Дүйсеке Әбілұлы
Ол осы ауылдағы Маршал Әбдіхалықов атындағы орта мектепке таяу тұстағы ақ шаңқан үйде тұрады. Және мен қазір зейнеткер едім деп қарап жатқан ол жоқ. Ауылда, Маңғыстау стансасындағы темір жол басқармасында өтетін шаралардан шамасы келсе қағыс қалмайды. Өткен жылғы тамызда Қазақстан темір жолының Астанада өткен тойына құрметті қонақ ретінде қатысып келді. Мерзімді баспасөз бен теледидардан облысымызда, кең байтақ елімізде болып жатқан жағдайларды біліп қана қоймай, жақсысына сүйінішін, кейбір әттегенайларға ренішін жасырмай, өз пайымдауын ортаға салады. Оның ауыл, аудан әкімдерінің жыл басындағы есеп беру жиналысында кәсіпкерлерге қаратып айтқан сөзі есімізде. "Жапалақ жемін басып жейді, сұңқар жемін шашып жейді", дегендей, шама келсе сұңқар боп күн кешкенге не жетсін. Сондықтан да сұңқарша елге қарайласқаннан ұтпасаңыз ұтылмайсыз, бүгінде Ақшұңқырымыз дәулетіне сәулеті сай іргелі ауылға айналды. Осында жетпей тұрған бір нәрсе бар, ол — мешіт. Бұл үшін тұрғындардан тірнектеп қаржы жинау өнбейтін іс сықылды. Осыны өздеріңіздің қаперіңізге бергім кеп тұр, мұндай сауапты іс елдің есінде қалады, бірден-бірге жетіп, ешқашан ұмытылмайды", — деген-ді.
Өткен жылғы теміржолшылар күні не арналған салтанатты жиында оны төрден көрдік. Омырауы жарқырап тұр. Көзіміз "Еңбек Қызыл ту", "Құрмет белгісі" ордендеріне, "Еңбектегі ерлігі үшін", "В. И. Лениннің 100 жылдығы", "Еңбек ардагері", "Қазақ темір жолына 100 жыл" медальдеріне түсті. Дүйсекең сонымен қатар темір жолдағы ең жоғары атаққа, "Құрметті теміржолшы" атағына ие болған екен.
Ол 1939 жылдың қараша айында Маңғыстау ауданы жерінде дүниеге келеді. Мектептің төрт сыныбын да сонда бітіреді. Ұлы Отан соғысына аттанған әкесі Әбіл Келдібаевтан "қара қағаз" келгеннен кейін Красноводск (қазіргі Түрікменбашы) қаласында тұратын әкесінің інісі қолына алып, 1956 жылы онжылдықты, екі жылдан кейін сол қаладағы темір жол техникалық училищесін бітіріп шығады. Содан алты жыл Красноводск темір жол дистанциясында мастер болып жұмыс істейді.
"Ер туған жеріне..." деп атам қазақ айтқандай, өзі туып-өскен атажұрты Маңғыстау қайта түлеп, алтын шаңырағын көтерген шақта, әуелден де көңілі алаңдаулы Дүйсеке Шетпе қайдасың деп тартып отырады. Бұл оның Нұрыш апамызға үйленіп отбасын құрып, өз мамандығы бойынша жұмыс істеп тәжірибе жинақтап, тіпті Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып жүрген кезі болатын. "іздегенге — сұраған" дегендей, темір жол енді ғана тартылып жатқан Маңғыстауға ол таптырмас маман-ды. 1964 жылдың мамырында Шетпеге көшіп келгеннен кейін N 99 құрылыс басқармасы темір жолды пайдалануға беру бөлімінің мастері болып жұмысқа кірісіп кетеді.
— Маман ретінде Маңғыстау ауданының Шетпе — Сайөтес аралығын жалғайтын темір жолдың салынуына ат салыстым. 1966 жылдың желтоқсан айында ол пайдалануға берілді. Жолды қабылдап алушы ретінде 201-інші шақырымда "Алтын кәстелдің" қағылу салтанатына қатыстым, — дейді Дүйсекең.
— Ол бір есте қаларлықтай қуанышты сәт болған шығар?
— Әрине, қазыналы өңірге халық шаруашылығы жүктерін тасымалдайтын бірден-бір жол, түбекке жан бітіретін күретамыр іспеттес ғой. Оның өлке дамуында қандай рөл ойнағанын өзіңіз де білесіз.
— Иә, біз дрезинамен N 1 поездің алдында жүріп отырдық. Республика Үкіметінен Бейсебаев, Қазақ темір жолының басшысы Иван Акимович Задорожный, Атырау (ол кезде Гурьев) темір жол бөлімінің бастығы Мұхамбет Қарабаспақов, Маңғыстау стансасынан ПЧ бастығы Сағымбаев бар. Жұмысшы комиссиясы жолды қабылдаған құжаттарын Мемлекетік комиссияға тапсырды. Ол кезде маман жеткіліксіз, әр стансада екі-үш адамнан ғана бар-ды.
— Қанша станса бар?
— Жаңа стансалар ашылды, қазір жаңылмасам Бейнеуден бері он сегізге жетті ғой деймін. Ал, жол түйіскенде қағылған, тот баспайтын темірден жасалған "алтын кәстөл" Сайөтес стансасында сақтаулы, кейін мұражай ашылса тапсырамыз деп қойғанбыз. Қазбалап сұрағаныңа қарағанда марапат жағын білгің келетін сияқты, осы еңбегім үшін КСРО темір жол қатынасы министрі тарапынан аты-жөнім жазылған сағатпен сыйлықтандым. 1967 жылдан бастап темір жолмен халық шаруашылығы жүктері ағыла бастады, "Маңғышлақ-Гурьев" жолаушылар поезының қатынасы жолға қойылды.
Дүйсеке Әбілұлы Шетпе-Сайөтес аралығында аға жол мастері, учаске бастығы болып еңбек етті. 1969 жылғы тамыздың тоғызында ол Сайөтес стансасына көшіп барады. Алматы, Ақтөбе, Новосибирск темір жол институттарында мамандық жетілдіру курстарынан өткен ол Сайөтесте табан аудармастан отыз жыл бойы учаске бастығы болды. Он бес жыл партия ұйымының хатшысы, ауылдық Кеңес депутаты, ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы, темір жол мекемесінің қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі техникалық кеңес мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарды. Ол тәжірибелі маман ретінде Мақат, Қандыағаш, Ақтөбе, Арыс стансаларындағы жолдарды жаңарту, көлемді құрылыс жұмыстарына қатысып тұрды.
Отбасы жағдайына келер болсақ, зайыбы Нұрыш апамыз да вагондарды есепке алу жөніндегі оператор боп 28 жыл еңбек етті. Екеуінің тәрбиелеп, өсірген ұлы Талап пен үш қызы бүгінде бір-бір кәсіптің құлағын ұстаған, жоғары білімді маман.
— Мен Сайөтеске көшіп барғанымда жеті-ақ үй бар еді, — деп еске алады Дүйсеке, — және орыс көп еді. Армиядан келген жастарды темір жол жұмысына ала бердік, тәрбиеледік, істің қыр-сырын жалықпай үйреттік. Стансаның қарсы бетінен алғаш қолдан үй салып алған да мен едім. Қазір өзіңіз білесіз, Сайөтес іргелі ауылға айналды.
Иә, темір жол саласында 41 жыл еңбек еткен Дүйсеке Әбілұлы 1999 жылғы тамызда Ақшұқыр ауылына көшіп келіп, тұрып жатыр. Зейнеткер.
Есімі өлке тарихында жазылып қалған Жаманғара Иса Тілембайұлы шыққан ауылдың бүгінгі бар ақсақалы Дүйсекең шежірені, ел ішіндегі шешендік сөздерді, елдік пен ерлікке үндейтін оқиғаларды, аңыз-әфсаналарды көпшілікке, әсіресе жастарға әңгімелеп отырады. Жылдан-жылға өркендеу үстіндегі елімізге, облысымыздағы игілікті істерге сүйсінеді. Елбасының ұстанған саясатын қолдайтынын, үкімет тарапынан зейнеткерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа ризалығын айтады.
"Ақылды қария — ағып жатқан дария", демекші ел ішінде осындай үлкендердің болғанына не жетсін, аман болыңыз, ақсақал, Дүйсеке Әбілұлы!