Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 10 сағат бұрын)
Өрмектің өріміндей өрнекті өлең

Табиғаттың жауынды күнін, әсіресе жаз жаңбырын жаныңызбен сезініп, көзбен шолып, көңіліңіздің айнасына түсіргеніңіз бар ма? Әсершіл болсаңыз, нажағайдың күркірінен ойыңыз оянып, жасын сәулесінен шабыт пілтеңіз тұтанатыны имандай шындық. Тіпті талант делінетін әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін сирек қасиет бойыңызда жоқ болған күннің өзінде, талант құдіретін түсінер танымыңыздың есігін еріксіз айқара ашып тастары кәміл. Сосын азон жұтқандай кең тыныстап, кемпірқосақтың шұғылалы бояуларына сұқтанғандай сұлулықтан сыр тартарыңыз және хақ.

Міне, теңіздей тентек, теңіздей терең әрі тұңғиық, теңіздей момақан, теңіздей сыршыл, теңіздей суретші Фариза өлеңінің бөлер әсері, тербетер құдіреті.

Фариза поэзиясының бағыты да, түрі де бөлек. Ол өлең айдыны кеңістігінде сапарға шыққалы кездескен дауылдың қаһарына ұрынбай, адуын толқындардың алапат күшіне мойын ұсынбай, қалтырап-дірілдемей, төңірегіне де, алдағы көкжиектеріне де сенімді қарап келеді. Жалтақтау оған жат. Не айтса да, ашық, батыл, бетке айтады. Сырт айнала беріп күңкілдей, әлдекімге іштарлық жасап ғайбаттау жаратылысында жоқ. Осы турашылдығымен де ол өзіне жақсы жол ашып келеді. Сүйек пен еттен жаралған пенде болған соң кейде оңашылық, жалғыздық сәттерін қозғайтыны бар. Бірақ бұл ақын жаратылысына бөтендік етпейді, қайта лирикаға толы сыршыл да құпия жан дүние кітабының парағын аударады.

Фаризаның әр кітабы көңіл-күйлерінің шағын галереясы іспетті. Үңілсеңіз-ақ тіршіліктегі адам баласының мұң-тағдырын, қайғы-қуанышын, бақыт-беделін, шалқу-шаттығын, ой-арманын, бүгінгі күнін, болашағын бірге кешесіз. Кейде құнарлы жолдарда абайсыз, өзіңізге ұшырасып, айна-қатесіз бейнелеуге қайран қалғандықтан шарасыз бас шайқайсыз. Бас шайқайсыз да, осыншалық ауқымды шама-шарқы жетіп, құшағына сыйдырып, өзін халқына сыйлы етіп, сүйдіріп жүрген қазақтың талдырмаш қызына таңқаласыз. Күш-құдірет жетпес кереметтерді өлең сиқырына бағындырған, бағы жанған бақытты ақынымыздың барына жан-тәнімізбен риза боламыз. Одақ көлеміне танылып үлгерген Фариза Оңғарсынова жақында ғана өзінің оқырмандарымен өлеңі арқылы тағы сұхбаттасты. Соңғы жинағы «Сұхбат» бояуы кеппеген күйі поэзия сүйер жұртшылық арасына тарап үлгерді. Полиграфиялық безендіруші ортаң қол кітаптың мұқабасын ұстаған бетте әдеттегіше «ішкі әлеміне» үңілесіз.

«Туған жер толғаулары». Ақын біткеннің бәріне қиял бітіріп, қанат байлайтын қасиетті тақырып Фариза қаламынан шыққанда да олқы соқпапты. Сырлы да нұрлы жолдар кең шалқар кеңістікке жетелеп, жазираның жібек желін естіртеді, жусан иісін танауыңызға кеулетіп, бой-жүйеңізді сергітіп, ой-жүйеңізді жаңғыртып кетеді. Қазақтың ұшы-қиырсыз даласында туып, соның ұланы болғанға бек марқаясыз. Тарихтар көшінде талай құпия сырды ішіне бүгіп, үнсіз көсілген киелі топырақтың қай тұсына табаның тисе де, шежіре шерте жөнелетіндей. Және жатырқамай, жатсынбай, бауырмалдық танытқан талапты жандарын қайтерсің! Олар өздерінің ата дәстүрін, әдет-ғұрпын бұлжытпай сақтап, қастерлеп қорғайды. Өткеннің өнегесін, өнерін өлмейтін мұраға айналдыру — кейінгі саналы ұрпаққа мұрат. Туған жерді табына сүю деген ұлы ұғымның өзі, мүмкін, осы шығар?

Ақбоз үй, желі, жусан аз-ақ бүгін,
шаттық па, мұң ба — әйтеуір ғажап бір үн.
Қызығам қырдағы елдің әлі күнге,
жоғалтпай жүргеніне қазақтығын, — деген Фариза толғауы оған саяды.

Кітаптың алғашқы беттерінде белгілі ақын Сырбай Мәуленовке арналған біраз өлеңдер бар. Оның сыртқы көрінісі жеке адамға арналғандай әсер қалдырғанмен, негізгі желісі жалпы жұртшылық қауымға, солардың бауырмалдық пейіліне, шын туысқандық жылы мейіріне, ең бастысы ұлт тағдырына бағышталған. Туындылардың қай-қайсысы да бей-жай қалдырмайды, көз тоқтатқанды тұшытып, белсенді қимылға бастайды, оралымды ойлар шумағын ширатады.

Өнер көзінің халықта екендігі сияқты талант қайнары — топ ортасынан тұма бұлақтай жарып шығатындығын шабыт иесі дәл болжайды. Қазақ поэзиясының тарлан шабандозы Сырбайдың сымбат-тұлғасын аспанға айдай көтере отырып, жыр үшін жаратылған ғажап жанның алғашқы жолы алыстағы ауылдан басталғандығын ұтымды да тапқыр теңеулермен, ұнасымды салыстыру, мінсіз мысалдармен, жұмсақ әзілдермен бұлтартпай бейнелейді.

Желпінді Торғайлықтар үй бұзардай,
«Сыр-аға біздікі» деп тұр қызармай.
Бір ауыл меншіктейді, жүрсем Сізді
қазақтың аспанына сыйғыза алмай.

Сарыарқа даласының сырлы суреттері өрмектің бояулы өрнектеріндей Фариза өлеңінің палитрасын біраз байытты. Шындықтың шынайылығына бақсақ, ақын Торғай сапарынан орасан зор «олжамен» оралыпты. Шабытына шырақ жағып, сәулесінің шұғыласына төңірегіндегілерді бөлеген ақын бәйгеде қызған сәйгүліктей суырылып сала береді.

Ән қандай, ән болмысты қыздар қандай!
Тоң жібіп, әуенінен мұз жанғандай.
Сырлы саз Сарыарқадан ескен сайын

барады көңілдерде ызғар қалмай, — деп жырлау, «тоңды жібітіп, мұзды жағу» тек қана Фариза сынды тума талант қолынан келсе керек.

Өлеңнің жолында өртеніп, жануы, толғақты күйлер кешіп, таусылмас тауқымет (творчествоның тауқыметін) арқалау, бейнет шегіп, жыр үшін жанын, жүрегінің жалынын сарп ету Фаризаның «Дала тағдыры» фрагменттерінде де айқын назарға шалынады, мүлтіксіз танылады.

«Дала тағдыры» фрагменттерінің «Сарыарқаға арнау», «Шофердің сөзі», «Ұлы жол», «Суреттер сөзі», «Оқжетпестің монологы», «Бұқараның үні», «Абылайдың жауабы», «Ақан серінің мұңы», «Бүгінгі көрініс», «Гимн» деп аталатын тақырыптарының да бір-бірден көтеріп тұрған қомақты жүгі бар. Бір кезде Сәкен, Ілияс өлеңмен кестелеген мән-жайды қайтара әңгімелеу, қайталанбас ерекшелікпен екшелей жырлау да -Фаризаның жеңісі.

Фариза - публицист, жоғары пафостың шебері. Ол өзі өмір сүріп отырған қоғамның мүддесін жақсы түсінеді, тіршілік кешіп отырған жұмыр жердің тынысын тапжылтпай таниды. Төрткүл планетаның түкпір-түкпірінде болып жатқан түрлі оқиғаларға қалт етпей құлақ түреді. Уақытқа үн қосып қалуды борыш санайды. Бұрын оның Чили оқиғасы, Пабло Неруда тағдыры жайлы буырқанған поэзиялық дүниелерін оқып, озық үлгілерге жатқызсақ, енді оны Отанның шартарабын шарлаған патриот ретінде көзге елестетеміз.

Фаризаның шыншыл суреткер, нәзік жанды лирик екендігі кітаптың «Қыз — тағдыр» циклында алабөтен ашылады. Дәл осы циклдың жазылу формасы да қалғандарына еш ұқсамайды. Әрбір шумақтар шоғыры диалог, монолог, жан күйі іспетті жолдармен басталып, одан әрі өріледі.

Маңғыстау түбегінің түлеп өсіп, жасару, жаңаруын, индустрия ошақтарының самсап бой көтеруі мен құдіретті жұмысшы күшінің кереметтерін Фариза алғашқы кітаптарынан-ақ өлеңінің үзілмес арқауы етіп келеді. Сол тін «Сұхбат» кітабында тағы да жалғаса түсіпті.

Жайнайды дала-алыбым,
жанары жарқын, жаны — Күн,
ызғары кетпес әлемге дала
таратып жатыр бойынан
жылуы менен жарығын.

Ақын адам танымастай өзгерген құтты өлкенің көл-көсір қазынасы халық игілігіне жарап, елдің мерейін өсіріп жатыр деген жақсылықты жариялайды, оның болашағына перзенттік тәнтілікпен, ертеңгі күннің еңселі биігінен сүйсіне қарайды.

Талант қанша тарлан болғанмен, дүлдүл шыққанмен жалғыз шауып бәйге алмайды. Ақын — халықты жағалайды, халық ақынды бағалайды. Жақсысын жасырмай, жаманын асыра айта білген жұрт-дәйімде әділ қазы. «Шөп те өлең, шөңге де өлеңге» қазіргі сауатты оқырман көндікпейді. Кемшілігі шықты екен, қайнауы ішіндегі кембағал жырды иесіне қайтарып береді.

Фариза күн талабын, төңірегіндегі замандастар талғамын дұрыс бағалап, сонымен санаса біледі. Елі артқан сенімді ақтап, күткен үміттен көрінуді мақсат тұтынады. Мақсат жолында ол жалғыз жаяулықты жаны қаламайды.

Келем тартып әлі алға,
достар — айдын, ел — кемем.
Екеуінсіз ғаламда
түк емеспін мен деген, — деп төрелікке мойын қояды.

Ақынның адымы алымды, қаламы қарымды. Шашасына шаң жұқтырмас жүйрік осылай қарыштайды.

Маңғыстау. 1984ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама