Қазақ тілін оқыту әдістемесі
Қазақ тілін оқыту әдістемесі — педагогиканың күрделі саласының бірі — дидактика тарауында қаралады. Дидактика (оқыту теориясы) гректің didaktikos — оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оқу үрдісінің заңдылықтарын, принциптерін және оқытудың тиімді әдістемелерін көрсетеді. Ал қазақ тілінен оқушыларға білім беру кезінде — оқыту әдістері жоғарыда айтылған заңдылықтар мен принциптерге негізделеді. Оқыту материалын түсінікті етіп баяндау үшін дидактиканы көп жылдан бері зерттеген дидактик ғалымдарымыздың зерттеу әдістерін үнемі басшылыққа алып отыру керек. Қазақ тілін оқытуда окушыларға тиянақты, сапалы да, саналы білім беру — мұғалімнің оқыту әдістері мен тәсілдерін шебер меңгеруі арқылы жүзеге асады. Қазақ тілін оқыту технологиясы. Ол оқытушы мен оқушы арасындағы жақсы ұйымдастырылған қызметтен көрінеді. Мұғалім өз пәнін сабақ түсіндіруден бастайды, ол — түсіндіру әдісі.
Оқушылар кітап оқиды, ол — кітаппен жұмыс әдісі; оқушы жаттығу жазады, ол — жаттығу әдісі; оқытушы әр түрлі сурет, таблица арқылы білім береді, ол — көрнекілік әдісі, техникалық құралдарды пайдаланса, ол- демонстрациялық әдіс, т.б. толып жатқан әдістер бар. Мысалы: «Дидактика средней школы» деген еңбекте И.Я.Лернер, М.Н.Скатин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді. Олар: 1. Объяснительно-иллюстративный или информационно-рецептивный. 2.Репруктивный. 3. Проблемное изложение. 4. Частично-поисковой эвристический. 5. Исследовательские — деп оқытудың түрлі әдісіне токталса, Г.А.Ильина «Педагогика» еңбегінде оқыту әдістемесінің 4 түрін атап көрсетеді. Ал академик Ю.К.Бабанский де осындай оқыту әдістерінің 7 түрлеріне тоқталып, оны оқытушының шығармашылық еңбегінің нәтижесі деп бағалайды. Ә.Исабаев өзінің «Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері» деген еңбегінде оқыту әдістерін: әңгіме, хабарлау, тәжірибе, түсіндіру және кітапты пайдалану әдісі деп теориялық, тәжірибелік тұрғыда оның төрт түріне тоқталады.
Оқытудың теориясын зерттеген ғалымдардың ғылыми еңбектерінде оқыту әдістерінің анықтамасын былай берген: И.Д.Зверев: «Оқыту әдістері дегеніміз — мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің барысында білім алу жолдары» десе, Ю.К.Бабанский: «Оқыту әдістері дегеніміз-мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін жетілдіру» дейді. Д.Әлімжанов, Ы.Маманов «Қазақ тілін оқыту методикасы» деп аталатын еңбегінде: «…Қазақ тілін оқыту әдістемесі — қазақ тілін оқытудағы мұғалімдердің озық тәжірибелерінің қорытындыларына негізделген оқыту әдістерінің жиынтығы туралы ғылыми пән» деген болатын. Дидактик ғалымдардың зерттеу жұмыстарын басшылыққа ала отырып, қазақ тілі оқыту әдістемесінің жіктелу түрін жасауға мүмкіндік болды. Оқыту әдістері жайлы ғалымдарымыздың көп жылғы зерттеу тәжірибесі, айтқан пікірлері мұғалім қауымының жұмыстарына (мақсаты, жолы, міндеттері) үлгі бола бермек. Соңғы кезде ғылыми еңбектерде, журналдар беттерінде тиімді оқыту, программалап оқыту, деңгейлік оқыту, модульдік оқыту және сабақты блокпен оқыту әдісі деген әдістер пайда болды.
Блокпен оқыту — бұл әдіс мұғалімнің қалауы бойынша тоқсан ішінде екі не үш күн бойы (пәнге бөлінген сағат мөлшеріне қарай) бір пәнге арналып тұтастай өткізіледі. Мысалы, ол күндері тұтастай түсіндіріп, білім беруге тырысады. Мұндай сабақты мектепте ұйымдастырудың қиындықтары көп. Мәселен, сабақ кестесін үнемі өзгертіп отыру керек, оны мектепке енгізу үшін оқыту әдістері толық меңгерілмеген қазақ тілі пәні үшін нәтижесі шамалы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің жіктелу кестесінде әдістердің даму жолдарының бәрін жинақтап көрсетуге тырыстық, әрине мұғалім сабақтың мазмұнына қарай қалауы бойынша әдістерді таңдайды. Осының бәрін жинақтай келе, оқушылардың ұғымын, іскерлігін, білімін, дағдысын ұйымдастыруда жүзеге асыруға жәрдемдеседі не көз жеткізеді. Сабақтың жаңа типі — оқыту әдістерінің жіктелуіне сәйкес орындалуы қайсысы болмасын білімді жалпылау және жүйелеу, даралап, саралап дамыта оқыту сабағының берері мол. Мектеп тәжірибесін және алдыңғы қатарлы озық тәжірибелі мұғалімдер жұмысын зерттеу нәтижесінде сабақтың аталған типтерінде көрсетілген әдістерді тиімді пайдалануда мұғалімдер шығармашылық жұмыспен айналысып, оқушыларға сапалы білім беретін жақсы нәтижеге жетіп отырғанын байқадық.
Я.А.Коменскийді 1697 жылы жазған «Ұлы дидактика» еңбегінде оқытудың тұңғыш принциптері мен әдістерінің төрт түрін ұсынған. Бұл еңбектен үлгі алған орыстың көрнекті педагогы К.Д.Ушинскийдің дидактикасы «Балалар әлемі» (1861) еңбегі осы ықпалмен дамыды. Я.А.Коменский, К.Д.Ушинскийдің дидактикалық еңбегін зерттей отырып, қазақ халқының ағартушысы Ы.Алтынсарин қазақ балаларын оқытудың үлгісін «Қазақ хрестоматиясы» (1879) еңбегіне осы 4 түрлі оқыту әдісін енгізді. Осы ғұлама педагогтардың енгізген жаңалықтары өмір талабына сай даму жолдары тармақталып көрсетілді. Әдістердің барлығын сабақ тақырыбна сай мүмкіндігінше барлық түрін мұғалім өз сабағына пайдаланып келеді. Бұл біріншіден, оқушыға берілетін білімнің әдістері көрсетіледі, екіншіден оқушымен жүргізілетін жұмыстың дәлдігі нығаяды, үшіншіден мұғалімнің атқаратын жұмысы, бағыты белгіленеді (әдіс-тәсілдер).
Ана тілін оқыту барысында тақырыптың мазмұнына сай білім берудің әр түрлі әдіс-тәсілін қолдану ерекшелігі жөніндегі ғалымдардың пікірлерін жақсы білген жөн. Жоғарыда айтылған оқыту әдістемесіне байланысты жазылған құнды ғылыми еңбектерді зерттей келе, осы әдістеменің жіктелу түріне қарай отырып, әсіресе ең бастыларына күнбе-күн жиі кездесетін әдістерге түсінік беріп өтсек:
1. Түсіндіру әдісі: Бұл әдіске ауызша баяндау — түсіндіру, әңгіме, сұрақ-жауап, лекция түрлері жатады..
2. Кітаппен жұмыс істеу әдісі; Мұғалімнің түсіндіргенін кітаптан қарау — анықтама, түсініктер, жоспар, конспектілеу, тезис, газет, журнал, сөздікпен, т.б. жұмыстар.
3. Көрнекілік әдіс: экскурсия, таблица, сурет, схема, карточка пайдалану, т.б.
4. Техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің бірі - демонстрациялық әдіс: экран бейнесі арқылы диафильм, кино, фрагмені т.б. Техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің тағы бір түрі кодоскоп, эпидоскоп, лингофон, компьютермен жұмыс, т.б.
5. Жаттығу әдісі; ауызша, жазбаша және суретпен жұмыс тақтамен жұмыс, өз бетінше жұмыс, қайталау, пысықтау кезінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану жұмысы.
Баяндау әдісі. Қазақ тілінен оқушыларға белгілі тақырып бойынша берілетін білімді мұғалімдердің түсіндірудегі әрекеті -ауызша баяндаудан басталады. Мұғалімнің оқушыларға жаңа білімді баяндап айтып беруін — ауызша баяндау әдісі дейміз. Ауызша баяндау әдісі оқушылардың жас шамасына қарай, қысқа, не ұзын баяндалуы мүмкін. Мұғалім күні бұрын өзінің баяндайтын сөзін ойланып алуы керек, егер бұрын баяндау жолына ысылмаған болса, мазмұндаманың жобасын жазып алғаны жөн. Ауызша баяндап, мазмұндап берудің үш түрі бар: әңгіме әдісі, түсіндіру (объяснение), лекция түрі. Әңгіме әдісі — жаңа материалды түсіндіргенде жүргізілетін әдіс немесе сұрақ-жауап әдісі. Қазақ тілінен жаңа материалды түсіндіру барысында ғылыми фактілерге, анықтамаларға сүйене отырып, сол тақырыптың шығу тарихы немесе оны жазған авторлар мағлұматтан бастап әңгімелеу әдісімен түсіндіруге талаптанады. Оқушыларға ол материалды түсіндіруді түсінікті, айқын, тілмен жеткізе отырып, сол тақырыптың шығу тарихы немесе жазған авторлардан бастап, әңгімелеу әдісімен түсіндірген пайдалы. Орта жастағы оқушыға 10 минут, жоғары сынып оқушыларына — 15 минуттай уақыт ішінде сұрақ-жауап ретінде әңгіме айтылады.
Әңгіме әдісі — көбіне сұрақ-жауап арқылы диалогтық сөйлеу формасында жүреді. Мысалы, қазақ тілінен «сөз жасамын», «сөз тіркестерін» өткенде, оқушыларды өздігінен іздендіру үшін сұрақтар қойғызып, оған жауап қайтарғызу, жауаптарының дұрыс-бұрыстығын оқушылардың өздеріне айтқызу, міне, осылар олардың естерінде жақсы сақталады. Әңгімелесу түрлері жаңа материалды түсіндіргенде білім жүйесін әңгімелеу, білімді қорытындылағанда — әңгімелесу, ауызша сұрау-жаттығулар тексергенде — өткен материалдарды қайталағанда бала оқып білгенін саналы түрде меңгерген сәттерін білу үшін жүргізіледі. Әдісін жақсы ұйымдастыру — мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Айта кету керек, оқушылардың өтілген пәнді түсініп, белсенді қатысуы үшін әңгіменің эвристикалық түрі , кеңес үкіметі тұсында пайда болған еді. Эврико — грек сөзі — табамын, ашамын деген ұғымды береді. Сондықтан қазіргі уақытта әр тақырыптың ережесі проблемалық жағдайлар туғыза отырып, оқушыға сол пәннің түйінін таптыру әдісі кең өріс алуда,
Әңгіменің нәтижелі болуы — сұрақты дұрыс, дәл, түсінікті қоя білуге байланысты. Мұғалім сұрақты дұрыс қоя алмаса, оқушылар да асып-сасып, жауап бере алмайды. Оқушы қиналған кезде жетелеп, сұрақтар беру мұғалімнің іскерлігін көрсетеді.
Түсіндіндіру әдісі — қазақ тілінен берілетін белгілі бір тақырыпты түсіндіруде мұғалім көрнекі құралды, кестені, т.б. құралдарды пайдалана отырып, сабақтың мазмұнын түсіндіреді. — «Бүгін сіздерге түсіндірілетін жаңа сабақ тақырыбы мынадай» — деп, бастап кетеді. Түсіндіру барысында оқушылардың назарын аудара отырып, әр түрлі әдіс-тәсілді пайдаланып, қызықты түсіндірсе, онда олар проблемалық мәселені өздері шешуге талаптанады. Мысалы: 5- сыныпқа қазақ тілінен зат есім, сын есім, сан есімді түсіндіргенде сөйлем құрату, сұрақ-жауап арқылы ережені, анықтамаларды өздері құрап шығады.
Лекция — жоғары сыныптардың оқушыларына қазақ тілінен факультативтік сабақтарда, ал 9-сыныпта қазақ тілі сабағында оқылады. Бағдарламада берілген тақырыптарды түсіндіруде лекция әдісін пайдаланады. 8-9 сыныпқа 10-15 минут, 10-11 сыныптар сабақтарында 15-20 минуттік лекция оқылады. «Қазақ тілі» оқулығында оқытылады. Осы оқулықтың 9-бетінде «Тіл мәдениеті» деген тақырып бар. Онда: «Мәтінді оқып шығып, тіл мәдениеті жайында айтылған аталы сөздің мәніне терең бойлайды. Тіл мәдениетіне фонетикадан, лексикадан және грамматикадан алған білімдерінің қандай қатысы бар екендігі жөнінде өзара пікір алысасындар» деп келеді де, тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталатыны айтылады.
Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жүйкені босатады. Адам мәдениетінің алғы шарты дұрыс сөйлей білу. Сөйлей білу де өнер. Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп, күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді. Білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жылатады, және осы секілділерді мысалға келтіріп, лекция оқи береді… Сөйтіп, мектеп лекциясы жай ырғақпен, көбіне қазақ тілінен өткен материалдарды қайталауда, немесе соған қосымша ретінде, не күрделі түрде лекция оқылуы арқылы тақырыпқа түсінік беріледі. Бұдан кейін сұрақ-жауап бере отырып, оқушының қаншалықты білім игергенін байқайды. Әрі қарай жаттығу жұмысы жүргізіледі.