Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 сағат бұрын)
Фаризаға арнау (әңгімелер)

Адам жұлдыз бола ма?

Фәриза апаны білесің бе? Білмейсің… Ол деген… Ол деген… папамның бастығы… ол, ол… папам сияқты журналист, папам сияқты ақын. Көрсетейін бе, біздің үйде екі суреті бар. Біреуі сурет кәдімгі. Екіншісі кітаптың сыртында. Екеуі де түнде түскен сурет. Былай: қа-а-ап-қара түн, сосын әппақ Фәриза апа. Түннің ішінен қарап тұр. Сонда. Сонда… ол жұлдыз сияқты иә? Қыз-ы-ық! Жұлдыз сияқты… Адам жұлдыз бола ма екен?

Мен өскенде Фәриза апа болам.

1983. Гүлсайран МЕЙІРХАНҚЫЗЫ, 6 жаста

"ТІЛ АЛМАЙ ҚОЙСАҚ ҚАЙТЕДІ?.."

Мен ол кісіні өте жақсы көремін, бірақ кейде ұнатпай қалам. Оллаһи, шыным. Әр ұнатпай қалған сайын ішімде төңкерістер түрегелмекші болады. Бірақ сүт қайнатымнан соң ішімде екі сезім төбелеседі де, ақыры "апай ғой, ақын ғой!" деген сезім жеңіп шығады. Сосын, ішімнен кейіп отырсам да басым өзінен өзі шұлғып, аузым "апалап", көзім боталап шыға келеді-әй!.. Қатты өкпелеп, өкпемнің көзі тым шақырайып бара жатқанда да, өзім үшін "сатқын сезім" — ЖАҚСЫ КӨРУ ("Омонимдер" сөздігін қараңыз) жылап-еңіреп, жалынып отырып басып тастайды! А…

Мұның бәрі жақсы-ақ шығар, бірақ, медальдың екінші жағы бар. Ойлаймын-ау:

1. Бас шұлғи беру екі адам арасындағы қарым-қатынаста екі жаққа да жаман. Шұлғыған жаққа — "мырыңдаған мырық" етіп тастайтынымен;

2. Шұлғу бағытталған жаққа — "менікі дұрыс" атты пікірдің жақын маңайын бұлтша көлегейлеп тастайтыны… т.т…

Е, "ЖАҚСЫ КӨРУ-дің осындай да түрі бола ма?" деген сұрақ туады. Барлық жақсы көру тарихында таяқты ылғи жақсы көретіндер дейді екен неге?

…Айтқанын алла-тағаланың аянындай көремін. Өкпемді ұмытып, тілін аламын ылғи. Соныма таңмын. Не сыр бар мұнда?

Егер жақсы көрмей қойсам қайтеді, тілін алмай қойсам қайтеді? А…

Кө-өме-ек-те-есің-де-ер-р!

(Автор атын қоюға жүрексініпті).

1 983. Гүлсайран МЕЙІРХАНҚЫЗЫ, 6 жаста

*** *** *** *** *** *** ***

Мен Пайза атамды жақсы көремін… Ол маған кәмпит береді. Мен қуанып оған… Бірақ кәмпитті күнде-күнде берсе ғой, қайдан…

***

Пайза ата мені бөлмесіне шақырады. Қалай барам, кө-ө-еп кісілер отыр. Сосын: "Әй, Гүлімжан, Дидар деген бала бар ма ана жақта!? Бар болса, сыртқа шығарып жібер?, — деді. Мен оған өкпеледім!

Абіләй аға маған: "Неге кірмейсің, неге кірмейсің?" — дейді. Кірейін десем ұрсысып қаламын ғой тағы да. Бірақ Пайза атамды жақсы көрем мен…

1983. Дидар ЕРЕКЕҰЛЫ. 4 жаста

*** *** *** *** *** *** ***

ФӘКЕ, СӘЛЕМЕТСІЗ БЕ!

Алматыда өткізген күндеріміздің ақылы да, ажар-көркі де, ықылас-ырысы да өзіңіз болдыңыз; үлкен басыңызбен бізге көрсеткен мол құрметке көп рахмет!

Адамдығыңыз бен азаматтығыңызға бас иемін! Әрдайым осы қарапайым кең көңіл күйде жер бетінде ұшыраса берейік.

Құрметпен, Роллан Сейсенбаев.

Москва. 1983 ж

*** *** *** *** *** *** ***

АҚЫННЫҢ ЖҮРЕК СЫРЫ

Нарша ҚАШАҒАНОВ

Жақсы ақын оқырманның рухани өміріне елеусіз еніп, жан дүниесін жаулап алады да, сол арқылы жақсылыққа баулиды. Жақсы ақынның жырларын оқыған сайын адам өзін-өзі ашады, өмірді түйсіне түседі. Ол оқырманның сағынғанда, қуанғанда, мұңайғанда, өкінгенде жүгінетін жебеуші — медетіне, сын сағатта сүйенетін, сенетін сыралғы серігіне айналады. Азабы аз емес ақындықтың бақыты да, бар мәні де осында.

Қазақ ақыны Фариза Оңғарсынованың өрелі, өрнекті өзіндік сыр-сипатымен, бітім-болмысымен өзгешеленетін өлеңдерін өміріне рухани тірек еткен оқырмандар әр қалада, әр ауылда бар. Жырқұмар жұртшылықтың сүйіктісі, бүгінгі қазақ поэзиясының дара даусы бар, танымал тұлғасының бірі — Ф. Оңғарсынованың жарық көрген әр кітабы — әдебиетіміздегі әдемі оқиға.

Әр сөзінің салмағы, сабағы бар сарабдал суреткер, академик Ғабит Мүсіреповтің «Сұхбатқа» алғысөз жазуын арлы ақынға, азамат ақынға берілген биік әрі әділ баға деп білуіміз керек.

Ф. Оңғарсынованың бұл кітабы — ақынның тіршілік туралы тебіренісі тереңдей түскеніне, ізденіспен ілгерілеп, ойшыл суреткер деңгейіне көтерілгеніне дәлел. Сөз бен сезімнің, ой мен образдың үйлесімі, сыртқы түр мен ішкі сырдың үндестігі, гуманистік пафос, ана тілінің бар қасиеті мен байлығын бойға сіңіру, жаңашылдық — Фариза творчествосының ешкіммен шатастырмайтын ерекшелігін құрайды. Дүниенің жұмбағын танып-білуге, қандай құбылысқа болмасын поэтикалық ой көзімен қарап, философиялық астар беруге бейім ақын кірлеген көңілді жан жаңбырындай кәусар сезіммен шайып, өзегін өртеген мұңы мен мұратын, сүйгені мен сүйсінгенін, түйгені мен түйсінгенін өлең етіп өре білген.

«Сұхбатқа» енген жырлардың тақырып ауқымы кең. Жақсылығын жалтақтамай таратар жақсы адамдар жайлы жарқын жырлар — аталмыш кітаптың ажары. Қоғамымыздың басты байлығы адамдар, туған жер тынысы, дала дидары — ақынның тұрақты тақырыбы. Бақыттың бесігі, байлықтың бастауы, достық мекені, ерлік алаңы, қырандар тұғыры — Қазақстан туралы тебіренісін Фариза ақын:

Ұл өсірген жанының оты жалын,
Аялаған үкілеп тотыларын.
Елдігіме нәр берген қасиетіңнен
айналайын, киелі топырағым, — деп түйеді.

Асқар Алатау, сал Сарыарқа, торғын кешті Торғай туралы топтамалар — үлкен жүректен шыққан сезім сәулелері.

Қыз мінезі қыр-сырының білгірі, зерделі зерттеушісі, жансүйер жыршысы Фариза — тағдырының «сұлулығын, күн текті ұлылығын» етене жақындықпен түсініп, сезініп жырлайды. «Тыныштыққа жаны алаң, жанары алаң, сәл кіреуке жүрегін жаралаған» нәзік жандарға — әсемдіктің, пәктіктің символы қыздарға арналған бұл өлеңдерде жан-жүрекке тиетін шуақты шумақтар аз емес.

Ес кетіріп сүю, еркелеу арқылы бір-бірінің көңіліне күдік сепкен адамдардың жүрегіне жылу әкеліп, үміт отын құйыңдар, нәзіктік шуағын шашыңдар деген ойларды тарата келіп, ақын былайша тұжырым жасайды:

Ескеріңдер, ертеңгі ел тағдыры,
Жер тағдыры сендердің қолдарыңда.

Адам болмысының асылын да, жасығын да жақсы ажырата алатын ақынның адамды сүюі алабөтен. Ғашықтық ғаламатын сезіну, сүйе білу парасаты тазалықты, талантты талап етеді. Фаризаның лирикалық кейіпкерлері құлай сүйеді, санамен сағынады, өнегелі, өлшеусіз махаббатымен тәнті етеді. Жалын атқан сезіммен, жан-тәнімен беріле:

Жақсы көру не деген керемет ең, — десе,
Жүректен шыққан жолдардан
жанымның жасы тұр тамып, —

деп ағынан жарылса, ақынға оқырман риясыз сенеді. Себебі, «махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім».

Жүрегінің жүгі ауыр, өмір сүруге де, өлең жазуға да өте-мөте жауапты қарайтын, қатты-тәттінің бәрін де жүрегімен қабылдайтын ақын баз біреулерге, бәлкім, өмірге өкпелі, сары уайымға салынғыш, арылмас мұңның адамындай көрінер. Алайда ақынды айыптауға асықпай, түсінуге тырысу керек. Әйтпесе, «ақындықтан не пайда, сөз ұғар елің болмаса». Күрмеуі көп күрделі өмірде адам болып жүру адам болып қалу — ауыр сын. Тағдыр жолы тақтайдай тегіс емес, адам жаны айнадай мөлдір емес. Мұның бәрі ақын көңілінде көрініс береді. Жұдырықтай жүрекке жұмыр жердің салмағы түскен бір сәттерде ақын:

Тағдыр жайлы, ел жайлы, қаза жайлы,
өмір жайлы, дос жайлы жаз арайлы
жақсы, жаман ойлар кеп оңашада
маған тыным бермейді,
мазалайды, — деп толғанады.

Жақсы адам болудың, жақсы ақын болудың екі ауыр теңі бірдей артылған соң «ойын арзан, күлкі қымбат» болып кететіні де кәдік. Ақиқатты тануға, адамдардың астарын ашуға өмірін де, өнерін де арнаған адамның қуанышынан мұңы көп болып жатуы мүмкін.

Өмір — тартыстар мен күрестер драмасының сахнасы. Уақыт жаңғырып, ұрпақтар жаңарып жатқанмен, өмір заңы өзгеріп кеткен жоқ. Ақиқатты тануда ақырғы пікір, аксиома деген болмайды. Әр ұрпақ, әр адам, әр қаламгер өмір заңын өзгеше ашады. Ақынды алаңдататын, ауыртатын қиын түйіндер қай заманда да аз болмаған, әлі де жеткілікті. Жыр жарысы — мүшәйраның дәстүрін жаңғыртып, сол сарынмен жазылған өлеңдерде өмірдің мәні пайымдалады. Әңгіме мүшәйрада немесе қай ақынның қашан, не айтқанында емес, тірлік тартысындағы жақсылық пен жамандықтың мәңгі бітіспес мылтықсыз майданының ақынның (мейлі, ол қай кезеңде өмір сүрсін) бейтарап қалмайтындығында.

«Мүшәйра» жырлары — адамзатқа ашық хат, ақын жанының ащы айқайы. Бұл өлеңдерде ақын от басы, ошақ қасының шек-шеңберінен шығып, адамзатқа ортақ биіктен ой толғайды. Бұл жырлар — азаматтық парыз, адам болып өмір сүрудің мәні, сезімдегі таңғы шықтай тазалық туралы «жүрегінің түбіне кір жасырмай» айтқан ақиық ақынның сөзі, ақиқат үні.

«Ошағым — оқшау құрлығым», «Достар — айдын, ел — кемем» атты тарауларда ақынның мөлдір мұңы мен жан сыры жыр моншағына тізілген. Бұл тарауларда — творчествосы толысып, кемелденген ақынның сөздің сөзі мен сезімнің сөлінен сүзіліп шыққан дүниелері. Әсіресе, «Ошағым — оқшау құрлығым» тарауы қалғып бара жатқан жігерді жаныр, салқындап бара жатқан көңілді қозғар, самарқаулықты сілкіп-сілкіп жіберер, жаныңды сезіммен құнарландырар қуатты жырлардан құралған.

Тұтастай алғанда, кітапта көркемдігі кемел жақсы жырлар көп те, жауапсыз жазыла салған жасық жолдар аз. Тегінде халыққа қадірі артқан сайын қаламгердің қасиетті борышы биіктей, әрі жүгі ауырлай берсе керек. Өзіне қашан да қатал сыншы болатын ақынға оқырман сенімі ортаймақ емес.

«Сұхбат» — сан сауалға сарыла жауап іздеген суреткердің өмір жайлы, адам жайлы, қоғамдық-әлеуметтік құбылыстар жайлы оқырманмен ой бөлісуі, жүрек сыры. «Сұхбат» — уақыттың өлеңдегі көрінісі ғана емес, суреткердің де дүниетанымы, рухани өмірбаяны.

Жамбыл облысы. 1984 жыл.

***

Сәлеметсіз бе, менің аса зор құрмет тұтушы ақыным?! Аман-сау жүріп жатырсыз ба?

Сіздің жазған хатыңызды алғандағы қуанышымды қалай жеткізсем екен, көп-көп рахмет! Рахметті қанша қайталасам да жеткіліксіз сияқты. Әрине сізге хат жазып тұрушы көптеген жастың болуы әбден заңды. Сол көп хаттың бірі болып еш жауапсыз қалмай өз хатымның жауап әкелгеніне қуаныштымын. Сол хатты қаншама уақыт ойланып-толғанып жүріп жазайын деген шешімім бойынша жазып салып жіберсем де "жалғыз мен бе, талайлар-ақ, (оқырмандар) хат жолдар, соның бәріне бірдей жауап жаза берер деймісің" деген ой мазалап, өзімді-өзім "бекер-ақ жазған екенмін деп" өкініп те жүрдім. Сізден жауап келмегенде Сізге деген сүйіспеншілік көңілдің бір мысқал да болса азайып қалуы мүмкін ғой. Керісінше өзіңіз жазғандағыдай "онша жылы да емес" хатыңызбен мен сізді бұрынғыдан бетер жақсы көріп бара жатқанға ұқсаймын.

Адам баласы қашан да көз жұмып өткенше күйбеңі таусыла ма, оның үстіне газет жұмысының оңай еместігін көріп те жүрмін. Сонда да болса үзбей хат жазысып, таныстықтың ең биік шыңына жетсек деген тілегім бар.

Сізге әр уақытта шексіз бақыт, таусылмас шалқар шабыт, творчестволық зор табыс тілеймін. Қашан да өз әріптестеріңізден жоғары көріне берсеңіз екен.

Сәлеммен Рақыш.

Жезді поселкесі.

30 қыркүйек 1984 ж.

*** *** *** *** *** *** ***

ҚАНАТТЫ ЖЫРДЫҢ ҚАРЛЫҒАШЫ

Мереке ҰЙЫҚБАЕВА

Өмір поэзиясының өрімін саралай таратқанда өнердің ең тамыр ұстар басты қайнар тұнығы сезім мөлдірлігі десек, ол қашанда нәзіктікпен астасып жатады. Халық мұрасының қайнары — фольклорлық нұсқалардың өзіндегі толқымалы тұстарда да әйел жанының пәктігі өмір поэзиясымен ұштасып, жүректі шымырлатады. Жарын сағынған, арманына жете алмаған Төлегеннің өз алдына — ғажайып дүние көрінісі «әуеден ұшқан алты қаз» болып елестейді. Соның барлығы тек поэтикалық образ ретінде ғана бағалы емес, әйел жанының, махаббаттың, оның асыл қасиеттерінің бейнесі. Әйел адамның жан дүниесі жомарт әрі кірпияз. Сан қилы сезім толқыныстары оның жүрегі арқылы өтеді. Сондықтан да қолына қалам алып, жыр толғаған әйел затының рухани байлығы, ой-қиялының болмыс-бітімі, тереңге тамыр жайып, барынша толық шешек атады. Ол — ана, жар, әсемдіктің үлгісі. Асыл махаббатты оятқан, өмір сыйлаған, бақыт отын тұтатқан әйелден асқан қасиетті ұғым жоқ. Ал ақын әйел — болмыстың ерекше сыйы. Қадым заманнан тек поэтикалық шығармалардың кейіпкері болып келсе, қазір олардың өзі көкірегінен жыр құсын ұшырып, қоғамдық іске белсене араласады. Ақыл-ой ағымының арнасына үлес қосады. Өмір кұбылыстарының ішіндегі жұлдыздай жарқыраған жандардың жұлдызы қашан да жоғарыдан өзіне тартып, ынтықтырары белгілі.

Қазіргі ғылыми-техникалық заманда адамның мүмкіндігіне шек қойылмайды. Ал әйел жанының серігі — өнер. Бұл ретте интеллектуальдық өресі биік, жан қуаты жігерлі, жүрек отын үрлейтін ыстық лепті, әр құбылысқа зер сала қарап, байсалды бағалайтын ақын Фариза Оңғарсынованың поэзиясы ерекше дараланады. Ол өмірдің көріністерін ерекше әсермен қабылдай білген ақын. Бүгінгі күннің әр тынысын дөп басып, толғана жырға қосады. Фаризаның поэтикалық әлемінің қуатты күші де осында. Жасандылыққа жаны жат. Нені жырласа да, беріле, жүрек толқынын тербете жырлайды. Әсердің өзін әсірелемейді, нақты әрі бейнелі суретпен өрнек салады. Ақынмен қоса оқырман да тебіренеді. «Әсершіл ойдың лүпілін дөп басатын жандарды сенің көзің мен ақылың қашанғы етжақынындай өзіне тартады» деген ағайынды Гонкурлардың пікірі де тікелей Фариза Оңғарсынованың творчествосына қаратылып айтылған іспетті. Бұл қасиет оның төл туындыларының, Отан туралы толғаныстарының салмағын арттырады. Фаризаның өлеңдеріндегі азаматтық асқақ үн халық ақындарының (мысалы Махамбеттің) творчествосындағы озық үлгімен сабақтаса өріледі. Бұл озық үрдіс тек ұлттық дәстүрмен ғана шектелмей, орыс поэзиясындағы Маяковский сияқты тарлан ақындардың творчествосымен де тығыз байланысты өрбігені анық.

Қазіргі қазақ ақындары фольклорлық үрдісті өз шығармаларында пайдалана отырып, әдемі өрнек жасауға ерекше зейін қояды. Әсіресе, азаматтық сипаттар басым, жыраулардың елді бірлікке шақырған, бейбітшілікке үндеген еркін толғаулары, шешендік үлгілері айшықтана көрінеді. Ондағы суырып айтқан отты жырдың еркін ырғақтары бүгінгі жазба поэзиясындағы тың леп болып табылады. Мұндағы ішкі иірімдер тек ырғақ, түр жағынан ғана емес, сондай-ақ образдық бейнелерде тоғысып, жаңа мазмұнға, соны сипатқа ие болып, рухани өмірдің құбылысын бейнелейді. Бүгінгі қазақ поэзиясындағы қанатты жырдың қарлығаштарының бірі Фариза Оңғарсынованың творчествосының күре тамыры тікелей кең өрісті үрдіспен сабақтасып жатады. Ақынның ізденісі жыл сайын формалық, тақырыптық жағынан ғана емес, философиялық тұрғысынан да, ойды образбен бейнелеу жүйесінен де терең тамыр тартып, әлеуметтік астарды аша отырып, тамаша поэтикалық туындылармен оқырмандарды сусындатып келеді.

Азамат ақын туған жерін сүю арқылы ғана биік тұғырға көтеріле алады. Фариза жыры алғашқы баспалдақтарынан бастап ашықтығымен, еркіндігімен, сыршылдығымен баурайды. Арманшыл жүрек ақ сырын ағынан жарыла ашық үнмен, елінен еш пікір бүкпей тура айтады. Өткірлік — өлеңнің серігі. Құс-көңіл шалқи тебіреніп:

О, туған жер,
кеңпейіл құшағың кең,
саған көңіл бұлқынар күш ағынмен,
сағынышымды қанат қып саған қарай
балапандай талпынып ұшамын мен.
Алақаны анамның — топырағың,
сендік махаббатымның оты жалын,
сені қалай сүюдің керектігін,
мен ешқандай кітаптан оқымадым.
Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,
сенде жанды тербетер дастан бар-ау.
Менің мынау өмірге құштарлығым
сені жақсы көруден басталған-ау.
Кешірме сен,
жат қылықпен жаныңды жараласам,
бар сырымды бүкпесіз саған ашам.
Мен ел кезіп кетермін отансыздай, —
үмітіңді ақтауға жарамасам, — деп жырлайды.

Фариза тек ойын ашық айтуға ғана құлшынбайды. Соны бейнелі суретпенен өрнектеп, әдемі кестелейді. Зады поэзияның қасиеті мен қадірі әуезділігімен, әсем теңеулерімен сиқырлы күш дарытады. Сол сиқырлы әлемнің ішіне шақырып, шынайы сезімге бөлейді. Сағыныштың қанатын жайып, балапан болып талпынып, туған жерге қарай қанат қағуы қандай жарасымды! Немесе ананың алақанын туған топырағына балауында қаншама астар, тереңдік жатыр. Ананың мейірімді, ыстық, бәрінен жақын, ең аяулы нәзік махаббатының бейнелі баламасы. Ұлы сүйіспеншілікке ие болған адамға жүктелер аманат та зор, талап та биік. Үмітті ақтамаған азамат қашан да атамекеннің алдында именшек. Ендеше Фариза ақынның бұл өлең жолдары туған жерден түлеп ұшқан көңілмен оны мәңгі аялай білуді, биік асқарларға ұмтылыспен, сол асқарды өзі ант етіп, азаматтық мақсат қояды. Егер дәлірек айтсақ «Мен ел кезіп кетермін отансыздай, үмітіңді ақтауға жарамасам» деуінде атамекенге деген адал перзенттің серті бар. Ол тек көгершін-көңілдің өрлігі емес, ақындық парасаттың парызы. Поэзия табалдырығын осындай өр әрі ойлы өредегі өлеңмен көмкерген Фариза нәзік әйел жүрегінің тазалығын сақтай отырып:

Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,
сен маған жалынбашы, табынбашы.
Ер мінезді жігітті ұнатады

осы бір қарындасың, — деп ақтарылып, жан мөлдірлігін жанының туы етеді. Бұл арада еркін ескен желдей еркіндіктің де, жібектей созылған нәзіктіктің де, биязылықтың да лебі еседі. Ашық мінезі ажарына жарасатын адал әйелдің бейнесі елестейді. Ұяла тұрып, бар шындықты жасырып қалмайды. Өйткені сүйгендердің сезімі сыйлықпен, жалған сырбаздықпен өтелмейді.

Онсыз да бір өзіңсің барым асыл,
онсыз да өзің менің қанымдасың, жанымдасың.
Ешқашан саған деген ақ сезімді
қалмайды сағым басып.

Өзіндік өр үнімен өлең өлкесін аттаған Фаризаның лирикалық геройынан алғашында еркекшора мінезді қызды көргендей тіксіне қалып, жанына жат қабылдағандар да кездесті. Алайда ақынның рухани толқынысы буырқанып, бар болмысымен шешек атқанда ғана жыр маржанының ділін танып, жасандылықсыз асылды көргендей сүйінді. Енді Фаризаның өткір, ашық мінезді лирикалық Мені поэзиямыздың болмыстық қасиетіне ұласты. Жырдан жырға, жылдан жылға, жинақтан жинаққа жан толқынының тұнық тұмасын буырқанта төгіп, «асау толқынға» жалғасты.

Ақынның лирикалық геройы тек ашық мінезімен ғана өзіне тартқан жоқ, әлеуметтік астармен әдіптеліп, әйел жанының болмысын бар қуаныш-күйінішімен, бақытымен, тауқыметімен, нәзіктігімен, пәктігімен жырлап, сырлас құрбыға, байсалды досқа, жан серігіне айналды. Мейлі анасымен, мейлі замандастарымен сырлассын, бәрінен де шынайы сезім тұнығы шымырлап шығады.

Ана,
жалғыз арқалап тағдыр жүгін,
кең әлемде өзіңсіз қалдым бүгін.
Сен ұйқыдан оянып қарсы алушы ең
алғашқы таңның нұрын.
Таң келеді бүгін де, жаным анам,
жалғыздықты жолдас қып тағы маған.
Елжіреймін сені ойлап, тек өзіңді
осылай сағына алам.
Жүрегіме түскендей жара-таңба,
жетіспейді мейірім — алақан да…
Қайда жүрсем күн сайын шырт ұйқыдан
оянам таң атарда.
Таң атарда еске алам күнде сені,
көмейіме тығылып мұң кесегі.
Көз алдымнан кетпейтін нұр бейнеңмен
жүрегім тілдеседі.
Көк орманды бұлбұлмен үндес едім,
жесірдеймін тарқатар түнге шерін.
Өмір кешіп, қалғандай жұртта жалғыз,
жырыммен тілдесемін.

Ақынның жан жүрегінің езілуі сендіреді. Сағыныш — қашан да өмір серігі. Соны тұсамай, еркін шешеді. Өз көңілінің көлеңкесін бүкпесіз ашады. Жыр арқауы тек ақынның лирикалық геройының мұң-наласы емес, исі адам атаулыға ортақ көкірек сағынышы. Өз анаңды ойлайсың, оның оңашада басыңнан сипап, еркелеткен аялы алақанының жылуын еске аласың. Фаризаның өлеңдерінің барлығы бір бояудан тұрмайды. Сан алуан әуенге, түрлі-түске қанық. Бірде жалынды сезім отына өртесе, бірде қуантады, бірде сергітеді. Ұсақ-түйек нәрсеге, болмашыға алдандырмайды. Биікті нұсқайды. Қашан да азаматтықты алтын өзегі етеді. Өмірдің өзі сияқты қилы құбылысқа толы әйел мұңына азаматтық сипат береді.

Байеке, жаралғансыз нық тұғырдан,
ел билер ерлер ғана жұртты ұғынған,
ұрланған бір жылқыны мен төлейін,
жігітті босатсаңыз тұтқынынан.
Қуарып көгал қалар бұлақ кепсе,
есейіп ер шыңдалар сынақ шексе.
Байлығы, бағы барға сөз бе, тәйір,
жігіттің тақымында бір ат кетсе!
Толғанмен толқынданып жылға малға,
өмірдің сындары көп тұрған алда.
Біреу бай, біреу жаяу, біреу мықты,
теңдікке дала тапшы бұл заманда.
Ел бастап, ат мінгенмен кем-күн бүгін,
жарытпас, сезе алмаған ел тірлігін.
Бостандық-тұңғыш байлық бұл далада,
жігіттің қайтарыңыз еркіндігін.
Бақ деген, байлық деген — жанға қонақ,
шығады ажал бір күн алдан орап.
Азабын тартқан ел де қуанады
ұшқанда алтын тақтан хан домалап.
Мейірім — басты ұраны ерікті елдің,
бір жолға жас жігітке ерік бергін.
Далада қыз тілегі қабыл ғой деп,
сіздегі мейірімге сеніп келдім.

Жаңа ғана анасының бейнесін сағынып отырған ақын жүрегі намыс жолында аруақтанып сала береді. Ер жігітті бір күлте жалға бола қорлық шектіргісі келген байдан қыз қорғайды, арымен қорғайды. Ақын Сараның аузына салған осынау намысты, қайратты сөздің парасаты, кеңдігі кез-келген пысыққа, жалған намыс қуған жандарға үлгі боларлықтай. Өз басының бостандығын қорғай алмаған Сара азаматтың ары тапталғанда жаны күйіп, араша тілейді. Фариза поэзиясындағы әйелдер стихиясы күреске толы. Бұйығылық, не нәзік мұңға берілу, бір сарындылық кездеспейді. Әр көңілдің қыл ішегін шертеді. Жай әйел емес ел намысын ойлайтын азамат.

Жаны ізгі жақсыларға жырым несіп,
аққудай жүрмін айдың нұрын кешіп, —

деп еркелеген ақын көңілі, әйелдің нәзік жаны өз басының мұңына келгенде сәл жасып, ағасына мұңын:

Басыма тағдыр құрық салды ма шын,
арнайтын аға біткен бар мұрасын,
көтеріп ат үстінен алушы еді,

жылатып қоя ма енді қарлығашын? — деп шағады. Егер осы арада Сара алғашқы ер жігіттің мінезіне кешу сұрағандай өктем үнмен тіл қатса жалаң естілер еді. Бұл арада Фариза ақын Сара ақынның «Келгенде өз басыма шықпайды үнім» дегенін емеурінге алған. Қашан да қазақ қарындасын қарлығашқа теңеген. Ол — халық көкейіндегі, сонау «Елім-ай» әнінен бастап жүрекке ұялаған образдық тұлға. Бұл арада сол халықтық бейнені енді өзгеше астарынан көрсетеді. Ән мен жырдың думаны Сара өз бақыты үшін күресе біледі. Даланың төсін еркін кезген қарлығашты елестете келіп:

Кешсе де қиын жолда ызғар, батпақ,
далада әйел сүйген, қызды ардақтап.
Таңдаймын қалауымды! Еркімді бер,

табамын дала кезіп, құздарды аттап! — деп шарықтап, эпостық шығармалардағы ержүрек аруларға тән ірілік бейнесін емеурін етеді. Фаризаның лирикалық кейіпкерлеріне тиесілі ерлік сезіледі. Ол ешқашанда тағдырдың тезіне күрессіз берілмейді, қанаты талғанша ұшады, демі жеткенше бар дауысымен шағына айқайлайды, мертіксе де күресіп, қарсыласып өтеді.

Ақынның мұқым творчествосындағы басты лирикалық герой — әйел. Тағдырдың талай тауқыметін тартқан, соған қарсы күресе білген Сара туралы «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», ән еркесі Майра жөніндегі «Тартады бозбаланы магнитім», ғашығына қосыла алмаған «Ақбөбек жырлары» — Фаризаның ақындық, азаматтық ой-парасатын танытатын кесек дүниелер. Онда еркіндік те, еркелік те, егілу де бар. Әйел тағдырын арқау еткен «Сенің махаббатың» атты жыр шығаруы бұл саладағы творчестволық ізденістің кездейсоқ еместігін дәлелдейді. Жыр кешегі күнгі мұңлы жандар ғұмыры емес, бүгінгі әйелдің бақыт, қуанышы, өмірдегі, өнердегі шоқтығы жыр болып төгіледі. «Дыбыстар әлемінде» композитордың сұлу сазға ғашықтығы музыкалық аспаптардың үндестігімен беріледі. Қазақ ақындары ертеден өзінің домбырасымен, қобызымен сөйлесіп, сол арқылы айтар ойын елге жеткізген. Сол үрдісті ақын жаңа қырынан пайдаланған. «Бибігүл-ән» де толғаудың, «Шаңырақ туралы жыр немесе жас ананың әндерінде» халық ауыз әдебиетіндегі әдемі өрнек тапқан бесік жырының әуені бар.

Айналайын, бөбегім,
аймалайын, бөбегім.
Анашыңның гүлі боп,
жайна дәйім, бөбегім, — деп еркін есіледі. Ырғақтан да, образдан да халықтық тыныстың исі аңқиды.

Шынайы сезімнің тұнығынан шымырлап шыққан шумақтардың бойынан асау мінезді аңғару Фариза поэзиясының әлемі үшін кәдімгі заңдылыққа жатады. Менменсуден, құр кеуде қағудан немесе бет жырта ашынудан аулақ. Тәкаппарлықтың табы танылғанымен де сырласын сыртқа теппейді. Ыстық қанның қызуы қариды. Шындықты бетке айта отырып, жақсы көреді. Мұндай ерке мінезді лирикалық герой Марина Цветаеваның жырларында тұтастық тапқандай еді. Фаризаның жыр әлеміне жасықтық жат. Бұйығылықтың, егілудің ізі сораб тартпайды. Лирикалық кейіпкерді сілкіндіріп, сезімін сергітеді. Шалқыса шалқарға шарықтайды, еркелесе де ойындағысын айтады. Көңілінде қылаудай жасырын сыр қалмайды. Көне қазақ поэзиясындағы сөзден бұғағы бүлкілдеген жыраулардың поэтикалық екпіні мен бейнелеу образдарының тұтастығы нышан танытады. Махамбеттің рухани жалғасы іспетті жыр құстары Фариза көкірегінен қанат қағады. Бұл ретте ол өз тұғырының томағасын жүрексінсе де жасқанбай ашады.

Мен қорықпаймын
сұсты тұлғаларыңнан, асқарларым,
жанартаулардан лапылдап шашқан жалын.
Көңіл — сұңқар емес пе — келеді ылғи
асқарлардан да әрі асып аспандағым.
Өршіп қайта жаныма от алмасам,
мен әйтеуір құздардан жасқанбадым,
сезем — талай жанардан жас парларын,
тарлау жолда тайғанақ тастар барын.
Шырқау деген — шыңдардан құлау емес,
жасыма тек, жас құсым — жақсы арманым!

Сұңқар көңіл самғайды. Ол қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі бейнелік сипат алатын үлкен ұғымға ұласады. Жалпы құс бейнесі қазақ ақындары үшін, оның ішінде Фариза үшін, ақынның өмір танымындағы өмір танымдық философиясы ретінде тартылады. Әр жолы қолданған сайын қайталанбас соны мағынаны суреттейді. Поэтикалық тәсілдің де, жан күйзелісі мен қуанышының толқынын сездіреді. Көңіл иірімінің ағысына қарай құс бейнелері де өзгеріп отырады. Қазақ халқының фольклорлық дәстүрінде адалдықтың, махаббаттың, қыран — еркіндіктің, бұлбұл — өнердің, сандуғаш — әннің, сағыныш-қанаттың баламасы. Фариза осы дәстүрлі бейнелерді лирикалық кейіпкердің тебіренісімен астастыра, қабыстыра шебер қиыстырады.

Аққу құс ем, қос қанатым қырқылды,
қансырап талпындым да, ұша алмадым.

Міне, осы образдан арманына жете алмаған әйелдің өкінішті өксігін аңғарамыз. Аққу — сүйіспеншілік сезімі, арман құсы. Енді сол жанның арманы кесілді, үміті өшті, жүрегі жараланды. Әрине, ақын осы ұғымдарды астарлап, аққуға теңемей-ақ жеткізуіне болады. Бірақта, қасиетті құстың бейнесінде ол ерекше әсерлік сипатқа ие болатынын Фариза нәзік жанның сезім толқыны арқылы сезінеді.

Қанаты сынған қырандай
әйтеуір жүрмін жер басып...

Жаңағы егілу қос тармақта өзгеше мағына танытады. Еркіндіктің символы — сұңқар. Алдыңғы шумақта тағдырға налыса, өкініш уыты әлі басылмаса, мұнда бәріне көнген шарасыздық бар. Еркіндігінен айырылған қыран тәрізді. Ол — жаралы, ем де іздемейді. Топшысын тағдыр уатқан. Құс бейнесі — Фариза Оңғарсынова үшін тура мағынасында әсерсіз. Ал адам тағдырымен астасқанда ерекше философиялық тереңдікке жетелейді. «XX ғасырда метафоралық образ жаттанды сөзден қашудың тәсілі ретінде ерекше мәнге иеленіп, тура және символикалық мағынасында емеурін арқылы түрленіп, жаңа тыныс әкелді», — деп пікір білдірген Е.Ермилованың сөзі ақын шеберлігінің ғана емес, оның бүгінгі заман поэзиясының бағытын терең түсінген, іздену бағамдарын бағамдатады.

Тіпті ақынның құс бейнелеріндегі емеурінді теңеулерін ұлттық ерекшелік деп бағалауға болады. Өйткені әр халықтың өзіне тән, етене жақын символикалық атаулары бар ғой. Бұл тәсіл ақынның айтар емеурінін кеңітіп, ойын қозғайды. «Сандуғаш» атты өлеңінде Фариза жырды:

Ұшырдым көңілімнің сандуғашын,

елімнің арала деп тау-жылғасын, — деп әдемі айтқан. Өнерді құс ретінде астарлап, оқырманмен арадағы сиқырлы, қасиетті «байланысшы» түрінде ұшырады. Қанат — Фариза өлеңдерінде поэтикалық үлкен ұғымға ие. Оны тақырып пен толғандырған жайларға байланысты мың құбылтып, әр жолы мән береді.

Туған жердің мейірім, сенімінсіз
таланттар да қанатсыз қырандардай,

немесе:

Қанат біткендей шарықтап, шырқап келем мен,

қазақтың мынау гүлденген байтақ даласын, — дегендегі қос тармақтарда қанат қилы нысананы мегзейді. Бұл жерде қанат — шабыттың, бақыттың, қуанышты көңілдің баламасы. «Сағыныш қанатында» шарықтаймын деуі де сондықтан. Биікке өрлеп, космостық өлшеммен, дүниеге көз тігуді көксейді. Алайда Фаризаның поэзиясындағы халықтық образдар бейнесі тек осымен шектеліп қалмайды. Оның өлеңдеріне ерекше екпін беретін — тұлпарлар тұлғасы. Мұнда құс сияқты ғарыштық ұғым бермегенімен де, тұлпар — туған жердің, атамекеннің белгісі ретінде сипатталады. Ғашықтардың құштарлығы, ынтызар сезімнің серпіні, асау өмір баламасында пайдаланылады.

Дүниенің бәрі біз екеуміздің жанымыздай
мөлдір болсын деп,
арманның ақбоз арғымағын Айға байлалық.

Ырғақтың жаңалығы өз алдына, мұндағы арман — құс сияқты шарықтап, алысқа кеткен жоқ, өз қолдарында, алайда, олар үшін ең қасиетті сезім. Ақбоз ат — ақ арманның, орындалған жүрек қалауының, пәк сезімнің бейнесі. Ақынның шеберлігіне тәнті ететін тапқырлық. Біздіңше, сан ғасыр бойы ұлттық ойдың ұшқынын танытқан поэтикалық образдар Фариза Оңғарсынованың творчествосына етене кіріп, бүгінгі күннің тынысын танытып, әдемі өрнек іспетті әдіптелген.

Азаматтық сезімнен қасиетті еш нәрсе жоқ. Қашан да суреткер уақыт, заман алдындағы асыл парызын ұмытпағаны абзал. Отанын, оның көрік келбетін, жаны қуатты адамдарын жырлау-парыз. Өз халқын шексіз сүйген ақыннан кіршіксіз жыр тумақ. Ұрпақтардың белгілі тарих белесінде атқаратын міндеті болады. Ол бір ұрпаққа мол сыбаға дайындаса, екінші топтың соның рахатын көруі мүмкін. Болмыс пен тарих диалектикасы. Шын отаншыл жүрек ешқашан да аға ұрпақтарының жетістігін шеттетпейді, қайта соған шабыттанады. Фариза Жеңістен соң өмір майданына араласқан толқыннан. Олар майданға бармады. Бірақ та социалистік қоғамның іргетасын қалауға барынша өз үлесін қосуда. Заман, Уақыт, ұрпақ үндестігін алға апарушы екенін сезінеді.

Сондықтан да:
Мен
революцияны жасамадым,
мезгіл деген межеден аса алар кім?
Бірақ, бірақ жасқанып, жалтақтамай

болашақтардың есігін аша аламын, — деп мақтанышпен жар салады. Бүгінгі жасампаз дәуірдің ту ұстаушы түлектерінің атынан тіл қатады. «Мен — коммунисттер ұлтынанмын» деп идеялық мақсатынан, интернационалистік қасиетінен сыр тыңдатады. Қиындықсыз болашақтың кірпіші қаланбайды. Өмір заңы солай, демек, өлеңде өрнек салуға тиісті.

Бақыттымын. Өкпем жоқ тағдырыма.
Өмір мені көмген жоқ зар-мұңына.

Ол осылай тебіренсе де, дүниеге реалистік тұрғыдан баға береді. Пендешіліктің сырын жырлау — күйкішілдік емес. Оптимист ертеңге сенеді. Әрқашан күреске дайын. Тіпті қиындықтың өзінен табан тірейтін рухани тұғыр таба біледі. Өмірге құштарлығының өзі — оның шынайы мәнін түсінуінде. Әр құбылысқа таңданбайды, жүрегінен өткізіп талдайды. Ақын натурасының өзі соны қалайды. Өз өзіне есеп беріп, күнделікті құбылысқа зердемен қарап:

Жұмақ емес бұл өмір —
Адамзатты
күтеді әлі көрмеген жаңа сындар, — деп ескертеді.

Ол ақын көңілін алаңдатқан Бейбітшіліктің тағдыры шығар. Кейде Фаризаның жырларынан әйелге тән шарасыздық, налу байқалады. Алайда ағынан жарылған ашық ой көкіректі жегідей жейтін емсіз дертті алдыңа тартпайды, қайта жігерлендіреді, үміттендіреді.

Сыртқы өмір құбылыстарын бағалай отырып, ақын өзін іздейді және таба біледі. Көп әуеннің ішінен өз әнін таңдайды. Содан творчестволық қуат, нәр алады. Жаңа толқынның жаңғыруларынан булыққан шақтарында:

Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,
жүректен жас ағады тарамданып, — деп тебіренеді.

«Жазбас бұрын өмір сүру керек» деген Сент Экзюперидің сөзі тікелей жоғарғы шумаққа қатысты. Ақын нені сезінді-ақ қағазға солай түсіреді. Шаршаған кездерінің өзінен творчестволық жігер алады, жаңа белеске көтеріледі. Өзін өзі сынайды. Әйтеуір бұйығылыққа берілмей, мазасыз күй кешеді.

Сендер кеп мақтайсыңдар
мен бір жүрген жай емес, ұлы адамдай,
бақыт үшін біткендей мына маңдай.
Сендерше, мен шынармын шыңда тұрған
жел құлатпай, жаңбыр мен тұман алмай.

Міне, ақын көңілінің шындығы. Ол ішкі жан дүниесінің көзімен сезініп, өз жүрегіне үңіліп, әділ сынайды. Творчествосының ең бір даралығы да қаталдықпен тамырласады. Қатыгездік емес, адалдықты сақтау үшін пендешілікке жол бермейтін, ар таразысының қаталдығы. Жеткен биікті жауыр қылмау, одан әрі асыра көтерілу, адамдықтың асыл қасиетін тереңдете жырлау — ақынның творчестволық қаталдығын соған жетелейді. Өзгеге де осы талапты қояды. Нағыз адамгершілікті мұрат тұтады. Тәкаппар, өткір, адал азамат қана:

Менің екі жауым бар:
мәңгілік достаспайтын,
қимастықпен жыласып қоштаспайтын,
кіріп келсе, жанарым мұң оранған
қуаныштан жарқ етіп от шашпайтын.
Ол — адамдар шындыққа жүгінбейтін,
көлгірсіп күлімдейтін,
өзі істеген жауыздық, зұлымдықтан
қайғы шегіп ішінен түңілмейтін.
Екіншісі — досымды жамандаған,
өсектерін өрбітіп сан арнадан
жүретіндер қас жауым. Соларға мен

қаным талай қайнаған, алаңдағам, — деп айта алады. Бұл Фариза Оңғарсынованың творчестволық және адамгершілік мақсаты, биік мұратының алтын қазынасы іспетті. Қазіргі қазақ поэзиясында екпінді, еркін үнімен қалың қауымның сүйіспеншілігіне бөленген ақынның қарлығаш жырларының қанаты талмайтынына, қалықтап өлең аспанында шарықтай беретініне исі оқырман сенеді. Жыр қанаты талмасын. Көктеммен бірге түлеп, еркін ұшсын.

1983 жыл.

*** *** *** *** *** *** ***

АҚИҚАТ ПЕН АР АЛДЫНДА

Жәлел КАТТЕБАЕВ

Әр ақын — өзінше әлем. Бір қарағанда-ақ таусылып шыға келетін әлем болады. Сан қайтара оқып, тереңіне бойлағанда ғана өзен, тауларымен, жазық дала, жасыл егістерімен жайраң қағып, күллі сұлулығымен, күллі кұдіретімен ашылатын әлем тағы болады. Фариза Оңғарсынованың поэзияда қалам сілтеген ширек ғасыр ішінде өмірге келтірген жырлары осындай әлем. «Сұхбат» — ақынның ақиқат пен ар алдында берген кезекті есебі.

«Сұхбатты» қазақ әдебиеті өресінің өскенін, кемеліне келіп толысқанын айғақтайтын күрделі шығарма десем, шындықтан алыс кетпеспін деп ойлаймын. Ол — поэзиядағы құбылыс. Біздің халқымыз Алпамыстың, Шоқанның, Исатай мен Махамбеттің, Ақан сері мен Абайдың халқы еді. Ақын апайымыз арқылы біз Баян сұлу мен Ақжүністің, Дина мен Ұлпанның, Шолпан мен Әлияның халқын дархан табиғатымен, психология астарымен қайтып аштық. Иә, Фариза өлеңге әйел образын әкелді. Әйтеуір әйел емес, жалын атқан махаббаты, сыршыл арманы, өзіндік шаттығы мен қайғысы бар әйел. Әйтеуір әйел емес, әрбір өлең сайын ақиқат пен ар алдындағы әлеуметтік және азаматтық жүгі ауырлай түсетін, өз ошағында бесік жырын айта отырып, адамзат кеңістігінде Ерлік пен Арлылыққа үндеген әйел. Әйтеуір әйел емес, ұлттың рухани өресінен көрінгісі келген ойшыл да тәкаппар әйел.

Аңғарған оқырман Фариза жырларында көрінбейтін параллель арқылы қатар сөйлеп тұратын екі герой барын аңғарады. Біріншісі — лирикалық «Мен», екіншісі — лирикалық «Ол». Олардың екеуі де шартты ұғымдар емес. Біріншісі іштей толысып әйелге ғана тән азап пен шаттығы арқылы Адам табиғатының биігіне ұмтылады, екіншісі ол жетер мәнді-ақиқатты меңзейді. Лирикалық «мен» тіршілік қамымен шектелмей, асқақтап, адамзаттың тіршілік теңізінен күрес майданын өзі таңдап алады, өзінің басқан қадамын, іс-әрекетін ақиқат арымен өлшейді. Оның кей сахнада трагедиялық сипатта көрінетіні де содан. Бірақ онда тыншу жоқ. Ол үнемі арпалыс пен күрес үстінде. Онымен бір ендікте лирикалық «Ол» да оқырманға тұлғасыз, формасыз абстрактылы ұғыммен елестеп, өлеңнен өлеңге алмасып жатады. Сол арқылы өз табиғатын қозғалыс барысында танытады.

Лирикалық образдың ауқымы туралы ойлағанда Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын» деген сөзі еске түсе кетеді. Образдың күрделілігі оның ішінде, ішкі құрылымында. Ол өрнекті кілемнің арқауы секілді шығарманың алдыңғы қатарына Махаббат, Ана, Ерлік, Азаматтық секілді поэзияға ғасырлар бойы әр мен нәр беріп келген ұлы тақырыптарды шығарады. Фариза өз өлеңдерімен бірге ақын ретінде, азамат ретінде есейіп, кемелденген сайын бұл тақырыптар да қырланып, бұлыңғырлық пен жалаң сезімталдық ықпалынан арылып, жарқырай түсті.

Автор бұдан бұрынғы жинақтарының бірін «Сенің махаббатың» деп атады. Лирикалық «Меннің» жүректі сыздатқан шыншылдығымен, Баян сұлу апасының ыстық қанымен толымды образ суретінде танылғаны да осы шығарма. Ол құлай сүйді, ол ғашық болды. Бірақ соны мойындауға батпай, тәкаппарлығы үшін әйел сотының қатал тезіне де түсті. «Сұхбатта» лирикалық герой басқа қырынан танысты. Онда алып-ұшқан құштарлық басқа сезіммен — әйел табиғаты туралы салиқалы толғаныстармен алмасыпты. Өмірдің көктемі өтіп, күзі келгендей тосын күй, тосын әуен келді өлеңге.

Сезім кешкім келеді түңілмейтін,
өкінбейтін.
Келер ме маған ол күн?
...Келеді ана болғым!

Біз бұл жолдарды «Қыз-тағдыр» өлеңдер циклынан келтіріп отырмыз. Бұл ақынның араға уақыт салып, «Сенің махаббатыңа» қайтарған жауабы секілді. Осыны нықтай түсейін дегендей, келесі бір өлең былай басталады:

— Басқа бақыт?
Сенбеймін, сендірмегін!
Бақыт — осы ошақты сөндірмеуім...

Лирикалық «Меннің» есею кезеңінде Ана сезімі осылайша бір жарқ етіп өтеді. Бірақ ол өз ошағы үшін бәрін де тәрк ететін біздің ұғымымыздағы әйел емес. Онда Анна Каренинаға немесе Блоктың «Ғажайып әйел туралы өлеңдерінің» кейіпкеріне ұқсас құпиялық, құштарлық оты қайта мазалайды. Махаббаттың да махаббаты бар. Біреуі өз қызығымен, өз қызуымен сарқылады. Біреуі адам рухын түгел қамтып, әлемді танудың жаңа көкжиектеріне талпынады. Соңғысы толымды, қайырлы махаббат. Фариза да соны таңдайды. Бірақ оған Тәккаппарлық арқылы өзіндік колорит қосады. Ғабит ағаның мұны Арлылық деп ұғынуы тегін емес. Сірә, ол әйел әлемінің өз монолитін, біртұтастығын, өмір сүру қажеттігін сақтау шарты болса керек. Олай дейтініміз, Тәкаппарлықты жеңетін күш те бар поэзияда. Ол Ерлік күші. Ерлік деген ұғымды қайталай түсу үшін ақын «Ер кісі», «Жігіт» деген сөздерді жиі келтіреді. Ақынның стихиясы Тәкаппарлықта емес, Ерлікті аңсауда, Ерлікке ұмтылуда, Ерлікке үндеуде. Осыдан Фариза өлеңдерінің ішкі арқауы, лейтмотиві туындайды. Егер ерлік тақырыбын ақын соншалық қуатты құштарлықпен жырламаса, онда әйел мінезі де шықпас еді, шын махаббат та маздамас еді, өлең де болмас еді.

Көміліп көк теңіздей мұңға жаным,
бойымда кейде менің тулар ағын:
сыйлымын, сонда-дағы өкінішті-ақ
өзімнің жігіт болып тумағаным.
Қашан да намыссыздың кек не теңі,
пысықай бала да оны шеттетеді,
жер шұқып інім кейде отырғанда,
өзімнің жігіт болғым кеп кетеді.
Жасықтық қояды ердің бағын байлап,
біразын шынықтырса жалынға айдап.
Аузынан сөзі түскен жігіт үшін
отырам намыс қысып, қаным қайнап.
Ел десе өз басының жыры қалып,
жүретін жігіт қайда нұры жарық.
Басыма өзім кигім кеп тұрады,
қалпағын кейбіреудің жұлып алып.

Фариза үшін адам тіршілігінен, адам игілігінен тысқары тұрған Ерлік жоқ. Азаматтықтың басы да сонда. Адам өз іс-әрекетімен, ой-арманымен алып жүретін асыл қасиет пен рухани есеюдің кепілдігі де сонда. Енді мына ғажапқа қараңыз: ақын бұрынғы жырларында лирикалық «Олға» махаббат тілімен, сезім қуатымен тіл қататын болса, «Сұхбатта» тілдің әлеуметтік салмағы ауырлай түскен. Мұны бір жағынан Тәкаппарлықтың жеңілісі деп түсінуге де болады. Ерліктің жеңісі деуге де болады, үшінші жағынан осы екеуінің үйлесімі деуге де болады. Бірақ бұл — тыныштық орнау деген сөз емес. Енді рухтың жаңа арпалысы басталады. Сөйтіп, психологиялық иірімнің бетінде арайлану шапағы туады.

Енді үңілсем:
жер басқа, аспан да ерек,
күштер де өзге жүретін жасқап, жебеп.
Тегі маған азабын, ақыретін —
бәрін-бәрін қайтадан бастау керек.

«Күштер» деген сөзге назар аударыңызшы. Махаббат емес, арман емес, өлең де емес. Күштер — ерліктің бастамасы. Жаңа күрестің шиеленіс сәті. Тағы да: ненің азабы, ненің ақыреті, ненің бәрі? Бұл сауалдарға таза сүйіспеншілік тұрғысынан жауап беру мүмкін бе? Жауапты біз адам табиғатының асқар шыңы мен ой тереңінен табамыз. Бұл үшін лирикалық геройлардың туындау сәтіне қайта оралайықшы. Олар кешеден емес, ертеңнен емес, осы сәттен басталып еді ғой. Осы сәткі сезім, осы сәткі рухани тұтыным. Содан кейінгі психологиялық қозғалыстың бағыты таңқаларлық. Қозғалыс алға емес, кейінгіге Махамбет пен Динаның, «Ақынтаудағы» ақындар заманына шегініс жасайды. Ендеше, Ерлік пен Азаматтық ұғымдардың тамыры тереңде, тарихымызда жатыр деген сөз. Ендеше олар халықтық, тарихи құбылыс деген сөз. Ендеше біздің халқымыздың табиғатынан Ерлік пен Азаматтық бастауымен сусындап өскен халық деген сөз. Баян сұлу мен Ақжүністің, Дина мен Ұлпанның, Шолпан мен Әлияның халқы бұл. Адам туралы, заман туралы философиялық толғаныстың бір түйіні осындай.

Фариза Оңғарсынованың «Сұхбатынан» және бұған дейінгі жырларымен байланысынан туған психологиялық иірімдердің біз байқаған кейбір бедері мен қыры осындай. Оған қарап біз мынаны түсіндік: Ақын барда адам үшін азап та таусылмайды, ақиқат үшін күрес те таусылмайды. Сондықтан бұл жинақта ұлттық рухтың, ұлттық ой-өрістің, ойлау мәдениетінің поэтикалық озық үлгілері жинақталған. Онда тағы да халқымыздың өскелең санасы жарқын көрініс тапқан.

Шардара. 1984 жыл.

*** *** *** *** *** *** ***

МЕЙІРІМ ШУАҒЫ

Карл ЕРНАЗАРОВ

Өлең — заман келбеті, уақыт тынысы. Ол заңғар биігі мен тұңғиық тереңіне ешуақытта ешкімді жеткізбейтін көгілдір кеңістік секілді шетсіз де, қат-қабат өмір жолында азабы мен ләззаты, қиындығы мен рахаты астасып, құбылмалы ой-сезімнің тылсым сырлары мен нәзік иірімдері ақын құдіреті арқылы өрнек тауып, уақыт ағымына қарай дамып, жетіліп, үнемі алға жылжып, арнасын кеңейтіп отыратын керемет қасиетті ғажайып көркем дүние.

Осынау өлең өлкесінде әр ақынның қалдырар қолтаңбасы мен алар орны әр басқа. Жарыққа шыққан әрбір жаңа туынды көктем шуағын ала келген жыл құсындай жаныңа жылылық құйып, оқырман жүрегіне жол тауып жатса, ақын бақытының жанғаны. Қазақ поэзиясында өзіндік ерекшеліктерімен дараланатын дарындардың бірі — Фариза Оңғарсынова. Оның «Жазушы» баспасынан шыққан «Сұхбат» атты жаңа жыр жинағы — қазіргі поэзияның барлық таланттарына толық жауап бере алатын және өресі биік талғампаз оқырманның көңілінен шығар құнды дүние. Сан-салалы өмір кұбылыстарының нәзік сырларын сезімталдықпен тап басып, айқын бейнелейді. Өмірмен өзектес қалпында жыр жүрегінің лүпілімен бірге соғып, тіршіліктің қан тамырындай дірілдеп тұратын шынайы шабыттан туған әсерлі өлеңдер оқырманды бірден баурап алады. «Сұхбатта» ақын мінезінің өршілдігімен қатар, өмір дамуының күрделі көріністерін байқататын байсалды пайымдаулар, философиялық толғаныстар, сондай-ақ мөлдір мұң да бар. Ең алдымен ақын бүгінгі тірлікті, қайнаған еңбекті, ұлттар достығын шабыттана жырлайды.

Қазақстан — сан ұлттар мекені, космостық корабльдер тұғыры.
Жанарынан мейірімнің самалы ұшқан,
сәруар жүзі сәбидей ана құшқан.
Самалалы шақтарға қарыштаған
менің елім — кең байтақ Қазақстан, — деген асқақ жырлардан ақын мақтанышы айқын сезіледі. Ол Қазақстан өмірін бүкіл әлем тынысымен ұштастыра толғап, уақыт, кеңістік жағынан шектеліп қалмай, өмірлік қозғалысты жырлайды. Туған елдің кешегісі мен бүгіні, қарапайым еңбек адамдарының өмірі, бүкіл әлем тағдыры — ақын жырының негізгі арқауы. Өзіндік өзекжарды ойларын суреткерлік зергерлікпен тапқыр жеткізе біледі. Қоғамдық тақырыптарға арнаған патриоттық өлеңдерінде негізінен интернационалдық рух басым. Бүгінгі бейбіт заманның күнгейлі жарқын беттерімен қатар көлеңкелі жақтары да ақын назарынан тыс қалмайды. Ең бастысы ядролық апат қаупінің күшейіп бара жатқаны алаңдатады.

Сезесіз бе —
бар осынау күрделі ғасырда ызғар
алай-дүлей дауылдар. Жасыл мұздар...
Қару десе тияды бұлақ та үнін,
мылтық, бомба қажетсіз! Бірақ бүгін

тек қарусыз қалмасын асыл жырлар! — деп толғайды ақын Ә. Тәжібаевқа арнаған бір өлеңінде. Бүкіл дүниені алаңдатып отырған осы ызғарлы қауіпті адамдардың өздері тудырып отырған жоқ па? Олай болса бейбітшілік үшін күресте адам жүрегіне мейірім нұрын құяр мазмұны терең ой мен сезімі астасып жатқан рухани нәрі мол, идеялық көркемдік сапасы жоғары тәрбиелік мәні зор қарулы жыр жазу -ақындардың басты мұраттары болуға тиіс деген ой тастайды. Сана — қоғамдық құбылыс қоғам дамуымен тығыз байланысты. «Сұхбаттағы» көптеген өлеңдерде ақын қоғамдық сана жетіліп, білім өскен сайын адамдар мейірімнен ада боп бара жатқан жоқ па деп күдіктене отырып, адам бойындағы мінез-құлық, психологиялық өзгерістердің сан алуан жұмбақ сырларына жауап іздейді. «Мүшәйра» жырларында ақын халықтың көне аңызын тілге тиек ете отырып, сөз жарысына шыққан шешендерді қоғам жайлы, адам жайлы түрлі толғаныстарға түсіреді.

Бірақ бұл шындығына келгенде, бүгінгі өмір, бүгінгі адам жайлы ақынның өзіндік өзекжарды ойлары мен философиялық толғаныстары. Мәселен:

Адам алаң әр неге, сана да алаң,
алаң тірлік ақылды тағалаған.
Суы тартыла бастаған қара жердей
мейірімге сараң боп бара ма адам?
Сана күңгірт ортада сезімдер де

жылы үйде өскен жемістің шырынындай, — деген өлең жолдарынан айқын аңғарылады. «Қыз-тағдыр» циклы да осындай толғаныстарға толы. Ақын адамдарды ізгілікке, мейірімділікке, адалдыққа, достыққа шақырады.

Ескеріңдер ертеңгі ел тағдыры,
Жер тағдыры сендердің қолдарыңда!

Ақын толғаныстарының бүкіл түйіні, мәні осында жатса керек. Кейбір жеке адамдардың бойындағы жат қылықтар қоғамдық құбылысқа айналып бара жатқан жоқ па деп қынжылады. Ол көптеген өлеңдерінде өмірдің күнгейі мен көлеңкелі жақтарын салыстыра отырып, ағынан ақтарыла сөйлеп, оқырманды ашық сұхбатқа шақырады. Ақындық тұлғасы биіктеп, кемел шаққа аяқ басып келе жатқан үлкен дарынның айналасына ойлы көзбен қарап, өзін қоршаған ортаға тереңірек үңіліп, жақсылық пен жамандық, өтірік пен шындық туралы шынайы сезім сырларын бүкпесіз өткір айта білуі құптарлық әрі қажет. Көркем образдарға толы айшықты жырлардың оқырман жүрегіне от жағары сөзсіз.

Жылтырақ-жасандылыққа ұрынбай, ағынан ақтарыла, образбен сөйлеу — Ф. Оңғарсынова қаламына өте-мөте тән сипат. Ақын өлеңінің ішкі иірімдері мен тереңдігіне және сыртқы сұлулығына, әуезділігіне қатты көңіл бөліп, әр шумаққа тынымсыз тіршілік тынысын беруге тырысып, сан түрлі өмір құбылыстарын суреткерлік зергерлікпен өрнектеп, ой-сезімдерін оқырман жүрегіне қалтқысыз жеткізуді мұрат тұтады. Қарапайым да айшықты өлең шумақтарынан лирикалық кейіпкердің көңіл-күйі, сағыныш-мұңы, айқын сезіліп тұрады.

Баяғы келіншектер жүзі еліктей
жүр ме екен әлі күнге тізе бүкпей?
Көздері сиреді ме олардың да
анамнан қалған күміс білезіктей?

Өлең эмоциясын көтеріп, ажарын ашатын метафора, эпитет, теңеу сияқты көркемдік компоненттер Ф. Оңғарсынова поэзиясында молынан ұшырасады. Табиғаттың әдемі көріністерін бейнелеп әдемі суреттер жасауға және әртүрлі құбылыстарды салыстыра отырып ой түюге де шебер.

Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
«Келе ғой, қошақаным, өзіме!» — деп,
әжем кеп сипағандай шашымнан жай.
Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,
тұрғандай ана-көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан
қазақтың қошқар мүйіз өрнектері.

Осы екі шумақтың өзінен-ақ әсемдік пен саздылық, ақынның сағыныш-мұңы және ғасырлар бойы жасап келе жатқан халық өнеріне деген ықылас, құрметі айқын аңғарылады. Осы оюларға қызыға отырып:

Сүрінбей өте алар ма ғасырлардан

әжемнің оюындай жыр өрнегім, — деп сәтті ой түйеді. Сонымен бірге аялаған арман-өлең уақыт сынынан сүрінбей өте алар ма екен деген күдігі де жоқ емес. Ақынды үнемі сан қилы ойға бастап, тынымсыз мазалайтын да осы күдік. Сондықтан да ол халық алдында үлкен жауапкершілік сезініп, өз творчествосына сыншылдықпен қатал қарауға тырысады. Жеткен биікте тұрып қалмай, шарқ ұрып алға жылжу, өзіне көңілі толмай, мүлт кеткен қателіктеріне қынжылу — нағыз талантқа тән қасиет. «Сұхбат» жыр кітабы — соңғы жылдардағы ақын ізденісінің жаңа бір көрінісі, творчестволық табысы, жалпы қазақ поэзиясына қосылған айтарлықтай дүние.

1984 жыл

*** *** *** *** *** *** ***

АҚЫННЫҢ АЗАМАТТЫҚ ҮНІ

Сабыр ҚАЗЫБАЕВ

Сонау 60-жылдардың өрінде облысымызда өлең атты құдіретті өнерге калам сілтеген жастар көптеп көріне бастаған еді. Солардың ішінен, әсіресе, бұйра шашты, қара торы жұдырықтай пысықша келген қыздың әдеби кештерде өлең оқуы, сөз саптауы тыңдаушысын тамсантатын. Бұл — Фариза Оңғарсынова еді.

Фариза тіпті мектепте оқып жүргенінің өзінде-ақ «Қазақстан пионері» газетінде, қазір өзі басқарып отырған республикалық «Пионер» журналы бетінде жиі көрініп, оқушыларды сүйсіндіріп жүрді.

Фариза творчествосының қанатын ең бір жая бастаған кезі — институтты бітіріп, «Лениншіл жас» газетінің Батыс Қазақстандағы меншікті тілшісі болып жұмыс істей бастаған шағы. Бұл кез Маңғыстаудың Бүкілодақтық екпінді құрылыс атанып, жаңадан түлеп жатқан шағы еді. Ақын осы екпінді құрылыстың ерлерін, Маңғыстау барлаушылары мен мұнайшыларының құла түзді жаңғыртқан ерен еңбегін жырға қосты. Оның жазған мақалалары мен очерктерінен маңдайын күн қақтаған ерлердің Отан байлығын молайтуға қосып жатқан үлесі өз бояуын тапты. Бала күнінен асқақ арман қуған Фариза жырлары Маңғыстау жаңаруынан тың өрнек, тың бояу тапқандай болды. Сондықтан да ол:

Өмірге құштар жандардың
жалын жүрегі дауылды далаға ғашық,
мұнаралардан жүр мұнда самал адасып,
жастықтың құрыш қолымен кетіпті бүгін
құмдауыт белді қүз кеуде қалалар басып.
Жастық шақ ізін тастаса —
кешегі бозаң, қатыгез құм дала-мекен
қара ормандармен қайысып нуланады екен.
Осынау асқақ жандарға замандас болып,
мен асылы тектен-тек тумаған екем! — деп жырлады.

Маңғыстауды ашқан барлаушылардың бір тобы кейін Лениндік сыйлықтың лауреаттары болды. Отанымыздың орден-медальдарымен наградталды. Барлаушылар еңбегі нәтижесінде теңіз жағалауында жаңа қала бой көтерді. Фариза бұл қаланың келбетін:

Көшелер тұнған желкілдеп тұрған жас шыбық,
ұлы Кобзарьдың көкірегінде кеткен жақсы үміт.
Жас қала тұр теңізге тосып кеудесін,
төбесін көктің көк күмбезімен бастырып.
Барады ол асқақ болашақтарға қарыштап,
жастық пен достық, ұлылығыңды мәңгі паш қылып, — деп суреттеді.

Туған өлке төсінде ұлан-ғайыр өзгерістерді ақындық шабытпен жырлаған оның толғанысы бүкіл елін сүюге, туған республикасын сүюге әдемі ұласады.

Фариза ақынның әрбір жинағын жыр сүйетін қауым аңсай күтіп отырады. Шарқ ұрған ақын шабыты, міне, жиырма бес жылдан астам оқушысының осы өскелең талабына жауап берумен келеді. Ақынның «Сұхбат» атты жаңа жинағында нағыз талант көрігінен қайнап шыққан болаттай шымыр, құрыштай берік өлеңдері бүгінгі таңда ежелден өлең десе елеңдеп отыратын оқырманын қуанышқа бөлеуде. Алдағы уақытта да бұл күнде нағыз творчестволық кемелдік танытып отырған таланттың өзінің ешкімге ұқсамайтын өршіл де өрнекті өлеңдерімен оқушы жүрегіне нұр құя беретініне сөз жоқ.

Гурьев. 23 тамыз, 1984 ж.

Фариза апай!

Сонау соғыстың сұрапыл майданында ерлігімен қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүк көзге түссе, қазіргі заманда жыр майданының батыры деп Сізді бағалар едім.

Сіз бақыттысыз! Өйткені өлең арқылы өміріңізді өрнектеп, ой-арманыңызды жырмен жеткізесіз. Сіздің өлеңдеріңізден өзімді мазалаған сұрақтарға жауап тауып, сыр бөлісемін.

Поэзия сүйер, қарапайым оқырман сіңіліңіз Мария.

1985 ж.

*** *** *** *** *** *** ***

АҚЫННЫҢ АЙШЫҚТЫ ӘЛЕМІ

Марал СҚАҚБАЕВ

Адам болса сезім мен сенім іздер,
келіңіздер, бері қарай еніңіздер.
Менің байтақ әлемім — планетамды
көріңіздер аралап, келіңіздер!

Барша әлемге жар сала, қол бұлғай шақырып тұрған Фариза ақын планетасына сырттай дүрбі салып байқасақ, жиырмадан астам кітап болып жарық көрген лирикалық өлеңдерін, повесть, очерктерін, қатар жүрген әріптестерінің шығармашылық өнері туралы толғайтын сыни мақалаларын, әдеби портреттерін көрер едік. Бірақ, мұндай құрғақ статистика ақын әлемінен хабар бере ала ма?!

Терең бойлап түйсініп, сезінбесең,

ішін бермес жұмбақтай жыр әлемім, — деп өзі ескерткендей, Фариза планетасын танып-білу үшін, жанмен сезіп түсіну үшін ішіне еніп, емін-еркін тамашалау керек.

Ақын — қашан да таңғажайып тұтас әлем. Тылсым сыр, жұмбақ планета. Ол планета өмірі — шарана сәби шыр етіп жарық дүниеге келген күннен басталмақ та, кемерін мәңгілік мұхиты жуып, бақи жылдар мұнарынан бой көрсете, көз арбап тұра бермек. Егер ол жоғалса, не соны дүниеге әкелген анасы —халық түгел тарих сахнасынан көшкені, не сан ғасыр бойы тұтас қоғам тіршілігін нұрландырып келген дәстүрлі цивилизация шамы өшкені. Ақын — халық перзенті, ол халықтың рухани ғұмырымен бірге жасамақ.

Фаризаның ақындық ғұмырын мөлшерлеп, сәуегейсіп жату — әбестеу болар. Ал енді оның «байтақ әлемі — планетасы» қазақ ғарышындағы халық назарын еріксіз бұратын өң-түсі бөлек өзгеше әсем дүние екенін ашық айта аламыз. Фариза әлеміне кірген оқырман құр шықпасына, олжасыз оралмасына мен кепіл. Әркім өзін жаңа материк ашқандай сезінеріне сенем. Әркім оны өзінше көріп, өзінше қызықтамақ. Әркім өз керегін, өз кереметін таппақ. Әркім өз ыдысына сыйғанша алмақ. Оған дау жоқ.

Ақындық өнер — көкірекке табиғат-ана ғана дарытар киелі өнер. Шын ақын дүниеге өте сирек келеді. Қатардағы Жазушылар одағының мүшелік билеті де, тасқа басылып жарық көрген жинақтар саны да — ақындық паспорт емес. Өзін ақын санап, айдарынан жел «естіріп» жүретін талайлардың қойын қалтасындағы азаматтық паспорт та -ақындық азаматтықты белгілей алмайды. Ақындық — табиғат сыйы болса, азаматтық — қоғам көрігінде балқып, тіршілік күрзісімен шыңдалар күрескерлік рух. Осы екеуі үндесіп бір кісінің бойынан табылған шақта ол уақыт тудырған қоғамдық тұлғаға айналады. Фариза Оңғарсынова осы талаптар үрдісінен табыларына ешкім күмән келтіре қоймас.

Сөйлейді адам заманының тілімен,
жаңа күннің үнімен.
Заманың да ұлы емес,
уақытың да түк емес —
адамдары өмір сынын жеңбесе,
тіршіліктің екпініне ермесе,

Уақыт тілі — менің тілім ендеше! — деп тайсалмай жар салуға Фаризаның толық хақысы бар. Уақыт сөзін ақынның ақыны, азаматтың азаматы ғана айта алса керек-ті.

Менің пайымдауымша, Ф. Оңғарсынова планетасының негізгі климатын белгілейтін қызыл жел — азаматтық әуен. Жетпісінші жылдардың басында жарық көрген «Мазасыз шақ» жинағынан аңқылдай ескен, айқынырақ естілген Уақыт үні содан бертінгі жылдар ішінде ұлғая, нығая, үдей түсіп, ақыры «Дауаның» қуатты қанатымен бүгінгі биігіне жетіп қонды. Ақынның бұл ыңғайдағы өлеңдері концептуалдық тұрғыдан шұқшия зерделеп, кеңінен сөз етуді тілейді. Нөсер бұлтынша құйындатып жетіп, шатырлай, сарт-сарт сынып жататын, эмоциялық қуаты, жігері жағынан оқырман құлағына Доспамбет, Махамбеттер үнін әкелетін бұл шымыр жырлар уақыт тынысын нысаналайтын өзгеше ойшылдығымен де, толған тереңдігімен де қатар баурайды.

Фариза творчествосына өршіл үн әуелден тән. Оны өзінің ақын құрбыларынан даралап, оздырып әкеткен де, еркек кіндік әріптестерімен «тайталастырып», қалың доданың қақ ортасына әкеп салған да сол жігерлі пафос еді. Сол пафос оны әдебиет мұхитының шалқар айдынына алып шыққан ақ желкен болды десек те жарасады.

Ф. Оңғарсынова соңғы оншақты жыл беделінде ақындық тұрғыда да қатты өсті. Бұрынғы өршіл үнін әлсіретпей сақтай отырып, поэзиясына жаңа реңк дарытты. Жел өтінде қалған сәбидей шырылдаған жалаңаш шындықты аялы алақанына сала, мейірбан жүрекпен тербете уілдеп, көкірегі қарс айырыла күңіреніп, шиыршық атуымен-ақ ол көп әріптестерінен қара үзіп, ілгері кетті. Бүгіндері ол ойшылдау, сыршылдау, мұңшылдау арнаға бет бұрғандай. Сонысымен жаңа сапаға қол жеткізіп, соны белеске көтерілгенін, көтерілгенін ғана емес-ау, үзбей биіктеп бара жатқанын танытады. Егер біз бұны оның ақындық шеберлігі толыса түскенімен түсіндіре салсақ, көп нәрсені жете байыптамағанымызды аңғартар едік. Сөз жоқ, ізденімпаз, мазасыз ақын шеберлік шыңдамай тұрмақ емес. Әйтсе де, нағыз кемел шеберлік ақынның азаматтық жетілуімен, әлеуметтік өмірге көзқарасы айқындалуымен, таным-білімі тереңдеуімен ғана келеді.

Мен білетін Фариза — күрескер тұлға. Ақын жыры — оның жан сыры, мінез көрінісі деп мойындасақ, онда азаматтық лирикасын — ақынның азаматтық болмыс-бітімі, азаматтық автопортреті деп таныған жөн. Творчествосында күрескерлік танытқан қаламгер әділет пен адалдық мұраты үшін, шындық мәртебесі үшін тіршілік майданында да тайынбай белдесері хақ.

Кез-келген творчестволық ірі тұлға секілді Фаризаның да қыры көп. Мен білетін ең бағалы қырларының бірі — оның болмысына жасандылық жат. Өлеңіне қояр басты талабы да сол. Өмірлік принципі мен өлеңдегі мінезі айна-қатесіз ұқсайтын адамдардың бірі — Ф. Оңғарсынова. Өмірдегі талапшылдығы — творчествода тұтынар берік кредосы.

Өрекпімей сылдырға, жалаң жайға,
сөз бен сертті ар дейтін адам қайда?
Әлде бәрі сезім мен сенім таппай,
алаң-жұлаң күн кешіп амалдай ма,
адамдықтың тіндерін тарамдай ма?

Фаризаның азаматтық лирикасы, ең алдымен, сыншылдығымен, талапшылдығымен назар аудартады. Адалдық деп аңқасы кебетін ақын қоғам денесіндегі, пенде мінезіндегі алуан түрлі бітеу жараларды дәл нұсқап, аяусыз нысанаға алғанда, ақын көзінің жітілігіне, аңғарымпаздығына еріксіз тәнті боласың. Бір ауыз шымыр шумақпен-ақ Фариза сомдаған типтер — тұтас бір галерея.

Фариза шығармаларындағы мұңды оның күрескерлік рухынан, азаматтық парасатынан бөліп қарау мүмкін емес. Мұңы жоқ адам күрескер бола ма?! «Мұңсыздықтан адамзат кердеңдейді, көмкерейін жан отын мұң жырыммен» деп өзі айтқандай, ол мұңды жеке бастың қайғысы деп түсінбеу керек: әлеуметтік жүгі бар, қоғамдық астары бар мұң ол. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңіренетін ұлы Абай мұңымен үндес. Ол қоғамды — өзінен, өзін — қоғамнан бөлектеп қарастырмайды. Содан да өз ішін өзі үңгіп, өзін-өзі мүжіп, қаузап, бойындағы пенделік мінін де, көңілдегі кірін де, күпір ойларын да, асқақ арман, жақсы тілек, жарқын үмітін де түгел жайып салып, ағынан жарыла ақтарылып, өзінен-өзі таусылып, өзінен-өзі түңіліп кеткен кездерде де ол тебіреністерінің, сезінулерінің шыншылдығына бір мысқал күмән көлеңкесі жуымайтыны соншалық, ақынның лирикалық «мені» мен жеке басының ара жігі қай тұстан өтетінін ажырату оңайға түспейді. Ондайда ақын лиризмі ішкі драматизмге қарай күрт ойысады. Ширыққан терең психологизмнің поэзиядағы осы көрінісі Фариза творчествосын биіктетіп, даралап тұрған ірі табыстарының бірі болса керек.

Осыған жалғастыра, ақын қаламының соңғы соны қырларының бірі ретінде ерекше көзге шалынып, творчестволық әлемін байыта, ажарлай түскен, сонымен қатар ақындық дарынның азаматтық бітімі тағы бір даралаған жәйтті атай өткен жөн сияқты. Ол — бүгінгі таңдағы дүние жүзінің ең қарымды ақын-жазушылары қаламының ұшында жүрген толғақты мәселе — жалғыздық тақырыбына баруы. Егер осы орайдағы өлеңдері жариялылық заманынан көп бұрын жазылғанын ескерсек, оны ерлік деп мойындауға тура келеді. Осынысымен де адам көңіліне замана салар жарықшақ қай тұстан, қалай өтерін дәл аңғарар — көкірек көзі жіті, жүрек, құлағы түрік ақын екенін аңдатады.

Бүгін ақын нағыз толысқан шағында. Ақын поэзиясының кемері жыл асса — жыл кеңейіп, ақын ойы жыл асса, жыл кемелденіп азаматтық тұлғасы да биіктеп барады. Таяуда жарық көрген бір өлеңінде ол:

Айналып жан дүнием қамалға ерек,
селқостау көз саламын жанарды егеп.
Таңданбас, жаны ашымас құдай деуші еді,
қорқамын соған ұқсап барам ба деп! — өзін-өзі мысқылдаған (ирония) екен. Мен айтар едім, қолында ұшан-теңіз билігі жоқ ақынның құдайға ұқсағанынан қорықпау керек деп. Жасампаз ақын неғұрлым қуатты, құдіретті болған сайын оның әлемі де соғұрлым зор, соғұрлым әсем бола түссе керек. Туған халқы одан ұтпаса, ұтылмайды. Ақын мерейі ләйімде биік болғай!

1985 ж.

*** *** *** *** *** *** ***

БІЗДІҢ ФАРИЗА

1. СЫРНАЙ САЗ, СҰЛУ ҮН

Қырықбай БЕКБАЕВ

Атыраудың талантты ақын қызы, бұл күндері қазақша, орысша бірнеше кітаптың авторы болып, Одақ көлеміне танылған Фариза Оңғарсынова оқырмандарына тағы бір жаңа жинақ ұсынып отыр. Өткен жылдың соңғы күндерінде «Жалын» баспасы ақынның «Сенің махаббатың» атты жыр кітабын шығарды.

Фариза Оңғарсынова — адамдардағы асыл сезімді барлық қуатымен көтере жырлайтын, жағымсыз қылықтарға ерекше қатты сынмен қарайтын ақын. Сондықтан да оның кейіпкерлері кіршіксіз таза, рухани мөлдір, аса жоғары идеалдың адамдары.

Әлия мен Мәншүк жырларындағы қайтпас рух, туған Отанға шексіз берілгендік те осындай ең биік сезім тұрғысынан алынған. «Бибігүл — әндегі» сезім сұлулығы, Ғазиза Жұбановаға арналған дыбыстар әлемінің қалың нуы — осының бәрі Фаризаның жырлауында күнделікті көп шаруалардың соқпағынан суырылып шығып, жоғары көтеріліп, кейінгілерге өз сәулесін түсіріп тұрғандай. Әсіресе Әлия мен Мәншүк жырының оқушы жүйкесін ширықтырып, қатты тартып алатын қуаты бар. Өйткені олар бүгінгі ұрпақтың бақыты жолында құрбан болғандар атынан тіл қатады. «Айналаңа ойлы қара, адам қолымен жасалған игілік адам қолынан бүлінбесін. Отаныңды қорғап, оның тұтастығын сақтай білсең ғана адамсың». Міне, ақын ойының алтын қазығы осындай.

«Сенің махаббатың» атты жинақтағы негізгі тақырыптардың бірі — ақынның халық алдындағы парызы. Осы топқа жататын «Сырласу» жырларында, «Махамбеттің аудармашысымен әңгімесінде» Фариза поэзияның ұйымдастырушылық күшін, алға тартушы рухын, ақынның азаматтық борышын жырға бөлейді. Ол поэзияны халықтың жарық арманы, сезімнің мөлдірлігі, ақылды дәуірдің алыбы деп түсінеді. Халық талантты туады, тәрбиелейді, талант халықтың көкейіндегісін жырлайды, жігерлендіреді. Ой түйінін осыған тіреп отырып, ақын айшықты сөз кестелерін иіріп тастайды.

"Өмір жырлары" адамдардың күнбе-күнгі қарым-қатынастарынан байқалған жақсы сезімдерді паш етуші, жайсыз қылықтарды сынаушы жолдар. Мұндай жан сүйсінер қасиеттер де, жүрек суытар әдеттер де аз емес. Бір өлеңде ақын түнде қағылған есік дыбысынан оянады. Бұл кім болды. Жат біреулер, дарақылар ма? Жоқ. Бұл — достар. Олар — өз қуанышын паш етіп, өз үйіндей еркін келіп, сол қуанышымызды бірге бөліс деп тұр. Енді ақын тілегі де сол: тек осылай, қуанышқа ғана бұзылсын тәтті ұйқы!

«Шілде» атты таңдамалы өлеңдер жинағында «Мен өз жырларымда... әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келді», — деп жазған еді Фариза. «Сенің махаббатың» атты жаңа жинағына «Әйелдер әлемі» деген қосымша анықтама беріп, өзінің жаны сүйген тақырыбына одан әрі үңіліпті. Жалпы, Фаризаның бұл тақырыптағы жырларын рет-ретімен қойып қарастырса, ақынның адам өміріне, оның психологиясына, ойлау дүниесіне, жан-сезіміне үлкен зерттеуші-социолог тұрғысынан келгенін, тіпті кей тұстарда адамды зерттеуші оқымыстылардың байқамағанын байқай білгенін аңғару қиын емес.

«Сенің махаббатың» жинағының құрылымы да, жалпы тақырыбы әйелдердің рухани дүниесін жырлау болғанмен, жекелей келгенде сыр етіп шертетін мәселелері дара-дара. Мысалы, «Сараның жырларында» ақын әйелдің сезімімен туған жер, ақындық мұра, парыз жайы сөз болса, «Майраның әндерінде» адамдардың қарым-қатынасы, адамгершілік міндет, Мәриям Хакімжанова туралы триптихта ізгілік, мейірім, рухани байлық жырға айналады.

Жаңа жинағында Фариза ақындық шеберлік тұрғысынан едәуір өскенін аңғарамыз. Оның өлеңдері жинақы, басы артық сөз жоқ, ұйқас үйлесімдері күрделі. Табиғат лирикаларының көбі жанды көріністерді елестетсе, өмір жырларында ойлы тұжырымдар бар.

Махамбет ауданы. 1980 ж.

2. "ДАЛАМ — МЕНІҢ ҚАЗЫНАМ…"

Өлең кітаптарының қай-қайсысынан да ой түйіндері тереңдей, поэзиядағы шеберлігінің айқын шыңдала түскендігі байқалатын ақын жерлесіміз Фариза Оңғарсынова кітаптан кітапқа кемелденіп келеді. Мысалы, оның өткен жылы «Сұхбат» атты жинағындағы «Маңғыстау монологтары», «Отаным — оқшау құрлығым», «Революция және мен» деген өлеңдер циклі Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болған еді. Үстіміздегі жылы ақынның «Дауа» деп аталатын жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді.

Туған дала, туған ел!

Бұл ұғымдар — ақын жырындағы ең қасиетті, қай кітабында да ерекше жалынды леппен жырланатын, асқан шабыттарға толы сезімдердің тақырыбы. Бұрынғы жинақтарындағы сияқты ақынның бұл кітабының да негізгі лейтмотиві — туған далаға деген перзенттік махаббаты, азаматтық үнге толы өлеңдерді өзіне көгендеп жатады.

Жүрек, сенсің Отаным, қоғамым да,
мейлің күлдір, күрсіндір, ора мұңға, —
мен бәрібір өзіңнен бөлінбеймін,
сенсіз менің әнім жоқ, жоқ арым да!

Туған жерін сүйген, оған барлық ыстық жүрегімен берілген ақын сол жердің тыныштығын, бейбіт өмірін ойдан шығара ала ма? Фариза өлеңдерінде де бұл леп ерекше!

Жүректе — сүйікті елес,
мәңгілік күн — жанымда, биікте емес.
Бұл әлемде ең биік — Адам ғана,
мұңдануға ешкім де тиісті емес!

Өзі үлкен патриоттық сезімнің ақыны болғандықтан оның елін, жерін сүймегендерден, халықтың жанын ұқпағандардан, «Сүтін емген тілімнің қадір-қасиетін сезіп білмегендерден жаным жылап, түңілгем» деген жолдары да:

Ертеңдерді, жерді ойлап, —
адамды ойлап, елді ойлап,
жер күрсінсе, көз ілмей,
жаны ауырған өзімдей,
Күнмен бірге күлмесем,
мен осылай жүрмес ем,
өнер дертін білмес ем, — деген тебіреністері де үлкен ақиқат, өмірге биіктен қарай білудің өршіл белгісіндей.

Достық, оның ішінде халықтар достығы тақырыбы — ақын шығармаларындағы өзекті тақырыптардың бірі. Осы жинақтағы «Қырғыз, қазақ — өзімнің қос жанарым» атты өлеңінде ақын іргелес екі елдің ортақ тағдырын, ортақ тыныс-тіршілігін ықыласпен жырлайды:

Сен қуансаң, шуақты менде де күн,
сен самғасаң, менің де өрлегенім!
Сіздің үйде қонақсып төрлемедім,
қырғыз, қазақ — өзімнің қос жанарым,
қос жанарым, қашан да сөнбе менің!

Жаңа жинағында Фариза ақындардың қоғамдағы орны, борыш пен парыз, жақсылық пен жамандықтың күресі сияқты келелі мәселелерге өз көзқарасын білдіреді. Оның «Адам деген — уақытының сыңары, заманының ұланы, шырқап салар жыр-әні, көкке өрлетсе — қыраны, аяласа — ну бағы, жерге салса — тулағы. Заманың да ұлы емес, уақытың да түк емес! — Адамдары өмір сынын жеңбесе, тіршіліктің екпініне ермесе» деген жолдарында осындай келелі ой, қоғам алдындағы борышты сезінушілік жатыр. Сондықтан да адамдар, ақын түсінігінше, «өзіне берілген өлшеулі өмір ішінде бір-біріне жақсылық жасай білуі керек және де оны өзінің қажетті жерінде, кезінде көрсете білу керек» — дейді. Өйткені:

Кезінде етпеген жақсылық,
қылмыспен кейде пара-пар.

Ол өмірдің мәнін адамдардың бір-бірімен ізгі қарым-қатынас, достығында деп түсінеді. Сондықтан да:

Достарым, ортам, қоғамым,
оларсыз сөнем, соламын,
салқындық сеуіп, сырт берсе,
көңілімде — кірбің, жоқ әнім.
Солардың қабақтарымен
налимын, тасып-толамын, — дейді.

Фариза Оңғарсынова — өмірге сергек қарайтын, жамандық атаулыны, соның ішінде адамдардың бойындағы салқындықтың, екіжүзділік, жігерсіздік сияқты босаңдықты жан-жүрегімен жек көретін ақын:

Жандар қанша күлкісі де шектеулі,
біледі олар тасадан кесектеуді.
Жанашырлық түгілі, ондайлардың
кіммен сәлемдесуі — есептеулі.

Бұрынғы жинақтарындағы сияқты ақын бұрын-соңды өткен ой иелері мен сөз шеберлерінің немесе әлемнің әр түкпірінде өтіп жатқан уақиғалар мен болмыстардан түйген-білгендеріне де баға беріп, жыр жолдарына айналдырады. Жинақтағы «Сапфомен сырласу», «Айша бибі», «Баба әже», «Омар Хайяммен әңгіме», «Шекспир шындығы» өлеңдеріндегі адамдарға деген ізгілік, мейірім сезімі, достық, махаббат жайлары бүгінгі ұрпақтардың түсінігіне қажет тұрғыдан жырланады.

СССР Жазушылар Одағының органы «Литературная газета» 1983 жылғы 25 майдағы санында Фариза Оңғарсынованың ақындық портретіне штрихтар берді. Оның авторы әдебиетші Алла Тер-Акопян: «Фариза Оңғарсынованың поэтикалық әлемі махаббатқа құрылған. Бұл — жеміс беретін жалғыз ғана топырақ. Жеккөрушілік жеміс бермейді…» деген еді.

Жаңа жинағында да ақын өзінің ең негізгі тақырыбы қуанғанда жанына қанат байлап, өрге сүйрейтін, қамыққанда қараңғы түнін жарық еткізіп, нұр құятын, асыл да алтын тірегі — ыстық махаббат тақырыбын тыс қалдырмаған. Бұл жолы бұл тақырыптағы идеялық тұтастығын сақтау үшін ойларды бір-бірімен сабақтастырып берген. Ақынның бұрынғы жырларындағы сияқты бұл махаббат — лып еткен жеңіл сезімдердің көрінісі емес, өзіндік ойы бар, терең толқыныстың белгісі:

Еш нәрсеге, ешкімге алаңдамай
жүруші едім, кезіктім саған қалай?
Қалай таптың сен мені бұл әлемде,
жол сілтеген кім саған маған қарай? — деген жолдар сондай шынайы, отты сезім, ыстық сезімдерден туса керек.

Асыл сезім ғана адамды:
Анау аспан, анау — Күн күлімдеген,
көңілім — құс, көзде — нұр, діріл — денем.
Ән шырқағым келеді бұл ғаламға
шаттығымды сездірер үнімменен, — деуге мәжбүр етуге тиіс.

1980 жылы «Жазушы» баспасынан Фариза Оңғарсынованың «Шаңқай түс» (Полдневный жар) атты жинағы орыс тілінде жарыққа шықты. Осы кітапқа жазған алғы сөзінде көрнекті орыс ақыны Сергей Баруздин: «Ашық та анық азаматтық сезім мен өткір лирикалық, бір жақты махаббаттың қайғысы мен ақындық кәсіп туралы данышпандық ойларды бір жерге тоғыстыру кез-келген ақынның қолынан келе бермейді. Бұл «Шаңқай түс» авторының қолынан келген» деп жазған еді. Осынау әділ де орынды бағаны ақын жаңа жыр кітабымен тағы да дәлелдеген.

Махамбет ауданы. 1985ж.

*** *** *** *** *** *** ***

МАЗАСЫЗ ӘЛЕМ, МАЗДАҒАН ӨЛЕҢ

Серік САТАНОВ

Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты жаңа жыр жинағын оқып шығып, бір сәт төңірекке көз жібердік. Жұмыр жер мен адамзат, оның тағдыры мен тіршілігі үшін жан ұшырып жүрген Ана бейнесі көз алдымызға келді. «Ақылды адамдар-ау, сендерден жер жүрегіне батқан дертке — дауа, жанға — сауға сұраймын, дауа... дауа...» дегендей болады.

Дүние дүмпулері, жердің сілкінгені, адамның күрсінгені — бәрі ақын жүрегінен өтеді.

Зула, менің жыр-күймем шабыт жегіп,
жер бетіне ғұмырлық жарық беріп,
жүректердің құрсауын ағыт келіп,
зорлықтардың зардабын шеккендерге
әділеттен сыбаға алып беріп!

Бұл — бүкіл тіршілік деп соққан жүректің ақ тілеулі ақиқат сыры. Бұл — өлеңдері Одақ көлеміне танылып, беделді сыншылардың дуалы аузына іліккен Фариза Оңғарсынованың азаматтық пафосы, ақындық кредосы.

Жырымен жылағанды жұбатып, тоғышарды оятқысы келеді. Жеке басының күйі емес, жер бетіндегі адамдардың қайғысына ортақтасып, қуанышына қол соғады. Поэзия — шындықтың шырағы екенін көрсетеді. Мысалы:

Ертеңдерді, жерді ойлап,
адамдарды, елді ойлап,
жер күрсінсе, көз ілмей,
жаны ауырған өзімдей,
Күнмен бірге күлмесем,
мен осылай жүрмес ем,
өнер дертін білмес ем!

Фариза жырларының бір құпиясы — ақын жалт еткен шолақ ойды әр нәрсеге теңеп әуре болмай, қанында қайнап, жанында жазылған, жүйкесінен жүріп өткен құбылысты ақ қағазға түсіреді. Сонда тастан қашалып жасалғандай тұтас жанды бейне, ойлы образ, өмірдің өзіндей болып жыр-тұлғаға айналады.

Ақын өзін қоғаммен, Планетамен бірге сезінеді. Бұлшық еттердей бұлтылдаған шымыр шумақтар, шегенделген шебер ұйқастар шабытты ақынның шалқар ойларын шарықтата түседі:

Жаным қаусап, себепсіз күрсініппін,
не жетпейді — төбеде тұр шығып Күн.
Мен бе барометрі Планетаның,
әлде тынысымын ба тіршіліктің?

Ақын неге мазасыз? Себебі — әлем мазасыз, дүниенің құрып кету қаупі бар. Ақыл атомдарға айналып кете ме деп шарқ ұрып, жаны жар жағалаған қарлығаштай аласұрады. Міне, ақынның азаматтығы деген осы.

Мысалы, «Бұл менің — планетам» деген топтама өлеңнен осындай кесек ойларды аңғарамыз. Планета алдындағы бүгін мен болашақтың міндеттері сөз болып, өлең болып өртенеді.

Кітаптағы лирикалық кейіпкер сезімсіз пенделерден алақанын жайып сауға сұрамайды, ақылға салып, ойландырады, жүректерін жібітіп, саналарына сәуле құйып, ес жиғызады. Өлеңдердегі философиялық тереңдік осындайда байқалады. Поэзия құдіретін танытатын сан қырлы машық-мәнер, сөз сұлулығы сараланады. «Достарым, ортам, қоғамым», «Қаншама жыл», «Тілеу», «Қазақ даласы» сияқты өлеңдер ақынның жыр көгінің бұрынғыдан да биіктеп, ой айту үрдісінің әлеуметтік-философиялық мазмұнының салмақтана түскенін көрсетумен бірге автордың жеке қамын емес, халқының қамын ойланатындығын, оның ертеңіне толғанатындығын байқатады.

Қамшылатып жанымды,
тамшылатып қанымды,
өртеп келе жатыр мені жыр-алау.
Азап — Жердің бар қайғысын қақпайлап,
жүрегіңе сыналау.
Ешбір сәби анасының кеудесін
мұнша қинап сормаған да шығар-ау.

Ата дәстүр жыр мәнері Фариза жырларында өзінше өрнек тауып, заман тынысына айналып, күрделілене түскен.

Ақынның образбен ойлап, оны өлеңге айналдыру үрдісімен шеберлік деңгейінің әбден қалыптасып өскендігін, өмірдің қат-қабат сырларын ашып көрсететін адуын мінезін танытатын «Сапфомен сырласу», «Вийонның ызасы», «Ащылық туралы жыр», «Шекспир шындығы», «Нерудаға наразылық», «Омар Хайяммен әңгіме», «Интервью», «Мақатаев туралы жыр» сияқты өлеңдерінен көреміз.

Бұл өлеңдерінде ақын дүние-тіршіліктің бар болмысына үңіледі. Адамдардың ақыл-санасындағы, мінез-құлқындағы қарама-қайшылықтарға психологиялық сипат бере отырып, ағынан ақтарыла жырлайды. Жалған айтып жалтармайды, ақиқатпен де, жалғандықпен де алдаспанын алдына қойып отырып әңгімелеседі. Айтқанына өзін де, өзгені де сендіре жазады. Өлеңдер өжеттігімен, батылдығымен, керек жерінде нәзіктігімен ұнайды.

«Вийонның ызасы» өлеңінде лирикалық кейіпкер былай дейді:

Көйлегім бүтін, күйлімін,
жатқам жоқ шіріп жағада.
Жаутаңдап алған билігің
еркіндігімнен садаға!

Өмірдің өзегінен шыққан ақиқат сөз! «Нерудағы наразылық» өлеңінде ақын революцияның кемеңгерлігін жырлайды. Уақыт-Ғасыр-Өмір ұғымдарын диалектикалық заңдылықтар тұрғысынан, философиялық терең қуатпен ашып көрсетеді.

Мәселен, Лермонтовқа арналған «Ащылық туралы жыр» атты толғау лирикалық-философиялық қарымымен елең еткізеді.

Мұнарлы бұлттан мұң емген,
заманын тілдеп түнерген,
жайлылық таппай жер-көктен,
өзіңе ұқсас бір мұңлық
Махамбет сынды ер де өткен, —
дей келіп, «дауылды дария ақ желкен» Михаил Юрьевичке:

Қанағат бермей өмірдің,
тәттісі мен кермегі,
барады тартып сендегі
тағдырымдай тылсым ащылық! — деп жан-дүниесімен ақтарылады. Адамзат үшін тебіренген ақынның азаматтық дауысы осындай.

Фариза Оңғарсынова жырларындағы оқырманға ерекше әсер ететіні интернационалдық пафосқа ұласып жататын ұлттық колорит пен ата-бабаның айшықты дәстүрлері, оған деген ойлы көзқарастың бірігіп, ұштасуы. Бұл қасиет дүние жүрегін тыңдаған, ғасыр ғаламатын көз алдынан өткізіп отырған ақынға биіктік баспалдағындай әсер етеді. Бұл авторға үлкен ақындық мінбелерден лирикалық-публицистикалық терең ойлы, тегеурінді жырларын жалпақ әлемге жария етуге мүмкіндік берген.

Поэзияның керемет қасиеті адам сезімін жетілдіріп, жанын толғатып, жүрегін оятатын айрықша әсері жинақтағы өлеңдерден жарқырай көрінеді.

Шешенсіген алқынып,
қанында жоқ қасиетке талпынып,
ақылды сөз айтамын деп шарқ ұрып,
арыстан да, данышпан да өзі боп,
ар жағында өзіндік бір сөзі жоқ
«ақылдыдан»
даналықты күтпе сен!

Нені жазса да, жеріне жеткізіп жазатын ақынның негізгі ойын осы жолдардан аңғаруға болады. Философиялық тереңдік пен суреткерлік ақынның творчестволық мол мүмкіндіктерін жарқырата көрсеткен. Сезімі жалын болып шалқыған, шындығы шоқ болып маздаған, мазасыз әлемнің маздақ жырларының ғұмыры да ұзақ болмақ.

Шілде 1986 жыл.

*** *** *** *** *** *** ***

Рымғали НҰРҒАЛИЕВ, Филология ғылымдарының докторы, академик

МІНЕЗДІ ЖЫРЛАР

Қалың қарлы, қатты қыстан кейінгі елжіреген кең-қолтық, жаймашуақ көктемнің буымен жан бітіп, жадырап, сай-сала, тау-тастан жөңкіле шапқылаған жазғытұрымғы мың сан бұлақтар іспетті болып, алпысыншы жылдардың басында Қазақстанның ауыл-аулынан небір өндірдей талапты жас Алматыға ағылған. Бәрінің де қойын дәптерінде — өлең. Әдеби кештер дуылдап өтіп жатады. Көк-қауырсын, балауса жырлар талқыға түседі. Университеттегі әдеби бірлестікте Мұхтар Әуезов өзінің кейінгі ұрпақпен сырласқан рухани, азаматтық өсиетін қалдырған әйгілі сөзін сөйлейді.

Дырдуы мол, шулы әдеби ортадан қалыс болған, шет жайлап, қашық жүрген, облыс орталықтарында оқыған жастардың ішінен шығып, кейін белгілі ақын-жазушы деңгейіне көтерілген жастар некен-саяқ. Гурьев пединститутын бітіріп, одан кейін мұғалім, журналист ретінде танылған, Алматыға жетпісінші жылдардың басында келген Фаризаның негізгі әдеби мектебі, ортасы өз бетімен оқу, өз бетімен іздену, талмай талаптану болды.

Фариза творчестволық эволюциясын оның әр жылдары туған поэтикалық шығармаларынан айқын көруге болады. Салған жерден көркем, үздік туындылар берді десек, шындықты аттап, жалған сөйлер едік. Алғашқы балауса жырлар, шәкірттік ізденістер, түрлі еліктеулер ізі сайрап жатыр.

Бес қаруым бойдағы — батыл жырым,
батылдықпен аралас жатыр мұңым,
Биліктіге жұғысар ебім де жоқ,

Немесе алыс-беріс жақындығым, — деп басталатын сыр, наз келе-келе поэзияның әлеуметтік-эстетикалық, қоғамдық-көркемдік мұраттарын ашып көрсететін жырлар шоғырына арқау болады.

Зула, менің жыр-күймем, шабыт жегіп!
жер бетіне ғұмырлы жарық беріп,
жүректердің құрсауын ағыт келіп,
зорлықтардың зардабын шеккендерге

әділеттен сыбаға алып беріп, — деген жігерлі жолдармен ақынның ішкі сыры, арман мақсаты, қаламгерлік мұраты секілді мына тармақтар сарындас, әуездес жатыр:

Мезгіл-бұршақ жаныңа салып танба,
қайратыңнан қайысып, налып қалма:
сені іздейтін аға бар тарыққанда,
інілер бар дем берер жабыққанға.
Бір ақиқат — бәрібір жоғалмайсың,
жоғалмайтын жоқтаушы халық барда.

Азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым, жалаң публицистикалық шалқу, дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықтағы шабыттан туса керек.

Мен даланың қызы едім,
жазығында жатпайтын көз ілер қара,
жазира менің жанымның өзі де дала,
асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді

өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана, — деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр.

Сол лирикалық кейіпкер өмір көріп, тірлік талқысына түседі, күреседі, алысады, бірде жеңеді, бірде жеңіледі, тіпті кейде түңіліп:

Жалған достар ертең жоқ, бүгін бірге,
көрмегендей сырт берер — сүріндің бе,
ісі бітсе, ісі жоқ сеніменен —
өлдің бе, тірілдің бе? — деген ащы сыр айтады.

Кейіпкер тағы да ширығады. Оның басында мұң да, қайғы да бар:

Қазық — жұмыс, қазық — үйге байланып,
жүрегім де майланып,
бара жатыр менің жаным күн сайын
қасаңдыққа айналып.
Бұл сөздерде шындық жоқ деп кім айтады?

Ақынның беріліп, шабытпен, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы — махаббат, сүйіспеншілік. Қалыптасқан үлгідегі жырлар алғашқы сезімді, құмарту, елту, құлап жығылу сәттерін бейнелейді. Көбінесе қызыл-жасыл бояу, алабұртқан ағыстар басым жататын өлеңдерге ет үйренген. Ал енді бүгінгі адамның басындағы небір қиюы қашқан шақтар, біреу сүйіп, екіншісі сүймеген, біреу адал, екіншісі опасыз, мансапқор, дәулет-абыройға жетсе де, жүрегі жылу таппаған, сарыла тосып күтумен ғұмыр өткізген жандардың тартысты, драмалы көңіл-күйі, трагедиялық ситуациялар бейнеленеді. Сондайда кейде көзіңе жас үйірілтер мұңлы, кейде өзегіңді өртердей ащы, кейде селт еткізер жігерлі, сан алуан қиянатты жырлар алдыңнан шығады. Сезімін бүркемелеп, шымылдықтың ар жағында ұстаған «жіңішке» жолды қыздарымыздың бүгінгі сезім әлеміндегі байлық, рухани терең толғаныс, сұлулық, әсемдік, келісім мұраттары, адамгершілік нысана биіктігі көңіл тоғайтады. Өткінші тіршілікті қызықтап қалу, дырду рақаты емес, мәңгілік адалдық, тазалық рухы, сүйіспеншілік қадыры деген парасат әуендері негізгі сарынға, басты әуезге айналады. Лирикалық әйел кейіпкер әлеуметтік іске көңілі толады, шаңырақ астынан опа табады, сөйтіп бақыт, рақат барлығына иланады:

Туса да қилы-қилы басыма күн,
осында сан қуанып, тасығаным.
Әйтеуір бір рахат күтетіндей
мен ылғи ошағыма асығамын, — деп тоқтайды.

Саяси әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларына ауысты. Туған жер, Отан, партияны нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен суреттейтін болды. Өлең шоғыры тұтас цикл, фрагменттер — осы алуандас поэтикалық формалар мүмкіндігі, жаңа өрістер кәдеге асты. Алғашқыда жыр өзегі Атырау өңірі, Маңғыстау түбегі ғана болса, бірте-бірте Қазақстан атырабы тұтас, түгел сөйлей бастады: Қостанай, Көкшетау, Арал, Жетісу.

Ақын поэзиясының интернационалдық рухын оның өз көзімен көрген шет елдерге арналған татымды шығармалары көтере түсті.

Қазіргі замандас, әсіресе балықшылар, мұнайшылар, егіншілер, бір сөзбен айтқанда еңбек адамдарын оның ішінде жастарды жырлаған «Үйім — менің Отаным», «Революция және мен» циклдері ақынның творчестволық белесі болып табылады. Осы еңбегі үшін оған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Әлеуметтік пафос, партиялық, таптық мұраттың анықтығы, көркемдік сипаттар көзге түседі.

Жайнайды дала алыбым,
жанары — жарқын, жаны — Күн!
Ызғары кетпес әлемге дала
таратып жатыр бойынан
жылуы менен жарығын! — деген тапқыр жолдар бар.

Қазіргі адамның көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі қат-қабат, шытырман да күрделі. Жүрек жылуы азайып, алыс-беріс, жүріс-тұрыс есепшотқа түскен кездерде жатсырау, суыну, тас бауырлық белең алмақ. Сағыныш, мұң молайып, көзге жас іркілетін, кешегі жастық, балалық аусар күндерді аңсайтын сәттерде оқығың келетін жырлар болады. Атаңа, әжеңе еркелеген кездер, жаздың жылы жаңбыры, қыстың алай-түлей бораны — осыларға ұқсас суреттер еске түседі. Жылауық, боркемік өлең мұндайда саған серік емес. Тіпті қайғы-қасіреттің өзін ширақ жеткізетін тірі сөзді аңсайсың. Сондықтан да шығар, талант жүрегінен толқып туған шынайы жырлармен ұшырасқанда таза бұлақтан су ішкендей боласың.

Бүгінгі поэзияның көркемдік құралдары, стильдік өрнектері, сөз байлығы, тіл кестесі адам жанының небір шетін де нәзік, қараңғы да үрейлі, қажырлы да қайсар рухын дәл, шебер суреттеп көрсетіп беруге мүмкіндік береді ғой. Өлең толқынының беткі қабатында жататын дидактикалық публицистикалық, моральдық иірімдер көзге оңай шалынбақ; ал көңілге шоқ боп түсіп, ұзақ маздайтын, әр кезде жан жүйеңді қозғайтын бейнелі суретпен жасалған көркем-эстетикалық ой сиқырлы, киелі сөз сирек.

Балалық шағының жапырағын сұрапыл соғыс өртеп кеткен, біреуі жесір әйел, екіншісі жетім шалдың бауырында өскен буынның өксігі әлі басылған жоқ. Бұл ұрпақтың алдыңғы толқыны өздері немере сүйе бастаса да, ұшқан ұя, туған топыраққа деген махаббат бір мысқал әлсіремейді:

Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,
жүрек — әлсіз, жүйке — қыл, түрімде — мұң.
Бір емдесе емдейді жанымды тек
саумал сүттің исі бар іңірлерім,
сонда ғана дертіме дауа тауып,
ашылардай сарайым — үнім, демім, — деп толқыған монологтың күшейе барып:

Қырға барсам арылып мың күнәдан,
сағыныштың шықтарын іркіп алам —
жермен бірге мәңгілік қалатындай
Қаным таза, тілім мен жұртым аман.
Сарайымды ашшы бір, іңірлерім
тезек исі, жылқы исі бұрқыраған, — деп аяқталуы өте заңды.

Тарихи, белгілі тұлғалардың өмірін арқау етіп шығарма тудырудың қалыптасып қалған, тіпті сары жұртқа айналған бір үйреншікті тәсілі — ғұмырнама ізімен, оқиғаларды қуалай баяндай отырып, жөргемдей суреттеу, шола қамтумен нәрлі дүние жасау мүмкіндігі жойылғанын ескермей, тәуекел қайығына мініп, тартып кету қазіргі өнерпаз үшін соқыр сүрлеу екенін жақсы ұғынған ақын жаңа тәжірибе жасайды, әр түрлі ізденістерге барады, шарттылық құралдары, соны поэтикалық формалар мүмкіндігін пайдаланады. Бір ауыл, бір атырап қана білер-білмес есімдер емес, қазақ тарихындағы биік тұлғалар, дара тағдырлар бейнесін суреттеуде ұзын сонар дастан, сылбыр-созалаң поэма санатындағы көлем қуалаған, етек-жеңі жиылмай калатын ақындық қуаты аз кебеже қарын көкжасық дүниелерге бой ұрып кетпей, шымыр формалы, өткір идеялы, сұсты ойлы, ықшам, лаконизм талаптарынан шыққан туындылар шоғырын ақынның берекелі олжалары деп білеміз. Бұл қатарда «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Ақан сері аңыздары», «Поэзия. Махамбет аудармашысымен әңгіме», «Тартады бозбаланы магнитім» секілді — шығармаларды бөліп, даралап айтуымыз керек. Сара, Ақан сері, Махамбет, Майра бейнелері жаңа қырынан, тың ракурста көрінеді. Тарихи тұлғаның жарқ ете түскен бір сәті, сезім күйі, ой толғауы, шыншыл сипаты бар. Әсіресе бұрын әркім барып көрген қастерлі тақырып — Әлия мен Мәншүктің трагедиялық әрі ғажайып тағдырына арналған «Тыңдаңдар, тірі адамдар» сюжетсіз поэмасында еркін көркемдік форма, шарттылық тәсілімен қос боздақтың рухын сөйлету, қазіргі ұрпақпен тілдестіру арқылы жаңа эстетикалық игілік жасалған. Қазіргі қазақ поэзиясындағы идеялық-көркемдік ізденістердің өрісі ұлттық дәстүрлерді ғана шиырлап отырған жоқ, барлау барысында зерттей оқып, үйреніп сан-алуан интернационалдық мектептерден тәлім алған ақындарымыздың үдете өсірген үлгілері шабыт дүкенінен балқып шыққан мағыналы, құнарлы туындылары туған әдебиетімізді, сөз жоқ, байытып жатыр.

Жеті жұрттың тілін, қыртысын айналдырып біліп алмағанмен, аударма негізінде қазақ қаламгерлері әлемдік поэзияның көне, классикалық нұсқаларымен, барлық дәуірдегі барлық елдердің ұлы ақындарының мұрасымен, бүгінгі әдебиеттердегі арналы ізденістер, озық табыстармен түгел танысты десек, артық айтқандық емес, ұлттық және интернационалдық ағыстар тоғысуы идеялық, эстетикалық, структуралық сан алуан әуездер, бояулар, сөздер шұғыласын таратты.

Бұл ретте біздің өлең аудару мәдениетіміздің аса өрлеп өскенін рухани өміріміздегі маңызды бір құбылыс екенін атап айту дұрыс. Расында негізгі оқиға жүйесін сақтай отырып, көбінесе мазмұнды еркін өрбітетін шығыстың аңыздау — нәзира бағытынан бас тартып, дәлме-дәл, балама, реалистік аударма мектебінің негізін Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Бунин шығармаларын қазақша сөйлету арқылы салып берген Абай үлгісі терең тамыр жайып отыр. Қатардағы қаражаяу өлеңшілерді айтпай-ақ қояйық, санатта бар жақсы ақындарымыздың бәрі де поэтикалық аударма мектебінен өтті, жасырмау керек, осы тұста еліктеу ағысына түсіп кеткен, әртүрлі көлеңке, әртүрлі сарындарды көшіре қайталап өз үнінен айрылып қалғандар да болды. Ал интернационалдық дәстүрлермен байып, толығып, ақындық нәрлі құнар, көркем игілік тауып, жарыса өсіп, өзін-өзі қамшылап, жаңаша түлеп, биіктей самғаудың үлгісі деп «Омар Һайяммен әңгіме» «Шекспир шындығы», «Вийонның азасы» «Нерудаға наразылық» секілді шығармаларды айтуға болады.

Кемел шақта адамның басқан ізге қайта бір көз тастауы, туған ошаққа оралуы болмақ. Сондай тұста ақын қаламынан «Киіз үй», «Оюлар», «Жаулықтар», «Жер ошақ» секілді жүрек тебірентерлік өлеңдер туған.

Далам — менің қазынам, жыр сандығым,
жыр нәрімен жер балқып, бусанды құм.
Сортаң жердің тұзы бар тамырында
ашқылтымдау сондықтан жусан жырым, — деген жолдарда ағынан жарылған сезім мөлдіреп тұр емес пе?

Туған ауыл, ата-ана, өскен орта, арман-мақсат туралы бірқыдыру өлеңдердегі сарын-әуендер келе-келе Отан, патриотизм, интернационализм, партия хақындағы жырлардың идеясына ұласады. Ұлттық дәстүр — арасындағы көркемдік кестелер, өлшем-өрнектер совет әдебиетіндегі, әлем поэзиясындағы бояу-сәулелермен, нақыш-өнермен, сан алуан жаңа эстетикалық сапамен байып, соны көркемдік игілік жасалғанын көреміз.

Жеке бастың мұң-шері, оңаша сыры ғана емес, күрескер замандастың, әлеумет қайраткерінің, уақыт ауыртпалығын көтере алатын, өзі іс басында отырған азаматтың ойлары, сезімдері — жыр арқауы. Еңбек торылары Маңғыстау мұнайшылары, Тың диқаны, Сыр күрішшісі, азаттық, теңдік, бейбітшілік үшін күресіп жатқан прогресшіл жандар, бір сөзбен айтқанда азаматтық-әлеуметтік мұраты айқын бүгінгі күннің жігерлі адамдары — ақынның сүйіп, беріліп, тебірене толғайтын кейіпкерлері.

Ақын өлеңдері орыс тіліне сәтті аударылды да, Одақ оқырмандарына кеңінен таныла бастады. Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев сынды туған әдебиет ақсақалдары берген баға өз алдына, белгілі орыс жазушысы, ақын Сергей Баруздиннің «Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ оқырмандарының жүрегін жаулап алды, өз тілінің шеңберінде қалып қоймай, біздің елімізден тыс жерлерге де мәлім болды. Қазір оның өлеңдері көп ұлтты поэтикалық байлығымыздың ажырамас бір бөлігі екеніне мен сенемін» деп жазуы тегін емес деп білеміз. («Дружба народов», 1986, 12).

Бүгінде әлеуметтік мағыналы өмір кешіп отырған қазақтың ақын қыздарының шығармаларынан антология құрастыруға болар еді. Сол арналы дәстүрдің бүгінгі жалғасы сапалы да құнарлы көрініс — халқына екі томдық таңдамалы шығармаларын ұсынып отырған Фариза Оңғарсынованың ер мінезді жырлары.

1987 ж.

*** *** *** *** *** *** ***

БОЛАТТАЙ ҚАЙСАР, ГҮЛДЕЙ НӘЗІК СЕЗІМДЕР

1. «ӨЛЕҢ ДЕГЕН ӨР МІНЕЗ...»

Нұрлытай ҮРКІМБАЕВА

«Әпке, сәлеметсіз бе? «Адамның бір қызығы бала деген», өмірге тағы бір Фариза келді! Ақын болмаса да, өзіңіздей адал да пәк азамат болсын деп атыңызды қойдым.

Әпке! Ақыннан үлкен құдірет, ақыннан биік шың, ақыннан пәк періште жоқ қой деп ойлаймын. Әрине, нағыз ақындардан. Өз басым саясатты жатқа соғатын, бұл заманда алғыр да алымды атанып жүрген, бірақ өлең оқымайтын, ақынды танымайтын пайғамбарсымақтарды адам қатарына қосқым келмейді. Өмірдің сәні де, әні де өлең болып тұрғанда, бықсық дүниеге мастанып шалқудың өзі күнә емес пе? Өзім осылай түсінем, әпке. Сізге пәлсапа соғудан аулақпын. Арым да, жаным да пір тұтатын Мұқағали ағаның қарындасы, қазақтың аяулы қызы — жақсы ақыны болғаныңыз үшін жүрекжарды сырымды өзіңізге айтып отырмын!

Сәлеммен, ініңіз Естай Мәсімбайұлы — кішкентай Фаризаның әкесі.
Сарыбастау селосы, Нарынқол ауданы».

* * *

Дарынды ақынның әрбір жыры — сан тарау тағдыр, әрқайсысы бір-бір әлем. Халқы осылай деп қабылдаса, Естайдай жыр сүйер інілері жүрекжарды сырларын жолдап жатса, ақын үшін бұдан асқан творчестволық бақыт болар ма, сірә!

Жырым еді, жыласам, жанды ұғынар...
Бірақ соның арты құм, алды мұнар.
Өлең деген өр мінез адамға ұқсас —
әрқайсысының өз жолы, тағдыры бар.

Әр жырын ұзатылар қыздай үкілеп, әр өлең жолының алмастай өткір, таңғы шықтай мөлдір, «саудаласпай жарығын шашқан Күндей» шуақты болуы үшін шарқ ұрар, «алтынымның сынығын тот басуын көрмесем деп түндерде тілеп жатар» ақын Фариза Оңғарсынованың поэзия планетасы тұнық та сырлы. Мұны ақынның «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдығын оқығанда айқын аңғарасың.

Ал, осынау Поэзия — жібек жолында Көшкеруенге артсаң да, түгесіліп болмас мол дүние, жақұтты жыр сарайының жиһаздары оқырманына несімен қымбат?! Біздіңше, ең әуелі — қайсарлығымен, биік пафосқа толы мінезділігімен. Сонымен бірге көкорай шалғын көмкерген көрікті белестерімен де, бұлақ күліп жүгірген көк жасыл даласымен де, махаббат атты құдіретті сезім бойын билеген нәркес жанар, тәкаппар әрі нәзік аруларымен де, «бозбаланың күнделігін» алдыңа ақтарыла жайып салар жігіттік мәрт мінезімен де оқырманына құнды.

Бір жырынан екіншісіне көшкен сайын бірін-бірі қайталамас, біріне-бірі ұқсамас контрасты сезім күйлерін өзің де бірге бастан кешіре отырып, «алағай-бұлағайлы» замандағы ақынның «секілді аспан көшкен» көңіл-күйі, жан қалтарыстарының азаматтық шамырқанысқа толы тереңдіктеріне қайран қаласың.

Сезім селдерін шашау шығарып, солғындатып алмастан, дауылдатып әкеп оқырманын бөгет-бөгесіндерге көнбес тасқындаған ой, сезім, характер, жалын-жігерге толы жыр жолдарымен төпелей жөнелгенде әлгі өлеңнің әрбір жүрек лүпілі, тынысы, қан-тамырларының соғуы «ә» деп оқығаннан-ақ көкейіңе бір үтірі түспестен ұялай қалады деп айта қою қиын. Өзіндік үн, екпінімен «апыр-ау, мынау жыр жолдары не деп кетті» деп аң-таң қалдырып, одан оқырманының ой, сезім, намысын қамшылап, әлгі жыр-өрнек-нақыштарына қайта-қайта үңілдірер, осылайша оларды Парасат биіктеріне өршелене ұмтылдырар өлең жолдары ақын қаламынан туындағаннан кейін-ақ іркіліп, кібіртіктеп жатпастан халықтық дүниеге айналдырып жүре береді. Біздің пікірімізше, Оңғарсыновалық жігерлі үн, биік пафостың айрықша сомдала көрінер жыры — «Жастық шақ монологы». Себебі дейсіз ғой! Себебі талантты шығармалар сол ақынның шабытты айдынды шақтарының перзентіндей бір деммен, іркіліс-бөгеліссіз, тұп-тұтас күйінде, мөлт еткен көздің жасындай болып дүниеге келеді. Міне, қолына қалам ұстаған ағайындардың бәрі дерлік осындай құдіретті сәттердің құрбаны болуға дайын. Алайда, мұндай бақытты шақтарға қол жеткізе алмастан ақ қағаз бетін шимайлап, бос әуре-сарсаңмен кете баратындары қаншама дерсіз?! Ал, Оңғарсынова творчествосында мұндай бақытты сәттердің жиі болатынына осынау екі томдық таңдамалы шығармалар жинағына енген, маржандай сүзілген жырлары куә. Шабыт құсы алыс қонып, қанатты қиял құрығына алмай жүрген кезеңдегі қаламгердің өзін-өзі қинап, ақ тер, көк тер қалпында өмірге әкелген дүниелері көбіне қарабайыр тартады. Мұндай сәттерде творчество аяқталады да, жазу әлеміндегі қиналысты еңбек, қарадүрсін әуен басталады. Көңілі жетік оқырмандарымыздың осылайша тер төгетін бір сыпыра ақындардың жыр жинақтарын қолына ұзақ ұстай алмастан кейінге ысырап қоя салатыны да сондықтан.

Ал, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Фариза сынды ақындардың бақыттылығы, әлгі айтқанымыздай, шабытты шақтармен жиі қауышып жүретіндіктерінде болар. Дей тұрғанмен, сол шабыт атты тылсым сыры мол сәттер қол қусырып қарап отырған ақынға жайбарақат мамыражай күйінде келе қалар ма екен?! Әрине, жоқ. «Майлы ас сіңген таңдайға татыр ма өлең — қайтсем ойын оятам, ақыл берем?» деп өзгені парасатты ету үшін — таңды таңға жалғай дөңбекшіп, шындық деп шырқыраған жаны шарқ ұрар азамат ақынды шабыттың өзі-ақ іздеп тауып жататыны заңды да. Тағы да сол — «Жастық шақ монологынан».

Мен Шығыстанмын —
тауларымен сырласып ұғысқан Күн;
көкорайлы белдері көз тұндырып,
сәулесіне оранған күміс таңның.
Не заманнан бұл дала мекені екен
винтовкасыз, атомсыз ұрыстардың.

Мұнда санаңда найзағай ойнатар сыртқы жарқылдармен бірге жырдың ішкі әуені, екпінді музыкасы бар. Дәл осы біз сөз етіп отырған үш жырдан тұратын цикл — формалық жағынан қалыптасқан поэтикалық өлшем-өлшеуіштерге сыйыса бермейтіндей өзгеше. «Жастық шақ монологының» бір шумағы алты, келесісі тоғыз, үшіншісі он бір тармақтан құрала береді. Және ол шумақтар поэзиямыздағы белгілі ұйқас заңдылықтарына да бағына берместен, тіпті, сол заңдылықтардың синтезінен жаңа бір түрге, бас білдірілмеген асаудай соны айшықтарға еніп жүре беретіндей. Мысалы, осы циклдағы Үшінші жырдың бірінші шумағы а-а-б-а-в-а ұйқасымен келсе, сегіз тармақты екінші шумақ а-б-в-б-г-б-д-б он тармақты, үшінші шумақ а-а-б-а-в-а-г-а-д-а формасына келеді. Апыр-ау, сонда бұл жырдың қалыптасқан ұйқас түрі қайда дейсіз ғой. Мәселенің өзі бұл жырлардың поэтикалық реңкінің сырттай ғана қолмен қоя салғандай дайын-ұйқас өлшемінде емес, керісінше, оның ішкі иірімі, музыкалық сазы, мазмұндық, динамикалық ой ағынында жатқандай.

Көктемеде, тіршілік атаулының қайта жандана бастаған сәтінде, күн мен түн теңескен жаңа жыл басында кәнігі диқан шұрайлы алқапқа үлкен ниетпен егін салып, арналы өзендерден шаруаның қара кетпенімен бұрып алып, арық жетелемей ме! «Алқапқа суды шығара алсам, егін бітік өсер» дейді диқан-баба маңдай терін сүртіп тұрып. Кенет мына қызықты қараңыз: әлгі үлкен арнаны кернеп, лықсып келе жатқан жаңа бір толқын диқан бабаның шағын арыққа бұрған жерінен асып түсіп, өзеннің ол ойламаған биік жар қабағы тұсынан көк жалдана көтеріледі де, тосқауыл-бөгесіндерді тас-талқан етіп, бұрын-соңды жауын-шашынның ылғалы болмаса, өзге үлкен өзендер суынан қанып ішіп көрмеген алқапқа лап қояды. «Апыр-ай, — дейді диқан-баба, - не қылған мінезді толқын еді!? Дегенмен, бос жатқан жайылымға сіңіп, текке рәсуа болмаса нетсін?!» Осылай деп беймазаланған қарт диқан аз ғана күн өтпей-ақ, көк орайлы шалғыны белден келіп, көк майсасы сыбдырлап желге сыр айтқан, өңшең бір құйрық-жалдары күлтелене төгіле жайылып жүрген сәйгүліктер мекеніне көзін көлегейлей қайта-қайта қарағыштап: «Әй, өзі де мінезді толқын еді. Менің жетегіме ермегені қандай жақсы болған!» деп іштей күбірлей түсіп, бас шайқар еді. Осы бір мінезді сурет, тың көрініс Ф. Оңғарсынованың:

Жүрмесе болды адамдар
тұлғамды менің шатасып басқаға таңып,
жасықтар жүрсін кездессе жасқана қалып,
несіне жүрем әйтпесе кара жерде мен

жиырмасыншы ғасырдың жас шағы атанып!.. — тектес жыр жолдарын оқыған сайын көз алдымызға жиі-жиі орала береді. Және ақын өзі өскен даласына ғана сыр ақтарып қоймай, планетаның сонау-сонау алыс түкпірлеріндегі замандастарымен тілдесіп, ғарыштарға самғайды, жұлдызды аспан төрінде шарқ ұрады. Бұл үшін Оңғарсыноваға цивилизацияның ең соңғы жетістіктерімен дүниеге келген ешқандай телерадио тораптарының да көмегі шамалы. Ол жыр қанатында алыс әлемдерге ғана емес, өткен тарих қойнауларына сапар шегіп, сонау ғасырлар қатпарынан бізге саф алтындай жетіп үлгерген әлемдік рухани қазына-байлықтарымызды өз қолдарымен тұрғызып кеткен бабалар рухымен поэзия тілінде сырласады. Оның шығармалары жалпы адамзаттық рухани қазынаға өздерінің жауһар үлестерін қосқан ақиық бабаларға өлеңмен орнатылған бір-бір ескерткіш дерсің. Және бұл жырлар кеңістік шекарасы тұрғысынан — интернационалдық, уақыт өлшемі тарапынан — дастандық сипатта.

Болаттай қайсар мінезді, гүлдей нәзік сезімді ақынның жырлары ұдайы осындай асқақ па?! Асылы, қараша үйінен алысқа ұзап шыға қоймағандардың жаны аса қиналыс көрмес. Сонымен бірге, ұзақ та ізгі сапарға күмбірлеген күйме ішінде аттанып, күркірей келіп бұршақ аралас төпей жөнелген жауыны мен шілденің ми қайнатар ыстығында, жаратылыстың қара дауылдарына сол күйме терезесінен сығалап қойып, жол шеккен жанның көңіл-күйі де дін аман, әрі болмысы да әлгі құбылыстардан тыс тұрар. Ал, жаратылыс жарықтықтың аумалы-төкпелі барлық құбылыс атаулысын өз жанымен сезініп, жүрегі арқылы өткізіп, түйсіну үшін жалаңаяқ тау асып, тас басса да, тағдыр шіркіннің тосқауылдарына қаймықпастан қарсы қарап баруға біржола бел буған, өзіне тек аяулы арман, асыл мұраттарын тірек еткен жанкешті жолаушының балағына тікен, ошаған атаулының жапырлай жабысып, шырмауық біткеннің аяғына оралғы болатыны бар емес пе! Өнер өріне, шындық шыңына жүрегінен қаны тамшылап, қарсы ағыстардан топшысы сырқыраса да, тынымсыз қанат қаққан ақын өзімен қатар өмір сүріп жүрген замандастарының ұсақ пендешілік, аярлық қылықтарына ашынады.

Жалпы адамзат тағдыры, ел мен жер жайы, бейбіт аспан болашағы үшін таңдарға көз ілместен тебіренетін ақынның жеке адамдар мұң-мұқтажына қатыстылығы да ерекше. Және жан ұшырып өзіне көмекке шақырған жандардың сол ақын тағдырында қандай күрестер мен тартыстардың, мұң-наласы мол сәттердің өтіп жататындығында аса көп шаруасы да бола бермес, сірә. Сондықтан да болар өзгелерге жақсылық таратып, жарқылдап жүрер ақын:

Өз басымның жай-күйі, қамы, бабы,
түзде жетім лақтай тарығады.
Керегесі көңілдің керілгенмен,

жұпынылау, түндіксіз шаңырағы, — деп бір сәт мұң ашады. Асылы, сөз иесінің өзіне-өзі тамсанбай, өзін-өзі аямай, биік мұраттар жолында осылайша жеке басының қызығушылықтарын да құрбан ете алған жағдайында ғана сертке ұстаған семсердей адал жыр, асыл ой дүниеге келер. Себебі Бауыржан Момышұлының сөзіне жүгінер болсақ, «дүниенің рахатын надан көреді, азабы — ердің сыбағасы».

Шындық шіркін екінің бірін маңайына жолата бермес сұсты, әрі салқын ғой. Оған тек жүректілер ғана жақындар. «Әділетке тапшылау бұл ғаламның әділ сөзден терлейді мұз денесі, жанын тербеп арманның нұрлы елесі». Және сол әділет, шындық атаулының адам жанын тазартар, бойын сергітер қуат-күші қандай десеңізші! Қол жеткізген адамға мұның өзі бір бақыт!

Осындай асқақ-асқақ сезімдер кешіп, асқаралы биіктерге қол созған ақын сонымен бірге қарапайым қазақтың көп қызындай махаббат сезімдерін бастан кешіп және оны өзіндік соны үнмен жырлай алған.

Мен сондаймын.
Сүйсем егер ғұмырлық сүйіп кетем,
жұртқа менің жүрегім — тұйық мекен.
Аласарсам, ешкімге ұқсамайтын

сезіміммен өзімді биіктетем, — дейді ақын. Махаббат мәселесінде ғана емес, жалпы ой-пікір, көзқарасты іркіліссіз батып айта алудың өзі сол адамның үлкен ерік-жігер атты қасиеттің өзі адамның рухани ішкі асыл діңгегіне, тамыры тереңге кетер бәйтерегіне әбден байланысты. Демек, мұның өзі — махаббат жырларынан да Фариза Оңғарсынованың азаматтық келбеті айқындалады деген сөз.

Айналасына, өзінің өмірлік принциптеріне, адамдарға деген ақынның адал көзқарасы оның творчестволық басты кредосына да айналған.

Етсем жырды киініп-ішінерім,
кешірмесін осыным үшін елім.
Асқақ-асқақ жыр күтіп жүрсе менен
сыйлағаны осы деп түсінемін.

Біз өмірдегі қара күшпен сын сайысына түскен ерліктер жайлы жиі айтамыз. Ал, өнердегі дара тұлғалардың бұл ғасырдағы өздеріне тиесілі қызық-қуаныштарды құрбандыққа шала отырып, «қайтсем өзгенің жүрегіне нұр құямын» деп аласұрған ғұмырнамаларындағы көзсіз, бақай есепсіз батырлықтарының құнын қалай өлшесек екен?!

Шулы өмірге мен де еріп кетер едім,
тағдыр, мені өнермен некеледің.
Дауыл, шуақ алмасқан Жер бетінде
өлеңімді сәбидей жетеледім.

Бұлтарыс, бұралаңы көп өмір жолында өлеңін сәбидей жетелеген, өзі де өнер сапарында жаһұт жырларының соңынан сәбидей ере білген Фариза Оңғарсынованың жырлары — халқымыздың рухани мұрасына қосылар асыл арналардың бірі.

1987 ж.

2. ТҮСІМЕ ЕНГЕН АРУАҚТЫМ. . .

Биік тауды бағалағың келсе, алыстан қара деген ұғым бар. Ол рас. Дегенмен сол заңғар өзіне тартып, кейде қасына жақын баруға тырысатынымыз жасырын емес. Жапырағы жайқалған қалың орманын да, жықпыл тастарын да, тарғыл беткейлерін де көресің. Көресің де, көп нәрсені көкейіңе түйесің.

Үлкен адамдармен де қарым-қатынас осыған ұқсас келмек. Алда-жалда халқының біртуар перзенттерімен дәм тартып, дастарқандас болып, жол шақырып сапарлас болған сәттерімді жаратқанның маған берген өлшеусіз сыйы деп түсінемін. Және бұл пікірімді еш уақыт естен шығарып көрген жоқпын. Бұл тұрғысында: "Ой, мен пәлен деген кісімен еркін араласамын, қалай болса солай сөйлесеміз өзіміз” — дегендердің қылығын да суқаным сүймейді, немесе, керісінше, сол адамның құлақкесті құлына айналып, алдында құрдай жорғалайтындарды да жаным жақтырмайды. Үлкен тұлғаның халқына деген кейде ерке мінезі, тосын қылықтары болады. Оның өзі орынымен болып жатса, жылы жымиып қала беру ләзім шығар. «Еркелегеннің жөні осы»,— деп артық кетіп жатса, сыпайы ғана пікіріңді білдіргеннің айыбы жоқ деп ойлаймын.

Халқымыздың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова — қазақ елінің рухани әлеміне мол үлес қосып, елдің, жердің еңсесін тіктеуі үшін жанын салып қызмет етіп жүрген жан. Ол кісінің поэзиядағы ерекше қолтаңбасы, өзіндік үні — өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жолы Фариза апайдың қарапайым өмірде өзім байқаған кейбір қырларына тоқталмақпын.

Апай өзін халықтың, оның ішінде оқырмандарының сүйетінін жақсы біледі. Жақсы білгендіктен де өзіндік мінезімен еркелеп алғанды жөн көреді. Сол өзіндік мінездің сыртқа көріну формалары бірде түсінікті, бірде түсініксіз болғандықтан мұндай кісілер жайлы ел арасында аңызға ұқсас түрлі әңгімелер жүре береді. Журналистік жолсапармен ел ішіне барған бір жолы естіген әңгімеміз: Апай кездесуге барған облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын бір қасқа болса керек. Кездесуді жүргізу барысында сөзден жаңылыса берген әлгі кісіге қарап:

— Мынау не қылған идеолог басшы, сөзін жөндеп сөйлей алмайтын? — депті-мыс.

Кадр мәселесінде өзі де пісуі келіп тұрған жағдай болса керек, көп ұзамай әлгі басшы орнынан түсіп қалады. Бұл мәселеге апайдың қатысы болмаса да:

— Ойпырм-ай, Фариза ақын келіп, идеологымызды ауыстырып кетті, — деп жұрт шу ете түседі. Бір қызығы мұндай алып қашпа сөз үлкен кісілердің маңайында жиі айтыла береді.

Менің айтпағым — апайдың үлкен сапарлар үстінде өзім байқаған ерекше қасиеттері.

Бұл жалғаннан аттанып кеткеннен кейін ғана халқы биік бағалаған біртуар ақын ағаның тойындамыз. Киіз үй ішінде әдебиет пен журналистиканың біраз өкілдері отыр. Арақсыз жасалмайтын шіркін қазақтың дастарқаны. Сала құлаш сөздер... Сөз кезегі әдебиет айналасындағы бір келіншекке келді. Кісінің көзіне жылтырап, не бір метафораларды төкпелегенімен былай шыға бере жаңа ғана өзі мақтаған адамын түп-тұқиянына дейін дымын қалдырмай жамандайтын нағыз қасқаның өзі еді. Бірақ мұндай мінезін үлкендерге көп аңғартпай, біз сияқты кішкентай адамдарға көрсететін. Бұған дейін сөйлегендер бүгінде көзі жоқ арқалы ақынның поэзиясы жайлы көбірек тебіренген еді. Мына келіншек тек төтесінен апай жайлы әңгімеге тартты дерсің.

«Мен Фариза апамды пір тұтамын, творчествосына бас иемін, әдебиетте бұл кісіден артық ешкім жоқ» — деген сияқты шұбырған пікірлері жөңкіле жөнелді. Жалған дейтініміз осыдан аз уақыт бұрын оңашада апайдың басынан бақайшығына дейін «талдап бергені» есімізде. «Апыр-ай, осы сиқыр сөздерді апай түсінер ме екен?»— деген оймен бұрылып ол кісіге қарадым. Ішкі ренішін сездіргендей қос жанарынан бір кейістік білінеді. Сөзін бөлген жоқ. «Ә-ә, жайың белгілі болды ғой»,— дегендей сәлден кейін бір нүктеге көңілсіз қадалған күйі отырып қалды. Сол-сол-ақ екен шаңырақтан түсіріліп қойылған электр шамы сөнсін де қалсын. Шырттай қараңғыда әлгі байғұс сөзін жалғастыра берді. Қою қараңғылық обалы қалың осы бір жалған сөздерді одан сайын айқындай түскендей. Әлгі келіншек: «ал, сол үшін алып қояйық», — деп сөзін де бітірді, шам да қайта жанды. Апай осы тостың ішілуін ұнатпаған сыңаймен: «Жігіттер, әдемі ән бастаңдаршы!» — деп жиіркенішті бір нәрсені иығынан сілкіп тастағысы келгендей бар болмысымен отырыстың өзге бір әуеніне бұрылып кеткен еді.

Осы көріністен өз басым өзгеше ой түйген едім. Ішкі түйсік тегін адамда болмайтыны белгілі. Шамның сөніп қайта жануы кездейсоқтық емес еді. Біз «арқалы адам, арқалы ақын» дегенді жиі айтамыз. Дегенмен, соның байыбына әлі терең бара алмай жүрміз-ау…

Тағы бір сәт есімде. Шымкент облысының Темірлан селосында 1990 жылдың мамыр айында Майлықожа ақынға арналған той болды. Соңы Ордабасыдағы кішігірім тойға ұласқан. Осы дүбірлі жиынға астанадан біраз қонақтар, барлық облыстардан айтыс ақындары шақырылған. Тойға белгілі жазушы Мархабат Байғұтовтың қызы Ақлима екеуміз келгенбіз. Қонақтардың басым бөлігі селодағы минералды су шығатын санаторийге орналастырылған. Атшаптырым бөлмеге Фариза апай орналасқан екен. Тағы бір бөлмеде — қызылордалық айтыс ақыны Бибігүл Жаппасбаева. Ақлима екеуміз келіп жайғастық. Той дастарқандары арнайы тігілген киіз үйлерге жайылған. Дастарқан басында Фариза апай екі жаққа дәнекер болғысы келген сыңаймен келген қонақтарды үлкен демей, жас демей той иелеріне таныстырып, ауыл адамдарына «өздеріңді таныстыра отырыңыздар»,— деп Оңғарсынованың атынан қаймығып отырған жұртты ортақ әңгімеге шақырып қояды. Таныстыру кезегі Ақлимаға келгенде: «Өзі — лениндік стипендиат. Талантты бала» — деп сәл тоқтап барып: «Қалқатайдың өзі жоқ, жұрты жатыр»— деп Ақлиманың арқасынан қағып қояды. Онысы: «Мархабат інімнің өзі дастарқандас болмаса да, қызы отыр» — дегені. Орынды әзілге отырғандар ду күліседі.

Тойдың екінші күні, байқаймын, Бибігүл сырқаттанып жатқан сияқты. Ақырын басып, бөлмесіне бардым. Ниетім қандай көмек керек екенін сұрау еді. Шын жабырқаған жанына медеу іздеді ме екен, әйтеуір, жас моншақтарын тізе жөнелді. Бибігүлдің ақындық деңгейінде шаруам жоқ. Жеке тағдырына жаным ашып, тым болмаса сөз көмегін бергім келеді. Жасөспірім қызы екеуінің көрген құқайлары біраз адамға жүк боларлықтай. Осы бір таныс та бейтаныс келіншектің өмір бұралаңдарына қанығып Ақлима да мұңды күйде. «Сәл басымды көтеріп, сахнаға бір шықсам, жазылып кетер едім. Айтыс шіркін менің дертіме дауа ғой», — деп арман кешуде. Әрі-бері жұбату сөзімді айтып, болмаған соң бар жайды Фариза апайға баяндадым. «Күш алып, сахнаға бір шығып кетсе, бәлкім жазылар» — деймін. Сәлден кейін Фариза апай Бибігүлдің жағдайын сұрап жатты: «Бұ не жатыс? Еркелікті қой да тұр! Кімнің төрт құбыласы түгел дейсің! Отыра қап бәріміз еңірей берсек, не боламыз. Қой, бала, сөзді қой, тұр!» — деп апай шығып кетті. Бұл сөздерді дауыс көтеріп емес, күш бергендей, өзімсінгендей, сенім білдіргендей айтты. Келесі күні Бибігүл ақындар айтысына қатысты.

Астанаға келгеннен кейін республикалық «Лениншіл жас» газетіне Бибігүл Жаппасбаева жайлы «Өнерімен өмірін өрнектеген» атты мақала жаздым. Көп өтпей-ақ Бибігүлден (шын аты Бекетай) хат алдым. Арнау өлең деуге болатын шығар. Бұл арнау дүние Фариза апайдың тағы бір құпия қырын маған ашып бергендей еді.

СЫРДАН СӘЛЕМ!
Армысың, сезімтал жан Нұрлытайым?!
Белгілі сіз арқылы елге жайым.
Орманда өмір деген өсіп тұрған
көркімен көз тартатын сіз бір қайың.
Артыма еріп бірге менің тайым,
Домбыра, киім-кешек, қант пен шәйім,
Айтысқа Ақтөбеге барғанымда
Таныстар деді мені құттықтаймын.
Қызыңмен екеуіңді көрдік деді,
Апатай, істегенің ерлік деді.
Сөзіне алғашқыда түсінбедім —
Тиіпті-ау, сізге енді теңдік деді.
Көп емес аздап дедім озғаным бар,
Тауып бер сол газетті қозғалыңдар
«Лениншіл жасты» әкеліп бергенінде!
Не жәйлі деп қолымды созғаным бар.
Оқыдым көздің жасын тия алмадым,
Алдыма қойған асты жей алмадым
Сезімтал жан екен деп елден асқан
Сені ойлап кең бөлмеге сыя алмадым.
Лентадан өткендей боп тізіліпті,
Еш жері дей алмаймын үзіліпті.
Оқыған ер-азамат естілерің
Темірден жаралған деп қызығыпты,
Сан оқып, сан мәртебе жылап алдым,
Өзімнен-өзім сосын сұрақ алдым.
Зухраны ел алдында айтыстырып,
Ел алдында тұңғыш рет сынап алдым.
Тең түсті Ақтөбелік студентпен,
Қуандым мейірленіп мен де көппен.
Тұсау кесер байладым ағасына
Ізетпен ел алдына шығып шеттен.
Дәстүрді солай тағы жалғастырдым,
Құдіретін танытып әйел пірдің
Өзіңнің жазғаныңнан асып түсіп,

Дәлелдеп өзімді-өзім мен де тұрдым, — дей келіп облыстық ақындар айтысында өзінің әділетсіз баға алып, республикалық жарысқа жіберілмейтін болғанына қатты налып, көмек сұраған екен.

Қайдан табам жанымды түсінерді,
Неге төмен соншама түсіреді.
Деп түнімен қайғырып жылап жатсам,
Таң ата Фариза апам түсіме енді,
«Қамықпа, көтер басты, жеңесің деп,
Бәрібір сен айтысқа келесің», — деп
Шашымнан сипап тұрып, бір таба нан
ұстатты, жыр шумағын төгесің деп.
Ақтөбеде де түсіме енген еді,
Зухраны жақындап көрген еді.
Осы жерден бәйгеге қоса бер деп,
Рұқсатын апамыз берген еді.
Ояндым кеудем кернеп қуанышқа
Басқа қонған дедім мен бақыт құс па,
Домбыраны алдым да жырды төктім,
Тоқтаусыз кете бердім тым алысқа.
Өзіме-өзім сосын қайран қалдым,
Жоқ еді ештеңені ойланғаным.
Шыдамай ақырында мен өзіңе
Қаламсап хат жазуға қолға алғаным.
Селдетіп құйылуда жыр шумағы,
Әшейінде қиын ғой жыр тумағы.
Теңіздей тебіреніп қайран көңіл,
Балық боп шоршып ойда жыр тулады,
Жырларым жазып жатқан жемістерім,
Өзіңмен құшақтасып көріскенім.
Намысқа жігерімді жанып тұрып,
Ал енді өлмей дедім беріспеспін.
Өзіңе айтар алғыс менде шексіз,
Жан едім жағынуға өте епсіз...
Құдайдан деп тілеймін күні-түні
Қуаныштың бәрін де саған жеткіз.
Сәлем айт Фаризадай апамызға,
айналған тірісінде аты аңызға.
«Анама балап едім а дегеннен —
Қыздары біз осылай жатамыз ба?»
Астына қанатының алса екен,
Мәдениет бөліміне барса екен.
Қолынан келеді ғой — Алматыға
арнайы шақырттырып алса екен.
Пісірдім жеті күлше арнап бүгін,
Түсіме енгеніне Аруақтымның.
Хош дедім басымды иіп алдарыңда,
қарады өздеріңе менің күнім.
Бекетай, Бибігүлмін — Бекет берген
өмірдің азабына төтеп келген.
Адалдық аруанасы өздеріңнің,
мен деген жетім бота сіздерге ерген.

Құрметпен БЕКЕТАЙ.

3 шілде 1990 жыл.

Шынымды айтсам, осы үшбу хат маған емес Фариза апайға ғана арналғандай сезіндім. Адам санасы бойлай бермес қасиет сырлары қандай тұңғиық еді десеңші? Осындай шынайы толғанысқа сөз қосақтаудың өзі бекер сияқты. Меніңше, Фариза Оңғарсынованы құр мақтау жеткіліксіз сияқты. Ол кісіні біз мақтан тұтуымыз керек. Мақтан тұтып, мақтану үшін ең әуелі ол кісінің жасаған рухани мол дүниесін түйсініп оқып, бойға сіңіріп және өмірінің пендешіліктен ада тұстарын да қадірлей білгеніміз жөн-ау.

Биік тау алыстаған сайын еңселене түседі!

Алматы.

Маусым 1994 жыл.

*** *** *** *** *** *** ***

ҮМІТТІҢ ҮКІЛІ АРҒЫМАҒЫ

Сейітқұл ЕСЕНҚҰЛОВ

Республикалық балалар және жасөспірімдер театры сахнасында таяуда «Бақыт пен мұң» атты поэтикалық спектакльдің премьерасы болып өтті.

Авторы — Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынова.

Режиссері — Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ ССР халық артисі — Райымбек Сейтметов. Суретшісі — Марал Нұрмақанов.

Поэзияның сиқырлы құдіреті туралы көп айтылып келеді. Француз ақыны Поль Элюар оны: «Бар дүние біртіндеп ақынның жүрегінен орын алады да, ақын арқылы бүкіл әлем ән сала бастайды» деп түсіндіреді. Мұндай жағдайда біз әдетте өз классиктерімізге, тіпті, шетел ақындарының поэзиясына сілтеу жасап жатамыз. Ал өз ақындарымыздың туындыларын тереңірек оқып, қадір-қасиетін парықтап, ақынның жан-дүниесіне шындап үңіле алдық па?..

Белгілі совет жазушысы Сергей Наровчатов айтқандай, «Поэзиясы өміршең күшке, байсалды нәзіктікке және азаматтық жанқиярлыққа толы» ақынымыз Фариза Оңғарсынова әлемінің сыр-сипатына азды-көпті қалың оқырманның қалайша көрерменге айналғанының куәсі болдық.

Поэзия —
әйелдей жұмбақ әлем,
сиқыр сырын түсінер тұлға да кем.
Жаны тұнған тұңғиық тереңдік те,
қимылы — ырғақ, әуен;
поэзия —
арудай, құпиясын
ұқтырар жылдап әрең...

Фаризаның өзі осылай сипаттаған ақынның асқақ адуынды, отты да нәзік, терең сырлы жырларының кейіпкерлері өз құпиясын осы спектакль арқылы ашуға тәуекел етті. Қызыл мақпал шымылдық «Көңілашар» күйімен ашылған тұста сахнадан өзін қоршаған қошаметшіл көптен әрең деп сытылған ақын алға шықты. Ақын ролінде — Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Гүлжамал Қазақбаева.

Ақын:
Ана,
Бүгін қуандым,
Қуандым мен.
Табысқандай өзіңмен,
сылаң жырмен!
Қуанышым ұмытты-ау мені осы деп,
жаным жүдеп жабырқап жылап жүргем...

Иә, адам бойындағы күллі қасиет күннің нұры мен ананың ақ сүтінен десек, ақын жан сырын, қуанышын, қайғысын, бар алғысын ең жақыны — анасына жеткізуге асығуы иланымды.

Ана бейнесінде — театрдың тарлан актерларының бірі Күләй Мұратәлиева.

Ана:
Жаның жүдеп, қалқам-ай, жүр-ау сенің,
біраз жерге сен бұрын шыдаушы едің:
мүмкін өмір-толқын жеп жұқардың ба,
мүмкін сені алдаған шығар сенім?..

Өнер жолында жалғыздықтан жаны жабырқаған ақынға анасының: «Қай заманда ойлылар қайғы-мұңсыз жүрді деп ең, бақытқа батып белден» деп басу айтуы, дем беруі, бір сәт босаңсыған ақынды қайта ширатады...

Ендігі көрініс шегініс жасап ақынның тұлымы желбіреп, қуаныштан албыраған бәйшешектей балғын шағына жетелейді. Ол, әрине, жалғыз емес, қасында егіз аққудай жарасқан ғашық жігіті бар. Асыр салған екеуіне кең дүние тарлық еткендей ме, қалай? Жаңа ғана шаттықтан жарылардай болған қыз жүрегіне кенет қаяу түсті. «Аққұм» әні де жан жадыратуға жарамады...

Қыз ролінде — жас актриса Әсел Мәмбетова.

Қыз: Алғашқы арман-тілекті
шетке ысырғым келмейді,
бірді сүйген жүректі
көпке ұсынғым келмейді.

Жігіт ролінде жас актер Байғали Есенәлиев.

Жігіт: Сен маған бақыттасың, қайғыдасың,
мен үшін таусылмайтын бай мұрасың.
Өлермін от сезімнен, маған десе
аспаннан қара жерге Ай құласын...

Жігіттің ағынан жарылған ынтықтығына, қыз салқын қабақ, сынық жүзбен үн қатты:

Шынымен болып жүрсе жаның ғашық,
сен маған жалынбашы, табынбашы.
Ер мінезді жігітті ұнатады
осы бір қарындасың...
Орынсыз маған, жаным, иілмеші,
ер жігітке лайық мұның несі?..

Осылайша екеуінің арасы алшақтап, күйдіруге шақ тұрған сезім отының сөнуге бет алған сәтінде ғайыптан түскендей символикалық екі бейне пайда болады. Оның бірі қызыл шәй көйлектісі — Жүрек те (Ж. Бектемірова), екіншісі — сабырлылық пен салқындық иесі, боз көйлекті Ақыл (Р. Айтқожанова). Екеуі екі жастың албырттығына, алабұртқан ала құйын мінездеріне екі түрлі мән беріп, қылықтарын қалт жібермей қадағалайды. Жүрек қалауын Ақыл тежейді, Ақылдың самарқаулығын Жүрек кешпейді.

Ақыл: ...Қайғы уынан өртен сен, өл, іш мейлі,
ешкім сонда ол уға қолын созып,
мен ішем деп жартысын бөліспейді...

Осы монологтың астары Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылыңмен екі жақтап» дейтін белгілі нақыл сөзіне саяды.

Жүрек: Ақыл айтып кетеді — дана бәрі,
данышпансып қарайды саған әрі:
«Неғыласың осынша қайғы шегіп,
ұмыт болып, — дейді, — ертең қалады әлі...».

Бірі басу айтса, екіншісі ашу айтқан кереғар екі бейне ақыры өз дегендеріне жетті. Сезімнің құрбаны болуға шақырған Жүректі қыз қалап алды да, «әліптің артын бағайық» деген Ақыл жігітті жетелеп кетті.

«Махаббат адамды тексеруге, сынауға өте қолайлы таразы» депті Бальзак. Таразының екі басының тең түсуі қашаннан қиын. Осы екі жас жүректерімен қоса жандарын да жаралап алғанға ұқсайды. Ал жан жарасының оңайлықпен жазылмасы белгілі.

Жаңа жылдық анкетаға берген жауабында Ф. Оңғарсынова: «Тегі адам баласы мезгілдің тығыз екенін, күш-қуаты мол, ғұмыр да бітпестей көрінетін жас кезінде емес, есейе келе сезінетіндей. Сезінген сайын істейтін іс те, міндет те көбейе түсе ме қалай?» («Қазақ әдебиеті», 1 январь, 1982 жыл) деген болатын. Демек, екінші бөлімде ақынның жан толысуынан туындаған ой қақтығыстарының кемелденген сәтіне, өмірдің мән-мағынасын терең ұғынған шағын көретініміз де кездейсоқ емес. Азаматтық әуенмен көмкерілген ақын поэзиясының әлеуметтік-философиялық сыр-сипатқа ие болатыны да осы тұс. Ел қамы, оның болашағы, о баста өлшеммен ғана жаратылған қоршаған ортамен тіл табысуға үндеу, адамзат баласын ядролық апаттан аман алып қалу сияқты қордалы ойлар мазалайтын ақын жаны. Лирикалық кейіпкерлері арқылы ақынның ішкі жан-дүниесін жайып салар бүкпесіз шыншыл жырлары публицистикалық құштарлықтан да кенде емес. «Самсап келіп қамаған сан тағдырлар» тоғысуы — Махамбет пен Пабло Неруда тағдыры қалай ұқсас еді! Халық атынан сөйлейтін Қарт жыраудың ақындық пен ерліктің символындай болған бұл алыптарға жүгінуі де тегін емес. Әу баста драманың түп-төркіні болған поэзияны көрерменнің мүлдем жатырқамай, керісінше, көптен жоғалтқан жақынымен қауышқандай қабылдауында, міне, осындай терең сыр жатыр.

Сюжеттік желісі сақталған бұл поэтикалық спектакль тартысқа құрылған. Жігіт пен Қыз, Ақыл мен Жүрек, Ана мен Ақын арасындағы «Сүйерім ащы шындық, Тұрса да ол, көзіме бейуақытта жас алдырып» деген қақтығыстар соның кепілі. Жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың мәңгі бітіспес күресінің арасында арашашы болып шырылдап ылғи да Ақын жүреді.

Ә. Мәмбетова мен Б. Есенәлиев ақын басынан кешкен алғашқы махаббаттың қуанышы мен азабын ешбір боямасыз, шынайы бейнелей алады.

К. Мұратәлиева жасаған Ана бейнесі — аңыздардан келген сабырлы, қадірменді, ақылгөй аналардың жиынтығы болып шыққандай. Сахнадағы ананың құшағына өз анаңдай ұмтылғың келетін бір ғажап күй кешесің. Тарих қойнауының тар қақпасынан шығып келген қамкөңіл Қарт жырау Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артисі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мәкіл Құланбаевтың орындауында ерекше әсерлі шықса, Махамбет роліндегі Айдос Бектеміровтың үнінен наркескеннің шыңылын, қыранның шаңқылын естігендей боласыз.

«Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы», Ұлы Абайдың осы өлшемімен алғанда, поэтикалық спектакльдің жауапкершілігі ауыр екені аян. Осы орайда республикада поэтикалық театрдың сахнаға келуі Райымбек Сейтметовтің есімімен тығыз байланысты екенін айта кеткен артық болмайды. Әр маусымда астаналық екі театрда қойылған «Сенім патшалығы», «Оқ пен гүл», «Махаббат заңы», тағы басқа спектакльдер осының айғағы. «Бақыт пен Мұң» да — сол талантты ізденістің нәтижесі. Бұл қойылымдар арқылы суреткер режиссер әрі ұстаз жас актерларды тіл ұстартуға, сөз қадірін түсініп, қастерлеуге, ана тіліміздің тұнығын лайламай, таза ұстауға үйретеді, баулиды.

Сонымен, бұл спектакльден біз:
Серігім — жырым-жебеммен,
жүрегім — желкен, жел кернеп;
қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп,
қағылез, құйттай денеммен
дауылдарды құшып келем мен!.. — деп, жыр кемесінде өмір ағыстарына қарсы жүзіп бара жатқан азамат ақынның бейнесін көрдік.

1988 ж.

*** *** *** *** *** *** ***

ӘПКЕ!

Несіпкүл БОЛТАЕВА, Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының қызметкері

Сәлеметсіз бе! Сіздің өлеңдеріңізді айналып соғып, оқи беретін әдетім бар еді.

Мен және мен сияқты оқырмандарыңыз өлеңіңіз бен өмірдегі өзіңіздің толық сәйкестігіңізді сыйлаймыз.

...Келем тартып әлі алға,
достар айдын, ел — кемем.
Екеуінсіз ғаламда
түк емеспін мен деген... — дейсіз.

Тіпті кейде өзіңізді нүктеге теңеп кішірейетін де кездеріңіз болады. Әрине, мұндай қарапайымдылық, тегінен жақсылық көріп өскен, жан дүниесінің парасаты биіктеген ақынға ғана тән.

Ақындар баршылық қой достық, биік адамгершілік туралы тонна-тонна ақыл айтып, том-том жинақтар шығарып жатқан. Бірақ, солардың өмірдегі өздері өлеңіне ұқсай бермейді-ау. Тек творчествосында ғана өзіне тамсандырып, табындырып қояды. Кей достар бар өжеті мен қажетіне жарайтын жағдайың, қызметің болса ғана түйінін шешуге жақындап жүретін.

Бүгін менің айтайын дегенім Сіз және Сіздің төңірегіңіз жайлы еді. Қашан естісем де, көрсем де, сіздің маңайыңызда көбінесе тағдыры ауыр, олардың сізге емес, сіздің оларға көмегіңіз, қайырымдылығыңыз басым қажет адамдар топталып жүреді. Сіз олардың қызметіне немесе тіршілігіңізге қажет жақтарын ойластырып, есептеп отырмай, керісінше, бәрінің жағдайын ойластырып, оларды күнде іздеп, түгендеп көңіліңіздің кемесінен шығармай отырасыз. Осы қасиетіңізге табынамын да, тамсанамын. Мен лауреатпын немесе республикаға атым әйгілі ақынмын деп міндетсініп қалсаңыз, қазіргі өмірде біздің көзімізге ол да жат көрінбес еді.

Сізге айтқалы отырғаным сіздің досыңыз Бекзада әпкем жайлы бірер сөз. Мен ол кезде небәрі 6-7 жаста едім. Ол кісі ауылдың орындығы санаулы клубында ән салатын. Әніне сүйсініп, құмартқан жұрт ол кісіні сахнадан жібермей бірнеше рет ән салғызатын. Бекзаданың сазды, назды әнінің толқынына тербеліп, шіркін, осы кісідей болсақ деген балалық балбыраған арманымызбен бірге шығатынбыз клубтан. Содан үйімізге жеткенше әпкемнің ән салғандағы әр қимылын, жүрісін, дауыс ырғағын әңгіме етіп, таласа пікір айтып тарқасушы едік.

Біз мектеп табалдырығын аттағанда, бұл кісі Жамбылдағы педучилищеге оқуға түсті.

Әдетте үлкен лауазымды адам болмаса, ескере бермейтін жайттарымыз бар ғой. Айтайын дегенім ортамызда биік парасатты, ұлағатты, ауыз толтырып айтатын адамгершілікті, қарапайымдылығымен көзге түспей жүретін, үңілсеңіз ұлы қасиеттері мол адамдардың бар екенін көресің.

Сол адамдардың бірі Бекзада Оразбековаға Сіз арқылы өзімнің алғысымды білдіргім келеді, Әпке!

Әрқашан да аман-сау, халқыңыздың ғана қызы болып, үлкен ғұмыр кеше беріңіз!

1989 ж.

*** *** *** *** *** *** ***

ҚЫМБАТТЫ ФАРИЗА!

Сағадат ДҮЙСЕБЕКОВ, Ұылтау аудандық комитетінің бірінші хатшысы

Серік ТІЛЕУБАЕВ, Ұлытау аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы

Ұлытау ауданының еңбеккерлері Сізді қазақтың дарынды да талантты ақын қызы ретінде жақсы таниды. Асқақ та, адуын, албырт та нәзік жырларыңызбен өлең сүйер оқырман қауымға етене жақынсыз. Өз творчествоңызда, жырларыңызда қазақ әйелдерінің шытырман да күрделі жай-күйін, сезім әлемін жеткізе жырлайсыз.

Сіз біздің ауданымыздың ұйымдасқанына жарты ғасыр толу салтанатына қатысып, қуанышымызға ортақтасып тілек білдіріп «ҰЛЫТАУЫМ» атты өлең сыйлауыңызбен өзіңізді бұрынғыдан да жақын, аяулы бауыр еттіңіз.

Келешекте сіздің деніңіз сау, өмір жасыңыз ұзақ болып, халқыңыздың бұрынғыдан да беделді, қадірлі, құрметті де, сыйлы ақыны, еркесі бола беріңіз.

23 желтоқсан 1989 ж.

*** *** *** *** *** *** ***

ФАРИЗА!

Сіз деп сызылмай-ақ өзің сияқты жасанды емес өр мінезіммен өзіме балап сен десем артық емес деп қабылдарсың, өйткені асыл затыңа жараспайтын қарапайымдылық сені көркейтіп тұрғандай. Халқымыздың мақтаныштары әр салада көп қой. Соның ішінде сенің жұлдызың ерекше жарқырайды. Халқымыздың ақын ғана емес, мемлекет қайраткері, халық мұңының жаршысы ретінде біз, болашақтың тәрбиешілері, өзіңнен нәр алып сусындап, қазақ қыздарына үлгі-өнеге рухын егіп жүргенімізге ризамыз. Көптен ойланып, бір хат жазу, сенімен кездейсоқ кездесу, естелік жіберудің сәті бүгін түсіп отыр. Өмірлік серігім Нағима екеуміз теледидардан Сізбен кездесудің бір ләззатын алған кезде, өзіңізбен жүзбе-жүз кездесіп, сөйлесіп отырғандай әсерде боламыз. Өзіңнің «Шашы ағарған қыз» атты кітабыңды шөліркеп күтеміз. Әрқашанда мерейің тасып, көңілің көгеріп аман-есен жүре бер!

Ізгі ниетпен хат жолдаушы: Асқар ИСЛЯМОВ Шымкент облысы. Наурыз 1990 жыл

*** *** *** *** *** *** ***

ПАРАСАТ ПОЭЗИЯСЫ

Жұмаш ӨТЕЕВ, Мұқағали мұражайының директоры
 
Қазақ әдебиетінің киелі қара шаңырағы құмырсқаның илеуіндей қайнаған өмірге, қызу тірлікке толы. Оның поэзия атты ақбоз үйіндегі ұрпақтар сабақтастығына көз салар болсақ, алдыңғы толқын ағалар легіне қосылған аса беделді, бел қайысар жыр жүгін көтеріп келе жатқан бір шоғыр ақындар тобы назарға шалынады. Сол топтың ішінде сөз өнері — поэзия патшалығының ауыр азабын арқалап, тотанақты тозағын тартып жүрген жанның бірі — Фариза Оңғарсынова.

Фариза — кең тынысты, жілікті жүйрік, сан қырлы талант. Бағдарлай үңілсек, оның жүрдек журналистігіне, ақберен ақындығына, зерделі зерттеушілігіне, жанарлы жазушылығына, білікті қоғам қайраткерлігіне көзіміз жеткендей. Ақберен ақындығын сөз ету барысында біздің жүйелемегіміз Фариза поэзиясының парасат биігіне көтерілуінің мықты мүмкіндіктерін негіздеу, табиғи әрі танымдық әлемін айқындау, шыңдалу мектептері мен шырқау шыңдарды игеруі қалай жүзеге асқандығына назар аудару болмақ.

Фариза замандас қаламдастарынан оқшаулана озып, өзіндік бағыт-бағдарын белгілеп, бет-бейнесін әйгілеп, жұрт назарына мықтап іліккенде, Мұқағали ғұмырының соңы таянып келе жатқан. Ақтық демі үзілер шағында жыр көрігін шабыттана басқаны, марғасқа жырды шалқыта маздатқаны баршамызға мәлім. Сондағы классикалық үлгідегі өлеңнің бірі

— «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!.»
Жанарымды тұманмен тұмшаладым,
Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын,

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім, — деп саф таза сары алтындай асыл жырымен, күллі қазағының назарын да, жанарын да Фаризаға аударған еді. Осыдан кейін-ақ Фаризаның жыр көші бұрынғысынан бетер үдере үдеп, өршелене өрге тартты. Мұқаңның «Шеңберді үзу керек» деген қағидасын берік ұстап, үрдістер үдесінен шыға білді. Жаттанды өлең жазғыштықтан бас тартып, тосындылықты, өзіндік өрнек, тың стиль тапты. Фариза өлеңіне тән басты сипат — кесіп айтар, кескін сілтер тура мінезділік, өткір шешенділік, ой-орамдарының күрделілігі мен философиялық тереңдікке құрылуы. Саралай байыптамаса, санаға салмақ түсіретіндігі яғни зейінді зерделемегендерге дәні оңай оспақ алынып, құр қолдарға шағыла қоятын жаңғақ еместігі. Онда үш арналы ағыс бар. Олар бас құрап, бірігіп барып Фариза қыздың жыр ғұмырын құрайтындай «Үш қара» өлеңінде:

Мен туған үш ауыл бар бұл далада,
Тұрады бір-біреуі мың қалаға.
Қарауыл, Қарауылкелді, Қарасазым, —
мен үшін үшеуі де құндақ-ана.
Қарауыл — Абайымның бесік елі,
Елім деп еңіреген есіл ері;
Қарауылкелдісі бар Махамбеттің,
Қарасаз — Мұқаң арман кешіп еді.

Иә, өзі айтпақшы, осы үш бастаудан басын алып, үш рухани уыздан мейірі қанып, бүйірі шығып нәр алғандықтан, үш киесі жебеп, демегендіктен, үш мекеннің ауасымен тыныстағандықтан Фариза — арқалы да айбарлы ақын, жоталы да жомарт талант, айдынды да асқақ тұлға. Фаризада Абайдың мың иірімді, ақылға кенендігі мен тұңғиық тереңдігі, Махамбеттің өршіл де өжет жыраулық мақамы, Мұқағалидың қыран қиялды, мұзбалақтың мұңы бар. Осы мотивті шығармашылығын парақтаған сайын жиі ұшыратамыз. «Абайды іздеу» өлеңінде Абай жырлаған, жекен суына жетіп жазғырған, жек көрген қандастары бойындағы керенаулық пен кепиетті кеселдерді, даңғой даурықпалықты, жылпос жылмақайлықты, ұры-қарылықты, алты бақан алауыздықты жанын жеп, миын шаққан мимырттар мен мәңгүрттердің жұтаңдықтарынан жүдеп жүргенін жасырмайды.

Қалқиды әнің-рухыңның кептері ме,
ұстаймын деп әуремін текке міне,
дарыныңнан, ойыңнан бермей маған
тек, дертіңді жұқтырып кеткенің не? —

деп қандай күй кешіп, қалай у ішіп жүргендігінен хабардар етеді. Бір сәт бұдан ақын біткеннің арман-мұраты адамдардың жаралы жанын емдеу, қоғамды ластықтан тазарту, көсегесі көгерер істерге елді жетелеу екендігін абайлаймыз.

«Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» поэмасында Махамбеттің өмірбаяндық деректерін тепшілеп термейді, тіпті танымал ерліктерінің бір эпизодын да еске түсірмейді. Бірақ Махамбет өмірінің мәні мен әділет іздеген алмас қылыш ақындығын асқақ пафоспен, жүрекке от, жанға шоқ тастар, ой-сананы қозғар өрт сезіммен жырлайды. Лирикалық кейіпкердің түсіне енген Махамбет өлең қуған, өнер қуған өреніне ақтарыла, ашына тіл қатады, күңіренген күйзелісін жеткізеді. Монолог түрінде Махамбеттің саналы ғұмырының әділеттілік үшін айқасқанын, елдік үшін құс төсектен безінгенін, тіл өнерін шарыққа ұстаған селебедей өткір қайрағанын желілей кеп, бүгінгі кейбір ақындардың алдаспан жырды көтере алмай, жеңілдетіп жібергенін, күйкі тіршілік, күнімдік күн көрістің жетегімен нан табу қамалқасынан аса алмағандығына шүйіледі.

Ақ найза алмас жырымды менің
қалғандай бүгін тот басып,
тұратын еді-ау от шашып.
Ақынмын дейсің, аруағым атқыр мылжыңдар,
күйбең тірліктің күйкі күндерін
жүрсіңдер жырлап, оттасып, — деп түйеді.

Енді бірде тақырып таяздығын, «сүйдім, күйдім» жырлаудан аса алмағандықтарын, жұмыр жерде әлі де әділетсіздік асқынып, жауыздық жол тауып, ұятымыздың ұлғайып жатқанын аңғартады.

Тарлан ат мінген ақын екінші рет түсіне енгенде лирикалық бейне ортасының шат шадыман шағындағы бос даурықпалы қызыққа тұзақталған, жалған достықтың желігіне желпінген сәтінен сескендіріп, достық пен жолдастыққа, опалыққа Исатайды үлгі етеді. Оның биік тұлғасын көз алдыға келтіріп, жетім-жесір мен аш-арыққа пана, мият болғандығына және ақындығы мен батырлығына бапшы, жебеуші Исатай екендігін ілтипатпен еске түсіреді. Шынайы достықтың қандай болатындығына сендіреді. Аға-інілікпен, бауырластықтан басталған достық аталас руластықты, ұлттар мен ұлыстарды, қара орман халықты топтастыратын, тұтастыққа жеткізетін ұлы күш екенін зерделетеді.

Фариза шығармашылығының шыңдалуында Мұқағалидың да рөлі мен орны өзгеше. Әрі Мұқағалиды тану үшін оның жазғандарына құлақ қойып, зейін аудару мақұл.

Фаризаның «Аққу жырлар», «Тағы да Мақатаев туралы» циклді естелік эсселерінен, «Мәңгілікпен кездесу», «Мақатаев туралы жыр» өлеңдерінен, «Хош, махаббатқа» жазған сөзінен мол мағлұмат жинаймыз, іздеген қыруар інжулерімізді табамыз. Мәселен, «Мәңгілікпен кездесу» өлеңі сүйікті ақынымызға бір қадам жақындатып, жан-дүниесіне үңілтеді, көңіл хошын қондырады.

Дөңгелетіп даланы бір ақ боз ат,
көкжиекті бетке алып құлдырады.
Жер мен Аспан алапат найзағайдың
жарқылынан жасқанып тұрды бәрі.
Аласарып қалғандай тау да налып,
арбайды арман-жұлдыздар заулап ағып.
Ақын тұрды шың-құзын мәңгіліктің
мәңгілікке бір өзі жаулап алып.

Сонда Фариза түсінігіндегі Мұқағали әр сәті, әр қадамы ыстық, әр күні, әр кездесуі аңыз ғып шертер қыруар қызыққа толы, сағынып еске алар, кенезе кеуіп шөлдер алапат сезімді туғызады. Мұқағалидың құлжа мүсінді мұралы дидарын көру, жайсаң жырларымен ұшырасу мәңгілікпен кездесу деп біледі.

«Мақатаев туралы жыр» циклі үш бөлімнен құралған. Бірінші бөлімде жер — дүниедегі ерекше құбылыс, біртуар жаратылған Хантәңірінің баурайынан шыққан, Қарасаздың түйетабанын жеп, жетімдік пен жесірліктің уғарағын ішкен, айранын азық қып, құртын сусын жасаған, жүдеу тірлікті жұпыны үйдің құрамына құндақталған, сауығы мен сайранын соғыс бұзған ортаның жемісі — Мұқағалиды ұшыратамыз. Ол ат жалын тартып мініп ақындық абыройға ұмтылғаннан-ақ жүйрік жарыстырып, киік ойнап, арқар шақырған Абайдың поэзия жайлауына жетуге құлшынған. Жеткенде оның жырдан дауыл тұрғызып, өлеңнен сел ағызғанын

Бір өзі Мұхит-сынды
жағасы арман,
ағысы жағасына жара салған.
Толқыны тасқындаса тау қопарып,
жабықса жусаннан да аласарған.

Алуан түрлі алмағайып күйін, бапты, бақытты шағын жарқырата жырлайды. Келесі бөлімде шықтан таза мөлдірлікті жолдас еткен, әділетті ақ желкен ғып көтерген, қазақ жырына жасын боп келіп жай тастаған, өмірге өлердей ғашық боздақтың өз отына өртеніп тынғанына өкініш үйіреді.

Ақын қазасы — халық азасы. Халық азасына жүйке тамырды жұлындата, жан дүниені шымырлата, сай-сүйекті сырқырата мұң толғайды.

Қаралы күннің қайғысын «жәудір көздің жанары ағып түсуімен», «ботасы өлген аруананың боздауымен», «ақ бөкеннің қансырап қиналуымен», «қырат-қырдың күрсінуімен», «Хантәңірдің тұншығып бүктісуімен», «бұлақтардың сыңғырлы ағысын тоқтатуымен», «Еділ, Жайықтың толқынын жұтып егілуімен», «Көкше қарағайларының қамыға күрсіну күйзелісімен» ақын қазасын — ауыр қазаны көз алдыға келтіреді.

Шың — Қадыр, бір жағымда шоң Тұманбай
тұрса да, бір тірегі олқы жандай
жаралы жүрегімді жарға соғам,
орныңды еш тұлғамен толтыра алмай.

Айтып болмас, қайтып келмес сапардың соңы, орны толмас опаттың жайы бұл. Ақырында Мұқағали жырының өлместігін, уақыт озса да жерге көмілместігін жариялап, арайлы Айдай, Шолпан жұлдыздай, ғұмырлы Күндей мәңгілік Планеталар қатарына қосылып атақ-даңқ, шен-шекпенді мансұқ етіп, ғасырлардан ғасырларға қанаты талмай самғап жетер самұрық құспен тағдырластығын ұғындырады.

Фаризаның кейінгі жыр кітабы «Қыз-ғұмыр» аталыпты, әрі осы атты өлең Шамшаға арналыпты. Мұнда анау-мынау емес, тіпті менменсінген ер-азаматтың көбінен басым, жаны жайсаң, жүрегі дархан, парасаты биік, пайымы заңғар, ар-ұяты үлкен, қайрымы мол, ақылы дария, ел үшін ерен еңбек сіңірген, жері үшін жанкештілікке барған, халқы үшін қам жеп, қауырсын қанатын талдырған Шамша текті тұмар ғып тағынар қазақы қыпшақ қызының бір парасының жиынтық бейнесі бар. Әрі онда ақын тағдырымен өзектеліп, өріліп жатқандай Фариза поэзиясы — парасат поэзиясы.

Қарасаз ауылы.

*** *** *** *** *** *** ***

ФАРИЗА АПАЙ!

Баян АДЫРБЕКОВА, мұғалім

Сіз қазақ поэзиясына мұнайлы Маңғыстау мен Атыраудың қасаң табиғатын, адамдарының күрделі тағдырын жырлай келдіңіз. Ал, бүгін сәт сайын алмағайып хал кешетін Жер-ана тағдыры, ақылдан азап шеккен, ғылымнан қатер тауып, табиғатқа қарсы жүруден қасірет шеккен Адамзат бағы мен соры хақында толғанасыз.

Араладым әлемнің талай жерін,
табам ба деп шындықтың арайлы елін.
Кезгеніммен жер бетін, кереметті
кездестірмей жүргенім қалай менің? — деп өзіңіз айтқандай,

сіздің лирикалық қаһарманыңыз — ақ, адал ойлы да, іздегеніңіз-әділдік, адалдық, ойлылық, парасаттылық, ынтымақ, бірлік. Қоғам бұған дейін де сан рет өзгерді, бүгін де өзгеріс үстінде. Бәлкім, ертең де өзгерер. Бірақ, адамзат баласы бақыт таппайтыны қалай? Сізді ойландыратын — осы жай.

Қаптағандай сұр жылан құрлығымды,
сана сорып қуратты қырды, гүлді,
көшімнен де көз жазып қалдым бүгін —
қайдан табам мекенді нұр ғұмырлы?! — деп мұңданасыз.

Халық — ақын, ал оның мұңды кейіпкері — Асанқайғы болса, бұл өлеңде сіз — ақын, лирикалық кейіпкерлеріңіз — Асанқайғының мұрагерлері. Асан ата халқын — қазағын қоныстандыратын жерұйық іздеп сандалса, сіздің лирикалық қаһарманыңыз адам бойынан кісілік іздеп, Жер-ана өз перзенті — адамзатты талақ етпей ме, Адамзат Жер-ананы сақтап қала ала ма деп аласұрады, санасын сансыз сұрақпен қажайды.

Жауап таба алмай жан қиналғанда, әйтпесе кейіпкеріңіз басын тауға, тасқа ұрып жаны жай таппай жабырқағанда:

Жарқылдап қол ұстасып таңдай жырмен
жүрсемші, кіл есімнен танбай мүлдем.
Жердегі қасіреттен адамзатты
бәрібір азат ете алмаймын мен, — деп

өзіңізді сабырға шақыратыныңыз бар. Қазақ қасіреті адамзат қасіретімен бірге. Бүгінгі поэзия абстракцияны көтере бермейді, ол нақты. Осыны ескерген Сіз адамзат қасіретіне қазақ қасіреті арқылы барасыз. Ақыны әкіміне тәуелді болған, ойлы ойсыздың қолына қараған, айлакері адалының жолын тұсаған қазақ індетін шер тарқата айтып-айтып аласыз, әділетсіздік, тоғышарлыққа күйініп-күйініп шаршайсыз. Содан да өлеңімді жазып неге тыныш жүрмеймін деп ойлайсыз.

Кестелеп көкірегімнен шырайлы өлең,
сырласып жүрмеймін бе Күн, Айменен.
Қазақтың бар салмағы маған ғана
түскендей болып неге жылай берем? — деп тоқтайсыз.

Бұл — ұлы Абай айтқан «жүрегім, соқпа, тоқта ендінің» кері. Бірақ, оған бола ма? Жанды әділетсіздік жейді, жүректі ыза кернейді. Содан қайтадан қолға қалам алып, ызалы, кекті өлең жазасыз, домбыраның шерлі шанағына қол апарғандай боласыз. Бұл — Сіздің бүгінгі ақындық табиғатыңыз.

Сөйтіп, Сіз бүгін Маңғыстаудан бастаған алғашқы ақындық қадамыңызды адамзат тағдырын тұтас жырлауға дейін жеткізіп отырған айтулы ақынсыз, Фариза апай!

Енді Сіздің кейіпкеріңіз хақында бірер сөз.

Әйел — киелі ұғым. Ол — ана. Ол — жар. Әйел — анасыз — қоғам болашағы күңгірт. Сондықтан да болар Флобер, Драйзер секілді әлем әдебиетінің тұлғалары өз шығармаларына әйел тағдырын арқау етті. Сол арқылы ағылшын, американ әйелінің жанын әлем оқырмандарына ашты. Ал, Сіз болсаңыз өз творчествоңызбен қазақ қызын қастерледіңіз. Сонау «Мазасыз шақтан» қолымыздағы «Қыз — ғұмырға» дейін, тіпті баспасөзде жарияланып қазақ қызының балаң — сәби қалыптан бойында сезімі бүр жарған шағына дейін, бойжеткен қыздың алабұртқан сезімінен — аласұрған беймаза көңіл күйіне дейін, бір мезгіл сезім иірімдеріне тыншу беріп, айналасына ойлы көзбен байсалды қараған қалпына шейін, анасыз мынау аппақ дүниенің парқы да, нарқы да жоқ екенін ойлап жаны шырқырайтын, содан да адамдарды Ананың ақ махаббатын, Ананың аналық мейір-шапағатын сақтауға шақыратын философ — Ананың ой-сезіміне дейін жырладыңыз. Ол мейлі қай жастағы, қай деңгейдегі әйел болсын, тұтастырып қарағанда, ұлттық колоритке толы, ұлттық мінез, этнографиялық бояуларға қанық қазақ қызының образы болып шықты. Бұл шығармаларды қай тілге аударса да, қазақ деген, тарихи тұрғыдан қарағанда, қуанышынан қайғысы басым болып келген, әлі де болашақты кемел болжауынан гөрі балалығы басым жататын халықтың қызының образын жеткізеді.

Сіз гауһар поэзияңызда, байсалды прозаңызда «Қыз Жібекті» дәріптедіңіз, «Біржан-Сараны» махаббатқа бөлеп насихаттадыңыз, Кәмшат, Шамша, Ғайникен апаларымыз секілді қазақ қыздарының еңбегін елге таныттыңыз.

Әйелдер жасаған әдебиетке әртүрлі көзқарас бар. Ал, Сіз болсаңыз, алдыңыздағы Шолпан Иманбаева, Мәриям Хакімжановалардан тартып, Ақұштап, Күләш, Ханбибі, Тұрсынай секілді қыз-келіншектер поэзиясын ұдайы қадағалап, сындарлы сын-мақала жазып, жинақтап насихаттап келесіз.

Бір деректі ғұмырнамалық дүниеңізді «Мен құштар әлем» деп атаған едіңіз. Онда аяулы анаңыз Халимадан тартып, бірсыпыра ананың елді қиын-қыстау сәттерде рухани құлдыраудан қалай аман алып қалғанын, сөйтіп ер-азаматтың отын өшірмей, «қазақ әйелі» деген ұғымды қалай ұлыландырғанын жаздыңыз. Сөйтіп, сол бір аяулы аналардың Отан соғысының отты жылдарында өздерін де, өзгені де қалай сақтап, ұрпағын жалғаған мықты рухына оқырманды тәнті еттіңіз.

Сіз құштар әлем-қазақ әйелінің жан-дүниесі, рухани әлемі.

Сіз қорғайтын әлем — қазақ әйелінің жан-дүниесі, ар тазалығы, намыс әлемі.

Расында, Сіз бар ғұмырыңызды қоғамның осы басты мәселесіне арнап келесіз. Оныңыз орынды, өйткені өмір анадан басталып, анамен аяқталуы мүмкін. Сол сияқты қоғам өмірі де, жалпы адамзат өмірі де… Ананы сыйламау, анаға қарсы оқ ату — Айтматовша айтқанда, мәңгүрттік. Ал Сіз адам баласын мәңгүрттіктен сақтандырасыз.

Ақын да, депутат та шын азамат болса — үлкен тәрбиеші. Ұстаз — шәкірт тәрбиелесе, ақын — халық рухын оятып, асқарларға шақырады. Сіздің өз уақытыңызды қиып біздің мектепке, Жібектің көш-керуеніндей өз айналаңызбен келуіңіз Сіздің сол үлкен тәрбиеші екеніңізді көрсетеді. Саналы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған, ұзақ жылдар «Қазақстан пионері», «Ақ желкенді» басқарған Сіз ұрпақ тәрбиесін де ешқашан есіңізден шығармай, өз ойларыңызды ортаға салып келесіз. Сіздің бұл саладағы ойларыңыз — ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын адамның ойлары. Тыңдап көрейікші:

«Бүгін қолына сумка алып, мектепте жүрген бүлдіршіндер-ертеңгі қазақ халқы».

«Ешбір халықтың, ешбір елдің алдында қаймықпай, төменшіктемей, өзін қазақ деген халықтың өкілі дәрежесінде көрсете алатын адам болуы тиіс біздің жас ұрпақ. Біздің алдымызда тұрған ең басты, ең маңызды міндет-жеткіншектерді сол дәрежеде болатындай етіп тәрбиелеп шығару».

«Біздің қазақ мектептерінде баланың ой-өрісіне, пікіріне қысым жасалмай ма, неде болса мұғалімнің, тәрбиешінің айтқанына бас шұлғып тұрмаған баланы тәртіпсіз деп есептемей ме деген ой туады».

«Табиғаттың ең әлсіз де, ең нәзік, өзіндей пәк жаратылысы — балғын сәбидің бейкүнә тіршілігі дүниедегі дүлейлердің бәрінен биік тұратын ғажайып әлем ғой».

Жақында ғана жарық көрген «Өсиет» деп аталатын кітабыңыз негізінен балаларға арналған. Әсіресе, қазақтың мақал-мәтелінің философиясынан мөлтек сюжет құрып, балалар санасына сіңімді етіп әңгіме формасында жеткізуіңіз — қазақ балалар әдебиетіндегі тың форма секілді жанды көрінеді. Бұл да баланы халқымыздың даналығымен, ата салтымен байланыста баули тәрбиелегісі келген тәлімгер-қаламгердің әрекеті.

Сіз прозалық жазбаңыздың бірінде: «Мамам ертеңгісін жер-ошаққа от тамызғанда, біздің үйдегі жалғыз сіріңкеден тамызылған от ауылға тарайтын» деп жазасыз. Расында, қазақ ауылына ғана тән ынтымақ, өзара бір-біріне абысын-ажын болып табысатын қазақ әйелдеріне ғана тән бауырмалдық. Сол сияқты (анаңыз сияқты), Фариза апай, Сіз де бүгін өзіңіздің ошағыңызда жыр отын маздатып отырсыз. Анаңыздың жер ошағынан от алған (тамызық) ауыл аналары секілді, Сіздің жыр-ошағыңыздан оқырман қауым жүректеріне от алады, көңілдеріне мейірім шуағын құяды. Анаңыз бір ауылды отымен нұрландырса, Сіз өзіңіздің отты жырларыңызбен қазақ қауымын шуаққа бөлеп келесіз. Жасай беріңіз, жақсы апа!

Жүректерді нұрландырып, жақсы жыр жаза беріңіз, ақын апа!

*** *** *** *** *** *** ***

ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ

Салтанат АЙБЕРГЕНОВА

Фариза Оңғарсынова шығармашылығы — қазақ поэзиясындағы әйелдер өлеңдерінің өсіп-өркендегендігінің, биік сапалы деңгейге көтерілгендігінің айқын дәлелі болып табылады. Бұл ақын қаламынан туған шығармалардың көлемімен немесе санымен өлшенбейді, қайта оның туындыларының дүниетанымдық кеңістігінің қамтитын ауқымынан, философиялық тереңдігі мен мұсылмандығынан, жаңашылдық сипатынан көрінеді. Қазақ поэзиясы Фариза Оңғарсынованың жырдағы жетістіктері арқылы дәстүрлі әйел тақырыбын ашып, әйел бейнесін жасауды және дамытып қана қоймайды, сонымен қатар болмыстың барлық салаларына белсенді түрде араласып, тіршіліктің қилы толқындарына құлаш ұрады. Оның қызығушылығын туғызбаған, шабытына — бастау, өлеңдеріне арқау болмаған өмір құбылыстары да кем де кем шығар. Мұның бәрі Фариза шығармаларының поэтикасында, бейнелеу жүйесінде өз ізін қалдырған.

Қазақ ауыз әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы, романтизм әдістерін терең игеру, әлем поэзиясы маржандарымен жете танысу Оңғарсынованың суреткерлік танымы мен өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруына жол ашты. Оның поэзиясындағы қазақ даласының буырқанған келбеті және оған құштарлығы ұлттық бояуларымен, кең философиялық тыныспен бейнеленеді.

Көптеген ақын әйелдердің өлеңдегі баяу да нәзік, сыршыл да қарапайым иірімдерінен Фариза жыр үрдісінің өзгешелігі — ақынның азаматтық өр дауысы, әділет пен әсемдікті, ақиқат пен адалдықты тоғыстыра білуі, шындық үшін күресе білетін батылдығы — өзіндік лирикалық қаһарманның асқақ тұлғасын қалыптастырады.

Дүниеден іздеумен нұрлы бесін
талпыныстан танбаған жыр-күресім.
…Зула менің, жыр-күймем, шабыт жегіп,
жер бетіне ғұмырлы жарық беріп
жүректердің құрсауын ағыт келіп,
зорлықтардың зардабын шеккендерге
әділеттен сыбаға алып беріп, — деген сияқты

жолдары ақынның өмірлік кредосының айқын дәлелдейтін көрінісін берді. Бұл асқақ азаматттық әуен, жігерлі сарын, қуатты патетикалық пафос Оңғарсынова жырларының алтын арқауындай өрілді. Суреткер ұстанған идеялық эстетикалық концепция қайшылықты даму эволюциясымен жалғастырыла, қатарластырыла ашылады. Оған біз қаламгер шығармаларына жан-жақты талдау жасап, мазмұндық, тақырыптық және жанрлық ерекшеліктерін көрсету арқылы көз жеткіземіз.

Кезінде ақынның «Сұқбат» атты кітабына алғы сөз жазған академик жазушы Ғабит Мүсірепов «Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованы адалдық, намысқойлық, жаны таза, ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көремін» деген еді. Заманауи қазақ поэзиясында Фариза өзіне тән қолтаңбасы бар дегенді жиі айтамыз.

Ең біріншіден, Фариза ұлттық өлеңімізге өзіне ғана тән мінез алып келді. Асау мінез, арда мінез! Егер Фаризаның өлеңдерін радиодан, мінбеден, не теледидардан оқып, автордың аты-жөнін айтпаған күннің өзінде, бұл жырлардың Оңғарсынова қаламынан туғанын біз жазбай танимыз. Оны айқындайтын — қолдан жасалған жасанды мінез емес, шыққан тегі, үрдісі, шежіресі бар текті мінез. Ол мінез біздің есімізге Махамбет ақын жырларын түсіреді.

Фариза творчествосын зерттеген ғалым ақын Сағынғали Сейітов былай деп жазады:

«Махамбет аты Фариза Оңғарсынова өлеңдерінде жиі аталуының басты себебі неде? Алдымен, мұның өзі кездейсоқ нәрсе емес. Жастайынан Махамбет жырларымен ауызданған адамның есейген шақта да оған мойын бұруы, еске алуы, рухынан нәрленуі түсінікті де, табиғи құбылыс.

Әр тұста Махамбет атасын ауызға ала беретін ақын қыздың мұнысында мұрат тұтарлық бір сыр бар екен. «Жырлар керек жетелейтін қиялдай бал арманға, от ойнатар мұң тұнған жанарларға. Қиянаттан күрсінсе Батыр — уақыт, Махамбетше турайтын қақыратып, айбалта-жыр керек-ақ адамдарға». Ашық айтылған емес пе? Ол — Фариза Оңғарсынова поэтикасында Махамбетке бір табан жақындықтың, туыстықтың сезілетіндігі.

Бұл басып айтуға, ашып айтуға тиісті ерекшеліктің бірі болса, Фаризаны көп ақынның ішінен даралай көрсететін, тұлғаландыра түсетін екінші бір ерекшелік — шыншылдық, әділдік үшін күрес. Соншалықты өр, соншалықты адуын, қайсар бірбеткей мінез иесі, бір қызығы соншалықты нәзік, соншалықты сұлулыққа жаны құштар жан. Әдебиетіміздегі ақсақал ақынымыз Әбділдә Тәжібаев былай дейді: «Фариза сөз қалауында халық поэзиясындағы әсемдіктерді, ұғымдылықтарды меңгерген. Ол сөздердің бойындағы қызу, қуат-күштерге қозғау салғыш, жан бергіш сөздердің өзара қиюласуы, өзара шарпысуы арқылы жаңа сурет, жаңа әуен туғызатындығын көрсетті. Ол тілге жетік болғандықтан, жырдың ырғағын күшейткіш, ұйқасын тыңайтқыш сөздерді көп тапқан және оларды барынша шебер қолданған. Ол эпостағы, әсіресе, Махамбет сияқты ақындардың толғауларындағы екпін, энергияларды есінен шығармайды. Сөйте тұра ол үйреншікті ырғақтарға түсіп кетпеу үшін ағыл-тегіл ала жөнелгелі тұрған ырғақтарды әдейі қара сөздік интонацияға араластырып, асау екпіндерді шідерлегендей шенеп ұстайды».

Енді бірде суреткерлік сезім мен алаңдаушылық әсері эстетикалық тәуелсіздікке құрылған философиялық тұжырым түйіндерге ауысып сала береді. Лирикалық кейіпкердің ішкі дүниесін көрсету үшін адамның өзді-өзімен келісімі, өзіндік рухани ұмтылыстарына өмірлік мұраттарының сәйкес келтірілуі сияқты үйлесімділік белгілері ұлғайтылады. Бұл ретте Оңғарсынова шығармашылығында алабөтен, өз алдына бөлектеніп тұрған табиғат лирикасының жоқ екенін де атай кетуіміз керек. Есесіне тұтас табиғат суреттері махаббат сезімімен астасып, ғашықтық-әлем асқақ патетикаға ұласып жатады. Мәселен:

Бұлақтар құздардан асып,
сарқырап сайларға аққанда,
көңілім қырларға ғашық
самғайды жайлау жақтарға, — деген
тармақтардағы құсқа тән еркіндік, аспани асқақтық ақын әлемін оқшауландыра түседі.

Ақынның рухани тұрғыдан жақын адамдарға үн қатуы, арналуы ата-анасымен тілдесуінен туындап жатады. Осы сезімнен шағын жанұясына деген ыстық ықыластан үлкен өмірлік сезім, кең дүниелік ықылас басталады. Бұл жәйт:

...әр құбылыс, әр сәті, бар болмысы менің ұлы анам боп көрінеді... — секілді жыр жолдарындағы лирикалық сезімнен айқын байқалады. «Әке туралы ой» атты баллада жанрына жатқызуға болатын шығармасында лирикалық кейіпкер өз өмірінің қайнар көзіне қайта үңіліп, сәби шаққа ойша қайта оралады. Қоршаған ортаны енді-енді танып, өмірдің тәтті нәрін енді тата бастаған сәбилік кезін еске ала отырып, қайғының ащы дәмін сезінеді. Әкесінен айырылғандағы өз жүрегіне түскен сызатты, орны толмас өкінішті мөлдір балаң сезіммен астастырады. Көңілін жайлаған қаяуды, жанына батқан қайғыны, жетім жүректі басқа жандармен былайша бөліседі:

Қан кешіп біздің әкелер сонау
батыста — жырақ жүргенде,
«жан папа» деген бір ауыз сөзді айта алмай
қалғандар көп қой, бір мен бе...

Лирикалық кейіпкердің үнемі іздейтін мұраты — дүниенің тұтастығы мен оның ақиқат, терең бағалығы. Кейіпкер өмірдің сан рет бөлшектенген жарықшақтарынан ғаламның біртұтас бейнесін құрастыруға талпынады.

Оңғарсынованың ақындық тұлғасына о бастан тән сезім жеделдігі табиғат көрінісін суреттеу арқылы түсетіндей әсер қалдырады. «Даланы аңсау, далаға іңкәрлік» тақырыбы - дәстүрлі тақырып ретінде бірде ашық-жарқын және мұңды, енді бірде асқақ және қайғылы түрде көрініс табады. Кез-келген халықтың ұлттық бояуы оның дүниені түйсінуіне негіз болатындығы бұрыннан белгілі.

Қазақ елінің нақтылы мекенге, яғни ақ селеуі желге билеген кең байтақ даламен тығыз байланыстылығы таңқаларлық түрде «Отанға деген сезімге суарылған поэзияның ерекше, басты тақырыбына айналып сала береді», — деп жазыпты қазақ ақыны, әрі сыншысы Аян Нысаналин.

Сондықтан даланың шексіздігіне тән өмір ұзақтығынан дүниенің шексіздігі сезімінің туындауы — тарих тұңғиығына тамыр тартып жатқан қазақ поэзиясының басты қасиеттерін айқындайды. Оған тән ойлылық, тіл байлығы, суырып салмалық, «нәзік лиризм, шиеленіскен табиғи сезім, философиялық ой түю, бәрі-бәрі ұлттық болмыстан көрініс кеңістікті сезінуі, адамгершілік таза ықылас көрнекті факторлар болып табылады».

Табиғаттың, туған жердің әсемдігін ой елегінен өткізетін жан табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті алуан түрлі жарасымды формаларда береді, мұның өзі ақын жаңашылдығының тың қырларын көрсетеді. Фариза Оңғарсынова туған жерге деген сүйіспеншілікті білдіретін болмыс-бітімін, іс-қылығын дара көрсетер жырлары арқылы дәлелдейді.

Оңғарсынованың туған өлкесі — Маңғыстау, Атырау туралы жазған өлеңдері терең талдауларға толы. Бұл — табиғат суреттері мен туған жер көріністерін үстірт шолу емес, өмірде болған оқиғаларды, ақиқат қайшылықтарды қаз қалпында бейнелейтін объективті талдау, бірақ мұның негізінде жоққа шығару пафосы емес, жаңару рухын үнемі іздестіру жатыр.

Атамекенге деген ақын махаббатын айна қатесіз көрсететін «О, туған жер», «Маңғыстау мақамдары», «Жайлауға келгенде», «Шевченко түні», «Теңіз жағасында», т.б. өлеңдерінің көркемдік кестесі жоғарыдағы пікірлерімізге ой қоса түседі.

Бұл өлеңдерден таза табиғат көріністеріне құрылған бейнелеулер тосын философиялық категориялармен, жинақтаулар, идеялармен толыға түсетін Оңғарсынова ойларының ерекшелігі байқалады. Сондай-ақ ақын жырларының негізгі түпқазығы тұтас табиғат суреттеріне емес, ой-динамикасына, ой қуаттылығына құрылады.

Балалық шақтағы дүниетаным ауқымы кеңейе түсіп, кіші отан шеңберінен асып, шексіз-шетсіз кеңістікте туған халқына арқа сүйейді. Сөйтіп, ақын санасындағы елге деген сезім өсіп, дамып, жаңарып отырады.

Ақынның лирикалық қаһарманының махаббаты қашан да белсенді іс-қимылда бейнеленеді. Мысалы, «Туған елге» атты өлеңнің алғашқы жолдарынан-ақ шығарманың бастан-аяқ бір леппен жазылғандығын аңғаруға болады. Бұл бір-бірімен байланысты біртұтас тармақтардан тұратын өлеңде артық ауыз сөз, алабөтен сөйлем кездеспейтін монолог түрінде жазылған.

Жан толқынысына, сезім тебіренісіне құрылған кейіпкердің көңіл-күйі өлеңнің бүкіл образдылық әрі идеялық жүйесін айқындайды.

Сағынып оралар ма ем
алыс жолдан жеткенше асық болып,
сен бар-ау деп шаттықтан тасып-толып,
дүниеде көзіне басқаны ілмей,
тек анасын ойлайтын жас сәбидей
мен де сенің кеудеңді аңсамасам,
сен де мені күтуден шаршамасаң,
құшағыңа алғанша тынышталмай,
кездескенде жанардан мұң ұшқандай
ес шығып кетер бізде,
қуаныштан мәз болып екеуміз де,
бар сезімді көздерден байқағандай
отырмасақ, айтарға сөз таба алмай
сағынып оралар ма ем,

жиһан кезе бермес пе ем онан әрмен, — деген жолдардағы асқақ лирикалық сезімнің адалдығына шүбә келтіре алмайсыз. Мұндағы ойды белгілі бір мақсатқа бағыттау тәсілі ретінде қолданылатын көркем детальдандыру зор маңызға ие.

Атырау теңізінің, кең даланың, балықшылар мен далалықтардың образдары — Оңғарсынова поэзиясының өзіне ғана тән белгілеріне, ұлттық ерекшеліктеріне айналды. Туған өлкеге бағышталған сүйіспеншілік жалпы азаматтық әуенге ұласатын тұстар да аз емес. Сондай-ақ ақын өз ұлтына әсемдік концепциясы, рухани байлығы арқылы, халықтың ақиқат болмысы негізінде ұлттық психологияны, ұлттық мәдениетті көрсетеді.

Сонымен, Фариза Оңғарсынова поэзиясына тән этнографиялық, табиғи шындық арқылы оның өзіндік бет-бейнесін, өмірбаянын, ата-мекенін айна-қатесіз танисыз. Авар ақыны Расул Ғамзатов туған жерінің символы ретінде Кавказ тауындағы Цада ауылын жырласа, Мұқағали Мақатаев Хантәңірі шыңын, Қарасаз ауылын өлеңге қосады. Оқырмандарға әлемге даңқын жайған бұл мекен-жайлар сол ақындар есімімен бірге аталады, олардың шығармашылығының бөлінбес бөлшегіне айналады. Фариза өлеңдеріндегі Маңғыстау, Каспий теңізі де дәл сондай роль атқарады.

Фариза Оңғарсынова шығармаларының көркемдік құрылымында лирикалық кейіпкерлердің танымы тарихи оқиғаларға қатыстылығы тұрғысынан ашылып, жалпы азаматтық ой-таным негізінде өрши түседі. Әлеуметтік-қоғамдық мазмұнның нақтылығы өлеңнің психологиялық екпіні құрылымымен, сыртқы әлемге бағытталған ақындық толғау, арнау жүйелерімен, терең ішкі жан-дүние тебіренісімен астасып жатады. Мысалы, «Соғыс. Тартыс» — «Камералар. Темір тор» атты толғауларында құбылыстардың жалпылама байланысы мен олардың күшейе түскен трагедиялық-драмалық сипаты контрасты түрде ашылады. Мұнда жеке ішкі тағдыры шындық оқиғаға орайласа келіп, сыртқы әлем мен ішкі иірімдердің психологиялық тұрғыдан тоғысуы автор толғанысы, көңіл күйініші арқылы беріледі:

Ғасырларға үңілші, замандасым,
тыйған күн жоқ жазықсыз жанар жасын,
біреулердің қанқұйлы арманы үшін,
біреулердің үмітін жалғау үшін,
домалатты доп құрлы Адам басын.
...Жұмсап құртып жоюға күш — жалынын,
осы еншіні неге, Адам, арқаладың?!

Осы қысқа үзіндідегі автор ойы ата-бабаларды еске түсіру және келер ұрпақ алдындағы парыз сезімімен тоғысып жатады. Ақын күйінішінің мазмұны — өткеннің өкініштерін, көненің қателіктерін қайталамауды насихаттап, сол істегі өз жауапкершілігін сезіне отырып, адалдық пен адамгершілік сезімдерін қорғауға құрылады. Бұл шығармалардан байқалатын бір ерекшелік — Фариза поэзиясында дәстүрлі лиро-эпикалық шеңберді қамтитын толғау жанрының жиі қолданылатындығы және бұл өлеңдерде авторлық «мен» айқын көрініс табады. «Тарихпен тілдесу», «Мен революцияны жасамадым», «Асау толқын», «Мен жалындап өтемін», «Туған күн», тағы басқа өлең-толғауларында ақынның жеке тұлғасы, өз бейнесі тарих пен қазіргі заманға адамдық, азаматтық көзқарасы айқын көрініс табады. Мәселен, «Мен жалындап өтемін» өлеңіндегі буынның, әрбір ұрпақтың ой-сезімімен астасып жатады:

Мен жалындап өтемін
қариялардың қимайтын жас шағы болып,
балапандардың талпынар асқары болып,
ару қыздардың аңсаған арманы болып,
асқақ жандардың алаулы таңдары болып,
жиырмада жесір қалғанның аңсары болып,
сүйіскендерге көз ілер таңсәрі болып.

Осыншама қиындықтар мен қияметтердің бәрінің нәзік әйел жанына ауыр болатындығына қарамастан, адамдардың өмірін жеңілдету үшін лирикалық кейіпкер барлық жүкті ойланбастан өз иығына алады. Бұл сенім ақынға ерекше күш-жігер, ержүректілік пен батылдық сыйлайды.

Дәл осындай асқақ пафос, қуатты бір кезде ақын Төлеген Айбергенов өлеңдеріне тән еді. Мәселен, оның «Бір тойым бар» өлеңінде:

...Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын,
Бірақ, бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын...
Сәбилерге ағаны үлгі етемін,
Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін,
...Менің жаным бұл күнге құмар қанша!
Бәйге берем жығылған палуанға да,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.
Қыз қуатын жігітке ат беремін,
Жанам деген жүрекке от беремін, —
деген заман жүгін бір көтеріп әкететін қанатты жолдар бар.

Төлеген Айбергенов пен Фариза Оңғарсынова өлеңдерін салыстыра қарағанда байқағанымыз — ол екі ақынның өлеңдерін туыстастырып тұрған — өмірге деген азаматтық, асқақ көзқарас. Қос ақын да адамның қателіктері мен кемшіліктерін, әлсіздіктерін кешіре отырып, олардың адалдық, әділет сүйгіштік қасиеттерін биік қояды. Қазақ халқында жоғары бағаланатын адамгершілік қасиетін қастер тұту бұл екі ақынның шығармашылық мұраттарын жақындастырып қана қоймайды, олардың жырларындағы мейірімділік рухын қалыптастырады.

Фариза өлеңдеріне тың тыныс, үдемелі жылдамдық беретін басты күш — лирикалық кейіпкердің жан-дүниесіне мәңгілікке орныққан жастық шақ сезімі.

Ей, жастығым, маужырап қалғымағын,
бала қаздай қияға түлет мені,

— деп ақын үнемі жалындаған жастығымен тілдесе отырып, өзіне-өзі қажымас қайрат береді. Жастық пен есею шағы, сыршылдық пен ақылдылық Фариза Оңғарсынованың жыр әлемінде бір-бірімен тоғысып, тұтасып жатады.

Өткен тарих пен бүгінгі күнді шендестіре үн қатуы — жас шамасына қарамастан лирикалық кейіпкерге өмірдің қайнаған ортасында болып, қашан да жастық мінберінен сөз алуына мүмкіндік береді:

...Қалдырсам егер артымда өлмейтін мұра,
шындықты шыңға көтерген халқымда күшім.

Автордың шығармашылық туралы, поэзия, муза туралы өлеңдері өз алдына бір төбе. Бұл қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев шығармашылығынан да оқшау көзге түседі.

Әрине, Фариза бұл жерде бір кездегі имажизм, футуристер ұран еткен «Өнер — өнер үшін» атты сентиментальдықтан аулақ. Оның өлеңдеріндегі өнер — үлкен философиялық объекті, азаматтық ой айту үшін айтылған құрылым ретінде көрінеді. Мұқағали Мақатаевтың «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» атты өлеңі біз сөз етіп отырған ақынға арналғандығымен ғана емес, өмір, өнер туралы келелі туынды болуымен құнды екенін қалың оқырман жақсы біледі. Рухани туыстық, адамгершілікті ту еткен Мұқағали ақын Фаризаның ер мінезділігін, асқақ рухтылығын, адалдығын бағалап, осы қасиеттері арқылы оның көптеген замандастарынан жоғары тұратындығын жырлады.

Фариза Оңғарсынова шығармашылықтың қыр-сыры, алуан салалары жайлы өз өлеңдерінде өз алдына биік талаптар, үлкен міндеттер қоя біледі.

Автор ақындықтың қиындықпен бірге, қуаныш та, жұбаныш та сыйлай білетінін жақсы түсінеді. Әсіресе «Қараңғы түндердің шапағаты» өлеңінде ол шығармашылықтың ащысы мен тұщысын бірдей татады. Ақын жырындағы ақ пен қараның қарама-қайшы образдары өлеңнің мазмұндық тұтастығына қызмет етеді. Бұл өлең өзінің көркемдік концепциясы тұрғысынан новелла — өсиет іспеттес әсер қалдырады. Мұндағы жалғыз образ да, персонаж да ақынның және оның сырлары мен ойлары. Өлеңнің тілі метафораларға толы, стилистикалық жағынан жинақы. Сөз үндестігі, ішкі көңіл-күйді сол қалпында жеткізе білуі, бейнеленетін құбылыстың айқындығы секілді көркемдік белгілер әдемі өлең туғызған. «Құбылмас қараңғылықты» суреттей отырып, ақын: «...сезімдердің ақ айдынында тербетер дел-сал сәт қой бұл» — деп өзінің шабытты шағының жарық сәулесімен өмірін нұрландыра түседі. Жалғыз өткізген түндерін қасиетті түнге айналдырған ұлы әйел тұлғасы көрініс береді. Осы өлеңде ақынның тұрмысы, жай-күйі, ойлары алғы күндерді сезіне білуі мен ішкі жан-дүниесіндегі арпалыс жан-жақты қамтылады.

Ақ түтек ойлардың ақпаны сақ-сақ күледі

жалғыздығынан жынданып кеткен жесірдей, — деген жолдарда ашу-ыза да, тағдыр тезіне төзе білетін қайсарлық та бар. Ал:

"Мынау жалғанда жалғыз-ақ өзім, құдіреттідей боп отырам,

Қараңғы түндер шапағат шашқан шақтарда, — деген қанатты жолдар арқылы өз шығармашылығында өлең киесімен асқақ тілдеседі. Оңғарсынованың поэзиядағы кейіпкерінің санасында жекебастық, тұлғалық, эпикалық, лирикалық романтикалық таным элементтері бір арнаға тоғысады. Сонымен қатар оның өлеңдерінде фольклорлық таным элементтері, фольклорлық-мифологиялық әуендер де айқын көрініс тауып отырады.

