Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 12 сағат бұрын)
Ақынның асқақ жырлары

Айқын да қанық бояуы мол, терең ой мен рухқа толы тамаша туындылар берген қазіргі қазақ поэзиясының озық өкілдерін біз орынды құрмет тұтамыз. Ал, поэзияның осындай бір шоғыр ақсақалдары мен сардарлары қатарында қазақтың тамаша ақын қыздары да жүрсе, задында қызын ардақтап келген халқымыз үшін мұның өзі үлкен ғанибет. Біздің әдебиет майданымызға белсене атсалысып, халық сүйіспеншілігі сынды аса зор бақытқа ие болған аз ғана топтың катарында ақын Фариза Оңғарсынова да бар. Әдебиетіміздің аспанында оның жұлдызы бүгінде айқын жарқырайды. Ол қарымы мол талант иесі, сөз өнерінің кемеліне жеткен және кемелдене беретін үлкен суреткері. Бүгінде Фаризаның оқушылар аудиториясы кең, оның жырларын кәмелетке жаңа толған жас та, үлкен де құштарлықпен оқиды. Ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ғұрпымызды қадірлейтін көңілі ояу оқырмандарымыздың кітап сөресінен қазірде Фариза ақынның шығармаларын таппау қиын. Осының өзі Фариза шығармаларының өмірлік қажеттігін, тәлімі мол, қоғамымызға тәрбиелік ықпалы мен пәрменділігі күшті екендігін дәлелдейді. Бір ғана мақала көлемінде Фариза творчествосының бүкіл болмысын, ерекшелік қасиеттерін жеткізе ашып көрсету қиын. Дегенмен біз бұл бағытта ең басты мәселелерге тоқталып өтейік. Жалпы поэзия дегеніміздің өзі — әлемдік өмірдің тынысы, оның қаны, оты, оның жарық сәулесі мен күні. Дүниедегі барлық көріністердің өзіндік поэзиялық сипаты бар болса, поэзия олардың мәнін айқын көре және ұғына білуге көмектеседі. Ендеше мәселе ақындардың сол көріністерді қалай жаза білуінде ғой. Міне, Фариза Оңғарсынованың өзгелерден дараланар тұсы да осы. Ақынның басты ерекшелігі — өзін толғандырған мәселелерді жасанды емес, шынайы тебіреніспен жырлайтындығында. Таудан құлаған асау өзен тасқынындай тегеурінді толғаныстан туған, артық боямалардан ада Фариза өлеңдері өзінің шыншылдығымен, табиғилығымен оқушысын бірден баурап алады. Оқушы да онымен бірге толғаныс күйін кешеді. Бұл — ақын творчествосының бір қыры.

Фариза өлеңдері тақырыбының кеңдігімен, адам баласы өміріндегі ең адамгершіл, ең көкейтесті мәселелерді қозғап жататындығымен құнды. Халқымыздың өткені мен бүгінін салыстыра жырға қосу, әлеуметтік проблемаларды терең ашып айта білу — оның творчествосына тән қасиет. Фариза өлеңдері Отанын, халқын сүюге үндейтін асқақ үнге, азаматтық пафосқа толы. Күнделікті өміріміздегі елеусіздеу көрінетін жайттардың өзінен ақын үлкен толғанысты түйіндер жасайды. Фаризаның әрбір туындысына жанартаулардан қайнап шыққандай қуатты да кесек ойлары айқын көзге ұрып тұрады. Бұл жерде кемелді ақынның ой түйіндеудегі және қорытудағы тереңдігін, оларды түрлі формалармен бере білудегі шеберлігін айтып жатудың өзі артық.

Ақын творчествосының тілі бай. Туған жер табиғатын жырға қосса, ол ақынның тілдік бай қоры арқылы бүкіл ажарымен, сан құбылған бояуымен суретші картинасындағыдай жарқырап көз алдыңда тұрады. Көреген қариялар аузында ол байыпты философиялық ойларға жетелейді. Қыз-бозбала аузында кіршіксіз сезім күйін шертеді. Ал, өмірде әлі де болса кездесіп қалатын кейбір келеңсіздіктерді, біздің адамгершілік нормаларымыздан тыс көріністерді сынауы мергеннің қиядағыны қаққан бұлтартпас оғындай дәл де уытты.

Фариза Оңғарсынованың творчествосына тән, оның ақындық келбетін даралай түсетін ерекшеліктер «Сұхбат» жинағында ата-бабалар мирас етіп қалдырған қазақ даласының өткенімен сабақтастырыла отырып, оның бүгінгі өмірі, сұлу табиғаты, замандастарымыздың ерлік еңбегі, олардың туған елге деген кіршіксіз махаббаты жырланады. Тарихи кейіпкерлер мен бүгінгі замандас арасында өзара үндестік бар. «Қойнына шежірелерін жасырып жатқан» өлкемізді, туған өңірді бүгінгі ұрпақ қызғыштай қорып, қастерлейді. Оның ой-арманы барша дәуір ұрпақтарының мүддесімен біртұтас. Ол елінің абыройын ойлаушы, замандастарын ерлікке үндеуші күрескер, сол жерді түлетуге батыл құлаш ұрып жүрген еңбеккер.

Сондықтан да:
Көзіңді жаулар жап-жасыл
бидайдың толқын жас көгі.
Шаңдатқан бабам сан ғасыр
даланың бүгін басқа өңі.

Алып даланың мол ырысын бейнелеген ақын мұндағы «нанның әр дәнін бесікте жатқан балғынға» балайды.

Қазақстан бүгінгі дәуірде талай даму сатыларынан өтті. Оның әрбір күні, әрбір жылы еңбек дүбіріне толы. Қаншама кең аймақта тың жерлер игерілді, қаншама қалалар салынып, зауыт, фабрикалар тұрғызылды. Халықтың әлеуметтік өмірінде қаншалық өзгерістер болды. Осының бәрі еліміздің бейбіт өмірін, революция жетістіктерін қорғай отырып, жүзеге асырылды. Осы ерлік істердің көш басында әрдайым да еліміздің ұл-қыздары жүр. Бұл Фариза Оңғарсынова өлеңдерінің бүкіл бойынан айқын көрініп отырады. Қазақтың кең даласы бар келбетімен, сұлулығымен, арайлап атқан таңдарымен, тамылжыған кештерімен, жұлдызды тыныш түндерімен жанарыңа ұялайды.

Түн.
Аспан — жасыл жайма. Жұлдыз — ақық.
Бұлақ — қыз шолпы таққан сылдыратып.
Көк — заңғар. Дала — шалқар,
бұл сұлулық
тұр менің жүрегімнен жыр құлатып.

Туған даланың әсем түнін, оның әсерін бұдан артық жеткізе жырлау мүмкін еместей.

Қазақ жерінің тамаша табиғатын суреттегенде ақынның жүйрік — қаламы атамекен Маңғыстау өңірін де жарқын бояуларымен өрнектеп өткен. Табиғаты қатыгездеу, аптап ыстық қуырған шөлейтті өңірдің де сұлу табиғаты бар. Оның да бұлақты баурайлары, жаннат жерлері, таулары мен көкорайлы алқаптары бар. Осының бәрін өлкені тек шын сүйген адам ғашық көзбен, табиғат — анаға аса зор сүйіспеншілік көзімен көрер болса керек-ті. Ал, Фариза Оңғарсынова Маңғыстау тақырыбын, оның табиғатын жан-жүрегімен сүйіп, бүкіл творчествосы бойына жанының бар жалынына орай жазып жүр. Аталмыш кітаптың соңғы бөлімінде Маңғыстау табиғаты кеңінен қамтылған. Мұның бәрінде ақынның туған топыраққа деген кіршіксіз адал махаббаты айқын сезіледі. Елдің ғұрпын, тұрмыс мәдениетін, өнерін қастерлеп, құрметтеуге жетелейтін де осы махаббат.

Киіз үй... Көп болыпты-ау кірмегелі...
Сығалап түндігінен Күн кемері.
Жаныма бір рахат әкелетін
жұпары боз жусанның іргедегі.

Осы жолдарды оқып шығып ерекше бір сезім құшағында ойша ауылға сапар шегесің. Киіз үй... Ұлттық қол өнеріміздің жетістіктері...

Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
Келе ғой, қошақаным, өзіме! — деп,
әжем кеп сипағандай шашымнан жай.
Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,
тұрғандай ана көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан
қазақтың қошқар мүйіз өрнектері...

Фариза Оңғарсынова — жалпы қазақ поэзиясында алар орны үлкен ақын. Қазір ол кемел шағында. Бірақ шын бақытым да, асқаралы шыңым мен мұратым да алда дейді ол. Осы жолда күрделі толғаныс сәттерді кешеді.

Жыр жазу деген — азап, от

әйел боп туған болмысқа, — деп оның өзі айтқандай, терең ізденістен туған өлеңдері оқырман қауым көңіліне қалай да жарқын жол тауып жатады.

«Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованы адалдық, намысқойлық, жаны да таза, ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көремін...» — дейді кітапқа жазған алғы сөзінде академик-жазушы Ғабит Мүсірепов. Бұл — халқының ер мінезді ақын қызына берілген орынды баға. Мұны Фариза Оңғарсынова өзінің өмірімен, бүкіл творчествосымен дәлелдеп келеді.

Маңғыстау. 1984


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама