Өрісті жырлар
1. ҚЫРАН ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН ЖЫРЛАР
Әдебиет айдынында өзінің жеке желкенін құрып, өрге жүзген күнінен жырқұмар қауымды жалықтырмай келе жатқан кең тынысты ақынымыз Фариза Оңғарсынованың «атаның ұлы» болып туып, рухани байлығы Мүсірепов талғамымен айтқанда «жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдікке» жетіп, «ғарыштық деңгейдегі биіктікке» көтерілген Адамның ұлына айналғанына еңбектеген бала есейгендей уақыт өтті.
Біз сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына өзге жұрттан бірінші болып қолы жеткендердің ұрпағымыз ғой. Солай деп ұдайы мақтанамыз. Оның үстіне ақын творчествосының асылы мен жасығын айырып, талант қуаты мен қабілет қарымына қарай әділ бағасын айтар турабиі — осы өзіміз екені рас болса, көкейде жүрген ойымызды орайы келіп тұрғанда бүкпей ашығын айталықшы. Көптен көзге ұрумен келе жатқан басы ашық бір шындыққа жүгінер болсақ, көбіне жалпылама мақталып жүргенімен, Фариза шын лайықты бағасын әлі ала қоймаған ақын.
Оның ізгілік нұрына суарылған жалынды жырлары сіз бен біздің бір сәтке қалғып кеткен сезімімізді талай рет дүр сілкіндіріп алған жоқ па еді?! «Оян, ар мен адалдық! Сағатқа оян!» - деп Ақын бар дауысымен тіл қатқанда, айналамызға парасат көзімен қарауға талпындырғаны жадымызда ғой. Ал, сондай шақтарда көкейінде жамала-жамала әбден беріш боп қатып қалған (сыртқа шығарайын десең, өрең жетпейді, өрең жетпеген соң сөзің келіспейді) ойларыңның өзегіне шоқ қарығандай - жаныңды ышқындыра шындықты айтып берген жыр құдыретіне тәнті бола алмадық дей алмасақ керек.
Фариза - желе жортып өте шығатын өлеңші емес. Оның жырларын қадағалап оқып келген жанкүйер қауым осынау тұғырынан таймас қайсар ақынның әрбір жыр шумағына жүрегінің қан-сөлін сығып бергендей асқан жауапкершілікпен қарайтынын аңғарар еді.
Халқымыздың рухани қазынасы - төл поэзиямыздың мерейі мен абыройына адалдық осы ақынның айнымас жан серігіне айналған дерсің. «Өлеңші» дегеннен шығады, оның жазған «әжесінің оюындай әрбір жыр-өрнегін» өлең деуге қимайсың, ағыл-тегіл жыр дегің кеп тұрады. Неге? Дәлелдей алсақ, дәлелдеп көрелікші осы ойымызды.
Біздің тануымызда Фариза - поэзияның қасиетті құзырына өз жаңалығын ала келген, оқушы қауымды сол жаңалығына иландыра алған, сеніміне де ие болған ақын. Ал, оның жаңашылдығын жырларының туу түрлерінен іздемеу керек. Онда шатысамыз. Оның жаңашылдығы - шындықтың балын тамызып та, қанын сорғалатып та айта алатындығында, абыздың жасын жасаған философтай ойшылдығында. Жылайман жырға бұл ақынның жаны қас, айтарын не де болса жүрегіңе от тастап, қыбыңды қандырып айтады. Төгіп айтады. Жырларын жерге тастамай сүйіп оқитын ақынымыздың бірі Темірхан Медетбеков «Баба дәстүрдің лайықты мұрагерін» іздегенде Фариза талантын бекерге танып, теріс мойындап отырған жоқ. Әйел затынан бола тұра Фаризаның жыр керуені кейде сонау орта ғасыр төрінен Сыпыра жыраудың уыз батасын алып, бабаларымыз салған ұлы сүрлеуде Махамбеттің жыр семсерін қолға ұстатып тұрғандай әсерге бөленеміз. Бұл не? Бұл да жыр құдіретінің бір сиқыры болса керек.