Оған Оңғарсынова шығармаларындағы ұлттық нақышта қазақ халқының тарихындағы оқиғаларды және ұлттық мінез-құлықты жырлайтын ауыз әдебиеті үлгілерінің пайдаланылуы дәлел бола алады.

Қазіргі заманғы әйел кейіпкердің өткенге үңілуіне ата-бабалардың салған жолы, салт-дәстүрі себепкер болады. Сондай-ақ ақын көненің көзінен бастау алған жырларында өткеннің өнегелі сабақтарын бүгінге жеткізуді басты мақсат тұтады. Қазақ ұлтының тұңғиық тарихы мен рухани мәдениетінің бай мұралары туралы жазылған «Мұқан жыраудың екі өлеңі», «Қоштасу» («Қыз Жібектің соңғы сөзі»), «Ақбөбек жырлары», «Жантолының монологы», «Айша бибі», тағы басқа жырлары — соның дәлелі.

Мәселен, халық арасында ауызша тарап келген Мұқан жыраудың мұраларын болашақ ұрпаққа жазба түрде жеткізуді өз міндеті санап, үлкен жауапкершілік сезінеді. Мұқан Барақбайұлы — Нарынқұмда ХҮІІІ ғасырдың ІІ-ші жартысында өмір сүрген, өзі кедей, адал да әділетті ақын болған. Оған сол дәуірдегі бай-шонжарлар «Қисық Мұқан» деп кеміте ат та қойып алған көрінеді. Фариза ақын жазған өлеңдердегі шыншылдық, ақиқат көрініс тапқандығы соншалық, өткен ғасырдағы Мұқан жыраудың үні, тынысы, ақыл-кеңесі, ғақлия сөздері қаз-қалпында оқырман жүрегіне жол табады. Мысалы, сол топтамадағы «Кемпірбайға айтқаны» атты өлеңді оқысақ, ХҮІІІ ғасырдағы қазақ өмірі туралы кең мағлұмат алуға болады. Мұқан жыраудың келісімге келмес ойлары, халықты жақсылыққа, әділетке үндеуі, жалғандыққа қарсылығы дәл көрсетіледі. Өлеңнен әлеуметтік теңдік үшін ұрандаған күрескер — ақынның тұлғасы жалғандыққа қарсы шыққан жанның бейнесі адуын жырмен өріледі. Мұнда ел ішінен шыққан ойшыл ақынның қоғамның әділетсіздігі мен қияметке қарсылық байқалып қана қоймайды, ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген жыраудың шындықты бетке айтатын бейнесі қоса ашылады. Дәл осы тұста Мұқан жыраудың Махамбет Өтемісұлының күрескер рухымен тамырластығы, жақындығы, ұқсастығы өте айқын аңғарылады.

Сонымен қатар ертеде болған жырау мен болашақ арасын жалғап тұрған Фариза Оңғарсынованың батыл дәнекерлік рөлін адал атқарған суреткерлік шеберлігін атай кету ләзім. Бұған өлеңді әрі қарай оқығанда көз жеткіземіз. Келесі жолдардағы көңіл-күй мен екпін неғұрлым лирикалық философиялық арнаға қарай ығысады.

Өлеңнің соңындағы «Қолым жетуі керек-ау таққа менің?!» — деген түйіннің астарында, сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік өмірге наразылық та, «егер адам, халық қамын ойлайтын жан ел басқарса, заман жақсы болар еді» деген сияқты жырау ойлары да көрініс береді.

Фариза Оңғарсынованың шығармашылық интерпретациясы негізінде жазылған Мұқан жыраудың екі әнін монолог жанрына жатқызуға болады. Бұл сөзімізді «Кемпірбайға айтқаны» және «Мойнақ батырға айтқаны» атты қос өлеңінің тақырыптары-ақ дәлелдеп тұрғандай. Мұндағы монологтық бастау Мұқан жыраудың өсиетті сөзінен және кейіпкердің суреткерлік тұлғасынан айқын аңғарылады.

Монолог жанры ақынның фольклорлық әуенде жазылған көптеген шығармаларына тән екендігін бір ерекшелік ретінде атаған абзал. Өйткені монолог жанрын формалық қолданыс ретінде пайдалану — "Қоштасу" (Қыз Жібектің соңғы сөзі), «Ақ бөбек» жырлары өлеңдерінде де көрініс тапқан.

Қазақ лиро-эпостық жырлары дәстүрлерінен терең сусындаған Фариза ақын ойша Қыз Жібек бейнесіне еніп, оның атынан үн қатады. Өлеңдегі Төлегеннен ажыратқан әділетсіз әлеуметтік жағдайларды өз ажалымен жеңе білген Қыз Жібек бейнесі, оны халықтың сүйіспеншілік жырларындағы Қозы-Көрпештің соңынан махаббат жолында өлген Баян сұлу, Сырымға шын ғашықтықтан есінен адасып, өз өмірін қиған Қаракөз тұлғаларымен жақындастырады. Бұл трагедияға толы лиро-эпостық толғауларды Ақбөбек пен Қайыптың махаббаты жайлы ғашықтық жыры да толықтыра түседі.

Әйел тәкаппарлығының, әйел жаны азаттығының бастауларын өз халқының өткен тарихын іздестіру — Фариза поэзиясының басты өзгешеліктерінің бірі. Ақын таңдаған бұл жолды «Жантолының монологы» өлеңінен де байқауға болады. Жыр мазмұнына үңілсек, ақын, домбырашы қыз Жантолы өз замандасы Мұрат ақынмен айтысады. Жантолының монологында өнердегі сайыста әйелдердің де ер азаматтармен тең дәрежеде көріне алатындығы былайша беріледі:

Ей, ақындар, серілер!
Отырсыңдар ма алқалы топқа сөз маржандарын тізбектеп,
бұл дүниенің мықтылары мына біз деп тек.

Мұратқа қаратып айтылған бұл монолог стильдік динамикасымен, қуаттылығымен өзгешеленеді. Ерлерді әйелдерден артық санап, әйелдер теңдігін аяққа таптайтын қоғам заңдарына қарсы қоя отырып, Жантолы былайша сөз таластырады:

Қыз болып тусам, кінәлі ме екем бұған да?
Алтынды, сірә, көлеміне қарап сынар ма!
Тау менен тасты жаңғыртып бара жатады
қиюы кеткен құр арба.

Бұл монолог метафоралық, образдық жүйесінің байлығы қазақтың ұлттық ойлау жүйесіндегі, сөз саптауындағы сарқылмас шешендік өнердің жалғасындай әсер қалдырады.

Жантолы монологында бетін пәренжемен бүркемелеген, жасық Орта Азия әйелдерінен өзгеше, өз пікірін ашық, еркін айта білуден жасқанбайтын, өжет қазақ әйелінің бейнесі шебер ашылады.

«Ебелектеген еркектер сынды арзанқол сөздер жат маған» — деп замандастарын батыл сынайтын Жантолы сөзі ол өмір сүрген дәуірге лайықталып айтылғанымен, қазіргі кезде де өз мәнін жоя қойған жоқ. Көне заманда болған осы оқиға Оңғарсынова назарын аударуы сондықтан болар. Өткен кезеңдердегі әйел-ақынның монологын тілге тиек ете отырып, автор бүгінгі таңдағы әйел-замандастарының ой-сезімін бейнелеуге көшеді. Ер азаматтың көлеңкесінде қалып, екінші қатарлы саналып жүрген әйелдердің қоғамдағы өзінің лайықты, тең құқықты орнын алуы керектігі — өлеңнің негізгі желісіне айналады.

Осы жырдағы негізгі идеяны «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» атты өлеңдегі Сара бейнесі жалғастырады. Жалпы әлемдік ғылым мен өнер тарихында ұлы атанған әйелдер санаулы екені жалған емес. Фариза Оңғарсынованы осы мәселенің толғандыруы да заңды құбылыс. Сондықтан да ақын өзінің сіңлілерін ел тарихында орын алған апаларынан өнеге алуға шақырады, олардың өшпес бейнелерін болашақ ұрпаққа үлгі тұтады.

«Сенің махаббатың» жыр жинағында ақын өз замандастары — қазақ әйелдерінің жан дүниесіне үңіледі. Фариза өлеңдеріне арқау болған әйелдердің әрқайсысы өз саласында шырқау биікке көтеріліп, жұлдыздар санатына қосылған жандар. Мәселен, «Дыбыстар әлемі» атты толғаныс — кантата — талантты қазақ композиторы Ғазиза Жұбановаға, күй диптих — халық күйшісі Дина Нұрпейісоваға, «Бибігүл-ән» жыры даңқты әнші Бибігүл Төлегеноваға, «Жыр анасы» атты триптих — белгілі қазақ ақыны Мариям Хакімжановаға, «Тыңдаңдар, тірі адамдар» топтама өлеңдері — Ұлы Отан соғысының батырлары, Шығыстың қос жұлдызы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға арналған. Осы қазақ қыздарының туған еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі сол кейіпкерлерді әрбір оқырманның жақын адамына айналдырды. Сол арқылы әйел жанының нәзік иірімдері, әсемдік әлемі алуан қырымен ашыла түседі.

1995 жыл.

*** *** *** *** *** *** ***

ҚАЗАҚТЫҢ ФАРИЗАСЫ

Гүлсім ОРАЗАЛИЕВА

Наурыз. 1990 жыл. Ол кезде Фариза Оңғарсынова республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ақжелкен» журналының бас редакторы болатын. Біздің семьяның Қарағандыдан астанамыз Алматыға жаңадан көшіп келіп, менің жұмыс іздеп жүрген кезім. Фариза апайдың алдынан өтпекші болып жұмысына келдім. Қабылдау бөлмесіне кіргенім сол еді, есіктің арғы жағынан апайдың ашулы дауысы шықты. Сөздері анық естіліп тұр.

— О заманда бұл заман қызды зорлау, оның үстіне топ болып зорлау деген не сұмдық! Ол адам емес, екі аяқты айуан! Түрменің түбінде шірісе де мен ондай адамға араша түспеймін. Не болып барады бұл қазақ. Ішетіндері арақ, жасайтындары қылмыс. Баланы тудыңдар ма — неге жөндеп тәрбие бермейсіңдер! Әуелі сендердің өздеріңді соттау керек. Жоқ, мен сендей адамдармен сөйлескім келмейді, шығыңдар! — деді.

Қабылдау бөлмесінде кезек күтіп отырған екі-үш адам мынандай ызғарлы сөзден кейін үрпиісіп қалдық. Сол сол-ақ екен елулерден асып қалған екі адам — ерлі-зайыпты болар, кабинеттен шыға берді. Қу перзенттің күйігі мен Оңғарсынованың оңдырмай айтқан ащы шындығының өртіне жүздері де, өздері де күйіп барады. Мен оларды іштей аяп кеттім.

— Күнімжан! Қайда әлгі Семейден келген кісі, кірсін! — деді хатшы қызға дауыстап. Үнінен сезіледі, ашуы әлі шарықтап тұр.

— Сіз кіріңіз, — деді хатшы қыз алпысты алқымдап қалған қара торы әйелге қарап. Әйел қасында отырған жігітке (мен баласы болар деп түйдім):

— Сен отыра тұр, мен өзім кіріп шығайын, — деді. Қобалжып қалғаны жүзінен сезіліп-ақ тұр. Әрине, жаңағы іштен шыққан екі адамның кейпін көргеннен кейін ішке кіруге бәріміз де беттеңкіремей қалдық. Мен тұрмын әрі-сәрі күйде. Алай — дүлей «ақ боран» ашу ортасында отырған адамға: «маған жұмыс тауып беріңізші» дегенім қалай болар екен? Одан да ертең келсем қайтеді, оған дейін апайдың да ашуы басылар деген ойдың тууы мұң екен, қабылдау бөлмесінен дәлізге қалай тез шығып кеткенімді өзім де сезбей қалдым.

Ал, енді маған сол «ертеңім» қиын болды. Барайын десем, кешегі «ақ боран» елестейді көзіме. «Немене сенің күйеуіңе жұмыс тауып бер, өзіңе жұмыс тауып бер… Әке-шешелерің, біреуі — Түркістанда, екіншісі — Шуда жатып маған аманат етіп кетіп пе еді?» десе кешегілердің кебін киемін-ау деп жүрегім дауаламайды. Бармайын десем, «мен пәленше едім» деп баратын Алматыда атымыз да жоқ, қол — ұшын бере қоятын туысқан да шамалы.

Ақыры «қуса қуып шығар» деп, бойымдағы бар жігер-қайратымды жинап, редакцияға ертеңіне қайыра келдім. Ішім қалтырап тұрғанмен сырттай байсалды болған болып, есікті ары итердім. Фариза апай біреумен телефон арқылы сөйлесіп отыр екен. Есіктен сығалаған мені көре сала: «Гүлсім, кел, кел. Отыр», — деп, орындықты меңзеді. Үні аса жұмсақ, мейірімді естілді. Кешегі «алай-дүлей ақ боран» басылғандай. Өзі телефонның арғы жағындағы адамға:

— Оқудан шығармасаңыздар болды. Жататын жерді өздері табатын түрлері бар. Балалықпен төбелеске түсіп… Рахмет, рахмет… Соны түсінгендеріңізге рахмет… Мен бір осы қаланың бірінші хатшысы, әлде бас прокуроры секілдімін. Жылап — сықтап «сен» деп сенім арқалап жер түбінен келген соң қол ұшын бергім келеді. Содан амал жоқ сіздерді мазалаймыз…

Мен түсіне кеттім. Кешегі Семейден келген әйелдің мәселесі шешілді.

Бұдан кейін Фариза апайдың көңіл-күйі көтеріліп, мүлдем шарықтап кетті. Менің де сол-ақ екен тартылып тұрған жүйке тамырларым өз-өзінен таралып, еркіндік келді бойыма. «Жолым болатын шығар» деп топшылап қойдым.

— Кеше неге кетіп қалдың? — деді, телефонды қоя салысымен.

— Кеше, мен үйден шыққанда күн күлімдеп тұрған, сіздерге келсем, шамалы борандатып тұр екен, содан ерте-жарықта елге жетіп алайын деп, кетіп қалдым, — дедім. Фариза апай бетіме бажырайып бір қарады да, «мынаны-ай» дегендей мырс ете қалды. Бірақ менің мылжыңдау айтылған қалжыңыма жауап қайырмады. Оның орнына:

— Сен өзі жұмыс істеуші ме едің? Жоқ, күйеуім асырайды деп жата бересің бе үйіңде?

— Егер жұмыс болса… Соны сізден… — деп, күмілжи беріп едім, өзі:

— Онда ертеңнен бастап «Жалын» журналына жұмысқа шығуыңа болады. Ондағы бас редактордың орынбасары Мереке Құлкеновке айттым, алады, — деді.

Жұмыс іздеп әлі қанша ай сандалар екенмін деп жүргенімде, «ертең шық» деген маған аспаннан Ай түскендей болды. Шынымды айтсам, Фариза апайды дәл осы сәтте сөзбен айтып жеткізе алмайтындай аса бір ыстық сезіммен жақсы көріп кеттім. Жақсы көрмегенде! Оқырманның қолынан түспейтін республикадағы маңдай алды журналдардың бірі — «Жалынның» қызметкері болғалы тұрсаң. Орнымнан атып тұрдым да, Фариза апайды отырған жерінде құшақтап бетінен бір сүйдім, ләм деместен шығып кеттім.

Фариза ақын:
Мақтама өзің өзіңді,
жұрт айтсын жақсылығыңды.
Өмірде дана сөз — үлгі,
әлемдей өмір ғұмырлы, — дейді.

Менің дәл сол сәтте «Фариза апай, Сіз өмірдей — данасыз, әлемдей — ғұмырлысыз!» деп, айтқым-ақ келіп тұрды.

Бірақ тағы да Фариза ақын:
Дегендей бір көргеннен сырымды алар,
әдетім тосын жанға қырын қарар.
Басқадан ала алмаған өшімді мен
алатын достарымнан «жыным» да бар, — дейді.

«Иә, сен едің маған баға беретін. Аулақ жүр!» — деп, жатқан «жынды» оятып алармын деп тез кеткенім де сол.

Бұрын Қарағандыда оқуда болған баласы Айбарға келіп-кетіп жүргенде ара-кідік араласып, жүздесіп жүрсек, осыдан былай бір қалада тұрып, қоян-қолтық араласып кеттік. Фариза апай бізді бөтен ру, өзге ауылдың адамдары демей, кеудеден итермей, қайта балаларындай бауырына басты.

Фариза Оңғарсыноваға атқосшы болып елге талай шықтым, сапарлас болдым. Туған жерім Түркістан өңіріндегі мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов атындағы ауданда болғаным, алты жасар баладан алпыстағы шалға дейін жиналып, клубқа сыймай тұрып, жыр оқылған, ән айтылып, күй тартылған сол бір әдемі кешті Фариза апай ара-тұра айтып қояды. Сол жолы: «Өмір сүруіме дем беретіндер өкімет басшылары емес, өлеңімді оқитын осындай қарапайым оқырмандар. «Апай, сіздің өлеңіңізді оқыдық!» — деп барған жерде алдымнан осылай шығып тұрса, мен үшін бар бақыт, шен — шекпен сол» — дегені әлі есімде.

Мен білетін Фариза Оңғарсынова арқалы ақын ғана емес, салмағы санаға да, жон арқаңа да түсіп тұрған мынау заманда он жігіттің жүгін бір өзі арқалап келе жатқан марқасқа азамат. Жалғыз ағасы Махиз қырық жеті жасында дүниеден қайтып, жеңгесі Айбатша сегіз баламен жесір қалды. Бауырының балаларын бауырына басып, оларды ешкімнен кем қылмаймын, әкелерін жоқтатпаймын деген мақсатпен біреулердің алдында орынсыз кішірейген, қиынсыз тәкаббарланған кездері де болды. Өзі кимеді, өзі ішпеді, бірақ оларды «министрдің баласындай» баршылықта өсірді, бәріне жоғары білім әперді. Қазір олардың бәрі бір-бір шаңырақтың иесі. Бұл күнде Фариза апай кішкентайынан бауырына басқан ұлы Айбарға — мама, Асқар, Артур, Алмагул, Гүлнәр, Элеонора, Айбек, Әсем, Алмасқа — папа, ал немересі Анитаға — Шах мама!. Өзі айтқандай, бұл өмірден тапқан бар бақыты алған орден медальдары емес, осы қоңыр көгенкөздері

— Балалары мен Өлеңі!
Бұл үйдің барлық халқы нық,
шетінен тұлға шіренген.
Қамдарын ойлап шарқ ұрып,
шырылдап жалғыз жүрем мен.
Оларша: самғар қанатын
құстаймын,
ой мен қайғым кем.
Бәріне бәрін табатын
сарқылмас байлықтаймын мен, — өлеңі соған дәлел.

Фариза апай балаларын, маңайында жүрген біздерді, өз ортасын: құлағы салпаңдап, тілі салақтап, көрінген қарайғанға жүгіре беретін аңшының иті болмауға, бас пайдаң үшін біреудің ала жібін аттап көз жасына қалмауға, бәле-жалаға шатылып, алдыңа келгенде «ақшаң бар ма?» — демей, бар абырой — беделіңді салып, арашалап қалуға, ұлды ұятты, қызды қылықты етіп өсіруге, немерелерді төбесіне көтеріп, арқасына ат болып мінгізіп, бірін — хан, бірін — патша көңілде тәрбиелеуге үйретті. Оны ол алдына отырғызып қойып, алты сағат айтқан ақылмен емес, біреуге — қырсық, біреуге — тәкаббар, біреуге — асқақ көрінер мінезбен тәрбиеледі.

— Кейде елде отырған ағайын «депутат болғанын қайтеміз, зейнетақымызды көтермеді, жұмыс тауып бермеді…» — дейді. Бұл бір депутаттың шешетін түйіні ме екен?! Мемлекет шет елдерге белшесінен қарыз. Ол қарыздың алдында небір мықты қаһарманыңыз да қауқарсыз. Жылтылдап телевизорға шыға, шатып-бұтқан бір нәрселерін газетке жариялай берсе, соны халық қамын ойлайтын қамқоршы деп түсінетін таяздық бар бізде. Әрине, ол әсіре қызылға алдану.

Мен білетін Фариза Оңғарсынова — қашаннан-ақ халық қамын ойлайтын қаһарман. Егер ол депутат болмай тұрып-ақ шапағаты тиген, қамқорлығын көрген адамдардың тізімін жасар болсақ, аз болмасы анық. Бұрын қарапайым халық «абырой — атағыңызға сеніп келдім» — деп тілек жасаса, енді мәжіліс депутатысыз — жұмыс жоқ, қыз жезөкше, ұл қарақшы, ауыл тозды, халық босты, айтыңыз президентке! — деп, талап қоя келетін болды. Әкім мен прокурордың, прокурор мен соттың арасында сенделіп шындық іздеп шырылдап, оны олардан таба алмай депутат Фариза Оңғарсыноваға келіп мұңын шағып, көмек сұрап отырған талай шарасыз жандарды көргеніміз бар.

Парықсыздар теңеліп ел билесе, сор болар,
байлыққа олар кенеліп, қайран халқың қор болар.
Таққа мінген тексіздің астамдығы артады,
халқы кешіп шексіз мұң, бар азабын тартады.
Ондай адам бағы емес — қасіреті халқының,
адамзатқа тақ емес, ақыл жолдас, жарқыным! — деген бүгінгі ортаға, құйтырқы қоғамға нала болғаннан туған жолдар.

«Елге барсам, шаршап келем. Кедейшіліктен азып-тозған адамдар, жүздерінде мұң. Ала сөмкесін арқалап базар мен үйдің ортасында әйел жүр безілдеп. Еркек отыр қазан-ошақ, бала-шағаның қасында. Әйел ерге, ері жерге қараған қу заман болды ғой бұл, — деп күйінеді кейде Фариза ақын.

Мен жалғыз мұңды жүргеннен
өзгерте ме өмір күймесін.
Быт-шыт боп жатқан беу дүние
табар ма содан үйлесім.
Құлпырып қайта Жер — кие
ағыта ма әлде түймесін?
Дүниені таптап күн көрген
зұлымдық бірақ күшінде,
адалдық тордың ішінде.
Жазылмас дертіне жалғанның
дауа іздеп бекер қармандым,
жақындар емес арман — күн.

Халқының қамын ойлау — қайқы қылышты қолға алып, атойлап атқа отыру емес. Қоғамдағы болып жатқан өзгеріс-жаңалықтарға жіті көзбен қарап, би-болыс, әкім-қараларға ісінің дұрыс-бұрысын жалтақтамай ашығын айту. Бұл бар ақын атаулының парызы болмақ. Ал Фариза Оңғарсынова халық алдындағы парызын адалынан атқарып келе жатқан перзенті. Оны Фариза ақынның поэзиясын, қара сөзін қалт жібермей оқып келе жатқан оқырман болса біледі. «Түсіне білген, көре білген адамға менің бүкіл творчествам — саяси күрес», — дейтіні де сондықтан Фариза ақынның.

Би мен бектердің құлқындары қылқылдап тұрған бүгінгі заманда сөзі отты, өзі бетті, асқан-тасқандарға «тәк-тәк!» деп, тәубаға келтіріп отыратын Фаризалар болмаса, қара халықтың күні бұдан да әрі сорға батар ма еді деп ойлаймын. Сәл де болса олар сескенеді, айбарынан айыл жияды.

Фариза ақынның өзімді таң қалдырар тұсы тағы бар. Әуелден сүйгенін де, күйгенін де қымсынбай ашығын айтып, оқырманды өзіне бірден баурап алған ол жер ортасынан асып, құдайына жақындаған сайын өзінің кейбір пендешілік пейілін жасырмай, «мен сүттен-ақ, судан таза едім» демей, көптің алдында кешірім сұрағандай күй кешеді. Міне ақын — Фаризаның, адам — Фаризаның ұлылығы да осында! Қоғам құлап, былыққа белшемізден батсақ та, біз патшамыздан пақырымызға дейін қателігімізді мойындай алмай, кеудемсоқтыққа салып, халықтан сауға сұрауға арланып келеміз. Ал Фариза апайдың жақсы көріп, оның алдында үнемі табынып жүретін Мұхамбет пайғамбары — күнәні мойындау, оған өкіну, сұрау, ол — тазару!— дейді.

Билік пен баю болып алар үлгім,
мейрімсіз мансаптыны аға қылдым.
Баяғы арман, ұят, адалдығым
құрбаны болды ашылған аранымның.
Білемін: мұның бәрі жат арыма,
құдайдың қалам бір күн қаһарына.
Өзіме келмейді әлім, түбі асылы
құлармын құлқынымның апанына.
Міне, бұл мен білетін ақын — Фариза, адам — Фариза осындай!

Бұл әңгімені маған қазақтың талантты режиссері Болат Атабаев айтқан еді. Неміс тілін жетік білетін Болат Германиядан келетін қонақтарға аудармашы болып жүріп естіген екен.

Оқиға 1974-ші жылдың көктемінде болса керек. Ол кез — совет үкіметінің тұсында ақын-жазушы үшін шығармасы шет тіліне аударылғаннан артық бақыт-абырой болмайтын. Содан ГДР-дан бір неміс ақыны — Қазақстанға Фариза Оңғарсынованың және бір-екі ақынның шығармасын неміс тіліне аудармақ болып келеді. Қазақи әдетпен Фариза апай оны үйіне шақырып, төріне отырғызады, барын дастарқанына жайып салады. Бір кезде үлкен ас — ет келіп, қонақ алдына қойдың басы тартылады. Сол-ақ екен қасында отырған аудармашы орыс әйелі екеуі күлкіге басады. Әуелгіде не болғанын түсінбей, аңтарылып қалады Фариза апай. Бір кезде екеуі алдарына қойған басқа күлгендерін күлкіге булыға отырып әрең айтады. Сол-ақ екен:

— Менің халқымның дәстүр-салтын түсінбеген, оны сыйламаған адам менің кітабымды аудармай-ақ қойсын, — деп орнынан ыршып тұрып, — кәне, үйімнен шығыңдар! — деп әлгі дәмнен ауыз да тигізбестен айдап шығыпты. Арашаға түсіп, «Фариза, ұят болды ғой, ұят болды ғой, бір ашуыңды маған қишы» — деген, оларды ертіп келген Әбіш ағаның (Әбіш Кекілбаев) сөзі де дәрменсіз болып қалады.

Әлдекім маған «Халқыңды сүю деген не?» — деп, сауал қоятын болса, мен осы мінезді, осы әңгімені көлденең тартар едім.

Ойларым — елім, тілім ар-намысым,
шығады солар үшін жан-дауысым.
Қыран да қара жерден жылу алар
мәңгілік қияндарға самғау үшін! — дейтін өлеңінен өз пайдасынан халық мүддесін биік санайтын, соның жолында бәрін құрбан етуге бар ақын мінезін көруге болады.

***

Осыдан бір жыл бұрын премьер-министр Нұрлан Балғынбаевтың қыз ұзату тойында әнші Нұрлан Өнербаевқа салған жерден Фариза апай:

— Сен, Нұрлан, ақшасы көп адамдарды жағалайтын болғансың ба? — дейді. Найзағайдың отындай жарқ еткен сөз қаһарынан әнші Нұрланды қорғаштаған Нұрлан Балғынбаев:

— Жоқ, жоқ, Фариза апай, мен Нұрланды премьер-министр емес, «Қазақойлда» жұмыс істеп жүргеннен білемін, — депті.

— А, сенің ол кезде ақшаң болмады деп кім айтты? — депті Фариза апай.

Қос Нұрлан өздерін бір оқпен атып алған Фаризаны сасқандарынан қарқылдай күліп, екеуі екі жақтан құшақтап жатыр дейді.

Парламенттің бір жиынында болса керек Фариза апай Президент Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызына кездесіп, амандасып тұрған сәтте:

— Жапатармағай бәрің президент бола бермей Нұрсұлтанды бақсаңдаршы, — депті Сара Алпысқызына қарап. Бұл сөз құлағына жаққан Нұрсұлтан ағамыз да, қазақи қалжыңды түсіне білетін Сара апамыз да рахаттана бір күліпті.

***

Менің Сайлау ағам айтады:

Бұл Бауыржан Момышұлына «Кеңестер Одағының Батыры» деген атақ берілген күн болатын. Ақын Аян Нысаналин екеуміз «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясынан шығып келе жатыр едік — дәл лифтінің жанында Фариза Оңғарсыновамен ұшырасып қалдық. Сол жерде Аян:

— Фариза апай, сүйінші! Бауыржан Момышұлына «Халық батыры» атағы берілді, — деді. Дәл осы атақ екеумізге берілгендей елпілдеп-ақ тұрмыз.

— Бауыржанның батыр болғаны — халқымның батыр болғаны! Мынау сүйіншің, — деді де сөмкесінен аз емес ақшаны алып Аянға ұстата салды. Елпілдеп тұрған көңілді немен басарымызды білмей тұрған біз сыраханаға қарай тарттық.

***

Менің досым, Түркістан қаласының прокуроры Мәрзия Сейітқазықызы бірде Фариза Оңғарсынованы қаланың бір топ жақсы мен жайсаңдары болып күтіп алыпты. Мәрзияны бұрыннан, Маңғыстауда жұмыс істеген жылдардан біледі, сыйлайтын сіңілілерінің бірі. Ал Мәрзия болса Фаризаның өлеңдерін, кітабын басына қойып оқитын — фанат. «Оңтүстікке келіп қалай болды екен?» — деген сыңаймен:

— Ия, Мәрзия, Түркістан қалай екен? Пара көп пе? — депті, салған беттен.

— Апай, алатын адам болса, параның табылатын түрі бар, — депті бірден тұтығып — тұншықпастан ары да, қолы да таза Мәрзия.

Көрінгенге жағу ма құрмет деген,
Қайырлай ма онысыз жүрдек кемем?
Жерді басып жүргеннің барлығына
түсінікті болуға міндетті емен! — дейтіні де Фариза ақынның өз мінезі.

Міне, бұл — өзгелер білетін Фариза!

1999 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама