- 31 нау. 2021 00:00
- 273
Қазақ батыры Мұқан Мұңайтпасұлына - 150 жыл
Осы жолы қазақтың атын әлемге танытқан, ерекше күш иесі, күрестің алуан түрін меңгеріп, әлем чемпионы атағына ие болған алғашқы қазақ, халқымыздың мақтанышы – Мұқан Мұңайтпасұлы жайлы сөз етеміз. 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған Мұқан Мұңайтпасұлына байланысты екі хабарламаны ұсынамыз.
Біріншісі «Балуан қазақ» деп аталған. «Осы күні Петербург, Мәскеу һәм шет патшалықтарында күресіп, жауырыны жерге тимей жүрген балуан қазақ бар, аты Мұқан Мұңайтпас ұғлы. Ақмола облысы һәм уезі, Сарытерек болысындағы қыпшақ. Жасы 30-дан жаңа асқан. Омырауы толған медаль. Күреске алып шыққанда тамашаға жиналған халыққа: «Петербург халқының сүйкімді палуаны» деп таныстырады. Өзінің лақаб аты «Мұханура». Өткен қыс Петербург, Мәскеуде «Шешенадзе» деген цирктың палуаны болып күресіп жүрген. Біздің қазақта орамал-шаршы алып жүрген балуандар болса да, бүл күнге шейін дүние аралап, атағын шығарып, қазақтың ұранын көтеріп жүрген балуан жоқ еді, Мұқан балуан бұл турада біріншілікті алды. Бес-алты жыл мұнан бұрын Мұқан да ел арасында атақты балуан болып жүрген жігіт еді, талапты, тәуекелшіл болғандықтан басқа жұрттың талапкерлері істеген іске кірісті. Қазақ баласы әр істе осындай талапты болса, ешкімнен кейін қалмас еді».
Екіншісі: «Палуан қазақ» деген атпен жарияланған. «15 нөмірде «Қазақта» аты-жөні жазылған палуан Мұқан Мұңайтпасұлы «Жұлдыз» газетасының айтуына қарағанда, былтыр Қазан шаһарында Никитин циркінде (тамашахана) күресіп 17 кісіні жыққан екен. Биыл тағы сол мырза Панай бақшасында күресіп 10 күн ішінде 13 кісіні жығып, нағыз палуандыққа қалған. 28 июньде «Әлемнің палуаны» лақабын алған Лорих деген палуанмен күреспекші. Мұқан палуан 10 күн ішінде 700 сом ақша тапқан. «Талапты ерге нұр жауар».
Бәріміз білетіндей, батыр атамыз дүниежүзінің біраз елдерін шарлап, 50-ден астам медальға ие болған. Палуанды әр жерде әрқалай атайтын: "Ямагата Муханура", "Қара Иван", "Қызыл маска", "Муханура", "Қара Мұстафа". Осылардың ішіндегі "Қара Иван" лақабын "Төрт Иван" құрамында болған кезде алса, "Қара Мұстафа" лақабымен Түркияда шығып, Шәкір-патшаның көзіне түскеннен кейін, патша палуанымызды қажылыққа баруға шақырады. Батырымыз ұсынысты қабыл алып, қажылыққа барып келген соң, Мұқан Мұңайтпасұлының есіміне "Қажы" деген киелі мәртебе қосылады.
Ахметжанова Ажар. КазНУ им. аль-Фараби. Факультет истории, археологии и этнологии