Қожанасыр - түркі халықтарына ортақ тұлға
Қожасаныр – қазақ, қырғыз, өзбек ауыз әдебиетінде ортақ кейіпкер. Ол “ауылы аралас, қойы коралас ”, қыз алысып, қыз берісіп құда – жекжат болып кеткен көрші елдердің ежелгі мәдени байланысының куәсі. Әңгімелер сарандық пен сақилықты, жалқаулық пен қиқарлықты өткір сатира мен ажуалап сынау арқылы адамды жаман әдет, жат мінездерден аулақ болуға баулуды мақсат тұткызды. Қожанасыр әңгімелерінде (аңызда) оғаш қылығы, аңғал мінезі әжуа – күлкі туғызып отырғанымен, негізі түйінінде үлкен тәрбие – тәлім толқыны анықтай қалады, оқушы оқып күле отырып шындықты түсінеді.
Жалпы, Орта Азиядағы түркі халықтарында Қожанасыр тұрпаттас әзілдей отырып тапқыр сөз айтатын, өткір тіліменен ел билеушілерді қағытып тастайтын тұлғалар көп өмір сүрген. Қазақ халқының да әрбір ауылының өзінің Қожанасыры болған. Мысалы, біздің фольклорымыздың ең көрнекті кейіпкерлерінің бірі Алдар көсенің басынан кешкен хикаяларының Қожанасырдың әзіл әңгімелерімен белгілі бір ұқсастығы бар екені белгілі. Яғни, Қожанасыр туралы аңыз-әпсаналар ел ішінде көптеп айтыла бастағаннан кейін, Қожанасырдың әзілдеріне қисыны келіңкірейтін хикаялардың бәрін оның атына телу үрдісі пайда болған тәрізді. Бірте-бірте, Қожанасырдың кейпі трансформацияға ұшырап, ел аузында айтылатын адамгершілікке жат хикаялардың көбі оның атына таңыла бастады.
Тегінде, Қожанасыр көзі тірісінде-ақ, «әулие» атанған, ел билеушілері мен қарны жуан бай-манаптың ерсі қылықтарын өткір әзілдерімен сынап, қашанда халықтың жанашыры һәм әділеттің жаршысы бола білген. Осы тұрғыда, Қожанасырдың биік өресін төмендеткен білімсіздік пен надандық еді деп айтуымызға толық негіз бар. Әйтпесе, ол өзі өмір сүрген кезеңдегі дүмше ғалымдардың надандығын бетіне басып, жаны шыр-пыр етіп жүріп шынайы ғылымды қорғап баққан.
Қожанасыр түркі халықтары сатирасының сардары. Бүгінгі әдебиетіміздегі ирония, сарказм, яғни, шымшып, шағып сөйлеу, ащы мысқыл, орынды келемеждеу мен кекету, тауып айтып ұялту мен мұқату, шындықты әзілмен шымбайына батырып жеткізу, қисынын келтіріп сөзбен қағыту, сөз жарыста ұтқыр әзіл айту секілді жанрлардың негізін салған Қожанасыр бабамыз. Бірақ, оның мақтамен бауыздау арқылы сойып салып, ақиқатты паш ететін әдемі тәсілінің ел ішінде кеміп бара жатқаны өзекті өртейді. Бүгінде Қожанасырдың осы бір ерекше қасиетін жастарға дәріптеу мақсатында театр саласында біраз еңбектер атқарылып жатыр. Солардың бірі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ұйымдастырылған «Қожанасыр тірі екен» көрсетілімі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «тарих және география» мамандығының 1 курс магистранттары топ жетекшісі Қозғамбаева Гүлнар Бестібақызымен бірге осы аталмыш спектакльге барып қайтты. Қойылым оқиғалары күлкі тудыра отырып, халқымыздың, жалпы түркі әлемінің бүгінгі ахуалын зерделей білуге, болашағы туралы ойлануға шақырады. «Қожанасыр тірі екен» спектаклінің арқауы бүгінгі күн. Онда Шығыс және оның ішінде түркі халықтарына ортақ фольклорлық кейіпкер Қожанасырдың, таза қазақ фольклор кейіпкерлері Алдар көсе мен Тазшаның көзімен көрінетін бүгінгі күн және оның адамгершілік бет-бейнесі көрсетіледі. Спектакльде бүкіл түркі әлеміне ортақ Қожанасырды әр ұлттың өкілдері өздерін алып, сенсация жасап, пайда табуды көздеген коммерсанттар туралы ой қозғалады. Жалпы, спектакль түркі әлемінің бүгінгі ахуалын зерделейді, халықтың өмір шындығын ашады, болашағына алаңдайды.
Түркі дүниесінің ортақ тұлғасы Қожанасыр жайлы «Қожанасыр тірі екен...» музыкалық комедиясы жалпы көрерменнің көңілінен шықты. Күліп отырып, қоғамның күнгей тұсын көргендей болды. Ойлы көрерменге үлкен олжа болды деп ойлаймыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Т.ғ.к., профессор Қозғамбаева Г.Б.
Тарих факультетінің 1 курс магистранты Жәнібекова Ә.Ә.