Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 сағат бұрын)
Шабағы шолпыған бұлақ

Адам сезімінің сараңдығы мен тараңдығына налитын сіздерге Наполеон маршалдарының бірінің тағдырын сөз етсем, артық бола қоймас, тарихшылар мен тахуаларды шамдандырмас үшін, оның атын атамай-ақ қоялық.

Маршал әлі жас еді. Қылаң шалған шашы мен бетіндегі жарақат таңбасы оның ажарын ашып тұратын. Сансыз жорықтар мен жол қиындығынан жігіт жүзі тотығып, күреңітіп кеткен-ді.

Солдаттар маршалды жақсы көретін: ол соғыс ауыртпалығын өздерімен бірге көтерісетін. Талай рет далада, алау басында, шекпеніне оранып ұйықтайтын да, сырнайдың қарлыққан даусынан оянып кететін. Солдаттармен бір аяқтан ас ішетін, ал үстіне шаң-тозаң басқан көнетоз мундир киетін.

Ол кісі титықтататын жорықтар мен шапқыншылық-шайқастан басқа ештеңе де көрмеген де білмеген. Ер үстінен еңкейіп, жолай жолыққан диқаннан астыңдағы атының тұяғы таптаған шөпті не деп атайды деп сұрау немесе Францияның абырой-даңқын асыру мақсатымен солдаттары жаулап алған қалалардың аты немен шыққан еді деп сұрау оның ойына кіріп те шықпаған. Тынымсыз соғыс оны жанкешті болуға, үн қатпас ұстамдылыққа үйреткен.

Қыс айының май тоңғысыз бір күнінде оның Ломбардияда тұрған қалың қолы — атты әскер корпусы дереу Германияға өтіп, "Үлкен армияға" қосылсын деген жарлық алды.

Жорықтың он екінші күні корпус немістің бір шағын қаласына кеп түнеді. Қар жамылған таулар түн қойнында ағарып дөңкиіп жатты. Төңіректі шамшат орманы орап жатыр, мүлгіген тыныштық аясында аспандағы жұлдыздар ғана жымыңдасады.

Маршал мейманханаға жайғасты. Тақыл-тұқыл кешкі астан кейін ол аядай залдағы пеш алдына келіп отырды да, қосшы-қолаңдарын жөніне жіберді. Ол әбден шаршаған еді, оңаша қалғысы келді. Кеңірдегіне дейін кар көмген қаланың маужыраған үнсіздігі оған балалық шағын ба, әлде жуырда көрген түсін бе, бәлкім, ол ешбір түс көрмеген болар, әйтеуір, бірдеңені есіне түсіргендей. Императордың таяу күндердің бірінде шешуші зор шайқасқа кірісетінін маршал жақсы білетін, сол себепті де, бұрын әдетіне сіңбеген мінез көрсетіп, тыныштықты қалауымның өзі маған құйындай ұйтқыған шабуыл алдындағы ақырғы дем-тыныстай қажет-ау деп ойлады.

Маздаған от кісіні ойға шомдырады. Пеште алаулап жатқан отыннан көз алмай отырған маршал бет-аузы қушиған егде кісінің залға қалай кіргенін байқаған да жоқ. Бейтаныс кісі үстіне көнетоз көк фрак киген. Ол пеш алдына келіп, тоңған қолын жылыта бастады. Маршал басын көтеріп, жактырмай тіл қатты:

— Өзіңіз кім едіңіз, жарқыным? Елеусіз қалай кіріп келдіңіз?

— Мен музыкант Баумвейспін, — деп жауап қатты бейтаныс. — Мұнда елеусіз кіріп келген себебім, осы бір тамылжыған қысқы түнде өзіңнен-өзің аяғыңды абайлап басып жүргің келеді.

Күйшінің өңі мен үнінде бір ізгілік нышаны бар екен, сол себепті де маршал ойланып барып тіл қатты:

— Отқа жақын отырыңыз, шынымды айтсам, менің өмірімде мұндай жайбарақат қоңыр кеш өте сирек кездеседі, сондықтан да сізбен сөйлесуге әзірмін.

— Рахмет сізге, — деді музыкант, — егер рұқсат етсеңіз, мен рояльға отырар едім де, күй тартар ем. Міне, екі сағат болды бір күй сазы құлағымнан кетпей қойғаны. Мен соны ойнап көрсем деп едім, ал жоғарыда, менің бөлмемде, рояль жоқ.

— Жарайды... — деді маршал, — осынау түн тыныштығының өзі құлаққа пейіштің құйқылжыған хүш-әуезінен жағымды болса да, тыңдап көрелік, лаж қанша.

Баумвейс рояль қасына отырып, жай ғана ойнай бастады. Маршалға қала төңірегіндегі қалың көбік қар зыңылдап, қыс күнінің өзі, қар бүркеген шамшат ағаштың бұтақтары әндетіп тұрғандай көрінді, тіпті, пештегі отқа шейін гуілдеп, күй тартып тұрғандай. Маршал қабағын түйіп, лаулаған отқа көз тастап еді, зыңылдап тұрған от емес, етігіндегі шпор екен.

— Маған қайдағы жоқ бәлелер елестеп тұрғаны. Шамасы, сіз тәуір музыкант боларсыз? — деді маршал.

— Жоқ, — деді Баумвейс ойнауын қойып, — мен шағын княздар мен помещиктердің үйлену тойлары мен сауық-сайрандарында ғана күй тартам.

Қақпа алдынан сықырлаған шана үні естілді. Ат пысқырды.

— Бұлар мені әкеткелі келсе керек. Өзіңізбен қоштасуға рұқсат етіңіз, — деді Баумвейс орнынан тұрып.

— Қайда барасыз? — деп сұрады маршал

— Осыдан екі шақырымдай жерде, тау ішінде бір орманшы тұрады, — деді Баумвейс. — Қазір оның үйінде біздің әсем әншіміз Мария Черни қонақта. Аумалы-төкпелі аласапыран соғыс әлегінен бой тасалап жүрген жайы бар. Бүгін Мария Черни жиырма үш жасқа шықты, ол соған арнап, шағын бір кеш өткізбек. Ал ондай ойын-сауық қарт сері Баумвейссіз қалай өтсін?

Маршал креслодан көтерілді.

— Мырза, — деді ол, — менің корпусым ертең, азанда жолға шығады. Егер сізбен бірге бүгін түнде орманшының үйінде болсам, мұным әдепсіздік болмас па екен?

— Еркіңіз білсін, — деп жауап қатты Баумвейс. Сосын сыпайы ғана басын иді, бірақ маршалдың сөзіне таңғалғаны сезіліп турды.

— Бірақ мұны тірі жанға тісіңізден шығармаңыз. Мен артқы есіктен шығамын да, шанаға құдықтың қасынан барып отырармын.

— Қалауыңыз білсін, — деді Баумвейс әлгі сөзін қайталап, ол тағы да басын иіп, шығып кетті.

Маршал көңілдене күлді. Бұ кеште ол шарап ішпеген, бірақ, ішпей мас болып, әлденеге бойы елтігендей.

— Кеттім аязға! — деді ол өзіне-өзі. — Дүние қараң қалса да, кеттім орманға, кеттім түн қойнындағы тауларға! Тамаша!

Ол шекпенін жамылып, мейманханадан бақ ішімен байқаусыз шығып кетті. Құдық қасында шана тұр екен. — Баумвейс маршалды тосып тұрған. Аттар пысқырып, қала шетіндегі күзетші қасынан ағып өте шықты. Күзетші кешігіңкіреп қалса да, әдет бойынша мылтығын иығына көтеріп, маршалға ізет етті. Ол бірте-бірте алыстап барып басылған қоңырау үнін ұзақ тыңдады да, басын шайқап

— Қайран, дүние-ай, түн қандай тамаша! Бір жұтым ыссы шарап болар ма еді, шіркін! — деді.

Желаяқ арғымақтар күмістей жалтыр жолмен зымырап келеді. Олардың ыстық лебінен тұмсығына қонған қар ериді. Аяз сиқырлап тастағандай орман-тоғай мүлгіп тұр. Өзегін талдырмайтын нәрлі сөл-шырынын жылытқысы келгендей-ақ, шамшат туда бойын қара мақпалмен қымтап тастапты.

Құстай ұшқан аттар бір бұлақ жағасына келгенде кілт тоқтады. Бұлақ қатпапты. Ол тау үңгірлерінен, ағашын жел құлатып, саудыраған жапырағы мұз боп қатқан жыныс тоғай арасынан сытылып шығып, тастан-тасқа секіріп, сарқырап ағып жатыр.

Аттар су ішті. Олардың тұяқтарының астынан бір үйір бірдеңе жалт етіп, иірімденіп өте шықты. Аттар үркіп, тар жолмен шаба жөнелді.

— Форель ғой, — деді шанашы. — Бір тынымсыз балықтар!

Маршал жымиып күлді. Мастығы әлі тарқамай келеді. Асау арғымақтар құйғытып келіп, тау арасындағы алаңқайға, биік шатырлы ескі үй алдына келіп тоқтаған кезде де, оның масаңдығы сейілмей қойды.

Терезелер самаладай. Шанашы қарғып түсіп, күйме шатырын қайырып тастады.

Есік ашылды, маршал шекпенін шешіп, Баумвейспен қол ұстаса, шырақтары жарқыраған аласа бөлмеге кірді де, табалдырық қасында аялдай берді. Бөлмеде сән-салтанатпен киінген бірнеше әйел мен еркектер отыр екен.

Әйелдердің бірі орнынан тұрды. Маршал бір қарағаннан-ақ оның Мария Черни екенін біле қойды.

— Кешіріңіз мені, — деді маршал қысыла қызарып. — Шақырусыз келгенімді кешіріңіз. Бірақ, біз, солдаттар, үй ішінің рақаты дегенді, той-томалақ, ойын-сауық дегенді білмейміз. Сіздің оттың басында отырып, аз-кем жылынуыма рұқсат етсеңіз.

Қарт орманшы маршалға иіліп тағзым етті, ал Мария Черни дереу оның қасына келіп, маршалдың көзіне жәудірей қарап, қолын ұсынды. Маршал оның қолын сүйіп еді, ол мұздай суық көрінді. Жұрттың бәрі жым-жырт.

Мария Черни маршалдың бетін алақанымен аялап, жарадан қалған таңбаны саусағымен сипап өтті де:

— Қатты ауырған шығар? — деп сұрады.

— Иә, — деді маршал абдырап, — қайқайта шапқан қылыштың ізі ғой.

Содан кейін Мария оны қолтығынан ұстап, қонақтардың жанына әкелді. Ол тап бір болашақ күйеуін көрсетуге әкелгендей-ақ, ұялғаннан өңіне шырай ойнап, жүзі жайнап жүріп, маршалды меймандарға таныстырды. Қонақтар ештеңеге түсінбей, күбір-сыбырға көшті.

Мария Чернидің түр-сипатын суреттеп берсем бе екен сіздерге, оқушым, білмеймін. Егер сіздер мен сияқты, оның замандасы болсаңыздар, онда бәлкім, бұл әйелдің бетінен нұры тамған сұлу көркі жөніндегі, сылаң қаққан жүрісі, ерке назды, қылықты мінезі жөніндегі талай әңгімені естіген де боларсыздар. Мария Черни өзіме ғашық болар-ау деп үміттенген жігіт болмапты кезінде. Осынау хас сұлудың махаббатына тек Шиллер сияқты, әзиз жандар ғана лайық болар ма еді, бәлкім, кім білген.

Сонымен, не болды дейсіңдер ғой? Маршал орманшының үйінде екі күн болды. Махаббат жайын сөз етпей-ақ қоялық, өйткені оның не екенін біз әлі күнге дейін білмейміз ғой. Бәлкім, ол түні бойы жауатын үпелек қар шығар, бәлкім, шабағы шолпыған қысқы бұлақ шығар. Әлде ол сыңғырлаған күлкі ме, шалықтаған ән бе, әлде таң алдында, шырақ жанып таусылар шақта, аңқып қоя беретін кәрі шайырдың иісі ме. Мария Чернидің мөлдір көзіне нұр себу үшін терезе әйнегіне үңілген жұлдыздар ма, кім білген? Әлде ол түрпідей эполетке тиген жалаңаш, балғын білек пе, әлде аяз қарыған шашты, Баумвейстің жамаулы көнетоз фрагін сипаған сүйріктей саусақтар ма? Әлде жүрегі, әйел назы мен нәзіктігін, ерке қылығын, орман түнінің қойнында естілген сыбырды ғұмырында сезіп білмеген, ер жігіттің ащы көз жасы шығар. Әлде қайта оралған балалық шығар, кім білсін? Бәлкім, ол қоштасар сәтте жүрек соқпай тынып қалатын ыстық қимастық па, Мария Чернидің қолы дірілдеп, махаббаттың куәсі болған бөлменің есігін, қабырғасын, үстелдерді қармалаған шарасыз жан күйзелісі ме? Бәлкім, бұл тыста алау түтінін будақтатып, қатқыл дауыс команда берген шақта, Наполеон жандармдары аттарынан секіріп-секіріп түсіп, императордың өмірі бойынша, маршалды тұтқындауға үйге баса-көктеп кіріп келген сәтте, нәзік сұлудың жан даусы шығып, ессіз құлап түскені шығар.

Жыл құсындай, жалт етіп, бір көрініп жоқ болатын оқиғалар кездесе береді өмірде, бірақ осындай оқиғалар ғайыптан душар болған жандардың есінде мәңгі жатталып қалмақ.

Өзге дүниенің бәрі қаз-қалпында қала берді. Жел соққанда орман бұрынғысынша шулайды, тау бұлағы шағын иірімдерінде қоңыр жапырақтарды үйіріп, бұрынғысынша ағып жатты. Тау ішінде ағаш шапқан балта даусы баяғыдай жаңғырығады, ал қалашықтың әйелдері құдық басына шоғырласып, бұрынғысынша жоқты-барды гөйтеді.

Дегенмен, неге екенін кім білсін, осынау орман, манаурап түскен үпелек қар, бұлақтағы күміс шабақтар жарқылы Баумвейсті фрагінің артқы қалтасынан көне де болса, аппақ орамалын алып, көзін сүртуге, Мария Чернидің аққан жұлдыздай жалт етіп сөнген махаббаты жайлы, кей-кейде өмірдің өзі күй сияқты құйқылжып кететін жайлы бір қайғылы сыр шертуге мәжбүр етеді.

Бірақ, бұл сырды Баумвейс жүрегі қысылып, тынысы тарылғанына қарамастан жырдай ғып айтар еді, өйткені жасы жеткен байғұс күйші ғұмырында кездесе бермейтін осы оқиғаға қатысқанына қуанатын да, оны есіне алғанда қатты тебіреніп кететін.

1939 жыл

Аударған Әбілміжін Жұмабаев


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама