Біз қуғын көрген ұрпақтан тарағанбыз
...Мен кеше "халық жауының" баласы едім,
Бетегеден биік, жусаннан аласа едім.
Өкпелесе, біздейлер өкпелесін,
Сталинге не өкпең бар, аға сенің?!.Есенғали Раушанов
Жуырда менің қолыма атыраулық қаламгер Келтір Шәненовтің "Жеменей Адай, Кедей (Нұрмағамбет ұрпағы)" деген әсем безендірілген, қалыңдау кітабы ілікті. Кітаптың алғы сөзінде автордың бұл шежірені жазу үшін отыз жыл ізденгені, тақырыпты зерделеп, зерттегені жайында айтылыпты. Туындыны парақтап отырғанымда, мына жолдар көзіме оттай басылды: "Тұрлыбектен — Көпжас, Жасар, Мыңжас. Бір шаңырақтың арыстай екі азаматы — Көпжас пен Жасар 1930-34 жылдары Ф. Голощекин басқарған кеңестік Қазақстан Үкіметінің халыққа жасаған қуғын-сүргіні мен зорлық-зомбылық істерінің жазықсыз құрбандары болған. Оның бірі 1931 жылы кеңестік НКВД мен ГПУ жендеттерінің қамау орындарындағы тұтқындардың бастарына орнатқан адам төзгісіз неше түрлі сұрқия тәсілді қинаулары мен қатыгездікпен ұрып-соғудың тікелей әсерінен түрмеде азапты жағдайда қаза тапқан, ал екіншісі он жыл қамауда отырып шыққан соң елге келіп, опат болған". Бұл айтылып отырғандар — менің әкемнің екі ағасы. Ал әкем бізге ағалары туралы көп ештеңе айтқан емес. Оқта-текте әңгіме бола қалса, "Біз бір әке-шешеден үш тумалас едік қой. Екі ағам баяғы ашаршылық жылдарының құрбаны болды" деп ауыр күрсінетін. Балалық аңғалдық болар, біз де ары қарай қазбалап сұрамайтынбыз.
Әлі есімде, көз ашқалы Кеңес Үкіметін көріп өскен мен елімнің патриоты ретінде сол кездегі саясат туралы желпіне әңгімелегенімде, әкем бетіме мұңая қарап отырып: "Иә, бұл — сенің Үкіметің ғой" дегені бар. "Неге олай дейсіз?" деп үлкен кісіге айта алмадым. Кейде анамды суыртпақтап сөзге тартамын. Ол әкемнің Кетікте, өзінің Жем, Сағыз бойында туып-өскенін айтып отыратын.
1928 жылдары Қазақстанда Голощекин "Кіші Октябрь" атты асыра сілтеуін бастап, елді ашаршылық жайлаған кезде Маңғыстау халқының жағдайы жеткені түркімен, қарақалпақ жеріне дүркірей көшіп, тіпті бірқатары шетел асып кетті. "Қазіргі Қазақстан шекарасынан шығып, шұбырындыға ұшыраған шаруалар саны 1 миллион 31 мыңнан асқан. Олардың шамамен 165 мыңы республика шеңберіне ғана емес, Одақ шекарасынан біржолата шығып, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран, тіпті сонау Түркия жеріне дейін жетіп, кейін өз Отанына қайта алмай қалған. Ал көршілес республикалар мен Ресей Федерациясына қоныс аударып, сол жерде орнығып қалғандар саны — 450 мыңдай" деп жазды бұл туралы "Қазақ әдебиеті" газетінде демограф, ғалым Мақаш Тәтімов. Түрікменстанның біз туып-өскен Красноводск (қазіргі Түрікменбашы) қаласының маңында Иранда, Ауғанстанда тұратын туыстарынан хат хабар алып тұратындар аз емес-ті. Біздің көршіміз Құнанорыс Тәжібай зайыбы Әлпия шешейдің радиоқабылдағыш арқылы аптаның әр жұма күні берілетін Иранның қазақша бағдарламасын жібермей тыңдап, Маңғыстаудың мәнеріне салып, домбыраға қосылып шырқалған зарлы ән мен жырды тыңдап, көзін сүрткілеп отырғанын талай көрдік. "Бір ағам Иранға ауып кеткен еді дейтін-ді ол. Сол кезде он үш -он төрт жасар баламыз. Бақсақ ештеңенің байыбына барып жатпайды екенбіз ғой. "Тағдырдың талай теперішін бастарынан өткізген қайран біздің ата-аналар-ай" десеңізші!..
Кейде ағайын, туған-тумалас жайлы сөз қозғалғанда, мен шешеме әкемнің, оның әкесінің жалғыздығын айтып, зобалаң жылдары хабарсыз кеткен қос көкем — әкемнің ағалары жайлы сұрайтынмын. "Енем Тойған батыл, еті тірі жан еді. Екі ұлы қатар ұсталғаннан кейін артынан іздеп барып, үлкен бастығына жолыққан көрінеді. Сонда бастық: "Кіші ұлың қайтып келуі мүмкін, ал Үкіметке қарсы үгіт айтқан үлкен ұлыңды "қайтып оралады" деп айта алмаймын" депті" дегенді естігенім бар. Сол айтқаны расқа айналды ғой" дейтін анам. Әрине, ол кезде қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезі, отызыншы жылдардағы зұлматты білетіндердің өзі жақ ашпайтын. Ал "Кеңес Үкіметінен мықты, одан әділ дүние жүзінде ел жоқ" деген ұғым жас санамызға әбден сіңген біз әке-шешеміздің өткеніне ой тоқтатып жатпадық.
— Бізге ағайын болып келетін Найзағара, Демеу деген кісілердің ауылдары Иранға өтіп кетті. Біз "Таң алдында шекарадан ары асамыз" деп отырғанда, көштен бөлініп қалдық. "Әкем Тұрлыбек: "Ары өтсең, ұзаққа кетесің, былай қарай көш" деп түсімде аян беріп, Шағадам, Жаңғақтың ойы, Каспийдің бойына қарай қолын сілтеді. "Кім біледі, заман түзеліп, атажұртымыз Маңғыстауға оралармыз" деп әкең осылай қарай көшті" дейтін анамыз.
Сөз орайы келгенде айта кетелік, білетінім — әкеміз Түрікменстанның Красноводск өңірінде теміржолшы болып қырық жылдан астам еңбек етті. Жетпіс екі жасында сол жақтан топырақ бұйырды. Ал Иранға өтіп кеткен ағайындарымыздың ұрпақтары атамекендеріне араға жетпіс жылдай уақыт салып, тек Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана қайтып оралды. "Бәріне уақыт — емші" дегендей, жылдар жылжып өтіп барады. Ғұмырының отыз жылын жат өлкеде өткізген біздің де елге оралғанымызға ширек ғасыр уақыт болыпты. Бұл туралы "Атамекен" атты өлеңімде мынадай жолдар бар еді:
...Маңдайыма жазсын, мейлі, қиын сын,
Баба рухы бойға күш боп жиылсын.
Енді менің тілейтінім Тәңірден —
Атамекен топырағы бұйырсын!
Иә, Құдайым қазақты енді қаңғытпасын, фәниде де, бақида да өз жерімізде жүрейік, өз топырағымызда қалайық!..