Жезқазған
І. ҚАРИЯ
Кілем түсті кең даланы қақ жарып көк табан темір жол жатыр. Жол бойында егіні жайқалып, малы қаптап колхозды көп ел отыр. Елден шола топ-топ киік орғып барады. Елден жоғары самолеттер самғап барады. Біз поезбен зымырап келеміз. Бізге қарсы жер де зымырап келеді. Сарыарқаның жазығы жеткізер емес, поезд жетпей қояр емес. Кешеден бері салғыласа аққан Сарысу жайына кетті. Күн жазықтан шығып, жазықтан батты. Дөңгелек там, қаптаған мал, орғыған киік — бәрі кейін қалды. Көз ұшында бурыл белес, бүртік-бүртік бұйраттар көрінеді. Сол көрінген сап-сары мыс боп елестейді көңілге. Мыс даласын ынтықпыз көруге.
Міне жеттік. Сояу шөпті, белес-белес бурыл дала қаны қашқан қатпар бет секілді. Сырын ішіне, ызғарын сыртына тарта қарсы алды.
Кәрі даланың төсінде мыж-мыж болған бұйраттар жатыр. Сол бұйраттың бірінде аққу сынды таранып, ақ таяғын қолға алып, ақ көйлекті, ақ бас қарт отыр. «Мыс тарихпын» дегендей қарсы қарап нық отыр. Оның аржағында ойпаттан көтерілген қою шаң оқтын-оқтын борап кетеді. Не тамаша деп көңіл елең-елең етеді.
Поездан түсе қартқа тура тарттым. Арамыз бірсыпыра жер. Мен бұйраттың балағына жеткенде, бұйрат басындағы қарттың үні естілді. Сөз бе, ән бе, зар ма, не айтып отырғаны белгісіз, әйтеуір бір сарынға түсіп алып ыңылдайды қарт, ыңылдайды...
— Ассалаумаликум, ақсақал! — дедім келе.
— Әликсалам, жолаушы жігіт, — деді ол, шұқшия бір қарады бетіме. Отырған жері қарауыл төбе болса керек. Осы арадан жан-жақтың бәрі көрінеді. Дәл етекте, сайды қуалай беткейге шашырай жұмысшы поселкесі отыр. Аясы кіші, айдыны күшті поселке: арасы шимай-шимай темір жол, әкеле жатқан, апара жатқан поездар, бәрінен жоғары мұнара сияқты көтерілген шахты көпірлері, тонналаған тасты шеңгелдеп лақтырған экскаваторлар... жер кеудесін талқандап, жез тасын сабанша сапырады.
— Жезқазған осы болар, ақсақал?
— Я, — деді де сөйлеп кетті қарт, — жұмыр басты адамның жеңбесі сірә жоқ екен. Ағылшын Новель ақ шатырмен, мен қара лашықпен келіп, осынау сайдан бірінші шахтаны ашқанда осылардың бірі де жоқ еді.
Содан бері қырық жыл өтіпті. «Елу жылда ел жаңа» деп қалай айтқан бұрынғылар, біздің ел бес жылда бір түлеп тұрған жоқ па!
Қарт самғай берді: Мыс төбенің басында желмен бірге гуілдеген осы қарт сонау өткен күндерді тізбектеп көз алдынан өткізіп жатыр... Соның бірін оқушымның алдынан мен де өткіземін.
* * *
...Өкіре соққан сұрапыл жалаңаш даланың астан-кестеңін шығарды. Сай паналаған қара лашықтардың үстінен қар жорғалап кетті. Екі жігіт әлі бұрап тұр. Жел ыққа, салмақ түпке тартса, темір тұтқа жалаңаш алақанды қарып барады.
— Әттең қолғап!... — деп солақтаған жеңмен ұстайды жігіттер. Жең қатып, сынапша жылпылдаған тұтқаны кейін серпкенде, тоса қалған иыққа келіп сарт етеді. Иық салбырап, манаураған бетті мұздақ басты. Жіптік еріннің қиюы кетіп, сөз пышырай шықты. Шыңырау түбінен сызаттап көтерілген ағаш шелек бір кезде ернеуге әкеліп бір жігітті күрс соқты.
— Неше шелек?
Сексен бес.
— Жақсы екен. Дала түтеп тұр ғой. Үйді іздеп көрелік, — деді жер астынан шыққан жігіт. Үшеуі қол ұстаса желге қарсы беттегенде, сұрапыл ішін тарта кейін бір еңсеріп тастады. Жігіттер егесе ілгері ұмтылды. Тура қараса бетті қарып, қырындаса теріс қағып, біресе ұйытқып соғып тұншықтырады жынды боран. Бұрын бадырайып тұратын қара лашықтар тапқызар емес, қарға көміліп, тек дымын шығармай жатыр. Күні бойы Новельдің жұмысымен, енді «тәңір» әлегімен алысқан үш жігіт бұлқан-талқан далада Новельдің де, тәңірдің де сыбағасын беріп бақты.
— Бүгін бекер-ақ шыққан екенбіз. Ажал ма, бейнет пе айдаған, — дейді бірі.
— Жатқызды ма қу тамақ. Новель ғой айдаған, — дейді екіншісі.
— Жатсаң да, тұрсаң да бір азап, одан да жағаласып бақ, — деп жер астынан шыққан жігіт желге қарсы қарыштай адымдағанда, етектен ұстаған анау екеуі ет-петінен түсті.
— Тоқта, Көшекбай!
— Біз қалдық, Көшекбай!..
— Бауырларым-ау! — деп Көшекбай екеуін сүйемелеп тұрғызды да, қапсыра құшты. Жел өтінде өзі. Үстіндегі қырық жамау шоқпыт шапан әзір құрғақ болса да, панасы аз, іштегі тоқтышақтың терісі ғана кеудені өкпек желден қорғап тұр. Өзге дене мұздап барады. Сұрапыл өкіре түседі. Көшекбайдың іші жылып сала берді бір кезде.
— Таптым! —деді жұлып алғандай, — енді жүрсек те, тұрсақ та өлдік. Амалы — жатқан. Киімдерің қатып қалыпты, өздерің қалжырапсыңдар. Сендерді қарға мықтап көмейін де ауыл іздейін мен.
Жә десті осыған. Жолдастарын қарға көміп, жалғыз жөнелді Көшекбай. Ысқырады, ұлиды, түтейді де түнереді. Кәріне мінген кәрі дала құтырып кетті мүлде. Жүгіре басып Көшекбай келеді. «Әттең!» деген арманын айта келеді ішінен:
— Жалындаған жиырма бес күйсізде келдің қайтейін! Темір қазық қолға алып, шайнаса біткен сұр тастан жер астында от шаштым. Боратар едім сол отты, әндемді қару қолға алсам. Шоқпыт шапан иықта. Сұрапыл мынау ысқырған. Сайланып келіп кездессем көрер едім сені де!..
Көшекбай ойын бөліп елең етті. Ысқырған жел ме, адам дауысы ма, алыста әлсіреген үн естіледі. Естіледі де басылады, басылады да қайта көтеріледі... Айыра алмай аз тұрып:
— Қап! — деді де кейін жүгірді, жаңағы екеуі тұрып кеткен екен. Жан шығардағы дауыс болмаса игі еді.
Дауысты іздеп жүгіре берді. Сұрапыл басың-көзің деместен сабалай берді. Шоқпыт шапан қалтайып, тоқтышақтың терісі тоңазыған кезде дауысқа да жеткен еді. Дауыс аяқ астынан шығады енді. Тапқызбайды. Айнала іздеп омбылап жүргенде бет бір шым етті, Көшекбайдың өзі күмп беріп түсіп кетті тереңге... Көзін ашып алса — үйінде отыр. Дәл шаңырақтан түсіпті... Бурыл сақал Отарбай бәйік болып ұшып жүр. Баласын шешіндіріп, үстіне үйіндегі барын жапты. Құлаштай ақ киіз, қара тулақ, шидем күпі — бәрі Көшекбайдың үстінде.
— Адастың ба, қарағым?
— Адасқанда қандай.
— Жетті ме дауысым?
— Жетпесе келем бе?
Үй ішіндегі мүліктің көбі де, асылы да отын. Бір қабырға баялыш пен тобылғыға сіресіп тұр. Төбеден түскен қарды босағаға сырып тастап, Отарбай дереу от жақты. Қызыл ұшқын бұрқырап, қою түтін көз аштырмай, дем алғызбай тұншықтырып барады. Отын арасында қатқан бірен-саран жыландар қоса отқа түскенде ысқырып бір секіреді де тыртыса қалады. Үй мен дала осылай алай-түлей болып тұрғанда құрым киіз, ескі алашаның астынан ештемеден қаперсіз дауыс естіледі бір.
— От жаққанбысың, балам? Көшекбай келген бе?
— Келді, — деп барынша айқайлап жауап берді Отарбай.
Ұзын ақсақалы түтін шалып сарғайған, қасы көзіне түскен, көзі жөнді көрмейді, құлағы айқайды ғана естиді, ескі-құсқының ішінен бір адам бас көтерді.
— Көшекбай, а Көшекбай, бері кел!
— Тоңып келді, әке. Орап тастадым, — деді Отарбай.
— Орап тастадым!? Осы күнгі жас ешкі тәрізді-ау. Құрғақ боранды елей ме екен кісі. Дәбей заводында істеп жүргенімізде балақтан сорғалаған су үйге жеткенімізше мұз боп сіресіп қалатын еді. Осындай борандарда жалаңаяқ, жалаң бұт үйден-үйге жүгіретінбіз бала шақта. Осы Жезқазғаннан қайламен, сүйменмен қазып, түйеге артып, Дәбейге тас тартқан күндеріміз болған. Сонда далаға, қар астына қона беретін едік...
Атам сөзіне қарағанда жаңағы екеуі ештеме етпес, әке? — деді Көшекбай.
— Түк те етпейді, балам. Күн толас болысымен тауып аламыз, — деп Отарбай қара шөңкені оттан жұлып алды да, Көшекбайдың алдына әкелді. Шимен жамаған сары шара, жырым-жырым ағаш қасық қоса келді. Қызыл ұшқын жауып тұр. Буы бұрқыраған қара көжені көк түтінмен қоса борып-борып ұрттап жатты Көшекбай...
Сол Көшекбай кер заманды басынан кешіріп келіп, бүгін міне жез төбенің басында отыр. Қасы қандай ағарса, көңілі сондай ағарған сияқты. Сөз арасында қалжыңдап қояды:
— Бұрғы тесіп береді, дәрі бұзып береді. Анау тұрған түйе мойын — деді экскаваторға иегімен нұсқап, — салып береді. Солардың істегенін мен істедім деп бүгінгі жастар мақтан етеді. Сәбет істеді, сәбет істеді, деймін мен отырып. Қайсымыздікі дұрыс?
— Олардікі де, сіздікі де дұрыс.. — дей бергенімде.
— Көңіл жықпайтын жігіт екенсің, — деп қарқ-қарқ күлді қарт.
Жаңа байқадым, төбе беті шұрқ-шұрқ тесік екен. Әр тесікке бір темір қазық қағып, оны цементтеп бекіткен. Әрірекке көз жіберсең, атам заманда қазылған шұқанақ, жыра үйінділер көрінеді...
— Анау шұқанақтарды ерте кезде сіздер қазған боларсыздар.
— Оңында жезді, солында Кеңгір өзендері, аралықта, шөлде жатқан осы сиыр бүйрек тас бұйраттарды ел ешқашан жайламаса» да, қыстамаса да қасиетін ерте-ақ білген тәрізді. «Жезді», «Жезқазған» деген ат атамзаманнан келеді. Сол шұқанақтар, мен түгіл менің әкемнен де, атамнан да бұрын қазылған. Қазақ, сірә «Жез» деген сөзді сол шұқанақтардан алды ма деймін.
— Мына темір қазықтар не?
— Бұлардың сыры тереңде, жүз метрден әріде жатыр. Жер астына түспей қанбассың, шырақ.
Қариямен қоштасып жер астына түсуге кеттім.
II. ЖЕР АСТЫНДА
Жер астына апаратын жол — тіп-тік қараңғы шыдырау. Шыдырауға екі темір клетке кезек-кезек сүңгіп шығады. Клеткенің біріне мініп біз де сүңгіп кеттік. Сүңгіп келе жатқанда да Әнуәрдың баяу дауысы тынған жоқ. Жас инженер жасамыс адамша аз сөзден көп мағана тартып, бажайлап айта береді:
— Кенді табу бар да, алу бар. Табу болмаса алу да болмайды. Сіз көрген темір қазықтардың әрқайсысының астынан тонна мыс аламыз. Мыс бұл заманда елдіктің тұлғасы ғой...
Клетке кілт тұра қалды. Жер астына жеткен екенбіз. Жердің үшінші қабатына жетіппіз. Мыс тасы үсте, екінші қабатта қалыпты. Бірақ, төбенің әр жері тесік. Сол тесіктерден сұр тас лек-лек құйылып тұр. Мыс тасы осы. Самсыған вагонетке бірінен соң бірі тоса қалып, толып шығып жатыр. Көп вагонеткені жалғыз электровоз сүйреп барады. Электровозға қазақтың қаршадай қоңыр қызы мініп барады.
Қыз да, электровоз да біреу емес, әлденешеу. Тұс-тұстан қағылған қоңырау, жарқылдаған, электр, тарсыл-гүрсіл жүріс бәрі солардікі. Бір адам ондаған адамның, бір машина ондаған атанның қызметін атқарып жүр. Сонда да аз сияқты, асығыс жүр. Әсіресе, сыртқа шығар ауыздағы жігіттердің вагонеткелерді клеткеден алып клеткеге салғаны әскери шапшаңдықтан кем емес.
Клетке мен электровоздар бірі кетсе бірі келіп састырып тұр. Менің шамалауымша әрбір үш минут сайын бір тонна руда шығып жатыр жер үстіне.
— Ағайлар, айыпқа бұйырмаңыздар, — деді жігіттердің бірі, — дәл қазір сөйлесуге уақыт жоқ.
Жер астындағы барлық жұмыстың аумағы мен салмағы өлшенер жер осы ара. Жер үстіне қанша вагонетке руда шықса смена жұмысы соған қарай бағаланбақ. Сондықтан, жер астындағы жұрттан сөз басы: «Қанша шықты? Неше вагонетке?» Норманы орындау, асыра орындауды бақ-дәулет дейді бұлар. Техника жаңалықтарын тез меңгерген жігіт бақ-дәулетке тез жеткен өнерпаз саналады. Бұрғышы Балмұқан, Арыстанбектердің, бұрынғы бұрғышы, қазір шахта бастығы Ысқақ. Зейноллалардың даңқы топтан асып, жүлде алумен еңбек жаңалықтарын тез меңгере отырып, байытумен шығыпты. Осы адамдардың өзіне қарасаң қарның ашады, ісіне қарасаң көңілің тасиды. Зейноллаға:
— Сіз рекордты қалай бердіңіз? — деп ежіктеп тұрғанда, мына бір сөздер аузынан әзер шықты.
Мамандар тесік пен тесіктің арасын жүз елу сантиметр, тастың жалпақтығы бір метр болсын деп бекітіп берген. Маған осы аз көрінді де жүрді. Бір күні жүз елудің орнына жүз сексен, метрдің орнына жүз елу сантиметр алып жібердім. Ол кезде победит жоқ, соғыс тұсында ғой мұның көбейгені. Каленный бұрды басқаша суартқамын. Сөйтіп, жеті сағатта екі жүз елу бес тонна құлатып едім, жұрт рекорд деп ала жөнелді...
Бір кезде Жезқазғанда стахановтық қозғалыстың алды болған Зейнолланың бар айтқаны осы ғана.
Балмұқанның аузы тіпті сараң. Ол нормасын ылғи екі-үш есе артық орындап келеді. Балмұқан, Егізек сияқты бұрғышылардың айлық табысы жеті мың сомға жеткен.
— Мен, терең бұрғылап, прострел жасау әдісін қолданып жүрмін, — дейді Балмұқан. Одан әрі өзің қазбалап таппасаң, мә дері жоқ, саған.
Сөзінен ісі, өзінен атағы зор қарапайым адамдардың нағыз кереметі екінші қабатқа шыққанда көрінеді. Екінші қабат дегеніміз екінші бір дүние. Жер бетіндегі ұсақ бұйраттар жер астында тұтасып, үлкен тау, шалқар бел болып алған. Сол тау мен белдерді бұза-бұза жер астын кеулеп, далитып жіберіпті. Көгілдір мұнар көзді алысқа жібермейді. Мұнар ішінде жарық жұлдыздай жарқырап электр шамдары көрінеді. Бірде жартас, бірде құз, бірде адыр, бірде белестер кездеседі. Кең жазыққа да шығып кетесің бәрінен де осы жазықтың тас алуы тамаша. Жоғары қарасаң төбеге көзің жетпейді. Буылдыр аспан тұнжырап төніп тұр. Аспанды тас діңгектермен тіреп тастаған. Діңгектердің жуандығы үш қанат үйдей, аралары алшақ. Тас аспанға қарап қойып, жиірек тірер ме еді дейсің. Жер бетінде тұс-тұстан көрінген шахталар жер астында бірімен бірі түйісіп, ұлан байтақ тас әлемі боп кеткен. Бұл әлемде күндіз-түні тыныштық жоқ. Адам баласы әлекті салып жатыр: күрс-күрс атады, төбеден төңкере құлатады, саудырап ақтарылған мыс тасын скриперлер сырып апарып, құйып жатыр төсектерге. Астыңғы қабатта тесіктен тосып алып, жер үстіне жөнелтіп тұрғандарды жаңа ғана көріп шықты.
— Ертеде осының бәрін күрек, ташке, балға, ұшпырмен істеді-ау адам, — деп Көшекбай қарияның өткен күндерін еске алсақ. Әнуәр қабағын шытады:
— Ол өлшеу емес! Техника қанша жетілсе де, тілектен әлі кейін келеді. Жер астына лайықтап экскаватор, автомашина жасалса тиеу, тасу жұмыстары бұдан да өнімді болар еді. Мына тас діңгектер жердің жиырма процентін ұстап тұр. Осыларды қағып алса, үлкен олжа. Әттең тас аспанды құлатпайтын бір айла... — деп арман етеді жас инженер. Қол жеткенге мәз болмай шарқ ұрып іздене беру, уақытты, күшті неғұрлым аз жұмсап, табысты көбейте беру санасы жас инженерге тыныштық бермей келді. Ол көз шалғанның бірін құр өткізбей сынап келеді…
— Әне, Балмұқан! — деді бір кезде.
Сонау жоғарғы қияда, электр жарығының астында, жападан-жалғыз тұр. Асты құз, үсті шың, тайғақ қиядан таям демей тым паң тұр. Етекте иіріліп ысылдаған резинка түтіктің бір ұшы соның қолында жарқылдаған болат бұрғымен жалғасыпты. Құз бетін қарлығаш ұясындай шұрқ-шұрқ тесіп тастаған. Болат бұрғы сумаңдап бойлаған сайын, масаша қадалып жартасқа жабыса береді, Балмұқан. Оның қазір әңгімеге уақыты аз, тіпті мойнын да бұрмады бізге. Екі көзі алдында, еңгезердей денесі селк-селк етіп, салмағын сала түседі. Бұрғыға түтікпен келген жасанды жел айдап барады бұрғыны. Тас үгіндісі ұндай бұрқырап тұр...
Екі-ақ сұрақ бердік Балмұқанға. Бірінші сұраққа жауап бермей, қағаз берді де, істей берді. Қағазда нормасын қанша орындап келе жатқаны жазылған екен. Ылғи екі-үш норма.
— Бұдан да әрі кетуге бола ма? — дегенде:
— Адамы біледі, — деді Балмұқан.
Түтіктің бір жерінен жел шыққан екен, соны құлағы шалып қалып, тастан-тасқа арқарша қарғып бара жатты ол...
Біз бір туннелге еніп кеттік. Сүргілеген тақтайдай теп-тегіс төбеге, қара бояумен шебер қол салған әдемі суреттер, жазулар тұр. Жазудың көбі адам аттары, суреттің көбі адам бастары, шахта құралдары. Нағыз суретші әдейілеп салған тәрізді. Сұрастыра келсек, шахтерлер әрлі-берлі өтіп жүргенде қолшамның күйесімен жазып кеткен екен. Тамашалап қарап тұрмыз.
— Жұмысшылар тек жұмысты ғана емес, көркемөнер, әдебиет, ғылымды да сүйеді, —дейді Өмірқан.
Өмірқан бірнеше шахтаны басқарады. Үйіндегісінен шахтасында болуы көп. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, жұмысшылармен көп сырласатын инженер. Әнуардан мұның өзгешелігі қазақ көркем әдебиетімен жақсы таныс.
— Жерді жорытқан біледі, малды баққан біледі. Ол не жорытқан жоқ, не баққан жоқ, қайдан біледі... — деп өзі сүйген романдарының монологтарын жатқа соғады.
— ...Соғыс кезінде сол ақынның батырлығы шамалы еді. Соғыстан кейін «Мен құрбан» деп өзеурей қапты. Антұрғанның аузына басқа сөз түспеген бе, — дейді де мырс-мырс күледі. Ол әдебиетті сынап келеді. Жақсысына сүйініп, жаманына күйініп келеді. Әдебиеттің шын досы, әділ сыншысы — дәл осындай сыртқы қоңыр, іші сара оқушылары көп екеніне көз тағы бip жетті.
Қараңғы дүлейден шығып келеді екенбіз. Осы арадан қарағанда шахта асты табиғаттың ең бір әдемі суретін елестетеді.
Жер тітіреткен күшті жарылыстардан кейін тозақ та, жаңғырыққан дыбыстар да басылып, жаңа смена түсер кез. Таң атып қалған сияқты. Жер асты жасыл сәулеге бөленіп, тұнып тұр. Маңдай алда, алыста көрінген электр фонары «шолпан, оның маңында жылтыраған шамдар күн сәулесімен өшіп бара жатқан ұсақ жұлдыздар секілді. Әлдеқайда компроссор айдаған өкпек желдің лебі ғана келіп, таң самалындай бетті желпіп кетеді. Бағанадан бері көмескі көрінген тас аспан енді шайдан ашық. Биіктігі он бес, жиырма метр болар, жоғары қарағанда кеңірдек шортиып шығып тұрады. Аспан да, оны тіреген нән діңгектер де қызыл, күрең, ақ сары, көк-жасыл... алуан түсті, иненің жасуындай ұсақ ноқаттармен безенген. Қолдан безеген емес, жаратылыс безеген, өзінен өзгеге ұқсамайды, құлпырып тұр. Бір басылып, бір көтеріліп, ызыңдаған үн тақалған сайын анықталып қобыз үніне ұқсап барады...
Дәрі құлатқан жартасқа жеттік. Жайрап қапты. Етекте отырған бала жігіт қобыз орнына қобдидай ғана лебедка ұстаған, алдында төрт бұрышты тесік, сарнатып отыр лебедканы. Болаттан өрген қос арқан лебедканың қылы сияқты. Арқанды бойлап безектеп, скрипер жартастың басына кетеді. Одан қопарылған бос тасты ысқыра төмен айдағанда, таудан аққан өзендей сарқырап кеп мыс тасы құйыла береді тесікке. Соқтыққан тас, қажасқан темір, жүрген мотор, оларға көңілді жігіттің ыңылдаған әні қосылып, еңбектің өзгеше бір күйін шертіп тұр...
— Жаңағы машинист жаңа оқып шыққан жас кадр, — деді былай шыққан соң Өмірқан. Жас кадрдың біз талайын көрдік. Дәл осындай машинистің шахта маңында он үші жүр. Биылғы жылдың сегіз айында ғана мың жарымдай адам курс бітіріп шыққан. Қазақтың түсті металл инженерлерінің көбі де Жезқазған ауданында сияқты, он бір инженер бар екен. Сонда да:
— Кадр керек, кадр! — деп жалақтап отыр. Жалақтамасқа амалы жоқ. Он алты шахта істемейді. Жеті шахта жасалып жатыр. Бес жылдықтың ақырында жаңадан он шахта ашылмақ.
Біз жер астын аралап болып, үске шыққанда қара мұртын ишырып қайырып тастаған шахта бастығы ЬІсқақ эстакаданың үстінде тұр екен. Өмірқан күліп жіберді:
— Мұрты тым көтеріңкі көрінеді, жоспар артығымен орындалған-ды, — дейді бізге.
— Я,— деді Ысқақ естіп қалып — бүгін жүз жиырма процент.
III. ҚАНЫШ
Есік алдында тұрған қос күрең, арбаға отырар-отырмастан ала жөнелді. Солқылдақ арба тоқылдақ арбадан әрі түйіп-түйіп қалғанда ыңқ-ыңқ етесің. Жол жөндеуге жұрттың уақыты жоқ. Нән клубтың іргесін қалап жатыр, аумағына ауыл сиғандай. Монша, мектеп дайын бопты, көркіне көз тойғандай. Ертеде салынған қиқытас үйлердің арасынан суырыла көтеріліп, биіктеп барады бір үйлер. Дәрі талқандай мыж-мыж болған бұйраттар, жаңадан көтеріліп шахта көпірлері, орнатып жатқан телефон, ток, радио бағаналары, тарау-тарау темір жол, келіп-кетіп бара жатқан поездар — ескі Жезқазғанды баса көктеп жаңаның бір алып бейнесін жасап барады. Сол бейненің көңілдегі елесі қалың көпті қайрыла бір қаратпай тартып барады өзіне.
Бұл неткен ғажап бейне! Сонау жатқан шоқат-шоқат дөңесте: көкке қарап маңқиып, көк түтінді шүйкелеп, көк тасты нанша шайнаған қызыл тұрба көрінеді. Тұрба астында мыс бұлақ сарқырайды тынбастан. Поездай қанша тартса да сарқылар емес сол бұлақ...
Бұл неткен ғажап бейне! Жұлдыз ба десем жусаған, шытырлаған электр. Немене десем қала екен, мына далаға орнаған. Көшесі асфальт айнадай, бәйтерегі көк тіреп, фонтандары атқып тұр. Адамдар шадыман, “жасадық біз...” деп шалқиды...
Жезқазғанның келешегі осылай елестеп келе жатқанда шымқай тастың бетінде жайнаған гүл жапырағы желбіреген бақ кездесті. Бақ ішінде балапандай шыпырлап балалар жүр. Жазғы театр да осында. Оркестр, ән, бір жерде тир, бір жерде би, біресе дене шынықтырып арпалысқан жастар...
Асты-үстіне келіп сапырылысқан үлкен аумақтың ортасында жан тынысы, көңіл қошы әзірге тек осы бақ. Ертеңгі үлкен, көркем Жезқазғанның ұшып түскен бір жапырағы бұл. Басқа орман, көл, өзен түгіл құдық та жоқ. Су ескі шахталардан, геологтардың жер астынан тіпті тапқан көлдерінен түтікпен тартылды. Қатпар-қатпар кәрі дала бар асылын астына тығып алған, тартып алмай берер емес. Қайла, шоты шықылдап бойына дарытпайды. Ең ақыры осы бақты да бұрғы ұшымен, дәрі күшімен орнатты жұрт.
Бақтан шыққан соң ертеде салынған бәденсіздеу бір қабат үйге келіп тоқтадық. Үйдің бөлмелері ағаш жәшіктерге толып тұр, жәшіктер тасқа толып тұр. Әр түсті, әр көлемді жұмыр тас. Бәрін номерлеп тастапты, номерлері жүздеп емес, мыңдап саналады. Бір номердің хикаясы бір кітап. Мен сол кітаптың біріне қадалып отырғанда, бағылан бір жігіт сөйлеп тұрды. Биік бойын жазғанда төбеге, ұзын қарын созғанда қабырғаға тірелгендей құныса тұрып, кең сөйледі. Оның жай шыққан үні күшті репродуктордан шыққандай алысқа кетіп жатты...
— ...Тіпті, сонау ескі заманның өзінде, — деп бастады сөзін, — таспен, сүйекпен қазып та осы арадан ең кемі бір миллион тонна кен алғаны байқалады. Бертін келе, он сегізінші ғасырда Жезқазған байлығын бірінші рет хабарлаған барон фон Трунберг, XIX ғасырдың орта кезінде Ушаков Жезқазғанды бір қазақтан жүз сомға сатып алды. Оның кәсібі тек арзанға алып, қымбатқа сату еді, көзінің тірісінде мүддесіне жете алмай Рязанов көрді қызығын: Нілді кені сұйыла бастаған кезде, 1904 жылы Рязанов екі жүз алпыс мың сом алтынға ағылшындарға сатты. Ресей мен Европа байлары Жезқазғанды қуып жіберетіндей ұмтылса да, бірде-бір ен байлықтың мұртын да сындыра алған жоқ. Ағылшындар он жыл зерттегенде он жеті мың метр бұрғылап, бір мың ғана тонна мыс қорын тапты. Біз совет уақытында, бірінші бесжылдықта-ақ қырық бес мың метр бұрғылаған екеміз... Қазірде Жезқазған жер жүзіндік бәсекеге түсіп тұр. Жезқазғанды танитын уақыт жетті!..
Ол, Жезқазғанның байлығын ғана айтып қойған жоқ. Үлкен Жезқазғанды жасау, бүкіл орталық Қазақстанды қамтып, ертеде ат аяғы, құс қанаты талған Сарыарқаға алып индустрия орнату арманын айтып тұрды...
Мен кітаптан бас көтергенде бұл үйде жоқ еді. Тіпті мен келгенде де жоқ болатын. Оның жазып кеткен еңбектерін оқып отырғанда бейнесі осылай елестеп тұрды маған. Оның осы үйде қалған жолдастары бірінен соң бірі ұтылап, сол бейнені толықтырып жатты:
— Онда асу бар ма, сасу бар ма! Алдына барған адам алмаса да риза боп шығатын. Кейін кел, уақытым жоқ дегенін естіген емен. Көшеде тұра қалып та әңгімелесе беруші еді, — дейді ескі бұрғышы Егзек.
Аға мастердің бірі Жағыпар:
— Ол, келген бетінде станокты, содан кейін жұмысшылардың үйлерін аралап шығатын еді ғой, — дей бергенде, Төленнің әйелі оның аузынан қағып әкетті сөзді:
— Біздің кісімен бірнеше күн дала кезіп кететін. Балғасын, шапқы, сумкасын тастамайтын еді. Машина, шатыр қалады дейді бір жерде. Жалғыз өзі жаяу ұзап, төбе кезіп, тас жинап, сумкасы толып қайтқанда әндетіп келе жататын еді дейді. Әнші еді...
Әр кім әр қилы сөйлеп жатқанда, стол үстінде теңкиіп үлкен бір том жатты. Том авторы — ауыр мінезді, баяу сөзді, арықтау жігіт анда-санда жымиып қойып тек отыр. Томның аты: «Жезқазған кені. (1945 жылдың 1 январына дейін есептелген кен қорына қосымша геологиялық түсініктер).
Совет тұсындағы Жезқазғанның ескі кадрларының бірі осыншама еңбек жазған инженер өзі туралы бір ауыз сөз айтпастан жолдасын алды ауызға:
— Ол кісінің өзгеше бір қасиеті, бұл жердің жезін ғана емес, басқа байлықтарын да зерттей отырды. Соның нәтижесінде біз бүгін жезден басқа талай қымбатты кендер таптық, құрылысқа керектерді осы араның өзінен алдық...
Сөзге сараң, іске бай осы адамдардың іші де тереңде жатқан кен сияқты, зерттей берсең бере беретін түрі бар. Солар тапқан номерлеулі көп тасқа үңіле-үңіле қарадым да:
— Сырын сірә өзіңнен де көп-ау!.. — деп үйден шықтым.
Аңыз болған жігіт — Қазақ геологі Қ. еді.
1946 жыл.