- 22 ақп. 2020 00:00
- 186
Өтірік айтпаймын, айтып та көргенім жоқ
Жастар бас қосып, өзара ойнап-күліп отыр еді. Кенет, Сүтемген олардың ойынын бөліп жібереді, өз әкесінің тамаша бір қимылын айтты:
— Қыс мезгілі. Қазақша қаңтар, ақпан айларының бірі болу керек, таң сәріден бұрқаған боран түс ауа басылып, күн шайда ашылыпты, — деп бастады ол әңгімесін. — Бұл кезде әкем жылқыларын жусатып, өзі қалың талдың ықтасынында, ат үстінде тұр екен. Құлағына бір сылдыр естіледі, бұрылып қарайды. Таңқаларлық тамаша, бір қоян бірнеше құрық сүйреп келе жатыр. Әкем әлуетті, қандай жағдайда болса да, батыл
қимылдайтын адам ғой. Дереу құрығын жазып жіберіп, қоянның мойнына тастай береді. Қоян кідірмейді, сүйрей жөнеледі. Мінгені атамның көк айғыры екен, жануар қандай белді, қоянның күшті тегеурініне төтеп береді.
Көрмеген адамдарға бұл болмаған болуға да тиіс емес оқиға сияқты. Дегенмен, бұған сенуге тиістіміз. Өйткені әкем өтірік айтпайды, айтып та көрген емес. Қоянның сүйреп келе жатқаны сегіз құрық екен, әкемнің құрығы тоғызыншы болыпты. Қоянды табанда өлтірмей, мойнындағы тоғыз құрықпен ауылға алып келіпті.
Мұны тыңдап отырған жастар өтірік дерін де, шын дерін де біле алмай, тек әңгіменің қызығына ұйып, артын күлкіге айналдырады.
Бұдан кейін Сүтемген өзі ішінде болған бір тамашаны айтты.
— Кіші бесін кезі еді. Балакөл жағынан келе жатып Төлеш адырына шыға келдім. Етектегі түбек ішінде бірнеше адам ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Міне, тамаша! — деп ол отырғандарға жағалай қарады. — Сол жердегі өткелден өтіп, түбекке кірдім. Бес-алты адам терлеп-тепшіп, ентігіп отыр. Бәрі де таныс: Беген ауылының пішеншілері екен. Жақсы келдің деп шұрқыраса қалды. Бұлар жұмыс істеп жүрген кезде кенет бір құс көреді. Соған қызығады да, жұмысты тастап, жабыла қуады. Сәскеде қуған құсты күн ұясына қонар алдында ғана соғып алады. Бұл қолға сирек түсетін құс — кәдімгі ұзын сирақ шіл.
Асығыс жұмысым жоқ, атымды отқа жібердім де, қосқа кірдім. Бәріміз отыра қалдық та, шілдің жүнін жұлдық. Құдай біледі деп айтайын-ау, қолымды кере жайып құшақтап, төрт рет шығардым, сонда да қоста бірсыпыра жүн қалды...
— Шілдің етін асуға кірістік, — деп сөзін одан әрі жалғастырды Сүтемген. — Ернеуі он төрт қарыс қазанға екі жілігі әрең сиды. Сылқия тойып жаттық. Таңға таяғанда ояндым. Қатты шөлдеппін. Қоста су жоқ, Есілге баруға еріндім. Түндегі еттің суық сорпасын ішкім келді. Бетіне майы қатып қалыпты, ожаумен оны бұза алмадым. Сендерге өтірік, маған шын. Олда, белда, бір өтірігі жоқ, қатқан майды балтамен бұзып, суық сорпаға қандым.
Отырғандар қызыққа әбден батты, ішек-сілесі қата күліп, сергіп қалды.