Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қорқыт Ата

Қарақожа ұлы Қорқыт Ата қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Сырдария өзенінің төменгі жағасында, Жаңакент (Иеникент) қаласында ( VIII—IX ғ.ғ.) өмір сүрген. Өз халқының бақыты үшін “Жер ұйығын” іздеп, көптің мүддесін көздеген Қорқыт Ата — ақын, жырау, композитор, әнші, күйші, қобызшы, өз дәуірінің ойшылы болған адам. Бұл жаңа қала Сыр өзенінің Арал теңізіне құйылар жерінде тұрғандықтан, қазақ халқы оны “Су аяғы — Ер қорқыт” деп те атаған.

Тарихи жазба мәліметтер мен халық шежіресі бойынша Қорқыттың әкесі Қарақожа оғыз тайпасына жататын Баят дейтін рудан шыққан, ал шешесі қазақ құрамына кіретін қыпшақ қызы, оның туған жері қазіргі Қостанай облысының Аят өзені. Қорқыт мініп, жер дүниенің төрт бұрышын кезіп, аңызға айналған атақты Желмаяны оның шешесінің жақын туыстары сыйлаған. В.М.Жирмунскийдің айтуынша, Қорқыт Ата жыраулар мен жыршыларға тән көне халық поэзиясының ерекшеліктерін бойына сіңірген әнші-жырау әрі болжағыш ақылгөй болған.

Оғыз-қыпшақ қоғамның ішкі-сыртқы істерінің білгірі Қорқыт өз заманында төрт-бес хандықты басынан өткізіп, солардың бәрінде де бас уәзірлік қызметін атқарып отырған. Олар: Инал хан, Дойлы хан, Көл-Еркі, Тұман хан және Қаңлықожа. Хандарға күшті ықпал жасағандықтан, олар Қорқыттың ақылды кеңесінен аса алмаған. Осы пікірді шығыс тарихын зерттеуші Әбілғазы да баса айтқан.

Әр түрлі аңыз-әңгілелерде Қорқыттың туған жыл мен жасы жөнінде әр түрлі пікір айтылады. Кейбір деректер Қорқытты 95 жыл жасаған десе, кейбірінде — 195-ке, тіпті 400-ге келген деген болжам бар. Ал “Деде Қорқыт кітабында” Қорқыттың өмір сүрген уақытын Мұхаммед пайғамбардың заманына жақындатады. “Расул ғалей һи уәс-салам заманына жақын Баят бойында Қорқыт Ата дейтін бір ер тұрыпты”, — дейді ол кітапта.

Қазақтың аңыз-ертегілерінде Қорқыттың туған күнін өте қорқынышты етіп көрсетеді. Ол күні алай-түлей боран соғады, нөсерлі жауын құяды, күн тұтылғандай, айналаны қара түнек басып, үш күнге дейін күннің көзі ашылмайды. Қаратауды қаптаған қалың бұлттан күн күркіреп, жұрттың құтын қашырып, зәресін ұшырады. Халық аңыздары мен жазба деректерге және өзінің ғылыми еңбектеріне сүйенген қазақтың академик ғалымы Ә.Х.Марғұланның мәлімдеуінде Қорқыттың шешесі нәрестені тоғыз күн ұдайы қатты толғатып, ерекше бір ғаламат қорқынышты жағдайда өмірге әкелгенін айтады. Сырдарияның жағасы мен Қаратаудың айналасын қара тұман бұлт басып, күн тұтылады. Сондықтан Қорқыт туған бұл үрейлі қара түнек күнді халық “Қараспан” деп аталған. Сұрапыл дүлейден, қара түнектен қорыққан халық жаңа туған балаға “Қорқыт” деп ат қойған. Мағынасы “Қорқыт, қорқытты” деген ұғым береді.

Махмуд Қашқаридың айтуынша, халық өлеңдерінде, “Оғызнама” жырында Қорқыттың туғаны ерекше сипатталады. Мұны академик Ә. Х.Марғұлан да қуаттайды. Сырдарияға жақын Қаратау төңірегінде өмірге келген Қорқыт туғанда сөйлеп туыпты. Ол тауды Қарашық (Қаратау) немесе “Қараспан” деп аталған.

Оқуға кеңес береміз:

Қорқыт

Қорқыт туралы аңыз

Желмая (І нұсқа)

Әуппай (І нұсқа)

Қорқыт ата кесенесі


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама