Қылышбай айтқан сөз еді
Ауданымыздың Талдыөзек, қазіргі Қылышбай ауылында туып-өскен Қылышбай Ержанұлы туралы ел аузында әлі де естелік әңгімелер айтылып жүр. Өмір деген бір орнында тұрған ба? Біраз көненің көзіндей қариялар бұл дүниеден өтіп кетсе де, қалған бірлі-жарымдары Қылышбайды ауыздарынан тастамай, бас қосқан жерде әңгімелерін тілге тиек етіп отырады. Жасы сексеннен асқан ақсакалымыз Әліқұл Абданбайұлының Қылышбай атасы жайлы айтқан мына бір әңгімесін айтып берейін.
Бірде төсте тұратын белгілі бидің ауылында әлдеқандай бір жиын өтеді. Мұндай жиындарда әдетте елдің ақындары мен шешендері көптеп жүретіні белгілі. Жақсылар мен жайсаңдар бас қосқан бұл үлкен жиында әр тұста думан, ойын-күлкі, әзіл-әжуа айтылып жатады. Үлкен тойға ойдағы елдің жақсыларымен Қылышбай да келіпті. Аяулы ақынға мұндағы елдің сыйлы жақсылары етене жақындап, аман-саулық сұрасып жатады. Оның осы тұста уытты сөздерімен атағы шығып, ел-жұртқа жария болып қалған кезі еді. Қылышбайдың әр қадамын аңдып, өзімен қағысып ауыз аштырмай тастайын деп білек сыбанып дегбір таппаған сол ауылдың бір жігіті өзеуреп болмайды.
Ауылдың ізгі жақсылары:
— Тыныш отыр, ол нағыз пәле, тиіссең, ұятқа қаласың, — деп бетін қайтарып тастайды. Сонда да болмай ол жұлқынып барып ақынға таяп келеді де:
— Ассалаумағалейкум, Ашаның елі, шыбын-шіркей мен масаның елі, бұтасы қалың тасаның елі, — дейді
Мұндайда қарап қалатын Қылышбай ма? Ол тосылып тұрмай бірден жұлып алғандай сол жерде әлгі жігітке былай деп жауап береді:
— Әлексалам, керінің елі,
Жын-шайтан жайлаған перінің елі.
Жаз жайлауың еді, қыс қыстауың еді
Құмды неге даттайсың.
Аузыңа келгенді оттайсың,
Құдайым-ау, тентегіңе неге айтпайсың?
Қылышбайдың сөзі асып кеткенін білген жұрт қыран-топан күлкіге батып, көпке дейін езулерін тыя алмай жатады. Игі жақсылардың бірі:
— Әй, айттық қой, енді мұнда тұратын не бетің бар? — деп оны топтан қуып шығыпты.
Иә, Қылышбайдың ешкімнің бетіне, беделіне қарамайтын, жақтырмаған адамның айыбын айтып тастайтын аузы батыр кісі екені жұрттың бәріне мәлім болғаны қашан. Бірде ол жолаушылап бір топ жігітпен құм ішінде келе жатады. Бағыты ауылы жақ болса керек. Олар Байболат байдың ауылына жақындап келеді. Ауыл әлі біраз жер, оған түнделетіп жету мүмкін еместігін сезген жігіттердің бірі:
— Ата, күн кеш болып барады, қайда қонамыз? — дейді.
Қоналқының жайын ойлап келе жатқан Қылышбай да бірден сөйлеп кетеді.
— Әй, сендер менен озыңқырап барып ана құдық басына жетіп алыңдаршы. Қалғанын өзім айтамын, — дейді.
Жігіттер Қылышекеңнің айтқанын орындап, құдық басына тез келіп әр нәрсені бір айтып тұрады. Жайлап аяңдап Қылышбай жеткенде жігіттердің бірі:
— Ата, кеш болды, қайда барсақ екен? — дейді.
— Ана төбенің астында төбет бар,
Төбетке барсаң, көп ет бар.
Екі қонып бір түстенсек,
Енді барар не бет бар? —
деп Қылышбай теріс айналады. Бұл сөзді түсінген ауыл жігіті қысылыңқырап тұрып:
— Ата, ауылға жүріңіз, — деп ізет жасайды.
— Е, оның дұрыс, балам, — деп бәрі де ауылға бет бұрады.
Ауылдың атақты адамы Байболат келгендерге жылы шырай байқатпай, жуық арада қазанын да көтертпей қояды. Есіктен кірген жігітке иық қаққаны сол-ақ екен, сойысқа лақ жеткізіледі. Бұрынғының дағдысы бойынша әкелінген малға бата сұрайды. Қылышбай басын көтере беріп:
— Әумин дедік лаққа,
Даусы кетті жыраққа.
Тапсаң қозы сой,
Таппасаң, қоя бер жылатпай, —
дегенде Байболат бай сасып-ақ қалады да, сойысқа қозы алдырады. Оны жетектеп есік алдына келген жігіт:
— Ал көтер басты, Қылышеке, ниет білдіріңіз, — дейді.
— Көтердім басты,
Бәлекет қашты,
Қол жуғызбай бата сұрап,
Байболат, сені не қара басты, —
дейді Қылышбай жан-жағына қыранша көз тастап қырын тастап. Үйдегілер үнсіз отырып қалды.