Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 5 күн бұрын)
Сананың жаңғыруы. Қазақ басылымдары

Аты әлемге танымал француз қол­басшысы Наполеон Бонапарт «4 дивизияң болғанша, 4 газетің болсын» деп айтып кеткен болатын. Осы ретте халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған бұрынғы қазақ баспасөзінің XX ғасырдың бас кезіндегі жағдайы қандай болды деген сауалға тоқталып өткеніміз жөн. Осы орайда Алаш партиясы мүшелерінің қазақ баспасөзіне әкелген зор үлесін айрықша атап өтуге болады. XXғасырдың бас кезінде қазақ даласында «Қазақ» «Айқап», «Алаш», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Тұрмыс» және т.б. баспасөздер жарық көрген болатын. Сонымен қатар, Алаш партиясының зиялылары қазақ халқының құқығы үшін күресті. Қазақ халқының ең алдымен жерді иеленуге деген құқығы, ұлттық деңгейде тіл мен мәдениетті, дәстүрді сақтап қалу құқығы үшін күресті. Жер демекші партия жетекшілері қоныс аударушылардың пайдасына қарай қазақтардан тартып алынған жер бөліктеріне қарсы болды. Сол үшінде олар ең алдымен халықтың басты байлығы жер мәселесін шешуге ұмтылды. 

Ә.Бөкейхан пен А.Байтұрсынұлы ұстазымыз деп есептеген Гаспринский Францияда, Шығыста оқып, ағартушылық бағытта оқулықтар жазған. «Орыс-Шығыс келісімі» атты еңбегінде Ресей империясының қарамағындағы 20 миллион түрік-мұсылманды надан қылып ұстап, орыстандыруға тырысқан империя саясатын сынға алады. Осының бәрі айналып келгенде Алаш қозғалысының басталуына түрткі болды. Алаш оянуы дегенде біз XX ғасырдың басындағы ұлт құқының аяққа тапталуына қарсы жұмылған зиялылық күшті айтамыз. 

Жаңа әдісті оқу орындарында білім алған зиялы топ өкілдері де көп еді. Қанша шақырым жолды артқа тастап, жаңа әдіспен оқып, білімін толықтырған жастар саны арта берді. Міне, сол жас қазақтардың ішінде «Ғалияның түлектері» атанған Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сияқты алаштың талай игі-жақсылары білім алып шықты. Олар қоғамда жаңа деңгейді қалыптастырды. Қазақ тілінде басылымдардың шығуына, қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлестерін қосқан зиялы топ өкілдері қатарынан көрінді. Қазақ жастарының белгілі бір бөлігі ірі орталықтарда білім алды. Олардың көбісі сол тарихи кезеңдегі саяси оқиғалардың тікелей куәгерлері қатарында болды, өздері де жас болса да біраз саяси істерге араласты. Мүмкін осындай оқиғаларды бастан кешіргендіктен жастардың алдағы өмірдегі саяси белсенділіктеріне әсері болды. Саяси істерге енді ғана араласа бастаған жастарды ең алдымен ұлттық мәселе толғандырды және оны қалай шешу керектігі туралы іздене бастады.

Алаш тәжірбиесі нені көрсетті? Алаш идеясы белгілі бір топтың қалауымен өмірге келген жасанды қуыршақтар емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлтпен бірге тереңге тамыр жайған құндылық, ұлттың өмір сүру концепциясы. Дұрыс ұлттық идеяға табан тіреген Алаш қозғалысы адалдығымен, биік ойларымен, зиялы қауымымен тарихқа құнды дүние ретінде жазылып қалды.

Қазақ зиялылары әр қайсысы әр түрлі бағыттағы мамандар болды. XX ғасырдың басында зиялы қауымның үлкен бөлігі гимназиялар мен прогимназиялардың, медицина саласының, мұғалімдер даярлайтын семинариялардың түлектері болды. Олар оқу орындарын аяқтағаннан кейін бірнеше жерлерде жұмыс істеді. Интеллигенция өкілдерінің көбісі мерзімді басылымдар айналасына жиналды. Ұлттық мерзімді баспасөздің дұрыс жолға қойылмаған кезінде, кітаптардың орны ерекше болды. Бірінші орыс революциясынан кейінгі жылдары қазақ зиялылары қоғамдық-саяси міндеттерін орындау да, саяси тақырыптарда кітап жазды. Алаш көсемдері қан төкпей күресуді қалады. Міне, соның жолы ретінде газет-журналдарды таңдады.

«Алаш» партиясының көсемдері мен белсенді зиялы өкілдері қазақ журналистикасының қалыптасуына негіз болды. Олардың барлығы дерлік журналистика саласы туралы білім алмасада, қазақ даласында шығып жатқан баспасөз айналасында қызмет етті. Қазақстандағы алғашқы газет-журналдардың жетекшілері, авторлары, редакторлары зиялы қауым өкілдерінен тұрды. Олардың мамандықтары әр түрлі болды, бірақ газет-журнал қызметіне келгенде құдды бір журналист саласының майталманындай сезінетін. Ресейдегі техникалық университеттерді бітіріп басылымдарда істеп жүрді, заңгер, инженер секілді түрлі маман иелері қазақтың мерзімді басылым көздерінде қызмет жасады. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ басылымдары 10 жылға жетер-жетпес уақыт қана өмір сүрді.

Қазақстандағы газет-журналдар Қазан, Ташкент, Орынбор, Троицк қалаларында және Орал қаласындағы татар баспагерлері ұйымдастырған баспаханаларда шығып жүрді. Бүгінгі таңда мерзімді басылымдардың барлығы редакцияда компьютермен теріліп, стандарт бойынша жұмыс істеп, шетелдік баспахана машиналары арқылы газеттер шығып жатыр. Тек жариялауға материал керек демесеңіз, барлығы автоматтандырылған. Ал осындан 100 жылдан астам уақыт бұрынғы басылым авторлары осындай жағдайдың болатынына сенді ма екен ?!

Қазақ журналистикасының әкесі атанған Мұхамеджан Сералиннің шығармашылық жолында халқымыздың жағдайының да әсері болды. Ол жас буын өкілдерін білім алуға, жаңаша нәрселерді үйренуге шақырды. 

Сералиннің өмірінің әр түрлі жылдарында татар қоғам қайраткерлері қолдау көрсетті. Журналист, жазушы, революционер Ужгин Семен Семеновичтің естеліктері бойынша Сералинді Троицкінің татар демократиялық интеллигенциясын басқарған көпес М.Яушевтің қызметкері Ганиев жиі қолдады. 1904 жылы ол М.Сералинмен бірге орыс-қазақ басылымын шығару туралы ұсыныс тастайды. Газет орыс және қазақ тілінде шығарылатындығы, онда қазақ қоғамындағы орыс қоныс аударушыларының мәселесі айтылады деп мақсат қойылады. Басылымды шығару үшін қаражат керек болды, Ганиев либералды көпес М.Лушевті 500 рубль көлемінде субсидия беруге көндірді. Алайда, М. Сералин көпес ақшасына тәуелді болғысы келмей, ақшадан бас тартты. Мүмкін Ганиевтің газет шығару туралы идеясы М.Сералиннің алғашқы қазақ журналын шығаруына себеп болған шығар. Ол ешкімге қаржылай тәуелді болмай, еркін түрде басылым шығарғысы келді және уақыт өте келе жан-жақтан жиналған қайраткерлердің, азаматтардың қолдауымен шықты. Қазақ тарихындағы тұңғыш қазақ тіліндегі журнал «Айқап» деп аталды.

110 жыл бұрын 1911 жылы Троицк қаласында «Әй, қап!» деп қапияда қалып кеткен өкініш істерінен туындаған Айқап журналы дүниеге келді. Қазақ тарихындағы алғашқы мерзімді басылым және бұқаралық ақпарат құралы ретінде Айқап журналы 1911-1915 жылдар аралығында қоғамға қызмет етті. Либералдық-демократиялық бағытта басталған журнал әр түрлі тақырыптағы мәселелерді көтерді. Білім, салт-дәстүр, қазақ әйелдерінің мәселесі, жаңа әдісті мектептер жағдайы жайлы Айқап журналында жазылмай қалған жоқ. 

Журналдың жетекшісі ретінде Мұхамеджан Сералиннен басқа да авторлар қызмет етті. Олар: Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Барлыбек Сыртанов, Серали Лапин. "Айқаптың" маңына қазақ демократиялық интеллигенциясының өкілдері, талантты студент жастар жиналды, тіпті бірнеше қазақ әйелдерінің де үлесі тиді. Молдағали Жолдыбаев мақалалар мен фельетондар жазды. Қошмұхамед Кемеңгеров "Айқап" журналында өз өлеңдерімен қоса орыс ақындарының аудармаларын жинақтап жариялап жүрді. Журналда Акрам Галимов, Молдағали Жолдыбаев, Тайыр Жомартбаев, Қошмұхамбет Кемеңгеров, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев және тағы басқа белсенді қайраткерлер осы журнал маңында қызмет атқарды .

Журнал діни білім беру мен зайырлы білім арасына шекара қойған жоқ. Мұхамеджан Сералиннің ағартушылықтың жақтаушысы ретінде мынадай сөздерді үндеу ретінде айтып жүрді: "мектеп пен медресе сал, балаларды оқыт...". Айқаптың барлық 88 саны шықса, соның 66 санында 163 мақала мәдениет пен ағарту салаларына арналды.

Айқапта жарияланған өлеңдер үгіт-насихат ретінде жүріп отырды. Журнал авторлары Исмаил Гаспринскийдің идеясынан алыс емес еді. Осыған байланысты, "Айқапта" жарияланған Жармұхамет Макиневтің шағын өлеңінде сайлау тәжірибесін сынға алады. Даладағы сайлау демократияны емес, керісінше сыбайлас жемқорлықты, дұшпандық пен бәсекелестікті тудырды деп ашынады. Сонымен қатар, байлар сайлау науқанына жиналған барлық байлықтарын, малдарын жұмсайды, ал бұндай жағдай тек байларға ғана пайда алып келетіні анық.Жармұхамет Макинев дәл осы жағдайды ысырапшылдыққа теңейді, оның күнә екендігін жеткізгісі келеді.

Ағартушылыққа байланысты Мағжан Жұмабаевтің журнал беттерінде бірнеше өлеңдері жарық көрді. Солардың бірі 18 жастағы Мағжанның «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кездегі «Жатыр» атты өлеңі 1911 жылы журналдың №2 санында жарияланды. Өлеңнің бастапқы шумақтары мынадай:

Басқа жұрт аспан көкке асып жатыр,

Кілтің өнер-білім ашып жатыр.

Бірі ай, бірі жұлдыз, бірі күн боп

Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.

Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.

От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,

Тәңірінің рахметіне қанып жатыр.

Ойламай біздің қазақ текке жатыр,

Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр...

Жас ақын бұл өлеңінде халқының аянышты жағдайын сипаттап, ащы болса да шындығын сүйреп қазақ елінің басқа елдерден артта қалғанын айтады. Онда автор: «Бұл күндерде бізден басқа халықтар бәрі де оянып, не нәрсе өзіне пайдалы, не нәрсе зиянды, соның себебіне кірісіп, пайдалы жағын ұстап, зиянды жағынан безіп жатыр. Өз қызығында жүрген қазақты оятқысы келеді. Кәнеки, біздің қазақ жер-судан айырылып қалса, не күн көрмекші? Былайда байлығы талан-таражға салынып, тоналып жатқанда, оны қайтаратын құрал керек. Ол құрал – ғылым, білімде. Қазақ зиялыларының қаламынан өрбіген кез-келген шығарманың басым көпшілігі ағартушылыққа бағытталған. Бодандықтан құтылу үшін, отарлау саясатынан арылу үшін, еуропалық деңгейге жету үшін білім кілтін қажет етті. Білімді халық қай кезде болсын құқығын қорғай алады, жерін сақтай отырып тәуелсіздікте өмір сүреді. Міне сондықтанда зиялы қауым өкілдері айтып кеткен үндеулер халықты оятуға тікелей бағытталды.

Журналда жарияланған мақала авторлары арасында мұсылманша және орысша білім алу туралы пікірталастар пайда болды. Болашақ оқығандардың қолында екендігін дәлелдейтін мақалалар саны артты. Мектеп-медреселерді бітірген кейбір шәкірттердің ел мәдениетін өркендетуге, білімді көтеруге еш құлық танытпай отырғандығын да сынға ала жазған. Шәкірттердің жылдап оқып жатса да алып жатқан білімдерінің сапасыз екендігі сөз етілді. Бұндай жағдайда қазақ мектеп, медреселерінде құнды білім беру, нәтиже шығару үшін емтихандар ұйымдастыру, қыз балалар мен мұқтаж оқушыларға көмектесу сияқты үлкен істердің басы журнал беттерінде жарияланып тұрды.

Журналда кей авторлардың алғашқы ғылыми жұмыстары жарияланып жүрді. Айқап жас жазушыларға, ұстаздарға, қоғам қайраткерлеріне, ақындарға, жалпы қоғамдағы белгілі бір маман иесіне өз жұмыстарын жариялауға, ойларын ұсынуға, үндеу жасауға жақсы бір мүмкіндік сыйлады. 

Айқаптың алғашқы номерінен-ақ М.Сералиннің журналистикаға деген ыстық ықыласы білінеді. «Газет һәм журнал, халықтың қай жерде алға кеткендігі халық арасында таралған басылымдар арқылы білінеді» - деді. Журналды тек өз пайдасына қарай атақ үшін емес, халықтың көзін ашу үшін, халыққа пайда келтіру үшін шығарып отырғандығын жеткізгісі келді.

Айқаптың тағдыры ұзаққа созылмады, 4 жылдың ішінде 83, кей деректерде 89 номері шығып үлгерген. Қызметінің бірінші күнінен бастап патша үкіметінің бақылауында, қыспағында жүрді, қаржылық жағынан тапшылық орын алды, осындай жағдайлардың салдары журналдың жабылып қалуына әсер етті. Қай жұрттың болса да ең үлкен қорғаушысы – баспасөз. Халықтың өкпе-реніші, наразылығы, жаңалығы, қуанышы сол газет-журналдар арқылы жарияланып отырды. Айқаптың жетістігі ол айналасына қазақтың игі-жақсыларын жинай білді, мыңдаған оқырман жинап үлгерді, қазіргі тарихымызға дерек ретінде арқау болды. Бәлкім қазіргі баспасөз қызметтері ол кездегідей саяси олқылықтарға қарсы шығатын құрал ретінде қызмет атқармасада, әлі күнге дейін қоғамда мәдени тұрғыдан маңызын жоғалтқан жоқ. 

Қазақ зиялыларының еңбектерінің нәтижесі басылым көздерімен жұмыс істеу арқылы көрінді. Қоғамның жайын, ұлттың жағдайын жеткізу, патша үкіметінің саясатын түсіндіру, игі істерге шақыру сияқты ауқымды істермен айналысу үшін газет шығаруға кірісе бастады. Қазақ тілінде газет шығару үшін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұсынұлы, Міржақып Дулатұлы және қазақ зиялыларының алдыңғы қатары газетті шығару жолымен айналыса бастады. Сонымен алаштықтардың талпынысы «Қазақ» газетінің шығуына алып келді.

Осыдан 108 жыл бұрын құрылған «Қазақ» газеті XX ғасыр басындағы Алаш идеясын уағыздаушы бірден-бір ақпарат құралына айналды. Алаш орда көсемдері Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы қазақ жұртына Алаш үнін жеткізетін газетті шығару ісін ұйымдастырып, бір ғасырдан астам уақыт бұрын 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында «Қазақ» атты қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени газетті дүниеге әкелді. Газеттің алғашқы редакторы А.Байтұрсынұлы, ал өкілетті өкілі ретінде М.Дулатұлы қызметте болды. Газетте қырықтан аса авторлар қызмет етті. Олардың қатарында белгілі қоғам қайраткерлері, әдебиет өкілдері, әйел адамдар да жұмыла жұмыс істеді.

«Қазақтың» Орынбор қаласында шығуы кездейсоқ емес. Орынбор өз заманында Қазан қаласынан кейінгі ірі саяси, мәдени орталық болды, халық көп шоғырланған аймақ ретінде танылды. XX ғасырдың алғашқы он жылдығында қалада үш татар баспасы жұмыс істеді. Баспаханаларды татар және башқұрт халқының көрнекті қайраткерлері басшылығына алды.

Бұл басылым қазақ даласындағы алғашқы газеттердің бірі емес. «Қазаққа» дейін атыда, затыда бөлек, өз алдына бір төбе басылымдар болды. Мысалы, «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Серке», «Қазақстан», «Сарыарқа» сияқты тағы да басқа газет-журналдар болды. Бірақ осы қазақ басылымдарының ішінде танылмалы, беделдісі «Қазақ» газеті болды. Газет бағасы былайша бекітілді: бір жылға жазылу - 3 рубль, жарты жылға – 1 рубль 75 тиын, 3 айға - 1 рубль, жекелеген нөмір бағасы - 5 тиын.

Мұхтар Әуезов А.Байтұсыновтың 50 жылдығына арналған мақаласында былай деп «Қазақ» газеті туралы естеліктерімен бөліседі. Мақалада былай делінеді: «Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған əсерлі анық сөздер мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттегендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан əлсіз ойын жол мұндалап, жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көргенде жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сəлемдемедей болатын». Басылымның халық ішіне сондай танымал және қадірлі болғанын осындай естеліктер дәлелдейді. Газет арқылы халық солғын денесіне қан жүгіргенін сезген де болуы керек.

Газет 5 жыл уақыт ішінде жастың да, кәрінің де көңілінен шығып үлгерді. Газеттің әрбір саны қолдан қолға, ауылдан ауылға көшіп жүріп, жыртылып тозғанша оқылатын болды. Қазақстан ішінде, одан тысқары аумақтарда Варшава, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан қалаларында оқитын жас қазақ студенттер алдырып оқып жүрді. Газеттің сұранысқа ие болуы ол үлкен жетістік. Егер адамдар оқып жатса қоғам санасына әсер етті деген сөз емес пе?! Бүгінгі күні жастар әлеуметтік желілердің тұрақты оқырманы ғой, бүгін қандай жаңа видео шығады екен деп сабыла күтсе, ол кездің жастары газеттің жаңа номері қашан шығады екен деп сарыла күткен болар.

«Қазақ» газетінің шығып, аяққа тұруына қазақтың ерте оянған зиялы тобы көмекші болды. Көмекшілер қатарында «Ғалия» шәкірттері қосымша жазушы болып жұмыс істеді және Орынбордағы орыс мектебіндегі қазақ балалары қара жұмысшылар болып көмектесті. Осылайша газеттің алғашқы басылымдары шыға бастады. Басылымның тағдыры оңай болған жоқ, қосымша қызметкерлерге қаражаттың жетіспеуінен Ахмет Байтұрсынұлының жары мен қызы техникалық жұмыстарды атқарып жүрді. Газет қазақ өмірін жан-жақты əр қырынан алып, үкіметтің арам пиғылын жоғарыдан бастап урядниктерге дейін сынап-мінеп отырды, сол үшін де газетке бірнеше рет айыппұл салынып, редакторы түрмеге жабылды.

Қазақ газетінің кей басылымдарының бізге жетпеген сандары шетел мұрағаттарында жатуы мүмкін деген болжам бар. Себебі, Стамбул, Нью-Йорк, Мюнхен сияқты қалаларда оқырмандары болған. Газетті жаздырып алып оқыған екен. Басылымның нақты қанша саны кетті, кімдер алдырып оқыды ол әлі белгісіз.

Айқаптағы сияқты Қазақтада әйелдердің авторлық қызметі айқын болды. Қазақ газетінде қызмет атқарған авторлар қатарында алаш қайраткері М.Дулатұлының жары Ғанижамал Дулатова, мұсылман халқының теңдікке ұмтылуына байланысты бас қосуларда ерлермен қатар сөз сөйлеген Аққаз Досжанова, қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы журналистерінің бірі Нәзипа Құлжанова, Гүлайым Байгурина, Сара Есқызы сияқты қазақ қыздары белсенділік көрсетті.

"Қазақ" газетінің беттерінде қазақ бұқарасының жан-жақты мәлімет алуына арналған түрлі ақпараттарды жиі кездестіруге болды. Халықтың саяси құқықтық санасын қалыптастыруға арналған қоғамдық-саяси материалдарды да көре аламыз. Редакция қызметкерлері қоғамдық-саяси жұмыс пен шығармашылықты қатар алып жүріп, ұлттықсананың оянуына қадамдар жасады, бостандық пен еркіндік идеяларын қабылдауға шақырды. 

Шынымен сол кезеңдегі қазақ қоғамына журналда, газетте артық етпеді. Мерзімді баспасөз қызметінің ұзақ уақыт бойы жұмыс істей алмайтындығын біле тұра, тәуекелге бару тікелей батылдықты талап етті. Міржақып Дулатұлы журналға 3 жыл, газетке 1 жыл толғанда: «Бұл журнал қазаққа баспасөздің ең керекті кезінде шыққанға, жұрттың бәрі тілектес һәм көмектес болып жылы шыраймен қарсы алып еді. Қазаққа бір жақсы газет, бір жақсы журнал керек емес пе» - деп ойын білдірген болатын. Журнал мен газеттің саяси аренадағы қызметін бөліп немесе салыстырып қарамай, олардың жеткен жетістіктерін көбірек талдау керек. Себебі, екеуінің де мақсаты халыққа жан-жақты мәлімет ұсынуға бағытталды. Екеуіде XX ғасырдың бас кезеңіндегі қазақ тарихынан мол деректер ұсынады.

«Қазақ» газеті белсенді деген қайраткерлердің ортақ жемісі, оның жарыққа шығуына барлығы бірдей атсалысты. М.Дулатов 1917 жылы: «Газет шығару, баспахана алу сияқты істер көлденең адамға сауда-саттық іс секілді көрінсе ғажап емес: ақша болды - алдың, қаламың болды - жаздың. Бірақ бізге олай емес. Бес жылдан бері газетті шығарып келе жатқан, жас баласын тәрбиелеген анадай, ыстық-суығын көрген бізге зор іс, зор қуаныш» - деп естелігімен бөліседі. Бұндай беделді мерзімді басылымның жабылып қалу ауырлығын біз сезе алмаспыз, бірақ сол зиялылар үшін бұл үлкен ауыртпалық болды. 5 жыл бойы газеттің айналасында топтасып жүріп, бір-біріне деген қолдауларының арқасында газет бүгінгі күні тарих болып қалуда. Патшалықтың қатаң цензура жағдайында кез-келген басылым ұзаққа бармас еді. Себебі ол кез үшін қалыпты көрініс осындай болды.

Өткеніміз бен бүгінімізді алсақ та мерзімді басылымы жоқ елді көрмейміз. Ірілі ұсақты жаңалықтарды ұсынатын газет, журналдардың болуы міндетті болып қалыптасқан. Қазақ тарихында басылымдар туралы мәселе қаралғанда «Айқап» пен «Қазақтың» орны бөлек. Бұлардан бөлек көптеген өңірлік басылымдар шығып жүрді, газеттердің түрлері көп болды. Бірақ, олардың арасынан озығы, танымалы, халықты жан-жақты жаңалықтармен қамтасыз еткен осы екі басылымды айрықша атап өткенді жөн санадым.

Айым Кенес


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама