңыз рас, — деді ол солғындау дауыспен. — Несі бар, ендеше, қателескен болдым. Арамыздағы тағы біреу тым кеш... ақталып шықты!
Он төртінші тарау
1
Олар сотты бөлмесіне апарып, төсегіне жатқызды. Сосын баспалдақпен төмен түсіп, бір-біріне әрі-сәрі күйде көз тастасып холда бір минуттай тұрып қалды.
— Не істейміз? - деп сұрады Блор жабырқау үнмен.
— Әуелі тамақтанып аламыз. Жан сақтау үшін қайрат қажет, - деп жауап қатты Ломбард.
Олар қайтадан ас үйге барды. Тіл қалбырын ашты. Тамақтарын тәбетсіз, апыл-ғұпыл ішті.
— Енді өмірі тілден татып алмаспын, - деді Вера.
Тамақ ішкен соң бәрі де отырған орындарында қала берді.
— Біз төртеу-ақпыз, - деді Блор. — Ендігі кезек кімдікі?
Дәрігер Армстронг оған таңырқана қарады.
— Егер сақ болсақ... - деп бастады ол ойланбастан.
Бірақ оны Блор сол бойда бөліп жіберді:
— Ана кісі де солай деген... Мерт болды ғой бәрібір!
— Орайын қалай келтірді екен, білер ме еді, - деді Армстронг.
Ломбард қарғанып сіленіп алды:
— Өте шебер ойластырылған. Жендет мисс Клейторнның бөлмесіне балдыр әкелген, ал одан арғысы қолмен қойғандай болды. Біз мисс Клейторнды өлтіріп жатыр деп ойлап жоғары қарай жүгірдік. Жендет сол алас-қапасты пайдаланып, қартқа күтпеген жерден тап берген.
— Мылтық дауысын ешқайсымыздың естімей қалғанымызды қалай түсіндіресіз? - деп сұрады Блор.
Ломбард басын шайқады:
— Аласапыран боп кетті емес пе: мисс Клейторн шыңғырып, жел ұлып жатты, біз оған көмекке ұмтылдық, өзіміз де ауызға түскенді айтып айқайды салумен болдық. Мылтық даусын қайтіп естисің? — Шамалы үнсіздіктен соң ол былай деп қосып қойды: — Бірақ енді бұлайша арандамаспыз. Келесі жолы оған басқа бірдеңе ойлап табуға тура келер.
— Бұл оған түкке тұрмайды, - деді Блор астарлай сөйлеп. Сосын Ломбардпен көз тастасып қойды.
— Төртеуміз-ақ қалдық, әлі білмейміз кім екенін... - деп бастады Армстронг.
— Мен білем, - деп Блор оны бөліп жіберді.
— Менің зәредей күмәнім жоқ... - деді Вера.
— Мен кәміл сенімдімін... - деп нақпа-нақтап сөйледі Армстронг.
— Ал менің, - деп Ломбард оны бөліп жіберді, — ақыры көзім жетті...
Олар бір-біріне көз тастасты. Вера орнынан тұрды, аяғы тәлтіректеп кетті.
— Мазам болмай тұр, - деді ол. — Ұйықтаймын... Бұдан артыққа шыдай алар емеспін.
— Абзалы, менің де сізден үлгі алғаным жөн болар, - деді Ломбард. — Бір-бірімізге тесірейе қарап отырғаннан не пайда?
— Өз басым қарсы емеспін, - деді Блор.
— Бұдан артықты ойлап та таппайсың, - деп күбір етті дәрігер. — Алайда, меніңше, ешкім кірпік іле қоймас.
Бәрі бір мезгілде есікке қарай қозғалды.
— Револьвер қайда екен қазір, соны білер ме еді? - деді Блор.
2
Төртеуі баспалдақпен үн-түнсіз жоғары көтерілді. Алаңшада шын мәніндегі жыларыңды әлде күлеріңді білмейтін көрініс орын алды. Әркім өз бөлмесінің есігі алдына барып тұрды да, есіктің тұтқасынан ұстады. Сосын, бейне біреу бұйрық бергендей, бәрі бір мезгілде дереу бөлмелеріне кіріп, есіктерін жауып алды. Іле-шала жабылып жатқан ысырмалардың сартылы, кілттердің сылдыры, сүйретіп әкелген орындықтардың салдыр -гүлдірі естілді.
Зәресі зәр түбіне кеткен адамдар түнге қарай тас бекініп алды.
3
Есік тұтқасына орындықтың аяғын сұққан Ломбард жеңілдене күрсініп, түнгі үстелше қасына келді. Шырақ- тың жарытымсыз жарығында айнадағы әлпетіне ұзақ көз жіберді. Сосын: "Бұл хикая сенің де жүйкеңе әсерін тигізе бастапты", деп міңгірледі.
Бетінен жұлмырлық жымиыс жылт берді. Тез-тез шешінді. Кереует жанына келіп, сағатын үстелше үстіне қойды. Үстелше суырмасын тартып қалды — көзі атыздай боп кетті: суырмада револьвер жатыр еді...
4
Вера Клейторн төсекте жатқан. Бас жағында шырақ жанып тұрған. Ол қараңғылықтан қорқатын.
"Таң атқанша маған келер қатер жоқ, - деген сөзді дуадайын сан мәрте қайталады. — Өткен түнде ештеңе болған жоқ, бүгін түнде де ештеңе болмайды. Бірдеңе болуы мүмкін емес. Есік кілттенді, ысырмасы салынды. Мұнда ешкім кіре алмайды..."
Кенет басына бір керемет ой сап ете қалды: "Ay, осы жерде қала бермеймін бе! Осы бөлмеде қала берсем, ешқайда шықпасам қайтеді! Тамағы құрысын! Көмек келіп үлгергенше осы жерде қала беруіме болады! Керек болса бүл арада бір тәулік отырам, тіпті екі тәулік отыруыма да болады... Осы жерде қалам".
Солайы солай, бірақ осынша уақыт қамалып отыра ала ма? Сағаттар бойы оз ойымен өзі оңаша қала ала ма — өйткені, тіл қатысатын да жан баласы жоқ, айналысатын да іс жоқ...
Сөйтіп, оның ойы Корнуоллға, Хьюгоға, өзінің Сириллмен соңғы әңгімесіне қайтып оралды. Жексұрын балақай, өне бойы қыңқылдай беретін, жалына беретін...
— Мисс Клейторн, неге маған жартасқа баруға болмайды? Жүзіп бара алам оған. Бәстесейік, жүзіп бара алам!..
Адырай, оған жауап берген мына өзі ме?
— Әрине, Сирилл, сен оған жүзіп бара аласың! Оған кімнің күмәні болсын.
— Ендеше, маған жартасқа қарай жүзуге бола ма, мисс Клейторн?
— Білесің бе, Сирилл, мамаң саған рұқсат бере қоймас бұған. Қане, былай істейік. Ертең сен жартасқа қарай жүзесің. Ал мен бұл кезде мамаңды әңгімемен алдандыра тұрам. Ол жанығып өзіңді іздегенде сен оған жартастан қол бұлғап тұрасың! Сонда қалай қуанар екен ол!
— Рақмет сізге, мисс Клейторн! Қандай керемет!..
Бұл ертеңге уәде етті. Ертең Хьюго Ньюкиге кететін.
Ол қайтып оралғанша бәрі тәмам болатын еді...
Ал егер ойлағаны орындалмаса ше? Егер оқиға басқаша өріс алып кетсе? Сириллді құтқарып үлгерсе, ол: "Мисс Клейторн маған жартасқа жүзіп баруға рұқсат етті", десе?
Онда тұрған не бар? Ол тәуекелге бел буады. Егер әлгіндей жаманатқа душар болса, бәрін бет бақтырмай теріске шығарады: "Ұят жоқ қой сізде, Сирилл! Сізге ешқашан ондай рұқсат берген емеспін!" дейді. Бүл сөзіне ешкім шүбә келтіре алмайды. Балақай қосып айтуды ұнататын. Оған көп ешкім сене бермейтін. Әрине, Сирилл мұның өтірікші екенін білетін болады. Білсе қайтеді енді, біле берсін... Жоға, ондай сәтсіздік бола қоймайды. Өзі соңынан жүзе жөнеледі. Әрине, қуып жете алмайтыны анық. Сөйтіп, ешкім ешқашан ештеңе біле алмайды...
Хьюго сезіп қойды ма екен? Бұған біртүрлі жатсына қарағаны да сондықтан емес пе?.. Хьюго білді ме? Тергеу аяқталған бойда бірден жүріп кеткені де сондықтан емес пе?
Бұл оған хат жазды, бірақ анау оны жауапсыз қалдырды.
Хьюго...
Вера бір бүйірінен екінші бүйіріне аунақши берді. Жо - жоқ, оның Хьюго жайында ойламағаны жөн. Бүл жанын азапқа түсіреді. Ұмыту керек, ұмыту керек; мәңгілікке ұмыту керек... Хьюгодан біржола күдер үзу керек... Бірақ неліктен бүгінгі кештен бері оған Хьюго жақын маңайда жүргендей көріне бастады?
Көзін ашып, төбенің қақ ортасында үлкен қара ілмек тұрғанын көрді. Бұрын оны байқамаған. Ілмектен балдыр салбырап тұр...
Жабысқақ балдыр шумағының мойнына жанасқанын есіне түсіріп, тұла бойы дір ете қалды. Бүл қарғыс атқыр ілмек қайдан пайда болды екен? Қара ілмектен көз айыра алмай қалды, ол өзіне тартты да тұрды...
5
Бұрынғы инспектор Блор кереуетінің жиегінде отырған. Етжеңді бетіндегі қанталап кеткен көзі елегізе жылт-жылт етеді. Қарсыласына қарсы шабуға дайын қатыгез қабан -осы отырысында ол міне, осыны еске салатын.
Ұйқысы қашып кеткен-ді. Қатер төніп-ақ түр. Он адамнан төртеуі ғана тірі қалды. Басқалар қалай қаза тапса, сот та солай бақиға көшті, ал ол кісі әрі ақылды, әрі қырағы, әрі айлакер еді ғой.
Блор ызалана ыңыранды. Шал не деп еді өзі? "Сақ болуымыз керек".
Өзіне-өзі дән риза екі жүзді неме бүкіл өмірін сот залында отырып өткізді, сөйтіп өзін құдіретке жетеғабыл сезінуге дағдыланып алды. Бірақ оған да кезек келді... Ол қашан да сақтық жасайтын, бірақ онысынан көрген пайдасы қане?!
Олар төртеу-ақ қалды. Бойжеткен, Ломбард, Армстронг және өзі. Ұзамай біреуіне кезек келеді... Бірақ ол кезек басқаға келсе келер, тек Уильям Генри Блорға келе қоймас. Ол өзіне қам жасай біледі. (Әттең тек револьвер... Қайда екен ол? Револьвер - міне, мазасын кетіріп жүрген нәрсе осы.)
Блордың маңдайына қыртыс жиналды, көзі сығырайып кетті - төсекке жатуға зауқы соқпады, револьвердің қайда екенін ойлап бас қатырумен болды... Тым-тырыс тыныштықта төмендегі сағаттың қалай соққаны естіліп тұрды. Түн ортасы. Блордың ширыққаны шамалы босаңсыды, ол тіпті жантайып жатты. Алайда, шешінген жоқ.
Жатып алып ой кешті. Барлық оқиғаны түу басынан бастап жүйелі түрде, Скотланд-Ярдта жүрген кезіндегідей, аса мұқият сараптап шықты. Қазымырлық қашанда өзін-өзі ақтайды.
Шырақ жанып бітуге қалған. Блор шырпы оңайда ма екен деп тексеріп көрді, сосын шырақты үрлеп өшірді. Алайда қараңғылықта тынышсыздана бастады. Бойдағы бағзыдан сақталған, бұғынып жатқан үрейлер бой көтеріп, өзіне тап бергендей — өзін жәукемдеп тастағысы келетіндей көрінді. Көз алдына әртүрлі әлпет елес берді: келемеш қылып ақсұр жіптен жасалған парик кигізіп қойған соттың кеспірі; миссис Роджерстің сазарып қалған сұрқы; Марстонның қисайып, көгеріп кеткен беті... Сосын тағы бір әлпет-ақ қағаздай қуарып кеткен бет, көзілдірік, қысқалау мұрт... Оны бір жерден көрген сияқты, бірақ қай жерден? Осы арадан, аралдан емес. Одан көп бұрын. Бүл адамның есімін неліктен қайтсе де есіне түсіре алмайтыны қызық. Айта кетерлігі, кәдімгі меңірейген әлпет... топас адамға тән әлпет.
Қалай ұмытқан! Ойына бірден сап ете қалды. Ландop ғой!
Қызығы, Ландордың түр-кескінін мүлдем естен шығарыпты. Кеше кеште ғана еске түсіруге тырысқан, бірақ онысынан ештеңе өнбеген. Ал қазір, құдды таяуда ғана жүздескендей, ап-анық елестетіп түр...
Ландордың әйелі бар еді - қашан көрсең де бетінен әлдебір мазасыздық табы аңғарылып тұратын ілмиген ұсқынсыз біреу еді. Он төрттегі қызалағы да бар-тын. Бұлардың тағдыр-талайы қандай болғаны жайында ол алғаш рет ойланып қалды.
(Револьвер. Револьвер қайда болуы мүмкін? Міне, қазір не туралы ойлану керек...) Бүл жайында неғұрлым коп бас қатырған сайын, револьвердің қайда жоғалғаны жөніндегі жорамалдары да соғұрлым сұйыла берді... Ана үшеудің бірі қолға түсірмесе неғылсын.
Төмендегі сағат бірді соқты. Блор әлденеден елегізіп қалды. Кереуетке түрегеліп отырды. Әлдебір дыбысты құлағы шалды, есіктің ар жағынан шыққан естілер-естілмес сыбдыр еді ол Қараңғылық құшағындағы үйде әлдекім жүрген болатын. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Жұрттың бәрінен жасырынып, дәлізді кезіп жүрген кім ол? Кім болса да одан жақсылық күтуге болмас!
Блор дереу кереуеттен түсті де, кесек денелі болғанына қарамастан, аяғын жымын білдірмей басып есікке жақындады. Бүл жолы ештеңе ести алмады. Әйтсе де, қателеспегеніне Блор нық сенімді еді. Кенет біреу есігінің тап жанымен жүріп өтті. Мұның төбе шашы тік тұрды. Қайтадан қорқыныш құрсауына түсті... Әлдекім түн жамылып, жасырын аралап жүр... Ол қайтадан тың тыңдады — тағы да ештеңе ести алмады. Бөлмеден шығуға, анда, дәлізде, не боп жатқанын көруге деген дүлей құштарлық бойын билеп алды. Тас қараңғыда тентіреп жүрген кім екенін білуге құмартты. Жоға, бұдан асқан миғұлалық болмас. Анаған, дәлізде жүргенге, тек сөйткенің ғана керек қой. Блорды дәлізге жүгіріп шығуға мәжбүр ету үшін есігінің қақ алдымен қасақана әрлі-берлі өтіп жүр ғой.
Блор қалшиып тұрып қалды — тың тыңдады. Жан-жақтан түрлі шу, сыбдыр, жұмбақ сыбыр-күбір шығып жатқандай көрінді, бірақ Блордың зерек те сергек парасат-пайымы қорқынышқа қарсы тұрып бақты: бүл ой-қиялы ширығуының салдары екенін түсінді. Кенет тағы бір дыбысты құлағы шалды, бүл жолғы дыбыс сенуге әбден болатындай еді. Жаймен, сақтана басқан аяқ дыбысы. Алайда бар ынты-шынтысымен тыңдаған адам үшін әжептәуір қатты естілетін. Аяқ дыбысы есігінің алдынан өтіп әрі асты (Ломбард пен Армстронг бөлмелері әрменіректе болатын). Аспай-саспай, батыл адымдап бара жатқан адамның аяқ дыбысы.
Блор қобалжудан тыйылды. Не болса ол болсын, есесіне тас қараңғыда үйді аралап жүрген кім екенін біледі.
Қазір аяқ дыбысы баспалдақ жақтан естіліп тұрған. Қайда бара жатыр екен ол сонда? Егер Блор әлдебір әрекетке бел байласа, онда кесек денелі және бір қарағанда жайбасар көрінетін адам үшін сирек кездесетін шапшаңдықпен әрекет жасайтын. Аяғын ұшынан басып кереуетке келді, шырпы қорабын қалтасына салып алды, шнурды розеткадан суырып, түнде жағатын шамның хромдалған сирағына орап тастады. Қажет болған жағдайда эбонит үйкөгі бар ауыр салмақты шам қару есебінде қолдануға әбден жарайтын.
Дыбыс шығармауға тырысып, орындықты есік тұтқасынан суырды, ысырманы кері итеріп қойды, есікті ашып, дәлізбен жүріп кетті. Холдан болар-болмас сыбдыр естілді. Аяғын білдірмей басқан Блор, - ол үйықпен шыққан, - баспалдақ алаңына жетті. Дыбыстың бәрі неліктен соншалықты анық естіліп тұрғанын ол енді ғана түсінді.
Жел басылып, аспан ашылыпты. Баспалдақтағы терезеден түсіп тұрған ай сәулесінен Блор орталық есіктен шығып бара жатқан бір адамды көріп қалды.
Соңынан тұра жүгірмек болды да, сол бойда өзін-өзі тоқтатты. Тағы да ақымақтық жасауға аз-ақ қалды. Оны үйден алдап алып шығу үшін құрылған тұзақ шығар бұл!
Бірақ бүл қуаяқ бір нәрсені ескермеген-ді: ол енді Блордың уысында болатын. Өйткені, үш бөлменің біреуі бос тұрғаны анық. Енді тек ол кімнің бөлмесі екенін білу ғана қалды!
Блор тездетіп дәлізге қайтып оралды. Әуелі Армстронгтың есігін қақты. Ешқандай жауап жоқ. Бір минуттай күтті де, Ломбардтың бөлмесіне бет алды. Ол қолма-қол үн қатты:
— Бұл кім?
— Мен ғой, Блор. Армстронг бөлмесінде жоқ. Сәл тоса тұрыңыз.
Ол келесі бөлмеге қарай жүгіре жөнелді. Есігін қақты.
— Мисс Клейторн! Мисс Клейторн!
— Не боп қалды? Бұл кім? - деген үрейге толы дауысы естілді Вераның.
— Қорықпаңыз, мисс Клейторн. Құйттай күте тұрыңыз. Қазір келем.
Ол Ломбардтың бөлмесіне қайтып оралды. Бөлменің есігі ашылыпты. Ломбард табалдырықта түр еді. Сол қолында шырақ бар. Пижамасының сыртынан шалбарын кие салыпты. Оң қолын пижама күртесінің қалтасына салып алған.
— Нендей жағдай? - деп сұрады ол.
Не боп жатқанын Блор оған екі ауыз сөзбен түсіндіріп берді. Ломбардтың көзі жайнап кетті.
— Демек, бүл Армстронг болды ғой. Жарайсың.
Соны айтып, дәрігердің есігіне қарай қозғалды.
— Кешіріңіз, Блор, - деді ол — дәл қазір мен өз көзіме ғана сенуге бейілмін. — Ол есікті тарсылдатып қаға бастады. — Армстронг! Армстронг!
Ешқандай жауап жоқ. Ломбард тізерлей кетті де, құлып түтігіне үңілді. Оған шынашағын тығып көрді.
— Кілтті алып тастаған, - деп мәлім етті ол.
— Армстронг бөлмені жауып, кілтті өзімен бірге алып кеткен шығар.
— Өте орынды сақтық, — деп келісті Филипп. — Кеттік соңынан, Блор... Бұ жолы бізден құтыла алмас! Бір минутке! — Ол жүгіріп Вераның есігіне барды. — Вера!
— Иә?
— Біз Армстронгты іздегелі бара жатырмыз. Бір жаққа кетіп қалыпты. Қандай жағдай болмасын есікті ашпаңыз. Түсіндіңіз бе?
— Түсіндім.
— Егер Армстронг келіп сізге Блор екеумізді біреулер өлтіріп кетті десе де тыңдамаңыз. Мақұл ма? Есікті тек Блор екеуміз бірге келіп, өзіңізбен тілдескенде ғана ашатын боласыз. Түсіндіңіз бе?
— Түсіндім. Соншалықты ақымақ емеспін ғой.
— Бопты, ендеше, - деді Ломбард.
Ол Блорды қуып жетті.
— Ал енді ізге түсеміз! Аң аулау басталды!
— Сақ болуымыз керек, - деді Блор.— Оның револьвері бар екенін ұмытпаңыз!
— Осы арада оңбай қателестіңіз! — деп мәз бола күліп жіберді Филипп, сосын баспалдақпен жүгіріп түсіп, сыртқы есікті ашты. — Ысырмасы салынбаған, — деп құлаққағыс етті ол, — демек, Армстронгтың кез келген сәтте қайтып келуі мүмкін... Айтпақшы, револьвер қайтадан өзіме оралды, -— деп қосып қойды од сосын оны қалтасынан жартылай суырып Блорға көрсетті. — Револьверді бүгін кеште түнгі үстелше суырмасынан таптым — бұрынғы орнына әкеп тастапты.
Блор табалдырықта мелшиіп тұрып қалды. Түрі бұзылып кетті. Соны байқаған Филипп, ашу шақырып:
— Әңгімені қойыңыз, Блор! Сізді өлтірейін деп тұрған мен жоқ. Қаласаңыз, бөлмеңізге барып тас бекініп алыңыз да отыра беріңіз, ал мен Армстронгты іздеуге кеттім, - деді. Соны айтып, айдың сүттей жарығына шомылған алаңқайға шықты.
Сәл-пәл екі ойлы боп қалған Блор соңынан ілесті. "Отқа түсуге өзім құлшынған сияқтымын, — деп ойлады ол — Бірақ енді күл болмаса бүл болсын. Қарулы қылмыскермен алғаш рет жүздескелі тұрған ештеңем жоқ қой".
Бір басына кемшілігі жетіп артылатынымен, Блор сужүрек емес-ті. Қауіп-қатерге қашан да қас қақпай қарсы шығатын. Зардабы қандай болатынына қарамастан әдеттегі, түсінікті қауіп-қатер оны қорқыта алмайтын, есесіне түсініксіз, ғайыптан болған қатер атаулыдан зәре-құты қалмайтын.
6
Вера қуғын аяқталғанша төсегінен тұрып, киініп алуды ұйғарды. Мезгіл-мезгіл есікке қарап қояды. Қалың тақтайлар, кілт, ысырма, ал тұтқаға емен орындықтың аяғы сұғулы. Мұндай есікті Армстронгтан әлдеқайда әлеуетті адам да қирата алмайды. Оның орнында болсам, күшпен емес, айламен әрекет етер едім, деп ойлады Вера.
Ол Армстронгтың не істеуі мүмкін екенін көз алдына елестетумен болды. Ломбард долбарлағандай, олардың қазасы жайында хабарлар ма екен әлде өлімші жаралы болғансып, ышқына ыңырсып мұның бөлмесіне еңбектеп келер ме екен?
Ойына басқа да варианттар оралды. Мысалға, үй өртеніп жатыр деп айқайлауы мүмкін. Бәрінен жаманы, шынымен-ақ үйге от қоюы да ғажап емес... Рас-ау, неге солай етпеске? Еркектерді үйден алдап шығарып әкетті, ал өзі соның алдында еденге бензинді көлдетіп төксе, енді тек шырпы шағу ғана қалып тұрса ше? Ал бұл бөлмесінде тас бекінген күйі микеще біреу секілді мелшиіп отыра береді, жүгіріп шығатын мүмкіндік қалмағанша отырады.
Ол терезе алдына келді. Тығырықтан шығар жол осы. Басыңа күн туғанда секіріп кетуге болады. Әрине, биіктеу, бірақ төменде гүлзар бар.
Вера үстел басына кеп жайғасты, күнделігін ашып, айшықты қолтаңбамен көсілтіп жаза бастады. Өйтіп-бүйтіп уақыт өткізу керек қой әйтеуір.
Бір кез оқыстан ұшып тұрды. Төменде сынған бірдеңенің дыбысы естілді. Әйнек емес пе екен, деп ойлады. Тың тыңдады, бірақ қайтадан бәрі тына қалды.
Сосын ұрлана басқан аяқтың құмыға шыққан дыбысы, тепкішектердің сықыры, киімнің сусылы құлағына шалынды, — әлде оған осылай көрінді ме? — бірақ ол мұны, соның алдындағы Блор секілді, ой-қиялы ширығуының салдары болар деп шешті.
Алайда көп ұзамай басқа, бүл жолы жалғаны жоқ, кәдімгідей дыбыстар құлағына жетті, дыбыс төменнен шығып жатқан — онда біреулер сөйлесіп жүр еді. Одан соң баспалдақтан тапыр-тұпыр еткен аяқ дыбысы ап-айқын естілді, сосын есіктер сарт-сұрт ашылып-жабылды, біреулер тас төбесінде, шатырда, әрлі-берлі адымдап жүрді. Міне, енді біреулер есігінің алдына таяп келді.
— Вера? Бөлмедесіз бе? - деп дауыстады Ломбард.
— Иә. Не болды?
— Бізге есік ашасыз ба? - деді Блор.
Вера есікке келіп, орындықты суырды, кілтті бұрап, ысырманы итеріп, есікті ашты. Еркектер шалбарынан су сорғалап, ентіге дем алып тұр еді.
— Не болды? - деп қайталады Вера.
— Армстронг ғайып болды, - деді Ломбард.
7
— Қалайша? - деп Вера айқайлап жіберді.
— Ғайып болды, - деді Ломбард. — Армстронг аралда жоқ.
— Тап солай — ғайып болды, - деп құптады оны Блор. — Өз көзіме өзім сене алмай тұрмын: нағыз көзбайлаушы боп шықты, — қысқасын айтқанда, жер жұтып кеткендей зым-зия.
— Бос сөз, - деп Вера оны бөліп кетті. — Ол бір жерде жасырынып жатыр.
— О не дегеніңіз, - деп Блор қарсылық білдірді, — мұнда жасырынатын жер жоқ. Жартас балтырдай жалаңаш. Оған қоса, ай да бұлттан арылды. Сүттей жарық. Ал анау еш жерде жоқ.
— Жасырын түрде үйге қайтып оралған шығар, - дейтін жорамал жасады Вера.
— Біз мұны да ескердік, - деді Блор, — сөйтіп үйді төмендегі төледен жоғарыдағы шатырға дейін сүзіп шықтық. Төбеде жүргенімізді өзіңіз де естіген шығарсыз. Қысқасы, ол мұнда жоқ. Ғайып болды, ұшты-күйлі жоғалды...
— Мүмкін емес, - деп сенбестік білдірді Вера.
— Әйткенмен, ақиқат шындық осындай, - деді Ломбард. — Сосын тағы да мынадай жайттан хабардар етіп қояйын: асхана терезесі қиратылыпты, ал үстелде бар-жоғы үш қарадомалақ қана қалыпты.
Он бесінші тарау
1
Үшеуі түгел ас үй үстелі төңірегіне жиналып, таңғы астарын ішіп жатты. Күн жарқырап түр еді. Ауа райы керемет болатын. Кеше ғана сұрапыл дауыл тұрғанын ештеңе еске салмайтын. Ауа райының өзгеруімен тұтқындардың да көңіл күйі өзгерді. Құдды қорқынышты түстен оянғандай сезімде болды. Әрине, олар қатерден құтылған жоқ-ты, алайда күннің жарығында ол онша қауіпті көрінбеді. Кеше, үй сыртында жел долдана сарнап тұрған шақта, өздерін қарекет жасау қабілетінен айырған, жуасытқыш жейде тәрізді құндақтап тастаған үрей сейілген болатын.
— Таудың ең биік жеріне шығып, арғы бетке айнамен сигнал берсек қайтеді? — деген ұсыныс айтты Ломбард. — Бәлкім, бір зерек жігіт жота-жотаны аралап жүрген шығар, мұның "SOS" екенін түсіне қояр. Ал кешкісін лаулатып от жағуға болады... Рас, бізде отын аздау, оның үстіне деревня тұрғындарының бізді от айнала билеп жүр деп ойлап қалуы да мүмкін.
— Жағадағы біреулер Морзе әліппесін білетін шығар, кеш түскенше бізге қайық жіберер, — деді Вера.
— Аспан ашылды, — деді Ломбард. — Бірақ теңіз әлі буырқанып жатыр. Толқындар үлкен, сондықтан ертеңге дейін бірде бір қайық арал жағасына жуыса алмайды.
— Тағы бір түнді осында өткізу керек бола ма! - деп шошынды Вера.
Ломбард иығын қиқаң еткізді:
— Басқа лаж жоқ! Бір тәуліктен кейін бұл арадан қайтсек те кететін шығармыз деп сенем. Бізге тек бір тәулік қана шыдау керек, сонда аман қаламыз.
Блор тамағын кенеді.
— Анығына жетер кез келді, - деді ол — Армстронгқа не болды екен?
— Бізде долбар жасауға негіз боларлық бір-ақ нәрсе бар, - деді Ломбард. — Асханада бар-жоғы үш негр баласы қалыпты. Олай болса, бұл Армстронгтың мүрдем кеткенін білдіреді.
— Ендеше, оның мәйітін неге таба алмадыңыздар? - деп сұрады Вера.
— Әңгіме де сонда, - деп Блор Вераны қоштап қойды.
Ломбард басын шайқады.
— Иә, бұл өте түсініксіз жағдай, - деді ол — Ақылға сыйымсыз нәрсе.
— Оны теңізге лақтырып жіберулері мүмкін, — деген жорамал айтты Блор.
— Кім? — деп Ломбард Блорға дүрсе қоя берді. — Сіз бе? Мен бе? Сіз оның үйден қалай шыққанын көрдіңіз. Қайтып оралып, мені шақырдыңыз — мен бөлмемде болатынмын. Екеуміз үйді де, айнала манды да түгел тінтіп шықтық. Оны өлтіріп, оған қоса, мәйітті аралдың арғы шетіне арқалап апаруға қай уақытта үлгеретін едім, соны айтыңызшы?
— Мұны мен білмеймін, - деді Блор, — бірақ жақсы білетін бір нәрсем бар.
— Ол не? - деп сұрады Ломбард.
— Ол — сізде револьвердің болғандығы. Қазір ол қайтадан өз қолыңызда. Оны ұрлап әкетті дегеніңізге қанша айтсаңыз да сенбеймін.
— Ау, не шатып тұрсыз, Блор! Бәріміз түгел тінтілдік емес пе?
— Тінтілсек ше? Сіз оны тінтуге дейін-ақ тығып тастағансыз. Сосын жасырған жеріңізден қайта барып алғансыз.
Кеңкелес неме, айтып тұрмын ғой сізге, оны суырмама әкеп салып кеткен, деп. Көрген кезде тіпті талып түсе жаздадым.
— Мені кім деп ойлайсыз өзіңіз? - деді Блор. — Армстронг, тіпті Армстронг болмай-ақ басқа кез келген біреу болсын, револьверді не үшін сізге қайта апарып тастамақ?
Ломбард дебдіреп, иығын қомдады:
— Не үшін екенін қайдан білейін. Ақылға сыйымсыз нәрсе. Бұлай істеу кімге қажет болғанын түсінбеймін. Ешқандай логика жоқ.
— Иә, мұнда логика жоқ. Бұдан гөрі тәуірірек бірдеңе ойлап табуыңызға болатын еді, — деп қоштай кетті оны Блор.
— Осының өзі-ақ менің жалған сөйлемейтінімді көрсетпей ме?
— Бұл турасында мен басқаша ойдамын.
— Одан өзгені сізден күтпеген де едім, - деді Ломбард.
— Әңгіме былай, Ломбард, егер адал адам ретіндегі абырой-беделіңізбен қош айтысқыңыз келмесе, осы бір өзіңіз мақтан тұтатын абырой-беделмен...
— Өмірі мақтан тұтпаған нәрсемнің бірі сол - деп естілер-естілмес күңк етті Ломбард. — Мұны қайдан шығардыңыз?
Блор былқ етпестен сөзін жалғай берді:
— Және егер бізге шындықты айтқан болсаңыз, онда сізге қалатын нәрсе біреу ғана. Револьвер өз қолыңызда тұрғанда, мисс Клейторн екеуміз сіздің ықтиярыңыздан шыға алмаймыз. Ар-ұят алдында адал болғыңыз келсе — револьверді дәрі-дәрмекпен және басқа да нәрселермен бірге сейфке салып қойыңыз, ал кілттер бұрынғыша өзіңізде және менде сақталатын болады.
Филипп Ломбард сигарет тұтатып, түтінін сақина етіп шығарды.
— Есіңіз дұрыс па? - деп сұрады ол.
— Демек, ұсынысымнан бас тартасыз ғой?
— Үзілді-кесілді түрде. Револьвер менікі және оны ешкімге бермеймін.
— Олай болса, - деді Блор, — басқаша ойлар амалымыз да жоқ, біздің ойымызша, сіз тап сол..
— А. Н. Ониммін ғой, солай ма? Мені кім деп ойлағыңыз келсе, сол деп ойлай беріңіз. Бірақ егер тап сол адам мен болсам, онда неге сізді өткен түнде тырапай асырмадым? Оған санаса сан жетпейтін мүмкіндік болды ғой менде.
— Соны айтам-ау, бүл шынымен-ақ түсініксіз, - деп Блор басын шайқады. — Сірә, ешкім білмейтін ішкі есеп - қисабыңыз болған шығар.
Осы кезге дейін Вера керіске араласпаған. Алайда осы арада өзін-өзі ұстай алмады.
— Сіздер әумесер біреулерден аумай қалдыңыздар, - деді ол.
— Не себепті? — деді Ломбард оған тесірейе қарап.
— Санамақ барын ұмытып кеттіңіздер ме? Жұмбақтың шешуі сонда жатыр ғой. — Соны айтып ол даусын көтере тақпақтай жөнелді:
Төрт негр баласы теңізге шомылуға барды,
Біреуі жемге алданды, үшеуі ғана қалды.
"Жемге алданды" - міне, жұмбақтың кілті және бүл өте маңызды нәрсе. Армстронг тірі, -деп сөзін сабақтады Вера, - өзінің өліміне бізді сендіру үшін ол негр баласын әдейі лақтырып тастаған. Не десеңіздер о деңіздер, бірақ Армстронгтың осында, аралда екеніне кәміл сенімдімін. Оның ғайып болуы - жай әншейін айла-шарғы, өзіміз алданып қалған әлгі айтылған жем.
Ломбард орындыққа тізе бүкті.
— Ойланып қараған адамға сөзіңіздің жаны бар, - деді ол
— Дұрыс айтасыз, - деп қоштады оны Блор.
— Жарайды, сонда Армстронг қайда? Аралды түгел сүзіп шықтық. Олай да, бұлай да өттік.
— Онда тұрған не бар? — деп Вера кейістік білдіре сөйледі. — Кезінде револьверді де іздедік, бірақ таба алмадық қой. Әйтсе де, ол осында, аралда болды.
— Ay, адам мен револьвердің арасында азын-аулақ айырмашылық бар емес пе, - деп күңк етті Ломбард. — Ең болмаса мөлшеріне қарасаңызшы.
— Онда тұрған не бар? - деп қасарысты Вера. — Бәрібір менің айтқаным дұрыс.
— Біздің А. Н. Оним не себепті өзін бұлайша ұстап берген? Санамақта жем жайында айтқаны несі. Мұны сәл ғана өзгерте салуына болатын еді ғой.
— Апырау, есуас біреудің әуресіне түсіп жүргенімізді түсінбегенсіз бе? - деп тап берді Вера оған. — Тек есуас қана балалар санамағына дәлме-дәл сай келтіріп бір қылмыстан соң бір қылмысқа бара алады! Сотқа клеенкадан мантия жасау, Роджерсті отын шауып жатқан кезде өлтіру, миссис Роджерсті ұйықтататын дәріге енді қайтып оянбайтындай етіп тойдыру, мисс Брент мерт болған бөлмеге түкті араны жіберу - бәрі де балаларға тән қатыгездікпен жасалған! Бәрі, бәрі түгел тура келіп тұр!
— Дұрыс айтасыз, - деп қостады оны Блор.— Бірақ бүл жерде, қалай болғанда да, әйтеуір айуанхана жоқ. Сондықтан, санамақтан ауытқымау үшін оның қандай қулық ойлап табатынын білмеймін.
— Соны да әлі түсінбегенсіз бе? - деп салды Вера. — Қазір біз адамдық қасиеттерден жұрдай боп қалған жоқпыз ба — дәл қазір айуанханаға аттандырса да болады бізді. Айуанхана дегеніңіз сол емес пе.
2
Таңертеңгілік уақытты олар тау басында өткізді, кішкентай айнаның көмегімен әрқайсысы кезекпен - кезек жағалауға сигнал жіберді. Шамасы, мұны ешкім байқамаған сияқты. Ешкім сигналмен жауап қайтарған жоқ. Ауа райы сондай тамаша болатын, Девон жағалауы болмашы бұлыңғырланып тұрған. Төменде теңіз таудай толқынын жартасқа өкірте ұрғылап жатты. Бірде-бір қайық теңізге шыққан жоқ. Олар аралды қайтадан сүзіп өтті. Армстронгтың ешқандай ізін кезіктіре алмады.
— Таза ауада өзіңді әлдеқайда жақсы сезінесің, - деді Вера үйге қарап қойып, сосын кішкене іркілістен кейін сөзін жалғады: — Осы жерде қалайықшы, анда қайтып барғым келмейді.
— Табылған ақыл - деді Ломбард. — Бұл арада бізге келер ешқандай қауіп-қатер жоқ: біреу қастық жасағысы келсе оны жырақтан байқап қоямыз.
— Келістік, осы арада қаламыз, - деді Вера.
— Әйткенмен, түнге қарай бәрібір қайтып оралуымызға тура келеді, - деді Блор қарсылық білдіріп, — ашық аспан астында қалай түнейсің.
Вераның бойы қалтырап кетті.
— Ол туралы ойлағым да келмейді. Кешегідей тағы бір түнді бастан кешер халім жоқ.
— Бөлмеңізге кіріп кілттеніп алыңыз — сонда ештеңеден қорықпауыңызға болады, - деді Филипп.
— Бәлкім, солай еткен дұрыс та шығар, - деп күмілжи күбірледі Вера. — Шіркін, күн шуағына шомылу деген бір ғанибет қой. — Соны айтып керіліп алды.
"Ең таңғаларлығы, - деп ойлады Вера, — қазір өзімді кәдімгідей-ақ бақыттымын деуіме болады. Ал, шындығында, қатерден әлі құтылған жоқпыз... Бірақ, неге екенін білмеймін, бұл мені мазалағанды қойды... әйтеуір, күндіз солай... Күшім тасып тұрғандай сезінем... Өлмейтін сияқтымын..."
Блор сағатына қарады.
— Сағат екі, — деп мәлім етті ол. — Ленчке қалай қарайсыздар?
— Жо-жоқ, мен үйге бармаймын. Осы арада, таза ауада қалам.
— Жә, болар сізге, мисс Клейторн. Өйте берсек, әл-қуаттан айрыламыз, ал күш-қайрат бізге әлі қажет болады.
— Консервіленген тілдің түрінің өзі құсқымды келтіреді. Тамақ ішкім келмейді. Адамдар кейде бірнеше күн бойы нәр татпайды ғой, айталық, арықтағысы келгенде.
— Маған келсеңіздер, - деді Блор, — менің тамақ ішпесем көңілім көншімейді. Ал сіз қалай қарайсыз, мистер Ломбард?
— Шынымды айтсам, консервіленген тілге аңсарым ауып тұрған жоқ, - деді Ломбард. — Мен, абзалы, мисс Клейторнның қасында қалармын.
Блор екі ойлы боп қалды.
— Маған бола алаңдамаңыз, - деді Вера оған. — Маған қорқатындай ештеңе жоқ. Егер Ломбард мені өзіңіз жоқта өлтіріп тастайды деп ойласаңыз, меніңше, босқа қауіптенесіз.
— Ықтиярыңыз білсін, - деді Блор. — Бірақ бәріміз бірге жүреміз деп келіскен сияқты едік.
— Арыстанның апанына бас сұғуға белді бекем будыңыз ба? - деп сұрады Ломбард. — Бірге барайын ба?
— Жоқ, қажеті жоқ, - деп шорт кесті Блор. — Осында қала беріңіз.
— Солай ма? Демек, қанша айтқанмен, менен қорқады екенсіз ғой? - деп Филипп қарқ-қарқ күлді. — Қалай ғана түсінбейсіз: қаласам, осы тұрған жерде - ақ екеуіңізді бірдей атып тастай алам ғой.
— Ол рас, бірақ ондай жағдайда жоспардан ауытқуыңызға тура келер еді, - деді Блор. — Жоспар бойынша біз қарғыс атқыр санамақта қалай айтылса солай, бірімізден кейін біріміз мерт болуымыз керек қой.
— Бұл жөнінде сіз, неліктен екенін, тап солай болатынына сенімді адам секілді айтып тұрсыз, - деді Филипп.
— Шыным сол ана жеркенішті үйге жалғыз барам – ау деген ойдан тұла бойым түршігеді, - деді Блор.
— Осы себепті, - деді Филипп бәсең дауыспен, — револьверді берсін деп тұрсыз ба? Айтқаным айтқан: бермеймін! Ондай ақымақ емеспін!
Блор иығын қиқаң еткізді де, тік беткеймен үйге қарай жоғары өрлеп кете барды.
— Айуанханада түскі ас беріліп жатыр, - деді Ломбард. — Аңдар белгілі бір уақытта тамақтануға дағдыланған.
— Қалай ойлайсыз, Блор қатерге басын байлаған жоқ па? - деп мазасызданды Вера.
— Меніңше, ол жерде анау айтқандай қатер жоқ сияқты: себебі, Армстронгта қару жоқ қой. Блор одан екі есе әлеуетті, оның үстіне қауіп барын біледі. Ол өз алдына, Армстронгтың тіпті онда болмауы да мүмкін. Өз басым оның онда жоқтығына кәміл сенімдімін.
— Армстронг ол жерде жоқ боп шықса, демек...
— Демек, мәселе Блорда, - деді Филипп.
— Шынымен солай ойлайсыз ба?..
— Қызық екенсіз, көгершінім, Блордың айтқан әңгімесінің түрі сізге мәлім. Егер Блор жалған сөйлеп жүрмесе, Армстронгтың ғайып болуына менің қатысым жоқ боп шығады. Оның әңгімесі мені ақтап береді. Бірақ өзін емес. Ол аяқ дыбысын естідім және үйден шыққан адамды көрдім деп сендіреді. Әйтсе де оның өтірік айтуы да мүмкін. Айталық, Армстронгты соның алдында екі сағат бұрын мүрдем кетіруі әбден ықтимал
— Қалайша?
Ломбард иығын қиқаң еткізді:
— Бұл бізге белгісіз. Менің пікірімді білгіңіз келе ме? Егер бізге біреуден сақтану керек болса, тек Блордан ғана сақтану керек. Ол жөнінде не білеміз? Ештеңе дерлік білмейміз. Бәлкім, полицияда ешқашан қызмет атқармаған да болар. Оның есі ауысқан миллионер... шалық ұрған бизнесмен... айдаудан қашқан ұры-қары боп шығуы да ғажап емес. Блор жөнінде көзіміз анық жеткен бір ғана нәрсе бар. Ол — осы қылмыстардың қай-қайсысын болсын іске асыра алатындығы.
Вераның өңі қуқыл тартып кетті.
— Егер ол бізге де ауыз салса не істейміз? - деп сыбырлады ол естілер-естілмес.
Ломбард қалтасындағы револьверін қарманып қойды.
— Саспаңыз, — деді ол баяу үнмен, — сізді қолымнан келгенше қорғаймын. — Сосын қызға әуестік білдіре қарап қалды: — Сіз маған қайран қаларлықтай қалтқысыз сенім білдіресіз... Өзіңізді өлтіріп тастамайтыныма көзіңіз жетіп тұр ма?
— Әйтеуір біреуге сену керек қой, - деді Вера. — Меніңше, Блор жөніндегі пікіріңіз қате. Өз басым сол бұрынғыша жендет — Армстронг деп ойлаймын. Ал сізде бүл аралда өзімізден басқа тағы біреулер бар-ау деген сезім жоқ па? — Ол Филиппке басын бұрды: — Басқан ізімізді бағып, аңдып жүрген біреулерді айтам.
— Бұл жүйке жұқаруының салдары ғой.
— Демек, сіз де мұны сезген екенсіз-ау? - деп Вера Ломбардты тықсыра түсті. — Айтыңызшы, басыңызға мынадай бір ой келді ме... — Ол мүдіріп қалды, сосын іле-шала сөзін жалғады: — Бірде мен бір кітап оқығам, онда америкалық қалашыққа Жоғарғы соттың өкілі ретінде келген екі сот жөнінде айтылатын. Олар қара қылды қақ жарған әділ үкім шығару үшін келіпті. Міне, осы соттар, олар... қысқасы, олар басқа дүниеден келген көрінеді.
Ломбард қасын керді.
— Көктегі құдірет жіберген-ау, шамасы, - деп күлді ол. — Жоға, мен тылсым күш дегенге сенбеймін. Бұл арадағының бәрі — адамның қолымен жасалып жатыр.
— Кейде бұған күдіктенем, - деді Вера әрең-әрең естілетіндей етіп.
— Ар-ұятыңыз мазалай бастаған екен, - деп жауап қатты Ломбард, оған ұзақ қадала қарап отырып. Сосын кішкене үнсіздіктен кейін, әншейін айта салғандай болып: — Сөйтіп, балақанды суға кетірген болдыңыз ғой, - деді.
— Жоқ! Жоқ! Олай деп айтпаңыз!
— Иә-иә, суға кетірдіңіз. — Ломбард кеңпейілдене күлді. — Себебін білмеймін. Себебін көз алдыма елестете де алмаймын. Бүл іске еркектің араласы болуы мүмкін-ау деп қана шамалаймын. Таптым ба?
Вера ойда жоқ жерден сілесі құрып, сансырап, ештеңеге зауқы соқпай енжар тартып қалғанын сезді.
— Иә, - деді ол тұнжырап. — Бұл іске еркектің араласы бар.
— Рақмет, - деді Ломбард. — Білгім келгені осы ғана еді.
Кенет Вера орнынан атып тұрды.
— Не болды өзі? - деп дауыстап жіберді. — Жер сілкінді ме?
— Жоға, қайдағы жер сілкіну. Әйтсе де, не болғанын өзім де түсінбей қалдым: әлдебір қатты соққы дарығандай жер дір ете түсті. Сосын көз алдыма... Айқайды естідіңіз бе? Мен естідім.
Екеуі де үйге көз тігіп қалды.
— Дүрсіл сол жақтан шықты. Жүр көрейік, онда не боп жатқанын, - деген ұсыныс айтты Ломбард.
— Жо-жоқ, аттап баспаймын!
— Өзіңіз біліңіз. Мен кеттім.
— Жарайды, мен де бірге барайын, - деді Вера көңілсіз.
Олар беткеймен тырмысып жоғары өрлеп, үйге келді.
Үйдің алдындағы күн шуағына шомылған алаңқай тып-тыныш жанға жайлы орындай көрінеді. Екеуі сол жерде бірер минут тұрды да, сақтық үшін үйді бір айналып өтуді ұйғарды. Бұрышты енді айнала берген олар Блордың үстінен шықты. Ол үйдің шығыс жақ бетіндегі тас төселген алаңқайда қолдарын екі жаққа созып жіберіп шалқасынан жатыр еді - басы мыж-мыж бопты: төбесіне ақ мәрмәрдің дығал кесегі құлапты.
— Үстіміздегі кімнің бөлмесі? - деп сұрады Ломбард.
— Менікі, — деп жауап қатты Вера даусы дірілдеп. — Ал мынау бөлмемдегі камин сөресінде тұрған сағат... Иә, тап сол аю пішініндегі ақ мәрмәр сағат. Аю пішініндегі, - деп қайталады ол сосын тілін тістеп тұрып қалды.
3
Филипп оның иығына қолын қойды.
— Енді бәрі түсінікті, - деді ол түнеріп. — Армстронг үйде жасырынып жатыр. Бірақ, бұл жолы менен құтыла алмайды.
Вера оған жармаса кетті:
— Ақымақтық жасамаңыз! Біздің кезегіміз келді. Блордың соңынан кетеміз. Оған керегі де өзін іздеп барғанымыз ғой. Ол осыған есеп жасап отыр.
— Әбден мүмкін, - деді Филипп, ойланып алғаннан кейін.
— Қалай болған күнде де, күдігімнің дұрыс боп шыққанын енді мойындауыңыз керек.
Анау басын изеді:
— Иә, күдігіңіз расталды. Әрине, бүл Армстронг қой. Бірақ, ол антұрған қай жерде тығылып жатыр екен, ә? Блор екеуміз бүкіл аралды сүзіп шыққанбыз.
— Егер өткен түнде таппасаңыз, оны дәл қазір де таппайсыз, - деді Вера. — Бұл айдан анық нәрсе.
— Солайы солай енді, бірақ... - деп қасарды Ломбард.
— Ол өзіне алдын-ала құпия орын дайындап алған шығар — сол қалай ойымызға келмеген, бүл деген әдеттегі нәрсе ғой. Білесіз бе, ана ескі қожалықтардағы католик священниктерін жасырған құпия орындар секілді етіп, деймін.
— Мұның ескі қожалық емес, қазіргі заманғы үй екенін ұмытып тұрсыз.
— Бәрібір мұнда да құпия орын жасатуға болады.
Филипп басын шайқады:
— Келген күннің ертеңіне-ақ үйді түгел өлшеп шықтық, мұнда ешқандай кеуек жоқтығына кепілдік бере алам.
— Бәлкім, қателескен боларсыздар, - деді Вера.
— Тексеріп шықсам ба деп ем...
— Тексерем дейсіз бе? Оған керегі де осы емес пе. Үйдің ішінде қолайлы жер тауып бұғынып, қашан келер екен деп күтіп отыр ғой.
— Қаруым бар екенін ұмытып тұрсыз, — деп қарсылық білдірді Ломбард, қалтасынан револьверді жартылай суырып.
— Блорға қорқатын дәнеңе жоқ — Армстронгтың оған әлі жетпейді, дегеніңіз бар еді. Блор одан әлдеқайда әлеуетті, сосын ол қауіп барын біледі, дегенсіз. Бірақ сіз Армстронгтың жынданған адам екенін ескермейсіз. Ал жындының есі дұрыс адамның алдында толып жатқан артықшылығы бар. Ол екі есе айлакер.
Ломбард револьверді қайтадан қалтасына салып қойды.
— Мақұл солай-ақ болсын, - деді ол.
— Ал түнде не істейміз? - деп сұрады кішкенеден кейін Ломбард.
Вера жауап қайтарған жоқ.
— Бұл жөнінде ойландыңыз ба? - деді анау дігірлеп.
— Не істейміз, дейсіз бе? - деп қайталап сұрады Вера кеукелектеп. — Құдайым-ай, қалай ғана бұл үйге...
— Жалпы алғанда, қорқатын ештеңе жоқ, - деді Ломбард мұның лажын тапқандай боп. — Ауа райы жақсы. Ай сүттей жарық болмақ. Жартастың жоғарылау жеріне шығамыз, қауіпсіз орын тауып аламыз. Түнді сол жерде өткізіп, таң атқанын күтеміз. Ең бастысы — ұйықтап қалмау керек... Түні бойы көз ілмейміз, егер біреу-міреу бізге жақындамақ болса, оны атып өлтірем. Бәлкім, суыққа шыдамайтын шығарсыз? — деп сұрады ол сәл үнсіздіктен кейін. — Көйлегіңіз тым жұқа екен.
— Суыққа ма? Өлсең одан бетер суып кетесің. — Вера ішек-сілесі қата қиқылдап күлді.
— Дұрыс айтасыз, - деп қоштады оны Ломбард.
Вера отырған орнында шыдамсыздана қозғалақтай берді.
— Бұл арада бұдан артық отыра алмаймын. Жынданып кететін түрім бар. Кішкене жүріп қайтайықшы.
— Қарсы емеспін.
Олар біресе жоғары өрлеп, біресе төмен құлдилап, теңізге төніп тұрған жартасты бойлап жаймен жүріп кетті. Күн ұясына еңкейген еді. Батар күннің шапағы теңіз бетіне алтын жалатып, Вера мен Ломбардты да алтын кіреукемен көмкерді.
— Суға шомыла алмайтынымыз сондай өкінішті... - деді Вера біртүрлі берекесіздеу күлкімен.
Филипп теңізге көз тікті.
— Анау не? - деп ол Вераны бөліп жіберді. — Әне, ана үлкен тастың жанындағыны айтам? Жоға, сәл әрменіректе, оң жақта!
Вера көз айырмай қарап қалды.
— Киім салған түйіншекке ұқсайды, - деді ол.
— Суға шомылушы емес пе екен? - деп тырқ-тырқ күлді Ломбард. — Абзалы, олай емес шығар. Сірә, балдыр болар.
— Төмен түсіп көрейік, - деген ұсыныс айтты Вера.
— Киім екен ғой, - деді Ломбард олар төменірек түскен кезде. — Дәлірек айтқанда, киім салынған түйіншек. Қараңыз, әне шәркей жатыр. Жүріңіз, жақынырақ барайық.
Олар жақпар тастар арасымен тырбанып төменге қарай құлдилады, бірақ Вера оқыстан тоқтай қалды.
— Бұл киім емес, адам, - деді ол.
Мәйіт екі тастың ортасына қыстырылып қалыпты — сірә, оны бүл жерге теңіздің шалқуы әкеп тастаған болса керек.
Вера мен Ломбард соңғы биік жақпар тастан әреңдеп өтіп, суға кеткен адамның жанына жақындады. Оның үстіне еңкейді. Көгеріп, ісініп кеткен жан шошырлық әлпет көздеріне шалынды.
— О, Жасаған! - деп дауыстап жіберді Ломбард. — Ау, бұл Армстронг қой!
Он алтыншы тарау
1
Арада талай заман өткендей болды... Дүние шыр көбелек айналып жатты... Уақыт қыбыр етпей қойды. Ол тоқтап қалды - мың ғасыр өте шыққандай көрінді. Жоға, бар-жоғы бір минут қана өтті. Екеуі суға кеткен адамнан көз аудара алмай тұрды... Ақыры Вера мен Филипп жаймен ғана бастарын көтеріп, бір-бірінің көзіне қарады.
Ломбард күліп жіберді.
— Сөйтіп, енді бәрі түсінікті болды, - деді ол.
— Аралда екеумізден басқа жан баласы қалған жоқ, - деді Вера күбірлеп.
— Тап солай, - деді Ломбард. — Енді ешқандай күдік жоқ қой, солай емес пе?
— Мәрмәр аюға байланысты қитұрқыны қалай іске асырдыңыз? - деп сұрады Вера.
Ол иығын қиқаң еткізді:
— Қалауын тапсаң қар жанады, деген ғой, көгершінім, бар-жоғы сол-ақ...
Олардың көзі қайта кездесті.
"Оны енді ғана танып тұрмын, - деп ойлады Вера. — Кімге ұқсайды десем — арланға ұқсайды екен ғой. Қасқыр сияқты ақсияды..."
— Бұл ақырғы дем, түсінемісіз, ақырғы дем, - деді Ломбард, дауысынан сес көрсеткені сезіліп тұрды. — Ақиқат бізге аян болды. Ақырғы дем де таяп қалды...
— Түсінем, - деп жауап қатты Вера қас қақпай.
Соны айтып, қайтадан теңізге көз жіберді. Генерал
Макартур да теңізге қарап отырған... Қашан еді? Кеше ғана ма? Әлде бұрнағы күні ме? Ол да дәлме-дәл осылай: "Бұл ақырғы дем!" деген. Бой ұсына, әлденеге қуанғандай боп айтқан...
Бірақ ақырғы дем жайындағы ойдың өзі Вераның көңілін алай-түлей етіп жіберді. Жо-жоқ, ол өлмейді, ондай жағдай болмайды. Вера суда жатқан адамға көз тікті.
— Бейшара дәрігер Армстронг! - деді ол
— Өйдойт деген-ай! - деді Ломбард келемештей дауыс созып. — Әйел табиғатына тән аяушылық білдіру ме бұл?
— Аяушылық білдірсе несі бар? - деді Вера. — Өзіңізде аяушылық сезім жоқ па бұған?
— Басқаға болса да, сізге жоқ. Менен аяушылық күтпей-ақ қойыңыз.
Вера қайтадан мәйітке көз салды.
— Мәйітті мына жерде қалдыруға болмайды. Оны үйге апару керек.
— Құрбандықтың бәрін бір жерге жинау үшін бе? Тәртіпке келтіру үшін бе? Маған салсаңыз, осылай жата берсін - оған қайғыратын мен жоқ.
— Ең болмаса, жоғарырақ көтеріп қояйық та, толқын шайып кетпесін.
— Мейліңіз, - деп күлді Ломбард.
Еңкейіп, мәйітті өзіне қарай тартты. Жүрелей кеткен Вера оған жәрдемдесіп жатты.
— Жеңіл жұмыс емес. - Ломбард ентіге дем алып тұрды.
Ақыры оларға мәйітті судан шығарып алудың сәті түсті.
Ломбард бойын тіктеді.
— Қалай, енді ризамысыз? - деп сұрады ол
— Әбден, - деді Вера.
Қыздың қатқылдау үнінен Ломбард секем алып қалды. Вераға қарай бұрылды, бірақ қолын қалтасына апара бергенде-ақ револьвердің орнында жоқтығын түсіне қойды. Вера екі метрдей жерде оған револьверді кезеніп тұр еді.
— Е-е, әйелдің бауырға деген жан ашырлығының себебі осында екен ғой! -деді Ломбард. — Қалтама түсуді көздеген екенсіз ғой?
Вера басын изеді. Қолындағы револьвер қыл елі қалт еткен жоқ.
Өлім тым жақында тұрған. Бұрын ешқашан бұлайша жақын келмеген. Бірақ Филипп Ломбардтың оған тізе бүкпек ойы жоқ-ты.
— Әкеліңіз револьверді! - деп әмір етті ол
Вера күліп жіберді.
— Қане, беріңіз оны маған! - деді Ломбард.
Қандай амал қолдану керегін ойша жедел сараптай бастады. Не істеу керек? Оны қалай жібітуге болады? Алдарқату керек пе? Үрейін сейілту керек пе? Әлде револьверді қолынан жұлып алған жөн бе? Бүкіл өмірін Ломбард тәуекелге бел байлаумен өткізген. Онысын өзгертуге енді кеш.
— Әңгіме былай, көгершінім, сізге айтарым... - деп бастады ол әр сөзін нақпа - нақтап. Бірақ, сөзін аяқтап болмастан қызға тап берді.
Қабылан да, жолбарыс та ондай жылдам атылмас... Вера шүріппені ойланбастан басып қалды... Оқ Ломбардты көктеп өтті де, анау гүрс етіп тасқа құлап түсті.
Шүріппеден саусағын айырмаған күйі Вера сақтана басып оның қасына жақындады. Босқа жасалған сақтық еді. Ломбард өліп кеткен болатын — оқ жүрегін жарып өткен.
2
Жеңілдік, адам айтса сенгісіз, айтып жеткізгісіз жеңілдік - міне, Вераның сезінгені осы еді. Бітті, бәрі тәмам. Енді ешкімнен қорықпауына, ешкімнен таяныш іздемеуіне болады... Аралда жалғыз қалды. Тоғыз мәйітпен бірге жалғыз өзі ғана қалды. Қалса несі бар? Өзі тірі ғой, әйтеуір!.. Ол өзін шектен тыс бақытты және алабөтен алаңсыз сезініп, теңіз жағасында отырды да қойды... Енді қорқатын ешкім жоқ-ты.
3
Вера ақыры үйге қайтып оралуға оқталған кезде күн батып бара жатқан. Қуаныш жүрегін кернеп кеткені сонша, ерік күшінен айырылып қалды. Ойпырай десеңші — енді оған қауіп төндіріп тұрған ешкім жоқ. Осынау ғажайып сезімнен жаны керемет рақат тапты.
Тек шамалыдан кейін ғана сұмдық қарны ашып, ұйқысы келіп тұрғанын сезді. Бірақ әкетіп бара жатқаны - ұйқы болатын. Төсекке сүңгіп кетіп, ұйықтай берсе, ұйықтай берсе, ұйықтай берсе, шіркін!.. Ертең қайық келмес деймісің ақыры, өзін құтқармас деймісің? Шындығына келгенде, оған енді бәрібір. Келсе келер, келмесе келмес - ол осында қала беруге де қарсы емес. Әсіресе, қазір, аралда жан баласы қалмаған шақта. Мұнда сондай жанға жайлы тыныштық...
Орнынан тұрып, үй жаққа көз жіберді. Оған енді қорқатын ештеңе қалған жоқ! Неден қорықпақ! Бұл да кәдімгі үй, тұрмысқа жайлы, қазіргі заманғы. Бірнеше сағат бұрын мұның сырт көрінісінен - ақ үрейі ұшқанын еске алудың өзі күлкілі... Қорқыныш... бұл сондай жұмбақ сезім... Бірақ, қорқыныш атаулының бәрі кейінде қалды. Ол жеңіске жетті... ең қатерлі қауіптен құтылды. Дұшпаннан кек қайтарарлық тапқырлық та, ептілік те табылды бойынан.
Үйге қарай көтеріле бастады. Күн теңізге қонақтады, аспанды алқызыл отты жолақтар торлады. Керемет әдемі көрініс, жанға жайлы тыныштық...
"Бұл сұмдықтарды түсімде көрген жоқ па екем өзі?" деп ойлады Вера.
Ол сондай шаршаған еді... Сілесі қатып, қалжыраған. Тұла бойы түгел қақсап, көзі өз-өзінен жұмыла береді. Қорқатын дәнеңе жоқ оған... Ұйықтайды. Ұйықтай береді... ұйықтай береді... ұйықтай береді... Алаңсыз ұйықтайды: өйткені, аралда өзінен басқа жан баласы жоқ.
Соңғы негр баласы шаршады, тыныс алған жоқ...
Вера езу тартты. Үйге кірді. Мұнда да тыныштық орнаған, бой үйренбеген тосын тыныштық. "Әр бөлме сайын дерлік бір-бір өліктен жатқан үйде ұйықтауға басқа уақытта тәуекелім тұрмас еді", деп ойлады ол Әлде әуелі ас үйге барып тамақ ішіп алғаны дұрыс па? Жоға, қажет емес. Неғылады тамақты. Діңкесі құрып, құлаудың аз-ақ алдында тұр... О л асхана есігі жанынан өтті. Үстелде әлі үш мүсінше тұр еді.
— Артта қалып қойыпсыздар, кішкентай достарым, - деді ол күліп, сосын екі негр баласын терезеден лақтырып жіберді. Сынықтары тас төселген алаңқайға шашылып кетті. Үшінші негр баласын қолына қыса ұстап алған ол: — Жүр менімен бірге! Біз жеңдік, балақай! Жеңдік! — деді.
Холды батар күннің солғындау шапағы жарық қып түр еді. Негр баласын қолына қыса ұстап алған ол баспалдақпен жоғары көтеріліп бара жатты. Аяғын әзер көтеріп, жыбырлай қозғалып бара жатты.
Соңғы негр баласы шаршады, тыныс алған жоқ...
Санамақ қалай аяқталушы еді? Иә-иә: "Ол үйленгелі кетті, басқа ешкім қалған жоқ".
Үйлену... Қызық, оған тағы да Хьюго осында, үйде секілді көрініп кетті... Иә, бұл рас. Ол жоғарыда күтіп отыр.
— Жоқты соқпа, - деді Вера өзіне. — Сілең құрып шаршадың, мұның бәрі ой-қиялыңның ойыны.
Ол баспалдақпен жаймен жылжып келе жатты. Алаңшада револьвер қолынан сусып түсіп кетті, құлаған дыбысын қалың кілем құмықтырып тастады. Револьверден айырылғанын Вера байқаған жоқ. Есіл-дерті фарфордан жасалған негр баласында болатын. Үйдің іші қандай тып - тыныш! Оған үйде біреу бар секілді көрінеді де тұрады, ол несі екен? Бүл Хьюго ғой, ол өзін жоғарыда күтіп отыр...
Соңғы негр баласы шаршады, тыныс алған жоқ...
Соңғы шумақта не жайында айтылатын еді? Ол үйленгелі кетті, делінетін бе еді? Жоқ, жоқ... Міне, есігінің алдына да келді. Хьюго онда өзін күтіп отыр - бұған зәредей күмәні жоқ.
Ол есікті ашты... Таңғалғаннан дауысы шығып кетті... Ана ілмекте ілулі тұрған немене? Дайын тұзағы бар арқан солмаса неғылсын? Астында орындық тұр - бұл соған шығуы керек, сосын оны аяғымен итеріп жіберуі керек... Ә - ә, Хьюго осылай істегенін қалайды екен ғой... Иә, санамақтың соңғы жолында тап солай делінген:
Барды да өлді асылып, енді ешкім қалған жоқ.
Фарфордан жасалған негр баласы қолынан түсіп кетті, еденмен домалап барды да, каминнің торына соғылып быт - шыт болды.
Вера ойланбастан алға қарай адым аттады. Міне, ақырғы дем - оны Сириллдің мұздай дымқыл қолы кеңірдегіне жанасқан жерде алмағанда қай жерде алуға болар еді.
Жүзіп бара ғой жартасқа, Сирилл, рұқсат етем.
"Кісі өлтіруден артық оңай нәрсе жоқ! Бірақ, кейін... кейін бұл жайындағы естелік өмір бойы ойыңнан кетпейтін болады..."
Вера орындыққа шықты, көзі айкезбенің көзіндей кең ашылып кеткен еді... Тұзақты мойнына салды. Мұның өз парызын орындап шығуын Хьюго бақылап тұр, — ол күтіп тұр.
Вера орындықты итеріп жіберді...
ЭПИЛОГ
— Мұндайдың болуы мүлдем мүмкін емес! - деп күйіп — пісті сэр Томас Легг, Скотланд-Ярд комиссарының көмекшісі.
— Дәп солай, сэр, — деп ізет білдіре жауап қатты инспектор Мейн.
— Аралдан он мәйіт табылған — басқа бірде-бір тірі жан иесі жоқ, дейді. Ақылға сыйымсыз сандырақ!
— Әйткенмен, бұл шындық, — деді инспектор былқ етпей.
— Қарғыс атқыр, оларды кім өлтіріп кеткен сонда? - деді сэр Томас Легг.
— Міне, тап осы жұмбақты шешуге талпынып жатырмыз, сэр.
— Медициналық сараптаманың көмегі болмады ма?
— Болған жоқ, сэр. Уоргрейв пен Ломбардты атып кетіпті. Уоргрейвті — бастан, Ломбардты — жүректен атқан. Мисс Брент пен Марстон цианды калиймен уланудан, ал миссис Роджерс — ұйықтататын дәрінің коп мөлшерін ішуден өлген. Роджерсті балтамен бастан шапқан, Блордың басы мыжылып қалған. Армстронг суға кеткен. Генерал Макартурды желкеден ұрып, бас сүйегін уатып жіберген. Вера Клейторн тұзақтан табылды.
Комиссардың көмекшісі қабағын шытты:
— Бүкпесі көп іс екен. — Ойын тиянақтағандай боп үнсіз отырып қалды, сосын қайтадан инспектор Мейнге дүрсе қоя берді: — Стиклхевн тұрғындарынан ештеңе сұрап біле алмадыңыз ба? Олардың дым ештеңеден хабарсыз болуы мүмкін емес қой!
Инспектор Мейн иығын қомдап қойды:
— Онда балықшылар тұрады, сэр, қарапайым, қанағатшыл адамдар. Олар аралды әлдебір мистер Оним дегеннің сатып алғанын ғана біледі, — бар-жоғы сол ғана.
— Бірақ, аралға азық-түлік жеткізетін, қонақтардың келуіне үйді әзірлеп қоятын біреулер болуға тиіс емес пе.
— Бұл іспен Моррис айналысқан. Айзек Моррис дейтін біреу.
— Ол не айтады?
— Ештеңе айтпайды, сэр, жақында жантәсілім етіпті.
Комиссардың көмекшісі қабағын түйіп алды.
— Моррис жайында біз бірдеңе білеміз бе?
— Білгенде қандай, сэр, білеміз, әрине. Барып тұрған жырынды болатын. Үш жыл бұрын Беннито аферасына қатысты — есіңізде ме, сонда олар акциялар бағасын шырқатып жіберген еді ғой? Бірақ, бұған ат салысқанын дәлелдей алмадық. Сондай-ақ, ол есірткіге байланысты әне бір қылмысқа да үлес қосты. Тағы да ештеңе дәлелдей алмадық. Моррис аман құтылудың айла-шарғысына шебер еді.
— Негр аралын сатып алу жөніндегі келіссөзді сол жүргізген бе?
— Иә, сэр, бірақ аралды аты-жөнін атауды хош көрмеген клиент үшін сатып алатынын жасырмаған.
— Қаржы-қаражат қағаздарын неге қопарыстырмайсыз, бәлкім, бірдеңе іліктірер ме едіңіз?
Инспектор Мейн езу тартты:
— Морристі жақсы білсеңіз, сэр, басыңызға мұндай ой ешқашан келмеген болар еді. Ол цифрларды құбылта білетін, елдегі ең білгір сарапшылардың өзін шатастыра алатын. Беннито ісінде одан көресіні көрдік қой. Бұл жерде де із тастамапты, ал оны кім жалдағанын әлі анықтай алмай жатырмыз.
Томас Легг күрсінді:
— Моррис Стиклхевнге келеді, шаруашылыққа қатысты істердің бәрін реттейді. Мистер Онимнің атынан әрекет жасап жүргенін айтады. Мистер Онимнің қонақтары бәс тігіп, аралда бір апта жататын болды, сондықтан олар қандай сигнал бермесін, оған көңіл бөлмеу керек, дегенді Стиклхевн тұрғындарына айтып түсіндіреді.
Сэр Томас Легг креслосында ырғалақтап алды.
— Олай болса, жергілікті тұрғындар бұған ешқандай күдік келтірген жоқ дегіңіз келе ме маған, Мейн?
Мейн иығын қиқаң еткізді:
Сэр, Негр аралы бұрын жас америкалық миллионер Элмер Робсонның иелігінде болғанын ұмытып отырсыз. Ол қонақтарымен бірге онда қандай жынойнақ жасамады дейсіз! Стиклхевн тұрғындарының көзі атыздай болған-ды. Бірақ келе-келе бәріне көндігесің, бұл аралда адам айтса сенгісіз нәрселер болып жатуға тиіс деген ойға олардың да еті үйреніп кетті. Бұл тұрғыда оларды түсінуге әбден болады.
Сэр Томас Леггтің келіспейтін амалы қалмады.
— Фред Нарракотт — қонақтарды аралға алып барған сол еді — көңіл аударуға тұрарлық бір сөз айтты. Қонақтардың пошымы өзін қайран қалдырғанын құлақ-қағыс етті. "Мистер Робсонда бас қосатын жамағат бұларға мүлдем ұқсамайтын", деді. Меніңше, Моррис әміріне құлақ аспай, SOS сигналы бойынша оларға көмекке аттануына бұлардың тап осындай қарапайым, елеусіз жандар болғаны септігін тигізсе керек.
— Нарракотт пен оның жолдастары аралға қашан барып жетті?
— Он бірі күні таңертең SOS сигналын скауттар тобы байқаған. Алайда аралға барудың ешқандай мүмкіндігі жоқ-ты. Нарракотт онда тек он екісі күні түсте ғана жеткен. Жергілікті тұрғындар бұған дейін аралды тастап шығар мүмкіндік ешкімде болмағанын айтып отыр. Дауылдан кейін теңіз әлі де ұзақ буырқанып жатыпты.
— Ал одан байқатпай жүзіп шығуға болатын ба еді?
— Аралдан жағалауға дейін бір жарым шақырымдай, оған қоса теңіз тыншу таппай тұрған, толқын жағалауды тынымсыз соққылап жатқан. Ол өз алдына, жағадағы жартастарда скауттар мен балықшылар түр еді — олардың екі көзі аралда болатын.
Сэр Томас Легг күрсініп алды.
— Айтпақшы, ана үйден табылған пластинканың жайы қалай? Бәлкім, соның көмегі тиіп қалар бізге?
— Бұл мәселені зерттегем, сэр, — деді инспектор Мейн. — Пластинканы театр мен киноға реквизит дайындайтын фирма шығарыпты. Айзек Морристің өтініші бойынша, А.Н.Онимге, эсквайрға жіберіліпті. Жарияланбаған пьесаның әуесқойлық қойылымына арнап берілген тапсырыс ретінде қабылданған. Машинкаға басылған мәтін пластинкамен бірге қайтарылған.
— Ал мәтіннің өзі сізге ешқандай ой салмады ма? - деп сұрады сэр Томас Легг.
— Енді осы пунктке көшейін, сэр. — Инспектор Мейн тамағын кенеді. — Пластинкадағы мәтінде айтылған айыптауларды қолдан келгенінше барынша мұқият тексердім. Роджерстерден бастадым — олар аралға бірінші боп келген еді. Ерлі-зайыпты Роджерстер мисс Брейди дейтін бір әйелде малайлықта болыпты. Мисс Брейди коп ауырмай дүние салған. Оны емдеген дәрігер пәлендей ештеңе айта алмады. Арадағы әңгімеден Роджерстер өз бибісін улап өлтірді деуге ешқандай негіз жоқ деген қорытындыға келдім. Олар науқасты күтуге немқұрайдылықпен қараған тәрізді, басқаша сөзбен айтқанда, күдік келтіруге боларлық жайлар бар. Бірақ мұндай күдік келтіру орынды ма — оны дәлелдеу мүлдем мүмкін емес.
Келесісі — сот Уоргрейв. Оған ешқандай кінә таға алмайсың. Ол Ситонды дар ағашына аттандырды. Бірақ Ситон, шын мәнінде де, күнәкар еді, бұған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Рас, оған тағылған айып-кінәнің бұлтартпас айғақтары ол өлім жазасына кесілгеннен кейін көп жылдан соң табылды. Бірақ іс сотта қаралған кезде он адамның тоғызы Ситонды кінәсіз деп тапқан және соттың одан өш алып отырғанына сенімді болған.
Вера Клейторнның кішкентай бала суға кетіп өлген отбасында күтуші болғанын анықтадым. Бірақ мұнда оның кінәсі жоқ секілді. Мұны аз десек, баланы құтқарып қалуға талпынған — қуып жетпек боп суға секірген, ағыс оны ашық теңізге алып кеткен, сөйтіп өзі ажал таба жаздап шақ қалған.
— Айта беріңіз, Мейн, - деді Легг тереңірек тыныс алып.
— Дәрігер Армстронгқа көшейін, - деді Мейн. — Әжептәуір танымал тұлға. Харли-стритте кабинеті бар. Білгір де сенімді дәрігер деген абырой-беделге ие. Жасырын операция жасағаны жөнінде ешқандай дерек жоқ, алайда 1925 жылы, Лейтморда, Клиис деген әулет есімдегі науқасқа, шынында да, операция жасаған — сол тұста ол сондағы ауруханада жұмыс істепті. Науқастың диагнозы перитонит екен, сол арада, операция үстелінде, дүние салыпты. Армстронгтың операцияны ойдағыдай жасамауы да ықтимал, өйткені бүл іске енді ғана машықтана бастаған еді, алайда олақтық пен қылмыс тым алшақ ұғымдар ғой. Анығы біреу: онда бүл әйелді өлтірерліктей ешқандай себеп болған жоқ.
Одан әрі — Эмили Брент. Беатриса Тейлор өзінде күтушілік қызмет атқарыпты. Ол екіқабат болып қалыпты да, көрі қыз оны көшеге қуып салыпты, тығырыққа тірелген қыз суға кетіп өліпті. Қатыгез қылық, алайда қылмыс деп танырлық әрекет мұнда да жоқ.
— Міне, мәселе қайда, - деді сэр Томас Легг. — Мистер Онимді, шамасы, жауапқа тартуға болмайтын қылмыстар ғана қызықтырған боп шықты той.
Мейн сабырлы қалпынан ауытқымай, одан әрі санамалай берді:
— Марстон есімді жас жігіт машинаны құйындата айдауды ұнататын. Жүргізуші куәлігінен екі мәрте айрылған болатын, ал, өз пікірімше, оған машина айдауға ада-жүдә тыйым салу қажет еді. Басқадай қылмыс жасағаны тіркелмеген. Джон және Люси Комбс — Марстон Кембридж маңайында басып кеткен балалар. Дос-жараны оны ақтап жауап бергендіктен, айыппұл төлеумен ғана құтылған.
Ал генерал Макартурға қатысты бірдеңе іздеп табу тіптен мүмкін болмады. Қызметін мүлтіксіз атқарып жоғары өрлеумен болған, майданда жүректілік танытқан... тағысын тағылар. Артур Ричмонд оның қол астында Францияда қызмет атқарған, барлауға жіберіліп, қаза тапқан. Генерал екеуінің арасында ешқандай егес орын алмаған. Бүл аз десек, екеуі жақсы дос болған. Ол кезде көп адамның тарапынан өкінішті қателіктер кетті — командирлер адамдарды босқа құрбан етті. Сірә, осындай ағаттық туралы айтылса керек.
— Әбден мүмкін, - деп келісті сэр Томас Легг.
— Филипп Ломбардқа келейік. Ол, негізінен шет елдерде, көптеген күмәнді іспен айналысқан. Бір рет пе, әлде екі рет пе түрмеге түсе жаздап шақ қалған. Ештеңеден қаймықпайтын, қайтпас қайсар адам деген аты шыққан. Әлдебір алыс түкпірлерде адам өлтіруді, өлтіргенде де қырып салуды бұйым ғұрлы көрмейтіндер қатарынан.
— Енді Блордың жайын айтайын. — Мейн мүдірді. — Еске сап қояйын, Блор бізге әріптес болған адам.
Комиссардың көмекшісі креслода ырғалақтап қалды.
— Блор алаяқ біреу болатын! - деп ақырып жіберді ол
— Соған көзіңіз анық жете ме, сэр?
— Оған қашан да күдікпен қарайтынмын. Бірақ әрдайым құтылып кетіп жүрді. Ландордың ісі бойынша Блордың жалған куәлік еткеніне кәміл сенімдімін. Тергеу нәтижесі мені қанағаттандырған жоқ. Алайда айыбын дәлелдейтін ешқандай дерек таба алмадым.. Харриске Ландордың ісімен айналысуды тапсырғам, ол да ештеңе таппады. Солай бола тұрғанымен, өз пікірімде қала берем: істі дұрыс жүргізе білгенде Блордың айыбын дәлелдер едік. Оның алаяқ біреу болғандығы күмәнсіз. — Сэр Легг аз-кем үнсіз қалды да, былай деді: — Айзек Моррис жантәсілім етті, дедіңіз бе? Ол қашан өлген сонда?
— Осындай сұрақ қоярыңызды білгем, сэр. Моррис сегізінші тамызға қараған түнде жан тапсырыпты. Менің ойымша, ұйықтататын дәрінің көп мөлшерін ішкен. Мұнда да ешқандай дерек жоқ: өзін-өзі өлтірушілік пе әлде жазатайым болған жағдай ма — анықтау қиын.
— Бұл турасында не ойлайтынымды білгіңіз келе ме? - деп сұрады Легг.
— Шамалап отырмын, сэр.
— Айзек Моррис өте бір қолайлы сәтте өлген.
Инспектор басын изеді:
— Сіз де тап осындай ойда болады ғой деп жобалағам.
Сэр Томас Легг үстелді жұдырығымен қойып қалды:
— Мұның бәрі адам сенгісіз, ақылға сыйымсыз нәрсе! Он адам мұхиттың ортасындағы жалаңаш жартаста мерт болған, ал біз оларды кім өлтіргенін де, неге және қалай өлтіргенін де білмейміз.
Мейн жөткірінді.
— Бұл сөзіңізге қосыла алмаймын, сэр. Бүл адамның кісілерді не үшін өлтіргенін білмей отырған жоқпыз, білеміз. Оның әділдік идеясы негізінде ауыш боп кеткен маньяк екенінде күмән жоқ. Заң құрығына ілікпейтін адамдарды іздеп табу үшін ол қыруар еңбек сіңірген. Сөйтіп, солардың ішінен он адамды таңдап алған: олар айыпты ма әлде айыпты емес пе — бұл бізге бәрібір...
Комиссардың көмекшісі тағы да ырғалақтады.
— Бәрібір, дейсіз бе? - деп инспекторды бөліп жіберді. — Ал, меніңше... — Ол мүдіріп қалды. Инспектор ізетпен тосып отырды. Легг күрсініп, басын шайқады. — Айта беріңіз, - деді ол. — Суыртпақтың бір ұшын ұстағандай болғам. Осы қылмыстардың құпиясын ашып беретін суыртпақты. Бірақ қолма-қол айрылып қалдым. Сөйтіп, не жөнінде айтып жатыр едіңіз, Мейн?
— Сонымен, осы он адам өлім жазасына лайық болатын, — осылай делік. Олар осы жазаны алды. А.Н.Оним міндетін орындады. Қалай ебін тапқанын білмеймін, бірақ ол бізге беймәлім жағдайда аралдан ғайып болды, жер жұтып кеткендей жоғалды.
— Иә, кез келген көзбайлаушы қызғанар еді. Бірақ білесіз бе, Мейн, бұл хикаяның ақиқат шындық боп табылатын түсіндірмесі болуға тиіс қой.
— Қателеспесем, сэр, егер бұл адам аралда болмаса, онда ол аралды тастап та кете алмайды деген ойға тіреліп тұрсыз ғой деймін, ал құрбандықтар қалдырған жазбаларға қарағанда, шын мәнінде де, ол адам онда болмаған. Бұдан туындайтын жалғыз ғана көңілге қонымды түсіндірме: жендет — сол онның бірі.
Сэр Томас Легг басын изеді. Мейн әңгімесін әрмен жалғады:
— Мұндай жорамал бізде де болған. Біз оны тексердік. Негр аралында не болып, не қойғаны жөнінде біраз нәрсе білетінімізді айтып қояйын. Вера Клейторн күнделік жазды, Эмили Бренттің де күнделігі бар. Уоргрейв қарт сот хаттамасының қасаң тілімен жазылған, бірақ кей жағдаяттың жай-жапсарын анықтай түсуге септігі тиетін жазба қалдырыпты. Блордың да жазбасы бар. Бұл жазбалардағы фактілер бір-біріне дәл келеді. Олар мынадай кезекте мерт болған: Марстон, миссис Роджерс, генерал Макартур, Роджерс, мисс Брент, сот Уоргрейв. Соттың өлімінен кейін Вера Клейторн күнделігіне Армстронгтың түн ортасында үйден кетіп қалғанын, ал Блор мен Ломбард оның соңынан жүгіргенін жазып қойыпты. Блордың қойын дәптерінде: "Армстронг ғайып болды", деген жазу бар, бұл шамасы, әлгіден біраз кейін жазылса керек. Осы жағдаятгардың бәрін қарастырып шыққаннан кейін құпияның шешуі өзінен-өзі сұранып тұрғандай болады. Армстронг, есіңізде болар, суға кетіп өлген еді. Егер ол есі ауысқан біреу болса, онда тоғыз адамды бірінен соң бірін мүрдем кетіріп, артынан жартастан теңізге құлап өзін-өзі өлтіруіне болатын еді ғой. Ал менің ойымша, оның жағалауға жүзіп барғысы келген сияқты.
Тәп-тәуір жорамал бірақ тексеруге мүлдем жарамсыз. Түкке алғысыз деуге болады. Біріншіден, сот дәрігерінің берген жауабымен санаспау мүмкін емес. Ол аралға он үші күні таң ата барды. Бірақ бізге көрсеткен көмегі мардымсыз болды. Бар айтқаны тек: бүл адамдар кем дегенде отыз алты сағат бұрын, бәлкім, тіпті одан да бұрын жазым болған, деді. Армстронг турасында бұдан әлдеқайда нақтылау тұжырым жасады. Оның мәйіті суда сегіз - он сағаттай болған, сосын оны толқын жағаға лақтырып тастаған, деді. Бұдан: Армстронг онынан он біріне қараған түнде суға кеткен, дейтін қорытынды шығады, неліктен солай екенін қазір дәлелдеп берейін. Біз толқынның мәйітті қай жерге әкеп тастағанын анықтадық: ол екі тастың арасына қыстырылып қалыпты - ол тастардан ағза бөлшектері, шаш және тағы басқа осындай нәрселер табылды. Шамасы, теңіздің шалқуы мәйітті ол жерге он бірі күні күндізгі сағат он бірлерге таман шығарып тастаса керек. Одан соң дауыл басылды - келесі шалқу әлгіндей биіктікке көтерілген жоқ.
Армстронг ана үшеуін өзі суға кетіп өлгенге дейін-ақ жер жастандырды, деген дау айтуыңыз мүмкін. Бірақ ескеріп елемеуге болмайтын бір қайшылық бар. Шалқу деңгейі Армстронг мәйітін тапқан жерімізге жетпеген. Теңіздің шалқуы мұншалық биік көтерілмеген. Оған қоса ол екі қолы екі жанында ұзынынан түсіп жатыр, егер оны ол жерге шалқу шығарып тастаса ешқашан бұлай жатпас еді. Бұл ең соңынан өлген адам Армстронг еместігінің бұлтартпас айғағы.
Мейн тынысын тереңнен алып, сөзін жалғады.
— Осы фактілерді ескере отырып, әрмен барайық. Сонымен, он бірі күні таңертең аралдағы ахуал қандай болған еді? Армстронг "ғайып болды" (суға кетті). Демек, үш адам ғана тірі қалды, олар: Ломбард, Блор және Вера Клейторн. Ломбард револьвермен атып өлтірілген. Оның мәйітін Армстронг денесі жанынан таптық. Вера Клейторн өз бөлмесінде арқанға асулы тұрған жерінен табылды. Блор үйдің алдындағы алаңқайда жатты. Басын дығал мәрмәр мыж-мыж ғып тастапты: мәрмәр кесегі оның төбесіне жоғарыдағы терезеден құлаған деуге толық негіз бар.
— Қай терезеден? - деп елең ете қалды Легг. — Кімнің бөлмесінен?
— Вера Клейторнның бөлмесінен. Ал енді, сэр, осы оқиғалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайын. Филипп Ломбардтан бастайын. Айталық, ол мәрмәр кесегін Блордың төбесінен тастап жіберді, сосын қыздың сусынына есірткі қосып беріп, оны тұзаққа ілді, одан соң теңіз жағасына барып, сол жерде револьверден атылып өлді, дейік. Бірақ, ондай жағдайда револьверді кім алған боп шығады? Өйткені, револьверді үйден, Уоргрейв бөлмесі табалдырығынан таптық қой.
— Онда кімнің саусағының таңбасы бар екен?
— Вера Клейторнның.
— Ендеше, бәрі айдан анық емес пе...
— Не айтқалы отырғаныңызды түсінем, сэр. Мұны істеген Вера Клейторн екенінде ешқандай шүбә жоқ. Ол Ломбардты атып өлтіреді, револьверді алып үйге келіп, Блордың басына мәрмәр кесегін тастап жібереді, сосын өзі асылып қалады. Осылай болуы әбден мүмкін еді.Бөлмесіндегі бір орындықтың отырғышына балдырдың қиқымы жабысып қалыпты, туфлиінің табанынан табылған қиқыммен дәлме-дәл бірдей. Ол орындыққа шығып, тұзақты мойнына іліп, орындықты итеріп жібергенге ұқсайды.
Бірақ, мұнда да бір кілтипан бар: егер Вера орындықты итеріп жіберген болса, ол еденде құлап жатар еді. Ал бұл орындық қабырға жанындағы басқа орындықтармен бір қатарда тұр. Демек, Вера Клейторнның өлімінен соң біреу оны тұрғызып, қабырға жанына апарып қойған.
Енді Блор ғана қалды. Егер сіз маған Ломбардты өлтіріп, Вераны тұзаққа асылуға мәжбүр еткеннен кейін ол үйден шығып, алдын-ала байлап қойған жібінен тартып қалып немесе басқадай бір әдіспен төбесіне мәрмәр кесегін құлатты, дейтін болсаңыз, бүл сөзіңізге сенбес едім. Мұндай жолмен ешкім өзін-өзі өлтірмейді және Блордың өзі де ондай адам емес еді. Басқа білмесе де, Блорды біз білеміз ғой: әділдік орнатуға жан-тәнімен құштар адам ол емес.
— Дұрыс айтасыз, - деді Легг.
Инспектор сөзін сабақтады:
— Олай болса, сэр, мұның өзі аралда тағы біреудің болғанын аңғартады. Барлығы тегіс тәмам болғаннан кейін бәрін ретке келтірген де сол "біреу". Бірақ осы күндердің ішінде ол қай жерде тығылып жүрді және қайда қашып кетті? Стиклхевн тұрғындары қайық барып жеткенше аралдан ешкімнің де шығып кете алмағанына кәміл сенімді. Олай болса... — Ол мүдіріп қалды.
— Не — олай болса? - деді сэр Томас Легг.
Инспектор күрсінді. Басын шайқады. Комиссардың көмекшісіне қарай еңкейді. Сосын:
— Олай болса, оларды кім өлтірген? - деп сұрады.
СКОТЛАНД-ЯРДҚА "ЭММА ДЖЕЙН" БАЛЫҚ
АУЛАЙТЫН КЕМЕ КАПИТАНЫ
ЖІБЕРГЕН ҚОЛЖАЗБА
Болмыс - бітімімде қарама-қайшылық көп екенін жас кезімде - ақ аңғарғам. Романтикаға өмір бойы тамсанумен келе жатқанымды ең алдымен айтып қойғым келеді. Балалық шақта есім кете оқыған шытырман оқиғалы романдардағы романтикалық тәсілге, — маңызды құжатты бөтелкеге салып, аузын тас қып бекітіп теңізге тастайды, - керемет сүйсінуші едім. Сол сүйсінісім күні күнге дейін сақталды — міне, жан сырымды жазып, оны бөтелкеге салып, аузын тас қып бекітіп, толқындарға табыс етуге шешім қабылдап отырғанымның себебі де осында. Жан сырымның қолға тиетініне жүзден бір ғана мүмкіндік бар, ал тие қалса (бәлкім, мұндай үмітпен өзімді-өзім босқа алдандырып отырған да шығармын), Негр аралының осы күнге дейін жабулы жатқан құпиясы ашылмақ.
Мені тамсандырған тек романтика ғана емес-ті. Тірі жан иелерінің жан тапсырғанын қызықтауға керемет құмартатынмын, оларды өлтіргенде айызым қанатын. Бау-бақша зиянкестерін қырып салуға құштар едім.... Өлтіруге деген ынтызарлық маған бала кезден мәлімді. Сонымен қабат, менің бойымда әлгіге мүлдем қарама-қайшы - әділдік орнатуға деген ерен құлшыныс та бар-тын. Менің қырсығымнан кінәсіз адам ғана емес, тіпті тілсіз хайуанның өзі өлім табуы мүмкін-ау деген ойдан тұла бойым түршігетін. Қашан да әділдіктің үстемдік етуін көксейтінмін.
Неліктен заңгер болуға ұйғарым жасағаным, — басқалардан гөрі, әсіресе, психологиядан хабары бар адамдарға, — түсінікті ғой деп ойлаймын: бұл менің мінез-құлқымның сиқына сай келетін таңдау еді. Заңгер мамандығы барлық дерлік ой-арманыма орайласа кетті.
Қылмыс пен жаза мені бейтарап қалдырмайтын. Тыңшылар мен қылмыстар жайындағы не қилы романдарды әманда қызыға оқитынмын. Құр әншейін уақыт өткізу мақсатында кейде кісі өлтірудің аса күрделі әдіс - тәсілдерін ойлап табумен айналысатынмын.
Сөйтіп, ақыры сот қызметін атқаруға кіріскенімде мінез-құлқымның осы кезге дейін бұғып жатқан тағы бір қыры бой көрсетті. Сотталушы сәкісінде отырған бейшара қылмыскердің сазайын тартар кез жақындап қалғанын, құтылар амал жоқтығын сезе тұра одан жалтарып кетуге жан салатынын бақылау мені айтып - жеткізгісіз жан рақатына бөлейтін. Алайда, естеріңізде болсын: айыпсыз адамның сотталушы сәкісінде отырған түрі маған ешқашан қуаныш әкелмейтін. Екі рет пе әлде одан да коп пе, айыпкердің кінәсі жоқтай көрінген кезде істі жауып тастағаным бар: бүл істе қылмыс құрамы жоқтығын қазылар алқасына дәлелдеп бере алдым. Әйткенмен, кісі өліміне қатысты істер бойынша жауапқа тартылған айыпкерлердің басым көпшілігі полицейлердің іскерлігі арқасында шын мәнінде де кінәлі боп шығатын.
Эдвард Ситонға қатысты істе де солай болды. Рас, оның түр әлпеті мен өзін-өзі ұстауы жалған эсер қалдыратын, сөйтіп ол қазылар алқасының ілтипатын өзіне аударып алды. Әйтсе де, онша мықты болмағанымен, мейлінше нақты айғақтар және сот қызметінде жиған тәжірибем оның тағылған айыпқа сай қылмыс жасағанына, атап айтқанда, өзіне қалтқысыз сенім білдірген қартаң әйелді өлтіргеніне көзімді анық жеткізді.
Адамдарды дар ағашына қымс етпей аттандыратын сот деген атым шықты, бұл өте әділетсіз таңылған атақ еді. Қазылар алқасына беретін ақыл-кеңесім қашан да барынша әділ әрі риясыз болатын. Сонымен бірге, қызыл тілге шебер кей адвокаттың жалынды сөздері арқылы қазылар аяушылығын тудыруына жол бере алмайтынмын. Қашан да олардың назарын қолымызда бар айғақтарға аударып отыратынмын.
Соңғы жылдары мінез-құлқыма өзгеріс ене бастағанын байқадым: өз еркіме өзім ие болудан қалдым — үкім шығарумен ғана шектеліп қоймай, оны өзім орындасам деген құштарлық пайда болды. Өз қолыммен - несін жасырам - кісі өлтіргім келді. Мұны өз болмыс бітімімді паш етуге деген құштарлық деп білдім, ал мұның әрбір суреткерге етене тән қасиет екені мәлім. Ал мен өз саламдағы — қылмыс саласындағы — суреткер едім, дәлірек айтқанда, сондай бола алатынмын. Сөйтіп, ой-қиялыма билік жүргізуден қалдым. Осы кезге дейін оны тізгіндеп отырғам: өйтпесем, бұл құштарлығым қызметіме кедергі келтіретін.
Маған қайткен күнде де, әйтеуір... кісі өлтіру қажет болды! Онда да жай әншейін әдеттегіше өлтіре салу емес. Бұрын-соңды болмаған, құлақ естіп, көз көрмеген, адам айтса нанғысыз кісі өлтірушілік керек еді! Шамасы, ой - қиялым баланың ой-қиялы дәрежесінде қалған ғой деймін. Мені көзге әсем көрінетін, әсер қалдыратын нәрселер қызықтырушы еді. Кісі өлтіру мені қызықтырып әкетті... Иә-иә, кісі өлтіру қызықтыра берді... Алайда, туа бітті дарыған әділет сезімі, осы сөзіме сенуіңізді сұраймын, маған тоқтау салып, кісі өлтіруге ерік бере қоймады. Жазықсыз жандардың жапа шегуіне жол бере алмайтынмын.
Жазалау жайындағы ой маған күтпеген жерден келді — әлдебір қарапайым дәрігермен арада болған кездейсоқ тілдесу кезінде оның аузынан шыққан бір сөз мені осындай ойға жетеледі.
Ол заң құрығына ілікпейтін қылмыс түрі көп екенін құлаққағыс еткен еді. Сол екеуара әңгімеміздің аз-ақ алдында дүние салған кемпірдің, өзі емдеп жүрген науқастың басында болған жайды соған мысал етіп келтірді. Науқастың түбіне ерлі-зайыпты малайлары жеткеніне шүбәм жоқ, деді маған дәрігер. Олар тағайындалған дәріні науқасқа уақтылы бермеген және мұны қасақана істеген, себебі бибілері өлгеннен кейін оның өсиеті бойынша елеулі сомада ақша алуға тиіс болатын. Бұлардың айыбын дәлелдеу іс жүзінде мүмкін емес, деп түсіндірді маған дәрігер. Әйткенмен, әлгі айтқан сөзімнің ақиқат нәрсе екеніне сенімім кәміл деді. Кісі өліміне біле тұра жол берудің мұндай оқиғасы сирек кездесетін жағдай емес, алайда бүл үшін заң бойынша жауапқа тартуға болмайды, деп қосып қойды олБәрі осы әңгімеден басталды. Не істеу керегін түсіне қойдым. Бір адамды өлтіру маған аздық етеді. Кісі өлтіретін болған соң қырып салу керек, деп шештім.
Балалар санамағы, әлгі он негр баласы жөніндегі санамақ, ойыма түсті. Қатары әр шумақ сайын біртін - біртін кеми беретін осынау қарадомалақтардың тағдыр — талайы екі жасар бала кезімде маған естен кетпестей эсер еткен. Қылмыскерлерді іздестірумен құпия түрде айналыса бастадым... Қалай іздестіргенімнің егжей-тегжейін баяндап жатпаймын - бүл тым коп орын алар еді. Таныс — бейтаныстармен тілдесе қалған сәттің бәрінде дерлік әңгіме арнасын діттеген бағытыма қарай бұрып жіберуге тырысып бақтым — сөйтіп, таңғаларлық нәтижелерге жеттім. Дәрігер Армстронгтың хикаясын ауруханада жатқан кезімде өзіме күтім жасаған медбикеден естідім: салауаттылықты жақтауда алдына жан салмайтын бүл әйел мені ішімдікке әуестіктің зиянды екеніне сендіріп бақты, соған дәлел ретінде мас дәрігердің операция кезінде бір әйелді қалай пышақтап тастағанын мысалға келтірді. Оның қай ауруханада тәжірибеден өткені жөнінде елеусіз сұрақ қойып, өзіме қажет деректің бәрін дерлік біліп алдым. Сөйтіп әлгі дәрігер мен науқас әйелдің ізін қиналмастан таптым.
Клубымдағы екі сөзуар ардагердің әңгімесінен генерал Макартурдың басындағы жағдайдан хабардар болдым. Амазонка жағасынан жақында ғана оралған саяхатшы маған Филипп Ломбард дейтін біреудің сол өңірлерде қандай жүгенсіздік жасағанын әңгімелеп берді. Ағылшын шенеунігінің ашу кернеген әйелі Мальоркада маған адамгершілік қағидаларын қатаң сақтайтын пуритан әйел Эмили Брент пен оның сормаңдай күтушісінің хикаясын айтып берді. Антони Марстонды өзі жасағандай қылмыстарға айыптылардың үлкен тобынан таңдап алдым. Адам айтқысыз рақымсыздығы мен аяушылық білдіру ойына кіріп те шықпайтындығы оны қоғамға аса қауіпті, яғни жазалауға лайық пендеге айналдырған еді. Ал бұрынғы инспектор Блорға келсек, оның қылмысы турасында мен, әрине, әріптестерімнен естіп-білдім: Ландордың ісі жөнінде олар жасырып жаппаламай менің көзімше қызу талқылап жататын. Соны естіп ызадан жарылып кете жаздадым. Полицей — заң қызметшісі, тек осы себептен де ол жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болуға тиіс. Бұлардың аузынан шыққан әр сөздің айрықша салмағы бар, өйткені олар тәртіп сақшысы саналады.
Ақыр соңында Вера Клейторнның жайын айтайын. Бір жолы Атлант мұхитын кесіп өтіп келе жатқанымда шылым шегетіндер салонында түннің бір уағына дейін отырыңқырап қалғам. Маған серік болған — Хьюго Хамильтон есімді келбетті жас жігіт еді. Басында бір үлкен қайғы бары әлпетінен - ақ аңғарылып тұрған. Соны естен шығару үшін ішімдікті үсті-үстіне сімірумен болды. Бас қайғысын біреумен бөлісуге зәру боп отырғаны байқалды. Бірдеңе біле қояйын деген ойым жоқ, әдеттегіше әңгімелесе кеткем. Естіген жайларым тұла бойымды түршіктірді, әр сөзі күні бүгінге дейін есімде...
— Өте дұрыс айтасыз, — деді ол — Жақыныңды өлтіру үшін оның ыдысына, айталық, күшала салудың немесе оны жартастан итеріп жіберудің қажеті жоқ, әсте олай емес. — Ол еңкейе түсіп, көзіме қадала қарап отырып сөйлеп кетті: — Мен бір қылмыскер қызды білетінмін... Өте жақсы білетінмін... Несін жасырайын, оны тіпті сүйетін едім. Қазірдің өзінде де сүйетін сияқтымын... Ал енді сұмдықты айтайын, ол маған бола қылмыс жасады... Әрине, менің бұдан хабарым болған жоқ. Әйелдер — мейірімсіз жандар. Барып тұрған мейірімсіз жандар солар! Әп-әсем, қарапайым, жайдары қыздың қолынан кісі өлтіру келеді дегенге сенер ме едіңіз? Суға кетіп өлетінін біле тұра құйттай баланы теңізге жібереді дегенге ше? Әйел адам мұндай іске барады дегенге ше? Сенер ме едіңіз осыған?
— Қателесіп тұрған жоқсыз ба? - деп сұрадым мен. — Бұл кездейсоқ болған жағдаят емес пе екен?
— Жоқ, бұл кездейсоқтық емес, - деді ол мастығынан табан асты айығып. — Мұндай ой басқа ешкімнің басына келмес еді. Қайтып оралған бойда, көзіне көзім түсіп кеткені сол бәрін түсіне қойдым... Менің бәрін түсінгенімді ол да түсінді. Бірақ ол бір нәрсені ескермеген-ді: әлгі баланы мен керемет жақсы көретін едім.... - Ол үнсіз қалды, бірақ бүл хикаяның барлық бүге-шігесінен хабардар болып, кісі өлтірушінің ізіне түсуім үшін осы айтқандарының өзі-ақ жеткілікті болатын.
Енді маған оныншы қылмыскерді табу қажет еді. Оны да таптым: бұл Айзек Моррис дейтін біреу тұғын. Барып тұрған жырынды еді. Басқа да көптеген былық істерімен бірге есірткі сатумен де шұғылданатын, дос-жар кісілерімнің біреуінің қызын есірткіге еліктіріп қойған-ды. Бейшара қыз жиырма екіге қараған жасында өзіне-өзі қол салды.
Қылмыскерлерді іздестіріп жүрген шақта жоспарым да біртіндеп қалыптаса бастаған. Енді қазір ол дайын болатын, соңғы нүктесі қойылуына Харли-стриттегі бір дәрігерге барып көрінуім себеп болды. Бұрын өзіме операция жасалғанын құлаққағыс еткен едім. Дәрігер өзіме екінші рет операция жасаудың пайдасы жоқтығына көзімді жеткізді. Ол ашығын айтпай, барынша орағыта сөйледі, бірақ менен шындықты жасырып қалу қиын.
Өзімді ұзаққа созылатын азапты өлім күтіп тұрғанын түсіндім, бірақ ақырғы демім біткенше бой ұсынып отыра бермек ойым жоқ-ты, мұны, әрине, дәрігерден жасырып қалдым. Жо-жоқ, мен алабұртқан сезім құйыны құшағында өлім табуға тиіспін. Өлмес бұрын өмірден кеңірдектеп тойғанша ләззат алуым керек.
Енді бұл істің қалай жүзеге асқанын айтып берейін.
Әуестік білдірушілерді адастыру үшін аралды Моррис арқылы сатып алдым. Бұл істі ол ойдағыдай етіп тындырды және басқаша болуы да мүмкін емес-ті: Моррис мұндай шаруаларды атқарудың қас шебері — тұғын. Болашақ құрбандықтарым жайындағы жинаған деректерімді жүйелей келіп, әрқайсысына лайықты алданыс әзірледім. Айта кетерлігі, назарға алған құрбандықтарымның бәрі түгел қармаққа түсті. Шақырылғандар Негр аралына сегізінші тамыз күні келіп жетті. Олардың арасында өзім де бар едім.
Морристі ана дүниеге аттандырып та жібергем. Асқазаны ас қорытпайтын ауруы бар-ды. Лондоннан шығарда оған бір таблетка беріп, жатардың алдында ішуі керегін ескерткем, мұның өзіме керемет көмектескенін айтып сендіргем. Морристің күдік келтірмейтініне, берген ақыл-кеңесімді алғыс жаудыра отырып орындайтынына еш күмәнім болмады. Артында әшкерелейтін қағаздар немесе жазбалар қалады-ау деген зәредей қаупім болған жоқ. Ол ондай адам емес-ті.
Құрбандықтарым белгіленген кезекті қатаң сақтай отырып өлуге тиіс еді — бұған айрықша мән бергем. Олардың бәрін бір қатарға қоя алмайтынмын — әрқайсысының айып-кінәсі әрқилы болатын. Ұзаққа созылар жан күйзелісіне душар боп, үрейге батпауы үшін айыбы аздар алдымен өлсін деп шештім, ал қаныпезер қылмыстыларды соңына қалдырдым. Бірінші боп Антони Марстон мен миссис Роджерс өлді; Марстон — тіл тартпай кетті, миссис Роджерс ұйықтап жатып тып-тыныш көз жұмды. Менің өз түсінігімде, көпшілігімізге тән адамгершілік сезімнен Марстон туа бітті ада болатын. Ол адамгершілік дейтін ұғымнан мүлдем бейхабар еді: пұтқа табынушының тап өзі — тұғын Миссис Роджерс, — бұған сенімім кәміл — негізінен күйеуінің ықпалымен әрекет жасайтын.
Бұл екеуінің қалай өлгенін тәптіштеудің қажеті бола қоймас. Бұлардың өліміне себеп болған нәрсені полицияның өзі-ақ қиналмастан анықтап бере алар еді. Цианды калийді табу оңай — оны жабайы араны қыру үшін қолданады. Бұл удың менде азын-аулақ жиынтығы бар еді, өзімізге тағылған айыптаудан кейін пайда болған жаппай абыр-сабырды пайдаланып, Марстонның толықтай дерлік босап қалған бокалына байқатпай у салып кеттім.
Тағы бір қосып айтарым — қонақтарым тағылған айыптауларды тыңдап отырған кезде бет-әлпеттеріне көз айырмай қарадым да отырдым, сөйтіп олардың бәрі түгел кінәлі деген қорытындыға келдім: мен сияқты тәжірибе жиған адам мұндайда қателеспейді.
Сырқатымның соңғы кезде жиілеп кеткен жан шыдатпас ұстамасына қарсы маған хлоралгидрат аталатын өте күшті ұйықтататын дәрі берілген еді. Бұл дәрмектің өлімге ұшырататын дозасын жинақтау маған қиынға түскен жоқ. Роджерс әйеліне коньяк әкелді, оны үстел үстіне қойды. Жанынан өтіп бара жатып дәріні коньякқа салып кеттім. Тағы да бәрі ойдағыдай боп шықты, өйткені ол кезде бізді шектен тыс секемшілдік әлі баурай қоймаған.
Генерал Макартур қиналмай жан тапсырды. Білдірмей басып жақындап келгенімді ол естіген жоқ. Орнымда жоқтығымды ешкім байқап қалмауы үшін алаңқайдан қай уақытта кетуім керегін аса мұқият түрде ойластырдым, сөйтіп бүл да сәтімен іске асты.
Алдын-ала болжағанымдай, генералдың қазасы қонақтарды аралды тінтіп шығуға итермеледі. Аралда жетеуімізден басқа тірі жан жоқтығына көздері жетіп, көңілдеріне күдік кірді. Жасаған жоспарыма сәйкес, дәл осы тұста өзіме сыбайлас тауып алуым қажет еді. Мен Армстронгты таңдадым. Ол маған аңғал адамдай эсер қалдырған, оған қоса мені бұрыннан танитын, мен жайында коп естіген болатын, сондықтан мен сияқты қоғамда өз орны бар адам кісі өлтіруші боп шығады - ау деген ой оның басына ешқашан кірмеуге тиіс еді. Ол Ломбардтан күдіктеніп жүрді, мен де оның бұл ойын қоштайтын түр білдірдім. Оған өзімнің айлакерлікпен жасалған жоспарым барын, соның арқасында қылмыскерді қақпанға алдап түсіріп әшкерелей алатынымызды айттым.
Бүл тұста барлық қонақтың бөлмесі тінтілгенімен, адамның жеке басына тінту әлі жүргізілмеген еді. Бірақ мен ұзамай-ақ ондай тінту болатынын біліп жүрдім.
Роджерсті оныншы тамыз күні таңертең өлтірдім. Ол отын шауып жатқан, жақындап келгенімді естіген жоқ. Кешкісін ол асхананы құлыптап кеткен еді, қалтасынан соның кілтін алдым.
Бұдан кейін пайда болған алас-қапас кезінде Ломбардтың бөлмесіне кіріп, револьверін алып кету маған еш қиындыққа түскен жоқ. Онда револьвер барын білетінмін: өзіңмен бірге қару ала келуді ұмытпа деп Ломбардқа ескертіп қою жөнінде Морриске тапсырма берген де мен едім.
Таңертеңгі ас кезінде кофе құйып жатып мисс Бренттің шыны аяғына ұйықтататын дәрінің қалғанын салып жібердім. Оны жалғыз қалдырып, асханадан шығып кеттік. Сәлден кейін бөлмеге байқатпай келіп кіргенімде ол ұйқылы-ояу халде отырған, сол жерде оған цианды калиймен укол жасадым. Түкті араның пайда болғанын сіз баланың ойыны санарсыз, бірақ менің шынымен-ақ көңіл көтергім келді. Өзімнің сүйікті санамағымнан қыл елі ауытқымауға тырыстым.
Бұдан кейінгі оқиғалар тап сол өзім ойластырғандай бағытта өріс алды. Ұмытпасам, бас-басымызға тінту жүргізуді өзім талап еттім ғой деймін. Сөйтіп, бәрімізге мұқият түрде тінту жүргізілді. Бүл кезде мен револьверді тығып тастағам, ал у мен ұйықтататын дәріні пайдаланып үлгергем.
Жасаған жоспарымды іске асыруды Армстронгқа дәл осы тұста ұсындым. Жоспарым аса күрделі емес-ті - келесі құрбандық өзім болуым керек еді. Жендет әбігерге түспек, оған қоса, өлген адамдар қатарына қосылсам, үйдің ішін емін - еркін аралап жүре алатын болам, сөйтіп осынау беймәлім жендеттің кім екенін анықтаймын, дедім. Армстронг жоспарымды ұнатты. Оны сол күні кеште - ақ іске асырдық. Маңдайға жапсырылатын қызыл балшық, ваннадан алынған алқызыл клеенка, ақсұр жіп - бүл қойылым үшін бізге қажет болған нәрсе осылар ғана еді. Бұған шырақтардың өлеусіреген, жыпылықтаған жарығын қосыңыз, оның үстіне қасыма тек Армстронг қана келді. Осы себепті бүл шаруа да мүлтіксіз іске асты. Балдыр мойнына жанасқан мисс Клейторн жан дауысы шығып бақырғанда бәрі соған көмекке ұмтылған еді, сөйтіп менің өлікті мүмкіндігінше табиғи етіп бейнелеуіме уақыт артығымен жетті.
Мұның әсері күткенімізден әлдеқайда артық болды, Армстронг өз рөлін керемет шебер орындап шықты. Олар мені бөлмеме көтеріп апарып, төсегіме жатқызды. Бұдан соң мені еске алған ешкім болған жоқ: бәрі де қорқынышқа бой алдырып, бір-бірінен қауіптеніп жүрген-ді.
Түнгі сағат екіде Армстронгпен кездесуге тиіс едім. Оны үйдің артындағы биік жартасқа алып бардым. Егер біреу - міреу соңымыздан ұрлана басып келер болса бүл арадан ол бізге көрініп тұрады, ал өзімізді ешкім көре алмайды, өйткені үйдің терезелері арғы бетте, дедім. Армстронг сол бұрынғыша қаннен-қаперсіз болатын, мұнысы таңғаларлық нәрсе еді: өйткені егер есінде болса, санамақ — "біреуі жемге алданды" деп ескертіп түр еді ғой...
Армстронг жемді ешқандай күдік келтірместен жұтып қойды.
Бұл жолы да бәрі мінсіз бітті. Еңкейе беріп дауыстап қалдым да, беткейдің төменгі жағынан үңгірге кіретін ауызды көрдім, дегенді айттым, сосын: сен де қарашы, шынымен солай ма екен, дедім. Ол еңкейді. Сол сәт оны арқасынан итеріп жібердім, ол теңселіп кетті де, буырқанған теңізге барып күмп етті. Мен үйге қайтып оралдым. Дәлізбен жүріп келе жатқанымды Блор естіген болса керек. Кішкене күтіп тұрдым да, Армстронгтың бөлмесіне барып кірдім, сәлден соң естілсін деп аяғымды әдейі тарпылдата басып ол жерден кетіп қалдым. Төменге түскен кезімде жоғарыдан бір есік ашылды. Үйден шығып бара жатқанымды олар көрген болса керек. Бір минуттан соң екеуі менің ізіммен кетті. Мен үйді айналдым да, асхананың өзім алдын-ала ашып қойған терезесі арқылы ішке кірдім. Кірген соң терезені жаптым, әйнегін содан кейін ғана сындырдым. Сосын бөлмеме көтеріліп, төсегіме келіп жаттым.
Олар үйді тағы да тінтіп шығатын болар деп жобалағам, бірақ мәйіттерге зейін сала қоймас, тек сейсептерді көтеріп, Армстронг өлікке ұқсап жасырынып жатқан жоқ па деп тексеріп өтер, дегем. Ойлағанымдай болды да шықты.
Айтпақшы, ұмытып барады екем, револьверді Ломбардтың бөлмесіне апарып тастадым. Тінту жүргізілер алдында оны қайда жасырғанымды білгіңіз келетін шығар, сірә. Шкафта консерві, печенье салынған не түрлі қораптар сықасып тұратын. Ең төменгі қораптың бірін, сірә галеттер салынған қорап қой деймін, аштым да, соған револьверді сұға сап, скотчпен қайтадан желімдеп тастадым.
Дәнекерленген қалбырлар мен желімделген қораптарды қопарыстыру ешкімнің ойына келмес дегем және соным дұрысқа шықты, оның үстіне жоғарыдағы қалбырдың бәрі әлі қол тимеген қалыпта тұрған. Алқызыл клеенканы қонақ бөлмедегі бір креслоның шыттан тігілген қаптамасының астына, жіпті - шамалы жерін сөгіп - диванның көпшігіне жасырғам.
Сөйтіп көптен күткен сәт те туды: аралда бар болғаны үш-ақ адам қалды. Бұлардың бір-бірінен зәресі қалмай қорқатыны сонша, неге де болса дайын еді, оның үстіне, біреуінде револьвер бар еді. Мен оларды терезеден бақылап тұрдым. Блор үйге келгенде Вераның терезесінен төбесіне мәрмәр сағатты тастап жібердім.
Блордың саудасы осылай бітті.
Вераның Ломбардты қалай атып өлтіргенін тереземнен көрдім. Тал бойында батылдық та, тапқырлық та бар қыз болатын. Ол Ломбардтан кем түспейтін, кей мәселеде тіпті асып та кететін. Бұдан соң мен бірден Вераның бөлмесіне қарай ұмтылдым - ол келгенше сахнаны даяр ғып қойғым келді.
Өте бір тартымды психологиялық эксперимент жүргізбекші едім. Ар-ұятының азабы (өйткені, әлгінде ғана адам өлтірді ғой) және зәре-құтыңды алатын мына қоршаған орта Вераны өзін-өзі өлтіруге итермелей ала ма, бұған осылар жеткілікті бола ма? Жеткілікті болатын шығар дегем. Қателеспеппін. Вера Клейторн көз алдымда асылып өлді: шкафтың тасасына жасырынып бақылап тұрғам.
Енді ең соңғы кезеңге көшейін. Шкафтың тасасынан шығып, құлап жатқан орындықты көтеріп, қабырға жанына қойдым. Револьверді баспалдақ алаңынан таптым - сол араға Вераның қолынан түсіп қалған еді. Саусағының таңбалары жойылып кетпеуіне қам жасадым.
Тағы не айтуға болады? Әңгімемді аяқтадым. Қолжазбаны бөтелкеге салам, аузын тастай ғып бекітіп, теңізге лақтырам. Не үшін? Иә, не үшін?.. Жұмбағын ешкім ешқашан шеше алмайтын қылмыстың түрін тапқаным жөніндегі оймен өз көңілімді өзім көтеріп жүргем. Бірақ мен суреткермін және өнер тек өнер үшін ғана еместігіне көзім анық жетті. Әр суреткердің бойында жұрт мені мойындаса екен дейтін табиғи ынтызарлық болады. Ұяттау болса да айтайын, мен де әлемнің өз айла — амалымнан хабардар болғанын қалаймын...
Осынау жан сырымды Негр аралының құпиясы ашылмайды деген болжалыма орай жаздым. Алайда полицияның өзім ойлағаннан гөрі ақылдырақ боп шығуы да ықтимал Өйткені қылмысымды ашуға септігін тигізетін үш түрлі жағдаят бар той. Біріншісі: Эдвард Ситонның айыпты екендігі полицияға бек жақсы мәлім. Олай болса, он адамның біреуі бұрын кісі өлтірмегенін олар біледі, ал бұдан, қаншалықты қисынсыз болса да, Негр аралындағы қырғынға басқа біреу емес, тап сол адам ғана кінәлі деген қорытынды шығады. Екінші жағдаят балалар санамағының жетінші шумағында айтылған. Армстронг өлімінің себебі оны қармаққа түсірген "жем" болатын, дәлірек айтқанда, осының қырсығы оны арты өлімге әкеп соқтырған шырғалаңға киліктірген еді. Басқаша айтқанда, санамақта Армстронгтың өлімі әлденендей бір алдап-арбауға байланысты екені ап-анық көрсетілген болатын. Осының өзі-ақ құпияның сырын ашуға септесе алар еді. Ол кезде бар-жоғы торт адам ғана тірі қалған, сол төртеудің ішінде Армстронгтың тек маған ғана қалтқысыз сенім білдіре алатындығы айдан анық еді. Ал енді үшінші жағдаяттың тек символдық сипаты ғана бар. Ол - маңдайымдағы өлім таңбасы. Каин таңбасы емей не бұл сонда?
Әңгімем аяқталып келеді. Жан сырым жазылған бөтелкені теңізге лақтырған соң, бөлмеме көтеріліп, төсегіме кеп жатам. Пенснеме қара бау тағылған, шын мәнінде бүл бау емес, жіңішке резеңке. Пенснені астыма салам. Резеңкенің бір ұшын есіктің тұтқасына орап тастаймын, екінші ұшымен револьверді айналдыра ораймын, бірақ онша қатты шырмамаймын. Одан әрі, өз тұспалым бойынша, мынадай жағдай болмақ. Қолым - оны орамалмен орап алам - шүріппені басады да, орамал жерге құлап түседі. Резеңкеге байланған револьвер пенснемен бірге есікке қарай ұшып, есіктің тұтқасына барып соғылады, резеңке тарқатылып кетеді де, пенснеде салбырап қалады - бүл ешкімнің күдігін келтірмейді. Жерде жатқан орамал да ешқандай күмән туғызбайды. Өзімді тапқан кезде басымды оқ тесіп өткен қалыпта кереуетте жатам, бүл - бақытсыздықта бастас болған серіктерімнің күнделіктеріндегі жазбаға толық сай келмек. Сот дәрігерлері денемізді зерделеуге кірісер уақыт жеткенде менің қашан өлгенімді анықтау мүмкін болмайды.
Дауылдан кейін адамдар аралға жүзіп келеді, бірақ олар бұл жерден не таппақ — бар болғаны тек он мәйіт пен Негр аралының шешілмейтін жұмбағын ғана табар.