- 06 мам. 2021 00:00
- 288
“Қазақстан мұғалімі” газетінің бүгінгі сипаты мен ерекшеліктері
Оқу ағарту ісін баспасөз арқылы насихаттау қазақ елінде XIX ғасыр соңы мен XX ғасырдан басталды. Соның бірі - “Қазақастан мұғалімі” газеті. Шығу тарихына қысқаша тоқталсам, алғашқы нөмірі 1935 жылдың наурыз айының 20 жұлдызында «Төте оқу» деген атпен шыққан екен. Артынша газет атауы 1939 жылы «Салауатты болуға көмекші», кейін «Жаңа жазу» деп ауысты. Ал «Қазақстан мұғалімі» болып 1952 жылдан бастап қолданысқа енгізілген еді. 100 жылға таяған тарихы бар бұл газет ағарту саласының көкейкесті мәселелерін және мұғалімдердің тыныс-тіршілігін көрсететін әдістемелік материалдар, шығармашылық жұмыстар жариялайды. Алғашқы редакторы - Омарғали Құдышев, ал қазіргі бас редакторы - Мынажадин Сермағамбетов.
Газет алғаш құрылып бастаған кезде негізгі авторлары облыс, аудандардың білікті мұғалімдері мен студенттері еді. Сондықтан, барлық материалдар айдарсыз, тек қана ұзын-сонар тақырып ретінде ғана жарияланды. Бастапқы кемшіліктері осы болды. Кейін 1956 жылдан бастап, “Мектеп”, “Партия”,
“Кәсіподақ”, “Ғылым және әдебиет” деп аталатын бірнеше айдарлар ашылды. Ал, қазіргі XXI ғасыр “Қазақстан мұғалімі” газетінің айдарларының саны он екіге жетті.
Газет тек оқушыларға білім беру әдістерін ғана емес, мұғалімнің сабақ үстінде өзін-өзі қалай ұстауы керектігін де қозғаған. Мәселен, оның “Мектеп тұрмысы” деген арнаулы бетінде Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Волошин орта мектебінің мұғалімі Қ.Осмиеваның “Ілтипат туралы” деген материалы жарияланған. Автор өз мақаласын: “Балаларға қатты айқайлау, жазалау арқылы ғана тәрбие орнатуға болмайды. Балаға сену керек. Мұғалім оқушысына сенімсіздік білдірсе, екеуінің арасыңдағы қарым-қатынас бұзылады”, — деп бастайды да одан әрі: “Адамдарға ілтипат көрсету, кішпейілділік білдіру — Советтік социалистік гуманизмнің негізгі белгісі” деп қорытынды жасайды. Біздің заманымыздағы “Қазақстан мұғалімінің” 2017 жылғы 8 санында “Мұғалім - мәртебелі мамандық” деген мақаласында қазіргі заманға сай жеке тұлға қалыптастыру үшін мұғалімнің атқаратын рөлі зор екеніне тоқталып, оқушы мен білім берушінің арасында ерекше жайлы қарым-қатынас орнату керектігі жайлы сөз қозғалады. Бұл газет - білім аясында болып жатқан барлық жаңалықтармен хабардар етіп және түлектерге ЖОО таңдауға да бағыт-бағдар береді. Мысалы, “ҚазАқпарат” деген айдарында “оқу грантын ұсынады”, “ЖОО дұрыс таңдау” деген мақалалардан байқаймыз.
Мен газеттің электронды нұсқасын қарай отыра қызықты мәлімет алдым. Сайтқа кіргенде, Қазақстандағы кәсіптік мектептер, жалпы білім беретін мектептер, колледждердің жалпы санынан хабардар етеді. Жеке өзіме газеттің сайтына қарағанда қағаз түріндегі сипаты түсінікті болды, бірақ адам тартатындай ерекше емес бірсарынды болып көрінді. Электронды нұсқасын ақтара отырып байқағаным, газеттің жарияланған нөмірлері тек 2017 жылмен шектеліпті.
Оқу ағарту ісіне үлесін қосып, мұғалімдер мен оқушыларға бағдар болған апталық газеттің бүгінгі сипаты осындай.
Жұматай Елдана