Осы орайда әдебиет теориясын бір сәтке ұмытып, «жыр жазудың да заңдылығы бар ма екен?» — дегің келеді. Бар болса, Сыпыра жырау мен Махамбет сол заңдылықты білді ме екен?!
Берісі Батыс Европадағы «ең мәдениетті» жұрттан саналатын француздардың бүгінгі ана тілі XV ғасырдың аяқ кезінде қалыптасты. Ал сол кезде туған қазақ жырына сын көзімен ой жіберіп көріңізші. Төгіліп тұрған жоқ па, төгіліп! Фариза жырларын індетіп отырсаңыз, бізді сол үлгіге - Сыпыра жыраудан басталатын ұлы сарынға алып барады. Міне, бір мысал:
Елім деген ұлдарым
жалаң төсін карсы қойып сынға мың,
қайсарлығы қыштан соққан қамалдай,
заманынан лайықты баға алмай,
жанар кезде жанартаудай жана алмай,
туған жердің бостандығы - бар несіп,
осы жолда рахаттан баз кешіп,
боран құшып, саз кешіп,
қыршын қаны «Қайғыларға» құйылған.
Кетер ме олар көкірегімнен, миымнан...
Бұл - ата мекеніміз Жердің (Үлкен және Кіші Қайғының)
үні. Бүгінгі заман Ақынына мұңын шаққаны. Арада қанша уақыт кеңістігі жатыр! Бірақ, Фаризаның күні кеше жазған жырлары мен бабалар мұрасы бірін бірі жатырқап тұрған жоқ, қайта үндесіп кеткен. Ал, бізге керегі - сол үндескені, баба дәстүрін дамыта беру!
Әдетте біз ілгеріде өткен арынды ақындарды ен далада емін-еркін ғұмыр кешкендей, жырларын олар сондықтан да көсілтіп еркін жазғандай, ал бүгінгі ақындарымызды әлде бір заңдылыққа қарайлап кібіртіктей беретіндей көреміз. Сөйтсек, өлеңдерінің «бірі жамау, бірі құрау» ақындар қай кезде де аз болмапты. Бүгіндері де баршылық. Ал, солардың арасынан жай оғындай жарқылдап, киіп-жарып шыға келетін Фариза жырларын заңдылыққа бағынбайды деп кім айтты? Идея, талап, талғам — ақындарымыздың бәріне бірдей емес пе? Бірдей. Бірақ, бір ғажабы, бұл ақынның оң жамбасына алған тақырыбы жыр қалыбына құйылғанда толған Айдың сүт ағын сәулесіндей сорғалай жөнеледі. Мысалы:
Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба —
тоғытып топанды ағынға
от берер жанға, жанарға,
революция керек маған да!
Немесе:
Бір сергіп қайтсам ба екен елге барып,
жаныма жарқылдаған жеңгені алып,
жүзімді жоннан ескен желге жанып,
тұңғиық сезімдерге бір сүңгісем,
сол ғана жүрегімді емдері анық.
Қалай-қалай төгіледі, ә! Бейне ақын жыр төккенде түк қиналмайтындай, селдетіп өте шығатындай. Кейде тіпті «осы Фариза өлеңді қаламмен жазып әуре болмайтын шығар, сірә, өзі суырып салма емес пе екен» деп те қаласың. Бірақ, олай емес қой.
Жүректен шыққан жолдардан -
жанымның жасы тұр тамып... - дейді ол. Көрдіңіз бе, жыр жазу азабы мен жер бетінде Ақын атанып қалу машақатын айтудай-ақ айтқан ғой... Асылы, ақпа ақынша (мысалы Иса) төгіле салғандай (оңай деген), өзгенің қабылдауында жырды оп-оңай жаза салғандай көріну - Фариза талантының табиғи ерекшелігі десек болар. Иә, иә, ол шынында шешен тілді ақынымыз.
Біз Фариза жырларын тағы да қандай қасиеті үшін қастерлейміз?
