Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Парасат биігінен көрінген абзал азамат Бесімбай Хибасов жайында үзік сырлар

Мұнан жиырма жыл бұрын, облысымыз таратылған кезде, тағдыр айдап Бейнеуде тұруыма, сондағы аудандық "Рауан" газетінде қызмет істеуіме тура келді. Оған әрине, қуанбасам, өкінбеймін, жер көріп, ел таныдым. Талай-талай марқасқа жігіттермен, жақсы жандармен қауыштым, дәмдес болдым. Сол ауданның орталығында тұратын Хибасовтар әулеті туралы да естіп, білдім.

Әулет басы Хибас ақсақал әкесі Жалғасбай 1932 жылы кәмпескеге ұшырағанда он бесте екен. "Шаш ал десе бас алатын" заманның белсенділері қоралы малдан бір ғана кәрі атанды қалдырып, басқа мал-мүліктің бәрін тәркілеп әкетеді. Бала-шағасын атанға жүкше тиеп алып, босқан елмен бірге түрікмен аспақ болған Жәкең, халықтың жаппай көшуіне қарсы қойылған қарулы тосқауылға кезігеді. Қоян жылының алапат жұтынан, оған ілесе келген тәркілеу, ұжымдастыру науқандарынан әбден ширығып ашынған жұрт алдында от пен оқ тұрса да тайынбайтындай жағдайға жеткен-ді. Сондай бір абыр-сабырдың кезінде, түрікмен жеріне өтер тұста қолынан жарақат алған Жалғасбайға топырақ Красноводск (қазіргі Түрікменбашы) қаласы Ақтас ауылының маңынан бұйырады. Оның үлкен ұлы Қайпы 1937 жылы ұсталып, итжеккенге айдалып, сол кеткеннен қайтып оралмаса, кішісі Хибас Ашхабаттағы балалар үйінен бір-ақ шығады. Осында жүріп бастауыш, онан кейін жеті жылдық білім алған ол, сауатсыздықты жою науқаны кезінде ауылдық жерге, Ташауыз облысының Көнеүргеніш ауданына жіберіледі. Қырықмылтық Қуандық қызы Набашен бас қосып, түтін түтетеді. 1940 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, Ресей жеріндегі Орал тауларының бір қаласында әскери дайындықтан. Жаяу әскер құрамындағы Хибекеңдерді 1941 жылы, Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінде-ақ алғы шепке тастайды. Әрине, ол кезде жолындағысын жайпап келе жатқан неміс фашистерінің қуатты әскери машинасын бөгеу мүмкін емес-ті. Сұрапыл шайқастардың бірінде сол қолынан жарақат алған Хибасты госпитальда емделгеннен кейін (сол кездегі нұсқау бойынша) елге қайтарды.

Ел басына ауыр күн туғанда мен соғыстан келдім деп еркінситін заман емес, Хибас келе сала әскери комиссариат басшысының көмекшісі болып, әскерге шақырылғандарды Отан қорғауға даярлау жұмысына араласады. Онан кейін ауылдық мектепте сабақ бере жүріп, Нөкіс педагогикалық институтының тарих-философия факультетін бітіреді. Ұстаздыққа түбегейлі ден қойып, елу жылдай, жасы жетпіске келгенше, өзінің сүйікті кәсібінен қол үзбейді. Қожелі ауданы Калинин атындағы колхоздың Мақтымғұлы мектебінің басшысы, ал атажұртына көшіп келгеннен кейін 1976 жылғы шілдеден Бейнеудегі Абай атындағы мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1999 жылы 60 жыл жұбын жазбай ғұмыр кешкен елінің елеулі, халқының қалаулы қос арысы, 82 жастағы Хибас ата және араға алты ай салып, сексеннің сеңгіріне таяған Набат шешеміз бақилық болды...

Олар жеті ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Сахи — Бейнеу аудандық мәслихаттың депутаты, жеке шаруашылықпен айналысып, "Ғалымжан — Өрезек" атты ЖШС-ін басқарса, әке жолын қуған ұстаз, Бейнеу ауданындағы "Сыңғырлау" мектебін басқарған Қожабай 1993 жылы өмірден өтті. Онан кейінгі Рахметжан Ақтау қаласында жұмысшы, Мырзахметжан Атыраудағы "Интергаз" АҚ-да басшы қызметте, Алтыбай — "Казтарнсойл" АҚ-ның Бейнеу учаскесінде энергетик, Еркін- ай — Бейнеудегі Абай атындағы орта мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі, әулеттің кенжесі Еркебай жеке кәсіпкер.

Ал, мақаламыздың кейіпкері Хибастың бесінші ұлы Бесімбай 1970 жылы орта мектепті, 1975 жылы инженер-гидротехник мамандығы бойынша Ташкент политехникалық институтын бітіріп шығады. Сол жылы қазан айында еңбек жолын Қожелі аудандық суландыру жүйелері басқармасында учаске инженері болып бастап кетеді. Алғашқы күннен-ақ іскерлігімен көрінген жас маман алты айдан кейін аға инженерлікке өсіріледі. Маңғыстауға көшіп келген 1976 жылдан бастап екі жыл облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасында аға инженер, онан кейінгі төрт жыл "Казглаводстрой" тресінің N 76 мамандандырылған жылжымалы механикалық колоннасында бас инженер боп қызмет істеді.

Бесімбайдың ғұмырлық тәлім алып, ерекше тәртіп көріп, тәжірибе жинақтаған кезі 1982 жылғы сәуірде басталды. Бұған дейін төрт жыл іріктеуден өткен ол, он бес жыл бойы КСРО мемлекеттік қауіпсіздігін және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қорғау қызметінде болды. Яғни, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Маңғыстау облысы бойынша басқармасының органдарында әскери қызметтен өтті. Алғашқы екі жылда Жаңаөзен бөлімінде кіші оперативті уәкіл одан кейінгі бес жылда басқармада аға оперативті уәкіл, 1995 жылғы желтоқсаннан 1997 жылдың шілдесіне дейін Жаңаөзен бөлімінде бөлім бастығы міндеттерін атқарды.

— Бесімбай Хибасұлы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Маңғыстау облысы бойынша басқармасында (қазір департамент) түрлі оперативті жұмыстарда қызмет істей жүріп, өзін іскер, туындаған қауырт мәселелерге орай, тереңнен ойластырылған шешім қабылдауға қабілетті, бастамашыл, сауатты қызметкер ретінде танытты. Өзін тек қана жақсы жағынан көрсеткен қызметкер ретінде 1994 жылы басшылық қызметке ұсынылды. Ол кіші оперативті өкілден бөлім бастығына, лейтенанттан подполковникке дейінгі жолды жүріп өтті. Қарауындағы қызметтестерімен бірге тапсырылған учаскелерде бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізді, елеулі операцияларды дайындауға және жүзеге асыруға белсене қатысты, — деп әңгімелейді ҰҚК облыстық департаментінің тергеушісі Мұрат Бақтыгерейұлы Сейдеғалиев.

Әрине, Бесімбай мұндай жетістікке оңай жете қойған жоқ. Бұл отбасында алған тәлім-тәрбиенің, өзіне-өзі қатаң талап қоюдың, көп ізденудің, жалықпай үйренудің жемісі. Ол күні бүгінге дейін өзінің тәлімгер — ұстаздарын құрмет тұтады. Мәселен, Маңғыстау облысы су шаруашылығы басқармасының бастығы, қазіргі зейнеткер Сейдалиев Жаздархан Сейдалыұлы, "Мангышлакводстрой" тресінің бастығы, қазіргі зейнеткер Ақкенжеев Шынабай Ақкенжеұлы, ҰҚК облыстық басқармасының сол кездегі бастығы, полковник Анатолий Алексеевич Климов, басқарма бастығының мамандар жөніндегі орынбасары болған, қазір генерал шеніндегі Михаил Юсупович Дәуенов, генерал Құрманғалиұлы, бөлім бастығы, полковник, қазір ҚР ҰҚК-нің Алматыдағы академиясында сабақ беретін Рафик Ғабдықалықұлы Ғабдықалықов, сондай-ақ бөлім бастықтары болған, запастағы полковник Марат Ғасирұлы Биарыстанов, қазір генерал Қуандық Қайырлиұлы Медеуов, полковник Жүсекеев Абилқасым Серікбекұлы, полковник Александр Василеевич Просняк, тағы басқаларды ілтипатпен еске алады.

— Өмірлік тәжірибелері мол олар, былай дейтін: "қолында күші жоғары куәлігің бар үкіметтің уәкілетті өкілісің. Біріншіден куәлігіңді алға тартып, көкірекке соқпа, екіншіден, кісімен сыпайы бол, халыққа тізеңді батырма, сол халықтың ішінен шықтың және сонда қайта ораласың". Ұстаздарымыз оқытқанда алдымызға үш талап қойды: бірінші, қылмыс белгілерін табу, екінші, оның алдын алу, үшінші, қылмысты болғызбай тастау, — дейді Бесімбай.

— Сонда қалай алдын аласыздар?

— Органның әр қызметкерінің өзінің саласы бар. Мәселен, транспортпен айналысатын оперативті уәкіл аймақтағы сол саланы бес саусағындай білуі тиіс. Оның әлсіз тұстарын, қай жерде, қай бағытта қауіп туындауы мүмкіндігін зерттеп, зерделеп, алдын ала біліп, болдырмауға тырысып бағады. Содан дабыл түскен бойда оның жолын кесу әрекетіне кіріседі.

Иә, Бесімбай айтса айтқандай, ұлттық қауіпсіздік қорғаушыларының облысымыз бойынша атқарған қызметі жөніндегі қазіргі ақпараттарға көз жүгіртсек, мынадай жолдарды оқимыз: "Соңғы жылдары мемлекетке экономикалық және экологиялық тұрғыдан келтірілетін бес миллиард теңгеден астам шығынның алды алынды. Экономика саласындағы түрлі заң бұзушылығы үшін 10 заңды тұлға және 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кінәлілерге жалпы сомасы 90 млн. теңгеден асатын айыппұл салынды. Әр түрлі баптар бойынша ұлттық қауіпсіздік органдарының құзіретіне жататын 57 қылмыстық іс қозғалды. Бұл мәліметтердің артында ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің ұзақ та табанды жұмысы жатыр..."

Шындығында да солай, мысал үшін, ҰҚК департаменті мұнай кәсіпшіліктеріндегі экологиялық зиянын тигізіп келе жатқан "мұнай амбарлары" аймағымызда өткір проблемаға айналған-ды. Әсіресе, Жаңаөзен қаласы маңындағы, жұмысына заңды негізде тыйым салынған мұнай қазан шұңқырлар өте қауіпті. Қазір құзіретті органдар өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, бұл бағытта жұмыс жүргізуде. Тағы бірер мысал, оперативгі-іздестіру шарасының нәтижесінде Ақтау аэропортынан 212 мың. 700 АҚШ доллары көлемінде шетел валютасын республика аумағынан алып өтпек болған азаматша ұсталды. Сондай-ақ елімізге мемлекеттік шекара арқылы синтетикалық есірткінің 861 данасын алып өтпек болған азаматтың да жолы кесілді. Бұл фактілер бойынша тергеу істері жүріп жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бір айта кетерлігі, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері қаржы бақылау, салық комитеттері, ішкі істер қызметкерлері, тағы басқа құқық қорғау органдарымен бірлесе, қоян-қолтық жұмыс жүргізеді.

— Өйткені, — дейді Бесімбай — қылмыста, оның ішінде Елбасымыз ерекше назар аударып отырған сыбайлас жемқорлықта шекара болмайды. Сондықтан қоғамда орын алған жемқорлық, есірткі бизнесі сынды дерттерге тиісті орғандар ғана емес, бүкіл халық боп соққы берсе де артық болмас еді.

Орайы келіп тұрған кезде Бесімбайға көкейімде жүрген сұрақтарды қоюдың сәті түсті. Оның біріншісі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі жайында еді.

— Иә, өзіңіз білесіз, ол бір ел дүрліккен қиын кез болды ғой. Ең бастысы, біздің қоғамдық жүйеміз, идеологиямыз басқа еді. Желтоқсанның ызғарлы күндері біздің де оқиға ортасында болуымызға тура келді. МҚК-нің біздің облыс бойынша басқармасынан он жігіт аттанып, Алматыда 36 күн жұмыс жүргіздік. Басшыларымыздың арасында да қазақ десе жаны ауыратын, ұлтжанды кісілер болды. Шыны керек, әлі оңы мен солын білмейтін көк өрім жастардың жаппай қылмысқа тартылып не қуғынға ұшырауының алдын алу үшін қолымыздан келгенді істедік. Бұл үшін олардың көбінің берген түсініктемесін қайта жаздырттық Жоғарыдан қатаң нұсқау түссе де, шамамыз жеткенше жинақталған материалдарды сотқа жібермеуге тырыстық, — дейді Бесімбай.

— Онан кейін, 1989 жылы Жаңаөзенде де сілкініс болды ғой...

— Адамды жағдай билейді" деген бар ғой, Жаңаөзендегі оқиғаға жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуі басты себеп болды.

Иә, Бесімбай сондай-ақ өзі қызмет істейтін органға қызметке келген жастардың тәлімгері ретінде де танылып, олардың топшысы бекіп, қанаттарының қатаюына, сөйтіп өз ісінің маманы болып қалыптасуына ат салысыпты. Оның тәлімін алған он бестей жас жігіт кейіннен жоғары шен алып, Департамент басқармасының басшылығына дейін өсті. Мәселен, подполковник, Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК Департаментінің басқарма бастығы Асқар Мұғалімұлы Билашов, департамент медициналық бөлімінің бастығы Сәбит Рашидұлы Нұсанов, майор Арман Отарғалиұлы Жантасов, подполковник Юрий Олегович Смолняков, запастағы майор Әмірбек Іңірбайұлы Демегенов, Жаңаөзен бөлімінің қызметкері Сисенбай Әжібайұлы Ізмұханов, департаментте бөлім бастығы, майор Саурбай Жолмағамбетов, ҰКҚ Мұнайлы ауданы бөлімінің бастығы капитан Өтеген Бітімұлы Қыдырбаев, тағы басқалар бүгінде оның ізін басқан шәкірттері. "Өздерін ҰҚҚ-нің қызметіне арнағысы келетін жастар ең алдымен өз Отанының шын мәніндегі патриоты болуы тиіс және оның бойынан тәртіптілік, білімдарлық, мақсаткерлік, адалдық, ұқыптылық сияқты қасиеттер табылғаны жөн. Сондай-ақ жағдайды талдап, пайымдай білетін, шұғыл түрде батыл шешім алатын, жан-жақты да терең білімді, шығармашыл адам ғана бұл қызметті алып кете алады", — дейді Бесімбай өз әңгімесінде.

Бүгінде ҰҚҚ-нің запастағы подполковнигі Бесімбай Хибасұлы кезінде жұмыстағы табыстары мен мүлтіксіз қызметі КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Құрмет Грамоталары және медальдерімен марапатталды, оған 1996 жылы "ҰҚК құрметті қызметкері" атағы берілді. Ол сондай-ақ еліміздің Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Алғыс хатына, Конституциямыздың он жылдығына орай, мерекелік медальге ие болды.

Дегенмен, аталмыш органның ардагері атанып, 44 жасында зейнетке шыққан Бесімбайдың қол қусырып қарап отырмасы анық-ты. Өзінің ұжымымен тығыз байланыста болуымен қатар 1997 жылдың тамызында "Өзенмұнайгаз" ААҚ "Бұрғылау жұмыстары және күрделі жөндеу басқармасы" филиалына азаматтық жұмыс және төтенше жағдайлар жөніндегі инженер болып барды. Ал, келесі жылдың шілдесінде "Өзенмұнайгаз" ААҚ заңгері, 1999 жылғы қыркүйекте осы кәсіпорын заң бөлімінің бастығы, онан кейін заң департаментінің директоры міндеттерін атқарды. Сөйтіп, ол биылғы ақпан айына дейін аймақтағы ең іргелі кәсіпорындардың бірінің құқықтық мүддесі үшін күресіп, заңға қатысты жұмыстарының жолға қойылуына белсене атсалысты. Жалпы мұнайгаз саласында еңбек еткен он бір жылға жуық уақыт ішінде ол үнемі өзінің біліктілігін жетілдіру мәселесімен де тиянақты айналысты. Мәселен, соңғы бес жылда осы салаға қатысты сан алуан тақырыптарда өткен курстар мен семинарларға 9 мәрте қатысыпты.

Бесімбай Хибасұлы — қазір облыс орталығындағы АҚШ — Қазақстан бірлескен мекемесінің құқық мәселелері жөніндегі менеджері. Зайыбы Ұлмекен Амантаева "Өзенмұнайгаз" өндірістік филиалы мұнай-газ дайындау және тасымалдау басқармасында оператор болып қызмет істейді. Екеуі ынтымағы жарасқан, бақытты отбасын құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдары: Сағынбай, Асқар, Болат мұнай саласында сан алуан мамандықта еңбек етсе, қызы Баян — "Маңғыстауинвест" компаниясының заңгері. Бесімбай мен Ұлмекен бүгінде отау тіккен ұлдарынан немере сүйіп отыр.

"Атадан ұл тумас па, ата жолын қумас па" дегендей, заманында қандай қиындық көрсе де мойымаған, болат өзекті жебедей, қайсар да текті аталарымыздың бүгінгі бейнесі осы Бесімбай сынды азаматтар болса керек-ті. Отанға қызмет істеуде, оның мүддесін қорғауда ар-намыстың, адалдықпен әділдіктің ақ туын биік тұтқан оның өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге деген түйінді сөзімізбен мақаламызға нүкте қоюды жөн көрдік.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама