Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Қазақстандағы ядролық қару мәселесі

КСРО тарағаннан кейін Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық мемлекетке айналды. Кез келген мемлекеттің, соның ішінде Қазақстан сияқты көпұлтты елдің сыртқы саясаты оның ішкі саясаттағы қызметіне де тікелей байланысты болды. Оның себептері де бар еді. Атап айтқанда, республика халқының жартысына жуығын құраған орыс, украин, өзбек, неміс, т. б. ұлт екілдері өздерінің тарихи отандарымен тығыз қарым-қатынасқа ұмтылуы да Қазақстан мемлекетінің аталған мемлекеттермен өзіндік сыртқы саясат жүргізуін қажет етті.

Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап-ақ Қазақстан халықаралық ұйымдарға ез еркімен мүше болу мүмкіндігін алды. 1992 жылдың қаңтарынан ЕҚЫҰ-ға мүшелікке етті. Ал 1992 жылдың 2 наурызынан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толық мүшесі болды. 1993 жылдың қазан айында Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше болды (ЭЫҰ). 1994 жылдың 24 мамырында арнайы құжатқа қол қоя отырып, Қазақстан «НАТО»-ның «Бейбітшілік жөніндегі әріптестігі» ұйымының 19-мүшесі болды.

Осы кезеңнен бастап-ақ, Қазақстан Республикасының халықаралық саясаты өзіндік дербес бағыт алды. Егемендігін алған алғашқы күннен бастап-ақ Қазақстанның сыртқы саясатының басты бағыты езіндегі Кеңес Одағынан қалған ядролық қаруға деген қатынасты айқындау мәселесі болды. «Барлығымызға белгілі Қазақстан КСРО тарағаннан кейін қуатты ядролық қаруы бар үш республиканың біреуіне айналды. Республикада әрқайсысында 10-нан ядролық қондырғылары бар әлемдегі ең ауыр СС-18 зымырандары, ядролық қондырғысы бар 240 қанатты зымырандар алып ұшатын ТУ-95 МС стратегиялық бомбалағыштар орналасқан еді». Аталған ядролық қарулар Қазақстанның барлық аймақтарынан орын тепті. Атап айтқанда, солардың ішінде Торғай облысының Державинск, Семей облысының Жалғызтебе маңайындағы зымырандар дивизиясында сақталуға қойылған ядролық қарулар рұқсат етілген көлемнен екі есеге артық болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін өзінің сыртқы саясатында ядролық қаруды негіздеу және де жойқын жай қару түрлерін жаппай өндіру мен оны мемлекеттің барлық аймақтарына бірдей орналастыруды мақсат еткен Кеңеетік соғыс саясатына сай елдің шығысында қорғаныс өнеркәсібі мен жаңа қарулардың сынақ алаңдарын негіздеу жүйелі түрде іске асырыла бастады. Осындай мақсатта (екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі мерзімде, — Ғ. Қ.) … Қазақстанда әскери өнеркәсіп көлемінің кең ауқымды инфрақұрылымы қанат жайды. Мүнда ядролық қару жасаудың барлық буындарын қамтитын уран өндіруден ядролық жарылыстарды сынауға дейінгі аса қуатты ядролық ғылыми-өндірістік кешен орналастырылды.

Республикада басым көпшілігі КЭМПО-ға (электротехникалық және машина жасайтын қорғаныс кәсіпорындарының бірлестігі) кіретін 50-ге жуық қорғаныс маңызындағы кәсіпорындар болды. Осы зауыттарда жаяу әскерлер машиналары мен әскери және брондалған машиналардың 18%-ы, артиллериялық қондырғылардың, СС-21 тактикалық зымырандарының атылатын қондырғыларының, жағалық қорғаныс зымырандарының, қанатты зымырандардың ішкі белшектерінің, т. б. 11%-ы шығарылды.

1950 жылдардың ортасында Байқоңырдың қүрылысы басталды. Аса үлкен кешен 6717 шаршы шақырым алаңда (қазіргі Мәскеу сияқты 12 қаланың ауданы) орналастырылды. Ғарыш кешеніне қүрамына зымырандардың ұшу аймағындағы қуаты жұмсалған бөліктері құлайтын аумағы да жатады: Қазақстандағы 4,6 млн гектар жер. Зымырандардың аталған бөліктері жерге құлаған кезде жарылыс болып, жағар майдың қалдықтары едәуір жерге дейін шашырап, жерге таяу атмосфераға тарайды. Арнайы зерттеулер өзен суларында гептилдің (зымыран отынының бөлегі) болып, оның азықтық шөпті улайтындығын анықтаған. Қазақстанда ғана осы себептен барып шаруашылық есептен 180 мың гектардан артық мал азығына арналған жерлер есептен шығарылуға тиіс болды. Ғарыш әйлағы аса ірі су және энергия қорын талап етті. Суы азайып келе жатқан Арал теңізі мен оның деңгейінің үнемі төмендеп отырған жағдайында оның (Ғарыш айлағының, — Ғ. Қ.) күнделікті суға деген қажеттілігі 160 мың шаршы метр болды.

Қазақстанның қасіреті Семей атом қаруын сынау алаңы еді. Мұнда әлемдегі ең ірі Дегелең тауларынан қазып алынған 200-ге жуық штоленнен тұратын тау тастарының қосындысы жасалынды. 40 жыл ішінде (1949 жылдан бастап) сынақ алаңында 470 (КСРО-дағы барлық жүргізілген 715 жарылыстың) ядролық жарылыс жасалынды: 26-сы жер үстінде, 87-сі ауада, 354-і жер астында іске асырылды. Ядролық жарылыстар Қазақстанның басқа аймақтарында да сыннан өткізілді. Атап айтқанда, Каспий жағалауы тұзды-тасты аймақтағы Азғыр сынақ алаңында 1966-1979 жылдар аралығында 17 жер асты ядролық жарылысы іске асырылды. (Тағы да 21 жарылыс және ядролық қуаты бар 4 зымырандық сынақ республиканың бұлардан басқа да аймақтарында жүзеге асырылды.)

Ядролық қалдықтар мәселесі аса қауіпке айналды. Қазақстанда олардың қалдығы жинақталған 100 орын бар. Ядролық қалдықтардың көлемі мөлшермен 419 миллион тонна деп анықталып отыр. Қоршаған ортаны ластандырудың орталығы атомдық жобаларды іске асыруға арналған кәсіпорындары болып отыр. Олардың қатарына, атап айтқанда, Целинный және Прикаспий тау-металлургиялық комбинаттары, «Изотоп» фирмасы, Маңғышлақ энергокомбинаты, КСРО кезіндёгі құрамында төменгі байытылған ураны бар ядролық реактордың отынын жасауда жетекші орын алған Шығыс Қазақстандағы Үлбі металлургиялық зауыттары жатты. Олардың қызметтерінің қорытындысын ядролық өндіру құрылымының үлкен аумақты ядроактивтік залалдағандығын, тұрғындар денсаулықтарының елеулі және мейлінше зардапқа ұшырағандықтары-нан білуге болады.

Осы тұрғыда «… Қазақ жері бір кездегі қасіретінен енді арылып келеді. Кезінде құнарлы аймағымыздың он сегіз мың шаршы километрі сынақ алаңдарына бөлініп берілген-ді. Соның 88 пайызының бүгінде радиациялық қаупі жоқ деп танылды. 8 пайыздайы әлі де зерттелу үстінде. 720 шаршы километрі ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамайтындай болып зардап шеккен деп танылды. Әсіресе «атом көлі» деп аталатын аймақтың жайы айырықша алаңдатушылық тудырады. Ол маңайдың жер бетіне шашырап жатқан сәулесі сағатына 3-5 мың микрорентгенге жетеді. Олар енді ешқашан қайталанбақ емес», — деп көрсетеді Н. Ә. Назарбаев.

Қазақстан халықтарына әкелген шексіз апатты айтып жеткізу қиын. Біздің ғалымдарымыздың анықтағанындай, сынақ ауданындағы ересек адам-дар арасында кемінде үш түрлі ауыр науқас түрлері кездеседі. Олар -онкологиялық, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары және туберкулез. Олардың денсаулық жағдайларына жүйелі медициналық бақылау жасалмады. Сынақ алаңдары аймағындағы шопандардың жасы 50-ден аспады. Сынақ алаңы еңіріндегі әйелдердің 70 пайызы қан аздығы ауруымен ауырады. Туу көрсеткіші 1977 жылы 23,7 — ден 1996 жылы 15,8-ге дейін қысқарды. Тұрғындардың табиғи өсімі 4,5 есеге азайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының есебі бойынша, Семей сынақ алаңындағы жарылыстардан зардап шеккендердің саны 1,6 миллион адамды құраған. (Семей облысында — 750 мың адам, Қарағанды облысында — 48 мың адам, Павлодар облысында — 52 мың адам, Шығыс Қазақстан облысында — 750 мың адам). «1991 жылдың басында, — деп жазады Н. Ә. Назарбаев, — Қазақстан аумағында жаппай қырып-жоятын қарудың, атап айтқанда, 1216 ядролық жарылғыш заты бар континентаралық баллистикалық зымырандар және ауыр бомба тасушы ұшақтарға арналған ядролық жарылғыштарды құрайтын мол қор жасалды. Қазақстан аумағындағы ядролық стратегиялық күштер қоры мүмкіндігінше жаппай қырып-жоятын қарудың және оны жеткізу қүралдарының ең жаңа түрлерінен тұрды».

Өзінің егемендігін алған күннен бастап Қазақстан Республикасы, оның тұңғыш Президенті сыртқы саясатында бейбітшілік бағытын мәлімдеді. Оның мазмұны да Қазақстанның өз аумағында орналасқан ядролық қарудан бас тартуында болды. Осы қадамы арқылы Қазақстан бірден әлемдік бейбітсүйгіш қауымнан игі бағасын алды. Сонымен қатар бұл шара арқылы оның алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тең дәрежедегі саяси, экономикалық, мәдени байланыстар орнатуға да жағдай жасайтындығы белгілі болатын.

Жалпы алғанда, Қазақстанның ядролық қаруға, оның республиканың аумағына орналасуына деген саясаты Кеңес Одағы тарамай тұрып-ақ белгілі болған еді. Н. Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы, одан ары Қазақ КСР-інің Президенті болған күннен-ақ Семей ядролық сынақ алаңын жабу мақсатын қойды. Сонымен қатар Семей сынақ алаңының жабылуын қолдаған барша қазақстандықтардың наразылығы да Кеңес Одағының тарамауына қарамастан, Президенттің осындай шешімімен үндесе түсті. Міне, сондықтан да тәуелсіздік алған күнге дейін-ақ Республика Президенті Қазақстан жерінде атом қаруын жою ісін табанды түрде жүргізіп келді.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Семей сынақ алаңы жабылды. Н. Ә. Назарбаев осы шешімі арқылы республика халқының, әсіресе 40 жылдан астам уақыт бойы ядролық жарылыс зардабын тартып келген тұрғындардың арманының орындалуын жүзеге асырды. «Жоғарыда айтқанымыздай,-деп жазды Н. Ә. Назарбаев, — Қазақстан халқының талабына үн қата отырып, ұлттың болашағына жауапкершілікті сезініп, мемлекеттілік пен тәуелсіздік мүдделеріне сай әрекет етіп, 1991 жылы 29 тамызда мен «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» № 409 жарлыққа қол қойдым».

1991 жылғы 21 желтоқсанда Алматыда «Ядролық қару жөніндегі бірлескен шаралартуралы келісім», сондай-ақ 1991 жылы 30 желтоқсанда Минскіде «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы стратегиялық күштер жөніндегі келісім» қабылданды. Алматы келісімі, сол келісімді жасаушы мемлекеттер басшыларымен келісіп алмай тұрып, ядролық қаруды біржақты қолданудың мүмкін еместігін көздейді. Міне, сондықтан да жаппай қырып-жоятын қару зардаптарын, соның ішінде өз аумағына орналасқан ядролық қарудың болашағын айқындау Қазақстанның XX ғасырдың 90-жылдарының басындағы сыртқы саясатының негізгі тақырыбына айналды. Республика Президенті Н. Ә. Назарбаев бұл мәселенің нақты да дұрыс шешілуіне ерекше назар аударды.

Алайда Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі Қазақстандағы ядролық қару мәселесі елдің ішінде де керағар пікірлер тудырды. Осы ядролық қаруды елдің қорғанысы үшін, ядролық ектем мемлекеттердің мүмкін болар күш көрсетулеріне жауап ретінде ұстау мәселесі де қойылды. Аз ғана уақыт болғанымен, Қазақстан ядролық мемлекет дәрежесін алды. Осының өзі сол кездегі батыс елдерінің республикаға назарын аударды. Жекелеген қоғам қайраткерлері, солардың ішінде «Азат», «Алаш» т. б. қоғамдық бірлестіктер жетекшілері, кейбір саясаткерлер, сарапшылар, әскерилер Қазақстан аумағында ядролық қаруды қалдыру қажеттігін көтерді. Пікір таласы баспасөз бетінде ербіді. Атап айтқанда, «Казахстанская правда» газетінде жарияланған әскери қызметкер, қарулы күштер подполковнигі былай деп жазды: «… Қарсы жауап беру қаруынан айырылу арқылы (ядролық қару туралы айтылып отыр) біз әр арандатушылар үшін кедергісіз аймақ боламыз. Қазір кім біздің шекарамыздың қауіпсіздігіне жауап береді. Немесе біздің қорғайтын ештеңеміз жоқ па? Біз ядролық қаруымызсыз Кувейттен де қуаттымыз ба?».

Ядролық қарудан қазақ даласын азат ету, оның ешқандай да қажеттігі жоқтығы туралы да пікірлер айтылды. Уақыт өткен сайын Семей ядролық сынақ аймағының зардаптарын басынан кешкен халықтың басым кепшілігінің оны толығымен, жылдам республика аумағынан аластату туралы үні басымырақ естіле бастады. Алайда осы қарудан бас тартқаннан кейін республиканың қауіпсіздігіне кім кепілдікбереді, оның сыртқы саясаты қандай бағытта жүреді, дамыған елдермен қатынас қандай дәрежеде орнайды.т. б. мәселелер күн тәртібіне қойылды.

Қазақстан езінің егемендігін алған 1991 жылдың соңынан оның әлемдік қауымдастыққа енуі басталды. Атап айтқанда, бірнеше жыл көлемінде «Қазақстан Республикасын әлемнің 120-ға жуық елі таныды, олардың 105-імен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Шетелдерде Қазақстанның 26 елшілігі ашылды. Республикада 40 елшілік пен халықаралық және ұлттық ұйымдардың 16 екілдігі жұмыс істейді. 800-ден артық мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдер мен шарттар жасалынды». Алайда әлемдік мемлекеттер тарапынан Қазақстандағы ядролық қару мәселесіне езіндік пікірлер де қалыптасты. XX ғасырдың 90-жылдарының басындағы республиканың халықаралық саясатының негізі де осы қарудан арылуға байланысты болды. 1991 жылдың желтоқсан айында (Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен — Ғ. Қ.) Алматыда ядролық қаруға ие мемлекеттердің оған бірлескен тұрғыда бақылау жасау жолдары айқындалды. Одан кейін Қазақстан бесжақты Лиссабон хаттамасына қол қойып, республика стратегиялық шабуылдау қаруларын қысқарту және шектеу Келісімін орындауға міндеттеме алды.

«Назарбаев Қазақстанның қысқа уақытқа болса да ядролық мемлекет болғанын пайдаланбай қалған жоқ. Ол ядролық қауіпсіздік мәселесін кеңінен қойып, оны Қазақстан үшін қауіпсіздіктің негізіне айналдыруға батыл кірісті. Яғни бұл тақырып тіпті КСРО тарағанға дейінгі Геншермен, Маргарэт Тэтчермен, Джеймс Бейкермен кездесулерде басты тақырыпқа айналды». Қазақстанның ядролық қарудан аластауы мен оған АҚШ бастаған ядролық мемлекеттердің мүдделілік білдіріп отырғандығын республиканың нарық қатынастарына енуі, бұған шетел инвесторларын тарту, өзінің мемлекеттік шекарасын айқындау, т. б. маңызды істерге пайдалануды мақсат еткен ел Президенті АҚШ, т. б. елдерге өз мемлекетінің осы қадамдарына кепілдік беруді, экономикалық, т. б. түрғыда міндеттемелер қабылдауды талап етті. Аталған бағыттағы жұмыс ең алдымен АҚШ басшылығымен жүргізіле бастады.

Кеңес Одағы тарағаннан кейін үлкен ядролық қаруға ие болған Қазақстанның бұл қаруларды сақтауына, таратпауына, пайдаланбауына деген АҚШ, Батыс Еуропа мемлекеттері тарапынан сенбеушілік пайда болды. Қазақстанның ислам елдеріне жақындығы да оның бұл жойқын қаруларын Иран, Ауғанстан, т. б. мемлекеттер пайдаланып кете ме деген қауіпті күшейте түсті. Ал жағдай осындай болғанда, батыс әлеміне де қауіп төнетіндігі белгілі еді. Сондықтан да олар Қазақстаннан ядролық қаруды аластатуды талап етті. «Алғаш тәуелсіздігін жариялаған күндерден бастап Қазақстанға Құрама Штаттардың назары ауды. Оны әсіресе тағдыры белгісіз және бақылаусыз болып отырған Қазақстанның ядролық қуаты алаңдатты. АҚШ әлемдегі мемлекеттердің ең алғашқысы болып Қазақстанмен дипломатиялық қатынас орнатты. Алматыда АҚШ-тың уақытша елшілігін ашқан американдыктар басқа елдерден асып кетті. Сонан кейін ғана Қазақстанда Түрік, Қытай, Ресей, Үнді, Иран, Пакистан елшіліктері пайда болды».

Солай дегенмен де, Қазақстанның XX ғасырдың 90-жылдарының басындағы осы елдермен, соның ішінде алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттермен кең де жан-жакты байланысына оның аумағында қалған ядролық қару тосқауыл қойғандай болды. АҚШ бастаған мемлекеттер Қазақстанның ядролық қарудан біржақты арылуын қалады. Ал кей жағдайларда бұл істіпті олардың тарапынан ресми тұрғыдағы талап етумен де ерекшеленетін болды.

Қазақстан өзінің XX ғасырдағы адамзаттың, жалпы дүниенің қасіретіне айналған Семей, т.б. ядролық сынақ алаңдарын жабуы, өз аумағында орналасқан Кеңес Одағының еншісінен өткен ядролық қарулар мен оны жеткізу құралдарынан өз еркімен құтылу арқылы әлемге бейбітсүйгіш тәуелсіз мемлекет ретінде танылды. Сонымен қатар жер шарының көптеген мемлекеттері осы қаруға ие болуға жанталаса ұмтылып отырған кезеңдегі оның бұл әрекеті әлем халықтарының ықыласына беленді. Ал мұның барлығы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың кереген саясатының нәтижесі екендігі барша қазақстандықтарға, әлемдік қауымдастыққа белгілі болды. Осы тұрғыдағы Елбасының «Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшес іболды, оның бастамалары тәжірибе жүзінде әрқашан кең қолдау тапты және нақты іс жүзіне асырылып отырды,» — деген сезі егемен еліміздің XX ғасыр соңындағы халықаралық саясатының, соның ішіндегі әлемге апат әкелетін ядролық қаруға деген көзқарасының, нақты іс-қимылының нәтижесі болып табылатындығы белгілі.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама