Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Сатылмаған не қалды?

Камалға хат

Қадірлі Камал!

Маған жазған соңғы хатың («Егемен Қазақстан», 21-тамыз, 1996 ж.) мен алғашқы «Қазақстан. XXI ғасыр» атты мақалаңның арасы жер мен көктей.

Алғашқы мақалаңда сен Күннің көзінен шылым тұтатып тұрғандай асқақ едің. Соңғы хатында сен, Камал, періштелер мекендеген Көктем төмендеп, күнәкарлар жайлаған Жердің бетіне жақындаған сыңайлысың. Өйткені Жезқазған, Өскемен, Соколов-Сарыбай, Павлодар, Қарағанды өңірлеріндегі өндіріс алыптарының әлдекімдердің қолында кеткенін және олар бұл шылқа байлықтан қазынаға қосымша күн салығын төлемейтінін, өнімді не істеймін десе де өз еріктері екенін, олардың ісіне біз араласа алмайтынымызды өте бір өкінішпен жазыпсың.

К,ой саны ойсырап кемуі салдарынан барлығы бір миллионға жуық мал баққан қазақтың жұмыссыз қалғанын анықтапсың.

Тіпті бір кезде бізде елу миллион күс өсірілсе, қазір жиырма-ақ. миллион қалғанына дейін білесің. Қойдың жөні бір бөлек, ол үкіметтің қаһарына ұшырады. Ал тауыққа не бәле көрінді? Неге өспейді? Қораздары қырылып қалған ба?

Оның есесіне Америкадан жеткен борықтай дәу тауықтардың сан етін қымбатқа сатып аласың. Ал біздің баяғы қазақтар Әлдеқашан айтқан: «Теңіздің ар жағында бір сиыр сексен тиын дейді. Құрысын, әкелуі иттен қиын дейді», — деп. «Алыстан ар-балағанша, жақыннан дорбала», — дегенді де сол баяғы бабалар айтқан. Ал олар бізден әлдеқайда ақылдырақ, әсіресе имандырақ болған тәрізді.

Камал мырза, біз екеуіміз аса беделді «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде хат жазысқанымызға біраз болды. Бұл екеуіміздің жеке басымыздың тіршілігі емес екені бесенеден белгілі. Бірақ осы жазған хаттарымыз аса биік мәртебелі Президенттің. назарына түсе ме екен? Үкімет басшысы не ойлайды? Экономикалық саясат, қалай болғанда да сол азаматтың уысында ғой...

Камал, сен соңғы хатында аса қасиетті есімдерді: Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлұлы, Смағұл Садуақасұлы, тағы басқаларды атап, олардың ерен ерлік істерін еске салыпсың. Рақмет.

Әлихан Бөкейхан болса, сонау 1910 жылдың өзінде-ақ қазақ малдан айырылса, жерден айырылса, қалаға қарай ағылып, пролетариат қатарын көбейтетінін көрегендікпен жазып еді. Дәл соны қазір көріп отырмыз.

Тұрар Рысқұлұлы болса, ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын өркендету үшін үкімет тарапынан көп қолдау қажет екенін ұдайы айтты.

Ал Смағүл Садуақасұлы Голощекиннің жағасын жырта, жағын айыра жүріп, «елдің бай болуын көздейтінін, сондықтан өкіметтен қорықпай мал-мүлікті көбейту керектігін, қызметкерлерді казактан алу және кеңсені қазақтандыру қажеттігін... келімсектер иеленген жерді казак халқына әперу үшін күресетінін айтады» (Дихан Қамзабекұлы. «Смағүл Садуақасұлы». 166-бет).

Еліміздің ерен ұлдары ауыл қамын осылай жеген. Ал бүгінгі білгіштер жерді сату керек деді. Жер сатылса, сатылмаған не қалады? Сатылып жатыр. Зауыттар, фабриктер, кеніштер, шахталар... Қазақстан әуе жолы сатылды.

Мемлекет қазынасына одан не түсіп жатыр? Білмейміз. Сатылып жатыр. Бит екеш битке дейін сатылады. Бір бит қара базарда бес жүз теңге. Үш бит бір мың бес жүз теңге. Семіз бір қойдың кұны. Бит қымбат. Өйткені біздің дәрігерлер жаза алмайтын сары ауруды (гепатит) бит жазады-мыс.

Сатылып жатыр. Балалар бақшасы, кітап магазиндері... Білетін шығарсын, Камал, астанадағы Панфилов көшесі мен Төле би көшесінің қиылыс бұрышында бұрын үлкен кітап дүкені бар болатын. Жақында кіріп барсам: кіреберіс босағада аядай жерде ғана кітаптар тұр да, екі жақ канатта, төрде түрлі тауарлар, оның ішінде Испаниядан келген, бағасы он екі мың теңгелік құлып, т. б. кәкір-шүкір. Кітап байғұс бүрісіп босағада тұр. Арасында қазақшасы мүлде жоққа тән.

Тағы да кітап дегеннен шығады. Баяғыда біздің асыл ағаларымыз, әсіресе Ғабит Мүсірепов күреспен алған Жазушылар үйі де қолда кетіп, әйтеуір әрең қайтқан сияқты. Бірақ дау-дамай әлі бар көрінеді.

Жазушы деген халықтың жағдайы қандай? Кім не жазып жатыр? Жарқ етіп көрінген жақсы туындылар бар ма? Татымды туынды тудыру үшін жазушыға, жалпы өнер адамына қандай қамқорлық керек — бұл мәселемен шұғылданып, бүге-шігесін біліп отырған үкімет адамы жоқ. Осы салаға қамқоршы деген вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов, менің пайымдауымша, тек Денсаулық сақтау министрінің қызметін атқарып жүрген сияқты көрінеді. Ол облыстарды аралау науқанын өткізді. Мақсаты «страховая медицина» дегенді насихаттау болды. Иманғали жазушылармен кездесіпті, әңгіме айтыпты, қаламгерлердің жай-күйімен танысыпты, идеология саласында келелі пікірлер айтып, рухани әлемді үйіріп әкетіпті дегенді естімедік.

Обалы не керек, ұлы әруақтарға: Абайға, Жамбылға үкімет тағзымы мол болды. Абай мен Жамбыл Қазақстанды, қазақтарды әлемге танытқанына тәнті болдық. Ал енді ел болған соң, халық болған соң, сол халық тағы да әлем таныр таланттар тудырмай ма екен, олар Қазақстанның мақтанышы болмай ма екен. Абайы жоқ, Жамбылы жоқ, Мұхтары жоқ ел шын бақытсыз болар еді. Ал енді олар ізбасарсыз қалса ше? Оны уайымдайтын жан бар ма?

Сатылып жатыр. Асыл мүйізіне бола ақбөкеннің текелері азайды. Тұқымы құрып кетпесе неғылсын. Қаршығалар мен қырғиларды да қояр емес. Сатып жатыр. Құдай қарғағанда, Алланың атын да сатып жүргендер бар. Көзіңе түспеді ме, Камал, Қазақстанда «Қайнар» баспасынан «Алланың дүниеге жаңа сәлемі» — «Новое Послание Аллаха миру» деген кітап шықты. Авторы — Ақ-Бекет. Жана пайғамбармын, Алланың елшісімін дейді. Ал Ислам дінінің, Құранның айтуынша, Алланың ең соңғы елшісі, расулы тек Мухаммед пайғамбар еді ғой.

«Мені құлақ салып тыңдаңдар, — дейді Ақ-Бекет, — өйткені мен құдіретті де жалғыз Алланың елшісімін...» Дүние қалай

теңселіп кетпей тұр?! Бұл деген керемет жаңалық қой! Сонда бұл Алланың «жана елшісі» не жаналық айтады: «Қараңғылық азайып, жарық көбейді, соғыс азайып, бейбітшілік молайды, иманды көбейіп, имансыз азайды», — дейді.

Бірақ Күн де баяғыша, түн де баяғыша. Соғыс деген ана жерден де, мына жерден бұрқ-бұрқ етеді. Ал иманды көбейіп, имансыз азайса, жер бетінде жұмақ неге орнамайды? Ал Ақ-Бекеттің басқа жаңалығы да, «Алланың жана сәлемі» де жоқ.. Тек Құраннан, інжілден көшірмелер. Былайша айтқанда, плагиат, діни-әдеби ұрлық. Бұл «Алланың елшісі» шын адал болса, одан да Құранды Қазақша, орысша насихат тау, түсіндіру десе абыройлы болар еді. Жоқ, «Алланың жаңа сәлемі» дейді.

Камал, бұл кітаптағы ен бір қызық жері — Ақ-Бекет өз туындысын: «Адамдарға Алланың қасиетті сөзін жеткізуші, менің халқымның рухани ұстазы Рәтбек қажы Нысанбайұлының абыройы арта берсін!» — деп аяқтайды. Өзі «Алланың. елшісі» бола тұрып, байтақ мұсылман дінінің Қазақстандағы ғана муфтиіне жағынғаны несі?

Ал енді муфтиіміз Рәтбек қажы, ол басқарып отырған муфтият Алланың атын сатып, өзін «Алланың. елшісімін» деп жүрген кәдімгі пендеге қандай тойтарыс беріпті? Ақ-Бекет өзінің «енбегін» жазбаша жариялады. 150.000 дана. Жарияланғанына торт жыл болды. Ал мешіт жағынан: «Әй, мұнафых! Тәйт! Тантыма! Алланың атын сатпа!» — деген жариялы ескерту болған жоқ. Құран-Кәрімнің Бақара сүресінде: «Хақиқатты бұзықтыққа араластырмаңдар да, сондай-ақ біле тұра шындықты жасырмаңдар», — деген қасиетті өсиет бар. Муфтият пен мешіт мұны неге орындамайды?

Қасиетті мұсылман дінін уағыздаудың топастығынан, дәрменсіздігінен, әсерсіздігінен тек Алматының өзінде ғана соңғы жылдары алты мың казак христиан дініне кірді. Қазір шоқынған қазақтардың ұлттық хоры жұмыс істейді. Олар шіркеуде ән салады.

Сатылмаған не қалды? Ар-ождан да, абырой да сатылады. Долларға бола басқа діндерге кіріп жатқан қазақ жастары қаншама! «Алланың елшісімін!» — деп Ақ-Бекеттер жар салып, жалған пайғамбар болып жүрсе, оған мұсылман дінінің басшылары қалғып-мүлгіп қараса, ислам кімді қызықтырмақ?!

Солай, Камал бауырым. Сатылады, бәрі де сатылады. Қызыл-кұмдағы тасбақада сатылып жатыр. Шетелде ол қымбат көрінеді. Шетелдіктер тасбақаның етіне жерік көрінеді.

Махаббат та сатылады.

«Белгілі бір жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың өзара бет жыртысып, айтысқа барып, баспасөз бетінде салғыласуы» жөнінде айтпайсың деп мені айыптаған сыңай танытасың. Олар кімдер екенін өзің ашып жазбайсың. Жазушылар арасындағы айтыстар-тыс ежелгі aуpy. 1922 жылғы 22-шілдеде Мәскеуден Ә.Байділдинге жолдаған хатында билік үшін өзара қырқысқа түскен қазақ зиялыларының берекесіз әрекетіне наразы болған 22 жасар Смағұл Садуақасұлы қатты ашынып былай деген: «...Қазақ қазақты даттап кімге жақпақ? Казак казакты кімнің алдында жамандайды? Әрине, бөтеннің алдында жамандайды...» Мұнда ұққан бір нәрсем: қазақ Мәскеуге келіп, ішкі кикілжің жөнінде хабар бермеуі керек. Әсіресе бірін-бірі жамандамасын. Сөз тасымасын. Егер билік үшін ары мен жанын сатса, ондайлардың жазасын Құдай берсін... Жүректерінде тырнақтай таза ет болса, олар ертең-ақ отаршыларға қарсы тұрады. Ал мұны жасамаса, өзінін бес күндік өмірі үшін халқын сатуды жалғастыра береді де...» (Ордалы Қоңыратбаев. «Тұрар Рысқұлов», 246-бет).

Көрдің бе, Камал, халқын сататындар да болады екен. Сол сатқындардың кесірінен Голощекиннің тепкісінен Тұрар Рысқұлұлы, Смағүл Садуақасұлы, Нығмет Нұрмақұлы Қазакстаннан тысқары кетті. Ғаббас Тоғжановтар Смағүл Садуақасұлының соңына шыра қалып түсті. Ақыры Смағұл Садуақасұлы Мәскеуде жұмбақ өліммен қайтыс болды. Смағүл әйгілі Әлімхан Бөкейханның күйеу баласы еді. «Кремагорийдан жан дүниесі күйзеліп, түрі қатты солғындаған Әлихан Бөкейханды осы үлкен қайғысын бір кісідей көтеріскен Тұрар Рысқұлұлы мен Нығмет Нұрмақұлы қолтықтап алып қайтқан» (Дихан Қамзабекұлы. «Смағүл Садуақасұлы». 37-бет).

Тұрар Рысқұлұлы мен Нығмет Нұрмақұлы бастаған бір топ басшылар «Известия» (18.XI. 1933 жыл) газетіне мұнақып (некролог) жазбаса, Смағұлдың қашан өлгенінің өзі жұмбақ болып қалар еді. Смағұлдың қазасын казак баспасөзінің бірде-біреуі хабарламады. (Дихан Қамзабекұлы. «Смағұл Садуақасұлы». 37-бет).

Қазақстан жазушыларының жуырда өткен соңғы съезі ненің айғағы? Масқара болған жоқ па? Билікке таласқандардың бет-бейнесін кердік қой. Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба да солай жүреді. «Жақсы адам қартайса — қазына. Жаман адам қартайса — қазымыр». Жазушылардың арасында қазымырлар да жүргенде жастар қайда барып, кімді көріп оңады.

Жазушылық өмірде өзімнің кейбір қаламдас бауырларымнан қиянатты көп көрдім. Бірақ олармен салғыласып жатпадым. Қиянатшылды, ғайбатшылды Құдай өзі табады.

Камал, соңғы бір кездескенде сен: «Біреулер маған абайла деді. Газет бетінде өткір сын айтқандарын үшін біреулер атып тастап жүрмесін деді», — дедің. Әр жерде шыншыл журналистерді атып кетіп жатқаны рас. Қайда барып тығыласың? Шындықтың жолы — қиын жол. Біздің тағдыр Аспан компьютерінде жазулы тұр. Қашан, қай жерде, қай күні, қай сағатта, қай минутта. Ол ноқтадан ешкім қашып құтыла алмайды. Жазмыштан озмыш жоқ. Сау бол!

Шерхан МҰРТАЗА 29-тамыз, 1996 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама