Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қарағанды

БІРІНШІ БӨЛІМ

1

Жан-жағынан темір арқандармен тартып тастаған түтінсіз темір труба биік деңнің бетінде тұр. Оны төңіректей, ертеде салынған бес-алты тас барак тым аласа, қайсыбірі жарылып құлауға бейімделген, сыртынан тіреп қойыпты. Барақ маңы жота-жота көмір күлдері, жел үп етсе қара боран тұрады. Бірақ, жер әлі қызбаған, дымқыл, көктем жаңа басталды. Шаң-тозаң жоқ. Жалаңаш, байтақ жонның бетінде, беттегі меңдей боп қарауытқан осы Қарағандыға көктеммен бірге бір көш еніп келеді. Қазақ көшіне ұқсамайды: атқа жеккен төрт-бес бричка, легчанка, төбелерін брезентпен жауып шатырлаған, ішінде он бес-жиырма адам бар. Бәрі орыс. Тек, алдыңғы арбада жалаңбас, бурыл шаш, еңгезердей қара кісінің қасында жұдырықтай Қанабек отыр. Жол үстінде ескі қабырлар жататын, соған жеткенде көлік басын қайда бұрарын білмей, жолаушылар кідіріп қалды.

— Әй, кім де болсаң бері келші, — деп қол бұлғады Қанабек.

Төртбақ, қара мұртты жігіт «бұл кім өзі» дегендей шүйіле бір қарады да, барак алдынан бері аяңдады. Жай жүріп, аяғын нық басып келеді. Ол жеткенше Қанабек тықыршып тұр.

— Салмағынан жер майысады. Ауырын-ай!

Мұртты жігіт келе, естілер-естілмес қылып:

— Сәлеметсіз бе? — деді де, қол алыспай сұлық тұрды. Қанабек өзі барып ұстады оның қолын.

— Танысалық, шырақ. Мен — Тельман аудандық атқару комитетінің председателі Қанабекпін.

— Мен, осы Қарағандыны күзетіп қалған Ермек деген жұмысшымын.

— Бәрекелді! Іздегеніміз сен едің. Мына кісілер сонау Донбастан, Москвадан келеді. Өлі Қарағандыға жан салмақ, бізбен біріге отырып, совет Қарағандысын жасамақ. Танысып қой, Сергей Петрович Щербаков, — деп зор денелі, бурыл бас кісіге нұсқады, — өзіңдей ескі шахтер, болашақ трест бастығы... Механик Козлов, слесарь Лапшин, мына кісі — инженер Орлов...

Ермек енді әрқайсысымен қол алысты. Суық, сұрғылт жүзіне қан жүгірген, көзі жайнап барады. Тұйық, ауыр мінез адамның аузынан әлі мардымды ештеме шықпаса ;да, өңіндегі өзгерістер қуанышын сездіріп тұр...

Бұлар танысып болғанша, алақандай Қарағанды хабарланып та болды. Жүгірген бала, жебелей басқан әйел-еркектер көрінеді. Маңайдағы колхоздардан көмір алуға келген колхозшылар да, өтіп бара жатқан бірен-саран аттылар да бұрылып қонақтардың маңына ирілді. Одан-бұдан жиыла-жиыла кішігірім топ құралды.

— Қарағандыны жүргізуге келіпті!

— Донбастың мастерлері, — дейді.

— Е, «осал деме көмірді, бұрқылдатар темірді!»

Көп ішінде сыбыр-күбір осылай жүріп жатты. Ермек қалтасынан бір шумақ кілт суырып, Щербаковқа ұсынды:

— Чайковтан естіген едім, күткен едім. Жақсы келдіңіздер, міне, завод кілтін енді өз қолыңызға алыңыз.

Щербаков кілтті алған соң тебінгідей жалпақ алақанына салып біраз ойланып тұрды да, кішірек көкшіл көзін төңірекке жіберді. Кең дала оның көңілін де кеңітіп жіберген тәрізді. Қолын көтере, сол далаға мегзей:

— Жолдастар! — деді жуан дауыспен. Күдістеу кең иықты, алып денелі адамның даусы да зор, салмақты шықты. — Осы далада Апақ Байжанов қой бағып жүріп, суыр інінен Қарағанды көмірін тапқалы жүзге жуық жылдар етіп барады. Содан бері орыс-ағылшын капиталистері қазақ жерінің байлығын, қазақ халқының арманын осы кілтпен жауып ұстағандай болса, біз енді осы кілтпен бәрін ашамыз. Коммунист партиясы, совет үкіметі жіберді бізді. Қазақ даласында бесжылдық жоспарды орындауға көмекке келдік. Бұл бесжылдықта мешеу Қарағанды Совет Одағындағы ірі өндірістердің қатарына қосылады. Жұмыс көп, қиындықтар көп, бірақ халық күші одан да кеп. Ол күшті ұйымдастыра білсек, біз алмайтын қамал жоқ...

Щербаков орыс тілінде сөйледі. Бұл қазақтардың ішінде орысша білетіні некен-саяқ. Алайда «партия, совет» деген сөздер бәріне түсінікті. Таяғына сүйеніп, аңыра қалған қазақ кемпірінің жаулығынан шыққан аппақ шаш, алысырақтан қарағанда, құрысқан қоңыр самайына ақ қызғалдақ қадап қойған ба дерсің. Құлағы мүкістеу екен, Ермекті таяғымен етігінен түртті:

— Партия жіберді дей ме?

Ермек басын изеді. Кемпір ыңырана бастады:

— А-а-а, бәсе!..

Қанабек Щербаковтың сөзін қазақшалап болысымен, кемпір Щербаковты жетелей қабірлерге жақындай түсті. Артына қайта-қайта қарап, әлдекімді ыммен шақырады. Көп ішінен зор денелі, алпы ауыз бала жігіт шықты. Ұялшақ екен, ыржия күліп, қызараңдап азар келді. Кемпір әр қабірге нұсқай балп-балп сөйледі енді:

— ...Әкемнің қабірі, көкірек ауруынан кетті. Мынау күйеуімдікі, шахтада өлді. Мынау баламның қабірі, жанып тұрған от еді! Ағылшындармен жанжалдасты. Ағылшындарға урядник Кудря болысты. Кудрямен төбелесте қылыштан қаза тапты. Бұл жатқандардың кебі азап, шермен өткендер. Осылар үшін Лениннің талай шайқасқанын есіткенмін. Бүгін, міне, сені жіберіпті. Рақмет Ленинге! — деді де, кемпір жаңағы бала жігітті Щербаковқа қолынан ұстатты — жалғыз немерем, аты Әкім, жетім бала. Әуелі құдайға, сонан соң саған тапсырдым, шырағым. Адам қыл!

Кемпір сөзін Қанабек орысшалап жеткізді.

— Батагөй ана, бұл тілегіңізді қуанышпен қабылдаймын, — деді де Сергей Петрович кемпірді қолтығынан демей қабірден бері шықты. Ермек қонақтарды бастап, бос барактардың біріне беттеді. Желе шоқытып аттылар кетті жөніне. Көмірлерін тиеп, колхозшылар аулына қайтты. «Донбастан мастерлер келді, Қарағандыны жүргізгелі жатыр...» деген «ұзынқұлақ» желдей гулеп, жайыла бастады далаға.

* * *

Біраз күндер өтті. Донбасшылар орналасып жұмысқа кірісті. Беткейде қарамы көпенедей ғана көмір үйіндісі жатыр. Оның қасында Әкім бір жігітпен қолбұранды ырғала бұрап тұр. Анда-санда шыңырау құдықтан бір шелек көмір шығарады. Оны көмір үйіндісіне қоспай бөлек төгеді.

— Неге бөлек төктіреді? — дейді Әкім.

— Кім білсін? — деп қасындағы жігіт те түсінбей тұр.

— Сергейден сұрар едім, әттең орысша білмеймін. Ол қазақша білмейді.

— Әжең қалай сөйлескен онда?

— Қанабек арқылы.

Құдықтан Щербаков, Орлов, Сейтқалы шықты.

— Ысырап! Ысырап! — деп басын шайқап шықты Щербаков. — Жарымын шашып, бүлдіріп, жарымын ғана алып жатырсыздар.

Сейтқалы үндемеді. Қарағандының ескі шахтері болатын. Донбасшылар келісімен ауылдан қайта келді шахтаға. Қазір десятник болып істейді, тоқпақ мұрын, көнтек ауыз, сарыша жігіт еді. Әлден уақытта гүр етіп бір жауап қайырды:

— Ағылшындардың тұсында ысырап бұдан да көп-ті.

— Ағылшындар бізге үлгі емес. Көмірді таза, әрі ысырапсыз ала білу керек, — деді Сергей Петрович шылымын тартып, бұраушылардың қимылына қадала қарап тұрды. Жігіттер таспаша созылып, дамылсыз бұрауда, маңдай терлерін алақанымен сыпырып тастайды.

— Қалай, ауыр ма, Әкім? Шаршадың ба?

Әкім Сейтқалы арқылы сөйлесті.

— Ауыр. Бірақ, әлі шаршағаным жоқ.

— Денең, шаршай қоятын дене көрінбейді. Қайлаға қалай қарайсың?

— Шабар едім.

— Білем, содан кейін машинамен де шапқын, келеді, — деп Сергей Петрович Әкімді арқаға бір қақты да, Сейтқалыға күңк етті:

— Ермекке қосып беріңіз. Үйретсін.

Ақбас инженер Орлов шахтадан шыққан соң оқшауырақ қалған, пенснесін сүртіп киіп, кейіндей келді бұлардың қасына. Үнсіз, дел-сал бір күйде тұр еді. Сергей Петрович оған бұраншыларды қолымен нұсқады:

— Бұған шыдауға болмайды.

Орлов жаурынын қиқаң еткізіп, екі алақанын бірден жайды:

— Қазір не істейміз?!

— Көлік күшін неге пайдаланбаймыз?

— А-а, атбарабан ба?! Қисыны бар.

— Иә, атбарабан жасау керек. Ауыр еңбек жеңілдейді, әрі енім артады. Жасауды Козловқа тапсырармын, сіз көмектесерсіз.

— Ағаш қайда?

— Козлов табады.

Сейтқалы көмірді іріктей, жәшікке салып, аузын шегелетіп жатыр. Әкім әлі түсінбей, күбір-күбір сөйлеп тұр:

— Осынша шегендеп, қастерлемесе қайтеді екен?

— Оралға, Донбасқа жібереді.

— Олар қайтеді?!

— Зерттейді.

— Зерттегенде май шыға ма? Көмір — көмір де.

Сергей Петрович Әкім сөзіне елең етті. «Не деп тұр?» деп сұрап еді, Сейтқалы түсіндіргенде күліп жіберді.

— Ұғындырыңыз оған. Ұғынып істесе ынталы болады. Көмірдің көмірі бар... Көмірден май да шығады, темір тасын қорытатын коксі де шығады. Бізге алдымен кокс керек, біліп қойсын.

Әкім басын изей берді. Жәшікті шегелеп болған соң Орлов оған көтертіп, треске жөнелді. Щербаков Сейтқалыны ертіп «Гербертке» қарай аяңдады. Қыр басынан атырапқа көз жіберіп, күлім-күлім етеді. Сонау боз төбешіктің бетінде, одан бергі ойпатта ін қазған аңшыдай жаңа шахта ашуға кіріскен адамдар көрінеді. Адам қарамы әлі аз. Бел асып бірен-саран көштер келеді...

— Жұмыс басталды. Көремісің, кеш те келе бастады, — деді Сергей Петрович, — колхозбен шарт жасасқан кезде, бұл көштер өзен суындай құйылады әлі.

Иә, ел хабарланды, елеңдеп тұр.

Соларға алдымен су, нан, баспана керек. Бізде әзір бірі жоқ.

— Қинағанда су қинар, — деп Сейтқалы желкесін қасыды. Бүкіл Қарағандыда екі-үш құдық болатын, су тереңде. Құдықтың өзін көбейту оңай емес. Бірақ Сергей Петрович судан гөрі баспананы айта береді:

— Темір жол жоқ, құрылыс материалдары жоқ. Қыстыкүні қайда паналайды жұмысшылар?

— Жеті километрде «Қызылқұдық», төрт километрде «Аққұдық», алты километрде «Ащылыайрық», тоғыз километрде «Бұқпа» колхоздары тұр ғой. Тіпті, қысылып бара жатса, жербарак қазып алмай ма? Оған кеп материал керек емес. Бәрінен су қымбат. Суды колхоздан таси алмайды...

Әңгімені шақылдаған балға дауысы бұзды. Биік, темір трубаның дәл түбіндегі тасқора бұрынғы «Герберт» шахтасы орнаған үй. Шахтаның өзін ағылшындар кетерінде мүлде бүлдіріп кеткен. Қазір сол шахта үйінін, бір бөлмесінде Көктайынша балға соғып тұр. Аты өзіне сай, киіктің асығындай ғана адам, ертеде Спасск, Қарағандыда істеген атақты ұста болатын. Донбасшылар келгенін естіп, елден бұрын келді. Жаңа Қарағандыда бірінші соғылған балға, бірінші құрылған көрік соныкі. Қайла ұштап жатыр екен, қолының ебіне Сергей Петрович сүйсініп:

— Темірді балшықтан оңай илейді екенсіз, — деді.

Көктайынша орысша доғал тілімен именбей сөйлесті.

— Қарақызды көрсеңіз не дер едіңіз?

— Ол қайда?

— Қайтыс болған.

— Ескі жұмысшыларға хабарлай беріңіз, келе берсін. Қайлаларын ала келсін, сайман жетпейді.

— Олар өздері де тастамайды. Тек сіз пәтер берсеңіз болғаны. Басқасы бірте-бірте бола береді.

Мосқал ұста уайымды білмейтін сияқты, бар жабдық түгел тұрғандай кең сөйлейді. Дүкенінде сонда тот жеген темір қиқымдары, можа болған ескі қайлалар ғана жатыр. Сыртта, қираған жыртық вагонетка, жіңішке рельстер көрінеді. Козлов, Көктайынша, Лапшиндар осы болмашыдан болашақ мехцехты құрастыра бастаған.

Есік алдына пар ат жеккен бричка келіп тоқтады. Жуантық, аласа бойлы, бурыл шаш адам секіріп түсті ішінен. Қимылы тіпті ширақ, шаң басқан плащын шеше сала сілкіп жатыр.

— Козлов, — деді Көктайынша.

— Борис Михайлович, тез қайттың ғой, — деп Щербаков дауыстады, — не бар екен?

— Жөнді ештеңе қалмапты, — деді де Козлов арбадан тотты темірлер түсіре бастады: қайла, винт, болт, қырықаяқ, болат арқанның үзігі сияқты өңкей ескі-құсқы. Ағылшындар тұсында мыс қорытатын Спасск заводы Қарағандыдан 35 километр, Козлов соған барып қайтты. Әкелгені осылар ғана.

— Бұдан басқан, бар ма?

— Үш локомобиль, бір-екі камерон сілімтіктерін, біраз труба таптық. Лапшин әкеле жатыр.

— Больше-Михайловкадағы кулак диірменінен не қалды екен?

— Кулак пен ағылшындардан не дәметесіз, Сергей Петрович? — деп Козлов күлгенде, тісінің кетігінен тілі жылтың-жылтың етіп тұр. — Одан да бірер локомобиль, бір движок табылған. Шоқбыттап, жамап байқармыз. Темір жол келгенше қол қусырып отырамыз ба?

— Бері жүріңдер, — деп, Сергей Петрович бәрін соңынан ертті. Басқа бөлмедегі «Гербертке» келді. Тік шахта еді, қараңғы шыңырауға ойлана үңіліп біраз тұрған соң сұрау берді Сейтқалыға:

— Тереңдігі қанша?

— Жүз метр шамасында.

— Астында көл жатыр дейді ғой, Ермек?

— Мүмкін. Суы көп болатын, жиылған шығар.

— Сол суды пайдалану керек. Чайков жер астынан екі жерден су тауыпты. Оны да пайдаланамыз. Сонда әзірше су мұқтаждығы жойылады.

— Тамаша! — деп тамсанып та қойды. Оның ойында тек құдық, өзен ғана. Басқа су есінде жоқ.

— Қалай пайдаланбақсыңдар?

— Борис Михайлович есебін табады. Машинамен тартады.

— Машина қайда?

— Машинаны өзі жасайды.

Козлов басын шайқай, сылқ-сылқ күлді.

— Неден жасайын? Жұртта қалған мынау салдамалардан ба?

— Оны өзің біле бер. Су керек жұртқа, су! Судан бұрын анау қолбұранды атбарабанға айналдыр. Тезірек, тезірек, — деді де, Сергей Петрович Сейтқалыға бұрылды. — Сіздің забойлар күн санап ұзай береді енді. Ұзаған сайын тачканың берекесі кетеді. Осы «Герберттің» маңында бірталай вагонетка, рельстер жатыр...

— Бәрі істен шыққан ескілер.

— Борис Михайлович іске жаратады. Соларды шахтаға салуға қазірден дайындай беріңіз. Жаңа жұмысшыларды шахтаға жеке жібермеңіз, өзін, не шахтаны бүлдіреді, ескі жұмысшыларға қосу керек. Ескілердің өзі Ермектен көп нәрсені үйренуге болады. Біріне бірі үйретіп, көмектесіп отырса ғана өндіріс кадрлары тез өседі. Кадр өссе, жаңағы біз көрген ысырап, бірақ та болмайды...

Салмақты, байыпты кең адам жайлап түсіндіріп тұр. Оның сөзінен әкімдіктен гөрі әкелік көбірек сезіледі. Сейтқалы, Козлов, Көктайыншаларға тапсырмасын берген соң жалғыз кетті. Екі қолын кен, шалбарының қалтасына бойлата сұғып, жай жүріп келеді. Шытырман ойда «...маман жұмысшыны былай қойғанда, қара жұмысшының өзі жетпей жатыр. Адам күшін де колхоздардан аламыз. Ол адамдар үйретуді, тамақ, киім, пәтер беруді, балаларын оқытуды... тілейді. Атбарабан, тачка, қайламен өндіріс алысқа бара алмайды. Нұра өзенін бұрмай, халық суға да жарымайды. Темір жол жетіп, құладүздегі Қарағандыны Отанымыздың ірі өндіріс ошақтарымен байланыстырғанша талай қиындықтар тұр алда... Бұларды жеңу үшін алдымен партия, совет, кәсіподақ ұйымдарын құру керек...»

Белесті байтақ даладағы мешеу өндіріс, мардымсыз қимылдар арасында Сергей Петрович ойымен осылайша болып келе жатты да, отыра қалды бір тасқа. Қалтасынан блокнотын алып жаза бастады:

«Телеграмма.

Москва, Бүкілодақтық халық шаруашылығы советінің бастығы Куйбышев жолдасқа.

Жағдаймен таныстым, іске кірістім. Болжаудың бәрі расқа айналып барады. Жаңадан үш шахтаны бастадық. Көмірінің сапасын зерттеуге Донбасқа, Оралға жібердік. Үш жерден су қорын таптық. Жергілікті мүмкіндікті барынша пайдаланып жатырмыз. Бірақ, жетпей жатыр. Көмекті, алдымен темір жолды тез жеткізгенде ғана жұмыс қызады. Малшы қазақтар келе бастады. Оларды өндіріске үйретуге маман жұмысшылар керек. Көпшілік ұйымдарын құру керек. Төтенше шаралар қолдануды сұраймын.

Щербаков».

Телеграмманы жазып, треске келіп жөнелтті де, бөгелмей қайта шықты. Ендігі беті дала. Омырау түймелерін ағытып, кеудесін ашып тастады. Кең ойпатта кектем самалын сіміре жұтып келеді. Алдындағы беткейде жұмысшылар шахта қазып жүр, соларға келеді...

II

Талдырмаш, аққұба жігіт алып ұшқан жүрегінің әуенімен асығыс шықты үйден. Ыстық күнде жебелей басып бара жатып, секретарь берген қағазды оқыды. Көзі алдымен «Қазақстан Өлкелік Партия Комитеті» деген ірі жазуға түскенде, осы бір жапырақ қағаз шын өмірге бастап бара жатқандай сезілді... «Карл Маркс» көшесімен келеді. Жусаған қой тастардың ішінде шөккен түйедей, кішігірім киіз үйдей үлкендері де бар. Бұлар 1921 жылдың қатты тасқынында келіп қалған еді, арасындағы қоян жымы тәрізді иip-иip тар соқпаққа сыймай, кейде тастан-тасқа секіреді жігіт. Секретарьмен ұзаққа созылған әңгімесін есіне алғанда, қазақ елі де дәл осындай бір көшеден етіп келеді. Кілем түсті сонау кен, жазыққа шыққанша, талай жыра, талай қиялар жатыр... Жігіт ойы олардан да аттай-аттай пәтеріне жетті.

Орта белінен жерге батқан ағаш үй ерте күнде едірейіп-ақ тұрған шығар, су тасқыны бұны да шоңқитыпты. Иесінің, ала-сапыран революция күндерінде қайда кеткенін кім білсін, қазір қазыналық үй болса да қазына қолы тиген жоқ. Республика орталығынан бастап қиырдағы ауылдарға дейін жаңа қоңыс боп жатқан кез. Үлкен Москваға үйренген жігіт, тапал үйдің маңдайшасына басын бір сұға қайта шықты. Қолында чемодан, қолтығында плащ, әлі де асығыс барады. Бірінші кездескен извозчиктің арбасына отыра бере:

— Станцияға тартыңыз! — деді.

Қаба сақал извозчик бишігін үйіріп қалды. Майда топырақ бұрқ етті. Көнетоз фаэтон ойылған жолда оршыған сайын жігітті теңселтіп қояды. Станция он екі километр. Ерсілі-қарсылы ағылған арбакеш. Машина некен-саяқ. Жол бойындағы биік теректер шаң басып, басы бурыл тартқан. Тымырсық ыстық, қою шаң жандыны түгіл, жансызды да тұншықтырып тұр...

— Күн, тау, ағаш, шаң, арбакеш байлығы Алматыда екен, — деді жігіт. Станцияға жеткенше айтқаны осы ғана. Жеткен соқ извозчиктің бармағына қағаз ақша қысты да, жүргелі тұрған составқа билетсіз келіп мінді. Жалғыз ол емес, әркім-ақ осылай мініп жатыр. Түркістан-Сібір жолы тақауда біткен. Пассажир поезі әзір жүрген жоқ. Қызыл вагондар ешкімнің бетін қайырмайды, пәлен уақытқа жеткізем деп уәдесін де бермейді. Жүк, адам, мал тиеген ұзын состав ыңырана орнынан қозғалды. Барқыраған гармонь, маңыраған қой, адам дауыстары алаң-елеңде көшкен елді еске түсіреді.

— Иа, еліміз осылайша көшіп жатыр!.. — деп ішінен айтты жігіт. Вагон есігінің жақтауына құлашын жая сүйеніп, алысқа жіберді көзін. Поезд зулай алға, жер зулап артқа барады. Ақбас Алатау ғана қалар емес. Ол-дағы ұзын тізбекпен шығысқа, алысқа тартқан...

Қарны жарқылдап, тәмпек мұрын, қара бала поезбен жарысып келеді екен, жігіт күліп жіберді. Ол ентігіп қала бергенде, жалайыр шалы көк өгізбен төтеден қосылды. Сұр есекке екі аяқ арбаны доғасыз жегіп, қыбырлай қалғып бара жатқан біреу, шошып ояна сала тыпыр-тыпыр етеді: есек саспаса да, ұзын құлағын одырайта бір қарады. Танауы желбеңдей, тайраң-тайраң желген түйелердің үстінде, жаулықтары желкілдеп әйелдер келеді. Поезд дүңкіліне дүңкіл қосып жарыса шапқан аттылар да келеді...

— Поезд — өмір! Бәрі қызығады, бәрі жарысады. Кім қанша ілеседі? — деп тұр жігіт. Қызыл профессураны жуырда бітірген жас жігіт жаңа өмірдің жаңа философияларын толғайды. Сабырлы қалпынан сабырсыздық та байқалады. Сағатына қарап, поезд жүрісін есептеп, азырақ қынжылды. Өмір бойы қазақ мінген бар көлік ұтылай жарысып, ілесе алмай қалса да, айлап жүретін Түркістан-Сібір жолын күнге түсірсе де поезд жүрісіне қанағаттанбады. Барар жері алыс, бірнеше мың километр, оның бірнеше жүзін атпен жүру керек. Қазақ жерінің кеңдігі біресе қызық, біресе азап боп тұрды оған...

— Уа, балам, дәмге кел! — деді біреу. Артына жалт қарады. Қара сақалды қазақ ақ киізді вагонның бір жағына жайып тастап, өз үйіндей жайрап отыр. Дастарқан үстінде семіз қойдын, тоңазыған еті, күлше нан, жантая бір қара торсық тұр.

— Қолыңды жуа кел, шырағым, — деп шалдың бәйбішесі шәйнек ұсынды. Жігіт қолын түгіл, бетін де жуып келді. Вагон ішін жаңа байқады. Әр атаның ұлы түгел. Әрқайсысы-ақ өз дастарқанын жайып, өз дәстүрінше тағам жеу жабдығына кірісіпті. Зор денелі, көкшіл көзді, бурыл қою мұртты украин қарт, алдындағы қолдан жасалған ағаш жәшіктен жолазығын шығарып, шошқа майын нанға қоса асай бастады. Алакөзді, қысыңқы көзді, қатқан қаралардың бірі өзбек, ұйғыр, бірі қытай, дүнген сияқты. Ортасы дүңкиген, не ұшы имиген алуан-алуан үлкен мұрындар «мен кавказдық» деп тұр. Гармонь ұстаған қағылез жігіттің «Ғалия-бануды» тартуына қарағанда татар болуы керек. Біздің жігіт осылайша бәрін шолып, жорып өтті.

— Шырағым, — деді сақалды қазақ, — «мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген еді?

— Атым, — Мейрам, отағасы.

— Жол болсын. Қайдан келесің, қайда барасың?

— Алыстан келем, алысқа барам, — деп біраз мүдірді Мейрам. Үлкендеу, өткір қойкөзімен ойлана қарап, отағасының өзін де шолып өтті. — Москвадан шықтым. Оқушы едім. Оқуды бітіріп, Қарағандыға қызметке бара жатырмын. Өз атыңызды білуге бола ма?

— Мен Маусымбай деген шалмын. Сүйегім найман. Семей жаққа, ұзатқан баламызға барамыз. Отарбаға мінгеніміз осы еді. Мұның өзі таптырмайтын көлік екен ғой. Баяғыдан бері білсекші.

— Колхоздасыз ба?

— Әзір байқаңқырап тұрмын, шырағым. Жұрт еніп жатыр. Тіпті орташалардың көбі еніп кетті.

— Жұрт байқамай еніп жатқаны ма?

— Әркімнің бір есебі бар шығар, — деп Маусымбай бұл әңгімені шорт кесті. Қағыта берген сұрақтың қарымжысын да қайырды:

— Мәскеудің оқуын бітірсең, Мәскеуде, Алматыда орын болмады ма, шырағым? Шығанға шығып барасың ғой.

Мейрам күлімсіреп қойды. «Шырағымдап» отырып шымшып алды шал. Сүрінер түрі жоқ. «Оқуды Мәскеуден алсаң, қыңыр сөзді менен ал» деп тұр. Мейрам сонсоң жөн сөзге көшті.

— Өмірдің бетінде қалқып жүрген сияқтымын. Астын да көргім келді, отағасы.

Маусымбай сылқ-сылқ күліп, өмір зерттеушілердің бір уақиғасын айтты:

— Біздің ауылда Тұрман дейтін жігіт бар. Ақын болғысы келеді, болу үшін боранды білу керек екен. Боранмен сөйлесем деп шығып кетіп, үсіп жатқан жерінен азар тапқамыз. Сол бишара әзір ақын болған жоқ, күлкі ғана болды. Өмірдің үсті болған жерде, асты болмай ма? Астын мұнша алыстан неге іздедің, шырағым? Қайда екен өзі?

Шал бұл жолы қаттырақ шымшыды. Мейрам ауырсынған жоқ. Ақын мінезіне көзінен жас аққанша күлді.

Дұрыс айтасыз, отағасы. Сол Москва, Алматыда да өмірдің асты-үсті бар. Әзірге балалықты, мектепті бастан атқардық, олар да өмір. Бірақ елден ерте кетіп едім. Туған жерім Қарағанды еді. Көрген түстей балалық шақ, әлденелерді еске салып қызықтыра береді...

— Бұл сөзге төлеу жоқ! — деді де күрсіне дем алды Маусымбай. — Кіндік кесіп, кір жуған, асыр салып аунаған, сонда да көңіл тынбаған, құба төбел ауылдан көркем, сірә, бар ма екен?

— Өзіңіз ақынсыз ба, деймін?

Жаман қатын бажылдап көріскенде де аузынан дәмді бірдемелер шығып жатады. Ақындық сөз де іш толғанда шығатын болар. Бос күбіні төңкергенмен не шығады.

Маусымбай әңгімесі Мейрамды қызықтырып барады. Ұнатқан сөзін жазып алады екен. Блокноттың бірнеше бетін толтырды. Оқымаған, жабайы қазақтың тілі шешен, ойы орамды, құлағы тіпті түрік. Сүйінбай, Абай, Біржан-Сараларды жатқа соғады. Елден ерте кеткен, орыс мектебінде оқыған жас Мейрамға қазақ шежіресі сияқты көрінді бұл қарт. Өз елінің, даналарына, олар қалдырған асыл сөздерге терең бойлап, ой елегінен өткізіп отыр Мейрам. Бұрын даналықты кітаптан, алыстан іздейтін, енді қоңырқай ауылдардың ішінде де сол ауылдай жадағай, кең жатқан сөз, ой қазыналары, елдің елдік зор тұлғалары көрінеді.

Маусымбай көп біліп, көп айтса да аз түсінетін тәрізді. Ескі нақылдарды талғамай, жаңа заманға тықпалай береді:

— ...«Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», «жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» деген кезде:

— Бұныңыз біріне-бірі қарсы тұр, — деді Мейрам. — Екеуі екі тұста айтылған болар. Не екі таптың нақылы болар.

— Сол кезде тап дегеніңді білді ме екен солар?

— Білсін, білмесін, тап тартысы дегендердің ертеден келе жатқанын осы сөздер де жақсы аңғартты. Өмір бойы бітпеген дауды бітіретін біз болармыз, отағасы. Кәрі тарих жинап әкеліп бәрін салды ғой алдымызға! — дей келе, жап-жас жігіт қарияша толғанып, заман салмағы бір өзіне түскендей тына қалды. Қарт Маусымбай анда-санда көз қырымен бір шолып, «есті жігітсің-ау» дегенін айтпастан сездіріп отыр...

Әңгімемен күннің кешкіргенін де байқамады бұлар. Поезд бір станцияға келгенде қалта қарап тұрып алды.

— Шырағым, болдырғаны ма бұл?

— Жұмысы бітпей жатқан шығар, — деді Мейрам. Маусымбай жауапқа қанағаттанған жоқ:

— Жұмысын кейін бітіре жатпай ма. Мына жұртты қамамай жеткізіп тастау керек қой.

— Бұл жүргіншілердікі емес, жұмыс поезы, біз тек селбесіп келеміз. Жүк сыймаса, бізді түсіріп тастаудан тайынбас.

— Ол мінезі тағы бар ма еді, — деп жуаси қойды Маусымбай.

Мейрам бой жазуға вагоннан түсті. Күн қоңыр адырдан асып кетіпті, сәулесі сонау биіктердің басында ғана қалған. Күнұзын ысыған дүние қоңыр көлеңкеде күлімдеп тұр. Станция тау бөктерінде. Беті байтақ жазық, артын, екі бүйірін қоршаған қызыл шақа, қара қотыр биіктердің, етегінде бұраңдаған бұлақтар, өзенсымақтар жатыр. Солардың көгалын қуалай киіз үйлер отыр. Жаңа станция әлі маңайын баурамаған. Тұрғын ел үйренген қонысына тартып, бір жағынан станцияны сағалай келіп отырған секілді. «Қымыз», «айран», «сүт» деп вагон жағалай дауыстаған қатын-қалаштар маза бермейді. Бір шетте қойлар да маңырайды. Ет құмар қазақтың біразы поезбен келе жатып та бір қойды ортаға алып қалыпты. Алысырақ, жазықта үйір-үйір мал, жаңа қоныс колхоз қоралары қарауытады. Аңшы ма, тығылған кулак па, сонау тауда тас арасынан әлдекімнің, басы қылтылдайды... Ауыл, станция, мал, поезд араласқан кең далаға көз жіберіп тұрып, — қазақ даласы қайнап жатыр, — деді Мейрам. Оның ойы қазір осы даладан да кеңірек. Он жыл алға, он үш жыл артқа созылып жатыр. Жай басып, жан-жағын бақылай отырып, су жағасындағы жартасқа көтерілді. Терең шатына шулай аққан тау суына қарап тұрып, жартас түбіндегі жалғыз адамды қапелімде байқамады. Шонжар тасты тесіп барады бұл адам. Шықылдаған балға, жарқылдаған ұшқынға бір кезде Мейрам елен, етті. Төмен түсіп тау тесушіге келді. Орыс па десе, орысша киінген қазақ жігіт. Бұрыла бір қарады да үн қатпай шықылдата берді. Қия тастың бетін қарлығаш ұясындай шұрқ-шұрқ тесіп тастаған.

— Жалғыз өзін, тау тескен қай жігітсің?

— Осы жердікімін.

— Тесіктеріңде есеп бар ғой, — деді Мейрам. Беталды тесілмеген. Айқыш-ұйқыш, тереңдігі де әрқилы. — Кім үйретті бұны?

— Техник Василий.

— Не үшін тесіп жатырсың?

— Тесіктерге дәрі салып, бұзамыз. Жолға тас керек.

Сұрамаса сөйлемеді, сұраса да жарытпады жігіт. Өз ісімен, өз ойымен болып тұр. Мейрам да одан әрі мазалаған жоқ. Оның ойына жігіт алуан түрлі елестеп кетті: әуелі құрық ұстап қашаған қуды, одан кейін тау тесті. Енді паровоз машинисі болып ұзын составты алып жүргелі тұр... қоңырау қағылып қалмағанда әлі де талай саққа жүгіртетін еді.

— Қош, құрбым, — деді де тұра жөнелді Мейрам...

Поезд қозғала бергенде вагонына келіп мінді. Вагон іші қараңғы тартқан. Шам жоқ. Чемоданын жастана көзін жұмды. Москвадан шыққалы сегіз күн жүрген. Әлі де он шақты күн жүру керек. Қазақ жері сонда да таусылар емес. Біресе ыстық, тау, майда топырақ, біресе самал, салқын, жазық, шым, құмайт мол дүниеден өсімдіктің, адам тіршілігінің алуан түрлерін көріп жатыр Мейрам. Солардың ішінде Қарағанды өзгеше елестейді: сусыз, бұтасыз, құбажонға су, темір жол келтіру, құрал-сайман, азық-түлік қорын жасау, әсіресе өндіріс армиясын, жаңа жұмысшы табын құру — мектептен жаңа шыққан тәжірибесіз жастың ойын талай қауіптерге, өмір соныларына апарып соқты. «Қажыған кезде партия көмектеседі. Щербаков тәжірибелі адам... Қарағанды бүкіл совет елінің күшімен жасалады» деген секретарьдың сөзін демеу етті. Сол күйінде ол ұйықтап кеткенін сезген жоқ. Әлден уақытта бір жамбасына аунап түсіп, бәрі болады дегенде, Маусымбай елең етті:

— Не дейсің, шырағым?

***

Поезбен тоғыз күн, атпен үш күн жүріп, Мейрам қазір кең далада келе жатыр. Ылаушы жігіт чемоданды өңгеріп алған. Астында жылпос көк байтал. Өзі де жылпос. Біресе ел жайын, біресе жер жайын әңгімелеп, құлақ құрышын қандырды. Жолсыз төтелей салып:

— Мына жылғаны өрлей, анау қырқадан тік ассақ, Қарағандыға дік ете түсеміз, — деп қояды. Көк бетегелі белестер, әр тұста вышкалар, бұрқылдаған түтін, бірен-саран адам көрінеді. Күмпілдеген дыбыстар естіледі. Қайсыбір беткейлерде темір қазықтар қалып барады...

— Бұлар жайында не білесің? — деп еді Мейрам, ылаушы мүдірген жоқ:

— Көмір іздеп жүргендер ғой. Тіпті ерінбейді. Тесе береді жерді. Бұлар келгелі екі-үш жыл болды...

— Қанша тапты екен?

— Біреуінен сұрағанымда: Алтай-қарпық болып, олардың баласы, баласының баласы болып жабылса, Қарағанды көмірін алып бітіре алмайды, — деді. Қоспасы бар шығар, әйтеуір көп сияқты көмір.

— Кем айтқан екен. Алтай-қарпық түгілі орыс, қазақтың немере, шөбересіне жетеді.

Белеске шыға келгенде, әріректе биік жотаның бетінде түтінсіз жалғыз труба «мен мұндалап» тұрды.

— Әне Қарағанды! — деді ылаушы. Болашақ үшінші кочегарканың қараша ауылдар, жайылған малдар ортасында мойны ғана сораяды. Белдің дәл етегінде, вышка түбінде бір машина жерді күмп-күмп пісіп тұр. Мұржасынан лықып шыққан ақшыл түтін кең далаға лезде сіңіп жатыр. Машина маңында ақ шатыр, шатыр жанында бір газик көрінеді. Екі адам шатырдан шығып машинаға қарай келеді. Бірі — орыс, орта жаста, екіншісі — жас қазақ. Мейрам аты үркіп ойқастай берген соң, атынан түсіп жаяу келді бұларға. Амандасқан бетте-ақ бірін-бірі байқаған тәрізді. Орыс жігіт тосырқамай, тойпаңсыз сөйледі:

— Біз барлаушылармыз. Мен — Анатолий Федорович Чайков — барлаушы партиясының бастығымын. Мына жігіт — Әшірбек Қалмақанов. Кен институтының оқушысы. Тәжірибеде жүр... — деп бұрғышы жұмысшыларға дейін таныстырып өтті. Сөзі, мөлдір көк көзі өткір, шымыр денелі шапшаң адам екен, лыпып тұр. — Өзіңізге жол болсын?

— Қарағандыға келем. Сіздер істеп тастаған екенсіздер. Mен енді бастамақпын.

— Қай салада істемексіз?

Көпшілік-ұйымдастыру жағында істермін. Техникалық ғылым, әзір алыстау жатыр ғой біздің елден.

— Ленинград та жақын емес. Біз Ленинградтан келдік. Үш-төрт жыл ішінде тапқанымыз, ағылшын, орыс байларының елу-алпыс жыл бойында тапқанынан артығырақ. Алысты осы қарқынмен өлшесек, жақын болып шығады.

Мейрам жай ғана басын шайқап, езу тартты. Чайков ынтығып, ежіктей бастады.

— Неге күлдіңіз? Әлде сөлекет бірдеме айттым ба?!

— Ескі Россияның он-он бес жылда жасағанын жаңа Россия бірер жылда жасауы қанағат па?! Россия ондаған жыл кейін қалса, қазақ елі жүздеген жыл кейін қалған. Социализм барлаушылары бұны естен шығармасын.

— А, қарқынды күшейте түс дегеніңіз бе! Дұрыс айттыңыз, дұрыс! — деді Чайков. Осы сөз дәл қышыған жеріне тигендей жайнап кетті жүзі. — Қазақ қанша артта қалса да, пікірі алда. Бұл ұлы қасиет жеңіп тынады. Сіз Қайыр Аманбековичті білерсіз?

— Сыртынан ғана білем.

О, алтын бас, алтын! Менің досым. Екеуміз осы қарқын жайында біздің Главкадағы кейбір қыңыр адамдармен айтысып келеміз.

— Иә, хабарым бар.

— Сіз сол айтысқа көлденең кездесіп, пәтуа бергендей болдыңыз-ау. «Қазақ жері» деген екі сөзге европалық әлденеше мемлекет сыйып кетеді. Көмір, темір, алтын, жез, сирек металдар, нефть... не жоқ бұл жерде! Қайыр Аманбекович екеуміз осы байлықты ашуға өзара жарысқа түскендей едік. Ол оқып тұр: жез молдығы дүние жүзінде алдыңғы қатарда екенін дәлелдеді. Мен тек совет жерінде көмір үшінші орында екенін дәлелдедім. Сондағы зерттегенім мынау-ақ! деп Чайков қолын көтере айналаға мегзеді. Сайы шалғын, қыраты бетеге, майлы қарта сияқты ирек-ирек белестер бірімен-бірі жалғасып, ұзақ кеткен. Ұшығын көрсетпейді. Солардың жотасындағы вышкалар, етегінде не беткейінде меңдей боп көрінген шурф бұрғы машиналары, будақтаған түтін саны барлаушы партияның да аз істемегенін айтып тұр еді. Мейрам төңірекке көз жіберіп:

— Неше миллиард тонна таптыңыздар? — дегенде, Чайков жымың етті.

— Ол мемлекет қалтасы ғой. Ақтармай-ақ қояйын.

— Сұғанақтық болса кешіріңіз.

— Алып үлгерсеңіздер, біз тауып үлгереміз. Қарағанды байлығы үшінші орында емес, бірінші орында. Мен оны дәлелдемей тынбаймын. Қазақ даласына жайылған осынау движок мұржалары бесжылдықтарда түсті металлургия, қара металлургия, химия заводтарының зор трубаларына айналуына еш күмән жоқ. Сіз арман еткен техникалық ғылымдар да сол кезде қазақ ортасында қайнап жатады. Қазірдің өзінде мынау Әшірбектер табиғат кілтін бұрап жатыр...

Әшірбектің әңгімемен ісі жоқ. Тұйық жігіт көрінеді. Ортасы көтеріңкі үлкен мұрны бұрғы шығарған жұмыр балшыққа аз-ақ тимей, үңіліп отыр. Станокты бұрғы жылмаңдап еніп барады жерге. Оны қозғаған машина дөңгелегі көз ілестірмей зырлайды. Бұрғы дөңгелектен де шапшаң. Басқарып екі жұмысшы жүр. Алуан түсті жұмыр балшықтарды тігінен қойып, қатарлап тастапты. Әр балшықта жазу бар. Чайков жазуға қарамай-ақ баяндап кетті...

— Бурыл көмір, тас көмір, антрацит...

— Бұлардың бірінен бірінің айырмасы не?

— Басты айырмасы углеродта. Бурыл көмірдің қырық бес-жетпіс бес проценті, тас көмірдің жетпіс бес-тоқсан проценті, антрациттің тоқсан бес проценті, одан да көбірегі углерод. Көмірді маркаға бөлеміз. Мысалы: Т мен Д маркасы отын орнына, Г генератор газын алуға, ПС, К, ПЖ маркалары кокс, тағы басқа қымбатты заттар қорытып алуға пайдаланылады. Көмірден қарамай, бензин, керосин сияқты химиялық заттар да шығады... Қарағанды көмірінің зор қасиеті — коксіленетін көмір. Кокс — өндірістің ең құнарлы азығы.

Әңгімені ылаушы жігіт бөліп жіберді. Келгелі газикті айналдырып, о жер, бұ жерін шұқып жүрген. Гудокты басып қалғанда, көк байтал осқырып, атып түсті. Шылбырды үзіп босанып, қашып барады. Жігіт қуып барады.

— Қап, мынау жаяу тастап кетті-ау! — деді Мейрам. Чайков сылқ-сылқ күледі.

— Жұртқа қазір машина қандай таңсық! Осы жастар ертең оның рулін тізгінше ұстайды. Жүріңіз, сізді енді мен апарып тастайын.

— Иә, сіздің ауылдан да ылау мінейік. Қош, Әшірбек жолдас.

Әшірбек басын көтеріп, аузын жыбырлатты да қайта үңілді балшықтарға. Бірауыз сөзге келместен қалды. Чайков пен Мейрам газикке отырып, әңгімелесе кете барды...

Жалпақ жонды кең далада шоқ-шоқ, ойдым-ойдым қарағандар, төмпешік-төмпешік болып жатқан суыр індері көрімеді. Суыр өрбіп жүр. Өте сақ, машинаны көрісімен мыртың-мыртың жүгіріп, қашып бара жатыр. Бес-алты күшігін ерте басқадан бұрын зытқан бір қараней ініне жеткенде артқы аяғымен тік тұра қалды. «Не қыласың, ұстап алшы, кәне» дегендей шықылықтап тұр.

— Қарағанды көмірін осы суыр індерінен бір мың сегіз жүз отыз үшінші жылы қой бағып жүріп бала жігіт Апақ Байжанов тауыпты, — деді Чайков. Мейрам естімеген екен, құмарта тыңдады. — Бірақ, не екенін білмеген. Ауылға келіп ақсақалдардың сарабына салғанда, олар да таба алмай, дал болыпты.

— Неге дал болады? «Көмір» деген қазақтың ескі тілі. Тіл тегін жасалмайды. «Осал деме көмірді, бұрқылдатар темірді» деген мәтел де бар қазақта. Жас Апақ білмесе де қариялар білуге тиісті.

— Иә, солай-ау, білмесе болыс Тәти Ушаковқа екі жүз елу сомға сата ма?

— Жеткізген екен бағасын! — деп Мейрам Тәтиді кекеп қойды. Соған он екі мың жылқы бітіпті. Мынау есепшілдігіне қарағанда қалай бітті екен!

— Оны азсызсаңыз, Нелді кенін Байзақов деген бай сексен алты сомға сатқан.

— Ушаков қаншаға сатты?

— Ушаков та қазақ байынан онша ұзаған жоқ. Елу жылдай қожа болып тұрып, ақыры бір мың тоғыз жүз төртінші жылы француз капиталисі — президенттің баласы — Карноға жеті жүз алпыс алты мың сомға сатқан. Карно екі-үш жылдап кейін ағылшын капиталистеріне өткізіпті. Ғасыр бойы байлар арасында саудаға түсіп келген Қарағанды — Спасск — Нілді жеріне европалық бір мемлекет сыйып кетер еді. Бәрінен қалған мұра мынау, — деп Чайков қыр басында сойдиған жалғыз трубаға иегімен мегзеді. Қарағанды хикаясы таусылар емес. Енді барлау жұмысын баяндай бастады:

— Бір мың тоғыз жүз жиырмасыншы жылы Александр Александрович Гапеев экспедициясы келіпті бұл далаға. Қарағанды көмірінің молдығын, коксіленетінін бірінші рет сол айтқан екен.

— Орыс, ағылшын капиталистері мол кенді жалпағынан басса да терең, зерттей алмады, шұқылап-шұқылап қана пайдаланды. Гапеев Қарағандының өзінде «жаңа» пласт көмірін қолдан жағып, коксіленетінін білді. Қарағанды бассейнінің жергілікті ғана емес, жержүзілік маңызы бар деген қорытындымен қайтты. Біз, Қайыр Аманбековичтер сол Гапеевтің шәкірттеріміз.

— Шәкірттік дәуірден әлі өткен жоқсыздар ма? — деп Мейрам жымия күлгенде, Чайков сақылдай күлді.

— Онда кеще шәкірт болғанымыз да! Әзірге зерттеген жеріміздің көлемі Гапеевтікінен бес есе, тапқан көміріміздің көлемі екі есе артты. Қазір Қарағанды көмірінің молдығына, оның коксіленетініне күман қалған жоқ. Сыртқы жау енді «бесжылдыққа» сенбесе, Главкадағы оппортунистер әлі де коксіленуіне сенбейді...

— Сенбесе мейлі, халық сенсе болғаны! — деп еді Мейрам.

— Әрине, — деді Чайков, машинаны өзі жүргізіп келе жатқан, бір қолымен алға нұсқады, — әне, анау труба маңындағы тобыр халық! Сенгендіктен келіп жатыр...

— Көмірдің коксіленетінін дәлелдеуден, бұл сенімді ақтау қиынырақ. Олар құр сеніммен ғана келді. Тәжірибесі, білімі, құралы... жоқ. Бұл жоқтардың бірде-бірі орыс көмегінсіз жасалмайды...

Жай сөйлеп, кең толғап отырған Мейрамның жүзіне оқтын-оқтын қарап қойғанда Чайковтың көзінен шаттық ұшқыны шашырайды. Бұл далада өте сирек кездесетін оқымысты жас қазақтың жаңа пікірлерін құмарта тыңдап келеді. Кейде сабыры жетпей бөліп жібереді сөзді.

— Сіздің уайымдарыңыздан да жанға жайлы самал соғады. Бейсек Керімов ақылсыз адам емес қой. Ол кісімен сан кездескенде бұндай әсер алған емеспін.

Мейрам мырс етіп күліп жіберді.

— Қолайсыз теңеу. Бейсек ұлт батпағынан шыға алмай жүр ғой. Мен әзір ешбір батпаққа ұрынғаным жоқ.

— Ғапу етіңіз. Рас қолайсыз екен-ау! — деп ыңғайсызданып қалды Чайков. Екеуі әңгіме еткен Бейсек Керімов Қазақстан Халық Комиссарларының бірі болған, кейін оңшыл, ұлтшыл қылықтары үшін төмендеп, Ақмоланың округтік мекемелерінің бірінде істейді. Чайков енді ол тақырыптан тайып шығып, Мейрам сөзін қуалай сөйледі:

— Халықтар достығы, социалистік қарқын жайында баса айтасыз. Дұрыс-ақ. Бұл екеуі күшейсе, өмірдің әр тамыры дұрыс соғады. Социализмге қарсы пікірсымақ, ғылымсымақтардың барлығы осы жанды жерге жаман кездігін сермеп бақты.

— Әлі де сермейді.

— Иә, сермейді. Әзірге ортасынан сынды ол кездік. Социалистік шабуыл мүлде ұнтап тынады оны.

Екі өгіз жегетін ырдуанға айыр жетекпен жалғыз ат жегіп, жалғыз сиырды соңына тіркеп, шықыр-шықыр ілбіп бара жатқан бір кеш жол үстіне шоңқая кетті. Көш иесі екеу-ақ: бір әйел, бір еркек, қимасы түскен ырдуанды мықшың-мықшың көтеріп жатыр. Легчанкеге мінген зор адам көлденеңінен кездесті бұларға. Арбасынан түсе сала екеуі көтере алмаған ырдуанды жалғыз көтеріп, шандыған дөңгелекті белдікке қайта кигізген соң жөнеле берді. Анадайдан танып, трест бастығы Щербаков деді, — Чайков, — қуамыз ба, кейін-ақ кездесесіз бе?

— Асығыс тәрізді ғой. Бөгемейік.

— Қажырлы, іскер адам... Келісімен өлі Қарағандыға жан салды. Сонау беткейлерде бірен-саран қарайған жаңа шахталардың бастамасы. Қарағанды зерттеу, талас дәуірлерінен өтіп, дереу мыңдардың еңбек майданына айналғалы тұр.

Мейрам ойлы үнсіз келе жатыр еді. Кештің жанынан өте бергенде Чайковтың сөзін бөлді:

— Щербаков жаңағы болмашы көмегімен үлкен денесін ғана емес, үлкен жүрегін де көрсетіп кетті.

— Дұрыс байқағансыз. Көпшілік-ұйымдастыру жұмыстарында да ол сіздерге үлкен жәрдемші. Қарағанды алдымен өзінің партия, совет, кәсіподақ ұйымдарын құрып алу керек.

— Әрине, оларсыз ешбір жұмыс оңалмайды.

Kөш, бетімен жайылған мал, біресе ұйыса, біресе бытырай қонған киіз үйлер, көмір қордаларының ескі төмпешіктері... Солардың ара-арасымен бұлтақтай жүріп келе жатып:

— Қайда түсесіз? — деді Чайков.

— Сейтқалы деген ескі жұмысшы болатын...

— Білем, білем, қазір десятник. Анау баракта тұрады. Ағылшындардан қалған бес-алты барактың біріне келіп тоқтады машина. Барак алдында махорка шылымын орап отырған жуан мұрынды, сарша жігіт күрілдей тұрды орнынан:

— Жаным-ау, Мейрам ба, мынау? Келші, көрмегелі қашан? — деп құшақтай алды. Сүйіп те, жылап та жіберді. Екеуінің шұрқырасуы ұзаққа созылып барады. Чайков қайтуға асықты:

— Рұқсат етсеңіз, Мейрам Омарович, дала мені күтіп тұр.

— Рақмет, Анатолий Федорович. Бұл менің туған жерім болса да сырын сізден аз біледі екем. Әрдайым кеңесіп тұралық.

— Кеңесуге мен сізден әрі құмар.

Чайков қоштасып жүріп кетті. Сейтқалы Мейрамды ертіп үйіне енді.

III

Мейрам ертеңіне таңертең Сейтқалыны ерте Щербаковтың пәтеріне қарай аяңдады. Күн найза бойы көтерілген, аспанда алақандай бұлт, үп еткен жел жоқ. Бүгін тымырсық ыстық болатын түрі бар. Таңертеңгі тұнық ауаның өзінде күлімсі көмір иісі аңқып тұр. Мехцех жақтан шақылдаған балға даусы естіледі. Бірінші шахтадан шелектеп көмір тартқан, ташкелеп көмір үйген жаңа шахтерлер көрінеді. Баракта тұратын ескі жұмысшылардың бірен-саран сиыры бел асып, өрістеп барады. Бірнеше жыл думанды Москвада тұрып үйренген Мейрамның көңілі бұл көріністерге толған жоқ. Атрапқа жіберді көзін. Беткейлер бетінде, көп уақыт адам жүрмей су сойып, шалғын ескен жолдар жатыр. Сол жолдардың шалғын жалын майырып, шаңын көтере үздік-создық көштер келеді. Қарағандыны төңіректей, ойпаттағы көгалды сағалай қонған ауылдар көрінеді...

— Өлі дүниеге жан ене бастаған, — деді Мейрам. Жан-жағына байыпты қарап, жүре тоқтап келе жатыр еді.

— Тезірек жүрелік, кетіп қалар, — деп Сейтқалы алға түсті. Үйдегі әңгіменің жалғасын айтып барады. — Білгір адам. Әсіресе жер астын тамаша біледі...

Алдарында жапырық тас үй тұр, төбесін жаңадан көтеpiп жауыпты, екі жақ қабырғасы жыпырлаған есік. Ағылшындардан қалған үй екенін нұсқасынан-ақ білуге болады. Бір есіктің алдында жайдақ легчанкаға жеккен торы ат көрінеді. Легчанкада қаба сақал қазақ шалқасынан жатыр, ыңырсып әндетеді.

— Щербаковтың кучері. Жүргелі жатыр екен, — деп Сейтқалы жылдамырақ келіп есік тұтқасын ұстай бергенде, Мейрам оны қолынан тартты да, есік қақты.

— Рұқсат, кіріңіз, — деген жуан дауыс естілді.

Щербаков жалғыз, ішкі көйлекшең, сақалын қырып отыр екен. Есік ашылғанда ұшып тұрды орнынан:

— Қош келдіңіздер!

Мейрам қол алысып, орыс салтынша таныстырды өзін:

— Мейрам Омарович Омаров.

— Сергей Петрович Щербаков. Отыруларыңызды сұраймын. Ғапу етіңіздер, қазір босаймын, қазір.

Екеуінің астына екі жайдақ орындық қойды да, өзі жайдақ столына барып қырына берді. Жеңі сыбанулы, жағасы ашық, жалпақ кеудесі, еті аз, сіңірлі жуан білегі тым жүндес: қою салалы қара жүн саусақтарына дейін басыпты. Шықшытты, қара қоңыр бет бейнесіне қарағанда, шекесі қысықтау, маңдайы шығыңқы, бурыл шаш, алып денелі бұл адам өте кішіпейіл тәрізді. Алдындағы кішкентай қолайнамен қатар шынылы рамка ішінде бір әйел суреті тұр. Жасы отыздың ішінде, сымбатты, күлімсіреген мөлдір көк көзі қандай ақылды. Кербез қарап бір жылы сөз айтқалы тұрған сияқты. Сол суретке сүйей қойған конверттегі:

«Москва... Антонине Федоровне Щербаковой» деген жазуға көзі түскенде, «әйел екен» деді Мейрам ішінен. Аласа, төбесі шатырша, шағын бөлмеде мүлік аз. Жабайы темір кровать, үлкен чемодан, бір стол, босағада ілулі шахтер шамы көрінеді. Кішкентай бөлмедегі мол денелі, кең мінезді адамның жұпыны тұрмысын көрген соң «большевик-подпольщиктердің бірі болар» деп тағы да бір жорамалдады Мейрам.

* * *

Мейрам дұрыс жорамалдап отыр. Сергей Петрович 1914 жылдан бері коммунист партиясының мүшесі. Шашы бурыл тартқанмен жасы қырық бестен жуырда ғана асты. Бұдан отыз екі жыл бұрын Донбаста болған жұмысшылар забастовкасының бірінде оның әкесі Петр Алексеевичті полициялар қылышпен жаралады. Қанға боялған зор денелі, апсағай шахтер сонда да қаймыққан жоқ. Қолын жоғары көтеріп, жұдырығын түйе айқайлап тұрды:

— Қанның есесі қанмен қайтар!..

Сергей Петрович бұл кезде оқып жүрген бала. Мектептен келе жатып, әкесінің аянышты түрін көргенде, ашынды үнін естігенде шыдай алмады. Дереу үйіне келіп, рогаткасын алды да, қайта шықты. Өшіккені — күрең атты, ұзын мұртты, жуан мойын полиция. Әкесін қылышпен ұрған сол екенін көзі шалып қалған. Miнe, сол белгілі жау жұмысшы көпті ат бауырына ала, қылышпен шайпай:

— Тара, тара! — деп тағы келеді ақырып. Бала Сергей бұғып тұрып, рогаткасын тартып қалды. Түйе құмалағындай темір винт дәл көзден тиді, ұзын мұртты полиция ат жалын құшып, ұрыстан шыға берді...

Бұдан кейін бір жыл өтті. Петр Алексеевич қайтыс болды. Одан қалған екі ұл, бір қыздың үлкені Сергей — он төрт жаста. Кешке жақын, ала көлеңке бөлмеде қам қөңіл үш жетім жесір ананы қоршай жабыңқы отырды. Ертең нан алуға ақша жоғын бәрі біліп отыр. Мінезі шадыр, қой көздерінің кірпіктері тік біткен Коля да, жақ жаппайтын, дамыл таппайтын алты жасар Светлана да қазір кәдімгідей салмақты, ойлы, «енді қайтеміз?» дегендей жалтақтап қарай береді анасына. Анна Никифоровна Сергей түстес қоңыр, мінезі ауыр кісі еді, қайғымен қарая түсіпті.

— Сережа! — деді әлден уақытта күрсініп. — Семья салмағы енді саған түсті. Оқуды қоя тұрасың да.

Петр Алексеевичтің де жасында оқуға мұршасы болмаған. Ол кеткен соң бір жұма өтпей-ақ баласы мектептен қалды. Борис Михайлович Козлов ол кезде жиырмаға жетпеген жас жігіт, жұмысшы — металлист болатын, Сергейді ертіп апарып шахтаға орналастырды.

Салмақты, салқам, аз сөйлейтін бала Сергей жұмыс таңдаған жоқ, таңдағанын кім береді, лампа тасудан бастады еңбекті. Одан жоғарылап ат айдаушы болды. Аласа, лас забойларда ауыр шананы еңбектеп мойнымен сүйреп те жүрді. Сонымен төрт жыл өтті. Сергейге он сегіз жас толды, енді қайла ұстады қолына. Лампашы, ат айдаушы, шанашы деген қосымша аттар өзгеріп, забойщик Сергей атанды. 1914 жылғы жержүзілік соғысқа дейін сол шахтада, сол кәсібінде қалып қойды. Барлық жағынан ер жетті. Алдымен саяси сауаты ашылды. Соғыс алдында партияға енді. Соғыс күндерінде үстінде шинель, қалтасында коммунистік билет, майданда жүрді. Мылтық асынған көптің бірі болып жүрген жоқ, соғысқа қарсы листовкалар таратып, өз партиясының үгітшісі болып жүрді...

* * *

Сергей Петрович Щербаков өмірдің осындай қиын кезеңдерінен өтіп келген адам. Қырынып бола сала, жұмыс пенжегін киді де, қонақтарға жақындай келіп отырды.

— Кәне енді әңгімелесейік.

— Танысыңыз, — деп Мейрам өлкелік партия комитеті берген қағазды ұсынды. Сергей Петрович тікше, тура мұрнына көзілдірігін дәлдеп қойды да оқи бастады. Оқып шығысымен көзілдірігін қолына алғанда кішірек көкшіл көзі жайнап кетті.

— Жақсы болды! Өте жақсы болды! Қажетіміз көп, соның ішінде ең қажетіміз жергілікті партия ұйымы еді.

— Қанша коммунист бар?

— Әзір кездестіргенім он шақты. Келіп жатыр халық.

— Бетімен бе, ұйымдасқан түрде ме?

— Көпшілігі ұйымдасқан түрде. Аудандарға жоғарыдан нұсқау берілген. Колхоздарға шарт үлгісі жіберілген. Аудан өкілдері қазір ел ішінде болар. Тельман ауданы, оның председателі Қанабек жолдас, адам, көлік күшін қолма-қол ұйымдастырып береді.

— Қазір халық қанша, осында?

— Үш жүзге тарта бар. Біз келгенде қырық-отыз ғана еді.

— Бұныңыз қашанғы есеп?

— Бұдан үш күн бұрынғы.

— Ел қарамы одан көбірек сияқты.

— Мүмкін. Күндіз-түні құйылып жатыр ғой, — деді де Сергей Петрович әңгіменің бетін басқа жаққа бұрды.

— Қашан келдіңіз?

— Кеше.

— Қайда орналастыңыз?

— Мына Сейтқалынікіне түсіп едім, басы көбірек екен. Бұл, Ермектің үйіне орналастыратын болды.

— Дұрыс орналастырған. Ермек екі-ақ бас. Жалғызсыз ба, келіншегіңізді ала келдіңіз бе?

— Келіншегім жоқ еді, деп жай ғана жымиды Мейрам.

— Біз сізді үйлендіреміз осында. Үйленуден бұрын келіншекке үй саламын. Үйсіз оларды ұстау қиын. Менікі Москвада қалды. Ал, неден бастамақсыз жұмысты?

— Рұқсат етсеңіз әуелі шахтаға түсер едім. Шахта дегенді көрген емеспін. Содап кейін мынау ауылдармен танысам да, ауданға барып қайтам.

— Дұрыс көріңіз бәрін, — деді Сергей Петрович «Уақытым жоқ» деуге аузы бармай, қипақтаңқырап отыр еді, Мейрам соны сезгендей сөйледі:

— Сіз жаңа шахталарды араламақсыз ғой, жолыңыздан қалмаңыз. Маған Сейтқалы көрсетер.

— Табылған ақыл. Әйтседе көзіктіріп кетейін. Үшеуі үйден шықты. Бірінші шахтаға жаяу келеді. Бұларды көріп бұраншылар өзара күбірлесіп тұр:

— Анау, жаңа жігіт кім?

— Крайдан келіпті кеше.

— Крайдан да келе бастады ма?

— Е-е, Қарағанды дүрілдегелі тұр ғой.

Бұраншыларға жеткенде Щербаков талтия тұрып, шылымын тартты. Имек, жуан трубкадан түтінді бір бұрқ еткізіп:

— Бұны бізден бұрын Ермек ашқан, — деді, — осының көмірін астыққа, қойға айырбастап күнелтіпті. Көріңіз, ағылшын тұсындағы мешеу әдістер әлі бар. Біз соны социалистік әдіспен өзгертуге тиістіміз. Бұл жөнде ертең сағат тоғызда, тресте отырып кең сөйлесейік.

Щербаков қоштасты да жүріп кетті.

* * *

Көмірге боялған жігіттер бұранды дамылсыз бұрап тұр. Олар шығарған көмірді өгізді-түйелі үш-төрт кірекеш салып алып тұрған.

— Етегінен алыңдар, жау мүлкіндей таптамай! — деп Сейтқалы бір дауыстап қойды. Даусы жуан, қабағы түйілген, томырық мінез, наубас жігіт тосын көзге тым ызғарлы көрінсе де, «өзіміздің Сейтқалы» атанған жағымды десятник еді, кірекештер ұнатпай қалды:

— Кен екеш кенге де тарылды, а! — деп, дода сақал біреуі басын шайқағанда, қасындағы жалақ сары қабағын шытынды. Насыбайын тілінің астына салып, шырт түкірген соң ғана сөйледі ол:

— Тегін жатқан кен бар ма? Анау темір шелектермен «арыстанның аузынан, түркпеннің терінен алып» тұр ғой.

— Осы шіркін алтын болса да сонша жерден келмес едім, әттең көріктің бұнсыз күні жоқ.

— Мына тобырдың бәрі көрікке бола келді ме? — деп жалақ сары қараша ауылдарға қарай қолын көтере сермеді.

Ойда, көгалды қуалай қонған қараша ауылдар отыр. Біреулер жаңа келіп жүгін түсіріп, біреулер шаңырақтарын көтеріп жатыр. Ерте уақытта жан-жақтан келетін тоғыз торап жолды шөп басқан. Енді солардың шалғын жалы майырылып, шаңдата бастапты... Дода сақал кірекеш күрегіне сүйене тыныстап тұрғанда бәріне көз жіберіп тұрды.

— Колхоз жасау бұдан да қиын, — деді бір кезде, — осы қиындарға жұрт неге құнығатынын білмеймін.

Жалақ сары мырс етіп, тағы бір түкірді. Қаршыға көзі күлімдеп:

— Ей, Иса! — деді содан кейін, — кедей болып жоқшылықтың зарын, бай болып рақаттың дәмін татпадық. Сондықтан білмейсің. Білмесең де көп ауқымынан шықпадың, көппен көрген ұлы той.

— Сол көбің колхоздан келіп, әне осы трубаның маңына жинала бастаған жоқ па? Бәріміз көмірші болсақ тамақ қайда?

— Бәріміз колхозшы болсақ көмір қайда? Көмірсіз өмір қайда?

— Түсінбеймін. Әйтеуір сеңдей соғылысқан бір дүние деді де Иса, толған арбасын тарта жөнелді. Әңгімемен көмір көбірек салынып кетсе керек, тозған арба таяқ тастам жер шыға шоңқиып қалды. Колхоз кірешілері жиналып «әуп-әуп» десіп жатыр... Бадьяны ырғала бұрап жұмысшылар тұр.

— Сейтқалы жұмыс жайын қыза әңгімелесе де, Мейрам сыбырмен тыңдап тұрып:

— Табыстарың талапқа сыздық та болмайды, — деп қойды. Өршелене түсті Сейтқалы:

— Сен кеше ғана келдің, білмейсің өліп қалған завод болатын бұл. Miнe тірілді, көмір бере бастады елге...

Мейрам таласпады, үлкен адамның болмашыға балаша қуанғанына тек езу тартты. Көмір құдығының тақтаймен көмкерген ернеуіне асыла, түбіне телміре қарап түр. Тіп-тік шыңырау. Төрт қабырғасына ағаш қиып, шегендеп тастаған. Қаратүнекке қанша үңілсе де көз жетпеді. Сол түнектен оқтын-оқтын:

— А-й-да-а, — деген талмау дауыс естілді. Дауыс естілгенде бадьяшылар жеделдете бұрайды.

— Бұл не дауыс? Нені айда деп жатыр? — деген Мейрамның сұрауына күледі бәрі. Көмір құдығының жанындағы қақпақты құдықтың қақпағын ашып:

— Жүр барған соң көреміз — деді де түсе жөнелді Сейітқалды.

Бүйінің ініндей тіп-тік, аясына аясына екі адам сиярлық қара үңгірдің түбіне апаратын басқышқа Мейрам алғашқы рет қадам басты. Түтіні бұрқыраған бөлешке шамның әлсіз жарығы аяқ астын да анық көрсетпейді. Сейтқалы тік сатыда жай жердей жортақтап барады. Мейрамның жүрегі қобалжып, буындары босаңсып, арттан біреу итермелегендей денесі алға, аяғы кейін тартып сатыны басуға әзер үлгереді. Шамы өшіп қалған. Маңдай тершіді, жүрек қақты. Берекесі қашқанын білдірмейін десе де болмады.

— Тоқташы, демалайық.

— Сейітқалы да, шам да жоқ.

— Қайда сүңгіп кетті?

Алақтап жоғары қарады Мейрам. Жұлдыздай жылтырап көз ұшында көк сәуле көрінді. Төмен қарап еді, қоламтаның шоғындай әлденелер сығырайды. Өзгенің бәрі қаратүнек. ештемені болжап болмайды.

— Бармысың, бөрібас? Бас айналды. Жаным-ау, жаңағы құлап кеткеннен аман ба?!

— Атаңның басы! — деп, шамын сонда ғана жарқ еткізді Сейтқалы. Масаттанып кеңк-кеңк күледі.

— Неткен сүңгуір едің, қайдан шыға келдің?

— Шамымды етегіммен бүркеп, жақында-ақ тұрғам. Састың білем, ә?

— Болмашы ойынға ертеден құмар едің, әлі тастамаған екенсің.

— Әдет өзгере ме?

— Бәрі өзгереді.

— Өзгертсең көрерміз, алдымен Бәйтенді өзгертіп берші.

— Ол кім?

— Ескі шахтер. Ескі жалқау. Қарағандыны жұрттың бәрінен қызғанады. Өзі тек аузымен орақ орады.

— Қарағанды Бәйтен түгіл, бүкіл қазақ құшағына сыймас, — деді Мейрам. Үлкен ойын тар жерде жайғысы келмегендей, одан әрі сөздің бетін бұрып әкетті. — Сонау жоғарыдағы сәуле не?

— Даланың сәулесі.

— Төмен де жылтыраған не?

— Шахтерлердің шамы.

Азырақ демалған соң екеуі тағы жүрді, жүрген сайын жылтыраған жұлдыздар жақындап, тасыр-тұсыр дыбыстар естіле бастады. Тоғыз сатыдан етіп, оныншы сатыға жеткенде аяқ астынан:

— А-й-д-а — деген дауыс саңқ етті.

— Бұл ескі шахтер Ысқақ. Тысқа көмір жөнелтіп тұр. Манағы дауыс осынікі, — деді Сейтқалы.

Мейрам көмір құдығының түбіне жеткенде басқа бір дүниеге жеткендей болды. Тоғыз қанат киіз үйдің көлеміндей ғана қуыс, төбесінде кішкене шаңырақтай тесігі бар. Сол тесіктен жылтыраған көгілдір сәулені көмір тартқан екі шелек дамыл-дамыл түсіп шығып бүркей береді. Күн батысқа қарай жер астын кеулеп кеткен бір қуыс жатыр: биіктігі кісі бойы, ұзындығына көз жетпейді, қабырғалары көмір — бөлешке шамның жарығымен шағылысып, жылт-жылт етеді. Төбеге қолдың саласындай қылып ағаш қиыпты, әр ағаштың екі басына тіреу қойып, қабырғаға жапсыра тіреп тастаған. Осы жолмен келіп, кетіп жатқан тәшкешілердің дабыры, шиқылдаған тәшке, көтерілген көмір тозаңы тосын көзге жер астын алай-түлей, даң-дұң, жат дүние көрсетіп тұр. Мейрам байыпты көзімен бәрін болжап шыққан соң:

— Көмір құдығы қымбатқа түскен екен, — деді. — Қаншама уақыт, күш, денсаулық ысырап болып жатыр.

Ысқақ ентіге тұрып, басын ұзақ изеді. Онысы қостағаны емес, қарсылығы екен:

— Қай жігітсің, шырағым? Ұмытып қалдым атыңды?

— Жаңадан келген жігітпін. Атым Мейрам.

— Жас екенсің. Оның үстіне жаңадан келсең білмей айтып тұрсың. Ағылшындар, подрядшіктер үшін де төгілген бұл тер. Төбеден су сорғалап, тізеден саз кешіп, еңбектеп тартатынбыз шаманы. Сөйтіп тапқан тиыннан да жейтін олар. Енді жеуші жоқ. Ұқсата алмасаң өз обалың өзіңе.

Мейрам көзін алмай, Ысқаққа қадалып қалды. Селдір сақал, бет әжімі терең, қатыңқы адам, барлық тәшкешілердің тасыған көмірін сыртқа жалғыз жөнелтіп тұр. Әр шелекті жөнелткен сайын дауыстайды. Тек осы дауыстаудың өзіне шыдамас еді кісі. Мейрам бірақ бұл күшке таңданбады. Көмір теңізіне шөгіп жатқан шонжар белді төңкеріп тастайтын сана тапты Ысқақтан. Оның атын блокнотына жазып алып:

— Ағай, қолыңдағы шамыңнан, кеудеңдегі шамың жарығырақ екен. Кешеден бері көргені көңілін көтертпеп еді, Ысқақ сөзі сейілтіп жіберді. Сейтқалыға енді шешіле сөйлеп келеді. — Мыңдаған жұмысшы, мыңдаған тонна көмір керек. Ондаған жұмысшы шелектеп әзер алып жатыр. Бірақ, жаңағы сана, шыдам, құмарлық мұратқа жеткізбей, қоймайды! — дегенде, Сейтқалы кеңкілдеп тұрып күлді.

— Неге күлесің?

— Сен оны ауылдан жаңа келген шаруа деймісің, нағыз шахтер солай демегенде не дейді?

— Ескі шахтерің қанша?

— Отыз шамалы.

— Донбастан келгендер қанша?

— Әзірге он бес-жиырма адам.

— Осылардың маңына маңды үйіре білуіміз керек. Құдығың сонда ғана көлге айналады. Түсінікті ме?

Сейтқалы үндемеді. Қарсылығы ма, кенгені ме, әлде тіпті елемегені ме — белгісіз. Томсарып келе жатып үлкен мұрнын ұстай бір сіңбіріп тастады да:

— Бұл келе жатқанымыз коренной штрек. Барлық көмір осымен өтеді, — деді. — Мынау оңға-солға кетіп жатқан қуыстар — «пеш» — қазақша «төрт бас».

Мейрам жымиып Сейтқалының бетіне бұрыла қарады. «Мен сенен «төрт басты» сұрадым ба?» деген қарас еді. Сейтқалы бұған да жауап берместен көмір жайын айта берді:

— Көмірдің жігі болады, беталды қаза бермейді. Бірде оң, бірде теріс кездеседі ол жік. Оңынан кездессе «төрт бас» — шабуға жеңіл. Солынан кездессе «теріс» шабуға қиынырақ. Сен пожалыста «құдық» дегеніңді қой. Құдық түгіл шурф та емес бұл. Кәдімгі шахта, көрмеймісің?

Мейрам қарқ-қарқ күліп жіберді. «Құдық» дегені Сейтқалыға құбыжық екенін жаңа білді.

— Соны енді, аузы-мұрныңды дорбитпай-ақ айтсаң қайтеді?

— Әр нәрсені өзінің атымен атау керек. «Құдық-құдық» деп қоймайсың.

— Ал, шахта дейік.

Сейтқалы сабасына түскен тәрізді. Оңға бұрылды. Жылтыраған шамдар, көтерілген тозаң көрінеді. Қайла дүрсілі естіледі.

— Қайда келеміз?

— Қайлашыларға.

Бұлар келгенде екі жігіт тәшкесіне сүйеніп, мүлгіп тұрды. Екі қайлашы шарта жүгінген, кеудесінен жалаңаш, алдарындағы көмір қабырғасын жантая беріп, құлаштай ұрады. Сүйсінгені ме, шаршағаны ма, ұрған сайын ыңқылдайды. Белдеудегі қара балшық ысқаяқтанып, жылтылдап алған, бір салғанда асықтайы азар сынады. Жігіттердің басынан буы бұрқырады. Шып-шып шыққан қара тер денені айғыздап, тарам-тарам жол салды. Мейрам аяп тұрды ішінен, Сейтқалы қабағын қарс жауып, жан-жағына қарады да, cөгe бастады қайлашыларды:

— Қабырғаны қарашы, ауылдың шым қорасындай қиқы-жиқы. Раскос алмаса болмайды. Жолдарыңнан сайтан тайып жығылатын, тәшке қалай жүреді? Көмірлеріңе балшық араласқан. Балшық та жана ма? Тәшкешілер міне қарап тұр. Бүгін бір түйір көмір жөнелткен жоқсыңдар. Осындай жұмыс бола ма екен?

Қайлашылар жақ ашпады. Апсағай денелі, қара сақал біреуі қаңылтыр торсығының аузынан сылқ-сылқ су жұтып жатыр. Жалаңаш кеудеден бұрқыраған бу, қайла көтерген тозаң, будақтаған шам түтіні тұтасып, өзі сарғылт сәулені көмескілеп барады.

— Апырай, тастай екен! Тастай екен! Бір кісідей әлім бар еді, — дей берді, жаңағы сусындап алған қара сақал қайлашы. Сейтқалы сирек мұртын селтите енді күле қарап тұр оған.

— Қайла оңай болып па. Ертерек дегенім қайда? Аяғандай көрдіңдер. Күшің көп, ақылың, айлаң аз. Қара күштен, қара көмір күштірек. Шыдасаң, тәсілін тапсаң ғана жеңесің, — деді де Мейрамды ертіп жүріп кетті.

IV

Қара сақалды қайлашы бір кезде топқа түскен балуан Құтжан дейтін. Бұрын шахта көрмесе де бойына сеніп, келген бетінде қайла сұрады. Көміршілер арасында қайлашы үлкен атақ. Жоспардан асыра орындаса ақшасы да, беделі до арта береді. Бірақ, қайла әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан әркімге беріле де бермейді. Құтжан балуан атағын бетке ұстап азар алған. Қасындағы үш жігіт балуанның бригадасына енгенде, төбесі көкке жеткендей болған. Енді бәрі тұнжырай қалыпты. Ысыған дене суыған сайын ауырлап, қозғалса жыртылып кететіндей, төртеуі төрт жерде сілейіп отыр...

— Е, е жаңа келген жұмысшы ел ішіндегі кірме сияқты ғой, — деді басын изеп бір тәшкеші. Жасы қырық бестер шамасында, бетінің көлденеңі шығыңқы, қара сақалды адам екен, тісі қыши ма, әлде әдеті ме, тісін шықырлатып қояды. Кіші көзі тереңде жатса да тым мазасыз, ойнақшытып қарай береді қасындағыларға. Бұлар бір забойда істесе де бірін-бірі әлі жете білмейді — жаңадан келгендер. Осы кісіні кезінше «отағасы», сыртынан «көсеу қара» дейді бәрі.

— Неге де болса көніп келдік қой, отағасы, — дей беріп еді бірі, «көсеу қара» оның сөзін бөліп жіберді:

— Қуырып жесе де тілдеуін, кіжінуін қойса екен. Жаңағы десятник сөзімен қабырғамызды сөгіп кеткен жоқ па?

Құтжанда үн жоқ, өзімен өзі болып отыр. Кекештеу сөйлейтін теке көз бала жігіт, әрқайсысының аузына жалтақ-жалтақ қарап тұрған. Жасынан тәшке ұстап, үлкеннің ісіне араласқан жас, үлкеннің өзіне де араласты бір кезде:

— К-кінә өзімізден. Сырттан сөйлеуді ғана білеміз. Уа, шіркін, Ермектей істесең, ды-десятниктерің құрдай жорғалар, — дегенде «көсеу қара» кірпідей шиырылды.

— Оттамашы, кекеш неме! Жасынан жалпақ шешенін! Ермек ескі жұмысшы, оны өсіре береді. Бізді таптай береді.

Қара бала қарғып тұрды орнынан, қызараңдап үлкен көзі шарасынан шыға жаздады. Ашуланғанда тіпті кекеш екен, тұтыға-тұтыға бірауыз сөзді азар айтты:

— Се-се-сен, дәуде болса құ-құ-құлақсын!

— Тоқтат! — деп ақырып қалды Құтжан. Саңқ еткен даусы шахта ішін жаңғыртып жіберді. Бәрі жым болды. — Құлақ-сұлақ! Ескі-жаңа! Тантуын түге! Одан да көмірді құлата беріңдер!

Орындарынан баяу тұрып, әрқайсысы өз жұмысына кірісті. Забойлап болып қалған. Бірақ забойдық тереңдігі қырық-ақ сантиметр. Тым аз. Жарты норма бергеніне балуан Құтжан бағанадан бері қынжылып отырды. Енді қатулана қимылдаса да одан асар емес. Ұялды ма, әлде ауырды ма, забойлап бітірген соң:

— Өздерін, құлата бер, кетем, — деді. — Күресіп жүргенде тоқпақ жілігімнің тайғаны бар еді, ауырып тұр.

Забойлау қиын, құлату оңай. «Көсеу қара» оңайды лезде опырды. Екі тәшкеші бәсекемен жүгіре тасыды. Құтжан үйіне жеткен кезде бұлар аз көмірді шығар ауызға жеткізіп те үлгерген еді.

— Бала, қайт, шаршаған шығарсың, — деп қамқорлық көрсетті «көсеу қара». — Мынау екеуміз тіреу қойып десятникті тосып, күн жаздырып қайтамыз.

Бадырақ көз бала қайтып кетті. Қалған екеуі төбені тіреп жүр. Бағанадан бері жақ жазбаған серігіне:

— Ей, Жұмабай, — деді бір кезде «көсеу қара», — осы бізге керегі ақша ма?

Жұмабай жауап қайырғанша бірсыпыра уақыт өтті. Тері шалбарының босаған бауын көтеріп байлап тұрып, сылбыр сөйледі:

— Әйтеуір бала-шағаға нафақа іздеп жүрміз ғой.

— Қырық сантиметр қанша нафақа сонда!

— Қайтейін, өзім әйтеуір аянғам жоқ.

— Аянбасаң, ақшаны күреп аласың.

— Айтсаңшы, ағатай.

— Айтайын, аузың берік пе?

— Берік болмаса, қазіреттің сұмдығы жата ма іште.

— Не сұмдығы?

— Ол жағын сұрай көрме, ағатай, ішіме мықтап түйгем.

— Онда сен де сұрама менен.

Тып-тыныш, қойдан қоңыр Жұмабайдың ішіне от тастады «көсеу қара». «Қазіреттің сұмдығы» сан молдада кездесетін қылық болса да, Жұмабайға зор оқиға. Айту қиын, берік түйген ішіне. Айтпаса бала-шағаның мол нафақасынан қағылады. Момын Жұмабай, біресе ұят, біресе құлқын қысып, маңдайы тершігенде, «аузымнан қағындым» деп өзін-өзі жерлеп те алды. Бәрін сезіп отырған серігі:

— Мейлің, өз обалың өзіңе, — деген кезде шыдай алмады Жұмабай:

— Ағай, өз ішің кең шығар, а?

— Түйені тірідей тықсаң да сияды.

— Ендеше айтайын. Жер хабар бермесін, — деп бастады Жұмекең сырын. — Біздің ауылда бертінде байыған Жамантік дейтін байсымақ болды. Қазір кулак болып кетті, бишара. Құданың құдіреті, сол мал бітісімен желігіп, бүлдіршіндей бір тоқал алды. Аты Бибіжамал. Құданың құдіреті, нағыз қырсық еді осы қатын. Қит етсе ауыра қалады. «Қазіретке үшкірт, қазіретке үшкірт» деп жатқаны. Өзі сол жақтың қызы. Сірә, бұрын бір үшкіртіп, тәуір болса керек. Жамантік мені атқосшыға ертіп, тоқалын күндік жерге қазіретке әкелді. Балпандай бір байтал жетелей келдік. Қазіреттің өз үйі ауылда, ғибадат деген үйі анадай, оқшау екен. Дәретсіз ешкім кірмейді. Түнеуге, үшкіртуге, қол тапсыруға келгендер толып жүр. Біз де кірдік қазіретке. Аузында алла, басында сәлде, тіпті жоғары қарамайды, көп сөйлеспейді, орта жаста, етженді адам екен. Құданың құдіреті, салған жерден, «қолдаушыларың, пірлерің бар ма?» дегенде, Жамантік сасып қалып, қол тапсыруға келдік дегені. Қолма-қол үшеуміздің де мойнымызға белбеу тастап, мүрит қылып алды. Жамантік жаңа тіктіріп киген шапанын жапты. Бибіжамал алтын дүзігін, мен бәкімді бердім. Барым сол еді. Қазірет Бибіжамалдың тамырын, о жер, бұ жерін ұстап отырып, «бір ай үшкіремін» деді. Шаруасын тастап Жамантік жата алар ма, қайтып кетті. Қазірет пен Бибіжамалды күтіп мен қалдым. Қазірет оңаша үйде үшкіреді де жатады. Бір күні тал түс, күн ыстық-ақ, түндік жабулы. Ғибадат үйінің көлеңкесінде шаруамды, бала-шағамды ойлап шүңкиіп отыр едім, құданың құдіреті, бір құйын ұшып келіп, ғибадат үйін төңкеріп-ақ тастағаны. Қазірет көйлекшең, «сәлдем қайда, сәлдем!» деп безектей тұра келді. Бибіжамал ұйқы-тұйқы болып төсегінде отыр. Құданың құдіреті, сол сәлде Бибіжамалдың төсегінен табылды. Міне, осыған он жыл. Қазірет кулак боп кетті. Бибіжамал қайтыс болған, жер хабар бермесін, аузымнан шығып отырғаны осы.

Жұмабайға бұл үлкен оқиға көрінсе де, «көсеу қара» аса мән берген жоқ, келемеждегендей:

— Аузың берік-ақ екен, мен саған айтпай көрсетемін, — деді де орнынан тұрды. Бір тіреудің басына қарындаш пен салынған елеусіз белгіні сүртіп тастап, сондай белгіні екінші тіреуге салды. Жұмабай түкке түсінбей бажырая қарап тұр.

— Біздікі енді қырық сантиметр емес, метр болды. Жетер, — деп күледі «көсеу қара».

Бұл қулықты Жұмабай түгіл жұрттың көбі білмейді. Ол кезде шабылған көмір өлшенбейтін. Өлшеуге кір, кірші, не өлшенген вагонетка керек. Бастықпаған шахтада бұл жоқ. Шабылған жерді ғана өлшейді. Жер өлшеуден алдану оп-оңай. Алданбау үшін әр забойды смена сайын басынан өлшеп келесің, оған уақыт қайда! Сондықтан Сейтқалы түрлі белгілер қолданып жүр. Соның бірі, өзі ғана білетін елеусіз қарындаш белгісі еді, «көсеу қара» сезіп қалып өзгерте қойды. Жұмабай әлден уақытта түсініп, жағасын ұстады.

— Япырай, пенденің ала жібін аттамаған едім?

— Үндеме, бишара, жаңағы қазіреттен әулиемісің.

— Оныкі қарлық қой. Осымыз кәдімгі ұрлық емес пе?

— Көмір құдайдікі. Ақша қазынанікі. Қазына өзіміздей кедейдікі. Өз мүлкің өзіңе не қылған ұрлық!

— Түбінде осынымызды десятник білсе, кулак қылып жібермей ме?

— Нағыз сорлы екенсің! — деді «көсеу қара», — бір үйде жатып, бір дастарқаннан дәм татып отырған соң тілегіміз де бір ғой, — деп айтып едім. Келген нафақаны алмайсың, несіне нафақа іздейсің! Кулагі несі, жұмысшы кулак бола ма екен?

Не қыларын білмей басы қатқан Жұмабай, желкесін қасып отырып, мейлің, деп қалды, зәуде сөз болса менен аулақ. Өзін, бер жауабын.

Сақ-сақ күліп жіберді серігі. Өтірік күлкі екені өзгермеген өңінен көрініп тұр. Жұмабай сезген жоқ. Сейтқалы келді. Жасырын белгісіне елеусіз бір көз тастап, шабылған жерге шұқшия қарады.

— Апыр-ау, қанша айдағансыңдар?!

— Қайдам, бары осы ғой.

— Мына жерден бастап па едіңдер?

— Е, сол жер шығар.

— Балуан намыстанған екен, — деді Сейтқалы өлшеп жіберіп. — Бір метр бес сантиметр айдапсыңдар. Әдейі намыстарыңа тиіп едім. Көріп қой, намыстың күшін!

Сейтқалы қатты риза болып күн жазды да кете берді. «Көсеу қара» Жұмабайды түртіп қалып, жымың етті.

V

Құтжан забойы жаңа ой салды Мейрамға. Қайла шабуға да ақыл, айла керегін көргені, естігені осы. Балуан бүйтіп былығып жатқанда жаңа жұмысшылардың өзгесі не береке таптырмақ? Курс ашып үйретпесе болмайды. Оған дейінгі жалғыз амал — ескі жұмысшыларға қосып баулу-дағы, деген тоқтамға келсе де, Сейтқалыдан сөз тартты:

— Сен ұрыстың-ау жаңағыларға. Кейде ол да керек шығар. Басқа көмегің бар ма?

— Басқа не көмек керек. Өсте-есте үйреніп кетеді.

— Жаңағыларды жеке жібермей, ескілер баулыса қайтеді ?

— Ермек баулып жүр ғой, өзгесі қашады.

— Неге қашады?

— Бөгет болады, еңбекақылары кемиді.

Мейрамды бұл сөз тағы да ойлантты. Үйрету, үйрену жолын тапса да, жұртты сол жолға салу әдісін таппапты. Ескі жұмысшылардың еңбекақысы кемісе жалаң үгіт қаншаға апарады? Жаңа жұмысшыларды баулымаса, азғантай ескі жұмысшы қаншаға апарады? Салмақты мемлекетке салмай болмайды, деген қорытындыға келіп:

— Ескі жұмысшылардың еңбекақысы да, еңбек өнімін де кемітпей отырып, баулу керек, — деп еді, Сейтқалы күр ете қалды:

— Собес пе, мектеп пе, шахта?

— Шахта көмір орны ғана емес. Еңбек мектебі екенін де ұмытпа?

Сейтқалының қабағы жабылып, аузы дүрдиіп кетті. Бұл ұнатпағандағы, сөйлескісі келмегендегі кескіні еді. Енді бірер түртсе тарс жарылатынын Мейрам біле қойды. Қабілеті, ойы күнделік ісінен аспайтын, өзіне өзі берік адал, момын, мәрт жанды ішінен ұнатып та, ұрсып та келеді. Бірақ сыртына шығармады.

Алдарынан бір штрек кездесті. Сейтқалы бұл жолы таныстырмай үнсіз бұрылды. Ашыған нанша беті әлі қабарып тұр. Штректің табаны асфальт тротуардай теп-тегіс, шашылған бір түйір көмір не балшық жоқ. Қабырғалар машинамен шапқандай, мінсіз тіп-тік. Кеннің жатысына қарсы тіреулі самсаған кірептер телеграф бағаналарындай түзу тартылған. Арқалық ағаштар мен төбенің арасындағы саңлауларды сыналап тастапты. Ұқыпты, шебер қол жасаған штрек екенін бұрын шахта көрмесе де Мейрам айтқызбай білді.

— Е, мынау тәртіпті дүние ғой! — деп еді.

— Ермек жасап бара жатқан жаңа штрек, — деді Сейтқалы.

Штрек түбінде шарта жүгініп, құрыш кесек Ермек отыр. Қолындағы екі жүзді болат қайла сілтеген сайын шаммен шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Бөкен қабақтың астындағы бүркіт көз қайда қадалса, иненің жасуындай да аумастан қайласы сонда барып қадалады. Мықыр саусақтары қайланың сабын бойлап, перне басқандай безектеуде. Денесінде күйе бар, тер жоқ. Құрғақ күйе қимылының лебімен ұшып жатыр, мұның қайла сілтесі өзгеше. Құлаштамайды, асығып аптықпайды біркелкі текірек. Сонымен отырып, қасындағы алпарысқан жас жігітті бір метр артқа тастаған. Тәшкеші, күрекшілер шабылған балшықты қолма-қол алып тұр. Крепшілер ағаштарын тастап, кесіп дайындап қойыпты. Кейіс, абыржу жоқ. Жұмыс жай жүріп жатқан сияқты. Қыбын тапқан еңбек жай көрінсе де тым алымды — сом қабырғаны сүмпитіп, еңсеріп барады.

Мейрам мен Сейтқалы үнсіз келген бетінде біраз қарап тұрып қалды. Сүйсінген қарас, әркім осылай істесе деген тілек сезіледі түрлерінен. Ермек жуырда артына бұрылмады, басқалары көрсе де, жатырқай бір-біріне қарасып, өз жұмыстарымен бола берді.

— Ермек, — деді Сейтқалы, — борат!

Ермек сонда ғана мойнын бұрды. Амандасудың орнына басын изей, бір күлімдеп қоя салды. Бұның аузы тіпті ауыр. Бірақ, қайратына шеберлігі сай, ойы алғыр адам екенін әр ісі-ақ айтып тұр.

— Мен забой аралаймын, Мейрам екеуің бір шығарсың, — деді де кетіп қалды Сейтқалы.

Ермек қапелімде кісікиіктеу жігіт, үйреніскенше сырға сырдаң, бойын аулақ ұстайды. Оған аз сөзділігі, ауыр мінезі қосылғанда тосын адам безе жөнелмегендей. Сейтқалы өзі жайдары кісіше, Ермектің бұл мінездерін кеңкілдей күле отырып таныстырған еді Мейрамға. Мейрам кәзір Ермекке ескі танысша, бауырына кіре, бүркеген сырларын аша сөйлеп отыр. Жел кірмеске сөз кіреді, жер көтерместі ой көтереді. Мейрам сөзі Ермекті тез тебірентті. Сөйлесуге икемделіп:

— Сіз кім болып істемексіз осында? — деді. Әуелі біліп алмай беталды адамға ашыла қоймайтын әдеті еді. Мейрам сезе қалып, әлі ешкімге ашпаған ойын ашық айтты:

— Партия ұясында істемекпін.

— Хатшы болып па?

— Көп сайласа болармыз да.

— Сайлайтын шығар, — деп күбір етті Ермек. «Бұдан артық кімді сайлайды? Білгіш жігіт, іштен оқып туған ба!» — деген ойын сыртқа шығармай сақтап қалды.

— Көп істедіңіз бе шахтада?

— Он жасымнан бері.

— Қандай көмір кендерінде болдыңыз?

— Қарағандыдан шыққан емеспін!

— Қарағанды тоқтағанда қайттіңіз?

— Күзетіп қалдым.

Мейрам әңгімеге жарымады. Қарағанды жайы, көмір жайын көп білетін ескі жұмысшы есіле жөнелген жоқ. Сұрағанына осылай сараң жауап қайырып, сілесін қатырды. Білгені сол ма, іркіп отыр ма, әлде қыбын таппадым ба, деп отыр еді Мейрам. Ермек бір кезде жымың етіп, иегімен мегзеді забой жаққа.

— Жетемін, — деп жанталасып жатыр.

Жайнақ ауыз жас жігіт артына жалт-жалт қарап барынша сілтеп барады. Қызып алған. «Бөгеле тұрса жетер едім» деген ойын асыға қимылдап, артына қарай беруі білдіріп-ақ тұр. Ермек соны сезгендей қасына барды. Қайласын алды қолынан. Қайланың ұшын ұстап көрді.

— Жаман ұштаған. «Өтпес пышақ жан қинарды» естімеп пе едің әлі. Мә, менің қайламмен шап! — деді де қайта келді Мейрамға.

— Бұл қай жігіт?

— Әкім деген жігіт. Жақсы қайлашы шығады осыдан!

— Жаңадан келген бе?

— Келгеніне бір-ақ ай болды. Әуелде күрекші еді. Бес күннен кейін қайла беріп, қасыма алдым. Енді менімен жарыспақ.

— А, әңгімені қайладан бастау керек екен ғой, — деді ішінен Мейрам. — Қайлаңыз онша қиын болмады ғой, — деп қасақана соқтыққанда, Ермек басын шайқады. Содан кейін үзіп-үзіп жай сөйлеп, ұзартып әкетті әңгімені. Қайланы ұштап, суарудың, құлаштай сілтеу мен тежей сілтеудің өзінде көп мән бар көрінеді. Көмір алу үшін ствол, шурф, штрек, коренной штрек, лава, пештердің неге керегін, олардың қиын техникаларын жайлап айтқанда, Мейрам қарапайым жұмысшының мамандығына таңқалып, сұрақ қойды:

— Сіздің оқуыңыз қанша?

— Қол қоюды ғана білем.

— Әйтседе бір инженерден кем білмессіз?

Ермек тыжырыныңқырай теріс қарады да, қолын бір сермеді.

— Олар ештеңе білмейді. Мен біреуін штректен қуып шықтым.

Мейрам ұнатпады бұл мінезді. Ермек жалан, инженерлерді емес, оқығандардың кебін ұнатпайды. Оның ойынша, оқығандар тек бай баласы. Инженерлер тек байдың қолшоқпары. Өзі оқымаған. Қарағандыдан шықпаған адам. Ескі Қарағандыдан көргенін мықтап ұстапты. Егер галстук байлап, ақ жағамен келсе, Мейрамның өзімен де сөйлеспес еді. Қазір оның кідіріп қалғанына сезіктеніп:

— Әкеңіз кім болған еді? — дегенде Мейрам да сезе қойып күліп жіберді.

— Әке балаға өлшеу бола бермейді.

— Қасқырдан қасқыр, қарғадан қарға туады ғой.

— Ұяда көрмесе қасқыр қой жемес еді, қарға боқ шоқымас еді. Біздің қазіргі социалистік Отанда бұрынғы жаман әдеттер де, пиғылдар да өзгереді...

— Сіз не деп барасыз!? — деп жаңа ғана тура қарады Ермек. Қанды көзі лап еткен оттай жанып кетті. — «Промпартия» дегендер басқа отаннан келді ме? Осы шахтаның ішінде қой терісін жамылған кулактар, кулакшылдар жоқ па? Солар да социализм жасамақ па?

Ермектің тап қырағылығына сүйсінсе де, «кулакшылар» дегені, «қасқырдан қасқыр, қарғадан қарға туады» дегенін қайталап тұрғандай көрінді Мейрамға. Анықтау үшін:

— «Кулакшылдарыңыз» кім? — деп еді.

— Батырақ, кедейді білмеймін. Орташалар кулакшыл емей немене! — деді Ермек.

Мейрамға ауыр тиді бұл сөз. Жоғары дәрежелі саяси мектепті бітіріп келген болашақ хатшыны білім, албырт жастық толқытып-толқытып жіберсе де, қалпына қайта келіп, келелі жауап қайырды:

— Дұрыс айтасыз. Қырағылық дәл қазір керек. Бірақ, қырағылық жауды көруге ғана емес, досты көруге де керек. Ауыл мен қала асты-үстіне келіп жатқан шақ. Бұл ұлы өзгеріс социализмнің ұлы армиясын жасап жатыр. Орташалар осы армияның жуан ортасында. Сол армияны көрсеңіз, қауіптен сенім әлдеқайда күшті екенін де көресіз. Қарағандыны қоршап бара жатқан қараша ауылдар сол ұлы армияның бір бөлегі — жаңа жұмысшылар, жаңа өмірді жасаушылар...

Күрс етіп опырыла құлаған көмір қабырғасы әңгімені бөліп жіберді. Қара тозаң бұрқ етіп, қара тұман боп тұра қалды. Тұман ішінде шам сәулесімен жігіттердің қарасы ғана көрінеді. Темір қазық қаққан балғаның, көмір күреген күректердің тарсыл-тұрсылы үдеп барады. Мейрам орнынан атып тұрып, әрі кеткен. Ермек дудың ішінде жүр.

— Ой, қасқырауызым! — деп Әкімге сүйсінген даусы естіледі.

— Бүгін өзіме беріңіз билікті? Сынаңызшы, қайта беріңізші? — дейді Әкім.

Ермек бәрін өз көзімен көріп, құлату біткен соң, туман ішінен қайта шықты. Күлімдей шықты. Мейрамға келіп:

— Осы қасқырауызым үлкен қайлашы болады! — деді тағы да. — Қайта берейік. Бүгін өзіне басқартып бір байқайын.

VI

Мейрам жер үстіне шыққанда арқасынан ауыр жүкті алып тастағандай, денесі сергіп сала берді. Кең, жарық дүниені лезде сағынып қалған екен, төңірекке құныға қарап, тұнық ауаны сіміре жұтып келеді. Қасында Ермек. Үйге тартпай, екеуі «Итжонның» қыр жотасына көтерілді. Бұл жота көлбеу жатса да, жер биігі. Күндік жерге көз жетеді. Қыс бойы сұрапылдың ойнағы болған, белес-белес елсіз «Итжон» ақ көрпесін серпіп тастап, көк торғынға оранып жатыр. Арқаның көктемгі шуағы жанды жадыратқан. Диқаншы жұрт думандатып келіп, сонау алыстағы көк белдерді кестелеп жүр. Бозторғай биікке шығып алып, жақ жаппастан жырлап тұр. Әр тұстан әдемі сағым ойнады. Анда-санда майда жел желпіді. Алуан түсті қызғалдақтар бас жарып, жұпар исі аңқыды. Мейрам енді «Итжонның» төрт атырабына, алысқа көз тастады. Сайларында әлі некен-саяқ қары бар, «Семіз қыз», «Қосағаш» таулары жатыр мұнартып. Олардан әрі күндік жердегі «Қушоқы», «Наршөккен» биіктерінің де басын шалды жітігі көзі. Сол таулармен сабақтаса келіп батысқа таман тұрған «Құлжұмырсораң», «Байдәулет», «Алабас» тауларын, «Көктал-жарықтан» бастап «Иінжарға» дейінгі ұлан-байтақ кең алқапты сүзіп өткенде, көңілі өткен бір дүниені жүзіп етті. Бір кезде осы жерлер Игіліктің он екі, Тәтидің он жеті мың жылқысына мекен болған еді. Қазір колхоз фермалары отыр. Көлі, өзені жоқ, көмірі көп, белес-белес осынау «Итжонның» салаларындағы «Аққұдық», «Қарақұдық», «Жетіқұдық», «Тоғыз» құдық», «Сәмен», «Торқасқалар» ертеден еңбекші ел мекені болатын. Қазір қалпымен колхоз егін жайы болып кеткен. Солтүстікте орыс, қазақ аралас отырған Нұра өзені жатыр қарауытып. Мейрам елден ерте кетсе де, туған жердің көп сырын ала кетіпті. Қазір әр құдықпен, әр төбемен сырласып тұрғандай, ұзақ уақыт өзімен өзі болып:

— Ермек! — деді бір кезде. — Ыстық екен туған жер. Қызық екен туған ел.

— Ыстық болмаса, қызық болмаса, қу трубаны жылдар бойы күзетем бе! — деп Ермек толғанды. — Әкем Қарағандыға менің бес жасымда келіпті. Он жасымда жұмысқа түстім. Содан бері осындамын.

— «Қарағанды» деген ат қайдан алынған?

— Сонау көк белдің бергі алдында Қарағанды деген өзек бар, — деп Ермек солтүстік батысқа сермеді қолын. — Ол өзек Байсалбайдың мекені. Ерте кезде қарағаны көп болса керек, сол өзектің атымен аталып кетіпті. Бұның көмірін әуелде осы соқыр бойындағы «Бапаң» аулының бір жігіті қой бағып жүріп, суыр інінен тапқан деседі. Анау тұрған Қоңыртау он екі мың жылқы біткен Игілік байдың мекені. Оның болыс баласы — Тәти Қарағандыны орыс байларына екі жүз елу-ақ сомға сатыпты.

— Сіз орыс байларында да істедіңіз бе?

— Ол кезде тудым ба екен, тусам тіпті жас шығармын. Мен ағылшындар тұсында істедім. Тәти Қарағанды көмірін орыс байларына, олар ағылшын байларына сатса, ағылшындар жұмысшыны подрядшіктер арқылы жалдады. Қазақ, орыс, ағылшын сүліктерінен қалған қанды подрядшік — Шернияз, Дуналар да сорып бақты. Тек революция, совет құтқарды бізді. Қанаушылар бүлдіре, тастай қашқанда мен осы трубаның түбінде қалып қойдым...

— Көремісің, сол трубаны қоршап жатыр ауылдар. Әр көш әрқилы жүк әкеп жатыр. Осы ауылдар күзге дейін қалың елге айналады. Ел салмағына қыстың салмағын қосшы, сонда не болады?!

Сол ауыр салмақ басқандай, тына қалып, ілби аяңдап, қырдан түсе берді екеуі. Ойлы адамның уайымы көбірек қой, жаңа ғана лепірген көңілдерді ой қайтарып, арнасына түсірді...

Құйылған ел құр қол келіп жатыр. Қарағандыда әзір жаңа техника түгіл ескі қайла да, нан түгіл су да жетпейді.

Басқа мәдениетті былай қойғанда баспана қайда?! Темір жол Ақмоладан жаңа ғана асты. Осы жоқтарды өгізбен, түйемен тасып жасағанша, қыс күтер ме, ел шыдар ма! Miнe екеуін басқан ойлар осылар еді.

— Үкімет бір шарасын істер! — деді Ермек.

— Үкіметтің оң қолы өзіміз емес пе, — деді де, ойына бойлай берді Мейрам.

Труба түбіндегі діңгекке шолақ рельсті салбырата байлапты. Бір жұмысшы қос-қолдап ұрып тұр. Шаңқылдаған ащы даусы ат төбеліндей Қарағандыдан асып барып, кең далаға сіңіп жатыр. Ермек мырс етіп күліп жіберді де:

— Соған да мақтанады, делқұлы, — деді...

— Рельс, қоңырау не? Неге ұрады?

— Шабаш. Сағат бес бопты. Есер Байтен еліре ұрып тұр.

— Бәйтендеріңіздің есерлігі де бар ма?

— Бәрі табылады одан, — деді де, Ермек жапырайған төрт-бес барактың біріне нұсқады. Көтеріңкіреп, ескі қаңылтырмен жапқан да бояған екен, қабырғаларын ағартыпты. Кызыл төбелі ақ үй ескілердің ортасында өзгеше көрінеді көзге.

— Осыны донбасшылар келісімен түзетіп кіріп алды. Трест бастығы Щербаков, механик Козлов, слесарь Лапшин дегендер өте іскер адам көрінеді. Байқаған шығарсың, өзіңді әкеп тастаған Чайков қандай білімді адам. Қарағандының өткенін бізден артық біледі, келешегін де қолмен қойып береді. Донбасс, Кузбастан кейін совет еліндегі зор өндіріс Қарағанды болмақ. Қарағанды үлкейген кезде көмір тасыған поездар бір темір жолға сыймай, екі темір жолмен жүреді, дейді Чайков. Щербаков ата-бабасынан бері шахтер екен, совет тұсында оқып, инженер болыпты. Жер астына бұндай жетік адам сирек шығар. Солардан үйрену керек десем, Бәйтен соққан, «аристократ» деп теріс қарайды. «Жақсы үйге неге құмар, олар» дейді.

Мейрам ойынан сергіп, сылқ-сылқ күлді.

— Жақсы үйді тек аристократтарға, жаман үйді жұмысшыларға жазып қойған-ау!

— Бір себептен оған күлуге болмайды, — деді Ермек. — Қайтсін, Қарағанды, Қарағанды болғалы жұмысшылар жақсы үйге тұрғанын көрген емес.

Әңгімемен екеуі баракқа жетті. Қораштау барак. Ескі жұмысшылардың көбі осында тұрады. Ермек пен Сейтқали да осында.

— Жуынып шығыңыз!

— Әуелі сіз жуыныңыз. Мен тұра тұрайын.

Монша, душ дегендер жоқ, әр жұмысшы өз үйінде жуынады. Ермек үйіне енді, Мейрам есік алдында кезек күтіп отырып қалды. Тосын адам, тұрғын жұрттың елемейтініне де ежіктей қарап отыр. Шеткі есіктен, көнетоз күрең сатин көйлегінің қисық жағасы салпылдап, дудар шаш қара жігіт шықты. Әуелі бір мықынын таянып еді, кейін екі мықынын да таянып, тым асқақ қарайды жан-жаққа. Ашулы ма, әлде әдеті ме, қабағын түйіп, өзі делдек танауын делдите түседі. Көзі тым шәлкес.

— Бәйтен осы болар, — деп шамалады Мейрам. Дәл басты.

— Бәйтенжан, ұрсып қойшы өзіне, — деп артынан шыққан қара бәйбіше, баласының өңіне үңіле бір қарады да, қайта енді үйіне.

Сары атаншаны божылап жегіп, барактарға су тасыған керенау бір шал жүр. Барған барағынан шу көтеріп, осы шал міне келе жатыр.

— Әй, төбет! — деді Бәйтен анадайдан, — конторшіктерді, ақ жағаларды суарып болсаң, бас аяғыңды!

— Құдықтың суы жетпей жатыр, шырағым.

— Бұрын бүкіл Қарағандыға жеткен су қалай жетпейді?

— Ойбай-ау, қаптап кетті ғой ел! Бұзауына, ешкі-лағына дейін суарады.

— Ананы! Өңкей кулак, қашқын-пысқын, келе сала қожайын болмақ! Керек болса қазып алсын, айта бар. Ол қашаннан ескі жұмысшылардың құдығы.

— Қайдан білейін, бәріміз жұмысқа келдік, — деп бой бермейді.

— Білемін, ішің бұрады. Сен де солардың бірі. Мына түйенің формасы-ақ айтып тұр, кулак екеніңді. Қарашы өркеші тіп-тік...

Мейрам күліп отыр. Бәйтеннің даусымен шелегін ала әйелдер жүгірді: Сушы маңы балық үлескендей, у-шу. Жуынып болып, Ермек шықты далаға.

— Жуынбайсыз ба?

— Бәйтеннің қызығына қарай тұрайын.

— Әй, — деді Бәйтен, кетіп бара жатқан сушыға, — бұдан былай су мезгілінде келмесе, осы Қарағандыда не сен тұрасың, не мен тұрамын.

— «Ауыл итінің құйрығы қайқы» деген осы-ay деп, шал өзіне ғана күңк етті де кете барды...

«Өкімет, профсоюз, саяси-ағарту жұмыстары жоқ. Ескі Қарағандыда надан Бәйтен өз деміне өзі пісіп тайтаңдап тұр» деген ойда Мейрам отырды.

Қолында он екі тілді ескі гармонь, қара мұртты, қағілез Шәйкен шықты үйден. Оған ұзын мұрын, тәпелтек Жолтай қосылды. Бірі тартып, бірі жырлап, жастарды лезді жиды маңына. Ескі қайлашылар: бурыл бас Сыпан, қара сақал Әубәкір, карташы Шаймерден, шұбар Бәйтікен — әрқайсысы өз есіктерінің алдында біраз қарап тұрып, біртіндей-біртіндей бұлар да аяңдады сауыққа. Бәйтен енді екі қолын артына ұстап, көпке кірмей ойқастап жүр. Сейтқалы жұмыстан жаңа қайтып, Мейрам мен Ермектің қасына отырды. Күн еңкейіп, көлеңке ұзарып барады. Арқаның көктемгі желсіз бір тымық кеші. Гармонь даусын алысқа әкетіп жатыр. Қазақтың ескі «Елім-айына», орыс, татардың ескі частушкаларын қосып, Жолтай жақ жаппай жырлауда.

«Екі ат жектім сабанға

Төрт ат тарта алмағанға», —

десе, Бәйтен анадай жерде тұрып:

— Ой, пәле-ай! Соқ! — деп қояды. Біреулер алақаның тізесін ұрып билей жөнелді.

— Е-е, қыздырыңдар! — деп Сыпан, Шаймердендер де орындарынан қозғалып-қозғалып қояды.

Жұмыстан кейін жалғыз ғана жан тыныс осы. Клуб, радио түгіл газет те жоқ. Бұл баракта хат танитын Сейтқалы мен Жолтай, бір қазақ газетін кезектесіп оқиды. Оның өзі аптасына әзер келеді.

Мейрам көрген жайларды көп ойлап, өзімен өзі болып кетті. Барак алдында сауық болып жатса, барак алдындағы дөңесте жұмысшылардың ескі моласы жатыр, жер болып. «Сол бишаралардың көрген қызығы осы-ақ, болды-ау!» деп жабырқаса, жаңа Қарағандының елесі алдына келіп жұбанады Мейрам.

Ымырт жабылды. Жұмысшы жұрт жатуға тарады. Мылқау тыныштық. Жалғыз трубаның бауырында, көмір қордаларының ортасында, тас баракқа арқа сүйеп Мейрам әлі ойда отыр...

VII

Шалқиған қабырғаларын тіреп қойған кішкентай тас барак ағылшындардың бүкіл Қарағандыға ашқан кішкене магазині еді. Қазір жаңа Қарағандының жаңадан келген көмір тресі осында орналасты. Трест бастығы Сергей Петрович Щербаков ұзынша бөлменің ең төрінде, жайдақ столын қарындашпен тықылдатып қойып, төмен қарап ойланып отыр. Шашының қарасынан ағы ден, бетінің ағынан қарасы ден. Маңдай әжімі тереңдесе де, көзінің оты әлі жайнап тұр. Кең адамның кейпі бар, асығыс жайты бар. Жүндес білегіндегі сағатына бір, есікке бір қарай түсіп, күдістеу біткен кең иығын қозғап қояды...

Есік қақты біреу. Сергей Петрович апсағай денесімен асыға барып, ашты есікті. Мейрам келген екен.

— Қош келдіңіз, қуаныштымын келгеніңізге, — деп, ескі досынша қолтықтай жөнелді төрге.

— Айыпқа бұйырмаңыз, кеш жатып кешігіңкіреп қалдым, — деді Мейрам, Сергей Петрович қалжыңға айналдырды ол сөзін:

— Уақасы жоқ. Жастардың жұмысы түнде көбірек болады.

Мейрам жауап қайырмай езу тартты. Сұрғылт жүзіне сәл қан жүгірді. Салған жерден ішіне еніп бара жатқан жасамыс адам, көпті көрген қу мүйіз сияқты.

— Ал әңгімені бастай берейік. Уақыт аз, іс көп, — деді де іле сұрақ қойды. — Шашым ағарса да мен де сіздей жас басшымын. Қайсымыз бастаймыз?

— Қайсыңыз бастасақ та «жастыққа» деген жеңілдік жоғын ұмытпайық.

— Дұрыс айтасыз, Мейрам Омарович. Бала десе басшы етпес еді бізді. Мен тек ерте туып, кеш қалыппын сізден.

— Себебі не?

Сергей Петрович қысқа ғана өмірбаянын айтып берді. Екі атасына дейін Донбастың шахтері екен. Өзі он төрт жасынан бастап шахтада істепті. Кейінгі төрт жылда оқу бітіріп, мұнда жоғарылап келген беті көрінеді.

— Өзіміз онша басшы болмасақ та, басшыларды көп көрдік, — деп күліп қойды.

— Онда бастай беріңіз, — деді Мейрам. — Менен бұрын келдіңіз мұнда, тәжірибеңіз де көп.

— Бірінші бесжылдықтың қалған уақытында «Үшінші качегарканың» негізін жасап, Оралмен байланыстырсақ, ұлы істің түйінін шешкен боламыз, — деп Сергей Петрович трубкасына темекі салды, тұтатып, түтінді бір бұрқ еткізді. Содан кейін тұрып барып терезе алдында жатқан бір кесек көмірді алақанына салып тұрып сөйледі: — Алтын бұл! Үміт ақталды. Оралдан, Донбастан зерттеу қорытындысын алдық. Жай көмір емес, нағыз коксіленетін көмір. Бұл жөндегі күмәндар, ағылшын есекдәмелері мүлде күйреді. Енді Москва көмегі күшейе түседі. Алдымен темір жол, кадр, электр керек.

Мейрам бір қағып қойды:

— Бұларыңыз ертеңгі күннің керегі ғой. Дәл бүгінгі күннің керегіне келіңізші.

— Сабыр етіңіз. Бүгінім ертеңгіге бағынышты болған соң бұрын айттым. Ал, дәл бүгін Нұра өзені келгенше, құдықтарды көбейтіп, ескі «Герберт» шахтасының суын тартамыз. Дайындық жүріп жатыр. Электр қуатын жасағанша, бу қуатын пайдаланамыз. Бұған да дайындық бар. Осы маңдағы бұрынғы Спасск, Екібас заводтарының орнынан, Қарағандының өзінен, кулак диірмендерінен азын-аулақ локомобиль, шағын котел, камерондар табылды. Соларды жамап-жасқап ылдабайлай тұрамыз. Бірақ пар қуатын жасағанша бадьяға шыдауға болмайды.

— Иә, жұмысшылар тек батырлық еңбекпен ғана алып жатыр көмірді.

— Сол батырлық басқаға жұмсалсын. Бадьяны ат бұрасын. Бір жұмадан қалдырмай атбарабаның жасауға механик Козловқа бұйрық бердім, — деді де Сергей Петрович шылымын тартып, тағы да біраз толғанып барып сөйледі. — Барлық жұмыстың тетігі — шахтаны кеңейте беруде, көбейте беруде жатыр. Бізден бұрын ескі жұмысшылар өзі ашқан бір-ақ шахта бар. Біз екінші, үшінші, төртінші шахталарды бастадық. Күзге дейін он бес шахта болмақ. Бұның аты — кемі он бес мың адам болмақ деген сөз.

— Соларға баспананы қайтпекпіз?

— Иә, бұл өте қиын мәселе. Қиындықтан қорқу айла емес. Осы маңда «Аққұдық», «Қызылқұдық». «Ащылы айрық», «Бұқпа» поселкелері бар көрінеді. Бір жақсысы қазір колхоз ғой бәрі. Уақытша үйінің бір жағын берер. Бірақ, бұл қиындықтан құтқармайды, тек жұмысшылардың өздері ғана құтқарады. Өздеріне уақытша жербарак, кірпіш үй салып алуға толық жағдай жасаймыз. Ал, алдағы жазда жилкомбинаттарға орналастыра бастаймыз.

— Оған дейін құрылысшылар не бітіреді?

— Жаңа жұмысшыларды дайындайтын, ескі жұмысшылардың мамандығын көтеретін оқу комбинаттары керек. Олардың балаларына мектеп керек. Монша, нан заводы, магазин, столовой керек емес пе? Ең ақыры Қарағанды тресі осы үйде отырып трест бола ала ма? Құрылысшылар алдымен көпшілік орындарын жасайды...

Щербаков азырақ мүдіріп отырды да тағы сөйледі:

— Қазір амалсыздан осылай істеуге тура келеді. Келешекте жаңа құрылыс жұмысшыларға жақсы үй тұрмысын жасаудан басталу керек.

Жаңа екі басшы кішкене үйде отырып, алдағы ұлы істі осылайша талқылай берді. Бірінің бірі өрісін де, іскерлік қабілетін, мінезін де байқап отыр. Мейрамның анда-сандағы сұрағынан, репликасынан «білімді, сабырлы, шалымды жігіт-ау» деп Сергей Петрович ішіне бір түйіп қойды. Мейрам оның білімінен, сабырынан гөрі іскерлігіне қатты сүйсінді. Советтің үлкен Қарағандысын жасау жоспарында, тіпті ешкімнің ойында жоқ — «Герберт» суын тарту, ескі локомобиль, котел, камерондарды жинау, атбарабан жасау, жұмысшыларды үйге орналастыру сияқты уақытша шаралар жергілікті мүмкіндікті жете пайдалана білген — Сергей Петровичтің іскерлігі еді. Осыған толық түсінген Мейрам:

— Біздің қазіргі жағдайымыз өте ұқыптылықты, тапқырлықты тілейді ғой, — деді.

— Дұрыс айтасыз! Байқаған екенсіз.

— Оқу комбинаттары жасалғанша, одан оқып шыққанша бірсыпыра уақыт өтеді. Мен жер астынан жаңа қайлашыларды көріп шықтым, әй қиын екен...

— Жеңілдетуге не амал бар?

— Жаңа жұмысшыларды ескі жұмысшыларға қосып беріп баулыса, деп едім Сейтқалыға...

— Ол шошып кеткен шығар?

— Маман жұмысшылардың жалақысы кемиді, — деп зар қағады.

Щербаков үлкен денесін селкілдете күлді.

— Нағыз маман баулудан қорықпайды. Ермек баулып жүр. Жалақысы да кеміген жоқ. Дұрыс байқағансыз, дұрыс пікірге келгенсіз. Бұл жөнде ойласып, маман жұмысшылардың еңбек табысын кеміместей, жаңа жұмысшыларды үйретерліктей жағдай жасауымыз керек...

Әңгіме үзіліп кетті. Есіктен ұзын бойлы, арықтау, көзілдірікті адам енді. Щербаковпен қол ұстасып, Мейрамға басын иді. Содан кейін оң жақтағы столға барып, алдына бір папкені жайды да, көп цифрға қадала отырды.

Сергей Петрович сағатына қарады да:

— Жүре сөйлесейік, — деп, орнынан тұрды. Тысқа шықты екеуі. Есік алдында қазақы күйкі торыға жегілген, қорапсыз легчанка күтіп тұр екен. Қарқ-қарқ күлді Сергей — жайдақ легчанкеден газикке міну, қиқиған барактан көп этажды комбинатқа шығу қандай қызық! Бәрін көреміз, Мейрам Омарович. Тек үкімет, партия, профсоюз ұйымдарын тезірек құрып беріңіз. Сағынып қалдым. Жаңағы кісі трестін, бас инженері Орлов. Зйянкестер тобында болған жазалы адам. Сында жүр. Қызыл мамандар аз. Мынау отырған ауылдар қалпымен шикі. Бәйтен сияқты ескі жұмысшылардың өзінде тот қанша! Ойлаңызшы менің халімді! Көпшілік ұйымдарының көмегінсіз көпті, үлкен істі басқару қиын ғой, тіпті мүмкін емес қой.

— Өзіңіз айтпақшы, сабыр етіңіз, — деді Мейрам, — бәрі болады, көмектесеміз.

— Сіз қалай жүресіз енді?

— Мен мынау ауылдарды барып көрем.

— Дұрыс, дұрыс-ақ, — деп Мейрамның қолын қатты қысты Сергей Петрович. — Мен жаңа шахталардың жайын көрем. Көргенімізді ортаға салармыз сонсоң.

VIII

Ойдағы екі құдықты қоршай қонған қараша ауылдардың ішінде бірен-саран қоңыр үйлер «мен орташа» деп тұрған тәрізді. Баяғы байдың ауылдары: еңсесі биік ақ үйлер, қотан толы ақ қойлар, ұзын желі, үйездеген жылқылар жоқ. Азын-аулақ ылақты ешкі, қозылы қой, сауын сиыр, міңгіштер ғана көрінеді. Солардың өзі ауылдың маңын тері сүйреткендей, тақырлап тастапты. Қоңыр үй, құрым үй, қос жаппа тіккен, қайсыбірі арбаның жетегін көтеріп, паналай салған ала-құла ауылдың қонысы да қызық. Қотан жоқ. Үйме-жүйме. Біресе созылып, біресе шанжау кетеді. Осылардың үстіне көштер үздіксіз келіп жатыр. Ат жеккен бришке, өгіз жеккен пұшық арба, түйелермен араласа, дөңгелегі шиқылдаған ырдуан, башайы сыртылдаған сиырлар да жүк көтеріп келе жатыр. Заводқа жұмысқа келіп жатса да, кең, қонысқа үйренген мал-құмар қазақ жүктерін түсіре қоймай жер шолып алады. Алысқа кетсе су жоқ, жақында от жоқ, желкесін бір қасиды да жүгін түсіре береді.

Сергей Петровичтен айрылысқан соң, Мейрам осылай қарай, қырдан түсіп, жай аяңдап келе жатқан. Бәрін көріп келеді. Міне, ауылдың шетіне енді. Ең шеттегі қара қосқа келді.

Қос ішінде үш адам бар. Үй иесі, жасы қырықтар шамасында, дөңгелек сақал, шарқы ғана кісі. Табаны ағаш, үсті сірі шәрке жасап отыр. Әйелі жиырмадан жаңа асқан бүйрек бет қара келіншек. Ескі қаптан байпақ тігіп отыр. Еңбектеген еркек бала, өзімен-өзі болып жүр.

Мейрам сәлем бере кіріп, кішкентай үйдің төріне шықты.

Төр алдында тоқымдай ғана ескі жабу жатқан. Келіншек сыпырып салғалы қозғалып еді.

— Қозғамаңыз, — деді Мейрам. Болжаусыз келген, киімі, өңі түзу қонақтан үй иелері қымсынып қалды. Мейрам оны сезіп, тез жадыратқысы келді.

— Ағай, шәркеңізге сәт! Қайда қамданып жатырсыз? Сірә, анау байпақпен киесіз-ау?

— Байпақпен кием, — деді үй қожасы. — Жер астына қамданып жатырмын.

— Бұрын істеп пе едіңіз жер астында?

— Істемесем де тәуекел. Екі қолға бір жұмыс. Құдайға шүкір, денім сау. Ақшасы көп көрінеді, тура қайланың өзіне түсем.

— А, дегенде қайланы бере қояр ма екен?

— Боқты бермес! — деп үй қожасы қойнына қолын тықты. Орамалына қаттап ораған қағаздарды ұстата берді Мейрамға. — Бетімен келген қазақ біз емес.

Мейрам үй иесінің қораздана көрсеткен қағаздарымен танысып шықты. Бұл отырған Боқай Төлеубай ұлы екен: жеті жасынан жалшы. Былтыр ғана байы кулакқа тартылып, өзі колхозға еніпті. Қиырдан, сонау Қу ауданынан, колхоз арқылы шартпен келіп отыр.

— Қайлашылар айына бір қара табатын көрінеді! Жалда жүргенде жылына бір қара таппайтын едік... — деп күні бұрын тойып отыр.

— Қағазыңыз мықты екен, Боқа, — деді де қайырып берді Мейрам. Боқай масаттанып қақырынғанда, қақырығын есіктен далаға атты. Арық үйге мүсіркей, семіз көңілге семіре қарап отырған Мейрамға жылы ғана сұрақ қойды, сонсоң:

— Атың кім, інішегім?

— Мейрам.

— Қайда істейсің?

— Әзірше ешқайда істемеймін. Өзіңіздей жаңа келдім.

— Біздің шаншардың екі қуы түнделетіп келе жатса, күн жарқылдап қоймапты. «Шам жағып қарасаң да екеу-ақпыз» деген екен сонда. Сол айтпақшы, қанша қарасаң да біздің үйдің сиқы осы. Дәмге ұяттымыз, шырақ.

— Атай көрмеңіз, атай көрмеңіз!

— Атамақ түгіл ендігі буы бұрқырап та жатар еді. Жоқтық жомарттың қолын байлаған.

— Жоқ, жоқ дей бергенше, дагауарды апарып алып қайтсаңшы, — деді келіншек шытынып. Боқай оған мыңқ етпеді.

— Дагауар көп. Басы қатып жатқан болар. Бастығыңқырасын.

— Осы мінезің ғой, отыз жыл есікте жүргенің. Қалтайды кулакқа тартпаса, өмірің есікте өтер еді.

— Қайсыміздікі жөн? — деп Боқай Мейрамға бұрылды. — Бұл кісі, дагауарда айтылғанды, бар да шебін жұтқызбай ал, дейді. Мен, бұл завод та біздің колхоз сияқты бастыға алмай жатқан көрінеді. Бұйырған кетпес, деймін. Байлар жұмысын бітіртіп алған соң да, ақымызды жылдар бойы созатын. Заводтың мойнына әзір ақы салғамыз жоқ. Тіпті, дагауарда айтқанын бермесе не қыламыз.

— Әй, құдай-ай, сенің орныңа еркек болмаған екем! — деді келіншек. — Қазынаның берем дегенін сұрауға да бет моншағы түседі.

Екеуінің сөзіне Мейрам жымиып күле берді. Қарама-қарсы екі мінез, екеуі де орынды. Бірін жығып, сағын сындырудың керегі не.

— Сіздікі де, сіздікі де жөн. Азырақ сабыр етсеңіздер, бәрі болады, — деді де, бағанадан бері көмейіне келген бір сөзді айтып салды Мейрам. — Айыпқа бұйырмаңыздар, жастарыңыздың арасы алшақтау, өз араларыңыз тым жақын. Біле алмай отырмын?

Келіншек сен айт дегендей Боқайға қарады. Боқай әуелі сірі шәркеге бүркіп-бүркіп алды. Содан кейін күрсініңкіреп қойып, алыстан тартты сөзді:

— Жаңа мына кісі айтқан Қалтайдың есігінде отыз жыл жүрдім. Сол отыз жылғы еңбекке Қалтайдың беріп кеткені — басымыздағы қара қос, жанымдағы осы қара кісі.

— Қос, үй көтеріп бергені шығар. Ал, мына кісіні қалай берген?

— Бұл кісі бір кедейдің қызы болатын. Қалтай маған атастырғанда бес жаста еді. Он беске келгенде алып берді. Мен оған бар еңбегімді бердім...

«Сорлы Боқайдың көзі жаңа ашылған екен ғой» деген оймен Мейрам орнынан тұрды.

— Жай, жүрсіз бе? Бүйімтайыңыз жоқ па? — деді Боқай орнынан тұрып.

— Жай жүрмін. Қош болыңыздар. Тағы да кездесерміз.

Мейрам қатты риза болып шықты Боқайға. Кедейлігінде де, кеңдігінде де мін жоқ екен. Заман керігі осылар ғой шіркін! — деп қараша ауылды қақ жара аралап келеді. Әр үйдің жерошағында тезек орнына көмір көрінеді. Көп үйдің алдында құрық орнына қайла жатыр. Шыбықты ат қылып мінетін балалар, столба қылып, сым тартып, темір дөңгелектен арба жасап жүгіртіп жүр. Осының бәрі кішкене заводтың үлкен ықпалы болып көрінді Мейрамға. Бір жерошақтың жанынан өте бергенде, долы қатынның ащы тілін де естіді.

— Осы ішіңе ғана... отын ба! Майдай жанатын қайран ақ тезегім!..

Жағуын білмей көмірді жазғырған долыға Мейрам не десін? Естімеген боп кете берді. Құдық басында суға таласқан шаң-шұн, дауыстар шығады. Шалшықты сораптаған лақ, қозы, бұзаулар көрінеді.

— Шақырып алып, сусыз қыра ма!

— Қазып алсаң ақша береді, ішіңді жара ма?! — деген дауыстар қынжылтты да, жұбатты да Мейрамды. «Көп қой, көптің ішінен не шықпайды, өзі сынап, өзі түзеп жатыр» деген оймен келе жатыр.

Ауылдан оқшауырақ, тақыр көгалда екі адам отырған. Біртіндеп қосыла-қосыла оннан асты. Дауыстары жамырап шығады. Мейрам да осыларға келіп, шеткерірек, елеусіз отыра кетті. Шашын қайырған шелек танау шегір, бала жігіттің көңілі тым көтеріңкі. Отырмай тұра келіп жүр. Көлденең сөз еткізбейді, қолында дамыл жоқ, сермеп, нұсқап қойғанда, жалаңаяғымен жерді тебініп те қалады. Бірсыпыра мінезі Бәйтенге келсе де, өткір, ақ жарқын, қу тілді көрінеді... Бірін мінеп, бірін қостап, осы аз жиынды еріксіз басқарып барады.

— Жанабіл, ау, Жанабіл! — деді шалқасынан жатқан шоқша сақал, басын көтермей, сақалын ширатып жатып, — сен қайда істемексің?

Шелек танау жігіттің аты Жанабіл екен. Терісқақпай жауап қайырды:

— Совет жерінде істеймін.

— Бар болғыр, дұрыс сөйлесеңші.

— Ендеше өнер дүкенінде істеймін.

— Онысы қай жер?

— Анау тұрбаның түбінде мехцех бар. Мехцехта үйтентек Бәйтен бар. Қасақана сонымен бірге істеймін.

— Ауылдағы мінезді қойсаңшы, шырағым, — деп шоқша сақал басын көтерді. — Ескі жұмысшымен байланыспа. Нан тауып жүре бер.

— Бұға берсең, сұға береді, — деді Жанабіл. — Мінезде де, жұмыста да тайталас керек. «Он сегіз жыл стажым бар» деп қожаңдайды Бәйтен. Өзі егеуді қалай ұстауды білмейді.

Мен екі-ақ жыл батырақ болдым, қой бағуды сұрашы, кәне? Екі жыл мехцехта істесем, Бәйтеннің әкесін танытам.

Жас Жанабіл жанып тұрған от секілді көрінді Мейрамға. Баяғының бұйығы батырағына ұқсамайды. Ауылда тап тартысын өткізіп, өзін езген жуандарды жойып келген, ашынды, алымды батыракқа ұқсайды. Төмен қарап шөп ширатып, жымиып отырған мұртты жігіт.

— «Тап саясаты, тап саясаты», деп жүріп Күржікті құрттың. Бұнда Бәйтенді жеңуге егеуден гөрі қайла қарымдырақ қой, — деп, елеусіз ғана кекеп еді, Жанабіл түсіне қойды.

— Қырда Күржік, ойда Бәйтенге мені салып, сіз осылай шөп ширатып отыра бересіз бе, Дүйсен жолдас? «Тап саясаты» Күржікті құртса, егеу Бәйтеннен асырады, қайлаға әлі жаспын. Бірақ, егеу — өнер. Егеу машина аспабы, сұлу мұрт жолдас. Әйел сұлуы жерде қалмайды. Осында бір қыз жүр, жұрттың бәрі соған қарайды. Ал сіздің мұртқа кім қарайтынын білмеймін.

Бәрі ду күліп, тұс-тұстан жамырай сөйлеп кетті. Жанабіл ойқастап шеттегі Мейрамды жанай бірер өтті де, қасына келіп тұра қалды.

— Сіз де жұмысқа келдіңіз бе, жолдас?

— Келсе несі бар?

Нанбағандай басын шайқап жүре берді Жанабіл. Дуыл саябырлаған кезде, сұлу мұрттың жанындағы көк сақал қарт:

— Қыс келер әлі қылышын сүйреп, — деп демін күрсіне бір алып еді, әрқайсысына ой түсіп, алуан-алуан сөз қозғады:

— Осынша жұртқа үйді қайдан тауып береді?!

— Дагауармен келгенді бірдеме қылар-ау. Дагауарсыздар қайтеді?

— Адам орын табады, малды айт. Шеп, қора қайда, қалай сақтаймыз?

— Дагауардағы жұмыс киім, авансының өзін созатын түрі бар ғой.

— Ау, ақша болса бәрі болады. Ақша табыңдар әуелі. Ақша қайлада көрінеді.

— Қайлаға шама келе бере ме?

— Мен әуселесін байқаймын да, жақпаса қайтып жүре берем.

— Сарыуайым, сарымай емес! — деді Жанабіл дауыстап, — көп жесеңдер өзектерің талады. Мен кеше Щербаковпен сөйлестім. Мейрам деген қазақ жігіті партия ұясына хатшы болып келіпті. Онымен де сөйлесем, сабыр етсең бәрі болады. Анау трубаның түбінде ойлап жатыр біздің қамымызды.

— Щербаковың кім, ей?

— Завод бастығы.

— Е, айтсаңшы қандыра!

— Әзірге осы да жетеді! — деп Жанабіл қырын қарады бұлдана. — Болмашы орысша тілден тапқан пайдам бұл. Қазақша білмейді екен. Әлгі қазақ жігітпен сөйлескен соң жарытам әңгімеге.

Жанабілдің осы айтқанының өзі-ақ жұрттың көңілін көтеріп тастады.

— Міне, орысша білгеннің пайдасы.

— Осыдан бірдеме шығады түбінде.

— Келмей жатып бастықпен танысып қалғанын қара.

— Бәсе, өзіне-өзі сенбесе, осы жұртты жинай ма түге!

Бір олай, бір бұлай толқыған ұзақ кеңесті бұдан әрі күтпеді Мейрам. Сытылып шығып, көптің ойын оңаша талдап келе жатыр еді, кенет селк етті. Көзін алмай қадалып қалды...

Есігі ашық, алдында бір қоңыр үй тұр. Маңдайшаға қол артып, жасөспірім бір қыз тұр. Тал шыбықтай бұралады. Аппақ уыз бетінде, қара мөлдір көзінде қайғы мен шаттық бірдей бар. Түйіледі де жазылады. Мұңаяды да паңданады. Жас аруда не сыр бар?

Қара бұлттың ішінен жарқ еткен айдай-ақ қараша ауылдың ішінен шыға келген жас сұлу Мейрамды өзіне тартып алды да, ақ тиіндей сүңгіп кетті үйіне. Мейрам аңырып тұрып қалды. Әлі тұр. Түс көріп оянғандай тұрыс. Бір кезде өрлігі ұстап, кете бермек болып еді, басқа жаққа баспады аяғы. Еріксіз бұрылды қоңыр үйге. Мұны көріп қоңыр үйден жүзтаныс бір адам шықты. Келе-ақ қолын ұстап, қуанғандай ыржияды. Өзі кіргелі келген кісіні:

— Үйге кіріңіз, — деп бастай жөнелді. Қайда көргенін есіне түсіре алмады Мейрам. Табалдырықтан аттағанда, жас сұлу көзін жай тастап, денесі бір шымыр етті де, қасындағы қызына үйрете берді сабағын. Төмен қарап тұнжырап, төр алдында сақалды адам отыр. Орнынан ауыр қозғалып, орын берді қонаққа. Кішкентайын бауырына сап, ши жақта бір әйел жатыр, қозғалған сайын қынжылып, шойрылмасы ұстап жатыр. Жыртық шидің арасынан құрымдай қара торсық көрінеді. Бір күрек пен бір қайла керегеге сүйеулі тұр.

Сыпайы амандасып, жайланғанша, Мейрамның көзінде, көңілінде қалғандары осы болды. Қарсы алған таныс әлі тізе бүккен жоқ. Мықыны сыпырық па, бос байланған ба, тері шалбарының ышқырын көтере түсіп, жатқан әйелге бір, екі қызға бір жапақ-жапақ қарай береді.

— Ардақжан, Майпажан! Шай қойыңдар, — деді әйел, — белім қозғалтпай жатыр.

Екі қыз кітап, тетрадьтарын жия бастады.

— Маған бола шай қоймаңыздар, — деп Мейрам қыздарға бұрыла қарағанда, жертөсектің үстінде жатқан «Анна Каренинаға» көзі түсті. Қырдан келген қазақ үйінде Толстойдың жатқанына тойып қалды көңлі. Оны оқушы жас сұлу екеніне күмәнданған жоқ. Бірақ «Ардағы», «Майпасы» қайсы? Әйел кімдікі! Екі еркек кім? Біле алмай отыр еді.

— Құданың құдіреті, — деді, — таныс еркек тамсанып, — қатын ауырып қалғаны.

Қатын жайы анықталды. Сұлудың жанындағы жуан бас қыздың жіпсік көзі осы қатынға, салбыраңқы мұрны, еңкістеу кеудесі оның байына ұқсайды. Бағанадан табжылмай қалған, ұрты суалыңқы, қара сақал, қара кісі әлі де сыр бермей отырып:

— Ардақжан, қымыз ауыз тигіз, — дегенде, «Сұлу қыз осынікі» деді Мейрам ішінен.

Талдырмаш Ардақ орнынан тұрды. Үстінде орысша тіккен, көнетоздау көк репс көйлегі бар, ашық жағасынан күн шалған ақ омырауы күреңітіп көрінеді. Сол кездегі салтпен мақпал қара шашын желкесінен қырқып, қайырып тастапты. Әжімсіз кең маңдай айқын тұр. Қысылмай, қымтынбай жүрсе де, кәрлен кесемен еңкейіп қымыз ұсынғанда, кішкене қызыл ерні, жай ғана жымырылып, ақ жүзі әнтек қызғылт тартты. Әріде жатқан ауыр сырды аңғартып тұрған мөлдір көз де бір күлім еткендей болды. Сымбатты көркі ғана емес, әрбір қимылы, мінезі де осы уыз қымыздай ләззат берді Мейрамға. Енді лебізін естуге ынтық. Сөзге оңтайлы оймақ ауыз, жұқа ерін сөйлемеді бірақ. Үлкендердің алдында әдеп сақтаған қалпы бар. Сол қалыпты бұза алмай, әуелі алыстан орағытты Мейрам.

— Анау қайланың иесі қайсыңыз?

— Көріп едіңіз ғой мен, — деді таныс. — Құданың құдіретімен кесіп іздеп шығып ек, қиын екен өзі...

Мейрамның есіне жаңа түсті. Құтжан балуанның забойында қара тер болған екі қайлашының бірі екен.

— Сонда сіздің атыңызды сұрамаппын-ау?

— Атым Жұмабай.

— Мына кісіні де сонда көрсем керек?

— Көрдіңіз, бұл кісі күрекші, тәшкеші болып істейді.

Құданың құдіреті, ойда жоқта кездесіп таныс болдық, тіпті дәмдес болып кеттік.

— Бұл отағасы қай жерден келген?

Жұмабай жауап бере алмай, отағасыға қарады. Отағасы ешкімге қарамастан әлден уақытта:

— Алыстан. Семей округінен, — деді де қоя салды. Бойына дарытпай, суық отырған соң Мейрам қудалаған жоқ. Қызға көз тастады.

— Қарындасым, мына кітапты сіз оқисыз ба, — деп еді, біліп отырса да, Ардақ та бөгеліңкіреп, қысқа берді жауапты.

— Иә.

— Сабақ бересіз-ау, деймін?

— Мектеп бар ма осында! — деп жымиды Ардақ. — Жай, сауат ашу ғой.

— Сауат аша берген жақсы. Бірсыпыра жұрт сауатсыз ғой әлі.

Жаңа басталған әңгімені бұдан әрі өршітпей, ызбарлы отағасы бөліп жіберді.

— Ардақжан, биенің сауыны болған шығар.

Екі қыз бір шелекті қолдасып, іле үйден шықты. Ашық есіктен Мейрам екеуін көзімен ұзатып салды. Сонау жерде құлыны қосақтаулы, аяғы шідерлеулі торы бие жайылып жүр, соған барады. Қыздар көңілін ала кетіпті, көп кідірмей Мейрам да шықты.

Аспанда бағана ақ шарбы бұлттар бар еді, қазір шайдай ашық. Күн бесіндікке барған. Түскі тамақ уақыты. Ығы-жығы көп ауылдың көк түтіні тымық күнде баяу көтеріліп, жоғары ұшып барады. Қыр басындағы заводтың рельс қоңырауы естіліп тұр. Бара жатқан, келе жатқан жұмысшылар, арбакештер, көрінеді. Әр үйдің жанында, құдық басында бытырап жүрген әр түлік мал, бәрі бір жаққа өрістеген екен, енді қомақты мал тобы көрінеді.

Ауылдың осы тіршіліктерін Мейрам көзімен өткізіп келе жатқанда, Ардақты көңілінен тастай алған жоқ. Ардақ та артына екі рет бұрылып қарады. Қайтып бара жатқан Мейрамға ма, басқаға ма? Белгісіз. Ұзап алған соң «Аққұмға» шырқап барады.

Әдемі ән, әдемі қыз, әдемі дала! Мейрам мас болғандай теңселе басып келеді. «Қыз кім? Тілсім әке кім?» деген жалғыз ғана мазасыз ой бар басында.

Мейрам өзі шеше жатар. Автор енді сол қыз жанында бастамақ әңгімені.

ІХ

Бұған талай жылдар өтті. Тоғыз қанат шаңқай ақ үй. Түндігінің бұрышына дейін қызыл шұғадан ою бастырып, жалпақтығы жырта қарыс терме баулармен айқыш-ұйқыш шандыған. Жерошақтың басында аспан жерге түскен ыстықта, от пен күнге шыжып құрт қайнатып отырған қызыл кемпір осы үйді ұстап тұрған қырық екі бауды үш жыл тоңып азар бітірген. Сонда ақысына алған көнетоз қара бешпеттің сілімтірі үстінен әлі түскен жоқ.

Ауыл сыртында ұзын желі. Байлаулы құлындардың көптігі сонша, биелерді бір сауып шыққанда, екінші сауымы жетіп тұрады. Бие екі-үш жерден сауылады. Жалаң аяқ, балағын түрініп, алдына тері белдемше байлаған сауыншылар шелек-шелек сүтті қолдасып әкеле жатыр. Ортадағы селдір сақал, қатыңқы шал от басындағы кемпірдің байы. Ол мынау ақ үйдің неше алуан сырлармен сырланған тор көз керегесін екі жыл істеген. Сонда да осы үйдің иесінен майын мініп жүріп, жоғалтқан торбестінің борышынан әлі құтылып болған жоқ.

Ақ үйдің оң жағында кішірек қоңырша үй, сол жағында қараша үй. Үш үйдің арасына керме арқан тартылған. Кермеде мырзаның ғана мінетін жорға-жүйріктері байлаулы. Ақ үйдің көлеңке жағында, сыртын кенеппен қаптап, жетегін көтере байлаған қара пәуеске тұр. Пәуескенің астында қарала төбетпен бірге, жабу төсеніп, ерін жастанып, быр-быр ұйықтаған жылқышыны төбеттің анда-санда маңқ еткен даусы, үйде қымызға тойғандардың күжілі дамыл-дамыл аунақшытып қояды.

Аяғын шалыс басқан, қара кекілі қасына түскен, қара көзі жаудыраған екі-үш жасар қыз бала жылқышының қорылдаған танауына, біресе, поп-поп деп аузынан шығарған деміне түсіне алмай, қапелімде қыз бала аузын бұлтитып, қабағын түйе қарады. Біраздан кейін еті үйреніп, жылқышыға таяна түсті. Оның аузы-мұрнына үңіліп келді де, қозғалып тұрған қара мұртқа саусағын тигізіп қалып, тартып алды. Жылқышы қозғалған жоқ. Саусағын тағы да апарды. Сөйте-сөйте жылқышының кеудесіне жантайып жатып, мұртпен ойнай бастады. Мазасы кеткен жылқышы көзін ашты. Баланы құшақтап маңдайынан бір сүйді де «әкеңе бар» деп есікті көрсетті. Бала тайталақтап есікке барса да, босағадан төрдегілерге одырая қарап тұрып қалды.

Жасы отыздар шамасында, кигені ақ жібек сушенша костюм, шашын қайырған бір жігіт екі қолын артына ұстап, басқалар отырғанда ол сенделіп жүрді. Денелі, мұрты қияқтай, шүңірек көз орыс жігіт ақ болыскей крауаттың үстінде, иығындағы тілдей оқасын қисайтпай, мамық жастыққа шынтақтап, омырауында салбыраған өрме баумен ойнап жатыр. Жерде жиналмалы үлкен дөңгелек сырлы столға қағаздарын жайып, қаба сақал тілмаш сырт-сырт жазып отыр.

Төр алдында омалып отырғандардың кейпі бұлардан бөлек. Желкесі күдірейіп, бұғағы әукеше салбырап, қарны шермиген біреу, барбиған сұқ қолын шошайта сөйлегенде, даусы қыр-қыр етеді. Онымен тізелес отырған, ұзын шапанды, таңқы мұрт, жұмулы көзін ашпастан, «иә хақ» дегенде, безгегі ұстағандай селкілдейді. Күйек байлаған тоқты қошқардай қыдыңдап киіз сумкелі біреулер жүр. Омырауларына қадаған алақандай жезі бар, босаға жақтағы екі жігіт төрге қарап, қағымпаз тазыдай жалақ-жалақ етеді.

Шым шилі, сырлы керегелі, оюлы ақ үйде бас қосқан «қасқа мен жайсаңдар» босағада тұрған қыз балаға осылай көрінді. Ол бұл көріністің біріне қызығып, біріне таңданып, бірінен шошып, мөлдір көзін төрдегілерден алған жоқ еді. Бір кезде төрдегілер үріккен қойдай, дүрлігіп есікке келді. Қайсыбіреуі крауаттың астына, шидің ішіне сүңгіп кетті. Дірілдеген, барқыраған дауыстар ақ орданы басына көтерді. Сыртта жер қозғалғандай дүрсіл естіледі. Дауыл келе жатқандай бұрқыраған шаң көрінеді. Дүрілдеген, шаңдатқан қалың топ шеру тартып келді де ақ орданы қоршап алды.

— Шығар, Әлібекті!

— Ұртта қанын!

— Ат құйрығына байла урядникті! — деген дауыстар сыртта боранша борап тұрғанда, үйге енгендердің бірі, ақ киімді оқыған жігітке пышақты салып-ақ жіберді. Біреуі урядниктің мойнына шылбыр салып ала жөнелді. Енді бірі тілмашты домалатып тастап, стол үстіндегі қағаздарды жинап алды...

«Қасқа мен жайсаңдардың» мәжілісін талқандап, көп жөніне кетті. Үйде қызыл қанға боялып, оқыған жігіт жатыр. Дауыс қылып қасында екі әйел отыр. Манағы кекілді қыз бала зәресі ұшқан, шырылдап жүгіріп жүр...

Бұл, 1916 жылғы қазақ халқының көп көтерілісінің бірі еді. Анау қансырап жатқан жігіт, елдің боздақтарын көгендеп, ақ патшаның әмірін орындаушы болыс — Әлібек еді. Оның қасында зарлаған екі әйел, екеуі де соныкі. Бұл күн, қазақ еліне қандай әйгілі болса, сонау қыз балаға да әйгілі күн болды. Ол бала түндерде шошып оянатын, қаттырақ дауыс естісе шырылдап жылайтын, бірақ оқиғаның неден болғанын білмейтін. Есейе келе ел әңгімесінен, шешесінің айтуынан әбден түсініп, есінде ұмытылмастай болып қала берді.

Сол бала Мейрам көрген Ардақ еді. Сол Әлібек — Мейрам көрген ызбарлы әке еді.

* * *

Жаздың сүйкімді таңдарының бірі. Күн көкті өрмелеп, көлеңкелердің бойын қысқартып келеді. Ауыл тегіс оянған. Осы кезде сонау белдің астында қоймен бірге қыбырлап баpa жататын ақсақ шал, бүгін кереге жалды қара айғырдың үстінде, құрықшасын алдына көлденең ұстап, қойды ауыл қасына иіріп тұр. Ол мінетін қызыл өгіз, арқасы босап, көп сиырдың ішінде қотанда тұрғанына түсіне алмағандай, шалға қарап-қарап қояды. Күнде сәске түсте келетін жылқы тобы да бүгін ерте келіпті, желі басында иірулі. Алқа-қотан қонған ауылдың ортасындағы еңсесі көтеріңкі боз үйдің маңы қаптаған адам. Қолдарында жүген, ноқта, жіп, жан-жақтағы ауылдан аяңдаған жаяу кісі осы топқа келіп қосылып жатыр. Жылқы кісінеп, сиыр мөңіреп, қой маңырап, түйе боздап, оған жиылған көптің шуылы қосылып, ауыл азан-қазан. Ұласқан күшті үн таңертеңгі тұнық ауаны толқындата, өзгеше бір күй тартып тұрған тәрізді...

Боз үйдің сол жағындағы ас үйдің есігінде күзет тұр. Үй ішінде ерлі-байлы екі адам отыр. Әйелінің көзі бұлаудай, уһлеген лебі оттай. Байы қамауға түскен қасқыр сияқты, сенделіп жүр. Көлденеңі шығыңқы жалпақ бетінде, жылтыраған жылан көзінде, үміт белгісі байқалмайды. Құрым үйдің жыртығынан сығалайды да түнереді. Сыртқа шығуға еркі жоқ, жан таласқан бір адам.

Бұл кезде, боз үйдің оң жағындағы қоңыр үйде де аналы-балалы екі адам отырды. Бұлардың есігі күзетсіз. Сонда да сырттағы думанға араласқан жоқ. Көп ауырып, сартөсек болған ана басын зорға көтеріп, қасындағы мұнтаздай қара көз қызға мұңын айтып отыр:

— ...Біз мұның теңі емес едік, менің басыма қызықты, — дейді ауру ана. — Онда, мынау көзге байланған шор, беттегі шұбар жоқ. Анаң бір кезде ел аузына ілінген қыз болатын. Бата бұзған оңа ма, қарғыс жібермеді. Келгеннен кейін, дәл алты ай дегенде, желек астында әулие шықты. Бар көрген қызығым осы алты ай. Мынау тоқалды ол, мен төсектен тұрмай жатып-ақ алмақшы болып қойған екен. Одан бергі өмірді бала да болсаң, өзің көрдің. Қазір он төрттен он беске қарайсың. Менің бұл уақытқа дейін ілініп-салынып келгенім, бір сенің арқаң, қарғам, әйтпесе ол мені әлдеқашан тастайтын еді. Тастамағанда не оңдырды! Сүйіп алып тұл, басыбайлы күң етті. Осынша малдан бір қотыр лаққа билігім келмейтін. Үстіне батып кіруден, бетіне батып сөз айтудан мен қалғалы қашан. Тұщы етке тиген ащы таяқ, зәрлі сөз, суық көз — жүрекке мұз, ішке шемен болып байланып жатыр. «Мың асқанға бір тосқын» деген. Әкең тіпті асқан еді, шырағым. Асқан сайын бір тосқын кездессе де, тәубе қылып қайтуды білмеді. Сенің жаңа жүріп жүрген кезіңде, баяғы прием жылы қанына қарайған ел жиылып, келіп, пышақтап бір кетті. Одан кейін осы қызылдар алғашқы бетінде оққа байлап атқалы тұрған жерінде өзімен бірге оқыған досы кездесіп, айырып алыпты. Қазір, міне, үшінші тосу. Бұдан ол құтыла алмайды... Не бар көп ойлайтын! Қызығын көрген дәулетім, қимайтын ерім жоқ. Кіндік кесіп кір жуған жерімнен, бірге есіп, біте қайнаған елімнен ешқайда кете алмаймын. «Он төртте отау иесі» дейді. Сенің де өз қолың өз аузыңа жетті, орысша, қазақша көзің ашық, қайда болсаң да сиясың. Қарағым, ендігі арманым — тек көзім тірісінде өз қолымнан сені құтты орныңа қондырып, шайыңды құйып беріп отырсам болғаны. Оған жеткізбей мені қара жер тартып әкетсе есіңде болсын: «тең теңімен, тезек қабымен». «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас», «ана көрген тон пішеді» — ұқтың ба, қарашығым?

Төмен қарап, тып-тыныш отырған қалпын бұзбастан, көз жасын мөлт еткізді де:

— Ұқтым, апа! — деді қызы. Оның мөлдір қара көзінен меруерттей домалаған ыстық жас, апасының көңілін бұзды. Оңаша үйде аналы-балалы екі адам егіліп жылады, іштегі қайғы-шеменін жаспен жібітті. Ауру ана көп отыра алған жоқ, төсегіне жантайды. Қызы оны қымтап жауып, көз жасын құрғатқан соң, есік алдына шығып, ауылда не боп жатқанын қарады да тұрды...

Мәз-майрам жұрт. Кереге жал қара айғырды жөтелеп, он қой, бес ешкіні айдап, Шотаяқ шал шықты. Мескүреңнің үйірін бөлісіп Жантақ, Асамбай, Балғабектер жүр. Боз іңгенді түйеші Ысқақ жөтелеп барады. Калмагор қасқа сиырды мойнынан құшақтап, сауыншы Үндекей тұр... Қасқырды басып алатын аққасқаға да ие табылыпты, аңшы Құтжан үйіне қарай жөтелеп келеді.

— Олжа қайырлы болсын!

— Бірге болсын, өзіміздің табан ақы, маңдай теріміз ғой.

— «Дес тимеске дес тиді, таба-таба нан тиді», — деген дауыстар самп-самп естіледі...

Боз үйдің жанында, бағанадан бері әркімнің, атын атап шақырып тұрған дауыс басылды. Мал үлестіріліп болды. Боз үйдің киізін сыпырып, біреулер арбаға арта бастады. Қараша үйде оңаша отырған екі адамды бақырауық сары атанға жеккен тарелейкеге мінгізіп, бір жігіт ұзақ жолға бет алды. Елдің бәрінің назары енді осы арбада. Сары атан аяғын еріне басып, белгілі айғайға сала бастады. Екі дөңгелекті ағаш арба қисалаңдап оған үн қосты. Арба үстінде екі адам теріс қарап сүмірейіп салбыраған басын көтерместен бара жатты...

— Бүгіннен бастап, — деді бағанадан бері жұртқа мал үлестірген өкіл, төңкерілген қорапқа шығып. Оның денесі енді айқын көрінді. Даусы анау арбалыға да анық естілді. — Шынжырбалақ шұбартөс Әлібек Таймасұлы біздің округтің тізімінен өшірілді. Анау жонды алған егінжайды, мынау өлкені алған шабынды, үлестірілген көп малды емін-еркін пайдаланып, қызығын көр, еңбекші ел...

Өкіл сөзін осымен аяқтады. Қуанышты көп тарай бастады. Тоғыз қанат боз үйдің жұрты ғана қалды.

Бұл, 1928 жылы, ірі байларды конфискелеу уақыты еді. Есік алдына шығып тұрған қыз бәрін көз алдынан өткізіп, үйіне еніп кетті. Мейрам көрген Ардақ — осы қыз. Мейрам көрген ызбарлы әке — осы Әлібек.

* * *

Үш жыл өтті. Жаз күні. Қас қарайған уақыт. Ворошилов атындағы колхозда ұйықтамаған үй кемде-кем. Кешеде бір топ жас гармонь тартып, өлең айтып жүр...

Арқасына таңып алған буыншағы бар, мойнында дорба, қолында таяқ, Әлібек ымырт жабыла осы колхозға енді. Кідірместен, жан-жағын болжай, шет көшемен тартып келеді. Кішкентай сары қанден шабаланып, тап-тап берсе де, алаңдаған жоқ. Таяғын артына ұстап жасқаған күйі жүре берді. Салып отырып ойнап жүрген жастарға келгенде, олар таңырқап тұра қалды.

— Тысс, киргиз.

— Бачеш, нищий.

— Тілмаш керек, — деді Әлібек. Бір жігіт кимелей қасына келді де:

— Сен кім? Қазақ емес, орыс емес, а? — деп үңіле қарады бетіне.

— Мен қазақ. Қайыршы. Нашауайт керек.

Тілмаш жігіт басын шайқап, күдіктене қарап тұр. Әлібектің түрі күдіктенерлік те еді. Басында ескі шлем, аяғында ботинка, үстінде шапан. Беті жылтыр қара, ыстық жақтың адамы сияқты. Тәутитіп, иегіне сақал қойған, онысы қырған жақтың өскен тұқылдарының арасында бір түп көде сияқты боп тұр. Қазақ қайыршысының мұндай түрін көрген емес, тілмаш жігіт. Сельсоветке апаратын ыңғайын сезген соң:

— Маған табыншіктің үйін көрсет! — деді Әлібек.

— А, сен оны білемісін?

— Білем.

— Ой, ол жақсы қарт!

Табыншының үйін көрсетіп жіберді тілмаш. Өзі артынан байқап тұрып, Әлібек сонда барғанда ғана, ойынға қайта араласты.

Әлібек келгенде табыншының үйінде екі-ақ адам бар еді. Бірі — пештің үстінде ұйықтап жатқан кемпір, екіншісі — кітап оқып отырған жасөспірім Ардақ. Әлібек есік қаққанда, шамын қолына ала шықты Ардақ.

— Бұл кім?

— Аш, қарағым, бөтен кісі емес.

— Сонда да?

— Шошыма, қарағым, мен әкең.

— А, не дейді! — деп Ардақ бір қуарды, бір қызарды. Көзі үлкейіп тұрып қалды орнында. Арғы жақтан кемпір келді ұйқылы-ояу.

— Бұл кім өзі?

— Шеше, мен...

— Ләиләһа иллоллаһ өлген адам тіріле ме! — деді кемпір, жағасын ұстап. Кейін шегініп бара жатыр.

— Қорықпаңыздар, дабырламаңыздар, мен тірі. Сондай бір лақап тарату керек болды.

— Көкем! — деп есікке тұра ұмтылғанда, Ардақтың шамы ұшып кетті қолынан. Қараңғыда мойнына жабысқан қызын үйге көтеріп еніп, Әлібек дереу есіктің күршегін ілді. Жылап керіскен кемпір мен Ардақтың мауқын баспастан, дауысты тоқтатты:

— Сабыр. Ешкім білмесін. Мен тез кетуім керек.

Шам жағылды. Әлібектің түрін кергенде Ардақ пен кемпір таңдана қарап, үн қатпай біраз тұрды.

— Заман өзгерген соң, менің де өзгергенім ғой, — деді Әлібек. Барған жерімде жаман тұрып жатқаным жоқ. Алланың салғанына айла бар ма, менімен кеткен балаңыз да қайтыс болған. Жалғыздық жаман екен, мына қарағымды ойлап жүдей түстім. Сонсоң әдейі алып қайтуға келіп отырмын.

— Бәрінен де бар болғаның жақсы, — деп кемпір сөзді бөлді. — Әйтпесе, түріңді бұзғаның келіспей-ақ тұр, шырағым.

— Хе-хе-хе... Бұрынғының адамысыз ғой, сіз.

— Көке-ау! Осыныңыз бүгінгінің адамына да ұнамайды. — деді Ардақ күрсініп. Әлібек жұбата бастады қызын:

— Үнемі осы қалыпта тұрар деп пе едің, қарағым. Жолдан жүдеп-жадап келгендік қой. Әйтпесе, әкеңнің күйі жаман емес. Жақсы еңбегім үшін жер ауған жерімнен күні бұрын босатты — деп, бір қағаз көрсетті. Ардақ қуанып қалды, оқып шығып тақала түсті әкесіне:

— Енді басқа жаққа қаңғырып керегі не?

— Таныс елдің ішінде отыруға ұялам. Аулақта үлкен бір қала салынып жатыр. Адам көп керек. Қалған өмірімді қалада өткізсем, сені тәрбиелесем деген бір ғана арман бар баста. Ауылдан шықпай, үлкен өмірге араласа алмайсың, балам...

Кемпір тамақ қамдауға тұрды. Ардақ әкесінің қасына бір жамбастай отырып, тетрадьтарын көрсетті. Осындағы орта мектепті биыл өте жақсы бітірген екен, көңілдене отырып, оқу жайын айтып шықты. Әкесі ырза болып, қызын шашынан бір сипап қойды:

— Жақсы оқыпсың, балам. Ауыл бұдан артық оқу бере алмайды. Ендігі оқу қалада. Қызық та қалада... Не бар мұнда?

Жас Ардақты әкесінің сөзі, алдағы өмір суреттері толқытып жіберді. Өзінің де елегзи бастаған, алысқа көз жібере бастаған кезі еді. Кетуге лоблып, нағашыларын қимай отыр:

— Нағашы атамның келуін күтсеңізші. Тым болмаса, қоштасып кетейік.

— Түздегі адамның қашан келетінін кім біледі. Съезге кетсе енді бір жұмасыз қайтпайды. Хат арқылы хабарласып тұрармыз. Бүгін түннен қалмай кету керек дайындал, балам.

Кемпір ауыз үйде бүгжеңдеп самауыр қойып жүрді. Ардақ кемпірдің қасына келіп мұңайып тұрды.

— Әже! — деді бір кезде сыбырлап. Кемпір соны асыға күткендей, құлағын тоса тұра қалды.

— Мен қайтемін?

— Қайдан білейін, шыбыным. Өзің білесің!

— Нағашы атамның қайтуын да күтпейді.

— Шолпанымнан қалған жалғыз ұрпақ сен едің. Әкеңе амал жоқ, әйтпесе шымбайыма батып-ақ тұр, — дегенде, кемпірдің нұры тайған қызыл көзінен жас тамып кетті. — Сүйіп алған Шолпаныма опа қылмаған Әлібек, сені қай оңдырар дейсің, өзің біл. Біз де басқа жарыған жан емес едік, қаламыз да қурап. Тек сен ренжімесең болады. Шолпанның көзіндей болған, көзіңнен айналайын, мөлдіреген. Ал, әйтеуір кетпек болсаң, нағашың келмей кеткенің жақсы. Әлібек те соны ойлап отырған шығар. Шолпанымды алған соң, мұның бұл босағаны аттап отырғаны осы. Менсінді ме бізді. Шалдың одан көңілі қалған...

— Рас, нағашым көкемді жек көреді. Жамандап маған көп сөздер айтқан. Бәрі есімде. Апам марқұм да айтушы еді... Бірақ әже, сізден жасырайын ба, өз басым әлі түңілген жоқ. Аталық ақы бар ғой. Анада бір ермей қалдым. Тары да ермей қалсам, екі еледі ғой сорлы. Өзім қатты аяп тұрмын осы жолы. Сіздерді де қимаймын. Білмеймін қайтерімді. Әже, өзің айтшы, не істеймін?

— Тіпті алысқа әкете ме, бұл?

— Алыс болу керек.

— Өзің біл, қарашығым, отау иесі болып қалдың...

Самауыр тасып төгілді. Дастарқан үстінде үшеуінің басы қосылып, бірер шыныаяқ шай ішкенше тым-тырыс отырысқан еді. Кемпір шәшкесін қолынан түсіріп алғанда, сөз басталды.

— Қолы құрғыр неге жиди қалды, — деді кемпір кейіп. Әлібек оған алакөзімен бір қарап, шайын іше берді. Ардақ кемпірдің шыныаяғын алып, — бұйырмаған шығар дегенде, кемпір күрсініп қойып тағы бір күңк етті:

— Тәңір салған соң одан да зорға көніп отырмыз.

Әлібек қалтасынан алып ақша санай бастады. Санаған ақшасын кемпірдің алдына ысыра салды.

— Бес жүз сом. Балама да, өзіме де аналық ақыңызды кешіңіз. Бір баланы сізден алмас едім, қайтейін, бары біреу-ақ.

— Шырағым, мен ақшаға зәру емеспін. Қалтаңа салып қой, шалдың табысы да жетеді. Тек бір жиын болса, ударник деп үйге отырғызбайтын болған оны. Әрі серігім, әрі Шолпанымның көзі болған соң, осы баланың тілеуін тілеп отыр едік, амал бар ма! — деп кемпір көзінің жасын бір сығып тастады. — Тап, білгендей шалдың жоғында келермісің. Апыр-ау, шалға не бетімді айтам? Ол қияңқы шал.

Әлібек әңгімені кеп созған жоқ. Дастарқан жинауға да қарамастан жүруге қамдана бастады. Ардақ кемпірдің ыңғайына қарап, қозғалмай отыр еді. Кемпір бұлаудай болған көзін сүртпестен, Ардақты екі бетінен, маңдайынан, бетінен шолп-шолп сүйді де:

— Рұқсат жаным, жаным, — деп аузын кемсең-кемсең еткізді. Ардақтың да көзінен жас тамшылап тұрды...

X

Кешегі ақсүйек, бүгінгі «жұмысшы» Әлібек көп жиылған Қарағандыға осылайша келіп, елеусіз жүрген. Ардақтың уыздай өңінде жастық шаттығы ойнап тұрса да, ауық-ауық баса беретін әкесінің осы қара көлеңкесі еді. Жасөспірім Ардақ өмірдің ащы-тұщысын ерте татты. Ана зары, ел лағнаты есінде, сонда да әкеден жүрегі суыған жоқ әлі. Бай, беделді әке ерекше мұғалім жалдап, жалғыз қызын алты-жеті жасар күнінен оқытты. Конфискеленіп, жер ауып бара жатқанда қанша жалынса да, қызы ермей шешесінің қасында қалып қойды. Ауру шеше төркініне келе қайтыс болған. Төркіні кедей, еті тірі адамдар, кейінгі жылдарда орыс арасына сіңіп, поселкенің малын бағатын. Жетім Ардақты жетелеп әкеліп, орыс мектебіне енгізді. Ардақ мектептен бұрын да орысша, қазақша бірқыдыру оқып тастаған. Енді орта дәрежелі білімі бар ойлы қыздың Мейрамды көргеннен кейін жабыңқы көңілі жарқ еткендей болды. Ол кетсе де бейнесі төр алдында қалып қойыпты. Жай сөйлеп, жан-жағына байыппен қарап, көзін Ардаққа көбірек тастайды. Отты, ойлы көз қадалған сайын жас Ардақ жалындай түседі. Қазір оңаша үйде, осы халде ойға батып отыр Ардақ. Ой түйіндері тіпті көп. Әлі бірін шешкен жоқ. Ең қиыны тұңғиық әке, — түбіне қашан жеткізер? Одан соң өз басы — оқи ма, өрге шыға ма? Мейрам неге толқытты осынша? Кім өзі? Өмірлік жар ма, әлде кездейсоқ па? Мынау астан-кестен дүниеде Ардаққа деген орын қайсы? Толып жатқан қауіп, үміт. Бірі — басып, шым батырады, бірі — қанат байлап ұшырады. Өмір сырын алмаған жастық алдында, өмір теңізі осылайша терең тұнжырап, біресе көбік шаша тулап жатты.

Ойына берілген Ардақ қолындағы «Анна Каренинаны» әлдеқашан жауып тастаған. Есіктен жаңа енген Майпаға, сәл бұрылып, күлімсірей тіл қатты:

— Тамақ апарамыз ба?

— Апарайық.

Екі қыз тамақ алып шахтаға бет түзеді. Өңдеріңде қызараңдап күлкі ойнайды. Не күлкі екені өздеріне де белгісіз.

Өзге түгіл бір-бірінен қымсынады. Шахта басында бұлар бұрын болған емес. Бар жігіт сонда сияқты. Тақала келе бұл елес өзгере берді. Қыр басынан етекке қарай, болат арқан тартып, он шақты жұмысшы жүр. Қолдарында бір-бір қышқаш. Арқандары шірік, сыртын аршып, ішіндегі өзегін ғана алады. Өзектерді жалғап, үш тіл жасаған, ұзындығы бірнеше жүз метрге кеткен. Енді сол ұзын тілдерді әр жерде тұрып саумалап, бенттеулі темір таяқтармен бұрай бастап еді, екі қыз таңырқап арқанның қасына отыра қалды.

— Кәдімгі жіп арқанша еседі екен!

— Мынау біздің де қолымыздан келеді екен, а! — деп шұқылап отырғанда, шертіп тұрған шеткі тіл дыр етіп, серіпті де қыздардың етегін орап алды. Сонау баста, Жанабілдің сақылдап күлген даусы естіледі.

— Бәйтен, байла-байла! Түсті тұзағыңа!

Бәйтен бұраған тіл екен. Қапелімде оның тай шығымындай ғана қарқыны болатын. Қарқыны басылған соң, еріне бұрап, есіней отырғанда бұрау таяқ қолынан шығып кетіп, кейін серпіпті де, бір ұшы өзін дәл ауыздан соғыпты. Еріндері дүрдиіп ice қалған, етегін сым орап, Бәйтен өзімен-өзі әлек болып жатыр.

— Он сегіз жылдық стажыңа болайын! — деп Жанабіл келді қасына. Шырмаудан босатпай күліп тұрды біраз.

— Жай жүрмейтін ауызға осы лайық!

— Әй, оттамай помогать ет! — деді Бәйтен. Өңінде бұрынғы ызбар жоқ, жалыныш бар. Ызбары да ұзаққа бармайтын. Жанабілге ден қойған сияқты, арқаннан босаған соң:

— Дәрігерге барам, — деді де жөнеле берді.

— Ау, осыған-ақ па?

— Е, бәрібір күн жазады.

— Жұмыс жазылмайды бірақ?

— Қазынаның мойны жуан, уайымдама!

— Он сегіз жылдың үйреткені осы ғой! — деп сақылдап күлді Жанабіл. Ажуа күлкімен түйрей түсті. — Бұндайда біз байдың да малый тастап кетпеуші едік. Көрсеткен үлгің, осы болса бара бер. Сөйлесерміз жиналыста.

Жанабіл соны айтып, қыздарды босатуға жөнелді. Бәйтен кетіп барып қайта оралды. Өзінен-өзі сөйлеп тұр:

— Тауы шағылмаған неме, түк білмейді! Қазына жұмысы бір күнде біте ме. Қарашы пәлесін! Жиналысқа салмақ мені.

Бәйтен жұмысқа қайта кірісті. Амалсыздан кірісті. Бұрын завод жұмысын «бай жұмысы» деп атайтын. Ағылшындар жұмысшыны алдап, арбап, жеп жатқанда, Бәйтен сияқтылар кезі келіп қалса, оларды да жейтін. Талай жылдар үйренген бұл әдет, қырсаулық, көз алдаушылық Бәйтеннің бойына мықты орнаған. Қазір тек жиналыс талқысынан жасқанып қайтты. Қайтса да селсоқ істеп отыр. Бұл жұмыста әлі басыбайлы норма жоқ. Тұтас берілген, табыс бәріне тең бөлінетін жұмыс. Сондықтан Бәйтенге тасалар толып жатыр.

Арқанға оралған екі қыз қанша бұлқынса да, Жанабіл барғанша босана алмады. Асыл сымдардан жасалған, жуандығы шынашаққа жақын арқан түйіліп-түйіліп, көйлектердің етегін қоса түйіп алыпты. Қыздарды тырп еткізбей ұстап тұр.

— Біздің тұзақ осылай болады, — деп қалжыңдай келді Жанабіл. Қысқашымен қайта бұрап, әуелі Ардақты босатты. Майпаға келгенде ілік шығарды. — Сұрамасаң босатпаймын.

— Сұраймын, босат.

— Шын сұрайсың ба?

— Шын сұраймын.

— Танып кетпе. Сіз куә болыңыз, — деді Жанабіл Ардаққа. Содан кейін Майпаны босатып жатып арқанын мақтады. — Бұл шіркін шахтаға салуға да, қыз матауға да жарады, — дегенде бағанадан үндемеген Ардақ та үн қатты:

— Қызды тегі темір тұзақпен ұстайсыздар ма?

— Жібек тұзағымыз да бар. Ол темірден де берік.

— Екеуі де жүректі ұстауға әлсіз ғой.

— Жүрегіңіз мықты болса көрерміз! — деп сақ-сақ күлді Жанабіл. — Оның да тұзағын жасап жатыр.

— Кім?

— Жігіттер де.

— Қай жігіт? — деп ежіктей түсті Ардақ. Майпа арқылы Жанабілдің Мейраммен жақын екенін сезетін. Мейрам туралы сөз болса елемегенсіп жүріп, құлағын тігетін. Жанабіл бірақ бұл құмарын қандырмады:

— Осы жігіттер арқан ғана тоқи ма? Қыз жүрегіне тұзақ та тоқиды, — деп сөзінің ақырын қалың шарындыға апарып соқты. Сол шарындыдан Мейрамның ізін табуға ерінбей тыңдады Ардақ.

Бұдан бір жұма бұрын партия бюросының сайлауы болып өткен. Хатшылыққа бірауыздан Мейрам сайланған. Содан кейін коммунистер мен комсомолдар жиналысында алдағы міндеттер туралы баяндама жасады. Мейрамның сөзін алғаш естіген Жанәбіл қазір аузының суы құри айтып отыр. Щербаковке де ырзалығын білдіріп қояды:

— Сергей Петрович мехцехқа мені өзі ертіп апарып орналастырды, Лапшинға қадағалап тапсырып кетті.

— Ол кім?-деді Ардақ. Жанабілдің аузынан шыққан бір сөзді қалт жібермей отыр.

— Лапшинді білмейсіңдер ме? Ондай жігіт кемде-кем кездеседі. Донбастан келген коммунист, өз ісіне маман адам. Ескі заводтың бір түкпірінде қалып қойған шірік арқандарды тауып, сыртының шірігін сыдырып тастады да, ішкі өзегін алды. Осы жұмысқа он шақты қазақ жастарынан бригада құрып, өзі үш-төрт күн басы-қасында болып үйретті. Айналасы бір жұмада мені арқан мастері етіп шығарды.

Жанабіл қыздармен әңгімелесіп тұрғанда Лапшин өзі келіп қалды. Жасы отыздың ішінде, жаурыны қақпақтай, арықтау, мінезі ауыр, түсі суық, шикіл сары жігіт екен. Қыздармен қысқа амандасты да Жанабілмен болып кетті...

— Арқан керек. Қашан бітіресің?

— Как пойдем кушайт, так будет катоп.

Ардақ бетін қолымен тасалай күліп жіберді. Жанабіл орысша тіпті аз білетін, әрі олақ сөйлейтін. Бірақ, онысынан өзі именер емес, жетпеді-ау деген ойын ыммен жеткізіп тұр. Арқанның тоқылған жағынан селпі қалған бір тілді Лапшинге көрсетіп, Бәйтенге жұдырығын түйеді:

— Это он крутил, он.

— Бұл жерін тарқатып, қайта тоқы, — деді де Лапшин Жанабілдің өз ісіне бір мін тақты — анау екі көтергіштің арасы неге алдық?

— Ағаш жетімсіз болған соң сирегірек қойдым.

Көтергіштер сирек болса, бұрау ауырлайды. Жиі болса жеңілдейді. Солай дейді физика.

— Ол кім?

Ардақ күлкі қысып, теріс айналып кетті. Лапшин де бір мырс етті.

— Ғылым ол.

— Ғылым?! — деп Жанабіл қарындашын ала сала бір жапырақ қағазды тізесіне.қойып, жазып жатты. Жазып болсаң соң Лапшин оның сөлекет жазуын сұрап алып, қайта түзетті:

— Пизика емес, физика.

— Солай-ақ болсын.

— Арқанды тоқып болған соң дереу мехцехқа жеткізіңдер. «Гербертке» түсеміз, — деді де Лапшин қайтып кетті.

Жанабіл оған иегімен мегзеп, сыртынан қыздарға мақтап тұр.

— Шіркін, Мейрам, Лапшиндер жігіт қой! — дегенде Ардақ бір сұрау берді:

— Екеуінің жігіттігі осы арқанда ғана ма?

— Арқансыз көмір жоқ, көмірсіз енді өмір жоқ. Мендей батырақтан маман жасау, шірік сымнан арқан жасау, аз өнер ме! Олардың іші терең жатыр. Менің әзір бойлағаным осы ғана. Сіз сүңгіп көріңіз, одан да асыл табарсыз.

— Су болса сүңгір едім. Адам іші қиын ғой.

— «Оңай әркімнің қолынан келеді. Бәрінен қиынды жеңу қызық», — дейді Мейрам; Бұған қалай қарайсыз?

— Қалай айтты екен ол кісі, — деп Ардақ ақырын ғана жымиды, — Қиын қинамай ма? Қиналу қызық па?

— Қинағыш деп қорықпаңыз. Ол рақымды да жігіт.

— Сіз ылғи сол кісіні маған тақай сөйлейсіз-ау, — деп Ардақ тағы жымиды. — Себебі не?

— Себебі — тақау тұрсыздар, өздеріңіз.

Үшеуі бірден күлді. Екі қыз «отырып қалдық» деп орнынан тұрды. Бұйығы Майпа былай шыға беріп бой жазып, езу жимай күле сөйлеп келеді:

— ...Өзі қызық жігіт: оңаша кездессең қытықтап, жұлмалап әуре қылады. Құдық басында бір кездесіп, азар жіберді. Сақинамды тартып әкетті...

— Тартып алушы ма еді. Өзің бердің де.

— Құдай біледі тартып алды. Саусағым ауырып қалды.

— Онда араз екенсің ғой?

— Соған-ақ па? Ол маған иіссу әкеп береді.

Ардақ ақырын ғана күрсінді. Күрсінгенін сездірмесе де, «маған әкеп кім берер?» деген арманы ендігі сөзінен сезіліп тұр:

— Сендер бақыттысыңдар, Майпа!

— Сендер ше?

— Сендерің қалай? Менің кімім бар еді?

— Мейрам ше?

— Сендер теңсіңдер, біз теңбіз бе. Тең болсақ түсіндік пе? Теңін таппаған аналарды көрдім. Соның бірі өз анам еді... — деген Ардақтың көңілі босап кетті. Сұлу анасы, сорлы анасы елестеп тұр алдында... Үні өшіп аз мүдірді де, аржағын айтпастан шолақ түйді сөзін. — Мейрамды мен әлі білмеймін. Ол мені де білмейді.

Білсем екен, көрсем екен деген үмітпен Ардақ шахтаға жетті. Мейрам жоқ. Бұрын көрмеген жаңа дүние көрінеді...

Бала жігіт екі атты божылап айдап, барабан айналдырып тұр. Дәу екі шелек жер астына кезек түсіп, көмір алып шығып тұр. Шыққан көмірді екі жұмысшы тәшкемен тасып, жоталай үйіп жүр...

— Осы ма шахты? — деді Ардақ.

Жігіттер күліп жіберді.

— Жаңа келгенсіз бе, дүниеге?

— Сіздер дүниемен бірге келдіңіздер ме?

Жігіттердің аузына құм құйылды. Барабанға сілейе қарап, өзімен-өзі болып тұрған көк тұқыл, аласа қарт ашық, кішіпейіл адам екен, Ардақты көре сала мұқыл саусақтарын ұсына келді.

— Саумысың, қызым. Механик Козлов.

— Мырзабекова. Іске сәт.

— Қала тәрбиесіндегі қазақ қызын көргенім осы. Қайдан келдің, балам? Не іздеп жүрсің?

— Елімнен, ата. Әкемізге тамақ әкеліп тұрмыз.

— Шын қазақсың ба, шырағым?

— Қимайсыз ба, әлде. Қазақпын.

— Жо-о-жоқ. Әншейін анықтағаным ғой, — деп абдырап қалды Козлов. Енді сақтана сөйледі. Қуанышты екен, жұмыс жайын айтып жатыр... Щербаков пен Мейрам берген сроктен атбарабанды екі күн бұрын бітіріпті. Смена сайын төрт жігіт тұрып бұрайтын бадья қалған. Олардың ісін қаршадай бала жігіт екі атпен атқарады. Шелектер бұрынғысынан бес есе үлкейген. Көмір үйіндісі енді кепене емес, маяға айналып барады. Козлов сонда да мұның бәрі мешеу әдіс, уақыт шара, дейді. Таяуда атбарабанды қалдырып, бу күшін пайдаланбақ. Ол да уақытша. Электрге кешпей күн жоқ. Электр, темір жол керек дей келе, өзінің зор қуанышын айтты:

— Біз Донбастан келгенде, мынау аттардың қызметін адам атқарып тұрған. Маңайдағы анау ауылдардың бірі жоқ-ты. Қара жұмысшылардың басы құралып қалды. Қазақтың енді маман жұмысшылары да шыға бастайды. Саған жаңа «қазақпысың?» деп қуанғаннан айттым, балам. Қазақтың сендей қызын, Мейрамдай ұлын, Ермектей жұмысшысын көру қандай қуаныш!

— Біз тек ұшқыны шығармыз, ата.

— Білем, білем! Ұшқын тек қызулы оттан ұшады.

Әлібек пен Жұмабай жер астынан шықты. Қыздар әкелеріне үйірілді. Козлов Әлібектің қолын ұстап:

— Мына бала, сіздікі ғой. Бақытты екенсіз дегенде:

— Мен орысша білмейді, — деп Әлібек қолын сермеді.

Ол орысша білетіндігін де жасыратын. Өңін де өзгерткен. Қырма сақалын бетімен жіберіп, тығыз, күйек сақалды адам болып алыпты. Ардақ әкесінің бұл мінездерін ұнатпаса да көп ішінде өз қасында болғанын медеу етеді. Қызының көңілін көрген Әлібек «бұрынғы мінезді тастадым» деген. Соның сеніміне күрек ұстап, көмір күреп жүр. Ардақ қазір әке өзгерістерінің біріне қорлана, біріне мақтана қарап тұр еді.

— Балам, өмірге аралас, өмірге! — деді Козлов, — мына трубаның астында көл жатыр. Сол көлдің суын мынау сусаған елге жеткізгелі жатырмыз. Көріп кет. Мехцех та осы трубаның түбінде, оны да көр. Жастықта көргенің болмаса, өскенде кісілігің де болмайды.

— Барам, көрем, ата.

Козлов қайтып кетті. Әлібек шахтыдан аулағырақ барып, үй орнындай қазоты көгалға отырды. Екі қыз әкелгендерін әкелерінің алдына жайды. Жұмабай майлы жамбасты Әлібектің алдына жапырақтай турап:

— Алыңыз, алыңыз, — деп қояды...

— Жер астының тараулары ұзап барады, — деді Әлібек, бүйтіп жер үстінде тамақ ішуден де қалармыз. Шіркін, кең дүние!

Әкесінің кейінгі сөзі Ардаққа өте ауыр естілді. «Бұрынғысын әлі көксей ме, әлде шаршап шықты ма?» деген күдікпен қараса да, тұңғиық әкенің түрінен біле алмады ештеме. Жұмабай етке толы аузы қомпаңдап, уайымсыз көңілін білдірді.

— Несі бар, тамақты ала түсеміз онда.

— Жер астында тамақ бата ма? — деді Әлібек.

— Құданың құдіреті, маған тамаша батады! — деп өзіне-өзі таңдана қалды Жұмабай. — Күйеу боп барғанымда тамақсау күйеу, дейтін еді жеңгелерім.

Ардақ күліп жіберді. Әлібек те бір мырс етті. Тамақ ішілген соң екі қыз тамашалауға трубаға қарай жөнелді.

Труба түбіндегі жапырық тас үй — мехцех. Бұл әншейн келешегіне қарай қойылған ат, әйтпесе нобайы түзу бір механизм жоқ. Темір дөңгелектер, шестернаның сынығы, тот жеген кішкене вагонеткалар, винттер, бірен-саран локомобильдер тағы осылар сияқты ескі-құсқылардан өзге іліп алар ештеме табылмайды. Ағылшын заманынан қалған мұралардың сиқы осы.

Жырым-жырым болып есік алдында үш локомобиль тұр. Слесарь Иван Потапов ертеден қара кешке осыларды шықылдатып жатқаны. Иванда сасу да, жалығу да жоқ. Ешкімге жанаспайтын сөз сүймейтін томырық адам. Оны сөйлету үшін сөзді тек локомобильдерден бастау керек. Сонда ғана балғасын былай қояды. Жанындағы адамға тура қарамай, қырындай түседі. Саусақтай қылып ораған шылымын тұтатқан соң, бір қолын аузынан, бір қолын қолтығынан алмай, көзін сығырайта алдыңғы локомобильге қарап, біраз тұрады. Мұның бәрі сөйлер алдындағы дайындығы. Козлов екі қызды әкеп тапсырып кеткен соң, Иван осы әдетін тапжылтпай орындады. Ардақ оның әр қимылын, әр мінезін тамашалай бақылап, түтін сарғайтқан ақ сақалынан көз алмай тұр еді. Қазақшылап күңгір-күңгір етті Иван.. Қазақша жақсы біледі. Алғашқыда сөзі анық естілмейтін. Тіссіз ауыз одан әрі құлдыратты сөзін. Ардақ түк те түсінбеді. Қайталап сұрауға кәрлі қарт бірдеме деп тастар ма, деп қаймықты.

— Бұл локомобиль Керегекөздікі, — дегені еді Иванның Керегекөз Бұқпа поселкесіндегі от диірмен ұстаған орыс кулагі. Керегекөзді Иван өзі жақсы білген соң, жұрттың бәрі біледі деп түсінік берген жоқ. Одан арғы сөзіне, аузы қомпаңдай бастағанда, құлақ тоса қойған Ардақ анық түсінді:

— Он бес жыл жолдас болдым, — деді локомобильді нұсқап қойып. Содан кейін жүріңкіреп кетті де екінші локомобильге келді. — Бұл Резановтікі, — деп, шылымының қалдығын табанымен нығарлай өшіріп тұр. Резановтың кім екенін де айтқан жоқ. Резанов, бір заманда Қарағанды, Спасск, Нілді заводтарының қожасы болған, орыс капиталист Бертін келе заводтарын жөндеп жүргізе алмай ағылшындарға сатқан. Оның баласы жиырманшы жылдарға дейін, Бұтақара поселкесінде диірмен ұстап тұрды. Сондықтан Иванның ойынша, Резановты да жұрттың бәрі біледі. Ол тек локомобильдердің тарихымен таныстырмақ.

— Бұл маған отыз жылдан бері таныс. Кемінде отыз рет түзетіп берген шығармын, — дейді шылымын тастаған соң қолын қусырып, локомобильге қарап тұрып.

Үшінші локомобильдің дөңгелегіне дейін шоқпыт, құр сілімтірі ғана қалыпты. Иван бұған келгенде ыржия күлді:

— Бұл кемпір менімен құрдас. Түу, арсыз, өлсеңші енді, — деп жерге бір түкірді сонсоң. Локомобильдің жасын шамалау үшін Ардақ Иванға қарады. Шашы, сақалы аппақ, аузында тіс некен-саяқ, бет терісі бүрме-бүрме, орта бойлы ызбарлы шал, көріп ал дегендей аз кідірді де, үндеместен тартып тұрды.

Ардақ аң-таң, Ескі жұмысшы осылай болар ма? — деген оймен, ескі жұмысшының бірі — Антон Лавченкоге келді. Антонның мінезі, тұлғасы Иванға қарсы жаралған тәрізді. Қаршығадай ғана шап етер, күйгелек адам. Бригадасында төрт-бес жұмысшы бар. Бірдеме жоғалтқандай ескі темірлердің арасын тінтіп жүр екен. Қолдарында сымға тізген пинт, болт... Ардақ:

— Не іздеп жүрсіз, ата? — дегенде, жауапты тілінен бұрын Антонның қозғалысы берді. Көзін тас жұмып, басын шайқап-шайқап қалып, қосқолдап қысып тұрып, — жоқ іздеумен уақыт өтеді, балам! — деді. Сол жоғын іздей берді. ІІІалдың мінезіне жымия күліп Ардақ та қарап тұр жан-жағына...

Козлов, Лапшин, Шәйкен, Жолтайлар бір тесікке үймелей төніп, абыр-сабыр болып жатыр. Ол тесік «Герберт» шахтасы. Ағылшын тұсындағы ең күшті, тік шахта болатын. Октябрь революциясынан кейін ағылшындар кетіп тоқтап қалған. Астын су басқан. Сусыз Қарағандыға қазір соның суы керек. Жанабіл тоқыған темір арқан сынға түскелі тұр. Пірақ тереңдігі тоқсан метр, су басқан ескі шахтаға түсуге ешкімнің батылы бармай тұр.

— Өзім түсемін, өзім! — деген Лапшиннің дауысы естіледі. Екі қыз жүгіре басып сонда жетті.

Лапшин маңдай терін жеңімен сүрте салып, ағаш клеткеге мініп алды да:

— Кім ереді маған? — деді.

— Мен ерем, — деп Жанабіл қоса мінді. Темір арқанға байлаулы ағаш клетка түпсіз шыңырауға төніп теңселе түсті. Тілсіз шыңырау жұтқалы тұрғандай, арқан үзіліп бара жатқандай сезілді Майпаға.

— Түспе, Жанабіл, — деп қалғанда, Жанабіл қарқ-қарқ күлді.

— Менің жүрегім қыздың жүрегі ме сонша!

Лапшин команда бере бастады. Жолтай, Шәйкендер леветканың тұтқасын мықтап ұстап, құлақтарын тігуде.

— Жібер! Тоқтат! Жібер! Тоқтат! — деп тереңге батып бара жатқан Лапшинның даусы әрі-беріден соң тіпті алыстап кетті, азар естіледі. Бір кезде мүлде үні өшті. Козлов қобалжиын деді.

— Неге үндемейді? Газ болу керек. Лапшин бірақ сақтана білетін...

Ардақ қатерлі үңгір екенін жаңа ғана сезді. Жүрегі дүрс-дүрс соғып барады.

— Ата-ау, ондай болғанда неге түсірдіңіз?!

— Көп тілегі көндіреді, балам. Жұмысшы адам қатерден қорықпайды.

Әлден уақытта «тарт!» деген дауыс талып естілді. Қырдағылардың бетіне қан ойнап, қуаныш енді. Лапшин мен Жанабіл аман-есен қайта шықты. Бәрі жапырлап екеуінің аузына қарады.

— Су терең екен. Мына шырыш бойламады, — деді Лапшин. Ала түскен шырыштары тіпті ұзын. — Бірақ камерон қоюға қорқынышты. Стволды шегендеген ағаштардың борсығаны, шірігені бар.

Бұл хабарды естіген соң жұмысшылар біраз дағдарып қалды. Суды тарту үшін, суға жеткізбей, шыңырау түбіне тиянақ (иден) жасау керек те, сол тиянақтың үстіне камерон орнату керек. Камеронның қасында жұмысшы-машинист отырады. Стволды шегендеген ағаштар осал болса, машина да, машинист те тиянағымен қоса суға батады. Соны ойлап әркім әртүрлі ұсыныс айтып жатыр. Пікір бір жерге құйылған жоқ. Үміттен қауіп басымырақ. Осының үстіне бас инженер Орлов келді.

Анада, Мейрам мен Щербаков әңгімелесіп отырғанда келген осы Орлов. Ешкі бас, көзінде сабақсыз көзілдірік, тұжыра қырыққан шоқша сақалы бар. Арық, ұзын, еңкіштеу денесі әлі ширақ. Ешкімге қарамайды. Тек төмен қарап, екі қолы қалтасында Козловты үнсіз, түсін жылытпай тыңдап тұр. Козлов жағдайды әбден айтып болғанда, жөнеле беріп бір-ақ ауыз сөз айтты:

— Мен рұқсат етпеймін.

Ол кеткен соң бұл сөзді жұмысшылар әрқилы жорыды.

— Ызалы ғой мынау! — деді Жанабіл. Жазалы адам екенін біліп қапты. Басқалары бірі қостап, бірі қорғап жатыр:

— Қорыққаны шығар. Жазым болса, сонан көрмегенде кімнен көреді.

— Кім біледі! Қауіпті сылтау қылып, судан қаңтарып жүрмесін, жұртты?

— Щербаковтың өзіне айтам, — деп Козлов орнынан тұрды. Бағанадан бері ойын қорытып, бір байламға келген екен. — Камеронды орнатуға әбден болады. Екі басын қабырғадағы ағаштан әрі жіберіп, жерге енгізе қашап, темір арқалық саламыз. Соның үстіне тақтай жайып, камеронды орнатамыз. Қауіпсіз болу үшін камеронды тағы темір арқанмен тартып, қыр үстінен бекітіп тастаймыз. Қайда барады?! Осылай, жолдастар, тек осылай.

Козловтың пікірі бәріне ұнады. Дауылдасып тарай бастады жұмысшылар. Ардақ пен Майпа да қайтты. Бірақ, Мейрамды көре алмай қайтты.

— Мейрам қайда!? — деп Ардақтан сұрайды Майпа.

— Мен қайдан білейін? — деп күмілжиді Ардақ. Өзімен өзі болып келеді. Бүгін көрген завод өмірі жаңа ой салды. Алуан адам, алуан мінез, алуан жұмыс. Тұрыс жоқ, тұтас қозғала тура беттеп бара жатқан сияқты жұрт. «Соның ішінде сен не бітіріп жүрсің?» деген сұрақ Ардақтың алдында тұрды да қойды. Үйіне келіп бүктүсе жатқанда да осы сұрақ кетпей тұр алдынан..»

XI

Жасы қырықтың жуан ішінде, қолтоқпақтай ғана денесі бар, сарша жүзінде қорасан дағы, қалыңдау аузында сиректеу сақалының тұқылы бар Қанабек күле сөйлеп, «қарағымдап» қояды Мейрамды. Сөзінде мысал, мәтел көп. Шынын жайып салған ақ жарқын адам. — Советтің еркесі сияқты. Бәрін сырттан билеп-төстеп отыр. Әзір «болмайды» деген бір сөзін есіткен жоқ Мейрам.

— Жастық шіркін жалын ғой! — деді бір кезде, — өзімдей шұбар кемпірім бар. Мен қысқа, ол ұзын. Ашуланса көсеу ала жүгіреді антұрған. Соның жолында да от пен судан тайынбадық.

Мейрам күліп жіберді. Қанабек өзі қоса күліп, сөзінің артын түзеп әкетті. — Қалжыңдасам да мысал үшін айтам. Жалын сүюден шығады. Сен Қарағандыны сүйесің де күйесің. Түнде бюрода кінәлап та алдың бізді. Бәрі дұрыс. Тек, шырағым, ұмытпа: Қарағанды аудан түгіл Қазақстанның қойнына сыймайды. Ол бүкіл Совет Отанының үшінші кочегаркасы. Ол, жүз жыл артта қалған қазақ көшін көк майсалы көңіл арманына жеткізеді. Оңай ма, бұл?

— Мен сізден тек ауданның өз көмегін сұрадым.

— Аудан көмегі айтылды ғой түнде.

— Соның орындалуы қашан?

— Қарашы тақақтатуың — деп қарқ-қарқ күлді Қанабек, — Сендерге алдымен керегі үкімет болса, ертең орынбасарым Кәрібайды жіберем. Поселкелік совет құрады. Одан кейін профсоюз болса — аудандық профсоюз бастығы Жұманияз барады. Төменнен жоғарылаған Екібас жұмысшысы. Мүмкін, екеуі де қалып қояр сонда. Енді ризамысың.

— Бермек болған жұмысшыларыңыз қайда? Беріп болған жоқсыздар әлі.

— «Көсені үйге кіргізбе, дүмін жерге тигізбе» деген осы, — деп, Қанабек тағы да бір күліп алды. — Жарайды. Бір жұманың ішінде бес жүз жұмысшы жіберейік. Бірақ, колхоздан шартпен барады. Шартты бұлжытпай орындаңдар. Үстеріңнен шағым түссе өкпелесеміз.

— Солардың көбі сауатсыз ғой. Мұғалім жоқ бізде, — деді Мейрам.

Қанабек ойланып қалды. Жаңа завод жасаудан мәдениет революциясын жасау қиынырақ еді. «Техника бәрін шешеді» деген ұран, сол техниканы меңгеруге шақырған білім ұраны да болатын. Қазақ аулының дені сауатсыз. Осы жайды көп ойлап, саражол іздеген Мейрам, Қанабектің қысылғанын сезіп, бір ұсыныс айтып жіберді:

— Тура орыс әрпімен оқытса қайтеді? Сонда мұғалімге де тарықпаймыз.

— Асығыс қарағым, асығыс мұның. Ол үшін бүкіл қазақ баспасөзі орысшаға көшу керек. Оны үкімет шешеді.

— Ендеше мұғалім беріңіз!

— Е, ауылдағы аз мұғалімге қол салдың ба, бала, — деп ыңыранып қойды Қанабек. — Бере алмаймыз. Өлкелік Партия Комитетінің Қарағандыға бес жүз саяси ағарту қызметшілері жіберілсін деген қаулысы бар. Соны күт. Оған дейін сол көптің ішінен сауаттыларын пайдалан. Қарағанды тек көмір өндірісі емес, мәдениет те өндірісі. Ауыл мәдениетті сендерден алады. Жасаңдар.

Мейрам сұрарын сұраса да, кішкене аудан үлкен Қарағандының мәдениет сусынын қандыра алмайтынын жақсы біледі. Қасарыспады. Қанабектің уәделерін блокнотына жазып алып қайтуға орнынан тұрды.

— Рақмет, көп жәрдем еттіңіздер. Тек уәде орнынан шықсын.

— Қайрама бала, қайрама! Сенсіз де қайрап жатыр партия. Іске сәт. Щербаковке сәлем айт. Оның кеңесін көбірек тыңдағайсың.

Мейрам далаға нұр жайнай шықты. Қанабек аудандық атқару комитетінің председателі. Онымен тек кейбір мәселелерді ғана шешті. Түнде Румянцев басқарған бюрода мәселе бұдан әлдеқайда қомақты қойылған. Қаулап өсіп бара жатқан Қарағанды жұмысшыларының азық-түлігі жайында сөз болды. Үкіметтің үлкен жоспары бойынша бірнеше совхоздар, подхоздар болмақ. Оларға жер керек. Долинкеден бастап, Жаңарқа ауданындағы сонау «Ақтау», «Ортауға» дейін, мына жағы «Ақбастау», «Қосағашқа» дейін Алтай-қарпық рулары мекен еткен ұлан-байтақ дүниеге Қарағандының егін, мал шаруашылығы жайылады. Солардың ішінде ат төбеліндей болып қалатын Тельман ауданы бар көмегін Қарағандыға береді. Аудан орталығы биылдың, өзінде бұл арадан көшіп, Нұра жағасындағы «Қан сүйегіне» (Токаревка селосына) барып орнамақ. «Долинке», «Кампан», «Самархан» сияқты бірнеше колхоздар да үлкен совхоздарға орын босатпақ.

Сұраған көмегін алып, мән-жайға қанып шыққан Мейрам, Қарағанды «бірінші бесжылдықта-ақ» өткен ондаған жылдарды аттап өтеді деп қуанды. Өз елі, өз жері көркейгенін көрудің өзгеше бір қасиеті — оның өткені көз алдында тұрады ғой. Мейрам елден жастай кетсе де бос кетпепті. Осы аудан орталығы да оған жылы ұшырап, көп нәрсені ойына салды. Кеше кеш келген. Бүгін жаңа босанды. Енді атына мініп әдейі аудан орталығын аралай қайтты...

Міне «Көкөзектен» өтіп келеді. Ерте күнде, бұл өзектің батыс жақ бетінде дүкен ұстаған көпестер, саудагерлер, қасапшылар тұратын. Алты болыс елдің базары еді. 1916 жылы он төрт болыс ел иіріліп, адам саудасы, ар саудасы қызған кезде, сол базардың кіндігі болған көк үй әлі тұр. Бірақ, құр сілімтірі қалыпты. Жуан, қара шұбар иесі де, көзі шатынаған еңгезердей крестьянский начальник те әлдеқашан жойылған. Қазір тек маңдайшасында «Аудандық ескі-құсқы жинау орны» деген жазуы бар. Мейрам сол жазуды оқығанда жымиып қана күлді.

Өзектің шығыс жағы завод жері. Қызыл кірпіштен, тастан салған жатаған үйлерде пристав, урядник, конторщик, дәрігер, мұғалімдер, бірен-саран маман жұмысшылар тұратын. Мейрамның көзі бәрін шолып өтті. Қай үйдің қалай өзгергенін де көріп келеді. «Бесжылдық орыс-қазақ мектебі» өзгеше жылы ұшырады көзге. Атының басын тартып тұра қалды. Өткен күннің бір суреті елестеп тұр... Онда он-он бір жасар бала еді. Күзгі қара суық уақыт. Әкесі марқұм артына міңгестіріп келіп, осы үйге тастап кеткен. Сондағы жұмақ тәрізді үй қазір жай бір үй... Адамның ойы, бойы жас кезінде, сәл нәрсенің зор көрінуі болады. Ойы, бойы өскен кезде зор нәрсенің де сәл көрінуі болады. Мейрам мұны жаңа ғана білді. Ойы басқаға кетті. Сонау ескі моладай жер боп қалған жұмысшы жеркепелерінің ішінен үш стражник бір қазақ жұмысшысын айдап келеді. Жұмысшының басы, көзі қан. Тура сермеген қылыш тая тиіп, жақ етін сыдырған да, құлағын жұлып әкеткен. Үш стражниктің бірі — аласа бойлы, үстінде түйе жүн шекпен, қылышы жер соғады, жас жігіт. Сол жігіт енді басқаша елестеп кетті... Жасы қырық шамасында, қияқ мұрты қап-қара, ойнақы көз, жылпос адам Алматының көшесінде солқылдақ фаэтонда көк арғымақпен зырлатып жүр. «Спасскінің ескі жұмыскері» деседі. Апыр-ау, анық сол ма?.. Әлде балалық алданыштардың бірі ме? — деген ойы жеңісе алмай Мейрам завод қақпасына жетті.

«Мыс қорытатын Спасск заводы» деген үлкен жазу жоқ. Заводты қоршаған тікенек сым қоршаулар да жоқ. Жадағай, өлі дүние. Жайлауға кешкен елдің бос қоралары сияқты. Аңғал-саңғал завод коробкалары қалыпты. Қарт күзетші қарсы алды Мейрамды.

— Балам, не іздеп жүрсің?

— Жай, көргелі жүрмін.

— Көретін не қалды мұнда? Қалған көр-жерді Қарағанды жиып алды.

Мейрам бұны бұрын естіген. Балалық шағын іздеп келіп тұр. Солында, қырық километр жердегі Қарағанды көмірін, оңында, жүз он километр жердегі Нілді көк тасын әкеп, мыс қорытатын Спасск заводы осы. Бұл заводтың ішінде жатып, табельщик Жүсіптен бір жыл оқыды Мейрам. Содан кейін «Орыс-қазақ мектебінде» де бір жыл оқыды. Одан әрі Октябрь революциясы киіп кетіп, ағылшындар тайғанда, завод жабылып қалған. 1918 жылғы қалың сүзекте Мейрамның ата-анасы бірден қайтыс болды. Ел ішіндегі кірме, еті тірі, кедей жігіт еді әкесі. Жалғыз баласын көңілдес табельщикке жасынан беріп, жұма сайын осы қақпаның алдына келіп тұратын. Қойнындағы түйіншегін беріп, баласын бетінен сүйіп, «қарағым, жақсы оқы, оқу жеткізер мұратқа, оқымаған біз жоқшылықты, қорлықты арқалап өтіп барамыз» дейтін. Мейрам жетім қалған соң бір жылдай ғана байдың қозысын, бұзауын бақты. Одан әрі совет тәрбиесінде болды. Интернаттан бастап, институтты бітіріп шықты. Қазір оның көз алдынан бала күнгі елеусіздің, көмескінің бәрі сайрай бастады. Күзетші шалға бөгелген жоқ. Өзімен-өзі болып келеді. Міне есігінен күнде қарап, ішіне кіруге батпайтын ысқырған от үй, — мыс пеш құртша бұрқылдап қайнап жатыр. Алдына киіз омырауша, табанына ағаш таған байлаған қазақ жұмысшы темір сапты, құлаш ожаумен көсіп алып, көтерген сайын тер моншақтап құйылады. Бір құйғанда қырлы шойын қалып азар толады. Сол жұмысшы осылай он сағат қимылдағанда бойында не қалады? Бүкіл заводтың бар шығынын салғанда, сол мыс кірпіштің біреуі бір жарым тиыннан айналса, әлгі жұмысшы не алады?..

Мейрамның алдынан өткен елестер, осындай сұрақтар да беріп кетіп жатты. Енді бір үлкен оқиға етіп барады... Жаңағы жан тері шыққан жұмысшыға атақты Хол келді.

Ұзын бойлы, сыйда қара. Өзгелер сөз, қол жұмсағанда бұл тек аяқ жұмсайды. Аяғы қамшыдан оңтайлы. Келе-ақ мыс құйып жүрген жұмысшыны теуіп қалып, етпетінен түсірді. Тебе-тебе есіктен де шығарды. Әлден уақытта шабаш мезгілсіз боздады. Аяқтарындағы ағаш тағаны тарсылдап жұмысшылар жүгірді, жан-жақтан. Завод іші дуға толды. Холдың екі қолын артына қайырып, біреулер ұстап әкеле жатыр, біреулер темір тәшке дайындап тұр. Сол тәшкеге Холды салды да, биік шлак жартастың басынан, шлак төккендей жүгіртіп апарып төге салды. Домалап барады Хол...

Мейрам бұл оқиғаны есептей келе, 1914 жыл деп шамалады. Сонда тоғыз жасар бала. Дәл осы мыс қорытатын пештің алдында, бұйраттың үстінде, қабырғасын екі жерден тіреген бір бөлмелі жай кірпіш үйде — табельщик Жүсіптің пәтерінде тұратын. Ол пәтер әлдеқашан жер болып кеткен. Мейрам сонда да орнына келіп, ат үстінен біраз қарап тұрды да, тебініп шоқыта жөнелді...

Ат екпіні бағанадан бері басқан қапырық, ыстықты, шытырман ойды серпіп тастап, жадырап кетті көңіл. Ауыздығымен алысқан жарау тобылғы торының дізгінін босатып-босатып та алды, Мейрам. Зырлатып «Құлжұмыр-Сораң» тауының бұйрат, шоқыларына көтерілген сайын лепірген көңіл терең сайына түскенде, қамалып та келе жатыр еді. Кең жазыққа шықты. Көлденеңі онша ебедейсіз болмағанмен, шығыстан батысқа созылған ұзын жазық ұшықсыз сияқты. Әдетте қалайда бір далдадан шығып, далдаға бататын күн, бұл жазықта таса таппай, жерден шығып жерге батады. «Көктал-жарықтың» қалың шабынынан басталып, алпыс-жетпіс километрдегі сонау Долинкеден әрі өткен бұл жазықтың солтүстігі — ирек-ирек байтақ жон. Кілең егін, көмір. Оңтүстігі — тізбек-тізбек, жатаған көгілдір таулар мал фермаларының қонысы болмақ. Түндегі бюрода сөз болған осы үлкен алап Қарағанды жұмысшыларына азық беретін жердің бір бөлшегі ғана. Орманы, өзені болмағанмен, қарағаны тоғайдай, шиі қамыстай, көдесі қоян жасырады. Шабыны мол, тауы, жоны, жазығы түгел келген құйқалы жер — екі ру Сармантай, Мұраттың мекені болатын. Қарағанды алдымен сол руларды тартты өзіне. Қазір бұл жердің бірсыпырасы босап қалды. Толықсып, жайқалып тұр. Бөртпе-бөртпе бетегелері бойжетіп, жер бетін шоқ-шоқ үкі қаптағандай, тобылғы, қарағандары тікенектеп, кішкене көк жапырақтары шытырдай, сасырлары бас жарып, жасыл жібек шашақтай көрінеді. Алуан түсті қызғалдақтар жер бетін көркейте түссе, тұс-тұстан сағым ойнап құлпырта түседі...

Хош иісті, кілем түсті, кең далада жақсы атпен жортып келе жатқан Мейрам көңілі шалқып әнге басты. Кең далаңы әр жерінен кесіп өткен қасқа жолдардың үстіндегі қалың жүргіншіні әзір байқаған жоқ. Әннің әуенімен келеді:

Күн құшқан айдын көлде жалғыз аққу,
Қаңқылдап қанатымен сабалап су,
Таранып, қаранады жан-жағына
Сұлуды тасалама көк торғын бу, —

деген Ардақ елестейді көзіне. Бір көргенде-ақ ұмытылмайтын елес қалдырған Ардақты Мейрам ойлаудан ерінген емес. Сыртын сонда-ақ ұнатқан, енді ішін білгенше асық. Бәрін сыртына жиған, іші бос есер сұлудан жиренеді Мейрам. Сұлулық алдымен іште, істе. Сыртқы сұлулық алдауыш. Ол, басқа түгіл сұлудың өзін де алдайды десе де, Ардақты бұған тіпті қимайды. Айналып келіп әкесіне тоқтала береді. «Табы кім?» деген үлкен сұрақ тұр алдында...

Алыстағы жатаған көк таулардан шығатын тарам-тарам көп жол жазыққа құлағанда биік қарағай, қорық, шилерге сіңіп көрінбей кетеді. «Соқырдан» еткен соң Қарағанды қайқанына шыға бірсыпырасы тоғысады да, кең, күрең жол боп қасқиып жатады. Осы кең жолдың үсті үздіксіз ағылған көш. Мейрамның кешті көріп көңілі бөлінді. Жамыраған, бытыраңқы көш емес, ұзын тізбек — қалың керуен. Алды белден асты, арты жазықтағы қараған, қорық, шилердің арасынан шығып жатыр, шығып жатыр, таусылар емес. Көліктерінің ен-таңбасы, адамдарының киімі алуан-алуан. Қазақ елінің әр жерінен, әр руынан, алыс-жуықтан құралған ұлы көш — өзара жіктесе, күрең жолмен өрмелеп барады өрге...

— Иә, ұлы өзгеріс! — деді Мейрам. Бәрі Қарағандыға бара жатқанын білсе де, көшті бойлай жүріп, әр тұстан бір сұрастыра отырды.

— Қайда барасыздар?

— Қарағандыға.

— Қайдан келесіздер?

— Колхоздан.

— Шарт бойынша ма?

— Шартпен келеміз.

Ұзын көштің берген жауабы осы. Бірнеше белдерден асқан соң, жолдан аулағырақ, жамбастағы Тасқұдықта қонып жатқан тағы бір шағын көш көрінді. Малды көш. Беткейде бытырай, аралас жайылып түйе, жылқы, бұзаулы сиыр, қой-ешкілер жүр. Мал қарамы әжептәуір. Мейрам енді осыларға бұрылды.

Көлігін шеткерірек доғарған итарқаның аузы бері қарап тұр. Ішінде бүктүсе демалып, ерлі-байлы екі адам жатыр. Ат аяғының дүбірімен екеуі де басын көтерді. Мейрам атынан түсіп, сәлем бере келді. Егде тартқан адамдар екен, өңдерінен шаршағандық байқалады. Сөздері де жол бойындағы керуендерден бөлек шығады. Амандықтан кейін:

— Қайда беттеп барасыздар, отағасы? — деді Мейрам. Отағасы қызарған көзін уқалай отырып қайырды жауапты:

— Қарағандыға.

— Қайдан келесіңдер?

— Қарқаралы оязынан.

— «Ояз» жоқ қой қазір.

— Бұрынғы әдетпен аузыма түсіп жатыр. Қаракесек — Қарсон боламыз.

— Тіпті, алыстан келесіздер-ау?

— Алыстан келеміз. Бұрыннан жортымпаз ел едік. Жұрттың бәрі колхозға енген соң, көзге түрткі болмалық деп жортып кеттік. Осынау етек-жеңі кең заводқа паналағалы келеміз. Жасасқан шартымыз жоқ. Бізге қыр үстінен жеңіл-желпі жұмыс берсе, бірді-екілі малымызды бағып отыра береміз ғой.

Кең далаға сыймай, тар заводқа келіп, мал өсіретін отағасыға Мейрам бұрыла қарап, бір күліп қойды. Отағасы сезген жоқ. Сирек сақалын тарамдай, қаперсіз сөйлеп отыр. Осы қаперсіздігінен мейлінше кеңдік, мейлінше тарлық байқалады. Мейрам екеуін де көріп, қайран қалды. «Бұл тұлға неге де болса шыдайды. Айыл-шеттікті олжа көретін қазақ кезі келгенде, ат пен түйені шығын да көрмейді» деді ішінен. Риза болып атын сұрап еді.

— Атым — Жайлаубай, — деді де қарсы сұрақ қойды. — Өз атың кім, шырағым?

— Мейрам. Әкем аты — Омар.

Отағасы да, әйелі де елең етіп, ежіктей түсті.

— Руың кім?

— Ру жайын аз білем. Осы елдің ішіне әкем ертеде келіп тұрып қалған екен. Әке-шешеден жастай айрылып, оқу іздеп кеттім.

— Шешең атын білемісің, шырағым? — деп қартаң әйел қасына келді.

— Білем, Мәлике.

Әйел бас салды Мейрамды. Дауыстап жылап жатыр. Жүргіншілер жиналып қалды...

— Мәликеден қалған жалғызым!.. Қазір алсаң да ризамын, жасаған!..

Мейрам аң-таң. Ата-анасының мұндай туысын естіген де, көрген де емес. Жиналғандар да түсіне алмай тұр. Әйел жуықта айрылмаған соң, біреу барып айырып жіберді. Жайлаубай мән-жайды айта бастады...

Бұл әйел Мәликенің Шекер деген жалғыз апасы екен. Мейрам туғаннан кейін бір-ақ рет келіп кеткен. Алыста жатса да сіңлісінің, күйеуінің қайтыс болғанын, одан қалған жалғыз баланың хабарсыз кеткенін, құлақ түріп естіп жатыпты. Орта ауқатты адамдар көрінеді. Колхозға енуге тартпақтап, жекешелерге қосылып келе жатқан жайы бар.

Ойламаған жерден туыс тауып, Мейрам да қуанып қалды. Әйелдің бірсыпыра бейнесі шешесіне келеді. Әсіресе қадала қараған қой көзі тым отты, шешесін есіне түсіріп тұр.

— Жоғалтқаным табылды, өшкенім жанды, найқалма, шал. Бол!.. — деп шелекті ала жөнелгенде Мейрам тоқтатты. Қанша бәйек болса да, соймақшы болған малына қарамады. Қымыз ішіп отырып, — Қарағандыға барған соң жерміз, — деді де қонатын қоныстарын нұсқады. Нұсқаған жері — Ардақ отырған көп ауыл.

— «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген осы, — деді Жайлаубай. — Енді бізді өзің басқара бер, шырағым. Суға, отқа айдасаң да тартыну жоқ. Шүкір, бетім дұрыс екен!

— Біз де бөтенің емеспіз, шырағым.

— Бәріміз де жармасармыз, — деп көңіл білдіріп тұрғандарға:

— Әрқайсыңыз тиісті орныңызды аласыз, — деді де Мейрам атына мінді...

Жүгіртіп биік белге шыға келгенде, бұзылған бекеттің дәл үстінен шықты. Ойда отырған көп ауыл бұрынғысынан да көбейіп көрінді. «Майқұдық», «Қызылқұдыққа» қарай созыла, жиілене түскен. Сол ауылдардың ішінен қоңыр үйді тінте қарап келеді Мейрам. Міне тапты. Ардақ есік алдында, қорапты арбаға сүйеніп тұр. Оған қарсы, арбаның екінші жақтауына сүйеніп, орысша әдемі киінген, бұйрабас жігіт тұр. Көп ауылдың ішімен келіп қалған Мейрамды екеуі де байқамады.

— Есенсіздер ме! — дегенде ғана, сөздерін бөліп елең етті. Ардақ әнтек күлімсіреп, бетіне қан жүгіріп, қобалжығандай болды. Бұйрабас жігіт тым нығыз. Ұзамай ерсілі-қарсылы жүре бастап, «да» деп қояды. Жасы әлі отызға жетпесе де беті етейіп, мұрны ісініп, бұғағы томпия қалған. Қарны да шошайып келеді. Әлден-ақ болған, толған адамның мінезі, кескіні бар. Қыр көрсеткені ме, қызға мақтанғаны ма кім білсін, теңселе жүріп, талтаң басады аяғын.

— Сізден жақсы сауда қызметкері шығар еді, — деп сұқтана қарауы, өзінің сауда қызметкері екенін ғана емес, қызға саудаласып тұрғанын да аңғартады. Мейрамды тіпті елеген жоқ. Мейрам «тырсиған немені тесіп кетейін бе» деп бір оқталса да, тұтанған қызғанышың өр мінезін әзір еркіне жібермей тұр еді. Ардақ соны сезгендей екеуін жарастыра сөйледі:

— Таныс па десем, тосырқап тұрсыздар ғой. Мен таныстырайын. Мына кісі ауданда істейтін көрінеді, кеше келді, кооперация бастығы. Дүкен ашқалы жүрі жаңылмасам аты — Махмет. Мына кісі, осында істейді, жаңылмасам аты — Мейрам.

— Рақмет! — деді Мейрам. — «Жаңылмасам» деп ұдайымен екі айттыңыз, үшіншіде жаңылмас деп сенем.

— «Ер кезегі үшке дейін» дегеніңіз бе? Ер екенімді қайдан білдіңіз?

— Ер болмағанда жаңыла бересіз бе?

— Жаңыла жүріп үйренеміз де. Оның не айыбы бар?

— Сөз саптауы, осы жігіт айыптайды білем, — деп сылқ-сылқ күлді Махмет. Әлі де өзін жоғары ұстаған, келемеж күлкі. Мейрам Ардаққа қайырған жауабында бұл күлкіні елеусіз тастамады:

— Айыпты бола қалғанда да қорғаушыңыз қасыңызда екен. Көзге қораш көрінбейді, — дегенде Махмет шамдана бастады:

— Жігітім, келгеннен тиісе келдің, осы ауылдың бетке шығары-ақ боларсың. Байқап сөйле. Кезі келсе қорғаушы болудан жасқанбаймын.

Мейрам да келемеждегендей бір мырс етті. Ардақ ыңғайсызданып қалды. Жұмыстан келе жатқан әкесін көріп, үйіне беттеді де, екі жігітке бірден қайырды жауапты:

— Әзір қорғаушыға күнім түскен жоқ, бекер таласасыздар.

Ардақ кеткен соң бөгелмей Мейрам да кетті. Ішіне түскен қызғаныш шоғын ала кетті.

ХІІ

Үйінің қасында кімдер тұрғанын көріп келе жатқан Әлібек олардың не сөйлеп, не ойлап тұрғанын да топшылап келе жатыр еді. Үйіне жеткенше көптен бергі екі жар ойын асыға түйді. Баласына бүгін бетін білдірмек. Торушылар көбейіп барады. Әлдекімнің арбауына түсіп қалса, айырып алу қиын. Әсіресе, Мейрамнан қауіптенеді. «Білімді, алғыр жігіт» десе де, «баламның теңі, маған тең емес. Айтқаныңа жүретін, пайдаңа жарайтын Махмет артық одан» деген қортындыға келді.

Адамды бір көргенде-ақ байқап қалатын зымиян Әлібек, Мейрамды екі көргенде көп нәрсені байқаса, кешеден бері үйінде жатқан Махметтің бар қалтасын ақтарған. — Партбилеті болса да осы қолға қонып тұр. Мол қазынаны, беделді билетті жастана жатайын... — деп бекіне енді үйіне.

Ардақ күндегі әдетінше, әдепті, жылы жүзбен қарсы алды әкесін. Жуынатын суын, таза киімдерін дайындап қойған. Жұмыс киімдерін шешіндіріп алып кетті де, әкесін оңаша қалдырды. Жұмабай, Майпа, Қант — жақын туыстары қатты науқас болып, кеше кешке үшінші шахтыға кеткен. Қайтқан жоқ. Әлібек оңаша үйде жуынып жатқанда, жерошақ басында шай қамдап жүрген Ардаққа қолғабыс етіп, шамға түсетін көбелектей Махмет те ебелектеп жүрді. Өзінше сегіз қырлы жігіт болғансып, осы үйді әлден-ақ өзімсіне қалыпты. Тасып төгілген шайнекті Ардақтан бұрын ұстай алам деп қолы күйді. Қолы удай ашып тұрса да білдірмей, Ардақ езу тартса, қақала ұзақ күледі. Нәзік жанның нәзік күлкісі добалдай жігітті допша ойнатқанда, добалдай жігіттің жуан күлкісі нәзік қызды тебіренте де алмады. Мұны әлі сезген жоқ Махмет. Құмарлық көзіне дейін қызартыпты. Ардақ біліп тұр. Аяйды, әйбат жігіт, бойында бәрі түгел сияқты. Бірақ, неге екені белгісіз, сүюге жүрек бармайды. Әлденені іздейді. Кейде көз көрмегенді, ақыл көрмегенді соқыр сезім тап баспай ма. Махметтің бойында от аз. Отты қыз соны іздеп тұрғанын өзі де сезбейді. Бәйік болып кішірейген кінәсіз жігіттің сағын қалай сындырар? Тас жібісе жібімес, суық жүрек қалай жылынар? Қос бұрауға түскен жас Ардақ қынжылса да қыңқ етпей ішінен ғана қиналды. Сыртын көрген Махмет — шыңға шыққандай шаттанды. Әлібек жуынып болған кезде екеуі де үйге енді.

Әлібек малдасын құрып, төмен тұқырына қарап, төр алдында отыр. Бұрын басын мұнша еңкейтпейтін майлы бұғақ суалған. Көлденеңі шығыңқы, жалпақ беті де қалың, еттен айрылып, ұрты ортая, бет сүйектері шыға бастаған. Көмірдей қара шашына, тығыз дөңгелек қара сақалына алашабыр ақ еніпті. Төмен қарап тұнжырап, тапжылмастан; отырса да, тереңде жатқан жылан көз анда-санда жылт етіп, жарқабақтың астынан бәрін бақылап қояды. Үлкен денелі қара кісінің дәл осы отырысы, тышқан аңдыған үлкен қара құстың отырысы сияқты еді. Махметке ақиықтай көрінді. Сол кезде емге табылмайтын бес жұлдызды коньяк, коробкалы шоколад, печеньелер әкеп қойды дастарқанға. Бәрін өз қолымен ашып, үш кесеге коньяк құйды да:

— Алыңыздар! — деді. — Қонақ, келген күні қонақ. Бұдан былай мен салмағымды салмаспын сіздерге. Шынымды айтайын, отағасы, сізді тіпті қимаймын қара жұмысқа.

— Рақмет, шырағым! — деп Әлібек құйылған арақты ішті де, қайта құйғызбады. Ардақ ерніне ғана тигізіп, қайтып берді. «Ішіңіз, неге ішпейсіз!» деп өзеурей берген Махметті жай ғана тойтара салды.

— Ауыз тидім ғой. Тоя ішіп, мас бол демесеңіз.

Махметтің дымы өшті. Әлібек осы сөздің әуенінен-ақ қызы бойын тежеп отырғанын сезді. Лақ етпей, шыжымдай тартып, шерменде жігітті шынтағымен шүйіргеніне сүйсінеді. Әлде Мейрамға көңілі ауа ма деп қауіптенеді. Сол қауіппен Ардақтан сыр тартты:

— Ардақжан, жер асты қажытатын сияқты мені. Жәрдемдеспесең болмас.

— Жарайды, — деді Ардақ. — Демалыңыз, мен қызмет істейін.

— Сен бастыққанша істей тұрармын. Қызметке тұратын болсаң, сауда жағын үйрен. Махмет шырағым, әуелі құдайға, қалды саған тапсырам.

— Құп. Айттым ғой кеше, — деп Махмет жайраңдап кетті. — Әзірге бес жерден дүкен ашамыз, соның таңдағанын алсын. Бастыққанша қасына кісі беруге болады. Қарағанды көп ұзамай қалаға айналады. Өзім осында ауысуды осы бастан ойлап жүрмін. Жер астын қайтеміз, отағасы. Тұрмыстан тарықтырмаспыз...

Бұл сөздерден Ардақтың бойы суып сала берді. Әкесі ойландырмай тез айтып, тез қорытқаны несі? Оны Махмет іле жөнеліп, қолма-қол жайғастырғаны несі? Екеулей шырмап, бүлк еткізбей қоймақ па? Сол шырмауды бұлқынып шарт үзсем бе? Әлде сытылып шығып кетсем бе? — деген оймен Ардақ дастарқан жиналғанша тіл қатпады.

— Балам, таң қысқа, төсек сал! — деп Әлібек көз тоқтата бір қарады. Сол қараста жылтыраған өткір көзі Ардақты тінтіп тұрғандай еді. Дүдамалдан басқа, айқын ештеме таба алмады. Сырға әкесінен де беріктеу екен Ардақ. Жас ботадай монтиған жүзін бұзбастан орнынан тұрды.

Әлібек төр алдында жататын. Бүгін «еті қызып» далаға жатқысы келіпті. Есік алдындағы арбаны үйдің көлеңке жағына тартып, төсекті жәшікті арбаның ішіне салғызды. Махмет төр алдына жатты. Сұлу қыз, оңаша үй, қараңғы түн. Көзін қанша жұмса да көңілінен кетпей, тулап жатыр жүрегі... қонақ пен әкесін жатқызып, үй ішін жинастырған Ардақтың қыбыры жуықта бітпеді. Ең ақырында шамды алдына қойып, киімшең отырып, Горькийдің «Ана» романын алды қолына. Шам сөнуін қыз жатуын асыға күткен Махмет, дөңбекшіп жатып, қысқа таңды көзімен атырды. Ардақ әлі оқып отыр...

XIII

Мейрам келгелі көбінесе завод өмірін зерттеумен, танысумен болса, кейінгі жұмада қызу жиын, қауырт жұмыстарға араласты. Поселкелік совет, комсомол, профсоюз ұйымдарын құру, толып жатқан жиналыстар өткізу, алуан-алуан сөз, пікір талқыларына түсу — шын өмірге жаңа араласқан жастың тойпаңын жазып, бірсыпыра ашып тастады. Мейрам қазір «жұмыстың қыбын, адамның ішін білуді» өзінің мектепте ең жақсы көретін математика сабағы есебінде үйреніп жүр. Отты, ойлы көзі салмақпен қозғалып, жалт қарағанда ішіңді көріп тұрғандай болады. Ақсұр жүзі, өз ішінен ештеме сездірмейді. Қағылез, тіп-тік, орта бойында мін жоқ. Жалғыз-ақ биіктеу қабағынан жасында ат тепкен, тұяқ дағы бір жаңа айдай имек сызықша болып қалып қойыпты. Оқта-текте қасын көріп, жұпыны столда жалғыз жазып отыр. Отырған бөлмесі де жұпыны. Ақ қағазға маржандай тізген ұсақ жазуы тым әдемі. Ойға бойлап, тар үйде үлкен іс жасап отырған кең жігіттің қабілеті көрінеді...

Қалжыңдаса, қағыса сөйлеп Щербаков, поселкелік кеңес председателі Кәрібай, профсоюз комитетінің председателі Жұманияз, механик Козловтар енді үйге. Бәрі де партия ұясының бюросына келді. Партия, профсоюз, совет, комсомол ұйымдары құрылғаннан кейінгі бюроның бұл маңызды мәжілісі. Қаралатын мәселе белгілі — өндіріс жайында. Әрқайсысы ойлана, толғана келіп отыр. Ермек пен Жанабілден басқасы талай бюроны көрген, жаңа секретарьдің аяқ алысын байқағалы да отыр.

Мейрам күн тәртібін ресми түрде жариялап, Щербаковқа сөз берді де:

— Сөздің де төтесін таба сөйлейік, — деп бәріне бір ескертіп қойды. Сырты тыныш көрінгенмен ішінен қобалжыңқырап отыр. Бұрын басшылықта болмаған жас сүрінбесем, пікір қағыстарына қателеспей дұрысын ұстасам, дейді. Бұл бюроға бірсыпыра дайындалса да дайындығынан гөрі тәжірибелі Щербаковке көбірек сенеді. Сондықтан сөзді әуелі соған бастатты.

Сергей Петрович орнынан тұра сағатына қарады. Күдістеу, апсағай денесін тікейте, екі қолын артына ұстап, жай бастады сөзін. Жатқа айтты. Бұл отырғандардан денесі ғана емес, жасы да, тәжірибесі де үлкен. Қарағандының қазіргісін ғана емес, келешегін де көрген байсалды адам, жұмыс жайын жайып салып, картадан көрсеткендей сөйледі. Оның сөзі дағдылы баяндамадан гөрі, үлкен аудиториядағы үлкен ұстаздың ғылыми лекциясына ұқсады. Айта келіп сынап та, кейіп те қояды. Онысы қамқор әкенің сынауы, кеюі сияқты. Қазір, Қарағандының келешегінен гөpi бүгінгі жағдайын баса айтып, түйінді бірнеше мәселеге тоқталды да, бәрін өзі шешіп берді.

— ...Бізден бұрын Ермек ашқан бір ғана шахта істеп тұр. Ескі жұмысшылар үйренген өндірісін тастап кете алмаған. Көмірді қолбұранмен шығарып, елге азық-түлікке айырбастап күн көріпті. Енді қайтсін. Біз келгелі жаңадан төрт шахта қазылып жатыр. Материал, алдымен ағаш жетпейді. Су, азық-түлік жетпейді. Ағылып келіп жатқан жұмысшыларға үй жоқ. Бәрі темір жолдың келуін күтеді. Оған дейін көпті қаңтарып тұра аламыз ба? Әрине, тұра алмаймыз. Жергілікті мүмкіншілікті барынша пайдалана білу керек. Сол мақсатпен, бірінші шахтының өте ауыр қолбұранын атбұранға айналдырдық. Бұл, еңбек өнімін бес есе арттырды. Таяуда ат күшін бу күші басады. Еңбек өнімі тағы да арта түседі. Электр қуатын жасағанша, осылай амалдай тұрармыз. Өте қиын жағдайда істеуге тура келеді, жолдастар. Жергілікті мүмкіндіктерді, бойда бар қуатты жете пайдаланбай, бәрін жоғары жақ жібереді деп отырсақ ұтыламыз. Қиындықтарды жеңу үшін коммунистер алда болуы, көпке үлгі көрсетуі керек...

Щербаков жай сөйлеп, алдағы қауырт жұмыстарды қиындықтармен қоса көз алдынан, өткізіп тұр. Мейрам оның сөзінен сол қиындықтарды жеңетін күшті де көріп, сүйсініп отыр. Оқта-текте сұрақ беріп қояды.

— Су мұқтаждығын қалай жоямыз?

— «Герберт» суы ертең жер бетіне шықпақ. Құдықтар тек адам ішуге ғана қалады. Онымен де су мұқтаждығынан құтылмаймыз. Екі километрде «Майқұдық» бұлағы, отыз бес километрде Нұра өзені жатыр. Соларды тарту керек. Темір жол келіп, трубалар жеткізгенше, канал дайын тұрсын. Қысқа қалса канал қазуы қиындап кетеді. Жаздың жартысынан көбі бітті. Жұмысшылардың жүзден тоқсан тоғызы үйсіз. Қалған уақытта оларды тегіс үймен қамтамасыз ете алмаймыз. Егер жұмысшыларды ұйымдастыра білсек, әрқайсысы өзіне уақытша баспана жасап ала алады. Осы маңдағы бес колхозбен шарт жасасып отырмыз. Бұлар да пәтер көмегін көрсетпек. Мемлекет берген азық-түлік қорын тасып алу қиынға соқты. Бірақ, бұл мәселе қанша қиын болса да, колхоздар құтқарады. Бұрынғыдай, кулактың қолына қараудан кеттік.

Сергей Петрович кең тұрып, көбіксіз, бұлдырсыз, жұмыс тілімен жағдайды дәл ескертті де, сағатына тағы бір қарап, орнына отырды. Ол бәрін айтып, бәрін шешіп, басқаға ештеме қалдырмай кеткен тәрізді. Ешқайсысы сөйлей қоймай, біраз уақыт өтті. Мейрам сұрақ қойды:

— Көп жұмысты темір жолдың келуіне қараттыңыз. Оған тиеген жүгіңіз бар ма, қашан келеді?

— Жол біздің қарауымызда емес қой, кесіп айту қиын. Қазір Осокаровкаға жетіпті. Январьға дейін Қарағандыға жетуге тиісті. Жеткен күні Донбастан көмек келеді.

— Қандай көмек?

— Бір бу генераторы, екі бу қазаны, нефть, двигатель, болат арқан, трубалар, бірнеше динамо. Ұсақтарын қоспағанда бастылары осылар. Осының өзі бір адым алға жібереді бізді. Үлкен қуанышымды іште іркіп отыр едім, сыймады, айтайын. Бүгін Орджоникидзе жолдастан жауап алдым, жауабымен қоса, «Бірінші бесжылдықтың» бел балалары — төрт трактор жөнелтіпті. Қарағанды мәселесін өз қолына алыпты...

Бәрінің жүзі күлімдеп «айта түс» дегендей Щербаковтің аузына қарады. Қуаныш кернеген көңілден шашыранды лебіздер шығып жатты. Орджоникидзенің «өз қолына алуы» — жөргектегі нәрестені ананың баурына алуы тәрізді сезілді, бұларға. Болашақ Қарағанды қанша алып болса да, осы сенім күштерінен төмен еді.

Жұманияз сөз алды. Кербез, әдемі қара мұртты, қара торы жігіт. Оқымыстыға көп ұқсаса да, төменнен жоғарылаған Екібас жұмысшысы. Алғашқы сөзінен-ақ Мейрам оқымаған, тәжірибелі адам екенін аңғарды.

— Жолдастар, мен турасын айтам, — деді Жұманияз, — «профсоюз коммунизм мектебі» деген Ленин. Ленин бастаған сенбілік бар. Соның керегі дәл қазір. Нұра, «Майқұдық» каналдарын жұмысшылар сенбілікпен жасап береді.

— Міне, тапты, — деп Сергей Петрович гүл жайнады Жұманияз тағы бір қиынды жеңілдетті:

— Пролетариат қиындықтан қайтпайды. Өзіне баспана салу деген сөз бе екен! Бүкіл заводты, қаланы жасайтын солар. Тек уақыт берілсін, материал берілсін. Бірақ, бірнәрсені қатты ескертем — бәріміз қоммунист болсақ та шарт жасасамыз, жолдас Щербаков. Шартты бұзушыны аямаймыз.

Сергей Петрович қарқ-қарқ күлді. Донбастан келгелі профсоюз дауысын естігені осы. Көп талқысын, шарт талқысын сағынып қалған тәрізді. Жуманиязды сөйлете түскісі келіп отыр:

— Міне, бұлар шартын ала жүгіреді. Ескі әдет.

— Иә, ескі әдет. Ескінің пайдалысын тастамаймыз. Социализм тұсында да тәртіп, заң бар, жолдас Щербаков. Профсоюз бұл дәстүрін коммунизмге жеткенше қалдырмайды. Өзіңіз де профсоюз мүшесі екеніңізді ұмытпаңыз.

— Қойдым, қойдым! — деді Щербаков. — Қазір тәртіпке шақырғалы тұр, байқайсыздар ма?

Біраз күлісіп алды. Мәжіліс жаңа ғана қыза бастады. Әрқайсысы-ақ сөйлегісі келіп, қыпылдап отыр. Механик Козлов тұрды орнынан. Аласа бойлы, бурыл бас қарт. Тісінің, саусақтарының бірсыпырасы түскен. Донбастың ескі жұмыскері, Щербаковтің ала келген ең жақсы серіктерінің бірі еді. «Болмайдысынан», «боладысы» көп, уайымнан қуанышы көп, әмен алға тартатын адам көрінеді.

— Мен тек кадр жайында ғана айтам, — деп бастады сөзін. — Қазақ деген елдің атын естігенім болмаса, бұлай екенін білген емен. Мехцехта жиырма бес қазақ жұмысшысы істейді. Соның оны ескі, он бесі жаңа. Әуелде бірде-бірі егеуді дұрыс ұстай білмейтін. Аз уақыттың ішінде мынау отырған Жанабіл, Шәйкен, Жолтайлар механизм тіліне түсініп қалды... Қуанышпен естіртем, жолдастар, еңбегің тыңға сепкен дән тәрізді. Себе бер. «Казақ мал бағудан басқаны білмейді» деген мүлде өтірік. Жаңа жұмысшыларды ескі маман жұмысшыларға баулыға бер. Түбінде сол жаңалар — ауылдан келген қазақтар, қазақтың жұмысшы табы болып қалады. Біздің ескі Ресейде бес-он жылда үйренгенімізді, бұлар бес-он айда үйренетініне көз жетті. Бәрі болады, жолдастар. Тек жасыма, шыда, баулы. Кадр бәрін жасайды...

Көрмейсіздер ме, Қарағандының қарамы әнеукүні қандай еді, бүгін қандай! Осылай кете бермек...

Козловтан кейін сөйлеген Жанабіл еді. Жас батырақ арындай жөнелді. Екі сөзінің бірі — «тап тартысы». Жаратпаған адамын кулакқа теңейді. Сөзінде ауыл тілі көп. Тілінде өзгеше бір өткірлік, тапқырлық бар. Сол қасиеті көп мінін көрсетпеді. Бюро мүшелері оның аузынан шыққанды жас баланың аузынан шыққандай қызыға тыңдап отыр...

— ...Кулак, жалқау, бойкүйездер — Ленин айтқандай, бір ақшаның екі беті. Кейінгі екеуін де тап есебінде жою керек дегенде, ду күлді бәрі. Мейрам күле отырып қағып қойды:

— Жалқау, бойкүйездерді жою керек емес, ыспалау керек.

— Ендеше екі асықтың арасына салып, таспаша ысып жатырмыз Бәйтенді. Комсомолдар аянбай күреседі олармен. Тек арашаламаңыздар...

Аузы ауыр Ермек Жанабілдің сөзіне жымия күліп, анда-санда басын шайқап қояды. Бұл, қатты сүйсінгендегі, не қатты ұнатпағандағы мінезі. Қазір соның екеуін бірден көрсетіп отыр. Ойын тайынбай тура айтқан өжет жасқа мейлінше риза. Ал Бәйтенге соқтыққанына шамданады. Бәйтенді Ермектің өзі де ұнатқан емес. Бірақ, ол ауыр бейнеттерді басынан кешірген, қажыған ескі жұмысшы. Ескі жұмысшылардың арасында, бір түрлі ұйымшылдық дәстүр бар. Өзара ұрыссып, боқтасып жүргенде де басқадан жанын сала қорғайды. Сөйлегісі келмеген Ермекті осы намыс қозғап жіберді:

— Әуелі мына жігіттің сөзіңе жауап қайырам, — деді Ермек. — Оңды жігітсің. Бірақ, Бәйтен сенің кулагің емес, жолдас. Конфискелейтін де ештемесі жоқ. Ескі Қарағандыда он сегіз жыл істеген адам. Ағылшындардың, бай, подретшіктердің жұмысына селқос қарап әдеттенген. Енді әліне сай жұмыс беріп, баулыса жаңаша да істеуге үйренеді. Осында сөйлеушілердің бірде-бірі жер астына қарамай өте шықты. Қарағанды — алдымен көмір — деген сөз. Көмір жер астында. Айласын таппасаң алдырмайды. Ен көмірге енетін бір ғана жол — штрек бар. Штрек, лава, проходкалар көбеймей, көмір көбеймейді. Тұйыққа тығылмай тұрып, жер астының дайындық жұмыстарын өршіту керек. Ертең машина жүре бастағанда, мол көмірден көмір бере алмай отырсақ, ұят емес пе?

Кәрібайдан өзгесі үлкенді-кішілі ой айтып, кейбірі еселей айтып, жаңа Қарағандының тағдырын шешіп жатты.

Жасы бірсыпыраға келген, тәжірибесі бар, поселкелік совет председателі — Кәрібайдың үндемеуін Мейрам ұнатпады. Бағанадан бері айтылған пікірлерді қорыта өзі сөйлегенде, алдымен Кәрібайдан бастады:

— Жергілікті өкімет бастығы Әлібаев жолдастың, айтары жоқ па, іркіп қалды ма, әйтеуір үндемеді. Қайсысы болса да жараспай тұр. Осындай сәл нәрсенің өзінде, кейде салмақты мән жатады. Мен қазір кінәлаудан аулақпын. Халықтық ұлы істе әркімнің ұлылы-кішілі сыбағасы бар, соны ал демекпін, — деп Мейрам сөзін бір түйіп тастады. Кәрібай көсе қара жігіт еді. Беті қара күрең тартты. Салған жерден сынға алған секретарь әрқайсысын бір қымсынтты. — Советтік Қарағандыны жасау — социализм жасау болып шығады. Социализм мен надандық бір қазанға сыймайды. Меньше, үлкен қауіп, үлкен күрес мәдениет жолында тұр. Кеше екі жұмысшы боқтасып жатыр екен. «Сен шошқа баққаннан басқа не біліп едің» дейді бірі. «Сен қой құрттағаннан басқа не біліп едің» дейді екіншісі. Қазір атын атамаймын, осында отырған жолдастардың бірі ести тұра бұл сөзге сол арада, не осы бюрода мән бермеді. Мән бермейтін сөз бе? Ескі ұлт өшпенділігін кулак үгіті қоздырып тұрған жоқ па? Егерде сол жұмысшылар саяси сауатты болса, солай сөйлеспейді. Егер оларды тыңдап тұрған жаңағы жолдас адал, саяси сауатты болса, ескерусіз қалдырмайды. Белгілі Бәйтен жұмсақ егеумен егейтін темірді, түрпідей егеумен егеп тұрғанын көрдім. Көп ауылдың ішінде бір әйел көмірді жаға білмей, ақ жапаны жоқтап тұрғанын көрдім. Екеуінде де Жанабіл айтатын «кулак қастандығы» жоқ. Білім жетпей жатыр. Қайтсе жетеді?..

Мейрам осылай сұрақ қоя, ол сұрақты өзі шешіп тұрды. Мысалдар келтіріп, оған терең түсініктер берді. Үндемей жүріп аз уақытта ішіне көп тоқыған. Ленин ғылымдарына сүйеніп, жержүзілік жағдайды да кез алдына әкелді. Сөзінің бәрі мәдениетке тіреледі.

Жадағай ауылдан жоғары көтеріліп, биік басқышқа шығып бара жатқандай, тіпті осы отырғандардың өзін үйретіп тұрғандай әсер берді. Окта-текте қолымен жай орағытып еткені, бүкіл Қарағандыны орағытып өткендей сезіледі. Сөзінің ақырында не істеуді кесіп-кесіп, айтып тастады...

— Жалпы білім беретін мектептер, оқу комбинаттары құрылғанша, жан-жақтан мәдениет көмектері келгенше барымызбен базарлай тұрайық. Поселкелік совет, профсоюз комитеті ертеңнен бастап санаққа кіріссін. Сауатсыздар қанша, оларды оқытуға жарайтындар қанша? Білейік. Оқытушыларға норма беріп, еңбекақысынан басқа сыйлық жариялайық. Жоспарлы түрде саяси оқу, жиналыстар өткізуді партия, комсомол ұясы ерекше міндетіне алсын. Оқу жалаң қағазда емес. Әрбір тәжірибелі, маман жұмысшы бірнеше жаңа жұмысшыны жұмысқа үйретуге тиісті. Бұған да белгілі срок, норма-беру, ықластандырарлықтай ақы, сыйлық белгілеу треске — жолдас Щербаковке тапсырылса деймін. Жұмысшыларды үйсіз, сусыз ұстап болмайды. Сол сияқты «сенбілікті» де, үй салуды да бетімен жіберуге болмайды. Ұйымдасқан түрде, жоспарлы түрде, негізгі жұмыстарды бөгеместей етіп, жүргізуіміз керек. Поселкелік совет, трест, профсоюз бұның жоспарын кешіктірмей жасап әкелу керек. Естеріңізде болсын, осы айтылғандардың орындалуы алдағы бюрода тексеріледі. Әркімнің іскерлігі байқалады. Бізде күш, ықлас жеткілікті, жолдастар. Іскерлік, тек іскерлік жетсін, оған сезімпаздық, керімпаздықты қосалық!..

Мейрам мен Щербаков дайындаған қаулының проекті бұл айтылғандардан кеңірек те, дәлірек те еді. Бірауыздан қабылданды. Бюро тарады. Әркім көтергенше жүк алып шыққандай, толғана басып, ауыр қозғап барады аяғын Щербаков Мейрамның қасында қалып қойды. Жайран, қағып, көтеріле сөйлеп отыр. Жасамыс, байсалды адам болса да, қуаныш үстінде жеңіл екен, жас секретарьға, ол басқарған мәжіліске риза көрінеді:

— Жақсы басқардыңыз, Мейрам Омарович. Гәптің бәрі басқаруда ғой, — деп бір кідірді. — Баспана, су, тәрбие... бүгінгі ең ауыр міндеттер еді. Соны орындаудың бюро дұрыс шараларын белгіледі. Отыз коммунист бармыз. Үлкен күш, бұл — үлкен күш. Жұманияз, Жанабіл, Ермектер қандай таза жанды адамдар!..

— Козлов ше?

— Ол белгілі тарлан.

— Кәрібай маған ұнамады. Өз ойы жоқ. Кеше екі жұмысшы керіскенде қасында тұрған да сол. Коммунист, жергілікті совет председателі осылай бола ма? Шляпа! Кулак үгіті надандықты қоздырып жатса, ол жақ ашпайды.

Сергей Петрович жымиды да, біраз үнсіз қалды. Алғыр жастың албырт мінезін де сезіп қалған тәрізді. Ендігі сөзінен өзіңе тан байсалдылық, қамқорлық көрініп тұр:

— Адамдар әрқилы, кемшіліксіз бірі жоқ. Кемшілігін көрсете, шыдамдылықпен тәрбиелей білу керек. Дұшпан болса бір сәрі.

Мейрам жауап қайырмады. Жұқа, таза, ақсұр жүзінен бұл сөздердің әсері байқалған жоқ. «Өзімшілдігі басым, өр мінез жігіт пе? Әлде түсінді ме?» деген ойдың біріне тоқтай алмай, Сергей Петрович ақылын айта берді:

— Жақсы қаулы жарым іс. Оның орындалуын қадағаласаң ғана толық іске айналады.

— Дұрыс айтасыз.

— Бірнәрсені ұмытып барамыз. Осы жұртқа ойын-сауық та керек.

— Рас, бірақ қазір амал не?

— Самодеятельность. Жанабілдер жанып тұрған жоқ на? Мегзесең болғаны, жинап алады жастарды.

— Ол кәріні де тиыш қоймайды.

Жаңа қоныс көптің, жаңа өндірістің мүдделерін Сергей Петрович біртіндеп айта берді. Сағат екіден ауғанда ғана орнынан тұрды екеуі. Сараң сөйлеп, көп тыңдаған Мейрам, көңілін де аз сөзбен білдірді:

— Тәжірибеге кедейлігімді аз күнде көп көрдім. Әрдайым жәрдем етіңіз.

XIV

Бүгін бір желді күн. Көп ауылдың аяғымен тақырланған төңірек борандатып тұр. Қарағандының өз іші қара боран. Ұйтқып-ұйтқып соғады. Панасыз биік жон қыс болса қардың, жаз болса осылай топырақтық ойнағы. Алыстан қарағанда сары, қара шаң діңгектері аспанмен тілдесіп, олардың түбіндегі тұтас, сарғылт мұнар заводты бүркеп көрсетпейді. Тек, биік темір труба ғана, толас-толаста «мен мұнда» дегендей қараң етіп қояды...

Осы астан-кестен дүниеден бөліне шыққан бір шаң кәдімгі Қара Нұраға беттеп барады. Шалғыны жайқалып, тұнық толқыған жер бетіне атжал болып тұрып қалды сол шаң.

Қарағанды мен Нұраның арасы отыз бес километр. Үкіметтің үлкен жоспары бойынша, Қарағандыны Нұра суымен, электрмен қамтамасыз етеді. Ол үшін, Нұраны байлап, миллиондаған кубаметр су қорын — теңіз жасау керек. Теңіз де аздық қылады. Нұраның астын зерттеу, тереңдігі күшті су көзіне жету қажет. Бұның бәрі — келешекте «Каргрэс» аталатын үлкен мекеменің міндеттері.

Мейрам мен Щербаков ол үлкен міндетті иелеріне тастап, өз тұстарынан төтенше шара қолданды. Өткен бюроның қаулысы бойынша, Қарағанды — Нұра канауын бастап жіберді. Ұзыннан-ұзақ атжал болып көрінген шаң — ауылдан жаңа келген, суға аңсаған жаңа жұмысшылардың шаңы. Жүздеген қайла, шот тың қолдарда. Ғасырлар бойы ескі арнамен аққан Нұраға жаңа арна жасап барады жұрт. Үш жүзге бөлініп, өзара жіктесе, жұлқыса жүретін қазақ жұрты осы араға келіп, ынтымағын қосқан тәрізді. Алуан-алуан тымақтар — әр руды көрсетіп тұр. Әр тұстағы бір түс қызыл тулар тілек бірлігін көрсетіп тұр. Ленин бастаған сенбілік жойқын күшпен кең даланы қопарып барады...

Бұл көптің ішінде Жайлаубай да бар. Төрт қанат қоңыр үйін ала келіп, шаңнан аулақ, шалғынды өзекшенің қабағына тігіпті. Айдау көрген үш-төрт қарасы, он шақты қой тұяғы, соны жерге тұмсығы тиген соң қарындары қампия қалыпты. Көппен бірге канау қазып жүрсе де, Жайлаубайдың бір көзі малдарында. Қойлары желге беттеп, канауға жақын келген екен, шотын тастай сала:

— Шайт! — деді Жайлаубай. Әрірек айдап тастап орнына қайтты. Шотын тіпті төмен сермейді. Әйтседе молырақ қамтып, опыра құлатпақ ойы. Онысына жер көнер емес. Азырақ алып еді, өнер емес. Шот ұстасының өзі тым олақ. Әйелше, балаша қылғындыра ұстап, қара күшке салып тұр. Міне қойлар тағы келді. Тағы да, — шайт! — деп кейін қайырды Жайлаубай.

Пар ат жеккен арбада, канауды бойлап келе жатқан Мейрам мен Щербаков Жайлаубайды көргенде қатты күлді.

— Екі жақты Жайлекең — қой ұстарын, кетпен ұстарын біле алмай жүр-ау! — деп күледі Мейрам. Жайлаубайдың халіне күліп те, аяп та қарады бұлар. Бірақ, кең Жайлаубайда қысылған түр көрінбейді. Маңқая тұрып, ыржия күліп, қарсы алды екеуін.

— Бәрекелде! «Бітер істің басына, жақсы келер қасына». Кәне, үй жаққа баралық...

— Үйді қайтесіз... — деген Мейрамға одырая қарады Жайлаубай...

— Онысы несі! Қойдың бірін соям, дәм татып кетіңдер. Қасыңда ұятты кісі бар көрінеді...

Мейрам бұл сөзді орысшалап, Щербаковқа жеткізіп еді, екеуі шегі түйіліп құлап қалды. Ұлы жиын, қызу жұмыс мынау. Жайлекең жайланып отырып қонақ күтпек.

— Ай, Жайлеке, — деді Мейрам. — Жұмысты қайтеміз?!

— Е, тәйірі, осынша жұрттан жұмыс қала ма? Дәмнен үлкен ештеме жоқ.

Күні ұзын аңызақ жел қаққан қонақтар, мал союға көнбесе де, сусындап шығуға қарсы болмады.

Қоңыр үйге келіп, атбасын тіреді. Мейрамның нағашы апасы Шекер шығып қарсы алды. Жаулығының сыртынан күндік тартқан, көйлегін шалбарланған, денелі, мұрынды қартаң, әйел. Әлі тың. Еңбекке піскен, шаруақор сиқы бар. Дереу қара құманды мосыға іле бастап еді.

— Қозғама. Жиен шіркін ел бола ма! — деп қалжыңдады Жайлаубай, — Қымыз әкел. Қашқалы отыр.

— Асығыс шығар, — деді Шекер. — Жиен ел болады малы болса, желке ас болады жалы болса. Мейрамжанда екеуі де бар, кемітпе.

— Желкесі пышақ жанығандай, жалы қай жерінде? Төңірегі тері сүйреткендей, малы қай жерінде?

— Бәрі маңдайда. Маңдайыңнан қасқиған! — дегенде. Шекер мейірі түсіп, мақтан кернеп, шалқып отырды. Қадағалап сауған, баппен ұстаған жалғыз биенің қымызы балдай екен. Қонақтар маңдайы терши, мақтай ішіп, Жайлаубайдың жайын сұрастырды. Мейрам бұл үймен араласып кеткен. Жайлаубайдың үйін көшіре келгендегі ойы белгілі. Бірақ, сол ойдың орындалуы көрінбейді.

— Жәке, елден бұрын кешіп едің, ештеме бітірмепсің ғой?

— Бұл өзі колхоз жері екен. Колхоз дегенің мәйек түгіл, даланың шөбін де қориды. Шалғымен шұқып, қатын екеуміз төрт-бес көпене шауып едік, түнде біреу алып кетіпті. Білмеймін кім алғанын.

— Енді қайтесіз?

— Е, бір жөні табылар.

Қыстайтын үй, малына қора, шөп жоқ. Жайлаубайда сонда да уайым жоқ. Жай сөйлеп, кең отыр. Ол үшін Мейрам қысылып барады:

— Апыр-ау, сенгеніңіз бар ма? Бір саспайсыз!

Жайлаубай әдетінше сақалын тарамдай, жай ғана жауап қайырды.

— Неге сасам?! Осынау жұрт не болса, мен сол болам. Тәуекел.

Мейрам Жайекеңе таңдана қарады. Тәуекелінде таудай күш жатқан сияқты, сол күшті таба алмай:

— Сергей Петрович! — деді бұрылып. — Біздің осы кісі тәуекелшіл. Тәуекелінен не шығар екен?

— Ол жақсы қасиет, Мейрам Омарович. Өндіріске икемі аз, тым жайуат демексіз ғой. Менімше, бұл өте мықты адам. Тек орнын таппай жүр. Орны өндіріс емес. Подхоз, совхоздардың малын қолына берсе, қандай ұқсатар еді. Адал, мал жайын жетік білетін, ерінбейтін, қажырлы адам сияқты көрінеді.

— Ол жағы жетеді.

— Онда бұны подхоз, совхоздар құрылғанша, атқораға ала тұрайық.

— Орнын жаңа тапты білем! — дейді Мейрам. Щербаковпен орыс тіліндегі кеңестерін айтқанда Жайлаубай ыржия күліп, әйеліне бұрылды:

— Жоқ, жиеннің жалы да, малы да бар екен.

Бұл, мейлінше қуанғаны. Сонда да сыртына шығарғаны осы-ақ. «Бізді енді өзің басқар» деп анада айтқан бір ауыз сөзден кейін қыңқылдамады. Мейрам үндемей келсе де саспады. Кең жайлаудай осы көңілге ғылым қонса қайтер еді? — деген ойымен үйден шықты Мейрам. Шекер ере шығып, Щербаков пен Жайлаубайдан бөліп әкетті. Оңаша aпaрып сыбырлап тұр:

— ...Сол бала маған ұнап қалды. Құдай бірдеме сездіре ме, жақын тартады, бізді. Не ойың бар? Әркім айналдырып жүрген сияқты.

Көп ауылдың ішінде отырғанда Мейрам бұл үйге бірер келген болатын. Орнығып сөйлесе алмаса да, Ардақпен тары бір кездескен болатын. Содан бері Ардақ бұлармен жылы амандасып, Мейрамды сырттан торып жүрсе керек. Шекер жаңағы сөзімен өз ойын ғана емес, қыз бен жігіттің райын да айтады. Енді қыздың, ішін сипаттай бастады:

— Ардақ десе Ардақ. Сызылып тұрғаны. Ақылы қандай, аңдамай аяқ баспайды. «Ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді». Көргенді бала. Бір мен емес, жұрттың бәрі ұнатады. Құдай жазса, шырағым, жіберме осы баланы.

— Баланың ойында не бар екенін қайдан білесіз?

— Білем, кет әрі емес.

Мейрам ашып ештеме айтқан жоқ. Ардақ аты қанын қыздырып жіберсе де, тасыған іш терең арнадан аспады.

— Ойласармыз, апа. Өзіңізге ақылдаспай ешқайда ұрынбаспын, — деді де арбасына мінді.

Оқтай түзу ұзын тізбек, тынымсыз қыбыр, — анадайдан қарағанда құмырсқа жолы сияқты қайнап жатыр. Алды жазықтан өтіп, «Керіалат» белестеріне шыққан, қызыл тулар өр бетінде тіпті айқын тұр. Бөкселері канау ішінде, кеуделері сыртта қалың көп мыңдаған қолын қауырт сермеп барады. Дүңкілі тым күшті. Үзілмей алыстан естіліп, өзгеше бір күй ырғағындай сезіледі. Канаушы жұрттың аржағында, сонау «жер мен көктің жапсарында» қара бұлттар топталған. Түсі суық. Қаратүнектің ішінде от бишік шартылдап, жарқылдап қояды...

Мейрам мен Щербаков бәрін көріп келеді. Канаудың алдыңғы жағында, көп еркектің ішінде бір-екі әйел де жүр.

— Қазақ әйелінің завод ісіне араласқанын көргенім осы! — деді Щербаков.

— Мен де қайранмын. Кім болды екен бұлар? — деп Мейрам да қадала қарады. — Кім болса да қарлығаштай көмегімен қырандай көзге түсті-ау!

— Иә. Қазақ әйелін үй жұмысынан көп жұмысына бастады бұлар.

Мейрам мен Щербаков жеткенде, бастарына орамал байлаған, көйлектерін шалбарланып, белін буған екі қыз теріс қарап, бірінің қолын бірі орамалмен таңып тұр еді.

Жалт қарағанда Мейрам аңырып қалды. Ардақ пен Майпа екен.

— Бәрекелді! Сіздер де келгенсіздер ме?!

— Ол не дегеніңіз! — деді Ардақ. — Ленин келген сенбілікке, көп жұмылған игі іске біз неге келмейміз?

— Дұрыс-ақ! Осы келістеріңізбен көп әйелге жол салыңыздар.

— Оныңыз артықтау болар. Әзірге өз жолымыз да жоқ.

Ұялыңқырап қырындай тұрса да, Ардақ сөзден ұтылар емес. Бусанып, қызарып, жайшылықтағыдан беті толығa, көркейе түскен. Мейрамның да сұрғылт жүзіне қан жүгіріп, салмақты, ойлы қой көздері күлімдей береді. Щербаковты сырт қалдырып, қазақша сөйлесіп кетуді лайықсыз көрді білем, екеуі орыс тілінде сөйлесті. Ардақтың орысшасы тіпті жатық екен, Мейрам қатты сүйсінді, бұдан гөрі жақын, жылы сөйлесудің, қалжыңдасудың ретін таппай тұрды да:

— Олай орамаңыз, — деп барып Ардақтың қолынан ұстады. Орауды жазып қайта орап жатты. Екі алақан бірдей қолдырап, жарылған, ашып, аурып тұрғанын Мейрамның көзіне көзі түскенде ұмытып кетеді Ардақ. Бір алақанды Мейрам өз орамалымен орады. — Таза, ұсталмаған орамал. Дәрігер көмегінің жоғын қарашы. О да болар әлі. Енді істемеңіз, ушығып кетер.

— Ушыққаннан да, жаман тақтаға жазылған батады.

Щербаков тақтадан бұрын Ардақтың бетіне қарады. Орысша таза сөйлеген қазақ қызы таңқалдырды оны.

— Қай қаладан келдіңіз?

— Ауылдан келдім.

— Ауылдан?!

— Донбасшылардың, қазақ ауылы туралы ұғымы қызық, — деп күлді Ардақ. — Қазақ аулынан Шоқан, Ыбырай, Абайлар да шыққан. Естімеп пе едіңіз? Қазақтар Пушкин, Лермонтовқа қоса Шевченконы да оқиды.

Щербаков үлкен денесімен етпетінен құлағандай болды. Мейрам да сілейіп қарап қалды Ардаққа. Қазақтың бұл тарихи адамдарын бірі аз білсе, бірі жаңа ғана естіді. Жас қызды жаңа таныды. Екеуінің басынан асып, қырандай қияға көз жіберген тәрізді. Бірақ, осы ұяттарын Мейрам мен Щербаков үлкен сабақ есебінде қуана қабылдады. «Саясатты, шаруашылықты ғана білу аз екен» деген ойларын бір-біріне көз тастап, үнсіз ұғысып тұрды.

— Ау, бай қызындай нәуетек болмаңдар! — деп Жанабіл дауыстады осы кезде. Денесі белуарынан жоғары жалаңаш. Шашы будыраған. Сарша жүзінде шолақ танауы саңқиып, шегір көзін қадай келеді. — Жазам-жазам, ана тақтаға!

Еті суыңқыраған Ардақ, ораулы қолынан, қорғана-қорғана қайланы қайта ұстады. Көрнекті жерде екі тақта тұр. Бірі қара, бірі қызыл. Қызылдың жоғарғы жағына — самолет, поезд, ат суреттерің қараның жоғарғы жағына — түйе егіз, тасбақа суреттерін салған. Бірі ұят, бірі мәртебе тақтасы. Мехцех алдында тұратын. Жанабіл бұнда ала келіп, асыра сілтеңкіреп жіберді. «Сенбілікке» ақысыз-бұлсыз, еркімен келген жұрт аяна ма. Әркім барын берсе қара тақтаға жазып несі бар? Норма беріп, екі қызды осы тақтамен қорғалатып алыпты. Қыздар қысылып барады. Ардақ қайласын сермеп қалып қынжылды. Жаралы қол жанды жесе де, білдірмеуге тырысып жатыр. Майпа әзір сыр білдіретін емес. Үндемей құнжың-құнжың етеді.

Мейрам Жанабілдің асыра сілтегенін білсе де үндеген жоқ. Жұрт көзінше еркелетіп, мұндай мінездерді оңашада түзейтін. Ардаққа жаны ашып:

— Маған беріңіз! — дегенде, қайласын ұсына берді Ардақ. Щербаков Майпаның қайласын алды. Тыңнан қосылса да ұзаққа бара алмазы бұлар. Қарқындары жайылған соң ентігіп, терши бастады. Мейрамның алақаны да қызарып қалды.

— Былай, тұрыңыздар, былай! — деп Жанабіл өзі түсті канауға. — Тіпті қолдары батпайды. Сонда да жауыр болғыш. Хан қызы ма, түге! Төртеуі бірдей болдыра қалғаны несі! Сөзге келсе алып қашар еді...

Жанабіл жұмысты қаусатып та, күлдіріп те барады. Қарымды жас жігіт. Тал шыбықтай бұралып, шүйіре соғады қайланы. Қозғалған сайын бұлшық еттері ойнақшып, шашы желкілдеп тұр. Дене қозғалысында белгілі бір дағды бар. Саспайды, шабандамайды, Алқынып, терлеген де жоқ. Жер тіпті жеңіл опырылып жатыр. Оқтын-оқтын қыздарды қағытып қояды.

— Әлден тақыс, бара-бара не оңдырады бұлар!

— Беймаза жігіт, — деді Ардақ. — Үй басы кіріп, маза бермеген соң, тегіс аттанды ауыл.

— Жоқ, сіздің отағасы қалып қойды, зілдей екен, көтере алмадым.

— Өзі келмесе, баласы келді. Азсынсаң тағы бір норма бер.

Жанабіл қарқ-қарқ күлді.

— Айттым ғой, сөзге келсе, шыдатпайды бұлар. Дал-дал болып тұрып мықтысын қарашы!

Мейрам мен Щербаков жастардың қалжыңына біраз араласып күлді де тақтаға барды. Канаудың бұл бөлігінде жұмыс тіпті қызу екен. Жұрт өзінше норма шығарып, өзара қазатын жерін бөліп алған. Ең алда Жанабіл көрінеді, самолеттің астында тұр. Екі қыз әлі тақтаға түспепті.

— Ұрысса да, қыздарын аяйды антұрған! — деп күлді Мейрам. Щербаков бір жымың етіп Мейрамның өзін қағытты:

— Қолдыраған қолдарды көргенде, сіздің көзіңіз тіпті жасаурап кетті білем.

— Сергей Петрович, өзіңіз ғой алдымен шұрқырап түсе қалған.

— Жо-жоқ, о тықыр мен бұ тықыр қосылмайды! Менікі тек әкелік махаббат. Шынында, Мейрам Омарович, қапы қалмаңыз. Осы бала үлкен ой салды маған. Жаңағы бір сөзі тым нәрлі жатыр. Бірсыпыра көрсең де, білсең де мұнда жүр екенсің, деген жоқ па?

— Сол сөз сізден гөрі маған батты. Оқысаң да өз еліңді білмейсің, басқаны қалай білесің? — деген сияқты.

— Түсіністік білем, — деді Щербаков. — Енді кез жазып қалма!

— Әкесі жұмбақ, — деп Мейрам күмілжігенде, Щербаков үлкен денесін селкілдете күлді..

— Жанабілшілдеп тұрған жоқсыз ба? Бұл балаға әкеден совет мектебінің, совет қауымының бергені көбірек болу керек. Тіпті, әкесі жат болған күнде ашына қимылдап, айырып алу керек. Мен олардан жақсының қиқылын да қызғанамын.

Мейрам жауап қайырмады. Әңгімені бөліп, Жанабілді шақырды. Сергей Петровичтың «солақайлау ма, әлде сақтығы ма?» деген ойын Жанабіл келіп бұзды.

— Білем, тағы бірдеме тапсырмақсыздар ғой.

— Иә, — деді Мейрам. — Жұмысың жақсы барады екен. Ал, самодеятельность қалай?

— Үш жастан үйірме құрдым.

— Олар кім?

— Ардақ, Майпа, өзім.

— Аздау, көбейте түс.

— Талғамай тарта беруге болмайды, жолдас! Үйірменің абыройын түсіреді.

Сергей Петрович Жанабілдің олақ орысшасынан гөрі мінезін қызықтап тұр.

— Бұл жөнінде де комсомол тәртібін қолданғанбысың?

— Енді қалай? Комсомол тәртібі партия тәртібімен байланысты. Партия тәртібі барлық іске байланысты.

— Онда үйірмеге енген қыздарға анкет толтырып, өмір тарихын да жаздырғансың ғой. Тегі кім екен?

Жанабіл мүдіріп, басын бір сипап қойды.

— Тегін кім біліпті, қағаз толтыртқам жоқ. Кулактан жаман жұмсаймын, қыңқ етпейді. Түбі бұл екі қыздан бірдеме шығады. Анау Ардақ тіпті мұғалім болғалы тұр.

— Онысы тіпті жақсы. Тарта бер ішке, — деп Сергей Петрович Мейрамды түртіп қойып: — Байқайсыз ба, қыздарды баулып жүр, ісімен өлшеп жүр.

Мейрам бір мырс етті. «Сен де солай өлше, баулы» деген сөз екенін түсінген тәрізді. Жанабілді қайтарды да, екеуі енді жүре сөйлесіп, канауды бойлаңқырай барып тұрды.

Инженер қаққан көп қазықты қуа қазып келеді жұрт. Төменірек, канаумен жарыса үлкен жол жатыр. Жол үсті үздік-создық кеш. Қазақ кеші ғана емес, орыс-қазағы, украиналықтары, эстоны, татары аралас, қым-қуыт көш. Қарағандының бұл жағынан Сүйіндік, Павлодар округінің қазақтары, Нұра бойындағы әртүрлі ұлт поселкелерінің адамдары келеді. Солардың ішінде цыганның да бір таборы қосылып кетіпті. Жолдың, канауды дәл кесіп өтер жерінде, жоғарыда, көлденең тартқан ұзын қызыл матада: «Ленин келген сенбілікке келіңіздер!» деген ірі ақ жазу тұр. Бұл жазуды оқымай, ең азы бір метр жер шаппай еткен көш жоқ. Міне, тағы бір арба жақындады. Іші толған адам. Үбір-шүбір сегіз бала, селкілдеген ақбас шал отыр.. Ерлі-байлы екі адам арбаны жанамалай жаяу келеді. Қызыл матадағы жазуды көргенде, тоқтай қалып жамырай оқыды бірнешеуі. Тобымен келіп түсті қанауға. Арбада жалғыз қала алмай, таяғына сүйеніп, әпі-тәпі басып, кәрия да аяңдады. Бүкіл денесі қалтылдап, канауға жеткенде қолын жайды көтере!

— О, жасаған! Көп тілегін көл ет, көп дұшпанын жер от. Даналардың сөзі, қаралардың тері сіңген жер екен. Немереме, шөбереме осы жерді несіп ет... — деді де азар еңкейіп, канаудан бір кесекті алып тастады.

Қызу жиын аруақ сынды кәрінің батасын да, кесегін де байқаған жоқ еді. Анадайдан бақылап тұрған Мейрам:

— Қараңыз, — деді Щербаковке, — осынау қаусаған қазақ шалы бойындағы болмашының бәрін берді... Сонымен қоса бүкіл жұртты беріп кеткен тәрізді.

— Япыр-ай, байқағыш екенсіз! — деп, сүйсініп қалды Щербаков. — Мен осы жұрт шахтаға түскенде, оның қолына машина берілгенде, көмір Нұрасын ағызады, деген ойда тұр едім. Кәрия екеуіңіз сол ойды, дәл бастыңыз-ау!

Екеуі канауды бойлаған сайын алуан көптің алуан ойын да, әрекетін де көріп бара жатты...

Техника жоқ. Қайла, шот, күректердің өзі жетімсіз. Олардың сынған, мұқалғанын қолма-қол түзеу үшін Козлов мехцехтың ұсталарын ала келіпті осында. Әр тұста ұста балғасының шаңқылы естіледі. Салт атпен канауды жағалап, кейде аттан түсе сала:

— Былай шап! — деп көрсетіп Жұманияз жүр. Бір көріктің басында шылымын ойлана сорып, Козлов тұр. Щербаков қалжыңдай келді оған:

— Қиялда, Борис Михайлович, қиялда!

— Қиялдамасқа болама, — деді Козлов. — Осынша адамның істегенін бірер машина-ақ істер еді...

— Рас. Бірақ, көп ауқымы техникадан күшті. Техниканы жасайтын да сол ауқым.

— Бұл жұрттың көпшілігі сауатсыз. Бәрінен қиыны осы ғой! — деп еді Мейрам, Щербаков оны да бір қайрап қойды:

— Жоқ, ең қиыны — қорықпау, — деді де арбадан түсті. Иықты, апсағай зор денесін көре тұрып, төңірекке қолымен нұсқай сөйледі. — Көресіздер ме, тұс-тұстан құйылып жатыр көш. Бұлар тек осы төңіректің көші. Темір жол келгенде бүкіл Қазақстаннан, бүкіл Совет Одағынан құйылады. көш... Орджоникидзе жолдас прямой провод арқылы ауызба-ауыз сөйлесе бастады... Біздің осы сенбілігімізді біліп отыр, ол кісі.

Көктайынша әңгімеге араласпай, қайла шоттарды бірінен соң бірін таптап, ұштап тұрған:

— Oho! — деген даусы кенеттен қаттырақ шықты, — Серго білсе болды.

— Әрине, — деді Щербаков. Көктайынша балғасын да, сөзін де шапшаңдата түсті:

— Қимылдаңдар, жігіттер, қимылдаңдар. Мен ақылы істен осы істі екі есе артық істеуге шақырам!..

Жайдақ легчанкеге аяғын салбырата отырып, канауды бойлай Орлов келеді. Қасында өзімен бірге істейтін инженер бар. Щербаков соларға иегімен нұсқап қойып, күңк етті Козловқа:

— Қалай істеп жүр?

— Салқын.

— Бетте шіркеу болған соң салқын да, жасқаншақ та шығар. Біз түсімізді суыта бермей, кейде жылытайық... Орлов өте керекті адам...

Орлов қашықтау келіп тоқтады Легчанкеден түсе, плащын шешіп сілікті. Баусыз көзілдірігін сүртіп қайта киді. Үлкен басшының кабинетіне енетіндей далада біраз баптанып алған соң жаяу келіп, сынайы амандасып, сұлық тұрды, Сида, қағілез адам, аузын бағып, сергек тұр.

— Жұмыс қалай бара жатыр, Андрей Андреевич? — деді Щербаков.

— Бұл қарқынмен бір-ақ жұмада бітіреді.

— Сіздің шамаңыз екі жұма еді-ау!?

— Қарқын менің ойымнан озып кетті.

— Иә, су мәселесі тез шешілетін болды. Канау дайын, темір жол мен трубалардың жетуін ғана күтеміз. Бірақ, осының бәрі уақытша шара. Чайковтың мәліметі бойынша жер үстіндегі Нұрадан жер астындағы Нұра молырақ. Сол мол суға, электр байлығына Каргрэс жеткізеді бізді. Жер үстіндегі Нұрадан шалқар көл жасалады. Ол көлдің, бір ұшы мен бір ұшына көз жетпейді...

— Әзірге қолда бар аз суды дұрыс пайдаланса... — деп күмілжіді Орлов. Щербаков «айтыңыз, айтыңыз!» деген соң ашыла сөйледі:

— Нұра суын ішуге пайдалансақ, «Герберт» суын құрылысқа берсек, «Майқұдық» бұлағын тек қазандарға арнасақ. Өйткені «Майқұдық» суы өте аз және тұщы...

— Жаны бар сөз.

— Жылымшылап аққан «Майқұдық» бұл күйінде қазандардың өзін жарытпайды, жарыту үшін оны бетімен жібермей, қазірден байлап, не жерден қазып су қорын жасап алу керек...

— Дұрыс ақыл! Сіздер не айтасыздар? — деп еді Щербаков, Козлов қостай жөнелді. Мейрам ештеме айта алмады. Тәжірибесіз, жас адам, әрқайсысының аузына бір қарaп, шаруашылыққа шорқақ екенін бағанадан сездіріп тұр.

— Жүріңіздер. Сол бұлақтың басына барып кеңеселік, — деді де, Щербаков арбасына мінді...

— Канауды бойлап қайта жүрді бұлар. Шаңқай түс. Жұмысшы халық тыныстай бастаған. Жанабілде әлі тыным жоқ.

— Ән естіңдер, ән! — деп қолын бұлғай айқайлап тұр ол. Жұрт лезде жиналды. Бір арбаны жаяу сүйреп әкеліп, жұрттың алдына қойды Жанабіл. Ардақты сол арбаға көтеріп мінгізді.

— Тырс етпеңдер! Ардақ «Ардақ» деген ән салады. Бұрын топ алдына шықпаған жасөспірім қыз қипақтап, қызыл түлкідей бұлаңдап біраз тұрды да, даусын шығарды:

Уай, Ардақ, сен ақ қоян шыққан қашқан,

Артыңнан мен ақ тұйғын тілеп ұшқан.

Щербаковтер қаттырақ жүріп өтіп бара жатыр еді, аттың басын тежеді. Көгі жетіліп толықсыған кең даланы, қызу еңбектен кейін тыныстаған қалың көпті нәзік ән тербеп тұрған тәрізді...

— Қазақ қандай әнші халық еді! — деді Сергей Петрович. Қыбыр етпей, ұйып қалған, ән басылған кезде ғана үні шықты. — Елінің әдемі әнін шырқап, әйелін өндіріске бастап, есте мықты қалды-ау бұл бала.

Арт жақта көпшілік дуылдасып қол соғып жатыр. Бұлар да соғып барады. «Өркенің өссін, тағы да, тағы да!» деген дауыстар естіледі. Ардақ енді «Сырымбетті» айтты. Жүрегі орнықса керек, тамылжыта шырқап тұр. Әсем ән алыстаған сайын асқақ сезім берді Мейрамға...

— Кім болды екен, бұл қыз? — деп жай ғана бір күрсініп қойды.

XV

Алғашқы сенбілік көп жұмылса керемет жасайтынын көрсетті. Жайшылықта айға созылар еді, «Қарағанды — Нұра — Майқұдық» каналдарын ақысыз-бұлсыз бір-ақ жұмада қазып тастады көпшілік. Сол көп енді әрқайсысы өз тұсынан өзгеше бір қайрат, құмарлық көрсетіп барады...

Қарағанды биік белдің солтүстік бетінде. Бұл беті бірсыпыра жазық. Жұмысшы ауылдарының шеті сонау «Кампан», «Аққұдық» поселкелеріне жетіп қалған. Белдің оңтүстік етегінде, «Майқұдықпен» екі арадағы алқап ауылға толып болған. Батыс жақта, бұрын «Марионовка» аталатын ақ төбенің төңірегінде де, шығыс жақта «Шолақ қарасу», «Қызылқұдық» поселкелерінен бергі бұйраттардың алдында да киіз үйлер көрінеді. Қарағанды енді биікте, қалың жұмысшы ауылының ортасында тұр. Осы биіктен қарағанда қоршаған көп ауылдың әрекеті әсем түседі көзге. Жапатармағай жер қазып жатыр. Томпиған топырақтардан көз тұнады. Бұрын әр жерден ашылып жатқан шахталар, шурфтар «мен мұндалап» тұрса, енді топырақ үйінділерінің арасында елеусіз қалып барады. Соны қардағы қалың жылқының тебіні сияқты, жер беті дал-дал. Біреулер үйінің орнын өлшеп, біреулер қазып үлгеріп, қайсыбіреулері қалқитып та алған. Кілең жер үй қаулап өскелі тұр. Әттең ағаш жоқ. Нұра, «Майқұдық» канаулары қазылады, труба жоқ. Бәрін темір жол әкеледі.

— Әй, темір жол! — деп зарыға күтеді бәрі. Қарағандының қатты қысын, сентябрьдің салқын күндері хабарлаған сайын ашына, қысыла қимылдап жатыр жұрт.

Күн бүгін тымық. Көптің шаңы онша көтерілмей, баяу ұшып басыла қалды. Күн көзі ашық та болса өткір емес. Жанға жайлы, жылы шуақ. Мейрам көп ауылдың бергі шетін жаяу аралап келеді. Жер үй қазушылардың біріне аз, біріне көбірек бөгеліп, сөйлесе келеді. Оны қазір бәрі біледі. Кездескен адамы бір жоғын айтпай қалмайды. Міне, алдын тосып бес-алты жұмысшы тұр. Солардың ішінде көзі жайнаған қара торы келіншек те тұр.

— Іске сәт! — деді Мейрам. Келіншек салған жерден байланыса кетті.

— Қайным-ау, тұз екеш, тұз да жоқ па сендерде? Әлгі бір семізше жігіттер ауызымен жарылқап жүр еді, қайда кетті?

Семізше жігіті Махмет болса керек. Бірнеше ларек ашқан соң ауданға кеткен. Ларектері әзір мәнсіздеу еді. Бұл арада Махмет үшін де жауап берді Мейрам.

— Бардың өзін келтіру қиын болып жатыр. Семізше жігіт соның қамында жүрген болар.

— Жоқ, ол үйлену қамында жүрген болар. Осында бір үйге күшік күйеу болып кіріпті ғой, — деп келіншек күлімдеп қойды. Мейрамның жүрегіне шық етті бұл сөз. Келіншек сүйір тілін сұға түсті. — Бәрін темір жолға қаратасыңдар. Ол бар болғыры Шоқайға жетіпті ғой... Осы тұрған Шоқайдан әкелу қанша қиын!

— Әкеліп те жатыр. Көлік жетімсіз.

— Осы жұрттың қақ жарымысында көлік бар. Жинаса, жалдаса бәрі барады. Көрмейсіздер ме? Әне, ана жүргеннің бәрі көлік. Дагауардағы үй қайда, жұмыс киім, аванс қайда? Ең құрығанда нан, тұз, суға зарықтырмаңдаршы...

Келіншек Мейрамның екі аяғын бір етікке тықты. Сөзі тіпті заңды, дәлелді. «Кетеміз», «қырамызы» жоқ. Жасаймын, жасай отырып сыбағамды жоқтаймын деп тұр. Күйеуі момындау жігіт көрінеді. Анда-санда:

— Қойсаңшы! Көптің бабын табу оңай ма... — деген болады. Онысын келіншек тыңдар емес. Өзін бір қарпып тастады:

— Баспа аузымды! Үйде күңкілдегенше осындайда айт! Айтып қалам. Берем деген ағаштарың, кәне? Терезе, есіктерің кәне? Ауызды қу шөппен сүрте бергенше, жұлқына қимылдап, таппайсыңдар ма! Осы жұрт жұлқынып жатқан жоқ па?

— Табамыз, табамыз! — деді Мейрам, өжет келіншекті ықтай сөйлеп. — Сіз тек көлік табыңызшы.

— Табамын. Сол Шоқайдан өз үйім жабдығын өзім әкелейін. Қағаз беріңдерші.

— Қағаз түгіл, ақысын да береміз.

— Онда осы жұрттың көбі барады.

Мейрам қалтасынан блокнотын алып, «көлік табылды. Көп іші таусылмайтын күш екен!» деп жазып қойды. Осы көпшілікті жүдетпей қыстан алып шығу бүгінгі ең зор уайымы еді оның. Жабдықсыз жайрап жатқан жер үйлер жасалғандай болды. Алғыс айтты келіншекке. — Рақмет жеңеше! Жақсы салдыңыз еске. Атыңызды білуге бола ма?

— Атым Балжан. Оны да жазып қой.

Мейрам атын қағазға жазғанда, қара торы Балжан Мейрамды көңіліне жазды. Сөзі қатаң келсе де, көзі жұмсақ. Ұзын қара кірпігінде күлкі ойнайды. «Састырдым ба, жігітім» деп тұрған тәрізді.

— Балжан тауып айтты, — деді жұмысшылардың бірі. — Бәріміз де соны айтпақ едік. Көлігі барлар өз үйінің жабдығын тасып алған соң, басқаға да көмектеседі. Тек трест ақы төлесе болғаны.

— Төлейді, — деп кесіп айтты Мейрам. — Көлікті колхоздан іздеп жатыр. Қолдағыдан неге жериді? Өте табылған ақыл. Көлігі барлар дайындалсын. Арба-саймандарының бұзылғандары болса, трест бүтіндеп те береді.

Бұл сөз жұмысшыларға тіпті ұнап кетті:

— Апыр-ай, мынасы жақсы екен!

— Менің арбамның шені босап қалып еді... — десіп жатыр...

— Бойларында әлі ауыл мінезі мықты. Көліктерің сауындарын тар жерде қасарыса ұстап көлденең кәсіпті де көздеп отырған көрінеді.

— Көліктің күні туды! — деп қутыңдайды кейбіреулері. Үйді-үйге су, көмір тасып жүрген арбакештер осылар сияқты бір аяғы шахтада, бір аяғы ауылда жатқан екі жақтылар. Бастықпаған өндіріс бұларға тіпті пайдалы: малына ауылшаруашылық салығы түспейді, сол малдың күшін, сүтін күнбе-күн сатып, ақша қылып, шай, қант, киім-кешекке тарықпайды. Ауылда отырса «жекеше» деп колхозшылар түртпектей берер еді. Мұнда «жұмысшы» деп құрметтейік. Өндіріс бастығып, пайда сұйыла бастаса, жаңа өндіріс іздеп, цыганша көше жөнелетіндер де осылар.

Мейрам өзінің Жайлаубайың көргендей танып тұрды бәрін. Бәйтенше «кулак» демеді. Ескі өмірге жаппай социалистік шабуыл жасалған кезде, екі арада алақтап жүрген бишаралар деп қарады. Қолдарында бірсыпыра күші бар, пайдаланамыз, іштерінде бірсыпыра дат бар, тазартамыз, тәрбиелейміз, деген үмітпен қуана қайтты. Енді орталықтағы суатқа келеді.

«Герберт» шахтасының астындағы көп суы сыртқа тартылған. Ішуге жарамайды. Жуынуға, малға, кірге, құрылысқа ғана жарайды. Құдық суы қазір бірыңғай адам ішуге қалды. Су мұқтаждығы уақытша болса да жойылған тәрізді еді. Суат маңы топыр көрінеді. Мал, адам, бөшкелі арбалар иіріліп қалыпты. Үш темір шүмектен үздіксіз құйылған су аздық қылып, кезекке тұра бастаған жұрт. Біреулер кезексіз кимелеп, шу көтеріп жатыр.

Жұманияз осы көптің ішінен шығып бері аяңдады. Әлдекімді боқтап, қатты ашуланып келеді. Мейрам тосып алды.

— Неге ашуландыңыз?

— Жұмысшы екенін, шаруа екенін біліп болмайды. Мына қаптаған мал не? Бізге жұмысшы керек.

— Жұмысшыға мал керек.

— Керек болса малына суды өзі тапсын.

— Қайдан табады?

— Қайдан тапса, одан тапсын.

— Дұрыс емес, Жұмеке, — деді Мейрам. — Солақай соғып тұрсыз. Сол малдың арқасында жұмысшылар бізге жалақтамай, өз күнін өзі көріп жатыр. Ең ақыры нан мен тұзын да бірде беріп, бірде бере алмай келеміз. Әрбір жұмысшының сиыры болса, тіпті жақсы болар еді. Жаңа жасалып жатқан социалистік қор жұрттың бәрін қарқ қыла алмайды. Оның бержағында сіздің тұсыңыздағы жұмысшы мен бүгінгі жұмысшы бір емес. Бүгінгі жұмысшының сиырымен қоса бақшасы да, мінетін меншікті машинасы да болмақ.

— Жеке меншікті қайта қоздырамыз ба?

— Меншіктің меншігі бар. Қоғам менингиті бөгетсіз еңбекшінің өзіндік меншігі әлі де өмір сүреді. Оны өшірмейміз, өсіре береміз. Бізде енді бұрынғы пролетариат болмайды, жұмысшы болады. Жұмеке, оқи түсу керек Ленинді.

— Бұл не дегенің! — деп Жұманияз булыға қалды. Қатты ашуланғанда сөзі анық естілмей, көмекейінен шығатын. Ашуға қақалып тұр. — Мен «лениндік призывта» партияға ендім. Содан бері «Ленинизм мәселелерін» басыма жастанып жатып оқимын.

— Жақсы әдет, — деді Мейрам. Жұманиязды жұбата сөйледі. — Оқу бар да, тоқу бар, Жұмеке. Екеуі де іске керек. Өмір шытырмандарына кездескенде алып шыға алмаса — неме керек олар? Сізге қарағанда мен көбірек оқыдым. Көп оқысам да, аз оқыған бір қыз асып түсті менен. Жаңа ғана оқымаған бір келіншек ақыл айтты. Оқуымыз әлі аз ба дейім. Қысылғанда көз алдындағыны көрмейтін сасқалақтығымыз тағы бар. Тіпті, біз зәредей көмекті қағыстырып жүріп, таудай көмекті көрмеппіз.

— Қандай көмекті?

— Мынау жер үйлердің жабдығын да жұмысшылар өздері тапқалы тұр. Материалды Шоқайдан өз көліктерімен әкелгелі жатыр. Бұл зор көмек емес пе?!

— Апыр-ай, анық па?! — деп Жұманияз жалт қарады Мейрамға. Ашулы жүзінде қуаныш ойнады енді. — Есі құрғырға қалай келмеген.

Жұманияздың ашуы, қайтуы тез болатын, жадырап кетті. Жұмысшы көпті қысқа дейін үйге орналастыру — мұның да бүгінгі зор уайымы еді. Қазір серпе сөйлеп келеді:

— ...Айттым ғой, материал қинайды оларды. Материал болса, үй салып алу чепуха. Малдарын жүдетпеу керек екен. Әттең труба жоқ. «Герберт» суын осы ауылдардың ішіне тартып, суатты көбейтсе. Қайткенмен бір шара істемей болмайды. Шүмектерді көбейтеміз. Сонда мынау өшірет жойылады.

Жұманияз осындай бірсыпыра ұсыныстар да айтып келе жатты. Екібастың ескі жұмыскері, слесарь. Жұмыс жайына келгенде басқадан тапқыр да, ұқыпты да еді. Инженер, техниктер тұратын барактың жанынан өте бергенде тағы да күйіп-пісе далды:

— Қарашы! Анау дәретхананы кірпіштен жасаса ғой, оған кеткен ағашпен бір жұмысшы үйінің төбесін жабады. Орлов, Орлов бұны істетіп отырған! Жаны аши ма оның, ішінде мұз қатып жатыр!

— Щербаковтің рұқсатымен болған шығар, — деп Мейрам болмашыдан шу көтергісі келмеп еді, Жұманияз ершелене түсті.

— Щербаковтің мүлкі емес, қазынаның мүлкі. Қазына әуелі жұмысшылардікі. Неге рұқсат етеді? Жұмысшыларға келген жұмыс киімді тағы да осылар алады алдымен. Щербаков бүйте берсе, жұмысшылардың профсоюзы, еңбек заңы бар. Олар тәлкекті көтермейді.

Жұманияз біраз лаулап басылып, шахтаға кетті. Мейрам тура треске келіп енді. Щербаков Қанабек екеуі оңаша үлкен әңгімеде отырған.

— Жақсы келдің, Мейрам Омарович, іздеп отыр едік, — деді Щербаков, — аудан қожасы сирек келсе де, сыбағаны сықап әкепті.

— Әрине, үлкен кісінің жолы да үлкен ғой. Көрелік.

— Қой, қой үлкейтпеңдер, қулар, «түйенің үлкені көпірден таяқ жеген», — деп әдетінше қарқ-қарқ күлі, қасындағыларды да күлдіріп алды Қанабек. — Біз сирек келсек те сырттан қамдарыңды жеп жүреміз. Ақмоладан, Алматыдан келе жатырмын. Округтегі, орталықтағы сөздердің де «пісмелласы» Қарағанды қазір. Округ жақын арада елу қызметші жіберетін болды. Соның жетеуі дәрігер, бесеуі мұғалім, Орталық, бір-екі айдың ішінде бес жүз қызметші жіг бермек. Темір жолды тез жеткізуге төтенше шаралар қолданып жатыр.

— Айта түсіңіз.

— Қарашы, ауыздарын арандай ашуын, — деді Қанабек, тағы бір қутыңдап, жымыңдап қойды, — Ал подхоз жасаңдар. Әзірге үш жүз бас мал, бес жүз гектар егістік жер бөлінді, жете ме?

— Соған бірер совхоз қосса, жете тұрады ғой, — деп Щербаков Мейрамға көзін қысқанда, Қанабек жымыңдап басын шайқады.

— «Әкем шоты шапқан сайын өрлейді» деген осы. Совхоз мәселесі де жуырда шешіледі. Қарағанды көп ұзамай қалаға айналады. Тек сонда «өзі болған қыз, төркінін танымай» жүрмесін.

Бұлар жастарының, орындарының әрқилы екеніне қарамастан, қалжыңдаса, қағыса отырып, үлкен істі кеңеспен шешті. Болашақ подхоз, совхоздардың жерін қарастырып, ұйымдастыру шараларын да нобайлап тастады. Сөз аяқталғанша ішіне іркіп отырып, Мейрам жұмысшылардың қолындағы көлік күштерін айтып еді, Щербаков балаша қуанып, тұрып кетті орнынан.

— ...Тездету керек! Тездету керек! Біздің Мейрам Омарович үндемей жүріп тау қопарады. Қарашы, бағанадан бері айтпауын! Жас деген жалындап жанып, арындап алып қашатын еді. Бұның ішіне сия береді...

Жасы үлкен, денесі кең Сергей Петрович әрқашан осылай балаша қуанады, балаша ренжиді. Оның қуанышы да, ренжуі де айқын. Жадағай, асты құмайт көл сияқты тұнық көңілі түбіне дейін көрініп тұрады. Қанабек әкелген жаңалықтар бұндай қуантпағаны — бұрыннан хабары бар-ды. Мейрам әкелген хабар ойламаған жерден шықты. Ауырған жерін жазып жібергендей болды. Дереу жұртты аттандыру қамына кірісіп еді:

— Бұл көмекті онда күшейте түселік, — деді Қанабек. — Көптің ішінен қыңырлар да, қазына сауғыштар да табылады. Поселкелік совет қаулы алуы керек. Бір жағынан міндетті болсын көлік иелері. Жаппай қатынассын.

— Әбден дұрыс, әбден! — деп Сергей Петрович қостай жөнелді. Мейрам тағы да бір тілек білдірді:

— Бұл көп бар күшін беріп жатыр ғой. Қыстыгүні малым қалай сақтайды осылар? Оларға біз де көмектесуіміз керек. Біз болғанда — трест қазір дәрменсіз. Аудан не айтады? Жұмысшылардың аз малы жұтап жатса жақсы ма? Менімше бұл мәселе де дереу шешуді күтеді.

Қанабек ойланып қалды. Күн сайын қосылып, лезде елге айналған Қарағанды аудан құшағын кернеп барады. Күтпеген жерден осындай күрделі тілектер айтып, мойын бұрғызбай тұрғаны. Орындамасқа ылаж жоқ, заңды тілек. Орындауға шама келе бермейді.

— Біз сізге қарасақ, сіз жерге қарайсыз, бұл қалай! — деді Мейрам, Қанабек біраз ыңылдап отырып, қайырды жауапты:

— Айтып па ем — «түйенің үлкені көпірден таяқ жейді». Тұйыққа тығып қойып, шықшы кәне? — деп тұрғанын! Ал, шығып көрелік. Екі түрлі ғана амал қалған сияқты: көлігі бар жұмысшылар колхоздан шөп алса, көліксіздері малын колхозға бақтырса деймін. Әрине, екеуі де ақылы. Пайдасы түгел болып, оның үстіне аудан айтып, ұйымдастырса колхоздар қарсы болмас. Шөп запастары бар еді. Бір қысты осылайша өткізелік. Көз алдында қырамыз ба малды.

Осыған «жә» десті бәрі. Бірақ сөзді сөз, жұмысты жұмыс қозғап, әңгіме созыла берді. Созылған сайын Қарағанды үлкейе берді...

XVI

Андрей Андреевич Орлов қызметтен келе жуан портфелін столға қойды да, оңаша бөлмеде сенделе берді. Ұзын, арық, еңкіштеу денесі әлі ширақ. Шашы ағарса да, маңдайынан алыстаған жоқ. Анда-санда салалы саусақтарын тарбитып апарып басын қысқанда, ешкібасы үлкен шеңгеліне сыйып кетеді. Сабақсыз көзілдірігін қозғап, сүртіп, тұжыра қырыққан шоқша сақалына да дамыл бермей жүр. Іштегі мазасыз ойдың әсері әр қимылынан, мінезінен байқалады. Оқтын-оқтын күрсінуі, қайқылау танауын сіңбіре беруі тарылған тынысты кеңейту далбасасы сияқты.

Орловты бұл күйге келтірген бүгінгі оқиға. Шахтада бір жұмысшы ауыр жараланды. Тебе құлап, бір забойдың жұмысы тоқтады. Шахтада ара-тұра болып тұратын бұндай сәтсіздікке үйренбеген жаңа жұмысшылар дүрлігіп кетті.

— Шахтасы құрысын! Жер үстінде істейміз! — деген дауыстар естілді. Шуласып, «бауырымдасып» жаралы жұмысшыны қоршап алды. Бірақ Орловты қобалжытқан бұның бірі де емес.

— Айыпты кім? Аямай соттаймыз! — деп Жұманияздың алақтай қараған ашулы кезі еді. Сол кез әлі тінтіп тұрған тәрізді. Сенімін жоғалтып, сында жүрген Орлов қатты сескенеді. Біресе «бәрібір маған сенім жоқ» деп жаман ойларға да кетеді. Осындай ауыр халде отырғанда, есік қақты біреу.

— Рұқсат! — деді елең етіп. Жүрегі тулап, өңі сұп-сұр болып кетті. Әлібек енді үйге.

— Сәлеметсіз бе, Андрей Андреевич! — деп қол алысты келе. — Атақты Әлібек Тайманов, қосымша атым — «Көсеу қара». Ақтарыла кірген бұл кім дерсіз. Өзіңіздей бітеу жара бір жанмын. Ем бар ма екен жараға? Бір кезде бұл даланың бәйтерегі едім, дауыл соғып, шорт сындым. Сауығуға бола ма? Бүкпе сырға өзім де кенде емен, шын сөйлесейік. Тек «далбаса» дей көрмеңіз. Өзге сөзіңіздің бәрі алтын.

Салған жерден ақтарыла, апшысын қуыра келген Әлібекке Орлов таңданып тұрып қалды. Ескі қазақтың мұндай батылын, оқымыстысын көргені осы. Тұлғасының өзі тегін емесін айтып тұр. Бірақ, Орлов адамға сенуден қалған. Әлібек түгіл өзімен бірге Донбастан қуылған қарт инженерлерге де күдікті... Қадам сайын қақпан, адам сайын айла — бәрі оны аңдып тұрған сияқты. Ішкі-сыртқы зымиян ойларды талқан еткен «шахта оқиғасы» осылай зәрезеп қылып тастады оны. Әлібекке сүйсіне де, сезіктене де қарап отырып:

— Сіз мені қайдан білесіз? — деді бір кезде.

— «Шахта оқиғасынан» білем. Мұнда келгелі жер астында талай көрдім.

— Апыр-ау, жер астында істейсіз бе?

— Иә, бәрін қайла шешеді қазір. Сонсоң мен де жармастым қайлаға.

Андрей Андреевич Әлібекке тағы да бір кез тоқтата қарады. Оның сазарған суық өңінен түршіге түсті денесі. Арбап тұрған тәрізді. Бір заманда үлпілдеген ақ саусақ, бүгін қайла ұстаса, жаңа ғана жылпылдаған майда тіл у төгуден де тайынбас. Өте қауіпті адам. Бұл ішті жылыта кіріп, жарып шыққан талайлар. Сенбеймін, сенбеймін, деген ойына мықты бекініп:

— Сіз менің бұрынғымды білсеңіз де, бүгінгімді білмейді екенсіз, — деді Орлов. Шылымын алды қалтасынан. Әлібекке ұсынып еді, тартпады. Өзі құныға бір-екі сорғаннан кейін ғана, үзілген сөзін жалғап әкетті. — Мен қазір бұл өмірді жасаушылардың қатарындамын. Қиратушылар өзі қирады. Сіз-дағы бір қайламен қарсы шыққанда, мың қайлаға не істер екенсіз? Осы жердің астында ондаған миллиард тонна көмір жатыр. Оны ондаған мың адам алғалы жатыр. Алатындығына күмән қалмады. Тұс-тұстан, үздіксіз құйылған халық ақысыз-бұлсыз, тіпті құралсыз кешегі сенбілікте керемет көрсетті. Сол көпке үлкен қауіп қыс еді, жұмыла қимылдап оны да жеңіп барады. Жер үйлер жер бетінде көбейіп қалды. Ертең осы көп осы ынтымақпен жер астына түскенде, қолына машина тигенде не шыдайды?

— Сақтығыңыз ұнады, — деп Әлібек езу тартты. Үлкен аузын ыржита осы күлкісінің өзі аузын ашқан аждаһадай көрінді Орловқа. Әлібек түңілудің орнына тақала түсті оған. — Бәрінен айрылғанда жалғыз әйел бала қалды қолымда, мен содан да сақтанам. Сақтанбасқа болмайды. Ел кетті бізден. Дұрыс айтасыз — мың қайла әрине күшті. Бірақ сол мыңның жасағанын бір қайла да бүлдіре алады. Дәлелім — бүгін құлаған забойдың төбесі. Бүл тебе менің кім екенімді дәлелдеп тұр. Құлатқан мен. Сене беріңіз енді.

Андрей Андреевич ұшып кете жаздады орнынан. Безектей бастады:

— Шахта құлаған жоқ! Сіз құладыңыз, басқаны да құлаттыңыз! Темір бронға ағаш оқ атқан бұл неткен ақылсыздық!

— Сабыр етіңіз! — деді Әлібек жай ғана. — Әлі сенбейсіз бе, әлде ауыз күйгендік пе? Қайсысы болса да тартынарым жоқ. Шешінген судан тайынбайды. Сіз сол суға түсіп те шықтыңыз, бұл қай байбалам?

— Шыным бұл, шыным!

— Жоқ, шыныңыз айтылған! Әшкереленген! Екі тұмақ, екі өлмек жоқ. Шындық та біреу-ақ. Сізді алдағым келмесе, алданғым да келмейді! — дегенде Әлібектің үні әмірлі естілді. Тап қожаң мен, менсіз сен де білуші ең, дегенді аңғартты. Орлов бәсеңсіп қалды. — Тыңдай беріңіз, — деп сөйлей берді Әлібек. — Ақылсыздық дейсіз. Мүмкін. Күшігін алдырған қасқыр қотанға шабады. Қолға түскен ұры жатып ішеді. Біз — сол. Өзін-өзі құтқармаса екеуіне де рақым жоқ. Олар тарылғанмен дүние кең. Кең дүниеде қорқақ қоян, қастан шаян да жүр. Егер үміт кесілсе, шаянша шайнап тынар едім өзімді. Бірақ, үміт әлі бар. Жұмылған жұрттың сыртын көріп түңілмей, ішіне де көз жіберелік. Құрым түндігін жамыла келген осынау қазақтар, қазақ ұранына қоса, ру ұранын, ата кәдесін ала келіп отыр. Оған ұлттар арасындағы алакөздікті, істегі толып жатқан осалдықты қосыңыз. Сонда жұмылған көп бақсының жыны болып шығады. Бұны неге көрмейсіз? Шақпақты неге шақпаймыз? Бір шағар қуың қалса, тұтатар жерің дәл осы! Әрине, бұнымен сынған белің сауыға алмас. Ұлы оташың сыртта. Оның қырағы көзі бізде. Сол келгенше шыдап бақ. Жаралы боп берілгенше, жанталаса қарман. Бетегенің де жеңгенің...

Андрей Андреевич сұлық отырып қалды. Мастықтан айыққан адам сияқты, мең-зең басымен ойлап отыр. Әлібек енді советке қарсы бар уын жиған адамға ұқсады. Ондай уды көрген, өзі де қолданып байқаған Андрей Андреевич:

— Үгітке мен зәру емен, — деп тыжырына теріс қарады, сонсоң: — Сіз сенген сырттағы оташылардың да емі белгілі. Сізге көрінген көп «жындар» да көз алдымда. Сіздердің жоғыңызды жоқтаймын деп, өзім аз-ақ жоғалмадым. Сынған белді шанди орап, енді сол көптің соңынан шойқаңдай баса кетпекпін. Байлауым осы. Алаңдамаңыз маған.

Әлібек жаңа ғана түңілгендей болды. Ұзын денесі бір иіріліп, тереңдегі кіші көзі таймастан қадалды Орловқа. Үн жоқ. Тесіп, ішіп, жеп барады. Қатыңқы қара сұр жүзі қара күрең тартқан. Атылғалы тұрған оқ жыландай еді. Сөзі де удай болды.

— Сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды. Мейлің! Бірақ, оңай олжа табам деме. Шахтаны құлатқан мен болсам, құлаттырған сенсің енді. Батылың жетсе ұстап бер! — деді де есікті қатты серпіп шығып кетті.

Көзіне от ұрынған Әлібек құтырған қасқыр тәрізді. Кеше ғана айдауында, алдауында жүрген момын ел, бүгін оны қуып тастап, социализм деген ұлы істі жер жаңғырта жасап барады. Сол елдің әр үні инедей қадалса, боратқан шаңы бораған ұшқындай сескентеді Әлібекті. Оның бойындағы батылдық емес. Жан берер алдындағы қатты ышқыну еді. Сонда да есінен танбапты. Орловқа келгенде бәрін есептеп келген. Орловтан шыққанда «әттегене-айдың» орнынан, «бүлк ете алмайды» деп шықты. Ендігі беті «Герберт» суаты. Ымырт жабылған. Суатқа келіп, кетіп жатқан мал, адам аяғы әлі басылған жоқ. Дабыр сөздер естіледі:

— Бүгін жараланған кім?

— Әлгі бір пысық келіншектің момын күйеуі бар еді ғой, сол бишара көрінеді.

— Пысық келіншегі қайсы?

— Білмейсің бе? Парткомның екі аяғын бір етікке тыққан. Аты кім еді? Е, Балжан! Осы маңдағы мұраттардың бірі.

— Шахтаның ақшасы көп болса да, мынасы шошытты. Сірә, жер үстінде-ақ істей берермін.

— Иә, бұл өзі әркімді ойлантты...

Әлібек бәрін естіп келеді. «Герберт» басы адамсыз болмайтынын біледі. Солардан ел аңызын байқамақ. Бір жағынан ел сусыны болып тұрған осы «Герберттың» өзін айналдырып көрсе деген ойы бар. Бірақ «Герберт» тас үйдің ішінде. Слесарь Лапшин есікті тас қылып жауып алған. Сақтық түрін көрген соң, Әлібек алыстан көріп, басын шайқап, шаңырақта ет көрген мысықтай болып тұр еді.

Суат басында, Бондаренко әркімді іліп-қағып, ешкім естімеген сөгіс сөздерді сөйлеп жүр екен. Әркімнің шамына тиетін мұндай сөздерді ол қайдан ала келгенін кім білсін? Оның күл төкпеген жері аз. Бүгін мында, ертең онда, барып тұрған «летун» болатын. Қазір қызу, ішіп алған. Бұқаша күжілдеп, су басындағыларды мүйізімен шайқап жүр. Ол барған соң торы биені жетелеп, Жұмабай бері аяңдады. Әлібек танып, тосып алды.

— Бүгін кешірек суардың ғой.

— Отағасы-ау, сіз кеткен соң десятник бәрімізді жинап алып, құлаған жерді қолма-қол түзеттірді. Соған кешігіп қалдым.

— Сөйтті ме? Бітті ме?

— Құданың құдіреті, бұндайда кісі күшті боп кетсе керек. Қыруар жұмысты бітіріп кеттік! Жұманияз өзі болды басында. Ескі жұмысшы екен ғой. Балта мен қайлаға бірдей көрінеді сабаз.

— Ешкімге ұрысқан жоқ па?

— Әлгі ақ бас инженерді «көрмейді, үйретпейді» деп сыртынан біраз сыбады. Бізге крепті қалай қоюды, төбенің берік, осалын қалай білуді көрсетті. Оп-оңай екен, Әлеке! Қалай білмегенбіз?

— Біз жаңа жұмысшымыз ғой. Қатеміз бола береді. Бондаренко су басынан шатақ шығара алмай бері аяңдады. Әңгімелесіп тұрған Жұмабай мен Әлібектің жанынан, «битті қазақ, әй битті...» деп бұлғаңдап өте бергенде:

— Әттең, мына сақал! — деді Әлібек. — Әйтпесе мынаны...

Сол-ақ екен қойдан қоңыр Жұмабай ебелектеп барып, Бондаренконың алдына тұра қалды.

— Әй, сен өзің не айтып барасың?! Ақымақ!

Бондаренко сөзге келген жоқ. Тұмсыққа жұдырықпен бір берді де, жытып кетті. Мұрнын басып Жұмабай отыр. Басалқы айтып Әлібек тұр:

— Қалай барып қалдың? Жанжалдың керегі не саған.

— Құданың құдіреті, қалай барып қалғанымды өзім де білмеймін, — деді аңқау Жұмабай. — Тәңір жазасын берсін!

XVII

Мұрны қанаған жазықсыз Жұмабай Әлібектің жел бергенін сезбесе, ертең осы уақытта не күйге ұшырайтынын Бондаренко да сезбеп еді. Екеуінің арасындағы болмашы жанжал ертеңіне үлкен сөзге айналды. Болған оқиғаны Жұмабайдан естісімен Жанабіл сол түнде Мейрамға жеткізген. Мейрам дереу Жұманиязды шақырып алып, тапсырма берген. Бүгін мехцех жұмысшылары жұмыс аяғында тегіс жиналып, жолдастық сот құрып отыр.

Бұрынғы «Герберт» шахтасының машиналары орнаған бөлме. Қазір ол машиналар жоқ. Қабырғаларды бойлай, қалың тақтайдан жасаған тұтас, ұзын слесарь столдары тұр. Столдарға темір шаттауықтар орнатылған. Ортада ескі камерон, динамо, бұрғы станогі, алуан-алуан механизм бөлшектері жайрап жатыр. Соларға, слесарь столдарына отыра салған жұмысшылар жұмыс киімдерін тастамаған, жуынбаған күйінде келген. Керосин шамның әлсіз сәулесінде көздері жалтырап, басқа денесі қарауытып, түстері тым суық көрінеді. Төрде, үстін қызыл шүберекпен жапқан кішірек столда, көпке қарсы отырған үш адамның ортадағысы слесарь Лапшин — сот председатель Оның оң жағында Жанабіл, солында Антон — сот мүшелері. Айыпкер Бондаренко жалаңбас, сот алдында тұрғалы бірсыпыра уақыт болды. Тергеу тереңдеп барады. Айыпкер самайынан сорғалаған терді анда-санда қолымен сыпырып тастап тұр...

— Жолдас Бондаренко, — деді Лапшин, — қол жұмсағаныңыз анықталды. Соның себебін айтыңызшы?

— Әуелі ол ұрмақшы болды, — дей беріп еді Бондаренко.

— Астағыпыралла! — деп орнынан ұшып тұрды Жұмабай. — Мұздай өтірік. Адам баласына қол көтеріп көрген емен. Әлі күнге қатынды қамшымен бір салдым ба екен.

Бәрі ду күлді. Жұмабай осы сөзімен-ақ өзінің кім екенін танытып болды. Жалғыз куә Әлібек «ауырдым» деп келмей қалса да, олақ сөзінен шындық аңқып тұр. Тыңдаушы көп, ол сөйлесе қошеметтеп күледі. Бондаренко сөйлесе сазара тыңдап, сұрақ қойып, қағытып отырады. Бұрын бұндай талқыға түспеген, Жанабілдің сүйреуімен жүрексіне-жүрексіне азар келген Жұмабай, қазір өзінің талайы көтерілгенін сезіп, қызара бөртіп, жайдары қарайды жұртқа. Жұрт назары бұны бұнша көтерсе, көзі шатынаған сотқар Бондренконы еңкейтіп, құныстырып жіберген. Әсіресе слесарь Лапшин көзін алмай, сұрақ үстіне сұрақ бере нықыртып отыр.

— Жолдас Бондаренко! Жұмысшылық стажыңыз қанша?

— Жеті жыл.

— Менікі он жеті жыл. Әлі бір адамды ұрғам жоқ. Қанша өндірісте болдыңыз?

— Жеті-сегіз қалада болдым.

— Мен Донбаста бір-ақ өндірісте істедім. Көбірек ішесіз, ақшаны көп табасыз ба?

— Алты-жеті жүз айналдырам.

— Мен мыңнан аса айналдырам. Бірақ, мас болып ешкіммен төбелеспеймін. Пролетариат адамшылығы не деп білесіз?

Бондаренко жауап қайтара алмады. «Ескі жұмысшымын, маманмын» деп асқақтаған кеудесі еңкейе түсті. Өзінен білімі, стажы, мамандығы артық Лапшин жай айтса да, әр сөзі балғадай ұрып, қағып барады жерге. Kөп ішінен ашулы дауыстар шықты:

— Бұзақы!

— Маскүнем!

— Жою керек көзін!

Алакөлеңке тас үйде таси жөнелген бұл дауыстар, желді түнде күрілдей тулаған өзеннен де қорқынышты еді. Лапшин үлкен шеңгелін неше рет көтеріп азар тоқтатты. Әлдекім сонау шетте теріс ұғынды Лапшинді.

— Бәсе, немене, бәрі қудалап! Көзін шығарып, мұрнын бұзып па, сонша.

— Бұл қайсысы басы сырқырай қалған? — деп Лапшин орнынан тура қарады шетке. Сарғыш жүзіне қан жүгірді. Қалың еріндері бір дір етіп, кең иығынан алды демін. Үлкен көк көзі шарасынан шыға жалтырап, сол шетті шолып шыққанда, жаңағы дауысты тұншықтырып шықты. — Сөйлегің келсе мұнда келіп сөйле, дидарыңды көрейік.

Бондаренко үшін дидарын көрсете алмады ешкім. Бәрі арттарына бұрыла, көздерін аларта бір-бір қарасып, сөлекет дауысты іздегендей болды. Иван Потапов тұрды орнынан. Шашы аппақ, сақалы шылыммен сарғайған, аузында тісі некен-саяқ, бет терісі бүрме-бүрме. Кесек денелі қарт жай жүріп келіп, сотқа жақындады. Сөйлемейтін, жиылысқа көп келмейтін бұл Иван осы Қарағандының кәрі тарихы тәрізді еді. Көп назарын өзіне тартып алды, сөз сұрай келді соттан. Сұрасының, тұрысының өзі қызық.

— Айтпаса болмайды, — деді келісімен. Сұрағаны осы. Даусы ертеден көмескі, күңгірт шығатын, кісі түскен ауыз үнін де, сөзін де божырата түскен. Рұқсат күткен жоқ. Сотқа да, көпке де қараған жоқ. Кәрі көзін Бондаренкоға қадап, сұқ қолын шошайта, баппен балп-балп сөйлеп тұр...

— Сен, жігіт, байқа! Неге тиесің қазаққа. Мен бар өмірді осы Қарағандыда, қазақ ортасында өткіздім. Маған бір қазақ тиіскен жоқ. Немков, Рязанов, ағылшындар билеген заводта бүйірім шығып көрген емес. Тарыққанда қазақ аулына барып, кәні болып қайтатынмын. Қайырымды, мырза халық. Жұмысқа келгенде де қазақ сенен сорлы емес, жігітім. Анау Кәрімжан, Смайылдар, Жармағамбет, Ермек, Бәйтен, Сыпандар қайлада алдына жан салды ма! Олардың жұдырығы сенің жұдырығыңнан мықтырақ. Сен түгіл ағылшын Морганды, урядник Кудринді де ұрып жыққан. Бұл, Қарағандыда талай тұмсықтар бұзылған. Ағылшын, подрядчик, саудагер, кулактар сендейлерді арақпен суарып, желіктіретін де, жексенбі сайын итше таластырып, сылқ-сылқ күліп тұратын. Олар осы алалықтың арқасында өмір сүрді. Ол заман өтіп еді, кім сені құтыртқан? Шыныңды айтқанда ғана, Жұмабай риза болғанда ғана құтыласың.

Иван сөзін бітірді. Қолын қаттырақ бір сермеп, орнына барып отырды.

— Тағы кім сөйлейді? — деді сот председателі.

Прокуроры, қорғаушысы, қолданған статьясы жоқ, ерекше сот. Бәрін көптің өзіне салады. Тек пролетариаттық санаға, қағидаға сүйенеді. Соның өзі заңнан кем батпады Бондаренкоға. Сөйлеушілерге үмітпен жапақ-жапақ қарайды. Бірде-бірі қостамайды, сөгіп, жерлеп кетеді. Ендігі үміт жалғыз ғана Антон еді. Сот мүшесі тәпелтек Антон шықты сөзге.

— Бондаренконы мен жаңа таныдым, — деді Антон. Әдетінше екі көзін тарс жұмып, басын шайқап-шайқап қалды. — Жүрегім айныды мынасынан! Дәл поселке кулактарының мінезі. «Колбитті» қайдан тапты бұл? Әрине, кулактар үйретті. Ескі ұлт араздығын қоздырып, олар өзіне жем түсірмек. Біздің жігіт жем беріп тұр. Жолдас Бондаренко! Бұдан былай кулагіңмен, не бізбен бол. Қарама жапақтап, қарама. Рас, менімен бірге істеген жолдассың. Бірақ мына мінезің жолдастықтан айырады...

Әр сөз инедей қадалып жатса да, Бондаренко қинала шыдап тұр. Шадыр көзі бұрынғыдай алақтап, адыраймайды. Қолға түскен ұрыша төмен қарап, иығы салбырап кеткен. Сорғалаған самай тері әлі тыйылған жоқ. Сонда да «жаздым, жаңылдым» демеді. Көптің қоймастан ұтылай сөйлеуі соны күткен тәрізді. Міне, механик Козлов шықты енді. Бағанадан бәрін бақылап, үнсіз тыңдап отырған есті қарт сотқа да, айыпкерге де бір жоба көрсете сөйледі:

— Бұл жиын жұмысшылардың өзара талқысы. Басқаның қол сұғуға қақы жоқ. Мен задым жұмысшы болғанмен, қазір тек өндіріс бастығы есебінде пікір білдірем. Жолдастық сот заң қолданбаса да, осы көптің ойын, сезімін, дәстүрін орындайды. Сондықтан ол соттың қортындысын өндіріс бастығы түгіл, халық соты да сыйлайды. Жолдастық сот, Бондаренконың қызметін төмендет дей ме, сөгіс бер дей ме, жоқ жұмыстан шығарып халық сотына тапсыр дей ме, — мен бәріне дайынмын. Егер айыпкердің бала-шағасын, шын жүрегімен қатесін мойындауын еске алып, осы талқы да жетер десе, оған да ризамын.

— Айыпкер әлі қасарысып тұр, қатты кетерміз, сірә! — деп Лапшин даусын көтере түскенде, Бондаренко еңіреп жіберді:

— Жаным-ау, не қыл дейді маған! Терімді тірідей сойып жатырсыңдар, шыдадым ғой. Аз ба? Енді қайталасам бұл күнім көп болсын. Шиеттей үш балам бар, аяңдар, кешіріңдер. Кеш, Жұмабай, кеш. Міне басым, ал көгіңді! — деп, Бондаренко Жұмабайдың алдына барып, басын салғанда, Жұмабай атып тұрды орнынан. Көзінен де жас ытып кетті. Сасып, қақала сөйлеп, екі қолын бірден көтерді:

— Кештім, кештім! Ризамын көбіңе. Жылатпаңдар мынаны. Тіпті жібімен деп едім, о құданың құдіреті, сай-сүйегімді сырқыратты!

Мұрнын қанатқан сотқар Бондаренконы Жұмабай енді балаша жұбатып жатты. Көптің қабағы жаңа ашылып, күле қарады екеуіне. Бірақ, Лапшин өңін жылытқан жоқ, сөзін қатайта түсті:

— Тым аңқаулықтың ақыры алдану екенін ұмытпалық, момын Жұмабай өздігінен келіп саған байланыспайды. Сен тек, арақтың қызуымен оған қол жұмсамайсың. Жаңа анау шетте естілген дауыс да тегін емес. Шындарыңды айтыңдар, сендерді қоздырған кулак!

— Өмірі бай-кулак дегендермен әмпей болған емен Жуытпа, қарағым, ол пәлеңді жуытпа! — деді Жұмабай. Әлібектің жел бергенін әлі сезбепті. Бондаренко өзімен-өзі. Басын шайқап жылап отыр. Сот мүшелері оңаша шықпай-ақ өзара кеңесіп алды. Лапшин орнынан тұрып, сот қаулысын естіртті:

— Жәбірленуші кешіргенмен пролетариаттық сана, дәстүр кешірмейді. Біз бұл далаға төбелеске келгеміз жоқ. Қазақ бауырларға көмектесуге, бірлесе отырып социализм дүниесін жасауға келдік. Айыпкердің налығаның бала-шағасы барын және жәбірленушінің өтінішін еске алып, жолдастық сот қатаң жаза қолданбауға ұйғарды. Түзелгенін ісімен көрсеткенше Бондаренконы бригадылықтан босатып, жауапты, ақысы жоғары жұмысқа жібермеу басшылықтан сұрасын.

— Жолдастық соттың қаулысы ертеңнен бастап орын далады! — деп Козлов қолма-қол қайырды жауапты. Жұрт ризалық білдіріп тарай бастады...

XVIII

Сары топырақ, қара көмір үйінділері, қалқайған жер барак, қараша ауылдар келемін кеңейте, қоюлана түскен. Бұрынғыдай бейсауат жүрген ат, түйе, өгіз көрінбейді. Бәрі жұмыста. Шоқайдан құрылыс жабдықтарын тасушы арбакештер үлкен керуен болып, жол үстінде жылжып келеді...

Қарағанды бүгін ұлы мейрам күніне ұқсап тұр. Ұранды қызыл жалаулар көбейіп кеткен. Киіз үйлердің, жер барактардың, тасүйлердің маңдайларында қызыл матада:

— Сауатсыздық жойылсын! Надандық пен социализм сыйыса алмайды! — деген ірі ақ жазулар жиі кездеседі. Қарандаш, тетрадь ұстаған үлкенді-кішілі топтар да жиі ұшырайды. Жұмысшы халық енді жаппай оқушыға айналған. Артылған уақытын ғылымға жұмсап жатыр. Ғажап құмарлық, сусағандық байқалады. Шахтаға түскелі келген Жұмабай қолындағы тетрадына үңіліп отыр. Арбасына бөшке таңған сушы сары атанды жолға салып қойып, қойын книжкасына қарап барады. Осындай ғылым құмарлардың бір «Ақшахтыға» жиналған.

— «Ақшахты» дегеніміз — ағылшын тұсындағы ең күшті шахталардың бірі еді. «Герберт» сияқты бұны да су кеулеп, істен шыққан. Бітеп тастаймыз деп, жұмысшылар екі күнін сенбілік жасаса да бітелмеді. Сол маңдағы үйінділердің бәрін әкеп төккенде шахтаның құдығы толмай-ақ қойды. Сонсоң құдықтың бетін тақтайлап тастады. Оның қорасын, машина тұратын бөлмесін қосып жіберіп, мектеп жасады. Асты әзір тақтайсыз, бірақ, Қарағандының ең мәдениетті кең үйі. Күндіз бұнда балалар, кешке ересектер оқиды. Үлкен жиналыстар да осында өтеді. Қазір бұндағы оқушылар тобы — ересектер. Бәйтен, Сыпан, Ысқақ сияқты Қарағандының ескі жұмысшылары. Алды елудің, арты отыздың жуан ішінде болса да, мектепті жаңа көріп отыр. Қайлаға дағдыланған жуан саусақтар жіңішке қарындашты қомсынғандай одағай ұстап, ауыр қозғалады. Харіп имектерін темір игендей қызара, тістене күшпен иеді. Қара тақтаға бормен жазып көрсетіп Ардақ тұр. Үлкен адамдардың шалағай сұрағына, мінезіне жымиып күліп қояды.

— Шырағым, анау ешкі құйрықты айтып жіберші?

— Мына балғабасты тағы ұмыттым?

— Сонау қайла тұмсық немене?

Латын харіптеріне өздерінше осылай ат қойып, бір нәрсеге салыстыра сұрап жатыр. Оқу ауыр да болса, оқытушы мен оқушылар күлісіп, желпінісіп алады. Ардақ сауда қызметімен айналыспай мектепке, оған қосымша ескі жұмысшылардың ортасына түскеніне мейлінше риза. Жақсы істеп кетсе жалақының үстіне сыйлық, абырой алады. Оқыта отырып, өзі тағы оқып жүр. Сауатсыздық жою ісіне әзір басқалардан озық сияқты. Сондықтан осы адамдардың елден бұрын сауатын ашуды жас Ардақ егде адамша ойлайды. Жұмсақ мінезі жылы өңі, кірімді сөзімен алғашқы күннен бастап-ақ кірген ішке. Сұрақтарға жауап бере тұрып, меруерт сияқты ақ тісін әнтек ақсита жымиғанда, баладай сүйкімді, анадай дана боп көрінеді бұларға.

Тек Бәйтен әлі өңін жылытқан жоқ. Басқалар жапырласып сұрап жатқанда, ол сұрамайды да, бәрін білетін кісіше, өзін тым тәкаппар ұстап, ең артта жалғыз отыр еді. Қалғып кетіпті. Тетрады жерде жатыр, қарындашы домалап сонау жаққа кеткен. Ардақ оқушыларды жағалап, сабақтарын тексере-тексере Бәйтенге жеткенде аңырып қалды. Не істерін білмей тұр. Самайына ақ енген кещелеу, шадыр шәкіртті енді мектепке келіп ұйқы соқты. Бір жұмадан бері бір харіпті де дұрыс үйренген жоқ. Айта-айта сөз біткен.

— Бәйтеке-Бәйтеке, — деп қаттырақ дауыстап оятты Ардақ.

— А! — деді Бәйтен. Көзі алақ етіп, мұртын едірейте.

— Бұлай оқуға болмайды. Үйге барып ұйықтаңыз.

— Ақ саусақтар жасаған мектеп емес, жұмысшылар жасаған. Қуа алмайсың, жолдас, кетсең өзің кете бер!

Жұмысшылар орындарынан ұшып тұрып, Бәйтенді ортаға алып қалды.

— Кет, өзің кет, ләнет! — деп Көктайынша қалш-қалш етеді. — Қартайғанда көзімізді ашқан жас балаға неге саласың жаман аузыңды!

— Кетсем кетемін, отыз мектеп ашылды, соның біріне болмаса біріне түсермін.

— Қайда кірсең де қуып шығам. Жіберіңдерші, мұрнын біржола бет қылып жіберейін!

Өзгелері Көктайыншаны ұстап жібермеді, адуын, аға жұмысшыны бәрі сыйлайды. Бәйтенді жерлеп-жерлеп шығарып жіберді үйден.

Ардақ бағана кетіп қалған. Жаңағы сөз бетке салып жібергендей болды. Былай шыға булығып жылап тұр. Ылайланбаған тұнық көңіл буырқана толқыды. Не жазам бар? Біздейлерге күн жоқ па әлде, деген сұраулар шытырман ойларға әкетті. Сауда қызметін де, Махметті де еске салды. Бірақ, біріне беттемеді. Ең сүйгені мектеп еді, шәкірттері беттен алып тұрса онда қалай қала алады? Қара жұмыстың өзіне түспесе тыныштық жоқ сияқты. Көңіл шіркін тарылғанда кең дүниені алақандай етпей ме! Ардақ қазір өзін ең бақытсыз адамдардың қатарына қосты. Өте басыңқы көңіл, жабыңқы түрмен аяғын азар басып, мехцехтағы Жанабілге келе жатыр. Мұндайда жан жарасы жақын жолдастың майда қолын іздейді. Ардақ соны іздеп келеді.

Жанабіл өзімен өзі болып жатқан. Смена бітіп жұмысшылар тараған соң жалғыз қалды. Белуардан шұңқыр қазып, қатарынан екі діңгек орнатты. Екі діңгектің арасына ұзын қайыңның бір басын қыстырып, сол басқа екі пұттай темір байлады. Тершіп, ентігіп жүрсе де құмарлық шаршатар емес. Өзінше бір жаңалық жасамақ. Енді қалыңдығы бір елі плита темірді сүйреп келеді. Ардақты дәл қасына келгенше байқаған жоқ.

— Іске сәт! — деді Ардақ. Даусы тым жабыңқы, қабағы салыңқы айтты. Бұны да байқамады Жанабіл.

— Айтқаның келсін. Өнерімді көріп тұр. Барлық балғашының істегенін осы бір станокке істетем.

Қалың плита темірлерді балғамен ұрып иіп, локомобильдер, қазандар жамайтын кателшілер жұмысы ауыр, солардың ішінде балғашылардікі ауыр. Ертеден қара кешке мехцехтың маңын шаңқылдатып жататын да балғашылар. Жанабіл ағаш станогімен осы ауыр еңбекті жеңілдетпек. Слесарь Лапшин, механик Козлов бұндайда талай тапқырлықтар көрсеткен. Соларға еліктейді. Жанабіл, міне, плита темірді төсеп қойып, станогін басқалы жатыр. Көз алдындағы қисынсыз іске шыдай алмады Ардақ:

— Бұныңнан іс шықпайды, — деді. — Рычагпен көтеріп ұрмақсың ғой. Темірін, ауыр болса да балғадан әлсіз тиеді.

— Қайдан білдің?

— Физика заңы солай дейді. Тым жақыннан ұрғалы тұрсың. Серпінсіз ұрыс әлсіз болады.

Жанабіл физикаға бағынған жоқ, станогін басып-басып қалды. Майыспақ түгіл белгі де түспеді темірге. Отыра кетті дағдарып.

— Сол физикаңды үйретші маған, білгіш екен. Лапшин да айтып еді. Жұмыстан кейін орысша оқимын енді.

— Ботақарада, Больше-Михайловкеде, осында фабрик-завод мектептері ашылып жатыр. Солардың біріне түссек қайтеді?

Жанабіл жалт қарады Ардаққа. Жаңа ғана сезді:

— Жүнің жығылып, неғып отырсың? Ауырдың, ба, әлде ренжідің бе бірдемеге?

— Денім сау әзір.

— Пай-пай, осы бір емізіп тартатының-ай! Айтпайсың ба, сартылдатып.

— Бәйтен кет деген соң, шығып кеттім мектептен.

— Бәйтеннің кет дегеніне-ақ па? — деп қарқ-қарқ күліп жіберді Жанабіл. — Ол кел қорыған бишара қызғыш. Қызғыштан қорқып, көлден кеткен сені не десем екен.

— Көптің алдында «ақ саусақ, өзің кет» деп тұрғанда қалай кетпейсің. Өйтіп мұғалім болғанша, жұмысшы болған артық. Бетің былғанса су тазартады. Арың былғанса не тазартады.

— Жүр! — деді Жанабіл. Орнынан ұшып тұрды. — Ол қара ауыздың аузын қызыл темірмен қариын. Жүр, шешесінен қайта туғандай болады.

— Қайда?

— Парткомге, шахткомге барамыз.

— Қой, бармаймын, — деп қынжыла түсті Ардақ. — Енді қалған ұятты Бәйтенмен айтысып жоям ба! Одан да жұмыс ғылымын оқиық. Бір істейік, машина тілін үйренейік. Мынау станогің ой салды. Мүмкін іздене-іздене изобретатель, конструктор болып кетерміз.

Шыңдалмаған жас қыздың майрыла қалған жұмсақ көңілінде табиғи батылдық, өжеттік те байқалады. Тайынбай жұмысқа түсем деуі — жұмысты да үлкен өнер көруі Жанабілді қатты сүйсіндірді. Ол Ардақтан бұны ешуақытта күткен емес-ті. Енді суын тапса, қиып түсетін болат қанжарсың-ау, деген ойға келіп, айтпай жүрген бір сөзін айтып салды:

— Комсомолға кірсең барлық есік ашық болар еді.

— Ену үшін әуелі істе көріну керек емес пе?

Жанабіл айтарын айтса да қайталамады. Жұмысқа түсуін не дұрыс, не теріс дей алмады. Мейраммен ақылдаспақ. Ең әуелі Бәйтеннің аузын қарытпақ. Аяп отыр Ардақты. Кенеттен бір күшті гүріл естілді. Екеуі де елеңдеп аспанға қарады. Аспан ашық. Жұрт топырлап, шуылдасып, жиналып қалыпты. Неге жиналғаны тасадан анық көрінбейді. Шәуілдей үріп иттер тұр. ЬІшқырын түріне, санын шапалақтай жүгіре балалар жүр. Гүріл үдеп барады. Сол гүрілді қоршаған көп толқи қозғалып, бері келеді. Жанабіл мен Ардақ та тұра жүгірді...

Күнше күркіреп, жұртты дуылдата келген «бірінші бесжылдықтың» балалары екен. Ылдидан қырға көтеріле, мехцехқа қарай бес трактор бірден келеді. Әрқайсысы артына арба тіркеген. Қайсыбір арбаларының нұсқыны тіпті бөлек. Темір дөңгелегінің жалпақтығы жарты метр, екі белдіктің арасынан көш өткендей. Осындай ұзын арбаның бірінде сулап жатқан дәу қызыл котел қызыл бел сияқты. Сол белді жалғыз сүйреп келе жатқан тракторға теңеу таппай жұрт абыржып аузына келгенін айтады:

— Паһ, паһ! Күнше күркіреуін!

— Мына қара, жер солқылдайды!

— Дәу ғой, мынау, дәу!

— Алып десеңші бір тауды бір өзі сүйреп барады.

— Трактор дегенде тау соғар десеңші бұны!

Қарағандының мотор даусын естігені осы! Бұрын көрмеген трактор, дәу котел, үлкен темір арба, алуан-алуан механизмдер ғажап әсер етті жұртқа. Топырлап, бірін-бірі кимелеп жақыннан көруге, ұстап, шұқылап байқауға құмартады. Иттер алыстан үріп, қайсыбірі көкке қарап ұлып тұр. Қара төбет арс-арс етіп, трактордың о жағына бір, бұл жағына бір шығады. Жанабіл кейінірек жетсе де алға шыққан. Шолақ танауы әсем сәңкиіп, шегір көзі нұр жайнайды. Қолында ұзын шыбық темір, көпті жайпап, арбаға жақындатпай жүр.

— Аулақ! Бөгемеңдер, жол беріңдер! Өкірген сиырдай бұл несі, түге?..

— Мынау, таңқы сарысы кім ?

— Жеп қояды дей ме екен!

— Таңқы сары осының қожайыны. Орджоникидзе жолдас жібергені Орджоникидзе! Кет деймін! Өле ме, жаным-ау! Тарт, тарта бер, кешір жолдас!

Мейрам, Жұманияз, Щербаковтер де шығып, көптің мінезін қызықтап тұр еді. Жанабіл трактористі «көшір» дегенде шек-сілелері қатты.

— Қараңызшы, Сергей Петрович! — деді Мейрам. — Осы көп қазір бала емес пе. Бірде тағы дана-ау.

— Дұрыс айтасыз, Мейрам Омарович. Көптен үйрене отырып, үйретуіміз де керек.

Мейрамның көзі Ардаққа түсті. Папкасы қолтығында, жиынға телміре қарап, шеткері тұр. Қунақы емес, жабыңқы. Өңінен ызғар байқалады. Әлі бір езу тартқан жоқ. Қадалған қара көзі тым ойлы. Мейрам қасындағыларды елеусіз бастап, Ардаққа қарай жылыстады. Ардақ та көре сала қарсы жүрді.

— Қызым, қалай, ұнай ма, мына келген жаңа дүние? — деді Щербаков.

— Ұнайды, Сергей Петрович. Біз көрмеген керемет күш екен.

— Кереметтер әлі кейін. Бұл тек бастамасы ғой, — деп Щербаков келешекті бір шолып етті. — Қарағанды қазір ұйымдастыру, орналасу дәуірінде. Көмірге сыбана кіріскен уақытта орыс, ағылшын байларының алпыс жылда алғанын бір-ақ жылда аламыз. Әрбір қырық минутта бір поезд жөнеліп, не келіп тұрады бұл жерге. Осыған қарап, болашақ Қарағандыны шамалай беріңіз. Бұл күн тіпті таяу.

— Поезд қашан келер екен?

— Шоқайдан бері асты. Қар түсе жетіп-ақ қалар. Үкімет өзгеше көңіл бөліп отыр бұл жолға.

— Мынау машиналар қайдан келе қалды?

— Бұлар Орджоникидзе жолдастың жіберген сәлемдемелері. Жол жеткенше осының өзі үлкен көмек. Анау тракторлар Харьков заводында жасалған. Бірінші бесжылдықтың бел балалары. Анау қызыл — бу қазаны. Енді қол күшке қоса бу күшін де пайдаланамыз. Бу электрден соңғы зор күш.

— Сол бу, электр, мотор... дегендеріңіз бәрі ғылым емес пе, Сергей Петрович? — деді Ардақ. — Химия, физика, математиканы білмеген жұмысшы қалай біледі оларды? Мен бағанадан бері соны ойлап басым қатты.

— Ойың жақсы, қызым, жақсы! — деп Сергей Петрович риза болып қалды. — Сондықтан да сіз жастар түгіл шалдарды оқытып жатырсыз. Оқудың, үйренудің дәуірі бұл. Бірақ, ұлы мектеп өмірдің өзі. Қазақтың бес жасар баласы ат құлағында ойнауды ешбір мектептен оқыған жоқ. Тұрмыс үйретті. Техниканы да тұрмыс солай үйретеді. Рас, алғашқы кезде біраз қиындықтар бар. Қорықпаймыз. Шыдай отырып, жеңеміз. Тез жеңу үшін жұрттың сауатын тезірек, көбірек аша гөр, қызым.

— Қалай ашады! Бәйтен қара ауыз мектептен қуып жіберіпті! — деген Жанабілдің даусы естілді. Терлеген, ентіккен. Машиналарды жұртпен бірге қызықтап келді. Бәрін білгісі, бәріне қатынасқысы келеді. Енді мына әңгімеге араласты. Оның сөзі бағанадан бері жай тыңдап, жайран, тұрған Мейрамның қабағын түйді.

— Не дейсің, қайта айтшы?

— Өзі әлі айтқан жоқ па? Бәйтен «ақ саусақ» деп қуып шығыпты. Енді жұмыс мектебіне түспек Ардақ.

— Рас па? — деді Мейрам, әлі де сенбегендей.

— Рас, — деп төмен қарады Ардақ.

Бір тентек үшін бәрі ұялып, басын шайқап кейіп тұр. Бүлдірген ол. Жауапкер бұлар. Бондаренко жанжалы жаңа басылып еді. Бәйтен тағы көтерді.

Жоғары қараса жылап жіберетіндей, төмен қарап монтиып тұрған жас қыздан Мейрам көзін ала алмады. Сенбілік үстінде оның жайпаған жүзін, күлімдеген қара көзін көре алмады. Қасына барып, салбыраған басын иегінен көтере, өзіне қарата тұрып бір жылы сөз айтқысы да келді, ұяты жібермеді. Мынау жұрт көзінше, қазақы әдеп бойынша ішін аша алмады Мейрам. Оның ішінде махаббаттан туған қызғаныш та бар. «...Махмет екеуі арбаға сүйеніп сөйлесіп тұрды... Сол тырсиған немені неге үйір қылады бойына. Неге оған пәтер үй болады?..» деп анада үшеуінің кездесіп қалғанын осы арада есіне тағы бір түсірді. Бірақ қазір Ардақтың қандай кінәсі болса да кешкендей еді.

— Жау қастығын жасырын істейді. Ақылсыз дос ашық істейді, — деді Мейрам, шымбайына бата, тіпті қынжылып айтты. — Профсоюз мүшесі ғой. Жұманияз жолдас, қатты шара қолданыңыз. Енді қайтып үнін шығармастай болсын. Бұндай бассыздықпен социализм жасалмайды.

— Ескі жұмысшы еді, ит, — деп Жұманияз күмілжігенде, өршелене түсті Мейрам.

— Заман тірегі ондай ескі жұмысшылар емес. Мыңға, миллионға ұйтқы болып отырған озат жұмысшылар. Қарайғанның бәрі көмір ме? Пароданы айыра білу керек. Ал, Ардақ, сізге көптен көп өтініш, орныңызға қайта барыңыз. Бірдің жұмысын істегеннен, мыңның көзін ашқан құндырақ. Білем, сізге ауыр тиді Бәйтеннің сөзі. Бірақ, Бәйтен сөзі, көп сөзі десеңіз, адасқаныңыз. Адаспаңыз. Тура келесіз.

— Қызым, менің де айтарым сол, — деді Щербаков. — Жұрт жаңа дүние жасап жатыр. Кім сол дүниені жасасса, жұрттың қатарында. Жақсы істесе — алда. Жаман істесе — артта. Именбей алға ұмтыл. Қолдаушың әрқашан дайын.

Ардақтың жүзі жайнап сала берді. Ойлы, қам көңіл қыз нағашыларының қолынан кеткелі тым басыңқы еді. Бәйтен баса түссе, мына жылы сөздер көтеріп тастады. Үміт қаулап, шаттық кернеді жас көңілді. Жүрегі тулап, азар айтты ризалығын:

— Мақұл. Рақмет сіздерге. Шолақ ойлаған екем.

Жанабіл қасында, ауылға қайтты Ардақ. Күн батып кеткен. Қызыл шапақ әлі тұр. Сол шапақтай қызарып, қызу сөйлеп, лепіріп келе жатты екі жас...

XIX

Жаз аяқтап, қыс жақындаған сайын қараша ауылдар қоршаған Қарағандының орталығы өзгере түсті. Қазып, ойып тастаған мекемелік, өндірістік үйлердің орындары, тасып, үйіп тастаған құрылыс материалдары көрінеді. Темір жол алпыс километр жердегі Шоқайға жеткен. Шоқай станциясына жаңа қаланың жабдықтары үздіксіз құйылуда. Көліктер, Орднюникидзе жіберген тракторлар күндіз-түні тасуда. Тасымал күштері шабан, қымбат. Басқа амал жоқ, қысқа дейін қалған санаулы күндер бәрінен қымбат. Қысылмайтын Щербаковты да қыс қысайын деген тәрізді: қазан қорасын тез бітіруге қатал бұйрық берді. Бұл қора бітіп, қазандар орнатылса, бу қуатымен парогенератор, камерондар істемек, атбарабандар қалып, көтергіш машина көмірді жер астынан вагонеткалармен шығармақ...

«Герберттің» тар қорасына жалғастыра кең кірпіш қора салынып жатыр. Іргесі қаланып болыпты, төбесі әлі жабылған жоқ. Материал бөгеп тұр. Станциядан өз көлігімен ағаш, әртүрлі жабдық тасыған маусымды жұмысшылардың арасында екі трактор да жүк тасып жүр. Қораның бітуін күтпей-ақ мехцех слесарьлары анада трактормен келген дәу қызыл қазанды ішке енгізіп, тас төсектің үстіне сұлатып қойыпты. Төбесі ашық кең аран қазан қорасы — кочегарка болмақ. Лапшиннің басқаруындағы қазаншылар бригадасы қызу істеп жүр. Қазанға арқасын сүйей тұрып, қолындағы чертежге қадала қараған Лапшинге, Боқай әрнемені бір сұрап маза бермейді:

— Здесь што? — деп қазанның аузына басын сұқты бір кезде.

— От жағатын жері. Мынау шыпырлаған тесіктер: ұзын трубалардың ауыздары. — Түтін, жалын жүретін жолдар. Трубалар от пен судың арасында. От қыздырған кезде суды қайнатады...

— Самовар сияқты екен ғой?

— Из, самовар трубасы сияқты.

— Ал, ол суды қайнатып қайтеді? Жұмысшыларға шайға керек пе?

Үлкен адамның бала сұрағына Лапшин ірі тістерін ақсита күлді:

— Судың буы керек. Бу машиналарды жүргізеді. Сені кочегар қылып шығарамын, сонда барлық бу машинасы саған бағынады.

Боқай көзі жайнап жымың-жымың етті. Ертеңгі күннің қуанышы бүгінгі қара лашығын ұмыттырса керек.

— Тек осы лебізін, үшін бүгін біздікіне кел, қадірлі қонағым, досым бол, — дегенде басын шайқады Лапшин:

— Жоқ, сен кочегар болған күні барам. Бұл сөзді сонда айтсаң қандай жарасымды!

— Түу, оған дейін...

— Ол күн алыс емес, әрі кетсе екі-үш айға созылар.

Қасында; Козлов, Щербаков келеді. Екі қолы артында, жай жүріп, аран ішін абайлай қарап келеді. Лапшинге жеткенде қазанды саусағымен шерте тұрып сөйледі:

— Қазір барлық істің тетігі осында. Берілген мерзімде біте ме?

— Костя езі айтсын, — деді Козлов. Лапшин кідіріп қайырды жауапты:

— Уақытты өте аз бердіңіз. Борис Михайлович адамды да аз берді. Ол адамдар бұрын өндіріс көрмеген...

— Үйрету керек, — деп сәл шытынып қойды Щербаков.

— Тілдеріне түсінбей жатырмыз.

— Түсіну керек. Мен қазір жүзге жуық қазақ сөзін білемін. Сендерге тіпті жеңіл, бірге істеп жүрсіңдер.

— Олар орысша сөйлесуге құмар.

— Сендер қазақша сөйлесуге құмартыңдар. Сонда екі жағың да үйреніп шығасын. Үйрену, үйретудің тетігі — жалықпай іс үстінде ұғынысуда.

Қазан маңында әртүрлі труба, кран, ұсақ жабдықтар жатыр. Боқай солардың ішінде. Бәрін өзі тасыған, енді әрқайсысын бір ұстап, біріне-бірін үйлестіріп байқап, басын шайқап отыр. Бұрып көрмеген дүниенің винтіне дейін, таңырқап отыр еді ол.

— Қараңыздаршы ананы, қалай құмартады! — деді Сергей Петрович, — қазір басқаның бәрін ұмытқан. Бұл құмарлықпен білмей қоймайды.

— Білгенше азды-көпті уақыт етеді ғой. Тым болмаса бір слесарь қосыңыздар маған? — деп еді Лапшин, Козловтың көзі бақырая қалды:

— Не деп тұрсың, Костя? Қайдан алайын? Антон Лавченко парогенератор әкелуге кетті, Қашан қайтады? Келген күнде ол сол генератормен болады. Иван әне, үш машинаны бірдей жайып салып тұр. Көктайыншаны ұсталықтан алсақ, мүлде қол кесіледі. Бондаренко вагонеткаларды жамауда... Бәрі керек. Ертең қазан жүрген күні соның, бәрі дайын болмаса, қазаның босқа тұрады.

Қол күшінен бу күшіне көшудің қиын кезеңі қинап тұр бұларды. Алғашқы кезде осы төңіректегі ескі-құсқыларды құрастырумен болса, темір жол жақындаған сайын жаңа жабдықтар келе бастады. Солардың ішінде Донбасс жіберген бір парогенератор да бар. Бұл үлкен машина өзі будың қуатымен жүреді де, басқа машиналарға электр қуатын береді. Бәрін жүргізуге мамандық керек. Қара жұмысшылар, әсіресе қазақтар лек-легімен келіп жатқанымен маман өте аз. Сондықтан оқыту, үйрету шараларын жеделдету қажет болды, жастарға үш жерден фабрика-завод мектебі, үлкендерге бір курс, сауаташқыш отыз шамалы мектеп ашылған. Бірақ, жұмыс олар жетіліп шыққанша күтер емес. Әр күн: «Аларыңды алып қал, әйтпесе айрыласың!» деп тақақ-тақақ еткізеді. Сергей Петрович трубкасын сора, осы жайларды ойланып тұрып:

— Келісімен Антонды Костяның бригадасына қосқан жөн болар, — деді. — Әуелі қазанды тездетейік. Парогенераторды сонан кейін қолға алу керек. Бәрін бірден бітірем деп, бәрін бөгегенше, біртіндеп жүргізе берген пайдалы.

Лапшин күлім-күлім етті. Козлов үндемеді, Щербаковке еріп Иванның бригадасына қарай аяңдады.

Қарт Иван шаттауыққа қысып қойып, әлденені егеп тұр.. Басқа дүниемен ісі жоқ, тіпті алаңсыз. Өз қасында құрастырып болып қалған бір камерон, он, жағында, Жанабілдің алдында бір машина, сол жағында, Бәйтен мен Балжанның, ортасында бір машина әлі құраусыз жатыр. Дәл төбеден шақырайған күн бәрінің танауын тершітсе де, Иванды жібіте алмапты.

— Сәлеметсіз бе, Иван аға! — деген Щербаковке ол аузын қомпаң еткізіп, басын тұжыра, көзілдірігінің үстінен қарады.

— Камерон бітуге айналатын ба?

— Осы бір болтигі ғана қалды. Токарь станогі болса, минуттік жұмыс қой бұл.

— Қазан жүрісімен токарь станогі де жүреді.

— Оны қазанға қаратып керегі не, мынау движок та жарайды.

— Кәне, движогіңізді көрейік, — деп Сергей Петрович Жанабілге қарай жүрді енді.

Жанабіл жіңішке жез түтікті керосинмен ыспалап сүртіп, күнге шағылыстыра аузымен үріп тұр еді, Сергей Петрович:

— Жұмыс қалай, жас бүркіт? — дегенде:

— Жаман емес, — деді де, түтікті шешулі жатқан пенжегінің арасына апарып тықты.

— Неге жасырасың?

— Сізден емес, шаңнан жасырам.

Оның аузы сөзде, қолы істе. Жатаған келген кішірек, мақпал қара машина су жаңа, бәйгі атындай сылап, сипап жүр. Енді машинаның үлкен шойын басын қызара көтерді.

— Қорғасын ба, тәйірі!

— Ауыр ма? — деді Козлов.

— Иван әкеңнен де ауыр екен. Бұл кісінің бір сөзінің өзі бір пұт қой.

Сергей Петрович сылқ-сылқ күліп тұрып, Жанабілді сөйлете берді.

— Машинаны күтуін біліпсің, жүргізуін білдің бе?

— Білмесем де тақадым.

— Айтшы, кәне!

Мызғымас Иванның мазасы кете бастады. Жанабіл сөйлеген сайын қолын ербеңдетіп, біресе аузын қомпаңдатып, көзі тесіп барады. «Шәкіртім сүрінбей өтсе» деген тілегі әдеттен тыс қобалжуынан көрініп-ақ тұр. Шәкірті оған қарап жапақтаған жоқ, әзір мүдірер де емес:

— ...Шойын басты мынау денеге әкеліп орнатамыз, астынан примуспен қыздырамыз. Қызған бастың, ішіне жаңағы жез түтіктермен келіп, нефть тамшылағанда, газ шығуға жол таппай поршеньді кейін лықсытып жібереді...

— Ал, бері қарай не лықсытады?

— Поршеньнің бір басы анау жатқан иір белдікке шегендеулі болады. Белдіктің бір басына мына жатқан дәу дөңгелек кигізіледі. Газ итерген поршеньді ауыр дөңгелек өз салмағымен бері итереді. Сөйтіп, ерсілі-қарсылы жүгіреді поршень. Бұның аты, машина жүрді деген сөз.

— Жігіт! Нағыз жігіт! — деп Иван қож етті. Қолдан кескен махорканы жуан қылып орап жіберді де, темекі қалтасын Жанабілге ұсынды. — Мә, ора, тарт!

Козлов қасақана қағытып тұр екеуін:

— Жерлестер ғой, сүйейді бірін-бірі. Басқаларды да осылай үйретсе.

— Басқалар қайда? — деді Сергей Петрович. Жауапты Иваннан бұрын Жанабіл қайырды:

— Бәйтен мен Балжан әне, көтергіш машинаны бұзып, тазартып отыр. Үш кісі мына движоктың орнын сайлап, цехта істеп жүр. Барлығы алты қазақпыз.

— Сендерде алты, Лапшинде сегіз, Лавченкода бес, Бондаренкода?... отыз боп қалған екен ғой. Отыз қазақтың әрқайсысы механизмді сенше үйренсе кадрға тез баиймыз.

— Егер Борис Михайлович «жұмыс сағаты бітті, кетіңдер, кетіңдер» деуін қойса тіпті тез байыр едіңіз.

Жанабіл қағытса мырс-мырс күледі Козлов:

— Бұлар уақытпен санаспай, берілген жұмысты бітіріп кетуге тырысады. Ал, Жұманияз үстеме сағатқа үйір болмаңдар! — деп бақырады. Қайсысын тыңдарсың?

— Профсоюзға да жұмыстың тез бітуі керек емес пе? Ентелеген жұртты ұстап несі бар? — деп еді Жанабіл. Сергей Петрович басын шайқады:

— Ат арыны, жас арыны тежемесе не болады? Бір бел аспай, аптығады да бітеді. Жұманияздікі дұрыс, ете бір асығыс жағдайда болмаса, үстеме сағатқа рұқсат жоқ.

Әңгімемен бәрі Бәйтенге қарай жылжыды. Бәйтен малдасын құрып, шапаншаң, желбегей қобырап отыр. Қолындағы подшипникті керосинмен сүрткілеген болады... Есінеп, берекесі кетіп отыр. Қасындағы Балжан көйлегін шалбарланып, шашын орамалмен байлап алған, тым ширақ:

— Қозғалмайсыз, киіміңіз қалың. Сонсоң ұйқыңыз келеді, — деп қояды Бәйтенге.

— Білмейсің, қалың киімнен ыстық өтпейді.

— Әйеліңіз жуас-ау, сірә?

— Е, асау болғанда не келеді қолынан!

— Келер еді. Ынжық еркекті екі асықтың арасына салып...

— Әй, келіншек, ынжығың кім?

— Тәйірі сізден аулақ! Ана кісілер бізге келе жатыр.

Бәйтен көре сала шақшасын алды, темірге тық-тық қақты да, насыбайын атты. Подшипникті қаттырақ ыспалап, біресе шұқшия қарап қойып қоразданады. Бірақ, келгендер оған көңіл аударған жоқ, Балжанмен болып кетті.

— Сергей Петрович, танып қойыңыз, — деді Жанабіл. — Мынау әлгі Балжан дейтін сойқан келіншек.

— Не сойқанымды көріп едің? — деп байланыса кетті Балжан.

— Қой, қой, мен саған партком секретары емеспін, тісің батпайды.

— Е, сен кім едің сонша?

— Қарағандыда бірінші қазақ машинисі болғалы тұрған Жанабіл — мен.

— Ойбой, кеткен екенсің! Бері жүр, онда, — деп Жанабілді Балжан машинаның бір бөлшегіне әкелді. — Бәйтекеңе мынау не десем, «керек тесік» дейді. Ал мынау не десем, «О да керек тесік» дейді. Басқа айтары жоқ. Кәне, сен айтшы.

Жанабіл әзір бу машинасын білмейді. Өзінікі нефтімен жүретін машина. Білмеймін деуге арланып:

— Бәйтендікі дұрыс, керек тесік қой, — деп еді. Балжан жаққа тартып жіберді.

— Сен де машинашы ма?! Керек екенін кім білмейді, не үшін керек?

Бәрі ду күлді. Козловтың тіпті шек-сілесі қатып жатыр. Жанабіл екінші жағын төсеп тұр:

— Бәйтен үшін тағы бір тартшы!

— Аулақ, алақаным садағасы.

Жымың-жымың күліп, Сергей Петрович Балжанның қасына келді. Өткір, қара көзді, ұзын кірпікті, қатыңқы қара сұр келіншек әйелдің асылы көрінді оған. Жаңағы тесіктерді түсіндіре бастады:

— ...Бұны орыс тілінде золотник, дейді — бу машинасының жүрегі. Мына тесіктерден бу кіреді, мына тесіктерден қайта шығады. Сөйтіп, машинаны жүргізіп тұрады.

— Машинаның да жүрегі бар екен-ау!

— Әр механизмнің өзінше жүрегі болады. Соның соғуын білген адам, сол механизмнің мастері болады, — деп Сергей Петрович Козловқа бұрыла тұрды. — Қазақ жасынан бірінші машинист Жанабіл болғанда, қазақ әйелінен бірінші машинист Балжан болуға тиісті.

— Ол тілек оңай орындалады, — деді Козлов. — Сөйтіп парогенераторды қоя тұрамыз, қазанды жүргіземіз. Қазанның бітуін күтпей-ақ движокті жүргізе береміз ғой?

— Иә, движок станоктарды жүргізумен қоса, Ильич лампаларын да жақсын. Осы жиналған халықтың көбі көрмеген ол лампаларды. Енді құю цехын да құра бастау керек. Механизмнің ұсақ бөлшектерін ылғи Донбасс, Ленинград, Москвадан таси бере алмаймыз...

Бірнеше трактордың гүрілі естілді. Гүріл ішінде:

— Бері тарт! — деген Лавченконың дауысы шығады.

— Антон келіп қалды, — деп тұра жөнелді Козлов. Ауыр Иван, жеңіл Жанабіл — бәрі жүгіре шықты сыртқа. Арба тіркеген үш трактор, бірнеше жүкті көлік тұр. Станок, труба, темір арқан, динамо — бәрі жаңа. Солардың ішінде біраз ұсталған үлкен парогенератор да көрінеді.

— Сурик әкелдің бе?

— Азбисті қағаз бар ма?

Антонға тұс-тұстан сұрақтар беріліп жатыр.

— Әкелдім, бар. Жабдықтардың құйылуын сұрама, — деп Антон әдетінше көзін тас жұмып, басын шайқап қойды. — Трестің базына сыймай барады. Тек тасып ала біл...

Сергей Петрович бұлардың қуанышты әңгімесіне бөгелмеді. Станциядағы базда не бар, не жоғы өзіне мәлім. Жай басып, бірінші шахтаға қарай беттеді. Инженер Орлов шахтадан аулағырақ, бел бектерінде жалғыз тұр, соған келеді. Шаршауды, сасуды білмейтін сияқты. Күндегі әдетінше күн шықпай тұрған, әлі тыныштаған жоқ. Атпен жүріп алыстағы шахталарды аралап қайтты. Жаяу жүріп Қарағандының өз ішін көрді. Өзі құрастырған дүние қомақтанған сайын қызықтырып, қуанышын да, уайымын да арттырып барады. Орловқа жеткенде көк бетегелі беткейге отыра беріп:

— Андрей Андреевич, тынысталық азырақ, — деді. Омырау түймелерін ағытып, самалға кеудесін төсей, трубкасын ойлана сорып отыр. Орлов келіп жантая кетті.

— Осипов бірінші шахтаны басқара алар ма еді?

— Қайдам, .әлсіздеу болмаса.

— Осиповтардың өзі жетпей жатыр ғой. Байқап көрелік. Көзден таса қалдырмай көмектесіп отыру керек. Уклонды ашуды Ермекке берсек?

— Басқа кімге бересіз! Бірақ, айтып қойыңыз, инженерді ол тыңдамайды кейде.

— Тыңдатамыз. Инженер жайында оның басында ескі ұғым бар, жаңартамыз.

— Қарағанды көмірінің өзгеше бір қасиеті серы, фосфоры аз екен, — деді Андрей Андреевич. Бұл сөзіне үлкен мән бергендей, көтеріңкі рухпен кенеттен айтты. — Олар неғұрлым аз болса, шойын құю арзандайды.

— Оның есесіне күлі көбіректеу, — деп еді Сергей Петрович, Орлов өз пікірін қуаттай түсті:

— Иә, көбірек. Кейбір пластылар күлінің көптігінен коксы пешіне жарамас та. Зады, Қарағанды көмірінің Кузбастан кемшілігі осында ғана. Бірақ, бұл кемшілікті тез жоюға болады.

— Қайтіп?

— Байытамыз. Байытуға тез көнеді және сақтау көтеретін, жуықта бұзылмайтын бір қасиеті тағы бар. Тереңдеген сайын асылдана береді бұның көмірі. Егер Кузбасс көмірімен қосып қорытса, коксының бір тамаша түрі шығар еді екеуінен.

Орлов көптен көрсетпеген мінездерін көрсетіп отыр. Тәжірибелі қарт инженер «шахта оқиғасынан» кейін жүні жығылып қалған, аз сөйлеп, бойын аулақ ұстап жүретін. Қазір шешіліп, пайдалы пікірлер айта бастаған соң, Сергей Петрович қойнын аша түсті:

— Айта беріңіз. Осындай жақсы пікірлерді дәлелдеп, қағазға түсіре берсеңізші.

— Ермек бригадасын екпінді бригада жасасақ, соның үлгісімен басқаларды үйретсек?

— Қалай жасаймыз сонда?

— Алдымен адамдарды мамандығына қарай іріктеп, мамандығына қарай пайдалану керек. Қайлашыны күрекке саламыз кейде. Бұл барып тұрған есепсіздік.

— Қайлашы мен қара жұмысшы бірдей алады, кейде. Бұл бәрінен еткен есепсіздік. Дұрыс айтасыз, маман кадр жетпей жатқанда, қолда бардың өзін жете пайдаланбай келеміз. Жұмыс уақытын дұрыс пайдалану жайында да кемшіліктер аз емес... Осының бәрі басшылықтың асқындырмай көріп, түзеп отыруын тілейді.

— Ермек бригадасы уклонды қашан алады қолға?

— Күні ертең кірісу керек. Бүгін бұйрық беремін. Вагонетка, рельстер не күйде?

— Жеті вагонетка дайын. Жақсы ремонтталыпты. Жүзге жуық рельс бар. Әзірге уклон жұмысына жабдық жетеді...

Екеуі бірінші шахтаны өзгерту қамын қарастырып отыр. Бұған дейін қолбұранды жойса, енді атбарабаңды жоймақ. Уклон ашпақ. Уклонға темір жол жайып, вагонеткалармен тартпақ көмірді. Сағат алтыны соққанда ғана Сергей Петрович орнынан тұрды. Бірінші шахтаның алдында, ашық далада жиналып қалған топ көрінеді.

— Бұл не жиын?! — деді Андрей Андреевич түсіне алмай.

— Қарағанды шахтерлері Донбасс шахтерлеріне хат жазбақшы. Соған жиналған шығар.

— Өте дұрыс, өте жарасымды!

Жиналыс бір шахтанікі ғана емес, бүкіл Қарағандынікі. Ойдағы ауылдардан, жаңа ашылған шахталардан, мехцехтан келіп жатыр жұмысшылар. Ардақты ортаға ала келіп, Ермек пен Ысқақ та қосылды топқа. Щербаков пен Орлов жеткенде мына жақтан Мейрам мен Жұманияз да жетті. Үстінен әлі ауыл шекпені, ауыл тымағы түспеген жаңа жұмысшылардың ішінде жаулығы ағараңдап әйелдер де жүр. Әйел, еркек, ескі, жаңа жұмысшы болып бас қосқан жиынды Жұманияз ашқалы тұр. Қытай көзі күлімдеп, әдемі қара мұртын сипап қойып, көптің тынышталуын күтіп тұр. Даң-дұқ жуырда басылмады. Даусы пәстеу жігіт еді, бірер дауыстағанына болмаған соң, алдындағы жайдақ столды алақанымен тарсылдатты.

— Тынышталыңыздар, жолдастар! — деп жұрт назарын аударып алды да, сөйлеп кетті. — Біз, аз адаммен үлкен жұмысты — бүкілодақтық үшінші кочегарканы бастадық. Оны аяқтау үшін бүкіл совет елінің жәрдемі керек. Сондықтан, ескі шахтер Ермек Борантаев, Ысқақ Кемеловтардың ұсынысы бойынша Донбасс пролетариатына хат жазғалы, ол хатты осы жиналыста талқылағалы отырмыз. Әуелі жиналыстың президяумын сайлап алайық.

Жанабіл орнынан ұшып тұрды:

— Президиумге мен мына жолдастарды ұсынамын: Сергей Щербаков, Мейрам Омаров. Жұманияз Әділов, Ермек, Ысқақ.

— Комсомолдан Жанабіл енсін, — деді Лапшин.

Президиум сайланды. Жұманияз сөзді Ысқаққа берді.

Ысқақ сөйлемей көпті көзімен тінтіп, әлдекімді іздеп тұр. Мойнын соза, өкшесін көтере қарайды жан-жағына.

— Ардақ қайда, әлгі, Ардақ!? — деп дауыстады бір кезде. Ардақ көптің арасынан басын қылт еткізіп еді, қасына шақырып алды. — Ермек екеуміз ақылдасып, айтар сөзімізді мұғалімге айтып, жаздырып қойғанбыз. Оқы, шырағым, мынау жұрт естісін.

Ардақ оқи бастады:

«Туысқан Донбасс жұмысшыларына! Көшпелі қазақ елі коммунист партиясының басшылығымен отырықшылыққа айналды, өзінің өнерлі кәсібін, өндіріс кадрларын жасауға кірісті. Бұл ұлы істе біз, барлық жағынан жаспыз, кенжеміз. Сіздердің жәрдеміңіз керек. Донбасс тәжірибелерін, көмірдің жаңа техникаларын үйретуге, сөйтіп, Қарағандыны тезінен үшінші кочегарка жасауға мастерлеріңізді, екпінділеріңізді жіберіңіздер...»

Хат оқылып болысымен әр тұстан толықтырып жатыр жұрт:

— Алдымен қайлашы, инженер, техник керегін ашып айту керек.

— Машинист, токарь, слесарьлар керек емес пе?

— Донбаста көмір шабатын машиналы балға бар дейді. Әне соны жіберсе, соны үйретсе.

— Тағы да бір үлкен қазан жіберсін! — деп Боқай дауыстады арт жақтан. Ысқақ «жаз, жаздың» астына алып тұр. Ардақ азар үлгіріп отыр. Жұмабай келді қасына.

— Ардақжан, маған бір жақсы қайла жазшы, сабымен, — дегенде, ду күлді бәрі. Жаза берсе қажет таусылар емес. Мейрам орнынан тұрып ұсыныс енгізді:

— Қажеттің бәрін тізе берсек қағазға сыймайды. Басты бастыларын атайық. Көпшіліктің осы тілегін еске ала отырып, хатты толықтыруды президиумға тапсырсақ қайтеді?

— Дұрыс-ақ, — деді Ысқақ. Бірақ жиналысты қысқартудың орнына соза түсті. — Ал, қол қояйық хатқа. Басқасын президиум өзі реттер.

Жұрт стол басына жинала бастады. Алуан-алуан қолдар қойылып жатыр. Көпшілігі жаңада сауаттанған, мұндай документке қол қоюлары да бірінші рет. Сонысын әуес, не мақтан еткендей, арбиған өңсіз жазуларын баптана жазып, біріне-бірі қарап, жымыңдасып қояды. Шалбарының ышқырын көтере түсіп Жұмабай келді, қасында бригадир Құтжан балуан бар. Екеуі әлі сауатсыз екен. Құтжан сия сауытқа бармағын батырып алып, қағазға былш еткізгенде, Ардақ астыңғы ернін тістеп қалды. Күйелі, шоңжар қол былғап кетті қағазды.

— Қап! Қайта көшірем бе?

— Қозғама, бара берсін! — деді Ысқақ. — Шахтерлер көмір күйесінен жеркенбейді.

ХХ

Түн бойы тынымсыз, үнсіз жапалақтаған қою сұр бұлттар тараған. Аспан көк жалтыр. Күн жаңа шығып келеді. Ұлпа көбік қар жер бетін тегіс жауыпты. Көп ауылдар көрінбейді. Жер астына еніп кеткен. Қазылған жер, қалқиған жер үй, ығы-жығы, қара-құраның бәрі аппақ. Шаңқан дүние күнге шағылысып жалт-жұлт етеді.

Кішкене локомобильдің жіңішке гудогі естіледі. Смена бітіп, смена басталып жұмысшы жұрт жүрісте. Әртұста қазылып жатқан шахталар қайта қарауытып, шаңқан жер бетіне қара меңдер пайда болды. Үйді-үйге су тасыған арбакештер, бірен-саран малын суарған адамдар жүр. Жаңа жауған қар үстінде жұрт қозғалысы сайрап көрінеді. Сонау көз ұшында, бұрынғы «Кампан» поселкесінің тұсында қарауытқан қалың топ қайнай жылжып келе жатыр. Ол Қарағандының зарыға күткен темір жол тобы екенін паровоздың түтіні әйгілеп тұр.

Дөңестердің жотасын қуа, уақытша салынған жер үйлер тым тығыз, жоспарсыз. Тіке жауған жапалақ қар қарайғанның бәрін жапқан. Әйтседе пеш мұржалары, олардан шыққан түтін тымық әуеде жоғары көтеріліп, жұмысшы поселкелерінің қарамын алыстан аңғартады. Дөңдердің бетіне сыймай, сонау ойпаттарға да жұмысшы үйлерінің мұржалары орнап қалыпты. Түтін саны көп, аумағы ат шаптырым. Осы жұмысшы елдің ішіндегі жеке жүрістер біртіндеп топталып, қызыл тулар көтерді. Әр тұстан көтерілген ту, құралған топ бері орталыққа тартты енді.

Бұл кезде Мейрам, Ермек, Жанабіл таңертеңгі шай үстінде бас қосып отыр еді. Ермек Мейрамға дәптерін көрсеткенде, Жанабіл де суырды қонышынан.

— Қоя тұр, жалақтатпай, — деді Ермек.

— Жарықтық, жалғыз шауып, жүйрік боласыз ба! — деп, Жанабіл тықпалай түсті дәптерін. Екеуі де орысша оқып жүр. Орыс тілін аз біледі, олақ сөйлейді. Жазуын, кітап оқуын үйренсе, бәрін білетіндей көреді. Бірімен-бірі бәсеке.

— Ойдан шығарып жатқа жаза бастағансыздар ма? — деді Мейрам. Ернінде күлкі тұр. — Үйреніп қалыпсыңдар, жаза беріңдер.

Жанабіл Ермектің жазуын алып, көре сала сақ-сақ күлді.

— «Қайла вези!» Арба ма екен сонша? Принеси десе қайтеді?!

— Қарашы, мұғалімі қасында болған соң көп білгенсіп мақтануын.

Ереке-ау, сіздің мұғаліміңіз тіпті күндіз-түні қасыңызда ғой.

— Жоқ, Мейрамның, қолы тимейді. Ал, Ардақ құдай біледі, сені ерекше оқытады.

— Ай, білмеймін, — деп Мейрам тағы да жымиды, — Жанабіл онда «шай кушайт» деп жазбаған болар еді.

Ермек шайына шашалып, шашкесі қолынан түсіп кетті, шек-сілесі қатып жатыр. Сирек күлсе де қатты күлетін. Сөйлеуге шамасы келмейді.

— Шірік ит-ау, шайды кісі жегенін көрдің бе!

Екеуінің ойынынан, іштей бәсекесінен Мейрам да ішіне бірдеме түйіп қалды. Ең жақсы көретін жолдастарын шайлықтырып алмай, құнықтыра түсіп, тез сауаттандырсам деген ойына Ардақ келіп қабаттады.

— Қателерің тілге байланысты, — деп, Мейрам енді жұбата сөйледі екеуін. — Орыс тілі — қиын тіл. Мектеп бітірген біз де қате жіберіп аламыз. Одан ұялмай, шағылмай үйрене беру керек. Сонда ғана жетілесіңдер. Ереке, байқадыңыз ба, мыналар мені еріксіз мұғалім еткелі тұр. Тәуекел. Жанабілді Ардақ алса буксирге, мен сізді-ақ алайын. Түстік жарысқа! Айта бар, Жанабіл.

— Айтатын түгі жоқ. Қолма-қол қарсы алдық біз. Міне қол!

Қол алысты. Жанабіл бұл үйге жиі келеді. Жас та болса өзінен үлкен Ермекпен қалжыңдаса, қағыса келеді. Мінезі ауыр Ермек ол келді-ақ «соқтықшы кәне» дегендей күлімдеп, жыбырлап отырғаны. Мейрам мен Ардақтың арасына да дәнекер сияқты Жанабіл. Екеуі әлі түсін ашып жастық жайында сөйлеспесе де, Жанабілдің сөзінен бірін-бірі аңғарғандай болады. Бұрын таныстығы жоқ, жастары, мінезі, істері әрқилы, әржерден келіп түйіскен бұл төртеуінде сыртқы емес, нағыз ішкі жақындық байқалады. Шай құйып беріп отырған Әнипа Ермектің жеңгедей алған әйелі, мосқалдау кісі. Сол жақындықты сездіргендей:

— Қайындарым-ау! — деді. — Бұл арада бөтен ешкім жоқ, ойларыңда не бар, бойдақ өтпексіңдер ме? Екеуіңе үлкен үй болсақ, отау қылып шығарсақ деген тілеудеміз. Соның жөні келіп тұрған жоқ па?

Сөз бөлініп кетті. Щербаков пен Козлов кіріп келді.

— Мейрам Омарович, жұрт жиыла бастады, біз жиылмаймыз ба?

— Қазір.

Мейрам өз бөлмесіне киінуге кетті. Щербаков үй ішіне байыппен қарап тұр. Ескілеу қара абдыраның үстінде бір мойын, бір жайжастық, төр алдында көшетоз текемет, бүйірде жер төсек, ортада төрт бұрышты жер стол. Бұл бөлме осымен бітті. Ауыз бөлмені тақтаймен екіге бөліп, Мейрам жарымысын өзіне үй жасапты. Жармысында тамақ пісіретін плита, ыдыс-аяқтар көрінеді. Сергей-Петровичтің бұл үнге бас сұққаны осы еді. Отыратын орындық та таппады, қазақша жерге отыра алмады. Қарағандының атақты, ескі шахтері, қазақтың оқыған жасы, партком секретары дәл бұлай тұратынын білмейтін.

— Апыр-ау! — деді Ермекке, — Мейрам Омарович сыпайылық етсін, сіз неге айтпағансыз? Складымыз бай болмаса да, осы үйге керекті бірдемелер табылады ғой.

— Сондайды кәсіп қылған емеспін, — деді де киіне берді Ермек. Жанабіл қарап қала алмады:

— Мейрам қызға сөз айтудан ұялса, Ерекең жеңгейден де ұялады. Бұл кісілерге бәрі өзі келу керек.

Күлісе, қалжыңдаса тысқа шықты бесеуі. Бағана әртұстан ту көтере қозғалған топтар трест алдына келіп түйіскен. Қызыл ала үлкен жиын дуылдап, толқып тұр. Таяқ таянған шал, кемпір, әкесіне не шешесіне ерген балалар да жүр. Бәрінің ауыздарында бір сөз:

— Темір жол, поезд...

Бұлардың, ішінде бұрын тіпті қала көрмегені, тіпті өз ауылынан ұзап шықпағаны толып жатыр. Кең сахарада кенже өсіп, «от арба» «шайтан арба», «шайтан шамдарды» аңыз етсе, енді көзбен көріп, қолмен ұстайды. Зарыға күткен көп жылдардан қазіргі қалған бірер сағат ұзақ сияқты.

— Көріне ме?

— Жақындады ма?

— Неғып жатыр? — деп сабырсызданған жұртты Мейрам, Щербаковтер келе бастап кетті.

Поезд әлі төрт-бес километрде. Жер жазық. Паровоздың даусын естіп түтінін көрген соң, қозғалған көп шыдамай жамырай ұмтылды. Көбік қарлы жазық дала енді шұп-шұбар, қайнап кеткен тәрізді. Қарулы жігіттер сытылып алға шыққан. Жебелей басып жетіп те қалды.

Қыр басынан шашырай құлаған қалың топты теміржолшылар айқын көрген еді. Сол көптің қарқыны қарқын қосты бұларға. Біріне-бірі айқайлап:

— Келе жатыр! Қимылдаңдар! — деседі.

Екі паровоз шірене тартқан ұзын тізбек вагондарда жол жабдығы ғана емес, завод жабдықтары да толы. Шаңырақтай-шаңырақтай темір дөңгелектер, иір-иір темір белдік, арбиған арыс ішіне кісі сыйғандай кең трубалар көрінеді. Бәрінен де адам қимылдары тамаша. Бірнеше жігіт шпалды жүгіре тасып, төсеп барады. Бірнеше жігіт олардың соңынан рельс төсеп барады. Төрт адам екі жерде тұрып, рельстерді қолма-қол шегелеп келеді. Поезд іле жылжып келеді. Бұларға айқайласа, іске сәт тілей келіп, Қарағанды жұмысшылары қосылды. Шпал, рельс төсеушілер тіпті жеткізер емес. Кісі басы бірден әкеліп қойғанның өзінде ұзап кетті.

Кейіндеу келген бала-шаға, кемпір-шал, қыз-келіншектерге жұмыс жетпеді. Солардың арасынан тамашалаған, алуан-алуан үндер, сөздер естіледі:

— Паһ, паһ! Сабаз.

— Даусы әзіретәлінің даусы ма, немене?

— Буын қарашы, борандай!

— Айдаһарша ысқырады екен.

— Мынамен бір тайпа ел бір-ақ көшіп кетер.

Таңданушы топтың ішінде Қарағандының қарт қайлашысы Сыпан бар. Ол өткен күннің бір әңгімесін айтып тұр:

— ...Спасск — Қарағанды арасында да ағылшындар темір жол тартқан баяғыда. Қырық-ақ шақырым ғой. Үш жылда азар бітті. Оның рельсі шипуыт, жолының кеңдігі тілдей болатын. Паровозын бұл паровоз өңгеріп әкетеді. Папаң аулынан бір шана шөп алып келе жатсам, Спастан поезд да келеді екен. Өрге қарсы қақалып-шашалып, тырбың-тырбың етеді. Тіпті өндімеді жүрісі. Онда, жындылау кезіміз, артжағынан барып, темір шеп жұлғышымның бір басын вагонге, екінші басын шпалға іле қойдым. Соны жұлып кете алмай тұрып қалды.

— Тәйірі, оның қара айғыры айғыр ма, мынаның қасында.

— Құлампаз да болатын.

— Вагондері вагонеткадан аз-ақ қалқыңқы еді ғой.

Бірі бастап, бірі қостап, дуылдаған жұрттың ішінде Әлібек те жүр. Қасында Жұмабай ғана қалыпты. Ардақ пен Майпа бір келсе де бөлініп кеткен. Әлібектің қазіргі өңі ғажап. Екі ұрты ішке сұғына еніп, көзі терең арнаның ең түбінде сығыраяды. Тілі тас байланған. Осынау қалың жиыннан шашыраған шаттық ұшқыны денесіне инеше қадалып жатқан сияқты. Іштегі өшпенділік уы аузын ашса төгілердей қолы бірдемеге тисе бүлдірердей, өзін-өзі берік ұстап, мелшие қарап, кесірлікпен шыдап тұр.

Серігінің сырын алмаған Жұмабай, өзінің шалағай ойын тықпалай береді оған:

— Құданың құдіреті, осы кісінің дене бітімі де ойсаң! Ай, күш баласы бар шығар! — дейді паровоз маңдайындағы Лениннің үлкен суретін көрсетіп.

— Денесі кішірек адам деседі ғой, — деп Әлібек күңк етіп еді, Жұмабай өршелене түсті:

— Пәле! Мына дене кіші ме! Нанбаймын, тіпті! Әлібек таласқан жоқ. Жұмабайдың намыстанатын түрі бар. Кенже ой кейде кейітсе, кейде күлдіріп мәз қылмай ма? Әлібек күлудің орнына кейіді. Тыңдағысы келмей, адымдай аттап ілгері кетті.

Қос паровоз сүйреген ұзын состав Қарағандыға маңдайын тірей тоқтады. Оны қоршаған көптің ішінен:

— Қайда? Қай вагонда? — деген дауыстар естіледі. Бірінен бірі сұрап, асыға іздесіп жүр.

— Мұнда екен! — деді Ермек. Составтың ең артына тіркеулі, адам мінген төрт-бес вагон тұр. Жұрт солай үйірілді. Жұманияз, Щербаков, Мейрамдар да келді. Вагон ішіндегі адамдар шыға бастады. Алдымен шыққан орта бойлы, кеуделі, мұртын қырмай, тұжыра қырыққан, жасы отыз бестер шамасындағы жігітке:

— Коля! Овчаренко! — деп Ермек пен Сейтқалы бірден ұмтылды. Овчаренко секіріп түсті вагоннан. Үшеуі құшырлана сүйісіп жатыр.

Николай Овчаренко Қарағандының ескі шахтерлерінің бірі болатын. Қарағанды тоқтаған кезде Донбасқа кеткен, енді қайта келіпті. Ермек оны Щербаков, Жұманияз, Мейраммен таныстырып тұрып, қалжыңдайды:

— Қашып кетіп едің, қайта келдің бе?

— Қашқанмен қоясыңдар ма, бәрің қол қойып хат жазыпсың. Келмеске шыдай алмадым. Кеткенде жалғыз кетсем, келгенде екі жүз кісі ерте келдім, — деді де, Овчаренко қасындағылармен таныстыра бастады. Донбастың әр жерінен-ақ келіпті. Ашаң, шегір көз, қоңыр жігіт — Яшка Ворона, Горловкадан, комсомолец, забойщик — отбойный молотокта істейді, атаққа шығып жүрген екпіндінің бірі. Ойнақы, сарша жігіт — коммунист Осипов — Гришинодан, техник. Еңкіштеу, зор қара кісі Федор Ковалюк. Доннан, токарь. Овчаренконың өзі Красный Лучта бір шахтаның бастығы болып тұрып, сұранып келіпті. Барлығы екі жүз адам, ішінде қара жаяуы жоқ: техник, забойщик, шахта бастығы, слесарь, токарь, монтер...

— Қарағанды шахтерларының хатына Донбасс бізді жіберіп қана тынбайды. Бұл тек бастамасы. Қарағандыға Донбасс қана көмекші емес, бүкіл Советтер Одағы көмекші екенін көріп келдік, — деп Овчаренко тиеулі машина, құралдарға нұсқады. — Мынау жабдықтарды Ленинград, Москва жіберсе, жол бойындағы қала, станцияларда кездескен талай вагондардың сыртынан: «Қарағанды жүгі» деген Жазуды оқыдық.

— Әрине, көмек күн санап көбейе бермек. Қарағанды күн санап өсе бермек. Әуелі біз келдік жиырма кісімен. Одан кейін екі жүз кісі болып, мұншама жүкпен, жолмен сіздер келдіңіздер. Бұдан арғы көмектер бұдан әлдеқайда зор болатындығын көріп отырмыз, — деп Щербаков қонақтарды ерте, трибунаға қарай жүре сөйлесті:

— Үлкен жиын ғой, өзіңіз сөйлесеңіз қайтеді? — дейді Мейрам.

— Келіскеніміз қайда? Жол сіздің жерге, қонақтар сіздің елге келді. Сондықтан сіздің сөйлегеніңіз жөн.

Ақыры Мейрам сөйлейтін болды. Жиналысты Щербаков Жұманиязға аштырды.

Бұндай үлкен жиынның алдына шыққаны осы еді Мейрамның. Трибунаға көтерілгенде сұрғылт жүзі қызғылт тартты. Сөзі де бұрынғысынан қарқындырақ, қызулырақ шықты.

— Жолдастар! — деді дауысын көтере. Саспайын десе де толқын бар даусында. — Ғасырлар бойы қараңғы далаға Октябрь таңы атса, енді міне күні де шықты. Қазақ елін қақ жарып келген бұл жол — еңбекші жұрт арман еткен сол үшін большевиктер белсене күрескең социализм жолы! Кең сахараны жаңғыртқан мынау поездың зор дауысы ұлы еңбекке щақырады. Ертең ол еңбек айлық жерді алты аттайтын социалистік индустрияның тұлпарларына міңгізеді...

Мейрам темір жолдың алып Қарағандыны тез жасауға, Қарағанды қазақ елін ғана емес, бүкіл совет елін көркейтуге қандай әсері барын шолып тұрды. Әлемді алақанына сала, бәрін көре сөйледі. Ұлан-байтақ қазақ даласын жаңғырта келген алғашқы поезд даусы қандай жаңалық болса, совет ұясынан жаңа ұшқан, үлкен жиында аталы сөз айтқан жас Мейрамның даусы да осындай жаңалық еді. Жаңа дүниенің бейнесі алып поездан көрінсе, жаңа қауымның бейнесі алғыр жастан көрінді. Тойпаңы жазылып, біраздан кейін көсіле сөйледі Мейрам. Сонау шетте, Әлібектің басы салбыpaп кеткен. Сергей Петрович нұр жайнап, көзі жасаурап, кейіндеу тұрған Ардаққа келді. Қуанышы ішіне сыймай сыбырлайды:

— Жігіт емес пе, қызым! Жігіт, а? Міне совет мемлекеті өзінің келешек басшыларын да даярлап жатыр. Мынау мемлекет қайраткеріне лайық сөз! Буржуазияның бұндай жастары мамасының емшегін еміп жүр әлі...

ЕКІНШІ БӨЛІМ

I

Көп жылдар көкке қарап маңқиған қызыл труба қара түтінді лақ-лақ құса салды. Трактормен келген ланкешер қазаны орнап қалған. Қысылған бу даусы барлық үнді жұтып алып, тек өзі ғана ысқырып тұр. Тас көмірді қазанның аузына толтыра асатып сойылдай темір көсеуін көмекейіне жүгіртіп-жүгіртіп қояды Боқай. Труба түтініне қақалып, лоқсыған сайын Қарағанды қаулап өсіп барады...

«Майқұдық» бұлағы жолындағы белдің басынан аттап келіп дәл осы трубаның түбіндегі резервуарға сарқырай құйылып жатыр. Жуандығы бөшкедей темір трубалардың бір басы осында, екінші басы Нұра өзенінде. Трубаның ішімен, жер астымен өзен суы құба белді өрлей ақты. Жер кеулеген мың сан қайла белдің түбіне жеткен. Жер астының суы камерон-насостармен жер үстіне шапшыды. Шекесі жарылмаған белес, төбешіктер сирек. Динамит оқтын-оқтын гүрсілдеп тұр. Жер сілкінте аспанға лақтырған тас тозаңы, ақ қардың үстінде сары құйын боп ұйлығып, діңгекше тік тұрып қалады. Бірінші шахтаның көмірі өсіп кеткен. Тіпті айдынды көрінеді. Сонау етекте салынып жатқан электр станциясы одан да айдынды.

Темір жол Қарағандыны бір жыл өтісімен осы күйге келтірді. Шахталар көбейіп рудникте, партком үлкейіп горкомға айналды. Қала қазір қазанша қайнап жатқан сияқты. Бірақ, бәрі қол күшімен, бу күшімен болып жатыр. Электр әлі жарыққа да жарытқан жоқ. Жалғыз парогенератор жетісе алмаған соң, жанармайдың күшімен кішкене двигательдер көмектесіп тұр.

Өндіріс салаларын әлі тегіс қамти алмаса да, кең өмірге кіре бастаған жаңа техника алдымен адам қимылына, мінезіне әсер етті. «Техника бәрін шешеді» деген бұл күндердің ұраны әр адамның аузында, әр цехта жазулы. Сылбыр, көнбіс, батырак Боқай әнеукүні ғана Мейрамға «бұйырған кетпес» деп найқалып отырса, енді «кететіндей» көріп, манометр стрелкасына мазасыз қарайды. Қатты дауыл екпініндей, әмән ысылдап, зуылдап тұрған бу сырын сол стрелка біледі. Әне, төмендеп келеді. Боқай көре сала маңдайдағы көк көзілдірігін көзіне түсірді. Әдетінен тысқары шапшаң барып қазанның аузын ашты. Гүрілдеп жанған күшті от кейін шалқып, өзіне тап берсе де, лаулаған жалынмен алыса асатып жатыр көмірді. Қазан қақалып,запыран түсті, сары түтін ұйлыға ұйтқығанда, көмейлете көсей түседі. Төмендеген стрелканы, жоғарылатуға құмартқан Боқай самайдан тері сорғаласа да шаршар емес, елер емес. Стрелка алға жылжығанда ғана дем алды. Ентігіп отыр, бірақ күресіп жеңгеніне мәз боп отыр.

— Ал, шыбындаған ешкідей шипыңдаған неме!

Стрелка енді алға жылжыған бетімен он екінің цифрынан асып барады.

— Омай-ау! — деп орнынан тағы тұрды Боқай. Қозғалыс, икемі бұрынғыдан мүлде бөлек. Тезірек барып, қазанның төбесіндегі көп кранның бірін ағытты. Стрелка төмендей бастады: Боқай стрелкадан көз жазған жоқ. Ол, төмендесе бу әлсіреп, басқа бөлмедегі машиналар тоқтайды. Ол, мөлшерден артық кетсе, қазан жарылады. Техника Боқайды, Боқай техниканы жүргізіп тұр...

— Жай басар-ай, жай басар! — деген әйелінің даусы естілді. Әйелдің қасында бір еркек бар. Боқай сонымен шұрқыраса амандасты.

— Апыр-ау, Жамантік пе, мынау! Ел-жұрт аман ба? Қайдан жүрсің?

— Елден, — деді Жамантік. — Жұрт жиылған жерге келіп қалып едік. Сені үш күн іздеп азар тауып отырмын.

— Иә, біреуді-біреу біліп болмайды мұнда, көпшілік.

— Қайырлы болсын, жақсы орналасқан екенсің. Бүкіл зауытты бір өзің жүргізіп тұрсың ғой.

— Шүкір, жаман емеспін. Өндіріс жұмысының бір қасиеті — уақыттың қалай өткенін білмей қалады кісі. Малда жүргенде күн батпайтын, таң атпайтын.

— Сол күн дәл менің басымда тұр қазір, — деп Жамантік ауыр халін баяндай бастады. Өңі сынық, иығы түскен, торыққан түрі бар — ... Қонақтап алты күнде азар жеттім Қарағандыға. Тілеуіңді бергір, біздің жақтың бір адамы кездесіп, үш күннен бері сонда жатырмыз. Түйем қораға сыймай далада, қар үстінде. Әйтеуір қатын-бала үйде. Қартешкесіз нан бермейді. Сүйген жұмысымды тағы бермейді. Қалта қағылған. Қатты қысылып келіп тұрмын.

— Не жұмыс сұрап едің?

— Өзімнің кашагарлігімді сұрадым.

— Ия, Ия, салпы ауыз Андрейдің от диірменінде от жағып тұрдың-ау біраз.

— Бақандай үш жыл істедім ғой.

— Неге алмайды?

— Кашегарлігіңе документ әкел, — дейді. Оны кім ескеріпті. Айдалып кеткен салпы ауыз Андрейді енді қайдан табам? Сонымен шахтыға барасың деп тұр. Бармаймын, мехцехқа жібер деп, мен тұрмын. Не айтасың бұған, не көмегің бар, екпінді көрінесің?

Боқай жауап қайырмай, төмен қарап отырып қалды. Әйелі шыдамады. Қайқы ерін қара келіншек сүйреңдеп сөйлей жөнелді:

— Аспанды алақандай, жерді тебінгідей қылатын ештеме жоқ. Немене, жүндерің жығыла қалғаны. Мейрамға бар, алдыр жұмысқа! Қарағандыға жұрттың бәрі сыйып жатыр.

— Буынсыз жерге пышақ қоямыз ба сонда! — деді Боқай, әлі де төмен қарап отыр. — Документсіз қалай алғызады?

— Документі болса өзі де түседі. Бай емес, ұры-қары емес. Білеміз де. Екпіндісің ғой. Екпінді айтса бәрі сенеді.

— Сол баланың жұмысы көп, басын қатырмасам деп едім.

— Щербаков жоқ қазір. Ол екеуінен басқаны Ырымбек тыңдамайды.

— Бетім-ау, Мейрамнан да ұяламысың! Ұялмаңыз, ойыңызды айтып тұрыңыз дегені қайда?

— Жарайды, айтып көрейін, — деп Боқай жаңа ғана басын көтерді. Бөгде сөзге кіріспейтін әдетін бұзу қиын соққан сияқты. Қиналғаны сөзінен байқалады. — Жамантік, мен саған кепіл болам енді. Рас, артың таза, бірақ, бұл жерде еңбек бағаланады. Әйтеуір ұятқа қалдыра көрме! Адал істе. Аянба. «Әнеугі кісіңіз мәнсіз болды» десе, мені тірідей өлтіргенің. Екпінді екі айтпайды.

Жамантік алғысын да, сертін де айтып жатыр:

— ...Біреу құрлы істермін. Тек орналастыршы. Жақсылығыңды ұмытпаспын.

Дауыстап сөйлей Жанабіл келеді. Үсті-басы май. Қолын көндірдің ұлпасымен сүрте, көрші бөлмеден шықты. Ол бөлме бұрынғы «Герберт» қорасы. Қазір екіге бөлінген. Бірінде парогенератор, бірінде нефть двигателі және бірен-саран станоктар бар. Жанабілге слесарь Иван екі жұманың ішінде двигательді үйретіп, машинист етіп шығарды да, Лапшин Боқайды екі айдың ішінде кочегар етіп шығарды. Екеуі де екпінді, қолы босады-ақ кездесіп тұрады.

— Боқа! — деді Жанабіл. — Машина дегенің білгенше ғана екен. Менің енді ішім пыса бастады.

Боқай басын шайқап, біраз отырып барып қайырды жауапты:

— Ұстаған соң мықтап ұстау керек. Көрсеқызардан береке шықпайды.

— Сонда сол кішкене машинені айналдыра бергенде не шығады?

— Е, шүу, дегеннен слесарь болмақпысың? Тым аспа, шырақ. Үйретті, машина берді қолыңа, тастай жөнелу ұят емес пе?

— Боқа, сары атанша күйіс бұзбай, балпан, аяңмен жетпексіз бе? — деп күлді Жанабіл. Езуі кең ашылғанда ұсақ, әдемі қой тістері айқын көрінді. — Болмайды, Боқа, Бәйтен он сегіз жыл істеп, бір мамандық ала алмай шыққан. Козлов жиырма бес жылда механик, Лапшин он бес жылда слесарь болса, олар да онша ұзамаған. Бесжылдық қарқыны бөлек екені өзімізден, осы Қарағандыдан-ақ көрініп тұр. Мен бір айдың ішінде Майпаны үйретіп, орныма қалдырам да, токарьлыққа шығам. Тамаша жұмыс! Темірден түйме түйеді...

— Ақысы қанша екен?

— Шәкірттердікі аз, жүздің маңында. Бірақ, екі-үш айда токарь болам ғой. Сдельний істейді. Істей білсең, инженерден көп табасың.

— Бұл айтқандарың орындалса жаны бар сөз екен, — деді Боқай. — Мен өзім сдельнайсыз да жер астындағылармен нанды, тамақ, бұйымды бірдей алам. Шүкір, айлық ақым жетеді. Қанағат керек.

Әңгіме үстінде Боқайдың көзі қабырғадағы стрелкада еді. Сағат бес бопты. Сөзін пышақпен кескендей тыйып, котелдің үстіне жүгіре шықты. Бара кранның бірін ағытты. Бу аңырап қоя берді. Бұрынғы рельс қоңырау, локомобильдің жіңішке даусы емес, бүкіл Қарағандыға жеткен зор дауыс. Дәл қасынан естігенде құлақ бітеледі, жер солқылдайды. Жамантік құлағын басып бұға қалды. Қасындағы әйел сылқ-сылқ күліп отыр. Ұзын Дмитрий келіп, қоса күлді әйелмен.

— Метрей! — деді Боқай, жоғарыдан түсіп келе жатып. — Бәрі қаз-қалпында.

— Насос ше?

— Лапшин өзі келіп оңдап кетті. Лыпып тұр.

Кочегарканы Дмитрийге тапсырып, Боқай жұмыс киімімен горкомға беттеді. Қасында Жамантік, әйелі үйге қайтты. Қыс ішінде салынған екі қабат стандарт үйдің үстіңгі қабатында горком, астына трест орналасқан. Алдынан ат кетпейді, көпшілік. Қала тағдыры осы үйде шешіліп жатқаны сыртынан да байқалады. Біреулер жайраңдап кіріп, жабыңқы шықса, біреулер жабыңқы кіріп, жайраңдап шығып жатыр. Бұрын көбінесе тымақ киген ауыл адамдары жаңа жұмысшылар көрінсе, енді құлақшынды ескі жұмысшылар да, галстук байлаған, бұйра жағалы оқығандар, қызметшілер де көбейген. Боқайдың ішінде сәл қызғаныш пайда болды. Өзімсінген Мейрамды жат адамдар билеп бара жатқан сияқты. Әуелде төрт-бес үй Қарағандыны осы халге келтірген Боқайларды танымайды, елемейді бірі. Дайынға келіп, аспанға қарайды, түге. Үйден асыға шыққан біреуі қағып та кетті. Екпінді Боқай бұларға өзін танытқалы әлденеше оқталса да, шыдамдылығы, ұяты жібермеді. Сұрастыра келіп Мейрамның есігін ашқанда, Мейрам да, Қарағанды да құшағына сыймай кеткенін бір-ақ білді. Алдыңғы бөлмеде кезек күтіп бірталай адам отыр. Ішінде ақ жағалы, жуан портфельді, қасқа бастар да, жұмысшылар да, бірен-саран әйел, бала да бар. Төргі бөлменің, есігі жабық. Қоңырау сылдырағанда ғана бір көркем орыс әйелі кіріп-шығып жүр. Таза, тәртіпті үй Боқайға өзгеше әсер етті. Келгені, көргені осы. Мейрам далада кездескенде ғана кішіпейіл, жадағай екен, бұнда маңына кісі бара алатын емес қой, деп қалды. Отырғандардың ешқайсысын таныған жоқ, өз қаласынан өзі жатырқап тұр. Кезек күтуге көп уақыт керек. Кезексіз өнер түрі жоқ. «Әттеген-ай, қатынды-ақ жібермеген екем» деп тұрғанда, жаңағы әйел кабинеттен шықты.

— Қарағым, Боқай келіп тұр, деші Мейрамға.

— Шыдай тұрыңыз, бастауыш партия ұйымдарының гекретарларымен кеңесіп отыр.

— Ұзаққа созылар ма екен?

— Ол арасын айта алмаймын, — деді де әйел столынан бір қағазды ала сала қайта енді. Кезек күтіп отырғандар тарай бастады. Боқай қайтқан жоқ. Есік жымдаспай жабылып еді, сығалай қойды. Кең бөлмеде көп адам көрінеді. Көпке қарап төр алдында Мейрам жеке отыр. Ермек сөйлеп тұр:

— ...Біздің хатымызды бүкіл Донбасс болып талқылап, ең жақсы мастерлерін жіберді. Келген «екі жүздің ішінде бірінші шахтадағы Ворона нормасын ылғи жүз елу-екі жүз процент орындап жүр. Мехцехтағы коммунист — токарь Ковалюк норма орындау үстінде ұқыптылықтың, шеберліктің тамаша үлгілерін көрсетіп жүр. Овчаренко басқарған шахта мен басқа шахталардың арасында бір қыдыру айырма бар. Біздің бастауыш партия ұйымы донбасшылардың осы озық тәжірибелерін көптің көкейіне құюды мақсат етті. Қазір Әкім сияқты жас шахтер, Ворона сияқты озық шахтермен социалистік жарысқа түсе бастады.

Боқай сығалай-сығалай басының жарымысы ішке енгенін байқамады. Есік арасынан көзі тесіп, сақалы тәутиіп тұр еді, Лапшин сөйлегенде ыңғайсызданып тартып алды басын.

— ...Механикалық мастерскойдың партия ұйымы алғашқы күндерден-ақ үйрету-үйрену мәселесін өндірістік жоспарымен қатар қойған. Соның нәтижесінде Жанабіл, Балжан сияқты жастар түгіл, жасамыс адамдардың өзі механизмді шапшаң үйреніп келеді. Мысалға Боқайды алайық...

Боқай есікті жауып, кейін шегініп кетті. Жамантіктің қасына келгенде күлімдеп, қызараңдап тұр еді.

— Не сөйлесіп жатыр? — деді Жамантік.

— Жұмыс жайы, жұмысшылар жайы, — деп, Боқай аржағын айтқысы келмесе де ішіндегі қуанышын жасырып тұра алмады. — Мені кочегар дейді, екпінді дейді, әр жиында ауызға алып жүреді. Мені соған жеткізген донбасшылар:

— Маған да солардың бірінің етегінен ұстат.

— Олар ешкімді жатырқамайды. Сергей Петрович дегендер әкеңдей қамқор. Козлов, Костя дегендермен туысқандай болып кеттік. Бұлар патшаға, Колчакқа қарсы соғысқан, Ленинді көрген адамдар екен. Біз ұйықтап жатқанда, біз үшін қырқысып жүріпті.

— Осы заводты жүргізген солар емес пе?

— Әрине, донбасшылар. Басында Щербаков жиырма кісімен-ақ келген. Біртіндеп мамандарды тарта берді. Жуырда екі жүз мастер бір-ақ келді Донбастан. Соның бірі Ковалюк мехцехта істейді. Адамның шебері! Темірден түйме түйеді, Жанабіл содан көріп токарь болғалы жүр...

Кабинеттің есігі ашылды. Мәжіліс бітіп, тараған көп қауырт шыға бастады. Көзі шалып қалып, Лапшин Боқайға бұрылды:

— Бұнда не қып тұрсың?

— Мейрамға жолыққалы келдім. Мынау жолдасым жұмысқа түсе алмай жүр екен...

— Ырымбекке бару керек қой.

— Ол алмапты.

— Неге алмайды? Щербаковқа айту керек.

— Ж-оқ, Костя! — деп даусын соза айтты Боқай. — Орыстар Бондаренкосын өзі түзеткенде, қазақтар Ырымбегін өзі неге түзетпейді.

Лапшин кенеттен ойланып қалды.

— Ақылды боп барасың, — деді де, Боқайды шоқша сақалынан бір сипап шығып кетті.

Жұрт тараған соң, Боқай Жамантікті ала кірді кабинетке. Үстіндегі жұмыс киімінен именіп, отырмастан айта бастап еді, Мейрам екеуін де отырғызып қойып тыңдады.

— Мейрам шырағым, мынау менімен ауылдас жігіт. Кедей. Нашар атаның баласы. Арғы атасы Қалтайдың шешелерінің, шаңырақ түйесіне мініп келіпті. Құл. Өзінің бір кезде дөңгелек ауқаты болған. Колчак тұсында Қалтай шауып алып, содан кедей боп кетті. Тіпті нақақтан шапты бишараны...

— Оның бәрін баяндап қайтесіз, — деп күлді Мейрам.

— Ендеше мына қағазды оқып көр өзің.

Мейрам Жамантіктің документін оқып, күліп жіберді. Сия қарындашпен жазылған, ауыл советтің куәлігі екен. «Бұл куәлікті ұсынушы Жамантік Сексенбай ұлы, сүр кедей, арғы атасы шаңыраққа мініп келген. Нағыз совет адамы»... Депті. Мөрі, штампы танылмайды, шығыс номері қойылмаған. Бірақ, осы шалағай документтен Мейрам момын Жамантікті ғана емес, шапқылап жүрген кейбір шалағай ауыл совет председателін де көріп отырды.

— Не жұмыс келеді қолынан?

— Жамантік бір кезде салпы ауыз Андрейде кашеғар болып істеген. Мехцехты сұраса, «шахтаға бар, бармасаң жұмыс жоқ» деп айтады, дейді Ырымбек. Бұл қалай?..

— Жарайды, — деді Мейрам. Боқай тағы созып барады, тез бітіргісі келді. — Үйретуге де кепіл болыңыз. Қазандар, шахтылар күн санап көбейіп келеді, кочегар етіп шығарыңыз. Бұл, екпінділердің қоғамдық міндеті.

— Мен барымды Жамантіктен аямаймын.

— Дұрыс. Ертең Козловқа Жамантікті ертіп барыңыз. Мен бүгін кадр бөліміне айтып қоярмын. Жеңгейдің, кішкентайыңыздың күйі қалай? Кіріп шығуға қол тимей жатыр.

— Жақсы, айналайын, жақсы, дендері сау, тамақтары тоқ. Мен үйде жатсам да жұмысыңның көбін біліп жатам ғой.

Жылы сөздер Боқайдың төбесін көкке жеткізді. Жайраңдап шықты кабинеттен. Бірақ, оның келісі Мейрамға ой салды. Ойлана отырып, Ырымбекті шақырды телефонмен.

Керген төстіктей, орта бойлы, толықша, қара сұр жігіт енді. Тілді, жайдары жігіт. Ойнақшыған қара көзінде талай сыр жатыр. Трестің кадр бөлімінің бастығы, «жұмысшы» деген жалған документпен талай жауапты қызметте болған, төмендей-төмендей ақыры шахтыға жеткен Ырымбек осы.

— Буыршын жастар шақырса, жүрегім зуылдайды. Ал, әміріңді бере бер бала, — деп лыпып тұр.

— Ыреке! — деді Мейрам, төмен қарап отырып, — Жамантік деген аздап кочегар екен, мехцехқа сұранып жүр. Сіз оған шахтаға бармасаң жұмыс жоқ, депсіз. Бұл қалай?

— Шахталарға адам жетіспей жатыр ғой.

— Қай өндіріске, қай мекемеге жетісіп жатыр? Әр адамды өзінің бейіміне, тілегіне қарай пайдалану керек емес пе? Кеше біреу келді, менің шахтаға түскім келеді, жібермейді деп. Одан арғы күн біреу келді — документімді жаратпайды, жұмыс бермейді деп. Мен сізді түсінбей қойдым.

— Түсінбейтін несі бар, қазекең баласы қашаннан шағымға үйір ғой.

— Әзің жұртты шақпасаң, жұрт та сені шақпайды.

Ырымбектің танауы қусырылып, сұрлана қалды. Қанша жайдары болса да, білдірмейін десе де кейіннен жеткен жастың өктем сөзі, ескен көңілге найзадай тиді. Сол найзаны қағып жіберіп, қарсы сөйлеуге дәрмен жоқ. Артта тақау келе жатқан көп найзаның ұшы көрінеді. Енді ашық қарсылықтан жасырын айла ұтымды. Ырымбек лезде өзгеріп, наз айта бастады:

— Шырағым, жақсы, жаман болсақ та, біраз жыл партия қызметінде болдық. Тәжірибеміз, сіңірген еңбегіміз бар. Рас, қатеміз де бар. Сол қатені мықтап ұстап, «білмейсің» не «сенбеймін» дегің келеді. Онда партия билетін несіне алып жүрмін? Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, қызмет істеу өте ауыр.

— Өткеннің жақсысы, жаманы бүгінгі өлшеуішпен өлшенеді, — деді Мейрам, қабағын сәл шытып қойып, — Мен бүгінгі ісіңіз жайыңда ғана айттың. Сіз кешегіні несіне қопарасыз. Одан да іспен жауап беру керек. Бұрын өндіріс көрмеген қазақ қалаға келіп адасса, жек сілтеу біздің міндетіміз. Сіз адасқанға күле қарағандай, не бейтарап тұрғандай көріндіңіз. Мүмкін, менікі қате болар, тек қате болсын. Бірақ «адам», «еңбек» деген ат аспанға шығып тұрғанда, Жамантік сияқтыларды қаңғыртып қойсақ партия оған шыдамайды. Сол Жамантікті ертеңнен бастап Козловтың қарауына жіберіңіз.

Мейрамның өңінен өзгеше бір қаталдық байқалды. Жайшылықтағы жылы жүз, кішіпейілділік жоқ. Бұдан әрі сөйлесе қатты кететін түрі бар. Ырымбек түйсініп қалды; Сұрғылт беті күрең тартса да сездірмегенсиді.

— Жарайды. Өзіміз де талай шындаған едік. Шындадың, бала! — деп өтірік күлкімен үйден шықты. Жүрісі шапшаң болатын. Басқыштан жүгіре түсіп, астыңғы қабатта, бір бөлмеде оңаша отырған Бейсек Керімовқа келді.

Бейсек екі қолын артына ұстап, ойланып жүрген. Жасы қырықтар шамасында, өңі жұқалаң, ерні қалыңдау, үстіңгі ерніне бір елідей ғана мұрт қойған, орта бойлы, қара торы жігіт. Аузы ауыр, мінезі салмақты. Ырымбектен ойы да тереңдеу екені байсалды қара көзінен байқалып тұр. Бұл кісі Қазақстанда халық комиссарларының бірі еді. Социализм жорығындағы, әсіресе жер мәселесіндегі кейбір қылықтары үшін төмендеп келіп отыр. Қазір трест бастығының бірінші орынбасары. Ырымбек екеуі көптен істес, пікірлес достар. Досын келген бетінде қабағынан танып: — жай ма? — деді баяу ғана. Көз тоқтата қарап етті. Осы қарасы, баяу үні Ырымбекке терең де, жылы да сезілді. Қапа көңілін ақтара сөйледі:

— ...Сірә қуғыннан көз ашпаспыз. Горкомдағы бала бізге бұл күнді де көпсінетін түрі бар. Шақырып алып, саяси шоқпарын үйірді. Жұмысшы жетпесе, жұмысқа біреу орналаса қоймаса, мені айыптайды, Қарағандыға ай сайын жүздеген адам керек. Оларды қолма-қол орналастыру керек. Мүлт кетсең аяр емес. Бұл қалай болады?

— Иә, — деді Бейсек. Соза айтқан «иә»-сынан Ырымбектің дегенін ғана емес, аржағын да түсініп, көріп тұрғаны байқалады. Көзін кішірейте, терезеге қадала қарап, біраз отырған соң сөзін өрбітті. Жәй айтып, әріден бастады:

— Бұл қазақтың бар байлығы жер мен мал еді. Қырда колхоз, совхоз, ойда қала мен завод жұтып жатыр бәрін. Ұлттық нысана дегеннен ең ақыры бастағы тымақ та қалмай барады. Осы күннің салқынын ерте-ақ сезгеміз. Бойда барды болдырмауға салғамыз. Алаауыз қазақ ақыры ұстап берді өзімізді. Енді сол қазақ, дегеніне тез жетсін.

Асыра сілте. Шаш ал десе, бас ал. Қама, құмар болған тақырына. Қаңтарып бақ. Өліп бара жатса аузына су тамызба, сазайың де-де өте шық. Көзіне кек шыбын үймелегенде білер біздің қадірмізді...

«Қазағым», «елім» деп даусы қарлыққанша айқайлайтын Бейсектің іші сол елдей кең, жүрегі сол елдей таза сияқты көрінетін. Мына сөзінен апшысы құрылып, қаны қарайғаны көрінді. Көңіл тарылғанда, дүниенің кеңдігінен не пайда! Екі дос тарылғанмен қазақ даласы қалпында болатын. Жері жан басына екі шаршы километрден, малы жан басына бес-алты қарадан айналушы еді. Бірақ, бұл байлық байлардың қолына көшкен. Социалистік жорықта байлар ғана тақырланды. Өмір бойы мәдениетке, теңдікке, машиналы еңбекке аңсаған қара бұқара дес өзіне тиген соң, қала мен колхозды бірден жасап жатыр. Осы ұлы өзгерістердің, тұсында «Қазақшылдар» кулакшыл болып шыға келді. Өзінше, Ырымбектен естияр Бейсек есінен танғанын әлі сезбесе, бойындағы ыза, кулак ызасы екенін де сезген жоқ. Ырымбек зады кулак үшін де қиналған емес. «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы. Советтің алғашқы кездерінде кулактың жуан санынан қарбыта-қарбыта асап та жіберген. Кейінгі жылдарда қомағай құлқыны көзге түсіп, шені төмендеді. Шен құмарлық — қастандыққа, төмендеушілер үйіріне әкеп қосты.

— Бар айла асыра сілтеу ме? — деді Бейсекке.

— Асыра сілтеу! — деп анықтай түсті Бейсек. Кем сілтеуден көрешекті көрдік. Енді «тек алға» деген ұранды бетке ұстай арандатып қал. Мың жұмысшы сұраса, екі мың жұмысшы, мың тонна көмір сұраса, екі мың тонна береміз де. Шамадан артық жүктеп, бел сындыру бір тәсіл. Шама келгенді болдырмау, сабатаж, бүлдіру, тіпті жеке террорға дейін бару екінші тәсіл болу керек. Бірінші бесжылдыққа бүкіл әлем назарын аударып отыр. Бұл жоспар халық шаруашылығын негізінен өзгертеді, не негізінен құртады. Менің байқауымша, қазір барлық қарсы күштер оянған шақ. Ада-күде жеңетін де, жеңілетін де осы шақ.

— Сол қарсы күштерді ұйымдастырушы, басқарушы кім? — деген Ырымбектің сұрағына жуырда жауап қайтпады. Бейсек ойланып қалды. Өңінде үлкен қиналыс бар. Қалыңдау еріндері салбырап, маңдай әжімі тереңдей түскен. Күрсініп қойып, там-тұмдап айтқаны тереңге тыққан сырдың ұшығы ғана сияқты.

— Ашық жиында ғана емес, оңаша бөлмеде де байқап сөйлеу керек. Бақылау күшті. Ел дегенің жау. Топ жинайтын, елге таласатын дәуір өткен. Сол сияқты қарсы күштің көлемін айтатын кез де өткен. Сен мені біл. Сені біреу ғана білсін. Мен көп болғанда екеуді не үшеуді білермін. Мыңның жасағанын бірге бүлдірт, сол, бірге бірді ғана білдіру ендігі әрекеттің ең шебер түрі.

— Түсінікті, — деді ЬІрымбек, әрқайсымыз бірер сенімді адам табу керек болды ғой. Мен соны тапқан сияқтымын.

— Ол кім?

— Патшадан талай рет шен алған атақты Әлібек.

— Япыр-ау, ол осында ма еді?

— Шахтада істейді. Сұлу қызы бар екен, Мейрам алғалы жүр деседі.

Бейсек ойланып қалды. Шылымын алып, жүймелете сорғаннан кейін айтты пікірін:

— Менімше бұл адамның совет үкіметіне іші жылуға мүмкін емес. Тамырын ұстап көр, қызын Мейрамнан айыруға тырыс. Оған айла толып жатыр.

— Енді бір дәмелі адам Орловтың өзі емес пе?

— Қоя тұр, — деп басын шайқады Бейсек. — Мұндайлардың көбі ұстап береді. Бермеген күнде тауы шағылған, тайғаққа баспайды.

Ырымбектің өңі бұзылып сала берді. Таңдайын тық-тық қағып, басын шайқап отыр.

— Неге өкіндің?

— Әлібек Орловқа бар сырын ашып қойып еді. Көнбей кетсе, Орлов бізге ете қауіпті адам.

Телефон қоңырауы әңгімені бөліп жіберді. Бейсек трубканы алып:

— Қазір, — деді де орнынан тұрды, — екеумізді Щербаков шақырды.

— Мұның, етек-жеңі кең мұжық. Шошытып алмау керек.

— Мейраммен тым жақын, бірақ.

Екеуі осы сөзбен үйден шықты.

II

Сергей Петрович столына шынтақтай отырып, оң қабырғаға қадала қалыпты. Столға шеңкерілген кең кеудесі, басын тіреген жуан, жүнді білегі отырса да, денесінің зорлығын білдіріп тұр. Қабырғада екі карта ілулі. Бірі Қарағанды қаласының үстін, бірі астын көрсетеді. Олардан жоғары, көмір өндіру жоспары ілінген, ирек-ирек қызыл сызығы төменнен басталып, сонау жоғарыға жеткен.

Қандай ерлеуі Қандай қиындықтар тұр! — деп Сергей Петрович демін ішіне ұзақ тарта, столдан кеудесін көтерді. Осы демімен, сүйсінген өрлеуін, қауіпті қиындығын қоса жұтқан тәрізді. Трубкасын ойлана сорып отырғанда, Жаппар мен Ырымбек енді. Екеуіне кірген бетінде қабырғадағы карталарды нұсқады.

— Танысыңдар, жігіттер.

Олар танысып болғанша кең шалбарының терең қалтасына қолдарын сұғып, ойын бұзбастан ерсілі-қарсылы жүрді біраз.

— Қарағанды қазір бас құрау, баспана, су, темір жол мұқтаждығынан өтіп, жоспарлы түрде елімізге көмір беруге кірісті. Тамаша қиындықтарды тез жеңдік. Бірақ, үлкен Қарағанды әлі жоқ, оны жасау жолында қиындықтар әлі кеп. Ағылшын, орыс байларының ондаған жылда алған көмірін біз бір жылда алуымыз керек. Осыған қарап алдағы істің аумағын шамалай беріңіздер.

— Бұл жоспар қанша үлкен болса да жетпей жатыр-ау, — деді Бейсек, — Ескі Донбасты былай қойғанда, жаңа Кузбастан неге кем түсеміз?

Сергей Петрович басын ақырын шайқап қойып, жымия күлді. Сәл үндемей қалды. Өңінде ұнатпау белгісі көрінбейді. Кең көңілдің толғанғаны байқалады. Бейсек тәжірибелі, ойлы жігіт деп құрметтейтін. Оның әр сөзін салмақтап алып, жауап қайыратын әдеті еді.

— Бейсек Керимович, дұрыс айтасыз, — деді содан кейін, — жоспар қанша үлкен болса да жетпей жатыр. Өйткені тілек үлкен. Он бес-жиырма жылдан кейін де «жетпейді» дегенді айтамыз. Өскелең тілек әрдайым жоғары тұрады. Мүмкіндіктермен есептесу керек. Кузбасс қанша жас болғанмен Қарағандыға аға, екінші кочегарка. Және ол көмірдің ғана кені емес, шығыстағы қара металлургия алыбы, Оралмен қат-қабат байланысқан индустрия комбинаты.

Ырымбек киіп кетті төтеден. Ұтылай сөйлеп. екеуі Щербаковті бұрмалауға әрдайым тырысатын осылай.

— Қарағанды да көмірдің ғана кені емес. Қазақстанның индустрия ошағы. Балқаш, Жезқазған бүкілодақтық түсті металлургия алыбы.

— Білем, әбден білем! Бірақ жоспар бекіген. Бәрі есептелген. Бос таласты қоялық. Мен сіздерді басқа мәселе жайында шақырдым.

Әңгіме үзіліп қалды. Сергей Петрович шұғыл өзгерді. Бейсек пен Ырымбек тосын хабарды асыға күтіп отырса да, жәй бастады сөзін:

— Кеңес, сол бекіген жоспарды орындау жайында. Мен жаңа горкомда болдым. Мейрам Омарович салақтығымызды бетке басты. Кадрды жинау, дұрыс орналастыру бар да, орналасқандарын баулу, мамандандыру бар. Бұл жөнде де бізде сара жоспар болу керек. Қазіргіміз тек жоспарсымақ. Ырымбек Қадырбаевич, бүгіннен бастап осы жоспарды жасауға кірісіңіз.

— Бес күнде дайын болады, — деді Ырымбек.

— Оқу комбинаты, фабрик-завод мектептері және маман жұмысшыларға тіркеу арқылы баулып келсек, Мейрам Омарович кадр баулудың тағы бір түрін ұсынады. Донбасс, Кузбасс сияқты ірі өндірістерге жұмысшы бриғадаларын жіберіп, тәжірибе, өнеге алысу әдетке айналсын, дейді. Маған бұл ұсынысы қатты ұнады. Бұл да жоспардың бір тармағы болып енуге тиісті.

— Кұп! — Деп Ырымбек блокнотына жазып қойды. Щербаковтың аузынан шыққанда қағып алып жалақтап тұр. Сірә, әр адам өз ролінде артист болса керек. Жаңа ғана оңаша бөлмеде бір қилы, енді бір қилы. Іштегі өлексенің исін, хош иісті сөздермен себелеп сездірмей тұр.

— Осылардың үстіне, әр шахтаның, цехтың жанынан кешкі курстар ашылса, мамандық алудың өзін жаппай міндетті оқуға айналдырса қайтеді? Жұмыс сағаты аз, жұмысшылардың бос уақыты көп, жұмысқа да, оқуға да үлгереді. Мемлекет ақша аямайды.

— Тым асыра сілтемелік, — деді Сергей Петрович. — Жұмысшылардың бос уақыты көбі де, мемлекеттің олардан ақша аямайтыны да рас. Бірақ, міндеттеу, күштеу арқылы барлық істі бірден істеу, көп санасын өктеу қолдан келмейді. Сабыр, есеп керек, өмір әуеніне үйлесе білу керек.

«Мынау жуан сіңір болар емес қой» дегендей Бейсек пен Ырымбек біріне-бірі қарады. Егер сол жуан сіңір төрт-бес жыл бұрын кездессе, іштен тұнбай ашықтан-ашық кескілескен болар еді. Мезгіл өткен, жағдай өзгерген. Лапылдауға дәрмен аз. Астынан қызған қордадай бықсыған көңілдер булығып жатыр. Щербаков оны байқаған жоқ. Кадр жайындағы кеңесті бітіріп, екінші мәселеге көшті:

— Бейсек Керимович! Сізге өте бір жауапты, өте қиын іс тапсырғалы отырмын. Менің уақытымның көбі көмірге кетіп жатыр. Сіз сол көміршілердің азық-түлік жағын өз қолыңызға алсаңыз қайтеді?

— Алайын.

— Алсаңыз, мейлінше есепсандық ұқыптылық керек болып отыр. Азық-түлік байлығын колхоздарымыз әлі жасай алған жоқ. Олар да біз сияқты жаңа қоныс. Бір карточка орынсыз берілмеуіне қандай күрессек, әр карточка тиісті нормасын уақытында алуына сондай күреселік. Енді екі-үш айда қар ериді. Жол бұзылып қатынас қиындайды. Қанша запасымыз бар? Оларға қараған жан қанша? Күн сайын қосылып жатыр адамдар. Жан санын өтірік асырып, артық азық алсақ, соттайды. Кем көрсетіп жұмысшыларды ашықтырсақ тағы соттайды. Менімше дәл қазір ең қиын мәселе осы. Сондықтан, Бейсек Керимович сізге ғана тапсырып отырмын. Партия алдында екеуміз де жауап береміз.

Бейсек жәй ғана езу тартты. Күлімсіреген жүзінде күлкіден келгірлік басым еді, қалжыңмен бүркеп, білдірмей жіберді.

— Былай да, былай да соттайды! Сергей Петрович сонда бір адамнан бір карточка қымбатырақ болғаны-ау?

— Иә, — деп басын изеді Щербаков, — өйткені соның өзі адам үшін. Әркім өз сыбағасын алуға тиісті. Егер оны бермесек, не біреудікін біреуге жұлып берсек, бізді соттамағанда, карточканы соттай ма?

Үшеуі де күліп жіберді. Алдыңғы бөлмеден секпіл бет, сарша қыз келді. Хатшы қыз. Қолындағы бір жапырақ қағазына қарап алып:

— Сізді, Махмет Торсықбаев деген жігіт бағанадан күтіп отыр, — деді Ырымбекке.

— Қазір, қазір, — деп Ырымбек дереу Щербаковқа сөз тастады. — Жұмысшыларды жабдықтау бөліміне лайық па деймін. Дұрыс жігіт таныссаңыз қайтеді?

— Ол орынға горком жолдайды ғой.

— Горкомға баруға баталмай жүр. Мейраммен араларында бозбалалық қызғаныш бар ма, қалай.

— Бұл араға бозбалалық неге қыстырылады! — деп үлкен денесін селкілдете күлді Щербаков. — Әй, жастық! Кірсін, бозбаланы көрейік.

Хатшы қыз шығып кетті. Қатып киінген, бұйра шаш, аққұба, тығызша жігіт — белгілі Махмет енді. Ол жабайы адамдардың алдында, әсіресе қыз көзінше кеудесін көтергенмен, бұндай жерде тіпті сынық, кішіпейіл болатын. Амандасуы, өзін ұстауы, тойған тоқтыдай момақан сырты Щербаковқа ұнап қалды. Енді ішін білуге сөз тастап отыр:

— Бұрын қайда істеп едің, шырақ?

— Осы Тельман ауданында, аудандық тұтыну кооперациясының бастығы болып істедім.

— Одан қалай босандық?

— Москваға, сауда қызметшілерінің, курсына кеткен едім. Қазір сол курсты бітіріп келген бетім.

— Көрші ауданның кадрын тартып алу бізге лайықсыз, ақша шығарып оқытып, күтіп отырған ауданды тастап кету сізге лайықсыз емес пе?

Махмет мүдіріп қалды. Ырымбек түсті араға.

— Облыс Қарағандыға жіберіпті. Аудандар адам бермесе, Қарағанды қалай жасалады?

— Сіз не айтасыз? — деп, Щербаков Бейсекке қарады.

— Мен бұл жігітті Ырымбек арқылы білем. Орта дәрежелі білімі, тәжірибесі бар көрінеді. Оның үстіне мамандығын көтеріп келіпті. Бұндай кадр табыла бермейді.

— Жарайды, — деді Сергей Петрович бір жымың етіп. — Горкомнан сұрап көрелік. Бозбалалықтан басқа татары болмаса, көндіреміз. Бірақ, ісіңе мықты бол, шырақ. Көмір мәселесі қандай зор болса, сол көмірді беретін жұмысшыларды жабдықтау мәселесі де сондай зор. Біз осы отырғанда жұмысшылардың қамын ойлап, бас сындырып отырмыз...

Махмет дамыл-дамыл басын изеп тыңдай берді. «Әлбеттені» тіпті жиі айтады. Егер Щербаков: «үрген қуықтай неме түртіп қалып, бырс еткізейін бе» десе де, «әлбетте» деп бас изер еді. Ырымбек осы мінезін басқадан бұрын біліп, қолына қондырған түрі бар. Демеп қояды.

— Өзіміздің қызыл маман, лаулаған жас қой, алып кетеді, — дегенде, Махмет басын изей түсті. Беймаза басын, одағай «әлбеттесін» еске мықты қалдырып, үйден шықты Махмет.

Сергей Петрович сағатына қарады.

— Отырып қалыппыз, тарайық, — деді де орынан тұрды.

III

Ардақ ешуақытта мұндай қуанған емес. Жиналыстан шығып үйіне жүгіре басып келеді. Лепірген көңіліне шапшаң басқан аяғы ілесе алмады. Мына тұрған үйі әрі алыстап бара жатқан тәрізді. Томп-томп желеді. Желкесінен шыққан қара шашы желкілдеп, екі ұрты бүлк-бүлк қозғалады. Ақша беті қып-қызыл нарттай, қарақат көзі жанған шырадай болып табалдырықтан аттағанда:

— Көке! — деді ентігіп. Көкесі баяу ғана мойнын бұрды. Екі дізесін құшақтап, қырын отырған. Қасындағы Ырымбекке де тура қарамай:

— Мен болдым, іс керек! — деді де сөзін шорт кесті. Екі сөз ұзақ әңгіменің түйіні сияқты. Ырымбек Ардаққа жүре амандасып шыға жөнелді.

Ардақ сәл аңырып қалған. Таныстығы, араласы жоқ, үлкен қызметкердің ойламаған жерде келе қалғанына түсіне алмады. Оны ежіктеп тұруға сабыры да жетпеді. Дереу қолтығындағы Лениннің үш томдығын әкесінің алдына тартты. Білегіндегі сағатын алып, томдардың үстіне қойды.

— Балаңыздың тырнақ алдысы, көке! Көп алдында мақтағанда шыдай алмай шығып кеттім!..

Сіресіп отырған Әлібек құшақтаған дізесін жазбастан Ленин томдарына көзінің қырымен қарады. Қолын сүлесоқ созып, сағатты ұстады. Сағаттың сыртындағы:

«Ардақ Мырзабек қызына социалистік мәдениет майданында көрсеткен екпінді еңбегі үшін берілді», — деп асыл бізбен жазылған әдемі жазуды оқыған соң ғана тіл қатты:

— Кім жазды?

— Слесарь Лапшин.

Сағатты орнына қойып, дізесін қайта құшақтап, түнерген қалпын бұзбастан тағы да бір сұрақ берді Әлібек:

— Әкеңді сатып алдық ба, советті алдап алдың ба?

Ардақтың денесі дір етті. Төбеден суық су құйып жібергендей болды. Беті енді сұрланып, жұқа танауы қусырылып барады. Не дерін білмеді... Жүрегі аузына тығылды. Әкесінің сыртына шықты да отыра кетті булығып. Желді күнде, көл бетінде, толқынмен бір батып, бір шығып, жағаға қарай шірік томар қалқып келе жататын.Қазір дәл осы томар тәрізді көрінді әкесі. Оның желкесіндегі қарыс сүйем пышақ дағы ойын сонау алысқа, халық ішіне әкетті. Қанды, қаралы, зарлы күндер өтіп жатты алдынан...

— Әзір сатуды да, алдауды да білмеймін. Еңбегіме алдым, — деді әлден уақытта Ардақ. — Осы сөзіңіздің салмағын шамаладыңыз ба, көке? Зілдей екен!

Бұдан әрі айта алмай жылап жіберді. Әкеге деген аяулы махаббатын әкесі өзі қара балтамен шауып отырғандай көрінді.

— Мен одан да ауырды көтеріп тұрмын. Сенше еңкілдеп жылауға көзде жас қалған жоқ, — деп Әлібек жаңа ғана бетін бұрды қызына. — Ал, салмақтап көрейік. Мен жаралымын, атысып, шабысып түстім аттан. Әкең жаяу қалғанда, шылбыр ұшын жатқа бересің. Жау салған жарадан осының батты маған!

— Жауыңыз кім?

— Қаптаған мына қаратобыр!

Осыны айтқанда Әлібек бар қанын ішіне тартып алған екен. Керосин шамның жарығында кішкене көзі ойнақшып тұр. Ардақ тайлығып төмен қарады. Үнсіз бірсыпыра уақыт өтті. Екі бөлме жер үйді тас көмір қыздырып барады. «Жау, қаратобыр» деген екі сөз әке мен баланы қыздырып барады.

— Сіз айнып қалғансыз ғой? — деді Ардақ, — бір кезде. — Совет жолын бұзушыларға, бұзықтарға ғана қарсымын дегеніңіз қайда?

— Бәрі бұзық!

— Жаңа түсіндім. — «Әке деген бір сөз барлық сөзден жылы еді, енді суып кетті. Әке болу — табиғат заңы. Әкелік борышты ақтау адамшылық заңы» депті. Адамшылық қайда, көке?

— Оқыттым, тәрбиеледім. Басыма қара тұман туған күндерде де аюша арқалап жүріп, аталық қамқорлығымды істеп келем. Адамшылық деген сол.

— Соның бәрін тек өзіңіз үшін істепсіз ғой. Өз өміріңіздің оты шайылған соң, жас өмірдің көгін қылтақтап жұлмақсыз. Өмір тек әкелер үшін бе?

— Өмірің не? Өмір ме осы? Азап!

— Мен көрген халық, мен оқыған кітап өмірді — еңбек, деп үйретті. Аз тәжірибем адамшылықты еңбектен көрсетті. Сіз «азап» дейсіз. Егер азап болса, халық бұнша құнықпас еді ол азапқа.

— Түстік өмірің болғанда, кештік малың болмаса, айдауыңа жүретін тым құрығанда бір ауылдай елің болмаса, күндегіңді күнде қылқып, еңбек қызық дегенің саяси мастық, балам! Жастық мастығынан бұл мастық қауіптірек. Жый есіңді, улап өлесің!

— Мен қазір жас та, мас та емеспін, көке. Қаршадайымнан қайғы арқалатып, тесік өкпе қылып өсірдіңіз, анамның ақ сүті тамағымнан етпей тұрып қалған күндер де болған. Сіз ұйықтап жатқанда, көз жұмбай ой теңізіне талай сүңгігем. Озбыр таптың ескі мүддесін сырлап әкеліп тартпаңыз алдыма. Сіз көксеген елден, байлықтан алдыңызда жатқан үш кітап, маған әлдеқайда құндырақ. Сізден естімеген жылы сөзді, елден естідім. Сізден көрмеген қамқорлықты, Советтен көрдім. Сонда да сізді қарайлап келген едім. Егер бетіңіз осы болса, әке мен баланың қоштасатын жері де осы.

— Саяси сауатың ашылған екен, балам. Енді ұстап беруің ғана қалды, — деп Әлібек күрсіне орнынан тұрды. Жұмыс киімдерін киінді. Күрегін алды да шығып кетті.

Белес-белес биік қар. Қар астында шыпырлаған жер үйлер. Айсыз, бұлтты қараңғы түн. Қоян жымыңдай тар соқпақпен қатты қарды шықырлата басып, Әлібек шахтаға келеді. Қатесін жаңа білді. Қас-қабағына қарап, ұршықтай үйрілген жалғыз қызы советтік болып бара жатқан соң, қаттырақ айтып, қайырып алмақ еді. Бұндай қатал мінез, саяси бет көрсетеді деген ойында жоқ. Тек Мейрамнан айрылмай ма, деп қауіптенетін. Ырымбек те осы жайды ескерткен. Ендігі қауіп тіпті тереңдей түсті. Бірақ, «ұстап бередіге» көңілі бара қоймады. ЬІрымбекпен әңгімелескеннен кейін Орловтан сескенді. Не ол көнеді айтқанға, не ұстап береді, деп ойын бекітті.

Осы оймен шахтыға жетті Әлібек. Көпір маңы қазір жарық. Әр жерден электр лампалары орнатылған. Эстакада үстінде вагонетка айдаушы жұмысшылардың тарсылы естіледі. Оған оң бүйірде, мехцех ішіндегі бу қазанының, шахта алдындағы көтергіш машинаның дауысы қосылып, ұласқан механизм үндері күндіз-түні басылмайды, әсіресе түнде күшейе түседі. Шахта аузы да өзгерген. Бұрынғы құдық сияқты тік тесік жер астына әуе беріп қана тұр. Белдің солтүстік беткейінен жасалған кең уклон, белдің астын кеулеп, ұзап барады. Суыр іні секілді көлбеу, тереңге кеткен бұл ауыздың ішімен темір жол да тереңге, жер астына бойлап барады. Адам жүретін жол жасалып жатыр, біткен жоқ. Жұмысшылар уақытша уклонмен түсіп шығады. Тәртіп жөнді нығаймаған. Жер астына тексерусіз, пропускасыз кіре береді. Әлібек те келісімен еніп кетті. Ұзын бойын иместен тік жүріп келеді. Уклон биік. Қол саласындай қылып төбені, екі қабырғаны жұмыр ағаштармен тіреп, қиып тастаған. ЬІлдилап кеткен тар темір жолдың үстінде бүлк-бүлк қозғалып, болат арқан жатыр. Арқанның бір ұшы далада — көтергіш машинада, екінші ұшы жер астында сонау алыста, қараңғыда жылтыраған шамдар арасындағы вагонеткаларда.

Арқан бір тулап, шерте қалды да, зулай жөнелді. Жер асты күнше күркіреді. Әлібек қабырғаға жабыса қалғанда, қабырғадағы ыстық бу трубасын ұстай алып, қолын тартып алды. Көмір тиеген үш-төрт вагонетка ағызып өте шықты. Бұрын қолмен бұрап, атбарабанмен шелектеп тартатын көмірді енді вагонеткалап тартып жатыр. Бұл тек будың күші. Электр станциясы біткенде не болмақ?! Әлібек қарылған алақанын сипап келе жатқанда, алақаны емес, электрді ойлап ауырып келе жатты. Ауыр күрсінген демі тым ыстық, көңілі осы уклондай қараңғы. Бойды буған ыза байқатпай, төбенің аласалау жеріне басын қатты соқты. Зеңгіген басын ұстап біраз тұрып қалды Әлібек.

Уклонның түбінде Ермек бригадасы істеп жүр. Төбеден сорғалаған тамшы іркіліп, қақ тұрған. Аяқ асты батпақ. Сазды, суды кешіп, ұзап барады бригада. Үстерінде бұрынғыдай өз киімдері емес, қазналық жұмыс киімі: қонышы қара санға жететін резинке етік, су өтпейтін бешпент, шалбары бар, бастарында жез қалпақ. Камерон жиналған суды қомағай ұрттап, алыстағы жер үстіне темір тұрбамен лақ-лақ төгіп тұр. Жұмыстың ең ауыры, бүкіл шахтаның тағдыры уклонда болғандықтан Ермек бұнда өзі тіленіп келді. Адамдарды өзі іріктеп алды. Табельді ақтарып, әркімнің еңбек табысына қарағанда Әлібек жуан ортада екен. Және Ардақтың әкесі екенін ескеріп, оның да қосты бригадаға. «Жеті жүз тонна үшін» социалистік жарыста ең алдағы, қызыл тулы Ермек бригадасын Қарағанды бұл күндерде үлгі қыла сөйлейді.

Уклон түбіндегі екі забойщиктің бірі Ермектің өзі. Ол қазір бұрынғыдай қайла сілтеп тұрған жоқ, қайладан әлдеқайда салмақты машина балғаны қабырғаға тірей итеріп тұр. Итерген сайын денесі селкілдеп, балғасының болат тұмсығы сол көмірге сүңгіп барады. Сүйсініп, қасындағы Әкімге сөйлеп қояды Ермек:

— Шіркін өнер! Бір балғаның арқасында он қайлашының беретін көмірін беріп тастадым.

— Врубмашина бұдан да жойқын деседі ғой.

— Ол қырық-отыз забойщиктің бергенін береді, дейді.

— Ворона оны да білеме екен?

— Жоқ. Ол машина Донбастың өзінде аз көрінеді.

Әкім әлі қайлада жүр, әбден төселіп алған, ендігі құмары машина. Қайта-қайта машина жайын сұрап тұрып:

— Бізді тезірек неге үйретпейді, Ворона? — дегенде, Ермек зекіп тастады:

— Немене, жалыға қалдың ба әлден! Ондаған жылдар қайла ұстаған біздің жанымыздың берігінші!

Әкім жауап қайырмай шаба берді қайласын. Бұндайда үндемей жеңетін әдеті. Аздан соң Ермек оған өңін жылытып, жымия қарап тұрып:

— Бәлем, созылған шығар тақымың, — деді де забойдан бері шықты.

Әкім қызып алған, тоқтамастан, қайласын сілтей сөйлеп тұр:

— Дегенмен, құйрық тістесе келем-ау, Ермекке.

— Қайла үстінде сөйлеме, тез шаршайсың.

— Ол сіз сияқты сырт буын бола бастағандар шығар.

— Қара, жаман неменің жастығын бұлдауын!

— Әрине. Мен шаршасам тынығуға алты сағат жетеді. Сіз шаршасаңыз алты күн жетпейді.

Ермек басын шайқап, жымия тағы бір күлді де, артжақтағы крепшілерге кетті. Уклон көмір шығаратын ғана жол емес, жер үсті мен жер астындағы барлық жүк қатынайтын жол. Сондықтан оны дұрыс апару қандай шеберлік тілесе, крептерін дұрыс қою да сондай шеберлік тілейді. Бұл жолдағы бір сағат бөгеліс, шахтаға ондаған, тіпті жүздеген сағат бөгеліс жасайды. Ермек крепшілердің қасына осы оймен келіп, әр тіреуді қадағалап қараған соң, мықтылығын қайласымен ұрып байқады. Екі тықылдатқанда-ақ ол тіреу түгіл төбенің де жәйін біле қоятын. Тықылдатып жүргенде инженер Орлов келді. Мына жақтан Әлібек те жетті.

— Сіз қайта беріңіз, — деді Ермек, — өз сменаңызға түсерсіз. Әкім кеше сырқаттаумын деген соң айтып едім, ол өзі келді.

Әлібек кете қоймады. Орлов крептерді көріп өтті. Риза болып тұр:

— Крептер жақсы қойылып барады. Крепшілер тек осы беттен жазбасын. Камерон да дұрыс істеп тұр екен.

Ермек үндеген жоқ. Крепшінің қолындағы ауыр балғасын ала сала қағып қалып, бір тіреуді ұшырып түсірді. Аралап барып тағы да бір тіреуді ұшырды. Енді балта алды қолына. Жаңадан тіреу кесіп, қашап, дереу қайта орнатты. Содан кейін балғаны крепшіге берді.

— Сен құлатып көрші.

Крепші ұрып байқап еді, тіреу мыз бақпады.

— Жап-жақсы істеп келе жатып, кейде айнисыңдар да, жақсылықты сонымен жуып жібересіңдер, — деді Ермек. — Бұл, қораның төбесі емес. Тіреудің басы дұрыс қашалса, әнтек көлбете, төбенің жатысына қарсы тіреп, тығыз айдап апарса ешуақытта таймайды, тұрып қалады. Төбені шатынатпай тұтас ұстау үшін, төбеге арқалықтар тегіс тиіп тұру керек. Шатынамаған тұтас төбе арқалыққа қөп жеңілдік береді. Көп тіреудің ішіндегі бірен-саран жаман тіреу, біртіндеп түскен тістей-ақ біртіндеп бәрін бүлдіреді. Штректің, әсіресе уклонның крептері ұзақ уақытқа есептелген. Мейлінше мықты болсын. Лавадағы, пештегі уақытша крептер жарамайды бұнда.

— Дұрыс айттыңыз, өте дұрыс айттыңыз! — деп Орлов жақындай түсті Ермекке. — Менімше, сіз учаске начальнигі болуға лайықсыз.

— Оған оқулы адам керек.

— Сіз енді оқусыз да емессіз. Бүгінгі экзаменде Жанабіл, Әкім үшеуіңізге қайран қалдым. Сауаттарыңыз әбден ашылған. Алты айда дроб есебін де білгенсіздер.

— Ол, мұғалімнің жақсылығы ғой. Құлаққа құя берген соң сондай бірдеме қалмай қайтеді.

Он жасынан бері шахта жұмысына айналысып, оқусыз қалған Ермек, оқудың дәмін татқан соң басына кітап жастанып жататын болған. Дәл қазір ішкі омырау қалтасында қалың қара книжкасы бар. Сол книжка энциклопедия сияқты, ғылымға байланысты естіген, білгенін жаза берген. Осы құмарлығы оқуда да өз қатарынан оздырды. Мақтағанда елірмейтін, жақсылықты, абыройды жолдасына итере сөйлейтін мінезі енді мұғалімдерін мақтатып тұр:

— Мейрам, Ардақ жап-жас балалар, сөйлесе кетсең қария. Атам заманғыны қаз қойып береді. Менің өмірім Қарағандыда өтсе де, қанша көмір барын білмеппін. Сіз Донбаста жатып біліп келгенсіз. Ғылымсыз адам өле-өлгенше бала екен. Алты ай оқығанда анық білгенім осы ғана!

Орлов көзілдірігін сүртіп киіп, Ермекке ойлы көзбен қарап тұрды да, Әлібекке бұрылып күңк етті:

— Алтын бас! Асықпасаңыз бір шықсақ қайтеді?

— Жарайды, — деді Әлібек. Екеуі шамдарын жөндей бастады. Шам да өзгерген. Түтіні будақтаған бұрынғы майлы бөлешке емес. Түтінсіз, фонар шам еді.

— Электр шамы жеткенде бұны да лақтырамыз, — деп күліп қойды Орлов. Дәл кетерде бұйрық берді Ермекке. — Уклонды бұдан әрі созбаймыз. Ертеңнен бастап басқа жұмысқа ауысасыздар.

— Қандай жұмысқа?

— Ағылшындар дайындап, ала алмай кеткен бір аумақ оңай көмір тұр...

— Білем, екінші лава ғой. Газы қалай екен?

— Онша күшті емес, жоямыз. «Жеті жүз тоннаны» орындау үшін бұл бізге үлкен жеңілдік. Сіздің бригада осындай күрделі, төтенше істерге салатын екпінді бригадаға айналды. Абыройлы болуыңызға тілегім де, көмегім де дайын.

Соны айтып, Әлібекті ертті де жүріп кетті Орлов. Жолшыбай плиталарға бөгеле жүрді. Пеш, лавалардың көмірі штректер арқылы тұс-тұстан осында келіп, уклонмен сыртқа шығады. Плита бірін жөнелтіп, бірін қабылдап, дамыл таппай тұр. Алыстағыны атпен тартқан, жақындағыны жаяу айдаған вагоншілер ерсілі-қарсылы сапырлысып жатыр. Ташке жойылған. Тасымал құралы — темір жол, вагонетка. Тасымал күші — ат, адам. Плита маңындағы қозғалыстар, дыбыстар тым қызу...

— Осының бәрін біраздан соң электр атқарады, — деді Орлов, — тағы шапшаң атқарады.

Әлібек үндемеді. Плита басында дауыстар естіледі:

— Парожняк керек!

— Бізді жібер, тұрып қалдық.

— Неше вагон шықты сыртқа?

— Көтер!

— Ауп!

— Байқайсыз ба? — деп Орлов Әлібекке тағы бұрылды. — Осылар әнеукүні ғана келген шикі қазақтар ғой. Енді шахтаны өздері билеп барады. Рас, олақтық әлі көп. Бірақ, жеңбей қоятын емес. Бүгінгі халықтың ынтасы — тағдыр кілті екен. Мен соған ден қойдым.

Әлібек бұған да жауап қайырмады. Сазарған түрінен көнгендігі, не қарсылығы байқалмайды. Сөйтсе де Орлов дәмелі сияқты. Айтқаным ем болды ма? — дегендей оның бетіне ауық-ауық көз тастап қояды. Плитаға жетті екеуі. Бір вагон айналыста құлап, басқаларды бөгеп тастапты. Вагоншы құлаған вагонын тұрғызып алып, жолшыларды сыбап тұр:

— ...Жегенің желкеңнен шыққыр! Дәл қазір кездессең, шығарар едім желкеңнен!

Орлов келе жолды, вагонетканы қарастырды. Содан кейін блокнотына жазып алды:

«Жол шұғыл бұрылыпты. Рельс қоспарлары жымдаспапты. Вагонетка майланбаған. Кісі жіберіп жөндеу керек».

Қоңырау шылдыр етіп, поезд шыққанын хабарлады. Жұмысшылар плита үстіне жиналып қалған екен. Орлов жүгіріп келіп, итермелеп таратты бәрін:

— Жол үстінде тұрмаңдар. Қатер, қатер!

Тағы жазды блокнотына:

«Жұмысшылар техника қатеріне әлі салақ. Поезд келе жатқанда жол үстінде тұрды. Техника қатерсіздігін міндетті түрде оқыту керек».

Орлов шахтаны аралаған сайын осындай кемшіліктерді кейінгі кезде көп жазатын болды. Бірақ, шорқақ па, әлде бетте шіркеу болған соң именеме, жұмысшылармен аз сөйлеседі. Көрген кемшіліктерін, ұсыныстарын жазып беріп, көбінесе Щербаков арқылы өткізіп отырады. Поезд қаттырақ келіп тоқтаған еді Оны да жазып алып, плиташыға бір ғана сұрақ қойды:

— Қанша жөнелттіңіз?

— Сексен үш вагон.

— Жақсы, — деді де жүріп кетті Орлов. Беті ағылшын тұсындағы ескі забойлар. Жаңағы Ермекке айтқан көмірін тағы да көре кетпек. Былай шыққан соң Әлібекке шешіле сөйледі:

— Сізді буған ызалы ойлар мені де буған. Совет дүниесі бұлтты, қараңғы түн тәрізді еді сонда. Сол бұлтты айдайтын жел, қараңғыны жарқырататын ай да көрдік. Ақырында бәрі көруге бар, ұстауға жоқ сағым болып шықты. Жаман алдандық. Үміт кесілді. Қалған өмір қара түнек деп білдім. Бұным да қате екен. Есін жиған мастай, өткеніме өкіне қарап тұрғанымда, өлген үміт қайта тіріліп, алға сүйреді. Кең, көркем өмір көрінеді алда. Бесжылдық жоспар сол өмірге апаратын бір ғана жол екенін жаңа білдім. Сіз менен артық адасқан да, қарсыласқан да жоқсыз. Осы жолға түссеңіз қаракөңіл ағарады, түспесеңіз ақкөңіл де қараяды. Бұл енді халық жолына айналды. Халық осылай дейді.

Орлов жауап күткендей сөзін бөліп, кезек берді. Әлібек ижуәлай езу тартты:

— Белсенді болып қалыпсыз, айта беріңіз.

— Бұған дейін сіз мені үгіттесеңіз, енді мен сізді үгіттеймін, — деді Орлов. — Анада шахта төбесін құлаттыңыз. Ұяты маған, зияны шахтаға қалды. Жұмыс тоқтамаған соң әйтеуір елеусіз кетті. Бірақ, бәрі солай елеусіз кете бермейді. Қайту керек бұл беттен. Бақытты балаңыз бар. Адал істеп көрінуге өзіңізде де мүмкіндік бар...

— Бақыт құсы бастан ұшқан! — деп Әлібек күңіреніп қойғанда, Орлов шамданып қалды:

— Олай десеңіз, қылмысты жасыра беруге менің де халім жоқ.

Әңгіме үзілді. Жұмысшылардың жүрісі, дыбыстары естілмейді. Көмірі алынып, жұмысы тоқтаған пеш, штректердің бірін бойлап, бірін кесіп өтіп үнсіз келеді екеуі. Жаңа шахта мен ағылшын тұсындағы шахтаның жер астынан түйіскен жері тақау. Орлов газдан сақтанып, шамына дамыл-дамыл қарайды. Әлібек сылқ-сылқ күлді бір кезде. Содан кейін жадырай сөйледі:

— Асарымызды асап, жасарымызды жасаппыз. Кәрі қойдың жасындай жас қалғанда армансыз былшылдаппыз. Кел, сен қайтсаң мен де қайттым енді.

Орлов тұра қалып аузынан сүйді Әлібектің. Қолын қысып жібермейді. Қан-сөлі тартылған қуқыл жүз қызараңдап, қуаныштан дірілдей сөйлеп тұр.

— Шынымды айтайын, ұстап беруге неше оқталсам да, осы қасиетіңізді күткен едім. Ризамын! Ризамын, Әлібек Мырзабекович. Кәрі қойдың жасындай жас қалса да, ұлы дүбірге қосылып көрейік. Маған жаңа ойлар маза бермей жүр. Дәрі қолданып, жаңағы айтқан көмір аумағын талқан етемін. Ағылшын тұсындағы ескі забойлар сонымен жабылады. Керегі жоқ. Одан алған көмір «жеті жүз тоннаны» орындау жолында кесек олжа болса, сіз бен бізге үлкен абырой да болады.

Қарт Орлов жасарып кеткен тәрізді. Жер астының болашақ машиналары: электровоз, конвейер, көмір кесетін машина, электр жарығы жайында, Қарағанды көмірінің көлемі, сапасы, оны мол алу тәсілдері жайында қыза әңгімелеп, бәрін көз алдына әкелді. Сыртқа шығармай, көптен бері ішке жиғанын ақтарып келеді. Әлібек Орловтың үлкен маман екенін жаңа ғана көргендей болды. Ағылшын забойларына жетті. Ескі шахтаны бөліп тұрған ұзын, қалың сом қабырғаны жаңа шахтаның бір пеші бүйірден тесе тоқтаған екен. Маңдайшадан құлаған кесек көмірлер жатыр.

— Құлайтынын біліп, өзі құлаған ба! — деп күлді Орлов. — Бұлай құламағаны керек еді. Жұмысшылар мұнда оралмайтын болған соң салақ қараған ғой. Осы дәу қабырғаны дәрімен құлатып ала береміз. Бұның аржағында жөнді көмір жоқ. Ағылшындар алып бітірген.

— Газды, «Герберттің» көлін қайтесіз? Қабырғаны алған соң бәрі лап қоймай ма?

— Көл әрі, ойда жатыр. Газ күшті емес. Жел жіберіп, оны да әрі айдаймыз.

Орлов жан-жағын жете байыптап болған соң, кесек көмірді астына қоя отырды. Блокнотын дізесіне жәйіп, жаза-сыза бастады... Ең шетте, жаңа, ескі забойлардың аралығында, шам жарығымен қағазға қадалған ақ бас қарт, өзін қоршаған осынау мылқау, ауыр қараңғы тыныштықты талқандау үшін бар ынтасын салып отырды. Оның басында қазір тек осы ой ғана еді. Әлібек те отырмақ болып, үлкен көмірді қос-қолдап көтеріп келді де, сол басқа ышқына періп жіберді...

Тіл тартпай кетті Орлов. Блокноты ашылған күйінде қалды. Әлібек қабырғаға сүйене сілейіп біраз тұрған соң, оның өкпесіне қол салып байқады да, құлаған төбенің тұсына дәлдей сүйреп тастады. Содан кейін:

— Тынысым әнтек кеңіді білем, — деп, өзіне-өзі күңк етті де жүріп кетті...

IV

Төбесін су тұрмастай етіп, шатырлап жапқан екі бөлме үйдің терезесі жоғарғы жапсарда. Сырттан суық, іштен жылу қысып, терезе ылғи тершіп тұрғаны. Есік төмен. Қабырғалары кілең жер, төбесін қар басқан өзі жылы үйді шойын плита, жал пештен арылмайтын тас көмір ысытып жіберген. Ардақ есікті ауық-ауық ашып қойып, көйлекшең отыр. Сыртқы қызудан ішкі қызуы басымырақ. Әкесі кеткен соң ойы ауырлай түсті. Бет ашылды. Не істеу керек? Қаракөңіл — қара тері сияқты, қанша жуса да ағарар емес. Тастап кетуге елден ұялады. Аластап кетуге дәті шыдамайды. Көне беруге тағы болмайды. Ұстарадай өткір жастық, өмір қасаңдарына өтпей жатыр. Жас ойын талай жаныды Ардақ, майрылып қала берді. Енді керосин шамның жарығында, кішкене столда, бүгін ғана сыйға алған Ленин томдарына жағын басып, бүкшие жантайды. Сүтке тойған қозыдай бүкшиіп жатса да, тұнық көзінен толқыған ойы көрініп тұр. Ақырын ғана күрсінеді. Күреңіткен ақша бетінде екі тамшы ыстық жас жарыса домалап барады. Сол жарысқан екі жас, бақыт пен бақытсыздық тәрізді...

Есік қақпастан Жанабіл жүгіре кірді. Ардақ сонда ғана басын көтерді. Алқына кірген адал жолдас аузынан тек қуаныш шашты:

— Құтты болсын, бәйгең! Оза бер де ала бер. Алушы Сен болғанда, баташы мен болайын. Жаса тойыңды! Тойыңа тон, төсіңе төс қосылсын!

— Айтқаның бола берсін. Жақсы келдің-ау, Жанабіл. Қуаныш пен қайғының үстінен бірден түстің.

— Қайғың не?! Отағасы қайда, аман ба?

— Аман. Жұмыста.

— Енді не қайғы?

— Сен сұрама, мен айтпайын. Бір ғана тілегім бар саған: бүгін мені Мейраммен оңаша кездестір.

Жанабіл аңырып қалды. Көзі бажырайып, шолақ танауы саңқиса, аузы да аңқиып тұр. Алдында қазір басқа Ардақ. Жар басында ойнаған ақ лақ жаңбыр өтіп, ұйпалақ-ұйпалақ боп бүріскен тәрізді.

— Апырау, не болды!?

— Сұрамашы Жанабіл. Баршы, бар.

Енді қайтып сұрамастан жөнеле берген Жанабілді Ардақ өзі екі рет қайтарып алды. Ештеме айтқан жоқ. Шаншу қадалғандай түйіледі. Іштегі ауыр қиналысы, әжімсіз ақ маңдайды да сызып кетті. Саусақтарының ұшымен ғана ишараттады да.

— Бар. Бара бер! — деді ақырын.

Үйден жүгіре шыққан Жанабіл жүгіре аяңдады. Мейрам бұл кезде тынығып та, шайын ішіп те болған. Енді кешкі қызметке барғалы тұрғанда Жанабіл енді. Ермектің ауыз үйінен бөліп алған кішкене бөлмеде екеуі оңаша сөйлесті.

— Сөйле, мен кетем.

— Кетпе, қазір Ардақпен кездесесің.

— Иә, асығыс, болжаусыз, бұл қай кездесу?

— Оны өзі айтар. Менің айтарым осы ғана.

— Түсінбедім, — деп Мейрам иығын қозғады. — Кездесуден бұрын ойлануға маған да біраз уақыт керек. Солай десең Ардақ түсінеді.

— Болмайды, болмайды! — деді Жанабіл. — Араларыңда не кілтипан барын мен білмеймін. Ал, Ардаққа бүгін сені қайтсем де апарам. Қыз жүрегін қорлауға қақың жоқ, жолдас.

Мейрам ойланып қалды. Аяулыңа өзің қанша әйеншек болсаң, басқалар сонша сұғанақ емес пе. Сырт көзге Мейрам, Ардақ бір-біріне сай, араларында кіршік жоқ сияқты көрінгенмен, қызғаныш отына май құюшылар да бар екен. Іштен жанып, сыртына шығармай келіпті Мейрам. Енді, сенімді жолдасына сырын сездіріп ішін босатқалы отыр:

— «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге кетеді» дейді қазақ. Кісі кейде сенбегендіктен емес, осыдан сақтанып, жасырынды жақынына да байқап айтады. Сен менің адал жолдасымсың. Айтқанымды өзімдей сақта. «Араларын ашпайын» деген ниетпен сезгеніңді жасырып қалма. Дүниеде құмарым көп. Соның ішінде ең құмарым — шындық.

— Таптама! — деді Жанабіл. Шегір көзі жайнап кетті. — Мені сол шындықтың өзі таптаған. Замандастығым, жолдастығым өз алдына. Бірің әке, бірің анадай көрінесің кейде. Сенен жасырған сыр, шиқандай жарып шықпай ма?

— Иә, мені де жарып шықты, — деп Мейрам көңіл түйткілдерін кеңіте бастады. — Сонау ойда, қараша ауылдардың ішінде Ардақ көзіме түскенде, қара бұлттың ішінен жарқ еткен ай көргендей болдым. Одан кейін Ардақтың үйінде жылмаңдаған жігіт жатты. Әкесі үйді екеуіне оңаша беріп, түндерде далаға кетті. Сол жігітті ел «күшік күйеу» деп аңыз қылса да нанбадым. Сүюден талмадым. Бірақ, махаббат жөнінде Ардақтан әлі жылы сөз естігем жоқ. Енді есітсем қуанар түрім тағы жоқ. «Күшік күйеу» күшіктігін істеп, басқа біреуге үйленіпті деседі. Алданған Ардақ аһ ұрып отырған болар. Енді ненің жөні бар? Сыртым бүтін, ішім түтін мен де отырмын булығып...

— Пәлі! — деді де сақ-сақ күлді Жанабіл. — Осыған-ақ тұншыға қалдың ба? Көп сақтаса сыр деген де ашып, не татып кетеді екен. Ардақ ол бұйра басқа пысқырған да жоқ.

— Тым аңқау, ақкөңілсің Жанабіл. Қараңғы түнде, оңаша үйде қалған қыз бен жігітті де ақтағың келеді.

— Ақтаймын. Сүттей ақ. Мен сырттан аңдығанда, Майпа іштен аңдыған. Бұйра бас жігітпен оңаша үйде қалғаны, оның аламын, жарылқаймын деуі — бәрі рас. Қу неме екен, әкесін көндіріп қойыпты. Бірақ, Ардақ екеуін де отыртып кетті. Өйткені сүйгені сен ғана.

— Солай деді ме, саған?

— Демегенімен белгілі. Сүйген жерден сөз, қышыған жерден қол кете ме. Мені саған қолқалап жіберді. «Сүйдім» дегенін естімесең, бүгін сүйгенін де көрерсің.

— Мүмкін, — деп Мейрам қалтасынан бір жапырақ қағазды суырды да ұстата берді. — Енді сауатты жігітсің ғой, оқышы.

Жанабіл ішінен оқыды. Хат сөзі мынау:

«Мейрам! Жұрт сені Ардаққа үйленеді деп жүр. Махмет тастаған әйелге сенің басыңды қимаймыз. Ойлан шырақ. «Тастағанның» үстіне кулактың қызын секретарь алды» деген тіпті масқара.

— Кулак жазған мұны! Кулак тастаған от! — деді де Жанабіл қағазды ұнтап жыртты. — Мен саған домалақ қағаз құрлы болмаймын ба? Олай болса батырак Жанабіл баттитып айтады: Махмет түгіл барлық жігіттен аман Ардақ. Біреудің ашылмаған ұятын, ұстамдылық қасиетін қорламаңдар үйтіп! Майпаны мен қандай білсем, Майпа Ардақты сондай біледі. Ал, кулактан қорықсаң өзің білесің...

Қазып бара жатқан Жанабілді Мейрам арқаға қағып азар басты. Ардақты ақтаған әр сөзді алтын сүзгендей сүзді, өкпелей, кінәлай отырып, Жанабілден әрі Ардақты жамандықтан қызғанады Мейрам:

— Тек бекер болсын бәрі. Рас болғанда да айыптауға қанша қақым бар? Қол жетпегенді жамандап, өзімді-өзім алдай алмаймын. Қатайса тастан қатты ет жүректі отқа салып балқыта алмаймын. Кайта жүрсе де бақыттан өзге тілерім жоқ, Ардаққа бұл әңгіме осымен бітсін. Осы арада қалсын. Кездестір, жарты сағатта тең ортадан тосам.

Жанабіл асыға жөнелді. Сыртқы есік алдында жатқан ақ төс, қара қаншық абалап ұзатып салды...

Ардақ бұл кезде әкесіне шай құйып беріп отырған. Аз сөйлейтін тұңғиық әкенің түрі бүгін тіпті бөлек. Салалы, сіңірлі саусақтарын ашып-жұмып, әлі күнге шетінемеген ірі тістерін ақырын ғана басып, қайрап қояды. Үн жоқ, төмен қарап, көзін бір нүктеден алмай отыр. Обамен ауырған адамша көзі, ұрты бұрынғыдан әрі сұғына, бет, шықшыт, маңдай сүйектері шыға түскен. Қан-сөлін ішіне тартып алған зілді әке, түндегі жартастай үлкен де, қорқынышты да көрінді Ардаққа. Егер әкесінің не істеп келгенін сезсе, тұра қашар еді. Қазіргі тұрпатының өзінен сескеніп, қырындай отырды. Үнсіз, ауыр, мылқау дастарқан үстінде Әлібек бір-ақ кесе шай ішіп, кесесін былай қойды да, құшағын жая тіл қатты:

— Келші, қарғам! От басындағы күйгелек шал, түздің самалын сезбепті. Рұқсат, жолың болсын. Ендігі тілекті саған арттым.

Иіліп жақын келген Ардақты маңдайынан иіскеп, арқаға қақты да, төсегіне барды Әлібек. Киімшең теріс қарап жатып қалды. Ардақ аңтаң. Қатал әкенің тез қайтуы шын ба, өтірік пе? Шын болса Мейрамға айтып керегі не? Шақырып алып басқа не айтпақ? Дел-дал ойда тұрғанда, ентіге Жанабіл кірді. Әлібекті көрген соң аузындағы сөзін өзгерте қойды да:

— Майпа екеуміз киноға барамыз, барасың ба? — деп көзін қысты.

— Барайын, — деді Ардақ. Жанабіл ымдап, тез киіндіріп алып шықты далаға.

— Осы жол үстінде, тең ортада кездеседі. Көрдің бе, ашық, кең алаң. Көңіл де сондай кең, ашық болсын. Іштерің жанып тұрғанда, сырттарың мұздай болатын несі? Алдағыны алып іше алмайтын сорлысыңдар ғой. Жаңа туған қозы да түртіншектеп тамағын табады. Бар, қолтығына кір.

Ардақ мырс етті де жүріп кетті. Бұл да бір ауыр кездесу. Өмір бойы алдына шықпаған әкемен түс шайысу қандай қинаса, ұзақ уақыт ұят пердесін бетке ұстап, тереңге тыққан сырды ашу сондай қинады. Не демек? Әкем жаман дегенде өзі жақсы бола ма? Жамандықты жасырса жақсылықтан қасиет қала ма? Әңгімені махаббатқа аударса, өзі тіленген қыздың өрісін де көріп тұр. Қараңғы түн. Тымырсық аяз. Ақ қарлы кең алаңда, ой салмағын азар көтеріп, сылбыр жүріп келе жатыр Ардақ.

Мейрам анадайдан танып тұрды. Оның күткені қазір тек махаббат әңгімесі. Тулаған жүрек тыныш таптырмай қарсы аяңдады. Бұл сағатта басқан қадам, алған дем бойды кернеген бақыт ұшқындары ғой. Қараңғыда көңілі жарқырап, бойы ысып келе жатты. Жанабілдің «қыздан ұялсаң құр қаласың» дегені есінде. Осы жолы өзін өте қайрап, айтар сөзін де күні бұрын сайлап шығып еді...

— Құтты болсын сыйлықтарыңыз! — деп Ардақтың қолын амандасқанда жібермей тұрды. — Бағана құтты болсын айтуға да үлгірмей қалдық. Сонша неге асықтыңыз?

— Рас, асығыс болды. Мен сіздерге рақмет айтуға да үлгірмедім. Көп назары ыстық екен, шыдай алмадым.

— Суығаныңыз осы ма? Қолыңыз әлі күйдіріп барады.

— Казіргі қызу ол емес, — деді Ардақ. Қолын ептеп тартып алып, жасыра күрсінді. Даусында азырақ діріл бар. — Сіз аға болыңызшы. Ағалық ақылға аңсап келдім. Қалжыңға бүгін жайым жоқ. Мынау қараңғы түн тек мені басып тұрған тәрізді.

Мейрамның қайнаған көңілін басып тастады бұл сөз. Суық хабар, салқын ызғар сезіледі. Нендей хабар, нендей ызғар, енді соны білгенше асықты:

— Ақылшыға жарасам аярым жоқ. Айта беріңіз.

— Сіз көп білсеңіз де, мені аз білесіз, — деп бастады Ардақ. — Білмей тұрып сенісу қиын ғой. Екі бетімнің бірі қара, бірі ақ. Қарасын бояп білдірмей келдім. Бояу кетеді, бет қалады. Сонда қайтем деген оймен ашқалы тұрмын. Ашуға батылым да жетпей тұр...

— Сіз, әкеңіз жайында айтпақсыз ба. Қысылмаңыз, бұл жөнде біраз хабарым бар.

— Хабарыңыз өткені туралы шығар. Мен қазіргісін айтпақпын.

— Онда тіпті жақсы. Адалдық, шындық жолы ешуақытта адастырмайды. Айта беріңіз.

Ардақ бүгінгі үлкен қуанышына әкесінің үлкен қайғыны қарсы қойғанын сөйледі. Болған әңгіменің зәредейін жасырған жоқ. Тұңғиық әкенің түбіне жете алмаған. Қатты сескенеді. Сескене тұрып, аяйды, қорланады. Әлі де қүдерін үзіп болмапты. Дел-сал ойларын да ортаға салды:

— ...Жаңа осылай шығарымда өте сирек көрсететін мінезін көрсетті. Маңдайымнан иіскеп, арқамнан қаққанда суыған жүрегім жылынғандай болды. Бірақ, тым қатал еді, терең еді. Қалай жібіп, қалай саяздағанына қайранмын...

Мейрам үнсіз ұзақ тыңдап болған соң қыз көңілін жұбата, тарылған көңілді кеңейте сөйледі:

— ...Әкеңіз болған, толған, енді солған адам ғой. Бұндай әкелердің талай мінездерін естіп жүрміз. Оларда есек дәме бола береді. Бірақ, сол тек дәме ме, әлін білмеген қарсылық па? Айыра білу керек. Күші аузында қалған ашынды шал, үй ішінде дауыл шақырғанмен, даладағы шуаққа арқасын төсейді. Сіздің әкеңіз осылай елестейді маған. Тек жүреді, сөзге араласпайды, жұмысын тәуір істейді деседі. Бұл беті дұрыс. Кейде оңашада делебесі қозып кетсе, шыдаңыз, басып, бақылап отырыңыз. Болмай бара жатса бір есебі табылар. Заман біздікі, күш біздің қолда. Әке жақсы болса мақтан, жаман болса қорлық емес. Әкеден жоғары Отан деген ұлы ата бар. Сол атаны риза қылсақ бәрі түгел.

— Мен кейінгі кезде Ленин еңбектерін көбірек оқып жүрмін, — деді Ардақ. Содан ба, қалай бұрын болмаған мінездер пайда бола бастады. Дүниенің бәріне тап мақсатымен, тап қырағылығымен қарағым келеді. Мана қуанған бетте үйге жүгіре кірсем, әкейдің қасында Ырымбек отыр. Бізбен араласы, таныстығы жоқ адам. Бұл отырысқа түсіне алмадым. Анада өзіңіз көретін бұйра бас жігіт те әуелі әкеймен достасқан.

— Сізге де теріс емес еді ғой.

— Ол теріс болмаса да, мен теріс болдым оған. Сырты жылтырағанмен іші былық, бишара жігіт. Мен үшін бүтін кооперацияны қалың малға беретін түрі байқалды. Әкей соған қызықты ма, әлде шын ұнатты ма, әйтеуір соны маған ұсынғандай болды. Махмет, Ырымбек екеуі де коммунист. Бұлары қалай?

— Сізді торып жүрген шығар, — деп қалжыңдады Мейрам. Қалжың астында сезіктер жатыр: Махмет сыры мәлім. Ырымбектікі не? Домалақ қағаз осылардікі болмасын? — деген күдігін Ардақ тереңдете түсті:

— Торысын-ақ. Коммунистік мінездері қайда?

Жуырда жауап қайтпады бұл сұраққа. Бұрын тек сүйкімді, мәдениетті қыз енді саяси қырағы, берік көрінді. Махмет түгіл одан да зорға оңайлықпен алдырар емес. Өмірді, адамды білуге өзгеше бір құмарлық бар бойында. Сол құмарлық қайда жеткізетінін біліп тұрса да, осындай жарым болса деген арман көкірегін кернеп тұрса да, Мейрам Махмет пен Ырымбек жәйлі өз ойын там-тұмдап қана айтты:

— Сыныңыз дұрыс. Коммунистік мінез әрдайым аңқып тұру керек. Махметте бұл болмаса, Ырымбекке күдіктенсеңіз, одан партияға келер нұқсан жоқ. Қырағы қарап сынай беріңіз. Коммунистер көп, көптің ішінен не шықпайды. Сондықтан, партия оқтын-оқтын өз елегінен өткізіп, тазартып отырады. Шынында мен сізді аз біледі екем. Бұл кездесу көп мәлімет берді. Ішіңіздің тамаша бір қалтарыстарын аштыңыз. Аша беріңіз, қызыға қараудан тояр емеспін.

— Сіз сонда жабық қала бересіз бе? — деп қараңғыда мөлдір күлкісін бір сылдыр еткізді Ардақ.

— Япыр-ай, мен сонша тұйықпын ба?

— Тұйық түгіл суықсыз.

— Жанабіл антұрған білгіш өзі! — деді де Мейрам қарқылдап күлді. — Ол ылғи батылдықты қолдайды. Батыл болып та бір көрейінші.

Бауырына тартып, бетін тақаған Мейрамға, илікпеді Ардақ.

— Батылдық сабырды жоймасқа керек. Сабыр етіңіз. Сіз мені аз білсеңіз, мен сізді біліп болғам жоқ.

— Білісудің шегі бар ма, сірә?

— Бар да, жоқ та.

— Онда қайсысын ұстадық?

— Қай ұнағанын ұстаңыз. Сыртым мұздай болғанмен ішім лаулап жанып тұр. Бұл сырымды да жасырмаймын сізден. Бірақ, қорқам, лап етіп өше қалатын құмарлықтар көрдім. Маған өле-өлгенше өшпеуі керек. Өшпейді десеңіз, сенбеймін. Сендірерлік қасиеттеріңізді көргенде ғана сенем. Бұл әл де бірсыпыра уақыт білісуді, шыдамдылықты тілейді.

— Шыдауды сіз қинауға айналдыра көрмеңіз?

— Махаббатты сіз баянсыз құмарлыққа айналдыра көрмеңіз.

Екеуінің бет ашып, оңашада, кең сөйлескені осы еді. Бірін бірі жаңа таныған секілді. Ардақ қазір махаббат үшін жаралған көркем қыз ғана емес, білімі тең, келешегі жарқын, қоғам қайраткері болып көрінді. Мейрам енді бойын тежеген жоқ.

— Сіз жасырмай барды алға салғанда, мен де бүкпе сақтамайын, — деп шешіле сөйледі. — Бастан кешкеннің бәрі баста қала бермейді. Бүгінгі түн бақыт түндерінің бірі ме деймін. «Осылай болып шықса» деген арман айлар бойы алған еді мазаны. Қазір сол арманға жеткендей болып тұрмын. Бұрын тек сыртыңды көрсем, бүгін ішіңді көрдім. Жетпесе сен сынай бер. Мен сынап та, шыдап та болдым. Сөзімнің байлауы, жүрегімнің сыры міне! — деді де төмен қарап үнсіз тыңдап келе жатқан Ардақты сүйіп алды. Ардақ қарсыласуға да үлгірген жоқ. Кенеттен шымыр етіп, ду қызған бойын билей алмай толқып кетті. Ашусыз, қорқусыз дірілдейді. Қинауы рахатқа бергісіз ғажап діріл. Сол дірілдің ләззатын бірінші рет татқан Ардақ тілі күрмеліп, сөйлемей тұр... Бір кезде:

— Жоқ, біз тең емеспіз! — деп, Мейрамның қолтығынан сытыла тұра жөнелді үйіне. Көзінен ыршып шыққан ыстық жасын, «алдадың, не алдамақсың! Бай қызын сен жар етпейсің...» деген сырын көрсетпей кетті. Мейрам аң-таң.

— Сонда қайсымыз тең емес? — деген сұрауына жауап ала алмай қалды.

Ел ішінде «бай-кулактан» жексұрын сөз жоқ. Біреуді біреу жамандаса, ата-бабасынан болса да бір жуанды табуға, таба алмаса соның құйыршығы етуге тырысады. Біреуді біреу мақтаса, қалай да жұмысшы, кедеймен жағыстырады. Адамның өзінен бұрын тегіне қарайтын шақ. Бәйтен сияқтылар адам тегін киіміне, көлігіне қарап та айыра беретін. Тап тартысы қалдырған бұл салт асқақ махаббатқа да бір тосқын еді. Ардақ аса алмай кетті...

V

Үдей соққан ақ дауыл Қарағандының бұтасыз биік жоталарын алай-түлей етті. Басқа жер ала қаншықтаса, бұл жердің түтеп тұратын әдеті. Қазір тіпті аяқ асты көрінбейді. Қар жер үйлердің есік, терезесін бірден басып, шурф, тас карьерлерді бітеп салды. Шахталар арасында адам қатнасы түгіл, телефон қатнасының көбі үзілген. Түн ортасында басталған бұл сұрапыл бар кемеліне келсе керек. Жанды бетіне қаратпай, ішін тарта ысқыра соғады. Столба басындағы сымдар шулап оған үн қосып тұр. Адасқанға «мұндалап» дамыл-дамыл аңыраған шабаш даусы атырапқа жайылмай, тек ыққа кетіп жатыр Биіктеу үйлерді баса алмаған боран Кейін серпіп, биік жар, бойлай соғып, ұзын бел болып, қала қалың қар бұйраттарының ішінде қалды. Көшесі, соқпағы қайда, біліп болмайды. Жаңада қалқайған жас қаланы долы ақ түнек осылай тұншықтыра қамап тұрды.

Жанабіл қыр басында, жел өтіндегі көп жерүйлердің бірінде, қайын атасы Жұмабаймен бір тұратын. Есік, терезені қар бітеп, қараңғы үйде таң атқанын білмей жата беріпті. Дәретке шыққан Жұмабай сөйлей кірді:

— Қатын ей, тұр. Шам жақ. Күн боран болса керек.

Есікті қар басып қалыпты.

— Таң атты ма екен?

— Атты-ау деймін, қара сиыр ыңылдайды.

Төсекте жатқан Жанабіл атасының аңқау мінезіне сақ-сақ күліп жіберді:

— Ол таң атты дегені ме?

— Тамақ сұрағаны. Қара мал түнде тамақ сұрамайды. Шам жағылды. Жұмабай тері шалбарын ерсілі-қарсылы ентіге бұрап жатыр.

— Күнде бұрайсыз. Жазасы не сорлының, — деді Жанабіл.

— Көннің жаны уқаласа енеді балам.

— Сол көн риза шығар, сізге. Жылы шалбар әперейін, тастайсыз ба?

— Неге тастайын. «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышағым терісі артық».

Қабат-қабат көп етекті, кең шалбардың ішіне тоғытып, құйрығын теңките үйден шықты Жұмабай. Қара сиыр сүйек шайнап, аузы малжаңдап тұр еді, қақалып тұр ма деп шошып кетті. Шамын жерге қоя сала, жүгіре келіп, қол салды аузына. Қолына сүйектің сынығы ілінгенде мырс күлді.

— Құданың құдіреті, осыны несіне шайнайды екен! — деді де сүйекті сиырға қайтып берді. — Мә, кеміре ғой, жануар, кеміре ғой. Бір керегі бар шығар. Қазір шөп берем. Қармен қоса же, күртілдетіп.

Жұмабай ұялшақ, сөзге шорқақ, тұйықтау кісі болса да, малдан именбей сөйлесе береді. Күнде таңертең қара сиырмен бір әңгімелесетін әдеті. Жерден қазған кішкене коридордың бір шетінде жерден қазған кішкене шөп араны бор. Аз ғана шөп іште. Сыртқы адам қолынан, мал аузынан сақтанып, жәшікке салып сақтағандай берік ұстап отыр. Сол ішкі қуыстан шөп әкеп салған соң, артына үңіле қарады Жұмабай. Жерде жатқан екі тал шөпті ерінбей барып, теріп алды. Енді қара сиырын сипап, желінін ұстап рақаттана сөйлеп тұр:

— Астыңнан сыз еткен жоқ па? Сары уызыңды қашан бересің, жануарым?

Жанабіл атасының бұл мінездерін қызық көреді. Есікті ақырын ашып, білдірмей шыққанда, тыңдай қалған. Күлкі қысып барады. Атасы сиырдың астын құрғатып жүріп:

— Бұл жарықтықтың боғына дейін алтын, — дегенде шыдай алмады.

— Ен көмірдің ішінде отырып, тезек жақпақсыз ба, қайтесіз оны қамбалап?

— Балам, керек тастың ауырлығы жоқ. Көмірге тамызық болса да қайда жатыр.

— Өндіріске жанның бәрі осылай қараса социализм ертең орнар еді, — деді де Жанабіл сыртқы есікті ашты. Далаға шығатын жол бітеліп қалған. Қар маңдайшамен бірдей. Қарды біраз ішке күреп, зорға дегенде тесіп шықты тысқа. Шыға сала қайта енді.

— Ойбай, әлі түтеп тұр. Аяқ асты көрінбейді. Мен жұмысқа барам!..

— Байқа, шырағым, тілсіз жау ғой...

Жұмабайдың қамқорлығы тыңдалмады. Қалың киініп, түскі тамағын ала, Жанабіл бөгелместен жүріп кетті. Мехцехпен екі ара километрге жақын кең алаң, ойпат болатын. Желге қарсы омбылап келеді. Көңілмен нобайлау болмаса, көздің басшылығы аз. Долы боран маңдай тірелгенше ештеме көрсетер емес. Бетке сабалап, өңменнен итереді. Біресе қалың қарға қара санға дейін тығып жіберіп, тұншықтыра түтейді. Өкірген дауысы от жарғандай. Бетіне қарасаң бетіңді қариды. Күл боп ұшып, күңіренген дүние тек «өлім, апат!» деп тұрған тәрізді. Қарулы, батыл жас сонда да кейін қайтпады. Басын тұқырта, бүгжие жебелей аяңдап барады. Ойында қорқыныш түгіл сескену жоқ. Тезірек жетіп, сол апатты көрмек. Адасқан, үсіген бар ма, тоқтаған жұмыс бар ма? Бұндайда қорғанып, үйде жату ұят, екпінді бригадаларға қосылып, көмектесуге келеді. Толып жатқан ор, шұқырлардың біріне түсіп кетем бе, деп сақтана басады аяғын. Жетер мезгіл болған сияқты. Тұра қалып, тың-тыңдай, жан-жағына қаранады. Ешбір белгі жоқ. Жаңа ғана мұрны түтін иісін сезгендей еді. Бір үйдің ығынан еттім-ау деп, сол иісті іздей кейін жүріп барады. Түтін түгіл өз ізін де таппады. Шабаш дауысы неге естілмейді? Мехцехтың жел жағына шығып кеттім бе, деген ойда тұр енді. Іштен жылы леп, сырттан суық қысып, ауыз-мұрнын бастыра ораған бөкебайы, омырауы, жеңдерінің ұшы қатып қапты. Денесі де аздап мұздайын деді. Сонда да «үсінемін, өлемін» қаупі келмеді есіне. Боран, жаңбыр, қара суықтарға шыныға өскен, олар жайында көп естіген батырақ, қысылып бара жатса, қарды кеулеп еніп кетпек. Күндіз үй арасында адасып, өзімен өзі әуре болғанына намыстанады. Әнеукүні біреудің құбыланамасын көріп күлген-ді. Енді соған құмарланады. Бір бетінің ұшы тыз етті.

— Қап! — деді де ұстай алды. Жалма-жан уқалап жатыр. Беті сезбейді, жаны кетіп қалыпты. Осы халде де мысқылдап тұр атасын. — Жұмекең уқаласа көнге де жан енеді, не болды саған! Тіріл-тіріл.

Уқалап-уқалап үсіп бара жатқан бетті тірілтіп алды. Бөкебайын көзіне дейін көтеріп, енді бет аудара, желге қырын, солға қарай жүрді. Алыстау болса да, бұл бетте темір жол бар. Қалай кездеспейді деп келе жатқанда, қар басқан ескі локомобиль, вагонеткалардың, үстінен шықты. Күліп жіберді Жанабіл:

— Мынау, өзіміздің дүние ғой!

Мехцехтың жанындағы темір үйінділерін тани кетті. Бұл кезде цех ішінде, өте асығыс дайындық жұмыстары жүріп жатқан. Төртінші шахта тоқтап қалыпты. Бірінші шахтаның камероны бұзылып, су жер астына жайылатын қауіп төнген. Шахталар жанында бірен-саран слесарь, машинистер болмаса, әзір өздерінің мехцехы жоқ. Барлық шахтаның механизмін басқаратын орталық осы ғана. Бұл цех екпінді екі бригада құрып, қатерден екі шахтаны да құтқаруға қамданып жатыр. Қазір минут сағаттан қымбатырақ. Кешіккен сайын қауіп күшейеді. Шахтаны түзеу ұзаққа созылады. Сондықтан механик Козлов қатты сасуда.

Бір сағаттың ішінде бригадалар барып жетсін деген бұйрық та алды Щербаковтан. Қалай барып жетеді? Күн мынау. Донбаста мұндай сұмдықты өмірге көрген емес. Адамды көріне көзге өлімге айдай ма? Бармаса шахта бірнеше күнге тоқтайды. Бір сағат тоқтатуға ар шыдай ма? Шыдамады Козлов. Слесарь бригадаларын құра бастады. Алыста тұратын слесарьлардың біразы келмей қалыпты. Оларды шақырып келтіргенше қашан, және келе ала ма, барушы таба ала ма? Қолда бардың бәрін жіберсе, бұндағы жұмыс тоқтайды. Енді қайттік, деп тұрғанда бір үлкен бас есіктен сыймай жатты. Есіктің екінші жартысын ашып жібергенде, Бәйтеннің басы екені дауысынан танылды. Үйінде бөкебай, шәлі қалмаса керек, солардың сыртынан әйелдің ескі көйлегін тағы орапты. Шешіп жатыр, шешіп жатыр. Әбден болған соң:

— Уһ! — деп демін алды. — Менің мендігімнен ғана келдім.

— Е, сенен басқалар да келді ғой...

— Пәле! Қазір тіпті түтеп кетті. Аяқ асты түгіл мұрныңды көрмейсің.

Бәйтен тұратын «Москва» барагымен екі ара жүз қадамға толмайды. Ерлігінен де келгені тәуір болды. Ол мақтанып отырғанда Жанабіл енді. Үлкен, кіші демей шетінен ойнайтын жайдары жігіт бәрінің рухын көтере келді. Салған жерден Бәйтеннің бас киімдеріне түсті көзі. Біртіндеп санай бастады:

— Бір-ақ нәрсе жетпейді екен. Бос болса оны да ораған болар еді.

Бәрі ду күлді. Козловтың терісі жаңа ғана кеңіді. Жанабілдің қасына келіп, бетінің домбыққанын ұстай сөйлеп тұр:

— Жатпайтыныңды білгемін. Бетіңнің суыққа шалдыққаны жарамады.

— Ештеме етпейді. Айта беріңіз.

— Онда бүгін бастық бол. Төртінші шахтаны құтқар. Бастап апара аласың ба, бригаданы?

— Апарам, — деді Жанабіл бөгелместен, — тек, жүз метр сым тауып беріңіз.

— Оны қайтесің?

— Екі столбаның арасынан адаспауға керек. Жеткенше столба ғой байлай береміз...

— Табылған ақыл! — деп қуанып қалды Козлов. — Ал, қамданыңдар, сым табылады.

Басқалар қамданғанша Жанабіл кочегаркаға кіріп Боқаймен амандасты. Одан шығып есікті ақырын ашып, машинадағы Майпаға келді. Майпа байқаған жоқ. Есікке арқасын беріп, қабырғадағы вольтметрге қарап отыр. Үстінде, машинистер киетін қазналық қара көк костюм, басында қызыл орамал, қолында кітап. Бір көзі вольтметрде болса, бір көзі кітапта. Майпаның сауатын Ардақ ашқан, машинаға Жанабіл үйреткен. Бұрын бой түземеген, сауатсыз, нашар адамның қызы бұйығылау, жұғымсыздау сияқты еді. Қазір уаттанып, маманданып, келіншек болған соң өзгеріп қалыпты. Мөлдір қой көзі әмән күлімдеп тұрады. Үстіндегі жұмыс костюмі кірлемеген, уқаланбаған, жұмыста отырса да сергек, кербез отыр. Еркек киім балуан денесіне тіпті жарасыпты. Жанабіл артжағынан келіп, көзін баса қойды.

— Білдім, — деді Майпа, — міне қолыңның сүйелі айтып тұр.

Жанабіл машинаны қоршаған аласа ағаш решеткадан қайырып әкеліп, аузынан сүйді.

— Өзің қатын болмай қор болып жүр екенсің. Білдірмей келіп қызығып тұрдым.

— Қыз күнімде қызықпап па ең?

— Ондағы қызу ет пен терінің арасындағы жел емес пе.

— Боран саябырлады ма, қалай келдің?

— Қар түгіл от бораса, саған келмей тұрам ба. Әлі өкіріп тұр. Төртінші шахтаға бара жатырмыз... Машинаң қалай?

— Дұрыс жүріп тұр. Токарьлар сонда да жылдамдат, дейді. Жылдамдатсам шамдар жанып кететін.

Жанабіл машинаның дауысын тыңдады. Қақпайды, тоқылдамайды, ұстап байқады. Қызған жоқ, жылы ғана. Клапынды, май жүретін жез түтіктерді тексеріп өтті. Бәрі дұрыс. Содан кейін, трансмиссияны айналдырып тұратын қайысқа түсті көзі

— Е, қайыс босап кетіпті ғой. Трансмиссия, токарь станоктерінің ақырын жүріп тұрғаны содан, машинадан емес.

— Оны қайтем енді?

— Түскі демалыста қайысты айырбаста. Болмаса тарылтып, қайта тік.

Соны айтып, әкелген тамағының жарымысын қалдырып, жөнеле берген Жанабілге:

— Тоқташы! — деді Майпа. Күлім көзі мұңая қалыпты. — Күннің түрі жаман, бармасаң кайтеді?

— Қапшығың жоқ па?

— Қайтесің?

— Мені соған салып сақтасаңшы.

Майпа күліп жіберді. Жанабіл жүгіре шығып кетті.

Бригада дайындалды. Төртінші шахтаға баратын он екі адам. Ішінде слесарь қарт Иван, жалқау Бәйтен, жас Жанабіл бар. Қарағандының жеріне, суығына үйренген өңкей жергілікті жұмысшылар. Донбастан келгендерді суықтан қауіптеніп жақын жердегі бірінші шахтаға қалдырды. Бәріне жаңа, құрғақ киімдер берілген. Сырыма бешпет, шалбар, тон, олардың сыртынан күләпаралы брезент сулық киді. Аспаптарын арқаға таңып алысты. Дүлей сұрапылға қарсы аттанған он екіні бастаушы Жанабіл. Қақпадан шыға бергенде долдана ұйытқып, дем алдырмай бір тұншықтырды боран. Бригада иіріліп қалып жазылып кетті. Жанабіл алда. Сыммен бастап барады. Кейінгілер бытырай, сымнан ұстап жүріп келеді. Төртінші шахтаға дейін үш-төрт километр. Бұлар телефон столбаларын қуалай жүрді. Боран енді адастыра алмайды. Қауіп екі столбаның арасы болса, оған да айла табылды.

— Бәйтен бар ма! Тірі ме!? — деп оқтын-оқтын дауыстайды Жанабіл. Бәйтеннің:

— Оттай бер! — дегенін бірден-бірге күлісе жеткізіп барады. Жел қырын. Жүріске бірсыпыра жеңілдік бар. Ауыр сапарда да күлкі-қалжың қалған жоқ. Шал Иванды, қырсау Бәйтенді еліктіріп, алып шыққан бұл көтеріңкі рух сұрапыл гуілінен күштірек сияқты. Зады көңілден күшті бар ма екен!? Ол көтерілсе нені көтермейді, ол құласа не құламайды. Қауқары, ебі аз, тозған Бәйтен бүгінгі ауқымды, ертеңгі абыройды көріп, ентелей басады аяғын. Сонда да шапшаң аяңға ілесе алмай үш жығылды. Бөгей берген соң қасындағылар қолтықтап алды. Дыз етіп бетінің ұшы ағара қалғанын әлі сезген жоқ. «Екпінді бригада шахтаны ерлікпен құтқарды» деген атақ естілмей жатып та еліктірген Бәйтенді. Тоңғаның шаршағанын елер емес. Бірақ, бір нәрсе елетпей де қояр емес. Үйден шығарда-ақ соны сезсе де, еріншектігі бой бермеді. Енді еріксіз көнді. Қысылып айқай салды Бәйтен:

— Тоқтай тұрыңдар!

— Немене?

— Тоқта деген соң тоқта!

— Айтсаңшы!

— Дәрет сындырам...

Қалың киім, қабат-қабат шалбар күн үскіріп тұрғанда Бәйтенді әурелеп бақты. Қолы тоңып, илікпейді. «Бол-болдың» астына алып, Жанабіл жанды шығарып барады.

— Батыр, ей, жәрдемге келмесең болмас, — деді Бәйтен. Аузының да ебі кетіп қалыпты...

Қар қаба жығылады, қолтықтап тұрғызады, беті үсіді. Өздігінен дәретке отыруға да дәрмені жетпеді. Шіркін үміт сонда да оны алға тартады. Сұрапылмен алыса-алыса бригада ақыры Бәйтенді шахтаға жеткізді.

Бұл шахта да көлбеу, өзі ойпатта. Уклон онша ұзамағанмен саяздағы суға тез жеткен. Камерон тоқтап төбеден су сорғалап, шахта ішіне жайылып барады. Қырдағы көтергіш машина тұрып қапты. Уклонның кіре берісін қар басып, дамыл-дамыл күреп жатыр. Жарылған трубалардан бу, су атқып жатыр. Қазан оты сонда да өшкен жоқ, қатпасын деп жаға береді.

Жанабіл мен Иван бәрін көріп шыққан соң аварияның себебін тапты. Механик Козлов, слесарь Лапшин қанша маман болса да жергілікті табиғат жайын білмеген. Бу шаруашылығын тек Донбасс тәжірибесімен жасаған. Оған асығыстық, кейбір материалдың жетімсіздігі қосылыпты. Кәрі Иван жуан ораған махоркасын құныға сорып, осы жәйді жайуат айтып отыр. Өңінен ашу да, сасу да сезілмейді, талайды басынан кешірген жұмысшы кәрия кең толғап, «боладыға» әкеп тірейді бәрін:

— ...Трубаларды қалың орамаса Қарағанды суығы шыдатпайды. Мынау үйден қазанның өзі қатып қалмағанына шүкірлік. Донбасшылар біздің жердің өзгешелігін қайдан білсін! — деп Иван ойды әріге, айтылмай қалған өзгешеліктерге сермейді. — Шахтаның су жинайтын шұқыры да дұрыс қазылмаған. Тар, саяз, лезде толып, су асып кетіпті... Бірақ бәрін жөндеуге болады. Бір ғана қауіп бар: егер жерге көмілген трубалар жарылса, күн ашылмай оған ештеме істеп болмайды...

Жанабіл Иван сөзін тыңдап алып, жұмысты қайдан, қалай бастарын ойлап тұр. Бу кернеген осынау кішірек қазандай оның да денесі ыстық. Тәжірибесі аз, бұрын басшылық етіп көрмеген жастың дүдәмәлі көп. «Білмеймін» деуге намыстанады. Бастап жіберуге жасқанады. Ұстазы болған Козлов, Лапшиндердің ісін түзеуге бірсыпыра білім, батылдық керек. Соларға мән-жәйді хабарлап, кеңесу үшін конторға келді. Телефон істемей қапты. Енді қалайда іс тағдырын өзі шешетін болды.

— Ақсақал! — деді қайтып келе Иванға. — Тұрмалық, шерге көмілген трубалар бұзылса, кезінде көрерміз. Көрініп тұрғанын түзей берейік. Екі адам көтергіш машинаға барсын. Екі адам осы қазан маңында болсын. Қалған сегізі шахтаға түссін. Алдымен насосты жүргізу керек. Әйтпесе шахтаны су мүлде бүлдіреді.

— Дұрыс-ақ, — деп Иван гүр етті. Жанабіл әрқайсысына жақын барып тақақтата тапсырмалар берді:

— Айтпады, демеңдер, жарысамыз! Аянып қалғаның өкпелеме. Бізге бұл үлкен сын. Бітіргенше тыныс жоқ. Тамақты жұмыс үстінде ішеміз...

Иванды, Бәйтенді ала Жанабіл өзі жеті кісімен шахтаға жөнелді.

Қасқыр апаны тәрізді, жер астына көлбеу кеткен қараңғы, кең үңгірдің аузын қар дамылсыз басып, қолдан күрек түспей тұр. Үңгірді бойлап жер астына зырлап барып қайтатын вагонеткалар эстакада үстіне иіріліп қалған. Бу күшімен жүретін механизмдер тоқтаса да, еңбек тоқтаған жоқ. Үскірік сұрапылға қарсы шірене аяңдап, ұзын труба, жуан ағаш көтерген жұмысшылар уклонға ентіге, дабырласа еніп жатыр. Ішке енген соң жүктерін «ешкіге» тиеп ылдиға қарай шапшаң әкетті. Солардың соңынан жүгіре Жанабіл бригадасы да келеді. Пеш, штрек, лава, бермсберг, кваршлактарға бөлінген қым-қуыт қараңғы жол — проходкалар бірде су, бірде батпақ. Су жайылған жер ісініп, темір жолды да бүкірейте, бүлдіре бастаған. Қабырғадағы бу, су трубаларын бақылай жүріп, бүлінгенін түзеуге екі адамнан қалдырып отырды Жанабіл. Жұмыстың ең ауыры уклон түбіндегі камерон маңында. Төбеден сорғалаған су шағын шұңқырдан асып, жайылып барады. Бу трубасы жарылған соң камерон тоқтаған. Екпінді бригада келе, шынжырлы кілттерін бұзылған, трубаларға салды. Ирек-ирек болат азу кілтпен қайыра бұрап, Жанабіл бір трубаны алып тастады.

— Бәйтен бармысың? Әкел жаңа тұрбаны. Сурик қайда? Бол тез!..

Саса ұмтылған Бәйтен құшақтаған трубасымен суға жығылып жатыр. — Мә, мә, ұста!

Бәйтенді трубасымен қоса судан тартып алды Жанабіл. Екеулеп жаңа трубаны ескі трубаның орнына қиюластырып түр. Бәйтендікі тек демеу. «Алып кел, барып кел, ұстай тұрдың» өзіне ыбылжып, іш пыстырады. Асықтырсаң аварияға ұшырайды. Труба бұрандарын, планц қоспақтарын майлап тұрып, өзін қоса майлағанын сезген жоқ. К,ызыл сурик қолын, бетін, бүкіл алдын қып-қызыл қылды. К,ара мұртының ұшына да, бір қызыл жұғып қалыпты. Жанабіл асыға қимылдап,трубаны тез орналастырды. Енді жадыраңқы көңілмен муфталарды, планц бұрандарын қатайта бұрап тұрып, Бәйтенге түсті көзі.

— Иван! — деді дауыстап. Күлкі қысып барады. Иван анадай жерде, кезінде көзілдірік, камеронның золотнигін тексеріп отырған, жалт қарады. — Мынау кімге ұқсаған?

— Ол ма!.. Қасапшыға дейін, десем, жылпос емес... Дәу де болса қан жалаған, сабалақ қара төбетке ұқсайды!

Бәйтен өзі де кеңк-кеңк күліп жіберді. Үндемейтін кәрі Иванға дейін оны өлтіре сынайды, өткір қалжыңдайды. Бірақ, бәрі аяйды. Әйтпесе екпінді бригада Бәйтеннің не теңі. Әлден-ақ шаршап, жалығып тұр. Қисынсыз жерде қолын әлдененің арасына салып, қанатып алыпты. Сонда да мақтанды жаны жаратады.

— ...Дегенмен, Бәйтен сымбатты ғой. Мұртын, қабағын қарашы! Кімге тартты екен. Әкесінің әке сияғы жоқ — деп Жанабіл әжуаласа, ол рас көріп қоразданады:

— ...Шешейге тартсам керек, жасында сал болып, әкейді менсінбепті.

Жанабіл қарқ-қарқ күледі. Иван үндемей жымың-жымың етеді. Бәйтен бірде аяққа салма болса, бірде тегін сауық. Шешесін мақтаймын деп, сықақ болғанын да сезген жоқ. Слесарь примусымен трубаның мұзын ертіп тұрып, быжылдаған от күшіне өз күшіндей сүйсінеді:

— Примустың жағуын білмейді, түге. Өзіміз осылай күжілдетіп жібереміз...

Иван жәй қимылдап, жұдырығымен мұртын сипай орнынан тұрды. Қолы қалтасынан кисетін қалай алып шыққанын байқаған жоқ, көзі камеронда. Төрт бұрыштап, ұқыпты қаттаған ескі газетті жыртып тұрғанда Бәйтен айқай салды:

— Шахта ішінде шылым тартуға болмайды.

— Примус жағылған жерде шылым тартуға да болады. Бұл арада газ жоқ.

— Мен болдым, — деп мына жақтан Жанабіл дауыстады, — басқалардың жайын барып білейін. Иван сіз қалайсыз?

— Мен де болдым. Золотник дұрыс. Бу механизмнің жүрегі ғой ол. Сальник, клапындарын да қарадым. Камерон дайын.

— Онда сіз қазан қасындағыларға көмектесіңіз. Тез жүргізбесек су ұлғайып барады. Бәйтен, сен осында бол. Қатқан трубаларды мелмен белгіледім. Мұзын ерте бер.

— Жалғыз қалам ба?

— Е, қасқыр жей ме?

— Қайсыбір шахтаның иесі болатын...

Қорқақтығымен тағы бір күлдірді. Бәйтен. Қорқақтығын мойындауға қорланып, амалсыз көнді. Жанабіл Иванды ертіп кетті. Алыста, қараңғы түкпірде, ойына әлденелер келiп, жалғыз тұрған Бәйтеннің жүрегі дүрс-дүрс соғады...

VI

Бұл алапты екі тәулік иірген сұрапыл, аптығын әнтек басқан тәрізді. Қалың сұр бұлттар сеңдей сөгіліп, шығысқа қарай көк аспанның бетінде жамырай қалқып барады. Tөбе ашық. Төменде шаңғыт, бұрқақ, көзді алысқа жібермейді. Онша қатты болмаса да ызғырық жел тым суық. Денені қарып тұр. Ойпаттағы омбы, үй маңындағы белес қарлар сақиып қалыпты. Известь, тас карьерлері, шурфтар, жаңа жасалып жатқан шахталар бітелген. Қарағанды қазір қар астында. Екі күн тұншықтырған боран енді үскірік, алақаншығымен алып тұр мазаны...

Бассейн басшылары күн толастасымен трест үйінде бас қосты. Жан-жақта жайылып жатқан шаруашылықтың бораннан кейінгі күйін кеңесіп отыр. Алған хабарлары жайсыз. Екі күннің зардабы ұзаққа созылатын түрі бар. «Қысқа қарсы қамдан» деген ұран әркімді-ақ көзге түртіп тұрған сияқты. Бораннан бір күн бұрын жоғалған Орловтың сүйегі де бүгін табылды. Оның өлімі адамнан екенін ешкім білген жоқ.

— Білімді кісі еді. Кейінгі кезде өте ынталы еді... деп Щербаков кейіп отыр. Қарағанды бір кезде суға қандай зәру болса, бұл кезде білімдіге сондай зәру. Қауырт жасалып жатқан жаңа дүниенің жаңа мамандары аз. Аздың көбі жас. Ескі өмірдің бірсыпыра «білгіштері» бетін бері бұрса да, бұртия қарап, аяқтарын сылбыр басып жүр. Осындай халде табиғат соққысы, оған қоса Орлов сияқты адамның өлімі жас Қарағандыға, оның жас басшыларына ауыр тиді. Бірақ, сол ауырды қынжыла көтеріп, түйіле сөйлеп отырған Мейрам, Щербаков, Жұманияздың еңсесі көтеріңкі. Олар төтенше шаралар қарастырып жатқанда, Бейсек, Ырымбектер де іштей өз әрекеттерін ойлана отырды. Терең өмір түбіне жеткізбесе, терең іштің де түбін көру қиын ғой.

— ...Горком, горсовет, профсоюз қаулы алса, еңбекке жарағанның бәрі уақытпен санаспай, міндетті түрде тегіс аттанса, боран тоқтатқан жұмыстарды екі есе артық орындауға болады, — деген Бейсек ұсынысы өте орынды сияқты Ырымбек, Кәрібайларға қосыла Жұманияз да қостап кетті:

— Көпшілік бұған барады... Жыртық киім, ашқарын, құр қолмен алысып та, пролетариат жеңіп шыққан... — деп қыза сөйледі ол. Мейрам тұйық отырған қалпын бұзған жоқ. Жаратқаны, жаратпағаны белгісіз еді. Щербаков сұрап қоймады:

— Сіз не айтасыз? Осы дұрыс пікір ме?

— Мен қостай алмаймын, — деді Мейрам. Жәй айтса да нық айтты. — Боран әлі көп. Боран сайын штурмаласақ штурмамен күн өтер.

— Онда сенбілік жариялайық, — деп лып еткен Жұманиязды да басып тастады Мейрам:

— Кеп, атын өзгертуде емес, затын өзгертуде. Алдын көрмеген, авария, апаттардың себебін жоймаған басшылық өндірісті алысқа апара алмайды. Көп ынтасын тым арзан бағалап, ысрап жұмсамақсыздар. Меніңше, ең қымбаттымыз, ең ұқыпты сақтайтынымыз сол болу керек. Штурмға салып-салып шайлықтырып алсақ, одан үлкен зиян жоқ. Жоспарлы өндірістің байсалды тәртібі, арнаға түскен еңбегі, алғыр басшылығы бар ма! Өндіріс техникасын, табиғат сырын табуға іздену бар ма? Аз тәжірибеміз, екі сөтке өкірген сұрапыл осыны айтты. Бұған ойлана жауап беруіміз керек.

Ешқайсысы үндемеді. Ой түсті. Бейсек ұсынысының ақыры патриотизмді көтеруден гөрі басуға, қиыннан қиынға салып, көптің көңілін шайлықтыруға соғатынын сезген тәрізді. Мейрамнан кейін Щербаков сөйледі:

— Шынында да біз өзімізді қинаудан, көпті қинауды оңай көріп барамыз екен. Кит етсе аттан салу ұят. Судан қысылдық, ел өзі құтқарды. Үйден қысылдық, ел өзі құтқарды. Қашанғы қысыла береміз. Енді боран сайын штурм жарияласақ, «дәрменсіз байбаламдар, босат орынды!» деуден партия да, ел де тайынбайды. Менімше қазірден бастап өндіріс орындарына аттану керек. Жағдайды көзбен көрейік. Содан кейін қолданатын шараларды көреміз...

Бұл пікірге бәрі тоқтады. Трестен шыға тарап, жан-жақтағы шаруашылықтарға аттанды. Қасына жаңадан келген инженер Әшірбекті ертіп, Мейрам да кетті.

Шахталар бұл кезде рудникке бөлінген. Әр рудникка бірнеше шахта қарайды. Жаз күндері қараша ауылдар қаптап отырған ойпатты, белесті кең атырапқа бұл күндерде өндіріс ошақтары қаптаған. Мейрам жылы киініп тақымы үйренген тор бестіге салт мінген еді. Өндіріс орындарының бірсыпырасын аралап қайтпақ. Үй қызуымен ыққа қарай Жортқан бетінде, екінші шахтаға тоңбай жетті.

— Қырық екі градус дегені қайда, онша емес қой, — деп суықты қомсына түсті аттан.

Эстакада үстінде салдыр-гүлдір вагонетка дыбыстары, адам дауыстары естіледі. Қыз емшектеніп биіктеп бара жатқан көмір түсті қара балшық қарға, суыққа ерегісе бықси жанып жатыр. Алай-түлей сол от, түтінді кеше, қара биіктің басына зырлап шыққан вагонеткаларды төңкеріп қалып, кейін қайтарып тұрған жұмысшы тау басындағы обадай-ақ боп көрінеді. Мейрам, Әшірбек шахтаның сыртқы өмірін бақылап жүргенде, уклоннан шахта бастығы Овчаренко шықты. Кең иықты, орта бойлы, төстек жігіт. Уклон босағасына тақау жатқан ауыр темір «ешкіні» бір қолымен былай сүйреп тастады. Бейсауат тағы не бар дегендей жан-жағына байыптай қарап, ұқыпты мінезін көрсете келеді.

— Осы бір оңды адам, — деді Мейрам Әшірбекке. — Біp сөзді, бояусыз, жұмысын қандай сүйеді. Өткен заманда мықты кулак болар еді. Қазіргі заманда мықты хозяйственник болып барады.

Овчаренко бұларды жаңа көрді. Жетпей жатып, амандықтан бұрын әзілдей бастады.

— Біздің басшылар басшылығын боран басылған соң көрсетеді.

— Соның бірі өзіңсің. Кетпеннің басы өзіңе тимей ме?

— Тимейді, — деді Овчаренко Мейраммен қол ұстасып тұрып. — Қаным украиндік болғанмен, қазақ кетпенін көп ұстадым ғой. Донбасс пен Қарағанды тәжірибелері қосылғанда, қар түгіл от та ештеме емес...

Орысша сөйлесе де украин тілін қыстыра сөйлеп, ыржия күліп, кең тұрған Овчаренко Қарағанды тоқтаған кезде Донбасқа кеткен еді, екі жүз адаммен қайта келді. Өзге донбасшылардан гөрі Қарағандыны өзімсініп жүретін ерекше бір еркіндік қасиеті бар. Сол еркіндігі, ұқыптылығы арқасында керекті жабдықтарын басқалардан бұрын алып, шахтасын қысқа жақсы дайындапты. Уклонды тақтаймен ұзартып, эстакада өрін жабық, ұзын коридор етіп жіберген, жаңбыр, бораннан мүлде қауіпсіз.

— ...Жұмысшылардың пәтері жақын. Жер асты жылы боран не қылады? — дейді Овчаренко. — Жалғыз-ақ эстакада маңындағы жұмысшыларды оқтын-оқтын ауыстырып тұрдық. Бұндайда керек боп қалатын жабдықтар күні бұрын дайындалған.

Үшеуі әңгімемен жоғарыдан төмен түсті. Контор алдындағы үлкен қызыл тақтада қай бригаданың күнделік норманы қанша орындағаны жазулы. Оның қасында, бетін шынылаған тағы бір тақтада озық адамдардың суреті тұр. Тақталар айна сияқты. Суық күнде асыға жүріп бара жатса да әр жұмысшы бір үңіліп, өз еңбегін көріп өтеді. Мейрам да тұра қалып:

— Дұрыс. Боран бөгей алмаған екен, — деді де көтергіш машинаға қарай аяңдады. — Балжан қалай істеп жүр?

— Өжет келіншек қой. Тек алға басып барады. Әлі бір авариясы жоқ.

— Иә, өжет. Тек мақап-мақтап мас қыла көрмеңдер. Мақтау кейде бүлдіретін көрінеді...

Жылы үйде, жеңіл костюммен қара торы, күлімкөз Балжан отыр. Қолы машина тұтқасында, шаңырақтай шойын дөңгелектерді ұршықша иіреді. Жуандығы білекке жуық болат арқан шудажіптен оңай: сом темір белдікке оралып жазылып зулағанда көз ілеспейді. Осында отырса да, сонау терең шахтаның түбінде, биік қара сүйірдің басында зырлаған вагонеткаларды Балжан басқарып отыр. Кеше ғана мал соңында салпақтаған келіншек, машинадан сол малдай үріксе, бүгін ерттеп мініпті. Жер астымен қоңырау арқылы байланысып, машина жүрісін бірде шапшаңдатады, бірде баяулатып әндетеді...

— Сіз ән салып отырсыз ба, жұмыс істеп отырсыз ба? — деді Мейрам кіре.

— Екеуін де, — деді Балжан, — өзіңіздей бір жақты болу керек пе, әлде?

— Сегіз қырлы болсаңыз тым жақсы. Мен соған жете алмай жүрмін.

— А, жете алмай жүрсіз бе? Бәсе! Тек сіз жеткенше біреу байланып кетпегей-ақ.

Күлісіп алды. Жаз күндері көп жер барактың ортасында, Мейрамның алғашқы кездескен жерде апшысын қуырған өткір келіншек осы Балжан болатын. Момын күйеуі Әлібек жасаған авариядан мүгедектеу болып қалды. Сонсоң өзі түсті жұмысқа. Қазіргі әзілдері Ардақ жайында. Ардақтың үйінде Махмет жатқаның Мейрамның да қырындап жүргенін Балжан сезеді. Екеуінің қосылуына құмар. Кездескен сайын ашып айтпаса да, осылай тұспалдап қайрап қояды Мейрамды. Сабыр, шыдам, дегендердің де шегі, кезі бар ғой. Ардақ десе Мейрамның жүрегі жиірек соғады. Балжанның кейінгі сөзіне көңілі түйткілдене қалды.

— Мені бұл қайрағаныңыз ба, әлде шын қауіп бар ма?

— Қауіпсіз не бар? — деді де сұрақты саязсынып күлді Балжан. Мейрамды бұл жауап басқаға әкетті:

«Рас-ау, қауіптен азат не бар?.. Бәрі қорғау тілейді. Қорғаусыздың күні шолақ...» деп өрбіп бара жатқан ойын қайырып алды. Жабайы адамдардың аузынан шыққан осындай жабайы сөздерге асыл мән беретін әдетін қалжың үстінде де қалдырған жоқ. Блокнотқа жазып қойды.

— Не жаздыңыз? — деді Овчаренко. — Айтсаңыз артық-кемін екшер едік.

— Сізге ешбір қатынасы жоқ, — деп ақырын ғана езу тартты Мейрам, — Бу шаруашылығы қалай?

— Бәрі осы секілді. Трубалардың жер астындағысы тереңде, жер үстіндегісі жылы оралған,суықты сезбейді. Бу механизмдері тұратын үйлер жылы. Қарағанды қысының жәйін білем ғой. Донбасшылар болмаса.

Көтергіш машинадан шыққан соң кочегарканы, керік үйін көріп, механизм мастерскойына кірді бұлар. Бір ғана токарь станогі, слесарь станогі, бір двигатель көрінеді. Үй аласа. Терезені қар басып қалған. Жұмыс электр жарығымен жүріп жатыр. Әр станокте екі адам: бірі қазақ жасы, екіншісі орыс жұмыскері. Мейрамның, көзі токарь станогіне түсті. Бауырсақ мұрын бала жігіт темірді таспаша сыдырып тұр. Жонылған темір шаммен шағылысып жарқылдаған сайын, оның да көзі жарқылдап, күлім қағады. Станокті бала жігітке ұстатып, қасында жай тұрған мосқал орыс токарінің мазасы жоқ. Қит етсе ұстай алуға дайын. Күбір-күбір сөйлеп, құлағына құйып тұр:

— Енді тоқтат. Өлшеші кәне?

— Он екі жарым миллиметрден артығырақ.

— Оны жонбай-ақ егеп келтір.

— Қай егеумен?

— Ірісі бүлдіреді. Майдасымен. Шынтағыңды көтере ұста. Бүршік қалса жазым, іліп орап алады...

Екеуі еңбек қызығымен басқа ештемені байқар емес. Мейрам да өз еңбегінің жемісін көріп, шалқып тұр көңілі. Көмір дайындаудан кадр даярлау қиынырақ. Қарағандыға қауырт құйылған көп қазақ олақтығы мен салақтығына қоса, ауыл мінездерін де ала келіп жатыр. Сол шикі қазақтарды шынықтырып, өндіріс армиясын жасау Қарағанды горкомының ең ауыр міндеті еді. Далаға сыймаған кулактар, кулакшыл оқымыстылар қалаға паналап, қалың көптің әр жеріне саясат өртін сала жүрсе, оны өшіру де горкомға оңай түскен жоқ. Жер кеулеген осынау көп жердей терең, қараңғы көңілдерді де кеулеп бара жатқан сияқты.

Қара темірді жарқыратқан мынау қазақ баласынан, машина ны зырлатқан жаңағы қазақ келіншегінен, тас көмірді талқандаған қазақ жігіттерінен Мейрам жаңа өмірдің жетіліп қалған жасаушыларын көріп тұр. Фабрик-завод мектептерінде, өндірістегі маман жұмысшылардың қасында осындай жүздеген қазақ жастары социализм ісін үйреніп жатыр. Жан-жаққа шашырап, жайылып бара жатқан бұл өндіріс қаласының әр шұқанағы Мейрамға мәлім. Оның ұмытпайтындығына, көргіштігіне қоса, дұшпандары «қатігез жігіт» деген лақап таратты. Оның бойынан соның бәрін тудырған ыстық махаббат еді. Бірде бұйығы, бірде тентек, бірде кес, бірде зерек ала-құла қазақтардың, бүгіннен гөрі ертеңіне көбірек қызығады ол. Әдемі ертеңді көріп тұрып:

— Буды баураған тәріздісің. Мынаған қалайсың? — деді Овчаренкоге. Үздіксіз ызыңдап, қараңғы үйде жарық берген динамоны көрсетті. Овчаренко басын шайқады:

— Бұған шорқақпын.

— Бу күшіне социализм жуырда көнбейді. Лениннің «Совет өкіметіне қоса электоофикация» дегенін ұмыттың ба?

— Ұмытқам жоқ. Бірақ, электрдің маманы емеспін ғой.

— Онда ертеңгі электр шаруашылығын қалай басқарамыз. Егер Щедриннің помподоры болғымыз келмесе, үйренуіміз керек. «Шахта оқиғасы», «Промпартия» әрекеттері білмесең күнің осы демеді ме?

Овчаренко үнсіз мойындады. Мейрам одан әрі созған жоқ. Аз айтса да жеткізіп айтатын сараң ауыз көп сөзбен көпіруді сүймейді. Әр станоктің қасына барып, ойлы көзбен қарап тұрды. Қысқа сұрақ, өткір әзілмен әр жұмысшының жәйін байқаған соң, тысқа шықты. Күн әлі бұлыңғыр, бұрқақ. Кеше келетін поезд жаңа келген. Эстакада түбінде он бес-жиырма жұмысшы көмірді асыға тиеп жатыр. Ұзын составты күрекпен толтыру ауыр, өнімсіз, бірақ көп қол қояр емес...

— Бір жұмысшы электрмен осының бәрінен өнімді істер еді-ау, — деді Мейрам. Айтармын, деген бір сөзі атына мінгенде түсті есіне. — Балжан сияқтыларды енді электрге баулу керек, олар мектепте оқи алмас. Кешкі курстерде оқуына жағдай жасаңыздар.

Соны айтып, тағы да ыққа қарай қатты жорта жөнелген екеудің, қар ақсақ ойылып, аттары аяғын қорғана басып барады. Бұл бетте «Жаңа Қарағанды», «Қарағанды сортировочная» аталатын темір жол станциялары бар. Бұлар әкімшілік жағынан көмір тресіне бағынбаса да, горкомға партия жолымен бағынады. Мейрам көміршілердің ғана емес, жолшылардың да күйін көргелі келеді. Беткейдегі Жаңа Қарағандыдан көмірлі Қарағандыны жанамалай, батыстың оңтүстігін ала беттеген темір жол төсегі жатыр. Жол Қарағандыға жетіп қойған жоқ-ты. Құлазыған тауларды, шөл даланы басып американдар мен ағылшындарды елтіткен болашақ Балқашқа мойымас байлық кені — Жезқазғанға барады. Петропавлдан басталып, Балқашқа, тартқан бұл жолдың ұзындығы мың жарым километрге жуық. Ат аяғы, құс қанаты талған кең сахараны Мейрам көзіне елестетіп келе жатып:

— Сарыарқаға салған темір құйысқан-ау осы жол! — деді ішінен.

Ұзақ жолдың бойында адам жоқ. Мына суықта боларлық қисыны да жоқ. Станциядан екінші шахтаға бөлінген шолақ жолдың үстінде екі жұмысшы көрінеді. Бірі шиталарды көтеріп, бірі жолдың қарын аршып жүр. Басында көнетоз қоян тымақ, селдір сақал мосқал кісі сырғышпен көпене қарды шірене итеріп келеді. Көлденең қарағанда, көлбеген ұзын денесі тым үлкен көрінді.

— Мынау бір піл ғой — деді Мейрам Әшірбекке күбірлеп. — Ассалаумағалайком, отағасы.

— Әліксәлем, — деп отағасы сырғышының сабына таяна тұрды. Тымағының құлағы ұзын ат жағына азар жеткен. Бөкебайсыз мойны сойдиып, өндіршегі аңқиып тұр. Бетті жалап, қарыған үскірік суықты ол сезбеген сияқты. Абсағай неме өте аңқау, киімдерін жөнді қаусырынбапты да. Сақал мұртына, ұзын кірпіктеріне байланған мұздақтың біразын қолымен жібітіп алып тастады. Беті шиқандай, бойы бусанған тәрізді.

— Жол болсын — деп, көз тоқтата, түйеше маңқия бір қарап өтті.

— Жол болсын. Апыр-ау, мойныңызға неге бірдеме орамағансыз? — деді Мейрам.

Отағасы ыржия күлді.

— Үйде өскен бұзау, түзде өгіз болмайды. Еріндерің әлден мұздап қалыпты ғой. Мен түзде көбірек өстім. Талай сұрапылды ұзақ түндерде далада өткізуші едік...

— Жылқышы ма едіңіз?

— Жылқышы да болдық, қалашы да болдық. Қарқаралыдан қарағай сүйреп бір тілім нан үшін осы жақты талай аралағанбыз. Талай боранда далада қонғанбыз. Енді бәрі ұмыт. Мынау алақандай жердің қарын шұқылап қайтсам, нан үйге келіп тұрады.

— Осы алақандай жер ме поезды бөгеген?

— Тәйірі, бұған бөгетем бе? Қардың да, суықтың да үлкені сонау ит өлген «Батпақта» ғой. Ол жерлер осы күні өкіріп тұр. Біздің станция бұл боранды мәу деген жоқ. Бәрін бөгеп жатқан «Батпақ».

Аты шулы «Батпақ» жолы ол кезде Ақмола округіне қарайтын. Қарағанды маңындағы жол жайы жаман көрінбеді. Түрік құлақ отағасы тек тиыштықты айтты. Әшірбек суыққа тіпті осал екен. Беті талақша көгеріп, қиюы қашқан аузынан сөзі пышырай шығады.

— Бәрін аралауға күн жете ме, — деп күңкілдеп тұр. Мейрам енді жол бойын араламай-ақ, электр станциясын, төртінші шахтаны басып қайтпақ болды. Саусақты жылы, былғары биялайдан дізгін ұстаған қолы мұздап қалыпты. Үлкен мұрнын саңқ еткізіп, сіңбіріп тастап, қолғабын жуырда кимей тұрған отағасыға таңдана қарайды...

— Атыңызды білуге бола ма?

— Атым Жетпісбай, әкемнің жетпіс жасында туыппын, — Жиырма бес жасында тусаң қайтер ең? — дегенді Мейрам ішінен айтты да жүріп кетті. Желге қарсы қаланың солтүстігін ала шоқытып келеді. Жер бетін қатты сыпырған ызғырық жел аспан ашық болса да боратып, шаңғытып тұр әлі. Тура қараса бетті қарып, қырындаса самайдан өтіп, Әшірбек басын қайда қоярын білмейді. Мейрам да қолы шыдатпаған соң дізгінді қарыңа ілді. Артына қайырыла, Әшірбекке дауыстап:

— Мынау, елу градус шығар, — дейді. Әшірбек мүлде теріс қарап, атының басын бос жіберген. Мейрамның сөзін желкесімен тыңдады:

— А-л-п-ы-с... — деп божыраған дауысы естілмеді. Электр станциясына екеуі осылай жаурап жетті.

Айқыш-ұйқыш аспандап бара жатқан ағаш шарбақ ішінде бірсыпыра биіктеген қызыл кірпіш труба, оған таяу, одан да кеңірек шарбақ ішінде жуан цемент труба алдымен түсті көзге. Екеуі де жаңа электр станциясының трубалары. Бірі түтіндікі, бірі су сауыты. Әлі жасалып біткен жоқ. Қарағанды қысы құрылыс жұмыстарын қысып, көп жерде тоқтатып тастаған. Бірақ, станцияның машина тұратын үйі ертерек біткен еді. Мейрамдар тура сол үйге келіп енді. Жым-жырт. Қыбыр еткен жан көрінбейді. Шонжар қара шойындар, бүйен, өңеш бейнелес жуан трубалар, дәу дөңгелектер жатыр. Құрастырып нобайлай бастаған машина мүсіндері тұр. Пешсіз, есік-терезелері ашық-тесік үй мына: суықта тіпті азынап кеткен.

— Гительман өзін бұдан да ақтайды, — деп Мейрам күлді. ЬІзалы күлкі тез батты да, сұрғылт бетінде қан бір ұйытқып басылды. — Үй жылы болса, ішкі жұмыс жүре берер еді ғой.

— Шақыртамыз ба? — деп Әшірбек лып етті.

— Керегі жоқ. Қазір не істейді ол.

Бөгелместен аттарына мінді. Төртінші шахта енді жақын. Мейрам тоңғанын да, қарны ашқанын да ұмытты. Ойында тек Гительман. Инабатты адам, жылпос сөйлеп, шабан істегенімен қоймай, шындықты жасырды, алдады деп, ызасын ішіне жинап келеді. Өтірігі ұсталған адамға жуырда жібімейтін, айыпты болса да шынын айтқанға жылы қарайтын әдеті еді. Гительманға қатты ренжігенін Әшірбек жаңағы сөзінің өзінен-ақ сезіп қойды. «Бірақ Гительман үлкен кісі, Қарағанды құрылысының бастығы, Казахстан үкіметінің мүшесі, тура орталықтың өзіне бағынады, оған не қылады?» деп биік чинге шара таппай дағдарды. Мейрам — «шындап сөйлесермін» деген оймен шахтаға ат басын тіреді.

Шахта бастығы Сейтқалы болатын. Ескі жұмысшыларды басшы қызметке батыл көтеру салтқа айналған. Сейтқалы бірінші шахтаның десятнигі еді, төменнен жоғарылады, бірсыпыра жұмысшыны жоғарыға тартты. Осында істеп жүрген десятник: Шәкен, Майлыбай, Қаппарлар соның, көтерген адамдары. Бұл шахтада әлі мектеп бітірген инженер, техник жоқ. Ескі жұмысшылар басқарады. Мейрам контордан бірін таппады, бәрі жер астында екен. Дереу жұмыс киімін киіп, Әшірбек екеуі жер астына жөнелді...

Екі тәулік үздіксіз соққан сұрапыл қарды тау қылып үйіп кетіпті. Жұмысшылар күрей-күрей ұзын қар арнасын жасаған. Арна түкпірінде уклон аузы үңірейіп көрінеді.

— Бұл қар ерігенде, ішіне құйылып тағы кетіреді мазаны, — деді Әшірбек. Арнамен ылдиға қарай алға түсіп алып, жортақтай сөйлеп барады. Күнұзын үндемей жаурағаны, жатырқағаны болса керек. Шахтаға ене сөзшең, ширақ бола бастады. — Қара ауызды қазір қармен ұзартқанша, кезінде тақтаймен ұзартсашы.

Мейрам үндемеді. Әшірбек Сейтқалы басшылығының мінін көбірек көріп келеді. Мейрам мен Сейтқалының арасының жақсы екенін білмейді. Камеронға жеткенде ашуланды:

— Бас бар ма, осы жігітте! Мына шұқырды қазуға да инженер керек пе?! Сергей Петрович қазақ деп көрінгенді көтереді...

Сергей Петровичтен бұрын бұл сөздер Мейрамның шекесіне шық-шық тигенін сезбейді Әшірбек. Қулық, сұмдықтан аулақ, өз ісін ғана білетін бірбет адам ойын бүкпесіз айтып тұр. Осы бүкпесіздігін ұнатушылар қанша болса ұнатпаушылар сонша екенін де сезген жоқ әлі. Ашуланса ашуланғандай. Шұңқыр тым шағын қазылған. Молырақ қазылса, камеронды түзеткенше су жан-жаққа тарай қоймас еді. Мейрам түсінді де ол туралы ештеме демей, әңгіменің бетін басқаға аударды:

— Жақсы болды, Жанабіл бригадасы тез жөндеген екен. Жақсысы жақсы-ау. Болмашы салақтық батпандай зиян салды ғой.

Оң бүйірде күлкі, дауыстар дауылдап басылды. Солай бұрылды екеуі. Қараңғы қуыста шахтер шамдары жарқылдайды, өздері көрінбейді. Тағы да бір ду етті. Дәл қастарына келгенде ғана таныды Мейрам:

— Неге мәз болдыңдар?

— Бәйтеннің жұмыртқасының сырты бүтін, ішіндегі уызы жоқ, — деді Жанабіл. Жантайып-жантайып жатыр екен, бастарын көтерді. Ауыздары малжаңдап сонда да тамақ жеп отыр. Шаршаған, ұйқы басқан өңдері шам жарығынан да байқалады. Бәйтен әлі басын көтерген жоқ. Аузындағысын еріне шайнап, қабыққа қарай береді.

— Жұмыртқа жеп жүріп, мұндай сұмдықты көрген емен! Қараңдаршы, бұзылмаған жап-жаңа, бүтін жұмыртқа. Ішіндегісі қайда?

— «Шахтаның иесі болар» деп едің ғой. Сол жеп кеткен ғой? — деп Жанабіл шек-сілесі қатып жатыр. Бәйтен сезіктене қараса да, жұмыртқаның ішін ұрлау деген басына сыймады. Шынында Жанабіл ұрлаған. Инемен тескен де сорып қойған.

Мейрам көп күлкіні қостай келіп, Бәйтеннің қасына отырды. Аяп отыр. Оның алды бар, арты жоқ адуын сөздерінен, бүкіл Қарағандыны бір өзі меншіктеніп, қызғыштай қорыған мінездерінен жөнді ештеме қалмаған тәрізді. Қызыл сурикпен үстін түгіл бетін де бояған. Тәуліктен аса ұйқысыз, дамылсыз қимылдаған екпінді бригада қарқыны әбден қалжыратыпты. Аузындағы тамағын әрең шайнап жатыр. Сонда да мақтан сүйеді.

— Жұмыс дегеніңді қаусатып салдық. — Егескенде күш қайдан шығады екен! Осы жолы өзіме-өзім таңқалдым, — деп түйсінбей соғады.

— Мейрам жолдас, міндет абыроймен орындалды, — деді Жанабіл. Көрген қиындықтарын дәріптеген жоқ. Әлі тың, сергек, қолындағы кілтін ойнатып тұр. — Камерон, подымный машина, жарылған трубалар, бәрі оңдалды. Бәйтеннің жиырма алты сағат тізе бүкпегені рас. Бірақ, осы қайратты бұзылғанға жұмсағанша, жаңадан жасауға жұмсаған жақсы емес пе еді. Сейтқалы жолдасқа соны ұғындырып кетіңіз.

Бәйтеннің кәрі намысы басын осы арада бір көтерді. Кеше ғана ауылдан келген Жанабіл Бәйтенді басынан аттап, Сейтқалыға салды ауызды. Қалай шыдасын!

— Алмасақтан бері щахта авариясыз болған емес! Сейтқалы оған не істейді? Ескі жұмысшы десе сайтаның бар-ау өзіңнің, — деп қомпаңдайды. Жанабіл жауап қайырмай, қолын бір сермеп қоя салды. Мейрам да елеген жоқ.

— Сейтқалымен сөйлесерміз, — деді де орнынан тұрды. — Қайтыңыздар, тынығыңдар енді. Бәйтеке, сіз жылы, таза, жеңіл жұмысқа қалай қарайсыз?

— Жалақым кемімесе барар едім.

— Кемімес, — деп жүріп кетті Мейрам.

Негізгі штректің біраз жеріне жайылған су әлі сіңіп болмаған. Шылқылдап жатыр. Су жұмсартқан табанға ағаш тіреулер түгіл көмір діңгектер де бата түскен. Төбенің кей жері төмендеуге бейім. Темір жолдың бір жерін ісінген жертабан бүкірейтіп жіберіпті. Жан алып, жан берген қызу жұмыс осы арада. Штрек бұзылса жан-жақтан жам жолмен келетін көмірге жол кесілгені. Шахта өндіріс жоспарын орындай алмай олқылықта қалады. Жоспар орындау шахтерлерге мәртебе. Орындамау қорлық секілді. Сондықтан бастығы Сейтқалы болып, өрт сөндіргендей не күшті тасқынмен күрескендей қауырт, өжет қимылдап жүр. Төбедегі көлденең ағаштардың екі басынан көлденең арқалық қойып, арқалық тіреулердің астына да төрт қырлап бөрене төсеп, төбені құлатпасқа қосымша ылаждар жасаған. Енді жол төсегін тегістеп, құрғатып, рельстерді жаңалап жатыр.

— Іске сәт! — деп Мейрам мен Әшірбек келді. Елең еткен жиырма шақты адамға:

— Алаңдамаңдар, суытпаңдар! — деді Сейтқалы. Балшыққа былғанған, қолындағы кілтті қасындағы жұмысшыға тастай салды. Терлеп, ентігіп тұр. — Міне, боранның, сойқаны!

— Боран кімге соқтығарын білетін көрінеді ғой! — деп қалжыңдады Мейрам. — Овчаренко маңына жуытпапты.

— Е, ол антұрған мақтана береді.

— Біз көзбен көрдік. Сенің күйің бораннан кейін түскен екен.

Сейтқалы үндемеді. Жуан мұрны, көнтек ерні тіпті жуас тұр. Осы тұрысымен мойындағанын, аянбағанын айтып тұрған сияқты. Мейрам одан әрі қажамай Әшірбекке бұрылды.

— Сөз инженердікі.

— Менімше, қолданған амалдары дұрыс. Енді бар күшті салып, әуелі осы жақтың көмірін алып қалу керек. Зады бұл штректің өмірі қысқа болар...

— Өзімізде солай ұйғардық... — дей бергенде Сейтқалының сөзін бөліп жіберді Әшірбек:

— Ең алдымен алыстағы көмірді алуға ұйғарыңдар.

— Бәрі бір емес пе?

— Бір емес. Бержақтікі бұрын алынып, жол, төбе бұзылса, аржақтікі алынбай қалады. Алынса да қиындықпен алынады. Жұрттың бірсыпырасы айлық жоспарды орындау айқайымен жүр. Ал, шахта талай жылдардың жоспарын орындауға жасалды ғой. Оңайға қызығып, бүлдіруге болмайды. Алды алыстан болжап, барлық жұмысты соған бағындыру керек...

Беті ашылмаған жаңа инженердің сөзі Мейрамға ұнап қалды. Кенді, еңбекті инженер қалтасындағы ақшадай есептеп тұр. Аз еңбекпен көп көмір алу қамын көздейді. Бәйтенше, шахта авария орны деп қараған жоқ. Қазна сарайы деп қарады. Оның ішіндегі былыққа шыдар емес. Тәртіп, мәдениет орнату талабында. Жаңа инженер білім аумағын, іскерлік қабілетін әзір толық көрсетпесе де, алға ұмтылған осы қасиеттерімен Мейрамның көңлін бұрып әкетті. Сейтқалыны ерте, шахта ішін үшеуі енді аралап жүріп, көмір дүниесін кең әңгімеледі. Ермек айта беретін «дайындық жұмыстары» дегеннің мәнісін Әшірбек тіпті тереңдетіп жіберді:

— Кейбір шахта басшылары бүгін алға шыққанына мәз. Ертеңге дайындығы аз. Соның салдарынан шахта қиындыққа, тұйыққа тірелер кезде, ол есебін тауып ауысады. Орнына келген жаңа адамға пәленшенің тұсында жақсы еді, сен жаман істедің деп ұрсамыз. Осы әділдік пе? Бір күндік атақ үшін, жүз күндік зиян салған басшыны мақтау былай тұрсын, соттау керек. Біздің трест бұған әлі барған жоқ. Жұмсақтығы ма, көре білмей ме, түсінбеймін.

— Екеуі де бар, — деді Мейрам, — оның үстіне тамыр-таныстық, сыбайластық дегендерді қосыңыз. Сонда күресу үшін қанша күш керек?! Зиянкестерден гөрі бұлармен ұзақ күресуге тура келеді. Неғұрлым сіз сияқты батыл айтсақ, солғұрлым тез жеңеміз...

Әшірбек пікірлері шахта ішіне жіберген жаңа ауадай сезілді Мейрамға. Оның әр сөзін салмақтап, партиялық жағын да есіне алды. Партия мүшелігіне кандидат қана. Мүшелікке өткізу тоқталған кез. «Айыпты Орловқа да сендік қой. Соның орнына қойса қайтеді?» деген батыл мінезін Мейрам ақыл сарабына салып келеді. Бірақ шешкен жоқ. Осы ойды шахтадан ала шықты.

Жел басылған, бұлт тараған, аспан көк жалтыр. Ақ белеске иек артып күн жатыр...

Күн ашылыпты ғой, кешкіріпті ғой, — деп атына мінді Мейрам. Қараңғы шахтадан жарық дүниеге шыға келіп, жақсы атпен жорта жөнелгенде, оның көңілі осынау аппақ даладан ағырақ та, кеңірек те боп кетті...

VII

Түн. Горком. Секретарьдің кабинеті. Мейрам қатты орындықта тік отыр. Алдында жаюлы көк папкеде өндіріс орындарынан түскен мәліметтер. Әр қағаз әртүрлі хабар келіп жатыр. Бірін сыдыра оқып, біріне түйіле қарап қалды. Оңаша, тиыш бөлмеде отырса да, баста дамыл аз. Қағаз арқылы алуан адамдармен сөйлесіп, шытынады, жымияды, біресе ойға кетеді. Суық қарып күреңіткен ақсұр жүзінен, мөлдір, байсалды, үлкендеу қоңыр көзінен бәрі көрініп тұр. Оқтын-оқтын сағатына қарайды. Жұмыс сағатқа бөлінген. Оң жағындағы ашық блокнотта үш жол қызыл жазу бар: «түнгі он бірге — Щербаков, он екіге — Гительман, бірге — Қанабек келсін» депті.

Он бірге он бес минут қалғанда папкені жауып жүре бастады. Бойын ғана емес, ойын да сергітіп жүр. Радионы ақырындау сөйлетіп қойып, музыка тыңдады...

Қарауыта, деміге кірген Сергей Петрович сырт киімін іліп, саусақтарын сыртылдатып болғанша, Мейрам орнына отырған жоқ. Аяғын баяу басып, салқын өңмен келіп отырды орнына. Сергей Петрович әдеттен тыс бұл мінезге түсіне алмады:

— Өңің неге сынық, жай ма?

— Жәй емес, боран мені де бұзып кетті.

— Иә, боран осал жерімізді дәл тапты.

— Баяулап, салақсып бара жатқан сияқтымыз. Осы жайды кең отырып бір кеңесейікші.

— Айта беріңіз, асқындырмай айтқан қандай жақсы.

— Төртінші шахта екі сутка тоқтады ғой.

— Екі жұма, бәлки екі ай тоқтар еді, жұмысшылар ерекше ерлік көрсеткен жоқ па?

— Сол ерлік бүлінгең істің үстінде көріңгенше: жаңадан жасау үстінде көрінсе, — деді Мейрам. Әнтек шытынып қойды. — Донбасқа үйренген жұмысшылар жергілікті ауа райын ескермегендіктен, трубаларды жылы орамаған. Оны сіз басқарған трест қабылдаған уақытта көрмеген. Бұл арада білмегендіктен көрі жауапсыздық басым.

— Рас, бұл инженердің кінәсі. Ол инженерге бір шара қолданармыз.

— Шахтаның тоқтауына ең басты себеп — шахта бастығын тауып қоймағансыз. Сейтқалы жақсы жолдасым болса да, айтпадым ба, сонда? Көмектесеміз дегеніңіз қайда? Жоғарылатып алып, оны енді төмендетуге тура келеді.

— Төмендету асығыс болар, — деп Сергей Петрович басын шайқады. — Қазақтан жалғыз ғана шахта бастығы ғой. Әлі де байқайық, адамның бір кемшілігін көріп түңілмейік.

— Кейінгі үш айда 77 авария болды. Осыған шыдай береміз бе? Болдырмау керек. Ал, болдырмау басқарушы адамға байланысты.

Сергей Петрович қоңыр жүзі қызара үнсіз күлді. «Жастыққа тән албырттық-ау, бәрін қолма-қол жасағысы келеді» деп күлген тәрізді. Ол ойын тасалай тұрып жуып-шая бастады.

— Өндірісіміз, кадрлеріміз жас, тәжірибеміз әлі аз. Тойпаңсу, сүріну көп. Бірақ істеп тастағанымыз одан да көп. Екеуміз келгенде бір ғана шұқанақ шахта бар-ды. Қазір отыз бір. Көмірді шелектеп шығарып едік, енді вагонеткалап шығарып жатырмыз. Сондағы бұзылған бес-алты барак, бүгін міне кәдімгі қалаға айналды. Сондағы жалғыз трубаның маңына талай трубалар көтерілді. Ешқандай кемшілік бұл табыстарды бүркей алмайды, Мейрам Омарович. Соның бәрін Сейтқалылармен жасадық.

— Жасарын жасап болғандар артына көбірек қарайды. Жасап болмағандар алдына көбірек қарайды, — ден қалжыңдады Мейрам. — Біз «жасап болдық» дей аламыз ба? «Болды» дегеніміз болашақтың бір ұшқыны ғана емес пе?

— Әрине, — деді де, Сергей Петрович жымың етті. — Артына қарағыш кәріге де, алдына қарағыш жасқа да — алды-артыңа бірдей қара дер едім мен.

Екеуінің әңгімесінен жарасымды әзілдер жарқылдайды. Бірі қартаң, бірі жас болса да, жаны құрбы адамдар екені көрініп тұр. Кейде қатты сөзге келіп қалып, қайта келеді қалыптарына. Мейрам батыра, сынай сөйлеп отыр:

— ...Трестің кадр бөлімі не істейді? Әлі күнге электр курстерін ұйымдастырып болған жоқ. Инженер-механизатор, инженер көміршілеріңіз не істеп отыр? Қарағанды пластасына қандай машиналар керек? Шахталар алдағы үлкен үлкен жоспарды орындау үшін қандай дайындықтар керек? Азық-түлік қоры не күйде? Жұмысшылар неге ауыса береді? Осы мәселелерді қамти бюроға толық баяндама жасаңыз?

— Дұрыс-ақ! Жасаймын. Бәрі кезінде айтылып, кезінде қойылып отыр.

— Сізде жақсы ниеттен туған жарамсыз бір мінез бар: қазақты талғамай сүйесіз. Қоймай жүріп Сейтқалыны жоғарылаттыңыз. Қоймай жүріп Бейсек, Ырымбек, Махметтерді жауапты қызметтерге алдыңыз. Есіңізде болсын, мен бұлардың бірінің іскерлігіне, бірінің саяси бағытына күмәндімін. Заман тұлғасы олар емес қазір. Фабрика-завод мектебінде төрт жүзге жуық қазақ баласы оқып жүр. Қарағанды техникумы бірер жылда екі жүз техник береді. Москва, Ленинград, Днепропетровск ондаған қазақ инженерлерін даярлап жатыр. Міне, заман тұлғасы, өндіріс тұлғасы осылар.

— Айта түсіңіз, — деп Сергей Петрович трубкасын бір сорып қойды. Бұған дейін баласындай болып келген Мейрам секретарьлығын жаңа сездірген тәрізді.

— Мен айтып болдым, енді сіз айтыңыз.

— Менікі жарамсыз мінез болғанда, сіздікі жарамды мінез екен, дұрыс айттыңыз. Асқынбай тұрғанда ұғынысқан жақсы. Осы Ырымбек, Бейсек жайында күмәндана бересіз, жаңа материалдарыңыз бар ма?

— Жоқ.

— Онда қудалай беріп керегі не? Екеуі де коммунист. Ескі қылықтары үшін жазаланды. Енді істетіп байқайық. Олар түгіл Орлов та түзеліп кетті. Бұл менің қазақты талғамай сүйгенім емес, партиялық тәсілім. Түсінікті ме, Мейрам Омарович?

— Түсінікті, — деп басын изеді Мейрам. Сағатына қарады. — Он минутсыз он екі. — Біраз кеңестік білем. Әзірге осы жетер.

Щербаков орнынан тұрды. Мейрам бұрын барып, пальтосын тосты арқасына.

— Рақмет. Можа боп бара жатқан шалдарды әрдайым қайрап тұр осылай.

— Сіз онда жанып қойыңыз жастарды.

— Жанимыз. Керек болса, тас шарыққа жанимыз.

Кабинеттен күле шықты Сергей Петрович. Антонина Федоровна жетіп келді қасына. Жасы қырық шамасында, оңды, сымбатты толық әйел. Тұнық, көкшіл көзінің маңында әлі жөнді әжім жоқ. Секем алғанда тым өткір қарайтын, күйеуінің күлімдеген жүзіне қадалып қарап қалды.

— Қуаныштысың ғой?!

— Қуаныштымын. Жас секретарьдің қаншалық өскенін жаңа білдім.

— Иә, өте зерек жігіт!

Щербаков кеткен соң кешікпей, кабинетке Гительман енді. Имек мұрын, төртпақ дене, секпіл бет кісі. Жасы қырық шамасында, қимылы, сөзі шапшаң, өткір кездіктей қылпылдап тұр.

— Отырыңыз, жолдас Гительман, — деді Мейрам баяу ғана. Отырғанша ол «Мейрам Омаровичті» екі айтып үлгірді. Галстугін, омырауындағы «Казцик мүшесі» деген значогін де түзеп қойды. Суықта, түн ортасында горком жәй шақырмағанын сезген болар, сөз басталуын асыға күткені, жалт-жалт қарауынан байқалады. Мейрам жуырда сөйлемеді. Стол тартпасын ашып бір папка алды. Қарындаш, блокнотын алдына қойды. Содан кейін біраз мүдіріп барып:

— Мен сізбен құрылыс жайында сөйлеспекпін, — деді де папкеге нұсқады, — мынау сіздің әруақытта горкомға берген баяндама, мәлімет хаттарыңыз. Жақсы жазылған. Бірақ қалай істеп жатырсыз, соны білгім келеді.

— Жалпы алғанда жұмыс жаман емес, Мейрам Омарович, — деп лып етті Гительман. Сөйлер сөзін жаттап алған ба, мүдірмейді, қолында да дамыл жоқ, біресе сермеп тастайды. Талайды көрген әккі адам арнап айтпаса да, мемлекет басшыларында болғанын көлденең тартады. Үлкен беделдің, өткен істердің маңынан жуырда шыға алмады. — ...Қарағандыны қала еткен құрылысшылар ғой. Өзгесін былай қойғанда завод трубасы он екіге, шахта көпірлері он сегізге жетті. Нан заводы, мектептер... дегенде Мейрам бір ескертіп қойды:

— Бұларды бұдан бес ай бұрын айтқансыз. Одан бері не бітті?

— Қолды қыс байлады ғой. Тас, известь карьерлері тоқтап қалды. Жиырмасыншы, отыз бірінші шахталардың жиырма бес проценті ғана дайын. Күштің кебін орталық электр станциясына төккен едік. Оның да сыртқы жұмыстары бөгеліп тұр... .

— Ішкі жұмыстар ше?

— Е, жүріп жатыр, — деді Гительман. Мейрамңың бүгін көріп қайтқанын білмейді екен. Тағы да сыдырта жөнелгенде, Мейрам тағы да қақты.

— Шын айтыңызшы, жүріп жатыр ма, қатып жатыр ма?

— Тек осы суықта ғана бөгелің кіреді.

— Жылы үйдегі жұмысқа суықтың бөгеті қанша?

Қайталаған сұрақтардан Гительман жаңа ғана сезіктенді. Бірақ, лезде жол тапты:

— Үйіміз онша жылы емес-ті, Мейрам Омарович. Трест әуелі шахталарды бітір деген соң, күшті солай аударғамыз.

— Горком бюросы қалай аудар деген еді?

Гительман сөз таппай мүдіріп отырып, кенеттен күліп жіберді. Сыртымен күлгені ішімен күлгендей.

— Мен тек подрядчикпін ғой, Мейрам Омарович. Қожайындар қысқан соң шыдамадым.

— Сіз тек подрядчик емес, қожайындардың, Қарағандыны жасаушылардың мықты бірісіз. Олардың қайсысы сізді қысқан?

— Бейсек Керимович тіпті мойнымнан түспеді...

Кейінгі сөзді Мейрам блокнотына жазды. Одан әрі сурик, бермей толғанып отыр. Ой салған осы сөзде бүкіл Қарағандының тағдыры тұрған тәрізді. Қолбұран, атбарабан ымеңдерінен тез өтіп, бу техникасын тез меңгерген Қарағанды әлі де жаңа қауымның тілегінен төмен еді. Электр төменнен жоғары көтермек. Мыңдаған адамның ауыр еңбегін жеңілдетіп, өнімін бірнеше есе арттырмақ. Сондықтан электр станциясын шапшаң бітіруді горком қадағалап тапсырған. Бейсек Керимовичтің жанама тапсырма бергенін, оны Гительманның құп алғанын Мейрам елеусіз қалдыра алмады. Ойлана отырып, екеуінің өмірбаянын да шолып өтті Бейсек — кешкен жолдар ирек-ирек... Гительман тура келсе де тайғақ тұрған сияқты. Ырымбек ертеден белгілі. Бәрі басшы қызметтегі коммунистер. Әрқайсысының бойында әр қилы мін бар. Көрсетсе кек алады, көрсетпеске болмайды. Қым-қуыт адам пиғылдарын жүйелеумен отырған секретарьды Гительман бөгедім десе керек:

— Тағы не айт дейсіз? — деп мазалап қойды.

— Енді мен айтайын, тыңдаңыз, — деді Мейрам. — Сіздің қарауыңызда үш мыңға жуық жұмысшы бар, қазағы үш жүзге жетпейді. Қалаушы, токарь, маляр сияқты маман қазағыңыз үшеуге де жетпейді. Партияның ұлт саясаты дегенің ұлт кадрлерін даярлауды ұмытқансыз ба?

Гительман шоқ басқандай ыршып түсті:

— Тұрақтамайды, кете береді! Ал маманы тіпті жоқ, не істейін? Өмір бойы малшы қазақ оңайлықпен маман бола ма? Көшпелі әдетін қоя ма? Осыны Орджоникидзе жолдасқа дейін жаздым...

— Сабыр етіңіз! Жазу оңай. Кеп, сол жоқты жасауда, тұрақсызды тұрақты етуде. Ол үшін тынбай үйрету, бейім тұрғандарын батыл жоғарылату керек. Маман кадрді сіз мектептерден ғана күтесіз. Мектептерде көбінесе жастар оқиды. Бітіргенше уақыт өтеді. Жұмысты үлкендер істеп жатыр. Олар алдымен жалақыға қарайды. Жалақы мамандыққа байланысты. Ұлт саясаты бұл арада өндірістегі ұлт кадрлерінің тұрақтылығын да, мамандылығын да қамтып отыр. Сіз екеуін де ескермегенсіз. Оның үстіне көз бояйсыз.

— Сіз мені қайда апарасыз, Мейрам Омарович! — деп Гительман қопаң етті. Шапшаң адам кең креслоға сыймай шылтыпырым болып отыр.

— Менен көрмеңіз... Қайда барсаңыз да, өзіңіз бара жатарсыз.

— Жоқ, сүйреп барасыз! Ұлт саясатын аяққа бассам, алдауыш болсам, аржағында не қалды! Партия партбилетті несіне берген? Халық мына значокті несіне берген?

— Сабыр етіңіз. Екеуі де іске қарай беріледі, іске қарай қайтып алынады, — деді Мейрам. Жәй айтса да өңі суып кетті. Щербаковпен қанша қажасса да бұлай сұрланған жоқ еді. — Ішіңіз жаңа ашылды, семірейін деген екенсіз. Депутат төре емес — халық қызметкері, коммунист — халық солдаты. Большевиктің сөзі мен ісі бір жерден шықсын дейді партия. Сіздің сөзіңіз мынау, — деп папкені ашты. — ...«Қалалық комитетінің қаулысы бойынша орталық электр станциясының жұмысын қыс күндерінде тоқтатпауға барлық шара қолданылды... қыс қауіптері жойылды» дедіңіз. Енді Бейсекке жабасыз. Егер мен бүгін көзіммен көрмесем, жасырудан да тайынатын түріңіз жоқ. Сыйлап келдім сізді, әлі де сыйлаймын. Бірақ, партияны көбірек сыйлаймын. Бір жұманың ішінде уәдеңіз орындалмаса, азынап тұрған сонау машина үйі жылынбаса, қазақ кадрлері жайында нақты шара қолданылмаса, мәселе бюрода қаралады, Бұл сөз осымен бітсін. Екінші сөз жеке басыңыз туралы. Бірсыпыра шахталарда қажып, кірлеп шыққан жұмысшылар жуынатын монша жоқ. Бірсыпыра инженер-техниктердің пәтер үйі нашар: көпшілік жатақханаларына, конторларға қонып жүр. Мен бір жұмысшының асханасының жармысында отырмын. Завод бастығы Щербаковтың екі бөлмелі ғана пәтері бар. Осындай жағдайды сіз өзіңізге алты бөлмелі үй салдырғансыз. Екі-ақ бассыз. Басқаның жанынан сіздің жаныңыз артық па? Сол үйдің екі бөлмесін өзіңіздің бас инженеріңізге, екі бөлмесін Әшірбекке беріңіз. Болдым, енді қайта беруіңізге болады.

— Партия басшылығы емес бұл! Үстемдік, әкімдік, шабуыл! Өлкелік комитетке, Орталық комитетке дейін жазамын, — деп Гительман бұрқырай тұрды орнынан.

— Еріктісіз. Мен партия әмірін орындадым. Оған тек уақыттың, айтқанын қостым, — деді де Мейрам қоңырау қақты. Антонина Федоровна енді. Таңдана қарап тұр..

— Тулап кетті ғой! — деді Гительман кеткен соң.

— Қытығына тиген шығармыз. Қанабек келді ме?

— Келді.

— Кірсін.

Жұдырықтай Қанабек жайдары кірді есіктен. Мейрам қарсы барып амандасты. Сөз әзілден басталып, күлкімен қосталды.

— Қарағанды ауданға қоңсы еді. Аудан енді Қарағандыға қоңсы болды. Қоңсы ауылдың шалы едім, бала. Қолың қатты дейді, қорқыңқырап тұрмын.

— Қорқарлық қылығыңыз болса, қорқыңыз.

— Менің кемпірім күлсем — көлгірін қарашы, күлмесем — безеруін қарашы деп ұрсады. Қылыққа біздің кемпірше қарай көрме, айналайын...

Мейрамның шек-сілесі қатып жатыр. Тілді, ескі сөзді, қалжыңға «кемпірін» қоса сөйлейтін Қанабектің отырған жері күлкісіз болған емес. Оның қалың ерні қопаңдай бастағанда-ақ күле береді жұрт. Адалдығына, ақжарқындығына қарсы біткен қыңыр мінезі де бар. Бір қисайса болмайды. Жығылып жатса да ащы тілін салып жатады. Совет дәуірінің айтыс-тартыстарын көп көрген адам. Қазір Тельман ауданынан Қарағанды қалалық советінің председательдігіне ауысқан беті. Мейрам біраз қалжыңдасып алған соң, шын әңгімені бастады:

— Қанеке! Сізді қоймастан сұрап алдық қой. Кәрібай бишара, бірсыпыра отырып, із-түзін қалдырмай кетті. Қарағанды жұртшылығы қит етсе горкомға, профсоюзға, треске келеді. Сіз соларды советке де келтіріңіз. Оның тәсілдерін менен көрі көбірек білесіз. Талап үлкен, тындырғанымыз аз. Ойласаң ұйқың шайдай ашылады. Халықаралық жағдай шиеленісе түсті. Ішкі жаралардың аузы әлі ашық. Қала да, ауыл да жаңа қоныс, іргесін әлі бекіткен жоқ. Халық тағдырын қолына алған партия мен үкіметіміз қиын жағдайда тұр. Осы сезіммен істесек қана қиындықтарды жеңеміз.

— Дұрыс айтасың, шырағым, дұрыс айтасың! — деп ыңыранып алды Қанабек. — Осыны сезбейтін коммунистер де бар. Ертерек есіңе салып қояйын — мынау Бейсек, Ырымбек дегендеріңмен өмірі келіскен емеспін, қалтасында партбилеті болса да, коммунист деген емеспін. Мүмкін мұным теріс шығар, әйтеуір жүрек жібімейді. Сөз жоқ, тағы шайқасамыз. Тек сонда әділ бол.

— Тек ескі кекті ермек қыла көрмеңіздер, — деді Мейрам. Бейсек, Ырымбектердің ескі жарасынан өзі жиреніп тұрса да сездірмеді. — Ендігі сөзді біздің пәтерде сөйлесейік. Кең отырып бір күлейікші.

Екеуі әзілдесе үйден шықты.

VIII

Ай қорғалаған, таң алдында ғана туады. Аспан ашық. Тымырсық аяз Қарағандыны қыраумен бояп тұр. Шықыр-шықыр жүрістер түн бойы басылмайды. Жер астында да дамыл жоқ. Сменамен істейтін жұмысшы жұрт бірі кетсе, бірі келіп жерді тынымсыз кеулеп барады. Эстакадалар үстінде салдыр-күлдір тымық түнде алыстан естіледі. Әр тұста қызып, бықсып жатқан порода (балшық) үйінділерінің баяу оттары алыстан көрінеді. Оған өндірістердің, мекемелердің алдындағы электр лампалары, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жұмысшы қолдарындағы бензин шамдар қосылғанда, көмірлі қала да көкшіл тартып аспандай шыпырлаған жұлдызды боп тұр...

Өлі далаға жан бітіп, аз уақытта осылай жайнай бастаса, қаралы көңілдер қарая түсті. Түнгі прогулкаға шыққан Бейсек қабағын шытына қарады жан-жағына. Кең, тыныш, тұнық даланы, қойдай момын қазақ аулын көксеген бас мынау еңбек дүрсілдерінен, еңбек жарқылдарынан зырқ-зырқ етеді. Осы дүрсіл, жарқылдардың қағаздағы есебіне ұзақ үңіліп, бас қатқан соң тыныстауға шығып еді. Тыныштық ала алмады. Ішінен тұнған ауыр адам күрсінген сайын бықсыған кеудесін босатқандай болады. Алдындағы дөңеске көтерілді. Айналаға тағы қарады. Ойда темір жол станциясы көрінді. Паровоз даусы, жол бойындағы жарықтар қосылғанда, көмірлі қаланың көлемі, сәулеті зорая түсті. Күндіз құба төбел қала, түнде жайнап, оттары шыпырлап кеткен...

Бейсек Керимович дөңесті айнала қазған орды бойлай жүрді. Орталықтағы бұл ашық алаң ойының да бір бос алаңы секілді еді. Қазылған ор, оны да аман қоймады. Молалалар түсті есіне. Биыл күзге дейін осы дөңесте ескі Қарағандының өліктері жататын. Жан-жаққа шашырап жайылған жаңа Қарағанды ортада қалған қабырларды трактормен тегістеп, алдағы жазда бақша жасауға дайындап қойды. Орыс, қазақ болып өлгенін, аруағын қорғар, тозып бара жатқан дін де бір жаңғырар деп, ескі нанымға от тастап та байқаған еді Бейсек. Жанбады. Бықси сөніп қала берді. Жұмысшылар сенбілік жасап, жер болған моланы мәдениетті демалыс орнына айналдыруға бет түзеді. Бейсек жұрттың түрінен тағы бір түңіліп, қоршаған капитал шеңберіне тәңірісіндей сыйына түсті. «Батыстан Германия, шығыстан Жапония аттанса, біз балақтан алсақ, социализм дүниенің сілімтірі қала ма! — дейді ол. Бірақ сол күн тез жетсе, жаңа қоныс боп жайрап жатқан кезде долыдай соқса», деп сабырын да, ақылын да сара ойлап барады. Арт жағынан үнсіз келген Ырымбекті байқаған жоқ.

— Үйде отырып әңгімелесейік, — деді Ырымбек келісімен.

Өңі тым жайраң. Екеуі Бейсектің оңаша бөлмесіне кірді. Сақ Ырымбек қаншық тазыдай икем, терезенің пердесін қымтай жауып, есіктің ілгегін іліп алған соң сөйледі:

— Бүгінгі ТАСС хабарын оқыған шығарсың. Алдағы соғыс күші — мотор мен газ болар, сірә? Біздің дайындығымыз қандай екен?

— Мардымды емес шығар, — деді Бейсек, ойынан әлі арылмаған тәрізді. Ауыр отырып, әр-берден соң ғана үзіліп қалған сөзін жалғастырды. — Ескі Рессейдің жәйі белгілі. Жапон зеңбіректеріне қарсы иконмен шықса, неміс зеңбіректеріне бесатармен шықты. Ресейдің мешел техникасы бесжылдықта қаз тұрғанмен, неміс моторларының дауысын естігенде-ақ қалпақтай түседі. Тек осы әлсіз кезде қимылдау керек еді. Олар кешігіп жатыр. Капиталистердің алаауыздығын пайдаланып, бұлар күшейіп жатыр. Бірақ қанша тырбанса да, елу жыл алға кеткен елдермен бірер «бесжылдықта» теңелу мүмкін емес қой...

— Олар бұл мінезін қоймаса, теңелу қиын да емес. Сауда-саттық жасайды. Мамандарын жіберіп, жаңа техника жасауға көмектеседі. Алжиын деген бе, өздері — деп Ырымбек тарылғанда, Бейсек жымиып жәй күлді:

— Бұл тек алауыздық, пайдақұмарлық болмас. Ішкі жайды білу де, «Істеп берем» деп бүлдіру де керек шығар. Өзіміз соны істемей отырмыз ба?

Оңаша бөлмеде, қараңғы түнде халық жаулары халықаралық жағдайды қарастыра келіп, қаяулы көңілдеріне медеу тапты.

— Осы демеу болмаса «өзімді өзім шаянша шағып, жоқ қылар едім, — дейді. Ырымбек. Ертеректе «елім», бертінде «социализм» деп өңештеген «ерлер», ішін ашқан сайын өңездерін көрсете түседі.

— ...Гительман горком басшылығына өкпелі. Бұл алалықты шебер пайдалануымыз керек. Жаңа өндірісті меңгеру жолында қиындықтар көп. Әр қиындық біздің әрекетімізге шымылдық. Өз ісімізді істей отырып. Мейрамның үстінен жоғарыға домалақ қағаздарды айдай берсек, Мейрам өз басымен әуре боп кетеді. Өзіміз жасаған әрекеттерді «олқылық», «қиындықтармен» бүркеп, бәрін соның мойнына аударуға болады...

— Қанабекке де қақпан құру керек.

— Қанабек айтарын айтқан. Істерін істеген, — деді Бейсек. Ескі жараның аузы ашылған сияқты. Шытынады. Екеуін тобықтан талай қаққан, бірінің әкесін, бірінің ағасын кулакқа тартып, елден бездірген Қанабек бүйідей көрініп алдарында тұрса да, тарпуға дәрмен жоқ, ескі материалмен ештеме істей алмайды. Жаңа материал бермелік, аяғын шалыс басқан кезін аңдиық, — деп тоқтады Бейсек.

Ашық жауласа алмағанмен кегін бұлар жасырын алып жүр. Орловтың өлімі бойға сіңуге айналды. Өндірісте жасаған авария, кедергілер көп қиындықтың арасында сезілмей барады. Оқтын-оқтын көп арасына тастап жіберетін зиянды лақап, қауесеттері өршімесе де, өшіруге бірсыпыра күш, уақыт кетіп жатыр. Ауыр жүкпен өрге өрмелеген халық көшін осы ұсақ қастандықтар шіренте түскенде — жымыңдап қояды. Алғашқы кезде сауысқаннан сақ еді. Қазір ұрлығы сіңген ұрыдай құнығып, дәнігіп алған, батыл сөйлеп отыр:

— ...Ішкі алалықтар, жасанды кедергілер «бесжылдықты» жоя алмайды. Тек сыртқы күш жеткенше берекесін кетіре беру үшін керек. Дәл қазір совет дүниесінің нәзік жері — азық-түлік. Индустрия ауылдың азығын ғана емес, адамын да жұтып жатыр. Бастықпаған колхоздар өнерлі кәсіпті тойғызғанша қашан! Сондықтан бір картошкені өлтіру — бір адамды өлтірумен бірдей. Сен Махметіңді жете пайдалана алмай келесің.

— Әлібек емес қой ол. Бұдан артық қолынан келе ме? — деп Ырымбек Махметіне қанағаттанса да, Бейсек аранын аша түсті:

— Келеді! — деді сендіре, — Теріс жоспарымыз өте бермейді. Дұрысты теріс орындау қанша қиын. Басқарып жүрген жұмысшы, қызметкерлердің өзі кәні болып отырған жоқ. Жәй жұмысшылардың сыбағасын жырымдап, соларды тойдырсаң жақ аша алмайды. Бұдан жүздеген жұмысшылар ашығады, ашынады. Бізге керегі әйтеуір совет қазнасын шаша беру емес пе!

— Махмет бұған бара алар ма екен?

— Барады! — деп тағы да Бейсек нық айтты. — «Ұзақ өмір сүрем десең, сүйеушіңді көбейт, бас көтерердің аузын ал!» де. Бұл оның миына қона кетеді. Мамандығы да осы шығар өзінің. Бізге ақылдыдан ақылсыздар пайдалы екенін ұмытпа?

Бір кезде Бухарин бастаған топ, бұл кезде тозып кеткен. Әйтседе мандам сияқты желі тартып, ел денесінің әр жерінде бір түйнек қалып қойған. Бейсек — сол түйнектің бірі. «Мандамның басын ал» дейді қазақ. Басын алмай, жеке түйнектерді жойғанмен жазылмайды дене. Бухарин әзір аман, Мәскеуде. Бейсектер бытыраса да, мандам түйнегіндей бірден-бірге жалғасып, Бухаринмен ұштасып жатыр. Күрес тәсілдері мүлде өзгерген. «Жегі болып же», «сыртыңды бер, ішіңді сақта», «сенбе жұртқа» деп, Ырымбекті талай таптады Бейсек.

— Азық-түлік қорын молайтпауға қолдан келгенді істеп қалу керек, — дейді. Өзінің аянар түрі жоқ, қанын ішіне тартып алған. — Бұнымен жұмысты түгіл, жұмысшының организмін бүлдіруге болады. Жүз мың карточкаға жететін үш айлық запас бар. Былықты карточкадан бастасын Махмет. Ашыла қалған күнде зиянкестік емес, жәй қылмыс есебінде қаралады. Қорғаушылар көп, құтқарады. Жемтіктес болғандар, өзі әшкереленбеу үшін еріксіз қорғайды.

— Ашылмасын, ашылса бәрі бір соттайды, — деп еді Ырымбек, Бейсек сылқ-сылқ күлді.

— Махмет осыны орындап берсе, соттамақ түгіл, кескілесе де мейлі.

Бұлар қайта-қайта аузына ала берген Махмет жау емес, жаудың қолшоқпары. Тресте азық-түлік жағын басқарады. Ол орынға Ырымбектің көмегімен орналасқан. Өзінен жоғарыға жағымпаз, өз құлқынын көбірек көздейтұғын жылпос жігіт. Осы жылпостығымен ұтамын деп, ұтылғанын білмей жүр, Мейрамнан қатты сескенеді. Ырымбекпен әмпей Бейсек бойына Махметті түгіл Әлібекті дарытқан емес. Ырымбек арқылы екеуінің сырын білген. Ырымбек арқылы ойын да орындатып келеді. Енді, дәніккен Махметті қатерге айдап отыр.

— Оны көрікке салып қыздырсаң да, жаулыққа бармайды. Бірақ барғандардың ісін істеуге болады, — дейді Бейсек. Дәл тапты. Тышқан көзі қандай танығыш адамды. Әлібекті де бір сыпаттап етті. — Бұл қанына қарайған кісі. Тіпті болмаса, сен айтқандай шаянша шағып өледі өзін.

— Рас! — деп басын изеді Ырымбек. — Тағы бір авария жасауға тіленіп жүр.

— Қандай?

— Уклонның түбін құлатпақ. Бұнысы үлкен авария.

Бейсек ойланып қалды. Портфелінен жер астының картасын алып қарады да, басын шайқады:

— Аз уақыт насос тоқтайды. Онымен жер астын су баспайды. Тез түзейді. Уклонның түбін бұзғанмен басқа жол ашық. Көмір шыға береді. Егер уклонды жоғарғы жағынан не орта кезінен қиса, күретамырды қиғанмен бірдей.

— Қиғыза ма! Сақтық күшейіп барады. Қазір уклонмен ешкімді жүргізбей қойды.

— Білем, бірақ, есебін тапқандар мемлекеттік шекарадан да етеді. Өту оңай. Қалай, немен бұзу керек? Қайтсе сезіксіз болады? Мұны әбден ойланып айтармын. Махметті тез қолға ал. Бұлардың бүгін таңда ең осал жері азық-түлік. Жаңаарқа, Шет, Қарқаралы, Тельман, Баян, Нұра аудандары азық салығын тікелей Қарағандыға құяды. Тельманнан өзгесі темір жолдан қашық аудандар. Солардың жетуін кешеуілдетіп, жазғытұрғы аласапыранға соқтырсақ, қолда барды тауысып, құралақан отырсақ, Қарағанды қара қайғының астында қалады...

Осыған жә десті екеуі.

IX

Қала күн санап өсуде. Шахта, шурфтар, барлаушылардың вышкалары, тас, известь карьерлеры, кірпіш заводтары жан-жаққа шашырап кеткен. Солар шанжау шығып ұзаған сайын артжағы қоюланып, қомақтана береді. Қала шетіне қазір көз жетпейді, бірнеше белдерден асты. Орталықтан ұзаған бұл өндіріс бөлшектеріне су, бу трубаларын, электр, телефон столбаларын жеткізу, техникамен құралдандыру әлі де мехцехтық мойнында.

«Мехцех» деп жұмысшылар әншейін бұрынғы әдетпен айтып жүр, шынында, механикалық үлкен мастерскойға айналған. Ішінде: ұсталар, токарьлар, кателшілер, слесарьлар, құюшылар цехы аталатын бөлек-бөлек цехтар, машина бөлімі, кочегар бөлімі бар. Бйыл Донбастан келген екі жүз маман жұмысшылардың бірсыпырасы осы цех, бөлімдерге орналасты. «Мехцехтың» ағылшындардан қалған жапырақ тас қорасы жаңа цехтардың қоршауында қалды. Механик Козлов сол тас үйдің бір бөлмесінде, Қарағандыға келген бетінде орналасқан өзінің жұмыс кабинетінде отыр. Көзінде көзілдірік, аузында газет қағазына орап мундштукке тыққан шылым түтіні анда-санда бұрқ етеді. Сұқ қолы екі буыннан жоқ болатын, қарындашты ортан қолы мен аты жоқ қолының арасына қыса ұстап, сыдырта жазып келеді де, кілт мүдіреді. Ойлағанда қырма, көкшіл сақалының өсіңкіреген тұқылын тықырлата қасып қояды. Столында жұмысшы қолынан шыққан кірлі қағаздар жатыр. Әр шахтадан, әр бригададан түскен қағаздар ғой, сөз аз, сызық, цифрлармен көрсетіп, механизмнің түрлі бөлшектерін сұрап жатыр. Бірін орталық складтан алуға «требование» жазса, бірін қолдан жасауға наряд беріп отыр Козлов. Жүздеген қойды түстеп танитын зерек қойшы сияқты механизмнің қай бөлшегі болса да қағазға қарай қалғанда тани қояды.

Кішкене, жұпыны бөлмеде үстінде көк түсті жұмыс костюм, шағын денелі, бурыл тартқан бұл адам үлкен істі қозғаушы екендігі бар қылығынан байқалып тұр. Оқтын-оқтын шырылдаған телефон трубкасын көтерген сайын, қилы адамдармен, қилы жұмыстар жайында сөйлеседі. Соның бірінде қолы істен тоқтамап еді, есіктен Лапшин енгенде ғана:

— Жақсы келдің, Костя, — деп көзілдірігін алды қолына. — Иван мен Антон бригадаларының арасында социалистік жарыс қызды. Қарт Иван өзі келіп жүз фланец алып кетті жаңа. Антон жанымды шығарып барады. Екеуіне екі күн ішінде үш жүз фланец беруіміз керек. Токарьлар мен ұсталар жарысын үрлей түс, үлгерсін.

— Бұлар да аянбай жатыр. Мен цехтарды аралап келіп тұрмын. Үлгеретін түрі бар.

— Жұлдыздың жиырмасына дейін екі бригада монтаж жұмысын бітірсе, ерлік Костя, ерлік! Жаңадан екі шахта қосылады. Мыңдаған тонна көмір артық шығады!.. — деп Козлов тұрып кетті орнынан. Енді жүре сөйледі. — Бірсыпыра шахталарда бір болтик үшін камерон әлденеше сағат тоқтайды. Ұсақ жұмыстар басып барады бізді. Ол ұсақты әр шахта өзі істеп, біз үлкенірек жұмыстармен айналысуымыз керек. Сен не айтасың бұған?

— Ол үшін әр шахтаның өз мехцехы болу керек те.

— Әрине.

— Кадр қайда? Сергей Петрович кеше осы үшін ренжімеді ме бізге?

— Босқа ренжиді ол, басқа! Екінші шахтаның көтергіш машинасын кім жүргізіп отыр? Балжан. Бірінші шахтаның камероншысы кім? Жолтай. Майпа машинист, Жанабіл токарь. Боқай кочегар, Жамантік кочегар болғалы тұр. Шайкен слесарь... Үйретпесек, баулымасақ бұл не? Барлық шахтаға маман кадрды бізден алмақ па? Одан да өзінің кадр бөлімін қыса түссін...

Кеше осы уақытта Щербаков келіп донбасшылардың мәжілісін өткізген. Ұлт кадрларын өсіруді қатты қойды алға. Козловтан бастап, жәй токарь, слесарьға дейін сынады. Үйрету, баулу әлі жетімсіз дегенде, Козлов оның кадр бөлімін мінеді. Қазір де сол бетпен сөйлеп бара жатыр еді, Лапшин ұнатпай басын шайқаған соң тоқталды.

— Немене, бекер ме?!

— Бәрі рас. Табыс айтпасаңыз да көрінеді. Жетімсіздікті көрейік.

Лапшин бұнда партия ұйымының секретары. Түсі суық, мінезі қатал жігіт. Кісіге тура қарамайды. Еңкіс біткен қалың қабағының астында, тереңде жатыр көзі. Даусы зор, жәй сөзінің өзі қатты естіледі. Сырын білмегендерге ол ашулы, ызбарлы көрінсе де сирек ашуланады, сыпайы сөйлейді. Сол қалпын бұзбай отырып, бір пікір айтып тастады:

— Менімше, Щербаков кемшіліктерді тауып айтты. Біздегі маман жұмысшылардың сексен, сексен бес проценті орыс, украиндік болғанда, балғашылардың тоқсан тоғызы қазақ екені бекер ме?

— Олардан станок аядық па? Мамандығы болмаған соң ауыр жұмыста жүр.

— Мақсат ауыр еңбекті жеңілдетіп, өнімсіз еңбекті өнімді етпек қой! Әзірге көрік басуын машиналандырсақ, соның өзі қаншама жеңілдік. Одан әрі балғаны электрдің өзіне ұрғызамыз.

Козлов әдетінше тұқыл иегін ұстап ойлана қалды. Сөйлеуге ыңғайланып әнтек ашылған аузы жабылған жоқ.

— Болады екен, болады! — деді көп кідірмей, — еске жақсы салдың. Бір ғана движок керек.

— Аз түзеумен қорада жатқан горизонтальный движок те жарайды.

— Әбден жарайды. Поршеннің сақинасын жаңартса болғаны.

Әңгіме үстінде Ермек енді. Маңдайында аккомуляторлы шам, үстінде жұмыс киім. Лапшинмен амандықтан бұрын қиғысты:

— Секретарьдің өндіріспен ісі бар ма, сірә?

— Сендерде болса, бізде неге болмайды?

— Болса, заказдың орындалуын неге бақыламайсың.

— Кеше ғана бес вагонетка түзеп бердік.

— Овчаренкоға да бесеу бердіңдер. Екі шахта тең бе? Бұларың кулакша теңеу.

— Тең болмаса онымен неге жарысасың?

— Чудак! — деп мырс етті Ермек. — Қарағанды мен Кузбасс немесе Кузбасс пен Донбасс теңдіктен жарысып жатыр ма? Әрқайсысының әліне қарай алған міндеті бар. Соны жақсы орындау үшін жарысады да. Жоспар, жоспарға қарай жабдықтау қилы-қилы емес пе?

— Жеңілдік Костя, жеңілдік! — деп қарқ-қарқ күліп жіберді Козлов. — Ермек Барантаевич, ертең кешке дейін тағы да бес вагонетка береміз. Овчаренко қу кемірек алу керек еді, тең алып кеткені рас.

— Рақмет, Борис Михайлович, мынаның секретарьлық өр кеудесіне мені бір шығардыңыз. Көтергіш машинаны да бір қарап өтіңіздер. Кейде бөгеп тастайды.

— Костя, сен бар, қазір бар, бұлар қызу жарысып жатыр. Қақ қасымызда тұрған шахтада механизмнің бір минут бегелуі де ұят бізге, ұят.

Ермек Лапшинды қолтығынан көтеріп алып кетті. Бірі шахтаның, бірі мехцехтың секретары, жасы, қайраты тең, мінездес жігіттер. Былай шыға қол қысысып, күш сынасып, ойнап барады. Соңырақ шыққан Козлов оларға сыртынан қарап тұрып:

— Екі аюдың ойнаған түрін, — деді де жебелей баса жөнелді.

Мехцех албары бұрынғысынан әлдеқайда кеңіген. Кең албардың ішінде әр тұста шаңқылдаған темір даусы, шашыраған от ұшқыны бүгін тіпті толастаған жоқ. Жұмысты сдельный, аккордно алған слесарьлар тынымсыз қимылдап, тез үлгіруге бар ынтасын салып жатыр. Бұрын озық жұмысшылардың көлеңкесінде жүре беретін керенауларға орын тар: аз істеген аз, көп істеген көп алады. Күндеме ақыдан сдельный, аккордный, прогрессивті ақыларга көшу әдісі кімнің, қалай істегенін әйгілеп қана қоймай, әркімге аянбай істеуге жол ашты. Оның үстіне социалистік жарыс туы жоғары көтерілген. Мәртебе, еңбекақы мақсаты ұласқан шақ. Козлов күйкі денесін құнжыңдата, салған бойы движокке келді. Беті ашық аранда бояуын күн жеп, тотыға бастаған машинаны тінте қарап тұр. Одан әрі вагонетке шегелеп, балғасын жантая ұрып Бондаренко жатыр еді.

— Бері кел! — деді дауыстап. Бондаренко жүгіре басып жетті. Жолдастық соттың қаулысынан кейін бұрынғы шадыр мінездері сынып, иығы түсіңкіреп кеткен, Козлов оған түс жылытпай қысқа сөйлесетін. Бұл жолы да:

— Қашан бітеді? — деп қабағын түйіп қойды.

— Ертеңнен арғы күн.

— Ертең бітірсең, бүрсігүні мына движокты қолға алып, бір жұмада ремонттап, орнатып берсең, саған көптің көзқарасы өзгерер еді. Жалақы разрядың да бұрынғы қалпына келер еді.

— Борис Михайлович, мүмкін бе сол! Көріп тұрсыз ғой...

— Мүмкін, тек ынтаң, шеберлігің жетсін.

Бондаренконың сулы көзі құрғап, ойнақшып сала берді. Движоктың о жағына бір, бұ жағына бір шығады. Біресе вагонеткаларға жалтақ-жалтақ қарайды. Берілген аз уақытта екеуін бірдей бітіру өте қиын. Бітірмеу одан да қиын. Бұрын орта қолды слесарь еді, енді төмен қолды слесарь. Оның үстіне көп назары еңсесін көтертпейді. Болмашы жанжал, жалақы разрядын кемітіп, жауапты қызметтен алғанымен қоймай, қадірін де алып болған. Сондықтан басқа слесарьлар ала қоймайтын істі.

— Бітіремін! — деді ол қатуланып. — Күндіз-түні бірдей істеймін:

— Онда, мен де уәдемді орындармын. Профком, партком қарсы болмас, — деді де Козлов жөнеле берді. Бондаренко бұрынғы жағдайымды алам деп қуанса, Козлов шахтаға вагонетка берем, балғашыларды көрік басудан босатам деп қуанып келеді. Сол беті де токарьлар цехына енді. Он шақты станок бірдей фланец жонып жатыр. Әр токарьдың қасында үйренуші бір қазақ жасы. Әзірге Жанабілден өзге қазақ токарі жоқ, бәрі орыс, украиндықтар. Козлов үнсіз, байыпты көзімен станоктарды жағалай келіп, біріне бөгелді. Фланецке бұран салып, үңіле қалған токарьдің қасында құныға қарап қазақ бала жігіті тұр. Болат резецтің сүйір ұшы темірді таспаша сыдырған сайын, жігіт сүйсініп, станокке төне түседі. Қызыққаны сонша, байқамай токарьмен басы соғысты бір кезде.

— Ковалюк! Көрсетіп қана үйретпей, істетіп те үйрету керек, — деді Козлов. Станокті тоқтатты да, апсағай денесімен бұрыла қарады Ковалюк. Ашық омырауынан кеуде жүнi құлаңжалданып көрініп тұр,әдетінше, тісін ақсита, жымия күліп, украин тілімен баяу сөйледі:

— Бір фланецтың жонуы елу тиын, ұсталардың соғуы елу тиын, материал да елу тиын тұрар. Сонда...

— Ия, сонда көп болса, бір жарым сом болады. Үйренушінің жаттығуы одан қымбатырақ. Кейде тым үнемшілсің!

— Алдымен ұқыптылыққа, бүлдірмеуге үйреткен жақсы. Аз шығынды елемесек, көбеюі оп-оңай, — деді Ковалюк. Жанабіл, Шәйкендерді үйретіп шығарған егде мастер осы өндірістің құты сияқты. Далада, албар ішінде үйілген темір қиқымдары тек осы Ковалюктің жиғаны. Жұмысқа ол жарты сағат бұрын келіп, жарты сағат кейін қайтқанда, басқалар елемеген ұсақ-түйекті жиыстырумен, жұмыс жабдықтарын дайындаумен болады. Сасқаның тарыққанын көрмейсің. Жай жүріп, өнімді істейтін, кең мінезді, ұқыпты адам. Козлов оның бұл жолғы ұқыптылығына шыдамады. Бала жігітке супорттың тұтқасын ұстатты да:

— Кәне, істеп байқашы! — деді. Жігіт сасыңқырап қалды. Дәлдігін қолмен қозғап байқап алмай, станокті жүргізіп жібергенде, бұранның бір қыры қиылып кетті. Болашақ токарьдің маңдайынан тер бұрқ ете түсті.

— Бүлдірдім! Қап!

— Неғып бүлдіргеніңді білдің бе?

— Білдім...

— Сол білгенің керек! — деді де жігітті арқаға қағып, Ковалюкке бұрылды Козлов. — Шығын бір жарым, пайдасы мың жарым. Ол қайталамайды бұл қатені. Осындай арзан істе қымбатты тәжірибені үйретіп алайық.

Ковалюк жауап қайырмастан бүлінген фланецты қолына алып көрді де, басын бір шайқап былай тастады. Мына жақтан Жанабіл дауыстады оған:

— Бетімен жіберсе брак пайданы жеп бітіреді.

Козлов енді Жанабілдің қасына келді. Жас токарьдің таңқы мұрны шып-шып терлеп, қызараңдап тұр екен.

— Бачеш, Борис Михайлович! — дегенде күліп жіберді Козлов, — Украинша да сөйлейсің бе?

— Ковалюктен жұқты. «Бачеш», «вин», «кажи» деп азғана орысшамды әбден шұбарлады.

— Оқасы жоқ, кәне, нені көрсетпексің?

Жанабіл станокті тоқтатып, жонып жатқан фланецын көрсетті. Фланецтың бір шеті қалың, бір шеті жұқа, ұсталар байқамай шалыс жасаған, тегістеп жона келгенде шалыс жағы жұқарып, қаймыжықтай болыпты. Козлов көре сала:

— Брак, — дегенде:

— Кім кінәлі? — деп Жанабіл оған төне қалды.

— Әрине, ұсталар.

— Қайсысы сонда?

— Табылады.

— Табу қиын. Сіз түгіл ұсталар өзі де білмес қайсысы жасағанын...

Козлов үндемей иегін тықыр-тықыр қасыды. Өскелең өндіріс өз тәртібін ұсынғанын сезіп тұр. Бұған дейін кімнің не істегенін жатқа білетін. Енді жұмысшы саны да, өндіріс те өсіп кетті. Бәрін еске сақтау мүмкін бе? Қатаң тәртіп, дәл есептің күні туды. Жанабіл жаратпай лақтырып тастаған екі фланецты сымға тізіп алып:

— Комсомолдар не тәртіп ұсынады? — деді Борис Михайлович.

— Токарь, ұста, слесарь әрқайсысы өзі жасаған іске, өз белгісін салса, сол белгі бойынша брак иесін әруақытта табуға болады.

— Әр жұмысшы бір белгі салғанда, белгі саны қаншаға барады?

— Рас, көбейеді. Басқа шара не?

— Жоқ. Бұл әдіс ауыр. Одан да барлық ұсақ жұмыстарды қабылдауға бір маман жұмысшы бөлу керек. Үлкен істерді комиссия қабылдайды.

— Таптыңыз, Борис Михайлович! — деп Жанабіл жайнап сала берді. — Жұрт көп істеп, көп алуға құнығады. Ала берсін. Бірақ, сапаны төмендетуге ешкімнің правосы жоқ. Сіз бұл жаңа тәртіпті бұйрықпен бекітсеңіз, біз комсомолдар өндіріс мәжілісінде бетке соғуға дайынбыз брак жасаушыларды...

Жанабіл бұнда комсомол ұйымының секретарьі. Жиында, өндіріс мәжілістерінде қызу сөйлеп көрінген жас. Оның өткір тілінен біреу сескенсе, біреудің мейірі қанып отырады. Зерек, батыл, әзілқой жігіт аз уақытта ел аузына іліне бастаған. Қалалық комитет комсомол жұмысына алып, жоғарылатпақ. Козлов өндіріс командирі етіп шығармақ. Бұл ойын осы арада бір басып етті:

— Бала, сен бізді таластырмай, өз бетіңді білдірші!

— Кім білімді көбірек берсе, мен соныкі.

Есіктен он шақты жұмысшы көрінді. Орталарында үлкен станок. Станокті тақтайға отырғызған. Тақтайдың астына жұмыр ағаш, труба кесінділерін төсеп, сонымен жылжытып келеді. Совет заводтарынан жаңа шыққан алып станокке цех ішіндегі токарь, слесарь, машинистер аңыра қарап қалды. Оны орнатуға әкеле жатқан жиынды бригаданың да тұлғасы бөлек: қазақ, орыс, украин, татар, армян, эстон — бәрі бар бұл бригадада. Команда орыс тілінде.

— Еще раз взяли! — деген кезде жұмыла күш қосып, лықсытып жібереді алға. Козлов та көз алмай бұлардың қимылына қарап тұрып:

— Мастерскойымыз заводқа айналғанда, крандар бүркітше бүріп апарып, мына станокті қоя салады ана жерге! — деді. — Мен сені сондай заводтың командирі болса екен деймiн. Өзің білесің. Ойлан.

— Түптей келгенде партия біледі ғой, Борис Михайлович, — деп күлді Жанабіл.

— Партия біздің пікірімізбен санасады, — деді де Козлов далаға шығып кетті. Жарамсыз екі фланецты ала кетті. Алдында ұсталар, құюшылар цехы тұр. Есіктері ашық. Шыжылдап, шашыраған от ұшқындарының ішіне барып енді ол. Ойдан, қырдан жиылған осынау құрама көпте әкімдігінен ұстаздығы басым еді оның. Шақылдаған көп балғаның ішінде сампылдаған даусы естілді:

— Кешеден бүгін, бүгіннен ертең жақсы істеуіміз керек.

X

Күн бүгін жексенбі болса да Антонина Федоровна мерзімді уақытында — сағат сегіз жарымда оянды. Көзін аша сала қасында бөлек кроватта жатқан Сергей Петровичке қарап еді, ол бүрсіңкіреп жатыр екен, өзінің көрпесін соның үстіне ептеп жапты. Түнде оқып жатқан кітабы ұйықтағанда қолынан түсіп кеткен, кітапты алып тумбочканың үстіне қойды. Үй іші әлі ала көлеңке, салқын, жылы төсектен тұрса да салқыннан денесі сескенбеді. Сырт киімдерін қолына ала, іш киімшең орталық бөлмеге шықты. Форточканы ашты. Үлкен айнаның алдына келіп, күндегі әдетінше физзарядка жасады. Жасы қырыққа жуықтаса да, ет, бет ажары, қимылы отыз жасар әйелдер шамасында, әлі еш жеріне ақау түспеген қайратты, орта бойлы, кеуделі, беті толықтау келген ақсары кісі. Таза көк көздері күлімдеп кербез қарайды. Физзарядкадан соң кухняға келді.

Кухняда Антонинадан айнымаған, өңді, сымбатты, денесі өлі тіп-тік ақ шашты әйел ас қамдап жүр. Сыры кетсе де сыны кетпеген бәйбіше еңбекке бап, еңбек үстінде де кербез көрінеді: ақ алжапқышында кіршік жоқ. Антонина келе:

— Саумысың, мама, — деп бетінен сүйді кемпірдің.

— Саумын, жалғызым, қызығым.

— Жалғызым болса мен көпке балар едім, мама.

— Қайтейін тәңір ісі, — деп, қарт ана баласының баласыздығы үшін де бір күрсініп қойды. Антонина баладан ерте қалған әйел. Бір ұлы еңбектеп жүргенде, бір қызы жүгіріп жүргенде өлді. Бала десе көкірегі қарыс айырылады. Әр адамның өз басындың бір кемшілігі не бақытсыздығы болса, Антонинанікі осы баласыздық еді.

— Нәресте өзіңнен туса да, басқадан туса да сүйкімді ғой, мама, — деді. — Сергей Петровичке бәрібір, ол тек бала десе өледі.

— Өзіңнен күдер үзгенің бе бұл?! Қырықтан асқан жоқсың, емдене бер. Елу жасында бала тапқан, он жыл тоқталып жүріп бала көтерген әйелді көргенбіз...

— Апыр-ай, солай ма?

— Е-е, күдер үзбе, қарағым. Берейін десе құдайға қиын емес.

— Кәне, қолқабыс етейін, нең бар?

— Өзім де үлгірем. Далаға шық. Күн бүгін тіпті жақсы. Есік алдын сыпырып тасташы.

Түн бойы қылаулап жауған қар тоқталған. Жер үсті аппақ. Жаңарған жер, таза ауаға шыға келгенде Антонинаның көңілі көтеріле түсті. Тымық, жалтыр аспан, борамай тыныш жатқан қар Қарағандыда сирек кездеседі. Антонина үйге қайта кірді де Сергей Петровичті оятты.

— Арыстаным, тұр. Күн тамаша боп ашылыпты. Аспанда алақандай бұлт, үп еткен жел жоқ. Шаңғы тебе Жайлаубайдікіне барып қайтайық, шақырып жүр ғой.

— Тауып айттың, — деп, Сергей Петрович төсектен тұрды. — Қар борамап па?

— Борамапты.

— Онда із бар екен. Мылтық ала жүремін. Жолшыбай қоян атамыз.

— Тіпті жақсы, — деді де Антонина кетіп қалды. Сергей Петрович трусишаң, аяғына тәпішкесін іле сала сенекке шықты. Сенекте екі гирь тұрған, әрқайсысы пұт, екеуін екі қолына ала көтере бастады. Антонина «Арыстаным» десе дегендей. Мейлінше денелі, иықты, кеудесіне құшақ толады. Балтырлары жүндес, қалың, қатаң қара шаштары тарлан тартса да әлі сиремеген, жасымаған. Екі гирьді бірден басынан асыра көтергенде, мықшимай, демікпей, тіпті еркін тұр. Бірақ, сырты қанша айдынды болғанмен сыртынан іші мықтырақ, көріктірек еді. Талай адам сырт көзге зор көрінеді, үй ішінде, ошақ басында, ұсақтап қалады. Сергей Петрович үйде, түзде бірдей. Үй ішінде болмашыға тарылып не дардиып, шапшаң, саяз мінездер көрсеткен емес. Зады онда жасанды мінез жоқ. Ол қоғамға да, үй ішінде де, үлкен-кіші, алыс-жақын адамдарына да адамшылық, әділдік бір ғана тұрғыдан қарайтын. Оның бұл қасиеттерін Антонинаның білетіндігі, бағалайтындығы сонша — «оның табанына қадалған шегір менің маңдайыма» деп тілейді.

Міне, Антонина есік алдын сыпырып тастап, бетінің ұшы қызара үйге енді. Сөйлей енді:

— Әлі киінбегенсің, Сергей Петрович. Қорадан көрмегеніңді көрсетейін деп едім.

— Е, ол немене?

— Үй айналасы, шарбақ іші соншалық ақ, таза, аяғыңмен басуға аяйсың. Күн соншалық тымық, сенің еккен ағаштарыңның бұтағына қар қонып, қамыс бастанып тұр. Жорытқан бір аңның ізі жатыр.

Сергей Петрович күліп жіберді.

— Дәуде болса, тышқанның ізі шығар.

— Жоқ, одан үлкендеу бірдеме.

— Мысықтікі болар?

— Мысықтың ізі қандай еді!

— Қарсақтың ізін көріп пе едің?

— Жоға тәйірі.

— Онда саған түсіндіру қиын екен.

— Бұндай күн Алматыда ғана ма десем, мұнда да болады екен ғой.

— Неге болмасын. Социализм жасаушылар бара-бара Қарағандының жаратылыс жағдайын да өзгертеді. Бұл жалаңаш далаға қолдан орман, бұл құрғақ далаға қолдан дария жасайтын күндер де болар...

Бәйбіше келіп асқа шақырды. Ac ішетін бөлмеге енді екеуі. Барлығы екі-ақ бөлме, бір кухня. Мүлік те шағын, ұстауға, пайдалануға керексізді жинамаған. Дастарқан үстінде үшеуі шүңкілдесіп, кейде әзілдесіп қойып отыр.

— Сүтпен біткен мінез сүйекпен кететін болар ма, — деді Сергей Петрович Антонинаға. — Өзің анасың, тіпті егде анасың. Сөйте тұра шешеңе еркелейсің.

— Оның несі сөлекет? Бала қанша үлкейсе де анасының алдында әрдайым бала-дағы. Менің мамам мамасына әлі еркелейді.

Шай құйып отырған бәйбіше аузын кемсеңдетіп, орамалмен көзін сүртті. Тістері әлі қаладай болса да, сөздер пышырап шықты:

— Сағындым мамамды, түсімнен шықпайды. Сағындым Донбасты, түсімнен шықпайды...

— Күлермісің, аярмысың! — деп Сергей Петрович сәл ойланып алды. — Сағынсаңыз Москваға барғанда ала кетейін. Ар жағы жақын ғой, біреуге қосып жіберемін. Қайтарда ала қайтармын.

— Пәле, үйді қайтем?! Антонина жүдеп қалмай ма?

— Үйге қызметші ала тұрармыз, әйтпесе Антонина столовойдан іше тұрар.

— Мен кеткен соң үйдің де, Антонинаның да күйі кетеді. Жоқ, мен бара алмаймын...

Жәрдемінен тілегі көп қамқор ананың ақ жүрегін Антонина анық көріп отырған сияқты. Күлімдей, тесіле қараған мөлдір көк көзінен ірі екі тамшы жас ыршып кеткенін қасындағылар байқағанша сүртіп тастады.

— Мамажан-ау! — деді сонан кейін — дүниеге тек мен үшін келген тәріздісің. Өзім ертіп барамын сені. Алдағы жазда әжеме сексен бес жас толады. Сол қарсаңда барамыз.

— Иә, әжеңнің сені де көргісі келеді. Қандай жақсы көретін еді сені, — деп бәйбіше Антонинаның алыста қалған балалық шақтарын да еске түсіріп қойды.

Сергей Петрович жүруге қамданды. Шаңғысы, қосауыз мылтығы әмен дайын. Әйтсе де әдет бойынша оларды сүртіп, қайта бір қарап, тексеріп өтті. Антонина да шаңғы киімдерін киіне бастады. Дене шынықтыру бұларға әдет болып кеткен, екеуі алғаш танысқанда катокта — мұз үстінде танысқан болатын. Бүгін он екі километрдегі Жайлаубайдікіне жаяу бара жатқандары да дене шынықтыру құмарлығы. Жайлаубай бірінші совхозда сиыр фермасын басқарады. Совхозға бұйраттарды жұлықтап, жолмен, тегіс жермен баруға да, бұйраттарды аралап, қиялап, өрлі төтемен асуға да болатын еді.

— Төтелеп жүреміз, — деді Сергей Петрович. — Жол үстінде аң жатпайды, бұйрат ішінен кездеседі.

— Көзілдірігіңді ұмытпа...

Көзілдіріктерін үйден шыға бере-ақ киіп алысты. Күнмен шағылысқан шаңқан қарадан көз ұялады. Екі шаңғышы үздік-создық сырғи жөнелді. Қарағанды қазақтары шаңғыны әзір аз біледі. Үлкені тосырқай, жасы қызыға қарады, бұларға. Үйінен жаңа шыққан Бәйтеннің де көзі шалып қалып:

— Еріккен екен Щербаков, — деді ішінен, — Ерке қатын қасынан қалмайды. Не керек қатынды сонша еркелетіп.

Қаланың бұл шеті жақын, бұйраттармен ұштасып жатады. Темір жолды кесіп өтіп, бірінші төбені қиялай өрледі шаңғышылар. Төбенің үстіне шыққанда Сергей Петрович кідіріп темекі тартты, жан-жаққа көз жіберді. Дайектей жердің бетінде Қарағанды қарауытып тіпті айдынды тұр екен.

— Өсіп барады, ә, өсіп барады! — деді күлімдеп.

— Балқашқа тартқан мына темір жол бойлай, қаланың оңтүстігіне, батысына ормандар егіледі. Орман ығына сонау көрінген биік белдердің үстіне жаңа қала салынады. Қалалық совет қызу кірісіп жатыр іске. Жаңа председатель дұрыс адам екен.

— Ақ жарқын, күлдіргі кісі ғой өзі, — деп еді Антонина.

— Оптимист, — деді Сергей Петрович. — Қиындықтан қорықпайтын, жұмыстан жалықпайтын, біздің Козлов сияқты ма деймін. Аз күнде-ақ қаланың қожасы барын сезе бастады жұрт.

— Иә, клуб үйі бітпей қойып еді, сол кісі келген соң бітті. Кинотеатр да бітіп қалыпты, қандай әдемі! Стадион жасалып жатыр...

Қанабекті әңгімелей төбеден асты бұлар. Бұйрат ішіне еніп барады. Күнмен шағылысқан көбік қар бриллиантша жылтылдап жатыр. Із жоқ, тіпті тышқан ізі де жоқ. Елсіз ақ бұйраттарды қыбыр еткен жан, көз тосар қара көрінбейді. Шаңқан дүниені екі шаңғышы кезіп келеді, ағып келеді.

— Күн таң алдында ашылса керек. Қан сонар емес, келте сонар сияқты, — деп Сергей Петрович белестердің, біріне шыға келгенде, белес етегінде бір атты атынан түсе сала ақ қарға қызыл түлкіні ұрып жатты. Түлкіні ол өлтіріп, қанжығасына байлағанша, Антонина келді ағызып.

— Саламатсыз ба, ата!

Ақ сақалды, қоян терісінен істеген ақ тымақты, қоян жүнінен тоқыған ақ бөкебайлы қызыл көз қарт орысша сөйледі. Тілі тіпті жатық. Бірақ, ұнатпаған адамдай солғындау сөйлеседі. Сұлап жатқан түлкіні, жабулы жатқан қақпанды қанжығасына байламай дел-сал тұр. Сергей Петрович фамилиясын айтқанда ғана жылы шырай көрсетті:

— Сен, завод бастығы Щербаков емеспісің?

— Ия, сол Щербаковпын.

— Мына кісі кім болады?

— Менің әйелім.

Қарт басын изей ыңылдап біраз тұрды да:

— Жақсы кездестік, — деді, — мен анау көз ішінде көрінген «Аққұдық», орысша — «Тихоновка» аталатын колхоздың мүшесімін. — Атым — Мұздыбай, әкем аты — Ақшолақ. Жас ұлғайып, қатты қайырымға әл келмеген соң, колхоздың аңшылық кәсібін істеп жүрмін. Бұл түлкі кеше тазыдан қашып інге кірген. Қазақ салтында аңшы алған аңын қасындағы жолдасына не өздеріңдей көлденеңді көк аттыға байлап береді. Колхозда, орыста бұл салт жоқ. Екі салттың қайсысын бұзарымды білмей тұрдым қапелімде. Болмас енді, әйел жолы үлкен, келін, мына түлкіні жаға қылып ки.

Мұздыбай түлкіні әкеле жатқанда Щербаков пен Антонина бірден безектеді:

— Қозғамаңыз, байламаңыз, рақмет!

— Бізге тіпті керегі жоқ, рақмет!

— Жо-о-оқ, көнбеймін, — деді Мұздыбай. — Білемін-түлкіге зәру емессіңдер. Мен бір елдің ақсақалымын. Сен бір елдің азаматысың, елімді, жерімді көркейтіп, завод салып жатырсың. Саған білдірген ырзалығым бұл. Әйтпесе, қақпанға түскен аңды байламауға да жол бар.

— Қария, сіздің ризалығыңыз бүкіл ұлтыңыздың ризалығы деп білемін. Байлаңыз онда, қуана-қуана аламын.

Мұздыбай түлкіні Щербаковтың беліне орай байлап берді. Мырза, жолшыл, есті қартқа қатты риза болып, Щербаков пен Антонина қонаққа шақырып тұр:

— Ата, келіңіз бізге.

— Бәйбішеңізді ала келіңіз, бізде де бәйбіше бар. Танысайық, араласайық. Колхозда танысымыз жоқ, — деп еді Сергей Петрович.

— Танысып алып, құтыла алмай жүрмеңдер, — деді Мұздыбай қалжыңдап. — Барамыз бір күні. Бірақ, қонақ болу үшін емес, колхоздың қамы үшін барармын.

— Тіпті жақсы. Колхозға жәрдемдесуге әрқашан даярмыз. Мүмкін, шефке — қамқорлыққа алармыз. Колхоздарыңыздың халы қалай?

— Жаман емес. Жылдан жылға өсіп келеді. Өскен сайын машина керек екен. Адам, көлік күші жетіспей кетеді.

— Машинаға әзір біз де бай емеспіз. Әйтсе де орақ, көктем кезінде көмектесуге болады. Жұмысшыларда «сенбілік» деген дәстүр бар. Бұл дәстүр Қарағандының мешеу шағында зор күш болды. Айтсақ, сұрасақ сол сенбілік көмегін жұмысшылар сіздерден де аямас.

Мұздыбайдың қызыл көзі жайнап, екеуінің қолын кезек-кезек ұстады. Қуанышын жасыра алмады.

— Осы беремін дегеніңнің өзі бергендей болды. Қуанышым қойныма сыймай, колхозға қайтқанша, айтқанша асығып тұрмын. Қош, енді, сау болыңдар, шырақтарым.

Шоқыта жөнелген қазақ шалының ат үстінде ширақтығына сүйсіне қарап тұрып:

— Бізді қарыздар қылып кетті! — деді Щербаков.

— Ал, біз не береміз оған сонда?

— Мен қосауызымды берсем қайтеді?

— Берсең бер. Аңға анда-санда бір шығасың. Босқа тұрады, одан да шал қызығын көрсін.

Екеуі тұра жөнелді. Бұдан былай құлама болатын, терең сайды бойлай сынапша аққанда, бұлар шоқытқан аттан шапшаңырақ кетті. Сай біткен соң оң жаққа кілт бұрылып, биік белеске көтерілді. Ферма аяқ астында тұр. Шекер ат үстінде, қорадан шыққан сиырларды ойдағы суатқа айдап келеді. Көшпелі елдің әйелі еркекше киініп, шалбарланып алған — қала еркегінен мықты отырады атқа. Өзек ішінде «Көкпектінің» үзік-үзік суларының бірінен суат ойып жатқан Жайлаубай көрінеді. Байлаудан, ала көлеңке қорадан шағыл далаға шыққан мал елігіп, бетімен жөнелмек болып, жастары ойнақ салып, қаша жөнеліп қояды. Шекер ондайларды ақырып, атпен бастырып әкеліп ортаға тығады.

— Шіркін, ат үстіне үйренер ме еді? — деді Антонина, — Дене шынықтырудың бұл ең жоғары түрі ғой.

— Уақыт өте қойды ма екен, әлі де үйреніп байқасаң қайтеді?

— Өтіңкіреп кетті ғой.

Зулатып келіп қалған екі шаңғышыны Жайлаубай қасына келгенде бір-ақ көрді.

— Апыр-ау, Сергей ме, Антонина ма? — деді де әдетінше жай жүріп келіп қол алысты. Қуанғанын күлімдеген көзі, тісін ақсита ыржиғаны айтып тұр. Сонда да асығу жоқ, мұртына қатқан мұзды қолымен түсіре сөйлеп тұр. Шекер шұрқырай келіп амандасты. Амандық, әңгіме екі тілде бірдей жүріп жатыр. Ара тұра ымдасып күліседі. Сергей Петрович қазақшаны әлі жете білмейді, Жайлаубай орысшаны жаңа үйреніп жүр. Шекер мен Антонина бұл екеуінен де аз біледі. Сондықтан ымның көбі сол екеуінің арасында. Шекер атты көрсетіп:

— Мынадай атқа мініп неге келмедіңдер, жаяу жүргендерің қалай? — деп еді, Антонина «атқа мін» деп тұр деп ұғынып лып ете түсті:

— Жуас па өзі? Мінсем мініп байқайыншы.

Тіленген Антонинаны атқа міңгізіп, аттың басын өзі жаяу жетелеп Шекер үйіне беттеді. Су ішкен сиырлар да бүрсеңдеп жылы қораға қайтты. Сергей Петрович Жайлаубайдың шаруа жайын сұрап келеді.

— Қалай, мал күйлі ме?

— Күйсіз болса ойнақтай ма, қорадан ойнақтап шығады.

— Мал азығы жеткілікті ме?

— Екінші қысқа асып қалады.

— Тек мына суаттарың жайсыз екен. Суықта, боранда қиын ғой мал суару.

— Ондай күндерде суармаймын, қар берем малға. Боранда шөп тасып беруі қиын. Сондықтан ашықта біраз шөпті қораға тығып алғамын.

— Малда ауру, өлім жоқ па?

— Шүкір, әзір тышқан мұрны қанаған жоқ.

Сергей Петрович түсінбей қалды.

— Тышқанның мұрны неге қанайды? Қанаса не болады?

Жайлаубай мырс етті. Жауап қайырғанша бірсыпыра уақыт өтті.

— Орыстың талай сөзіне мен де осылай түсінбеймін. Екеуміз бұл жөнде бастас екенбіз. «Тышқан мұрны қанаған жоқ» дегенім — мал дін аман дегенім ғой.

Ферма совхоз орталығынан жарты километр жерде, оңаша, биік қабақта тұр. Совхоз конторынан бұлғақтай шыққан біреу әндетіп тура осылай беттеді. Әнінде де, жүрісінде де береке жоқ. Болжырап келеді, оңай жығылады, орнынан азар тұрады.

— Бұл кім?

Жайлаубай кім екенін айтуға ұялып, қыбыжықтаса да тура берілген сұрақтан жалтара алмады. Жалтарса мынау адамның өзі-ақ ұстап беретін еді.

— Директорымыз, — деді сонсоң күмілжіп.

— Директорымыз?! Апыр-ау ол осылай ма еді?!

— Күн демалыс қой.

Сергей Петрович жай ғана басын шайқады. Жайлаубайға ере жүріп, малды қораға қамасты. Сауыншы әйелдер әр сиырды өз орнына байлады. Қора жылы, бірақ, мәдениет кемдеу. Бұл үшін Жайлаубайды кінәлауға болмайды. Ол қолынан келгенше білгенінің бәрін істетті. Соған куә есебінде.

— Міне, биыл сыйға алған торпағым, — деп қызыл тайыншаны нұсқап көрсетті.

— Қайырлы болсын, ала бер, екпінді бола бер. Тек мал күтуге де мәдениет керек екенін ұмытпау керек.

— Онда қандай болу керек?

— Қора бұдан жарық, таза болады. Әуе винтиляциямен жаңартылып тұрады. Мал астына төсеген мына шөпшалам, қордалар мүлде құриды. Су сиырлардың алдына түткікпен келіп тұрады, керегінде сиыр өзі ішеді. Шөп машинамен кесіліп, ұнтақталып... сиыр машинамен сауылады... Неғұрлым жақсы істесек, жақсы басқарсақ, солғұрлым тез болады. Әрдайым естен шығарма Жайлаубай, бұл мемлекет шаруашылығы. Маңайдағы колхоздар сенің фермаңнан, колхозшылар сенен үлгі алатын болсын.

Mac директор келіп әңгімені бөліп жіберді. Күжілдетіп, өлеңдетіп келіп еді, Сергей Петровичті көрісімен жым болды. Тіпті айығып қалған тәрізді, кәдімгі адамша қол ұстасып, жалпылдап амандасып жатыр. Мастығын өзі де білді білем.

— Бүгін күн демалыс қой, — дей берді.

— Жолдас Әлібаев, үйіңізге қайтыңыз да ұйықтаңыз, — деді Сергей Петрович. Қарағанды қалалық советінің бұрынғы председателі Кәрібай Әлібаев еді бұл. Арақ бұрынғысынан әрі бишара ете түскен екен. Жағымпаздықтың талай түрін көрсетіп тұр:

— Қонақ болып кетіңіз. Келініңіздің сізге сақтаған қазысы бар. Сізді бала-шағамызбен жақсы көреміз.

— Рақмет, уақыт аз, осы арадан қайтамын.

— Онда сыбағаңызды әкеліп берейін осында?

— Рақмет. Бұйырса бір уақытта барып жерміз.

— Апыр-ау, енді, сіздің ризалығыңызды қайтсем табамын...

— Жолдас Әлібаев, керексіз сөздерді сөйлеп барасыз.

— Солай ма, қойдым, онда, қойдым. Сергей Петрович ұрысқалы келеді. Ұрысқанның өзі басқаның айналайын дегенінен артық.

— Қайтыңыз, ұйықтаңыз. Сағат беске маған ат-шана жіберіңіз.

— Өз атымды жіберемін. Ауыздығымен алысады. Жарты-ақ сағатта жетіп барасыз...

— Барыңыз, ұйықтаңызшы енді.

Кәрібайдан азар құтылды бұлар. Оның сонша жалпылдауында мән бар. Бұл совхоз Қарағанды тресіне қарайды. Кәрібайды совхозға жіберген Щербаков, Мейрам онша ұнатпаса да қарсы болған жоқ-ты. Щербаков енді не оймен қайтар? Mac Кәрібайдың мазасын кетірген осы қауіп. Қауіпті жоямын деп жиренішті мінездерін көрсетіп алды.

— Мен Кәрібайды білмеген екенмін, — деді Сергей Петрович. Басқа ештеңе айтпастан Жайлаубайға ере үйге енді.

Шағын үш бөлмелі, ортасынан жал пештермен бөлген қазақы кірпіші үй көңілді екен. Бұрынғы қазақ үйлерінен бірсыпыра айырмасы бар — биік, терезелері үлкен, екі қабат, үш бөлменің үшеуінен де күн сәулесі құйылып тұр. Әлі еден жайылмаған, кірпіштен саты жасап, сылап тастапты. Төбе де сылаулы. Үйдің құрылысы қазақша, биіктігі, жарықтығы қалаша, сылауы поселкеше. Жасының көбін кең далада көшуен өткізген Жайлаубай қалған өмірінде көшпеуге бекінген тәрізді. Үй айналасын орлап тастаған, азын-аулақ eгic те егіп алыпты биыл...

Сергей Петрович Жайлаубайдың, тұрмысына енген өзгерістердің бәрін байқаусыз жіберген жоқ. Бәріне қуана қарап, қуана сұрап, үй ішін көріп жүрді де:

— Еске түсірейікші, Жайлеке, — деді. Осыдан екі-ақ жыл бұрын Қарағандыдағы алғашқы сенбілікке сіз малыңызды баға жүріп, киіз үймен көше жүріп қатынасқансыз. Мінезіңізге Мейрам екеуміз ішегіміз түйілгеніне күлген едік. Сіздің сондағы үй, сондағы күй, еңбекке, келешекке сондағы көзқарас бүгін бұнша өзгеріпті! Осылай өзгере береді. Кәрібайды жаңа білсем, сізді сонда-ақ білген екенмін.

— Саған өле-өлгенше қарыздармын, Сергей, жақсы орналастырдың, орнығып үй болуыма көп көмектестің.

— Маған емес, партияға, үкіметке қарыздарсыз. Мен тек солардың өмірін орындаушы.

— Қанша кішірейсең де, мына денеңмен сені кіші дей алмаспыз, — деп, Жайлаубай жымың-жымың етеді.

Шекер мен Антонина келе ас қамдауға кірісіп кетті. Ымдасады да, түсінісіп күліседі. Шекер, Жайлаубай Мейрамға жексенбі сайын барып тұратын. Барған сайын Щербаковтікіне, Ардаққа соқпай кеткен емес. Әбден үйір болып алған. Сондықтан қонақтар бұнда өз үйіндей еркін, Антонина қызара бөртіп ыстық плитаға жұмыртқа қуырып тұр. Шекер стол үстін бутылкелермен толтырды. Жайлаубай түлкіні соя бастады:

— Тастап кетіңдер. Келесі демалыста илеп, уқалап, апарып беремін, — дейді. Сергей Петрович радионы оңдап жатып, Антонинаға көзі түскенде күліп жіберді:

— Танауың тершіп, алдыңдағы табаның үстіне төніп барасың ғой. Үйде мұндайыңды байқаған емен.

— Араным ашылып тұр.

— Жүріс, тұнық, суық ауа солай етеді. Мен де бүгін жуырда тоймаспын. Кострюльдерің қарамды көрінеді, әйтеуір.

— Бір күркетауық жетеді деп едім, болмай екеуін салды Шекер. Бұлар малды азайтып, құсты көбейте бастапты енді.

— Әрі совхоз малын, әрі өз малыңды көбейту мүмкін емес екен. Сонысын ойлап-ойлап өз малымды азайттым, — деді Жайлаубай. — Ал мына құс бишараның бағуы тіпті оңай көрінеді. Баяғыдан бері білсекші. Бірақ білгенмен көшіп жүрдік-ау онда.

Дастарқан үстінде әңгіме, қалжың, күлкі қыза түсті. Шекер Жайлаубайды «уайымсыз» десе, Антонина мәз болады

— Неліктен уайымсыз атанғансыз? — деп қоймады сұрап.

— Антонина қарағым, бұл қатын білмей айтады, — деді Жайлаубай. — Бұл бірнәрсеге тарылып, асығып не ашуланып келгенде, мен — сабыр ет, жөні болар деймін...

— Сенің соның сабырлылық емес, уайымсыздық! — деп баспалата жөнелді Шекер. — Осы қазына жұмысына енгеннен бері ғана ширай бастады. Әйтпесе арам өлетін қудың өзі ғой.

Күліп жатыр бәрі.

Күн батып кетіпті. Қара кашовкаға қос қара атты парлап жегіп, кушер өтті терезеден. Қонақтар жүруге қамданды. Шаңғы киімімен шанада тоңатындары жаңа түсті еске. Антонина Жайлаубайдың қара сеңсең тұлыбын, Щербаков қазақы қара шапанын киді. Шанаға отырған соң Шекер екеуінің аяғына киіз жауып, қымтап орап тастады.

— Мына киімдерді ала қайт, — деді Жайлаубай кушерге дауыстап. — Естідің бе?

Кушердің құлағы мүкістеу қазақ екен, «Естідім» деді басын изеп. Делбе ұстасы, ат айдауы тіпті ширақ, ұшырта жөнелді. Тағалы қос арғымақ аяқ астын боратып барады. Антонина Сергей Петровичке басын сәл сүйей, наздана отырып, сыңсып ән сала бастады... Кең, жалтыр көк аспанда алтын теңге — ай жүзіп келеді. Кең, шаңқан далада жалғыз қара дүзіп келеді. Әдемі орыс әні естіледі...

XI

Қалалық партия комитетінің алдында адам бүгін тіпті көп. Біреу келіп, біреу кетіп, сапырылысып жатыр. Партияда бары да, жоғы да Мейрамның алдын бір көріп шығады. Мейрам екі күннен бері соларды қабылдаумен отыр. Мінезі, ұлты, жынысы әрқилы көпшілік бөркемік басшыны мүжісе, қайратты басшыны қайрамай ма. Мейрам қажыған да, жалыққан да жоқ. Әрқайсысынан бір өзгешелік көріп, көрген сайын құныға береді. Оқып жүрген кезінде түйінді, философиялы тақырыптарды алыстан іздейтін. Енді өмір өзі тықпалам тұр. Miнe алдыңдағы үш коммунистің бірі оңай мәселені қиындата қойды:

— Өлкелік партия комитетінің қаулысымен келдім. «Мыңның» бірімін. Тегім батырақ. Азамат соғысын басымнан кешірдім. Әріректе болыстық ревкомды, бертінде аудандық атқару комитетін басқардым. Шырағым-ау, енді атқораны басқар дегенің қағажу қылғаның ба, танымағаның ба? Міне документ...

Орта жаста, орта бойлы, көлденеңі шығыңқы, безеу бет, қара кісі көнетоз қағаздарды будыратып, жайып тастады. Бел қылған, бетке ұстаған қағаздары кірлеп, бүктесіңдері қырқылып қалыпты.

— Тоздырып тастапсыз ғой, — деді Мейрам.

— Тозса көшіртіп алам, оқа емес.

— Көшірмеден түп нұсқа қымбатырақ. Қымбатын сақтаңыз.

Документ иесі бұл әзілге түсінді ме, түсінбеді ме, жауап қайырған жоқ. Мейрам документтермен танысты. Маусымбаевтің сіңірген еңбегі рас екен. Бірақ, бір кезде үлкен Маусымбаев, бұл кезде тіпті қораш көрінді. Документтері қандай ескірсе, өзі де сондай секіруге айналған. Атқораны менсінбейді, одан үлкен қызметті көтере алмайды. Кеудесі жоғары, өзі төмен, ақпейіл жан әлін білмей, дәмесі үлкенде.

— Бүкіл Қарағандыда Щербаков пен Гительманда ғана бірден машина бар. Оны алып бере алмаймын.Ол орынға өзіңіз де таласпассыз. Щербаков ұйғарса, әзірше сол атқорасына бара тұрыңыз. Қырық-отыз ат, қаншама сайман, шаруашылық бар қарамағыңызда. Келешекті ісіңіз айтар.

Маусымбаев қағаздарын жинап алып, шығып кетті. Үндемесе де үйдей өкпе арқалап кетті. Қалған екеудің біреуі Аталық деген жігіт. Бір сұраққа бір сағат сөйлесе, жалығар емес, ағып тұр. Аз өмірінде көп шарлаған. Суретші, биші, режиссер, драматург, ақын көрінеді. Бес мамандықтың бірін мықтап ұстамапты. Көп шарлауы содан болса керек. Бұл да документтерін қопара бастағанда.

— Қозғамаңыз, — деді Мейрам. — Айтқаныңызға сендім. Көп білген жақсы, соның ішінде бірді мықтап ұстаған жақсырақ. Қалалық советке барыңыз. Қанабек орналастырады.

— Бармаймын, барғамын, — деп өршеленді Аталық. — Қанабегіңіз тентек. Салған жерден «летун», «балтун» деген соң кетіп қалдым. «Мыңның» ішінде келген кадрды осылай қабылдай ма?

— Ол кісі сізді бұрыннан білетін бе еді?

— Білгенде қандай...

Мейрам әдетінше жымия күлді. Қанабек тауып айтқан тәрізді. Қарағандыға тұс-тұстан құйылып жатыр халық. Соның ішінде партияның, үкіметтің ерекше қаулысы бойынша бес жүздеп, мыңдап тобымен келетіндер бар. Алғашқы «бес жүздің» ішінде: Бейсек, Ырымбек, Гительман, Жұманияздар, одан соңғы «мыңның ішінде Әшірбек, Қанабектер, кейінгі «мыңның» ішінде Маусымбаев, Аталықтар келді. «Бізді партия, үкімет жіберді» деп, бұлардың қайсыбірі бұлдана келеді. Өндіріс әркімге өз бағасын береді. Әділін айтқан Мейрам жау түгіл кейде жақынның, да көңіліне қаяу салды. Тап тартысы, пікір таласы, жеке мүдде мен көп мүддесінің арасындағы қайшылықтар, өрге сүйреген өнер-білім, кейін тартқан надандық, икемсіздік, бұларға жұмыс үстінде кездесетін табиғи қиындықтар қосылып жатыр. Осының бірі қалалық партия комитетіне соқпай кетпейді. Бәрін кезінде шешу керек. Созса у шығады. Үлгірем деп Мейрам күннің қалай өткенін білмей жүр. Қайнаған өмір, оның жігерін де қайнатқан. «Шаршадым» деген сөз шықпайды аузынан. Қайта ер адамды, әр қиындық ширата, тыңайта түсетін сияқты. Күндіз-түні алды босамай, көп талқысында отырса да, Аталыққа күле қайырды жауапты.

— Мен сізді Қанабектен кем білем. Біреудің ісіне қол сұғу лайықсыз. Әйтседе айтып көрермін. Сол кісіге тағы барыңыз. «Летун», «балтун» дегені рас болса, шамданбау керек, болмауға тырысыңыз. Бекер болса өзінен-өзі қалады...

Аталық та ауыр шықты үйден. Бірге кірген үшеудің үшіншісі әйел болатын. Жасы отыз шамасында, аласы аз, мөлдір, үлкен көзі байсалды, ойлы қозғалады. Келгелі үн қатқан жоқ. Анда-санда Маусымбаев пен Аталықтың сөзіне жәй ғана езу тартып отырған. Әлі де үнсіз еді.

— Жеңгей, сөйлеңіз, — деді Мейрам.

— Мен, жаңағы кісілердей саудаласпаймын. Тек трестің қарамағына жібере көрмеңіз.

— Трестен неге қашасыз?

Әйел кідіріп қалды. Мейрам ежіктей түсті.

— Қызмет көп. Себебін айтсаңыз, онда жібермеуге болады.

— Тресте менің айрылысқан күйеуім істейді.

— Кім?

— Бейсек Керимов.

Мейрам алдындағы тізімге қайта қарады. «Марияш Керимова» таныс ат, таныс фамилия. Бейсек Керимовичтің партиялық ісін ақтарғанда кездестірген. Сол Марияш осы екенін жаңа білді.

— Екеуіңіз де жас, мінез, білім жағынан ұшқалақ көрінбейсіз. Қалай айрылысқансыздар?

— Бізді айырған ұстамсыздық емес, ұстамдылық. Әрқайсымыз түскен жолымыздан қайта алмай кете бардық.

— Жолдарыңыз бөлек болғанда қалай қосылғансыздар?

Марияш төмен қарап, толғана отырып, тағы да бір езу тартты:

— Ұзақ жолдық айрылыстарын білмеппіз, — деді содан кейін. — Ол кісі ертеректе оқыған. Мен совет тұсында ғана рабфакті бітірдім, екеуміз де коммуниспіз. Біріміз Өлкелік комитетте әйелдер бөлімінде істедік. Біріміз халық комиссары болдық. Келе-келе ол төмендеп, облысқа кетті. Неге төмендегені белгілі. Айрылыстым екен деп, ағына қара жара алмаймын. Зерек, іскер, ойлы адам. Бірақ, қанына сіңген кейбір ескілік — феодалдық мінездерін тастай алмады. Мен оған шыдадым. Сол мінез ақыры ұлтшылдыққа, оңшылдыққа әкеп соққанда, қарсылық білдірдім. Бұған ол шыдамады. Айрылысып тындық.

— Өлкелік комитеттен не себепті кеттіңіз?

— Күйеуімнен қала алмадым. Бетке шіркеу түскен соң қалудың өзі қиын екен.

— Бұнда да қала алмай келдіңіз бе? — деп қалжыңдады Мейрам.

— Иә, — деді Марияш. — Онда қимай ерсем, енді қиып келдім. Бұл өте қауіпті адам. Аңдуға, аластауға келдім...

Ашусыз жәй айтып отыр. Сөзі ызғарлы, орамды жатыр. Жастық, әйелдік мінездер байқалмайды. Басынан кешкенді мұқият есептеп, түйген түрі бар. Өмірдің ендігі ұсынғанын тексермей, таңдамай қабылдар емес. Мейрам ұзағырақ әңгімелесіп: көп еркектен қабілетті, ойлы әйел екен деген пікірге келді.

— Қалалық партия комитетінде істесеңіз қайтеді? Бізде қазақ әйелінен партия қызметкері жоқ.

— Лайықтағандарыңыз болсын.

— Онда маған азырақ уақыт беріңіз. Қызметіңізді ойласып белгілейік.

— Жарайды, — деді Марияш. Қоштасып шығып кетті.

Кабинет оңаша. Жаңа келген топ бөлініп, орналасып болды. Ұзақ отырыстан кейін Мейрам бой жазып жүр. Антонина Федоровна енді. Қолында папка. Папканы столға қойып, сұлық тұр. Әдепті, байыпты тұрыс. Мейрам орнына келіп отырғанда ғана тіл қатты:

— Бюроның қаулысы. Бүгін ас ішпедіңіз ғой?

— Қол тимеді.

— Жүдеп барасыз. Тым құрыса үзіліс уақыттарың демалыс күндерді дұрыс пайдалансаңызшы.

— Дұрыс айтасыз, — деп Мейрам папканы ашты. Қол қояр қағазын машинкеден кейін де бір оқып шығады. Нүктесіне, үтіріне дейін түгелдейді. Бұл ұқыптылығы басқаны да ұқыптылыққа үйретіп келеді. Өз мекемесі тұрсын, басқа мекеменің адамдары ол оқитын қағазды қадағалап қарайды. Әсіресе, Антонина Федоровна сақ, іскер, бастығынын, стилін біліп алған, көңілдегі жерден шығады.

— Уақыт кетіріп қайтесіз. Мен екі рет оқыдым, — дейді.

— Сенем сізге. Сенгіштік кейде салақтыққа апарады. Соған бармау үшін оқимын.

Антонина Федоровна таза, көкшіл көзін күлімдете, басын әнтек шайқады да шығып кетті. Мейрам бюроның қаулысына үңілуде. Бұл бір өзгеше маңызды қаулы. Өндіріс өскен сайын басшылыққа қойылатын тілек, талап та өсті. Кешегі күннің биігі, бүгін аласарып, кешегі тәсілдің бірсыпырасы бүгін тозып қалған. Бейсек, Ырымбек, Әлібек сияқты жаулар ашынса, Гительман сияқты достар түсінбей томсарып жүр. Былайғы жұрттың ішінде ескі мен жаңалық күресі, өскелең индустрияны баурау күресі жүріп жатыр. Еңбек, салт-сана майданындағы тартыстар жаңарған, тереңдеген кез. Осы қиын жағдайда мына қаулы үлкен өзгерістер жасамақ: жаңа жұмысшы табын партия маңына шоқтай үйіріп ұстауға шақырады. Өндіріс, мекемелерде жұмысшы бақылауын күшейтеді. Комсомол ұйымының басшылығымен «жеңіл кавалериялар», озат жұмысшылардан екпінді бригадалар құрылады. Өжет, іскер, талапкерлерді батыл көтеріп, қажығандардың қолынан тізгінді алып отыр. Сейтқалы шахта басшылығынан ауысып, шахткомға келмек. Жұманияз көміршілер комитетінен жоғарылап, қалалық профсоюз кеңесін басқармақ. Жанабіл қалалық комсомол комитетінде бірінші орынбасар болмақ...

Бюрода осы ойларын өткізген Мейрам, қаулыны оқып шыққанда, жаңа ауа жұтқандай сергіп қалды. Қарсы күштерді көріп қауіптенсе, халық күшін көріп ерленді. Қол қойып болған соң, қою қара шашын қайырып тастап, кірпік қақпастан әлденеге қадалып отыр. Қолы өздігінен қоңырауға барғаның Антонинаның қайтып енгенін байқаған жоқ.

Оның ойы осы кезде сонау жер астында, тереңде, табиғат қамалдарын бұзып жатқан шахтерлермен бірге істеп жатты. Сол ойды бұзуға қимай, сезгіш Антонина тұрыңқырап қалды.

— Қол қойдыңыз ба? — деді, әлден уақытта.

— Қойдым. Бастауыш партия ұйымдарына телефонограмма беріңіз: талқыласын, әр забойдағы шахтер білетін болсын бұл қаулыны, — деді де телефон трубкасын көтерді. — Сергей Петрович! Бірінші шахта божырап барады. Осипов табысқа мас болып қалған және сізді арқа тұтатын көрінеді. Осы шахтаның жиналысына өзіңіз қатнасыңыз.

— Әбден қатынасамын! — деді Сергей Петрович. — Онда бірсыпыра мәселелер туып отыр.

Мейрам трубканы іле-сала қайта көтерді.

— Қанеке! Бүгінгі газеттегі жұмысшы хабарын оқыған шығарсыз?

— Оқымақ түгіл комиссия құрып тексерткелі жатырмын, — деген Қанабектің дауысы сарт-сарт естіліп тұр.

— Дұрыс істегенсіз. Карточкаларды товарландыруда былық көп. Әр магазинге көпшілік бақылауын дұрыстап қоймайынша, ол былықтан арылу қиын.

Асшы әйел тамақ әкеп қойды. Ол кеткен соң Мейрам Антонинаны қоңыраумен шақырып алды:

— Шаршадым. Күлдіргі, көңілді бірдеме айтып жіберіңізші, жеңеше?

— Жөнелдемеде не түседі ауызға. Айтпақшы Сергей Петровичтің мақтауымен Ардақты көруге мектепке бардым бір күні. Ардақ мұғалімдер бөлмесінде кездесті. Сылтау тауып жарты сағаттай әңгімелестім. Өмір қанша бай болса да ақыл, көрік, мінез, сөз, ғылым, қайрат — бәрін бірден ілуде бір адамға береді. Ардаққа берген сияқты. Сондай қызды сіз әлі қинап келесіз, Сергей Петровичтің сізді қатал деуінде ең құрыса шындықтың ұшқыны барма деймін, — деп Антонина күлімсіреп телміре қарады. Өткір көзі терең іштің түбін көріп тұрған тәрізді.

Мейрам Ардақ десе толқымай қойған емес, жұқалаң ақ-сұр жүзі қызғылт тартты. Толғана қайырды жауапты:

— Жат түгіл жақынның көбі көңіл шіркінді тани бермейді. «Қаталдық» ұстамдылықтан туады. Бұл адамға ең керекті қасиет. Өзіңіз мақтаған Ардақ қандай қатал! Әйелді «нәзік» деген ұғым бар. Сол «нәзік» әйелдің төзімділігі еңбекте, махаббатта, еркекті әлденеше орап жатыр. Қадірлі Антонина, сырлас дәмдес болсақ та түсінбепсіз мені. Қинаушы мен емес, Ардақ.

— Солай ма! Оның да бір себебі бар шығар. Жақының кейде жаттан әрі қинайды, бірақ, жақынның берген азабы, жаттың берген рақатынан жайлырақ.

— Дұрыс сөз. Ал, мен шахтаға кеттім, — деді де Мейрам киіне бастады.

XII

Қысқы қысқа күндер тез өтіп жатыр. Шахта өмірінде бір күн елеусіз өтпейді. Шахтерлердің әр күннен алашағы бар, алса қуанады, алмаса ренжиді. Қайсысы болса да көп алдына сарапқа түсіп, әйгіленіп отырады. Қазір бірінші шахтада қызу жиын. Тақтай — стандарт үйдің бір бөлмесі қызыл мүйіс. Онда екі жүзге тарта адам жиналған. Дені қайлашы, тіреуші, күрекші, вагоншілер. Бірсыпырасы жұмыстан шыққан бетінде, жұмыс киімдерімен келіп, артжақта бірыңғай отыр. Абажурсыз электр лампалары көз ұялтады. Ойлы өңдері суық топ, өткір жарыққа шүйіле қарап, қыбыр етпей тыңдауда. Тиыштық бұзған дыбысқа алара қарайды. Трибунада трест инженері Әшірбек сөйлеп тұр. Бастауыш партия ұйымының секретары — екпінді бригадир Ермек, қалалық комсомол комитетінің екінші басшысы — Жанабіл, қалалық профсоюз кеңесінің бастығы Жұманияздар президиум столында, төрде. Осы жаңадан жоғарылағандардың ортасында нар денелі Щербаков, нәубес Сейтқалы да отыр. Бір шахтаның өзіндік, сменалық жиналысына өндіріс, қала басшылары келе бермейді. Бұл Қарағандыда тұңғыш туған, жоспары үлкен, жұмысшысы көп шахта. Сөз, өнеге осыдан басталады. Әшірбек сонда да қатты сынады:

— Ескі Ресейдің, жебір ағылшын байларының жанды жеген қолбұран, атбарабанынан тез құтылғанымыз қуаныш болса да, мақтаныш емес, — деп кеуде қағып жүргендерді бір тежеп тастады. — Бүгінгі капиталист өндірістерінен мол, әрі арзан беру мақсат. Сондықтан социалистік жоспар, социалистік қарқын барған сайын үдей түседі. Үдеудің де мөлшері бар. Бірінші шахта еткен жылы ай бойында бергенін, биыл бір күнде беріп келеді. Сонда да аз беріп келеді. Күшті дұрыс бөліп, дұрыс пайдаланса, жұмыс тәсілін тапса, бұдан әлдеқайда артық берген болар еді...

— Сол тәсілін айтшы, тәсілін! — деген дауыс шықты артжақтан.

— Иә, иә! — деп оны орта кезден тағы біреу қостады.

— Дайындық жұмыстары бөгеп жатыр, — деді Әшірбек. Ортасы дөңес мұрнын орамалмен қапсыра ұстап сіңбірді Бұрын ашылмаған адам ашыларда, біреуге соқтығарда, өзі тиыш тұра ала ма. Қызып алған. Тершіп, тықыршып тұр — Бұл шахта қысылмау үшін мың метр жол ашу керек еді. Ашқаны алты жүз ғана. Жол ұзармай, көбеймей қалың көмір қойнына кіргізбейді. Сырттан қажалап ауыз толтырмақ түгіл, тісің батпай тұрып қаласың біразда. Шахта бастығы жолдас Осипов күнделік норманы асыра орындаса, трест бастығы Щербаков жолдас арқаға қағады. Ермек жұмыс өрісі тарылып барады, кеңейтейік деп зарласа, Осипов «байбалам» деп күледі. Күнделік табысқа мәз болып, айлық, жылдық табысты жоғалтатын басшыны арқаға қаққаннан, маңдайға шерткен пайдалырақ. Жол ашушы — проходшы Ермек бригадасын жеңіл табыстарға пайдаланғандықтан шахта әрі кетсе екі-үш айда тұйыққа тығылады. Ол тұйықтан шығаруға айлар, бәлки жыл, мыңдаған сом ақша керек. Осипов жолдас мұны неге есептемейді? Кейінгі бір айдың ішінде екі жүз жетпіс бес жұмыс сағаты өндірудің орнына, бос тұрумен, бүлінгенді түзеумен кетті. Жол бұзылып қалады, төбе құлайды, материал кезінде келтірілмейді... Бұған істеушілер, басқарушылар кінәлі болмай мемлекет неге кінәлі! Бәрін «білместікке», «тәжірибесіздікке» жауып, шығынды мемлекетке аударып келеміз. Осы «білместік», «тәжірибесіздік»-тің ішінде зиянкестік, жауапсыздық жоқ па? Неге тінте қарамаймыз? Осиповтың үстінен Щербаков құс ұшырмайды. Артық сенімнің арты алданышқа соқпай ма?..

Ешкімнің бетажарына қарамастан Әшірбек өзара сынмен сойып салды. Сарғылт беті қызарып, самайынан тер ақты.

Әшірбектен кейін трибунаға асыға шыққан Осипов еді. Тым ерте сүрінді. Салған жерден:

— Сергей Петрович біледі... Сергей Петровичтің көрсетуімен... — деп Щербаковтің тасасына тығылса да қоймады жұрт.

— Өз білерің бар ма?

— Жаңағы айтылған кемшіліктерді көремісің, сірә?

Түс-тұстан іліп-қаққан соң күйгелек Осиповта береке қалмады. Түкірігі шашырап, қолын дамылсыз сермейді. Сөз желісі үзілген:

— Бремсберг... Орлов ашқан запас бар... — деп қайта-қайта айтады. Бремсбергі бүкіл шахтаны сүйреп тұрғаны рас, бірақ ол қаншаға жетеді? Орлов тапқан ұзын жал көмір әлі алусыз екені де рас. Алған күнде жылдық жоспар орындала ма? Жоспарлы дайындық жұмыстарын тоқтатып, қолда барға қанағаттанған Осиповты Әшірбек қаттырақ соқты:

— Көмір теңізі тұрғанда құдық шұқыған бишара! — деді мырс етіп. — Уклон ұзамай, штрек көбеймей шахта кеңімейді, көмір молаймайды. «Орлов тапқан запасты» зерттеу керек әлі..

— Зерттелген. Дайын көмір.

Көптің ішінен қарт шахтер Сыпанның жуан даусы естілді:

— Зерттелсе, аржағында көл қанша жер екен?

Осипов мүдіріп қалды. Орловтан естігенін айтып еді, Орловтың өзі де зерттеуге үлгірмей кеткен. Бұрғы салып байқау керек. Ол ұзын жал көмірдің аржағында «Герберттың» үлкен көлі жатыр. Алыс-жақын жатқаны белгісіз. Біліп алмай оңай көмірге қызығып, су апатына ұшырау да мүмкін.

— Сол қызыл маман тегін айтқан жоқ, зерттелсін, — деді Сыпан. «Қызыл маман» дегені Әшірбек. Ағылшындар тұсында басшыларды жек көретін ескі жұмысшыларға ол жаға білген. Солардың бетімен пікірін батыл айтты. Бірақ, көп тыңдап, аз сөйлеп, ауыр отырған бұл жиынның қазіргі сырын сезе алмады. Ысқақ, Құсайын, Шәймерден сияқты қарт шахтерлер ойланып, томсара қалған. Жаңа жұмысшылар бұлардың аузына қараса, бұлар президиумдағы Ермекке қарайды. Ермек басын төмен тұқырып, өзімен өзі болып отыр. Осипов біраз шырылдады да трибунадан кетті. Сөйлеуші жоқ. Жиналыс басқарушы Ермек:

— Кім сөйлейді? — деп үш рет қайталады. Ешкім шықпаған соң:

— Сөйлемесе болмас, — деді де, жәй басып, салыңқы қабақпен өзі көтерілді трибунаға. Қол соқты, бәрі, бұрынғылардың біріне соқпаған. Аз сөзді, ауыр мінезді, турашыл Ермегінен, көңіл түйткілдерін жадыратуды асыға күтті көпшілік. Ермек асықпай тұрып:

— Қаңғыраған бес-алты қорадан, өндірісті үлкен қалаға айналған Қарағанды жұмысшы білегімен жасалса, сол жұмысшылар Мейрам мен Щербаковтың еңбегін өзгеше бағалайды, — деді қабағын түйе — Осипов пен Әшірбек Щербаковқа орынсыз жармасады. Сын — шын, әділ болғанда ғана адамды түзейді.

Ермек енді ішкі тәртіпті, жұмысшылардың өзін мінеп тұр. Басқалар сипап, жасқана айтатынды, қымсынбай батыл айтады. Қайлада алдына жан салмаған қарулы, балғын дене күшімен ғана емес, турашыл мінезімен, беделімен де бағындырып алыпты көпті. Бәрі бүлк етпей қарап қалған аузына...

— Қалалық партия комитетінің қаулысы бойынша құрылған «жеңіл кавалерия» жұмысшы бақылауын жандандыра түсті. Былық, бюрократизм, жауапсыздық дегендер бірінен соң бірі ашылып жатыр. Бұл, өндіріс жегілері құрымай өндіріс өркендемейді. Кешегі тексеріс бір ғана сменада көмірмен аралас бес вагонетка порода шыққанын көрсетті. Бұны тапқан Жанабіл жолдастың комсомолдарына көп рақмет.

— Қалтайдың сменасы одан да көбірек берді, — деп салпауыз Әкім айғайлады.

— Әне, кеше келген жас: Забойшы — «жеңіл кавалерияның» мүшесі Әкім қарт Қалтайдың бетіне басты, — деді Ермек.

— Күрес тек көмірді мол өндіруде емес, сонымен қабат көмір тазалығын сақтауда. Ленин айтқандай, аз беріп, көп алғысы келетіні мемлекет мақсатынан өз мақсатын жоғары қоятын сұмдар бізде де бар. Вагонеткалар кейде төрт елідей толмай шығады. Бастапқы кезде олақ өлшеуден жеп дәндегендер енді вагонеткадан жемек. Конторшы, есепшілердің ішінен де жемтіктестер табылады. Бұл ұрылардың жегенін желкесінен шығармай тынбаймыз, — деп Ермек, жуан жұдырығымен столды қаттырақ нұқып қойды. — Бізде «бүркіт» деген бір сөз бар. Құсбегілер оны аңға жіберсе, біздің «бүркітшілер» шахтаны қиратуға жібереді. Арқан үзіледі, тіркеу темір шығып кетеді, не жол бұзылады. Әйтеуір вагонетка қашады. Бұл «бүркіт» көбінесе адамға түседі. Тіреу кезінде тірелмей, тірелсе дұрыс тірелмей төбе құлайды. Вагонеткашілер жол жамандығынан мықшыңдап жатқаны. Қайсыбіреулер сылтау тауып, жұмысқа шықпайды, онысын тағы хабарламайды, сөйтіп бүкіл бригаданың жұмысын ақсатады... Әшірбек айтқан «жоспарлы дайындықты» былай қойғанда, осылардың өзі еңбекті шідерлеп, берекені кетіріп тұр. Ашып айту керек, өндіріс жауы біреу емес, екеу. Бірі — жыландай жорғалап, абайсызда шағатын тап жауы болса, екіншісі — бейқам, жауапсыз достар. Ленин партиясының қағидасы — революциялық қырағылық, алғыр ой, батыл, шебер қимыл — пролетариат дәстүріне айналды. Бұл дәстүрді бұздырмаймыз ешкімге!

Ермек салқын барып, қызу қайтты трибунадан. Сол қызу көптің қызуы екен. Әр тұстан қол көтеріп, сөз сұрап жатыр. Көсе Ысқақ орнында тұрып, аузынан жалын шашып тұр:

— ...Айтқан соң әкесін танытып, көзін шұқи айту керек. Мынау отырған Бодаубек «бүркітін» екі рет жіберді бізге. Бірінде — бәрімізді қиратып кете жаздады. Бірінде — бір адамның аяғын сындырды. Енді жіберіп көрші, құдай біледі, әкеңді танытамыз. Әлгі «көсеу қара» бар ма осында?! — деп Ысқақ жан-жағына қарады. Көптің, ішінен көре алмады Әлібекті — сол ылғи кезеңді істің кезінде ауыра қалады, жайшылықта сау. Әзірге мені екі рет отыртты. Ауру болса жер үстіне ауыссын. Бұдан былай қоспаймын бригадама. Жәнібектің көзі адырайып барады. Адыраймақ түгіл шығып кетсе де жасыра алмаймын. Сен әнеукүні ішіп түстің шахтаға. Десятник бұлғалақтап жүргенде, жұмыс түзу жүрмейді. Үремке достарға жағдай жасағыштығың бар. Тиімдірек, қолайлырақ жұмысты соларға бересің. Шахта сенің жеке меншігің емес. Бұл мінезді тастамасаң білек сыбанып күресеміз, жолдас...

Адуын Ысқақ босаңсығанның біразын қарпып-қарпып алды. Бүкпесі, қалтқысы жоқ, тілі ұзын, ниеті ақ, екпінді, ескі шахтердің мінезі бәріне мәлім. Ешқайсысы айтыса алмады. Астыңғы ернін салбырата, трибунаға Әкім шықты. Тіпті мол дене, өзгенің емшегінен келсе, бұның кіндігінен келеді трибуна. Аңқау сөйлеп, салқам тұр. Өзі баулыған жас қайлашының тұлғасын, сөзін қызықтап Ермек жымың-жымың етеді.

— ...Ермектен кейін ақшаны көп алатын, көмірді көп беретін мен едім, — деді Әкім. — Басыбайлы забойым жоқ. Десятник Жәнібек біресе раскосқа, біресе күрекке салады. Қайлашының күні ұсақ-түйек жұмыспен, бос жүріспен өтсе, көмірді кім береді? Забой болмаса көмір қайдан шығады? Жанабіл жолдас күнде ұрысады маған. Комсомол мүшесісің, екпінді едің, не қара басқан дейді. Мені қара басқан жоқ, басса десятникті, шахта бастығын басқан болар.

— Комсомолдар ондай басшыны сергіту керек! — деген Жанабілдің дауысы саңқ етті. Қасындағы Осипов бұрыла қарады оның бетіне. — Комсомол жиналысына неге салмайсыңдар? Пікірлеріңді партия алдына неге қоймайсыңдар?

— Ол кісі бұл ұйымның екеуінде де жоқ қой....

— Профсоюз қайда! — деп Жұманияз араласты — Шахтаком не бітіреді? Өндіріс мәжілістерін де елемей ме, Осипов?

— Елемейді. «Жеңіл кавалерия» талай былықтың, үстінен түсті. Өндіріс мәжілістерінде, қабырға газетінде жұмысшылар он үш түрлі мәселе көтерген. Соның үшеуі ғана шешілген. Өзгесі қағаз бетінде қалып қойыпты...

Қалып қойған он үш мәселені Әкім атап берді. Жаңылмастан жатқа айтты. Озат жұмысшылардаң комсомолдардан құрылған «жеңіл кавалерия» партия қолында қырғи сияқты. Мекеме, өндірістерді үймелей бастаған былықтарға тұтқиылдан шабуыл жасайды. Ешкімнің бет ажарына қарамастан газет бетінде, топ алдында айыптыны сөгеді, сынайды. Оның ақыры біреулерді сотқа тартып, не орнынан алып тынады. Бүгінгі жиын Осиповқа көбірек шүйілді күнделік табыстарға мәз болып, шахтаның келешегін аз ойлапты.

Әсіресе, Осиповтың өзімен бірге келген Костя Симаков сияқты Донбасс жұмысшылары батыл сынады. Міне енді трибунаға жас Ворона көтерілді. Ашаң, қоңыр жүзі қызғылт, салған жерден қолын сермей қызу сөйлеп барады:

— ...Партияның алты шарты орындалмайынша, өндіріс алға баспайды. Осипов жолдас шаруашылық есепке шорқақтығын әбден әйгіледі. Кемшіліктердің көбі обезличкадан, әр жұмысшыны өз орнына қоя білмегендіктен туып жатыр. Бұған шахта бастығы Осипов, десятник Жәнібек қана кінәлі ма?! Бұл кінәға Ермек Борантаевич, — партком де, Сейтқалы жолдас — профком де, Щербаков жолдас сіз де ортақ.

— Дұрыс айттың! — деді Әкім. Сүйсінгеннен қопаң етіп бір қозғалып қойды. Щербаков Ермекті түртіп қалып, күлім-күлім етеді:

— Тос арқаңды комсомолецтерге.

— Бұл екеуі өзара жарысып, бір жарым, екі нормадан беріп келе жатқан комсомолецтер. Кейінгі үш күнде бөгетке ұшырап еді. Бүгін дәу де болса Жанабіл қайрап салған шығар, — деді Ермек қалжыңдағанда.

— Кім қайраса да өткір қайраған, — деді Жанабіл. — Сақал-мұрттарыңыз өсіңкіреген екен, қырып жатыр Ворона, кейбір комсомолдардың да аузын түк басайын деген.

Ворона ешкімнің бетажарына қараған жоқ. Өзі «жеңіл кавалерияның» мүшесі болатын. «Треугольниктің», жеке комсомолдардың мінін көрсете келіп, Донбасс тәжірибелерінен мысал келтірді...

Ұзаққа созылған қызу жиынның ақырында Щербаков өзі шықты сөзге. Жұмысшы талқысын талай-талай көрген қарт салмақты, кең тұр. Асыра сілтеушілерге де «мынауың артық» демеді. Өзіне керегін талдап алып, көп сөзді қорытып тұр...

— ...Өзара сын жаңа әуе сияқты денені сергітеді. Өндірісті үймелеген иіс-қоңысты айдап шығады. Бүгінгі жиын ұйымдастыру шеберлігіміз жетімсіз екенін де ашты. Талап үлкен, табыстар да үлкен. Кертартпақ түгіл жеткен жерде тұрып қалуға правомыз жоқ, алға, әман алға басамыз. Бірақ, осы алға басудың киікше орғу, бақа қыбыр, қарыш адымы бар. Әшірбек жолдас мың метр жол ашып, киікше орғымақ. Жас индустрия керек құралды түгел бере алмай жатыр. Жаңа жұмысшылар еңбекті еркін баурай алмай жатыр. Сондықтан мен алты жүз метр жол әзірге жетер деп едім.

— Жетпейді, Сергей Петрович, — деді Жұманияз. Жанабіл де бір қағып қалды:

— Былтыр бесіктегі бала, биыл жүріп кетті, тілеуіне тіл бітті.

Щербаков таласқан жоқ. Қалжыңдап қайырды жауапты:

— Ауызбайлық мал болса, Бейсек Керимович екі мың метрсіз тоқтар емес, — дегенде күліп жіберді бірсыпырасы. — Жоспарды өсіру оңай, орындау қиын. Егер асыра орындасаңыздар тіпті жақсы. Бұған таластың керегі не? Әуелі талассызды тындыралық. Сенгіштікпен мен байқамаппын. Енді байқадым. Не қыл дейді жұртшылық? Қайтсе жұмыс алға кетеді? Қаулысын берсін. Сол қаулыны алған соң толғана отырып, төтенше шаралар қолданады трест.

Қаулы проектісін жасауға бес кісіден комиссия құрылды. Алдағы сенбіде проектіні талқылауға тағы да жиналмақ болып, топ тарады.

Щербаков жалғыз кетті. Бұлыңғыр түнде шықыр-шықыр жай басып, ойлы келеді. Қызу жиынның көңілде қалдырғаны көп, қорыта келеді. Мезгіл сағат бірден асса да үйіне қайтпастан треске келіп енді. Жолындағы өз кабинетіне бұрылмай, үстіңгі қабаттағы горкомға көтеріліп барады. Горкомда да бұл кезде түнгі қызмет аяқталған, тек секретарь Кабинетінің алдыңғы бөлмесінде тырсылдаған машинка дыбысы естіледі.

— Кеш жарық, — деді Щербаков кіре бере. — Мейрам Омарович бар ма?

— Бар, — деп Антонина басып отырған қағазын жиыстыра бастады. — Бөгеле тұр. Орджоникидзе жолдаспен сөйлесіп жатыр.

Екеуі оңаша шүңкілдесіп отырғанда кабинетінен Мейрам шықты. Көзі күлімдеп, ашаң аққұба жүзі күреңіткен, сөзінде толқын бар.

— Григорий Константиновичтен сәлем сізге. Сізбен сөйлеспек екен, таба алмай менімен сөйлесті. Сұрағаныңыз азырақ екен, көбейтті. Осы кварталда отыз врубмашина жіберетін болды! Оның екеуін үйрене тұруға осы айда жібереді.

— Бәрекелді, — деді Щербаков. Сүйсіне, қозғалғанда астындағы орындығы шықырлады. — Отыз машина мың қайлашының бергенін береді.

— Тағы да елу жүк машинасын жібермек.

— Бұл бес жүз атпен барабар.

— Бес легковойды жақында аламыз. Каргрэс құрылысын тездеткелі жатыр...

— Міне, міне, ең керегі электр! — деді де Щербаков сырт киімін шеше сала, Мейрамды қолтықтай кабинетке енді. — Жаңа техника келе береді осылай. Басқаруға дайындығымыз жеткілікті ме?

— Мұны мен сізден сұрамақ едім.

— Айтайын. Әнеугі әңгімеден кейін бірнеше шахтаны жете зерттедім. Қазір жұмысшылардың жиналысынан шықтым. Обезличкадан әлі арылғанымыз жоқ. Әр адамды өз орнына қоя алғанымыз жоқ. Авария, простойлардың көбі осыдан туып жатыр.

— Соны тап жауының қалдықтары ушықтыра түседі.

— Әрине. Шаруашылық есепке, жаңа техникаға сай біраз өзгерістер енгізбекпін. Жаңа келген жұмысшыны өз жұмысымен таныстырып алмай, өндіріске жіберуге мүлде тыйым салам...

— Дұрыс-ақ! — деді Мейрам. — Баулу, үйрету жауаптылығын күшейте берелік.

— Кейбір шахта басшылары пайда-зиянның бәрін әлі де мемлекетке жүктегісі келеді. Олардың бойына шаруашылық есепті сіңірерлік, қолданбақпын. Осиповты орнынан алғым келеді. Жұмысшылар қатты сынады.

Мейрам ойланып қалды. Жауап қатпаған соң Сергей Петрович ежіктей түсті:

— Қостамайсыз ба, әлде?

— Осипов Сейтқалы емес. Кемшілігін түзеуге күші жетеді. Мүмкін, сындардан кейін түзелер.

— Онда сөгіс беріп қалдыра тұрайын. Ермекті жоғарылатып, соған орынбасар етсек қайтеді?

— Дұрыс. Ермек тәжірибелі, алымды адам.

— Жиналыста мені сынаса да, Әшірбек маған ұнады. Ойлы, қажырлы жігіт. Көтерейік!?

— Қайда?

— Бірінші шахтаға бас инженер етсек деймін.

— Бұл да дұрыс. Сонда үлкен шахтаның басшылығын бірсыпыра күшейткен боламыз. — Сергей Петрович көзілдірігін киіп, қойып книжкасын алды қолына. Әдемі, ұсақ жазулы книжка өндіріс ойларымен толы екен, сағат үшке дейін айтып бітіре алмады. Сөзінің ең ақырында:

— ...Енді жаңа техниканы баурау мәселесі тұр. Қазақтан жұмысшы армиясы жасалды. Сол армияның командирлерін де қазақ ету мәселесі тұр, — деді. — Курстар, фабрик-завод мектептері оқыта берсін, маман жұмысшыларды жекелеп үйрете берсін. Олармен қанағаттанбай Донбасс тәжірибелерін үйренуге — жүз, Кузбасқа — елу қазақ жұмысшыларын жіберсек?

— Көбінесе жастардан жібере көріңіз.

— Қарттар да қағажу қалмасын, — деп Сергей Петрович қалжыңдай тұрды орнынан. Екеуі әзілдесе ауыз бөлмеге шыққанда Антонина Федоровна жайраңдай қарсы алды:

— Көп отырдыңыздар ғой. Шаршаған шығарсыздар. Екеуіңізді мен қонақ етейін, жүріңіздер.

Үшеуі қалжыңмен қағыса бірге кетті.

XIII

Түн. Ел ұйықтаған. Ермек жалғыз. Электрдің өткір жарығын көкшіл қағазбен қалқалап қойып, «Ленинизм мәселелерін» орысшасынан оқып отыр. Көп оқып шаршаған болу керек. Ауық-ауық көзін уқалап, мұрнын қысады. Қайта қадалады кітапқа. Мұқабалы қалың тетрадь ашулы жатыр алдында. Жуан саусақтарымен қарындашты қылғындыра ұстап, жазып та қояды. Жазуы үлкен, ажарсыз. Кеш сауаттанған ескі жұмысшы ғылым дүниесіне құныға қарапты... Сенектегі ақ төс қаншық шәу ете түсті. Елемей отыра беріп еді, есік қақты біреу.

— Бұл қайсың?

— Мен. Бәйтен ғой.

Бәйтен ентіге, бір қапшықты көтере енді үйге. Қоразданып, жымыңдайды.

— Мейрам бар ма?

— Қайтқан жоқ әлі.

— Мына қапшықты тез босат. Кетем.

— Бұның не?

— Не қыласың сұрап, ала бер.

Ермек қапшықтың аузын ашты. Май, сыр, печенье, консервілер көрінеді. Үндемей аз ойланып тұрды да, Бәйтенді төр жаққа ертіп келіп:

— Отыр! — деді зекіре. Сұрланып қара мұрты тікірейіп кеткен. — Итсің! Иттен де жамансың. Анау қара қаншық осы үйдің аяқтағы асына тимейді. Сені қажыған, ескі жұмысшы деп қазна маңына жібергенде, же, ұрла деп жіберіп пе еді? Оңбайтын қараниет! Дәндей-дәндей бізге келдің бе енді? Шапшаң шыныңды айт. Қанша қапшық тараттың?

Ұйқыдан Әнипа оянды. Жалма-жан екеуінің қасына келді. Дір-дір етеді. Бәйтен шынын айта қоймады. Қанға тойған қара төбеттей, аз күнде дүрдие қалған. Дәмесі әлі де Ермекті көндірмек:

— Бұл ұрлық емес, жолдас. Қазна өзіміздікі. Ала бер. Қолдан келіп тұрғанда Мейрам екеуіңе істемеген жақсылықты кімге істеймін...

— Кеңірдегіңді суырып алармын. Айтасың ба, шыныңды, жоқ па? — деп Ермек төнгенде ғана Бәйтен қипақтай бастады.

— Қой, ей, тақама қолыңды. Қапшық, жәшіктердің талайы кетіп жатыр. Қайда кетіп жатқанын қайдан білейін. Мынаны әдейі сендерге берем деп, бастықтан сұрап алдым.

— Бастығың қайсы? Махметтің өзі ме? Склад бастығы ма?

— Махметтің өзінен қоярда-қоймай сұрап алдым. Жұрттың бәріне таси береді деймісің мені.

Қанша ежіктесе де Бәйтен бұдан артық айта алмады. Ол орталық складта, қолқабысшы жұмысшы ғана. Аңқау, олақ, ожар, бишара ен азықтың ішінде қарны тойғанына мәз. Жақын адамдарына олжа салғансып, мардымсып келген деді. Пұшайман болды. Ермектің көзі тайғанда:

— Алсаңшы, — деп ымдайды Әнипаға. Әнипа да ымдап безе түседі. Ақымақ жолдасты не қыларын білмей, Ермек дағдарып отырып:

— Қапшығыңды ал да жөнел! — деді бір кезде. Әнипа қапшықты арқасына салып берді. Арсылдаған қара қаншықтан да қорғап жүр.

— Жыт, бишара. Мейрам келмей тұрғанда жыт.

Қараңғы түнде, арқасында қапшық, жытып барады Бәйтен. Арамтер маңдайынан шып-шып шығып барады. Осы барактағы үйіне, жолдағы складқа соқпастан, салған бойымен Махметтің пәтеріне келді. Есік алдында, жеңіл кашовкаға жегулі Ырымбектің қаракер аты тұр. Терезе қақты. Махмет өзі шықты.

— Мұнда неге келдің?

— Ойбай, апарып едім, әзірейілдей тергеді. Алғаны сол, кеңірдегімді суырып ала жаздады.

— «Құлаққағыс қылды, доспыз» деп қолқалап сұрағаның қайда?

— Өз обалы өзіне. Жақсылықты білмеді. Алушы табылмас деймісің, тығып қой. Мен адал адаммын, өзіме қалдыруға арым жетпеді. Ал кеттім, көзге түсіп қалармын.

Бәйтен басқа сөзге келместен тартып тұрды. Махмет сескеніп, түрлі жоруылмен енді үйге. Томпиған бетінен тулаған жүрегі көрінеді: қаны қашып, ойнақшып тұр көзі.

— Не болды? — деді Ырымбек.

— Нақұрыс Бәйтенге түсіне алмай тұрмын. Мейрам мен Ермекке берем деп әкетіп еді. Қайта әкеп тастады. Бір пәлесі жоқ па?

— Әйгілетіп әкеліп, үстінен түсіріп жүрмесін!

«Қорыққанға қос көрінеді, жалғыз қурай». Қанша жүрек жұтқан болса да совет қаһарынан дір етті денелері. Екеулеп, сорлы Бәйтенді талай саққа жүгіртті. Аңқаулығын аярлыққа жорыды. Бәйтен де өшін алып кетті бұлардан: тәтті әңгімелерін бұзды, аяқ астынан әбігер жасады.

— Сақтан! Дереу қапшықты жоғалт! — деп орнынан тұрды Ырымбек. — Кейін сөз бола қалса, мойындама. Өзіне жап.

— Онда сіздің шанаңызға салып жіберейін?

— Жоқ, баратын жерім бар, тағы.

— Таптым, — деді Махмет. Жалма-жан киіне бастады. — Әлібек отағасы судай сіміреді. Міне, сонда тастай кетіңіз жолдан.

Қапты ала екеуі шанаға мінді. Әлібектікіне бет бұрғаннан-ақ Ардақ болды әңгімелері. Талай дұзақ құрса да, бір түспеген сақ қыздан торыққан Махметті Ырымбек тағы да дәмелендіріп келеді:

— ...Қыз көлгірси береді. Жалықпаған жауын жеңеді. Ақ тоқаштай саған қыз түгіл келіншек қызықпай ма?

— Мейраммен шатасты ма деймін...

— Қорқақтаусың, — деп Ырымбек өтірік күлкімен қайрап қойды. — Оның сенен несі артық? Қыз мәселесінде секретарьлығы көмек емес, бөгет. Сен барғанға бара алмайды, басқан қадамы санаулы. Ол алыстан торып жүргенде, сен бүйірден тиіп, қағып әкет. Қыз бойына дарыта ма өзіңді? Сөйлесе ме?

— Сөйлескенде қандай! Бірақ діні қатты антұрғанның.

— Қанша қатты болса да жібімес қатты жоқ. Қажымай іздеп, қыбын тап...

Махмет махаббат жайында да Ырымбекті өзінен білгіш біледі. Тозған беделін Махмет сияқтылардың алдында жаңарта білді Ырымбек. Бірін құлқын, бірін тап күндестігі билеген достар әрқайсысы өз есебін ішіне берік сақтап, сыртымен жылп-жылп етеді. Өліп қалған есекдәмені қайта тірілтіп, Махметті Әлібектің есігінің алдына қалдырды да, Ырымбек жайына кетті. Қар басқан жербарактың тереңдегі есігіне жеткенше ылдида екі тайып жығылды Махмет. Соңғысында тым оқыс тайды. Қапшығы ұшып кетті қолынан. Құйымшағын ұстап мықшиып тұр. Сырттағы сөлекет дыбысты естіп, есік ашты Ардақ.

— Бұл кім?

— Мен ғой, Махмет.

— Мезгілсіз неғып жүрсіз? Үйге кіріңіз.

Қызқұмар жігіт қапшығын сүйрей үйге енді. Пальтосының арты былғанған. Құйымшағы әлі ауырады. Білдірмен десе де біліп қойды Ардақ.

— Жығылғаннан амансыз ба? — деп жымияды.

— Иә, тайып түскенім. Тайғақ екен...

— Табан бүрлі болса тая ма?

— Әлден бүрі таусылып неғыпты. «Жазым» деген бар емес пе?

— «Жазымнан да» сақтанады ғой жұрт. «Сақтықта қорлық жоқ» демей ме?

— Аңғал басым алданудан шықпайды! — дегенде Махмет күрсінді, — Көруге бар, ұстауға жоқ, сағым болдың, Ардақ. Күле отырып, қатал сынайсың. Аяр күнің бар ма екен?!.

Жалынышты зарды төмен қарап, құныса тыңдады Ардақ. Тыңдап болған соң басын көтеріп, шалқия отырды. Босағада жатқан қапшыққа, одан кейін Махметке көз қырын бір тастағанда екеуінің де ішін керіп шыққандай еді. Ойлана, байсалды отыр. Бұрынғысынан бірсыпыра толған. Кеудесі құс бетегеленіп көтеріле түсіпті. Сұңғақ, жұмыр мойнына ақ меруерт таққаны жарасып тұр. Шашын қырықпай жібере бастаған. Қысқалығын білдірмей, өріп, түйіп қойыпты. Бұрын кейбір балалық мінездері байқалса, енді өр мінезінен, тұлғасынан бойжеткендік байқалады. Ойы да өскен сияқты. Стол үстінде қатарынан екі кітап жаюлы жатыр. Салыстыра оқып, беттерін сызып, жазып тастаған. Жер кепеде, ұзақ түнде жалғыз отырып, жалықпай ойға, білімге бойлаған Ардақ Махметтің махаббатына балқи қоймады.

— Мен сізді алғаш көрген жерде-ақ аяғамын, — деді әлден уақытта. — Зорлауға жүрек көнбейді. Айтқаным қайда сонда? Егер өзіңізді өзіңіз аясаңыз, бұнша кіріптар болмас едіңіз.

— Аямаймын! Салдым жүрегімді табаныңа. Таптай бер!

— Тым арзан бағалайсыз жүректі. Қит етсе суырып алып тастай бересіз табанға. Ондай алмалы-салмалы арзан жүректі таптады не, қастерледі не. Қайтып алыңыз. Көлбақаның да онсыз күні жоқ.

Толғана келіп, салмақпен айтылған «сөздер» есек-дәмеңі сызып-сызып тастады. Сол сызықтар Махметтің бетінен айқын көрінеді. Толған торсықтай тырсиған беті енді. солған торсықтай қыржия қалыпты. Жүрегі етпесе де қапшықты өткізгісі келіп отыр:

— Отағасы қайда? — деді баяулап.

— Жұмыста.

— Қашан қайтады?

— Таңғы алтыда.

— Анау қапшықты сол кісіге әкеліп едім...

Нұсқаса да, қастерлеген қапшыққа қарамай, Махметке алдындағы кітаптың бірін ұсынды Ардақ.

— Мына жерін ғана оқыңызшы.

Асты сызылған екі жолды Махмет ішінен оқып .шықты.

— ...Ұры-қары, капиталистер бір ақшаның екі беті — деген Ленин сөзі еді оқығаны. Ардақ қынжыла сөйледі:

— Замандас аға, партия мүшесі, жауапты қызметкер осынша ұсақтағанда, соларды көрген кейінгілер не демек? Бұл мені қорлағаныңыз ба, өзіңізді қорлағаныңыз ба? Қапшығыңызды да өзіңізге қайтардым. Ала кетіңіз, — деп тұрып кетті орнынан.

— Ертең алғызайын. Бүгінше тұра тұрсын?

— Тұрмасын. Бұл да аяғаным. Әйтпесе...

Аяғын кірбең басып, қапшығын қайта арқалай үйден шықты Махмет.

Әрнәрсе сынарында өзінен мықтыға соқтығады. Мейманасы асқан Махмет Бәйтеннің шатастыруымен Мейрам, Ермек, Жанабіл, Ардақтарға соқтықты. Түнгі одағай жүрісті көріп барак иттері басын көтерді. Гүрілдеген ала төбет, шапылдаған сұр қаншық, арқаңдағыны тастап кет дегендей, тап-тап береді. Өзге иттер тұс-тұстан шәуілдеп тұр. Кесекпен атқылап, сытылып былай шыға бергенде, жолындағы дәретханадан Жанабіл ақыра шықты:

— Кімсің, әй!

Махмет дауысты танып қалып, қапшықты тастай қашты: Тұра қуды Жанабіл. Жете алмаған болып келеді. Күлкіден шегі түйіліп, құлай кетті бір кезде. Махмет екенін білген жоқ. Түнгі қызметтен Мейраммен бірге кеш шығып, Ермекке соққан. Әлі сол қапшықты арқалап жүрген Бәйтен екен деп, қорқытты да қала берді. Бірақ, Бәйтеннің бұл баракқа неге келгеніне түсіне алмады. Із-өкшесі Әлібектің үйінен шыққан тәрізді. Қапты енді Жанабіл арқалап кірді Әлібектікіне. Күліп жіберді Ардақ.

— Бүгін қап арқалайтын күн екен-ау!

— Осында болды ма, Бәйтен?

— Бәйтенді көргенім жоқ, Махмет болмаса...

— Пәле! Томпақ жігіттің өзі ме, жаңағы! — деп қарқылдап жатыр Жанабіл. — Қап! Ол екенін білгенде, білмегенсіп біраз тепкілейтін едім.

— Өзің секретарьсың. Қол жұмсау лайық па?

— Е, секретарьдың қолына бүйен қаптап қойып па?

Әзілі жарасқан жастар әрі-бері қағысып алды. Өткір,турашыл, ақжарқын Жанабіл әрдайым ұнайды Ардаққа. Оны ақысыз-бұлсыз оқытудан, онымен ұзақ уақыт әңгімелесуден жалыққан емес. Кейінгі кезде қатынас сиресе керек. Ардақ жиі кездесетін күндерді өгейсіп отыр:

— Секретарь бола сала оқуды, қатынасты сиреттік. Бара-бара бәрінен қол үзбесең не қылсын. Жерден қол үзген Антейдің халын ұмытпа бірақ.

— Мен ертегінің батырлары емес. Қарапайым Жанабіл екенімді сен де ұмытпа. Маңдайы терлемеген соң кеңсе қызметкерлерін арам тамақ деуші едім. Кесек бір қатем осы болса керек. Қолына берілген бір ғана жұмысты біліп, сегіз сағат істеп, он алты сағатты еркімен пайдаланған жұмысшы уақытқа қандай бай! Сол байлықты ғылымға жұмсай білсе, ғалым болар еді. Көрші отырсақ та кездесе беруге уақыт жетпейді. Міне қазір сағат екі! Сен тып-тыныш кітап оқып отырсың. Біз айтысып, тартысып шықтық. Сом темірді июден сыңар езу адамдарды бұру қиын көрінеді. Күржікті конфискелеп, ауылдан қуып тастағанда, бар пәле соған ере кеткендей еді. Байқамаппын қалып қойыпты талайы. Махмет, Бәйтендер, кейінге бұра тартқан ойлар, ежелгі жаудың қалдығы — қақпасаң төбеңе шығады. Қақсаң араша шығуға тырысады. Солар менің оқитын, сенімен әңгімелесетін қымбатты уақыттарымды да ұрлап жатыр. Ардақ, ойлы адамсың ғой. Ойласаң аяйсың мені. Мен Мейрамды өзімнен әрі аяймын... Оның басында ұйықтап жатқанда да тиыштық бар ма екен!?.

Ардақ көзі жаудырап, тұғырдағы тұйғындай монтиып отырып, тыңдай берді. Кеше ғана жалаң аяқ, ойы қолынан, қолы ойынан шорқақ, ауылдан келген Жанабіл бүгін жағасында галстук, ысылған, көңіл көзі ашылған, қоғам қайраткерінің сөзін айтып отыр. Оның осы дәрежеге жетуіне менің де қарлығаштай көмегім болды-ау», деп ішінен қуанды Ардақ. Диқаншы жер жыртып, ел несібін еккенде, кішкентай ғана қыз бала топырақ тырнап гүл егеді. Гүлі өнсе өзінен бақытты жоқ. Ардақ та сол баладай бақытты қазір.

— Түсінем, Жанабіл, түсінем, — дейді жайраңдап. — «Бақыт не?» деп сұрағанда, «күрес» депті Маркс қызына. Бақыт, ғылым жасаушылардың бар өмірі күреспен өткен тәрізді. Сөйте жүре олардың жазып кеткенін біз оқып бітіре алмай жатырмыз. Сөйте жүре олар оқуға да, жар сүйіп; жолдастарымен кеңесуге де уақыт тапқан. Біз таба алмай олақтығымыз не бір жақтылығымыз болар. Сенде, сен сүйген Мейрамда осы кемшіліктер жоқ па?

— Менде бар. Жою үшін бұдан былай жұмасына үш рет сабақ болсын, дайындалам, қайтсем де оқуға уақыт табам. Ал, Мейрам күнде кездесуге уақыт табады. Бірақ, бұл үйге менше келе бермес.

— Бұрмалама. «Келсін» деп қашан айттым, — дегенде Ардақтың қабағы кенеттен кіржие қалды. Байқамай бітеу, жараны ауыртып алды Жанабіл. Көрген жерде-ақ Мейрамға көңілі ауған Ардақ әкесін ойлағанда, Мейраммен ұзақ өмір сүруіне сене алмайды. Жел бұзбасты, сөз бұзады. Кедейден шыққан кедейшіл жігіт, ел бетіне баса берсе айниды, деп қауіптенеді. Оның үстіне тұңғиық, әке түбін көрсетпей келеді. Аластауға да, ақтауға да дәлелі әлі жетімсіз. Әкеге деген махаббат, ел алдындағы ұят, жар сүйетін табиғи тілек — үш жақтап өзіне тартқанда әлденеше иіліп, тал шыбықтай сынбай тұр Ардақ. Саналы қызды. қинаса да, шыдамдылыққа үйретті бұл тартыстар, Жанабілдің жаңағы «бұл үйге менше келе бермес» дегені Мейрам туралы ойын дәл тапқандай, қатты батты. Кіржиген қабағын жазбастан:

— Иә, келе алмайды. Кейбір жолдастармен алыстан сыйласқан да жақсы, — деді де қоя салды. Бұл күдігін ең жақынына да айтуға арланды. Жанабіл астарлы сөзді сезген жоқ.

— Бірсыпыра әңгімелестік. Келістік. Енді Майпажанды аймалауға рұқсат ет, — деп, барды да қапшықты көтерді....

— Олжалы қайттың-ау, бүгін.

— Иә, бұның ішіндегі әңгіме бірсыпыраға жетер...

Жанабіл шығып кетті, оның: «Бұл үйге менше келе бермес»: дегенін Ардақ оңаша отырып, ойлай берді...

ХІV

Әнеугі бірінші шахтада болған қызу жиынның қаулысы қатал бұйрыққа айналды. Трест бастығы Щербаков қол қойған көп тармақты бұйрық әр шахтаның көрнекті жерінде, наряд үйлерінде ілулі тұр. Осиповқа сөгіс берілген. Ермек шахта бастығының орынбасары, Әкім оның орнына екпінді — жол ашушы бригадир болыпты. Өндірістегі иесіздікті жою, әр адамның, өз ісіне жауаптылығын арттыру, жалақыны еңбекке қарай белгілеу күрестерін күшейте түскен. Жаңа жұмысшыларға техника қатерсіздігін ұғындырмайынша шахтаға жіберуге тыным салған.

Ермек пен Осипов осы жайларды шахта конторында оңаша кеңесіп отыр. Екеуі біріне-бірі қарсы жаралған тәрізді. Ермектің денесі толық, мінезі ауыр кісі. Осипов аласа, арықтау, жүрісі сөзіндей шапшаң, нені де болса тез істеп, тез шешетін адам. Бұл қайшылықтар бұлардың ынтымағын бұза алмапты.

Жиналыста сынға ұшырап, Щербаковтен сөгіс алған соң ақылым еніп келеді, — деп жымыңдайды Осипов. Ермек қостап қояды:

— Шынында да сізге ұрысқан жақты. Бремсбергіге барабан орнатуыңыз дұрыс-ақ болған. Соның арқасында жалғыз Жұмабай бірнеше вагоншының қызметін атқарып отыр. Егер уклонды ұзарта бермегенде, Әкімнің бригадасын сонда жібермегенде қысылып қалатын едік.

— Әшірбек екеуіңіздің бұл жөнде қатты айтқандарыңыз пайда болды. Мен күнделік іске құнығып, келешекті ұмытып кетіппін...

Қалтасынан үлкен сағатын алып қарай сала, Осипов орнынан тұрды.

— Сергей Петрович кешіккенді жаратпайды. Кетейін. Сіз шахтаға түсесіз ғой?

— Ия. Армансыз аралаймын бүгін.

— Әшірбектерге де бара қайтыңыз.

— Барамын. Түбінде ол көмірді алуға темір жол жаю керек болады. Оны да айту керек Сергей Петровичке...

Екеуі контордан шыға екі айырылды.

Ермек тапсырмалар беріп, жұмысшыларды жер астына жөнелткен соң, наряд үйінен шықты. Уклонға түсуден бұрын эстакадаға көтеріліп келеді. Қызғылт, өткір көзі ойына ғана төнген. Қалың қабағы салыңқы, өрге қарай жай басып, тестек, аласа, балғын денесі ауыр қозғалып келеді. Бұрын бір қайлаға, асса бір бригадаға жауапты болса, енді бүкіл бір шахтаға жауапты. Оның ойы тарам-тарам жер астын қараңғы қуыстарды кезуде қазір. Биік эстакадаға көтерілгенде ойы сергіп, шахта аумағына одан әр тұстағы көмір шоқыларына, күллі көмірлі қалаға көз жіберді. Жаңада алынған, бірен-саран қайлашыларға ғана берілген аккумуляторлы шамды тастамапты, маңдайында тұр. Уытты ініне маңдайда шодырайған шам уыт қосыпты. Қайнаған қалаға шүйіле қарап, бұл қаланың өткен елі, қораш күндерін де есіне алып тұр. Ақ төбешіктің үстіндегі «жоғарғы Мариям» одан солтүстікке қарай созылған сегізінші, тоғызыншы, он екінші, он сегізінші, төртінші, оңтүстік батыстағы — отыз бірінші, жиырмасыншы шахталар қомақтанып, аралары түйісуге айналған. Шығыс жақта отыз үшінші, екінші шахталардың да көмір, балшық шоқылары биіктеп барады... Кеше ғана жалаңаш дала, бүгін еңбек асыры, көп ұлтты елдердің дарқан мекені. Байлығы талай үрім-бұтаққа жетерлік...

Ескі, жаңа Қарағандыны Ермек көз алдынан өткізіп тұрып, жер астынан жаңа шыққан составқа елең ете бұрылды. Жұмысшылар қолма-қол вагонеткаларды тарс-тұрс төңкере бастады. Көмір салдырап, құйылып жатыр төменге. Бұрқыраған қара тозаң ақ қардың бетін жауып кетті. Вагонетка айдаған әр жұмысшыға қысқаша бір ескертіп қояды Ермек:

— Әрірек апарып төк... Вагонеткаң майланбапты ғой... Тіркіс темірге сақ болыңдар...

Төменде, эстакада астына поезд келіп енді. Көмір породасын (балшығын) терген, көмір тиеген бір топ жұмысшыға жоғарыда тұрып, қабағын шытты Ермек. Көмір өндірудің орнына көп адам өнген көмірмен әуре. Осылардың санын азайтып, еңбегін жеңілдетсе, көмірді молайтуға, әрі арзандатуға үлкен сеп болар еді. Ермек соны ойлап, қол күшті кесегімен жұтып жатқан қара жұмысқа айла қарастырып тұрғанда Сейтқалы келді қасына.

— Аманбысың, әй, сенің қолғабың қайда?! — деп төмендегі күрекшінің біріне кезіге айқайлады.

— Берген жоқ әлі.

— Безобразие! — деп, Ермекке бұрыла дүр етті Сейтқалы. — Тез беріңдер. Еңбек заңы ойыншық па?

— Берілер. Жаңа келген жұмысшы ғой. Өзі де құнттамаған шығар.

— Сұратпай беру керек. Қолы ойылып қалса, қолғаптан әлдеқайда қымбатқа түседі бізге.

— Шахтком ысырап еңбекті көре білсе тым жақсы болар еді. Міне, бір машинаның ісін қанша адам істеп жатыр?

— Ондай машина жасамайды Қарағанды. Келгенше күтеміз де.

— Осы «күту» деген де бір дертке айналып барады, — деп қынжылды Ермек. — Қол жайып сұрай бергенше, білек сыбанып, бір шара істеу керек емес пе.

— Істесең тұрсың ғой, әмірің жүреді енді.

— Иә, істегелі тұрмын. Машина келгенше көлбете ағаш астау орнатса... Көмірді сол астаумен ағызса, тиеу жұмысы бұдан әлдеқайда өнімді, әрі жеңіл болады...

Сейтқалы басын изей берді. Астау әңгімесімен екеуі шахтаға түсіп келеді. Шахтаға түсетін жол өзгерген.Әуелде тік сатымен, одан кейін көмір шығаратын көлбеу жолмен түсетін. Енді олармен жүруге тыйым салынды. Адам жолы бөлек. Қауіпсіз. Жарты километрдей барған кезде:

— Желді күшейту керек. Байқаймысың, ауа азая бастады, — деді Ермек. Кездескен көмір, балшық кесектерін, ағаш, темір кесінділерін қаға беріске жиыстыра тастап, сараң сөйлеп келеді. — Осындай ұсақ ұқыпсыздықтан ірі кемшілік туатынын біле ме екен профсоюз.

Сейтқалының көнтек аузындағы сирек мұрты тікірейіп, шоқпар бас мұрны дүрдие қалды. Өкпешіл-ақ. Өкпесін жуан дауыспен болжырата айтты:

— Өзің немене? Партком болған соң, жоғарылаған соң, ескі жұмысшыларға ауыз сала бастадың ба? Ермек бізден кетті, деп Бәйтен жылап келгенде нанбап едім. Рас екен ғой. Бәрін шахткомға жабасың. Шахткомның бір мүшесі өзің. Ал, не қыл дейсің?

— Ескі, жаңа жұмысшы, шахтком, партком болып; өндірісті алға тартуға міндетті. Әрбір тәртіпсіздік, салақтық кейін тартады. Сенің ұғымыңша — жұмысшылардың жұмыс киімі, жұмыс сағаты түгел болса болғаны. Жаңа бір қолғапқа бола қанша тарылдың.

— Тарылма, еңбек қорғау заңын елеме, деймісің?

— Шахткомның міндеті сол ғана ма? «Профсоюз коммунизм мектебі». Коммунизм — алдымен еңбек өнімін арттыру, еңбек жолында. мынау ұсақ-түйектерден бастап, кейбір шарқы ойларға дейін қаншама бөгеттер жатыр. Шахтком соны сындырудың орнына кейде аяйды.

— Сен Мейрамның әуенімен кете берме. Ойымыз шарқы болса, Қарағанды мұнша далимайды.

Баяғы көзбен өлшепсің.. Қазір метрмен өлшейді. Көбірек оқу керек бізге;.Шамсыз шахта іші көрінбейді;

Сейтқалы үндемеді. Томсарып келе жатқан, жол айрылысында бөлініп кетті. Өкпелеп кетті. «Оқымайсың» десе шамы. Бірақ, Ермекке деген өкпесі үш күннен асқан емес, аяқсыз татуласады. Ермек артынан жымия қарады да, оң жағындағы атқораға бұрылды. Қара көк ат, қамшылар жақ алдыңғы аяғын баса алмайды. Тізесі күп болып ісіп кеткен. Жем жесі сәлең. Науадағы сұлыны тауыса алмады. Ермек сауырынан сипап:

— Отағасы жығып алған-ау, — деді де кете барды. Ең ұзақ штректі бойлап келеді. Жітігі көзінен ештеме құтылар емес. Анда-санда еңкейіп, темір жол үстінде. жатқан болмашы нәрсені де алып тастайды. Төбені, қабырғадағы кейбір тіреулерді ұрып, тықылдатып, беріктігін байқап қояды. Тас қараңғыда, тар жолда, маңдай шамы жарқырап, жер астын кезген бұл адам бұл дүниенің иесі бір өзі сияқты. Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан вагон айдаушылардың маңдайындағы шамынан, даусынан танып, «Ермек», «Ермек» деп бір тілдеспей өтпейді. Ысқырығы жер жарады, торы атқа үш вагонетканы бірден тіркеген Әлібек отағасы кездесті. Ат тартқан ауыр жүкті өзі тартқандай екі иінінен дем ала ентігеді.

— Ермекжан, белімнің шойырылмасы бар еді. Сол құрғыр ұстағалы. тұр.

— Ұстаса қайтарсыз, — деді Ермек. Вагонетканың бетіндегі балшықты көзі шалып қалды. — Бұл қай забойдың көмірі?

— ЬІсқақтікі.

— Оны не қара басты! Сізде де шалалық бар; толтыра түсу керек. Әр вагонетка осылай олқы кетсе, күніне тонна жейсіз есептен. Есіңізде болсын, бұдан былай ернеуден төмен болса қабылданбайды.

— Белдің елегімен байқамаппын.

— Ат қалай ақсаған?

— Сүрініп, рельске жығылғаны...

— Қайтсаңыз айтыңыз, дәрігер жіберсін дереу.

Ермек жүріп кетті. Әнеугі жиналыста: «Көсеу қара кезеңді істің кезінде ауыра қалады, құтылам» деген сөзіне жеткен екен Ысқақ. Әлібек енді ат айдап жүр. Жер астына кәнігі кек ат сүрініп, мертіге қалды. «Белдің әлегімен» вагонетка толмапты. Ескі забойшы ЬІсқақты «қара басып» көмірінен балшық табылды. Ермек сонда да Әлібек туралы жаман ойға барған жоқ. Өндірісте мұндайлар кездесе береді. Әйтсе де Ысқаққа кешіре алмады, соның забойына бұрылды. Қара тұман, забойлап, бұрғылап, атып та үлгірген. Тұман ішінде қараңдаған адам, сарғылт шам көрінеді. Болат күректің шыңылы, темір вагонетканың даңғыры, көмір салдыры естіледі. Опырыла құлаған кесек көмір күрекке көнбей, вагоншы, күрекшілер қолмен көтеріп, мықшыңдап, ырсылдап жүр. Ысқақ қайласымен салып қалып, уатып беріп қояды. Көмір үйіндісі тіпті үлкен. Жұмыс қызу. Әлібек осыны көріп «шойырылса» керек.

— Ысқақ!- — деп дауыстай келді Ермек. — Алжиын дедің бе, балшық неге қосасың көмірге?

— Қайдағы балшық?!

— «Көсеу қараның» вагонынан таптым.

— «Көсеу қара» менен кеткен. Ол үшін жауапты емеспін.

— Забой сенікі.

— Менікі болса, көр міне.

Үлкен үйіндіні үңіле Ермек бір айналып шықты. Тап-таза, шаммен шағылысып, бұйра көмірдің кейбір кесектері жылтырайды. Забойдың тереңдігін өлшеді. Бір метр он сантиметр. Биіктігі — екі метр.

ЬІсқақ қадала қарап тұр. Белуарынан жоғары жалаңаш. Қара күйеге боялған денесінде ақсиған тісі анық көрінеді. «Ал, не таптың» дегендей ыржия күледі,

— Кәрі тарлан шапқан сайын үдейсің.

— Солай ма!

Екеуі күрекші, вагонетшілерден былайырақ кетті. Ермек жұмысқа риза болса да мін тақты бір:

— Тозаң басылған соң, дәрі иісі әбден арылған соң алу керек еді көмірді.

— Е, соны күтіп тұрамыз ба. Ештеме етпейді, баяғыдан бері жұтып келеміз ғой тозаңды.

— Дұрыс емес. Бұдан былай солай істе. Әуе де азырақ екен, көбейтерміз.

Ермектің назары күрекшілерге ауды. Забой ілгерілеп, темір жол кейіндеу қалыпты. Бір жігіт көмір үйіндісін күрекпен лақтырғанда, тіпті алысқа түсіреді. Оның жалғыз, алыстан лақтырғанын екі жігіт қасындағы вагонеткаға тиеп, азар үлгіреді.

— Мынау кім?

— Білмеймін. Құтжан балуанның бригадасында істеп едім, дейді.

— Бұл бишара әлі күнге күрекші ме еді. Пай-пай Ысқақ-ай! Осындай адамдарды көре білмейсің. Көрсең көтере білмейсің. Мынаның қолына дереу қайла бер де, парыңа ал.

— Алмаймын! Айырма Дүйсембек екеуімізді...

— Даурықпа! Әкім қай ескі қайлашыдан кем табады? Meн кісі танысам, мынау сондай жігіт. Дүйсембекке жеке забой берем, о да үйретсін біреуді.

Адуын Ысқақ жуасып қалды. Ермек екі айтпайды. Көмрді неғұрлым көп берсе, ақы солғұрлым көп. Сондықтан ескі қайлашылардың бірсыпырасы парына жаңа қайлашы қосса, бөгет болады, ақым кемиді деп қорқады. Бірақ, Әкім құсаған жаңалар ескілерді артқа тастап барады. Әлгі жігіттің қимылына Ысқақ жаңа көргендей шұқшия қарап тұрды да:

— Жарайды, — деді.

Ермек енді тура бремсбергке тартты. Сол жағында қалып бара жатқан дәрігер пунктіне бұрылған жоқ. Шаруашылық қуыстары көп. Бір сапарда бәрін аралауға уақыт жетпейді. Ұзыны екі, көлденеңі бір километрге жуық қараңғы дүниеде тарам-тарам жолдар жатыр. Әр жолдың бойында тынымсыз жүріс-дыбыс естіледі. Жұлдыздай жыпырлаған шамдар көрінеді. Көмір кеулеп жер астына — жүз, екі жүз метр тереңге сүңгіген шахтерлер газ, тозаң, күйе, қараңғылық ішінде тіпті еркін жүр. Ағылшын тұсындағы шиқылдақ тәшке, зіл шана, темір қазық, пұт балға, түтіні будақтаған бөлешке шамдардың, қарасы өшкен. Әр тұстан атылған дәрі, темір жол дүрсілі келеді құлаққа. Бірақ, әлі де адам күшімен қайла беріп тұр көмірді. Забойшы машина-электровоздарының өзі әзір келген жоқ, даңқы жер жарады...

Шахта өмірінің өткендегісі мен қазіргісін, қазіргісі мен келешегін ойлай отырып Ермек бремсберг жетті. Жер астында уклон, штректерден соңғы бұл бір үлкен жол. Бірсыпыра лава, пештердің көмірі осымен өтеді. Жұмабай өр бетінде жалғыз отыр. Алдында — қос темір жолдың түйіскен басында барабан. Барабанға оралған болат арқанның екі ұшы екі вагонеткада. Бір вагонетка көмір алып өз екпінімен ылдиға кеткенде, екінші бос вагонетка оның күшімен өрге өзі шығады. Жұмабайдың кәсібі барабанды жүргізіп, тоқтатып отыру ғана. Басына пішеншілерше орамал байлап, киімнің етегін шалбарланып алған. Ескі тымағын, сырт киімін ұқыпты орап, біреу ала қашатындай тізесімен баса отырыпты. Осындай ұсақ ұқыптылығы мығым болса да, мықынына шалбары тұрмайтын...

— Жұмеке, шалбардың бауы берік пе? — деді Ермек келе-ақ. Жанабіл атасының мінездерін жолдастарының арасына жайып болған, шалбар бауынан бастап «қазірет оқиғасы», «қара сиыр ыңылдайдыға» шейін біледі жұрт. Бұл жолы да үйренген қол ышқырға барып қайтты. Жұмеке оны байқаған жоқ. Қуанышын айтып жатыр:

— Құданың құдіреті, осы ақыл Козловтың басына қалай келді екен! Вагонеткалар өзі барып, өзі қайтып тұр. Рақат тағы! Донбасшылар болмаса осы завод жүрмес еді, сірә.

— Жүрмейді. Үлкен Қарағанды қазақ күшімен ғана емес, бүкіл совет күшімен, Москва басшылығымен жасалып жатыр, Жұмеке. Жуырда электровоз деген машина келеді. Соған мінгенде он-он бес вагонетканы бір жігіт тақымымен сүйреп жүре береді.

Өзін атша мініп ала ма кісі?

— Мініп алады. Забойлайтын машина да келе жатыр. Ол қырық-отыз қайлашының шапқанын бір өзі шабады.

— Ойпыр-ай, онда күрекшілер үлгірмес!?

— Күрекшілердің де жұмысы жеңілдейді. Көмір науамен барып, вагонға құйылады...

— Шығар, бұл заманнан, шығар, — деп басын изеді Жұмабай. Тәутиген сақалсымағын сипаған болады. — Біз келгенде осы шахта кәдімгі құдық сияқты еді. Көмірді қауғамен тартатын. Енді мынау!..

Ермек қайран қалып отыр. Аңқау Жұмабайға да өмір көп нәрсені аңғартқан. Мотор күшін «сайтан»күші деуден кеткен ол. «Құданың құдіретін» жиі айтса да, бәрін адам жасайтынын жақсы түсінген. Ертерек туып, кеш қалғанын өкініп қояды:

— Жұмысшы болған соң бір машинаны басқармай бола ма? Оған да оқу шіркін керек екен ғой.

— Неге оқымайсыз? Онша қартайған жоқсыз ғой?

— Енбейді басқа. Жанабіл мен Майпа екі жақтап-ақ байқады. Қол, тіл дегенің илікпейді, тіпті. Құданың құдіреті, қағазға қарасам ұйқы басады.

Ермек күліп жіберді. Жұмабай әңгімелесіп отырып, вагон жөнелткен сайын асықпай көмірді былай тастай береді. Көзі тайғанда Ермек уыстап-уыстап тастайды да:

— Бұныңыз не? — деді білмегенсіп.

— Жөнелткен вагонның есебі ғой.

— Санаңызшы, қанша жөнелтіпсіз?

Жұмабай санаймын деп санынан шатасты. Қайта-қайта санайды. Өзіне-өзі сенбейді.

— Бұл қалай? Кеше осы мезгілде қырық-бес еді. Бүгін тоқсан екі. Жо-оқ, көп, .бұл көп.

— Е, қожанасыр! — деп Ермек көзінен жас аққанша күлді. Бірақ, сол «қожанасыр» есепке шорқақ болғанымен, еңбек өнімі молайса бәрі молаятынын әбден білген. Есепші ол емес. Құмарлықпен есептеп отыр. Көмірді көбірек жіберіп, көбірек ақы алмақ. Жақсы атақты да жек көретін көрінбейді:

— Тоқсан екіге жетсе, мені ендігі қан көтермей ме? Жеткен жоқ. Сонау төмендегілерге ұрсып кетші. Вагонды бөгемесін. Олар бөгесе, мында да бөгеледі...

— Бөгелістерді де есептей отырыңыз... Бөгеушіні маған айтыңыз, — деп Ермек жөнеле бергенде, газет тілшісі келді. Тіпті икем жігіт. Блокноты қолында. Салған жерден икемдеп барады:

— Ермек, екі минут қана уақытыңызды алам. Жер астының бүгінгі жаңалықтарын айтып жіберіңізші?

— Шахтерлер алты жүздің орнына мың метр жол ашпақ. Көмірдің жылдық жоспарын он процент артық орындамақ. Бүгінгі ой, бүгінгі күрес осы.

— Ермеке, енді бір минут. Алдағылар кім?

— Әкім, Ысқақ, Ворона...

— Ермеке, енді бір-ақ секунд, Орлов проектісі не күйде?

— Зерттеп жатырмыз.

— Енді жарты секунд ғана...

— Жұмыс уақытында бұдан әрі уақыт жоқ, — деді де жүріп кетті Ермек. Тілші қалмастан ере жүрді, мазалап келеді:

— Өзіңіз білесіз, біздікі жұмысшы газеті ғой...

— Жұмысшының жұмысшысы бар, Бәйтен, Жұмабай, Әкім, Ысқақ — төртеуі төрт қилы. Көмірге боялып кұлақтар да жүр. Қателеспеу үшін, ауыздан шыққанды жинай бермей, жұмыстың өзін білу керек, сіздерге. Менің уақытыма қиянат жасамаңыз енді.

Тілші азар қалды. Қатты сөзге қабағын да шытпастан, жүгіре басып, жымыңдап барады...

Жан-жаққа тараған шым-шытырық жол. Оңды-солды, алды-артты болжап болар емес: қалың бұлтты, қараңғы түн тәрізді. Аяқ астын ғана көрсеткен шам, тек басты бірдемеге соғудан сақтайды. Ермек сонда да кең көшемен келе жатқандай. Бір қуыстан бір қуысқа өз үйінше еркін енеді. Ұзап кетті. Ешбір тіршілік сезілмейді. Көмірі алынған, жұмыс тоқтаған өңкей мылқау үңгір. Қайсыбірінен ұзақ еңкейіп өтеді. Тосын адамды ол араға қоя берсе, жол тауып шыққанша, жан тері шығар еді; Ермек бусанған да жоқ.

Совет шахтасы мен ағылшын шахтасының шекарасына жетті. Үш адам, үш шам көрінеді. Бірі бас инженер Әшірбек. Орлов отырған қанды кесекте, Орлов блокнотына үңіліп отыр. Екі бұрғышы сом қабырғаны жел бұғымен кезек тесіп тұр.

— Былайырақ отырсаң болмай ма, — деді Ермек. Орлов өлігін осы орында тапқан өзі еді. Қараңғыда қанды өлімге жалғыз кездескені есіне түсіп кетті. — Әлі жеткізбей бара ма? Қалың екен ғой.

— Тақалдың, білем. Қазып, бұрғылап, жиырма тоғыз метр бойлаппыз...

— Аржағында көл түгіл теңіз жатса да он метр қалдырсақ бұза алмайды. Сонда көлденеңі жиырма, ұзыны екі жүз отыз метр көмір біздің қолда емес пе?

— Мен тіпті Орловтың айтқаны келе ме деймін, — деп күлімдейді Әшірбек. — Ол бұрғысыз-ақ білген сияқты. Қабырға жұқарды. Су белгісі көрінбейді.

— Шынында білетін адам еді. Қызыл маман болмаған соң, мен оған салқын қарадым, егер бұл болжауы келсе бишараның басына ескерткіш орнату керек. Игі жолда өлді ғой.

Екеуі Орлов блокнотын жайып тастап, кеңесе берді. Бірі ғылымға, бірі тәжірибеге сүйенген мамандар көмір дүниесінің жүйелерін іздеуде. Кен деген шетінен салып ала беретін топырақ емес, толып жатқан есеп. Әшірбек қағаз бетін қым-қуыт сызықтармен толтырыпты. Ермек әр сызықты жуан саусақтарымен басып өтіп, сұрақ қойды:

— Ағашты аз жұмсау жағын ойладыңыз ба?

— Ойлағанмен амал таппадым.

— Егер көмірдің өзінен діңгек қалдырсақ қайтеді?

— Көмір діңгек ағаш діңгегінен қымбатқа түседі.

— Қарағандыда ағаштан көмір көп қой.

— Көп те болса, ағаштан қымбат.

Бірі жер үстіндегі, бірі жер астындағы байлықты үнемдеп отыр. Ағылшын тұсында темір жол жоқ, ағаш кәзіргіден әлдеқайда зәру болатын. Сол зәруді қолына түссе, жұмысшылар көмірден бұрын жағатын. Ермек енді өндірістің өзіне үнемдеп жұмсағысы келеді. Әшірбек миллиардтаған тонна көмірден діңгек қалдыруды ысырап көреді. Әрқайсысы өз пікірінде қалды. Кейін тағы ойласпақ. Бірақ, бүгіннен бастап, бұл жерге темір жол келтіруге, әуені күшейтуге, жә десті.

— Тесілді Тесілді! — деген бұрғышылардың дабыры естілді. Төртеуі бірден бұрғы тесігіне үңілді. Су жоқ...

— Ал, Ермеке, шетінен кертіп ала бер! — деді Әшірбек. Қуаныш кернеп, сарғылт беті қызара бөрткен. Күдіс, үлкен мұрны жетпегендей, алқынып аузынан алады демін. — Бұл енді дайындық жұмыстарын кеңейтуге мүмкіндік берді.

— Щербаков сонда да алты жүзден аспас, — деп күлді Ермек.

— Біз ассақ мұртынан күлер. Басшылардың аяқты сақ басқаны жақсы. Олар жығылса мертігеді. Біз жығылсақ ештеме етпейді.

Көңілдері көтеріңкі. Алыстағы забойларды басына көтере, әзілдесе қайтты бұлар. Ермек уклонға жеткенде жеке кетті. Оқтай түзу, ұзын, биік, кең Жолмен келеді. Қабырғаны, төбені қол саласындай қылып, жұмыр ағаштармен шегендеп тастаған. Барған сайын құлдилап барады. Арт жақ — өр, алдыңғы жақ — ылди. Жұмысшылар бұл жолды бірде «уклон», бірде «қара ауыз» деп атайды. Жер. астындағы қым-қуыт көп қуыс, көп жолдар осынан тараған, көмірін осында құяды, «Дайындық жұмыстары» жайындағы таластардың да үлкен түйіні уклонда жатыр. Уклон неғұрлым ұзара берсе, солғұрлым көмір қойнына қол еркін жеткен, жұмыстың аумағы, тармағы молаймақ. Жарық дүние мен қараңғы дүниені байланыстырған бұл-үлкен жолды Ермек бригадасы жасаған. Өзі жасаған ірі істің әр тіреуі жылы ұшырады көзіне. Сонау төменде, өзі баулыған Әкімнің шамдары жарқылдады, машина балғаның шапшаң дүрсілі естілді.

Ермектің көңілі шарықтап келеді. Еш еңбек еңсені басса, жанған еңбек жайнатпай ма жанды. Оның маңдайында қараңғыда жарқыраған шамнан, көңіл шамы әлдеқайда жарық еді.

— Соқ, салпауызым! — деп жайраңдай келді. Жасы үлкен болса да, жаны сүйген Әкім, Жанабілдермен құрдасындай ойнайды.

Әкімді машина балғаға да өзі үйретіп, балғасын беріп кеткен. Әкім қазір сом қабырғаға балғасымен сүлікше қадалып тұр екен, артына қарады. Тер ме, су ма, беті салтақ. Астыңғы ерні салбырап азырақ демігеді, Басында жез қалпақ. Аяғында, үстінде су өтпейтін резинка киімдер. Омырауы ашық. Аңғал тұрысы, үлкен денесі ертегінің, батырларын еске түсіреді.

— Ермеке, жақсы келдің, — деді ыржия күліп. — Су күшейіп барады. Кәне, мастер болсаң тоқтатшы.

— Таусылған соң өзі тоқтайды. Тоқтамаса камерон сорып құртады.

Сорғалаған тамшы төбені езіп, құлатып тұр. Тіреушілер қайлашылардың соңынан іле, қолма-қол тіреп жүр. Жертабан шылқылдаған батпақ. Су молайып жайылмасын деп шұқыр қазған. Шұқырға жиылған суды қутайтпай камерон дамыл-дамыл сорып алады. Қазылған көмір балшықтарды бір жағынан вагонға тиеп, жөнелтіп жатыр. Жұмыстың ауыры, қызуы осы арада. Қайлашы, күрекші, тіреуші, жолшы: — екі адамнан одақтасқан. Камероншы ғана жалғыз. Бәрі бір бригада. Осылардың бірі бөгелсе, бәрін бөгейді. Сондықтан қалыспау бәсекесі ғана емес, жұмыс жағдайының, өзі бөгелуге мүмкіндік бермейді. Алты сағаттық сменада алты минут тұрыс жоқ бұларда. Шаршадым деген де ешкім жоқ, уақыттың қалай өткенін білмей жатыр. Сайдың тасындай өңкей жас, екпінді бригада. Алды былтыр, арты биыл келген жаңа жұмысшылар — бұрынғы батырақ кедей, орташаның балалары.

Ермек сүйсіне қарап тұрды да:

— Жарайды комсомолдар! — деп .Әкімді иекке қақты. — Щербаков сендерді қомсынғандай алты жүз берді. Партком мыңды ұсынады. Қайсысың аласыңдар?

— Парткомның ұсынысын үстеуге бола ма?

— Әрине.

— Оңда .мың екі жүз метр кетеміз.

— Байқаңдар.

— А, өзің де қомсындың ба? — деді Әкім. Күлгенде. екі езуі екі құлағыңа жетті. Коммунист ағайлардан ерекше бригада құр, жарысып көрейік...

— Коммунистер аз ғой. Жұмысшылардың, бәрі ауылдан келді. Партияға енуге үлгіре алмай қалды. Партия есігі уақытша жабылып тұр. Аз коммунисты жырып алып, бөлектегенше, кептің, арасына таратқан пайдалы.

Ермектің кигені резинкасіз, жұқа, кенеп пиджак. Тамшы өте бастаған соң кетуге қобалжып еді, Әкім қалжыңдады:

— Судан қорқайын дедің бе. Шахтаға түсуге ерінерсің, жиренерсің әлі.

— Сен, өмір бойы қайла шапсаң жаман комсомолсың. «Забойшы машинаны» оқыдың ба?

— Оқыдым. Бүгін әкеп сал. Үш күнде басқармасам бетке түкір.

Врубмашина Қарағандыға әзір келе қоймаса да. ол туралы «Труд» газеті талай жазған. Кейінгі номерінде машинаның суретін басып, кең түсінік беріпті. Ермектің, «Забойшы машинаны» оқыдың, ба? — деп тұрғаны сол.

— Онда комсомолсың! — деді де Әкімді енді оңаша алып шықты. — Щербаков өмір етті, біздің шахтадан таңдама бес шахтерді Донбасс тәжірибесін үйренуге жіберуіміз керек. Барамысың?

— Әуелі ескі қайлашылар барсын да.

— Жаңа техниканы жастар тез қабылдайды. Қайлада әсем көріндің ертең машинада да көрін.

Үйден бұрын ұзап шықпаған Әкім, баланың сөзін айтып тұр:

— Апам жібермейді ғой. Жұмыстан кештеу қайтсам да жаны шығып кете жаздайды.

— О, шірік, шірік! Апаңның емшегін әлі күнге еметін шығарсың, сен шірік.

— Жарайды, көндірем апамды, тағы кім барады?

— Толып жатыр.

Ермек бұдан әрі бөгелмеді. Плитаға келеді.

Плита станция сияқты. Жер үстінен бос вагондар келіп, жер астынан жүкті вагондар шығып жатыр. Бірің қабылдап, бірін жөнелтіп, тәпелтек Ильяда дамыл жоқ. Вагоншілер:

— Мені жібер, маған бер! — деп керілдесіп қалады. Әрқайсысы әкелген көмірін бұрын өткізбек. Бұрынғыдай шабылған жер есеп емес, жер үстіне шыққан вагонетка есеп. Тұс-тұстан көмір, балшық, басқа жабдық тиеген атты, жаяу вагон айдаушылар бірі келіп, бірі кетіп, плита маңынан тарсыл, дауыс үзілмей тұр...

— Неше вагонетка? — деді Ермек келісімен. Илья Жұмабайша мүдірмеді. Сарт еткізді:

— Жүз жиырма бес.

— Бремсбергі қанша берді?

— Жетпіс төрт.

Екі вагонды тіркей айдаған дәу жігіт кимелей келіп, вагонын плитаға өткізді. Ильяның:

— Ай, ай, тоқта! — дегенін тыңдаған жоқ. Жағасынан біреу шапылдап ала түсті, оны да елеген жоқ. Екі жақтан ұрсып жатыр:

— Кереңбісің, өзің!?

— Баса көктеп Қайда барасың!?

— Десятник бөгелме деген.

— Біздің де десятнигіміз бөгелме деген!

Дәу жігіт дауласпады. Жұмысын бітіре сала кейін қайтты. Ермек оның артынан сүйсіне қарап қапты:

— Қашан келген? Нағыз таусоғар ғой.

— Бүгін екінші күн, — деді Илья. Әлі ұрсып жүр. Аз ақшаға жетік тілін салып-салып алады. — Мұрындықсыз өгіз сияқты өзі, жара-бұза келеді. Десятнигі тапсырса біреумізді мүйізіне іле кететін түрі бар.

— Командирдің бұйрығын орындағаны жақсы.

— Сонда солай орындай ма. Порожняк жетпей жатқанда ол тіпті сұрамай әкетеді...

— Мехцех бүгін сегіз вагон береді. Порожняк әзірге жетіп қалар.

Илья көңілі демдегендей насыбайын атты. Шахта ішінде шылым тартуға болмайды. Насыбайға үйренген. Шақшасын қалтасына сала бергенде екі жігіт алақанын бірден жайды.

— Ей, насыбайларыңды маған қосып қойып па едіңдер! ?

— Ілеке, ащыны аямас болар.

Екеуіне екі атқызып жымыңдайды Илья. Қазақпен көп істескен ескі шахтер. Қазақ қалжыңына да жетік:

Сіздің жақта ащы тегін жатса, біздікіне бір қап құрт әкеп тастай салшы, — деп Ермекке көзін қысады.

Плита басына жұмысшылар тұс-тұстан келіп жатыр. Шахтаның шағын кезінде Ермек бұлардың әрқайсысын атымен атайтын, жыға танитын, енді бейтаныстар көбейген. Бірінен-бірін айырғысыз болып, бәрі бірыңғай көмір күйесімен боялса да көп рулы қазақ, көп ұлтты совет елінің әр жерінен келген адамдар екені кейбір сөздерінен, мінездерінен байқалып қалады. Бәрін байыпты көзінен өткізіп тұрып, бір толаста:

— Илья Григорьевич! — деді Ермек, — біз коммуниспіз, ескі шахтерміз. Шахтаны жаңалар, жастар кернеп барады. Бір плитаның басындағы қозғалысты басқару саған аз.

Илья мырс етіп басын шайқады. Тәпелтек, қунақы денесін құныстыра, көгілдір көзінен күлкі шашыратты:

— Секретарь болған соң саған бәрі аз көрінеді. Жас кезімде бұдан үлкенді басқарып па едім?

— Жауап емес! Өзің шар тартсаң да заманың жас. Жас заман егде бізге үлкен міндет артады.

— Ал, деші, кәне.

— Бұл адамдардың дене қозғалысымен қоса, ой қозғалысын да басқар. Жұмыс үстінде «олай емес, былай» деп бақыра бергенше, жұмыс алдында ұғындырып, айтып қойғайсың. Күн сайын бір сағат техникалық сабақ оқы оларға.

— Ермек-ай! Кәртайғанда Ильядан мұғалім шықпайды, аулақ. Инженер, техниктер, донбасшылар оқытып жатқан жоқ па!

— Тәжірибең көп, Қарағанды жайын сен олардан жақсы білесің. Сөзді қой, ертеңнен бастап, күніне бір сағат әңгіме жасап отыр. Бұл парткомның пікірі, — деді де Ермек уклонға түсіп алып, жоғары өрледі.

Әуелде бұл өзі ашқан шахта болса да, кейін өз жұмысымен болып, араламайтын. Енді бәрін көрмек, бүлінген жерін түзетпек. Уклонға тіпті ұқыпты қарап келеді. Әрбіреу, әр шпал жітігі көздің сынына ұшырады. Өтіп жатқан уставтардың дыбысын алыстан сезіп, ауық-ауық қабырғаға жабыса қалады Ермек. Өр, қараңғы, қатерлі жолдың ұзындығы километрден артық. Шаршайтын да, сескенетін де емес, бүгжең-бүгжең басады. Бір шам алдыңғы жақтан жарқ етті. Тура қалды елең етіп. Қайтып жарқылдамай шам жоқ болды. Аң-таң, не қылған шам.?! Адам жүрмейтін жолда не бітіріп жүр? Әлде ;жол,;түзетушілердің бірі ме? Біле алмады.

Ол бағана «ауырып» қайтқан Әлібек еді. Қолында балға, жарты метрдей қашау темір, шамын қалдалап-қойып төбені «егеу құйрықша» тесіп тұрған. Сол тесікке дәрі тығып атып, екі дүниенің арасындағы жалғыз жолды кесіп тастамақшы. Поезд келіп қалды. Жасқанып қабырғаға жабысқанда шамы жарқ етті. Сонда Ермектің де шамын көрді. Жан жүрмейтін жолмен келе жатқан жалғыз адамнан қатты сескенді. Әдейі соңыма түскен біреу ме деп, шамын өшіре, тұра қашты. Уклоннан бұрыла ескі жолдың біріне; түскен. Көзге түрткісіз қараңғыда төбеге соқты басын. Қырынан жығылғанда қабырға жағын жыртып кетті. Жаман жығылды. Есеңгіреп аз жатты да тағы жөнелді. Із тастап жолдан жолға бұрыла қашып, ұзап алған соң шамын жақты. Маңдайы шодырайып көгере қалған. Жақ терісі сыдырылып қанап тұр. Жарасын жалаған иттей жағын, маңдайын дамыл-дамыл сипалап, алақанына қарайды:

— Қап! — дейді күңірене. Ашу ма, әлсірегені ме, діріл бар даусында. — Тамшыла-тамшыла! Тек, қан қанмен ұлассын тәңірім!

Қолдың қанын етегіне сүртіп тастап, басын таңып алды да жүріп кетті.

Ермек бұл жайдың бірін сезбеді. Одағай шамды ойлады ма, жер үстіне шыққанда:

— Уклондағы кім? — деді сигналшыға.

— Білмеймін. Ешкім түскен жоқ.

Кетіп бара жатып, түсінбеген күйде басын бір шайқады Ермек.

XV

Қарағандыда ең үлкен үй — жаңа салынып біткен жұмысшылар клубы. Қалалық жиын, ойын-сауық осы үйде өтеді. Бүгін жиналғандардың келбеті бөлек: шамадан, жәшік, бума көтерген жолаушылар. Оларды шығарып салуға келген шал, кемпір, қыз, келіншек, жас балалар да жүр. Ұзынша келген фойе осылармен толы. Бәрінің назары фойенің төргі қабырғасында. Бүкіл бір қабырғаға ертеңгі үлкен Қарағандының суреті салыныпты. Бұл суретте түтіні будақтаған айбынды трубалар, көп этажды, алуан түсті үйлер, жиектей ағаш еккен асфальт көшелер, көше бойы ағылған трамвай, троллейбус, автомашиналар көрінеді. Сквер, фонтан... Сергек, кербез халық көрінеді...

Ұзын сақал, еңкек шал суретке шүйіле қарап тұрған, бұл баяғы сенбілікке жиналған жұртқа батасын берген шал еді:

— Донбасс осы ма? Жаннат та осындай-ақ шығар, — дегенде қасындағы қызыл галстукты бала сақ-сақ күлді:

— Ата, бұл — Қарағанды. Болашақ Қарағанды.

— Қойшы! Осы өзіміздің Қарағанды ма?

— Өзіміздің ғана емес, бүкілодақтық үшінші кочегарка...

Жұдырықтай бала атасына үйретіп тұр. Ақ бас ата мықтап ыңыранды:

— «Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі». Кітаптан көрдің-ау, қарашығым! Барсың көрсін әкең. Тоқсаннан асқанша үйкүшік болып біз не бітірдік.

Мұндай алыс сапарға жолаушы жөнелтіп әдеттенбегендер күйеу аттандырғандай әбігер. Таңқы мұрын, қара келіншек топты жара, алқына келіп, ерінің басындағы елтірі тымақты оқыстау шешті де, құлақшын кигізді. Жуас ерін жайшылықта бидайдай-ақ қуыратын шығар, бұл жолы өңі бірақ, тым жылы:

— Бодаубектің құлақшыны. «Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды», — деп қылмыңдайды.

Күйкің-күйкің аяңдап Қанабек келеді. Жолшыбай күлімдей, қалжыңдай келеді:

— Сығала отағасы, сығала! — деді шалдың қасына жеткенде. Шал суреттен жаңа ғана басын алып, күн сала қарады оған:

— Қанабекпісің? Қысаларда кездесетін патшаның алтын сарайы ғой мынау үйің!

Шым қорада өскен қарт асыра сілтеп тұр. Әзірге Қарағандыда ең үлкен, көрнекті клуб стандарт тақтайдан салынды. Бірақ іші-тысы шебер зейнеттелген. Қанабек қарқ-қарқ күлді:

— Қалайша менің үйім? Көптің үйі емес пе?

— Сен келген соң салынды ғой. Кәрібайдың тұсында да бар-ды, осы көп.

Жұмысшы өз сарайын патша сарайынан жақсырақ і ілады. Әне, ертеңгі сарайлар! — деп Қанабек суретке нұсқады да жиналыс залына еніп кетті.

Жолаушылар жиналыс залына жиналған. Өңкей қазақ. Оларды қоршап Донбасс жұмысшылары отыр. Козлов, Лапшин, Ворона, Ковалюктер қазір қарағандылық болса да Донбасқа баратын қазақ жұмысшыларын қонақ есебінде құрметтеп отыр. Әкім, Балжандарға хат беріп сәлем айтып, Туыс, жолдастарын сырттан таныстырып жатыр. Қарт Иван, Антон, Ильялар Ысқақты шығара келіпті. Төртеуі де Қарағандының ескі жұмыскерлері, ескі достар. Адуын Ысқақ есіп-есіп алады:

— Иван ең ұзағанда мына тұрған Бұқпаға — Кереге-көзге баратын. Антон Спастан әрі асқан емес. Илья шырқадым дегенде «Екібастұзға» ғана барды. Мен Донбасқа бара жатырмын, Донбасқа!..

— Иә, астың сен, — дейді Антон. Шын мойындап тұр. Мысқылшыл Илья қайрай түседі Ысқақты:

— Асқан-аспағаны келгенде мәлім...

— Әй, әкел қолыңды! Ең құрығанда үшеуіңді үш ай оқытарлық білім әкелмесем атымды басқа қой...

Қара мұртын сипап қойып, Жұманияз орнынан тұрғанда, зал ішіндегі гуіл басыла қалды. Ол сөйлегенше Жанабіл Қанабекті бір қағып үлгірді:

— Бұныңыз да үлгі ме жастарға?

— Кәрінің күйбеңі көп болады. Бес минутке мұны айттың, он минут кешіксем не айтар едің?

— Комсомол көрігіне салып алар едім.

— Шығар, сенен шығар...

— Жолдастар! — деді де Жұманияз мүдіріп қалды. Уытты, өткір жігіттің өңі де жұмсап сала берді. Дауысынан діріл байқалады. — Бұдан жиырма жыл бұрын, (бала шағымда) арқамда дорба, алыстағы шым ауылдан жалғыз, жаяу шығып қысқы жолда жұмыс іздеп бара жаттым... Бүгін сол қазақтың баласы жалғыз емес, тобымен, жұмыс емес, өңір іздеп бара жатыр. Қастарыңыздағы орыс жұмысшылары, орыс достарыңыз қошаметпен шығарып салуға келіп отыр.

Сіздер келеді деп мына жақта Донбасс, мына жақта Кузбасс қақпасын кең ашып қойды... Осының бәрі ауыр еңбекті жеңілдету, өнімсіз еңбекті өнімді ету қамы. Оған тек техниканы меңгергенде жетесіздер. Жаңа жұмысшыларды былай қойғанда ескі қайлашы Ысқақтың өзі жаңа Қарағандының қарқынына ере алмайды. Сондықтан, Донбастың бай тәжірибесін, бізде әзір аз, оларда көп социалистік жаңа техникаларды үйреніп қайтыңыздар. Профсоюз атынан қаттырақ айтамын, жолдастар: бұдан былай бір машинаның маманы бола алмаған жұмысшы өзін-өзі кінәласын.

Балжан қолындағы бумасын күйеуінің алдына қоя салып ұшып тұрды:

— Электровозды үйреніп қайтуға уәде берем, Жұманияз жолдас.

Іле Әкімнің жуан дауысы естілді:

— Менің құмарым врубмашина!..

Құтжан балуанның бригадасында істеген, кекеш бала жігіт сөйлей алмай тұтығып тұр:

— Маған го-го-го горноспасательное дело...

Дауыстар жиылып, зал ішінде гуіл күшейіп барады.

Жұманияз қолын көтерді:

— Білем, сусағансыздар білімге! Поезд жүретін уақыт жақын. Бөгелмелік. Донбасқа баратын топты Қанабек жолдас өзі апарып, орналастырып қайтады. Кузбасқа баратын топты Сейтқалы жолдас бастайды. Ал, жолдарыңыз болсын, аттаныңыздар.

Көпшілік қауырт қозғалып, шыға бастады. Фойедағылар қосылды. Дуылдаған үлкен топ асыға кетіп барады, станцияға. Козлов Әкімнің қасында, аузы әлі дамыл тапқан жоқ:

— ...Ол менің ескі досым. Ол үлкен мастер ғана емес, үлкен ұстаз. Көңілге құйып береді. Хатта қатты тапсырдым, қошаметпен қарсы алар. Ұялма, білмегеніңді сұрай беріңіздерші.

Ковалюк, Лапшиндер Балжанды ортаға алып келеді.

— ...Донбаста қазір біздің жаңа техниканың, бәрі бар. Электровоз онша қиын машина емес, — дейді Ковалюк. — Электр техникаларын үйрен.

— Слесарьлік ебің болсын, — деп Лапшин сұқ қолын көтерді. — Онсыз жақсы машинист бола алмайсың.

Коңырау қағылды. Жүгіре келіп вагонға міне бастады жолаушылар. Балжан аз мүдіріп, күйеуіне күлімдей қарады да:

— Наубасым, — деп иегінен бір қағып, еніп кетті вагонға. Кейбіреулер сүйісіп, біреулер құшырлана қол қысысып жатыр. Әкім жыламсырап кемпір шешесімен ауызы кемсеңдесіп тұрғанда поезд қозғалды.

— Жолдарың болсын!., — деген сан дауыс, жоғары көтерілген көп қол, қадалған көп көз ұзатып салды поезды.

ХVІ

Қалалық партия комитетінде бюро мәжілісі болып жатыр. Қатал мәжіліс. Әркім төмен қарап өз ойына үңілген. Мейрамның өңі суық. Қолындағы, қарындаштың ұшымен жазып қойса, сабымен тықылдатып, қит еткен сыбырды-дыбыстарды басып тастайды. Қанабек сөйлеп тұр. Ол жұмысшыларды Донбасқа апарып салып жуықта ғана қайтса да, көп былықтың бетін ашып үлгеріпті. Ұзын столдың бір жағында — Щербаков, Бейсек, Ырымбек, Махметтер, екінші шағында — Жұманияз, Жанабіл, Ермектер отыр. Антонина Федоровна бас көтермей жазуда, қасында Марияш. Әнеугіні үйінде Бәйтен көтерген қапшық бүгін бюроға түсіп, Қанабек соның ішін ақтара сөйледі:

— ...Қапшықтар бірінің соңынан бірі кете берген. Бәйтеннің айтуынша, қайсыбірі Ырымбек жолдастың да үйіне барыпты. Үш магазиннің үш күнгі саудасын бақылағанда, Жемпаздар нанның өзінен ғана екі жарым центнер кем өлшеп, гирден жегені анықталды. Ондаған магазин, мыңдаған жұмысшы бар. Әр магазин осылай жесе жұмысшының қолына не тиеді? Тексерілген үш магазиннің сатушылары бастықтарының жақыны болып шықты. Ал, бастықтар Махмет жолдастың көңілдесі не қарын белесі екен. Жаңа жұмысшыға карточка кезінде берілмей келген. Берілсе түрлі сылтаулармен азық-түлігі толық берілмеген. Жемпаздар өлген талонды тірілтіп, мемлекетке өткізіп отырыпты. Карточка маңындағы былықтар терең тексеруді тілейді. Ұрылар ұйымдасқан түрде жеп жатыр. Таяуда Жұманияз екеуміз жұмысшы барактарын араладық. Соның ішінде екі пәтер естен қалғысыз. Бірі, Махметтің нағашысы Байжан дегендікі. Байжанның қолында алтын сағат, келіннің, білегінде алтын білезік. Үйдің үш қабырғасына кілем құрған. Полғa тегіс кілем төсеген. Сол Байжанның жалақысы төрт жүзге жетпейді. Әйелі ешқайда істемейді. Өзі нан ларегінде сатушы ғана. «Қарағандыға ескі қара әбдіремен келіп еді» деседі. Екінші пәтер — ЬІрымбектің бажасы Тонтайдікі. Бұл, орталық складта істейді. Әйелі босанған екен, тойда кездестік. Ат шаптырмағаны болмаса, өзгесі баяғы Бәкей қажының асынан кем емес. Арақтар судай ағып жатыр... Ұрылар, рушылдар, жерлес сыбайластар Қарағанды тресінің ОРС-на шыбынша үймелепті. Газет бетіндегі «жұмысшы хабарын» анықтағанымызда осылар ашылды. Жабық жатқаны қанша? Қап дұшпанның суық қолы жоқ па? Тереңірек зерттеуіміз керек...

«Ақ тоқаш» атанған Махмет Қанабек сөзінен кейін күйген тоқаштай. Терлеп, быршып отыр. Ырымбекке жапақ-жапақ қарай береді. Ырымбек оған бір де қарамады. Бұрынғысындай лапылдамады, шапылдамады. Жұқа танауы қусырылып, сазара қалған. Щербаковтің өңі өрт сөндіргендей, маңдайын ұстап, төмен қарап қапты. Жұманияз, Жанабілдер көзінен от шашады. Мейрам, Ермек зіл салмақпен сұрлана тыңдауда. Марияш үлкен көзін төңкере әрқайсысына бір тастап Бейсекке келгенде қадала қарады. Бейсек қара тастай, бетінде ешбір өзгеріс жоқ. Сонда да қырындай отырып, бір нүктеден көз алмауы — қиын ойдың шырмауы екенін сездіріп тұр.

Қанабек болған соң, Марияш шықты сөзге: бір қолы — кең, көтеріңкі кеудесінде, екінші қолын — салбыратып қозғалмай тік тұр. Сөзін тіпті жәй бастады:

— «Жұмысшы хабары» ОРС-тағы ғана емес, трестің кадр бөліміндегі былықтардың да бетін ашты. Тұрлыбек, Сембі, Күлше сияқты қиырдан келген талай еңбекшілер бір жұма, он күн жұмысқа орналаса алмай жүрген. Шахталардың жұмысшы, қызметші сұраған қағаздары аяқсыз қала беріпті. Бірақ, Ырымбек жолдас өзінің көңілдесіне, жерлесіне келгенде ұқыпты көрінеді. Он екінші, екінші, сегізінші, тоғызыншы шахталарда басқару қызметіндегі қазақтардың жетпіс проценті Қарқаралы округінен. Адамына қарамай көңілдестігіне, жерлестігіне қарау әдісі бұл шахталарды қаншалық артта қалдырғанын көріп отырмыз. Трестің өзінде істеуші он қазақтың, тіпті мынау Махметтің өзі Қарқаралыдан екен. «Адалдық, іскерлік» деген партия ұранын ұмытқан Ырымбек жолдас.

— Ұмытты ма? Ұмытпай-ақ істеді ме? — деп қойды Мейрам. Марияш ашыла түсті:

— Бәлки біле тұра істеген болар. Әйтпесе, еңбекке... Қырбай, жемқор, маскүнем, бұзықтар неге кездесе береді оған? Неге тізгін береді оларға? Ботақарадағы, Большая Михайловкадағы фабрик-завод мектептерінде, техникумде жүздеген жас кадрлар, жаңа техниканың, болашақ мамандары оқып жүр. Мен осы барып қайтқанымда онда да талай балықтарды көрдім. Төсек-орындары, киім-кешектері жөнең: уақытында жуылмайды, тамақтары дәмсіз. Әйтеуір, аш емес. Әлі күнге радио жоқ. Мәдени тілектері қанағаттанбаған соң қайсыбірі оқуын тастап кетіп қалған. Кадр бөлімі алтын асықтай осы жас кадрларға да көңіл бөлмепті. Ырымбек жеме-жемге келгенде «мен тек бөлім бастығы ғой» деп бишарасиды. Сонда бәріне айыпты Сергей Петрович сияқты. Ол қулық тым саяз, Ырымбек жолдас. Сергей Петрович қазақ жайын жақсы білмейді. Қазақ мәселесін Бейсек екеуін, шешіп жүрсің. Жазығы сендерге сенгені ме?

— Бас араздығын бұл араға салма, — деді Ырымбек. Мейрам столды тықылдатқан соң тоқталып қалды. Марияш беттегі шіркеуден қапелімде қымсынса да, тез бой жазып кетті:

— Бұл былықтарды «бас араздық» бүркей алмайды. Жігер бәрін араздыққа жапсақ, менікі бас арыздығы болғанда, сіздердікі тап араздығы болып шығады. Қалай шықса да мемлекет ісін осынша бүлдірушілер жазасын тартуға тиісті.

— Контрреволюционерлер демегеніңе шүкірлік, — деп Бейсек жымыңдап еді. Марияш оған бұрыла, тесіле қарап тұрып, қайырды жауапты:

— Кезі келсе оны да айтамыз.

Шылдыр еткен қоңырау екі жақтың да үнін өшірді.

— Марияш, болсаңыз, отырыңыз. Сөз сізге берілді, — деп Ырымбекке иек көтерді Мейрам. Тілді, шапшаң Ырымбек салған жерден аға жөнелді:

— ...Махметтің партиялық, азаматтық, әкімдік дәрежесі менімен тең екені белгілі. Тең бола тұра ол менің шылауымда қалай болады? Партия шылауынан басқа шылау бар ма, сірә? Егер оны қызметке алушыны айыптасақ, алдымен қалалық комитет, трест басшылығы, содан кейін ғана кадр бөлімі айыпты. Екеумізді қосақтай сөйлеген жолдастар мұны еске алу керек еді. Тағылған кінәнің бірі — жерлестік жайында. Өз жерінен қызметкер алма деген партия нұсқауы жоқ әлі. Егер алынған адамдардың ішінен қылмыстылар табылса, әрқайсысы өзі жауапты. Марияш пен Қанабек жерлесің үшін де күйдіреміз, дейді- Сонда партия тәсілін бұзған, руға, жерлестікке тартқан қайсымыз боламыз?

— Мойынға аларыңыз бар ма?.Жоқ болса, отырыңыз. Басқасының бәрі түсінікті, — деді Мейрам. Тобықтан қаққандай болды. Түйіліп қалды ЬІрымбек ащы тілді салып алуға оқталса да, батылы жетпегені байқалып тұр.

— Кемшілігім бар шығар. Әдейі істеді, дегенге мойындай алмаймын. Сөз берілмесе қойдық, — деп отыра кетті булығып.

Орамалмен бетін дамылсыз сүрткілеп Махмет тұрды орнынан. Тұлыптай денесі, қорқақ көзі тіпті әбігер. Неден бастап, немен аяқтарын білмей бұлтақ-бұлтақ етеді. Өз кабинетінде, жұмсақ креслода шалқая отырып сайрайтын қайран «ақтоқаш» қырғи қуған торғай халінде. Екі сөзінің бірі «партия». Бірақ, партия алдында былықтарын ашуға батылы жетпеді. Ырымбектің ізімен:

— Кемшілігім бар шығар, әйтеуір адалмын, — деп безектейді. Жұманияз, Жанабілдер сұрақты жаудырып отыр.

— Бәйтеннің арқасындағы адал қапшық па?

— Оны құдай ақына білгем де, көргем де жоқ. Кейін естідім.

— Нағашыңыз Байжанның ашық саудасынан жасырын саудасы көбейгенін білесіз бе?

— Қайдан білейін...

— Үйіне кіріп көрдіңіз бе?

— Бірер барғаным бар.

— Қара әбдіресін көтеріп, сіздің үйге түскені есіңізде шығар, — деді Жұманияз. — Сол нағашының үйіне барғанда байығанын қалай көрмедіңіз? Әлде көз жұмып отырдыңыз ба?

Махмет қақалып тұр. Ішке байланған қоя оңайлықпен түсе ме. Жанабіл күліп жіберді.

— Қыздардың әкесіне қапшықты өзіңіз тасиды, дейді. Өткізе алмай қайта арқалап шыққанда ит қамалап, жігіт қуады, сонда сіз тастай қашады, — дейді. Бұл да бекер ме?

— Бекер. Қыздың жапқан жаласы.

— Туһ, саған дауа жоқ екен! — деді Жанабіл. — Осының, былшылын тыңдай береміз бе? Теріс қаратып бауыздау керек!

Мейрам жаңа ғана мырс етті. Ауылдан шыққан Жанабіл ауылдың бір ауыр сөзін айтып салды. Ауыл ертеде мал сойғанда аяғын байлап құбылаға қаратып, батасын істеп, жақсы тілектермен бауыздайтын. Жанабілдің «теріс қаратып бауыздау керек» дегені, сол мал құрлы қасиеті жоқ, аямау керек дегені ед...

Ырымбек ызалы күлкімен кекеді:

— Бақтыбайдан бір-ақ елі кем түстің. Ол, соттан жазаның атудан ауырын сұраған.

— Айтпасаңыз да ішіңіз елжіреп отырғаны белгілі.

Жалтырағы жоқ қоңырқай кабинеттегі сынайы қағыстардан от жарқылдайды. Сергей Петрович маңдайын ұстап, төмен қарап отырып қалған. Бар салмақ бір өзіне түскендей ауыр отыр. Бейсек тұрды орнынан, қатыңқы-қара сүр жүзі шімірікпейді, қысыңқы қара көзі жасқанбайды. Үлкен аузындағы екі күрек тісі сойдия, сөйлеп тұр:

— Қалада адам саны жоспардан асқан жоқ. Жоспар бойынша мемлекеттен алған азық қорымыз жетпейтін түрі. Азық складының бірі өртеніп кетті. Оның үстіне ұрлау, шашу көбейді...

— Өрт шығынын мемлекет өз мойнына алды ғой — деді Мейрам. — . Енді ұрылардың жегенін төле, демесек.

— Иә, сұрауға тіпті бет шыдамайды, сұрамасқа тағы болмайды. Өрт шығынын кем көрсетіппіз. Кейін ашылып жатыр... Осындай ауыр халде коммунист Махметтің қылықтарын кешіре алмаймыз. Ауыр жаза керек. Бір Махметпен тазармайды сауда орындары. Жаппай сұрыптау жүргізейік, қылмыстыларын аяусыз соттатайық...

Бейсек партия тілімен сөйлеген болып, асыра сілтеп барады. Үлкен шуға, науқанға айналдырмақ. «Жау әне кеттілеп» жұрттың бетін аудармақ та, шын жауды құтқармақ. Мейрам бұл қулықты айқын көрмесе де, ұнатпай қалды.

— Социализм жаулары әдемі боянған. Алданбай аластауға, айғай емес, қырағы көз, батыл қол керек. Бақшашылар алма құртын ұялатпай құртады. Бізде әлі де осы жағы жетпей жатыр.

— Дұрыс айтады, Мейрам, — деді Бейсек. — Дос пен қасты айыра білейік. Қауырт жұмыстың үстінде асыра сілтеу, кем сілтеу әрқайсыңызда болады. Ырымбекті қанша айыптасақ та тек осы жөнінде айыптайық. Азғын Махметке қосақтау обал. Әділет, большевиктік қырағылық, пролетариат батылдығы керек, жолдастар! — деген жалынды сөздермен орнына барып отырды Бейсек.

Жұманияз, Жанабіл қатты кетті.

— Владимир Ильичтің: «Ештемені істемеген адам ғана қателеспейді» дегені есімізде. Ескілікке жаппай шабуыл жасалып астан-кестен болып жатқан кезде «қателеспедім» деудің өзі қате. Бірақ, қатенің қатесі бар. Жұмысшы табы, оның партиясы алдымен адалдықты тілейді. Махмет пен Ырымбектің сөзінде бір ауыз адалдық, өкініш жоқ. Сондықтан, оларды аяу болмасын! — деді Жұманияз. Жанабіл одан асып түсті:

— ...Қате, қате! Не пәлем қате? Ұрлық жаман, қазнаны ұрлау одан да жаман екенін жас бала да біледі. Бірі — ұры, бірі — қасақана бура тартып бүлдіруші екені көрініп тұр.

— Сіз сөйлейсіз бе? — деді секретарь.

— Сөз жетті. Тоқтатса деймін, — деді Ермек.

Ауыр секундтар өтіп жатыр. Мейрамның пікірін естуге тұна қалған бәрі. Бағанадан бергі сөздердің артық-кемі болса, оның сөзі үкім тәрізді. Айтпайды, айтса қайтпайды. Кейде ұсынысты басқаларға айтқызып, екшеп барып алатын. Бұл жолы тура өзі ұсына бастады:

— Бүгін таңда ең осал жеріміз — азық-түлік екені белгілі. Еңбекші халық ертеңіне бола өте тезімділікпен істеп жатыр. Төзімділіктің де шегі бар. Нан үшін күрес — социализм үшін күрес. Бұл күресте аяқтан қағушыға рақым жоқ. Махмет Торсықбаев партиядан шығарылып, сотқа берілсін. Басқа ұсыныс бар ма?

Бір адам арашаламады. Бюро мүшелері тегіс қол көтерді. Мейрам қысқа айтып, қатал сөйлеп отыр.

— Жолдас Ырымбек Кәрібаевтің қылықтарын ең жеңілдеткенде — бюрократизм дейміз. «Не болса ол болсын» деген көзқарастан туған бәрі. Кадр жайында осы үйге шақырып алып, екі рет ескерттім. Оны ескермепті. Ендігі шара — қатал сөгіс болу керек.

— Ауыр, — деді Бейсек.

Мейрам қайыспады, іле дауысқа қойды. Бюро, бір ауыздан қабылдады оның ұсынысын. Щербаков жаңа ғана сөз алды. Әлі де қабағы жабыңқы, кідіре сөйлеп, ауыр отыр:

— Махмет, Ырымбектерді жазалаумен жұмыс біткен жоқ. ОРС-тағы былықтың тамыры тереңге кеткен тәрізді. Бұл мәселені бізде басқарып келген Бейсек Керимович болатын. Не қараған? Жауап берсін бюроға.

— Онда әдейі менің баяндамамды тыңдаңыздар. Дайындалуға уақыт беріңіздер, — деп еді Бейсек.

— Жарайды, — деді Мейрам. — Бір айдан кейін тыңдайық. Сол баяндамада қазіргі ашылған былықтарды қаншалық тазартқаныңыз да көрінетін болсын.

Осыған жә десіп, тарай бастады бюро.

XVII

Оңтүстіктен соққан жылы жел қалың қарды құртып барады. Көшелерден сарқырап су аға бастады. Деңдерді жоталай салған жербарақтардың адамы далада. Қолдарында қайла, күрек. Есік алдының тоңын қазып, суын жырып ағызып жүр. Лайсаң уақыт аққұла жұмыс жасаса да, жанжамуар масайрап қарсы алды. Әсіресе бала, үйрек, қаз, торпақтар мәз...

Боқай күйбеңдегелі де біраз уақыт өткен. Үй айналасындағы қар суын ойға құлатып, күрегіне сүйене ойға қарай тұр. Таңдана қарайды. Бұрын тегіс беткей майысып, төмен түсіп кетіпті. Ауыл аумағындай ойпат пайда болған. Ойпатқа су жиналып қақ тұрған, қақта жүзген асыранды құстар көрінеді...

— Бұл шіркіндер бүйте берсе үйімізді құлатады-ау! — деді Боқай ішінен. Десе дегендей, шахтерлер осы белдің астын кеулеп келеді. Көмірі алынған жер ой түсіп, өзек болып, кейде тіпті терең жарылып, ырсиып жатады. Жоспарсыз салынған уақытта үйлер түгіл, ертеректе салынған жоспарды үйлердің өзі көмір құрбаны бола береді. Боқайға қазір көмірден де тері сіңген жұпыны үйі қымбат сияқты.

— Щербаковке айтып қоймасам болмас, — деп үйінің төбесіне шықты. Сыртқы қабырғасының биіктігі бір метрдей ғана, төбесі шатырша, тәпелтек үй қораш көрінгенмен іші едәуір биік. Қазып тереңдеткен. Осы үйдің, төбесіне құрым қосты буып-түйіп жинап қойыпты. Тіпті керегі жоқ, керекке жарары да қалмаған. Сонда да, көп жылдар маңдай терін жұтқан, баспана болған қара құрым жылы ұшырады көзге. Тастауға қимай, ештемеге жарата алмай тұрып:

— Жатсын, — деді де жылдамырақ үйіне енді Боқай. Әйелі машинамен іс тігіп отыр. Іші көтеріңкі. Қара кісі еді, бетіне ноқта түсіп, бозарыңқырапты. Қарағандыға келгенде тілі жөнді шықпаған еркек баласы тақылдап сөйлеп жүр. Төр алдында жататын түйе жабу, қара тулақ, ығысып келіп, босағаға жеткен. Олардың орнына көнетоз кілем, жаңа көрпе жайылып қалыпты. Қабырғада қоңыраулы сағат, бір бүйірде темір кровать тұр. Жылы, жинақы, таза екі бөлмелі үйде бұрынғы қара қостың ішіндегі бұйымдардан қара тулақ пен түйе жабудан өзге ештеме көрінбейді. Бәрі өзгерген, жаңарған. Үй адамдарының ойы, әңгіме тақырыптары дар жаңарыпты:

— Кісім, мен жұмысқа бара берем, — деді Боқай. Әйелін «кісім» дейтін әдеті. Аяғы былғаныш болған соң төрге шықпай босағада тұр. — Төлеужан, көзілдірігімді әперші.

Баласы үлкен көк көзілдірікті әуелі өз көзіне, содан кейін әкесінің көзіне әкеліп кигізді. Еркелеп, мойынға асылып жалына сөйледі.

— Кочегаркаға барам

— Қой қарғам. Күйіп қаласың. От тозаң. Жер былғаныш...

— Иә барам.

— Отыр әрі! Жаман үйретпеші баланы, — деп әйелі зекіп қалды. Кеш, жас алған қара тоқал баладан да ерке. Бала мен байға әмір ете сөйлейді. Адуын ашық. Екпіні қатты болғанмен жауары жоқ құрғақ жел сияқты. Көнтерлі Боқай онысын көп елемейді.

— Әне, шешең ұрсады, — деді балаға. — Ертең демалыс, киноға апарам, қарғам...

Бала тез жұбанды. Жұмысшының жұмысқа кетуі әйелге бірсыпыра міндет артатын: тамақтандырады, жұмыс киімін әзірлейді, жұмыс басында жейтін тамағын береді. Кайтып келгенде жуындырып, дастарқанды жая қарсы алады. Қазір мұның бірі жоқ. Жұмыс басында монша, столовой бар. Тамақтанып, жуынып қайтады. Ерке тоқал сондықтан қаперсіз отыр. Шынтағын шошайта, машинаны зырылдатып, танауын шүйіріп қояды. Боқай көзілдірігін маңдайына кие шыға бергенде тоқтатып алды:

— Бүгін неге ерте кеттің? Жұмысыңда бір шатақ бар ма?

— Жолдан Щербаковке соғам. Көмір жетпегендей үйіміздің астын үңгіп келеді. Құлата ма, түге.

— Соған бола несіне барасың, мазасын алып. Құлатса, жаңа үй берер. Жалғыз сенің үйің құламас.

— Біткен істі бүлдіру дұрыс па, сонда! Екпінділер осындайда өз ойын айтады. Тоқтат мыналарды деймін. Жаңа үй жұрттың бәріне жетпейді. Жаңа жұмысшылар лек-легімен құйылып жатыр.

— Одан да, әлгі бермекші болған сыйлығын алсаңшы. Неге шүршітіп жүр, — дегенде қара тоқалдың ерні сүйректеп кетті. — Соны айт Щербаковке. Тез бергізсін. Бала бар. Міне жаз шықты, сиырсыз бола ма? Бодаубектерге дейін сиыр сауып отыр...

— Кісім, сыйлықты кісі сұрап алмайды, — деді Боқай, — Сабыр керек. Сабырсыздықтың ақыры, ұятсыздыққа coғады.

— Қырық беске келгенше бетмоншағың түспей-ақ қойды, әйтеуір. Тамақты столовойдан ішіп қайт. Төлеужан екеуміз Жанабілдікіне барамыз. Бүгін сол үйде шілдеқана болып қалар. Кіндігін өзім кесем. Қалаймың...

— Әуелі аман босансыншы бишара, — деп Боқай үйден шыға бергенде, Лапшин кіріп келді.

— Жоғары шық, Костя, жоғары шық. Жақсы келдің.

Лапшин кішкентай Төлеужанның да қолын ұстап амандасты. Қазақша төрге, жерге отырмай, бүйірдегі екі орындықтың біріне барып отырды. Амандықтан кейін байыпты үлкен көк көздерімен үй ішін бір шолып етті де жымия күлді. Күлгенде үлкен аузы кең ашылып, ірі тістері ақсиып тұр еді, іші де сол тістеріндей айқын көрінді:

— Бәрекелді! Кәдімгі үй болыпсыңдар ғой. Күзді күні мен көрген қара лашықтан ештеме қалмаған ба деймін.

— Біздің кісі сонда да қанағат қылмайды, — деп Боқай қалжыңдағанда, ауыз үйде ақ самауырға су құйып жатқан қара тоқал сампылдады:

— Костя, сенбе оның сөзіне. Нағыз дүниеқоңыз соның өзі. Қалтасынан ақша шығарғысы келмейді. Үй дүзеуге, бой дүзеуге ұстамаған ақшаны қайтем, өлгенде басыма қоям ба.

— Сіздікі дұрыс, — деді Костя. — Бірақ мен үшін самауыр қоймаңыз, уақытым аз...

— Он бес-ақ минутта қайнайды. Ылғи асығып жүреді екенсің.

— Жұмысы көп екені рас. Тездет, кісім, тездет.

Боқай мен әйелі екеулеп Лапшинді жібермеді. Самауырды тұтата сала, қара тоқал дөңгелек столды дөңгелетіп әкеліп Лапшинның алдына қойды. Екі стакан, бір бутылканы Боқай әкеле жатыр.

— Бұнымен де Қарағандыға келген соң таныстым. Шай қайнағанша ермек қыла тұралық.

Боқай бутылканың аузын ашып, қалың қырлы стаканға ақ арақты толтыра құйғанша, қара тоқал нан, май, консерві, колбаса әкеліп үлгірді.

— Кәне бір қағып жіберелік, Костя!

— Қақпастан бұрын айтатын сөзім бар, — деп Костя қалтасынан кисетін алды да темекі орады. Темекісін орай отырып байсалды сөйледі. — Боқай, саған үлкен бір сөз айтқалы, сырласқалы келдім. Сен қазір сауатыңды аштың, мамандық алдың, екпінділер қатарына қосылдың. Бұндай адам партия қатарына да өту керек қой.

— Енді солай жетеледің бе? Қалай жетелесең де тартынған жерім жоқ-ты. Ойланайын. Оқудан, жұмыстан коммунист болу қиын сияқты маған...

— Әрине қиын. Бірақ, партия өзі көмектеседі.

— Әй, сонда да партия жолы ауыр-ау...

— Ауыр да болса, ол жол әркімге ашық емес. Мен сенің партия қатарында болуың үшін ішемін, кел, — деп стаканды соғыстырды Лапшин! Боқай ішіп салып, ащы арақтан бір тыжырынды да, жадырай сөйледі.

— Біздің кулак Қалтай: «орыстан досың болса, қасыңда қара балтаң болсын» деуші еді. Сол орысқа сонша неге Сенбеді екен! Сен — орыс, мен — қазақпын, Костя. Еш жақыным сенен артық жақсылық көрсеткен жоқ. Сондықтан сенен артық жақыным да жоқ.

— Орыстың Қалтайлары да қазаққа сенбеген, — деді Лапшин. — Бүгін сені мен біздің сенісуіміз, дос болуымыз — партия жұмысының нәтижесі...

Бұрқ-бұрқ қайнап самауыр келді. Қара тоқал әңгімені бөлді:

— Екіншіде семіз қатыныңды ерте кел, арықтап қалмас.

— Арықтайды деп қорықпаймын-ау, сендердің меймандос екендеріңді білген соң осы үйден шықпай қоя ма, деп қорқамын. Тамақсау антұрған.

Боқай жымың-жымың күліп отырды да, Костяның бұл қалжыңына жауап ретінде қазақ мақалын өзінше орысшаға аударып берді:

— Раньше казахи говорили: если твоя лошадь много кушает — бог тебе дает; если твоя жена много кушает, — бог тебя бьет. Значит бог тебя бьет, Костя?

Костя қарқ-қарқ күліп жіберді.

— Ертедегі қазақтардың тағы бір сөзін айтқаның қайда: «қатын билеген үй қараң қалады» - дейтін бе еді. Осы үйді кім билейді?

— Жаңа заманда бай-кулактар ғана емес, мақалдар да шатысты білем, — деді Боқай мырс етіп. Үшеуі бірден күлді.

Лапшин кеп отыра алған жоқ, рақмет айтып орнынан тұрды. Боқай онымен ере шықты. Ойындағы күдігін жолшыбай айтып келеді.

— Мен треске соға жүрем. Көрдің бе, үйіміздің астын кеулеп келіп қалғанын. Біз келгенде осынау ойпаттар қырат еді, көмірін алған соң шөгеді екен, жер...

— Жер барағың құласа, жилкомбинаттардан үй береді, несіне барасың треске.

— Жалғыз менің барағым құлай ма, жаңа үй жұрттың бәріне жете ме? Құлатпау керек. Әзірше бері беттемей тұра тұрсын. Көмір жетпей жатыр ма!

Әңгімемен столовойдың деңгейіне жеткенде Боқай Лапшиннен айрылып, треске бұрылды.

Төңірегі қоршалмаған столовой үйінің ық жағында бос жайық жердің үлкен үйіндісі тұратын. Сол үйіндінің түбінде үш. адам көрінеді. Киімдер жөнең. Өңдері сынық. Қайыршыға ұқсамайды. Буыншақ-түйіншектерін жастана, жантайып жатыр. Алыстан шаршап келген тәрізді. Боқайдың сәлеміне бурыл сақал отағасы ернін ғана жыбырлатты. Қасындағы жігіт пен келіншек елеген де жоқ. Аяқтарын жимай, бастарын көтермей, қабақ түйген бұлар кім? — деп Боқай тұр.

— Отағасы, бұл қай жатыс?

Отағасы біразға дейін үндемеді. Үндеп еді даусын тым төмен шығарып, еріне сөйледі:

— Мыңбай марқұм малай жалдарда: біздің үйге барсаң жатып ішесің — деуші еді. Аңқау жігіттер оны жан тыныштық десе керек. Жұмыстан қалжырағанда жатып ішкендерін талай көрдім. Бұл, сол сияқты бір жатыс қой.

Боқай түсінбеді. Шал шаршап жатса да әлдекімді шалып жатыр.

— Кімге айтылған өкпе? Қайдан жүрсіздер?

— Ешкімге арнамаймын. Кімге батса сол алсын. Сен сұрап қайтесің, інішек. Қаңғырған бір шалмын.

— Азар болса түбіңіз шикі шығар. Айта беріңіз. Бұл қалада түрлі адамдар бар.

— Сазайымды тартсам арман не. Нахақ қинаса не дер едің?

— Япырай, ынтық қылмай шешілсеңізші.

— Неге ынтығасың? Кімсің өзің? Көрінгенге кей-гей тартар күйім жоқ.

— Мехцехта кочегармын. Анау биік тұрбаның түбінде істеймін. Атым Боқай, екпінді жұмысшының бірімін.

— А-а! Екпіндімісің шырақ, — деп қыңыр отағасы басын көтерді. Толғанып отырып, сөзді түйдегімен тастады енді. — Байлардың, қындағы кездіктей өткір, жылпос сенімді қолқанаттары болатын. «Екпінді» деген де осы қаланың атқамінері деседі. Іштегіні көрге ала кеткенше, қолқа қылдың, саған тастап кетейін. Алатаудың бауырында найман дейтін ел бар. Ел ішінде бай емес, кедей емес, Маусымбай дейтін шал бар. Кемпірі қайтыс болған соң, шал жалғыз ұзатқан қызын іздеп Семей келеді. Күйеу баласы мен өз баласы Қарағандыға жүргелі жатыр екен. Ере келеді. Қала бейтаныс, қалта пұлсыз. Әр шахтаның, әр контордың есігін қағып, сегіз күн жүреді үшеуі. Жұмыс көп, сылтау одан да көп. «Бүгін», «ертең», біресе «дастабырнаның мері көмескі», біресе «арапша жазылыпты», әйтеуір титық құрыды. Сол сандалған үшеуі біз боламыз. «Қарағандыға барсаң күмп ете түсесің» деген лақаппен шығып қалып едік, жәшіктердің ортасына келіп «күмп»-еттің осы жәшіктерді жинаушы сүйегімізді де жинап алар. Қайыр сұрап күнде өлгенше, бір-ақ өлген артық...

— Түңілмеңіз, Маусеке! Түңілмеңіз, — деп Боқай шыжалақтай бастады. — Маған еріңіздер, тура Щербаковтың өзіне ертіп апарайын, ол бұның бірін білмейді.

— Бардық, көрдік бәрін! Жетеді осы...

— Онда горкомға жүріңіздер, Мейрам бәрінің әкесін танытады. Бірін қалдырмай айтып беріңіз...

Маусымбай ауыр күрсініп, қолын сермеді.

— Горкомға да бардық. Мейрамды мен сенен бұрынырақ көргем. Түзде көретін жігіт екен.. Сұлу әйелден күзетші қойыпты. Ол есікті басып енгізбеді, өзі көрінбей тығылып қалды.

— Жоқ, Маусеке, ол өйтпейді...

— Көңіл торықпаса күйдіргі сөз шықпайды ауыздан.

— Мен қазір келем, — деп тұра жөнелді Боқай. Саспайтын адам жебелей басты аяғын. Былай шыға өзіне-өзі сөйлеп барады. — Жаным-ау, жер ауған орыс-қазақ кулагы да істеп жүр ғой. Жұмысшы керек. Бұларды неге сенделтеді?..

Боқай салған бойы горкомға келді. Антонина Федоровна орнында жоқ. Үш-төрт адам секретарьға жолығуға кезек күтіп отыр. Тосса кешігіп қалатын, төргі есікті ақырын ашып сығалап еді:

— Кіріңіз-кіріңіз, — деді Мейрам. Орнынан тұрып қарсы алды. — Күйіңіз қалай? Жеңгейдің, інішектің дені сау ма?

— Шүкір, Мейрамжан, шүкір.

— Қазандарыңыз не күйде?

— Жақсы істеп тұр.

— Мамандықты арттыру жағы қалай?

— Ол жағы да жаман емес еді. «Төрт амал» деген есеп бар екен. Басты қатырыңқырап жүр. Соны үйренсең аға кашагар боласың, дейді Козлов. Қазір бөлуден өзгесін білдім.

— Қусырып тастапсыз ғой, — деп күлді Мейрам, — Тәжірибенің өзін елеусіз өткізбеу керек, о да ғылым...

Әбден-әбден. Қазан жайында біреу орыс тілінде қалыңдығы екі елі кітап жазыпты. Жастар кітабын қолынан тастамайды, мен кітапсыз үйрендім. Оқытып байқасам, сұбықан Алла, мен еткен тәжірибенің бәрі сол кітапта тұр...

Ғылымда Боқайдың сөздері қызық. Өзі жаңа көрген соң, атам заманғы ескіні жаңартып айтады. Ғылымды баулуға зеректігі жетпесе де, өмірге құмарлығы жетіп жатыр. Мейрам бұл қасиетті өзгеше бағалайтын. Тағы да бір қозғап қойды:

— Қаупіңіз күшті деседі. Бел төмен түсіп бара ма? Үй құлайтын емес пе?

— Япыр-ау, қайдан естіп қалдың, Мейрамжан?!

— Айтылған сөз ертелі-кеш естілмей қалмайды.

— Ауызға мықты болу керек екен. Дәу де болса Жанабіл шығар, жеткізген?

— Әйтеуір сырласыңыздың бірі.

— Иә, соны айтқалы шығып едім... Тоқтат, шырағым, бүлдірмесін қаланы. Өзіңе белгілі әр үйді қарлығашша салғанымыз қайда? Кейін келгендердің кебі білмейді оны. Құдайға шүкір, көмір телегей-теңіз..

Мейрам Боқайдың қамқорлығын күле тыңдады. Шағын тілектен үлкен сүйіспендік көрсетіп отыр ол. Ауыр еңбектен орнаған қаланың бір мұржасы қисаймаса екен дейді. Мейрам үлкен мұратқа жету жолында үлкен бейнет, үлкен шығындар да болатынын ұғындырды:

— Бұл қалада көмірден қымбат ешнәрсе жоқ. Көмір үшін талай үйлерді, талай ойларды сындырамыз әлі. Уайымдамаңыз. Бір кезде баспана арман болса, бұл кезде саңғыраған сарай, көп этажды комбинаттар салу арман. Больше Михайловканың бержағынан жаңа қала орнағалы жатыр. Көмірлі Қарағанды мен жаңа Қарағандының арасында трамвай, автобустар жүреді. Жүмысшылар ең алдымен екпінділер бұрын жандарал тұратын жақсы үйлерге орналасады. Жер барақ енді бетке шіркеу болды, Боқай...

— Койдым, Мейрамжан, қойдым, — деп қолын көтерді Боқай. — Уақытыңды алмайын. Мен де асығыспын. Мынау столовойдың жанында үш адам отыр. Алыстан келіпті. Жаным ашыды. Бүкіл Қарағандыдан торығып отыр. Соларды бірдеме қыла гөр...

— Осынша жұрт сыйғанда сыймаған неткен жандар бір шатағы бар шығар.

— Мен де түсіне алмадым. Әйтеуір кулакқа, бұзыққа ұқсамайды, жасқанбай сөйлейді. Тілі мірдің оғындай, өңбенімнен өткен соң келдім.

— Кадр бөліміне — Ырымбекке жіберіңіз.

— Бармаған мекемесі қалмапты. Өзіңе де келген екен. Қатты өкпелі...

— Маған келген жоқ. Білмеймін.

— Ол біледі. Тіпті ашына көрінеді.

— Ашына көрінеді? Аты кім?

— Маусымбай.

Мейрам ойланып есіне түсіре алмады. Бір көрген адамын ұмытпайтын. Ұмытқанын мойындамады.

— Кім де болса келтіріңізші. Көрейік.

Боқай асыға шықты үйден. Қуанышын анадайдан білдірді Маусымбайға.

— Айттым ғой! Ол ондай жігіт емес, жүріңіздер. Күтіп отыр.

Маусымбай қозғала қоймады. Тағы да жантайған екен. Үнсіз, ойлы жатыр. Қасындағы жігіт пен келіншек оған жапақ-жапақ қарайды. «Барайық» деуге батпайды. Боқай «бол-болдың» астына алып тұр. Әлден уақытта ыңырана басын көтерді қарт.

— Енді ешкімнің алдына барман — деп жатып едім. «Қойман» деп тұрсыңдар, болмас.

Орындарынан созалаң тұрып, үздік-создық жүріп келеді. Аяқ алыстары ауыр. Бір-бір түйіншектері бар. Екі қабат үйдің жоғарысына көтерілерде, Боқай бәрін жинап өз қолына алды. Секретарьдың кабинетіне түйіншектер қоса енді. Мейрам шошығандай ұшып тұрды орнынан.

— Япыр-ау, Маусекең бе?!

Қара сақал күмістей жылтырап бурыл тартқан. Өткір, ойлы көздің ұшықтары іріңдеген. Қызара бөрткен толық бет қаны қашып, толыға түсіпті — күлтілдеген ісік. Қайырма жағалы қара шапан кір, жұлым-жұлым. Бастағы тымақтың төбесі де мыжырайған. Бұрын — кербез, орта бойлы, иықты, кеуделі жайқан қарт, қазір — құнысып, күлімсі иісі аңқып тұрса да тәкаппар тұр.

— Иә, сол Мәусекең, — деді ызбармен.

Мейрам сілейіп қалыпты. Ақсұр жүзі күп-күрең. Қой көзі қанталап, ойнақшығанда от шашады. Ұят пен ыза бірден қысқан түрі бар. Кімнен ұялып, кімге налығаны белгісіз. Сирек ашуланатын сырға берік кең адам, тарылғанын сездірмен десе де, өңі, булыға дем алысы бәрін сездірді. Әлден уақытта өзіне-өзі келгендей. Бірақ әлі де түнеріп жай бастады сөзін:

— Елден қашан шықтыңыздар? Қанша болды бұнда келгелі?

— Елден шыққалы ай жарым. Семейден шыққалы жиырма күн. Бұнда келгелі сегіз күн.

— Мына кісілер кім?

— Бірі туған балам, бірі күйеу балам.

— Ал, не іздеп жүрсіздер? Не кешті бастан? Айта беріңіз.

— Өзің айтпақщы, өмірдің бетінде қалқып жүр екем, астына түстік. Бар сөз мынада, — деді де Маусымбай тес қалтасына мықтап тыққан арызын алып, столдың үстіне тастады. Араб әрпімен жазылған арыздың көшірмесі. Көлемі оншақты бет. Көргендерін өз қолымен жазыпты. Мейрам оқып отырып, оқтын-оқтын басын шайқайды. Ашулы, зілді қарт бойдағы уытын барынша төксе керек. — «Ол заманда бұл заман:өзен жайлап, су сұраған, елде отырып, әлсіреген жанды естімеп ем, сол өзім болдым. Қарағанды — ел. Көмір — теңіз. Басшылары мынау депті бір жерінде — Ырымбегі ұры иттей, Бейсегі жарау жыландай, Мейрамы өзін өзі қамаған, әр шахтада бір жылмаң, қайсыбірін айтасың. Сегіз күн сегіз хикая. Соның ішінде баламның баласы жас нәрестенің өлімі бір төбе. Өзек талды, көз қарайды. Сонан соң жаздым, ел ағасы. Бұл арызым жеткенше, кеудеде дем жетер ме? Лақ құрлы бақырмай өлуді бойға ар көрдім...»

Мейрам арызды әбден оқып шығып қайырып берді. Білімі, сақтығы, қайраты, құмарлығы жетеді-ау деген жігіт те терең өмірдің түбін тегіс көре алмапты. Өкінішті, күйінішті халде отыр.

— Айып ауыр, ауыр да болса кетереміз, — деді күрсініп, — үлкен кісіге шағыпсыз. Үлкен әңгіме қозғалар. Оған дейін менде барды ала тұрыңыз... Не сұрайсыз?

— Нан сұраймын. Күрек берсең өзім қазып алам.

— Жер үстінде, жер астында, далада, қала төңірегінде жұмыс бықсып жатыр.Қайсысы қолайлы?

— Кеңірек жерге, мал ішіне барған тәуір болар.

— Дұрыс! — деп қоңырау қақты Мейрам. Антонина Федоровна енді. — Мына кісілер бұдан бұрын болды ма, осында?

— Болды. Сізде уақыт болмаған соң қайырып жібергем.

— Уақыт болсын, болмасын, кім келіп, кім кеткенін мен білуім керек. Моншаға түссін, киім, тамақ берілсін. Қалалық, советке айтыңыз...

— Бүгін мен қонақ қылайын. Орналасқанша бізде жатсын, — деді Боқай.

— Ертең күн жексенбі ғой. Горкомның көлігімен біздің Жайлаубай отағасының үйіне апарып тастаңыз. Бірер жұма тынықсын. Мүмкін, сонда мал басында қалып қояр. Маусеке, өзге әңгімені кең отырып сөйлесерміз.

Антонина келгендерді ертіп шығып кетті. Мейрам әлдекімге «бес минутте жет» деп телефон арқылы әмір етті.

Бес минут өткен жоқ, әскери адам енді. Денесі тіп-тік, өңі сұп-сұр. Биік қабақтың астында арнасы терең, кішірек көкшіл көзі тым өткір, бриллиантша жайнайды. Шешініп келіп блокнотын қолына ала отырды. Бір сөзді бос жіберер емес. Қозғалысынан, көзқарасынан өзгеше ептілік, сақтық байқалады. Мейрамның аузын бағып қалыпты. Мейрам салған жерден кейіп, міней сөйледі:

— Жолдас, Пономарев! Жұмыста авария, жұмысшы қазнасында ұрлық, өрт, жұмысшы жетпей жатқанда жұмыссыздар, торығушылар көріне бастады. Бұған, сірә, көңіл бөлесіздер ме?

— Бөлеміз, — деді Пономарев. — Бірінші шахтада уклонный, төбесіне шпур қойып, бұзбақшы бопты біреу. Склад электр проводынан емес, басқа «проводтан» ертеңгені анықталып келеді. Шет, Жаңаарқа аудандарында мал дайындайтын мекемелер малын уақытында жеткізе алмаған соң, сойып өттей жеткізбек болған. Қаншама етті сасытып, өртеп жіберген хабарын алып отырмыз. Жаңа сізден шыққан Маусымбай сияқтылар жалғыз болмас...

— Сөйтіп, бақылап, біліп қана қоясыздар ма? Контрреволюциялық әрекет тек қарулы күшпен бе екен?!

— Сіз тарығып, асығып отырсыз, Мейрам Омарович. Жау тереңге тығылған. Тапқанша сол болып жатыр. Кәрі мыстан сияқты неміс, ағылшын, жапон, американ шпиондары ішкі жаумен қосылып, біздің жас разведканың көзін алдауға талай сиқырлар жасап жүр. Жерді қазып көмір шығарудан, бұларды қазып шығару қиынырақ.

— Ырымбек кім болды? Білетін күн бар ма, сірә?

— Бар. Бекер күмәнданбағансыз, расқа шығып келеді...

Мейрам ұшып тұрды орнынан. Сөзінде әдеттен тыс шапшаңдық бар:

— Рақмет! Рақмет! — деді Пономаревтың қолын ұстап. — Ал енді, бар пәле соның маңында. Қаза түсу керек. Бұны, партия атынан берілген қатал тапсырма деп ұғыныңыз.

— Хұп! — деді де, басын бір иіп Пономарев шығып кетті...

XVIII

Жаз, жеңілдіктермен қоса бірсыпыра ауырлықтар да ала келді. Қыстайғы қатты боран енді сел жауын, қою тұманға айналып, жадыратпай тұр дүниені. Оңтүстікте «Көктал», «Соқыр» өзенсымақтары күшті тасып, арбалыға өткел бермей қойды. Солтүстікте Нұра өзені көп жерде арнасынан асып кеткен. Шет, Қарқаралы, Қу, Баян, Жаңаарқа, Қарсақпай сияқты алыста жатқан темір жолсыз аудандармен қатынас үзілді. Қарағандының өз ішіндегі сай-жыралар да қалың қардың суымен көлкіп жатыр. Жазғы-тұрғы аласапыран ауырлығын алдымен қаланың азық-түлігіне салды. «Қолдағыны шашу керек. Алыстағыны жеткізбеу керек» деген Бейсектің ойын қала басшылары кешірек сезген сияқты. Маусымбайды көргеннен бері денесі түршіккен Мейрам іле бюро шақырып, Ырымбекті орнынан алған. «Жаңылыс мәлімет» бергені үшін Бейсекке қатаң сөгіс жариялаған. Бірнеше жауапты қызметкерлерді ауданға шаптырды. Қанабек, Жанабіл барған аудандардан ғана екі керуен азық келіп үлгірді. Қолдағы азық қоры шағын, шалғай жатқан азық пункттерінен мына лайсаңда жеткізу қиын. Ауылмен аз үзіліс қаланы қысып жіберді. Карточкаларға алдағы күннің тамағын беру тоқталған. Күнбекүн ала бастағанда магазин алды көпшілік, кезек болып кетті. Өлген талонмен семіретін қулар күлім қағады. Жұмысшы халықтың ішінен қыңқылдар естіледі. Қалалық партия комитеті бұл күндерде тез азық мәселесін шешумен, магазин алдындағы топтарды тарату шарасымен болды. Мейрам ешуақытта бұндай қысылған емес. Ашушаң, бұрынғысынан әрі қатал, ұйқы аз, жүріс, тексеріс мәжілістерден босамайды...

Осы ауыр жағдайда орталықтан бес кісі комиссия келіп жатыр. Комиссия алдымен Мейрамға шұқшия келді. Міне, оңаша кабинетте бадана көз, мосқал, байсалды адам отыр. Мейраммен әңгімелескелі екі сағаттан асып барады. Саспайды. Аз сөйлеп, көп тыңдайды. Алдындағы жуан папкеге бүкіл Қарағанды сыйған тәрізді: анда-санда ашып қойып, ішінен оқиды да, сұрай түседі... .

— Сіздің үстіңізден оннан аса арыз бар екен. Бірін мойындамадыңыз. Арызшылардікі бекер-ақ болсын, сонша неге өшігеді сізге?

— Бұның себебі: сана мен санасыздықта, ескі мен жаңалықта, батылдық пен қорғаныштықта. Әкелі-балалы, ерлі-зайыпты адамдар да осы себеппен айтысады.

— Халық санасымен санас деген халық сөзі есіңізде шығар?

— Әбден есімде. Халық санасын, халық көшінің алдынан ізде, — дейді Денин. Арызшылар жұртынан іздеп жүр. Жұртта жарамды нәрсе қалмайды.

— Сіз басқарған қаланың осы күйіне ризасыз ба?

— Ризамын. Риза емеспін. Отыздан аса шахта көмір береді. Ағылшын, орыс байларының ондаған жыл алған көмірін біз бір-ақ жылда алдық. Олардың ондаған жыл жасаған Қарағандысы біздің Қарағандының бір шахтасындай-ақ. Адамдарды, жұмысшы кадрын өсіру жағын өткенмен тіпті салыстыруға болмайды... Сонда да тілектен әлдеқайда кем жатырмыз.

— Магазин алдындағы топтар да мақтаныш па?

— Жоқ. Ұят. Оған мемлекет кінәлі емес. Біздің жалаң олақтығымыз, салақтығымыздан да емес. Дұшпандар әрекетінің бір түрі деп білемін. Кезінде көре алмағаныма партия алдында айыптымын.

— Азық-түлік мерзімінен бұрын таусылады. Жұмыс мерзімінен кеш орындалады. Авария ойламаған жерден шығады. Бұның бәрін жауға жапсақ, біздің адамдар не бітіріп отыр?

— Мен келгенде осы жерде бұзылған алты барак, түтінсіз жалғыз труба, қырық-елу жұмысшы болатын. Соларға су да жетпеуші еді. Қазір — екі жүз мыңдай халық жиналды, жүздеген үйлер салынды. Күніне көмір тиеген бірнеше состав поезд жөнеледі. Қарағанды Отанымыздың үшінші кочегаркасына айналды. Бұл біздің адамдардың ісі. Барлық кемшілікті жауға жауып, ақталудан аулақпын. Әлі де түзелмегендік, олақтық, шалағайлық дегендер аз емес. Бұлар бір жағынан бізге кедергі болса, екінші жағынан жауға жамылыш болып тұр.

— Басшы қызметшілердің арасындағы алалықтан ұлтшылдық, шовинистік не жікшілдік байқалмай ма?

— Бастапқы екеуі тереңге тығылса керек. Әзір сезілмейді. Соңғысы жерлестік, көңілдестік түрінде байқалып еді. Шара қолдандық.

— Бондаренко мен Жұмабайдың жанжалы не?

— Балалардың жанжалы сияқты. Татуласып кеткен. Мүмкін, олжа түсірем деушілер болған шығар. Оған жібермей қолма-қол өшіргеміз.

Комиссия ағасында қатты сөз жоқ. Жұмсақ, кең отыр. Ақсары шырайынан жадағайлық та, кеңдік те байқалады. Үш күннен бері көп адаммен сөйлескен. Көп нәрседен хабары бар. Ойда жоқты тұтқиылдан сұрайды. Берілген жауаптың ұнаған, ұнамағаны белгісіз, Бетін тіпті көрсетпепді. Алыстан толғап, шындықты іздеп отырған сияқты. Байсалды қозғалған үлкен, мөлдір көк көзі Мейрамның ішін көріп тұрғандай, енді күлімсіреп берді сұрақты:

— Махмет Торсықпаевпен араңызда жастық, қызға таласу болды ма?

— Махметтер қылмыстың бетін осылай аудармақ па? Ол, олжаға түсетін баяғының қызы емес. Ғылым қайраткері, қоғам қайраткері болам, еркектен қай жерім кем? — деп жүр. Таласу үшін: ондай қыз бен жігіттің адамгершілік салмағы ең құрығанда тең түсу керек. Өлшеңіз, Александр Александрович.

— Жақындарын жылдам көтереді, дейді сізді?

— Рас. «Жақындық» дегенді туыс, сүйек шатыс, көңілдестік мағнасында алсақ, ол менде жоқ. Жалғызбын. Менің жақыным — іскерлігімен, адалдығымен көрінген адамдар. Оларды көтермеске еркім де жоқ.

— Жайлаубай, Жанабіл, Боқай, Ермек, Жұманияздар кім?

— Жайлаубайдың ғана азырақ туыстығы бар. Туыстың, да өз орнын алуға қақы бар. Басқасы менен кері үкіметке, партияға жақын. Мен олармен партия жолында кездестім.

— Тым қатал, үстем. Бірге істеуге болмайды деседі?

— Бұл кінәға шамданудан гөрі шүкірлік етем. Күрескен соң жығу керек. Буыны босаған жығылады.

Күн кешкіріп, үй іші қоңыр көлеңке тартты. Шам әлі жағылған жоқ. Үстіңгі үйдің ашық терезесінен магазин алдындағы кешкі дауыстар анық естіледі. Толқып, басылып тұр. Комиссия ағасы солай қарап отырып:

— Мына топ қашан тарайды? — деді де қабағын сәл шытып қойды. Мейрам қызара түсіп төмен қарап кетті.

— Бүгін Алматы. Москвамен ауызба-ауыз сөйлестім. Эшелондар жолда. Үш-төрт күнде қала азық қиындығынан құтылады. Бұл чалдің ауырлығынан да ұяты басым. Осынау кептің тең жармысында бір-бірден сиыр, ешкі, лақ бар. Тең жармысы колхоздармен байланысты. Жаңа келгендер болмаса, тұрғын халық елемейді мұны. Халық бұл қаланың іргесін темір жолсыз, сусыз, тұзсыз күнде-ақ көтерген. Бастыққанша бәріне көнген. Бастыққаннан кейін осы сәл нәрсенің өзі жұрт бетіне қаратпайды, — деп Мейрам күрсінді. Сүрінбен деген жігіт байқаусызда кеп алдында тайып түскендей ұят, өкініш, ыза кернеп отыр бойын.

— Иә, бәрінен де ұят күшті, — деді комиссия ағасы. Папкасынан Маусымбайдың арызын суырды. Партия алдындағы, ел алдындағы ұят түгіл жеке адамның алдындағы ұяттың өзі сондай ауыр. Бағанадан бергі әңгімемізді партия да біліп отыр. Мынаны оқып көріңіз.

— Оқығам, қанықпын.

— Онда жауабын кейін жазып берерсіз. Әзірге осымен тоқталайық. Көп қамықпаңыз. «Ештеме істемеген адам ғана қателеспейді» деген еді ғой Ленин.

Мейрам ауыз бөлмеге шықты. Бұрынғы өңі жоқ. Ақ сұр жүзі күрең. Қой көзі қызарған. Антонина Федоровна ұшып тұрды орнынан.

— Көптен ұйқым шала. Бүгін тынығам, — деді де жүріп кетті. Коридорға шыға Марияштың бөлмесінің есігін ашты.

Комиссияның бір мүшесі осында екен, Марияшпен оңаша әңгімелесіп отыр. — Мейрам босағада тұрып:

— Мен сіздерге бөгет болғам жоқ па? — дегенде.

— Келіңіз, қайта көмегіңіз болар, — деді комиссия мүшесі. Ұзын, арықтау, шұңғыл көз, сұр кісі көрінеді, Марияшты құныға тыңдап қалыпты. Оқтын-оқтын жазып қояды. Марияш байсалды қалпын бұзбай, сөйлей берді. Мөлдіреген бота көзінде ыза тұр.

— Бейсек Керимович ұлтшылдардың жабайы бірі ғана емес, басшыларының, ең зияндыларының бірі. Егер оның байшыл-ұлтшыл жүрегінде халықтық бірдеме болса, ол әлдеқашан жойылған. Оның іші қазір қап-қара. Маусымбай уақиғасы, склад өртенуі, қисынсыз авариялар, азық-түліктің талан-таражға түсуі — бір де бірі жай қылмыс емес. Контрреволюциялық қылмыстар. Бұлардың түп тамыры Бейсек, Ырымбектерге соқпай кетпейді. Мейрам Омаровичтың үстінен берілген домалақ арыздар да сол екеуінікі болу керек...

Комиссия мүшесі тыңдап болғаннан кейін, Марияштың әр сөзін қаға бастады.

— Бейсектің, іші қап-қара екенін қалай білдіңіз?

— Мен ол кезде айырылысқаным жоқ-ты, бір жиналыстан қарайып қайтты үйге. Есіктен кіре: несіне «ел» деп жүргемін, «ел» дегенім жау екен ғой!.. деп құлай кетті төсекке. Содан кейін жарқ еткен оның көңілін көре алмадым.

— Алашорда басшыларымен байланысты екенін немен дәлелдейсіз?

— Алашорданың ең бірінші басшысымен қолтықтасып тұрып түскен суреті бар. Сол суреттің сыртында, сол басшының: «үміт артқан ініме» деген жазуы бар.

— Домалақ арыздарды жазған Бейсек екенін қайдан білесіз, қазір аразсыздар, айырылысып кеттіңіздер...

— Домалақ қағазға. ол жасынан үйір болатын, қыз бен жігітті талай айырған, араздастырған. Бұл мінезі. менімен бірге тұрған кезде де байқалып жүрді...

— Жолдас Керимова рақмет сізге, шындықты ашуға көп көмектестіңіз, — деді де комиссия мүшесі сәл кідіріп қалды. — Бірақ, осы айтқандарыңызды ертерек неге айтпағансыз?

— Айттым ба, айтпадым ба, сұраңыз Мейрам Омаровичтан, Сергей Петровичтен сұраңыз.

— Айтумен қатар жазып та берген, — Деді Мейрам.

— Онда осы уақытқа дейін шара неге қолданылмаған?

— Қолданылды. Арыздың ішінде көрсетілген кейбір фактілерді анықтау үшін тиісті зерттеу орындарына жібердік. Ырымбек, Махметтер партия жолымен жазаланды. Керимов жайында мәселе ерекше қаралмақ еді, баяндамасын тыңдамақ едік, жұмыстар қабаттап созылыңқырап кетті.

Комиссия мүшесі басқа сұрақ берген жоқ. Мейрам орнынан тұрды:

— Марияш, сіз әңгіме біткен соң екінші рудникке барыңыз. Жұмысшылар бүгін паектерін түгел алды ма екен, біліңіз. Хабарын маған телефонмен айтарсыз.

Бір бөлмеден жаңа шыққан Жанабіл ере жүрді Мейраммен. Қыз ба жігіт бұрынғысынан әрі қызу, булығып келеді:

— Біреулер былшылдады деп бас қатырады. Шам жағып қараса да ештеме таппайды!

— Немене, мінсіз-ақ па ең, сонша?!

— Мені пісіріп жесе де мейлі. Сенде несі бар?

— Менің аяғым аспаннан салбырап түскен жоқ. Мені қорғасаңдар — шындықты қорғаңдар.

— Ендеше, Қанабек көйітеді бәрін. Бұл иттер алмасақтан бері арам екен. Домалақ қағаз, жала, ұрлық, бүлдіру бәрі солардікі. Егер осынан сенің аяғың таятын болса, мен олардың басын тайдырмай тынбаймын.

— Сабыр, сабыр. Комиссия жазалаушы емес. Шындықты ашушы. Көмектесу керек.

— Жұрт сені орнынан алып тастады, соттайды деп, дүңкілдеп жатыр. Бейсек, Ырымбектер неге жайраңдайды. Комиссия неге сөйлеседі олармен?!

Мейрам бір мырс етті.

— Антұрған-ау, әзір партия мүшесі ғой олар,..

— Бүл партияда не олар, не біз тұратын шығармыз! .

— Бар, үйіңе бар. Кішкентайыңды сүй. Майпаны аймала. Қалпыңа келесің сонда, — деді де бұрылып кетті Мейрам. Өзімен өзі болып оңаша барады. Жанабілдің сөзі әсер еткен жоқ. Жұрт не деп жатыр. Оңаша бөлмелерде, комиссия алдында Жанабіл, Қанабек, Ермек, Жұманияздар не айтты, Ырымбек, Бейсектер не айтады, бәрі өзіне белгілі. Күн ысымаған кез, шаң әлі көтерілмеген. Көктемдегі көк бетегелі, қазотылы, сармаңыз көк алаңға шықты. Кешкі тынық әуеге денесі сүйсініп, кителінің жағасын ағытты. Фуражкасы артына ұстаған қолында. Аяғын жәй басып, ауыр, ойлы келеді. Алдында вентиляция шурфы тұр. Шурф емес-ау, бірінші шахтаның бұрынғы ауызы. Осы ауыз жер астына апаратын жалғыз ғана жол болатын. Осы ауыздан Мейрам бірінші рет жер астына түскен. Таныс, тар жол ойды өрбітті. Көзді жан-жаққа жіберді. Биік қыраттың, бетінен қала айқын көрінді. Айналасы атшаптырым үлкен аймақ шұрқ-шұрқ тесік. Жалыны жалақтап қара шоқылар, түтін бұйдалап ұзын трубалар, көмір қопарып биік көпірлер тұр... Сонау ойдағы электр станциясы да бітіп қалған. Қоршау ағаштарын бұзып жатыр. Щахта-шахтаның арасында көмір тиеген ұзын состав поездар жүр. Түтін, шам, от көріністері, поезд, шабаш дамыл-дамыл күрсілдеп, жер қопарған дәрі үндері қаланы өте айбатты көрсетіп тұр. Бұның бәрі жер астындағы ұлы еңбектің сырт бейнесі. Мейрам ойымен ішінде шолып шықты. Асты-үсті бірдей қайнаған бұл қала кеше ғана өлі дала еді. Бәрін адам жасады десек, сол адамдарды басқарған өзі. Ел тілегін ақтадым ба деп жүргенде, ел қабағын түйгендей, дос қынжылып, дұшпан сақ-сақ күлгендей сезінеді. Шағылмаған арлы жас жағдайды тым артық бағалады. Сондай-ақ өз әлін артық бағалаған. Теңіз сынды терең өмірге енді түйіле қарап қалыпты...

Көз байланып барады. Машинасының төбесін ашып тастап Щербаков келеді. Жалғыз. Рульді өзі ұстаған. Білек сыбанулы. Өте беріп кілт бұрылды. Жолдан ұзамай машинасын тоқтатып, өрге қарсы жаяу аяңдады. Шылым тартатын қартаң адамның деміккенін анадайдан естіп:

— Сізді күтіп отыр. Тез барыңыз, — деді Мейрам.

— Бұлар арам адамдар екен! Өтірік мәлімет беріп отырған. Сен туралы ойларын естігенде тебе шашым тік тұрды...

— Кеш те болса, білгеніңіз жақсы.

— Уайымдама, партия ақты өлтірмейді.

— «Өлімді айтқанша, ұятты айтыңыз», — деп шытынды Мейрам. — Бірге жүрсек те, өртеп, бүлдіріп, атыстырып жүргендерді көрмеппіз. Бізді қоғам қайраткері, жаңа дүниенің жасаушылары дейді. Білем, бұл үшін партия бізді «өлтірмейді», социализм мойымайды. Ар, намыс кешірмей тұр. Дұшпанның ойын таппаған өзін де таппайды. Жұмыстың қыбын таппаған жанын қинайды.

— Сенен көрі мен кінәлі. Көрмегенім аздай, қорғадым оларды. Енді не айтам?!

— Ар, сана не десе соны айтыңыз, — деді де жылжып кетті Мейрам. Былайырақ шығып артына қарағанда Щербаков әлі сол орнында, аузында шылым оты жылтылдап, вентиляцияның бір тіреуіне сүйене тұр еді. «Жәбірленіп қалды ма, әбес болды ма?» деген оймен пәтеріне қарай ойысты. Ардақ кездесті алдынан. Бағанадан бері сырттан бақылап, қараңғыны, оңашаны күткен түрі бар. Сөзді бұрын бастады:

— Осы алаңда осымен екінші рет кездесеміз.

— Иә, бірі қыста, бірі жазда.

— Онда сіз келсеңіз, енді мен келдім. Жабыңқы көңілдің ынтығы жұбату екені есімде.

— Япыр-ай, жарқ етті ғой көңіл! Шын ба?

— Әзір алдап көргем жоқ. Алдансам өз сазайым. Белді бекем байлап келдім. Сізді алғашқы рет көргенде-ақ менің де көңілім жарқ еткен. Сол сәулеге сене алмадым. Сенбей тағы қоя алмадым. «Биік мансап — биік жартас, ерінбей жылжып жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» деген екен Абай ата. Терең сөздің түбіне жете алмай жүргенімде, биіктен түсіп, қасыма жаңа келгендей болдыңыз....

Шын достық, шын махаббат қиын күндерде көрінеді. Мейрамның басына ондай күн тумаса да достары, сүйгені туғандай көріп жүр. Бұл тым жақсы кергендіктен. Сүйген адамың тұмсарса басқаның түнергенінен ауыр. Ардақта бұрынғы тізгін қашаған мінездің бірі жоқ, жақындай түсіп қараңғыда жаудыраған қара көз Мейрамның көңілін электр түтікше тазартып тұр. Сергіші, енді қашан! — дегендей әсем күлкісімен қытықтап та қояды. Мейрам иығына қол артып, өзіне таман бейімдегенде, сылқ етіп асыла кетті ақ білек...

Сақ, қатал қыз енді аңқау, жұмсақ. Сақтық, қаталдық дегендердің де шегі, кезі бар.

— Сіз кетесіз ғой бұл жерден, — дейді Ардақ, — Өкінгенше айтып қалайын, оралған Осы білектер өмір бойы жазылмаса тілегім! Шыдай-шыдай келгенде жарып шықты бұл сөз.

— Сонша; зарықтырғанда кетуімді ғана күтіп пе ең?

— Күтсем, өстем бе... Бос қалсаң қоқаңдай көңіл шіркін құлазыр әлі...

Ардақтың ойынша Мейрам бүгін-ертең орнынан алынады. Кетеді. Қимасына шерін шертіп тұр. Жұмсақ үн, нәзік наз қар еріткен қоңыр желдей бойды балқытып барады. Сырдаң сұлудың өзі келіп, бұнша егілгеніне Мейрам аң-таң.

— Мұңаймашы, кетпеймін ешқайда, сырттан үкім жасаушы кім? Өзің бе? Басқа ма?

— Жаңабіл айтты жаңа: «кергимін деп құр қалдың, ұмтыл, қоштас, осы арада сені күтіп жүр» деген соң келдім.

Шегі түйілгенше күлді Мейрам. Ардақ Жанабілдің қулығын жаңа сезді.

— Ту, шайтан! Тіпті кейіп тұрып айтып еді..

— Бұл заман да өз тонтайын шығарғаны ғой.

— Сол тонтайға тым құрығанда «рақметтерің» қайда! Кепкен ауыздарыңнан бал тамызды ғой, — деген дауыс естілді. Жанабілдің өзі екен жеткен. Бірі құлағынан, бірі шолақ мұрыннан ұстап сығымдап жатыр...

— Қойыңдар-ей, жеңгетай болам деп құлақ, мұрыннан айрылсам, естен кетпес.

Екеуін екі қолтығына алып, Мейрам енді шат, таси сөйлеп келеді:

— Бүгінгі түн бұған дейінгі өмірімнің биігі екен! Бұл биіктен көрмеген қиналыс пен қуанышты бірден көрдім. Азаптан адам қорқады. Ақыры шат болса, құшақтай түсу керек...

— Сіз, сірә, философиясыз, саясатсыз сөйлей аласыз ба? — деді Ардақ.

— Сөйлей алмайды, — деді Жанабіл. — Одан да төсекте жатқанда айта көрме, — деп сұра.

Мейрам күлді де баяулатып ән бастады:

Ей, Ардақ, сен ақ қоян шыңнан қашқан,

Артыңнан мен ақ тұйғын тілеп ұшқан.

.................................................................

.................................................................

Үшеуі осы Халық әніне қосыла, кең далаға бет түзеп бара жатты...

Бейсек пен Ырымбек ат үстінде, салт. Өзен жағалап келеді. Екеуінің мойнында екі қосауыз, қанжығаларында үш-төрттен үйрегі бар. Жер дегдіген. «Соқыр» суы қалпына келіп, ағыны азайған. Ұзын арнаны әр жеріндегі ойдым-ойдым қара су — бірде темір астау, бірде жайуат боп кездеседі. Селдір құрақты, шоқ қамысты тар арнада отырған құстар дәл үстінен түскенше көрінбейді.

— Қаршыға салатын жер екен. Суы әлден кермек. Кейін ашып кететін шығар...

— Сармантайдың бір тарауы — «Өжекең» дейтін ел отырған мұнда. Қой бағып жүріп, Қарағанды көмірін суыр інінен тапқан осылар, — деді Ырымбек. — Сонау жамбастағы көп қора Бапаң, ауылының орны. Тапқан сол ауылдың адамы...

— Өздері отырықшылыққа ерте бейімделген ел-ау?..

— Шетінен кірекеш, ұста еді. Спасс, Қарағандының арасында отырған ел кәсіпқой болмасқа амалы не. Мехцехтағы Көктайынша да осы ауылдардікі.

— Антұрған тайыншадай-ақ болып, темірден түйме түйеді, ә?

Екеуі әр сөзді бастап, аяқтамай тастап келеді. Негізгі әңгіме бұл емес, негізгі ермек құс емес. Саяхат тек сылтау. Кен, далада кең сөйлесіп, қапастағы ойларын желпіп, тыңайтып алмақ. Өзеннен бұрыла беткейге шықты да аттарынан түсті. Аттарын Отқа жіберіп, өздері тамаққа отырды. Бұйра бетегелі, самал желді тек қияда ащы арақтан бірер рюмка қаққан соң, Ырымбектің қиялы алысқа кетті. Батыстан шығысқа қарай созылған оңтүстіктегі жатаған көгілдір таулардан қозғады әңгімені:

— Мынау қос шоқы — «Құлжұмыр — Сораң», арғы етегінде Спасс заводы болатын, Заводтың батыс жақ іргесі Байдәулет тауы. Бұл жерден қөрінбейді, тасада тұр. Он жеті мың жылқы біткен Жұман, Сырдан ауған беті болу керек, Байдәулетке келіп мекендепті. Он екі мың біткен Игілік таулары анау қоңырлар. Игіліктің болыс баласы Тәти жаңағы қойшы тапқан көмірді орыс байларына сатқан. Орыс ұлығына алпыс қара ат пара беріп, Жұмандарды бүкіл Сармантайымен қосып, қыс ішінде «Қосағашқа» қуып тастаған. Тәти, Жұманның, да ұрпақтары қазір осы Қарағандыда жүр. Азып-тозған. Есалаң сияқты. Селт етпейді, ештемеге түсінбейді...

— Қазақ байлары, Әлібектей бірен-саран көзі ашық, өжеті болмаса, әуелден ештеме бітірген емес, — деді Бейсек. — Қанауды білмейтін. Қозыға қызыққан қасқырша жеп тынды ғой, әйтеуір.

— Байлармен тынса не ғылсын! — дегенде Ырымбектің өңі құп-қу еді. Жапан далада, басқа түгіл досына шошып отырып айтты сырын. — Спастың үлкен әкімі, приставы болатын. Мен оның екі жылдай стражнигі болдым. Әлихан, Ақмет, Елдестер қашып бара жатып, Спасқа соққанда, совдепте істейтінмін. Жұмысшыларды жинап, солардың келуіне митингі жасадық. «Қияметқайым болғанда яжүж-мажүж шығады. Большевиктер сол, қасық қан қалғанша қарсыласу керек» деген алаш көсемінің сөзі мені осы жолға салып кеткен. Орыс жұмысшыларының арасынан суық үндер естілді. Қазақ жұмысшылары да оларға еріп, еліре бастады. Сонан соң митингіні созбадық. Қауіптеніп, оларды Қарқаралы гранына дейін шығарып салдым. Жас шағымда бұл-айғақтан ерте сескеніп, Спастан ертерек тайғамын. Кетерімде архивтерде із қалдырмай құртқамын. Жұмысшы атымен оқуда, жауапты қызметтерде он бес жылдан аса өмір сүргенде ешкім сезбеп еді бұл сырды. Мейрамнан денем түршігеді. Ішінде үлкен зәр жатқан тәрізді. Білмеймін, разведка бірдеме тапты ма, әлде өз сезігі ме? Сол кездерде ол завод қорғанының ішінде, табельщик Жүсіптен оқып жүрген бала көрінеді. Баланы мен байқамай, бала мені байқауы мүмкін?

Бұл сөздерден Бейсектің де денесі бір шымыр етсе керек. Тыныш отырғанымен тышқан көзі ойнақши береді. Бірақ, кебіңкі, кесіп алса қан шыққысыз қарасұр жүзінде қобалжу жоқ. Үнсіз, ұзақ тыңдап кезек өзіне тиген соң да, үлкен ернін жымыра бірсыпыра отырды. Шешендігі, қайсарлығы өз ортасынан озған жігіт толғана, әдетінше жәй бастап, мүдірмей бір әуенмен, әлденеге қадала қарай сөйледі:

— Сақтық, қорқақтыққа айнала көрмесін. Совет разведкасының күші халықта. Біз халыққа сенуді қойған соң дара, шебер әрекеттерімізбен ел аяғына шынжыр шідер болдық. Кірбеңдеп, адымын еркін жаза алмай келеді. Бір Қарағандының өзінде жиырма сегіз авария жасалды. Екі жүз тоннадай азық өртенді, бүлінді. Екі мыңдай карточканы, өз тілегімізше жұмсадық. Орлов өлімі ондаған өлімге тұрады. Бұлар мемлекет мойнына миллиондаған шығын ғана салған жоқ, жүздеген адамның жанын түршіктірді. Біз сүйенген разведканың қиын тәсілдерін совет разведкасы табалмай жүр. Егер Мейрам анық білсе, сені бұл күнге дейін аман қоя ма?

— Солай-ау! — деп Ырымбек орнынан қозғала түсіп қопаң етті. Бейсек бұдан әрі халықаралық жағдайға тоқталды.

Ер-тоқымымен аунай бастаған тортөбел әңгімені бөліп жіберді. Ырымбек жүгіріп барып, тұрғызды да қайта келіп отырды.

— Дегенмен біз қазған ор саяз әлі. Не шығып, не аттап кете береді. Көктемде күткеніміз бұдан үлкенірек еді ғой.

— Темір жол құтқарды, — деді Бейсек. — Әйтпесе, әсем-ақ отыратын еді. Сөйтсе де аз әурелегеніміз жоқ. Қарағанды түгіл Алматы, Москва қобалжыды. Өзді-өзі қырқысып жатыр. Комиссия бір қап материалмен ертең қайтады. Мейрамның баяндамасы Алматыда тыңдалады. Сол сапардан қайтпас ол.

— Өзің Москваға неге барасың?

— Негізгі жұмыс өзіміздікі.

Ырымбек білуге құмартса да досы одан әрі «өз жұмыстарын» айтпады. Оны білгенше мынаны біл дегендей, тез өзгертті тақырыпты:

— Босататын болған соң, арыз беріп босанғаның жақсы болды. Енді басқа жаққа кет. Із таста. Сезіктінің соңынан қалмайды бұлар.

— Өз ойым да сол. Ісімді қуып обкомға барам да, жаңа құрылыстың біріне кетем...

Күн еңкейіп барып қалған. Аспанның батыс жақ етегінде сәуірдің ұлпа ақ бұлттары тау-тау болып, жусап тұр. Шығыс жақ етекте, тіпті алыста топталған қара бұлттардың жарқылы көрінбейді, күрілі солғын естіледі. Жауып жатыр. Жауын жақта доғаланған әдемі кемпірқосаққа құныға қарап отырды да, Бейсек орнынан тұрды.

— Қой атқа қоналық. Құс аз екен. Жұмыртқа басуға тараған болар.

— Жолда бір көлсымақ бар, соға жүреміз.

Көлсымаққа соға жүрді бұлар. Киқулаған қызғыштар ғана қарсы алды. Басқа құс жоқ. Алдарында биік, ұзын жоннан будақтаған түтіндер көрінеді. Тұрғын ел бұл жонды «Сәменқұдық», «Аққұдық», «Қарақұдық», «Жетіқұдық», «Тоғызқұдық», «Кымызқұдық», «Торқасқа» деп, әр сайына ат қойған. Малдылар бел асып, жайлауға тартқанда, кедей, кәсіпқой «Елатаң», «Өжекең» қыстауларынан онша ұзамай осы құдықтарда отыратын. Талай жылдар жайлау, күзек, егінжай еткенде міні құрамаған «құдықтар» қазір дал-дал. Бұрын байтақ жонның бетінде тоқымдай-тоқымдай қарасындар жатса, енді қарарындардың арасында тоқымдай ашық алаңдар жатыр. Жыртып тастаған. Будақтаған түтіндер егінші бригадалардікі. Іргелес отырған бірінші совхоз да қалыспапты. «Көкпекті», «Борлысай», «Бөрітескен», «Байбасы», «Кәрітүлкі», «Шолақтүлкі» жайлауларына дейін отар-отар мал, егінші бригада, звенолар. Қарағандының бұл оңтүстігі болса, солтүстігі белгілі қара Нұра. Жағасы самсаған ел, батыста «Долинка» совхозы. Бұл бір алып. Екі ұру Алтай-Қарпықтың жеріне азар сиып отыр. Жалаңаш далаға ағаш, бақша еге бастады. Сусыз ойпат, жыралардан өзен, көл жасап алды. Мал мен егісті көбейте отырып, сапасын арттыруды, табиғаттың кемтігін толтыруды мақсат еткен совхоз...

Жер жайына, ел жайына жетік Ырымбек бәрін көйтіп келеді. «Торқасқадан» аса бергенде тракторшыларға кездесті. Ақ шатырдың қасында бес-алты жаяу, бір салт атты, екі трактор тұр. Атты жұдырықтай ғана шал. Қолында домбыра. Кешкі тұнық әуеде домбырасын бұлғай-бұлғай еліре шырқайды. Егіншілер аузына қарап қалыпты...

— Төкен қақпас-ау, а? — деді Бейсек. Жеткенше бірсыпыра мінеп тастады. — Аузы балпаңдап тек мақтауды біледі, дәм жоқ сөзінде...

Төкен өлеңін тоқтатпастан, өлеңмен қарсы алды бұларды:

— Мал балалап, дән балалап жатқанда құсқа да үкімет «өс» деген. «Өсірмен оны» дегендей, бұларың не теңдеген?

— Үйрек қой.

Көктей орған егінді —

Көкаяз таба нан жейді.

Семіртпей сойған арықты

Көке жасық ет жейді,

Еті түгіл қаны жоқ

Келіндер бұдан не жейді?

Қызығы керек те?

Жетім тастап баласын,

Анасын ату қызық па?

Жайнаған мына дүниеде

Басқа қызық құрып па,

Қанды болса қолдарың

Құртып берші қасқырды,

Күнде шауып қотанға

Ұйқы шайдай ашылды...

Бейсек өлеңнің ақырын күткен жоқ. «Болды, қой, әрі!» дегендей қабағын кіржите тәкаппар мінез көрсетті де жүріп кетті.

Менің де ісім асығыс

Қош тұрыңдар, балалар,

«Норма» деген қапшықтың,

Толтыра аузын байлаңдар,

Диқаншы жұртты аралап,

Сол үшін ақын жар салар, —

деп Төкен де тебіне жөнелді.

Былайырақ шыққан соң Бейсек артына бұрыла қарап:

— Қап! — деді. — Анау қақпас болмағанда егіншілердің де аужайын түйе кететін едік.

— Тіпті сөз беретін емес. Сексенге келгенде шоқытуын қарашы. Не қысып барады екен бұны, жатсайшы.

— Халық ақыны деп, құтыртып қойған жоқ па? Жәй жүріп, заман жәйін өздерінше толғап, көз байлана қалаға енді екеуі. Аттарын жолшыбай атқораға қалдырды. Бейсек ертең Москваға жүрмек. Пәтері жолда болатын. Құс етін жей отырып, тағы да әңгімелесуге Ырымбекті ерте келді. Күлімдеген қызметші қызы бар. Жер ауған орыс кулагының қызы. Сол қызға:

— Шайды самауырмен бер. Мыналарды қуырдақ жаса, — деді де Бейсек түйіле, тым сылбыр барып қисайды диванға, бір жері ауырған түрі бар. Ырымбек сезе қойды:

— Шаршап қалдың ба?

— Өзен басынан аттанғаннан бері жүрегім жайсыз. Қобалжи ма, айни ма, білмеймін.

— Өлі су ішкен жоқсын. Арақты да аз іштің... Колбаса, консервілердің бірдемесі болмаса.

— Асқазаным дұрыс тәрізді.

— Ендеше суық сумен жуынайық, тез сергітеді. Жуынса да Бейсек серги алмады. Алдында альбом, Ырымбекке ертеректе түскен суреттерін көрсетіп отыр. Қазақтың ескі оқымыстыларының, алаш басшыларының бірсыпырасы бар екен.

Қызметші қыз:

— Ас дайын, — деген кезде есік қақты біреу.

Қызыл жағалы, қарулы екі адам енді. Қолын ұсынғанда екеуі екі ордерді қоса ұсынды. Бозарып сылқ отыра кетті Ырымбек. Бейсек түнере, сілейіп тұр...

— Киініңіздер!

XX

Түн. Вокзал басы. Көпшілік. Ақырғы қоңырау қағылды. Мейрамның қолында бір шоқ гүл, ішке енбей вагон есігінің табалдырығында тұр. Щербаков, Қанабек, Жұманияз, Ермек, Жанабілдер қоштасып болып жерде тұр. Ардақ та келген. Қазақы әдептілігін сақтап, ел көзінше Мейрамға жақындай алмаса да, әкелген гүлін ебін тауып тапсырған.

— Электр станциясында жұмыс күндіз-түні тоқталмасын — деді Мейрам. Поезд қозғалды. Қолындағы гүлін жоғары көтере бұлғап барады. Ардақтың да қолында дамыл жоқ. Күліп тұрып, көзінен жас ытып кетті. Жанабіл келді қасына.

— Елжіреуін. Қомағайын. Тоярсың. Мешел балаша тапжылмай отырар әлі қасыңда.

— Тек жолы болғай-ақ.

— Ойламасты ойлайды екенсің.

— Кім біледі, шағым көп, үлкен кісілер нанып қала ма.

— Шағымшылардық алды мойны астына келе құлады. Арты не бітірер дейсің. Біз осы бетте электр станциясына барамыз, жалғыз қайта аламысың?

— Қой апарып таста. Неге барасыңдар түнде?

— Мейрам Алматыға жеткенше біз станцияны жүргізуіміз керек. Бюрода ол «станция бітті» деп айтатын болсын.

— Онда барыңдар, бар. Қорықпаймын, — деді Ардақ. Жалғыз кетті. Вокзал мен «Загородный» аталатын жұмысшы поселкасының арасы бір километрдей жер. Шамнан ұзап, қараңғы көшелерден өткенде елегзи-елегзи үйіне жетті. Әкесі екі-үш күннен бері бүк түсіп жатып қалған. Ауру-сауы белгісіз, үндемейтін. Қазір есік алдындағы тақтай орындықта отыр екен. Ардақ қуанып қалды.

— Тұрдыңыз ба, көке?

Жауап қайтпады Әлібектен. Өзімен-өзі болып, күбір-күбір сөйледі. Мойнын соза, баспалап әлденеге қарайды.

— Не тінтіп жүр!? — деп бұға қалады.

Қаладан шетірек, биік элеватордың басында күшті прожектор айнала жанып тұр. Жарығы бірнеше километрге кеткен. Жәй айналады. Сол жарық айналып келіп, дөң басындағы қараңғы поселкаға түскенде, бұға қалады Әлібек. Ардақ күліп жіберді.

— Көке, ол элеваторды қорғаған жарық болар.

— Бұрын жоқ еді ғой!?

— Орнатқан шығар. Күнде орнатып жатқан жоқ па?

Әлібек тиыштанғандай болып, үйге енді. Бірақ көзінен, демінен мазасыздық байқалады. Кішкентай, өткір, жылан көзі қанталап, шатынаған. Қараса өңменінен өтеді. Әлсін-әлсін күрсінеді. Пеште жанған көмір шытыр етсе де, ыстық плитаға тамған су шыж етсе де, еліре, сескене отыр. Ұшып тұрып, терезе пердесін қымтай жапты. Көңілі көншімей одеял құрды бер жағынан. Есіктің ілгегін салып келді. Әкесінің әдеттен тыс мінездерін Ардақ жаңа ғана байқады.

— Көке, немене бүгін, қымтанып, бекіне бересіз?

— Жәй, шырағым. Сақтық-тағы.

Шай жасалып, дастарқан басына келген кезде, күрсініп қойып сөз бастады әкесі:

— Балам, ештеме сездің бе?

— Жоқ, көке! Ол не?

— Түсі суық бір адам өңімде де, түсімде де соңымнан қалмай қойды.

— Кім өзі?! Не қыл дейді!?

— Қайдан білейін кім екенін. Сырттан торып жүр. Шахтаға түссем ере түседі. Қайтсам ере қайтады. Жақындамай ылғи ізімді бағады. Білмегенсіп, мен де оны біліп алдым. Қайтер екен деп екі күннен бері жатыр едім, сонда да үйдің маңынан кетер емес. Киімін, түрін өзгертіп, олай-бұлай өтe береді. Есіктен, терезеден баспалап тыңдап кетеді.

— Сонда неге ұстай алмайсыз? Ұры ғой.

— Атып жіберсе қайтем! Тоқта! Әне, келді... Жалғыз емес.

Ардақ ұшып тұрды орнынан. Буыны дір-дір етеді. Ақ шөлмектей жүзінде тіршілік белгісі — ойнақшыған қос қара көзі ғана. Сонда да есікті тырмысып басып тұр. Әлібек кроваттың астына сүңгіп кеткен.

— Бас! Жіберме! — деп күбірлеп жатыр. Бірнеше минуттар өтті. Ешбір дыбыс естілмейді. Тулаған жүректердің дүрсілі саябырлап келеді...

— Кетті білем, көке?

— Жоқ, тыңдап тұр.

Ардақ есікті баса-баса шаршады, жалықты. Қорқынышқа да бойы үйренсе керек. Есікті күрекпен, қайламен тіреп қойып, оқиғаны ежіктей бастады:

— Осынымыз жәй бірдеме емес пе?

— Құлағыңның мүкісі бар ма еді, балам. Бұл жолы екі кісі келді. Тықыры, сыбырлары естілді.

— Онда неге кірмей кетеді?

— Ақырын сөйле, әлі кеткен жоқ. Бекінгенімізді біліп тұр.

— Терезеден шығып...

— Атама, шығармайды.

Сабырлы, қажырлы әкесінің мұнша үрейленгенін көрген емес баласы. Түсінен, мінезінен адам шошырлық. Танауы қусырылып, көзінен от шашады. Ауық-ауық сандырақтағанда ойды әр саққа жүгіртетін сөздер шығады аузынан...

— ...Түсімде ұйықтап жатыр екемін... Шошып ояндым. Ояндым десем ұйықтап жатыппын. Осы қазір ояумын ба мен?

— Көке, не болды сізге! Ояусыз.

— ...Орлов... уклон... авариялар... білмеймін: Бірін білмеймін... деп бетін баса, өзінен-өзі күбірлеп сөйлеп отырды да ақырып қалды Әлібек. — Ырымбек көйтіп жатыр! Зымиян! Біліп отырсың-ау, бәрін. Екеуің жеттің түбіме! Екі бөліп, мынау отқа тықсам ба! Кәрі шеңгелмен қылғындыра қыссам ба! Айт шапшаң!

— Көке-ай, бүйтіп тірі қойғанша, өлтірсең өлтірші! — деді Ардақ. Еңіреп жіберді. Салалы жуан саусақтар бүйіше жорғалап омырауына келді. Ұзын, иір, қара дене қоян жұтатын жыланша зәр шашып, бүктетіле төнді. Сонда да қорыққан жоқ. Қорқынышты — ызалы қорлық жеңді. — Өлтір! Өшкен екен үмітім. Бір-ақ жұма рақат көрдім. Түсім бе деп сенбеуші едім өзім де. Жарық дүние бәрібір, маған енді қараңғы!..

Сырттан дыбыстар естілді. Әлібек төсегіне барып жата қалды. Ардақ көз жасын сүртіп, есік ашты. Майпа мен Шекер бәйбіше енді.

— Келші, қарғам, көрмегелі бірсыпыра уақыт өтті. Сағындым, — деп құшағын жая, Ардақты бетінен сүйіп амандасты Шекер. Атжақты, мұрынды, денелі әйел еді. Нұры онша таймаған, байыпты көзі күлімдеп, телміре қарайды Ардаққа. Өзімсінген көңілі әр сөзінен байқалып тұр: — Қабағың неге сынық, қарғам?

— Жәй, әншейін.

— Көкең неғып жатыр?

— Сырқаттау.

— Мейрамжан Алматыға жүреді деген соң келіп едім кетіп қалыпты, — деді Шекер. Асығыс екенін алдын-ала білдірсе де, асықпай кең отырып, белбеуін шешті. Қойнынан бутылка суырды. — Қолыма қарар деп Мейрам екеуініңе екі бутылка балқаймақ әкелдім. Біздің уайымсыз саса ма Мейрамның жүретінін ол кеше естісе де, маған бүгін айтты. Сонан соң бір атқа міне сала жортып кеттім. Осы түн ішінде қайтам. Жұмыс көп. Уайымсыз егісте, мен малдамын. Жас төл жас бала тәрізді ғой, оның үстіне қазна малы, көзден таса болса, ұйықтай алмаймын. Осы келгенде әлгі Маусымбай деген шалға тапсырып кеттім. О да біздің уайымсыздың сыңыры. Шалдардың әңгімесіне құмар едің, Ардақ жан, келіп қайтсаңшы. Екеуінің отырған жері базар. Өзен болмаса да, қара сулар бар. Биік тау болмаса да, жартас, бұйраттар бар. Жазы шыққан дала, төлдеген мал іші қандай қызық...

Қарағандыға елден келген бетінде Жайлаубай Әлібекпен аз күн ауылдас болған да, жұмыс жағдайымен бөлініп кеткен. Қазір «Көкпекті» совхозында істейді. Шекер совпадай келіп отыр. Өзіне ұнаған Ардақты Мейрамға қосуға құмар. Қоспай жатып-ақ сыртынан кемденіп, келініндей, не туған қызындай жақсы көреді. Ардақ бұл жолы онша үйіріле қоймады. Өңі сынық, тіпті жөнді сөйлескен де жоқ. Әкесінің әлегімен шай ішусіз қалған. Майпаға:

— Шайды ысытып жібер, мен қазір келем, — деді де шығып кетті. Есік алдындағы Шекердің күрең қасқасына міне сала жортып барады. Қала көрмеген жас сәурік жалт беріп, атып кетіп, оқтын-оқтын осқыра үріксе де, атқа үйренген ауыл қызының тақымы әлі мықты. Тізгінді ширақ ұстап, шылбырмен шықпыртып қояды сәурікті. Жарылған жерлерден, темір жолдардан секіре-секіре он сегізінші шахтаның жанындағы электр станциясына келді. Атын байлап, станцияның есігінен қарады. Адам көп, Қанабек, Жұманияз, Жанабіл, Гительмандар — бәрі осында. Жуан бөренелердің басын байлап екі мосы құрған. Екеуінің үстінде қабаттап салған екі арқалық. Арқалыққа екі тял асуы. Қос тялмен шаңырақтай шойын дөңгелекті жұмысшылар саумалап көтерерде слесарь Лапшиннің зор дауысы естіледі:

— Бір, екі, үш!..

Лапшин команда беріп тұр. Білек сыбанулы. Сарша жүзі күп-күрең, майдай тершіген. Жанабіл, Жұманияздар сырт киімдерін тастап, жұмысқа кірісіп кеткен. Екеуі жұмысшыларға қосыла екі тялдың шынжырын ұстап қатып қалыпты. Анда-санда:

— Көтер, комсомолдар! — деп қояды Жанабіл. Кілең жастардан құрылған бригада. Газогенератордың ауырлығы екі-үш тонна, махабигін білікке кигізгелі жатыр. Командаға ере тегіс күш қосып, ептеп көтереді. Түсіп кетсе, адам түгіл цемент полды талқан етеді. Күш қосылмаса, біз бақпай тұрып алады. Осы дәу дөңгелек бірер күнде көз үлестірмей зырламақ. Оны қозғайтын машина жерге белуарынан бата жатқан. Тұрқы төрден есікке жетеді. Бүктесе жатқан бел сияқты. Бір басында динамо. Динамодан білектей-білектей резенке түтіктер тараған. Электр қуаты бұл түтіктерді бойлай сұрыптау аппартатына түседі де, қабырғадағы мрамор тақтада түйіседі. Тақтаның беті шыпырлаған кнопка. Электршілер кнопка арқылы токты қалаға тарату қамында жүр...

Ардақ бұрын көрмеген алып машинаны тамашалап біраз тұрды. «Жолдастар! Станцияның мына күйге ұшырауы үлкен қылмыс» деп қара маймен ақ стенаға жазылған ірі жазуға көзі түсті. Мейрамның қолы сияқты. Орап келтіретін әдемі «қ» қарпі айнымайды...

Қателескен жоқ Ардақ. Мейрам қыстыкүні боранда Әшірбек екеуі келгенде жазып кеткен. Сол күйінде, ұран есебінде тұрып қалыпты. Слесарь Лапшиннің мехцехтан уақытша бұнда ауысуы, фабзавуч жастарынан ерекше бригада құрылуы, түн ішінде басшы қызметшілердің осында болуы — қалалық партия комитетінің қаулысын орындау қамы еді. Мейрамның бүгін кетіп бара жатып қадағалауынан-ақ Ардақ бәріне түсінген. Қазір үлкен, қызу жұмыс үстінде, жат адамдардың көзінше «аттан» сала келуге ұялып та, шыдауға сабыры жетпей де тұр еді. Жанабіл бір оқшауырақ шыққанда сыбырлап, ымдап шақырды. Жүгіріп келді Жанабіл.

— Немене, жай ма?

— Жай емес. Көкем науқас.

— Майпаны неге шақырмадың?

— Майпа түгіл өзің қорқасың.

— Не дейді? Жай науқас па?

— Білмеймін. Денем түршікті, жүрші.

Күрең қасқаға мінгесіп, екеуі қайта жорытты. Жанабіл артта маза бермей ежіктеп келеді...

— Шалықтан аман ба, әйтеуір?

— Жай шалық болса не қылсын. Сандырақтарының түрі жаман.

— Не айтады?

— Ырымбек, тағы бір суық сөздер аузынан түспейді, Жауының бірі мен сияқты.

— Онда бұныкі саяси науқас болмаса игі еді, — деді Жанабіл. — Күржік марқұмды конфискелегенімізде о да еліріп, жынданған. Осы кісі тәрізді бәрін ішіне жиятын. Ойлай-ойлай миы ашып кетсе керек.

— Қайдан білейін. Мейрамға ескерткен едім.

— Жылама, босама. Бес жасымнан әкесіз мен де өлгем жоқ.

— Ақ өлім болса, арман не!

— Қара өлім алса, сен қанша айыпты. «Әке үшін бала күймейді».

— Күймесе де жұрт бетіне қарай алмас.

— Қате, жолдас, қате! Жұрт сені әкеңнен әлдеқашан бөліп тастаған. Өз қолың өз аузыңа жетті. Жеткізген әке емес. Совет мектебі, совет тәрбиесі. Ұмытпа.

— Жаным, Жанабіл, шын айтшы, жұрт солай қарай ма?

— Жұрт басқаша қараса, Жанабіл осылай аяғын салақтатып, сенің артыңа мінгесе ме.

— Уайымшыл болғанша, өжет неге болмадым! Сен өжеттігіңмен бәрін жеңіп келесің.

— Көпшіктеме, жайдақ мініп үйренгем. Боркемік қыз сендей болса, өжет қыздан «құдай» сақтасын.

Ардақты есік алдында қалдырып, Жанабіл аттан түспестен дәрігерге шапты. Ардақ үйге енгенде Әлібектің екі қолы артына байлаулы құтырған қасқырша аласұрып отырған. Жұмабай тағы бір-екі жұмысшы келіп қалыпты. Бірінде үн жоқ. Әлібек бәрін балағаттап болдырған. Ардақты көре сала қайта елірді:

— Келдің бе! Хабарладың ба! Ішіңдер жабылып қанымды! Қан басқан дүниеден қанға тоймай кетермін! Одер, Лауара, Дунай, Днепр, Волга тасып жатыр. Қан тасып жатыр... Балтық, Атлантика, Тынық мұхит толқып жатыр, қан толқып жатыр. Тым құрығанда сенің ғана бір қасық қаның бұйырмады. Жеттің түбіме. Енді менде дәрмен жоқ. Шеш қолымды. Тілім аузыма сыймай барады. Ақырғы минутте өз қолыммен қара суды сіміре бір жұтайын!..

Ардақ әкесінің алдына үлкен кесемен су әкеп қойды. Көз жасы тамып кетті кесеге. Кесенің қасына пышақ қойды. Енді қолын шеше бастағанда шу етті бәрі. Ешқайсысын тыңдаған жоқ, қолын босатты да:

— Сүйгеніңізді ішіңіз, — деп сұлық тұрды алдында.

Әлібек суды бас салды. Ішіп алып мең-зең болып отыр.

Шаршады ма, есі енді ме, кім білсін, басын ұстап, төмен қарап кетті бір кезде. Отырғандар жым-жырт. Бақжия қарап қапты оған.

Үш дәрігерді бірден ертіп Жанабіл енді. Әлібек:

— Мен дайын. Жағаларыңның қызылын жасырма.

— Біз дәрігерміз. Қызыл жаға болмайды бізде.

— Ә, дәрігерміз? Аурумын ба, мен!? — деп Әлібек босаға аттады. Ардақ сілейіп тұрып, сылқ құлап кетті кроватына...

ҮШІНШІ БӨЛІМ

I

Айлар, жылдар өтті. Шахталар мүлде өзгерді. Шахта өзгерісі бүкіл Қарағандыны өзгертті. «Техника бәрін шешеді» демейді қазір, «Кадр бәрін шешеді» дейді. Техника жасалды, енді соны еркін меңгеру жарысы кетіп барады. Жаңа техникадан туған стахановтық қозғалыс шеттегі кішкентай шурфтарға, дала кезген бұрғышы партияларға дейін жайылды. Бадия, атбарабан, бу, қайла бір кезде Қарағандыны қозғаушы зор күш болса, бұл кезде кертартушы күш есебінде қатардан шығуға айналды. Электр түсті алға. Көміршілердің қолында — врубмашина, электровоз, электрлі балға, конвейерлер ойнайды. Кулак мирасқоры Бейсек, Ырымбектер түгіл, олардың көсемсіген Бухарин, Троцкийлерінен де совет топырағы тазарған. Жаңа техникаға мінген жаңа қауымның салтанатына, шапшаң, алғыр қимылына жер жүзі таңырқай қараған шақ. Алайда, осы қауымның ішінде қиындықтар, тартыстар біткен жоқ-ты. Қиындықтар — жаңа техниканы жете пайдалану жолында, тартыстар — табыстан-табысқа жету жолында еді.

Бұрынғы қолбұранды жалғыз ғана шахтаның орнына енді машиналанған жетпіс-сексен шахта бар. «Жаңа Қарағанды», «Көмірлі Қарағанды» деп, қала екіге бөлінді. Жаңасына облыс орталығы орнады. Қаранұра, Шерубайнұрасы атанатын екі өзеннің арасы жетпіс-сексен километр. Ерте күнде Алтай-қарпық рулары мекен еткен осы екі өзеннің арасы шахты, шурфтармен түйісуге жақындады. Халық көбейген соң — су, машина көбейген соң — электр бірінші мәселе боп қайтадан тұрды алға.

Осы күндердің бірінде, жаңа қалада, үш қабат сұр үйдің екінші қабатындағы кең кабинетте Мейрам жалғыз жүр. Мақпал қара қою шашына некен-саяқ ақ енген. Қатыңқы денесі біраз етейіп, тұлғасы енді шымыр, кесек көрінеді. Жасы әлі отыздың ішінен шықпаса да, ой басып, ауыр жүр. Биязы ақ кенеп кителінің қыры сынбаған. Екі колы артында, қора жақтағы терезеге келіп, фонтанға қарады. Фонтан маңы еккен ағаш, гүл, электр фонарьлары... Алақандай аумақ суға, шамға, есімдіктерге бөленген соң жан саясы болып тұр...

— Әр корпусқа осы керек! — деді Мейрам ішінен. — Су, электр байлығы болмай, қалада нағыз мәдениет байлығы болмайды.

Антонина Федоровна енді. Асығыс енсе де кербез жүрісінен жаңылған жоқ, сұңғақ, балғын денесі қозғалған сайын еден солқылдайды. Бурыл тартқан самай шашын бүгін жоғары қайырып түйген. Сәл қызған, таза, толық ақшыл жүзін сол шаштың орны ағарып ажарландыра түсіпті. Беті қазір — сырты қызыл, ақ бауыр алма сияқты. Қайратты, іскер әйел баласын жүргізетіндей, Мейрамның жол жабдықтарын қамдап жүр. Мейрам терезеге қарап қалған күйінде түр еді, папка әкеліп ұсынды.

— Каргрэс материалдары. Машина дайын. Қашан қайтасыз?

— Кешірек қайтармын.

— Мен қай сағатқа келейін?

— Бүгін келмей-ақ қойыңыз, демалыңыз. Түнгі он екіге Әшірбек келсін. Мені шықты деп Қанабекті хабарлаңызшы.

Соны айтты да Мейрам бөгелмей шығып кетті. Тыста домалақ мұрын бала жігіт М-каның есігін аша қарсы алды. Қалалық советтің алдына келгенде Қанабек мінді машинаға. Жалпақ жонды жоталай жатқан күрең жолдардың біріне түсіп алып, көмірлі Қарағандыға тартты. Екі қаланың арасы он екі километр. Тарам-тарам, шиыр құмайт жолдарды ерсілі-қарсылы ағылған жүк машиналары ойып тастаған окоп. М-ка еркін жүре алмай келеді. Мейрам әзі ұстады рульді. Мүлт кетсе ұстай алуға дайын отырған шофер, бастығы сасып қалғанда күліп қояды.

— Қалада қазір жүздеген машина бар, — деді Мейрам. — Жүздеген шофер басшыларын жетелеумен жүр. Жүздеген үй қызметшілері бар, олар хозяйкаларын бағумен жүр. Өз үйін баға алмаған хозяйка, өз машинасын жүргізе алмаған басшы, «мүгедек» емес пе? Сол «мүгедекті» бағушылар өндіруші болса, өндіріс бұдан да алға кетер еді.

— Шырақ, сен коммунизмге тура тарттың ба, қалай, — деп күлді Қанабек.

— Коммунизм бір күнде орнай ма! Бөгеттерді біртіндеп жеңе отырып жетеміз де. Руль ұстауды коммунизмге қалдыру — «мүгедектіктен» жалқаулыққа жақын тұр.

Көмірлі Қарағандыға енді. Мейрам рульді шоферға берді. Жолдың окопы жиілеп, тереңдеп кетті. Жарықтан жүрген арбадай, машина күрс-күрс соғады.

— Қалалық совет бұны да коммунизмге қаратып қойды ма екен?

— Шымшыма, шырақ, шымшыма! Бәрін көмірге, құрылысқа саласың да, біреу сүрініп кетсе де қалалық советке жабасың. Сендерге елігіп алып кемпірім өлтіретін болды. Күл жәшіктің топсасы шығып кеткен екен, соны жасата қоймадың деп нықыртты бүгін! О, сұбықан алла, топсаға дейін мен жауапты!

Қанабектің сөзіне Мейрамның шек-сілесі қатты. Бұрынғы тегіс беткейлер ой түсіп көл тұрған. Қайсыбір көлдердің, ішінде үй тұр, адамдары көшіп кеткен. Жер астында машина көбейген соң тегіс жерлер ойылып, сусыз жерлерге су пайда болыпты. Құлаған, құлатпай тіреп қойған барактар көрінеді. Көмірлі Қарағанды бір жағынан қауырт жасалып жатса, екінші жағынан біртіндеп, ескілері жойылып та жатыр. Мейрам әр өзгерісті бұлжытпай танып келеді. Темір жолдардан өтіп, қаланың солтүстік шетіне шыққанда, көмір байыту фабригінен ұшқан тозаң машинаның ішіне ене бастады. Қара күлге шеннен батқан машинаның бұрқыратқаны аздай-ақ, жел тұрып, қара борандатқанда, шофер алдын көрмей тұра қалды...

Қаладан ұзаңқырап, «Керала ат» беткейіне көтерілгенде Мейрам машинадан түсті. Үстін қағып сөйлеп тұр:

— Бұдан былай жұмысшы поселкелерін, социалистік городоктерді өндірістен аулағырақ салармыз. Тәжірибе, соны айтады. Электр, су байлығы бұл мақсатқа тез жеткізеді. Мыналардың тұлғасы бөлек емес пе! — деп иегімен нұсқап қойды...

Бел асқан телеграф бағаналарымен жарыстыра, біраз жұмысшылар темір бағана орнатып барады. Орнатулары өзгеше. Төрт темір бағананы мосыша құрып бастарын түйістіреді де, түптерін цементтеп бекітеді. Борбайы бөренедей дәу темір «мосыға» Мейрам сүйсінсе де, Қанабек таңырқамады. Шалбарына дейін шешіп, сілкініп алған соң, желге қарсы семізше қарның көнтектеу ернін шошайта тәштиіп тұр. Сарғылт, шұбар, көсе, тәпелтек адам еді. Тұлғасы қандай қызық болса, сөзі де сондай қызық.

— «Ысқырығы жер жарады, айдағаны екі-ақ ешкі». Осынша шегендегенде артылатыны бір арқан, — деді столбаларға қарап тұрып.

— Сол бір арқан Қарағандының күретамыры. Басқа не артпақ едіңіз?

— Егер мен инженер болсам, Каргрэспен екі араға жүк таситын әуе поезын қоса жасар едім. Мына мосылар жер-поезын де көтереді.

Мейрам ойланып қалды. Былтыр Донбасқа барғанда вагонеткалар электрлы арқанды бойлап аспанда жүргенін көрген, енді Каргрэс пен Қарағандының арасында, сондай аспанда адамсыз, құмырсқа жолы сияқты ерсілі-қарсылы ағылған вагонеткалар қозғалысы елестеп кетті...

— Ал, ол желмен не тасымақпыз?

— Бәрін тасимыз. Судың, токтың кені, көмірі іргесінде. Көрерсің Каргрэстың маңына әлі талай завод opнайды.

— Бұл болжауыңыз дұрыс, — деді де Мейрам кабинкеге отырды. — Сол кезде әуе жолын да ескерерміз.

Самал жел. Тас қайрақ жол. МК сынапша ағып келеді. Каргрэс пен Қарағандының арасы отыз бес километр. Бурый жол үстінде жалғыз үй Мұздыбай ғана отыратын. Қазір колхоз, подхоз бөлімшелері шашырап кеткен. Қай шаруашылық кімдікі екенін біліп болмайды. Бұйрат, салалардың сауы жоқ: жыртылған, қазылған, жеке қоралар орнап қалған. Мал, трактор, машина өрбіп жүр.

Мейрамның Мұздыбайға соға кеткісі келді. Маңайы көкпеңбек жалғыз қораның жанында күйбеңдеген ақ бас Мұздыбай бұларға күнсала қарады. Көзін қызартып, белін бүкірейтіп, кәрілік желкесіне мықтап мініпті. Сонда да картоп арасында қылтанақтаған арамшөпті жұлып жүр екен, бір уысы қолында тұр.

— Бұл, қай балалар? Мейрамбысың! — деп үңіле түсті.

— Иә, Мұздеке, Мейраммын. Қалайсыз, ден сау ма?

— Қасқыр қойға шапқанда, кәрілік денсаулыққа шаппай ма! Алып соға алмаса да әр жерімнен жұлып-тартып, маза бермейді.

— Сексеннің нешеуіндесіз?

— Үшеуінде тұрмын. Үйге кіріңдер. Қолға түспей жүрген бала едің, кең сөйлесейік.

— Далаға отырсақ қайтеді?

— О да болсын. Дала адамы қалаға, қала адамы далаға әуес. Әй, қайдасыңдар! Киіз, көрпе әкеліп сал. Тез, самауыр қойыңдар....

Мұздыбай басқаға сөз берген жоқ. Бұйырып та, баяндап та жатыр. Ерте күннен орыс поселкелерінің арасында өскен. Орыс тіліне судай. Төмендеу атаның баласы еді. Жуан аталардан зорлық көре берген соң, қазақтардан бөлек кеткен. Бірақ, үлкен жолдың үстінде бекет сияқты болып отырды. Орыс, қазақ жолаушылары бір соқпай кете алмайды. Көлігі шепке, өзі етке тоймаған қазақтар былай шыға, «орыс Мұздыбай, шоқынды Мұздыбай» деп кететін. Жүргіншінің бәрін риза қылуға Мұздыбайда шама жоқ. Кейде көңілі сүймегендерін қондырмай, қондырса ақы алып жүрді. Қазір колхоз мүшесі. Әлі де орыс ішінде. Біресе орысша, біресе қазақша сөйлеп, өткенді, бүгінді біраз шолып алды да:

— Мынау қай бала? — деп Қанабекке жаңа көңіл бөлді. Ұзын мойнын соза, шұқшия қарап қалған. Сахнадағы артисше құбылғыш әдетін қоймапты. Көзімен ішіп-жеп барады.

— Өзіңізді өкшелеп жүрген бала, — деді Мейрам. — Аты — Қанабек. Қарағанды қаласының бастығы.

— Өзіңдей көп оқыған ба?

— Көп оқыған. Тройцкіде Зейнолла қазіреттен де сабақ алыпты.

— А-а-а, — деп басын шұлғыды да жым бола қалды Мұздыбай. Үндеместен орнынан тұрды, үйіне барып енді. Мейрам күлкі қысып, жымыңдап отыр. Қолында дәу құран, Мұздыбай бір кезде қайта шықты.

— Құрттың-ау, бала! — деді Қанабек. Мұздыбай келе құранды ұсынды.

— Зейнолла қазіреттің махамына салшы. Мен оқымаған адам, оқығандардан бірдеме алып қалу керек.

— Мұздыеке-ау, бала күнгі есте қала ма. Әлдеқашан ұмыт болған.

— Бала күнгі қалмаса, шал күнгі тіпті қалмайды. Алдыңа келген адамдардың арызын ұмыта берсең не болғаны? Секретарьдың алдында жауап бер. Біз колхозда дармоедтерді осылай тергейміз...

Мұздекең тұяқ жазар емес. Мейрам сілесі қатып, күліп жатыр. Қанабек қалай сөйлесерін білмей отырып, құранды алды қолына. Әйтеуір бір шамаға соғар деп сыпырта жөнелді. Әртүрлі мақам-сазға да салып қояды. Мұздекең ентелей түсіп ұйып қалыпты.

— Болды, болды! — деп Мұздыбай құранды қайтып алды. — Молодец! Аяқ алысыңнан-ақ таныдым. Мен құран оқи алмаймын. Қазақша өлең де білмеймін. Ауыл кәдесін орыс өлеңімен айтып берейін...

«Кари глазкиді» айтқанда, өндіршегі үңірейген арық шалдың бұғағы ісіп, мойны жуандап сала берді. Тынысы тіпті ұзақ. Зор дауысы шатынайын деген, бірақ сыңғыры әлі бар. Шырқап биікке, бәсеңдеп төменге кетеді. Алуан ырғақ сұлу әннің бір жеріне дақ салмастан, балқып беріліп отырып айтты...

— Есіл дауыс іште кетті-ау, — деді Мейрам.

— Иә, іште кетті. Ол кезде басқа түгіл өзім де бағаламадым. Жақсы келдің, Мейрамжан, бір жасадым. Әкең марқұмның еті тірі жігіт еді. Кәсіп іздеп олай-бұлай еткенде соқпай кетпейтін. «Әкең өлсе өлсін, әкеңді көрген өлмесін». Біздей шалдың тірі отырғаны да сенің бағың. Сұрап, біліп қал.

— Талай жасқа келдіңіз, талайды көрдіңіз. Енді не көргіңіз келеді?

— Соның бәрі бір күндей болған жоқ. Таусылмас үмітті тауысатын бір ғана нәрсе бар екен. Балам өлді, белім сынғандай шойырылып жаттым. Бірақ, баладан үміт кесілмеді. Әйелім өлді. Үйдің иесіз қалғаны — дүние иесіз қалғандай көрінді. Бірақ, әйелден үміт кесілмеді. Жан мұрын ұшына келе үш рет ауырдым. Тіршіліктен үміт кесілмеді. Қабырғамды қайыстыра қайғы шіркін басқанда, үміт ылғи демей берді. Сол мойымас үмітті кәрілік құртты. «Жасарам» деп селт етпейді көңіл. Тереңге шым батып барам. Қайта шығар дәрмен бар ма! Дәрменсізден жаман бар ма!

Мейрам блокнотын алып жазып қойды:

«Тағдыр менің қолымда болса — осындай жақсы шалдарды жиырма беске қайта келтіріп, жиырма бестегі кейбір берекесіз жігіттерді сексен беске бір-ақ көтерер едім».

Қонақтар қазан асуға қараған жоқ. Тез қайнаған шайды тез ішті де жүріп жетті. Каргрэстің биік трубасы көрінеді. Әлі түтінсіз. Өзен жағасында қыратта, Самарқан поселкесінен шоқтығы жоғары тұратын қызыл төбелі төрт-бес ағаш үй, патшалы Ресейдің, бір мақтаны еді. Бес-алты болыс елдің ортасындағы жалғыз аурухана болатын. Қазір Каргрэстің табанында қалыпты. Каргрэспен тайталаса, қабат-қабат жилкомбинаттар биіктеп барады. Өзеннің арғы жиегіндегі, «Қожыр», «Мырза — шоқы», «Жауыр» дал-дал. Күрс-күрс атып, тас бұзған адамдар жүр...

Мейрам атрапқа тегіс көз жіберіп, болып жатқан өзгерістерді іштей толғана поселкеге енгенде:

— Мынау бір ұқыпты жігіт екен, а? — деп Қанабекке бұрыла қарады. Жаңа құрылыстармен қобыраған поселкенің ішінде үлкен алаң. Алаңға ағаш егіп тастапты. Жапырақтаған жас ағаш болашақ әсем бақшаны елестетіп тұр.

— Иә, — деді Қанабек. — Бұнда біздің поселкелік советтің де көмегі аз емес шығар...

— Сіздің басқа жердегі советтер ол көмегін неге аяйды?

— Істелмесе жазғырады. Істелсе — абыройын біреу алады. Ал, қойдық. Ыбраш бәрін істеген!

Мейрам мырс етті. Қанабекті қағытып, қалжыңдап отыратын әдеті. Оның кейде үлкен басымен балаша бұртия қалатын немесе үшкір тілмен түйреп тастайтын мінездерін қызық көреді. Тағы бір түртті:

— Өзара сынды сүйем дейтініңіз қайда?

— Өзің біреуді сынасаң рақат-тағы. Біреу сені іреп жатса шыдарсың!

Қанабекті машинамен поселкелік советтің алдына қалдырып, Мейрам жалғыз жаяу кетті. Каргрэс Қарағандының бір бөлімшесі болғанмен көмір комбинатына — Щербаковқа бағына қоймайды. Қарағандыға тек партия, совет жағынан бағынады. Сондықтан Мейрам мен Қанабек келіп отыр. Екеуі жаңа құрылыспен екі жақтап таныспақ. Жұмыстың үлкені, қызуы — ойда, Нұра өзенінің арнасында.

Мейрам папкасын қолтықтап, өзенді жағалай елеусіз келіп тұрды. Арнада ойсаң қимылдар болып жатыр. Адамның, машинаның алуан түрі бар. Экскаватор, трактор, таптаушы, жүк машиналармен қоса күрек, шот, қайлалар да шолтаңдайды. Ақ сақал, қара сақал, жылмақ ауыз жігіттермен қоса, әйелдер де көрінеді. Өзен суын уақытша бөгеп, арнасынан шығарған да, қолдан жасаған арнамен айналдырып әкеп, ескі арнаға қайта құйған. Жұмыс алаңы құрғақ. Арна табанын кең, терең орлап, цементтеп бітеп тастапты. Енді биіктетіп, байлап барады. Бар машина жабылып, терең арнаның көзін топырақпен тығыздап жүр. Насыптың енінен төрт машина бірден еткенде қысылмай өтеді. Бұлардан сәл бүйрегірек, кілең цемент, темірмен айналысқан біраз жұмысшы бар. Қатарынан бес темір қақпа жасап жатыр. Арғы жағада, қолында үлкен табақ қағаз, қираған жартасты орындық қылып, бір жігіт жеке отыр. Мейрам жұмысты аралай отырып, жақындағанда жігіт қарсы жүрді...

— А, Мейрам Омарович, жақсы келдіңіз.

— Саумысың, Ыбраш. Менің әйелім «Жақаевичті» үйреткен жоқ әлі.

— Үйретпесе де, орыста бұл құрмет белгісі екенін білесің.

— Қазақта, әкенің, үлкеннің атын атау құрметсіздік екенін де білемін.

Ыбраш әзілге шорқақтау болатын, бөгеліп қалды. Жасынан орысша оқыған, әйелі орыс, бірбет, қазақ дәстүріне тікбақайлау жігіт. Каргрэсті басқаруға Алматыдан келді. Совет мектебінен шыққан инженер. Мейраммен бұл екінші кездесу. Бірі папкасың бірі қолындағы жоспарын жайып салып, жартас үстінде кең сөйлесті. Сөздерінен осы жартастай жоғары, осы алаптай кең ойлар байқалады...

— Каргрэс Қарағандыға ток байлығын жасап қана тынбайды, — дейді Ыбраш. — Кемі, екі жүз елу миллион кубометр су қорын жасамақ. Ол, тілдей Нұраға қайдан сыйсын. Жетпіс бес шаршы километр аумағы болады. Су кейін теуіп, он бес-жиырма километрге, аудан орталығы Токаревканың түбіне дейін кетеді. Сондықтан «Жіңішке жол» колхозын, бұрынғы Бек, Оразбек ауылдарының қалдығын көшіріп, орындарын өртеуге, дәрілеуге кірістік. Маңайым толған колхоз, подхоз. Бәрі ток, су дәметеді. Әзірге тым болмағанда, үш-төрт мың гектар егістерін суарып берсек.

— Қарағанды тоймай, суға мырзалықты қоя тұрсақ, — деп еді Мейрам, Ыбраш өз пікірін қуаттай түсті:

— Қарағандыға бассейннен бір тамшы су берілмейді. Нұраның астыңғы көзіне жеттік. Әне, екі жерден күшті насос орнатылды. Сол насостар енді жер астындағы бассейнді тартады. Қарағандының ішуіне ол су жетіп бағады... Жер үстіндегі бассейн станцияның өз қазнасы. Колхоз, подхоздарға станция пайдаланған суды ғана береміз. Пайдаланылған буды да босқа жібермей, жилкомбинаттардың батареяларын жылыту керек. Бұдан, жүздеген тонна көмір жанға қалады...

Каргрэстің келешегін, бұл күндерде оның алдына қойылмаған міндеттерді қамти сөйлеп отыр Ыбраш. Алысты ораған өз ойын батыл айтады. Басқалар не дер, ұнай ма, ұнамай ма деген қауіп, жасқану жоқ. Станция қожасы бір өзі сияқты. Шешек шыққан шұбар жүзі, қара көзі тым уытты. Ойын қорғап, салғыласуға тайынар емес. Сөзінің көбі кеңесуден гөрі «осылай болады, осылай істеймінге» тірелсе де, Мейрамның қытығына тимеді. Үнсіз ұзақ тыңдап отырып, жайраң қайырды жауапты:

— Алты ай жаз жібергенде жаңбырлығын жаппайтын жылан қабырға жылқылар болады екен. Бар мүмкіндікті пайдалана білмей, бәрін жоққа жабатын жылауық басшылар да бар. Біздің кейбір шаруашылық қызметшілердің басты кемшілігі — өз ісінің қожасы екенін әлі сезіне алмай келді. Баяғы жалшылық мінездерден арылмаған. Кейде көз алдағыш, кейде жасқаншақ, кейде тіпті дәретхана жасауға да директив күтеді. Көңіл патшасы — социалистік сана болу керек. Мен инженер емеспін. Пікірің бірақ ұнады. Әнеугі әңгімеде «Арқаның мол желін пайдаланар ма еді» деген едің. Қандай әдемі қиял! Жазып берші бәрін. Зерттейік. Мүмкін бюрода қарармыз.

— Құп! — деді Ыбраш. Екеуі жартастан түсіп келе жатты. — Мына темір қақпалар — шлюз. Қардың, жаңбырдың суы қосылған кезде бассейн плотинаны бұзуы, не қалаға жайылуы мүмкін. Сонда қақпаларды ашып, арнасына түсіреміз.

— Не жетпейді? Қандай көмек керек?

— Бәрі жеткілікті.

— Бұл сөзді бірінші рет естуім.

— Бұған қарап мүлтіксіз екен деп қалма. Ешбір жұмыс жоспар бойынша бола қалмайды. Болдырамыз бірақ.

— Қашан бересіздер эксплуатацияға?

— Белгіленген мерзімде.

— «Бесжылдықты» төрт жылда орындап келеді ғой жұрт.

Ыбраш жымиып күлді де, Мейрамға қарап басын шайқады.

— Шұқылай-шұқылай еріксіз айтқыздық-ау. Сроктен үш ай бұрын берелік деген ішкі сертіміз бар.

— Төрт ай бұрын берілсе тым жақсы.

— Тырбанып көрерміз. Әзірге үш айды берік ұста.

Өзен қабағында еңбек өнімін көрсететін үлкен тақта.

Тақтадан жоғары, керілген ұзын қызыл матада «Социалистік жарыс өрши берсін!» деген ірі ақ жазу тұр. Мейрам тақтадан екі адамның үздік еңбегін көрді. Бірі төрт, бірі бес есе орындаған.

— Бұл екеуі қайсы?

— Әне, бірі.

Сыпырғышының ені метрден артық, ауыр топырақты көбік қарша ысырады, көптің ішінде нардай боп, мосқал кісі насыпь жайып жүр. Мейрам тани кетті. Қасына келіп:

— Іске сәт, Жетеке! Сіз темір жолда істейтін едіңіз ғой? — дегенде, ол түйеше маңқия қарады. Әлден уақытта тіл қатты:

— Ұмытып қалыппын?

— Ана жылы боранда, далада кездескеміз... Менің атым — Мейрам. Сіздің атыңыз Жетпісбай емес пе? «Әкемнің жетпіс жасында тудым» дегенсіз. Жиырма бес жасында тусаңыз не болар еді!

— А, Мейрамбысың, шырақ. Сыртыңнан қанықпын. Әкейдей болу қайда!.. Құдыққа түскен жылқьшы жалғыз суырып тастайтын. Екі-үш жүз жылқыға қауға тартқанда, маңдайы тершімейтін.

— Өзіңізді де онша қомсынбаңыз.

— Мынаның уыстап бергенін азар таусамыз. Немене! — деп Жетпісбай экскаваторға нұсқады. Төрт норма орындалса да азсынып тұр.

— Машинамен бәсекесіз бе? Оның бір уысы бір тонна.

— Дегенмен күш қайтса керек. Анау жігіт асып кетті, менен.

Бес норма орындаған жігітті Жетпісбайдан да зор шығар деп еді Мейрам, тіпті шағын екен. Бірақ, құрыш кесек. Нұра табанын қазғанда алдына жан салмапты. Қазір о да өзеннің арғы жиегінен бері қарай насыпь жайып келеді...

— Бұл екеуі олай-бұлай машинадан кем істемейді, — деді Ыбраш, — Сыртқы елдер мұндай күшті «Мажино», «Зигфрид», «Маннергейм» бекіністеріне жұмсап жатыр. Біздің бекінісіміз осы.

— Олар бекініп қана жатқан жоқ, бейбіт дүниені бүлдіргелі жатыр. Испания, Абиссиния, Хасан көлі оқиғалары болашақ үлкен соғыстың ұшқыны ғана. Гитлер билеген Германия үп етсе, лап бергелі тұр. Сондықтан, сіздерге бұл бекіністі тезірек бітіру керек.

— Сол Гитлер деген неме қайдан шыққан өзі! — деп Жетпісбай тыжырынып қойды. — Соқтықса соқтығып тынсыншы. Бәріміздің де шешеміз босанғанда май ішкен шығар!

Аңқау, алқам-салқам Жетпісбай шетел хабарына құлақ түре жүріпті. Жұмысын ғана емес, дұшпанын да білген. Мейрам оның рекордынан гөрі осынысына қаттырақ сүйсінді. Жұмысшылармен әңгімелесіп, былай шыққан соң сүйсінгенін білдіріп келеді:

— Жетпісбайлардың қара күшінен сана күші басым. Сана бір тау — самолет басынан аса алмайды, зеңбірек бұза алмайды...

Екеуінің ендігі әңгімесі халықаралық жағдай еді. Қанабек те келіп жетті. Қасында Гительман. Машинадан түспей жатып кірісті сөзге:

— Гительманнан оңдыны көргем жоқ. Каргрэсті лезде қалаға айналдырып барады...

— Мейрам Омарович сонда да ұрсады, — деп күле келді Гительман. Бір кезде оның омырауындағы «Қазақстан орталық атқару комитетінің мүшесі» деген значок Мейрамның омырауына «Депутат КазССР» боп тағылған. Үлкен Қарағанды құрылысын басқаратын Гительман кіші Каргрэске ауысқан. Қазір асқақ мінездерінің бірі жоқ. Тіпті кішіпейіл. Сөзге бай болса да, сараң сөйлеп «ісімді көрдің ғой, айта түс» дегендей Қанабекке қарай береді. Ыбраш Қанабекке қосыла мақтады. Мейрам бұл жолы жылы жүз көрсетті:

— Қолыңыз аузыңызға тым бейім тұратын. Істен сөзіңіз көбірек болатын, сонсоң ұрсатынбыз. Енді күле сөйлесеміз.

— Мейрам Омарович, оның бәрін тастадым. Таң қараңғысынан тұрып, түн қараңғысында қайтамын. Әйтпесе аз уақытта алты жилкомбинат біте ме?

— Алтау анық бітті ме?

— Жетіншіні дендеп қалдық!..

— Пәтеріңіз неше бөлме?

Гительман сақ-сақ күлді. Қарағанды жаңа қоныс болып жатқан кезде алдымен өзіне алты бөлмелі үй салдырғаны, Мейрам оның төрт бөлмесін екі инженерге еріксіз әпергені есіне түсіп тұр.

— Көріңіз, шай ішіп кетіңіз. Бір-ақ бөлмеде отырмын. Оның өзі колхоздікі.

— Рақмет. Пәтердің тым тары да жақсы емес. Бұны да ескеріңіз.

Төртеуі әңгімелесе жүріп, станцияның машина бөлімдерін, жер астынан су тартатын жаңа насосты, жаңа бақшаны аралады. Моншаны да көріп шықты. Содан кейін столовойдан тамақтанып жүріп кетті Мейрам. Көңілі көтеріңкі. Тура қайтпай Нұраны бойлап келеді. «Қожыр» тауын кесіп өтіп, «Жалғызтөбеге» қарай шыққанда:

— Қанеке! — деді дауыстап. Қанабек қалғып кеткен.

— Ah! — деп ашып алды көзін. Бағанадан ауыз жаппап еді, шаршаса керек. Есінеп берекесі кетіп келеді.

— Ыбраштың картасымен таныстым. Мына «Қожырды» үш жағынан су қоршап, бір беті ғана ашық қалады. Анау «Жалғызтөбе» судың ортасында төбесі қылтиып тұрады. Керемет емес пе!

— Бұл теңізді биыл көре аламыз ба?

— Әбден.

— Қар суы кетіп қалды ғой?

— Нұра суының өзі жетеді.

— Нұраны жібермей қойса, төменгі ел не күн көреді?

— Көп болса бір ай, екі ай жібермес. Қор жасап алған соң бұрынғы қалпына барады.

Алдарынан түтін, ескі қоралар көрінді. Бірен-саран адамдар жүр. Ел отырған ескі орынды өртеп, дәрілеп, болашақ үлкен арнаны дайындап жүр. Ұзыны жиырма бес-отыз, көлденеңі төрт-бес километр созылған, өзен бойындағы кең алқап — Тельман ауданы колхоздарының, Қарағанды подхоздарының егінжайы. Бұл алқапқа тек овощь егіледі. Ыбраштың ойы осы егістерді суармақ. Осы колхоздарды электрлендірмек. Мейрам бұрыла жүргенде сол ойды көре кетпек еді. Қара топырақты, құйқалы Нұра жағасы алуан-алуан балдыр егіндермен бұйраланып жатыр. Көз ұшындағы сонау Ботақара шоқысына, мына жағы Жауыр, Ошағандыға дейін созылған тұтас, қою, алқаракөк, бұйраға сұғына қарап келе жатып:

— Ыбраш ақылды жігіт! — деді Мейрам. — Су электр жайылғанда жаннат болады да бұл жерлер. Абай: «дәмі қайтпас тәтті бар ма!» депті. Еңбек жемісінің дәмі қайта ма? Оған, сірә, тоя ма адам? Бір кезде қайланы қалай ұстауды үйреттік. «Герберт» құдығынан өңештей түтіктермен су тартқанға, шахтыдан шелектеп көмір тартқанға қуандық. Техникадан түк білмейтін Бейсек, ЬІрымбектер үлкен оқымысты саналып жүрді. Бұл күнде біздің Ыбраштар асау өзенді ноқталап, «жынды желді» бағындырғалы жүр. Әшірбектер бай, жаңа техниканың өзін байыта, жаңарта түсу қамында. Қандай ұлы өзгерістер!.. Институт бітіру аздық қылады қазір. Ғалым болу керек... — дегенде, Қанабек ыңыранып қойды:

— Сендер боларсыңдар-ау! Көк шолақпен төпеңдеп біз қай жерде қалар екенбіз...

Тымық кеш. Жұпар иіс дала. Жайылған колхоз, подхоз шаруашылықтарын қақ жарып отырып темір жолға жеткенде, Қарағандыға кілт бұрылды бұлар. Енді ерсілі-қарсылы ағылған поезд, машина, салт атты, арбалы адамдар. Бәрі Қарағандыдан келеді, Қарағандыға барады. Аспан етегіне шөккен шонжар бұлт тәрізді ұзын белдердің бетінде Қарағанды жатыр қарауытып. Қараңғы түсе шыпырлаған жұлдыз болып кетті...

— Аспан да, жер де жұлдыз. Қандай әдемі! — деді Мейрам. Көз байлана қалаға еніп; Қанабекті үйіне қалдырды. Айналасы көк шарбақ, ішіне ағаш еккен, бір қабат оңаша үйге келгенде өзі түсті машинадан. Ардақ есік алдында гитар тартып отыр екен. Қасындағы кекілі жалбыраған еркек баланы жетелей алдынан шықты жайраңдап...

II

Түнгі сағат бірдің кезі. Ардақ оңаша. Үстінде жұмыс халаты, алдында бірнеше кітап, беттерін сызып, жазып тастаған. Құныға қарап отыр қағазға. Ерге шықты, балалы болды. Институтта сырттан оқитын. Бір жыл кеш бітіруге тура келді. Қазір қазақ прозаларын зерттеп отыр. Бұрынғысынан толыпты. Қауызынан жаңа түскен ақ бидайдай. Әлі боянбаған, сырға, білезік, жүзік салмаған. Кішкене қол сағаты стол үстінде жатыр...

Екінші бөлмеден есікті ептеп ашып, Шекер шықты. Иығында кең қазақы шапан. Күндігі жоқ, жаулықшаң. Шыққан бетінде тұрып қалып, қайта ене бергенде:

— Апа-ау, әлі ұйықтаған жоқсыз ба? — деді Ардақ.

— Ойыма әрнемелер түсіп, ұйықтай алмадым.

— Не түсті?

— Мылжыңдап кетсем, оқуыңа бөгет болмайым ба?

— Айта беріңіз.

Шекер жақын келіп, жайланып отырды.

— Дүние бірқалыпта тұрмайды, — деп бастады сөзін. — Жастық өтеді. Кәрілік жетеді. Кәріліктен бұрын жететін қиын күндер де болады. Соны ойлайсыңдар ма?

— Ойлаймыз, aпa!

— Ойламайсыңдар. Екеуің бірден қызмет істейсің. Осы төрт бөлме үйде қақиған төрт бес орындықтан өзге не бар? Біреу келсе бетімнен отым шығады. Жұрт сендерді болып отыр дейді. Бәйтеннің төрінің алдында да бір кілем жатыр. Жаман айтпай жақсы жоқ, бас ауырып, балтыр сыздаса, қызмет деген қыл үсті — аяқ тайып кетсе қайтесіңдер? Анау Маусымбай, біздің уайымсыздар мал ішінде. Тым құрығанда, Болатжанға ырым қылып, бірер қара қоспайсыңдар ма? Кісі келіп, кететін үй осындай бола ма? Оны да ойлаңдар...

Тыңдап отырып, Ардақ жымиып қана күлді. Күлкісі «қартайған адам бала мінезді» деген сияқты еді. Сөзі де солай шықты:

— Апа, осының бәрі ескі ақыл, тастау керек. Бұл күнде малы қанша, мүлкі қанша? — деп сұрамайды. Оқуы қалай, кәсібі қалай? — деп сұрайды. Бұл жағынан біз онша кедей емеспіз ғой деймін?

— Құдайға шүкір, қарғам.

— Онда бай кісіміз. Киім, тамақ, жатар орын сай. Ардақ дүние, артық бейнет емес пе?

— Сонда да...

— Білем, апа, білем. Сіз бастан кешкен қара күндерді ойлайсыз. Біздің тұсымызда, еңбек адамына қара күн жоқ. Еңбекке жарамай қалсақ, қазына көмектеседі. Ал, Болатжанның болашағы біздікінен де көркем... Сондықтан, қазына байлығын жасап жатыр жұрт. Мүлік жинау, тамақты үйден ішу, үйге қызметші ұстау сізге байлық көрінсе де, кедейліктің қалдығы. Қазына әбден байығанда оның бірі болмайды, бәрі дайындандырады. Мейрамға салсаңыз, Болатжанды қазірдің өзінде балалар үйіне бақтырмақ...

— Бетім-ай, енді не дейін! — деп бетін шымшып алды Шекер. Естіртпеңдер бұл сөзді маған. Болатжанды көзден таса қылып отыра алман. Алып көрсін, бауырымнан шырылдатып...

Басқа сөздің, бәрі қалды. Шекер сөйлеген күйі еніп кетті бөлмесіне. Пыс-пыс ұйықтаған баланың қасына келіп, айналып-толғанып тұр. Бас кемшілігін көрген қарт әйелдің осынау жас бала жалғандағы жалғыз тынысы сияқты.

Ардақ есік сыртынан тыңдап елжірей күледі. Қамқор ана, қамсыз нәресте бірікен-бірі өткен қызық. Мінездерін Мейрамға айтып, күнде бір рақаттанатын. Бүгін айтқанша асығып, тықыр естілсе елең етіп, бой жазып жүргенде Мейрам қайтты қызметтен.

Қасында Ермек бар. Бұрынғы Ермек емес, тұйық мінезі жазылған, жүзі жайраң, шешініп келіп отырды. Тіпті, кербез. Аяғында ақ бүрки, жағада галстук, үстіндегі қаракөк бастон костюмный, қыры да сынбаған. Бір кезде ақ жағалының бәрін бай десе, енді өзі олардан асып кетті.

— Тамағың, арағын, бар ма? — деді Мейрам.

— Бар, — деп асханаға енді Ардақ. Бәйбішені де, ұйықтап қалған қызметші Надяны да оятпастан дайын асты өзі қамдады. Дастарқан үстінде Ермек жымың етіп, әзілдеп қойды Мейрамға:

— Бір баланың әкесі болғанда, самайың ағарыпты, екіншіде түсе бастамасын шашың.

— Біріншіде-ақ түсе бастады, Ереке, — деп еді Ардақ, Мейрам күлімсірей, дауысын соза:

— Иә, — деді, — уақыт бәрін өзгертеді. Қылымсыған Ардақтар қақпасша қақылдап отыр, міне. Түйе мінезді Ерекеңдер, түлкідей ойнақы болыпты.

Үшеуі бірден күлді. Мейрам рюмкасын көтерді:

— Ерекеңнің оқу бітіріп келгені үшін ішкенбіз, енді қызметі жемісті болуы үшін ішеміз. Қалдырмай ішелік.

Қалдырмастан ішіп қойысты. Ермек кейінгі үш-төрт жылда Свердлов қаласында болып, Промакадемияны бітіріп келген. Жаңада ғана бірінші шахтаға бастық боп барды. Өзі кеткелі өндіріске енген өзгерістерді құмарта әңгімелеп отыр:

— Көмір бұрын қолбұран, атбарабан, бу күшімен шығатын еді. Енді электр шығарып жатыр. Шахтада қол еңбек қалуға айналған. Бәрі машина болып кетіпті...

— Жаңа техника еңбекті байытып қана қойған жоқ, адамның ойын да байытып барады, — деді Мейрам. — Козлов ойлап шығарған электрлі лебедка әр лавадан алты вагонші қысқартып, Қарағанды көлемінде жүздеген адам күшін үнемдетті. Лапшин көмірді бункерден вагонға тікелей құю әдісін тапты. Елу-алпыс тонналық вагондарды экскаватормен толтырғанша сағаттан артық уақыт кететін. Қазір бункер арқылы жиырма-ақ минутте толып шығады. Стаханов жержүзілік рекорд жасаса, Әкімдер одан да асты...

— Әшірбектің ашық шахтасына қалай қарайды горком?

— Щербаков көнбей жүр.

— Көнбегені жақсы, — деді Ермек. — Бұл жердің қары, бораны көп. Ашық шахта қар мен судың астында қалады. Әшірбек қанша дәлелдесе де поезд забойға енеді дегенге мен сенбеймін. Ауа райы қолайлы, бай тәжірибелі Донбастың өзінде шахталар жабық қой.

— Донбас та көмір техникасының шегіне жеткен жоқ. Зады ғылымда, өнерде шек бар ма? Әшірбек ұсынысы сәтсіздікке ұшыраған күнде де құнды тәжірибе болып қалмай ма?

— Он сегізінші шахтаның арғы жағында қара төбе тұр. Ол күнде оны «Қара забой» дейтінбіз. Ағылшындар ашық шахта жасамақ болып, ештеңе шығара алмады сонан.

Мейрам ойланып қалды. Ермек пен Щербаковтың сөзі бір жерден шықты. Әшірбекті Чайков қолдайды. Ашық шахта мәселесі созылып барады. Мыңдаған тонна коксіленетін көмір паровозға, қазандарға... отынға кетіп жатыр. Ашық шахтаның көмірі соларға жарар еді де, сапалы көмір коксіге қалар еді. Шахта, техника өскен сайын жаңа ұсыныс, жаңа пікірлер де көбейе түсті. Мейрамның басына қазір соның бірнешеуі келіп тұр:

— Овчаренко целик қалдырмау керек дейді. Бұған не айтасыз?

— Одан мыңдаған тонна көмір үнемделеді. Ағылшындар тұсында алғанымыздан қалдырғанымыз көп болатын. Ол ысырапты, олақтықты жоятын кез жетті.

— Әшірбектің темір тіреуімен таныстыңыз ба?

— Таныстым. Ұзартып, қысқартуға болады. Онша ауыр да емес. Егер осы айтқанындай болып шықса, бұрынғы тіреулердің бәрінен қолайлы. Қаншама ағаш, қаншама жұмыс уақытын үнемдейді.

— Козловтың комбайнына қалай қарайсыз?

— Ештеңе айта алмаймын. Бірақ, Әшірбек пен Әкім қуаттап, тіпті күні бұрын қабылдап жүр.

— Сергей Петрович осылардың әлі бірін қабылдаған жоқ! — деді Мейрам. Аржағын айтпаса да ұнатпағаны әнтек шытынған қабағынан байқалды. Әңгімеге Ардақ араласты:

— Ол кісі көзі жеткенде ғана қабылдайды.

— Көзі жеткенше күн етіп барады.

— Сонда ғылымдық, техникалық мәселелерді зерттемей, дәлелдемей қабылдай бер демекпісің?

— Жақалықты қабылдауға қорықпа, батыл бол демекпін.

— Сақтық — қорқақтық емес, соқыр батылдық — ерлік емес, айыра білу керек.

Ардақ әрдайым еріне осылай ой тастап, өзі жоқтың сөзін сөйлейді. Бүгінгі кеш тараған техникалық мәжілісте Щербаковтің сөзін ұнатпады Мейрам. Көп алдында оның беделін сақтап ештеңе айта алмады. Енді Ардақ басса да бой бермей барады:

— Жаңағы мәжілісте «ойдан өмір озып кетті» дегені не сөз? — Ой сонда көшке ерген күшік болғаны ма? Ой өмірден туса да, өмірдің өзін бастап отырған жоқ па? Рухани күш, материалдық күшке айналғанын күнде көріп отырмыз ғой! Сергей Петровичтің сөзінен материалдық күшті ғана көргендігі, жасалғанға қанағат қылғаны байқалады.

— Саяси бірдеме жапсырғалы келеді, — деп күлді Ардақ. — Бәрін өзі жасаған болады кейде. Сергей Петрович шағын адам болса, Қарағанды мұнша зораймас еді.

Ермек қостай жөнелді Ардақты:

— Зерттеп алмайынша, неғайбілге бармайтын әдеті ол кісінің. Сен, «осылай» деп дәлелдеп тұрсаң, ол: «бұлай болса қайтесің?» деп мәселені керісінше қояды. Меніңше бұл қорқақтық емес, адамды қатеден қорғау, сақтық...

Ермек сөйлегенде Мейрам басын шайқап қойып, күлімсіреп отырды. Ол болысымен:

— Жақсы, жақын деген адамдардың да жарамсыз жағы болады. Соны кезінде көре, өздеріне көрсете білу керек, — деді. — Сергей Петровичтің сақтығы, зерттеуі кейде тым ұзаққа созылып кетеді. Уақыт оған шыдамайды. Уақыт, соған сай қарқын шешеді бәрін.

Құйылған рюмкалар ішусіз тұр. Ыстық тамақ суығанмен әңгіме суыған жоқ. Ардақ мысқылдайды:

— Ереке, алыңыз. Ол ұйқысырағанда да «Көмір» деп ұйқысырайды.

— Тамақ ұмыт қалыпты-ау! — деп рюмкасын көтерді Мейрам. Ендігі әңгіме Жанабілге ауды. Жақын жолдастың жағымды мінезі ұмытыла ма. Кезек-кезек еске түсіреді. Сағыныштарын айтып, келуін асыға күтеді. Жанабіл Москвада, жоғарғы дәрежелі партия мектебінде оқиды. Одан хат келген сайын бұлар бір рақаттанады.

— Өжет қой, антұрған! — деді Ардақ. — Кейінгі хатында, «шай кушайттан» бастасам да орыс тілінде отлично оқып жүрмін, — депті. Ерекеңдер «қайла безиден» бастап, промакадемияны бітіріп келіп отыр. Біздің Мерекең «өс» деп үгіттейді. Өзі өспейді.

Мейрам басын шайқап, қызараңдай күлді:

— Сендегі уақыт маған берілсе, ендігі доктор болар едім.

— Уақыт таппаудың өзі олақтық не салақтық дейтінің қайда? Кандидаттық диссертация бұнша созылғанда, докторлық өмірге жетер.

— Ереке, осы мұғалімдеріңіз қазымырлау, — деді Мейрам қалжыңдап. — «Жаңбыр-жаңбырдың арасымен келдім» деп Қожанасыр айтпақшы, жұмыс-жұмыстың арасында диссертация жазып жүрсем де жақпаймын. Өзі бір мезгіл сабақтан соң бос. Мен боспын ба?..

— Жо-жоқ! Сенікі теріс, — деп қолын көтерді Ермек. Ауыр, қолақпандай қолын түсірмей тұр. — Жанабіл екеумізге де жұмыс көп көрінетін. Ардақ «қазымыр» болмаса, мүмкін, ол жынды циркте, мен әлі забойда жүрер едім. Ешқайсымыз ғылымды Ардақтай сүймейміз. Қарағым, мен саған өмір бойы борыштымын. Жанабіл соққан ол борыштан құтылыпты: «екеуін төлеген мен» деп жүр.

Үшеуі көзден жас аққанша күлді. Бірінің ойы, бірінің бойы жас, Қарағандының өзі жас кездерде талай оқиғалар өтіпті бастан. Оқып білген тарихтан өзің жасаған тарих қызық-тағы. Ұтылай айтса да тауыса алмады бұлар. Сағат үшті соққанда ғана Ермек үйіне қайтты. Ол кеткен соң, Шекер мен бала жатқан бөлменің есігін ептеп ашып, сығалап тұрды Мейрам. Ардақ келіп қолынан тартты.

— Жүр, олардың бүгінгі қызығын айтайын, — деп құралай көзі күлімдегенде, бәрінен де өзі қызық тәрізді еді. Екеуі қолтықтаса ұйқы бөлмесіне енді...

III

Шахта конторында Ермек, Әкім, Сейтқалы, Ысқақ, Әсет, Семенов, Ержановтар кеңесіп отыр. Ескі жолдас, ескі достардың тілегі бір болса да, сөздері біріккен жоқ. Жәй, шүңкілмен басталған әңгіме қызып барады...

— ...Техника жаңа. Лаваларда жұмыс ұйымдастыру әдісі ескі! — деп столды қойып қалды Ысқақ. Бәрінен жасы үлкен қарт забойшы, әрі партия бюросының секретары болған соң адуын мінезін тежеп отыр екен, шыдамай кетті. — Дұрыс емес графиктерің! Қайта жасаңдар!

Ермек үндемеді. Шекесіне дейін қызарды. Графикті жасаушы Әшірбек екеуі. Әшірбек қазір шахтының бас инженері. Шахта бұрынғы трестен үлкенірек: көмірдің бір аумағын бітіріп, екінші аумағына көшкен, тік шахта. Жұмыстың көбі машинамен істеледі. Бір машина ондаған адамның бергенін беріп тұрса да, азсынып, айтысып отыр бұлар. Ысқақ сөзінен соң бел алып, Сейтқалы дүрілдей жөнелді. Мықыр, жуан саусақтары барбиып столда жатыр...

— Шахткомның де айтатыны осы. Қайта қарау керек. Бір цикл екі сөткеге неге созылады? Әрине график теріс. Күніне он бес проценттен кем берсек, айына неше мың тонна борыш арқалаймыз? Шахты машинеленгенде, сен оқу бітіріп келгенде, күткеніміз осы ма еді? Біздің шахты, өмірі мұндай олқылыққа ұшыраған емес. Кейінгі бес күнде ел бетіне қараудан қалдық...

Ермек әлі үнсіз. Емен бедерлес, сарғылт бояумен белуарға дейін боялған контор қабырғасында екі штепсель қатарынан тұр. Соның біріне стол үстіндегі зажигалка сабағын сұқты да шылымын тұтатты. Екінші штепсельге вентиляцияның сабағын сұқты. Стол басы желдете бастады. Жастар жағы бой бағып қалыпты. Әрқайсысының ойында бір түйткіл тұрса да жасы, тәжірибесі үлкен, бірсыпырасына ұстаз, аға Ермекті мінеуге ұялыңқырап отырған сияқты. Әкім жапақтап Ержанға қарай береді. Ержан шахтының комсомол комитетінің секретары. Ермек бұның өзін түгіл әкесін де үйреткен жұмысқа, сонда да ол ысылғандығын істеді:

— Неге айтпайсыңдар? — деп Ақтановқа иек көтерді. Ашылмаған жас механик қызараңдап, екі-ақ ауыз сөз айтты:

— Ерекең техниканы тым жайып жіберді ме, дейім. Басқару қиындап барады.

Ақтановтың сөзін бағанадан тықыршып отырған Семенов іліп әкетті. Шапшаң, өткір жас. Басын шалқақ ұстап, үшкір, қайқия біткен тұмсығын көтере сөйлеп тұр:

— Ермек Борантаевич! Жол бөгеттері де, порожняк жетпеуі де осыдан туып жатыр. Жұмыс тарауларын тым көбейтіп жібергенсіз...

Ермек ешқайсысына жауап қайырған жоқ. Көнтерлі, аузы ауыр адам бәрін ішіне жинап, лықылдап отырғаны күреңіте тырсылдаған бетінен, қызғылт, уытты көзінің құйқылжуынан ғана байқалады. Зырылдаған вентиляцияны тоқтатып қойып:

— Салпы ауыз, сен ғой бәрін қоздырған! — деді, бір кезде Әкімге. «Салпы ауызды» бұрын сүйіспендікпен қалжыңдап айтатын. Бұл жолы күлмеді көзі. Тіпті Әкімге тура қарамады. — Ал, не қыл дейсің? Ашып айтшы!

Жиналыстарда тұрып сөйлеп әдеттенген Әкім орнынан тұрды. Нар денесі толығып, бұрынғысынан да молая түскен. Галстугі қисық, шалбарының бір түймесі салусыз қалыпты. Ол сөйлегенше Ермек бір сынап қойды:

— Галстугіңді түзе, түймеңді сал.

Әкім теріс айналып, қайта бұрылғанда, үлкен аузын аша бұрылды. Қатты көмірді қайламен көп шапқаны бетінен білініп тұр: көмір шашырандылары безеп, әр жеріне кішкене дақ қалдырыпты. Салқам мінезіне сыймайтын сөздер шығады аузынан:

— ...Ереке, өзіңіз жақсы білесіз, мен қайла ұстаған күннен бері нормамды асыра орындап келем. Машинеге көшкелі де алдыма ешкім түскен жоқ әлі. Кейінгі бес күн барлық абыройымды жойды...

— Соған мен бе, кінәлі?

— Сіз емес. Сіздің графигіңіз.

— Графиксіз істемекпісің?!

— График бойынша әр лава күніне бір цикл беру керек. Берген лава бар ма?

— Бермесе, неге орындамайсыңдар?

— Ағаш кезінде келтірілмейді. Ремонт кезінде істелмейді. Порожняк жетпейді. Толып жатқан бөгет. Қалай орындаймыз? Мен күніне бір цикл беріп келгенде, рекорд жасаған уақыттарымда әуелі осы бөгеттерді жойғамын.

— Онда саған ерекше жағдай жасалған. Жаңа график әр лаваны сол дәрежеге көтеруді көздейді. Бұған алдымен әр жұмысшының өз тапқырлығы керек.

— Білмейсіз, Ереке, — деп Әкім басын шайқады. Шәкіртінің бұл сөзінен Ермектің көзі шатынап кетті.

— Білмесем, үйрет!

— Сіз оқуда болып, машинеленген шахтыда аз істедіңіз. Механизм бөлшектерінің тоқсан тоғызы дұрыс, бірі теріс болса, сол бір тоқсан тоғызды бөгейді. Қайлада жүргенде көмірді құлату шартты. Қазір құлаған көмірдің тау басына шығуы шарт. Забойдан бастап, темір жол вагондеріне құйылғанға дейін көмір талай қолдан, талай механизм сақтарынан өтеді. Бірі бөгесе, бәрі бөгеледі. Осы бөгеттерді жою жағын аз есептегенсіздер.

— Сен жете есептеген шығарсың, айт.

— Жол шаруашылығы жөнге қойылса, күшті лебедка орнатылса, штректер жолы даңғыл болса, вагонеткалар қатынасы шапшаңдар еді, «порожняк бер!» айқайы азаяр еді. Смена басталарда, әр лавада жиырма, жиырма бес вагонетка, әр құлатушыға кемі — екі-үш метр құлаған көмір, тіреу ағаштар дайын тұрса, көмір жөнелтудегі қазіргі бөгелістердің бірі болмайды. Менімше, үш сменаның екеуін көмір өндіруге, біреуін ремонт, дайындық жұмыстарына қойсақ...

— Әр смена неше жүз тонна көмір беретінін білемісің?

— Білемін, Ереке. Дайындық жақсы болса, екі смена үш сменадан көп береді.

— Былшылдап тұрғанын! — деп, Ермек қарындашын лақтырып тастады да, қолын қалтасына салып жүре бастады. Булыға сөйлеп жүр. Анда-санда түкірігі шашырап кетеді. Отты көзін қадап-қадап қояды Әкімге. — Жетілген екенсің! Смена сайын жүздеген тонна кем бермек. Үйретеді тағы, «білмейсің» дейді. Сен салпы ауыз, мен жер кеулегенде шешеңнің ішінде жатқансың!..

Әкім жым болды. Қызараңдап күле береді. Ағалық, ұстаздық еңбегі сіңген Ермекті қатты сыйлайтын. «Білмейсіз» — дегенін өзі де әбес көріп:

— Өзіңіз білесіз. Әйтеуір менікі дұрыс, — деп еді.

— Әй, сен не білуші едің! — деп Ермек жетіп келді қасына. Әкім жылап жіберді. Добалдай болып еңкілдейді. Үлкен аузы болжырап, сөзі іріп шығады:

— Айтқызып алып ұрсады. Айтпасаң тағы ұрсады...

— Жә, тоқтал, Ермек! — деді Ысқақ. Ақырып қалды. Ерні, қолдары дірілдеп тұр. — Қоздырма сайтанымды!

Қызу керіс су сепкендей басылды. Терезе тұсына Әшірбек машинамен келіп тоқтады. Тақыр басы, үлкен бүкір мұрны кабинкеден терлей шықты. Күн ыстық, шахта маңы күйіп тұр. Орамалмен басына дейін сүртініп, конторға сөйлей кірді Әшірбек:

— Мына күн Щербаковтен әрі қысып барады ғой, — деп қолындағы жұмарлап ораған қағазын Ермекке ұсына берді. — Рұқсат етті, әйтеуір.

Ысқақ ақырғаннан кейін бәрі томсарып қалған. Енді қағазға үймеледі. Қағазда темір тіреудің суреті, оның астыңғы жағында: «елу дана жасалсын» деген Щербаковтің жазуы бар.

— Елу дана не болады!

— Рұқсат осы ма?

— Елудің нәтижесін көрген соң мыңға рұқсат етеді, — деп сылқ-сылқ күледі Әшірбек. — Байқамай аяқ басама, ол тарлан. Осының өзін берерде судьядан әрі тергеді. Отырмайық. Қазір заводқа заказ беру керек. Бұл тіреу барлық, шахтаға жайылады. Мыңдаған кубометр ағаш үнемделеді.

— Әшірбек тағы бірнеше мың сыйлық алады, десеңші!

— Ашық шахта мәселесі не болды?

— Мейрам бірдеме қылмаса, көнер емес. Қайдан көнсін, Ермектің өзі бет бақтырмайды. Бірақ, бәрібір мен жеңем...

Түйілген қабақтар жазылып кетті. Шахтаға енген әр жаңалық қуантады, сәтсіздік ренжітеді, бұларды. Ермек сабасына түскен соң, ыржия күлген Әкімнің қасына келді. Оның салпы ернінен бір жұлқыды да, арқаға қақты.

— Ренжіп қалдың ба! Ұсынысыңды ақылдасармыз. Бір жерінің жаны бар сияқты.

Шыр еткен телефонный, трубкасын көтергенде сұрланып сала берді Ермек.

— Қай жерде? Жер астын хабарла тегіс! — деді де есікке ұмтылды. — Төртінші учаскеден өрт шықты! Құтқарушы, жәрдемші команданы хабарлаңдар!..

Тұра жүгірді бәрі. Ерте кезде, бұндайда шабаш боздайтын. Жұрт абыржып жиналып қалатын. Қазір оның бірі жоқ. Жер астына жүріп жеткенше қаншама уақыт өтетін. Ермек клеткамен бірер минутта-ақ жетті. Дереу басына маска киіп, вагонеткаларды ағытып тастап, электровозбен айдап барады. Өрт шыққан учаске ең шетте, бірнеше километр. Жан-жаққа тарап кеткен қымқуыт темір жолдардың бірінен қателеспей бұлт бұрыла, маңдайдағы жалғыз көзі жарқырап, төбесінен көк жалын шашырай қоңыраулатып келеді электровоз. Машинеші Балжанның басында да маска. Сөздері ұғымсыз болғанда ымдасып қояды екеуі. Қараңғыда шамдары жарқылдап қашып бара жатқан жұмысшылардың бірін-бірі шақырған, түгелдеген дауыстары естіледі. Электровоз, конвейер, вагонеткалар тоқтап қалған. Вентиляция мен клетка істеп тұр. Үлкен апат, үлкен қауіп төнді. Жер үстіндегі өрттен, жер астындағы өрт зияндырақ. Қаншама адам өлуі, қаншама уақытқа шахта тоқталуы мүмкін. Алдымен адамды құтқару амалдары қолданылып жатыр. Көмір өртінің ұлы түтіні біртіндеп жайылып барады. Біреулер жығылса, сүріне, біреулер бірін-бірі сүйемелдеп барады. Ермек басқадан бұрын жетті өртке. Жетсе де еш әрекет істеген жоқ. Мықынын таянып, жай тамашалаған кісідей, тиыш қарап тұр.

Бірақ оның басында тиыштық жоқ: «ылай су құйып өшіру керек пе, әуе жібермей тұншықтырып өшіру керек пе?» деген екі ой жеңісе алмай тұр. Бықси жанған қалың кемір, қою тұман, тұман ішінде жарқылдаған от, құлап жатқан төбе, маңына жолатар емес...

Құтқарушы команда, оларға қосыла шахта жұмысшыларынан құрылған көмекші команда келіп жетті. Жез қалпақ, маска киген, өрт аспаптарымен қаруланған өңкей ірі жігіт. Қимылдары батыл, шапшаң. Бәрін еңгезердей біреу басқарып жүр. Аз сөйлеп, көп ымдайды. Өртке алдымен өзі кіріп, отты бері жазыққа қарай күрей бастады. Жанған аумақты бөліп тастап, жазыққа шығарып алып өшірмек. Серпіп жібергенде, боратып жібереді шоқты. Жан алып, жан берген өжет қимылдарды қою түтін жөнді көрсетпейді. Қайла, күрек, сүймендердің тынымсыз тарсылы, шытырлай жанған көмір дыбысы — адам күші мен мылқау күштің ғажап соғысын сездіріп тұр...

— Бұлай өшіре алмайсыңдар! Әуе жібермей тұншықтыру керек, тұншықтыру керек! — деді де Ермек тұра жөнелді. Оның басындағы шахтының өз ішіндегі жәй маска. Қырық-отыз минуттан артыққа кислороды жетпейді. Құтқарушы командалардікі үш-төрт сағатқа жетеді. Енді кешіксе Ермектің өзі тұншығатын еді. Асығыс келе жатқанда Балжан төтеден қосылып, бір жапырақ қағаз ұстатты да қала берді. «Екі жұмысшы шықпады, өзгесі құтылды» депті қағазда. Ермек салған күйі тығылатын бөлмеге келді. Маскасын шешіп, алқынып отыр. Жоғалған екі жұмысшы осында көрінеді. Біреуі шалқасынан басын кекжите жатыр екен. Тірілігін тәутиген сақалы айтып тұр. Қозғалып-қозғалып кетеді. Дәрігер әйел жайраң, «ештеңе етпейдіні» сенімді айтады.

— Жұмабай ғой мынау! Жұмеке қалайсың? — деп қасына келді Ермек.

— Шүкір. Басым сынып барады, құданың құдіретімен...

Екінші жұмысшы сергек. Сусынды өзі алып ішті. Тығылатын үйдің егісі ұқыпты қымталған. Тамақ, сусын, дәрі-дәрмек әзір. Әуе тұрба арқылы даладан келеді. Бәрі дәрігердің бақылауында. Жер астындағы мәдениетті аурухана жұмысшыларға осындай халде бірінші көмек көрсетеді.

Ермек дәрігермен, аурулармен қысқа сөйлесіп, өз ісіне кірісті. Телефон трубкасын ала-сала бұйрық беріп жатыр:

— Әкімбісің? Өрт басына кірпіш, топырақ жеткізіңдер.

Әкім, Әшірбек, Ысқақ, Сейтқалылардың қазір қайда жүргені Ермекке мәлім. Күні бұрын апатқа қарсы шаралар дайындалып қойылған. Кімнің не істейтіні, тіпті қай учаскенің жұмысшысы тысқа қай жермен шығуына дейін белгіленген. Абыржу, топыр жоқ. «Аттан» шығысымен әркім өз жұмысын біліп, құтқарушы командаға жәрдемдесіп жүр. Ермек командаға ақыл салмай, өз тұсынан төтенше шаралар қолданып жіберді. Жөтеле, ентіге Щербаков енді есіктен. Қасында Әшірбек.

— Адам аман ба?

— Аман.

— Өрт бой беретін емес, не ойларың бар?

— Бөліп тастау керек. Екі есікті бітесе, тұншығып өзінен-өзі өшеді, — деді Ермек. Щербаков мүдіре қалып:

— Таптық! — деді де жауырынға қақты. — Ең дұрыс амал осы. Ал, тұрмалық!

Сусындап, маскаларын жаңартып алып, қайта жөнелді үшеуі. Булыққан улы түтін бос забойларға лап беріп, шахтыға тез жайылатын еді. Машина айдаған күшті ауа желдетіп кейін тықсырыпты. Желден жеңілген түтін, өрттің аржағынан тесік тапқан. Ескі шахтымен жаңа шахтының түйіскен жерінде әуе, кейде тіпті адам өтетін тесіктер бар. Сол жапсардан ескі шахтыға қарай ауысыпты. Әуе түтінді қуғанымен өртті құтыртып барады. Құтқарушы команда жауынгерлері бір жағынан өртпен алысса, екінші жағынан метаннан, тозаңнан қатты сақтанып жүр. Бұларға от ұшқыны түссе, апат әрекеті ғаламат болмақ. Сондықтан әуенің жылылығын, метан газының бар-жоғын оқтын-оқтын бақылап, өлшеп қояды. Өрт маңындағы жолдардың қабырға, төбелері жүз елу метрге дейін аппақ: тозаң тұтанбасқа қалың қылып, сланец порошогін сеуіп тастаған. Команда бастығы бағанағы дәу жігіт әлі өрт ішінде. Көк жалыны аралас, қызыл шоқтарды құлатып, бері шығарып алып өшіреді. Суды өртке құйғызбай, маңайына, бөліп алған шоқтарға құйғызады. Әдейі топырақ қосқан ылай су тез өшіреді. Түтін, жалын, бу араласқан сарыала тұман ішіне Ермек кіріп кетіп, команда бастығын жеке алып шықты.

— Бой бермейді. Бітеу керек!

— Қа-қаншама дайындалған көмірді тастаймысың!? Болмайды!

— Дайындалған көмірдің көбі бержақта. Мына, жолдас Щербаковтің де, Әшірбектің де ойы осы.

Жігіт алқынып тұрса да ойланып тұр. Щербаковтің келгенін жаңа білді. Кекеш, бір бет, өрт үстінде өз әмірін ғана жүргізетін түрі бар. Ермектің ұсынысы миына енсе керек. Басын бір изеп, тұман ішіне қайта енді.

— Тоқтаңдар! Тастаңдар! — деген дауыс маска ішінен де қатты естіледі.

Ендігі шара өртті бөліп тастау, ауа жібермей, булықтырып өшіру. Ұзын штректің түп жағында өрт аумағына қатынайтын екі ауыз тұр. Команда сол екеуін бітеуге кірісті. Кірпіш, ағаш, топырақ лезде келіп қалған. Жер астына қанық, ысылған жігіттердің қимылына көз ілеспейді. Қалап, сылап барады. Апатпен күресудің тәжірибесін ғана емес, ғылымын да білетін, арнаулы курстерден өткен жауынгерлер от ішінен шыққан соң, даңғыл жолға шыққандай зулай жөнелді...

Әшірбекті қалдырып, Щербаков пен Ермек тығылатын бөлмеге қайта келді. Жұмабай басын көтерген. Бір қолында маска, екінші қолында қойын книжкасы, басын шайқап отыр.

— Маскаңыз бар, қалай уланғансыз? — деді Ермек.

— Құданың құдіреті, осыған өзім де қайранмын! Өртті елден бұрым біліп, хабарлаған мен. Әуе жылып сала берді. Тынысым тарылған тәрізді. Кеңірсіген иіс сезіледі. Сонсоң маскамды кие сала жүгірдім. Электровозбен Балжан келеді екен. Ести сала кейін шапты.

— Атпен бе?

— Жоға тәйірі! Электровозбен.

— Сонсоң?

— Сасқалақтап жүргенде басқа бір жолға түсіп кетіппін. Білмеймін, мынаның ішіндегі дәрісі таусылды ма, әлде жүгіріп алқынғандікі ме, әлім азайды. Енді жүгірмей, дереу рештакты, рельсті, трубаларды қаға бастадым. Сөйтіп жатқанда бір жауынгер кездесіп, осында арқалап әкеп тастады.

— Книжкадан не қарайсыз? — деп сұрады Ермек.

— Бәрін жазып алғам. Керекті жерін таба алмай отырғаным.

— Ережені жатқа білу керек.

— Сыя бере ме жұдырықтай басқа. Айтпақшы, аман екенімді біздің қатын естіді ме?

— Естімесе, көрер. Бүгін бір бозқасқа жейтін шығармыз сіздің үйден.

— Жөні келіп тұр, қатын ұнатса. Жанабіл мен Майпаға сақтаған бір қой бар еді. Щербаков та келіпті, өмірі біздің үйден дәм татқан емес. Қайдам, қатын біледі, ақыры.

— Е, қатын сізден асып қайда барады!

— Ойбай, мінезі шәлкес! Құданың құдіреті, кейде тіпті қарадан қарап отырып соқтығады.

Жұмабай қазір ескі жұмысшы саналады. Сауатын ашқан, жер астына таныс, шахты өзінің үлкен үйіндей болып кетті. Аңқау, момын мінезі қалған жоқ. Отырған жері күлкі, күлдірейін деген ниеті жоқ, сонда да жұрт күледі. Жаңағы сөздерін Ермек орысшылап жеткізгенде Сергей Петрович те рақаттанып күліп алды.

— Бәлесін қарашы! Сезе қойып, тағы дереу хабарлап жүргенін! — деп үлкен Жұмабайды балаша қызықтап отырды да, Ермекке кілт бұрылды. — Бұны атаусыз тастамау керек. Көңілдегідей орындап шықса, жауынгерлерге де сыйлық берілсін.

— Олардың өз мекемесі, өз басшысы бар ғой.

— Мені сараң дейді, түге. Нағыз сараң сен. Ең көмірден целикті мол қалдыруға аяп, өрт шығардың. Өртті ұлғайтпай өшірушілерден сыйлық аяйсың, тағы.

— Біз мүлде целик қалдырмау жағындамыз. Міндеттен артық орындау жағындамыз.

— Бұл сөздің де сараңның қияс мінездерін көрсетті.

Екеуі қалжыңмен қағысып отыр. Төнген ауыр апаттан жеңіл құтылуға көздері жеткен сияқты. «Көмірді арғы түптен бастап алу керек», «дайындық жұмыстарын күшейту керек» деп ертеден қақсаған Әшірбек, Ермектер дес өздеріне тиген соң ойларын орындапты. Бірсыпыра шахтыларда алдымен жақын көмірді алады. Күнделік, айлық жоспарды орындауға құмартып, дайындықты ұмытады. Олар осындай апат кездессе мықтап отырар еді. Бұл шахты бірнеше сағатта-ақ бұрынғы қалпына келгелі тұр. Бағана Ермек, ЬІсқақ, Әкімдердің түс шайысуына да дайындық жұмыстарға көңіл көбірек бөлінгеннің, әуелі алыстағы көмірді алғанның әсері тиген. Енді сол әсер апат зардабын тез жоюға да тиді!

— Көмірді кеулеп барып, арғы түптен бері қарай алса, шахтының тынысы тарылмайды ғой, — деді Ермек. — Егер жақыннан бастасақ, осындай апат, аварияларда аржақтағы көмірге жол кесіліп қалған болар еді. Бүгін біздің жігіттер жоспардың бескүндігі орындалмады, деп шу көтерді. Сіз де телефонмен маза бермедіңіз. Мүмкін, тағы бес-он күн шабандармыз. Оның есесіне ай бойы, жыл бойы талмай шабуға бармыз. Кейбіреулер тай шығымындай дыз етіп, жайыла қалатын қарқынына мәз. Ондайларды сіз де аз мақтаған жоқсыз.

— Тек алысқа шап, Ермек Борантаевич. Бірақ, бір күннің, нормасы кемімесін.

— Бүгіннің кемін ертең толтыра, өрлеген қалай? Ертеңдікін бүгін беріп, төмендеген қалай?

— Әрине, төмендеу жаман.

— Біздің Әшірбек сол жаманнан қашады. Алғыр жігіт, Сергей Петрович!

— Білем, білем. Әттең, еркіне жіберсең айға шабады. Мерт қылып алма, тізгінді онша босатпа.

Жұманияз енді. Басындағы маскасын, сырт киімін шешіп тастады. Ентігіп терлеген. Ашулы. Әдемі қара мұртын сылауды, амандасуды ұмытып, келе Ермекке соқтықты:

— Біледі, біледі дегенге беттеріңмен кетесіңдер! Сондай целик қалдыра ма кісі?! Бірің тіпті целик қалдырмаймын, бірің ашық шахты жасаймын, деп аспанға қарайсың. Жерге, забойға үңілу керек!..

Ермек үндемеді. Щербаков теріс айналып жымыңдап тұр. Жұманияз ескі шахтер, ескі слесарь, әрі профсоюздар советінің бастығы. Тез ашуланып, тез басылады. Ешкімнің бет ажарына қарамай, қатты айтады. Ол арындап алғанша қарсы келмейді бұлар. Енді Щербаковтің өзіне тиісті:

— От шашып электровоз жүр. Сергей Петрович көріп отыр. Қатерден сақтануды ұмытсаңдар, мен жұмысқа бір жұмысшы шығармаймын. Ал, шауып алыңдар!

— Жұмеке! — деді Ермек, Жұманияз басылған кезде. — Қажет болған соң үлкен жолда бір ғана электровоз жүр. Ол жол қатерсіз. Басқа электровоз тоқтаған. Көп целиктің осалдығында емес. Бос жатқан көмір үйіндісінен де өрт шығады. Көмірдің сондай жанғыш тегін күні бұрын зерттеп, біліп қою керек еді, біле алмадық. Әшірбек екеуміз жаңада келдік. Соның салдары ғой...

— Салдары болса, жүмысшылардың бос уақытына ақы төлеп көр, көмір бағасы арзандайды сонда.

— Төлейміз, Жұмеке. Шахты да, жұмысшы да күйзелмейді. Оңай құтыламыз апаттан...

Ермек ұғындырып, Жұманияз әбден сабасына түскен соң Щербаков қалжыңдай сөйледі:

— Ақыры келдің-ау, тіпті.

— Бай ауылдың бір байбалам шалы болатын. Қожайын сен, күйетін алдымен партия, профсоюз.

— Мейрам Омарович қайда?

— Сонда қалды. Телефонмен өрт хабарын алған соң мен жүріп кеттім.

— Плотина бітіп пе?

— Шлюздері кеше бітіпті. Бүгін жиналған судың өзі кішігірім көл.

— Станцияны срогінен бұрын тапсыратын болды бұлар.

— Үш ай бұрын тапсырады. Неше тоймайтын болсаң да, су мен электрге тоярсың. Шахтаны күндізгідей жарқыратып жібер енді...

— Ия, Каргрэс көп өзгерістер енгізеді, — деп Сергей Петрович көзін шүйіре ойлап кетті. Тереңде, апаттан тығылатын тар қуыста, ақ бас адам кең ойлап отыр...

Өртшілер қайтты. Әшірбек, Лапшин, Ысқақ, Әкім, Сейтқалы, жауынгерлердің бастығы бағанағы дәу жігіт те бар. Шахтының саяси, көпшілік, техникалық басшылары түгел. Үлкен шаруашылықтың салалары көп. Бас инженер Әшірбек барлық жайды баяндай бастады:

— Бітелді. Қалап, сылап тастадық. Қызуды, газды бақылайтын адам қалды басында. Әуе бармайды. Енді тұншығып тез өшуге тиісті. Апат уақытында паника болған жоқ. Адам аман. Әркім өз міндетін дәл атқарды. Транспорт, электр, вентиляция, су жолдары қаз-қалпында. Енді желді күшейте түсіп, шахта әуесін тазарту керек те, жұмысты кешіктірмей бастау керек.

— Тек, өрт ауданында істеуге әзір рұқсат етпеймін! — деп команда бастығы орнынан тұрды. Жұмабай оны жүгіріп келіп құшақтай алғанда, бойы емшегіне де жеткен жоқ. Шұрқырасып жатыр...

Бірін-бірі жаңа таныды. Қарағанды басталған кезде, Құтжан балуанның бригадасында Әлібек үшеуі бір істепті. Сонда, Әлібекке: «дәуде болса сен кулаксың» дейтін бадырақ көз, кекеш бала жігіт осы командир көрінеді. Қазір екі иығына екі кісі мінгендей, жігіттің сырттаны. Бүгін Жұмабайды жығылып жатқан жерінен тығылатын бөлмеге әкеп тастаған жауынгер де осы екен.

— Айтжан, қарағым, қарызың көп менде, жүр, үйге жүр! — деп Жұмабай қалбалақтап тұр. Щербаков келіп Айтжанның қолын қысты.

— Сізге, сіз басқарған жауынгерлерге көптен-көп рақмет! — деді де оның қолына өзінің қол сағатын байлады. — Дәл жүреді. Осы сағаттай дәл істе. Сыйлық емес, ескерткіш, шырағым...

Төнген үлкен апат осымен аяқталды. Дуылдасып, тығылатын бөлмеден шықты бәрі. Темір, резинка трубалардан гулеген жел шахты ішін сейілтіп сала берді...

IV

Щербаков шыққан бетінде шахтаның моншасына кірді. Наряд үйі, лампа үйі, монша үшеуі бір корпусте. Жұмысшылар пәтерінен таза киімдерімен шығады. Осында келіп жұмыс киімдерін киеді, лампа, наряд алады да шахтыға түседі. Шахтыдан шыққан соң бәрін қайта тапсырып, жуынып, таза киімдерімен үйіне қайтады. Щербаков те киім ауыстырып киген. Енді жуынып, өз киімдерін киюге келді. Бұл шахтының жаңа моншасын көргені осы. Сүйсіне қарап тұр. Қабырғаларына су жұқпайды, жалт-жұлт етеді. Екі жүздей кісі сиятын кең залдың ортасын жара тұтас, ұзын шкаф жасаған. Шкафтық екі жақ беті де шыпырлаған есік. Әр есікке иесін жазып қойыпты. Душ керек пе, пар, ванна керек пе, қай мезгілде келсең де дайын, тегін. Моншашы қартаң әйел орамал, простыня әкеп бергенде:

— Анна Петровна! Ағылшындардың өз моншасы осыдан қалай еді? — деді Щербаков.

Айнадай жалтыраған дойбы шыбар қыш қабырғаны моншашы бүкір саусақтарымен тықылдатып тұрып қайырды жауапты:

— Бұны шіркеуде де көргем жоқ. Шебер әйел тазаның қиқымынан құрап баласына сәнді көрпе істейтін. Сондай-ақ құрастырған. Шыны ма, тас па, әйтеуір асылдың тегі өзі. Қазына ақшасын аямайсыңдар, дүниенің қадірін білмейсіңдер, түге. Моншаға мұнша зейнеттің керегі не?

— Жұмысшы жұрт еңбегінің игілігін көрсін, Анна Петровна. Бұл әлі аз.

— Шүкірлік етіңдер, шүкірлік! Астамшылық болмасын. Өзгесі бір жөн, дәретханаға айнаның, шынының керегі не еді. Қазына мүлкін судай жұмсайды, түге. Ұрсып қой,

Сергей Петрович, орынсыз жұмсамасын. Оңай табылған дүние емес...

Сергей Петрович бишара қамқорлыққа сылқ-сылқ күлді де, душ бөлмесіне еніп кетті. Жуынып шыққан соң, жүмысшылар столовойына сусындауға енді. Ұқыпты көзі көргенінің бірін елеусіз өткізген жоқ. Тұрмысқа сіңіп кеткен сол нәрселерге де, өткенмен салыстырып сүйсіне қарайды. Столовой залының қабырғасындағы сурет тау басындағы құйғытқан аңшыны, түлкіге түйілген бүркітті көрсетіп тұр. Сергей Петрович пенснесін сүртіп киіп, шүйіле қарап, суретші Жұнысов деген жазуды оқығанда:

— Талант! Үлкен талант! — деп өзіне-өзі күбірлеп қойды. Қазақ жастарының ішінен болашақ Репинді де көрген сияқты. Жасамыс байсалды адам магазинге кірген балаша бәріне қызығады. Оның комбинат бастығы, үкімет мүшесі Щербаков екенін білмегендер: «мынау апсағай шал, алаңғасар ма» деп қалар еді. Бірақ, бұл қалада оны білмейтін кемде-кем. Отырғандардың бірін атымен, бірін фамилиясымен, кейбірін тіпті жолдастары қойған қосымша атымен атап, амандасып етті. Бауырсақ мұрын, қоңырша, жасөспірім қыз келді қасына. Күлімсіреп алжапқышымен ойнап тұрып:

— Сергей Петрович, не әкелейін? — дегенде, ымдап, өзі тақала түсті де:

— Бәрі бар ма? — деді сыбырлап.

— Не керек еді, сізге?

— Нарзан.

— Бар.

— Бір бутылка нарзан ғана бер. Тоқта, жылпосын қарашы. Қалай, жұмысшылар риза ма, тамақтарыңа?

— Риза. Тек осы сусын жағы кейде болмай қалады.

— Ақырынырақ сөйле, құлағым естиді. Неге болмай қалады?

— Соны білмейсіз бе, Сергей Петрович! Басқа қалалардан әкеледі ғой.

— Көп әкеп қойса қайтеді?

— Одан да осында неге жасамайды?

— Нарзанды ма?

— Тәтті суды айтам...

— Жаны бар сөз! Жаны бар! — деп Щербаков кілт ойлана қалды. Қыз кете бергенде тағы бөгеп, алжапқышынан ұстап тұрды енді.

— Сынапсың ғой өзің, тұрмайсың. Фонтандарың тамаша екен! Кім жасады?

— Соны білмейсіз бе, Жұмаш емес пе.

— Жұмаш!? Қай Жұмаш?

— Өзіміздің Ысқақ атайдың баласы.

— Кәдімгі адуын Ысқақтың ба?

— Иә.

Сергей Петрович қыз сусын әкелгенше фонтанға құныға қарап отырды. Цементтен жасалған екі жас баланың мүсіні аумаған қос орнындай цемент тегенеде, су ішінде біріне-бірі су шашып тұр. Суда тірі балықтар ойнап жүр. Шахтер столовойы салтанатты ресторанға ұқсайды. Ішіндегі адамдардың киімі, сөзі оқымыстыларға, физкультурниктерге ұқсаса да, Сергей Петрович бірсыпырасын танып отыр: учаске бастығы, мастер, механик, инженер-техник, стахановшылар. Қайсысы өндіріске қашан келіп еді, немен келіп еді? Көр дегендей, әрқайсысының артында, алыста қалған бір мешеу тұлға елестеп кетеді көзге...

Щербаков сусындап далаға шыққан соң, шоферына:

— Ере бер соңымнан! — деді де, машинаға мінбей жаяу аяңдады. Әуелі ойдағы театрға беттеп еді, бұрыла сала беткейге тік өрледі. Бір кезде жел ескен құба белдің бетінде бос жер жоқ. Тіпті, анаукүні ғана бос алаңдарда жаңа үйлер тұр. Жоспарсыз, қалай болса солай салынған үйме-жүйме поселке тез өсіпті. Бір шеті сонау колхоз жеріне — Майқұдыққа, бір шеті — ағылшындар тұсындағы ескі бекетке жеткен. Отыз, отыз бірінші жылдары совет Қарағандысы басталған кезде жан-жақтан құйылған қараша ауылдардың көбі, соның ішінде Ардақ, Жанабіл, Боқайлар осы арада отыратын. Қазір жер үстінде істейтін жұмысшы, қызметшілердің бірсыпырасы меншікті үй салып, үлкен поселка қылып жіберіпті. «Загородный» аталады. Қаланың солтүстік жағында, ойда темір жол сыртында да «Капайгород» аталатын осындай үлкен поселка бар. Қарағандының жаңа қаласы, қабат-қабат биік үйлері, жоспар бойынша есіп бара жатса, бұл поселкелері бетімен өсіп барады. Қалай өссе де бәріне электр, су керек. Сергей Петрович соны ойлап келеді. «Жуырда Каргрэс жүреді, енді электр, су жолдарын қаланың шетіне дейін тартуға болады» деп келе жатқанда бір үйдің жанынан Қанабек пен Бәйтен көрінді.

Бәйтенкің аузынан түкірігі шашырап тұр. Күрек тісі түскен, қара мұрты бурыл тартқан. Шашын алып тастапты. Басы тұз түйген келсаптың басындай. Әлі де ойқастай жүріп, қара бурадай сөйлейді:

— ...Бұл отырғандардың бәрі дайынға келген жаңалар.

Шыдай тұрады. Қарағандыны біз жасағанбыз. Менің үйімде су, электр неге жоқ!? Кәрі жыным қозбай тұрғанда бірдеме істеңдер...

— Істейміз, істейміз, — деп күледі Қанабек. — Шығанға шығып алып ақырмасаңшы. Қазына үйін өзің тастап кеткенің қайда. Енді осы көппен бір көресің

— Сиырымның жайына бола кеттім. Беті ашық жер еді, бұны да тарылтты жұрт.

— Ал жағасынан, босатпа! — деді Щербаков келе. — Даусың естілмегелі бірсыпыра болды. Осында ма едің? Қайда істейсің?

— Завод күзетемін. Мехцехты тастап қайда барам.

Бәйтен әдетінше мұртын қораздана бір сипап қойды. Бұрынғы мехцех қазір заводқа айналған. Вагонеткалар, жүзден аса машина бөлшектерін жасайды. Күн сайын кеңіп, жасайтын заттарының, түрі көбейіп бара жатқан үлкен завод. Ескі Бәйтен сонда да ескі мехцеғын қоса сөйлейді:

— Өзіміз мехцехта істеп жүргенде бүкіл шахта, бүкіл қала қолымызда болатын. Мұрныңды көрсетпейтін боранда он екі жігітті бастап барып, төртінші шахтаны құтқардым. Сонда тізе бүкпей жиырма сегіз сағат істеген екеміз! Жұрт жағасын ұстады. Осы күні омдай жұмыс бар ма! Бәрі машина. Біздің заводтың ішіне кірсеңіз машинадан бас айналады. Мен күзетіп тұрмын. Саяси орын Бәйтен ғана күзетсін, — депті...

Мақтан мен өтіріктің арасы қанша екен? Бәйтен мақтанамын деп, өтірік те айтып жіберді. Щербаков пен Қанабек мырс-мырс күліп кете барды. Бетімен ескен поселкада бейбастақ істерді де көріп келеді. Біреу есік алдында қой сойып жатыр. Біреу бөшкемен әкеп су сатып жүр. Тар жолда кесе-көлденең салып жатқан үйлер көрінеді...

Осы ығы-жығы дүниеден әлдеқайда биік тұрған үш қабат ақ үй поселка балалары оқитын орта мектеп. Айналасын қоршап, тал егіп тастапты.

— Мектеп-ақ емес пе? Тез бітірдік, ә? — деп келе жатып Щербаков бір кезде таңдана тұра қалды.

— Мынау не?

Қанабек сылқ-сылқ күледі:

— Мешіт қой ол.

— Бұл кімге керек?!

— Молдасымақ бір-екі шал қайта-қайта келіп мазамды алған соң, рұқсат бердім. Маған десе шошқа қамасын, онда менің жұмысым не?

Жаңа салынып жатқан кішкентай кірпіш үйлердің маңында қолғабыс тигізген үш-төрт, кейде жеті-сегіз орыс, қазақ жүрсе, жаңа мешіттің қасында екі молда ғана жүр. Үлкен өзен тасығанда үйір-үйір сең көшеді, соқтыға ағып, сынады, ериді, бітеді сең. Бір мұздақ мүжіліп жеке қалады. Сорлы мешіт, сорлы молда тек осыны еске түсіреді.

— Бұған да су, электр керек шығар, — деді Щербаков. — Бұның бәрін тәртіпке салғанша Қанабектің басы қатар.

— Жұмысшы сенікі. Менің басым неге қатады?

— Қала сенікі.

— Жә-жә, сырғытпа! Әр шахты өз жұмысшысына жағдай жасауға міндетті. Бірлескен күшпен электр, су жолдарын тарта беру керек. Ертең қалалық совет ерекше қаулы шығарады. Поселкелерді тәртіпке келтіреміз. Каргрэс бітіп қалды. Су, электр байлығы жетеді енді.

— Әне, қит етсең күш көрсетеді. Қаулы...

— Күшті әлі көрмеген екенсің, Мейрам мені кемпірімнің қойнынан суырып алып жіберді осында.

— Кемпірдің қойнынан суырған өкініш емес.

— Сені тоқалыңның қойнынан суырды ма?

— О да ештеңе емес, — деп Щербаков күрсінді. Поселкеден шыға, шеттегі жаңа бақшаға қарай бұрылды екеуі.

— Неге күрсіндің, неге түйілдің?

— Мен қайранмын осы жігітке! — деп кең құшағын барынша жая, артына бұрылды Сергей Петрович. — Осынау қайнаған кең қала тар оған. Алып қашады, тежесең ерегіседі. Қаулап өсіп келе жатқан анау жас бақшадан, әдемі қаладан ертең бұзылып қалатын мына поселкесымақты кергіш боп барады.

— Жаманды көргені теріс пе? Жақсы өзі де көрінеді.

— Жаманды көре берсең ой кірлейді. Жақсы сол кірді тазартады.

— Мейрам ондай сыңар езу емес қой. Рас, көбірек сынайды.

— Сынның да мөлшері бар. Өндіріс деген үлкен есеп. Социалистік жоспар — әр адамды өз орнына қоюды, әр сомды өз орнына жұмсауды тілейді. Мейрам Омарович менің бұл міндетіме қол сұқпақ. Тіпті жоспардың өзін жөндемек. Болған үстіне бола бергенін кім жек көреді. Табыстан бас айналса керек. Әлі зерттелмеген, жете есептелмеген ұсыныстарды тықпалайды. Қабылдай қоймасаң шамданады. Ақылды жігіттің — ақылсыз, байсалды жігіттің — ұшқалақ ойына еру де, ермеу де қинап жүр мені.

Қанабек томсарып келеді. Екеуінің де өзінен өресі биік, жақын жолдастар. «Сенікі теріс, не дұрыс» деуге ғылымдық, техникалық таластардың түйінін шеше алмады. Тек, бүтіндік, бірлік жайында ғана басалқы айтты.

Әңгімемен екеуі бақшаға енді. Жас бақшаны жел ақырын тербеп тұр. Уақыт сәл ертерек. Адам әлі аз. Жапырақтар сыбыссыз қозғалады. Қолтықтасқан бірен-саран жастар сыбыр-сыбыр сөйлеседі. Қара топыраққа егіп тастаған алуан түсті гүлдер қазақ текеметін, әдемі түскиіз, сырмақтарын еске түсіреді. Сусын, асханалардың, тир, би, сауық орындарының есігі жаңа-жаңа ашылып жатыр. Қаланың қапасынан шеткері, тұнық бақша, шахтерлердің жан тынысы. Осыдан екі-үш-ақ жыл бұрын жып-жылмағай дала еді бұл жерлер, ырымға бір бұта болмайтын.

— Мейрам, бұдан да кемшілік тапты, ә, — деп күлді Қанабек. — Үш ай менің орныма тұра тұрып, өз орнын маған бермейді-ау! Бәлемге көрсетер едім, бұйрықпен орындаудың айырмасын.

— Қалжың өз алдына. Ол бұл кемшілікті дәл тапты. Жер жүзінің картасын осы арадан орнату керек. Стахановшылардың суретін көлденеңдете тартсақ...

— Ал, фонтан! Ленин тұлғасы.

— Оның орны әне, кең алаң...

— Сергей Петрович! Бізде цемент жоқ осыларға?

— Біресе сұрап, біресе қорқытып алады. Жарайды, мен берейін.

— Несіне қазбалайсың. Менің кемпірім келмейді бұнда. Сенің жұмысшыларың келеді.

Поселка, бақша зейнеттерін кеңесе, кеңес арасында әзілдесе тату замандастар машинаға да бір мініп еді. Қанабек шоферына айғайлады:

— Сен бағанағыны бітіріп қайт. Мен мына байдың артына мінгесіп жүріп, тағы біраз жерді аралайын.

— Пайдакүнемін қарашы! — деп үлкен денесін селкілдете күлді Щербаков.

Жаңа қалаға тартты бұлар. Ұзын жонды сауырлай, ерсілі-қарсылы ағылған машиналар тас қайрақ жолды тіліп жіберіпті. Он екі километр шетке салса да, шахталар жаңа қаланы қуып жетіп, асып кеткен. Соқырды, Қаракөз, Ащылыайрықты басып, батысқа — Долинка, Шерубай нұрасына қарай жайылып барады. Бұрын жып-жылмағай белестердің беті көпір, шурф, көмір, балшық үйінділерімен қобырап жатыр. Поездар, шахты-шахтының арасында көмір ғана таситын. Енді сағат сайын адам тасыған поезд, автобустар жүр. Сиырбүйрек белес — бұйраттарға сіңіп, ұшығын көрсетпей ұзап бара жатқан қалаға биік жонның жотасынан көз жіберіп:

— Қанабек Амантаевич, қарашы! — деді Щербаков. — Мен келгенде ағылшындардан қалған, түтінсіз жалғыз тұрба бар еді осы жерлерде. Бұдан артық жасампаздық ертегілерде, Мейрам Омаровичтің басында ғана болар. Жастық мастығына табыс мастығы қосылып, бұзған оны, бұзған! — деп қояды.

Қанабек қостаған болып, әңгіменің бетін бұрды:

— Рас, табыс кейде бұзады. Машиналар жолды да бұзып тастапты. Асфальт керек, асфальт! Трамвай керек, трамвай!

— Мәдениет сарайы ше?

— Соғыс киіп кетпесе, зейнет, салтанат жасауға мықтап кірістік қой. Үшінші бесжылдықтан коммунизм биіктері көріне бастады.

— Мен соғыстан қорықпаймын енді... — деп қолын сермеп тастады Сергей Петрович. Жаңа қалаға кіріп қалып еді. Күн сайын өсіп бара жатқан қабат-қабат биік үйлер, жапырақтаған жас ағаш, әдемі сквер, фонтандар бөлді көңілді. Ескінің қиқымы да жоқ. Шеткі көшеде, төрт қабат үйдің үстінде балконда домбыра шертіп Боқай отыр. Жерде, оған төбесінен қарап, мотоцикліне сүйене Жұмабай тұр. Бүгінгі өрт жайын айтып тұрған тәрізді, сақалы мен қолы бірден шошаңдайды...

— Көрдің бе!? Анау, тышқан ініндей жер барактан, төртінші қабатқа шығып кеткен. Мынау «қара сиырдың ыңылдағанын» ғана білетін. Енді мотордың гуілін де білді. Құрылыс жұмысына күніне бір миллион сом жұмсалып жатыр. Мейрам Омаровичқа сонда да аз.

Қаланың батыс жақ іргесі кел. Көлдің батысында үлкен орман қарауытады. Орман мен қала аралығында көл жиегінде, бақша ішінде шахтерлердің демалыс үйлері көрінеді. Осы көрінгендердің бәрі қолдан жасалған. Көлге келіп машинадан түскен соң, Қанабек қарнын сипап тұрып сөйледі:

— Рас, бұл жерлер менің иегімдей көсе еді, енді мынау!.. Сонда да жетпей жатыр. Қарағанды үшін кел ме, осы! Шалшық қой. Бұтасыз жонға анау орман көп болса да, Қарағандыға аз. Ал, не істейміз? Ойыңды айта бер.

— Жарайды, қаздық. Белдің түбіне жеттік. Көл үлкейді, тереңдеді. Сондағы күнде ағынсыз суды қалың ел сасытып жібермей ме?

— Өзенді қайдан табамыз?

— Шерубай нұрасын тартсақ қайтеді?

— Алысырақ қой. Және өрге қарсы келе ме?

— Машинамен айдаймыз.

— Онда Қаранұраның өзін тарту керек.

— Каргрэстің, Қарағандының ішуінен аса ма, Нұра?

— Егер Каргрэстің төменгі жағынан бұрып әкеліп, осы көлге құйса. Көлден асқан суды Нұраның өз арнасына қайта апарып құйса қайтеді?

— Су мамандарымен кеңеселік, — деді Сергей Петрович ойланып тұрып. — Шахтадан шыққан суларды көшенің тозаңын басуға, өсімдіктерге пайдалануға болар еді. Бұны да кеңеселік.

— Орманның өсу беті қалай? Сенің шахталарың бүлдірмей ме?

— Дұрыс беттеп барады. Бұл бетте көмір жоқ. Жел, боран көбінесе осы жақтан соғады. Орманды ұлғайта бер. Қорғасын қаланы...

Әңгімемен келді жағалап ұзап кетті екеуі. Машинаны қайтарып жіберген. Күн кешкіріп орман тасасына түсті. Қанабек орман жайын әңгімелеп барады. Ескі, жаңа қаланың оңтүстігін ала, Балқашқа тартқан темір жолды бойлай жас орман жиырма бес-отыз километрге созылмақ. Қаланың өз ішіне мыңдаған түп ағаш, төрт-бес жерге бақша егіліпті. Енді ағашсыз кеше болмаса, әр шахтаның өз бақшасы болса, деп келеді. Күн бата көл ығындағы өз үйлеріне оралды. Шудан шетірек, қою ағаш арасында ағараңдап үш-төрт үй тұр. Болатты жетелеп, Ардақ пен Антонина жүр.

Сергей Петрович баласыз адам. Баланы көтеріп алып, кеудесіне қысқанда жадырап кетті көңілі:

— Ой, курносик! Мұнша сүйкімді болармысың!.. Әкең мінезді сенен, шешеңнен неге алмайды.

— Әкесінің өз мінезі өзіне жарайды, — деді Антонина.

— Әркімнің өз мінезі өзіне жарайды. Басқаға жарай ма? — деп еді Ардақ, Сергей Петрович қарқ-қарқ күліп жіберді:

— Міне, тауып айтты! Басқаға, жолдастарға ұнауы керек.

Кешкі тұнық әуеде, күлдіргі сөздермен қас қарайғанша отыра берді бұлар...

Мейрам шықты үйден. Қасында Чайков бар. Чайковтың мойнында сумка, қолында қарайған бірнәрсе, қызу сөйлеп машинасына мінгелі барады.

— ...Өндіріс өміріне ұлы өзгеріс жасайды бұл! — дегенде, Щербаков Қанабекті түртіп қалды:

— Қолындағы тас. Сумкедегінің де бәрі тас. Дәуде болса соның қасиеті жөнінде сөйлеп барады.

Мейрам Чайковты жөнелткен соң бері аяңдады. Оның жетуін күтпей-ақ Қанабек сөз тастады:

— Анау қасқабас сені бұзып кетті-ау, шырағым?

— Иә, — деді Мейрам. — Біздің Чайков, Козлов, Әшірбек, Ермек, Лапшиндер ескірген ойды бұзушы. Анатолий Федорович бұл жолы да өте бағалы, ойсаң пікір айтты.

Қандай пікір екенін Мейрам өзі айтқан жоқ. Мына жағынан Болат келіп қойып. жібергенде етпетінен түсті. Жас бала «мен боксер» деп сақ-сақ күледі. Баланы біраз қызықтап болған соң Щербаков әңгіме бастады.

— Шынында да қаланың шетіне көңілді аз бөліппіз. Қанабек екеуміз көп нәрсені көріп қайттық...

— Алдымен су, электр жеткізу керек, — деді Қанабек.

Щербаков толықтыра түсті.

— Сол уақытша үйлердің өзін бұдан былай тәртіппен салу керек екен.

— Тәртіпсіздік, мәдениетсіздік мейлі ортада, мейлі шетте болсын, жоюға міндеттіміз, — дей беріп еді Мейрам, Ардақ оқып отырған кітабын жаба салды да, оның сөзін бөліп жіберді:

— Адам жайында бәрін айтасыздар. Сол адамның ойын, сезімін жетелейтін әдебиетті неге ұмытасыздар? Әдебиеттегі тәртіпсіздік, мәдениетсіздікті де көру керек.

Мейрам мүдіріп қалды. Қанабек санын бір соқты. Щербаков жымың-жымың етеді. Антонина Федоровна да қағытып қойды:

— Сергей Петрович бір романды оқи бастағалы айдан асты. Әдебиетке құмарлығын содан байқа.

— Құтқар, Қанабек! — деді Щербаков. Қанабек безек қағады.

— Аулақ, ой, аулақ! Суға кетіп барамысың, жармаспасаңшы.

Ардақ сөзін соза түсті:

— Әдебиеттегі кемшілік те аз емес! — деп көзін кішірейте, кідіре қалғанда, ойы алысқа кеткені байқалып тұрды. — Қазақтар қазір еңбекте социалистік әдіс қолданады... Қазақ әдебиетінде эпос әдісі әлі қалмай келеді...

Қанабек қарқ-қарқ күліп жіберді:

— Қарағым, жаттап алған бірер қиссам бар еді, тиісе көрме.

— Қанеке, қиссаларды мен де жаттағам. Бірақ, бүгінгі әдебиетімізге қиссалар жолы қысыңқы. Орыс классиктерінен қалған реализм, Горький салған социалистік реализм жолы — кең жол жатыр. Соған түсу керек.

— Диссертацияңды осы жерде біржола қорғап шықсаңшы, — деп қалжыңдап еді Мейрам, басып тастады Ардақ:

— Сен саясатшылсың ғой, мына кітаптың іші толы саясат. «Дмитрийді», «Метрей», «Федорды», «Шодыр» деп бұзса, машинаны «шайтан арба» деп ұғындырады бұл кітап. Бір кезде біреулер: «қазақ қала еңбегіне көндіге алмайды» деп далбасалады. Мына кітап — өзінен тумаған тілді қазақ қабылдамайды, — деп тұр. Ұлтшылдықпен күрескенде бұнымен неге күреспейсің! Бұл не, ұлтшылдық емес пе? Ескілікпен күрескенде, тілдегі архаизм, жаргондерге, әдебиетті шоқпыттауға — примитивке шыдауға бола ма?

— Шыдамасаң жаз.

— Әрине жазамын.

Қанабек Ардақтың қолындағы кітапты сұрап алды. Кітаптың бетіне жазып, сызып тастаған екен:

— Қарағым-ау, дал-далын шығарыпсың ғой, мына бишараның, — деді. — Кім жазған өзін? «Айшық» дейді? Онысы кім?

— Жасырын аты. Жасырғанмен жаны қалмас.

Күн батып, қас қарайды. Ардақ әдебиет жайында әлі сөйлеп отыр... Әр сөзінен құмарлық, іздегендік, әр мінезінен байсалдылық байқалады.

— Москваға барып қайтам, — деді сөзінің ақырында. — Ғалымдардың сарабына салатын бірнеше мәселе бар...

V

Әуе жібермей бітеп тастаған соң, өрт тұншығып, тез сөнген. Шахтада дағдылы жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа график әлі қалыптасқан жоқ. Жоспар он күнде бес мың тонна кем орындалды. Врубмашина сеткесіне цикл берудің орнына, біржарым-екі сөткеде беріп тұр. Енді Әкім, Ысқақ, Сейтқалылар ғана емес, әркім-ақ қабақ шытып, күңкілдей бастады. Үлкен газеттер әзір үндей қоймаса да, шахтаның өз газеті дабыл қағып, басшылықты, жаңа графикті сынап жіберді...

Шахта басшылары күндіз-түні жер астында, олқылықты жою қамында. Бас инженер Әшірбек лавада отыр. Алдында аккумуляторлы шам, қолында блокнот, бір қолында сағат. Табиғат, адам, механизм әрекеттерін минутпен, секундпен есептеп, блокнотына жазып қояды. Басындағы темір тысты фуражканың күнқағары астынан жылтылдаған сақ көзі, қалампыр түсті плащы ішінде бүкжие отырысы — әлденені аңдыған мысыққа ұқсайды. Бөгетті, кемшілікті іздеп тінтіне қарап отыр. Лаваның басынан түсе, ылдиға қарай жер бауырлап жылжыған машина құлаш тілін қабырғаға сұғып жіберген. Ұзын тілді айнала зырлаған шынжырдың итазу темірлері қабырғаны араша тіледі. Тасбақадай аласа, ақырын болса да осы жатаған машина қырық-отыз қайлашының шабатынын бір өзі шауып барады. Әшірбек сонда да азсынып:

— Неге ақырын? — дегенде:

— Қатты көмір, — деді Әкім.

— Мүмкін, тістері мұқалған болар?

— Мен мұқалған тісті салмаймын.

Алдыңғы жақта, түбін жерге, басын төбеге сұғындыра тіреген жуан тіреу тұр. Тіреуді бір ораған болат арқанның екі ұшы да машинада. Арқан сусыған сайын машина жылжып, тіркеуге тақалып келеді.

— Екінші тіреуді дайындай беру керек.

— Дайын, Әшірбек жолдас. Тіреу ауыстыру үшін машина бөгелген емес.

Әкім сұрақтарға іркілмей, алаңдамай қайырды жауапты. Ұзын бойы төбеге әнтек тиген жоқ. Маңдайында жарқыраған шамның сәулесі тек машина үстінде. Еңгезердей денесімен еңкейе қарап, сом қабырғаға еніп кеткен бардың дыбысын, қозғалысын оқтын-оқтын бақылайды. Дене молдығына қоса, мінез молдығын да көрсетіп тұр. Насыбайын атып, ернін жымыра, Әшірбекке жаңа бұрылды. Басын шайқап, үнсіз ыржия күледі. «Кінәні бізден іздегенше өздеріңнен ізде» деп күлген тәрізді. Жұмыспен біте қайнаған жас маман өзіне тым сенімді.

— Енді бір цикл қоссаңдар машина шауып үлгіреді. Тек алуға үлгіріңдерші! — дейді.

Екі жұмысшы рештакты. бұрынғы орнынан бері жылжытып, машинаға тақай орнатқалы жүр. Лаваны бойлап созылған бұл темір астаумен көмір ағады. Машина қайланы жойса, темір астау адам терін суша төккен ташке, шана түгіл, лавадан вагонеткаларды қуды. Электр теңсеген рештак ондаған адамнан өнімдірек істесе де, Әкім қанағаттанбапты.

— Осының қиқаң-қиқаңы бола береді, — деп шытынады. — Менің лавамда лентті транспортер неге жоқ?

— Графиктің орындалуы соған қарап тұрса, ертең-ақ орнатайық.

— Ұсақ бөгеттер көбейе берсе, мықты тұсау аяққа.

Әшірбек өз ойымен болып, жылжып кетті орнынан.

Рештакты аттап өтіп, бітеушілерге келді. Лаваның бұл қабырғасы дал-дал. Көмірін алған соң төбені дәрімен атып, опыра құлатыпты. Жоғарғы жақ қатпар-қатпар терең құз. Әлі де гу етіп, құлай түседі. Бірақ төбенің машина жағын құлатпай, темір, ағаш тіреулерді араластыра жиі тіреген. Ерте кезде лава құлату сирек кездесетін қатерлі жұмысты. Бұл күнде көмірді лавалап алу әдісі кең қолданылды. Ермек, Әшірбектер көмірден целик — жал, діңгек қалдыруға да қарсы. Жер астында жатқан телегей-теңіз кен байлығының өзін ысырапсыз алмақ. Ағаш үнемдеу үшін Әшірбек ойлап шығарған темір тіреудің жаңа түрі осы лавада қолданылыпты. Бітеуші орыс жұмысшы егде адам екен, инженерге қуана айтты пікірін:

— Тіреуісіз тіпті қолайлы! Онша ауыр емес. Ұзарту, қысқарту тетігі қолда. Қаншама ағаш жанға қалып отыр. Бітеп болған соң, босатып алып басқа жерге тірей қоямыз. Бұл тозбайтын тіреуді неге көбейтпейді? Басқа лавалар неге қолданбайды?

— Ұсынысыңызды жазып беріңіз, — деді Әшірбек. — Сыннан өтсе барлық шахта қолданады.

— Жазам-жазам. Қанша сыйлық алдыңыз осыған?

— Әзір ештеме алғам жоқ.

— Қанша берер екен?

— Берсе, бір бестен кем бермес.

— «Берсеңіз» не?! «Бесіңіз» бір айдың ғана жалақысы. Ондаған мың пайда енгізгенде бес мың аз, аз. Әншейін айтасыз ғой. Біз өзіміз ай сайын алып тұрамыз оны...

— Әкім он мыңнан алып келеді.

— Иә, инженер-техниктер мен біздің арамызда жалақы айырмасы жөнді қалмады ма, деймін, — деп жымыңдайды жұмысшы.

Машина көмір қабырғасын астынан тіліп, ұзап барады. Резинка түтікті қарына шумақтап іле, қойбас бұрғыны құлағынан көтеріп бұрғышы енді лаваға. Келе бұрғысын жасап, электр күшімен қабырғаны тесуге кірісті. Көз ілеспей зулаған бұрғы ұшы минутына жеті жүз айналады. Бір минутта бір жарым метр тереңдейді. Сом қабырғаны лезде қарлығаш ұясындай қылып шұрқ-шұрқ тесіп тастады. Кейінірек бұзушылар келіп, бұл тесіктерге дәрі қояды да, тасталқан етіп бұзады. Ертеректе ондаған адам, ондаған пұт балға, болат қазықтардың құлатқанын, енді бірер адам электр, дәрі күшімен құлатып жүр. Құтжан балуанды қажытқан тас көмірді жай адамдар маңдай тершімей-ақ жеміріп, еңсеріп барады. Қол жұмыс жоқтың қасы. Тек жаңағы бітеуші жұмысшы, балшық кесектерін қиюластырып қалап тұрып:

— Осыны да машинаға істетсе! — деп, өскен көңілдің ұшқыр тілегін білдіреді...

Әшірбек бұрғышының қасына келіп те азырақ тұрды. Біресе құлатып, қалап, біресе кесіп, тесіп табиғат қамалдарын алып жатқан алуан еңбектің бірін сынсыз өткізген жоқ. Сөлекет ештеме таба алмады. Машинаны бұрғышы қуып жететін. Содан кейін бұзушылар дәрімен атып құлатады. Құлаған көмір адам күремей-ақ, Козлов жасаған қопарғыш механизммен рештакқа құйылады, рештакпен ағып барып, лава сыртында күтіп тұрған вагонеткаларға құйылады. Онымен де тынбайды. Біріне-бірі көмектескен көп механизм ұтылап әкете береді. Егер бірі бөгелсе, бәрін бөгейді. Әшірбек сол бөгетті іздеп жүр. Лава іші қаратүнек. Әр жерде жарқылдаған шам, ызыңдаған электр, тас көмірді шақырлата үңгіген болат тістер. Ырқына келе қоймаған әлденені боқтап жіберген дауыстар да естіледі. Әшірбек бәрін аралап, қайта оралғанда, Әкім машинасының тұмсығын тұйыққа тіреген еді.

— Міне, жолдас инженер! — деді. — Заулап жеттім. Шұқшиғанмен бізден кедергі табылмас. Ауылдан жаңа келгеміз жоқ. Алдымыз он, артымыз екі жылдан аса істеп келеміз. Оның үстіне мектеп, курс бітірдік. Көрсетіп бергенді ұқсатпай неғыпты. Кедергі басшылықта жатыр. Айтқаным айтқан: үш сменаның екеуін көмір өндіруге, біреуін дайындыққа қою керек.

— Борышқа онда белшемізден батармыз.

— Батпаймыз. Жұмыс, механизм түрі көп. Бірімен-бірін қалыптастыра, тұтас жүргізсек қана график орындалады.

— Бір сменаның өнімін өлтірмей-ақ, қалыптастыратын шығармыз...

Қарама-қарсы екі пікір тайталасып тұрғанда қатты ысқырып жіберді біреу. Жүмысшылар жұмысын тастап, тығылатын тасаға жөнелді. Бүкіл лавада қазақ қызы мен орыс жігіті оңаша қалды. Бәрі, электр жабдықтарын тасып шапшаң, ойнақы жүр екеуі де. Әшірбек қастарынан өте беріп:

— Сумканы сақ ұстаңдар, саспаңдар! — деді де жоғарыдағы лава аузынан төмендегі штрекке секіріп түсті. Қараңғыда екі-үш сағат болып, жарыққа шыққан көңіл жарқ етті. Шамын өшірді. Лавадан өзге жұмыс орындары электр

— Коммутатор, машинисті беріңіз! Жолдас машинист! Секундына он төрт метр алып жібердіңіз. Правиланы бұзуға кім рұқсат етті? — деді де әйелге бұрылды. — Қанша шықты?

— Бес жүз жиырма жеті.

— Бөгеліс қанша?

— Сағаттан асты.

Ақырын ғана басын шайқады Әшірбек. Бір сағат бөгелістің өзі ондаған тонна көмірді жеп қойғанын сезіп тұр. Көнтерлі адам шымбайына батса да бұдан әрі сыр берместен сатыға көтерілді. Баспалдаққа қонған көмір ұлпаларынан аяқ дыбысы естілмей, тік өрмелеп келе жатқанда, оның ойы жер үстінде еңбек майданын шарлап жүрді...

Лавадан темір арнамен арық суындай аққан көмір өткенектерден осылай етіп келіп, ствол арқылы жер үстіне шықса да әлі тыным тапқан жоқ. Енді көпір үстінде — жерден жоғары көтерілген мейлінше биік, ұзын ағаш сарай ішінде ағып барады. Жаңағы екі скип тағы бір үлкен сауытқа құйған. Сауыттың шүмегінен төмендегі темір елекке құйылып жатыр. Елек үстінде, қолында балға, жалғыз ғана қазақ жұмысшысы тұр. Балғамен ірі көмірді шекіп қалып ұсатады. Жаны тіпті тыныш. Терлемек түгіл бусанар емес. Сонда да көңілі жай таппапты. Әшірбекке тілегін айтты:

— Бәрі машинамен істегенде мен балғамен істеймін. Ауыстыршы, не мынауыңды машинаға айналдыршы.

— Осы жұрт бара-бара тоғышар болып кетер!

— Тоғышарлық емес, ішім пысады. Өнерсіз, құнарсыз жұмыс.

— Шыдай тұр, көрерміз. Бас қазір басқамен әуре, — - деді де Әшірбек проходқаға жөнелді.

Толы сабадай лақылдата құйған тағы бір шүмек. Тынымсыз теңселген тағы бір елек. Електен өткен соң көмір екі бөлініп, ұсағы бірыңғай, ірісі бірыңғай қос лентамен өрге қарсы қатарласа ағып барады. Ұсағы тау суындай шапшаң ірісі жай ағады. Жай аққан көмірді тазартып, лентаны ортаға ала бес-алты әйел тұр. Тоқаш бет келіншек жеке тұр. Балшық терген қолы тауықтың тұмсығындай жып-жып етеді.

— Серігің қайда? — деді Әшірбек.

— Ауырып қалды.

— Бригадир қайда, орнына кісі неге бермеген?

— Керегі жоқ, өзім де үлгерем. Бұдан былай екі норма беріңіздер. Не, ағынды тездете түссе қайтеді?

— Үш норма орындасаң да еркің. Ағынды тездетуге болмайды.

— Неге болмайды?

— Басқалар үлгірмейді. Көмірге боқат жібереді.

— Жібермесін, үлгірсін. Мұның несі қиын, оқуы бар ма?

— Сусыңдама, әй келіншек! — деп ақырып жіберді мосқалдау әйел. — Көмірдің тазалығы керек.

— Мен әрі таза, әрі шапшаң істесе деймін.

— Болды-болды. Сендей күнімізде бәріміз де асығатынбыз. Көп істеп шала бітіргенше, аз істеп бабын келтір. Көмір бап тілейді, шырағым, біліп қой:

Заңғар сарай ішінде ұзын өрдің басына қарай аққан дүп-дүзу, қара бұйра қос бұлақты жағалап Әшірбек ең биікке — бункерге жетті. Бұдан әрі жол жоқ. Төменге қарады. Жерде беті ашық кен, аран, көмір маялары көрінеді. Иріле түсіп, темір жол жатыр. Бункердің астында, қырық-отыз қызыл вагонды шірене қозғап поезд тұр. Биіктен құлаған көмір водапад сияқты гүрілдей құяды вагонға. Шыңыраудағы лавадан шығып, шыңға құйған екі бұлақ саябырлап қалды бір кезде.

— Простой! Көмір беріңдер, көмір! — деген дауыстар естіледі...

Көмір маясына асыла жатқан болат арқан қозғалды. Арқан сүйреген скрипер көпенелей сыпырып, маяны құдыққа қопара бастады. Құдықтан конвейер арқылы қайта көтеріліп, вагондарға құйылды көмір. Ерте кезде бір топ адам жүретін бұл жұмыста. Жуырда ғана экскаватормен, басқа машинамен қопаратын. Слесарь Лапшин скрипер қолдану арқасында тиеу жұмысын тездете, арзандата түсті.

Әшірбек лавадан бункерге дейін аралап шығып, моншаға келеді. Сарғылт жүзі көмір күйесімен қарайған. Иығы салыңқы. Көп жүрістен соң денесі тынығу тілесе де, ойы дамыл бермеді. Блокнотына жазылған кемшіліктер кез алдынан кетпеді. Күнделік өнім, күнде келген поезды толтыруға тиісті. Толтыра алмай аварийный складқа — аран ішіндегі көмір қорына қол сала бастады. Ол қаншаға жетпек! «Қорсыз қалсақ, поезды бос қайырсақ не болғанымыз!?» деген ұят инженердің арына соқты. Монша алдындағы үлкен залға ширыға енді. Зал іші көпшілік. Екінші смена жұмысшылары жиналып қалған. Лампашыдан лампа алып жатыр. Алғандары бригада-бригада болып, жұмыс жайын кеңесіп отыр. Тұтасқан жай үндердің тынымсыз, ұғымсыз гуілі естіліп тұр...

Әшірбек моншаға кіруге үлгірмеді. Лампасын тапсырды да залдың төріндегі кішкене сахнаға көтерілді. Бұл сахнаға смена сайын шығады. Кемшіліктерді айтып, оны жою жолын көрсетеді. Блокнотын аша бергенде, қасына өзінің көмекшісі жас инженер келіп тұрды.

— Учаске басшылары түгел ме?

— Түгел, бәрі осында.

— Төртінші лавада бір винтик үшін врубмашина отыз сегіз минут тұрып қалды, — деп бастады Әшірбек сөзін. — Демек, көмір ағысы отыз сегіз минут тоқталды. Сонда бір винтик неше тонна көмір жегенін есептеңіздер! Механизмнің ұсақ бөлшектері жұмыс басында неге дайын тұрмайды, Әсет жолдас? Бесінші лавада Әкімнің шапқан кемірін рештак кейде алып үлгірмейді екен. Данченко жолдас кере жүре лентті транспортер орнатуды неге ескермеген? Жаңа график бойынша: забойлар, жолдар, вентиляциялар дұрыс болуы, механизмдер бөгетсіз істеуі, тіреулік ағаш запастары әр лавада суткеге жетуі шарт еді. Таутанның учаскесінде ағаш жетпей жатыр. Петровтың учаскесінде вагонеткалар жолдан тайып жатыр... Осындай ұсақ кедергілерден туған үлкен зиянды қайсыбір мастерлер графикке жаппақ. Мүмкін, графиктің де кемшілігі бар шығар. Бірақ, мына кемшіліктерге тікелей сол мастерлер, учаске басшылары жауапты. Әр басшы өз учаскесінде социалистік жарысты қыздыра отырып, еңбек өнімділігін ұйымдастыру шеберлігін арттыра беруге, көмірдің бағасын арзандата түсуге міндетті. Циклді жұмыстың жаңа графигі осыны тілейді...

— Дұрыс айтады. Коммунизмге біз көмірмен барамыз!

— Көмірді неғұрлым көбейтсек, солғұрлым тез барамыз... деген дауыстар көтерілді. Шахтаға түсер алдында смена сайын болатын бұл шолақ жиналыста сөз қысқа. Инженер бүгін тым қатал. Сөзін бітірген соң учаске басшыларын трибунға біртіндеп шақырып, тергеп-тергеп алды. Ешқайсысымен кеңеспеді. Нұсқап, әмір етіп тұр. Ең ақырында:

— Өндіріс тәртібін әскер тәртібіне жеткізсек қана график бұзылмайды. Жеткіземіз! — деді де сахнадан түсті.

Учаске басшылары жұмысшыларын ертіп шахтаға жөнелді. Ермек жер астынан жаңа қайтты. Лампасын тапсырып, ойлы, ауыр тұрғанда Әшірбек келді қасына.

Бірі — шахтаның шығыс жағын, бірі — батыс жағын аралап келіп тұр. Суы қатты адамдар жұмсап қалыпты. Әшірбек:

— Батыста не болып жатыр? — дегенде:

— Олқылық! — деді Ермек шытынып. — Қателесіпсіз. Жұмысшылардың ұсынысы да, Щербаковтің ескертуі де дұрыс. Графикті өзгертпей болмайды.

— Мен де сол оймен қайттым. Екі сменаға көшу керек.

— Жоқ! Жұмыс майданын жинақтап, учаскелерді ірілендіру керек...

Екеуі ой таластыра моншаға енді...

Жаңа қалада, жаңа бақшаның ығында үш қабат, әдемі күрең үй тұр. Үйдің қабатында, кең кабинеттің төрінде комбинат бастығы Сергей Петрович оңаша отыр. Он, жағында, кішірек дөңгелек столда бірнеше телефон. Трубканың бірін алып, бірін салып, дамылсыз сөйлеседі. Трестермен ғана емес, шахталармен де тікелей байланысады. Дүрдиіп, мансабын бұлдамайтын жадағай, ақжарқын адам осы отырғанда Қарағандының асты-үстін бірден көріп отырған сияқты. «Сендер қалып барасыңдар, қимылдаңдар. Сендер, оздыңдар, осы қарқыннан жаңылмаңдар» деп біреуді қайрайды. Біреуді табыс мәстығынан сақтандырады. Алматы, Москвамен де ауызба-ауыз сөйлесіп алды. Өшкен шылымын оқтын-оқтын тұтатқанда да оның ойы істеп жатыр еді. Сағатына қарады. Екі екен, тағы да телефон трубкасын көтерді:

— Тыңдаңыздар! — деді жападан жалғыз отырып, — бірінші шахтаның техникалық қысқаша мәжілісі ашық. Шахта бес күнде он мың тонна кем берді көмірді. Жолдас Ермек Борантаев, қашан өтеледі бұл борыш?

Сергей Петрович күнде осы уақытта телефон — селектор арқылы бір шахтаның қысқаша мәжілісін өзі өткізеді. Бұл мәжіліске әдеттегідей жиналмайды жұрт, әркім қызметінде отырып-ақ қатынаса береді. Ермек жер астында, екінші учаскеде тыңдап тұрған, дереу жауап қайырды:

— Жұмыс майданын тым жайып жіберіппіз, сіздің ескертуіңіз дұрыс екен. Біздегі партия ұйымы, озат жұмысшылар графикті өзгерт дейді. Өзгертудің керектігіне көзім жетті...

— Қай бағытта өзгертпексіз?

— Учаскелерді көбейтіп, ұсақтаудың орнына азайтып, ірілендірмекпін. Забой жұмысын күшейте түспекпін.

— Әкім бармысың, сен не айтасың?

— Бармын, Сергей Петрович, — деді Әкім. Жер астында, электр бөлімінде тыңдап отырған, трубкаға аузын тақай түсті. Электрші қыз қыбыр етсе, қолымен ымдап басып тастайды. — Ерекең дұрыс айтты. Соның үстіне екі сменаға көшелік.

— Сен бұл ақылды қайдан тауып жүрсің?

— Жұмыстың өзі берді, Сергей Петрович. Менің лавамда ондаған тонна шабылған көмір далаға шығарылмай жатыр. Кезінде вагонетка, тиісті жабдықтар жеткізіліп тұрмайды. Олар жетсе, механизмнің бірдемесін жөндеуге тура келіп қалады. Үш сменаның бірін дайындыққа қойсақ, бұл бөгеттер жойылады. Еңбек өнімі арта түседі. Донбастағы жолдастар да осыны қуаттайды. Хат алып тұрамын...

— Бас инженерді тыңдайық.

Әшірбек жер үстінде, өз кабинетінде. Шашын тақырлап алып тастапты. Трубка құлағында, көзі алдындағы көп сызықты жер астының планында еді. Әлі де содан көзін алмай отырып сөйледі.

— Кейінгі күндерде еңбек барысын зерттеумен болдым. Техниканы сарқа пайдалануға, өндірісте бос уақыт қалдырмауға алдымен дұрыс график, жақсы дайындық керек. Ермек пен Әкімнің ұсынысын қоссақ, борыш та өтеледі, бұл мақсат та орындалады.

— Орталық Комитеттің партия ұйымдастырушысы не айтады?

— Мақұлдайды, — деді Ысқақ. Көзінде көзілдірік, селдір, сарша сақалы ағарған, қасында шахта газетінің редакторы бала жігіт бар, партком кабинетінде отыр. — Бұл ұсыныстар өзіміздің газет бетінде, парткомда талқыланған болатын...

Щербаков әрқайсысын осылай қысқа, дәл сөйлетіп пікірлерін алған соң, өз қортындысын да созбады:

— Олай десеңіздер, екі сменаға көшуді әуелі бір лавада байқап көрелік. Әкім қоймай жүр ғой, соның лавасынан басталсын, оған толық жағдай жасалсын. Ермек Борантаевич! Учаскелердің санын азайтып, ірілендірместен бұрын, ойыңызды қағаз жүзінде дәлелдеп әкеліңіз. Жауабын сонан кейін айтам.

— Тезірек айта көріңіз, — деп еді Әшірбек.

— Саспа, — деді Сергей Петрович. — Бәрін, жабылып жаңа графиктің тұсында асықтырғансыңдар. Енді ол қатені қайталаман.

— Менің тіреуім не болды, жолшыбай айта кетіңізші?

— Жаңа ғана бұйрыққа қол қойдым. Тіреуіңіз барлық шахталарда қолданылады. Өзіңізге он мың сом сыйлық беріледі.

— Рақмет, Сергей Петрович, рақмет!

Телефон арқылы Әшірбекке тұс-тұстан құтты болсын айтылып жатыр. Сергей Петрович «айтсын» дегендей біраз кідіріп отырды да:

— Мәжіліс жабылды, жолдастар, — деп іліп қойды трубканы.

Өз кабинетінде отырып Мейрам да телефон трубкасын ілді. Мәжілісті бастан-аяқ тыңдады. Кепкесін қолына ала алдыңғы бөлмеге шықты да:

— Комбинатқа кеттім, — деді Антонинаға.

Комбинат пен горкомның арасы бір-ақ квартал. Ыстық күнде аяғын жай басып, биік үйлердің көлеңкесінде жалаңбас, ойлы келеді Мейрам. Комбинат алдында трест, шахта басшыларының машиналары тізіліп тұр. Көпшілігі «М», газиктер некен-саяқ. Солардың арасында бірінші совхоздың, фаэтонға жегулі қос қара арғымағы да көрінеді. Әдемі арғымақтарға сүйсіне бір қарады да Мейрам үйге енді. Бас киімін іліп келіп, жайдары амандасты Щербаковпен.

— Мәжіліс жақсы өтті. Жаңа пікірлер айтылды.

Сергей Петровичтың да бетіне қан жүгіріп, күлімдей көтеріле сөйледі:

— Міне бүгінгі мәлімет. Жүз он процент! Шахтер деген намысқой халық. Ерегіссе бесжылдықты төрт жылда орындап жібереді. Сендер әмән алға қарайсыңдар, артқа да қарау керек. Арттағыларды көтермелеп, алдағыларға жеткізіп алу керек.

— Тек сол алдағыларды тежеуге айналмасын.

Мейрам арттағыларды теңеуге қарсы емес, алдағылар одан әрі шырқай берсін, дейді. Щербаков алдағыларды тежемек емес, бірақ арттағылар жетсін, дейді. Сондықтан аласұрған ұшқыр қиялдардан гөрі, кейінде қалған жұмыс учаскелерін көтеруге көбірек көңіл бөледі. Бірі — алды алыстан шолып, жол іздеген, бірі — артын жиыстырып, топтаған екі басшы өзара ұғыныса алмай қалады кейде. Біріне-бірі қынжыла жүрсе де ұғынысуға құмар. Мейрам қазір оңаша отырып, кеңірек сөйлесуге келсе керек.

— Каргрэс бітті, — деп бастады сөзін. — Су, энергия мәселесі шешілді. Ойдағыны енді ортаға бір салайықшы.

— Әбден-әбден. Мен осыны асыға күткемін.

— Жұрттың жасампаздық күші өсуде. Өскелең тілек, өскелең техника шыңға шығып барады. Кешегі биік бүгін аласа боп қалды. Сол аласаны әлі биік деп алданудан аманбыз ба?

— Өмір сыры көп қой, терең ғой, — деді Щербаков. — Білген сайын көбейе, тереңдей түседі. Бірақ, бізді адастырмайтын нысана бар. Ол — социалистік тәжірибеге, ғылымға негіздеп берген партиямыздың, үкіметіміздің жоспары, директивтері. Осыны орындасақ адаспаймыз.

— Жоспар, директивтер тәжірибеге, ғылымға негізделсе, оның орындалуы творчествоға негізделген. Ешбір Иванның яки Байжанның творчестволық қуаты безбендеп өлшенген жоқ. Іс үстінде біреу асып түссе, біреу кем түседі. Кемін толықтыру, асқанын төкпеу бізге тапсырылған. Жоспардың, директивтің орындалу тетігі сол тапсырмада емес пе?

— Әрине.

— Олай болса, қалыптан асқанға қабілетіміз шамалы сияқты?

— Мысалы?

— Машинист Әкім, партком Ысқақ екі сменаға көшуді ұсынады. Механик Козлов көмір комбайнын жасау қамында. Әшірбек ашық шахта мәселесін көтеріп жүр. Ермек жұмыс майданын жинақтап, забойды күшейтпек, участкелерді ірілендірмек. Осылардың үстіне күнбе-күн түсіп жатқан ұсақ ұсыныстарды қоссаңыз, иектеп тұрмыз. Бастан аспай тұрғанда басқару амалын қарастырайық.

Щербаков жауаптан бұрын қойын книжкасын суырды. Книжкадағы шыпырлаған, әдемі ұсақ цифрларға көзілдірігін түзеп киіп, шұқшия қарағанда, қолы ойын бұзбастан шылымын тұтатып жатты.

— Мөлшерден тысқары шабандық та, шапшаңдық та зиянды, — деп көзілдірігін былай алып қойды. — Қалыптасқан социалистік өндірістің өзіне тән қарқыны бар. Ол арындамайды, баяуламайды. Жоспарлы, есепті қарқын. Біздің адамдар кейде тым асығыс, ұшқары ойға ереді... «Байқа» десең шамданады. Әкім, Ысқақтарға, Ермек, Козловтарға байқайық, зерттейік деп едім, ренжіп кетті. Әшірбек тіпті болмасты айтып жүр. Мүмкін, олар мені — «қорқақ» не «шабан» дейтін шығар. Мен есепшіл адаммын, есебім түгел. Техникаға қауырт көшкен алғашқы бір жылда ғана көмір жоспарын кем орындадық. Өзге жылдарда толық, не асыра орындап келеміз. Еңбек өнімін арттыру жайында биыл түскен жүз алпыс екі ұсыныстың тоқсан екі процентін іске асырыппыз... Бастан асып бара жатқан ештеме көрінбейді маған.

— Бәрі рас, Сергей Петрович. Тек «көрінбейді» деудің орнына «көре алмадым» десеңіз дұрысырақ болар еді. «Көрінбейдімен» алға тартқан көп ұсыныстар жатыңқырап қалды. Жақсы пікірді тануға, бөгемей жарыққа шығаруға асығу керек.

— Ал, сонда не істемекпіз?

— Ғылымдық-техникалық жаңа пікірлер күн сайын туып жатыр. Оларды бұл әдіспен басқару жетімсіз. Тәртіпке салайық. Бір шахтаны ерекше тәжірибеге шығарып, Бүкілодақтық институттың — ВУГИ-дің қарамағына берсек, Қарағанды көмір кені ғана емес, техникалық ғылым кеніне де айналады. Әшірбек поезды забойға енгізем дейді. Енгізсін. Ашық шахтадан неге қорқамыз?

— Мейрам Омарович, мен жиырма бірінші емеспін, — деп, басын шайқай күлді Щербаков. — Бірнеше миллион түгіл бір сомды неғайбілге жұмсағым келмейді.

— Техникалық революцияда құрбансыз болмайды,- — деді Мейрам. Енді ашыңқы қабағы жабыңқы, баспалата сөйлеп кетті. — Социалистік индустрия миллион шығындармен жасалып, миллиардтаған пайда енгізді. Бүгінмен болып, ертеңді ұмытсақ, жоспар директивті творчестволық сын демей, темір қалып деп ұғынсақ, бізден бишара жоқ. Егер сіз мені ұшқыр қиялға еліктеуші десеңіз, мен сізді кешегі тұрғыда қалып қойды дер едім. Революциялық өткірлігін жойған ақыл — можа болған пышақпен тең. Мешеу Ресейге қарап, социалистік Ресей тон пішпейді. Бізге енді капиталистер дүниесінде ең жетілдім деген Америка да өлшеу бола алмайды. Барлық әлемге өлшеуішті, үлгіні біз береміз. Бара-бара біздің техника, қыруар еңбек, материалды жұтып жатқан осы алып шахталарды жауып тастауы, көмірді жер астында өртеп, тек газын ғана алуы мүмкін. Ленин бұны Октябрь революциясынан бірнеше жыл бұрын айтқан. Менделеев арман еткен. Техника, ұйымдастыру шеберлігі қанша жетілсе де одан әрі өспесе шегінгені. Өмір заңы — әман өзгеріс, әман алға! Сіз ашық шахтадан қорқасыз. Ұйымдастыру әдістерін жаңартуға қипақтайсыз. Осыныңыз тоқыраудың нышанасы емес пе, байқаңызшы.

Сергей Петрович өңі күреңітіп, үлкен денесін столға арта, жағадағы жартастай мызғымай қалыпты. Толқынша ұрған Мейрам сөзі өндірістегі озық жолдастардың да сөзі екенін түсініп отыр. Қалыптасқан өндірістен, қалыптасқан ойды өзгерту қиынырақ. Бір кезде арман болған социализм дүниесі орнады, қалыптасты. Сергей Петрович енді оның әp болтын цементтен бекітпек болса, Мейрам «тоқырау» деп айыптамақ болады. Жалаңаш даланың асты-үстіне бірдей жайылып кеткен көмірлі қаланы көз алдында жасатып, басқарып отырған үлкен адамға ауыр тиді бұл сөз. Сыртқа шашыраған ашу көрінбесе де, қайыса отырып қайырды жауапты:

— Талас түйіні қарқында жатыр, — деп, книжкасын қайта жайды алдына. — Қарағанды бірінші бесжылдықтың орта шенінде басталып, ақырғы кезінде-ақ ағылшын-орыс байларының алпыс жылда бергенін берді бізге. Қазір сол мақтанышымыздың өзінен он бес-он алты есе асып түстік. Еңбек тарихы бұдан артық шапшаңдықты білмейді. Қайтадан, қол шелектен басталған шахталарымыздың алды жүз процент машиналанды, артын соған теңгеріп келеміз. Техника тарихы да бұдан артық шапшаңдықты, байлықты білмейді. Капиталистер дүниесінде көмірді көбейту, арзандату еңбекшілердің діңкесіне тисе, бізді сергітіп, дене, ой қуатын арттырып барады. Біздің жұмысшылар мен инженерлер арасында еңбекақы айырмасы жойылуға айналып келеді. Тек жаңа құрылыстарға ғана күніне бір миллион сом жұмсап отырмыз. Ешқайда, ешуақытта тақыр далада орнаған қала бұндай шапшаң өскен емес. Басшылық тоқыраса, шабандаса қалай өскен? Әлде мен тек қарақшымын ба?

— Жоқ, сіз жақсы басқардыңыз. Енді одан жақсы басқармасаңыз жаманға айналады. Өмір қозғалысы шапшаңдай түсті.

— Әрбір шапшаңдықтың да есебі бар.

— Есептеуіңізге қанша уақыт керек?

— Ай, мүмкін жыл керек. Кесіп айтайын, ашық шахтаға рұқсат берілмейді.

— Себеп?

— Бірінші себеп — Қарағанды жағдайында ашық шахта бола алмайды. Екінші себеп — бола алған күнде, оны біз емес, жергілікті отын өндірісі министерствосы ашу керек. Көмірді біз заводтар үшін дайындаймыз. Ашық шахтаның көмірі жергілікті отынға кетеді.

— Заводтарға арналған сапалы көмірдің мыңдаған тоннасы жай отынға кетіп жатқанын есептейсіз бе?

— Есептеймін, қынжыламын.

— Ендеше, Әшірбек айтып жүрген ашық шахта тек күшті техникамен ғана жасалады. Ол техника сіздің қолда. Жергілікті отын өндірісі орындарының шамасы келмейді.

— Басқаның ісіне қол сұғып керегі не? Өз ісіміз аз ба?

— Бұ да өз ісіміз. Ашық шахтаның өнімділігі, жай отын үшін керектігі былай тұрсын, коксіленетін кемірге 15 процент қосса, кокс бұзылмайды, — дейді Чайков.

— Чайков, Әшірбектердің қиялына көз жұмып ере береміз бе, Мейрам Омарович, — деп сылқ-сылқ күлді Щербаков. — Чайков өндіріске атом энергиясын қолданса, дейді. Қандай жақсы қиял! Әшірбек, Ермектер көмірге үлкен шабуыл жасамақшы болып, жаңа графиктерімен құлады. Біз әр ұсынысты әбден салмақтап, зерттеп барып қабылдауымыз керек. Сабырмен зерттеуді сіз шабандық, дейсіз. Меніңше шабандық пен шапшаңдық жігін тапқан жоқсыз.

— Сіз саспай зерттегенше уақыт күте ме, — деді де Мейрам орнынан ауыр тұрды. — Қалған әңгімені горкомда сөйлесерміз.

Сергей Петрович терезеге келіп, кетіп бара жатқан Мейрамға сыртынан қарап тұрды. Тентек бала қанша ренжітсе де, әке шіркін қия ма. Сол әкедей қиялмай, не көне алмай албарлы ойымен тұр. Ол тек шаруашылық есептің адамы емес. Өз дұрыстығына сенімді болса да, алға арындай ұмтылған көп, адал, алғыр жолдас бекіре балықша басын тасқа соға ма деп қауіптенеді. Онысы нағыз қауіп пе, әлде аяулысына әйеншек болатын барлық адамға тән белгілі мінез бе, кім білсін, әйтеуір қамқор оймен қынжыла келіп отырды орнына. Телефон трубкасын көтерді.

— Обкомды беріңіз... Асан Амантаевич тағы да Щербаков сөйлейді. Мейрам Омарович асықтырып барады. Не айтасыз?.. Алматы, Москваның пікірін күтеміз? Онда тым жақсы! Оған дейін Мейрам Омаровичқа ие бола көріңіз. Тіпті терісіне сыймай жүр, — деп күлді де Щербаков трубканы іле салды.

Қолтығында жұмарлап ораған үлкен табақ қағаз, рұқсат сұрамай-ақ Козлов кірді.

— Иә, Борис Михайлович тағы не?

— Тағы сол. Көр, жасап әкелдім, — деді Козлов. Аласа, төртпақ қарт әлі ширақ. Қағазын жайып тастады. Толып жатқан сызық. Болашақ комбайнның суреті. Сергей Петрович шүйіле қарап отырып, сұрақтар қойды:

— Өнімділігі қанша?

— Сағатына елу бес тонна. Ұзындығы жүз елу метр лаваны сегіз сағатта бір шауып шығады. Шапқан көмірін рештакқа өзі салып жөнелтеді.

— Неше адам басқарады?

— Тіреушілерді қосқанда жеті кісі жетеді. Смена сайын он бес-жиырма адамның еңбегі үнемделелді. Мен кемірек айтып отырмын. Комбайн өнімі ұлғая бермек... врубмашинаша жүреді. Бары үшеу. Оның — екеуі қисық, бірі дүзу...

— Бардың, механизм бөлшектерінің дәл есебі неге көрсетілмеген?

— Көрсетеміз, көрсетеміз...

— Соларды көрсетіп, макетін жасап әкелмейсіз бе! — деді де қағазды ысыра салды Сергей Петрович. Козлов жалма-жан жинап жатыр. Маңдайы қызарып, ерні жыбырлап кетіпті.

— Бюрократизм! — деді бір кезде дірілдеп. — Горкомға барам. Сені партия талқысына салмаса болмайды...

Жасынан бірге істескен, бірге өскен қарт жұмысшы қатты ашуланды. Щербаковке қарағанда тұлғасы торғайдай-ақ. Сонда да төніп-төніп қояды:

— Сен түгіл, сенің әкең, марқұм Петр Алексеевич те бетімнен қаққан емес-ті. Неге асқақтайсың, неге ысырып тастайсың, менің қағазымды!? Онда жұртшылықтың озық ойы жатыр. Аш көзіңді!..

Ұсыныс артынан ұсыныс, керіс артынан керіс. Сергей Петрович «ләм» деген жоқ. Козлов ұрсып болып, шаршап барып отырғанда ғана, жымың етіп тіл қатты:

— Атылмай қалған патроның болса, тағы ат. Әйтеуір құр дәрілеп атып жатырсың.

Хатшы әйел телеграмма әкелді. Сергей Петрович оқып жіберіп, сағатына қарады да орнынан тұрды:

— Жанабіл келеді. Аэродромға барам. Істей бер, Борис Михайлович, істей бер.

— Ала кет, мен де барам. Ол менің шәкіртім! — деп Козлов қоса шықты кабинеттен.

VII

Щербаковтен шыққан соң, Мейрам тура обкомға тартты. Обком мен Облисполком бір жерде, үш қабат ақ үйде тұрады. Ол үйдің сырт жағында кинотеатры, бақша, алдыңғы жағында кең алаң бар. Алаңға былтырдан бері ағаш, гүл егіліп айналасын қоршаған. Аумағымен ойып әкеліп орната қойған ересек ағаштар бірер жылда-ақ зейнетті бақшаға айналды. Қақ ортасында күн шығысқа қол созып Ленин тұлғасы тұр. Ағаш көлеңкелерінде жапырақ, түсті сырлы орындықтар, ыстық күнде су себелеп фонтандар тұр. Көмірлі Қарағандыда егін арасындағы арамшөпше ескінің жұрнақтары кездесе берсе, бұл Қарағандыда ол ырымға жоқ. Түзу, тегіс көше, үш, төрт, бес қабат үйлер, фонтан, скверлар күн санап көбейе түседі. Көмір тозаңынан аулақ, жалпақ жонның үстіндегі шымқай жаңа, қылаң қаланың бір шетінде аэродром. Дуадақша жүгіре ұшып-қонып жүрген самолет тобының гүрілі түнде де басылмайды. Екінші жақ шетте — «Динамо» — спорт алаңы. Мыңдаған адам дуылдасып, дене шынықтыру өнерін қызықтап жүргені.

Құлазыған жалаңаш дала аз уақытта осындай мәдениет, өндіріс ошағына айналса да Мейрамның көңілі көншір емес. Щербаковтің жаңағы: «Шабандық пен шапшаңдықтың жігін таппай жүрсіз» дегені шамдандыра түсті. Бақша ішінде жалғыз, төмен қарап, жай басып келе жатып: «ол тек кешегі мен бүгінгіні салыстырады. Тояттау! Бүгінгі мен ертеңгіні салыстыру керек», — деп Щербаковті мінеп алады ішінен. Жайнаған алуан түсті екпе гүлдердің алқызыл бірін қызығып жұлып алды да ыңғайсызданып қалды. «Әркім естіп жұла берсе...» десе де, жұлынған соң тастай алмай омырауына қадап тұрғанда.

— Гүлге құмар әлі, қызыл гүлге! — деген дауыс естілді.

Обкомнан шығып келе жатқан Анатолий Федорович

Чайков екен. Қолында конверті бар. Ол жеткенше Мейрам да жауап беріп үлгірді:

— Иә, мен гүлге құмар. Құмарлық бітсе тіршілікте не сән бар.

— Құмарлық қиянатқа айналмасын бірақ.

— Мен жұлған бір гүлге бұны айттыңыз, өзіңіз ондап жұлғанда не айттыңыз?

Чайков жауап қайырмай басын шайқап күлді де, Мейрамның қолын қатты қыса амандасты. Бұдан сегіз-тоғыз жыл бұрын Мейрам Қарағандыға алғаш келе жатқанда, жапан дүзде, ирек-ирек белдер арасында барлаушы партияны басқарып жүрген Чайков осы. Содан бері араларынан қыл өтпейді. Жастарының үлкен, кішілігіне қарамастан әзілдесе беретін.

— Басыңыздың қасқасы күн санап ұлғая ма, немене, — деп еді Мейрам. Чайков иығын бір қозғап қойып:

— Амал не! — деді. — Сенің самайыңның ағы жұлсаң да бой бермей барады.

Екеуі бақшаны басына көтере күлді. Чайков аласа бойлы, төртпақ, жайдары, шапшаң кісі. Өткір, көкшіл кезінде күлкі енді басыла қалыпты. Мейрамды қолынан жетелей келіп, жапырақ көлеңкесіндегі орындыққа отырды да, үлкен әңгімені оп-оңай бастады:

— Долинканы көшіру керек! Александр Андреевичке айтып шықтым... — дегенде Мейрам жалт қарады, оның бетіне.

— Шын айтасыз ба?

— Шын айтам.

«Долинка» Қарағандыдан қырық-елу километр. Ондаған мың малы, ондаған мың егісі, бақшасы бар, жерінің бір шеті мен бір шетіне екі-үш жүз километрге созылған алып совхоз. Тікелей Москваға бағынады. Барлаушылар көмірді қуа-қуа осы совхоздың орталығына жеткен. Оны көшіру рулы елді көшірумен бірдей. Федоровичті бұл қиындықтың бірі бөгеген жоқ. Өз ойын өршелене дәлелдеп отыр...

— Көшіру үшін бірер шахтаны Долинканың дәл орталығынан ашу керек.

— Қиын мәселе, Анатолий Федорович.

— Несі қиын! Дәлел дайын. Дәлелдесең үкімет құшағын жая қарсы алады. Көмір неғұрлым көбейсе, өнеркәсіп солғұрлым күшейеді. Малдың, егістің астына көмірдің керегі не? Совхозды ол жерде қалдырудан көшіру әлдеқайда пайдалы. Керек болса, бұның экономикалық есебін де жасап берем...

Мейрам таласпай тыңдай берді. Жасы, тәжірибесі үлкен, қазақ жерінің кен байлығы туралы отыздан аса ғылыми еңбегі бар. Москва, Ленинград, Алматымен пікір байланысы қат-қабат адам сөйлеген сайын тереңдеп барады. Алдын алыстан болжап, ғылым дүниесіндегі озық ойларды көлденең тартып тұр. Ойы өзіне сонша айқын, сенімі сонша күшті сияқты — сөзінде бір дүдәмал, мүдіру жоқ. Батыл айтады.

— Көмір жалғасы алпыс-жетпіс километрге кетті!- — деді батысқа нұсқап қойып. Екінші қолын дереу шығысқа созды. — Бұл жақ біздің қайсыбір барлаушылардың болжауынша «Екібастұз» бен ұштасады. Қарағанды үлкен көмір теңізі. Соған лайық кеме керек. Меніңше Қазақстанның қара металлургиясын жасау қамына кірісетін де мезгіл туды. Қайыр Аманбековичтің мына хатын оқығанда осы пікір келді басыма...

Анатолий Федорович Қайыр Аманбековичті әрдайым аузынан тастамайды. Екеуі жиырманшы жылдардың бас шенінде Томск университетін бір бітірген кен зерттеуші инженерлер, мектептес достар. Оның үстіне Главкадағы зиянкестер тобымен айтыс уақытында жұбын жазбай, достықтарын нығайта түскен. Қайыр жуырда ССРО Ғылым Академиясының қазақстандық филиалына ауысты. Қырыққа тарта ғылыми еңбегі бар, Қазақстан тұрсын Москваға мәлім адам. Мына хаттың бір жерінде былай депті:

«...Қуанышпен хабарлаймын — қазақ жері көмір, түсті металл, сирек металл байлығын ғана көрсетіп қойған жоқ. Шойын, темір, болат байлығын да көрсетіп отыр...»

— Байқадыңыз ба, бұл сөздің мәні үлкені — деп хаттың осы жолын бірер нұқыды да қалтасына салды Чайков. Сөз түйдегімен келіп, көмейіне тығылып тұрған тәрізді, лықып шығады аузынан.- — Қазақ жері кең, совхозға қоныс көп. Каргрэстің суы, тогі жетеді. Темір кендерін баурағанша өндіріс маңындағы ескі-құсқы темірлердің өзі бірнеше мәртеге азық бола тұрады. Қарағанды көмірі Орал, Балқашпен қоса Қазақстанның қара металлургиясын неге қозғай бермейді?! Үндемейсің, Мейрам Омарович, ойлы жігітсің, ойлағаның жақсы. Meн бұның бәрін жолдастығыңнан, секретарьлығыңнан бұрын депутаттығыңа айтып отырмын. Ғылыми-техникалық пікірлер қазір соншалық көп туа бастады, республика соншалық өсіп барады, Қазақстан енді өзінің Ғылым Академиясын жасамасқа амалы жоқ. Міне, бұл ең қиын мәселе. Ғалымсыз, ұлт ғалымдарынсыз қалай жасалады?! Айтпақшы сен қашан қорғайсың?

Кенеттен өзіне тап берген Чайковке мырс етті Мейрам. Бетіне қарап телміре қалыпты.

— Осы жылдың ақырына дейін жазып бітірем.

— Ардақ ше?

— Ол келесі жылы қорғар.

— Демек, филологиядан бір, экономикадан бір ғалым шыққалы тұр.

— Тағы бір мұғалім тарих ғылымынан дайындалып жүр.

— Бәрекелді! Көмір туралы докторлығымды мен де жазып бітірдім. Қорғауым ғана қалды. Қайыр Аманбековичке жазып жібердім. Қандай қуанар екен! — деп тұра жөнелді Чайков. Өзі қуанғаннан кепкесін ұмытып кетті. Асығыс қоштасып, басын бір жағына сәл қисайта, жебелей басып барады. Мейрам артынан қарап отырып:

— Ойы мөлдір адам! — деді ішінен, Чайков кілт бұрылып, кейін қайтты. Қолын көтере сөйлеп келеді:

— Барлаушыларды жөнелтпек едім, асығып айтпай кетіппін. Щербаков жақсы көмірші, бірақ жаман геолог. Қорықпаңдар ашық шахтадан. Әшірбек біледі, ол жердің көмірі ашық алуға тіпті қолайлы.

— Анатолий Федорович, мына кепкеңізді...

— Рақмет. Ардаққа менен сәлем.

Чайков кездескен жерде жаңа ойлар айтып кетеді. Бұл жолы айтқаны Мейрамды қатты толғантты. Қарағанды өскен сайын қазақстандық, бүкілодақтық маңызы бар ірі-ірі мәселелер қойып тұр алға. Бақшадан шығып, асфальт жолмен обком үйінің кең, биік сатыларына келіп көтерілгенде де Мейрам осы ойлардың шырмауында еді. Үшінші қабаттағы секретарьдың кабинетіне жеткенде ғана айықты. Секретарьға кезексіз, сұраусыз кіре беретін. Бұл жолы хатшы әйел: «Москвамен сөйлесіп жатыр» деген соң бөгеле тұрып, сез біткен соң кірді.

Үлкен кабинеттің ең төрінде шекесі жалтырап, ақ киімді, иықты, кеуде сүйегі кең, бурыл бас адам отыр. Бетінде әлі әжім жоқ. Ақсары жүзі, бадана көзі жасы толып келсе де мөлдіреп тұр. Амандықтан соң байсалды мінезін, жылы-шырайын бұзбастан Мейрамға бір қарап өтті де:

— Қабағың неге жабық? — деді.

— Қабақты Сергей Петрович бұза береді. Рұқсат етіңіз, Александр Андреевич, мәселені бюроға қоймақпын.

Александр Андреевич жуырда жауап қайырмады. Жай сөйлесе де жауапқа бөгелмейтін. Мейрамның ұсынысын тастамайтын. Бұдан бірнеше жыл бұрын комиссия бастығы болып орталықтан Қарағандыға келгенде, Мейрамды зиянкестердің жапқан жаласынан құтқарып кетіп еді. Қарағанды облыс орталығына айналғанда обкомның бірінші секретары болып келді. Горкомның да бірінші секретары. Қала мәселелерін көбінесе Мейрам басқарса да, оның ішінде басты-бастыларын бірінші секретарьсыз шешпейді. Александр Андреевич үндемей қалғанда, жақсы көретін жолдасының бір мінін бетіне айтуды ойлап отыр екен.

— Есіңізде ме? — деді бір кезде, — бұдан жеті жыл бұрын көмірлі Қарағандыда, екі қабат стандарт үйде екеуміз ұзақ әңгімелестік...

— Есімде, — деді Мейрам.

— Сонда сіз «күрескен соң жығу керек» дегенсіз. Тап жауына бұл рақымсыздығыңыз мені әбден сүйсіндірді. Енді достарға сондай қаттылық көрсетсеңіз күйінер едім. Партия бұған жол бермейді. Айыптаудан аулақпын. Тек сақтандырғаным.

— Айта түсіңіз, тұйық сақтандырғаныңыз түсініксіздеу болып тұр.

— Былтыр осы уақытта «Шевченко, Афанасьевтердің комбайны» деп Қарағандыны дүңкілдетіп жүрдіңіз. Қайда сол комбайндар? Әнеукүні Ермектің графигін мақтағансыз, ол график орындалмай қойды. Кейде шаруашылық, совет ұйымдарының правосына қол сұғасыз. Менің пікірім жеңсін дегенше, дұрыс пікір жеңсін деген артық. Енді түсінікті ме?

— Түсінікті, — деді Мейрам ойланып отырып, ақшыл жүзі қызғылт тартты, — Кейде асығыс та, омыраулап та кетсем керек.

Александр Андреевич бұдан әрі қазбалаған жоқ. Трубкасына «Золотое руно» темекісін салып жатқанда, ұртында жұмсақ күлкі тұрды. Адам көңілін көбінесе жылы сөз, жылы мінезбен алатын әдеті. Алды кең, оның алдынан сыр бүгіп шығатындар кемде-кем-ақ шығар. Мейрамның кейбір қатал, үстем мінездерін жұмсартып отыратын сияқты еді бұл кісі.

— Адам түсінсе де бойындағы жарамсыз әдеттің бәрін жеңе бермейді, — деді күлімсіреп, — мен мына темекінің зиянын ертеден білем. Қоя алмадым. Өзін-өзі жеңу, өзін-өзі түзеу — түсінумен қоса қайрат тілейді.

— Бойда барды салып көреміз, — деп күлді Мейрам.

— Онда жеңесіз, сіздің қайратыңыз жеткілікті.

Көп телефонный, бірі шылдыр етті. Секретарь төтенше сөйлесетін ішкі телефонный, трубкасын көтерді. Обкомның екінші секретарь! Асан Амантаев екен. Бағана телефон арқылы Щербаковтің айтуымен Мейрамға кейіп сөйлеп жатыр.

— ...Тәртіпке шақырсаңызшы. Щербаковке тіпті маза бермейді... Мәселе ушығып барады...

— Меніңше ол тәртіпсіз жігіт емес. Азырақ асығыстығы болар, оның есесіне анау отағасының азырақ шабандығы да бар. Қапа болмаңыз, мәселе дұрыс шешіледі, — деп Александр Андреевич трубканы ілді де Мейрамға қайта бұрылды. — Ал, енді даулы мәселеге келейік. Щербаковтікі әзір сақтық. Ұсыныстарды зерттемей, қабылдай беруге болмайды. Зерттесін. Егер зерттеуді кедергіге айналдырып бара жатса көреміз.

— Осы мәселе жөнінде өз пікіріңіз қалай!

— Ермектің жаңа графигі сәтсіздікке ұшырады. Ол оны көре сала түзеу қамында. Забой жұмыстарын тездетем, учаскелерді ірілендіріп, дайындықты күшейтсем, — деуі қонады көңілге. Әшірбектің ашық шахта жайындағы ұсынысы да дәлелді. Поезды бүкіл составымен забойға енгізбек, көмірді экскаватормен тиемек... Бәрін техникаға істетем, дейді. Тіпті батыл ой! Бұған Щербаков пен Ермек көбінесе әуе райынан қорқып, қарсы боп жүр.

— Босқа қорқады. Боранды күннен борансыз күн көп. Ашық шахта көмір шығаруда өнімді болса, қардан тазарту одан да өнімді

— Қардың өзіне қарсы шаралар бар. Маңайға ағаш егіп, щиталар құрып тастаса, неқылады боран.

— Онда бұл игі істі неге бөгей береміз?

— Москваның пікірін күтпейміз бе?

— Уақыт өтіп барады. Тағы да айлар өтетін болады.

— Айлар емес, жұмалар ғана өтер, — деді де Александр Андреевич әзілдеп қойды, — жас қайрат, соны ой өмірге жаңа қарқын береді. Кейде олар жолын таппай жартасқа соғады.

— Тауып айттыңыз. Бірақ, паруана әкеге бой бермей жас бала жығыла жүріп жер таниды.

— Сен де тауып айттың білем.

Екеуі біраз күлісіп алып, Козлов жайында қозғады әңгімені.

— Көмір комбайны шахта өмірінде зор оқиға. Алғашқы талаптың сәтсіздігіне қарап жасқанбау керек. Ол сәтсіз де болса ілгері нұсқап кетті.

— Осыны Сергей Петровичке де айтыңыз.

— Айтамын. Козловқа барлық жағдайды жасатамын. Меніңше Шевченко, Афанасьевтердің қатесі — жұмысшы, инженер коллективінің кеңесінің сынынан аулақ ұстады өздерін. Мейрам Омарович, Козлов досыңды бұл қатеден сақтандыра гөр. Бұл көмекті оған өзің ұйымдастыр.

— Жақсы! — деді Мейрам. Міні бетіне басылса да қабағы жайраң. Сайып келгенде Александр Андреевич қостап шықты. Бірақ, толғауы кеңірек, әрекет әдістері әрқилы, тәжірибесі байырақ екенін Мейрам бұл жолы бұрынғыдан айқын көрді. Жаңа телефон арқылы кіммен кім туралы сөйлескенін де шамалап отыр еді. «Сабырлы, адам сыйлау қасиеті басым-ау осы кісінің! Ешқайсымызды құлатпай қолтықтап алып шықпақ» деген оймен орнынан тұрды.

— Біз сөз қылған комбайн, ашық шахта, еңбек ұйымдастырудағы жаңа тәсіл Қарағанды үшін ғана емес, Донбасс, Кузбасс үшін де үлкен жаңалық, — деді Александр Андреевич. «Қарағанды ойдың да өндірісі» деп дұрыс айтқансың. Бір шахтаны ВУГИ-дің қарамағына беру керек. Көндіреміз Щербаковті.

Ризалық білдіріп, басын изеді де, шығып кетті Мейрам.

VIII

Биік көпірдің темір діңгектеріне, олардың үстіне орнатқан кең, ұзын тақтай қораға Жанабіл төбесінен қарап тұр. Үш-төрт жыл көрмеген шахтасы қандай өзгерсе, өзі де сондай өзгерген. Бұрын алып қаш мінезін, өткір тілін тежей ұстап, әрнәрсеге байыпты қараған, байсалды бола бастаған түрі бар. Партия мектебі білім ғана емес, мінез де беріпті. Қасындағы Жұмабай мен Майпаға қазіргі көңіл күші өткенмен салыстыра айтты:

— Еңбек сіңген, көз үйренген нәрсе қандай ыстық! Боқайдың құрым қосты комбинатқа кіргенше тастамауына түсінбей күлген екем.

— А, солай ма?! — деді Жұмабай. — Қара сиыр да маған ыстық көрінетін.

— Музей бар ма, қалада? Біз көргендерден жөнді ештеме қалмапты ғой.

— Бар, бар. О, құданың құдіреті! Майпажанның станогін, сенің станогіңді, менің тәшкеме дейін сонда жинап қойыпты. Ақшасыз көрсетпейді.

— Кеше ғана соның бәрі еңбек құралы болса, бүгін тарих материалы болып қалды. Шапшаң, тіпті шапшаң кетіп барамыз, Жұмеке!

Жанабіл аңқау атасының бойынан да өзгерістер тапты. Бұрынғы жасқаншақ, кірмелік мінезі тіпті байқалмайды. Шахта қотанында талтаң басады аяғын. Көзінде қалқан, әлектрмен темір пісіріп жатқан жас жігітті:

— Бондаренконың баласы, — деп нұсқады.

— Қалай, Бондаренко жанжал шығармай ма?

— Пәле! Қазір «орыс», «қазақ» деп қық ете ме екен бірі!

— Бұрын қалай қық еткен?

— Сайтан азғырды да.

— Енді неге азғырмайды?

— Құданың құдіреті, осы арасына қайранмын. Орыс, қазақ, шүршіт ағайын болып кетті бәрі.

— Ол сананың күші, Жұмеке. Халықтың санасы өсті, — деді де Жанабіл ілгері аяңдады.

Шахтаның мехцехы бұрын бүкіл Қарағандыны қамтыған мехцехтан үлкенірек. Қалың плиталарды электрмен ұстарадай тіліп жатыр. Осы үймен жалғаса биік, бірнеше көркем үйлер кеткен. Ортаға үлкен алаң қалдырып, доғаша иіліп келіп, үйлердің бір шеті шахтамен қайта түйіскен. Жұмабай үйлерді де, олай бұлай өткен адамдарды да сырттан таныстырып келеді.

— ...Біздің мехцех баяғы сендер істейтін цехтың әкесіндей... Анау клубымыз бес жүз кісі сияды. Оған тақау сұр үй столовой, магазин, мынау үлкен корпус: контор, наряд залы, монша, лампа бөлмесі. Мына кетіп бара жатқан бұйра бас жігіт Әсет маркшейдер. Ана келе жатқан учаске бастықтарының бірі, аты тілімнің ұшында тұр...

— Театрға барып тұрасыз ба, Жұмеке?

— Е, бармай! Қыз Жібекке үш рет, Айман-Шолпанға әлденеше рет бардым.

Жанабіл Майпаны түртіп қалып күбірлеп қойды:

— Әкең қартайғанда сұлудан сұлу қоймапты ғой.

— Үлкен кісімен ойынды қойсаңшы.

— Үлкен кісінің өзі бүлдіріп келеді.

Бұларды көріп, контор алдында тұрған Ермек, Әшірбектер бері жүрді. Олардың соңынан бүлдіршіндей алты-жеті жігіт ерді. Жігіттердің бірін таныған жоқ Жанабіл. Ермек таныстырды:

— Маркшейдер — Жабасов, тоғызыншы учаске бастығы — Арыстанов. Машинист — стахановшы — Ворона. Комсомол комитетінің секретары — Ержанов. Транспорт бастығы — Семенов. Механик — Ақтанов...

— Жұмысшы саны қанша?

— Қызметшілерді қосқанда үш мыңға тарта бар.

Шахтаның адамдары өзгеріп кеткен. Таныстары кекен-саяқ. Жаңа қауым, жаңа жүмысшылардың тұлғасына Жанабіл сүйсіне қарап тұрып, қалжыңдай сөйледі:

— Кел қорыған қызғыш деуші едік Бәйтенді. Қызғанса қызғанарлық екен. Сендер де «жұмысшымын» дейсіңдер ме, өздеріңді?

— Енді қалай? — деді жастардың бірі.

— Жоқ, интеллигентсіңдер. Біз, жалаңаяқ, сауатсыз келіп, қайла, балға ұстадық қолға. Бізден бұрынғы Ермектер, тас көмірдің үстінде еңбектеп, мойнымен сүйреді шананы. Сендер оқып келіп, машинаға міндіңдер. Бұл да жұмыс па?! Жұмыс дегеннің тек аты қалды, заты өзгерді.

— Дұрыс айтады! — деп Жұмабай қойқаң-қойқаң етеді. Екі езуі екі құлағында, бүгін ол сөзшең, ойы асқақ. Балаларын сағынып керді. Адам болған баладан артық, әкеге мақтаныш не? Мақтанып та қойды. — Марқұм Құтжан балуанның бригадасында жүргенімізде, құйылған тер бір кеппейтін. Осы күні маңдай жібитін жұмыс бар ма, тәйірі! Бәрін машина істейді...

Майпа өзінің үйренген мехцехын көруге асығып тұр. Ұзын кірпікті қара көзі кіртиіп, қызарыңқырапты. Елге қайтпақшы болғаннан бері ұйқысы шала еді. Оның үстіне ертелі-кеш естіп, түн бойы амандыққа келген жолдастар таң атқанша ұйықтатпады. Ермек, Әшірбектер сонда болып, көзшырымын алмай келді жұмысқа. Қарағандының кішірек кезінде кетіп, үлкейген кезінде келген Жанабіл, Майпалар өскен қаласын көруге қандай құмартса, бас қосқан жерде өжет мінездері ауыздан түспейтін Жанабілді көруге де жұмысшы қала құмар. Осы тұрғандардың әрқайсысы-ақ өзімсініп, күлдіргі, тапқыр сөзін естуге асық еді.

— Жұмекеңнің Майпажаны мехцехқа қарай иегін көтере береді. Кетпесе болмас, — деді Жанабіл. — Бүгін сірә, жер үстімен танысармыз. Біз «қайла вези», «шай кушайтта» жүргенде мына жастар оқып тастапты. Енді оқулы дүниені көреміз.

— Қап! Өзім керсететін едім, смена тақалып қалды-ау! — деп қала берді Жұмабай. Бәрін өзі жасағандай, пәлсіне сөйлейді. Ермек қана ере кетіп, былай шыққан соң күңкілдей бастады Жанабілге:

— Мейрам мен Щербаков біз кеткен соң бөтен сөз сөйлеспеді ме?

Неғылған бөтен сөз?

— Екеуінің арасы алшақтап барады. Кім дұрыс, кім терісін кезінде көрерміз. Әйтеуір, Щербаковке дақ салып алмайық. Есіңде болсын.

— Бұл жерде басқа түгіл, Ардақ та қостамас оны. Неғыл дейді Щербаковке?

— Техникалық, ғылымдық таластар...

— Талассыз өсу бар ма! Таласты жаншудың бәрі бірдей пайдалы ма? Солардың ішінен таңдап ала білу керек те.

Ермек көңіл түйткілін білдірді де қайтып кетті. Бір кварталды қоршаған темір аран. Ішінде — созылып барып, иілген қызыл кірпіш заңғар үй. Үйдің кірпішінен әйнегі басым. Қақпадай-қақпадай әйнектерден электрдің жасыл оттары жарқылдайды. Күшті дүрсіл естіледі. Аранның ішіне сыймай вагонеткалар теңкиіп-теңкиіп далада жатыр.

— Енді де «парожняк жетпейді» дер ме екен!

— Вагонеткаларды осында жасайтын болған ба?!

— Одан да зорырақты жасайды бұл завод.

Қақпа алдында бурыл бас күзетші қырын қарап тұр еді.

— Бәйтен екен, Бәйтен! — деді Жанабіл Майпаға сыбырлап. Білдірмей келді де көзін баса қалды.

— Бұл қайсың, ей жібер! Күзетшімен ойнама, жібер! Атамын! — деп, Бәйтен қолындағы бердеңкесінің құлағын қайырғанда ғана босатты Жанабіл.

— Ал, ата ғой.

— Ой, езуіңді!.. Келші құшақтасайық...

Екеуінің де көзінен жас тамшылады, Жақсы, жаман болса да біріне-бірі дақ салмаған ескі жолдастар, жай адамша кездесе ала ма! Бір кезде қадірсіз Бәйтен енді қандай сүйкімді, аянышты. Қартайып қалған. Алды бар, арты жоқ, бар күшін аузына жиған сорлының одағай мінездері ерке баланың қылықтары секілді көрінді Жанабілге. Аяп тұр. Бұрынғыдай ащы тілін салмады. «Бәйтеке, «сіз» деп сыпайы сөйледі:

— Шашыңыздың ағы көбейіпті ғой. Кәрілік пе, көңіл ағарғандық па?

— Көңіл ағарғандікі де. Шүкір, денім сау. Тұрмысым жаман емес, жұмыс жеңіл. Төрт бөлмелі үй салып алдым. Сиырым, үш-төрт ешкі-лағым бар. Пенсия алып тұрам. Жалақы тағы алам. Саяси орын сенімді деп, осы зауытты маған күзеттірді...

— Бұл заводыңыз не істейді.

— Ол саяси мәселе. Айтуға болмайды. Анадағы қаптан аузым күйіп қалыпты.

Жанабіл шегі түйілгенше күлді.

— Бәйтеке-ай, талай қызықтар бар еді-ау!..

— Істеудей-ақ істеуші ек!? Әттең мына күзет қолды байлады Бұл өзі үлкен саяси сенім. Есіңде ме, халық жаулары суық қолын алдымен өндіріске сұққан. Бір кісіні тексермей жібермеймін.

— Бізді ше?

— Саған қайда болса да есік ашық қой. Мейрамның орнына келеді деп еді, рас па?

— Әзір демалыста жүрмін. Партия біледі.

Екеуі әңгімемен тұрыңқырап қалды. Ескі жолдастардың қайсысы қайда жүр, не істеп жүр, Бәйтен арқылы бәрін білді Жанабіл. Ағылшын, совет Қарағандысын басынан кешірген жаман Бәйтен енді жақсы тарих. Оның мақтан аралас ожар, олақ сөздерінен де шындық жарқылдайды...

— Біз түгіл сенің өзің кірме боп қалдың? — дегенде, ол бұрынғы қызғанышын, қаланың ойсаң өскенін емес, жаңа адамдар билегенін айтып еді. Жанабіл қостады:

— Иә, Бәйтеке, бәрінен де кадрлардың көбейгені қуанышты. Суға қандай сусаса, қызыл маманға сондай сусап еді ғой, бұл қала. Жаңа шахта алдында бір топ жас маманды көргенде, мына заводқа мақтанған сіздей-ақ, мен де мақтанып тұрмын ішімнен.

— Пәле, біздің заводтың қасында шахтаның мамандары маман ба! Козловтың өзі осынан шықпайды, үйреніп жүр. Өзіміз осы күні машина тілін білудей-ақ білеміз, тек жүргізе алмаймыз...

Жанабіл тағы да бір рақаттанып күліп алды да, Бәйтенді арқаға қағып, еніп кетті ішке. Алдымен үйренген жұмыс орнын іздеп келеді. Мехцехтың ағылшындардан қалған шипуыт тұрбасы жоқ. Аспанмен тілдескен темір белбеулі жуан қызыл тұрба тұр; кен, аузынан лақылдаған қара түтін, тымық күнде өркеш-өркеш бұлт болып, қала үстінде қалықтап барады. Алғашқы күндерде бүкіл Қарағандыға қуат берген жапырақ тас үй тұр. Ішінде парогенератор, нефтедвигатель, үш-төрт токарь станогі болатын. Бірі қалмапты. Бөлмелерін қосып, зал жасап жіберген. Залдың қабырғалары шкаф, сөре — олар толы механикалық құрал-саймандар. Өзімен өзі болып күйбеңдеп, көзілдірікті қарт жұмысшы жүр: балғын, зор денесі бүгіле, жалпақ иығы күдірейе жүр.

— Ковалюк! — деді Майпа Жанабілге сыбырлап, — Көзілдірік киіпті.

— Үндеме, таныр ма екен!

Ковалюк әлден уақытта баяу бұрылып келіп, тұрған екі жасқа көзі түскенде дауыстап жіберді:

— Жанабіл, Майпа!.. Туу шайтандар, боржон сияқты жібекке оранып!.. Танымай қала жаздадым.

— Өзің көбірек ұқсайсын. Көзіңде көзілдірік. Магазин мынау!

Ковалюк екеуін де сүйіп амандасты. Бір кезде бригадир болатын. талай жасты үйреткен, жоқтан бар етіп жаңа өндірістің іргесін қалаған, байсалды, ұқыпты Донбасс жұмысшыларының бірі еді. Жадағай, кең мінезінен, сараң аузынан шыққан әр сөзінен украиндық екені аңқып тұр. Амандықтан кейін өзгерістерді жайлап айтып берді... Кәрі Иван қайтыс болған. Антон қартайыпты, пенсионер. Жолтайдың баласы токарь. Бір өзі үш станокті басқарады. Козлов, Лапшиндер шахтаға ауысқан — изобретатель, конструктор...

— Мехцехтың орнында құрал-саймандар сарайын басқарып мен ғана қалдым, — дейді Ковалюк.

Майпа өзінің жұмыс орнын танып, есіне еткен күндерді түсіре бастады:

— Дядя Ковалюк, менің машинам мына жерде еді-ау, Жанабілдің станогі ана жерде...

— Иә, иә, дәл таптың.

— Менің орныма қалған қыз қайда?

— О, ол жоғарылап кетті. Аспанда жүр, летчик.

— Болар, болар. Өткір еді!

— Өзің не бітірдің?

— Тіпті жақсы, қызым, тіпті жақсы! Сендер үйрене өрлей бересіңдер...

Бұдан шығып Жанабіл мен Майпа заводты аралады.

Жаңа заводтың іші сыртынан да айдынды. Бірнеше цех. Әр цехы даладай. Токарьлар бөлімінде ондаған станок тұр. Бірі — жонып, сүргілеп, бірі — кесіп, тесіп, темір, шойын, жез, қалайы, мырыш, алуан түрлі металдан механизмнің алуан-алуан бөлшектерін жасап жатыр. Шеберлік, көркемдік тек осында сияқты. Токарьлардың көбі кілкін кескен жас, фабрик-завод мектебін бітіріп келгендер. Жанабіл, Майпа, бірін танымады, жағалап отырып Жолтайдың баласы Өміржанның қасына жеткенде:

— Здравствуйте! — деді Өміржан.

— Қазақ тілін ұмытқанбысың? — деп еді Жанабіл, бала жігіт ұялып, қызараңдап қалды. — Оқасы жоқ. Бірақ ана тілін ұмытпағайсың. Әкең тың ба?

— Тың.

— Мені танимысың?

— Әкеймен бірге арқан тоқып жүрген кездеріңізде көргемін.

— Мен сені танымадым.

— Сіз аз көрдіңіз ғой. Мен көбінесе фабрик-завод мектебінде болдым.

Өміржан аялдай алмай жүре сөйлесті. Үш станогі бірден істеп тұр. Бірінде — күбідей шойын баяу айналады. Айналған сайын болат пышақ қырып, үгіп барады. Жас токарь қолындағы чертежына қарайды да, сом шойынды асата, циркулімен дамыл-дамыл өлшейді. Қалыңдығы ұстараның жүзіндей артық не кем жонып алса бүлдіреді. Дәлдік, шеберлік шегі дәл осы болар. Өміржан станокті тоқтатып қойып өлшегенде:

— Жігітсің! — деді Жанабіл сүйсініп. — Поршень жону әр токарьдің қолынан келмейді. Үш станокті бірдей істейсің-ау, тағы! Біз бір станоктің өзіне үлгіре алмаушы едік.

— Петя төрт станокте істейді.

— Қанша табасың айына?

— Жеті-сегіз мың сом. Кейде одан да асып түсеміз.

— Жөпшенді ғалымнан да асып кеткен екенсің.

Жерде қол кран, төбеде машиналы кран істеп тұр. Адам күші қозғай алмайтын ауырды шопақ құрлы көрмей тілеген жерге жеткізеді. Станок сайын электр кнопкасы. Тоқтатып, жүргізуге секунд ғана уақыт керек. Станокті шапшаң не ақырын жүріске салудың өзі бұрын бірсыпыра уақыт алатын. Қазір ол да кірпік қаққанша. Өлшеу, кесу аспаптары қандай! Таспа-таспа, жаңқа-жаңқа болып металл қыртыстары үйіліп қалған. Жалт-жұлт етіп, мүсінін көрсетпей станоктерде зырлаған ақ, көк, сары — қилы-қилы механизм бөлшектері сағымша лыпылдап тұр...

— Біздің машинада істедік, дегеніміз Бәйтеннің ескі жұмысшымын дегені сияқты-ау, — деді Жанабіл Майпаға. — Нағыз машина, нағыз машинист осылар! Бұлардікі жұмыс емес, көркемдік, шеберлік бәсекесі.

— Алқынбаса, алақан қолдырап, маңдай тершімесе жұмыс емес-ау саған.

— Жұмыс қара күш тілейді. Бұлардікі тек ой күші...

Полы асфальт, ұзын, кең зал. Темірді киізден оңай тілгілеген көп станок. Радиодан баяу, нәзік музыка естіледі. Ашулы үлкен әйнектерден самал соғады. Әр тұсқа қойылған түрлі гүлдерден қош иістер келеді. Жанабіл, Майпа аралай-аралай формашы цехқа жетті. Бұнда машина жоқ. Біраз жүмысшы құм балшықтан шымшытырық қалыптар жасап жатыр. Металды қорытып осы қалыптарға құяды, содан кейін токарьлар станокке салып өңдейді. Анау шетте, қасында бір жас жұмысшы бар, Козлов та жүр. Жанабіл сөйлей келді Козловқа:

— Борис Михайлович, сіз не істейсіз, бұнда?!

— Комбайнның қамы да. Макетін жасағалы жүрмін. Сергей Петрович бұзылды ғой, бұзылды...

— Маған көрінбеді онысы.

— Көресің әлі. Мейрам Омаровичтен сұра. Сені мен біз қандай жәрдемдесетін едік бір-бірімізге. Ол бюрократ!

Жанабіл сақ-сақ күліп жіберді.

— Сергей Петровичтің қолынан бірнәрсе келмесе, дәл осы келмес.

— Күлме-күлме. Құлағынан басып күйдіру керек оны.

Бір кезде өзінің еңбек ұстазы болған сүйкімді қартқа

Жанабіл сын көзімен қарады. Қашанда жасы үлкеннен ойы үлкен, кеңірек, шыдамдырақ қой. Бұрын аузына келгенін ірікпей айтып салса, енді — «Мейрам, Щербаковтер де сіз сияқты қызыңқырап кеткен» деген ойын айтқан жоқ. Достарының арасындағы көңіл кірбеңін, пікір таласын өсу зады, деп тұр.

— Әуелі комбайнды дәлелдеңізші. Сонсоң ол тентек шалдың күшін көрелік! — дегенде Козлов жымыңдап, көтеріліп қалды. Дереу чертежын, ағаштан жасаған үлгілерін көрсетіп жатыр:

— ...Мына өзгерісті Әшірбек, мынаны Әкім қосты... Инженер, механик, машинист — үшеуі ұнатқан, қалай ұнамас екен! Макет бітсін, мен онымен басқаша сөйлесем сонда.

Үлгі бойынша балшық-құмнан жасалып жатқан ұяларды, қағаздағы қым-қуыт сызықтарды Козлов құмарта түсіндіріп тұр. Жанабіл бәрінен де оның құмарлығына сүйсінді. Карт адамның сөзінен жастық жалыны лапылдайды.

— Менің басымнан ұйықтағанда да шықпайды бұл машина. Қызметтен бос уақыттың бәрін осыған жұмсап келем...

— Бұл құмарлық жеңіп тынады, Борис Михайлович! Жаңа ой тіпті жасартып жіберген сізді. Бірақ, шахталарыңыз олқылықта көрінеді. Бұл қалай?

— Оның үлкен мәні бар... — деп Борис Михайлович топырақ үйіндісіне отыра кетті. Шахта жайын кеңінен толғап, ұзақ әңгімеге кірді екеуі...

IX

Шатыр төбелі ұзын ақ қора өзек жағасында тұр, күнге шағылысып, тіпті шаңқан көрінеді. Сол қорадан желе шоқытып жан-жағына қарана шыққан Жайлаубай ұзап барады. Әуелі өзекті қабақтай жүрді, одан оң жағындағы белеске көтерілді. Белесті жоталай отырып сары шоқының басына жеткенде айқай сала ойға қарай құйғытты. Астында күрең дөнен, ылди, жер тегіс емес, сүрініп кетсе допша домалар еді. Саспайтын қартаң адам жастарша шауып келеді. Сонау ойда, шоқ қарағанның тасасында кек сиырды қасқыр жеп жатқан сияқты. Сол маңда ұя салған қасқыр болатын, жануар бошалап шығып, өзі барды деп келеді. Кінәні сиырға аударса да көңілі көншіген жоқ. Осы совхоз ұйымдасқаннан бері саулы сиырларды басқаратын, бір бұзауы шетінеген емес-ті. Енді тапа-тал түсте асыл текті көк қасқаны қасқырға жегізсе, қара басқаны да. «Апыр-ау, қас пен көздің арасында қалай айрылдым!» деп тақала бергенде, ыржиып күліп жіберді. Атының басын тартты. Қасқа сиыр теріс қарап, толғатып жатыр. Қипақтап оқтын-оқтын артына қарағанда, маңдайының қасқасы ағараңдаған қасқыр боп көрініпті Жайлаубайға. Алданғанына ұялып та, қуанып та қалды. Атының аяғына тұсамыс салып қарағанға байлады да, сырт киімін шешіп тастап, сиырдың тууын күтті. Бұзаудың тұмсығы, алдыңғы екі аяғы көрінді. Содан артық шыға қоймай бөгеліп тұр. Жайлаубай сиырымен қоса толғатып отыр...

— Қиналды-ау, жануар! Басы шықса екен, — деп қояды. Бір кезде басы шығып еді, өзге денесі шығуын күтпей-ақ суырып алды бұзауды. Дереу аузын, мұрнын үргілеп, құлағын, аяғын сыпырып жатыр. Көк қасқа да түрегеліп мекірене жалады бұзауын. Жайлаубай енді екеуін оңаша қалдырып, ойланып тұр:

«Адам, мал, ұшқан құс, жүгірген аң — бәріне бала қызық. Шіркін бала!» деп өзінің дүниеден баласыз өтіп бара жатқанын тағы да бір есіне алды. Совхозға келгелі ескі мінез, әдеттердің талайын тастаса да, осы «ұрпақсыздық» уайымын тастай алмай қойды. «Шекер рұқсат етсе...» дейтін бір кезде. Шекер балаға өзінен әрі құмар, әлдеқашан рұқсат еткен. Бірақ, Жайлаубайдың әлі бітіргені жоқ. Заман көтермейді, жаспен отасаламыз ба, деп соза тартып келеді. Жасы алпыстың ішіне енді, Жайлекең сірә сол бетімен кететін шығар.

— Бұ да нәресте ғой, — деді де бұзауды шапанына орап, кеудесіне қысты. Атын жетелеп, жаяу тартты совхозға. Аз мінілген шәлкес дөнен бұзау өңгертпек түгіл, жетектің өзіне бұлтақтап жөнді жүрмей келеді. Сиыр ыңырсып ере берді. Бұзау тұмсығымен аймалап, Жайлекеңнің сақалының астынан емшек іздейді. Жайлекең оған ыржия күліп, иегін көтере түседі де.

— Ай нәресте, — деп қояды. «Нәресте» бұлқынуды шығарды. Мазасы кетіп, қолы талған соң Жайлекең оны мойнына асып, аяғынан тырп өткізбей ұстап алды. Жасамыс адам жанды жүкпен алыса-алыса терледі, ентікті.

— Қап! — деді бір кезде. Бұзауды жерге қоя сала шешіне бастады. Былғап кетіпті. Сонда да ренжудің орнына күліп жіберді. Оның ойындағы: «Көк қасқа былтыр тұмса бұзаулағанда 3 мың берген. Биыл сөз жоқ бес мың литр береді. Бұзауы үш жылдан кейін өзіндей сиыр болады. Аман табылғаны жақсы болды! — деген қуаныш шаршағанын елетпеді, ренжітпеді. Былғанған киімін бәкісімен қырып, тазартып отыр. Бұзау түртініп енесін еміп жатыр. Көк құладын айнала ұшып, бұлардың төбесіне төніп-төніп кетеді. Желіні салақтаған бір қасқыр баспалап алыстан торып, едірейе қарайды. Түсіне алмай жүр. Дәу қара шұбар жылан төртеуінің дәл ортасында ұйысқан ескі көденің түбінде деп-дөңгелек боп ұйықтап жатқан. Дыбыспен оянып кетті. Басын көтеріп қарады да, байлаулы аттың алдынан сумаңдап өте берді. Ат осқырып қалғанда ғана Жайлекеңнің көзі түсті жыланға. Ұшып барып қамшымен тартып қалды. Басын мыжғылап өлтіріп, қамшының сабымен жерді қазды да көміп тастады.

— Дұшпан өлді! — деп жақсылыққа жорып тұр. Ағара бастаған сұйықтау сарша сақалын саусақтарымен ақырын тарап, жан-жағына көз салды. Совхоз жерінің бұл жағы бұйрат — белесті кең дала, мал жайылады. Бойдақ сиырлар отары да, қой фермасы да осы жақта. Совхоздың негізгі кәсібі егіс болса да, малы жылдан жылға өсіп барады.

— Жер отайған екен, әттең су тапшы, — деді ішінен. — «Бөрілінің» түбінен бір тоған, «Шолақтүлкіден» бір тоған, «Көкпектіден» бір тоған байласа, су қандай молаяр еді. Сонсоң жаз бойы кезек жайлай бер. Малдың жаны жаңа қоныс қой, шіркін!

Күн ысып барады. Сәске түс. Фонары күнге шағылысып, М-ка құлады белестен. Із екшесі бойдақ мал отарынан шыққан тәрізді. Жолмен совхозға тура тартып бара жатты да, кілт бері бұрылды. Жолсыз айдап тура келеді.

— Марияштың машинасы емес... — деп қасына келгенше танымай тұр еді Жайлаубай. Машинадан Щербаков пен - Марияш түскенде, күлімсірей келіп қол ұстасты:

— Мал басына Сергей де келеді екен-ау, адасып жүрген жоқ па?

— Несіне келейін, саған сеніп жата берем.

— Ал, келген екенсің, айтып кет, ақталып па сенім?.

— Аз келсем де, ақталғанын кеп білемін, — деді Сергей Петрович. Қазақша сөйледі, бұл кезде қазақ тілін бірсыпыра біліп қалған. — Неғып жайрап жатырсың, сиырың не?

Жайлаубай сиырдың бошалап шығып кеткенің бағанадан бері бастан көшкендерін айтып тұрғанда, тыңдаушылары рақаттанып күліп тұрды. Оның малқұмарлығы, шыдамдылығы ертеден мәлім. Малдың жайын, жаңа ғана ойлап еткен тоған жайын әңгімелеп еді, Сергей Петрович Марияшпен ақылдаса бастады... Екеуі орыс тілінде сөйлесіп кетті.

— ...Бұл ұсынысты да жоспарға енгізсе қайтеді?

— Электрдің жетуі қанша жұмыс. Содан кейін бірсыпыра жұмысшы босайды, тоғанды қолға ала берсін.

— Егін жинауына қарбалас болып қалмаса.

— Онда экскаватор көмектеседі. Бір тоғанды биыл бітіріп тастау керек. Қалғаны екінші жылы бітеді.

— Экскаватор көмектессе болғаны, — деді Марияш. — Өзгесін өзіміз-ақ істейміз.

Екеуі совхозды электрлендіру, суландыру жайында бірсыпыра кеңесті. Марияш жоғарылаған, былтырдан бері осы совхоздың директоры, әлі күйеусіз, бұрынғысынан толыға, нұрлана түскен. Жаудыраған үлкен көзінің байыптылығы, салмақты мінезі — ақылды әйел екенін көрген жерде-ақ сездіреді. Келісімен совхозды электрлендіруді қолға алды. Оған енді Жайлаубай суландыруды қосты. Щербаков екеуін де қостап тұр:

— Электр жұмысы басталды ғой. Тоғанның жоспарын, есебін кешіктірмеңіз, — деп киініп жатқан Жайлаубайға нұсқады. — Біз осы адамның қадірін білдік пе?

— Білмесек жыл сайын сыйлық береміз бе! Баюға айналды. Кассада жүз мың сом ақшасы бар деседі.

— Үкімет наградына иеге ұсынбайсыз? Жыл сайын сүт жоспарын асыра орындайды. Қолына берілген елу сиырды жүз елуге жеткізді. Бұндай колхозшылар әлдеқашан орден алды.

— Рас, — деді Марияш, — Бұл жөнінде Мейрам Омаровичке бір айтқан едім, үндемеді.

— Жақын адамы болған соң ұялған шығар. Сіз қайта көтеріңіз мәселені, мен қостаймын, — деп Сергей Петрович машинаға қарай аяңдады. — Бұзауды машинаға сал. Біз егіс аралаймыз, жолшыбай тастап кетелік совхозға.

— Жайлаубай шапанына орап әкеліп, бұзауды машинаға салды. Марияшқа қадағалап тапсырып тұр:

— Осылай ораулы күйінде ұстап отыр. Әйтпесе тыпырлап, соқтығып қалады. Барысымен өлшесін, атын книгаға «Олжакөк» деп жазсын.

— «Олжакөк»?

— Иә, жоғалып табылған мал олжа. Енесіне тартқан көк, ұрғашы тағы.

Жайлаубай малға тіпті ат қойымпаз. Ферма сиырларының кебінін, аты қазақша, бәрін сол қойған. Сембі, Көктем, Майқоңыр, Жаңбыр, Дауыл немесе — Әсемқызыл, Кербезкөк — деген сияқты ылғи мағыналы аттар. Жоғалып табылған осы қасқа сиырдың аты «Көкбұлақ», мейлінше сүтті тұқым. Толыға келе бәрінен озады. Рекорд жасайды деп қатты сенеді Жайлаубай. Машинаны жөнелткен соң, атына мініп, «Көкбұлақты» қыспай, жай айдап отырды. Совхоз әлі де жеті-сегіз километр. Қиыстай жүріп, жолға келіп түсті. Жол бірбатпақты жыраны басып өтеді. Жыраның үстіне кішкентай көпірсымақ салынған, байқамаса ат аяғын сұғып алатын, арбаның, машинаның дөңгелектері сиып кететін кетіктері бар. «Көкбұлақ» ептеп келіп өтіп кетті. Күрең дөнен осқырып тұрып қалды.

— Бірі болмаса, бірі көре салса, түзей салса қайтеді, екен, — деп, Жайлаубай аттан түсті. Аттың аяғына тұсамыс салып, ауыздығын алып отқа қойды. Содан кейін жыраны төмен бойлап барып, шіліктің ішіне енді. Қарымды бәкісімен бырт-бырт қырқып, ілезде бір құшақ, шілік алып қайтты. Оны сымбалдап буып, тепкілеп сыналап, көпірсымақтың кетігін бітеді.

— Міне, бітті де қалды! — деді мұртын сипап қойып. — Машина, арба түсіп кетсе, не көліктің, аяғы сынса қаншама жұмыс.

Атына мінді. «Көкбұлақ» бұл кезде бөгелмей аяңдап, совхозға барып қалған, желе шоқытып қуып жетті. Шаңқай түс. Жұмысшы поселкесінің шетінде, ұзын, шаңқай ақ, қораның жанында жұмысшы әйелдер ферма сиырын сауып жатыр. Жайлаубай оларға бұрылмай «Көкбұлақты» тура қораға әкеп енгізді. Шекер қарсы алды:

— Табылғаны абырой болды ғой. Өлшеттім, былтырғы бұзауынан үш кило ауыр шықты.

— Сүт одан да артық шығады.

— Атын «Олжакөк» деген екенсің, солай деп жаздырдым.

Екеуі сиырды бұзаулайтын бөлмеге енгізді. Асты тақтай, іші жарық, вентиляция, градуснигіне дейін сай, мәдениетті бөлме. Бұзаулаған сиырды екі-үш күн оңаша күтеді осында. Суарып, алдына жем салған соң:

— Жанабіл мен Ермек келді, — деді Шекер. — Өлі етпен жөнелтеміз бе, мал іздейсіз бе?

— Олар қайда?

— Совхозды аралап жүр.

— Сергей де қайта айналып соғар. Бәрінін, басы қосылған екен, бір мал бермей болмас, — деп, Жайлаубай сиыр бұзаулаған бөлмеден шықты. Шекер жөтеліп қалғанда, жаңа қора жаңғырығып кетіп еді, мырс күліп жіберді:

— Сені мазақтай ма, қайтеді?

— Тезірек бас аяғыңды, кісілер келіп қалады. Ардақжанның да су басынан қайтатын уақыты болды. Болатты ала кетіп еді, күн өтер ме екен...

— Бұдан артық қайтсін! — деді Жайлаубай, сақалын сипап, қораға мақтана қарап тұрып. Қора жуырда біткен. Сыртын ғана емес, ішін де ағартқан, биік, жарық. Асты тақтай. Тақтайды екі қабырғадан ортаға қарай түйетайлы етіп жайыпты да, дәл ортадан суағар қалдырыпты. Сиыр басы бір бөлме — клетка. Жем науасы, суаты соның ішінде. Екі жүмысшы электр сымдарын тартып жүр. Енді бірер жұмада сиыр электрмен сауылады. Марияш келгелі совхоздың егін шаруашылығына да жаңалықтар еніп жатыр...

— Марияшты әйел деуге болмайды! — деп Жайлаубай қорадан шықты. Маусымбай бұзау аранының, ішінде, қолында бәкі, қанатып бір бұзаудың тілін қырып тұр. Күйеу баласы, өзінің ұзатқан қыз баласы екеулеп бұзауды ұстап тұр.

— Бұларың қалай, дәрігер көріп кетіп еді ғой, — деді Жайлаубай. Маусымбай жауап қайтармастан емдей берді. Сақал-шашы ағарса да, өңі қартаймапты, екі беті шиқандай, қунақ. Ана жылы жүдеп келгенде Мейрам осы совхозғa жіберіп, сол бетінде қалып қойған. Қасындағы екі баласы фермада істейді, өзі совхоз сарайын күзетеді. Күндіз бос уақытын мал ішінде өткізеді. Қазір бұзауды емдеп болған соң, бәкісін сүртіп қалтасына салып тұрып, Жайлаубайға жауап қайырды:

— Дәрігерің «қылау» дегенді білмейді екен. Бұзаудың жататын орны су болса, не су етсе, тілі бөртеді, оттай алмай қалады. Оның емі — бөртпесін қырып тастау.

— Емің жақса, емдей бер. Қазым етсең төлейсің.

— Онда ақы да төлейтін шығарсың?

— Неғылған ақы?

— Айналайын совет-ай тауып-ақ қояды-ау! Сен басқарған ферманың байымасқа амалы не?

Екеуі әрдайым қалжыңдасып, қағысып жүреді. Кейде тіпті қатты ойнайды. «Жайлаубай қалай ұйқысырайды?» «Қызыл сиыр мен Жайлаубайдың әңгімесі» деген сияқты күлдіргі әңгімелерді Маусымбай шығарған. Қазір көп сөйлесуге уақыт аз, Жайлаубай асығыс.

— Қонақтар келіп қалды. Қойыңды қарызға бере тұр, — деді Маусымбайға

— Қонағасы таба алмасаң маған жібер. Ардақ менің де қонағым.

— Ардаққа қысылмаймын. Ермек пен Жанабіл келді, алыстан, оқудан келді. Үш-төрт жылдан бері үйімізге бас сұғып отырғаны осы.

— Сатып ал. Шіріп жатқан ақшаңды аяймысың.

— Не сұрайсың?

— Төрт аяғы төрт мың сом.

— Қалжақты қой, турасын айт!

— Бір тиын кемі жоқ,. Сені осындайда қамтып қалмаса, қолға түсемісің.

Сауыншылардың арасынан Шекер айқайлады:

— Екеуің тәжкелесіп тұрғанда, әне, қонақтар келе жатыр. Машинаны кере сала Жайлаубай атына ұмтылды. Анадай кеткенде шақырып алды Маусымбай:

— Қалай, сараңдық жақсы ма екен?

— Жаман екен.

— Ала ғой ендеше. Әкеліп сойып бер, — деді күйеу баласына.

Күн ыстық. Терлеп-тепшіп машинадан Ермек пен Жанабіл түсті. Олар амандасып тұрғанда, Щербаков пен Марияш қайтты егістен. Щербаков салған жерден қағыта келді Ермекті.

— Бұл бірінші шахтаның подхозы емес, комбинаттың совхозы. Сіз не жұмыспен жүрсіз осында?

— Күн демалыс болған соң, Жанабілді ертіп көруге келдім.

— Әнеукүні де бір келіп кеткеніңізді есіткенмін.

Ермек күлімдеп, қызараңдап, ұялып қалып еді, Жанабіл іліп әкетті сөзді:

— Сіздің ниетіңіз де ақ көрінбейді, Сергей Петрович.

— Е, мен не жаздым?

— Марияшты алып қашып, олай бір, бұлай бір кетесіз. Ерекеңнің шаруасы Марияшта екенін білмейсіз бе?

Бәрі ду күлді. Ермектің жеңгедей алған қартаң әйелі былтыр қайтыс болған, Марияшта көңілі бар. Бозбалашылықты басынан атқармаған адам елуге жақындағанда көркем әйелге қалай жанасудың ебін таппай, ойқастап жүр. Сұңғыла Марияш оны әбден сезеді. Кет әрі емес сияқты. Ермек ашылмаған жастай ұялып қалғанда, Марияштың мөлдір көзі күлімдеп кетеді. Жанабіл екеуінің де құлқынын танып, әдейі соқтықтыра сөйлеп тұр:

— Әйелдің махаббаты отыздан аса, еркектікі қырық- тан аса піседі екен, дейді Ерекең. Мәке, распа, бұл?

— Несіне тексересің. Ерекең айтса тегін айтпас.

Әңгіме бөлініп кетті. Астында газик, Чайков пен Мейрам келіп тоқтады. Екеуі кеше кеткен. Қайда кеткенін ешкімге айтқан жоқ. Чайков келе әңгімені жаңадан бастады. Өткір, шапшаң адам. Сөз, ой әуеніне қарай құйқылжып, тыныш тура алмайды.

— Құлақ, салыңыздар! — деді қолын көтеріп. — Басымыз қосыла қалған екен, күн демалыс, Мейрам Омарович Жайлаубайым бай деп, мақтанып келді. Көрелік байлығын.

Жайлаубай жымыңдап, мұртын сипап тұрып сөйледі:

— Бүл күнде бір қонақасыға кімнің шамасы келмейді. Бір жұмаға дейін жібермеймін, ендеше. Қой сойғалы жатыр едім. Әй, байтал сойыңдар! — деп үй жаққа айқайлап қалды. Чайков келіп аузын басты:

— Жеңілдік, жеңілдік!

Жайлаубайдың басы шағын, бұнша қонақ сиятын кең үйі жоқ. Қонақтарды жаңа қораға орналастырмақ болды.

Ерте күнде зары еткен кездемеден өшін бір алса керек. Көрпе-жастықты құшақ-құшағымен тасыды. Киіз, қызылала кілемдер де көрінеді. Бұрын бәрін малға болса, енді үй ішіне, сберкассаға жинаған тәрізді. Қазір мал дегенде күніне беретін бір ғана сиыры бар. Оның сүтін ақшалап кассаға салады. Шекер биыл ғана жұмыстан қалғалы жүр. Екі адамның айлық табысын, жыл сайын алатын сыйлығын да жеп бітіре алмай кассаға тоғытады, Жұрттың бай деуі рас, сараң деуі бекер. Қонағасыға Жайлекең әуелбастан мырза болатын. Бүгін тіпті пейілді. Кең қылып төсеніш жайдырып, су септіріп, әзір мал енбеген мәдениетті қораға қонақтарын ертіп келді. Чайков бұрын көрген жоқ екен.

— Міне, қора! Қандай салқын, жарық, биік, таза градусник, вентиляция, электр! — деп сөйлеп жүріп, қораны тегіс қарап шықты. Жарайсың, Марияш, жарайсың! — деді де сұқ қолын шошайта, шапшаң жүріп барып Щербаковтың қасына тұра қалды:

— Әшірбекке ерік бер. Босқа қауіптенбе. Ермек екеуің бұрынғы мешеу Донбасс, мешеу Қарағандының тәжірибесін дәріптейсіңдер кейде. Бүгінгі өмірден туған жаңа ойлар, жаңа техникалар жолындағы бөгеттің бәрін қиратып барады. Ашық шахта бұрын болмаса, енді болады. Коркинода жоқ па? Коркиноның тәжірибесін Әшірбек Қарағандыға әбден қолданады. Темір тіреу Донбаста басталған. Әшірбек оның жаңа, ең қолайлы түрін жасамады ма...

— Апыр-ау енді, ойлануға мұрсат берсеңдерші, — деп сылқ-сылқ күлді Сергей Петрович. Чайков баспалатып барады:

— Қанша ойлану керек! Тіпті айқын нәрсе: Федоровканың көмірі жердің бетіне шығып жатыр.

— Жергілікті отын өндірісі соны неге ала бермейді шетінен.

— Қалай ала береді? Ашық шахта жабық шахтадан екі-үш есе өнімді болмақ. Демек, техника мейлінше кең қолданылады, поезд забойға енеді. Ол техника жергілікті отын өндірісінде бар ма?

— Сонда олардың жұмысын біреу істеп бермек пе?

— Неге олардың жұмысы? Мыңдаған тонна коксіленетін көмір үнемделеді. Бұл — бір. Екінші — коксіленетін көмірге ашық шахтаның, көмірінен он бес процент қоссақ, коксінің сапасы артады, сонымен қоса саны да артады...

Чайков тамақ ішпей, тізе бүкпей осы қалпында кешке дейін айтысуға бар. Бұлтағы, қалтқысы жоқ, айтқанын етпей қоймайтын бетті адам. «Көндім дегенше» Щербаковты босатар емес, қадалып қалыпты:

— Беріл! Берілмесең обкомда сөйлесеміз, — деп тұрғанда Ардақ пен Майпа енді. Босай алмай тұрған Щербаковке сылтау табылды:

— Анатолий Федорович, әйелдер келді. Кейін әңгімелесеміз ғой.

Үстінде ақ шапан, қолтығында кітап, Болатты жетелей келіп, Ардақ әрқайсысымен қол алысып амандасты. Жадағай, жасанды мінезі жоқ, қара көзі мөлдіреп, сергек тұр. Бұл отырғандардың бәріне ол сүйкімді. Біріне жар, біріне ұстаз, бірінің баласындай болса, бірімен құрдас-сырлас. Жаңағы керіс, дуыл басыла қалған... Чайков жетелей келіп, төрге өз қасына отырғызды да:

— Жазуға кірістің бе? — деді күбірлеп.

— Кірістім, — деп күлімдеді Ардақ. — Шым-шытырық жол екен, қоймай жүріп көндірдіңіз, шырмалып қалсам, шығарып алуға дайын тұрыңыз.

— Геолог пен филологтың арасы алыс қой, қарағым, созған қол жетсе, — деп Чайков сақ-сақ күлді. — Бастағаның жақсы болған. Бастау қиын істі.

— Аяқтау қиын сияқты.

— Бастаушы табылғанда, қостаушы әрдайым табылады. Қарағандының бірінші сенбілігінде әйелден Майпа екеуің ғана барғансың. Қазір өндірісте қазақ әйелі аз ба! Ол кезде сен бір ғана мұғалім едің. Қазір әйел мұғалімдердің өзі қанша? Қазақ әнімен Қарағанды сахнасына бірінші шыққан да сен едің. Қазір дағдылы әйел әншілер қанша! Енді ғылым майданында бастасаң, қазақ әйелдері тағы қостайды. Қостаушының көмегі бастаушының өзін есіреді. Әуелі жазып шық. Содан кейін түзеледі, толығады...

Ардақ «Қазақ әдебиетіндегі социалистік реализм» деген тақырыпқа диссертация жазып жүр. Ғалым болу ойында жоқ-ты. Әдебиетке бейімділігін керген соң, Чайков осы жолға әкеп салды. Алғашқы кездескеннен бастап Чайков пен Мейрам дос болып кеткен. Мейрамның өзіне экономикалық ғылымды зерттеуге себепкер болған да Чайков. Ол қазақ жерінің байлығын ғана емес, қазақ ойының байлығын ашуға да құмар «Қайыр Аманбекович», «біздің Әшірбек» дегенде оның үнінен, өзінен мақтаныш сезіліп тұрады. Қазір жымың қағып, әйелден болашақ бір ғалымды керіп отырған сияқты. Ардаққа оқтын-оқтын сұрақтар беріп, ол сөйледі-ақ, бір сөзін қалт жібермей тыңдайды.

— Әдебиет дегеніміз, халық ішіндегі алға ұмтылған,артқа тартқан екі идеяның айнасы ғой, — деп еді Ардақ.

— Айта түс! — деп Чайков телміре қалды.

— Ол идеялар әр тұста, әрқилы жырланған екен. Ертегі, эпос көбінесе асыра сілтеп, жақсылықты құдайдың, жамандықты шайтанның маңынан іздесе де, халық арманын білдіріпті. Орыс әдебиетіндегі сыншыл реализм бізде Абайдан басталып, социалистік реализммен ұштасыпты. Бірақ, әдебиетімізде эпос ықпалы әлі де бар. Сол бонды еркін жаздырмай келеді.

Жантая тыңдап жатқан Жанабіл бір қағып қалды:

— Халық шығармаларын Горький жоғары бағалайды. Сен сүмірейтіп барасың ғой.

— Ауыз әдебиет, эпос халықтың жас шағында туса, жазба әдебиет есейген шағында туды. Ересекке баланың қылығы қонса, көшеге шық та асық ойна.

Бәрі күліп жіберді. Жанабіл басын көтерді.

— Сахнадағы «Еңлік — Кебек», «Айман — Шолпан», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баяндарға» жұрт әлі құмарта қарайды. Өткен қауымның шығармасын кейінгі қауым жоя бермейді, қайта дамыта береді. Социалистік мәдениет аспаннан түсе ме!?

— Бұл дәлелді келтіргенде, екі нәрсені ескермедің, Жанабіл. Ол эпостар бүгінгі тұрғыдан қаралып, бүгінгі жазушының қолымен қайта жазылған. Бұны ойла. Екінші — сахнада қызықты нәрсенің бәрі бірдей жақсы емес. Көпшілік кейде бала мінезді. Бала ішін, тісін бұзатын асты да құныға жеп, кейін жылайды.

— Көптің бірі мен болсам, жыламаймын. Халықтық шығармаларды оқудан, көруден еш жалықпаймын.

— Ұмытпа, Горький ауыз әдебиетті мақтаса да, жазба әдебиетке социалистік реализм әдісін көрсетіп кетті. Әдебиет — өмірді тануға, жасауға көмектесу керек, жасалған өмірдің айнасы, қисығы емес, түзу айнасы болу керек. Қиссаларды қанша ұнатсаң да, бүгінгі тақырыпқа жазылған шығармалардан Төлегендей жігіт, Жібектей қыз, немесе Қобыланды сияқты батыр, Тайбурыл сияқты тұлпар көрсең, ол кітапты жаба салар едің.

— Әрине, шылғи өтірік дер едім, — деді Жанабіл. — Бірақ қиссалардың қызықтылығын, сол дәуірді тануға керектігін бағаламасқа болмайды.

— Нана беруге де болмайды. Сахнадағы сен сүйген батырлар, ғашықтар жыры әлі де зерттеуді тілейді.

Сергей Петрович төмен қарап, трубкасын тазартып, шеткері отырған, ол кенет басын көтеріп алды.

— Ардақ! Саған Демьян Бедныйдан бірдеңе жұққан жоқ па?

— Осыған жұқса жұққан шығар, Демьянды көбірек оқитын, — деді Мейрам. Маусымбай да әр қиссадан бірнеше жол айтып тастап, «қисса қызық қой, шіркін» деп қояды Жайлаубайға. Эпос мықты орнапты көңілге. Әрқайсысы бір қағып, Ардақ жалғызсырауға айналған кезде, Чайков түсті араға.

— Болжамалы ғылым түгіл, дәл ғылымның өзіне қанша түзетулер еніп жатады. Ардақ қазақ эпостары жайында жаңа бірдеңе айтпақ. Тыңдалық, айтсын.

«Айтса айтсын» дегендей тыныштала қалды бәрі. Ардақ қайта кірісті сөзге. Жай сөйлеп, анықтай түсіп, анда-санда жіңішке саусақтарымен ишарат етеді. Мұғалім екені сөз әуейінен байқалып-ақ тұр.

— Бізде филология ғылымы өте жас, — деп сәл шытынып қойды. — Эпостардың ішінде қай шығарма халықтық, қай шығарма жат екенін әлі айыра алған жоқ. Кенесары жайында талай қиссалар бар. Солардың бірі мақтаса, бірі боқтайды Кенені. Алашорда ақындары «Кенекем еңіреген ер еді ғой» деп жырлады... Маусеке, айтыңызшы, дұрыс па осы!

Ескі сөзді Маусымбайдан Ардақ талай әңгімелер есіткен. Қазір соның бірін қайта айтқызып, куә қылғалы отыр.

— Атамды — әкемнің әкесін көрдім. Тоқсанға келіп өлді, — деді Маусымбай. — Бала кезімде атамнан есіткенім бар. Кенесары қырғыздарға шабуыл жасағанда, Жетісу қазақтарын Сыпатай батыр бастап, қырғыз жаққа шығып кетіпті. Кенесарының қырғыз қолында мерт болуына менің атам да көмектескен тәрізді. Зады, Кенесарыға қазақ түгел ұйыған жоқ...

— Арқа қазақтарының өзі ала болады, — деп Жайлаубай да қостады, — Біздің Жаналы деген ру Кенесарыға бағынбай келіп, қазіргі Аршалыны мекендеп қалыпты...

Шалдарға сөйлетіп болған соң, Ардақ қиссалардан үзінді келтірді. Біріне-бірі қайшы. Соның ішінде «Жасауыл қырғыны», «Топжарған» поэмалары Кенесарыны аластап береді. Ардақ биыл Алматыға барғанда Қазақ ССР Ғылым академиясының архивінен оқыды. Оқығанның кебін жадында сақтайтын, бәрін жатқа айтып отыр еді, Чайков қайран қалды:

— Бұнша қалай жаттай бергенсіз?!

— Әдейі жаттады дейсіз бе. Өзі қалып қояды есте, — деді де Ардақ Абайдың бір ауыз өлеңін айтты:

«Шортанбай, Дулат пенен Бұхар-жырау,

Өлеңі бірі — жамау, бірі — құрау.

Дариға-ай, сөз тақырлық болса кісі,

Қатесі әр жерінде көрініп тұр-ау», —

дегенде, Абай үлгіні Пушкин, Лермонтов, Толстойлардан алып, қазақтың ханшыл, шығысшыл ақындарын мінеп отыр. Біз оларды дәріптеп, оқу құралдарына да енгізіп жібердік. Меніңше мәдениет мұраларын бағалау, бізде кейде ұлтшылдыққа соғып жүр.

— Қойдым, қойдым! Мынау мені бірдемеге ұрындырғалы келеді, — деп орнынан тұрды Жанабіл. Шекер келіп бағанадан қипақтап тұрған. Көре сала Ардақ та түрегелді:

— Әңгімемен отырып қалыппын. Апама жәрдемдесу керек қой, — деді де шығып кетті. Чайков жайраң қағып сөйлеп отыр:

— ...Мен филолог емеспін, пәтуа беру қиын. Бірақ, Ардақтың пікірі жаңа шабуыл жасаушы пікір екенінде күмән жоқ...

Дәм дайын боп қалды. Ардақ келіп дастарқан жая бастады. Қол жууға орындарынан тұрды бәрі...

X

Обком бюросында талас пікірлер талдап тексеріліп, қаулы алынғалы бірнеше күндер өтті. Бюро Мейрамды қолдады. Мейрам Орталық Комитеттің өзінде істейтін болып, оның орнына Жанабіл тағайындалды. Басқа өзгерістерді шахта алдындағы жарнама тақтасы айтып тұр:

«Отыз бірінші номерлі бұйрық.

...Комбинат бастығы жолдас Щербаковтың бұйрығы бойынша, учаскелер саны азайып, көлемі үлкейеді. Үш сменаның екеуі көмір өндіруге, біреуі дайындық жұмыстарға беріледі. Бас инженер Әшірбек Қалқаманов ашық шахтаға ауысқандықтан, біздің шахтаның қызметінен босатылады. Шахта бастығы Ермек Борантаев».

Осы кішкене бұйрықтан үлкен жұмыстар туды. Адам, машина, құрал-сайман күштері қайта бөлінді. График қайта жасалды. Он үш учаскенің, орнына алты-ақ учаске бар. Кейінгі күндерде Ермек тіпті тыным тапқан жоқ. Оқу бітіріп келіп жасаған жаңа графигі сәтсіздікке ұшырады. Енді өзі тіленіп алған мынау өзгерістер тағы сәтсіздікке ұшыраса, не демек жұртқа?! Сондықтан ұйымдастыру жұмыстарын созбай тез бітіру, тағы қате жібермеу — оның басындағы ең ауыр ой еді. Шахтадан көзі жайнап шықты. Күйе басқан жүзі жымыңдағанда, әдемі ақ тісі анадайдан көрінеді. Қызыл мүйіске жебелей басып кірді. Бес-алты жұмысшы шахта газетіне жабырласып жатыр.

— Бәле, Әкім тағы шырқады! Екі машинада бір өзі істепті.

— Қанша беріпті?

— Жүз жиырма процент!

— Ой, қасқыр ауыз!

— Воронов жүз он сегіз.

— Бірін-бірі жібермейді-ақ.

Ермек келе қабырғадағы диаграмманы түзеп тұр. Қызыл сызық құлдилай-құлдилай қағаздың тең ортасынан асқан екен, кілт бұрып жоғары қайырды да:

— Жігіттер! — деді. — Жоспар бүгін жүз он процент орындалды.

Жұмысшылар енді диаграмманы көріп жатқанда, ол бөгелместен шығып кетті. Қуаныш ауыр мінезді де жеңілдетеді. Қайғы жеңіл мінезді де ауырлатады. Ебелектеп горкомға келді. Жанабіл, Щербаков оңаша әңгімелесіп отырған. Рұқсатсыз басып енді үстеріне.

— Жай ма, Ереке! — деді Жанабіл.

— Жүз онға бірден көтердік!

— Дұрыс-ақ! Сергей Петровичтің күдігі біткен шығар.

Щербаков үндеген жоқ. Жүнді саусақтарымен столды тықылдатқан күйінде қалды. Ол айтыстан жеңіліп, партия қаулысын орындауға бұйрық берсе де, бекінген ойын бұза алмаған. Әлі де сенбей, тай шығымынша дыз еткен қарқын ба, деп отыр еді. Жанабіл сөйлемеген еркіне қоймады:

— Неге үндемейсіз?

— Қорытындыны тым тез жасамалық. Бұл әдіс ақталса, барлық шахтада қолданылады. Сондықтан жете зерттеу керек. Мейрам Омаровичтің үлкен кемшілігі осы шапшаңдылығында жататын.

Ермек пен Жанабіл көз қиығымен қарасып күліп қойды. Сүйкімді қарттың беделіне дақ түспесе де, ойы жеңілгені өзіне қатты батқан тәрізді. Екеулеп жуып-шайып жатыр...

— ...Талас үстінде әркімнің-ақ жеңгісі келеді, — деді Жанабіл. — Пікірім егер қате болса, жеңгенімнен жеңілгеніме қуанар едім.

— Мен де ренжіп отырғаным жоқ. Тек Мейрам Омаровичтің — «кешегі тұрғыда қалдыңыз» дегені болмаса.

Ойлы, арлы адамға бір сөз де жетеді. Ойсыз, арсызға мың сөз жетпейді. Сергей Петрович сол сөзге қынжылып отырғанда, қызара бөртіп Ардақ енді. Ыстық күнде асығыс жүріп тершіген, деміккен. Рұқсатсыз енгеніне кешірім сұрады әуелі:

— Ғапу етіңіздер, уақытым аз болғандықтан күтіп тұра алмадым. Біз бүрсікүні жүргелі жатырмыз. Ертең Каргрэс көлінің жағасында жолдастардың басын қосып, қоштаспақпыз. Сергей Петрович алдымен сізді шақыра келдім. Мекемеңізден таппай іздеп келдім.

— Мейрам Омарович айтқан еді. Бара алмаспын...

— Ертең жексенбі ғой?

— Мен үшін, кейде жексенбі де жұмыс күні.

— Онда бос күніңіз қайсы?

— Рақмет, қызым, рақмет. Өткізе беріңдер, мен шығарып салам.

— Мені Мейрамға күйдіргеніңіз бе! — деді Ардақ. Осы сөздің астында жүрек қана сезетін жылылық жатыр еді. — Сіз «қызым» дегенде, мен «әке» дейтінім қайда? Бірақ, әкемнен жақын едіңіз. Бұл қалай?

Мейрам шақырғанда мызғымаған Щербаков, Ардақтың сөзіне босап қалды:

— Болмас, болмас, барайын! — деді басын сыйпап. — Жеңілдім, қызым, жеңілдім.

Асығыс кірген Ардақ, Ермек асыға кетті. Олар кетісімен Жанабіл, Щербаков ашық шахтаны көруге шықты. Екеуі бір машинеде. Беттері Жаңа қаланың оңтүстік батысы. Щербаков алда отырса да, кеудесі отырғыштың арқасынан асып, Жанабілге басын тақай, дауыстап сөйлеп келеді:

— ...Отыз бірінші шахтаны ВУГИ-дың қарамағына бердік. Мыңдаған тонна көмір кеміді. Мынаған қаншама күш төгіп жатырмыз. Тек ақыры қайыр болса неғылсын. Мейрам Омарович салмақты Жігіт еді. Ұшқалақ боп кетті, ұшқалақ!

— Ол халықаралық жағдайды көріп асығады. Қарқынды күшейтелік, Сергей Петрович, қарқынды!

— Соқтыға алмайды!

— Европаны басып алып барады. Содан кейін қанды ауыз жай тұра ала ма?

— Бұл соғыстар Гитлер Германиясының күшінен гөрі ағылшын-француз басшыларының опасыздығын дәлелдеді...

— Гитлердің сапасыздығы бәрінен басым... Оның уәдесіне, жасасқан шартына сену қиын.

— Өз күшімізге сенеміз. Біз оған, бір ай тіресе алмай құлаған Франция емес. Бірнеше жыл жағаласуға жараймыз. Ұзақ соғыс, ұзақ ауыртпалық капиталистерді күйретіп тынады.

Дүниежүзілік жағдайды шола отырып, ашық шахтаға жетті бұлар. Көп белестердің бірінде үш-төрт экскаватор көрінеді. Анадайдан қарағанда қара бура сияқты, ұзын мойнын жоғары, біресе төмен созып, күрк-күрк етеді.

— Бұған адам шақ келе ме? Бір экскаватор бес мың адамның жұмысын істейді...

Жұмыс жаңада басталған. Жаңа экскаваторлар қомағай асап, белді әр жерінен ойып тастапты. Бір шұқырдан Әшірбек шыға келгенде, Щербаков сылқ-сылқ күлді.

— Жабылып жеңдіңдер мені. Ал, жең енді мына белді.

— Жеңеміз, Сергей Петрович.

— Біткенше келмен деп едім, шыдай алмадым.

— Бұл шыдамсыздығыңыз шыдамдылықтан артығырақ.

— Артық болса, көрсетемін шыдамсыздықты, қашан бітіресің?

— Жабық шахта жылға созылады. Бұл үш-төрт айда эксплуатацияға беріледі.

— Жоқ, екі ай жетеді. Одан әрі жоспарды лықылдата берем. Сендер енді қарқынды менен алыңдар.

— Оған да тұрдым. Тек керегімді кедергісіз дайын етіңдер.

— Не керек?

— Алдымен темір жолды, электрді келтіру керек. Топырақ сыймайды арнаға, поезбен тасып, сыртқа төгеміз.

— Білем, топырақтан тау жасайсыңдар, оған суды, қарды қос. Сонда көмірге еңбектің неше проценті қалады.

— Рас, аз қалады. Бірақ, сол аз көмірді көп те, арзан да береді. Егер пластың бәрі осындан ашық алуды көтерсе, жабық шахта сөзсіз жойылар еді...

Ауыр, аз сөзді Әшірбек ашық шахта, десе сөзшең, жайдары болып кетеді. Әр адамның сүйген ісі өзіне ыстығырақ қой. Ол тершіп, қыза сөйлеп тұрып шылым тартпақ болғанда, шылымының сабағын салмай, басын салды аузына. Жанабіл күліп жіберді:

— Апыр-ау, сен мұндай қызба ма едің! Шылымыңды теріс салдың аузыңа.

— Мені ашындырған мына кісі.

— Иә. Мені сендер тыныш қойдыңдар.

— Бұндай тиышсыздықтар тиыштықтан жайлырақ, — деді Жанабіл. — Бұл пластың басқа пластардан өзгешелігі қандай?

— Саязда жатыр. Көмірдің қалыңдығы он-он бес метр. Тік емес, көлбеу. Поезд тура забойға енеді. Өнімділігі, арзандығы былай тұрсын, денсаулыққа пайдасы қанша!..

— Болды, болды! — деп Жанабіл Әшірбекті азар тоқтатты. Мен енді Сергей Петровичті қостаймын. Ең, әрі салғанда екі айда көмір бересің. Барлық жағдай жасалады. Тек орындауды біл...

Сағат алты. Экскаваторлардың гүрілі басылды. Машинистер қайта бастады. Әшірбекті ертіп жүріп басталған жұмысты көрген соң бастықтар да қайтты. Жақындағысы көгеріп, алыстағысы қарауытып әр тұста қолдан еккен ормандар көрінеді. Мұнарлы қаланың аспанын жаңғыртып, самолеттер қонғалы келеді. Жерін жаңғыртып поездар, алуан түсті машиналар жүйткіп барады. Қала көмір үстінде. Айналасы колхоз, подхоз, жұмысшы поселкалары, ұсақ өндірістер. Өндіріс пен ауыл шаруашылығы араласып жатыр...

— Құлазыған жөн еді-ау... Көз тоймайды дейтіні қайда! Тояды екен... — деді Жанабіл, қайнаған дүниеге қарап отырып. Сергей Петрович күңк етті:

— Тек, Мейрам Омарович тоймайды.

Жанабіл қарқылдап күлді. Балаша бұртиған үлкен адамды жұбатады:

— ...Кеткелі жатыр ғой. Сағынасыз әлі. Мен Бәйтенді де сағынғам.

Бұлар келіп көл жағасындағы шарбақты бақшаға енгенде, Мейрам баласын жетелеп сейілде жүрген. Жанабіл Щербаковты үйіне қалдырды да, Мейрамға кетті. Содан ол түнде де өз үйіне қайтқан жоқ. Ертең сәскеде Мейрам, Болат, Майпа — төртеуі — бір машинаға. Щербаков, Антонина, Ардақ, Жұмабай — төртеуі бір машинаға отырып, Каргрэс көліне тартты. Күн жексенбі. Жұрт сәнді киінген. Көмірлі Қарағандының үлкен базары қайнай бастапты. Мал машина-машина, арба-арба азық-түлік. Дүкендерден басқа, ашық үстелдерге жайып тастаған өндіріс бұйымдары. Иін тірескен көп. Қала мен колхоз мидай араласыпты...

Рульді Мейрам өзі ұстаған.

— Көре кетелікші, — деп базардың қасына өте бергенде тоқтай қалды. Жанабіл екеуі базарға енді. Керек болмаса да кездескен нәрсенің бағасын сұрап, саудаласып қояды. Жең ұшынан, қойнынан әлденені қылтыңдатып, сыбыр етеді біреулер. Телегей теңіз мемлекет, колхоз саудасының ішінде де жұлып жеп жүрген саудагердің бірін сезіп қалып:

— Ұры иттей жылмаңдатуын қарашы! — деді Мейрам. — Ендігі ішкі жау осылар.

— Бұлар да құруға айналды ғой, — деп еді Жанабіл, Мейрам басын шайқады:

— Бұларды молшылық құртады. Біз әлі толып болғанымыз жоқ. Кейбір кемшілікке шыбынша үймелейді бұлар.

— Сергей Петрович айтса айтқандай! Көзің осы базарға да тоймады ма?

— Сендер қорғайсыңдар Щербаковты. Мен сендерден әрі қорғаймын. Мейлі, ол дұшпан десін, менікі оған достық қана. Ақылды адам да қателеседі. Достық тек сипау емес, кейде шымшуға да болады...

Көп бөгелмеді, базардан шықты екеуі. Көмірлі Қарағандыны қақ жарып өтіп, Каргрэс жолындағы белестерге көтеріле бергенде, бұрыла сала кейін қайтты Мейрам.

— Боқайға хабарлай алмапты Ардақ. Жұмыста шығар, ала кетейік.

Қалаға Каргрэс жағынан кіре берісте, айналасы қоршаулы, ұршық бас темір бағаналар тұр. Олардың басындағы қым-қуыт сым өрмектердің өрбіген жері үлкен қызыл үй. Сонау Каргрэстен тартқан жуандығы білектей металл арқан, мосы мүсіндес биік, темір діңгектердің үстімен келіп осы үйге еніпті. Қабырғасының ішкі жағы мрамор. Мрамор беті жыпырлаған, жалтылдаған кілең никель, жез, электр кнопкалары. Кең бөлмеде Боқай жалғыз отыр. Қызыл шұғамен жабулы столында телефон, газет, журнал, кезінде көзілдірік. Оқып отыр.

— Мәссаған, кочегар! — деді Жанабіл кіре бере.

Боқай қуанып, қалбалақтап қалды...

— Жанабіл, Мейрамжан! Е, бәсе, келіңдер, келіңдер!

— Кочегармын дегенің қайда?!

— Коммунизм кочегары осылай болады да. Каргрэстегі үлкен станция бұның әкесіндей. Біз ток жасамаймыз. Тек келген токты қабылдап, қалаға бөліп тұрамыз...

Бұл станцияның бастығы ере келген. Боқайдың сөзін бөліп жіберді:

— Жүре сөйлесерсіздер. Мына кісілер сізді сұрап тұр.

— Қызметті қайтем!?

— Орныңызға кісі қоям.

Боқай желкесін қасып, ойланды да:

— Мейрамжан, кейінірек барсам қайтеді? — деп қиылды. — Смена бітпей кетсем, көңлімде кемтік тұрады. Мазам кетеді.

— Кешікпеңіз, жеңгейді, інішекті ала келіңіз, — деді де жүріп кетті Мейрам. Үлкен жолға түскен соң рульді шоферға берді. Отты көзі күлімдей, Жанабілге бұрыла отырып, серпе сөйледі:

— Байқадың ба, социализм Боқайлардың сүйегіне сіңген! Қар кетісімен жаман шым қорасын, келесі қыстың қамын ұмытып, байларға елігіп, кедейлер де жайлауға көшетін. Сол Боқайлардың енді үйі сай, қысы қауіпсіз, басшылары «жүр» деп тұр, сонда да жұмысын тастап кетпеді. Біздің адамдардың бұл ынтасы керемет күш екенін кейде сезбейді, Сергей Петрович. Оның большевиктігіне, іскерлігіне еш күмәнім жоқ. Оны көздің қарашығындай сақтау керек. Сонымен қабат қатесін көрсетуге батылың жетсін. Орталық Комитет батыл айтады. Батыл жоғарылатады, төмендетеді. Мінсіз кадр, орны толмайтын кадр жоқ екенін күнде көрсетіп келеді.

— Мен сені жаңа ғана түсінген сияқтымын, — деді Жанабіл. Одан әрі үндемей, ойлы отырды. Оқу бітіріп келгелі бұрынғы сенімдеріне сын көзімен қарайтын. Ең жақын деген Мейрам, Ардақ, Щербаков, Ермектердің де осал жерін таппақ болатын. Олар берік, биік жағын көбірек көрсетті. Мейрамның жаңағы сөзіне қатты риза болып — бұрынғым соқыр сенім екен. Жолдастардың ойын анық көре алмаған екем. Енді анық көрінді-ау! — дегенде Мейрам қостай түсті:

— Боқайлар да айқын көрді. Көңіл шырағы жағылды. Ол электр жарығынан әлдеқайда жарық. Одан нұрлы, одан күшті өмірде ештеме жоқ. Біздің партияның ең зор табысы бұл...

Тас қайрақ күрең жолда зымыраған машина белестерді қалдыра-қалдыра жазыққа құлады. Алда көкжойқын келе жатыр, кеңдігіне көз талып жетеді.

— Көл емес, теңіз ғой мынау! — деп шегін тартты Майпа. — Тауды қоршап алған! Дәл ортада әне бір төбенің төбесі ғана қылтияды.

— Оразбек аулының мекені болған «Жалғызтөбе» сол.

— Келесі жылы бұл көлдің ұзындығы жиырма бес-отыз, көлденеңі жеті-сегіз километрге кетеді. Қазірдің өзінде тереңдігіне кеме қайраңдамайды.

— Кеме неге салмайды?

— Керегі болса салынар. Әзірге моторлы қайықтар ғана жүр.

Мейрам мен Жанабіл көлдің жайын Майпаға түсіндіріп келеді. Колхоз, подхоздардың огородынан алақандай аман жер жоқ. Қалың қыртыс, қара топырақты Нұра алқаптарын алуан түрлі өсімдіктер жауып, алқаракөк бұйра.

Бұйра далада машинаның жолы, шаңы ғана көрінеді. Әр тұста егін суарған диқаншылар қалып барады...

— Каргрэс Қарағандыны ғана жарылқаған жоқ, маңындағы ауыл шаруашылығын да жарылқады... — деді Мейрам. — Есіңде болсын, Ыбраш үлкен маман. Ол енді желді бағындырғалы жүр.

— Көрген жігітім емес.

— Көресің, оны да шақырдым.

Көл жағасында, шалғынды кең далада екі М-ка, екі велосипед көрінеді. Жетегін жоғары көтеріп байлаған фаэтон, сүлік қара қос арғымақ тұр.

— Біздің Жайлекең мен Маусекеңнің ісі-ау, анау, — деп күлді Мейрам. — Ұқыптысын қарашы.

— Байлар пәуескенің жетегін осылай көтеріп қоятын. Үндеме, байдың салтын ұмытпапсыңдар, деп әурелейін біраз.

— Шынында көргенін істеген. Бірақ, Маусымбай сөз табады. Тілді, есті қарт.

Қонақтардың бірсыпырасы келіп қалыпты. Чайков әйелімен келген. Ардақ, Антонина, Щербаков — бесеуі көл жағалап жүр. Маусымбай, Жайлаубай, Шекер, Балжандар ошақ басында. Бәйтен жайылған кілемдердің үстінде шалқасынан жатыр. Екі қой сойылып, қазанға түскен. Көгала түтін тынық күнде баяу ұшып, жоғарылап барады...

— Ақсақалдар қойды қырып тастаған ба! — деді Мейрам келе. — Мұны тауысуға баяғының жемпазы керек шығар.

Маусымбай сақалын сипап қойып, жымың етті. Екі беті шиқандай қызарып, қымызға қызып отыр екен, іліп әкетті сөзді:

— Жайлаубай қу өзін ғана көрсетпек болып, бір қой да жетер деп еді. Мен одан қалам ба, қоса сойдым... Екеуміз бәсекеміз.

— Оларыңыз маған жақсы. Қонақтан жеңіл құтылам.

— Жыл бойы қонағыңды көтерейік, кетпеші. Әйтпесе ала кет бізді. Қартайғанда көңіл шіркін қоңторғай екен, — деп, Маусымбай көзіне жас алды. — Сонау бір күндерде құтқарғаның былай тұрсын, мінезің естен кетпейді. Мен емес, сен қиналдың-ау сонда...

Бұл сөз Мейрамның да жүйесін босатып еді, Жанабіл қалжыңмен сейілтіп жіберді:

— Маусекеңнің бақшасынан бәрі табылады. Байға еліктеуін қарашы, арбаның жетегін қақайтып.

— Дұрыс айтасың, бізден табыла береді. Пәуеске мінген бай, жібек киетін жаз күні. Оны сен киіпсің. Жетекті жалпы көтеретін. Оны мен істеппін.

— Қап, мына шал жеңіп кетті. Жұмеке, көмекке кел!

— Қарағым, қалжыңға ебім жоқ-ақ, — деді Жұмабай. — Тіпті балдыздарыммен әзілдескен емен.

— Бәйтекең құтқарады, Бәйтекең құтқарады, — деп Жанабіл дауыстағанда, Бәйтен басын көтеріп алды:

— Сөз баққан шал! Шыдатпайды. Жұмысқа келсе көрер едім, бәлемді!

Маусымбай қағып қалып, Бәйтенді де мұрттай ұшырды:

— Ол антұрған жұмыста шыдатпас, машинаның тілін білудей-ақ білетін, тек жүргізе алмайтын.

Бірін-бірі іліп тастап, ұтылай қалжыңдап, ду күліседі. Жайлаубай машина көлеңкесіндегі қара сабаны пісіп-пісіп, үлкен шыны тегенеге қымыз құйып әкелді. Қымыз да, қос қара арғымақ та совхоздікі. Маусымбай екеуі совхозда істейді. Совхоз Қарағанды көмір комбинатына қарайды. Арақ-шарап шай жабдығынан өзге қонақасының бәрін сол екі шал әкелген. Бірі — сүйек, бірі — дос, Мейрамның қонағын өздері күтіп, жөнелтпек. Шекер ас басында. Пысық Балжан Ардақтың туған жеңгесіндей боп кеткен. Оған Майпа қосылып, дастарқан жая бастады. Кішкентай Болат Шекердің қасында жүр. Айналып, толғанып қояды Шекер. Екі машинамен Қанабек, Козлов, Лапшин, ЬІсқақ, Әкім, Ермектер келіп түсті. Су бетінде, Каргрэс жақта қайық көрінеді. Ыбраштар болу керек. Кел жағалаған Щербаков, Ардақтар да қайтты. Ұзақ сөзге орын жоқ. Шолақ, киме сөзбен қағысып, қалжыңдасып жатыр. Ендігі әңгіме Қанабек маңына үйірілді. Қу тілді, жайдары адам, мысал келтіре мысқылдап отыр:

— ...Жол асфальтсіз, машина соғып тастайды деп, біздің кемпір келмей қалды. Бұндай кесірді кім керген! Сергей Петрович арқаға қақса, Антонина Федоровна жайраңдайды. Біздің соққан: тарт әрі деп қағып жібереді қолымды. Қалай жағарсың!

Жұрт күліп жатыр. Сергей Петрович бір іліп қалды:

— Бұл қу кемпірін жамандай береді. Жас әйел алғалы жүрмесін.

— Бұрын төсекті байлар жаңғыртушы еді. Осы күні хозяйственниктер жаңғыртады да...

— Сені ауру жеңбесе, ешкім жеңбес, — деп жантая кетті Щербаков. Антонина Федоровна оның екінші алған әйелі болатын. Күлкі үдеген кезде моторлы қайықпен Ыбраш келді. Қанабек оны да қағытты:

— Шырағым, келін жай қалды ма?

— Келініңіз Алматыда.

— Жүрегім жаңа орнына түсті ғой.

Әңгіме, қымыз қызуына күн қызуы қосылып, жұрт біраздан соң суға түсе бастады. Жанабіл мен Ыбраш Болатты, әйелдерді алып, көл бетінде қайықпен жүр. Көк жайқынды толқыта жүйткіген мотор желдетіп, әйелдердің жұқа көйлектерін желпіп барады. Мотор даусынан бұлардың қосыла шырқаған даусы басымырақ. Етпеттей, шалқалай жатып, біріне-бірі су шашып, жалдау білмегендерін жалынтып — еркектер өз алдына мәз-мейрам...

— Жолдастар! — деді Ардақ. Ақша беті құбылып, қызыл күрең тартты. — Тіпті кеткім келмейді. Осы жермен бірге гүлдеп едім, осы адамдармен бірге өсіп едім. Әттең Мейрамнан қала алмаймын.

Майпаның көзінен жас ытып кетті. Антонина босаған көңлін білдірмей жұбатып жатыр:

— Сіңлім, досым Ардақ, мұңайма! Совет жерінің бәрі қызықты...

— Оны ерте білгемін. Адамның ұмыта алмайтын шақтары болады екен. Бұны жаңа білдім. Бәрі осында қалып барады...

— Соның бірі — дәуде болса, түн ішінде алаңда кездесіп, қаланың сыртына шыққан шығар, — деп қалжыңдап еді Жанабіл. Ардақ сақ-сақ күліп жіберді:

— Сенің ожар сөздерің де жарасымды! Ыбраш, сен аз білесің бұл жігітті. Ерке, тентек болатын. Есі еніп, үлкейіп келді. Мейрам үшеуіміздің арамызда жасырын жоқ. Жанабіл сенің де есіңде болсын, Ыбраш біздің ең қадірлі жолдастарымыздың бірі.

— Сендерге су ток берген соң қадірлі. Маған желді ұстап берсе, ардақтар едім.

— Жолдас секретарь! О да болады, сене беріңіз, — деді де, Ыбраш көл ортасындағы арал төбеге жетіп тоқтады. Айналдыра ағаш егіп тастапты. Жаңадан жасалған екі үй тұр, қаптаған құс, қиқулап жатыр... — Бұл ара болашақ құс фабригі, мүмкін балық заводы да салынар. Биылдан бастап балық тұқымын жібердік. Құстарыңыз мынау... Жел двигательді алдымен осы төбенің басына орнатып, жаңағы завод, фабрикке электр қуатын берсем... деген қиял бастан кетпейді...

Әйелдер төбенің екінші жағына барып суға түсті. Жанабіл мен Ыбраш та сүңгіп, шомылып алды. Бұлар қайтқанда жағадағылар судан шығып, қымыздары бойына тарап, салқындап отырған екен. Жұманияз, Сейтқалылар, әйелімен Боқай келіп қалыпты. Ардақ келе бәрін дастарқан басына жинады. Ұзын дастарқанның ең басында, биік бутылкалардан бойы аз-ақ асып отырған Қанабек өзін-өзі тамада сайлады:

— Жігіттер, әкімдікті бұл арада да пайдаланам. Тамада мен. Бірінші тостың сөзін Мейрам айтсын, жасы кіші болса да жолы үлкен.

Анау ошақ басындағы жүріс, дыбыстарға дейін тына қалды. Ол, бірде биік, бірде аласа, бірде қатал, бірде жұмсақ мінезді, бірде шешен, бірде сараң сөзді еді. Жұрт оны жоғары санаса, ол жұртты жоғары санайтын. Жұрт: «біздің Мейрам» десе, ол: «біздің адамдар» дейтін.

— Жолдастар! — деп қолымен төңірекке жай ғана нұсқап өтті. — Тілдей Нұрадан теңіздей көл жасалды. Аядай құдықтан көмір өзені ақты. Қарағанды даңқы совет жерінен әрі асты. Мақтаныңыздар! Соны жасаған біз, біздің адамдар! Сол мақтанға жеткізген партия үшін бір тамшы қалдырмай ішіп қойыңыздар!

Өмірі аузына арақ алмаған Жайлаубай, Маусымбай да:

— Құйшы, дозағын бара көрерміз... партия деді ғой... — деп бір-бірден қағып жіберді.

Келесі сөзді Чайков сұрап алды:

— Сонау белдің түбінде, — деді орнынан тұрып. — Бұдан он жыл бұрын Әшірбек екеуміз Мейрам Омаровичқа кездестік. Жаңа келе жатқан беті екен... Ол сонда: «біздің ел әзір техникалық ғылымнан алыстау жатыр» деп жабыңқы тұрды. Қазір осы дастарқан басында техника мамандары қанша! Мен оған Қарағанды үшінші орында — деген едім. Бүгін Қарағанды көмірінің көптігі бірінші орында, деп сендіре алам. Ыбраш Жакаевич! Суды, токты көбейте түсіңіз. Каргрэстің жанынан қара металлургия алыптары орнайтын күн жақын. Коммунизм барлаушылары үшін, қазақ жерінің байлығын бұдан әрі аша беру үшін ішелік!

Атап-атап ішіп жатыр. Әзірге Бәйтеннің ғана басы бұлғақтап:

— Істеудей-ақ істеуші едік! — деп қояды Жұмабайға. Антонина маза бермеген соң бір кезде түйедей боп Щербаков көтерілді орнынан. Мол денесі әдеттен тыс абыржып, толқи сөйледі:

— ...Бізде не жасалса, бірлестік күшімен жасалды. Рас, кейде таласып та қаламыз. «Пікірлер соқтығысынан шындық туады». Шындыққа мойындаймыз. Ұлт достығындай, жолдастық достықтар да мызғымасын — дей келіп, Мейрамды аузынан сүйді Щербаков. Екеуі орамалын алып көздерін сүрте бастағанда, қуанғаннан Антонина мен Ардақ та жылап жіберді. Дуылдасып, қошеметтеп жатыр бәрі. Ол екеуінің арасындағы кірбең әрқайсысының-ақ көңіліне бір түйін салған еді. Қазір сол түйін шешіліп кетті. Бірінен соң бірі сөз сұрап, жарыса, жадырай сөйлеп жатыр...

XI

Күз келді. Бұлыңғыр аспан тарыдай ақ қиыршықтар бүркіп тұр еді. Түс ауа етегі түріліп, қалың сұр бұлттар шығысқа қарай ығысты. Бұлт шетінен жарқ еткен күн қалаға енді жаймашуақ нұрын септі. Боз дөңестің бетінде жаңа шахта айқын көрінеді. Маңына бірнеше үйлер орнаған. Телефон, электр бағаналары да жеткен. Олардың сымдарын баяу жел жай ғана шертіп қояды. Адам аз. Поезд, экскаватор, тарам-тарам темір жол жер қойнын кең ашып, еніп кетіпті. Терең арнаның сонау биік ернеуінде топырақ тиеген, шыңырау түбінде көмір тиеген поездар бірі келіп, бірі кетіп жүр...

Әшірбек тіпті жайраң. Аузында, қолында дамыл жоқ. Даусы қаттырақ шығып, көтеріңкі сөйлеп келеді. Қасындағы Жанабіл, Щербаков, Козлов, Ермектер ойы орындалған жастың оғат сөзін де қақпай, жымыңдасып қояды.

— Сенің шахтаң таудың терең шаты тәрізді екен. Даусыңмен жаңғырығып қоса сөйлейді! — деді Жанабіл. Десе дегендей, төбеде аспан, екі жақ биік жар. Жар қабағында төбе-төбе, бел-бел топырақ үйінділері. Дөңесті сауырлай ойып, тереңдігі жиырма-жиырма бес, көлденеңі бірнеше жүз метр, ұзыны бір жарым-екі километр жердің топырағын, тасын аршыпты. Енді сол аумақта қалыңдығы он бес метр көмір ашық жатыр.

— Міне, шетінен кертіп ала бер! Маған лава, вентиляция, врубмашина, комбайн дегендер керек емес. Поезд әне забойға еніп барады. Дәрі, бұрғы, экскаватор құлатып тиеп береді... деп лаулаған Әшірбекті Ермек бір мысқылдап қойды:

— Құтыруын қарашы!

— Шахтаң жүз процент машиналанды. Жүздеген адамың бар. Жаңа графикті орындап дәуірлеп тұрсың ғой. Жарысамысың? Мен ондаған адаммен артық берем сенен.

Ермек таласпап еді, Козлов килікті:

— Балақай, байқа, комбайн бітіп қалды.

— Жоқ, Борис Михайлович, сіз қыңырлықты қойған күні бітеді.

— Сен енді Сергей Петровичті жақтадың ба! Алмаймын ол ұсынысыңды. Әкім екеуміз неде болса өз ойымызға бекідік.

— Сізден бұрын Шевченко, Афанасьевтер де осылай бекіп, комбайнмен қоса құлаған.

— Біз олардың қатесін таптық.

— Өз қатеңізді тапқан жоқсыз әлі...

Комбайн жайындағы бұлардың белгілі таласына Жанабіл мен Щербаков үйренген. Сөзге араласпай, ашық шахтаның әр көрінісіне құныға қарап келеді. Қырық-отыз вагонды бір-ақ тіркеп, поезд забойда тұр, екі экскаватор екі тұстан тиеп жатыр. Бір уыстағанда үш тонна көмірді бір-ақ уыстап салады. Анау шетте десятниктің экскаваторшыға ұрысқан даусы естіледі:

— Неге шүпілдетесің? Көзің бар ма? Төгіліп қалды ғой!

— Кемтігін толтырам дегенде асып кетті.

— Аққұла жұмыс жасауын қарашы! Сенің шашқаныңды кім жинамақ!

— Жаным-ау, енді күрек, шүмек емес, экскаватор ептеуге көне ме...

Жанабіл сылқ-сылқ күледі:

— Десятниктер толтыр, тез толтыр! — деп айқайлайтын еді. Мынау асып кетті деп бақырады.

Сергей Петрович әлі үнсіз, көкше көзі қадала, тінте қарайды бәріне. Бағанадан бері тек өз ойымен болған. Енді алға түсіп, ашық шахтаның ернеуіндегі биік топырақ шоқысына көтерілді. Бұл шоқыдан бүкіл Қарағанды көрінеді... Көмір тиеген ұзын составтар Оралға, Балқашқа тартқан үлкен жолдарға әр тұстан құйылып жатыр. Аяқ астындағы терең забойдан шыққан мына поезд да кең арнаны жаңғырта солай тартты. Жол үсті тынымсыз ағын. Тау суындай шапшаң, қара бұйра көмір ағыны сарқырай ағып барады...

Щербаков осы арада сүйген сөзін тағы бір айтты:

— «Пікірлер соқтығысынан шындық туады». Рақмет Мейрам Омаровичқа. Телеграмма беру керек оған. Бұл шахтаны енді көбейтеміз, күшейтеміз. Өзінің тресін құрамыз, — деп қолын жоғары көтеріп, елу километр алға нұсқап тұрды. — Сонау бұлдырап көрінген Сораң, Шерубай Нұрасы Қарағандының жаңа аудандары болады. Көмірлі қала енді солай қарай өседі. Жұмыс аумағы екі-үш есе ұлғаяды. Борис Михайлович, комбайнды тез бітір...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама