Қашқын
Математика сабағы еді, Қатира Хамитова мыңдық бөлшектер жайлы түсіндіріп жатты. Күндегі әдеті бойынша қайта-қайта қайыра сөйлеп, нығыздап, тәптіштеп айтпаса, тақтадағы жазулар бір жаққа қашып кетердей қадала шұқшиып, ішіп-жеп қайталайды. Сопиған нольдердің кінәсі бардай, дөңгелек шеңбердің ішіне қамалап ап, шашау шығармай шаншылады. Күллі класс алдында айыбын мойындатқандай, жазықсыз сандарды нұқып-нұқып жіберіп, түрткілей түседі. Кейде бірінің үстіне бірін мінгестіріп қойып, алма-кезек ауыстырып, кіжінетіні бар.
Осы сандар бірі мен бірі қол ұстасып, бірінің иығына бірі шыққалы Қалмаш түсінуден қалды. Кәдімгі кітап оқып, хат жазатын көнбіс әріптер қайсыбір цифрларға ілесіп алып, әл бермей, алшаңдайтын болды. Ә дегенде үйренген "а" әрпінің өзі бұлдырықтың баласындай бір жақшаның ішіне жасырынып ап, "мен неге теңмін?" дейтінді шығарды. "Иксті" қойшы, оған әйтеуір көз қаныға бастады ғой. Ал күнделікті жазу дәптерінен шықпайтын "а" мен "в"- ға жол болсын. Құжынаған цифр жетпегендей, өңшең сандардың ішіне кірісті де кетті.
"Сондағы шекесінің қызғаны қайсы? Сүтке тиген күшіктей қағажу жеп, қақпайлануы көбейді. О заман да бұ заман әріптен цифрды алғанды көргенім осы!.."
Қалмаштың іші пысты. Шілдің қиындай бытыраңқы бөлшектердің іш тартып, жылы ұшырауы аз. Басынан бой салмағандықтан ба, бадыраң көз жазбалардың пейілі аулақ. Үзіліс кезінде иық қақтығысып, қабақ шытысқан досыңдай кіркілжің, кет әрі. Сырт айналып, қырын қарауы басым. Екеуінің ымыраға кеп, ауыз жаласуы қиын секілді. Кейде, көпе кернеу кердеңдеп, қайдағы бір қисық сызықтың құлағынан қырындап, жынын қоздырады.
"Мейлі, шолжаңдасаң, шолжаңда. Қашанғы құлың бола берейін. Мен де басы жұмыр пенденің бірімін: өзімдік намысым бар. Тура осы пиғылыңа бола алдыңа бас қойып, төрге отырғызса, сөз сенікі. Бірақ қашан айтпады деме, дәл мына мінезіңді тастамасаң, бүкіл кластың тең жартысын есалаң қып, көк ми етерің даусыз. Құлақтарын қалқитып, төрт көзі түгел отыр демесең, көбісінің түсінігі шикі. Дүрегей шалыс. Кәпірлік қылығыңа қашанғы шыдасын..."
Қалмаштың математика пәніне деген өкпе-назы әжептеуір. Бір кісінің басына жетерлік. Күндес деуге келе қоймас, дегенмен, салғыласа түсуге бір иығы әмсе бейім. "Бұған қарағанда арифметикасы иман жүзді екен ғой". "Пәленбай қамбашының пәленбай тонна астығы бар еді. Оның пәленбай килограмын колхозшыларға үлестірді. Пәленбай тоннасын жауын-шашын қыздырып кетті. Сонда қамбашының қоймасында қалған таза бидайы қанша?" Оп-оңай! Орныңда тұрып-ақ тақпақтай бер... Ал мойынға масыл ғып берген мына математикаға түсініп көрші! Цифр мен әріптердің ортасына әдейі от тастап, шабынан түртіп, шабындырып қойғандай шарпысуы бітпейді. Тіпті кейбіреулерінің жауабы бір-екі парақты алқымдап барып табылатынын қайтерсің?..
Ол ақырын сумкасына қол салды. Ішінен ептеп бір бума қағаз суырды. Әбден ұсталып, тозығы жеткен дүние болса керек, шет-шеті ыдырап, сетіней түсіпті. Көрсетпей көлегейлеп партаның үстіне қойды. Көз қиығын мұғалімнен аудармаған күйі сыбдырын білдірмей аша бастады.
Мұндайда алдымен қасындағы жолдасының аузын алып қойған жөн. Әйтпесе, қайтсем де қағаберіс тауып, қашаннан қабырғасына бататын қиын сабақты қас қағым болса да кідірте түсуге желеу іздегіш сыбайласының сыпсың шығаруы мүмкін. Осындай оңай "олжамен" оқытушысының оң көзіне ілінгенге не жетсін? Жерден жеті қоян тапқандай жар салуы ықтимал...
Таңдайы талай күйген жазған емес пе, жанамалап кеп, серігінің санын сипады. "Үндеме, ішіңде болсын" дегені. Анаусы манаураған мысықтай көзін жұмды. "Мейлің, кесірің маған тимесе, керегіңді істе" деген белгісі. Сөйтті де, жәйімен ысырылып, Қалмаштан қашығырақ отырды. "Қараптан қарап қапталыңда кетпейіннің" кері.
Қалмаштың алдына қойғаны жер шарының кішігірім картасы болатын. Бетінің сау тамтығы жоқ, неше түрлі санмен сызылған белгі бедерлер мен ноқат, нүктелер. Топырлаған торкөз шимайдан ине шаншар жер қалмаған сияқты. Кейбіреулерін қара тушпен қоршалап, әр түрлі аңдардың суретін сап тастапты. Құрлығы қайсы, көл суы қайсы - ажыратудың өзі әлек. Арғы, алыс жиектен ағараңдаған ақ кеме мүсіні байқалады. Желкені желмен ойнақшып, аппақ қу ақ арман құсындай мамырлап, белгісіз бағытқа маңып бара жатқандай....
Баланың жүрегі шымырлап, ой шуағы жетеледі. "Қазір ғой, мына мектептің айналасы толқыны білеуленген шалқыма теңіз болса. Переменге шыға салып гүмп беріп сүңгісең келіп! Ана шетінен мына шетіне оралғанша екінші сабақ та басталар еді. Жан-жағын қоршаған ит тұмсығы өтпейтін қалың орман ішінде жабайы аңдары өріп жүрсе. Анда-санда даусы жер жара ақырған арыстандар шығып, мектептің шарбағына дейін жақындап келсе. Сонда қорқақ қыздардың қырылардай боп: "Ағай, апай, ойбай, өлтірді!" - деп, тым-тырақай қиқулап қашуын қызықтаудың өзі қандай рақат!.. Әй, ондай атты күн қайда? Жайқалған ағаштарын: "Пәленше еке-ау, әлгі сарт байыса - үй салады демекші... былтырдан бері бір қора-жай тұрғызып жатыр едім, соның керек жарағы-ақ табылмай, діңкеме жетті. Олай-былай жүрісің көп, аяқ-қолы ұзынның бірісің ғой, ағаш, қарағай сататындарды естіген жерің бар ма?" - деп ат үстінен түспейтін пысықайлар-ақ тып типылын шығарар... Оның үстіне, жеке меншіктің қарасандарынан аяқ алғысыз. Ағаш талдарды аралап өтпесе, іштері кебетіндей, әдейі мүйіздеп жүреді. Ауылдық кеңес қаншама қоқилансын, "көз қысты, бармақ бастыдан" аттай алмайды. Кем деген түтіннің бес-алты бас қарасы артық. Соның бәрі өз бетімен өріске шұбырады. Бәсіре бақшаларын қорығандары болмаса, колхоздың бау-бақшасына көз қиығын салып жатқан Құдайдың бір құлын көрмейсің. Бұрын Бұқарбай байғұс бағатын еді. Ертеңді-кеш тепеңдеп арам терге түскеннен басқа жазығы жоқ. Осы күні елде нысап қалған ба, тиісті ақысы, "бүгін аласың", "ертең аласыңмен" қолына тимеген соң, ат-тонын ала қашты. Қайтсін, судың да сұрауы бар, бейбітке істеп не көрініпті. Табан ақы, маңдай тері "аттың жалы, түйенің қомында" кеткеннен кейін, қашанғы қолжаулық болсын... Енді, міне, шашау шығармай, майдан қыл суырғандай қол-қолдарына табыс ететін Бұқарбай жоқ. Әркім дегенін істейді. Үйінде балалары барлары атыз бойын қақпайласа, мойын бұруға мұршасы жоқтары есік-есікті тіміскілеп жүргені. Сол топалаңдар-ақ күндіз-түні сүйкеніп, әлгі "орманның" әлем тапырығын аспанға шығармасына кім кепіл?..
"Болса да ғой, колхозда су қашаннан тапшы. Сол үшін күн сайын қызыл кеңірдек, айқай топалаң. Әсіресе "колхоздың қызылшасы қаңсып кетті!" деп қырқысып жатқаны. Жайшылықта қырық пышақ жұрттың тегін суға битін салмауы ақылға сыйымсыз. Сондықтан да мектеп жанына жайғастырған жаңағы "теңіздің" берекесі кетті дей бер. Қазір көрші, атам заманнан бері арнасына сыймай, асып-төгіліп жататын канал суының өзі жылқының бүйрегіндей бөлек-салақ. Арық арыққа жырымдап, мәнісін қашырып тынды. Қай өңешін толтыра алмай жатқанын қайдам. Мейлің, сонау Сібірдің тайгасы мен солтүстік мұзды мұхиттың суын көшіріп әкел, бұл ауылдың құлқы басқа. Ту-талақайын шығаруға әуес..."
Қалмаш қайдағы бір өнбейтін ойлармен ерегесіп, шіли аспандап кетіпті. Апайының сұрауы жүрегін зырқ дегізді:
― Сонда мына түбірдегі сан неге тең болады?
Класс шу етіп жауап берді. Оның көңілі сонда барып орнына түсті. Өзіне тіктеп қойылмаған сауал екен.
"Әйтеуір, бүгін сұралмай кетсем, айдарымнан жел ескені. "Таңғы нәсіп тәңірден", келесісін көре жатармын..." Ол ұрлығын сездірмей, картасына қайта кірісті.
Сары майдай тыққыштап, күніне бір рет көрмесе, көңілі көншімейтін бұл бұйымы қорасының ішінде тығулы тұрушы еді. Баланың бой сала берілген балауса машақаты осы. Қит етіп қолы босаса, басы қасынан шықпайтын шынайы ықылас шырыны есепті. Көңіліне ұялап, көзіне елестеген қимас көріністер күн сайын жыпырлай сығысып, бір-бірлеріне бүйірін төсеп, орын тебе беретін. Осылайша ойдан шығарған, қиялдан қосқан "қазына аралдарынан" біз батырар бос жер қалмауы да сондықтан.
Оның үстіне, шот қалағы қолынан түспей, ертеңді-кеш қайық кеме кескінін мүсіндеуден жалыққан емес. Басқа балалардың ойын-сауықтан алатын ермегін бұл өзіне таңсық дүниеліктерін сылап-сипаудан табатын-ды. Әсіресе жүрегін л үпілдетіп, үміт шырағын білтеленте түсетін ыстық мүлкінің бірі - жақында ғана жасап бітірген желкенді қайық.
Қос қанатты пырақ бейнесінде салынған сәйгүлік мүсін мұның көптен қиялдаған арманы жалынан ұстатқандай әсер етті. Қасына келген сайын көңілі алабұртып, қайдағы бір қиын сапарға жол жүрердей тынысы жиілеп, белгісіз желік жетегіне берілетін. Ол осы қайығына мініп ап, түннің бір уағына дейін кірпігі ілінбей, көкірегін қандай да бір күш-қуат кернеп, дүниенің қай түкпірін кезбеді! Үнді жарты түбегінен шығып, Мыңарал жерін басып отырып, Австралияны аралады. Одан ұлы Мұхит арқылы Мадагаскарды жанамалап, Африка материгіне тұмсық тіреді. Ямайкаға жете берістегі теңіз қарақшыларымен кездесіп қап, садақ тартысқан тауқыметінің өзі таусылмас хикая болатын. Әттең, Қазақстанның қалың теңізбен томаға-тұйықтығы ғой, әйтпесе, мақсат үшін жан пида, болашақ сапарын бастап та жіберер еді!..
Сапар демекші, бұл бүгін апақ-сапақ, елең-алаңда түрегелді. Түс көріп оянған еді. Өздерінің күнде өтіп жүретін Шу өзені ағысын өзгертіп, Қырғыздың Алатауынан асып, күмістей жарқыраған бетімен қайсыбір мұхитқа құйылып жатыр. Жаным-ау, бұрын қалай байқамаған? Ағысы желдей жүйткіген мына өзен қазір-ақ дүниенің қай түкпіріне болсын жеткізгелі тұр ғой! О л асығып-үсігіп қайығын әкелді де, желкенін көтерді. Сөйтті де, алды-артына қарамай жүріп те кетті: "Ұлым-ау, сабағыңнан кешігесің ғой, қайда кетіп барасың?" дейтін сияқты шешесі артынан. "Қазір, апа, әне-міне дегенше келіп те қаламын..."
Қай жер екені белгісіз бір аралға жақындады. Ой, мынау Африка ғой. Картадан қарағанда қызылшаның түбіріндей сопиған соның өзі ғой. Әне, аңдары да көзге шалынды. Жалы жерге тірелген бір арыстан жасыл ағаштың арасынан шығып, аузын арандай ашып бір керіліп алды да, балпаң-балпаң басып ары қарай кетті. Артындағы екеу балалары ғой. Қандай сүйкімді еді! Қайығынан түскен Қалмашты көріп, жаймен еркелене қасына жақындады. Аздан кейін тұмсығын төсеп, мынаның алды-артынан оралып, ойнай бастады. Табандары мұндай жұмсақ болар ма, Қалмаштың аяқ-қолын жыбырлатып, қытығын келтірді. Ары-бері аунап, белінен, мойнынан құшақтап, асыла аймалайды. "Бұларды жыртқыш келеді дегені қайсы? Мыналар өзінің асыранды күшігінен де кішіпейіл, мейірбанды ғой. Әй, жұрттар да айта береді-ау, көздері көрмеген соң, көпірте түсуге әуес қой, әйтпесе, мына сияқты періште бүлдіршіндерді бұзық деуге қалайша ауыздары барады?"
Алыстан ақырған арыстанның дауысы естілді. Айналаны солқылдатып, сілкінткендей болды. "Әлгілердің мамасы ғой, қай жағымнан шыға келер екен?" деп қауіптеніп жатып, бастырылығып оянды...
Содан көзі ілінбей біраз жатты. "Африка балаларының армандары жоқ шығар, сірә. Ауласынан аттап шықса болғаны - қалың жынысты ну ағаштың ішіне кіреді де кетеді. Қай аңды көрем десе де, өз еріктері өзінде, рақат-ау, шіркін!.."
Былайғы ұйқының мәнісі кетті. Тықырын білдірмей киініп алып, тысқа шықты. Таң етегі енді-енді түрілейін депті. Шу өзені де ағысын өзгертпепті. Азанғы алагеуіммен ақшылданып, сол бұрынғы арнасында жатыр. Қалмаштың ішін елжіремелі аңсауы бар жіңішке діріл сызып өтті. Әлдеқандай алыс қиялдың арқасы ғана көрініп, көзден бал-бұл ұшқандай... Ақырын сипалап қораның ішіне кірді. Әлі де алагеуім екен. Сонда да жарықты жаққан жоқ. Әкесінен қауіп қылды. Мұндай "шала-шатпырағы" үшін ол кісінің емеуріні аз. Әсіресе қайдағы бір картаның бетін сызғылап, әке-баба кәсіп қылмаған "сиықсыз қылығына" кешірімі кем. "Балам, өнбейтін іске үйір бола бермесеңші, қайда бір көр-жермен күн өткізгенше, сабағыңды оқысаң нетті! Қу ағаш кеміріп, ел алдына түсем деген сені көрдім. Бұл байлығыңмен менің басыма көк тас орнатпай-ақ қой. Елге күлкі, дұшпанға таба қылмай, оқуыңды оқы, оңар тірлікпен айналыс. Сенің тең құрбыңның алды болғаның менің маңдайымды жарып па? Осы қиқым-сиқыммен мені ұшпаққа шығармай-ақ қой", - деп екінің бірінде көзге түрткі қыла береді. Ән сабағынан үлгермегені үшін де мына мүліктердің бәрін қирата жаздап жерден алып, жерге сала әрең-әрең басылған-ды. Сондықтан да күрмеуі келмеген көп істің "күнәкәрі" есептегі бұл шаруамен әке назарынан тыс айналысқаны жақсы. Екеуінің ымыраға келмейтін, көбіне наразылық қоздырар қысылшаң өткелдің бірі осы.
Қораның іші жарық тартып, қасындағы заттары анық ашылған заматта Қалмаштың көңілі секем ала бастады. Жабайы тайпалар жайында оқып жүрген кітабы мен кеше ғана жасаған садақ оғының үңгісі орнында жоқ. Сөмкедегі дәптерлер столдың үстінде жатыр. Күнделігі ашық екен. Aha, түсінікті. Математикадан алған екісі үшін әкесі көзін құртқан ғой. Әйтпесе, алыстан жау келді деймісің?.. Бір абыройы, қабырғадағы карта мен бұрыштағы қайыққа тимепті.
Қалмаш картаны бүктеп орай бергенде есік ашылып, әкесі кірді. "Тынған жерім осы шығар!.." Ол жотасымен сырт айнала, әлдебір қатыгездікті күтіп, мойын ұсына беріп еді. Онысы болған жоқ. Оның орнына өктем дауысы шықты:
― Құлқын сәріден қайта кіріскесің бе? Мейлі енді, білгеніңді істе! Бірақ бар ғой, ендігәрі бір сабақтан "екі" алғаныңды естісем, мыналардың біреуін қалдырмай отқа жағып, күл етемін. Қашан айтты деме! Мейлі оң құлағыңмен есті, мейлі сол құлағыңмен есті. Ауырмаған жағыңа қисай...
Сөйтті де, кіре берістегі кетпенін алып, есікті сарт еткізіп шығып кетті. Өйтсеңші, бүйтсеңші деп емеурін салмады. Қосылмас тізе, бітіспес мәмленің байлауын көрсетті. Ол бұдан былайғы мәселенің немен тынатынын айқын сезінді. Кітаптарын жинастырып ап, әкесінің артынан іле-шала бұ да есіктен аттады. Біраз ұзаңқырап барып қайта келіп, картасын алды. Тастап кетуге біртүрлі көңілі қимады. Жау қолында қалатындай сезім баурап еді...
Мектепке жақындағанда шешесін ойлады. "Балам, әкең сені жаман болсын дей ме! Арқа еті арша, борбай еті борша боп жүргені бір сенің қамың ғой. Әкеңнің айтқанын істе, құлыным!.."
― Құралбаев, не қарап отырсың?
Қалмаш қапелімде селк ете қалды.
― Мен сенен сұрап тұрмын. Алдыңдағы не нәрсе?
Ол партаның астына тығуға ыңғайланды. Бұл кезде мұғалім де таянып қап еді:
― Іһім... біз математикамен бас қатырып отырмыз, сен болсаң география қызығына кенеліпсің. Шамасы, көп білесің ғой. Солай ма, Құралбаев?
Қалмаш тіс жарып ләм демеді.
― Оһо, мыналарың жатқан бір шексіз дүние ғой, кәне, біз де бірге қызықталық. Мына крест ненің белгісі?
Қалмаш үн қатқан жоқ. Класс ішінде су сепкендей тылсым тыныштық орнады.
― Бол. Жым-жырт, үндемес ойнауға жиналып па ек, айт, қане!
― Теңіз қарақшыларының тығылатын аралы...
Мұғалім қияқтай қасын қайқаң еткізді:
― Тамаша! Теңіз қарақшылары деймісің? Табылған атау. Сенің осы істеп отырған әрекетің сол теңіз қарақшыларының қылығымен бірдей екенін түсінесің бе?..
Класс шу ете түсті. Әлдебіреу:
― Қалмаш - қарақшы, - деп ұйқастырып та үлгеріпті.
Мұғалім ендігі жерде кекесіннен гөрі ашуға құрық берді.
― Ұятсыз неме! Біз бөлшек сандарды түсіне алмай әуре, бұл қайдағы жоқ қарақшылармен әуре. Түйірдей түйсік болсашы.
Ол картаны жинай бастады:
― Әкеңді ертіп келмейінше, мен сені ешбір сабаққа жібертпеймін. Бар, шық кластан!..
Қалмаш көшеге шыққаннан кейін не істерін білмей, ары-бері біраз жүрді. Үйіне өлсе де бармайды. Әкесінің желкенді қайықты жоқ қылуы ақиқат. "Мейлі, быт-шытын шығарсын, керек десе, өзі айтқан отына өртеп жіберсін..." Дел-сал оймен өзеннің жағасына келді. Алыстан тепловоздың дауысы естілді...
Қалмаш сол күні түсте де, тіпті кешке де үйіне оралмады. Құралбайлар отбасы үшін үрей мен қауіп түндігі сияқтанып қою ымырт еңкейе бастады. Мал қораланып, қоңырқай ауыл түн көрпесіне жантая түсті. Қалмаш әлі хабар-ошарсыз...
Шеше жүрегі шыдаған жоқ:
― Әй, әлгі жалғызыңа бағана не деп едің? Қайтіп қана дәтің шыдап отыр. Еркексің ғой, былай-былай шығып, іздеу салсаңшы.
Құралбай міз бақпады:
― Өлмейді. Өзегі талған соң өзі-ақ келеді. Асты-үстіне түскенге әбден асқынған неме ғой. Асықпа. Мен оған қыңырлықтың не екенін үйретемін әлі.
― Байғұс-ау, өзіңе өзің осыншама өзеуреп, не күн туды басыңа. Бұғанасы қатпаған балаға соншама қасарыстың кеп. Жүрегің неткен тас еді?
Күйеуі қыбыр етпей, теледидарға тесілген күйі отыра берді. Ішкі ойы: "Қайда барар дейсің? Бір жолдасының үйіне кеткен шығар. Соған бастаған екен, бетінен қақпаудың керегі жоқ. Әбден жетегесіне жетіп, миына сіңбейінше, жылы қабақ, жарқын шырай қажетсіз. Орайына жығыла беру - ойын баласының жолдан шығуына бастайды. Сондықтан да солақай қылықтарын сылып отыратын суық мінез тиімді".
― Мақұл, екеуіміз де омалып отыралық, ендеше. Сүйегін әкелгенде бір-ақ білерміз...
Құралбайдың құйқа тамыры біз сұққандай шымыр ете қалды. "Сүйегі" дегені сүйегінен өтті. "Жағыңа нәлет, иттің баласы!" деп ұмтыла жаздап барып қайтты. Онсыз да күйіп отырған пенденің бет-пішіні тежеу салды. Көзін бір ақшаң еткізді де қойды. Үндеген жоқ.
Үй ішін ауырлаған салмақтай жым-жырттық басты. Теледидар ғана сампылдап сөйлеп, тынбай күмбірлейді. Ана құлағына не айтып, не қойып жатқаны түсініксіз. Ынта-жігері мұнда емес, әлдебір таныс тықырдың таянып кеп, жақындауын жалтаңдай күтеді. Сәт сайын сабыры сұйылып, суық лепті дегбірсіздік бойлап барады. Елеңдеп, есіктен енді кіріп келердей елегізуі жиіледі. Жанын алақанына салғандай асығыс алаңдауы асқына түсті. "Мына сорлының бейқам бір жақсылықтан хабары бар ма, жоқ, болмаса рақым қайырдан шынымен жұрдай ма, бүлк ететін сыңайы жоқ, бары-жоғы бірдей, сызданған қалпы сол қалып. Шіркінде ине жасуындай иман мейірім болсашы. Ішінен шыққан жалғызына қалай іш жылытпайды екен, ә?.."
Оның үркек жанары жыпылықтап, дөңгелек иірім жас ойнақтап шықты:
― Апыр-ай, шыдамың неткен шынжыр еді. Тым құрыса, бірге оқыған балаларынан бір хабар алсаңшы. Жаманатын естісек те, жанымыз жай тапсын!..
Күйеуіне бұл да ем болған жоқ. Шыбын шаққан құрлы әсер етпеді. Орнынан қозғалақтап, ары-бері жөнделді де, ту сыртын беріп жатты.
"Мынаның сұрқы жаман ғой, сұмдық іске бастамаса игі еді..."
Ол ебелектеп, есіл-дерті қалмай, көршінің үйіне бас сұқты. Одан екеулеп, қараң-құраң көбейіп, тағы бір терезені қақты. Көше бойлай зыр жүгіріп, "барады-ау" деген дүдәмал есіктің, ошақтың бір де біреуін қалдырмай, шарлап шықты. Түнгі ауылдың тыныштығын тескілеп, түсініксіз сөйленген, келте қайырылған абыр-дабыр молая берді. "Қалмаш, Қалмаш!" деген ащы үн қою қараңғылықты қайшылап, қайта-қайта сұңқылдай көтеріліп, көпке дейін басылмай жатты. Шалқасынан түсіп, үйелеп туған жаңа ай жүзінде де жасаурай ақшылданған, жұқалаң мұң табындай бозамық қоралану бар еді...
***
Қалмашты класс боп, мектеп боп, бүкіл ауыл боп іздеді. Барлық мұғалім аяғынан тік түрегелді. Аудандағы милиция араласып, жан-жақты іздеу жарияланды. Табаны күректей бір апта өтсе де, ешқандай із түзсіз, ләм-мим сыбыс білінбеді. "Көріп ем", "өйтіп ем", "бүйтіп ем" деген жан шыққан жоқ.
Бұл әсіресе класс жетекшісі Қатира Хамитоваға қатты батты. Қараптан-қарап бет қақты боп, сергелдең күйге түсті. Оқушыларға тиісті бағасын да қоя алмай, қисынсыз қыпылықтап, шарасыз жағдайға тап болды. Аз мерзім ішінде реңі сынып, кәдімгідей шөгіп те кетті. Оның үстіне, директордың: "Сіз біздің бәрімізді ел бетіне қарай алмайтындай қара бет қылдыңыз ғой. Мектептен қуып шығуға кім право берді сізге? Есігіңіздің көзінде жүрген қолжаулығыңыз ба еді? Қалай-қалай алшаңдайсыз?.. Осыдан табылса, табылды, табылмаса, ісім тура сізбен болсын!" - деп зілдей зекуі жүрегіне мір оғындай қадалды.
Мектепке тергеу ала келген Қайырбек Құсайынов орта жастағы, тәжірибелі заң қызметкері еді. Ішек-қарны шұбырған талай істің түйінін шешкен әккі болғанымен, мынандай оқиғаға кездесіп отырғаны бірінші. Кеше Қалмаштың ата-анасымен сөйлесті. Шеше байғұс не десін, баласының қой аузынан шөп алмайтынын, біреудің ала жібін аттамайтынын, қылтың-сылтыңнан тазалығын айтты. "Бірақ қайдағы бір жоқ нәрсені жасауға өлердей өш. Сабағын апыл-ғұпыл орындай сала, көбіне сонысымен әуре. Ертеңді-кеш каналдың қасынан шықпай, қайық кемесін жалдатып жүргені. Кейде ары-бері өткен поездарға қадала қарап, тапжылмай телміретіні бар. Жады болғандай жабысып қалатын. Мен мұндай әрекетінен біртүрлі секем алушы ем: "Әлдебіреу дуалап қойған ба деп... Қарағымның осынысына көрінді ме, ақыры түбіне жетті ғой" - деп, көзінің жасын тыя алмады.
Әкесі бір беткейлеу екен: "Бұл итке не жетпейтінін қайдам. Не керектің бәрі бар. Тапқан-таянғанымыз ауыздан жырсақ та осының алдында. Бетін қағып көрген пенде емеспін. Рас, қарғыс атқыр мына бір үйінділердің артына түскеннен кейін кейіген, ренжіген кездерім болды. Қай әке баласын жамандыққа қияды?.. Біз ғой, таңның атысы, күннің батысы колхоз жұмысымен тістесіп, үй бетін зорға көреміз. Күніне бір мәрте ыстық ішуге мұршамыз келе ме, жоқ па - қолымыз күрмеулі. Балаға бапты тәрбие беруге де шорқақпыз. Біліміміз төмен. Сонда топырлаған көп мұғалім ай қарай ма? Алдындағы балалардың не істеп, не қойып жүргенімен жұмысы бар ма, жоқ па! Жоқ әлде дап-дайын тары көже демекші, дайын айлықтың иесі ме? Қу ағаштан қайдағы бір көр-жер жасауды үйреткен өздері, "қарақшы" деп мектептен қуып шыққан өздері, басымды қатырмай, баламды тауып берсін!" - деп қырыс кетті.
Тергеушінің бір түйгені: баланың қиялмен жасап алған өз әлемі бар. Соған ешқайсысы ара түсіп, ықылас пейілін созбаған. Мына маталу - соның құрбандығы...
Қатира Хамитова кабинетке кіргенде, тергеушінің қасында мектеп директоры Нұрғиса Тойболдиев, орыс тілі пәнінің оқытушысы Валентина Петровна Детковская, тағы басқа бірқатар адамдар отыр екен. Көбісі Қалмашты іздеу жөнінде құрылған штаб мүшелері. Тосын дүрбелең туғалы тыным таппай жүгірген ары шап, бері шаптың кісілері.
― Кәне, сіз не айтасыз оқушыңыз жөнінде? Қалай дегенде, тонның ішкі бауындай жақынсыз ғой.
Қатира аз-кем іркілді. "Бұл қай айтқаны, кекетуі ме?.."
― Класс жетекшісі осы кісі емес пе? - Тергеуші директорға бұрылды.
― Иә, осы кісі.
― Сөйлеңіз.
― Мен не дейін. Бір класта отызға жуық оқушы бар. Оның қайсыбірінің көңілінен шығасың? Біреуіне әке, біреуіне көке деп, педагогикалық нормадан асқан жерім жоқ. Бәріне қойылатын талап біреу. Ол - сабақ үлгерімін арттыру. Қайтсем көкейіне қондырам деп, қолда бардың бәрін саламыз. Басқалардай емес, математика күрделі, ауыр пән. Бір жерінен түсінбеген екен, қалт жіберген екен, оның орнын толтыру, қайта қуып жету қиын. Сондықтан, ақсақ қой айдағандай малтығып, бәрін басынан қайталауға тура келеді...
Тергеушінің топшылауынша, мына кісі сабақ берудің мән-жайын айтып, өз басын қорғауға, арашалауға бейім. Бойын оттан аулақтатудың әрекетіне бойлап бара жатқан сияқты.
― Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы қалай еді?
― Мінезі дейсіз бе? Турасын айтсам, дөрекілеу. Менің сабағыма мойны онша жар бермейтін. Көбіне терезеге қарап,жасырын кітап оқып, қозғалақтап отыратын. Дәптерінің мұқабасын көрсеңіз, жүрегіңіз суылдайды. Қайдағы бір түсі суық жылан ба, тісі ақсиған жыртқыш аң ба, құрттай жыбырлаған бақа-шаян ба, - неше түрлі жан-жануардың суреті. Мұнысымен тұрмай, қыңыр, бір езу. Өз дегені болмаса, міз бақпайды. Әсіресе ұры-қары, қаңғыбас қашқын жайындағы кітаптарға әуес, әрдайым қолынан түспейтіні сондай әдебиет.
Жақында барлық класс шығарма жазыпты. Тақырыбы: "Менің сүйікті геройым". Сонда Қалмаштың қалағаны қайсы дейсіз ғой? Робинзон Крузо! Кәдімгі жабайы Крузо! Мен бұл арада басқа біреудің жұмысына қол сұғып, мұрындық болудан аулақпын. Бірақ бала тәрбиесі бәрімізге ортақ. Қалмаштың сол жазуына Валентина Петровна "бестік" баға қойып, жаңсақтық жасаған. Онсыз да делебесі қозғыш оқушының қолтығына дем бүркіп, аспандатып жіберген. Біз патриотизм, Отанын туған жерін сүюшілік сияқты қасиеттерді мектеп қабырғасынан еге бастаймыз. Еңбек озаттары, еңбек ерлері, ғарыш қаһармандары... Міне, жас буынның жол көрер, үлгі алар геройлары осылар болуы тиіс. Оқушыға жақсыны үйрету бар да, жаманнан жиренту бар. Біз осы жағын да ұмытпауымыз, естен шығармауымыз қажет. Баланың бүгіні мен ертеңіне бұл жағы да үлкен әсер...
― Басқа пәндерден қандай еді?
Сөзге директор араласты. Қатираның айтқандары көңіліне қонбай, қобалжып отырған-ды. "Несіне олай деді? Сабақ берудің бағыт барысын талқылайтын педкеңес емес қой. Болған істі баяндап қана қоймай ма? Балаға беріп отырған бағасы да өзі айтқандай "бірезулік", "жаңсақтық" емес пе екен? Жоқ әлде "алдыртқан албырттың" керін істегені ме?.."
― Бекер обалы қайсы, есеп жағы болмаса, басқаларынан біреуден ілгері, біреуден кейін, жаман оқымайтын. Сонымен бірге қоғамшыл, белсенді. Мына бұрыштағы табиғат тану мүйісін жабдықтаған да өзі. Өткен жазда тауға барған екен, арқардың басы ма, таутекенің мүйізі ме, тастан қашалған қалмақтың мүсіні ме, бәлен-бәтіраштың бәрін жиып кепті. Мен бұл баланың бойында әмсе өздігімен жұмыс істеуге, өздігімен іс бітіруге құмарлық барын аңғарушы ем. Көбіне томаға-тұйық, жалқы жүретін. Біреумен ұрыс-керісін балалық беймазалығын байқаған жоқпын.
― Үй іші, әке-шешесі қандай жандар?
― Әкесі сушы, ауылдық кеңестің депутаты. Колхозымыздың алдыңғы қатарлы озаттарының бірі. Ішімдік атаулыдан аулақ кісі. Шешесі қызылшада істейді. Сүттей ұйыған тату шаңырақ.
Валентина Петровна сөз сұрады:
― Кешіріңіз, тергеуші жолдас. Мен Қалмаштың хабар-ошарсыз кеткеніне Қатира Хамитовнаны кінәламақ емеспін. Ондай ойым жоқ. Әр педагог ой нәрін жеткізу үшін бойындағының бәрін салады. Өзіндік шаралар қолданады. Ұрсады, кейиді, қайтып алады. Осының бәрі оқушы көңіліне шырақ байлаудың әрекет жолдары. Хамитованың жасағаны да осындай жақсы ниеттен туған шешім. Әр оқушының кеудесінде абайлап басар, алыстан ғана шалынар күй пернесі болады. Мен мұндалап тұрмайтын осындай нәзік дірілге, жіңішке әуен ырғағына ерекше ілтипат керек. Ақырын аймалар аялы алақан қажет. Осыны қалт жібермей, дәл сипалау, май сылаудай мейірім төсеу - ұстаз бақыты. Оның биік мұраты осы...
Бізді бүгін тұйыққа тіреп отырған, артына шалыс іс тастап отырған Қалмаштың жүрегінде осындай көмбе бар еді. Біз оны көре алдық па, қажет кезінде көмек қолын ұсына алдық па, мәселенің томпақ түйіні де осы ара. Тергеуші жолдас, сіз егер бала жайында тереңірек білгіңіз келсе, оның жұмбақ жоғалуына шынайы үңілгіңіз келсе, осы жағына баса назар аударыңыз. Қалмаш, Қатира Хамитовна суреттегендей, бейпіл қыңырдың адамы емес. Көкірегін қандай да бір қимас қиял сыздатқан, сәби сәулелі жұмсақ сезім уысындағы бейкүнә жан. Керек десеңіз, өз торына өзі шырмалған шарасыз тұтқын. Қалмашты іздегенде, көлденеңнен із кеспей, оның осындай кейіп қаракетін нысанадан шығармау жөн сияқты...
Иә, "өйткен" жақсы, "бүйткен" жақсы. Қазіргінің бәрі жақсы. Сайып келгенде, осы айтылғандардың жоқ баланы табуға сынап көзіндей септігі бар ма? Сырттан пішкен тон сияқты көп жорамал жол емес қой...
Тергеушіде тұрақтаған ой жоқ. Әр нәрсенің басын шалғаны болмаса, "мә" деп қолына ұстатқан берік байлау және жоқ. Оны әсіресе баланың балаң қиялы біржолата баурап алды. Көбіне соның соңынан ілбіп, артынан ілескендей ұзап кетеді. Бұл ортадан біразға дейін үзіліп, қарасы қашықтап, өз ойының ұшын сабақтайды. "Мына жолдастардың пікірі ем болса, абырой. Әйтпесе, ат басының алыстан қайтар сыңайы бар-ау!.."
Баланың құлағы аз шуламаса керек. Біреу жақсы деді, біреу жаман деді. Біреу едіреңдеп айтты, біреу ептеп айтты. Бірақ келген қонақтың түп етектен ұстаған медеуі мардымсыз. Қақ суымен бірдей. Қанша сұрау салғанмен, сауалға берер саңылау шықпады. Бұйда басы әлі бос. Тергеуші ендігі жерде әңгіменің сырт сарынына ғана құлақ салып, өзімен өзі отырды. Бала қиялындағы желкенді қайық бейнесі, шетсіз-шексіз толқыған көк теңіз келбеті, желдей ескен жүрдек поезд жүрісі, ну орман арасындағы жабайы адамдар әрекеті, неше түрлі аңдар суреті көз алдынан айықпай, айқыш-ұйқыш тізбектеле берді.
***
Ең алдымен Майлыаяқ басын көтерді. Мұны таныды ма, танымады ма, құйрығын бұлаңдатып, еркелегендей мойнын ішіне салып, бәтіңкесін, шалбарының етегін иіскеледі. Бұрынғысынан үлкейіп, жондана түсіпті. Күшік кезінде үрпек сары еді, қазір қоңыр барқынданып, қошқыл тартыпты. Мойын жүні де тікірейіп, тарам-тарам төгіліп, ұзарып өскен. Кескен құлағы шұнтиып, мынадан бірдеңе дәметкендей арсалаңдап, ақырын-ақырын қыңсылап қойды. Үйде ешкім бар ма, жоқ па, әзірге ешбір белгі байқалмады. "Аңға кеткен ғой, қазір үйде отырар деймісің..." Ол ішке кіргенде бөкен бөстектің үстінде жатқан шалды көрді. Жүрегі шым ете түсті... Мезгілсіз ұйқыға сенген жоқ. Жүрелей отырып жүзіне үңілді. Құдайым-ау, қалай азып кеткен! Ірең-кейпі баланың жаялығындай сұп-сұр сарғыш. Қатып-семген қас-қабағы сүйекке жабысқан құр сүлдердей солыңқы, күңгірт. Үлкен, қоңқыш мұрны мен түсіңкі, түксиген ұртының арсасы білініп, ойылып қалыпты. Еттен таза: тірі аруақ кейпіндей қорқыныш үйіреді.
― Ата!..
Ол тамағын теуіп, тынысын тарылтқан булығы жасты аңғарған жоқ. Қойнына қолын жүгіртіп, иығын маңдайын ұстады. Денесі жылы екен. Шыбықтай қолын қозғалтып, оянғандай болды.
― Ата, мен ғой.
Шал болар-болмас кірпігін қимылдатып, көзін ашты. Таныған жоқ. Дем сайын қысқан көп елестің бірі ғой деп ойлады. Лайлы жанарын жаппастан шалқалақтап, бері қисайды. Қалмаш мына кісінің ауыр науқас екеніне, әл үстінде әзер қимылдайтынына көзі жетті. Үнсіз парлаған жасын тыя алмай жүріп киімін шешінді. Шалдың бас жағы пәстеу екен. Жастанған ат көрпесін сәл-пәл биіктетті. Қасқыр ішікті төмен ысырып, бөксесін, аяғын қымтады. Жанына қойған шәугімі бос. Түбінің таңдағы шығып, қаңсып кетіпті. Демек, көптен бері көтерілмегені ғой. Ол ыдысты алып, сыртқа беттей бергенде, шал күбірлеген сияқтанды. Қайта бұрылып, қасына отырды. Бұл жолы көзін анық, айқын ашты.
― Кімсің, айналайын?..
― Мен ғой, ата, Қалмашпын.
Екі құлағы қалқиып, басы дөңгеленген таныс бейнені енді жыға шырамытты.
― Қалмаш... қарағым... - Езу тартып жымиды ма, жоқ әлде иегі кемсеңдеп қамықты ма, бұл екі арасын ажырату қиын еді.
― Сырқаттанып қалдыңыз ба, ата?
Шал сөйлеген жоқ. Көзін жұмған қалпы басын изеді. Содан қайта үн қата алмады. Терең ұйқы құшағына енгендей жым-жырт, үнсіз жатты.
Қалмаштың өксігі көпке дейін басылмай қойды. Кірелі-шығалы халдегі мүсәпір қарттың мүшкіл халі көкірегін қарс айырды. Қараған сайын көңілі босап, қос иығымен солқылдап, жас төкті. Осы күйінде көрем деген ой он ұйықтаса түсіне кіріп пе?! Қол-аяғы балғадай, атан жілікті, еңселі шал еді. Өткен жазда ғана сондай сымбатты еді. Қалмаш үшін бұдан асқан ажарлы жан жоқ болатын-ды.
Бұл былтырғы каникул кезінде осы Кербұлаққа, бір жамағайындарының қолына жылқы бағысуға келді. "Көшені құр таптағанда қайтесің? Дәулетияр көкеңнің ауылына барып қымыз ішіп, таза ауамен тыныстап қайт", - деп үй-ішін жіберген еді. Кенеттен кездескен қолқаны Қалмаш қуана қарсы алды. Тау ішінің бейтаныс тірлігі тағатсыздана тартты. Көңілінде жүрген, өзіне ғана белгілі кездейсоқ оқиғамен қоян-қолтық ұшырасардай сезім жүрегін қытықтады...
Ертеңгі сәскеде Сарыөзекті бойлай сар желген бір аттылы көрінді. Тосын жүрген жолаушыға есік көзінен жүгіре шығып, жабыла қарау - жалғыз үйлінің ежелгі салты. Сол әдет бойынша бұлар да жапа-тармағай тұрып, тайлы-таяғы қалмай, салт жүргіншіге көз тікті. Мойнындағы мылтығынан таныған Дәулетиярдың әйелі:
― Е, Бүрлібек жәкем ғой. Қанжығасы олжалы болғай, - деп күлімдеп қойды.
― Өй, сол алжыған шалды қойшы. Ата сақалы аузына біткенше "мәрәкпін" деп көкиді де отырады. Пәлен жыл суда соғысқан адамда не ес қалушы еді. Басына қоятындай, бесатар мылтығын тайдай жабағыға айырбастамай жіберіпті. "Көп жақсы күндерімнің көзі" дейтін көрінеді. Аңсайтын қай жақсы күні бар екенін қайдам бұл шіркіннің, - деп үй иесі біраз жерге дейін апарып салды.
Қалмашты "моряк" дегені елең еткізді. "Бұл кісінің матрос болғаны ма сонда? Оның үстіне, шал деуі қалай? Басқаныкі басқа, қазақтың қарияларынан матрос шыққан ба еді?.."
― Көке, ана кісі моряк па, аңшы ма?
― Әй, қайбір сау сиырдың тезегі дейсің. Қит етсе... "мен мәрәкпін, матроспын" деп кеудесін соғады. Теңізде жүріп басы айналып қалған сорлы ғой, болмаса, саяткерлік не теңі. Сен бұрын естімеп пе ең?
― Естіген жоқпын.
― Ендеше, көресің қазір.
Қалмаш бейтаныс жүргіншіні тықырши күтті. Алыстан байқалмаған екен. Жақындай бере оң жақ бөктергіде салбыраған арыстай қасқырдың басы қылтиды. Қалмаш ит екен деп қалды. Қасқырды қасынан көргені осы болатын. Салаңдап, жерге жете қабыл созылған көксеректі көзі шалған Дәулетияр қалбаңдап, құлдыраңдап жорғалағандай қарсы ұмтылды:
― Ассалаумалейкум, отағасы. Жарықтық-ау, көптен бері көрінбей кеттіңіз ғой. От басыңыз аман ба, күйлі-қуатты жүріп жатырмысыз?..
Ол қасқа күреңнің тізгінін ұстап, үлкен кісіні аттан түсірді. Жүзіндегі жасанды құбылысты аңғару қиын емес еді.
― Мәссаған, мынауыңыз түн ұйқыны төрт бөліп, талай топалаң салған таныс тарлан ғой. Өткенде ғана бір құнанымды жарып кетіп еді, бұған қалай тап болдыңыз?
― Иә, сенің со құнаныңның етіне қақалып, тұра алмай жатқан жерінен үстінен түстім, - деп еңгезердей қария Қалмашқа қарап көзін қысып қойды. Рең-кейпі ірі, сүйекті, түксиген тұлғалы болғанмен, ат жақты қалың қабағының астында біртүрлі жылылық, іш тартар мейірім бар сияқты.
Әлгіндегі мысқыл аралас кішкентай күлкісінің ар жағында балаға тән балауса пейіл аңғарылғандай. Ешқандай бұйығы бүкпесіз, бәсіре пешенеге біткен аласыз аңқылдақ адамның нышаны...
Өзіне қарап көзін қысып, баласынбай ниет назарын аударғандықтан ба, жоқ болмаса байсалды қарттың бойындағы шынайы ықылас шырайы ма, Қалмашты салған жерден баурап әкетті. Өзіне еріксіз үйірер тәттілігі бардай... Ол кішкене саусағын созып, сәлем берді. Шалдың қолы қарағайдай екен:
― Ой, айналайын, кімнің баласысың?
― Құралбайдың.
― Таудай бол, қарағым...
Бағана мына кісінің қашығырақта келе жатқанындағыдай емес, Дәулетияр қазір табан асты бәйек қақты:
― Жүріңіз, ақсақал, ішке кіріңіз. Жатып, жантайып дегендей, тынығып қайтыңыз.
― Немене, соншама еметайың езіле қалған. Қызталақ, бұрын мұндай елпеңдемеуші ең, қанжығадағы қаншық қасқырдың буы-ау сені елжіреткен.
― Ой, ағасы-ай, өстіп сөйлемесеңіз, мәрәк боламысыз.
― Жә, моряк сенің не теңің? Көп жәреукеленбей, түсіріп ал ананы. Өз тасыңның тағысы ғой...
Шал мен баланың қарым-қатынасы осы күннен басталды. Көзі қарақты қарт мұның кеудесіндегі құмарлық зердесін бірден ұқты. Аталық көңілмен таныды. Іштей ризашылық байлауын түйді. Сол күні Қалмаштың жұртта қалған жетім күшіктей ары-бері айналшықтап, қасынан шыққысы келмей отырғанын байқаған шал:
― Балам, менің асай-мүсейіме бой салып отырсың-ау, мә, көре ғой, - деп бесатар мылтығын, әскери дүрбісін, беліндегі көн қынапты болат қанжарын берді. Мынаның соншама сұғынып, арбалған торғайдай кібіртік айналуын әуес көрген-ді. Қалмаш қызараңдап, өзінің оғаш қылығына ыңғайсызданып қалған еді.
― Бала неме ғой, шыға алмай жүр. Біраз мауқын бассын...
Осыдан кейін бір-біріне етене үйір, ет бауыр жақын боп кетті. Екеуінің арасын бөлген атандай алпыс жыл ала-бөтен араласуларына бір мысқал кедергі болған жоқ. Іштей ұғысқан ұйымал мейірім бастарын қосты. Бұдан аз күн өткен соң Бүрлібек қайта келіп, Қалмаштың қолқасы деп бір арқардың етін әкеп тастап, баланы үйіне сұрап алып қайтты. Намазшам аралығындағы екінді өлетіндей аз күндік достыққа екеуі де қуанышты еді. Жұп жазбастай талай жықпыл тасты шатқалдарды аралады. Аң аулап, із кесті. Кей күндері күркірей аққан өзен жағасына қос тігіп, ашық аспанның астында ас пісіріп, түнеп қайтып жүрді. Қаншама құшақ қауыштырғанмен, Қалмаш бір нәрсенің бетін ашып сұрауға тайсала беретін. Ол жұмбақ қарттың теңіз үстінде соғысқан қызық жайттары еді. Бір мәрте қозғау салғанда:
― Ол күндерді қайтесің. Сен білмей-ақ қой. Сол сұмпайының аты өшсін! - деп түнере түсті. Жүрегіне батқандай томсарып қалды. Дәулетияр көкесі айтқандай "мен моряк едім, мен бүйтіп едім, сүйтіп едім" деп кеуде қақпады. Сауал тигенде қатты тұнжырап, өңірдей тұрпаты үңірейгендей боп, өзіне өзі келе алмады. Жанды жеріне сүңгі сұққандай сұрқы қашты. Талма тұстан түрткі қойғанына Қалмаштың да іші ашыды. Бұдан кейін бұл жайында ләм-мим тіс жармады. Жазылмаған жараның аузын ашуға батылы жеткен жоқ.
Ал былайғы жүріс-тұрыстағы мінезі өзгеше. Жас баладай еліккіш, ашық-жарқын. "Пәлі, соны да білмеуші ме едің?" - деп жауырыны қозып, жайдары пейілмен қызыға кірісіп кетеді. Қалмаштың да айтпайтыны аз. Әр нәрсенің басын бір шалады:
― Ата, жыланның жүрегі бар ма, осы?
Шал жорғасынан жаңылғандай, тұқырып қалады:
― Атаңның кәрі, осы жасқа келгенше соны құнт қылмаппын. Жүрегін қайдам, әйтеуір, аяғы бар деседі. Оны көрген жан ештеңеден кенде болмаса керек.
― Сіз көрген жоқпысыз?
― Жоқ, өтірігін қайтейін, байқаған емеспін...
Өстіп жазғы каникулдың қалай өте шыққаны да аңғарылмады. Қалмаштың қайтатын кезі таянды. "Мынаны жолдастарыңа көрсет" деп, шал бұған әр түрлі аңдардың бас сүйектерін дәрілеп, қатырып берді. Қалмашқа әсіресе ұнағаны - ұлардың терісі. Қарттың жігіт шағында ұстаған сирек құсы болатын. Бұл жарықтық біржола құрып бітті ме, жоқ, әлде басқа жаққа мекен аударды ма, дәл бүгін іздесе, емге табылмайды. Тұмардай сақтаған сонысын қоса тапсырды. Жақсы ырым, құпия тілеумен тарту етті... Қалмаш мұның бәрін мектептің табиғат тану музейіне өткізді. Оның бір қынжылған жері - осындай үйдей қуанышын әкесі оң қабақпен қабыл алған жоқ. Әбден тыңдап болған соң:
― Қаршадай балаға мылтық ұстатып, жазым қылады деп ойламайды екен-ау, алжыған кәрі! Оның несіне жүрегің жарылардай демігіп тұрсың, - деп ашу шақырды. Қалмаштың көз алдынан жазықсыз жанға қамшы сілтегендей кескінсіз құбылыс көпке дейін басылмай қойды...
***
Шал көзін ашқанда түннің бір уағы еді. Жылтырай жанған оныншы шамның майы бітуге, таусылуға айналған. Мойнын ішіне сұққандай бұғынып, болар-болмас қылтияды. Үй іші ала көлеңке. Күні қайсы, түні қайсы, әл үстіндегі науқасқа екеуі де бірдей. Мезгіл парқын ажыратпағалы үш-төрт тәулік өтті. Содан бері бірде бар, бірде жоқ аралындағы барып-келдің адамы. Төсек тартып, жығылар шаққа дейін бірнеше күн қатарынан ұйқысы қашты. Жүйкесі ұйып, суық қорғасын қаптағандай зіл тартып, орнынан қозғалтпады. Қос құлағы сау-сау соғып, ішінде құйын жүйткігендей толастамас ызың кірді. Бірде күшейіп, шекесін тесіп жіберердей сұққылап, миын шақты. Енді бірде пәс-пәс бәсеңдеп, шықшытының тұсындағы үскірік жел жұқаланғандай боп, момақан тыныштыққа орады. Осындай құлаққа ұрған танадай жым-жырт үнсіздік ұзаққа созылмайды. Алыстан, көз жетпес көкжиектен көрінген тарам-тарам теңіз иірімі ақырын тербеліп, жәйімен теңселіп жатады да, бір заматта таудай-таудай толқын ойнатып, ұмар-жұмар дөңгеленіп, ауыр соққымен сырқаттың басына шапшиды. Бұл кезде ол есінен танып түседі. Өстіп, теңіз толқынының бәсеңдеуі мен күшеюін күтіп, алма-кезек аңдысқан екі күн есінде. Қалғаны кірелі-шығалы. Өң мен түс шекарасындай шұбарланған шым-шытырық шұбалаң көрініс.
Шал осындай сабасына түскен сәл саябыр кезінде өзіне өзі келіп еді. Құлағының азғана шыңылы болмаса, есін біліп оянды. "Әлі де көретін жарығым бар екен. Талқаным таусылмапты. Бұған да шүкіршілік". Ол төрт бұты төрт жаққа кетіп, етбеттей ұйықтаған баланы көрді. Әбден талықсып барып құласа керек. Ұстағаны ұстаған, қойғаны қойған жерінде жатыр. Бауырына шалдың дүрбісін, оқшантайын, ағаш қорапты теңіз компасын қысып алыпты. Ұннан бөкпен жасап жегенге ұқсайды. Жартысын бір шәугім сумен бірге шалдың қасына қойыпты. "Бұл қызыңды... қайдан жүр? Беймезгіл келісі қалай? Мейлі, ертең сұрармын. Әзірге тынықсын. Келгені де құп болды. Өлмегенге өлі балық деген осы. Шудағы қызға телеграмм жібертіп шақырып алайын. Ендігі күйдің өзі екі талай ғой..." Ол майлы бөкпеннің бір үзімін аузына салды. Дәмі білінбеді. Сонда да тағы бір-екі қасығын қаужаң қылды. Ішінде бір түйір ас жоқ болса да, қарнының ашқаны сезілмеген болатын. Мұның істегені - "жұтқан жұтамайдының" кері.
Шалдың "қызым" деп отырғаны - бір кіндіктен қалған жалғыз тұқым. Туған қарындасының қызы. Басқа ешбір жақын туыс, іш тартар бауыры жоқ. Бақсының моласындай сопиған жалқы басты. Бұл әскерге алынғанда артында жиырма жастан біреуі асып, біреуі жетпеген үйелмелі-сүйелмелі төрт арыстай ұлы бар еді. Төртеуі де туған табалдырығын қайта аттаған жоқ. Соғыс даласының бір шөкім төмпешігі боп қала берді. Тірі болса, қазір бәрінің басы қосылып, дүрілдеген бір ауыл боп отырар еді. Амал қайсы? Төртеуінің де топырағы жат жерден бұйырыпты. Шал қырық алтыншы жылы Қиыр Шығыстағы майданнан оралғанда қыздай отасқан қосағы қайтыс болды. Көпе көрнеу күйіктен кетті. Ана жүрегі алапат соққыны көтере алған жоқ. Тұншыққан деммен дүниеден аттанды. Кішкене үй төбесіндегі жыпырлай жанған бір уыс шырақ мезгілінен ерте сөнді. Бұған дейін бұл шаңырақтың түтінін түзу етуге тағдыр қайта жазбапты. Басқа біреумен тұрмыс құрып еді, дәм-тұздары жараспады ма, көп ұзамай ажырасып тынды. Содан бері соқа басын сүйреткен саяқ жетім. Баз біреулер: "Қайтсін, сүйеніші суға кеткен ғарып қой", - деп мүсіркесе, енді біреулері: "Қайта сүйегі шын құрыштан жасалған асыл екен. Құдай басқа салмасын, бұдан басқа пенде болса, жүн-жүні шығып, тозып кетер еді", - деп көтермелеп қояды.
Шал бергі, ойдағы ел ішінде көп тұрақтаған жоқ. Бір арқа көшін жығып алып, ата мекен қонысы Қосқұдыққа келді. Өмірдің мол ағынды, ырду-дырду, у-шуынан жырақтап, қара үзуді жөн көрді. "Көздей көмейге бір жұтым талшық табылар. Қаралы басымды ел-жұрттан аулаққа ұстайын. Ең болмаса, "жалмауыз шал" деген түрткіден таза жүрейін. Бастан бақ тайғаннан кейін базарлы жер не, мазарлы жер не?
Алтының мыс болса, мыс пен темірдің айырмасы қайсы?.. Лайым, біреуге кесірім тигеннен сақтасын".
Ата-бабасының сүйегі жатқан қыстау өткен-кеткен жүргіншіден таса, жата беріс мұрынның асты. Арғы шығыс беті тырдай жалаңаш шақпақты тау. Ары-бері қатынасқа қиын асу. Тағы қуған аңшы, жоқ іздеген жолаушы болмаса, ат ізін салатын қараң-құраң некен саяқ. Әдейі бұрылған кісі ғана тауып түсетін тар шатқалдың іші.
Доғаша иілген өкпе тұсында бес-алты үйдің басын қурайтын алақандай разъезд бар. Шалдың қант-шәйін өтейтін сауда-саттық мекені осы ара. Сырттағы үлкен өмір тірлігіне көз салатын кішігірім терезесі іспетті. Онша қашықта емес, төтелей тартқан адамға жеті-сегіз ғана шақырым. Жүрдек поездар тоқтамайды. Бірен-сарандары ғана сәл-пәл аял қылады. Әй, өкіметтің күші-ай, бірін бірі итерген ауыр составтардың дамыл алмай, күндіз-түні бірдей, ерсілі-қарсылы ағылып жатқаны. Бұрын, шал осы маңайда қорықшы болып, барлық маялардың үстінен қарайтын кезінде, бірді-екілі малы бар қазақтар жол құрғатпай тізгін тірейтін еді. Қысқы-жазғы сыбағасы да үзілген емес-ті. Кейін, бұл пенсияға шыққаннан бері, мұндай сый-құрмет ізеті жұқарды. Кейбір құдай дегендері болмаса, жәй аман-саулықтың өзін оң көзбен беретіндер саусақпен санарлық. Шалдың үйіне келетін сүрлеу ұмытыла бастады. Түлкіше түрленген заман-ай, шіркін!..
Шал тепловоздың дауысын анық естіп жатты. Сезім-санасы ширақ, ақыл-ойы айқын. Азғана әлсіздігі болмаса, сау күйіндей салауатты, тың. Тепловоздың дауысы тағы шықты. Мұның есіне енді ғана түсті: ең алғаш құлағына кірген мазасыз ызың осы поезд сартылы арқылы келген сияқты. Науқасынан біршама күн бұрын ұшы-қиырсыз бір шуыл басылмай, үзілмей-қатаймай құлағында күмбірледі де тұрды. Екі саусағымен алма-кезек басып көріп еді, тоқтап, тыныстап қайырылған ән ырғағындай бөлек-бөлек естілді. Бұған жете мән берген жоқ. Соғыста алған контузиясының әсері шығар деп ойлады. Кейін, орнынан тұра алмастай жығылғанда барып, әлгі әуен толассыз теңіз толқынына ұласқан екен.
"Мейлі, бір мәнісі болар. Ең бастысы, еш нәрсені ойламаған мақұл. Доғдырлар "қаның сәл көтеріңкі" деуші еді. Мүмкін, сол ескі тамырдың еркелігі шығар. Айналып келгенде ақырын берсін".
Ол алыстан талып естілген поезд сыртылын естімеуге тырысты. Құлағын қалқалап, бала жаққа бетін бұрды. "Кішкентай күшіктің жатысын қарашы. Қай құдай айдап келді екен бұл тентекті? Қолдаушыларымның әдейі жіберген періштесі ғой бұл. Бүлкілдеген танауыңнан айналайын..." Шалдың көңілі жасыды. Бірақ босамауға бекінді. Тағы да шатасып қалармын деп қауіп қылды. Көп мезгілден бері тірі пендені сүйсіне аймалағаны осы еді. Әлі күнге дейін ұмытпай, ет-жүрегінің елжірей алатынына тәубе қылды. "Жарайды, бұ қызталақ тыныға берсін. Ертең Аңырақайдағы қырғыз тәуіпке жіберіп алармын. Мына тұрған жерге поезд не, жарты-ақ сағаттық жол. Екі жаурынымның ортасын шабақтатсам - тұрып та кетермін. Сөйткен кездерімде кәдімгідей көтеріліп қалушы ем ғой".
"Әй, қайран денсаулық-ай, сенің қадіріңді кім білген! Кеше ғана ат құлағында ойнаған одыраң шал едім, бүгін, міне, бүйі тиген атандай серең ете түстім. Қарға адым жер аттаудың мұң болып жатқаны мынау. Тау-тасқа сыймаған денем бір тарының қауызына тығылды. Саушылықта анау жоқ, мынау жоқ дегенің былшыл екен ғой. Ер үстіне қайта отырғызар күш болса, қолымдағының бәрін берер ем".
"Жә, менің не дүнием бар осыншама асқақтап сөйлейтін! Қай бұрышым тіреліп тұр? Теңгесін тышқан тескен шірігендер қаншама! Соларды көріп біле тұра, несіне аспандаймын. Жасым болса, пайғамбар жасынан әлдеқашан асты. Ақ өлімнен соншама қашқақтап, сайтан болмақпын ба? Бұдан да келер қазаның қайырымдылығын күт. Артыңның абыройын сұра".
"Жоқ. Мен анау айтқан тақыр кедей емеспін. Жарайды, төрт құбылам толған қазына-мүлкім жоқ екен. Бұған келісемін. Бірақ күз түніндей ұзақ, суық өмірімнің ішінде адамдық ар атаулыға қылтанақтай кір жуыттым ба? Сақалымның ағын көр де, иманымды салыстыр. Егер мен саналы ғұмыр кештім десем, сауаптан басқа сауғаным жоқ. Ине жасуындай жалғандық жасасам - тозағыңа таста да жібер. Обалым өзіме..."
"Пәлі, мен белім еңкейді екен деп қисынсыз қазаға мойын ұсынатын ұнжырғасыз ба едім! Адам дүние есігін ашқанда, ойлану, күресу, қанағаттанбау дегенді бірге киініп шығады. Мен адаммын ғой. Бойымнан әл кеткенмен, абырой ұятым әлі тұнық. Осының құрметі үшін өмірге ғашықпын. Ара-тұра жүріп кетсем, жұбаныш қылар мұратым да осы".
"Мен неғып ділмарсып кеттім сонша. Адам ақырғы сәттерінде сергіп, денесіне қуат байланып, бой жазады деуші еді. Соның серпіні боп жүрмесін. Қалай айтқанда да, асарымды асап, жасарымды жасаған жанмын. Байлауға келсе, күрмеуге келмейтін келте кеңшіліктің тұйықталған тусы осы болса, амал нешік? Өмірдің маған тағар кінәсы болмаса, менің оған артар бір түйір өкпем жоқ. Жарық дүние бергеніне ризамын. Оны асып өткіздім бе, жасып өткіздім бе, маңдайымның пешенесі. Жазмыштан артық озмыш жоқ".
Шал ой найзасы бойламайтын тереңге сүңгігендей күйге түскеніне таңырқады. "Бұрын мұндай емес ем ғой. Келмеске кеткен кешегіме көлденеңнен көз тіккенім ненің белгісі?.. Әй, бәрі де сүйретілген мына сырқаттың сергелдеңі де. Әйтпесе, асты үстіне келген дәнеңе жоқ. Менің құштар боп жатқан өмір - дүнием ана терезенің сыртында желдей есіп зымырап барады. Дәурен дегенің қас қағымдық қана сәт. Келдің, кеттің. Жарқырап барып жоқ болдың..."
Сырт демекші, шал ауруға шалдыққалы бері үйінің сыртын торыған бір қасқырдың дамылсыз аңдыған бейнесі көз алдынан кетпей қойды. Бұны елес бұған кезінде тіпті жақындап, табалдырығына таянып, есіктен ішке енетін тәрізді. Кейде шалдың жөтелген, жәймен түшкірген даусын да шалғандай болады. Бір түні сілекейі шұбырып, итиген өлімтігін салып, мынаның төсегінің қасына кеп қалған екен. Бұралқы көзі мөлиіп, шалдың ашылған жерін жалауға ыңғайланып апты. Бұл булығып, әрең дегенде дыбыс бергенде барып ары таман, есіктің көзіне шоқиып отырды. Шал оның өкпесінің деміге сырылдауын, жылағандай жіңішкелеп қыңсылағанын анық естіді. "Кәпір, талай зомбылығым өтіп еді, менің мынандай шағымда есесін қайтарайын дегені ғой. Біреудің ақысы біреуге кетпейтіні хақ. Мейлі енді, білгенін істесін".
Шалдың сауыққан кезінде әлгі қасқырдың аулақтап, алыстан ұлығандай тықыршитын әдеті. Қазір де төбенің астынан, сайдың ішіндегі бұлақ басынан дауыс салғандай болды. Шал далаға шығып, тарсылдатып мылтық атуға бір оқталды. Тұрып кетуге әлі де әлсіз екен. Бала жаққа басын беріп қимылсыз жатты.
***
Бүгінгі түн науқас үшін жұмсақ, жайлы түннің бірі боп өтті. Таң атқанша кірпік қаққан жоқ. Бірақ ұйқы, көз шырымы уайым емес. Тек үй іргесіндегі сылдырап ағып, қазір де қыбыр, қимылы айқын естіліп жатқан жіңішке жылғаның дыбысы зорайып, толқын шуылына ұласып кетпесе, сол - олжа. Шалдың қаймыға күткені де осы сыбдыр. Бұл жағы тыныш болса, тік тұрып кетуі оңай секілді. Әзірге шүкіршілік. Толассыз ойнақ ұратын ұмар-жұмар толқын тізбегі саябыр, тыныш. Асып барып сабасына түскендей жайбағыс, жым-жырт. Сырқаттың нешеме күн сілікпесі шыққан жан-жүйесі жұмсақ мамыққа сүйкегендей момақан, мөлдір. Оның ұйыған сүттей үн бермей жатуы да осындай мамыражай қалыптың қуанышы. Соның сазына елтіген тәубешілік нышаны. Көптен бері уысына түспеген дәулетіне кенелгендей ризашылық райы басым...
Таң аппақ атты. Шал жамырай жүгірген бөрте жарықтың шұғыласын айқын көріп жатыр. Терезе тұсынан төгілген сәуле сүт қосқан шай кейпіндей бозғылт. Күн кірпігі таудың арғы, шығыс бөктеріндегі тастарға тірелсе керек... Бәз-баяғы қалпымен бозторғай шырыл төкті. Үзілмей қатаймай шайқалған жұмсақ әлди. Шалдың кішкентай кезінде осындай үлпілдек үн еді. Әлі сондай. Бұдан кейін де өзгермеуі кәміл. Өмірдің өзіндей мәңгі, ғұмырлы саз... Алыстан, Майты жайлауының үстінен жылқы кісінеді. Шалға дауысынан танымал. Өзінің күрең қасқасы. Есті жануар, иесі жығылғалы бері үй қасына бір-екі рет келіп еді. Әлденені жоқтағандай оқыранып, мазасыз жер тарпып, көп айналған болатын. Кейін қос құлағын көкжиекке қайта-қайта қайшылап, басын тікейте тұрып-тұрып, дөң асып кеткен-ді. Қазіргі дауысында да сағыныш сарынындай елегізу бар сияқты... Терезе саңылауынан жалбыздың демі желпінді. Май сылаудай торқалы сипау. Еркелей, елбірей ұмсынады. Қойын-қонышқа асылып, әлдебір келмес дәуреннің қуаныш қызығын қуып әкелгендей ентіге аймалайды. Бой шымшып, иісі үздіккен елжіремелі самал сиқырлы лебімен жүрекке шапты. Жарық дүниенің жақсысы ай!..
Бала әлі қаннен қаперсіз, өз үйі, өлең төсегіндей емін-еркін ұйқы құшағында. Анда-санда өзімен өзі жарыса сөйлеп, түсініксіз күбірлеп қояды. Таң алдында бойы мұздады білем, бүк түскен қалпымен домаланып, шалдың қойнына кірді. Бірақ көзін ашқан жоқ. Мұрны пысылдаған күйі ықтасынға тығылып, сырқаттың бір бүйірін жылытып, жадыратып әкетті. Тән жылуы емес, жан жылуы. Шалдың көп заманнан бері танауын үйірмеген бауырмал леп. Алыс жырақтан аймаланып аңсауын тосқандай... Науқас қарт бүгінгі сәл сейілісін баланың ойда жоқта тап болуына сайды. Оңға басар істің оралғысына жорыған жылуар ниеті үлпілдек. Шау тартқан кеудесінің тосын сыбағаны ем ретінде қабылдауы мол. "Топырағы белгісіз төрт ұлымның төлеуіне келген теберігім менің. Төр жұлдызың қашанда жоғары болсын. Шымбайға батқанда шипа болған шырағыңа рақмет. Жолыңды лайым жақсылық жебесін..." - Шалдың кірпігі шыланып, кемсеңдеп жібере жаздады. Бірақ өзін өзі зорлап тежеді. Әлденеден қорғанғаны үшін сөйтті. Соңғы сәуледей солқылдақ сағынышты сыныңқы сиыққа айырбастағысы келмеген еді...
Бала бір кезде оқыс оянды. Төсектен басын жұлып алған бетімен, қай арада жатқанын аңғара алмай, біршама іркіліп қалды. Бұл таңертең тұрғанында терезе жақтауына сүйенген сәмбі тал жапырақшалары жыпырлай қол соғып, төсегіне асылушы еді. Қазіргі көріністің келбеті басқа. Басыңқы терезе жатаған қалпымен жер бауырлап, көгілдір төбенің басына тіреліпті. Үй ішінің сұрқы да бөтен. Күс-күс шаңырақ басып қалардай салбыраңқы, жермен жексен. Бала енді барып ажыратты:
― Ата, аташым!
Енесінің бауырына бас сұққан құлыншақтай ал жабыссын келіп!
― Ата, ауырып қалдыңыз ба?
Кешеден бері көңіліне кептелген күнәсіз қысылысының тиегі ағытылды ма, жоқ болмаса жауырыны қақпақтай жазықсыз шалдың жұдырықтай шөккен күйі жүрегіне батты ма, жұбанбастан жасқа булықты:
― Мен сізді іздеп келдім, ата. Ауырмаңызшы, орныңыздан тұрып кетіңізші. Мен сізді сағындым...
Шалдың бағана әрең іріккен ішкі елжіреуі ешбір ымыраға ықтай алмады. Екі иығын ыстық шымыр діріл тепті. Сонда да сақалық сабырлығын жоғалтқан жоқ. Бала бұлай бүгілгенде бордай егілуді боркеміктік санады.
― Қалмашым, қалқам... Жігіт те өсте ме екен? Атаңның алдына келіп әбіржуіңе жол болсын...
Қайткенде де қам көңіліңнің қақ жүректі жарып шыққан шынайы сезімімен қарсыласуы шарасыздығы еді. Оны өзі де жақсы ұғынды. Әйтсе де сырын алдырмаудың әрекетімен кемсеңдей жаздаған жарықшақ даусын қаттырақ шығарудың қамына көшті.
― Атаңның көрі, бүйте берсең, бықпырт тигендей сабап алармын әлі. Жігіт деп жүрсем, жөргегі кеппеген жасық па едің?..
Бауырына бұққан баланың тікенектей шашына шашырап түскен сынаптай тамшыны аңдаған да жоқ. Өзін өзі тоқтата алғанына шүкіршілік етті.
Қазіргі сәттегі сәл үзіліс бала бойындағы босаңдыққа еркіндік әперумен пара-пар. Мұндайда сұрау сөзбен дес бермеу тиімді. Шал байғұстың бұл тұстағы пайымы осы.
― Иә, батыр, жөніңді айтшы, қайдан жүрсің?
Бала әлі де өксік уысынан босана алған жоқ болатын. Дірілді үнмен:
― Ауылдан, - деді.
― Ел-жұртың аман ба? ұл жүрісің қалай?
Бала біраз тұтығып қалды. Бастан өткенді бастырмалатып айтып салу асығыстық емес пе? Қамшы көтермес кәріп үстіндегі науқас адамның қабылдауы қалай болмақ? Қашқын жүрісінің кінәрат көңілге кірбің үйірмесіне кепілдік қайсы?..
Қалай дегенде, қисынсыз бүкпенің бодауына қиятын кісі бұл емес екен. Сөздің ашығына жығылды:
― Мен үйден қашып шықтым, ата.
― Қашып шыққаны қалай?
― Сол. Ендігәрі мектеп бетін көрмеймін. Сізбен бірге боламын.
Шал еріксіз езу тартты. Адал көңілдің аңқау үні алаң қылған еді.
― Пәлі, қара дәу істемейтін қылықты қайдан ойлап таптың? Мынауың қырғын кәсіп қой!
Бала тарапынан қарт әзіліне түсінген кейіп аңғарылған жоқ. Қос танауы қусырылып, қайта булықты. Алқымын кептеген өкпенің әжептеуір екенін шал айқын ұқты. "Әлдеқалай кездейсоқ ұшындыдан аулақ болғай" деген үрей сыпсың да қаймықтыра бастаған еді.
― Қалмаш, қарағым, атаңды алаңдатпай, деміңді басшы. Ауыл-аймақ тыныш па?
― Тыныш.
― Үйден қашан шығып ең?
― Кеше.
― Келін-балалар аман ғой, әйтеуір?
― Аман-сау.
― Иә, ендігі әңгімеңе жол болсын?
Бала бәрін баяндап шықты. Қалың көпшіліктен қорлық, зомбылық көргендей иегі кемсеңдеп, көпке дейін басыла алмай, үзіп-үзіп жеткізді.
Бала "тілінде" шалдың ұққаны: ендігі иек артып, пана сүйенері бір өзі ғана. Бұл үйдің босағасын аттап, бір сүйем жер баспақ емес. Ақыры көзге шыққан сүйелдей артық екен, мұнсыз да тірліктерін түтете берсін. Бір балаға бола мектеп қабырғасы қисайып қалмас. Үй іші болса... өз обалдары өзіне. Айдауына жүріп, байлауына көнгеннен басқа айыбым кәні? Математика үшін ешкіше мүйіздеген өздері. Басқа пәндерге көз қиықтарын салған да емес. Қит етсе болды: "Әй, мынауың ненің ақысы, біз сені осылайша өссін деп пе ек?" -деп иттің етінен бетер көрді. Басқа пәндер құлдың баласынан тумаған шығар. Екінің бірінде: "Есеп-қисап - өміріңнің кілті", - деп екіленіп жүргендері. "Бір құмалақ бір қарын майды шірітіптінің" кері осы да. Ішек-қарны шұбырған шатақтарына бола отырысым опақ, жүрісім сопақ, сиқым мынау. Қарақан ойыңның қайырын көрмегеннен кейін, әшейінгі әлпеші кімге пұшпақ...
Шал осылай топшылағанымен, баланың балалығын бетіне айтып, молдаша шұқиюды қажетсіз тапты. Зердесіз жан емес қой, уақтысы соққанда түсіне жатар. Дегенмен, дәл қазіргі қылығына бұғалық салмаудың қылпыдай қисыны жоқ. Ар жібін аттаумен тепе-тең. Сондықтан да шешімін келте қайырды:
― Балам, азырақ ағаттық жасап апсың. Оқасы жоқ. Біршама тыныққаннан кейін үйіңе қайт. Тіпті бүгінгі поезбен ертерек жүргенің жақсы. Ата-ана сорлының қайбір жаны шыдап отыр дейсің? Тезірек ауылға орал. Ақыры кеп қалған екенсің, маған да қолқабысыңды тигізе кет. Разъездегі дүкен ашылысымен қаужаң-қаужаң қылар оны-мұны әкеліп бер. Әлгі Шудағы үйге телеграмм жіберерсің. Қыз құрғыры ертерек жетсін. Осыған келістік қой, батыр?
Бала жауап қатқан жоқ. Басын төмен салбыратқан күйі үн-түнсіз отырды.
― Айналайын баласынан! Ақылды тентегім ғой менің. Атаңның сөзін аяқсыз қалдырма, қарағым. Мақұл ма, Қалмаш?
― Жарайды, ата.
― Ой, жасыңа құлдық, кішкентайым менің. Атасын ажалдан арашалап қалған ақ иесі ғой бұл!..
Шал тіпті сау күніндегідей өзін соншалықты сергек сезінді.
***
Бала разъезге тартты. Шынында да, шалғай емес екен. Шатқалдан шыға бере-ақ шатырлары ағараңдаған бірнеше үй бастарын қылқитты... Көктеменің енді-енді көрпесін жинай бастаған мезгілі еді. Табиғаттың тұнығы әлі де шайқалмаған. Шалқая шашыраған шашақты жапырақшалар жамырай жүгіріп, сырмақты өрнегін алыс жиекке алып қашады. Қоймалжың даланың дидары дірілдеген мейірімге толы.
Бала жолсызбен жүрген еді. Өз отына өзі жанған секпіл гүлдер ілескенін, үзген жоқ. Меруерттей шықтары күнге шағылысып, үпір-шүпір қаумалады да отырды. Өздеріне өздері риза рабатты төсеніштің таусылуы кем. Торқадай жұмсағын жайып сап, жайнаңдаған кейпінен бір танбайды. Табан астында қалып қойған кейбіреулерінің балаша бұртиып, апыл-ғұпыл түрегеле сап, өкпелегендей назбен бас шұлғитындары бар... Ана бір тесіктен тепкілей жылжыған жанды иірім өрісте адасып жүрген жасыл көк қошақан секілді. Етпеттей жығылып, қаз тұра алмай әуреге түскен нәресте көрініс. Жанына жақындағанда барып жіңішке толқыны бұйраланған жылға екені аңғарылады... Бала бір-екі рет уыстап ішті. Шөліркеуі жоқ болса да, монтиған қалпын қимады. Еркелене еңбектеген бейкүнә ағыстың аялы дірілі жүрегіне шапқан-ды. Жапан түздегі жанардан тыс жарыса ойнақ салған жылуар жайқалыстың жақсысы-ай!..
Бір етек торғайдың жұмыртқасы тап болды. Шұбарлана топталып, қазан шұқырдың ішінде жатыр. Сипап көріп еді, жып-жылы екен. Енесі енді ғана ұшып кетсе керек. Қалтасын толтырып алуға бір оқталды да, райынан қайтты. Шимай көз секпілдері бетіме шаба ма деп қауіп қылған еді... Топ шидің арасынан сусылдап кесіртке қашты. Бала қуып жетіп, өлтіріп тастауға оңтайланды. "Ә, былтыр көрген жуәрмегім, әлі де тірі ме едің?" дейтін теріс пиғылды пәтшағар ғой бұл! "Қаншама тапырақтап қуғаны мен сәті түспеді. Ирелеңдей жүйткіп, бір тесікке кіріп, зым-зия жоқ болды. "Мейлі, жөндеп көріп те үлгере алмаған шығар. Ажалы жоқ екен, кәпірдің!.."
Бері шыққаннан кейін Үшқызылдың бел-бедерлері түп-түгел ашылды. Тіпті жыра-сайларына дейін дүрбімен қарағанда арса-арса аңғарылды. Атын естігені болмаса, баланың көрмеген мекені. Арғы бетіндегі Теріскей, Топар, Тышқанбай қойнауына малдардың қыстап қайтатынын талай тыңдаған. Дәл қазір сол Үшқызыл шоқысының алып кемедей теңселіп, сүйірдей тұмсығын мұхиттай толқыған сағым теңізіне түсіруге ыңғайланған келбеті ерекше күйге бөледі. Белгісіз сапарға бет бұрардай сыңайы ап-айқын сияқты. Ол жүрісін баяулатып, сәл ғана күрсінгенін аңдамай қалды. Үйіндегі желкенді қайығы есіне түсіп, ет-бауырын шымырлатқан еді... "Ендігі қаңқасын да қалдырды деймісің. Быт-шытын шығарған шығар..." Ол күнбатыс жаққа қарамауға тырысты.
Баланың көңілі кіре берістегі көрініске кәдімгідей алаң болды. Ауылдың бергі тұсы бытырлай жыпырлаған бейіт төмпешіктер. Сан жүзді орданың отанындай қалың нөпір. Түтін санының сиқы болса, төрт-бес мұржадан аса ма, аспай ма? Ал айналасы ат шаптырым іркес-тіркес құлпытастарға жол болсын? Өткен-кеткенді жинап әкеп, жерлей берген сияқты. "Қалмақ қырғынына" жорудың қисыны жоқ. Өлген-кеткендердің аты-жөні тасқа басылғандай бақырая жазулы тұр. Бала жүрегі мұншама мүрделердің көптігіне еріксіз таңырқады. Ол атадан балаға мұра - ескіден келе жатқан ежелгі салттан бейхабар еді. Қарамай кетуге тырысқанымен, құйқа тамырын қайдағы бір қорқыныш үрей шымшылады. Төсек тартып, үйінде жатқан қимас қартының келбеті көз алдына елестей берген болатын!..
Қалмаш қырық шақты жұмыртқа алды. Жаймада отырған кемпірден төңкере саудамен түгелдей ала салды. Әуес көретін асы еді. Үйдегі жалғыз тауықтарының тапқаны санаулы. Сондықтан да басы-көзіне қарамай, қомағайлығына басқан-ды.
Тағы бір таңдап алғаны - дөңгелек пряник. Жастайынан құмары қанбаған дәмді тағамының бірі де осы. Қанша тарттырғанын қайдам, көк ала қоржынның бір басы қампиып шыға келді. Біреуін тістеп көріп еді, темірдей қатты екен. Нечеуо, ыстық шайға салып жіберсе, жібімес деймісің!"
Үнді шәйінің реті келген жоқ. Кәдімгі сақа адамша сыбырлап сұрап көріп еді:
― Ой, не деп тұрсың өзің? Ондай оңды дүниенің дәмін татпағалы қай заман!.. -деп семізше сатушы маңына жолатпады.
Грузин шайынан бір-екеуін оратып алды да, почтаға қарай беттеді. Саудасының суша жүргеніне көңіл күйі көтеріңкі еді.
― Мына адреске телеграмма жіберсеңіз...
Құдай біледі, өз шашы емес-ау, басына сәлдедей ғып сарғыш бұрым орап алған орыс қызы оқып көрді де, бір жапырақ қағаз ұсынды:
― Мынаған анықтап жаз да, астыңғы жағына осы арадағы мекен-жайыңды көрсет.
Бала қолына қағаз емес, қайдағы бір тірі жәндік ұстағандай қобалжыды. Мұндай іспен айналысуы алғашқы рет болатын. Дегенмен, сыр алдырған жоқ. Қалай дегенде, мынандай жапырайған бекетте емес, аудан іргесіндегі ауылда оқыған аты бар ғой. Сан мәрте оқып шығып, қажетті сөздерін қысқаша тұжырымдады:
"Болею, приезжай срочно".
― Аты-жөні кім?
― Бүрлібек ата.
― Мекен-жайы қалай?
― Қосқұдық.
Қыз және бір қағазға үңілді де:
― Бізде ондай пункт жоқ, - деп қайтарып берді.
― Қалайша жоқ? Бұрқылдақтың бойындағы қыстауды осылай атайды.
Қыз сәл ғана жымиды да:
― Жарайды, атаңның аты-жөнін жаз, - дейді.
Баланың бойын ыстық тер тепті. Құдай атқанда, атасының аты-жөнін ешуақытта құнт қылмаған екен. Жерге кіргендей кібіртіктеп, білмейтінін айтты.
Мың болғыр келіншек қауғадай басын шайқап:
― Ай, беда, беда с тобой, мой мальчуган! - деп, жазғандарын жөнелтуге ыңғайланды...
Бала буынып-түйініп, жарты жолға жеткенде барып, нан алуды ұмытқанын есіне алды. Қайта баруға мойны жар бермеді. Екі арасы ит өлген жер. Поездардың жер бауырлап жүргені қырықаяқ қыбырындай. Сағыммен көтеріліп, бөлек-салақ бұлдырайды... "Жә, пряник тұрғанда, не қам бар? Қанша жесе де мұрты ойылмайтындай мол қылып алғаным қандай жақсы болған..." Ол өзін өзі алдаусыратып ауылына жетті.
Шал ояу жатыр екен. Орнынан түрегелмепті. Екі көзі шүңірейіп, рең кейпі солыңқы болғанымен, былайша бет-пішіні қағылез, сау. Ыстық ішсе, көтеріліп кететіндей қалпы бар.
― Ой, баласынан айналайын! Ат-көлігің аман-сау кеп қалдың ба? Қалайша тез оралдың?
― Бардым да қайттым, ата.
― Әлгі қыздың шаруасы бітті ме?
― Бәрін бітірдім.
― Кішкентай қолқанатым менің!..
Қалмаш ас қамына кірісіп кетті. Жұмыртқаның жарасы жеңіл екен. Борсықтың майын шыжғырып, бір-екі рет аунатып алып еді, дап-дайын боп шыға келді. Буы бұрқылдап шай да қайнады. Жарты пашкесін бір-ақ салған ба, нарттай қызара көпіршіді. "Мейлі, әбден қанып ішсін. Нәр татпағалы қай заман?.."
Шалдың тұрып отыруға әлі де икемі келмеді. Бір-екі мәрте ұмтылып еді, басы айналғандай денесі жер тартты.
― Бұл атаң жатып-ақ есесін жібермейді. Мынауың қандай дәмді піскен!..
Жұмыртқаның қуырылуы өтіп кетіпті. Қаралаш-торалаш кеуек күйік. Шал сонда да бар ниетін салып жеді.
Баланың пейіліне бола сөйтіп еді. Әйтпесе, ар жағынан тіленген түйірдей тәбеті жоқ-ты. Іш сарайы ас қабылдауды тоқтатқан сияқты. Дәм дәметпейтініне таңы бар. Тойған адамдай, ашқарақ тіленістің табы білінбейді. Жұмсақтау жерінен бір-екі рет қаужады да қойды. Пряник түскірі тісіне де батпады. Малта құрттай қатты екен. Езуін қисаңдатып, ебедейсіз тістелеуі баланың жүрегіне бізше қадалды. "Қап, жұмсақ бөлке әкелмеген нендей сор маңдай ем?.." Баланың жеген асы желкесінен шыға жаздады.
― Шайыңызға салсаңыз, жұмсарып кетеді, ата...
― Ой, бәрекелді. Атаң қайбір көп жейді дейсің. "Ашаршылықта жеген астың дәмі ауыздан кетпейді" дейді, балам. Соғыстан кейінгі жылдары осы жарықтық дүкеннен үзілмеуші еді. Арпаның ұнынан жасалатын. Қайнардың суына матырып бір тойып алсаң, кешке дейін тоғы басылмайтын. Қолы жеткендердің көбі осыны қорек қылушы еді. Бұ шіркін астың атасы ғой...
― Мұны мен де жақсы көремін.
― Тісің бар ғой, әбден тойып ал, айналайын. Ас тұрған жерге ауру жолаушы ма еді...
Шал көптен бері тағам атаулыға беттеуден қалғанын ойлады. Таудың талай тағы бағланын шалып жіберіп, бір мезетте-ақ қайнатып тастап, қазанымен көтергенінде жұмырына жүк болмайтын кездерін елестетті. Енді, міне, судан басқаның сіңуі шікәмшіл шаққа кездесті. Жә... айналып келгенде ақырын берсін.
Шал күрең шайды сораптап көп ішті. Тула бойы бусанып, бұқпантай тер бусантты. Тіпті құр атқа мінгендей, аңқылдақ арқа пайда болды. Даусын дабырлай көтеріп:
― Балам, сен шыныңды айтшы, атаңды сағынып келдің бе, жоқ әлде басқадай жол табылмағаннан кейін тығылған қуысың ба? - дейді.
― Мен сізді сағынамын, ата.
― Өркенің өссін, қалқам. Тең құрбыңның алды бол.
Шалдың жоқ жерден көтерілген жадыра көңілін бала да пайдаланып қалғысы келді:
― Мен бүгін қалсам қайтеді, ата?
― Тәйт, ондай құқыңды естіртпе маған. Қазірден бастап үйіңе қайқай. Осы жақсылығың да жетеме жетті. Мен саған ризамын.
― Сіз әлі де сауыққан жоқсыз ғой...
― Менің ендігі күйім осы, батыр. Кәріліктің қайбір қайырымы бар дейсің. Бүгін тұрғызса, ертеңіне етпеттетеді. Оның қайсы бір барымтасына бастырық болмақсың? Қыз келгеннен кейін бір күнімді көре жатармын. Ендігі аялдауың - Алла жібін аттаумен тең. Шайыңды ішкеннен соң шүу деп үйіңе тарт. Жарай ма, жарқыным?
Баланың алқымына жас тірелді. Аузыңдағыны шайнағансып, алқынба сезімін сездірген жоқ. Ақырғы тілеу секілді ата сөзін аяққа жықпауға біржола бекем жасады:
― Мақұл, ата, қазір кетемін...
― Сөйт, әке. Әке-шешең де у-шу боп жатқан шығар. Жылдамырақ жандарына жет.
Бала сырт айналғансып, көз тамшысын іркіп алды. Панасыз пенденің былайғы тағдыры жанына батқан болатын...
Шалдың қазіргі кейіпі жаман емес. Еттен арыған дене пішіні ойып алғандай үңірейгенімен, шүңгек көздері қырағы, тың. Әр нәрсеге байыппен, байсалды нұрмен тіктенеді. "Жыланды қанша кескенмен, кесірткелік қуаты бардың" кері осы-ay, шамасы. Әйтпесе, осыншама ауру меңдеткеніне қарамастан, кәдімгідей қуатты, қоңды қалпында жатыр. Жарықтықтың сүйегі асыл-ау, сірә...
Шал шалқалақтап, бір қырына аунағандай боп, балаға бұрылды. Орайы келгенде, осыншама мейірі бөлек мына перзентке айтсам деп жүрген жүрек басты ойлары бар еді. Сонысын сабақтап шығуға бір оқталды. Ауру әлсіреткендіктен бе, көкейіндегі көп көмбелері өрістегі малдай бытыраңқы, андыз-андыз, шұбалаң екен. Айтпай-ақ қоюды қалады. Әр нәрсенің басын бір шалып, жадағай көсемсуді әбестік көрді. Баланы қасына шақырып, тікірейген шашынан иіскеп, қолын сипап байыз тапты. Осылайша біршама тыныстап жатты... Сәлден кейін бір сөздің ұшығын шығарып:
― Қалмаш, қаршадай болғаныңмен, қасиет зердеден кенде емессің, қарағым, -деп баланың жұмсақ алақанын уыстады. - Қарақан басың хан боп жүрсін, қам боп жүрсін, қарауылыңнан қалғытпай, жадыңнан шығармайтын шынайы бір жақсылық бар, шырағым. Ол - төрт мүшеңнің тазалығы, басыңның ауырып, балтырыңның сыздамауы. Осы жағына өте-мөте құнтты бол, балам. "Е, ұшықпен шығып кететін шаншу-шарпуды қойшы, тәйірі", -деп кезінде елең қылмаған атаңның етек басты жатысы мынау. "Сақтансаң -сақтаймын" депті. Саулығыңды жастайыңнан қадір тұт, құлыным. Қалған қызық көздің құртымен бірдей. Қысырақтың үйірсегіндей қысқа ғана ғұмыр. Ұқтың ба, ұлым?..
― Ұқтым, ата.
Бала бәлендей байыбына бара алған жоқ. Әркім қышыған жерін сипағыш. Жанына батқан науқасының нобайын топшылағаны ғой деп қана түйсінді.
Жас баланың бойлауық сүңги алмайтын тұңғиықтан дәм татуға әлі де әлжуаз екенін шал пақыр да пайымдаған болатын. Шымбайына батқан сырқаттың сұрауына жауап іздеген парызын айтпақшы ниеті еді. Онысы ұрымтал жерден шықпады. Оны өзі де жақсы түсінді. Сондықтан да орынсыз ой қазбалай беруді бекершілік санады. "Уыздай пендеге уақтысы піспеген жай-жапсарды құр төпелей тықпыштаудың қажеті бар ма? Заманы түзу бала ғой, менің мылжымамсыз-ақ мақсат-мұратын құрықтап алатын кезеңі туар..."
Ол әңгіме ырғағын басқа арнаға бұрып әкетті:
― Бүгін қай күн осы?
― Сәрсенбі, ата.
― Ә, сәтті күн екен ғой...
Ол қай күні төсек тартқанын есептеп көріп еді, есіне түсіре алмады. Бірде кеше ғана жығылғандай, енді бірде есепсіз мезгіл өткендей елес шайқалды. Сондықтан да санауын тоқтатып, баланың саусақтарын сипалай түсті.
― Ертеңгі оқуыңа үлгересің ғой, әке?
― Үлгеремін.
― Оқуыңнан қалма, қарағым. Ұстазыңның айтқанын тыңда. Бұрынғы кезде оқыған шәкіртті "еті сенікі, сүйегі менікі" деп тапсырушы еді. Енді ғой қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманның туғаны. Барлығы да су тегін...
Бала үндеген жоқ. "Қой үстіне бозторғай қалай жұмыртқалайды? Арқасынан аунап түсіп қалмай ма? - деп ойлаған-ды. - Үлкендер де қызық. Кейде түсініксіз нәрселерді термелей жөнеледі..."
― Бара салысымен жөн-жағдайыңды айтып хат жаз. Шоқпардағы почташы Сұртай атаңды білесің ғой. Соның атына жолдасаң, жеткізіп береді.
― Жарайды, ата, бара сап жіберемін.
Қалмаш қуанып кетті. Хат жазып тұруды бұрын қалай құнт қылмаған!..
― Сұртай көкемнің аты-жөні кім еді?
― Сол шіркін арғы атасынан жазылушы ма еді, жоқ, өз әкесінен жазылушы ма еді..? Бөкеев десең, қолдарына тиеді. Солай деп жаза бер.
Бала бұл кісінің де аты-жөнін сұрап алуға оқталып тұрып, бата алмады. Біртүрлі ұят секілді көрінді. Осыншама ет бауыр жақын жүріп, жөн-жосығын білмеу бетіне салық сияқтанды. "Мейлі, ауылдағылардан-ақ сұрап алармын..."
― Балам, поезың қашан еді?
― Поезд көп қой, ата. Кез келген товарныйға мініп кетемін.
― Байқа, милисалары мазалап жүрмесін.
― Ештеңе етпейді, өне бойы-ақ сөйтеміз ғой.
Шал шаршаңқырап қалған сияқты. Дауысы да бұрынғысынан пәс, жарықшақтана шықты. "Қайтсін, көп сөйлеп қойды ма, мұндайда тыныш жатқан тиімді деуші еді. Әлсіз ғой әлі".
Қалмаш орнынан тұрып, оны-пұныларды реттемекші болды. Ыдыс-аяқты жинап, шалдың ішіп-жейтіндерін әзірлеп кетуі керек. Бір-екі күнге жетерліктей даярласа, қызы да келіп қалар. Оған дейін өз аяғына өзі келуі де ықтимал. Қазіргі кейпі жаман емес қой...
Шал қозғалақтаған қыбыр-қимылды байқады білем, басын бұрыңқырап балаға қарады.
― Жүрдің бе, әке?
― Жоқ, әлі ерте ғой. Үйдің ішін жинап қояйын деп...
Ол жүрелеп отырардай аунап түсіп, қырымен жатты.
― Бұл асай-мүсейдің жинайтын қай сәні бар. Ана дүрбіні бері әперші.
Бала қобдиша қорапты қолына ұстатты.
― Міне, балам, мынаны менің көзімдей көріп жүр. Саған сыйладым, батыр.
Баланы сәл ыңғайсыздық тепті. "Өзіне керек дүние ғой, мұнсыз қалай аң ауламақ?"
― Өзіңіз ше, ата?
― Мен бе?..
Ол: "Қанден ит қалпына келгеннен кейін қарғы баудың қажеті не?" - деп айта жаздап, қайта тартынды. Баланың көңілі шошынар деп қауіп қылды.
― Мен бе, мен бұл қызталақты аз арқалағам жоқ. Енді сен серік қыл. Сыйға тартқан нәрсені бұл қалай деп сұраушы ма еді? Қалдырмай, алып кет.
Шал алғашында мылтығын табыс етуді ойлаған болатын. "Бала неме, жазым ғып ала ма", -деп жүрегі дауаламады. Әйтпесе, бәсіре ескерткішке соны лайық көрген-ді.
― Қалай, ұнай ма, балам?
― Ұнайды, ата...
Баланың іші тіксініп, суық хабардың ызғары шарпығандай бүктелсе де, қабыл алмаудың қисынын таппады. Қайта, мүгедек көңілге қобалжу кіргізуі мүмкін: "Ә, бұ қу бала өліктің мүлкіне қол сұққандай тітіркеніп отыр-ау!" - деп. Қалай екені белгісіз, баланың бойын осындай күдік сұққылап өтті. Сондықтан да сәл саябыр қылмастан сөмкені мойнына асынды.
― Рақмет, ата! Мен мұны өмірбақи жоғалтпаймын. Кейін, каникулға келгенде, аңға бірге алып шығамыз.
― Айналайын баласынан. Атасының ағы мен қарасы ғой бұл!..
Бала еңкейіп келіп, шалдың көзінен, маңдайынан сүйді. Қазаның табындай сүлдерлі сүйек бой мұздатар салқын екен!.. Сонда да бетін басып, мойнынан, алқымынан аймалады.
Шал басын алып қашқандай көне көпшіктің астына бұғынды. Шыңыраудың түбіндегі сарқындыдай ең соңғы жасына булыққан еді.
***
Күн ұлы сәскеден ауды. Көлеңкелер қолтығына тығылып, мойындарын ішіне сұққандай, қысқара түсті. Үп еткен леп жоқ еді... Есіктің көзіне дейін қыдырып өскен раңның реңі тұп-тұнық. Бояуы сыртына төгілердей теп-тегіс жалқын жасыл. Қазан-ошақтың қасына келіп, құлақтарын қалқита қарайтын жаутаң көз гүлдер бар. Кейбіреулері ескі қораның ішіне кіріп кетердей кимелеп, шоғырлана ентелеп апты. Қуып берсең, тұра қашардай имене бас шұлғып, жаутаңдана иіскеленеді... Бала жүріп кетуге әлі де асыққан жоқ. Кешке дейін қайда әлі. Түннің бір уағында жетсе де шапанын ешкім шешіп алмас. Қайта, күндіз көрінгеннің көзіне түрткі болғаннан гөрі сонысы лайық. Әйтпесе, аспаннан тоқаш жауғандай: "Ойбай, Қалмашты қара! Әне-міне... ана кетіп барады. Қашқынның өзі келіпті", - деп шұрқырап кеп берер.
Баланы Бозқарағанның бойындағы биік тастар тартты. Атасы екеуі өткен жазда ғана аң аулаған ыстық мекен еді. Онда мына Майлыаяқтың олпы-солпы, қарнымен жер сызған күшік кезі - ілесуге жарамай, үйде қалған. Қосуға алғандары қабандай қара төбет. Құр әупілдеген сарт мәзіреті болмаса, аңға салуға септігі шамалы. Анда-санда солқылдап үрген кезінде ішіндегі желін ұстай алмай, адамның қытығына тиеді. Атасы: "Отыз тоғызыншы жылғы күшік еді", - деп отыратын. Сол бейшара өле-өлгенше өңкиген, сұсты тұлғасын жоғалтпай кетті. Осы кейінгі қыста ғана қайтыс болыпты.
Бала мен ит бергі өзектің ішінде қалды. Шал арғы қиын тау басына шығып, дабыл қақпақшы. "Түлкі қашады" деп шамалаған болатын. Қалмаштың қолына алғаш мылтық ұстағаны да сол жолы. Атасы жалғыз ауыз 28-ді оқтап беріп:
― Балам, тура осы арадан күт. Жаныңнан жақындап өткенде ғана ат. Абай бол, айналайын, - деп ары қарай шоқыта жөнелген-ді.
Қалмаштың жүрегі тарсылдап, тасада қалқаланып отырды. Көк жал итті мойнынан ұстап, костюмінің етегімен тұмшалап алған. Алжыған кәрінің құры босқа әупілдеп, көпе-көрнеу кедергі жасауы кәміл. Төбет деген аруағына бола қастарына ерткені болмаса, қырағылық, қауып түсер қауқардан қалғалы қашан... Бұлар көп күткен жоқ. Таудың басынан төмен қарай құлдилай қалқыған бір қараны көздері шалды. Бала ә дегенде қарақұс екен деп қалып еді. Тау-тасты салдыр-гүлдір еткізіп, тұп-тура бұлардың өкпе тұсына келіп қалт тұра қалғанда барып, оқыра тиіп, көздері шатынаған тапалтақ бұзаудан аумады. Қалмаштың лайдай семіз тау бөкенінің әбден тойынған кезінде осындай қызыл күрең түске енетінінен хабары жоқ-тын. Қос қолтығымен ентігіп, сәл саябыр тартқан тағыны көздеместен атып салды. Мылтық дауысы гүрс еткенімен, жұмсақ жерге жабысқандай былқ ете түсті. Жыра-сайды басына көтеріп, құлақ жарған жоқ. Әлгі жануар жан ұшыра шапшып, торт аяғы әр жерден бір тиіп, жосыта жөнелді. Қанат байлағандай құлдырап орғыды. Құдай біледі, әрбір секіргені сегіз-тоғыз метрден асады-ау!
Ішіндегі желін бір-екі рет босатып алып ит те ұмтылды, бала да ұмтылды. Екеуі де арсалаңдап келесі төбешікке ілінгенде, оқтай ұшқан жануар көз ұшында бұлдырап бара жатыр екен. Баланың бір байқағаны: бөкеннің сусып өткен іздеріндегі боз жусан бастары шашыраңқы қанға боялыпты.
Ол айқайға басты:
― Ата, мен аттым, тигіздім! Мына қанды қараңыз...
Бүрлібек шал аттың сар желісімен төмен түсіп келе жатқан еді.
― Тигені рас. Бірақ бұл бізге дәл бүгін ұстатпайды. Жанды жерінен қадалған жоқ. Әбден қансырап барып қулайтын болды, жануар.
― Ата, келіңіз, қуайықшы!..
― Әуре болма, балам. Бұл бүгін жығылмайды. Көрдің бе, жайдақпен кетті. Бөкен атаулының серті солай. Өрге өлсе де баспайды. Алды ашық, алаңқай тегіспен қашады. Тері алынбаған атқа жеткізу қайда.
Баланың іші ашыды. Дәл тигізе алмағанына бір өкінсе, "қансырап барып жан тапсырады" дегені қабырғасын қайыстырды. Сол түні жөнді ұйықтай алған жоқ. Расында да, ертеңіне. атасы айтып келді: сонау Соғанды тауының бөктеріндегі бір ауылдың астына барып қулаған екен. Қойшының иттері жеп кетіпті. Қалай екені өзіне де беймәлім, баланың сол көрініске күні бүгінге дейін жаны ауырады...
Ол Бозқараған баурайына бару ниетінен қайтты. Күнәсіз бөкеннің жан ұшыра қашқан кейпі көз алдынан кес-кестеп, орнынан түрегелердей. "Жазығым не еді? Кінәмді айтшы? Біреудің ала жібін аттап па едім?.." Баланың бауыр еті елжіреді. Жанары жасаурағандай кейін бұрылып, ауылдың арғы тұсына көз тікті. Әлденендей өкпе-наздан сілкіне алмағандай алаң сезім баураған еді. Қыстаудың о беті оттай жанған итмұрын. Арасынан адам әзер жүретін шиешабақ, тобылғы өседі. Апандай ұялары көп, үңгірлі түсе беріс. Көбіне көп борсықтың мекені. Бөріктей андыздап, өріске жайылып шыққанын талай көрген. Қажет кезінде атасы қақпан құрып немесе атпен бастырмалатып ұрып алатын. Бықпырт тигендей бейберекет қырып аулауға жаны қас. "Бұ да Алла Тағаланың жаратқан пендесі ғой, бекер обалына қалу шариғаттың жолына жат", - деп әлдебіреулерге кіжіне зекитіні бар.
Басқа жұрттан пайдалану тәсілі де бөлек. Терісінен тазартып алғаннан кейін, жалаңаш күйінде күнге қақтап, төмен қарата іліп қояды. Тамшылап жиналған таза майға сарымсақ пен кекілік отының гүлі араластырылады.. Сәл суық тиіп, денесі құрыстанса, шикідей жылытып ішетін қалжалы шипасы осы. "Әй, елдікі жай әурешілік қой, шыжғырған майдың шырынында емі қалушы ма еді?" - деп отыратын. Атасының үнемі нарттай қызарған қайратты келбетін бала осының киесі шығар деп ойлайтын-ды. Бірақ өзі беттеген емес. Мүңкіген иісі жүрегін айнытады. Қайта, кейін-кейін ептеп ауыз тиетін болды.
Баланың ендігі ойы - бір борсық соғудың сәті түссе, атасына айнытпай сол емді жасап беру. Рас, үйде де жоқ емес.
Сүрдің аты - сүр, буы бұрқыраған жас дәмдей қайдан болсын. Мүмкін, ыстық ұрттаса, орнынан көтеріліп те кетер...
Ол Майлыаяқты кә-кәкелеп қасына шақырды. Иттің қоңы түспеген. Иесі жоқтай бұралқы емес. Бүйірі дөңгеленген, тың. Бірақ балаға күшік кезінде үйреніскен ойыншыл, қалжыңбас мінезі қалыпты. Қанталаған көздерінде ұстамды салқындық бар. Тіпті шау тартып, шабандыққа мойын ұсынғандай. Қалмашқа қарағанда балалық базары ерте тарағандай, ересектік аңғарылады. Шалдың тұра алмай жатқанын іші сезді ме, бағана ертеңгісін разъезге бірге еріп барудан бас тартты. Бір белге дейін ілесті де, артына қарайлап, қайта оралды... Қазіргі мән-жайды да оңай ұқты. Қалмаштың қолын шошайта бағыт сілтеген жағына қарай ағып өтіп, ары-бері із кескендей алдын орағытады... Түп-түп жусанның түбінен саршұнақ қашты. Жотасы бүкірейіп, домалана иіліп, дөңгелене зытты. Алыстан көзі шалып келе жатқан болса керек, Майлыаяқ бүйірінен қосылып, ініне жеткізбестен тарпа бас салды. Ары-бері сілкілеп ісін тындырғаннан кейін, тістелеп ап, тасаға әкетті. Ит емес пе, тапқан олжасын Қалмаштан қызғанған тәрізді...
Жықпыл тастақ жырадан үш-төрт кекілік жорғалап өтті. Бұлардың бір әдеті - бірден пар етіп көтеріліп кетпейді. Жермен жексен жүгірген бойы жер бауырлай ұшады. Тіпті жанына жеткенге дейін бір боздың түбіне жасырынып, бұғынып қалатындары бар. Сауысқаннан сақ, әккілігі басым. Топ бытыраның өзі әзер түсіреді.
Бала мылтықты алған жоқ болатын. Бұл үйден шыққанда атасы көзі ілінгендей тыныстап жатқан. Сұраусыз сұғынуды ізетсіздік санады. Қаруы болғанда, кәдімгідей артына түсері айқын еді. Дегенмен, қазір бұлардың сорпасының татымсыз кезі. Жұмыртқалап жүрген шағы. Күзгі суықтан кейінгі дәмі ғой тіл үйіретін...
Балақты көденің арасынан көкпеңбек алаңқайлар ұшырыса берді. Қолмен кестелеп қалдырғандай теп-тегіс жұмсақ төсеніш. Қанша аунасаң да құмарың қанбастай. Өзіне еріксіз қарайлатар кәмпиті бардай балауса көгал. Топтанып кеп, доп қуалар ма еді? Мұндай мақпал майсаның мектеп маңайында жоқтығы өкінішті-ақ. Әйтпесе, әшейін кеп аунап-қунап, бой жазудың өзі қаншама қуаныш!
Баланың ет жүрегін тағы бір түсініксіз иірім толқыны шымшылап өтті. Осыншама тереңнен түркілеп, ауық-ауық аунап түсетін тепкі тілін бала бүгінге дейін ұғына алмайды. Қолынан келері қалтыраған демін басып, уақ дірілді сұққылаудың тыз-тыздап таралуын күту. Әлде бұл, анда-санда айналып соғып, алыстан ымдайтын белгісіз сапардың беймаза шақыруы ма екен? Баланың бойынан өксік араласқандай еркінен тыс күрсініс білінді.
Осы кезде еңіске құлай берістегі шеңгел ішінен бір нәрсе қараң ете қалды. Бойы мен ені бірдей боп, ебедейсіз бүкеңдей жөнелгенде-ақ борсық екенін аңғару қиын емес еді. Бала бар даусымен айғайға салды:
― О-ай, Майлыаяқ, айтақ, айтақ!..
Әлгіндегі үлбірмелі, үгілме сезімнен уыстай ылпа қалған жоқ. Қайдағы бір құмарлық құлшынысы ойнақшып шыға келді. Тамағы жыртылардай өзеурей дауыстап, бар пәрменімен ылдилай жүгірді. Аяғы түбірлерге сүрініп, бір-екі рет мұрттай ұша да жаздады.
― Айтақ, Майлыаяқ, айтақ!..
Иттің де көзі шалған екен. Жылға басындағы құрақ бойынан жұлқына шығып, заулаған күйінде бір тартып кетті. Бөксе жағы бұлғаң етіп, қисая жаздағанымен, құлаған жоқ. Томпаңдай домаланып, төменді бетке алды. Ит қайта айналып, қаға-маға шарпыса түсті. Бәкене бойына қарамастан, борсықтың алдыратын сұрқы жоқ. Бар денесімен бұрыла салып, тап-тап беріп, айбат шегеді. Ит жуан жотасынан жабысып, ары-бері сілкілеп, лақтырмақшы болды. Бірақ оңай олжаның иесі бұл емес екен. Ит үстін-үстін талап, тұмсығымен алқымына жеткенше, анау астында жатып-ақ, құлақ шекеден жармасты. Апай-топай арпалыс енді басталды. Ит арс етіп, босанбақшы болып еді, борсықтың жағы қарысып қалған ба, қалт жіберместен, етпеттетіп әкетті. Бала ентігіп жеткенше, борсық иттің үстіне шығып үлгерген еді. Қапелімде, сасқалақтап қалған ол, көзіне түскен бір тасты көтеріп алып, періп кеп жіберді. Тас борсықты емес, итті осып өтті. Осыны пайдаланған борсық тісін ажырата сап, тұра ұмтылды. Баланың жүрегі тас төбесіне шықты! Бұған қарсы шапқан екен деп қалып еді. Айнала қорсылдап, әудем жердегі апан інге сүңгіді де кетті. Ит арсылдай түрегеліп, тұра жүгіргенімен, бұрынғы екпіні жоқ болатын. Апандай үңгірге қоса кіруге беттей алмады. Тауы шағылған секілді. Өлердей ашумен қыңсылап, сыртта тұрып жер тарпыды. Басы-көзінен де сау тамтық қалмаған екен. Құлағы мен езуі жырым-жырым. Шекесінің бір жағына қара қан ұйысыпты. Құлағының түбін құйқасымен ойып түссе керек.
Баланы қапалық қысты. Иттің бетіне қарай алмастай қапалық! Көйлегін жыртып жіберіп, иттің дірдектеп аққан қанын әзер-әзер тыйған болды. Екеуінің сырт тұлғасы мысық пен тышқан тәріздес болғанымен, жан беру оңай тірлік емес екен.
...Бала көпке дейін басыла алмады. Итті сүйрегендей етіп алып келген қылығына налыды. Борсықтың дүлей күшіне таңырқады. Ол ертерек жүріп кетуге асықты. Мынандай қиянаттан қашып құтылудың жолы сол ғана сияқтанды...
***
Бекет басы басыңқы, жым-жырт. Көңілдің райын ашпайды. Бір-бірлеріне бүйірлерін сұққан бес-алты үй беті-қолы жуылмағандай жұпыны, күңгірт. Кір-қожалақ қалпын ұмсынады. Сырт адамына жылуарлығы, пейіл жақындығы кем. Атасының босағасындай бауырмал, қонақжай емес. Жат мінезді, жадау ошақтың жатырқауы басым.
Ар жағындағы аруақтар зираты да зәрлі, суық пішінді. Ауылға басып кірердей бастырмалай қаумалап алған. Бөгде жүргіншіні жақтырмайтын тәрізді... Бергі, адамдар отырған үйлерге қарағанда, олардың мысы басымдау, паң. Хан шатырындай ақ күмбездердің кеудесі көтеріңкі, маңғаз. Көзге қораш дегені - кірпіштен өрілген құлақты қорғандар. Ал тірілерінің от бастары солардың басыбайлы құлдарындай қаралаш-торалаш. Қолжаулық кіріптарындай кескінсіз, кемтар. Сонысына қарамастан, іргелері монша, дүкен, почтамен жапсарлас. Жаңаға жамау жапсырғандай көпе-кернеу қораш көрініс. Ана бір жапырайған кепенің маңдайшасына "касса" деп аспандата жазып қойыпты...
Алыстан ақырын ирелеңдеп бір жүк поезы тоқтады. Дөңгелектердің күйік иісі мұрынды жарды. Келе сала көз іліндірердей, сақұр-сұқырын саябырлатып, ілбіген тыныштыққа оранды. Аз да болса арқасын босатып, мызғып алардай... Баланың мініп кетуге зауқы соқпады. Шынын айтқанда, мойны жар берген жоқ. "Күн әлі де ерте ғой. Бұрын барғанда, не жеймін. Бір топалаңның әзір тұрғаны ақиқат. Қайырымсыз құрық бауынан құтыла алмайды. Оған асығудың қажеті не? Ең болмаса, бір-екеуін өткізіп салайын. Ымырт үйірілгенде-ақ үлгерермін..."
Әлгі поезд бастан-аяқ желін босатып, жүруге ыңғайланды. Бостан-бос тоқтағанына бала біраз таңырқап тұрды. Мұндайда алдынан қарсы поезд жолығушы еді. Бұл жолы өткен жоқ. Жүрісінен жаңылысқандай бірін бірі оятып алып, ауыр денелерін асығыс итеріскен ұзын состав, әне-міне дегенше бойын қыздырып, екпіндей жөнелді... Осы кезде баланың жүрегі жарылып кете жаздады: атасының сыйға тартқан дүрбісі үйінде қалып қойыпты! Қалайша ұмытқан? Иттің әуресімен жүргенде есінен тарс шығып кеткені ғой.
Бала қуанышын жасыра алмады. Жаңа ғана жиіркене қараған қоңырқай ауыл анау айтқандай құбыжық емес екен, бір-бірлеріне құшағын төсеген бейкүнә ұя. Өзімен өзі, ұрыс-керіссіз тірлігін түтеткен таса бұрыш, тату отырықшы. "Сен тимесең, мен тименің" момақан мекені. Рас, қараң-құраң үйлері ақ бәтестей су жаңа емес шығар. Оның несі айып? Түнделетіп өткенде тәтті қиялдай оттарын қоздатып, елп етер елжіреме жарығымен қол бұлғап қалатын, жақсы ниетті, қимас босағаның бірі емес пе! Одыраңдайтындай баланың көкірегінен итеріп, кеудесінен қаққан жоқ қой. Кеше келгенде қойныңдағының бәрін жайып сап, меймандос көңілмен қарсы алды. Қазір қайсыбірінің табалдырығын аттап көрші:
― Кел, кел, айналайын. Жоғары шық. Кімнің кішкентайы едің? - деп епелек қақсын. Тіпті өрен-жараныңа дейін қазбалап сұрап:
― Ә, біздің пәленшенің түгеншесі екенсің ғой, - деп іші бауырына тартып, айналып-толғануы анық.
Әй, алғашқы әсердің алдамшысы-ай!..
Баланың жүрегін мейірім баурады. Ыстық ошаққа қайтып оралудың қуанышынан туған лепіру еді. Мүмкін, тағы бір түнеудің қисыны келер. Бағана, үйден шығарында, атасымен жөндеп те қоштасқан жоқ болатын. Қайта барып еді, терең ұйқы құшағында екен. Оятуға қимады. Көптен ілінбеген көз шырымынан қаймықты.
― Аман бол, ата. Көріскенше күн жақсы... - деп ішінен күбірлей шығып кеткен-ді. Енді, міне, "сабақты ине сәтімен" демекші, қайта қауышудың да ауылы қашық емес сияқты...
Бала бұл сапарында жұмсақ бөлкені өкіртті. Кешегінің қорлығы өтіп кетсе керек, жеті-сегіз бөлегін бір-ақ көтерді. Бір килодай қышқыл конфетті және оратқызды. Қанша сорсаң да таусылуы аз, таңдайға жабысқыш көкшіл тәтті. Қаужаң-қаужаңға жақсы. Мүмкін, атасының қажетіне жарап қалар. Төсек тартып, сарылған адамға бір ермек керек қой, әйтеуір...
Ирелеңдеген көк сүрлеудің өзі сүйреп әкелгендей лез аралығында-ақ жетіп келді. Майлыаяқ құйрығын бұлаңдатып есіктің көзінен қарсы алды. Бұрынғысынша жұлқына жүгіріп, арсалаңдаған жоқ. Мәнісі жығыңқы сияқты. Бағанағысынан бетер күп болып ісініп кеткен. Бір көзі сол қалпымен жарамай қалса керек. Желімдеп қойғандай, сәл-пәл ғана жылтырайды.
Қалмаш бір бөлкені тұтасымен алдына тастады да, бірден есікке беттеді. "Балам, нанның бір түйірін жерге түсірме, обалы қатты", - деп отырушы еді атасы. Бала онысын біле тұра әдейі істеді. "Әбден тойынсын, атасының өзі айтқанындай, бұл да жазмыштың бір пендесі ғой. Обал-сауабы өзіме". Бала бұл әрекетін ит алдында жасаған қиянатының бір өтеуі деп түйген-ді.
Ол үйге кіргенде науқас кісі сол күйінде жатыр екен. Дабыр-дұбырды естімеді. Жақ ұрттары суала түскендей сұп-сұр шөгіңкі. Шүңгек көздерінің жұмулы жатқанын жұмусыз жатқанын ажырату қиын. Сұйық кірпіктерінің арасы алшақтау.
― Ата, мен ғой. Қайтып келдім. Дүрбіңізді ұмытып кетіппін.
Шал таныған жоқ. Болар-болмас қимылдағанымен, қатып-семген кейіпіне оянған өзгеріс кірмеді. Әл үстінде жатқаны айқын еді.
Қалмаштың тамағын жас булықтырды. Осындай науқасты жапа-жалғыз қалдырып кеткеніне күйінді. Көпе-көрнеу сонысына кешірім жасай алмады. "Қайтіп қана көзім қиды. Өртеніп бара жатқан дүние жоқ қой. Мен қайтпағанда, күні не болар еді?.."
Ол шешініп жіберіп, шалдың қасына жүрелей отырды. Қолынан, бетінен ұстап көрді. Еттен арыған шеке сүйегінен шып-шыптап қан тамыры бүлкілдейді. Ары-бері қозғалтып, аударыстырып байқап еді, өзіне өзі келіп көзін ашуға мұршасы жетпеді.
Бала бұрқылдатып шай қайнатты. Борсықтың майын ерітіп, бар денесін теп-тегіс сылап, ысқылап шықты. Мүмкін, осының бір септігі тиер. Сау кезіндегі бәсіре бабы осы еді ғой. Аузына тигізіп еді, тістері қарысқандай, қабылдаған жоқ. Ас пен су ем болудан қалған сияқты...
Бала әр түрлі ойға шомды. "Егер осыдан есіне келмей, жантәсілім етсе, не істемекпін? Ауыл арасының мойны да қашық. Қазасын күтіп, иманын айтар ешкім жоқ. Арам қатты деген осы да..."
"Жә, мен не мылжыңдап отырмын. Ескі науқасының қайталап қалғаны шығар. Әбден уыты қайтқаннан кейін есіне келмегенде қайда барады? Аурудың аты ауру: батпандап кіріп, мысқалдап шығады. Жағыма жылан жұмыртқалағандай қайдағыны көкуім ненің ақысы?.."
"Бұ мыжырық шалың мың жасайтындай сайтан боп кетіп пе? Өлім деген айқайлап келуші ме еді? Әбден титықтап, қан-сөлден арылған сұрқы мынау. Тұрып кетсе, кешеден бері өзіне өзі қастық қып жатыр деймісің? Жанның шығуы осылай, батыр. Енді бір күннен кейін бе, одан ертерек пе, атаңмен де қош айтысасың. Әуминіңді әзірлей бер..."
"Тарт тіліңді! Қайдағы жоқты далбасалап, не басыңа күн туды? Жығылған екен, жарты күн жата ма, жарты ай жата ма, орнынан көтеріліп кетуі айқын. Бал ашқандай несіне дабыра қылып отырсың. Алты ай бойы төсек тартып, "әне кетеді, міне кетеді" деп ел-жұртты мезі еткен Алтайдың Шонжысы да жүр ғой қақшаңдап. Қазір басын қақшитып, өлген-жіткеннің бір жаназасын құр жіберіп көрді ме екен? Киім үшін қырық пышақ төбелес салғаны есіңде жоқ па. Әлі де қылшылдаған жігіттен бір кемдігі жоқ. Бетінен қаны тамып тұр. Біреу кетсе, сол шейіт болар еді..."
"Әр нәрсенің орны бар, балам. Оныкі жәй ет пен тері арасындағы арам тер болатын. Шойырылып жатты да, тұрып кетті. Ал атаңның кейпіне көз қиығыңды бір салып көрші. Сұрқы қандай қорқынышты. Жамап-жасқап қойған, әупіріммен ұстайтын ет пен сүйек секілді. Осыдан мал шығады деп отырған сенің де балалығың қалмайды-ау, шырағым. Одан да, осындай аман-сау қалпында жігіттерше қош айтысып, қайырласып қал. Бұл қалпымен көпке бармайды, Қалмаш".
"Тіліңе шоқ, иттің нәлеті! Сексеннен асып селкілдеп, сегіз жылдан бері жатқан Қалдыбайды қайда қоясың? "Ертең қайтады, бүгін қайтады" деп дүние мүлкін даярлағаны қай заман. Соның жаны менің атамдікінен сірі болып па? Рас, әзірше науқас қысып жатыр. Бүгін көтерілмесе, ертең тұрып кетеді. Ол құсаған бөксесі шірінді сал емес қой бұ кісі. Қашанғы қиналар дейсің. Жоқ пәлені айтып, адамның жүрегін ұшыратынын қарашы бұл зәлімнің..."
"Әй, Қалмаш-ай, сен әлі уыздай баласың. Он екіде бір гүлің ашылған жоқ. Қалдыбай мен мына шалды салыстырғаның қай сасқаның. Біздің ауылға күйеу болғаннан кейін тілім ащы: ол қу құлқы өмір бақи қолына кетпен көтеріп көрді ме екен. Ішкені - алдында, ішпегені - артында. Қағанағы қарық сағанағы сарық, төрт құбыласы түгел шал. Кешегі сұрапыл соғыста дәрінің иісі мұрнына келген жоқ. Елдің тапқан-таянғанына бөгіп, шалқайды да жүрді. Жілігінің майы бүтін ғой. Ал сенің мына пақыр атаң жоқшылық пен қорлықтан басқа не пұшпаққа қолы жетті. Құдай басқа салмасын, осы бір өткерген өмірінің ішінде жылт еткен бір сәулелі дәурені болды ма екен? Қайта, қиналмай қайтқанына шүкіршілік ет. Барса, бар мен жоқты теңейтін жұмағына бара жатыр. Қиналма, қалқам..."
"Не оттап отырсың? Дәл сол Қалдыбайыңның кешкен өмірі менің атамдікінен мұратты болса, мына мұрнымды шұнтитып кесіп берейін. Асып-тасып төгілмегені рас шығар. Соқа басты өмір сүргені де шын. Сонда төбедей төрт ұлынан жамандығынан, жасықтығынан айрылды ма? Ездігінен құрбандыққа шалып па! Қайтіп қана аузың қисаймай айтып отырсың! Кешегі қан кешуге бұл кісінің жеке басы жерік болып па екен? Төрт жылғы топалаңда жанын шүберекке түйіп, желіккенінен қан кешті деймісің? Керек десең, бұл кісідей қасірет шегіп, қылпыдай қиянат қылмаған жанның иманы пейіштің төріне ілінер..."
"Оның рас, Қалмаш. Сен бірақ бар мен жоқтың парқын айыра алмадың. Бұл кісінің дәурені жалынышта өтті. Мен сондықтан да саулығының көпке созылмайтынын айтып отырмын. Пейіш дегенің - осы кісінің жолы екені ақиқат. Сонысына бола жарық дүниенің дәмін татып жатқан шығар. Жаман айтпай жақсы жоқ істің ақырына әзірлен..."
"Әй, аңқау балам-ай! Сонда бұл атаңды жердің құрты қылмақшымысың? Әр нәрсе уақтысына орай. Уақтысы соққан сапарға көлденең тұрып көрші, кәне. Менің пайымдауымша, көп жарығы қалған жоқ. Осыны қалайша көрмей отырсың?.."
Бала сәл жеңілейін деді:
"Шынында да, тұрмай қойса қайтем? Сонда мен не істемекпін?.."
"Жә, шамалы сабыр ет. "Сабыр түбі - сары алтын" деген. Азғана азабына шыдай алмайсың ба?.."
"Әрине, шыдаймын. Маған тіпті оқудың да қажеті жоқ. Осы кісі аяғынан тік тұрса - сол қуаныш".
"Бәрі де өз кезегімен, балам, сабыр етші".
"Ал егер қайтыс боп кетсе ше?"
"Қорықпа, атаң өлмейді". "Ал егер қайтыс болса ше!"
"Айттым ғой сауығады деп. Мұндай адамдардың өлуі мүмкін емес..."
"Әрине, солай. Мен де қосыламын. Ал егер қайтыс боп кетсе ше?.."
Шал екінші таңда барып көзін ашты. Азғана мызғып алғандай жан-жағына қарады. Көзінің қанталағаны болмаса, шүкіршілік, дәрменсіз емес.
― Ауызғы үйде ештеңе қараймай ма, Қалмаш?
― Жоқ, ата, ештеңе жоқ.
― Қайдам, қарасы батқыр, солай тығылғандай болып еді.
Шал шатасып оянған еді. Жығылғалы бері үйреншікті қаншық қасқыр қыр соңынан қалған жоқ. Ең алғаш, итиген қалпымен босағадан орын алды. Содан сілекейі шұбырып, бір кетсінші! Бұл көзін жұмайын десе, бір елі аттап, жақындай түседі. Ақыры қойнына араласты. Ешқандай қатер қылмағанымен, үстіндегі көрпесін бірге оранып, көкірегі шуылдап жатты да қойды. Шал тұрайын десе, кеудесінен басып, мұрша бермейді. Арық мойнын аурудың қолтығына беріп, тырп дегізбестен бастырмалап алды. Бекер обалы қайсы, ешқандай қиянатқа барған жоқ. Шалдың басын көтертпей, қанжылым денесімен булықтырды да жатты. Рас, оянарының аз алдында, науқастың майлы құйрығын жалаңаштап, әлсіз тістерін бастырмақшы болды. Шал зекігендей қатуланып, аяғымен итеріп жіберіп, көзін ашқан еді... Жанында Қалмаш отыр екен. Бұл жайында ләм деп тіс жармады. Баланы шошытпайын деген қамқорлығы болатын.
― Әлі де қайтпағанбысың?
Бала көз жасын төгіп-төгіп жіберді:
― Сіз сырқаттанып қалдыңыз, ата. Қатты ауырдыңыз. Мен қасыңыздан кеткенім жоқ.
― Мейлі, бүгін өзім шығарып саламын. Маған қазір бір ыстық шәй ұрттатшы.
Бала қалбалақтап орнынан түрегелді. Шалдың құлақ шуылы басылмаған екен. Бірақ біршама мерзім өткеніне илана алған жоқ. Төсекке басы жаңа ғана тигендей.
― Бүгін сонда қаншасы, балам?
Бір күнді шегеріп айтты:
― Жұма ғой, ата.
Шалдың орнынан тұрарына күмәні болған жоқ. Ыстық бірдеме қаужаңдаса, сергитін сияқты.
Баланың қуанышы қойнына сыймай жүр. Жеңіл әңгімемен атасын алдаусыратуға кірісті.
― Біз борсыққа бардық, ата. Ит өліп қала жаздады. Әрең-әрең ажыраттым.
― Қайта, ол найсаптың жарып кетпегенін айт. Тіпті жарау айғырлардың тірсегін қиып жіберетіндері болады. Ұрған сайын семіретін сұмпайы ғой ол.
― Жаман дүлей болады екен.
― Ұстадыңдар ма?
― Ініне кіріп кетті. Майлыаяқ екеуі әбден арпалысты.
― Кеңсірігін бұзып, миын түсіріп жібермесе, кене шаққандай көрмейді, ол құрғыр. Қайта, аман қалған екенсіңдер.
― Быттиып алып, бой беретін емес.
― Әлгі қыздан хабар жоқ қой?
― Әлі жоқ, ата.
― Әй, қайдан болсын.
Он сегіз он тоғыз жастағы шамасы ма екен, осы атасының қолында біраз күн тұрды. Шалдың женттей жинаған қорларының біразын со жолы алып кетті. Аузынан ана сүті кеппеген әлі де уыздай бала ғой. Сондағы істеген тірлігіне атасы қорланып, кәдімгідей жасып қалды.
Мына маңайдың шөбін жинауға бір тракторшы бала келді. Өзі де бір жұмысы өнбейтін, жалқау неме екен. Бір күн жүрсе, екі күн тұрады. Сол шіркінмен бетің бар, жүзің бар демей ыржақтассын келіп. Мына шалды алжыған біреу дей ме, жоқ замандарының шынымен шырқы кеткені ме, көзін ала бере, шөпілдесіп сүйісіп жатқаны. Тіпті әлгі текешік жұмысты қойып, үйде шолжиып жатып алатынды шығарды. Бүрлекең бірбеткей кісі ғой:
― Әй, Құдайдан сұрап алған жалғызым сен болсаң да, бар, шық үйден, - деп желкелеп жіберді. - Инедей ізеті жоқ не деген малғұн ең!
Өз зердесіне жазбаған пендеге не шара? Немере қызы енді түнді аңдитынды әдет қылды. Шалдың ұйықтағанын күтіп жатып, әбден мызғыды-ау дегенде, тракторшы баланың күркесіне қарай зып береді.
Бір күні таң аппақ атқанда арғы беттен келе жатқан немересімен ұшырасып қалды. Шал қалшылдап кеткен еді:
― Не деген көргенсіз өскен бала едің? Тұр, жоғал, бүгіннен бастап бұл босағаны басушы болма!..
― Қорықпаңыз, ата. Бақсының моласындай жалғыз үйден менің де ішім пысты. Қумасаңыз да кетемін.
― Өшір үніңді! Оңбаған, күшік неме...
Шал айтайын дегенін аяқтай алмай, әрең-әрең басылған-ды...
Өз қолын өзі кессін бе, шал оны-мұнысын беріп, кешкі поезға шығарып салды. Содан көгерген көсегесі кәні? Бесіктен белі шықпай жатып, үш-төрт еркектің есігін аттап қойды. Кейін қатыны өлген біреумен тұрмыс құрғанын естіген еді. Балаға салдырған адресі де сол болатын.
"Уһ, ар-ұяттан айрылған адамнан не үміт, не қайыр!.."
― Телеграмм жетпей жатқан ғой, келіп қалар.
― Келеді, ата, почтаның сөйтіп кешіктіретіні бар.
Шал шайға отырды.Отырған жоқ-ау, шалқақтай жатып шайнаңдай бастады.
Күні әлі сәске еді. Көлеңкелер бастарын созып, енді қайтып жиып ала алмастай, алысқа құлаған қоңыр салқын мезгіл болатын. Майлыаяқ оқыс үрді. Үріп қана қойған жоқ, өршелене әупілдеді. Қалмаш далаға жүгіріп шықты. Денесі бірден мұздап сала беріп еді. Ербиген көлеңкелері жетектеген қыр басындағы екеудің біреуі әкесі екенін таныды. Не істеу керек? Жүгіріп барып қойнына кіріп кеткені жөн бе, жоқ, осында тұрып, үн-түнсіз тосқаны мақұл ма?.. Ол қайтадан үйге оралды. Реңі боп-боз болатын.
Сырттағылар көп күттірген жоқ. Итті абалатып, ішке кіріп үлгерді.
― Ә, сен қаңғыбас, осында ма едің?
Ол балаға назар аудармады.
― Әй, кәрі төбет! Сен неге өз жөніңмен өлмейсің? Баланың басын шатып, әкеңнің құны бар еді?..
Ол тұра ұмтылмақ еді, қасындағысы ұстап қалды:
― Жә, отағасы, сәл сабыр етіңіз. Азырақ алқым басалық.
Әлгіндей зіл мына шалдың ғұмырында естімеген сөзі.
Қысылып түтіккеннен, "жоғары шығыңдар" дейтін ізетін де ұмытты. Мынандай бір аяғы жерде, бір аяғы көрде жатқанда киліккен кәрді қарашы! Бұрынғы батыр тұлғалы шағында тап болса, абақтыда шіріп өлсе де, Алласы риза, бұзау тіс қамшымен қақ бастан тартатын еді. Ендігінің емі жоқ, өлі арыстаннан тірі тышқан артық. Сүлдері шыққан сіңірлі қалпында басты...
Шал амалсыздан кешірім жасады:
― Жарқыным, былайырақ төрге шықшы. Қай бала едің?
― Мен сенің ақырғы жаныңды өңменіңнен суырып алатын алдашыңмын! Білдің бе, кәрі қақбас...
― Әй, астамдық-ай! Күйкентайдың қаршығаны тепкені осы да. Азырақ басылшы, қарағым...
Шал Қалмаштың әкесін жыға таныды.
― Мен сендей еркек шашты сиқырлы албастыны аластамай басыла алмаймын. Түн ұйқыны төрт бөліп, бебеу қақтырған бейбастағың жетті әбден!..
Ол өлмелі шалдың етегінен ұстап, сүйрей жаздады. Шырылдап кеп, аяғына оралған баласы болатын.
― Тимеңіз бұл кісіге. Атамның айыбы жоқ. Не қылсаңыз да, маған істеңіз. Мен, мен бәрін істеген.
Бала етпеттей бүк түсіп, шалды паналай жығылды.
― Мен сен итпен үйге барғаннан кейін сөйлесем. Жон теріңнен таспа тілмесем, атыма нәлет. Қазір бір тиын керегің жоқ. Менің бұйымтайым анау алжыған кәріде.
― Бұл кісі ауру, науқас. Неше күндей сіркесі су көтермей жатыр. Қажет десеңіз, мені мыж-мыж етіңіз.
Бала шырқыраған күйі басын еңкейтті. Әкесі күрзі етігімен кеудесінен теуіп кеп жіберді:
― Бүйткенше, барыңнан жоғың!..
― Ой, Құреке, осындай да оспадарлық бола ма? Қойыңыз, шаптыға бермеңіз. -Қасындағы кісі баланың әкесін құшақтап, әрірек әкетті. - Қайта, аман-сау табылғанына қуаныш қылмаймысыз.
― Мен оны қуандырамын әлі...
Шал булыққанынан әзер тіл қатты:
― Нан пісердей кеудең бар екен, ұлым. Құдай алдыңнан жарылқасын. Мынау ішіңнен шыққан ет бауырың, болашақ ұрығың емес пе еді. Соның жүрегіне дақ түсірмесең етті! Адам ғой, түге...
Бұл кезде әкесі баласын желкелеп, далаға алып шығып кеткен еді. Ата лебізін шала-шарпы, соңғы рет естігені осы. Бейкүнә босағаға қайта оралудың мүмкіндігі болған жоқ...
Істің мән-жайын егжей-тегжей түсінген тергеуші жігіт шалдың қасында қалатын болды. Мүсәпір күйінде қалдыру - кісілікке қайшы. Жақын маңайдан бір көліктің ыңғайын тауып, емханаға апармақшы. Тек, сыртқа шығып, баланың әкесіне бір тілеу айтты:
― Біз ғой жаманды-жақсылы біраз күн жолда болдық. Мен өз парызымнан құтылған сияқтымын. Балаңыз қолыңызға тиді. Бір ғана сұранарым - мына кішкентай інішектің үйдегі қайығына тимеңізші. Замандастық қалауым болсын. Осыған сөз бересіз ғой?
Баланың әкесі үндеген жоқ. Қабағын түкситіп:
― Сіздің сонда қалғаныңыз ба? ― деді.
― Иә, мына ақсақалдың шаруасын реттеймін. Азаматтық борышымыз ғой...
Әке мен бала келесі белге көтерілді. Алыстан қарағанда балаң күшікті еріксіз сүйрелеп, жетектеп әкетіп бара жатқандай көрінуші еді.
***
Бала өз төсегінде жатыр екен. Сүті себеленген айлы түн сияқты. Атасы ақбоз атқа мініп, жасыл төбенің басына шығып алып, жан-жағына көз тастап жүр... Қайдан келгенін кім білсін, Африкадан көрген арыстанының екі күшігі шалдың екі жағынан еркеленіп, ақбоз аттың аппақ жалына үлпілдек мойындарын сүйкейтін тәрізді.
Бала қанша айқайлағанымен, қайырылатын, назар аударатын сыңайлары жоқ. Ол бастырылып, сөйлеп оянды.
― Ата, аман бол, ата!...