«Қырғи-қабақ соғыс» және оның жүрісі
«Қырғи қабақ соғыстың» басталуы
Ұзаққа созылған соғыстан кейін де адамзаттың үміті мен жеңіс қуанышы ақталмады. Соғыс уақытының өзінде-ақ Ұлы державалардың арасында Еуропаның соғыстан кейінгі құрылым мәселелері бойынша алауыздықтар біліне бастады. Кеңес Одағы Қызыл Армия орныққан елдерде билікке бұрынғы үкіметтің қайтып оралуын қаламады. Сондықтан КСРО азат етілген елдерде билік басына кеңестік солшыл күштердің бекітілуіне жәрдемдесті. КСРО Қытайдағы, Кореядағы және Вьетнамдағы коммунистік қозғалыстарды қолдады. Өзара сенімсіздік пен идеологиялық тәртіп «қырғи-қабақ соғысты» шиеленістіруде үлкен рөл атқарды. Атом қаруы құпиясының иеленушісі болған АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижелерін өз пайдасына шешу үшін «асыра ойнау» әрекетін жасады. Желтоқсанда-ақ американ президенті Гарри Трумэн (1945-1953 жж.) — «АҚШ дүние жүзіне әрі қарай басшылық жасауға жауапты» деп ашық мәлімдеді. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі У. Черчилль американдық Фултон қалашығындағы (Миссури штаты) университетте «ақылы дәріс» оқыды. Осы дәрісінде ол «ағылшын тілді халықтардың» негізінде халықаралық қарулы күштерді қалыптастыра бастауға, осылайша коммунизмге қарсы тұруға шақырады. «Трумэн доктринасы» мен «Маршалл жоспары» «қырғи-кабақ соғыс» арасындағы АҚШ-тың әскери-саяси жоспарларын жүзеге асыру құралдары болды.
«Трумэн доктринасы» (1947 ж. 12 наурыз) тікелей «коммунистік қауіп-катерге» ұшырауы мүмкін Грекия мен Түркияға көмек көрсетуді қарастырды. «Трумэн доктринасының» маңызды құрамдас бөлігі АҚШ «көмегін» алған елге американдық әскери қызметшілерді жіберу болды. АҚШ-тың әскери міндеттегі мыңға жуық мүшелері Грекия мен Түркиядағы әскери бөлімдерді нығайту үшін осы елдерге келіп түсті. 1948 жылы сәуірде АҚШ-та әзірленген «Маршалл жоспары» жүзеге асырыла бастады. Бұл жоспар соғыс жылдары зардап шеккен Еуропа елдеріне экономикалық көмек көрсетуді қарастырды. «Маршалл жоспары» бірқатар өзара байланысты міндеттерді шешуге шақырды. Біріншіден, Еуропадағы капитализмнің шайқалған тіреулерін нығайту; екіншіден, еуропалық істерде АҚШ-тың үстемдік ұстанымдарын қамтамасыз ету; үшіншіден, антикеңестік бағыттағы әскери одақты құру негіздерін дайындау. «Қырғи-қабақ соғыстың» хронологиялық шеңбері 40-жылдардың екінші жартысынан, 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басына дейінгі халықаралық қарым-қатынастардың даму кезеңін қамтиды.
Екінші дүниежүзілік соғыс бойынша бұрынғы одақтастардың қарама-қарсылығы, бірден соғыс аяқталысымен герман мәселесін талқылауға кіріскен кезде-ақ байқалды. 1947 жылы көктемде АҚШ, Англия және Франция өкілдері КСРО-мен бұрын келіскен шешімдерінен өздерінің бас тартатындықтары туралы мәлімдеді. Олар өздерінің әрекеттерімен Германияның жіктелуін арандатты. Осы кезеңде АҚШ атом бомбасын иеленуде, содан кейін әскери техника мен қару-жарақтың жаңа түрлерін дамытуда өзінің басымдылығын пайдалануға ұмтылды. «Қырғи-қабақ соғыс» арнасында Батыс елдері мен КСРО Германияның екі мемлекетке жіктелуін жүзеге асырды, Солтүстік Атлантикалық одақ (НАТО) құру туралы келісімге 1949 жылы 4 сәуірде Вашингтонда қол қойылды. НАТО құрамына АҚШ, Англия, Франция, Италия, Канада, Бельгия, Голландия, Португалия, Дания, Норвегия, Испания және Люксембург кірді. Кейіннен оған Түркия, Грекия, 1955 жылы ГФР, т.б. елдер қосылды.
1949 жылы қыркүйекте КСРО өзінің атом бомбасын сынап, қарудың осы түріне байланысты американ монополиясына қарсы нүкте қойды. АҚШ пен оның одақтастарының әрекеті жауап қайтару шараларын талап етті. 1955 жылы 14 мамырда социалистік мемлекеттердің ұжымдық қорғаныс одағы — Варшава Шартты Ұйымы рәсімделді. 1953 жылғы сутегі бомбасын сәтті сынақтан өткізу жөніндегі Кеңес үкіметінің мәлімдемесі атом-ядролық қару саласындағы АҚШ-тың басымдылығы туралы аңызды түбегейлі жоққа шығарды. НАТО мен ВШҰ-ның құрылуымен «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде халықаралық қарым- қатынастар жүйесі мен бір-біріне қарама-қарсы екі дүние толық қалыптасып болды.
Милитаризм
Әскери-саяси блоктардың құрылуы және қару-жарақтың стратегиялық түрлерін шығаруда жетістіктерге жетуі экономиканың жаппай қарулануына алып келді. Жаппай қарулану ұлғайып келе жатқан бүкіл өндірісті, әскери және әскери-өнеркәсіп құрылысын қамтыды. АҚШ өнеркәсібінің кейбір салалары тіпті бейбіт уақыттың өзінде-ақ толығымен немесе едәуір шамада: атом — 100%-ға, авиация — 95%-ға, кеме жасау — 60%-ға әскерилендірілді. АҚШ пен КСРО қару-жарақтардың жаңа түрлерін жасауда ымырасыз бәсекелестер ретінде көрінді. Жаппай қарулану тек екі қуатты державалар ғана емес, НАТО және ВШҰ блогына кірген мемлекеттерді де қамтыды.
КСРО мен АҚШ-тың алғаш рет қасарысуы 1947-1953 жылдары байқалып, Еуропа елдерінің шегінен тыс жүрді. Қарсы тұрудың алғашқы сатысы Азия аймағында болды. Екі ұлы державалардың аймақта қарсы тұруы:
— 1950-1953 жылдардағы Корей соғысында;
— Таяу Шығыстағы дау-жанжалда;
— 1947 жылғы Үнді-Пәкістан дау-жанжалында;
— 1946-1954 жылдардағы Үндіқытай дау-жанжалында көрінді.
Корей соғысы (1950-1953 жж.)
Бірігу қағидаларына қатысты екі корей мемлекеттерінің арасындағы өткір қарама-қайшылыктар 1950 жылғы соғыстың басталуына алып келіп, КХДР жағына КСРО мен Қытай шықты. Басқыншылықтан зардап шеккен Оңтүстік Кореяны БҰҰ қолдап, мұнда АҚШ-тың және оның одақтастары — 15 мемлекеттің әскерлері енгізілді. Қиян-кескі ұрыстар мен бомбалау елді талқандап тастады. Өздерінің саяси мақсаттарына жетпей екі жақ Уақытша бітімді бекітіп, оның әсері бүгінгі таңға дейін жалғасып келеді. Таяу Шығыстағы дау-жанжалдар. 1947 жылы 29 қарашада БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Палестинаны араб және еврей — екі мемлекетке бөлу туралы қарар кабылдады. Сөйтіп, Палестинаның бүкіл аумағы еврей (56%) және араб (42%) мемлекеттеріне бөлінді. Иерусалим қаласы БҰҰ-ның қамқорлығына берілді. Ұлыбритания Палестинаға мандат беруден ресми түрде бас тартты. 1948 жылы 15 мамырда Израиль мемлекетін құру туралы шешім жарияланды. Оған келіспеген көршілес араб мемлекеттері (Египет, Ирақ, Сирия, Иордания, Ливан, Сауд Арабиясы, Йемен) Израильге қарсы соғыс қимылдарын бастады. Соғыс араб мемлекеттерінің жеңілісімен аяқталды. 1949 жылғы Уақытша бітімге сәйкес әлі құрылмаған Палестина мемлекетінің едәуір аумағы Израильге қосылып, қалған аумақтары Иордания мен Египетке кетті. Миллионнан аса палестиналықтар босқындық жағдайда қалды. Палестина мәселесі ұзақ жылдар бойы Израиль және оның айналасындағы араб елдерінің арасындағы ұрыс нысанына айналды.
Үнді-Пәкістан дау-жанжалы
1947 жылы тамызда Үндістанның тәуелсіздігі туралы Заң күшіне енді. Британдық Үндістанның орнына 2 доминион — Үндістан Одағы мен Пәкістан құрылды. Елді діни қағидалар бойынша бөлу және жаңа шекараларды орнату үнділер мен мұсылмандардың арасында қанды қақтығыстарды туғызды. Пәкістан да, Үндістан да Жамму және Кашмир жерін өз аумақтарына қосып алуға ұмтылды. Жамму мен Кашмир 20-ға жуық ұлыстар мен тайпалардан тұратын тарихи облыстар. Князьдіктің 4 млн тұрғын халқы діни жағынан біртекті емес. Тұрғындардың 80%-ға жуығы мұсылмандар, қалғандары үнділер, буддалықтар және т.б. болды. 1947 жылдың соңында Кашмирге Пәкістанның қарулы қосындарының баса-көктеп енуінен Үндістан мен Пәкістанның арасында соғыс қимылдары басталды. Осы кезеңде Махараджа (үнділік діндегі билеуші) Кашмирді Үндістанға қосу туралы шешім қабылдап, нәтижесінде аумақтың 2/3 бөлігі Үндістан құрамына кірді, ал 1/3 бөлігін осы күнге дейін Пәкістан ұстап тұр. БҰҰ-ның осы мәселені шешуге жасаған көптеген әрекеттері сәтсіз болды.
Үндіқытай дау-жанжалы (1946-1954 жж.)
Революция жеңісінің нәтижесінде, 1945 жылы 2 қыркүйекте Въетнам Демократиялық Республикасы жарияланды. Франция отарларынан айырылуды қаламай, АҚШ пен Англия империалистерінің қолдауына сүйене отырып, республиканы жоюды ұйғарды. Француз отаршылдары Оңтүстік Вьетнамды басып алып, 1946 жылы күзде бүкіл ел көлемінде ВДР-ге қарсы соғыс қимылдарын бастады. Олар өздерінің жеңістеріне кәміл сенімді болды. Бірақ олар қатты қателесті. Вьетнам халқы президент Хо Ши Миннің үндеуі бойынша жалпыға ортақ қарсыласу соғысына көтерілді. КСРО-ның бастамасы мен Женевада Үндіқытай дау-жанжалдарының мәселесі бойынша халықаралық конференция шақырылды. 1954 жылы 20 шілдеде Вьетнамда, Лаоста және Камбоджада соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімге қол қойылды. ВДР мен Оңтүстік Вьетнам арасында 17 параллель бойынша демаркациялық шекара орнатылды. Бұл уақытша демаркациялық шекара болды. Женева келісімі 1956 жылы Вьетнамды демократиялық бастамаларға біріктіру үшін жалпыға бірдей еркін сайлаушылар өткізуді қарастырды.