Әлемдік көркем ойдың бір алыбы - Эрнест Хэменгуэй:
«Шындықтан аттап өте алмадым» депті американ студенттеріне арнап жазған хатында. Бұған халқымыздың «Сөз анасы - шындық» деген даналық нұсқасын да қосып қойыңыз. Ал, Фаризаның бүгінгі үзеңгілесі, орыс жазушысы Владимир Крупин уақыт және өзі туралы әңгімесінде: «Только правда делает произведение живым, только она движет прогресс. Другой дороги нет», - деп жазды. Десе де, шындықты жалтақсыз айту қаламгерге оңай ма? Жеңілдік әпере ме? Қайдан әперсін! Шындықты айта алған қаламгердің маңдайынан екінің бірі сипай бермес... Оның тағы бір қиындығы: халықтың ойынан шығатын ащы шындықты суреткер жайдақ сөзбен айта алмайды ғой. Ондай «әдіске» оның хақысы жоқ. Уақыт шындығы суреткер санасымен — образды тіл, көркем оймен айтылуы керек. Мұқағали: «Айтып өткен ақында арман бар ма» дегенде, сол сөз анасын аңсады-ау дейміз... Алайда, бізді шындық қайнарына жетелей беретін Фаризаны «армансыз ақын» дей алмаймыз, сірә. «Адам жанындағы, адам рухындағы тереңдікке» (Ғ. Мүсірепов) бойлай енген ақынның арманы да көл-көсір шығар...
Біз ақынның үш топтамасы туралы сөз қозғамақпыз. Үш топтама бірін-бірі толықтырып тұрған тұтас дастандай әсерге бөлейді. Біріншісінен ұғарыңыз: Фариза үшін «оты басқа - Отаны басқа» дейтін нақыш ескірген. Кейіпкерінің Отаны от басынан басталады да, Дала тағдырымен табысады.
Ақын өз отының басын «Ошағым - оқшау құрлығым» деп неге айтты? Бақсақ, алыс жандар ақынның жүрегіне жырымен еніп жатса, өз үйінде ешкім де жанын ұғар емес. Ағынан жарылу осындай-ақ болар! Сол оқшау ошағы туралы:
Бір құрлық бар түспеген картаға әлі,
сиғызардай төсіне сан қаланы.
Ғалымдар да білмейді оны әзірше,
тек арнайы іздеген жан табады, - дейді автор.
Ақын жанын түсінсек керек. Оның оқшау құрлығын әзірге ешкімнің білмейтіні рас. Иә, әзірше. Ал, бірақ, ақын сол оқшау құрлық тағдырын Дала тағдырынан бөліп қарамайды. Ол үшін үй мен дала - қос ана, екеуінен де нәр алып шабыттанады. Сосын ол былай көсіледі:
Қара жан баспас бұл маңда
қара көк дария бұрқанып,
қатыгез қасаң қырларға
қырмызы дидар гүл тағып,
Уақыт пен Адам жарысқан.
Осы жырдың әлеуметтік астары тым тереңге тартқан. Поэтикалық бояуы да қанық: қара көк дария - мұнай; қырмызы дидар - далаға орнаған қала, жастық базары; Уақыт -даланы түлеткен заманы; Адам - бүгінгі жасампаз ұрпақ.
Осы жырдың өзегінде біз айта беретін интернациональдық сипат та бар: «Көкірегін тосып сұрша құм, жүздесіп жатыр жүз елмен, сұрамай қайдан, кімсің деп». Айтуы қалай?! Аз сөзден — ағыл-тегіл ой. Ым, ишара, емеурін-астарын өзің түсіне бер. Достық шапағатын Фариза «Дала тағдыры» фрагменттерінде былай-ақ суреттей салады:
Арман қуып жалаң бас келген жасты
бұл Дала батыр қылған.
Ақын көзіне даланың жасыл жыңғылының өзі жұмақтай көрініп, адамдары адалдыққа нық сенетін қыран көңілді жандар болып елестейді. Даланың кең пейіл адалдығын, бауырмалдығы мен сенгіштігін көкке көтере жырлау - ақынның берік позициясы. Тіпті, бұл далада туып-өскен қыздарды Фариза қандай қырға шығарған десейші!
Абыройы Күнмен жарысқан,
көкірегінен әсем ән ұшқан...
Көрдіңіз ғой, Дала қыздарының абыройы көктегі Күнмен жарысады екен. Бұдан асырып тағы қалай айтуға болар?!
Жалпы, тіршілік тірегі әйелдердің тағдырына араласу - Фариза творчествосының ең бір өзекті арнасы. Бізге ол жырлап берген бүгінгі қыздар дала тағдырына күні ертең Күләш, Әлия, Мәншүк, Кәмшат болып араласатындай. Ақын бізді жыр қуатымен осындай үмітке жетелейді, иландырады. Жан дүниеңді жарқын ойымен рухтандырады.
Дала жырға ғашық! «Қызыл судың көбігіндей» жасығына емес, жүрегіңді еріксіз жаулап алатындарына ғашық. Бұған бір мысал айтайын. Ел ішін аралай жүргенде аңғарғанымыз: бүгінгі сыр бойының Фариза есімді қыздары көп. Гүл-гүл жайнап өсіп келеді. Бұл бекер болмауға керек. Бұл - Дала жүрегінен орын алудың нақты айғағы болар.
Қашан да тақырыпқа кенде болып көрмеген Фариза жырларында көңілге қонатын және бір ерекшелік бар. Жалғандыққа жай түсірердей асқақ сарындар мен сезімді шайқап, жанды баурар мұңды саздар әрбір жырында басынан аяғына дейін есіліп сорғалайды да отырады. Ненің мұңы ол? Жеке бастың ба? Олай десек - қателестік.
Көңілімнің көгін бұлт алып,
жанымнан жылжып мұң тамып...
Неге мұң тамады, неге? Бұған жауапты да өзі айтқан.
Өзге мұң — өз жырымның ортасында
өмірім өртенумен өтер менің.
Өз жыры - өзгенің мұңы. Шынында қоғамдық өмірге қатысты ақынның тіршілік тынысына бей-жай қарауы мүмкін емес қой. «Мұң» міне осыдан туады. Ал, дұрысына жүгінсек, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтамаған ақын ақын ба? Жоқ, ондай жазғышты біз әлпештей алмасақ керек. Халықтың көкейіндегісін қашан да Ақыны айтып келген, әлі де айта алуы тиіс. Ал, бұл миссияны орындау үшін музаға бәрі керек: күйініш пен сүйініш те, өкініш пен мұң, наз-нала да... бәрі, бәрі. Онсыз муза мүгедек.
Асылы, Ф. Оңғарсынова - отқа оранған мазасыз ойдың ақыны. Оның жырларын оқығаныңда жүзіңді күрескер рухтың жалыны шарпып отырады. Санаңда сәулет жаңғырық пайда болады. Жан дүниең толқымай, жан жүрегің сыздамай оқу мүмкін емес. Ақынның әрі мұңды, әрі өткір, әрі жаужүрек батыл «Менімен» бірге мазасыз ойлар кешесің. «Өлең ұқпайтын жандарға жыр құдіретін сездіруге» құштар Ақынның сезімі де сеңдей соқтығысып, көңілі бәйге алаңына айналғанда, рухы күшті жырлардан сенің де жаның рахат табады...
Аялап сұлулықты сезуге де көз керек, сосын жота жүрек керек, - деп толғаған Ақынның әрбір жырынан кездесіп отыратын теңеулері қандай! - «Жота жүрек» дейді. Сосын:
Базарынан баз кешкен жансыз дала —
сәбисіз үй секілді қаңыраған...
Немесе:
Қос етек көйлек киген келіншектер
көз байлар кең даланың аққуындай - деп сөз суретін салады. Ал, осындай-осындай сөз суреттері бұл ақында айтарлықтай-ақ мол. Оның теңеуінде: ажал - мүлт кетпес мерген; Уақыт - Батыр; Қазақстан - Октябрьдің жұлдызы, Советтер Одағының гүл шоғы; большевиктер - әділет символы; шындық - сәуле шашқан нұр; тіпті дауылдың өзі - даланың ән салдыратын дирижері екен... Мұндай теңеулерді санап тауысу мүмкін емес.
Сарыарқа, сал көрікті сайын далам
...кеңдікті көзден ұшқан қайыр маған!
Бұ не деген арын, бұл не деген батылдық? Асылы, сіз бен біз бұл ақынның осындай ерлігіне тәнтіміз-ау! Осы арынымен оқшау ошағын Дала тағдырына, ал Даласының бар бітім-болмысын Революция мұраттарына әкеп бір-ақ табыстырады. Тапқырлықтың да шегі болатын шығар? Ал, Фариза Революцияның туған күнін - Ақынның туған күні деп санайды. Әбден орынды. Революция - біздің өмірімізде. Кеше аспандағы Айдың сауырына «соқа» салсақ, бүгін космос қиырында нағашымыздың елін аралап жүргендей айлап-жылдап мекендейтін болдық. Бұны біле тұра Ақын қиялы қалай шарықтамас. Сондықтан ол:
Тіршіліктің мәңгі жас арда шағы
туған күндер ақиқат алмасары -
Жер айналып тұрғанда, жер үстінде
революция осылай жалғасады! - деп астары терең асқақ оймен түйеді, сізді де сендіреді.
Қызылорда. 1984 ж.
2. "МЕНІҢ ЖАНЫМ — ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ КІРШІКСІЗ"
Халқымыздың сүйікті ақыны - Фариза Оңғарсынованың 1987 жылы «Жазушы» баспасынан екі томдығы жарық көрген еді. Бұған дейін бірнеше жыр жинақтарын берген ақын бірінші томдығын:
Менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем, - деп бастаған екен. Шынында, ойланып қаласыз. Қай заман - бұл қыздың қолына Ақын қаламын ұстап, жыр кестесін өрнектеп келе жатқанына. Содан бері тек қана жыр-тағдырын аялаумен келеді екен. Жылдар көші - замана желі ағымдай лықсып өте беріпті. Ал, жазу азабына жан-тәнімен беріліп, қаламгерліктің қиын тағдырын қалап алған жаратылысы қағылез жанның қайсарлығына, гүлдей нәзік, тастай берік шыдамдылығына іштей риза болумен келеміз. Ақын болу, оның ішінде көпшіліктің көзіне түскен - жәмиғаттың назарын өзіне бұрған, үнемі жұртшылықтың тынысы - тіршілігімен бірге тыныстай алатын Ақын болу қандай қиын. Ф. Оңғарсынованың былайғы пенделерді өмірдің қиян-қилы бұрылыстарында ренжіткен сәттері болған шығар, ал ақындық соқпағында жырқұмар қауымның көңілін суытқан кезі болған жоқ, - деп сеніммен айта аламыз. Ол - өз оқырмандарын жыл өткен сайын, жинақтан-жинаққа өрлеген сайын қуантумен келе жатқан иісі қазақ поэзиясындағы тағдыры дара тұлға. Бұған дәлел - оның бүкіл ақындық әлемі, әр жылдары туған түйдек-түйдек жырлары.
Бұған дәлел - ақынға 1984 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілгеннен кейін 1989 жылы 26 қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағы үйінің үлкен залында Фариза Оңғарсынованың творчествосына арналған поэзия кеші болып өтті. Кешті белгілі әдебиетші, Мұрат Мұқтарұлы Әуезов екі тілде - қазақ және орыс тілдеріңде жүргізіп отырды. Сол кеште ақынға мақтау-мадақ біраз айтылды. Студент қыздар, театр артистері Фариза жырларын жатқа оқығанда - ақын поэтикасының жалынды құдіретін бұрынғыдан да анық, бұрынғыдан да күштірек сезініп, іштей түлеп отырған бір сәтіміз сол болды.
Ал енді ақын өлеңдерін орыс тіліне аударып жүрген ақындар сөз алғанда - Фариза жырларының қадір-қасиетін ерте танып, табыстарына тілектес болған жанкүйер сезіміміздің алданбағанына, біздің де көкірек көзіміздің ояу екендігіне қуандық. Аудармашы ақындар бірауыздан: «Біз Фариза жырларының қанжардай қайсарлығын, семсердей өткірлігін, тіл құнарын - бүкіл поэтикалық асқақтығы мен ішкі сыр-сипатын, басқаларға ұқсамайтын өзіндік дара табиғатын толық палитрасында жеткізе алмай келеміз», - дегенде, залды қызу қолшапалақтау көміп кетті.
Бұл не? Бұл - аудармашы ақындар ойын былайғы оқырман жұрағаттың құп алғандығы ғой. Ондай салиқалы кеште ақын ақын туралы жалған айта алмаса керек.
Өйткені, сол кешке қасиетті қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ғазиза Жұбанова, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Әбіш Кекілбаев сынды көптеген ірі өкілдері қатысып отырды. Сондай айбынды тұлғалардың алдында кімнің ақылы жетіп, жүрегі дауалап жалған айта алар еді.
Бұл бір. Артынша көп ұзамай біздің қолымызға Фаризаның «Художественная литература» баспасы шығарған бір томдығы («Қасиетті қылыш») тиді. Сол кітапқа қазақстандық әдебиетшілерден бұрын москвалық сыншы «Литературная газетаға» рецензия жазды. Біз лебізіміздің басында Фариза туралы «ақындық тағдыры дара тұлға» деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Мақалада айтылған ойлар мен тұжырымдар біздің ақын шығармаларын қабылдау түйсігімізді түлете түсті. Сенімімізді арттыра түсті. Енді, міне, соның бәрі - ақиқат шындыққа айналып отыр. Биыл «Правда» газеті, «Дружба народов» журналы Ф. Оңғарсынова туралы біздің ұлттық интеллектуал-тұлғаларымыз қашанғы бейқамдылығымен сілкініп айта алмай келген бағасын айтты. "Сөз жоқ, ол уақыт биігінен сөйлей алуға толық праволы Ақын", - деп бағалады. Тіпті, «Правда» газетінің оқырмандары қызымызды «жиырмасыншы ғасырдың ұлы ақындары» қатарына апарып та қойды. Лайым солай болғай!
Нені жырлап, нені айтса да, барлық ыстық-суық темпераментімен күйіп-жанып, күйдіріп-жандырып ағынан жарыла айтатын Ақын болмысын жырларының өзі-ақ ұғындырып тұратыны бір ғажап.
Менің ең жек көрерім - жасандылық,
Сүйерім - ащы шындық, тұрса-дағы ол
көзіме бейуақытта жас алдырып
немесе,
Сені қалай сүюдің керектігін,
мен ешқандай кітаптан оқымадым, - дейді туған жер туралы толғанғанда. Шынында, кім болмасын, туған жерін қалай қастерлеп, қалай шынымен жақсы көретіндігіне былайғы жұртты қалай сендіре алар? «Сүйемін де күйемін» деп көлгірсудің әсіресе ақын үшін қаншалықты қажеті бар?! Өлеңі сендіруі керек қой сізді.
Ақын достық пен екіжүзділік туралы:
менің екі дүниеде екі дұшпаным бар, олар - шындыққа жүгінбейтін өресіз жандар мен достарымды өзіме жамандап келетін күйкі пенделер. Басқалармен мәмілеге келсем де, әлгіндей бейшаралармен тіл табысуым мүмкін емес, -деп толғанады.
Халықтар достығын әркім әрқалай жырлады. Ал ақындық суреткерлікпен жырлау - бір басқа. Міне, қазақ пен қырғыз туралы айтқаны:
Екеумізге Алатау сая болған,
екеумізді бір қанжар жаралаған,
екеумізде бір өріс - дана далам, - бары-жоғы еркін көсілген үш жолға, зерделеп көрсеңіз, қанша тарих және қандай тарих сиып кеткен!
Ия, бұл ақынның суреткерлік биікте кемелденгенін кез-келген өлеңінен байқауға болады. Айталық, Қазақстанда тың көтеру туралы қаншама қампиған роман, құлаш-құлаш дастандар жазылды. Ал, циклді жырлардың ұшы-қиыры жоқ. Әрине, тың туралы жазған жақсы. Бірақ, қалай жазу керек? Әңгіме сонда. Көптеген ақындарымыздың тыңға байланысты халықтар достығы туралы алдымен өз халқының қайырымдылық қасиетін баса көрсету орнына қызыл сөзбен ұрандатып, жалаулатып айтқанына келісеміз бе?
Жоқ, мұндайда Фариза былай депті:
Жалаң аяқ, жалаң бас келген ұлды,
бұл Дала Батыр қылған.
Міне, образдап-астарлап айту деген осы. Ып-ықшам жолдарға бүкіл Даланың кеңқолтық дархандығы мен мейірімділігі сыйып кеткен. Тыңды игеруге кімдер келді, шынында да олар кімдер еді? Бәрі бірдей пайымды, парасатты жандар болды ма? Бола ала ма? Ал, осыған Фариза қалай жауап берген? Ол басқалар сияқты: «Сен күні кеше құлазып жатқан меңіреу дала едің, бүгін кемеліңе келдің, тың игерушілер сені түлен түлетіп, бізді ел қылды», - деп жатпайды. Елін де, жерін де ешкімнің табанына салып бермейді. Ал, тың игеру барысында қазақтың 40 миллион гектар жерінің түте-түтесі шыққаны баз бір ақындардың қаперінде жоқ...
Ақынның екінші бір ерекшелігі: кешегі тоқырау кезеңінде оның қайсар қаламының қалтырамағандығына да, уақыт тынысын байқағыш, көреген алғырлығына да сүйсінесіз. Бұған дейінгі жазғандары құдды қоғамды жаңарту процестері жүріп жатқан қазіргі революциялық қозғалыс барысында туған дүниелер сияқты әсер аласыз.
Оның ешқандай дау туғызбайтын айқын ақындық жаңашылдығын да мойындау керек. Пайымдап отырсаңыз, поэмалары шап-шағын, шып-шымыр толғау-монолог түрінде туған циклді жырлар - бір деммен туа салғандай болып келеді. Бұл үрдіс қазіргі жас ақындар творчествосында қызу дами бастады. Төлеген мен Мұқағали, Жұмекен мен Фариза бастаған толғау-монологтар бүгінгі дәуірге өткен заман кейіпкерлері көзімен ой жіберудің ұтымды нұсқасына айналды. Фаризада ел қорғаған батыр апаларымыз - Әлия мен Мәншүк кейінгі тірілермен толғау-монолог тебіренісімен тілдеседі. Махамбет те, Құрманғазы да, қазақтың бұрынғы өткен шешендері мен ақындары да солай шешіліп толғанады. Жырдың мұндай нұсқасына романдарға желі болып тартылатын ордалы ойларды да сыйғызуға болады екен. Жаңашылдық па бұл? Сөз жоқ, солай! Сірә, Фаризаның түйдек-түйдек циклді жырларын оқып шыққанымызда кең тынысты эпикалық шығармаларды оқығандай мол әсер алатынымыз да сондай бір құпиясына байланысты болса керек.
«Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім» деген поэмасында Фаризаның: «Қай заманға да дауылпаз екпін үн керек, найзағай сынды жыр керек...» - деп өзі айтқандай, оның ақындық табиғатына тән өршіл де өрісті жырларға молынан қауыша берейік, - дегіміз келеді.
Қызылорда. 1989
Берікгүл КӨЛЕГЕНОВА
Қазақ қызының сезімін жырлаудағы ақындығыңызға қоса, батырлығыңыз үшін, жанын жалынды, ашу-қасіретін арынды етіп суреттей алғандығыңыз, шынайы шыншылдығыңыз үшін сан алғыс Сізге, Фариза!
Арманымыздың өрлігін, жан-жүрегіміздің кеңдігі мен ерлігін өлеңіңізбен де, өміріңізбен де таныта білгендігіңіз үшін рахмет Сізге, Фариза! Өзіңізді мен ұнатқан «тылсым тыныш түндерді» сүйгендігіңіз үшін, «пасықтарға пысқырмас» тәккаббарлығыңыз үшін жақсы көрем.
10 қазан, 1982 жыл.