- 10 жел. 2021 00:00
- 174
Қазақстан. Ядролық қарусыз әлем
Еліміз егемендігін алып, өз алдына жеке мемлекет болғалы да ширек ғасырдан асып барады. Осы уақыт аралығында Қазақстанның әлем елдері арасында беделі артып, ішкі даму сатыларында да талай биіктерді бағындырғанын көз көрді, көңіл сенді. Бірқатар халықаралық ұйымдарға жетекшілік етті, ауқымды іс-шараларды абыроймен атқарып шықты. Ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бағыттағы атқарған істерінің орны бөлек екені шындық, соның ішінде халықралық кеңістікте әлем елдерін бейбітшілікке шақырып үн қатуы адамзат баласының алдағы тағдыры үшін аса маңызды бастама болатын. Елішілік қатынастарда, сондай-ақ сыртқы саясатта да осы бастамасын сөзімен де, ісімен де жандандыруға бар күшін салды.
Ел ішінде ұлтаралық татулыққа дем бере отырып, Тәуелсіздік алғанға дейінгі қалыптасқан жағдайды бірден өзгертуге әрекет жасамады. Есесіне мемлекет құрушы ұлттың ұзақ уақыттағы арман-тілегін жүзеге асыруды ұзақ мерзімді даму сатыларына негіздеді. Қазақы ұғым-түсінік тұрғысынан алғанда «батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатын» заңдылығын ұмытқан жоқ, қарапайым халықтық философияның түйінді тұсын алыс мақсаттарға арқау ете білді. Бірнеше ғасырға созылған бодандық езгіден есеңгіреген елдің болашағын тыныштықпен байланыстырды. Қару тұрған жерде тыныштық болмайтынын тереңнен түсінді, сөйтті де ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Басқасын айтпағанда жаңа заманаға сай экономикасы мен қорғанысы жағынан да дербес саясат жүргізіп көрмеген Қазақстанның сол тұстағы жағдайы қорғансыздың күнімен бірдей еді. Сондай бір сындарлы тұста қолда бар қарудан бас тарту аса үлкен ерлік пен болашаққа деген көреген сенімді қажет ететін еді. Н.Назарбаевтың алапат қарудан бас тарту шешімін сол кезде көпшілік үшін аса түсінікті болмағаны да шындық...
Базилжан Ержан М.Т.Жұмаділ. т.ғ.к