Құралай
Оны Ақтаудағы мектептер мен оқу орындарында өтетін мәдени көпшілік, әдеби шараларда, байқауларда жиі көретінмін. Осыдан бір жыл бұрын менің Маңғыстау гуманитарлық колледжі студенттерімен өткен кездесуіме мұрындық болғаны бар. Мұрындық болды деймін- ау, аяқ астынан мұзға тайып жығылып, мертігіп жатқан менің қоярда қоймай келісімімді алып, жетелегендей ғып, өте әсерлі әдеби кеш ұйымдастырды. Ал, ол туралы осынау үзік сырды жариялауыма оның шәкірті, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті Гүлнара Дембергенқызының редакцияға жолдаған хаты себеп болды. "Қайда жүрсек те Құралай апайымыздан білім алғанымызға мақтанып, өзімізді бақытты сезінеміз. Өйткені, оның ұстаз ретінде бізге сіңірген еңбегін ешуақытта ұмытпай, алдында басымызды иіп өтеміз. Анамыздай болып кеткен ұстазымызға мықты денсаулық, бақыт, отбасына бақ-береке тілейміз. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында ерінбей еңбектеніп жүре беріңіз", — деп жазыпты ол. Сол сияқты Алматыда жоғары оқу орнында оқитын екінші бір шәкірті Гауһар Тажикова өзінің Құралайға жазған хатын "Сәлеметсіз бе, ұлағатты ұлы ұстазым!..." деп бастапты:"Біз сіз секілді қарапайым, ақылды, біліміне көркі сай, әр оқушының жанын түсіне білетін... біз десе, 11 "ә" десе қорғап, қолдап жүретін мұғалім сабақ бергенін әліге дейін мақтан тұтамыз, өйткені мен өзіңізден алған біліміме сенімдімін. Қаншама жоғары оқу орнында оқып жүрсем де, мен үшін сіздің орныңыз бөлек, Алматыда жоғары білімді ұстаздар сабақ бергенімен, сізге жетпейді..."
Міне осылайша, "Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын" дегендей, шәкірт жүрегіне жол тауып, ілтипатқа бөленген, олардың алғыс хаттарына арқау болған және адамгершілігі мен әдептілігі кім-кімді де сүйсіндірген Құралай Шараубайқызы Нұрманова жайлы қалам тартуды жөн көрдім.
Ол көршілес түрікмен елінің Мары облысы Байрамалы ауданына қарасты мал шаруашылығымен айналысатын елді мекенде, көп балалы шаруаның отбасында дүниеге келген екен. 1984 жылы орта мектепті, бес жылдан кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтын ойдағыдай бітірген ол, еңбек жолын ауылындағы өзі білім алған мектеп-интернатта тәрбиешіліктен бастайды.
— Институттан кейін ауылда небәрі бір жылдай ғана жұмыс істедім, 1990 жылы отбасымыз Жаңөзенге көшіп келді де, мен қаладағы Т. Әлиев атындағы N 1 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі боп қызметке тұрдым. Жас маман кезімдегі жалынды жастығым, ізденіске толы күндерім, яғни шыңдалу жылдарым осы мектепте өтті. Тәлімгерім ұлағатты ұстаз, Қазақстан оқу ісінің үздігі, марқұм Айжан Қарақызы Тәшенова болды, — дейді Құралай.
1998 жылы облыс орталығына қоныс аударуларына байланысты ол Ақтаудағы N 14 орта мектепте мұғалімдігін жалғастырады.
"Құралайдың сабағына бірнеше рет қатыстым. Сабаққа көп ізденіспен, жан-жақты дайындықпен келеді, көрнекіліктері мол. Қазақ тілі пәнінен белгілі тіл маманы Жиде Жеткізгеннің жасаған тірек схемаларын кеңінен пайдаланады. Мәселен, 5 "е" сыныбында қазақ тілінен десант сабақ өткізді. Тақырыбы "Тіл дыбыстары туралы түсінік". Оқушыларға таблица бойынша тіл дыбыстарын түсіндірді. Олар өте тез ұғып алып, жаттығуды меңгергендіктерін көрсетті. Құралай-балалармен тіл табыса білетін, ерінбейтін жалықпайтын мұғалім. Оқушылардың әрқайсысының алдында бір-бір схема, мұғаліммен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
Балалардың бойында тілге, әдебиетке деген қызығушылық жоғары...", "Құралай тәрбие жұмысына да зор көңіл бөледі. Оның 7-"д" сыныбында жүргізген "Менің Республикам — Қазақстан" атты тәрбие сағаты өте жоғары дәрежеде өтті. Оқушылар бұл сабақтан көп нәрсені ұғып, білді. Көп ізденіп талғамға сай көрнекі құралдарды пайдалана білген мұғалім тәлімдік мәні зор, тағылымды мәселелер турасында әңгіме әрбітгі.
Ұстаздығымен қатар Құралайды мектептің қыруар қоғамдық жұмысының бел ортасынан көресіз. Үнемі ізденіп, тынымсыз еңбектеніп жүретін, жалықпайтын жаңашыл жаннан көп нәрселерді үйренуге болады...". Бұл айтылғандар, әріптестері, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Жаңылай Жұлдызбаева мен Рысты Ұзакбаеваның Құралай туралы пікірлері.
— Алғаш рет Жаңаөзен қалалық білім бөлімі ұйымдастырған семинарда әдебиеттен 5-сыныпта Ыбырай Алтынсариннің "Бай баласы мен жарлы баласы" әңгімесі бойынша өткізген ашық сабағым үшін бірнеше тәжірибелі де танымал ұстаздар жылы лебіздерін білдірген-ді. Онан кейін 1998 жылы Ақтауда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған қалалық семинарда С. Сейфулиннің "Ақсақ киік" өлеңі бойынша N 21 орта мектепте десант сабақ өткізіп, қалалық білім бөлімінің I дәрежелі дипломына ие болдым, — дейді Құралай.
Сондай-ақ ол 2002 жылы облыстық семинарда F. Мұстафиннің 100 жылдық мерейтойына орай, "Суреткер парызы" атты үлгілі сабақ өткізіп, облыстық білім басқармасының дипломымен және сол жылы " Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқыту әдістемесі" тақырыбындағы курста жоғары білім деңгейін көрсетіп, іскерлік танытқаны үшін Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институтының Алғыс хатымен марапатталады.
Ақтау" қаласының 40 жылдығына байланысты өткізілген "Жыл мұғалімі-2003" байқауының жеңімпазы атанып, қалалық білім бөлімі мен "Қалалық педтехнология орталығы" МҚКК- ның I дәрежелі дипломына ие болады. Сондай-ақ сол жылы қала, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарын да алады.
— Құралай Шараубайқызы оқушылармен қоян-қолтық жұмыс жасап, олардың әрқайсысынан еліміздің болашағын, саналы да тәрбиелі азаматын көруге тырысады. Сондықтан әріптестерімен қатар оқушылардың және олардың ата-аналарының арасында сыйлы, үлкен беделге ие. Ол мемлекеттік стандартқа сай 5, 6 — сыныптарға қазақ тілі мен әдебиетінен тест жасап, мектеп мұғалімдеріне көмекші құрал ретінде ұсынды. Құралай қазақ тілі сабақтарында компьютерлік техниканы қолдану әдісі бойынша курстан өтті. Ол өз жұмысын жанындай сүйетін және білгенін жас мамандарға үйретуден жалықпайтын, үлкенге ізетті, кішіге қамқор, нағыз ұстаз болуға жаратылған жан, — дейді N 14 орта мектеп директоры Мерсат Айданұлы Измухамедов.
Бүгінгі өскелең талапқа сай білікті ұстазға қайда да орын бар. Құралай бес жыл Маңғыстау гуманитарлық колледжінде "Әдебиеттануға кіріспе", "Тіл біліміне кіріспе", "Қазақ тілінің теориясы мен тарихы", "Халық ауыз әдебиеті", "Әлем әдебиеті", "ТМД әдебиеті" пәндерінен болашақ мамандарға сабақ берді.
Ол сонымен қатар ынтымағы жарасқан үлкен отбасының ұйытқысы, алтын қазығы да. Жұбайы, темір жол маманы Елемес екеуі Әлия, Ләззат, Ұлпан, Арухан, Жұлдыз есімді бес қыз бен Италмас атты ұлды тәрбиелеп өсіріп отыр.
Иә, біз де осынау шағын мақаламызға қазақтың адал жар, асыл ана, ұлағатты ұстаз бола білген Құралайдай қыздары әрдайым аман болсыншы деген тілекпен нүкте қойдық.