Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Тәуелсіздік біреу

Бәріміз соған тіреу болуға жараймыз ба?

Камалға хат

Қадірлі Камал! «Реформа жалаң мақсат емес» («Егемен Қазақстан», 19.10.1996.) атты мақалаңды оқып тағы да қолыма қалам алдым. Бір жағынан қиналып та отырмын. Бұрынғы әңгімені қайталай беру де қызық емес. Ал біздің әңгімеміздің тақырыбы бізді еріксіз елдің жағдайына қарай итермелей береді.

Шіркін, анау Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың екеуара сырласуы сияқты екеуміз де өз өмірімізде бастан кешкен, әйел затына ғашық болған кездерімізді (егер болса) еске алып отырар ма едік. Соңғы кезде Шыңғыс пен Мұхтардың осындай бір әңгімесін біздің газет-журналдар жабыла жариялап жатыр ғой. Ай, бірақ сен екеуміз махаббат мәселесін ел қызығып оқитындай елжірете жаза алмаспыз. Бұл ретте бізге Шықаң болу, Мұхаң болу қайда-а-а...

Оның есесіне сен, Камал, реформа дейсің. Міне, біздің «ғашығымыз!» Реформа! Біртүрлі қызық «махаббат». Ғашығымыз аяусыз алдап жүрген сияқты. Ал сен болсаң, реформа жалаң мақсат емес дейсің. Мақсат жаман емес. Іс қайда? Мақсатқа жету үшін, тәуелсіздікті қорғап қалуға іс керек, қимыл керек, әрекет керек. Іс те бар, қимыл да бар, әрекет те бар. Бірақ оның бәрі реформа мақсаты үшін емес... Әркімнің қарақан басы үшін.

Экономиканы реформалау үшін алдымен сананы реформалау керек екен ғой. Өзің айтыпсың ғой: «Өзіміздің ішімізде талан-таражға түсіп, суық қолдар мен сұғанақ қалталарға сүңгіп кеткен ақша қаншама!» — деп. «Президент өзінің бір сөзінде казіргі шенеуніктердің қаншалық қомағай-қанағатсыз екендіктерін ашына айтты ғой», — дейсің.

Міне, мәселе қайда! Демек, алдымен қисық-қыңыр сананы түзетіп ал! Өзің айтқан шенеуніктеріміздің санасы ортағасырлық теңіз қарақшыларының санасы дәрежесінде қалған. Тек тонау! Ұрандары осы. Қазақстан, қайран Қазақстан, құдай-тағала бай жаратқан Қазақстан талапайға түсіп кетті! Осыны айтсаң, басшылар ашуланады, шамданады. Оу, шындықтың несіне шамырқанады. Қазақстан байлығы қорқаулардың тонауына түспесе, сол байлық өз халқын асырауға жетеді ғой, жетіп-артылады ғой. Камал, сен өзің емес пе едің алғашқы: «Қазақстан. XXI ғасыр» деген мақалаңда Қазақстан байлығы бір миллиард адамды асырауға жетеді деген?! Ал қазіргі халқы он жеті миллионға жетер-жетпес. Соның қаншауы бай, қаншауы кедей! Есепке жүйрік едің ғой, шығарып көрші.

Таяуда «Жас Алаш» газетінде Қайкы Қылыш деген біреу Президент сынамаңдар деп шыр-шыр етіп, араша түсіпті. Соның арашасына Президент мұқтаж болып қалғандай. Бәрі сатылып жатыр деп сарнамаңдар дейді. Немене, сонда көзімізді киіз шормен таңып тастауымыз керек пе? Көрсек те көрмеген болайық па? Президентке жаныңның ашығаны сол ма? Көре тұрып көрмеген болу, шындықты жасыру — міне, Президентке нағыз зиянкестік осы! Қылышың қайқы болса да, сөзің, пейілің түзу болсын. Жалпы, осы ашық жария заманында бүркеншек ат жамылып алғаны несі. Со да сән бе?

Солай, Камал дос. Адамның санасы, ниеті, пейілі түзелмей, түк те түзелмейді. Президенттің өзі өзінің уәзірлеріне «қомағай-қанағатсыз» деп ашынса, демек қоғамның басы ауырады деген сөз. Ондай шенеуніктер қоғам денесіндегі қатерлі ісіктер. Дер кезінде сылып тастап отырмаса аса қауіпті. Ал біздің прокуратура, тергеу, милиция, сот, кауіпсіздік органдары ұры-қарылардың, парақор, жемқорлардың шабақтарын ғана ұстайды да, жайындарын, акулаларын ұстауға шамасы жетпейді. Яки қорқады, яки сыбайлас. Әйтпесе жұртшылық: Малахов қайда, Шумов, Те қайда? Басқалары қайда? — деп шулап жатыр. Тырс еткен ешкім жоқ. Не бұл мемлекеттік құпия ма?

Әрине, халық төзімді. Бастық барып: «Халің қалай?» — десе, «Құдайға шүкір, бұдан жаман күнімізде де шыдағанбыз», — деп тәубасын айтады. Халық төзімді. Бірақ халық төзе береді екен деп тасыраңдауға болмайды. Халық тымық жатқан мұхит сияқты. Ал бір буырқанса... Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын.

Адам санасын, құлқын, пейілін түзетуде біздің үкімет шөп басын сындырған жоқ. Ал оның есесін теңіздің ар жағынан, бер жағынан келгендер артығымен толтырып жатыр. Теледидар солардың қолшоқпарына айналды. Адамның адамгершілігін, пиғылын бұзатын аса қатерлі қару сол. Ұрлық пен қарлықты да, жауыздық пен жалмауыздықты да, арсыз, имансыз жәлептікті, адам өлтірудің нешеме түрлерін бесікте жатқан баладан бастап, бәрімізге үйретіп, санамызды улап жатыр, улап жатыр.

Камал, жазда Көкшетауда, тағы бір жерлерде обыр шегіртке егінді бүлдіріп кетті. Сол шегірткелер адам санасын да бүлдіріп жатыр. Құдай біреу. Құдірет біреу, ал дін көп екен, соның өкілдері Қазақстанда қаптап жүр. Бір отбасында біреу мұсылман, біреу баптист, біреу православ, біреу бахаист, біреу ахмади, бірі иудаист, бірі кришнаит, бірі католик болатын күн жақын. Қаһарлы қантөгістер негізі сол.

Өткен жолы өзім жазған Ақ-Бекет, өзін-өзі Алланың елшісімін деп жариялап, кітап жазған қасқа таяуда христиан дініне кіріпті. Міне, сана-сезім қарақшысы! Осыдан кейін қоғамның дені-қарны сау деп кім айта алады.

Камал! «Ақ босаға» деген басылымда (№ 10, 1996) Райхан Асылбекова деген қыз біздің мешіт туралы былай деп жазады. Қыздың әкесі қайтыс болған, шешесі қатты ауру. Әбден күйзелген Райхан мешіттен бір медет іздеп барады ғой. Барса, молда жұрттан ақшаны жинап алады да, бәрі үшін бір-екі дұға оқыған болып, уақытым жоқ деп, бетін сипап тұрып кетеді.

Райхан айтады, енді кайтып көрмегенім мешіт болсын дейді. Сөйтеді де шіркеуге барады. Барса, қасиетті әкей, яғни поп оны туған бауырындай құшағын жайып қарсы алады. Қыздың мұң-мұқтажын тыңдайды. Жұбаныш айтады, ақыл қосады. Не керек, содан Райхан жаны жадырап, иығынан зіл қара тас түскендей жеңілденіп кайтады. Сана төңкерісі деген осы, Камал. Ал Қайқы

Қылыштар бізге неге зар-заман орнатасыңдар, неге күңірене бересіңдер деп күстаналайды.

Камал дос! Экономикалық реформа түзу болу үшін алдымен адамның санасын, құлқының, нысабын түзетіп ал. «Кедей — бай болсам дейді, бай — Құдай болсам дейді». Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп!» — десе. Жоқ, бай Құдай болсам дейді. Бұл қанағатсыздық. Бәленің бәрі осы қанағатсыздықтан туа береді. Қомағай құлқын обыр оппа. Оны толтыра алмайсың. Өзі тойса да, көзі тоймайды. Өлгенде топырақ қана тойдырады. Казіргі жегіштердің көбі сондай. Акуланы сойғанда қарнынан тас та, тасбақа да, темір де, терсек те шыға беретін көрінеді. Ал біздің адам-акулаларымыздың қарнын жарып жіберсең — Қазақстанның прокаты да, алтыны да, мырышы да, хромы да, мұнайы да, арақ зауыттары да, қант зауыттары — бәрі-бәрі ақтарылып шыға келер еді.

Осының бәрі халықтың несібесі емес пе еді? Жекешелендіру дегенді ойлап таптық та, әлі жеткен ту-талапай тонап алды да қойды, әлсіз халық құр алақан қалды да қойды. Осы да реформа ма?! Бұл әлі арты ашылатын үлке-е-ен қылмыс.

Жекешелендір. Мейлі. Бірақ әділеттік қайда? Әркімнің еңбегіне, қоғамға қосқан үлесіне қарай бөлмеймісің? Қолы жеткен алды-кетті деген бола ма екен? Әділетті, құқықтық мемлекет орнатамыз деп жүріп, қадам басқан сайын әділетсіздікке жол берсек, құқықтық мемлекет құра алмаймыз ғой.

«Неге Ислам Каримовты мақтай бересіңдер? — деп ұрсады бір жазғыш. Мақтаса несі бар? Өзбекстан жер байлығы Қазақстандікінен артық емес. Бірақ өзбектер ұқсата біледі, істің көзін табады. Қазір Өзбекстан ешкімге ешнәрсе қарыз емес, соған қызығып шетелдік капиталистер несие берейік алыңдар дейді. Өзбектер алмайды. Мойныңа қарыз қарғыбауын тағып алғаннан ауыр нәрсе жоқ. Ал біздің мойнымыздағы қарыз-несиенің есебін бір Құдайдың өзі біледі. Ала береміз, ала береміз. Одан өркендеп жатқан өндіріс шамалы. Күндердің күнінде қарыз-қарғыбау тартылып кеп қалса — тұншығу деген сонда болады.

Енді бір сор — жалақы мен зейнетақыны төлемеу, ақшаны бастықтар алып «айналымға» жібереді дейді. Жалақы мен зейнетақының мерзімінде төленбеуі содан дейді. Заңның көзі жетіп отыр. Өтірік емес. Оу, ендеше ондай бастықты неге жазаға тартпайсың?! Көкжелкеден ұрып неге құстырмайсың?! Осылай деп шындықты айтқан адамды қазір Дон Кихот, алан ғасыр сияқты көріп, күлетін тәрізді. Сен мұны байқадың ба, Камал? Шындықты айтып алыссаң — ақымаққа балайды. Міне, заман! Осының бәрі дүлей күштің, диюлардың күшейіп кеткендігінен.

Батыстың бүлдіргі мәдениеті қаптады. Бұрын Батыстан Бальзакты, Гюгоны, Драйзерді, Хэмингуэйді, Шекспирді, Шиллерді, Гетені, Гейнені тауып едік. Енді олардан адасып, мұнар-мұнар арасынан кілең диюларды көретін болдық. Антикультура деген осы. Халықтың санасын улап, роботқа, мәңгүртке айналдыру — ежелден Әзәзілдің арманы. Жаратқан құдіреттің өзіне бағынбай, бақталасқан Әзәзіл дию мақсатына жететін сияқты.

Камал! Баяғыда бір бәйтерек болыпты. Оның төбесіне Самұрық ұя салады екен. Самұрық басқа жаққа кетпек болып бәйтерекпен қоштасқанда, бәйтерек:

— Менің бұтағымды мекен етіп едің, енді кетіп барасың. Маған не тілейсің? — депті дейді. Самұрық:

— Тілейтінім, сені Құдай орманшының. балтасынан сақтасын, — депті. Мұны айтқаным: бүгін Тәуелсіздік күні, Камал. Сол Тәуелсіздігімізді Құдай бұзықтардың балтасынан сақтасын.

Тәуелсіздік біреу. Ол біз сияқты, қазақ сияқты халыққа жүздеген жылдардан кейін ғана келіп жеткен. Алланың ақ нұры. Оған адал ниетті адамдар бәріміз тіреу болсақ қана заман түзелер. Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті. Қиыншылық жолын қиялап өтіп, жайдарман жерге де жетерміз. Әйтеуір бір Құдірет әдейі қиян-кескі қиыншылық кездестіретін көрінеді ғой. Баяғы Аю пайғамбарды сынағаны сияқты. Ақыры Аюб барлық сынға шыдап, Құдайдың мейіріне бөленген дейді.

Біз не көрсек те Көк Туымыз қолымыздан түспесе екен. Көк Тудан ажыраған күні тағы да тулақ боласың.

Тәуелсіздік — жаңа шығып келе жатқан Күн. Елдің емес, жас мемлекеттің емес, өз қарақан басының қамын ойлаған жемқорлар, парақорлар, Қазақстан байлығын талан-таражға салған сатқындар! Жаңа шығып келе жатқан Күнді көлегейлеп, бұлтпен бүркемелеп, тұмшаламаңдар!

Міне, Камал, мен бұл хатымды осындай сөздермен аяқтағым келеді. Тәуелсіздік таңы атты. Құтты болсын! Басымызға күт қонсын! Сол құт құсын үркітіп, ұшырып алмайық.

Шерхан МҰРТАЗА 24-қазан, 1996 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама