Ұлт ұстазын тани алдық па?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ тілі және әдебиеті мамандығының-курс студенттері Ахмет Байтұрсынұлы мұражай – үй жанынан ашылған «Тіл–құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан өндірістік іс -тәжірибеден өттік.
Біз Ахмет Байтұрсыновты ағартушы, ғалым, әдебиеттанушы, төте жазудың негізін қалаушы, аудармашы, «Алаш» партиясының мүшесі ретінде жақсы білеміз. Ал оның қазақ ұлты үшін еткен еңбегіне бойламадық. Өндірістік тәжірибе кезінде біз Ахмет Байтұрсынұлының жеке өмірінен сыр шертетін құнды дүниелер туралы білдік. Мұражай жұмысымен, ондағы құнды жәдігерлермен танысуға, ұлтымыздың мақтанышы болған ұлы тұлға туралы жақынырақ танысуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын.
ХХ ғасырдың басында қазақ зиялы қауымы азаттық үшін болған көп ғасырлық күресте маңызды рөл атқарды. «Алаш» партиясының пайда болуы халықтың болашағына қатысты сұрақтарды шеше алатын ұлт зиялыларының жоғары әлеуетін көрсетті.
Ахмет Байтұрсынұлы туралы деректі фильмдерді көріп Ұлт ұстазының қиын тағдырымен таныс болдық.
13 жасында әкесінен тірі жетім қалған Ахмет қоғам қайраткері болып қалай қалыптасты. Оның жүріп өткен жолы қиын болды деген сұрақтарға жауап таптық. Ахмет Байтұрсынұлының әкесі Байтұрсын оряс оязы Яковлевке қол көтеріп, 15 жылға итжеккенге айдалады. Байтұрсын орыс саясатына қарсы шықты, қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектерге беруге қарсы болды. Орыс соты жалғыз Байтұрсынды емес, сол әулеттің бүкіл еркек кіндіктісін итжеккенге айдатады. Арада 15 жыл салып елге оралғанымен, ұзақ өмір сүрмейді.
Ахметтің өмірлік жары, досы, сүйеніші Александра туралы білдік. Александра мұсылманша неке қидыру үшін ислам дінін қабылдайды, діни білім алады. Мағынасы «толған ай» дегенді білдіретін Бадрисафа есімін алады. Архивтік деректерге сүйенсек 1877 жылы Верхний Уральск деген қалада дүниеге келген. Оның әке-шешесі туралы деректер дәл емес, Ол өте білімді, Ахметтің қарапайым мұғалім емес, ұлт зиялысына айналуына көмектескен дана әйел болатын.
1909 жылы Ахмет Байтұрсыновты тұтқындаған кезде күйеуін түрмеден босатуын сұрап генерал-губернаторға хат жазады.Ол күйеуінің жазықсыздан жазықсыз түрмеге жабылғанын айтады, ал егер күйеуінің кінәсі болса, онда оны тергеу ісін жеделдетуді сұрайды. Ал егер кінәсі болмаса босатуын өтінеді. Осыншама нәзік әйелдің Дала губернаторына осындай талаппен хат жазуына оның шексіз махаббаты, күйеуіне деген сенімі жатқан жоқ па?
1904 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Әлихан Бөкейхановпен, кейін Міржақып Дулатовпен танысты. Олар қазақты қараңғылықтан алып шығу үшін бел шешіп кірісті. Олар қазақтың «Үш бәйтерегіне» айналды.
1904 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған «Қарқаралы» петициясы оларды бір мезетте саяси тұрғыдан сенімсіз адамдар қатарына қосады. Бұл петицияға 14 мыңнан астам қол қояды. Бұл петицияда халық үшін маңызды мәселелер көтеріледі. Оның ішінде ең бастысы халықты ағарту жұмыстары, сот ісі, ар-ұждан бостандығы, діни сенім еркіндігі және ішкі Ресейден мұжықтарды көшіруді тоқтату сұрақтары қойылады.
Ахмет сүзектен тұра алмай жатқанда да Қарқаралыдағы митингке барады. Өз аяғымен бара алмай, өзгеріс қалаған халқын көрсетуге оны сол шеруге көтеріп алып барады. Бірақ сол жиыннан кейін Ахметтің жағдайы мүлдем нашарлап кетеді. Жығылғанға жұдырық болып, қарулы қақтығыс ұйымдастырды деген айыппен оны тұтқындау туралы шешім шығады. Бірақ аға досы, жанашыры Әлихан Бөкейханов мақала жазады. Мақаланың атауы «Түбінде шындық жеңеді» деп аталады.
1909 жылы 8 ай түрмеде отырып, 1910 жылы ол Орынборға жер аударылады. Оған қазақ жерінен тыс өзі қалаған қаланы таңда дегенде ол Орынборды таңдайды. Себебі Орынборға жақын Самарада аға досы Әлихан Бөкейханов тұратын. Олардың байланысы бұрынғыдан да жақындай түседі. Олар халықтың санасын ояту үшін «Қазақ» газетін шығаруды ойға алады. Сол жылы газет жарық көреді.
Ұлттың ұлы боламын деп ізденген тұлға халыққа қызмет етіп Ұлттың ұстазына айналды.
Салтанат Асханова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультетінің 4-курс студенті