Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қараңғылық бұлтын сейілткен (А.Байтұрсынұлының «Маса» өлеңі жайында)

Университет қабырғасындағы соңғы өндірістік тәжірибеміз Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінде» өтті. Жетекшіміз-  филология ғылымдарының кандидаты, ахметтанушы Райхан Сахыбекқызы тәжірибенің қызықты өтіп, болашақ мамандардың одан зор пайда алуына септігін тигізді. Өндірістік тәжірибе барысында ұлт ұстазы, халқымыздың аяулы перзенті, ақын Ахмет Байтұрсынұлының түрлі жанрдағы туындыларын қайта оқып, бізге меймәлім болған көптеген тың деректермен таныстық. Атқарылған істердің негізгілері мыналар:

  • Мерзімді басылым беттеріндегі А.Байтұрсынұлының поэзиялық шығармаларын жинау;
  • Түрлі басылым беттеріндегі және  ғаламтор желісіндегі автор  туралы жарияланған мақалалар мен рецензияларды, зерттеулерді жинақтау;
  • Жекелеген ғалымдар мен ұжымдық монографиялардағы А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулерді жинау;
  • Аудандық, облыстық (қалалық) басылымдарда А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы шыққан мақалалардың тізімін жасау.

Аталмыш жұмыстардың нәтижесі ретінде БАҚ пен сайттарға Ахмет  Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде мақалалар жарияладық.

ҚАРАҢҒЫЛЫҚ БҰЛТЫН СЕЙІЛТКЕН

(А.Байтұрсынұлының «Маса» өлеңі жайында)

    XX ғасыр басындағы қазақ халқының азаттық күресінің басында тұрған Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы тәрізді  айбынды Алаш азаматтарының еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткені баршаға мәлім. Аталған ұлт зиялылары  саяси қызметтерімен ғана емес, сондай-ақ өздерінің өлең-жырлары арқылы да қалың елді жайлаған  қараңғылық бұлтын сейілтуге бар күш-жігерін сарп етті. Бұл сөзіміздің бұлтартпас дәлелі – ұлт ұстазы, ұйқыдағы халқын «маса» болып  оятқан ақын Ахмет Байтұрсынұлының  «Маса» өлеңі.

 Өлеңнің негізгі идеясы мен мән-мазмұны мына шумақтан айқын көрінеді:

«...Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағыңа ызыңдаса?»

    Жанашыр ақын ызыңдап ұшқан маса болып,  қалың ұйқыдағы енжар халқын оятпақ болады. Қазақтың көзін ашып, олардың жалқаулықтан арылып, жаңа өмірге аяқ басуын аңсайды. Дәл осы сынды автормен мақсаты мен арманы бір арнаға тоғысқан, көрнекті Алаш зиялысы, ақын, қаламгер Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» өлеңінің:

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты», – деген шумақтарынан  оның аталмыш  «Маса» туындысымен өзара үндес екенін аңғарамыз. Ақын мұнда  қазағының ешбір ойсыз, харекетсіз «қалғып» жүргенін, сөйтіп бәрінен құр қалғандығын  ашына жырлай келе, өмірді босқа өткізбей, жарыққа ұмтылуға шақырады.

Ахмет Байтұрсынұлының да айтары осыған ұқсас: «Қалпылдақ қайық мініп еспесі жоқ, Теңізде жүрміз қалқып көшпесі жоқ», – деп өзі жырлағандай,  сол қоғамға көңілі толмай, алаштың ендігі күніне алаңдаушылық білдіреді.  Халқын оқуға, өнер-білімге, мәдениетке шақырып , оның басқа елдермен терезесі тең боларлық дәрежеге жетуін аңсайды.

Өнер-білім, мәдениет атаулыдан құр қалған қазағын   қалың ұйқыдағы қаперсіз жанға, ал оны оятуға бар күшін салып, жанталасқан оятушыны масаға теңеуі-  шынайы шеберліктің көрінісі. Осы тұрғыдан қарағанда,  Ахмет Байтұрсынұлының бұл шығармасы өз замандастарының осы мазмұндас туындыларынан  оқ бойы озық тұрғаны сөзсіз.

Ел басына күн туғанда «етігімен су кешіп», өнегелі өмірін қалың елін отарлықтан  азаттыққа, қараңғыдан жарыққа шығару үшін жан аямай күрескен Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» өлеңі – күллі халықтың оянып, бостандыққа қол жеткізуін аңсаған, ізгі тілектен туындаған дара туынды.

Сабина Игілік, Наргиз Өмірзақ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінің 4-курс студенттері                              


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама